Өлең, жыр, ақындар

Айшаның әуресі

Мұрат орта мектепті бітіріп, кәмелеттік аттестат әкелген күні шешесі Айшаға қатты ұнап кетті. Әрине мұндай қуаныш үстінде барлық аналар да баласын аймалайтын болар, дегенмен Айшаның баласына деген сезімі кісі айтып жеткізерлік болмады.

— Miнe, міне менің балам дарынды деп мен әлдеқашан айтқанмын. Өзіңе де айтып едім ғой, Мұрат.— Мұрат күлімсіреп қана қойды. Мұндай мақтау сөздерді шешесінің неліктен айтып тұрғанын Мұрат білуші еді. Әсіресе, соңғы күндері шешесі осындай сөздерді реті келген жерге де, келмеген жерге де тықпалай беретін болған.

Айша баласына көзінің астымен бір қарап алды. Міне кәмелеттік аттестат стол үстінде жатыр. Енді жақында ол баласының студенттік сынақ кітапшасын да қолына ұстап көруі тиіс. Баласы заводқа жұмысқа барғысы келгенімен, шешесінің ойы мүлдем басқа. Абысын-ажын алдында әжептәуір беделі бар, келін-кепшіктерді бидайша бөрттіріп, ши жүгеріше бадыратып қуыратын адуын жеңгейдің баласының заводқа барам дегені не сұмдық! Өзі бір атаға қараған ауылдың келін-кепшігін айт деп өргізіп шәйт деп қайырып отырған білгір адамның баласы да мансаптан қашар болар ма! Оның үстіне бұл анау-мынау адам ба, Айша емес пе! Тарихқа белгілі Айша аттас әйелдердің бәрі де атағын шығарып, тіпті артында өзінің жұрт зиярат етіп, айтардай күмбезін де қалдырып кетті ғой. Демек Айша да жалғыз баласына тілік қалдыруы керек.

Айша баласының жанына жақындап келді де, екі алақанын Мұраттың екі жақтауына тіреп тұрып қайта үн қатты:

— Ал баласы күзде шешесіне не әкелер екен, ә?

Мұрат көп ойланып тұрған жоқ, бірден жауап берді:

— Жалақысын әкеледі де, шешесінің алақанына салады.

Баласының қуанышпен айтқан бұл сөзі шешесінің деген жерінен шықпады. Дегенмен ол баласына «ақша дейді ғой, ақша жетеді, осы үйдің иесі де ақшаны аз алмайды, жоғары білім алып, мансап иесі болу керек, сонда жақсы балам бар деймін» деп ашық айтып салды.

Бұдан кейінгі бірнеше күннің ішінде Мұраттың мансап иесі болмауына қоймайтындай етіп, шырмап тастады. Мұратқа шешесі қол сағат әкеліп сыйлады. Оған беріп жатып: «лекциядан кешігіп қалмауың керек» — деді. Ертеңіне алабажақ костюмнің бірін әкеп кигізді. Оның қуықтай шалбарының бүріскен балағы қызыл асықтан келіп, Мұраттың тобығы көрініп тұрды. «Студенттердің қазіргі сәнді киімі осы» деді шешесі.

— Міне, міне ұқсап-ақ қалдың, балам.

Үшінші күні Айша баласының студенттерге ұқсамай тұрған тағы бір нәрсесін толықтырды. Ол аудандық магазиннен бір бума граммофон пластинкасын сатып әкеліп берді. Оның ішінде қиқылдап-шиқылдап, буынып-қабынып ән салатын, ыңылдап жылаған бала дауысындай қыңсылаған ит дауысындай талайлары болды. Студент дегендер биге әуес келеді ғой. Айша осылай баласын студенттерге еліктетемін дегенімен Мұраттың ойынан заводты шығара алмай-ақ қойды.

Осы кезде не қиын, жоғары оқу орнына түсу қиын. Бұған әкенің көмегі болса деп Айша жолдасына әр нәрсені жағалатып көріп еді: «Е, жібер өзін. Қала алыс емес иек астында. Базарға барып бағыңды сына деген. Жұртпен бірге емтихан ұстап көрсін»,— дей салды.

Әкенің баласына осындай көзқараспен қарауы алғаш Айшаны ашуландырып, қабағын шытынатып, мұрнын тыржитып тастап еді, бірақ сен балам үшін ренжіп жүрсің ау деп ол қайта көңіл аудармай қойды. Тіпті дастархан басында Айша осы әңгімені бастаса, ол тамағын ішпей, түрегеп тастап жүріп кететінді шығарды. Содан соң Айша оған айтудан шаршады, енді өзі жүрмек болды.

Айша қарап қалмады. Өзінің арманын ол абысын-ажын арасында да айтты, жекжат-жұрттарға да жеткізді. Не керек, көжедей кеп абысын тәттілі шай ішіп, жылы-жұмсақты жегенде ғана бар болды да, мұндай іс қолынан келмейтін әншейін балалардың мамасы болып шықты. Дегенмен сыралғы ажындардың арасынан Ажар сияқты жөн-жосық білетін адам да табылды. Ол «жатпай-тұрмай біреуді іздемеймісің, қарға тамырлы қазақ емес пе едік, біреудің жиені болмаса, біреудің қарын белес! дегендейін біреуі институттардың қабылдау комиссиясында болып қалуы мүмкін емес пе» деп Айшаға ақыл берді. Бұл әңгіме Айшаға қатты ұнағаны сонша терлеп-тепшіп Ажар екеуі бір самауырын шайды әңгімелесіп отырып, ішіп қойды.

«Қарға тамырлы қазақ» дегендейін, ойдағы-қырдағы, қаладағы-даладағы дос-жаранның бәрін іздестіріп қарап еді, ондай ешкіммен таныс болмады. Жұрттың ісі түседі-ау дейтін қаладағы өзіне таныс кинотеатрдың есепшісіне дейін сұрастырып ешкімнің ыңғайын келтіре алмады. Ақыры жақсылық хабар тағы да сол Ажардың өзінен болды. Бір күні ол арнайы келіп: «сенбі күні кешкі сағат алтыда біздің үйге келе ғой, қаладан бір сый қонақ келеді. Соның жанында институттың қабылдау комиссиясының председателі ерлі-зайыпты Дарқановтар да болады. Басқалар да келеді. Байқас болғайсың, біздің отағасы біліп қалып жүрмесін» деп айтуын айтқанмен қатты таптады.

Сол күні Айша да уәделі сағатта жетті-ау. Келсе қонақтар отырысып қалған екен. Ажар Айшаны қонақтарға таныстырды. Нақ тер алдында самай шашына ақ кіре бастаған, толықша қара кісі отыр. Жанында жұпыны киінген әйелі бар. Бет-әлпеті жаман болмағанымен үстіндегі киіміне қарағанда көзге қораштау көрінеді. «Екі жаман қосылған әрқайда бар, екі жақсы қосылған дәл қайда бар» деген-ау, деп ойлады Айша. Қандай керемет білімді адамның әйелінің сиқын қарашы. Бір ннститутты билеп тұрған мынадай адамның тапқанын үстіне дұрыстап та жапсыра алмаған екен. Тағы да екі кісі бар,олар да айрықша жарқырап киініп отырған жоқ,

Тамақтан кейін шеттегі екі адам да кәнігі саятшы екен, өздерінің басынан кешірген неше түрлі оқиғаларды соғып кетті. Ал Дарқановтың әйелі де орнынан тұрып, верандаға шықты да Ажар үйіндегі кереуетке жабылған шілтерлердің нәзік тоқылғанын, кестенің әрі ұсақ, әрі жиі шаншылғанын ұзақ әңгімелей бастады.

Әңгіме бастайтын сәтті секунд туды. Айша жүрегі алас ұрып, лүпілдей берді. Осы бір азғантай уақыттың ішінде ойын жеткізіп қалуы тиіс. Әрі түсінікті, әрі қысқа айтқаны жөн. Әй бір осындайда естімейтін нәрсені естіп қалатын құлақтар да болушы еді, құдай сондайлардан сақтасын. Айша Дарқановқа қарап асыға-аптыға сөзін бастап кетті:

— Менің балам биыл онжылдық бітіріп, аттестат алды. Әлеке, менің балам сіздің жолыңызды ұстаса қандай жақсы болар еді.

— Менің өткен жолым мақтарлық емес еді,— деп күлімсіреді Дарқанов.

— Ол онша қиындықтан қорқа беретін бала емес. Әлеке соған көз қырыңызды салсаңыз екен. Егер ол сіз сияқты таныс адамның қарауына барса, алаңсыз болар едім. Балам орналасқанша ішкенім ірің, жегенім желім болып, тамағым бойыма тарайтын емес. Соның opналасуына көмектессеңіз екен...

— Жарайды, көмектесейін,— деді Дарқанов,— бірақ менің көмегім не үшін керек, біздің есігіміз жастарға кең ашылған ғой, биылдың өзінде мен жүзге жуық адамды қабылдадым.

Қонақтар дастарқан басына жинала бастады. Дарқановтың әйелі де келді. Айша олардың адрестерін сұрап алды. Бірақ, жазып алмады. Ондай керек нәрсені Айша жазбақ түгіл қайта сұрап та көрген емес. Ондай нәрсе оның миына басқа құйған қатықша жұғатын.

Қонақтан Айша үйіне жүзі жайнап көңілді қайтты. Арманы орындалатын болды, абысын-ажын алдындағы беделі де арта түсетін болды. Абысын дегендер де қайбір дос, олар шайыңды ішкенше ғана. Шыға салып «ойбай-ау, бетім-ау жеңгейдің дастарқанында бес жерде бес-ақ бауырсақ жатты-ау» деседі. Енді міне балам институтқа орналасады, орналаспағанда несі қалды, емтихан председателінің өзін құдай айдап әкеліп, колға берді.

Арада екі-үш күн өтпей-ақ Мұрат конверт сыртындағы адрес бойынша қалаға кетіп бара жатты. Қалай, қалай емес деп Мұраттың документтерін де конверттің ішіне салды Мынадай сөздер жазылған қағаз да бар: «Менің сізге айтқан балам еді, көмектесуіңізді тағы да өтінемін. Ер мойнында қыл арқан шірімес» деген ғой, сізге сенеміз. Сәлеммен Айша».

Мұратқа бүгін ерекше құрмет көрсетілді. Баласының көйлегін Айша (қатып тұрса да) қайта өтектеді. Костюміндегі жабысқан қыл-қыбырды өзі тазалады. Сонсоң баласын есікке дейін шығарып салып тұрып шешесі: «Бұл бағалы хат, балам, әлі Әлекеңнің қандай керемет адам екенін өзін де көресің»,— деді.

Кешіккен сайын шешесі асыға күтті. Екі күннен соң Мұрат келді.

— Сүйінші орналастым,— деді ол шешесін көре салып. Қатты қуанып қалған шешесі тікесінен тік тұрып:

— Әңгімені бастан айт!—деді.

— Әлекең заводқа кеткен екен. Артынан сонда бардым.

— Институтқа де,—деді Айша.

— Жоқ заводта директор екен.

— Пәлі, балам, бәрін бытыстырған екенсің. Ол институтта қабылдау комиссиясының председателі ғой.

— Жоқ қабылдау комиссиясының председателі оның әйелі екен. Ал Әлекең заводқа мені орналастырды. Жақсы қарсы алды. Бірақ заводқа мен Әлекеңнің көмегінсіз де орналаса алатын едім ғой.

Айша жұпыны киінген әйелге қабылдау комиссиясының председательдігі түгіл председательдің әйелі болуды қимап еді. Дегенмен солай болған соң оған Айшаның келісімі керек пе. Айшаның маңдайынан тері бұрқ ете түсіп, екі самайынан ағып жүріп берді. Айша қайтадан төмен қарап кетті. Өңі қарауытып сала берді. Әсіресе бәрінен ұят болғаны кеше мақтанып, көршілерге де, абысын-ажынға да балам институтқа түсетін болды деп сыпылдап еді, көп әуренің аяғы былай болып шықты. Қап, енді қайтті? Сәлден кейін оның ойына бірдеңе түскендей селк етіп:

— Ал, документтерін қайда?—деп сұрады.

— Оны өзіңіз конвертке салып, Әлекеңе берген жоқ па едіңіз.

Айша не дерін білмей отыра кетті...

1961


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз