Өлең, жыр, ақындар

Гингивит

Гингивит — жергілікті және жалпы факторлардың жағымсыз әсерінен қызыл иектің қабынуы. Қабыну кезінде тіс-қызыл иек бекінісінің тұтастығы бұзылмайды.

Гингивиттің катаральдық, гипертрофиялық, ойық жаралы түрлері бар. Ағымы бойынша жіті, созылмалы, асқынған, қайталанған түрлері болады. Ағымына қарай жеңіл, орташа, ауыр болып үш түрге бөлінеді. Таралуы жағынан жергілікті және жайылмалы түрі болады.

Катаральды гингивит қызыл иек жиегінің ісініп қызаруымен ерекшеленеді. Тексеріп көргенде тістераралық бүртіктердің жұмсарып, тістің мойын жағына тығыз жабыспауы және сүңгілегенде қанағыштығы байқалады. Қызыл иек үстінде тіс қағы пайда болып, тіс-қызыл иек бекінісі бұзылмайды. Рентгенологиялық өзгеріс байқалмайды.

Гипертрофиялық гингивитте қызыл иектің жиегі мен тістераралық бүртіктер шектен тыс ұлғайып, қызыл иекте жалған қалталар пайда болады.

Ісікті түрі: қызыл иек қанталап, тістераралық бүртіктер қызарады, маргинальдық қызыл иек тегіс әрі жылтыр келеді.

Фиброзды түрі: тістераралық бүртіктер қатты, қоңыр қызғылт түсті болып, сүңгілегенде қанамайды.

Ойық жаралы гингивит: қызыл иек аймағы ауырып, ауыздан сасықиіс шығады. Қызыл иек қанталап, жылдам қанайды, жиегінде сұрғылт өліеттенген қабат, тістераралық бүртіктердің бетінде ойық жара пайда болады.

Созылмалы катаральдық гингивиттің емі ауыз қуысын 1 пайыздық асқын су тотығы, 0,06 пайыздық хлоргексидин және 0,02 пайыздық фурациллин ерітінділерімен антисептикалық тазалаудан басталады. Антисептиктер ауыз бұлауы, шаю, қызыл иекке жағу түрінде қолданылады.

Кейін тіс қақтары алынады. Одан соң тісті арнайы тіс тазалағыш көмегімен өңдейді. Бұдан кейін ауыз қуысын тағы бір рет антисептикалық тазалаудан өткізеді.

Ауыз қуысының тазалығы — тіс ауруларын емдеудің негізгі өлшемі. Қызыл иек қабынған жағдайда оған қабынуға қарсы препараттарды (ацетилсалицил қышқылын, бутадион, индометацин жэне т.б.), сондай-ақ микробқа қарсы дәрілер жағады. Ауыр түрлерінде метронидазол, линкомицин және т.б. дәрілер енгізіледі.

Созылмалы гипертрофиялық гингивиттің емі аурудың туындау себептеріне, морфологиялық көрінісі мен клиникалық түріне қарай жасалады.

Ісікті түрінде ем қабынуға қарсы дәстүрлі терапия мен микробқа қарсы дәрілерді қолдану және физиоем (анод-галвандастыру, электрофорез, дарсонвалдастыру және т.б.) тағайындаудан басталады.

Аталмыш шаралар тиімсіз болса, склероздау емі тағайындалады. Ол қызыл иектің жиегіне және турундылардың клиникалық қалталарына әртүрлі склероздаушы 20-30 пайыздық резорцин ерітіндісін, 10-25 пайыздық мырыш хлориді, прополистің 5-10 пайыздық спиртті тұнбасын жағу және енгізу арқылы жүзеге асырылады. Тағы да мына құрамдағы қоспаны қолдану тиімді: салицил қышқылы — 0,1; кристалды резорцин — 1,0; камфора — 2,0; ментол — 3,0; тимол — 1,0; спирт — 96- 92 градустық. Ем-дом ұзақтығы — 20 минут, емдеу курсы — 3-5 дүркін (күнара). Турундаларды алып тастағаннан кейін ауыз қуысын сумен мұқият шайып, қызыл иекке қабынуға қарсы препараттарды (бутадион, ортофен және т.б.) 2-3 сағат таңып қояды. Үйде шөп тұнбаларымен шаю керек.

Аппликациялық склероздаушы ем тиімсіз болса, қызыл иек бүртіктеріне 10 пайыздық кальций хлориді, 90 пайыздық этил спирті (терең склероздаушы терапия) сияқты ерітінділер ине арқылы енгізіліп, сонымен қатар 3-4 қызыл иек бүртігіне 0,1-0,3 мл-дан дәрі жіберіледі. Дәрі жіберу аралығы 1-2 күн, емдеу курсы — 4-5 рет дәрі жіберу.

Бүртіктерге 0,1-0,2 мл-дан гидрокортизон эмульсиясы енгізіледі. Бұл жағдайда гепарин дәрісін енгізген тиімді. Ол негізінен қызыл иек бүртіктеріне 0,25 мл-дан (5000 бірл.) енгізіледі, емдік курс — 10 рет дәрі жіберу.

Ойық жаралы гингивит жағдайында қызыл иек тіндерін жара басады, өліеттеніп қабынады. Клиникалық көрінісі аурудың жедел басталуымен сипатталады. Емделуші қызыл иектің қатты ауырғанына шағымданады. Аузынан сасық иіс шығып, қызыл иегі қанайды. Әдетте жалпы жағдайы бұзылады: дене қызуы көтеріліп, әлсізденеді, басы ауырып, жұмыс істеу қабілеті нашарлайды. Ауыз қуысын тексергенде, қызыл иектің жиегін сұрғылт сасық қабаттың жауып тұрғаны байқалады, оны алып тастағаннан кейін қанап тұрған қызыл иектің беті ашылады.
Қанда лейкоцитоз, эритроциттердің шөгу жылдамдығы артады, несептен ақуыз байқалады.

Науқас алғаш қаралған кезде емді карқынды жүргізу керек. Әуелі қызыл иектің зақымданған жерінің ауруын 0,5-2 пайыздық новокаин, лидокаин арқылы басқан жөн. Одан кейін микробқа қарсы 0,06 пайыздық хлоргексидин ерітіндісі, 1 пайыздық асқын су тотығы ерітіндісі, метронидазол суспензиясы, сангвиритидин және т.б. дәрілер аппликация немесе ауыз бұлауы арқылы қолданылады.

Ж. К. Усенова,  тіс дәрігері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз