Өлең, жыр, ақындар

Болат жолдағы берекелі істер

“Қазақстан темір жолы” ұлт­тық компаниясы – Еуразия кеңіс­тігіндегі магистральды жүйенің аса ірі операторы және республикамыздағы бірден-бір темір жол тасымалдаушысы. Қазақстанның болат жолы 14 мың шақырымнан астам магистралды, 700-ден артық пайдалану және жөндеу деполарын құрайды. Темір жолды Қазақстанның күретамырлары деп тегін айтпаса керек. Сала елдегі жолаушы тасымалы айналымының 60 пайызынан астамын және жүк айна­лымының 70 пайызына жуығын өз мойнына алып отыр. Қазақстан темір жолының тағы бір ерекшелігі оның аса әлеуетті транзиттік мүм­кіндіктерінде. Осыдан жүз жылдан сәл астам мерзім бұрын қазақтың ұлан-ғайыр даласын ұйқысынан оятып, алғашқы паровоз гудогы жаңа темір жол дәуірінің басталғанын жария етті. Сол мерзімнен бергі Қазақстан шойын жолының тарихы даңқты да ерлікке толы беттерден тұрады. Ақиқатын айтқанда, теміржолшылардың жасампаз еңбектерінің арқасында ғана болат жол бүгінде еліміздің ірі де қуатты өндіріс саласына айналды. Темір жолдың бүгінгі дамуы мемлекеттік деңгейдегі серпінді жобаларға арқа сүйейтіні рас. Тек 2009 жылы ғана салаға салынған күрделі қаржы 110 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл сомалар шойын жолдардың сан тарау буындарын күрделі жөндеуге, жылжымалы құрамды жаңалауға, инфрақұрылымдарды, телекоммуникацияларды дамытуға және жаңа құрылыстар салуға жұмсалды. Темір жол көлігін дамыту бағдарламасына сай 2020 жылға дейін салада мол өзгерістер болмақшы. Аталған құжат реформалардың сатылап жүруіне, мемлекеттік үйлестірудің тәртіптерін өзгертуге және жеке капиталды тарту арқылы жаңа инвестиция­лық бағдарламаны іске асыруға негізделген. Бір сөзбен айтқанда, болат жолдағы жаңа стратегия тиімділігі жоғары ұлттық компания қалыптастыруға мүмкіндік бермекші. Бағдарламаның шеңберінде салаға 1,5 мың локомотив, 76 мыңнан астам жүк және 1,5 мың жолаушы вагондарын сатып алу қарастырылған. Инвестицияның жалпы сомасы 4 миллиард теңгеден асады. Бағдарламаның маңызды баптарының бірі – тепловоздар, электровоздар, жүк және жолаушы вагон­дарын, болат рельстер, шпалдар, белгі беру мен байланыстың техникалық құралдарын, электр қуа­тымен қамтамасыз ету жүйелерін шығаратын отан­­дық темір жол мәшинелерін жасау саласын құру. Жаңа стратегияның арқа сүйер алғашқы нүктесі Қазақстан темір жолының картасында пайда болды. Оның маңыздыларының бірі – отандық локомотивтерді құрастыратын зауыт. “Эволюшн” сериясындағы алғашқы осындай тепловоз кон­вейерден 2009 жылдың 7 желтоқсанында шықты. Темір жол саласының өркендеуіне серпін беретін алғашқы осынау жоба шеңберіндегі жаңа өндірістің елордада ашылуы тарихи оқиға болса, оның локомотивтерді құрастыруға арналған бас­тапқы кешенінің салтанатты түрде іске қосылуына Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің қатысуы саланың жемісті келешек кемерін жақындата түсті. – Бұл зауыттың іргетас капсулын мен 2007 жылдың 3 шілдесінде салған болатынмын. Содан тура екі жыл өткенде, қысқа мерзімде зауыт салынды. Бұл ғимарат 45 шаршы метр алаңда бой көтерді. Енді әлемдегі бірінші орындағы “General Eіectrіk” компаниясымен бірлесіп, тепловоздар шы­ғара бастаймыз,— деді салтанат үстінде Елбасымыз. “Эволюшн” сериясының қазақстандық тұңғыш тепловозы аталған атақты америкалық компа­ния­ның технологиясы бойынша құрастырылды. Теп­ло­воздардың бұл төртінші буыны аса қуаттылы­ғымен, заманауи дизайнымен ерекшеленеді. Ең бастысы, жанар-жағармайды үнемдеуге мүмкіндік береді. “Evolutron” аса әлеуетті қозғалтқышы тепловоздың бүкіл қызметі кезінде 1,1 млн. литрге жуық, яғни, 5 пайызға аз жанармай пайдаланады. Бұған қоса, ауаға зиянды заттарды 40 пайызға аз шығарады. Тағы бір атап өтерлігі, тепловоз Қазақстанның табиғи жағдайларына орайлас құрастырылған. Машинистің кабинасы да заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда жұмысқа қолайлы жағдайлардың баршасы жасалған. Бір қуантарлығы, 2014 жылға дейін локомотив құрастыру зауыты 400-ге жуық тепловоз шығаруды жоспарлауда. Оның 118 локомотиві экспортқа жөнел­тілмек. Осылайша аталған зауыттың өнімдері Қазақ­станның бүкіл локомотив паркінің бүтіндей жаңа­руына, тепловоздарды жақын және алыс шетел­дерге экспорттауға толық жағдай жасайтын болады. – Қазақстанның тұңғыш өз тепловозының шығарылуы еліміз темір жолындағы маңызды оқиға. Зауытта қазақстандық өндірістегі мазмұнның көбеюіне үлкен маңыз беріледі. 2014 жылы, зауыт өзінің өндірістік қуатына толық енгенде, оның өнім жасаудағы жеке дербестігінің деңгейі 52 пайыз болады деп күтілуде, – дейді, “Локомотив” АҚ президенті Қаділ Таласбеков. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жаңа кезеңдегі жаңа мүмкіндіктері жайында: “Ғаламдық дағдарыс жағдайында Қазақстанды индустриялан­ды­руға балама жоқ. Енді бір ғана жер қойнауы қазына­лары – мұнайға, газға, минералды ресурс­тарға, ме­тал­ға сүйене алмаймыз. Біздер қор жинап алған­нан соң, міне, даму жолына түстік және елді индус­трия­ландырумен іс жүзінде айналысуға мүмкіндік алдық”, – деп атап өтті зауыттың ашылу салтанатында. Сала басшыларының атап өтерлік тағы бір игі қадамы – жолаушы вагондары жетіспеушілігінің орнын толтыру үшін “Қазақстан темір жолы” Ресейдің “Трансмашхолдинг” компаниясымен бір­лесіп “Алматы вагон жөндеу зауыты” АҚ негізінде жолаушылар вагондарын шығару өндірісін ұйым­дас­тыруы. Бұл өнеркәсіп орнының жобалық қуаты жылына соңғы үлгідегі 150 жолаушы вагонын құрастыруды қамтамасыз етеді. Мамандардың пікірінше, вагондардың осы санының өзі-ақ ішкі қа­жеттілікті толығымен өтеп, іргелес елдер рыногы­на шығуымызға жол ашпақшы. Бұл жобаның жал­пы құны 60 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Алматы вагон жөндеу зауытын техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру ісі де құрастырушы бұйымдардың 42 пайызын сырттан әкелуді қыс­қартты. Бұл бағдарлама сайып келгенде өндірістің технологиясын, өнімді пайдалану мен жөндеуді және жолаушылар вагондары паркіне қызмет көрсетуді бір технологиялық жүйеге бағындыруға мүмкіндік бермек. Тек 2009 жыл­дың өзінде ғана ел экономикасы үшін маңыз­ды екі инфрақұрылымдық серпінді жоба іске асы­рылды. Бұлар Түркіменстан шекарасы – “Жетіген” темір жол учаскесі. Жобаның жалпы құны 230 млрд. теңгені құрайды. Бұл елдің экспорттық әлеуеті мен экономикамыздың бәсекелестігін жаңа деңгейге шығаруға ықпалын тигізбек. 2009 жыл “Қазақстан темір жолы” компаниясы үшін тағы бір маңызды кезеңімен есте қалды. Астананың ажары мен базары – Есілдің сол жағалауынан саланың әкімшілік ғимараты ашылды. Осы игіліктің арқасында компанияның орталық аппаратының барша ұжымдары, сондай-ақ, астаналық филиалдар мен “Қазақстан темір жолы” акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорындары бір шаңырақтың астына жиналды. Көгілдір аспан­ның заңғар биігіне қол созған заманауи осынау алып ғимараттың Астананың көрікті орындарының бірі­не айналғаны талассыз. Құрылыстың жалпы көлемі 100 мың шаршы метрді, ал, биіктігі 150 метрді құрай­ды. Ал, тасымал істерін автоматты түрде басқару орталығы жаңа әкімшілік ғимараттың мақтанышы десек те болады. Ол жүк және жолау­шылар тасымал­дарының барлық кезеңдерін автоматты түрде диспечерлік басқаруды жүзеге асы-рады. Орталыққа сонымен бірге, Достастық елдері мен Балтық жағалауы мемлекеттері көлік жүйелері және темір жолдарымен арадағы өзара ықпалдастықтарды реттеп отыру, бұған қоса, жо­лау­шылар тасымалда­рын ұйымдастыру және темір жолдың инфра­құрылымдарын техникалық тұрғыдан жарамды деңгейлерде ұстап тұру міндеттері де жүктелген. 150 мыңға жуық адамнан тұратын теміржолшылар армиясы Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне күнделікті тер тамшылатқан еңбектері­мен сыбағалы үлестерін қосуда. Сондығынан, темір жолдың дамуындағы басым бағыттардың бірі – әлеуметтік саясат. Еңбеккерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, медициналық қызметтер көрсету, шипажайлық сауықтыру секілді ондаған әлеуметтік қамқорлықтар “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы дамуының басым бағыттары ретінде іске асырылуда. Әлбетте, темір жол бір ғана магистраль емес. Онымен жүздеген салалар мен бағыттар, елдің өңірлері мен аймақтары, өркендеу мен дамулар тамырласып жатыр. Былайша айтқанда, болат жолдар қоғамдық мүдделердің тоғысқан тұстарында тұр. Бүгінгі біздің темір жолымыз тек қана Қазақстанды ғана құшағына сыйғызып отырған жоқ. Болат жолдарымыз енді Кедендік одақтың да, Еуразия құрлығының да ажырамас бір бөлшегі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз