Бұрынғы уақытта бір Алдар көсе қойдың қу жауырынымен бал ашып жүреді екен. Бір күні қоналқаға бір ауылға келіп қонады, қонған үйінің қазанына бал ашып жүрген жауырынын адамға көрсетпей, апарып, салып жібереді. Сол қонып отырған үйдің әйеліне айтады:
— Қазаныңызға мен ет салдым. Піскен соң өзіме көбігімен берерсіз, — дейді.
Ет піскеннен кейін Алдар көсенің еті жоқ, жауырыны бар. Алдар көсе дауласып, қонған үйінен бір құйымшақ алады. Құйымшақты алып, тағы бір елге келіп, бір үйге қонады. Алдар көсенің қабы бар, қабына орап, құйымшағын қонған үйінің етіне қосады. Сөйтіп, өзі жатып қалады. Таңертең тұра сала:
— Қаптағы етім жоқ, бір қап етім бар еді, жалғыз-ақ құйымшақ қалыпты. Кеше жұрттың бәрі көрген, әзер көтеріп әкеліп едім. Не етімді тауып бер, болмаса, төлеп бер, сенің өзің алмасаң да, жұмысшың алған шығар, — деп отырып алады. Қонған үйі байшікем үй екен, бір кішкене тоқты беріп құтылады.
Енді Алдар көсе тоқтысын алып, тағы бір елге келеді. Тағы да бір үйге қонады. Тоқтысын үйдің қой қорасына қойларымен бірге қамайды. Сонсын өзі жатып қалады. Біраз уақыт өткен соң орнынан тұрып, өз тоқтысын өзі жоқ қылады. Таңертең үй иесімен тоқтысын көрейін деп, қой ішіне келеді. Келсе, тоқты жоқ. Сонан жатып, үй иесімен дауласады.
— Өз қойың түгел, менің жалғыз тоқтыма келді ме ұры? — деп дауласып, айыбымен бір тоқтысына тоғыз қой алады.
Тоғыз қойды айдап келе жатқанда алдына үш кісі кез келеді. Бір кедейдің қызы өліп, соны қояйын деп келе жатқан кісі екен. Сол жерде өлген қызды Алдар көсе тоғыз қойын беріп алады. Өлген қызды беріп, тоғыз қойды айдап, үш кісі кете барады. Өлген қызды Алдар көсе тірі адамдай киіндіріп, түйесіне еңгеріп, бір ауылға келе жатқанда сол ауылдың қыз-қырқын, бала-шаға шулап, «келіншек келе жатыр» деп, алдынан шығады. Қызарып қыз-қырқын келе жатқанда түйесінің өркешіне біз тығып алады, түйесі тулап, жығылып кетеді.
— Сендердің қырсықтарыңнан түйем үркіп жығылып, келіншегім өліп қалды, — деп дауласады. «Ауыл болып бір пәлеге қалдық, мұнан құтылайық», — деп, бір кедейдің қызын беріп, қоя береді. Алдар көсе қызды алып келіп отырады. Кешке қонатын жерге келіп отырып, Алдар көсенің қызға айтқан сөзі:
«Қу жауырыным — құйымшақ,
Құйымшағым — тоқтышақ,
Тоқтышағым — тоғыз қой,
Тоғыз қойым — өлі қыз,
Өлі қызым — тірі қыз.
Айналайын, сары қыз,
Арқамды қасы, дәрі қыз», — деген екен Алдар көсе.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі