Абай Құнанбаев- өнегелі өмірін өлеңмен өріп, артына мәңгілік мұра қалдырған қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы. Оның шығармашылығынан орын алған махаббат, табиғат лирикалары, саяси, әлеуметтік, өнер тақырыптарының қай-қайсысы болмасын, өзіндік өрнекпен, айрықша сезіммен жырланған. Әсіресе, өнер мәселесін көтерген «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңдерінде ән мен өлең құдіреті өзара үйлесім тапқан.
Ақынның аталған өлеңдеріне терең үңіле отырып, олардан ән мен өлеңге тән қасиеттерді, құдіреттілікті анық байқаймыз. «Құлақтан кіріп, бойды алар» өлеңінде жақсы ән мен тәтті күйдің адамға айрықша әсер етіп, өзгеше сезімге бөлейтіндігі айтылса, «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» туындысында өлеңнің сөз патшасы екенін, оны шығарушыларға да үлкен талаптар қойылатынын ескертеді.
«Бір күйгізіп, сүйгізіп,
Ескі өмірді тіргізер
Өмір тонын кигізіп
Жоқты бар ғып жүргізер,-деген жыр жолдарынан әннің адамды тылсым күйге бөлейтіндігін ұғынамыз. Ал:
«Бөтен сөзбен былғанса ел арасы,
Ол-ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» ,- деген үзіндіден өлең сөздің өзіндік қасиеті мен құдіреті аңғарылады. Ақын әнді «бір күйгізіп, сүйгізіп, ескі өмірді тіргізер» ұлы күш ретінде жырласа, өлеңді «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысына» теңейді. Оның «Құлақтан кіріп, бойды алар» өлеңінен байқайтынымыз- Абай үшін ән- тек өнер туындысы ғана емес, сондай-ақ «өткенді тірілтіп, ескі ойды еске түсіретін» жүректің емі, жанның қалауы. Ал поэзияны пайымдаған екінші өлеңінде ол «қазіргі ақындар ақылсыз, надан келіп, көп жерді жоқтан қармап өлең қылады» дей келе, өз заманындағы сөз қадірін түсінбейтін кейбіреулердің жалған ақындығын сынап, ашына жырлайды. Осы өлеңдерден Абай атамыздың өнерге деген шексіз құштарлығын, құрметін анық көреміз.
Ұлы Абайдың «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңдерінде ән мен өлең құдіреті бір арнада тоғысып, өзара үйлесімде жырланған. Дана ақынның осындай дара туындылары өлеңнен мағына, әннен әсемдік кеткен қазіргі заман өнері үшін үлгі боларлық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі