Өмір таңы балалық қой. Оны еске алсам, өскен жерім ойыма түседі. Боз дала, құла құм. Оларды қақ айыра аққан иip өзен. Өзен өлкесі түлкі жүн құла қамыс. Тал, жыңғыл. Жиде. Қыры — теріскен, қара жусан. Ойы — ши, ұсақ құрақ. Құмы — сағыр, селеу, қылша. Қырда — құм ішінде, өлкеде — өзен бойында шоқ-шоқ қыстау, шошайта үйген қамыс. Сарғайған мая.
Miнe, менің өскен жерім. Бұл — Жоңғар (Жүңге) Алатауынан аққан, Балқашқа құятын Ақсу өзенінің бойы. Әзіргі атақпен 4-ауыл, Ақсу болысы, Талдықорған үйезі, Жетісу губерниясы. Ел жөнінен: Орта жүз найман, матай, аталық, қайнар деген рудан. Әкем — 9 ата.
Жансүгір... әкем. Көзі тірі. Жылы — жылан. Биыл 71- де. Жарым көшпелі, жұқана шаруа. Қолында бір шаруа баласы бар. Өмір жүзіндегі сүйенгені сол. Намазды «дұрыс оқырлық» мұсылманшасы бар. Ескі пікірлі адам.
Менің жылымды «жылқы» дейді. Онысы 1894 жыл болады. Жазға салым туыппын. Ел ішінде туған ай, күніңді, сағатыңды қайдан табарсың! Анамды аз білем, 4 жасымда жетім қалдым.
Шүу дегенде әліп-биден әкем өзі оқытты. Иманшарт, Әптиектің жік-сүресінде сүйретіп жүріп, Құранға түсірді. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді.
Оқудан мақсат — «бұ дүние үшін қолында қой-серкешіктің қаты болса, о дүние үшін аузында иманы болып, бес мезгіл намазы болса» — сол еді.
Орыс оқуының не екенін, неге керектігін түсінетін жан мен өскен маңайда болған емес.
Ел ішінде сауда — көтерме капитал орыс, ноғай, сарт саудагерлері арқылы тарады. Қала қазаққа несие беретін. Жаз жиып алатын. Олардың жидашылары, несиешілері — қазақ болатын. Кейін осындай жидашы, несиеші қазақтардан өздері сауда жүргізіп, байып кеткендері болды. Ондайдың бірі — Матайдағы атақты Маман, Тұрысбек тұқымы. Бұлар саудаға айналысыпты. Елдің қойына, тай-тайыншасына, тіпті «қызыл қозыға» ақша науа алады. Әр аулының әр адамының оборотқа айналдырған сомасы молайды. Қала-қаладан дүкендер ашты. Қырға қыдырма шығарды. Жердің тәуірін иеленіп, көк төбелі үйлер салды. Дуан ұлықтарын, ояз тілмашын қолына алып, бірі болыс, бірі би, бірі «жұрт ақсақалы» болып, ел ішінің билеу тәртібінің тізгінін қолына ұстады. Бұлар әрі далаша — бай: аузы дуалы, аталы, жуан ауыл. Ас-сулы малды ауыл. Қара бауыр, қоңсы, құл-құтан, қойшы-қолаңшысы көп болады. Жаз жайлау шығады. Салқынбел, Сарытауға, Мұзбалаққа, Ақтастыға ақ жұмыртқадай ордаларын жайып тастайды. Әрі қалаша — саудагер, байбатша. Қала байлары не қылса, соны қылады. Бұлар капиталмен қазақ ортасына өзгеріс кіргізгені сияқты, тәрбие, салт-сана жөнінен де өзгеріс кіргізді. Мешіт салды. Имам ұстады. Мектеп ашты. Бала оқыттырды. Бұхара, «Шәріптен» оқып шыққан Қасен молда деген шала қазақ молда «Сүттіген» деген жердегі Тұрысбек аулында имам екен. Мені осы Қасенге әкем әкеп бергені, жаңылмасам, 1910 жылдың мөлшері. 15 —16-ның бірінде шығармын.
Мұнда бір ай жарымдай-ақ оқыдым. Тұрған орным келіспей, ауырып, ауылға кеттім. Оқығаны құран — «Шәротсала» деген арабтың намаз жайын үйрететін бір кішкене кітапшігі еді. Бұлар кейін татардың жәдитін ұстап, онан кейін қазақтың мұғалімдерін ұстап, жаңа мектеп салып, төңірекке недәуір білім-оқу таратуға ошақ болды.
Матайдан шыққан бірқатар оқыған жігіттер осылардың мектебінен шықты. Бірақ мен оқи алғаным жоқ.
1912 жылғы күзде «Қыли мектебіндегі» ноғай мұғалімге оқуға кірдім. Оның сабағы — құран, оқу, жазу, есеп — осылар еді. Оқуға оқытатыны «Рәһбір бибан ғиқайе» деген татарша кітаптар еді. «Жәдидті» төрт жарым ай оқыдым да, оқи алмай кеттім.
Онан кейін әкем аяғымды шырмады. «Бас қусыру» үлкен мақсат болды. Бір үйдің шаруа жүзіндегі сүйенген азаматы болдым. Егін, пішен, арық-тоған, жаз жұртпен бірге тіршілік ету, аз малды қыстан аман алып шығу мойнымда болды. Оқу талабы біржола сөнді. Еске келмеді. Келгенмен де көзсіз көбелектей соқырдың барар жері, басар тауы болмады.
Сөзге үйірлеу, құйма құлақтау едім. Қонақ айтқан әңгіме, балалар айтқан жұмбақ, кемпірлердің ескі күндерін ескеріп айтқандары, қыз-жігіт айтысқан қара өлеңдер, ұрыс-соғыс хабарлары менің ең ұнатып тыңдаған нәрселерім. Хат білген соң өлең кітап оқығыш болдым. «Қыз Жібек», хиссаларды қызығып оқушы ем. Мен оқығанда тыңдамайтын жан болмайтын. Кейін аймағымыздың, ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып топ бастап, таңдап әріптес алып айтысып, «құтырған» күндер өтті. Тойды таңға тарқатпай ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер кетті...
Қайным аз шаруамыздың қорасын құртты. Баталы малынан асырып ала берді. Ала берді. Қызын бермей, созалаңға салды. Біз шаруа жүзінде мұқтаждыққа қалдық. Оның үстіне жұт, ығын-шығын ерімізді мойнымызға кетірді. «Келін аларлық» не жұрт жөнінен жәрдем болмады, не мал жөнінен дәрмен қалмады. Осыдан әкемнің маған деген көзқарасы өзгерді. Маған «қатын әперем» деп мұндай күйге ұшырады. Олай болса, мен «қырсық» болып тидім. Әкем маған алакөз болды. Ұра беретін болды. Мен панасыз, тентіреген аусар болдым. Талай үй іші алалығына ұшырадық (семейная трагедия). Мен адастым... Басымды тауға да, тасқа да соқтым. Бірде қайныма, бірде ауылға — екі ортаның кезегені болдым. Қайным мені «мүсіркеп», күшік күйеу қылмақ та болды. Тек «отау тұрғызып беремізбен» пішенді шаптырып, жылқыны бақтыра бергісі келді.
Оған да тұрақтамадым. Өмір жүзінде мұқтаждықта қалдым. Қолда көк тиын жоқ. Жаяу. Не киім, не тамақ жоқ. Тіршілік әр нәрсеге ұрындырды. Кейбіреудің баласын оқыттым. Менің бұл күйім - 1913 —1918 жылдар арасы. Менің көзсіз көбелектей адасқан кезім осы жылдар болды...
* * *
Кез келген ұнаған сөздерді көшіріп ала беретінмін. Бір күні қолыма сәтен ораған cap қағазға бидай сиямен, қауырсын қаламмен жазған бір өлең түсті. Өлең былай деп басталады:
Енеді жаздың көркі жыл құсымен,
Жас күлер, жайраңдасып құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал
Өзінің жалбаңдасар тұрғысымен.
Ұнап кетті. Көшіріп алдым. Бірақ кімнің өлеңі екенін білгенім жоқ. Онда Абайыңның атын да есітпегемін. Бұл — 1914 жылдар.
Жаңылмасам, бұдан бір жыл кейін шығар, ел ішінде иесіз қаңғырған «Қазақ» газеті деген газеттің бір нөмірі қолыма түсті. Онда «Қазақтың бас ақыны» деген Абай туралы мақала бар еді. Абай дегенді алғаш естігенім сол. Кітабын қолыма түсіруге құштарландым. Газетті Семейдегі Көпбай Байысұлының дүкенінде сатылады депті. Онысы бір қияметқайым төрінде.
Мұнан бір жыл соң қомдаған түйем бар, астық іздеп бара жатып, Ақсу қаласында Қыли мектебінде бірге оқыған
Қарабайұлы Сот деген жолдасымның үйіне бір қондым. Ол сөз арасында Абайдың кітабының біреуде барын айтты. Бір теңге (сом) тапсаң мен алып беремін, — деді. Әкемнің астыққа берген ақшасынан 70 тиын жырмалап, бір қабын отыз тиынға сатып, сұраған теңгесін беріп, Абайды тауып бер деп жалындым. Ол сол қаладағы біреуден тауып алып келді. Бұл Абайдың алғашқы баспасы еді. Қуана-қуана ат үстінде, жол бойы оқып келем. Бұл 1916 жылдың күзі еді. Жігіттер алынып, кетіп қалған.
Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-кайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым. Бірақ сарыны жылау, өмірден наразылық, торығу, өзіңді өзгеден бөлек адам санау сияқты бірдемелер жазылып қалып жүрді. Тақырыпқа да, түрге де Абай торында қалдым. Сол қыста бірталай ұсақ өлеңдер жаздым. Оның атын «Балдырған» қойдым. Тіпті Абайдың орыстан аударған мысалдарын да өлең қылып, әуреленіп, мәселен, «Бұлбұл мен есек» деген өлеңімнің бір кесегі әлі есімде:
Салды бұлбұл енді әнге.
Құйқылжытқан келді әнге.
Тау менен тас мұңданып,
Арғы мен салды бергі әнге.
Ағаш, тоғай қуанып,
Әкетті ерітіп жерді әнге.
Жан-жануар таңырқап,
Тамсандырды елді әнге.
Тоқсан толғап қайырып,
Тоқтады барып әреңге...
Міне, Абаймен алғашқы танысқаным, Абайдың маған еткен әсері.
Кешікпей соғыс басталып кетті. Ауылымыз майданның астында болды. Ел таланды. Үрікті. Шошыды. Ақтың шығыны елді тақыр жерге отырғызды. Сол кездерде ақ пен қызылдың неге соғысатынын да түсінген емеспін.
1919 жылдың қысында ел қатты жүдеді. Ашықты. Сол кездерде ауылда ауыр болды. Жүдеушілік, жоқшылық қысып, жаным жаман жаншылды. 1916 —1917 жылдан кейін еш нәрсе жаза алған жоқпын.
1920 жылдың жазға салымында атаман Анненков жеңіліп, қашты. Кеңес өкіметі орнады. Мен оқуға талпындым. Алматыдағы қысқа мезгілді оқытушылар дайындайтын қазақ-қырғыз курсына келіп кірдім. Бұл уақытта Түркістанның оқу комиссариаты тарапынан ел әдебиетін жинауға айрықша бір комиссия келген. Осы комиссияға жоғарғы жазған «Балдырған» атты кітабымды ұсындым. Комиссия кітабымды алып, мені әдебиет жинауға қызметке алды. Мен жаздай ел ішінен комиссияға әдебиет жинау қызметінде болып, күзге комиссиямен біргеТәшкен келдім. Тәшкенде алғаш қазақ институты ұйымдастырылған жылы екен. Оның жанындағы 2 жылдық оқытушылар дайындайтын курсқа түстім. Қазақ ана тілін, орысша таңбаны сонда оқыдым. Қалалы жерде, қайнаған оқулы-ордалы жерде өмірімде болғаным сол. Театрды көргенім сол. Кейін өзіміз ойнадық. Жанақ ақын болып айтыстым. Бірақ жазумен айналыса алғаным жоқ.
Аз күннен соң оқи жүріп, «Ақ жол» газетіне корректор болып кірдім. Мұратбайұлы Ғанидың ұйымдастыруымен «Жас алаш» газетін шығардық. «Жалпы жас» деген өлеңім сол газеттің бірінші бетінде басылды...
Жаз шығысымен оқымай және кеттім...
Елге жұттан сақтануға шөп дайындататын агитаторы болып Жетісуға, тура өз ауылыма кеттім. Институт мұғалімі болып шықты деген қағазды ала кеттім. Бұл — 1921 жыл. Жаз.
Елге келдім. Жетісуда жарлы-жалшы ұйымдастырыла бастаған. Кедейлерге байлардан сауын-көлік алынып үлестірілді. Осы жұмысқа араласып кеттім. Әдебиет оқып, жазу деген жайына қалды. Бірақ анда-санда Алматыда шығатын «Кедей еркі» деген газетке тілшілік қылдым. Ұмытпасам, онда бір-екі өлеңім басылды.
Сол жылдың күзінде «Белтоған» мектебінде мұғалім болдым. Қыста Аманшаны алдым. Жазда Жәмиладан айрылдым. Алматы кете алмай ауру болдым. Ауылда «посевком» сықылды қызмет атқардым. Қыска қарсы Алматыға келдім. Талабым оқуға кіру еді. Бірақ таныс жолдастар қызметке кіргізіп жіберді. Жетісу облысының «Қосшы» комитетін «культпроссоветінде» инструктор болдым.
1923 жылдың басынан «Тілші» газетінің бір жазушысы болдым. Менің қалам қызметіне айналысқаным — осы 1923 жылдан. «Тілшіден» мақала, оқшау өлең жаза бастадым. «Жетісу әйелі» деген бір жорнал шықты. Онда бір өлең, бір әңгімем басылды. Сол «Тілшіде» күні бүгінге шейін жазып тұрам. Тәшкендегі «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» жорналдарына материалдар жібере бастадым. Бұлардың басылғандары да, басылмағандары да болды.
Әлеумет қызметіне араласып кеткендігім, Жетісудың облыстық атком мүшесі, ағарту бастығы, институт басқарушы, газет шығарушы... білім аздығы, надандығым басымдығы діңкеме тие берді. Оқуды қатты аңсай бердім. Аяғында 1925 жылы күзде тілегім бойынша Жетісудың партия ұйымы оқуға жіберді. Мәскеуге келіп осы күнгі оқып жүрген Мемлекет Жорналистер институтына түстім.
Тәшкенде алты ай оқыдым. ГИЖ-де оқығалы 3-жыл. Барлық тізе бүгіп оқығанымды санағанда 38 ай оқыған болам.
Әлеумет қызметіне 1921 жылдан араластым. Мұғалімдік, оқу инструкторы, ауылдық, губерниялық атком мүшелігі, съезд, конференцияларға өкілдік, «Қосшы» ұйымының білім жөнінен нұсқаушысы, газет тілшісі, газет басқармасында хатшы, әдеби қызметкер, шығарушы сияқтылар — менің соңғы оқуға кіргенше атқарған қызметтерім.
(Қолжазба араб қарпінде жазылған. ҚР Орталық мемлекеттік архиві: Қор Р— 1368; тізбе — 1; іс — 1).
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі