Өлең, жыр, ақындар

Ұлбике Жанкелдіқызы

Ұлбике Жанкелдіқызы (1825-1849) қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Тал бойына алуан түрлі өнер дарыған ару.

Туып-өскен жері — Қызылорда облысы Тереңөзек ауданына қарасты өңір. Топырақ бұйырған жері Жамбыл облысына қарасты Талас өзенінің бойы. Шыққан тегі — Ұлы жүз ішіндегі Ошақты руы, Тасжүрек.

Ұлбикенің бойындағы туа біткен ақындық дарынының ертерек ұшталуына әкесі Жанкелді мен анасы Жаңылдықтың ықпалы айрықша болған. Бұл жөнінде Ұлбикенің өзі былай дейді:

Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,

Тал бойыма жинақтап хаттап алғам.

Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп,

Өлеңімді әнімен баптап алғам.

Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,

Бесігінде үйренгем мен өлеңді.

Балапандай кезінде қайран шешем,

Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді.

Ұлбике 12—13 жасының өзінде-ақ айтар ойын ұрымтал өлеңмен жеткізіп, ұтқыр сөздері төңірегін тәнті етіп, атақ-даңқы ауыл арасынан әріге жайыла бастайды. Әке шаңырағында бұла болып өскен қыз өз ортасындағы оқу-білімді игерген, көзі қаоақты жан болғанға ұқсайды. Өзінің өлеңінде былай деуіне қарағанда, бойындағы ақындық дарынды жазба мұралар арқылы да ұштаған болу керек:

Әп тиектің ішінде «Пе» болады,

Қос ноқат қойса үстіне «Те» болады.

Ұлбике оң солын танып, бой жете бастаған кезде Ошақтының Есмырза деген дуалы ауыз биі әулетін бастап, Әулиеата маңына көшіп келеді. Сол кезден бастап Ұлбикенің ақындығы айрықша қарқын алып, жұрт мойындаған көшелі ақындармен айтыстың додасына түсе бастайды. Күдері қожа, Майлы қожа, Мәделі қожа, Таспа қожа, Серәлі қожа, Жанкент ақын сияқты, сол кездің сөз ұстағандардың талайы Ұлбикемен айтыста тауы шағылып шығады. Ұлбикенің ақындық тегеурініне, тапқырлық-шалымына жан баласы шыдамайды. Бұл жөнінде сөз асылын терген әйгілі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев былай дейді:

Бұрынғылар домбыра ұстап, айтатұғын «Қайым білесің бе?» деуші еді. «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда «Қайым» өлеңінің басын Күдері қожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі — мақал, тақпақ… Күдері қожа албырт бозбала күнінде Ұлбикемен айтысамын дегенде Күдерінің әкесі (Еркөшек қожада ақын екен, жырлап сөйлейді екен): «Бала, Ұлбикемен айтысамын десең Бұхарға барып үш жыл оқып кел. Әйтпесе онымен сен айтысуға жарамайсың» — деген екен.

М.Ж. Көпеевтің бұл дерегіне Ұлбикенің алдына қара түсірмес дүлдүл ақын екені аңғарылып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың сөз өнерінде ақындық айтыстың негізін салушы, орнықтырушы ақын ретінде дараланады.
Ұлбике — ойы ұшқыр, өлеңі сұлу, кісілік — парасаты өрелі ақын. Бірде Майлы қожа ақын Ұлбикеге әзілдеп: «Түсімде алтын зеренге қымыз құйып отыр екенсің» — депті. Сонда Ұлбике іркілместен былай деген екен:

Басыма салып жүрмін желегімді,

Үш-төрт жыл біле алмадым дерегіңді.

Мүттәні теріс оқыған зәлім қожа,

Тауып бер көнегім мен зереңімді.

Ұлбике бұл сияқты ұтқыр уәждердің небір тамаша үлгілерін жүрген жерлерінде маржандай шашып отырған. Сол мол мұрадан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең. Бұл жиырмаға тарта айтыстары мен санаулы ғана көңіл күй толғаулары. Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға М.Ж. Көпеев, Ә. Диваев, В.В. Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған. «Бұдан 120 жылдай бұрын жанды бетіне қаратпаған ақын болып, қазақтан Ұлбике деген қыз шығыпты», — деп жазады Ә. Диваев. Ұлбикенің шығармаларын В.В. Радлов Петербург қаласында бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялады. М. Әуезов, С. Мұқанов, М. Жолдасбеков қатарлы білікті ғалымдар Ұлбикенің ақындығына жоғары баға берген.

Ұлбикенің ғұмыры қызғалдақтай келте болған. Тәңірі шебер оны ақындық өнерпаздығына қоса, хор қызындай көрікті етіп жаратқан. Оны ақындар «аққудың жүнді үрі», «тілі шешен, жүзі көркем» деп өлеңге қосқан. Алайда «бір күн дүние» деген емес пе, Ұлбикенің күйеуі Байтан өнердің парқын білмейтін ұр да жық, қызғаншақ адам болып кездескен. Ұлбике нағыз кемеліне келіп, ақын ретінде төңірегін тәнті ете бастаған шағында тентек күйеуінің қолынан мерт болған.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз