ПЬЕСА
ҚАТЫСУШЫЛАР:
КЕНЕСАРЫ — хан
НАУРЫЗБАЙ — батыр, ханның бауыры
НЫСАНБАЙ — жырау
КҮНІМЖАН — ханның ғашығы
ТҰРСЫН — Күнімжанның әкесі, бай
ҚАДИША — Күнімжанның шешесі
ҚОҢЫРҚҰЛЖА — Ақмоланың аға сұлтаны
ГОРЧАКОВ — Батыс-Сібір генерал-губернаторы
ИВАН КАРБЫШЕВ — Қараөткел бекінісінің коменданты, войсковой старшина
Халық, сардарлар мен сарбаздар, әнші-күйшілер және тағы басқалар.
Бірінші көрініс
Сахна түкпірінен қараң-құраң етіп біреу шығып (қазақ) келе жатады. Бірте-бірте жан-жақтан қараңдаған адамдардың қатары көбейіп, қимыл-қозғалыс күшейе түседі. Бәрі де алдыға қарай жедел-қабыл ұмсына, ұмтыла береді.
Бір кезде дәл ортаға жоғарыдан арқандар ширатылып түседі. Адамдар жер бауырлап жата-жата қалады. Сол сәт тағы бір топ адам пайда болып, жоғарыдан төмен қарай тартылған арқандарға қарай ұмтылады. Қым-қуыт қозғалыс, жанкешті ұмтылыс. Кенет, жатқандар орындарынан тұрады. Екі жақ арқанға таласа жөнеледі. Әрі тарт та, бері тарт, іс-әрекет күшейіп, арпалыс арта түседі.
Осы кезде Кенесары мен Қоңырқұлжа көрінеді.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ей, Кенесары, ұлы империяға жалаң қылышпен қалай қарсы тұрмақсың?!. Елді құр босқа дүрліктіріп, қанды қырғынға бастағаннан не табам дейсің?! Халықты орға апарып жығасың-ау, Кенесары.
КЕНЕСАРЫ. Қоңырқұлжа, сен сияқты ақ патшаға қызмет етіп, күнің үшін жаныңды жалдап, сатылып жүргенше, азаттық үшін күресіп өлген артық!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ау, мен ақ патшаға қызмет етсем, Ақмоланың аға сұлтанымын.
КЕНЕСАРЫ. Аға сұлтандығыңды алға тартып, ата-бабамыздан мұра боп қалған жерімізді қарашекпенділерге таратып беріп жатса да аузын буған бұқадай қарап отыра бермекпісің! Бұндай бассыздыққа сен көз жұма қарағаныңмен, мен жол бере алмаймын!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Өздерің емес пе, ақ патшаға қарсы шығып жүрген.
КЕНЕСАРЫ. Еліңді қасқырша талап, қатыныңды, келініңді, қызыңды зорлап, ұлыңның тұлымын қиып, құлақкесті құлына айналдырса да, тырс етпей отыра беру керек пе?! Жо.. жоқ... Бұған сен көнерсің, мен көне алмаймын, сен төзерсің, мен төзе алмаймын!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Кенесары, байқа, байқа, ақ патшаға қарсы шығамын деп, басыңның қайда қалғанын білмей қалып жүр ме? Мен патшаға не үшін, кім үшін қызмет етіп жүрмін?!. Осының бәрі қара халықтың, қалың елдің қамы емес пе? Сенің жаныңды ауыртқан жай, бізді күйзелтпейді деймісің?!.
КЕНЕСАРЫ. Жоқ... Қоңырқұлжа... Сонда айдағанның алдына түсіп, ұстағанның жетегінде кете бер демексің бе?! Жо.. жоқ... намысымызды таптата қоймаспын!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (сәл кідіріп). Кенесары, қазақтың жауы тек ормандай орыс емес, Қоқан, Бұхара, Хиуа хандықтары да басыңа бәйге тігіп, жеріңе көз алартып, әлекедей жаланып отыр. Қайда барсаң да алдыңнан құрылған тор мен қазылған көр шығар!.. Әй... әй...
КЕНЕСАРЫ. Жоқ. Елімнің тізгіні мен шылбырын жат қолына бере алмаймын! Біз құл болу үшін жаралғамыз жоқ! Сен құл болсаң, мен құл болсам, ертеңгі ұрпағымыз кім болмақ? Еркіндік үшін қыннан қылыш суырып, жауға қарсы шабамыз, керек болса, осы жолда жанымызды құрбандыққа шаламыз!..
Осы сәтте жалындата сөйлеп тұрған Кенесарының көзі шара ұстаған сұлу қызға түседі. Ол баппен басып келіп, қолындағы қымызын Кенесарыға ұсынады. Кенесары салқын қымызды тартып кеп жібергенде маңдайынан суық тер бұрқ ете түседі. Қыз қысыла-қымтырыла қол орамалын ұсынады. Кенесары орамалды алып, маңдайындағы терін сүртеді. Осы кезде екеуі қалған елден бөлініп, алға шығады. Музыка өшеді.
КЕНЕСАРЫ. Сен... сен, кім едің, қалқам? Қанатымен су сепкен қарлығаштай болдың-ау!
КҮНІМЖАН. Атым — Күнімжан. Тұрсын байдың қызымын.
КЕНЕСАРЫ. Күнімжан... Күнімжан... Атыңа затың сай екен, қалқам!
КҮНІМЖАН. Есіміңізге сырттай қанық ем. Айтса айтқандай, тұлғаңыз ерек, сөзіңіз кесек жан екенсіз.
КЕНЕСАРЫ. Жанымда жүрер жан екенсің!
КҮНІМЖАН. Әттең, әттең, жолым жіңішке, әйтпесе, ойланбастан соңыңызға ерер ем!
КЕНЕСАРЫ. Сендей ару шұғыласын шашып жанымда жүрсе, менің де өмірім нұрлана түсер еді-ау, Күнімжан! (Қолына қыз берген орамалды алып). Жан-жүрегің аяулы неткен жан ең?!. Қылығың қандай сүйкімді, сөзің қандай әсерлі, жүзің неткен жылы еді, қалқам?!.
Кенесары сәл-пәл ойлана тұрып қалады да, аздан соң аяғын ақырын басып шығып кетеді.
Кенет музыка өзгереді. Лирика. Сағыныш. Махаббат. Әдемі, талдырмаш жаңағы қызды көреміз. Өзімен өзі, біреуді іздегендей, әлденені күткендей күйде. Ыңылдап ән айтады. Әні өте назды, дауысынан мұң мен сағыныштың самал желі еседі.
КҮНІМЖАН (сықылықтап). О, Тәңірім, өзің жар бол!.. Қолда мендей пақырыңды!.. Түні бойы көз ілмеймін, күні бойы елегзимін! Қалай... қалай түстім бұл сұрапыл сарсаңға? Бұл не ғажап? Жаным неге жай таппайды! Көңіл құсым алып ұшып, қайда тартып барасың!.. Қайдан тұрақ табарсың! Жан-жүрегім мұнша неге егіледі, езіледі! Нені аңсайды?.. Нені іздейді?..
Шешесі шығады. Күнімжанды көріп, жанына жақындайды.
ҚАДИША. Күнім-ау, бейуақытта жападан-жалғыз нағып жүрсің?
КҮНІМЖАН. Апа, апа!..
ҚАДИША. Не болды, күнім?
КҮНІМЖАН. Жаным менің жаралы!..
ҚАДИША. Не дейді?.. Ботам-ау, сырқаттанып қалғаннан саумысың!
КҮНІМЖАН. Тәнім сап-сау, жаным ғана жаралы. Жүрегіме мәңгі өшпейтін шоқ түсті! Енді соны өшіре алмай әлекпін! Апатай...
ҚАДИША. Ол қандай шоқ?
КҮНІМЖАН. Сезім шоғы... сезім шоғы, апатай!..
ҚАДИША (күлімсіреп). Күйеу жігіт бүгін келем депті ғой!..
КҮНІМЖАН (күмілжіп). Апа, апатай!..
ҚАДИША. Не болды, күнім? Көңілімді күпті ете бермей айтсаңшы!..
КҮНІМЖАН. Апа... апатай, менің көңілім басқада.
ҚАДИША ( шошынып). Не сұмдықты бастағалы тұрсың, қызым!.. Кім сонда ол? Қандай жан?
КҮНІМЖАН (күмілжіп). Айта алмаймын, апатай... Бір көргеннен таныдым! Таныдым да есім кетті! Еркімді алды құштарлық! Түр-тұлғасы келіскен нағыз батыр, ер екен! Содан бері күндіз күлкі, түнде ұйқымнан айырылдым!
ҚАДИША. Бұның қалай, қызым-ау? Айттырылып, қалың малың төленіп, тойыңа дейін келісіліп қойылған жоқ па? Күйеу жігіт бүгін келеді емес пе? Оған не айтамыз? Қызым, әкеңнің абыройын ойлап көрдің бе?!
КҮНІМЖАН. Ойладым, апа, ойладым! Ойладым да, осыған тас бекіндім! Мен Қоңырқұлжаға әйел бола алмаймын, апатай!
ҚАДИША. Енді болмас әңгімені қозғама?
КҮНІМЖАН. Түсінсеңізші, апатай!.. Екі бірдей қатынның үстіне қалай бармақпын!..
ҚАДИША. Бармай, қайда барасың!
КҮНІМЖАН. Апатай... Қаламаған адамға қалай ғана бармақпын!.. Қалай қимақсыз, апатай!.. Апа...
ҚАДИША. Қой, қызым, ақылға кел! Әкең де саған жаманшылық ойламас. Оның үстіне аға сұлтан деген аты бар емес пе, Қоңырқұлжаның қырына іліксек, кетеуіміз кетіп қалмай ма, қызым? Сенің қалыңыңа деп үш үйір қара жорғаны әкеп тастамады ма?! Елге масқара боламыз! Ол бұған қалай шыдар дерсің?! Береке-бірлігіміз кетіп, елдің тыныштығы бұзылмай ма?!.
КҮНІМЖАН. Өзім де екі оттың ортасында қалғандай қиналып жүрмін, апатай... Бірақ, бұл ойымнан енді мені бір-ақ нәрсе қайтармақ!..
ҚАДИША. Ол не сонда? Алдымен соныңды айтшы?
КҮНІМЖАН. Ол... Ол — ажал.
ҚАДИША. Не дейді, Құдай-ау!.. Тас бітелгір құлағым не естіп тұр! Ботам-ай, ертерек неге айтпадың? Әкеңе не дерміз?!
КҮНІМЖАН. Апа, әкеме өзіңіз айтып көріңізші! Түсіндіріңізші, апатай!..
ҚАДИША. Қалай ғана айтсам екен?! Құдайым-ай!.. Сенің де сырың, әкеңнің де мінезі өзіме мәлім ғой! Айтайын, түсіндірейін!.. Түсінсе егер...
Екеуі шығып кетеді.
(Сол сахна. Тұрсын бай ойланып отыр. Бір кезде сырт жақтан шәуілдеген иттердің дауысы жамырай шығып, тарсылдаған ат тұяғының дүрсілі естіледі. Іле-шала үйге Қоңырқұлжа алқына-жұлқына кіріп келеді. Ашулы, сұсты.)
ТҰРСЫН. Хош кепсіз, сұлтан!.. (Қоңырқұлжа оның ұсынған қолын алмайды. Қолындағы арқанды жерге тастай салады). Ау, сұлтан, жауға шапқандай бұл не келіс? Жоқ әлде, сұлтанға не істесе де жараса береді деп ойлайсың ба? Ақыры келісің осылай екен, үйге ат-матыңмен бірақ кіре салмадың ба?! Ауылдың итіне дейін азан-қазан шулатып...
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Оу, ауылдарыңда адам емес, иттің көп екенін қайдан білейін! Шетінен үргіш, қабаған сияқты!..
ТҰРСЫН. Мен де білмедім, иттің тілін түсінетін ит емеспіз, амандасып-сәлемдесіп жатқандары шығар!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Әй, не деп тұрсың, Тұрсын бай!..
ТҰРСЫН. Аптықпа, сұлтан, ата-дәстүр бар емес пе? Ұмыттың ба?..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ей, ата салтты аяққа таптап отырған мен бе, әлде сендер ме? Аа.. Кеше қызыңның хабаршыдан маған не айтып жібергенін білемісің?
ТҰРСЫН. Ашуланба, сұлтан. Өзім де жаңа ғана естіп отырмын. Алдымен сөзге қонақ бер!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Не айтарыңды қабағыңнан-ақ сезіп тұрмын! Бүгін қызыңды алып кетемін!..
ТҰРСЫН. Бере алмаймын...
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ау, неге? Айттырып, қалың малын төлеп қоймап па ем!
ТҰРСЫН. Айттырғаның рас-ау!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ендеше бұл қай қиястық?
ТҰРСЫН. Қызым өз еркімен бармаса, зорлап қоса алмаймын. Өзің де білесің, Күнімжан менің жар дегенде жалғызым. Қызым да осы, ұлым да осы! Құдайдан тілеп алған, көзімнің ағы мен қарасындай, жалғызымды жылата алмаймын!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (өршеленіп). Оу, сен өзі не айтып тұрғаныңды білемісің! Жоқ әлде, мына менің кім екенімді ұмытып қалдың ба?
ТҰРСЫН. Ешнәрсені ұмытқам жоқ! Қаласаң, қалың малыңды айыбымен қайтарып берейін. Тек айтарым, көңілі қаламаған қызымды жылата алмаймын!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Таңдағаным — Күнімжан. Әйтпесе, аламын десем, маған немене қатын құрып қалды деймісің?! Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан...
ТҰРСЫН. Қоңырқұлжа... аға сұлтан болдым деп әбден құтырған екенсің! Кім еді сені қолтығыңнан демеген? Ұмыттың ба?!. Аядым ба жолыңа, малым менен пұлымды!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (күледі). Әй, берсең, мен сенен сұрағамын жоқ! Өзің үшін бергенсің! Саған да жал бітейін деген екен, ә!.. Салыңдар мойнына қыл арқанды. Қол-аяғын кісендеп, итжеккенге айдатайын. Көрейін, қорлық пен мазақтың қандай болатынын!.. (нөкерлеріне қарап). Әй, не қарап тұрсыңдар! Аналарды алып кетіңдер!.. Қызын ғана қалдырыңдар!
КҮНІМЖАН. Әке!..
ТҰРСЫН (шошынып). Қоңырқұлжа, не істемек ойың бар?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (жымысқылана жымиып). Қазір өзің де көретін боласың!
ТҰРСЫН. Антұрған!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Әкетіңдер мынаны! (Сырттан бір жігіт жүгіріп кіреді.) Әй, не боп қалды?
ЖІГІТ. Кенесары... Кенесары келе жатыр...
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Келсе, қайтейін!..
Іле-шала Наурызбай кіріп келеді. Тұрсын байды ұстап тұрған екі нөкерді қамшымен тартып-тартып жібереді.
НАУРЫЗБАЙ. Босатыңдар! (Қоңырқұлжаға). Бұл не қылған бассыздық.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (сызданып). Саған не керек, боқмұрын?
НАУРЫЗБАЙ. Сен не деп тұрсың, атаңа нәлет!.. (жағасына жармаса кетеді)
КЕНЕСАРЫ. Тоқтат!..
Осы кезде Кенесары кіріп келеді. Қасында Нысанбай жырау. Наурызбай қолын кеудесіне қойып, қаққан қазықтай тұра қалады. Кенесарының көзі бірден үрпиіп тұрған Күнімжанға түседі. Күнімжанда Кенесарыға қарай қалған. Екеуінің көздері түйісіп қалады да, қыз ұялып имене басып шегіншектей береді. Оның артынын «Қызым, қызым...» деп әкесі де шеттеу шыға береді. Кенесары Күнімжанның соңынан бір басып, екі басып ілесе беріп, ойына әлдене түскендей тоқтай қалады.
КЕНЕСАРЫ. (Қоңырқұлжаға қарап) Бұл қай басынғаның!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Сен... сен бұнда қайдан тап бола қалдың?
КЕНЕСАРЫ. Жай жүретін заман ба еді?! Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартып, елдің шырқын бұзып тұр емес пе?!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ау, елдің қамын сылтау ғып, қатын қарап жүргеннен саумысың!
КЕНЕСАРЫ. Ал, солай болса ше?!. Бұл елдің еркегі жалғыз сен емес шығарсың!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Кенесары, мен бүгін қайтсем де қалыңдығымды алып кетемін!.. Жолыма бөгет болма!
КЕНЕСАРЫ. Қоңырқұлжа, еріксіз алып кете алмассың! Біз де бұл елдің иесіміз.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Солай ма еді?!. Сен қарсы болды екен деп, сырғасы салынып, еншісі төленген қалыңдығымды тастап кете алмаймын!
КЕНЕСАРЫ. Қоңырқұлжа, қарындасты жылатып саған бере қоймаспыз!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Кенесары, айтқаныма көніп, айдауыма жүреді десең, қателесесің! Атаң Абылайдан бері айтқандарыңды өткізіп, тізе батырып келесіңдер. Билік пен шен-шекпенге қатысты болса бір сәрі-ау! Басқа қыз-қырқын құрып қалғандай, қалыңы төленген қатыныма көз салғаның, қай басынғаның!.. Айдың-күннің аманында айттырып қойған қалыңдығымнан айырылып қалсам, кім болғаным! Жо.. жоқ... Кенесары, бұндай бассыздыққа жол бере қоймаспын! Біздің де еркектік намысымыз бар емес пе?.. Құдай куә, мен емес, өзің келіп соқтықтың! Көрерміз әлі кімнің мықты екенін! Ендігі ісім сендермен болсын!
НАУРЫЗБАЙ (тұра ұмтылып). Әй, доңызбен ауызжаласқан пәле, не оттап тұрсың!?.
КЕНЕСАРЫ. Науан!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Өй, өңмеңдеген өңшең Абылайдың тұқымы... Құтырайын деген екенсіңдер! Тфә!.. (шығып кетеді).
НАУРЫЗБАЙ. Атаңа нәлет, қуып жетіп, сазайын берейін!..
КЕНЕСАРЫ. Наурызбай!..
НАУРЫЗБАЙ. Көке!..
КЕНЕСАРЫ. Бауырым!..
НАУРЫЗБАЙ. Көке, «Жауды аяған жаралы» болар. Көке...
КЕНЕСАРЫ. Есіңде болсын, мен аяп тұрғамын жоқ! Итпен ит болсаң, бойыңнан не қасиет қалмақ? Онсыз да басы бірікпей жүрген елдің арасына от салып қайтеміз!..
НАУРЫЗБАЙ. Қашанғы олардың әуеніне төңкеріле береміз. Аюға намаз үйреткен таяқ емес пе?!
НЫСАНБАЙ. Наурызбай... Наурызбай, кейде осылай жау болуға ниеті жоқ елді де өшіктіріп аласың-ау!
НАУРЫЗБАЙ (Нысанбайдың жағасынана шап беріп). Оу, сен кім едің?!.
НЫСАНБАЙ. Сабыр, Наурызбай!..
НАУРЫЗБАЙ. Сен кім едің, маған ақыл үйретер?!
КЕНЕСАРЫ. Науан... Науан!.. Ашуың алдында, ақылың артыңда жүреді-ау, сенің! Біз елді ақылмен.. мына бастап жүрген ісіміздің игілікті іс екендігіне көздерін жеткізіп барып, барша халықты соңымыздан ертеміз деп жүр емеспіз бе? Сабаңа түс, Науан!..
НАУРЫЗБАЙ. Көке, мен сенің ашуың мен қайратыңмын. Керекті жерге жұмсарсың! Қиып түспесем, маған серт! Ендігі бас билігім өзіңде. Артық кетіп, ағаттық жасасам, айыпқа бұйырмассыз, көке!
КЕНЕСАРЫ. О, бәрекелді... бәрекелді бауырым! (Құшағына басып, арқасынан қағады).
Тұрсын Кенесарыға жақындайды. Онымен бірге әйелі мен қызы қоса шығады. Әйелінің қолында кісе, қызының қолында қылыш. Көлденеңінен ұстаған. Тарту-таралғы екені көрініп тұр.
ТҰРСЫН. Айналайын, Кенесарым-ай, сыртыңнан қиянатқа жаны қас деп естуші ем! Оған да көзім жетті. Өле өлгенше ұмытпаспын. Атаң Абылай мен әкең Қасымның да ойлағаны ел бірлігі, жер тұтастығы еді. Өзің де сол жолға түскен екенсің! Ақ патшаның пәрменіне разы болмай атқа қонды деп естігем. Ризамын. Жортқанда жолдарың болсын!
КЕНЕСАРЫ. Тәңір жарылқасын, ағасы!
ТҰРСЫН. Кенесары, өзің ат үстіндесің, ал біз болсақ, отырып қалдық. Ел іші қалай, не күйде?
КЕНЕСАРЫ. Өз елімізде тұрып өгейдің күйін кешкендейміз, қария. Самалы саумал Сарыарқам-ай!.. Түгін тартса майы шығатын қасиетті атақонысымыз сағымдай бұлдырап, жаттың қолында қалып бара жатыр. Жеріміз киесіз, еліміз иесіз қалғандай. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демей ме! Алтаудың ала болмай, төртеудің түгел болғанын қалаймын. Мына аузы түкті кәпірдің беталысы жаман, ішкерлей еніп, қаптап келеді! Бұларын қоймаса, түбі осылармен жауласатын түріміз бар! Қараспандай төніп келе жатқан алты басты айдаһарға бірлесіп қарсы тұрмасақ болмайды. Екпіні тауды бұзып, жасты жаратындай, тым қатты.
НЫСАНБАЙ. Ел ағасыз, жең жағасыз болмас. Елдің жөн білер ағасысыз, сіз бұған не дейсіз, қария. Кенесарының сөзіне қандай ақыл қосасыз?
ТҰРСЫН. Иә, сөздеріңнің жаны бар. Қауіп көп. Қара аспандай төніп-ақ келеді. Сейілетін күн бар ма, сейілтетін күш бар ма?! «Бірлікті ел бұзылмас» деген, «күш — бірлікте», бас біріктіріп, қарсы тұрмасақ, жұтылып кетер жайымыз бар. Ел қонысынан айырылса, ырысынан қоса айырылмақ. Ел мен жердің қадірін білер жұрт емеспіз бе, біз де қарап қалмаспыз! Артыңда айғайға аттан қосар қалың елің бар! «Көп қолдаса, жеңбейтін жау жоқ», қолтығыңнан демеуге қашанда дайынбыз. Еліміз бен жеріміз үшін аянатын, аяйтын ештеңеміз жоқ!
КЕНЕСАРЫ. Бәрекелді, ағасы. Көпті көргендігіңізді танытып, көшелі сөз айттыңыз! Өзіңіз сықылды жөн сілтеп, жол көрсетер ел ағалары болмаса, қазақтың қай ісі оңға басар дейсіз! Мына кең далада тарыдай шашылып, ру-руға бөлініп жүрген сорлы қазақ басы бірікпей, жем болып кете ме деп қорқам.
ТҰРСЫН. Әр қазақтың үйінде хан мен сұлтанның сыбағасы дайын тұратын дәстүріміз бар-емес пе?!. Қабыл ал!.. Елің теңдікке жетпей, беліңнен түспесін! (Кенесарының беліне күміс кісе байлайды).
КЕНЕСАРЫ. Тәңір жарылқасын, ақсақал!..
ТҰРСЫН (Наурызбайға бұрылып). Ал Наурызбай шырағым, «орыстан досың болса, айбалтаң қасыңда болсын» деп тегін айтты деймісің! Мына алмас тек қана ақиқат жолында сермелсін!
НАУРЫЗБАЙ. Рахмет, ағасы!
ТҰРСЫН. Жортқанда жолдарың болсын, батырларым! Жаратқан жар болып, ата-бабаларыңның аруағы қолдасын! Аумин!
Екінші көрініс
Кенесары жападан-жалғыз ойланып отыр. Көзінде мұң, жүзінде нала бар.
КЕНЕСАРЫ. Оу, беу дүние... Менің таңдаған жолым дұрыс па? Заман мынау... құбылып тұрған... «Алла аларында адамды ақылынан адастырады» деуші еді, адасып жүрген жоқпын ба? Соңыма ілескен халықты өзім орға апарып жықпаймын ба?! Бастарын оққа өзім байлап бергендей болмаймын ба?! Ормандай орысқа қарсы шығамыз деп, құр босқа қырылып қалсақ, не болмақ?!. Алты басты айдаһардың жұмырына жұтылып кете бермейміз бе? Жо... жоқ. Беу дүние-ай!.. Бар қазақтың басын қосып, соңымнан ерте алсам-ау, шіркін!.. Оған шама жете ме?.. Жай жатсаң да аман қоятын түрі жоқ!Бодандықтың қамытын өз еркімізбен мойнымызға кигенше, тірі жан емеспіз бе, өлсек те қарсыласып өлейік! Мен осыған бекіндім!
А, дариға, дүние-ай!.. Қасиетіңнен айналайын, туып-өсіп, кіндік кескен туған жер!.. Ата-баба қонысым, жаз жайлауым, қыс қыстауым!.. Көкорай тарқан өзенім, айналасы қоғалы, суы тұнық көлдерім, салынды қопа қамысым, батыр мен билер бас қосып, әңгіме құрған белдерім, шағырлы жусан, изенім, жапырақ жайып гүлденер қарағайым мен қайыңым, айналайын аралым, арқар мен құлжа, маралым, бастары самал тауларым, арасы биік бауларым, сарқырап аққан бұлағым, желкілдеп өскен құрағым, сауынға саба толтырып, ат шаптырып, той қылып, құт-береке болған жерлерім көзден бұл-бұл ұшып, қолдан сусып, біреудің иелігінде қалып барасың-ау! Ірбіті сары самарға сапырып қымыз құйдырып, салқын жерге тоңдырып, салтанатқа төндіріп, сауқым салған заман-ай! Тамағымызға қанжар, қос бүйірімізге егеулі найза, жүрегімізге көк сүңгі қадалды. Төбемізде алмас қылыш төніп тұр!.. Уа, дариға, беу дүние-ай!..
Күнімжан келеді.
КҮНІМЖАН. Аманбысыз, батыр?
КЕНЕСАРЫ (жалт қарап). Күнімжан... бұнда қайдан жүрсің?
КҮНІМЖАН. Көңіл құсым алып-ұшты!..
КЕНЕСАРЫ (тебіреніп). Жалғыз-жарым жүрсің бе?
КҮНІМЖАН. Жалғыз келдім! Сырым шашау шықпасын деп!..
КЕНЕСАРЫ. Қалқам-ай, бір қорқытып, бір қуанттың ғой, ағаңды!
КҮНІМЖАН. Аға, сізді бір көргеннен жүрегіме шоқ түсті. Содан бері ойсоқты боп, көз іле алмай жүрмін!..
КЕНЕСАРЫ. Менің де қалқам, ойымда тек сен ғана... Тамам жұрттың көзінше қымсынбай-ақ қымыз әкеп беріп ең!.. Маңдайымнан аққан терді сүртуге берген орамалың да жанымда сақтаулы! (Қалтасынан кестелі орамал алып шығады). Сол кезде-ақ тал бойыңнан бір жылылық сезіп ем! Жанарыңнан біраз сырды ұғып ем!.. Әттең, әттең, көзім де өткір, тілім де менің жаман еді. Жақсы көрген адамыма көп сұқтанып, артық ауыз сөз де айта бермеймін!
КҮНІМЖАН. Сол күннен кейін сізді енді көре алмаймын ба деп қорықтым. Жаным-жүрегім сізді іздеді. Ата салттан аттап өтіп, жолыма да қарамай, қыз да болсам, сізді іздеп шыққаным да сол еді!..
КЕНЕСАРЫ. Мен де қалқам, таптым ба деп тұрмын іздегенімді. О, Тәңірім, ризамын мен саған! Қысылғанда қолтығынан демесін деп осындай қалқаны жібергенің үшін де! Ризамын!..
Қоңырқұлжа келеді.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. А, солай ма еді?!. Көңілімдегі күдікке көзім жетті-ау, ақыры!
КЕНЕСАРЫ. Аға сұлтанның қараңғыны жамылған қорқаудай тіміскіленіп жүргені қалай?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Көз алдыңда асылыңды қағып бара жатса, аға сұлтандығыңды ойлап өзің де отыра алмассың! Жасым үлкен, жасым үлкен болған соң жолым да үлкен. Көшелігіңді таныт, Кенесары!..
КЕНЕСАРЫ. Жоқ, Қоңырқұлжа. Олай жасыңды бұлдама! Жол жаққа келсек, бар қазақты билеген Абылай ханның немересі екенімді ұмыттың ба?!.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Иә, Абылайдың тұқымы, әлі күнге дейін тізе батырып келесіңдер. Мен де атақты Әз Тәуке мен Семеке хандардың әулетіненмін. Атам, орта жүздің ханы Семекеге қырық мың жылқы біткен. Өз әкем Құдайменді сұлтанға да отыз мың қара көк пен күрең бітті емес пе? Ал сенен менің қай жерім кем? Атағым ба, бағым ба, дәулетім бе? Мен де ұлы Шыңғыс ханның ұрпағымын.
КЕНЕСАРЫ. Әй, Қоңырқұлжа, атақ пен даңқты алға тартар жер бұл емес.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ау, Кенесары, қарға қарғаның көзін шұқымас. Екеуміз де бір атаның баласымыз. Төре тұқымының намысы қараның қызының махаббатынан әлдеқайда артық шығар!
КЕНЕСАРЫ. Жоқ... жоқ, Қоңырқұлжа, бұл Алланың ісі. Бұған қылар шарам жоқ.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ау, Кенесары Алланы алдыға тартып сылтауратпа. Мен Күнімжанның өз аузынан естігім келеді. (Күнімжанға қарап) Сен не дейсің, Күнімжан?
КҮНІМЖАН. Басымды саудаға салатындай мал емеспін ғой, сұлтан! Екі батырды таластырып, ел араздығына себепкер болғым келмейді. Елімнің еркін өскен ерке қызы едім, жолыма бөгет болмаңыз, сұлтан!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Күнімжан-ай, міне сенің осы мінезің ғой, мені өзіңе еліктіріп қойған. Дос бар менде, дұшпан бар. Күлмей ме ел артын ашып. Жай таптырмай жаныма, ауыр болды-ау азабым, айтшы, жаным, өзің-ақ, бұл неғылған мазағың!..
КҮНІМЖАН. Бар кінәні маған емес, жүрегіме қойыңыз! Неғыл дейсіз, не істе дейсіз, соқпаса егер сіз деп жүрек. Жаным менің қаламаса, сізбен бірге болуды!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Неткен қатал жан едің, қайрылмайтын, ерімейтін, жібімейтін жүрегің!..
КЕНЕСАРЫ. Айтылар сөз айтылды. Күнімжанның жауабын естідің ғой!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Күнімжан-ай, әттең... Әттең, Күнімжан-ай, жолыңда өлсем арманым жоқ деуші едім!.. Бәрібір сені қатын қылмай тынбаймын!.. Осы уәдемде тұрмасам, атым өшсін!.. (Ашуланып кетіп қалады).
КЕНЕСАРЫ. Әй, Қоңырқұлжа-ай!.. Ақылға келе ме десем, азынаған айғырдай арқырап барасың ғой!
КҮНІМЖАН (еркелей). Төрем, басыңызды дауға салып қойдым ба?
КЕНЕСАРЫ. Жо... жоқ, еркем, қайта маған өшпес жалын сыйладың!
Осы жерде той көріністері көрсетіледі. Кенесары мен Күнімжанның тойы. Тойға жиналған қауым жағалай қоршап, қостап тұрады. Ортада Кенесары. Екі жеңгесі ұзатылар қыздың киімін киген Күнімжанды екі жағынан ұстап, алып келеді. Үстінде қызыл камзол, басында әдемі сәукеле.
НЫСАНБАЙ. Ал, жігіттер, Кенекемнің тойында көрсетейік өнерді...
Уа, ааа... Айналайын Кенекем!
Сұңғақ бойлы сұңқарым,
Сұңғыла ойлы сұлтаным.
Дүбірлеп озған дәуірден,
Тарланбозым, тұлпарым!
Салқам-салқам салқарым,
Шамырқанған шалқарым.
Үкілі үміт артарым.
Зұлқарнайын сияқты
Қос мүйіздім, арқарым!
Елбең-елбең елменен,
Емеурінге көнбеген.
Ербейгенге ермеген,
Ел намысын бермеген
Сендей болсын ер деген!
Айдарынан таң атар,
Айбарынан күн батар.
Абылайдың жалғасы,
Ақ беренді алмасы.
Саған ауыр болар, хақ,
Құл-құтандық таңбасы.
Тек Тәңірден тілеген,
Сен — бөрісің. Бір егең.
Бодан болмай басқаға,
Азуын айға білеген.
Ай, адуынды арысым,
Азуы алты қарысым.
Ағайынның ары үшін,
Қара бала қамы үшін,
Жаумен жаға жыртыстың,
Ерлігің — елдік намысым!
(Ақын Дархан Қыдыралидың «Хан Кене» атты өлеңінен алынды)
Уа, ағайын, бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Ал, мен бастадым, кім қостайды? Жүрегі түкті біреу бар ма араларыңда?
НАУРЫЗБАЙ. Атаңа нәлет, мен бар. Кенекемнің тойыңда аянатын не бар!.. Көрсетейік өнерді!.. (Наурызбай екі қолына екі қылыш ала салып қылыштасу өнерін көрсетеді) Ал жұртым, жасырар жұмбағым бар! Табасыңдар ма?
ЖҰРТ. Табамыз... Тауып көрейік!
Науызбай бүктетіліп жата қалады.
ЖҰРТ. Мынау — асық қой! Асық... Бүк түсті!..
Наурызбай шікесінен түсе қалады.
ЖҰРТ. Шік! Шік түсті!..
Науызбай алшы түскендей қырынан керіліп жата қалады.
ЖҰРТ. Алшы. Алшы түсті! Кенекемнің асығы алшысынан түсті.
НЫСАНБАЙ. Ап, бәрекелді, Наурызбай!..
КЕНЕСАРЫ. Жарадың, бауырым!
ЖҰРТ. Жарайсың, батырым!.. Бүйтпесең, Наурызбай боламысың!..
КЕНЕСАРЫ. Қайда әлгі бұл елдің менменсіген батыр-балуандары!..
Осы кезде «Біз бармыз!» деп екі батыр ортаға атып шығады. Ұзын арқанды иықтарына салып, тартыспаққа бірі-біріне теріс қарап тұра қалады. Тойды басқарып жүрген Нысанбай келіп, екеуіне төреші болып, «Дайынсыңдар ма?» дейді, екеуі жарыса «Дайынбыз!» дейді. «Ал ендеше бастаңдар!» деп белгі береді. Сол-ақ екен, екі батыр алқын-жұлқын тартыса кетеді. Жұрт шуласып, қостап, қыздырып тұрады. Қос батыр бірін-бірі ала алмай, әрлі-берлі ырғатылып тұрып қалады. Оған шыдай алмаған Кенесары оларға жақындап келіп «Ой, жұртым, мыналар қымыз ішіп, қазы-қарта жеген батырларға ұқсамайды ғой, ей!» деп екіорталарына тұра қап құлашын кеңінен жая арқаннан ұстай алып, шірене тартып қалғанда екі батыр артқа қарай серпіліп келіп, бір-бірімен соқтығысып қалады. Жұрт қыран-топан күлкіге кенеледі.
ЖҰРТ. Ап, бәрекелді!.. Нағыз батыр Кенекемнің өзі ғой!.. Кенекемнің күшін айт! Өзі де қарымы жан шыдатпас батыр ғой!
НЫСАНБАЙ (Кенесарыға жақындап келіп, қолындағы домбырасын ұсынып). Кенеке, халқың сізден бір күй тартып беруіңізді сұрап отыр.
КЕНЕСАРЫ. Халық сұраса, хан түйесін соймай ма?
Кенесары қолына домбыраны алып, күй тартады. Жиналған жұрт риза болып, құрмет-қошемет білдіреді. Содан соң «Қара жорға» әні айтылып, «қара жорға» биі биленеді, күмбірлетіп күй төгіледі. Бір кезде шарадағы қымызды көтеріп келе жатқан ақ жаулықты ана алдыңғы жаққа қарай беріп, көзіне қорқынышты бірдеңе елестегендей, шошынып, қол-аяғы дірілдеп, қолындағы ыдысы жерге түсіп кетеді. Қымыз төгіліп, ыдысы төңкеріліп қалады. Бәрі іштерін тартып, тұра қалысады. Осы кезде бір сұмдықтың боларын сездіргендей, ащы және қатты күңіренген дауыс шығады. Кенесары топтан бөлініп шыға береді.
КЕНЕСАРЫ. Бұл не болды, Құдай-ау!.. Ағымыздың төгіліп, аяғымыздың төңкерілгені қалай?!. Ашық күні найзағай жарқылдап, күндіз көздің байланғаны не сұмдық!.. О, Жаратқан жұртымды жамандықтан сақтай гөр!
Үшінші көрініс
Батыс-Сібір генерал-губернаторы П. Д. Горчаковтың Омбыдағы қызмет кабинеті. Кең де жарық, қымбат жиһаздарға толы бөлме. Оң жақтағы диванда Горчаков пен войсковой старшина Карбышев карта ойнап отыр. Үлкен қоңырқай үстелдің үстінде ұзын мойын ақ арақ тұр. Екі жағында екі стақан. Сол жағына алып қарақұстың мүсіні қойылған. Төр жақ қабырғада І Николай патшаның үлкен партреті ілулі тұр.
ГОРЧАКОВ. Уәдем уәде, Иван Алексеевич, жүріңіз!
КАРБЫШЕВ. Ендеше, мінекиіңіз...
ГОРЧАКОВ. О... оо... Қолыңыз жақсы-ау деймін. Бірден қара қатыннан бастадыңыз ғой!..
КАРБЫШЕВ (күліп). Бүгін қатыннан жолым болатын түрі бар, Перт Дмитриевич!.. Үш қатын бірден келіпті. Біреуі сізде ме!..
ГОРЧАКОВ. Жоқ, қатындар маған емес, саған үйір ғой! Жолыңыз болғыш екен! Үш қатынды қайтпексіз?
КАРБЫШЕВ. Үшеуін бірдей қосақтап тұрып, сізге сыйға тартпақ ойым бар, Петр Дмитриевич!
ГОРЧАКОВ (қарқылдап). Өзіңіз сондай жомарт екенсіз!.. Ендеше, ұлы империя үшін алып қояиық!.. Мен айтқан сөзімде тұрамын, Иван Алексеевич! Жүріс менен ғой. Міне, мынаған не дейсіз?
КАРБЫШЕВ. А-аа, оны былай басамыз!
ГОРЧАКОВ. Охо, дәмеңіз зор екен, ә! Ал мына тұз крешке не дейсіз?
КАРБЫШЕВ. Тұз креш демекші, Петр Дмитриевич!..
ГОРЧАКОВ. Иә...
Карбышев адымдай басып есіктен шығып кетеді де, екі қолына креші бар қарғыбауларды қыса ұстаған күйі қайтадан кіреді.
КАРБЫШЕВ. Міне, Петр Дмитриевич, бәрі дайын!
ГОРЧАКОВ. Ох-оо... Иван Алексеевич, мынауың керемет қой, жалт-жұлт етеді. Бұны тағып жүрген жабайыларда не арман бар дерсің!..(мысқылдап күледі). Ендеше кешікпей іске кірісу керек!
КАРБЫШЕВ. Дұрыс айтасыз, Петр Дмитриевич, күшпен шоқындыру керек!..
Подполковник шенін таққан аға сұлтан кіреді.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (иіліп). Қайырлы күн, генерал-губернатор мырза!
ГОРЧАКОВ. Қайырлы күн! Сізді мұнда қай Құдай айдап келді, подполковник?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Кешірерсіз, бір жайсыз хабар жеткізгелі келдім.
ГОРЧАКОВ. Жайсыз хабар...
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Петр Дмитриевич, мынау біздің елдің дәмі, қасиетті сусынымыз — қымыз!..
Қоңырқұлжа торсықтағы қымызды Горчаковқа ұсынады. Бірақ Горчаков оны ала қоймайды. Қоңырқұлжаның қолы ауада асылып біраз тұрып қалады. Тек бір кезде Карбышев келіп торсықты алады да, иіскей беріп, «Түу, мынаны олар қалай ішеді?» деп үстелдің төменгі жағына қоя салады. Горчаков та жай тұрмай, анадайдан жиіркеніп, «иісі не деген жаман өзінің!» деп мұрнын тыржитады. Қоңырқұлжаға көңіл де аудармайды, ол тіксініп қалады.
ГОРЧАКОВ. Иә, сонымен қандай жайсыз хабар дейсіз?..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Әлгі Кенесарының бүлігі ушығып барады...
ГОРЧАКОВ. Солай де, нақтырақ баяндаңыз!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (тұрған бетінде). Кенесары елді алатайдай бүлдіріп жатыр... Казак бекеттері мен кейбір қазақ ауылдарына шабуыл жасап, елді талап-тонап, қанды қырғынға ұшыратып жүр. Әсіресе, Ахмет Жантөрин, Баймағамбет Айшуақов сияқты сіздерге адал қызмет істеп жүрген сұлтандардың ауылына тыныштық берер емес. Ресейге бағындың деп, менің де қыр соңымнан қалмай жүр. Керек десеңіз, менің тоқалдыққа алғалы отырған қалыңдығыма шейін тартып алды.
Горчаков пен Карбышев ішек-сілелері қатқанша күледі.
КАРБЫШЕВ. Е, сөйтіп Кенесары тоқалымды тартып алды деңіз!..
ГОРЧАКОВ. Көп әйел алушылық...
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Бүкіл халықты өзінің қол астына өтуге мәжбүрлеп жатыр...
КАРБЫШЕВ. Петр Дмитриевич, айтпақшы, ұмытып барады екенмін ғой, Кенесары Қасымовтан хат келді. (Қойын қалтасынан бүктеулі хатты алып шығады).
ГОРЧАКОВ(бет-аузын тыржитып). Қандай хат?
КАРБЫШЕВ. Ұлы мәртебелі патша ағзамның атына.
ГОРЧАКОВ. Охо-оо... Оқыңыз!
КАРБЫШЕВ (хатты ашып, оқи бастайды). «Бүкілресейлік дара билеуші патша ағзамға.
Бүкіл қазақ ордасын билеген Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымовтан.
Тақсыр, төмендегі жағдайға көңіл аударуыңызды талап етемін. Менің қалауым — өз иелігімдегі елдің емін-еркін өмір сүруі. Осы жағдайды сізге жеткізуді құрмет санаймын. Алайда сіз мені өз қарауыңыздағы халықты өз жағына тартуда деп есептейсіз. Сіздің ата-бабаларыңыз бен менің атам Абылай хан ел билеген кезде қазақтар еркін және бейбіт өмір сүрді. Оған еш пенде қол сұққан жоқ, екі жақ емін-еркін сауда-саттық жасасты, жайбарақат өмір сүрді, біздің қоныстарымыздан ешкім алым-салық жинамайтын. Кейінгі кезде біздің халықтан алым-салық ала бастады, жасақ жинай бастады, әрі оларға жан-жақтан қысым көрсетіп, шеттетіп жатыр, бұл біздің халық үшін үлкен қасірет. Менің халқымнан ата қоныстарын тартып алып, казак-орыстарға бөліп беріп жатыр. Қазақтарға жабайы деп қарап, бала-шағамызды шоқындырып, құлдыққа сатуда. Мәселенки, тек бір айдың ішінде ғана Гурьеев бекінісінде жүзден аса қазақтың баласы құлдыққа сатылған. Бұндай қорлыққа шыдау мүмкін емес. Егер Ресейді басқа бір ел билесе қалай болар еді?!.
Бұрынғы бейбіт келісімді сіздің төменгі буындағы шенеуніктеріңіз бұзып, ақиқатпен санаспай, барша қазақ халқын Ресейдің құрамында деп есептейді. Менің марқұм атам Абылайдың иелігінде болған өңірде Сіздің адамдарыңыз сегіз дуан құрғаны бізді қатты қынжылтады. Ата-бабамыз бізге мұра қылып қалдырған Жолдыөзек, Көкшетау, Қылшықты, Атбасар, Есiл-Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жерайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Хаят пен Түңiлiктен Оралға дейiнгi жерлер күшпен тартып алынып, бекiнiстер қаптай салынуда. Бұл құйтұрқы саясат әлі де өз жалғасын табуда. Осылайша сіздің шен-шекпенділеріңіз біздің халықты барынша ашындыра түсуде. Бұл біздің болашағымызға ғана емес, тіпті бүгінгі өмірімізге де үлкен қауіп туғызып отыр. Сондықтан барша қазақ халқына қысымды тоқтату үшін және тыныш өмірдің рахатын көруді қамтамасыз етуді сізден, ұлы патша, біздің өмірімізге қол сұқпауыңызды, сегіз дуанды және басқа да даламыздағы бекіністерді жоюды сұраймын!
Бүкіл қазақты өзіме қарату ойымда бар. Қазақ жұрты егемен ел болған кезде ғана тыныш өмір сүре аламын. Біз достық пен ынтымақта өмір сүрсек, қандай жақсы болар еді!
Құрметпен, мөрін басқан Кенесары Қасымов»
(Хатты Карбышев «Бүкілресейлік дара билеуші патша ағзамға...» деп бастауын бастап, мәтінін арт жақта тұрып Кенесарының өзі айтқаны дұрыс. Сол кезде жарықты Кенесарыға түсіріп, ерекшелеп тұрса, қатып кетер еді. Сонда әрі әсерлі болады).
ГОРЧАКОВ. Бұлар сөз ұқпайтын жабайылар екен. Бұдан былай Кенесарыдан келген шабармандарды бірден түрмеге тоғыта беріңдер. Сібірге айдату керек бәрін де!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Міне, көрдіңіз бе, Петр Дмитриевич, Кенесарының хан болып, қазақ даласын жеке-дара билемек ойы бар. Керек десеңіз, Кенесарының тұтас бір армиясы бар, оның Омбы мен Орынборға шабуыл жасауы мүмкін.
ГОРЧАКОВ. Подполковник, Ақмола округінің көптеген болыстары өз еріктерімен біздің билігімізден азат етуге уәде еткен әлгі Абылайхановтарға барып қосылып жатқаны рас па?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Рас. Оларды ауыздықтау үшін қатаң шара қолдану керек, Петр Дмитриевич! Егер олай болмаған жағдайда табысқа жету мүмкін емес. Аталған болыстардың қазақтары ерте уақыттан бері еркіндікке бой үйретіп алған, ал бағынуды асқан қорлық деп санайды.
ГОРЧАКОВ. Сұлтан, бұған сіз де кінәлісіз. Сіздің округіңізде жалпы бей-берекетсіздіктер белең алып, болыстар тарқап, залым сұлтандар Қасымовтарға қосылып жатса, сіздің дәрменсіздік танытып отырғаныңыздан!
КАРБЫШЕВ. Чириков экспедициясының сәтсіздікке ұшырауы да, сіздің әрекетсіздігіңізден.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Петр Дмитриевич...
ГОРЧАКОВ (саусағын шошайтып). Қателікті мойындау керек, сұлтан!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Сіз білесіз бе, Петр Дмитриевич! Мен өз басым Кенесарыға ашық қарсы шыға алмаймын. Өйткені оны қолдаушылар тым көбейіп барады. Маған кем дегенде мың адамдық қарулы жасақ қосып берсеңіз, бүлікті басуға уәде берер ем...
ГОРЧАКОВ (сайқалдана жымиып). Ал сіз маған Қасымовтың басын әкеп бере аласыз ба?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ым... мм...
ГОРЧАКОВ. Қайталап сұраймын, сіз Кенесарының басын әкеп беруге уәде бересіз бе?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Петр Дмитриевич, менің аянып қалар ештеңем жоқ, ертең-ақ жолға шығып кетуге дайынмын!..
ГОРЧАКОВ. Сіз қарамағыңыздағы қазақтардан қанша жасақ жинай аласыз?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Бес жүз.
ГОРЧАКОВ (таңырқап). Бес жүз...
КАРБЫШЕВ. Біздің мәліметімізге қарағанда, Кенесарының әскері бес мыңға жетіп жығылады екен.
ГОРЧАКОВ. Бес мың!.. Ал сіз болсаңыз, бар-жоғы бес жүз адамдық қана жасақ жинаймын дейсіз.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Сіз білесіз бе, біздің өз ішіміздегі кейбір сұлтандар сырттай бізге бағынғандарымен, іштей Кенесарыны қолдайды. Жасырын соларға көмек беретіндері де жоқ емес. Кенесарыны талқандағаннан кейін осындай сатқын сұлтандармен де есеп айырысуымыз керек!
ГОРЧАКОВ. Сіз сондай сатқын сұлтандарды жіпке тізіп бере аласыз ба?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Әрине.
ГОРЧАКОВ. Ендеше, өтінішіңіз орындалады. Отряд береміз, көп кешікпей жолға шығасыздар! Көрейік, кімнің тоқпағы мықты екенін.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Әміріңізді екі етпеуге тырысамыз, мырза!
ГОРЧАКОВ. Есіңізде болсын, біз сізге үлкен сенім артамыз, сұлтан.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын, Петр Дмитриевич! (Шығып кетеді).
Оңаша қалған Горчаков пен Карбышев рахаттана күледі.
КАРБЫШЕВ. Бұл қазақ, билік үшін ештеңеден тайынбас. Әрі өз есебі де жоқ емес екен. Бізді пайдаланып, Кенесарыға азуын батырмақшы, сөйтіп, малы мен қалыңдығын қайтарып алмақшы.
ГОРЧАКОВ. Тоқалын деңіз... тоқалын...
КАРБЫШЕВ. Петр Дмитриевич, ал бізге бәрібір емес пе?! Бірін-бірі қыра берсін, бірімен-бірі қырқыса берсін! Бірін-бірі талап жеп, құрта берсін! Қайта біз осындай мезеттерді орайымен пайдалана білуіміз керек емес пе! Қалай ойлайсыз?
ГОРЧАКОВ. Жоқ. Біз өйтіп сырттан бақылап отыра алмаймыз. Кенесары осал жау емес. Патша ағзамның «Бір патшалықтың ішінде екінші патшалықтың болуы мүмкін емес, тезірек қазақ жерін отарлауды аяқтап, Орта Азияға шабуылды бастау керек» деген жарлығын орындайтын мезгіл де жетті. Ұлы Петр айтқандай, қазақ жері — Азияның қақпасы мен кілті емес пе?!..
КАРБЫШЕВ. Дұрыс айтасыз, Петр Дмитриевич!.. Ал мына Қоңырқұлжа сияқтылар бізге өте-мөте қажет! Отты қашанда осылардың қолымен көсеу керек!..
ГОРЧАКОВ. Бұл ойыңызға қосыламын, Иван Алексеевич! Бірақ, бұларға сенуге болмайды. Сондықтан, отрядты өзіңіз бастап барасыз! Аяушылық болмасын!
КАРБЫШЕВ. Құп болады!
Төртінші көрініс
Кенесарының ауылы. Ортада он екі қанат ақ орда. Кенесарының отауы. Күнімжан ыңылдап ән салып жүр. Мұңды әуен. Ата-анасын, туған-туысын сағынып салған ән сияқты.
(Бір кезде мылтық дауысы жамырай шығады. Күнімжандар елең етісе қалады)
КҮНІМЖАН. О, Құдайым, не боп қалды екен?!. (Мойнын созып, қарап қояды.) Бәлесінен сақтасын! (Соның арасынша Наурызбай жүгіріп кіреді. Түрі өрт өшіргендей.)
КҮНІМЖАН. Не болды, Науанжан?
НАУРЫЗБАЙ. Жеңеше, жеңеше, Қоңырқұлжа орыс әскерін бастап келе жатыр! Көкемдер екен деп жақындай беріп едік, оқ жаудырып, біраз адамды қырып салды. Жеңеше, жинал, кетейік!..
КҮНІМЖАН. Жоқ, мен кете алмаймын.
НАУРЫЗБАЙ. Жеңеше, не деп тұрсыз! Олардың қолдарына түссек, аямайды!
КҮНІМЖАН. Қоңырқұлжадан қорқып ордамды тастап кетсем кім болғаным?!
НАУРЫЗБАЙ. Жеңеше, өлтіріп кетеді ғой!
Сырт жақтан айқай-ұйғай естіледі.
КҮНІМЖАН. Маңдайға жазылғанын көрерміз. Еркек болса, қатын-қалашқа тиісе қоймас. Ал сен қашып құтылуың керек!
НАУРЫЗБАЙ. Не айтып тұрсыз! Сіздерді тастап, қашып кетсем, не болғаны, жеңеше!
КҮНІМЖАН. Ер жігітке жаудың қолында қалу батырлық емес... Аман құтылған ерлік!
НАУРЫЗБАЙ. Жеңеше, өйткен амандығы құрысын! Не көрсем де сіздермен бірге көремін!
КҮНІМЖАН. Мына қырғынды төреме тезірек жеткіз!..
НАУРЫЗБАЙ. Жеңеше...
КҮНІМЖАН. Мен саған не айтып тұрмын!
НАУРЫЗБАЙ. Жеңеше...
КҮНІМЖАН (дауысын көтеріп, бұйыра). Бар!..
НАУРЫЗБАЙ (қиналыңқырап). Жақсы, жеңеше, жақсы. Жеткізем бәрін!
КҮНІМЖАН (құшақтай алып). Жолың болсын, еркем!
НАУРЫЗБАЙ. Аман болыңыз! (жүгіре басып шығып кетеді)
Күнімжан не істерін білмей абдырып тұрып қалады. Осы кезде бір орыс солдаты кіріп келеді. Жас келіншекті көріп көзі күлімдеп кетеді. Белдігін шешіп босағаға лақтырып жібереді де, апыл-ғұпыл киімдерінің түймелерін ағыта бастайды.
СОЛДАТ. Охо-оо, ханша!.. Кәне, берірек кел!.. Кел... Тезірек... Әй, не деп тұрмын, мен саған!.. Кәне, кәне... Кел бері...
КҮНІМЖАН. Сендерге ар-намысымды таптата қоймаспын! Жастығымды ала кетермін!..
Күнімжанға жетіп келіп, құшақтамақ ниетпен бас салады. Бірақ, Күнімжан оны кеудесінен итеріп жібереді. Бұндай оқыс қимылды күтпеген солдат сәл шегіншектеп барып, аз-маз тұрып қалады да, кенет есіне әлдене түскендей ашулы кейіппен қайтадан ұмтылады. Сол кезде Күнімжан мәсісінің қонышынан өткір кездікті суырып алып, солдаттың кеңірдегіне тығып алады.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (сырт жақтан). Күнімжан!...
Қоңырқұлжа кіріп келеді. Екі қолымен тамаған ұстай қыр-қыр еткен солдат оның алдынан шығады. Аяғын тәлтіректей басып, бүктетіле берген оны Қоңырқұлжа әрірек итеріп жіберіп, Күнімжанға жетіп келеді.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (Күнімжанға). Күнімжан... Күнімжан... Маған сенің амандығың керек! Мен бір сен деп келіп тұрмын.
КҮНІМЖАН. Сұлтан, мына кәпірлерді бастап келіп тұрған сіз емессіз бе?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Күнімжан, мені мұнда сүйрелеген тапталған ар-намысым мен саған деген махаббатым! Мен сенің еліңді шабайын деп келгем жоқ, бір сен деп қана келіп тұрмын, Күнімжан!
КҮНІМЖАН. Мына қанды қырғыннан осылайша ақталмақсыз ба, сұлтан?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Кенесарыдан құтылмасаң, өмір бойы басыңнан бұлт арыла қоймас.
КҮНІМЖАН. Маған жаныңыз ашымай-ақ қойсын!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Күнімжан, соңғы рет сұраймын. Өз еркіңмен етегімнен ұстаймысың, жоқ па, Күнімжан?
КҮНІМЖАН. Шу дегенге алдыңа түсіп жорғалайтын мал емеспін ғой!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Күнімжан, амал не, маған таңдау қалдырмадың! Әй... (екі жасауыл кіріп келеді). Мынаны алып жүріңдер!.. ( сүйрелеп алып бара жатқан жасауылдарға). Әй... Басынан бір тал шашы түсуші болмасын!..
(Алысқан-жұлысқан адамдардың сұлбалары елес береді, ақырған-бақырған, айғайлаған, улап-шулаған, жылаған-сықтаған адамдардың дауыстары естіледі. Бір-екі мәрте мылтықтың да ащы дауысы шығады. Карбышев келеді.)
КАРБЫШЕВ. Сұлтан, қарақшылар қайда кеткен?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (жағасына жармасып). Әй, қатын-баланың не жазығы бар еді? Бұларың не?..
КАРБЫШЕВ (қылышының ұшын Қоңырқұлжаның кеңірдегіне тақап). Мен бұйрықты орындаймын!.. Ұқтыңба, сұлтан?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Солай ма еді?!.
КАРБЫШЕВ(өліп жатқан солдатты көріп). Ананы кім өлтірді?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Кім болушы еді, Кенесарының жендеттері де.
КАРБЫШЕВ. Жендеттері. (күліп). Ах-ха-ха... Ау, олар қайда?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Қайда болушы еді, қашып кетті.
КАРБЫШЕВ. Қашып кетті... Түсінікті. Ал Кенесарының өзі қайда екен? Өзі қайда?..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Мен қайдан білейін. Ол бір жын, бүгін мұнда болса, ертең анда болады. Бұнда көп аялдауға болмайды, аса қауіпті!..
КАРБЫШЕВ (мысқылдай күліп). Қауіпті... несі қауіпті?!. Сәл күтейік!.. Кенесары мұнда міндетті түрде келеді! Сонда қақпанға өзі-ақ келіп түседі!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Әй... Кенесары сенің құрып қойған қақпаныңа өзі келіп түсетін қоян деп пе едің?! Ол сауысқаннан да сақ. Ал оның қолына түсер болсақ, аямайтыны айдан анық! Сондықтан да бұнда көп аялдауға болмайды!..
КАРБЫШЕВ. Солай ма? Ендеше, Петр Дмитриевич айтқандай, жолда Кенесарының жақтастары бар емес пе?!. Міне, солардың көзін құртайық!..
ҚОҢЫРҚҰЛА. Әй, тағы да қырғын салмақсыңдар ма?!. Әй... бұларың... (Карбышевтің артынан ілесе шығып кетеді).
Олардың артында күлі көкке ұшып жұтаған ауыл, қанжылаған ел қалды. Жағалай шашылған өлік, жылаған бала, жоқтау айтқан ақ жаулықты ана, көзі жасқа толып күңіренген ақсақал, қираған бесік, шаңырағы опырылып ортасына түскен ақ отау, ойрандалған ошақ, төңкерілген қазан, төгілген тағам қалды.
Бір кезде серіктерімен Кенесары келеді. Қасында Наурызбай мен Нысанбай бар. Шабылған ауылын көріп, мұңға батып, күңіренеді.
КЕНЕСАРЫ. Қоңырқұлжа, Қоңырқұлжа!.. Түсінісуден кеткен екенсің! Елдікті сақтауға тырысып-ақ едім, ақыры жолымыз екі айырылды ма?!. Тіл табысамыз ба деген үмітпен қылышымды қынынан суырмай-ақ келіп ем. Өзің келіп итше қаптың! Қойша талаттың!..
НАУРЫЗБАЙ (көзінен жас парлап). Бұл... бұл... Бұл не қылған жауыздық! Ордамыздың шаңырағын ортасына түсіріп, жұртымыздан жұрнақ та қалдырмапты ғой, қанішерлер! Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін қырып тастапты ғой!.. Не жазығы бар еді, Құдайым-ай!..
НЫСАНБАЙ. Қарпық, темеш рулары мен Саржан, Құдайменді, Күшік сұлтандардың да ауылдарын ойрандап, бес жүз адамды өлтіріп, жүз қаралы адамды тұтқынға алып кетіпті.
Нысанбай тізерлеп отыра қалып құран оқиды.
НАУРЫЗБАЙ. Бар сарбаз атқа қонып, отрядты тас-талқанын шығарайық, көке! Көке, мен аттанам!..
КЕНЕСАРЫ. Науан!.. Бар батырдың басын қосып, кек алуды кеңінен ойласайық.
НАУРЫЗБАЙ. Ойласатын несі бар, көке?!. Жеңешемді қорлатып, айдауда кеткен еліміздің артында қарап қалғанша, өлмейміз бе?!. Көке...
КЕНЕСАРЫ. Сабыр, Наурызбай! Жалаң қолмен жауға шапқаннан ұтарымыз қайсы! Босқа қырылып қаламыз! Ашу — дұшпан, ақыл — дос!.. Ағыбай, Бұқарбай, Басығара, Иман, Жанайдар, Төлебай, Жоламан, Байтабын батырларға ат шаптыр! Бәрі дерлік жиналсын!.. Нысанбай!
НЫСАНБАЙ. Иә, батырым!
КЕНЕСАРЫ. Ақмола бекінісін шабамыз!.. Картаны әкел! Жер жағдайын бағдарлайық!
Нысанбай теріден жасалған Ақмола бекінісінің картасын әкеп ортаға жаяды. Кенесары оған көз сала тұрып, қылышымен көрсетіп, бекіністі алу жоспарын айта бастайды.
Мынау, Ақмола бекінісі. Міне, мына тұста Есіл өзені. Арамыз бір күндік жер. Оң жағында мен өзім, содан кейін міне мына жерде Бұқарбай шабуыл бастайды. Қолдың дәл ортасында Басықара мен Төлебай, одан кейін Құдайменді мен Жанайдар. Ал сол қанаттан Иманның сарбаздары ат қояды. Шабуылды тамыздың жетісі күні таң сәріден бастаймыз! Бар сарбаз бірдей киінсін! Басшысы кім, қосшысы кім? Оны жау анықтай алмайтын болсын! Әр жасақ өз батырларын тек өздері ғана білсін! Әр атты сарбаздың арасы он — он бес құлаштай алшақ болсын! Тек садақ оғы жетер жерге барып, қайтадан кейін қайтып, амал-айлаға иек арту керек. Бекіністің ішінде ағаш үйлер көп. Шайқасқа шығардың алдында мергендер жебелеріне қара майлы білте шүберек байлап алсын! Міне, мына жерде бекіністің оқ-дәрі, азық-түлік қоймасы орналасқан. Ең алдымен соны нысанаға алыңдар! Бекініс түгелдей өртке оранғаннан кейін ғана барып тіке шабуылға көшеміз! Оның өзінде де садақшылар атты жасақты қорғап, отты жебені қарша боратып тұратын болсын!..
НЫСАНБАЙ. Кенеке, менің естуімше, бекініс биіктігі бес сажын қорғанмен қоршалған. Жан-жағын жағалай тереңдігі бес құлаш, ені он құлаш ор қазылған. Тек қорғанға кірер алдында ғана төрт салт атты қатар өтер жіңішке жол бар.
КЕНЕСАРЫ. Бұны білгеніміз де оңды болды. Ең алдымен бекіністі оңтүстіктен солтүстікке дейін үш шақырымдай жерден қоршаймыз. Бекініске де, орға да көп жақындамаңдар, құр босқа қырылып қаласыңдар! Лек-лектеріңмен орға дейін барып, отты жебені бекіністің ішіне жаудырыңдар! Жә, Науан, сен Ағыбай сарбаздарымен бірге мына өткелден өтіп, бекіністің оң қапталынан ұрасың!
НАУРЫЗБАЙ. Көке, мені неге Ағыбайға қосақтай бересіз?!. Мен өз жігіттерімді алып жеке шабайын!
КЕНЕСАРЫ. Дегенің болсын! Байтабын және қалған батырлар бекіністің батыс бүйірінен тисін!
НЫСАНБАЙ. Кенеке, олар жер жағдайын жақсы білмейді. Мен жолбасшы болайын!
КЕНЕСАРЫ. Айтқаның болсын, жырауым! Атой шыққанда бәрің бірдей атқа қоныңдар!.. Бұлардың бізді аямайтынына көзім анық жетті. Енді аянып қалар ештеңе қалған жоқ! Елімнің ертеңі үшін соғысты бастаймын!.. Орыстарға ойындағысын істетпеймін!.. Халқымды Ресейдің езгісінен азат етемін!.. Абылай атамыздың аруағы қолдасын!
БӘРІ. Абылай! Абылай! Абылай!
Бесінші көрініс
Ақмола бекінісі. Аға сұлтан Қоңырқұлжа Кұдаймендиннің ордасы. Қоңырқұлжа қолындағы жалғыз көзді ұзынша дүрбімен сырт жаққа қарай көз тіге қарап тұр. Қарсы жағындағы орындықта Күнімжан отыр. Айғай-аттан, тарсылдаған мылтықтың дауысы, гүрс-гүрс еткен зеңбіректің үні естіледі.
Осы кезде Карбышев жүгіріп келеді. Алқам-салқам. Картозы қисайып кеткен. Түрі өрт сөндіргендей. Екі өкпесінен дем алып, алқынып тұр.
КАРБЫШЕВ. Сұлтан, қақпа жанып жатыр. Көк түтіннен ештеңе көрінбей барады. Не істейміз?
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Не істеуші едің! Қалайда Кенесарының әскерін бекініске кіргізбеудің қамын жасаңдар!..
КАРБЫШЕВ. Ол мүмкін болмай барады. Қарақұртша қаптап келеді. Солдаттарымыздың жартысы жаумен емес, отпен алысып жатыр. Қақпа жанып бітуге таяды. Қорғанның солтүстік жағының жиырма құлаштай жері үңірейіп бос қалатын түрі бар.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Дереу құм салынған қаптарды сол жаққа апарып, кедергі жасаңдар. Отыз шақты мергенді сол қаптардың тасасына орналастырыңдар! Бар... тезірек...
КАРБЫШЕВ. Жақсы. Мен қазір...
Карбышев шығып кетеді.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (Күнімжанға қарап). Күнімжан, шешуші сәт туды, не айтасың? Сен менің тұтқынымсың!
КҮНІМЖАН. Жауабымды естігенсіз, сұлтан.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (жуасып). Ақылға кел, Күнімжан. Менің қолымда билік бар. Айтқанымды өткіземін, дегенімді істетемін. Мені ақ патшаның өзі қолдап отыр. Ал Кенесары ше?.. Құмда ізі, сайда саны жоқ қарақшы емес пе!..
КҮНІМЖАН. Жо... жоқ... Кенесарының жолы да, жөні де бөлек. Елі үшін жанын шүберекке түйіп, ат үстінен түспей жүр. Мен сол үшін де оның етегінен ұстадым, бойымдағы бар асылымды сыйладым. Сен... сен күнің үшін жалданып жүрген сатқынсың!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Мен ақ патшаға өзім үшін емес, қарауымдағы халқым үшін қызмет етіп жүрмін. Ал... ал, ақ патшаға Кенесары кім?! Бүгін болмаса, ертең оның күні бітеді! Сонда кіммен қалатыныңды ойладың ба, Күнімжан-ау!..
КҮНІМЖАН. Сонымен не айтпақсыз!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Күнімжан, маған тисең, ғұмыр бойы аялап өтемін. Көрдің ғой, бір тал шашыңды түсірткен жоқпын, түсірмеймін де!..
КҮНІМЖАН (ішек-сілесі қата күліп). Намыс қайда кеткен, сұлтан. Мен енді қыз емеспін, қатынмын!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Күнімжан, маған бәрібір! Маған бәрібір, Күнімжан! Қаласаң, ол туралы өмір бойы бір ауыз сөз айтпаймын. Күнімжан, ұмытшы бәрін, мен де ұмытайын. Ант-су ішейін...
КҮНІМЖАН. Сіздің халыққа жасаған опасыздықтарыңызды ұмыту мүмкін емес.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Күнімжан-ау, неге түсінбейсің, осының бәрі бір сен үшін жасалып жатқанын... Әттең, өзім де өкінем, бірақ шегінерге жер жоқ!.. Сеніменен мендегінің бәрі кетпек, Күнімжан! Әулетіме мәңгі өшпестей қара күйе жағылып, сүйегіме өшпестей таңба түспей ме?!. Ел бетіне қалай қараймын! Не дейсің, енді маған, өл демесең?!
КҮНІМЖАН. Өлем десеңіз, сәті түсіп тұр!..
Карбышев қайтадан жүгіріп кіреді. Жалаң бас, шашы тікірейіп кеткен. Үсті-басы алқам-салқам, әппақ мундирі қап-қара боп кеткен. Терге шыланған, ентігіп тұр. Қолында киім-кешек.
КАРБЫШЕВ (тұтығып). Қарақшылар басып кірді. (қақалып) Қашу керек! Қашудан басқа амал жоқ! Қашу керек!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (елең етіп). Қашу керек?!.
КАРБЫШЕВ. Иә, қашу керек! Тездетейік, сұлтан! Енді кешіксек қолға түсеміз! Қашу керек!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Әй... сен қашарсың-ау!.. Ал мен қайда қашармын! (Жарқ еткізіп қанжарын суырып алып, Карбышевке тығып алады да, оны итеріп жіберіп, Күнімжанға қарай жүреді). Күнімжан, сені тірідей Кенесарыға тастап кете алмаспын!
КҮНІМЖАН. Еркек деген қамаудағы қатынмен алыспай, қару алып жауға шаппас па еді!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Солай ма?.. Солай ма еді?.. Күнімжан..
Кенесары келіп қалады да, ұзын қамшысымен Қоңырқұлжаның білегіне орай іліп алып, тартып қалады. Қоңырқұлжаның қолыңдағы қанжары ұшып барып жерге түсіп, өзі Кенесарының алдына тізерлей отыра қалады. Кенесары Қоңырқұлжаның қанжарын алады. Ашулы.
КЕНЕСАРЫ. Ажалың... ажалың өз қанжарыңнан болмақ!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ерді... ерді қанжар емес, намыс өлтірер. Ажалдан қорқар мен емес. Өлтір!..
КЕНЕСАРЫ. Ендеше, өлсең, өз қанжарыңнан өлесің! Кәпірдің құйыршығы...
Кенесары қанжарды көтере бергенде Күнімжан жанына жетіп келеді.
КҮНІМЖАН. Төрем, жамандыққа жамандық жасаса, зұлымдық тиылмас, жамандыққа жақсылық жасаса, ізгілік молаймақ. Бір жантықтың қанын мойныңызға жүктеп қайтесіз, төрем! Сіздің мүдде — елдік мүдде емес пе?!.
КЕНЕСАРЫ (қолындағы қанжар төмен түсе береді). Осал тұсымды тап бастың-ау, Күнімжан.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Кенесары, сенің менен бәрібір бір бағың артық екен!
КЕНЕСАРЫ. Жоқ, Қоңырқұлжа, менің бағым қатын-балаға байланып қалған жоқ. Қуғаным қара басымның кегі емес. Есіңде болсын, менің алысар ата жауым да сен емессің, Қоңырқұлжа!.. Тәңірім енді екеуміздің жолымызды түйістірмей-ақ қойсын!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамас! Ақ алмастай ақиқаттың алдында басымды ием! (Шығып кетеді).
Кенесары мен Күнімжан жеке қалады.
КЕНЕСАРЫ. Қалайсың, Күнімжан, басыңа қайғы әкелдім бе?
КҮНІМЖАН. Жоқ, төрем! Бұл тағдырды өзім таңдап алған жоқпын ба?!
КЕНЕСАРЫ (жанқалтасынан орамал алып). Мына орамалды танисың ба, Күнімжан-ау!
КҮНІМЖАН (жадырап). Танымағанда, өзім беріп едім ғой!
КЕНЕСАРЫ. Иә, Күнім, сол орамал. Қасиетті орамал. Мені саған ғашық еткен орамал...
КҮНІМЖАН. Әдемілеп түйіп қойыпсыз ғой!..
КЕНЕСАРЫ. Иә, ішіне бір ауыз сөз жазып түйіп қойдым!.. Жүрегім соғып тұрғанда оны ешкім ала алмас. Жүрегім тоқтаған күні түйіншегін шешіп оқырсың, бұнда менің бар құпиям сақтаулы!
«Абылай!.. Абылай!.. Абылай!..» деп ұрандатқан дауыстар шығады. Қасында Ағыбай және тағы да бірқанша батырлар бар Наурызбай келеді. Қолдарында Абылайдың ақ туы.
НАУРЫЗБАЙ. Көке... Көке, бекіністі толықтай алдық! Орыс әскерін қару-жарағымен қолға түсірдік! Жүз елу мылтық, елу тапанша, үш зеңбірек...
КЕНЕСАРЫ. Жарайсыңдар ерлерім, ерледіңдер! Бірде-бір үй қалдырмай өртеп, күлін көкке ұшырып, бекіністі жермен-жексен етіңдер! Жерімізге бекіністер салдырмаймын! Орыстарға жерімізді таптатпаймын! Ата-бабамызға тиесілі жерге салынған бекіністерді талқандап, түгін қалдырмай өртеп жіберемін. Қазақ халқын Ресейдің езгісінен азат етемін! Ежелгі тәуелсіздікті қалпына келтіремін. Тәуелсіз қазақ мемлектін құрамын!
НАУРЫЗБАЙ. Біз сізбен біргеміз, көке! Қасық қанымыз қалғанша, еліміз мен жерімізді қорғауға дайынбыз!
БӘРІ. Біз сізбен біргеміз, Кенеке!...
КЕНЕСАРЫ. Бұл біздің азаттықтың ақ жолындағы қасиетті соғысымыздың алғашқы жеңісі. Уа, халқым, елдің тізгінін менің қолыма ұстатқандарың рас болса, кеудемде жаным тұрғанда бұл сенімдеріңді ақтармын-ақ! Алда әлі біз асар асулар көп. Осы жолда шыбын жаным садақа. Бірақ, біз өлсек те, ұрпағымыздың... ұрпағымыздың жүрегіне азаттықтың отын жағып, кеудесінде өршіл рухты оятып өлеміз. Кезенген жаумен кескілесіп тұрып өлісуге шыдайтын ұл болмаса, сондай ұлды туғызған ел болмаса, қазақтың қай ісі оңар дейсің!.. Қасық қанымыз қалғанша тәуелсіздігіміз үшін күресеміз, еркіндіктің ерке самалын сезінбей күресімізді ешқашан тоқтатпаймыз! Уа, халқым, осы жолда өліп кетсек, арман жоқ! Бұл біздің кешегі өткен ата-бабаларымыздың рухына парызымыз, келер ұрпақ алдындағы борышымыз!
Мен қасиетті Сарыарқа төрінде ұрпағымның азаттық байрағын желбіретіп, ұлы жеңістерді тойлайтынына сенемін!..
Лирикалық әуен естіледі. Алыстан бір күңіренген қоңыр дауыс шығады: «Кенесарының Ақмола бекінісін алып, отаршылардан азат етуі бодандыққа қарсы күрес жолындағы алғашқы үлкен жеңісі еді. Ол осыдан кейін өмірінің соңына дейін ат үстінен түскен жоқ. Аузын айға білеген алып империяға қарсы табандап он жыл азаттық күресін жүргізді.
Кенесары армандаған мақсат-мұратына жете алмады. Сатқындық пен аярлықтың кесірінен қапияда көз жұмды. Десек те, Кенесарының тәуелсіздік үшін күресіп, отарлыққа қарсы қылыш сілтеуінің өзі сол бір алмағайып ауыр кезең үшін ірі жеңіс еді. Ел мен жер үшін жанын пида етудің де ұлы мәртебе екенін ұрпағына ұқтырып кетті...
Күнімжан сыйға тартқан орамал да онымен бірге мәңгілікке жоғалды. Кенесарының сол құпиясы әлі айтылмай, әлі ашылмай келеді. Оны алып қалуға да, хан қайтыс болғаннан кейін ашып оқуға да ешкімнің мүмкіндігі болмады. Сөйтіп Кенесарының бір ауыз сөздегі бар құпиясы ашылмай қалды. Күнімжан одан кейін де аттай отыз жыл ғұмыр кешті. Отыз жыл сол орамалдың ішінде не жазылғанын біле алмай, ойлап өтіпті деседі білетін жұрт. Иә, не жазылды екен?.. Кенесарының сол сыры енді қашан ашылмақ, оны шешу кімнің маңдайына жазылмақ? Мүмкін, сол жұмбақ күйінде қала берер ме екен?..»
СОҢЫ
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі