Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, — деп ұлы ойшыл атамыз Абай Құнанбайұлы жырлағандай, өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан — жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкірт жандылықты, мейірімділікті аса қажет ететін — ұстаздық мамандық . Ұстаз. . Әр адам ойға алғанда езуіне күлкі оралып, алғаш рет білім күнінде бір құшақ гүлін алып, ата — анасы жетектеп ертіп апарған білім ордасын көрген сәттегі алғашқы ұстазына амандасып, сыңғырлаған қоңырау үнін естіп, аяңдай басып мектеп табалдырығын аттап, алғашқы сыныбының партасына отырып, сол сәттегі таңсық дүние — қолына қалам алған сәті оралады деген ойдамын. Ең алғашында өте қатал жанды, яғни мұғалім көргендей болары сөзсіз. Себебі дәл өзім осы жағдайды бастан кешкен болатынмын. Бірақ кейіннен өзінің екінші анасындай жақын тартып, мейірлене әліппе әріптерін үйретіп, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге, білімді азамат пен азаматша болуға жетелейтін ұстазынан жақын жан жоқ екенін түсінеді.
Білім — шеті мен шегі жоқ телегей теңіз болса, сол теңіздің сәнін келтіріп, байыппен ғана әр шәкірт жүрегіне жол тауып, соның кілтін аша білген ақ желкенді кеме — ардақты ұстаздарымыз. Бірінші сыныптан — он бірінші сыныпқа дейін есімізді толық білмейтін, әр жәйт түсініксіз болып көрінетін сәтімізде қолға қалам ұстаудан бастап, әр ғылым саласының қыр — сырын үйретіп, жетік меңгерткен, білім нәрімен сусындатып, еліміздің бір кірпіші болып қаланатын азамат болуға тәрбиелеген алтын ұя мектебімнің айнасы, ұстаздар қауымына алғысым шексіз.
Шын ұстаз — ұстаз болуды балалық шағынан армандайды деген ойдамын. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көптеген қиындықтардан өтеді. Қиын деу себебім:әр сабағыңа жете дайындаып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім — тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, сонымен қатар адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай емес шаруа. "Ұстаз болу — өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау", — деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпесіне сенімдімін. Қанша жылдар бойы тер төгіп, еңбек етсең де, "болдым, тойдым, мен бәрін де білемін" деп айту тағы орынсыз. Өмір бір орында тұрып қалмайды, үнемі тек алға жылжу үстінде. Осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеп, оқыту үшін үнемі ізденіс үстінде жүріп, білімділігімен қатар біліктілігін де арттырып отыру қажет.
Менің пікірімше, сонымен қатар ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген ұстаздарымыздың еңбегі өте зор. Мектептегі шәкіртін өз балаларынан артық көріп, бар назарын шәкіртіне аударып, уақытының көп бөлігін мектепте өткізетін ұстаздар қауымының шәкірттері үлкен шыңдарды бағындырған сәтте өзі сол шынар шыңның ең биігіне шығып тұрғандай ерекше күйге бөленіп, өзінен шәкіртінің озғанын көріп, қуанышының екі еселенері сөзсіз. Менің пікірімше, әр шәкіртіне ерекше сүйіспеншілікпен, ерекше көзқараспен қарайтын ұстаздар үшін әр шәкіртінің өз еңбегін ақтағанын көріп, ризашылығын алу үлкен қуаныш әкеледі.
Аспан әлемін бағындырған ғарышкер де, еліміздің көк байрағын көкке желбіретіп жүрген спортшыларымыз да, Қазақстанның атын бар әлемге әйгілі етіп жүрген біртуар азаматтарымыз да ең алғашында ұстаздардан тәлім — тәрбие және ең бастысы білім алған. Ұстаз деген ұлы есімді құрметтей, сыйлай білейік, жас буын. Өз мақаламды елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен аяқтағым келіп отыр: "Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін жүк ауыр". ХХІ ғасыр — білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан — жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн. Білікті де білімді ұстаздарымыз барда келесі ұрпақ білімді болары хақ.
Дайындаған:11 "Ә" сынып оқушысы
Нұрмұханбет Нұрайлым
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі