Өлең, жыр, ақындар

Бейтаныс статья

Егіз қыз Виктория мен Инесса Черкасовалардың әкесі Борис Черкасов Алматы облыстық тұтынушылар одағы базасының заң бөлімінің бастығы, ал шешесі Валентина Черкасова екі қыздың әкесінен тіпті де кем түспейді, — Алматы қаласындағы № 2 заң консультациясының адвокаты. Көріп отырсыздар, екеуі де заңды білетін адамдар және заңды білуден осы уақытқа дейін қорлық көрген'жоқ, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Сондықтан да ерлі-зайыпты екеуі биыл екі қызы орта мектепті бітірген кезде бір ауыздан екі қыз да өзіміздің ізімізбен кетсін, екеуі де заң факультетіне түссін десті. Несі бар, болмасын деген оңбасын!

Екі қыз сонымен университеттің заң факультетіне арызды беріп келіп қалсын. Виктория алғашқы емтиханнан-ақ тоңқалаң асып, шығармадан екі алып шыға берді. Жаны мұрнының ұшына келген әке-шеше енді Инессаның тілегін тілеп, соны салмақтады. Несі бар, болмасын деген оңбасын! Әке-шеше бар уақытта баласына жақсылық қана тілеуі керек. Оған кім қарсы болмақ! Бірақ арада біраз күн өткенде әке:шеше иек артқан Инесса да СССР тарихынан мақрұм екен, емтиханнан құлап, шоқпар бас Қисық цифрды арқалап үйіне келді.

Міне әке-шешенің сасқан жері осы болды. Әке-шешеге өмір бойы азық болған заң қызметі оларға ендігі ұрпағыңа қызмет етпеймін дегенде біржола қолдан шығып бара жатқандай елестеп кетті. Нақ осы жерде әке-шеше екеуі бірдей заңды қайта ақтарып, тексеріп бір жылт тапқандай болды. Енді екі қызды кешкі факультетке түсіруді ойлады. Несі бар, болмасын деген оңбасын!

Кешкі факультеттер, бір жаман жері тиісті бір мекемеде жұмыс істемегендерді қабылдамайды. Құдайға шүкір, бұл жерде әке-шеше көп қинала қойған жоқ, Алматыдағы заң орындары тегіс таныс, екі қызды солардың біріне орналастырмақ болды. Оқуға түсу дегеннің қиын екенін көрген соң ерлі-зайыпты Черкасовтар арамдықты да қоса ойлай жүрді. Заңды оқып, зая қызметін істеген оларға ойларына жүзеге асыру қиынға түскен жоқ.

Алдымен әңгіме Викторияның орналасуы туралы. Совет аудандық халық сотының председателі Никитина қол қойған 1 сентябрь күнгі № 20 бұйрықтың 2 параграфына тура былай деген сөздер түсті: «1971 жылғы 30 августан бастап Виктория Борисовна Черкасова сын мерзімімен курьерлік қызметке алынсын». Сол судья Н. Никитина қолымен 1 сентябрь күні бұйрық бере отырып, одан бір күн бұрын 30 август күні Викторияға өндірістік мінездеме де беріп тындырып та қойып еді. Н. Никитина өзі сын мерзімімен курьерлік қызметке алған Викторияны аузының суы құри мақтап, «30 августан бастап сот мәжілісінің секретары болып қызметке алынды» деп жазды. Халық сотының председателі Никитина да, әке-шеше де бұл жерде заңды білетіндігін бір көрсетіп тастады. Өйткені, заң факультетіне сот мәжілісінің секретарының бірінші кезекте қабылданатынын күні бұрын білді. Егер олар заң қызметінде істемесе оның бүге-шігесін байқар ма еді. Сөйтіп заңсыз жасалған документ заң факультетіне барып жатты. Виктория емтихан да тапсырды...

Ал Инесса ше? Несін айтасыз, Викторияның жоғарыда айтылған ісінің бәрі Инессадан үлгі болып алынған жоқ па? Виктория ісі Инесса тәжірибесінен алынса, Совет аудандық халық. сотының председателі Никитина Алматы. қалалық сотындағылардан үлгі алып еді. Қалалық соттағылар 18 августа №38 бұйрық бойынша Инессаны курьер етіп алып, еңбек книжка көшірмесін Алматы қалалық сотының сот мәжілісінің секретары деп жасап берді. Кейін мәселе белгілі болып қалған кезде бұрынғы бұйрыққа жазуға орын болмаса да сот председателей, қолының үстіне дейін олар былай деп баттастырып жазып қойды: «...Белькевичтің орнына сот мәжілісінің секретары міндетін уақытша атқару жүктелсін». Бұл жерде біз де шегініс жасап, осынша өтірікті кім құрастырып, кім жасағанын, кімді кім алдағанын қалалық соттың өзіне қалдыра тұрамыз. Өйткені осы алдаушының біреу еместігі бадырайып көрініп тұрады. Бір жаманы мынау болды. Бұл кезде Белькевичтің орнында басқа бір адам істеп жатқаны, аман-есен жалақысын өзі алып отырғаны, кейде басқалардың да заңның ондай ұсақ-түйегіне дейін біле беретіндігі қалалық соттағылардың есінен тарс шығып кетті. Сөйтіп заңды білетін заң қызметкерлері жасаған заңсыз документтер қаланы "шарлап жол тартты.

Сонымен көріп отырсыздар, Виктория да, Инесса да — екі курьер сот мәжілісінің екі секретары болып шыға берді, олар жоғары оқу орнының студенті де болатын еді. Бірақ...

Біз Алматы қалалық, Совет аудандық сотындағылардың да екеуі де заң кызметінде істейтін Б. және В. Черкасовтардың да заңды және оның тармақ-тармағын жақсы білетіндігіне дау айта алмаймыз. Дегенмен мына бір оларға таныс емес статьяны естеріне сала кетпек едік. Өйткені кім біледі, сотқа да сот болатын күн болмай тұра ма, сонда біліп алса бір кәдесіне жарар. Оның үстіне айыпталатын статьяны күні бұрын білген де дұрыс болар. Қазақ ССР Қылмыс кодексінің 148-статьясы «қызмет жөніндегі подлог» деп аталады. Онда тура былай деп жазылған: «Қызмет жөніндегі подлог», яғни қызмет несі адамның пайдақорлықпен немесе басқа бір зұлымдық ниетпен документтерге көрінеу мәліметтер енгізуді, жалған документ жасауы, документті өзгертіп қолдан жасауы, сондай-ақ көрінеу жалған немесе өзгертіп қолдан жасалған документтер беруі,— үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына жазаланады».

Амал нешік, киын да болса, ащы да болса мұны айтпай бола ма, «ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер» демей ме халық. Ал судья қылмыс істесе ол не жаза алады екен, ә?!

1971


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз