(Романнан үзінді)
Тобыл өзенінің өлкесіндегі жұрт аузына іліккен ауылдың бірі — Жалмамбет қажының ауылы. Бұл ауылдың ауызға ілігуіне бір жағынан Жалмамбет қажының жер жарған даңқы себеп болса, екінші жағынан — бұл ауыл өлке бойындағы елдің қайсысынан болса да сан жағынан көп, қомақты, кішігірім поселкадан кем емес.
Ауыл — Жалмамбет қажының ауылы атанады. Бірақ Жалмамбет қажының өз ұрпағы, я руласы тіпті аз; қалғандары қырық ру: керейің де бар, найманың да бар, башқұртың да бар, татарың да бар, қарақалпақ, түрікпен елінің адамынан да cay емес. Мұның бәрінің басының қосылуы, әрине, Жалмамбет қажының кеңпейілдігінен, кем-кетікке мейірімділігінен емес, әрқайсының өзінше тарихы бар; бірсыпырасы Жалмамбет тұқымының талай батырақтарынан өрбігендер, кейбіреулері — Жалмамбет қажының шешесінің шаңырағына мініп келген «құлдан» өрбігендер; біреулері — Жалмамбет қажының көлеңкесінде болуды арман қылып келіп отырғандар. Осының бәрін қосып санағанда — сонау өлке бойында қыбырлап жатқан ауылдың басы құралады.
Ауыл болған соң, әрине, әрқайсының әртүрлі кәсібі болады: біреулері күн-түні қажының отымен кіріп суымен шығады; біреулері қажының атарман-шабарманы болып ел аралайды, қажының аласысын жияды, аласыға жалғанған өсімді жияды; майын берген, сүтін берген малдарының дұрыс өсіп-өрбуін бақылайды; жазатайым боп бірер мал өле қалса, оны сол кедейдің мойнына мінгізеді; көнбеген кедей болса, әрине, ақсақал билігі тағы дайын: Ыдырыс, Ысқақ деген билер, қарындары жер тіреп шермиіп, әлгідей шатақ туып қалған елге қарап аттанады. Осының бәрін үлгіртуші — белгілі пысық, қажының қарғылы тазысы есебінде болып жүрген Берғали дейтін кісі. Тәңірберген, Жүсіп дейтіндер бар, олар — жалдаптықпен даңқы шыққан адамдар. Өлке бойындағы ел бұларға «қажының саудагерлері» деп ат таққан. Осы атақтың өзі бұларға жетеді: басқа саудагерлердің мыңдаған сомамен жүріп істей алмаған саудасын бұлар бірер жүз соммен-ақ бітіріп үлгіртіп кетеді; өйткені өлке бойындағы үш-төрт ауылнай ел бұларды алдына салмай ала арқанын сатып көрген емес. Сатса, шатақ шығады: бірер пәлені жауып жіберіп, ақсақалдың билігіне тартады. Елдің бұйымы, мал дегендерің арзанға алынып, қымбатқа сатылады; өнген пайданың тең жарымы қажының сыбағасы болады. Әрине, Жалмамбет қажы деген «шын әулие» кісі біреуден олжа дәме ету дегенді біле ме, мына қулар қажыға «сездірмей», Бәйкен бәйбішеге «жасырып» қана береді ғой.
Бұл ауылға қарағанның бірсыпырасының кәсібін айттым ғой. Ендігі қалғандарынан: Абдырахман хәлфені, Дүйсекей карташыны, Жұман бақсыны шығарып тастасақ, қалғандары біркелкі болып сараланып-ақ қалады, бұлар — бірден онға шейін қарасы барлар; қоңыр төбел, қырық шоқпыт жұлым үйлері барлар; екеу-үшеуі қосылып, бірігіп егін салып, шөп шауып, өздерінен артылса, кісіге жалданып еңбекпен тамақ асырап отырғандар.
Олардың өзі де түр-түрге бөлінеді. Бұлардың ішінде де пысықсымақтар, бірді-бірге ұрыстырып олжа түсірем дегіштер, көргеніне еліктегіштер бар.
Жоламан (шын аты — Абдырақым) деген кісінің аты қандай шатақ болса, түрі одан да шатақ: мұрны қолағаштай, иегі — кемиек, қасының арасы қосылып, түксиіп, көз жанарын басып кеткен; бет-аузы ұйысқан сақал. Сөзді дәбдірлеп сөйлейді, бірақ аз сөйлейді. Басқа жұрттай әңгімеге де араласпайды, я ғибадат істеп, діншілдікпен де атағын шығармайды. Ауыл-аймақ бұдан көптен түңіліп, «екі аяқты хайуан» деген қорытындыны әлдеқашан-ақ шығарып қойған болатын.
Бұл кісінің арғы түбі — түрікпен екен деседі. Жаңылмасам осы кісінің өз әкесі ме — әйтеуір біреуі Жалмамбет тұқымының ұзатылып келген бір келіншегінің шаңырақ түйесіне мініп келіпті ғой. Қазақша айтсақ, бұл — «құл» болады. Бірақ Жалмамбет қажының тұқымы «мейірімшілік» істеп, Жоламанның әкесіне бір жалшының қызын әперіп, сол «мейірімділіктің» арқасында Жоламанның дүниеге келуіне себеп болып еді деседі.
Бұл туралы шалдар айтқанда — аузының суын құртады, осындайдан қажы тұқымының кем-кетікке «мейірімдігі» көрініп-ақ қалады.
Бір жылы үлкен талас болып, Жалмамбеттің қолынан болыстық лауазым шығып кетеді. Сол себеп бола ма, әлде құдай жолына шын түскісі келе ме — Жалмамбет сол жылы қажыға бармақшы болады. Жүрерінде төрт ауылнай елді жиып құдайы беріп, осы Жоламанды құлдықтан азат қылған екен деседі жұрт.
Жалмамбет қажы тым әрідегі кісі ғой, біздің білетініміз ол кісінің балалары. Балалары туралы тағы бірде әңгіме құрармыз, алдымен мына Жоламанды түптеп алайықшы.
Жоламан1 — сол азаттан әлі азат.
Жоламанды үйінен шығарда қажы оған жауыр кершолақты, Ырысбек деген кедейден өлген тайдың төлеуіне алынатын сынық мүйіз қоңыр сиырды берген екен, оның үстіне —Жоламанның Гүлбарша деген әйелі, он ағаштың басын буып қалқитқан қара қосы бар екен.
Одан бері көп замандар өткен, бірақ Жоламан сол күйінен әлі өзгерген жоқ: аштан да өлген жоқ, көштен де қалған жоқ, көптің бірі боп жанын асырап келе жатыр. Зердесіне біткен өнер ме, әлде кедейшілік итерді ме — бірсыпыра жылдардан бері Жоламан ағаш шеберлігін кәсіп қыла бастады: жазғытұры ағаш соқа істейді; ел жайлауға көшерде жұрттың сынық арбасын бүтіндеп береді; кереге көктейді, уықтың жазылған қарын тезге иіп береді. Шаршау дегенің жоқ, қандай тамыз ыстықтарда жарғақ белдемшемен бөксесін қаптап алып, күнге күйген қара қайыс маңдайы жалтырап ағашпен алысады да жатады. Шөп шабу, егін салуға келгенде жұрттан озбаса, кейін қалған емес. Талай үмелерде сыналып та жүрді: қайратты деген жігіттермен орақты қатар салысқанда, Жоламан аттай желіп озып жүре береді.
Осы сияқты қайраты бар, осы сияқты өнері бар адамды азат қылып отырған, шыны «қажының мейірімділігі ғой» деп шалдар аңыз қылуын бір қойған емес.
Жоламанның заты түрікпен болғанға, келбеті адам көргісіз өрескел болғанға, күніне он ауыз сөзді зорға айтатын долаң болғанға — сіздер де оны малға теңеп жүрмеңіздер. Ол — адам. Адам болғанда — қажының тап өзіне салыстырсам, тым асыра сілтедің дерсің бірақ шын адам екеніне шек келтіруге болмайды: жұрттай тұлғасы бар, сөйлесе тілі де бар; жұрттан ойы да, ақылы да кем емес; қуаныш-реніш дегеніңді бұ да біледі; сүю-күю дегеніңнен де құр емес. Қысқасы — нағыз адам.
Жалмамбеттің бұл Жоламан қойын бағып жүрген кезде, Досан деген бір сиыршы бар еді. Сол кісі күзгі қара суық кезінде кенет бір ауруға ұшырап марқұм болды да, оның әйелі Гүлбарша жесір қала берді. Ыдырыс пен Ысқақ ақсақалдар бұ сықылды жесір әйелді бұлдап әдет алған болса да, нақ Гүлбаршаға дегенде ылаждары құрыды: бәйбіше қолынан шығарғысы келмеді. Сүйтіп жүргенде, «Гүлбарша жүкті екен» деген хабар бәйбішенің құлағына шалынып, «аруақты үйдің асын арамдағаны» үшін Гүлбарша бірсыпыра таяқ жеп алып, бірсыпыра шашы да жұлынып, ақырында, бәйбішенің тапсыруымен болса керек, баяғы Берғали пысық Абдрахман халфені алып отырып Гүлбаршаның некесін осы Жоламанға қиған болатын. Жоламан мен Гүлбарша содан былай ерлі-байлы болып қосылды да кетті. Басқа жұрттай қатындарымен күніне қырық ұрысып-татуласуынды бұлар білген емес, біріне-бірі қатты сөз де айтып көрген емес. Жаз болса, байдың қараша үйінің босағасында, қыс болса, төл қамайтын үйдің пешінің жанында, бірер құрым киізге оранып жатып түнді өткізеді. Сүйтіп жүргенде, Жоламанмен қосылғанына алты ай толғанда, Гүлбарша бір ұл тапты. «Бұны кімнен таптың?» деп Жоламан тексеруінді білген жоқ, қайта бәлкім, өмірінде бірінші рет болар, езу тартып күлді.
— Әй, жігіт, балаңның атын кім қоямыз? — деді Гүлбарша күлімсіреп.
— Мұның аты Жақсылық болсын, — деді Жоламан.
Сосын, басқа баладай «шілдехана» да болған жоқ.
Абдрахман халфе келіп азан да шақырған жоқ, әлгі бала өзінен-өзі «Жақсылық» аталып жүре берді.
Жоламан соңғы әзірде кәдімгідей қартая бастады. Қартая бастағандығы ғой, жұмысқа бұрынғыдан шабыты кеміді, істеген ісі өнбейтінге айналды. Жазғытұрым кездегі бұрын ағаш соқа істегенде күніне бір соқадан шығаратын болса, соңғы кезде екі күнде бір соқаны зорға шығаратынға айналды. Гүлбарша да бұрынғыдай «әй, жігіт» деуді тастап, «ой, шалым-ау» дейтін болды.
Бірақ, Жоламан әлсірегенмен қолғанаты жетіп қалып еді, Жақсылық бала жиырмаңа аяқ басып еді: шойын денелі, екі беті торсықтай, жүріс-тұрысы пысық, алпамсадай қара жігіт болып еді. Жоламан қуаныш көріп, кейде Гүлбаршаға:
— Сен жаманға тартпаған, балам өзіме тартып туған, — деп жымыңдайды.
— Мейлі, мен таласпай-ақ қояйын, тек тірі болсын,— дейді Гүлбарша ішінен елжіреп.
Жақсылық жасынан әкесін жағалады: ағашты бірге шабысты, соқаны бірге істесті. Әкесіне қолғабыс тигізем деп жүріп оның азғана өнерін бұлжытпай үйреніп алды. Жақсылықтың қолы ағашқа қаттырақ бататын болды. Жақсылықтың шапқан ағашы, Жоламандікіндей қиқа-жиқа болмай, мүсіндей болып шығатынға айналды. Жоламан мұны өзі сезіп, «олай істе, былай істе» деп жай ақыл айтып отыруға ғана тақалды.
Сөйтіп жүргенде 16-жыл келіп қалыпты ғой. Көппен бірге құрық Жақсылыққа да салынды. Жоламан өмірінде бірінші peт жаны күйзеліп ренжіп, жүз елу шақырым жердегі дуанға баласын жаяу шығарып салды. Баласынан айырылып қайтқан сапарында, қарға адым жер жүруге мұң болып, айлап жүріп ауылына зорға жетті.
Жоламан сияқтылардың көз жасы ұрды ма, әлде асып-тасқанның төгілетін кезі келді ме — әйтеуір ел ішін ұлы хабар шулатты:
«Патша тағынан түсіпті, балалар қайтатын болыпты!» деген хабарды естігенде, Жоламан өмірінде бірінші рет:
— Ә, тегіңді пәлен етейін, өзіңе де сол керек еді! — деп патшаңды боқтап жіберген болатын.
Содан былай солдаттық дегенде Жоламанның жүрегі зыр ете қалатын болды. 18-жылы алаш полкіне жігіт жинайтын болғанда, Берғали пысық Жоламанды қажының үйіне шақырып алып, қымызға тойғызып отырып айналдырған ғой:
— «Осылай да осылай...» Ақ түйенің қарны жарылды, алаштың ордасы құрылатын болды. Алаш азаматы тегісінен аттанатын болды... Бірсыпыра елдер ортасынан мал жиып беріп, тәуір деген балаларын шығаратын болыпты. Біз де жұртшылық қылатын болдық: ортамыздан сізге он тайынша жиып беріп, балаңызды аттандырмақшымыз...» — дегенде, Жоламан қанын ішіне тартып, кемиек иегі кемсеңдеп:
— Алашыңның да керегі жоқ, ордаңның да керегі жоқ: ата-бабам ордаға кіріп те көрген жоқ; бала — өзімдікі, менің баламда ешқайсыңның жұмысың болмасын! — деп келтесінен қайырған.
Қымыз сапырып отырған бәйбіше:
— Сорлы құл, шаңыраққа қара! — деп шаптыққан.
— Жаусыма, Жолеке, қолға тұратын қылармыз! — деп Берғали бел күшін соққан.
Уездік қаладан шыққан өкіл, тыртық бет қара жігіт, қажының төрінің алдында, әміркен етікті көсіліп жіберіп, шылымын бұрқырата түсіп:
— Мына кісі алашқа қарсылық қылып отыр, жұмысқа кедергі туғызып отыр; сондықтан бұл кісіге акты істеп, болысқа айдап жіберіңдер! — деп бұйрықты қысқа берген болатын.
Тастамбек ауылнай шолақ қол песіріне істің мәнісін түсіндіріп жіберіп, протоколды бұрқылдатып жатыр. Протоколдың аяғына алдымен өкіл қол қойды, оған жалғастыра Берғали қолын қойды, ақырында Тастамбек ирек таңбасын салып, ескі ауылнайдың жалпақ мөрін бір жалап алып, қағаздың құйрық жағына баттастыра басқан болатын.
Басқаларша жорысақ, бұл бір кісінің басын шірітуге жарайтын әурешілік. Мына жалпақ мөрдің басылғанын көргенде, бірсыпыра жұрт өзінің маңдайына басылғаннан жаман ышқынатын. Өйткені — бұл мөрмен шырмалғанның талайы ізсіз де кетіп барады. Оның үстіне, бұл мөр Тастамбектің қолымен басылған соң, не үміт, не қайыр...
— Байғұс-ау, қарысуды қайтесің? Сен ерегісіп кімнен бәйге алмақсың? Жасың алпысқа жақындағанда түрменің есігінде жан тапсыруың жақсы ма?.. Балаңның ешнәрсесі кетпес, тілін ал, жібер балаңды! — деп аяушылық қылған дос-жар ептеп ақылын айтқан болатын.
Бірақ Жоламанды көндіру деген қиын ғой, әсіресе Жақсылықты солдатқа жіберу дегенге ол өлмей көнер ме? Алашыңның не керегі бар, ордаңның не керегі бар, оған керегі —жалғыз баласы ғана!
Жоламаннан гөрі — Берғали, Тастамбектердің күші басымырақ келіп, қылмысты Жоламан болыстық управаға айдалатын болды.
Ауылнайдың жекіруімен Торсан дейтін бір кедей Жоламанды айдап бару үшін жалғыз атына желқом ерді жарбитып салып жатыр.
— Шалым-ау, бұл қалай болды? — деп Гүлбарша бебеу қағып жүр.
— Қой, апа сабыр қыл: біздің әкей ешқайда да бармайды! — деді Жақсылық салмақпен.
Гүлбарша жаутаңдап Жақсылыққа қарай береді.
Ауыл жанында алқа-қотан отырған: өкіл бар, ауылнайы бар, Берғали бар, тағы бірсыпыра ақсақалдар, пысықтары бар — бәрі ажырая қарасады.
— Апырым-ау, мына шіркіндер! — дейді біреулері кіжініп.
— Сор түртіп тұр ғой, — деп біреулері жымыңдасады.
— Көре қалдық күшін!.. — деп біреулердің зығыры қайнайды.
— Қойсайшы, бала, байланысып қайтесің, — деп біреулер күрсініп, сүйей салдылау қылып ақылын айтқан болады.
Ауылнай ақырған сайын Торсанның есі шығып дүрсілдеп тебіне түсіп, қоқаңдап Жоламан шалдың жанына келді.
— Кәне, қарт, болыңыз, қозғалайық...
Айтуын айтса да, жүзі шыдамай, өзі бір қырын қарайды.
Торсанның жыпылықтаған көз жанарын ашып қараса, кім болса да, тап сол минутта мөлдіреген жасты көрер еді-ау!..
— Олар боғын жеп отыр, мен ешқайда да бармаймын! — дейді Жоламан.
— Өй, сен өзің ит екенсің ғой, айда деген соң неге айдамайсың?.. Қалжақтайтын болса, қамшымен салып-салып жібер! — деп Тастамбек ауылнай барылдап, орнынан қозғалып қойды.
Торсан қысыла түсті. Көк атты тепкілеп Жоламанға қарап омыраулата түсіп еді, Жақсылық оның шаужайынан ұстады да, кейін қарай жетектеді.
— Өй, жібер деймін... Ұстама деймін шаужайдан!.. —деп Торсан құрғақ тызалаққа салды.
— Ұмтылыңдар, жігіттер, сыбап бір жіберіңдер, кейінгіге үлгі болсын! — деп Берғали мен Тастамбек күңк етіп еді, төрт-бес жігіт аңдай жүгіріп, Жақсылықты ортаға алып-ақ қалды.
— Ойбай, өлтірді, өлтірді!.. — деп Гүлбаршаның жан даусы шықты.
Жақсылық оңайлықпен төрт-бес жігітіңнен таяқ жейтін көрінбеді. Оның үстіне, «кәріліктің алды, жігіттіктің соңы» деп Жолекең айқасып, жылтыр шеке біреуін сіңір жұдырықпен сілтеп өткенде, әлгі шіркіннің шекесінің осалдығы ма, әлде, жұдырықтың шойындай болғаны ма — қызыл қаның көпірін атып бетін жуып кете бергені...
— Ойбай, мына алжыған күшік құн беруге айналды! —деп Тастамбек, Берғали, тағы басқалары ұмтылды.
Сүйектеген сары таяқ, темірлеген қара таяқ, тағы-тағы басқа таяқтар Жақсылық пен Жолекеңнің басын осты-кетті, осты... кетті. Зыңқ-зыңқ тиген дауысы бір ауылдан өтіп, екінші ауылға естілді.
— Ойбай, өлді, өлтірдіңдер, — деді Гүлбарша.
Тап сол кезде Жолекең құлады, оған жалғаса — Жақсылық құлады. Самайдан аққан қан топыраққа із салды. Естен айырылып, көзі қарауытып, тілі байланып, мелшиіп Гүлбарша отырып қалды...
— Жігіттер-ай, тым обал қылдыңдар-ау!.. — деп Жүбосын дейтін шал, кәрі кездің жанарына жасты мөлтілдетіп, қисық қайың таяғымен жерді шұқылай түсіп, олай бір, бұлай бір жүре берді.
Көпшілік, замандастық, мұңдастық деген осы!
Айтбай дейтін жас бала жігіт, жыртық етігімен жердің шаңын бұрқылдатып, жылдамдай басып құдықтан су әкеле жатыр. Бұл Жақсылықтың жандай досы, құрдасы ғой. Дос-жардың қолынан келетіні осы ғана. Әкелді де, суық суды құйып жіберді. Жақсылық түршігіп, ептеп көзін ашқандай болды.
Шаң-шұңға жиналған жұрттың бірсыпырасы төмен қарап тұнжырауды ғана біліп тұр, я дұрыс — я бұрыс деп тіс жарып сөз айтқан адам болсайшы!..
Күн көлбеп ұясына барды. Сонау белестің астынан жарқырап ай көтеріліп келе жатыр. Ай астында андағап быжырқай қараға көз тұнады: осы ауылдың, мына діндей-діндей ақ үйлердің өрістен келе жатқан малы ол.
Жылқышы қара байталға өңгеріп бір қызыл тоқтыны салақтатып әкелді де:
— Мұхамеджан, ал мына тоқтыны! — деп байталдан салбырата түсірді.
Байтал қымсынып, үріккен тәрізденіп, аяғы шалыстанып басты. Мұхамеджан, мойнақты қара пышақты қонышына тыға салып, тоқтыны қонақтардың алдына кесе көлденең тартты да: «иілә әмин» — деді.
Қонақ үшін Абдрахман халфе жұмулы көзін бір ашып, таспиқ ұстаған қолымен бетін сипады.
Айбарша ақ жапаны жер ошаққа алаулай жағып, үлкен қара қазанды әкеп жер ошақтың орта бетіне діңк еткізді.
— Құдай атсын, Айбарша, отты сөндірдің, — деп бас үйітіп отырған жігіт оған бұрқылдап, ұрысқан болады.
Ортадағы ақ үйдің оң жақ босағасына арқасын сүйей отырған жұрт, оның ішінде: өкіл, ауылнай, Берғали, Абдрахман халфе, тағы басқалары бар:
— Айт, шырағым, айт, мына шеттен келген қонақтың көңілін көтеріп жібер, — деп мойнына көк жібек орамал байлаған бір жігітті алқымдап, қысумен отыр.
Әлгі жігіт домбыраны еріне шертіп, бірер рет түкіріп алды да, баяулатып ән салған болды.
— Уаһой дегенің!.. — деп Берғалидың оны қостаған дауысы әннен гөрі ашығырақ шықты.
Ауыл өмірі осы. Ешнәрсені сезбеген, ешнәрсемен жұмыстары жоқ сияқтанып, малын иіріп, сиырын сауып, қазанын шақырлатып қырып, жер ошақ біткеннен көк түтінді көлбете ұшырып, сол өмірімен алданып отырған сияқты.
Тап осы кезде ауылдың сыртындағы белесте, жамандатып өлген малдай боп, аталы-балалы екеуі — Жоламан мен Жақсылық жатыр еді; өлімтікті күзеткен қара құс сықылданып екеуінің ортасында жарбиып Гүлбарша отыр еді.
О баста реальный ма, гимназия ма — әйтеуір сондай бір ірі мектепке арнап салынған ұзын, биік қызыл үй, қаланың орта шеніндегі шіркеудің қарсысындағы бір көшені жалпағынан алып жатыр. Сол үйдің алдына қарап тұрсаң, қылқандай қазақтың жас жігітін көресің. Бірақ киімдері өзгеше: біреулерінің үстінде жамаулы ескі шинель көресің, біреулерінің үстінде — қазақ қойының терісінен тіккен шолақ тон; бірен-сараң мылтық асынып, қылышын салақтатып жүргендер де жоқ емес. Топ-топ атты суға апара жатқан, суғарып келе жатқан адамдар қақпадан бірі кіріп, бірі шығып жатыр.
Үлкен үйдің орта шеніндегі баспалдақты есіктен үш-төрт жігіт шыға келді. Мына топқа қарағанда бұлардың киімі де, түрі де өзгеше: қынама шинель, белдерінде наган, былғары қолғап, жылтыр әміркен етік. Өзара орысша сөйлеп бірсыпыра даурықты да, семізше келген, салпы ұрт, түксиген қара жігіт, қырқылдаңқырап сөйлеп:
— Бері келіңдер, жігіттер, күрес бастаймыз, — деді. Қақпаның түбінде ұйлығып тұрған жігіттер аяқтарын еріне басып, бұлардың жанына таман жақындады.
— Әлгі тама жігіт қайда, шықсын ортаға!
Мұрты жаңа тап беріп келе жатқан, дембелше жігіт беліндегі қайыс белбеуін босата түсіп, жігіттерден оңашарақ шығып тұрды.
— Қане, мұнымен күресетін кім бар? Бұрын күреспегендерің күресіңдер, — деп әлгі қырылдақ жігіт бұйрық есебінде сөйледі. Жігіттер біріне-бірі жалтақтады. Бұл тұрған жігіттердің көбі-ақ бұрын күрескен болып шықты.
— Әй, қара жігіт, еңгезердей болып сен неге қашырыс саласың? Күрес мынаумен! — деп әлгі қырылдақ оған түйлікті.
Қара жігітіміз — Жақсылық еді. Мына күреске шығып тұрған Сейіт дейтін жігіт. Екеуі осында келген күннен бастап танысқан. Жататын орындары да бірге. Жүріс-тұрыстары да бірге. Мұңдары да бірге. Кейде екеуі — ертеңгі жұмысты ұмытып, ерте тұратындарын да ұмытып, түн бойы сөйлесумен болатын.
Бастық айтқан соң амал жоқ, екеуі селқостау түрде белдескен болды.
— Иә, Тама атам аруағы! — деді қырылдақ бастық.
— Ананың руы кім екен? — деп бастықтың бірі өжеленіп еді.
— Ол жігіт руын өзі де білмейді, — деп Жақсылықты танитын жігіттің біреуі жауап берді.
— Қаңғырған неме екен ғой, — деп біреуі езу тартты.
— Ал, қане, қозғал, қыздыр! —деп тұс-тұсынан кеу-кеулеушілер көбейді.
— Қайсымыз жығамыз? — деді Сейіт сыбырлап.
— Сен жық, — деді Жақсылық.
Сейіт мұны да жықты.
— Бәсе, Тама атам аруағына жан шақ келмес, — деп әлгі қырылдақ бастық қарқылдап мәз болып қалды.
Мейрамға қарсы түн — жігіттердің дем алатын күнінің бірі: бұл түні жігіттер екеу-үшеуден бас қосып, қаланың басынан кіріп, аяғынан шықты. Бүгін де сол әдеттерін істеп жұрт бет-бетіне ыдырады. Бірен-саран күзетшілерден басқа адам сирек қалды. Жалғыз-ақ Жақсылық пен Сейіт қақпаның түбінен кетпей, өзара күңкілдесумен отыр.
— Енді қайтеміз? — деді Жақсылық сабырсызданып.
— Менің тілімді ал: біз өз еркімізбен келген адам емеспіз, осылардың тепкісінде кім жүрсін, әйдә — қашайық! — деді Сейіт.
— Қашқанда — қайда барамыз? Елге барып сыя алмаймыз ғой.
— Ел деген не? Ел бар ма бізде? Кім паналатса, қай жерден кәсіп табылса, біздің еліміз сол. Ешбір тиянақсыз қаңғырмайық десек, осыдан екі жүз шақырым жерде менің нағашым бар, соған барайық. Өздері ағаш ішінде отырады, бір жерде үш-төрт қана үй, аман-есен барып жете алсақ, ол жерден бізді сайтан да тіміскіп таба алмайды...
Бұл екеуінің көптеп айтысып жүрген кеңесі. Неше рет сөз қылып талқыласа да, Сейіттің ойы осы соңғы айтылғанға келіп тіреле береді. Ойлана келе бұған Жақсылық та қол қойды.
— Қашамыз ба? — деді Сейіт.
— Қашайық!
Көптен айтылып жүрген кеңестің шын түйіні осы болды. Белді байлаулары-ақ мұң екен, екеуі асығыс жүру жабдығына кірісті. Тоңбастай болып киінді. Ептеп аттарын ерттеп мініп, қақпаның аузына келіп еді, күзетші жігіт кес-кестеді:
— Пропуска давай!
— Өй, сандалмашы, бізді танымайтын ба ең? Асығыс жұмыспен барамыз, — деп екеуі бірдей аттарымен омыраулата қақпадан кідіріссіз өтіп жүре берді.
Декабрь ішінің сұрғылт аязы салған жерден-ақ бетті дыз еткізіп, бір сүйіп өтті. Мұз боп қатқан шымыр жол ат тұяғымен шаңылдады. Аспанда самсаған жұлдыз сәулесі аз да болса жол жүлгесін бұлдыратып көрсеткендей жарық беріп еді.
Сұлыға қатып тұрған аттармен желе-шоқыртып белес басына шыға келгенде, арттарында самсаған электр жарығы көрінді. Жақсылық етек-жеңін жинаңқырап, қалаға қарап бірер күрсініп алды да:
— Шығармастай қылып іліктірген темір тор еді, бір құтылуға бұдан да құтылып шықтым-ау! — деді.
ІІ
Сығырайған пілте шамның түтіндеген жарығына төне түсіп, қоныштық былғарыны тізесіне салып, екі ұзын тарамысты ерсілі-қарсылы тартып, қою сақалды қожыр бет арық қара кісі тігін тігіп отыр. Бұл — Аманға қараған елдегі Жақия дейтін белгілі тігінші еді. Еттен арылған қара қайыс саусақ бізді тезінен шанышқанда адамның көзі ілеспейді. Арбиған дене иіліп, бүгіліп машинеше қозғалады.
Түннің біразы өтті. Дала түтеген боран. Ызылдаған, ысқырған қатты желдің екпіні үй ішіндегі адамды түршіктіріп жібергендей. Қиыршық па, қар ма — терезеге тырс-тырс тиеді. Астаудай қушиған аласа, тар үйдің жалғыз терезесін қар сірестіріп әлдеқашан көміп кеткен.
— Ес тандыратын болды ғой бұл боран, — деп шам жанында тарамыс есіп отырған қара торы әйел терезеге қарады.
Көйлекшең, төменгі жаулығын басына орай салып, бір тізелеп қана отыр. Екі көзі тарамыста. Быртықтау келген қара қошқыл кір саусағы тарамысты талдап жып-жып етеді. Оқта-санда басын көтеріп, аларған көзін Жақияға бір қадайды: бет-аузы қож-қож қорасанның дағы, қоюлана біткен сақал мұрт, шүңірейіп ішке батқан екі көз — осыдан басқа Жақияда түр де жоқ, сын да жоқ.
Бұл әйелдің аты Сақып еді. Жақиямен отасқанына биыл екі жыл шығар. Жақия өткен өмірін тігінмен өткізгенмен де, малдың басын құрай алмай, неше жылғы тапқаны бір қыздың қалыңмалына зорға жетіп, осы Сақыптың өзін жасы 40-қа келгенде зорға алып еді. Сақыпты алған соң, біреудің босағасында жатуды ар көріп, әрі бөтен үйдің әйелімен үйлесуге Сақыптың мінезі шаргез болғандықтан, осы кішкене жер үйдің өзін былтыр үмемен зорға қалқитып алып еді.
— Терезеңді қара, қалпынша көміп кетті, — деді Сақып әлденеге күрсініп.
— Көмсе, көбірек ұйықтауыңа жақсы болар, онсыз да түс болмай тұрмайсың.
— Ерте тұрып менің малым қаралмай жатыр ма, балам жылап жатыр ма? Қай малың қараусыз жатыр еді?
— Жұртпен қатар тұрып пешке от жақсаң да ешнәрсең кетпес еді. Жұрттың үйінен түтін шығып жатқанда, өлік шыққан үй құсап мелшиіп біздің үй тұрады...
— Ал, жарамазанын бастады. Серік болып жанына азырақ отырайын десең, жер-жебіріңе жетіп болады,— деп Сақып ернін бұртиып, есіп отырған тарамысын шашып жіберді.
Жақия тігінін тоқтатып, аларып қарады.
— Неге алартасың көзіңді, мен дегенде сайтаның бар ма?
— Мә, сайтан!.. — деп Жақия жанында жатқан қалыпты Сақыпқа жіберіп қалды.
Ағаш қалып Сақыптың жамбасына тиді. Сақып ыршып түсті. Жақиядан таяқ жемек түгіл, сөзінің өзін тікенектей көретін Сақып қой. Ызаланып, булығып, пеш жанындағы салулы төсегіне барып жатты да, ызалы жаспен жастықты сулауға кірісті.
Жақияның қолы былғарыны жастай ұстап үйренген қол. Көздің, ойдың көмегі көбірек керек болмай төселген қол өздігінен істей береді: біздің шаншылған орнын бірер сипаумен саусақтың өзі-ақ тауып ала береді. Бұл екі қол денеден бөлек біткен болса, тігінді осы қолға артып, Жақия төсекте тыныш жатқан болар еді-ау! Оны істесе, белі мұндай шойырылып ауыртпас еді, тұла бойы сынған сынықтай болып қозғалтпай қалмас еді.
Тігінді салынып тіккеніне жиырма жылдан асты. Содан бері дамыл жоқ: жаз да тігеді, қыс та тігеді, күндіз де, түнде де тігеді. Жұрт қыдырып жүргенде, Жақия арқандаулы аттай тігін соңында маталып отырады да қояды. «Бүйтіп тапқан ақшаң құрысын!» деп кейде өзіне кейитіні де бар. Табатыны да шамалы: бірен-саран шеттен келген тігін болмаса, ауыл-аймақ кесіп ақы бермейді: «Астық берерміз, азық берерміз» дей салады. Бұл маңайдағы байлардың, пысықтардың тігінін тігіп беру Жақияның мойнына жүктелген бір борыш-міндет есебінде. Бар тігіндерін тіккізіп алады да, үйіне әкеліп салатындарының өзі сирек. Тым болмаса, басқалардай «береміз» деген сөзді де көбі қимайды.
Әйткенмен пайдасыз деп тігінді тастағанда не істемекші? Басқа кәсіпке Жақия орашолақ. Малы да, жаны да осы жалғыз тігін. Мұны бір күн тоқтатса, тамақты немен асырамақшы? Ана, тұлданып жатқан Сақыпты немен киіндірмекші? Жұрттың әйеліндей жайға қарайтын, жоқты бардай ғып ұстайтын адам ба? «Тапшытап!» дейді. Айтқанын орындамаса, қабағын бір ашу жоқ, аяқ табағын салдыратып, «қараң қалғыр, жау алғыр!» деп жер жүзінің қарғысын жаудыртып, тұлданып жүргені. Кім екенін, кімнің қатыны екенін ескермейді. Байдың келіндерін көріп, солардың жүріс-тұрысын көріп, солардан қалыспаймын деп әуреленіп жүрген бір бейбақ...
Жақия ауыр күрсінді. Басын көтеріп, ұйып қалған белін жазды. Бүк түсіп, тұлданып жатқан Сақыпқа қарады. Былғарысын жиып жәшігіне салып, төсегіне қарай аяңдады.
— Жатпа төсекке! — деп Сақып шаңқ ете қалды.
Жақия оны елеген жоқ. Бұл сияқты ұрыс екі күннің бірінде болады. Бұл екеуінің ұрысының қайсы екенін, татуласқанының қайсы екенін адам білу қиын.
Шұланның есігі сықырлап ашылып еді, ала төбет арсылдап даланы басына көтерді.
— Бұл кім болды екен? — деп Жақия басын көтерді.
Сүрініп-қабынып, үйдің ішін суыққа толтырып біреулер кіріп жатыр.
— Уа, кімсің?
— Біз ғой.
— Бізің кім?
— Қонақпыз.
— Қонақ түгіл, құдай болсаң да аулақ, төсектен тұрып сендерге шай қойып берер жайым жоқ, — деп тұлданып жатқан Сақып баж ете түсті.
— Сөзді қой, шам жағайық, күн боран, тоңып келген кісілер шығар, — деп Жақия сипаланып жүріп шам жақты. Үсті-бастары қырау, мұз, қалшылдап үсініп тұрған біреулер.
Екі қонақтың алдыңғысы, қоржаңдап шешініп жатыр:
— Нағашы, мені таныдың ба? — деді.
— Ойбай-ау, Сейітпісің?.. Түу... апырым-ау, осы боранда жүргенің? — деп Жақия бара оның киіміне жабысты.
— Қатын-ау, тұрсайшы, жиенің келді ғой, — деп өзі апалақтап жүріп, Сақыптың да мазасын алып болды.
От жағылды. Шай қойылды. Қазанға екі-үш түйір ет салынды. Қонақ салтымен бұл екеуі төрге шалжимай, Сақыппен қатарласа отқа төнді.
— Ал, ел азаматы аман ба? Шыққан шығын жоқ па? Бала-шаға тегіс сау ма? Ауру-сырқау, өлген-жіткен жоқ па? Әбекеңнің үйі, Ерекеңнің үйі, Серекеңнің үйі — бәрі де тегіс аман ба?.. — деп Жақия үсті-үстіне баспалатып жатыр.
Сейіт бірсыпырасына жауап берді де, үлгіре алмайтын болған соң таза қойды. Жас, сүйкімді қонақтарды көрген соң Сақыптың да қабағы ашылып, күндегідей аяқ-табағын салдырлатпай, пысық, жатық, сыпа болып көрінейін дегендей, жұмысты еппен ғана істеп отыр.
— Апай қартайған көрінеді ғой, келіншек алып па едің? — дейді Сақып Сейітті әзілдеп.
Ағаш шүмекті ескі самауырын екі иінінен дем алған кезде, Жақия қалбаңдап, қоңыр саулықтың терісінен істелген жарғақ дастарқанды әкеп төрдің алдына жайды.
— Байғұс-ай, не болды: мен үлгіремін ғой, отырсайшы орныңда! — деп Сақып оған жекіп қойды.
Соғыстан шыққандай, кетік, сынық құрсау кеселер, пұшық құманша, кетік қасық, қара аяқ — дастарқан басынан орын алды. Дүмбілез піскен таба нанды Жақия бауырсақша кәстерлеп турап жатыр...
— Апырым-ай, «алашқа» қосылып едім десейші, «алаш» болып едім десейші деп Жақия сөзді оқта-санда бір қозғап қояды.
— Болдық та, құтылдық та, — дейді Сейіт күлімсіреп.
— Апырым-ау, құтылуға болады екен ғой өзінен? Біздің елден де бір-екі бала кетіп еді... Біреуі оқыған бала ғой, өзі тіленіп кетті; ал, енді бірі — мына көрші ауылымыздағы Тұрсын деген кедей шалдың баласы еді. Мал жиып береміз деп қулардың алдап жіберіп отырғаны... Құдайдың құдіреті, мен тап сол кезде сол ауылда жатыр едім... Малыңды қолыңа алмай балаңды жіберуші болма, — деп Тұрсынға мен талай айттым. Аңқау сорлы ғой, артынан жинап береміз дегенге нанған екен, керек десе бір лақ та алмапты... Құдайберген деген сол ауылда бір жігіт ағасы бар, соның қолына іліккен соң, не оңсын?!
— Аузыңа келгенді сөйлейсің, біреу есітсе ғой... — деп Сақып оған ала көзімен қарады.
— Е, есіте берсін... мен не деппін? — деп Жақия кәдімгідей қысылып қалды.
Бірсыпыра сөзден кейін Сейіт жай-күйді, нақа туралап айтпаса да, ұшынан-ұшынан сездірді; бұл туралы бұдан былай әңгімені доғару керектігін айтты:
— Басқа әңгімені қойып, бізді орналастырудың қамын ізде, екеумізге де орын тап, — деді.
— Ешкім де айтпайды, ешкім де сөз қылмайды. Екі-үш-ақ үйміз, кім сезер дейсің?..
Сен біреуге айтып қойып жүрме, — деп Жақия Сақыпты сақтандырған сияқты болып еді.
— Неше әңгімеңді айттым сыртқа?.. — деп ол тағы ала көзімен қарап шатынады.
— Орын неге табылмасын, орын әбден табылады: Әбділдаға тапсырсам, онсыз да өзі ауыл қыдырумен жүреді, бір жерге орналастырады да келеді ғой..
— Үйіңе келген кісіні қумақсың ба? Жатсын осында! — деп Сақып бұл қонақтарды үйінен шығарғысы келмейтін адам құсап, тағы бір іліп түсті...
ІІІ
Жақияның қыстауы — қалың шырпының қойнауында. Бір жерде үш қана үй. Үш үй үш жерде ғана шоқиып отыр. Мал жоққа тән. Аз ғана шөптері үйдің, қораның төбесінде жарбиып тұр. Үй төбесіндегі шөпті суырып жеп жүрген бірен-саран ешкілерді көресің; қораның шуағында, жаланда шөп-саламды тіміскіп жүрген бірен-саран сиыр, бұзау-торпақ көресің.
Жылқы малы сирек. Үш үйде үш қана ат болса, үш атты үй иелері мініп ауыл қыдырса, сондай кездерде бұл үш үйде тігерге тұяқ қалмайды. Ондай кездері жиі болады. Қайта, көбіне тігінге айналып Жақия үйінде отырады. Әбділда мен Жүсіп алты ай қыста үйлеріне екі күн дұрыс түнеген емес. Әбділданың аздап ән салып, өлең айтатын өнері бар, ол соны талшық қылып, өлке бойын аралап, қонып-түстенумен күнін өткізеді; Жүсіп те құр-алақан емес: ептеп құмалақ салатыны бар; әйгілі бақсы-балгерлердей кәсіп үшін істемесе де, басы ауырып, балтыры сыздағандардың тамырын ұстап, тоғыз аяқ сумен ұшықтайтын өнері де бар... Бұл өнерді жұмсамасқа екеуінің де амалы жоқ: бірер торпақ, өгізше-қараларын қыс түсісімен сойып алады; оны ет қылып жесе, жаз шыққанша салмалығы қалмайды; сойып ала қойғандай басқа ыңғайлы малдары да болмайды. Оның үстіне, құр үйлерінде отырғанмен тым болмаса Жақия құсап тігін де тікпеген соң мүлде үйлеріне сыймайды... Сосын, ел қыдырып ет жегендерін бір олжа көрсе, аттарын асырап шыққандарын екінші олжа көріп, жүреді де қояды.
Жақсылық пен Сейіт бұл ауылға келгенде, осы айтылған екі кісінің екеуі де үйлерінде жоқ еді.
Ертеңіне екеуі де ауылға келді. Келгенде алқынып, естері шыға келді. Бұлардың алып келген хабары бұл отырған үш үйдің астын үске шығарғандай болды:
— Бұлары жолсыздық! Бұл барып тұрған заңсыздық! — деп Әбділда күпілдеп, шатынап, жарылып кете жаздады.
Әбділда асығыс, ұшқалақтау кісі. Оған қарағанда Жүсіп оны-мұны ақылға салып, өзінше тәсіл ойлап қарайтындай түрі бар.
— Аптықпа, Әбділда, кейігенмен ешнәрсе де өнбейді, одан да бұдан құтылудың шарасын қарастырайық, — дейді Жүсіп.
Бұларды үрейлендіріп жүрген хабар мынау екен: Уездік «Алашорда» съезінде, алаш пайдасы үшін түндік басы 130 сомнан ақша жиналсын, — деп «бір дауыстан» қаулы шығарылады ғой. Әрине, ол жиылыста мына Әбділда мен Жүсіптер, осыған ұсаған адамдар болмайды, сосын баяғыдай кедейге де түндік басы 130 сомнан тең түседі ғой... Сол ақшаны жинауға «Алашорда» отряд шақырыпты. Ол отряд көрші ауылнайға келіп, жұртты иіріп қойып, «24 сағат ішінде жинап беріңдер» деп қысыпты. «Бермегендерің алашқа қарсы болып саналасыңдар, тұтқынға алынасыңдар» — депті... Әлділер, малдылар бере келгенде, тап осы Әбділда мен Жүсіп сияқтанғандардан бірсыдырғы адамдар бере алмай бөлініп қалыпты. Олар бірсыпыра таяқ жеп, суық қораға қамалып, мал есебі шұбыртылып, ақша қарда жаяу сонау болыстық управаға айдалыпты...
— Апырым-ай, енді қайтеміз? Мұны шығарып жүрген кім екен?.. Алаш болмай кеткір!.. «Ордасының» шаңырағы ортасына түскір!.. Неге күйремейді сол шаңырағы?! — деп Әбділда безек қағып орнында отыра алмайды.
— Мұны былай қылу керек: ысқотына2 жабыла бару керек, е, біздің елде бай бар емес пе? Кедей несін береді? Қай кедей ақша ұстап отыр дейсің? Көбі тамағын асырай алмай отыр... Салсын байға! Жалғыз қаралы кедей мен мың қарасы бар бай бірдей төледі деген не сұмдық? — деп Жақия омыраулап күш соғуға айналып еді.
— Сен де қателесесің, — деп Жүсіп оны мойырып тастады, — алым-салыққа кездесіп отырғанымыз жалғыз осы ма? Неше peт салып ең байға? Ысқотта сенің сөзіңді кім тыңдайды?.. Құр үйде отырып күш соғасың, ысқотта алдымен осы сөзіңді де айта алмайсың ғой.
— Ал, енді сонда не қылмақсың? Неңді бермексің?— деп Әбділда сұрланып, қалшия қарап тұрды.
Әбділданың кішкене баласы домбыраны сүйреп келіп әкесіне ұстатып еді, ашулы Әбділда домбыраны есікке қарай лақтырды.
— Құтыруын... сап-сау нәрсені қиратып, — деп пешке арқасын сүйеп тұрған салпы ауыз қара қатын бұрқылдап жатыр.
— Қайтсін, оңай ма, не тауып бергендейміз? — деп есік жақта бір тізерлей отырған сары кемпір Әбділданы жақтай сөйледі.
Үш үйдің адамдарының телміргені жалғыз Жүсіп болды. Бәрі Жүсіптің аузына қарады. Бір амалын тапса, сол табатын сияқты болды.
— Екі-ақ жол бар, — деді Жүсіп бір кезде күрсініп: Бір жол байларға жалынып-жалпайып қарыз сұраймыз; сүйтіп арылмас борышқа батып өтеп жібереміз... Бірақ мұндай кесек соманы бізге суырып бере қояды екен деп мен өзім сенбеймін... Екінші жол — атымызға мінеміз де, көз көрмес жерге сызамыз, бір-бірден сиырымыз бар. Бізді таза қырамыз десе, соны алар... Алаштың патшасы... әлгі аты кім еді... жалғыз қоңыр сиырыңды соған айдап апарып беріп, шандырын жегізер... Осыдан басқа жол жоқ! Мен өзім шаршайын дедім. Маған салсаңдар, бүгіннен қалмай, жүріп кетейік. Жазасы болса, артынан көре жатармыз. Үйде отырғанмен де сау қалуға көзіміз жетпейді ғой... Қамшысын білемдеп ауылнай бір келсе, қылышын салақтатып милициясы тағы жетер... Өлтіріп кетер...
Осыны айтты да, Жүсіп ауыр күрсініп, ақ жарғағының түбін тырнап насыбайын атты.
— «Алаш» дегені осы екен, мұнысын да көрдік. Аяғы немен тынар екен, онысын тағы көрерміз? — деп Жүсіп шынтақтай көлбеді.
Үй ішінде отырған адамдардың бәрі де ауыр күрсінді. Бірер әйел ауыздарын сылп еткізген болды.
— Қатын тұр, мына құда балалар келіп отыр ғой, қазан көтер, жүретін болсақ, ет жеп жүрелік, — деп қашуға бел буған адамның түрін көрсетіп Әбділда орнына жайғасыңқырап отырды.
— Әй, сен үйге барсайшы, менің көйлек-көншегімді жуып бермесең болмас, — деп Жақия Сақыпты үйіне жұмсады.
Жұрттың үрейленуі әлгіден көрі жадырайын деді. Не нәрсеге болса да бел буғандық бірден сезілді.
— Байлардай ит жоқ, осындай елге келген ауыртпалықты көтеріп жібере салса қайтеді екен? — деп Жақия кейістік сөз бастай беріп еді:
— Берер саған бай!.. Бай қолынан нәрсе беруші ме еді?.. Әй, әттеген-ай, кіжінтіп аласың-ау!.. — деп Әбділда тағы тыпыршып, сандық үстінде тұрған домбырасына жабысты. Ашумен лақтырамын деп түп жағының тақтайын сындырып алыпты. Ішегін бұрап тартып қарап еді, өзі сақау домбыра одан жаман сақауланып, тұмау тиген адамдай қарлықты. Домбыра даусы шыққан соң Жүсіп әлденеге қызынайын деді білем, бөркін жерге алып ұрып жалаңбастанып:
— Өне бойы кейи берген соң адамның мүлде берекесі кетеді екен, азырақ көңіл көтерілсін — ән салып жіберші! — деді.
Әбділда ән салды. Әні зарланып шықты. Өзі шығарған ба, әлде біреуден жаттап алған ба, әніне өлеңі сәйкес келді:
«Кедейлік, мені жастан тақымдадың,
Қызыл тіл, шер тарқатып тақылдадың.
«Жұдырық жығылғанға салынсын» деп
Ел басы — игі жақсы мақұлдадың...»
Ымырт жабыла ет желінді. Қас қарая бұлар атқа қонды. Кетерлерінде тапсырған аманаттары: «Бұларды көрдік — білдік» деп жан айтуға тиіс емес.
— Қатын, қонақтарыңды күт, ана сиырыңа шөп салып қой, — деп Жақия жүрерінде қайта-қайта айта берді.
— Немене, соншама пысықтап... Сен айтпасаң, білмес деп пе едің! — деп Сақып онысын тағы шам көріп, шатынап қалды.
Бұл үшеуі аттанып кеткенде, ағаш қолтығындағы үш үй аңырайып бос қалған сияқты болды. Үш әйел, екі қонақ, жұртта қалған ақсақ қойдай үрпиісіп, далада біраз тұрды да, жүргіншілердің қарасы көзден таса болған кезде, сары кемпірдің шақыруымен бәрі жиналып Жүсіптің үйіне кірді. Сары кемпір — Зылиха деген әйел екен.
— Келінім жоқ, шырақтарым, мына замандастарыңмен сөйлесіп отырыңдар, мен ас әзірлейін, — деп табағын қолтықтап ол тысқа кетті.
Әбділданың әйелі ағып тұрған бір су, аты Күріш екен, үйге кіргеннен ақтарылды. Сөйлеп-сөйлеп келіп:
— Қане, құдалар, көңіл көтерелік, өлең айтып жіберіңдер, — деп Сейіт пен Жақсылыққа да тиісіп қояды.
— Бай, бай... деп, байды құдай көретіндері бар. Не қайыр көрдік байдан?.. Биыл жаз Кәкім деген байына көрші болдық. Жаздай малын саудым. Бір тыным алған емеспін. Соншама еңбек сіңіргенде, тым болмаса бәйбішесі бір ескі көйлегін де бермеді, — деп бір сөздің ретінде байларға да қақтықты.
— Өзің ала білмейсің де, ала білсең, байлар бергенін білмей қалады, —деп Сақып жауап қайтарып еді, бұған Күріш қитықтанайын деді:
— Алсаң, сен алған шығарсың. Саған неге бермесін: Байың тігінші, өзің жас келіншексің, — деп Күріш бір нұқып өткендей болды.
Сейіт қу тілдеу ғой, әйелдерге әзіл, қалжың айтып, жоқ-бармен уақыт өткізуге кірісті.
Жақсылық мең-зең адам сықылды еді. Жалғыз бүгін емес, бұл көптенгі күй: «Алашқа» жігіт болып алынарда бастан өткен оқиға жоғарыдағы. Таяқтың зілді тигендігінен екі күндей табан серіппестен жатты. Одан әрі де жататын еді, бірақ ерік бермеді: тұтқын есебінде ұстап, арбаға кесе салып, болысқа жөнелтті. Одан үйездік қалаға келді... Ауылдан кетерінде әкесі Жоламан төсектен бас көтерместен қалды:
— Қарағым, қайтейін, алдыңнан жарылқасын! — деп кемсеңдеп жылауды ғана білді.
Күйі не болды екен: тірі ме екен? Әлде, таяқ ұшына тиіп Гүлбарша жалғыз қалып, күндіз-түні жылаумен отыр ма екен?..
Жақсылықтың ойын жегідей жейтін нәрсе — өзі ес білгелі біреуден көрген жәбір-жапасы, зары; соның ешқайсысына қарсы тұра алмайтындығы; тұруға құдіретінің жоқтығы, тым болмаса өзінің жеке басына ғана қожа болып: «Бұл — менмін! Менде не жұмыстарың бар?» — деп айтуға қақының жоқтығы. Мұны айта алмаған соң адам болып жүруде не мағына бар?..
Кейде ойлана келіп: «Әлде, басқалар мен сияқты емес шығар; мені «құлдың тұқымы» деп басынатын шығар» деп те ойлады. Бірақ өзі сияқты басқа жолдастарымен сырласқанда, бұл ойының қате екендігін анықтайды. Бәрінің де көретіні осы... Басқаны қойып, осы отырған үш үйді алшы: не болып отыр? Дағдарысқа ұшыраған сорлылар, кісі өлтіріп қылмысты болғаннан жаман, өздерін-өздері ұрлап, «қашақ» деген ат алып отырғандары мынау!.. Бұл не деген зорлық? Бұлардың жазығы не? «Алашорда» құрылатын болса, осылардың міндетіне құрылмақ па?.. Ал, құрыла қойсын, сонда салықты баймен бірдей салғаны не? Тамағын асырай алмай отырған кедей 130 сомды қайдан тауып бермекші? Жерден қаза ма? Баласын сата ма?..
Жақсылық ауыр күрсінді. «Жоқ, бұлай болмасқа тиіс, мұның бір тыйылуы болар, болмай кетпес!» деді ішінен.
Түн. Сейіт пен Жақсылық Жақияның үйінің төрінде қатарласып жатыр. Аяқ жақта—пештің қатарында Сақыптың төсегі. Сақып шамды сөндіргелі тұрып:
— Аяғыңыз қандай ұзын еді, түнде мені теуіп жүрмеңіз, — деп Жақсылыққа қарап күлімсірейді.
Түннің біразы өтті. Сейіт жатысымен ұйқыға кірді. Жақсылықтың көзі ілінер емес. Жақсылықтың ойын жегі боп жеп үйренген ауыр ой, қайғы-қасірет оңайлықпен ұйқы бермейді, әбден шаршағанда барып кірпігі ілінеді. Ол — қашанғы әдеті...
Далада дүрсіл. Абалаған ит. Салдыр-гүлдір келіп біреулер кіріп жатыр. Босағаға, табалдырыққа сарт етіп бірдемелер тиіп жатыр.
— Жақия бармысың? Шамыңды жақ! — деп біреу кірмей жатып үйді басына көтерді.
— Ойбай, үйде жоқ, — деп ояу жатқан Сақып жауапты іле қайтарды.
— Жоқ болса да жақ!.. Немене, керіліп жатқаның?.. Жаныңа бозбала жатудан саумысың өзің? — деп әлгі дауыс әкіреңдеп барады.
Сақып шамын жақты. Түлкі тымақты, қима ішікті, мұртты келген біреу. Оң қолын бүйірге таянып, шалқая қарап тұр. Екі жағында екі милиция — қазақ жігіттері, сұр шинелден суық өтіп, ауыздары сөйлеуге жуыспай, жылы төсекте жатқан адамдарға қарап сұқтанып өліп барады.
Сұлу мұрт осы елдің ауылнайы — Бәкір деген жігіт екен, Сақыптан жауапты мүңкір-нәңкірше алды:
— Жақия қайда?
— Үйде жоқ.
— Қайда кетті?
— Білмеймін.
— Неге білмейсің?
— Мына жатқандарың кім?
— Қонақ.
— Ақшаны тапты ма?
— Ақшасы несі! — деп білмеген адамсып Сақып ауылнайдың бетіне қарады.
— Ақшаны білмей қайда жүрсің? Кәдімгі ақша, «Алашқа» беретін ақшаларың, жүз отыз сом ақша... Байыңды қашырғанмен құтылмайсың, мен тапқызам, — Ауылнай басын шалқайта түсіп Сақыпты мүлде бүріп кетті.
— Мына бір жатқандар құда түсе келгеннен сау ма, шіренулері жаман екен? — деп милицияның бірі жатқандарға төне түсіп, қолындағы винтовкасының дүмімен Жақсылықты аяққа түрткіледі. Жақсылық та, Сейіт те басын көтерді.
— Бұларың кім?
— Мен осы үйдің жиенімін. Мына жігіт жолдасым, — деп жауапты Сейіт берді.
— Мұнда неге келдіңдер?
— Е, жүргізбейін деп пе едің?
Бәкір ауылнай қайтадан Сақыпқа төнді:
— Ау, сұлу келіншек, бізді тоқтатпа. Біз осы түн ішінде ауылнай қол астын түгел аралап шығуға тиіспіз. Ақшаны бер де бізді жөнелт!
— Сізге не болған?.. Айтып отырмын ғой, байым үйде жоқ деп.
— Маған байың керек емес, ақша керек! Бересің бе, жоқ па?
Күріш пен Зылиханы алдына салып желкілдетіп бір милиция даладан тағы кірді.
— Мына қатындарды айдап келдім. Байларын қашырып жіберіпті, өздері ақша беретін емес, «Алаш дегенді білмейміз, Алашқа беретін борышымыз жоқ» деп өзімді тәлкек қылды, — деп милиция ентіге сөйледі. Тап сол жерде біреу «протокол жасап, арыставайт қыл» десе, мына жел бас милиция оны істеуден беті шылп етпейтіндігі қалпынан көрініп тұрды.
— Ауылнай қайным-ау, өзің де білесің ғой... — деп Күріш сөз бастай беріп еді.
— Сөзіңнің керегі жоқ, ақшаң бар ма, соны айт! — деп Бәкір оған түйлікті.
Әйелдер сасып, үрпиісіп, біріне-бірі қарады.
— Бұларды қайтеміз?
— Аристовайт қылу керек! Жаны қысылса, табады!.. — деп әлгі жел бас милиция мылтығын көтеріп-ақ алды.
Әйелдер сұп-сұр болып, көздері жыпылық атты. «Сендер арашалап бақсаңдаршы!» дегендей боп Сақып жалтаңдап Жақсылық пен Сейітке қарай берді.
— Иттер! Үрім-бұтағы құрғыр иттер! Осындай иттерді құдай тағала неге жаратады екен?.. Осы елге ауылнай болғалы он бес жыл болды, содан бері осы иттердің алым-салығын бір дұрыс төлегенін көрсем, көзім шықсын... Төлей алмастары бар, бөлек түтін болып не аталарының құны бар екен?.. «Бөлек шаңырақпыз» деп шөп кезінде бәйек сұрайтындары бар. Бәйектен садаға кеткірлер!.. Шаңырағы ортасына түскірлер!.. Менің арқам шығар, ағайын деп аяйсың. Басқа біреу ауылнай болса, бұларды әлдеқашан шұбыртып жіберетін еді! — деп Бәкір ауылнай, зіркілдеп ісініп, қима ішігі ырсылдап жарылып кететіндей болды.
— Әңгіме мынау: Сен қатындар мені жылап қорқыта алмайсыңдар. Таң атқанша мұрсат беремін. Соған дейін ақшаны жерден қазсаңдар да табасыңдар, білдіңдер ме, табасыңдар! Тапқызамын!.. Үкіметпен ойнауға болмайды. Үкімет салығын төлемейтін кім едіңдер?.. Біз түн қатып ойынға жүргеніміз жоқ. Ойнамаймыз! Таң атқанша ақша таппасаңдар, менен жақсылық күтпеңдер, сендер үшін басымды Сібірге жібере алмаймын! Шаңырақтарыңа қобыз тартамын! Есіктеріңді түріп қойып шауып аламын!.. Сөз жоқ. Ал, біз кеттік, — деп Бәкір үйден шыға жөнелді.
— Жұмыстың тығыздығы-ау, болмаса, мынадай келіншекті жалғыз жатқызбаса да болар еді-ау, — деді милицияның біреуі шығып бара жатып.
Үш әйел сұп-сұр болып, естерінен айырылып, аңырайысып бірсыпыра отырды.
— Шырақтарым-ау, мұны енді қайтеміз? — деп Зылиха кемпір жылап жіберді.
— Бұл ауылнайдың әдеті емес пе, бізге келгенде әкіреңдеп келетін... Құдай қорлағырлар, қорлауын қоймайды, басынуын қоймайды: «кедей аз атаның баласы, бұлардың қолынан не келеді» ден басынады, — деп Күріш бірсыпыра шаптықты...
Сүйткенше болмай, сүріне-қабына милицияның бірі үйге кіріп:
— Жақияның қатыны, далаға шық, ауылнай шақырады, — деді.
Сақыптың өңі сұп-сұр болып, көзі жаутаңдап әрқайсысына бір қарады.
— Бар, келін бар, мен де ере барайын,— деп Зылиха кемпір сүйретіліп орнынан тұрып еді, милиция оның жолын бөгеп жібермеді.
Жақсылық қалтыранып, тістеніп:
— Әй, әттеген-ай! — деп басын шайқай берді.
Ертеңіне күн көтеріле, ауылнайдың жұмсауымен Рақым дейтін бір өркөкірек жігіт милиция ертіп келіп, ешкіммен сөйлеспестен, қорада тұрған жалғыз сиырларды қамшылап далаға шығарды. Зылиха кемпір ойбайын салып ала сиырдың мойнынан құшақтап еді, Рақым оны өңменінен түйіп жіберді. Зылиха кемпір қаңғалақ атып күртік қарға кіріп кетті...
Ала сиыр, қоңыр сиыр, тарғыл сиыр — қыстауларын қимай айналсоқтаса да, қуғыншылардың қамшысы бата бастаған соң, «Алаш» құрбандығына мойындарын ұсынып, өңкілдеп, жолға қарай беттеді.
— Сейіт, ә, Сейіт!.. Бұл не? — деді Жақсылық қалтыранып.
— Бұл — қанталау!.. Бұл — сорлыға тиген шоқпар! Алаштың кім үшін құрылғанын енді осыдан біле бер! — деп Сейіт үйге кетті...
Бірер жеті өткен соң қашқындар біртіндеп үйлеріне келіп еді, ауылнай оларды шақыртып алып, — ата-бабасынан сыбай бір боқтап қолдарынан подписка алыпты: Үш сиыр тоқсан сомға кесіліп берілген екен, қалған үйі жүз сомды өсімімен екі айдың ішінде, төлеп бітіруге міндеттепті...
IV
Сейіт пен Жақсылық бұл ауылда екі айдай жатып өмір өткізген шамада Әбділда бұларға орын тауып келді.
— Туған құдам еді, жақыным еді, өзі іске құнтақты, күшті жігіт, жұмысқа жалығуынды білмейді, — деп Әбділда Жақсылықты Кәкімнің тоқалы Ырымгүлге мақтап, ол барып Кәкімнің құлағына салған екен:
— Жүре берсін, ақысын кейін сөйлесе жатармыз, — депті Кәкім.
«Жүре беру» үшін Жақсылық Кәкімнің үйіне келді. Кәрібоз, Кетік дейтін малайлары бар екен. Жақсылықпен алдымен танысқан солар болды. Кәрібоз дейтін — күлімсіреп тұрған алып денелі еңгезердей қара жігіт; Кетік дейтін — мұрнының түп жағы батыңқы, арық сары жігіт.
Бір шелек кірдің суын шайқалдырып ас үйден шыға келіп:
— Е, Жақсылық дегені сен бе едің? — деді Кәрібоз арсалаңдай.
— Өй, Кәрібоз, аузыңды... Ана су... Е... Етігіңе төгілді,— деді Кетік кекештеніп.
— Ә, тіліңді!.. — деп сыбай бір боқтап Кәрібоз арсалаңдаған күйі суды төгуге алып кетті.
Ырқ-ырқ етіп, майдан аяғын баса алмай, аударылып, төңкеріліп, жасы 30-дар шамасындағы бір аққұба әйел ас үйден шықты.
Бұл — Кәкімнің тоқалы Ырымгүл дейтін кісі еді. Ерке тоқал, шайпы. «Ырымгүлдің кәрінен сақта!» деп ауыл-аймақтың аңыз қылатыны осы кісі. Ac үйден шыққанда жекіріне, шаптыға, дүниесі бүлініп қалғандай көпіріне шықты. Шыққан ыңғайында Жақсылықты көрген соң азырақ бөгеліп, басынан аяғына шейін тесіле бір қарап шықты.
— Сен бе еді айтқан жігіті? — деді.
— Ие, — деп Жақсылық қорынып, қымсына түсті.
— Енді неге селтиіп тұрсың? Маған құда түсе келіп пе ең?.. деп улы тілімен бір шаншып тоқал жүріп кетті.
Ac үйдің іші көз аштырғысыз түтін. Жалба-жұлба киімді екі әйел қатарласа отырып, білекті сыбанып алып, үйілген кірді бұрқылдатып жуып жатыр.
— Құдай атсын, Кәрібоз, жап есікті! - деп біреуі шаңқ етіп еді.
— Тек, бөтен жігіт қой, — деп екінші әйел оны шынтағымен түртіп қалды.
Үйдің ортасы пеш. Пештің маңы бұрқыраған тезек, ағаш, шөп-шалам. Босаға жақ қуыс сығыса толған: қозы-лақ, арық бұзаулар. Үй іші малдың қиы сасиды.
— Бұл біздің күркеміз болады, — деді Кәрібоз арсалаңдап келіп: — Кетік екеуміздің жататын жеріміз мына, — деп үйдің бір жақ бұрышындағы көңмен араласып жатқан бір жапырақ құрым киізді көрсетті. Құрым киіздің үстінде бірер майлы көрпе, кірмен салтақтанған бір-екі жастық та көрінеді.
Кәрібоз ашық, жайдары, сөзшең екенін бір-екі ауыз сөзбен-ақ сездіріп өтті. Одан әрі сөйлеуге уақыт болмады.
— Құдай атқан Кәрібоз, сөзді қой, ана пештің оты құлап кетті, кейін тыға сал, онсыз да түтінге булығып отырмыз, — деді екі әйелдің бірі.
— Әй, антұрып кеткен Мәлике-ай, маған өшігіп-ақ болдың-ау, осы сенің көңіліңді қашан табар екем? — деп Кәрібоз бірсыпыра әзіл айтып, құлаған төсекті ығыстырып, қайта қалауға кірісті.
— Әдіра қал, саған ынтық болып жүр едім, — деп Мәлике күлімсіреді.
— Енді кімге ынтық болып жүр едің?.. Ай, Толқын, билігін сен айтшы, —деп Кәрібоз Мәликенің төмен жағындағы ашаң жүзді, арғымақ пішінді, орта жасты әйелге қарады.
Мәлике — екі беті томпайып тұрған, тығыршықтай ғана қара торы әйел. Сөйлегенде аузы жып-жып етеді. Екі сөзінің бірі: «құдай атқан Кәрібоз», «антұрған Кәрібозбен» келеді. Қарғадың деп кек алып отырған Кәрібоз жоқ, «қарағым» деген сөзден бетер жылы көріп жайраңдай түседі.
— Сенің отырып алғаның не, малды суғармадыңдар деп бай зығыр егіп жатыр, — деп кекештеніп, аптығып, асығып-үсігіп Кетік киінуге айналды.
Maл жайласуға Жақсылық та шықты. Байдың албарының кеңдігі бүкіл бір ауылдың қотанындай бар. Іскірттеп жиып тастаған мая-мая шөп. Құрттай қайнап қыбырлап жүрген мал. Албар іші жылан жалағандай тап-таза, әлсін-әлі сыпыртып, құнттап тұратындығы көрініп тұр.
Түлкі тымақты, пұшпақ ішікті, сақал-мұртын сұлулап қырыққан, бөтегелі келген қызыл шырайлы кісі албар ішінде теңселіп жүр екен, қақпа түбінде Жақсылық кез бола кетті. Жақсылықты көрген соң, таяғын төсіне тіреп, шалжия тұрды. Бұл — осы үйдің иесі Кәкім екенін Жақсылық айтпай-ақ білді.
Кәкім Жақсылыққа бірсыпыра көз қадап тұрды да:
— Амансыз ба, жігіт, қай жақ боласыз? — деді.
Жақсылық жөнін айтты.
— Ендеше ана күректі ал да, менің соңыма ер, — деді Кәкім.
Жақсылықты ертіп үйінің сырт жағындағы бір күртік қарға алып келді.
— Мына қарды жарға қарай лақтырып, осы сырттың бәрін тазартып шық, — деді.
Қатқан қарды күрекпен омырып Жақсылық ырғытуға кірісті. Кәкім кетпеді, таяғын төсіне тіреп, екі көзін Жақсылыққа қадады да тұрды. Тоқтап дем алуға Жақсылық именді, буы бұрқырап аспанға шығып, қас қарайып, көз байланғанша қармен алысты.
— Әй, көрінде өкірерсің-ау, бай, жұмыс еместі жұмыс қылуын қарашы, — деп Кәрібоз сөйлей келіп, Жақсылықтың иығына қолын салды: — таста, менің күркеме барайық, тамақ ішейік.
Есік алдындағы алаңда ылғи пар-пар ат, күміс ызбыройлар жарқырап, семізден жараған аттардың ақ көбіктері ағып, екі танаудан дем алып тұр. Жақсылық мұны құда-күйеулер бола ма деп ойлап еді, Кәрібоз түсіндіріп өтті:
— Күндегісі осы, мұның қонағы үзілмейді: байың да, мырзаң да, төрең де — ағылып келеді де жатады, — деді: Бәрін айтқанда баяғы біздің сорымыз ғой, — қонақтың атын тәрбиелейміз деп түн бойына тағы дамыл көрмейміз, — деді.
Кәкімнің үйіне келген қонақтың көлікпен жұмысы болмайды екен: қонақтың атын суғарып, жемдетіп күттіруді Кәкім өз үстіне алады екен. Бұл Кәкімнің басқа байлардан өзгеше бір жомарттығы екен.
Ac үй манағыдан көрі түзеліп, үй түріне кіріп қалыпты: шашылған көң, тезек пештің аузына таман ысырылып, жиналыпты; бір қазан ет бұрқылдап қайнап жатыр. Үйдің жоғарғы жағы буланып дымқыл, жылы ауа бетке соғып тұр.
— Ант ұрған Мәлике, аштан өлтірейін демесең әкел шайыңды, — деп үйдің бұрышында жатқан құрым киіздің үстіне Кәрібоз шалжиып отырды.
— Сен бүгін қонақсың ғой, бері — мына жерге отыр, — деп Жақсылыққа төр жағынан орын берді.
Оттың қызуымен мұрнының ұшы тершіп, күлді бұрқырата түсіп Мәлике жүр. Сақылдап қайнаған қара құманды оттан суырып Мәлике алып та келді. Ескі дастарқанның жыртығын ортаға жайып Кәрібоз кесе дайындап жатыр.
— Мәлике қарағым, бүгін мына қонақ бар ғой, шынтағыңды шошайтып, шайыңды дәмдеп бір құйшы... Көптен бері әйелдің қолынан шай ішкен жоқпын, — деп Кәрібоз наздана сөйлеп, қиылды.
— Келмей-ақ қой, әйелдің керегі жоқ, өзім құямын, — деп Кетік құманға жабысып еді, Кәрібоз оның қолынан құманды жұлып тартып алды. Құман шайқалып, бірсыпыра суы жерге төгілді.
— Осы антұрған еркек емес шығар деймін, әйелмен мүлде жаны қас... Кел, қалқам, мына жерге отыр, — деп Кәрібоз Мәликенің қолынан тартты.
Мәлике шай құйды. Шаршаған жігіттер терлеп-тепшіп отырып шайға бас қойды. Кәрібоздың аузы дамыл табу жоқ, шай үстінде де сөйлеумен болды. Сөзінің көбі түйеден түскендей:
— Мәлике, сен білесің бе: осы құдай дегені бар ма екен, сірә? — деді Кәрібоз.
— Қойшы, мен қайдан білейін, — деп Мәлике күлді.
— Сенде иман болса, құлағымды кесіп берейін, — деді Кетік шайын ұрттап отырып.
— Құлағыңды емес, мұрныңды кесіп бер, ана кертігіңнен кессең, дәл келеді, — деп Кәрібоз Кетікті тағы бірсыпыра тәлкек қылды.
— Әзіл өзіне басқа, мен шын сұрап отырмын, — деді Кәрібоз: — «Құдай бар, құдайдың рақматы кең, құдай әділ...» деп молдалар қақсағанда имандай үйимыз. Сол құдайы бар болса, әділдігі қайда? Кәкімді бай қылып, бізді оның құлдығына неге жүргізеді? Біз құдайдың әкесін өлтіріппіз бе? Құдайдың төбесіне құй қазыппыз ба?.. Кәкім кәзір жұмақтай ағаш үйдің ішінде, үлде мен бүлдеге оранып, қонағын күтіп маңызданып отыр; күн ұзаққа еңбек сіңірген біз түтінге шашалып, сасық үйде қатқан нанның күйігін жеп отырмыз. Осы да әділдік болды ма?..
— Кәкімдей болғың келсе, бақытты бол, — деді Кетік.
— Бақытты кім беріпті Кәкімге?
— Құдай береді де.
— Бізге неге бермейді ол бақытын?
— Құлшылық қыл, саған да береді бақытын.
— Кәкім құлшылық қылып отыр ма? Оразаны ұстап көрген емес. Өмірінде басы сәждеге тиген емес. Ойнағаны карта, ішкені арақ. Құлшылық осы боп па?.. Айдабол сопы намаз оқимын деп маңдайын жара қылды, оған неге бермейді бақытын?.. Айдабол осы күні аштан өлейін деп отыр, осы ма жарылқағаны?..
— Уай, құрысын, білмеймін, — деп Кетік сұлап жата кетті.
— Сен білемісің, Жақсылық? Сенің өзің оқығаннан қалайсың?— деді Кәрібоз Жақсылыққа бұрылып, күлімсіреп.
— Оқығаным жоқ, бірақ құдай бар дегенге нанбаймын, мен құдайыңнан түңіліп болған адаммын?!
— Астапыралда! — деп Мәлике бетін шымшыды.
— Қой, әй. Жақсылық мынаған ерме, мынаған ерсең, діннен шығасың, — деп Кетік ақыл айтқан болды.
— Әй, аузыңды... Есалаң ит... Сен діннен шықпағанда. Әбдеп, жұмаққа апарып кіргізе қояр... Кірерсің жұмаққа. Кәкіммен бірге сені жұмаққа отырғызғаны қандай... Сол жұмағы бар болғанда да кедейге дым жоқ қой. Бай мен малайды бір жерге жинаушы ма еді. Жыландай ысқырынып жүрген Ырымгүл тоқал сенімен бір жерде сыйысып отырғаны қандай?!. Осы ас үйге бірер кіріп шыққанда мұрнын тыржитып бүлініп болады... Одан да, қолдан келетін болса, сол құдайдың өзін қылғындырып өлтіріп, жұмағының тас-талқанын шығару керек. Жұмақ керек болса, өзіміз қолдан да салып аламыз: осы үйден үлкенірек қылып салып, Абдырақманның үйі құсатып ортасынан тақтаймен бөлдірсек, әп-әдемі жұмақ болады: төр жағына Жақсылық бар, Кетік бар, өзім орналасам, ауыз үй жағын мына Мәликелерге берем...
— Бізді ауыз үйден шығарғың келмейді-ау, — деді Мәлике күлімсіреп.
— Өй, солай ма, онда саған төрден орын беремін...
Бірсыпыра күлкі болып өздері едәуір көтеріліп қалды.
— Сен өзің жассың ғой, нешеге келдің? — деді Кәрібоз Жақсылыққа.
— 23-темін.
— Түу... Мүлде жас екенсің ғой. Біз — мына Кетік, мына Мәликенің байы — үшеуіміз құрдаспыз, отыздың біріне қарап барамыз. Әлі қатын жоқ, тізені құшақтап жатқанымыз. Ортамызда жалғыз Мәлике, бұл сорлының да мазасын алып боламыз, — деді Кәрібоз күрсініп.
— Қатарласып отырып алғаның нең, қазан пешке от жақпай! — деп шикіл сары жас әйел ас үйге тепсіне кірді.
Мәлике апалақтап қазанның астындағы отқа жабысты.
— Мынасы несі обадай қылып үйіп қойғаны? — деп пештің жаныңда ысырулы тұрған қиқымды әлгі әйел аяғымен төрге қарай шашып жіберді. Шашылған көң бұрқырап Кәрібоздардың үстіне қарай көлбеді.
— Ақырын, келін, қайнағаларыңнан именбейтінің нең, — деп Кәрібоз оған да қалжыңдады.
Жас әйел пешке сүйеніп аз-кем тұрып, үй ішінің исін, буын ұнатпай қабағын тыржитып, ала көзімен Кәрібозға бірер қарады да, тысқа шығып кетті.
— Құдайдың құдіреті, ана бір жаман күйеуі осы келіннің ынтығын баса алмайды-ау деймін, тұлданып бұрқырайды да жүреді. Мына Кетік оңбағанға неше рет айттым: «осы келіннің қойнына бар» деп. Өзім алып барайын деп те айттым... Кетік жақын болса, бұл келін бізге жорғалап тұрған болар еді, — деп Кәрібоз Кетікті қажап еді.
— Қолыңнан келсе, өзің аянып жүрген шығарсың, — деп Кетік одан бір рет өшін алып қалғандай болды.
Қазан толы ет пісіп түсірілгенде, баяғы қызыл келіншек келіп ет жасап, еттің барлық жылтырағын екі-үш табаққа сыйғанша толтырып жасады да, жауырынның басын, бір-екі жіліктің сіңірін, сиырдың қарнын кетік астауға салып, Кәрібоздарға қалдырып кетті.
— Әне, көрдің бе, Кетік: әлгі сары қазыдан саған бір жапырақ та тимеді, құдайдың әділдігі, міне, осы! — деді Кәрібоз.
— Енді маза бер, осы жілікпен қоярмын келіп, —деп Кетік қолындағы жілігін білемдеп-ақ алды.
Тамақ ішілуі-ақ мұң екен, таң атқалы тізе бүгіп дамыл алмаған жалшылар, тоңдарына орала түсіп, ұйқыға шомды.
V
Күн көзі көрінгеннен екі күннен бері соққан боран әлі жадырап басылған жоқ, қарды ықтасынға иіре түсіп, ұнша бұрқыратып борап тұр. Ақ қармен жым-жылас болып көмілген, кейбір үйлердің түтін шыққан мұржасы, жылтыраған терезелері ғана көрінеді. Күн қызыл шұнақ ызғырық, түу деген түкірігің жерге түспейді, желге қарасаң, бет аузыңды тыз еткізеді.
Жұрттың көбі боран басталғалы мүгедектеніп, үйден аттап шығуға ерініп отыр. Мұндайда ет аңдығыш шалдар қыдырғыш келмек қой, кісесін салақтатып буынып алып, таяққа сүйеніп бүкшеңдеп: «Шаш алдырайын деп едім, сақал-мұртымды бастырайын деп едім...» деп өткір ұстарасы бар үйлерді сылтаурата жағалайды. Шаш алуға кірісілген соң қыдырманың басы құралып, ертек, өлең, әңгіме, өсек өзінен-өзі өріс алып кете бермекші.
— Әй, мына кісілерге қазан ас, шай қойып жібер, — деп содан кейін үй иесі әйеліне бұйрық та беріп үлгіреді.
Боран болғалы үйінен аттап шықпай отырған Аңқаубай нақа бір шарасыздыққа ұшырамаса, үйінен шығып қыдыра қоймайды, үйінде пешке арқасын сүйеп отырады да қояды. Отырғанмен істейтін жұмысы да жоқ, керек десе, басқа біреулер құсап, қолынан нәрсе келмесе де, ағаш жонып отыруыңды да білмейді. Мал дегенде бір ат, бір бұзаулы сиыр бар, олар екі күннен бері су ішкен жоқ. Соны ойлап, жалбыр жағалы ақ тонды белінен құр жіппен буып алып дүниені жапырып тастайтындай болып тысқа шығып еді, ызғырық суыққа шыдай алмай бүрсеңдеп қораға кірді. Ыңыршағы айналып қаусап тұрған торы ат «жаз бойы үстімнен түспей ыңыршағымды айналдырып ең ғой, енді тым болмаса маған мезгілімен су берсейші» —дегендей боп оқырап кісінеп қоя берді.
«Күннің боранын көрмейсің бе, қақпас құдайдың ала алмай жүрген өші бар ғой» —деп Аңқаубай кейіп, торы аттың көңілін жұбатайын деген адамдай, жақын барып жалын сипады. Жал-құйрыққа сауыстанып қатқан мұзын түсірген болады. Суаттың алыс екені рас, жаяу апаруға ерінсе, мініп барып суғарса да болар еді, жалқау адам сылтау тапқыш келеді ғой, Аңқаубайдың тауып тұрған сылтауы бар: торы атта жабу жоқ, өзі арықта, мына ызғырықта суық су ішсе ұшып өліп қалмай ма?
Тұмшалап ораған бөкебайдан екі көзі ғана жылтырап, Аңкаубайдың әйелі Ұмсынай, малдан қалған саңылтырды қапсыра құшақтап жатыр. Саңылтырды апарып, пешті өртей жағады. Пеш ысып, жарыла түсіп, жарығынан ащы түтін шығып үйдің ішін көңілдендіре түседі. Ұмсынай қызған пешке арқасын қақтай отырып, Ырымгүл тоқалдың әдейі шақырып алып тапсырған жұмысын істейді. Ырымгүлдің жұмыс тапсыруының өзі бір «бақыт» емес пе? Басқа қатындардың қайсысын осы Ұмсынай құсатып жақын тартып отыр?.. «Ұмсынай келінім тірі болсын, жалғыз осының ісіне ғана көңілім толады» дейді Ырымгүл тоқал. Осы атақ есіне түскенде, байдың жұмысын бұрынғыдан да артық ынтамен істеп, қысы-жазы Ұмсынай бір тыным көрген емес.
Байдың үйіне араласқалы Ұмсынайдың қадыры өсіп келе жатқан тәрізді. Байдың оң қолы болып жүрген Жұмат сияқты жігіттерің бұрын Ұмсынайды адам деп көзіне ілмейтін еді, осы күні Ұмсынайды көргенде күлімсірей түсіп, сұлу мұртын ширата бастайды.
— Сендей жеңгесі бар адамның арманы бар ма екен? —дейді Жұмат күлімсіреп.
— Қайт дейсің, саған жеңге болмайын деген жерім бар ма? — дейді Ұмсынай.
Біраздан бері аңдып жүрген адамдай, Аңқаубай үйден шықса, жылмаң етіп Жұмат кіріп келеді. Жұмат әзілдің неше түрін айтып Ұмсынайды мүлде еліктіріп кетеді.
Аңқаубай да аңдымай жүре ме? Дүниесінің бәрі қараң қалатын болса да, үйден аттап шықпай отыруға бар. Бірақ байдың үйінің «тығыз-таяң» жұмысы болып қалып, Аңқаубай соған шақырылады; өз жұмысын істеуге ерініп отырған кісі, байдың үйі шақырғанда аяғын ұшынан басып жөнеледі. Амал қанша, бармаса, күлін аспанға шығарады ғой.
Жас жағынан алғанда Аңқаубай Ұмсынайдың әкесімен тең кісі. Аңқаубайдың бұрын да бір қатыны болған кісі ғой. Ол бір адуын, көк долы болып кездесіп, Аңқаубайдың шаңын бұрқыратып, Аңқаубайға жақпаған жаласын қалдырмай, ең арғысы «еркек емес» деген сөзге шейін барып, ақырында кетті де қалды. Оның кетуіне Аңқаубай қуанбаса ренжіген жоқ. Содан былай төрт-бес жылға шейін Аңқаубай әйел дегеннен түңіліп те бара жатыр еді. Бір жақын ағайынның қолына кіріп, азғана малын ішпей-жемей өсіріп, он шақты қараның басын құрап алып еді. Тап сол кезде Жарбол дейтін осы ауылдың атқамінері Аңқаубайды иықтады да:
— Сен неғып жүрсің? Өзім айтпасам, ешнәрсені ойлайтын емессің ғой. Қатынсыз жүрді деген не? Бір жақсы қыз алып беремін, — деді.
Аңқаубайдың ризалығын да сұрамастан өзі икемдеп алып кетті.
Аңқаубай жақын ағайындарымен ақылдасып қарап еді.
— Саған зиян ойламас, ақыры қатынсыз өтпейтін болсаң, алмай қайтесің, — деп енді айтысты.
Сондағы алып берген қызы — осы Ұмсынай еді. Ұмсынай келіншек болып түскенде ынжық, сылбыраған бос еді. Кәзір түскеніне төртінші жыл. Кәзір ондағы Ұмсынай емес, әсіресе былтырдан бастап Ұмсынайға тіл бітті. Сылбыраған Ұмсынай бойын жиып алды. Ашуы келсе, Аңқаубайға батыра-батыра сөйлейтінді шығарды.
Табалдырықтың алдындағы көк тайғақ мұзға сүрініп жығыла жаздап, уһілеп Аңқаубай үйге кірді.
— Не болды, сорлы, енді аяғыңды да алып жүре алмайтын болдың ба? — деп Ұмсынай оған жиырылып қалды.
— Пай, пай, саған жағу қиын-ақ-ау, —деп Аңқаубай шешініп жатып кейи сөйледі.
— Естімеймін сөзіңді, шандыма үйтіп...
— Енді кімнің сөзін есітесің.
— Е, не бопты?
— Нем болсын менің? Үйге біреу келсе, жылмаң қағуды білер ең-ау, — деп Аңқаубай жоқ жерден ашуланып көзі шапыраштанып кетті.
Ұмсынай сөз таластырмай тымырая қалды. Төменгі ерні бұртиды. Ашуының келгені сондай, Аңқаубайдың иегіндегі ана көрінген қырқылжың бурыл сақалды талдап жұлатындай болды.
Аңқаубай әлдеқалай болмаса, көп ашуланбайтын кісі ғой. Ашудан бәйгі ала алмайтынын біледі. Ашуға кірісіп, ушықтыра берсе, тілі шыққан Ұмсынайдың қайдағы жоқ сұмдықты бастап, «кетемінге» салмасына кім кепіл. Кетіп жатқан әйел аз ба? Әсіресе, осы бірер жылдан бері құлақ есітер жердің өзінен қаншама әйел кетіп отыр. Бәрі де осы Аңқаубай сияқтылардың әйелі. Әлді адамдардың біреуінің әйелі кеткен емес. Нұрпейіс сияқты билерің екі иығын жұлып жеп, қайдан олжа түсіреміз деп отырғанда, бірер сыбыс құлағына тисе, мың түрлі саққа жүгіртіп, жер соқтырудан тайынбайды ғой...
— Ұмсынайжан, ашуланба. Кейігенде қатты сөйлейтінім бар. Сенен басқа кімге сөйлейін, басқа менің кімім бар? — деп Аңқаубай Ұмсынайдың тізесін баса келіп отырды.
Ұмсынай үндемеді. Кейде ашумен бұ да батыра-батыра сөйлесе де, Аңқаубайдың мұңайғанын көрсе, кәдімгідей аяушылық қалыпқа келеді. Әкесіндей адамды бетінен алғанға ұялыс тапқан секілденеді. «Осыны ренжітіп қайтем?.. Ренжітпей-ақ, кетемін десем, мені бұл ұстап тұра ала ма?.. Ұстап тұра алмайды десіп жүр ғой. Өз күнәсін көп алдында мойнына салсам, мұның менде не сөзі бар...» деп ойлайды Ұмсынай.
Домаланып Мәлике келді, Мәлике тегін жүре ме, байдың үйінің бірер тапсырмасын ала келеді:
— Бәйбіше жіберді сізге, келсін деді, жігіттер үлгере алмай жатыр, малдары суғарусыз тұр.
Ырымгүл тоқалды ауыл-аймақ атын атамай «бәйбіше» деп атап кеткен. Мұның бұйрығы орындалуға тиісті бұйрық. Аңқаубай бір ауыз сөз айтпастан қоржаңдап киініп жатыр. Әкесі өлген адамдай оқта-санда ауыр күрсініп қояды.
Аңқаубай қораның ішімен кетіп бара жатқанда торы аттағы оқыранды. Ерініп суғармаған аты ғой бұл. Аңқаубайдың байдың малын суғарысуға кетіп бара жатқанын торы ат сезбейді-ау...
Күн-түні салпақтап жүгірсе де, Мәлике моюынды біле ме, осындай бірер жұмыспен бір үйге келсе, тізесін басып отыра қалып, әңгімені бұрқырата жөнеледі. Пештің отын көсеп жайнатып жіберіп, екі қолын қақтай отырды да:
— Кетемін деуі өтірік білем, жұрттың алып қашып жүрген сөзі көрінеді ғой, — деді.
— Неге өтірік болсын, кеше бәйбішелер де айтып отырды ғой, — деп Ұмсынай оған қарсы түсті.
— Бетсіздігі де, сүттей ұйып отырған байын тастап... Шал деп, шалды құдай жаратпап па....
— Ой күйеуің жас болған соң айтасың ғой, — деп Ұмсынай күрсінді.
— Сенің шалыңа айырбастайын, аласың ба? — деп Мәлике қалжыңдады.
Екеуі дауыстарын бір бәсеңдетіп, бір көтеріп, едәуір сөйлесті...
Байдың үйінің албары базарша қайнап жатыр. Ауыл адамдары түгелінен осында. Аңқаубай сияқты өз малдарын суғаруға ерініп отырғандардың бәрі де, байдың көңілін риза қылайын дегендей, бүрсеңдеп тоңғандарына қарамай, қармен алысып жатыр.
Арық-тұрақ малдар суға айдағаныңды тыңдар емес, бүрсеңдеп қораға қарай қашады. Мына бір ала бүйрек сиыр Жақсылықты ыза қылып-ақ болды: қорадан үш рет айдап шығып еді, басын шайқаңдатып сүмеңдеп қайтадан кіреді де кетеді.
Жақсылықтың мүлде ызасы келіп, күректің қырымен тұмсықтан беріп келіп жібергенде, ала бүйрек сиыр шалқаяқтап құлап түсе жаздады.
Кәкім талтаңдап албар ішінде жүр екен, тіксініп қарай қалды:
— Ойпырым-ай, мал көрмеген ит екенсің ғой! — деп тостағандай көзін қадағанда, Жақсылықтың ту сыртынан өтіп кеткендей болды.
— Кет, ит! Мені көгертпей-ақ қой. Сендейдің мыңы табылады. Тамақ үшін өздері-ақ келер... Таста былай күректі!..
Албар ішіндегі адамдар бажырайысып қарады. Жақсылықтың бетінен оты шықты. Ызғарлы аязды елемей тұла бойы жіпсіп сала бергендей болды. Күректі тастарын да, жұмысты істей берерін де білмей селтиіп тұрып қалды.
— Қарап тұрма, ерегесіп оны жеңе алмайсың, істей бер, — деп біреу сыбыр етті.
Мұны айтқан — Кәрібоз, Кәрібоздікі жаны ашығандық.
Істей бергенде не болады? Белгіленген еңбек ақы жоқ... Тағы бір ашуы келгенде осы сөзді Кәкім тағы айтар. Айтқанын елемей Жақсылық ылғи істей берсе жақсы, бірде болмаса, бірде «Осының төбесіне мен құй қазған жоқпын, билігіне таласқан жоқпын, қатынының қойнынан шығып отырған жоқпын, осы маған неге әкіреңдей береді?..» деп Жақсылықтың шығып кетпесіне кім кепіл?
Жақсылық кенет бұрылып, ірі адымдап албардан шыға беріп еді.
— Ей, тоқта!.. Шіркін, неғып адам боласың, бір ауыз сөзді көтере алмай?.. Істей бер әрі жұмысыңды! — деген Кәкімнің дауысы шықты.
Жастан малай ұстап әдеттенген Кәкім кімнің жұмысты қалай істейтінін айыра біледі ғой. Жақсылық сияқты бір өзі екі-үш адамның жұмысын істейтін жалшыны қолдан шығару деген Кәкімге кешілмейтін күнә емес пе?!.
Жақсылықтың адымдап келе жатқан аяғы кенет бөгелді. Әлдеқайдан қорқыныштың қылтыңдап басы көрініп, алғашқы екпінді сөндіріп, ашулы қайратты жасыта бастаған сияқтанды...
— Жақсылық, ұста мына күректі, мына бір жердің қарын тазартып тастайық, — деп Кәрібоз жұмысқа еріксіз баулығандай боп ертіп әкетіп бара жатыр...
Бүрсең қағып үйден шыға алмай жүрген Аңқаубайдың буы аспанға шығып, қарды кесек-кесегімен лақтырады.
— Уа, Ақа! — деді Кәрібоз.
Аңқаубай аңырайып қарады.
— Сізді осы жалғыз сиырдың тайыншасын молдаға беріп намазға жығылды дейтін еді. Намаз оқисыз, бізден көрі құдайға жақынырақсыз: сол құдайың осы бар ма, жоқ па?
— Астапыралда! — деп қар күреп жатқандардың біреулері күбірледі.
Аңқаубай отағасы күрсініп, милықтанған тымағын кейін таман көтере түсті де:
— Соның бар-жоғын өзім де білмей жүрмін-ау, — деді.
— Бар болса, соның өзі бірсыпыра жасқа келмеді дейсің бе, сақалы сіздің сақалыңыздан кішкене болмаса... Өзі қолға түссе, сақалын талдап тұрып жұлсам деймін, сіз бұған қалай қарайсыз, Ақа?
Кәрібоз бұл сөзді әзіл ретінде айтса да, шырайын бұзып сірә күлген емес.
— Діннен шықтың, Кәрібоз!
— Тоба қыл, ант ұрған!
— Ақа-ау, өзін күрекпен салып қалсайшы, — деп қар күреп жатқандар дабырласады.
Кешке жақын қазанға ас саларда, қара астауды көтеріп Ырымгүл тоқалдың соңына Мәлике еретін еді. Бүгін Мәлике жоқ болды ма, тоқал дауыстап Жақсылықты шақырып алып:
— Ac үйден астауды алып шық, — деді.
Астауды көтеріп Ырымгүлге Жақсылық ерді. Қима күзен ішіктің белін жібек белбеумен орап, ту сырты құнан қойдың сыртындай іркілдеп, Ырымгүл аяғын зорға басады.
— Сенің атың осы Жақсылық па еді?.. — деп етті аралап жүріп Ырымгүл бір қарады.
Май басқан семіздігі болмаса, ажарға тәп-тәуір адам. Сөзге би. Бұл туралы Кәрібоз толып жатқан өсек айтады: «Бірді-бірге ұрыстырып жүрген адам, қанағаты жоқ адам» — дейді. Медесін дейтін бір жылмаң қара кісі өткен өмірінде осы байдың үйінде жүреді: байдың қонағын күтеді, бәйбіше мен тоқалын күтеді, байдың жалғыз баласы құсап бұлғаңдайды. Осы тоқалға Кәрібоз сол Медесінді де таңады: «Медесін тоқалдың некелі байымен бір есеп қой» дейді... Түріне қарасаң оп-оңды-ақ адам, оншама «жолы сұйықтыққа» салына қояды дейтін емес.
— Кәрібозға ерме, ол бір құдайдың атқан адамы... Талай жігіт ұстап жүрміз ғой, соның ішіндегі бір тәуірі сен ғой деп жүрмін, — деді тоқал.
Басқаларды жұмсағанындай жекірмей, астауды жерге бірге көтерісіп, Ырымгүл тоқал Жақсылыққа кәдімгідей жылы тартты. Жыландай ысқырынып отыратын тоқалдан бұл күтілмеген мінез еді.
Күн ұзаққа жұмыспен алысып шаршаған адамдарға Кәрібоздың «күркесі» жұмақтай көрінеді.
— Айқай, жан-ай, шаршадың ғой, бір дамылдап көрші,— деп Кәрібоз құрым киіздің үстіне жер бауырлап жатты.
Шам жарығы күңгірт. Лаулап жанған от жарығы пештің аузына төне отырған Мәликенің екі бетін шиқандай қызартып, балбыратып отыр.
— Осы қатындардың-ақ жаны тыныш, отқа қақталады да отырады... Бейнетті көретін біз ғой,— деп Кетік етігін пешке жайып жатып күрсінді.
— Уа, Кетік!
— Немене?
— Сен де қатын бола ғой, Мәликенің жаулығын басыңа салып...
— Әй, аузыңды... Мені сөйлетпейсің осы?..
Кетік қанша бұрқылдап ашуланғанмен кек алу жоқ, ебін тауып Кәрібоз қазір-ақ күлдіреді. Кетік ашуланғанын қазір-ақ ұмытады. Екеуі бала құсап ойнайды. Жағаласып алысады. Алысып жүріп беттері тиісіп кетсе, бірін-бірі құшақтап сүйіп алғандай болады. Екеуі түйдей құрдас. Көздерін жылтыратып ашқалы екеуі де осы Кәкімнің босағасында өмірін өткізіп келе жатыр. Біріне-бірі серік, біріне-бірі жан ашыр дос.
Кәрібоз мүлгіп көпке шейін үндемей жатты.
— Біз не көрмедік, — деді Кәрібоз бір кезде күрсініп:— Кетіктің әкесі де, шешесі де өліпті. Менің әкем ғана өліпті. Жылқышы екен, жылқы бағып жүргенде суыққа ұшып өліпті. Шешем мен сияқты аңқылдақтау, ажарға тәуірлеу адам екен. Мені үш жасарымда жылатып айырып, шешемді сатып жіберіпті...
— Сатушы кім? — деп Жақсылық басын көтеріп алды.
Бұрышта жатқан Кетік күрсініп:
— Кім болушы еді? Кәкім дағы, — деді.
Кәрібоз моюдың адамы емес. Әлдеқалай есіне түссе, бірер күрсініп алады да, қайтадан әңгімесіне кіреді. Көз ұйқыға барғанша Кетікті күлдіру, кейде бала құсатып ызаландыру, — Кәрібоздың міндеті сияқты.
— Осы мен жоқ болсам қайтер ең, Кетік?
— Өлер деп пе ең? — деп Кетік бұлданады.
— Мәлике-ау, манағы айтқаның шын ба, ойнап айттың ба? — деп Кәрібоз басын көтерді.
— Шын айтам.
— Сен не дедің?
— Не дейін, пәлесіне қалайын ба?..
— Өй, ант ұрсын Мәлике. Оңбайсың Мәлике. Сен де бір адам сықылданып сөйлессең қайтеді? Жұрттың сендей қатыны бірді бірге ұрыстырады. Айтсаң қайтеді: «Бүлінбе, жарылма, біреуге қол жаулық болма!» десең қайтеді?.. Тоқалдың салып отырған ылаңы ғой. Ұры ит құсап жылмаңдап Жұмат сол үйге үйір болыпты. Жұмат тегін жүрмейді. Олжа кереккен шалдар Медесінмен сыбырласады. Медесін өтінішін тоқалға айтады. Сосын, тоқал орындайды да береді.
— Күнәсін арқалап қайтесің, шалыңнан да бар көрінеді, — деді Мәлике.
— Е, неғыпты?
— Не қылғанын қайдан білейін? Әйтеуір айтып отырады ғой... Еркек емес деседі ғой...
— Құдай атсын Аңқаубайды, қатында не атасының құны бар екен? — деп бұрышта бүк түсіп жатқан Кетік те араласты.
Кәрібоз бірсыпыра ойланып жатты да:
— Бұл жарамаған екен. Апырым-ау, осы қатыны шынымен тағы олжалана ма?.. Аңқаубай сорлының соры қайнап болды ғой, мынаған ақылыңды айтсаңшы, — деп Кәрібоз Жақсылықты бүйірден түртіп тұрғызды.
— Тұр, Кетік, басыңды көтер.
— Е, мені қайтесің?
— Ақылдасайық, мынаның бір шарасын табайық. Үшеуі де осы мәселені шын шешетін адам құсап бастарын көтеріп отырысты.
Әңгіменің тізгінін ұстап отырған Кәрібоз. Ол өзінше, бұл әңгіменің түбіне бірсыпыра мән беріп сөйлеп келді де:
— Аңқаубайға жабылған өсектің анық-қанығын айыру қиын. Анық болса, қатын алып не жұмысы барын білмеймін. Бұрынғы қатынын да Жарбол дейтін атқамінеріміз көзге көріне сатып олжаланып еді. Ондағы олжадан біздің байдың тоқалына сыбағаға бір ат тиген... Біздің байдың өзі қызық. Өзі еш нәрсеге қатынаспайтын бір момақан адам құсап отырады. Ерке тоқал билікке араласады. Тоқал олжа түсірсе, милығынан күледі де отыра береді:
— Өй, сен ұзақ сонарға салдың ғой. Айтатын болсаң, айтсайшы, әйтпесе жатамын, — деп Кетік қисая кетті.
— Асықпа, мұның өзін де сөз қылмастан бұрын бірсыпыра салыстырып алмаса, болмайды... Осы сен көп үндемейсің, үндемеген адамның бұқпантайы ішінде болушы еді, осының ақылын сен тапшы! — деп Кәрібоз Жақсылыққа бұрылды.
Жақсылық көп сөйлемейді. Сөйлесе, сөзден тым адаспайды да. Ұмсынай мәселесіне баста ол атүсті қарап ойын сияқтандырып отырса да, Кәрібоз бірсыпыра сөйлеп өткеннен кейін қулардың тұзағын, жемқорлардың әдісін, Аңқаубай сияқты момын кедейдің ешкімге мұңын айта алмай екі көзіне әлі жететіндігін байқады. Жылаудың, тарығудың, езілудің қандай екенін Жақсылық жақсы біледі ғой.
— Әйелдің өзі қандай, сол жағын айтып көрші, — деді Жақсылық.
— Бас та емес, аяқ та емес, орташа әйел. Ақылсыз емес. Сөзге де тәуір. Түскен уақытта өте ынжық еді, осы күні өзі кәдімгідей ашылып қалыпты. Мына Кетік сияқтының аузын ашырмайтын да жайы бар...
— Әне, мені тағы кірістірді ме? — деп Кетік бұрқылдады.
— Меніңше, бұған бір-ақ жол бар,— деді Жақсылық: әйелдің өзіне жолығып, басалқы айту керек. Ешкімнің азғырынды сөзі өтпейтіндей қылу керек:
— Мұныңа түсіндім. Бірақ соны істейтін кім?
— Мәликеге тапсырайық.
— Ойбай, атама, менің қолымнан келмейді, — деп Мәлике ыршып түсті.
— Осыған сен кіріссең қайтеді? — деп Кәрібоз Жақсылыққа төндіріп еді.
— Мені қой, өзің кіріс. Көптен таныссың, сөйлесіп жүрген адамың. Сенің сөзіңді қиып кете алмас, — деді Жақсылық.
Бұлар өздерінше сырттан кесіп-пішіп билікті құрып жатқанда, Ұмсынай мәселесі байдың үйіндегілердің де аузына алынып жатыр еді.
Кербез тоқал, быртиған саусағында алтын балдақ жалтылдап, екі құлақтағы күміс сырғасы теңселіп, шайды ұрттай түсіп, Медесін мен Жұматқа қарап иекті көтеріп тастап сөйлесіп отыр:
— Ыңғайладыңдар ма?
— Жұмат айналдырып жүр ғой қайда кетер дейсің, — деп Медесін жымыңдап күлді.
— Ана жағы ше?
— Ол жағы дайын: алынатын малдың санына шейін белгіленді, сіздің айтқаныңыз меже болды...
— Осы сендер не айтып отырсыңдар? — деп болбыраған бәйбіше тоқалға қарап шатынап еді.
— Сенің сөзде нең бар, алдыңдағы тамағыңды ішсеңші, — деп тоқал оны мойырып тастады.
Жібек дейтін бәйбіше осы ауылдың тәуір көретін адамы. Өз басында кемістік бар ма, әлде ата тегі олқы жер ме, әйтеуір бай мұны бір теңгеріп көрген емес. Тоқалға мықты иленген адам. Бұл түгіл байдың өзін билеп алған тоқал ғой бұл.
Байдың отыратын бөлмесінде өмірге үзілмейтін қонақ: молдаң, әзіретің, төрең, байың —қайдан шығатынын білмейсің, келеді де жатады. Кәкім бай сөзді аз сөйлейтін адам ғой, жұртқа сөйлетіп, шынтақтап жатқан күйі оқта-санда бір мырс етіп, жақтырмайтын сөз болса, әңгімені бөліп жіберіп, жұрттың сөзін, сөзінің астарын, сөйлеушінің кім екенін, қандай оймен сөйлеп отырғанын — бәрін салмақтайды да отырады. Абайламаған, үстірт қараған кісі Кәкімді: «Мал санын көбейтумен отырған бір боз ауыз ғой» деп те бағалайды. Бірақ істес болып көрген адамдар Кәкімнің тырнағының қаттылығын сезе біледі. Кәкім уақ-түйекпен бас ауыртпайтын кісі. Ауыл арасындағы уақ сөзден өзін жоғары санайды. Аздап оқуы да бар. Саясатыңнан да құр емес. Болыс қол астындағы ауызға іліккен адам жалғыз болса, соның өзі де; екеу болса, бірі.
— Біздің Әлімжанның учитель баласы дуанға барып қайтқан екен. Оның сөзі жақсы емес, «Алашорда» жігіттері бет-бетіне қашып жатыр дейді. Елге отряд шығарып бірсыпырасын ұстап айдаған білем, — деп төрде отырған жуан сары кісі ерніндегі насыбайын шырт еткізіп түкірді.
Бірсыпырадан бері атқа мінген «игі жақсылардың» сөзі: алаш жігіттерінің қашқандығы, ел арасын, жиектегі поселоктарды большевик адамдарының қаптағандығы, большевиктерді ұстауға қаладан дүркін-дүркін шығып жатқан отрядтар туралы. Сондай отрядтарының талайы осы үйдің дәмін татпай кеткен емес. Уезде отырып ел ішіндегі сенімді, тәуір орындар қарастырылғанда ауызға ілігетін үйдің бірі де осы.
— Былтырғы большевиктер дуанды алатында Жұмақанның молда баласы солардың ішінде араласып жүретін еді ғой. Сол былтырдан жоқ болатын. Өліпті-мыс деп те естіліп еді. Сол жақын арада үйіне келіпті-мыс деп есіттім, — деп қырықпа сақалды, жалпақ бет қара кісі бір бүйірде отырып қоңырсытты.
Манадан бергі айтылған сөзге бай онша елікпей, үш асықты құмар қылып ойнап шынтақтап жатыр еді, мына сөз еріксіз ойын бөлді, бажырайып қарай қалды.
— Үйіне келіпті дейсің бе?
— Солай деп есіттім...
— Кәпір!.. Дін оқуын оқып, дін медресесінде тәрбиеленіп жүріп, дінсіздерге қосылып жүргені... Ондай кәпірлердің көзін жою керек қой, — деп төрде отырған Вали Кәлпе патуа бере сөйледі.
— Медреседе оқығаны болмаса, соның өзі дінге қарсы деп есіткем. Былтыр әкесі өлгенде, үйіне барғандарға құран оқытпады деген...
— Некесіз қатын алған адамнан не сұрайсың?..
— Сендер оны айтасыңдар, мен соны таза шоқыныпты деп есіткем, — деп біреуі мүлде асыра соқты.
Үй толы адамның ас піскенге шейінгі әңгімесі — Жұмақанның баласы туралы болды. Оған жабылмаған жала қалмады.
Кәкім бай үндеген жоқ, асығын ойнады да жата берді. Бірақ үндемегенмен, өзіне керек сөзді ол жіпке тізумен жатыр еді.
Кәрібоздар Ұмсынай мәселесін қолға алып жатқанда байдың үйіндегілердің кеңесетіні көбінесе осы сияқты әңгімелер еді.
— Кетік-ау, Кетік! — деді Кәрібоз.
— Әу.
— Ұмсынайға барып сөйлесермін ғой. Бірақ «құрғақ қасық ауыз жыртар» деген бар, мен соған сені ұсынсам деп отырмын.
— Өй, аузыңды!..
Үй іші қара күңгірт тартып, мүлгіді де тұрды. Бұрышта бүк түсіп жатқан үшеуі де, көздері ілінді ме, әлде түпсіз терең ойға батты ма — үнсіз жатты да қойды.
— Кетік, арқамды қасып жіберші! — деді Кәрібоз бір кезде.
Кетік арқасын қасып отыр. Еркелеген баладай Кетіктің алдында сұлап Кәрібоз жатыр.
«Әдебиет майданы», №2-3.1932 жыл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі