Жоғары білімі барлардың көпшілігі-ақ кандидаттық диссертация қорғауға ұмтылады. Жұрт сыпыра кандидат болып алғанда қалай жалғыз қалайын, мен де өз шамама қарай шарықтап, өз көрпеме қарай көсілдім. Филология ғылымының кандидаты — Балбақ деп тұрса, ол фельетонист — Балбақ дегеннің аузына бір-ақ қойып, шекесін шеруен аттырып жібермей ме? Мені жұрт атақты жек көреді деседі дейді. Оны кім айтып жүр? Ал маған сенбегендеріңіз сол филология ғылымының кандидаты деген дәрежені беріп, сонан соң бір көрсеңіздерші.
Бірақ ондай аспаннан түсер жақсылықтың нышаны көкжиекте көрінбегендіктен, ғапу етіңіздер, ғылыми жетекшісіз-ақ істі өзім жүргізіп, аяқтап та шықтым. Және жетекші дегеніңіз де күй таңдайды екен. Мен қарапайым газетшіде оған жасай қоятын жағдай бар ма? Сондықтан киын да болса қамытты жалғыз киіп, тертені митыңдап болса да жалғыз сүйреп жөнелдім.
Диссертация қорғау үшін оның бірнеше тарауы баспадан жарық көруі керек екенін де білдім. Сондықтан сол ұзын сүре әңгімені ортасынан шорт үзіп, сіздерге сарапқа салуға орталарыңызға тастай бердім.
Бір қызығы мен диссертациямда ғылыми термин жасадым. Оған ұзақ-ұзақ талқылаулар, талдаулар келтірдім. Тіпті термин жасауға келгенде мен өз көршім Ғайнекеңнен артық болмаса кем түскен жоқпын. Сенбесе мұны сол тілмарлар мен әдебиетшілер, тәржімәшілер өздері теріп, тексеріп алсын. Әзірге маған керегі дәреже ғана. Оған ұсынарым мыналар:
1. Өсекшілер — (Алфавит ретін сақтамағаныма ресми емес оппоненттерімнен ғапу өтінемін). Мұның өзі жамандайтын кісінің жамандалатын кісіге мінбеге шығып қорғатпай-ақ мен сияқты жаздырып әуре қылмай-ақ таға салатын дәрежесі. Мен сияқты кандидаттыққа қолы жетпей жүргем кейбіреулерге ол дәреже де өсекші деген атақтай тез тағыла салса деп армандайды. Ал талдап отырған сөз еске түскенде бұрынырақ құдық басына су ала келіп, не от ала келіп аузын сылп дегізіп қойып бір абысын екінші абысынды сорлататыны есте тұратын. Қазір оның жайы мүлдем басқа. Осы кезде бұл өзі әйелдерден гөрі еркектерге көбірек ауып (әлде дарып) бара жатқан өнер. Екінші бір жағынан алып қарағанда ондай ат алған адамды жаман деп қарауға болмайтын сияқты. Өйткені ондай адамдар дұрыс-бұрысын былай қойғанда, әйтеуір адамға азды-көпті баға бере алатын адам деп қараған дұрыс. Қорыта келгенде біздің айтарымыз өсекші аяғымен емес, аузымен жүретін адам. Бірақ олардың құлағының жақсы жұмыс істейтінін былай қойғанда, жанынан шығарын қосып айту өнері екінің бірінің қолынан келмейтін суырып салмалық екенін атап айтқан жөн. Ал мәселеге біз сияқты журналистін тұрғысынан қарағанда ол аз да болса бізге біраз жұмыс тауып беретін, біз жұмыссыз қала ма деп қам жейтін, қамқор адамдар. Егер ондай атақ алғысы келгендер болса бір көршісінің есігін андып отырып, ертеңіне екінші көршісіне көргенін айтып берсін. Сонда көп қиналмай-ақ атақ алғанын өзі де сезеді. Тағы бір жол мынау: бір қыздың бір күнде киген көйлегін санасаңыз жетеді. Атақ әзір. Сайып келгенде өсекші дегеніміз — кейде өз үлесін ала алмай қалғанда сыбайласының үстінен арыз жазатындар, немесе кейде керісінше, коғам мүлкін қорғаушы мазасыз адамға, мемлекетті сүліктей сорғысы келетіндердің тағатын айыбы. Ол жағына келгенде кейде шындықты айтамын деп те өсекші атануға болады. Дұрысы өсекші — көргеніне, естігеніне қосып айтатын жалақор.
2. Арамтамақ — бұл алфавит бойынша алда тұруға жаралған сөз. Бірақ термин ретінде «өсекшіден» кенже қалғандықтан, яғни көпке кейін танылғандықтан мен де кейін жазып отырмын. Арамтамақ деген — пиғылы жаман, жейтін тағам деген екі ұғымнан құралған екен. Дәл айтқанда ішкенін өзі жұмыс істеп, адалдап ішпейтін біреу. Бірақ жұрттан мешкейлеу болмаса, кінәздау емес. Әсіресе, мұнын өзі менің жүргізген зерттеуімше адам қолымен жасалған ащы суға жақындау да, соның алпыс екі тамырыңды жібітіп, басқа іске бойкүйез тартқызатын ерекше қасиетін артықтау пайдаланатындар, Арамтамақтар да басқалар сияқты әртүрлі. Олардың өсекшілерден принципиалды, ерекше айырмашылығы бар. Ол — олардың жасы. Мысалы олар өсекшілерге қарағанда сары ауыз балапандай. Бірақ сөйлеген сөздері батпандай. Аналардай мәймөңкелей алмайды. Осыларға еліктеп өсекшілер де көбіне өздерін жасартқысы келгенімен арамтамақтардан жасара алмай жүр.
Екінші бір еске түсетін нәрсе мысалы, өсекші деген атақты кейде қоғамдық меншікке суық қолын сұғатындар да бере салатын болса, арамтамақтарға ондай жеңілдік жоқ. Олардың бәрі де «алма піс, аузыма түс» деп отыратындар. Кейде байқалмайтын арамтамақтар да болады. Мысалы әке-шешесіне өзін отызға келгенше асыратса, ол білінбейді.
Арамтамақтың басқа да мағынасы бар екенін айтпасам ресми емес оппоненттерім ашуланып жүруі мүмкін. Онда тіпті менің ғылыми еңбегімнің құны жоқ деуі де мүмкін. Сондықтан арам тамақтың (бұл жерде бөлек жазылуға тиіс) ит тиіп кеткен, не тышқан түсіп кеткен, бетінде шыбыны қалқып жүретін көк сорпа, немесе әншейін лағман, мантының бірі екенін атап айтуым керек. Ал бұл екі сөзді бөлектеп көрсеткім келмейді.
3. Хулиган — біздің тілімізге кейін келген, кірме сөз. Бұрын оны сотанақ, тентек, есірік деуші едік, қазір олар жігіт болып жетіліп, ат жалын тартып мініпті де хулиган болыпты. Өйткені бұрынғы тентек — яғни қазан бұзар, бір үйде, немесе бір ауылда (он шақты үйде) ғана болатын. Ал сотанақ — әредікте сөкет қылықтар жасап қоятын балалар еді. Енді ол сөздер хулиганның мағынасын бере алмайды. Өйткені хулигандар арамтамақтан шыққан аламандар — дәл айтқанда арамтамақтың ағалары.
Оларды жулик деп те атайды. Тіпті біреулер оны жулик десе, енді біреулер тілі келмей жөлек дейді. Ал шынында олардың қарекеті аттың жалына жабысып қанын сортын, түйенің терісін тесетін, сөйтіп тойған соң таскенеден жөлекке айналатын паразиттен тіпті де айырмасы шамалы. Айырмасы біреуі — адам, екіншісі — кене. Бірақ екеуінің ақыры, яғни өмірінің соңы ұқсас. Мәселен кәдімгі кене әбден қан сорып тойған соң, адамның ақ тырнағындай болып үлкейіп, бадырайып жөлекке айналып, бір күні жарылып, парс кетеді. Ал анау да ақырында... Бұл жағына келгенде, тілші жолдастар, байқап отырған шығарсыздар, жөлек пен жуликтің төркіні жақын, жалпы атағы паразит болады. Мүлт кетсем ғапу өтінемін.
4. Плагиат — қазақ тіліне сіңе алмай жүрген бұралқы сөз. О баста шыққан жерін менен сұрап, әурелемесеңіздер де болады. Бірақ әйтеуір қазақ тіліне кіре алмай босағадан сығалап жүргенін байқаймын. Бұл әдебиет төңірегіндегі ұрлықшыларға әдебиет танитын құлағы бар жандардың ауыздары, көбіне баспасөз арқылы тағылып, қорғатпай берілетін атақ. Ондай атқа қызығатындар болса, бұрын қалам ұстап, бұрын көз жұмған адамдардың жарияланып кетіп ескерусіз қалған еңбегін көшіріп қайта баспа бетіне шығарсын. Төк аяғына өз атын қоюды ұмытпаса болғаны. Бірақ, тұтас көшіріп алып колға түсіп қалудың керегі не, там-тұмдап, өлең болса бір бір жолдай, мақала болса кейде пікірін ала салуға болады да. Пікір ұрласа көбіне ондай дәреже ала алмай қалуы да мүмкін.
Бұл атақты алатындар көбіне әдебиет төңірегіне келгендер болады. Ал менің зерттеуімше әуен сарындарын ауыс-күйіс пайдаланып кеткендер, тіпті кейбір музыка төңірегіндегілер тұтас көшірсе де ол дәрежеге ие бола алмайды. Оларға алғаны балдай батып, судай сіңеді, плагиат атағынан мақрұм қалады. Бірнеше әннен бір опера құрастырып, өзінікі етіп шығара салса да музыка төңірегіндегілер оған мыңқ етпейді. Ал бір жақсы жері музыка деген өнерде тырнақша белгісі жоқ көрінеді. Заман өткен соң сіз «мынау ән Мәдидікі еді» деп дәлелдеп көріңіз. Музыка тілінде тырнақшаның болмауы аталған атақты алуға қатты қиыншылық тудырып жүр. Сондықтан бұл атақ әзірге әдебиет төңірегіндегілердің еншісі болып қала береді-ау деп шамалауға болады.
5. Iшкілік — екі мағыналы сөз. Ең алдымен ол кәдімгі аттың қыр арқасына ердің қасы тимеу үшін тоқымның астына жайылатып жаялық. Көбіне жабағы жүннен жасалады. Кейбір жерлерде терлік деп те атайды. Машинаның, техниканың көбеюіне байланысты жиі пайдаланылмағандықтан оның бұл мағынасы ұмытылып барады.
Менің алмақ дәрежем филология ғылымының кандидаты болғанмен ғалым болатын адам өзінің жан-жақты білгірлігін көпшілікке танытып тастаса артық болмайды деп есептеймін. Мысалы мен ішкіліктің химиялық зат екенін де зерттеп таптым. Ол уыт өндірілген ащы су екен. Ішкілік әлін білмейтін әлектерді көбірек айналдырады. Әсіресе үлкен бас ішіндегі кішкентай миды улап, тұмандандырып, кейде иығындағы басын да жоғалтып кетеді. Ішкілік — тату қосылып, төбелестіріп айыратын, таныса келіп табыстыратын, сүйістіріп-жабыстыратын, елшілік - жаушылық өнері бар препарат. Таланттың жауы. Ішкілікпен айналысып от басын ойран ететіндер, бала-шағасынан бөлінетіндер толып жатыр. Қарақан басы сықиып қалатындар қанша? Ішкіліктен пайда тапқандарды көп зерттеу жүргізсем де таба алмадым. Амал нешік! О баста одақтастырғанмен артынан омақастырады екен.
6. Қызылкұлақ — сауданы кәсіп еткендердің халық арасындағы оны жактырмай шығарған аты. О баста қызыл кулак ат алу оңайға түспесе керек-ті. Ол үшін керілдескен тамақ, жыпылдаған ауыз көп қызмет істесе керек. Ал шын мәнінде қарсылас жағына беріспей құлағы қызарғанша саудаласады, дауласады дегеннен шыққан болуы тиіс. Қызыл құлақ болу үшін жай тиын-тебен алдап алу жеткіліксіз. Оның артында көп нөкері болады. Делдал, ара ағайын, қалыс адам, тағы-тағылар. Аттарына қарағанда бұлар қызыл құлақтан жырақ жатқан жандар сияқты.
Түптеп келгенде бір сіріңкелік нәрсе үшін қызыл құлақтың сойылын соғушылар. Булардың әшейіндегісі бір басқа. Ал қызыл құлақ оларды сіріңке бағасындай пұлмен алдын ала жемдейді. Көріп отырсыз, қызыл құлақ жайма базардың бір тұтқасы.
Соңғы кезде жайма базардың қаламызда болмауынан қызыл кулак жыбыр, сыбыр құлаққа айналды. Өйткені олар қала магазиндеріне бұрын жетіп, алғанын артық бағасына сатып қана бұрынғыдай керілдесіп тура алмай ұсақтап кетті. Бұл да болса құдай уақтысы дейтін көрінеді олар. Ал пысықтаулары осы кезде Қаскелеңге қарай дөңгелеп тұрады деседі.
Қорыта келгенде қызыл құлақ — діншілдер көзімен қарағанда иманын сатқандар. Өздерінің көзқарасынша олар жұрттың қамқоры. Өйткені біреудің таба алмай жүргендерін тауып береді. Сән қуған біреулер (әйелдер деуге бата алмай отырмын) үшін қолында бәрі бар, бәрін таба алатын құдай екеңнің базардағы екілі. Ал милиционер үшін қызыл құлақ — чемпиондар. Өйткені көбіне олар қызыл құлақты қуғанда жете алмай қалатын болса керек-ті. Ал жай адамдар үшін сынаптай сырғып қолды-аяққа тұрмайтын, есік-тесіктен тегіс өтіп кететін, сонымен бірге ақшаға арын қоса саудалайтындар.
Осылай жолдастар. Мен зерттеген терминдер әлі таусыла қоймайды. Қалғанын кейін көре жатасыздар-дағы. Әзірге болашақ ресми, ресми емес, оппоненттеріме алғыс айта отырын, автореферат ретінде ұсынарым осы демекпін. Жоғарыда келтірілген сөздерді артық-кемді бағалағаным үшін аталған атаққа ие болғандардан ғапу өтінемін.
1968
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі