Өлең, жыр, ақындар

Көш

Ақиқатты тану — өте қиын, ал оны айта білу — одан да қиын

Қасиетті Хадистен.

Қуарған қу даланы шаңға көміп, ұзыннан-ұзақ шұбатылған көш келеді. Ат мінген, түйеге жүк артқан, жаяу-жалпылаған адамдар көші.

Алдыңғы жақтағы қатарынан сегіз ат парлай жегілген алтын күймеде осы көштің көшбасшысы Малбұқа көсем қалғып-мүлгіп отыр. Қасындағы айдай сұлу жас тоқалы сырттағы түр-тұлғасы келіскен жас уәзірге сүзіле қарап, терезеге телміре түседі. Сезікті секірер дегендей, қайта-қайта күйеуіне көз қиығын салып қояды. Алдарында қасқалдақтың қаны құйылған құмыра мен алтын табаққа салынған құлжаның басы тұр.

Одан кейінгі алты ат парлап жегілген күміс күймеде көсемнің қалған үш әйелі үш жаққа қарап, бір-біріне ләм-мим деп тіл қатпастан томсырая тымырайып отыр. Ал төрт ат парлай жегілген қола күймеге жайғасқан балалары бір-бірімен айтысып-тартысып, ұлардай улап-шулап барады. Оларды жақсы ат мініп, оқалы киім киінген атқамінерлер жағалай қоршап, қоғадай жапырыла қолпаштап, шашпауларын көтеріп келеді. Бұл топтың сән-салтанаты да, түр-тұрпаттары да, киім киістері де кейінгілерден мүлде бөлек. Өздерінше мәз-мейрам, қағанақтары қарық, сағанақтары сарық. Жымпима мысықтай жымиыстарынан сымсыма зымияндықтың белгісі сезіледі, қорқау қасқырлардай алақ-жұлақ еткен көздерінен аярлық пен арсыздықтың ұшқыны менмұндалайды. Жан-жақтарында сауыт киіп, сайман асынған қарауылдар қалбаң қағып, далбаңдай шапқылап жүр.

Езулері екі құлақтарына жетіп, дабырлай қауқылдасқан осы топтың соңын ала қара нөпір қалың бұқара келеді. Олардың көздерінен мұң, жүздерінен уайым, кескін-келбеттерінен шаршап-шалдыққандары анық аңғарылады. Қабақтары салыңқы тартып, кірпіктерін кіреуке жапқан. Бәрі де жүдеу-жадау, аш-жалаңаш. Бастары салбырап кеткен, алға басқан аяқтары артқа кеткендей, құр сүлделерін сүйретіп, әзер-пәзер қозғалады.

Көштің бел ортасында құла биеге мінген дана қарт пен күрең тайға қонжиған он үш жасар бала келеді. Баланың таңдайы тақылдап, ауызы жабылар емес. Ақ шашты ақсақалға сұрақты қарша боратады.

— Ата, біз осы қайдан шықтық? — дейді бала сұраулы жүзбен.

— Менің білуімше, Бағзы жақтан шыққан сияқтымыз! — дейді дана қарт та тартынбай.

— Ол қай жақта?

— Арт жағымызда.

— Қазір қай жерде келеміз?

— Жетер жеріміздің желке тұсында келеміз.

— Сонда біз осы қайда бара жатырмыз?

— Біз қайдан шықсақ, сол жаққа қайтып бара жатқан сияқтымыз!

Бала қартқа үрпие қарады. Түкке түсінбегені состиған сұрынан-ақ көрініп тұр. Кенет, есіне әлдене түскендей, езуіне күлкі үйірілді.

— Ата, сіз түк білмейді екенсіз ғой! Біз Жұмақ -Жайға бара жатыр емеспіз бе?! Оны басқа емес, көсемнің өзі айтқан жоқ па?!

— Е, оның сөзіне сенсең, ертең-ақ Жұмақ-Жайға жетіп баратын сияқтымыз.

— Сіз не сонда, көсемге де сенбейсіз бе?

— Мен ешкімге сенбеймін. Керек десең, өзге түгіл, өзіме де сенбеймін!

Бала миығынан мырс етті.

— Қалайша, өзіңізге сенбейсіз, ата?!

— Себебі, шындықты білсем де, айта алмаймын!

— Неліктен?

— Біртүрлі қорқынышты... Шындықты айтып, абырой таппайсың!

— Неге?

— Өйткені, шындықты айтсаң, кім-кімге болсын, ұнамай қалуың мүмкін. Жеккөрінішті боласың! Анаған қарашы! — деді қарт есек мініп, тепеңдеп бара жатқан киімі жұпыны, түрі жүдеу әлдекімді қолымен нұсқай, — Қандай ақылды адам. Білмейтіні жоқ. Құдай талант берген. Өнерлі-ақ. Өзіне, өнеріне нық сенімді. Содан да ешкімді көзіне ілмейді. Керек десең, ханға да сәлем бермейді. Айтқанынан қайтпайды. Тек шырылдап шындықты ғана айтады. Өтірік сөйлей алмайды. Сондықтан да теперіш көріп, тепкінің астында жүр!.. Ал анабіреуді қарашы! — деді қарт алдыңғы жақта ауыздығымен алысқан сәйгүлік мініп, зерлі шапан жамылып, құндыз бөрігін қисайта киген месқарын сарыны көрсетіп, — Басында шымшымдай ми жоқ. Ұятсыздығымен ұрты майланған дарақы біреу. Өтірікті суша сапырады. Жағымпаздығымен аты шығып, суайттығымен есімі елге жайылған сарай ақыны. Көсем мен оның маңайындағылар осындай ақымақтарды жақсы көреді. Үнемі қолдап, қолпаштап отырады. Үлде мен бүлдеге бөлеп, атақ-даңқты бір бастарына жетерліктей үйіп — төгіп, кеуделерін темір — терсекке толтырып қояды. Сөйтіп, олар ішкен-жегендеріне мәз. Арғы жағына бойлай да, ойлай да алмайды. Есек сияқты құлақтары қалқиып тұрса да, бақай есептері түгел.

Бала күліп жіберді.

— Ата, бұл өзі бір ақылды адам болды ғой! Ақымағың анау ғой! — деді есек мінген ақынға көзінің астымен сүзе қарап, — Шындықты айтудың өзіне жақсылық әкелмейтінін біле тұра, көсемсіп несі бар, байқұстың! Нағыз ақымағың сол ма деймін!..

Дана қарт маңдайы тасқа соғылғандай, үн-түнсіз сұстиып тұрып қалды. Өзінен өзі қыстыға булығып, өңі өрт сөндіргендей қарасұрланып кетті. Баланы бас салып кінәлай қою да қиын. Ақыл айтып, мәселенің мәнісін түсіндірудің де ретін таппады. Тек, бар болғаны:«Іштен оқып туған бәлелерсіңдер ғой!» деді де қойды. Басқаша тіс жарып, жақ ашпады. Терең дем алып, ауыр күрсінді.

Баланың онымен шаруасы болған жоқ. Ой теңізіне сүңгіп кеткен. Анда-санда көз қиығымен қотыр есек мініп келе жатқан Нағыз ақынға мүсіркей, ауыздығымен алысқан сәйгүлікте шіреніп отырған Дәлдүріш ақынға қызыға қарап қояды:«Өскенде мен де сарай ақыны боламын. Жақсы ат мініп, зерлі шапан жамылып, құндыз бөрік кием! — дейді іштей күбірлеп, — Есек мініп, тепеңдеу ақымақтарға ғана жарасады. Менің ақымақ болғым келмейді!..»

Осы кезде күймесінен ұйқылы-ояу есіней шыққан Малбұқа көсем ақи көзін ақшита текедей бақырып қоя берді. Дауысы жер жарады.

— Бізді алда жарқын болашақ, нұрлы күн күтіп тұр! Ана бір құз-жартасты биік тауды көрдіңдер ме? — деді түкірігін шашырата лепіріп, — Содан асып түссек, ар жағы жәннәт бағы!.. Құлпырған жасыл дала, жайқалған мәуелі жеміс ағашы... Тойынып, бойларыңа шыр бітеді. Саумал бұлағы — зәмзәм суы сияқты, ішкенде көздерің шырадай жанып, беттеріңе қызыл жүгіреді. Ұшқан құс, жүгірген аңның неше түрі бар. Несін айтасыздар, байлыққа белшеден батамыз, бақыттың бал дәмін татамыз!.. Ар жағында Жұмақ -Жай да тиіп тұр! Көп кешікпей оған да жетеміз! Ендеше, уа халайық, еңселеріңді түсірмеңдер, кеуделеріңді тіктеңдер!..

Өмірден түңіліп, тіршіліктен баз кеше бастаған қара халық көсемнің жалынды сөзіне құлақтарын түріп, елең ете қалысты. Көздерінде ұшқын, кеуделерінде үміт оты жылт етті. Бірақ көпшілігінің көңілдері алаң, жүректері күпті. Болашаққа деген сенімнен гөрі, күдік — күмән басым.

— Ата, айттым ғой, біз Бағзы жаққа қайтып бара жатқан жоқпыз, Жұмақ-Жайға беттеп келеміз! — деді бала қарияға менменси қарап. Мен де бірдеңе білемін дегендей, басындағы таз кепешін қисайта киіп, қоқиланып қояды.

— Жұмақ-Жайдың ауылы алыс, балам. Күнаһарлар бастап келе жатқан көш ешуақытта Жұмақ-Жайға жете алмайды. Алдап-сулаумен айлаларын асырып, қылмыстарын жасырып, өтірікті судай ағызып, жол бойы жалғандықтың ұрығын сеуіп келеді. Сөйте тұрып Жұмақ-Жайға баруды армандайды. Ол мүмкін емес. Біз айдың-күннің аманында жолдан адастық, балам. Адастырған да көш басындағылар. Біз алдыға бара жатқан жоқпыз, артқа қайтып барамыз.- деді дана қарт жүні жығылған кейіп танытып.

— Оны неге көсемге айтпайсыз?

— Е, балам, дәл қазір көсемнің сөз тыңдайтын түрі жоқ. Маңайындағылардың өтірік мақтауынан көзін шел басып, құлағы бітеліп қалған. Ештеңе көре де, ести де алмайды, көргісі де, естігісі де келмейді.

— Маңайындағылар ше!

— Әй, балам-ау, олар ондай сөзді көсемге жеткізбейді, дәлірек айтсақ, жеткізе алмайды. Қайта менің желкемді жетемнен үзеді. Себебі, шындықты айту да, есту де қашанда ауыр!.. Ал көсем мен оның маңайындағыларға жалған сөйлеп, өтірік мақтасаң ғана жағасың. Бірақ, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам ғой, ұзаққа бара алмайсың. Уақытша жолың болуы мүмкін, мәңгілік көсегең көгере қоймайды. Осыны есіңде ұста, балам.

— Ой, ата сіз ақыл айтқаннан басқа не білесіз! Біз Жұмақ-Жайға бара жатырмыз! Көсемнің өзі уәде берді емес пе, өз құлағыммен естідім ғой! — деді бала бетпақтанып.

— Сенің сол көсеміңе мен сенбеймін. Көзіңді бақырайтып қойып, беті бүлк етпей, өтірік айтады. Жол бастаушыларымыз күнәһарлар болса, Жұмақ-Жайға қалай барамыз. Қайтіп бармақпыз!.. — деді қарт қабағы салбырап.

Көштің алды керілген арқандай ұзыннан-ұзақ созылып жатқан құз-жартасты биік тауларға таяп келеді. Жақындаған сайын атқамінерлерден сабыр қашып, маза кетті. Дызылдап, дызақ атып, ат үстінде қопаң-қопаң етіп, әрлі-берлі шапқылай бастады.

— Кәне, жол беріңдер, кәне, былай тұрыңдар! — деп қояды шекпенділер бір-біріне, — Алдымен көсем өтсін!.. Бәріміз жабылып, күн көсемді арғы жаққа аман-есен өткізіп алайық! Кәне... кәне...

Шенділердің бұйрығы бойынша көсем отырған алтын күймені жаяу жасақ аяғын жерге тигізбей тік көтеріп әкетті. Құлап кетпесін дегендей, жан-жағынан қаумалай қоршаған атқамінерлер жұптарын жазбастан жарқанатша жарбаңдап, өлермендікпен ентелей түседі. Олардың түпкі ойы — осындайда көсемнің көзіне түсіп, төбелерін көрсетіп қалу. Сөйтіп, биліктің басқышына қол артып, қазанның бір тұтқасын ұстау.

Жанкештілердің жан алып, жан берісуінің арқасында, көсемнің күймесі құлама құз-жартасты қара таудың басына шыққанда артта келе жатқан қара халықтың алды жотасына енді ілінді. Сол сәт көк аспанды қарақошқыл бұлттар торлап, терістіктен салқан самал есе бастады.

Әне-міне дегенше, көсемнің күймесі таудың ар жағына түсіп, көрінбей кетті. Қара халық өкпелері өшіп, тау басына өлермендене өрмелеп келеді. Жүрістері шабан, қимыл-қозғалыстары баяу. Құлама құз-жартасты жағалап, қалқа-қалқаны сағалап, бір басып, екі басып келеді.

Бір кезде тау-тастың шаңын аспанға көтеріп, қатты дауыл тұрды. Төңірек түнеріп, күңгірт тарта бастады. Табиғат - Ана дүлей мінез танытып, түкірігін шаша ысқырып-пысқырып ала жөнелді. Әупірімдеп әрең келе жатқан қара халық жан-жақтарына қарауға да мұршалары келмей, көздерін де аша алмастан шаң-тозаңға көміліп қала берді.

Дауыл барған сайын күшейіп, тау басындағы тастарды домалата бастады. Талай адам ат-матымен, түйе-мүйесімен құз-жартастан құлап, мертіккені мертігіп, мерт болып жатты. Көптеген адамның басы жарылып, милары шашылды, аяқ-қолдары сынып, бет-ауыздары жырылды.

Ат үстінде аман қалмасын сезген дана қарт пен бала да жаяу түсе сап, пана болар жер іздеп келеді. Бастары бос қалған бие мен тай жолындағыларды қаға-маға төмен қарай құлдилап шаба жөнелді. Қарт баланы қос қолдай құшақтап алған. Бір жартастың қуысына кіріп, демдерін басты. Маңайдан айғайлаған, ыңырсыған, аттандаған, ойбайлаған ащы дауыстар жамырай шығады. Біреуді біреу танып, біреуді біреу білер емес. Біреудің біреуге қарауға мұршасы жоқ. Бәрі де өз бастарымен қайғы боп, әркім өзінше пана болар жер іздеп әуре-сарсаңға түскен.

Баланың тісі-тісіне тимей сақылдап, денесі қалш-қалш етеді. Қарттың бойын суық ала бастаса да, шекпенін шешіп, немересіне жапты. Үсті-басын қымталап, бауырына қыса түседі.

— Ей, Алла, мен асарымды асадым, жасарымды жасадым, мына бір жетім қалған жетімегімді пәле-жаладан сақтай гөр! — деп қайта-қайта Жаратқанға жалбарынады.

Қанша отырғандары белгісіз, бір кезде дауыл да саябырсыды. Халық та біртіндеп көздерін ашып, бастарын көтере бастады. Әр жерден ыңырсыған, ыңқылдаған, бақырып-шақырған дауыстар шығады. Адамдардың сұқыттарынан кісі шошырлық. Бет-ауыздары айғыз-айғыз, кір-қожалақ. Көздері ғана болымсыз жылтырайды. Кескін-келбеттерінен қажығандықтың белгісі байқалады. Бәрі де орындарынан сүйретіліп әрең тұрып, үсті-бастарын қағып-сілке бастады. Жан-жақтарына қарасып қояды. Әр-әр жерде шашылған дүние-мүлік, бастары жарылып, аяқ-қолдары сынып, домалап жатқан жаралылар. Талай адамды тас басып қалған. Анадай жерде жүк-мүгімен аударылып түскен кәрі атан ыңырана ыңырсып, әлсіз ғана тыпыршиды. Оның жанында быт-шыты шыққан ағаш бесік жатыр. Сәл әріректе қара қазан төңкеріліп қалған.

— Ой, астапыралла! — деді оны көрген данышпан қарт көңіліне кіді алып, — Ел-жұрт аман болса екен!..

Тірі қалғандар ең алдымен құз-жартастан құлап мерт болған, тас басып қалған өлім-жітімдер мен өздіктерінен жүруге жарамайтын жаралыларды жинай бастады. Қаза болғандардың мәйіттерін таныған туған-туысқандары жоқтау айтып, төңірек азан-қазан, уда-шу болды да кетті.

— Уа, халайық, — деді дана қарт дауысын созып, — Қазір, жылап-сықтайтын мезгіл емес. Ес жиыңдар, уақыт оздырмай, арғы жаққа өтіп алудың қамын ойластырайық!.. Шейіт болғандарды да өзімізбен бірге ала кетейік. Аман-есен өткен соң, бәрін де Жер-Ананың қойнына тапсырып, арулап жерлерміз! Әзірше, болған іске болаттай берік болып, жол қамына кірісейік!..

Көпшілік қарттың сөзіне құлақ асып, жылап-сықтауларын қойып, буынып-түйініп, ырғала-жырғала орындарынан қозғалды. Қажып-қалжыраған қалың бұқара бойларындағы бар күштерін жиып, ілбіп-сілбіп, жоғары қарай өңкеңдей жөнелді.

Атасы мен немересі де көштен қалмай, көппен бірге құз-жартастарды жағалап келеді. Баланың екі-үш мәрте аяғы тайып, құздан құлап түсе жаздады. Кәрілік жеңе бастаса да қайраты қайта қоймаған қарулы атасының арқасында аман қалды. Өкпелері өшіп, кеуделері қабынып, үсті-бастарынан қан аралас ащы тер суша ақты. «Көппен көрген — ұлы той!» дегендей, көпшілік бір-бірінен онша алшақтамай, ілгерінді-кейінді тасбақаша тырбаңдап жылжып келеді.

Өліп-талып, әрең-пәрең таудан асып, арғы жаққа да аяқтары ілінді-ау. Бастары ауырып, балтырлары сыздап, әупірімдеп әзер жетсе, шен-шекпенділер той жасап жатыр. Шетінен қызара бөртіп, қызып алған. Ұзыннан ұзақ дастархан жайылған. Үсті алуан түрлі тағамдарға толып, арақ-шарапқа сықасып тұр. Табақ-табақ ет, қазы-қарта, жал-жая. Қара халықтың қиналып, асудан әрең өткені миларына кіріп-шығар емес. Оны ойлауға мұршалары да жоқ. Құтырған итше қызылкөзденіп, ауыздарынан ақ көбік ата жінігіп алған. Әншілерге ән салдырып, күйшілерге күй тарттырып қойған. Жандарында жартылай жалаңаш биші қыздар сылаң қағып, мың бұрала билеп жүр. Мән-жайды түсіндіріп, дастарханнан дәм татпаққа алға ұмсынған халықты қарулы қарауылдар өңмендерінен итеріп, маңайлатар емес.

— Біз халықты асу бермес асудан аман алып өттік. Сол үшін де той тойлап жатырмыз! Көсеміміздің көрегендігінің арқасында дұрыс жолмен жүріп келеміз. Оған ешкімнің күдік-күмәні болмасын! Енді жолымыз оңалып, жағдайымыз жақсара бастайды! — деді бас уәзір бақаша бақылдап.

— Құрбандықтар бар ғой!.. — деді біреу мұрынынан міңгірлеп.

Бас уәзір оған ала көзімен атып жіберердей кекжие қарап:

— Құрбандықсыз ештеңе болмайды. Онсыз алға жылжу жоқ. Ең бастысы, алтын басты көсеміміздің дені сау, басы аман. Құдайдан бәрімізді Жұмақ-Жайға бастап апара жатқан басшымыздың амандығын тілеңдер! Ал бақыр бастылардың бары не, жоғы не, бәрібір емес пе?!. — деді шімірікпей.

Қақ төрде көсем қаннен-қаперсіз бас мүжіп отыр. Қолында жалт-жұлт еткен алтын пышақ. Екі езуін кезек ыржитып, сойған түлкідей ыржақтай береді. Ойнақшыған ойсыз жанары жан-жағын тінтіне шолып, маңайдағының бәрін қалт жібермей бақылап отыр. Іші бәрін біліп, көзі бәрін көріп отырса да, ештеңе сезбегендей, түк болмағандай, жайбарақат кейіпте жайлана түскен. «Күл болмасаңдар, пүл болыңдар, қарным тойса болды» дейтіндей, жылы-жұмсақты аузына қомағайлана тыққылайды. Тым марғау. Арып-ашып, азып-тозып келе жатқан халықпен мүлде шаруасы жоқтай, басын төмен салып, оларға қарағысы да келмейді. Дәл қасында оң тізесін баса жайғасқан Дәлдүріш ақын сырлы тостағандағы салқын қымыздан ұрттап қойып, арнау жыр айтып отыр. Анда-санда домбырасын қағып-қағып жіберіп, шабыт шақырғандай қиқуға басып, қышқырып қояды.

Жақын қалды арамыз,

Жұмақ-Жайға барамыз,

Ол да сіздің арқаңыз!

Асу бермес құз-шыңнан,

Алып өттің елді аман,

Ол да сіздің арқаңыз!

Жер басып тірі жүргеніміз,

Адам боп өмір сүргеніміз,

Бұл да сіздің арқаңыз! —

деп өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ғып, сандуғаштай сайрап отыр. Қысылып-қымсынатын түрі жоқ, айтқан сайын арқаланып, жынын шақырған бақсыдай құтырына түскен.

Мастана масаттанған көсемнің жүзі бал-бұл жайнап, көзі күлім қағады. Мақтаған сайын қопаңдап, қозғалақтай береді. Маңғаздана кеудесін керіп, шалқая түседі.

Бала жан-жағына жалтаңдай қарайды. Құлазыған қу медиен, құла дүз. Шаң басып, тозаң қонған сайын дала ажар-көркінен айырылып, жүдеп-жадай түскен. Маңайдың бәрі қураған қара тақыр, қылтиған көк жоқ. Ұшқан құс, жүгірген аң да көрінер емес.

— Ата, — деді етегінен тартып, — Мына асудан асып түссек, ырысқа кенелеміз, байлыққа белшеден батамыз дегені қайда, көсемнің?!.

— Е, балам-ай, мен саған айтпап па едім. Дәл осылай боларын да білгем.

— Онда неге айтпадыңыз, неліктен ескертпедіңіз?!.

— Кімге?

— Кімге болушы еді, көсемге. Бұлай адаспайтын едік қой!

— Е, балам-ау, ол менің сөзімді не қылсын. Айтқанды тыңдайды деген, кеудесіне нан піскен кеудемсоқтар...

Кенет, желке тұстарынан бас уәзірдің аюдай ақырған ащы айғайы естілді:

— Мына жап-жасыл жазыққа қараңдаршы! — деді ол қу тақырға көз тігіп.

— Иә, қандай жап-жасыл!.. — деп қостап қоя берді көпшілік.

Түкке түсінбеген бала атасына қарай мойнын бұрып:

— Қайдағы жап-жасыл жазықты айтып тұр? — деді аңтарыла.

— Бұл, атаңа нәлет, көзіңді бақырайтып қойып, жалған сөйлеп тұр. Оның өтірік екенін өзі де, мына қостап тұрған халық та жақсы біледі. Бірақ, амал не, бұлай өтірік сөйлеу біздің елде дәстүрге айналғалы қашан. Енді ол дәстүрді бұзу қиын-ау, сірә! Бұған таң қалудың қажеті жоқ. Әлі-ақ, сенің де етің өліп, бойың үйреніп кетеді. Біз бәріміз де өтірік күліп, жалған сөйлеуге әбден дағдыланғанбыз!

— Ана сыңсыған ну-орманды көріп тұрған шығарсыңдар! — деді тағы бас уәзір таздың шашындай әр-әр жерде қарауытып көрінген бірлі-жарым тал-теректі көрсетіп, — Сонда ұшқан құс пен жүгірген аңның неше түрі бар!

— Иә, көріп тұрмыз, басеке. Не деген қалың орман! Құстар мен аңдарын айтсаңшы! — деді бәрі қосанжарласып, — Қандай ғажап!..

— Анау сарқырап ағып жатқан сарқыраманы көріп тұрсыңдар ма?

— Қайсы, қайсы?.. — деп шуласып қоя берді таңдайлары кеуіп, еріндері кезеріп, шөліркеп тұрған жұртшылық шыдамсыздана қозғалақтап.

— Әне, ана...ау жақта! — деді бас уәзір көңіл жетсе де, көз көрмес алысты қолымен нұсқай.

— Иә, көрдік! Көріп тұрмыз! — деді көпшілік қаздай шуласып.

Кенет, ортаға бойы бір-ақ қарыс жылмаң қаққан бір жылтыр қара суырылып шығып:

— Суының дәмі қандай керемет, бал татиды ғой! — деп еді, бас уәзір оған күлімсірей қарап:

— Сен өзі болайын деп тұрған бала екенсің, тобырдың арасында неғып жүрсің?!. Дастарханға кел! — деді мырза кейіп танытып, — Сенің орның мына жақта! Бұдан былай сен бізбен бірге жүресің!..

Жылтыр қараның соңынан аяғын адымдай басып Нағыз ақын да өңмендей ортаға шықты. Жүзі қабарып, қарадай түтігіп кеткен. Шоқтай жанған отты жанары жай оғындай ұшқын атады.

— Әй, қызталақтар, не көкіп тұрсыңдар! Қайдағы жасыл жазық, қайдағы ну орман, қайдағы аң-құс, қайдағы сарқыраманы көріп тұрсыңдар! Көздеріңді ашып қарасаңдаршы! Қуарған қу тақырдан басқа түк жоқ қой, неге өтірік айтасыңдар! — деді де, бас уәзірге қадалып, — Қаңсыған қара тақырға алып келгендеріңе ұялғанның орнына, ұшпаққа шығарғандай өрекписіңдер! Көрер көзге өтірік айтып тұрғандарың қалай?!.

Бас уәзірдің қабағы салбырап түсіп кетті. Аяқ-қолы дір-дір етіп, жын соққандай қалшылдай бастады. Басы қалтылдап, еріндері жыбырлап, көзі шытынап:

— Ақымақ! — деді айғай салып, — Сөзді доғар! Әйтпесе, жаныңды жаһаннамға жіберемін!

— Әй, бейшара, — деді көпшілік үрпиісіп, — Бір пәлеге ұшырамаса жарар еді!.. Несі бар-ей!..

Ашу қысқан өр тұлғалы Нағыз ақын тілін тартар емес. Қолын сілтеп қойып, екілене сөйлеп тұр.

— Ел қайғы құшып, қан жұтып жатса, сендердің той тойлап жатқандарың қалай? Қара халықтың қамын кім ойлайды?!. Аш-жалаңаш, арып-ашып келеді. Бәрін де көріп-біліп отырсыңдар ғой!..— деді бас уәзірге көзінің сұғын қадай.

— Өй, әкеңді, саған жал бітейін деген екен! Елдің жағдайы жаман емес! Сенбесең, өздерінен сұрайықшы! — деді де, халыққа бұрылып, — О, халайық, жағдайларың қалай, шынымен арып-ашып келе жатырсыңдар ма?

— Жоқ, басеке, о не дегеніңіз, жағдайымыз өте жақсы. Сіз сұрағаннан кейін тіпті жақсарып қалды. — деді бір қутыңбай.

— Жегеніміз алдымызда, жемегеніміз артымызда! — деді тағы бір қыртынбай.

— Тойып секіріп тұрмыз! — деді енді бір жыртыңбай.

— Міне, көрдің бе, — деді бас уәзір Нағыз ақынға сұстия қарап, — Сен неге өтірік өзеурейсің! Бар шындықты мыналар айтып тұр ғой!..

— Шындықтан садақа кеткірлер, олар Құдай атқан су жұқпас суайттар ғой! Мен бәрін де өз көзіммен көріп келе жатырмын!.. Шылғи өтірік. Сендердің Жұмақ-Жайға бастап апара жатқандарың да жалған.

— Енді қайда бара жатыр екенбіз?

— Сендер халықты тамұққа апара жатырсыңдар!

— Не деп тұрсың, иттің баласы!.. — Бас уәзір қолындағы дырау қамшымен Нағыз ақынның басынан тартып-тартып жіберді.

Бет-аузын қан жуып кеткен Нағыз ақын теңселіп барып, кеудесін әрең тіктеді. Басы айналып, көзі қарауыта бастады.

— Кәне, енді есіңе түскен шығар, біз халықты қайда бастап бара жатырмыз? — деді бас уәзір дауысын қатайтып.

— Тамұққа... — Ақын әзер тіл қатты.

— Жұмақ-Жайға, иттің баласы...— Бас уәзір ақынды тағы да бір-екі рет қамшымен құлақ шекеден ала тартып-тартып жіберді де, шыдамсыздана айғайлап қоя берді, — Жұмақ-Жайға, иттің баласы!... Жұмақ-Жайға...

— Жұмақ-Жайда сендерге орын жоқ! Өйткені, шетіңнен өтірік айтып, жалған сөйлейсіңдер! Бәрің де күнәһарсыңдар! Сендер оңбай адастыңдар! Жұмақ-Жайға емес, тамұққа барар жолға түсіп кеттіңдер!

— Әй, мынау әбден құтырайын деген екен, ә! Мен сенің... қазір... үніңді өшірейін!.. — Әбден ызаға булыққан бас уәзір беліндегі қанжарын суырып алды да, ақынның жүрек тұсына бойлата сұғып жіберді. — Жаныңды жаһаннамнан іздерсің, бәлем!

Нағыз ақын тізерлей беріп, етпетінен құлап түсті. Қанжардың қызыл қанға боялған ұшы арқасынан бірақ шықты. Сонда да қыңқ етіп, үн шығарған жоқ. Тек ақырын «Мен ғана Жұмақ...» деуге шамасы әзер келді. Сол жатқан бойы қимылсыз қалды.

— Шындық өлді! — деді атасы немересінің басынан сипап. — Шындық барда, өтірік байқап жүруші еді, енді шайқап жүретін болды. Өтіріктің таңы атып, жалғанды жалпағынан басатын күні туды.

— Енді не істейміз? — деді бала жаутаңдап.

— Енді жанымыз қаласа да, қаламаса да, өтірікпен ауызжаласып өмір сүреміз! Өйткені жан тәтті, ешкімнің де Нағыз ақынның кебін кигісі келмейтіні белгілі!.. — деді қарт кеудесі қарс айырылардай ауыр дем алып.

— Ал, өтірік айтқым келмесе ше?

— Өтірік айтқың келмесе, үндеме. Үндемеудің өзі де жетеліктің белгісі!

— Үндемей, қалай өмір сүреміз!

— Өмір сүргің келсе, үндемек түгіл, өтірік сөйлеуге де үйренесің, балам! Өмір саған емес, сен өмірге бейімделесің! Бұл өзгермес өмір заңы. Бейімделгің келмесе, көрдің ғой, не боларын!..

Бала қарқылдап күліп жіберді. Бас уәзір қамшысын үйіріп, әкіреңдеп жетіп келді.

— Әй, боқмұрын, кімді мазақ қып, ыржаңдап тұрсың! — деді қарақұстай төне түсіп.

Баланың зәресі зәр түбіне жетіп, құты қашып кетті. Сасқанынан:

— Тойынғаннан мәз боп тұрмын! — деді қарны шұрылдап тұрғанына қарамай. Алғаш рет өтірік айтты.

— А, солай ма?! — Жымысқылана жымиған бас уәзір кері бұрылды.

Ал қалың көпшілік дыбыстарын шығармай іштерінен егіліп жылап тұрды. Халықтың көз жасынан қара топырақ ми батпаққа айналып бара жатты...

Қайдан шыққаны, қай жақтан келгені белгісіз, бір алып қара құс көшті маңайлай жарық жартасқа барып қонды. Көздері ойнақшып, жан-жағына тінтіне қарайды. Ешқандай қауіп-қатердің жоқтығын сезінген сияқты. Ұяластарын шақырғандай, бір-екі мәрте шаңқылдап дауыс шығарып еді, құзғындар қара құртша қаптап кетті. Жемтікке үймелегендей, топ-тобымен топырлап ұшып келіп, төңіректі торуылдай бастады. Тап бір той тойлауға жиналғандай, мойын-бастары қылтылдап, шегір көздері жылтылдап, бүйірлері бұлтылдап, бөтегелері бүлкілдеп, секең қағып, секіріп жүр.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз