БІРІНШІ БӨЛІМ
I
Басын Арқаның аласа тау сілемдерінен алып, шығыстан батысқа қарай садақша иіліп, баяу аққан Жыланды өзені бетеге, жусан, бұйырған өскен боз топырақты жазық дала мен сиыр таңдай құм төбелерді, ақ сорға айналған көлдің табандары мен қазан шұңқырлары алқаптарды басып өтіп, көктемгі тасқында Ащыкөлге құяр еді. Жаз айында суы кеміп, кей тұстары жиегіне қамыс, құрақ, арагідік шоқ–шоқ шілік өскен бірде тұщы, бірде ащы үзік–үзік қара суға айналады. Жағасы биік әрі құлама болғандықтан, суаттан басқа жері тіршілікке қолайсыз. Елдің көбі жайылым қуып, шашырай қонып, ауыз суды құдықтан ішіп, малды да құдықтан суарып әдет қылған. Қыста қар — суымен күн көреді. Әсіресе егіні жоқ, бірыңғай мал бағып, құм жайлаған шаруалардың өзен суына күні түсіп көрген емес. Әйтсе де солардың өзі «биыл Жыландының суы аз екен» десе, айдалада отырып уайым қылып, «көп екен» десе, «е, бәрекелді» деп қуанып, шүкіршілік етіп отырады.
Сол Жыландының «арғы бет» деп аталатын түстік аймағында елді мекеннен тым жырақ қоныстанған жалпақ ауыл сырттан келген адамдарға өздерін: «Қосымнан тараған бір атаның балаларымыз ғой», — деп таныстыратын. Бірақ қосым қайда, біреу қайда, бұл күнде біраз ата бір–бірімен қыз алысып, қыз берісіп, нағашылы — жиенді күйге ауысқан; жиын кеңесте бірін–бірі қажамаса отыра алмайды. Еріккен шалдар таяғымен жерді шұқып қойып, әлдебіреулерге: «Шірік неме, сені бүлдірген анау шөккен түйеге міне алмайтын жаман әкең ғой, сірә», – деп; егер пысықтау біреу болса: «Өзің бізге тартып адам болып жүрген шығарсың, егер аталарыңа қараған күн болса, біржола жынды болып кетер ме ең», – деп кеңк–кеңк күліп, қажаған адамының шақшасын сұрап, насыбай атысып отырар еді.
Бұрын Қоғалы болысына қараған, кейін серіктікке бірігіп, одан артель болып, ақыры оны да құлатып тынған, баяғы «ақ құлақшынды әбігер» атанған Бураевтың: «Бұл ел совет үкіметіне әлі дайын емес», – деп ақпар беретін белгілі Ақшоқы деген жеріңіз осы ғой.
Бірақ бұл елдің Ақшоқылық болып, бас қосып, Қосымнан тараған үш ру табай, томай, қауынгердің өзара жөн сұраса бастағаны кеше ғана. Бұрын бірін–бірі діні бөлек, салты бөлек бөтен елдей көретін. Совет өкіметі орнағаннан кейін, Жыландының құмға құятын бір сағасына бөгет салғанда, Ақшоқының халқы тегіс жиналған. Сонда ақсуаттық табайлар: «томай, қауен дегенге бұлар кім десек, құдай–ай, өзіміз секілді қазақ екен ғой», — деп таң қалыпты десетін.
Одан бері заман өзгерді, заманмен бірге қосым баласының тіршілігі де өзгерді. Жаңа ұғым, жаңа атаулар пайда болды. «Батырақ», «құлақ», «кәмпеске», «Тоз» деген сөздер шықты. Жаңа сөзге жұрттың бәрі құмар, бие сауып жүрген әйелдерге дейін, оны айтпаса, сөйлей алмайды. Кіші молданың әкесі Тырқай шал: «Осы күнгі жастардың тіліне түсінбеймін», – деген көрінеді жарықтық.
Шалдардың айтуынша баяғы ауыл жоқ. Шіркін, кешке қарай Жарасбай әулетінің қалың жылқысы топырлап келіп құлар еді суатқа... Жуалы түбектен қойларын Нұрқожа қаптатса, оған Жалақтың түйелері қосылып, сонда осы төңірек қан базардай азан–қазан болып, сөйлеген сөзіңді естіртпес еді–ау!
Қазір мал аз, адам көп; елді отырықшыландыру деген саясат шығып, жұрттың көбі қысы–жазы сағадан ұзамайтын болды. Көк шыға Қарасудың айналасына топырлайтын қалың ауыл, жаз ортасында – ақ төңірегін шаңдақ қылып, өзеннің қасына қоныс аударатын.
Биылғы жаз ерте түскен еді. Шілде жаңа туса да, Қарасудың басы қу тақыр – он шақты – ақ киіз үй қалыпты. Қалғандары Ақсуатқа көшіп алған. Елдің игі жақсыларының біразы тым сұғыныспай, алыстан сыйласайық дегендей, араға жер тастай қоныпты. Үй шеті суаттың төңірегіне сыймай, қыр асып кеткен.
Ауылдың өзенге жақын орта тұсында босағасына Қызыл ту ілген оқшау үй – Қызыл отау. Жиналыстың көбі сонда өтеді. Бүгін де үйдің алды толған адам. Бірақ жиналыстан гөрі дау–жанжалға көбірек ұқсас. Түсте ауданнан өкіл келіп, бүкіл ел шұбап барып, Өлеңдіден шабындық бөліскен. Енді оған жұрттың біразы риза болмай, даудың аяғын кешке қарай осы жерге әкеліп өрбітуде.
— Шырағым, өкіл бала, сөзіме құлағың сал, дейді Ботбай шал ашынған адамдай шапанының түймесін ағытып, тізерлей отырып. — Үркімбай деген бір кісі Кенесарыға келіп, арыз айтыпты дейді: «Абылайдың тұсында атқа мінген бала едім, Қасымханның тұсында қатардағы жан едім, енді қазір малын алдыртып, алдыңа келген шал едім» — деп... Сол айтқандай мен де елеусіз қалған шал боп отырмын...
— Ал енді Ботбайды тоқтатып көр, — деп біреулер қазір қызыққа кенелетіндей мәз болып күліп жатыр.
— Бүгін тоқтамас, тым алыстан бастады ғой.
— Шырағым өкіл бала, — деп Ботбай сөзін қайта бастады. — Осы отырғандардың бәрі куә — мен өзім адал итсіз тақыр кедеймін. Тіпті арғы ата–бабамда аузы асқа жарыған ешкім жоқ, несін жасырайын оның... Үкімет кедейдікі дегесін, енді жарылқанатын шығармыз деп жүрген көп дәмелінің бірі мен едім. Бірақ соның жақсылығын шынымды айтсам, әлі көргем жоқ... Көрмегенде, былай, шырағым... Маңдайыма біткен жалғыз сиыр, үш–төрт уағым бар. Ал нәлөкті мынау отырған Тұршабаймен бірдей төлеймін. Осы әділдік пе?
— И, пәтшағар, біреуді қосақтамасаң, отыра алмайсың ба? Өз шаруаңды айта бермейсің бе, — деп шыр ете қалды біреуі.
— Ал енді, қалған ет, май, жүн–жұрқа, тері–терсек сияқты нәлөктеріңнен де қалып көргем жоқ... Міне, күн батып бара жатыр, намбұт құдайға шыным... Одан ана жолы шөпті бай, кедей демей, тең бөліп береміз деп, ауызбен байытып кеттіңдер. Енді келіп, неге бүгін Өлеңдінің ең бітік мол жері мына отырған байларға беріледі?... Ал маған бергендерің Омардың шашы секілді әр жерде селтиген қырдың шөбі.
— Ой, аузыңды ұрайын, жалғыз Жалмауыз сиырың бар, ауыл–үйдің жайған кірін қоймайды, – деп киіп кетті Омар да. — Әнеугүні жуулы тұрған дамбалымның бір балағын жеп кетті. Ол жалмауызға шөп бермесең де, қыстан шығады.
— Жоға деймін–ау, — деп Ботбай қолдау іздегендей жұртқа қарады. — Ең бітік жері соларға кетті.
— Кетсе не қыл дейсің? — деді тақия киіп отырған Күндербек кейіп. — Шөпті малдың санына қарай бөлген шығар. Соны енді мыжи бергенде бірдеңе бола ма?
Сол сол–ақ екен, Ботбай сақалы шошаңдап, мүлде көтеріліп кетті.
— Әй, Күндербек, сен өйтіп менің аузымды қыздырма, білдің бе? Өткен қыста ақ тақыр боп шөбім таусылып, жалғыз сиыр түнімен мөңіреп, ұйқы бермеген соң, жеті насырым жерге кіріп, алдыңа бардым. Сонда сен албарыңнан бір құшақ шөп беруге қарадың ба? Сен анау Дәуітбайларға аты мырзаболат деп итаршыланып отырсың ба? Малдың саны, малдың саны дейсің, сол малың списікке толық жазылды ма екен? Осы отырған — Дәуітбай, Омар, Тұршабайлар санақ кезінде жылқысының да, қойының да жартысын жасырып қалды. Оны қудалаған ешкім жоқ... Мен мынаны білмеймін бе екем? Енді кеп шөп бөлген кезде малдың барына қарау керек деп шыға кепті. — Ботбай «малдың санына» даусын құбылтып, басын ырғап, кекетіп айтты.
Әңгіменің ушығып бара жатқанын көріп, біреулер ара ағайын болды.
— Ау, Ботбай, болды ғой енді, қойсаңшы. Жалғыз сиырыңа мен – ақ тауып берейін шөпті. Қойшы, әкетай, елдің шырқын бұздың...
Ботбай тағы да бірдеңе айтқысы келіп еді, осы кезде ауданнан келген өкіл түрегеліп, құлағына қарындаш қыстырған ұзын мойын кісіге қарап:
— Мына ақсақалға ертең шөптің жақсы жерінен молдау қылып қайта бөліп беріңіз, – деді.
Ұзын мойын кісіңіз партия ұясының секретарь! Байдәулет болатын — ол келіскенін білдіріп басын изеді де, тағы біреу бірдеңе деп қоя ма деп қорыққандай бастырмалатып:
— Ал, кәне, енді біздің үйге барайық, сөзді қойыңдар, — деді жұртқа. — Кім, Қамидолла, тасташы әңгімені. Қанеки, ақсақалдар! — Содан кейін өкілге бұрылып: – Кеше баламызды піштіріп ек, бүгін соның құдайысын беріп жатырмыз, – деп түсіндірді.
Иірілген жұрттың бәрі Байдәулеттікіне беттеді. Туырлығын жаңадан жапқаны білініп тұрған еңселі боз үйдің алдында бірін–бірі күтіп, бір–біріне — жол беріп ошарылып, алдыға өкілді салып, үйдің ішінде адам болмаса да, «ассалаумағалайкум» деп дабырлай сәлем бере кірді. Іргелете жайылған төр көрпеге буындары сықырлап сыйлы шалдар жайғасып, одан төменірек бәлендей заң сақтамай, ала–құла боп, ал етігін шешкісі келмеген біреуі аяғын босаға жаққа жіберіп, көлбей жатты. Алдыға ет келген кезде ел ағасы ауылнай Жақай Ботбайды зорлап үлкен табаққа қостырды.
— Ау, жезде, сенікі не? Ендігі азғантай ақсақалдың бірі сен емессің бе?.. Қой, сөзді қой, үлкен табаққа кел!
Кеу – кеумен төр жақтағы әлгінде ғана өзінің тілі тиген Дәуітбай мен молданың арасына келіп отырған Ботбай әлі де құмардан шыға алмай, айтылмаған сөзі қалып, ашудың сылтауымен талай былықтың бетін ашсам ба деп отырған ойынан мүлде жаңылып қалды.
Біреулер ауылнайға көпшік қойып жатыр:
— Жақаңнан да бәле артылмайды ғой, екеуін қатар отырғызып қойғанын көрмейсің бе? – деп бір–біріне тізерлес отырған Дәуітбай мен Ботбайды көрсетеді.
— Мен нағашым болған соң, ойнай беремін ғой, – деп жұмсартқан болды Ботбай.
Дәуітбай үндеген жоқ, дәл осындай жиенге өзінің онша зәру емес екенін білдіргісі келгендей, сұрланған күйі еттен анда–санда бір алып, тәкаппарсып самарқау отыр.
Ет жеп болғаннан кейін, үлкендер жағы іргедегі жастыққа қисайып аяқтарын жазды. Мұндайда шариғаттан әңгіме соғып жұртты аузына қарататын молда да өкілден бата алмай, «ия, алла» деп қойып, үнсіз отыр.
— Кеше Сордан келе жатсам, — деп қисық аяқ Мұқаш әңгіме бастады, — Қондыбайда мал ма, ит пе бірдеңе жүр. Жақындап келгенде көрдім. Төлемістің бұзауы екен.
Әңгімеге «е, бәрекелді» деген ешкім болған жоқ, тек Төлемістің өзі:
— Сөйтіп жүргенде сол немені қасқыр тартып кететін шығар, – деп қауіп білдірген болды.
— Қасқыр емес, мына Сүйінқараның көк иті де тартып береді. Өзі бір иттің ішіндегі оңбағаны, – деп Мұқаш қатар отырған Сүйінқараға шатақ іздегендей, шақырая қарады.
— Біздің иттің малда шаруасы жоқ, – деді сояудай аршаны тісінің арасына емін–еркін сұққылап отырған Сүйінқара. — Басқа пір итпен шатастырып отырған шығарсың.
Итті шатастырдың деген сөзге Мұқаш шамданып қалды.
— Мені бір надан көресің бе, итті танымайтын. Дәл сенің көк итіңнің қозы–лақты тас–талқан қылып қуып, өлтіре жаздағанын өз көзіммен екі рет көрдім. Мінеки, — деді сосын жерді шұқып, — қашан айттың деме, енді көрсем, құдай біледі, атып тастаймын.
Сүйінқара тісін шұқығанын доғарып, қалтасынан шақшасын алып, насыбай атты да:
— Ата алмайсың, — деді жайбарақат.
— Жоқ, атамын! — деп шаңқылдады Мұқаш.
— Ата алмайсың.
— Атамын!
— Ау, қойсаңдаршы!
— Бұ немене, бала боп кеттіңдер ме?
— Заман азғанда, адамдардың әңгімесінің түрі осындай болады, – деді молда ақырын ғана аят оқығандай бір үнмен. Соны айтты да естіп қалды ма дегендей, жалтақтап өкіл жаққа қарап қойды.
Осы кезде түсірулі киіз есік жартылай ашылып, даладағы жерошақ оты жарқ етіп көрінді де, үйге бір қолымен бөркін баса, орта бойлы шоқша сақалды кісі еңкейіп кірді. Желбегей жамылған бешпентінің өңірін қусыра:
— Ассалаумағалейкум! — деп сәлем беріп, отырған жұртқа, парлай қарады да, Байдәулетті көріп: Қайырлы болсын, баланы сүндетке отырғызғандарың... Бәрекелді, дұрыс болған екен, — деп босағаға кебісін шеше бастады.
— Ойбай, бидің тұқымы келді ғой, – деп біреу кекеткені, ия қалжыңдағаны белгісіз.
Ақ сары кісі «бұл қайсы» дегендей еңкейе қарады да:
— Ә, Назармысың, – деді жұмсақ жымиып. — Шырағым – ай, тура отырып, қыңыр сөйлеу әдет болды–ау саған. Арғы атаң батыр Жәнібекпен бірге жауға аттанып еді, ал сен бар болғаны май тасып жүрсің... Атаның абыройынан не пайда, құдай әулиелікті қара басыңа бермегесін...
Шалдар күліп жіберді.
— Тиыш отырса қайтеді екен, естиін дегені осы ғой, — деді әлдекім сыбырлап.
— Әй, Асқар! — деді Назар қызарақтап. — Сен өйтіп шешендікке салма, білдің бе. Атаң түгіл өзіңнің де билік құрған кезіңді білеміз...
— Ау, қойыңдар, шырақтарым, — деп бір шал басалқы айтты.
— Аталы сөзді арсыз қайырады деген, — деді алғашқы сыбыр.
Шарпысқан сөзді жуып–шайып амандық қайта басталды.
— Иә, ат–көлік аман келдің бе, Асқар?
— Шүкір! Өздеріңіз амансыздар ма?
— Алла деп...
Уатқанға көнбей жүрген тентек баладай бажылдап, бұрқылдап самаурын келді. Дастарқан жайылып, бауырсақ төгілді. Нәлге салған желбіршек көйлекті толық әйел қорытқан сарғыш қантты тістеуікпен шағып, тауыққа жем шашқандай дастарқан жағалатып лақтырып жатыр.
Шай үстінде қаңқу сөз қайта басталды.
Манадан есесі кетіп, әрең отырған Назар, әскерін тыңайтып, ұрысқа қайта кірген қолбасындай, тағы да шабуылға шықты.
— Әй, Асқар, — деді әдейі өкіл естісін деп даусын көтере, — осы сен атақты молданың бірісің. Айтшы осы, өлмей тұрып өзіңе там салдырғанды шариғат заңы көтере ме?
Асқар Назардың бетіне қарады да:
— Сенің заңың болмаса, шариғаттың заңы кең ғой, — деді жымиып.
Төрде отырған Ботбай:
— Кеше Қалампыр ауырып жатыр деп естідім бе? Не сөз осы? — деп ушығып бара жатқан әңгімені әдейі бөліп жібермегенде, мұның аяғы немен бітері белгісіз еді.
— Оған не бопты? — деді әлдекім.
— Білмеймін, кеше молдекеңді шақырыпты деп естідім.
— Ойбай, ия, қызық болды ғой! — деп кенет есік жақта көлбей жатқан мұрны қолағаштай жас жігіт жұрттың бәрін шошытып. — Алдыкүнгі оқиға ше, алдыкүнгі?!..
«Алдыкүнгі» дегеннен–ақ, оның не екеніне жұрттың бәрі түсініп, жымыңдап күле бастады. Шай құйып отырған әйел де үн шығармай жаулығының ұшымен бетін басып күлді...
Шынында да, алдыңғы күні осы ауылда бір таңғажайып оқиға болған–ды.
Ауылнай бастаған еркек кіндік кооперативке зат түсіпті деген соң, бөгет түбіндегі дүкенге кеткен.
Жарықбастың қатыны Қалампыр сәске түстің шамасында өзеннен иінағашпен жайбарақат су алып келе жатып, алдымен күн күркірегендей дыбысты естіді де, дәл төбеден сорғалап кеп қалған бір сұмдық... адам — баласы көрмеген қорқынышты үлкен мақұлықты көреді. Түрі инелік секілді қанаты мен құйрығы бар. Арылдаған даусы жер дүниені алып барады.
Кешкілік түзге отыруға әрең шығатын Қалампыр зәре–құты қалмай, екі шелекті тастай қашты. Бұл кезде дүрілді естіп, ауылдың қатын–қалашы сыртқа шыққан. Ит үріп, желдегі құлындар тыпырлап, жылқылар үркіп, ауыл іші азан–қазан болды...
«Инелік» арылдаған күйі Ақсуаттың үстінен ұшып өтіп, алыстаған сайын кішірейе берді де, ақыры көздің ұшынан ғайып болды. Жұрттың көбінде зәре жоқ, у–шу. Үйіне келіп талып қалған Қалампырды қара кемпір Несібелді әлденеше рет ұшық жасап, әрең тірілтіп алды.
Әлмембет молда бұл сұмдықтың не екенін дәлдеп айтып бере алмаған. Тек астапыраллалап ішінен күбірлеп бірдеңелерді оқып, «мұның арты жақсылыққа соқпайды» деген қиын болжам айтыпты. Молдекеңнен қайыр болмаған соң, мына бәленің аты–жөнін білуге біреулер Асқарды іздейді. Асекең болса оқу бітіріп келе жатқан інісі Бәйтенді қарсы алу үшін, дуанға кеткен.
Сөйтіп отырғанда әлгінің не екенін бір адам білетін болып шықты. Ол — ауылдың ешкісін бағатын, бертінге дейін «Сәдірмек» атанып, азан шақыртып қойған өз атына жақында ғана қолы әрең жеткен белгілі жынды «жетек соққан» Бөкен ғой. Осыдан екі жыл бұрын әйелін сабап, уездің түрмесінде екі ай отырып келген. Әйелін кім сабамай жатыр, бірақ өлетін бала молаға қарай. жүгіреді деп, Бөкен ет қызумен әйелін соның алдында ғана прокурор келіп түскен ауылнайдың үйіне қарай қуалап, ешбір жанға араша бермей, қолындағы бақанымен алдынан шыққан прокурорды салып жібере жаздап, есін әрең жиған. Сол арада акт жасалып, Бөкен уездің түрмесінен бір–ақ шықты. Түрмедегі екі ай Ақсуаттан аттап шығып көрмеген Бөкен үшін кейін таусылмайтын жырға айналды. Дүниені шарлап келген жиһанкезден жаман: «Баяғыда мен уезде қонақ боп жатқанда», – деп жұртты тоқтатып қойып, әңгіме бастайтын болды. «Қонақ боп жатқанда» не болғанын бұл күнде ауылдың бала–шағасына дейін біледі... Сол Бөкен қатын–қалаштың ортасында тұрып, өзіне медреседен кем болмаған түрмедегі екі айын есіне қайта түсіріп, ұзақ ойланды да, төбеден ұшып өткен әлгі пәленің аэроплан екенін айтып, елді айран – асар қылғаны. Сөйтіп, Ақсуаттың адамдары тұңғыш рет аэропланды көрді.
Алдыңғы күнгі қызық осы еді.
Асқар әңгімені үнсіз тыңдап болды да:
— Оған бола мені неге іздедіңдер? Мен Бөкен секілді уезде екі ай жатып келген жоқпын ғой, — деді күліп.
Аэроплан жайлы әңгіме бірте–бірте поезд төңірегіне ауысып, осы тұста ауданнан келген өкіл бала Егеубай әлсін–әлсін шашын сипап қойып, Қалтаңбаев жолдастың «өткен жылы Алматыға келген поезды көрген бір адамды көріп, сөйлестім» дегенін өз аузынан естідім дегенде, бұл әңгіме отырған жұртқа поезды жасап шығарған адамның өзін көргеннен кем әсер еткен жоқ.
Енді жұрт өкіл жігіттің аузына қарады. Егеубай әңгімеге шорқақ екен, екі сөзінің бірінде «значит» деп, жақында аудандық түрмеден Сейдалы деген қарақшының қашып кеткенін және тек кетпей, райком есігінің алдында тұрған ақ боз атқа мініп кеткенін, қазір ауданға қатынаған адамдардың мылтықсыз жүрмейтін болғанын шашын қайта–қайта сипап отырып айтып берді.
Сейдалы патша өкіметі тұсында екі рет ит жеккенге айдалып, совет өкіметі тұсында да сотталып келіп, одан келісімен милицияны сабап, тағы да түрмеде жатқан атақты, бау кеспе қарақшы болатын.
— Үкіметтің құрығына тоқтамайтын не қылған бәле? — деді әлдекім үрейленгендей болып.
— Ол ол ма, — деді Егеубай өз әңгімесіне өзі таңырқай, анада, жаңа құрылған артельдің май тасып жүрген бір әйелі астындағы түйе, арбасымен бірге ұшты–күйлі жоғалып кеткен. Артынан оны да Сейдалы алып кетіпті деген хабар жетіп, ауданнан милиция шыққалы, мінеки, бір апта болды.
Егеубай Сейдалыны қанша бұзақы етіп көрсеткенмен, көкірегінде оған деген құрмет сезімі де жоқ емес екен, оның ер жүректігіне, қайратына қызықпай тұра алмайтыны байқалып тұрды.
— Қап, өзі жаңа құрылып жатса, артельдің түйе, арбасын алып кеткені қиын болған екен, — деді Ботбай басын шайқап.
— Арба деген бәле таптыра ма қазір, — деп Мұқаш қостай сөйледі.
Бірақ әйел жайында ешкім сұраған жоқ, оны бәрі де ыңғайсыз көрді.
Осы кезде көлбеп жатқан Сағидолла басын көтеріп:
— Әйелді қайтіпті? — деп жұртты тағы шошытты.
— Әй, бетімен кеткен! — деді шалдардың бірі зекіп. — Бос сөз сөйлемесең, отыра алмайсың ба? Оны қайтушы едің?
— Ойбай–ау, арба құрлы құны жоқ па ол әйелдің.
— Кет әрі, мәжнүн! — деді шай құйып отырған жуан әйел селкілдей күліп. Онысы «белгілі емес пе не істейтіні» дегенді білдіргендей болды.
— Асқар, осы сен кеше келдің бе, жоқ, бүгін келдің бе? — деді Ботбай әңгіменің бағытын басқа жаққа бұрып.
— Бүгін келдім?
— Иә, Бәйтен келіп пе екен? Өзі өте көп оқыды ғой.
— Ой, олардың білмейтін пәлесі жоқ қой! — деп қыстырылды әлдекім әлі келмей жатқан Бәйтеннің біліміне таң қалып. — Пойыз айырпланыңды күнде көретін шығар.
— Келіп қалар ма екен деп, қаладағы күйеу баламыздың үйінде екі–үш күн жатып едім, келмеді, – деді Асқар шай ішіп отырған кесесін падносқа салып жатып. – Қалада екі күннен артық тұрудың өзі қиын. Бәрі сатулы... Шайға қатып отырған сүттері де бірде болып, бірде болмайды. Содан кейін–ақ, түскен үйге өзіңнің ауыртпалығыңды сезіп, отыра алмайсың?...
— Тірліктері тірлік емес қой, бір түнегесін – ақ берекең кетеді...
— Біздің мына Ағатайымдардың күйеу баласы жылап отыр тегі, қонақтар да шыдатпайтын болса керек.
— Қайтсін енді, онысы да рас шығар, — десіп жұрт Асқардың өз беттерінше қым–қиғаш көтеріп әкетті.
— Сейілжанға тапсырып кеттім, қайдан білейін, — деп сөзін бастады Асқар. — Қатынаған біреулермен ілесіп келетін шығар.
— Оқуын бітіріп пе өзі?
— Оқуын бітірді ғой. Аудандағыларға біреу хабарлап та қойыпты. Биылғы қызымызды алып қашып кеткен мұғалімнің орнына өзімізге жіберсін деп, құлақ қағыс қып кеттім.
— Е, ол албастыны қойшы, — деді Ботбай бұрынғы мұғалімге үңіліп. — Басы қауғадай болған неме... Марқұм Қоңырсопы айтушы еді: «Басы үлкен мал – соғым, басы үлкен адам – болады» деп... Сықпыты келіспеген адамның оңғанын көргем жоқ...қызымызды алып кетті өзі.
— Қыздың әкесі қуынбады ма екен?
— Қайтсін енді, босаға аттаған қызын қара бет қып, қайтып әкелсін бе?
— Ол шіркіннің оқуы да жоқ екен ғой, – деп ауылнай бұрынғы мұғалім жайында тағы бір әңгіме бастады. — Былтыр оқу бітіргені жайында қағазын тексереміз деп ауданнан комиссия келген. Солар документін көре алмадық деп отырды ғой. Тек бірінде Оқас деген біреу мен көрдім дейтін көрінеді. Соған қалдырса керек.
— Сонда ешқандай документі болмаған ба?
— Кім білсін.
— Документі болмаса қалай қалдырған?
— Оны қалдырып жүрген аудандағы Шымболат екен, — деп жұртқа саясаттың шетін шығара сөйледі. — Шымболат қатынының ағасы біздегі мұғалімнің қарындасын ба, апасын ба алып отырған көрінеді.
Жұрт «е, онда түсінікті болды» дегендей бастарын изесті. Тіпті: «Қыздың өзі келіспесе, байлап–матап әкетпеген шығар», — деп «документсіз» мұғалімді біреу қорғай сөйледі.
— Қой, деймін, – деді Ботбай әлдекімді маңына жолатқысы келмегендей қолын сілтеп. — Сол шіркінді дәсердей қылып, сөз шығындап... Айдаладағы тезек сатқан томай Ақсуатқа келіп бала оқытады деген не сұмдық!.. Бізді осы Мырзекең баласы жетіп жатыр, айналайын... Есіңде ме, Асқар, баяғыда Бабыр окоптан келетін жылы біз Мырзекеңдермен көрші болдық қой. Онда Бәйтен кішкентай: Ой, Мырзекеңнің балажандығы – ай! Бәйтенге біреу бірдеңе десе, ағайындықтан кетісетін... Бір рет Бәйтеннің жеп отырған етін мысық тартып алып, құдай–ау, шамасы аш болу керек. Мырзекең мысықты құйрығынан алып, табалдырыққа лақтырған. Қата тиген болар, мысық әлгі жерде өліп қалыпты... Қалаған жеңгеміз Мырзекеңнің өлімін әлі сол мысықтың қарғысынан көреді ғой.
— Мысықтың қарғысы қате кетпейді, — деп әндетті Әлмембет молда.
Төменгі жақта отырған комсомол жігіттер сылқ–сылқ күліп, молданы мазақ қылды.
Шай әлдеқашан жиналған. Жұрт тек тағы бір жаңалық хабар жоқ па дегендей, бір–бірінің аузын бағып, әңгіме күтіп отыр.
Осы кезде Күндербек бір миығынан жымия, көмейіне тірелген күлкісін тежеп:
— Мына Сарқопадағы Кетейлердің аулында, Қайрақтың қатыны ауылнай болыпты, – деді жоп–жорта байсалды болған үнмен.
— Тек! — деп біреулер шошып кетті. — Не дейді?!
— Қайрақ па, әлде қатыны ма?
Күндербек қалтасынан шақшасын алып, асықпай насыбайын атты да, астыңғы ернін бұлтитып:
— Қатыны, ойбай, қатыны, — деп ыржия күлді.
— Әне бір мұрны қайқиып, жалаң аяқ жүрген, қара кер қатын емес пе?
— Иә, иә.
— Шіркін, басшыларын жаңа тапқан екен.
— Басқа жібі түзу ешкім болмаған шығар, — деп күлді Күндербек.
— Сонда Қайрақбай қайда жүр?
Күндербек мұрты жыбырлап, баяғы жорта байсалды түрін өзгертпей:
— Қайрақбай түрмеде отырған көрінеді, — деді.
— Көтек! — деді еркектердің бірі.
— Ол байғұсқа не бопты?
— Әйелінің қолындағы мөрді ұрлап пайдаланған дей ме, бір шатағы бар, әйтеуір.
— Астапыралла!
— О, қу сор!
— Қатынның би болғаны ақырзаманның белгісі шығар, — деді Байдәулеттің қатыны аяқ қаптан кеселерін шығарып жатып. Өзі қатындардың санатына жатпайтындай зілденіп айтты да, іргеден қымыз құйған шараны алып, қысқа сап сырлы ожаумен шашыратып сапыра бастады.
— Сенің бір кейде текке сөйлейтінің бар, — деді Байдәулет әйеліне кейіп. — Үкімет әйелдерді көтеріп жатса, сенің ақырзаманың не?.. Аузыңды бағып тиыш отыруды білмейсің бе?
— Ой, қойыңыз, Бәке, — деп әңгімеге өкіл Егеубай араласты. — Онда тұрған не бар? Әшейін сөздің мәтелі емес пе?..
Алдыға қымыздың келуі жұртқа осыдан кейін ешқандай қонағасының болмайтынын, өздерінің де барып түнейтін бір–бір шаңырақтарының бар екенін әркімнің есіне түсіргендей болды. Қымыз ішіліп болғаннан кейін, молда ауыл үйдің арасындағы әлдебір ұятсыз өсек әңгіме бастай берген сайқымазақ Сағидолланы ұрысып тоқтатып, жиын – кеңесті бастап беру мен аяқтауды өзінің міндеті деп санайтын маңызды қалпын бұзбастан, қолын жайып:
— А, құдайым оңдасын, әулиелер қолдасын, Пайғамбардан шапағат... — дей берді де, кілт тоқтап, бұл батадан өзінің абырой алмасын сезіп (осы кезде көзі өкілге түсіп кетіп еді), іле жаңа заманға лайықтаған жаңа батасына көшті:
— Қыс берсең қыспай бер,
Жаз берсең жазбай бер,
Сиырың баспақты болсын,
Қазаның қаспақты болсын,
Ұлың он шақты болсын,
Қызың моншақты болсын,
От басың берекелі болсын,
Елің мерекелі болсын! Аллаакбар!
— Айтқаның келсін, — деді Байдәулет көңілденіп. — Мынау бір саяси мәні бар бата болды ғой.
Қонақтар үй иесіне рақмет айтып, жапыр–жұпыр орындарынан тұрып, бөріктерін іздеп, босағадағы кебістерін әрең танып, дабырласқан күйлерінде шықты.
Шілденің сәл желкемдеу салқын түні еді. Өліара әлі бітпеген. Айсыз түнге көздері үйренгенше қонақтар есік алдында іркіліп тұрып қалды, «Мынау кім», «Бұл қайсың» деп бірін–бірі сипалап, әлдекім жаңғырыққа, шелекке сүрініп, бірін–бірі жетелеп, дабырласып тарай бастады. Көп ұзамай у–шу басылып, үй сыртындағы күйіс қайырған малдардың пысқырған, жөтелген дыбыстары ғана біркелкі естіліп тұрды.
Ойдағы елден тым қашып болса да, жаңалық атаулы ұзынқұлақ, арқылы жүз құбылып жетіп жататын, жұрттың сыбырлап айтқан құпиясын да біліп қоятын, түнде әйеліңе айтқан сырыңды, келесі күні өзіңе айтып беретін – осынау қияндағы ауыл күндегі әдетімен әрең дегенде ұйқыға кетті.
II
Бәйтеннің аудан орталығынан шыққанына үшінші күн. Ал үлкен шаһардан осыдан екі апта бұрын аттанып еді. Содан бері көргені – жол қиындығы. Ел аралап кеткен оқу бөлімінің бастығын күтіп, ауданда төрт күн жатты. Ақыры ол адам келмеген соң, мұны аудандық атқару комитетінің председателі Ыбыш Қалтаңбаевтың өзі қабылдады. Алғашқы қадамындай болған осы бір оқиғаны есіне алса, Бәйтеннің ұялғаннан құлағына дейін қызарып кетеді.
Қалтаңбаевыңыз шашы тікірейген, қоңқақ мұрын, еңгезердей айбатты кісі екен.
— Мен кісі жемеймін, кәне, бері жақын отыр, — деп гүр ете қалды бұған.
Тумысында ұялшақ Бәйтен абдырап, қабырғаға қойылған орындықтардың біріне отыра берем дегенде, құдыққа құлағандай гүрс етіп жерге құйрығымен түсті. Қолындағы қоржынының қайда ұшып кеткенін білмей қалды. Қас қылғандай, алшақ тұрған екі орындықтың арасына тап болыпты. Бәйтеннің берекесі кеткен мына түріне жаны ашығандай, председатель даусын сәл жұмсартып:
— Көзіңе қарамайсың ба?! — деп күңк етті.
Аяқ астынан айрандай төгілген абыройының қайтып қалпына келмейтініне көзі жеткен Бәйтен қызара терлеп және өзінің терлеп отырғанын сезген сайын, одан жаман борша–борша болып, әйтеуір, қоржынын тауып алып, жақындап келіп, орындыққа отырған. Председатель «мынадан түк шықпас» дегендей көзінің астымен сүзіле қарап, үнсіз отырды да:
— Шаруаңды айт, — деді.
Бәйтен документін ұсынды. Қалтаңбаев қағазды оқып шығып, сенбегендей бұған тағы қарады да:
— Қайда барғың келеді, — деді.
— Төртінші ауылға, — деді Бәйтен. Осыны айтып «тағы да – қызарып кетпесем болар еді» деп қауіптенді ішінен.
— Мұның дұрыс, — деді Қалтаңбаев кенет жылы шыраймен. Даусы тым жұмсақ шықты. — Кадр жетпей жатқан жердің бірі сол ауыл. Қазір күн тәртібіндегі негізгі мәселе — байларды тап ретінде жою және мал мен шаруашылықты қоғамдастыру жұмысын өрістету. Бұл жайында арнаулы қаулы бар. Одан кейінгі ұран – сауатсыздықты жою. Сондықтан барған бетте саяси өмірге араласасың. Комсомолдардың белсенділігін арттыру керек. Қызыл отау жұмысын қолға алу керек. Жалпы істейтін жұмыс жеткілікті. — Председатель ащы бірдеңе жеп отырғандай тыжырынып, терезеге қарады да: — Бір дәрігердің – ақ реті келмеді сол жаққа жіберетін, — деп мұңын шаққан адамдай боп, жүзін Бәйтенге бұрды. — Өзі бір жердің түбі, қыста мүлде қатынастан айрыламыз. — Соны айтты да, «баланы шошытып алған жоқпын ба» дегендей: — Бірақ жастар сондай ең қиын жерлерге бару керек, — деп серпіле сөйледі. — Қазір тепсе темір үзетін кездерің. Көздерің ашық. Енді не керек? Жеткізіңдер ұғындырыңдар халыққа үкіметтің саясатын. Келістік пе?
— Келістік, — деген Бәйтен.
Сол күні пошташының түйесіне мінгесіп, бір табан жақын ғой деген оймен, ойдағы Жарбөгетке жетіп қалды. Жарбөгет әжептәуір өскен екен — орталығында үй көп. Көбі шымнан салынған. Кеңсе алды сеңдей соғылысқан халық. «Бұл не?» — деп сұрағанда: «Атақты Оспан молданы білуші ме ең, соны сақалын күзеп, складқа қамап қойды. Ертең ауданға әкетеді», — деп түсіндірді тұрғандардың бірі.
Бәрі сығалап, складтың төңірегінен шықпайды; сырттай мынау істен шошыған болса да, Оспанды сақалсыз күйінде бір көруге ешқайсысы кет әрі емес секілді.
Бәйтен қырдан келген ешкім жоқ па деп сұрастырып жүріп, келесі күні таңертең дүкеннің алдынан Есенді кездестірді. Өзі жамағайын туыс боп келеді. Осында тұратын інісі науқас болып, халін сұрай келіпті. Ол да: «Күн ыстық, Дауқараға жетіп жығылуым керек еді», – деп асығыстық білдірген соң кездескен бетте кідірместен, екеуі өгіз арбамен жолға шыққан. Бір мүйізі сынған қызыл шолақ өгіз қабырғалары сидиған арық болса да, жүрісі ширақ екен, көз байлана теңіздің аңғарындай тұмсығын бір–ақ тіреді.
Қожай дене бітісі олпы–солпы, жалпақ бет, мұрны осылай болар деген жобамен жасалған секілді, қолағаштай, тұлғасы ірі кісі екен. Отырғанда шөккен түйедей басқалардың төбесінен қарайды, ал түрегелгенде содан көп биіктеп жарытпайды. Бәйтен шамалас жалғыз ер баласы өзіне тартпаған – ұзын сида, аурулау болу керек, қой терісінен жасалған күртешесі үстінен түспейді.
Әйелі кезінде ете ажарлы болғанға ұқсайды, қыр мұрынды, жанары кең, өңі ақ құба, қазір ет алып толысқан, самайына ақ кірген салиқалы бәйбішеге:
Содан Қожекең шынтақтаған күйі шай ішіп отырып, рахаттанып, келген жолаушыдан елдің әңгімесін тыңдайды екен. Анда–санда әлдекімді есіне түсіре алмай, «ол қайсы еді» деп, руын, ата тегін қазбалап, ақыры біреу шымшып алғандай «ойбай» деп, шыр ете қалып, «иә, сол ма, тәйірі» деп есіне түсіріп, «ал айта бер» деген кейіппен ілгері жылжып қойып, әңгіме күтеді. Ғажайып ертегі тыңдағаннан бетер кісінің аузына кіріп кететіндей ентелеп, арасында әлдекімді қоштай, әлдекімге өкпелеп, енді біреуге шат – шәлекейі шығып кейіп, қырық құбылған күйеуіне әйелі: «Бәтір – ау, текке отырып күйіп–пісетінің не», — деп басу айтқан болады. Ойдағы ел мен құмдағы елдің жаңалығын түні бойы айтсаң, қой дейтін түрлері жоқ. Жалғыз үй боп сарғайып, адам түрін көрсе, қуанатын халге жеткен жандар секілді. Бәйтен таңертең жолға шығарда:
— Елге неге көшіп бармайсыз? Мына айдалада не бітіресіз? — деген.
— Е – е, — деп Қожай жабырқағандай қалып білдірді. — Біріншіден, атамекен... Әке–шешемнің моласы жатыр. Екіншіден, бұл арада бір үй болмаса, екі елдің арасына қалай қатынайсыңдар? Өзіміз осыған үйреніп алдық. Өткен–кеткен үйге түссе, соған мәз боп қаламыз...
Бәйтендер қыр асқанша, Қожай қорасын күйттеп, шым ойған болып, сыртта жүрді.
Содан бері, мінеки, талай қырқа, талай ойпат артта қалды. Ұшы–қиыры жоқ cap дала, тынымсыз шиқылдаған ескі арба қажытуға айналды. Есен жалғыз өгізінің ішін боқтаумен кептірді.
Бәйтен жол қысқарту үшін, әңгімеге тартып көріп еді, көлігін ия мұны боқтап отырғаны белгісіз, «ой енеңді...» деп қойып, ойдағы елден бір тақта шай таба алмай бара жатқанын, мата деген бәленің емге жоғын, бала–шағаның жалаңаш отырғанын тағы сол сияқты толып жатқан семья тауқыметін уайым қылып, кешегі айтқан әңгімелерін қайта бастады.
— Кооператив бар емес пе? — деді Бәйтен Есеннің ылғи күлімсіреп тұрғандай көрінетін әжімді жүзіне қарап.
Есен «соны қойшы» дегендей қолын бір сілтеді.
— Кәператиптен не пайда? Алыстағы елге ештеңе жетіп жарымайды. Азды–көпті бірдеңе түссе, қолы жеткендер пышақ үстінен бөліп алады... Жағыпар деген бір пірқаншық шықты. Бұл енді адам баласы емес, арбалы қырсық қой. Баяғыда талай бірге шөп шапқанбыз. Өзін күнде сабаушы едім. — Есен қалай сабағаны көз алдына елестеп кеткендей, кеңкілдеп күліп алды. — Енді қазір қарындашын құлағына қыстырып алып, тірі жанды менсінсе не қыл дейсің?!
Бәйтен мырс етіп күліп жіберді.
— Өзін сабаған адамға кім жібиді.
— Ой, әдірем қал! — деді Есен кенет тәкаппарланып. — Соған жағынбай–ақ күнімді көремін. Қу сақау. Баяғыда біз атқа мініп жүргенде күнін көре алмай жүруші еді.
Бәйтен өмір бойы жалшылықтан қолы босамаған Есеннің қай кезде атқа мініп жүргеніне түсінбей таң қалды.
— Рас айтасыз ба?
Есен қалтасынан шақшасын алып насыбай атты.
— Шырағым–ау, кәмпескені өзіміз атқардық қой, — деді сақаулана ерніндегі насыбайын тілімен жөндеп. — Комиссияның мүшесі болдық... Әлі есімде мына Батпақты жақтағы қаз Таңат деген байды кәмпескелегеніміз. Онда бәрі бір–ақ аудан ғой. Таңертең ертемен сау ете қалдық. Комиссияда ГПУ — дің адамдары бір. Келсек, жүгін буып, қашуға дайындалып отыр екен. Сол күні кешіксек, айрылғандай екенбіз...
— Ал қазір? — деді Бәйтен Есеннің әңгімесіне шын қызығып.
— Ой, несін айтасың, Бәйтенжан, неше түрлі болып жатыр ғой елде. — Есен кекесін түрмен мырс етті. – Баяғы Қонақбайдың Жүнісін білуші ме едің?.. О, албасты! Он алтыншы жылы тізім кезінде әкесінің атын сұраса, шешесінің атын айтқан мәжнүн. Сол ауылнай болған соң, бұ құдайдың құдіретіне қайтып қалмассың! — Есен шошынып жағасын ұстады. – Тура баяғының болысы болды да шықты. Жанына әнші, ақын, палуан, мешкей ертіп масқара қылды ғой. Ойбуй, жаман – ай, енді қайтейін!
— Ауылнай болған адам жаман бола ма? — деді Бәйтен Есеннің ызаланғанын қызық көріп.
— Ойбай, ып–рас, — деді Есен оның сөзін өзінше түсініп. Дүние дегенің сонда болды. Соғымның тәуірі, қымыздың дәмдісі соныкі. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Бүкіл қошқар боққа үймелеген шыбындай соның төңірегіне топырлай кеп. Әйтеуір, тезірек орнынан түсіп жақсы болды. Әйтпесе...
— Осы күні қайда?
— Осы күні елде, баяғы таз қалпына түскен.
— Ауылнай кім?
— Қазіргі ауылнай Жақай ғой.
— Көбегеннің Жақайы ма?
— Иә, сол – мырзаболат Жақай. Суықбұлақтағы қауен Жетпісбай деген кісі сайланғалы тұрған жерінен Асқар араласып Жақайды сайлатыпты деген сөз бар. Кедей десең, кедей, жалшы десең, жалшы, аздаған сауаты бар, ол тұрғанда, баяғы қылышынан қан тамған ұры Айбазар тұқымын не деп қоясыңдар десе керек. Сөйтіп, Жақай аяқ астынан ел билеп кетті... Әуелде тәп–тәуір еді. Қазір бұл да бұзылайын деді. Осы әкім болғандардың әдеті ғой деймін...
— Ол не істеді?
— Түк те істеген жоқ. Бар бәле сонда болып тұр ғой.
— Жалғыз Жақай не істей алады? Жұрт қолдамайтын шығар.
— Оның рас. Осы Ақшоқыны ел қылам деп жүрген үкіметте ақыл жоқ, – деді Есен күдерін үзген адамның түрімен қолын сілтеп. – Былтыр артель құрып, егін салып, малды ортаға жиғанбыз. Жұрт қарап жүре ме, бірін–бірі азғырып, іріткі салып, ру–ру болып айтысып, ақыры артельді құлатып тынды. Былтырғы қуаңшылықта не егін шыққан жоқ, не шөп жиналған жоқ. Малдың көбі қыста қырылып қалды. Алдағы қыстың қандай болатынын кім білген? Енді осыны ойлап, ел болудың орнына, жұрттың аңдығаны сөз, айтқаны өсек, немесе біреуді қаралау, арыз жазу...
Есен мойнын созып, алдына қарады:
— Әңгімемен отырып, өзекке кеп қаппыз ғой... Әй, осының сайы – ай! Бір кездегі Жыландының арнасы екен ғой. Өзен бұрылып кеткен дейді. Өзен бұрылды деген не сұмдық! Ал енді түсейік. Арбаның екі жағынан ұстап отырмасақ, ауып қалады – бір, екінші, өгіздің тірсегіне соғады. Мертігіп қап жүрер... Естідің бе... осында қарыз – серік деген ашылған... Мықтап ұста! Іһ... Содан азғантай ақша, сосын осы өгізді алдым. Ақырын... ойбай, ақырын... Ыңыршағы айналып өлетін болды... Сиыр алайын деп едім, сиыр бітіп қапты. Маған келгенде бітіп қалатын әдеті ғой. Он жылда төлейсің дейді. – Есен әлденеге ішегі қата күліп, арбасынан айрылып қала жаздады. – Қожанасырдың айтқанын білуші ме ең? Ханнан он жылда бұзаулатам деп бірнеше өгіз алған ғой. «Мұның не?» – деп жұрт сұраса, «он жылға дейін кім бар, кім жоқ, не хан, не мен, не өгіз өлетін шығар» деген екен. Сол сияқты болып тұр.
Арғы бетке өткен соң, тыныс алып, дәрет сындырып, насыбай атып, арбаға қайта отырған кезде әлдене есіне түскендей Есен:
— Осы сен ауылға кім боп келе жатырсың? – деді.
— Мұғалім боп...
— Бала оқытады екенсің ғой.
— Иә.
Есен көңілі толмағандай:
— Осы біздің Мәмбет тұқымына әкім болуды жазбаған ба? – деді артындағы Бәйтенге денесімен бұрыла, көзінің қиығымен қарап. – Құдай–ай, алдына қойып берген асты дұрыстап іше алмайтын Қойшыбектің жаман ұлы анада әкім болып келіп, төбемізді ойып жібере жаздады емес пе?!. Тіпті өмірі бұтына бүтін шалбар киіп көрмеген Бақайдың сақау баласы мілитса боп келіп, атақты бай Көтеншіні алдына салып жаяу айдағанда: «Бейшара Бақайды да құдай жеткізді – ау», – деді жұрттың бәрі. Соны өзіміз мына көзімізбен көрдік. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп... Бір атадан біреу атқа мінбесе, күн көру қиын бұл күнде.
Бәйтен күліп жіберді.
— Ал сонда бай, кедей деген ұранымыз қайда қалады?
— Ей, шырағым – ай, айтар сөзге бәрі жақсы–ау. Біз қайдан білейік сенің ана жағыңда не болып жатқанын. Жел біресе оңнан, біресе солдан соғады. Жалғыз қараша үйді сақтап қалудан басқаға кімнің шамасы келіп жатыр. Төңірегіңе қарасаң, бәрі жанталасып, тырбаңдап, жанашырын сағалап жүргені. Кім өлгісі келсін?.. Кедей десең, сол кедейіңнің. бірі менмін... Сонда не, бүкіл туған–туыс, ағайыннан безіп кетуім керек пе?.. О, худауанда!
Есен шабандап қалған өгізіне ыза болып, жамбасының астынан шыбыртқысын алды:
— Шу, деймін! Атаңа нәлет! Сонымен мұғалім болам де! Өй, енеңді! Шу!
— Иә, мұғалім боламын, – деді Бәйтен қай сөздің кімге айтылып жатқанын шамамен жобалап. – Бірақ аудан басшыларында болған ем, саяси өмірге аралас деп тапсырма беріп отыр.
— Қайсысында болып ең?
— Исполком председателінде.
— Жолдас Қалтаңбайыпта ма? – деп Есен көзі ашықтығын білдіргісі келгендей оқығандарша сөйледі.
— Иә, Ыбыш Қалтаңбаев жолдаста болдым.
Амандық–саулық, елдегі жаңалық, саяси хабар тегіс таусылып, айтар әңгіме болмай, екі жолаушы тағы да үнсіз қалды.
Бүйірден соққан аңызақ күн еңкейе қатая бастаған секілді. Сусызға өскен тырбақ жусандар, әр жерде бір түп үкі боз, ақселеу құлдық ұрғандай бастары желкілдеп, жапырыла түседі.. Жел қуған жалғыз қаңбақ бір домалап, бір тоқтап, жапан далада жалбақтап безіп барады. Алыстан ақжағалданып сор секілді бірдеңе көрінеді.
Бәйтен әлгі әңгімені есіне қайта алып, Есенге «мұғалімдіктің несі жаман» деп сұрағысы келді де, сөйлеуге зауқы болмай, ойға шомған күйі отыра берді.
* * *
Бәйтеннің қарсы болғанына қарамастан, қалтасына қаражатын салып, қаладағы біреуге хат жазып беріп, бір түннің ішінде зорлағандай қылып оқуға қашырып жіберген.
Ағасының хат жазған адамы, қайдан танып жүргенін бір құдайдың өзі білсін, банктың бастығы болып шықты, екі сөзге келместен Бәйтенді мұғалімдер даярлайтын техникумға өзі жетелеп апарып, документтерін қабылдатқызды. Содан кейін: «Ал енді жатпай–тұрмай пәтер тауып ал,» – деп ақыл берді.
Бәйтен пәтерді қаланың шет жағынан тапты. Ескі диірменнің қасына салынған бұрынғы саудагер татардың үйі екен, кісі бойы қол ұсыным дуалмен қоршалған. Ішінде есігі бөлек жеке үйі бар. Шамасы, жесір кемпір пәтер ақымен бөлек жеке үйі бар. Шамасы, жесір кемпір пәтер ақымен күн көретін секілді. Үйлері де, дуалы да, іште тұрған құрал–саймандар да кемпірдің өзі секілді әбден ескірген, күні өткен, көңілсіз жабырқау.
Келесі күні кемпір үйге тағы бір пәтерші әкеп кіргізді. Үстінде әскери гимнастерка, құрым етігінің сыртынан галош киген, бұйра шашты, сақа жігіт Бәйтенге қолын ұсынып:
— Жаңбырбаев Оймауыт! – деп танысты жақынын жолықтырған адамдай жадырай күліп. – Қарсы болмаңыз, осы үйде бірге тұрамыз. Кісіге зияным жоқ, пәтер шығынын бірдей көтеремін.
Оймауыттың жүрген жүрісінен, сөйлеген сөзінен айрықша бір еркіндік, ересектік сезіледі. Жүзіндегі беймәлім қуаныш уайым – қайғы көрмеген адамның еркелігін танытқандай. Бірақ, шын мәнінде, басқаша болып шықты. Оймауыт жастайынан жетім қалып, орыс арасында өскен. Көрмеген қиындығы жоқ. Қызыл Армияның құрамында азамат соғысына қатынасқан. Ауыр жараланып, әскерден біржола босаған соң, көп уақытын емделумен өткізген. Осында қызметке ауысқанына көп болмапты. Үй алғанша пәтерде тұра тұрмақ. Пәтерде тұрды деген аты болмаса, түнеуі сирек, күндіз–түні жұмыста, ия командировкада.
Анда–санда үйге Оймауыттың жолдастары келеді. Ең көп келетін адам – толықша ақ сары татар қызы Рая. Осы үйге өзінің түбі бір ие болатынына сенімді адамдай келе төсек–орынды жинастырып, ыдыс–аяқты жуып, шай қойып, шаруаға араласып кетеді. Одан кейінгі жиі қонақ – Сейіт. Сейіт жүріс–тұрысы, киім киісі қыр қазағына мүлдем ұқсамайтын, өмірінің көбін Петрборда, Мәскеуде өткізген, түрінен әлдеқандай қасірет ізі сезілетін, дімкәстау, арық, ажарлы жігіт. Бай баласы деген атпен қуғын көріп жүргенге ұқсайды.
Ол келген күні ұшы–қиыры жоқ әңгіме–дүкеннің қызығы басталып, қабырғалары сарғайған шағын бөлменің іші ғажап бір ертегі дүниесіне айналып кеткендей болады. Бәйтен қиссаға еліккен бала құсап, бір–бірімен өлердей дос, әрі бір–бірімен өлердей қас екі жігіттің әңгіме – дауын қалт жібермей тыңдайтын. Екеуінің мінез–құлқы, тәрбиесі, өмірге көзқарасы екі бөлек. Бірақ Бәйтенге екеуінің де сөзі ұнайды. «Осынша біліммен, осынша ақылмен тек осылай әңгімелесіп қана отырудың өзі не деген бақыт», – деп ойлайтын ішінен.
Оймауыт әр сөзін шегелеп, сабырмен анық сөйлейді, мысалды күнделікті өмірден келтіреді, әлдеқалай сөзден сүрініп, айтыстан жеңіліп жатса да, күлімдеген кезінде «бәрібір ақиқат мен жағында» деген айнымас сенім тұрады. Ал Сейіттің дәлелдері қиыннан қиысқан бірдеңелер. Ол ауылдағы бір оқиғаны сипаттау үшін бағзы замандардағы адам естіп көрмеген ел жұрттың тарихына талдау жасап, оны басқа бір замандағы оқиғалармен салыстырып, бүкіл дүниені шарлап кетеді. Бір адамның зердесіне осынша білімнің сыюы шектен тыс жұмбақ құбылыс секілді. Сейіт Бәйтенді осы жұмбақтығымен таң қалдырады.
Сейіт соңғы рет көктемнің ортасында келді. Оймауыт орталықтан екі бөлмелі үй алып, Бәйтен сонымен тұратын. Жолдастары қандай қажаса да, үйлену Оймауыттың ойында жоқ. Екі жігіт киім–кешектерін өздері жуып, тамақтарын өздері істеп, қазақтың салтында жоқ бір кәсіппен күн көреді. Сейіттің келгеніне әсіресе Бәйтен қатты қуанды. Өз бетіңмен жылдар бойы жинай алмайтын біліміңді бір – ақ сағатта басыңа құйып беретін осы бір оқымысты жігітті іштей сағынатын секілді. Бірақ Сейіт бұрынғыдай шешіліп әңгіме айтпады. Көңілсіз. Жүдеген. Сұлу жүзіне жарасып тұратын ұзын бұйра шашы да сирей бастаған секілді. Өзі араққа тез қызып, Оймауытпен жиі–жиі дауласып қалып отырды. Оймауыт жақында командировкадан келген болатын, колхоз шаруашылығындағы көзі көрген сорақылықтарды әңгіме қылды. Жергілікті Совет, колхоз басшылары сауатсыз. Саясаттан хабарлары шамалы. Содан кейін өзінен жоғарылардың көңілін табуды негізгі міндетім деп санайды да, шаш ал десе бас алады. Бір ауданда жоғарыдан келген орысша қаулыны оқитын адам табылмай қайтадан қайтарып жіберуге мәжбүр болған. Құрал–жабдық жеткіліксіз. Енді бір ауылда май өлшейтін кір жоқ екен. Майшы кірдің тасын бір қолымен ұстап екінші қолымен май құйған шелекті ұстап, салмақтап көріп, өзі таразының орнына қызмет атқарған. Сөйтіп жүріп, май жеп, сотталып кетіпті. Оймауыттың сөзін Сейіт өзіне келіп–кетері жоқ әңгімедей ықылассыз тыңдап отырған. Бір тұста:
— Қазақ мұндай сорақы кезеңді басынан өткеріп көрмеген шығар, – деді масаңдау бір үнмен.
— Қай сорақылықты айтып отырсың? – деді Оймауыт оған таңырқай қарап.
— Мыңғырған малдан бір үзім нанға қараған күнге түсу сорақылық емей не? Қазақтың кедейі де мұндай қайыршылықты бастан кешкен жоқ. Әлде сендердің мақсаттарың байлық емес, қайыршылық па?
— Біздің қоғамның мақсаты байлық та, қайыршылық та емес. – Оймауыт бұл таластан өзін ешкімнің де жеңе алмайтынына көз жеткен сенімді пішінмен Сейітке күлімдей қарады. – Негізгі мақсат – биік мораль мен биік парасат. Ал байлық – жаңағы мақсатқа жету жолындағы қажетті материалдық база. – Оймауыт қолын шалқая созып, ілулі тұрған пиджагінің қалтасынан папирос алып тұтатты. – Мәселен, адамның жеке басын алайық, – деді темекі түтінін аузы–мұрнынан бірдей бұрқыратып. – Егер адамгершілігі биік ақылды адам ішер тамақ пен киер киімнен жүдеп жүрсе, үлде мен бүлдеге бөленген ақымақ одан неге артық болуға тиісті. Менің ұғымымда, осы жүрген бастықтарды сауатсыздығына да, кедейлігіне де қарамастан, қазірдің өзінде шетелдегі миллионерлерден биік қоюға болады. Себебі олардың адамгершілік принциптері әлгі дүние қоңыздардан әлдеқайда биік. Қоғамның идеалы – адамның қаны мен көз жасына салынған зәулім мұнаралар мен пирамидалар емес, адамның рухани өміріндегі пирамидалар – адалдық, әділдік, теңдік сияқты мына біздер жасап жатқан әлеуметтік–моральдық ерліктер. Қоғамның дәрежесі моральмен өлшенуге тиісті.
— Осыған екеуміз сенейік, – деді Сейіт «сөзіңе құлдық» дегендей екі қолын көтеріп. – Бірақ сен мынаны білесің бе? Осы идеяны таратушылардың өздері «біздің халық адал, әділ болыпты» дегеннен гөрі, «біздің халық бай, әрі күшті болыпты, басқа елдерді өзіне бағындырыпты» дегенді мақтаныш тұтады. Жаңағы өзің айтқан қанға малынған пирамидалар мен мұнаралар, патшалардың алтындаған жиһаздары мен сарайлары, басқа бір елден тартып алған мүліктер, басқа бір елді жаулап алуға жағдай жасаған Колумб секілді саяхатшы атын жамылған саяси алаяқтар, әскери жендеттер тұтас бір халықтың қала берді бүкіл адамзаттың мақтанышына айналды. Өйткені күшті болу, билік жүргізу бәрінен де қымбат. Мәселен, әділдік, мораль тұрғысынан қарасаң, индеецтер қоғамы өздерін басып алған испандықтардан әлдеқайда биік болатын. Бірақ біз оларды артта қалған, жетілмеген қауым деп қараймыз. Өйткені онда үлкен армия, зәулім үйлер, қисапсыз байлық, машина, тағысын тағылар жоқ. Сол себепті оны басып алуға, қанауға, зорлауға, сөйтіп – оларды «мәдениетті» қылуға болады... Көрдің бе?! Біз өзімізді өзіміз әсем мақсаттармен қанша алдасақ та мәнінде ұмтылатын идеалымыз – күштілік... О, тәңірім, – Сейіт әлденеге есінен тана қалған адамдай көзінің қарашығын төңкере төбеге қарады, – біз тарихтан Македонскийдің дәуірін Грецияның гүлдену шағы деп оқыдық. Гүлдену шағы!.. Неғұрлым мемлекет көп қылмыс жасаса көп жерді тартып алса, көп адамды қырса, соғұрлым гүлдену шағы болмақ. Осыдан кейін қалайша шындық, әділдік, бақыт жайында әңгіме айтуға болады. – Сейіт бар шындықты тауысып, «осыдан кейін де ұялмай бірдеңе айтасың ба» дегендей Оймауыттың жүзіне сұраулы кескінмен таңырқай қарады.
— Нағыз айтатын кез осы ғой! – деді Оймауыт жұлып алғандай. – Біз күштілікке бас иген жаңағы буржуазиялық көзқарастардың тас–талқанын шығардық. Біз енді тарихқа мүлде басқа принциппен қараймыз, түсінемісің?!
Сейіт төмен қарап, басын шайқады.
— Сене алмаймын, – деді желбіреген бұйра шашын бір қолымен жинақтап. – Өйткені сендердің жасағандарыңнан қиратқандарың көп.
— Жасай алмай жатсақ, оған мына мен кінәлі, – Оймауыт өзін саусағымен шұқып көрсетті. – Жасауға бөгет болып жүрген сен кінәлі. Революция әлі біткен жоқ. Он жетінші жылы басталған, содан бері өмірдің әр саласында, қалалар мен ауылдарда, әр көшеде, әр үйде, әр қайсымыздың санамызда күні бүгінге дейін жүріп жатыр. Революция үкіметі басып алып, қалған жерге әкімшілік әмір жүргізетін сарай төңкерісі емес. Ол – бүкіл миллиондардың әрекеті. Ал оның ішінде бәленбай мыңы надан болса, түгенбай мыңы ішке кірген қаскүнем болса, олар жасаған зиянкестікке тұтас қоғамды неге күйдіресің?
— Егер бар қателіктің бәрін надандар мен қаскүнемдерге жаба берсек, онда ешбір қоғам ешбір қылмысқа ешқашанда жауап бермейді.
— Біз қылмыс жасаған жоқпыз. Біз жаңа тарих үшін өз қанымызды төктік. Міне... міне... – Оймауыт гимнастеркасының омырауын ағытып, иығындағы, желкесіндегі тыртық боп біткен оқтың іздерін көрсетті. – Міне!
Содан кейін беліндегі қайыс белбеуді лақтырып тастап, қарнын жалаңаштағанда сол жақ бүйіріндегі алып тасталған екі қабырғаның орны көрінді. Көгеріп жып–жылтыр болып біткен жүрекке жақын тұсы бүлк–бүлк етеді.
Сейіт төмен қарап, ойланып қалды.
— Сен өзіңді сол жаңа тарихтың қожасымын деп ұғасың ба? – деді әлден соң басын көтеріп.
— Дәл солай деп ұғамын. Себебі мен өзімді тарихты жасаушылардың бірімін деп санаймын.
— Қателесесің, – деді Сейіт Оймауытқа ештеңе сезбей тұрған баланы аяғандай көзқараспен қарап. – Сен бар болғаны қолшоқпарсың. Ал қожайындар – басқалар. Тарихты жасайтындар да солар. Және олар өздеріне керек тарихты ғана жасайды. Жер астынан табылып жатқан, кірпішке, қамысқа жазылған тарихтар да шын тарих емес, бір кезде біреулерге керек болған тарих. Мен оған ешқашанда сенбеймін.
Оймауыт досының не айтқысы келіп отырғанын толық түсінбей:
— Сонда саған керегі не өзі? Нені қалайсың? – деді қабағын шытып.
— Түктің де керегі жоқ... Бұл тағдыр! Халықтың тағдыры! Тағдырдан қашып құтыла алмайсың.
— Жоқ, сен олай бұлтақтама. Айтпайды екенсің, айтқаныңда тұр. Талабыңды ашық айт.
— Түк те талап етпеймін Тек маза бер.
— Кімге, саған ба?
— Жоқ, елге, – деп Сейіт шаңқ ете қалды. — Мен үшін ел сенің шындығыңнан да қымбат. Шындық үшін жеке адамдарды құрбан ет, бірақ елді құрбан етуге болмайды. Мен қазір ел үшін өтірік айтуға дайынмын.
— Ал мен үшін өтірік қылмыс кім үшін жасасаң да, қылмыстың аты қылмыс. Елді бақытты қылу үшін оны шындыққа қарсы қоюдың қанша қажеті бар. – Оймауыт өз сұрағына өзі таңырқағандай, қасын керіп, иығын көтерді. – Сен ойлағандай үлкен трагедия жоқ халықтың басында. Ол сенің өз басыңның трагедиясы. Сен адамзат тарихында мүлде – жаңа дәуірдің басталғанын түсінгің келмейді. Өйткені қара басыңның ренішінен аса алмайсың. Әйтпесе менмін деген азаматтың елге жан аямай қызмет қылар тұсы – осы тұс. Өйткені қоғамның қасиетті принциптерін сақтап қалу оны орнатудан бір де бір кем емес.
— Қасиетті принциптерді сақтап қала алмайсың, – деді Сейіт ызалана айқайлап. – Өйткені сен үшін қасиетті принциптер екінші біреу үшін түк те қасиетті емес... Ал...
Осы кезде есік сарт етіп ашылып, ішке Рая кіріп келді. Басындағы қызыл орамалын шешіп жатып, басын әнтек шалқайтып, аппақ тамағын көрсете:
— О – о, – қонақ келген екен ғой, – деді жадырай күліп. — Сәлем, Сейіт!
Сейіт зиялы адамдарға тән дағдымен орнынан тұрып жатық та, әсем қимылдап қыздың қолынан сүйді. Рая «мінеки, нағыз жігіт осындай болады – сендер неге осындай емессіңдер» дегендей қалған екеуіне назданып, кінәлай қарады да, аяғын кербез басып, топ–толық кеудесін дірілдетіп төрге шықты. Қыздың келуі әңгіменің тақырыбын мүлде өзгертіп жіберді. Әзіл–қалжың мен жеңіл күлкіден, қаланың өсек–аяңынан жігіттер қайта көңілденді. Рая дастарқанды менсінбей, «Еркектердің отырған жері осы», – деп шайды қайта жасады. Сейіт қыздың денсаулығына арнайы тост көтерді. Осы кезде күлегеш Рая:
— Енді Сейіт бізге өлең оқысын, – деді балаша мәз болып.
Сейіт келіспей басын шайқады.
— Жо–жоқ, – деп даурықты Рая, – болмайды, Сейіт, оқисың, мені сыйлайтының рас болса, оқисың. Махаббат жайында болсын, жарай ма?
— Оқысаңшы енді бәлденбей, – деді Оймауыт көзі күлімдеп. Сейіт не істерін білмегендей ойланып үнсіз қалды. Содан кейін стаканның түбіндегі азғантай арақты қағып салды да, соқыр адамша жанарын бір нүктеге қадап, жүрек тебіренткен мақпал дауыспен:
— Сенің көзің күміс көлдің жарқыраған айдыны, Ғашық болдым со бір көзге есімде жоқ қай күні, деді әр сөзін салмақтап. Өлеңнің сөзі емес ақынның үніндегі қасіретті әуез әлдебір болғалы тұрған бақытсыздықты алдын ала сездіргендей үрейшіл әсер берді:
— Білетінім – жанымды өртеп, қапияда жалт еттің.
Сенен басқа жар сүймеске алла атымен ант еттім.
Беймаза ғып көңілімді сағым белес – тәтті елес,
Тәтті елестің бәрі бірдей біздер үшін сәтті емес,
Білмедің сен дүниеде мендей жанның барын да,
Тілемедім білгеніңді – сорым ба әлде бағым ба?..
Тірлігіме көрік болған сүйенішім, жарығым,
Қияр едім бір күлкіңе өмірімнің жарымын.
Түндер бойы кірпік ілмей, өзіңді ойлап жатқанда,
Сағыныштың уытынан сарғайып таң атқанда,
Атыңды атап өз–өзімен жынды адамдай күбірлеп,
Өз үнімнен өзім шошып, өне бойым дірілдеп,
Үміт, күдік қос арықтай көңілімді суарып,
Тек, әйтеуір, дүниеде сен барына қуанып,
Жүрген шақта талшық етіп күн сипатты жүзіңді
Талмаусырап бірте–бірте үміт жібі үзілді... –
Сейіттің үні жаңағы үміт жібіндей талмаусырап барып үзілді. Бұл тірлікте енді ешбір қызық қалмағандай, қатты тарығып, қажыған, шаршаған түрмен тұнжырап үнсіз қалды. Жүзіндегі арылмас уайым, науқас табы, тіпті арықтығы да жаңағы сәтсіз махаббаттан болып тұрғандай. Рая жас толған көзіне орамалын апарды. Бәйтен өлең осымен біткен шығар деп ойлаған, бірақ Сейіт басын қайта көтеріп, бұйра шашын әнтек сілкіп қалды да:
— Ұмыттым деп сені мәңгі өзімді–өзім алдадым,
Өйткені жоқ енді маған аялайтын ардағым, –
деп көзін жұмды.
— Кекті көзбен, атты сөзбен мен өмірге жауықтым
Өйткені жоқ енді маған шат–шадыман сауық күн.
Мен сенбеймін дүниеде махаббаттың барына,
Қуаныш та, жұбаныш та әсер етпес жаныма.
— Бәрі пенде адамдардың асылы жоқ ішінде
Перизатты көрдім рас, оның өзін түсімде...
Сейіт осы тұста әлдебір тәтті арманға берілгендей бір түрмен үнсіз қалды да әу бастағы мұңды әуеніне қайта түсті.
— Деп осылай тасқа айналып, беріш болып қалғанда,
Елден көшіп, сырт айналып, теріс қонып алғанда...
Тағы келдің қапияда, күн нұрындай қарғам – ай!
Жылдар бойғы көңілімді, сенімімді алдамай.
Бұл не ғажап! Тағдырымнан мұндай бақыт күтпегем,
Ойлаушы едім өтермін деп жанға батқан жүкпенен,
Тағы келдің, айналайын, лағындай маралдың.
Әлде менің тілегімнен, жүрегімнен жаралдың.
Осыдан кейін таңғажайып жұмсақ үнмен тебірене сыбырлап:
— Кешір жаным, –
деп басталатын тұста, өз өмірінен бірдеңе есіне түсті ме, Рая Көз жасына ие бола алмады.
— Кешір, жаным – кездерімді араздасқан пендемен,
Күндерімді, түндерімді жақсылыққа сенбеген.
Бұған дейін көңіліңе түскен болса қаяу – мұң,
Барлығы үшін кешір мені, кешір мені, аяулым!
Ант ішейік қолыңды бер махаббатқа сенуге,
Адалдық пен арың үшін, қажет болса, өлуге.
«Жан пида» деп жанарыңа тура қарап айта алам,
Ант ішейік сосын тағы ант ішпеске қайтадан. –
Сейіт сүйген жарының бейнесін елестетіп тұрғандай, көзін жұмып, елтіп, бір ауық үнсіз қалды да, өлеңнің біткенін білдіре жымиып, көзін ашып алды.
— Азаматым – ай! – деді Оймауыт риза болып.
Бәйтен бұрын–соңды домбырамен айтылған жыр болмаса, дәл мынадай қарасөз құсатып өлең оқуды естімеген еді. Адам жанын осынша тебірентіп, дүниеден баз кешкендей қылған мынау өлеңнің не құпиясы барына түсінбей, Сейіттің жүзіне сиқыршыға қарағандай күдікпен сескене әрі қызыға қарады.
Ал Раяның қуанышыңда шек жоқ. Көзінің жасын қайта–қайта сүртіп, өзі сонысына ыңғайсызданғандай бетін басып, күле береді.
— Ой, Сейіт, молодец! – деді сосын басын шайқап. – Қандай бақытты адамсың!
Сейіт мырс етіп күлді. Онысы «қайдағы бақыт қаңғып жүрген» дегендей болды.
Рая сезімтал, көзі ашық, сауатты қыз еді, Сейіттің тағдырын жақсы білетін.
— Басқа қонған талант – бақыт емес пе? – деді ол салмақты үнмен. – Сүйгеніңмен табысу, енді қайтып жан сүймеске ант ішісу – бақыт емей не?
— Махаббат маған ешқандай бақыт әкелген жоқ, – деді Сейіт даусы қарлығып.
Отырғандар абыржып, «қате естіген жоқпыз ба» дегендей бір–біріне қарады. Базарда бұйым сатып, алтын ақша түсірген саудагер үйіне келіп, әлгінің алтын емес, жасанды жез екенін білген кезде жанындағы серігіне дәл осылай қарар еді.
— Не дейсің? – деді Рая өз құлағына әлі де сенбей. – Өзің емес пе жаңа ғана айтқан...
— Ол өлең, ал мен өмірді айтып отырмын. Екеуі екі бөлек нәрсе.
— Сонда әлгі айтқандарыңның бәрі бекер болғаны ма?
— Бекер.
Рая сөз таппай «бірдеңе десеңдерші мынаған» дегендей жан–жағына жаутаңдай қарады.
— Сенің бұл сөзіңді мен былай түсінемін, – деді Оймауыт көзін сығырайта ойланып. – Бәлкім, сен әлгі өлеңіңде өзіңде жоқ жалған нәрсені дәріптедің... Бұл – өтірік айту. Немесе әлгі айтқандарыңның бәрі шындық. Бірақ сол шындықты мойындауға жүрегің дауаламайды. Бұл да – өтірік айту. Яғни шындықтан қашу.
— Ғұмыры қысқа болса, онда оның шындық болмағаны. Шындық ешқашанда өлуге тиісті емес.
— Неге өлуге тиісті емес? Бұл дүниеде бәрі өледі. Мақсат та, идея да бәрі–бәрі өледі. Баяғы ұлы мемлекеттердің құлағаны секілді, бәрі де құлайды. Шындық өлмейді, халық Өлмейді деген сөз, жұртты жігерлендіру үшін айтылған насихат. Неге өлмейді? – деді Сейіт жан–жағына таңырқай қарап. – Талай халық, талай ел өлген. Айнымас достық, асыл махаббат та өледі. Өлмейтін бір–ақ зат бар, ол – адам бойындағы сатқындық.
— Жарайды, – деді Оймауыт «осы әңгімені доғарсақ қайтеді» дегендей бір үнмен. – Өзіміз ешкімді сатпасақ болды емес пе? Басқадағы шаруамыз қанша?..
Көп ұзамай Сейіт мас боп қалды. Тәлтіректеп орнынан тұрып, «кетемін» деп сыртқа ұмтылды. Оймауыт оны көтеріп әкеліп, кереуетке жатқызды.
— Жатып дем ал, – деп сыбырлады құлағына, шашынан сипап. – Таңертең жүресің. Ат алдырып қойдым.
Кенет Сейіт жарға қарап аунап түсті де, бетін басып еңіреп қоя барды.
— Ештеңе етпейді, – деді Оймауыт шошып кеткен Раяға қарап. Көп ішіп қойды. Өзі шаршап жүрген адам... Жүр мен сені шығарып салайын.
— Эх, Сейіт, Сейіт! – Рая күрсіне, шығып бара жатып. Таңертен елең–алаңда Бәйтен Сейітпен бізге атқа отырды – Сейіт, саған енді қалада қалуға болмайды, – деді. Оймауыт аттандырып тұрып. – Ешбір ауылға соқпай тіке тартыңдар. Одан әрі не істейтініңді өзін білесің.
Бәйтен мен Сейіт Қопалыға екінді кезінде жетті. Деревняға кіре бере әлденеден секем алған Сейіт:
Жан жағын нарқамыстар көмкерген көл суы көктемнің буына балқып екі көзге бейжай көрінгенмен, бір–бірімен қабаттаса шулаған әр түрлі құстар үнінен құпия тірлікті, хан базарындай қайнап шапағынан алтын жалатқандай қызыл жалқын нұрға бөленген аспандағы мамық бұлттар сәулесі, тымық айдынында ап–анық болып көрінеді.
Сейіт аттан түсігі, сыңсыған нар қамыстың үстінен алыс, көкжиекке ұмсына қарап, көзінде уайым мен қуаныш қабат ойнап беймаза халде ұзақ тұрды. Оның не ойлап тұрғанын Бәйтен біле алмады. Әлде ол күрең кештің сәулетіне үйлеспей көңілі сынып қорланды ма, әлде пенделігін ұмытып, табиғаттың құшағына қиялмен еніп, баяғыдай шабыттанып өлең шығарғысы келді ме екен!?..
Сейіт көзі жасаурап Бәйтенге қарады:
— Қарашы, қандай ғажап Табиғаттың осындай тылсым сәтіне үн қосуға тіл жетер ме?! Тек Абай ғана айта алар еді–ау. – Сейіттің дауысында баяғы сазды әуез қайта пайда болды.
— Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса,
Күнді уақыт қызартып,
Көк жиекке асырса.
Сейіт бір сәт үнсіз қалып, көзге көрінбейтін біреумен сөйлесіп тұрғандай:
— Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа, –
деді қайталап.
Содан кейін өзінің айдалада көл жағасында жалғыз қалып бара жатқаны есіне жаңа түскендей, бойын жиып, мүлде басқа дауыспен:
— Ал жарайды, күн кешкіріп кетті, сен енді, – деп Бәйтенге жақындай түсті. – Не істейміз, қоштасамыз ба? – деді даусы құбылып. – Дүниенің кеңдігінде шек жоқ, бірақ тарылса, тарының қауызындай... Дәм таусылып, дем бітпесе, жолығармыз... Дәл оған тағдыр жазбаса... бақұл бол... бауырым!..
Бәйтен көзі бұлдырап, Сейіттің жабырқай жымиған жүдеу жүзіне қарады.
— Аман бол, – деді, оның тақтайдай қатты арық денесін құшақтап.
Бәйтен атқа мініп, екінші атты жетекке алып, ұзай бере, артына қайта қарады. Жарқыраған ақ айдын қамыс тасасынан көрінбейді. Жағалауда тұрған Сейіт қып–қызыл боп балқыған батар күннің дәл астында кіп–кішкентай болып тұр екен, сәлден соң күнмен бірге көкжиекке қоса кіріп кететіндей боп елестеп, көңіліне кірген үрейден Бәйтен қайтып артына қарамауға тырысты. Содан кейін ол Сейітті көрген жоқ.
Оқуды бітіріп, елге қайтатын күн де туды. Бұл кезде Оймауыт командировкада жүрген. Қоштаса алмай кеткені өкінішті–ақ болды. Ұлы дүрмектен бөлініп қала алмады. Бәлкім, қалғанда қайтер еді? «Неге күтпедім? – деп ойлады ол. – Көп болса, екі–үш күн, әрі кетсе бір жеті күтер едім. Онда не тұр?» Бірақ Оймауыт жылап–сықтап қоштасуды, сыр ақтарып, тебіреніп сөйлеуді ұнатпайтын. Болған күнде де, көзі күлімдеп: «Ал, кәне, сау бол», – дегеннен басқа ештеңе айтпас еді.
* * *
Енді, міне, айдалада сықырлаған арбаның үстінде келе жатқан Бәйтен екі бірдей сағыныштың ортасында қалғандай бір әсерде отыр. Ауылға деген сағыныш көкірегінде бұрыннан бар болса, қалада өткен уақыт та бірте–бірте жүректі сыздатып сағынышқа айналып келе жатқан секілді.
Өгіз арба сүйретіліп Қоңырөзектің қырына шыққанда, шырқау аспандағы шарбы бұлттар болмашы ғана күреңітіп, көкжиекке тақаған бір–екі бұлттың ғана бауыры жез жалатқандай жалтырап, батқан күннің шапағын әлі де сақтап тұрды. Көп ұзамай төңірек күлгін тартып, асыққан жұлдыздар аспан әлемін әр жерден жылтыратып тесе бастады.
Кенет Есен әлденеден шошып кеткендей, шыбыртқысын тастай салып, көкке қарап қолын жайып:
— Ай көрдім, аман көрдім, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке! – деп күбірлей жөнелді.
Бәйтен де жоғары қарады. Қыздың қасындай жіп–жіңішке болып ай туған екен.
Даланың қоңыржай тымық түні орнады. Тымық түнді майланбаған ескі арбаның шиқылы, әбден, болдырған қызыл өгіздің тұяғының сыртылы, көзіне түскен затты боқтап отырған Есеннің жарықшақ үні бұзып келеді:
— Жердің түбі ғой, атаңа нәлет, – деді Есен бір кезде бүкіл өңірге тиісіп. – Биыл осы ойдағы елге көшіп кетсем бе деп бір ойлап едім. Тағы да қойшы дедім...
Жол соғып, шөл қинап, титықтаған жолаушылар ауылдың өкпе тұсына келгенде түн ортасы ауған кез еді. Жерошақтағы оттар сөнген, түндіктер жабылған – ауыл ұйқыда.
Есен шетте тұрған қараша үйге қарай тартты. Түн қараңғысына көзі үйренген Бәйтен өз үйін танып, Есеннің әдейі келе жатқанына түсінді. Үй сыртына арбасын тоқтатып, Есен жерге секіріп түсті де:
— Уа, кемпір, неғып жатырсың, ойбай, балаң келді, – деп айғай салды.
Іштен абдырап:
— Көтек, не дейді?! – деген ұйқылы–ояу шошына қуанған дауыс естілді.
Іле–шала «ойбай, белім» деп, орнынан шойырыла тұрып, ұзын көйлегі делеңдеп, жаулығын жүре байлап, Қалаған кемпір шықты. Қараңғыда ажыратпай, «жарығым–ау» деп құшақтай берген адамы: «Ойбай, мені жаңа көрдің бе, Есен емеспін бе, – деп баж ете қалды, – Бәйтен анау тұр... Мына кемпір алжиын деген шығар, маған бас салғаны несі!..»
Қалаған «көтек» деп аңырып қалып, Бәйтенді көрді де:
— Құлыным – ау, жалғызым – ау, – деп емірене кемсеңдеп, құшағын жайды. – Осыншама зарықтырып...
— Қарағым – ай, қайтейін...
Бәйтен жол бойы елді, жерді туған анасын сағындым деп ынтығып келсе де, нағыз сағыныштың қуатын жаңа сезді. Бірақ босаң сезімге берілуді ыңғайсыз көріп:
— Қой, апа, мұның не? – деді көзіне жас алған шешесіне өзінше басу айтып.
— Қайтейін, шырағым, күні–түні ойлайтыным сен ғой. Жатсам да, тұрсам да... – Кемпір жаулығының ұшын тағы да көзіне апарды.
Бәйтеннің санасында «ал мен ше, мен оны күні–түні ойлаймын ба» деген бір ой өзіне кінә тағып өткендей болды.
— Ал, кемпір, мен кеттім, – деді жалғыз қалғандай боп состиып тұрған Есен.
— Ойбай–ау, ия, амансың ба, Есен шырағым? Баламды көрген соң, есім шығып... Ат–көлік аман келдің бе? Үйге кірсеңдерші.
— Жоға, – деді Есен арбасына жақындап. – Мен де үйге жетейін. Келеміз ғой. Др–р–р, ой, иттің баласы, др–р–р. Бәйтен шаршап келді, тынығып алсын, солай емес пе, Бәйтен? Ой енеңді!
— Др–р–р.
Қайсысын кімге айтқаны белгісіз, сөзінің бәрін былықтырып, Есен арбасына отырды.
Үйге кіргеннен кейін де баласын айналып–толғанудан Қалағанның аузы босамай қойды.
— Айналайын–ай, ақ Бәтеннен, – дейді самаурынды тұтатып жатып. – Жарығым–ау әшейін! Лезде жердің жүзін жарық қып жіберген жоқ па? Күнім – ау! Бүгін осы оң қабағым тартқандай болып еді... Неменеге көрініп отыр десем. Көрмейсің бе, жарқ ете қалғанын...
Бір шамада:
— Немене оқуың бітті ме? – деуге шамасы әрең келді.
— Бітті.
— Ой, жаным – ау! – деді кемпір оқудың біткен – бітпегенінде түк шаруасы жоқ бір үнмен.
Шайдан соң, шешелі–балалы екеуі қуанғаннан ұйқылары қашып, қаңғыр–күңгір әңгімемен шұрқ тесік қараша үйдің ішін базар қылып жіберді.
— Баяғыда, – дейді апасы, қайдағыны есіне түсіріп, – Көкіректің түбінде, кішкентай кезің ғой, ой, бір қатты ауырдың – ау... Ішің жүрмей, құдай–ай, сақтай гөр, басыңнан асып кетті. Мүлде ес–түссіз жатырсың. Әкең үйде жоқ. Отырып алып, көкке қарап дауыс қылдым. Құдай–ау, осы шаңырақта жалғыз қалуға жазып па деймін... – Қалағанның осы тұста даусы жарықшақтанып, кемсеңдеп көңілі шын бұзылды. – Көршіміз... Бөгде ғой... Ол байғұстың да жаны шығып жүр. Содан үйдегі жалғыз қара тайыншаны құрбандыққа атап, құдайы деп сені үш айналдырып шықтық. Тайыншамен бірге өзім де айналып жүрмін. Сөйткенше болған жоқ, сенің ішің жүрді кетті. Оу, жарығым–ау, – деп Қалаған даусы жадырап, Бәйтеннің іші осы қазір жүріп кеткендей мәз болды. – Қуанғандікі ме, көзімнен жас сорғалап тоқтамайды... Сөйткен Бәйтен ең ғой сен, шырағым–ау. Солардың ғой бірін де білмейсің, ә? – деп бір тоқтады.
— Көкемдердікі аман ба? – деді Бәйтен.
— Аман ғой, құлыным, аман. Сен келеді деп, қалаға барып келген. Басқа кімің бар іздейтін. Соның арқасы емес пе бәрі де... Жеңешең де аман. – Қалаған осының өзіне әрең шыдағандай, қайтадан баласын айналып, толғанып, өлеңше ұйқастырып жөнелді. Айдың да, күннің де нұры Бәйтеннің жанында далада қалды. Бүкіл әлемге, тіршілік атаулыға тыныс болып, қуат берген осы екен. Төрт түлік малдың ішінде мұның болып шықпаған төлі қалмады. Тіпті біраздан кейін Бәйтен де өзін бір кездегі сәби күйінде сезінді. Өмірдің бейберекет ұзақ жолында шаң басқан, кірлеген көңілі жуған кірдей тазарып, әу бастағы кіршіксіз қалпына қайта келіп жатқандай көрінді оған. Қараша үйдің жыртығынан сығалаған жұлдыздарға қарап жатып:
— Өз жағдайың қалай, апа? – деді.
— Жүріп жатырмын ғой, әйтеуір. Ел іші. Бірде бар, бірде жоқ. Құдай тек амандығын берсін.
— Не... көкем көмектеспей ме?
— Неге көмектеспесін, көмектеседі ғой.
— Ендеше, жанына неге көшіп бармайсың?
Бәйтен шешесінің үндемей қалғанын әлдебір өзі білмейтін құпия жаманшылыққа сайып, іштей секем алып қалды.
— Әкеңнің айтқан өсиеті бар, – деді біраздан кейін Қалаған баласының шашына қолын тигізіп, шаңырағымды ешкімге қоспа деген. Шаңырағым қосылып кетеді деп тірісінде де інісінің жанына жоламай қойып еді... Әкең қырсық еді ғой... – Қалаған ұмытып бара жатқан бірдеңесі есіне түскендей, басын көтеріп ап, Бәйтеннің маңдайынан бір иіскеді де, содан кейін әңгімесін жалғады: – Сенен бұрын туған Дәурен деген баламыз Қоянбай тамында күзекте қайтыс болып, сен туғанға дейін көп жыл тарығып жүрдік қой. Әкең сырты дүрдигенмен уайымшыл еді. Көп ойлайтын... Содан баяғы Ырыскүл төркіндеп келетін жылы іштен бір ағайындар жолаушылап жүріп біздікінде де болған. Онда ұлдың үйімен біргеміз ғой. Солар «қайда болдыңдар» деп біреулер сұрағанда, ұлдың атын айтып, «соның аулында болдық» депті. Әлгіні естіп әкең тас талқан болсын: «Мені баласы өлген, шаңырағы құлаған деп ойлаған шығар», – деп баяғы. Бір қисайса бола ма және... Содан бір күнде бөліне көшіп, ақыры Жарбидайықты қыстадық. Жарықтық жеке шаңырақ боламын деп арпалысумен кетті. Сол тілегін құдай қабыл қылып, сені берді ғой... Сені берген құдайдан тоба! Мың да бір шүкір!!!
III
Түн бойы кірпік ілмей, таңға жақын көз шырымын алған Асқар тағы да күн шықпай оянып алды. Басы қаңғырып, көзі құрғыр аштырмай, біреу ұрып–соғып тастағаннан бетер тұла бойы дел–сал болып, қалжырап тұрды. Бірақ күндегі әдеті осы болған соң, уайым қылып жатқан жоқ. «Е, кәрілік, – деді өзіне–өзі күбірлеп, – жымысқылап жүріп жеттің – ау, сен де». Сықырлаған тізелерін жазып, орнынан тұрды да, бешпентін желбегей жамылып, аяғына кебісін іліп, сыртқа шықты.
Таң саз бере елең–алаң шақ. Қалың ауыл ұйқыда. Шет жақтағы шағын қараша үйлер қара көлеңкеде шекпен жамылып, мүлгіп отырған адам секілді. Асқар бүкіл ауылды оятып алатындай аяғын еппен басып, үй сыртына қарай беттеді. Үюлі тезектің қасында жатқан қызыл сиыр бір көзімен үйден шыққан адамды бағып тұруға ыңғай білдірді де, Асқар әрі кеткен кезде күрсінгендей бір дыбыс шығарып, орнына қайта жайғасты.
Қарауытқан өзен суы, жиектегі мүлгіген құрақ, қоға, одан әрі көкпекті қырқа, құм төбелер – бәрі де тіршілік белгісінен айрылып өлі тыныштық құшағына енген. Асқар бешпентінің қалтасынан шақшасын алып, насыбай атты да, қышқыл иісі мүңкіген қара жусанға шырт түкіріп, қолын артына ұстап, өзен жағасындағы таспадай ағарған жалғыз аяқ жолға түсті. Артына бұрылып, қайта қарағанда ауыл оған қара мұнар басқан қалың зират құсап көрінді.
Оның қазіргі мақсаты анау көрінген ескі көңге дейін жетіп, содан қайтып оралу, сөйтіп ел ұйқыдан оянып, ауыл тірлігі басталғанға дейін, әр нені ойлап алданып жүре тұру. Соның арқасында басы жазылып, бойы сергіп, келесі таңға дейін қуат жиса – жетіп жатыр... Бір кездегі үлкен ой, ұлы мақсаттан қалғаны осы ғана.
«Е, кәрілік!» – дейді сосын ол күрсініп.
* * *
Сөзуар жұрт би тұқымы деп әзіл қылғанмен, бұл кісінің арғы атасында күлтөбеде билік айтқан ешкім жоқ. Ауыл ішінде ара ағайын төрелгі болмаса, өзі де алаштан атақ алып, би қамшысын білегіне қыстырған жан емес. Бірақ ел аузында «би тұқымы» деген лақап аттың бары рас. Оны Асқардың өзі де жоққа шығармайды. Қала берді, сол лақап аттың сырын да жақсы біледі. Тек нағашылығы жиенді айтыста салық қылмас үшін, жұрт білмейтін тарихты тісінен көп шығармайды.
Сондағы тарих мынау. Асқар мен Мырзабек Бірмағамбеттен туады. Бірмағамбеттің әкесі – Тоймағамбет, оның әкесі – Қамысбай, оның әкесі – Ұста, оның әкесі – Жауқашты. Бар шатақтың тірелетін жері де – осы Жауқашты. Би болып жүрген де осы.
Жауқаштыңыз, Мәмбет әулетінің шежіресі бойынша, тақыр кедей екен. Бірақ еті тірі, сөз ұстаған, пысық болыпты. Жастайынан жұртпен жаудай жағаласып, екі иығын жұлып жеп өсіпті. Мырзаболаттар жағы бұл кісіні аздап ұрлық қылған екен деп те отырады, бірақ ол арасы көмескі. Асқардың өзі бекер сөз деп жолатпайды. «Тегін адам таз бола ма» – Жауқашты қазақтың арғы–бергі заңы мен жарлығын бес саусағындай білетін дауынан жау қашқан атақты даугер болыпты. Жауқашты атануы да осыған байланысты. Буыны бекіп, бұғанасы қатқан кезден бастап, бұл кісі бірыңғай даумен күн көрген. Төңіректі шарлап дау–жанжал іздеп, біреу малын ұрлатып, құнын даулап жүрсе, бұл әлгі адамға мал беріп, дауын сатып алады екен. Кейін сол даудан бәлен есе артық пайда табады. Ол үшін, әрине, бұлтартпайтын дәлел керек, жұрт білмейтінді білу керек, жұрт байқамағанды байқау керек. Бірде Жауқашты ел аралап келе жатса, алдынан сәйгүлік мінген бір мырза кездесіпті дейді. Амандық–саулық сұрасып, жөн білісіп тұрғанда мырзаның сәйгүлігі аузын ашып қатты есінесе керек. Қарсы қарап тұрған Жауқашты аттың таңдайынан бармақтай меңді байқап қалады. Көптен дау табылмай жүдеп жүрген Жауқашты «иә, сәт» деп жаны кіріп, бірақ сыртқа сырын білдірмей, елеусіз ел жағалап отырып, сол елдің биіне келеді.
«Уа, би! Арызым бар. Жоқ іздеген жолаушы едім. Жоғалтқаным сәйгүлік еді, соның ізі осы елге бастап әкелді. Жолда бір мырзаның астынан көрдім. Түсінен таныдым, құдай куә, дәл өзі. Әділ би деген атағаныңыз жер жарады. Малымды қайтарып беріңіз», – десе керек.
Содан дау дауға ұласып, сәйгүлік мінген мырзаны алдырып, дәлелге дәлел, куәге куә тартылып, екі жақ болып, бірін–бірі ала алмайды. Сонда Жауқашты тұрып: «Жарайды, үлкен ел үлкендігін істеп, шоқтығына қол жуытпай отыр. Бірақ соңғы тілегім бар. Жылқымның құлын кезінде таңдайында бармақтай қалы бар еді. Сол болса, сәйгүлік менікі, әйтпесе ат–тон айыбын өзім тартайын», – дейді. Бұған сәйгүлік мінген мырза ештеңе дей алмаған. Малын түстеп танығанмен, қай жылқының аузына басын сұғып қарап жатыр? Жұрт келіп аттың аузын ашып, таңдайындағы қалын көреді. Сөйтіп, Жауқашты, құдай аманаты, бір сәйгүлікті басы бүтін пайда қылып кеткен екен дейді.
Кейін жасы ұлғайғанда да қыс бойы өзінің тұмағымен айтысып дайындалып, жер қарая атқа мініп дау іздейді екен. Содан үлкен билер мұнымен амалсыз есептесетін болып, өздерімен бірге алып жүреді екен. Солардың қатарында жүріп Жауқашты да бірте–бірте би атанып кетеді. Халық арасында: «Құдайдың бәлесінен сақта, Жауқаштының жаласынан сақта» деген сөз бар. «Әлдебіреулердің қарғысы тиді ме екен, әйтеуір, біздің тұқым өспей қалды», – деп Асқар ет жақын туыстың аздығына шағынар еді. Бірақ аз болып Мәмбет тұқымының кісіден қорлық көрген жері жоқ.
Асқар ел қатарына ерте қосылып, жастайынан атағы алысқа кетті. Оның әрідегі атағы әшейін серілік байлатын. Ән айтып, күй шертетін қабілеті бар, сөзге жүйрік әрі атбегі – қазаққа бұдан артық не керек – құдай берген өнерпаз жігіт кезінде осы төңіректі тәуір – ақ дүрілдеткен. Қайқы бел Шегірторы аты алыс–жақында ешкімге бәйге бермейді.
Шегірторыға байланысты ел аузында мынандай әңгіме бар. Алтыбас қыпшақтың атақты серісі ақын Нұрман әріректе найман жақтағы біреумен айтыспаққа өтіп бара жатып, жолай Асқардың үйіне түссе керек. Ел қонағы ерге сын Асқар сыртынан ғана білетін Нұрманды хан көтеріп, қарсы алады. Ат шаптырып, той жасайды. Содан үш күн жатып, төртінші күні Нұрман жүрмек болған. Аттанар алдында қазақтың салтымен Асқар: «Не қалағаның бар?» – демей ме қонағына. Анада да иман жоқ екен: «Сыртыңнан кісілігіңді көп естуші едім. Шегірторы деген сәйгүлігің бар екен, қызығын біраз көріпсің. Қанша қымбат болса да, хайуан ғой, қаладым сол жүйрігіңді», – десе керек... Бұл сынның Асқарға қалай батқанын айтып жатудың да қажеті болмас. Адамнан бетер деп жүрген жүйрігін беруге – қия алмай, бермеуге – жолдан жығыла алмай, ақыры есірік буғандай далаға атып шығып: «Шегірторыны әкеліңдер!» – деп айқай салыпты. Ақын Нұрман наймандармен айтысу үшін емес, әдейі осы жылқы үшін келгендей, «біссіміллә» деп аттың мойнына тұмарын іліп, жетектеген күйінде жүріп кетеді. Содан кейін Асқар үйінен елік шыққандай, жер бауырлап, төсек тартып жатып қалған.
Хош, арада екі күн өткен соң, Нұрман Шегірторыны жанындағы бір жігіттен қайтарып жіберіпті. «Әдейі сынау үшін істеп едім, нар мінезді азамат екен, ризамын», – деп сәлем айтыпты.
«Қуаныштың уыты қайғыдан бетер» деген ғой. Асқар Шегірторысын құшақтап, бүкіл елдің көңілін босатып, балаша жылапты деседі...
Аты аңыз боп тараған сол жүйріктің тағдыры ақыры сәтті болмады.
Қашан да елден асқан артықшылық жан иесіне жақсылық әкелмеген ғой. Сұлудың айыбы – ажары, данышпанның кінәсі – ақылы, жүйріктің басына біткен бәлесі – шабысы. Артықшылық өзгенің жанын жаралап, көңіліне шоқ түсіреді. Қанша жұрттан озсаң, сонша жұрт саған жау болмақ. Сонда бәрінен озу – бәрімен жауласу деген сөз емес пе? Бәрімен жауласқанның жеңген күні бар ма?...
Ұлу жылғы керейлердің асында жергілікті жуандар зорлық қылып, бірінші келген Шегірторыға бәйгесін бергізбей, ұрланған ат деген жаламен Асқардың өзін сотқа берді. Әлдеқайдан аттың «иесі» табылып, жүйрігін танып, хош, соттың үкімі Шегірторыны Күдері деген біреуге тартып әперді. Асқар арызданып, күз бойы қуынып, одан кейін қыстың көзі қырауда ешқайда шыға алмай, жер аяғы қарайысымен тағы да Орынборға барып, адам салып, әрең дегенде істі бұздырып, атын қайтып алатын болған. Бірақ ат қайтпады, аттың құны ғана төленді. Көктемде ұйыққа батып өліпті.
Асқар Шегірторының терісін алып еліне келді.
Сол күндер, міне, елес секілді.
Содан кейін заманның ағымы аяқ астынан күрт өзгеріп, жылқы емес, адам бағы сыналатын басқа бір бәйге басталып кетіп еді. 1916 жылы ел басында күн туғанда: «Ақ патша 18 бен 43–тің арасын оққа байламақ, аруақ, құдай жар, өзі боп, құм бойындағы қалың елді көтерсін», – деп Ұлы Сардар Асқарға дұғай сәлем айтыпты. Бүкіл қосым баласы дүниені өртеп жіберетіндей өре түрегелді. Бұл дүрлігу тек тәуекелге бас тігу, не зорлыққа қарсы тұрған бір ғана зауалшылдық емес күнделікті бақай есептен басқаны ұмыта бастаған күйкі тірлікте адамдарды іштей жаңартып, рухани түлеткен, өмірге өзгеше мән берген ұлы сілкініс болды. Халық қалың ұйқыдан шошып оянып, әлдеқашан ұмыт болған заты есіне түскендей, бұрынғы бейбіт мінезінен жаңылып, дүлей тентек күшке айналды. Және осының бәрі бір ғана июнь жарлығынан туған наразылық емес, ғасырлар бойы жиналып, онсыз да бойға сыймай, сылтау таппай тұрған ашу–ызаның мәнәй себептен армансыз сыртқа ақтарылған көрінісі іспетті. Тегінде, данышпан ақылдың да шамасы жетпейтін, ақ көз ашумен ғана алуға мүмкін қиындықтар болады. Мұндай кездің бір күнін кейін тарихшылар басқа уақыттың ондаған, жүздеген жылдарымен салыстырар еді.
Шілденің ортасында Асқар Ұлы Сардармен дуанда жолықты. Елдің игі жақсылары – болыстар, билер, қажы, молдалар, ірі байлар жиынға әдейі шақырылған екен. Мылтықтың түсіндей түсі суық генерал–губернатор сөз сөйлеп, патшаның жарлығын оқыды. Жарлықтан бас тартқандар әскери сотпен өлім жазасына кесіледі екен. Сол жолы Асқар қаптаған солдаттың алдында басын оққа байлап, Ұлы Сардардан кейін жарлыққа қарсы сөз сөйлеген. Жиын бітісімен солдаттар тұрған елді қоршап алып, Асқарды іздепті, Ұлы Сардарды тұтқынға алуға халықтан қаймықса керек. Бірақ үлкендердің ақылымен сөйлей салып, аттанып кеткен Асқар құдай жар болып бұл кезде қаланың терістігіндегі қалың қопаның арасымен аттың басын қоя беріп, құйындай ағызып бара жатқан.
Наразылықтың аяғы қарулы қақтығысқа айналды. Екі болыс, бір писарь өлтірілді. Списоктар өртеліп, почта бекеттері талқандалды. Уездегі сегіз болыстан шыққан көтерілісшілер үш топқа бөлініп үлкен әскер құрады. Күздің ортасында Ұлы Сардар он бес мың қолмен дуанды қоршады. Одан кейін Тақыр көл, Доңызқопа, Доңғалақ бойында аса қатты қырғын соғыс болды. Бұл бір азаматқа желік біткен аты шулы күндер еді–ау... Сол күндер кейін тірі қалған сарбаздарға үлкен атақ–даңқ әкелді. Ел аузына аңыз, әңгіме тарады. Ақындар мадақтап жырға қосты. Солардың бірі – кәріліктен ұйқысы қашып, таңғы елең–алаңда айшалық болған адамша өзен бойлап, қолын артына ұстап, анау кетіп бара жатқан Бірмағамбеттің Асқары.
Совет жылдары Асқар үкімет шаруасына да біраз араласты. Өйткені көз көргендер арасында бұлардың беделі әлі зор еді. Бірақ бейбіт өмір баяғы қанды торсыққа құйып жүретін соғыс кезінен қиын болмаса, оңай соқпады. Тіпті сол бейбіт күніңнің қалтарыс – қуысы, айла–шарғысы көптеу де шығар. Турашылдық, өрлік, бетке айтар батыр мінез қолданудан шығып қалған ескі қару секілді ешкімге қажет болмай қалды. Әлде Асқардың өзіне солай көрінді ме екен? Кейінгі тірліктің икеміне иіле алмай, баяғы кеудемен босқа арандаған адам Құланбай батыр болды. Өзіне қамшы үйірген милицияны өлімші қылып сабап, жауапқа«тартылып, одан кейін түрмеден қашып, бандыларға қосылып, ақыры өлігі далада қалды. Жарықтық аса жау жүрек адам еді. Атыс–шабыстың ішінде жүріп, құмалақ ашатын, намаз оқитын. Баладай аңқау, аңғал жан өзін әдейі арандатқан жаулардың қармағына ілікті.
Заман шіркін желдей есіп бір орында тұрар емес. Күнде жаңалық, күнде өзгеріс. Жаңа қаулы, жаңа үкім, жаңа заң. Баяғы қадірін білетін үлкен әкімдер кеткен. Қызметке тұрған кейінгі жастардың бірі таныса, бірі танымайды. Сонымен Асекеңдерде бір кездегі үлкен бедел жоқ. Ол аз болғандай, кешегі өзі тәрбиелеген балалар ер жетіп, атқа мінген соң, мұның өзіне де ауыз салып жүр.
Әріректе Есімбектен бұрын туған екі ұл баласы қатарынан шешектен өліп, күйіктен ауруға ұшырап, дінге беріліп, тақуа болып, көзі тірісінде өзіне күмбез салдырған. Қыш кесектен өрілген шағын мазар Жауқараның қырынан қара жол бойындағы өткіншіге алыстан–ақ көзге шалынады. Жер шамасын сөз қылған жолаушы осы күні «Асқардың күмбезінен әрі асқасын» немесе «Асқардың күмбезіне жете бере» деп жол жүрістің өлшемі қылып әңгіме айтар еді. Кейінгі жастар ол Асқардың қай Асқар екенін де айырып жатқан жоқ. Әшейін жер аты секілді. Бірақ сол күмбез бұған кейін бәле боп жабысты. Ауылдың Назар секілді белсенділері мұңы қожа–молдалардың қатарына қосатын көрінеді. Әлгі моладан, әйтеуір, үкіметке қарсы бірдеңе көретін секілді.
Асекең өте сабырлы адам ғой. Соның бірін сыртқа білдірмейді. Білдірмеген соң, іштей үгітіліп, ой меңдеп, ұйқы қашады.
* * *
— Тентекжан–ау, амансың ба? – деп самбырлап, кезек–кезек екі бетінен, маңдайынан сүйді де, енді қай жерінен сүйсем екен дегендей жүзіне үңіле қарап тұрып қалды. – Кеше апама кіріп шыққанда, түс көріп жүрмін, келіп қалар деп отыр еді. Апамның түсі қате кетпейді ғой, өмірі...
Асекең, алдымен үлкен шаһардың жаңалығын, содан кейін аудандағы жекжаттардың қал–жағдайын сұрады. Бәйтеннің аудан басшысына кіргенін, осындағы мұғалімдік қызметке қағаз ала келгенін естігенде: «Бәрекелді, қайырлы болсын!» – деп ризашылық білдірді.
— Неге жүдеусің? – деді Бәйтенге көз тоқтатып. – Ауырған жоқсың ба?
— Жоқ, – деді Бәйтен күліп. – Қаланың күйі осы ғой.
— Оқу деген бәле ғой өзі, – деп қара домалақ шал оқудың азарын көріп қалған адамдай тыжырынып қойды. – Қағазға қарап сарылу деген денсаулықты шыдата ма?.. Баянтаңат Ережептің баласы оқу оқимын деп, ақырында құрт ауру болған жоқ па...
Ұзаққа созылған амандық саябырлаған бір тұста Асқар:
— Ау, Бикен, сен енді шаруашылыққа кіріс, – деді әйеліне.
Бикен аңтарылып:
— Көтек, маған не жоқ! Тіпті жайласып отырып аппын ғой, шығар менен неше түрлі, – деп өзіне–өзі таң қалып, басындағы жаулығын жөндеген күйі үйден асығыс шыға жөнелді.'
— Сен былай қыл, Бәйтен, – деді Асқар төрде отырған қара домалақ шалды көзімен көрсетіп. – Мынау отырған – баяғы молданың тұқымы Оразмағамбет қой...
— Тек, ойбай!.. – деп қара домалақ шал орнынан ыршып түсті. – Қайдағы тұқым?!..
— Жарайды енді, қорықпай–ақ қой, – деді Асқар күліп, – үкіметтің дінге деген қыспағы жоқ көрінеді ғой. Неменеге ат–тоныңды ала қашасың?
— Ойбай–ау, ала қашпағанда... Оспан қожадан аруақты кім бар еді? Соның өзін түрмеге салған жоқ па?!
— Түрмеге салса, елді алдаған, жеген шығар, өтірік емдеген шығар... Құдайға неге сенесің деп салмаған болар. Жарайды, әңгіме онда емес. Сен былай қыл, қалқасы, – деді Бәйтенге қарап. – Елде болмағаныңа қанша уақыт? Одан бері әр түрлі өзгерістер болды. Шетінеген кісілер бар. Бәрінен де қиыны өліктер жолы. Соларға кіріп, көңіл айтып шығу керек. Содан кейін қайда жүрсең де, жүзің жарқын жүреді. Мына Оразмағамбет дұға қылды, ұят қой әйтпесе... Шай қайнағанша сөйтіп барып келіңдер.
Бәйтен мен Оразмағамбет бір–бір кеседен қымыз ішіп, сыртқа шықты.
— Жұрт көзіне түспей, ауыл шетінен бастайық, – деп Оразмағамбет өзен жағасына қарай жүрді.
Шайтанкөңнің тұсында суатқа жақын тігілген қараша үйге тақай бергенде, дауыс қылған әйелдің зарлы үні шықты.
— Мынау әлгі аңшы Құсайынның үйі ғой, – деп Оразмағамбет беліне таянып келе жатқан таяғымен жол көрсетті. – Сиырға бақташы болатын. Былтыр жазда малға тиген ұрылар түн ішінде әйелі екеуін соққыға жыққан. Өзі көп ұзамай өліп кетті, әйелі содан жатқан, көктемнің аяғында қайтыс болды.
— Кімдер екен?
— Қайсысы?
— Өлтіргендер кімдер деймін?
— Кім білген, жұрт осы байлар жағынан көреді. – Оразмағамбет жан–жағына алақтай қарап, мойнын соза, жақындап: – Осы Дәуітбайлардың қатысы бар дейді, құдай сақтай гөр! – деп өзінен–өзі шошына сыбырлады. – Баласы Қарамергенді байқап қапты әлгі қатыны.
Бәйтен «әйелі де қайтыс болса, сонда жылап жатқан кім» деп ойланып келе жатқан. Үйге кіргенде көрді: он екі–он үш жасар кішкентай қыз қара орамалмен бетін бүркеп, белін таянып, керегеге қарап, дауыс қылып отыр екен.
— Әйдік пысық! Қалай зарлайды! – деп сыбырлады Оразмағамбет қыздың дауыс қылғанына риза болып.
Бәйтен Құсайынды жақсы білетін. Зор тұлғалы, қоңқақ мұрын, үлкенмен де, кішімен де ойнай беретін әзілқой, ақ жарқын жігіт еді. Мынау отырған қай қызы екені есінде жоқ. «Мені танып жылап отырғаны – ау», – деді ішінен көзіне келіп қалған жасты сездірмей, төмен қарап.
Оразмағамбет құран оқыды.
— Шырағым, жылама, – деді құран оқылып біткен соң, қайта сыңси бастаған қызға басу айтып. – Балалардың үлкені өзіңсің. Сен жылай бергенде, қалғандары қайтпек. Сабыр қыл, шырағым.
Бәйтен көзінің астымен қызға қарап еді, бойының кішкентайлығы болмаса, түрінде балалықтың нышаны да жоқ, өспей қалған үлкен адам секілді.
Келесі кірген үйлері Өлместікі екен. Шешесі қыста тоқсанға келіп қайтыс болыпты. Іші жиһазға толы алты қанат киіз үйдің ішінде шар айнаға қарап, ұстарамен мұртын басып отырған Өлмес бұларды байқамай, аузын жалғастыра берген. Оразмағамбет әндетіп аят оқи жөнелгенде ғана шошып кетіп, ұстарасын тастай салып, молдасоқынып отырды. Ақшыл сұлу жүзінен әлі нұр таймаған. Адамға жұмсақ қарайтын үлкен қой көздері ойлы, кең маңдайы ірі кесек мінезді адамның кескінін танытқандай. Бірақ жіті қараған адам осынау келісті келбет пен оның ішкі жан дүниесінің арасында жер мен көктей айырма барын, ол үшін бәрі де бас пайданың қамына, тіпті сыртқы көркі де сол үшін саудаға түсетін бұйым секілді сезбей қалмас еді.
— Мына бала Мырзабек марқұмның оқудағы ұлы ғой. Бітіріп келіпті. Өліктерге кіріп шығайын деген соң, еріп шығып едім, – деді Оразмағамбет сәлем–сауқат, көңіл айту біткен кезде. — Осы жаңа келді. Асқардікінде отыр ем...
— Е, бәрекелді, – деді Өлмес Бәйтенге қолын ұсынып. — Ия, ден – қарың сау ма?.. Рақмет, елеп келгеніңе! Өсіп өркендей беріңдер. Қандай оқу бітіргенің?
— Мұғалімдік.
— Бәрекелді, қайырлы болсын, шырағым! – деді пайданың иісін сезген саудагердей елпілдеп. — Айналайын үкімет жеткізді ғой! Азаматтар оқып келіп, ел басқарып жатыр. Жеткізген деген осы емес пе? Баяғы кез болса, не оқу жоқ, не тоқу жоқ, жүрмес пе едік малдың соңында? Анада казитті оқып отырсам, жаппай сауаттандыру жайлы қалай жақсы жазған. Жұрт анау дейді, мынау дейді – үкімет данышпан ғой!.. Солай емес пе, Ореке!
— Әрине, әрине, сөз бар ма? – деп қыбыжықтады Оразмағамбет Өлместің көлгірсіген сөзінен қысылғандай болып.
— Мырзабектің ұлы болсаң бөтендігің жоқ, шырағым, – деді Өлмес сазды қоңыр үнмен. – Сендер – Мәмбет, біз – Дәуренбек. Баяғыда бір аталарың баласы болмай, «қу бас» деген сөз естіп, елден қашқанда, соңынан қуып барып, жаңа туып жатқан қызын құдай алдында сұраусыз деп шаранасымен бауырына салып берген біздің атамыз екен.
Жалпақ бет сары әйел шара көтеріп кіріп, сырлы тостағандарға қымыз құйды. Қымыз үстінде Өлмес баяғыда аштық жылы Жарбиықта отырғанда үйлеріне Бәйтеннің әкесі Мырзабек келіп, бір жеті болып кеткенін әңгімеледі.
Өлместікінен шыққан соң, Бәйтен мен Оразмағамбет Көпеннің көктемде қайтыс болған жалғыз баласы Қуандықтың орнына кіріп шықты. Қуандық Бәйтен шамалас болатын. Өздерінің жақын ағайыны Әмір деген кісі ұрып өлтіріпті. Көпеннің туған інісі Айбек уезде дәрігер болатын. Оның алдында Әмір адам өлтіріп сотталатын болғанда, Айбек. ағайындық қылып, дені сау емес деген қағаз әперіп, аман алып қалған екен. Осы жолы өзі берген сол қағаз алдынан шығып, Әмірге түк істей алмаса керек. Айбек бармағын тістеп: «Өз інімді өлтірдім – ау!» – деп өкініпті дейді.
Үй маңы абыр–сабыр. Екі қазан қатар асылып, ол да жетпей, сереңдеген біреу әйелдермен қылжақтасып, жер – ошақ қазып жатыр. Ауылдың бірсыпыра адамы жиналып қалыпты. Бәрі де үйдің көлеңкесіндегі төсенішке жайғасқан. Әлдекім жұрт естісін дегендей даусын көтеріп:
— Інісі оқу бітіріп келгенде біздің Асқар секілді тай сойып, осындай құдайы қылған қайсың барсың? Әй, жаман Мырзаболаттар, сараңсыңдар ғой... Құдай дәулетті берді, бірақ көңіл тар ғой, көңілді тарғып қойғасын қайтесің, – деп нағашы – жиендік қылып, бет аузы бір уыс кішкентай қара шалды қажап отыр.
Қара шал сөзге шорқақ болу керек:
— Әй, тиыш отыр, тиыш отыр, таяқ жерсің, тиыш отыр... – дегеннен басқа ештеңе айтпайды.
Әлдебір жас келіншек үйге тақап келіп, отырған кісілерге бір тізерлей сәлем берді. Жұрттың бәрі жүндеп отырған әлгі момын шал:
— Көп жаса, шырағым, ұл тап, – деп бата беріп еді, екінші біреуі:
— Оу; алжыған шал – ау, кімге бата беріп жатырсың? – деп тағы да бас салды. – Ол келінің емес, қызың ғой, Бейсенбайдың қызы, ұл табы несі – ей, мынаның?..
Шал көзі бақырайып:
— Ә! Не дейді? – дей берді сасқалақтап. – Қап! Ә! Қазір көзім көрмейді. Осы отырғанда анау отырғандарды шырамыта алмаймын.
Жұрттың бәрі қыран–топан күлкіге батты.
— «Күлсең, кәріге күл» деген, – деді әлдекім жуып–шайып.
Екінді кезінде шөптен Есімбек те оралды. Бәйтенді көріп, анадайдан арсалаңдап ұмтылғанда: «Ал көрейік, екеуі қалай амандасар екен», – десті ерігіп отырған жұрт кеу–кеулеп. Есімбек Бәйтеннің бетінен сүйгенде: «Ой, бәрекелді, екі жас болса да үлкен ғой, ағасы емес пе», – деп риза боп дабырласып қалды.
Бір топ кемпір Бәйтеннің кішкентай кезін еске алды.
— Баяғыда Сарбұлақта отырғанда, онда тіпті кішкентай ғой, – деп бастады көзі сығырайған бүйрек бет кемпір. – Бәйтенжан еңбектеп жүріп, қазандағы сүтке түсіп кетіп, қолы, қарны, шүметегі күйіп қалып...
— Қап, мынау бүлдірді – ау, алжыған кемпір, – деді шалдардың бірі кейіп. – Таста, қайдағыны шығармай! Ұят емес пе, дап–дардай жігітті...
— Е, немене? – деді кемпір қарсыласып. – Маған әлі бала...
Асқардың жайшылықта да кісіден босамайтын киіз үйі кешке қарай адамға лық толды. Асекең пәленше қайда, түгенше қайдамен шақырушы балалардың мазасын алуда.
Ақыры:
— Оу, Шақар қайда, Шақар? – дегенде отырған жұрт қыран–топан күлді.
— Апырай, Асеке, сіз де Мырзағазы секілді елпілдей береді екенсіз. Шақар кімге керек? Келсе келер, келмесе қояр...
— Шақарды да адам іздейтін болғаны – ау.
— Ойбай, Шақарың сұмдық ұры екен, – деді жастардың бірі таңырқаған үнмен.
— Соны жаңа біліп жүрсің бе?
— Анада құдаларымыз келгенде үлкен кісі ғой деп үйге шақырмайын ба? Қонағасымызды ішіп, киітке келген киімімізден алып, кетерінде бас құдамыздың құндыз бөркін ұрлап әкетіпті. Содан сәңкіні салдым – ау бір... Ақыры не болды дейсің ғой? Үйінен құндыз бөріктің сыртындағы, одан бұрын ұрланған бір топ затымды таптым.
— Ойбай, сұрама, одан бәрі де шығады. Құдай сүйер қылығы жоқ. Адамның жексұрыны ғой. Ондайларды елден қуу керек.
— Ау, қойыңдар, – деп басу айтты Асқар. — Қайтесіңдер оны, жүре берсін, бейшара адам.
— Апыр–ай, Асеке, сіздің – ақ жақсыға, жаманға да басалқыңыз бітпейді екен, – деді төрде отырған ауылнай шын кейігендей болып.
— Шырақтарым – ау, Шақар қанша жаман болғанмен, атадан қалған жалғыз еді, – деді Асқар бейбіт үнмен. — Ана шаңырақты құлатпай ұстап отырған сол ғой. Артында балалары бар. Олар өсіп ер жетпей ме?! «Жақсыдан жаман туар бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туар адам айтса, нанғысыз» деген., Балаларының үлкен азамат болмасына кім кепіл? Шақардың ұрлығы өзімен кетсін, бірақ шаңырақты ұстап отыр, сонысына рахмет.
— Шынында да, солай–ау, – деді әлдекім топ ішінен күбірлеп.
Шай үстінде үйге сеңсең бөркі көзіне түскен, үстінде жыртық шапан, бет–аузын әжім басқан, сирек сақалды, жалаң аяқ, қайыршы пішіндес бір адам кірді. Өзінің алба–жұлба түрінен қысылды ма, әлдекімдердің «жоғары шық» дегеніне қарамастан, босағадағы жынды Қамзаның қасына тізерлеп отыра кетті. Аяғының астынан басқаны көрмейтін секілді – басын көтермейді. Үй иесінің: «Ау, Тоқан, амансың ба, ауылда ма едің», – деген сөзіне де жауап берген жоқ. Оған неге жауап бермедің деп ренжіген де ешкім болмады.
— Өзі дүниеде қырсық, – деп әңгірледі Сағидолла малды әңгіме қылғанда Тоқанды қолымен көрсетіп. – Айтқан сөзіне жауап ала алмайсың. Нанбасаң, қараңдар... Тоқан, әй Тоқан, Тоқан деймін...
Тоқан жауап бермеді.
— Әне, көрдің бе?
— Қой енді, – деді төрде отырған Ботбай Сағидоллаға ұрсып. — Басқа сөзің таусылып қалды ма, нең бар онда? – Содан кейін шайынан бір ұрттап, жанындағы Сүйіндікке қарап. — Ол бір ғаріп, бейшара адам, әйел жоқ, бала жоқ, құдай басқа салғасын қайтсын, – деді даусын ақырындатып.
— Шынында да, жұмбақ жан, – деді Сүйіндік те баяу үнмен бұға сөйлеп. — Ешкіммен араласпайды, сөйлеспейді. Өзінің қайдан келгенін де ешкім білмейді.
— Әйтеуір, бейнетқор кісі. Көктемде бөгетті бекіткенде осыдан үлкең еңбек еткен ешкім болған жоқ. Тастай суда, шіркін–ай, жалаң аяқ жүрді – ау! Өлермен екен.
Тоқан өзі жайлы айтылып жатқан әңгімеге түсінбейтіндей, төмен қарап отырып, екі–үш кесе шай ішті де, алдындағы майлы бауырсақтан қалтасына қос уыстай салып алып, жұрттың «отыр» дегеніне қарамастан:
— Алла риза болсын! – деп шығып кетті.
— Әлгі ренжіп кетті–ау! – деді Асқар қынжылып.
— Ойбай, Асеке, текке әуре болмаңыз, – деді Сағидолла. — Мен білем ғой оны. Өзінің әдеті осы. Екі кесе шай ішкен соң, байласаң, отырмайды.
Осы кезде қайдағы – жайдағыны қозғамаса, отыра алмайтын Күндербек:
— Тоқан кезінде бай болыпты дейді ғой, – деді тақиясын қозғап қойып.
Күндербектің жымысқы қалжыңына үйреніп қалғандар әлгі сөзді мазақ екен деп ду күлді.
— Әзілден тыс, – деді ол жан–жағына ренжігендей түрмен қарап. — Мен естігенімді айтып отырмын. Кәдімгі құл ұстаған бай болыпты дейді.
— Кетші, – деді селкілдей күлген Сағидолла қолын сілтеп. — Өтірік айтпасаң, ішің жарыла ма? Қайдағы бай, қайдағы құл? Тоқан бай деген сөздің мағынасына да түсінбейді.
Күндербектің «депті – мыс» сөзі далада қалды.
Тоқанның Арқа бойындағы ақшамен самаурын қайнатқан аса ірі байлардың бірі болғаның, 1916 жылы үкімет мүшелігіне сайланғанын, ұлы конфескеге бірінші ілігіп, осы аймаққа жер ауып келгенін ешкім білгісі келмеді.
Ботбай қою шайды рақаттана ұрттап қойып, астық налогынан қалай құтылғанын ала тайыншасын қанша пұт астыққа айырбастағанын әңгіме қылды. Налог бұл күнде Ақшоқы бойында әркімнің көкейінен кетпейтін бір–бір шаруасына айналған. Ол жайлы әңгімеге араласпайтын адам жоқ.
Жақында ғана Жарбөгеттегі қайындарына барып келген Қалыбай:
— Налөкті тағы да көбейтетін көрінеді, – деді жанында отырғандарға құпиялап.
— Мынау тағы нені шығарды?
— Түк те шығарып отырғам жоқ, – деді Қалыбай. — Сенбесең, ойдағы елге барып кел. Ит терісі мен мысық терісін тапсыру керек көрінеді.
— Тек!
— Оны қайдан табамыз?
Қалыбай аяқ астынан кергіп, әлгінің бәрі өзіне төленетіндей:
— Онда менің шаруам жоқ, – деді басын шайқап. — Оны өзің білесің.
Алғашқы әңгімеде қолдау таба алмаған Күндербек тақиясын жылжытып қойып:
— Жылан терісі мен ақ сағызға да жоспар бар көрінеді, – деді көзі күлімдеп.
— Кет әрі!
— Жылан асырап отырған біреу бардай...
— Ендігі жетпей тұрғаны сағыз теріп қаңғып кету еді.
— О, қойшы, тәйірі, – деп Шәйкемел күліп жіберді. — Осы–ақ қылжақтамаса, жүре алмайды.
— Күндербекті сөйлетіп қойсаң одан да сорақысын шығарады.
— Комуна құрылатын бопты деген не сөз?
— Ол рас.
Мал мүлік, түп–түгел ортаға түседі дейді. Тамақты бір жерден ішетін көрінеді.
— Ау, артель болып көріп ек қой. Жиған–тергеніміз түп–түгел ортаға түспейтін шығар.
— Түскенде қандай, ештеңе де қалмайды.
— Неге қалмайды?
— Қалмайды.
— Неге, бәтір – ау?
— Қалмайды.
— Неге, бәтір – ау?
— Қалмайды! – Қалыбайдікі текке ерегіс болып шықты, кім не десе де, «қалмайдыдан» басқа сөз айтпады.
— «Аға, шай алыңыз», – деген кесе тасушы балаға да:
— Қалмайды! – деп жекіп тастады.
Күндербек тағы да миығынан жымиып, тақиясын бір қозғап қойып:
— Қалыбайдың обалы не, естігенін айтып отыр, – деді байсалды үнмен. — Естігеніңді айта берсең, одан да сорақысы бар. – Күндербек жанында отырған Ербатырдың құлағына бірдеңе деп сыбырлап еді, анау үріккен жылқыдай шошынып, «сұмдық – ай» деп, жағасын ұстап, өзімен–өзі әлек болып кетті.
— Ay, мынаған не істеп қойдың, айтсаңшы бәрімізге, – деген жұртқа Күндербек қашыртып:.
— Қой, жай әңгіме болу керек, жастар отыр, ыңғайсыз болар, – деп жолатпады. Жұрт қыстап болмаған соң, тағы біреуінің құлағына сыбырлап еді, ол алдыңғыдан да жаман шоршып, жалғыз өзі у–шу болып, елді аң–таң қылды.
Ақыры әбден ынтыққан жұрт Күндербекке құпиясын айтқызбасқа қоймады.
Күндербек миығынан жымиғанын қойып:
— Әйелдерді де ортаға салады екен деген сыбыс бар көрінеді, – деді түсін суытып. – Әйтеуір, өтірік болғай.
— Бос сөз! – деді қатар отырған Қаратай қолын сілтеп. — Әшейін өсек таратып жүргендердің сөзі.
Әңгімені төрде отырғандардың да құлағы шалды.
— Әй, Күндербек! – деп ауылнай шаңқ етті. – Доғар анадағы сөзіңді! Елге теріс үгіт таратқаның үшін, не болатыныңды білесің бе, а? Аяғың көктен келеді.
Үй іші бір сәт тым–тырыс болды. Кенет босағада отырған шұбар бет Қотыр:
— Әкеңнің көрі, не боса, о босын, қатын ортақ болса екен, – деді басындағы тері тұмағын алдына атып ұрып.
— Ой, найсап! – деген Ботбайдың сөзін жұрттың күлкісі көміп кетті.
— Қотырдың несі кетіп бара жатыр.
— Қайтсын енді...
— Қатын керек болса, енді тезірек колхозға кір.
— Ал, немене, мен адам емеспін бе? – деп Қотыр өзеуреп шыға келді. — Мен де адаммын. Маған да қатын керек.
Қотыр өмір бойы кісі есігінде жүрген жалғыз басты жалшы. Әкесі де, әкесінің әкесі де жалшы болған деседі. Атының кім екенін қазір өзі де білмейді. Бетіндегі қорасан дағына қарап, жұрттың бәрі Қотыр деп кеткен. Отыздың толық ішіне енген, сығырайған шегіркөзді, мұрны батыңқы, аласа кісі. Бет аузында емге түк жоқ, тек екі құлағынан ербиіп шығып тұрған ерсі жүндер адамның еріксіз күлкісін келтіргендей. Қотырдың келеке, мазаққа еті үйренген – ыржиып күледі де қояды.
Жұрт бір–біріне басу айтып жатыр.
— Әй, қойыңдар енді.
— Ay, кім, сен қойшы, сен қойсаң қояды ол да...
Бірақ ешкім қоймады. Әркім Қотырды өз әйелінің жанынан көргендей, жан–жақтан жабылып, арадай талады.
— О, албасты, мәжнүн...
— Жынды.
— Жарымес.
— Мынау құртты – ау бәрімізді...
Жұрт әрең дегенде Қотырдан құтылғандай болып, сабасына түскен кезде, Күндербек Батбақдала жақта біреудің өз қызын ұзатқаны үшін, сотқа тартылып, түрмеде жатқанын айтып, тағы бір өсектің шетін шығарды.
— Осының – ақ ойлап таппайтын бәлесі жоқ. Сонда немене, қызымызды үйде отырғызып қоюымыз керек пе? Сандалып, әншейін... – деп қызын ұзатуға дайындалып жүрген Мұқаш Күндербекке дүрсе қоя берді.
— Оны маған айтпа, қызыңа айт, – деді Күндербек. — «Әкем зорлап ұзатты» деп, арыз берген қыздың өзі көрінеді.
— Сосын қайтіпті?
— Қайтсын, әкесін түрмеге алып, қызды сүйгеніне қосыпты.
Қорқып кеткен Мұқаш көмек сұрағандай, алақтап жан–жағына қарады.
— Ұзатып жіберген жерінен бе?
— Иә, иә.
— О, худауанда.
— «Зорлап ұзатқаны рас шығар», «Сүйгеніне қосса, жаман ба», – деп қызды жақтамақ болған жастар жағына Тауман ақсақал зекіп тастады.
— «Сүю» деген қайдан шыққан бәле? – деді ол маңайына ажырая қарап. – Ата–ананың ризашылығымен құтты жеріне қону деген бар. Бала сүю деген бар. Атаң қазақ әлімсақтан бері осы салтпен келе жатыр. – Тауман ақсақал салып жіберетіндей болып, таяғымен алдында отырған бір–екі жігітті иықтарынан түртіп қалды. – Сенің де, сенің де әке–шешең осы салтпен үй болған. Немене содан бір жерің қисық боп туды ма? О, несі ей?..
— Ойбай–ау, енді махаббат деген бар емес пе? – деп қынжылды таяқпен түртілгеннің бірі.
— Ой, махаббатыңның ішін... – деді Тауман ереуілдеп. – Ертең өзің қыз ұзатқанда көрермін, айтқан тіліңді алмай жерге қаратып кетіп жатса. Жаңағы ақылы бір тұтам, шөп желке бетпақ... немене еді әлгі... ия, жаңағы махаббатыңның не екенін «біле ме екен? Ой, әдірем қал! Әдірем қал Махаббатыңның ішін...
Шайдың дастарқаны жиылып, төрдегілер іргедегі жастыққа қисайып, аяқтарын жаза бастаған кезде, белгілі әнші Әбдіғаппар қолына домбыра алды.
— Ой, бәрекелді!
— Иә, манадан бері босқа мылжыңдағанша...
Төрде шалқайып жатқандар бастарын қайтадан көтеріп алды.
— Әнеукүнгі айтқан өлеңіңді айтшы, – деп шулады жастар жағы.
— Тек, құдай сақтай гөр, әнеугүнгі деген не сұмдық! – деп шошынған болды Әбдіғаппар көзін алақ–жұлақ еткізіп.
Әбдіғаппар атаққа шыққан сайқымазақ, әрі әнші жігіт. Біреудің сөзін, біреудің қимылын салып, күлдірмесе жүре алмайды. Комсомолдар қойған өткен жолғы ойын–сауықта Дәуітбайдың тоқалымен айтысы дегенді ойлап тауып, бүкіл жұрттың ішек–сілесін қатырыпты. Соңында Дәуітбай болып бақырып жылағанда, туған інісі Сауытбай да шыдай алмай күліп жіберген екен, содан бері Дәуітбай: «Жұрттың алдында жер қылдың», – деп інісімен араз көрінеді.
Әбдіғаппар домбыраны безілдетіп бір шама отырды да, шанағын бір–екі шертіп – шертіп жіберіп, термеге басты.
«Қу дүние, келеріңде бұлақтайсың.
Сырғыған кетеріңде сынаптайсың,
Жанына жақсылардың аялдамай,
Па, шіркін, қайда барып тұрақтайсың?..»
Ән естуге жиналған кемпірлер, қатындар сығылысып босаға жаққа отырды да, сыймағандары табалдырықтың ар жағына жайғасты. Жастау келіншек қыңқылдай берген баласына кейіп: «Жетпегір, тыңдатамысың жоқ па?» – деп ерсілеу дауыспен жекіп тастады да, қыңқыл үдей берген соң, тағы бір қарғап алып, омырауын ағытып, сиырдың желініндей емшегімен баланың аузын бастыра салды.
Әбдіғаппар термесін аяқтап, домбырасын қайта бұрап алып, қиссаға көшті.
— Ет піскенше әлі көп бар, мынауың тіпті дұрыс болды–ау, – деп жұрт көңілденіп қалды.
«Әкесі жасырғанмен Мамырды ер ғып
Қалқаманжас күнінен біледі екен.
Құдайдан Мамыр қызды кездестір деп,
Сорлы жас арманда боп жүреді екен».
Кемпірлер Тамсанып бір–біріне қарасты.
— Әріректе өстіп ғашық болатындар болыпты дейді ғой.
— А – а – а! Рас шығар. Болмаса өстіп өлеңге айналдыра ма?
Әбдіғаппар қисса айтудың шебері. Өлеңнің сөзін, жүз құбылтып, әр түрлі мақамға салып, кей жерінде көзін қысып, бетін тыржаңдатып, сөз арасына кейбір келіншектердің атын қыстырып, домбырасын қақпақылдап, әйтеуір, тыңдаушысын жалықтырмайды. Бірақ қисса өте ұзақ – ет пісірім уақытқа созылды. Оның үстіне талай естіп, құлағы үйренгендер біраз тыңдағаннан кейін, жастыққа қайта қисайып, ұйқыға кіріседі.
— Ой, бүйтіп өлең тыңдағандарың құрсын!!! – деді Ботпай қорылға кіріскен Сүйінқараны ырғап. – Ау, үйді басыңа көтеріп, тыңдатпадың ғой, тегі.
Сүйінқара шошып оянып, енді аяғына дейін тыңдайтындай түйіліп, зер салғандай болып отырды да, қайтадан қалғып кетті.
— Қайтсын, жұмыстан шаршап келеді ғой, – деді Асқар шақшасының тығынын ағытып жатып»
«Көкеней тағы бітпей жатып алды,
Үш жылдай бітім болмай, жұрт сандалды.
«Қалқаман мен Мамырдың дауындай» деп,
Бұл елде мақал болып сонан қалды».
Есік жақта күні бойы ешкіммен тілдеспей, анда–санда ішінен күбірлеп, өзімен–өзі болып отырған жынды Қамза, кенет айтып жатқан өлеңнің не туралы екеніне жаңа түсінгендей, жақ еттері жыбырлап, шүңірек өткір көздері шатынап, Әбдіғаппар тесіле қарады.
— Мына бейшараның ауруы қозып отыр ма, түрін қарашы, қандай жаман! – деді келіншектердің бірі үрейленіп.
Қамза құйрығымен жылжып, сығылыса, Әбдіғаппарға жақындай түсті.
— Сорлы – ау, қайда барасың, естімей отырсың ба? – деп Қамидолла Қамзаны кеудесінен итерді.
— Кет! – деді әлдекім итке жекігендей.
Құлағы мүкіс Тарғын шал жанында отырған адамға маза бермей: «Не дейді, Қалқаман Мамырды алып қашты ма?», «Мамыр үйіне келем дей ме?.. Дұрыс қой енді, ата–ананың батасын алмаған соң, бола ма?» – деп күбірлеп сөйлеумен отыр.
Ақыры Әбдіғаппар өлеңнің мақамын өзгертіп, өте бір азарлы үнге ауысқан кезде, жұрт бірін–бірі жұлқылап оята бастады. Оянғандар жөппелдемеде ештеңеге түсінбей, көздері қып–қызыл болып, ұйқысырап:
— Немене, Мамырды өлтірді ме? – деп сұрап, зарлы әннің соңынан «Мамыр – ай» деген қайырмасын естігенде, енді бұдан әрі бейжай тыңдауға болмайтындай, түстерін суытып, бешпенттерінің өңірлерін қаусырынып, жинақталып отырды.
«Арманда оққа ұшып өліп кетті,
Жалғаннан жаным сүйген менің жарым,
Жүрмеймін бұл арада енді кетем,
Қош боп тұр енді бақи, құрбыларым».
Мұны айтып, қамшы басып күрең атқа.
Қалқаман жеткізбепті жамағатқа...»
Қисса бітті.
Есік жақтағы әйелдердің бірі қорс етіп жаулығының ұшын бетіне басты. Көздеріндегі жасты көрсеткісі келмегендер төмен қарап тұқжия түседі. Жаулығы қарқарадай қара кемпір жылаған келіншекті тізесінен нұқып қалды.
— Сен қатынға не жоқ, барқылдап? Байың қасыңда емес пе!?
Қиссаның әсерімен тұнжырап, мұңайған жұрт кемпірдің қалжыңынан кейін серпіліп сала берді.
— Жаңағыны айтқан қайсы? – деп сұрады Тарғын шал. – Биғатша емес пе?
— Сол ғой.
— Бәсе, – деді Тарғын Биғатшаның сөзінен бұрын өзінің дәл тартқанына риза болып.
Осы кезде жұртты үркіткен бір оқиға болды. Әлденеге мазасы кетіп отырған жынды Қамза:
— Өтірік! – деп кенет айқай салды, сексеуіл секілді күс–күс саусағымен Әбдіғаппарды көрсетіп. — Өтірік!
Қамзаның ауру екенін білетін жұрт тіксініп, үндемей қалды.
— Өтірік! – деді Қамза тағы да ышқына айқайлап. – Қалқаман өлген. Оқ оның тура жүрегінен тиген. Мен өз көзіммен көрдім...
— Бейшара! – деді әлдекім аяп.
— Шығарып жіберіңдерші.
Әңгі Сағидолла Қамзаны лақша көтеріп алып, далаға шығып кетті. Сыртта Қамзаның қыдығы келген бала құсап, шықылықтап күлген дыбысы естілді.
— Өтірік, өтірік, – дейді өзінен–өзі мәз болып.
— Апыр–ай, бекер шығардыңдар – ау, – деп Асқар әлдеқалай ыңғайсызданған түрмен. – Кісіге зияны жоқ жан ғой. Кірсінші үйге. Сағидолла – ай, кіргізші үйге, дәм ішсін.
Қамза қайтып үйге кірмеді. Аулақта ат байлау үшін ортан белінен жерге көмілген арбаның доңғалағына құйрығын қойып, домбыра тартып отырған адамша қимыл жасап, биік қоңыр үнмен:
— Қызы едің Ақтентектің Ажар атың,
Ешкімнен кейін емес салтанатың.
Алыстан ат терлетіп келіп едім,
Жүр ме екен аман есен перизатым? –
деп әндетті.
Үйде отырғандар сырттағы әнге қайран қалды.
— Мынау кім, жаным – ау?
— Қамза ғой, – деді Сағидолла.
— Апыр–ай, мынаның үні қандай ғажап еді!
— Не дейді?! Кезінде сері болған Қамза емес пе?
— Шіркін, ауырмай тұрғанда жігіттің төресі еді ғой, – деді әлдекім күрсініп.
Қамза өткір сазды үнмен жеті түнді сілкіндіріп, әннің бірінен соң бірін тоғытты.
— Кісіге зияны жоғы рас, – деді Сағидолла сонысына өзінің риза екенін білдіре, төңірегіне басын изей қарап. – Бірақ құрғырдың молаға түнейтіні жаман.
— Қойшы!
— Құдай біледі, өз көзіммен көрдім.
Үйдегі қонақтар дәм ішіп болып, інісінің келуіне осындай үлкен той жасаған Асқарға баталарын беріп, «ал көбейейікпен» у–шу боп сыртқа шыққанда Қамза да әнін доғарып, жұртқа қосылды. Сол дүрмекпен біраз жерге дейін барып, жұрттың бәрі үйді–үйіне кіріп тарап кеткенде, жападан–жалғыз ауылды кезіп, ұзақ жүрді де, бақташы Ерсейіттің үйіне келіп, қостың іргесіндегі тулаққа қисая кетті.
Таң алдында Ерсейіттің әйелі Қатира сыртқа шығып, далада жатқан Қамзаны көріп:
— Байғұс – ай! – деп үстіне есік алдындағы бір шоқпытты жаба салды.
Өмір деген асты ойран боп жатса да, беті күлген ағын судай алдамшы бір нәрсе ғой. Қатира мен Қамзаның бір кезде Қалқаман мен Мамырдай ғашық жандар болғанын бұл күнде тірі пенде мойындамас еді. Тіпті Қатираның өзіне де әшейін бұлдыр елес секілді боп көрінеді. Әсері жоқ. Одан бері не заман!
* * *
— Олар – Кенжетай ғой. Шешеміз өлген соң, Мырзекең нағашыларына кеткен – жастай бөлек өстік. Сол жақтан Қалаған жеңешемді алып келді. Күн көрістің қиын кезі, ағайынның бір–біріне қарасуға шамасы жоқ. Соның алдында үлкен жұт болған. Мырзекең келіншек алып келіп, Қабылбектің қыстауына кіріпті дегенді Сатыбалдының үйінде ауырып жатып естідім. Байғұстар несіне келді екен, күн көре алмай өледі ғой деп ойлаймын. – Жолдың суға жақындаған тұсында жалбыз иісі аңқып қоя берді. Әлдеқайдан су сабалаған құс қанатының дыбысы естілді де, қайтадан тыныштық орнады. Бақалар үні ұйқыдағы табиғаттың бірқалыпты қорылы секілді. Асқар артына бұрылып Қарасу жақтағы қарауытқан қыстауларға қарады. – Сатыбалдының үйі анау бір маңда болатын, – деп бұрылып ілгері аяңдады. – Екіндінің кезі. Мен ауыз үйде тулақтың үстінде жатырмын мешел болып, аяғымды баса алмаймын. Үстіме жамылғаным – жыртық–жыртық ескі шапан. Кенет, – деп Асқар өзі күтпеген бір оқиғаның болғанын білдіре, аңтарылып тұрып қалды. Бәйтен мен Есімбек те тоқтады – Кенет бір жас келіншек үйге кіріп келді. Танымаймын. Кіріп келді де: «Осы үйде Асқар деген бала бар ма?» – деді. «Мен ғой» деймін баяғы. «Ойбұй, ұл – ау, атыңды атап қойдым – ау. Мен жеңгең боламын, атым Қалаған», – деп келіншек қасыма жүгіріп келді. Жеңешемді тұңғыш көруім. Бір кезде астымдағы тулақты көріп: «Ойбай–ау, өлмеген нең қалды мынадан?! Осы үйден бір жапырақ көрпе де табылмағаны ма, құдай–ау?!» – деп айғайды салмасын ба әлгі жерде. Жеңешем жасында өткір еді ғой, – деп Асқар «осылар соны біле ме екен» дегендей Бәйтен мен Есімбекке кезек–кезек қарады. – Содан... үйде ешкім жоқ, бәрі сыртта жүрген. «Әйдә, үйге жүр, кеттік», – деді жеңешем. «Ойбай, қалай барам, мешелмін!» «Жоқ, жүресің». Ақыры... Ойпырмай! – Асқар тағы да тоқтай қалды. – Сонау Қарасудан осы жерге дейін мені жаяу арқалап әкелді ғой, – деді даусы құбылып. – Содан үйге кірген соң, отырып алып жыладым. Өйткені өзім де әбден бітуге қалғанмын. – Осы тұста Асқар даусын бекітіп, ілгері жүрді. – Одан оңалып, адам болам деп ойлаған емеспін. «Жылама, – деді жеңешем, – құдай жар болса, бір қасық суды бөліп ішіп, біз де ел қатарына қосылармыз. Неге жылайсың, жылама», – дейді. Жылағанда өлімнен қорқып жылап жатқан жоқ, тарыққанда, жаны ашитын жақынның табылуы көңілді босатады ғой өзі. Содан үйдегі бар іске татырдың бәрін менің асты–үстіме салып беріп, осы Қалаған жеңешем бір жыл қозғалтпай баладай баққан. Е – е – е, татар дәм таусылмаса, басына не келіп, не кетпейді.
Жол жағадан бұрылып қырдағы қыстауларға тіке тартты. Қара шағыр, жусан, ащы кекіренің кермек иісі мұрынға келеді.
Асқар кідіріп, артқа бұрылды да, кейін жүрейік дегендей қолымен келген жақты нұсқады.
— Мінеки, заман басқа, заң басқа, тіпті адам да басқа болып бара жатыр. Таңертеңгі ақыл түске жарамайтын кез ғой, шырақтарым... Менің жасым алпыстың алтауына келді. Алланың бұйрығымен жақсының да, жаманның да дәмін таттым. Қазір көзден нұр, көңілден жігер қайтты. Тілек, мақсат шығындалды. Бірақ бұған ренжуге болмайды. Тіршіліктің заңы солай. Дүниенің тұтқасы болып жүргендердің басынан бақтың қалай тайғанын кезінде талай көрдік... Сондықтан шүкір құдайға. Иә...
Түн тыныштығын бұзып, ауыл шетінен ит үрді. Онысы үлкен сақтықтан гөрі «мен бармын, жатырмын» дегенді ғана білдіргендей, көңіл жықпас, самарқау шықты.
— Бірмағамбеттен туған екеу едік. Сол екеуден – екеуің ғана, – деді Асқар әңгімесін жалғап. – Азсынып отырғам жоқ, бар аман болсын. Менің ендігі қызығым екеуіңнің шаңырақ болғаныңды көру.
Бәйтен мен Есімбек сөз төркініне енді түсінгендей, жымиып бір–біріне қарады.
— Үміт еткен шырағым ең, – деді Асқар Бәйтенге бұрылып. – Оқыдың, адам болдың. Мырзекең марқұм қызығыңды көре алмады. Бірақ анаң тірі. Ол кісінің сенен басқа тілегі жоқ. Айтайын дегенім,.. шешең қартайды. Енді қанша жасарын бір құдай білсін. Шай қайнатып беретін адам керек. Ендігің балалық болады, үйлен. Көздегенің болса оны айтарсың, болмаса, жеңешем екеуміздің де ойлап отырған жерлеріміз бар.
Үйленетіні өзіне қызық болып көрінді ме, Бәйтен әлдеқалай күліп жіберді.
— Есімбек бар емес пе? Соның кезегі ғой. – Ә, мұны үйлендіреміз, – деді Асқар даусын қатайтып. – Мұның ендігі қиқаңын көтере алмаймыз. Айта–айта шаршадық. Жетеді. Енді құда түсіп, өзіміз әпереміз. Сосын енші бөліп, жеке шығарамын. Содан кейін артеліңе кір, егін сал, мал бақ, өз күніңді өзің көр.
Есімбек кінәлі адамдай үндеген жоқ.
Киіз үйдің есігі ашылып іштен жарықпен бірге шыққан әйел бейнесі жаулығы ағараңдап ілгері бір–екі аттап:
— Ау, барсыңдар ма? – деді ақырын айқын үнмен.
— Бармыз, бармыз, – деп асқар жүрісін тездете түсті.
— Төсек салулы тұр. Сусын ішіп жатыңдар енді. — Бикен қараңғыда әлденеге сүрініп:
— Осы үйдің дүниесі – ай, аяқтың астында жататын, – деп, кейи сөйледі.
IV
Бәйтен бала кезінде көп жұмсалмай, шаруаға қырсыздау, нәуетектеу болып өсті. Марқұм әкесі бала жұмсауды кедейліктің белгісі деп намыс көретін, жалғыз ұлын бетінен қақпай, хан ұлындай ақсаусақ етіп өсіруді арман қылушы еді. Қалағанның өзі де бертінге дейін: «Несін айтасың, ана жерден бір сабақ жіп әперші демей–ақ өсірдік – ау қарағымды», – деп, сонысын өзі мақтаныш қылғандай болып отыратын. Бірақ хан ұлына қанша ұқсамақ болғанмен, тұрмыс тапшылығы Бәйтенге өзінің ешқандай көп шаруаның бірі екенін оп–оңай түсіндірді. Әр шаңырақтың өзінің ғана мұң–мұқтажы, өзі ғана көретін рақаты ия бейнеті болатынын білді. Үйдегі азғантай астықтың таусылғанын, шай, қанттан да қарап қалғанын шешесі шай үстінде әңгіме қылғанда:
— Көкемдерден неге алмайсың, – деген Бәйтен.
— Шырағым–ау, қасқырдың бөлтірігі де бір ауызданғаннан кейін, өз күнін өзі көреді, – деді Қалаған әлдеқалай мұңайған түрмен. – Екі туып бір қалса да, кісінің қолына қараған өз несібеңдей қайдан болсын? Енді сен келдің, қашанғы қолымды жая берейін.
Шешесінің мұңайғаны Бәйтенге қамшы болды. Келесі күні–ақ Шөміштегі Смайылдан қарызға бір пұт тары алды. Ауылнайдың рұқсат қағазымен Қарағаштағы дүкеннен бір тақта шай, үш метр сиса әкелгенде, Қалағанның төбесі көкке екі–ақ елі жетпей қалған шығар.
— Азамат болған қарағым – ай! Осы емес пе, құдайдың жеткізгені? Жеткерді деген осы ғой, міне, – деп мәз болып, әсіресе үш метр сисаны қайда сыйдырарын білмеді.
Аузына дамыл жоқ. Баласы оқып келіп, осылай атқа мінбесе, ауылнай жесір кемпірді қайтсін! Шүкір ғой, шүкір!
Бәйтен шаруашылыққа мықтап кірісті. Шаңырақтың күлдіреуішін жөндеп, сөгілген керегені көктеп, сынған уықтарды жалғап, үйді қайта тіккенде, бір жағына қисайып тұрған қараша үй бетіне шыр біткен адамдай дөңгеленіп шыға келді.
Жерошақ басында күйбеңдеп жүрген Қалаған ағаш шауып, шеге қағып, әлденені қайыспен тұғжыңдап отырған ұлының қасынан өткен сайын:
— Шырағым – ай, қолыңды байқашы, бір жеріңді шауып алып жүрерсің, қоя қойшы, – деп бәйек болады.
— Тағы не бар істейтін? – дейді Бәйтен қолынан келмейтін іс жоқ екен. Асқа салатын тұз – бүкіл ауылдың мұқтажы. Тұз әкелетін көл көрші аудан жақта болғандықтан, сонша жердің түбінен тұз тасуға көбінің мойны жар бермейді. Дүйсенбінің сәтіне Бәйтен мен Есімбек тұзға жүрмек болып келісті.
* * *
Таңертеңгі шайдан кейін Есімбек тарантасқа ұқсатып қолдан жасаған шағын жеңіл арбаға бурыл атты жекті. Асқардың кезінде тұтынған әбзелі ұсталмай шаң басып, шіруге қалған екен, бірақ соның өзінде өрнекті күміс шектеулері ажарын жоғалтпай, ат арбаға айрықша әр беріп тұр.
— Ау, мыналарың не? Қызға барасыңдар ма? – деп айғайлады үй сыртынан өтіп бара жатқан Қалампыр.
— Қайдағы қыз? Тұзға, – деп күлді Есімбек ыңыршықтан өткізген көтермені тартып байлап жатып.
Қалампыр өтіп кеткен жерінен қайтып оралды.
— Қарағым – ай, тұзға барам дейсің бе? – деді ауыз – басы сүйреңдеп. – Нансаң өлгелі отырмыз. Бір қапшық беріп жіберейін, біздің үйге де ала келші.
— Ақысына не бересің? – деді Есімбек қылжақтап.
— Кетші әрі! – деді Қалампыр өтірік ашуланып. – Өліп барасың ба? Қатын ал, керек болса.
Есімбек қарқылдап күліп жіберді.
— Ау, мен сенен не сұрадым? – деді ол әлі де күлкісін баса алмай. – Содан басқа ақыға беретін ештеңең жоқ па?
— О, көгермегір! – деп Қалампыр түтіп тастайтын адамдай тұра ұмтылды.
— Жарайды, болды, енді, жеңеше, – деді Есімбек арбаны айналып қашып, – Қапшығының керегі жоқ, бірақ тұз әкеп берейін. Ал ақысына – жолыңнан қалмай үйіңе бара ғой.
— Сүйтші, шырағым, – деді Қалампыр қайта жұмсарып.
Қалампыр кеткен соң, тұзға қапшық берушілер көбейе бастады.
— Мұнша тұз арбаға сыймайды, оны ат та тарта алмайды, келген тұзды жеткенінше бөліп аларсыңдар, – деп Есімбек бар қапшықты иелеріне қайтарып берді.
Сәске шамасында Есімбек ат арбамен Қарасу бойындағы Бәйтеннің үйінің алдына келіп тоқтады.
— Апыр–ау, – деп дауыстады жерошақ басында от көсеп жатқан Қалағанға, – суат басына қашан көшесіңдер? Мына жер әбден қу тақыр болыпты ғой.
— Айналайын, – деді Қалаған Есімбекке емірене қарап, – көшеміз ғой енді, Бәйтенің келді, көшіреді ғой өзі. – Содан кейін кімді айтқаны белгісіз: – Жарығым, әшейін, – деді қазанның астына қайта үңіліп.
Үйден Бәйтен шықты. Үстінде қайырма жаға қоңыр көйлек, бұтында кең балақ қара шалбар.
— Шалбарыңды бүлдіресің ғой, – деді – Есімбек оның бас–аяғына сынай қарап.
— Барған соң шешіп тастамаймын ба?
— Сонда да... – Есімбек қалайда бір мін табу керек болғандай: – Басына бірдеңе ки, күн ыстық, – деді Бәйтеннің қобыраған шашын иегімен көрсетіп.
Бәйтен басына қатырғы қағаздай сытырлаған сұр қалпағын киді.
— Ойбай–ау кетіп барасыңдар ма? – деді Қалаған. – Сусын ішіңдер үйге кіріп.
Есімбек пен Бәйтен бір–бір кесе ашыған көже ішіп, жолға бір торсық сусын, бір тапа нан алып, арбаға отырды.
Есік пен төрдей көшелі бурыл ат ит бүлкекпен суат тұсынан өтетін қара жолға түскенде, шаруа қамына кірісе бастаған ауыл адамдары ат арбаны танып, жол жүрістің бағытына бал ашып, қауқылдасып қалды.
— Мынауың Асқардың бурылы емес пе?
— Сол ғой, арба да соныкі.
— Тоқтай тұр, бұлар қайда бара жатыр, жаным – ау, таң атпай?
— Арбадағылар кім болды?
— Біреуі Есімбек...
— Қалпақ кигені Бәйтен...
— А – а!.. Ендеше, бұл жүріс тегін болмады, – деп әлдекім күдік білдірді.
— Беттері Суықбұлақ...
— Кім білсін?
— Мұнда бір құпия бар, – деді күдік білдірген кісі.
— Түк те құпия жоқ, – деді жастау біреуі, – Таңертең ат жегіп жатқанда көргем Есімбекті. Тұзға жүргелі отырмын деген.
Ат арба соңғы сөзді растап, Шайтанкөңді айналып, сыртқы жолға түсті. Сыртқы жол Суықбұлаққа да, Қарасуға да соқпай, Төртқұдықтан Бетпақтыға тура тартады. Бетпақты жеке аудан болып бөлінбей тұрғанда, қатынас жиі болатын. Қазір жүргінші аз болған соң, үш ауылдың арасын қосатын жаңа жол салынған. Сондықтан ескі жолға түскен адамның қайда барары белгілі – көрші ауданның өзіне, иә, тұзға.
Ұлы сәскеде жолаушылар Төртқұдықтың табанына ілікті. Дәуітбайлардың бұрынғы жайлауы ғой. Малға сыймай тұрушы еді. Қазір ел жоқ. Киік жыртылып айрылады.
— Біз битейік, – деді Есімбек. – Осы жерден Аманқостың қыстауына апаратын жол шығады. Сәл бұрыстау, бірақ атты суарып, сусын ішіп, бел жазып аламыз. Асығатын не бар?
Қыстауға бұлар түске жақын жетті. Аманқос жалғыз үйдің азарын қанша көрсе де, ескі әдетпен ата – қонысынан шыға алмай отырған момын қазақтың бірі еді. Серіктікке де, артельге де кірген емес. Қимайтындай дәулеті жоқ. Үріккен жылқыдай неге одағайлап жүргені бір өзіне аян.
Жолаушылар жолсызбен төте тартып, қыстау іргесіндегі киіз үйдің өкпе тұсынан шыға келгенде, Аманқос сыртта қатып қалған көнді талқыға салып, жұмсартып отыр екен, ұрлығы ашылған адамдай абдырап, қалбалақтады да қалды.
— Ассалаумағалайкум!
— Әликісалам. Қай баласыңдар? – Аманқос күс–күс алақанымен маңдайын көлегейледі.
— Мынау – Бәйтен, ал мен – Есімбекпін.
Аманқостың жүзі сәл жылығандай болды.
— Е, айналайын, Мырзабектің жалғызы. Ат көлік аман жүрсің бе?.. Осы сен оқып келдің бе?
— Иә, – деді Бәйтен шалдың қолын алып жатып.
— Бәрекелді, қайырлы болсын! Ал үйге кіріңдер. – Айтуын айтса да, осыны неге айттым дегендей, Аманқос сасқалақтап, біресе үйге, біресе жолаушыларға жалтақтап қарай берді.
Бәйтен мен Есімбек аласа есіктен бұға еңкейіп, ішке кіргенде бірінші көргендері – төрде молдасоқынып, есікке шаншыла қарап отырған еңгезердей мұртты кісі. Қос жолаушыдан көзін айырмай, аузын жыбырлатып, сәлемдескен болды. Босағадағы шидің ішінен бірдеңелерді сапырып құйып жатқан кетік тіс әйел де сыбырлай амандасып үйден шығып кетті.
Бәйтен сол қанатқа жайылған көрпенің үстіне жайғасқаннан кейін, төрдегі кісіге тағы бір көз салды. Ол да келгендердің өзіне қарап отырғанын сезіп, ал жарайды, армансыз қарап алыңдар дегендей, жүзін есікке беріп, қыбыр етпей үнсіз отыр. Сазарған аққұба жүзінен ешбір көңіл күйі байқалмайды. Алып күш иесі екенін тұлғасы айтпай танытып тұр. Бірақ жұқалау келген ашаң бет жүзі жаңағы зор денеге үйлеспейді. Тікірейген қияқ мұрты мен шыныдай жылтыраған үлкен шегір көзінде жолбарысқа ұқсайтын бірдеңе бар. Әсіресе шамадан тыс жалпақ салалы қолдары адамның назарын еріксіз өзіне аударады. Алақан еттері тырсиған, саусақтары күректің сабындай әлгі қолдар өз бетінше жаратылған бір жыртқыш хайуан секілді сабырлы да, айбатты көрінеді. Алайда баданадай қалың тырнақтары ақсүйектердің тырнағындай біркелкі, терісі тап–таза – жұмыскер қол емес екені байқалып тұр.
— Қатын – ай, шайыңды қой, – деп Аманқос сырттан дабырлай кірген..
— Шайға қарамаймыз, – деді Есімбек. – Тұзға бара жатыр ек. Бүгін оралуымыз керек.
— Әй, онда сусын әкел, шай ішпейміз дейді, – деп айқайлады Аманқос даладағы әйеліне. Содан кейін келген жолаушыларды төрдегі қонаққа таныстыра бастады. Бірақ қонақтарың кім екенін айтпады.
«Осылардан тезірек құтылайыншы» дегендей іле–шала кетік әйел шараға сусын құйып әкелді.
Екі кесе қымыздан кейін төрдегі кісі:
— Мен бір шеттен келген кісімін, – деді денесіне сай қарлығыңқы зор үнмен.
— Көптен көрмеген жиенім еді, іште тұратын өзімнің жиенім ғой, – деді Аманқос әлдекім сенбей тұрғандай өзін куәлікке тарта сөйледі.
Ауылдағы әр түрлі жаңалықтар, колхоз хабары, астық, алым–салық жайлары сөз болды. Әңгімеге анда–санда бір қыстырылып отырған төрдегі жиеннің сөз саптасынан, қарапайым көп қазақтың бірі емес, әжептәуір сауаты бар адам екені сезіледі. Бұл кім сонда?
Кенет ол жолаушылардың өзіне тым назар аударып отырғанын байқап, «болды енді, доғарыңдар қарауды» деген адамша алара қарағанда, көзінде құтырған аңның жанарындай ессіз өшпенділік ойнады.
— Ал жақсы, – деп жолаушылар қол жайып орындарынан тұрды.
Төрдегі кісі үнсіз қалды.
Бұлар апыл–құпыл аттарын суарып, арбаға отырып, желе жортып, жалғыз үй қыстаудан қозы көш жер ұзап шыққанда барып, әлгінде қабаған иттің жанында отырған секілді бір сезімнен бірте–бірте айыққандай болды.
— Бұл кім? – деді Бәйтен Есімбекке қарап.
— Тіпті білмеймін.
— Аты–жөнін де айтпай қойды ғой.
— Үкіметтің құрығынан қашқан біреу шығар... Түсі қалай суық кәпірдің!
— Тұлғасы да келіскен екен! Апыр–ай...
— Бір саусағының өзі менің екі саусағымнан жуан шығар, – Есімбек өзінің екі саусағын қосып, көзімен өлшегендей болды.
Күн бесінге еңкейгенде шыжғырған күннің аптабы саябырлап, алда қоңыр самал есті. Төңіректің бәрін дірілдетіп көк теңізге айналдырған сағым буы да басылып, көкжиек айқын көрінді. Бірте–бірте жер де өзгеріп, көкпекті жазық беткей таусылып, қыз емшек құм төбелер басталады.
— Көрші ауданның жеріне келдік, – деді Есімбек. – Енді аз қалды.
Көп ұзамай жерге жайған жаулықтай ағарып тұзды көл көрінді. Ортасындағы шағын көк айдын үлкен мұз ойық секілді дөңгеленіп тұр. Мұнда талай келіп жүрген Есімбек:
— Тұзды не де болса, аяқ асты болмаған жерден алайық, – деп жолсызбен тіке тартты.
Бурыл ат аппақ тұзды қаршылдата басып, айдынға қарай жүргенде, Бәйтен қауіптеніп:
— Мынауыңның бір жері түсіп кетіп жүрмей ме? – деген.
Есімбек қарқылдап күліп жіберді.
— Не дейді? Бұл кәдімгі көлдің түбі емес пе, суы сарқылып тұзы ғана қалған.
Арба ізінен қарайып су білініп, ат шашасынан бата бастағанда, Есімбек «др–р–р» деп ақ қардай күнге шағылысқан тұздың үстіне күрп етіп қарғып түсті.
— Кәне, қапшықтарды әпер, – Есімбек аяғындағы етігін сыпырып алды. – Аяғыңды шеш. Жақсы болады. Шуашың бар ма еді?
— Жо–ға...
Бәйтен көктемгі босаған қарды басқандай жалаң аяқ ізінен су шығарып, Есімбектің қасына келді де, жиегін қызыл жіппен тіккен ала қаптың аузын ашты.
Есімбек тұзды күрекпен алып, суын сорғытып қапқа сала бастады. Бес қапты орталап, аузын буғаннан кейін, екеулеп арбаға салды. Арбаның доңғалағы сықырлап тұзға бата түскендей болды.
Есімбек делебені қозғап қалды:
— Шу, шу!
Бурыл ат алғашқы дағдымен ұмтыла берді де, арбаны қозғай алмай, тоқтап қалып, неге олай болғанына түсінбей, құлағын таңырқай қайшылап, қайта шегінді де, қаз мойынданып, шірене тартып, ілгері жылжып кетті. Жағаға шыққан соң, екеуі демдерін алып сусын ішті, аттың басын қара жолға бұрып, делебені қағып қойып, арбаның үстінде отырып нан жеді.
Күн екіндіге ауды. Төңірек мұнартып, аспанды қазбауыр бұлт басты. Арттан соққан жел қатайып, жолаушының өзінің шаңын өз көзіне тықты.
Аршалының тұсында бұлар үстінде түйе жүн шекпені бар, қолына таяқ ұстаған жаяу адамды қуып жетті.
— Уа, қай баласыңдар? – деп елулерден жаңа асқан шоқша сақалды, бадырақ көз кісі бұларға жақындай түсті. – Көтек, Есімбекпісің?.. Дені сау ма? – деді де: – Піштірілмеген орыс құсап отырған мынауың кім? – деп Бәйтенге төнді.
— Мен Мырзабектің баласы Бәйтенмін.
— М – м! – деді мұртты кісі тісі ауырған адамдай оқыс бір үн шығарып. – Мені құдай атты. Өзіміздің Мырзабектің бе? Ойбай, мына қара, қартайды деген осы.
Бәйтен Жамантайдың Сақаның бала кезінде көрген. Бірақ түрін ұмытыпты. Ол кезде сақалы да жоқ болатын. Атақты сайқымазақ, қу тілді адам ғой. Аузы аузына жұқпайды. Бұлар бірдеңе сұрағанша, жауап беріп үлгереді.
— Қазір мына Қоғалыда тұрам ғой, – деді ол тұратын жағына алара қарап. – Жеке аудан болып бөлінгелі қатынауымыз сирек. Қарасуда тұратын қарындасым қызын ұзатам деп, шақыртқан екен, соған келе жатырмын. Иә... Екі аяқтан басқа көлік жоқ. Артельдің көлігі мен түгілі, өзіне жетпейді... Күн кешкіріп кеткен соң, ана төбенің ар жағында бір төлеу отырушы еді, соған бұрылсам ба деп келе жатқанмын. Сендердің кездескендерің қандай жақсы болды, құдай тілеулеріңді бергірлер – ай!
— Біз Қарасуға соқпаймыз ғой, – деді Есімбек делебені қағып қалып. — Мына ескі жолмен кетеміз.
— Ай, қарағым – ай! – деп Сақан сұмдық бірдеңе естігендей жағасын ұстады. — Сен Асқардан туған ұл болсаң, бұлай деуге тиіс емессің. Ескі жол деген не бәле, жаңа жол тұрғанда? Екеуінің алыс–жақыны бірдей... Қарауға соғып мені тастап кетсең, батамды беремін. Одан сенің нең кетеді.
— Жарайды, жарайды, – деді Есімбек Сақанның осынша таусылып сөйлегенін қызық көргендей. — Әуелдегі ойымыз сол болатын. Сіз апарып таста десеңіз, қайда болса да, апарайық, тек ренжи көрмеңіз.
— Алла сақтасын! – деп Сақан тағы да шошына сөйледі. — Түк те ренжіп отырғам жоқ, қалқам. Рақмет сыйлағаныңа, бақытты бол!
Сақан ауылға апаратын көлік табылған соң, көңілденіп сала берді. Қалтасынан шақшасын алып, насыбай атты да, сөйлемесе отыра алмайтындай, жұлқынып, әңгімеге кірісіп кетті. Өзі өте тез сөйлейді екен, арғы–бергі тарихты қазір де асты–үстіне шығарды. Шежірені өлеңмен таратты. Қайдағы бір замандастары жайлы, олардың жаңғалақ мінездері мен бозбалалық әрекеттері, олардан өзінің көрген азары, өзінен олардың көрген қорлықтары тәрізді адам сеніп болмайтын бір хикаяларды қарша боратты. Және солардың бәрі осы қазір болып жатқандай, жанындағыларға аң–таң болып, ажырая қарап, көктен түскендей аяқ астынан өзінен–өзі көшеленіп, жүзін де, даусын да мың құбылтып, Бәйтен мен Есімбектің ішегін қатырды.
Сақаның өзі күлмейді екен. Екі жігіттің есін жиып болғанын күтіп отырады да, аң–таң болған адамдай үкі көзденіп алып, әлгі бір еңкей Қожанасырдан тұратын әңгімесін қайта бастайды.
Есімбек тізгінге ие бола алмай, күлкіден екі бүктеліп жатып қалғанда, бурыл ат «мыналардың дені сау ма» дегендей мазасызданып құлағын қайшылайды.
Бірте–бірте ымырт байланды. Аспандағы мұнар бұлттың арасынан ай сәулесі шымылдықтың ар жағындағы соқыр шырақтай өлімсірей жылтырайды. Қарауытқан қырқа – қырқалармен бірге жол бойындағы ат арба да түн құшағына бірте–бірте сүңги берді.
Әңгімені қиса айтқандай бірінен соң бірін тоғытып отырған Сақан кенет:
— М–м–м! – деді бір бәленің болғанын білдіре санын сарт еткізіп. — Құдай қара бастырды. Жолдан шығып кетіппіз.
Бұлар әңгімеге мәз болып отырғанда, ат көлденең жолдың біріне түсіп кетіпті.
— Енді кейін жүрсек, тіпті адасамыз. Бұл жердің көлденең жолы көп. Не де болса ілгері тарттық. Ал бурыл ат бас аяғыңды! – деп Сақан Есімбектің қолындағы делбені қабаттасып қағып–қағып қалды.
Бұл кезде бурыл ат біршама болдыра бастаған–ды. Әзіл көтермейтін адамдай кейісті турмен басын кегжең еткізді.
Түн қараңғысы әбден қоюланып, жер бедері бұрынғыдан да жаттана бөгделене түсті. Енді жол қуалап жүре бергеннен басқа амал да жоқ. Бағыт–бағдар белгісіз.
Сақан әлдеқалай бір құрбысын боқтап:
— Бақа көзденген албасты неменің әңгімесін қайдан айта қойып ем. Соны аузыма алсам, бір бәлеге ұшыраймын, – деді түнекке тесіле қарап.
Түн ортасы – ау деген шамада алдан иттердің үрген даусы естілді де, көп ұзамай ақ көбік болып терлеген бурыл ат айналасын шыммен қоршап тастаған ескі қыстаудың қақпасына келіп басын тіреді.
Терезеден жарық білінеді.
Шаршаған жолаушылар кирелеңдеп арбадан түсті.
— Құдая тоба, қайдан шыққанбыз? Мынау қайдағы қыстау? – дейді Сақан мұқауды білмейтін сайқымазақ үнмен.
Есік жабық екен. Сақан қолындағы таяғымен екі–үш рет қаққан болды. Ешкім жоқ. Сақан есікті жұдырығымен қатты–қатты соғып қалды. Әлден соң ар жақтан аяқ дыбысы, содан кейін:
— Уа, бұл кім? – деген қарт кісінің үні естілді.
— Құдайы қонақпыз.
— Қонақ болсаң қайтейін. Жолаушы күтер жайымыз жоқ. Қондыра алмаймыз.
— Ойбай, үлкен әкім келіп тұр. Ашсаңшы есігіңді, тілге келейік.
— Әкім түгіл, құдай келсе де ашпаймын, жолдарың, әне.
Үй иесінің әкіммен қаны қас екені сезіліп тұр.
Жолаушылар сасайын деді. Мынау кім өзі, біздің елде осындай адамдар бар ма еді дегендей, бір–біріне қарайды.
— Отағасы, – деді Сақан даусын жұмсартып, – біз адасқан жолаушылар едік. Айыпқа бұйырма. Қазақша үйіңе кіріп, тіземізді бүгейік, сосын отырмай жүріп кетерміз.
Отағасы сәл ойланды да, бұларды кез келген уақытта үйінен қуып шыға алатынына сенімді үнмен:
— Кіріңдер, – деді есікті сықырлата ашып.
Отағасы алпыстың қалың ортасына кірген ұзын бойлы ширақ шал екен, қонақтарға отыр да деместен, пеш түбіндегі күпі жайылған төсегіне қисая кетті. Үй іші әлі жатпапты. Жүдеулеу бала көтерген толық келіншек пен он төрт – он бес шамасындағы балғын денелі ер бала келгендердің бетіне бұрылып та қарамастан, сәлем–сауқатсыз түпкі бөлмеге кіріп кетті.
Бөлмедегі ескі жиһаздар мен төсеніштер бұл үйдің қазір әлім–берім күнкөрісте болғанымен, кезінде үлкен дәулеттің дәмін татқан шаңырақ екенін білдіріп тұр.
Үй иесінде үн жоқ. «Маған сендердің кім екендерің соқыр тиынға керегі жоқ, қажет боп тұрса, өздерің айтыңдар» дегендей жастыққа белін тіреп, күпісіне қымтана түседі.
Сақан сайқымазақтанар кезінде арқаланып алатын әдетімен көзін алақ–жұлақ еткізіп:
— Апыр–ай, жаңағы бала сырқаттанып жүрген жоқ па? – деді шалдың аяқ жағында отырған кемпірге қарап.
— Сырқаттанып жүр, – деді кемпір мұрнынан сөйлеп. — Іші ауыра ма, шалқалап жылай береді.
— Ай, бәйбіше, әкел баланы бері қарай! – деді Сақан әмір ете. — Сәті алладан, мен қарап көрейін.
— Қарағым – ай! – деп бәйбіше абдырап қалды. — Қырықтың бірі қыдыр деп, себесіні тиер ме екен. Жұмабике – ай, әкелші баланы.
Толық келіншек жылап – жылап тынышталған кішкене баланы көрпеге орап алып келді. Сақан түріне бір түрлі құпия рең беріп, баланың ішін, кеудесін басып көрді де:
— Шырағым, бес тиын бақыр әкеле қойшы, – деді одан сайын құпия жүзденіп. Түпкі бөлмеге қайта кірген келіншек, жиырма тиын күміс алып шығып:
— Бақыр таба алмадым, – деді айыпты жүзбен.
— Оқасы жоқ, шырағым. Кәнеки...
Сақан баланың қарынын жалаңаштап, жиырма тиын күмісті етіне батыра, екі–үш рет бұрағандай болып еді, бала қыңқ деп жылаған жоқ.
— Жарайды, апара ғой енді, – деді Сақан күміс тиынды келіншекке қайтарып жатып. – Қолым тисе, тағы бірде соғып, бұрап берермін. Алла сәтін салса, жазылып кетер. Иншалла!
Кемпір үш кесеге құйып шалап әкелді. Сусынға қол іліккеннен кейін, Сақан шешіле бастады.
— Ay, отағасы нешедесің? – деді даусын көтере.
— Алпыстың жетеуіндемін, – деді шал бұған қарамай.
Сақан тағы да көзін бағжаң еткізіп, қуанып кеткендей:
— Өй, аузыңның ішін... – деді шалға бұрылып. – Құрдас екенсің ғой, ит – ау.
Шал бұған сенбеген пішінде көзінің қиығымен ашулана қарады.
— Ойбай–ау, жылыңды айтшы, жылың не? – деді Сақан бастырмалатып.
— Жылым сиыр, ал?
— Ой, құлағыңды ұрайын, менің де жылым сиыр, сиыр да сиыр 61 мүшелім, одан барыс – 62, қоян – 63, ұлу – 64, жылан 65, жылқы – 66, қой – 67. – Сақан өршелене. – Жоқ, 67 болды ма, – деп шалды мақұлдатып алды да: – Әй, ит – ау, сонда саған мен құрдас болмағанда, атаңның басы құрдас бола ма? – деп өзінен көп үлкен шалға төне түсті.
Әлгі сөздерді Сақаңның сенбеске қоймай, өжеленіп айтқаны соншалық, шал жымиып, басын көтерді. Бірақ әлі де біржола жібігені байқалмайды.
— Құрдасымды тауып алып, тіпті рақат болды ғой, – деп Сақан өп–өтірік қуанып жан–жағына қарағанда, екі жігіт күліп жібермес үшін, тістеніп беттерін іргеге бұрды.
Бұдан кейін Сақан шалдан елін, жерін, руын сұрап, өзін де таныстырып, әйтеуір, әңгімені көбейтіп, үй иесін біршама еліктіргендей болды. Бұл ауыл Батпақтының түстік бетіндегі Күйік деген жер екен. Күйіктің халқы кешке қарай тірі жанға есік ашпайды екен дегенді Ақшоқылықтар да еміс–еміс еститін.
Бәйтен қатты қалжырап, ұйқысы келіп әрең отыр. Бірақ қазір жүру керек екені есіне түскенде, бойын жиып алып: «Шал қуатын болса, үйінен тезірек қуса екен», – деп тіледі ішінен.
Сақан әңгімені мүлде атым бар, ат болғанда қандай – деп Сақан тура атты шалдың алдына көлденең тартып тұрғандай масаттана тамсанып қойды. – Күздің кезі ғой...
Үй иесі де әуейілеу ме, манағы ит қырындағанын қойып, әңгімешіге жақындай түсті. Қалың қабағының астынан күлімсіреп, сығырая қарайды.
Ұйқы қысып шыдатпаған екі жігіт сыртқа шығып, атты қарап, күннің райын байқап, үйге қайта кірді де, әңгіме біткенше тыныға тұрайық деп, төр үйге өтпей, ауыз үйдегі қазандық түбіне жайған текеметтің үстіне қисая кетті.
Төр үйдегі әңгіме қызайын деді. Әрегідік Сақан мен үй иесінің даусы жарысып қатар шығады... Екеуі дауласып жатқан секілді... Төбелесіп жатпаса болды... Бірдеңе сартылдайды...
«Ау, болар, тұрыңдар», деген дауыстан екі жігіт үстеріне мұздай су құйып жібергендей шошынып, атып–атып тұрды. Мәссаған! Ұйқтап қалғандары ма? Үй іші жап–жарық. Оятқан Сақан екен.
— Тұрыңдар, шай ішіп алып, жүріп кетейік, – дейді өз үйінде жүргендей шалқақтап.
Кешегідей емес үй иесі шалдың да қабағы ашық. Шай жасалып қойылған. Дастарқан жоқ–жұқана болғанмен үй ішінің ашық қабағымен көңілді байытып тұр.
— Қарағым – ай, өзің әулиенің тұқымы емессің бе? Кешегі еміңнен кейін баламыз жап–жақсы болып қалды ғой! Тфа – тфа! – деп кемпір де ризашылығын білдіріп жатыр.
Шайдан кейін жолаушылар сыртқа шықты. Сақан атты отқа қойып, таңертең суарып, арбаға жегіп, бар шаруаны бітіріп қойған еді. «Жаным – ау, бұл қай кезде үлгеріп жүр» дегендей, екі жігіт бір–біріне таңырқай қарайды.
Жаулықтай орамалымен терін сүртініп, үйден шал шықты.
— Сендер осымен тіке тартасыңдар, – деді ол Қарасуға баратын жолды көрсетіп. – Өзеннің аңғарынан өткеннен кейін, бірден солға бұрылатын ескі жолға түсіңдер. Сонда қара жолды қиып әуре болмай–ақ Бесқопадан бір–ақ шығасыңдар. Ар жағы тиіп тұр ғой...
— Аузыңды ұрайын – ау, – деді Сақан жүрерде оған қолын беріп жатып. – Жолың түсіп, біздің елге келе қалсаң, Жамантайдың Сақаны деген жаман құрдасым бар еді деп, бірден үйге келесің. Ой, аузыңның ішін!.. Ал кеттік.
Бурыл ат әжептәуір тыңайып қалыпты, жүрісі ширақ. Әр жерде бір қисайған он шақты тоқал тамды артқа қалдырып, жолаушылар көптен бері із түспеген ескі жолмен күннің терістік батысына қарай ұзай берді.
— Апырым–ай, Сәке, әлгі шалға түнде дәрі бердіңіз бе, қалай жібіттіңіз? – деді Есімбек кеңк–кеңк күліп.
— Ойбай–ау, бұлар қасық су бермейтін атақты Текелер ғой, – деді Сақан оған ажырая қарап. – Бұлар өздері қазақ емес дейді. Арғы аталары басқа жақтан ауып келсе керек. Қысы – жаз қыстауда отырады. Жұртпен көп араласпайды. Әне, көрдің бе, зираттары да бөлек біздікінен...
— Жоқ, енді соған түнде не айтып мәз қылдыңыз? – деді Бәйтен де әңгімеге шын қызығып.
Сөйтсе, Сақан сараң шалдың әуейілеу екенін байқап, аңшылық жайлы хикаялардың не бір дүриясын тоғытса керек.
— Астымдағы қарагер ат белгілі жүйріктің бірі еді, кейін аяғы кетіп, сойып алғанда көрдік жалғыз–ақ қартасы бар екен. Шіркін, тұлпардың тұқымы ғой, жарықтық! – деп ес жиғызбай бастырмалатпай ма Сәкен. – Сол қарагердің бәйгеге түсіп жүрген кезі. Ойдағы елден қайтып келе жатқанмын. Күздің кезі – ау деймін... Алдымнан бір тайыншадай арлан қасқыр көрінсін. Құдай–ау, саған өтірік, маған шын, тура тайыншадай!
Әңгімеге еліккен шал:
— Апыр–ай, ә! Енді қайттың? – деп жақындай түседі.
— Қайтушы ем, айғайды салып, зәресін ұшыра, қуып кеп бердім.
— Е, бәрекелді!
— Қасқырды Төлектің сайынан оралтып жазыққа түсірейін...
— Міне, тамаша! – деп қасқыр қуғанды тура көзімен көріп отырғандай шал екі білегін түрініп алады.
— Ондағы ойым – өзенге кетсе, жағасы тоғай, құтылып кетуі мүмкін.
— Апыр–ай, зәлім – ай, ә?! – дейді шал да қабаттасып.
Бұрын–соңды бүйтіп кес–кестеп, алдын ораған әуейі тыңдаушыны көрмеген Сақан айтып отырғаным, шынында да, рас нәрсе емес пе дегендей ой кеп, өзінің өтірігі өзіне болған оқиғадай елестейді.
— Содан қарагер де шабысты түзеді, анауың да бір бәле екен, тіпті қажитын түрі жоқ.
— Апырым–ай, айрылып қалмасаң болар еді, – дейді шал қыпылықтап.
— Ақыры қоймадым, есік пен төрдей жерге келдім – ау жақындап.
— Е–е–е, – дейді шал өзі ұратындай оңтайланып.
— Жаны қысылған қасқыр жалт бұрылып, өзенге қарай салды.
— Ойбуй, айрылдың – ау, айттым ғой жаңа айрыласың деп.
Сәкен бұрынғы әңгімелерінде қасқырды өзенге маңайлатпайды екен, әлгі әңгүдік шалмен жаудай жағаласып отырып, өзенге қалай жіберіп алғанын байқамай қалыпты. Енді соңына түсіп қуа бергеннен басқа не амал бар:
— Содан қасқыр өзенге жақындап қалды, – дейді Сәкен әңгіменің немен аяқталарын өзі де білмей.
Шал екі алақанын сарт еткізіп:
— Не деген мәжнүн едің өзің, – дейді ыза болып. – Ау неңді қарап отырсың? Кетті ғой...
Сәкеңе сөз тыңдайтын уақыт жоқ.
— Қасқыр өзенге қойсын да кетсін, – дейді қалай болғанын өзі де түсінбей.
Алдында шалдың көңілін табу үшін суға түсірмей бір амалын тапсам деп ойлаған екен, бірақ әңгіменің қызығымен соны естен шығарып алып, оның үстіне жағаға келіп қалған қасқыр мұны тыңдамай, өзенге қойып кеткенге ұқсайды.
Осы кездегі шалдың түрін көрген Сәкен әлгі байғұсты аяғаннан алды–артына қарамай, өзі де суға қойып кеткен.
— Қасқыр қылт – қылт етіп жүзіп барады. Мен де Қарагерді бүйірлей салдым. Шіркін, жүйрік жылқы жүзгенде де алдына жан – салмайды екен ғой, қасқырды жағаға жолатпай өзеннің ортасына әкелдім...
— Ойбай, не дейді? – деп шал сасып қалады. – Мынауың сенің жылқы емес, бір бәле ғой.
— Айдынға шыққасын қоям ба, бастырмалатып келіп–ақ қалдым. Қасқыр осы сені мен мендей жерде бара жатыр:
— Ойбай–ау, ұрмайсың ба қарақұстан, – дейді шал мұның шынтағынан демеп.
— Ойым – әлде де жақындата түсу.
— Туу, мынау тіпті бала екен ғой!
— Жаны қысылған қасқыр жалт бұрылғанда, су деген мұз секілді болады екен, сырғанап біраз жерге дейін өтіп кеткенім, – дегенде Сәкен әлгі немені буынып өліп қалар ма екен деп қорқыпты.
Сәкеңе енді қасқырдан жаман шал бәле болып, не істеу керегін ойланып үлгерместен, ұзап кеткен арланның соңынан қайта қуады. Бір тұста Сәкен әңгімені кім айтып отырғанын айыра алмай қалады. Бұл емес, керісінше шал бұған: «Әне! Әне! Кеп қалды, ал енді соқ, соқ енді!» – деп отыр екен.
Екеуі осылай жынды адамша таң бозарғанша әңгіме соғады. Ақыры басына бәле тілеп алған Сәкен қасқырды өлтірмей құтылмасын біліп, қаны шын қараяды. (Бұрынғы әңгімесінде қасқыр бұған қарсы шауып, соңында өзі әрең құтылады екен.)
Таң ағара бастаған кезде құдай сәтін беріп, қалың жыңғылға кіре берген қасқырды қақ тұмсықтан қамшымен ұрып құлатады.
Осы тұста шал.
— Не дейді, құрығың қайда? – дейді бұған тура өзі ұстатқандай қолына.
Сәкен:
— Ойбай, менің қамшымның жанында құрығың садаға кетсін. Ұшына қорғасын салып өрген кәдімгі бұзау тіс қамшы ғой, – деп әрең құтылыпты.
Тыңдап отырған екі жігіттің күлкіден ішектері қатты.
— Ойпыр–ай, Сәке, осының бәрін қиыстырып қалай айттыңыз? – дейді Бәйтен көзінің жасын сүртіп.
— Алдында сендер біраз тынығып алсын деп бастағам. Анадай әуейі екенін қайдан білейін, қуғаным қасқыр емес бәле болып шыққан жоқ па, – деді Сақан енді шынға көшіп.
— Оның бәрі дұрыс–ау, – деді Бәйтен бір кезде әзіл–шынды. – Бірақ сіздің баланы өтірік емдегеніңіз жақсы болмады.
Сақан шошып кетті.
— Тек, өтірік емдегені несі? Қазақта баланы ішін бұрау деген бар. Қыдыр дарыған балгер емеспін, бірақ кейде қолымның шипасы тиетін кездері болады. Оның себебін бір құдай білсін. Мен жұрттан көргенімді істеймін.
Әңгімемен у–шу болып отырған жолаушылар Қарасуға қалай келгендерін білмей қалды.
Қарасудың жағасына киіз үйлер екі қатар боп тігілген екен. Жері көкпеңбек. Суға шомылған балалардың ойыны мен желі басында бие саудыраған қыз–келіншектердің кербез жүрістері көңілге әуейі сезім әкеліп «біздің ауылдың сауық–сайраны көп, келіңдер, қызыққа кенеліңдер» деп тұрған секілді.
Алдан у–шу болып, бір топ ит шықты. Желкесі күжірейген тарғыл төбет жұлып алатындай арсылдап, арбаға шапшыды. Есімбек итті беймәлім иесімен қоса боқтап, шыбыртқымен жасқап жүр.
— Сәл солға, солға, – деп Сақан бағыт сілтеп келеді. – Ауылдың үстімен жүріп қайтеміз. Әлі де солға, міне, мынау тұрған үй.
Сақанның қарындасы домаланған толық әйел:
— Қарақтарым үйге түсіңдер, құдайы қонақ болыңдар, – деп жік–жапар болды.
— Ойбай, рақмет, – деді Есімбек күліп. – Осында Жағыпар деген жиеніміз бар., Соған барып түсейік. Әйтпесе жиеннің ашуы қатты болады.
— Жақсы, онда бара қойыңдар, – деп рұқсатты Сақанның өзі берді. – Өркендерің өссін, қарақтарым. Рақмет!
Жағыпардікі Қарасуға жақын тігілген, алдында құрт жайылған сөресі бар қоңыр үй екен. Бұлар арбадан түсе бастағанда үйден Жағыпар өзі шықты. Қызғылт жүзі күлімдеп:
— Ай, мынау жаман мәмбеттер қайдан қаңғып жүр – ай, ә? – деп айғайлай сөйлеп, күресетін адамдай Есімбекті белбеуінен ұстап ырғап – ырғап қойды. Тумысында қылжақбас, жындылау неме, оның үстіне жиен болған соң үлкен кіші демей ойнай береді.
— Ой, тегіңді ұрайындар–ай, ә! – дейді өзінен–өзі мәз болып.
Жағыпардың шешесі көптен көрмеген Бәйтенді құшақтап жылап алды. Бәйтеннің әкесін, тіпті әкесінің әкесін еске алып: «Шіркін, бұрынғы адамдардың несін айтасың, ондайлар қазір қайда», – деп осы жүргендерге көңілі толмайтынын білдіре сөйледі.
Балалары да кісі жатырқамайтын ашық жайдары екен. Жетілер шамасындағы кіші ұлы Есімбектің алдына шалжиып жатып алды. Кекіліне күміс ою салған қамшысын қызықтап:
— Маған берші, – деп жабысты.
— Жиен құрық, жиен құрық, – деп кеңк–кеңк күледі Жағыпар.
Ұршық иіріп отырған әйелі Бәтима:
— Жиен құрығы несі? – деді таң қалып. – Бұларға жиен өзің емессің бе? Балаларың жиен құрықты менің төркінімнен алсын.
— Ойбай, Бәтима – ау, бұдан не сұрап отырсың? Осы мәжнүн соған түсінер деп отырсың ба? – деп Есімбек Жағыпарды әзілдей бастады. – Шатысып, сеңің төркініңнен жиен құрықты өзі сұрауы мүмкін. Бұдан шығады неше түрлі.
— Тұра тұр бәлем, – деді әзілге әзіл таба алмай, – қалған Жағыпар шынға көшкен адам құсап. – Бір күні даладан бір жылқыңды айдап алып кетсем, сонда білерсің кімнің кімге жиен екенін.
— Қазір жылқының бәрі үкіметтікі, айдап кетсең, өзің жауап бересің.
— Жауап берсем беремін, жиенім деймін.
— Ау, сонда сен үкіметке жиенсің бе? – дейді Есімбек селкілдеп күліп. – Осымен сөйлесіп отырған мен мәжнүн.
Шайдан кейін жолаушылар жүрмек болып еді, Жағыпар «дәм ішпей кетпейсіңдер» деп зорлағандай қылып, атты доғартты.
— Кеше Жағыпаржанның қақпанына бір киік түскен екен соның етінен дәм татыңдар, бұйырған шығар. Сендерге соя қоятын мал бізде қайдан болсын, – деп шешесі ақтала сөйледі.
Екі жігіт атты отқа қою үшін Қарасудың жиегіндегі ойпаңға жетектеп әкелді.
— Қап, тағы да кешігетін болдық – ау! – деді еңкейіп аттың аяғына шідер салып жатқан Есімбек күшене сөйлеп.
— Дәм ішкен соң, шығып кетейік. Қайта түн жақсы емес пе жүріске? Салқын.
— Әрине... – Есімбек аттың бауырынан өтіп кететіндей болып емініп, суат жаққа қарай қалыпты.
Бұлар тұрған ойпаң суаттың тура іргесі екен. Су алуға келген қыз–келіншектер ешкімді байқайтын түрлер жоқ, сыңғырлай күліп, әзілдесіп, бірін–бірі қытықтап, алысып, мәз болып тұр.
Есімбек торғай көрген мысықтай бұға түсіп, қатып қалған.
Әлгілер суын алып, қырға шығып көрінбей кеткенде барып, Бәйтенге қарады.
— Мына ауылдың қыздары қандай көп! – деді көзі жайнап.
— Өздері бірінен–бірі өтеді. Тым болмаса, біреуімен тілдеспей кетеміз бе?..
— Қалай тілдесесің?
— Тұра тұр мен қызық айтайын. Күн кештете бастағанда, қыздар су алуға келеді. Тонымызды сыпырып алмас, не де болса осы жерде бір – екеуіне тиісіп көрейік, а?
— Ұят шығар, – деді Бәйтен жүрексініп.
Сүт пісірім шамасында иінағаш асынған көк камзолды қыз шелектерін сылдырлатып жиекке түсті. Суатқа келіп еңкейіп су алды да, екі шелектің ішін шайды. Салбыраған тоқпақтай бұрымы анда–санда мойнын ырғап қалғанда, серпіліп арқасына түседі де, қайтадан сырғып алдына құлайды.
Есімбек жиектегі солқылдақ сазды аңдай басып үн–түнсіз қыздың қасына барды. Қыз ештеңені аңғарар емес, еңкейе түсіп, шелегін толық батырып су алып, енді екінші шелегін ыңғайлай берген. Кенет жердің тесігінен шыққандай дәл жанынан:
— Аман ба, бикеш? – деген дауысты естігенде, жылан басып кеткендей шыңғырып, екі шелегін тастай қашты.
— Ay, ау, мен жай... ау, – дей берді Есімбек өзі де сасып қалып.
— Неғылған бетімен кеткен бейбастық оңбаған немесіңдер! Адамның жүрегін ұшырайын деп пе едіңдер екі кештің арасында? Су жағалап тентіреп, қайдағы – жайдағылар келетін болған екен осы жерге, түге...
— Ау, енді қайдан білейін, – деп міңгірлеген Есімбек «салып жібере ме» деп қорыққандай шегіншектеп жылжи берді.
Қыз қайтадан жиекке түсіп, қалған шелегімен су алды да, иінағашпен иығына салып, «жұрттың зәресін ұшыратын қаңғығандарды» тілдеген күйі бұрқылдай сөйлеп, суат басынан ұзай берді.
Осы кезде Бәйтен тұншыға күліп, селкілдеп жерге отыра кетті.
— Апыр–ай, не деген долы?! – деді Есімбек үрейлене таңырқап біраз тұрды да, Бәйтеннің түрін көріп, шыдай алмай қосыла күлді.
— Мынаны алсаң жетісерсің, – деді Бәйтен күлкіден түйіліп қалған бүйірін сипап.
— Бұл қатын болса, кімге де болса күн көрсетпес. Бірақ осындай қатындар адал болады дейді.
— Қандай қатындар? – деді Бәйтен түсінбей.
— Әлгіндей қатындар, – деді Есімбек қыз кеткен жақты иегімен көрсетіп.
— Ол қатын емес қой...
Жаулықтары қоқырайған екі жастау әйел келіп, суат басында жырқылдай күліп, қалтарыста тұрған екі жігітті көргенде, жым болып, тәлімсіп, сызылған күйі суларын алып, олар да кетті. Одан кейін келген үш әйелдің біреуі түзге отыра жаздап, қуыстан бұларды көргенде, «Көтек!» деп бұрылып кетіп, ұялғаннан бетін жаулығымен бүркеп алды.
— Қой, құрсын! – деді Бәйтен ыңғайсызданып. – Мына тұрысымыз келісіп тұрған жоқ, – Масқара болмай тұрғанда кетейік.
— Тоқтай тұрсайшы. Сенің – ақ бет моншағың үзіледі де тұрады екен.
Бірін–бірі жазғырып, тәжікелесіп тұрған екі жігіт шелегін қаңғырлатып, ырғала басып келе жатқан ересектеу етженді әйелге көңіл аудармай тұрған.
— Әй, неғып тұрсыңдар? – деген дауысқа жалт қарады екеуі. Суат басында тұрған Жағыпардың әйелі Бәтима екен. Бұлар қасына барғанда:
— Өздерін, тұрыстарың жаман, қыз ұрлайын деп жүрген жоқсыңдар ма? – деп самбырлады тісінің қызыл иегін көрсете күліп.
— Қыз қарап жүргеніміз рас, – деді Есімбек «шуламасаңшы енді» дегендей сыбырлай сөйлеп. – Қолғабыс қылмайсың ба, жеңеше...
Бәтиманың көзі жайнап шыға келді.
— Өй, көгермегірлер – ай, шықпайтын бәле шығады сендерден, – деп басын шайқады. – Сонда қатын алатын қайсың екеуіңнің?
— Жалпы қатын екеумізге де керек. Бірақ дәл қазір маған керегірек, – деп Есімбек «рас па» дегендей Бәйтенге қарап қойды. – Мен көп таңдап жатпаймын, он екі мүшесі сау болса, болды.
— Ойбай–ау, сендей жігіт тап болса, кез келген қыз құдайына қой айтар, – Бәтима екі шелек су алып, қатар қойды да жаулығын жөндеп байлады. – Ау қисық бас қайнағаның қызы ше?.. Көтек, – деді іле, – оның құда түсіп қойған адамы бар екен ғой.
— Жақсы қыз ба? – деді Есімбек жымыңдап.
— Жақсы болғанда қандай! Қызыл шырайлының әдемісі. Бірақ амалы жоқ, қайтсін. Әкесі малға қызығып, дуан жақтағы біреуге берейін деп отыр. Өзі менсінбейтін көрінеді. – Бәтима екі шелек суды иығына салып орнынан тұрды да: – Әйда, қазір үйге жүріңдер. Кешке сендерді кілем тоқып жатқан қара кемпірдің үйіне алып барайын. Бүкіл қыз сонда. Өй, көгермегірлер – ай! – деп көзі жұмыла күліп, ауылға беттеді.
Күн бата дәм ішіп болған соң, жолаушылар жүруге асықпай, әлдебір хабар күткендей төрде тістерін шұқып жатып алды.
Бәтима іңір түсе сиырын шала–пұла сауды да, кешкі шайды да апыл–құпыл беріп, «әйда, кеттік» деп екі жігітті ертіп үйден шықты.
Қара кемпірдің үйі ауылдың арғы шетінде екен. Шағын ғана қоңыр үй. Қақ ортасына кілем құрыпты. Толған қыз–келіншек. Бұлар келгенде үйге мал кіріп кеткендей үрпиісті.
— Отырсыңдар ма, ей, жандары шыққырлар? – деп амандасты Бәтима қыздармен.– Иттен қорқып мына Ақсуаттан келген екі құда баламызды ертіп келіп ем. – Бүгін келді өздері... Әйда отырыңдар мына жерге. Сендерді де бір пайдаланып қалайық.
— Әй, қатын – ай, – деді самбырлап, – сен айналдырма анадағы баланы! Өй, тажал! Қарашы қозы қасқырдай жұтынып отырғаның!
Қыз–келіншек қыран–топан күлкіге батты.
Бәтима әңгімесін қайта жалғады.
— Содан Жырақ қайнағаның өзі келді. Құда анадай жерде отыр. Құдағи мынадай жерде...
— Жайша жүрсіңдер ма? – деп сыбырлады Қоңырша.
— Жайша.
Бәтима аузын сылп еткізді.
— Анадай киіт көрсем көзім шықсын. Өліп бара ма екен, жарымаған немелер.
— Қыз қарап жүргеннен саусыңдар ма? – деп сыбырлады Қоңырша.
Бәйтен «ия» дегендей жымиып Қоңыршаның жүзіне қарады.
— Қайсың?
Бәйтен Есімбекті көзімен көрсетті.
— Құдағи құрбақа құсаған бір албасты екен... Жырық қайнаға біл дейді...
— Әп–әдемі жігіт қой. Ата–анасы бар ма?
— Бар.
— Әлгі жерде Жырық қайнаға тас–талқан болсын. Не керек, құданы да, құдағиды да сойып салды...
— Өзің қашан аласың қатынды?
— Тап қазір емес...
— Ойбуй, бетім–ай, әлгі албасты құда не дейді дейсің ғой? Бій дейді...
— Құда бала – ау, мен саған бір әңгіме айтайын...
Киіз үйде отырғандар әлденеге ду күліп, Қоңыршаның сыбырын естіртпей жіберді.
— Мен саған бір әңгіме айтайын. Менің қайын сіңлім бар. Бүгін мұнда келе алмады. Көрік те, ақыл да бар. Мінезі аздап тіктеу. Ол енді жүре түзеледі ғой. Бәріміз де қыз кезімізде оңып тұрғанымыз шамалы болатын. Иә... Соны әкесі малға беріп отыр. Өзі атастырған адамын ұнатпайды. Жіңішке ауру көрінеді. Қашып кетейін десе, сөз байласқан ешкімі жоқ. Сөйлесем десеңдер, бүгін кездестірейін.
— Есімбекке айтайық та...
Үйдің іші тағы да у–шу болып кетті. Бәтима самбырлап отырып бейбастақтау бір сөз айтып қойса керек, қыздар қып–қызыл болып, беттерін баса күліп, бір ауық кілем тоқуға шамалары келмей қалды.
Бәтима:
— Кет әрі, жырқылдамай, естімей жүрген сөздерің шығар? – деп жұрттың өзін кінәлады.
Бәйтен әлгінің арасында кілем тоқуды біршама үйреніп қалды. Қиын ештеңесі жоқ. Жаңылып бара жатса, Қоңырша қолынан ұстай алады. Дымқылдау алақаны қытықтаған секілді әсер береді.
Бір тұста Қоңырша орнынан тұрып, Бәтиманың құлағына әлдене деп сыбырлады да, үйден шығып кетті. Бәтима екі жігітке «қызық басталғалы тұр» дегендей, жымыңдап қарап қояды.
Түннің бір уағы болып, әзіл–оспақ, ойын–күлкі саябырлай бастағанда Бәтима орнынан тұрды.
— Ойбуй, мына құда балаларды шаршатыппыз ғой. Амандық болса, тағы да келе жатар. Әйда, кеттік.
Сыртқа шыққан соң, Бәтима екі жігітке жөн сілтеді.
— Анау жерошақтағы отты көрдіңдер ме? Соның оң жағындағы жаңағы Қоңыршаның үйі. Күйеуі жоқ көрінеді. Қызды шақырып алам деп кеткен. Байқаңдар! Әкесі бір жынды неме.
Бұлар үйдің сыртына келіп, жөткірініп дыбыс берді. Үйден лып етіп Қоңырша шықты.
— Тез, ойбай, үйге кіріңдер. Біреу–міреу байқап қалар.
«Тез, тезбен» үйге ит қуғандай боп кірген олар оң жақта отырған қызды көргенде сасқалақтап не істерін білмей босағада тұрып қалды. Манағы... су әкетіп бара жатып, екеуін де тілдеп кеткен қыздың өзі. Бұлар қысылды екен деп, айылын жиып отырған ол жоқ: «Төрге шығыңыздар», – дейді жымиып. Ажарлы екені рас болды. Ақ сары. Сүйірлеу келген жұқа мұрнының етегінде тарыдай меңі бар. Еріні сәл–пәл бұртиып, өкпелеген бала секілді рең береді. Көзі тік. Мінезі шадырлау болса, болар.
— Ал, кәнеки, жоғары шығыңдар, – деді Қоңырша киіз есікті түсіріп жатып.
Есімбек пен Бәйтен аяқ киімдерін шешіп,. төрдегі қызыл жолақ ұзынша көрпеге келіп отырды.
Қоңырша дастарқанның шетін кеңейтіп, бауырсақ төкті. Қант тастады. Содан кейін шай құйған кесені қызға ұсынып:
— Шырақжан, қонақ балаларға қол жалғап жібер, – деді көзі күлімдеп. – Осы елге құда көрінеді, несіне ұяласың?
— Түк те ұялып отырғам жоқ, – деді қыз әуелі жеңгесіне, сосын қонақтарға бажырая қарап.
Екі жігіт қыздың мұнысын ерсі көргендей қыбыжықтап, бауырсақ шұқып үндемей қалды.
Қоңырша шай ішіп отырып, қайын сіңлісі сезсін дегендей «иә, үлкен құда бала – ау» деп, Есімбекке қарап әр нені бір сұрап қояды.
— Үлкен құда бала – ау, сонда сендер мырзаболат боласыңдар ма, жоқ әлде мәмбетсіңдер ме?
— Біз мәмбетпіз ғой.
— Әке–шешең қай шамадағы адамдар?
— Әкем Асқар деген кісі, алпыстың алтауында.
— Көтек, әлгі жұрт айтып жүрген Асқар деген кісі сенің әкең бе еді?
— Сол шығар. Біздің ауылда басқа Асқар жоқ.
— Ойбай–ау, онда белгілі кісінің баласы болдың ғой, – деп Қоңырша көзінің қиығымен қайын сіңлісіне қарап қойды.
Шай ішіліп болғанша, түннің бір уағы өтті. Төңіректегі бейсауат дыбыстың бәрі басылып, жерошақтағы оттар сөнді. Осы кезде ыдыс–аяқтарын жинай бастаған Қоңырша сыртқа шығып, қостың маңын түрткілеп жүріп, іштегі Бәйтенге дыбыс берді.
— Әй, кіші құда, маған көмектесіп жіберші.
Бәйтен сыртқа шығып, Қоңыршаның қайда екенін айыра алмай, аңтарылып тұрып қалды да, ашық қостың ішінен шыққан дыбысты аңғарып, әлі де қараңғыға көзі үйренбеген қимылмен еңкейіп жақындай түсті.
— Кіре бер, кіре бер, – деп сыбырлады Қоңырша. – Атамдар үйінен біреу шықса, көріп қап жүрер. – Бәйтенді қолынан ұстап, өзі отырған төсеніштің шетіне отырғызды. Бір жағынан жүк секілді бірдеңе тірелген аядай ғана қостың ішіне адамның өзі әрең сыйғандай екен, Бәйтен Қоңыршаның бір жамбасын баса, сығалап әрең орнықты.
— Өздері оңаша қалып әңгімелессін. – Қоңырша дәл жанынан сыбырлап, құлағына жел толтырып жіберді. – Шырақжан жыламай, теңін тапса екен деймін – дағы... Жігіттің әп – әдемісі екен. Шырақжанға да ұнар деп ойладым.
Бәйтен жауырын тұсынан тіреліп тұрған жұп–жұмсақ бірдеңе әйелдің емшегі екенін сезгенде, жүрегі дүрсілдеп, тынысы тарылғандай болды. Жан – тәнін бір сиқыр күш балқытып, баурай түсетін секілді. Сол тұңғиыққа балқыған күйі, елтіген күйі бата бергісі келеді.
Қоңырша қолын созып, әлдеқайдан жастық алды.
— Белім шыдамай барады, сүйеніп отырмасақ...
Екеуі шалқайған кезде бастары тым төмен кетіп, бір төсекте жатқан секілді болды да қалды.
Отау үйден бір келкі күңгірлеген дыбыс естіледі.
— Мына жігіт сонда саған аға бола ма?
— Иә.
— Айттырған адамы жоқ па еді?
— Бар болатын. Байдың қызы еді. Әкесі кәмпескеге ілігіп, бәрі жер ауып кетті.
— Сен ше?
— Нені айтасыз?
— Айттырған қызың қайда деймін? Ол да жер ауып кетті ме?
— Жоқ, айттырған адамым жоқ. Әкем кедей адам болған. Өскесін өзі сүйгенін алар деп, құда түспепті.
— Әкең қандай жақсы адам. Қыздарға да неге сөйтпейді екен, – Қоңырша бір қырындап жатқан кезде былқылдаған қос анары Бәйтеннің кеудесіне тірелді.
— Құдай–ау, мына араға тығыламыз деп, тегі жабысып қалдық қой, – дегенде Қоңыршаның демі түгіл, ерні тигендей Бәйтеннің бетіне. Бәйтен безгек тигендей дірілдеді. Қоңырша бір қолымен жайлап Бәйтенді құшақтады да, бетіне бетін тигізіп:
— Неге дірілдейсің? – деп сұрады.
— Жәй... – деді Бәйтен алқынып.
Қоңырша қолын созып, әлдеқайдан көрпе секілді бірдеңе алды.
— Ауырып қалып жүрерсің, түн салқын ғой.
Үстеріне көрпе жапқан кезде Бәйтен Қоңыршаның толық санын, жұп–жұмсақ ішін сезді. Бойын билеген таңғажайып жан рақаты, өлермен құмарлық, беймәлім қорқыныш көңілінде құйындай үйіріліп, өкпесін аузына тықты. Әзәзіл сезімдер басшысынан ұрысты талап еткен солдаттар секілді: «Бол, бол енді, тезірек баста» – деп әлденеге асықтыра түскендей болады. «Қайтып бастау керек, не істеу керек?», оған Бәйтеннің ақылы да, батылы да жетпеді. Әлдекім ішінен бір тізгінді жібермей тұрғанға ұқсайды.
— Бұрын әйел көріп пе ең? – деді Қоңырша да сәл ентігіп.
Бәйтен кекештеніп «жоқ» дегенді әрең айтты.
Қоңырша үндемей қалды. Әлден соң:
— Жаныңдағы жігіт болмаса, біздің Шырақжанға нағыз лайық жар болғандай екенсің, – деді аузын Бәйтеннің аузына тигізе. – Бірақ құдайдың жазуынан артық не болсын.
Әйел бүкіл денесімен жабыса жігітті қатты құшақтап, ернінен сүйді. Бәйтенде қарсыласар қуат қалмады. Әйелдің жұп–жұмсақ тілін сезгенде, шашының түбіне дейін шымырлап қоя берді.
Осы кезде сырттан:
— Ay, Бәйтен, қайдасың? – деген Есімбектің баяу даусы естілді.
Екеуі де шошынып, бастарын көтеріп алды. Бәйтен қолға түсіп қалған қылмыскердей, апалақтап, жан–жағын сипалай берді. Басы ұйып қалған секілді.
Қоңырша Бәйтенді қайта жатқызып:
— Ештеңе етпейді, іздей тұрсын, – деп сыбырлады. – Осылай болғаны дұрыс болды.– Өкініп отырсың ба? Өкінбе. Кейін түсінесің... Жүрегіңді бас... Бұл не тарсылдап тұрған?.. Жүрегің бе сенің?.. Құдай сақтасын.. Қалай қатты естіледі? Ал тұра ғой.
Қостан шыққан соң, Қоңыршаның: «Қош», – деуге шамасы әрең келді – үйге зып етіп кіріп кетті. Бәйтен анадай жерде қарақшы құсап состиып тұрған Есімбектің қасына келді.
— Оу, қайда жүрсің? – деді Есімбек таң қалып.
— Сендерді күтіп қоста отырдық қой.
— Жүр кеттік.
— Не болды?
— Не болсын, – деді Есімбек қуанышты үнмен, – алатын болдым.
— Келісті ме?
— Келісті.
Екі жігіт Қарасудың ойпаңынан бұрын атты жетелеп әкеліп, арбаға жекті. Сырт қараған адамға тұн жамылған ұрылар секілді. Бурыл ат жол жүрісті сезгендей, құлағын қайшылап оқыранып қояды.
— Ақырын, ақырын, жануарым, – дейді қуанышы қойнына сыймаған Есімбек аттың мойнынан елжірей құшақтап, – Ауылға асықпай–ақ барамыз, түн ұзақ. Сосын көп ұзамай, бір адамды алып кетуге осында тағы келеміз. Түсініп тұрмысың, жануарым, ақжолтайым менің?!
Бурыл ат түсініп тұрғандай тағы да құлағын қайшылады.
— Үйге кіреміз бе? – деп сыбырлады Бәйтен.
— Ұйықтап жатыр ғой, оятпай–ақ қояйық.
— Қамшың қалды ғой.
— Қала берсін.
— Жарайды, қалса, қалсын, – деді Бәйтен де Есімбектің көңіл күйін түсініп.
— Кел отыр. Шу, жануарым!
Үй ішінде жалғыз ояу жатқан Бәтима әлден соң бешпентін жамылып, сыртқа шыққанда, ұзап бара жатқан арба доңғалағының шиқылы түнгі тымық ауада ап–анық боп естіліп тұрды.
V
Арқа бойын жайлаған Қосым баласында жылқылы бай көп болған деседі. Беріректе тас мешінде жұт болып, мал азайып, кешегі ұлы конфискеге атақты Көтенші мен Сары Ербол ғана ілікті. Бірақ қанша малды болса да, солардың ешқайсысы Жарасбай тұқымынан әлді болған жоқ. Жұрттың айтуына қарағанда, бұлардың арғы атасы осы елге бодауда келіп, мырзаболатқа сіңіп кеткен кірме саудагер екен. Ата кәсіп тұқымға дарып, Жарасбайдың өз әкесі Таңат та саудамен байыпты. Жарасбайдың өзі болса, ел билігіне араласып Қосымның қос тіреуінің бірі атанды.
Жарасбайдың үш ұлы — Әубәкір, Дәуітбай, Сауытбай үш әкеден туғандай – бөлек–бөлек. Үлкені – Әубәкір басын жерден көтермейтін момын жан, бірыңғай малдың соңында кетті. Кішісі Сауытбай жастайынан ойсыз, қамсыз серілеу болып өсті. Ал Дәуітбай әкесіне тартқан тілді, тентек, түрі де әкесіндей – сопақ бет, дөңес мұрын, қалың қабақты, өңкиген, денелі адам. Өте менмен. Онысы тек байлықтан, биліктен туған өрлік емес, жастайынан қара күшке еркелеп өскен, тұлғалы адамдардың тоңмойын, дүлей ірілігі еді. Дәуітбай мал жағын көп жиған жоқ, дүниеге жақындау болды. Соның арқасында көзге де түспей, ұлы конфискеге ілікпей қалды. Ағайын арасындағы бұрынғы беделінің әсерімен әр кез әр істен аман қалып жүр. Қалың мырзаболат әлі күнге дейін басына іс түссе, осыны паналайды. Сондықтан Дәуітбай заманның ағымын жіті бақылап, күнделікті тірліктен көзін жазбайды. Алғашқы серіктікке жұлқынып қарсы шыққанда, мырзаболаттың шалдары: «Қарың көтермес шоқпарды беліңе қыстырма, үкіметке ештеңе істей алмайсың», – деген еді. Ақыры серіктік құлады. Мырзаболатқа қараған кедей шаруаның біразы арыз беріп артельден шықты. Астық қоймасы өртелді. Осының бәрі Дәуітбайдың көңіліне үміт шырағын жаққандай болады. «Ұра берсе, құдай да өледі» дейді қазақ. Үкіметті жек көретін жалғыз, Дәуітбай емес шығар. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса, қу кедейден құралған өкіметсымағың құламағанда қайтушы еді.
Дәуітбай көк атласпен тысталған құс жастықты құшақтап аппақ жейде, дамбал. Жұмулы көзін анда–санда сығырайтып ашып, ашқан сайын алдындағы қаңылтыр түкіргішке шырт түкіреді.
Қаусырма есікті сықырлата ашып, дөңгелек жүзді, кішкентай жастау әйел кіріп келді.
— Сусын ішпейсің бе? – деді арам өлген мал құсап теңкиіп жатқан күйеуіне таңырқай қарап.
Дәуітбай жауап берген жоқ. Онысы сусынды ішер, ішпесін білмегендіктен емес, тоқалына жауап беруді міндетім деп есептемегендіктен еді. Кенет көзін сығырайта ашып, ерніндегі насыбайды алып тастау үшін, басын көтере берген:
— Ойбай–ау! – деп бір жері үзіліп кеткендей, баж ете қалды.
Сылқ етіп жастыққа қайта құлады.
— Ойбай! – деді тұншыға дыбыс шығарып. — Қап!
Дәуітбай бір қолымен белін ұстады.
— Не болды? Тағы да белің бе? – деді қасына жүгіріп жеткен тоқалы.
— Иә, – деп Дәуітбай бетін тыржитты. – Осы бәле соңғы кезде жиі ұстайтын болып жүр. Ойбай, әне...
Тоқалы ұзын жейденің етегін түріп жіберіп, күйеуінің белін алақанымен қатты–қатты ыса бастады.
— Уһ! – деді әлден соң Дәуітбай саябырлағандай болып. – Апыр–ай, тіпті қимылдауға шамаңды келтірмей тастайды... Иә... иә... кішкене қаттырақ... батырсаңшы...
— Шамам келмесе, қайтейін.
— Немене жаның жоқ па? Қаттырақ, былай... үзбейсің бе?
— Қолымның әлі келмей жатыр ғой.
— Ендеше, аяғыңмен басшы.
Кішкене тоқал отыра қалып, құрым мәсісін шешті де, баланың аяғындай аппақ аяғын жарқыратып, күйеуінің жалаң арқасына шықты.
Дәуітбай үстінде адам тұр екен деп елейтін емес, рақаттана ыңыранып:
— Е–е–е, кішкене төменірек, өкшеңмен бас... белге, белге қарай... Іі–с–с... ойбай–ау, салмағың қайда кеткен? – деп арқасындағы әйелінің кішкентайлығына кейіп қояды.
Осы кезде есік сарт етіп ашылды да, үйге ұзын бойлы қара жігіт ентелей басып кіріп келді. Шошып кеткен тоқал күйеуінің үстінен құлап түсе жаздап, керегенің басынан ұстап қалды. Бірақ жерге түсу есіне келмеді. Күжірейген мойыны қыртыстана, басын бұрған Дәуітбай өзінің ұлы Қарамергенді көрді де, мына жатысына ыңғайсызданып, денесін ырғап, тоқалына түс дегендей белгі беріп еді, анау оған түсінбеді.
— Әй, түс деп тұрмын ғой, иттің қатыны! Қыстаушы ма едің менің арқамда.
Кішкене тоқал күйеуінің дөңкиген биік жотасынан сандықтан секіргендей, секіріп түсті де, мәсісін жолай іле – міле, далаға шыға жөнелді.
Дәуітбай аударылып шалқасынан жатты.
— Иә, не болды?
— Ауданнан өкіл келіпті.
— Иә?
— Қазір жиналыс өткізетін көрінеді.
— Иә?
— Адамдар Қызыл отаудың алдына жиналып жатыр.
— Келген адам кім екен?
— Белгісіз бір жас жігіт.
— Жарайды, қазір мен де барамын.
Дәуітбай қоңыр ши барқыт шапанын иығына желбегей жамылып, шайқақтай басып, Қызыл отаудың алдына келгенде, жұрттың біразы жиналып, шалдар шөптесіндеу жеріне қисайып, ауылдың ешкі – лағы төңірегінде кәкір–шүкір. әңгіме айтып отыр екен. Шет жақта бала көтерген әйелдер, кемпірлер. Күннің ыстығында тұмақ киген біреу аттың үстінде отыр.
— Ау, Қозыбай, аттан түссеңші, жиналысты ат үсті тыңдауға болмайды ғой, – дейді біреу қалжыңдап.
Қозыбайда жауап жоқ, танауы жалпиып күле береді.
— Әй, ағайын, ығысып жол беріңдер, бір бейшара ғаріп келе жатыр, – деген Әбдіғаппардың сампылдаған даусы естілді, – өкіметтің осы байғұсқа неге көңіл бөлмейтініне түсінбеймін.
Әбдіғаппардың қалжың сөзіне күліп үйреніп қалған жұрт, әйтеуір, кісі күлетін бірдеңе айтқан шығар деген жобамен алдын–ала дуылдап күліп алды да, содан кейін бәрі бұрылып, шынында да, кісі аяғандай болып, басына жыртық тұмақ, үстіне ескі шоқпыт шапан киіп келе жатқан Жалақ байды көріп, тағы да ду күлді.
Жалақ кезінде ірі бай болғанмен, мешін, тауықта жұтап қалып, орташаға ілікті де, ұлы конфискеден аман қалған. Өз дүниесін өзінен аяйтын атаққа шыққан сараң адам. Малдан басқа о кісіде әңгіме көп болмайды. Жатса да, тұрса да, айтатыны – мал, мал. Жалғыз ұлы да өзінен безіп, енші алмай, бөлек үй болып кеткен.
Жалақ жұрттың өзін сөз қылып жатқанын сезді де, таяғымен жерді ойын жіберетіндей нұқып қойып, көзі шапыраштанып, шетте тұрған жігіттің біріне дүрсе қоя берді.
— Немене жын қағып кетті ме, жырқылдап? Көргенсіз неме?
— Ойбай, жалғыз мен бе екем?...
— Немене көтім ашылып қап па менің? Ашылмаса да, соған жақын, – деп қалды біреуі көптің ішінен.
Жұрт тағы да ду күлді.
— Ау жолдастар, – деді осы кезде партия ұясының хатшысы Байдәулет. – Ауданнан адам келіп отыр. Сөз тыңдайық. – Соны айтып өзі қол соғып, жұртқа да қол соқтырып, ал енді сөйлей бер дегендей бұрылып өкілге қарады.
Өкіл аң–таң. Біреуден көмек сұраған адамдай қолын жайып:
— Жолдастар – ау, жиналыстың шарты бар емес пе? Президиум сайламаймыз ба? – деді.
Байдәулеттің партия ұясына секретарь болып сайланғанына көп болмаған – жиналыс тәртібін біле бермейтін.
— Кәне, кімді сайлаймыз? – деді қызарақтап.
Өкіл тағы да сөзге араласты:
— Алдымен неше адам екенін анықтап алайық. Мәселен, үш адам болсын деп ұсыныс қоюға болады.
Байдәулет одан арман шатасып:
— Үш адамнан болсын, – деп ұсынысты өзі айтты.
— Жоқ, жұрт айтсын.
— Онда Қамидолла сен айт.
Өкіл Байдәулеттің шалалығына реніш білдіріп, «болмас, болмас» дегендей, шарасыз түрмен көзін жұмып, басын шайқады.
Қамидолла көзі бақырайып, тақпағын ұмытып қалған баладай:
— Тұяқбай... – деп тұтығып тұрып қалды.
Өкіл мойнын созып:
— Айтыңыз, айтыңыз, кім ол? – деді.
— Саркөтіп...
— А – а! – деп өкіл жаңа түсінгендей күліп, шегініп отырды.
Арт жақтан серейген біреу түрегеліп:
— Маған сөз беріңдерші, – деді ұрысатын адамдай аузы қомпылдап.
— Иә, иә.
— Иә болса, мен Шәйкемелді сайлаймын.
— Дұрыс – ақ.
— Болсын.
— Немене, Шәйкемелдің пәмилесі жоқ па? Пәмилесін айтпайсың ба?
Әлгі серейген орнынан апыр–топыр қайта түрегеліп, ұзақ сөйлейтін адамдай теңселіп біраз тұрды да:
— Бестайлақұп, – деді.
Өкіл Байдәулеттің құлағына аузын тақап:
— Мыналардың ішінде жиналыс басқара алатын көзі ашық біреу бар ма? – деп сыбырлады.
— Жоқ.
Өкіл тағы сыбырлады:
— Оқыған біреу болғанда дұрыс болатын еді.
— Айтпақшы, мұғалім бар. Мырзабектің баласы – Бәйтен.
— Ендеше, өзіңіз ұсыныңыз.
Байдәулет орнынан ұшып тұрып:
— Осында мұғалім бала бар ма? – деді ұрсатын адамдай көзі шақырайып. – Кәне, бері кел!
Өкіл күрсініп, басын шайқады.
Сайланған жолдастар президиумға – көрпенің үстіне жайғасты. Өкіл енді Бәйтеннің құлағына аузын тақап:
— Сіз жиналысты ашып, маған сөз беріңіз, – деді үлкен құпия айтқандай естілер–естілмес сыбырлап.
Аяқ астынан сасып қалған Бәйтен орнынан тұрғанда – ақ өзінің қызарып кеткенін сезіп, одан арман қысылды.
— Жолдастар, тынышталыңыздар, – деді шет жақта даурығып сөйлесіп тұрған топқа қарап. – Рұқсат болса, жиналысты ашық деп жариялаймын.
Байдәулет «менің міндетім осы» дегендей екі алақанын сартылдата соғып, бүкіл жұртты өзіне ілестіріп әкетті. Қол шапалақтау басылған кезде Бәйтен де сабырға келіп, жүрегін басқандай болды.
— Жолдастар, – деді нық дауыспен. – Ортамызда ауданнан келген өкіл отыр. Енді сол кісіге сөз береміз.
— Пәмилесі кім, пәмилесін айт, – деп талап етті әлдекім.
Ұмтыла түскен өкілдің аузына Бәйтен құлағын тосты да:
— Бошаев Әлжан, – деп хабарлады жұртқа.
Өкіл сауатты да тілді жігіт екен, біреу оған «жоқ, олай емес» деп тұрғандай, екіленіп, қолын сермеп Совет үкіметінің түбегейлі орнағанын, кедейлердің бостандық алғанын ешкім естімеген жаңалықтай айырықша бір қуанышты сезіммен баяндап еді, Байдәулет Совет үкіметі жаңа орнағандай сартылдатып қол соғып, оған жұрт қосылып, біразға дейін өкілді сөйлеттірмей тұрып алды.
— Қазір елімізде жаппай коллективтендіру кезеңі жүріп жатыр, – деді өкіл у–шу саябырлаған кезде. – Бұл үкімет пен партиямыздың алға қойып отырған негізгі міндеті. КазЦИК пен Совнарком колхоз қозғалысын өрістету және байлар мен кулактарға қарсы күрес туралы арнайы қаулы қабылдады. Ал біз ол қаулыны, шынымызды айтсақ, орындай алмай отырмыз. Казкрайкомның Наркомзем мен Колхозсоюзге берген декретінен бері қанша уақыт өтті. Кей жерде коммунаға дейін құрылып жатыр. Ал Ақшоқы бойы құлаған артельдің орнында әлі отыр. Неге артель басқа жерде емес, именно осы жерде құлайды. Неге? Себебі мұнда үгіт–насихат жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Кедейлердің көбі әлі күнге дейін байлардың ықпалында. Ымырашылдық, ағайынгершілік басым.
Өкілдің сөзіндегі орысша атауларға, мекеме аттарына шалдар жағы түсінген жоқ, бірақ түсінбеген сайын орындамауға болмайтын бұйрықты істей, ызғарлы да міндетті көрінеді.
— Қысқасы осы ауылдан тағы да артель ашамыз, – деді өкіл біреу қарсы келер ме екен дегендей жан–жағына күдіктене қарап.
Жалақ сақалы шошайып, «иә, жетісерсіңдер» дегендей кекесін түрмен көзін жыпылықтатты.
— Жолдастар, колхоз ісіне қарсы болу – совет үкіметіне қарсы болу деген сөз. Яғни қаулыны орындамау деген сөз. Мен арнайы нұсқаумен келіп отырмын. Әрине, зорлық жоқ. Бірақ Ақшоқы бойынан колхоз ашу – міндет. Түсініп отырсыздар ма? Колхоздастыру жұмысы көрші ауданда жетпіс бес процентке дейін жетіп отыр. Ал бізде алпыс процентке жеткен жоқ. Сондықтан жергілікті кедей батырақтардың өтініші бойынша, бұрынғы «Қарабидайық» артелін қайта құру қажеттігін жариялаймын.
Ауыл белсенділері бастаған бір топ адам өкілдің сөзіне ду қол шапалақтады.
— Ендеше, қазір осы жиналыс үстінде артельге кіретіндердің тізімін жасаймыз, – деді өкіл Бәйтен мен партия ұясының хатшысына кезек–кезек қарап.
Байдәулет киіз қорапшасының ішінен қағаз, қарындашын шығарып, әскерге адам жинағандай ызбарлы жүзбен:
— Кәнеки, кімнен бастаймыз? – деді қарындашын изеңдетіп.
Әлгінде ғана сартылдатып қол соққан жұрт іркіліп тұрып қалды.
Назар бастаған үш–төрт белсенді тізімге бірінші болып жазылды.
Бірақ жұрттың көбі әрі–сәрі.
Осы кезде Дәуітбай топ ішінен ілгері шығып, тамағын кенеп алды да:
— Шырағым, қазақтың баласы екенсің, – деді өкілге тура қарап. – Айыпқа бұйырмасаң, бір сұрақ қояйын. Ақшоқының адамы артелдің машақатын бір рет көрді ғой. Онда да өзің секілді бір жігіт ауданнан келіп, дәл осылай көрші ауданнан қалып барамыз деп, апай–топай артель ашқан. Кірмегендер өкіметтің жауы болады деген соң, амалсыз бәрі кірді. Ақыры не болды дейсің ғой? Ферма ашып; сегіз жүз ешкіні бір жерден бақтырам деп тең жартысын қолдан қырып алды. Апыр–ау, бір үйлі жан бес–алты ешкісін әрең бағып отырғанда, бір адам сонша ешкіні қайтып бағады?.. Қазір соны тағы қайтала деп отырсың. Ал енді үкімет елге еркіндік, бостандық әкелді дейсіңдер, егер әркім өз еркімен күнін көріп жүре алмаса, әлгі еркіндігің, қай еркіндік? Осыны бір түсіндіріп берші маған, шырағым.
Өкіл жігіт шикілеу болды:
— Бұл жөнінде КазЦИК пен Совнаркомның қаулысы бар. Сіздің айтып отырғаныңыз оңшылдардың сөзі, ал біз екеуіне де, яғни солшылдарға да қарсы күрес ашамыз, – дегеннен басқа дәйекті жауап айта алмады.
Дәуітбай өкіл жігітті тықсырып барады.
— Өзің бір иман жүзді бала екенсің, сосын айтып отырмын, басқа біреу болса, артымды қысып тыныш отырам ғой, – дейді төңірегіне өзін мақұлдатып қарап. – Осы Ақшоқы бойынан «артель – ай» деп ынтығып отырған бір адам көргем жоқ. Өйткені артельдің шын мәнінде не екенін әлі ешкім білмейді. Білмеген нәрсеге қайтіп ынтығады? Сонда осы артель дегенің кімге керек? Мен осыған түсінбеймін. Әлде жоғарғы жақта. біреуге керек пе? Керек болса, өзі құрып алып, қызығын көріп отырмай ма? Мына жұрттың жазығы не? – Дәуітбай басын қисайтып, жұртты көзімен көрсетті.
Ауыл адамдары үріккен қойдай ұйлығып тұр. Оларды Дәуітбайдың сөзі емес, өкіл жігіттің үндемей қалғаны шошытты. «Дегенмен бір шикілігі болды ғой, әліптің артын бағалық» деген ой тұрған секілді әр қайсысының көзінде.
Өкіл мұндай сұрақты күтпеген болуы керек, тілімен саусағын сулап, әкелген қағазын қайта–қайта атқара береді. Ұя хатшысында да үн жоқ. Осы тұста қалай да бірдеме айту керегін сезген Бәйтен көрпенің шетін ысырып, орнынан тұрды.
— Жолдастар, – деді ол «қызарып кетер ме екем» деген оймен жүрексіне сөйлеп. – Мен мынаны айтқым келеді... Төңірекке көз салып қарайықшы. Бізден де басқа ел бар, жұрт бар. Бүкіл дүниені бір Ақшоқы халқымен өлшеуге болмайды ғой. Ойдағы елді алыңыз, қазір артель болып, облысты шулатып отыр. Егер жөнінен бүкіл аудан бойынша алдыңғы қатарда. Газет бетінен бір түспейді. Үкіметке өнім беріп, табыс тауып жатқан көрінеді. Сол үшін облыстан трактор сыйлайтын болыпты. Мектеп, клуб салыныпты. Бұдан артық не керек, жолдастар – ау! Ендеше, Ақшоқы бойына орнай алмағанына артель кінәлі емес, дұрыстап орната алмаған өзіміз кінәліміз. Егер басқа біреулер осы жолмен жетіліп, тойынып жатса, бізге неге сол жолды қумасқа? Ал енді Дәукең түсінбепті деп артельге кірмейтін болсақ, онда бұл кісінің көзі жұмылмай біз төңіректен артель аша алмаймыз.
Жұрт ду күлді.
— Мына балаң тым қатты кетті ғой.
— Айтпа деймін...
— Дәуітбай қайтер екен?
Дәуітбай үнсіз сұрланып, «біздің елде осындай кісі бар ма еді» деген адамша Бәйтенге көзінің қиығымен сығырая қарады.
— Екіншіден, – деді Бәйтен сөзін жалғап. (Ол өзінің ешқандай жүрексінбей, емін–еркін сөйлеп тұрғанын сезініп өзіне–өзі таңырқағандай болды.) – Екіншіден, колхозға енгендер толып жатқан салықтан босатылады. Өнім малына салынатын ауыл шаруашылық салығы да жеңілдейді. Мен мұны газеттен өз көзіммен оқыдым. Керегі күн көріс болса, ал бұл жаман ба, сіздерге? Үкімет колхоздарға қыруар қаражат бөлуде. Олар кім үшін? Колхозшылар үшін. Ендеше, біз неменеден тайсақтаймыз? Еркіндік керек болса, ғасырлар бойы келдік қой еркімізбен өмір сүріпті. Содан шыққан мүйізіңіз, кәне, Дәуке? – Бәйтен түк саспай жымиып Дәуітбайға қарады.
Дәуітбай, жүзі күреңтіп, аяғының астына шырт түкірді.
Атақты палуанды ешкім білмейтін біреудің алып ұрғанын көріп, таң қалған секілді түрмен жұрт бір–біріне қарап, бастарын шайқасты. Бәйтен көрпенің шетін жазып, орнына отырды.
Өкіл жақындай түсіп:
— Молодец! – деп сыбырлады Бәйтенге.
Жұрт тағы да тым–тырыс.
— Кәне, кім жазылады? – деді Байдәулет сенімсіздеу бір үнмен.
Кенет:
— Мен? – деген қыз баланың даусы естілгенде, жұрттың біразы селк ете түсті.
— Мен, – деді тағы да әлгі дауыс әйелдердің арасынан.
— Кәне, бері шық, ал кім өзі?
Көйлегінің жамауы көрініп, кең қамзолы тізесіне түскен он үш – он төрт шамасындағы қыз суырылып ілгері шыққанда ғана жұрт оның кішкентай Қатира екенін таныды.
— Әйдік қасқыр, – деді орта тұста отырған Оразмағамбет жанындағы адамның тізесінен түртіп. – Қаршадай боп дауыс қылғанда тіс қаққан әйелдерден асып түседі.
— Неге дауыс қылады? – деді жанындағы адам түсінбей.
— Ойбай, не деп отыр, қайтыс болған ұста Құсайынның қызы емес пе!
— А–а–а! Опырым–ай, бәлесін – ай!
Өкілдің екі езуі екі құлағында. Мәз болып, «міне, көрдіңдер ме, осыдан кейін де ұялмайсыңдар ма» дегендей қолын жайып отырғандарға қарайды.
Көрпеде отырған Шәйкемел орнынан атып тұрып, үлкен бір қауіпті іске бел буғандай:
— Осыдан айдалып кетсем де, жаз мені, – деді қатуланып.
Отырғандар қарқылдап күліп жіберді.
— Ойбай–ау, неге айдаласың? Мына шал бүлдірді – ау.
— Артельге жазылғандар айдалып кетіп жатыр ма екен?
— Жоқ, енді сөзімнің мәтелі ғой, – деп ақталды Шәйкемел қайтадан отырып жатып.
— Бүйткен мәтелің құрсын, – деді әлдекім.
— Жарайды, жарайды, айтысты қояйық. Тағы кім жазылады? – Бәйдәулет тізерлеп маңайына мойнын соза қарады. – Ау, ана жақта... Бөкен, сен не? Басқа басқа, саған не жоқ, а?
Бөкен күліп:
— Жазсаңдар, жазыңдар, – деді басын бұлғақтатып.
— Е, бұлардікі зорлау екен ғой, – деген дауыс естілді топ ішінен.
— Бәке, – деді Бәйтен парторг жаққа қолын созып. – Асқаров Есімбекті де жазыңыз.
— Өзі қайда?
— Өзі шөпке кетті. Жаза беріңіз, жауабын мен беремін.
Осы кезде Назар қолын көтеріп:
— Жоқ, мен қарсымын, – деді өкілге қарап. – Қашаннан бері колхозға би тұқымы кіретін болған? Үкімет оларға қарсы күрес жүргіз деп отырса, біз оларды артельге мүше қылғымыз келеді. Мұның бәрі Асқардың істеп отырған қулығы. Осы мұғалім баланың өзінің мәселесін қарау керек, байлардың құйыршығы болып жүрмесін.
Емен–жарқын бейғам отырған Бәйтен жөппелдеме не дерін білмей, қаны бетіңе теуіп шыға келді.
— Жолдастар, сендер мынаны байқаңдар. – Өкіл қарындашын бұлғақтатып Назарға қарап сөйледі. – Бұл жігіт үкіметтің адамы, яғни үкіметтің кадры. Өзі оқытып тәрбиеледі, бала оқытсын деді. Оны байдың құйыршығы деуге ешкімнің правосы жоқ. Үкіметтің кадры ғой, жолдастар – ау!
Үкіметті айтқанда Назардың да үні өшті. Отырғандардың біразы бұрын қалай байқамағанбыз дегендей Бәйтенге қызыға, әрі күдіктене қарады.
— Өте дұрыс! Бәйтен үкіметтің қадірлі адамы! – деп айғай салды Олжабай «кадр» деген сөзді өзінше түсініп. – Ойбай–ау, – деді сосын одан сайын айғайлап, – жыртық үйлі жесір кемпірдің баласы емес пе менімен бірге өскен?! Ойбай–ау...
— И, шырағым, осынша әңгірлеп, немене, адам құсап отыра алмайсың ба? – деді оған Жалақ кіржиіп.
— Е, аузыма қақпақ боласың ба? Менің әңгірлегенімде қанша шаруаң бар? Оңбаған тап жауы.
— Қой, әй, Олжабай, ұят болады, – деді әлдекім ара ағайын болып. – Үлкен кісіге сүйдей ме екен?
— Өй, мәжнүн неме! О несі? – деп ұрысты біреуі.
— Қой, ақымақ болма...
Олжабай алғашында шынымен қара басып ақымақ болып отыр екем деп, үндей алмай, басылып қалған. Артынан өкіл:
— Жоқ, жолдастар, бұл болмайды. Бұл жерде ағайыншылық жүрмейді. Жиналыста бай, кедей деген тап мәселесі сөз боп отырғанда, үлкен адам, кіші адам деген ауыл сыйластықты қоямыз. Мына жігіт... кім атың?.. Иә, Олжабай кедейлер атынан сөйлеп отыр, – деуі – ақ мұң екен. Олжабай қайта даурығып, төбелесетін адамдай түрегеліп, Жалақтың үстіне төне түсті.
— Менің әңгірлегенімде қанша жұмысың бар? Жоқ, қанша шаруаң бар?
— Ойбай, көксоққан, әңгімелесең, одан арман жынданып кет. О несі, маған шүйліккені? Мендегі ақың не, ә?.. – Жалақ желіккен неме, шынында да, ұрып жіберер ме екен деп қорыққандай көзі жыпылықтап күмілжіп қалды.
— Ау, мені жазбайсыңдар ма? – деп ортаға алба–жұлба боп Қотыр шыққанда, шет жақта тұрған қатындарға дейін күліп мәз болды.
— Білеміз Қотырдың неге кіріп отырғанын, – деп айғай салды сайқымазақ Әбдіғаппар. – Оған керегі ортақ қатын ғой.
Жайшылықта әзіл–қалжыңды құлағына қыстырмайтын Қотыр берекесі кетіп, абыржыды да қалды. Ыржиып күлген болып еді, онысы тіпті сөлекет болып, адам аяғандай бір түрмен жылыстап, топтан шығып кетті.
Жиналыстың аяқ жағында артельге жазушылар көбейе бастады.
— Енембаласынан осынша жазылғанда, азғантай ата – төлеуден неге екі–ақ адам жазасыңдар? – деп дауласты Молдаш деген кісі.
Әлдекімнің:
— Төлеуге со да жетпей ме? – деп қалуы мұң екен, жиналыстың соң нағашылы – жиенді қызыл кеңірдек айтысқа айналды да кетті.
— Өй, жаман енембаласы, сендердің әкелерің еме пе, Сырға барып, қауын сатып, тентіреп кеткен, қайдан келген әулиелік сендерге?! – деп Молдаш арғы тарихты қопаруға кірісті.
— Сен бар ғой, үй деп шатаспа!! Талқан жеген төлеуде оңған адам көрсем, кө... – деп қызып кеткен парторгты өкіл әрең тоқтатты.
— Ау, Бәке, сізге не жоқ? Сіз осы ауылдың партия ұясының секретары емессіз бе? Мұныңыз қалай?
— Жоға, – деп Байдәулет іркіліп қалды. – Қарап отырмай адамның аузын қыздырып...
Ауданнан келген әкіміңнен әкетіп бара жатқан үлкен білім көрмедім – ау, осы, – деп жиналыстағы әңгімені қайта жандандырады. – Ақыры енді өзіміздің Бәйтеннің айтқанын айтып бере алмады ғой.
— Оттамай отыр! – Дәуітбайдың талағы тарс айрылды. – Атаңның басына мәз боласың ба? Сол Бәйтен ертең үкімет болса, бірінші сен құрисың. Ол балаға жиналысты текке басқартып отырған жоқ. Көзге түссін, жоғарғы жаққа айта барсын деп, әдейі істеп отырған Асқардың саясаты. Көресінің көкесін содан көресіңдер.
— Ол баланы текке оқытты дейсің бе? Келгенде тай сойып, той жасап қандай болды? Саясат бар ғой, – деп Тұршабай Асқардың қулығын одан арман тереңдетті.
— Ендеше, сол баладан сақ болу керек. Әйтпесе мына жүрген жаман Жақаймен ертең жылап көрісесің. Мұның, әйтеуір, өзі жаман болса да, сүйегі мырзаболат қой.
— Е, Жақай деген жүрген бейшара ғой. Дуаннан біреу келіп, үйінен ас ішіп кетсе, соған мәз.
Жүкке арқасын сүйеп отырған Күндербек тақиясын кейін ысырып қойып:
— Асқардың ұлы Есімбек қатын алайын деп жатқан көрінеді, – деді үнемі сырқырап жүретін тізесін уқалап отырып. – Анада Бәйтен екеуі Қарасуға барып, бір қызды алып қашатын боп, келісіп кепті. Оның қайтіп алып қашатынын кім білген – зорлау ма, алдау ма? Назарға айтып, арыз жаздырту керек. Болды.
— Иә, соны шаптаңдар, – деді Тұршабайдың қатыны да сөзге араласып.
Дәуітбай күбірлеп Тұршабайдың құлағына сыбырлағандай болды. Тұршабай көзі мелшиіп ойланып қалды.
Бұларға жақынырақ отырған Естайлақ шал:
— Әй, Дәуітбай–ай, – деді ыңырана басын шайқап. – Мен сенің сыбырыңнан шошып отырмын. Құдайдан қорық.
— Ақсақал, сізге сөздің керегі не? – деді Дәуітбай орнынан тұрып жатып. – Құдайға тәуба қылып отырмайсыз ба үнсіз ғана...
VI
Кешқұрым мезгіл. Таңертеңнен бері күн жауардай тұтасқан қорғасын бұлттар ауық–ауық күркіреп айбат қылғанмен бір тамбай, ақыры алақаншықтап ашыла бастады. Көкжиектің көбісінен шоқтай қызарып батар күннің жиегі көрінді.
Ауыл іші қарбалас. Сиырлар, қой–ешкілер өрістен қайтып жатса, сауыннан ағытылар құлынды биелер жөңкіліп, қыр асып кетіп барады. Қиқу салған бақташының, үй арасында малға кейіген әйелдердің дауыстары тымық ауада жаңғырып тым алысқа естіледі. Бұл кезде ауылға кештетіп құлаған бейсауат жолаушыны өз үйінде шай ішіп отырып–ақ, түрулі есіктен жұрттың бәрі көрер еді.
Бірақ ауылдың теріс жағымен баяғының барымташыларындай бір атты бос жетектеп, ұры сайға түскен қос жүргіншіні ешкім де байқаған жоқ. Бұлар Есімбек пен Бәтен болатын. Есімбектің үстінде су жаңа жұқа қоңыр бешпент, белін қызыл мата белбеумен әлденеше қабат орап алған, басында құндыз жиекті, шымқай көк барқыт бөрік. Астындағы Күреңтөбел жараған бәйге атындай жып–жинақы өмілдірік, құйысқаны шылдыр қағып, тойға баратындай малынып тұр. Бәйтен қаланың әкімдерінше басына қалпақ, үстіне иығы тікірейген орыс шапан киген. Мінгені есік пен төрдей бурыл ат.
Сай табанына түскен соң, екі жігіт аттан түсіп, көліктерін шоқ талдың түбіне әкеп байлады да, қыраттан бастарын қылтитып, Қарасу бойындағы ауылға көз тастады.
— Апырым–ай, шыға алмай қалса, қайттік? – деді Есімбек өзінен–өзі үрейленіп.
— Неге шыға алмайды? – Ол бір тұтқында отырған адам емес қой. Өткенде су алуға шықты ма, шықты. Содан бері қарай екі–үш аттаса, сайдың табанына түседі. Шықты деген сол емес пе? – Бәйтен осы сөзді жүрек тоқтату үшін әдейі сымбырлап айтса да, іштей өзінің де қобалжулы екенін сезіп тұрды.
Біртіндеп Қарасу бойын қараңғы түн басты. Жерошақтағы от сәулесімен сиыр сауған әйелдердің бейнесі көлбең қағады. У–шу саябырлап әркім өз орнын тапқандай мал да, адам да бірте–бірте тыныштала бастады. Осы кезде ауыл жақтан әлдене қараң етті.
— Мынау не, мал ма, адам ба? – деді Есімбек қашатын адамдай түрегеліп.
— Кәне, кәне? – Бәйтен қанша үңілсе де ештеңе көре алмады.
— Әлгінде біреу сай табанына түскендей болды.
— Жарайды, сабыр ет. Күтейік.
Есімбектің жаны байыз Таппады. Бір отырды, бір тұрды. Алдындағы бидайықтың сабағын жұлып алып, не істеп отырғанын өзі де білмей, аузына салып, тістелеп, жерге түкіре берді.
Кенет аяқ астынан шар ете қалған дауыстан екеуі де шошып кетті.
— Бұл кім? – деді Есімбек үрейленіп – Бәтима?!
— О, жандарың шыққырлар, жүрегімді жарасыңдар ма?!
— Сенің жүрегіңді жарайын деп жатқан кім бар? Өзің ғой бажылдап жұрттың зәресін ұшырдың.
— Бажылдамай қайтейін, дымдарың шықпайды.
Бәтима ентігін баса алмай, біраз тұрды.
— Әй, екі көгермегір, – деді бір кезде. – Қыз қазір шыға алмайды. Ел жатқанша күтесіңдер. Осы жерден қозғалмаңдар. Әкесі бірдеңе сезіп қалған ба, қызды үш күн болды кілемге де жібермей қойды. Үйінен қонақ кетпейді. Қой кеттім. Тағы келем. Байымнан да қорқып жүрмін. Білсе, өлтіреді мені. Жынды емес пе... Ал кеттім, ит қауып алар ма екен, құдайым–ай.
Бәтима кеткен соң, Есімбек аттарды отқа қойып, Бәйтеннің қасына келіп, көк шөптің үстіне қисайды.
— Егер қуғыншы болса, сен Шырақжанға кете бересің, мен кейін қаламын.
— Неге? – деді Бәйтен түсінбей.
— Адастырып кету үшін.
— Мен де адастырып кете аламын, бурыл аттың шабысы Күреңтөбелден кем емес.
— Әңгіме шабыста емес.
— Енді неде?
— Қуғыншы тек қыздың төркіні болмауы мүмкін... Мұндайда бәле іздеген көлденең қуғыншы да болады.
— Е, ондайлар болса, ауыз бастырық беріп, құтылармыз. Есімбек үндеген жоқ.
— Жыртық киімдей жалбыраған ала бұлттар терістікке қарай ығысып, күміс теңгедей жарқырап ай көрінді. Тозаңытқан ай сәулесі төңірекке ақ мұнар жарық шашып, ауыл шетіндегі қопа, қалың зират қайта көрінді.
Жерошақтағы оттар да өшті. Бейсауат дыбыстың бәрі басылып, анда–санда шіңк еткен түн құстарының болымсыз үні мен шегірткелердің біркелкі шырылы ғана естіліп тұр.
Түн құшағында мүлгіген ауыл бір түрлі қорқынышты. Жақындай берсең, өре түрегеліп, бас салатын секілді.
Екі жігіттен сабыр кетті.
Түн ортасы кезінде ауыл іргесінен бүкеңдеп бері жылжыған бірдеңе көрінді. Жылжығаны құрсын, тұсаулы аттай кібіртіктеп, жетіп болмады. Қылт етіп біресе көрініп, біресе жоқ болып кетеді. Ақыры жетті – ау!
— Бәтима! – деді Бәйтен қарсы жүгіріп.
Бетін жаулықпен тұмшалап байлаған әйел Бәйтеннің иығына асыла кетті.
— Жоқ, мен Қоңыршамын.
Үрейі ұшқан әйелдің әлсіреп асылған денесі мен бетін шарпыған ыстық демі жігітті абыржытып тастады.
— Бәтима, Бәтима қайда? – дей берді сонау Ақсуаттан осы жерге Бәтима үшін келгендей.
— Бәтиманы күйеуі сабап, талдырып тастады. Біреуден бірдеңе естіген секілді. Жарықбас қайнаға болмағанда өлтіретін түрі бар көрінеді.
Екі жігіт дағдарып, «апырау, енді қайттік» дегендей, Қоңыршаға төне түсіп, жәрдем тілеп үнсіз тұр.
— Сендер шыдай алмай, ауылға келіп қала ма деп зәрем ұшқасын... – деді келіншек демін зорға басып. – Әрең шықтым. Аңдып отыр. Әлде де әрірек барып тұрыңдар. Аттарың дайын тұрсын, Иә, алла, жақсылығыңды бере гөр...
Есімбек жүгіріп аттарға кетті.
Қоңырша Бәйтеннің қолынан тас қып ұстап:
— Мен енді қайтып келе алмаймын, құда бала, – деді одан жаман ентігіп. – Қош! Аман бол... Қош!..
— Қалайша? Ау, неге? Сонда қалай? – дей берді Бәйтен жүрегі атша тулап.
Қоңырша құшақтайтын адамдай жақындап келіп:
— Шырақжан саған ғашық боп қала ма деп қорықтым, – деді тұншыға сыбырлап. — Сенің де ұнатып қалуың мүмкін ғой... Ал қош!.. Жасаған қайда жүрсең де, өзіңді аман қылсын! Ғайып – ерен қырық шілтен... – Қоңырша даусы дірілдеп, жаулығының шетімен бетін басты – Қош, қарағым!.
Қоңырша кетіп бара жатып, артына бұрылып:
— Шырақжанды ренжітпеңдер, – деді де, жүгіре басып, сайдың екінші қабатына түсіп көрінбей кетті.
Сілейіп тұрған Бәйтенді Есімбек ұйқыдан оятқандай түрткілеп, өзіне әрең қаратып алды.
— Ау, мынаған не болған? Жөніңді айтсаңшы? Бірдеңе деп кетті ме әлгі?..
— Жоқ, ештеңе деген жоқ, – деді Бәйтен әлі де «ұйқысынан» ояна алмай.
Содан кейін бас жоқ, аяғы жоқ:
— Қош! – деді өзіне–өзі.
Есімбек шошып кетті.
— Сен немене деп тұрсың?
— Ештеңе де...
— Жүр кеттік, ендеше. Аттарды дайындап қойдым. Әрірек барып тұрайық.
— Жүр.
Ет пісірім уақыт өтті. Шегірткелердің де шырылы басылды. Тыныштық. Адам өз үнінен өзі шошитын өлі тыныштық.
— Шықты! – деді Есімбек жан даусы шыға сыбырлап. – Шықты ғой деймін...
Қараңдаған қос бейнені Бәйтен байқады. Қашқан қыз секілді емес, асықпай, тоқтап – тоқтап жылжиды. Мына қалыптарымен бір бәлеге ұшырайтындай көрініп, көңілге одан сайын үрей толтырды.
— Апыр–ай, жетіп болмады – ау! – деді шыдамы таусылған Есімбек даусы қалтырап.
— Тш–ш–ш...
Үстеріне шапан жамылған екі әйел жалп етіп бұрылыстан шыға келгенде, аттар үркіп кейін шегінді:
Алдыңғысы Шырақжан екен, бұрын жеткен Есімбекке қолындағы түйіншегін ұстата салды.
— Ойбай, көгермегірлер, тез кетіңдер енді! – деді артқысы.
Бәйтен таңырқап:
— Бәтима! – деді өзіне–өзі сенбей.
— Ойбай, немене?
— Сені күйеуің сабап талдырып тастады дегені қайда?
— Талдырса, талдырған шығар. Өлтіріп тастаған жоқ қой, әйтеуір.
— Өй, сабазым – ай! – деп Бәйтен риза көңілімен еңкейе түсті де, Бәтиманың көнектей болып ісіп кеткен бет–аузын көрді. – Өлуге қапсың ғой, жеңеше – ау? Дәтің жетіп қалай келдің?
Бәтима ісіктен сығырайған көзімен кісі күлерліктей жыртия қарап:
— Не дейді, бәтір – ау, қыз алып қашу оңай деп пе ең енді, о несі? – деді кінәлай сөйлеп.
— Тірі болсақ, жақсылығыңды ақтармыз.
— Жаның шықсын, мен саған жақсылығымды бұлдап отырмын ба? О несі?
Есімбек алдымен Шырақжанды қара жорғаға мінгізіп, өзі лып етіп атына отырды да, қалтасынан орамалға түйілген ақша алып, Бәтиманың қолына ұстатты.
— Жеңеше, ырым, ырым болсын. Жоралғы ғой...
Бәтима:
— Жолдарыңды алла оңғарсын! – деп бетін сипап, түйіншекті қалтасына салды. – Бақытты болыңдар!..
Түн жамылған үш атты сау желдіріп сай табаннан жазыққа шықты да, көкпекті қыратты бөктерлеп, Ақсуат қайдасың деп терістікке ат басын қоя берді.
Шырақжан атқа шаншылып әдемі отырады екен, құйрық жалы сүзіліп, көсіле шапқан қара жорғаның үстінде атпен бірге жаралған мүсіндей қатып қалған. Бес–алты шақырым ұзағаннан кейін, жүргіншілер атты қыстамай, ауыздыққа сүйеп шоқытып қана отырды. Қара жорға дөңгеленіп жорғасына басты.
Қу шоқының тұсында Есімбек қолын көтеріп, «тоқтаңдар» деп белгі берді. Өзі атынан түсіп, Шырақжанның қасына келіп, қара жорғаның шап айылын, төс тартпасын қайта тартты. «Ауылға жеткенше жарай ма» дегендей бусанып, пысқырына бастаған аттарға көз жүгіртіп қарап шықты.
— Ауылға жарық түскенде барамыз, – деді қалыңдығының қолын аттың жалымен қосып ұстап. – Мына түріңмен қашып келе жатқан қыз екеніңді жұрт бірден біледі. Үстіңді жеңілдет. Басыңдағы бір орамалыңды алып таста. – Содан кейін Бәйтенге қарап. – Сен андағы орыс бешпентің мен қалпағыңды маған бер, – деп, сырт киімін шеше бастады. – Сен менікін ки.
— Неге?
— Бол, енді. Бізге кімнің кім екенін жұрттың айыра алмай жатқаны керек қой. Болсаңшы енді.
Екі жігіт киімдерін ауыстырып, атқа отырды. Есімбек алда. Сүт пісірім уақыт шоқырақтап отырды да, Қоймырет жарығының тұсына келгенде, тағы да аттың басын қоя берді.
Бір қабат тері алынып, бусанып алған аттар таңғы салқынмен жел тұрғызып көсіле шапты. Қос қапталдағы қырқалардың төбесінен қылтиған обалар көрінді. Қоймырет жарығы шұқыры көп жыра – жыра терең сай. Бәйтен қауіп қылып, жан–жағына қарап: «Апыр–ау, Есімбектікі не, осынша шапқылап, аттың аяғын сындырады – ау», – деп ойлап үлгергенше болған жоқ, әлдеқайдан мылтық даусы гүрс ете қалды. Бәйтеннің содан кейінгі байқағаны – алда келе жатқан Есімбектің ат–матымен омақаса құлаған. Астындағы бурыл ат қатты шошынып, әл бермей ала қашып, тізгінді сыңар езулеп тартумен қырқаның төбесіне жеткенде әрең тоқтатты. Кері бұрылған Бәйтен әлдеқалай қалың обалар тұсынан сайда тұрған жабулы атты, оған қарай ақсаңдай басып, жүгіріп бара жатқан бір кісіні көзі шалды. Ештеңе пайымдауға мұршасы келмей, «өлді, өлтіріп кетті» деген ойдан есіріктеніп, құлап жатқан Есімбектің қасына қалай жеткенін білген жоқ. Онсыз да ытырылған атын үсті–үстіне қамшылап, Шырақжан да жетті. Шала есті күйде шауып келе жатқан аттан қарғып түсуге дайындала берген Бәйтен қалпағын қолына ұстап, өзіне қарай қарсы жүгірген Есімбекті көріп аңырып қалды. Есімбек қатарласа бере, ердің артқы қасына қол тиер – тиместе аттың артына қарғып мінді.
— Тарт! – деді жанталаса айғайлап.
Артына бір қарағанда Бәйтен басы қан–қан боп, дір–дір етіп жатқан күрең төбелді көрді. Атты аяудың орнына, өзінің неге қуанып тұрғанына түсінбей қалып, Есімбектің «иә, ақсары бас, құдай сақтады» деген даусын естігенде барып, қуанған себебін есіне түсіріп, соған көзін жеткізгісі келгендей, арт жағынан қапсыра құшақтаған қос қолды өз бүйіріне қыса түсті.
Үш жолаушы мінген қос ат ышқына шауып, Қоймырет жарығынан ұзай берді. Сол шабыспен олар Ақсуатқа жеткенде бір–ақ тоқтады.
Қан сорпа болған аттар демдерін баса алмай, бастарын төмен салып пысқыра береді.
Есімбек жерге қарғып түсіп, Бәйтенге бешпенті мен қалпағын шешіп беріп:
— Сен барып хабарлай бер, – деді де, әлі де құп–қу болып, оңала алмай тұрған қалыңдығының бетіне қарап: – Жеттік, – деді жымиып.
Жол жүріс пен үрейден, уайымнан әбден қажыған Шырақжан жан жүйесі аяқ астынан босап салған кезде, өзіне–өзі ие бола алмай, екі иығы селкілдеп, орамалымен бетін басып, тұншыға жылады. Қатты жылағаннан әлі кетіп, былқ–сылқ еткен қалыңдығын Есімбек аттың үстінен жансыз бірдеңені аударғандай, құшақтап жерге түсірді. Қызды зорлықпен алып қашып, бәлесіне қалған адамдай екі жігіт абдырап бір–біріне қарады.
— Шырақжан, қоя қойшы, – деді Бәйтен бала еркелеткендей арқасынан қағып. – Біреу–міреу көрсе, ұят болады...
— Сорлы анам... – деп сөзінің аяғын айта алмаған Шырақжан қайтадан көз жасына тұншықты.
Қыз мінезі балаға ұқсас. Шырақжанның көз жасы қуанышты күлкіге араласты.
— Ал мен кеттім, хабарлауға, – деді Бәйтен осы кезде атына қарғып мініп.
Желе жортып, үйге тақай берген кезде әлдебір жаманат күткендей үрейленіп Бикен шықты.
— Не болды, не болды? – дей берді анадайдан.
— Алдынан шығыңдар, Қамысбай түбегінде тұр. – Бәйтен бұрылып, түбекті қамшысының сабымен көрсетті.
Бикен тап бұлай боларын күтпегендей:
— Көтек не дейді?! – деп абдырап, кейін жүгірді.
Үйден бір топ адам шықты. Түнімен ұйықтамай, күткен секілді.
— Ау, қуаныш па? Не, не? – дейді біреулер түсінбей.
— Алып кепті ғой. Түбекте тұрған көрінеді...
— Ой, бәрекелді! Қуаныш құтты болсын!
— Ұзағынан сүйіндірсін!
Бір топ әйел шымылдық алып, түбекке қарай жүгірді.
Бәйтен жамыраған жұрттың арасынан:
— Көке, бері келіңізші, – деп Асқарды шетке шығарып алды.
— Не болды? Қуғыншы болды ма?
— Жоқ! Бірақ жолда біреу бізді мылтықпен атты.
— Тек!
— Оқ Есімбектің астындағы атқа тиді.
— Не дейді?! – деді Асқар шүберектей боп–боз болып.
— Мінгесіп қашып құтылып кеттік. Ат қалды.
— Қай жерде.
— Қоймырет жарығында.
Асқар Қоймырет жарығын іздегендей жан–жағына алақтап қарап:
— Апыр–ай, апыр–ай! – дей берді. – Ол кім болды сонда? Апыр–ай, құдай сақтаған екен!
— Аттың өлігі далада қалды, жаныма біреуді алып өзім барайын.
Асқар әлденеге ойланып қалды.
— Жоқ, сен барма, – деді үзілді–кесілді. – Басқа біреуді жіберемін.
Көп ұзамай у–шу болып, шымылдық көтерген әйелдер де жетіп, тұс–тұстан қаумалап қалыңдықты отауға кіргізді. Жаулығы қоқырайған домалақ кемпір сары майды отқа жақты да, табалдырықтан аттай берген қалыңдықтың бетіне жағып, «Ата–енеңе жұмсақ бол», – деп айтып үлгерді.
Осыдан кейін қазақтың белгілі үйлену тойы басталды да кетті. Шаруашылық жағындағылар абыр–сабыр: біріне–бірі кедергі болып, бірінің айтқанына бірі түсінбей, іздеген заттарын таппай, күйіп–пісіп, ақыры бәрі де табылып, айтылған сөз, істеген іс орын–орнына келіп, қызықты думан бас білген көліктей кідіріссіз жүріп кетті.
Түске қарай «қайырлы болсын» айтуға ауылдың үлкен адамдары келді. Кемпірлер жағы анадайдан «Үйлеріңнен той кетпесін, ұзағынан сүйіндірсін, білдің бе, шаңырақтарың көбейсін білдің бе» деп, батасының өзін ұрысқандай қылып, құм шашқан тентек балалар секілді, шашуын есік жақта тұрған адамдарға лақтырып, жұртты қыран–топан күлдіріп, мәз қылуда.
Келесі күні алыстағы Сарбұлақ, Өлеңді, Шағырлы, Жаман қопадан да қонақтар келді. Олар жеке тігілген отауға түсті. Іштерінде бейтаныс кісілер де бар. Елдің бәрі Асқарды таныған соң, бір–біріне «сен кімсің» деп жатқан ешкім жоқ, той–думанның қызығымен танысып–білісіп–ақ араласып кетті.
Бәйтен қостың ішінде ет дайындап жатқан әйелдерге келіп, есік жақта отырған ауыл жігіттеріне жеке табақ жасау керектігін түсіндіріп тұрған, «Ау, тағы да қонақтар келді ғой», – деген дауысты естіп естіп, сыртқа жүгіріп шықты. Ендігі қонақтар жаңа үйге түсуге тиісті еді. Бәйтен алғашқы тоқтаған біреуін атынан түсіріп, көлігін кермеге байлап, «былай, былай қарай» деп, жол көрсетіп жүр. Кенет алдындағы кісіге қарап, қорқынышты бір мақұлық көргендей, шошына аңырып, қалшиды да қалды. Жаңа ғана өзі аттан түсірген адам ақсаңдай басып, үйге кіруге беттеп барады. Кеше таңертең Қоймырет жарығында қалың обаның қасынан көрген адамның жүрісі. Жаңылысу мүмкін емес. Денесінің төртбақтығы, шойнаңдаған дене қимылы... бір қарағанда – ақ есінде ұмытылмастай сақталған. Бұл кім сонда?!
Кешегі қорқыныш бойына қайта оралған Бәйтен жүрегі өрекпіп қоя берді. Ақсақ кісі үйге кірген кезде жүгіріп Есімбекті іздеді. Есімбек қостың ішінде екен.
— Сыртқа шықшы, – деді ентігіп.
Есімбек мұның түрінен шошығандай болып, далаға атып шықты.
— Немене?
— Қоймырет жарығында бізді атқан адам осында келді, – деді Бәйтен үрейлене сыбырлап.
— Оны қайдан білдің?
— Сен құлағанда оба жақта сайдың ішінде тұрған атты көргем. Атқа қарай бір кісі дәл әлгіндей ақсаңдай басып, жүгіріп бара жатты. Танып тұрмын, дәл өзі.
Есімбек жүгіре басып, қонақтар түскен үйдің қасына келді де, босағадан сығалады.
— Анау бұрышта отырған ба?
— Дәл өзі, – деді Бәйтен сыбырлап. – Ол кім?
Есімбек ойланып қалды да:
— Тоқтар, – деді сыбырлап. – Жанылмапсың. Соның өзі болды... Тек енді ештеңе сездірме.
Жаңа отаудағыларға қызмет қылуға Бәйтен үйге кірген соң, өзіне әзірейілдей көрінген Тоқтарға қарамауға тырысты.
Еттен кейін жұрт тамақ баспақ болып, қалталарынан бір–бір тіс шұқығыш аршаларын алып, іргеге шалқайған кезде белгілі өтірікші Тайшық әңгіме бастады. Әңгімесі секірген кезде сүрініп құлап, аяғын сындырған киікті қалай ұстағаны жайында екен. Онысы рас та болуы мүмкін, бірақ Тайшық айтқан әңгіменің бәрі қалайда өтірік болуға тиіс деп ойлаған жұрт сенбей, оны мазақ қылып күле бастады.
Көп дабырдың ішінен:
— Ойпырмай, Тайшеке, мына жұрт не боп кеткен?
— Сіздің әңгімеңізге менен басқа ешкім сенбей қойды – ау, – деп әзілдей саңқылдаған ашық зор дауыс айрықша естілді.
Бәйтен әлгі дауыстың кімдікі екенін айыра алмай біраз отырды да, шыдай алмай Тоқтар жаққа көз салды. Шынында да, жаңағы ғажап зор дауыс соныкі болып шықты.
— Ойпырмай, Тайшеке, не істейсіз енді, қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан деген осы емес пе? – дейді ап–ашық үнмен сақ–сақ күліп. Кенет ол өзіне тесілген көзқарасты сезіп, Бәтенге жалт қарады. Жүзін бұрғанда анық көрінді – мұрты тікірейген жалпақ бет сары кісі екен. Бақырайған көкшіл көздері қалтырап, арсыз жымиып, шімірікпен қарайды. Аңшының аңға қызыққаны бір көзқарас...
Бәйтеннің жүрегі дір еткендей болды.
— Қуаныш қайырлы болсын, балалар бақытты болсын, Асеке! – деді Тоқтар онсыз да зор үнін көтере сөйлеп.
— Айтқандарың келсін! – деді Асқар. – Әумин!
VІІ
Көшпелі тұрмысты қосым баласы жайлаған Ақшоқы өңірінен қайтадан үш артель ашылды. Орталықтары – Ақсуат, Үшқарасу, Шығыралы. Бұл кезде жаппай отырықшыландыру саясаты барлық жерде жүріп жатқан–ды. Отырықшыландыру комитеті мен комиссиялары құрылды. Ойдағы елде мал шаруашылығын ұйымдастыратын пункттер ашылды. Алғашқы тракторлар келе бастады. Жаңа құрылған шаруашылықтарға трактордың келуі – садақ, қылышпен соғысып жатқан екі әскердің біріне көмекке зеңбіректің келгені секілді әсер етті. Аудандық атқару комитеттерінен облыстарға колхоздастыру жұмысын жетпіс – тоқсан процент орындадық деген ақпарлар ағылып жатты.
Әйтсе де бір шаңырақтың астындағы адамдардың да бөлек–бөлек мұқтажы болатыны бар еді. Атам заманғы қоныстарын ен жайлап, көшіп–қонып жүрген қазақтарды бір жерге жинау – тұрғын үй, мал қораларын салу, қысқа жем–шөп дайындау, тағы сол секілді толып жатқан қыруар шаруашылық жиындарда айтуға оңай болғанмен істеуге оңай болмады.
Біріншіден, құба тал, ешкі тал, үшқат, жыңғыл, тобылғы, арагідік сексеуіл өсетін бұл өлкеде үй салуға қажетті бөрене, тақтай табылмайтын, қолы жеткендер ағашты дуаннан, болмаса, Әулиекөлден тасиды.
Екіншіден, Ақсуат бойының су түсер табаны осынша елдің сығылысып кетіп, шөп шауып, егін салуына жетпейтін. Бұрын мырзаболат ішінде бір атаға ғана қараған қыстау емес пе?..
Қазірдің өзінде артельге елу үй кірді. Ауданнан әкім үзілмейді. Артель басқармасының жиыны былайғы жұртқа қызық той секілді. Өкілдер келіп, әлі жасалмаған шаруашылықтың жоспарын айтып және көріпкелі бардай, келесі жылғы өнімнің қаншасы өкіметке, қаншасы колхоз мүшелеріне қалатынын қолмен қойғандай санап берген кезде, жұрт ертек тыңдағандай, ауыздарын ашып, мәз болып, қуанысып қалады.
Шілденің ыстығында ауданнан басына ескі сабан қалпақ киген, мұртсыз жирен сақалды ұзын бойлы сары орыс келді. Сары орыс – су инженері Юрий Иванович Семенов еді. Көмекші болып жүрген бұйра бас қазақ жігітін ертіп алып, өзен бойын бір апта аралады. Әлдебір құрал–саймандарын алып, жер бедерін, су деңгейін өлшеді, топырақ қабатын зерттеді.
Содан кейін ауылдың белсенділері мен ақсақалдарын жинап алып, жиналыс өткізді.
Су инженерінің шешімі мынау еді. Ақсуат бойына елді қоныстандыру үшін, ең алдымен шабындық пен егістік жерді кеңейту керек. Көбейтудің жалғыз жолы – өзен суын арық арқылы табанға шығару. Жуалы түбектің ар жағында арық қазуға лайық бар. Тегінде, ертеректе өзен арнасы осы ойпаңда болған тәрізді. Кейін су азайғанда жағалаудағы саздауыт қыратқа су тіреліп, бірте–бірте құм жаққа қарай ойысқан. Егер сазды жағалауды орып, табанға дейін арық қазса, көктемде тасыған су сонау Ақжанға дейін жайылып, бір шеті Көбектің сайына жалғасады. Сонда төңіректе екі артельге жететін шөп шығады.
Ауылдық советтің жиналысында осы шешім бір ауыздан қабылданды да, көп ұзамай арық қазу жұмысы басталып кетті.
* * *
Алғашқы күндері бүкіл ауыл тайлы – тұяғымен жиналған. Екі–үш күннен кейін ескі сырқаты барлар жұмысқа шыға алмай, арық басында отызға жуық адам қалды. Олардың көбі әйелдер. Инженердің көмекшісі (инженердің өзі ауданға кеткен) әркімге ұзыны мен көлденеңін өлшеп жер бөліп берді де, тереңдігін әлсін–әлсін өзі қадағалап отырады.
Жағалауға жақын тұстағы биіктеу дөңесте өңкей атан жілік кісілер – Байбақ, Олжабай, Сағидолла, Қарағұл, Әбдіғаппарлар – жердің шаңын аспанға шығарып, көбірек істеп, көбірек шулап жатқандар – солар. Әсіресе Сағидолланың айқайы жиі–жиі естіледі. Еңгезердей қарулы неме жайшылықта күші бойына сыймағандай, қойқалақтап бір орында тұра алмайтын; енді сол күшін жұмсайтын жер табылғанына қуанғандай, қиқулап қойып, ұзын сапты жалпақ кетпенін құлаштай сермейді.
— О, әңгі! – дейді ой жақтағы әйелдердің бірі. – Мынаны жын қағып кеткен шығар.
— Қайтсін енді, – дейді екінші біреуі астарлай сөйлеп, – қатын жоқ, қуаты бойында...
— Қатын жоқ болса, құтырып кету керек пе? Жүр ғой мына Қотырлар тып–тыныш.
Қотыр өз атын естіп, жұмысын тоқтатып, келіншектерге қарайды.
— Не деп өсек айтып тұрсыңдар – ау?
— Сені мақтап отырмыз. Сағидолла секілді жынды емес деп.
— Құр мақтағанша, біреуің тимейсіңдер ме?
Өмірде болмайтын бірдеңе естігендей, келіншектер ду күледі.
— Бейшара – ау, қатын–балаңды қайтып асырайсың? Отыздан асқанша, не үйің жоқ, не күйің жоқ.
— Үй деген, қатын алған соң болмай ма? Жалғыз өзіме үйдің керегі не?
— Ал қатынның керегі не?
— Қатынның жөні бөлек, – дейді Қотыр маңдай терін жеңімен сүртіп. – Қатын бала туып береді.
Әйелдер беттерін жыртып, бір–біріне қарап, сылқ–сылқ күледі.
— Әй, албасты!..
— Осыған сөз шығындап...
— Сен бала тудырып жарытпассың, – дейді сайқымазақ әйелдердің бірі.
Қотыр ұзақ айтысқа кеткен адамдай, кетпенін тастап, арықтың жағасына шығып отырды.
— Жабай деген шешеннің елуге келгенше баласы болмаған екен, – деді тізесінің шаңын қағып қойып, мақамды үнмен. – Сол елдің ақсақалы, әрі биі Таусардан қу бас деген сөз естіп, назаланғанда айтқан екен:
«Жаның күйіп кейігенде, Жабайды қу бас дейсің, Басыңа іс түсіп қысылғанда, Жабайдай ұл тумас дейсің, Құдайдың маған берейін десе, баласы жоқ па, Сенің балаңды алайын десе, бәлесі жоқ па», – деп. Сол айтқандай... – Қотыр онымен не айтқысы келгенін ұмытып қалғандай, ойланып отыр.
— Байғұс–ау, баланы құдай береді, ал қатынды өзің алмайсың ба? Құдай саған көктен қатын тастай ма? – деді жаулығын көзіне түсіре ораған егделеу әйел.
— Күш жетсе, мал беріп, баяғыда алар ем. Әйтпесе, осы жүргендердің, – Қотыр жан–жағына бұрылып жұмыс істеп жатқандарды көзімен көрсетті. – Бір жері менен артық па?
— Қап бүлдірді – ау! – деді еркектердің бірі күліп жіберіп.
— Бір жері... дегені несі – ей мынаның? О, мәжнүн! – Күлегеш Қамидолла селкілдей күліп, қалтасынан жаулықтай орамалың алып, жылап отырған адамша бетіне басты.
— Күліңдер, күліңдер, – дейді Қотыр өзіне–өзі сенімді үнмен. – Жанымды жалдасам да, келесі жылға дейін қатын аламын. Сосын байимын. Қараңдар да тұрыңдар... Айтпақшы, әңгіменің аяғын ұмытып барады екем ғой, жаңағы Таусардың ақыры бес ұлы тегіс өліп, дүниеден қу бас болып өтіп, Жабай бала–шағалы іргелі шаңырақ болған екен. Сондықтан «бармын деп мастанба, жоқпын деп жасқанба» деген. Өмір қашан да алдамшы. Солай емес пе? – деді Қотыр жанындағы Тоқанға күле қарап.
Тоқан неге екені белгісіз өзі қазып жатқан арықтың түбіне тізерлеп отыра кетті де, – солқылдап жылап қоя берді.
Мәз болып күліп тұрған жұрт сасып қалды.
— Есіне бірдеңе түсіп кетті ғой. Жарайды мазаламаңдар, – деді әлдекім дабырлай берген жұртты басып.
Біразға дейін өзіне–өзі келе алмай, булыға өксіген Тоқан жұмысқа қайта кіріскенде ғана түйнектей қадалған беріш қайғысы бірте–бірте саябырлап есін жиғандай болды. Бірақ әлгінде Қотыр айтқан әңгіме жүрегінде инедей қадалып тұрып алды.
Тоқанның Арқа бойын шулатқан атақты бай болғаны рас еді. (Бұл күнде бұтына тері шалбар киген, қолы басы күс–күс, ерні жалақ алым–жұлым Тоқанды атақты бай күйінде көзге елестету мүмкін емес секілді.) Өздері үш ағайынды болатын. Бірінші ағасы сегіз жыл болыс болған; он алтыншы жылғы тізім кезінде көтерілісшілер өлтіріп кетті. Екіншісі би болды. Өзі болыс, иә би болып көрмесе де, абырой атағы солардан кем болған жоқ. Бүкіл Егіндібұлақ, Жарқамыс, Астауқопа – ата жайлаулары, шөбі шүйгін, суы мол – нағыз жылқы өсіретін жер. Тегінде, жарық дүниеге шыр етіп түскеннен бастап, Тоқан үшін тіршілік тауқыметі деген ұғым болмаған секілді. Баланың кішісі болып, ерке өсті. Жорға мінді, жастықтың желігімен сауық–сайран құрды. Оқу оқыған жоқ, ешқайда тырысып ұмтылған жоқ. Жан–жағы тірелген дәулет, рақат, қызық болған соң, тіпті не үшін тырысып, неге ұмтыларын білмеді. Одан бергі өмірі – жайлау қызығы, жақсылар бас қосқан жиын той, қысқы соғым, жазғы қымыз... Байлық не істеткізбейді – үш әйел алып, үшеуін үш отауға қойды. Қайда жүрсе де, құрмет, асты–үстіне түсіп, оратылған қошеметшілер. Баяғы ұлы жәрмеңкедегі жиында Арқаның талай ірі байлары ығысып, бұдан бір тізе төмен отырар еді.
Опасыз дүние бір күнгідей болмай өтті де кетті. Әшейін бір көрген түс секілді.
Ағасы ұрланып мал–жайымен Қытай асты. Екі ұлы қарап жүрмей, партия құрамыз деп әуре болып, ақыры үкіметтің құрығына ілігіп, айдалып олар кетті, өлі, тірілері белгісіз. Кенжесі үкімет тәрбиесіне ілігіп, өзіне қарсы шығып масқара қылды. Оның да өмірі ұзақ болған жоқ – бандылармен соғыста қаза тапты.
Ақыры жалғыз қалған Тоқан соқа басын сүйретіп, қаңғып жүріп, осы ауылдан бір–ақ шықты. Елден тым жырақ кеткен себебі – жақсы ит өлімтігін көрсетпес деген ой еді. Бірақ бұйрықсыз өлім келмеді. Өмір шіркін бір үзім нанға тіреліп жіңішкерген сайын, тәттірек көрінетін секілді. Таңертеңнен кешке дейін салпылдаған бейнетке де еті үйренді. Белі талып, көзі қарауытып, қу тірліктен күдер үзген шағында, есіне бір кездегі өзінің отымен кіріп, күлімен шыққан жалшылар түседі. Түседі де, жарық дүниенің жан білмейтін бір құпиясын ашқандай, әлденеге қайран қалып, өзімен–өзі күбірлеп сөйлескендей болады. «Апыр–ау, – дейтін ол ішінен, – солардың қалай күн көріп жүргенін сол кезде назар салып байқамағаным ба? Олар маған солай болып туған, солай болып өлетін секілді, және сол тірліктеріне өздері дән риза секілді көрінетін. Киген киім, ішкен астарына қарап, тым болмаса, бір рет өзімді солардың орнына қойып неге көрмедім екем?» Енді, міне, солардың қатарына өзін құдай әкеп қосқан кезде, жақсы мен жаманның, қайыр мен қиянаттың мән–мағынасы мүлде басқаша болып көрінеді. Көк еті жыртылған сайын, жоқшылық пен жалғыздықтың азабын татқан сайын, сол жарлы–жақыбайларға жақындай түсетін секілді, әлгілерге деген, бір кезде есіне келмеген, жанашыр сезім жүрегіне оралғандай болады. Солар өзіне тап қазір кездесе қалса, тең құрбыдай отыра қалып сырласқысы келеді. Сырласса жан дүниесі тазаратын секілді... Тоқанның өз ғұмырында зердесін қинап, бірінші рет ашқан құпия жаңалығы осы еді. Өзінен басқа ешкім білмейтін осы шындық (әйтеуір, өзіне солай көрінетін) барған сайын, түсінген сайын жан азабын жеңілдетіп, жүрегін жылытқандай болады. Сол себепті еті қызып жұмысқа кіріскен кезде қабағы жазылып, Ақсуаттың халқы ғана білетін бейнетқор, мұңсыз Тоқанның қалпына түседі.
Түс әлетінде ауылдан сусын келіп, жұмыскерлер қамыстан жасалған жаппаның көлеңкесінде дамылдап жатқанда, Тоқанның жүзінде манағы қайғының ізі де жоқ еді.
— Осы Тоқан бір қызық адам, – деді Қамидолла тіл білмейтін мақұлықты әңгіме қылғандай тура Тоқанның өзіне қарап тұрып. – Әлгінде ғана жылап, есімізді шығарып, енді мына қарашы, түк болмағандай жымыңдап қымыз ішіп отыр.
— Қойыңдар, әй нелерің бар Тоқанда, басқа әңгімелерің құрып қалды ма? – деген жанашыр дауыс қайта шықты.
Сусын тасып жүрген майда балалардың арасында жалғыз бой жеткен қыз қозы–лақтың ішіне кіріп кеткен ірі қара малдай айрықша көзге түседі. Өзі тым ажарлы; ақ құба жүзі, үнемі таңырқап тұрған секілді көрінетін кең жанары, әсем жымдасқан қалың балаң еріндері кісі назарын өзіне еріксіз аударғандай. Бірақ жұрттың көңілін баураған нәрсе – қыздың ақ жарқын ашықтығы еді. Әркімге сусын ұсынған сайын емін–еркін сыңғырлай күліп, жолда бір баланың сүрініп құлап қалғанын, одан төтелеп жүреміз деп темір тікенге тап болғандарын, тағы сол сияқты жол бойында көрген қызықтарын мәз болып баяндайды.
Бәйтен тілі құрғақсып қатты шөлдеген еді – алғашқы кесені бір–ақ ұрттағандай, қағып салды.
— Ішіңіз тағы да, – деді бойжеткен қиыла өтініп. – Қымыз әбден өліп пісілсін деп жол бойы секіріп жүгірдік. Тұп – тұщы шығар?
— Тұщы болғанда қандай!.. – деді Бәйтен қатты жұтқаннан ентіге сөйлеп.
— Мыналар менің жүгіргенімді мазақ қылады. – Бойжеткен серіктеріне қарап, жоп–жорта ашуланған болды.
Бәйтен екінші кесені қағып салды да:
— Олар мазақ қылса, бізге қосылыңыз, арық қазамыз, – деді жол–жөнекей үнмен. – Кішкентай балалардың арасынан не аласыз?
— Онда мен қалайыншы сіздерменен бірге, – деді бойжеткен балаша қиылып.
Бәйтен қыздың жүзіне қайта қарағанда, оның көзінде әлгі айтқан өтінішінен әлдеқайда артық, әрі мағыналы тілектер тұрғанын көрді.
Өзі жайнаң қағып, жарық дүниені жаңа ғана көріп тұрғандай мәз. Мынау ашық аспанды, күнді, қазылып жатқан арықты бәрін де білгім келеді, сізбен де танысқым келеді деп тұрған секілді.
Балалар бос ыдыспен ауылға өздері қайтты да, бойжеткен жаппа іргесінде жатқан кетпендердің бірін алып, жұмыс басында – қалды.
Табиғатында қағылез, сезімтал Шырақжан болғалы тұрған, бәлкім, басталып та қалған әлдебір құбылысты елден бұрын сезіп, жақсы бұйымға көзі түскен базаршыдай айналшақтап, әлгі қыздың қасынан шықпай қойды.
— Қалғаның дұрыс болды, қарап жүргенше, еңбек – күн табасың. Атың кім?
— Хадиша.
— Сен біздің қасымызға кел. Шаршасаң, мыналар көмектеседі. – Шырақжан Бәйтенді көзімен көрсетті де, бикештер ғана түсінетін бір көзқараспен Хадишаның жүзіне күлімсірей қарады.
Хадиша Бәйтеннің қатарынан жер алды. Кетпенді қызық көргендей, әрі–бері айналдырып, күліп қояды.
— Түк те етпейді, бір–екі күннен кейін үйреніп кетесің. Мен де алғашында шыдай алмаспын деп ем, қазір, міне, өз үлесімді орындап жүрмін... Әй, Тетелес, – деді сосын Бәйтенге жақындай түсіп (Шырақжан жеңге болғаннан бері Бәйтенге «Тетелес» деп ат қойған), – сен енді екі адамның орнына жұмыс істейсің.
— Хадишаны өзім шақырып едім жұмысқа, енді жұрттан қалмау жағын өз мойныма алайын, – деді Бәйтен естісін дегендей әдейі даусын қатайтып.
Хадиша басын көтеріп, бұған тура қарады да:
— Рақмет! – деді маржандай тістерін көрсетіп, жадырай күліп.
Бәйтен, шошып кеткендей болды. «Тәңірім–ау, мына қызың сұмдық сұлу ғой, – деді ішінен, – бұған тең болуға мен жарамаймын ғой»...
Хадиша бір көрінсе еркектей көрінгенмен, жұмысқа соншалықты орашолақ емес екен, кетпен сілтесі өзгелерден кем түспейді.
Бәйтен қыздан көзінің қиығын алмайды: жұмысқа кіріскеннен бастап, байсалды бола қалған әдемі жүзін, ентіккен кезде танауының сәл делдиіп, бұрынғыдан да әдемі болып кеткенін, бусанып терлей бастағанын, кетпенін құлаштап жерге қадағанда дір ете қалатын толықтау қос анарын – бәрін, бәрін көріп тұр.
«Қой мынау маған тең емес, – дейді сосын күдерін үзіп. – Әшейін ерігіп қылмыңдап тұрғаны да».
Шырақжан күрекпен топырақты лақтырып жатқан Есімбекті тоқтатып алып, құлағына сыбырлайды. Есімбек «мазамды алмашы» дегендей иығын қиқаң еткізіп, жұмысын істей береді. Шырақжан еркелеп күйеуінің арқасынан салып қалды да, онысы жұртқа ерсі көрініп, бәрі де байқамаған түр білдіреді.
Арықтың жиегінде насыбай атып тұрған Сонарбай қисық қолын Ақжан жаққа сілтеп:
— Қолтықтан бастамаңдар деп құдайдың зарын қылдым, ана шығанаққа жақындап қазғанда, осы төңіректе су алмаған жер қалмас еді, – деп білгішсінді.
— Осының – ақ сәуегейлігінен өлдім – ау! – деді Әбдіғаппар күйіп–пісіп, – Ау, жер–дүниені су алып кетсе, өзің соның бетінде қалқып жүрмексің бе?
— «Шығанақ өте биік, қырға су шықпайды» деді ғой инженер, арықты шыңырау қылып қазбасаң? – деді Ботбай күліп.
Сонарбай – белгілі даукес:
— Әкел қолыңды, осыдан су шықпаса, мен жауап берейін. Бәс тігемін, – деп даурықты.
Бригадир Ораз жұмыскерлерді аралап әркімнің қазған жерін өлшеп, қағазға түсіріп жүр. Алғашқы күндері жерді ойып жіберетіндей болған Сағидолла қазір аздап тоқырай бастаған.
Еңбек көрсеткішінен (бұл сөз ауылға осы арық қазу жұмысына байланысты енген еді) бірінші орында – Байбақ, одан кейін – Тоқан.
Байбақ білектері тырсылдап жейдесінің жеңіне сыймай тұратын, денесі тым жалпақ болғандықтан аласа көрінетін, мұрты тікірейген, боз көз, қызыл күрең кісі. Баяғы 1916 жылғы көтерілісте, жұрттың айтуына қарағанда, аса үлкен ерлік көрсеткен адамдардың бірі. Атағының үлкендігіне қарамастан, өте момын, көп сөйлемейді. Анда–санда сөйлесе, даусы – жіңішке, жағымсыз. Бір кездегі ерлігі әлі асырап жүргендей – жұрт өзін әлі де құрметтейтін секілді, өзінен аздап қорқатын да секілді, өйткені бұл кісінің екінші атағы – жердің сілкінгені секілді, анда–санда бір рет болатын және тежеуге өзінің де шамасы келмейтін ашуының қаттылығы.
Тоқсан болса, өмірге келгендегі бар мақсаты осы арық қазу секілді, жан–жағына бұрылып та қарамастан, жұмысын істей береді, әрі соған өзі әбден көндігіп алған.
Екі үш күннен кейін, Байбақ пен Тоқанды қуып жетіп, үздіктер қатарына Бәйтен қосылғанда, бұл жаңалыққа жұрттың бәрі қатты қайран қалды. «Апыр–ау, туғалы жер қазумен келе жатқан апталдай кісілер ере алмай жатқанда, мына мұғалім баланы қай сиқыр көтеріп кеткен. Бәлкім, өтірік шығар?»
Бірақ өтірік болуы мүмкін емес. Бригадир Ораз әкесі тіріліп келіп жалынса да, екі елі жер ешкімге артық қоспайды...
VІІ
Бәйтен кешкі шайын асығып ішті, апасының әңгімесі қашан бітер екен деп әрең отыр.
— Баяғыда, – дейді Қалаған шай ішіп отырған көк жолақ кесесін ақырын шайқап қойып. – Сенің бірге де толмаған кезің. Онда Шөміште отырамыз. Әкең арғы бетте Жалақтың жылқысын бағады. Бұрын өзімен–өзі аң аулап жүретін адам, сол жылы жылқы бағам деп болмады өзі. Сен туғанда әйдік қуанып еді... Содан жазғытұрым су тасып жатқан кез. Сені емізіп үйде отырғам. Ауылдың адамдары әлденеге шу ете қалды. Жүгіріп сыртқа шықсам, тасып жатқан судың ішінде бір атты адам бір батып, бір шығып жанталасып жүр, сонда да кері қайтар емес. Жұрт «өлді – ау, өлді – ау» деп шулап тұр. Ақыры құдай жар болып, әлгі байғұс бір тұстан жағаға шықты–ау. Жүгіріп барсақ, – Қалаған осы тұста бір масқара болғандай «Ойбуй, ойбай–ай» деп бетін жыртты, – әлгі атты адам – сенің әкең! Әлгі жерде отыра қалып дауыс қылайын. Мұның не, ойбай–ау, бізді жетім қалдыруға асығып жүрсің бе деймін ғой баяғы... Сөйтсем... «Бәйтенжанымды сағынып кеттім, бетінен сүйейін деп едім», – дейді әлгі шіркін... Е – е, балаға деген ықылас не істетпейді. Ықылас шіркін!..
— Мен Қызыл отауға кеттім, – деді Бәйтен босағада бәтеңкесін киіп жатып. – Сауатсыздарға беретін сабағым бар.
— Бара ғой, құлыным, – деді Қалаған кішкентай баланы еркелеткендей еміреніп. – Ит қауып алып жүрмесін.
Бәйтен киіз есікті серпіп ашып, сыртқа шыққанда қас қарайып ауылдың абыр–сабыры басылға шақ еді. Сонау Шайтанкөң тұсындағы оттары жылтыраған киіз үйлерден көңілді қытықтап күлген дауыстар естіледі. Шешесінің «ит қауып алмасын» деген сөзі есіне түсіп, Бәйтен жерден таяқ алды. Сарыбас, Байдәулет, Әусағиттардың үйінің сыртымен жүріп отырып, Қызыл отауға келді. Қалтасынан кілтін алып, есік ашты да, сипалап жүріп, шам жақты. Көшкелі жатқан үйдің сұрқындай жалаңаш керегелер көзге бірден шалынады. Жерде қошқар мүйіз ою салынған қара текемет. Оның үстіне іргелете көрпе төселген. Баяғы конфискеге іліккен Ерманның киіз үйі ғой. Күтімі шамал болса да, сынын бір жоғалтпайды. Ортада бұл елдің салтында жоқ аласа дөңгелек стол. Стол үстінде – газет, журналдар, оқулық кітаптар. Керегеде екі плакат, қаулы басылған газеттің қиындысы, қабырға газеті. Оң жақ керегенің басына шағын қара тақта ілінген. Стол үстіндегі ескі газеттерді аударыстырып отырып Бәйтен Хадишаны ойлады. «Апыр–ай,и – деді ол ішінен, – бүгін де келмес пе екен? Әлде келгісі келмей жүр ме? Тым болмаса сабаққа неге келмейді?.. Менің жағдайымды түсінетін кезі болған жоқ па?..» – Даусы қаттырақ шығып кеткен Бәйтен шошынып есікке қарады.
Бие сауым шамасында сауатсыз келінін ертіп Ділдабай шал келді.
— Түн қараңғы, балам қорқатын болған соң, ертіп келдім... Шырағым, онда отырма, мұнда отыр. Мына бір қағаздарды былай ысыра салшы, – деп өзі оқытқандай билеп–төстеп жүр.
Әлден уақытта қалбалақтап, маңдайшаға төбесін соғып, көзіне түскен жалбайын кейін ысыруға болмайтындай, төңірекке шалқалай қарап, Әбәйілда шал кірді.
Бәйтен аң–таң:
— Әбеке – ау, сіз де оқиын деп келдіңіз бе?
— Жоқ, ойбай, қызымның орнына келдім.
— Оқитын қызыңыз ғой?
— Иә, иә.
— Ендеше, ол бала қайда?
— Шырағым – ай, қолы тимей жатыр. Шешесі ауру, шай қайнататын адам жоқ.
— Ал сонда, сіздің не керегіңіз бар?
— Қайдан білейін, тізімге жазып қойған соң, біреу келу керек шығар деп...
Әліпті таяқ деп білмейтін Ділдабай өзінен де надан біреудің табылғанына қуанғандай:
— Әй, сана жоқ–ау сенде, сана жоқ, – деді оған кеңкілдей күліп. – Байғұс–ау, бұл оқу ғой, кәдімгі оқу. Оған сенің миың жете ме? Ал жарайды, қызыңның қолы тимеген – ақ шығар, енді албасты басып, өзіңнің келгенің не? Мен болсам, серік болып келіп отырмын. Ал сен ше? Әй, мәжнүн...
— Жарайды, Әбеке, сіз қайта беріңіз, – деді Бәйтен Ділдабайдың сөзін бөліп.
Әбәйілда Ділдабайға мысқылдап қарап:
— Ал енді отыр солай көзің көгеріп, – деп далбайы көзіне түскен күйі шалқақтай басып шығып кетті.
Көп ұзамай ауылдың сауатсыз әйелдері жинала бастады. Өңкей жас келіншектер еркек пішіндес ат жақты әйел емшектегі баласын ала келген, біреуінің қолында ұршық, екіншісінің қолында білтегеш – әшейін әңгіме айтып, бос отыруға келген секілді.
Саужой пунктінің ашылғанына жарты айдан асса да, ауыл әйелдері сабаққа түгел жиналып көрген емес. Бір күні келсе, бір күні келмейді. Келе қалса, біреудің шаруасын істегендей, риза болмай, кейіп отырады.
— Бізге дегенде жұрттың бәрі құдай, – деді мұрны қаусырылған көк беттеу келіншек. – Отқа, суға айдауға жарлы – жақыбайдікі жетеді дейтін шығар. Әйтпесе, түк бітіріп отырған жоқ, ана Алакөз қайнағаның келіні неге келмейді.
— Смайылдың қатыны ше?
— Бәсе, ине жұтқан қаншықтай бұратылып, оған не жоқ? Оның да көзінің еті өсейін дегені ме?
— Қайнағаң әкім болса, сенің де көзіңнің еті өсер.
— Сәленге «сабаққа жүрмейсің бе?» деп едім, – деді басына үкілі тақия киген сары қыз Бәйтенге көзінің астымен қарап. – «Сен – ақ оқып әкім бола ғой», деп үйіне кіріп кетті.
— Оның әдеті ғой, бірдеңе айтсаң, ыңғай кері шаптырып сөйлейтін...
— Кімді айтасың? – деді осы кезде баласын емізіп болған еркек пішіндес әйел. – Сәлен бе? Ол көк долы үйіндегі қайын енесін тілдегенде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын көрінеді.
— Тәйірі, күйеуінің жамандығы да мұрнын тескен өгіз құсап...
— Өзінің паңдығын қайтерсің. Су алуға барса, киік мінезденіп, оқшауланып тұрғаны.
— Әдірем қал! – деді көк бет келіншек ерні түріліп. – Кісіге жалданып күн көргені кеше ғана емес пе?
— Сәлен ол күнді ұмытқалы қашан!
— Өзі... – Көк бет келіншек кенет ұры көздене жымыңдап, арт жағында отырған балалы әйелдің құлағына әлденені сыбырлай бастап еді, анау әйел от басып алғандай:
— Қойшы әрі! – деді шошынып. – Обалына қаларсың, бекерге күйдіріп. Ондайды айтпа. Қолыңмен ұстап алған жоқсың, қайдан білесің?
— Ойбай–ау!.. – деп көк бет келіншек қайта сыбырлай берді де, есікке қарап жым болды.
Жұрттың бәрі есікке қарады. Қызыл отауға тойға баратындай малынып киінген, дөңгелек жүзді бір әйел кіріп келді.
Бәйтен жұрттың жиналуын күтіп, оқу кестесін жазып отырған. Әйелдер тым–тырыс болған соң, басын көтеріп алды да, кірген әйелді ол да көрді.
— Жоғары шығыңыз, – дей беріп, әйелдің тайсалмай қарайтын, әр қилы ұятсыз жанарына шыдай алмай, төмен қарап, қызарып қоя берді.
«Құдай атқыр осы мінез қашан қалар екен, – деді ол өзіне–өзі ыза болып, – қарадан–қарап, қылмысы бар адамдай қызарып шыға келем. Неге? Мынау әйелге менің қатысым қанша?» Бәйтен түк кінәсі жоқ адамның түрімен іштей өзіне–өзі қайран қалып отырды да, әлгі кірген Бибәтиманың жеңіл жүріспен атағы шыққан әйел екенін, ауылдағы бүкіл келіншек күйеулерін содан қызғанатынын, Бибәтиманың еркекті арбап алатын бір сиқыры бар деген өсек әңгімелерді көп естігенін, сол әңгімелер өзінің нәпсі сезімін қытықтағанын есіне алып, өзінің ой күнәсінен қызарып отырғанын мойындағандай болды.
Әйелдердің де аяқ астынан жым болып, ит көрген мысықтай жиырылуы да өз күйеулерінің көрікті жесір әйел Бибәтимадан үмітсіз емес екенін білгендіктен еді.
Бибәтима өзгенің қызғанышына айызы қанатындай, қыр көрсете, аяғын кербез басып, дәл төрге кесірлене отырды.
Бәйтен оған қарамауға тырысты. «Оны ойламас үшін, тезірек сабақ бастауым керек», – деп ойлады ол.
— «С» әрпі сандық дегенде келеді, – деді ол жұртты өзіне қарату үшін, дөңгелек столды тықылдатып. – Оны еске сақтау үшін сандықтың құлағын көз алдарыңа елестетіңдерші? Ұқсай ма?
— Ұқсайды, – деді еркек пішіндес әйел еркек үнмен.
— «Т» әріп тырнауыш деген сөздің басында келіп тұр. Тырнауышты бәрің білесіңдер ғой?
— Өзің білсең, біз білеміз ғой, – деді арт жақтан әлдекім.
— Сол тырнауышты көзге елестетсеңдер «Т» әрпін естеріңе жақсы сақтайсыңдар.
Ол тағы бір мысал келтіргісі келіп, төңіректегі құрал–сайман, дүние–мүліктерді есіне түсірмек болып еді, ойына ештеңе келмеді. Өйткені өзіне тесіле қараған Бибәтиманың өткір көзін денесімен сезіп отыр еді. Оған бір қараса – ақ, бүкіл ар–ұятын жоғалтып алатындай, жанарын алып қашып, іштей бір арпалысқа түсті.
Осы кезде сырттан әлдекімнің аяқ дыбысы естілді де, іле табалдырықтан Хадишаның әсем балғын денесі көрінді.
Бәйтеннің осылай отырып Хадишаны күткеніне, бәлкім, бір апта, бәлкім, он күн. Сондықтан күн сайын арық басында көз қарасып, тіл жетпейтін құпия сезімдер жайында үнсіз әңгімелесіп жүрген екі жастың бір жолығуы кісі таң қалатын да нәрсе емес. Бірақ қуанышты сәттер адамға қашан да күтпеген жайт секілді болып көрінеді де және қуанышты болуының өзі сол күтпегендіктен болып отырғандай сезілер еді. Бәйтен де өзінің қазіргі күйін аяқ астынан алтын тауып алған адамның ойда жоқ қуанышы секілді бірдеңеге теңеді.
Хадиша сүйінші сұрай келгендей, қарақат көздері жайнаң қағып, жымың–жымың етеді. Бәйтен әлдебір қауіп–қатерден біреу өзін аман алып қалғандай сезінді. Содан кейін өзінің құтқарушысына алғысы мен рақметін тек көзімен білдірді.
«Енді мен ештеңеден қорықпаймын, – деді ішінен Бибәтимаға әшейін бір сандыққа қарағандай қарап. – Енді маған ешқайдан қауіп жоқ.
Сабағын одан әрі жалғастырып, әркімнің қағазға жазған әріптерін тексеріп жүрген Бәйтен кенет бір затқа қайран қалды. Хадишаның сауаты бар екен! Жанына келіп, әріптерді басынан бастамақ болып, «А» мен «Б» – ны екі жолдың басына жазып көрсетіп еді, қыз өзінің қарындашымен моншақтай тізілтіп «Бәйтен» деп жалғастыра жазып шықты. Оның астына «Хадиша» деп өзінің атын жазғанда, Бәйтен аяқ астынан тағы да қызарып кетті.
Өзі біреу мазақ қылғандай ыңғайсыз халде тұрған жігіт
— Қайнағаң әкім болса, сенің де көзіңнің еті өсер.
— Сәленге «сабаққа жүрмейсің бе?» деп едім, – деді басына үкілі тақия киген сары қыз Бәйтенге көзінің астымен қарап. – «Сен – ақ оқып әкім бола ғой» деп үйіне кіріп кетті.
— Оның әдеті ғой, бірдеңе айтсаң, ыңғай кері шаптырып сөйлейтін...
— Кімді айтасың? – деді осы кезде баласын емізіп болған еркек пішіндес әйел. – Сәлен бе? Ол көк долы үйіндегі қайын енесін тілдегенде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын көрінеді.
— Тәйірі, күйеуінің жамандығы да мұрнын тескен өгіз құсап...
— Өзінің паңдығын қайтерсің. Су алуға барса, киік мінезденіп, оқшауланып тұрғаны.
— Әдірем қал! – деді көк бет келіншек ерні түріліп. – Кісіге жалданып күн көргені кеше ғана емес пе?
— Сәлен ол күнді ұмытқалы қашан!
— Өзі... – Көк бет келіншек кенет ұры көздене жымыңдап, арт жағында отырған балалы әйелдің құлағына әлденені сыбырлай бастап еді, анау әйел от басып алғандай:
— Қойшы әрі! – деді шошынып. – Обалына қаларсың, бекерге күйдіріп. Ондайды айтпа. Қолыңмен ұстап алған жоқсың, қайдан білесің?
— Ойбай–ау!.. – деп көк бет келіншек қайта сыбырлай берді де, есікке қарап жым болды.
Жұрттың бәрі есікке қарады. Қызыл отауға тойға баратындай малынып киінген, дөңгелек жүзді бір әйел кіріп келді.
Бәйтен жұрттың жиналуын күтіп, оқу кестесін жазып отырған. Әйелдер тым–тырыс болған соң, басын көтеріп алды да, кірген әйелді ол да көрді.
— Жоғары шығыңыз, – дей беріп, әйелдің тайсалмай қарайтын, әр қилы ұятсыз жанарына шыдай алмай, төмен қарап, қызарып қоя берді.
«Құдай атқыр осы мінез қашан қалар екен, – деді ол өзіне–өзі ыза болып, – қарадан–қарап, қылмысы бар адамдай қызарып шыға келем. Неге? Мынау әйелге менің қатысым қанша?» Бәйтен түк кінәсі жоқ адамның түрімен іштей өзіне–өзі қайран қалып отырды да, әлгі кірген Бибәтиманың жеңіл жүріспен атағы шыққан әйел екенін, ауылдағы бүкіл келіншек күйеулерін содан қызғанатынын, Бибәтиманың еркекті арбап алатын бір сиқыры бар деген өсек әңгімелерді көп естігенін, сол әңгімелер өзінің нәпсі сезімін қытықтағанын есіне алып, өзінің ой күнәсінен қызарып отырғанын мойындағандай болды.
Әйелдердің де аяқ астынан жым болып, ит көрген мысықтай жиырылуы да өз күйеулерінің көрікті жесір әйел Бибәтимадан үмітсіз емес екенін білгендіктен еді.
Хадиша ештеңе жазған жоқ, қарындашын бұлғақтатып отырып: «Ендеше, келуімнің басқа бір себебі болғаны ғой», – дегенді көзімен айтты.
Аяқ астынан үнсіз әңгіменің басталғанына қуанған Бәйтен қайтадан қарындашын алып: «Ендеше сауатсыз әйелдерді екеулеп оқытатын болдық», – деп жазды.
«Жарайды».
«Саған үлкен білім алу керек».
«Басқа жаққа қуғаның ба?»
Бәйтен шошып кетті:
«Жоқ, жоқ. Сен үлкен білім, үлкен бақытқа лайық жансың... Сосын айтқаным ғой». Хадиша Бәйтеннің асығыс жазған сөйлемін әрең оқып шықты.
«Үлкен бақыт деген не?» – деп жазды сосын өзі.
«Бақыт деген арманға жету».
«Арман деген не?»
«Арман деген...» – Бәйтен айбақ – сайбақ жазумен беті толған қағаздың қай жеріне жазарын білмей сәл тұрды да, екінші бетін аударып: «Жүрегіңді билеген биік мақсат», – деп жазды.
«Сенің жүрегіңді билеген мақсат қандай?»
Бәйтен осы жерде тура айтып жазсам ба екен деп бір тұрды да, жазсам, қызарып кетем – ау деп жүрексініп:
«Оны қазір жазуға батылым бармайды», – деп жазды. Бірақ Хадишаның өзіне күлімсірей қараған әдемі қарақат көздерін көргенде бойына әлдеқалай еркіндік бітіп: «Сабақтан соң шығарып, саламын», – деп түйді ішінен.
Бүкіл әйелдердің өздеріне көңіл аударып отырғанын осы кезде байқаған Бәйтен орнынан тұрып, тақтаның қасына келді. Қолына бор алып, әріптерді айқындап, қайта жазып шықты да, әркімнің жазғанын жеке–жеке тексере бастады. Әйелдердің жазуы әртүрлі. Кейбір әріптердің сұрқы кісі күлерлік: біреуі сопайып, біреуі тырбиып, енді біреулерінің не екенін адам айырып болмайды. Бір қағаздағы әріптердің бәрі теріс жазылған.
— Мынау кімнің жазғаны? – деді Бәйтен әлгі қағазды жоғары көтеріп.
Ешкім үндеген жоқ. Бәйтен сұрағын екінші рет қайталады.
— Мен, – деді бала ұстаған әйел.
— Әріптерді неге теріс жазғансыз.
Әйел неге олай болып шыққанына таң қалғандай, қасын керіп бір ауық үнсіз тұрды да:
— Мен теріс қолыммен жазам ғой, – деді сол қолын жоғары көтеріп.
Бәйтен еріксіз күліп жіберді.
— Сен оны теріс деме, сол қол деп айт.
Әйел үндеген жоқ.
— Неге үндемейсің?
— Айта алмаймын, атам аты кетіп қалады.
— Жарайды, айтпай–ақ қой. – Бәйтен әйелдің қасына келіп, қолына қарындашын ұстатып: – Міне, былай қарай жазасың, – деді. – Былай қарай жазуға болмайды, көріп отырсың ба, әне?
Бәйтен әйелдерге үйде орындайтын тапсырма беріп, сабақтың біткендігін жариялады.
— Бүгін тым көп ұстадың ғой өзі? – деді көк бет келіншек Әтира шығып бара жатып. – Қанша шаруа қалды, құдайым–ай, оқу не теңім еді менің?
Жұрттың бәрі сыртқа шыққан соң, Бәйтен Хадишаны шығарып салмақ болып, есікті асығыс кілттеп жатқанда, бір топ адам у–шу боп «Қызыл отаудың» алдына жетіп келді. Біреуі Бәйтеннің құрдасы – Қаратай, тағы біреуі тығыршықтай жалпақ бет келіншектеу қатын, қалғандары ауылдың бойжеткен қыздары. Келіншектің кім екені Бәйтеннің есінде жоқ, түнді көшіріп жіберетіндей самбыр – самбыр етеді.
— Ойбай, қайным – ау, бізді оқытам деп бірдеңеңе тіркеп ап, өзің қайда кетіп барасың?
— Сабақ бітті ғой, ертерек келмейсіздер ме?
— Шырағым–ау, шаруаны кім істейді? Өзің қатын көрмегесін, қайдан білейін деп ең.
Қаратай күліп жіберді:
— Бұл зар жақ қатынды айтысып жеңе алмайсың, салғыласпай–ақ қой...
— Салғыласса, қайным ғой, осы сен көгермегір араға түспеші.
Манадан бері ұстаздық етіп, өзін үлкен адамдай сабырлы, салмақты ұстап жүрген Бәйтен, аяқ астынан біреу өзін қаңбақша жеп–жеңіл домалатып ала жөнелгендей сезінді.
Беймәлім жеңгесі шыдатар емес:
— Қыз–келіншекке үйрететінің қандай нәрсе, өзің ашып айтты? – дейді.
— Сауатсызды ашамын.
— Көтек, не бәлемді ашам дейді?
— Ойбай, сауатыңды ашады, басқа неңді ашушы еді, – деп килікті Қаратай.
— Сен кіріспеші – ей, осы, аша ма, жаба ма, өзі біледі ғой.
Бәйтен бетінің дуылдап қызарып кеткенін сезді. «Түн болғаны қандай жақсы, – деп ойлады ішінен. – Апырмай, мынау маған ертең сабақ жүргізбейтін шығар, не деген сайқымазақ!»
— Үлкен білімге, әрине, көп уақыт керек, – деді даусына үн беруге тырысып. – Менің міндетім сіздерге хат танытып, хат жазуды үйрету.
— Қыз – қатынға хат жаза алмай, қор боп жүр еді, мына байғұсқа дұрыс болған екен, – деп келіншек Қаратайды арқасынан салып қалды.
— Қап, мына қатынды – ай, ә? – деді Қаратай басқа сөз таппай.
— Еркектердің сабағы бөлек қой, Қаратайдың неге келгенін қайдам? – деді Бәйтен де әзілге көшіп.
— Келмеймін деп едім, мына Ұрқия қойды ма, сен бармасаң дүние маған қараң деп тұрып алды ғой...
— О, көктемегір, өтірікті неге айтасың – ей, – деп ұрқия өтірік ашуланып, Қаратайды қуып берді.
Қаратай Бәйтеннің артына тығылды.
— Осы жаныңды шығарайын ба, көктей солғыр! – деді Ұрқия кіжініп. Қаратайды ұрам деп бір рет Бәйтенді салып қалды.
— Ойбуй, қайныма қолым тиіп кетті–ау, мына жер жастанғырдың қырсығынан, – деп жон – жорта ыңғайсызданған болды.
Жұрт үйді–үйіне тарай бастады.
— Қой сендерден түк шықпайды екен, мен де қалдым, – деп, Ұрқия сыңғырлай күліп, Бәйтенге қарады. – Мына қайнымның қызығын енді ертең көрерміз.
Екі жігіт қайда барарларын білмегендей, ауылдың қақ ортасында дағдарып тұрып қалды.
«Қап, тағы да сөйлесе алмай қалдым–ау, мен де бір талантсыз жан екенмін», – деп, Бәйтен өзін Хадишамен жолықтырмай қойған қыз–келіншектерге, әсіресе Қаратайға іштей ыза болып тұрды.
— Жүр, сені шығарып салайын, – деді Қаратай өз кінәсін сезген адамдай кері бұрылып.
— Мейлің...
Ай бұлтқа жасырынып, төңіректі қараңғылық басты. Өзеннің арғы бетінен соққан жел қатая бастаған секілді.
Әлдеқандай үюлі тұрған тезектің тасасынан шыға келген біреу «Өй, өк, қайда барасың» деп ұмтыла берді де, бұларды көріп, аңырып тұрып қалды.
— Көтек, бұ қайсың? – деді әлгі адам жақындай түсіп. – Қаратаймысың? Өй, көксоққыр, қыз–келіншек жағалап жүрсің – ау, а?
— Өлеміз бе? – деді Қаратай қуақы үнмен. – Сіз де жас кезіңізде етегіңізге намаз оқымаған шығарсыз...
Әлгі кісі қарқылдап күліп жіберді. Онысы «Қайдағы намаз, жастықтың қызығын кім көрмеді дейсің» дегенді білдіргендей болды.
— Дұрыс, – деді сосын риза болып. – Жас кезде осылай болу керек. Өзіміз бүкіл жаз бойы ұйқы көрмейтінбіз... Дұрыс, бәрекелді, – деп тезектің тасасына қайта кіріп көрінбей кетті.
ІХ
Бригадир Ораз күндегі әдетімен кекілі көзіне түскен мәстек торы аттың үстінде тұрып:
— Ау, бұ не жатыс? Бұ не жатыс? Күн шыққанша, ұйықтайсыңдар ма? Жұмысты кім істейді сонда, ойбай? Қырылып қалғандай болып жатқан түрлерін қарашы, – деп айқайлағанда, аспанның күн шығыс беті ағарып таңның әбден атқан кезі еді. Ауыл жыбырлап ояна бастады. Ерте тұрып, сиыр сауып жүрген бірлі жарымды әйелдер Оразбен ұрысып жүр.
— Әңгүдік албасты! Балаларды оятар ма екен.
— Бригадир болам деп, бишара азғантай есінен айрылып қапты.
— Ибәй, тұқымымен жынды емес пе шаш ал десең, бас салатын.
Жұрт мына түрімен ешқашанда оянып бітпестей көрініп, жеке–жеке үйлерге кіре бастайды. Ол кірген үйден:
— Е, немене, артельдің жұмысы маған ғана қарап па? Басқаларды неге оятпайсың? Көрпемді жұлқылап, бұл қай басынғаның? – деген дауыс шығады.
Басқа үйдің ішінде де осындай ұрыс–керіс.
Ұйқысы қанбаған ауылнай үйінің сыртында тұрып:
— Құдай төбеңнен қос қолдап ұрсын, Ораз. Ауылды жалғыз өзің жау шапқандай қылдың ғой, – дейді күліп. Онысы «менің ешқандай қарсылығым жоқ, осылай жасай бер» деген секілді естілді.
Оразада шаршау жоқ. Кейбір үйлердің түндігін өзі ашып, киіз есігін көтеріп өзі байлап, қожалақ етіп жүр. Бірақ айқай–шудан аздап беті қайтқан.
— Тұрсаңдаршы, жұмысқа баратын кез болды. Әнеки, басқалар да оянды. Ұят емес пе? – дейді даусын жұмсартып.
Бәйтен төсегінде маужырап біраз жатты да, қазір жұмыс қасында Хадишаның көретіні есіне түскенде, ұйқысы шайдай ашылып, орнынан атып тұрды. Сұр галифе шалбарын, тұмсығы бола бастаған етігін киіп, сыртқа шықты да, есік алдындағы қара шәугімді алып, беті–қолын жуды. Шайтанкөң жақтағы үйлерге көзінің қиығымен қарап қойды. Үйге кіріп шешесінің дайындап қойған дастарқанынан май жағып, екі тілім нан жеп, бір тостаған ашыған көже ішіп, сыртқа қайта шыққанда, арықшалардың алды қозғала бастаған екен. Бәйтен аяғын жылдамдата басып, сол топты қуып жетті.
Сағидолла Қотырды қажап келді. Осы Қотыр менен артық жұмыс істей алады дегенге адам сене ме? Бірақ абырой осыныкі, қабырға казитінен бір түспейді, – деп Бәйтенге қарап көзін қысып қойды. Әй, Бәйтен – ай, казитті шығарып жатқан өзіңсің, осыны сен Мәмбетке жиен деп әдейі көтересің ғой деймін...
— Әрі жиен болса, әрі жұмысты өзгелерден артық істесе, неге көтермеске? – деді Бәйтен күліп.
— Әй, қайдам, – деп Сағидолла әңгірлей тусті. – Қалжасының түрі мынау. – Сағидолла өзінің иығына да жетпейтін Қотырдың бойын шамалап қолымен көрсетті. – Бұты бір тұтам. Құлағын қараңдаршы, құлағын... – Сағидолла Қотырдың ербиген құлақ жүнін ұстағысы келіп, онымен алысып кетті.
— Сен анадағы түйенің жарты етіндей болған денеңе сенесің бе? – деді Қотыр Сағидолланың қолын өзіне жақындатпай. – Тамақ ішуден басқаны білмейтін боқ дененің қажеті не? Күресесің бе өзің?...
Жұрт кеу–кеулеп Сағидолланы итерді.
— Қане, қане, күресіңдер енді.
— И, мынау қорқып тұрғаннан сау ма? – деді әлдекім Сағидоллаға ыза болып.
— Қане, Қотыр, алдымен өзің ұсташы.
Бұрын күреске шығып жүрген Шәйкемел делебесі қозып, жұлқынып:
— Қане, қане, болды, ұстасыңдар енді, – деп Сағидолланың қолын сілкіп қалып, жай бір жіпті байлай салғандай, Қотырдың белбеуіне қыстыра салды.
— Ал, кәне?..
— Қап, бәрекелді!
— Жанбасқа сал.
— Ау, сен белден ұстасаңшы, шаптан неге тірейсің. Қотыр, саған айтам...
Сағидолла мен Қотыр жұрт зорлаған соң, амалсыз ұстасып, енжарлау қимылдап жүрген, бірақ осының арты көп ұзамай шын күреске айналды.
Әпербақан Сағидолла қазір–ақ алып ұратындай, апыр–топыр қимылдап, Қотырды оңды–солды айналдырып, дедек қақтырды. Қотыр бұқамен сүзіскен тайыншадай көткеншектей қағысып, қаша түссе де, шымыр неме жығылар емес; Сағидолла жерден тулақша көтеріп алғандай судан шыққан бақадай екі аяғы тырбиып, жабыса қалады да, қалай соқса да, дік етіп аяғымен жерге түседі.
— Қотырым, жарайсың, – деді топ ішінен біреу риза болып.
Көп ұзамай екі палуанның екеуі де шаршап, жығыса алмайтын дәрежеге жеткенде:
— Ау, болды енді, жұмысқа барайық, – деді Байбақ жұртты ілгері бастап. Содан кейін бір жері ауырғандай бетін тыржитып, өзінің сүйкімсіз жіңішке даусымен:
— Тұла бойымның құрысып келе жатқанын қарашы, – деді қатар келе жатқан қисық қол Сонарбайға.
— Күшің тасып келе жатқан шығар, – деп қылжақтады Сопарбай. – Қазір жұмысқа кіріскен соң, тарқайды.
Байбақ әзілге мән берген жоқ.
— Қайдағы бір жыным ұстап, бір бәлеге ұрынар кезде үстуші еді, – деді тағы да кіржиіп.
Байбақтың мінезін жақсы білетін Сонарбай шошып кетті:
— Кет – ей, мына дүлей не дейді? Ойбай, менен аулақ. – Соны айтып, ойын – шынды ығысып, топтың келесі қабатына шықты.
Алғашқы топ арық басына келгенде күн тұсау бойы көтерілген еді. Бәйтен алдымен Хадишаға бөлінген жерді қазуға кірісті. Екі басы тереңдетіп, топырағын сыртқа шығарғаннан кейін барып, өз жеріне кірісті. Осының бәрін ешкім білмес үшін, тез кетіруге тырысып, кетпенін құлаштай сермеп, жанын сала қимылдады.
Көп ұзамай Хадиша да келді. Үстінде шыт көйлек, аяғында мәсі мен шоңқайма кебіс – тойға баратын адамның түріне көбірек ұқсайды. Құлағына сырға салыпты. Бәйтен қарап:
— Сәлем, – деп маржандай тістерін көрсетіп жымиғанда, түрінен әлдебір жасандылық, әдейі ұнасам деген бикештік қылымсу байқалып тұрды. Бірақ сонысы Бәйтенге қатты ұнайтын. Өйткені әлгі жасандылықтың балалықтың, бикештің тәжірибесінің жоқтығынан екенін және үстіне киген киімдері де, құлағындағы сырғасы да, шалғайлау шығып жатқан бикештік қылықтары – бәрі–бәрі бір өзіне арналып жатқанын іштей сезетін.
Хадиша жұмысына кірісе берді де, өз жерінің әжептәуір қазылып қалғанын аңғарып, Бәйтенге көзінің қиығымен білдірмей қарайды. Білдіріп алса, Бәйтеннің қысылатынын сезіп, өтірік екенін байқамаған болады.
Жұрттың ең соңынан Есімбек пен Шырақжан келіп жетті.
Қаратай жұмысын доғарып, жеңімен маңдай терін сүртіп, белін жазды да:
— Апыр–ау, Есімбек пен Шырақжан кешіксе, оқасы жоқ... Жаңа үйленген адамдар, күндіз де, түнде де жұмыс істейді. Сонда осы Төлеміске не жоқ? Әлдебір ұрлығы бар ма?
— Кетші әрі, көгермегір! – деді Шырақжан қып–қызыл болып.
Жастар жағы ду күлді.
Төлеміс те бір жағынан қабаттасып:
— Мал жоғалтып, атаңа нәлет жалғыз бұзау жер–көкке тұрмайды, – деп ақталып жатты.
Арық басында жұмыс қыза түскен.
Терістіктен соққан самал арықшаларға шаң қаптырды.
— Ит – ау, жын ұрған адам құсамай, топырағыңды байқап лақтырсаңшы. Жер–дүниені шаң қылдың ғой.
— Бұдан артық не істеймін, қолыммен апарып қоям ба?
— Ay, жұртқа ақыл айтқанша, сен өзің байқап істемейсің бе? Көзімізге топырақ кіріп өлетін болдық, – деген сөздер жиі естіледі.
Сәскеден әрі әйелдер жағы божырай бастады.
Шырақжан арықтың жиегіне шығып жайғасып:
— Біз үшін осылар істемегенде кім істейді? Кел, демалып ал, – деп Хадишаны қасына отырғызып алды.
— Неғып отырсыңдар? – деді бригадир жандарынан өтіп бара жатып.
Шырақжан көзімен Есімбекті көрсетеді. Онысы – «мен үшін істеп жатқан адам бар, бөлінген жерді қазып бітірсек, болды емес пе» дегені.
Ораз Хадишаға бұрылып:
— Ал сен неменеге отырсың? – дейді.
Хадиша да көзі күлімдеп, қылық көрсете Бәйтенді нұсқайды. Нұсқайды да, өзінен–өзі қызарып кетеді. Сосын осынысы өзіне қызық болып көрінгендей, мойынын ішіне тығып, Шырақжанға қарап, тұншыға күледі. Шырақжан балалық тентектігі ұстап, кетіп бара жатқан бригадирдің ту сыртынан тілін шығарады.
Сүмектей болып терлеген екі жігіт демалуға арықтың жиегіне шығып отырады. Осы кезде Шырақжан не істесе, Хадиша да соны істеп, Бәйтенге терін сүртуге орамалын беріп, торсықтан сусын құйып ұсынып, бәйек болып жүргені. Қара жұмыстан тұла бойы балбырап, ағыл–тегіл терлеген кезде Бәйтен өзінің әу бастағы табиғи қалпына келгендей, орынсыз ұялшақтығын жоғалтып, Хадишаның оттай шарпыған жанарына тура қарап, әзіл айтып, өзін емін–еркін ұстайды.
«Егер өзімді ыңғай еркін ұстай алсам, Хадишаға баяғыда–ақ сөз айтқан болар ем ғой, – деп ойлады ол. – Оның өзі де кет әрі емес. Бірақ осының бәрін біле тұрып, неге жүрексіне беремін? Жалпы менің қазіргі көңіл дертімнің аты не? Үйлену қажетінен туған әшейін табиғи сезімдер ме, әлде дүнияның ұғымға сыймайтын махаббат деген құдіретті күштің өзі ме? Әлде сол екеуі бір–ақ нәрсе ме?» Осы тұста Бәйтеннің есіне Сейіттің махаббат жайлы өлеңдері түседі.
«Періштедей тәнім таза, арым мөлдір көзімнен,
Перғауынның мазарындай мызғымайтын төзіммен.
Ант ішерде айтылатын сезіммен
Сүйіп едім...
Жылдар жылжып, айлар өтіп, ойсоқты боп күні–түні,
Нәр тамбаған нәзік гүлдей сауласа да үмітім,
Есім ауып, арымнан да, жарымнан да сескенбей,
Данышпанның жаны ашыған ақылыңа еш көнбей...
(«Жарымнан да?».. Сонда қалай? Әйелі болғаны ма? Яғни махаббаттың үйленуден да басқа түрі болғаны ғой...)
Өзгені ұқпас тас меңіреу тілін кескен үнсіздей,
Эшафотқа қарсы жүріп қасарысқан дінсіздей,
Кесірленіп сүйген едім мен сені..?
Сейіттің орысша да жазған өлеңдері болатын. Өлеңдерінде сүйіспеншілік жайлы жан тебіренте сыр ақтарып, ал ауызекі әңгімеде соның бәрін жоққа шығарады. Қорықсаң, махаббаттан қорық деп отырар еді әр сөзінде. Ұлы махаббат ешқашанда адам баласына бақыт әкелген емес дейтін ол. Махаббат деген қырық пышақ болып жатқан қан майданға өз еркіңмен кіру деген сөз. Сол майданның ішінен біреудің атқан оғы не сілтеген найзасы тимей, аман–сау шыға қоям деп ойлау – балалық. Олай деп сүйіспеншілік шалығына ұшырап, көзі қарауытқан, ақылын тұман басқандар ғана айта алады. Қозы мен Баян, Жібек пен Төлеген неге бақытсыз болды? Біз оны Қодар мен Бекжаннан көреміз. Олар да махаббат дертіне шалдыққан жандар. Олардың орнында өзің болсаң, сен де соны істер едің; Қозы да, Төлеген де сенің ең асыл сезімдеріңді, армандарыңды аяққа таптаушы қатыгез жандар болып көрінер еді. Сондықтан жасалған қиянаттың себебін адамдардан емес, махаббаттың өзінен іздеу керек.
Жо–жоқ, Сейіт, қателесесің. Олардың көрген азабы бақытсыздық емес. Мәселен, анаң үшін, балаң үшін от пен суға түспейсің бе? Бірақ сол жолда көрген азап, сен үшін лай көңілдің өткінші рақатынан әлдеқайда артық емес пе? Немесе сол көрген азабыңды анаңа, балаңа деген махаббаттан көруге бола ма? Әрине, жоқ. Қайта парызымды өтедім деп өз ерлігіңе өзің сүйінер едің.
Егер махаббаттың айрықша бір қадірі болмаса, неге атпалдай азаматтар сол үшін ғұмырларын құрбан етіп, ұлы ерліктер жасайды. Неге атпалдай азаматтар арларын жоғалтып, сол үшін жан түршігерлік қылмысқа барады. Яғни оның үлкен бір мәні болғаны... Меніңше, махаббат деген адамды дүние, малдың есебінен шыға алмайтын құмырсқа сезім, күйкі тірліктің қамауынан босатып, аспан әлем, мәңгілік дүниесіне көтеріп шығаратын бір ұлы күш. Мәселен...»
— Қой, жұмысқа кірісейік, – деген Есімбектің даусы оның ойын бөліп кетті.
— Сіз не ойлап отырдыңыз? – деді Хадиша Бәйтеннің жеңінен тартып. Түрінде кішкентай баланы қызықтағандай ересек жымиыс бар. Бәйтен әлденеге қызарып кетті де, соны білдірмеу үшін кетпенін ала салып, жер қазуға кірісті.
Түс кезінде жұмыс басына Жақай бастаған бір топ салт атты сау ете қалды. Іштерінде су инженері Юрий Иванович Семенов бар. Артель бастығы Сұлтан қолтығынан демеп, аттан түсіргеннен кейін, Семенов арық басына келіп, қазылған жерге көз жіберіп, басын шайқап көңілдене ысқырып жіберді.
— Молодцы, аксуатовцы! Значит план перевыполняем. Здорово! В следующем году здесь будет не артель, а рай. Сулай ма? – деді Семенов қасында тұрған Сұлтанға қарап қазақшалап.
— Сулай, – деді сасып қалған Сұлтан да Семеновтың сөзін сол күйінде қайталап.
Жұрт ду күлді.
— Біздің басекең қазақшаны ұмытуға айналған ба, қалай? – деді әлдекім күле сөйлеп.
Жұртқа қосылып Сұлтанның өзі де күлді.
— Сулай, сулай, – деді енді әдейі айтқан болып көріну үшін.
Семенов қазақ тілін бұза сөйлесе де, ештеңеден қысылмай жұрттың бәрін күлдіріп, әңгіме айтып тұр.
Жұмыскерлер тегіс соның қасына жиналды. Семенов әркіммен жеке-жеке сөйлесіп, жан – күйін, шаруашылығын, тіпті қанша малы барына дейін сұрады.
— Шырағым – ай, екі ешкіден басқа түгіміз жоқ, оның өзін не сойдырмайды, не саттырмайды, – деп әлденеден дәме қалғандай, Шәйкемел зарлап қоя берді.
— Все будет, ақсақал, бәрі шулады. Су болады, шу болады, мал булады. Солай ма?
— Солай шығар, – дейді Шәйкемел көзі жыпылықтап.
Семенов әйелдер жағымен тіпті көңілді әңгімелесті, әрқайсысының қолын алды. Әйелдер, әйтеуір, күлуіміз керек шығар деп ойлағандай, ол не айтса, соның бәріне күле берді. Семенов Бәйтеннің қасында тұрған Хадишаның қолын алып тұрып:
— Да, настоящая красавица! – деді басын шайқап таң қалып. – Просто прелесть! – Содан кейін қазақшалап: – Келин, келин, – деп Бәйтенге қарады. – Семенов «мынау сіздің үйдегі келін бе» дегенді айтқысы келіп еді.
Оған жұрттың бәрі түсініп, бір түрлі ыңғайсызданып қалды да, бірақ Семенов енді басқа әңгімеге көшетін шығар деген оймен бәрі байқамаған, аңғармаған түр байқатты, Бәйтен де иығын көтеріп ештеңе ұқпағанын білдірді.
Семенов енді Хадишаға төніп, қолымен Бәйтенді көрсетіп:
— Саған күйеу, – дейді, солай ғой дегендей өзі басын изеп. – Тоже хороший.
Хадиша күп–күрең болып жерге қарады.
— Юрий Иванович, вы смущаете девушку, – деді Бәйтен осы тұста сөзге араласып. – Она ко мне не имеет никакого отношения. Разве, что вместе работаем.
Семенов сасып қалды да, Хадишаның қолын қайта алып:
— Прости, дорогая, прости, қарындас! – деді жалынғандай бір үнмен. Семеновтың ақ жарқын мінезі жұртты баурап алғаны соншалық, ол не айтса да, кешірмеу мүмкін емес еді.
Әйелдер жағы жармасып:
— Оқасы жоқ, оқасы жоқ, білмей қалды ғой, енді қайтсын, – деп Семенов пен Хадишаны бірдей жұбатып жатты.
Хадишаның жүзі жылыған кезде Семенов бір бәледен құтылып шыққан кісідей көңілденіп, алғашқы жайдарылығына қайта оралды.
— Все таки, казашки очень красивые, – деді сосын Бәйтенге қарап. – Сколько женщин здесь? Все они красивые, посмотри... – Семенов осы айтқаным рас па екен дегендей әйелдердің жүзіне қайта қарап шықты. Жаль, что я женат, а то объязательно женился бы на казашке.
Орысшаға түсінетін екі–үш адам күліп жіберді. Қамидолла да күлді, бірақ ол Семеновтың не айтқанына түсінген жоқ, жұрт орысша түсінеді екен деп ойласын деп әдейі күлді. Әйелдер жағы Қамидоллаға жармасты.
— Айтшы, жетпегір, не деді жаңа?
Қамидолла қыбыжықтап ештеңе айта алмады.
— Мәжнүн – ау, ендеше, неге күлдің?
— Е, жұрт күліп жатқан соң...
— Албасты!
Семенов әйелдердің әңгімесін түсініп:
— Переведи, – деді Бәйтенге.
Бәйтен әйелдерге Семеновтың сөзін түсіндірді:
— Юрий Иванович қазақ әйелдері қандай сұлу деп таң қалып отыр. «Әттең, үйленіп қойдым, әйтпесе міндетті түрде қазақтың қызын алар едім», – дейді.
Әйелдер не күлерін, не күлмесін білмей бір–біріне қарады.
Әлдекім: «Қой, құрсын, ойбай» деп еді, себеп табылғанына қуанып, бәрі сол сөзге ду күлді.
— Жаным – ау, мынауың бір ғажап адам ғой, – деді Ботбай Сонарбайды түртіп. – Ауданнан келген басқа өкілдер оқтау жұтып алғандай аяғының астына әрең қараушы еді. Мына кісі тура өзіміздің ауылдың адамы секілді.
— Айтпа, деймін, – деп Сонарбай көзін жұмып басын шайқады. Бірдеңеге қатты таң қалғанда бұл кісі өстуші еді.
Семенов жаппаның астында отырып, жұмыскерлермен бірге тамақ ішті. Далада отырып, осылай тамақ ішкенді жаны жақсы көретінін айтты. Кетерінде Бәйтеннің қолын жібермей:
— Слушай, ты женись на этой девушке. – Семенов абайлап Хадишаны көзінің қиығымен көрсетті. – Она тебя любит. Это я заметил по ее глазам, – деді манадан бергі сөзім бір бөлек, осы сөзім бір бөлек дегендей байсалды пішінмен.
Ауылнайлар атқа қонды. Есепші Қали еңбеккүн жазуға жұмыс басында қалды. Бұл өзі қайыстай қатқан шадыр жігіт еді. Есепші болғалы тіпті шайпауланып алған. Әкімдер кетісімен, осы мәз болғандарың жетер дегендей:
— Ay, не тұрыс, жұмысқа кірісіңдер. Әр әкім келген сайын жарты күн тұрсаңдар, биыл бітірмейсіңдер, – деп күндегі әдетімен зеки жөнелді.
— Апыр–ай, – деді Ботбай жанындағы Сонарбайға қарап. – Жаңағы инженермен салыстыршы мынаны. Осы немелер жұрттың апшысын қуыра келмесе, дәреті жүрмей қалады ғой деймін.
— Айтпа! – деді Сонарбай басын шайқап. Қали Оразды ертіп алып, қазылған жердің көлемін, тереңдігін өлшеп, өлшеген жерін ұнатпай, кейи сөйлеп, әркімге бір тиісіп манадан бергі ойын–күлкіні су сепкендей басты. Өзі қабағын түйіп алып, мен өзіме берілген жұмысты әмәнда осылай істеймін, басқаша істетем деп әуре болмаңдар деген бір түрмен сазарып, кісіге қарамай сөйлейді.
Мұның бәрі күнделікті жайт, сондықтан оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Бірақ осының аяғы жақсылыққа апармады. Күн екіндіге ауып, жұрт ауылға әне қайтамыз, міне қайтамыз деп отырғанда өзен жақ беттегі арықшылардың арасынан шу шықты. Жарыса айғайласқан бірнеше дауыс, түсініксіз ашулы сөздер бірыңғай боқтасуға ұласты да, кенет Сонарбайдың біреу бауыздап жатқаннан жаман бақырған жарықшақ үні жұрттың бәрін селк еткізді. Әйел, еркек тегіс солай жүгірді. Бірнеше адам апыр–топыр, кімнің кіммен төбелесіп жатқанын айырып болар емес.
— Сонеке, не болды? – деді Бәйтен Сонарбайды көріп. – Мен сізге бірдеңе болды ма десем...
— Ойбай–ау, төбелесіп жатқан жоқ па! – деді Сонарбай үкі көзденіп.
Арашашылардың көбі Байбақты ұстап жүр екен. Қалғандары есепшінің төңірегінде. Байбақ өзінің жіңішке жалынышты даусымен:
— Әкеңнің аузы... – дегеннен басқа ештеңе айтпады.
Ал Қали құлақты жарғандай ащы үнмен шаңқ–шаңқ етіп:
— Әкеңнің аузын мен де... – дейді осы бір сөзді айту парыздай, Байбақтың әр сөзінен кейін мүлтіксіз қайталап. – Аяғының көктен келгенін білмей қаларсың! Мұрныңмен жер тіретемін, білдің бе, мұрныңмен!
Байбақтың жіңішке даусы жұрттың дабырының арасына көміліп кете береді. Бір тұста:
— ...өлтіремін, – деген үні, біреу қылғындырып жатқандай булығып шықты.
Бәлкім, төбелес осымен тоқтар ма еді, егер есепшінің артық кеткен бір ауыз сөзі болмаса. (Кейін жұрттың бәрі осы пікірді айтып жүрді). Ол сөзді анықтап естіген адам жоқтың қасы. Екі–үш әйелдің айтуынша, Қали Байбақтың қызына тіл тигізген. Жалғыз қызы Байбақтың жалғыз күйігі еді. Күйеуге бергелі отырған жерінен екі қабат болып қалып, өз үйінде отырып бала тапты. Оған Қалидың не деп тіл тигізгенін бір құдай білсін, әйелдер: «Құрысын, өзімен кетсін», – деп әлгі сөзді естеріне де алғысы келмейді. Осы бір жұрт ести алмай қалған құпия сөз есепшінің аузынан шығысымен төбелестің сипаты аяқ астынан өзгерді.
Байбақтың төңірегіндегі арашашылар шоқ ұстап алғандай серпіліп жан–жаққа қашты. Ортада пышақ ұстаған Байбақ жалғыз қалды. Ұмтыла берген Бәйтенді Сағидолла тоқтатты.
— Ол қазір ешкімді танымайды, – деді ол өзі ілгері шығып.
Байбақ құтырған аңдай есірік көзденіп, әлдекімді іздегендей болды. Қалиды ұстап тұрған кісілер де шошынып кейін шегінді.
— Әкеңнің аузын... – деді Байбақ түсі қара күрең болып, қырылдаған бөтен дауыспен.
Қали арбалған бақай қалшиып тұрған орнынан қозғалмайды.
Осы кезде кісі өлімі болғалы тұрғанын анық сезген Бәйтен Байбақтың қасына өзінің қалай жетіп келгенін байқаған жоқ. Артынан «Бәйтен» деп шыңғырған үрейлі дауыстың Шырақжандікі екенін, иә Хадишанікі екенін айырма алмады. Келе Байбақтың пышақ ұстаған қолына жабысты. Байбақ Бәйтеннен жұлқына босанып, тұра ұмтылғанда, Қали өлсем түріне қарап өлейін дегендей көзін Байбақтан алмай, тәлтіректеп шегіне түсті. Бәйтен артынан қуып жетіп, пышағын сермей берген Байбақтың қолына қайта жармасты. Пышақ Қалидың жеңіне тиді. Осы кезде барып, есі кірген Қали жан ұшыра жүгіріп, жаппаның іргесінде тұрған атына мініп үлгірді.
Байбақ жемінен айрылып қалған аңдай аласұрып, қан түленіп, бір кезде Бәйтеннің өзіне тап берді. Қарсыласпай жай тұрған Бәйтенге пышағын көтере берді де, кім екенін танып қалып, қалт тоқтап, енді өзінен басқа қару жұмсайтын адам таппағандай долданып, пышақты өзінің төбесіне салды. Екінші рет сермегенде Бәйтен оның қолына тағы жабысты. Бірақ әулетті қолды ұстап қала алмады, пышақтың төбе сүйекке қалай қадалғанын дәл жанынан көрді. Осының бәрі қас пен көздің арасында болғаны соншалық біреу біреуге аузын ашып сөз айтуға үлгере алмады.
Қатар жеткен Есімбек пен Сағидолла Бәйтенмен қабаттасып үшінші рет сермеген пышақты тигізбей, Байбақтың қолын ұстап қалды.
Басын қан жауған Байбақ ыңыранып, денесі босап, шөге берді.
Өлді, өлді, – деп бір әйел шыңғырып жіберді.
— Шуламаңдар! – деп жекіді Ботбай. – Құрым киіз күйдіріп басу керек. Біреуің тез ауылға жетіңдер. Кімде көлік бар?
Мына оқиғаны көріп, атымен қайтып оралған Қали әлгі сөзді ести салысымен, ауылға шапты.
Есінен танып қалған Байбақты сұлатып жерге жатқызып, Бәйтен мен Сағидолла қан саулаған басын жерге тигізбей қолдарымен ұстап тұр. Ботбай орамалын алып жараның аузына басты. Көп ұзамай ауылдан киіз келді. Ботбай киізді отқа күйдіріп, есін жия бастаған Байбақтың төбесіне салып:
— Тағы да киіз күйдіріңдер, – деп от жағып жатқан әйелдерге әлсін–әлсін айғайлап тұрды.
Жарадан аққан қан тоқтап, абыр–сабыр саябырлаған кезде Шырақжан Бәйтенді құшақтап жылап жіберді.
— Майып болсаң қайтесің, – деді әрі ренжіген, әрі қуанғандай бір үнмен. – Масқара бола жаздадық қой.
Осы кезде Хадишаның да көзі жасаурап тұр еді.
Келесі күні жұрт көңілін сұрауға Байбақтың үйіне барды.
Байбақтың жүзінде кешегі жан шошытқан дүлейлік жоқ, көзіндегі от сөнген, мүсәпір пішінде құдайға сыйынғаны, амандасқаны белгісіз – анда–санда аузын жыбырлатып қояды.
— Әйтеуір, аман қалдың, ақыры қайырлы болсын! – деп келгендер көңіл білдіріп жатыр.
Байбақ соның өзін дәтке қуат қылғандай, риза болып басын изейді.
Бас жағында кимешек киіп отырған әйелі кім келсе де:
— Құдайдың өзі сақтаған ғой. Әйтпесе не деген сұмдық! Апырым–ау, қалай ғана... – деп басын шайқап тұтығып, күйеуін басқа біреу пышақтап кеткендей әлдекімге реніш білдіре сөйлейді.
X
Үйге келген кісілер әлгінде ғана тарап, Бикеш шайдың дастарқанын жинастырып жатқан. Асқар жастыққа қисайып, іргеден домбырасын алды. Әлдебір жан рақатын тілегендей, өзі шерткен мұңды әуенге өзі елтіп, көзін жұмды.
— Үйіңе келген қонақтарыңа шай берумен – ақ шаршадым, – деді Бикен кеселерді аяққапқа салып жатып. – Қанша шаруам қалды. Құдай–ай!
— Ренжіме, бәйбіше, – деді Асқар көзін жұмып отырып. – Үйге келген қонақ та бір ырысың. Үйіне ешкім бармайтындардың күні не екен десеңші!..
— Құдайдың құтты күні топырлай бергенде, бірдеңе шыға ма?
— Әй, бәйбіше, ақылың бар еді ғой.
— Е, қойшы, – деді Бикен шын кейіп. – Қашанғы ақылды боламын...
Асқар көзін ашып, күліп жіберді.
— Не дейді мына, шіркін?
— Әрқайсысына шай қайнатып таңертеңнен кешке дейін отыруға уақытым бар ма, шырағым–ау? Басқа да жұмыс жетеді үйде. Оның үстіне өзім ауырып, өлейін деп жүрмін. – Бикен ауруынан шын қорқатынын білдіріп, көзіне жас алды. – Екі қадам бассам, демігіп шыға келем... Тіпті біреуге сөйлесем де, ренжісем де, жүрегім аузыма тығылады, – деді шалына таңырқай қарап. – Үйде көмек беретін адам жоқ. Жалғыз ұлды қуанғандай қылып, бөлек үй етіп оны жібердің. Қартайғанда келін жұмсап қызығын көрмейтіндей құдайға не жаздым?..
Асқар домбырасын қайта дыңылдатты. Бұл кісінің домбыраны ақырын қағып отырып сөйлейтін әдеті бар еді.
— Жалғыз ұлдың жаны қымбат па, қара басыңның рақаты қымбат па? – деді күрсініп.
Мына жұмбаққа түсінбей Бикен оған тағы да таңырқай қарады.
— Жаман айтпай, жақсы жоқ, – деді Асқар басып отырған пернесіне көзінің қиығымен қарап. – Бір күні басыма бәле келсе, оған баламды ортақ қылып қайтейін. – Содан кейін домбырасын доғарып: – Бізден де жамандар бар, бәйбіше, – деп көңілдене дауыстады. – Босқа уайым қылма, басың аман, бауырың бүтін, болды емес пе?..
Бұдан кейін сөйлегенім асылық болар деп қорыққандай Бикен үндемей қалды.
— Бүгін бір жиналыс бар деді ме? – деді Асқар әлгі әңгіме сонымен бітсін дегендей бір үнмен.
— Қайдан білейін, ауданнан адамдар келіпті ғой... Жөндеп те ести алмадым.
Асқар домбырасын дыңылдатып отырып қалғып кеткен еді, әлдекімнің сәлем берген даусынан оянды – күлегеш Қамидолла екен. Дамылсыз күлгеннен бет–аузы қыртыстанып, көзі жасаурап, қызарып жүреді. Күлуге себеп іздегендей жан–жағына жалтақтай қарап:
— Жиналысқа шақырып жатыр ғой, аға – ау, – деді босағада тұрып.
— Не жиналыс екен, білдің бе?
— Білмеймін, аға.
Асқар киініп сыртқа шықты. Басына барқыт тақия, үстіне қара көк матадан тігілген жұқа бешпент, аяғына жаздық құрым етік киіп, бойындағы ауруы мен кәрілігін білдірмей, денесін тік ұстап, кетіп бара жатқан шоқша сақалды ажарлы кісінің жүрісіндегі кербездік пен тәкаппарлық кісінің назарын өзіне бірден аударады.
Осы жүрісі мен киім киісі бой басына жарасатынын өзі де білетін секілді, және өзі соған әбден үйренген болуы керек, бұл кісінің шаруа киімімен жүргенін ешкім көрген емес. Шынына келгенде, баяғы жастық шақтың серілігінен қалған жалғыз белгі осы сыпалық қана еді.
— Шіркін–ай, жігіт кезінде қандай болды екен! – деп таңырқайтын жастар жағы.
Ал келіндер оны Кербез қайнаға деп атайтын.
Асқар келгенде жиналыс басталып кеткен. Соның алдында ғана тазартып, ақтап қойған клубтың іші сірескен адам: көбі жастар, қатын–қалаш, бірлі–жарым шалдар да отыр.
Төрдегі столда отырған бейтаныс екі кісінің мұрттысы сөзін бітіріп:
— Енді осы діннің зияны деген тақырыпта лектор Тынышбаев Сақтаған баяндама жасайды, – деп қасындағы шашы тікірейген сары жігітке сөз беріп жатыр екен.
Асқар әлгі сөзді естігенде, мынау мен тыңдайтын әңгіме емес екен–ау деп, кетуді ойлап тұрды да, стол басында отырған Байдәулет: «Асеке, бері, бері, төрге шығыңыз», – деп өзіне жұрттың бәрін қаратқан соң, қыр көрсеткендей болмайын деген оймен шет жақтағы Оразмағамбеттің қасына отыра кетті. Ол да қипақтап:
— Қап, мұны білгенде... – деп жан–жағына қарап қояды.
Жиналыс басқарушы мұртты жігіт қарындашымен столды тықылдатты.
— Жолдастар, тыныш отыруларыңызды сұраймын. – Содан кейін біреу шығып кетпесін дегендей: – Жауып қойыңыздаршы, – деді есікті қарындашымен көрсетіп.
Баяндамашының айтқаны мынау болды. Дін адам санасын улайтын апиын. Үстем тап халықты қанау үшін дінді өзіне қару етті. Құдай қаһарымен қорқытып, елді өзіне бағынышты, кіріптар қылды рухани кемтарлыққа итерді. Октябрь революциясы халыққа әлеуметтік азаттық қана әперіп қойған жоқ, оның ақыл–ойына да бостандық әперді. Бірақ ескіліктің қалдығы әлі де аяққа оралғы болуда. Елден құдайдың сыбағасын жинап, әлі күнге дейін қожа, молдалар семіруде. Надан бақсы–балгерлердің емінен талай аурулар құрбан болуда. Мәселен, Жарбөгеттегі Оспан қожа ішірткі жазып, үшкіріп, дем салып адам емдеген, соған ақша алған. Жазылған бір адам жоқ, өлсе құдайдың бұйрығы деп қазекең кешіре салады. Келін–кепшік, жастар жағы Оспан қожаның сарқытына таласады екен... әулие деп. Ал ол кісінің өзі туберкулез болып шықты. Сонда қанша адамға ауру таратқан десеңізші?! Большевик» колхозындағы Зарлық бақсы ыстығы көтеріліп сандырақтап жатқан әйелдің «иектеп тұрған жынын қуамын» деп, зікір салып, көк ала қойдай қып сабап, өлтіріп алған. Мінеки, дінге сенушілердің хал–жағдайы осындай. Ендеше, дін біздің социалистік құрылысқа күні бүгінге дейін зиянын тигізуде. Біз оған қарсы жұмыс жүргізуіміз керек.
Сақтаған баяндамасын аяқтап, орнына отырды.
— Баяндамашыға қоятын қандай сұрақтарың бар? – деді жиналыс басқарушы өзіне керегі жоқ сөзді амалсыз айтқандай, немқұрайды үнмен.
Өзі Сақтағанмен сыбырласып кетті.
— Жаңағы Оспан қожа мен Зарлық бақсыны не істедіңдер? – деген дауыс шықты.
— Екеуі де тиісті жазасын алды, – деді Сақтаған.
Жұрт оның қандай жаза екенін білгісі келіп, тағы бір сөз күтіп аңтарылып тұр.
— Сотталды, – деді жиналыс басқарушы тұрпайылау бір үнмен, сосын «бұларға осылай демесең, түсінбейді», – дегендей жымиып лекторға қарады.
— Дәрігер жоқ болса, не істейміз?..
— Иә, десейші...
— Өлеміз бе енді...
— Әлмәмбет молда жазып берген ішірткі, мінеки, қалтада жүр, – деді әлдекім «дәрігеріңді тезірек жібермесең, ішем де салам» дегендей бұлданып.
— Дәрігер болады, – деді жиналыс басқарушы (даусы тағы да зекігендей болып шықты). – Бұл мәселе ауданда шешілген. Ал әзірге ауданға келіп емделесіздер.
Қаратай қол көтерді. Байдәулет мұртты жігіттің құлағына сыбырлап:
— Белсенді комсомолдарымыздың бірі, – деді Қаратайды көрсетіп.
Өкіл мойнын созып Қаратайға қарады.
— Немене, жігітім, сұрағың бар ма? Әлде сөйлейсің бе?
— Сөйлеймін.
— Ал сөйлей ғой.
Қаратай жүрексініп, алабұртыңқырап ортаға шықты.
— Баяндамашыға қарады. (Сақтаған күлімсіреп басын изеді.) – Шынын айтсақ, діннің зардабын айтып сынағанда мықтымыз, бірақ осымен іс жүзінде күресіп жүрген жоқпыз. Өйткені өзіміз әлі сол діннің ықпалынан шыға алмай жүрміз. Әлі күнге дейін отау көтергендердің некесін молда қияды. Ауылда құран оқыту, құдайы жасау, шек беру, құрбан шалу жалпыға бірдей міндет секілді. Және содан коммунистердің өздері де қашпайды. Мәселен, өткен жолы парторг Бәкеңнің өзі баласын піштіртіп, құдайы жасады...
Қызарып кеткен Байдәулет құлағынан шерткен мысықтай басын шалқайтып:
— Ау, енді... сен тіпті... – дей берді сасқалақтап.
Өкіл оған қарап күліп жіберді. Осы кезде тым–тырыс отырған жұрт та «е, күлуге болады екен ғой» дегендей ду күлді.
Қаратай ыңғайсызданып, Байдәулетке қарады.
— Айта бер енді, – деді Байдәулет зілсіз кейіп. – Болары болды. – Сосын жұртқа қарап: – Айтып отырғаны – шындық, амалым қайсы, – деп өзі де күлді.
— Мәселен, – деді Қаратай сөзін жалғап, – өткенде Қамидолла екеуміз суға түсіп...
Байдәулет «осы неме тағы бірдеңені бүлдірер ме екен» дегендей оған қадала қарады.
— ...Сонда көрдім, мойында тұмар жүр. Тұмардың құдіреті шын болса, баяғы Тәжібай молда неге сотталды. Кім көрінгенге жазып беріп жатқан тұмары өзіне жетпей қалды ма екен?.. Мінеки, күресіміздің түрі. Жаңағы Қамидолла өзі комсомол, өзі тұмар тағады. Біз дінге қарсы күресу үшін ескі наным–сенімнен алдымен өзіміз арылуымыз керек.
— Жаным – ау, мынауың суырылып тұр ғой, – деді Оразмағамбет оң жағындағы жағы сопиған егде қара кісінің тізесіне қолын тигізіп.
— Ағасы ағаш белсенді Назар емес пе, – деді анау күңк етіп, – соған тартқан шығар.
— Бірақ сөзі әндемді... Қиыстырып–ақ айтады. «Ойымыз бір жерден шықпайды екен» дегендей анау адам үндемей қалды.
Қаратайдың сөзінен кейін жұрт бір–бірімен сөйлесіп, гуілдеп кетті.
— Молдаңа да ынсап жоғы рас қой.
— Айтса, айтқандай...
— Бізде өзі ұстасатын молда қалды ма?
— Әлмәмбет молда – қорқақ, ұстасқанға дейін өліп кетуі мүмкін.
— Саспаңдар, молда табылады, – деді Назар жұрттың күлкісін баса, даусын көтеріп. – Көзінің тірісінде өзіне мазар салдырып, шалқақтаған діндарлар да бар.
Жұрттың бәрі Асқарға қарады. Асқар түк естімеген адамдай сабырлы жүзін өзгертпестен, отыра берді.
Мұртты жігіт қуана жымиып Сақтағанға бұрылып:
— Байқайсың ба, осы жолғы жиналысымыз жақсы өтіп жатыр, – деп сыбырлады, тап бір ең маңыздысы – айтылып жатқан мәселенің өзі емес, жиналыстың жақсы өтуі, өтпеуі ғана секілді. Содан кейін басын көтеріп:
— Бәлкім, тағы да сөйлейтіндер бар шығар, – деді отырғандарға қайта–қайта көз жүгіртіп. – Кәнеки...
— Шырағым, мен бір ауыз сөз айтайыншы, – деді алдыңғы қатарда отырған Өлмес орнынан түсіп.
Бойы ортадан биік, қыр мұрынды, үлкен қой көзді, ақыл мен парасатты білдіргендей сәл қайқылау кең маңдайы өзіне әдемі жарасқан Өлмеске өкіл қызыға қарады. Өлместің ажарында айрықша құбылмалы қасиет болатын. Бұл кісі қажет жерінде сабырлы ой иесі, немесе тура айтатын өткір, кейде сақ, кейде елгезек кішіпейіл де болып көріне алатын. Соның ішінде тума қасиеті қайсы екенін өзі ұмытып қалған секілді. Бұл жолы ойшылдығына басып, қой көздерімен төңірегіне тұнжырай қарап біраз тұрды.
— Бәлкім, менің сөйлейтін жөнім де жоқ шығар. Бірақ «сөйлемесе сөздің әкесі өледі» дейді екен. Сондықтан бір ауыз өз пікірімді айтайын. Айтпағым... – Өлмес «қазір сені мақтайын деп отырмын» дегендей, баяндамашыға қарады. – Жаңа мынау... – Жорта есіне түсіре алмай ойланып: – Иә, Сақтаған інімнің сөйлеген сөзін естіп, өзім қатты риза болып отырмын. Қандай терең, құлаққа қонымды! Ақпа құлақ біреу болмаса, түсінетіндей қылып–ақ айтты. Қазақтың осындай білімді жастарын көргенде ішіңнен шүкіршілік қыласың. Айналайын... – Сақтағанға тағы қарады. – Мерейің өсе берсін, біз секілді надан қазақтың сана–сезімін өстіп оята бер. Рақмет! Ал енді мына жігітім... – Жиналыс басқарушы жігітке қарап: – Әпен деді ғой деймін... Кешір қалқам, жас келген сайын адам ұмытшақ болады. Иә... ел қамын жеген азаматтың бірі екенсің, сенің де бақытың өрлей берсін! Жаңағы дәрігер туралы айтқаның бізді шын қуантты.
«Біз осындай екенбіз ғой» дегендей екі өкіл бір–біріне қарады.
— Ал енді жаңағы айтылған әңгімеге келсек... – Өлмес тағы да ойланып қалды. – Мен өзім бала кезімде Әкетайдың Сармолдасынан оқыдым. Маған он жеті мың ғаламды жаратушы – хақ тағала деп үйреткен сол кісі. Ол кісі ешқайда бармаған, өзіміз секілді ғана молдадан оқып молда болған көп дүмшенің бірі еді. Ал біздің айтып жүргеніміз солардың сөзі. Әйтпесе, құдайды көріп келген біреу бар дейсің бе? Ал енді қазір үкіметтің арқасында дамып, заман озып жатыр. Бұлардың білетіні бізден көп, оқығандары көп. Енді осылар дін деген жалған, ойдан шығарылған нәрсе деп тұрса, мен қайсысына сенуім керек. Дүмше молдаға ма, әлде қилымының сөзіне ме? Әрине қилымға, оқымыстыға сенемін. Өз бетімізбен ақыл жеткізе алмаған жерде білгеннің тілін алғаннан адаспаймыз, жолдастар. Сондықтан әлгі сөзден шошымайық. – Өлмес сөзін аяқтайтынын білдіріп, стол басындағыларға тура қарады. – Сендер халықтың санасын ояту үшін еңбек етіп жүрсіңдер. Сендер айтқан келелі әңгімеден кейін, санасы оянған ағаларыңның бірі мен деп білерсіңдер, қарақтарым. Сол еді айтайын дегенім.
Өкіл жігіттер қатты риза болып, қол шапалақтап жіберді.
— Мұндай жиналыс еш жерде болған жоқ, – деп Әпен Сақтағанның құлағына қуана сыбырлады.
Жұрт тым–тырыс. Шалдар жағы қара бет болған адамдай бастарын жерден көтермейді. Жастар Өлмеске таңырқай қарайды.
Осы кезде Асқар баяу қимылдап орнынан тұрды да, өзіне тән сырбаз кейіппен:
— Құлдан да бір сұрау, – деді ыңырана сөйлеп.
Әпен жиналыстың ажарын енгізетін тағы бір сөз күтіп:
— Сөйлеңіз, сөйлеңіз, – деді елпілдеп.
— Мен сіздердің әрқайсыларыңызға Өлмес құсап көпшік қойғалы отырғам жоқ. – Асқар даусын кенеп қаттырақ сөйледі. – Сіздер айтқан сөзге қарсы дау да айтқым келіп отырғам жоқ. Өйткені әр заманның заңы бөлек, діні бөлек... Іске, саясатқа зиян келтіретін нәрсеге қарсы шығу, былайша айтқанда, парыздарың. Оған ешкім де өкпелей алмайды. Жаңағы Оспан қожа, Зарлық бақсы секілді дүмше, алаяқтармен күрескендерің – халық үшін қажет. Бірақ мына бір затты ескерген жөн. Егер Зарлық бақсы ауру әйелді өлтіріп алса, құдайдың жоқтығынан, діннің жалғандығынан емес, өзінің надандығынан өлтіріп алып отыр.
Өңдері кірмей отырған шалдар, «е, сөз жаңа түзелді ғой» дегендей бастарын көтеріп, Асқардың аузына қарады.
— Оспан қожа елді алдаса, оған да дін кінәлі емес, діннің шариғатын сақтай алмай отырған Оспан қожа кінәлі. Екеуін шатастыруға болмайды. Шариғаттың үкіметке қарсы жерін көргем жоқ. Өтірік айтпау, ұрлық қылмау, байлыққа құнықпай, кедейге қайыр, ғаріпке көмек – осының бәрі шариғатта бір нәрсе. Ал мұның қай жері бұрыс? – Асқар сөзіне жауап тілегендей жұртты көзімен шолып шықты. – Ал енді құдайдың бар, жоғын жиналысқа салып шешулерің тіпті артық. Бұл – адамның сенімі. Сенім жүректе болады. Жүрегі сенген адамға құдай – бар, жүрегі сенбеген адамға – жоқ.
— Ақсақал, сіз тіпті теріс үгітке кеттіңіз ғой, – деді Әпен түсін суытып.
— Бұл теріс үгіт емес, жарқыным. Жанымды қорлаған соң, жауабымды айтып отырмын. Мен сендерге «құдай жоқ» деп жақсы атты көрінгенмен, жүрегім құдайға сеніп тұрса, мен өтірік айтқан болып шықпаймын ба? Мен шынымды айтып отырмын. Шындық үшін жазғыру бекер. Енді қалған азғантай ғұмырымда дінімнен жаңылдырма деп тілеп отырған кемпір, шал да бір қауым ел. Олар қаңғып келген қаймана қазақ емес, осы елдің ата–анасы. Ал енді басқасын айтсақ, осы үкіметті орнатуға қатысқандардың бірі біз боламыз. (Бұл кісі «мен» дегенді кейде «біз» деп сөйлейтін).
— Енді қалай би болғаныңды айт, – деп күлді Назар.
Асқар Назарға қарамай:
— Саудагерден сөз сұрасаң, бергені мен алғанын айтады, – деді тақпақтап: – Жиһанкезден сөз сұрасаң, қайдағы мен жайдағыны айтады.
Ақымақтан сөз сұрасаң, сайқымазақ қылжағын айтады, Ақылдыдан сөз сұрасаң, ойыңдағының ар жағын айтады, – деген екен бұрынғылар. Сенің білгенің сайқымазақ – қылжақтан бір аспай қойды – ау, Есенбайдың Назары. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, өмірі күдер үзген шағымда, жаным күйіп, өзіме күмбез тұрғызғаным рас еді. Сол шіркін сенің мазаңды ала берді. Қызығын берейін деп салған жоқпын, өлгенде жатайын деп салдырып ем соған өзің – ақ барып жата ғой...
Оразмағамбет мырс етіп күліп жіберді де, өзі сонысынан шошып кетіп, көзі жыпылықтап, сақалын сипай берді.
Бірдеңе дей берген Әпенді Сақтаған түртіп тоқтатты.
— Мына кісі тегін адам емес, – деді сыбырлап. – Басқаларға сөзіңді бұған айтуға болмайды.
— Бірақ Назарға да өкпелемеймін, – деді Асқар бір қалыпты ыңыранған үнмен. – Менің жүрегімді ұшырған – Өлместің сөзі болып отыр. Апыр–ай, іші–сыртыңда біз білмейтін ештеңе жоқ – елде өстің. Өмір сүруге ыңғайлы ең, дүние – түлкіні тазы болып қалай шалғаныңды талай көрдік. Бірақ пайғамбар жасына келгенде ұжданыңды саудаға салар деп ойламап едім. Сенің атыңды Өлмес деп дұрыс қойған, сірә да, өлмессің. Бірақ құдайыңды сатып күн көрген тірлігіңе қызықпай–ақ қояйын... – Асқар сөзін доғарып, өзіне–өзі, сабырлы қимылмен орнына отырды.
Жұрт тағы да тым–тырыс. Жиналысты бұлай аяқтауға болмайтынын сезген Сақтаған қорытынды сөз сөйледі.
— Ақсақал, біз сізге діннен без деп отырған жоқпыз, – деді де сөзінің аяғында Асқарға қарап тұрып. – Діннің қазақ халқына тигізген пайда, зиянын таразыға салып отырмыз. Айтқанымыздың бірі өмірде болған оқиғалар. Сіз көзіңіз ашық адамсыз, ал қарапайым халық үшін дін дегеніміз – Оспан қожа, дін дегеніміз – Зарлық бақсы. Сондықтан оларды біз діннен бөліп қарай алмаймыз...
— Осы сөздің де жаны бар–ау, – деді біреулер жиналыс тарқаған кезде клубтан шығып бара жатып.
* * *
— Ел басына талай бәле төнгенде осының бір қылшығының қисайғанын көргем жоқ, – деді Ботбай жастықтан басын көтеріп алып. – Баяғы тас мешінде малы қырылмаған осы ғана болатын.
— Ойбай–ау, тауық ше, тауық? Нағыз ақ сирақ жылдың өзі емес пе еді? Содан да аман шықты ғой.
Асқар домбырасын доғарып:
— Оны қойшы, аман қалса шаруақорлығы шығар, – деп әңгімеге араласты. – Мені таң қалдыратын бір нәрсе – баяғы бүкіл елді ойран қылған атты қазақтардың жылқы іздеп осының аулына түсіп, қалың жылқысына тимей тып–тыныш аттанып кеткені. Бұл бір жұмбақ...
— Мен білсем, осының көз байлайтыны бар, – деді Сонарбай бұлтартпайтын дәлел келтіріп отырғандай, саусағын шошайтып: – Айтпады демеңдер.
— Шынында да, өзінің бір бәлесі бар, – деп Малдыбай әлгі сөзді құптағандай болды. – Бірдеңе сұрағанда басыңды қалай айналдырып алғанын білмей қаласың.
* * *
Өлмес осы кезде екі өкілмен бірге Байдәулеттің үйінде шай ішіп отырған. Оның өзін де, сөзін де ұнатып қалған Әпен мен Сақтаған әңгіме үстінде Өлмеске «жағдайыңызды айтып, хабарласып тұрыңыз» деп ықылас көрсетті. Өлмес сұрастыра келе, Сақтағанға жиен болып шықты. Ал Өлместің:
— Жақсыда жаттық жоқ, шырағым. Қарға тамырлы қазақпыз деп қазбалай береміз. Әйтпесе, осы отырған қай – қайсысың да бір – біріңе бөтен емессіңдер, – дегенін жұрттың бәрі өте орынды, тауып айтылған сөз деп ұйғарысты.
* * *
Өлместің әкесі Жаманқұл әлім–берім күн көрген кедей адам болса да, елге сыйлы, абыройлы кісі болыпты. Өлместің азан шақыртып қойған аты – Ержігіт. Бала кезіндегі пысықтығына қарап, жеңгелері Өлмес деп атап, кейін бірте–бірте бұрынғы есімі ұмытылып, біржола Өлмес болып қалды. Ата мекені Шағырлы болатын. Суының тұщылығы болмаса, қара шағыры мен көкпегі көп, жайылымы аз, малға жайсыз жер еді. Өлмес әкесінің құда түсіп, үйлендірмек болған ниетіне көнбестен, жалғыз балалы жесір әйелге үйленіп, соның азғантай малымен тұрмыс құрды. Шаруақорлығының арқасында кейін әжептәуір мал бітті. Жақсылармен жанасып, бедел жинады.
Рас, Өлмес жақсы мен жаманды өзінше түсінуші еді. Кімнің тасы өрге домалап тұрса, сол – жақсы адам деп есептейтін.
Біреуден біреудің басы артық дегенді бұл кісі мойындаған емес. Оған өмірден келтіретін мысалы да көп еді және осы ойды бойына сіңірген сайын, байлаулы қолы босағандай, бір еркіндікті сезіп, істеген ісіне өкінбейтін мінез тапты. Қажет адамға кішілік көрсетіп, қызмет қылуға намыстанбайтын болды. Адам бойындағы ең айбатты қару – жағымпаздық, және айтпағаны болмаса, осы жұрттың бәрі біледі деп ойлайтын. Бірақ Өлмес жағымпаздықты шынайы көңілдің риясыз пейілі құсатып шебер жасағандықтан, анау адамның өзі де бұл жайында әмәнда жақсы пікірде жүруші еді. Ол естіп адам мен заманның ыңғайын елден бұрын танығыш болып өсті. Қиын–қыстау кездерде құтқармастай болып кезіккен тауқыметтен Өлмес елдің бәрін айран–асыр қылып, оп–оңай құтылып кете беретін. Жұрттың бәрі ақ таяғын ұстап қалған ұлы жұтта Өлместің дәулеті шайқалмай қалды.– Ал атты қазақ тұсында аман қалуының азғантай сыры бар еді. Ол кезде Өлмес Шағырлының қырында отырған. Бұларды сағалап жүрген бес–алты қоңсы үй болмаса, қалғандары өзінің туған–туыстары. Үлкен баласының үйленгеніне бір жылдай болып қалған, ол да жеке шаңырақ. Шілденің аяғы болатын. Ұлы сәскеде ауылға отыз шақты атты әскер сау ете қалды. Бастық ажарлы жас жігіт екен, жерошақ басында жүрген қатындарға қайта–қайта қарап қойып, қасындағы тілмашқа орысшалап бірдеңелерді айтты.
— Бұл кісі ақсүйек қауымынан шыққан, мәдениетті адам – деді тілмаш қазақша мен татаршаны араластыра сөйлеп. – Айтқанын орындаған адамды зәбірлемейді.
— Апырым–ай, алла разы болсын, шырағым, – деп Өлмес батасын берді. – Өзің де мұсылман баласы екенсің...
— Әрі қарай тыңда, – деді тілмаш «сенің бос сөзіңе уақыт жоқ» дегендей үнін қатайтып. – Бізге ат керек. Тап қазір бар жылқыңды айдап әкел. Таңдағанымызды алып кетеміз. Ақысына – жаның садаға.
Өлместің маңдайынан мұздай тер бұрқ ете қалды.
— Апырым–ай, тақсыр – ай, бізде жылқы қайдан болсын, – деді жыламсырап.
— Сөзді қой! – деп тілмаш ақырып қалды.
— Тақсыр – ай! – деді Өлмес енді бастық жігіттің өзіне қарап. – Бізде қайдан мал болсын, кедей адамбыз. Мына жерде, қашық емес, Шошқакөл деген жерде... – Өлмес көзі алақтап Шошқакөл жақты қолымен қайта–қайта көрсетті. – Әжібай деген байдың аулы бар. Жылқысы көп. Соған неге бармайсыздар?
Тілмаш Өлместің сөзін бастық жігітке жеткізді. Сосын екеуі орысша сөйлесіп біраз тұрды.
— Әй, қазақ, – деді бір кезде тілмаш бұрылып, – тез жылқыңды жина! Айтқанды орындамасаң, өз обалың өзіңе.
Егер орындамаса, не істейтінін айтқан жоқ, бірақ даусының ызғарынан сұмдық бірдеңе екені сезіліп тұрды.
— Тақсыр – ай, жарайды, – деп Өлмес басы жерге жеткенше иілді. – Қазір адам жіберейін, қазір... Тек өздерің үйге түсіп, дәм ауыз тиіңдерші...
— Рақмет, – деді тілмаш кекеткендей бір үнмен. – Орыс әскерін үйге түсіріп алып, қазақ аулының қалай қырып жатқанын естіп келе жатырмыз.
— Алла сақтасын! – деп шошынды Өлмес. – Ондай бәлеге араласқан емеспін. Алла сақтасын...
Өлмес сасқалақтап әр үйге бір жүгірді.
— Әй, Садыр! Садыр қайда деймін, Садыр, – деп айқайлады жаны шыға. – Садыр!
Үйінен шыққан Садырды Өлмес жүгіріп келіп, құлақ шекеден салып жіберді. Садыр Өлместің үлкен ұлы еді:
— Ойбай–ау, сізге не болған? – деді түкке түсінбей.
— Не болған дейді ғой, ақымақ. Тез жылқыны әкел осында! Тез! – деп қалшылдады Өлмес.
Садыр неге таяқ жегеніне ақыры түсінбеген күйі жылқыға аттанып кетті. Аласұрған Өлмес әскер бастығының жанына қайтып келді.
— Тақсыр – ай, үйге түсіңізші, құдай үшін, – деді жалынып. – Тым болмаса қымыз ішіңіз.
Жылқыға кеткен адамды көзімен көрген әскер басы солдаттарына әлдене деп айқай салды да, өзі аттан жеп–жеңіл қарғып түсті. Қалған әскерді екі үйге бөліп, өзі бес–алты жігітімен Өлместің үйіне кірді. Өлмес жан ұшырып жүгіріп жүр. Шарамен қымыз әкеліп, өзі бір кесесін ішіп, содан кейін қонақтарға құйды. Көп ұзамай қуырдақ та дайын болды. Әскер басы да Өлместің құрақ – ұшып қызмет қылғанына бірте-бірте жіби бастады.
Осы кезде Өлмес босаған шараны алып сыртқа шықты. Әлдеқалай жүрегі тарсылдап, екінші отауға кірді. Үлкен ұлының келіншегі Рахима кілемнің артында тығылып жатқан – сығалап атасына үрейлене қарады.
— Балам, қонақтар отырған үйге барып, ыдыстарды жинап ала ғой, – деді демікпесі бар адамдай ентігіп.
Рахима айтқан сөзге түсінбей, көзі бақырайып отыра берді.
— Бара ғой, қалқам, олар саған тимейді. Ыдыстарды жинап ал. Олар да кетейін деп жатыр. Сүйте ғой...
Рахима басындағы жаулығын көзіне түсіре байлады да, құлап кететіндей екі қолын жазып, қайта–қайта сүрініп, ақыры үлкен үйдің есігін ашып, ішке кірді.
Өлмес қонақтардың үстіне кіруге асықпады, киіз үйге арқасын тіреп, жүрелей отырды да, қалтыраған қолымен насыбай атты. Ұрлап атып отырғандай, алақтап жан–жағына қарады.
Осы кезде үлкен үйден шар ете қалған әйел даусы шықты. Өлмес өзінің қалай атып тұрғанын сезген жоқ. Ұмтыла беріп, есіне әлдене түскендей, қалт тоқтады. Әйел даусы тағы бір тұншыға шар етті де, басылып қалды. Өлмес үйге кіруге бата алмай, сенделіп біраз тұрып, не де болса байқайын деген оймен, жабықтан сығылады. Ештеңеге түсінбей, жабықты кеңірек ашты. Әлдекімнің жауырыны қалқалап тұр екен, әлгі былай кеткен кезде, болып жатқан уақиғаны көзі шалды. Өз төсегінің үстінде шашы жайылып келіні шалқасынан сұлық жатыр. Үстінде теңкиген біреу бет–аузы тыржиып, сөлекет қимылмен тырбаң–тырбаң етеді. Қолына наган ұстаған біреу есікті арқасымен басып тұр. Манағы әскер басы, жұмысын бітірген болу керек, қып–қызыл боп жымиып терін сүртіп, әлдекімнің құлағына сыбырлап қояды. Кенет жаңағы теңкиген неме өліп қалғандай қимылсыз қалды да, іле шалдарша тоңқаңдап орнынан тұрған кезде, адамның жүзі шыдамайтын бір көріністі көзі шалған Өлмес жабықты түсіріп жіберді.
Жан қинаған тыныштық жылға созылғаннан кем болған жоқ. Өлмес ұлының отауына кіріп, істің ақырын күтті. Бір заманда дабыр–дұбыр сөйлескен дауыстар естіліп, Өлмес сыртқа шықты қонақтар көңілді. Әсіресе әскер басы жас жігіт жайраң қағады.
Бүкіл ауылды басына көтере бірдеңе деп айқайлап еді, басқа үйге орналасқан солдаттар далаға шығып, асығыс атқа қонды.
Тілмаш Өлместің қасына келіп:
— Айттым ғой мен саған, – деді өзінің біліп сөйлейтініне риза болған үнмен, – бұл жігіт зиялы қауымның адамы деп, көрсеткен сый–сияпатыңа түсінді. Басқалары болса, түкірмес те еді. Біз енді сенен ештеңе де алмаймыз, жылқың өзіңе олжа болды. Айттым ғой.
Әскер басы ат үстінде тұрып, Өлместің арқасынан қақты. Әлдене деп орысшалап, бұған көзін қысты, содан кейін тілмаш екеуі ауыл шетінен үдере аттанған солдаттарының соңынан бұрқылдатып шаба жөнелді.
Өлмес өлі мен тірінің ортасында меңірейіп ұзақ тұрған.
Үрейі ұшқан Рахима содан айықпас ауруға ұшырады. Қызылобадан бір тәуіп кемпір алдырып, қыс бойы емдетті. Бірақ ем қате болды ма, ауру үстіне ауру жамалды. Оның не ауру екеніне ешкім түсінген жоқ. Жаз шыға келіні қайтыс болды.
Ал Шағырлыдан аттанған әскердің Шошқакөлдегі Әжібай аулын ойрандап кеткенін Өлмес екі күннен кейін естіді. Соның алдында Әжібай Өлместі атты қазақтардан сақтандырып, өз аулын Шошқакөлге апарып жасырғанын айтып кетіп еді.
Жаңа өкімет орнағаннан кейін де, Өлмес өз есебінен жаңылған жоқ. Малды азайтты. Қалғанын мылқау ағасы Иманғалиға жаздырды. Ауыл белсенділерінің аузын алды, уездегі ұлықтармен болдым. Ал жұрт болса, «қырық жыл қырғыннан қылшығы қисаймайтын Өлмес» деп мұны аңыз қылды.
Өлместің арқасына бататын екінші жүк – кіші ұлы Қамзаның тағдыры. Қамза ән айтып, домбыра тартып, бәйгеге ат қосып серілікпен ел көзіне түсті. Өлмес сол кездегі ауылнай Кенжеғұлдың үлкен қызына құда түссем деп ойлап жүрген. Кенжеғұлдың дүрілдеп тұрған кезі. Түу деген түкірігі жерге түспейді. Онымен құда болуды кім арман қылмасын?! Бірақ Қамзасы құрғыр, қас қылғандай, мырзаболат Сүйментайдың шөп желке қызымен шатасып масқара болды ғой. Жастайынан ерке өскен тентек жігіт айтқан сөзді тыңдамай, «оны алмасам өлемін» деп, қасарысып тұрып алды. Сүйментайдың бай тұқымы екені рас. Бірақ көлеңкесінен қорқып аллалап отырған адамның баяғыдағы байлығы кімге керек?.. Өлмес енді басқа амалға көшті. Жамағайын туысы Әйештің баласына «қысылсаң қалың малын өзім төлеймін» деп, Сүйментайдың қызын бір түнде алып қашып әперді. Әйеш тақыр кедейдің өзі еді. Араға белсенділер араласқан соң, Сүйментай аузын аша алмады.
Бірақ іс мұнымен таман болмады. Олай болар деп кім ойлаған? «Ол қыз басқа біреуге қашып кетіпті, енді Кенжеғұлдың қызына құда түскелі отырмын» деп баланы шын айналдыруға кіріскенде, әлгі неме жын ұрған адамдай еліріп, басын жерге ұрып, киімін жыртып, масқара болмасы бар ма!.. Аласұрып, ұстағанға көнбей, пышаққа ұмтылғанда отырған елден зәре қалмады. Шкаф үстінде тұрған өткір лөкетті алып далаға қашты. Мерт болар ма екен деп қорқып, Өлмес соңынан қуды. Сыртта баласының жан серігі – күрең ат байлаулы тұрған. Құлынынан осы ұлына атап еді. Күрең ат десе Қамза ішкен асын жерге қоятын. Баласы құлайтын адамдай, қалбалақтап күрең атқа жүгіргенде, Өлмес ештеңеге түсінбей тұрып қалған. Қамза қолындағы пышақпен күрең атты сағағынан орып жіберген кезде, Өлмес айқайлауға үні шықпай, тізерлей құлады. Қанға малынған ат қорқырап, секіріп барып, тоңқалаң асты. Әлдекімдер келіп, Өлместі ұстады. У–шу... Жылаған әйелдің даусы. Бауыздаған ат жаны шықпай, ұзақ арпалысты, ақыры қансырап барып біржола құлады.
Баласы талып жатыр екен. Есін жиған кезде, бөтен адамдай түсі өзгеріп, өзінен–өзі күле берді. Бірақ Өлмес баласының ауырғанына сенген жоқ. Қыстауға көшерде тағы аласұрып, далаға қашқан соң, қатты ашуланып, баласын қамшымен жосадай қылып сабап, киізге орап байлады да, жұртқа тастап кетті. Өлместің айбарынан қорыққан жұрт Қамзаның қасына жолай алмады. Күрең аттың күйігінен әрең жүрген Өлмес астындағы атын борбайға бір салып, «тарт, кәне» деп көштің басын қыстауға бұрғызған. Әрине, ішінде «әке ашуын сезіп, сабасына түссін, артынан қайтып келіп, алып кетерміз» деген ой тұрды. Бірақ қыстауға жеткеннен кейін, жіберген адамы: «Арқан мен текемет қана жатыр, Қамза жоқ», – деп түн ішінде қайтып келді. Енді міне... бір кезде ойын–сауықтың көркі болған сол Қамза қазір бір ауылдың белгілі жындысы болып, жаяу қаңғып, далаға түнеп, тентіреп жүр. Анда–санда үйге соғады. Қолында қағазы мен қарындашы бар, әр үйге кіріп, адамдардың санын алып, «салық салып», сандырақтап сөйлеп, бала–шағаның ермегіне айналған.
Осының бәрі Өлместің жанына батпайды десек, шындыққа сыйымсыз болар еді. Бірақ Өлмес «адамның ары сырт киім секілді» деп ойлайтын. Мәселен, жападан жалғыз тыр жалаңаш тұрған адам өзінен–өзі ұялмайды, ал осы күйінде жұрт көзіне түсуден ұялар еді. Яғни ұят сырт көзге ғана байланысты. Немесе, басқа біреудің әйелімен ашына болу масқара емес, масқара – соның жұртқа жария болуы ғана. Ендеше, жұрт білмейтін іштегі дүние ар емес, ол – адамның сыры. Іштегі сырға сот жоқ. Тек соны көтеруге өз белің жараса жетіп жатыр.
Өлмес бала кезінде құм арасында кесіртке қуып көп ойнап еді. Қуып жетіп, құйрығынан басқанда, кесіртке құйрығын тастай қашатын. Сонда денеден айрылған құйрық жаны шықпай біразға дейін жеке мақұлық құсап шоршып жатар еді. Қу тірліктің құпиясы осындай садақа заңына құрылған секілді. Қауіп–қатерден садақа бермей құтыла алмайсың. Өлмес кейде өзін кесірткеге, ал өзінен қиянат көрген адамдарды өзінің құйрығына теңейтін, сонда жаңағы кішкене жәндікше бұл да жаратушының ықтиярымен іс қылғандай болып, сотталған адамның біржола ақталып шыққанындай бір сезімге келетін.
Бірақ барша мақұлық пен барша заттың бір көрім көрінісі ғана бағаланатын ат үсті тіршілік тұсында Өлмес те бір киер кісілік шапанын жарқыратып киіп шығудан ешкімге ақысын жіберген емес. Өлмеспен жұғысқан адам оның кішіпейіл, ақ көңіл мінезіне, қонақжайлығына риза болып, осы елдің ат басын тіреуге болатын азаматы деп жүрген жерінде әңгіме қылып, айтып жүрер еді.
XI
— Тетелес – ау, жүр, ақсүйек ойнаймыз. Біздің жаққа адам кетіспей жатыр. Бол! – Екі көзі оттай жанып, балаша еліріп алған Шырақжан екпіндей кіріп, жартылай қарап: – Әже – ау, бәрі сонда. Рахия апам да жүр, – деді асығыс тауықша жұтынып. Содан кейін өзінен–өзі ішегі қата күліп, қалай келсе, солай үйден қауырт шыға жөнелді.
Қалаған ернін зілсіз сылп еткізді.
— Менің осы келінім еркек – шоралау ма, қалай? Тапырақтап басып кете жаздайды. Тіпті бала! – деп езу тартып жымиды да: – басқа–басқа, Рахияға не жоқ? – деді онша жақтырмай.
Қолын жайып, ас қайырған соң, нанды шараға салып, дастарқанды жиып алды.
— Барсаң барып кел, бір уақ бой жазып, – деді онсыз да киініп жатқан баласына қарап.
Бәйтен қара сәтен көйлегін киіп, белін буды да, бәтеңкесінің бауын мұқият байлап, шешесінің «үстіңді бүлдіріп алма» деген сөзіне жауап бермей, далаға шықты.
Ай сүттей жарық. Түбек жақта ауыл жастары у–шу болып, бірін–бірі қуалап ойнап жүр. Мәз болып айқайлаған еркек даусы, қыз даусы. Әлдекім күрпілдетіп өрістен кеш қайтқан сиырын сауып жатыр.
Бәйтен келгенде жастар екі жақ болып, әлденеге келісе алмай, айтысып жатыр еді.
— Бізге Ерболдың керегі жоқ. Оны қайтеміз?
— Бізге де керегі жоқ, – дейді әлдекім шіңкілдеп.
Ешкімге керегі жоқ Ербол ыржиып ортада тұр.
— Жарайды Ерболды біз – ақ алайық, бірақ сендер Сақышты аласыңдар.
— Сақыштың керегі жоқ, онан да Ерболды бізге беріңдер.
— Жоқ, Ерболды өзіміз аламыз.
Бағасы артқан Ербол онан сайын ыржияды.
Біреу Бәйтенді танып:
— Ойбай, мынау Бәйтен бе? Кел, бізге кел, – деді айғайлап.
Әлдекім Бәйтенді қолынан жұлқып қалды. Шырақжан екен.
— Неғып омалып қалдың? Мана айтқан жоқпын ба?..
Тасқынға ілескен жаңқадай Бәйтен ырду – дырдудың ішіне қосылды да кетті. Ай сәулесінен қыздардың осынша сұлу болып кететінін ол бұрын байқамаған еді. Күлкіден ішегі қатқан бір жандар, неге күліп жүргенін бір құдайды? өзі білсін! Бәйтен мойнын созып жан–жағына қарады. Хадишаның даусын естіген секілді еді, бірақ өзін көре алмай тұр.
— Кәнеки, қатарға тұрыңдар! – деп айқайлады ойын басқарып жүрген толық қара жігіт. – Ал, кәнеки! Көлденең қосылған ешкім жоқ па?
Бірін–бірі қуалап, қыр асып кеткендер аһылап–уһілеп қатарға тұрып жатыр.
— Мен ақсүйекті мына жындыда екен деп, соңынан қуа бермеймін бе, – деді ұзын бойлы жас келіншек тазы секілді жылмақай жігітті қолымен көрсетіп. – Өліп–талып ұстасам, көгермегірдің қолында түк жоқ.
— Өзім ғой тоқтаған, әйтпесе қайдан ұстайсың? – Жылмақай жігіт намыстанғандай болды.
Кішкентай сары қыз әлдекіммен ұрсып қалды.
— Оңбаған, арам, ыңғай қаралық жасайсың!
— Не қаралық жасадым?
— Ұстағаннан кейін неге бермейсің ақсүйекті?
— Ой, жоқ болса, немді беремін?
— Иә, жоқ! Көрмеді дейсің бе, шалбарыңның ішіне салып жібергеніңді.
— Көрсең, сол жерден неге алмадың?
— Оңбаған, жынды, албасты!..
— Ау, қойсаңдаршы! – деді ойын басқарушы айқайлап. – Ұлбосын, қойшы, шырағым. Кәне, тұрдыңдар ма? Біреу, екеу, үшеу...
Ойын басқарушы екі жақтың адамын санап болды да, ауылға желкесін беріп, төрт–бес қадам ілгері шықты, қолындағы ақ жүннен істелген жұдырықтай киіз Допты бар пәрменімен құлаштай лақтырды. Сол сол–ақ екен, ойыншылар тобы бәйге аттарындай андыздап, у–шу болып, ақсүйек түскен жаққа жарыса жүгірді. Алға түскен бес–алты ересек жігіт осы – ay деген тұсқа келгенде, тоқтай қалып, жан–жағына алақтап, күдіктілеу жерді қолымен сипап, аяғымен түртіп, ақсүйек деп аталатын киіз допты іздеуге кірісті. Кейде бұл ойынды ақсүйектің өзімен де ойнайды. Бірақ көлденең табылған сүйектер жұртты шатастырып, дауды көбейткен соң, бұл төңіректе көбіне ақ жүннен істелген киіз доппен ойнайтын. Біреулер ақсүйек іздеп жүрсе, біреулер қарсы жақтың адамын аңдып жүр. Кенет әлдекім тапырақтап тұра қашты да, оны төңіректегілер қаумалап ұстап алып еді, әлгінің сүйек тапқаны өтірік болып шықты. Бұл қарсы жақты алдау, шын тапқан адамға жол ашу үшін жасалған айла. Оны әккі жігіттер жақсы біледі. Ал у–шу болып босқа жүретіндер – қыз–қырқын, келіншектер жағы. Оларға ойынның жеңісінен у–шуы қызық секілді. Жұрт шашырап сирей бастады. Ақсүйекті біреу тапқан болуы мүмкін. Бірақ ұшқыр балалар мен ересек жігіттердің тобы сөре жақты бөгеп, тосқауыл жасап жүр.
Бәйтен одағайлау өскен қара шағырдың түбіне жүрелеп, шөптің арасын қолымен сипалай бастап еді, мұның қасына біреу ентелеп жүгіріп келді. Оның Хадиша екенін Бәйтен қарамай–ақ біліп тұр. Манадан бері бір–біріне қалай жақындаудың ретін таба алмай жүрген. Хадиша қарсы топтың адамы болғандықтан:
— Шыныңызды айтыңыз, таптыңыз ба? – деді бұл арада танктың жүрмейді дегендей даусын көтере.
— Жоқ, Хадиша, – деді Бәйтен сыбырлап, – тапқан жоқпын, тапқан жоқпын...
Бәйтен осы сөзді мағынасыз қайталап, Хадишаның көзіне тура қарады. Оның бөтен сөзді әдейі ынтық көңілдің мақамымен айтып тұрғанын, ал, шын мәнінде, бар мағына сөздің өзінде емес, мақамында ғана екенін қыз сезбей қалмады. Хадиша жақын келіп, қара шағырды тасалап, құмға тізерлей отырды. Ай сәулесімен мәрмәрдай бозарған жүзінен алып – ұшқан қуаныш – күлкі лезде жоғалып, «әлгінің бәрі жалған қуаныш, ал, шын мәнінде, көңілім осындай ғаріп, мұңды» деп тұрғандай тұнжырай қалды. Осы бір үнсіз қарас сөз құдіретінен әлдеқайда биік еді. Екеуі де бір–бірінің тіл қатпағанын тіледі. Бірақ мынау жын – ойнақтың ішінде бүйтіп ұзақ тұру мүмкін емес еді.
— Мұнда біреулер отыр ғой, – деп әлдекім дәл қастарынан айқай салды. – Дәуде болса, тегін емес...
Іле бұларды төрт–бес жігіт қоршап алды. Олардың өз адамдары екенін таныған Хадиша:
— Ақсүйек осында, маған бермей қойды. Тезірек ұстаңдар, – деп жар сала, орнынан атып тұрды.
Бірнеше адам Бәйтенге бас салды.
— Дұрыстап тінтіңдер, – дейді гүжілдеген біреуі.
— Қолында тұрмасын...
— Шалбар жағын жақсылап...
Жігіттер қанша тінтсе де ештеңе таппады.
— Мүмкін емес, осында, – дейді Хадиша өп–өтірік өршелене.
Бәйтен еріксіз күліп жіберді, іштей Хадишаның әлгі ісіне сүйсініп тұрды. Жұрт шашырап тағы да бет–бетімен кетті. Осы кезде қарсы бетте жер сипап жүрген ақ жейделі жалаң аяқ бала Бәйтенге жақындап келіп, басын көтерместен:
— Аға, ақсүйек менде, – деді сыбырлап. – Мен сізге беремін де, өзім мына жаққа қашамын. Сіз мына жақпен жүгіріңіз...
Бала өте беріп, киіз допты Бәйтеннің қолына ұстата салды. Өзі еңбектеп жылыстаған күйі жиырма қадамдай ұзап барды да, сөреге қарай бар пәрменімен зымырай жөнелді. Жан–жақтан қаумалап бір топ жігіт баланы қоршай қуды.
— Ұста, ойбай, ұста!
— Жіберме!
— Мына жүгірмек қайтеді – ей!
Бәйтен енді кешіккенім болмас деп, орнынан тұра берген еді, қайдан келіп қалғаны белгісіз, біреу ту сыртынан бас салды. Қапелімде қауқар қыла алмай, етпетінен түсті де, ұшып тұрып, жаңағы жабысқан бәлені үстінен үйіріп лақтырып жіберді. Бірақ сол сәтте–ақ әлгінің Хадиша екенін танып, қайта оралып, жаны ышқына, құшақтай алды.
— Қарағым – ай, бір жерің аурып қалды ма? Не болды?
Оны елеп жатқан Хадиша жоқ, Бәйтенге тағы жармасып:
— Мында, мында, – деп түнді басына көтеріп шыңғырды.
Өзі мұнша тарамыс болар ма, бір қолы ажыраса, екінші қолымен жармасып, айрылар емес. Сол екі ортада тобымен жүгірген аңдар секілді он шақты жігіт жалаңдап жетіп келді. Келе ұмар–жұмар екеуінің үстіне құлады. Бәйтен қолын қайыртқызбай ұзақ арпалысты. Киіз допты өз адамдарының біріне бере салмақ боп, тырысып еді, бірақ мына нөпірдің ішінен кімнің кім екенін ажырату мүмкін болмады. Бір кезде әлдекімнің әлуетті қолы Бәйтеннің қолын артқа қарай қайырып әкетті. Одан әрі қарсыласуға шамасы келмеген Бәйтен киіз допты қоя берді де, опыр – топырда біреу жазым қылмасын деп, Хадишаны денесімен қорғап, екі қолымен жер тіреді.
Киіз доптың кімде екені белгісіз, екі жақтың ойыншылары бірін–бірі әрең танып, ырсылдаған, қырылдаған, күлген, күшенген – әр түрлі дыбыстар шығарып, бірін–бірі жібермей жұлқысып жатыр. Бәйтен:
— Ау, бізді жіберіңдер, – деп айқайлап еді, оны ешкім естіген жоқ.
— Ананы ұста!
— Жіберме дедім ғой, жіберме!
— Онда жоқ, өтірік.
— Мынада, мінеки...
У–шудың арасынан Хадишаның: «Басым, басым...» – деген даусы шықты. Бәйтен оны бауырына қысып:
— Не болды? – деді шошына.
— Біреудің аяғы тиді...
Бәйтен Хадишаны құшақтаған күйі, үстіндегі адамдарды итере – митере, топтың арасынан сытылып шықты.
— Қане, қай жеріңе тиді?
Хадиша қарақұсын көрсетті. Бәйтен қыздың шашының арасына саусақтарын батырып, қарақұсын сипай бастады. Сипап отырып өзінің шын қорыққанын сезді. Оны Хадиша да байқады.
— Ауырғаны басылды, – деді ол біраздан кейін бұрынғыша қайта күлімдеп.
Бәйтен де жымиды. Әлгі бір қорқыныш екеуін бұрынғыдан да жақындастырып жіберді. Беймәлім оспадардың Хадишаны басынан теуіп жібергеніне енді екеуі де риза секілді мәз болып отыр еді.
Алыстағы мәреден екі–үш баланың айқайы қатар шықты.
— Мында, мында. Ақсүйек мында.
Ойын басқарушы оң қолын көтеріп, ұпайдың оң жақтағы топқа берілетінін көрсетті.
— Бері келіңдер! Қайта бастаймыз.
Бірін–бірі илектеп алысып жатқан топ түкке түсінбей, аңтарылып қалды.
— Ау, қалайша?
— Біз сонда ақымақ болып, неменеге таласып жатырмыз?
— Қап, атаңа нәлет, әне бір жүгірмектің алдап кеткенін көрмейсің бе? Мана айттым, біреуің содан көз жазбаңдар деп... Тыңдадыңдар ма?
Жұрттың бәрін жер соқтырған «жүгірмек» – ең алғаш ақсүйекті тауып алған ақ жейделі жалаң аяқ бала екен. Ақсүйекті жанындағы біреуге берген болып жұрттың бәрі соған жабылғанда өзі мәреден бір–ақ шыққан. Талапайға түскен жігіт:
Маған бергені мынау ғой, – деп кішкентай ақ орамалды көрсетті.
Біреулер оны қаралық деп тапты. Бірақ ойын басқарушы айтқанынан қайтқан жоқ, «қолыңнан келсе, сен де жаса» деді.
Ойын алма–кезек жеңіспен өтіп жатты. Екі жақтың да жүйріктері, жер соқтырғыш әдісқойлары, жабылған қыз–қырқын, балаларды сол күйі сүйреп жүре беретін қарулылары бір–бірімен тең түсуде.
Бәйтен ойынның дырдуына енді араласқан жоқ. Хадиша екеуі қосақтасқан малдай бір–бірінен ұзамай қойды. Бәйтен жұртқа сездірмей қыздың қолынан ұстаса, ол да мұның қолын қысып, жауап бергендей болады. Әйтсе де Хадиша ойынның қызығынан да құр қалғысы келмейтін секілді, анда–санда әлдекімдерге жармасып, жақтастарын көмекке шақырып, шыңғырып, өзін домалатып кеткен ересек баланың соңынан «көгермегір, жынды ғой мынау» деп бір қарғап, үстінің шаның қағып, орнынан тұрып жатады.
Бәйтен көп ұзамай кеудесі тырсиған аласа қара қыздың қыр соңынан қалмай жүргенін сезді.
— Бізді аңдып жүр, – деді ол Хадишаға сыбырлап.
— Білем, – деді Хадиша басқа жаққа қарап тұрып.
— Мен сені арықтың жиегінен күтем. – Бәйтен де басқа жаққа қарап тұрып сөйледі. – Естіп тұрсың ба?
Хадиша жауап берген жоқ. Бәйтен тарыдай шашылып, қымғуыт болып жүрген елірме топтан жылыстап, арыққа қарай беттеді. Айқай–шу бірте–бірте алыстап, өзен жиегінен бақалардың түнгі шұрылы айқын естілді. Қамыс арасындағы құстардың барқылдаған, қанатымен су сабаған, тез–тез таңдай қаққандай тақылдаған әр түрлі дыбыстары бұлардың өз қызығы өздеріне жетіп жатқанын байқатқандай. Қарасудың өзенге тақаған етегінен жайылған жылқылар көрінеді. Шілденің мамыражай айлы түні.
Бәйтен жиектегі майда құмға жүрелеп сәл отырды да, арықтың ішіне қарғып түсті. Мұрнына шаң иісі келді. Ол ойын жаққа қарамауға тырысты. Кейде айқайлаған дауыстар дәл жанынан естілгендей болып, селк ете қалады.
«Бәлкім, келмес», – деп ойлады ол. – Бәлкім, бәрі де әзіл болар. Жаңағы бір көзқарас, жібектей толқыған қолаң шаш, жұмсақ алақан, бәрі де әшейін елес шығар...» Уақыт өткен сайын, аштыққан көңілі бірте–бірте суынып, егер ол келмей қалса, (келмей қалуы енді анық ақиқаттай көрінді,) соған іштей дайын болуым керек деп ойлап, Хадишаның келмейтініне өзін сендіре бастады. Кенет құрғақ жусандар сытырлап, жақын маңнан адам аяғының дыбысы естілді. «Келді! Келді ғой!» Әлгі күдік лезде көлге ұшқандай жоқ болып, манадан бері келетініне кәміл сеніп отырғандай, «айттым ғой келеді деп, айтқаным келді ме?!» деген бір қуанышты сезім жүрегін атша тулатты. Бәйтен сабырдан айрылып, жалт қарағанда, шилердің арасымен бұға түсіп, келе жатқан Хадишаны көрді.
— Хадиша! – деді әлдебір түйіншек тамағына кептеліп.
Хадиша шошынған адамдай тоқтай қалды, ойын жүріп жатқан жаққа бір қарап, шапшаң басып арықтың жиегіне келді.
— Бері, бері... Қолыңды бер, түсіріп алайын.
Бәйтен қолын беріп, арыққа қарғып түскен қызды, қуаныш қызуымен құшақтай алды. Қыз қарсылық жасамады, бірақ өзі ыңғай білдірген жоқ. Көңілімен тау құлатардай болған Бәйтен тап осы арада не айтарын білмеді. Асау малдың бойын үйреткендей, еппен сипап, шашынан иіскеп, болмашы аймалаған болды. Бетіне бетін тигізді. Қыз «кім екеніңді өзің де көрсетерсің, байқайық» дегендей, қозғалмай үнсіз тұр. Жігіт «не құрыдым, не бақытты болам» деген екі ұшты тәуекелмен қыздың ерініне қарай жақындады. Қарсылық білінбеді. Қыздың дымқыл ерінін сезді. «Айтқаным келді ме, келді ме!» деген қуанышты сезім тағы да атой қалды. Таңғажайып бір толқын бойға тарап өмірінде білмеген бір жан рақатын сездіргендей болды. Қарсы емес! Қозғалмай тұр. Рас болды... Рас...
Қыз тұншығып басын шалқайтты. Аузын ашып, терең дем алды. Содан кейін «ойының ба, шының ба» дегендей, жігіттің көзіне тура қарады.
Ақсүйек ойнағандардың айғай–шуы толастар емес Ауыл жақтан әлдекімді атын атап шақырған, кейіген дауыстар естіледі. Қарасу жақта жайылып жүрген жылқылар оқыранды.
Арық ішінде құшақтасқан екі жаста әлі үн жоқ. Ғасырлар бойы ешкім байқамаған бір қисапсыз қазынаның үстінен шығып, қыруар олжаға батқан жандардай екеуі де әрі таңырқап, әрі қуанып, әрі абдырап тұр еді. Аспандағы жұлдыздар «сендерге дейін де талай адам талай қазынаның үстінен шыққан, шыға да береді, сендер бірінші де, соңғы да емессіңдер» дегендей бұларға қарап жымың қақты.
XII
Сауытбай ағасының үйіне екінді шамасында келді. Дәуітбай төсегінің үстінде қара сұр жүзі қабарып, ойсоқтылау болып отыр екен. Інісінің сәлемін көңілсіздеу алып, «үйдемісің» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Ағасының текке шақыртпайтынын онсыз да білетін Сауытбай бұл жолы да бір хабардың болғанын және оның жайлы хабар емес екенін сезгендей.
— Үшқарасудағы Шораның Мақаты ұсталыпты, – деді Қарамерген өз білгенінің ішінен осы бір хабар кәдеге жарап қалар деген үмітпен әкесіне қарап.
— Кімнен естідің? – деді Дәуітбай тіксініп.
— Сол ауылдан Омардың күйеу баласы келген.
— Томайлардан ағайынды Есқара, Досқаралардың ұстағаны рас болды ма?
— Рас.
Дәуітбай «естіп отырсың ба» дегендей Сауытбайға қарады.
Сауытбай үндеген жоқ. Ол Есқараны да, Досқараны да жақсы білетін өмір бойы ұрлықпен кісіге кісіні айдап салумен күн көрген пысықтар еді ұсталғанына ренжіген жоқ, бірақ табалағысы да келмеді.
Дәуітбай жөткірініп, сөйлеуге дайындала беріп, сырттан күбі көтеріп кірген Қаратазды көріп, үндемей қалды. Қаратаз осы үйдің бір адамы болып кеткен асыранды баласы, бірақ істейтіні – малайдың қызметі. Дәуітбай содан көзін алмай отырды да:
— Барар жер, басар тау қалмады, – деп әлгі шығып кеткен соң, әңгімесін бастады. – Аудандағы арқа сүйер үлкен жиен Ахметбек қызметтен босапты... Бұл бір үлкен жағдайсыз іс боп тұр. Қосымның қос тіреуінің бірі атанған Жарасбайдың ұрпағы ек, тәңірім несібесіз қылған жоқ. Бірақ мына балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда атадан қалған абырой түске де кірмейтін болды. Ел бұзылды. Екі ауыз сөздің басын қоса алмайтындар елге билік айтып, қатынға тілін алдыра алмайтындар елдің қожасы болып отыр.
Дәуітбай қайта кірген Қаратазға қарап тағы да үндемей қалды.
— Енді бүйтіп отыра беруге болмайды, – деді Қаратазды көзімен шығарып салып. – Әрекет, қам жасау керек.
— Қам қылғанда не істейміз? – деп Сауытбай ағасына таңырқай қарады.
— Осы отырысымыздың өзі қам қылғанның арқасы емес пе? – деді Дәуітбай кейи сөйлеп. – Әйтпесе баяғыда кетер ек... Мен жақсымын дегеннің бәрі қойдай көгенделіп кетіп жатыр. Ал сен әкең Жарасбайдың тірі көзіндей ойсыз, мұңсыз жүрген жүрісің мынау... Тым болмаса, артымызда қалатын мыналардың қамын ойламаймыз ба? – Дәуітбай жалғыз ұлы Қарамергенді қолымен көрсетті.
Сауытбайдың жүрегі шым ете қалды – ұл баласы жоқ еді. Бірақ сездірмеуге тырысты.
— Үкіметтің құрығы ұзын, қарсы тұрып абырой таппайсың.
— Абырой тілеп жүрген мен жоқ. Туласам, арқама ер батқан соң тулаймын. Ал арқасына ер батқан – жалғыз мен бе екем? Батпақты жақтағы байлар бас қосамыз деп жатқан көрінеді... Әлгі жер ауып жатқан кісілердің бәрі ертең сонда барады. Түбі біздің де барар жеріміз – сол, есіңде болсын.
Ал баралық... Сонда не бітіреміз?
Не бітіретінімізді алланың жазуы біледі. Ондағылар да ақымақ жандар емес.
Сауытбай күрсініп үнсіз басын шайқады.
Дүние, малыңды тартып алып, өзіңді қаңғытып жіберсе, сол ғой керегі саған шамасы? – Дәуітбайдың көзі бағжаң еткен онысы шын ашулана бастағаны.
— Мені қаңғытқанда үкіметке не түседі? Алатын малын, дүние керек болса, оны да алсын. Айдап жіберетіндей мен не істеппін?
— Ана жақтағы үлкен үкімет сенің кім екеніңді де білмейді. Сені құртатын осындағы белсенділер. Анау Назар, Ботбай секілділер. Солардың бәріне Жарасбай әулетінің тізесі батқан. Енді олар саған тізесін батырады... Кешегі Қамбардан әулие кім бар? Түнде кекірігі азып, алдындағы сары қымыздан бір ұрттауға ерініп отыратын. Ақыры айдалада қаңғып жүріп, аштан өлді оның кебін ки демексің бе?.. – Дәуітбай інісіне тағы да бағжаң етіп бір қарады да, оның үнсіз қалғанын райынан қайтқаны деп ұғып: – Құдайдың бос сөзін сөйлейсің, – деді даусын жұмсартып. – Онан да... деп отырғаным – сол. Осыны айтайын деп шақырттым. Екіншісі, Әукеңе хабар беру керек. Ол да өз қамын жсасын. Қарақұмға кеткелі әлі хабар жоқ. Соған өзің бар.
— Таңертең жүрейін, – деді Сауытбай мына хабардан шын шошығандай болып.
— Шай іш, – деді бәйбіше қайнысының тұра бастағанын көріп.
— Жоқ.
Кебеже, сандықтардан шыққан затта есеп жоқ. Құндыз тон, cap жаға шапан, топ–топ мата, бөріктің неше түрі. Дәуітбай әлгілердің бәрін керегі жоқ мүліктей көрпенің үстіне шашып тастады да, өңкей асыл бұйымдарды бір бөлек жинады. Асыл бұйымдар әр сандықтың түбінен бір шығады мүйізді бұрама алтын сырға, аяқты сырға, ай сырға, жапырақ сырға, күмістен жасалған көгілдір өрме білезік, жалпақ білезік, оюлы білезік; алтын–күмістен қосып жасаған алқа, қаусырмалар, тебінгідей шолпы, шашбаулар...
Асыл тастан көз салған сақина, жүзіктерді көргенде жас тоқалдың мүлде есі шықты.
— Алла – ай, осынша дүние қайдан келген? Не деген сұмдық!
Дәуітбай шыдай алмай мырс етті:
— Пері тастап кеткен! – деді зілсіз кейіп. – Көктен түсті деп пе ең? Ата–бабадан қалған дүние–мүлік. Ешқайдан ұрлап алған жоқпыз.
Дәуітбай әлгі заттың бәрін үлкен қобдиға сыйдырып, оның үстіне күміс кісе, екі–үш ескі медаль, ақ сары ноқаларды қоса салды да, аузын жапты. Содан кейін шынжыр баулы қалың былғары тұмарды қолына алып, дұға қылып, мойнына асты.
— Жарылқай гөр аруақтардың киесі, желеп жебей гөр, қасиетті қара тұмар, – деді қайта–қайта жалбарынып.
Тұмар әжептәуір салмақты еді, оның ішінде атадан қалған өсиет бойынша үш бұрышты алтын сауыт, оның ішінде әлдебір асыл тас болуға тиісті, Ал өз әкесі Жарасбай бір сөзінде «асыл тас емес, бір атым насыбайдың көлеміндей күшті у бар» деген еді. Бірақ оның ішін ашып тексеруге ешкімнің батылы жетпейді. Қара тұмар киесі бұл үй үшін құранмен бірдей.
Жуан бәйбіше де, тоқал да, Қарамерген де қара тұмарға мінажат қылғандай телміре қарап қалыпты.
— Мұның үлкен тарихы бар, – деді Дәуітбай тұмарды кеудесіне басып. – Ұлы атамыз Шәкірден қалған жалғыз мұра. Әулетіміздің құты ырысы... – Осыны айтқанда Дәуітбайдың мейірімсіз кесек жүзі аса бір жұмсақ діндар адамның кейпіне түскендей болды. – Шәкір атамыз мойнынан тастамайды екен. Талай шапқыншылықта қатын–бала, үй – орманнан айрылғанда да, осыдан айрылмапты. Кейін бір таршылық заманда алтын тұмарды сарт саудагерге сатып жібереді. Арада бірнеше жыл өткен соң, әлгі тұмарды қайтадан сатып алайын десе, сарт бермейтін көрінеді. Өйткені осы тұмарды алысымен, ол да қатты байыса керек. Тұмар кеткен соң, атамызға да бақ қонбаған. Өлерінде баласы Қасымға: «Пәленше деген сартта киелі бой тұмарың бар, дәулетіңнің иесі – сол, соны қалайда өзің ал», – деп өсиет қалдырған. Қасым сол тұмарды... ақыры алтын беріп сатып алыпты... – Дәуітбай осы тұста ойланып үндемей қалды. Өйткені тұмардың арттан қайтуы жайында тағы бір әңгіме естіген еді. Осыдан көп жыл бұрын атақты әңгімеші Орақбай шал келіп. Қасымның серуенде жүріп қанша тоналса да, байлықтан арылмай қоюы киелі алатын тұмардың арқасы көрінеді, ал ол тұмарды бір сарт саудагерді өлтіріп қолға түсірген екен деп аңыз – өсектің шетін шығарды. Оның рас, өтірігін бір құдай білсін. Бірақ алтын тұмар Қасымның әке – мұрасы. Өз мүлкің – өз балаң секілді. Ол үшін тер төгу қылмыс емес. Осы ой өзіне өте дәлелді болып көрінген. – Содан кейін–ақ атамыз ырысы тасып, байып жүре берген екен, – деді даусын көтеріп. – Бақ–дәулеттің киесі болған қара тұмар, енді сені мен асайын мойныма. Жар бола гөр!..
Тұмарға сыйынған әлгі сөздер бір жағынан көңілге медет қылса, екінші жағынан әлдебір улы қатердің тым жақын келгенін шақырып үй ішіне үрей әкелді.
Түннің бір уағында Дәуітбай мен Қарамерген атқа отырды. Қымбат бұйым салған қобдиды Қарамерген алдына өңгерді. Беттері – Жарасбай түбіндегі ескі қыстау. Жол бойы Дәуітбай әулие – әмбиелерге сыйынумен болды. Алыстан әлде бірдемелер қараңдаған секілденіп, Қарамергенге: «Көзің бар ғой, дұрыстап қарашы, бізді аңдып жүрген біреулер болмасын», – деп үрейленді.
Жолаушылар Жарасбай түбегіне жатар мезгілде жетті. Төбесі опырылып ішіне түскен ескі қыстау дәурені өткен, бағы тайған тіршіліктің белгісіндей болып түн құшағында мүлгіп тұр. Дәуітбайдың жүрегі шымырлап ауырғандай болды. Онысы бір мезгілде осы үйде өткен бақытты күндердің азасы ма, әлде қыстауды соңғы рет көріп тұрған жоқпын ба деген жымысқы ойдың қорқынышы ма – ол арасын өзі де толық айыра алмады. Қыстауының дәл іргесіне келіп, атынан түскен Дәуітбай:
— Кәнеки, шұңқыр қайда? – деді ентігіп. Қарамерген ескі үйдің екінші қабатына тоқтады.
— Мында, мында.
Дәуітбай Қарамергеннен қобдиды алып, шұңқыр жиегіне келді тағы да дұға оқыды. Содан кейін көрге адам салып жатқандай, қолы қалтырап, қобдиды шұңқырға түсірді де, жан–жағына тақтай тіреп, бетіне де тақтай жауып, нығарлап көме бастады.
— Жаратқан құдай, – бір өзіңе сыйындым. Өзімізге бұйырта гөр!
Дәуітбай жерді тегістеп, бетіне ескі қорда да төкті де, төңірекке көз жүгіртіп, өзі тұрған жерді іштей межелеп тұрды.
— Қарамерген, – деді бұрынғыдан да ентіге түсіп, – жадыңа сақта, ұмытып қалма, жаным, үйдің күн шығыс іргесі ғой... Менің көзім жұмылған күні осы қазынаға өзің не боласың.
Діні қатты әкесінің жүрегін төсеп, осынша елжірегеніне Қарамерген іштей таң қалды.
* * *
Сауытбай жұрт көзіне түскісі келмей, ауылдан таң алдында шыққан еді. Сол күні Шолақсайдағы лақ қыпшақ Үкетайдың үйіне келіп қонған. Ол үйден таң алдында аттанып, ақсора, теріскен, е бөлек, селеу, жүзген өскен шексіз–шетсіз шөл даламен суыт жүріп отырып, Жалғызбейітте аз ғана аялдап, аттың белін суытып, түс ауа ақ сары, қызғылт жасыл белдеулері сағым толқынымен теңселген Ақирек тауының етегіне жетті. Сауытбай тауға тіке көтеріліп, жолсызбен тартты. Дәл жанында тұрған ауылды көрсетпейтін ұры сайлардың арасымен айнала адасып, күн бата ойпаңда тұрған жалғыз киіз үйдің үстінен шыққанда Сауытбай есі бүтін адам келмейтін мынау елсіз мекеннен шын қорқа бастаған еді.
Киіз үй иесіз қалған секілді, қыбыр еткен пенде жоқ. Құдық төңірегі толған мал – жылқы, сиыр, әрегідік қой–ешкі. Сиырлардың өкірген даусы бір жайсыз оқиғаның хабарындай естіледі.
Сауытбай желе жортып, үйдің іргесіне бір–ақ тоқтады да, қарғып түсіп атын белдеуге байлады. Әлдеқалай жүрегі тарсылдап, аузына тығылып, не де болса жаманатпен тезірек жүздескісі келгендей, жүгіре басып үйге кірді.
Оң жақта көрпе жамылып іргеге қарап жатқан Әубәкір жүзін әрең бұрып, інісін көрді де:
— Сауытбаймысың? – деді сыбырлап. – Жеттің бе, жан бауырым... жарығым... – Әубәкір кемсеңдеп, одан әрі сөйлей алмады.
Сауытбай төсектің қасына тізерлей еңкейіп, ағасының қолынан ұстап, үнсіз жұбатып, бір ауық отырды. Ағасы орамалымен көзінің жасын сүртіп, өзіне–өзі келген кезде:
— Халдарың қалай? – деді еңкейе түсіп. – Бұл не, ауырып қалғансың ба?
Әубәкір тағы кемсеңдей берді де, өзін–өзі тоқтатып, бірақ онысы оңайға түспегендей, уһілеп терең күрсінді.
— Халдің түрі осы, – деді бір кезде әлсіз үнмен. – Бала кеткен әйелімен... Айдалада аузыма су тамызатын адам таппай... – Осыны айта беріп, Әубәкір әлденеге селк ете түсті де: – Қалқам, тез, тезірек, – деді үні ширап. – Үш күн болды малдардың су ішпегеніне... Суаратын адам жоқ. Өліп те жатқан шығар. Тезірек су құйшы астауға... қарағым... Сосын сөйлесерміз.
Сауытбай сыртқа шыққанда: «Байқа, малдың бәрі тағы болып кеткен ғой, қолыңа бір таяқ ал», – деген ағасының даусын естіді. Қолына ұзын құрық алып, өкіріп жүрген сиырларды айғайлап қуалап, құдық басына келді. Шөлден қаталап, қарындары қабысқан малдар иін тіресіп, бірін–бірі тістеп, теуіп, мүйізімен жайқап, астауға ұмтыла түседі. Сауытбай құдықтан қауғамен су тартып, алғашқы шелекті астауға құйғанда қой–ешкілер жылқылардың аяғының астында қалды. Оларды құтқаруға шамасының келмейтінін сезген ол қауғаны бар күшімен құлаштай тартып, суды құя берді. Лездің арасында үсті–басы сығып алғандай тер төкті. Жүрегі тарсылдап, көзі қарауытса да, бір сәтке оқтаған жоқ. Шөлдері қанса да, астау басынан кеткісі келмей тұрған құрықпен қуалап, қой–ешкілерге жол берді. Мал суарумен ет пісірімге жуық уақыт арпалысты. Шала–жансар қалған екі тоқтыны бауыздап, үйдің қасына апарды. Қазанға ет салып, шай қойып, үйге кіргенде, түн жарымы болып қалған мезгіл еді.
— Сауытбайжан, осы үйде шам жоқ, – деді Әубәкір ыңырсып.
Сауытбай кесенің түбіне тоңмайдан шырақ жасап жақты. Дастарқанды екі бүктеп, ағасының алдына жайып, шай жасады. Бір–екі кесе шай ішкеннен кейін ғана Әубәкір әңгіме айтуға жарады.
— Баланың қайда жүргенін білмеймін, – деді ол уһілеп отырып. – Бір түннің ішінде жоқ болды да шықты. Әйел мен баласын сенімен бірге ала кетті. Оның алдында қайта–қайта: «Мына иесіз қалада тұрғанша, қайыршы боп елде жүргеніміз артық», – деп жүретін. Ақымақ неме. Өмір бойы еңбек қылып жинаған мал–мүлкің көрінгеннің қолында кетсе, қайтып күн көрем деп ойлайды екен? Құр жер басып жүрген ит тірлік кімге керек? Бейнетім іңген шағын дәулетті сақтау үшін, елден безіп, елсіз Қарақұмға келдім... Апыр–ау, – деді сосын әлденеге таңырқап, – үкімет боп, кедей боп, біреудің мал–мүлкін біреуге тартып әперіп жатса, біріне дәулет керек болғандықтан емес пе? Әйтпесе біреудің атын – баласы біреуге қажет боп жатқан жоқ қой... Оны біздің бала түсінгісі келмеді. Қайтейін, құдайдың басқа салғаны шығар... – Даусы құбылып тағы да үнсіз қалды.
— Құдайберген қайда? – деді Сауытбай, ағасының ол туралы ештеңе айтпай отырғанына іштей қайран қалып.
— Мына қу тіршілікте не болып жатқанын білу үшін, Майлытөбе жаққа жіберіп ем. Былтыр бір рет өзім барып қайтқам. Қазір ауру меңдеп... Төсектен тұра алмаймын. Тұла бойым көтертпейді. Жүрек қағады... Апыр–ай, жаныма батқаны жайы болды. Шөлге шыдамай, өліп кетер ме екен деп ем.
Сөзінің арасында қайта–қайта көзі жасаурап, көңілі бұзылып отырған ағасына қарап: «Апыр–ай, бұл кісі де қартайған екен», – деп ойлады Сауытбай.
Әубәкір өз тұқымына тартпаған, шағын денелі, шоқша сақалды, аласа жалпақ мұрыны күлгенде бетімен бірдей болып кететін қызғылт жүзді, жұмсақ шырайлы кісі. Үнемі тұқжиып төмен қарап жүретін, енді жоғары қарауды тіпті қойған адам секілді, сөйлегенде басын жерден көтермейді. Елдің амандығын да көп сұраған жоқ. «Дәуітбайдың не ойлағаны бар?» – деді де, өз сұрағына өзі жауап күтпей, басқа бір әңгіме бастап кетті. Осы жер мал бағуға таптырмайтын қолайлы жайылым екен. Қысы, жазы, – бірдей, жауған қар сол күйінде еріп кете береді. Құр қауыл, ауыл» деп бүкіл жұрт ақымақ болып жүрген секілді. Өйткені мұнда мал тез отығып, тез семіреді. Қора салып, шөп шауып әуре болмайсың. Мал қаңғып кетпейді, келетін жері құдық, басқа жерде су жоқ. Қандай рақат. Мұны білгенде, Әбекең осында баяғыда көшіп келгендей екен.
Сауытбай ағасының сөзінен қатты шошынды. «Өзі сау ма» дегендей бетіне барлай, ұзақ қарады. Малдан басқа әңгімесі жоқ. Айналып келіп, осы төңіректің шөбін мақтайды. Әубәкір мыңды айдаған бай болып көрген емес. Мешінге дейін үш жүз жылқысы болған. Содан жұтай – жұтай азайып, қазір қолында екі айғырдың үйіріне жетпейтін жылқы қалыпты. Сол үшін бүкіл адам баласынан безіп, келіп отырған жері мынау. Өзінің осы тірлігінде енді ешқандай мағына қалмағанын өзге сезбейтін секілді.
Құдайберген келесі күні түсте келді. Азғантай қант–шайы, сөгі бар. Өзі ашық жайдары жігіт болыпты. Денесі балқаш, баяғы қозы соңында жүретін жалаң аяқ Құдайбергенге ұқсамайды. Сауытбаймен терезесі тең адамша сөйлесіп, жаңалығын сұрап, өзінің әр неден хабары бар екенін білдіріп қояды. Осы үйдің иесі секілді. Әубәкірге де батыл сөйлейді. Оның кір киіммен отырғанына намыстанып, сандықтан жаңа киім алып киіндірді. Екі тоқтының өлгенін естігенде: «Әттеген–ай. Майлытөбеде не әкемнің ғана құны бар еді, өзім болғанда, мұның бірі де болмайтын еді, өзім болғанда, әттеген–ай...» – деп, әлдекімді кінәлай, жазғыра өкінді. «Мынауыңның малжандылығы Әбекеңнен асып түспесе, кем емес қой», – деп Сауытбай ішінен таң қалды.
Әубәкір өз бетінше ойлауды қойған секілді. Сауытбайға соятын малды да Құдайбергенмен ақылдасты.
Көп ұзамай жапандағы жалғыз үйдің іші гу–гу әңгімеге кенелді. Қарқылдап күлген дауыстар естілді. Құдайберген екен. Майлытөбеге барған сапарында жұрт мақтаған жомарт үйге барып, аш қалғанын, одан кейін бір атақты сараң үйде етке әбден тойғанын айтып ағайынды екеуін күлдіріп отырды. Әлгі сараң үй мұны ауданнан келген өкіл деп ойласа керек. Өйткені соның алдында ғана қондырмай жіберген бір адамы үлкен өкілдің өзі болып шығыпты. Құдайбергеннің айтуынша, ол жақтағы колхоздардың шаруасы да, тұрмысы да жақсы. Шөпті трактормен жинап жатқан көрінеді. Әубәкір оған сенген жоқ, себебі трактордың не екеніне, қанша айтса да, түсінбеді.
Сауытбай ағасының үйінен күн шыға аттанды. Жол бойы ауыр ойдың құшағында болды. Ағасы айықпас дертке ұшыраған адам секілді. Оның санаулы–ақ күні қалғанын өзінен басқаның бәрі біледі. Ал өзі ақылы жетілмеген жарымес бала секілді ештеңе де сезбейді. Бір кезде ойдағы тасы қырға домалап, іргесі шайқалмас – ақ деген ұлы шаңырақтың ғұмыры осылай боп бітетін болды. Он сегіз мың ғаламның тереңіне қанша сүңгісең де, маңдайың тірелетін бір ғана құпия бар, ол – қу дүниенің баянсыздығынан басқа түк те емес... Басқа түк те емес... Бақ та, дәулет те өткінші... Өлім ғана хақ...
Келесі күні шаңы шыққан борбас құмның бойымен атын сары аяңға түсіріп, қалың ойдың құшағында келе жатқан Сауытбайдың көңілінде күтпеген бір күдік пайда болды. «Апырау, – деді ол ағасының жағдайын көз алдына қайта елестетіп, – осы Құдайберген маған тым пысық көрінді, өзі үкіметпен байланысы бар нағыз жансыздың өзі болып жүрмесін?.. Колхозды айтқан кезде аузының суы құрып мақтайды. Білмейтін жаңалығы жоқ... Осы күні біреуден бір сабақ жіп ала алмайсың, ал сонда қант–шай мен ақтаған сөкті ол қайдан алып жүр?..» Құдайбергеннің әр сөзін, әр қимылын есіне түсірген сайын, ойға алған күдігінің дәлелі көбейе түскендей болды. «Сорлы, Әбекем! – деді ол күйзеле күңіреніп, – тұзаққа біржола түсіпсің ғой. Аңғал байғұс – ай... Баладан да, басқадан да айрылып, елден безіп, сая тапқан жеріңнің түрін қарашы. Апырым–ай, не деген бақытсыз едің?..» Сауытбай қайта баратындай атын бұрып, келген жағына қарады. Бір күндік жол өтіп кетті. Қайта жету мүмкін емес. Сауытбай дағдарып ұзақ тұрды. Көңіліндегі күдікті тағы да іштей таразыға салды. Ал жақсы, қайтып барып, күдігін айтып, ағасының көзін ашты. Жанындағы – жаны ашыр жақының емес, мал–мүлкіңді торып жүрген тонаушың деді. Сонда не болмақ? Әлгі тұзақтан ағасын құтқарып шыға ала ма?.. Бәрібір оның барар жер, басар тауы қалған жоқ. Кемпірі өлді, бала кетті. Ел–жұрт алыста. Енді оған кеудесінен жаны шыққанша, қасында отыратын, жаны шыққан соң, апарып көметін бір адам керек. Бауырдың да, баланың да қолынан келмей отырған осы бір істі жаңағы Құдайберген атқарып отырған жоқ па? Қала берді, көзін ашқалы сол үйдің отымен кіріп, күлімен шыққан, ана малдың бәрін бағып–қаққан сол емес пе? Тап қазір Әубәкірге содан жақын ешкім жоқ. Ендеше мұрагері Құдайберген болмағанда, кім болады? Одан кейін ол оны колхозға тапсыра ма, қалаға тапсыра ма – өзінің шаруасы.
Осы бір ойға тірелуі мұң екен, Сауытбайға ағасының жағдайы тіпті өзінен әлдеқайда жақсы болып көрінді. Анадай жаны жұмсақ адамның тап болуы – байғұстың талабы шығар. Өлерде осындай бір ризашылық сезім өзіңмен бірге кетсе, одан артық не арман бар?
«Ал мен ше? – Ағасының жағдайы бірыңғайланғандай болып көрініп, ол енді өзі туралы ойлауға көшті. – Өлер алдымда жұбаныш етер нем бар?..» (Ол осы ойды бұрын да көп ойлайтын). Осы тұста Сауытбай тісі ауырған адамдай көзін жұмып, қабағын түйді. Ағасының тағдырын сарапқа салып отырып, өзінің жан жарасының үстінен қалай шыққанын білмей қалды. Сауытбайдың жан жарасы – ұл баласының жоқтығы. Жас келген сайын осы уайым үлкейіп, көңіліне үрей әкелетінді шығарды. Бұл дүниеден кетер шағыңда бауыр етің балаңның қолынан ұстап, көзіне қарап, арыздасып, түтін түтеткен шаңырағыңды соған тастап кетуден артық бақыт бар ма? Сонда ғана жаныңмен жаның жалғасып, о дүниеге тек тәнің ғана кеткендей, арман–мақсатың аман қалғандай немесе мәңгі ғұмыр кешетін бір дүниеге тап болғандай болмас па ең? Өлмеу деген осы емес пе?..
Тағы да тісі ауырған адамдай қабағын түйе берген Сауытбай қалт тоқтап, әлденеге таңырқағандай болды. Бұлаң құйрықпен отырған Сауытбай төрт құдықтың тұсына келгенде аттың басын күн шығысқа бұрды. Көп ұзамай сор көл, одан кейін өзен жиегінде отырған шағын ауыл көрінді. Бұлар басқа ауданға қарайды. Рулары – таз. Ежелден кедей ел. Ауыл шетіндегі әне бір ескі қыстауда алты ай жаз бүргеге жем болып, тігінші Естек отырады. Осынша шалғай жерден Сауытбайға ат басын бұрғызған да – сол үй..
Естектің әйелі Дәметкен Жарасбайдың Даңғыл деген жалшысының қызы еді. Жас күнінде көзі күлімдеген дөңгелек жүзді, қара торының әдемісі болып өсті. Өзінің көрікті екенін сезген соң ба, әйтеуір, жалшының қызы екенмін демей, емін–еркін жүретін. Ол кезде Сауытбайдың жігіт шағы. Атастырған қалыңдығы аяқ астынан қайтыс болып, үйлену тойына жасалған қам – әрекет тоқтап қалған. Танымайтын, білмейтін бір қыздың өлгеніне Сауытбай қуанбаса, ренжіген жоқ. Дәл осы кезде Дәметкен екеуінің арасында азғантай уақыт бір құпия тамаша өмір басталып, қыз екі қабат болып, елге өсек тарады. Осы оқиғаны естіген күні Жарасбай қатты ашуланғаннан қаны тасып ауырып қалған еді.
— Ой, шірік неме! – деп қалшылдады баласын алдына шақыртып алып. – Шірік неме! Есігіңде жүрген күннен басқа ештеңе таппай қалдың ба, шірік неме?.. Ойнап күлгенің өз алдына, енді аламын дегенің не, тәңірі қарғаған ит? Жоғал, көзіме көрінбе! Енді сол сайқал туралы бір ауыз сөз айтсаң, екеуіңді де өз қолымнан өлтіремін, білдің бе? Өз қолымнан... – Әкесі ұмтылып алдындағы таяғын алғысы келіп еді, қолы жетпеді. Жарасбай өмірінің соңғы кезінде тым семіріп кетіп еді. (Үлкен дәретке қолынан бір балаға ұстатқызып қойып отыратын). Онсыз да күйіп–пісіп отырған шал таяққа қолы жетпегеннен кейін, енді қалай ашулансам да еркім бар дегендей, боқтық сөздің бірінен соң бірін тоғытты. Ашуланғаннан көпке дейін қалшылдауын қоймады.
Әкесі бұдан кейін уақытты көп созған жоқ, атақты Әлшораз байдың Күләйім деген қызына құда түсіп, апыл–құпыл үйлендіре салған. Ал Дәметкенді ата–анасы екі қабат күйінде қатыны өлген тақыр кедей Естекке қосты. Сөйтіп жастықтың желігі біржола ұмытылды.
Сауытбай атын тебіне түсті. Кешеден бері қалың ойдан жаны жадап, жалғызсырап келе жатқандікі ме – осынау ескі қыстауға бір соғып кетуді өзіне парыз санады.
Үйде Естек жоқ екен. Дәметкен пеш түбінде жүн түтіп отыр. Сауытбай кіріп келгенде ауыл адамының біріне амандасқандай, ісін тоқтатпастан, аузын жыбырлатып отыра берді.
— Мал–жан аман ба, Дәметкен? – деді Сауытбай төрге жайылған ескі қиықша көрпеге отыра беріп.
Дәметкен естілер–естілмес бірдеңе деді – «шүкір» дегені болу керек.
— Есекең бір жаққа кеткен бе?
— Қисық мойын қайнағаның аулына кетіп еді. Былтыр сол үйдегі Домалақ енеме қамзол, баласына ішік тігіп берген. Соған бір тұсақ атап еді. Әлі берген жоқ. Одан бері бір жыл өтті. Қарызданып, қауғаланып біттік. Қызылсырап өлетін болған соң, мана кеткен... Не жарылқар дейсің? – Дәметкен ағарған самай шашын жаулығының астына тығып, қайтадан жүн түтуге кірісті.
Сауытбай бәлен деп сөз қыстырудың ретін таппады да, ақырын көзінің қиығымен барлап, Дәметкеннің жүзіне қарады.
Көзінің айналасына, маңдайына әжім түсіпті. Үстіндегі киімі – әдейі киген шаруа киімі ме, әлде бары сол ма – жүдеу. Жарылып кеткен қолдары бүкіл ғұмырының бейнетпен келе жатқанын білдіріп тұр. Тіпті осы әйел бір кезде бүлдіршіндей жап–жас қыз болып, әлдекімге еркелеп, ойнап күлді деуге сену қиын секілді.
Әлдеқалай жарымжан көңіл болып отырған Сауытбай осынау жабырқау тіршілікті өткен өмірдің бір елесімен серпілткісі келгендей;
— Есіңде ме, Дәметкен, – деді даусы жарықшақтанып, – екеуміздің бір кездегі жастығымыз?.. Ол да бір дәурен екен–ау.
Сауытбай осыны өзі үшін айтқан жоқ, өмірден шаршаған бақытсыз әйелдің көңілін көтеру үшін айтты.
Дәметкен мұның сөзіне түсінбей, басын көтеріп, көзін жыпылықтатты:
— Нені айтып отырсың?
— Екеуміздің арамызда болған сонау бір оқиғаны айтып отырмын.
Дәметкен әлі де толық түсінбей, шаралы қоңырқай көздерін кең ашып, Сауытбайға тура қарады.
— Тағдырдың жазуы ғой... Бірақ, құдай куә, мінеки, соның бірін ұмытқам жоқ... – Біреуді сөзбен ерітпек болып отырған Сауытбайдың осы арада өз көңілі бұзылып, даусы құбылып шықты.
— Не дейді? – деп Дәметкен осы кезде даусын шығара күліп жіберді. – Қой таста, қайдағыны айтып... – Айтылған сөзден бұрын, Сауытбайдың ақылсыздығына, шалалығына күліп отырған секілді. – Бұл не айтып отыр деп ойлаймын... Құрысын таста...
— Имандай шыным, – деді Сауытбай қамығып.
— Қой деймін, – деп Дәметкен жалынған адамдай қолын созды. – Ұят болады. Қашанғы нәрсе ол... – «Мынау әлі бала екен ғой» дегендей тағы күлді. – Құдай осы жаман Естектен жарылқасын. Басқаның маған керегі жоқ.
Сауытбай не дерін білмей қалды. Әлдекім өзін жазықсыз келеке қылғандай, тіпті қорлағандай бір әсермен іштей суынып, сабасына түсті. Бекер айттым – ау әлгі сөздерді деген өкініш тұрды көңілінде.
— Апыр–ау, бала ше? Бала бар ғой арамызда – деді ақырында шарасыз үнмен.
Дәметкен үндеген жоқ. Ештеңе естімегендей, жүнін түтіп отыра берді. Сауытбай қалтасынан шақшасын алып, насыбай атты. Содан кейін манадан бергі сөздің әшейін сандырақ екені өзіне де шүбәсіз көрініп, түсін суытып, жолаушының жол–жөнекей үнімен:
— Баланың аты Шөмішбай ма еді, – деп сұрады.
— Иә.
— Не істеп жүр? Өзі... үлкен жігіт болған жоқ па?
— Бала оқуда ғой.
— Ә–ә?
— Баяғыда осында келген Төре қайнымызға қосып орыс мектебіне жібергенбіз. Соны бітіріп, сол жақтан әлгі немене еді...екі жылдық совет – партия мектебі дегенге түскен. Жаңағы қайнымыздың арқасы шығар... Оқуы біткен көрінеді. Енді қашан келеді деп күтіп отырмыз. Сол келіп, бірдеңе болмаса... күйіміз осы.
— Кімге жазылады?
Дәметкен Сауытбайға ажырайып таңырқай қарады.
— Кімге жазылушы еді? Естекке! – деді сондай сұрақ бола ма дегендей даусын жіп–жіңішке қылып.
Тіпті баланы Сауытбайдан тапқанын шын ұмытып қалған секілді. Әлден уақытта «ойбай» деп шойырылыңқырап орнынан тұрды да, қазандық жақтан беті жабылған меске мен тостаған әкеліп, сусын құя бастады.
— Жұрт секілді байлаған биеміз жоқ. Кедей адамбыз, бізде қымыз болмайды. Ашыған көже іш.
Қанша шақырса да, баласы өзін танымай қойған ананың сезіміндей бір әсерде отырып, Сауытбай сусын ішті. Бала туралы тағы да сұрағысы келіп еді, ол ойынан тез қайтты. Өйткені Дәметкен сөйлеген сайын жаттанып, алыстай берді. Енді кішкенеден кейін Сауытбайдың өзін есіне түсіре алмай қалатын секілді. Дәметкеннің осынша бөтен болып кеткеніне, әрі өзінің бейшара күйге түсіп күлкі болғанына күйінген ол айналасын сипалап, қолына қамшысын алды да, орнынан тұрды.
— Ал, қош.
Дәметкен бір сәт жүн түткенін тоқтатып, көрші үйдің адамымен ертеңге дейін ғана қоштасқандай, аузын жыбырлата салды.
Сауытбай тұнжыраған күйі атқа отырды. «Апырым–ай, түрін бір көрер ме едім, – деді жол бойы тек Дәметкеннің баласын ойлап. – Түрі кімге тартты екен? Ал егер менен айнымай қалған болса ше?..»
Сауытбайдың жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Кешеден бері еңсесін басқан шырғалаң ойдан шығар жолдың шеті көрінгендей қуаныш оты көкірегінде маздап қоя берді. Жылдар бойы аңсаған, бірақ не екенін өзі білмеген беймәлім жалғыз мұраты аяқ астынан өзі шыға келді. «Шіркін, көрсем, айтпай–ақ таныр едім, – деді ол тағатсыздана күбірлеп, – Әйтеуір, он екі мүшесінде бір жері маған тартатыны хақ қой... Жаным–ай, жалғызым – ай, үлкен жігіт болдың–ау, ә? – деді көріп тұрғандай таңырқап. – Мені ғой білмейсің?.. Білсең де, бәлкім, кешірмейтін шығарсың?.. Бірақ қанша кешірмесең де, сенің кеудеңде саялап тұрған шыбын жанның менікі екеніне құдай куә. – Сәл қолын созса, ғажап бақытты болып кететіндей әсерде тұрған Сауытбай өз арманына өзі елтіп, тебіреніп, күбірлей берді. – Жаным–ай... бұл дүниеде енді сенімен табысар күн болса... басқа ештеңе тілемес ем... Жүзіңді бір көрсем...» – іштей айналып–толғанған Сауытбайдың баласына деген ғайыптан пайда болған әкелік махабатты жан дүниесін тегіс шарпыды.
Расында да, оның жүрегін жылытқан нәрсе баласының дүниеде барлығы емес, өзінің сол баланы іштей мойындауы болатын. Мойындауы мұң екен, бүкіл дүние аяқ астынан құлпырып шыға келді. Осы бір аңсаған тілегіне тезірек жеткісі келгендей, шылбырын жинап:
— Шу, – деді ол атын тебініп қалып.
XIII
Тамыз айының басында, шөп науқанының қайнаған кезінде Ақсуатқа Нияздың Нұрбегі келді. Нұрбек қойбағардың аз атасының біріне жататын. Әке–шешесінен ерте айрылып, апасы Райханның қолында жүрген жерінен үкімет жетімханаға алды. Сол жақтан сауатын ашып, одан дуанға барып оқыды. Ауданға қызметке тұрғанына көп болған жоқ.
Баяғыда біреу мүсіркеп басынан сипаса, жылап жіберуге дайын тұратын жасқаншақ әлжуаз баланың орнына мұнтаздай киінген сымбатты жас жігітті көргенде ақсуаттықтар ауыздарын ашып таң қалды. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деп мақалдады шалдар.
Нұрбек артель шаруашылықтарын тексеруге келген екен, жақын туысқандарының үйіне кіріп шыққаннан кейін, қасына ауылдық кеңестің төрағасын алып, «Бостандық» пен «Бірлікті» аралауға аттанып кетті.
Ол кетісімен ауыл адамдарының әңгімесі – Нұрбек болды.
— Апыр–ай, қандай әдемі болып өскен...
— Қандай сабырлы...
— Мінезін айтсайшы, қыз мінезді...
— Өте тәрбиелі бала болған екен.
Бірақ Нұрбек жайлы әңгіме екі күннен кейін басқаша сипат алды.
Нұрбек Ақшоқы бойын аралап келгеннен кейін, ауыл активтерін Қызыл отауға жинап, жиналыс өткізді. Сөзі мірдің оғындай. Түсі сұрланып, «ағайыншылық өз алдына, ал мына тұста мен ешкімді де аямаймын» деп тұрғандай, төңірегіне суық қарайды.
Берілген жоспарлар орындалмаған, әсіресе сүйек жоспары. Артель шаруашылығының жайы жақсы емес, қысқа дайындық жасалмай жатыр. Шөп науқаны сылбыр. Мал қоралары салынбаған. Бай–кулактарға қарсы күресте табандылық жоқ. Ымырашылдық басым. Ауыл адамдары, бұрынғы атқамінерлердің ықпалында жүр. Ауылдық кеңес жұмысы нашар.
«Өзіміздің бала ғой» деп іштей жақынсырап қуанып жүрген Жақайдың жан тері шықты. Қылмысы ашылып, қолға мықтап түскен адамдай басы салбырап, үмітсіз күйде отыр.
— Көктемде тұқымдық астық жинау кезінде Ақшоқыда тағы да жоспар орындалмады, – деді Нұрбек түсін жылытпай. – Мінеки, бүгін үшінші күн болды, нансыз отырған бір үй көрген жоқпын. «Бостандықта» тақыр кедейдің бірі деген соң, Әшір деген кісінің үйіне барып ек, бір табақ қылып еттің нанын алып келді. Астық жоқ болса, оның бәрі қайдан келіп жатыр? Ендеше, кезінде дұрыс ақпар берілмеген. Қаулы бойынша жұмыс жасалмаған. Ауыл басшылары ағайынгершілікке, көңіл жықпастыққа салынған, тағысын тағы.
Шашын шалқасынан қайырған, (жымдасқан жұқа еріндері қатал да, қайсар мінез танытқандай) бет – пішіні жұқа, қара торы өңді Нұрбек әр сөзін қадап, салмақтап, зілмен, ызамен айтты. Онсыз да қаршығадай шымыр, жинақы жігіт ашуланғанда мүлде тас түйін болып алады екен. Бірақ осы бір жинақылық пен шымырлықтың ар жағында «жұрттың бәрін таң қалдырсам» деген мақтан сүйгіш сезімнің де жоқ емес екені байқалады, және сонысы өзінін жастығына, албырттығына үйлесіп, жарасып та тұрған секілді.
— Мына жігіттің сілтесі мүлде бөлек қой, – деп сыбырлады әлдекім арт жақтан.
— Айтпа деймін.
— Апырмай, тілдісін – ай.
— Оқу көп қой, – деп аңғарымпаздық көрсетті тағы бірі. – Әлгінің бәрін айтқызып тұрған оқу ғой...
Нұрбек бүкіл республикадағы коллективтендіру жұмысына тоқталып, жартылай көшпелі мал шаруашылық аудандарында 272 840 мал шаруашылықтарын біріктірген 2 745 колхоз бар екенін, тағы сол сияқты толып жатқан цифрларды айтып, жұртты одан арман таң қалдырды. «Сонша колхоз жер бетіне сыюшы ма еді?» – деп біреу күңкілдеп сенбегендей болды.
Кенет Нұрбек ауылнайға бұрылды да:
— Жәке, сіз ауылдың төреағасысыз, бәрін де білуге тиіссіз. Айтыңызшы, бүгін түнде осы ауылда қандай оқиға болуы мүмкін? – деді жүзінен кекесін күлкі білініп.
Жақай түкке түсінбей:
— Қайдан білейін, – деп жерге қарады.
— Ендеше, көңіліңізге келсе де айтайын, ауыл өмірінен бейхабарсыз. Кімнің жау, кімнің жау емес екенін білмейсіз. Білмегеннен кейін, партия мен үкіметтің тапсырмасын орындауға шамаңыз жетпейді. Ал мен білемін... – Нұрбектің ызғарлы үні осы тұста жұмсарып, ешкім білмейтін хабарды өзі ғана білетініне насаттанғандай бір нышан пайда болды. – Ауданнан келгеніне екі–ақ күн болған адамның білгенін сіздің білмеуіңіз... – Нұрбек сөзін аяқтамай доғара салды, өйткені «білмеуіңіз ұят» дегісі келіп еді, ол сөз өзіне тым жеңіл, зілсіз болып көрінді, ал одан өткірірек сөз қапелімде аузына түспей қалды.
Нұрбек түнде болатын оқиғаның не екенін айтпастан, жиналысты жапты да, шығып бара жатқан топтың арасынан Бәйтенді тоқтатты.
— Сіз кідіре тұрыңыз.
Қызыл отаудың ішінде Нұрбек, Жақай, Байдәулет, Бәйтен, Қаратай бесеуі қалды.
Мәселенің анығы мынау болды: Қорған түбектегі ескі қорымға ұра көмілген. Бірақ дәл қай жерде екені белгісіз. Бүгін түнде сол ұра ашылады. Ұраны да, ұра көмген адамды да қолға түсіру керек.
— Мен өзім барамын, – деді Нұрбек осындай бір қатерлі істің табылғанына қуанғандай жүзі жанығып. – Айтқан хабарымның растығын өзім дәлелдеймін. Ал өзіммен бірге... – Ол жұқа еріндерін жымқыра түсіп, қалған төртеуіне барлай қарады да, Бәйтенге тоқтап: – Сізді әкетемін, – деді «осыған дәтің жетер ме екен» деген кекесін үнмен.
— Қалқам, Бәйтенді қайтесің, мен өзім барайын, – деді Жақай қазір баратындай қопаңдап. – Сосын, жаман айтпай жақсы жоқ, үш жігіт ала кеткеніміз жөн.
— Сіз сол екі–үш жігітіңізбен осында қаласыз, – деді Нұрбек үзілді–кесілді. – Ал мен Мырзабеков жолдасты ертіп Қорған түбекке барамын. Мылтық бар, қанша адам болса да, ұстаймыз.
Бәйтен басын көтеріп қатерқұмар Нұрбектің жүзіне қарады. Нұрбектің сәл томпақтау келген өткір көздері өзіне тесіле қарап тұр екен, «мен өлімнен қорықпаймын, басымды бәйгеге тіккен адаммын, ал сенің жаның тәтті, сондықтан сен мен жасаған ерлікті ешқашанда жасай алмайсың» деп тұрған секілді. Бәйтен төбелесқұмар адамға тап болып, енді содан қалай құтыларын білмегендей, дағдарып есікке қарады. Нұрбек оған сүймейтін мезгіл, жақпайтын ас секілді әсер етті. Бірақ ол қойныңдағы жарыңдай, көкірегіңдегі арманыңдай, қашан да өзіңмен мәңгі бірге болатын, қатеңді кешірмейтін, сыртқы өмірді былай қойғанда, жан дүниеңдегі әр қадамыңды қалт жібермейтін, бірыңғай бейнетіңе көрінген, өмірлік жұлдызы қарсы жанмен жүздесіп тұрғанын ол әлі сезген жоқ еді.
Нұрбек пен Бәйтен ішіне тал өскен төрт құлақ тамның ішіне орналасты.
— Мә, мынаны сен ал, – деді Нұрбек мылтығын Бәйтенге қарай жылжытып, – мен оларға мылтықсыз барамын. Сен осында қаласың.
— Неге?
— Қашырып алуымыз мүмкін. Не қақтығыс болып, қан төгілуі мүмкін. Ал мен ең болмағанда, түстерін танып қаламын. Одан кейін көкке ұшса да, құтыла алмайды.
— Жазым қылса қайтесің?
Нұрбек иығын қиқаң еткізді.
— Бұдан қиынды да бастан кешкенбіз. Жаныңды шүберекке түймесең, ешқашанда ерлік жасай алмайсың. Ал қазір бізге алыс–жақынды білмейтін темірдей принцип пен көзсіз ерлік керек.
Ала бұлттың арасынан ай қылтиып, төңіректі лезде жарық қылып жіберді де, Нұрбектің әлденеге тістенгендей жұқа еріндерін жымқырып алған ерегіспе сұп–сұр жүзі жақын жерден ап–анық көріңді.
— Темірдей тәртіп өткір қару секілді. Өткір қаруды жанға көп серік қылуға болмайды...
Нұрбек Бәйтеннің сөзін бөліп жіберді:
— «Сөз сіздікі, жолдас Маузер», – деген пролетариаттың бір ақыны.
— Өте ұрыс, – деді Бәйтен басын изеп, – сөздің маузерге берілуі дұрыс еді, өйткені тарихи мәселелердің маузерсіз шешілмейтін кездері болады. Бірақ маузерге сөз беру, енді өмір бақи тек маузер сөйлесін деген сөз емес қой. Екіншіден, маузер жауға жұмсалғанда ғана жақсы, ал өзіңе бағытталған кезде соншалықты сүйкімді емес.
— А – а, уағыз, насихат дейсің ғой? – Нұрбектің қатты шыққан үнінде «кім екеніңді жаңа білдім ғой» деген астар жатты. – Үкіметті үгітпен орнатпақсың ғой, қан төкпей, ешкімді ренжітпей, ағайыңды араздастырмай... – деді кекесін үнмен. – Жо–жоқ. Ондай үгітпен шын зұлымдықтың маңына да бара алмайсың. Оны тек қару ғана ала алады... Қамалды қалай алуға болады? Зеңбірекпен ғана. Ал ішіне ұрланып еніп, үгіт таратып соғыстың олар тарапынан әділетсіз екенін айтып, он солдатты, тіпті елу солдатты өз жағыңа шығарарсың. Бірақ қамалды онымен ала алмайсың. Сен тек уақыт өткізесің Ал бұл кезде қарсы жақ зеңбіректерін түгел оқтап үлгіреді. Түсінемісің, бауырым.
— Түсінемін, – деді Бәйтен бейіттің қабырғасына арқасын тіреп. – Әрекет етуге қанша қайрат керек болса, ұстамдылыққа да сонша қайрат керек... Күрестің бәрі қамал алудан тұрмайды.
Мен өз бойымдағы кемшілікпен де күресуім керек. Сонда оған да маузер жұмсаймын ба?..
— Мемлекеттік заңды бұзу мен өз бойыңдағы кемшілік – екі бөлек нәрсе. Ал әңгіме заңды бұзушылар жайында. Мен, мәселен, өзімнің мұғалімімді ұстатқан адаммын... Айтуға қандай жаман... Бірақ мен оған өкінбеймін. Өйткені ол біздің идеяның адамы емес еді. Тура биде туған жоқ. Әркім өзінің жақыны үшін өмір сүретін болса, ғасырлар бойы аңсаған қоғамға ешқашанда жетпейміз. Пендешіліктен қол үзіп, қоғамдық мүддеге біржола бағынған кезде ғана кез келген жауға тойтарыс беретін қуатты мемлекет жасай аламыз. Ал мемлекет дегеніміз – заң. Белгілі бір заңмен өмір сүру. Заңды бұзған адам өзінен–өзі жазалануға тиісті. Оған бас қатырудың қажеті жоқ. Ал жер бетіндегі барлық қылмыстың, тәртіпсіздіктің пайда болуы – әлгі заңды мойындамағандықтан. Ал жанашырлық ағайынгершілік, көңіл жықпастық – қазақтың ежелден келе жатқан маңдай қырсығы – мемлекеттік дағдының жоқтығы, заңды білмейтіндігі.
Бұл жігіт заңды мойындап қана қоймайды, заңды жанындай жақсы көреді деп ойлады Бәйтен Нұрбектің жүзіне тесіле қарап. Адамды аяу және сол бойынша әрекет жасау, оны тіршіліктің басты саясатына айналдыру, бұлар үшін, мемлекеттің жоқтығынан сақталып қалған қоғамдық кертартпа дағды. Өйткені заңның статьясында ондай пункт жоқ. Мұндай адамды әдетте төңірегіндегілер жақсы көрмейді. Бірақ одан қара үзіп те кете алмайды. Адамның үй салуына, одан қала тұрғызып, ақыл–ой қабілетінің өсуіне себепші болатын қатал табиғат секілді бұлар да жанға жайсыз, жағымсыз. Бұлар мазасыз жандар, сол себепті жұртқа да маза бермейді. Адамның қарақан басының мүдделерін түгелдей жоққа шығарады. Бұлармен өмір сүру қиын. Бірақ осындай қатал да принципшіл адамдар қоғамға керек. Адамның өмір сүру қабілетін шыңдауға тағдырдың қаттылығы қандай қажет болса, бұлар да сондай қажет. Ұнамсыз, бірақ қажет. Не істейсің?..
— Меніңше... – деді Бәйтен даусын соза ойланып, – адамдар мемлекет үшін жаралмайды, мемлекет адамдар үшін жасалған. Ал сен адамдардың сана–сезімін, әдет–ғұрпын, тарихын бір–ақ сызып, бірінші орынға мемлекеттік принциптерді қоясың. Ақшоқы халқы ғасырлар бойы өз ғұрпымен, өз заңымен өмір сүріп келді. Қоғамдық меншік дегеннің не екенін білген жоқ. Өз маңдайына біткен малды өз балаларына неге сойып беруге болмайтынына өлтірсең де түсінбейді. Қорыққанынан соймауы мүмкін, бірақ түсінбейді, өйткені сауаты жоқ, надан. Ұра қазған қазақтар да сондай. Астықты байлар ғана емес, кедейлер де, орташалар да жасырады. Олар оның қазіргі жағдайда қылмыспен тең екенін түсінбейді. Бала–шағаны қалайда асырау керек – сосын құстың ұя салғанда ойланбайтыны секілді ойланбастан астығын жасырады. Ал олардың көзін жеткізіп, көкірегін ашып алмай, бірден жазалау біздің ісімізді ілгері бастырады деп ойламаймын. Мәселен Африкада, бір оқымысты жігіттен естіп едім, жыныстық қатынасты ашық жасау әдепсіздік емес, ал ашық тамақ ішу әдепсіздік боп есептелетін ел бар екен. Сонда біздің заңмен сол адамдарды соттауға бола ма? Немесе жұрт көзінше тамақ ішетін мәдениетті елдің адамын сол елдің заңымен соттауға бола ма? Меніңше жоқ. Жерден егінді өндіріп алу үшін алдымен егінді себу керек. Заңды талап ету үшін алдымен заңды бойға сіңіру керек. Сол себепті әлеуметтік сананы көтеру қазіргі біздің жағдайда ең үлкен мәселенің бірі болуға тиісті.
— Сен өзің қауіпті адам екенсің, – деді арқасын талға тіреп отырған Нұрбек Бәйтенге еңкейе үңіліп. – Осы кезге шейін бізбен соғысқан тап жауларының бәрін де, бәлкім, ақтап алу керек шығар. Олар да біздің заңымыздан бейхабар болатын...
— Жо–оқ, ол күрес – таза соғыс болатын. Соғыста ешқандай ереже, заң болмайды. Ал қазір жағдай басқа...
— Құйыршық! – Нұрбек ысылдап, төбелесетін адамдай жұлқынып Бәйтенге төне түсті. – Мен сенің көкейіңде не тұрғанын білмейді деп ойлайсың ба? Мен бәрін де білемін. Кімдерге бүйрегіңнің бұратынын, кімнің сойылын соғатыныңды – бәрін де, бәрін де... Мен сені бекер алып шыққам жоқ, тексеруге алып шықтым. Мінеки, енді кім екеніңді өзің де көрсетіп отырсың.
— Нұрбек, – деді Бәйтен іштегі қайнаған ашуын әрең басып, – сен ең алдымен совет үкіметі бір өзіңе әкеңнен қалған мұрадай иемденіп сөйлеуіңді қой. Үкімет халықтікі, оған екеуміздің қатысымыз бірдей. Ал түбі қайсымыздың еңбегіміз көбірек сіңеді, оны уақыт көрсетеді. Екіншіден, шындықты мойындату үшін, қорқытпайды, дәлелдейді. Дәлелі жоқ адам ғана зорлыққа көшуі мүмкін. Сенің қорқыту тәсіліңнен адам санасындағы прогресс қанша жылдарға кейін шегінетінін түсінесің бе? Социализм қалалар мен далаларда ғана емес, адамның санасында да орнауға тиісті. Ал сен санадағы социалистік құрылысқа зиян тигізушісің...
Нұрбек басқа амалы қалмағандай Бәйтеннің жағасынан ала түсті. Төртқұлақ тамның іші апыр–топыр болды. Екі жігіт ырс–ырс етіп, бірін–бірі ала алмай, теке тіресті де қалды.
— Өмірдің сипаты өзгергеннен кейін, сана өзінен–өзі өзгереді, – деді Нұрбек осы күйінде дауды жалғастырып. – Ал мен өмірдің сипатын өзгерту үшін күресемін...
Бәйтен күліп жібере жаздады. Өйткені төбелесіп жүріп, саяси тақырыпқа әңгімелесу тым қолайсыз еді.
— Ал сен... – деп Нұрбек тағы бірдеңені айта берген еді, осы кезде ат тұяғының дүбірі естілді. Бірінші қоя берген Нұрбек болды.
— Келіп қалды, – деді ол ентіге сөйлеп. – Сен осында қаласың. Мен қыстаудың маңына жасырынамын.
Нұрбек там сыртына қарғып түсіп, жүгіре басып, шеткі моланың тасасына тығылды.
Дүбір басылды, бірақ аттылар көрінбейді, шамасы өзен жағасындағы жарқабаққа жасырынған болу керек. Әлден уақытта зираттың екінші қабатынан дыбыс білінді. Ашықта қалған Нұрбек еңбектеп, дыбыс шыққан жаққа қарай жылжыды. Ешкім көрінбейді. Апырау, ұра қай жерде болуы мүмкін, су бармайтын қырат жер жалғыз осы емес пе? Әлден уақытта қорым шетіндегі қазық қағылған тұстан (мана Нұрбек «осы қазық тегін қазық емес» деп қолымен ырғап көріп еді) қараңдаған адам бейнесі көрінді де, іле жоқ болып кетті. Нұрбек қайда жылжырын білмей дағдарып, бір шеті опырылып ішіне түскен моланың тасасынан басын қылтитып, жан–жағына қарай бастады. Қарай бастады да, қайта бұғып, молаға жабыса қалды. Осы кезде қараңдаған адам бейнесі екінші рет көрініп, күрекпен жерді қаза бастаған еді. Нұрбек моладан молаға жасырынып жақындай түсті. Бәйтен «жалғыз адамның жарасы жеңіл ғой» деп жүрегінің дүрсілін басып, көңілі жайлана бастаған, кенет Нұрбектің ту сыртынан шекпеннің етегі жер сыза бүкеңдеп, сойылын кезеп, келіп қалған біреуді көргенде, шошып оянғандай селк ете түсті. Бір сәт есінен танған адамша қалшиып тұрып қалды да, енді бір секунд кешіксе, қапы қалатынын аңғарып, қасында сүйеулі тұрған мылтыққа жармасты. Гүрс ете қалған дыбыстан мылтықты өзі атқанын сезіп, қосауыздың ұңғысын жоғары қаратқан күйі екінші шүріппесін басып қалды. Үсті–үстіне екі рет атылған мылтықтың үні бүкіл Қорған түбекті дүр сілкіндірді. Бәйтен есін жиған кезде атылған мылтықтың кімдікі екенін біле алмай жарты молаға жабысып жатқан Нұрбектен басқа ешкімді көрмеді. Әлгі екі адам көрген түс секілді зымқайым жоқ болып кеткен. Өзен жақтан шапқан аттың дүбірі естілді.
Бәйтен бейіттің қабырғасына атша мініп, жерге қарғып түсті де Нұрбектің қасына келді. Нұрбек басын көтеріп, аң–таң болып, Бәйтенге қарады.
— Мылтық атқан кім? – деді ол әлі де ештеңе ұға алмай.
— Мен.
— Неге аттың? – Нұрбектің үрейден бозарған жүзіне ашу ызғары үйіріле бастады.
— Неге аттың деймін?
Бәйтен Нұрбектің ашуын қызықтағандай бетіне үнсіз қарап тұра берді.
— Сен не істегеніңді түсінемісің? – деді Нұрбек атып тұрып. – Сен әдейі істедің...
— Мен екі секунд кешіккенде, – Бәйтен алты–жеті қадам жерде жатқан ұзын сойылды көрсетті, – басың мылжа–мылжа болып, осы моланың түбінде қалатын едің.
Нұрбек ағарып жатқан сойылға аңтарыла қарап тұрды да, қасына барып, өзіне қандай зақым жасай алатынын тексергісі келгендей, қолымен салмақтап көрді.
— Екеу екен ғой? – деді жағдайға түсінгенін білдіріп.
Бәйтен құптап басын изеді.
Екі жігіт молалардың үстін баспай, айналып өтіп, болмашы қазылған ұраның басына келді. Күрек жас топырақтың үстінде қалыпты. Бәйтен күректі алып жерді қаза бастады. Көп ұзамай ұраның беті ашылды. Бетінде екі қапшық, жан–жағы қоғамен қымталған. Тары көк иістеніп қыза бастапты, ептеп бу шығады. Бар–жоғы екі–ақ қапшық астық екен.
— Сорлы кедейдің тыққаны болды ғой, – деді Бәйтен соңғы қапшықтың аузын байлап жатып.
— Оны қайдан білдің?
— Екі қапшық астықты осынша жерге кедейден басқа кім тығушы еді...
— Кедейдікі болса, оқасы жоқ, бәрібір өзіне бұйырады, – деп күлді Нұрбек.
Нұрбектің күлгенін Бәйтеннің бірінші көруі еді, бетінің ұшы шұқырайып, балаша сүйкімді болып кетеді екен. Бірақ ол әлгі райынан тез қайтып, өзінің кім екені есіне түскендей, әу бастағы сазарған кейпіне қайта түсті. Тал арасына байланған аттарды алып келіп, қапшықтарды ердің артқы қасына тең артып, қанжығадағы қайыспен буып байлап, аттың белін майыстыра ерге отырып, сары аяңмен Ақсуаттың топырағы бұрқыраған қара жолына түскенде де, екі жігіт бір–біріне ләм–мим деп тіл қатпады.
— Сен мені бір қатерден құтқардың, – деді ақыры Нұрбек жұқа еріндерін жымқыра түсіп. – Рас. Мен де осылай істеген болар едім... Бірақ... айтпады деме... түбі сені әшкере қылатын адам мен боламын.
Бәйтен күліп жіберді.
— Менің немді әшкере қыласың?
— Күлме, күлме. Мен саған күлетін сөз айтып отырған жоқпын.
— Ендеше, тап қазір неге әшкере қылмайсың?
— Асықпасаң, кезегің келеді... Біз алдымен революция жауларын, одан кейін Совет өкіметінің жауларын құрттық. Одан кейін бай–шонжарларды құрттық. Енді кулактарды құртып, үкіметтің негізін бекітіп алсақ, содан кейін партияны сен секілді либералдардан тазартамыз. Өйткені ендігі істі таза пролетариат қана жалғастыруға тиісті, сендермен одан кейін бір табаққа сыя алмаймыз, солай бауырым.
— Табақтың ішінде кім, сыртында кім қалатынын уақыт көрсетер, – деді Бәйтен әлі де ойнақылау үнмен әзілге сайып. – Оған күні бұрын бал ашпай–ақ қой.
— Көлгірсіме, қайтесің, – деді Нұрбек даусын қатайтып. Өзіңше мені көп белсендінің бірі көретін шығарсың. Есіңде болсын, қоғамдық мақсат жолында мен қандай іске де бара аламын. Мен солдатпын. Біздің принципшілдігімізді сендер қатыгездік деп ойлайсыңдар... Мейлі, ойлай беріңдер. Біз үшін, ең керегі – ойға алған мақсатқа жету.
Бәйтен Нұрбекпен бұдан әрі таласқысы келмеді, өйткені оны сөзбен жеңе алмасын біліп отыр. «Тек қана мақсатқа жету ме? – деді енді ол әлгі таласты іштей жалғастырып. – Қалай жету дегенді қайда қоясың? Мәселен, осы жүрген кедейлер бірнеше жылдан кейін не ішем, не жеймін дегенді ойламайтын болады. Тұрмысы жағынан қазіргі кулактардан асып түспесе, кем болмайды, бірақ айырмашылығы сол байлыққа қайсының қай жолмен келуінде емес пе...?» Бірақ бұл ойын ол сыртқа шығармады, өйткені Нұрбектің де осындай бір көңілге қонымды мықты дәлел тауып айта алатынына оның күмәні жоқ еді.
XIV
Келесі күні Ақсуат бойында таң атпай әбігершілік басталды. Түнімен ауырып, бет–аузы ісініп кеткен ауылнай бүкіл белсенділерді жинап алып, жоспар мәселесін талқылады.
Ең алдымен – астық дайындау кезінде жіберген кемшіліктерді түзеу, ол үшін комиссия құрып, үйлерді тексеріп, ұра тінту, малды кісілерге жеке салық салу қажет. Екінші міндет – шикізат дайындап, сүйек жоспарын орындау. Мұны бүгіннен қалдыруға болмайды. Ауылнай осы тұста: «Кеше өмірімде естімеген сөз естідім, енді былқылдағанды, қоямыз, ағайын, білдің бе», – дегенді қайта–қайта сөзінің арасына қыстырумен болды.
Шешім қабылданды, үш ауылдағы байлардың бәріне малына қарап, жеке салық салынды. Сүйек мәселесі де шешілді. Жарбидайықта тұратын Тоқмырза деген кісінің арық кәрі түйесі ауылдық кеңестің рұқсатымен сойылып, сүйектері өкіметке тапсырылды.
— Ауылнай, тегі, іске мықты кірісті ғой, – десті ауыл адамдары бастарын шайқап.
— Қайтсін жаны қысылғасын.
— Ауданнан келген басқа әкімдерге қыңқ демеуші еді, осы жолы Нұрбек қатты қысты – ау өзін.
— Нұрбек өзіміздің бала ғой, көз қылып айтатын шығар.
— Көресіні осы өзіміздің баладан көрерміз.
* * *
Он–он екілер шамасындағы жалаң аяқ екі бала ауыл үйді жағалап хабар таратып жүр. Екеуі де ұялшақ. Бірін–бірі итеріп, бірін–бірі түртіп:
— Әусағитттың үйі шілдеханаға шақырып жатыр, – дегенді әрең айтады.
Әусағит бір әулеттен жалғыз, мырзаболаттың ішіндері аз атаның бірі. Әкесі Жалақтың қойын баққан, өзі бертінге дейін кісі есігінде жүріп, совет үкіметі орнаған соң, белсенді болып, одан қосшы одағына сайланып ел қатарына қосылды.
Кешкілік көлеңкеге көрпе төсетіп, салқындап отырып әңгімелескенді ұнататын қолы бос шалдар өтіп бара жатқан балаларды тоқтатып алып, қайта сұрайды:
— Әй, тоқташы, не деп кеттіңдер?
Балалар түсініксіздеу міңгірлеп, алғашқы айтқандарын қайталайды.
— Не дейді? – деп шал түсінбей ажырайып маңайына қарайды.
— Әусағит бар емес пе? – деп әлдекім сөзге араласты.
— Иә.
— Соның әйелі ұл тауыпты, шілдеханаға шақырып келіп тұр.
— Ибіжардың Әусағиты ма? Ол да ел шақырып, шілдехана жасайтын болғаны ма?
— Е, не бопты, – дейді әлдекім шамданып. – Шілдехананы да құдай Қозған әулетінің маңдайына жазып қойып па?
Шал шақшасын шығарып жатып:
— Үкіметтің арқасында, неше түрлінің бәрі адам санатына қосылды ғой, – дейді әлде әзіл, әлде шын.
Күн бата жұрт шілдеханаға жинала бастады. Әусағитқа бәленбай атадан қосылатын Жоламан соңғы кезде үйлерін қатар тігіп, туыс боп, қатты араласып жүрген, бүгін той иесі өзі болып, шалдарды бір бөлек отырғызып, жастар жағын өз үйіне жіберіп, әлдекімдерді қайта–қайта жұмсап, жерошақ басындағы әйелдерге тапсырма беріп, бәрін өзі билеп жүр.
Жоламанның бес қанат боз үйінің қақ төрінде – Нұрбек отыр, әдейі үлкендер жағына бармай, бойдақ болған соң, қыз–қырқынға көз салу үшін осында келген, бұрынғы әкім қалпына ұқсамайды, көзі күлімдеп, елмен жылы ұшырап сөйлеседі. Оған таяу – ауылнайдың хатшысы Қамидолла, жақында комсомолға өткен жастар – Торғай мен Қайырбек, төрдің шет жағында – Бәйтен. Шымылдық тұсына өңкей қыздар жиналған, араларында бірлі–жарым келіншектер бар. Төменгі жақта – Әбдіғаппар бастаған бір топ бозбала. Әбдіғаппар домбырасын безілдетіп, бір екі ән салды. Қыздар барынша әдепті болуға тырысып, сыбырласа сөйлесіп, тәлімсіп, көздерінің астымен анда–санда Нұрбек жаққа қарап қояды.
Ортаға ойын бастаушы Қамидолла шықты. Жұртты күлдіргісі келіп айқұлақтанып, әркімге бір әкіреңдейді.
— Қане, көрші ойнаймыз, – деді сосын ұратын адам іздегендей, қол тоқпақ орамалын білемдей түсіп. – Мына отырыс болмайды. Қыздар араласып отырсын. Кәне, Биғайша... Бол, тез.
— Ибай, ешқайда бармаймын.
— Неге бармайсың? Тұр дедім ғой. – Қамидолла ожарланып, айтқанын орындай қоймағандардың бәрін ұл демей, қыз демей, томпылдатып сабай бастады. (Неғұрлым сабаған сайын, ойын қызық бола түседі деп ойлайтын секілді.)
— Ойбай, мына мәжнүн өлтіре ме?..
— Аямайды ғой адамды...
— Қой кеттік...
— Ойбай... – деген дауыстар шықты.
Ойын басқарушы қыз–қырқынды қой–ешкідей топырлатып қуғанда, Хадиша Бәйтеннің жанына келіп отырған.
— Жоқ, сен төрге отыр, – деді оған Қамидолла Нұрбектің қасынан орын көрсетіп.
Хадиша басын шайқады.
— Болмайды, болмайды. Кәне! – Қамидолла қол тоқпағын кезене бастады.
— Неге мен онда баруым керек? – деп Хадиша оған таңырқай қарап.
— Көп сөйлеме, барасың! – деп күш жұмсай берген Қамидолла әлдекімнің:
— Ау, әлі талай ауысамыз ғой, оның неменесіне шүйліктің, – деген сөзінен кейін ғана райынан қайтты.
Нұрбек қасына келіп отырған, қайқы мұрын, жалпақ бет қызға көзінің қиығымен қарады да, көңілі толмай, жұқа еріндері жымдасып, сазара қалды.
Төменгі жақта әлденеге таласып опыр–топыр болған бозбалаларды ойын басқарушының қол тоқпағы лезде жөнге түсірді.
Жастар тегіс қосарланып, көршілерін тапқан кезде (қыз жетпей, көршісіз қалған екі жігітке ойын басқарушы «біреуің қыз боласың» деп бастарын қосып, бірге отырғызды) Қамидолла алқа–қотан отырған «көршілерге» шетінен бастап сұрақ қоюға кірісті.
— Көршіңмен аразсың ба, татусың ба?
— Татумыз, – деп жымиды бітік көз қара жігіт жанындағы қызға қарап.
Қыз тымырайып үндеген жоқ.
— Татулығыңды немен дәлелдейсің?
— Дәлелдеу деген немене? – деді жігіт жорта түсінбей.
Қамидолла оны қол тоқпақпен жон арқадан салып өтті.
— Бол тез.
Жігіт бұйрыққа көніп, татулықтың белгісін білдіру үшін, көршісінің бетінен сүймек болып еді, қасындағы қызы бас білмейтін жылқыдай шапшып, қол тигізбеді. Қамидолла оны да қол тоқпақпен сабырға келтіріп, екеуінен не айрылысуды, не ойынның шартын орындауды талап етті. Ақыры жігіт асау қызды ту сыртынан құшақтап, сүйген боп ырымын жасады.
— Немене, міндетті түрде беттен сүю керек пе? – деді әлдекім ойынның шартына риза болмай.
— Ол өз еркің, – деді Қамидолла келесі көршіні тергеп жатып.
— Сүйгің келсе, сүй, болмаса дүре қабылда.
Торғай көршісін менсінбей, Әміртайдың көршісін сұрап, ол: «Көршімді оған бергенше, қолымды төбеме қойып қаңғып кетермін», – деп күмпілдеп, бірақ тартатын жазасы – ортаға шығып, өлең айту болған соң, өмірінде әу деп көрмеген байғұс: «Дәм жазбаған шығар, қалқам, бара ғой», – деп көршісімен амалсыз қоштасты.
Ойын барған сайын қызып, қыран–топан күлкі үдей түсті. Біреулер ортаға шығып өлең айтты, домбыра тартты, енді біреулер алақандары білеудей болып, дүре жеді, өзінің шынтағын тістеп, тілін мұрнына жеткізбек болғандар да бар. Ойынды көруге жерошақ басында жүрген келіншектер де келді.
Қамидолла Нұрбекке жақындап:
— Көршіңмен аразсың ба, татусың ба? – деді жұмсақ үнмен.
— Удай аразбын, – деді Нұрбек көзінің қиығымен қасындағы қызға қарап.
— Кімнің көршісін қалайсың?
— Бәйтеннің көршісін.
Қамидолла Бәйтенге бұрылды:
— Көршіңді бересің бе?
— Бермеймін.
— Бермеймін дейді, – деді Қамидолла енді Нұрбекке қарап.
— Бермесе, жиырма дүре.
Бәйтен қолын тоса берді. Қамидолла түрпідей қатты боп ширатылған орамал тоқпақты құлаштай сілтеді.
— Бір... екі... үш...
— Ау, шамаласаңшы, – деді шет жақта отырған Қаратай, – жүн сабап жатқан жоқсың ғой.
— Алты... Сенің шаруаң емес. Жеті...
— Мынауың қайтеді – ей?..
— «Соқырдың қолына, саңыраудың астына түспе деп»...
— Ал мынаның астына түссең де, үстіне шықсаң да, оңбассың, – деді Әбдіғаппар Қамидолланы иегімен көрсетіп.
Жұрт ду күлді.
— Он сегіз... он тоғыз... жиырма.
Бәйтен нарттай қып–қызыл болған алақанын сипап, осының бәрі сен үшін дегендей, жымиып Хадишаға қарады, бірақ өзінің әрең шыдағанын сездірген жоқ.
Келесі айналымда Нұрбек Хадишаны тағы сұрады.
— Бермеймін, – деп безерді Бәйтен.
— Отыз дүре.
Жастар шулап, кеу–кеулеп, екеуінің арасындағы ерегістің немен бітерін күтуде.
Бәйтен тағы да қолын созды.
— Бәлкім, өлең айтып берермін.
— Керегі жоқ, – деп кесіп тастады Нұрбек.
Қамидолла қол тоқпағын өршелене сілтейді. Бәйтен оның әдейі жанды жері – білегіне тигізе ұрып жатқанын білсе де, үндемеді. Дүре біткен кезде қолының домбығып ісіп кеткенін көрді.
Нұрбек Хадишаны үшінші рет сұрағанда, бұл ойынның астарында шын ерегіс жатқанын жұрттың бәрі аңғарды.
— Мен Бәйтеннің көршісін қалаймын, – деді Нұрбек өтінішін қайталап. – Бермесе неге бермейтін себебін айтсын, сосын тиісті жазасын алсын.
Ойын басқарушы қол тоқпағын бұлғақтатып:
— Көршіңді неге бермейсің? – деді Бәйтенге.
— Татумыз, сосын бермеймін.
— Ендеше, қырық дүре.
— Ау, сендердің мыналарың не? – деді Қаратай Нұрбекке қарап.
— Мынау ойын емес қой...
— Сен ақырын ұрсаңшы, – деп қыздардың бірі Қамидолланың етегінен тартты.
— Сенің шаруаң емес. – Қайқая керіліп, қолындағы орамал тоқпақты енді сілтей берген Қамидолла алдынан Хадишаның сүйрік саусақты кішкентай алақанын көріп, қалт тоқтады.
— Ұра бер, ұра бер, – деді Хадиша екінші қолымен Бәйтеннің қолын ұстап тұрып. – Бұл жолғы кезек менікі... Соқ дедім ғой.
Ойын басқарушы абыржып, Нұрбек пен Бәйтенге кезек–кезек қарады да, артынан өз міндеті есіне түскендей, қайта күжірейіп:
— Маған бәрібір, қайсың болсаң да, – деп қыздың нәзік алақанын аяусыз соққының астына алды.
Бәйтен мен Хадиша алақандарын бірінен–бірі асыра, кезек–кезек тосып, қырық дүренің бәрін де өтеп шықты.
Шет жақта отырған келіншектер:
— Онысы несі, жұрттан ұялмай ма? – деп Хадишаның әлгі қылығын ерсі көрді.
Есіктен тақиясын ұстап еңкейе кірген Жоламан үйге қанша табақ тарту керек екенін анықтау үшін, мал түгендегендей қолын шошайтып, күбірлеп отырған адамдарды санай бастады.
Кенет Нұрбектің керегеге басын тіреп отырғанын көрді де:
— Әй, мынау қайсы? – деді есік жақта отырған біреуді танымай. – Бергіні айтам... Отарбаймысың? Тұр. Нұрбектің артыңа тағы бір жастық тасташы. Бол. Осы күнгі жастар кісіге қызмет қылуды білмейді. Әй, нағашың Мұси ғой, қайда барайын деп ең.
Ду күлген жастарға насаттана қараған Жоламанның жүзінен өзін осы тойдың заңды иесімін деп білетіні, және соған әбден риза екендігі сезіліп тұрды.
Жоламан кеткен соң, кідіріп қалған ойын қайта жалғасты. Ойын басқарушы Нұрбектің алдына төртінші рет келіп:
— Көршіңмен... – дей берді түсініксіз міңгірлеп. Оның тілегін орындай бере алмағанына өзін кінәлі санайтын секілді.
— Айтқаным, айтқан – мен Бәйтеннің көршісін қалаймын... Тағы бермеймін десе... – Нұрбектің көзі Хадишаға түсті, Көршісі Бәйтеннің бетінен сүйсін.
Қамидолла Хадишаға бұрылды:
— Кәне, көршіңнің бетінен сүй, болмаса, анда барасың, – деді қол тоқпағымен Нұрбек жақты көрсетіп.
Хадиша бір шама не істерін білмей, іргеге тығылып, үндемей отырды да, кенет әлденеге ерегіскен адамша ілгері жұлқынып, Бәйтеннің бетінен шөп еткізіп сүйіп алып, іргеге қайта тығылды. Күтпеген жайттан жұрттың бәрі, – Бәйтен де, тіпті Нұрбек те сасып қалды.
Қыздар ұялып бетін басты.
— Ой, көкжал! – деді сүйсінген біреу есік жақтан.
— Бұл екеуін құдай айырмаса, адам айырмайтын болды, – деп қалжыңбас Әбдіғаппар онсыз да қып–қызыл болып іргеге тығыла түскен Хадишаны одан сайын ұялтты.
Нұрбек күреңітіп төмен қарады.
Дәмнен кейін «Хан қалай», «Орамал жүгіртпек», «Сақина салмақ» секілді қыз–жігітті жарастыруға арналған ойын–сауық басталды. Ойын қызығына еліккен жастар ырду–дырдумен түннің бір уағында әрең тарады.
Жұлдыздар самсаған айлы түн, бой сергіткен салқын ауа, қыздардың сыңғырлаған әсем күлкісі әркімнің көңіліне бүгінгі думан бітпесе екен деген бір тілек әкелгендей. Жастар екеу–екеуден бөліне бастады.
Оңаша қалған Бәйтен мен Хадиша ауыл ішімен жүруді ыңғайсыз көріп, өзен жаққа қиыстай бергенде жердей шыққандай болып, алдарынан бір адам шыға келді. Нұрбек: Жалғыз емес секілді, алыстау жерде тағы біреулер қараңдайды.
— Қарындас, бір минутқа кідіріңізші, – деді Нұрбек Хадишаға қолын созып.
Бәйтен ештеңе айтудың ретін таппай, қыздың өзі білсін деген оймен ілгері озып кетті.
— Бір ауыз сөзім бар, – деді Нұрбек жұмсақ үнмен. Сәл ғана тоқтай тұрыңызшы.
Бәйтен артына қарай ыңғайсызданып, қыздың даусы естілмеген соң, апыр–ай, қалып қойғаны ма, деген қорқынышпен жарқабаққа түсе берген.. Осы кезде аяқ дыбысы естілді де, іле артынан қуып жеткен Хадиша мұның қолынан ұстап, ойға қарай дедектей жүгіріп, су жиегіне келгенде бір–ақ тоқтады.
— Неге тастап барасың? – деді қыз Бәйтенге жыламсырай қарап.
— Кім? Мен бе? – Бәйтен таңырқаған түрмен қасын керіп, иығын қушитты. Ол саған тоқта деді. Не істеу керегін сен өзің шешсін деп ойладым. – Жігіт қыздың жылап тұрғанын сезіп, елжіреп, құшақтай алды. – Мен қайдан білейін, сенің кімді қалайтыныңды? Ол да жас жігіт, оның үстіне үлкен әкім, атағы бар... Сені әлде қайтеді деп ойладым. Артымнан қуып жеткеніңде қатты қуандым... Рақмет...
— Жексұрын, – деді Хадиша еркелеген сәби үнмен.
Бәйтен Хадишаның бетіне бетін тигізді. Мұрнына баланың иісіндей кісі елтіткен жанға жайлы қоңыр – жұпар қыздың иісі келді. Бойы балқыған жігіт қыздың ерініне сүлікше қадалды. Қыз бұлқынып әрең босанды. Екеуі де бір ауық есеңгіреп, естерін жиған тұста:
— Ұятсыз, – деді қыз жігіттің қолынан ұстап тұрып.
— Неге?
— Ыңғай ауыздан сүйесің...
— Ойбай–ау, жұрттың бәрі сүйетпей ме?
— Немене сен солармен сүйісіп көріп пе ең?
Бәйтен шын састы.
— Кетші, – деді ақыры басқа сөз таба алмай.
Қыз жігіттің омырауына бетін басып тұншыға күлді.
— Жүр, кетейік, – деді бір кезде Бәйтен төңіректе әлдебір қараңдаған бейнелерді көріп. – Біреулер аңдып жүрген секілді.
Хадиша қорқып кетті.
— Енді қайттік? – деді дірілдеп Бәйтеннің қолынан айрылмай.
Қызды жетелеп, шіліктің арасымен Шайтанкөңге қарай тіке тартқан Бәйтен тағы да алдан қараңдаған бейнелерді көріп, тоқтай қалды. Әлдекімдердің өздерін торып жүргеніне оның күмәні қалмады.
— Жүр, кейін кеттік.
Бәйтен мен Хадиша жиектегі борық қоғалардың тасасымен суаттың тұсынан қырға шықты да, жүгірген күйлерінде оқшау тұрған Қызыл отаудың қасына келді. Бәйтен қалтасынан кілт алып, есік ашты.
— Тез, тез кірсеңші, – деп Хадишаны итере – митере, ішке кірді де, қолын есіктің көзінен өткізіп, құлыпты сырттан қайта жапты.
— Енді бізді ешкім де таба алмайды, – деді қараңғы үйдің ішінде қалтырай ентіккен қызды бауырына қысып.
Оңаша қараңғы үйдің әсері ме, әлде қауіптен құтылғанына қуанды ма – Хадиша жігіттің аймалағанына тез еріді. Өне бойы дірілдеп, талықсып, аяғын басуға шамасы келмеді. Іргеге жайылған көрпенің үстіне қисайған кезде қыздан мүлде сабыр кетті. Бойдағы ерікті жоғалтып, тәуекел мен құштарлықтан басқа серігі қалмаған Хадиша кеудесін басқан жігіт салмағынан есі кетіп, екі иінінен алқына дем алды. Істің насырға шабуға жақын қалғанын сезген жігіт есін бірінші жинады.
— Хадиша, – деді ол алқына сыбырлап, – сәл сабыр етші, есіңді жишы.
Сырттан әлдекімдердің күбірлей сөйлескен дауыстары естілді. Хадиша селк ете қалды – құштарлық дірілі, қорқыныш діріліне ауысты.
— Осы тұсқа келгендей болып еді, – дейді күшенген қоңыр дауыс.
— Мен де байқадым.
— Ішке кірген жоқ па?
Қорыққаннан үн шығарып қоймасын деп, Бәйтен қызды бауырына қысып, шашынан сипап, сабырға шақырды.
Бір адам Қызыл отаудың есігіне келіп, құлыпты көріп, бір–екі рет салдырлатып, жұлқып көрді.
— Жоқ, – деді сосын күңк етіп, – мұнда жоқ. – Ендеше, өзен жағында қалды. Жүріңдер, сол жақтан іздейміз.
Беймәлім қуғыншылардың дыбысы өшкен кезде: – Кеттік, – деді Бәйтен Хадишаны қолынан демеп.
XV
Таңертең Бәйтенді апасы оятты.
— Қалқам, тұра ғой, ауылнай шақыртып жатқан көрінеді.
Бәйтен беті қолын жуып, жылдам киініп, кеңсеге келді. Кеңсе ішінде Смайыл, Әусағит, Сағидолла қағаз жазып отырған ауылнайға анда–санда бір қарап қойып үнсіз отыр.
— Осы Нұрбек жүріп кетті ме? – деді бір кезде Әусағит сұраулы жүзбен жан–жағына қарап.
— Қашан! – деді Смайыл көзін жұмып. – Баяғыда аттанып кеткен.
— Дұрыс қой онысы, – деді Әусағит Нұрбектің «баяғыда» аттанып кеткенін орынды көріп. – Күн ысымай, жолды өндіріп алып, Қожайдікіне түстеніп алса, кештетіп қалаға жетіп бармай ма...
— Рас, рас, – деп Сағидолла да басын изеді.
Ауылнай жазып отырған қағазынан басын көтеріп, Бәйтенмен амандасты да:
— Сендерді комиссияның мүшесі етіп алып отырмын, – деді отырғандарға барлай қарап. – Кешегі жиналыстың шешімі бойынша. Ауданнан комиссия келеді деп, қол қусырып отыруымыз ұят. Жоғарыдағылар тапсырманы бізге беріп отыр. Ендеше, өзіміз орындайық. Ал ауданнан келген комиссия не істейтінін өзі білсін, солай емес пе?
— Өте дұрыс, – деп құлшынды Смайыл.
— Дұрыс болса, біз осы қазірден бастап іске кірісеміз. Кешегі тізім сол күйінше, басқа хабар болған жоқ. Кеттік.
Ауылнай бастаған комиссия іске кірісіп те кетті, тізім бойынша қыстаудағы шошаланы тінтті, күдікті жерлерді сүйменмен қазып, ұра іздеді; табылған астық жаңа сойылған малдың еті; сары майларды қоймаға жөнелтті. Жеткізушілердің сөзі рас болып шықты: Дәуітбай, Сауытбай, Тұршабай, Омарлардың ұралары тегіс ашылды. Комиссияның жүрген жері айқай–шу ұрыс–керіс, екі жерде төбелес шығып, оған акт жасалып, ауданнан милиция шақырылатын болды.
Ауылдың бос жүрген адамдары мен бала–шағаның қоршауында үлке топ болып үйден үйге жылжыған тексерушілер Көбендікіне беттегенде жұрт аң–таң болып, өзара күңкілдесе бастады.
— Ay, бұл белгілі тақыр кедей ғой...
— Артельдің мүшесі емес пе?
— Бар бәле сонда болып тұр ғой.
— Ол не бәле?
— Осыдан бір ай бұрын бұзауы жоғалған, сөйтсе онысы бекер екен, өзі жасырып, сойып алыпты ғой.
— Байғұс, бала–шағасының қарны ашқан соң, қайтсін.
— Жұрттың бәрі артельдің малын сойып ала берсе, не болады?
— Рас–ау, өзінікі деген аты болмаса, шынында да, артельдікі ғой.
Бұл кезде Көбеннің үйі де бір қатердің таяп қалғанын сезіп, өздерінше әрекет жасап жатты. Көбеннің аузы салпиған қызыл бет әйелі Сәтіш қолындағы соңғы шұжығын қайда тығарын білмей, ышқырынан дамбалының ішіне түсіріп жібергенде, комиссия адамдары да үйге кіріп үлгерген еді. Смайыл «ой, әкең»... деп, «бірақ ол бұл сөзді біреуді боқтау үшін емес, өзін–өзі жігерлендіру үшін айтушы еді) әйелдің қасына жүгіріп келді де, көйлегін жоғары түріп жіберіп, әйелдің жан даусы шыға, шыңғырғанына қарамастан ышқыр бауын тартып қалды; бауы үзілген іш киім төмен сырғып алдымен әйелдің тыр жалаңаш бұты, одан кейін екі бүктеліп ұшын қосқан дөңгелек жуан шұжық көрінді. Шұжық топ етіп жерге түскенде, қалшиып қатып қалған әйел есін жиып, ойбайлап дауыс қылған күйі жанталаса көйлегін түсіріп, сыртқа жүгірді. Ыңғайсыз жерден шыққан тағамды жерден көтеруге ешкімнің батылы бармағандай, жұрт состиып – состиып тұрып қалды. Өзі тапқан затты өзі көтеру міндетті секілді болып, Смайыл шұжықты қамшының сабымен іліп алып, әлдекімдерге ұсынып еді, ешкім қозғалмаған соң: «Қазір аламыз ғой», – деп, алашаның үстіне тастай салды.
Үйдің іші астан–кестен болды. Бұзаудың еті кілем мен керегенің арасынан табылды.
— Сорлы, тыққан соң, дұрыстап тықпай ма? – деді есік жақта тұрған әлдекім кейи күбірлеп.
Етті қоймаға әкетерде қапшықтың аузын буып жатқан Сағидоллаға:
— Манағы шұжық ішінде кетті ме? – деп сыбырлады Смайыл.
— Иә, ішінде.
— Тш–ш, айғайлама. Неге бөлек салмадың? – Смайыл ананың тағы әңгірлей жөнелетін сыңайын сезіп: – Болды, болды, жарайды, апара бер, деді дауыстап.
— Ой, аллай, шұжықты дамбалының ішіне... – деп біреу селкілдей күлді.
— Шырағым, күлме, – деді шалдау кісі. – Жетіскеннен істеп отыр дейсің бе..?
Тексерушілер дүрлігіп Асқардың қыстауына келді. Бикен сенектің ішінде қысқа жинап жүрген тезектерін қаластырып жатқан. Топырлаған жұртты көріп, қорыққаннан сілейіп, үні шықпай тұрып қалды.
— Есенсіз бе? – деді ауылнай ұрысқан адамдай жеки сөйлеп.
Төбесіне әр тұстан тіреулер қадаған қоржын үйге тек комиссия мүшелері ғана кірді. Ауылнай төр үйдің терезе жақ бұрышында бұл менің ойлап тапқан шаруам емес, – деді Жақай алғашқы қатқыл үнін өзгертпестен. – Үкіметтің тапсырмасы осылай. Ертең ауданнан комиссия келіп тексерсе, жазасы ауырырақ болады, білдіңіз бе? Біз текке келіп отырған жоқпыз, – көрсетумен келіп отырмыз. – Содан кейін аяқ астынан ашуланып Сағидолла айқай салды. – Қаз анау екі бұрышты.
Ауылнайдың неге ашуланғанына түсінбеген Сағидолла апалақтап қолындағы істік темірді жерге сұққылап, топырағын қопара бастады. Бірақ екі бұрыштың екеуінен де ештеңе табылмады.
— Енді ана бұрышты, – деді Жақай. Сағидолланың дегбірін қашырып.
Бәйтен пешке сүйенген күйі екі көзін ауылнайдан айырмайды. Ұраның дәл Жақай отырған кебеженің астында екені айдан анық – қопсыған топырақтың өзі айтып тұр. Бірақ соның бәрін ауылнайдың өп–өтірік сезбеген болып отыруы түсініксіз жұмбақ. Сағидолла да бұл жәйтке түсінбей, жердің топырағын қопарып жатып, кебеженің астындағы бос топыраққа қайта–қайта қарап қояды.
— Ауыз үйді тексеріңдер, – деп бастырмалатты ауылнай. – Онда болмаса, қораның ішін тінтіңдер.
Жұрт топырлап ауыз үйге өтті, одан біршама у–шу болып, далаға шықты. Ауылнай кебеженің үстінде әлі отыр. Бикен де, Бәйтен де қаққан қазықтай орындарынан қозғалмайды. Кенет Жақай ұйқыдан оянған адамша сілкініп, іс бітті дегендей алақанымен тізесін сарт еткізді де, ләм–мим деместен шыға жөнелді.
Түстен кейін тексеру тағы жүрді. Бос тұрған қойма астық пен тамаққа толып кетті.
— Сорлы басым, әуелден осылай істесемші, – деп өкінді ауылнай. – Сонда жоспардың бәрін баяғыда орындайды екем.
Тексеру бойынша өткізілген кешкі жиналыста комиссия өз міндетін толық атқарып шықты деген шешім қабылданды. Күні бойғы тінтісте тек Өлместің ғана ұрасы табылмады. Көрсетілген екі жердің екеуі де жаңылыс болып шықты.
— Өлмес мұндай жерден ұра қазса Өлмес бола ма? – деп Жақай күлді де қойды және осының бәрі адамның көңілін көтеріп, бұл үйде айтылған әңгіме, әзіл–қалжың айрықша мәнді де, мағыналы болып шығатындай әсер етеді.
Жақай домбырасын тыңқылдатқан күйі Бәйтенге қарап, даусын көтере:
— Қатын – ей, шайды тездет, – деді.
Сырттан:
— Қазір, қазір, – деген әйелдің көңілді даусы естілді.
— Шайға тым кеш боп кетті ғой, – деді Бәйтен ыңғайсызданып. – Мен тек алдыңгүнгі почта сіздің үйде қалды деген соң, ала кетейін деп... Күндіз қол тимейді.
— Е, аласың ғой, – деді Жақай оған онша мән бермей. – Үйге күнде кеп жүрген адам емессің, шай ішіп кет. Дайын тұр. Осы үйде азғантай дәм де бар шығар.
Есіктен самаурын көтеріп Злиха кірді, кернейден шыққан түтін көзіне кіріп, басын қисайта, бетін тыжырайтып, сонысы өзіне қызық боп көрінгендей, күліп келеді.
Дастарқан жайылып, қиықша нан мен қорытқан қант тасталды.
Жақай шайды жастыққа шынтақтап жатып ішті.
Кенет Злиха қолындағы кесесімен селкілдей күліп:
— Бүгінгі шұжықты не істедіңдер?– деді күйеуіне.
— Қай шұжық?
— Әлгі Сәтіштің бір жерінен шыққан...
— Е – е, – деп Жақай да күліп жіберді. – Қоймаға жөнелткен шығар. Ертең өзіне қайтып берерміз.... Үстіп қорқытпасаң тағы болмайды, – деді өзінің ауылнай екені есіне түскендей, ресми байсалды үнге көшіп. – Біреуі бастаса, ертең бір–бір ешкіден бәрі сойып алғалы отыр. Сонда не болмақ? Артель құлайды деген сөз ғой.
— Әйтсе де Көбеннің әйеліне обалдау болды, – деді Бәйтен күндізгі оқиғаны көз алдына елестеткенде өзінен–өзі қызарып.
— Обал болса, өзінің туысы ғой. Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды деп... Ертең–ақ ұмытып кетеді. Ал оны сені мен мен жасасақ, араздық тұқымымызға кетер еді. Сондықтан комиссия әдейі списоктегі адамдардың туысқандарынан жасадым.., Енді түсіндің бе, сені неге енгізгенімді?
Бәйтен басын изеді.
Жақай өзінің Тапқырлығына риза болып, сақылдап күліп жіберді де, іле өзінен де тапқыр біреудің бар екенін мойындағандай жауап бере қоймаған соң:
— Тізімге іліккендердің ішінде ол да болатын, – деді Бәйтен сөзге араласып. – Бірақ ұрасын іздеп таба алмадық.
— Өлмес өлмей, қолға түспес, – деді Жақай күшене сөйлеп. – Мен де біраз соңына түсіп едім, болмады.
— Сонда не істейді?
— Не істесін, құтылып кете береді.
— Қалай?
— Қалай? – деді Жақай жөнсіз сұрақты таңырқай қайталап. – Кәдімгідей. Мәселен, көктемде әр жерде шашырап жүрген малшыларға қосқан, әркімге сауынға берген, көрші ауылға асырып жіберген малдарын тегіс жинатып, актілеп, енді құрыған шығар деп ек. Сөйтсек, әлгі малдың бәрін мылқау ағасы Иманғалиға жаздырып жүр екен. Ал оның ағасы деген аты болмаса, есігінде жүрген малайы екенін бәріміз де білеміз. Бірақ қайтіп дәлелдейсің. Бейшара мылқау, «мал сенікі ме десең» басын изей береді. Сөйтіп, Өлместің орнына ағасы бодауда кетті.
Аңырып қалған Бәйтен Злиханың:
— Қайным – ау, шайыңды іш, – деген даусынан шошып оянғандай, апыл–құпыл суып қалған шайын ішіп, кесесін подносқа қойды да:
— Апыр–ау, сонда қалған жұрт не бітіріп отыр? – деді әлі де түкке түсінбей.
— Жұрт. Жұрт. – Жақай әлдебіреуді кекеткендей мырс етті. – Жұрт деген не? Сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз. Әркімнің бір былығы бар. Сондықтан «бәледен машайық қашыпты, тапса үкімет өзі табар, таппаса менің шаруам қанша» дейді. Ал жаны таза біреу болса, ештеңе бүлдірмей–ақ арыздың астында қалар еді.
Бәйтен ауылнайдың шешіліп сөйлегенін бірінші рет көріп отыр. Өңінен де, даусынан да кел сырласайық, ішіміздегінің бәрін ақтарайық, соған мен дайынмын деген ықылас байқалады.
Шайды жинап, Злиха сыртқа шықты. Жақай осы сәтті күтіп отырғандай, басын көтеріп түзеліп отырды да:
— Сенің қоя алмай отырған сұрағыңды, мен сезіп отырмын, шырағым, – деді тамағын қырнап алып. – Сен менің Асқар үйіндегі ұраны неге жасырып қалғаныма түсіне алмай отырсың. – Жақай «қалай ойыңды дәл таптым ба» дегендей Бәйтеннің жүзіне тура қарады. – Сен әлі жассың, оқығаның болса да, көргенің аз. Ал мен жақсы – жаманның біразын көрдім. «Дүние түлкі болса, тазы болып бір шал» дейді ғой қазақ. Бірақ дүние әрқашанда түлкі бола бермейді, кейде тазы болып өзіңді шалуы мүмкін. Сондықтан кісілік пен кішілік қайсыбірде адамның өз басына байланысты болмай қалады. – Жақай жастық ағашқа шалқая сүйеніп, ілулі тұрған бешпентінің қалтасынан мүйіз шақшасын алды да, өзінің ешқайда асықпайтынын білдіре, баппен насыбайын атып, астыңғы еріні бұлтиып отырып, әңгімесін жалғады. – Біздер қазір үкіметтің адамымыз. Үкіметтің айт дегенін айтамыз, істе дегенін істейсіз, солай ғой енді. Ал үкімет деген ауыл үшін мен, мен үшін аудан, осылай кете береді. Ал менің түсінгенім – қолынан іс келеді деген атқа ие болу үшін, шаш ал десе, бас алғандай, екі иығыңды жұлып жеп отыруың керек. Ал оны істей алмасаң, істей алатын екінші адам саған жолды босат дейді. Құдайға шүкір, қолымыздан іс келетінін талай дәлелдедік... Бірақ кейбір кезде аттай алмай қалатын табалдырық болады екен. – Жақай осы тұста даусын өзгертіп: – Кез келген табалдырықтан аттай беру үшін Өлмес болу керек қой, – дегенді сөзінің арасына қыстырып қойды. – Ал енді Асекеңді аттауға, шынымды айтайын, менің дәтім бармады, – деді алғашқы үніне ауысып. – Асекеңнің құнын бір кісі ғұрлы мен де білемін. – Жақай осы сөзіне қарсылық іздегендей Бәйтенге тергей қарады. – Білгенде қандай! Өте жақсы білемін. Білген соң, істедім. Рас, менің ол жақсылығым заңға сыйып тұрған жоқ. Заңсыз. – Жақай таң қалған жүзбен көзін бақырайтып, Бәйтеннің де осылай таң қалуын талап еткендей сұраулы жүзбен оған тағы қарады. – Бірақ мен заңның сыртында да өмір бар екенін жақсы білемін. Сондықтан да не де болса, сол бір іске тәуекел еттім. Екінші бір ойлағаным – Асекең артельде жоқ жеке шаруа, оның үстіне өзі әңгімеленіп жүр. Біз Көбенді қанша жалаңаштасақ та, өшірмейміз – өзіміздің адам, ал Асқарға қиын болуы мүмкін. Әйтсе де, мінеки, түн жамылып отырмын, мен бұл жақсылығымды Асекеңнің өзіне ешқашанда айтпаймын, – деді ол Бәйтенге мұңая қарап, бірақ дауысындағы «сен айтып бар, Асекеңнің білгені мен үшін қажет деген» тілекті жасыра алмады. – Айтпайтын себебім, бұл ауыз толтырып айтатын үлкен ерлік емес. Үлкен ерлікке мен бара алмаймын.. Менің де сыртымнан талай домалақ арыз түсіп жатыр...
Осы кезде үйге Злиха кірді. Жақай бұл енді әйелдің көзінше айтатын шаруа емес дегендей, шегініп отырды да, даусын кілт өзгертіп:
— Әй, бәйбіше, карта қайда осы, тауып берші, дәм піскенше ермек етейік, – деді әйеліне.
— Қайда, қайда дегенше іздемейсің бе? – деп Злиха жаңа заман әйелдеріне тән еркіндікпен күйеуіне тұр деместен, астындағы текеметтің арасына қолын сұғып жіберіп картаны суырып алды.
Жақай картаның өз астынан шыққанына ыңғайсызданғандай, жазықты кейіппен жымиып, қайтадан Бәйтенге жақындап отырды.
Бәйтен картаны нашар білетін, сондықтан ойыннан гөрі Жақайдың үй ішіндегі мінез–құлқын, әйелі екеуінің әзіл–қалжыңдарын көбірек қызықтап отыр. Жұрт ауылнайдың баласы жоғын әңгіме қылғанда, семьясында еш қызық жоқтай, мүсіркеп аяп сөйлейтін. «Ал мыналар бала болмаса да, бақытты жандар ғой», – деп Бәйтен іштей таң қалды.
Злиха қазан көруге сыртқа шыққанда, Жақай манағы әңгімесін қайта қозғады.
— Осы Назарды жалшылықтың қамытынан құтқарып, белсенді қылған өзім едім. Әйелді де өзім алып бердім. Байғұс жасында қорлықты көп көрді ғой. Шынымды айтсам, туған ініме мұндай жақсылық жасамаған шығармын. Енді қазір осыдан қалдым бәлеге. Өңкей арызқойларға қосылып алып, қазір өзімнің соңыма түсіп жүр... Әлде менің орным керек боп жүр ме біреулерге?.. Білмеймін... Нұрбек кетерінде ауданға шақырып кетті. – Жақайдың жүзінде қорқыныш көлеңкесі пайда болды. Әйелі естіп қалмасын дегендей жалтақтап есік жаққа қарай береді. – Ал енді саған айтайын дегенім мынау... олар сенің де соңына түсіп жүр. Сені түбі ауылнай боп кете ме деген қауіптері бар секілді. Мұны маған сол әңгіменің қалың ортасында болған адам жеткізді. Олар алдымен Асқарға тиіседі. Бірақ негізгі көздегені – сен. Сені ағаңа ара түскізіп, екеуіңді бір қақпанға түсірмекші. Есіңде болсын, олардың үлкен тірегі – Нұрбек. Ол осал жау емес, оның сүйеніштері әріде жатыр. Сондықтан алдымен өзің сақ бол. Арандап қалма. Басыңа қанша қиындық түссе де, дүние осымен бітті деп ойлама. Төзім керек. Себебі аман ердің аты шығады деп, аман болсаң ғана, төңірегіңе пайдаң тиеді. Ал мен болсам... – дей берген Жақай кіріп келе жатқан әйелін көріп: – Тәк, тәк, – деп өп–өтірік ойланған бола қалды.
— Злиха:
— Тастаңдар карталарыңды, – деп бұйыра сөлейді де, шылапшын мен құман әкеліп, екеуінің қолына су құйды. Содан кейін ет салған табақты алдарына қойып жатып:
— Өзімізге ғана асып ек, аздау болды, – деп ақталды.
— Жетіп жатыр ғой, – деді Бәйтен өзінің жоқ жерден қыстырылып қонақ болғанына іштей ыңғайсызданып.
Злиха шараға құйып сорпа әкелді де, табаққа жақындай отырып, туралған еттің дәмділерін Бәйтеннің алдына қарай жылжытып:
— Қайнымыз үйге бірінші келгенде, еттің аз боп қалғанын қарашы, – деп уайым қылумен болды. Жүріс–тұрысынан, сөйлеген сөзінен үй шаруасына әбден берілген, өзін осы шаңыраққа келген адамға тамақ істеп беруге жаралғанмын деп есептейтін әйел екені аңғарылады.
Дәмнен кейін Бәйтен ауданнан келген газеттерді алып, қайтпақшы болды. Жақай сыртқа бірге шықты.
— Айтылған әңгіме ішіңде болсын, – деді ол қоштасып тұрып. – Ал жақсы, келіп тұр үйге.
— Сау болыңыз.
Бәйтен үйіне келгенде Қалаған ауырып жатқан. Ұлының келгенін сезіп:
— Жаным–ай, шайыңды қойып ішші, құман шоқта тұр. Басы құрғырдың көтертпей қалғанын көрмейсің бе? – деді өзінің ауырып қалғанына емес, ұлына шай қойып бере алмағанына өкініп.
— Жата бер, апа, мен шай ішіп келдім.
Бәйтен салулы тұрған төсегіне келіп жатты.
Әлден уақытта Қалаған қайта қозғалып.
— Бәйтен – ай, – деді ыңқылдай сөйлеп.
— Не, апа?
— Бүгін үй тексергендердің ішінде сен де болыпсың. Ондай жерде жүргенде артық іс, артық сөз көп болады ғой. Көбеннің Сәтішіне Смайыл обал жасапты деп естідім. Кішкентай кезіңде Сәтіштің емшегін еміп едің. Байқамай сенің де тілің тиіп кеткен жоқ па екен деп, қатты қорқайын. Емшек сүтінің киесі болады деуші еді, жарығым, сондай жерде сақ болшы.
— Жарайды, апа, сақ болайын. Бірақ әзірге ешкімге тілім тиген жоқ.
Бәйтен апасының бүкіл әулие – әмбиелерге сыйынып күбірлеген даусын естіп жатып, өзінің қалай ұйықтап кеткенін сезбей қалды.
XVI
Өлместің алты қанат кең үйінің төрінде екі қабат көрпенің үстінде қойбағардың ендігі ақсақалдары Тауман мен Сүйіндік, оған таяу Назар, оған таяу Әбіл шал жайғасқан. Тауман мен Сүйіндік кез келген сыйға бойы үйренген қалып білдіріп, ыңырана сөйлеп, емін–еркін отыр. Ал Әбіл болса, мынандай азуы алты қарыс шалдардың ортасына қалай кіріп кеткеніне түсінбей, біреу жетектеп шығарып жіберетіндей, жан–жағына жалтақтай қарайды. Қысылғаннан шайын да дұрыстап іше алмай отыр. Соны сезген Өлмес:
«Араласпаса – ағайын жат, бармаса – бата қаза» дейді екен бұрынғылар, – деді төрдегі екі шалға кезек–кезек қарап. – Бірінші тілек – бастарыңды қосып, дәм таттыру. Туған інімнен кем көрмейтін мынау отырған Назарға да үй көрсете алмай, қысылып жүретінмін. «Жақсыда жаттық жоқ» дейді. Оның үстіне бәріміз бір қосымнан тараған ұрпақ емеспіз бе? Ақыры, қойбағар кім, енембаласы кім? Бөліп–жаратын түгі жоқ. (Тауман шал «сөз–ақ» дегендей, басын изеп, мақұлдап қойды.) Анада Нұрбек келді. Шіркін, жігіттің төресі ғой. Сөз қандай, іс қандай! Тек тіл–көзден аман болғай. Бәріміз де қуанып жатырмыз. Қойбағарға бақ қонса, біздің де бөтендігіміз жоқ, далада қалмаспыз, – деп бір тоқтады.
— Ойбай, не дегенің! – деді Сүйіндік әлгі сөздің даусыз екенін екілене құптап.
— Иә, жақсымен жанасқанға не жетсін, – деп Өлмес сөзін жалғап Әбілге қарады. – Мынау отырған Әбіл қай жағынан қарасаң да, бөтен емес. Менің шешем осылардың елінен. Құдалығымыз тағы бар. Осылардың атасы емес пе баяғыда Қошқар батырмен ілесіп барып, қалмақты елін шауып, қызын алып қайтатын? Осал тұқым деп кім айтар? Иә. Сондықтан өздеріңмен дәмдес болсын деп, әдейі алдырттым, – деді Тауманға қарап.
— Дұрыс – ақ, – деді Тауман тісіне жұмсақ болу үшін нанды шайына салып жатып.
Әлгі әңгімеден кейін, бұрын есіктен әрі ұзамайтын Әбілдің төбесі көкке екі–ақ елі жетпей қалды. «Әй, жұртта да иман жоқ–ау, – деді ішінен кейігендей болып. – Осы Өлместі бәк–шәк деп, өсек қылып, сыртынан сан саққа жүгіртеді. Біреудің аузындағы ырысын тартып алып жүр ме екен бұл сонда? Өз дәулеті өзінде. Құдай маңдайына жазбаса, ол несібені қайтіп табады? Мысалы, мына екі шал мен Назар мен шақырсам, келер ме? Мені қайтсін. Олардың кебісін тастаған жерге бара алмаймын. Тең теңімен тезек қабымен деген осы. Олардың теңі – Өлмес. Ендеше, ол неге жаман болады». Әбіл өзінің осы отырысына шүкірлік етіп, құдайға тоба қылды. Оған төрде отырғандардың әр сөзі ұлағатты көрінгені сонша, шай ішіп отырып, кейбір сөздерін байқамай жіберіп алар ма екем деп қорықты. Тауманның әлденеге байланыстырып: «Жаманнан жақсы туар адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туар бір аяқ асқа алғысыз» деп мақалдағаны соның өзі ойлап тапқан нақыл сөздей әсер етіп:
— О, шіркін, сөз–ақ қой! – деп естірте қоштап қойды.
Тауман өз аталарының артықшылығын білдіретін ұзын–сонар әңгімеге түсіп кетті. Бірақ содан басқа әңгімесі де жоқ екен, шайдан кейін мүлде үнсіз қалып, сөз кезегін Сүйіндік алды. Сүйіндіктің жасы Тауманнан кіші болғанмен, сақал–шашы құдай, қыр мұрынды кербезсініп отырғанды тәуір көретін сыналау кісі. Тамақты көп жемейді, бір кесек қантпен бір самаурын шай ішеді деген аты шыққан. Соны дәлелдегісі келгендей, жаңада қорытылған cap қанттан анда–санда бір тістеп қойып, шайды жұрттың ең соңында қалып ішті.
— Мынау жаман табан аяқ Ерман шал, – деді Сүйіндік айтып отырған адамының түкке тұрмайтынын білдіре маңдайын тыржитып. – Анада Жетпісбайдың кемпірі өлгенде: «Бірмағамбеттің шалдары тұрғанда қойбағарға бас ұстау қайда», – деп былжырап отыр. – Осы кезде Сүйіндік шын ашуға мінгендей көзі шатынап: – Әй, Ерман, дедім, – деді екілене, – сенің арғы атаң Бірмағамбет болғанмен, жеңгедей келген шешелерің қайнысымен ойнап қойып, екі қабат күйінде келген. Ойнастан туған оңбаған, мен тұрғанда, саған жол қайда, әкел бері басты дедім... – Сүйіндік қатырған жоқпын ба дегендей мақтаншақ боз көздерімен жан–жағына ажырая қарады.
Тыңдаған жұрт қыран–топан күлкіге батты.
— Әй, бұл шал ма, бұл шал сөзден жеңілмейді ғой, – деп Өлмес көпшік қоя сөйледі.
— Сауап болған екен, – деді Тауман. Жұрт күлгенге масайрап, ай – құлақтанып алған Сүйіндік: – Мен басқа қазақ құсап бұлталақтағанды білмеймін дедім. Айтатынымды тура айтып, қарап отырамын деп жаулықтай орамалымен мойнын сүртті.—Одан анада Берегенді де бір қатырдым...
Сүйіндіктің мұнысы да алғашқы әңгімесіне ұқсас болып шықты.
Аяқ жақта отырған кемпірлер:
— Сөз қалай, а? – деп таң қалып бір–біріне қарады.
Алдыға ет келді. Өлмес ешкінің басын жеке шағын табаққа салып Тауманның алдына тартты.
— Ағайынның атқа мінгені неге жаман болсын. Мына Назаржанның езулігі бар, – деді шалдың қолына пышақ ұстатып жатып. – Әйтеуір, осылардың арқасы ғой бірдеңені қағыстыруға шаманың келіп жатқаны. Дәулет көрсету емес, көңіл білдіру, көңіл.
— Дұрыс – ақ, дұрыс – ақ, – деп Тауман ризашылық білдірді де, жанындағы Сүйіндікке селқос қарап: – Көңілден артық ештеңе жоқ қой өзі, – деді айтып отырған сөзіне өзі онша мән бермей.
Өз үйінде тіске басар қызыл жоқ Әбіл бейшара: «Апыр–ау, бәріміздің жұтап отырғанымыз мынау, осылар союға малды қайдан табады екен», – деп іштей қайран қалды. Ырыздық, несібе, әркімде әртүрлі деп жұбатты артынан өзін–өзі.
Етке тойғаннан кейін Әбілдің көңілі жайланып, арқасы кеңи түсті. «Осындай адамдармен ілік – жілік болып жүрудің өзі қандай бақыт, – деп ойлады. – Айтқан әңгімелерінің өзі неге тұрады? Төрде тең отырмай–ақ, осылардың төңірегінде қызмет қылып жүрудің өзі рақат емес пе?»
Әбекең ағайынға жұтаң шаңырақтың бірі еді. Жақын дегенде, жалғыз немере інісі болатын. Өздері қауендерге кірме, қит етсе «Жаман шөмей, саған не жоқ», – деп аузынан қағып, сөйлеткізбес еді. Өзі көзін ашқалы Аманғали байдың жылқысын бақты. Отымен кіріп, күлімен шықты. Айтқанын екі етпей, байдың бәйбішесіне жақты. Солардың көмегімен қатын алды. Бірақ кісі қабағына қараған жалтақтық өмір бойы мінез болып бойында қалып қойды. Жалғыз қызы Хадишаны немере інісі бауырына салып асырап алған. Інісі өлген соң, көктемде келіні басқа біреуге тиіп кетті де, бойжеткен қызын қолына алып, балалы болғаны осы жақында ғана. Кедейлікке бойы үйренген Әбіл ештеңені уайым қылмайтын. Бүгінгі қонағасы көңілін қыдықтап, «шіркін, осындай дәулет менде де болар ма екен» деген ой тудырды.
Қонақтар бастарын іргеге бере, шалқайып жатып, тістерін шұқып, тамақ басып, көр–жерді әңгіме қылып отыр. Осы кезде Өлмес әйелдерше бір тізесін құшақтай отырып:
— Ал, ақсақалдар, айтатын бір әңгіме болып тұр, бастарыңды көтеріңдер, – деп дауыстады.
Қонақтар «не боп қалды» дегендей, бастарын көтеріп, молдасоқынып отырды.
— Баяғыда Ырымкелді деген бір батыр мергендікке бәстесіп, бір бидің баласын өлтіріп алған екен, – деп Өлмес әңгімені әріден бастады. – Содан ел бүлінетін болған соң, әлгі батыр қашып, басқа жаққа өтіп кетеді. Елден ел кезіп жүріп, бір байдың аулына тап болады: Сонда жүре берген. Ол кезде жаугершілік заман болса керек. Елге қалмақтың бір батыры шабуыл жасап, бар жылқыны айдап алып кетіпті. Артынан қуатын адам болмай, ел күдерін үзіп отырғанда, келесі күні қалмақтар жағынан шаң көрінеді. Қайта шапқан жау жаман деп, елден зәре қалмайды. Сөйтіп отырғанда бүкіл жылқыны зырылдауықпен айдап, ол кезде зырылдауық деген болады екен ғой, жаңағы Ырыскелді батырың жетіп келген. Сонда сол елдің Сары деген биі: «Ау, халайық, қойныңдағы қатыныңды берсең де, осы жігітті еліңде қалдыр. Ертең алмағайып заманда еліңнің панасы болар», – деген екен. Сөйтіп жаңағы Ырыскелдіні байдың өзі қызын беріп, бала қылып алыпты. Мынау Бесқопа жақта Ырыскелді деген ру бар. Сол жаңағы Ырыскелді батырдың ұрпағы көрінеді, – деп бір тоқтады.
— Түу! Жаңағы биің не деген көреген адам еді. – деді Сүйіндік екіленіп.
— Бұрынғының адамы сол ғой, – деді Тауман.
— Сол айтқандай, – деп әңгіменің енді басталғанын білдіріп, Өлмес жөнделіп отырды, – ауылымызға елдің панасы болатын бір жігіт келді анада. Ол өзіміздің аз ата Қойбағардың атқа мінген азаматы – Нұрбек. «Аздың атасы бір» дейді қазақ. Нұрбектің келгеніне бәріміз де қуандық. Жетім өскен бала еді, басына бақ қонып, үлкен әкім болды. Бірақ әлі салт бас, сабау қамшы күйде екен. Жалғыздық құдайдан басқаға жарасқан емес. Осы тұста ағайынның бір көрінетін жөні бар секілді.
Тауман қарт әлі де сөздің төркініне түсінбей, аңырайып, Өлместің аузына қарап отыр.
— Елдің жігіті емес пе? – деді Өлмес әңгімесін жалғап, – ел боп сол жігітті үй қылып, шаңырағын көтеріп берсек, дұшпан күйініп, дос сүйініп қалмас па еді? – Өлмес айтқан сөзінің әсерін білгісі келіп, отырғандарға жағалай қарап өтті.
Әбілге әлгі айтылған сөздің орынды болып көрінгені соншалық, даурыға сөйлеп:
— Ойбай–ау, мынауың аталы сөз ғой, – деп киіп кетті.
— Оқыған бала сенің үй қылам дегеніңе көнер ме екен? – деп қауіп білдірді Сүйіндік.
— Қанша оқыса да, өзіміздің бала ғой, айтқанымыздан шығып қайда барар дейсің, – деді манадан үнсіз отырған Назар осы әңгіменің басы–қасында өзінің де бар екенін білдіре.
— Ендеше, осы арада бөтен кісі жоқ, – деді Өлмес даусын нықтап, – өз басым Нұрбекке осы Әбекеңнің баласынан басқа ешкімді лайық көріп отырғам жоқ.
Әбіл Өлместің соңғы сөзіне құлақ қойыңқырамай, алдыңғы айтылған әңгімені қоштап, бір–екі ауыз сөз қыстырғысы келіп ойланып отырған: «Әбекеңнің баласы» деген сөзді естігенде, кімді айтып отырғанына түсінбей, тағы бір Әбекең бар ма деген адамша жан–жағына алақтай қарады. Жұрттың бәрі өзіне тесіле қарап отырғанын көргенде әлгі «Әбекеңнің» басқа емес, өзі екеніне көзі жетіп, соған не деп жауап берерін білмей қатты састы.
Сасқан себебі, Хадиша жалғыз қызы болған соң, бетінен қақпай, өзінің сүйгеніне берермін деп, өзінше қазақы ғұрыпқа қарсы шыққандай болып жүретін. Екінші себебі, Хадиша мен Бәйтеннің арасындағы ауызға іліне бастаған әңгіме құлағына жеткенде: «Мырзакеңнің баласы ақылды бала ғой, дәм бұйырса, барған жері жаман болмас», – деп іштей соған қорып қойған еді. Енді аяқ астынан мынандай әңгіме болары үш ұйықтаса, түсіне кірген емес. Көз алдына біресе Бәйтен, біресе Нұрбек келіп, екеуі «мен жақсымын», «жоқ мен жақсымын» деп кезек–кезек айтысып тұрған секілді.
— Әй, Әбіл, Нұрбек саған күйеу бала боп бұйыратын болса, құдайына қой айтарсың білдің бе, – деді Сүйіндік екіленіп. Содан кейін «қалай айттым» дегендей маңайына ажырайып мақтана қарады.
Әбілден тер шықты. Мәсінің табанын шұқылап отырып, бірдеңе деп міңгірлеген болды, оған өзі де түсінген жоқ.
Тауман ашуға басты:
— Әй, сен не деп жауға ұрынып, жабағыға сүрініп отырсың? Осында қызыңды жетпістегі шалға сұрап отырған біреу бар ма?
— Жоқ, енді... Мен тіпті білгем жоқ... Баланың өзі...
— Өй, мынауың бір кеще ғой сөзге түсінбейтін.
— Жарайды, бұл кісіні енді қыстамайық, – деп араға Өлместің өзі түспегенде, шалдар Әбілді түтіп жеп қойғандай еді. – Үйінде кемпірі бар, өздері ақылдассын, бала ешқайда қашпас, өзінің теңі. Иә... Байқап отырмын, Әбекең бәріне де түсініп отыр, бірақ іштен шыққан баланы кім салған жерден қиып, ал жарайды десін... Сондықтан, Әбеке, сен қысылма, қабырғаңмен кеңес, содан кейін құдай бұйыртса, осында ағайын жетеді, қалған салмағын өзіміз көтеріп алып кетеміз, солай емес пе, Назар?
— Әрине, ғой, Нұрбектен немізді аяйық, – деп Назар мәселе біржола шешілді дегендей шегініп, жастыққа шалқайды.
Шалдар басқа әңгімеге көшті. Біреу тізесінің сықырлайтынын, көзінің шала көрінетінін, екіншісі құлақтан қалғанын айтып, мұңдарын шықты.
— Мынау Есдәулеттің шешесі не деген бәле? – деп Тауман төңірегіне таңырқай қарады. – Анада көрсем, тезек теріп жүр. Жағамды ұстадым. Сол өзі тоқсанға келіп қалған жоқ па?
— Тоқсанның төртеуінде тұр, – деді Сүйіндік өз қолынан тудырып алғандай, әр сөзін шегелеп.
— Апыр–ай, ә. Сүйегі асыл болғаны – ау?
— Дұрыс айтасыз, көп жасау – сүйектің асылдығы ғой, – деп манадан бері есін әрең жиған Әбіл де өзінің осы үйде отырғанын білдіргендей болды.
— Бірақ сүйегі асыл деген жай сөз, – деп Тауман алғашқы сөзін қайтып алды. – Құдайдың берген ғұмырынан артық кім жасаушы еді? Дәм–тұз қашан таусылады, сол күні елесің де қаласың.
— А, ия, солай екен–ау өзі, – дегенмен басқа ештеңе айта алмады Әбіл.
Шалдар бата беріп, орындарынан тұрды. Әбіл жұрттың соңынан еруге дағдыланған әдетімен қонақтардың шығуын күтіп тұрған. Жанына Өлмес келіп:
— Әбеке, тұра тұрыңызшы, мен мына кісілерді шығарып сап келейін, – деп асығыс сыртқа шықты.
Әбіл не әрі, не бері кетпей, аяққа оралғы болып, босағада тұрып қалды.
Өлместің әйелі:
— Былай шығып, отыра тұрсаңызшы, – деп еді.
— Жоқ, осы жер болады, – деп тыртысып тұрып алды.
Әлден уақытта сырттан Өлмес кірді.
— Шалдар бірінің қолынан бірі ұстап кетті, адасып кетпесе болды, – деді күле сөйлеп. – Әй, бәйбіше – ай, – деді сосын даусын бәсеңдетіп. – Әлгі азғантай тарың қайда, содан бір шелегін Әбекеңе берші, бала–шағасы тарығып қалмасын.
Әбекең шошып кетті.
— Ойбай–ау, шырағым–ау, – деді абдырап. – Бір шелек тары кісі құны ғой, Оның не?
— Өле жегенше, бөле же деген, – деді Өлмес жадырай сөйлеп. – Қысылмаңыз, Әбеке. Әлі талай араласамыз ғой.
Өлместің әйелі бір шелек тарыны қапқа салып алып келді. Әбден сасқан Әбіл рақмет айтуды да ұмытып, қапшықты иығына асты да, үйден шыға жөнелді.
— Қап, ұят болды–ау, – деді былай шыққан соң, өзіне–өзі кейіп. – Тым болмаса, алла разы болсын десемші.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
I
Ақшоқы халқының арызқой деген аты бұл күнде бүкіл ауданға мәлім. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма деген, ол елге барып бастық болғанша, біржола қарап отырғанның өзі артық», – деп, бұрын атқа мінген көзі ашық кісілер өз ара әңгіме қылар еді.
Осы сөзді растағандай, күзем кезінде Көбегеннің Жақайы үстінен арыз түсіп, істі болып, қызметтен босады да, май тасып жүрген Назар оның орнына ауылдық кеңестің ағасы болып сайланды. Көп ұзамай үш артельдің бастықтары: Құсайынов Сұлтан, Мақашев Тұрсын, Сәлімов Кәкімбек орындарынан түсті. Сөйтіп ауыл тірлігі аяқ астынан күрт өзгерді. Игі жақсымын деп жүргендер игі жақсы бола алмай қалды, сәлем алмай жүргендер сәлемге зәру болды. Гу–гу әңгіме. Өсек–аяң. Біреулерге осының өзі қызық секілді.
— Талай сорақыны көзіміз көріп еді, бірақ май тасушының ауылнай болғанын бірінші көруім, – деп таң қалды ұнатпағандар.
— Бұған дейінгілердің де оңып тұрғаны шамалы еді ғой, бәрібір емес пе? – дегендер де болды.
Енді біреулер:
— Бас қамынан басқаны ойламайтын былқылдақтардан мүйіз шықса, көрдік қой талайын. Онан да бетің бар, жүзің бар демейтін өзіміздің Назардың өзі дұрыс. Мұның бір беткей мінезі бар, сосын өзгелердей бойкүйез емес, іске жан салып кіріседі ғой, – деп ашық құптап, қуанып жүрді.
Қуанғандардың өзі біркелкі болған жоқ, біреулері – Назарға шын жаны ашып, оның қуанышын өз қуанышым деп, туы бірлігін танытқандар болса, екіншілері – бұрын жолы болмай, осы тұста жолым болар ма екен деп дәме қылушылар еді. Соңғылары – көбіне ауыздарын бағып, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екеніне пікір білдірмей, Назарды жамандаушыларға да үнсіз басын изеп, Назарды жақтаушыларға да басын изеп, осы арқылы өзін үлкен пайда тауып жүрмін деп ойлайтын жолбике топтар болатың.
Бірақ осылардың бәрі де Назардың үкімет болуы Нұрбектің арқасында деген пікірді бір ауыздан таратып жүрді. Бұл тұста да біреулер: «әділік қайдан болсын, әркім жақынын сүйреген заман ғой», – деп наразы көңіл танытса немесе: «тәйірі, жалғыз сол дейсің бе, бәрі де сүйтеді», – деп пәлсапа – келісімге шақырға, енді біреулер: «дегенмен азамат екен, қанына тартпағанның қары сынсын деген, сөйтпесе бола ма», – деп, осы бір істен өзінше адамгершіліктің нышанын байқағандай болады.
Жаңа сайланған ауылнайды өз адамы етпек болғандар әлдебір иесіз қонысқа орнығып алмақ болған пайдакүнемдерше немесе қажет мүлікті қолға түсірмек болған базаршыдай жанталасып, елден бұрын қимылдауға тырысты. Зорлықшыл мемлекеттердің бірін–бірі басып алғысы келетіні секілді, адамдар да бірін–бірі басып алып, биліктерін жүргізгісі келеді ғой. Бірақ бұл күресте әмәнда күші басым жеңе бермейді, кейде күштіні әлсіздер де жеңіп кете алады. Ол жолда әлсіздің ең үлкен қаруы – жағымпаздық.
Алайда осы тұста көңілдестік туын жоғары көтеріп, «қонарасы» деп аталатын ауыр артиллерияны іске қосып, «Назар» атты қамалға шабуыл жасап жатқандар өздерін жағымпаз екенбіз деп тіпті де ойлаған жоқ. Олар өз әрекеттерін риясыз көңілдің адал ықыласы деп, соған өздерін сендіргісі келді және солай болса екен деп тіледі. Ал қойбағар әулеті өздерін құдай алдында да, адам алдында да осы қуаныштың заңды иесіміз деп есептеді. Назар үйіне қайырлы болсын айта келген жұрт дәм ішіп, түн жарымда тарай бастағанда, өңкей қойбағардың құпия айтатын әңгімесі бардай, қозғалмай отырып қалуының негізгі себебі де осы еді.
Тауман шал қайта–қайта жөткірініп, қасында отырған Өмірәлі қойбағарға жатпаған соң, ашылып әңгіме айта алмай кібіртіктеп отыр. Ақыры, ол да кетті–ау. Енді тек ет жақын туыстар ғана қалдық деген түрмен Тауман сақалын сипап қойып, бір ұзақ әңгімеге көшкен сыңай білдірді.
— Шырағым, Назар, осы отырғандардың бәрі өзіңнің ет жақын бауырларың, бөтен ешкім жоқ, – деп шал тағы сақалын салалап, жан–жағына қараған кезде, бұрышта отырған Өлмеске көзі түсті.
Өлмес оның кідіріп қалғанын байқап:
— Ойбай, ақсақал, айта беріңіз, – деді күліп. – Менің бөтендігім жоқ, туған жиенмін, қажет болса, қойбағар – ақ болайын.
Бұл сөзге жұрттың бәрі мәз болып: «Бәрекелді, міне, тауып айтылған сөз, қандай тамаша!» – деп қуанысып қалды.
Сәтібек деген кісі даурығып үйді басына көтерді:
— Ал, ағайын, көрдіңдер ғой, Өлекең бүгіннен бастап қойбағар болды. Куәсіңдер ғой...
— Куәміз, куәміз...
— Е, шырақтарым – ай жарасып, өстіп отырғандарыңның өзі неге тұрады? – деп шалдардың бірі шүкіршілік қылды.
Сөзі бөлінген Тауман төмен қарап, үнсіз отырды да:
— Қойбағарға да теңдік тиетін күн бар екен–ау, – деді даусы жарықшақтанып. – Атамыздың атын Қойбағар қойғанда, содан басқа кәсіпті қимады ма, әлде елдің жаманы болар деп ойлады ма екен... Қосым баласында қойбағардың билік айтқан күні жоқ. Той–томалақта тоқалдан туғандай төрден төмен отырар ек... Бұл күнді де көретін күн бар екен... Тәуба, құдайға тәуба. Жас өспей ме, жарлы байымай ма депті ғой. Енді, міне, ел биледің, шырағым Назар. Бүкіл үш ауыл, үш ру аузыңа қарады, қайырың тиер–тимес, бізге атағың да жетіп жатыр... Әйтеуір, аман жүр, абройың арта берсін, жарығым... Қойбағардың аруағы да бір қуанып жатқан шығар... – Шал көзінің жасын іркіп алды.
Жұрттың көбінің көңілі бұзылды.
— Мыналарға жақсылық жасаймын деп, ана жақтағы абыройыңнан айрылып қалып жүрме, – деді Тауман даусынан бекітіп. – Бұлардан бірдеңе шығады дейсің бе, тәйірі?.. Сен аман бол. Осылардың кез келгені өзіңнен садаға.
— Тәкеңдікі алтын сөз.
— Тәкен дұрыс айтады, – деген дауыстар естілді.
Тауманнан кейін бір сөйлеп қалуды өзінің міндетіндей көретін Сүйіндік:
— Ал енді осы орның баянды да құтты болсын, Назар шырағым, – деді екіленіп. – Басқа қонған бақ қой бұл өзі. Оны қадірлеп, қастерлей білу керек. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді қазақ. Ауыз бірлікті болыңдар. Иә. Өз атасын сыйламаған өзгенің атасын не қылсын деуші еді баяғыда менің әкем жарықтық. Өзіңді сыйла, сонда өзгені де сыйлайсың. Сені мына отырғандар арқа тұтады, шырағым. Осылардың басы енді өзіңсің. Біз қойшы... Біз енді осы кеткеніміз, кеткен. Сендердің қызықтарыңды көріп, тілекші боп, қалқақтап жүре тұрсақ, одан басқа не керек?
Назар аудан басшыларының: «Руға бөлуді атымен қою керек», – деген тапсырмасын жадында қатты сақтап қалса да: «Байғұстар, қуанбай қайтсін, бұларға теңдік тиген күн бар ма? Әр атадан оқыған азаматтар шығып, атқа мініп жатқанда, қойбағарды жанқұрлы көрген ешкім болды ма? Ру–ру болып жан баққан қазақтар жақынынан жақсылық күтпегенде, кімнен күтеді» – дегенді ойламай қала алмады.
Тауман мен Сүйіндік бір–біріне қарап, Назардың әкесін әңгіме қылды.
— Есекеңмен кішкентайымыздан бірге өстік қой, кісіге зәредей қиянаты болмайтын.
— Өзінің өжеттігі де бар еді ғой?..
— Ойбай, ондай адамдар қайда қазір? – десті кезек–кезек таңырқап.
Жастардың ішінен қызбалау біреуі:
— Атаңа нәлет, мырзаболат теңдікті бір бермей келіп еді, енді солардың көзін құрту керек алдымен, – деді жұлқынып.
— Қой, бос сөз сөйлеме.
— Түк те бос сөз емес. Атқа тек мырзаболат мінсін деген, үкіметтің заңы бар ма? Адаммен дұрыстап сәлемдесе алмайтын жаман Тұраптарына дейін склад ұстап отыр. Ал біз сол ғұрлы жоқпыз ба?
— Айтса, айтқандай...
— Әй, сендер өйтіп Назардың басын қатырмаңдар, – деді Сәтібек жұртқа ұрса сөйлеп. Сәтібек елулерді алқымдап қалған, өзін осы атаның еті тірілерінің бірімін деп есептейтін, ірі сөйлегенді жақсы көретін шақарлау кісі. – Бұл – ойыңа келгенді істей беретін баяғының заманы деп отырсың ба? Сендерге салса, осы жерден совет өкіметін емес, қойбағар өкіметін орнатқыларың келеді ғой, шамасы? Мұнымен сендер Назарды текке жарға жығасыңдар. Абайлау керек. Абайлау керек – деді осы сөздің астарында терең мағына бардай, көзін сығырайта ойланып.
— Дұрыс айтады.
— Сәтекеңдердің көргені көп қой, – деп көпшік қойды оған біреулер.
— Біздікі надандық екен ғой, – деді тағы біреуі ақылы енді кіргендей болып.
Қойбағар деген аты ғана болмаса, бір–бірімен қатынаспай кеткен ағайындар да ет – бауырлары елжіреп, өздерінің қатыгездіктеріне іштей реніш білдіріп, бұдан былай туыстықтан жазбайтындай болып, ақыры осындай шешімге келгендеріне өздері қатты қуанды енді осыдан әрі қарай өмір құлпырып сала беретіндей көрінді бәріне.
Қозыдай шулап, қошемет білдіріп жатқан туысқандарына Назар тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Өйткені оның ішінде бұдан гөрі маңыздырақ әлі шешілмей жатқан мәселелер көп еді. Ол бұрын «ел билеген адам қызмет шаруасына жан салып кіріссе болды, басқа ештеңенің керегі жоқ» деп есептейтін. Сөйтсе, оның сыртында жаңағы биліктің өзі үшін күресу деген қосалқы мақсат алғашқы мұратыңнан түк те емес екен. Көп адамның күш–жігері, уақыты жаңағы билік үшін күрестен аспайтын секілді. Бұл Назар үшін күтпеген жаңалық еді.
Өткенде, ауданға барған сапарында Нұрбектің үйінде қонақта отырып, жөн білетін үлкен кісілердің әңгімесін тыңдап, көзі жеткен бір шындық осы болды.
— Ау, сендер әңгімені басқа жаққа бұрып жібердіңдер ғой, – деген Нұрбек әлденеден ыңғайсызданғандай болып. Онан да бұл кісіге пайдалы бір әңгіме айтпайсыңдар ма?
Елімізде не болып жатыр? Негізгі саясат не? Қандай қаулы бар? Істі неден бастау керек деген секілді...
Шашына ақ кіре бастаған қара торы толық кісі:
— Әрине, әрине, негізгі шаруа сол ғой, оған дау бар ма? Бірақ мұны ғана біліп, ананы білмесе, тағы болмайды, – деп астарлап сөйлеген.
* * *
Аңызақ пен аптаптан, шыбын–шіркей, масадан елдің зықысы шығып, тай қазан сүт суымайтын қысқа таңда ес жиып үлгере алмайтын мазасыз жаз да таусылып, күз нышаны байқалды. Мал тоғайды. Шөп науқаны әлі жүріп жатыр. Күзем алудың біткен кезі.
Ақсуаттың басынан екі үй, бір қора салынған. Көрші ауылдан келгендер «Ақсуат қала боп кетіпті», – деп аңыз қылып барыпты. Әсіресе қыраттау жерге одағайлата салынған кеңсе үйі ескі көң, жеркепелердің арасында хан сарайындай көрінеді. Ескі көңнің төңірегі толған ауылдың қаңғыбас ешкілері мен бауырларына күйек байлаған лақ – текелер, енелерін ембес үшін тұмсықтарына қаңылтыр істік байланған арда бұзаулар. Кеңсе алдындағы бөрененің үстінде бірнеше адам әлденеге риза болмай, күңкілдесіп сөйлесіп отыр.
Назар ауылнай болған бір айдың ішінде елде көп нәрсе өзгерді. Соның бәрі кеңсе тәртібі. Шаруасы бар адам кезек күтіп, ауылнай босағанша, есік алдында күтіп тұрады. Бұрын–соңды мұндай әдетке қалыптаспаған ақшоқылықтар «ақыры мұны да көрдік – ау» дегендей осының өзін үлкен әңгімеге айналдырып отыр.
— Бұл қайдан шыққан өнер? – дейді тышқан көз көсе шал қасындағы көзі бақырайған толық жігітке сығырая қарап. – Кеңседе отырып ап, адамды бір–бірлеп шақыру деген не бәле? Біреуді соттап жатқандай...
Көзі бақырайған жігіт оған ұнатпай алара қарады.
— Жарбидайықтың халқы шетінен надан дегені рас екен ғой, – деді басқаларға да солай алара қарап. Сосын шалға қайта бұрылды. – Бұл сенің нағашыңның үйі емес қой, баса–көктеп кіре беретін. Үкіметтің үйі. Шаңыраққа қара.
Көсе шал үйректің қырқылдағанына ұқсас бір дыбыспен селкілдей күліп, қасында отырған адамнан насыбай сұрады.
— Ойбай, қойдық, – деді тісінің арасынан шырт түкіріп. – Бұл күнде қойбағардан жақсы ешкім болмай тұр ғой.
— Қойбағардың жаман болғанын қашан көріп ең? – деді әлдекім шамданып.
— Сорлы – ау, өз атаң жетісіп тұрғандай, кісіге тиісу неңді алған?
— Сендердің аталарыңда шаруам жоқ. Бірақ Назар ауылнай болғалы, елге тәртіп орнағаны рас, – деді алғашқы алаң көз қара жігіт лағып бара жатқан әңгімені жолға салып.
— Оның рас елге үкімет орнады. Ал Жақай не бітірді, құр ет жеп, қымыз ішкеннен басқа?
— Жақай байғұс түрмеде екен–ау, – деді әлдекім көңіл айтқандай бір үнмен.
— Кешегі жан баласына тақымы толмайтын Дәуітбайларың қазір қалай жүр? – Қара жігіт тағы да төңірегіне қарады. – Бетегеден биік, жусаннан аласа болған жоқ па? Қай ауылнайдың әлі келіп еді соларға?
Әңгімеге кеңсе алдында отырғандардың бәрі араласты.
— Апыр–ай, Дәуітбай өмірінде ондай қорлықты көрмеген шығар?
— Айтпа деймін.
— Назар да қасқыр – ау, «кет дегенде ит те кетеді, шық жиналыстан, бұл сен отыратын жер емес», – деді ғой.
— Сол жерде бір айызым қанды – ау, не де болса...
Осы кезде іштен бұлқан–талқан ашуланып Ботбай шықты. Назардан қандай сөз естігенін құдай білсін, қылғына сөйлеп:
— Ойбай–ау, ойбай, құдай қайда деп жүруші ем, құдай мында отырады екен ғой, – деді кеңсені қолымен көрсетіп. – Өзінің бір атым насыбай секілді мұрты болады екен...
Тілі ащы Ботбайдың Назарды айтып отырғанын сезіп, отырған адамдар үн шығармай, селкілдей күлді. Ботбай ескі тырманың доңғалағына байлаулы тұрған атын шешіп алып, аяғымен үзеңгіні әрең тауып, ердің қасынан ұстап, екі–үш рет ұмтыла «қап» деп өзіне–өзі дем беріп, атқа қарғып мінді де, кеңсе алдында отырғандарға қарап:
— Құдай сандалтып қойған соң, не шара? – деді шағынғандай бір үнмен. – Маған байдың құйыршығысың дейді. Ау, мен қайтіп құйыршық боламын, а? Ай, ақымақ, Мәжнүн, кеңкелес...
Өзі айтқан сөзі өзінің ашуын қоздырып, Ботбай мәстек торысын бауырға тартып – тартып жіберді.
— Мәжнүн...
Торы ат иесіне бір жаман сөз айтқысы келгендей, шайпауланып, құлағын жымитып, басын кегжеңдетті де, шоқалақтаған арбадай қолқ–қолқ жортып кеңседен ұзай берді.
— Осы шалға – ақ адам баласы ұнамай қойды, – деп күңк етті әлдекім.
— Бәйтен, сені шақырып жатыр, – деген Қамидолланың даусы естілді.
Бөрененің шетінде отырған Бәйтен орнынан тұрып, ауылнайдың кабинетіне кірді. Назар терезе алдында түрегеп тұр екен. Бәйтенді көріп, столына келіп отырды. Үстіндегі сұр гимнастерка, беліндегі былғары белбеуі, галифе шалбары мен құрым етігі өн бойына әскери пішін беріп ызғарландыра түскен. Бұл күнде Назардың жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі жұрт аузында жиі айтылатын әңгімеге айналған. Оның түн ортасына дейін кеңседе отырып, жұмыс істейтініне, елмен араласпайтынына, күлмейтініне, шаршамайтынына тағы сол сияқты қасиеттеріне ақшоқылықтар қайран қалады. Тіпті Назарды жек көретіндердің өздері: «Осының ұлы нағашысында бір ел билеген біреу болыпты деп естуші ек, сол болар тартып жүрген, болмаса осынша іскерлік мұның басына қайдан келеді?» – деп амалсыз мойындағандай болар еді.
Назар сөзді неден бастарын білмегендей, бір ауық үнсіз отырды да, «ақыры, таптым – ау не айтарымды» деген секілденіп, жүзі сергіп:
— Қазір елімізде тап күресі жүріп жатыр, – деді салмақты үнмен, – оны өзің де білесің. Байлар мен олардың құйыршықтарын құртпай, біз жаңа қоғамды түбегейлі орната алмаймыз. Партия мен өкімет бізге осыны айтады. Жауға қатал, ымырасыз болуды талап етеді бізден. Ал бұл күрестен шеткері қалатын бір де бір совет адамы болуға тиіс емес...
Бәйтен өз құлағына өзі сенбеді. «Мынау сөйлеп тұрған шынымен Назардың өзі ме? Сөз саптасы мүлде бөлек қой».
— Бала оқыту, сауатсыздықты жою, бұл да таптық күрестің бір түрі, – деді Назар тыңдаушысын таң қалдыра түскісі келгендей, ресми даусын өзгертпестен. – Барлық күш–жігер қазір партияның ұранын жүзеге асыруға арналып отыр. Ендеше, сенің де, менің де илеп отырғанымыз бір–ақ терінің пұшпағы.
Бәйтен «ол рас» дегендей, басын болар болмас изеп қойды.
— Біз бүкіл аудан бойынша ең артта қалған ауыл болып отырмыз. Артель деген атымыз ғана, ал затымыз жоқтың қасы. Құм жақтағы «Бірлік», «Бостандықтың» жағдайлары тіпті сорақы. «Бостандық» артеліне бес ат, бір арба, төрт соқа, бес ағаш тырмадан басқа түк жоқ. Ал басқа ауылда... – Назар стол үстіндегі қағаздардың арасынан бір газетті суырып алды. – Басқа ауылда тіпті басқаша. Бұрынғы Жарбөгет қазіргі Ленин колхозы тұқымдық астық жоспарын екі есе артығымен орындапты, округ бойынша ең үлгілі шаруашылық деп жазыпты. Бізде неге олай емес? Себебі біз байлармен күресті дұрыс жүргізе алмай отырмыз. – Назар осы тұста сөзімнің ресми бөлігі осымен бітті дегендей өзінің табиғи даусымен: – Біз енді байларды тап ретінде жоюға біржола аянбай кірісеміз, – деді Бәйтенге қадала қарап. – Саған берілетін тапсырма: Дәуітбайдың, Тұршабайдың, Омардың немерелерін, Күндербектің, Базарбайдың балаларын мектептен шығарасың...
Бәйтен селк ете қалғандай болды.
— Неге? – деді шошынып.
— Өйткені олар байдың балалары.
— Балалар әлеуметтік өмірге әлі келген де жоқ қой. Олардың тап күресіне қанша қатысы бар?
— Жоқ, шырағым, сен ондай қитұрқылығыңды қой. Егер менің қойымды қасқыр жеп кеткен болса, мен сол қойымды жеген қасқырдың өзін ғана іздеп жүре алмаймын, мен барлық қасқырға күрес ашамын. Байлардың өзін семьясынан бөліп қарау дұрыс емес. Дәуітбайдың бүкіл тұқымы тек Дауітбайша ойлайды. Бөлтірік асырап, аброй алмайсың, шырағым. Мектеп кедейлер үшін ашылды ма,– ендеше, тек кедейлердің баласы оқысын.
— Дұрыс айтасыз, мектепте ең алдымен кедейдің балалары оқуға тиісті. Бірақ байлардың балалары оқымасын деген нұсқау жоқ. Менің ұғымымша, байларды тап ретінде жою, байларды адам ретінде жою деген сөз емес. Егер олар өз кінәларың түсініп, біздің қоғамға шын көңілмен қосылғысы келсе, ешкім оларды бетінен қағуға тиіс емес. Өйткені осы арқылы–ақ біз оларды тап ретінде жойып отырмыз.
— Жо–жоқ, олар ешқашанда өз еркімен қосылмайды, ал егер қосылса, тек іріткі салу үшін қосылады.
— Бәлкім, солай да болар. Мен оған таласып отырған жоқпын. Мен байларға қарсы күресіміздің принципін ғана айтып отырмын. Егер біз олардың балаларына советтік тәрбие беретін болсақ, бұл да олардың ішіне іріткі салу деген сөз. Комсомолға енген жастардың ішінде совет үкіметі үшін өз әке–шешесіне қарсы шыққандары бар. Өйткені олар біздің тәрбиеге қолы іліккен көзі ашық жастар. Шындық пен әділдіктің кім жағында екенін жақсы біледі.
— Сенімен қызыл сөз жарыстырып отыруға уақытым жоқ, шырағым. Менің білетінім – осындағы байлар. Оларды елден аластатпай, біз совет үкіметін орната алмаймыз. – Назар қып–қызыл болып столды жұдырығымен салып қалды. – Арқа етің арша, борбай етің борша боп, кісі есігінде жүріп көрсең, көрер ем не айтқанымды. Онда басқаша сөйлер едің... Екі–үш кітап оқыдым деп, маған ақыл айтқың келеді. Сен бозала таңнан таңдайың кеуіп қой соңында жүрудің не екенін білесің бе? Аштық пен жалаңаштықтың не екенін білесің бе? Аузы–мұрның қан болып, таяқ жеп көрдің бе, а? Ал мен осының бәрін басымнан кештім. Біз неге оларды аяуымыз керек?... Жо–жоқ, шырағым, жарапазаның өзіңе. Мен ондай былжырағыңа көне алмаймын...
Ашу қысқан Назармен тәжікелесіп ешкімнің де пайда таппайтынын жақсы білетін Бәйтен енді қайтып оған қарсы сөз айтқан жоқ, алатын емес. Қайта–қайта тізімдерді тексеріп, маза көрмейді. Бірдеңелерді жазып, өзінен–өзі күбірлеп сөйлеп отырады – шамасы жиналыста сөйлейтін сөзіне дайындалатын болуы керек.
Қамидолла анда–санда Назарға көзінің астымен қарап қояды. Қозғалатын түрі жоқ. «Біздің үй кешкі шайын баяғыда–ақ ішкен шығар, – деп ойлады ол күрсініп. – Енді қашан шығамыз, жаным – ау? Таңертеңнен түн жарымға дейін кеңседе отыру не деген сұмдық? Үй шаруасы деген далада қалды. Жұрт көкпек шауып, тал қиып, қыс қамына кірісіп жатыр... Қой, мына жұмыстан арыз беріп құтылмасам болмас». Күнде осылай ойласа да, арыз беруге Қамидолланың батылы бармайды. Бармағанда, біреуден қорыққандықтан емес, мынау орынды қимайды.
Ауылнай мықты болса, жұрт оның хатшысынан да ығады. Әсіресе Назардың тұсында Қамидолланың беделі мықтап өсті. Ептеп Назарға еліктейтін де секілді. Назарша ашуланып, ұрсатын болды. Дөрекі сөйлеуді үйренді. Алдында отырған адамның қарсы сөз айта алмай, өзінен ығып отырғанын көру бір түрлі ұнайтын. Өзінің осынша батыл екенін бұрын қалай байқамағанына өзі таң қалатын. (Және бұл мінезге бойы тез үйреніп, өзгелердің әзіл–қалжыңдары ыңғай ашуын қоздыратын болды.)
Осыдан кейін қанша тиімсіз болса да, бұл қызметті тастағысы келмейді. Назардың күн сайын өсіп келе жатқан беделінде мұның да үлесі бардай көрінеді. Тек осы бір түнімен отыратын мінезі ғана Назар қабырғада ілулі тұрған газет тігіндісін столға бұрқ еткізіп тастай салғанда: «Бітті, енді түн ортасы ауғанша отыратын болдық», – деп ойлады Қамидолла күдерін үзіп. «Қой, мына жұмыстан кетпесе, болмайды екен». Бірақ Қамидолланың күдігі заяға кетті. Назар тігіндінің арасынан бір газетті төрт бүктеп, қалтасына салды да:
— Ал кеттік, – деді орнынан тұрып.
Қамидолла да атып тұрды.
— Соңғы списокті көшіріп бітіп пе ең?
— Біттім, біттім, – деп апалақтады Қамидолла, сенбей қояр ма екен деп қорыққандай, қағазды қайта–қайта көрсетіп.
— Соңғы жиналыстың қаулысы бар ма?
— Бар. Иә... Осы соңғы жиналыстың ба? – Соңғы жиналыс екенін Қамидолла жөпелдемеде есіне түсіре алмады.
— Сайлау правосынан айыру туралы қаулы ше?
— Ә, иә, ол бар ғой.
— Байқа, тізім біреудің қолына түсіп қап жүрмесін.
— Алла сақтасын.
— Алланы қайтесің, өзің сақтан.
Қамидолла күліп жіберді. Онысы бастығының тапқыр сөзіне сүйсінгенін білдіріп тұрды.
Күн желкемдеу екен. Көк жүзіндегі ойқы–шойқы қорғасын бұлттар тау көшкендей баяу жылжып барады, сығырайған жұлдыздар бір жалт етіп арасынан көрінеді де, қайта жоқ болады.
— Биыл қыс ерте түспесе неғылсын, – деп қауіп білдірді Назар.
Қамидолла не дерін білмеді, аспанға бір–екі рет қарады да қойды.
Сиыр қораның тұсына келгенде Назар оңға бұрылды.
— Үйге дейін шығарып салайын да, – деді Қамидолла ере түсіп.
— Қой, жүресің бе айналып. Өзім – ақ барамын. – Назар тоқтаған жоқ.
Қамидолла амалсыз солға бұрылды. Ол әлгі сөзді Назар үшін емес, өзі үшін айтып еді. Ауыл үстімен айналып бару қашық болса да, қауіпсіз. Ал төте жүрген адамға иесіз көңдердің арасынан өтуге тура келеді. Қамидолла нәтінде қорқақ еді, шайтан десе, зәресі қалмайтын. Осы арадан өткен сайын иманын үйіріп өтеді. Бұл жолы да әр дыбысқа құлағын тігіп, секем алып келе жатқан. Кенет «а–а–а» деп бақырған бір дыбыс дәл көңнің ішінен шыққандай болып, жаны мұрнының ұшына келген Қамидолла ойбайлап кейін қашты.
— Назар аға, тоқта, Назар аға...
Әлдебір шұқырға аяғын тығып алып, мұрттай ұшты. Жан дәрмен түрегеліп, қайта жүгірді.
— Назар аға, қайдасың?
Алдынан қараңдаған бейнені Назар екен деп ойлаған Қамидолла әлгінің қыстау жаққа қарай қашқанын көргенде түкке түсінбей, аңтарылып тұрып қалды. Қараңдаған бейне екеу болып шықты. Қамидолладан тағы зәре кетті. «Астапыралла! – дей берді қалш–қалш етіп. – Өзің сақта, алла тағала». Жүгіре түскен ол дәл жанынан ыңырсыған дыбысты естіп, тоқтай қалды. Адам екенін сезген соң, жүрегін бекіткендей болды. Жақындап келіп үңілгенде, Назардың құрым етігін көрді. Бірдеңені басына бүркеп алған секілді, бүк түсіп жатыр.
— Назар аға.
Қамидолла осы кезде аңғарды, Назардың басына қап кигізіп тастапты. Ыңырсыған дыбысы тұншығып шығады. Қамидолла қапты жанталаса сыпырып, Назардың басын жоғары көтерді.
Назарда үн жоқ. Әлден уақытта:
— Қамидолламысың? – деді баяу ғана. – Иә, иә, – деді Қамидолла еңкейе түсіп.
Назар тәлтіректеп қолымен жер тіреді.
— Мықтап ұста.
Қамидолла Назардың бір қолын мойнына асып алды.
— Ақырын, ақырын...
Үйге жақындағанда Назар есін жиып:
— Енді қоя бер, – деді сыбырлап. – Бибінің зәресі ұшып кетер. Өзім жүріп барайын, тек демеп отыр.
Қамидолла үйге кіргенде көрді, Назардың шекесінде қан бар екен. Қанды көріп, дауыс қыла жөнелген әйелін Назар өзі тоқтатты.
— Дымыңды шығарма дедім ғой сен қатынға?... Аман қалғаныма құдайы ата.
Бибі жанталасып жүріп, сандықтан ақ мата алып жыртып, күйеуінің басын таңып, төсекке жатқызды.
— Түрлерін тани алмадым, – деді Назар біраздан кейін сәл–пәл көңілденгендей болып. – Басыма қапты кигізе салып, сойылмен ұрды. Өлтіріп–ақ тастайтын еді, мына Қамидолла болмағанда. Жан даусы шыға айқайлап, осы келгесін, әлгілер қашып кетті ғой... Осы қайныңа қарыздарсың...
Қамидолла аяқ астынан абыройға ие болды. Өзінің қорқып қашқанын жасырып қалды. «Дауысты ести салысымен, Назекеңе бірдеңе болып қалды ма деп, жүгірдім ғой», – деп бастайтын болды әңгімесін. Кейін осы әңгімесіне өзі де шын сеніп кетті.
II
– Соққыға жығылған Назар үш күн төсек тартып жатып төртінші күні басы таңулы күйінде кеңсеге келді. Бұрынғы ашу ашу ма, қаһарына әбден мінген, ауыл белсенділерін жинап, тегіс атқа отырғызды. Үйінен өзінің мылтығын алдырды. Жұрт аң–таң. Назардың кабинетіне Байдәулет кірді.
— Назар – ау, мынауың не, жауға шабатындай, елдің бәрін дүрліктіргенің?
— Өзіміз де жауға шабамыз.
— Жөніңді айтсаңшы енді.
— Дәуітбайлар қашқалы жатыр.
— Оны қайдан білдің?
— Білдім ғой, әйтеуір. Үйде қарап жатқам жоқ. – Назар саусағымен таңулы басын көрсетті. – Мынау да солардың ісі. Оны сол күні–ақ білгенмін. Енді бүгін үстінен түспесек, айрыламыз.
Назар бастаған оншақты адам сәске әлетінде Төлек сайында отырған Дәуітбайдың аулына сау ете қалды. Тасада отырған төрт – он бес үй мылтықтары бар бір топ адамның үстерінен қалай шыққанын байқамай қалды. Үрейі ұшып, екі көзі атыздай болған кішкентай тоқал:
— Ойбай, мілиса! – деп үйге жүгіріп кіргенде Дәуітбай Қарамергенге шашын алдырып отыр еді. Ұстара тиген төбесі ақ қасқа болып, орнынан атып тұрды.
— Не деп тұрсың? – деп ақырды тоқалына.
— Мілисалар кеп қалды...
Дәуітбай сылқ етіп отыра кетті.
— Әттеген–ай! – деді зарланып. – Қапыда қалдым–ау, әттеген–ай!..
Осыдан екі күн бұрын Батпақтыдан Сауытбайдың құдасы Қасымхан келіп, өзара құпия – кеңес құрып, әлдебір тәуекел іске бел буған еді.
«Батпақтыдағы байлар үлкен көтеріліске дайындалып жатыр, іштерінде Мырзакерей мен қаз Әйнекібай, сосын атақты Сейдалы қарақшы бар», – деген Қасымхан. Сейдалының атын айтқанда ағайынды екеуі де арқа сүйер адам тапқандай, әлденеден дәметіп қалды. Сейдалы бұл жақтың адамдарына отқа салса жанбайтын, суға салса, батпайтын баяғының батырларындай көрінетін. Түнімен ақылдасып, тоқтаған шешімдері мынау болды. Бір–екі күннің ішінде Дәуітбай мен Сауытбай жасырын Қарақұм көшпек. Содан әрі жылжып отырып, Бетпақдалаға ұласар жерде Қасымханмен қосылып, құм ішінде қыстап шығады. Құдығы бар, шөбі шүйгін, елден жырақ – бір қысқа жарап жатыр. Оның бер жағында мына желіккен байлар көтеріліс жасап, (айтуларына қарағанда, басқа көршілес халықтар да үкіметке қарсы әрекетке дайындалып жатқан секілді) дүниені төңкеріп жатса, оны көрмек, ал егер одан ештеңе шықпаса, жаз шыға елсізбен көшіп отырып, Балқашты төңіректеп, Алакөлдетіп, Қытай асады. Қытай өтетін жолды жақсы білетін адам бар. Сауытбай алдында бұл пікірге қосылмап еді, Дәуітбай кеуделеп інісінің аузын ашырмады. Қасымханның: «Амандық болып өте қалсақ, әкемнің нағашылары қалың қытай сол жақта тұрады. Олардың ішінен бізді ешбір жау ала алмайды», – деген көңілінде құранның сөзіндей болып жатталып қалды. Осы байламға келгелі Дәуітбайдан тағат кетті. Екі күн бойы көштің жайын ойлап, ұйқы көрмеді. Бүкіл әулие – әмбиелерге сыйынып, құдайға мінәжат қылып, оң сапар тіледі. Сөйткен шаруаның ақыры енді осындай болды... Дәуітбайдың өкінішінде шек жоқ.
Комиссия адамдары топырлап үйге кіргенде, Дәуітбай сол өкініштен әлі есін жия алмай отырған.
— Таста қолыңдағыңды, – деп ақырып жіберді Назар Қарамергеннің қолындағы ұстараны көріп.
Сағидолла Қарамергеннің қолынан ұстараны жұлып алды да, өзін итеріп жіберді, содан кейін, бармағымен ұстараның қылпып тұрған жүзін көріп:
— Бұл маған керек дүние екен, – деп қалтасына сала салды.
— Мынау не? – деді Назар Дәуітбайға буулы тұрған теңдерді қамшысымен көрсетіп.
— Ол әшейін буып қойған нәрселер ғой, – деді Дәуітбай міңгірлеп, – Қыстауға көшеміз бе деп ек...
— Қоныс аударғаныңа үш күн болмай жатып па?
— Иә, иә, сондай бір ой келіп...
— Әй, Қаратаз, – деп айқай салды Назар.
Сырттан кертпе танау қара жігіт жетіп келді.
— Мынау неғылған теңдер? – деді Назар оған да жүкті қамшысымен көрсетіп.
Қара жігіт жерге қарап ойланып тұрды да:
— Дәукен Қарақұмға көшуге бүгін түнде дайындалып жатқан, – деді әр сөзін шегелеп нық дауыспен. – Кеше Батпақтыда тұратын Қасымхан деген құдалары келіп кетті. Не екенін білмеймін, әйтеуір, бір келісімдері бар.
«Бұған не айтасың» дегендей Назар Дәуітбайға шаншыла қарады.
— Әтеңе–лағне–е–е–ет, құл! – деді Дәуітбай иттің ырылдағанына ұқсас бір дыбыс шығарып. – Сен екенсің ғой бәрін істеп жүрген. Екі дүниеде оңбағыр! Өз қолымнан адам қылып е–е–ем...
Қаратазға ұмтыла берген Дәуітбайды Назар қамшымен тартып өтті. Өмірінде денесіне таяқ тиіп көрмеген Дәуітбай «ах» деп ышқынып, жалт бұрылғанда, жүзінен әлденеге түсінбей, таңырқаған секілді бір нышан байқалды. Алғашқы екпінімен тәлтіректей, тағы ұмтыла берген Дәуітбай қамшы екінші рет тигенде, етпетінен түсті. Назар оны аяғымен аударып, шалқасынан салды да:
— Байеке, қалай екен қамшы деген? – деді өз ашуын өзі зорға басып. – Сен ана Қаратазды ес білгелі қамшыдан көз ашырмап ең, дүние кезек деген осы, енді сен де қамшының дәмін татып көр, азғын төбет. – Назар жем көрген бүркіттей көзі жайнап, шалқасынан жатқан Дәуітбайдың кеудесінен аяғымен баса түсті. – Шын бекзат екеніңді білейін. Жарасбай тұқымы, өлші, кәне, намыстан. Өлші, кәне, жарылып. Басыңа көктасты өзім қояйын... Өле алмайсың ба, а? Қалай екен қорлық деген? Сен ана Қаратаздың шешесін сартқа сатып, өзін мал есебінде ұстап ең, соның кегін қайтаратын кез келді, міне. Бұл дүниеде қайтпайтын ештеңе жоқ, Дәуітбай. Біз қазір сені арбаға жегіп, үстіне Қаратазды отырғызамыз. – Назар «шынында да, сөйтсек қайтеді» дегендей жанындағыларға қуана қарады.
Назардың түрін көріп шошып кеткен Байдәулет:
— Есіңді жи, саған не болған, – деді оның құлағына сыбырлап. – Арбаға жегу деген не сұмдық?
Назар райынан қайтса да, ашуын бірден тоқтата алмады.
— Арамтамақ, жалмауыз, – деп Дәуітбайға тағы шүйлікті. – Өмір бойы жасаған қылмысыңнан қашып құтылмақ екенсің ғой. Тапқан екенсің оңай әдісті... Тұра тұр бәлем, осыдан үрім бұтағыңды құртпасам, Назар атым өшсін...
Жұрт топырлап сыртқа шықты. Далада жуан бәйбіше есіріктенген адамдай, шашын жұлып, дауыс қыла бастады.
— Ойбай, жұртым–ау! Елім – ау! Ағайын – ау! Аруақтың орыны едік қой, бұларың не? Бармысың көкте патша құдай? Бүйткенше неге алмайсың?
— Асықпа, бәйбіше, – деді Назар кекесін үнмен. – Көп ұзамай өзің де барарсың. Байың екеуің құдайдың екі жағында шаниып жататын боларсыңдар.
Мына сөзді естігенде, бәйбішенің иманы қасым болды. Жүрегін ұстап, әлдекімнен көмек тілегендей, жан–жағына алақтап қарай береді.
Сағидолла мен Қаратай Сауытбайды алдарына салып айдап алып келді. Үстіне ши барқыт бешпент киген, қияқтай қара мұрты бар, ұзын бойлы сұлу жүзді Сауытбай аяғын асықпай басып, Назардың қасына келді.
— Амансың ба, Жарасбайдың қатын құмар серісі, – деп Назар оған күлімсірей қарады. – Қарақұмның иесіз даласында не бітіресің? Онан да түрмеге бар, сол жер саған көңілдірек болады.
— Жарасбайдың баласы екенім рас, – деді Сауытбай сабырлы үнмен. – Бірақ кісіге жасаған зәбірім жоқ... Құдайдың жазуы осы болса, қорыққаннан жан қалмас. Ит жеккенге айдатсаң да, еркің білсін. Бірақ қорлама.
— Екеуін де қамаңдар Беркімбайдың көңіне, – деп Назар комиссия мүшелеріне айғай салды. – Қарғағанын қоймаса, ана жуан бәйбішені қоса қамаңдар.
Жуан бәйбіше шоқ басып алғандай, шарылдап, үйге қарай қашты.
Дүние–мүліктің бәрі хатталды. Акт жасалды. Дәуітбайдың Төртқұдықтағы жылқысына кісі жіберілді. Байдың есігінде жүрген жалшылардың бәрі жақын туыстары еді. Бірақ өмір бойы іштеріне кек сақтап келгендерін тегіс жайып салды.
Жалшыларға сол жерде дүние–мүліктен зат бөлінді. Қалғандары қоймаға жиналды. Дәуітбай мен Сауытбайдың семьясына ескі–құсқы төсек орын, екі қараша үй мен бір сиыр қалды.
Келесі күні таңертең бір–біріне қосақталып байланып, ауданға жауапқа айдалып бара жатқан Дәуітбай мен Сауытбайды бір топ мырзаболат ағайын қырға дейін жаяу шығарып салды.
«Қазақ деген атымыз бар еді ғой, тым болмаса, бір күн кідірт, қоштасып қалайық» деген тілекке Назар құлақ асқан жоқ.
III
Жаз бойы нәр тамбай, қаталап жатқан Ақшоқы даласы қыркүйектің ортасында қалың жаңбырдың астында қалды. Аспанның түбі тесілгендей апталап жауды. Жолды жолсыздың бәрі ми батпақ болып езіліп кетті. Қорғасын бұлттар бауырымен жер сызардай қалықтап, Жыланды өзеннің үстімен терістікке қарай жөңкіліп жатты. Мал баққан бақташы мен көкпек шауып, тал қиған бірлі–жарымды шаруалар үсті бастары малмандай болып, осы төңіректегі өзінен басқаның бәрін сыбап, боқтап, күйіп–пісіп жүргені, бірақ онысы ашудан гөрі адамның жалғызсыраған кезде ысқырып немесе өлең айтып ермек қылғанына көбірек ұқсайды. Бұл кезде сыртқа шыға алмай үйде қамалып отырған қарт кісілер: «Жаусын, жаусын жарықтық, нағыз жауатын кезі ғой, күзде жаңбыр мол болса, жерде тоң болады, тоң болса, келер көктемде су жерге сіңбей, шабындыққа жайылады, рақат емес пе? – деп қуанып отырар еді.
Түнде жаңбыр басылған болатын. Таңертең күн ашық болды. Қара жер шөлі қанған адамдай жіпсіп, буы бұрқырай рақаттанып, балқып жатты.
Асқар жаңбыр басталғалы бері сүйек сүйегі сырқырап, басы қаңғырып, мазасы болмай жүрген. Күндегі әдетімен таң атпай тұрып, күннің ашықтығын көрген соң, сыртқа шыққан. Бойы әжептәуір сергіп қалды.
Бұрын таңғы серуенде түбектегі қыстаудан асып көрген емес. Бұл жолы өзен жағасымен шығанаққа дейін барды. Жиектегі құба талдан «насыбайға күл алайыншы» деп, бес – алтауын қиып алды. Өзін–өзі жұбататын, алдандыратын ермек іздеді. Үйреншікті аурудың сыртында Асқардың мазасын алып жүрген басқа да жайттар болатын. Ол – Назар екеуінің арасындағы аты–жөні белгісіз араздық. Екеуі зауқайыр кездесе қалса, амандықтан асып, сөйлесіп те көрген емес. Бір–біріне айтатын сөздерін көлденең біреуден естиді. Бәлкім, өзі де кінәлі шығар. Назар ауылнай болыпты деген хабарды естігенде, қарап отырмай: «Әйел деген кісі Жандарды болыс сайласақ қайтеді дегенде: «Елің онда тегіс ұры боп кетер – ау» деген екен, сол айтқандай Назар ауылнай болса, көп ұзамай қырық – пышақ боп, екі үйдің арасына жол түспейтін шығар», – деп еді. Сол арада бөтен ешкім жоқ болатын, бірақ өзім деп жүргендердің біреуі осы сөзді Назарға жеткізіпті. Онсыз да ит тиген табақтай тыжырынып қарайтын Назар осыдан кейін: «Ең үлкен жауым Асқар», – дейтін көрінеді. Құлақтардың списогіне кіргізіпті дейді. Сонда осының бәріне кім кінәлі? Әлгі сөзді айтқан мен бе?
Әлде... Бірақ менің айтқаным шындық болса, қайтемін?..»
Шеткі үйдің қасында жер қазып, лай айдап жатқан бірнеше адам тұстарынан бір шоқ тал сүйретіп, өтіп бара жатқан Асқарды әңгіме қылды.
— Пах, шіркін, тал сүйретіп бара жатып, бір еңкеймейді – ау!
— Кербез қайнаға деп бекер атады дейсің бе?
— Байғұс бұ да қажыды ғой..
— Неге?
— Назар соңына түссе, қажымағанда қайтеді.
— Назарға не істепті?
— Қарап жүрмейді. Біреуді шағып сөйлейді. Назарды сыртынан жамандайтын көрінеді.
— Онысы дұрыс емес қой.
— Одан кейін Назар аяй ма? Сайлау правосынан айрылғандардың списогінде жүр деп естідім.
— Құрыды десеңші.
— Иә, бұл да құритын болды. Заманында өрлеп еді, қайтесің.
Асқар үйінің қасына келгенде Бикен бие байлап жатыр еді.
Қасында жүрген әйелді тани алмай біраз тұрды. Жақындағанда көрді – Злиха екен.
— Амансың ба, шырағым? – деді таңырқағанын жасыра алмай – Жақайдан хабар бар ма?
— Анада бір хабар алғанбыз, соты кейінге қалды деген. Одан кейін хабар жоқ.
— Сәті алладан, қайтесің енді? – деді Асқар оның қайғылы жүзіне қинала қарап.
Злиханың толық денесі ысылып, әжептәуір жүдеп қапты. Киген киімі де жадау.
— Уайымға еріп тым жүдеме, шырағым? – деді Асқар сөз арасында. – «Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр» деген. Ер адамның басына не келіп, не кетпейді? Дос бар, дұшпан бар дегендей, езіле берме. Сен қазір сол шаңырақты ұстап отырған жоқсың ба?»...
Шай үстінде Злиха тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Дастарқан жиналған кезде:
— Қайнаға – ай, айыпқа бұйырмасаңыз, шаруа айта келіп отырмын, – деді текеметтің оюын қолымен сипап отырып. – Өзіңіз білесіз, Жақайды, кісіге зияны жоқ, ақ көңіл еді. Оңашада өзіңізге жан теңгермей отыратын. Бір кезде көз майын берген жолдастары бұл күнде бөкселерін сыртқа салды. Қуынатын, ізденетін адамы жоқ. Дүниенің қорлығы жалғыздық екен. Құдай қарғады ма, мен байғұсты бір жапырақ еттен қысты. Олай–бұлай болып кетсе, шаңырағына ие болар ешкім жоқ. – Злиха көз жасына тұншығып, жаулығының ұшымен бетін басты.
— Бикен де көңілі бұзылып, қалтасынан орамалын алып, көзінің жасын сүртті.
— Сізден басқа енді жәрдем сұрар ешкімім жоқ, – деді Злиха даусы қалтырап.
Асқар сасып қалды.
— Шырағым–ау, менде не қауқар бар? – деді қолын жайып – Мен кімге тұтқа болғандаймын? Дүрдиген сыртыма қарап, жыланды қырық кессе, кесірткедей құны бар дейтін шығарсың. Кесіртке құнның бұл күнде ешкімге керегі болмай қалды. Бізден баяғы күн өткен. Ертең Дәуітбай мен Сауытбайдың аяғын құшам ба деп, шынымды айтсам, түн баласына ұйықтамай шығамын. Қартайған шағымда басым осылай базарлы болды, шырағым. Мен саған... – Ол «қол ұшымды бере алмаймын» деген сөзді айтпақ еді, осы кезде алдында отырған Злихаға көзі түсіп, әлгі сөзді айтса, әйелдің сағын бір жола сындыратынын сезіп, тілін тістеп қалды. «Бұлар мені әлі пана көреді екен–ау», – деп ойлады ішінен.
Злиха екі иығы селкілдеп, жаулығының шетімен бетін баса түсті. Әлден соң бүкіл жүзі жаулықтың астында қалып, көрінбей кетті. Тек селкілдеген иығына қарап, оның жылап отырғанын сезуге болар еді. Үй ішінде жанға батқан ұзақ үнсіздік орнады.
— Шырағым, сабыр етші, – деді Асқар басын көтеріп. – Уайымың – бейнетің ғана. Әйтеуір, басың аман, бауырының бүтін ғой. Жылама. Қолымнан келгеннің бәрін істейін, қайратым кеміп, бағым тайды демейін, жарқыным, жылама.
Асқар осыны айтып отырып, сонда не істейтінін өзі де білген жоқ еді. Злиха кеткен соң:
— Бәтір – ау, сонда не істемексің? – деді Бикен шалына таңырқай қарап. – Қайтіп қуынасың?
— Оны әзір ойластырғам жоқ, бәйбіше. Бір жөні болар. – Асқар қалың ойдың құшағында ұзақ отырды. – Бүйтіп отыра беруге болмайды, – деді бір кезде өзімен–өзі сөйлескендей күбірлеп. – Қам жасау керек, қам... Сендердің тіліңмен де бір сөйлеп көрейін, не болар екен?..
— Түсінсем бұйырмасын, – деді Бикен шығып бара жатып.
Кешке қарай Асқар бала жұмсап, күрең атын алдырды да, өзен жағасына апарып арқандады. Қайтып келіп, бұйырғандай бір үнмен:
— Ымырт жабылған соң Малдыбайды шақыртып алып, қара тоқтыны сойыңдар, – деді Бикенге. – Сосын балаларға беретін бірдеңең болса, оны да дайындарсың. Ауданға жүрем.
Шалының мұндай дауыспен өте сирек сөйлейтінін жақсы білетін Бикен қарсы сөз айтпай, айтқанын орындай берді.
* * *
Елең–алаңда Асқар атқа отырды. Күрең аттың жол жорғасына рақаттана тербеліп, тұла бойының құрысқанын, басының ауырғанын тез ұмытты. Жолға не жорыққа шыққанда адамның арқаланып, ширығып кететін әдеті емес пе, Асқар да осы сәтте еңсесін басқан ауыр ойдан арылғандай болды. Өзен жиегіндегі қарауытқан маяларды көріп: «Шырағым–ау, артельдің жағдайы жаман емес қой, – деді күбірлеп. – Тек неге өзенге жақынырақ кеп, шаппады екен. Кезінде су болды–ау, шамасы...»
Қарауытып бөгет көрінді. Түбіндегі ағаштар қалың тоғай секілді. Оны әдейі еккен ешкім жоқ, өзенді бөгеген кезде, төселген талдар ғой. Қазір содан өскен бұтақтар, жапырақтары желбіреп үлкен ағаш болып тұр. «Шіркін–ай, әлде де бір қабат биіктетер ме еді. Қанша мықты дегенмен, табиғатқа сенім бар ма, бір көктемде бір жері жырылып кетсе, осынша еңбектің зая кеткені емес пе?» Бұл бөгеттің салынуы Асқардың өміріндегі ең бір ұмытылмас оқиғалардың бірі еді. Сол себепті әлгі «осынша еңбектің» қанша еңбек екенін және қаншалықты мәні болғанын ол бес саусағындай біледі. Ал бөгетті салудың қиындығында тіпті шек жоқ десе де болғандай. Ол кезде ірі байлардың бар кезі. Ауылнай Жарбидайықтағы қауен Төлепберген ғой. Екі күннің бірінде: «Аға, не істеймін. Мені зорлап ауылнай қылдыңдар. Ал мен түк білмеймін. Қарап жүрген мені өлтірдіңдер ғой», – деп Асқарға келеді де тұрады. Қорқақтығы болмаса, жүрегі таза, жақсы жігіт еді. Ақыры, «мені түсіріңдер» деп болмаған соң, Асқар оған былай деді.
— Шырағым, сен түсуге асықпа. Бір күні өзің де түсесің. Сонда сенің артында бір іс қалу керек емес пе, жұрт айтып жүретін. Әйтпесе текке жатқан жігітке төбеден тегіннен–тегін атақ келе ме?..
— Ойбай–ау, мен не істеймін сонда, жер өртеймін бе? – деп күйіп–пісті Төлепберген.
— Жоқ, сен жер ерте ме... Сен мені жақсылап тыңдап ал... Менің баяғы жастау кезімде, елге қайтіп атымды шығарсам екен, қайтіп еңбегімді сіңірсем екен деп атақ аңсап жүрген кезімде ойға алған бір арманым болушы еді... Ол арманым – Жыландыға үлкен бөгет салып, суды өзекпен қырға шығарып, осы елдің бәріне болмаса да, жартысына жететін шабындық өсіріп, қаңғыған жұрттан ауыл жасау. Өзің білесің, Жыландының суы көктемде тоқтамай ағып, жаз ортасында үзік–үзік қара суға айналады. Ал көктемгі сол су әшейін далаға кетуде. Ол суды қолға түсірсек, осы төңірек жұмақтай болып құлпырар еді. Ел боп, басымыз бірігер еді. Бірақ ол атақ маған бұйырмады. Өйткені оны жасайтын менде билік те, күш те болған жоқ. Одан бері, мінеки, заман озып, басымызға қарттық келді. Ал қарт адамға атақтың қажеті жоқ. Қарт адамға өмірдің басқа жағы қымбат. Осы арманымды саған берейін. Сенің қолыңда үкімет бар ғой. Дұрыстап пайдалана алсаң, осыдан бір іс шығаруға болады. Қолымнан келмейді деп қорықпа. Тауқыметін бірдей көтереміз.
Содан бір күні: «Аудан қолдап, өзімді мақтады, қысқасы үкіметтің көмегі дайын, енді елдің басын қосуды өзіңіз қолға алыңыз», – деп Төлепберген келді.
Содан күнде жиналыс. Қым–қиғаш айтыс. Жұрттың көбі: «Қой, мынау бала болмайтын сөз, оған көлік қайда, күш қайда?» – деп безіп шықты. Жан шықты дегенде жұртқа дәлелдеп, бөгет салмай ел болмайтындарына көздерін жеткізіп, мәмілеге келіп отырғанда, «біз қосылмаймыз» деп байлар қисайды. Әйтеуір, үкіметтің күшімен олар да қосылды – ау.
Ақыры бүкіл Ақшоқы халқы өзекке жиналып, әркім өз көлігімен – өгіз жеккен, ат жеккен, тіпті сиыр жеккен арбалар, жайдақ арба, деребен арба, тарантас, қол арба да бар – кедейлер тайлы – тұяғына дейін қалмай, қалың нөпір болып, бөгет салуға кірісіп те кетті. Ең қиыны суды бір тоқтатып алу екен. Құм салған ауыр қапшықтар су түбіне жүздеп тасталды. Аяған түбектен қыруар тал қиылды. Бірақ суды тоқтату оңай болмады, шымнан буған «қара бураларды» тастаған соң ғана, беті қайтып бөгетті көтеру басталды. Кооперативтен зат алып, жұмыскерлерге сыйлық тағайындалып, оның сыртында нормамен сөк берілгеннен кейін, жұмыс әбден қызды. Кейбіреулер сыйлық аламыз деп түнге қалып, жұмыс істейтін. Байлар сынап салып, бөгетті бұзбаққа бірнеше рет әрекет жасады. Асқар байлармен айқасқа аянбай кірісті. Түнімен күзетте өзі тұрды. Уезден милиция шақыртылды. Сонымен не керек, күздің басында өзектің тұсынан өзен суын екіге бөліп ғажайып зор бөгет пайда болды. Асқардың қуанышында шек болған жоқ. Бөгетті күніне бір көрмесе, тұра алмайтын. Кейде түн ортасында келіп, өзінің бір қымбат мүлкін ұстағандай, жалғыз өзі бөгет үстінде отырып, алақанымен топырақты сипайтын. «Шіркін, енді келесі көктемде судың бүкіл алқапқа қалай жайылғанын көрсем», – дейтін қуана күбірлеп. Келесі көктемде құлақ естіп көз көрмеген су болды. Омар мен Дәуітбайдың сиырлары суға кетіп болды. Көп үй аралда қалды: Су Ақжанның қырынан асып кетті. Бірақ ең үлкен қауіп бөгетке төнген еді. Халық қайтып жиылды. Тағы тал қиылып, топырақ салған қапшықтар мен «қара буралар» тасталды. Бір күні бөгеттің арғы қабатынан су жырып, масқара болмасын де? Жан даусы шыққан Асқар мұздай суға өзінің қалай қарғып түскенін де білген жоқ.
— Қапшық әкеліңдер, қапшық, – деп айқайлады ол су жырған жерді денесімен бітеп.
Дүлей су бостандыққа шығатын саңылауды бітеп тастағаны үшін қаһарын төккендей, Асқарды тұншықтырып көміп тастады. Іле тастаған құм толы қапшықтар жырылған жерді бітеді де, талып қалған Асқарды адамдар судан шығарып алды. Ақыры көптің тілегі болып, бөгет аман қалды. Кейін әлгі бөгет Төлепберген бөгеті атанып кетті. Содан былай қарай ел өмірі де осынау кілт бұрылған өзен суындай мүлде басқаша сипат алды: ен шабындық, қамысты қол, қалың қопасы бар өзен жағасына ел жиналып, Ақсуат деген үлкен ауыл пайда болды. Сол ұлы өзгерістің ішінде өзінің де бір үлесі бар екенін сезгендіктен Асқар жүрегінде ризашыл, қуанышты сезім ойнайды.
Жолаушы тербелген күрең жорғаның үстінде ерге бір жамбастай отырып, артына бұрылды. Төлепберген бөгеті тым алыста қалған екен, көрінбеді.
Түс кезінде Асқар Қожайдың үйінен бір шай ішті де, кідірмей жүріп отырып, қаладағы қызының үйіне түн ортасында ат басын бір–ақ тіреді. Төбесіне қамыс жапқан кірпіш үйдің қорасына кіріп, күрең атты жайлағаннан кейін, есік қақты. Ар жақтан тарпылдаған аяқ дыбысы естіліп, еркек үні: «Бұл кім?» – деп сұрады да, жауап күтпестен, ілгешекті салдыр еткізіп, есік ашты. Асқар күйеу баласының бетінен сүйді.
Әп–сәтте үй іші абыр–сабыр болды. Ауыз үйде түрі Асқарға тартқан ақ сары келіншек қонақты құшақтай алып, балаша кемсеңдеп жылап жіберді.
— Неге жылайсың? – деді Асқар қызының арқасынан қағып.
— Сағындым, – деді Салиқа еркелеген үнмен.
* * *
Таңертеңгі шайдың үстінде Асқар:
— Бүгін кешке қоржындағы тоқтының етін асып, Қабидың Нұрахметін қонаққа шақыр, – деді күйеу баласына қарап.
— Нұрахметі кім? – деді Сейілхан таңырқап. Соттың ағасы ма?
— Иә, соның ағасы:
— Оны қайтіп шақырамын? – деп Сейілхан абыржып қалды. – Өзімен дұрыстап сәлемдескен де емеспін.
— Менің де алдына бармаспын деген ажарсыз адамымның бірі еді...
Ендеше, оның керегі не?
— Керегі болмаса, шақырамын ба? Періште мойнын бұрмаса, шайтаннан да жәрдем сұрайтын кез болады екен. Әдейі сол үшін келдім ғой. Аздап ішетіні де бар еді, арақ–шарабыңа менен ақша ал, бұл сендер салмағын көтеретін шаруа емес. Кейін айтып түсіндіремін... Сосын Нұрахметке менің келгенімді айта сал.
— Жарайды, – деді Сейілхан «сіз айтсаңыз амал бар ма» дегендей иығын қиқаң еткізіп.
Сейілхан жұмысына кетті, Салиқа үй сыпырып, қоржындағы етті тұзды сумен жуып, қазанын қырып, кешкі қонаққа дайындала бастады. Асқар күні бойы көшеге шыққан жоқ, ауланың ішінде сенделіп жүрді де қойды: Түсте төргі бөлмеде мызғып алды. Домбыра тыңқылдатып біраз жатты.
— «Көкем қартаяйын дегені ме, далаға шығуды қойыпты – ау», – деп ойлады Салиқа.
— Сыртқа шығып, бой жазбайсың ба, көке? – деді үйге бір кіргенде.
— Сырттан не алайын?..
— Қайнағалардың үйіне барушы едіңіз ғой бұрын... Әлде кешке қарай ол кісілерді де шақырайық па?
— Жоқ, қалқам, басқа ешкімді де шақырма.
Салиқа әкесіне аңырайып қарап қапты. Асқар соны байқап:
— Қазір сөз көбейіп жүр, – деді жастығынан басын көтеріп. – Біреуге біреудің айдалада жүріп бәлесі тиіп жатады. Сондайдан аман болсын дегенім ғой. Әйтпесе оларға ешқандай өкпем жоқ. Осы сендерге келгенімнің өзін ешкім білмесе екен деп отырмын...
* * *
Кешке қарай кемпірін ертіп Нұрахмет келді. Алпыстың қалың ортасына келген, сақал–шашы көк бурыл, еңкіштеу кісі. Төс қалтасынан сағатының шынжыр бауы жарқырап, зиялы адамдарға тән дағдымен асықпай қимылдап, асықпай сөйлейді. Кемпірі өзінен тым кәрі, әжім басқан жүзінен қарттық пен науқастың табы қатар білінеді.
Нұрахмет Асқармен сабырлы жүзін өзгертпей амандасса да, онымен өзін тең санай алмайтыны сөйлеген сөзінен, көзқарасынан ап–айқын көрініп тұрды. Ұзақ үнсіздікке шыдамай, қайта–қайта елдегі өзгерісті, әлдекімдердің амандығын сұрап, елпілдеңкіреп отыр. Асқар болса, қонағым екен–ау деп, иілетін түрі жоқ, қайта оны өзінің менсінбейтінін білдіре түскісі келгендей, анда–санда ыңырана сөйлеп, көбіне үн қатпайды.
Шай үстінде әңгіме Нұрахмет пен Сейілханның арасында ғана болды. Нұрахмет өзінің қала жаңалығынан хабардар екенін білдіріп, көзге түсіп, қызметте жүргендердің қайсысының орынынан түскенін, ол орынға кімдердің тағайындалатынын, олардың кіммен тамыр–таныс, туыстық қарым–қатынаста екенін, кімді кім қойып отырғанын әңгіме қылды. Сөйлегенде үнемі күлімсіреп тұратын жүзінен осынау тіршілік заңы өзінің ойлағанындай болып, өзінің көзқарасына сәйкес келіп жатқанына іштей қуанышты екені де байқалып тұрды. Өйткені ол әділдік пен әділетсіздікті билік пен күш жасайды, кім жеңсе, соныкі әділ деген пікірді барлық жерде ашық жариялап жүретін, сонысын өзінің шыншылдығы мен туралығы деп есептейтін адамдардың бірі еді. Нұрахметтің ескіше тәп–тәуір сауаты болатын. Кейін өз бетімен оқып, заң – закүнді бірқыдыру меңгеріп алды. Содан бергі кәсібі – базардағы делдалдай істі болған, сотқа тартылған адамдардың дауын даулап, ісін бұздыру. Совет үкіметі орнағанға дейін біраз уақыт Орынборда тұрып, ұлықтармен танысып, өзінше дәуірлеп тұрған күндері болды. Жер дауы, жесір дауы,– кісі құны деп елден барғандардың бәрі осының үйіне түсетін. Бірақ көмейі ұлықтардың көмейінен кем емес, жемқор деген аты шықты. Осы бір жамылған ат болмаса, қалған тіршілігі ешкімнен кем еместін. Қазақтың игі жақсыларымен де алыс–беріс жақын болды. Тек жанына жақындатпай қойған осы Асқар еді. Серілігімен, шешендігімен аты шыққан баяғы төңкеріс кезінде Ұлы Сардардың оң қолы болған осы бір тәкаппар кісіні Нұрахмет іштей мойындайтын, әрі күндейтін, сол себепті жаратпайтын. Екеуінің мақсаты да, мұраты да бір таяқтың екі ұшындай бір–бірімен ешқашанда қосылмайтынын жақсы білетін. Баяғы. Шегірторының дауы тұсында Асқар Орынборға келіп, бүкіл қазақтың басын қосып, қонақ қылып, Нұрахмет ғана шақырмап еді. Өзі туралы Асқардың: «Ақысын бермесе, әкесінің де көрін қазбайтын саудагердің өзі болар–ау», – деген сөзін де біреулер жеткізген. Одан бері көп жыл өтті. Әркім өз білгенімен өмір сүруде. Нұрахметтің де өз білгені өзіне кем болған жоқ. Жалғыз інісі Рахметті оқытып сот қылды. Беделі ешкімнен кем емес. Құдайға шүкір.
Бір тұста Шегірторының тарихы тілге тиек болып, сөзге Асқар да араласып, үй ішінде әңгіме–дүкен бірте–бірте қыза түсті.
Ет келді. Былқып піскен бағыланның еті, қарт адамға жайлы тиетін өткен күн жайлы қызық әңгіме, жарасты әзіл–күлкі қонақтардың көңілін көтерді. Дәмнен кейін Нұрахметтің кемпірі Салиқамен әңгімелесіп, басқа бөлмеге кетті де, еркектер оңаша қалды. Осы кезде Асқар ыңыранып отырып, әңгіме бастады..
— Қазақ айтады екен, – деп тыңдаушысын күттіріп қойып, асықпай насыбайын атты. – Қазақ айтады екен, – деді сосын алғашқы сөзін қайталап, – «сүт сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деп. Шаруамды айтайын. Өзің де естіп жатқаң шығарсың, біздің жақта Есенейдің Назары ауылнай болған. Үш ауылдан артель ашылды. Ақшоқы халқы бас қосып, мал қосып, ел боп жатқан жайлары бар. Біз болсақ қартайдық соның бәріне сырттан қарап отырғаннан басқаға қауқар жоқ... Назар деген жігітіміз мықты болды. Әкесі көп сөйлемейтін момын еді, бірақ бір айтары бар тура, адал кісі болатын. Баласы нағашысына тартты ма, ақылынан ашуы басым, ойынан ісі шапшаң әупірімдеу. Оның басқасын қойшы – екі дүниеде обалы жоқ Дәуітбайды, қажет болса, пісіріп жесін, жазықсыз біреулерге қиянат жасап, сонысы қиын боп тұр... Бұған дейін ауылнайымыз Көбегеннің Жақайы болатын, мырзаболат қой, білетін шығарсың. Осы Назар екеуі қаршадайларынан кісі есігінде өсіп еді. Кейін Жақай ерте қара танып, атқа мінді де, Назарды да өзіне тартып, ел қатарына қосты. Сол Жақай қазір түрмеде жатыр. Байғұстың біреуге жасап тастаған залалы жоқ. Бірақ қуынатын ешкімі болмаған соң, ісі сол күйінде қозғалатын емес. Өзі атадан жалғыз еді, оның үстіне әйелі бала көтермеді. Шаңырағы құлағалы тұр... «Ашаршылықта берген ас көрінер, жаяушылықта берген ат көрінер» деген екен бұрынғылар...
— Ой, шіркін, сөз–ақ қой! – деген Нұрахметтің даусынан өзін осы мақалдың орындаушысымын деп білетіні байқалғандай болды.
Асқар таршылықта жасаған қайырмен көзге түскісі келіп отырмағанын әдейі басып айтқысы келіп еді, бірақ мақал Нұрахметке қатты ұнап қалған соң, әлгі ойын ішіне бүгіп қалды.
— Өтеусіз жақсылықты өміріме мақсат етіп, содан айнымасқа серт етіп ем, – деді әлдеқалай даусы құбылып, – сол серт қазір ауыр жүк болды... Шындыққа жолдас болып тапқан пайдам аз. Бірақ азғантай ғана ғұмыр қалғанда, соған шыдап бағайын деп жүрмін. Екі туып бір қалғаным болмаса да, сол Жақайдың жоқтаушысы болып, қойымды сойып, қолымды қусырып, өзіңді шақырып отырған жайым осы... Қайратымның барында пендешілік деген бір мықтымен арпалысып келіп ем, енді қазір қартайғанда өзгенің ығына жығылып, кішірейіп, тілек айтуға намыстанбайтын болдым. Бұл менің қазіргі күйім. Басқа амалым жоқ... Жол–жөнекей өтініштің бірі екен деп ойлама... Қыл көпірдің аузынан, қалай құтқарсаң да, талай адамды құтқарып ең. Соның бірі болсын. Міндетің мойнымда. – Асқар Нұрахметке тура қарады. – Саудыраған сүйегімді сүйретіп, ит арқасы қияннан еріккеннен келгем жоқ, Нұрахмет. Менің жайымды түсінгейсің.
Нұрахмет қиын іске тап болған адамдай ойланып қалды. Бірақ, шын мәнінде, түк ойланып отырған жоқ. Өмір бойы өзін елемей өткен Асқардың алдына келіп көмек сұрағанына іштей қуанып отырған.
— Біз де өзің секілді кісіге қайыр қылам деп, талай доданы бастан кешіп, енді құдайдан иман сұрап қана отырған адамның біріміз, – деді, Нұрахмет даусын Асқардың даусына ұқсата сөйлеп. – Өзің тілек етіп келген соң, несін аянайын, қолымнан келгенің бәрін істеп бағам да.
Осыдан кейін Нұрахмет көп сөйледі. Орынборда жүргенде ит жеккенге айдалғалы тұрған бір қазақты қалай құтқарғанын, ол үшін орыстың ұлығын неше күн неше түн қымыз бен етке бөктіріп, сый–сыяпат бергендерін әңгіме қылды. Ақыры сөз арасында азғантайдан ұрттап отырып, араққа әжептәуір қызып қалды. Тұманданған көзімен Асқарға мөлие қарап:
— Ата қаздай кекірейіп өмірі бір менсінбей кетіп ең, – деді тілі күрмеле. – Дүние кезек деген осы ғой. Ақыры алдыма келдің бе?.. Туғаннан күнәхар адам баласын сен қанша сүттен ақ, судан таза қылам десең де, ол сен ойлағандай бола алмайды, білдің бе? Мені алаяқ де, саудагер де, бәрібір жұртқа жақсылық жасадым. Рас мен жақсылықты құдай үшін жасағам жоқ. Тиісті сыбағамды алдым. Өйткені маған да біреуді сатып алу қажет болды. Мен оны жасырмаймын. Мен ұлықтарды сатып алдым. Бұл өмірдің заңы. Мінеки, енді сен де мені сатып алып отырсың... Иә, иә, сатып алып отырсың... Айналып келіп, ақыры менің заңыма паналадың. Менің бүгінгі ең үлкен жеңісім де, қуанышым да осы. Бұл үшін мен сенің айтқаныңның бәрін орындаймын. Маған түк те қарыздар болмай–ақ қой. Осы келген келісің жетіп жатыр. Мен мұны өлсем де орындаймын, – деді ол кіжініп.
* * *
Қонақтарды үйіне апарып салып, қайтып келген Сейілхан:
— Апыр–ай, мына шалыңның арақты сілтесі сұмдық қой, – деді күле сөйлеп. – Мен көбіне білдірмей төгіп тастап отырдым, соның өзінде ілесе алмадым.
— Үйренген ғой, – деді Асқар кекесін үнмен. – Өмір бойы кәсібі осы болса, қайтсін... Денсаулығы жақсы шығар. Жаны ауырмаған адамның тәні ауырушы ма еді?..
Салиқа тағы шай әкелді. Асқар шай үстінде: – Өз жағдайларың қалай? – деді күйеу баласына, «сендермен тілдесуге мұршам жаңа жетті ғой» деген адамша қарап.
— Жағдай... қандай болсын... – Сейілхан жағдайының қандай екенін ұмытып қалғандай бір сәт дағдарып қалды. – Ел қатарлы жүріп жатырмын...
Сейілхан газетте істейтін. Ел өмірін көп жазып, көзге ерте түсті. Жоғарғы жақта өтетін жиналыстарға қатынасып жүреді. Жұрттың бәрі «бір өссе, өсетін жігіт – осы, іскерлігі де, адамгершілігі де мол» деп әңгіме қылатын. Бірақ, неге екені белгісіз, соңғы кезде ауызға ілікпей, елеусіз жүр. Осыны ойлаған Асқар:
— Қызметің қалай? – деді кесесін подносқа қойып жатып.
— Қызмет жаман емес.
— Жақсы боп жатқаны да шамалы, – деп осы кезде әңгімеге Салиқа араласты. – Болғалы тұрған бір қызметтен айрылып қалды.
— Салиқа, – деді Сейілхан оған кінәлай қарап. Күйеуінің көзқарасындағы: «Бұл кісінің өз уайымы өзіне жетіп жатыр, енді біздің уайымды арқалатқанда не табасың?» – деген сөзді Салиқа ұқпады. Өйткені ол барлық қыздар секілді әкесінің құдіретін құдайдың құдіретінен кем көрмейтін.
— Жасыратын несі бар; көке – ау? – деді Салиқа осыны айтуым өте орынды деген шешіммен. – Газеттің редакторы Хамиттың кеткеніне екі ай болды. Оның орынына Сейілхан болады деп жұрт шулағалы қашан. Енді айтсын – айтпасын жөн осыныкі ғой... Сөйтіп жүргенде өзінің досы Орақ деген кісі үстінен арыз жазып, қызмет түгілі қарақан басын әрең қалдырды... Көке – ау, – деді әкесін өзіне қаратып, – мына күйеу балаңның өмірге икемі жоқ. Құр «шындық, шындық» деп алған бетінен қайтпай жүре бергісі келеді. Оқтау жұтып алғандай боп, бұрылмай жүре берген адам шындыққа жетеді дегенді ойлап тапқан кім?... Және қарап жүрмей, өзінен үлкендерге қарсы келіп, сөз айтады. Онымен кімге жағасың? – Салиқа мұны саған айтып отырмын дегендей күйеуіне қарады. – Аузына сақ бол деп құдайдың зарын қыламын... Бірақ менің айтқанымды бұл тыңдаушы ма еді?
— Ал жақсы бәріміз аузымызға сақ болайық, сондағы жететін мұратымыздың аты қайсы? Бәріміз үндемей дымымызды ішімізге сақтағаннан, әділетке, шындыққа тиетін пайда бар ма? – Сейілхан ашуланып подносқа кесесін төңкере салды.
— Әне, әне, – деді Салиқа айтқаным келді ме дегендей күйеуін саусағымен көрсетіп, – Тағы да бастады... Қит етсе, айтатыны осы.
Сейілхан басын шайқап, күрсініп шегініп отырды.
«Шырағым – ай, сен де өзім секілді екенсің – ау, – деді Асқар ішінен. – Жолыңның ауыр болып жүргені осы екен ғой».
— Қызметте тұрған не бар дейсің, – деді ол әлден соң басын көтеріп. – Бас аман болса болды да. Тек жаңағы бір арыз деген бәлең қайдан шыққан нәрсе?..
— Кеңседе отыр едім... – деді Сейілхан қайын атасы мен әйеліне кезек–кезек таңырқай қарап, – біреу жетіп кеп, «райкомға шақырып жатыр» деді. Барсам, сағат он бірде бюро басталғалы жатыр екен. Хош. Бюро басталды. Маған кірсін деді, кірдім. Содан ал кеп, шүйліксін маған бәрі де. Жаппаған бәлесі жоқ. Жетпісбаев Сейілхан ұрлап қой сойған, ат өлтірген, карта ойнап, боза ішкен, Аймурзин екеуі бірігіп костюм тіктірген (Аймурзин – анада ұсталып кеткен Аймурзин ғой), не керек, айтпағандары қалмады. Партиядан шығару керек деді. Мен де аянғам жоқ, тағылған айыптың бәрін де мойындамадым. Бірақ менің сөзімді тыңдап жатқан ешкім жоқ. Құрыдым деп отырмын. Осы кезде округтен келген әкім орнынан тұрып: «Факт дәлелденген жоқ, комиссия құрылсын», – дегені ғой. Әлгі жерде комиссия құрылсын деп қаулы алынды. Сөйтіп, абырой беріп, әлгіден аман кеткенім. Артынан тексеру кезінде білдім, арыз жазған өзімнің Орағым екен.
— Комиссия бітті ме?
— Бітуін бітті – ау, бірақ тағы да мазалап жүргені. Райкомдағы Нұрбек деген кісі соңымнан қалмай қойды.
Асқар қызыл матамен тысталған құс жастықты құшақтап, құмалақ салған адамдай тұқжиып ұзақ отырды.
— Бұл өмірдің жақсы – жаманын көп көрсем де, мағынасын әлі ұққам жоқ, – деді өзімен–өзі сөйлескендей төмен қараған күйі. – Бар білгенім – туралықтың қашан да жолы ауыр. «Турасын айтқан туғанына жақпайды» деген ғой бұрынғылар. Өміріңде бір–ақ рет шындық айтып, өмір бойы жинағаныңнан айрылуың мүмкін. Оның бәрін басқа түскенде бір–ақ білдік. Бірақ мен асарымды асап, жасарымды жасаған адамымын. Маған өз басымнан сендердің амандығын қымбат... Есімбекке енші беріп бөлек шығардым. Нансаң, қазір онымен де, Бәйтенмен де араласпаймын. Өзімді ағаш атқа мінгізіп жатқан кезде кесірімді тие ме деп қорқамын. Соны білген жұрт та қазір бізге жоламайды. Жұқпалы дертке ұшыраған жандаймыз. Осының бәрін таразылап, бір ойға келіп отырмын.
«Ол не ой екен» деп қызыққандай Сейілхан ілгері жылжып отырды.
— Сен де бір атадан жалғыз ең, – деді Асқар даусы қарлығып. – Ауызға ілігіп, жақсы атанып жүргеніңді көңіліме медет қылып, ағайынның емес, қалың жұрттың азаматы болар деп қуанушы едім. Жаңа өзің айтып отырсын, ана бір кісімен костюмі бір деп айып тақты деп, ертең сені Асқардың күйеу баласы деп күйдіру, олар үшін дайын тұрған дәлел. Ақылың бар баласың, сөзімді мұқият тыңда. – Асқар сен де тыңда дегендей қызына бір қарады да, жүзін Сейілханға бұрды. – Сені қызымнан айырғалы отырмын...
Салиқа селк ете түсті. Сейілхан да шошынып, басын көтеріп алды. Өз құлақтарына өздері сенбей, әлгі сөзді сен де естідің бе дегендей, екеуі бір–біріне аңырая қарады.
— Сендерді бір жола айырғалы отырғам жоқ, шырақтарым. Ағайынның арасы ушығып тұрған кезде, уақытша көз қылып, сот жүзінде ажырасыңдар дегенім. Және бұл шаруаны екі–үш күннің ішінде жасайсыңдар. Содан кейін әліптің артын бағып, тұра тұрыңдар, дәл бұлай боп кете бермес... Қызым, сен мұны дұрыс түсін. Сейілхан бір сенікі емес, елдің азаматы. Ал азаматты қорғау керек. Менің әкелік арызым да, батам да осы... Енді қартайған шағымда біреудің көз жасын арқалап, көрге кіру маған ауыр...
Салиқа өксіп жылап жіберді.
— Басыңа күн түскен екен ғой, жан көке,– деді көз жасына тұншыға.
Сейілханның да көзі жасаурап, жыпылықтай берді.
— Сен түскен отқа мен неге түспеймін, ағажан? – деді даусы жарықшақтанып. — Менің қай жаным артық...
— Қой, шырағым! – деді Асқар босаған көңілдерді бекіткісі келгендей, даусын қатайтып. — Мені қай қанжығада байлап жүресің? Суға батып есінен айрылған адамдарша бір–бірімізді ұстай кеткеннен не түспек? Ондай балалық өзгеге болса да, саған жараспайды... Егер мен дейтін болсаңдар, осы тілегімді орындаңдар. Бұл менің ең соңғы тілегім. — Асқар осыны айтып орнынан тұрды. — Мен таңертең ерте жүріп кетейін.
* * *
Құлан иектеніп таң атты. Қала халқы қалың ұйқыда. Маужыраған тыныштықты ат тұяғының дыбысымен бұзған жалғыз жолаушы қара көлеңке көше бойымен жоғары өрлеп, қақпасы батысқа қараған қорған секілді биік кірпіш үйдің қасына келіп тоқтады. Жалғыз жолаушымыз Асқар еді. Келген сайын көзіне оттай басылатын осы үйге бір тоқтамай кетпейтін. Баяғы көтерілістің тұсында Ұлы Сардардың штабы болған үй ғой. Жаулармен осы үйдің ішінде жалғыз өзі атысып, көп уақыт берілмей, жараланып қолға түсті. Ол кезде Асқар Колчак үкіметіне қарсы соғысқан көтерілісшілердің басын біріктіріп, Сардардың әскеріне қосу үшін Әулиекөлге кеткен. Дуанда төңкеріс болып батырды тұтқынға алыпты деген хабарды ол сол жақта жүріп естіді. Сол күні Ақтөбе майданындағы совет әскерлеріне қосылуға бет алған көтерілісшілердің үлкен тобына қосылып, түнделетіп дуанға тартты. Көктемнің аяғы болатын. Жер лайсаң. Қару–жарақ, жаралы партизандар тиелген арбалар қайта–қайта батпаққа батып, жол жүрісті қиынға түсірді. Жол бойғы әңгіме – ақ әскерлерінің адам жанын түршіктіретін айуандық әрекеттері болды. Қалаға он шақырым қалғанда көтерілісшілер тоқтап, шабуыл жайын кеңесті. Қалаға бірінші боп Асқардың адамдары кіретін болды. Олардың негізгі міндеті батырды құтқару. Бір отряд қаланың батыс жағынан қашқан жаудың жолын бөгейтін болды. Негізгі тол Асқарлардың артынан іле–шала қалаға еңбек. Бірақ осы жоспардың көбі іске аспай қалды.
Көтерілісшілердің қалың қолы тақап қалғанын сезген бетте жау қаланы тастай қашқан. Қашып үлгермеген соңғы тобын көтерілісшілер жойып жіберді. Асқар ешқайда бұрылмай бірден штабқа жеткен. Есік алдында тұрған Уәли деген солдаттан басқа ешкім жоқ. Есік, терезелердің бәрі ашық жатыр.
— Сардар қайда? – деп ақырды Асқар.
— Білмеймін,– деп қалтырады зәресі ұшқан солдат иегі иегіне тимей. — Алып кеткеніне біраз болды. Қайда әкеткендерін білмеймін.
— Сен не бітіріп тұрсың?
— Маған осы есікті күзет деп бұйырған соң...
Қаны басына теуіп, көзі қарауытқан Асқар жынданған адамдай, ешкімге араша берместен Уәлиді қамшының астына алып, тамағы қарлыққанша айқайлады.
— Хайуан! Доңыз! Батырды қамап, есігін күзетіп, жаның шықпай, қалай тұрсың? Қалай ғана дәтің жетті.– Атылып өлсең болмай ма, мұны істегенше?!. Қарғыс атқыр...
Жұрт жабылып Асқарды ұстады.
— Қой, Асқар есіңді жи. Бұл байғұстың қолында не тұр дейсің? – деді олар балаша еңкілдеп жылап жатқан Уәлиді жерден тұрғызып жатып. — Онан да тез батырды іздейік...
Қала алынды. Бірақ батырдың не өзі, не сүйегі табылмады.
— Қолын артына қайырған бір адамды солдаттардың қала сыртына әкетіп бара жатқанын көрдім. Әлгі адам маған батырдың өзі секілді көрінді,– деген хабар жеткізді бір әйел.
Ақыры қаланың – шығыс жағындағы жас топырақты жалғыз моланы ашуға тура келді. Өлік тайыз жерден шықты, бірақ кім екенін айыру мүмкін болмады, жаулар басын кесіп алып кетіпті. Өстіп дағдарып тұрғанда хабарды естіп, жүгіріп жеткен батырдың әйелі өкіре жылап, басы жоқ өлікті құшақтай құлады.
— Арыстаным–ай, жалғызым–ай,– деп өліктен айрылмай қойды.
Әйел есін жиған кезде еңіреп отырып, өліктің үстіндегі жолақ матадан тігілген жейдені көрсетті.
— Мынау жейде соныкі. Мамықтың астарынан тігіп беріп едім. — Көріңде өкіргілер–ай...
Әлгі жерде өлік қайта жерленді. Жаназасына бүкіл ел жиналды. Қазаға жыламаған адам қалмады. Қайран батыр, осылайша мерт болды.
Асқар басқа күн болса, асықпай күндіз келіп, мынау үйдің ішіне еніп, Ұлы Сардардың қару–жарағын қолымен ұстап, өзін көргендей болып, көңілін бір демдер еді, қазір оған жағдай жоқ. Содан кейін үйдің сұрқына тағы бір көз тастап, терең күрсінді де, тізгінін жинап ұстап, қаланың шығысындағы батырдың моласына тіке тартты.
Моланың төңірегі бұл күнде қорымға айналған. Асқар атын жетектеп, бейіттің қасына жаяу келді де, тізерлеп отырып құран оқыды. Қолын жайып бетін сипағаннан кейін:
— Жаның жаннатта боп жатырсың ба, батырым,– деді дауыстап. — Сені өлтірген. сатқындық көп қарғыстан қайтып адам болмас деп ойлаушы ем, ит жанды екен, әлі келеді сүйретіліп, содан қорқам. Сен кеткелі басыма қонған жалғыздық бірге туған бауырымдай қайда барсам, қасымнан бір қалмай қойды... Анда–санда келгенде өзіңнен қуат алу үшін, басыңа келіп, дұға қылам. Көңілімді қайғы билеп, қысылғанда медет бер. Қиындыққа төзе алмай, қайысқанда дәрмен бол... Назарыңнан тыс қалдырма, аруағым. Желеп, жебей гөр!..
Асқар тізесінің шаңын қағып, атқа отырғанда, төңірек таң нұрымен жарқырап, алыстағы өзен аңғары, қыраттар, жайылып жүрген малдарға дейін көзге айқын көріне бастаған еді.
— Шу,– деді Асқар атын тебініп қалып. — Шу, жануарым. Енді тезірек елге жетейік...
IV
Күзгі қарбалас шаруашылықпен бірге саяси күрес күн сайын шиеленісіп, ақшоқылықтардың айтуына қарағанда, бұрын болып көрмеген дәрежеге жетті. Совет үкіметіне қарсы үгіт жүргізіп, жеке салық төлеуден қашып, малдарын жасырып, шаруаларды артельден шығуға азғырғандары үшін, колхоз жұмысына қастандық жасап, жалған өсек таратқандары үшін, жеке адамдарға жасаған зәбірлігі үшін, Қарасу, Суықбұлақ, Жарбидайықтан он тоғыз бай және байдың құйыршықтары статьямен жер аударылды. Ауылдық кеңестің шешімімен қайтадан комиссия құрылып, тексеру жүріп, ұралардың бәрі ашылды. Астық қоймаға толып кетті. Байлар кетісімен колхоз жұмысы да қыза бастады; орта шаруалар топырлап артельге енді. Бұрын жерден бір тал шөп көтермеген және сонысын екі інімнің арқасы деп үлкен жетістік көретін мақтаншақ Тымақбайға дейін науқан кезінде жұмысқа шығып, өзінің айтуынша, «масқара» болыпты. Салық жоспары жүз процентке орындалды. Ескі әдет–ғұрыпқа қарсы күрес жолға қойылды. Күйеуге кеткен қызы арыз беріп, Мұқаш жауапқа тартылып, оны да ел болып, кепілдікке әрең алып қалды. «Қыздары әкесін қаралаған томайларға көп күлуші ем, ақыры басыма келді»,– дейтін көрінеді өзі.
Ауыл өміріндегі осындай қауырт өзгеріс, батыл қимыл жоғары жаққа да ұнамай қалған жоқ. Аудандық газетке Назардың суреті басылып, ол туралы «Кулактармен күрес» деген үлкен мақала шықты. «Жергілікті Совет үкіметін нығайту үшін күресте айрықша көзге түскен Есенбаев Назардың басшылық әрекетін өзгелерге үлгі етеміз»,– деп жазды газетте.
Қойбағарлар жиналып той жасады. «Бұл да бір басқа қонған бақ қой»,– десті ауылдың шалдары. Назарды жамандаушылардың үні өшті. Өйткені газеттегі мақаладан кейін, олардың сөзіне бәрібір ешкім сенбес еді. Назардың жиналыста сөйлеген сөздері жұртқа өткір де, терең, ақылды болып көрінді. «Қалай болғанда да, оның істегенін біз істей алмаймыз» деген ойға жұрттың бәрі қорыды. Тіпті Назардың жаулары да оңашада: «Осы біз ақымақ боп, шындықты мойындай алмай жүрген жоқпыз ба»,– деп өздеріне сұрақ қоятын. Өйткені дұрыс–бұрысын білмеген жағдайда адамдар істі көпшілік заңымен ғана шешеді ғой.
Қалың орман ішіндегі жолаушыларға жолбасшы адам (жер жағдайын білсе де, білмесе де), жол басшылықтан түсіп қалғанға дейін, өзгелерден айрықша ақылды, білімді болып көрінеді. Өйткені жолаушылар оның ақылды да білгір болғанын (орманнан аман–есен шығу үшін) жан–тәнімен тілейді, өздерін соған сендіреді. Әлгі адамның әр сөзі оларға үлкен тапқырлық болып көрінеді.
Немесе, әркімге өз баласы ақылды да, мейірімді болып көрінеді, себебі әр ата–ана баласының сондай болғанын тілеп, өзін соған сендіреді. Немесе, әркімнің сүйген жары өзіне сұлу да, сүйкімді болып көрінеді, себебі сен ол әйелді емес, өз көкірегінде жасалған әйелді көріп тұрсың, оған деген махаббатың жоғалған күні сенің көз алдыңда ажарсыз, қылықсыз нашар әйел пайда болады. Бәлкім, құдайды да жұрт мынау жұрттың тілегінен жасалған әлгі бір рухани бейне де зорайып, өз бетінше жеке өмір сүретін халге келеді. Осыдан кейін, көз байлаушы жалған атақ басталады...
Бұл кезде жолбасшының әрекетіне баға беру жолаушыларға қиынға түседі. Өйткені оның әр жасаған қателігі жұртқа бірыңғай дұрыс болып көрінеді. Көпшілік мойындағаннан кейін, көпшілік заңы бойынша, әлгі қателіктің бәрі жасаған адамның өзіне де дұрыс болып көрінуі мүмкін. Бұдан кейін әлгі адамның неғұрлым қателігі үлкен болған сайын, соғұрлым атағы да үлкен бола түседі. Бұл тарихтың парадоксі.
Алайда жек көру мен жақсы көру деп аталатын ұланғайыр арақашықтықты еркін жайлаған, біреу үшін өте іскер ақылды, біреу үшін өзімшіл, қатыгез, қыры мен сыры көп Назарға бір сөзбен баға беру қиянат болар еді.
Қазір артта қалған уақыттың тұлғасы белгілі бір қалыпқа түсіп, ақ қарасы айқындалып, жақсы, жаманы жіктелген заманда «біз бәрін білеміз» деп есептейтін – біздер, адамдардың іс–әрекетіне сол тұстағы жағдайдың жасаған ықпалын көзге ілмей, тек қарақат басының пиғылынан деп қана ұғатын – мына біздер, өзіміздің өткенге деген үзілді–кесілді бағамызбен жиі қателесеміз. Өйткені мына дүниені ақ пен қара деп, екі–ақ түрлі бояуға бөліп, пышақ кесті шекарасын жасағанмен, осы екі бояудың екеуіне де жатқызуға болмайтын сан түрлі бояудың арасында бір әлгі өзіміз белгілеген шекараның дәл қай жерде екенін қолмен түртіп, көрсетіп бере алмас едік. Бәлкім, ондай сызылған шекара әлгі екі бояудың өңдері жоғалып, әрсізденіп келіп, бір–біріне оп–оңай айналып кете беретін дүбара тұсы шығар.
* * *
Саяси ағарту, мәдени жорық шараларымен ауылдарға шыққан округтік студенттердің бір бөлігі осыдан үш күн бұрын Ақшоқыға келген болатын. Қарасу, Суықбұлақ, Жарбидайықтағы елдерді аралап, лекция оқып, концерт қойып Ақсуатқа бүгін таңертең оралған еді. Іштерінде медицина училищесінде оқитын Мәрия деген қыз ауылдың балаларын егеді екен деген хабар шығысымен бүкіл балалар қопа, қамысқа қашып тығылып, түс кезінде ауылдың активтері бала іздеуге шықты. Мәрия табылғандарды клубқа жинап шешек ауруына қарсы иықтарынан, егіп, бой бастарын тексерді. Басында жарасы бар балалар тізімге алынып, ауданға жіберілетін болды. Дәрігерлік жұмыс аяқталысымен командировкаға келген жастар клуб ішінде жиналыс өткізді. Қалың қабақты, қызғылт жүзді Жақып Бейсембаев халықаралық жағдай туралы, ал Мусин Күзембай деген шой қара жігіт ауыл шаруашылығын жаппай коллективтендіру жайында лекция оқыды. Мәрия медициналық гигиена, балалардың тазалығы, аурудан сақтану шаралары жайында айта келіп, науқасты бақсы–балгерлерге көрсетудің зиянды жақтарын дәлелдеді.
— Біз Қарасу деген жерде көзімен көрген адамдардан мынандай бір әңгіме естідік,– деді Мәрия әлсін–әлсін іштегі ойын айтуға сөз таба алмай қиналып. — Ұйқысынан оянып тұрып кете берген баланы моланың басына түнетіп емдеген. Бала қорыққаннан кекеш болып қалған. Айшалық ауруы – адамның ұйқысырап ауруы, оны медицина тілінде сомнанбулизм дейді. Ондай адамды қорқытуға, шошындыруға болмайды. Сол сияқты бала таппаған әйелдерді де әулиелердің басына түнету – барып тұрған надандық. Одан ешқашанда бала болмайды...
— Неге болмайды? – деді алда отырған шалдардың бірі.
Мәрия ұялып үндемей қалды.
— Ау, қойсаңдаршы, баланы ұялтпай.
— Баланы ұялтып қайтейін, әулиелердің басына түнеудің тегін емес екенін айтып отырғаным да,– деді алғашқы шал. — Атамыз Қобыландыны да әке–шешесі әулиелерді жағалап жүріп тапқан жоқ па?
— Мына шал, тіпті Қобыландыны қолымен тудырып алғандай соғады ғой,– деді Сағидолла әңгірлеп. Сағидоллаға алғашқы көргенде–ақ Мәрия қатты ұнап қалып еді, қалай да көзіне түскісі келіп, сөз іздеп отырды.
— Қобыландыны қайтесің, баяғы Тұраштың келіні бала таппай, Жомарт бақсыға қаратып, сол мына өзіміздің қорымдағы Тілеп әулиенің тамына түнегеннен кейін, балалы болды ғой,– деді Сонарбай қисық саусағын шошайтып.
— Сол баланың әулиеден екеніне күмәнім бар, түрі Жомарт бақсының өзінен айнымай қап еді, пәтшағар,– деп сайқымазақ Әбдіғаппар бүкіл елді қыран–топан күлдірді.
«Мәрияның көзіне бір түсетін кез – осы кез» деп ойлаған Сағидолла орнынан тұрды.
— Жаңағы Тілептің мазарын сіздер білмейтін шығарсыздар,– деді ол студенттерге қарап. — Тілеп деген бақсы болған екен ертеректе. Қобыз тартып, сарнап, өзеннің арғы бетіндегі ауылды бергі бетіне қондырады екен деп аңыз қылады. Ауырған, сырқағандар басына түнейді. Баяғыда менің нағашымның әйелі сонда түнеп, моладағы оттан шошып, жынданып кеткен. Содан бері сол мазарды жек көремін. Ал киесі бар дегенге мен тіпті де сенбеймін...
— Сенің сенген сенбегенің кімге керек? – деді әлдекім топ ішінен.
— Байқа, киесі өзіңді соғып кетіп жүрмесін...
— Соның киесінен сен–ақ аман қал,– деді Сағидолла қолын сілтеп. — Ал мен одан қорықпаймын, қажет болса, қазір–ақ тас–талқанын шығарып қиратып берейін.
— Әйда, қиратамыз,– деді қызулау жастардың бірі.
— Жолдастар, сабыр етіңдер, қиратуға асықпайық,– деп сөзге шой қара Күзембай араласты. — Біз соңғы кезде тым көп қиратып кеттік. Өздерің ойлаңдаршы... Біз алды күні Суықбұлақта болдық. Сонда әп–әдемі кеңсе болып отырған үйді байдың салдырған үйі деп қиратып тастапты. Ал сонда елге, үкіметке не пайда түсті? Түк те пайда түскен жоқ. Қайта дайын тұрған үйден айрылып қалдық...
— Көрінген жерден пайда іздеу, меніңше, дұрыс емес,– деп оған Жақып дау айтты. — Мен, әрине, мазарды қалай да қирату керек деген пікір ұсынғалы отырған жоқпын. Бірақ Күзембайдың пікіріне жауап айтқым келіп отыр. Мәселен, Отанын сатқан адамдарды, қылмыс жасаған қанішерлерді ату жазасына бұйырамыз. Сосын үкімді іске асырамыз. Неге? Себебі бұл идеологиялық акт. Әрине, ол адамды атып тастағанша, пайдаланып тегін жұмыс істетуге болар еді, бірақ одан түсер пайда біздің рухани шығынымыздың жүзден бірін орындай алмайды. Атылмайтынын білгеннен кейін, қылмыстылар, сатқындар жаңа жігер, жаңа сеніммен әрекет ететін болады. Түсінемісіңдер? Идеологиялық күресте принцип сақтау – негізгі мәселе. Оның құны ақшаға шаққанда әлгі байдың үйінің құнынан әлдеқайда асып түседі...
Тыңдап отырған жұрт жымың–жымың етеді.
— Өкілдеріміздің өздері айтысып кетті ғой,– дейді біреу сыбырлап.
— Бір қызығы екеуінің де сөзі дұрыс секілді.
— Қойшы, мазар қирату деген масқара емес пе?
— Атыңа нәлет байлар баяғыда талай азаматтың басын құртқан, Тілептің мазары содан қымбат па, қажет деп тапса, өзім–ақ қиратар ем...
У–шу болған жұртты Назар тоқтатты.
— Сабыр етіңдер, жолдастар. Округтан келген көзі ашық жастар, өте бір үлкен мәселе қойып отыр. Өздерің білесіңдер, ауылдық жерді советтендіру жұмысында кедергі болып отырған көп нәрсе бар. Соның бірі – кертартпа наным–сенім. Жақып інім дұрыс айтты, егер халықтың санасына бостандық беретін болса, біз мазар түгілі басқасын да қиратуға дайынбыз. Өйткені бұл тәрбиелік мәні бар іс. Жаңа Сағидолла өзінің көңіліндегі ыза кегін ортаға салып отыр. Егер ол шын белсеніп қиратамын десе, қарсы болмас едім. Өйткені ол тамның ешқандай киесі жоқ екеніне көп адамның көзі жетер еді. Ал пайда керек болса, — Назар бұрылып Күзембайға қарады,– артель күйдірген қыш кірпішке әбден–ақ зәру болып отыр. Осындағы Тілептің тамы мен Асқардың күмбезін бұзып берсеңдер, қыс қамына тигізген пайдаларың болар.
Жастар тағы да гуілдеп кетті.
— Мен айтқанымды қазір істеуге дайынмын,– деді Сағидолла жұлқынып. Сырт көзге әпербақандау көрінгенмен, жастайынан жасқанып жетім өскен Сағидолланың көкірегінде өз қорқынышын жеңіп, бір ерлік іс істесем деген жастық арманның ұшқыны болатын әлі де. Сол ұшқынды дөңгелек жүзді Мәрия маздата түскен секілді.
— Кәне, кім ереді маған? – деді Сағидолла қойқалақтап. Көзінің қиығымен Мәрияға қарап қойды. — Тас–талқан етіп бұзайын да, кірпішінен артельге қора салып бере қояйын.
Желіккен жастар:
— Кәне, кеттік,– деп айқайлады.
Көпшілік дауыспен: «Ескі нанымның ошағы болған Тілептің тамы қиратылсын»,– деген қаулы алып, жиналыс жабылды да, жұрт тарай бастады.
Сағидолла бастаған топ, гуілдеп қорымға қарай жылжыды.
Тілептің мазары күйдірген қызыл кірпіштен салынған, жауын–шашынға мүжілмей жақсы сақталған осы төңіректегі көне ескерткіштердің бірі еді. Жарты жұмыртқадай күмбезінің үстіне ай бейнелі айна қадалған. Үлкен кісілердің айтуына қарағанда, бұрын жоғарғы жағында көк сырмен боялған белдеуі болыпты. Қазір ол сыр жоқ. Бояуы әр түрлі кірпіштен қаланған екі қабырғасы алыстан тұсқа ілінген алаша құсап көрінеді. Бұрыш–бұрыштарының қиюласар тұсындағы өрнектер мазардың шебер қолдан шыққанын білдіріп тұр. Іргесіндегі қурап, семе бастаған қара ағаштың түбінде мосыға ілінген қара шәугім салбырайды. Кісі бойынан аласа кішкене есігі сәуле кіретін жалғыз тесік болғандықтан, мазардың іші қара көлеңке, әрі қоңыр салқын. Ортадағы төмпешік мола мен төңірегінде шашылған күміс теңгелерден басқа көзге түсер ештеңе жоқ.
Мазардың ішіндегі өлі тыныштық төңірекке әлдебір құпия тылсым, көңілге беймәлім түсініксіз ой әкелетін секілді.
Тасқын судай дүрілдеп келген топ әлгі өлі тыныштықпен кездескен кезде, сәл–пәл басылғандай болды. Тек Сағидолла ғана өзін–өзі айбаттандырғысы келгендей дабырлай сөйлеп, төбеге шыға бастады.
— Сүйменді әперіңдер? – деп айқайлады бір кезде.
Жерден әперген сүйменді алып, сол қолымен баспалдақтан ұстап, аяғын абайлап басып, төбенің ернеуіне жетті де, еңкейіп, өзінің әр қимылынан көз жазбай тұрған жердегі топқа қарады. Содан кейін кімді боқтағаны белгісіз.
— Өй, әкеңнің...– деп жұлқынып төбеге қарғып шықты.
— Мына жынды құлап өлер ме екен? – деді әлдекім күңк етіп.
— Өй, ерің–ау,– деп сүйсінді басқа біреу.
Сағидолла құлаштай сілтеп, сүйменнің өткір ұшын күмбездің іргесіне қадағанда, мазар дір еткендей болды. Іштен күңгірлеп дыбыс шықты. Әлдекімдер сескеніп, кейін шегінді.
— Ау, сен неге шықпайсың? – деді Смайыл Қаратайға қарап. — Комсомол емессің бе?
— Мен Сағидолла құсап жұртқа уәде бергем жоқ,– деді Қаратай үрейлі жүзбен жымиған болып. — Керек болса, өзің шық.
Мазар тағы да күңгір ете қалғандай болды. Жұрттан қобалжыған түр байқалды.
Сағидолла сүйменін өлермендене сермеп, күмбездің етегінен бірнеше кесегін шығарды да, еңкейіп қарап:
— Мына неме бірнеше қабат па? Астында да кірпіш бар ғой,– деді таңырқай дауыстап.
— Әй, осы сен түссең қайтеді? – деген дауыс естілді төменнен.
Сағидолла ыржия күліп, жеңімен терін сүртті де, белін жазып, шалқая беріп, темір ия ағаш екені белгісіз, жарты құлаштай сырықтың басына орнатқан айды көрді. Айнасы күн көзіне шағылысып, жарқ–жұрқ етеді. Сағидолла қатер сезген аңдай құтырынып, күмбездің тайғанақ төбесіне жүгіріп шықты да, қолындағы сүйменмен сырықты орта тұсынан бар пәрменімен сілтеп өтті. Қадаулы тұрған айна, ойлағандай аса берік емес екен, жаңқа құрлы болмай, опырылып түсті де, қатты қимылдаған Сағидолла сүйменнің екпінімен дедектеп жайпақ төбеге тіреліп, одан әлденеге сүрініп, өзін–өзі тоқтата алмай, жан түршіктіре бақырып, мазардың төбесінен құлады.
— Өлді–ау,– деген дауыс шықты.
Жұрт жапырлай жүгіріп, беті құмға кіріп талып жатқан Сағидолланың қасына келді. Әбдіғаппар Сағидолланы аударып шалқасынан салды.
— Өлмеген шығар, құмға құлады ғой, өлмеген шығар,– деді Жақып еңкейе түсіп.
— Қоршамаңдар, былай тұрыңдар,– деп айқай салған Мәрия келе, серейіп жатқан Сағидолланың тамырын ұстап, көзін ашып көрді, жүрегіне құлағын тосып тыңдады. Содан кейін жанталасып қалтасынан аппақ қол орамал алды да, жалаң қабаттап Сағидолланың ашылып жатқан аузына жауып, оның үстінен өзі аузымен басып үрлей бастады.
— Жүрегі соқпай қалды ғой, дем салып жатыр,– деп түсіндірді Жақып.
Сағидолла есін жиғанда аузынан басып жатқан адамның кім екенін және неге басып жатқанына түсінбей, қарсылық білдіре басын шайқап, кенет әлгі адамның Мәрия екенін көрген кезде, қуанғаннан жан–жағына қарап ыржалақтап күле берді.
Жұрт шу ете қалды.
— Өй, мынау өтірік істеп жатыр...
— Осыны жын ұрып кетпесін.
— Құмға құлады ғой...
— Әй, дұрыс болды–ау,– деді Күзембай қуанып.
— Немене мазардан құлағаны ма?
— Жоға, аман қалғанын айтам.
— Түу, анадан құлап аман қалу деген...– деп әлдекім шошынып мазардың төбесіне қарады.
— Құдай сақтады ғой.
— Ай, осы құдай жоқ дейсіңдер, жоқ болса, мынадан қалай аман қалды? – деп Қотыр бұлтартпайтын дәлел тапқандай дау іздеп, маңайына бажырая қарады.
Мынандай оқиғадан кейін құдаймен таласып жатуға ешкімнің уақыты жоқ еді. Қотырдың сөзі далада қалды.
— Сізге қозғалуға болмайды, – деді Мәрия Сағидолланы тұрғызбай. – Бір жеріңіз мертіккен болуы мүмкін. Қазір арба алдыртамыз. Қозғалмаңыз...
Қыздың әсерінен бойы балқып, денесінің ауырғанын ұмытып кеткен Сағидолланың есіне өзінің жасай алмаған ерлігі түсті.
Соның орнын толтырғысы келгендей:
— Жоқ, маған ешқандай арбаның керегі жоқ, – деп қолымен жер тіреп, тәлтіректеп орнынан түрегелді. Көзі қарауытып қайта құлай берген Сағидолланы жұрт ұстап қалды.
Ақыры у–шу боп келген топ, Сағидолланы жолдан тауып алғандай у–шу боп қуанып, ауылға қайтты.
Төбесіндегі айы қирап, күмбезінің шеті опырылған қызыл мазар да баяғы өлі тыныштығына қайта оралды.
V
Асқар көк биені Қамсақтының қырынан тапты. Жамандатқыр, жердің түбіне кетіпті. Иесінің басындағы жалғыздықты білдіргісі келгендей, бұл да басқа жылқыға қосылмастан, жалғыз жайылатын болды.
Асқар демін басып, біраз тұрды да, биені жүгендеп, жетектеп әкеліп, жардың жағасына келді. Содан кейін биікке шығып, «ап» деп биенің үстіне қарғып мінді. Еңкейіп қосақтаулы құлынды ағытып жіберді.
— Шу, – деді тебініп.
Маңдайы жарқыраған кербез кісінің бала құсап аяғын салбыратып, жайдақ биенің үстінде келе жатқаны сырт көзге бір түрлі ерсі еді. Бірақ Асқар ештеңені елер емес, ауылдың алдымен Ақсуатта жалғыз қалған үйіне тұра тартып барады. Алдан жалын қырыққан құнан мінген Меймандос кездесті. Былтыр әркімдер соңына түсе берген соң, Жарбидайыққа көшіп кеткен еді, көптен көрмеген Асқарды көріп, анандайдан дабырлай сәлемдесті.
— Ассалаумағалейкум, Асеке, амансыңдар ма? Бикеннің дені сау ма?
— Әликісалам, – деп аузын жыбыр еткізген Асқар бұрылып та қарамастан, жолдың екінші қабатымен тоқтамай өтіп жүре берді.
— Оу, Асеке, саған не болған? – деді Меймандос абдырап. – Ау, Асеке. Танымадың ба, мен Меймандоспын ғой...
Асқар саңырау адамдай мелшиіп, басы қайқайып ұзай берді. Аң–таң болған Меймандос құнанның басын кейін бұрды да, тепеңдеп Асқарды қуып жетті.
— Асеке – ау, мынауың не? Ойының ба, шының ба?
— Алапесім бар, аулақ жүр, – деді Асқар айдалаға қарап тұрып. Меймандос шын қорқып іркіліп қалды да, артынан қайта тебініп, қатарласып келіп:
— Апырай, не жаздық? – деді өкпелеп, – Амандықтан қалатындай не болды?
Ауыл қырқаның астында қалып көрінбей кеткен кезде Асқар биенің шоқтығына қолын тіреп, жөнделіп отырды да:
— Сен байқамадың – ау, Меймандос, – деді бұрылмаған күйі қоңыр даусын әндеткен адамдай соза сөйлеп. – Жаңа ауылдан біз жаққа бірнеше адам қарап тұрды. Менің жайым қазір жақсы емес. Назардың тізіміне іліккен адамның оңбайтынын өзің де білетін шығарсың. Бәле іздеушілер тілге тиек қылы ма деп жаныма сен түгіл өзімнің жақын туыстарымды да жолатпаймын. Солай, шырағым, бала–шағаңа кесірім тимесін десең, менен аулақ жүр. Жалаңдаған белсенділердің біреуі көріп қалса, сенің де түбің бостау, текке кетерсің.
Меймандос қорқақ кісі еді, көзі адырайып не дерін білмей тұрып қалды.
— Ал, қош, – деді Асқар сол бұрылмаған күйі.
Ет пен сүйектен жаралған адам баласы құсап меңдеген уайымға берілмей қалай тұра алсын. Басын қанша кекірейткенмен, Асқардың жанары сөніп, жағы суалып, көңілден қуаты азайған. Түн баласы ұйқы көрмейді. Ажал аузында тұрғандай, бүкіл өткен ғұмырына, істеген ісі, айтқан сөздеріне ой жібереді. Кісіге жасаған қиянат – зәбірім жоқ деп ұйғарды ішінен. Ендеше, жан азабын тартуға тиісті емес. Ал дәм–тұзының қашан таусылары бір құдайдың еркінде.
— Кешіктің ғой, қай жаққа кетіп қапты? – деген Бикеннің даусын естіп, басын көтерді.
— Енді сенің биеңді әкеп беруге де жарайтын емеспін, – деді биеден түсір жатып. – Өзен жағасындағы отты көрмей, қайдағы бір қиянға тартады.
Құлынды желіге байлап болғаннан кейін, айдалада жетімсіреп жалғыз тұрған үйіне кіре алмай, сыртта ұзақ жүрді.
Ауыл қыстаудың екінші бетіндегі түбекке қонған. Бұл жерден көрінбейді. Төңіректе ел жоқ секілді. Еңсесін басқан жалғыздық көңілін құлазытып, жанын сыздауықтай қинайды. Апырым–ай, жалғыздық. Сенің құдіретіңе басымды идім. Сенімен күресуге менде дәрмен жоқ. Сен мені жеңдің, жалғыздық. Жаулассам да, елмен бірге болғаным әлдеқайда артық екен.
Жаулығының ұшын сәлде орағандай, маңдайына түйіп алған Бикен әлсін–әлсін сыртқа шығып, тырбыңдап бірдеңе істеген болады. Бір жаққа аттанатын адамша көр–жерін жинастырып, өредегі кеуіп қалған құртын қапқа салып, ескі–құсқы салынған қапшықтарын босатып, әбігерге түсуде.
Жалғыз үй қалғалы ерлі–зайыпты екеуінің әңгімелері де келіспей қойды. Асқар өткен өмірден (жайшылықта бүкіл жұрт қызығып тыңдайтын) бір тарихты сөз қылса, Бикен тыңдаған болып үн–түнсіз отыра қалады. Бірақ екеуінің де көңілдері екі жақта. Бір–бірінің қайғыларын бөліскен сайын, бір қайғы екеу болып, көбейе түсетін секілді.
Қазан қырып жатқан Бикеннің өксіп жылаған даусын естіп, Асқар үйге қарай аяңдады. Әлгі дауыс жүрегіне шаншудай қадалды. Әйел неме боркеміктей мүжіліп, азып кетті. Түнімен қалтырап күрсініп шығады. Аузын ашса, көкірегі қарс айрылып, көзінің жасын тыя алмайды.
Асқар кебісін сыртқа шешіп үйге кірді. Қанға сіңген сырбаз қимылмен шешініп, төсегіне қисайды.
— Ия, алла, тыныштығыңды бере гөр, – деп қолына үкі таққан домбырасын алып, ақырын шерте бастады. Домбыра шертсе болды, көңіліне бір шумақ ескі өлең оралады:
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.
Күніне неше пәле көрсең дағы,
Сонда да күдер үзбе бір алладан
Асқар өз тірлігі мен төңіректік тірлігін салғастырып отырып, терең ойға батты. Ойға батқан сайын сұраққа жауап қайшы келіп, өз көңілінде өзі аласұрып шарқ ұрып, тығырыққа тірелгендей болады. Оның себебін бағы таппайды. Мынау заман сықай тиеліп, у–шу болып бара жатқан үлкен күймедей, өзіне сол күймеден орын жоқтай көрінеді. Күйме у–шу болып өтіп барады, ал өзі жол бойында қалып бара жатқан бейшара жолаушы секілді.
Асқар торығып ашық түндіктен аспанға қарады. Көк жүзі бар құпияны меңгерген, құбылмайтын, толқымайтын, аса сабырлы адамның жанары секілді. «Түк те болған жоқ, бәрі де баяғыша, бекерге аласұрасың, дүниеде ештеңенің өзгеруі мүмкін емес» деп тұрған секілді. Бірақ түндіктен сығалаған алақандай аспан Асқардың алабұртқан жанына тыншу әкеле алмады. Ұштығы жоқ ой теңізінде жағаға шығар түрі жоқ... Әшейін жан тәсілім малтып келе жатқан адам секілді.
Ымырт жабылып, үй ішін қараңғылық басты. Сыртта Бикеннің күрпілдетіп сиыр сауғаны, күңкілдеп сөйлегені, аяқ басқан дыбысы – бәрі естіліп тұр. Өзін тіршілікпен байланыстырып тұрған осы бір дыбыстар ғана секілді.
Бикен сиыр сауып болып, үйге кіріп шам жақты. Киіз үйдің іші шам жарығымен көңілденіп сала берді. Көп ұзамай әндетіп самаурын келіп, дастарқан да жайылды. Асқар тағы да керегеге сүйеулі тұрған домбырасын алып, көңілдене түскісі келіп, жылдамдатып күй тартты. Сосын үнсіз отырып екеуі шай ішті. Кенет ит үріп, сырттан көлікке мінген әлдекімнің «шу–шулеген» даусы естілді.
— Бұл кім? – деді Бикен құлағын тосып.
— Бәйтен шығар, басқа кім келуші еді?
Сырттағы кісі көлігінен түсіп, ауыр бірдеңені іргеге сүйегендей болды да, қапсырулы есікті ашып, үйге кіріп келді. Малдыбай екен.
— Ассалаумағалейкум, жан аға. – Әликсалам, қарағым.
— Аман–сау отырсыздар ма?
— Шүкір деп...
Асқар мен Бикеннің жүздері жадырап сала берді. «Шіркін–ай, құлын–тайдай тебісіп, елдің ортасында отырған қандай рақат».
Малдыбай кебісін шешіп, қамшысын керегеге ілді де, көрпе бойымен төрді айналып, Асқардың қолын алды.
— Жұмыстан қол босамай жатыр, – деді көрпеге отыра беріп.
Малдыбай аталас туысы. Осы үйдің малына, шаруашылығына бас–көз болып жүреді.
— Ал, – деді Асқар көңілденіп. – Сөйле, батырым. Бала–шағаң аман ба? Неге хабарласпай кеттіңдер?
— Аманшылық. Кішкентай Ермегіміз ауырып қалып, үш күн болды, ішкен тамағын құсып тастай береді.
— Құдай сақтай гөр! – деді Бикен шошынып.
Асқар Малдыбайдың жүзінде қорқыныш жоғын байқап:
— Ұшынған болар, – деді жайбарақат.
— Өзіміз де солай–ау деп отырмыз. Бүгін ептеп тәуір... Қазір орақ басталып кетті ғой... Тіпті қол тимейді.
— Егіндерің қалай?
— Егін биыл жақсы–е–е, – деді Малдыбай басын изеп. – Тек суық түспей, тезірек орып алсақ. Торғай деген бәле шыдатпай барады. Ертең жұрттың бәрін асарға шақырып отырмыз.
Бикен аққұманға қайтадан шай салды.
— Кенжебала, отырсаң, дәм істейін, – деді Малдыбайға қарап.
— Жоқ, әуре болма, шай ішіп ап, жүремін. Түнгі күзеттемін ғой.
Асқар дұрыстап бір әңгіме тыңдағысы келгендей, жамбастап жастыққа қисайды.
— Басқа не жаңалық бар?
Малдыбай есікке қарап ойланып:
— Бәлендей жаңалық жоқ, – деді екі ұштылау. – Әлі сол баяғы ауданнан комиссия келеді екен деген құр сөз... Аздап ауыс – түйіс болып жатқан секілді. Складқа Бейіс тұрыпты деп естідім.
— Қойбағар Бейіс пе?
— Иә сол. Қазір «Мен қойбағармын» дегеннің бәрі адамға жол бермейді, – деді Малдыбай біреу естіп қоятындай сыбырлай сөйлеп. – Әлгі жаман Қалдыбай, соған не керек екен деймін–ау, Еркембайдың мініп жүрген өгізін тартып алып, оған Ботбай барып ара ағайын болса, оның түгінен – түгін қоймай боқтап, масқара қылыпты.
— Тек, – деді Асқар шошынып. – Ол бір кісіге тура қарамайтын момын бала емес пе еді?
— Қайт дейсің? Бәрі де Назарды арқа сүйейді... Бізге егінге бригадир болып Әбдірахманның Ысқағы келді. Ол да – қойбағар. Ал енді, рас болса, кеше естідім, өзіне хатшы қылып, туған інісі Қаратайды алыпты.
— Қаратай жаман бала емес, – деді Асқар кесесін подносқа салдыр еткізіп. – Бірақ сөз болады деп қорықпағаны – ау, шіркіннің...
— Қайдан қорықсын? – деп Малдыбай тағы да сыбырлай сөйледі. – Ауданмен жақсы көрінеді. Келген уәкілдерді хан көтеріп алады. Сосын қайтсін...
— Оның рас, мұндай батырлық біреуді арқа сүйегеннен туады. Қорықпайтын адамда кеңесіп іс істеу деген болмайды ғой. Өзі қожа, өзі би. Қолпаштамағанның бәрі, құптамағанның бәрі – оның жауы боп есептеледі.
Малдыбай шайды сораптай тартып біраз отырды да:
— Жан аға, – деді кесесіндегі шайдан көзін алмай. – Құттайымнан бауырында паналап өсіп едім. Сөзіңді екі еткен күнім жоқ...
Бикен де басын көтеріп, «бұл не айтқалы отыр» дегендей Малдыбайға аңтарыла қарады.
— Сенің ақылыңа ақыл қосуға менде шама аз, – деді Малдыбай. – Бірақ сол аз ақылмен ойланып – ойланып, өзімше бір шешімге келдім...
«Тоқ етерін енді қашан айтар екен? – деп Асқар да үнсіз отыр.
— Назар қазір ешкімге әл бермейді. Оны өзің де жақсы білесің. Жиналыс сайын сені бір айтпай қалмайды. Әнеукүні Бәйтенді де бір жерде қатты айтып кетті деп жүр.
— Бәйтендегі шаруасы қанша? – деді Асқар тіксініп.
Малдыбай үндеген жоқ, «мен қайдан білейін» дегенді түрімен білдірді.
— Апыр–ау, – деп Асқар жастықтан басын көтеріп алды, – екі ұлдың екеуіне де жоламай, далада қалған ақсақ қойдай болып, отырған түріміз мынау ғой...
— Менің де жаныма батып отырғаны осы, Жан аға... Менің тілімді алсаң, Назардан жеңіл... Бұл өмірде кімнен жеңілмей жатырмыз. Мен осы үшін малымды дайындап қойдым. Үйге өзіңмен қосып, Назарды қонаққа шақырамын. Үстімдегі киімімді сатсам да, соның көңілін табамын. Сен үндемей–ақ қой, аяғына өзім–ақ жығылайын...
— Тек,– деді Асқар Малдыбайға үрейлене қарап. — Не масқара оның?
— Басқа амал жоқ, Жан аға, түсінсеңші. Масқарасын мен–ақ арқалайын. Өзің аман қалсаң болды емес пе. Күш жетпейтін жаумен соғысқанда не мағына бар? Айтыңызшы, не мағына бар?
Асқар сәл–пәл басын изегендей болды...
— Әрине, мағына жоқ, — Малдыбай қуанып кетті. — Менің ұғымымша күштіге қарсы жалғыз ғана амал бар, ол – төзім. Ендеше, төзейік бәріне. Өмір бақи осылай бола бермес.
— Сенің өстіп шырылдап, жаныңды араға салғаныңның өзі маған бір медет,– деді Асқар өзінің ескі әдетімен ыңырана сөйлеп. — Қартайғанда көрген ит қорлық кімге оңай болушы еді. Жанымның жаралы екені рас. Бірақ сен мынаған түсін. Арым мен намысымды от пен судан алпыс жыл қорғаған екем. Сол алпыс жылдың ішінде талай белімді сындыратын қиындықтар болды. Құдай жар боп, бәрінен аман өттім. Енді аз шыдасам, бәрі де орын орнына келеді. Өзім өлсем, артымда азғантай абройым қала ма деген есек дәмем бар. Сен мені тып–типыл қылып, біржола көмейін демесең, әлгі ісіңе зорлама... Тіршіліктің ауанына осы күйіммен ілесе алсам, ілестім, ілесе алмасам, қалармын. Шешесінің шаужайына жармасқан ақылсыз баладай болмайын. Солай, Малдыбай қарағым.
Өз ақылының іске аспай қалғанына ренжіді ме, әлде Асқардың айтқан сөзіне түсінді ме — Малдыбай астындағы көрпешенің жиегін шұқылап басын көтермей ұзақ отырды. Шай жиналғаннан кейін, бөркін киіп, керегедегі қамшысын алып, қайтуға жиналды.
— Біз енді артельдегі адамбыз ғой,– деді кебісін киіп жатып. — Көппен көрген – ұлы той. Сендер тарығып қалар деп, азғантай тары әкелдім. Ешкімнің ортағы жоқ, өз сыбағам. Енді кешіксем бұл да болмас деп, бүгін тартып кеткенім сол еді. – Бір жерге жасыра тұрыңдар. Әлдеқалай заман болады.
Асқардың сабырлы жүзінен қуаныш нұры байқалды, бірақ ештеңе айтқан жоқ, «солай ма» дегендей, ыңыранды да қойды.
Бикен көңіл күйін жасыра алмады:
— Жарығым–ау, не дейді? Кәне? – деп орнынан атып тұрды.
Малдыбай аттанып кеткен соң, сырттағы қапшықты екеулеп ішке кіргізді. Зілдей екен — Бикен шойрылып отырып қалды. Белін ұстап жүріп, қаптың аузын шешті де, орта шарадайын құйып алды.
— Ақтай қояйыншы,– деді тарыны уыстап көріп.
— Әй, бәйбіше, сен асықпа. — Асқар не айтатынын әлі толық шешпеген түрмен ойланып тұрып қалды. — Мынау мол тары екен,– деді содан кейін қапшықты көрсетіп. — Мұны үш үйге бөлейік... Есімбек те бір шаңырақ қой. Оның сыбағасы осында қалсын. Бір қатынағанда беріп жібереміз. Ал Қалаған жеңешеме осы қазір өзім апарып берейін.
Асқар қапшықтағы тарыны үшке бөліп, бір бөлігін қапшықтың түбінде қалдырды.
— Бәтір–ау, осы түн ішінде азаптанбасаң қайтеді,– деді Бикен Бәйтеннің үйіне бөлінген қапшықтың аузын буып жатып. — Ертең де күн бар емес пе?
— Сен де, құдайдың жоғын сөйлейді екенсің,– деді Асқар зілсіз кейіп. — Түнде апармағанда, күндіз апарайын деп пе ең? Ертең бұл тарыдан айрылып қалсаң қайтесің?
— Апарсаң, апар. Әшейін айтқаным ғой.
Асқар қапшықты арқасына салып, аяғын әзер басатын бұрынғы Асқарға түк ұқсамай, бүкеңдеп, аяғын тез–тез басып, түн құшағына сүңги берді. Бұлт арасынан жарқырап ай көрінгенде, жүгіріп сайдың ішіне түсті. Ұры адамдай жан–жағыңа жалтақтап, тың тыңдап, әр жерге бір тоқтайды. Ентігіп, терін сүртіп, сайдың жиегіне отырды. «Шіркін–ай, осы отырысымды біреулер көрер ме еді,– деді мырс етіп өзінен–өзі, — табалап, жаны кіріп, мұратына жеткендей болар еді–ау. «Жоқтан бар болған басарға жер таппас, бардан жоқ болған кірерге көр таппас» деген қазақ қандай данышпан»...
Асқар қолымен жер тіреп орнынан тұрды. «Тура жүрсем, өңкей белсенділердің үйінің тұсынан шығармын,– деп ойлады ол. — Сондықтан шабындықтың іргесімен алыстан орағытып, ауылдың арғы бетінен шығайын. Сол қауіпсіздеу болар».
Ауыл әлі жата қоймаған секілді. Жерошақ оты жылтырап, киіз үйлердің ашылған есігінен мол сәуле анда–санда бір жарқ етіп қалады.
Сүмектей болып терлеген Асқар, тағы да тоқтап дем алды. Жүрегі шанышқан секілді. Орамалын алып, маңдайын, желкесін сүртті. Бешпентінің түймесін ағытты. Өстіп жайбарақат отырған ол кенет үстіне келіп қалған екі адамды көріп орнынан, қалай атып тұрғанын өзі де білген жоқ. Жалма–жан қапшығын арқасына салып, қурай өскен ескі атыздың ішімен далбақтап қаша жөнелді. Артынан баж ете қалған қыздың даусын естіді.
— Қойшы, текке қорықпай,– деді жігіт даусы. — Ит шығар тұра қашқан. Басқа не болушы еді бұл маңда.
Асқар әлгілердің сөзінен кейін итке ұқсауға тырысып, бүкеңдеп, өзен жиегіне қарай беттеді. Ашықтау жерде күдік тудырмау үшін, төрт аяқтап жүгірді. Өзен жағасына жетісімен, қатты алқынып, жұмсақ құмға қисая кетті. Біреу келіп қалса, жағадағы талдың арасына кіріп кетермін деп ойлады. Бірақ байыз тауып отыра алмады, әлдебіреу жетіп келіп, қапшығын тартып алатындай көрініп, орнынан тағы да атып тұрды. Өзен жағасымен бұқпалап, суатқа дейін келді де, ауыл адамы болып көрінуге тырысып, арқасындағы қапшығын бала көтергендей, құшақтап алды. Жан–жағына алақтай қарап, Бәйтен үйіне тіке тартып келеді. Жүгіре басып жеткен бетте үйдің іргесіне қапшықты тастай салып, әлдебір шоқпыттармен бетін жаба салды да, ит қуғандай болып апыр–топыр үйге кірді.
Қалаған ұршық иіріп отырған, Асқарды көріп ұршығын түсіріп алды.
— Көтек, ұлмысың?
— Иә, жеңеше, мен ғой. Амансыңдар ма?
— Шүкір, өздерің ше?
— Аманбыз ғой.
— Ойпырым–ай, жайша ма? – деп Қалаған борша–борша болып терлеген қайнысының бетіне қайта–қайта қарай берді.
— Қорықпа, жеңеше, жайша.
Қалаған қорықпай тұра алмады.
— Бикен аман ба? – деді үрейленіп.
— Аман–аман. Қорықпа дедім ғой. — Асқар кебісін тастап, төрге шықты да, бөркін алып, бешпентін шешіп, орамалымен желпіне бастады. — Бәйтен қайда?
— Жұмыстан қолы босамайды байғұс баланың. Балалардың сыртында ауылдың сауатсыз адамдарын оқытады. Одан әлгі бір... кәнсерт дей ме, әйтеуір, жастарды жинап алып, ойынға дайындалады. Содан түн ортасында бір–ақ келеді. — Қалаған белін ұстап, шойырылып орнынан әрең тұрды. — Ойбай, белім. Бұ құрғырға не боп қалды?.. Шай қояйын. Бәйтен де келіп қалар.
— Жоқ, шай қойма,– деді Асқар қолын көтеріп. — Маған бір кесе шалап болса, жетіп жатыр.
Қалаған абдырап, шидің ішінен кесеге ашыған көже құйып, үрейленген жүзбен Асқарға ұсынды. Асқар сусынды мол–мол ұрттап сіміріп салды да, жеңгесін бұдан әрі шошытпайын дегендей:
— Екі шелектей тары әкелдім сендерге,– деді түсін жылытып. — Ешкім көрмесін деп әдейі түнделетіп келгенім ғой. Сендер де жарып отырмаған шығарсыңдар. — Асқар қалтасынан шақшасын алып, алақанына насыбай салды. — Менің халім мынау,– деді өзін–өзі кекеткендей бір үнмен. — Елмен қатар қонуға шама келмей, жұртта жалғыз қалып отырмыз. Есімбек болса, жылқыға кетті. Оның өзінде де, жұрт айдауға кететіндей боп бармай жатқан соң, өзім әдейі жібердім. — Асқар алақанында тұрған насыбайын көріп, асықпай астыңғы ерініне салды, сақауланып түсініксіз бірдеңе айтты да, іргеден түкіргіш алып, шырт түкіріп, сөзін түзеді. — Өзің көріп отырсың, жеңеше, қазір күнделікті тамақтың өзі қиын. Біреудің көңілін тауып, жағынып жүрмесең, көшке ілікпейсің. Ал Бәйтенде ондай қылық жоқ, өзінің қызметін ғана біледі. Бір күні мынау тентектер арандата қалса, ішер астың өзі мұң болады... Бүгін Малдыбай қарағым өзінің тұқымынан алған азғантай тарысынан бір қапшықтай әкеп тастаған, соны үш шаңыраққа бөліп, әкеп отырмын... Өзім мынадай күйде жүргенде сендерді де, көре алмай, әбден сағынып... — Асқардың даусы құбылып, сөйлей алмай үнсіз қалды. Көзі қызарып есікке қараған күйі біраз отырды.
Қалаған көзінің жасын жаулығымен сүртті.
— Ұл–ау,– деді сосын әрең сөйлеп, — сен бүйтіп тарықсаң, бізде не жан қалады? Сүйенгеніміз де, сыйынғанымыз да өзің емессің бе?..
— Қой, жеңеше,– деді кенет Асқар қатайып,– бекер жылама. Бұдан да қиын кезді көргенбіз. Тек аман болайық. Иә... Айтпақшы, Бәйтенжан не бітіріп жүр, адам алатын түрі бар ма?
— Қайдан білейін, мына Әбілдің қызымен сөзі бар деп естуші ем. Қазір өздері онша емес пе, араласпайтын секілді. Өзі үндемейді...
— Жарайды, бір жөні болар,– деді Асқар жеңгесін одан әрі уайымдатпайын дегендей сөзін бөліп. — Тарыны бетін жауып іргеге қойдым. Жасырып ұста, біреу көрсете салса, комиссиясы келіп, сыпырып кетіп жүрер. — Асқар бөркін алып басына киді де, бешпентін ұстаған күйі орнынан тұрды. — Қой, мен кетейін, жұрт көзіне түспей тұрғанда.
Асқар бешпентін жүре киіп, үйден шықты. Сыртқа ере шыққан Қалаған Асқардың жан–жағына жалтақтай қарап, табиғатында жоқ қимылмен жорғалай басып кетіп бара жатқанын көріп, көкірегі қарс айрылғандай болды. Көзінен шұбырған жасын қолымен сүртіп:
— Біз тарығып қалар деп, қарлығаштай жем тасып, жанын ортаға салған қарағым–ай,– деді тұншыға сыбырлап. — Жаратқан ием, өзің жар бол! Ғайып ерен қырық шілтен желеп, жебей гөр! Жаппар ием...
VI
Тіреуіші тайып, қисая бастаған қамыс шығырдың айналасы толған халық. Біразы күн шықпай ерте келген; әлі келетін жұрттың соңын күтіп, көліктерін арқандап, қысыр әңгіме айтысып, күн көтерілгенше бос отырды. Алды өгізге мінген, арты жаяу – үздік–создық болып келіп жатқандар асығар емес, әшейін егінді көріп кетуге ғана келгендей шалқайып:
— Ау, асар қайырлы болсын! – дейді жалпы жұртқа. Жалпы жұрт үндемейді, шығырдың көлеңкесінде жалбайының бір жақ құлағын төбесіне қайырып, қоқырайта киген Жарбол:
— Айтқаның келсін, – деп баяғының болысындай шіренеді.
— Мынау егінің сұмдық қой, шырағым–ау! – дейді келген адам жан–жағына күн сала қарап: – Түу!
— Егіннің айтары жоқ!
— Жарбол мен Малдыбайдың еңбегі сіңген екен.
— Ырысқа жазғай, – деп бос отырған жұрт әңгімеге жан–жақтан кірісіп кетеді.
— Шіркін, әлі де он күн тұра тұрып, орар ма еді? – деп, ұсыныс айтпаса отыра алмайтын Сонарбай жұртқа жөн көрсеткендей болып еді:
— Оттапсың! – деп Жарбол оған дүрсе қоя берді. – Бұдан артық не керек, күздің қара суығына апарайын деп пе едің? Тарыны көк ала сақал болғанда ормасаң, сақалыңды сипап қаласың, білдің бе? Мен отырғанда, егінді айтып не керек, сен албастыға, а!? – деп ақырып қалғанда, Сонарбайдың өзінен бастап, бүкіл жұрт қыран–топан күлкіге батты.
Жарбол ақ көңіл мақтаншақ кісі ғой, биыл егін қоруға артельден бір көлік табылмай, ыза болғанда: «Тұра тұр, ертең егін піскесін, ат түгіл адам мінем», – деген екен басқармаға. Соны естіген біреулер:
— Осы Сонарбай биыл жаз бойы бос жүрді, қоңы да жақсы, егін қоруға өзін неге ерттеп мініп алмайсыз? – деп Жарболды шаптай түседі.
Жарбол мұртын ширатып:
— Мұны қайтем, мінсем бір дені дұрысына мінбеймін бе? – деп қалың жұртқа көлікке қарағандай қарайды.
— Жолдастар – ау, осылай отыра береміз бе? – деген Ысқақтың айғайы естілді. – Жұмысқа кіріспейміз бе?
— Көтек, мынаған не жоқ? – деді әлдекім.
— Не деп отыр, Ысқақ егінге бригадир болды ғой.
— Солай ма?
Ысқақ өзінің бригадир екенін дәлелдегісі келгендей, шетте тұрған жастарды жұлқылап тұрғыза бастады.
— Киімнен неге ұстайсың? – деп шамданды етжеңді қызыл жігіт.
Бибәтима ойнақылау бір үнмен:
— Үлкен рақмет, – деді өзінің ораулы саусағын қимылдатып.
Бәйтен бірдеңе айтқысы келгендей болып, аузын аша беріп еді:
— Жоқ, керегі жоқ, – деді Бибәтима әлдеқалай сұстанып, – айтпа. – Содан кейін алғашқы кейпіне түсіп, арсыз жымиып:
— Жеңгенің көңілін қалдыруға болмайды, жақсы қайным, – деді сыбырлап.
Бәйтен сабырлы түсін өзгертпей, орнынан тұрды. Бірақ әзілге әзілмен жауап беруді жөн көріп:
— Көңіл қалдырмайтын қайнылар бар ғой менсіз де, – деді күле сөйлеп. Сосын тағы қызарып кетпей тұрғанда жөнімді табайын деген адамдай, тарылардан аттай басып, өзінің орнына келді де, жерден орағын алды.
— Ау, омалып отырып алғаның не жанында, – деді Қаратай күңкілдеп. – Қу, сайқал, тіпті ішіп–жеп барады ғой сені.
Бәйтен біраз жерге дейін үнсіз орып барды да:
— Мына жеңгең нағыз сылқымның өзі ғой, – деп жымиып Қаратайға қарады.
— Қой, құрысын, – деді Қаратай ол туралы тіпті тыңдағысы да келмейтінін білдіріп. – Нысап жоқ әйел ғой.
Азғантай үнсіздіктен кейін Қаратай манағы үзілген әңгімесін қайта бастады.
— Бәйтен – ау, әңгімелесетін шаруа бар еді.
— Ау, о құрғырыңды «бар еді, бар еді» дей бергенше, айтпайсың ба?
Қаратай тарының сабақтарын тездете қырқып, Бәйтеннің қасына жақындай түсті.
— Сен мені дұрыс түсін, – деді даусы қарлығыңқырап. – Жұрттың әңгімесі қазір мен жайында көрінеді: «Назар өз інісін өзіне хатшы қылды», – деп. Ал, шындығында, ағам емес, ауылдағы белсенділер мен ауданнан келген өкіл күштеп болмаған.
— Ағаңның түк қатысы жоқ деп ойлайсың ба? – деді Бәйтен кекеткен үнмен.
Қаратай күмілжіңкіреп тұрып:
Түк қатысы жоқ деп айта алмаймын, әрине, – деді шындықты мойындағандай және сонысынан өзі жеңілдеп қалғандай іле даусы көтеріңкі нық шығып. – Соның бәрі сол кісінің көңіліндегі ой болуы мүмкін, ал төңіректегілер соны жазбай таныды. Бірақ... өзің ойлашы, Назекеңнің еңбегі жоқ деп ешкім айта алмайды ғой.
Шынында да, іске берілген адам. Тап жауларымен қанша айқасты, басын өлімге тіккен кезі де болды. Наз... – Жоқ сен өйтіп әдемілеме, – деді Бәйтен киіп кетіп. – Екеуміз жиналыс сайын тұрып алып қақсайтын кедейлер үстемдігі – Ақшоқы секілді жүздеген советтердегі Назарлардың үстемдігі емес. Сен ол екеуін шатастырма. Өзің, ойлашы, қазір ешқайсымыз оның бетіне тіктеп қарай алмаймыз. Қалайша ол сонда кедейлердің үстемдігі болып есептеледі, а? Мынау жүрген бүкіл кедей–кепшіктерің Назар отырған жерге батып кіре алмайды... Осы ма сеніңше совет үкіметінің көздеген мақсаты?
— Жарайды, болмай–ақ қойсын, бірақ андағы тарыны жұлмай дұрыстап ор, – деді Қаратай Бәйтеннің ызаланған түрін көріп.
Бәйтеннің ашуы басылды – ау деген кезде:
— Сен енді дұрыстап тыңдасаңшы, гүжілдей бермей, – деді ол байсалды үнмен. – Мен ағамның қазіргі ісін құптағалы отырғам жоқ.
— Құптамасаң, маған – мынаған жауап бер, – деді Бәйтен төбелесетін, адамдай жақындай түсіп. – Ағаңның бала кезінен бірге өскен қанды көйлек жолдасы Жақайдың, кешегі азаттық майданына қатысқан Мырзакерейдің, елдің белгілі азаматтары Қасеннің, Бимендінің обалдары кімнің мойнында, а? Тіпті анау бейшара Төлемістің не жазығы бар. Соларды байдың құйыршығы дегенге кім сенеді?
— Ау, Бимендіні «Бостандықтан», Мырзакерейді «Бірліктен» әкетті ғой, оның бәрін Назекең қайдан біледі?.
— Осыны сөз деп айтып отырсың ба? – Бәйтен орағын жерге шанышты да, Қаратайдың алдына жүрелеп отыра кетті. – Үш артельдің басын құрған, төртінші ауылдағы үкіметтің басшысы сенің ағаң Назар. Ол осы елге басымен жауап беретін кісі. Біреудің малы жоғалса да, білуге тиісті... Ал адам кетіп жатқанда неге білмейді?
— Кетіп жатқандар тек осы ауылдан ғана ма?
— Ал жарайды, басқа жақта да осылай кетіп жатыр. Сонда осының бәрі сенің ағаңның істеп отырған ісінің дұрыстығын дәлелдей ме? Басқа жақта кісі өлтіріп жатыр екен деп, кісі өлтіре беруге бола ма?
— Қойшы, – деді Қаратай қолын сілтеп, – адамның миын ашытпай. Қайдағы бір бәлелерді тауып аласың да...
— Жо–жоқ, сен менен үйтіп құтыла алмайсың. Сенің ағаңның елге жасаған қиянаты қиянаттардың бәрінен де ауыр.
— Сен немене, оны біржола үкіметтің жауы қылып шығармақсың ба?
— Үкіметтің жауымен күресу оңайдың оңайы. Ол басы ашық нәрсе. Ал Назармен күресу оңай емес. Зұлымдық атымен жасалған жамандықтан жақсылық атын жамылып жасаған жамандық әлдеқайда қауіптірек.
Қаратай енді әңгімелеспейтін адамдай егінді жылдамдата орып, бір бүйірлей ұзай берді де, орағытып артына шағын–шағын дестелерді қалдырып, Бәйтеннің қасына қайта оралды.
— Айтуға бәрі оңай ғой, — деді әңгімені үзілген жерінен бастап. — Мұндай күресте қаталдық болмаса, не болар еді. Дәуітбайлар жасаған қастандықтың құрбаны боп кете берер еді. Қаталдықтың арқасында...
— Қаталдықты дұшпанға ғана жасау керек, өзімізге емес. Бәлкім, сен: «Сол кезде солай болу керек еді, өйткені жағдай солай болды», — деп ағаңды ақтамақ шығарсың кейін. Жо–жоқ, шырағым. Сен өйтіп ешкімді алдай алмайсың... Жақсылық үшін бәрін жасауға болады, бірақ қылмыс жасауға ешкімнің правосы жоқ;
Қаратай айтылған сөзге толық түсініп алғысы келгендей, төмен қарап, үнсіз жүрелеп отырды да:
— Жарайды, — деді басын көтеріп, — солай болсын... Бәлкім, рас та шығар. Бірақ менің айтайын дегенім ол емес. Менің айтайын дегенім басқа... Неге екенін білмеймін, Назекең соңғы кезде саған шүйлігіп алды. Қысқасы, оның қазіргі мақсаты сені құрту,— Қаратай ұрлық жайын ақылдасқан адамдай сыбырлап сөйледі. — Осыны саған көптен ескерткім келіп жүрген.
Бәйтеннің түсі күреңітіп кетті. Осындай бірдеңені ол әуелден аңғаратын, бірақ «сені құрту» деген екі күннің бірінде айтылатын сөз, күнде ұстап жүрген мылтықтың аузын өзіне қаратқандай, тұла бойын түршіктірді. «Сонда қайтіп құртар екен, құритын адам қандай болады... өле ме?..» Бәйтен өзінің құритынын көз алдына елестетіп көріп еді, бірақ қалай құртатынын түсіне алмай қойды.
— Сен сақ бол, — деді Қаратай сыбырлаған күйі. — Олар алдымен Асекеңе ауыз салып, сен шырылдап ара түскенде, сені қоса іліктірмекші. Олардың жоспары осы. — Қаратай әлдеқалай алқынып терлеп кетті. — Бұл әңгімені саған мен жеткізер деп олардың ешқайсысы ойламайды. Несін жасырайын, өзің де білесің, мен ағамды жек көрмеймін. Жетім өстік. Мені адам қылған сол кісі. Әкем де, ағам да сол. Бірақ... Сен арандап қалып жүрме деп...
Бәйтен меңіреуленіп, Қаратайдың тер басқан маңдайына қарады. «Арандағаны» несі? «Баяғыда аңшылар құланды істік аранмен аулаған деуші еді. Сонда...» Бәйтен көз алдына көп құланмен бірге өзінің де бір аранға шаншылып құлап жатқанын елестетті. Маңайы толған құлан... «Ал сонда бұған менің қандай қатысым бар?..» — деді ішінен таң қалып.
Қаратай мұның аңшылық туралы ойлап отырғанын сезген адамдай:
— Қасқырды қалай аулайтынын білесің ғой, — деді мақұлдата басын изеп. — Әккі аңшылар оларды күшігімен құртады, яғни үрім бұтақ, зәу–затымен...
— Ау, мынау екеуіне не болған, әйелдер ғұрлы жоқсыңдар ма? — деген дауыс естілді...
Екі жігіт бастарын көтеріп, жан–жағына қарап еді, шынында да, жұрттың соңында қалыпты, орақшылардың алды оқ бойы алда, Бибәтиманың өзі әжептәуір ұзап кетіпті.
— Оқу оқимын деп, егін оруды ұмытып қалған ғой, — деп күлді әлдекім Бәйтенді мазақ қылып.
— Бізде қанша шаруаларың бар, — деп айқайлады Қаратай алдағыларға. — Өз жерімізді өзімізге қалдырып, кете беріңдер. Өзімізге бөлінген атызды орып берсек, болды емес пе... Ал ана шетке кімнің бұрын жететінін әлі уақыт көрсетеді... Асықпаңдар.
Алыстан Сағидолла мен Әбдіғаппардың «қоян қаштылаған» қиқуы естілді.
Бәйтеннің санасындағы доғал түйсік бірте–бірте сейіліп, әлгі айтылған әңгіменің төркініне енді түсіне бастағандай болды. Кенет оның өне бойын соқыр ашу биледі. Қып–қызыл болып түтігіп:
— Ал сонда олар жасаған жамандық менің қолымнан келмей ме? — деді тістене сөйлеп. — Ұйымдастырып, адам қаралату, болмағанды болдырып, жасамағанды жасаттыру соншалықты қиын ба? Айтшы, қиын ба? — деп өршеленді, біреу «жоқ олай емес» деп тұрғандай. — Ағайын атымен ел жинап, үй ішінен үй тігіп, топ құрау қолдан келмейді деп ойлайсың ба? Осы жауластық түбімізге талай жетпеп пе еді, айтшы, кәне...— Бәйтен сыбырлай айғайлап қалш–қалш етті. — Жарайды. Жетті енді. Мен де кірістім айқастың осы түріне. Мен де енді солардың істегенін істеймін. Қаралау, өсек, өтірік, екі жүзділік, қастандық. Мінеки, менің ендігі қаруым... Иә, иә, маған да жан керек.
— Жоқ, саған болмайды,— деп күңк ете қалды Қаратай. — Саған ол жараспайды.
— Ау, жұртқа неге жарасады, ал маған неге жараспайды? — Бәйтеннің күре тамыры білеуленіп, Қаратайдың жүзімен бетпе–бет келді. — Жоқ, маған неге жараспайды, а?
— Өйткені... саған болмайды,— деді Қаратай бұлтартпайтын дәлел келтіріп тұрған адамдай жайбарақат. — Саған болмайды.
Оның осы сөзінің ақиқат шындықтай сеніммен шыққаны сонша, Бәйтен не айтарын білмей, сасып қалды.
— Апырым–ау, неге, неге? — дей берді жыларман адамдай шарасыз үнмен.
— Ол сенің ісің емес, — деп нықтады Қаратай маңдай терін жеңімен сүртіп. — Егер жолдан сен де адассаң, онда не болады. Онда ештеңе қалмайды... — Қаратай даусы қарлығып Бәйтенге таңырқай қарады. — Түсініп тұрсың ба? Түк те қалмайды.
Бәйтен не дерін білмеді. «Мынау қызық екен, — деді ішінен қайран қалып. — Жамандыққа жамандық жасау басқаға болады, ал маған болмайды... Себебі не? Мұны анықтап беріп отырған кім сонда?»
Ашуы басылған Бәйтенге Қаратайдың әлгі сөзі үлкен бір жаңалық боп көрінді. Озып кеткен жұртты қуып жету үшін, кей жерлері сарғая бастаған бітік тарыны тездете орып, анда–санда: «Жоқ, саған болмайды», — деген Қаратайдың сөзін қайталайды да, мырс етіп басын шайқайды.
Екінді кезінде орақшылар егінді аяқтап, асарға сойылған қойдың етін таусып жеп, әр жерде бір, әңгіме дүкенмен үздік–создық болып Ақсуаттағы ауылға қайтып келе жатты.
Бәйтен мен Қаратай желімше жабысқан Бибәтимадан «асығыс едік» деген сылтаумен әрең құтылып, ауылға елден бұрын жетті.
— Бізге жүр, — деді Қаратай қосқа ұсаған кішкене қараша үйге тақағанда, — шай ішіп барарсың үйіңе. — Содан кейін Бәйтеннің құлағына: — Біздің үйде азғантай боза бар, анада Назекеңдер тойға деп ашытқан. Содан бір шәйнегін үйге алып келгем,— деп сыбырлады.
— Жоқ, — деді Бәйтен үзілді–кесілді. — Шай ішейін, бірақ бозаңды көрсетпе.
— Е, мейлің, аузыңа құяр деп пе ең.
Сырты қандай жұпыны болса, іші де сондай жұпыны қараша үйдің ішінде адам жоқ екен, екеуі төрге көрпе төсеп, жастық салып, әбден қалжырап шаршаған күйлері қисайып жата кетті.
— Шешең сенің қолыңда ма? — деді Бәйтен ауылнайдың інісінің осынша жұпыны тұратынына таң қалғандай бір үнмен.
— Жоқ, мен шешемнің қолында тұрамын.
— Назар ше?
— Жеңгеміз шешеммен сыйыспаған соң, бөлініп шықтық.
— Қойшы, Бибі сондай ма еді?
— Жалпы жаман адам емес, бірақ неге екенін білмеймін, шешеммен жұлдызы жараспады.
— Шешені сыйдырмаған әйелдің несі жақсы?
— Ой, ол ұзақ жыр,— деп күрсінді Қаратай. — Құрысын, басқа бермесін, ертең өз әйелім шешеме қарсы шығатын болса, құдай біледі, бір күн де ұстамаймын.
— Асылық айтып жүрме.
— Түк те асылығы жоқ. Айтқаным айтқан... Немене сен шешеңді қатыныңа басындырып қоясың ба?
— Жоға, сен басындырмағанда, мен неге басындырамын.
Қаратай бір қырына аунап түсіп, Бәйтенге тура қарап:
— Шыныңды айтшы,— деді ақырын ғана,— Хадиша екеуіңнің уәделерің әлі берік пе?
— Күмәнің бар ма?
— Бар.
Бәйтен селк ете қалды. Қызарып кеткенін білдірмес үшін, басын іргеге бұрып біраз жатты да:
— Кісінің көңіліне келетін сөз айтпа, — деді өкпелеп. — Хадиша жақсы қыз.
— Мен оны ғайбаттағалы отырғам жоқ. Естіген әңгімемді айтайын, өйткені мен сені нағыз адал жарға ғана қиямын, Бәйтен... — Қаратай қайта аунап түсіп, шалқасынан жатты. — Менің Назар ағам бастаған игі жақсылар Хадишаны Нұрбекке әпереміз деп әрекет жасап жүр. Қыздың өзі айтқан жоқ па саған?
— Жоқ.
— Ендеше, ол жақсылық емес — деп Қаратай әлденеден күдіктенген түрмен ернін жымқыра, басын шайқады. — Мұның бәрін ұйымдастырып жүрген Өлмес көрінеді. Оның себебі белгілі — Нұрбекпен жақын болу. Хадишаның ауданға кетуінде бір сыр бар. Сол жақтан Нұрбекпен кездестірмекші. Өздері әлі қайтпап па екен?
— Бүгін келетін күні.
— Келсе, менің естігенім — осы. Анық–қанығына өзің жетерсің.
Үйге самаурын көтеріп Қаратайдың шешесі кірді. Оттықтан шыққан түтіннен жасаураған көзін жаулығының етегімен сүртіп тұрып:
— Көтек, мынау Бәйтен бе? — деді төрге қарап. — Амансың ба, қарағым. Қалаған ауырмай ма? Бір ауылда отырып, көрмейміз бір–бірімізді, не деген сұмдық, құдай–ау.
Шай үстінде Бәйтен мен Қаратай бір–біріне ләм–мим деп ауыздарын ашпады. Тек кемпір анда–санда Бәйтеннің жүзіне қарап.
— Қарағым, ауырып отырған жоқсың ба, түрің келіспей отыр ғой,— деп қайта–қайта сұрап қояды.
Шай ішіп болған соң, екі жігіт сыртқа шықты. Ымырт жабылып, көз байланған шақ. Бірақ ел орынға әлі отыра қоймаған, ауыл іші абыр–сабыр. Өзен жағалап ауылдың арғы шетіне келген кезде.
— Сен үйге жүре бер,— деді Бәйтен Қаратайға бұрылып.
— Жоқ, мен күтейін сені. Егер ұзақ алдансаң, аңшының кешіккенінен сүйін деген, алаңдамай қайта беремін.
Бәйтен ауылдың сыртымен жүріп, Әбілдің көршісі Сейтқасымның үйінің қасына келді. Сейтқасымның әйелі Нұрпатша сиыр сауып отыр екен, сыртынан келіп тоқтаған Бәйтенге:
— Әк–әй, әрі, мына бір қаңғыған қай үйдің малы? — деп шелегін қойып, жерден ұратын шыбық іздей жүріп, адам екенін көріп:
— Көтек, бұ қайсы? — деп тани алмай, көзін сығырайтып жақындай түсті.
— Бәйтенмін ғой, Нұрпатша, амансыңдар ма? Секең қайда?
— Үйде жоқ.
— Көршінің қызы келді ме екен қаладан?
— Келген.
— Ендеше, бір өтінішімді орындап, сол қызды сыртқа шығарып бер, Нұрпатша. Жақсылығыңды ұмытпаймын, — деді Бәйтен қуақы әзіл үнмен.
— Ойбай, о не дегенің, жарайды. Қазір,— деп Нұрпатша өзінің бірдеңеге керек боп шыққанына қуанған адамдай, сауып отырған сиырын тастай салып, Әбілдің үйіне қарай жөнелді. Барғаны сол, іле қайта шықты. Сиырдың қасында тұрған Бәйтенге жақындап келіп, керемет қызық болғандай:
— Масқара–ау, қызың шықпаймын деп жатыр, — деді мәз болып.
Бәйтен не дерін білмей сасып қалды.
— Неге? — деді әлден соң.
— Уақытым жоқ дейді.
Бәйтен ойланып қалды.
— Нұрпатша, сен қайта бар, — деді бір кезде. — Егер уақыты болмаса, болғанша күтемін. Қалай да шықсын деп айтты де.
Нұрпатша өзінен–өзі мәз болып тағы да томпаңдай жөнелді. Бұл жолы кешікті.
Бәйтен қобалжиын деді. «Неге бүйтті екен. Өсек сөздің жаны болғаны ма?» Бірақ ішкі көңілінде әлсіз шырақтай жыпылықтаған жетім үміт, өсек–аяңның бекерлігіне, Хадишаның тазалығына өзін сендіргендей болды.
Іштегі жарықты сыртқа лақ еткізе киіз есік ашылды да, үйден Нұрпатша мен Хадиша шықты. Түн қараңғылығына көздерін үйретіп, бір сәт аялдап тұрды да, қол ұстасып, ауылдың сыртына қарай аяңдап жүрді. Бәйтен әлдеқалай жүрегі өрекпіп жүгіре басып соңдарынан ерді.
Бәйтен қуып жеткен кезде, Нұрпатша:
— Ойбүй, сиырым қалып қойды–ау сауылмай, — деп, ойын–шынды бетін жыртып, бөлініп қала берді.
Бәйтен Хадишаның бой басына көз салып, әлдебір өзгерісті сезгендей болса да, манағы өлермен үміт–шырақ өлімсірей жыпылықтап, сөнбей тұрып алды. «Мүмкін емес, мүмкін емес, қара да тұр, бәрі де баяғыдай болып шығады...»
— Қашан келдің қаладан? — деді үні сәл дірілдеп.
— Осы кешке қарай, — деді Хадиша Бәйтенге қарамауға тырысып.
— Қалай барып қайттың?
— Жақсы.
— Шаршадың ба?
— Жоқ.
Бәйтен әңгіме өрбіткісі келіп, сұрақты неше құбылтып қойса да, Хадиша айдаған жаққа жүрмеген малға ұсап, ыңғайға көнбей, «ия», «жоқ» деген қысқа жауаптан әрі аспады.
— Енді айтпайсың ба әңгімеңді, — деді Бәйтен өзінің ызалана бастағанын сезіп.
— Ол әңгіменің саған қажеті жоқ, — деді Хадиша басқа жаққа қарап.
Бәйтеннің жүрегі қылп ете түсті. Әйтеуір, бір әңгіменің болғаны рас. Тегін болмады ғой.
— Қажет болмаса да, тыңдайық енді...
— Ол әңгімені айтсам, сен менің қасымда бір сәтке де тұрмайсың. — Хадиша үнінен ашық айтысқа бет алған адамның сыңайы байқалды.
Бәйтен не істерін білмеді. Ауыздан шыққан әрбір сөз араларын көрер көзге алыстатып бара жатқанын сезіп тұр.
— Сонда жұрттың өсегі рас болғаны ма?
— Қандай өсек?— деді Хадиша тұңғыш рет Бәйтеннің жүзіне қарап.
— Нұрбек екеуің жайында.
Хадиша үнсіз тұрып қалды да:
— Рас, — деді меңіреуленіп.
Бәйтеннің денесін от шарпып өткендей болды. (Бұл адам баласының ғасырлар бойғы серігі — қызғаныш оты еді.) «Ақыры рас боп шықты, рас боп шықты» дей берді осы сөзді іштей мағынасыз қайталап. Бұған дейін дауласуға, ренжуге, жауласуға дәлелі бардай болып отырған адам, енді бәрінен жұрдай болып, тіпті алдында тұрған қызға бір ауыз сөз айтуға да хақысы жоқтай, бар қаруынан айрылып құр қол қалған секілді бір күйге түсті. Оның жанына екі нәрсе батты: біріншісі — көкірегін өртеген қызғаныш күйігі, екіншісі — жігерін құм қылған жаңағы шарасыздық.
Бақытсыздық та табиғаттың апаты секілді. Селдің немесе өрттің алғашқы екпінінен кейін адам есін жинап, жеңсін, жеңбесін, әйтеуір, әрекетке қамданады. Бәйтен бірінші соққыдан кейін, өзін–өзі қолға алып, қасіретін білдірмеуге, тіпті айтарлықтай ештеңе болмағандай түр көрсетуге тырысты. Әрине, мұның бәрі жалған екенін өзі жақсы білді, әйтсе де осылай қыр көрсетіп ойнағаннан басқа лаж қалмап еді. Өмірді сүру қауіпке айналған кезде, өмір сүрген болып ойнау керек екенін адам құпия түйсікпен сезетін болуға керек.
— Мұның, шынында да, үлкен жаңалық...— деді Бәйтен сәл кекештеніп, соңында «екен» деген сөзді айтпақ болып еді, әлдеқалай ентігіп демі жетпей қалды.
Хадиша үндеген жоқ.
Бәйтен енді ауыл адамының дағдысына ұқсамайтын, қала көрген, оқыған, мәдениетті кісінің қылығын көрсетпек болды.
— Шындап келгенде, менің бұған қарсылығым... — деді тағы да соңғы сөзіне демі жетпей, —...жоқ. Сен көңілің қалаған кез келген адамға шыға аласың. Әйел теңдігі...
Ол оқыс таңырқай қараған Хадишаға бұрылып жымиған болып еді, онысы жыламсыраған секілді шықты. Өзін–өзі қанша зорласа да, мына жағдайға қарсылық білдіруге шамасы жетпеді. Бірақ қандай қарсылық болуы мүмкін? Айтысып, дәлел келтіргеннен пайда жоқ, қайта сыңайына қарағанда, қыздың да тілегені сондай бір ат құйрығын кесетін айтыс секілді. Ендеше, тізерлеп отырып жалынғаннан басқа не бар? Ал жік–жапар боп жалынды. Бірақ қыздың қайтпас қатыгездігіне саған деген жиреніш сезімі қосылып, сүйегіңе өшпестей қорлық таңбасын қалдырмай ма?
Кенет Хадиша тоқтай қалды да, енді бұдан әрі айтатын ештеңе жоқ, бәрі шешілді дегендей, сергек батыл үнмен:
— Жарайды, мен кеттім, — деді. — Маған енді келмей–ақ қой.
Хадиша кері бұрылып, үйіне қарай жүрді. Бәйтен оған өзінің жақын адамын өлтіріп, оны неге өлтіргенін де айтпай, құнын да бермей, кетіп бара жатқан біреуге қарағандай ақысы кете, қорлана қарады.
Хадиша қараңғылыққа біржола сіңіп, көрінбей кеткен кезде барып: «Оу, мен неге әлгі жерде айтар сөзімді айтып қалмадым?— деген ой келді оның көңіліне. — Неге оның опасыздығын, екі жүзділігін, сатқындығын бетіне баспадым? Иә, неге бетіне баспадым? Ол менің кіршіксіз көңілімді, махаббатымды қорлады. Ал мен...— Бәйтен өксігендей бір дыбыс шығарды. Ал менің сол махаббатты қорғап, бір ауыз сөз айтуға шамам келмегені ме? Сонда нені қорғап қалуға шамам келеді? Бұл не қорлық?..»
Бәйтен барлық жұмсақ мінезді адамдар секілді, ұтатын жерде ұта алмай, айтар жауабын дер кезінде айта алмай, есіне кейін түсетін, есесі кетіп, өзіне–өзі ыза болып жүретіндердің бірі еді. Бұл жолы да жау кеткенде есін жинап, қылышын қиға шапты. Өкінді, ыза болды, қорланды...
Өзен жағасында Қаратай күтіп тұр екен. Бәйтеннің түрін көрді де, ештеңе сұраған жоқ.
— Жүр, біздікіне барайық, — деді, — үйге сонан кейін–ақ қайтарсың.
Бәйтен «маған енді бәрібір» деген адамша, үнсіз еріп жүре берді.
Бұлт арасынан ай көрініп, төңірекке сәулесін түсірді. Әр үйдің тұсынан кешкі шаруада жүрген әйелдердің бейнесі көлбеңдейді. Бала шақырған, малға кейіген дауыстар түнгі ауада жаңғырып дәл жаныңнан шыққандай ап–айқын естіледі.
Қаратайдың шешесі үйінде жоқ екен.
— Ағамдыкіне кеткен ғой,— деді Қаратай пияласы сынық жетілік шамды жағып жатып. — Шай ішеміз бе?
— Жоқ,— деді Бәйтен төрдегі көрпеге сылқ құлап.
Қаратай ауру адамдай үһілеген досын не деп жұбатарын білмей, жастығын шынтақтап үнсіз жатыр.
Кенет Бәйтен:
— Әлгі бозаң қайда?— деді басын көтеріп алып.
— Немене дейсің?— деді түсінбей қалған Қаратай.
— Боза бар деп едің ғой осы үйде.
Қаратай қуанып кеткендей атып тұрып, шидің ішінен екі кесе мен көк құманды алып шықты.
— Есіңе қалай түсті, — деді шалап секілді сұрғылт бозаны кесеге құйып жатып.— Анада ағамның ауданнан келгендерге құйған бозасы ғой. Екі құмандай қалған екен біреуін әй–шайға қарамай, алдым да кеттім. Кәне...
Күшті ашыған салқын боза мінезі жеңілдеу Қаратайға бірден әсер етті.
— Анада Жұмабектің үйінің бозасын ішкенбіз, — деді тіліне оратылып. — Келесі күні басым сынып өліп қала жаздадым. Сөйтсе, әлгі оңбаған жұртты мас қыламын деп, бозаға насыбай салыпты. Не деген жынды, ей?
Бәйтен үшінші кесесін сімірді.
— Сен бар ғой саспа, оның әкесіндей қызды табасың әлі... — Қаратай жан–жағына қарап алып Бәйтеннің құлағына:— Осының бәрін істеп отырған Нұрбек. Есіңде болсын, сенің ең үлкен жауың менің ағам емес, сол,— деп күтпеген хабардан шалқасынан түсер ме екен дегендей шегіне түсіп, Бәйтеннің бетіне барлай қарады. — Менің ағамның аудандағы тірегі — сол...
Қаратай босаған кеселерге тағы да боза құйды.
— Жарайды, сен енді түнере бермеші. Қайғырғанды жаным жек көреді. Әлде...— Қаратай ықылық ата:— Шын сүйетін бе едің?— деді сыбырлап. — А? Әй мейлі. Өзің кінәлі болмасаң, болды емес пе?.. Қайғының ауыры — кінә өзіңде болғанда...
— Жоқ, — деді Бәйтен бөтен бір жіңішке дауыспен шаңқ етіп. — Дүниенің өзінде жоқ тазалықты сақтаймын деп басымды қатырар жайым жоқ. Махаббат деген сандырақ болып шықты. Иә, иә!— Махаббаттың сандырақ боп шыққанына қуанған адамдай Қаратайға қарап лекілдете күлді. — Ештеңеге басты қатырудың қажеті жоқ. Бәрі де бос сөз. Сандырақ. — Бәйтен көңілдене айғайлап орнынан атып тұрды. — Онан да дүниенің қызығын көр, күнәға бат. Бас пайдаңды ойла. Мінеки, мен кеттім, Бибәтимаға. Кеттім. Жасасын Бибәтима!
Қаратай тәлтіректеп орнынан тұра бастады.
— Не дейсің?
— Бибәтимаға кеттім деймін.
— Жо–оқ,— деді Қаратай тәлтіректеген күйі Бәйтеннің алдын бөгеп. — Жо–оқ.
— Неге жоқ.
— Жоқ, саған болмайды.
Бәйтен ызадан қалш–қалш етті.
— Әй, неге болмайды, не–ге бо–олма–айды, ма–ға–н? — деді кеңірдегі жыртылардай бақырып. — Ойбай–ау, неге болмайды? Айтшы, кәне? Неге басқаларға болады, ал маған... неге? Мен не жаздым соншалық, а?
— Себебі, саған болмайды, — деді Қаратай кекештеніп, бір қолымен Бәйтеннің жеңінен тас қып ұстап алған. — Маған болуы мүмкін, — деді екінші қолымен өзін көрсетіп, — ал саған болмайды. Оны сен өзің де білесің.
— Жібер,— деп қырылдады Бәйтен.
Қаратай қолы қарысып қалған адамдай айырылар емес. Анда–санда:
— Жоқ, болмайды, — дейді күшеніп.
Бәйтен мысы құрып, көрпеге отыра кетті. Қаратай тәлтіректеп келіп алаша үстіне қисайды да, әлдене есіне түсті ме, әлде әшейін мас болып қалды ма, басын тізесіне қойып солқылдай жылады.
Бәйтен Қаратайды көрпеге әкеп салды да, өзі қатарына жатты.
— Жарайды енді, — деді досының басынан сипап. — Қой, енді... Болды, болды дедім ғой... Ешқайда да бармай–ақ қояйын...
VII
Бүгін Назардың үйі ғана емес, бүкіл ауыл абыр–сабыр. Назардың әйелі Бибі қазан–ошақтың басында бір шаруадан бір шаруаға жүгіріп дамыл таппайды.
— Қатира–ау, сен мына қазанның жанында бол, ет қайнаған соң көбігін алып, отын азайт, — деп жерошақ басындағы көзі бақырайған қара қатынға тапсырма беpіп, одан нан пісіріп жатқан екінші жерошақтың қасына келді:
— Асықпа, асықпа, — деді қазанның ішіне үңіліп. — Наныңды ұстаңқырай түс, қызарып піссін...
Сегіз қанат ақ боз үйдің алды толған әйел. Біреуі самаурынға тал бұтап, біреуі иінағашпен су әкеліп, тезек тасып, қызмет қылып жүр. Екі көздері Бибіде — тағы не істесек екен дегендей сұранып, жұмыс тілей қарайды.
— Әй, жүгірмек, — деді Бибі қара көбейтіп текке солбырайып тұрған ересектеу балаға, — самаурынды үйге кіргізіп бере қойшы, қонақтарға шай берейін.
Үйге самаурын кірген кезде, төменгі жақта отырған ыңғайлы жас жігіт атып тұрып, жоғарыда керме жіпте ілулі тұрған қызыл ала дастарқанды алып ортаға жайды.
— Шырағым–ау, саған не болған, дастарқанды теріс жайғаның не, — деді Бибі оған кейіп. — Бер жағын қонақтарға қаратып жай.
Жас жігіт айыпты түрмен күлімсіреп:
— Қайдан білейін, тіпті тігісі білінбейді, — деп дастарқанды қайта жайды.
Назар қонақтардан көз жазбай, қысыр әңгіменің ортасында отырса да, бүкіл шаруаны білдірмей, өзі басқарып отыр. Лыпылдаған жас жігіт не керек екенін оның қабағынан біледі. Бұл жолы ұшып тұрып, шкафтың ішінен екі бөтелке арақ алды да, сүлгіге орап көрсетпей, Назардың «өзім белгі бермей, қозғалма» дегенін түсініп, орнына қайтып келді.
Төрдегі қонақтардың осал адамдар емес екені түрлерінен көрініп тұр. Бәрі де қалаша киініп, қалаша шаш қойған. Сөйлеген сөздері, отырған отырыстары ауыл адамдарына ұқсамайды, маңғаз да сабырлы. Бірақ солардың ішінде екі қонаққа деген құрмет айрықша. Оның бірі — атқару комитетінің председателі — Ыбыш Қалтаңбаев. Екіншісі, округтен келген уәкіл, сұрғылт матадан тігілген әскери китель мен галифе шалбар киген, шашын жылмита тараған жас жігіт — Мұстафа Қамбаров. Қимыл–қозғалысы, күлгені әлі мінезі жаттықпаған ересек бала секілді. Бірақ сөз сөйлесі шымыр. Ыбыш Қалтаңбаевқа қалжыңдап бірдеңе айтса, ана кісі ішегі қатып ұзақ күледі. Қалғандары әлгі сөздің төркініне түсінбесе де, төңірекке кеще болып көрінбес үшін қосыла мәз болып, әсіресе күлегеш Қамидолла жалғыз өзі көзінен жас аққанша күліп тоқтай алмай қойды. Біраздан кейін отырған адамдарға уәкіл жігіттің әзілдері, шынында да, тапқыр да ойнақы болып көрініп, енді Қамидолла сөз айтқызбай–ақ, алдын ала буыны құрып, былқ–сылқ етіп, күлкіден көз ашпай отырды.
Облыста өткен әлдебір жиналыс жайында Мұстафа Ыбекеңе:
— Жиналыстағы сөзіңіз өте орынды болды, мен де байқап қалдым, үлкен кісі ден қойып тыңдап, риза болып отырды, — дей келіп, тағы да қуақылана:
— Жиналыстан кейін Алматыдан келген әнебіреу өкіл келіншек екеуіңіз... өзі... қалай... — деп даусын құбылтып, жымың қағып еді, оның неғылған келіншек екенін, екеуінің арасында не болғанын білмесе де, уәкілдің сөздерінен күлгенді тілеп отырғанын сезіп, жұрт қыран–топан күлкіге батты. Жайшылықта ешкімнің қалжыңын көтермейтін Ыбекең де әлдебірдеңені мойындаған адамша атқа жортақтағандай селкілдей күліп, басын шайқап қойды.
Ыбыш Қалтаңбаев ауданның ең алыс жері Ақшоқы аулына округтен келген уәкілді әдейі әкелген. Ондағы ойы: «Коллективтендіру жұмысын жүзеге асыру керек деп жоғарыдан күнде қысады, онан да ауылдың жағдайын — кадрдың аздығын, жерінің алыстығын, мәдени тұрмыстың төмендігін тағы сол сияқты толып жатқан қиындықтарды көрсін өз көздерімен». Оның үстіне кетерде Нұрбек осындағы ауылнайдың қонақ күте алатын, жөн білетін адам екенін құлағына сыбырлап айтқан. Өкіл жігіт те пенде шығар, адам құсап бір демалып қайтсын.
Нұрбектің әлгі сөзі бекер болмады. Ауылнай бұларды Ақшоқы көлеміне аттап басқаннан алдарынан шығып қарсы алып еді, содан бері, мінеки, қайда барса да, қастарынан екі елі қалмай, құрмет көрсетіп, енді өз үйіне келгенде де көзі ашық, ақ көңіл, көзжұмбай қонақжай адам екенін сездіріп отыр. Ер көңілділігінде шек жоқ, тіпті не айтсаң да, орындайтын секілді.
Назардың қонақжайлылығы бұл күнде елге аңыз бола бастаған. Сырттан әкімдер келсе, осы үйге бір түсуді өзіне мақсат қылады. Содан кейін ауданға қайтып барып, командировка жайы әңгіме болғанда, бұл жақта бұрын болған біреулер міндетті түрде: «Қалай Назардыкінде болдың ба?» — дер еді, және ол сұрағанынан сол үйде оның өзінің де болғанын, әрі оны әжептәуір дәреже көретіні байқалатын. Әрқайсысы дәл өзіне берілген қонақасының бәрінен артық болғанын дәлелдеуге тырысатын.
Ал ауыл адамдары кеше ғана көз алдарында өскен Назардың осынша өнерді қай жақта жүріп үйреніп алғанына қайран қалып, кейбіреулері: «Тәйірі, ол Назардың өзінен деп отырсың ба? Анау келіннің пысықтығы ғой, ол болмаса, дастарқаны қайтіп жақсы болады»,— деп жұмбақтың шешуін Бибіден іздейді. Бәлкім, рас та шығар, күніне жүз қонақ келсе де, Бибі қабағын шытпайды, қайта шаруасы көбейген сайын көңілденіп, жаныға түсер еді. Қазақ «екінші байлық ақ жаулық» дейді, оның үстіне Назардың да бағы жанып, елге төре болды, бай көңілге байлық қосылған соң, бұл үйдің дастарқаны аңыз болмағанда, кімнің дастарқаны аңыз болсын?
Енді, міне, ауданның кезекті уәкілінен басқа әкім көрмеген ақшоқылықтарға жырдағы батырдай боп елестейтін Қалтаңбаевтың өзі округтік уәкілмен бірге келіп, өмір бойы Ақсуаттың басында өсіп–өнген кәдімгі Назардың үйіне келіп қонақ болуы үш ұйықтаса, түске кіретін нәрсе ме?
— Не де болса, Қалтаңбаевты бір көріп қалдық–ау,— дейді Сағидолла, содан басқа арманы жоқтай.
— Шырағым–ау, округтың адамын қайтесің, ол да үлкен әкім ғой, — деп әлдекім бүгінгі қызықтың айбынын әлдеде асыра түседі.
Қонақтарға арақ құйылды. Төменірек отырған уәкілдер «біз ішпейтін едік» деп теріс бата беретіндей, алақандарын сыртқа тосып, ат тондарын ала қашып жатты да, бірақ осы кезде Ыбекең өзі ыңғай білдіре, арақ құйған кесені алдымен Мұстафаның алдына, содан кейін өзінің алдына қойған кезде амалдары құрып, қайырып жіберген ыдыстарын қайта сұратып алуға мәжбүр болды.
Назар Ыбекеңнің қас–қабағын сезгеннен кейін–ақ, қалған жұрттың апшысын қуырды.
— Халқымыздыц үлкен азаматы Мұсекең мен Ыбекеңнің қолымызды қақпай отырғанын, мына дастарқанды, қала берді, елімізді, жерімізді сыйлағаны деп білемін. Сондықтан осы дәмді бәріміз де қалдырмай алып қояйық, — деді қалған уәкілдерге салмақ сала. Содан кейін қасында отырған адамға: — Әй, Қамидолла, сөзді қой, кәне, өліп кетсең де, ішесің, — деді әмір ете.
Назар әкімдермен сөйлескенде: «Біз ештеңе білмейміз, наданбыз, мінеки, қандай ұлағатты сөз айтылды, осының өзі бізге үлкен ғибрат қой», — деп өзін тұқыртып, кішірейте сөйлесе, ауыл адамдарына сөйлегенде, мұндағылардың ашса алақанында, жұмса жұдырығында екенін жұртқа әдейі білдіре, өктемдеу үн қатады. Бірақ сонысы ешкімге ерсі көрінбеді, қайта ақылдылықтың тәжірибеліліктің белгісіндей болып қонақтарға бұл елде жөн білетін бір сенімді адам бар екен деген ұғым қалыптастырды.
Төменгі жақта отырған ауыл адамдарының назары төрдегі екі әкімде. Бөтен бір халықтың адамын көргендей, екеуінің отырысына, күлгеніне, сөйлегеніне, ішіп–жегеніне таңырқай қарайды.
— Басы қандай үлкен? — дейді әлдекім қасындағы адамға сыбырлап.
— Кімнің?
— Қалтаңбаевтың.
— Ана жігіттің де басы біраз бар екен.
— Көп оқыған адамдар ғой, — деп сәуегейсіді басқа біреуі. — Көп оқығаннан адамның басы үлкен болады дейді.
— Тілеумағамбеттің басы жез шылапшындай еді, — деді Сентай деген кісі шылапшынның аумағын қолымен көрсетіп.
— Оттапсың. Беске дейін сан білмейтін жынды Қарқынбайдың басынан үлкен бас жоқ. Немене ол да бір жерден оқып кеп пе?
— Баяғы Баймағамбеттің Петерборда оқыған баласы Салық ше? Қилымды меңгерген адам сондай–ақ болар.
Басы кіп–кішкентай еді ғой соның, — деп үшінші біреуі дереу әлгінің сөзін тірілтті.
— Иә, нағыз ешкі бас болатын...
— Т–с–с... Ана кісі сөйлеп жатыр.
Бірақ сыбыр тоқтамады. Ыбекеңнің отырысы, арақ ішкенде көзін жұмып нан иіскейтіні, жастыққа қисаймай тік отыратыны; облыстан келген уәкілдің шыбындаған ат құсап басып кекжең еткізіп, шашын кейін сілкитіні, шай үстінде темекі тартатыны, ішкен сайын қызарып келе жатқаны тағы сол сияқтылар әңгіме болды.
Шайдан кейін Назар әнші Әбдіғаппарды алдырды. Қонақтар іргеге бастарын бере, жастыққа қисайып, ән тыңдады. Тек Ыбекең ғана қисаймай тік отыр.
Өмірінде мұндай кісілермен бас қосып көрмеген Әбдіғаппар біразға дейін шешіліп кете алмай, тек ЬІбекеңнің қыстауымен жарты кесе арақты тартып жібергеннен кейін ғана даусы шығып, өзі де көтеріліп сала берді.
— Білем ғой мен бұларды, — деді Ыбекең өзінің тапқырлығына мақтанғандай жұртқа күле қарап.
Әбдіғаппар бұрынғы әдетімен «Дүние бір қисық жол...» — деп басталатын қазақтың қара өлеңін сазды мақаммен бастай беріп еді, Байдәулет:
— Тек, андағың ескі өлең ғой,— деп шошып кетті.
Облыстан келген уәкіл:
— Бәрі де халықтың мұрасы ғой, айта берсін, — деп Байдәулетке қарап жайбарақат көзін жұмып, басын изеп, «ештеңе етпейді, қорықпа» дегенді білдіргендей болды.
Үш–төрт өлеңнен кейін Әбдіғаппар бәйге атындай қызынып, әлдебір ащы айқаймен басталатын әндерге түсіп, думандатып әкетті.
Облыстан келген уәкіл:
— Мынауың Алматыға кететін адам ғой, мұнда текке қор болғанша. Даусы қандай ғажап! — деп басын шайқап таң қалды.
Өлеңнен кейін Әбдіғаппар Дәуітбайдың тоқалымен айтысын, ауылдағы әйелдердің даусын, Күнзағиланың қарғағанын салып, отырған жұрттың бәрін қырғын күлкіге батырды. Уәкіл Мұстафа қып–қызыл боп ішін басып жатып қалды, Ыбекең жылаған адамдай екі көзін жұмып алып, бетін басып, селк–селк етеді.
Әбдед құтырып алған Әбдіғаппарды Назардың өзі әрең тоқтатты.
— Әй, болар енді,— деді Назар уһілеп, күлкісін басқан кезде. — Өлтіресің бе, жұртты, қой енді.
Әбдіғаппар көзін алақ–жұлақ еткізіп:
— Құрысын қойдым, ендеше, — деп алып, іле Күнзағила болып қарғай жөнелгенде, қайтадан қыран–топан болған жұрттың ішінен әлдекім булығып, лоқси бастаған соң:
— Әй, болды енді,— деді Назар даусын қатайтып. — Жетеді.
Жұрт естерін жиып, бір–бірімен күресіп шыққандай ентігіп, терлерін сүртіп, өздерін жөнге келтіре бастады.
Алдыға қуырдақ келді. Майлы қуырдақтың ашқылтым дәмі тілді үйіреді.
Аудан әкімдерінің бірі:
— Маған жеуге болмайды, өйткені дәрігер рұқсат етпейді, — деп қуырдақтан бас тартты. — Шіркін–ай, иісі қандай ғажап, тойғанша бір жер ме еді, — деді сосын қызығып. — Әттең болмайды, рұқсат жоқ.
— Мына кісі бір қызық адам екен, — деп таң қалды Сағидолла қасындағыларға сыбырлап. — Дәрігеріне біреу айтып барады деп ойлай ма, жей бермей ме.
Бабымен піскен дәм, жақсы ықылас, көңіл көтерген ойын–күлкі қонақтар мен ауыл адамдарының арасын мүлде жақындастырып жібергендей болды.
Төрде отырған сыйлы қонақтар төменде отырған ауыл адамдарының атын атап сөйлесе бастады. (Кейін Сағидолла осы оқиға туралы сөз болғанда: «ЬІбекең маған Сағидолла деді» немесе «облыстан келген уәкіл айтты: «Сағидолла сен бүйтші деді» — деп әңгімені өз атынан бастайтын болды.)
Қонақтар бой жазуға далаға шыққанда түс ауған қоңыр салқын мезгіл еді. Желпініп шыққан көңілді топқа ауа райы да, өзен жағасындағы тоғай да, арғы беттегі ит арқа құм шоқылар да керемет көрініс болып елестеді.
— Өзенде балық бар ма? — деді әжептәуір қызып жеңілтектеніп алған Мұстафа Қамбарович әлденеге балаша қуанып.
— Бар, — деді Назар басын изеп. — Шортан, табан, ақ балық — бәрі бар. Ал егер аулайтын болсақ, Сорға барайық. Осыдан үш шақырым жер. Оның балығы деген аяққа оралады.
— Ойпырым–ай, ә? — деді Мұстафа көзі жайнап. — Прямо аяққа оралады дейсіз бе? Мен ондай балықты өмірімде көрген емеспін...
Қалада өскен Мұстафаның балық аулауға қатты қызығып тұрғанын сезген ЬІбекең:
— Несі бар, барсақ барайық,— деді қолын жайып. — Мұстафа түгіл менің де күнде келіп жатқан жерім емес.
Табиғаттың байлығын осындайда "көрмегенде, қайда көреміз. Солай емес пе? — деп сосын ол ауыл адамдарына қарады.
— Солай, солай, — деп жамырасты бәрі де.
Назар жастардың ішінен өздерімен бірге балыққа баратын адам таңдады.
— Қаратай, Сағидолла, Әбдіғаппар сендер де жүресіңдер.
Көп ұзамай думанды мәжілістің қызығына елтіп, желіккен кісілер атқа отырып, ауылдың теріскей бетіндегі Сор көліне бет алды.
— Үлкен кісілер де бала құсап ерігеді екен–ау, — деп ауылдың қатын–қалаштары қызық көріп бұлардың соңдарынан қарап тұрды.
Сор деп отырғанымыз Жыланды өзеніне үлкен бөгет салғанда, ойпаңға жиналған су ғой. Содан бері балық пайда болып, ну қамыс өсіп жағасына малшылар қыстайтын үлкен айдынды көлге айналды. Көктемде су тасығанда өзен суы көлге құйса, кейін көлдің суы өзенге қайта құяды. Осы кезде жас балалар үстіндегі көйлегімен, ұн елейтін елеуішпен, қапшықпен сүзіп майда шабақтарды қырып алады.
Қалың нар қамысты жағалап, ана жер мына жердің атын, тарихын әңгіме қылып келе жатқан, аттылар ашық айдынның тұсынан қалай шыға келгендерін байқаған жоқ. Осы тұста Назардың жөн білгендігіне Ыбекеңнің өзі де таң қалды. Осылай боларын білгендей бір күн бұрын көлге ау құрғызып, балықшы әрі аңшы Бәйділданы қайығымен күттіріп қойыпты. Жалаңаш денесіне шекпен киген Бәкең өз үйіне қонақ келгендей, кісілерді аттан түсіріп, құрақ ұшып жүгіріп жүр.
— Ал енді балықты қармақсыз қалай аулаймыз?— деді Мұстафа жан–жағына таңырқай қарап.
— Көлден қармақ пен балық аулау өнбейтін іс, — деді әңгімеге Бәйділда араласып.— Әдетте аумен аулайды. Ал ау болса, әнеки, құрулы тұр. Балықтың түсуі түспеуі сіздердің несібелеріңізге байланысты. Барасыздар да, түскен балықты ала бересіздер...
— Солай ма?
— Солай–солай, Мұсеке, — деді Назар күліп. — Қармақ салғанда да, ұстайтын балықтарыңыз осы балықтар.
Жағада тұрған қайыққа екі жігіт пен Мұстафа, ал үлкен салыға Ыбыш бастаған бір топ адам отырды.
Мұстафа айдынның арғы бетіне құрылған ауға бұрын жету үшін:
— Ойпырым–ау, тезірек еспейміз бе, ауға аналар бұрын жететін болды ғой енді, — деп ескек ұстап отырған Бәйділданың дегбірін алды.
— Жетпейді ғой, — дейді Бәкең асықпай, сабырлы үнмен.
Айдынға шыққан соң, қайық салды лезде басып озды.
— Ура!— деді Мұстафа балаша қуанып.
Салдың қақ ортасында отырған Ыбекең таяу ұстап итеріп тұрған өзінің қызметкеріне:
— Ойбай–ау, тамақ ішпегенсің бе, қаттырақ итермейсің бе, қой, мынаны мен барған соң қызметтен шығарады екенмін,— дейді жоп–жорта кейіп.
Ауға түскен балықтың санында есеп жоқ, үстіңгі қабатында екі қасқалдақ ілініп өліп қалыпты. Мұстафа есі шығып, бір жаққа алып кететіндей, төңірегінің бәрінен қызғанып, аудағы балықтарды босатып, қайыққа сала бастады. Көлтабанның сарғылт жоталары алтындай жарқырап күн көзіне шағылысады. Арасында екі–үш шорағай кездесіп еді:
— Бұл көлдің балығы емес, — деді Бәйділда табиғаттың өзінен қате тапқан адамдай келіспей. — Көктемде өзеннен ағыспен келіп, адасып қалған ғой.
— Ойбай, адаспақ түгілі, қаңғып кетсін, бізге балық болса болды,— дейді Мұстафа балықтарды аудан жанталаса ағытып жатып.
Мұстафаның балаша сүйкімді қылығын жұрт қызықтап мәз болды.
— Осы ауданнан адам келсе бетіне қарай алмаушы ек, мынауың бір кішіпейіл ғажап адам ғой, — деді Сағидолла риза болып.
— «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы–ay, ә?
— Бет қаратпайтындар бер жағындағылар ғой, — деді Жұмабек, осы бір жайды өзінің баяғыдан білетінін сездіргісі келгендей тыжырына сөйлеп. — Үлкен ұлықтың алды қашан да кең болады.
Ау қараушылар балықтарын қайыққа тиеп, бейне бір теңізден қайтқан балықшылардай шаршап–шалдығып жағаға оралды.
Мұстафа ауды тарқатып жатып бір шорағайдан айрылып қалған екен, ешкімге сөз бермей, қайта–қайта соны айтумен болды. Тыңдаушылар әр айтқан сайын әлгіні жаңа естігендей, бастарын шайқап, таңдайларын қағып таң қалысып жатты. Мәселен Жұмабек:
«Апыр–ай, ә, өзі шамасы үлкен болды ғой, әйтпесе мықтап ұстағанда кете ала ма?— дегенді үш рет айтты.
— Шіркін–ай, мылтық болып құс аулар ма еді, — деді Ыбекең төбеден ұшып бара жатқан бір топ үйректі көріп.
— Мылтық бар ғой, — деді Бәйділда осы айтуым дұрыс па дегендей Назарға қарап қойып.
Қонақтар не қалайтынын күні бұрын білетін өзінің әулиелік қасиетіне риза болғандай Назар Бәйділдаға басын изеп, миығынан күлді. Бәйділда қамыс күркенің ішінен мылтық алып шықты.
Балықтан құсқа ауысқан аңшылар көлдің арғы қабатына шықпақ болып, жалғыз аяқ жолға түскені сол еді:
— Ойбай, әне, киіктер құлады суға, — деген Жұмабектің даусы жұртты селк еткізді.
Әуейі жұрттың жоспары осы арада құстан киікке ауды.
Бәйділда балалардың сөзін тыңдаған үлкен кісі секілді, әр сұраққа сабырмен жауап беріп, «тәйірі, осы да аңшылық па, әшейін ермек қой» деген түрмен астындағы қарны қампиған торы атын тебініп киіктер суға құлаған түбекке қарай жол бастады. Одан кейін топты екіге бөліп, киіктер кері қайтқанда бытырай қашпас үшін қапталдан үркітуді тапсырды.
Тура жолда Мұстафа мен Бәйділда қалды. Мұстафа бір жерде тығылып жататын шығармыз деп ойлаған, бірақ Бәйділда бұлай аң атуды өзіне лайық санамайтын және қазіргі жайға онша мән бермейтін, өзін одан үлкенірек іске лайықты санайтын ірі аңшының сыңайын байқатып:
— Ештеңе етпейді,— деді күліп. — Жүре берейік. Киіктер бәрібір қазір біздің үстімізден өтеді.
Бұрын аң аулап көрмеген Мұстафа «үстімізден өтеді» дегенге жөнді түсінбей, қорқып қалды.
— Мына жер түбек қой, — деді Бәйділда өзінен ақыл–ойы төмен балаға жөн түсіндіргендей ежелей сөйлеп. — Екі жақ қапталдағы жыраның аузын беттегеннен кейін тек тура жолмен қашады. Жолындағы адамға да қарамайды. Бірақ басып кетпейді, әрине,— деді тағы да күліп. — Осылай қасымыздан зуылдап өтіп жатады.
— Сіз осы жерден талай атып алған шығарсыз?
— Мен киікті мылтықпен ауламаймын, — деді Бәйділда жайбарақат мақтана сөйлеп, — мен киікті тек қақпанмен аулаймын. Киік деген үркек хайуан ғой.
— Ойбай, келе жатыр, — деді Мұстафа осы кезде, қашатын адамдай апалақтап.
— Тез аттан түсіңіз, — деді Бәйділда қаладан келген әкімге бұйыра сөйлеп. — Мә, мылтықты алыңыз, асықпай текесін таңдап атыңыз.
Андағайлап зымыраған қалың киік қырып жіберетін жау әскеріндей ентелеп келіп қалды. Одан кейін екіге жарылып, дәл осы жерден тура өтіп кетпесе, бәстен айрылатындай өршелене ілгері ұмтылды. Бастары тұқжиып, көздері аларып, дәл қастарынан зуылдап өтіп жатқан киіктерге қарап, Мұстафа аңырып қалған.
— Тез ат!— деген бұйрық естілді.
Мұстафа «текесін таңдап ат» деген сөзді есіне алып, мылтығын көтеріп көздей бастап еді, мынандай зымыраған хайуанның біреуін дәлдеп ату деген мүмкін емес секілді көрінді де, оң қапталда шоғырланып өте берген бір топ киікті нысанаға алып, шүріппені басып қалды. Гүрс еткен мылтық үнімен бірге көк түтін шаңмен араласып жоғары көтерілді. Мұстафа қалың шаңның арасынан оғының тиген тимегенін білмей, «Әй, тәйірі, менің атқан оғым тиюші ме еді»,— деп алдын ала өзіне ренжіп дағдарып тұрғанда, Бәйділданың:
— Құлады, құлады — деген даусы естілді.
Осы кезде киіктердің соңғы тобы да екі аңшының жанынан оқтай зымырап кең даланы бетке алып, ұзай берген. Мұстафа ненің құлағанын айыра алмай тұр еді, бір топ боздың ар жағында итше шоқиып тұруға тырмысып жатқан жалғыз киікті көрді де, есі шығып тұра жүгірді. Келе, жем көргенде бүкіл хайуан атаулыны билейтін есірік сезіммен жатқан киікті жанталасып құшақтай құлады. Зәресі ұшып кеткен киік, аяғы аспаннан келе аунап түсті де, өлген екем деп ойлағандай қимылсыз қалды.
— Мұсеке түрыңыз. Андағы жатысыңыз не?— деді іле артынан жеткен Бәйділда.— Үстіңізді бүлдірдіңіз ғой. Ешқайда кетпейді енді...— Бәйділда аттан түсіп қалтасынан пышағын алды да, киіктің басын шалқайта ұстап, «біссімілла» деп тамақтан орып жіберді.
Көп ұзамай басқа аңшылар да жетті. Бәрі де мәз болып, бұрын киік көрмегендей шулады.
— Мынауың ешкі ғой, текесін неге атпадыңдар,— деді Ыбекең...
— Мен текесін ат деп айтып едім,— деді Бәйділда «менен кінә жоқ» дегендей жайбарақат.
Мұстафа алдында бар шындықты айтқысы келіп отырған, бірақ:
— Тура текесін–ақ көздеп едім, болмады,— деп қалай өтірік айтқанын өзі де білмей қалды.
Әдейілеп текесін көздегенде ешкіге не лаққа тиетіні аңшылық өмірде жиі кездесетін оқиға болғандықтан, әлгі сөздің шындығына ешкім күмән білдірген жоқ.
Бұдан кейінгі әңгіме–дүкеннің қызығы аң аулағанның өзінен кем болған жоқ. Әркім өзі сөйлегісі келіп, «сөзің аузыңда» деп бірін–бірі тоқтатып, кейде екеу–үшеуден қатар сөйлеп, у–шу, азан–қазан болды. Ыбекеңнің айтуына қарағанда сол жақ қанатта бұлар болмағанда, мұның бірі де болмайды екен, сағадан киіктердің бәрі шығып кеткелі тұрғанда, үлкен ептілікпен, аңшылық тапқырлықпен әрең деп бетін қайтарыпты. Оң қанаттағылардың тапқырлығы онан да асып түседі. Олар киіктің бір бет алғанда тоқтай алмайтынын біліп, алдын ала қаз–қатар тұрып, киімдерін бұлғап, қиқу салып, маңдарына жолатпаған. Атып алынған жалғыз киікте бәрінің де үлесі бар екеніне көздері жеткен кезде аңшылар өздеріне–өздері риза болып ауылға қайтты.
Алда Ыбекең мен Мұстафаның ортасында — Назар, одан кейін ауданның қалған әкімдері, олардың қасында парторг пен артель бастығы Жұмабек, соңында ауылдың шашбау көтеруші активтері, Сағидолла секілді «алып кел, барып келге» жұмсайтын екі үш жігіт.
Назар қалған әкімдермен көп сөйлесе бермейді, сендерге лайықты атқосшылар бар ғой дегендей, өзі Ыбекең мен Мұстафаға ғана жұғысып, солардың әңгімесін тыңдап, айтқанын орындап, әрі терезесі тең адамдай, емін–еркін әңгімелесіп келеді.
— Мынау бір әшейін ырымын жасаған секілді іс дана болды. Амандық болып, кейін бір реті келсе, шаруашылығымыз жақсы болса,— осы тұста Назар өзімен–өзі сөйлескендей бір үнмен,— шаруашылықты жөндейміз ғой, жобаға кеп қалды,— деді де, сосын алғашқы көтеріңкілеу үніне қайтып оралды: — сосын бір жолдарыңыз түсіп осында келе қалсаңыздар, нағыз аңшылықты жасар едік. Бұ да бір қызық қой...
— Несі бар,— деді Ыбекең Мұстафа «жоқ» деп қоя ма деп қорыққандай, алдын ала асығыс үн қатып, — Мұстекең тағы бір келгенде, дұрыстап ұйымдастырамыз... Солай емес пе?
— Әрине, — деді Мұстафа балаша қуанып.
Күн батып, ақшам жамырап, ел орынға отырған кезде аң аулағандар ауылға келді.
Енді қонақтармен бірге аңға барып келгендердің беделі аяқ астынан көтерілді. Ыбекең маған осылай да, осылай деді, сосын мен Ыбекеңе былай дедім деген әңгімелерді жергілікті халық ауыздарын ашып тыңдады. Ал Назарға ауыл адамы түгіл аудан жігіттерінің қолы жетпей қалды. Түрі онсыз да сұсты Ыбыкең өзінің жолдастарымен жүзін жылытпай, сазарып отырып сөйлессе, Назарға келгенде мүлде өзгеріп, қабағы ашылып қоя береді. Ал Мұстафа «Назеке, Назаға, Назке» деп атын неше құбылтып, еркелетіп атайды.
Келесі күні таңертең Ыбыш пен Мұстафа «ойнадық, күлдік, енді жетер» дегендей, түрлерін суытып алғашқы уәкіл қалыптарына түсті. Белсенділердің басын құрап, шағын жиналыс өткізді. Мұстафа деген жігітіңіз ағып тұрған шешен екен, партияның ішкі–сыртқы саясаты, халықаралық жағдай, облыс көлеміндегі өзгерістерді неше түрлі цифрлармен араластырып баяндаған кезде, ел аузын ашып отырып қалды. ЬІбекең партия, совет кадрларының алдында тұрған негізгі міндеттер: мал басын аман сақтау, коллективтендіру жұмысын түбегейлі орындау, қыстан аман шығу, сауатсыздыққа қарсы күрес секілді күн тәртібіндегі шаруаларды атап көрсетті. Бұл кісі жекіп, ұрсып сөйлегенді жақсы көреді екен, бірақ онысы өзіне бір түрлі жарасып тұрды.
Аттанар алдында Назарды жеке шақырып алып:
— Анау артель бастығың маған онша ұнаған жоқ, — деді өзінің жолдастарына сөйлейтін қатқыл даусымен, — тым бос, сондықтан бар шаруаға жауап бересің. Ал іс жөнге келмесе, ағайыншылықтан кетісеміз. Ұқтың ба?
— Ұққанда қандай, — деді сенімді үнмен Назар. Қамшыны сүйетін көлік секілді, жүзінде құлшыну, сол бір барлық іске жауап беретін сын сәтті асыға күту бар. Осыны сезген Ыбекең «Жарайсың, жүрегіңде отың бар екен»,— деп іштей сүйсініп қалды.
Жөн–жобаны жақсы біледі деген атына кір келтірмей, Назар қасына Байдәулет пен Жұмабекті ертіп, қонақтарды Қоңырөзек сайына дейін шығарып салды.
VIII
Клубтың маңдайшасындағы Қызыл ту жел екпінімен шыбыртқы үйіргендей сартылдап, төңірекке салтанатты да айбарлы түр беріп тұр.
Жаз бойы үңірейіп тұратын қыстаулардың терезелері салынып, сырты сыланып, жан–жағы тазарып қалған. Әлдекімдер албар буып, тезек түсіріп қыс қамына кірісуде. Бірақ қалың ауыл әлі қыстауға көшпеген — мезгілі жетсе де, күздің қабағы ашылып қоңыр тартқан соң, әр күнді олжа көріп, әне–міне деп отырған түрлері бар. Шөп шабу, егін ору, күзем, күйек алу секілді науқанды қауырт жұмыстар аяқталған кез. Ауылда қолы бос адам көп. Клуб төңірегіндегі қараң–құраң кісілерді көріп:
— Бүгін осы бірдеңе бар–ау деймін кеңсе жағында,— дейді бір–біріне.
— Шырағым–ау, өзің қайда жүрсің, бүгін үлкен жиналыс қой.
— Иә, айтпақшы бүгін Ақшоқы ауыл кеңесінің жалпы жиналысы болады. «Бірлік» пен «Бостандықтың» да адамдары келуге тиісті.
Талма түстің шамасында көрші ауыл адамдарының қарасы көрінді. Қарасудағы «Бірлік» артелінің басқармасы Рамазан бастаған бір топ адам ауылдың алдымен кеңсеге қарай тура тартты.
Рамазанның астында жалы тоқпақтай қаракер ат, қара бешпентінің сыртынан қызыл жолақ мата белбеумен буынып алыпты. Қаракерді сипай қамшылап, құрық тастам жерде киіктің текесіндей болып алда келеді.
Ауылға келген–кеткенді сөз қылмаса отыра алмайтын шал–шауқандар көбін жыға тани алмай:
— Сенің көзің жетеді ғой, анау Рамазанның арт жағындағы кім? — дейді жастау біреуіне.
— Тұмақ киген бе?
— Жоға, артындағы ше, әне біреу, баланың шүметегі құсап шікірейген?
— Соның — Арқаубайдың баласы болу керек. Жaқында есепші болды деп естігем.
— Тек. О мәжнүннен есепші шығушы ма еді? — дейді алғашқы шал шошынып.
Көп ұзамай Суықбұлақтың да адамдары келіп жетті. Ондағы «Бостандық» артелінің бастығы Сатыбалды — жаңа сайланған жас жігіт. Өзін өткір де, тілді екен деп жұрт мақтап, әңгіме қылатын. Астындағы қойторылау көк атын, жұпыны киімін көріп, Ақсуат халқы оны менсінбей қалды.
— Бүйтіп бастық болғаныңа болайын,— деді әлдекім мырс етіп.— Қолынан келіп тұрғанда әлгі Рамазан құсап жүрмей ме екен шіреніп.
Оның есесіне шекпен киген бір жуан қарын төсі қайқайып, ауылнайдан жаман аспанға қарайды.
— Паһ, паһ, мынау қалай шіренеді–ей?
— Апыр–ай, жерді ойып жіберер ме екен?..
— Мынауың тіпті үлкен дәретке отырмайтын адам секілді ғой.
— Сонда бұл кім?
— Қу сүйек комитетінің бастығы ғой,— деді әлдекім ешкінің маңырағанындай бір дыбыспен күліп.
— Оның не бәле тағы да?
— Ойбай–ау, Жетпісбай емес пе, — деді екінші біреу. — Кәдімгі жүн–жұрқа, тері–терсек, сүйек жинайтын Жетпісбай ше?...
— О, худауандау!— дейді шалдар оны да ұнатпай.
Шалдардың көңіліне жағу қиын. Қит етсе: «Қайран баяғының заманы қандай еді?» — деп бірін–бірі куәге тартып отырғаны. Бүгінгі заманның адамы да, малы да бір түрлі... Отырса — опақ, тұрса — сопақ.
Жаңа мекенді қашан да жерсінбейтін хайуандар секілді адам баласы жаңа заманнан гөрі баяғы заманды аңсап отыратын әдеті ғой. Бірақ ол өзінің баяғы жастық шағын — жақсы шағын ғана сағынып отырғанын сезбейді. Ертең тағы да бүгінгі осы күнді ойлап, қайран заман деп отыратын ұрпақ келеді. Одан кейін тағы солай, тағы солай болып кете береді. Әркім өз бойының қуанышынан ия қайғысынан қоғамның қуаныш–қайғысын іздейді. Өстіп өмір, уақыт жайында мың түрлі ой–пікір пайда болады.
Ұлы бесінде клубтың алды адамға лық толды. «Ішке кіріңдер» деп жылмақай қара бала екі рет шақырса да, қабырғадағы газетті қызықтаған қалың топ гуілдеп тұрып алды. Аудандық газетте Назардың күліп түскен суреті басылған еді. Бұрын сурет көріп үйренбеген үлкен кісілер:
— Сонда осы тұрған кісің кәдімгі Назар ма? — деп өзі Назарды танымайтындай жанында тұрған адамнан сұрайды.
— Апыр–ау, өзің Назар екенін көріп тұрған жоқсың ба?
— Қайдам, — дейді үлкен кісі аузын сылп еткізіп.
Екінші газет — қолдан жасалған қабырға газеті. Онда да Назардың суреті. Астында «Назекеңнің арқасы» деген өлеңді мәнерлеп сиямен жазған. Даусы шіңкілдеген біреу өлеңді дауыстап оқи бастады:
Ауылымның өскені,
Назекемнің арқасы.
Жауларымның өшкені
Назекемнің арқасы,
Берекесі елімнің
Назекемнің арқасы,
Мерекесі елімнің
Назекемнің арқасы..,
— Паһ. Қиыстырған–ақ екен, — деп әңгі Сағидолла коридорды басына көтерді.
— Сөз қалай?
— Мұны кім шығарып жүр?
— Қамидолла шығар, басқа кім дейсің?
— Сөзді қалай ұйқастырады жымдай қылып.
— Өтірікті шындай қылып,— деп қалды біреу топ ішінен.
— Назекеңді қалай мақтасаң да тұратын адам ғой, қайтесіңдер қызғаныштық жасап,— деді қойбағар Сәтібек ренішті үнмен. — Бүкіл ауданды шулатқан кімің бар осыдан басқа? Әшейін, сандалып...
— Ойбай, не деп отыр?— деп тәпелтек қара кісі көзін алақ–жұлақ еткізді. — Назекеңді аудан түгіл округің де біледі. Әнеу күні секлетарыңның өзі қалай–қалай жәмпеңдеді?
— Жолдастар–ау, ішке кіріңдер дедік қой, — деп жылтыр қара үшінші рет айқайлағанда, жұрт топырлап, биік табалдырықтан сүріне аттап, ішке кіре бастады.
Активтер жағы қызыл мата жапқан ұзын столды жағалай орналасқан. Ортада — Назар. Үстіндегі әскери гимнастерка, тікірейген қайратты шашы мен қара мұрты түріне айрықша айбат беріп тұр. Түсі сұрланып, әлдебір қатты ашудың үстінде отырғандай төңірегіне шаншылып, қатал қарайды.
Байдәулет жиналысты ашып, Назарға сөз берді.
Назар орнынан тұрып, қызыл матамен қапталған мінбеге келді.
— Жолдастар,— деді ол басын шалқайта отырған жұртты көзімен шолып. — Келе жатқан Октябрь мерекесі бәріңе де құтты болсын!
Жұрт ду қол шапалақтады. Жиналыстың салтанаты жұртқа бірден әсер етті.
— Биылғы жаз Ақшоқылықтар үшін табысты жаз болды,— деп сөзін жалғастырды Назар.— Ауылды советтендіру жұмысы ойдағыдай өтті. Салық жоспарын орындап шықтық. Тап жауларын елден қудық. Құлаған артельдер қайта, құрылды. Егін, шөп, күзем науқандарын атқарып шықтық. Енді осының бәрі оп–оңай орындалды десем, әрине, сөзім бекер болар еді. Биылғы жаз бізге өте ауыр тиді. Өйткені әлгі айтылғандардың бәрі шиеленіскен тап тартысы жағдайында өтті...
Жұрт алдында көп шығып әбден жаттыққан Назар үйінде отырғандай еркін сөйлеп, тыңдаушы халықты бірден өзіне баурап алды.
— Совет жұмысына, кооператив, артель шаруашылығына белсене араласқан кедейлер тобын айрықша атап өткім келеді, — деді бір тұста. — Мәселен, Бекболатов Өгізбай, Баймолдин Ошақбай...
Отырған жұрт ошарылып, өз араларынан аттары аталған адамдарды іздей бастады.
— Оу, той ғой бүгін үйіңде. Ит–ау, осындайда шашылмағанда, қайда шашыласың?— деген сөздер көбейіп, Байдәулет жұртты қоңырау соғып тоқтатты.
— Жолдастар, — деді Назар тағы да жұрттың шуылы басылған кезде. — Енді әлгі жолдастарға тағайындалған заттай сыйлық бар, соларды үлестіреміз... Бекболатов Өгізбайға — үш метр сиса.
Басқарма Рамазан орнынан тұрып келіп, ораулы матаны мінбеде тұрған Назарға ұсынды. Назар матаны жазып, жұрт көрсін дегендей жоғары көтеріп ұстады да:
— Мә, қатыныңды бір қуант,— деп Өгізбайдың қолтығына қыстыра салды.
Өгізбай қуанғаннан қып–қызыл болып, тура Назардың өз үйінің матасын алып тұрғандай, қолын ұстап жібермей, қайта–қайта рақмет айтып тұрып алған соң, Сағидолла оны итеріп апарып орнына отырғызды.
Жұрт матаны ұстап көрмек болып топырлап, тұрып кетті. Клубтың іші гу–гу. Сыйлыққа іліккен Малдыбай біреу тартып алатындай, матасын қойнына тығып, жұрттан қашып бөлек отырды.
— Ай, мынау Назарың керемет адам болып шықты ғой, — деп Оразмағамбет Сонарбайға аң–таң болып қарайды.
Сонарбай басын шайқап, өзінің де қайран қалып тұрғанын білдірді.
Сыйлықты ең соңынан алған Кенжеғұл өте кедей кісі еді, матаны көргенде, шыдай алмай жылап жіберді. Көзінің жасын сүртіп:
— Жолдастар, — деді бір кезде даусын көтере, — мен басқаңды білмеймін, Назар жасасын, Назар!
Жұрттың сатырлата қол соғып, қошемет көрсеткені, әр тұстан айқайлаған дауыстар ешкімге де ерсі көрінген жоқ.
— Біздің Кенжекең ер ғой, турасын бірақ айтты.
— Енді қайтсін, — деген дауыстар естілді.
Назар бай–кулактарды тап ретінде жою шараларының әлі де толық іске аспай келе жатқанын, байларға конфиске жасаған кезде ортаға түскен малдардың талан–таражға түскенін, ауыл басшыларының өз туыстарын қызғыштай қорып, үкімет пен партияның саясатын бұрмалағанын баяндады. Сөзінің соңында артель өнімінің жан басына ортақ бөлінуі дұрыс еместігін, соның арқасында артельге сығалап еніп алған байлардың құйыршықтары да тегін еңбек ақы алып отырғанын айтты. Осы тұста кедейлер жағы шуылдап, мәз болып қалды.
— Дұрыс–ақ, өте дұрыс.
— Орынды сөз.
— Назекең дұрыс айтады.
Назардан кейін артель бастықтары сөз сөйледі. Жұмабек биылғы жиналған шөптің әлі де аз екенін, жаңадан ұйымдасқан ешкі фермасы науқан кезінде ескерілмегенін айтып еді, Сонарбай тағы да сәуегейсіп:
— Осылай боларын мен баяғыда біліп едім. Құдайдың Жарбидайығы тұрғанда, кісі Шөміштен шөп шабар ма? Құдайдың зарын қылдым, Шөміштен биыл шөп шықпайды деп, тыңдадыңдар ма? — деп шыға келді.
Оған шөп бригадирі Ермекбай шамданып:
— Әй, сен оны маған қашан айтып жүрсің? Қашып боғыңа жығылғанда ма? Құдайдың бос сөзін сөйлейді екенсің. Шауып алатын адамымыз жетсе, Шөміштің шөбі жетпеуші ме еді?.. Осының–ақ пайғамбарлығынан өлдім–ау, — деп күйіп–пісті.
Шоқша сақалды, ұзын мұрын Құлахмет, келіндері Сумұрын қайнаға дейтін, қашан көрсең, зарлап отыратын уайымшыл кісі. Алғаш артель құрылғанда жылқы бағып, қазір жасы келген соң, үйде отырып қалған. Бірақ шаруаға үйреніп қалған ескі кеуде жылқы жайлы сөз болса сөйлемей қалмайды.
— Шырақтарым–ай, — деді бір жері ауырғандай зарлай сөйлеп, — сендер не ойлап отырсыңдар? Жылқыға көмекші етіп, әйелімен Есімбекті жіберіпсіңдер, ол әлі жас, ал басшы қып жіберген адамдарыңның бас қондырысы маған ұнамайды. Мен сенсем, кер айғырға ғана сенемін. Кер айғыр тірі болса, қалың жылқыны қасқырға алдырмайды. Ал егер әлгілер кер айғырды өлтіріп алса, артель құриды, айтпады демеңдер, — деп қаудіреген тонын қымтана, бір парызынан құтылған адамша шегініп отырды.
Осы кезде Назар орнынан тұрып:
— Жолдастар, — деді даусы қаңқ етіп.
Жұрт Назардың сөзін екі етпейтін ықыласпен сілтідей тынып, тыңдай қалды.
— Менің ендігі ұсынысым мынау, жолдастар. Біздің арамызда Бірмағамбеттің Асқары отыр. Бәрің де білесіңдер, арғы атасы би болған, өзі де билік айтқан. Біздің қоғамға жат, бөтен адам. Біздің қоғам — кедейлердің қоғамы. Ата сыйлайтын, тек сыйлайтын заман өткен. Сондықтан Бірмағамбеттің Асқары кулак есебінде аласталсын. Мен осыны сұраймын. Кімнің қандай ұсынысы бар? — Назар тас түйін боп сазарып отырған жұртқа қарады.
Әңгіменің бұлай өзгеруін күтпеген халық не дерін білмей үнсіз қалды.
«Неғып отыр екен» дегендей бәрі көздерінің қиығымен Асқарға қарады. Біреулер: «Әшейін сөз арасында айтылған әңгіме шығар», — деп ойлады.
Орнынан әйелше бұратылып тұрып, ортаға Өлмес шыққанда, Асқар мұның әдейі ұйымдастырылған шаруа екенін бірден сезді.
Өлмес қабағын кіржитіп, біреуден зәбір көрген адамның түрімен:
— Бұл өзі...— деп даусын жіп–жіңішке қылып, ойланып, жан–жағына қарап алды да:— Шынын айту керек, — деді даусын зорайтып, — Бірмағамбеттің Асқары тұрғанда, бізге күн жоқ. Неге дейсіз ғой? Себебі ол оқыған молда адам, билік құрған адам, үстемдік жүргізіп үйренген адам. Оған ешкім де ұнамайды. Құдай ақына, осы отырған ешқайсымыз да ұнап отырған жоқпыз. Анада мені дінге қарсы сөйледің деп, ел–жұртқа мазақ қылып, итімді шығарған жоқ па? Істейтіні — осы, біреуді біреуге айдап салу, үгіт тарату, біреуді мазақ қылу, сыртынан тон пішу. Мінеки, күн көрсетпейтін себебі. Мәселен, мен өзім өз шамамды білген соң, жайыма қарап тыныш жүремін. Үкіметтің саясатына құдай ырза... ойбай, — деп Өлмес аузына дәмсіз бірдеңе түсіп кеткендей тыжырынып басын шайқады. — Үйреніп кеткен сөз... Иә, мен ырзамын. Үкіметтен айналайын, мінеки, жеткізген жоқ па бәрімізді.
Жұрт төмен қарады. Өлместің сөзі аярлық екенін, жағымпаздық екенін бәрі білді, бірақ солай екенін дәлелдеп беру мүмкін емес еді. Мүмкін емес екенін Өлместің өзі де жақсы білетін, сол себепті ешкімнен айылын жиған жоқ.
— Мен Назардың сөзіне қосыламын, жиналыстан қуылсын,— деп сөзін аяқтады.
— Шырағым, төрағасы, маған сөз беріңізші,— деді Асқар орнынан көтеріле беріп.
— Жоқ болмайды. — Назар шоқ басып алғандай атып тұрды. — Сізге сөзді бере алмаймыз, жолдас Бірмағамбетов. Бұл шешендік көрсететін билердің айтысы емес.
Отырыңыз да, тыңдаңыз жұрттың сөзін, әйтпесе шығып кетіңіз.
Асқар орнына қайта отырды. Өзін қорғап сөйлейтін біреудің табылатынына ол әлі сенімді еді. Ортаға ырғала басып, Малдыбай шыққанда, осы ойына беки түскендей болды. Кенет Малдыбайдың:
— Мен де Назекеңнің сөзіне қосыламын, — деген сөзін естігенде, өз құлағына өзі сенбей, мелшиді де қалды.
— Ау, себебін айтсаңшы, — деді әлдекім.
— Себебі жоқ, — деп Малдыбай орнына қайтып келді.
— Себебі жаңа айтылды, — деді Назар айтқан адамды іздегендей жұртты көзімен тінте қарап. — Отыратын болсаңдар, жайларыңа отырыңдар.
Одан кейінгісі Асқарға бір түрлі бұлдыраған түс секілді боп көрінді. Өмірінде шәй десіп көрмеген адамдардың бәрі де Асқарды елден аластату керек, қуу керек деп сөйледі. Осыны естігенде Асқардың жүрегі аузына тығылды. «Бұл қалай?— деді ішінен болған іске ақылы жетпей. — Мыналар мені осылай әңгімелесіп отырып, өлтіре салудан тайынбайтын секілді ғой. Дендері сау ма өздерінің?»
Ортаға қалаша киінген ұзын бойлы, сұлу жүзді жас жігіт шықты.
— Мынауың кім?— деді алдыңғы жақта отырған Оразмағамбет Сонарбайдың тізесіне қолын тигізіп.
— Рамазанның үлкен ұлы Жарас қой, — деді Сонарбай қызыл столда шіреніп отырған Рамазанды көзімен көрсетіп. — Қалаға апарып оқытып еді, ештеңе бітірмей, қайтып келген секілді...
Жарас өзін–өзі қызықтағандай, әдемі бұйра шашын әлсін–әлсін сілкіп қалып, қалалық адамдарға тән әдетпен:
— Та–ак,— деді ойланып.
Жарастың сұлу келбеті, жуан қоңыр даусы, ақырында, сөзінің басын орысша «так» деп бастауы жұртты елең еткізді. «Апыр–ау, мынауың қандай келісті бала, біздің елдің адамына ұқсамайды ғой», — деген әсер әркімнің де жүзінен байқалып тұрды.
— Мен газетке мақала жазып жүргенде, — деді Жарас қабағын түйе жоғары қарап,— осы аудандағы бүкіл ауылды аралап шықтым...
— Пах, шіркін,— деп таң қалды Оразмағамбет. — Шырағымның бармаған жері қалмапты ғой.
— Көптеген артель, колхоз шаруашылығымен таныстым, — деді Жарас Оразмағамбетті таң қалдыра түскісі келгендей. — Жетінші ауылдың атақты «Коминтерн» колхозында болдым. Жүрген жердің бәрінде де ең алдымен Назекеңді сұрайды. Газетке шыққан суретін көріп әңгіме қылады. Қазір Назекеңді аудан көлемінде білмейтін адам жоқ. Осындай адамның өз аулымнан шыққанын мен мақтаныш етемін.
Отырған адамдар Жарасты алдыңғы әңгіме бойынша бірдеңе айтатын шығар деп ойлаған болатын, бірақ ол Назарды бірыңғай жер–көкке түсірмей мақтағаннан басқа ештеңе айтпады.
— Назекеңнің атағын біз қадірлей білуіміз керек, — деді Жарас шашын сілкіп қалып.— Назекеңді алақанға салуымыз керек. Ол біздің айбынымыз, абройымыз. Ал абыройды асыратын можантопай тобыр емес, Назекең секілді ел ағасы. — Жарас осыны айтып, жалғыз ауыз сөзбен жау тоқтатқан адамдай, қойқаңдай басып орнына барып отырды.
Жұрттың бәрі ештеңеге түсінбей қалды. Біразы мәз болып:
— Сөз–ақ! Тамаша айтты. Жаса, шырағым! — деп шулап кетті.
Одан кейін екі әйел шығып сөйледі.
— Атам былтыр баламызды ұшықтап емдеген, бірақ одан баламыз түк жазылған жоқ,— деді біреуі.
Екіншісі жай сөйлегенде быдық болатын, осы жолы не айтып, не қойғанын ешкім түсінген жоқ, арасында «қайнаға» деген сөзін ғана айқын айтып, жаулығымен бетін баса, сыртқа шығып кетті.
Ақырында орнынан Ботбай тұрды.
— Мен асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын, — деді Назарға қарап. — Мені қорқытып, не бәйге аласыңдар. Кедей десең, кедеймін, батырақ десең, батырақпын. Артель алғаш ашылғанда мүше едім, содан мүшемін... Бірақ сендердің Асқарға жасап отырған мына зәбірлеріңе мен түсініп тұрғам жоқ. Бас араздық секілді бірдеңе болса, оны осындай жерде шеше ме екен. Ағайынның азары болса да, безері болмайды демеуші ме еді? Осы отырған қайсың қиянат көрдің одан? Сен — Ошақбай, сен — Қабдырақ, қайсың соның есігінде жалшы боп жүріп ең? Саған не жоқ, Малдыбай?..
— Бөке,— деді Назар ызғарлы да зілді үнмен. — Айтарыңызды айттыңыз, бірақ жұртқа үгіт жүргізбеңіз. Бұл бас араздығы емес, тап араздығы.
— Апырым–ай, — деді Ботбай қиналған үнмен,— саясатыңды өзің білесің, шырағым. Бірақ Асқарды кешегі Дәуітбайлардың қатарына қоюға қайтіп дәттерің барады. Асқар елдің азаматы емес пе? — Ботбай біреу бірдеңе дер ме екен дегендей, жан–жағына қарап еді, ешкім үндемеді. — Жоқ, мен бұған қосыла алмаймын.
Назар орнынан тұрып, Ботбайдың сөзін бөліп кетті:
— Бөке, отырыңыз, отырыңыз, не айтатыныңыз белгілі болды. Ал енді, жолдастар, көпшілік дауыспен Ақшоқы еңбекшілері жиналысының қаулысын аламыз. — Назар стол үстіндегі бір бет қағазды алып оқи бастады. — «Біз Ақшоқы төртінші аулының кедейлері бұдан бұрын елімізден аласталған байлардың құйыршығы — Бірмағамбетов Асқардың іс–әрекетін талқылап, ауыл кедейлеріне осы кезге дейін үстемдік жүргізіп келгенін және оларды қорқытқанын, қорлағанын, дінді жақтап, совет үкіметіне қарсы үгіт жүргізгенін анықтап, осы үкімді шығардық: еңбекшілердің жауы Бірмағамбетов Асқар бұдан бұрынғы аласталған байлардың санатында жер аударылсын. Осыны аудандық кеңестен сұраймыз».
Қаулы оқылып біткенде наразылық екені, иә құптағаны белгісіз клубтың іші гуілдеп кетті. Назар қоңырау соғып жұртты өзіне қаратқаннан кейін:
— Бұдан әрі жиналысты жалғастыру үшін Ақшоқы еңбекшілерінің атынан Бірмағамбетов Асқардың жиналыстан шығуын талап етемін, — деді Асқарға қарап.
Асқар екі сөзге келе алмады, бір жаққа жұмсалған балаша қалбалақтап орнынан тұрып, ешкімнің бетіне қарай алмай, бұрынғы кербез жүрісіне ұқсамайтын басқа бір жүріспен есікке қарай жорғалай жөнелді.
Қарашаның кешкі салқыны бетін шымырлатқанда барып, өзінің далаға шыққанын және сүмектей болып терлеп тұрғанын сезді.
Батқан күннің жарығы әлі басылмаған. Жыландының арғы бетінен жер бауырлаған күзгі сұйқылтым тұман көрінді.
Асқар қатты абдырап өзінің қалай қарай жүруі керек екенін әрең ажыратты. Өзін шыңырауға құлап келе жатқан, бірақ әлі түбіне жетпеген адамдай сезінді. Жан дүниесіндегі апаттан шошынғаны сонша, бір сәтке жиналыстағы айтылған сөздерді де ұмытып кетті. Ешкімге ренжіген де жоқ. Ол үшін ең қымбаты мына құты қашқан қазіргі күйінен қайтадан адам қалпына түсіп, өзіне–өзі келу. Мына күйінде ол өзін дені сау адам екенмін деп ойлаған жоқ.
* * *
Бикен кешеден бері қымызы айнып, күбісін ыстауға үйдің өзге шаруасынан қолы босамай жүрген. Түскі шайдан кейін Жуалы түбектен тезек тере жүріп, бір қолтық тобылғы мен ит мұрын ала келді. Асықпай келсе де, терлеп, болдырып қалды. Бұрынғыдай төңіректе үй болса, «апалап» біреулері жүгіріп келіп, көмектесер ме еді, алапес болған жандарша жалғыз үй қалған мына отырыс жігерін құм қылып, жанын күйзелтті.
Бикен үйінің қасынан шотпен кішкене шұқыр қазды да, ішін тобылғымен ит мұрынға толтырды. Шырпы шағып от тұтатқан соң, толық жандырмай, бықсытып, иісі мұрынды қытықтаған көк шулан ащы түтін шыққан кезде, күбісін төңкеріп, шұқырдың аузына тосты. Көзіне кірген түтіннен шалқайып басын бұрған кезде төмен қарай, желге ыққандай жортақтап келе жатқан Асқарды көріп: «Мына кісіге не болған, жаным–ау»,— деді ішінен таңырқап.
Үйге кіре берген Асқардың түрін көріп, Бикен қолындағы күбісін құлатып алды. Бықсыған түтін мен құлаған күбіні сол күйінде қалдырып, жүгіре басып үйге қоса кіргенде, Асқардың шалықтаған адамша төңірекке ештеңені көрмейтін бір көзқараспен қарап тұрғанын көріп, Бикеннің жүрегі су ете қалды.
— Алла–ай! — деді даусының қалай шыққанын білмей.— Біссіміллә, біссіміллә! Не болды, жаным? Біссіміллә деші, шырағым...
Бикеннің қорыққаны Асқарға әсер еткендей болды. Кебісін шешіп, төсегіне жантайып, шаншу қадалған адамдай бір ауық қозғалмай жатты да, үні тарғылданып:
— Мен біттім. Енді ештеңеге шамам жоқ,— деп шалқайып жата кетті.
Бикен даусы шырқырап «Асекем–ай» деп шалының үстіне етпеттей құлады. Артынша өз даусынан өзі шошып, көз жасына тұншыға:
— Не болды?— деді қалтырап.
Асқар ыңыранып көзін жұмды.
— Құритын болдық, — деді әлдеқалай алқынып. — Назар жиналыста жұрттың бәрін маған айдап салып, байлардың санатында жер аударылсын деген қаулы шығартты... Сөйлемеген адам қалмады. Бәрі де... бәрі де Назарды қолдап шықты. Өзім өсірген бауырым Малдыбай да «қуылсын» деп сөйледі...
Малдыбайды айтқанда Бикеннің «аһ» деген үнінен шошынудан гөрі таңырқау сезімі басым секілді көрінді.
— Кенжебаланы айтасың ба?
— Иә... сол Кенжебалаң...
Бикен демі қалтырап, жәрдем іздегендей, жаутаңдап Асқарға қарады да, қазір онда қайрат қылар дәрмен қалмағанын сезіп, еркектің ерік–қуаты таусылған жерде әйел бойынан табылатын бір құпия күштің заңымен іле бойын жинап алды да, жас күйінде білдірмеген бір ғажайып қуатты сезіммен күйеуін айналып, толғанып шешіндіре бастады.
— Жалғызым, жарығым! — деді сүйек сырқыратқандай бір үнмен жалбарына сыбырлап. — Жалғанда көрген асыл бекзатым... Сабырыңды шақыршы, аяулым...
Бикен жыламай–ак, өзінен–өзі аққан көз жасын алақанымен сүртіп тастап, күйеуінің бешпентін, мәсісін шешті. Содан кейін жатардағы әдеті есіне түскендей, жанталаса табанын сипап:
— Тірегім... сүйенішім! Әулием, — деді күйеуінің тізесіне маңдайын тіреп.
Асқар әлденеге таң қалғандай көз тоқтатып Бикеннің жүзіне қарады. Оның көзқарасында таңырқаудың сыртында, тәңіріні мойындағандай құлшылық пен разылық сезімі тұр еді. «Апыр–ау, мынау тіпті менің естімеген сөзім ғой», — деді ішінен әлі де таңырқағанын баса алмай.
Бикен аласұрған есірік күйде жүріп, күйеуіне шай берді, сиырын сауды, күн желкемдене бастаған соң, үйге арқан салып, түндікті жапты. Үйге кіріп, чемоданнан жаңа батсайы көрпе, жастық алып, төсек салды. Шамды сөндірді. Содан кейін үйде басқа бөтен адам бардай, шымылдықты түсіріп, көрпенің ішіне кірді де, сүт иісі, ас иісі, әйел иісі қосылған жанға жайлы жұпар демімен Асқарды өзіне қаратып алып, бауырына қысты.
Асқар қатты таңырқап:
— Мұның не? Шының ба?..— деді өзіне–өзі сенбегендей.
— Иә, иә,— деді Бикен ентіге сыбырлап.— Иә, шыным...
Асқар не істерін білмегендей, әрі ұялғандай, бір сәт аңтарылып тұрып қалды. Өйткені араларындағы төсектік қарым–қатынас жасқа байланысты әлдеқашан доғарылған болатын. Және өздері соған әбден үйренгендіктен әрі қажет деп таппағандықтан, ол туралы ойлаудың өзі күпірлік секілді көрінетін. Кенет Бикен өзіне таныс бір қимылмен тым алыста қалған, күдерін үзген тылсым дүниеге тағы да, бәлкім, соңғы рет шақырғандай болып отыр. Оған қуатты қайдан алып отырғанына түсінбей, одан арман қайран қалды. Асқар немен шешілері белгісіз жекпе–жекке бел шешкен адамның тәуекелімен бәйбішесінің жылы құшағында жастық шағын есіне түсіргендей болып елтіп, бір ауық жатты да, бұл тіршілікте екеуі ғана түсінетін бір қимылмен жан құпиясының соңғы тұяқ серперіне өзінің дайын болғанын білдірді...
Асқар егде тартқан бәйбішесінің осынау әл бермейтін асаудай буырқанған сезімінен кәдімгідей қорқып қалған. Бірақ бірте–бірте жатырқау сезімі басылып, өмір бойы қалыптасқан таныс дағдыға түсіп, енді бәйбішесіне емес, өз бойынан табылған жасырын қуатқа таң қалды.
Бір сәтке бүкіл өзге тірлік — пенделік ғұмыр: уайым–қайғы, араздық пен жауластық, әділдік пен әділетсіздік, шындық пен жалған, өтірік–өсек — бәрі, бәрі ертектегі тас боп қатқан қаладай қимылсыз қалды. Ал уақыт жүрісінен жаңылып кері қайтқандай бір күй басталды. Бәлкім, өлімді де осылай тоқтатуға болатын шығар...
Тылсым дүниенің соңғы шырағы жалп етіп сөнді де, бір сәттік түнектен кейін, уақыт қайтадан ілгері жылжып, күнделікті тіршілік басталды. Асқар әлденеге өкінгендей болып, тастай қараңғы үйдің ішінде жанарға ілікпейтін түнекке қарап жатып, талықсыған бір күймен ойға шомды. Өлуге тиісті жерінен өлмей қалып, енді содан қандай құдіреттің құтқарғанына ақылы жетпей отырған адамдай сезінді өзін. Ақыры сол құдіреттің не екеніне ақылы жеткен кезде Асқар алқымына тірелген бір түйіншекті әрең тоқтатып, Бикенді емірене құшақтап, бауырына басты.
* * *
Асқар көзі іліне беріп, қайта оянып алды. Бәйбішесінің бір қалыпты дем алысына, үй сыртындағы малдардың пысқырған, жөтелген дыбыстарына құлақ түріп жатып, әлгінде ғана болған бір сәттік мәңгілік дүниесінен мынау ақиқат өмірге қайтып оралғанын сезді. Бірақ манағы зәре құтын қашырған үлкен үрей, есірік күй жоғалған. Талып қалған адамның жүрегінің қайта соққаны секілді, ақыл санасы арнасына түсіп, «ештеңеміз бүлінген жоқ, аманбыз» дегенді білдіріп тұрғанға ұқсайды. Алайда алғашқы мәңгілік сәттің ақиқат өмірден әлдеқайда артық боп көрінгені соншалық, санасындағы ғұмырды соза түспекке көзін қайта жұмып, суға кеткісі келген адамдай өзін–өзі алғашқы тылсым тұңғиыққа зорлап батыра түсті. Бірақ денесі суға батпады. Бәйбішесінің біркелкі тыныс алғаны, малдардың пысқырған дыбысы қайта естілді. Қанша қарсыласса да, өткен өмірдің елестері бөгетті бұзған тасқын судай ақтарылып, жан сарайына қайта құйылды. Әлден соң өз қиялына өзі елігіп, шеті де, шегі де жоқ көңіл мұхитындағы ой толқынына ілесіп кете барды.
Өмірінің жақсы сәттерін есіне алды. Өмір қандай тәтті! Қандай қызық! Қандай рақат! Өткен өмірдің ләззатына бір ауық елтіп жатқан Асқар кенет өзін–өзі мазақ кылғандай мырс етіп күліп жіберді де, оятып жібердім бе деп шошынып бәйбішесі жағына құлағын түрді. Бикен ұйқысырап, түсініксіз бірдеңелерді айтып, әрі қарай аунап түсті. Адамның бейшара бола салуы оп–оңай екен ғой. Кеше ғана өзі ел ортасында арбаның бел теміріндей азамат–тұтқа боп жүр еді. Қазіргі күйіне айтса, адам сенер ме?
Құдай жаратқан тіршілікте шешімі жоқ ештеңе болмайды деп ойлайтын бұрын. Асқанға — тосқан, қылмысқа — жаза, сабырға — мұрат, еңбекке — зейнет, таршылыққа — баршылық, әйтеуір, бар азаптың ақыры қайыр — кез келген жазмыштың соңында жауабы болмақ. Түннен кейін күннің шығатыны секілді, жаңбыр мен бораннан кейін күннің қалай да ашылатыны секілді, алла тағала адамның да тіршілігін алмағайып етіп жаратқан ғой. Сондықтан жақсылық та, жамандық та зая кетуге тиісті емес. Тек бәріне сабыр керек. Шығырдың тегерішіндей әр нәрсе ертең–ақ, алла бұйыртса, өзінің орын–орнына түседі. Осылай деп ойлайтын. Бірақ тап қазір көкірегінде шайтан–күдік көбейіп, сұраққа жауап қайшы кеп, шығырдың жаңағы тегеріштері орын–орнына түспей қалатындай көрініп тұр. Өз көңілінде өзі аласұрып тығырыққа тірелгендей... «Жо–о–қ, — деді кенет естірте сыбыр– лап, — бәрі де бекер... бекер... естимісің»...
Бикен селк етіп «а–а» деп сандырақтағанда Асқар алақанымен өзінің аузын басты... Тағы да малдардың күйсеген, жөтелген дыбыстары естілді, Бикен қалың ұйқы құшағына қайта енді.
Асқар көрпеден аяғын шығарып, еппен орнынан тұрды. Кереге басында ілулі тұрған бешпентін алды, сипалап жүріп шалбарын, мәсісін киді, содан кейін шаруасы тынған ұрыдай есікті дыбыссыз ашып, сыртқа шықты.
Ауадағы дымқыл сыз бойын бірден қалтыратып әкетті. Қол орақтай болып жұқарған ай үйелеп шалқасынан жатыр. Ала бұлттың арасынан ойдым–ойдым жұлдыздар көрінеді. Асқар ауыл сыртындағы өзенге қарай жүрді.
Суат тұсындағы қалың қоға мал аяғымен тапталып, жағалау ақ тақырға айналғандықтан, өзеннің арнасы айдынданып жалпақ көрінеді. Асқар қоштасқалы тұрған адамдай төңірекке емірене қарады. Ақсуаттың оң қанатында баяғы Дүйсен суға кеткен қанды шұңғыманы тәні түршігіп, жек көретін, қазір ол да көңіліне ыстық көрініп, «Дүйсен кетсе, өзінің қателігінен болған шығар, менің жазығым қанша» деп жатқан секілді. Дүйсен әкесінің інісі ғой. Қайда жүріп үйренгенін кім білсін, аса жүзгіш адам еді. Суға белуарынан батпай келе жатқанын көріп: «Мына, шіркін, аяғымен жер тіреп келе ме, қалай батпайды»,— деп жұрт таң қалатын. Сол Дүйсен арғы бетте отырған таңатарлардан қыз алатын болып, қалыңдығын әкелуге кеткен. Ол кезде бергі өткел жоқ, айналма. Арғы бетке келген тұста, қалыңдықтың жасауына алған бір білезіктің қалып қойғаны естеріне түсіп, Дүйсен Ақсуаттан жүзіп өтпек болады. Жұрттың айтуына қарағанда (әлде өтірік, әлде шын) бергі беттен бір қойшы: «Суға түсе көрме, Дүйсен, үш күн болды, сенің атыңды атап түнде су шақырды, түспе»,— деп айғайлапты–мыс. Бірақ шешінген судан тайынбас деген. Қалыңдық әкелуге бара жатқан адам (әрі ол Дүйсен болса) «су шақырды екен» деп қарап отыра ма? Киімін төбесіне байлап алып, өзенге қойып кеткен. Сол бетімен бергі бетке өтіп, білезікті алып, кері қайтады. Өзеннің ортасынан өтіп, жаңағы шұңғыманың тұсына келгенде, аяғынан біреу тартқандай, ілгері жылжи алмай, бір орында аласұрып, ақыры: «Апырай, суға батырлық жүрмейді екен», — деп, бір жерді үш айналып, суға батып жүре береді. Сүйегін келесі күні ошақ салып, өзеннен әрең тауып алады. Ол кезде Асқардың кішкентай кезі. Елдің жылап–сықтағаны, әйелдердің дауыс қылғаны, әжесінің өзен жағасына келіп, бүкіл елді жылатып, суды қарғағаны есінде. Сөйтіп тойға жасалған дайындық өлікке жұмсалады.
Тағдырдың алдамшы екені осы емес пе. Осы тұста өз тағдыры есіне түскен Асқар: «Болмаса, менің қандай жазығым бар?»,— деді күбірлеп өзіне–өзі. — Елге иттігім болды ма? Осы жүрген ағайынға қиянатым болды ма? Мырзаболаттың өңкей жуандарына осыларды талатпаймын деп билік айтпап па едім. Мешін жұтта Ошақбайдың әкесі аштан өліп, айдалада қалғанда шешесі екеуін өзім барып көшіріп әкеліп едім. Тым болмаса, жақсылықтың қадірін білетін үлкен кісі осынын бәрін неғып айтпайды екен баласына. Осы ауылдағы жарлы–жақыбайдың біреуі жамандық көрді ме? Ал Малдыбай...» Малдыбай есіне түскенде Асқар тісі ауырған адамдай тыжырынып, айту түгілі, ойлауға лайықты ой таппағандай, басын шайқап күрсіне берді. Оның көңілінде ері опасыздық жасаған әйелдің немесе әйелі опасыздық жасаған еркектің қорланғаны секілді бір сезім пайда болды. Жүрегі қайта сыздап көмейіне жас тірелді. Кенет көз алдына «мені қайда тастадың» дегендей екі көзі тікірейіп Назар келді. Асқар ит көрген мысықтай денесін жиып алды. Біреудің табанын жалаудан, біреуге табанын жалатудан шімірікпейтін, әрі қорқақ, әрі батыр, жақсыны асырып, жаманды жасыра білетін, өзін–өзі ешқашан кінәламайтын, ештеңеге күмәнданбайтын, түн баласына тұяқ серіппей қатты ұйықтайтын, жолы ашық, мақсаты айқын бақытты жан. «Жасамаған қорлығың қалмады, — деп сыбырлады Асқар, — ең үлкен жауым сен боларсың, деп, үш ұйықтасам түсіме кірмеген».
Өстіп Назарды бүкіл түр тұлғасымен көз алдына елестетіп отырған ол, өзімен жауласқаны болмаса, оның ешқашанда өзін сатпағаны есіне түсіп, көңілі әлдеқалай сабындай бұзылып, тіпті Назар алғашқы Ошақбай, Малдыбайлардан өзіне бір табан ыстық көрінгендей болды. Бұл өмірде жауласу соншалықты кісі таң қалатын нәрсе ме? Баяғыда штат құрып таласып, Шалдыбайдың балалары өзді–өзі қырқысып бірін–бірі талаған жоқ па?.. Тіпті пайғамбардың ұрпақтары да бірін–бірі қырған жоқ па... Ендеше, оның ең үлкең кінәсі не? Асқар не айып тағарын білмегендей ойланып қалды. «Бәрібір сен менің алдымда ақтала алмайсың?» – деді біраздан кейін қайтадан өзіне–өзі күбірлеп. «Сен де ақтала алмайсың» – деді кенет Назар ап–анық үнмен. Асқар селк ете қалды. Назар шын келіп қалды ма дегендей бұрылып, жан–жағына қарады. Сөйлеп тұрған өзінің көңіліндегі Назар екенін білгеннен кейін, жүрегі орнына түсіп, әңгіме өзіне ұнағандай болып, әлгі бейнені көз алдына қайта шақырды.
«Менің ақталатындай қылмысым жоқ, – деді Асқар түк жоқтығын білдіре қолын жайып, – мыңғырған мал біткен бай емеспін, қазір екі бие, жалғыз сиыр мен күрең жорғадан басқа малым жоқ. Үкіметке қарсы емеспін...
Рас, енді пайғамбар жасынан асқанда Өлмес құсап өтірік айтып, құдайдан безе алмаймын... Бар құдайды жүрегімнен суырып тастауға сен түгіл өзімнің де шамам жетпейді, себебі мұның өзі құдайдың бұйрығы. Бәлкім, сені де шабаландырып қойған сол бұйрықтың құдіреті шығар... Әйтеуір, бір затты анық білем, – мен сен сияқты адамға қиянат жадағам жоқ...»
«Бұл қиянат емес, күрес, – деді Назар кекеткендей бір үнмен, – заманды қолға алу үшін біз күреске шықтық. Сосын сол күресте жеңдік. Оның қай жері қиянат? Байларды құрттым ба, құрттым. Олармен басқаша күресуге болмайды».
«Шырағым, сол заманға анау айдалып кеткен Жақайдың... Кенжегүлдің, Айсаның еншісі де сенімен бірдей емес пе еді. Солардың бала–шағасының мұрын боғы, көз жасы сенің мойныңда. Есенжол екеуін жалшылықта бірге жүрмеп пе едің, жақын десең, жақының, қай жағынан да бөтен емес. Оны неге соттаттың?..»
«Өйткені ауылнайлық орын біреу–ақ, – деді Назар құпия сыбырлап, – егер олар бұл орынға көз алартпаса, ештеңе де болмайтын еді. Бұл жауластықтың мазмұны бөлек, қай заманда да қалмайтын – кәдімгі бақталастық... Бақталасы мен жар таласында біреуді біреу аяйды дегенге ақымақтан басқа ешкім сенбейді».
Асқар осы сөзге бір түрлі қуанғандай болды. Әйтеуір, елге емес, тек Назарға ғана керегі жоқ екен ғой... «Олай болса, – деді Асқар әлде де әлгі сөзге сенгісі келмей – неге жұрттың бәрі маған қарсы сөйледі?»
«Оларды сөйлеткен мен, – деді Назар тағы да күлімсіреп. – Мен оларды өз мақсатыма пайдалана аламын, бірақ, шындап келгенде, менің мақсатым оларға да бөтен емес. Түбі – солардың пайдасы. Сен ақылды болғанмен күрестің не екенін білмейсің, ал мен күресте шыңдалғанмын, сол себепті сені оп–оңай жарға жыға аламын. Маған күресті үйреткен – жоқшылық пен жетімдік. Мен жауымды аямаймын».
Асқар қарсы жауап айта алмай: «Иә, иә, ол да дұрыс шығар, – деді шарасыз үнмен. – Менің күресе алмағаным рас. Тіпті ешкіммен күрескім де келген жоқ... Сонда бәріне өзім кінәлі болдым ба?» Асқар әлгі бейнені қайта іздеп басын көтеріп еді, қоюланған тұманнан арғы беті буалдырланып, үлкен теңізге ұқсап көрінген Ақсуаттың қарауытқан жалпақ айдынынан басқа ештеңе көре алмады. Назар әңгіме осымен бітті дегендей көңілінен ғайып болды. «Шынында да, кім кінәлі? – деді Асқар алғашқы ойын қайта жалғап. – Басқа келген бәлеге дұшпаныңды кінәлау – қасқыр тартқан қойға қойшы емес қасқыр кінәлі деген секілді әшейін бос сөз болып шықпай ма? Қасқырды құдай әуелде сол үшін жаратқан жоқ па, өз міндеті үшін хайуанды қалай кінәлайсың? Егер мен қасқыр болсам, мен де сөйтетін шығармын. Ойдағы жетінші ауыл аудандағы ең үлгілі шаруашылыққа айналды. Орталығы тіпті қала секілді. Тұрмыстары жақсы. Машина, тракторлары бар дейді. Не деген бәле? Ал осының себебі не? Себебі басшысы ақылды, оқыған білімді жігіт. Ал өзіміздің Тұрабай анада елу ешкіні суға тоғытам деп, ұйыққа жығып қырып алды. Оған кім кінәлі – әрине, Тұрабайдың өзі... Хош, ал енді менің басыма келген сорға кім кінәлі болды Әлгі айтқан заңға бағынсақ, өзімнен басқа кім кінәлі болмақ? Айталық мен – бір артельмін, артельдің құлауы соның басшысына байланысты, ал ол басшы өзім... Мынау қызық екен, – деді Асқар өз ойына өзі елігіп. – Яғни осының бәрі өзімнің ел ісіне араласпай, көкпарды тартатын адамдар бар шығар, маған не жоқ деп, өмірден шеттеп кеткенімнен, айтыса алмағанымнан, күресе алмағанымнан болды ғой... Бәлкім... Бірақ мен қайтіп күресемін... Заман бөлек, заң бөлек... Иә, заман бөлек... Назар жаман болсын, жақсы болсын осы заманның адамы... Жаяу қанша қуатты болса да, аттымен жарыса алмайды. Назар атты адам...
Ендеше, жүрегіңе талшық етер жалғыз амалың – арыңның адалдығы ғана... Бәлкім, ең соңғы дем таусыларда да – өзіңнің адал екенің шыққалы тұрған жаныңа демеу болатын шығар. Иә, иә, енді менде жан қорғайтын жалғыз–ақ қару қалды. Ол – адалдық. Қара басымның тазалығы».
Асқар жан жарасын жеңілдетпек болғандай «адалдық» деген сөзді іштей бірнеше рет қайталады. Бір ғажабы әлгі сөзді қайталаған сайын, ешқандай мәні де, мағынасы да жоқ бірдеңе секілді боп естілді құлағына.
IX
Тегінде, жаманшылық деп аталатын ұлы күштің не екенін білмейтін адамды бұл өмірден табу мүмкін емес. Адам баласына ең көп тараған білім – жаманшылық туралы білім. Ес білген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін өздерін бақытсыз қылатын нәрсенің не екенін, оның қайдан, қалай келетінін табиғи түйсікпен – ақ танып біледі. Жаңа туған хайуан да өзіне төнген қауіп қатерді ең алдымен сезеді, әйтпесе жарық дүниеде жер басып жүре алмас еді. Олай болса, жаманшылықты танып білу, өмірді танып білу деген сөз. Ал өмірді білмеген адамның күні – жүзу білмеген адамның суға түскені секілді.
Алайда өмір жайын жалпы білу бір басқа да, жаныңмен ұғу тіпті басқа. Мәселен, әлгі айтылған жаманшылықтың не екенін бір кісідей білемін деп жүрген Бәйтен сол жаманшылық өзінің ең жақыны Асқарға жасалып, оның қорлығы мен азарын, жан дүниесін аяусыз талқандаған қисапсыз қиянатын жүрегімен сезгенде барып, өзінің бұл жайында осы кезге дейін түк білмей келгеніне ғажап қайран қалды.
Бірақ сатқындық салған жан жарасымен салыстырғанда бұл да түк емес еді. Сатқындықтың құдіреті оның зәресін ұшырды. Өйткені жер бетінде онымен қарсы күресудің ешқандай амалы жоқ еді.
Осы ойдың қалың шырмауында жүрген Бәйтен Байдәулетті іздеп жүріп, кеңсенің сыртында Малдыбайға ұшырасып қалды. Бәйтен жылан көргендей тітіркенді. Бұрыла берген Бәйтенді Малдыбайдың өзі тоқтатты.
— Бәйтен – ай, тоқта. Менің өз қайғым өзіме аздай, сенікі не, теріс айналып?..
Бәйтен Малдыбайдың бетіне таңырқай қарады. Өзін кінәлі екенмін деп тұрған жоқ. «Бұл не сұмдық, ар–ұяттың жұрнағы да болмағаны ма?»
— Асекеңдікіне қатынасқан жоқсың ба? – деді тағы да жақындай түсіп.
Басына қан шапшып, көзі қарауытқан Бәйтен:
— Не бетіңізбен сөйлеп тұрсыз? – деді сыбырлап, көмейіне тасқын судай тірелген дүлей ашуды әзер тежеп. – Жүзіңіз күймей, қалай қарап тұрсыз маған?
Малдыбай айыбын мойындағандай, төмен қарап үндемей қалды. Оның мына түрін көріп, Бәйтен сәл–пәл есін жиғандай болды.
— Осынша су түбіне жіберетіндей, сізге не жазығы болып еді? – деді даусы тарғылданып. – Адамдық қасиеттен осынша жұрдай болып, не құдай ұрды сізді?
Малдыбайда әлі үн жоқ.
— Өмір бойы сізге жақсылықтан басқа ештеңе жасамап еді, – деді Бәйтен тағы да сыбырлап. – Екі дүниеде де сізді сол шаңырақтың дәмі ұрсын. Бұдан басқа айтарым жоқ.
Малдыбай осы сыбағам жетер дегендей, бұрылып жүре берді де, кілт тоқтап, артына қайта бұрылды.
— Шырағым–ау, – деді жыламсырған бір үнмен. – Өз күнімді көре алмай жүрген мына мен кімге қорған болғандаймын, айтшы? Мені Назар екі бүктеп, аузына бір–ақ салады. Осынша шиеттей бала–шағамен мен қайтіп оған қарсы шығамын? Басқа көзі ашық адамдарға, бәлкім, аздап ойланар, әлдеқалай болады деп. Ал мені құртарда түк те ойланбайды. Менің құным сұраусыз екенін жақсы біледі... Менде бас сауғадан басқа ұранға шама жоқ. Ешкімді қорғауға шамам келмейді. Ал Асекең шаруасын ол менен бұрын бітірген. Менің сөйлеген, сөйлемегеніме тіреліп тұрған түк те жоқ. Мен болмасам, басқа біреу сөйлейтін еді. Сондықтан ең болмаса бала–шағамды сақтайын дедім. Оларды шулатып кеткенде не табамын?.. Әркімнің өзіне лайық жүгі бар емес пе? Маған ердің жүгін артқың келеді. Мен бәрібір көтере алмаймын, әшейін қарапайым жанмын. Не істейсің? Батырдың жүгін көтермеді деп, біз секілді мыңдаған кішкентай адамдарды қырып тастайсың ба? Әуелде құдай жаратқанда, бізді де жер басып, дәм татып, ауа жұтып жүрсін деп жаратқан шығар... – Малдыбай қорс етіп көзінің жасын жеңімен сүртіп бұрылып жүре берді. Қайтып тоқтаған жоқ.
Бәйтен не айтарын білмей ойланып қалды, іштей Малдыбайды аяғандай болды.
Бесін кезінде Бәйтен Байдәулеттің үйіне барды. Бір жақтан келген секілді, сыртта бір құлақ ала аты (екінші құлағын айғыр шайнап тастаған еді) қаңтарулы тұр.
Байдәулет жуынып келіп, төсегінің үстінде сүлгімен сүртініп отыр екен.
— Иә, төрге шық, – деді Бәйтеннің сәлемін алып. – Үй ішің аман ба?
— Шүкір, – дей салды Бәйтен «сізге оның қажеті қанша» дегендей бір үнмен. Әнеу күнгі жиналыстан кейін Байдәулетті Назардың сенімді адамының бірі деген шешімге келген.
Байдәулеттің әйелі Қатира көзіне кірген түтіннен қорғанып, басын шамасы жеткен жерге дейін кегжитіп, бұрқылдаған самаурынды үйге кіргізді. Қызыл жолақ дастарқанды жайып жатып:
— Төрге шықсаңшы, босағада тұрмай, – деді Бәйтенге.
— Шай ішіп кет, асығыс ештеңе жоқ шығар, – деді жол соққан Байдәулет тынығудың рақатын жанымен сезгендей, қызыл жастыққа үһілей жантайып.
Бәйтен тап қазір шаруа айтудың реті жоғын сезді де, босағаға бәтеңкесін тастап, құрақ матадан жасалған қиықша көрпеге отырды.
— Кеше «Бірлікке» кетіп ем, қонуға тура кеп... – деп Байдәулет неге екені белгісіз, әйеліне қарап алды да, сөзін аяқтамастан, шай құйылған кесені алып, сораптап іше бастады. Содан кейін ендігісі сен тыңдайтын әңгіме деген түрмен Бәйтенге бұрылып: – «Бірлігің» биыл «Бірлік» болмайын деп отыр, – деді қалай болмайтынын елестетіп тұрғандай бетін тыржитып. – Ешкі фермасы тарап кеткен. Жұрт малдарын сойып алып, іс сотқа беріліп жатыр. Ұрлық деген сұмдық. Батпақты жақтағы байлар көтерілгелі жатыр деген сыбыс бар... Мынау Рамазан деген ел қыдырып, қонағасы ішкеннен басқа ештеңе білмейді. – Байдәулет осыны айтып, әйеліне тағы қарады, онысы «қонып қалғаным енді дәлелді болды ма» дегенді білдіргендей болды.
Одан кейін Байдәулет бір күннің ішінде өмір өзгере қалғандай, мектеп жағдайын, сауатсыздардың сабаққа қатынасуын, мерекеге қалай дайындалып жатқандарын сұрады.
— Сауатсыздардың сабаққа қатынасуы нашар, – деді Бәйтен өзін онша тыңдамай отырған парторгқа көзінің қиығымен қарап. – Кейде аптасына бір рет те өтпейді. Оның сыртында оқу жасындағы балалар да мектепке келмей жатыр. Ертең ауданға отчет беру керек. Оның сыртында өзіңіз де білесіз, Орталық Атқару комитеті мен Халкомсовтың баршаға бірдей міндетті бастауыш оқу жайында арнайы қаулысы бар...
«Қаулы» деген сөзді естігенде Байдәулет селк ете қалды. Бірақ алдындағы естімей қалған сөздерін сұрауға ыңғайсызданды:
— Иә, иә, айтпақшы қаулы бар екен ғой, – деді қай қаулы екені миына кірместен.
Байдәулет екі айлық курспен сауатын ашқан адам ғой, осы жүрген жүрісі – өзінің жеке пысықтығының арқасында келген білім. Алғашқы хатшы болып тағайындалғанда тіпті ештеңе білмейтін. Қазір бірте–бірте саясатты меңгеріп келе жатқандағысы.
— Өзің жайша келіп пе ең, әлде бір шаруаң бар ма? – деді Байдәулет бір тұста Бәйтенге қарап.
— Шаруам бар, – деді Бәйтен қалтасынан екі бүктелген қағазды алып жатып. – Партияға өтейін деп едім...
— А–а–а, – деді Байдәулет «басқа бірдеңе ме деп қорқып кеткенімші» дегендей бір үнмен. – Андағы қағазың немене?
— Арызым ғой.
Байдәулет мұндай әңгімені енді үйде айтуға болмайтындай, басын көтеріп, кесесін төңкерді.
— Жүр, ендеше, конторға барайық, – деді сүлгімен мойнының терін сүртіп жатып.
Байдәулеттің кабинеті – қабырғасына Лениннің рамасыз портрет мен газет тігінділері ілінген шағын бөлме, осы үлкен кеңсе салынғаннан кейін, еншісіне тиген. Оған дейін үйінде отырып істейтін.
Байдәулет стол үстіндегі шаңды үрлеп жіберіп, өзі орындыққа отырды да, Бәйтенге ұзын скамейканы көрсетті.
— Ал, сөйле, – деді содан кейін манағы сөздің бәрін ұмытып қалғандай немесе бұл жерден басқа жерде айтылған сөзді сөз деп мойындамайтындай бір түрмен.
Бәйтен қалтасынан арызын алып стол үстіне қойды.
Байдәулет арызды қолына алып, біраз тұрды да, шошынғандай үнмен:
«Арыз, – деді дауыстай оқып. – Мен Мырзабеков Бәйтен, 1908 жылы туғам комсомолмын, ауылдық бастауыш мектеп мұғалімімін, өзімнің партия қатарына өткім келетінін айтып, өтініш білдіремін».
— Дұры–ыс, – деді даусын созып. – Бірақ осындағы ұя мүшелерімен келісу керек бір, екіншіден, партияға оп–оңай өте салуға болмайды. Жақсылап дайындалу керек. Уставты оқу керек.
— Мен өзім де дайындалып жүрмін, – деп Бәйтен қалтасынан Партияның Уставын суырып алды. – Басқа да кітаптарды оқып жүрмін. Қарап жүргем жоқ.
— Партияға неге өткің келеді? – деді Байдәулет мұның дайындығына сенбеген адамдай.
— Шынымды айтсам, осындағы болып жатқан істерге өз басым риза емеспін. Сол себепті тезірек партияға өтіп, барлық іске араласқым келеді.
— «Риза емеспімің қалай?
— Дәл солай, – деді Бәйтен ерегісіп, Байдәулетті өзінің негізгі жауларының бірі деп ұққандықтан. Ол тіпті өзін партияға ала қоятынына сенген де жоқ, бірақ қалай да алдарынан бір өтейін деп ойлаған.
— Уставтан басқа не білесің, мәселен бүгінгі саясаттан.
— Партияның бүгінгі қойып отырған саясаты елімізде совет өкіметін түбегейлі орнатып, ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта ісін нығайту және кулактармен күресу жөнінде шаралар қабылдау. Бұл жөнінде арнайы қаулы бар.
Тегінде, ауданнан келген нұсқаушылар қайта–қайта сұрап, өзін зәрезап қылған болу керек Байдәулет «қаулы» деген сөзді тыныш отырып тыңдай алмайды екен.
— Иә, иә, ол жайында арнайы қаулы бар, – деді берекесі қаша қайталап.
— Бұрын кулактарды қысу саясаты болса, – деп Бәйтен сөзін жалғады – Енді тап ретінде жою саясаты күн тәртібіне қойылып отыр. М – м... тағы не айтайын. БК(б) П–ның 16–съезі өтті... М – м... Жазда Қазақ автономиялық республикасының бесжылдық жоспары қабылданды.
Байдәулет іші жылығандай Бәйтенге күлімсірей қарады:
— Әй, жарайсың, айналайын. Өзің тіпті ағып тұрсың ғой. Қандай рақат сауатты болу деген. Кәне, тағы нелерің бар? – Байдәулеттің үнінде енді тексеру емес, білмегенін біліп алғысы келген бір ниет байқалды.
— Тағы не бар? – деді Бәйтен терезеге қарап ойланып. – Мартта БК–БП–ның «Колхоз қозғалысындағы партия жолын бұрмалаушылыққа қарсы күрес туралы» қаулысы шықты. Бұл өте маңызды қаулы.
— Ал енді сен мынаны айтшы, Сталиннің «Табыстан басың айналды» деген мақаласы қашан, қайда шықты? Анада ауданнан келген өкіл сұрап қалып, тіпті масқара болғаным.
— Ол да көктемде «Правда» газетінде шықты ғой. Бірақ Сіз дұрыстап айтыңыз «Табыстан басың айналды» емес, «Табыстан бас айналу»...
— Ә, ия, ия, «...бас айналу» екен ғой... Дұрыстап бір жаттап алайын десең қол тимейді... Ал енді сен осының бәрін қайдан оқып аласың? – деді Байдәулет ашық қызығып.
— Газеттерді құр жібермей, оқып отырсаңыз болды. Бәрі де сонда жазылған.
Байдәулет ақ көңілденіп өзінің кемшілігін білдіріп алғанына өкінгендей.
— Партияға өткенің дұрыс, – деді басқа бір салмақты үнмен. – Оқуың бар, сауатың жеткілікті, сендер өтпегенде кім өтеді? Мына жүргендер, – деп Байдәулет ауыл жақты көрсетті, – өтті не, өтпеді не? Қолыңды көтер десең, көтереді, түсір десең түсіреді. Өйткені қараңғы, ештеңе білмейді. Олар түгілі, мына мені алшы. Мен де ештеңе білмеймін. Қайда жүріп білем? – деді.
Байдәулет өзінің білмеуге толық правосы бардай даусын көтеріп. – Менің осы жүргеніме рақмет айтпайсың ба?.. Шамам жеткенше істеп бағам. Өтірік айтпаймын, жаным таза...
Бәйтен «тап осының өтірік» дегендей болмашы мырс етті.
— Неге өтірік? – деді Байдәулет әлгі ойын естіп қойған адамдай.
— Мен не дедім? – Бәйтен оған таңырқай қарады.
— Көріп тұрмын ғой, сенбей отырғаныңды.
Бәйтен айтар–айтпасын білмей екі ойлы боп отырып:
— Себебі, шындықты айтатын жерде үндемей қалу да өтірікпен бірдей, – деді бір кезде. Осыны айтып: «Осы жерден доғаруым керек, – деп ойлады ол, – әрі қарай сырыңды сездіруге болмайды. Әдейі суыртпақтап отырған болуы да мүмкін».
Байдәулет мұның ішкі ойын қалт жібермей, сен сырыңды бермесең, мен – ақ берейін деген адамша:
— Менің қолымда не тұр? – деді еңкейе түсіп, – Мен не істей аламын? Мына кісі аудандағыларды алып алды. Мен бір отырған қуыршақ. Айтқаныма құлақ аспайды. Қазір тіпті жан екен демейді.
Бәйтен Байдәулеттің жүзіне таңырқай қарап, оның нені айтып отырғанын сезген кезде, өзінің бұл кісі жайында осы уақытқа дейін қателесіп келгеніне одан бетер таң қалды. Байдәулет ешкіммен ашық әңгімелесе алмай іш құса болған адамша «кел сырласайық» дегендей жылы жүзбен қарады.
— Шынын айту керек, Назардың кезінде бірсыпыра еңбегі болды, – деді Бәйтен жауластықпен айтып отыр деп ойламас үшін, ұпай бере сөйлеп. – Жалшылықтан көтерілген белсенді коммунист, осы ауылда артельдің ірге тасын қалағандардың бірі. Бірақ қазіргі істеп отырған ісі адамгершілікке келе ме? Ағайын–туыстардың бәрін зәбірлеп, істемегені қалмады. Елдің сыйлы азаматының бірі, оның сыртында өмір бойы бірге өскен қанды көйлек досы – Әусағитқа қол жұмсағаны не сұмдық?
— Масқара – ай, масқара – ай, айтары жоқ, – деп Байдәулет әңгімеге құныққан әйелдерше орындығын жақындатып, ентелей түсті. – Сен оны айтасың, одан масқарасы бар... Құрысын...
— Ол не? – деп Бәйтен елең етті.
Құрысын... айтуға да ыңғайсыз.
— Айтсаңызшы. Мен ешкімге жеткізбеймін ғой.
— Өзінің туысы, ауру Нұралының әйелімен былай көрінеді, – деп Байдәулет есікке жалтақтай қарап, даусын құпиялай сыбырлап, «былай көрінеді» дегенді екі саусағын бір–біріне іліктіріп көрсетті.
— Қойыңызшы, – деді Бәйтен шошынып.
Байдәулет «анық нәрсе» дегенді білдіре, көзін жұмып басын изеді.
— Тек тісіңнен шығара көрме. Елге тарап кетсе, Нұралы байғұс ажалынан бұрын өлетін болды... – Содан кейін өзі бастаған ыңғайсыз әңгімені басқа жаққа бұрғысы келіп: – Ал енді Смайыл секілді жағымпаздарға не істетіп отыр? Бүкіл елді билеткізіп отырған жоқ па?
— Өлместі ше? – деп қалды Бәйтен, түсіп қалған бір затты апарып бергендей.
— Ой, құдай–ай, енді қайтейін?! – деп Байдәулет әлгі есімді естігенде бір жері ауырғандай, сарнап қоя берді. – Ел ақтаған алаяқ сұмды, осынша тайраңдатып... Апыр–ай, енді не істеуге болады, а? Осыған қайтіп шыдарсың?
Бәйтен Байдәулеттің бала секілді бүкпесіз қылығын көріп, іштей оны бірте–бірте жақсы көріп келе жатқанын сезді. «Бұрын қалай байқамағанмын, қандай жақсы адам!»
Екеуі сырттан қараған адамға бір қызық өсекке кіріскен сумақай әйелдер секілді, айырмашылықтары айтып отырғандары тек шындық болатын.
— Ал менің ағама жасаған әрекеті ше? – деп Бәйтен Байдәулеттің бетіне сынай қарады. Онысы осыған дұрыс жауап берсең, жақсы адам екеніңе сенейін дегенге ұқсады.
— Бұл енді зұлымдық, – деді Байдәулет уайым араласқан бір үнмен. – Бұл үлкен ұйымдасқан шаруа. Назар бірақ жеке істеп отырған жоқ, ауданмен байланысып отырған секілді.
Екеуі де тұйыққа тірелгендей бір ауық үнсіз қалды.
— Мінеки, ел билеген жақсының түрі, – деді Бәйтен терең күрсініп. – Байлардың үстемдігін жойды, енді өзінің үстемдігі одан кем емес. Қайтіп біз ауылда совет үкіметін толық орнаттық деп айта аламыз? Жоқ. Бұл партияның саясатын бұрмалаушылық... Сорақы бұрмалаушылық... – Бәйтеннің бірте–бірте ашынып қатты сөйлегені соншалық, Байдәулет әлсін–әлсін жалтақтап, есік жаққа қараумен болды. – Совет үкіметі бостандық, еркіндік, тәуелсіздік әперді. Маған білімді кісілер осылай деп түсіндірді. Біздің қоғамда адам адамға бауыр, дос, жолдас. Жолдас! Басқа қоғамда ешқашанда жұрттың бәрі жолдас боп көрген жоқ. Жарылқаушы және жарылқанушы болды. Болыстар, сұлтандар, хандар өздерін халықтың қамқоршысымыз деп есептеді, ал халық олардың алдында өздерін мәңгі қарыздармыз деп ойлады. Олардың жер басып, күн көріп жүргені өзінің арқасы екенін білмеді... Ал бізде жарылқаушы жоқ. Бізде халық өз тағдырының иесі былай деп жазылған Лениннің шығармаларында. «Жолдас» деген сөз – біздің қоғамдық құрылыстың негізі. Ол әшейін жиналыста сөйлеген сөзіңді бастау үшін немесе біреуді өзіңе қарату үшін айтылған сөз емес... Кедей адам, айталық, төрде баймен қатар отырса, бұл азаматтық теңдік, бірақ бұл аз. Кедей адам, баймен бірге дауыс беріп жатса, бұл саяси теңдік бірақ бұл да аз. Мұның сыртында әлеуметтік теңдік бар. Яғни, кедей мынау күнделікті тіршілікте ешкімге тәуелді болмауы керек. Осындай теңдіктердің басы қосылған кезде, адамдар бір–біріне шын жолдас болады. Совет үкіметінің ең үлкен артықшылығы осы. – Бәйтен осының бәрін менің сөзім деп ұғып қалмасын дегендей «тағы да маған осылай деп түсіндірді» дегенді қосып қойды. – Біз қалай Назарды жолдас дей аламыз? Сағидолла мен Қарағұлға жолдас па ол? Олар оның бетіне де тіктеп қарай алмайды. Малдыбайға жолдас па? Қолымдағы малды тартып алмаса екен деп, немесе жала жауып айдатып жібермесе екен деп, дірілдеп отырған адам, қайтіп жолдас болады... Немесе Қабдырақ екеуін дос деуге бола ма? Тіпті балалары да бірінің үйінен бірі шықпайды. Бірақ дос емес. Қабдырақ Назарға қарсы бір ауыз сөз алмайды, отыр десе отырады, тұр десе тұрады, сондай бағынышты дос бола ма екен? Достық деген бір–біріне тәуелсіз адамдардың еркін ұғынысуы, іштей табысуы... Достық үстемдік жоқ жерде ғана болады... Ал... Сонда Назар кім болды бізге?..
Бәйтеннің сөзі Байдәулет түгіл өзіне де қатты әсер еткен секілді болды. «Бірақ осының бәрін жұрт алдында неге суырылып айта алмаймын?» – деп ойлады ішінен.
— Тамаша, – деді Байдәулет есін жиғандай болып. – Өте жақсы айттың. Молодес... Рас, Назарды халыққа жолдас деп айта алмайсың, оның өзі де өзін жұрттың жолдасымын деп жүрген жоқ.
— Өйткені ол әлі баяғы пиғыл, баяғы ниетпен жүрген адам. Ол өмірде шындықтан гөрі, билікке көбірек сенеді. Кез келген адамды алдауға, ия сатып алуға, немесе қорқытуға, зорлауға болады деп ойлайды. Ауданнан біреу келсе, Сағынайдың асын бергеннен жаман, жер–көкті шулатады. Не үшін керек ондай той–думан, кімге керек? Сізге ме? Маған ба? Әлде халыққа ма? Ешкімге де керегі жоқ. Тек Назардың өзіне ғана, аудандағы бастықтардың алдында бедел, абырой алу үшін, атақ алу үшін, мансап үшін... керек. Мінеки, барлық әңгімнің төркіні. Ал аудандағы басшыларға барлық қонағасы үлкен азаматтық, ерлік, жомарттық болып көрінуі мүмкін. Бір күн келіп кеткен адам нені білсін?..
— Айтып отырғаның ып–рас, – деді Байдәулет өзінің ішкі ойымен Бәйтен сөзінің дәл келгеніне қатты қуанып. – Сен бір көзің ашық адал жігітсің. Жүз процент қосыламын саған, айналайын. Тек мынаны айтшы, енді осыған не амал бар? Не істеуге болады?
Бәйтен не істеуге боларын өзі де білмей, аңтарылып:
— Не істеуге болады, онымен күресу керек, – дегеннен басқа ештеңе айта алмады.
— Қалай күресесің, ертең ол алдаса да, қорқытса да, жұрттың бәрін өзіңе қарсы айдап салады. Асқарға не істегенін өз көзіңмен көрген жоқсың ба?
— Таптым, – деді Бәйтен қуанып кеткендей даусы саңқ етіп.
— Ол не нәрсе?
— Осындағы еңбекшілердің басын қосып, аудандық партия комитетіне арыз жазамыз.
Байдәулет «арыз» деген сөзді жек көретін, сондықтан бұл ұсынысқа ол «е, бәсе» демеді.
— Қай еңбекшінің басын қосасың? Қабдырақ пен Ошақбайдың ба? Ешкім де бармайды оныңа. Екіншіден әлгі немеңнің аты жаман «арыз» деген, енді осынша жасқа келгенде арызқой атанып жүрсек, ел–жұрттың алдында масқара болармыз.
— Бұл арыз ондай арыз емес қой. Біз ешкімге жала жаппаймыз. Өтірік айтпаймыз. Біз тек шындықты айтып жазамыз. Басқа амал қалмады дейміз. Ол арызқойлық бола ма екен?
Байдәулеттің құлағына мына сөз бірте–бірте кіргендей болды.
— Ал сонда ол арызды кім жазады, кім қол қояды?
— Сіз екеуміз жазамыз, сіз екеуміз қол қоямыз.
— Сосын?..
— Сосын тағы да ойластырамыз... Ботпай ақсақал бір тура адам, ол да қол қойып қалуы мүмкін...
— Дұрыс айтасың, Бикен ешкімнен айылын жыймайды...
— Сосын ба?..
Байдәулет әңгіменің қызығына енді келгенде:
— Тоқташы, Бәйтен, – деп орнынан шыдамсыздана атып тұрды. – Осы әңгімені енді бұл жерде айтпайық. Кешке үйге кел. Сонда жеңгеңнің шайын ішіп отырып, дұрыстап әңгімелесейік... Жарай ма?
— Жарайды, – деді Бәйтен келісіп. – Сол дұрыс болар.
Бәйтен қағазды қайта алып оқуға кірісті:
«Аудандық партия комитетінің бірінші секретарь! жолдас Құдайбергенов Хамитқа.
АРЫЗ
Біз № 4 ауылдың еңбекшілері Ақшоқы өңіріндегі жаппай коллективтендіру науқанында жергілікті басшылардың партия саясатын бұрмалап отырғанына өзіміздің наразылығымызда білдіреміз. Біріншіден, бұл басшылар, артель құру мәселесін тездетеміз деп, жұртты колхозға кірмесең, кулак болып, статьямен сотталасың деп қорқытып, еркінен тыс енгізді. Осының салдарынан қоғамға жат пиғылды адамдар артельдің құрамына кіріп, қызмет етіп жүр. Осындай дөрекі бұрмалаушылықтың салдарынан, орта шаруалар жауларының азғырғанына еріп, малдарын құртып, «Бірлік» артелінде кейбір фермалар таратылып кетті. Кулактармен бірге орта шаруаларды зәбірлеу басым. Біздің төрт ауылда осындай бассыздықтың негізін салушы – ауыл советтің председателі жолдас Есенбаев Назар. Назар кейбір аудан қызметкерлерімен жақсы қарым–қатынас жасап, халықтық меншікті шайқап, ауыл еңбекшілеріне қиянат жасайды. Мәселен, сиыр фермасының бақташысы Есмұрзаев Жаңғабылды таяққа жығып, араға түскен Ботбайды балағаттап, қорлаған. Совет үкіметіне еңбегі сіңген Сыздықов Әусағитқа қол жұмсап, ол осы күнге дейін төсек тартып жатыр. Ерегіскен адамға артық салық салып, оны орындамаса, акт жасап, жазаға тартады. Содан қорыққан жұрт қазір Назардың ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында. Жақында ғана әдейі ұйымдастырып, елге еңбегі сіңген белгілі адам Бірмағамбетов Асқарды жазықсыз зәбірлеп, мал мүлкін конфискелеп, жер аудару туралы қаулы шығыртты. Назардың күшімен айдалып кеткен Көбегенов Жақай, Оспанов Мырзакерей, Беспаев Төлеміс тағы басқа кісілердің ешқандай жазығы жоқ екенін біз растап бере аламыз. Сондықтан Есенбаев Назар жасап отырған бұрмалаушылыққа қарсы шара қолдануыңызды сұраймыз...
Нұрмағамбетов Байдәулет.
Мырзабеков Бәйтен...».
Бәйтен арызды оқып болып, Байдәулетке қарады.
— Дұрыс, – деді Байдәулет оның неге қарағанына түсініп. – Дұрыс жазылған. Тек Назардың қолшоқпары деп Жұмабекті де қоса жазу керек. Оның да былығы аз емес. Тура бір ешкі фермасын құртайын деп отыр.
— Жарайды. Ал енді тағы кімдерге қол қойдырамыз. Ботпай дедік – бір. Сосын?
— Сосын ба?..
— Қабыл ше?
— Ойбай, болмайды, – деді Байдәулет басын шайқап.
— Неге болмайды?
— Себебі Қабылдың әйелі Назардың әйелімен бөле ғой, не деп отыр?.. Бәлеге қаларсың, ойбай! Бәлкім, Қабденге айтып көрерміз... – Сосын тағы да өзінен–өзі шошынып. – Ойбай, оның да бәлесі бар екен ғой... Қап! Қайда барсаң, Қорқыттың көрі болды–ау. Ол немең өз әкесін ұмытып, өліп қалған өгей әкесінің атымен қойбағарға туыс боп жүрген жоқ па? Шірік неме! Тоқтай тұр, – деді содан кейін шаңыраққа қарап ойланып. – Осы Байғабыл қалай болар екен?
— Байқап көрейік, бірақ өзіңіз айтасыз.
— Жарайды айтсам айтайын.
Осы кезде сырттан дабырлай сөйлеген дауыс естіліп, Байдәулет жалма–жан жерде жатқан арызды умаждап төсегінің астына тығып жіберді.
Сырттағы адам Қатирадан әлденені сұраған болып, кідіріп тұрып алды.
— Ойбай, мынауың Сағидолла ғой, – деді Байдәулет тұра қашатындай жан–жағына қарап.
— Бәкең үйде ме? – деген даусы естілді Сағидолланың. – Үйде, бірақ шаршап келіп, жатып қалды, – деді Қатира. – Немене шаруаң бар ма еді?
— Жоқ, әшейін өтіп бара жатқан соң, сәлем бере кетейін дегенім ғой.
— Ә, онда ертең де күн бар ғой, – деді Қатира күліп маршал жатыр. Ұйықтап қалды ғой деймін.
Сағидолла сонда да болса, үйге басын бір сұғуды арман еткендей, тарсылдата басып, дәл есіктің алдына келді.
— Әй, ұл, қолың бос болса, бері кеп, мына бір қапшықтарды көтерісіп жіберші, – деді Қатира осы кезде.
Сағидолланың тарпылдаған аяқ дыбысы бірте–бірте ұзай берді.
Қайтып бері жақындамады. Ақыры Қатираның жұмсауынан кетуге асығып:
— Қой, мен кетейін, жеңеше, кешеден бері үйге барған жоқпын, – деген сөзі естілді де, біржола үні өшті. Қатира үйге кіргенде, Байдәулет:
— Бұл ит неғып біздің үйді торуылдап жүр? – деді таңырқап.
— Жай сәлем берейін деген шығар.
— Жоқ, мынауың жай емес, – деп Байдәулет өз сөзінен өзі үрейленіп басын көтеріп алды. – Бұл Назардан бәрін күтуге болады... Бәйбіше – ай, біз әңгімелесіп болғанша сен далада жүре тұршы.
Қатира сыртқа шығып кетті. Бәйтен мен Байдәулет бейне астыртын ұйымның адамдарындай сезініп, жүздеріне құпия түр беріп, біріне–бірі жақындай түсіп, сыбырлай сөйлесті.
— Мен Қаратаймен сөйлесемін, – деді Бәйтен кенет нық үнмен.
— Тек! – деген даусы шығып кетті Байдәулеттің. – Денің сау ма, Бәйтен – ау? Қаратай туған ағасының үстінен арыз жазушы ма еді? Бүлдіресің бәрін де...
— Оның рас... Бірақ дегенмен мен айтып көрейін... қоймаса зорламаймыз...
— Қой құрысын! Қайдағы жоқты айтпа деймін... Жолама. Аулақ жүр. Онан да Қотыр мен Құдайбергенді байқап көрсең қайтеді?
— Дұрыс айтасыз. Ол екеуімен мен сөйлесейін.
Байдәулет «таптым ба» деп ыржия күліп, Қотыр мен Құдайберген арызға тура қолдарын қойып қойғандай қуанды.
— Ендеше, осы адамдармен ертең сөйлесіп көреміз. Тым көптің керегі жоқ. Бүлдіріп алуымыз мүмкін. Маған кеңседе жолама. Не де болса, үйге кел.
Түн ортасы ауа Бәйтен үй иелерімен ертеңге дейін қош айтысып сыртқа шықты.
Келесі күні Бәйтен Қотыр мен Құдайбергенді ауыл шетіндегі сиыр қораның ішінен тапты. Қотыр төбеге салған бөренеге тіреу салып жатыр екен. Қараңғы қораның ішінде қайсы екенін айыра алмай:
— Құдайберген, – деп дыбыс берді Бәйтен.
Тіреу салып жатқан адам үндемей қойған соң, тағы да «Құдайберген» деп дауыстады дәл жанына келіп.
— Ау неге үндемейсің, Құдайбергенбісің? – деді Бәйтен кейіп.
— Жоқ, Құдайберген емеспін, – деді Қотыр.
Бәйтен күліп жіберді.
— Ау, айтпайсың ба, Қотырмын деп.
— Сен Қотырсың ба демесең, мен неге тектен–текке Қотырмын деймін.
— Жарайды енді кесірленбе, – деді Бәйтен жұмсақ үнмен. – Айтатын бір құпия шаруа бар. Былай шығып кетесің бе?
— Құпия болса, ең оңаша жер осы, айта бер.
— Қотыр, – деді Бәйтен жақындай түсіп. – Ел ішіндегі жағдайды саған айтып түсіндірудің қажеті жоқ. Кім әділ, кім әділ емес, кімдікі шын, кімдікі өтірік – өзің де сезіп жүрген шығарсың. Мына Назардың құдіреті жанға батып барады. Кешегі өздеріңмен жалшылықта бірге болған Есенжол, Төлемістерді сол ұстатты. Отау ішінен отау тігіп бүкіл елді бүлдірді. – Бәйтен осы мені тыңдап тұр ма дегендей кідіріп үнсіз қалып еді, Қотыр:
— Айта бер, тыңдап тұрмын, – деді.
— Есті азаматтарды қудалап, сандалтып қойды. Адам зәбірлейді, қиянат жасайды. Осы айтқаным рас па?
— Рас.
— Ендеше, біз осындағы коммунистер болып, коммунист еместер болып, Назардың үстінен арыз жаздық. Біреуді қаралап жазған арыз емес, шындықты жазған арыз. Соған...
— Қолымды қояйын ба? – деді Қотыр жайбарақат.
— Иә, соны білейін деп...
— Әкел, – деді Қотыр сол жайбарақат үнмен.
— Ендеше, сыртқа шық, мына жер қараңғы.
«Ай, азаматым – ай, ерім – ай, – деді Бәйтен ішінен шын сүйсініп. – Нағыз пролетариат осы ғой. Бұл неден қорықсын. Ештеңеден де қорықпайды. Ал шындықты айту үшін қорықпау керек».
Сыртқа шыққаннан кейін: – Кәне, арыз қайда? – деді Қотыр бармағын шошайтып.
— Андағың немене? – деді Бәйтен Қотырдың қолына қарап.
— Мен қол қоя білмеймін, бармағымды басамын, кәне.
— Ойбай, мынауың қызық болды ғой. Бармақ басуға болмайтын шығар.
Болғанда қандай, әкел.
Бәйтен арыз аяғына «Тайшықов Қотыр» деп жазды да, соның дәл үстінен сия қарындаш жағып Қотырдың бармағын бастырды.
— Құдайбергенге бармай–ақ қой, ол Назардың адамы, – деді Қотыр өзінің Бәйтен ойлағаннан әлдеқайда зерделі екенін танытып.
— Солай ма? Оны қайдан білдің?
Қотыр бармағын шекпенінің етегіне сүртті де, жауап берместен қысқа аяқтарымен талтаңдай басып, қораның ішіне кіріп кетті.
Кешке қарай Бәйтен Қаратайды үйіне көрші баланы жіберіп шақыртып алды.
— Мынаны оқып шық, – деді алдына арызды тастап. – Сенің адалдығыңа сенген соң, істеп отырмын... Екеумізге аға емес ел қымбат. «Тура биде туған жоқ» деген, шындық деп мойындасаң, қол қой, қоймасаң тағы өкпелемеймін... Бірақ ішіңде болсын, біз осыған бел будық.
Арызды оқып шығып Қаратайдың түсі құп–қу боп кетті.
— Мені сынайтын жерің осы ма еді, Бәйтен, «айрылысар дос ердің артқы қасын сұрайды» деп, мұның не?
— Бұл екеуміздің достығымыздан да қымбат. Бұл қоғамдық іс.
— Апыр–ау, жалғыз ағамның үстінен арыз жазған деген сұмдық емес пе?
— Онда өзің біл. Бірақ есіңде болсын, егер бұл жолы тосқауыл болмаса, Назардың мойнына талай адамның көз жасы жүктеледі. Оны менсіз өзің де білесің. Олар да адам баласы, олардың обалы Назардан кем емес... Біз ешкімге жала жауып отырғамыз жоқ... Сен егер осы жолы қол қойсаң, өзіңнің артық туған азамат екеніңді дәлелдейсің. Ол ерте ме, кеш пе, қайтсе де бағасын алады. Ал егер, қол қоймасаң, ешкім кінәламайды. Бірақ бос белбеу көптің ішінде кете барасың... Мен сені әдейі шын ерлікке итермелеп отырмын...
— Маған ертеңге дейін мұрсат бер, – деді Қаратай меңірейіп жерге қарап.
Кешкілік осы әңгімені естігенде Байдәулет сенерін де, сенбесін де білмей айран–асыр болды.
— Бәрін мойындады ма? Мұрсат бер деді ме? – деп ұмытып қалғандай қайта–қайта сұрады. – Ойпырым–ай, мынау Қаратайың ел билейтін жігіт екен, мұны қалай білмегенбіз?! Туған ағасына қарсы... ғажап екен! – Байдәулет таңдайын қағып, басын шайқап, таң қалуын қоймады. – Біз былай қылайық, – деді сосын Бәйтенге ойлана қарап. – Біз Қаратайға қол қойдырып әуре қылмайық. Жас неме ет қызуымен қойып та жіберуі мүмкін. Бірақ оны біз аяйық. Шешесі бар ғой, обал болар. Қаратайдың тазалығы әділдігі бізге жетіп жатыр.
Істің анық–қанығына жетіп, қол қоюға белін буып келіп отырған Ботбай да Байдәулеттің сөзін қоштады. Келесі күні күтпеген жерден осы топқа Бестайлақтың Есені қосылды.
Содан бір жеті өткен соң, бес адам (кейін сол бесеудің ішінде мен де болғанмын дегенді үлкен мақтанышпен айтатын кез де болды) қол қойған осы арыз, жүк алуға шыққан Заманбекпен бірге ауданға жетті.
X
Бәйтен Хадишамен арадағы соңғы әңгімеден кейін: «Бәрі де түсінікті, бұдан кейін қайтадан сөз қозғап, бітімге шақырудың ешқандай мәні де, мағынасы да жоқ», – деп шешкен. Енді ол жайында ойламауға тырысқан. Бірақ уақыт өткен сайын, әлі де ұғыныспаған, аяқталмаған бірдеңелер бар сияқты көрініп, солардың басын ашып алмайынша, өзінің тағат тауып отыра алмасын анық сезді. Бар сырдың басын ашатын кез мерекеге арналған ауылдық концерт. Өйткені осыдан бір айы бұрын дайындық басталған бұл концертке Хадиша да қатынасуға тиіс болатын.
Бәйтен бірнеше күн бойына Хадишамен болатын әңгіменің әр түрлі жобасын көз алдына елестетті. Бірінші жоба бойынша, күндер бойы, түндер бойы көкейіне жиылған ашудың запыранын ақтарып, әңгімені қыздың кінәсін бетіне басудан бастамақ болды. «Сен менің асыл махаббатымды қорладың, жаныма жара салдың. Сен опасызсың, тұрақсызсың! Сендейлерді қазақтар малға сатып, дұрыс жасаған, – деп ызалана күбірледі оңашада. – Әйтпесе біздің арамызға от түсетіндей не болды, айтшы, кәне, түсіндіріп?» Ішінен: «Мынауым тым қатты болып кеткен жоқ па», – деп ойлап тұрады. Осыдан кейін не болатынын, қыздың не деп жауап беруі мүмкін екенін болжап көріп еді, көз алдына оның өткен жолғыдай бедірейіп, бұрылып ап, кетіп бара жатқан түрінен басқа ештеңе елестемей қойды. «Жоқ, бұлай сөйлесуге болмайды», – деп қорытынды жасады.
Екінші жоба бойынша, Бәйтен бар қайғысын ішіне жасырып, түк болмағандай, қызды таң қалдырып (Бәйтен қыздың өзіне қалай таң қалып қарайтынын елестетті) терең құпия сабырмен әңгімелесуге тиісті. Осы бір жүрек қытықтайтын құпия сабырға, бәлкім, қайтадан ғашық болып қалар деген дәмесі жоқ емес еді. Бірақ бұл әңгіме де көңілге үлкен табыс әкелмеді. Хадиша сол «не болсаң, о бол» деген түрмен бұрылып ап, кете беруін қоймады.
Үшінші жоба Бәйтеннің өзінің де көңіліне онша қонбады. Ол бойынша, барлық кісілік, жігіттік намыстың бәрін тастап, аяғына жығылу керек. «Сен болмасаң өлемін, аяй гөр мені, ғашығым, сәулем!» – деп жалбарынуға тиісті. Бірақ бұл өзінің адамдық қасиетін, арын қорлайтын секілді. Әсіресе көз алдында тұрған Хадиша бұған табалап, әрі жиіркене қараған кезде, Бәйтен миы шанышқан адамдай қатты тыжырынып, ыңыранып қоя берді. «О–о–о! О–о–о» – деді қинала күңіреніп.
Сонымен үш амалдың үшеуі де іске аспады. «Жарайды, бір жөні болар», – деді ішінен Бәйтен түскі шайдан кейін киініп жатып үй шаруасымен кіріп–шығып жүрген Қалаған үстіне бидай өңді галифе шалбар мен китель киіп, әскери адамдарша сымдай тартылып тұрған ұлын көріп, – сүйсіне таң қалды да, өзінен–өзі шошынып «тфа», «тфа» деп жерге түкірді.
— Жарығым–ау, әшейін, – деді еміреніп. – Жарық дүниеге келгенде көрген жалғызым – ау. Мына бір киімді бұрын кимеп пе ең? Мен көрмеген нәрсе ғой...
— Бірінші рет киіп тұрмын, апа. Оймауыт деген жолдасым сыйлап еді. Қазір үлкен қызметкер. Бірге жаттық қой пәтерде.
— Ой, айналайын, қайда жүрсе де аман жүрсін, өсе берсін, әйтеуір, жалғызыма зияны тимес.
Бәйтен клубқа келгенде, Әбдіғаппар бастаған жастар тобы концертке дайындықты бастап жатқан.
— Ойбай–ау, тілің бар ма, неге үндемейсің? – деп Әбдіғаппар көк қамзолды тымырайған қара торы қызға еңкейіп, құлағын жақындатты.
Қыз бұзылып қалған қуыршақ құсап, қимылсыз тұр. Не бұрылып қарамайды, не үндемейді. Тек бір қалыпты дем алған дыбысы ғана естіледі.
— Мына баланы тіпті сөйлете алмай қойдым, – деді Әбдіғаппар Бәйтенге қарап. Сосын қызға қайта еңкейіп:
— Фамилияң кім өзіңнің? – деді...
Қыз тағы үндеген жоқ.
— Шайкемелова, – деді ол үшін басқа бір қыз.
— Жарайды енді, қыспай–ақ қой, басқа номерлеріңді дайындай бер, – деп Бәйтен «тілі жоқ» қызды арқасынан қағып, орындыққа отырғызды.
Бәйтен мектеп оқушылары мен ауыл комсомолдарының біріккен ойын–сауығын дайындауға жанын сала кіріскен. Келмей қалған балаларды түн ішінде үйінен барып алып келеді. Комсомолдардың қатынасуын Қаратайға тапсырды. Өзі де сахнаға шығатын болды. Клубтың іші–сыртын ұрандармен, плакаттармен безендірді. Мектеп оқушыларының ішінде, әсіресе ауылдың ересек жастарының арасында әп–әдемі ән айтатындар бар, бірақ жұрт алдына шығып көрмеген, бәрі де ұялып аяқтарын баспайды. Солардың бәрімен жаудай жағаласып жүріп, бүгінгі мерекеге ойын–сауық кешін дайындау Бәйтенге кәдімгідей сын болды.
Бәйтен бұрыштағы столға отырып, «Енді уақыт болмас, жоспарымды қайта қарап шығайын», – деп папкасынан қағазын алып, жүгіртіп оқып шықты.
Клубтың ішіне адамдар жинала бастады. Шал–кемпір мен әйелдер жағы ұзын тақтай орындыққа отырып, жастар жағы у–шу болып, есікті қайта–қайта ашып – жауып кіріп шығуда. Ойын–сауық болады деген хабарды естіген соң ба, көп ұзамай жұрт қаптап кетті. Орын жетпей біразы артта түрегеліп тұр.
Байдәулет баяндама жасауға кіріскенде, Бәйтен концертке қатынасатындарды бұрыштағы бөлмеге жинап, қайта–қайта пысықтап, жанталасып жатты. Кәдімгідей жүрексініп, толқып тұрғанын сезді.
— Ұмытып қалған жоқсың ба сөзіңді? – деді Әбдіғаппарға. – Тым асықпа. Мен сөзімді бітіргеннен кейін, аздап жөткірінермін, ол – бітірдім дегенім, сен алдымен көк шолақ ат екеніңді білдіріп кісінейсің. (Әбдіғаппар аттың кісінегенін жақсы салатын.) Содан кейін барып сөзге кірісесің, жарай ма?
— Жарайды.
— Сен ше, Хадиша... Кімнен кейін кімді хабарлайтыныңды ұмытпайсың ғой? – Бәйтен араларында ештеңе болмағандай, емін–еркін сөйлеп тұрғанын сезіп, ішінен үйінде ойлаған «екінші амалды» есіне алды.
— Ұмытпаймын, – деді Хадиша. Оның да жүрексініп тұрғаны байқалды.
— Баяндама бітті, – деп хабарлады есіктен сығалап тұрған сары бала.
Жұрттың үйді көшіріп жіберетіндей сатырлатып қол соққан дыбысы естілді. Президиумда отырғандар алдыңғы скамейкаға барып отырды.
— Ал енді, қысылмай еркін сөйле, – деді Бәйтен Хадишаның құлағына сыбырлап.
Хадиша тақиясының үкісі бұлғақтап, желбіршекті көк көйлегі жер сыза, хор қызындай болып сахнаға шыққанда, жұрт қайран қалып «аһ» дегендей болды. Хадишаның сұлулығына есіктен сығалаған Бәйтеннің өзі де қызығып, іле көңілі құлазып сала берген соң, «Тап қазір ештеңені да ойлауға болмайды», – деді іштей өзін–өзі бекітіп.
— Қымбатты жолдастар! Сіздерді Октябрь мерекесі құтты болсын деп, ауылымыздың комсомол жастарының атынан құттықтаймыз!
Жұрт сатырлатып қол соқты.
— Жаса қарағым!
— Әбіл қайда, той жасайтын шығар енді? – деген дауыстар естіліп жатыр.
— Енді комсомолдар мен мектеп оқушыларының күшімен мерекеге арналған концертімізді бастаймыз, – деп хабарлады Хадиша. – Халық әні «Қамажай». Әнді төртінші класс оқушысы Нұрпейісова Злиха айтады.
Сахнаға Злиха мен домбыра ұстаған Әбдіғаппар шыққанда Хадиша дайындық бөлмесіне кіріп, қызарып кеткен бетін екі алақанымен басып:
— Ой, аллай, мен енді қайтып шығуға жарамайтын шығармын, – дей берді.
Бірақ бұлар қорыққандай соншалықты сұмдық ештеңе болған жоқ:
Ән айтылып, күй тартылып жатты. Жұрт мәз, гу–гу етеді. Сағидолланың әңгірлеген даусы анық естіліп тұр. Тек екінші кластың оқушысы – Айназарова ғана өлеңінің соңын ұмытып қалды, бірақ оған кінә таққан ешкім болған жоқ, қалғандарға қандай ілтифат көрсетсе, оған сондай ілтифат көрсетіп, қол соқты.
Бейімбет Майлиннің «Күлтай болыс» әңгімесі бойынша жасалған скетч жұртқа қатты ұнады. Әбдіғаппар тоқалын малайы алып кеткен бай болып, мүсәпірсіп, даусын құбылта жыламсырап: «Ойбай, сұрамаңыз, бала күннен қолымда өскен. Өзім өсіріп, адам қатарына қосып ем. Жаман адамды асырасаң, аузы–мұрныңды қан қылар деп... Көрмейсің бе?..» – деп арыз айтқанда, отырған жұрт қыран–топан боп күлкінің астында қалды.
Енді кезек Бәйтеннің өзіне келді.
— Бейімбет Майлиннің «Құтты болсын мейрамың», «Мырқымбай» атты өлеңдерін мұғалім Мырзабеков Бәйтен жатқа оқиды, – деп хабарлады Хадиша.
«Жатқа» дегені несі, – деп ойлады Бәйтен шығып келе жатып, – өлеңін оқиды дей салса, болмай ма?»
Бәйтен ортаға шығып отырғандарға көз жіберді. Бәрінің жүзі жылы, көздерінде күлкі. Осылай отыра берсек екен деп тілейтін секілді.
Бәйтен екінші өлеңді оқығанда, жұрт шуылдап мәз болды. Әркім жанында отырған адамға: «Әй, Мырқымбай, әй ит–ай, бай–бай–бай», – деп өлеңнің жолдарын қайталап, бірін–бірі қажай бастады.
Бәйтен осы кезде тағы өлең оқуға белін байлады. Ол Бейімбеттің тұрақсыз қызға шығарған «Ақсуаттың жанында» деген өлеңі. Ішінен Хадишаға жауабым болсын деп ойлады.
...Қалың құм Ақсуаттың кемері
Өткенді еске алып,
Күнде барғым келеді.
Бірақ... Мәреш жоқ!
Жел де, су да, құс та, аң да,
Сөйлескісі келеді Мәреш боп.
Көңіл сенбейді.
Ерікке көнбейді.
«Жастық атына күйе жаққан,
Опасыз жер – сен» дейді,
әр жерден сыбырласқан дыбыстар естілді:
— Естіп отырсың ба, Мәреш деп Хадишаны айтып отыр ғой...
— Қойшы.
— Ақсуаттың кемері деп отырған жоқ па. Басқа бір Ақсуатың бар ма еді?
— Кім опасыз: Жер ме? Су ма Әлде, Мәреш? Мен білмеймін... Ауырады жаным–ай...
Өз ойына өзі берілген Бәйтен «мынауым ерсі болды–ау» деп ойлаған жоқ. Ал жұртқа керемет ерсі көрінді. «Сұмдық – ай, Әбілдің қызын масқара қылды–ау, мынау», – деп күбірлесті бір–бірімен.
Өлең оқылып жатқанда – ақ Хадиша нарттай боп қызарып, пеш түбінде теріс қарап тұрған, жұрттың бәрі сыртқа шығып кеткенде де, сол қалпынан қозғалмады. Тарап жатқан жұртпен әңгімелесіп, ертеңге дейін қоштасып, әркімдердің рақметін алып, есік алдында тұрған Бәйтен Хадишаны көре алмай ішке қайта кірді. Пеш түбінде тұрған қыз Бәйтен жақындай бергенде, әдейі осыны күтіп тұрғандай, бұрылып жалт қарады. Төбелесетін адамдай екі көзі шатынап тұр.
— Мен сені иттің етінен жек көремін, – деді кенет жыланша ысылдап.
Бәйтен үстінен мұздай су құйып жібергендей тітіркенді.
— Мен сені ешқашанда сүйген емеспін, сүймеймін де, сүюге де тұрмайсың, – деді Хадиша адамды азаптағаннан ләззат алатын жендеттерше өз сөзіне өзі қана. – Тағы да жүз өлең шығарып, жүз рет жұрттың алдында оқысаң да, айтарым – осы.
— Қайдағы өлең? – деді Бәйтен бір кезде есін жиып. – Мен саған өлең шығара да алмаймын.
— Мәреш деп мені айтып тұрғаныңды ешкім білмейді деп ойласын ба? Жұрттың бәрі әңгіме қылып күліп барады.
— Күле берсін. Ол менің өлеңім емес, ол Бейімбет Майлин деген ақынның өлеңі.
— Немене, Майлин осы Ақсуаттың басына келіп пе екен?
— Ойбай–ау, қазақтың жерінде не көп, Ақсуат көп. Қайсы екенін мен қайдан білейін? Менің білетінім бұл біздің Ақсуат емес.
Хадиша сәл тоқтағандай болды. Бірақ алғашқы райынан толық қайтпай:
— Бәрібір жұрт оны өзінше түсініп кетті, – деді бұртиып. – Айтқаным айтқан...
Тегінде, ашуланып тұрған қызбен тіл табысудан қиын ештеңе жоқ шығар. Хадиша дәл қазір алдына келгенді тістеп, артына келгенді тебетін асау жылқы секілді.
— Хадиша, – деді Бәйтен жұмсақ әрі жалынышты үнмен, (ішінен, апыр–ай, манағы үшінші амалға түспесем жарар еді деп ойлады) – Мен де адам баласымын ғой, неге осынша жерлей бересің? Қандай жазығым болды, неге айтып өлтірмейсің?
— Ешқандай да жазығың жоқ.– Бәйтеннің үні жұмсарған сайын Хадишаның үні қатая түсті.
— Енді неге кінәлайсың?
— Мен сені кінәлап тұрғам жоқ.
Бәйтен өзінің аузына жібі түзу бір сөз түспегеніне ыза болды.
— Ендеше... неге мені кеудемнен итересің? – Ішінен «итергем жоқ» десе, не деймін» деп тұрды.
Бірақ Хадиша олай деген жоқ:
— Өйткені мен қазір басқа біреуді жақсы көремін, – деді өзінің жанары кең өткір қара көздерімен жерлегендей тесіле қарап. Түсіндің бе?
Бәйтен түсінгісі келмеді.
— Неге? – деді меңірейіп, ішінен: «Мені ұрып өлтіретін адам жоқ, сондай сөз бола ма екен», – деді өзіне–өзі кейіп.
Хадиша оған түйсігі жоқ кеще балаға қарағандай қарады.
— Сен азғырғанға еріп отырсың, Хадиша.
— Ол өз шаруам.
— Сен онымен бақытты бола алмайсың.
— Ол да өз шаруам.
— Ол барып тұрған өзімшіл, оңбаған адам, – деді Бәйтен өршелене түсіп. – Ол қызметін жақсы істеуі мүмкін, бірақ адамға жақсылық істемейді, ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ, күншіл. Өзінен ешкімнің аспағанын тілейді. Ол біреуге жасаған қиянаттан өзіне рахат табады. Ал ол кәдімгі жендеттің әдеті. Мінеки, қандай адам сенің Нұрбегің? – Бәйтен әлде де жерлейтін, өлтіретін бір сөз табылар ма екен дегендей жан–жағына қарады. Бірақ кісіні ғайбаттап көрмеген, табиғатында жаны жұмсақ Бәйтеннің аузына одан бөтен улы сөз түспеді.
— Күндеп отырған да, қызғанып отырған да – сен, – деді Хадиша. – Әйтпесе, ол өте жақсы адам.
— Ол біздің арамыздағы жайдың бәрін біледі. Ол сені кешпейді.
— Ол қандай «жай»? – деді Хадиша бөлмеде тағы біреулер бардай жан–жағына таңырқай қарап.
— Біз бір–бірімізді жақсы көрдік қой, ұмытып қалдың ба?
— Ұмытқам жоқ, бірақ ештеңе де болған жоқ.
Бәйтен Хадишаның «ештеңесі» не екенін енді ұқты.
— Мәселе сен ойлаған «ештеңеде ме» екен? Сен онсыз да мендік болған жоқсың ба?
Хадиша «осы бір сөзді айтсам ба, айтсам ба» дегендей сәл кідіріп:
— Сен шілдеханадан шыққан түні киіз үйдің ішінде дегеніңе жеткенде, мен сендік болатын едім, – деді бейтарап үнмен. – Өз обалың өзіңе.
Қыздың сөзінен Бәйтен дәл сондай сәтте Нұрбектің қапы қалмағанын сезді. Қаны басына шапшып, көзі қарауытты.
— Опасыз, сатқын! – деді кекештеніп.
Хадиша шар ете қалғанда, Бәйтен өзінің қызды жақтан тартып жібергенін бір–ақ білді. Ашудан қалш–қалш етіп, дәл осы сәтте өзінің қандай іске болса да дайын екенін сезіп, өзіне–өзі таң қалды.
Хадиша тағы ұра ма деп жасқанып, екі көзі үрейден үкінің көзіндей бақырайып, үнсіз қалды да, әлде кешірім сұрағандай, әлде Бәйтеннің мына қылығына сүйсінгендей, еңкейіп жігіттің кеудесіне басын қойып, еңіреп жылап жіберді. Бүкіл қимылынан, жылаған үнінен, «аяма, тағы да ұр, ұр, қатты» деген секілді бір тілек сезіледі.
Бірақ жүрегі жұмсақ жандар адамды қаталдықпен де сүйсіндіріп, бағындыруға болатынын білмейді ғой, білсе да жасай алмас еді. Бәйтен абдырап, есі шығып, алғашқы ашуынан тез қайтты:
— Кешіре гөр, жаным. Мен дүлей ақымақ, саған қол жұмсадым – ау. Кешіре гөр мені! Аяй гөp! – деп жалбарынды. – Жасыңды сүртші. Не істесең де, еркің өзіңде ғой.
Хадиша қалтасынан орамалын алып көзін сүртіп, жылағанын қойды. Шаруа істеп болып, тыныққан адамша, терең күрсіне дем алып, басын көтерді. Түріне алғашқы бедірейген безбүйрек кейіп қайта оралды.
— Енді сарапқа салатын ештеңе жоқ, – деді көзін бір нүктеге – қадап. – Мен Нұрбектің әйелімін. Енді түсіндің бе? Ішің күйсе, тұз жала.
Хадиша жерге тимес үшін көйлегінің етегін сәл көтере, бұдан әрі сөйлесудің реті жоқ дегендей, бұрылып қарамастан, Бәйтен бірнеше күн бойына көз алдына елестеткен, суретті дәл қайталап, шығып жүре берді.
Бәйтеннің әлгі ашуы «бәлкім, солай болған шығар» деген болжам ойдан туған еді, енді қыздың өзі «иә, солай болды» деп, тайға таңба басқандай етіп айтып бергеннен кейін, оның бойында енді ашуға да қуат қалмады.
Есіктен бір кішкене қыз бала кіріп:
— Ағай, жүрсеңізші, – дегенде ол ештеңеге түсінбей, қыз баланы да танымай, тұра берген.
Қыз бала – екінші класс оқушысы Айтназарова Күлән екен, ересек адамша клубтың шамын сөндіріп, сосын Бәйтенді қолынан жетелеп сыртқа шығарды. Концертке келген адамдардың бәрі кетпепті, ұйлығып кеңсенің іргесінде тұр. – Ағай, біз сізді ұзақ күттік, – дейді біреуі. – Неге сонша кешіктіңіз?
«Бұл мені неге күткен? Неғып тұр бұл арада? Неге жүре бермейді?.. Бірақ мұнда тұрған не бар? Мұғалім болған соң, күткен шығар?.. Мына қыз менің қолымнан неге айрылмайды? Неге жұлқылайды?»
— Ағай, – деді кішкентай Күлән жыламсырап.
— Не? – деді Бәйтен бірдеңе боп қалды ма дегендей қызға қарап.
— Ағай, сіз жылап тұрсыз ғой, – деді Күлән енді кемсеңдеп.
— Кім? Мен бе? – Бәйтен осы кезде өзінің бойындағы дірілді сезді. – Қой, жылап тұрғам жоқ, – деді даусы қалтырап, көзінің жасын сүртіп. – Жылап тұрғам жоқ, жаным.
— Жылап тұрсыз, – деді Күлән өзі де көзін уқалап. – Хадиша ғой сізді ренжіткен. Жыламаңызшы.
Бәйтен алқымына тірелген бір түйіншекті әрең тежеді. Балалардың алдында дыбысым шығып кетпесе екен деп тіледі. Сонымен бірге мына бөбектерді бауырына басып мұңын шағып, шерін де тарқатқысы келді. Жас баладай егіліп жылағысы келді.
— Ағатай, – деп жабысты бұған балалар. Олардың да үндері жыламсырап шықты. – Қойыңызшы. Біз де жылаймыз, ендеше.
Балалар қанша жалынғанмен, Бәйтеннің көзіне тірелген ыстық жас тоқтамады. Бірақ бұл алғашқыдан бөлек, жақын адам аяғанда, мүсіркегенде шығатын ризашылық көз жасы еді.
— Балапандарым – ау! – деді Бәйтен күліп. – Жарайды, кешіріңдер. Мен енді өйтпеймін. Жарай ма? Тек сендер жыламаңдар... Міне, маған қараңдаршы, күліп тұрған жоқпын ба... Кәнеки, кеттік. Жаңа концертіміз қалай өтті, а?
Балалар бірте–бірте көңілденіп, өздерінің қалай жүрексінгендерін айтып, күле бастады.
Бәйтен оқушыларды тегіс үйлеріне апарып салып, қайтып келе жатқанда, көңіліндегі қайғысы анда–санда бір бүлк етіп, құрсақтағы баласын сезген әйелдей, әлгі уайымын іштей бірте–бірте жақсы көре түсті.
XI
Ауданнан арыз тексеруге адам келіпті деген хабар тараған бетте–ақ, Бәйтен: «Не де болса, маған соқпай кетпейтін шығар», – деп ойлап отырған. Ақыры бесін шамасында шақырып жатыр деген хабарды естіп, кеңсеге келді. Аудандық өкіл шашын жатқызып тараған ақ құба жас жігіт екен, қала адамы екенін білдіргісі келгендей сызылып, «отырыңыз» деп қарсы беттен орын көрсетті.
— Сіздің фамилияңыз Мырзабеков қой.
— Иә, Мырзабеков.
Тергеуші алдындағы қағазға қарап, қарындашының түбімен столды тықылдатып отырып алды.
— Мен... алдымен өзім түсіндірсем қайтеді, – деді Бәйтен әңгіме өзі жазған арызы турады шығар деп ойлап.
— Жоқ, мына жерде түсінікті жазылған, – деді тергеуші бұған әр қилы қадала қарап.
Бәйтен ештеңеге түсінбей, дағдарып қалды. «Мына кісі мені басқа біреумен шатастырып отырған жоқ па», – деп ойлап.
— Мен Мырзабеков Бәйтенмін ғой, осында мұғалім болып істеймін, – деді орындығын ілгері жылжытып.
— Білемін, білемін, – деді тергеуші кекеткен үнмен. – Өзің комсомолсың, өзін айран ішесің дегендей, өзің, мұғалім боласың – өзің қызды сабайсың....
Бәйтен селк ете қалды. Комиссияның мүлде басқа арызбен келгенін енді түсінді.
— Мінеки, – деді тергеуші сөзін жалғап. – Үстіңізден екі арыз түсіп отыр, бірінде сізді байлардың құйыршығы деген, екіншісінде – қызға қол жұмсаған деп жазыпты. Сіз немене қызға қол жұмсап, сотталып кетейін деп жүрсіз бе?
Бәйтен не деп жауап берерін білмей қатты састы.
— Арызды кім жазыпты? – деді: «Қой мүмкін емес Хадишаның жазуы, – деп ойлап, – бірақ бізді басқа ешкім көрген жоқ қой».
Тергеуші алдындағы қағазға үңіле түсті де:
— Қыздың өзі жазған, – деп басын көтерді.
— Мүмкін емес.
Тергеуші мырс етті.
— Сізге сенем бе, қыздың қолына сенем бе?
Бәйтен өзін соңғы кезде талай қиындықты бастан кешіп жүрмін деп ойлайтын. Жардың опасыздығынан артық қандай азап болуы мүмкін. Бірақ мына соққы жолындағы жанды – жансыздың бәрін құртып, өсерге шөп қалдырмай тып–типыл етіп кеткен жаудың шапқыншылығы секілді бірдеңе болды. Ішінен бір тамыры үзіліп кеткендей. Өмірге деген ең соңғы үмітін, сенімін жұлып алғандай болды. «Қайран, Хадиша», – деді шарасыз түрмен күбірлеп.
— Жолдас тергеуші, – деді сосын енді маған бәрібір деген адамдай қалжырай қарап, – екінші арыз бойынша, қыздың өзімен кездестіруіңізді сұраймын. Әзірге қорытынды жасауға асықпаңыз. Ал алғашқы арызды толық жоққа шығарамын. Өтірік. Мен ешқашан да байдың құйыршығы болған емеспін.
— Қалай болғанда да, жағдайыңыз қиын, – деді тергеуші тағы да қарындашымен столды тықылдатып. – Ертең Нұрекеңнің өзі келеді, сонда шешеміз не істейтінімізді.
— Нұрекесі кім?.
— Нұрбек...
— Неге ол тексеруге тиісті?
Тергеушіге мына сұрақтың ерсі боп көрінгені сонша, төбеге қарап селкілдей күлді.
— Мен тексергенде, ол неге тексермейді. Ол менің батығым. – Енді түсінікті болды ма дегендей Бәйтенге бажырая қарады. – Оның үстіне, – деді сосын даусын ресми түрге көшіріп. – Ол кісінің алайын деп отырған қалыңдығына қол жұмсағансыз. Содан кейін сіздің жағдайыңыз нашар болмағанда, менің жағдайым нашар бола ма?
Бәйтен тұзаққа мықтап түскенін енді сезді.
— Сізден бір–ақ нәрсе өтінемін, – деді жалынғандай болып. – Хадиша екеумізді беттестіріңіз. Басқа ештеңенің керегі жоқ.
— Оны енді көрейік, – деді тергеуші көзін сығырайта ойланып.
Келесі күні екі тарантас арбамен шерулетіп Нұрбек келді. Қасында құда–құдағилары да бар, Хадишаны бір жола ала кетуге келіпті. Ауыл болып дүрлігіп, жайшылықта Әбілге сәлем бермейтіндер, қолғабыс қылып, көмек көрсетпек болып, сол үйдің төңірегінен шықпай қойды. Қыз беретін жақтан құда болуға таласқандар көбейіп кетіп, басы қатқан Әбіл, билікті Өлмеске беріп өзі қарап отырды.
Нұрбек той қамының арасында үкімет шаруасын да ұмытқан жоқ. Ауылнайдың кабинетіне ауыл активтері мен тергеушісін шақырып алып, түскен арыздардың фактілерін тексерді. Бәйтен жайындағы арыз туралы тергеушінің мәлімдемесін тыңдап отырып:
— Мен саған көрсетермін қыз сабағанды, байдың құйыршығы, – деді тістеніп. – Жаяу айдаймын қалаға, білдің бе? Жаяу.
Бұл кезде Назардың үйінде бір топ әйел киітке келген киімдер мен маталарды шығарып, құдаларға атап бөліп жатқан. Екі білегін түріп алған Бибінің аузы жабылмайды:
— Байғұс Әбділдің қайбір ағайыны бар киітті бөліп беретін, көп болса үйінде қалар, салыңдар, салыңдар. Екі тойдың да ауыртпалығын өзіміз көтерейік деп отырмыз ғой.
— О, байғұсқа не сын бар? – Қызының Нұрбекке бұйырғаны бағы шығар байғұстың.
— Апыр–ай, десейші.
— Бұйрық солай боп тұр ғой. Бұйрыққа дауа бар ма? – десіп Әбілдің осы бағын өзіне артық көргендей біресе аяп, біресе кемсітіп, әңгіме қылды.
Кешке қарай екі тарантас арбаға отырған құдалар Әбілдің қуықтай үйіне сау ете қалды. Ойлары мұнда көп алданбай, қызды Назардың үйіне түсіріп, тойды бірақ жасау еді. Бірақ Әбіл бұл сөзге қорланып, қызымды тастай алмай отырғам жоқ, дос бар, дұшпан бар, таң атпай қызымды жібере алмаймын деп ашуланып, оны аяқ астынан Өлмес қолдап, ақыры барған адамдар күн шыға қызды арбаға отырғызып, ауылды екі айналып, Назардың үйіне әкеп түсірді. Түнімен күтіп дайындалып отырған құдалар шашу шашып, у–шу болып қайырлы болсын айтып мәз болды. Күндіз мал сойылып, нан пісіріліп, қайырлы болсын айта келгендерге тамақ берілді.
Кешке қарай ауыл активтеріне арналған той болды. Жастар да аз болған жоқ.
Бәйтен іш – құса болған адамдай үйінде дөңбекшіп сыртқа шықпай жатқан. Өзін–өзі жігерлендіріп, адамша отырып, тамақ ішіп, сөз сөйлейін десе, іштегі қасіреті меңдеген аурудай бойын алып, басқа ештеңе ойлатпайды. Үйінің дәл қасынан шығып жатқан тойдың шуылы, айғай–шу, ән айтқан дауыстар жанын жегідей жеп, қашып кетуге жер таба алмай отырған.
Кенет есіктен бір бала жылт етіп:
— Тойға шақырып жатыр, – деп хабарлап кетті.
«Сұмырайлар, – деді жаралы аңдай дөңбекшіген Бәйтен. – Қорлаңдар, мазақтаңдар, сұмырайлар! Екі дүниеде де ұмытпаспын дәл осыны».
Осының бәрі, қызды бір жола алып кетпей, тойды осынша дүрілдетіп, Назардың үйінде жасау да Бәйтеннің сағын сындырудың бір тәсілі еді. Мұны Нұрбек баяғыда ойластырған. Және бұған Бәйтеннен басқа ешкім түсінген жоқ. Екеуі бірін–бірі көрмесе де, іштей бір–бірімен толық түсінісіп әңгімелесіп жатқандай болды. Тегінде, адам өзінің ең сүйікті жақынымен, содан кейін, ең қас жауымен ғана жақсы түсінісе алатын болуы керек.
Бәйтенді бәленбай жасқа қартайтқан той шуы түнімен естілді де тұрды. Шамасы Әбдіғаппар болу керек, түнгі ауаны жаңғырықтыра айғайлап, термеге басты.
— Қу өмір, келеріңде бұлақтайсың,
Сырғыған кетеріңде сынаптайсың.
Жанына жақсылардың аялдамай,
Па, шіркін, қайда барып тұрақтайсың.
— Пау, шіркін! – деп көтермелейді әлдекім.
Одан кейін жұрт қыран–топан күліп ішектері қатты.
Әбдіғаппар әлдекімдерді мазақ қылып қылықтарын салған болу керек. Күлкі біразға дейін тоқтамады. Әлден уақытта қыздар қосылып ән айтты. У–шу қайта басталды. Жастар жағы шамасы «көрші» иә «сақина салмақ» ойынына кірісті. Қонақтар екі үйде отырған болу керек, кейде екі жақтың өлең айтқан үндері жарысып шығады.
Бәйтен шымылдық ішінде отырған Хадишаны көз алдына елестетіп еді, ішінен ұлығандай бір дыбыс шықты.
Қараңғыда:
— Қарағым – ай, не болды, ұйқысырап жатсың ба? – деген шешесінің даусын естіді.
Бәйтен ұйқысыраған адам болып жауап бермеді.
— Жарығым – ай, қайтейін, – деді шешесі даусы қалтырап. Үнінен оның да басынан ұйқысыз түнді өткізіп жатқаны сезіліп тұр еді.
Думан той басылар емес. Хадишаның Бәйтенге берген сертін бұзып, Нұрбекке шыққанына бүкіл Ақшоқы халқы қуанышты секілді.
Киіз үйден топырлап біреулер сыртқа шыққандай болды. Сосын әлдекім лоқсып құса бастады. Mac боп қалған болу керек.
— Мынау бас табақ, көтек жамбасты неге салмағансың?
— Асық жілікті мұнда жібер.
— Мына табақ кімдікі?..
Әй, қайным – ау, мына табақ қайда барады? – деп жерошақ басындағы әйелдер самбырлап сөйлей бастады.
«Ет жеп жатыр» деді ішінен Бәйтен, жұрттың даурыққан үні басылғанын сезіп.
Киіз үйдің тесігінен таң сәулесі сығалады. Осы кезде «беташар» деген айқай естілді. Бәйтен әлденеге өрекпіп құлағын тосты. Дауыстары ап–анық естіліп тұр – сыртқа шыққан болу керек. «Жауыз, қара жүрек, сұм», – деп қалшылдады Бәйтен ішінен, беташарды далада өткізу өзіне жасалған қыр екенін түсініп. Шамасы Нұрбек те мұның ұйқысыз жатқанын жақсы біліп отырған ғой. Әбдіғаппар беташарға кірісті:
— Айт келін – ау, айт келін,
Атыңның басын тарт келін.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін...
Дабырлаған әңгіме көбейіп, беташардың сөзін естіртпей жатыр.
— Ақшоқыны жайлаған
Халқым таңдап сайлаған,
Кешегі өткен байларды
Бір шыбықпен айдаған
Мына отырған қайнағаң
Назекеңе бір сәлем!
Жұрт гу ете қалды. «Сәлем қылып жатыр...» – Бәйтен басына ұзын ақ шәлі жамылып, бірнеше қыз келіншектің ортасында бір тізесіне иіліп сәлем беріп тұрған Хадишаны көз алдына елестетіп, көріп тұрды.
Бар қосымның атасы,
Сөзімнің жоқ қатасы,
Жанға серік батасы,
Ана отырған қайны атаң
Тауман шалға бір сәлем!
Гу–гу, дабырлаған халық. Бәрі де мәз, бақытты, қуанышты. Өмірде бақытты жандар қандай көп. Осы жүргендердің ішінде бір бақытсыз адам бар дегенге сену мүмкін емес секілді. Беташар ұзаққа созылды. Соңғы жағындағы сәлемдер Өгізбай, Қабдырақ, Ошақбай секілді алыс ағайындарға арналды. Бұл жолғы жұрттың күлкі аралас гуілі «мыналарға не сәлем керек, қап есіл сәлем – ай» деген секілді боп естілді.
Бет ашылды. Оны Бәйтен үйде жатып көріп отыр. Кемпірлердің бірі, немесе Бибінің өзі барып Хадишаның бетінен сүйеді. «Бақытты бол, қайын жұртыңа сыйлы бол, мейірімді бол»,– деп батасын береді. Одан кейін Әбдіғаппар домбыраның басына байланған кәде түйіншекті қалтасына салып алады. Оған жеңгелерінің бірі «Әй, көгермегір, қалтасына салып алғаны несі, әкел маған, ұят емес пе өзің алғаның»,– деп жабыса түседі. Әбдіғаппар қашқан болады. Әйелдер жібермейді. Ақыры: «мыналар адамға нәрсе бұйырта ма, өңкей тажал»,– деп қалтасындағы түйіншектің ішінде не бар екенін де білмей жеңгелеріне беріп құтылады.
Күн шықты. Қалаған қасқа сиырды сауып алып, өріске жіберді. Шаруа қамына кіріскен әйелдердің шаңқылдаған дауыстары шыға бастады.
Көрер таңды көзімен атырған Бәйтен төсегінен тұрып киінді. Сыртқа шықты Жуынды. Назардың үйі жағына қарамауға тырысты. Шешесі ұрысқан адамдай үнсіз шай ішті. Бар айтқаны: «Күн суып кетті, мектептегі кішкене бөлмеге кіріп алу керек екен»,– болды. Сосын Бәйтен мектебіне кетті. Бірақ мұнда да береке таппады. Жүрегі өрекпіп, аузына тығылып, сабағын да жөндеп бере алмады. Сабақ үстінде көзі кішкентай Күләнға түсіп еді, екі көзі жасаурап, «ештеңені бүлдіріп алмаса екен» деп тілегендей бұған үрейлене қарап отыр екен. «Айналайын, бөбегім,– деді Бәйтен іштей қатты елжіреп,– жүрегіңнен айналайын сенің. Жанашырым»...
Бәйтеннің әлдебір жаманшылық күткендей мазасыздануы бекер болмады. Үшінші сағатта класқа мылтық асынған милиционер Жаппас кіріп келді.
Жолдас Мырзабеков,– деді зілді де емес, зілсіз де емес, ұнатуы да жоқ, ұнатпауы да жоқ бейтарап ресми үнмен. — Сізді ауылдық советтің кеңсесінде аудандық тергеу комиссиясы күтіп отыр.
Бәйтен не дерін білмей жалтақтап балаларға қарады:
Мына сабақты не істеймін...
— Онда менің шаруам жоқ, барған соң білесіз не істейтініңізді.
— Жақсы,– деді Бәйтен «балалардың алдында осалдық көрсетуге хақым жоқ» деген оймен. — Сіз мені есік алдында күте тұрыңыз, мен қазір шығамын.
Милиционер шығып кетті.
— Бүгінгі сабақ осымен бітсін,– деді Бәйтен көздері бақырайып қорқып қалған балаларға күлімсірей қарап. — Ауданнан келген кісілермен сөйлесетін шаруа бар. Қайта беріңдер.
Балалар бір жаманшылықтың боларын сезгендей, ұнжырғалары түсіп, сылбыр қимылмен кітаптарын жинастыра бастады.
Бәйтен сыртқа шықты.
— Кәнеки, алға түсіңіз,– деді милиционер тағы да түк сезім жоқ ресми үнмен.
Кеңсенің ішінде Назар бастаған ауыл активтері мен ауданнан келген комиссия отыр екен. Бәйтенді соттайтын адамдай ортадағы бір орындыққа отырғызып, жанына милиционерді тұрғызып қойды.
— Жолдас Мырзабеков,– деді Нұрбек жемін көрген жыртқыш аңдай мұны көзімен ішіп–жеп. — Саған үкімет пен партия, халық үміт артып отыр, балаларға білім береді, оларды тәрбиелейді деп. Ал сен байлардың құйыршықтарымен ауыз жаласып, оларды оқытасың, партия совет кадрларының сыртынан өсек айтасың, үкіметке қарсы үгіт таратасың. Осы ма сенің үміт ақтағаның?
— Мен ешкімнің сыртынан өсек айтқам жоқ. Үкіметке қарсы үгіт те таратқам жоқ. Сіз өйтіп жала жауып бекерге әуре болмаңыз... Онан да шыныңызды айтыңызшы...
Нұрбек төбелесетін адамдай орнынан тұрды.
Тілің шығайын деген екен сенің. Бәлкім, біреу үйреткен шығар осылай айт деп. Ол кім болды екен?
— Егер сіз өз сөзіңізді өзіңіз тауып айта алсаңыз, менің де ешкімнің көмегінсіз сөйлеуге шамам жетеді.
— Қысқарт,– деп айғай салды Нұрбек. — Сен менің алдыма тәжікелесуге келген жоқсың, істеген қылмысың үшін жауап беруге келдің...
— Мен ешқандай қылмыс істеген жоқпын,– деді Бәйтен де қасарысып.
— Өшір үнін мынаның,– деді Нұрбек милиционерге қарап.
Милиционер Бәйтеннің иығына қолын салып:
— Сіз көп жағаласпаңыз,– деді де, «үні өшті, енді сөйлей беріңіз» дегендей Нұрбекке қарады.
— Қайтіп сенің сөз жарыстыруға арың барады? – деді Нұрбек шаңқылдаған дауыспен. — Қыз балаға қол жұмсап, не бетіңмен сөйлеп тұрсың? Бұл ісің үшін мен сені сотқа беремін. Сенің мұғалім болған түрің осы ма? Мінеки арыз,– деді сосын бір жапырақ қағазды, жұрттың бәрі көрсін дегендей жоғары көтеріп. — Әбілова Хадишаны мереке күнгі концерттен кейін, клубтың ішінде әурелеп дегеніне жете алмаған соң, қол жұмсап зәбірлеген. Сен мұндай қылмысты немен бітетінін білемісің, а? Көргенсіз, ұятсыз!
— Біріншіден, сіз менің қара басымды қорламаңыз,– деді Бәйтен сабырмен. — Ондай правоны сізге ешкім берген жоқ. Екіншіден, Әбілова екеуміздің арамыздағы оқиғаға сіз төреші бола алмайсыз. Себебі ол кісі – қазір сіздің әйеліңіз... ал менің... бұрынғы қалыңдығым. Сондықтан арамыздағы от басының әңгімесіндей ондай оқиғаларға сіз әділдікпен қарайды дегенмен мен сене алмаймын.
Нұрбек алдында Бәйтенді оп–оңай бүріп тастаймын деп ойлаған. Енді алдында отырған адамның оңайлықпен берілетін жау емес екенін сезіп, оған деген өшпенділік сезімі бұрынғыдан жаман өршіді.
— Әй, жігітім,– деді ақырын ғана. Бірақ даусында ақырындаған сайын, кешірмейтін, аямайтын бір ызғар қатая түсті. — Мен төреші болмасам, төреші болатын адамды мен саған тауып бере аламын. Оны басыңдағы бөркіңдей көр. Ал қазіргі қылығың үшін, мен сенімен басқаша сөйлесемін.
Содан кейін жанында отырған өзінің қызметкеріне қарап: — Акт жаса,– деді. — Мырзабеков аудандық партия комитеті бөлген тексеру комиссиясын мойындамай, тәжікелесіп, шындықты айтудан бас тартқанын айтып акт жаса.
Жанындағы тергеуші асығыс акт жаза бастады. Анда–санда Нұрбекпен «осы жазғаным дұрыс болды ма» дегендей күбірлесіп қояды. Актіге басы Назар болып, отырғандардың бәрі қол қойды. (Байдәулет ауырып жатты.)
Қаһарына әбден мінген Нұрбек милицияға:
— Осы қазір Мырзабековті ауданға жаяу айдайсың,– деп бұйрық берді.
Бұдан кейінгі оқиға тіпті қызық болды. Милиция Бәйтенді үйіне әкеліп, киімін ауыстырғызып, жолына тамағын, сусынын алдырып, ай–шайға қаратпай, кеңсеге қайта айдап әкелді. Ауылдың бала–шағасына дейін сыртқа шығып қарап тұрды. Қалаған дауыс қылып талып қалды. Жүгіріп Асқар келген екен, оны кеңсе маңына жолатпады.
Түс кезінде милиция Бәйтеннің қолын алдына байлап, жіптің бір шетін ат үстінде тұрып өзі ұстап, қойша топырлаған халықтың алдымен, құнан жал қос аяқ қара жолға түсті.
Біреулер:
— Байғұсқа обал–болды–ау,– деп шын аяған болды.
Енді біреулер:
— Назармен ұстасып несі бар, артын қысып тыныш жүрмей ме,– деп Бәйтеннің өзін кінәлады.
— Мына Назар елде есі бар кісі қалдырмайтын шығар, әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағасын, қайтсін,– дегендер де болды.
Бәйтен ешкімге ештеңе деп сөйлесе алмады, тек шешесіне:
— Текке жылай берме, бұлар әдейі ерегісіп істеп жүр, барған соң бәрі жөнделеді,– деп айтып үлгерді.
Былай шыққан соң:
— Тым болмаса қолымды босат, жүруге ыңғайсыз, жүз шақырым жерге қайтіп жетемін,– деді Бәйтен милиционерге қарап.
Жаппас Бәйтеннің қолын шешті.
— Сен маған ренжіме,– деді сосын. — Бұйрық солай, әйтпесе менің сенде ала алмай жүрген өшім жоқ.
Жындыбұлақтың түбінде бұларды Нұрбек пен Хадиша отырған тарантас арба қуып жетті.
Бәйтен оларға қараған жоқ. Оларды иттің етінен жек көретінін осылай білдіргеннен басқа амалы да жоқ еді. Олардың дұшпанын табанына салып, мерейінің тасып келе жатқанын қарамай–ақ көріп тұр.
Бәйтен қазақы тәрбиені қатты сақтап өскен жігіт қой. Кішкентай кезінің өзінде әкесінің «ешқашанда біреуге қиянат ойлама, өз пайдаңа елікпе, біреуді мұқатуға тырыспа» деп отыратыны есінде. Сол тәрбие ме, әлде туа біткен мінез бе, Бәйтен өзіне деген тұста ыңғай шегіншектеп кейін тұратын бір қасиет тауып алды. Онысы әлгі нәрсеге қызықпағандықтан, алғысы келмегендіктен емес, жанындағыларды аяғандықтан «олар да қазір мен секілді ынтығып отыр ғой, олар да мен секілді адам ғой» деген ойдан аса алмағандынан еді. Сол себепті ол өмірдің талай олжа түсер тұсында осылай құр қалатын.
Осы қасиеттің санасына сіңіп кеткендігі сондай ет жеп отырғанда да, басқаларға жетпей қап жүрмей ме деп, жан–жағына алаңдаумен болады. Бәлкім, бұл басқаларға жайлы шығар, бірақ өзіне ешқашан пайда әкелген емес. Тек іштей: «Егер адамдардың бәрі сондай болса ғой, жер бетінде қандай ғажап өмір болар еді»,– деп, өз ойының, көзқарасының дұрыстығына көзі жеткендей болып, соны өзіне жұбаныш ететін.
«Ал мен өмірі өз сыбағамнан бас тартып келемін,– деп ойлады Бәйтен қара жолдың құмын борпылдата басып. — Одан пайда таптым ба? Тапқан жоқпын. Ендеше, мен секілді мыңдаған жандар осы мінезден ешқандай пайда таппай жүр. Сонда кімдер тауып жүр пайданы? — Бәйтеннің есіне өзін өкшелеп артында арба үстінде келе жатқан Нұрбек түсті. — Иә, пайданы Нұрбектер көруде. Өйткені олар қара бастарының қамы үшін ештеңеден тайынбайды. Мәселен соғыста өзгелерді ойлаймын деп тұрсаң, сені біреу өлтіре салмай ма? Өлмес үшін сен біреуді одан бұрын өлтіруің керек... Ендеше, өз басыңды ойлау, бәсекеде жеңу, озу, өмірдің негізгі мақсатының бірі боп есептеледі. Ендеше, «Алыссаң, атаң да болса, алып ұр» деген қазақтың мақалы шын данышпан мақал. Өмірдің барлық саласында да аяусыз күресу керек...»
Әлдекім өзін шақырғандай болып, Бәйтен басын көтеріп алды. Милиционер екен:
— Арбаға отыр,– дейді.
Екінші тарантас арба да келіпті.
— Жоқ, мен жүре берейін,– дейді Бәйтен отырғысы келмей.
— Жоқ арбаға отыр мына түрімізбен екі күнде де жете алмаймыз.
Бәйтен құдалар отырған тарантас арбаның арт жағына теріс қарап отырды. «Бірақ біздің осы істеп жүрген ісіміз өзіміздің ғана ісіміз бе? – деді Бәйтен ойын жалғап. — Сөйлеген сөзіміздің бәрі өзіміздікі ме? Мәселен, Хадиша сертті бұзыл, менің арымды, намысымды қорлады – осыны ол өзі ғана жасады ма? Жоқ, төңірегіндегілердің ықпалы болды. Солар істеткізді. Назардың өзі де сол. Оған да ыңғай төңірегі әсер етеді. Яғни, ол да өз бетінше ештеңе істей алмайды. Төңіректің әсері, ықпалы жеңеді. Бір адамның ісі – бірнеше адамның ісі, солардың тілегі мен талабы. Ендеше, әлдебір іс–әрекетке бір адамды ғана кінәлау дұрыс емес. Бірнеше адамды ауылды, елді ақырында өзіңді кінәлау керек. Екі адам өзімен–өзі оңаша жауласа алмайды. Міндетті түрде бірнеше адаммен жауласасың...»
Бәйтен қанша ойлағанмен басы анық бір мақсатқа келе алмады. Тек мынандай азапты көріністе өліп кетпеу үшін, көңіліңді алаң қылатын басқа бір ой ойлауым керек шығар деп шешті.
Сыдыртып қатты жүрген тарантас түн ортасында ауданға жетті. Құда–құдағилар қалғып–шұлғып, үйлеріне кетті. Милиционер Бәйтенді қалының батыс жағында ең шетке салынған қызыл түрмеге апарып қамады.
XII
Қабағы түксиген жуан милиционер денесін әрең көтеріп тұрғандай ентігіп, Бәйтенді іргесіне шөп төселген, сыз иісі шыққан қараңғы бөлмеге әкеліп кіргізді де:
— Үлкен дәрет болмаса, кішісіне мында отырасың,– деп шелектен үлкен қаңылтыр ыдысты көрсетті. «Қашып кететін тесік жоқ па» дегендей бөлменің ішін айналдыра бір қарап өтті де, есікті сыртын кілттеп жауып кетіп қалды.
Бәйтен іргедегі шөптерді бір жерге үйіп, тегістеп, жұқа шапанын үстіне жауып, ұйықтамаса да, біраз демалайын деп жатқан, қалай ұйықтап қалғанын өзі байқамай қалды.
— Әй, қазақ,– деген дауыстан оянып кеткен Бәйтен басын көтеріп алғанда, есіктегі темір тордан сығалаған кешегіден бөлек басқа жастау милиционерді көрді. — Мә, тамағыңды ал.
Бәйтен тұрып барып қалайы табақшаға салынған тары ботқа мен екі нан алды.
— Мә, мынауыңды да ал,– деді әлгі тұрпайы дауыс.
Бәйтен қайта оралып ыстық шай құйылған қалайы күрішкені алды.
Сәске шамасында басына ақ кепка киген, ұзын бойлы қызыл жігіт Бәйтенді тергеуге апарды. Тергеуші таныс болып шықты — Жаңқабылов Қабдыбек, Жаркөлде бастауыш мектепті Бәйтенмен бірге оқыған. Қабдыбек бұған жылы ұшыраған да жоқ, бірақ аса безбүйректеніп, бедірейген де жоқ.
«Мен қазір қызметтемін, ескі достығымызды ескеруге хақым жоқ, оған өкпелеме» деген секілді рай білдіріп, ресми үнмен сөйледі.
— Арызда өзіңізге тағылған айыптармен таныстыңыз ба?
— Таныстым. Бірақ ешқайсысын мойындамаймын.
— Қандай дәлеліңіз бар.
— Біріншіден, мені жалақор арызқой деп ғайбаттаған. Оның бәрі өтірік. Арыз жазғаным рас, бірақ ол арызды ешкім тексерген жоқ. Екіншіден, қызға қол жұмсады деген арызды сол қыздың өзі жазды дегенге мен сенбеймін. Ол қыз қазір Нұрбектің әйелі. Мені ол кісімен беттестіруіңізді өтінемін.
— Беттескенде не пайда табасыз.
— Пайда табам деп ойламаймын, бірақ бұл мен үшін өте қажет.
— Жарайды, кездестіруге тырысайын. Бірақ аудандық партия комитетінің өкіліне жауап беруден бас тартқаныңыз қате болған.
— Егер ол тергеуді партиялық принциппен жүргізсе, мен бас тартпас едім. Ал «қырамын да жоямын» деп боқтағаннан басқаның бәрін айтып, бүкіл елдің көзінше масқаралап, милициямен жаяу айдатса, қайтіп мен оған жауап бере аламын.
— Бәрібір оныңыз қате болған,– деді Қабдыбек үнін өзгертпей.
— Қабдыбек,– деді Бәйтен «бос сөзді қайтеміз, онан да бүкпесіз ашық сөйлесейік» деген ыңғай танытып. — Менің ешқандай жазығым жоқ. Әбілованың арызы қолдан ушықтырып отырған нәрсе... — Бәйтен әрі не айтарын білмегендей, кіржиіп, көзін жыпылықтатып аз–кем отырғаннан кейін, басын көтеріп, Қабдыбекке тура қарап: — Нұрбек алып отырған жаңағы Әбілова менің қызым болатын,– деді даусы қарлығып.– Ақыры, осылай болып шықты. Өмір деген осы... Ал арызқой дегені... — Бәйтен сөз шығындағысы келмегендей қолын сілтеп, көзін бір нүктеге қадап отырып қалды.
Қабдыбек Бәйтеннің әңгімесін бөлмей, ашық терезеге қарап отырып ұзақ тыңдады.
— Сенің мәселеңді бүгін шеше алмаймыз,– деді ақырында манағы ресми даусын өзгертіп. — Бүгін округтен Жаңбырбаев келіп жиналыс өткізейін деп жатыр...
— Оймауыт па? – деді Бәйтен жұлып алғандай.
— Ия, Оймауыт. — Қабдыбек «білуші ме едің» деген сұраулы жүзбен қарады.
— Онда сен мені сол кісімен кездестір.
— Сенің өтінішіңнің бәрі тек «кездестірден» келетін болды ғой.
— Тым болмаса... өзің кездесе аласың ба?
— Кездесе аламын.
— Онда менің жағдайымды айт, осында де.
— Жарайды,– деді Қабдыбек қағаздарын жинастырып жатып. — Осында таныс үйің бар ма?
— Бар.
— Ендеше, бүгін сонда бар. Бірақ ешқайда шықпа. Ертең сағат 9–да осында келесің. Жарай ма?
— Жарайды.
Ұятқа қалдырып жүрме.
— Қорықпа,– деді Бәйтен жымиып.
— Ендеше, жақсы, ертеңге дейін.
— Сау бол. — Бәйтен сыртқа шықты. Өзен жақтағы «Банктің» алдымен оңға бұрылып Сейілханның үйіне тартты. «Бостандық деген қандай рақат! – деді ішінен бәленбай жыл түрмеде жатып босанған адамдай қуанып. — Қайда барамын десең де, өз еркің. Осының өзі адамға бақыт емес пе?»
Есікті Салиқа ашты. Салиқаның мінезі қашаннан жайдары ғой, екі көзі бақырайып, балаша қуанып, бар екпінімен құшақтай алғанда, Бәйтенді құлатып кете жаздады.
— Айналайын, Бәкетайымнан! – деп екі бетінен кезек–кезек сүйіп мәз болды. — Ақ ботадан айналайын. Қашан келдің?
— Кеше келдім.
Бұл үйден басқа бір үйге түсуі мүмкін емес деп ұғатын Салиқа мына сөзді естігенде, сабайтын адамдай айбаттанып:
— Қайда түстің айт, кәне, жаның барында? – деп тергей жөнелді.
— Қазір үйге кірген соң айтайын,– деді Бәйтен. — Ол бір үлкен оқиға.
Бәйтен түпкі бөлмеге кіргеннен соң:
— Сейілхан қайда? – деді жан–жағына қарап. Бәйтенді таң қалдырған нәрсе — Сейілханның жоқтығы емес, үйде Сейілханның киім–кешегі, не құрал–жабдығы, тіпті қағаз–қарындаштарына дейін жоқтығы.
— Сейілхан қазір командировкада... Сен білмейтін де шығарсың, біз ажырасқанбыз.
— Ажырасқаны несі? – деді Бәйтен шошынып. Аң-таң болған күйі Салиқаға қарап, оның уайым–қайғысыз күлімдеген жүзінен бір құпия сырды байқады.
— Заң жүзінде ғана ажырастық.
— Ол не деген сөз?
— Ол мүлде ажырасқан жоқпыз деген сөз.
— Жоқ, өзің дұрыстап түсіндірші,– деді Бәйтен. — Мен ештеңе ұғып тұрғам жоқ.
Салиқа төрге көрпе жайып жастық салып, Бәйтенді отырғызды да, өзі ауыз үйге барып, самаурын қойып, қайтып келді.
— Анада көкем келіп кетті ғой, өзің білесің? – деді бұрыштағы жәшіктен шараға ұн салып жатып. — Сонда ақылдасып шешкенбіз. Мұнда Асқардың күйеу баласы деп оған да маза бермей жатыр ғой. Көкем: «Ертең мен үшін Сейілханды күйдіреді, бағын байлайды, заң жүзінде екеуің ажырасыңдар»,– деп болмаған соң, осылай жасадық. Тұратын орнымыз бөлек. Сейілхан жасырынып келіп тұрады. Әрі қарай не болатынын көреміз. Әйтеуір, соңына түсіп жүргендердің біразы саябырлаған секілді. Ал өзіңде не жаңалық? Ел–жұртың аман ба?
Өз жайы есіне түскенде, әлгінде ғана жадырап отырған Бәйтен түнеріп сала берді. Салиқа да әлдебір жаманатты сезгендей түсі сұрланып Бәйтеннен көзін алмады.
— Мені тергеуге әкелді,– деді Бәйтен төсеулі жатқан қол кілемнің оюына қарап отырып. — Түнде түрмеге әкеліп қамап еді, тергеуші ертеңге дейін қоя берді.
Шошынған Салиқаның қолынан ұн салған шара түсіп кете жаздады.
— Не боп қалды? – деді үрейі ұша.
— Біреудің жазған арызына байланысты... — Бәйтен басын көтеріп Салиқаға үйге кіргендегідей көңілдене қарап: — Ештеңе етпейді, жаңа тергеушімен сөйлестім, бір жөні болатын секілді,– деді.
Салиқа оның қай жөн екенін ұққан жоқ, тек Бәйтеннің жадыраған түріне қарап, есін жиғандай болды.
— Құдай–ай, сақтай гөр,– деді сосын шарасына тағы да ұн салып. Қандай оңбаған адам оны жазып жүрген. Арызқойлардың заманы болды ғой бұл.
Салиқаның «ажырастық» деген сөзі күні ұзаққа Бәйтеннің көкейінен кетпей қойды. Салиқа бала көтермеген еді. Мына істегендері қалайда жаман ырым секілді болып көрінді.
Келесі күні Бәйтен таңертеңгі сағат тоғызда Қабдыбекті кабинетінің алдында күтті.
— О, Бәйтен, амансың ба? – деді іле жеткен Қабдыбек кешегідей емес жайдары амандасып. — Қалай, жақсы түнеп шықтың ба?
— Жаман емес. Апам бар ғой осында.
— Ол кім.
— Салиқа деген. Немере апам ғой. Асқардың қызы.
— Ә–ә–ә,– деді Қабдыбек есіне түсіріп. — Әлгі Сейілханнан ажырасып кеткен қызы ма? Апыр–ай тәп–тәуір семья еді...
— Балалары жоқ қой,– деді Бәйтен жанға бататын шындықты амалсыз мойындағандай бір үнмен. — Ол рас,– деді Қабдыбек те дәл сол үнмен. — Үйленгендеріне де біраз болған шығар.
— Біраз болды ғой. — Қанша жыл болғанын Бәйтен есіне түсіре алмады.
— Жарайды, өз шаруамызға көшейік,– деді Қабдыбек папкасын алып жатып.– Кешегі мәселе бойынша мен Жаңбырбаев жолдаспен сөйлестім, — Қабдыбектің үнінен өзінің Жаңбырбаевпен сөйлескенін кәдімгідей мақтаныш тұтатыны сезіліп тұр. — Ол кісі осында сағат он бірде келемін деді. Сен оған дейін отыра тұр... Өздерің тіпті жақын достар екенсіңдер ғой.
— Бір пәтерде тұрғанбыз.
— Бәсе, кеше сені айтып едім, тіпті керемет қуанғаны. — Содан кейін біреу жайында өзінің пікірін айтпаса отыра алмайтын адамдардың әдетімен: — Шіркін, Оймауыт Жаңбырбаевтар ғажап адам ғой,– деді таң қалып. — Бұл кісінің білімі, іскерлігі, шешендігі... — Қабдыбек көзін жұмып басын шайқады, — керемет қой. Жиналыста сөйлеген сөзі қандай!.. Айтпақшы, сен кешегі айтқандарыңның бәрін маған жазып бер. — Қабдыбек Бәйтенге бір парақ қағаз бен қарындаш ұсынды.
Бәйтен біразға дейін қалай бастарын білмей ойланып отырды да, не де болса толық жазайын деп, ауылдағы саяси өмір мен совет жұмысы туралы жазуға кірісіп кетті. Бәйтен ұзақ жазды. Тағы да бірнеше парақ қағаз алды.
— Сен өзің алысқа сілтедің ғой,– дейді Қабдыбек әр қағазын ақша бергендей столының тартпасынан суырып беріп жатып.
Бәйтен түсініктеме қағазды аяқтап, соңына қолын қойып, Қабдыбекке ұсынып жатып:
— Кешегі Әбіловамен беттесу не болатын болды? – деді.
— Беттесу болмайтын болды. — Қабдыбек қуанышты хабар жеткізгендей Бәйтенге қарап жымиып қойды. — Әбилова арызымды қайтып аламын деп жатыр. Яғни, қыз сабады деген айып, күн тәртібінен түседі... Бұл өте дұрыс болды...
Осы кезде есік ашылды да басына фуражка, үстіне макинтож киген, әскери дағдымен денесін тік ұстап, жайдары жүзбен Оймауыт кіріп келді. Бәйтен орнынан атып тұрды. Қабдыбек өзімен–өзі апыр–топыр боп, біреудің соңынан қуған адамдай екі қолын алдына соза есікке қарай жүгірді. Оймауыт ешкімнен именбейтін, жан дүниесі таза, шыншыл адамдарға тән ашықтықпен Бәйтенді құшақтап кеудесіне басты.
— Бәйтенім–ау, амансың ба, сені де көретін күн бар екен ғой.
— Шүкір, өздерің де амансыңдар ма?
— Аманбыз, аманбыз. Иә? — Оймауыт жанында қалай амандасарын білмей тұрған Қабдыбекті көріп, шошып кеткендей: — Ойбай, ғапу ете көріңіз, байқамай қалдым,– деп күліп қолын ұсынды. Сосын Бәйтенге қайта бұрылып. — Мұғалім боп істеп жатырсың ба? – деді мұғалім болып істейтінін кеше естісе де, соның өтірік, расын тексергісі келгендей.
— Мұғалімбіз,– деді Бәйтен күлімсіреп.
Оймауыттың уақыты тығыз екен: өткізетін жиналысы бар, документтер қарауы керек, ауданның іргесіндегі бір колхозды аралап қайтпақ т.с.с.
— Мен сенің жағдайыңмен таныстым, – деді ол куәға тартқандай Қабдыбекке қарап. — Қапаланба, бір жөні болатын шығар... Бірақ кешке кездесейік. Өзің қайда жатырсың?
— Саламатов Сейілхан деген кісінің үйі бұрынғы...
— Ол қай жақта? – деп Оймауыт үйдің түрін көргісі келгендей терезеге қарап.
— Көпірдің батысында, қашық емес,– деп Қабдыбек әңгімеге араласты.
— Онда былай болсын,– деді Оймауыт Бәйтеннің иығына қолын қойып. — Мен кешке сағат жетіде... жоқ жетіде үлгере алмаймын сегізде сол көпірдің қасына барамын. Сол жерде кездесейік. Жарай ма?
— Жарайды.
Оймауыт сол жайдары қалпымен екеуіне де қол беріп: «Ал, енді көріскенше»,– деп қоштасып шығып кетті.
Түстен кейін Бәйтенді аудандық партия комитетінің бірінші секретарі Құдайбергенов Хамит шақыртып алды. Соның алдында ғана жиналыс болғанға ұқсайды, бөлме ішінде отырғандардың біразы қызарып, бусанып отыр.
— Мен Мырзабековпін,– деді Бәйтен босағада тұрып.
— Отырыңыз,– деді секретарь бұрыштағы бос орындықты көрсетіп. — Мінеки, жаңағы айтқан адамымыз осы жігіт.
Жұрттың бәрі «ә, осы ма» дегендей бұрылып Бәйтенге қарады.
— Бұл жігіт менде болды ғой,– деген жуан дауыс естілді. Бұл Қалтаңбаев Ыбыш еді. — Бәсе, бәсе,– деді неғылған «бәсе» екенін ашып айтпай.
— Мырзабеков жолдас,– деді секретарь Бәйтенге көзілдірігін алып қарап. — Сіздің үстіңізден екі арыз және ауыл активтері қол қойған айыптау актісі келіп түсті. Біреуін арыз иесі қайтып алды, бірақ бұл сізге тағылған айып мойныңыздан бір жола түседі деген сөз емес. Ол адам сізді аяғаннан қайтып алып отыр. Мұның бәрін біз ескермей отыра алмаймыз. Қатеңіздің барын мойындайсыз ба?
Бәйтен орнынан тұрды.
— «Мойындаймын» де,– деген сыбыр естілді арт жағынан.
Бір сөзбен жауап беруге болмайтын мына сұраққа не айтарын білмей, Бәйтен қатты састы:
— «Мойындаймын» де, сөйт,– деді тағы да сол сыбыр бұйырғандай болып.
Бәйтен «осылар бірдеңе білетін шығар» деген оймен:
— Мойындаймын,– деді үңгірден шыққандай бір үнмен.
Отырғандар «мынау тамаша болды ғой» дегендей бір–біріне күлімдей қарасты.
— Молодец,– деді таныс сыбыр.
— Мектеп жұмысы қалай? – деді Қалтаңбаев.
— Әзірге жаман емес. Үш ауылға жалғыз мектеп. Тек оқулық жағы жетіспейді, жер қашық болған соң, почта да Сирек келеді.
— Комсомол жұмысы қалай?
— Жаман емес. Қазір барлық жерде қысқа дайындық. Комсомол саны былтырғыдан екі есе көп. Жақында мектеп оқушыларымен қосып, мерекелік концерт бердік.
Отырғандар «мынау қайтеді» дегендей тағы да бір–біріне қарап, іштей пікір алысқандай болды.
Кенет секретарь көзілдірігін қайта киіп алып:
— Сіз – Бірмағамбетов Асқардың інісісіз бе? – деді ашулы үнмен.
— Иә.
— Бізде еңбекшілер атынан жазылған шешім және жиналыстың протоколы жатыр. Онда Бірмағамбетовты кулак есебінде елден аластату керек деген. Біз осында сол мәселені де қарадық. Жергілікті советтің шешімімен келіспеске хақымыз жоқ...
Бәйтен бірдеңе айтқысы келіп, жұтына бергені сол еді:
— Т–ш–ш,– деді манағы сыбыр.
— Бірмағамбетовтың бұрынғы конфискеленген байлармен қарым–қатынасы анықталып отыр.
Бәйтен бірдеңе айтуға отырғандардан емес, артындағы сыбырдан қорықты.
— Маған сөз беріңізші,– деді әскери формада киінген бұйра шашты орыс тап–таза қазақ тілінде.
— Сөйлеңіз, жолдас Харламов,– деді секретарь көзілдірігін қайта алып.
— Менің бір ұсынысым бар,– деді Харламов орнынан тұрып. — Ауылдық атқару комитеті Ақшоқыдан колхоз шаруашылығына зиянын тигізіп отырған үш адамды жер аудару туралы шешім қабылдады. Сол комиссияға осы жігіттің өзін кіргізіп, партиялық тапсырманы қалай орындайтынын байқап көрейік. Егер мұнда ағайыншылық көрсетсе, онда өзіне өкпелесін.
— Несі бар,– деді әйел дауысты жуан сары кісі. — Өзі комсомол, мұғалім, өзі партияға өтуге арыз беріп отырса. Сынап көруге болады.
Секретарь ойланып, көзілдірігінің ұшымен темір тісін тықылдатты.
— Онда жарайды,– деді тағы да көзілдірігін киіп. — Жолдас Мырзабеков, біз сізді комиссияның құрамына кіргіземіз. Бірақ сол ауыл советтің өкілі есебінде барлық жұмысты өзіңіз жүргізесіз. Жаныңызға тәжірибелі адамдар береміз. Ертең келіп бізден өкілдік қағазыңыз бен қаулыны аласыз. Бұл сізге әрі бірінші, әрі соңғы сын болады, есіңізде болсын.
Бәйтенге «бұл мәселеге осының өзі қалай қарайды–ау» деген ешкім болмады, мұның қалай қарайтыны қажет те емес секілді.
Бәйтен қалтасынан орамалын алып, бұршақтап аққан терін сүртті. Сөйлеуге батылы да, шамасы да жетпеді.
— Молодец,– деді тағы да манағы сыбыр сөйлемегенің дұрыс дегенді білдіре.
Бәйтен өз бетімен ештеңені ойлауға, дұрыс–бұрысын анықтауға ақылы жетпеген күйі сыртқа шықты. «Үш адамды жер аудару керек» деді–ау, сонда олар кімдер болғаны. Бірмағамбетов деп айтқан жоқ қой... Ал егер солардың бірі сол кісі болса ше, онда не істеуім керек...» Бәйтен шын састы... «Егер бас тартса ше... бәрібір жоспарланған іс орындалмай қала ма?..»
Ешбір ойдың ұштығына жете алмаған Бәйтен кешкі сағат сегізге он минут қалғанда көпірдің жанына келді. Үйлері қырдан өзенге құлап келе жатқан мал секілді көрінетін шағын қала ертеде патша үкіметінің тұсында маңызды пункттердің бірі болған. Он алтыншы жылы қазақтар патшаға қарсы көтеріліске шыққанда да, атағы дүрілдеп алысқа кетті. Жергілікті тұрғындар көтерілісшілердің қалаға қалай шабуыл жасағанын, осы көпірдің қалай өртелгенін жыр қылып айтады. Кейін, бәлкім, жерінің шалғайлығына байланысты тоқыраған мемлекеттей өзінің бір кездегі маңызынан айрылып, шағын ғана аудан орталығы болып қалды. Округтан бұл жаққа жіберілген басшылар өздерін жазаға ұшыраған жандай көретін. Қазір бірте–бірте қайта өсіп келе жатыр.
Күз айларында жұрттың көпірде шаруасы жоқ, аттысы да, арбалысы да тізеге жетпейтін жаяу өткелден кешіп өтеді.
Ымырт үйіріліп, төңіректі қара көлеңке басты. Өрістен кеш қайтқан сиырлардың мөңіреген даусы естілді. Самаурын қойған шеткі үйлерден ащы түтін иісі мұрынға келеді.
Өзен жағасында қыдырып жүріп көпірден ұзаңқырап кеткен Бәйтен, әлдекімнің ысқырған дыбысын естіп кері бұрылды. Оймауыт көпірдің түбінде тұр екен, макинтошының жағасын көтеріп алыпты.
— Кеш жарық,– деді Бәйтен жақындап келіп.
— Ешкің арық. — Оймауыт қарқылдап күліп жіберіп, Бәйтенді құшақтап, арқасынан қақты. — Иә, жағдайың қалай?
— Шүкір. Өзің ше?
— Аманбыз, — Оймауыт жан–жағына қарап: — Жүр, былай қарай барып қайтайық,– деп өзеннің түйетайлы жазық беткейін иегімен нұсқады. — Бұл төңірекке бірінші рет келдім. Осы өзен сендерге де бара ма?
— Жоқ, біздің ауыл мына жақта,– деді Бәйтен оңтүстік шығысты қолымен көрсетіп. — Біздің ел қуаңшылық қой. Ар жағы құмның іші малға өте жайлы. Өзенге қолы жетпегендер құдықтан күн көреді.
— Ал мына өзен қай жерге дейін барады?
— Бұл ма? Бұл өзен...– деп Бәйтен көрінер ме екен дегендей қызыл іңірде қарауытқан өзеннің аңғарына мойнын соза қарады. — Осы, шамасы, құрдымға барады ғой деймін...
— Қойшы,– деді таң қалып Оймауыт.
— Иә, құрдымға барады,– деді Бәйтен есіне толық түсіріп.
Иығында иінағаш пен екі шелегі бар жаулығы ағараңдаған бір әйел бұлардың жолын кеспей, жиырма қадамдай жерде тақап тұрды.
— Жүр, өтіп кетейік, — Оймауыт аяғын жылдамдата басты. — Ал енді өзіңнің қандай жоспарың бар? Үйленген жоқсың ба?
— Жоқ.
— Онда қамықпа, бір–бірімізге серік боламыз, мен де әлі үйленген жоқпын.
Бәйтен оған «менікі бір жөн, саған не жоқ» дегендей сұраулы жүзбен қарады.
— Қайтесің, реті келмейді,– деді Оймауыт оның жүзіндегі сұраққа түсініп. — Жүрісіміз мынау. Қызмет қолды босатпайды.
— Рас, рас. Кейін қызметтен босап, бірыңғай үйленуге кіріспесек болатын емес,– деді Бәйтен әзілдеп.
Оймауыт оның әзіліне бірден түсінбей, бетіне қараған кезде барып жымиған түрін көріп, өзінін ақ жарқын ашық күлкісімен қарқылдай күлді.
— Біз қызыққа жаралған ұрпақ емеспіз,– деді содан кейін байсалды үнмен. — Біздің қызығымыз – қиын жағдайда елге қызмет қылу... Солай емес пе? Айтпақшы, сен аулыңдағы жағдайды түсіндіріп айтшы. Не болып еді?
Бәйтен өзінің ел ішінде көрген–білгенін бүге–шүгесіне дейін қалдырмай тегіс айтты.
— Менің бір байқағаным,– деді ол таңырқаған үнмен,– жергілікті басшылар өзінен жоғарғы бастыққа қызмет қылуды, халыққа қызмет қылудан әлдеқайда маңызды деп санайды. Яғни, халық риза болмағаннан ештеңе кетпейді, тек аналар риза болсын...
Оймауыт артына бұрылып:
— Тым ұзап кеттік, кері қайтайық,– деді қарайған шұқырлардан еппен аттап. — Ия, айта бер.
— Біздің ауылнай Назардың кәсібі де сол. Өзі кедейден көтерілген, белсенді десең белсенді, ұйымдастыру қабілеті де бар, сөйлей де алады. Құлақтармен қарсы күресте көп еңбек етті. Ақыры абройы тасып, бедел алып, бар билік өзіне тигеннен кейін, қазір халықты өзі зар жылатуға айналды. «Бұған не амал бар» дегендей Бәйтен Оймауытқа сұраулы жүзбен аңтарыла қарады. — Ол қазір ауылнай емес − Ақшоқының құдайы. Бетіне тірі жан тура қарамайды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Оған қарсы келген адам ажалды қарғамен бірдей. Мына қызықты қарашы,– деді Бәйтен Оймауытты жеңінен ұстай тоқтатып. — Өткенде ауылдық кеңестің жиналысы тек Назардың құрметіне арналды... Екі сөздің бірі «Назекең, Назекең»... Ешкі фермасындағы бір бақташы сыйлыққа мата алып тұрып, «Назар жасасын!» деп ұран тастады. Бұл не сұмдық!..
Бәйтен бірдеңе айтар ма екен дегендей Оймауытқа қарады. Оймауыт үндеген жоқ.
— Менің тағы бір қорқатын нәрсем,– деді Бәйтен сөзін жалғап, — ол Назардың аса қатыгездігі. Бір түрлі қанға құмар. Адамға қиянат жасауға құмартып тұрады. Мысалы мен өзім... жыланды көрсем, өлтіремін. Өйткені бала кезімде шағып алғаны бар. Содан қатты қорыққан болуым керек. Бірақ жыланды азаптап өлтіруге дәтім шыдамас еді... Мен тіпті мұндай нәрсеге түсінбеймін. Жауласудың да кісілігі болмай ма? Байларға жасаған қорлығынан мен өзім шошыдым. Одан кейін өзінің қанды көйлек жолдастарына ауыз салды. Біреуді біреуге айдап салып, қаралату ол үшін үйреншікті кәсіп... Енді міне, менің соңыма түсіп алды...
— Да–а,– деді Оймауыт қалтасынан папирос алып тұтатып. — Жағдайларың қиын екен... Бұл тек сенің Ақшоқың емес, басқа да көптеген жерлерде етек алып тұрған нәрсе. Себебі, сауатты кадрлар жоқ. Тіпті аудан басшыларының өзі солақай. Партия саясатының түпкі төркініне жете түсінбейді де, «айтқанды түбін түсіріп орындау» дегеннен басқа алдына мақсат қоймайды. Не істейсің? Сауатсыз бәрі де. Ал кішкене сауаты бар, ашқарақтығы жоқ, кісілігін жоғалтпаған мына сен секілділер, баласын оқытқаннан басқа ештеңеде шаруасы жоқ, сен тимесең мен тиме, бадырақ көз.
— Сонда әлгінің бәріне мен кінәлі болып шықтым ба?
— Әрине, сен кінәлісің.
— Қалайша, кінәлімін? – деді Бәйтен шын өкпелеп.
— Себебі совет үкіметін орнату көктен түсе қалатын нәрсе емес. Оны әр қалада, әр ауылда, халықтың өзі орнатады, түсінемісің? Совет үкіметі – ол бүкіл халықтық іс. Ақшоқыға совет үкіметін түбегейлі орнатуды жоғарыдан ешкім бұйрықпен жасамайды және ол жасалмайды. Ауылнай сайлап, жұрттың списөгін алып, налог жинағаннан совет үкіметі орнай қалады деп ойлайсың ба? Үкіметтің саясатын халық жете түсініп, бір кісідей қолдауы керек. Яғни Совет үкіметі халықтың санасында орнауға тиісті. Совет үкіметі дегеніміз – халықтың санасының оянуы. Ал оятатын мына сен секілді азаматтар. Бірақ тізгін сенде емес, Назарда... Себебі ол сенен әлдеқайда белсенді. Мейлі шенқұмар, атаққұмар болсын, ол бар іске жанып тұрып, жан сала кіріседі... Неге сен әлгі сорақы істерді Назардан ғана көресің? Ол әуелден осындай адам, енді өзгермейді, өзгергісі де келмейді. Сонда осымен кім күреседі, кім жеңеді оны? Мен бе? Мен оны қайдан білемін? Мен айдаладағы адаммын. Онымен күресетін мына сен... Қалай күресесің ол өз шаруаң... Өзің айтып отырсың, талай адам жазықсыз кетті деп. Апырым–ау, сен не бітіріп отырсың сонда? — Оймауыт қатты қызынып, түнгі ауаны жаңғырықтыра сөйледі.
— Менен күрескер шықпайды,– деді Бәйтен «енді дәл осы үшін кінәлі емес шығармын» дегендей бір үнмен.
— Жо–оқ, сен өйтіп құтыла алмайсың,– деді Оймауыт өршелене. Бірақ осы тұста ойын басқаша жеткізгісі келгендей кідіріп ойланып қалды. — Мен ел арасынан мынандай бір әңгіме естідім. Екі адам суықта қалып, біреуі үсіп өліпті. Аман, қалғанының қасқыр ішігі бар екен. Артынан қасқыр ішігі бар адамға өлген адамның құнын төлеткен. Яғни, бойындағы жылуды басқа біреуге бермеу қылмыс. Сын сағатта қол ұшын бермеу қылмыс. Мен сені жақсы білемін, сенің сауатың да ешкімнен кем емес. Қалайша сен қасқыр ішігіңнен ауыспайсың? — Оймауыт сөніп қалған папиросын суға лақтырып жіберді. — Оның беделі сұмдық деп таң қаласың. Ал неге сенің беделің ондай емес? Ол беделді оған біреу үйіне әкеп берді ме?.. Өзі алды... Міне, күрес деген осы... Күресте ешқандай тоқтау жоқ. Кеше ғана өзіңмен қауіп–қатерде бірге болған қанды көйлек дос секілді адамға енді бүгін қарсы күресуге тура келеді. Менімен бірге Қызыл армияда Нүрәлі деген жігіт болды. Талай жорықта бірге болдық. Сол кейін байлармен күресем деп неше түрлінің бәрін жасаған. Қыздарын зорлаған, адам атқан... Асыра сілтеу ғой енді. Әлгіні ұстау қажет болды. Сол жолдасымды мына мен ұрыс үстінде өз қолыммен атып өлтірдім... Не істейсің – күрес. Дүниедегі ең ауыр нәрсе – өзіңмен–өзің соғысқан. Бірақ қара басымыз үшін ештеңе істеп жүрген жоқпыз. Революция үшін жанымызды шүберекке түйгенбіз, сол түйген күйімізде әлі келеміз... Осыны ойлап, өзіңді–өзің жұбатасың... Солай, достым...
Бәйтенге Оймауыттың айтқаны өте орынды әрі дәлелді көрінді... Бірақ дәлелді көрінген сайын, өзінің қорғансыз бейшаралығын, дәрменсіздігін сезініп қорланғандай болды.
— Айтып отырғаныңның бәрі де рас,– деді ол даусы қарлығып. — Бірақ мен тап қазір – жау талқандап ойраны шыққан қаланың орны ғана секілдімін... — Даусы құбылып. — Көңіліме қайғы толды,– деді тістене, — әкемнен кем көрмейтін ағам бар еді. Елге сыйлы кісі болатын... Соны айдатқалы жатыр. Және соның бәрін менің қолыммен жасатпақшы... Жанымдай жақсы көрген... — Бәйтен алқымына тірелген түйіншекті тежеп үнсіз қалды, — жарымды да азғырып, тартып алды,– деді әрең дегенде. — Менен қандай күрескер шығады? Бұдан кейін сынған сағыңды, құлаған көңіліңді қалпына келтіру мүмкін бе? – Бәйтен даусы қалтырап Оймауытқа қолын созды.
— Не, не? – деді Оймауыт түсінбей.
— Шылымыңнан... берші...– деді Бәйтен жөтелін тежеген адамдай анда–санда бір дыбыс шығарып.
Оймауыт Бәйтенге папирос беріп, өз қолымен шырпы шағып тұтатты.
Бәйтен іштегі барлық қайғы запыранын өзінде жоқ бір күшпен тежеп басты.
Оймауытқа досының тарыққаны қатты батты. Қалай жұбатарын білмей, үнсіз отырғаннан кейін:
— Ағаңның ісімен таныстым,– деді, өзінің жаны ашып тұрғанын даусымен білдіріп. — Көмектесуге шамам келмейді. Атқару комитеті шешім шығарып қойыпты...
— Ертеңгі комиссиядан мен бас тартамын,– деді Бәйтен шарасыз үнмен. — Мейлі, қалай ойласа, олай ойласын.
— Сен бас тартқаннан ол іс орындалмай қалады деп ойлаңсың ба? Сен бас тартсаң, орындайтын адам бар. Ол – Назар. Ол сенен гөрі жақсырақ орындайды.
Бәйтеннің көз алдына Назардың Дәуітбайларға істеген ісі елестеп, қорыққанынан ауа жетпей, жүрегі аузына тығылды. Оған Асқарды дәл солай қорлайтындай болып елестеді...
— Сен ағаңның одан кейінгі өмірін ойла,– деді Оймауыт даусын көтере сөйлеп. — Өз жағдайыңды қоса бүлдірсең, ол кісіге кейін қол ұшын беретін адам болмайды. — Содан кейін кенет мұңды бір үнмен: — Өмірде өзіңнен басқа адам қиыншылық көрмегендей сөйлейсің,– деді күрсініп. — Менің жанымдай жақсы көретін қызым болған еді, — Оймауыт басын шалқайта аузымен терең дем алды. — Ақтың әскері көзімше зорлап... масқаралап өлтірді... — Оймауыт «айтпайтын әңгімені еріксіз айтқыздың–ау» дегендей үнсіз басын шайқай берді. — Мен қалай тірі жүрмін? – деді сосын қайта көңілденгендей бір үнмен.
Бәйтен қараңғыда Оймауыттың жүзін көргісі келіп еді, көре алмады...
— Ал қайтайық,– деді Оймауыт терезе оттары жарқыраған қалаға мойнын бұрып. — Өзің ойланшы, жар сатпаса, дос сатпаса, ағайын сатпаса, біз мақсатымызға баяғыда жетер ек қой... Шындық үшін өз семьяңның ішінде отырып та күресесің. Шындық үшін өзіңмен–өзің күресесің... Ал сен басқа біреу жамандықты жеңіп беріп, соның рақатын көріп отыруға тиісті жандай көресің өзіңді... Жоқ, достым, ол болмайды.
Бәйтенде үн жоқ. Оймауыт қоштасарда оның қолын сілкіп қалып:
— Ұнжырғаң түспесін,– деді бұйыра сөйлеп. — Аман болсаң, әлі талайды көресің.
XIII
Бүгін қыстауға көшпек болып, Асқар Сейітқасымның арбасын сұрауға кеткен. Бикен таңертеңнен бері үйдің боқташағын жинаудан қолы босамады. Сөредегі құртты қапшыққа салып, табақтағы ақтап қойған сөгін желге ұшырып тазалап, жүн–жұрқа, тері–терсектерді қаптарға сыйғызып, үйдің ішін қағып сілкіп маза көрмеді.
Шидің ішіндегі сүт іріп кеткен екен: «Құдай–ай, мына құрғыры есімнен шығып кеткен екен ғой, мана неге пісіріп ала қоймадым»,– деп өзіне–өзі кейіп жүріп, сыртқа апарып төкті. Ақты жерге төккеннен сиырдың желіні кетеді деп қорқатын Бикен: «Біссіміллә, обал болмасын, не істейін, қоятын жер жоқ»,– деп қарғанғандай болып ақталды.
Есік жақта жататын ескі тулақты «ыбырсытып осыны қайтем» деген оймен лақтырып тастамақ болып, далаға алып шығып еді, өмірінің бір белгісіндей көрінетін ескі мүлік: «Көзің қиып қалай тастайсың, осы үйдің бір бұрышында жата берейін де»,– деп жалынып тұрғандай болып, орнына қайта әкеліп тастады. Үйіндегі ескі мүлікке қарап, өзінің өмірін еске түсіру Бикеннің әдеті еді. Әлгі тулақтың жоғарғы жағында әбден тесілуге айналған алаша түсті кілем мен ескі сандық төркінінен келген. Әкесі бай болған адам, бірақ Бикен (өзінен екі жас үлкен апасы екеуі) шешеден ерте айрылып, өгей шешенің қолында болды да, балалықтың қызығын көрмей өсті. Бірге туған Нұрғаным бойжеткен соң, сұлулығымен ауызға ілігіп, алыс–жақын бозбаланың көзінің құрты болды. Құда түспек болғандар көбейіп, бірақ әкесі мен Нұрғанымның әзі шамалы жұртты менсінбей, бұл төңіректе болмаған астамшылық жасады. Әкесінің менсінбегені – қызының құны базар нарқынан жоғары екенін сезгеннен кейін, не де болса бір өте мықты жермен ілік болу еді. Ал Нұрғанымның менсінбегенінде бір үлкен мақсат жоқ, қыз болғаннан кейін, сұлу болғаннан кейін, менсінбеу міндетім шығар деп ойлайтын. Бикен апасының көлеңкесінде, ескерусіз, елеусіз бой жетті. Ол мұны да менсінбейтін, өзінің қызметшісіндей көретін. Нұрғаным ақыры атақты Көбек болыстың үлкен баласы Арыстанбекке тұрмысқа шықты. Бұдан кейін бұрын да мақтаншақ Нұрғаным тәкаппарлықтан аяғын басуға шамасы келмей қалды. Анда–санда төркініне келгенде алтын, күміске малынып, салтанат көрсетіп, жұпыны киінген сіңлісіне аяушылықпен қарайтын. Бикен жаны шыға қызығып: «Айтшы, олардың өмірі қандай болады, не істейсіңдер, ерің қалай»,– деп апасынан әңгіме сұрайды. Нұрғаным үлкен тауқыметті бастан кешіп жүргендей бір түрмен: «Ондай үлкен үйде тұру өте қиын, оған үлкен ақыл, тәрбие, әдіс керек»,– деп, «саған келмейді, оған лайық емессің» дегендей Бикеннің күдерін үзе сөйлейтін. Нұрғаным күйеуін де жер–көкке сыйғызбай мақтайды, сондай адамның тек өзіне ғана бұйырғанын, өзінің сіңлісінен артықшылығы етіп көрсетеді. Бикен апасының өзінен артық екенін мойындап, «Мен ондай жерге түк лайық емес шығармын деп»,– ойлайтын. Өгізге туатын күн бұзауға да туады демекші, Бикенге де құда түсуші табылды. «Күйеу жігіттің еті тірі екен, бірақ жетім өскен, сүйейтіні шамалы»,– деп әңгіме қылды жұрт. Әкесі де бұған күйеу таңдап шалқайған жоқ. «Әйтеуір, біреудің табылғаны дұрыс болды, өзіне жарайды ғой»,– дейтін секілді.
Бикен болашақ күйеуінің түрін көріп іштей ұнатса да, апасының бақытын іштей қызғанып, сондай бола алмағанына және бола да алмайтынына қамығып, қоңылтақсыған бір сезіммен күйеуге шыққан. Біразға дейін үйренісе алмай жатырқап жүрді. Одан бірте–бірте бойы үйреніп, оның жұмсақ мінезі өзіне ұнап, ақырында бір күні өз күйеуіне өзі ғашық болды. Бірақ онысын сыртқа білдірмей ішінде сақтады. Бұл Асқардың ел ішінде аты шыға бастаған кез еді. «Апыр–ай, мына Асқардың шешендігі–ай, бір болыс елден ешкімді бетіне қаратпады–ау, азаматым–ай!» – деген, немесе «Асқар» дегендердің тайы жоқ, жігіттер ғой, тек тірі болсын»,– деген үлкен кісілердің сөзін құлағы шалып қалса, үйіне жүгіріп келіп, есікті бекітіп алып, жас балаша секіріп, қолын шапалақтап қуанатын. Арада біраз жыл өткен соң әкелері қайтыс болып, апасымен төркінінде кездесті. Қанша білдіргісі келмесе де, Нұрғанымда бұрынғы күйдің жоғы білініп тұр. Күйеуі үйге түнемейтін әйелқұмар біреу екен, үстіне тоқал алыпты. «Көбектің балалары өзіне тартпады, бәрі де жалқау, жаман болды»,– дейді екен жұрт. Кешегі өзі менсінбейтін сіңлісінің атақты адамның әйелі болғаны апасына бататын секілді. Қыз, келіншектің әңгімесі тек Бикен болды, Бикеннің ажарына, киінген киіміне, жүрген жүрісі, отырған отырысына қызықтай қарады. Бірақ артынан Бикеннің де басына бақытсыздық келді. Екі ұлы қатарынан өліп, өзі біразға дейін бала көтермей қатты тарықты. Ақырында шыдай алмай, Асқардың аяғын құшып, қанша тоқал алсаң да рұқсат, тек мені тастама, есігіңде күңің болып жүрейін деп жылаған. Мұнысы әшейін көз қылу емес, шыны еді. Құдай көз жасын көрді ме, содан кейін Салиқа мен Есімбекті көрді. Шаңыраққа береке кірді. Бикен тіпті әуелде өзін осы Асқар үшін жаралған шығармын деп ойлайтын. Асқар жоқ жерде өмірде мән–мағына бар дегенге ол сенгісі келсе де, сене алмас еді. Өзін құдайдың оң тізесінде отырған адамдай сенімді, бақытты, тоқ сезінетін. Енді сол Асқардың қазір сөзге ілігіп, жалтақтап, бас қосқан жиындарға бара алмауы, өздерінің жалғыз үй қалып айдалада отыруы ақылға сыймайтын бірдеңе секілді. Анада өліп кетер ме екен деп жаман қорқып еді. Әйтеуір, әзір тыныштық, арты қайырлы болғай.
Бикен сыртқа шығып, жаздай терген тезегін жинады. «Бұл құрғырға да жеке қатынау керек болды ғой»,– деді әр үйіндіге кезек–кезек қарап.
Бикен үйге қайта кіріп, ілулі киім–кешек, орамал, сүлгілерді реттеп үлкен сандыққа салып, сырттан дабырлаған дауыс естілген соң, жаулығын жөндеп далаға шықты.
Үй сыртында аттылы–жаяу бір топ адам келіп қапты. «Мыналары кім, құдай–ау? Жайша ма?» Ортасында Асқар, қолын артына ұстап, басы салбырап үнсіз келеді. Топтың ішінен мылтықты милиционерді көріп, Бикеннің жүрегі зу ете қалды. «Алла, алла,– деді жүрегі өрекпіп. — Сақтай гөр, алла». Кенет милиционердің қасындағы атты Бәйтен екенін кергенде, жүрегі қайта орнына түскендей болды. «Аман–сау босаған екен ғой, жарығым, бәсе соған қайырлы болсын айтып келе жатқан шығар. Қонақтар ғой келе жатқан. Мен неғып тұрмын, жаным–ау? Үй ыбырсып жатыр». Бикен жүгіріп ішке кірді де, сыпырғышқа құманнан су құйып, үйдің ішін шаңдатпай сыпыра бастады. Сосын орап тастаған теңін ашып, үлкен көрпені төрге, қиықша көрпені көлденең жайды. Кебеженің ішінен кесе қабын, сүлгісін алды. «Құдай–ау, неменеге бәрін сала қойып ем»,– деп кейіді өзіне–өзі.
Неге екені белгісіз, үйдің дәл алдына келген сырттағы топ ішке кірмей, тұрып алды. «Біз тапсырманы орындаушымыз, сондықтан өз бетімізше шешім қабылдауға хақымыз жоқ»,– дейді біреу. «Тапсырмасы несі? Үйге неге кірмейді?» Үйге милиционер мен ауылнайдың бұрынғы хатшысы Қамидолла кіріп келді.
— Сіз сыртқа шыға тұрыңыз,– деді милиционер Бикенге, өзі бірдеңе іздегендей үйдің ішін көзімен шолып.
— Көтек сыртқа шыққаны несі? – деді Бикен ештеңеге түсінбей.
— Біз үйдің ішіндегі мүліктерді хаттаймыз,– деді милиционер Бикенге де мүлікке қарағандай қарап.
— Сыртқа шықсаңызшы, айтады ғой,– деді Қамидолла Бикеннің әлі ештеңе түсінбей тұрғанын көріп.
Бір сұмдықтың боларын сезіп, бірақ оған әлі дайын болмағандықтан, қапелімде өзінің не істеуі керек екенін анықтай алмай, Бикен бір түрлі милауланған жүзбен далаға шықты. Асқар бұған өлім жазасына кесілген, бірақ соны өзі әлі білмейтін адамға қарағандай қарады. Бикен оның көзіндегі үмітсіздік пен шарасыздықты көргенде, біреу құздан өзін тастап жібергендей екі өкпесі аузына тығылды. «Апырым–ау, бұл не болды» демек, еді, үні шықпады.
— Біз үйлеріңді кәмпескелеуге келдік,– деді Назар ілгері жылжып,– кедейлердің жиналысындағы шешімді аудан бекітіп, арнайы комиссия жіберді. Комиссияның бастығы – мынау тұрған Бәйтен.
Назар өзінің көптен сақтап жүрген оғын осы жерде атты. Бірақ оның оғы қорғасын емес, сөз – оқ еді. Сондықтан заң жүзінде оны ешкім де айыптай алмайтын. Оның сөз–оғы қорғасын оқтан кем емес екенін жұрт та, өзі де жақсы білді. Біле тұрып, бұл қылмыс заң жүзіңде айыпталмайтын болғаннан кейін, Назарды кінәлау ешкімнің ойына келген жоқ. Қайта ол мұны айтпаса, «неғып айтпады екен» деп таң қалған болар еді.
Бикен әлгі сөзді естігенде шынымен оқ тиген адамдай жүрегін ұстап, көзі аларып шалқалап құлады.
Қарағұл құлап бара жатқан әйелді ұстай алды. Қатар жеткен Асқар мен Бәйтен Бикенді үйдің іргесіндегі киіздің үстіне жатқызды.
— Су, су әкеліңдерші!
Бетіне су бүріккеннен кейін көзін ашқан Бикен не болғанын есіне түсіре алмай, жан–жағына жалтақтап, үйдегі теңді сыртқа шығарып жүрген милиционерді көргенде, не болғанына түсініп, басын көкке қаратып, көзін жұмып ащы зарлы үнмен дауыс қылып қоя берді.
Әйелдің дауыс қылуы үйреншікті нәрсе ғой. Осы төңіректе қанша адамға конфиске жасалса, сонша әйел көкке қарап дауыс қылған. Сондықтан комиссия мүшелері үй иелерінің көңіл күйіне мән бермей, заттарды хаттауға кірісті. Одан кейін малдың тізімін жасады. Істі Бәйтен жеке өзі басқарды. Қамидолла жазып отырды.
Комиссияның шешімі бойынша Бірмағамбетов Асқар, совет қоғамына зиянын тигізуші кулак есебінде елден аласталып жер аударылмақ. Бүкіл мал–мүлкі қазынаға өтеді. Өзіне бір сиыр, ескі мүліктері, киіз үйі қалады. Комиссия ертең «Бостандықтан» қайтып оралғанға дейін дайын отыруы қажет.
Комиссия мүшелері жергілікті ауыл совет өкілдеріне хатталған мүліктерді қоймаға апару туралы тапсырма беріп, өздері осы арадан «Бостандыққа» жүріп кетті.
Кешке Малдыбайдың әйелі Биқас пен Несібелді кемпір (Асқармен бөле болатын) келді. Мұндағы хабарды естіп Қалаған талып жатыр деген хабар жетті. Биқас Бикенмен дауыс қылып көрісті. Дорбасының ішінен алып келген ірімшік, құрт–майын, орамалға түйген тарысын шығарып жатып:
— Бәйтеректі саялаған бозторғайдай өздеріңді пана қылып өсіп едік... Қайтейін құдай салған соң. Ертең жүреді екен дегенді естіп, ауырып жатқан жерімнен тұрып, мына азғантай тағамды алып келдім,– деп көз жасына булығып, қалтасынан орамалын алып бетіне басып өксіп біраз отырды. — Әлгі (күйеуін осылай деп атайтын) Өлеңдідегі ешкі фермасына көшемін деп әуре болып жүр... Бейшара... — Биқас даусын бекітіп, басын көтерді. — Алжыған ғой, албасты... Әй, құдай тентіреткір, қу Малдыбай... Ешкі фермаңа өзің кет дедім, балаларыммен осында қаламын, өлмеймін дедім. Керек болса, басқа әйел тауып ал, мен саған әйел болмаймын дедім... Енді қалған ғұмырымда мына жаман күшіктерді жеткізсем болды... Әрі, аулақ. — Биқас қолын сермеп, қасындағы Несібелді кемпірден шегініп отырды.
Несібелді бір жапырақ қатқан ет пен піскен екі таба нан, сосын шалынан қалған ішігін алып келіпті.
— Асылым–ау,– деді ол да Асқарға қарап кемсеңдеп. — Саған да түскені ме тағдырдың құрығы... Қарағым–ау...
Асқар ештеңеге мән бермей, көзін бір нүктеге қадап алып өзімен–өзі терең ойда отыр.
Ақшам шамасында Ботбай мен Байбақ кіріп–шығып, көңіл білдіріп кетті. Асқар оларға да ешбір ықлас көрсетпеді. Өйткені олардың қайғысына ортақ болып, көңіл білдіріп үйге келуі мен Назардың дүние мүлкін тартып алып, өзін айдатқалы отырғаны – бір–бірінен айырмашылығы жоқ, бірдей нәрсе секілді көрінді. Өйткені ол үшін енді өмірдің ешқандай мағынасы қалмап еді. Жақсылықтың да, жаманшылықтың да – жанына әсері жоқ. Ол өзін бұл дүниенің адамымын деп ойламады.
Ағайынның басқа іс түскенде қайғы бөлісіп, қасынан табылуы Бикенге әсер етпей қоймады. Өлім аузынан оралған адамның қалған тіршіліктің бәрін жақсы деп есептейтіні секілді, әлі де өмірдің бар екенін сезген Бикен күндізгі ауыр азаптан қатты қалжырап, қонақтар кетісімен ұйқыға кетті.
Асқар тұрып шам жағып, кебеженің ішінен өзінің ескі қоржынын алды. Осы кезде Бикен:
— Не болды? – деп басын көтерді.
— Ештеңе де болған жоқ, жата бер,– деді Асқар жайбарақат. — Ескі қағаздарымды қарап жатырмын, ұйықтай бер.
Бикен сенбегендей біразға дейін Асқарға қарап жатып, ақыры ұйықтап кетті. Асқар осыны сезген кезде қоржынның түбінен зат ұрлаған бір қимылмен шыны сауытты алып шықты да, шамның жарығына ұстап, ішіндегі сұрғылт ұнтақтарды шайқап көрді. Сұрғылт ұнтақтар у еді. Баяғыда көтеріліс кезінде Сардардың жанында жүрген татар тілмаштан алып еді. Басты өлімге тіккен іс қой, жан қатты қиналып бара жатса, қажет болар деп ойлаған. Тілмаш: «Бұл өте күшті у, – бірдеңеге қажет болмаса, аулақ жүр»,– деп қайта–қайта ескерткен. «Зұлымдықтың түкке керегі жоқ дейміз, мінеки, ақырында керек болды ғой»,– деді Асқар ішінен, осы ойының рас екеніне түк күмәні болмай, сосын шөлмекті ашты да, мосыдағы құманнан су құйды. Ұнтақ суға араласып, еріген кезде мықтап бұрап, қайтадан жапты да, қалтасына салды. Содан кейін сыртынан қалың бешпентін, басына құндыз бөркін киіп, қолына таяғын алды да, ұйықтап жатқан Бикеннің жанына келіп, үнсіз ұзақ тұрды. Аузын ашып ұйқтап жатқан Бикен оған өлген адамды елестетті. Теріс айналып, шкаф үстіндегі шамды сөндірді де, Бикен шын ұйқыда ма екен деп, тың тыңдап біраз тұрды. Сосын есікті еппен ашып, сыртқа шықты.
Түнгі аспанда түйір бұлт жоқ. Ай әлі жетілмеген. Бірақ төңірек жап–жарық. Жұлдыздар құпия сыр айтқысы келген адамның көзіндей жылт–жылт етеді. Анда–санда жылы жаққа қайта алмай қалған бірлі–жарым үйректің барқ–барқ деген даусы естілді. Асқар жолсызбен аяғын аңдап басып, қорымға қарай тура жүрді. Аяғының астында сырт–сырт сынған жусандардың дыбысы өзіне ағаш сынғандай қатты естіледі. Зират өзеннің жиегінде болатын. Бұрынғы жаугершілік заманда осы жерде қорған болған дейді. Арғы беттен келген қалмақтар намаз оқып отырған Сейіт батырды өлтіріп кетіп, содан зиратқа айналған екен.
Асқар қорымды кезген түнгі елес құсап ағараңдап, әкесінің моласының басына келіп құран оқыды. «Мен де қасыңа жатамын, әке,– деді сыбырлап. — Жазғыра көрме, әке.– Асқар даусын шығарып сөйледі. — Мен қазір басы артық адаммын. Менің енді зияным болмаса, ешкімге пайдам жоқ. Мен өлсем, бәрі де орын–орнына түседі. Шаңырақ та осында қалады, немерелерің де тыныштық көреді... Бұл пәле менің басымда, миымда болып тұр. Тез өлуім керек... Ренжи көрме, әке...» Төрт құлақ там келіскені ия келіспегені белгісіз өлі тыныштықта мүлгіп тұр. Шеткі моладан от жылт еткендей болды. Асқар оған мән берген жоқ. «Кетуім керек»,– деді тағы да өзіне–өзі сыбырлап. Орнынан тұрып тізесінің шаңын қақты да, қураған жусанды бытырлата басып өзінің мазарына тағы да жолсызбен тура тартты. Мазар зираттан бес шақырымдай жерде болатын. Сол жақ бетте ай сәулесімен қараңдап ауыл қалып барады. Асқар әлдебір өлермендік иектеп, аяғын алшаңдай басты. Қыраттың арғы бетіне түскенде ауыл да, зиратта көрінбей, айлы түн мен мидай даланың ортасында қалған Асқар өзін өлімге бір табан жақындағандай сезді. Көңілінде қорқыныш сезімі болған жоқ. Өйткені алдына қойған мақсаты оның жан дүниесін түгелдей билеп алған еді. Барғаннан кейін не істеп, не қоярын іштей бәленбай рет қайталап шықты. Әлсін–әлсін қалтасындағы шөлмекті сыртынан қолымен сипалап қойып отырды. «Тек, тезірек, тезірек».
Қыр басынан қарауытып мазар көрінді: «Әне, әне, көрінді,– деді іштей онан сайын тағатсызданып,– көрінді ғой...» Асқар тер басқан бетін жеңімен сүртіп, аяғын тездете басты. Біреу қуғандай жанталасып жер тірей өрмеледі. Түн ішінде басып қалатындай болып төбеден төнген мазардың түбіне келгенде. Асқар тоқтап демін алды, Бөркін шалқайтып, терін сүртті де, мазардың салқын қабырғасына маңдайын тіреді. «Міне, келдім,– деді сыбырлап. — Жеттім. Құрсағыңа келіп жатамын. Мен енді сендікпін. Иесіз үйдей болып жатушы ең қаңырап... Құшағыңа ал...» Асқар жарық дүниені соңғы рет бір көріп қалғысы келгендей, бұрылып артына қарады. Түнгі мұнарға бөккен төңіректен өлі тыныштықтан басқа ештеңе сезілмеді. Асқар үй ішін есіне алғысы келмеді. Өйткені ол туралы бүкіл ойын қорытып, кесіп–пішіп қойған болатын. Қазір тек болғалы тұрған іске кедергі келтіргеннен басқа ештеңе бермейді.
Асқар есікті ашып, мазардың жер иісі шыққан ішіне кірді. Қараңғыда аяғын аңдап басып, қабірдің тұсына келді де, бетін жапқан тақтайды табу үшін, қалтасынан шырпы алып шақты. Бір қолымен сипалап жүріп әрең тапты тақтайдың шетін. Екінші шырпыны шағып бір қолымен тақтайды аударған кезде, ар жағынан қараңғы қабірдің өзі көрінді. Асқар қатты ентігіп қалтасынан шөлмекті алып, бұрап ашты да, ішіне тура құлау үшін үшінші шырпыны жақты.
— Ау, тоқта,– деген дауыстан ол қолындағы шөлмекті түсіріп ала жаздады. Жаны түршігіп дауыс шыққан жаққа жалт қарады.
— Бұл кім? – деді мазар ішін жаңғырта айқай салып. Сөніп бара жатқан шырпыны лақтырып тастап, іле келесісін жақты.
Адам порымдас қарауытқан бірдеңе жақындай түсіп:
— Не істеп жатырсың? – деді.
Асқар әлгі дауыстың адам екенін толық айыра алмай:
— Не істегенімді қайтесің, өз молама өлуге келдім – деді даусы жарықшақтанып.
Дауыс сәл кідіріп:
— Асқармысың – деді.
Асқар сонда барып әлгінің адам екеніне анық көзі жетті.
— Иә,– деді санасына таңырқағандай бір түйсік жетіп. — Өзің кімсің? — Асқар бірнеше шырпыны қатарынан жағып жоғары көтерді де, көзі үкінің көзіндей бақырайып, аруақ құсап тұрған ап–арық жынды Қамзаны көрді.
— Мен Ақбоз атпын,– деді ол мазар ішін күңгірлете дауыстап.
Қамзаның құс келер,– құс қайтарда еліріп, жүріп кететінін есіне алып: «Байғұс–ай, ауырып жүр екен–ау»,– деп ойлады Асқар.
— Неғып жүрсің мұнда? – деді денесі тітіркене.
— Мен осындамын ғой, Асқар аға,– деді Қамза сап–сау адамдай. — Насыбайыңыз жоқ па?
— Жоқ.
— Бері жүріңіз,– деді. Қамза Асқардың шынтағынан демеп. Мына жерде орын бар... Мінеки...
Асқар Қамзаның ыңғайына көніп, киім секілді бірдеңе төселген бұрышқа келгенде, жүрегі лоблып аяқтары қалтырай бастады. Шөлмектің тығынын жауып, қалтасына салды да, кенет өне бойын сүмектей тер жауып, манадан бері иектеген есірік күй жоғалып, ұйқысынан оянған адамның көзін ашқанда жындымен бірге моланың ішінде жатқанын көргені секілді анық түйсіктен зәресі ұшты...
«Тоқта, тоқта деймін мен саған,– деді соғыстан қашқан сарбаздарын тоқтатып жүрген әскер басы құсап өзіне–өзі тістене сыбырлап. — Сәл сабыр ет. Ойға алған істен қайтуға болмайды. Қайтуға болмайды. Қазір, қазір... Бәрін де басынан қайта бастаймын, қазір... қазір».
— Ауыл толған шайтан,– деді Қамза алғашқы үрейлі дауыспен. — Тіпті бықып жүр–ау, бықып жүр, аяқ алып жүре алмайсың... Ал мұнда жоқ...
Асқар бойының мұздай бастағанынан мазардың салқын екенін сезіп:
— Байғұс, ауылға бармайсың ба? Сен жататын бір үй табылмас дейсің бе? – деді ішінен «айтқан өзіме түсінер, ме екен» деп ойлап. — Мына жер салқын ғой.
— Ауыл толған шайтан,– деді Қамза алғашқы сөзін қайталап. — Әлмәмбет молданың үйі де толған шайтан... Кеше өз көзіммен көрдім... — Қамза Асқарға жақындай түсті. Асқар оның денесінен түршігіп сескенсе де, қозғалмай отыра берді.
— Асқар аға,– деді кенет тағы да cay адамша, — баяғыда есінде ме, торы ат бәйгеден бірінші келіп, қайырлы болсын айта барғанда, қамшыңызды маған бергеніңіз... Сол қамшыны жоғалтпай жүруші едім... — Қамза ар жағы қалай болғанын ұмытып қалғандай үнсіз қалды.
Асқар Қамзаға қай кезде қамшы бергенін есіне түсіре алмады.
— Ол қай кез?
— Мешіннің алды ғой.
Асқар Қамзаның сап–сау үнінен селк ете қалды. «Мынау өтірік жынды боп жүрген пәле емес пе» деген ой санасын шарпып өтті.
— Бәйге сайын торы ат бірінші келсе екен деп тілеуші едім. —Қамзаның даусы жанашыр, жылы болып естілгені соншалық, Асқар өзінің де оған қалай жылжып жақындай түскенін сезбей қалды. — Бірақ ат өмір бойы бірінші келе алмайды. Әйтеуір, бір қалатыны сөзсіз. Сондықтан торы ат ұйыққа құлап өлді дегенде маған әдейі өзі барып өлген секілді көрінді...
Торы аттың өлімі Асқардың өзінің жоспарлы өлімін есіне түсірді.
— Мен де сол ат құсап ұйыққа құлап өлуге келдім.
— Қалайша? – деді Қамза шын шошынып.
— Өмір маған қанша ыстық болғанмен, өмірге менің қажетім жоқ,– деді Асқар айтқан сөзіме түсінеді екен деген оймен. — Енді мен алаңдайтын ештеңе жоқ. Қазір мына қабірге түсемін де, шөлмектегі уды ішіп, мәңгі тыныштық табамын... Оған куә жалғыз сен боласың, —Асқар өз бойындағы дірілден алғашқы күйдің қайта оралғанын сезді.
— Қалайша? – деді Қамза мазар ішін күңіренте дауыстап.
— Өмір деген әшейін алдамшы түс,– деді Асқар өзін–өзі сендіргісі келгендей нық дауыспен. — Дүние − боқ. Бұл тіршіліктен қызығатын ештеңе таппадым. Қу жанды текке қинағанша, біржола тыныштық берген әлдеқайда артық... — Сөйлеген сайын өлмек болған себебі өзіне нанымды да, дәлелді боп көрінді.
Осы кезде Қамза өзімен–өзі арпалысып, бірдеңені алып жатқан секілді бір қимыл жасады. Темірдің дыбысы естілгендей болды. Асқар шошынып мына жында қару жұмсайын деп жатыр ма деп, шегіне беріп, адам қолынан өлгенім ыңғайсыз болар дегендей атып тұрып, шырпы шақты. Кенет үлкен лөкет пышақты өзінің тамағына тіреп тұрған Қамзаны көріп, не істерін білмей сасып қалды.
— Өй, андағың не? – дей берді, жақындасаң, өзін өзі орып жіберер ме екен деп қорқып.
— Егер мына сіз... мына тұрған Асқар аға... сіз... — Қамза өксіген бір дыбыс шығарды,– мына сіз... солай десеңіз онда не болғаны... Онда бәрі де бітті, онда... — Қамза пышақты алқымына қыса түскендей болды.
Асқардың жаны қалмады.
— Тоқта! – деді жалбарына айқайлап. — Тоқта деймін, Қамза! Құдай үшін тоқта! — Асқар тағы да шырпы жақты. — Сабыр ет,– деді ентігіп. Ішінен «Апырау, мен өзіммен–өзім боп өлуге де жағдайым жоқ па?» – деді таңырқап. — Сәл ғана сабыр етші... — «Менің өлімім басқа біреулерді де өлтіретін болғаны ма?.. Менің сөзім біреудің жан дүниесін ойрандайтын болғаны ма? Сонда мен өлмек түгілі, артық сөз айтуға хақым жоқ па?..»
Асқар Қамзаның мойнынан қанды көрді.
— Тарт пышақты! – деді Асқар Қамзаға ақыра дауыстап. — Қайтып алдым бәрін де, таста деймін пышақты. — Асқар Қамзаның қолындағы пышаққа жармасты. Оң қолының шынтағы тыз етті. Пышақты жұлып алып, лақтырып жіберді. Жанталасып түймесін ағытып, жейдесінің өңірің дар еткізіп жыртты да, Қамзаның мойнына басып, құшақтап: —Жарайды, өлмейін,– деді баланы жұбатқандай бір үнмен. — Айналайын шырағым–ай, сен осындай ма едің?!. Мен сорлы қайдан білейін?.. — Асқар аузына келген сор дәмінен жылап тұрғанын сезді. — Қайтып алдым бар сөзімді... Тек өле көрме, жарқыным!.. Жер басып жүр... дәм біткенше. Шырағым–ай... — Дәл осы кезде мынау жер иісі шыққан қара түнек иесіз тамның ішінде Асқарға осы бір есі кіресілі–шығасылы жарымжан, бақытсыз бейшара жан өзінің туған баласындай көрінді: — Шырағым–ай! – дей берді елжіреп, басын Құшып. — Мен сорлы қайдан білейін?.. Қайдан білейін...
Әлде ауруы ұстады ма, әлде адам бауырына тығылып көрмеген сорлының жүрегі шын жылынды ма, Қамза жас балаша солқылдай өксіп, бұйығып қимылсыз жатыр. Асқар жейдесінен жыртып алған шүберекті, Қамзаның тамағына орап байлады. Тас қараңғыда ол осының бәрін соқыр адамша сипалап жүріп жасады.
Асқар қалтасындағы шөлмектің жамбасына батқанын сезіп жатып, енді ол уды іше алмайтынын анық білді де, алланың бұйрығынсыз ажал болмайды деген өзі күнде айтып жүрген ақылдың растығына іштей қайран қалды.
Өз өмірін өзгелермен байланыстыратын осындай көзге көрінбейтін бір жіптің бар екенін байқамайтын. «Бұл ғажап екен! – деді күбірлеп. — Сонда сенің әр ойың, әр сөзің, іс әрекетің – басқа біреудің тағдырын жасап жататын болғаны ма? Солай болғаны ғой. Өзінің жаңсақ ниетіңмен өзіңнің ғана емес, өзгенің де сенімін, арманын құртуың мүмкін екен ғой...»
Асқар Қамза жатқан жерге – қараңғыға тесіле қарайды. Қамзаның алаңсыз қорылдаған дыбысы шықты. Мазарды өз үйіндей көретіні сезіліп тұр.
Асқар кенет өзін бұл мазарға енді ешқашанда жатпайтынын сезгендей болды. «Бұл мазар енді сенікі емес, бұл мазар бұрыннан Қамзаныкі» дегендей болды өз ішінен бір дауыс. «Ия, бұйырса осыған бұйырсын, жаны таза, ақылы кем, күнә мен қылмыстан ада, әулие жан – осыған бұйырсын»,– деп тіледі ішінен.
Асқар тізесі сықырлап орнынан тұрды да, мана үйінен әйеліне білдірмей қалай сақтанып шықса, бұл жолы Қамзаны оятпауға тырысып, аяғын еппен басып, есікті білдірмей ашып, сыртқа шықты. Түн жап–жарық секілді көрінді.
Таң сібірлеп атқанда Асқар үйіне жетті. Есігін еппен ашып, ішке кірді. Алқынған демін басып, босағада біршама тұрды. Содан кейін кереге жағалап, төсегінің тұсына келді де, дыбыссыз шешініп, жып–жылы көрпенің ішіне кірді.
Бикен мұздай денеден тітіркеніп, ығысып жатты, бірақ оянған жоқ.
Келесі күні түс кезінде Ақсуат халқы мынандай көріністің куәсі болды. Қара жолдың бойымен статьяға іліккен бір топ адам ауданға айдалды. Баяғыда, Көтенші болыс болып тұрғанда, жылқы ұрлады деген жаламен Ұлы Сардарды осы жолмен айдатып еді, кейін осы жолмен айдалып өзі кетті. Айса мен Жақай, Дәуітбай мен Сауытбай, Есенжол мен Төлеміс те осы жолмен аттанған. Қара жолға бәрібір секілді, кім өтсе де, ақ топырағын бірдей бұрқылдатып қала береді.
Жауапқа тартылғандардың ісін ауданда қарайтын болды: соттай ма, жер аудара ма – заң орны шешеді. Жарбидайықтан жер ауған үмбетейлер Жанқожа мен Қызырғалидың статьялары жеңілдеу секілді, семьялары елінде қалған.
Кеше ғана көшпек болған Асқар ақыры көшіп келеді, бірақ қыстауға емес, белгісіз бір жаққа. Қайда екенін өзі де білмейді; жүк тиелген арбаның алдында жұпыны киініп, көшірге ұсап, бүрісіп отыр, артында – бет аузы жылаудан ісіп кеткен Бикен, арба шоқалақтаған кезде өз денесіне өзі ие бола алмай, байлаусыз мүліктей қисаң–қисаң етеді.
Олардан он метрдей жерде Бәйтен бастаған аудандық комиссия адамдары.
Өткенде осы арадан жаяу айдалған Бәйтенді көруге жиналған жұрт енді Бәйтеннің өз ағасын айдап бара жатқанын көру үшін тайлы–тұяғы қалмай сыртқа шықты.
— Опасыз жалған деген осы,– деді шалдардың бірі. — Анада ғана інісі келгенде тай сойып, бүкіл елді дүрліктіріп, той жасаған Асқар анау ғой... — Шал арбаның алдында, ұзаған сайын, мықшиып кішірейіп бара жатқан Асқарды иегімен көрсетті. — Енді сол інісі айдан әкетіп барады.
Әлгіні айтқан шал тағдыр тәлкегіне ұшыраған Асқардың талансыздығын, иә Бәйтеннің қатыгездігін, болмаса дүниенің жалпы алдамшылығын айтқысы келді ме, ол арасы белгісіз болып қалды.
орыстың қазаққа жасаған қиянаты,ақылды,иманды адам
Жазушының жаны жәннатта болсын