Адамды білу деген қандай қиын десеңізші. Жұрттың бәрі ішіндегісін сыртқа жайып салып отыратын ақкөңіл ардакүрең адамдар болса, онда бұл дүние, мүмкін, талас-тартыс атаулыдан, беті күлмей тісі күлетін, жүзіңе мүләйімсіп, айнала беріп жұдырық түйетін, күле кіріп күңірене шығатын арамдардан мақрұм қалар еді. Онда дүниеде жақсы, жаман деген екі сөз жасалмай, адам атаулы әлде екі сөзге болса да мылқауланып қалмас па еді. Пәле болғанда сен жақсысың, сен жамансың деп сұқ саусағымен әлде шұқып, әлде нұқып көрсетуі үшін осы екі сөз жасала қалғанын көрмейсіз бе?
Менің ауылдасым Барақ мұның екеуіне де жатпайды. Бұл дүниеге ол жанағы адамның екі жікке бөлінуін азырқанғандай, үшінші бір сөзді дүниеге келтіру үшін туғандай.
Барақ екеуміз туысқан болмағанымен одан да жақын адамдардай болып кеткен едік. Бір ауылда тудық, бір мектепте оқыдық. Алғашқы ұстазымыз да, жұрттың айтуынша, ақкөкірек, аңқылдақ адам, басқалардан үздік оқыған екеумізді егіз қозыдай етіп ажыратқан емес. Бір партада отырдық. Ойынның қызығын да бірге көрдік. Кейде ойынымыз осылып кеткен көздері төртті қақ бөлін алып, үйге мойнымыз да бірдей салбырап қайттық. Кейін күлді көмеш күлшенің күйік жағымен. әбден піскен жағын айырып, оның үлкен-кішісін біле аңғара бастағанымызда Барак, маған кейбір артық білетін ұғымдарын да аңғартты. Мысалы «барақ» деген сөз онша келісімді ұғым болмағанымен тарихта Барақ атанған адамдардың бәрінің де «қилы-қилы заман болып, қарағай басын шортан шалған» көздері халыққа бірі пана болып, бірі дана болғанын айтады. Батыр Барақ әнші Барақ датқа Барақ, тағы тағылар. Тіпті мысық екеш барак, мысық та басқа тышқан жегіштерден қасиетті болатын көрінеді. Ол кезде маған Барақ мысық барақ-барақ болып басқа мияулағыштан үлкен көрінгендіктен немесе қорқыныштырақ болғандықтан үрейленген тышқан құлақтары қалқиып, оның аузына шиық-шиық етіп өзі келіп қойып кететіндей болатын. Міне бұдан кейін біздің Барақ қалай осал болмақ.
Институтта оқып, одан кейін әр жерде қызмет істеген Барақ екеуміз араға он жыл салып көрістік. Ол да, мен де осы үлкен қалаға жұмысқа ауысқалы жиі қатысып шай-пай iшісіп тұрдық. Мен бала күндегі Барақты ұмытып қалғанмын ба, әлде ол жасынан-ақ солай ма, әйтеуір мен сияқты тез сөйлеп, ұшқары қорытынды шығармайтын көрінеді. Көбіне тыңдайды. Менімен сөз таластырып отырмағандықтан да, көбіне жалғыз сөйлеп, бәйгеден жалғыз келе беремін. Бұл жағы маған ұнайды да. Менімен жарыстырмағандықтан сөз салыстырмағандықтан бараққа ішім жылып-ақ кетер еді. Сондықтан да болар соңғы кезде онымен жиі ақылдасатын болдым. Ол мен айтқан сөздің бәрін көңіл қоя тыңдайды, көбіне үндемей қалады. Мен оның үндемеуін мені құптап отыр деп түсінемін. Кеуіп сөйлеп ісінемін. Шіркін жұрттың бәрі мені біздің барақтай тыңдайтын болса, онда бүкіл екі аяқтыны бір қора қойдай шыбықпен айдап, әйт деп өргізіп, шәйт деп қайырып отырмаймын ба?
Барақ біздің үйге көп келе бермейді. Жасымыздан егіз қайыңдай қатар өскен адамның неге солай етерін кім біледі. Біздің де үйіміз өзімізше үй сияқты. Қантайдың сөзімен айтсам, үңгір емес, ін емес. Ол түсіп қалар алдында құрып қойған қақпан жоқ, ілініп қалар тұзақ жоқ. Әйтeyip біздің үйге келгіштей берсе аяғының сарбуыны ұстап қалатындай, арнап шақырмасаң аттап баспайды. Бірде жағдайы бар, бірде жағдайы жоқ біздің үйімізге кез-келген уақытта қойып кетсе қайтер едік. Сондықтан қалалы жерде шақыртпай келмегені де тәуір ме деп қаламын.
Бір күні нақ осы Барақ жөнінде Қантай екеуміздің келісе алмай қызыл кеңірдек бола жаздағанымыз бар. Селт етіп бір кеште екеуміз де өрмектің селкеу қалған жібіндей босап қалған екенбіз. Баяғы аузы жылдам басым:
— Барақтікіне барайық,— деп жып ете түскенім бар емес пе? Үйде отыра алмайтын әдетім жаман. Менің жып еткенім құрысын әйелім сексеуіл шоғына қойған қазандай бұрқ-сарқ қайнап жүріп берді:
— Қойшы соныңды. Әздері аттап баспайды. Қашан-да болса тамақ таппай жүргендей, жетім лақтай жағалап біз барамыз. Немене оның үйі үй де, менің үйім үңгір ма екен. Айырбасты жылан болып шаққан жеріміз жоқ еді ғой соларыңды.
— Япырмай, Қантай-ай, бұрнағы жылы 1 Май мейрамы күні олардың келгені қане?
Қантайдың жауабы езуінен сілекейше ағып дайын тур екен, сылп ете түсті:
— Шақырса ит те келеді.
Қаным қайнап шыға келдім. Тіпті бұл сөзге қалай шыдайын. Араласатын ағайын-туған алыста. Енді мұның жалғыз Барақты да көп көргені ғой. Осы бар дауысымды бақырып қатты кете жаздасам ба екен! Ішім қылп ете түсті. Аузымды баса қойдым. Аузың ит аяқтай үлкен болса бір жөн ғой, сөз құрғыр бір езуі болмаса, бір езуінен шығып кетті дер едің, жып-жинақы болып тұрып-ақ кейде аузымның сөзге ие болмай қалатыны бар. Ойпыр-ай, ит дегені өтіп кетті-ау! Енді қайттім? Табиғатта бытыраңқы жаралған, дәндей шашылып кеткен ақылымды етікші алдындағы шегені тартқан магниттей болмаса да, тары терген тауықтың тұмсығындай белгісіз бірдемемен жинап қарасам, қатты кете жаздамағаным абұйыр болған екен. Қантайға майын көп салған тары ботқадай жылбырап қана жұмсақ келдім.
— Апыр-ай, Қантай-ай, әупілдектің атын атамасаң да болар еді ғой.
Әйелім алара бір қарады. Сіңірімнің бәрі бірдей тартылып қалғандай кішірейіп, шүйкедей болып бұғып кеттім. Нақ маған әдейі істегендей арамызда тұрған столдың да мені жасырғысы келмей қасақана аласара қалуын қарашы. Биігірек болса астына кіріп кетсем де болар еді.
— Е, сонда көрмедің бе, сызылып келді де, сыздаусып отырын тіс жармай кетті емес пе? Әлде күні бойы жалғыз сөйлегенінді ұмытып қалдың ба?
Япыр-ай! Шынымен солай ма еді. Әйтеуір келген-кеткенді, артық-кемді осы әйелдер-ақ есептеп, жіпке тізіп отырады. Қалай келіп еді, ол? Кебеже қарын, кең құрсақ емес, сылыңғыр қара Барақ есіктен кіре ернін жыбырлатты. Жыртып ашқандай, сығырайған тышқан көздер! тесірейіп өтіп барады. Басындағы бір кездегі дудыраған қою бұйра қара шаш теп-тегіс көк бурыл болыпты. Бет-пішіні өзгеріп ботқа беттеніпті. Екі шықшыты, екі ұрты аузына құрт тығып алғандай томпайып тұр.
Мен шам жағалаған жынды көбелектей оны айнала жүгірдім. Ол әдетті амандық сұрасты. Содан кейін? Содан кейін нағыз мәдениетті адам екенін көрсеткендей, ол. Аз сөйлеп көп тыңдады. Мен сапырып отырдым. Tiпті қалай ғана үндемей отырайын, Қантайдың қанша шиша әтірі барын, қонақты жиі шақырып тұрмайсың деп ұрсатынын, (әрине, ол шақырасың деп ұрысады) әсіресе менің бірге өскен құрбы-құрдастарымды сыйлай алмайтыным үшін аш қалдыратынын оңды-солды айтып жатырмын. Нақ осы бір сәтте масқара болдық емес пе? Ас үйден осында кірген Қантай ерекше жайдарыланған болып, «бас киіміңіз әдемі екен былай алып қойдық» деп мен «әй-әй» дегенімше Барақтың басын қос қолдап ұстай алмасы бар ма. Әлі түсе қоймаған, сулап, майлап бастыра тартып тастаған көк бурыл шаш борсықтың жота жүніндей күдірейіп-күдірейіп шыға келді. Енді ғапу өтініп қоя салудың орнына Қантай тағы бүлдірді.
— Қайдан білейін көк теріден тігілген бөрік екен деп едім, — деді. Мен әлденеше өтінгенімде Барақ шіркін жігіт-ақ қой, тырс етпеді. «Ештеме етпейдіден» басқа сөз тісінен шықпады, сыздаусып отыра берді. «Ұрының қатыны өзіне лайықты» дегендей сараң дихан қырманының кеусенге беру үшін қаптаған еншісіндей оның әйелі Қатира тырсиып, безерген күйі қалды. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «ештеме етпейді» деді ол да. Барақтан бар байқағаным томпиып, зорға жаратылған мұрынын екі-үш рет тартып-тартып қойды. Осының бәрін де Қантай екеуміз әп-сәтте-ақ ұмытып, ұшып-қонып қонақ күтумен айналысып кеттік. Ерлі-зайыптың екеудің ең көп айтқан сөзі «рахмет» болды. Біз әрбір қимылымызға екі-үштен рахмет алып, қатты кенеліп қалдық, Содан кейінгі бізге келгені бұрнағы жылғы І Май мейрамы. Алғашқыда Қантайдың оның басын ұстай алғанына ашуланып үндемеді ме десек, жоқ соңғы келгенінде шала піскен бүйректей сол тысырайған қалыптарымен аттанды.
Міне содан бері Барақ пен Қатираның аты аталса-ақ әйелім су тиген қара құрттай жиырылатын болды. Сондықтан бірге оқыған жолдасты қия алмай әйелімнен жасырынып, Барақтың кеңсесіне барып тұратын болдым. Көбіне ақылдасу үшін барамын. Жасымнан бірге өскен, жамандыққа қимаса осы Барак, қимас деп ойлаймын. Сондықтан сыр сақтағыш Бараққа ішімдегімнің көбін-ақ көжедей күбітіп айрандай ақтарып тастаймын.
Бір сәтті күні тағы да Бараққа бардым. Ол көп үндемейтін мінезімен қарсы алды. Heci бар, сүйекке біткен қу мінез сүйекпенен кетеді демей ме!
— Отыр, деп ым қақты ол,—ініңді орналастырдың ба?
— Ертең барады. Тұрмыс комбинатына, Сағат он бірде.
— Тағы да өмірде не болып жатыр?
— Әйелдерге кримплен көйлек-пальтосы мода болды, әлгі Қантай соны тауып бер деп пәле салды. Ақыры соның біреуін универмагтың Батылбаева деген сатушысынан ертең түске таман алатын болдым. Мені...
Ол әлдеқалай өз ісімен шұғылданып кеткендей бұл дүниеде менің бар екенімді біржола ұмытты. Барақ үндемей отыра берген соң мен шығуға ыңғайлана бердім. Ол маған қарамады. Мүмкін қарамаған болды. Тек шыға беріп Барақтың баттиған ботқа бетіне көзім түсіп еді, оның тәмпиген танауы қусырылып, қалам ұстаған он қолының сұқ саусағын аузына салып отырғанын байқадым. Шіркін деп ойладым мен, ой адамы дегеніңді қойсаңшы, соның арасында дүниені толғап, тереңге шомып кетті емес пе?! Әлі күнге көшеден әйеліне сәнді көйлек іздеп жүрген жұрттың бәрі мен сияқты қатыннан қаймығатын сорлы деймісің, қасқайып отырысын көрмеймісің, анау бір кездегі ауылдағы қолы іс білетін бар шалдың ұстарасын тегіс жиып, бірінен кейін бірін салғанда бәрі өтпей қалатын қайратты, қара бұйра шаш бекер көкбурыл тартты деймісің. Тұмандай қалың ойдың, бастан артылып жатқан асқақ ақылдың тегеурініне шаш түгіл тас та шыдай алмас. Ал бірақ Қатира ше? Күйкентайдай кішкентай Қатира-ақ Барақтан ығыспай, жанында жатып-тұрып жүрген жоқ па?
Барақтан шыққан күннің ертеңіне армиядан жаңа қайтқан інімді ертін орналастыруға тұрмыс комбинатына бара жаттым. Ініме бар ақылымды айттым. Әрине комбинат директоры мені сыйлағандықтан алмақ болып отырғызып, енді ішімдік деген осы заманның сәдірмегілеп алыстау болса, жап-жақсы шофер болып, қызмет істеп кететінін, шофер болған соң, қасына қыз отырғызбауын, баранка ұстан отырып әңгімелесуге болмайтынын, шофер дегеннің қолды-аяқтай жүгіріп тұруы керектігін, бастығы арақ ішкенде мұның сілекейін жұтып отыруы тиістігін, кысқасы бәрі-бәрін түсіндірдім. Інім де ертеңнен бастап отыратын машинасының түсі қандай болатынын ойлап әйтеуір сары болмаса екен деп безек қағып келеді. Комбинатқа кіре берісте алдымыздан Барақ сап ете түсті. Мен тұра қалып. Қатирадан бастап, үйіндегі қатқан нанның қабығының амандығына дейін бір шұбыртпақ едім. Жоқ, оған мүмкіндік болмады. Ол қысқа қайырды. Кім біледі, бастығынан сұрап алған азғантай уақыты бітіп қалған шығар.
— Амансың ба?
— Рахмет!
— Қатира аман ба?..
— Рахмет! — Соңғы рахметті ол жүріп бара жатып айтты. Сондықтан менің келесі сөзім керек болмады. Бетіме тура қарамай тұқырайған қалпымен кетті. Әлде кеше жексенбіде бір жаққа барып суық тигізіп алып, бет-аузын ұшық қаптап кеткен болар.
Сонымен тұрмыс комбинатының кадрлар бөліміне кіре бердім. Менің жанымдағы ініме көзі түскен сары божыр әйел амандықты шала тыңдап, зарлап жүріп берді:
— Комбинат резина емес. Ол созылмайды. Орын жоқ.
Нақ осы бір шақта телефон безілдеп кеп бермесі бар ма.
— Иә Сәке өзіңіз айтқан адамды алып жібердім. ІІІоферді...
— Қалай аласыз, ол қазір інісін ертіп кіріп бара жатқанын көрдім ғой,— деген сөздер трубкадан құрқылтайдың ұясындай кішкентай бөлмеге тегіс естіліп тұрды.
— Япырым-ау, Сәкен Дүйсенович, сіз жіберген адамды алып едім ғой. Ағасы өзі ертіп келді ғой... Енді түк жоқ...
Телефон трубкасынан тағы біраз сөздер естіліп жатты. Інім алынбайтын болған соң салым суға кеткендей шығып жүре бердім. Енесіне аузын ашқан сары ауыз балапандай байқұсқа енді қай жерден тұрақ іздесем екен? Оны ертіп қызмет орныма отыра бергенім сол еді, өз телефоным безек қақты. Жаңа да телефон шарылдағанша ештеме жоқ еді ғой. Жүрегім шайлығып қалған басым қолым трубкаға жетті.
— Сенбісің? Кримплен пальтоң жоқ. Оны бүктеп Қатираға салып берді. Қатираға бер дейтінің бар мені несіне әуре қылдың?! Енді анау ішмерезіңе ертең комбинатқа бас инженер болатыныңды айт, барып отырып алсын...
Әйелімнің дауысы тapғылданып жаман естілді. Шамасы Қатирамен ұстасып қалмасына кім кепіл. Мен өзім де қайбір жетісіп отыр едім. Інімнің алдында абыройымнан айрылдым. Әлде «бір елі аузыңа екі елі қақпақ қой» деген дұрыс шығар. Ініме шоферлік те, әйеліме кримплен көйлек-пальто да бұйырмады. Үйге барған соң Қантайдан алар сыбаға тағы тұр, не істесем екен? «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» деп ұлы Абайдың айтқаны осындайлар болар ма!? Енді өзіме тиер күлшеден айрылып қалмаймын деп шұға комбинатына қарай тұра жүгірдім...
1971
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі