Өлең, жыр, ақындар

Алатау

Екінші кітап

Ата-бабаны ардақтамау — тағылық пен жауыздықтың елесі болады.

А. С. Пушкин.

Шұнақ шал бір сәт үнсіз отырды. Қабағы түсіп, түксиіп түрі өзгеріп сала берді. Екі қасы түйіліп, маңдайының ортасына қарай ойысып қозғалмай қалды. Бұл дүниені ұмытып, әлдебір басқа жиһанға көшіп кеткендей екі бетінің ұшы сәл жыбырлап барып басылды да, жансыз қалыпқа келіп сазарып отырды. Оның ойын тіпті бұзуға болмайтын еді. Адамның осындай дүние шеңберінен шығып, ойы он, санасы сан бөлінетін сәттерінде оған жай ғана тіл қатудың өзі қиын да, қиянат та. Ондай қиялдану мезеті домбыраның тартыла-тартыла жұлымданып тозған ішегіндей бырт кетуге аз-ақ тұратын үзілер, үздігер шағындай болады. Бұл сәтте сөз қатсаң, өз ойының, сары уайымының дариясына түсіп, малтығып шыға алмай отырған жан «ойбай, жылан!» деп қорқытқандай шошып кетер еді. Осы жолы мен де елсізге орнатылған балбал тастай қатып қалдым. Шұнақ шал өзі жауап қатқанша тырс етпедім.

— Оның дұрыс! — деді Шұнақ шал. Мен селк ете түстім.— Адамның ойын бұзу оның ар-намысына тиюмен бірдей. Көбіне оқыған адам сақын болуы керек. Мен қазір алыс бір дүниеге аттанып барып келдім. Дәл осындай сәттерде қияпатты қиялымды ешкімнің бұзбағанын ұнатамын. Шырағым, сенің ойыңды білуім әулиелік емес. Мен, шырағым, бейнетті көп тартқаныма ренжімеймін. Сол көп бейнеттің рақатын көре алмағандығыма кейде тарығып, тарынып қаламын, тағдырыма өкпелеймін. Бірақ біреу болмаса біреуге, бәрібір, солай болуы керек қой деп те нобайлаймын. Дегенмен бәрі бірдей далалық жердегі айнакөлдің бетіндей түзу, тұнық, тымық болса, онда өмірдің қызығы болар ма еді дегенге мен қарсымын. Коммунистік идеяны салушылар жұрттың бәрінің бірдей бақытты, рақат өмір кешуін аңсап, сол жолда жанын пида еткен адамдар емес пе!? Жан рақатын, жан тыныштығын күткен кісі коммунист болушы ма еді дегенге де қарсымын. Бейнетті дәулеттің рақаты болуы абзал. «Бейнетсіз дәулеттің рақаты жоқтығын» қазақ та білген. Рақаттың бейнет, яғни қиындық, еңбек арқылы келетініне қазақ бейкүмән, шүбаланбаған. Әйтпесе ондай мәтел шықпас та еді. Бірақ еткен еңбектің, қылған қайырдың рақатын көре алмай, яғни еңбегің еш, неген кеткенде, кейде еңсең түсетін мезет болмай тұрмайды. Бірақ сондай шақта ұнжырғасын түсірмей, жермен жексен болмай, пырақ киіп, пырақ мінгендей қайта көтеріліп, атқа түзеліп отырған, мүрдем кетпеген пенде — коммунистік идеяның досы. Ал қаскөй, қасаласқан күш «мен мұндалап» келгенде қасарысып қарсы тұра алмаса, бетпе-бет келген жаудан тайқып кетсе, ондай адамды кінәламауға шара жоқ. Жау тұқылдан тұтқиыл келгенде арманда кетсе, оның өкініші көп. Жаңа мен ойға шомғанда нақ сондай оқиғаны ойлап кеткен едім. Кеше саған Еспер деген кедейдің өзіме орынбасар болғанын айтқанмын. Кейін оны Ботпай болысына атқару комитетінің төрағалығына жібергенбіз. Ауылды советтендіру жөнінде көп қызмет істеген сол азаматты бір күні өлтіріп кетіпті деген хабарды Алматыда естідім. Мен ол күндері екі күнге сұранып балаларымды көруге қалаға келген едім. Үйелмелі-сүйелмелі екі ұл — Совет пен Марлен қазақтың тоғыз жылдық үлгілі мектебінде интернатта шәкірт еді. Бұл кездері екеуі де адам болып, алды-артын танып, досын-дұшпанын, большевикті, меншевикті, тапты, тап жауын айырып қалған. Екеуінің газет-журналдарды оқығанын, саясатты біле бастағанын көргенде, көңілім раушан болып, жүрегім жарылып кете жаздап жүрдім. Орыс тілін де біршама меңгерген. Екі ұлымды көріп екі күн аймалап, мауқымды басып, Ұлтарақты, Інжірді, Ұлтуғанды еске алып, сәл мұңайып, сонан соң, «талайыма бұлар түспесе, тағдырға не істей алар едім» деген сергек ой да мені бір кезек самалдай желпіп өтті.

Сонау бір революцияның отты жылдарында мені Ташкентке «Қазинпросқа» оқуға жібермек болды. Облыстық ағарту бөлімінің меңгерушісі Біләл Сүлеев бұрыннан таныс кісі болатын. Екі иығына екі кісі мінгендей, төртбақ, бойы да, ойы да бар оқыған жігіт. Ол барлық қағаздарды қолыма бере тұрып:

— Абақ, жолың болсын, елге керекті азамат болып қайт! — деді. Қағаздарды қолыма алып, үйге келе жатып ойға кеттім. Екі бала, әйел күн көрер. Атымды қайтер екенмін деп қатты састым. Ұлтуған оны баға алмайтыны белгілі. Ол ешбір адамның малдануына көнбейді. Қыздың көркі құлпыда, жігіттің көркі жылқыда. Ол менің көркім де, көңілім де еді. Бір-ақ амал бар — тек үйге сойып беріп кету. Құлынынан құрықтап ұстап, құлағымды құнына 4 берген атым — қанатым. Қалай союға көзім қисын. Қатты терлеп кеттім. Жоқ, үйге келсем, жағдай мүлдем басқа екен. Әскерге алынатын болыппын. Енді ат мәселесі шешілді, тек бала-шаға болмаса.

Аядай екі кішкене бөлменің төрдегісінде екі ұл пысылдап ұйықтап жатыр. Ұлтуған менің жол жабдығымды әзірлеп отырғанға ұқсайды. Мен кірген бойда ол орнынан тұрып келіп менің мойыныма асылды. Бұл оның бұрын мінезінде болмайтын жай. Көзінің еті домбыққан, қабағы түсіңкі. Күндік тартқанын маған байқатпауға тырысады. Бірақ жасыңнан сырдескі, етене адамның мінезін білмеуші ме едің. Сауатымның аз екенін білемін. Оқуға баруға соның айтуымен «екі ұлды қиын болса да өзім асырауды мойныма алайын, Абақ, сен оқығаның жөн болар» деген соң, келісім берген едім. «Совет өкіметін қорғау бірінші кезек болуы жөн ғой, егер ол болмаса бәрібір оқымайсың. Ал Совет өкіметі тұрса, бәрібір оқымай тұра алмайсың» деген еді Ұлтуған. Сол күнгі сырласуым онымен ақырғы сырласу, күндіз көшеде серуендеуім соңғы қыдыру екенін біліппін бе, мен бейбақ. Байрақ көтеріп сайраққа аттанғанда, оны қайта көрмейтінімді білсем етті. Ақылды туған жан еді ғой ол. Егер Совет пен Марленнің мынадай жетілгенін, оқығанын көргенде, қандай қуанып, шадыман болар еді. Бірақ жазмыш бізді бірге ұзақ өмір сүруге қоспапты ғой. Балаларымның білімге кенелгендігін, жетіліп қалғанын көргенде, төбем көкке аз-ақ тимей тұрды. Тіпті әлгі Совет тура әкесі Ұлтарақша асықпай, байыппен сөйлеп:

— Көке, біздің елде ірі байларды тап ретінде жою аяқталып қалды ғой, енді біраздан соң олардың құйыршықтары да жойылып бітеді. Сонан соң апам айтқандай, оқуға бармайсыз ба? — дейді. Тіпті басқа аудандардағы жағдайды да жақсы біліп тұр. Япырым-ай, деп ойладым, он үш жаста айтып тұрғаны мынау, кейін адам болса, оқудың түбін түсірер. Уақыттың өзі де, заман да адамның есеюін тездетеді ғой, шырағым. Мен балаларымның тез жетілуін заман ағымы деп білдім. Алматыдан қайтар үшінші күні әлденеден шошып ояндым. Қонғанымыз Серғазы Күшіковтың үйі болатын. Жерге екі ұлымды екі жағыма алып жатып едім. Оларды интернаттан бір күнге сұрап алғанмын. Оң жағымда Марлен қаннен қаперсіз, аюдың қонжығындай қатты ұйықтап жатыр. Сол жағымдағы Совет жоқ. Терезеден күн түсіп тұр. Сөйтсем Совет бұрышта кішкентай орындықта газет қарап отыр. Қабағы түсіп кетіпті. Ол менің шошып оянғанымды байқап қалып:

— Шошып ояндыңыз ғой, көке,— деді. Советтің қабағына қарап көңілсіздене қалдым. Мен баяғы ол әке-шешесін ойлап жасыды ма екен деймін дағы. Менің оянғанымды, ұйқымның ашылғанын білген ол маған қарап үлкен кісіше сөйледі:

— Көке,— дейді Совет,— сіздің аудан тынышсыз болуы керек. Еспер Қожақовты байлар өлтіріп кетіпті. Өлігі табылмапты.— Қолындағы газетті жұлып алып оқып жіберсем, кішкентай хабар берілген екен. Не істерімді білмей сасып қалдым. Балалар басымды сүйеп, су жұтқызды. Ұстатпай, қашып жүрген сұмның бірі болды ма екен, әлде көрінбей жүрген іштегі мерез бе екен, кім өлтірді екен оны!?

Созылып жүруге уақыт жоқ. Атымды тез ерттеп, шайға қарамай, балаларыммен қоштасып, суыт кеттім. Уәдеде тұрғыш, ұстаған жерінен сынатын, судай басынан тұнатын, досы үшін басын бәйгеге тігетін жігіт еді Еспер. Сонау он алтыншы жылдың қысы есіме орала кетті. Кірерге көр, барарға жер таппай, біз қашып Алматы кететінде, басы Таубайды, оның сойыл соғар сегізін матап, бірінің қол аяғын бос қойып кететінде сенгеніміз осы жасы қырықтан асып қалған кедей еді. Танымайтын да, біліскен де адам емес едік. Біліспей тұрып бір пікірден шыққан Еспер, міне, өлді дегенге шыдай алмай кеттім.

Қарақыстаққа кіре-ақ істі қолыма алып, шұғыл шешім қабылдадым. Есперді жақсы көрмеу мүмкін емес еді. Өйткені оны бізбен жақындастырған тап тартысы болатын. Тап тартысы — туыстықты, жақындықты білмейтін, нағыз интернационалистік қозғалыс. Оны нақ осы Еспер өлімі дәлелдеп берді. Еспер байларға қатты тиген, қайсар, өз жанын қорыттап көрмеген большевик еді. Сөйлесе қарқуардай шешен еді.

— Басыңды көтерші, шырағым,— деді Шұнақ шал. — Сонау көп бұдырмақ адырды Алмалы — Долаңқара дейді. Долаңқара деген жер аты қалмақ Долаңқара батырды қазақтан шыққан шапырашты теке Бөлек батыр жекпе-жекте өлтірген, бұл ат содан қалған. Содан төмен Айдарке деген тау бар. Айдарке Ботпай болысының бидас деген тармағының жері еді. Байлардың Совет өкіметінен жасырып тыққан малын үнемі тауып беретін Есперді бір күні бай туысқаны Тойбай шақыртады. Оған негізгі себепкердің бірі Еспердің туған ағасы Байеке болады. Ол сол елдің игі жақсылары Тойбай мен Жарқымбайға «мына Еспер менің сөзімді тыңдауды қойды, мені «қу бас» деп тілдеді» дейді. Өзі ілә таппай, балақтағы бит басқа шықты-ау деп Оралдан қашып келіп, елге сыймай, пысып жүрген Тойбай бидастың сорпа бетіне шығарларын жинап Есперді өлтірмек болады. Қара қой сойып бармақтарын қанға матырысады. Бармақты қанға матыру бір адамды өлтіретінде істелетін уәде болса керек-ті. Сол кезде бай топтың сөзін сөйлейтін бір ақынның мына өлеңі де болған:

«Бидаста бір белсенді Еспер деген,

Неме екен діті қатты, дес бермеген

Кедейге көмектесем дейді дағы

Байларға бір жақсылық естірмеген.

Большевиктің Еспер. атын естігенде

Біз тұрмақ бала жылар ес білмеген».—

— Міне, шарығым, бұл өлеңге түсінік берудің керегі жоқ. Жау не демейді. Жаулығын да, Еспердің кім екенін де айқын айтып беріп тұр.

Ол әсіресе өзінің үйленгенін ұзақ сыр ғып, жыр ғып айтар еді. Онысы құлаққа әдемі естілетін. Әңгімесінің ара-арасында «Бұл сөйткен Күніш еді» деп қоятын. Міне, енді сол Күніші жесір қалды. Есперді байлар жер жастандырды.

...Қар кетіп сылқылдап, күндіз көксоқта, түнде анжыр болып құбылған көктемнің кезі еді. Сол бір жылы жаңбыр да шамадан тыс мол болды. Еспер таңертеңмен есік алдына шығып келген. Жаңа ғана киіп жатып көрген кірлеген жейдесін жуғызбақ болады.

— Күніш,— дейді Еспер,— жейдем кірлеп кетті, мен шешіп бере қояйын, жуып берші. Түске дейін еш жаққа бара қоймаспын. Тез кеуіп қалар. Шіркін өлмеген құлға жаз да жақындап келеді.

— Жарайды, шешіп бере қойшы,— деді Күніш. Еспер жейдесін шешіп, кірленге су құйып отыра берген әйелінің алдына тастады. Алмастыра салатын басы артық жейде жоқ. Жалаңаш етіне шапанын киді. Беліне ештеме бумай, өңірін қаусырынды да, әйелінің жанында тұра берді. Күніш күндегісіндей емес, кір жуып отырғанда тым көркем, бернелі көрінді. Күнде қалай байқамағанмын мұны деп ойлады ол. Кимешегінен шығып жерде жатқан қос бұрымын қарашы, әр қайсысы жеңді білектей. Осы қолаң қара шаш ең алғаш кедейдің мойынына қашан, қалай оралып еді.

...Сонау Алматы жақтан жалғыз атына мінгестіріп келіп еді-ау мұны. Ол да нақ осындай көктемнің шағы еді. Алматыдан шыққан Еспер үш жыл жалға жүріп алған шабан торысын аяп, аяңдап келе жатқан. Шамалғаннан өтіп, Шомқалғанды басып, Жалғызаяққа таянғанда айдалада, қырқа ішінде кез болды осы алғыншы Күніш.

Қырқа іші. Елсіз дала. Жұрт әлі қыстаудан шыға қоймаған кез болатын. Қырқаның қары сөгіліп жатқан. Мұқым ерімеген. Қары кеткен күнгей беттер келе боталанып, аттың шашасынан келетін балшық. Кей жерде асты еріп қуыстанған қауылдырық қар.

Алты жыл Тойбайда құтан атанып, жалға жүргенде бір баспаққа қолы зорға жеткен-ді. Енді, міне, үш жылда жылқылы болды. Шабан болса да ат қой, аты бар демес пе жұрт. Елден жаяу кетіп, атты болып қайтудың өзі ғанибет емес пе? Осы ойымен торыны батпақтатып келе жатқан Есперге жаяулап, елсіз-күнсізде қорықпай кетіп бара жатқан жалғыз адам кездесті. Жаяу кетіп бара жатқан адамның жүрісі ширақ. Аяғында етігі, үстінде түйе жүн шекпені бар. Оның белін жалпақ күміс кемер белдікпен буып қоныпты. Басында түлкі бөрік. Бөріктің жасыл мәуліммен тысталған төбесі бұл Алматы төңірегінде бола бермейтіндей, биіктеу. «Қалпағымның төбесі мұнарадай...» деген өлең бар еді-ау деп ойлады Еспер. Кемер күміс белдік, түйе жүн шекпен, түлкі бөрік, бірақ жаяу жүргені қалай? Мынадай киімді адам жаяу жүруші ме еді. Аяғындағы етігі ше? Етігі де әдемі, сақтиян. Бірақ көбіне сал-салқам жігіттер болмаса, мұндай етікті жұрт жазда киюші еді. Еспер түрлі ойға кетеді. Бөксесі үлкендеу, шынымен сал бөксе бай баласы болар. Атынан айырылып қалған ғой деп түйеді Еспер.

Атты кісінің жақындап, тақымдап келіп қалғанын білсе де, жаяу оған бұрылып қарамады. Еспер бұрын амандасты.

— Ассалаумағаләйкөм!

— Сәламатсыз ба? — деді жаяу. Тіктеп қарамады. Неге екені белгісіз қазақ жоралғысымен «уағаләйкімассалам» демеді. Мейлі демей-ақ қойсын, оған қарап, одан бірдеме айырып жатқан Еспер ме!

— Жолыңыз болсын!

— Әлей болсын! — Сөз тағы осымен бітті. Жаяу жігіт әңгіме айтпай ішті көгертті. Озып кете берсем бе екен деп ойлады Еспер. Айдаладағы жалғызды жолға тастап кетіп, атам қазақтың дәстүрін қалай бұзамын. «Алдыңнан қара шұбар жылан шықсын!» демес пе ол маған. Өстіп Еспер үнсіз келе жатады. Озып та кетпейді, бұл да үнсіз, бұл қай бір суырылған шешен еді.

— Әңгіме айтыңыз,— деді түк таба алмаған Еспер.

— «Аттыға ілесіп жаяудың таңы айырылыпты» демеп пе еді қазақ атаңыз. Мен жаяу, қайбір сізге жолдас болатын адам. — Еспер таңырқап қалады. Өйткені сөзі жігіт лебізі сияқты емес. Егер бұл еркек болса, неге «не айтпақпын, сен атты мен жаяу» деп қатқылдау да, қалжыңдай да сөйлемес пе. Бірақ бұл атынан айырылып қалған болса, қолында неге қамшысы жоқ. Не де болса мұнымен біраз бірге жүрейін, егер әйел болса тағы көрейін. Ал неге ол әйел болмақ? Зіңгіттей жігітті әйел деп менің көзім қарайған ба ей? Бұным қалай? Ал ол неге тура қарамайды. Неге жерге қарап сөйлейді. Танып қоймасын дегені дағы. Сонымен бұлар тағы біраз жер үндемей жүреді. Жігіт бір кезде Есперді өзі сөзге тартады.

— Әңгімені өзіңіз айтыңыз, қайдан келесіз, қайда барасыз? — деп ол бұрынғысынша төмен қараған күйі айтты да, иегін көтермеген бойы көзін Еспер жаққа тастады. Ия, деп ойлайды Еспер, әйел сияқты. Еркек болса бұл маған көз қиығын тастағанда иегін көтерер еді. Еспер шабан торыны жақындатып оған үңіле қарады. Уыздай жап-жас, шамасы он жеті-он сегіздерде.

Еспер өз басынан өткенін айта бастайды. Кейін өзі де таңданатын. шамасы, Күнішке қосылғалы тұрғаныма көрінген болар, әншейінде сөйлемейтін басым төгіліп кетіппін дейтін.

— Алматыдан келемін. Жалға тұрғанмын. Үш жыл жүріп ақыма бір ат алып содан келе жатқаным. Үстімде үйім, бауырымда қазаным жоқ, әлі бойдақпын, жас отыздан асты. Қашан қатын алып, қашан балалы боларымды, қашан үйлі-үйелменді болып, үліңгір жамыларымды білмеймін. Қатын алу үшін қалың беру керек. Ондай мал менде жоқ, мажал да жоқ. Сонымен қызылбұт атанып, бас қатып жүрген жайымыз бар. Басыңда елден шыққанда ата-бабаның ескі қонысын көріп қайтайын, Іле өтіп атамыздың кіндік қаны тамған Қапал — Көксуды, жайлау-жонсауын көрейін деген оймен шығып, оған жете алмай Алматыда үш жыл болып, енді елге беттегенім. Бар тұрмыс үстімдегі рауғашқа боялған қызыл тон, астымдағы торы ат. Қысқасы, салт басты, сабау қамшылы деп қазақ айтатын қарақан бас — осы біз.

Жаяу жолаушы әлдеқалай таңданған, мәуреті өтіп бара жатыр екен-ау дегендей, басын көтермеген бойы көз қиығын тағы бір тастап, біраз үнсіздіктен кейін тіл қатты:

— Қалай-қалай дедіңіз? Көксу — Қапал? Сонда туыстарыңыз бар ма еді?

Еспер бұл бұған неге қадала қалды деп ойламайды да. Оны әңгімелеп кетеді. Інім, Жетісу тарихынан қанша хабарыңның барын білмеймін, тіпті, бәлкім, мұны тарихшылардың бірі білсе де бірі білмейді. Еспер айтып келе жатқан Көксу — Қапал әңгімесі де сен сияқты журналист-жазушылар біле жүрсе артық болмайтын жай.

Шұнақ шал тағы бір тарихи деректі әңгімелейін деп келе жатқанын түсіндім. Ол шарта жүгінген аяғын көсіліп отырды. Шамасы, тізесі шыдамай кеткен болса керек, екі тізесінің ұршығын екі қолымен кезек-кезек уқалады. Оң қолының бармағымен оң тізесінің көзін тауып алып, оны да бір-екі толғап өтті. Сонан соң екі көзін алыстағы даладан алмаған күйі маған қарамай сөйледі:

— Інім, мың сегіз жүз елуінші жылдары Жетісуды тегіс қаратып алған Колпаковский қазақтарды ойына келгенінше билеп, көп зорлық-зомбылық көрсетті. Осы кезде біз оны «Россияға еркімен қосылды» деп соғамыз. Інім, кішкентай сауаты бар адам айыра алатын саясатты «өзімнен басқаның бәрі ақымақ, немесе осыған көнсең де көнесің, көнбесең де көнесің, осылай деуің керек» деп күштеуге бола ма! Басында еркі бар, еркін киер бөркі бар адам не ақымақ, не сатқын болмаса, бас бостандығын қолдан біреуге беріп, еркін киер бөркіне тәуелді болып, ләппай деп қолын қусырып, құлдық ұрып, әлде тізерлеп қолын жайып кіріптар болып отырар ма! Ал шынына келсек, ең дұрысы, інім, патшалық Россия қазақ жерін отарлады деп туралап айту болмақ. Егер біз елімізді, болашағымызды ойласақ, жастарға дәл мағынасындағы коммунистік, интернационалдық тәрбие бергіміз келсе, орыс патшалығының отарлау саясатын ашық жүргізгенін тура, сара айтуымыз керек. Ал көпе-көрінеу, арты жалаңаштанып көрініп тұрған істі мәймөңкелеу, тіпті кейде мәймөңке, мәміле де күш көрсету тұрғысынан саясаттаса, оны «ия солай» деген боласың, ал арғы жағында ішің қыжылдап қайнап жатады. Алдымен күш көрсету тұрғысынан жасалған саясатқа бір кіжінесің, сонан соң расты өтірікке айналдырғанға тағы қынжыласың. Ал әйтпесе осыларды, яғни отаршылдықты отаршылдық деп айтудан біз революцияның отты жылдарында ұтпасақ, ұтылғанымыз жоқ, інім. Менің бұл сөздерім құлағыңа жақпай, түрпідей тисе, онда ендігі әңгімемді естімей де, тыңдамай да қоя-ақ қой. Мен саған бұларды тыңдағың келмесе зорлап тыңдатпаймын. Лениннің көзі тірі кезінде Қазақстанды орыс патшалығының отарлағаны ашып айтылып келді. Енді сол кездегі тарихтың бәрін өзгертіп, ортамызға Ермак сияқты қанішерге ескерткішке қала атын беріп қойып, осыны жақсы көрсең де жақсы көресің, жақсы көрмесең де жақсы көресің деуді не деп ұғу керек?! Кейбір тарихшысымақтар Көшімді қазақ емес, ноғай еді демек болады. Жарайды ол ноғай болсын, ал өл бір кері заманда, халықтың басы дауға түскен, малы талауға түскен заманда қазақ пен ноғайдың арасын кім ажырата қойыпты? Тіпті, Ермакты «Великий освободитель Сибири» деп көрсетеді. Інім, мына сенің омырауыңда университет бітіргендігіңді куәландыратын ромб тұр. Жоғары білімді адам мұны білуге тиіс, ал маған айта қойшы, Ермак Сібірді кімнен босатыпты Ноғайларды қырып, ноғай Сібірді, Новосибирск атандырғаны ма? Әлде ғайыптан түскен біз білмейтін басқыншы бар ма? Інім, сен білмейтін бір шындық бар. Мен соны саған айтып берейін. Естимісің? Бұл сенің құлағыңа жақпайтын сөз болады.

Шұнақ шал маған сынай қарады. Мен бүгін әңгімені тоқтатпауды өзім сұрадым ғой, сондықтан шұнақ шалдың бетіне қарамай, алдымдағы тостағандағы қымызды басыма көтере бердім.

— Үндемегенің айта бер дегенің шығар, жарайды онда. Сендер білмейтін, сендердің қолдарыңа түспеген талай әдеби шығарма бар. Соның бірі «Сәтбек батыр» аталады. Бұл Ермак туралы, оның ит өлімі туралы дастан. Адамша өлімі емес, қайталап айтамын, ит өлімі туралы.

Қазақ жерін қырып-жойып, үрерге итін қоймай, қырды қырып, ойды орып, қанды судай ағызып келген Ермак кеш батып кеткен соң бір қазақтың үйіне келеді. Бұл Сәтбектің үйі екен. Жаныңда сайыпқыран қырық дүбірі бар. Мал сойылып оған тамақ тартылмақ болады. Сәтбектің әйелі меңдуананың қоңырауын қайнатып, сол суды қымызға қосып Ермактарға береді. Ермак та, жігіттері де әбден мас болады. Mac болған соң жігіттер түнде біртіндеп далаға шыға береді. Біртіндеп шыққандарды бір-бірлеп алдында тұрған Сәтбек басын қылышпен шауып, сүйре гай береді. Бір шамада қасында жігіттері қалмаған Ермак та бұл нөкер-дүбір қайда кетті?» деп мас, тәлтіректеп өзі шы еле жатады. Бағанадан бері қырық жігітті шауып өлтірген Сәтбек шаршады ма, әлде Ермактан жүрексінді ме, қапелімде оны шапқанда тая соғып, басын емес, бір қолын шауып түсіреді. Қарусыз, бойы екі жарым кез, бір қолы жоқ Ермак Сәтбекпен алыса түседі. Көпе-көрінеу Сәтбекке бой бермей, қарманғанда тіпті жалғыз қолымен-ақ буындырып өлтіретін болады. Сәтбектің қасқыр алатын маң төбеті байлаулы тұрады. Өліп бара жатқан Сәтбек жандәрменде «итті жібер!» деп айғай салады. Әйелі итті босатады. Ермакты ит талап өлтіреді. Сәтбек сүйреп барып Ермак өлігін жардан Ертіске итеріп тастайды. Міне, інім, бұл адам өлімі емес, ит өлімі емегенде немене? Бәлкім, тарихта ит талап өлтірген адам Ермак шығар. Ермакты мақтағысы келгендер «Тарихта бұдан басқа ит талап өлтірген адам жоқ. Ол бірінші» деп дәріптеуіне, дарбитуына болады-ау деп ойлаймын. Сөйтіп қазақты қан жылатып, жерін қан жалатып, әйелдерін қан қақсатқан Ермакқа еліміздің ортасынан Совет заманында қала тұрғызу — бұл қай интернационалдық тәрбиеге сияды?! Міне, шырағым, Ермак туралы қазақ білетін шындық осындай. Ендігісін өзің ойлай бер. Қазақ халқын сондай ғайыптан «жарылқаушының» бірі Колпаковский болатын.

Еспердің айтпағы сол Колпаковскийдің зорлық-зомбылығынан сол кездегі Күрті, Ботпай, Мойынқұм болыстарының қазағы Іленің батысына көшкен. Олар Іледен арғы Алатаудың етегін сағалап, Қапалға дейінгі жерде, бұрынғы Қапал уезінде Баянжүрек тауына дейін жатады екен. Ал Найманның Садыр-Матайы Аягөзден ары екен де, Жалайырлар соған дейін созылып қоныстанады екен. Қапал қаласы (бір кезде қала еді ғой) тұрған жер қазіргі Алматы облысының І-Май колхозын мекендеген Дулаттың Қапал, Қыбырай деген руының кірті-қияуы еді. Мысалы Еспердің аталарының ауылдары Көксу бойында болған-ды. Алғаш Еспер Алматыға сол жақты бір көріп қайту үшін аттанады. Онысы жастығынан, алабұртқан баламұрт көңілден туған өрепкі қиял болса керек-ті. Осыларды жол үстінде, айдалада, ит шайнаған майлы орамалдай қырқада бінә болған жолаушыға Еспер айтып береді. Ол:

— Мен де сол жақтан едім,— деп Есперге қиыла қарайды. Қиыла қараған сәтте жігіттің самайынан шыққан қап-қара бір тұлымдай шашын көреді. Бұл әйел екен ғой деген қорытындыға сонда да келеңсіз Еспер келе қоймайды. Үндемей келе жатады да, осыны мінгестіріп алсам қайтеді деген ойға келеді. Еспер өз атын айтады да:

— Атың кім, інім,— дейді.

— Атым Күнбай,— дейді жас жігіт. Енді Еспер шамасы бұл бір дөйдің оқудан келе жатқан ұлы болар деп түйеді. Тегін адам шаш қоюшы ма еді. Қудың сұңғағындай мойыны қалай әдемі, тамағы торғындай екен-ау деп ойлап қояды Еспер. Бет бернесі де келіскен екен. Оқыған, мектеп көрген адам ғой.

— Кел мінгес, інім,— дейді Еспер. Ол сөз айтпайды. Қолын береді. Еспер мінер жақ үзеңгісін босатып, оның қолын алады. Қолы тіпті жұп-жұмсақ, сымға тартқан күмістей екен. Жас жігіт қой, шабан торының жап-жалпақ сауырына жып етіп оп-оңай міне салды.

Сәлден кейін барып жігіт тіл қатты:

— Аға, алдағы ауыл қанша жер?

— Кешке жетеміз. Немене бұл жақта болмап па едің?

— Болмаған едім, аға.— Қалай жұмсақ сөйлейді, қыздарша деп ойлады Еспер.

— Өзің қайда барасың? Кімнің үйіне. Қайдан келесің?

— Аға, ол көп әңгіме. Қонаға дейін таусылмайды.

— Айта бер, жол қысқарсын,— деді ойында ештеме жоқ Еспер.

— Аға, ол айтыла салатын сөз емес, алдымен менен естіген әңгімені ешбір жанға тісіңізден шығармауға уәде берсеңіз ғана ол сырды шерте аламын.

— Жап-жас жігітсің, сонша уағда алатындай біреудің жіберген жансызы ма едің? Не жанбақы болмаса, не жансыз болмаса, қазақтың осы далиып жатқан сайын даласында кімнің сырын, күнәйін кім біліп болмақ? Қолыңа қарасам, қардар-зергер сияқтысың, бернең, сымбатың қызға бергісіз бияқ, зайыры түсіне алмадым, інім.

— Аға, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге кетеді» демей ме қазақ, пелде-пелде өмірде не болмайды, бүлінген заманда бүлініп жүрсем...— Жігіт мұңайып барып сөзін жалғастырды.— Анадан бергі сабылыс жүрісім зая кетіп жүрсе...

— Жарайды, қасам ішейін бе? — дейді Еспер

— Жоқ, аға, осы сөзіңізге сенемін.— Ол тағы бірсыпыра жерге дейін үндемей қалды. Шамасы айтсам ба, айтпасам ба деп екі ұдай ойлы боп келе жатса керек. Еспер де тіс жармады. Әлден уақытта барып ол қайта тіл қатты:

— Аға, мен қызбын. Сипатымнан байқамадыңыз ба? — Бір мүдәйі аяр пәле емес пе деп:

— А-а?-деп Еспер сасып қалды.— А, қызбын? Онда түсші аттан! — Қыз қарсыласпады. Аттан түсті. Аттан Еспердің өзі де түсті. Түскен жерде, шабан торының мінер жағында екеуі біріне-бірі тесіліп, таңданып-тамсанып ұзақ қарап тұрып қалды. Сонан соң Еспер аттың тартпасын босатып, аткөрпені ерден шығарып алды. Оны үш қабаттап аттың сауырына салды да, айылды қайта қатты тартты.

— Ал енді атқа мін,— деді Еспер,— бұл күнге шек, жәукен алсын, мұндайды кім көріпті.— Ол ойына бірдеңе түсіп кеткендей үзеңгіге аяғын сала берген қызға бұрылды.— Онда сенің атың неге Күнбай?

— Күнбай емес,— деді қыз жымиып,— Күніш. Күніш атқа лып етіп тез мініп, ер артындағы аткөрпеге отырды. Еспер жүгеннің шылбырын шешіп алды. Оның бір басын ілмектеді де, күрмеп байлап қойды. Шылбырдың ілмектелген басын қыздың алдынан аттың қамшылар жағына түсірді де:

— Аяғыңды сал! — деді Күнішке. Бағанадан бері «шылбыр неге керек» деп отырған Күніш енді түсінді, оған үзеңгі жасап бермек екен. Күніштің мінер жақтағы сол аяғына шылбырдың ұзындығын дәлдеу үшін аяғын ұстай беріп, денем дір ете тусті дейтін Еспер. Бұл қыздың аяғы ғой, рұқсатсыз ұстағаным ұят-ау деген бір ой желпіп өтті. Қыз шылбырдың ұзындығын өзі өлшеді:

— Осы жерден түйе беріңіз, аға,— деді. Еспер шылбырдың екінші басын да ілмектеп байлады. Міне, енді үзеңгі дайын.

— Енді өзің теңестір,— деп өзі де атқа мінді. Сонымен Еспер алдында, артында мінгесіп Күніш келеді.

— А,— дейді Еспер,— енді әлгі ант алған әңгімеңді баста.

— Аға, атымның Күніш екенін айттым. Өзім Қапалдан қашып келемін. Ауылымыз Баянжүректің батыс жақ етегінде. Мен бір ауқатты адамның жалғыз қызы едім. Маған ешкім атастырылып, қалың бермепті. Осыдан бес ай бұрын әкем де, шешем де арасына бір-ақ апта салып қайтыс болды. Әкем Кәрім жалғыз кісі еді. Қабырға ағайындар кеңесіп мені бір шал адамға екі қатынның үстіне бермек болады. Сөйтіп менің қалыңыма тағы да мал алып, майға қақалып, қарқ болғысы келеді. Жансыздап білсем бәрі рас. Бір кедей ағайынымыздың жас түскен әйелі бәрін қолмен қойғандай етіп айтып берді. Содан бір түнде еркекше киініп, қашып кеттім. Малдан да, дүниеден де бейдама болып, безіндім. Содан жаяулап-жалпылап аптада Алматыға жеттім. Әдейі құлақ естімес, көз көрмес жерге кеттім. Егер жайым бұл жақта да болмаса, мекеге дейін жүре бермекпін, ақтап, босып кетпекпін. Осыларды айтып келе жатып, ол қалғып кетіп, басын екі рет Еспердің арқасына соғып алады. Ол әңгімесін бітірген соң, Есперге:

— Аға, егер сіз ренжімесеңіз, мен кішкене қалғиыншы,— дейді.

— Қалғысаң қалғы, немене ұйықтамап па едің?

— Түні бойы көз ілмедім, алдағы өмірім не болады деп күңіреніп шықтым. Оның үстіне қонғаным бір орыстың үйі еді. Бірдеме шағып, үстімнің бәрі ісіп кетті.

Күніш Есперді белінен тас қылып құшақтап алады да, екі сағаттай ұйықтайды. Есперге Күніштің қолы әлдеқалай бір жылу әкелгендей қолын алмаса екен, құшағын жазбаса екен деп тілейді.

Күн кешкіріп, жер қатқақ тартады. Мінгескен екеу ел қарасын көре алмай, осы көктемде ғана тартылып алынған бір мая жоңышқаның орынына кездеседі де, соған қонбақ болады. Торының тартпасын босатып, аяғына шідер салып, ауыздығын алып отқа қояды. Еспер жоңышқаның қалғанын жинап, қалың ғып салып, үстіне ат жабуын жайып, басына ерді, қоржынды жастап, жатын орын дайындайды. Күніш қысылып ақыры қисаяды. Еспер оның аяғын аткөрпемен орап, үстіне тонын жауып, оның бір етегін өз үстіне жауып жатады. Екеуінің де жуғарақпанда көзі іліне қоймайды. Түннің бір шамасы кезінде қыз тыншымай қимылдай береді.

— Не, жаурап жатсың ба? — деп Еспер оны қымтамақ болады. Болбол тарыдай тез піскен қыз екен деп ойлады ішінен.

— Жоқ, ыстықтадым, шекпенімді шешемін.— Еспер үндемейді. Күніш шекпенін шешіп, тонның ішінен екеуіне бірдей кигізе жабады да, үстінен тонды тастайды. Біршама тыныстағандай болады. Әрі-беріден соң тағы тыпыршып, сонан соң Еспердің бауырына кіре түседі...

Қатты дүбірден Еспер көзін ашып алса, жоңышқаның орнына келген жылқы екен. Таң атып қалыпты. Сол күні кешке Еспер Күнішті мінгестіріп ауылына да жетеді...

Сөйтіп қосылған Күніш бүгін тіпті ерекше сымбатты бияқ көрінеді. Өмірі Күнішке ондай сөз айтып көрмеген Еспер:

— Күніш, сен ерекше көркемсің. Бұрын қалай байқамағанмын,— деп естіртіп айтады. Өзі одан көзін алмай тұрады.

— Неге сонша қарайсың, жаңа көргендей,— дейді Күніш.— Анау жылы Далақорадан тауып, өңгеріп келіп, тірілтіп алғанымда, онда әлдеқайда жас едім, онда неге байқамағансың.— Расында барыс жылы, орыстарды жаппай патша әскерге алып жатқан жылы Еспер Тойбайдың қойын бағатын еді. қазақтар, інім, жалпы барыс жылы қыс қатты болмайды деп есептейтін. Сондықтан ба, әлде байдың екі бірдей қойшыға ақы төлегісі келмеді ме, Тойғанбай деген ағайындарын қуып жіберіп қойға жалғыз Есперді салған. Көктемге салым қыс қысырап, жылы болды, енді мал қыстан аман шықты деп жұрт қуанып жүргенде, осы Долаңқарада бір күні түстен кейін аяқ астынан ертелі бері жып-жылы майтоңғысыз болып тұрған күн бүлініп, түстен кейін бұлан-талан болады. Қатты дауыл тұрады да, ұрып-ұйтқып жауған қар әп-сәтте көміп салады. Ат құлағы көрінбейтін зымыстан боран. Кеш батып, түн болып кетіп, ауылға қой да, қойшы да қайтпайды. Түннің ортасында іздеушілер қойды қондады да, оны сол маңайдағы Далақораға қаматып, бір адамды күзетке қалдырып, өздері ауылға келеді.

— Еспер қайда? — дейді бір жыл бұрын түскен келіншек. Бұл сөзге ешкім жауап бермейді. Сөйтсе қойды тапқанына қуанған Тойбай бай, оның бай туысқандары қойшыны іздеуді ұмытып кетеді. Есік алдына жылай шыққан Күніш байдың байлаулы тұрған, үстінен бит домалап түскендей семіз ерттеулі торышасын көреді. Ол міне салып шаба жөнеледі.

Түн түлей боран, ақтүтек түтіп жей жаздап тұрады. Күніш «қойды Көнсайдан таптық» деген соң, тура соған тартады. Дала аппақ. Қылайған қылпық көрінбейді. Бір кезде ат та, Күніш те жоқ болады да кетеді. Әйтеуір Күніш шылбырдан айырылмайды. Күніш аттан бұрын тұрады. Байдың торышасы, орнынан тұра беріп, оқыранып сілкінеді. Ат қорқып кетіпті. Дір-дір етеді. Сөйтсе үй орнындай оқпандағы омбы қарға түсіп кеткен екен. Көзі жер жайын біліп, малмен-жермен көзі шыққан Күніш оқпанның осы жағы жыра болуы керек деп, атты жетектеп, сайдың аузына қарай жүреді. Он шақты қадам салған Күніш әлденеге аяғы тиіп етпетінен кетеді. Сөйтсе сүрініп жығылғаны жатқан Еспер болып шығады. Еспер өлген екен деп жас Күніштің есі шығады да, кешегі қойындасып жатқан Есперімнен несін қорқамын деп, ақыл тоқтатып, өліктің қойынына қолын тығады. Сөйтсе Еспердің денесінде әлі жылу бар, жүрегі соғып тұрғанға ұқсайды. Күніш оны қармен уқалап, есін жиғызамын деген ойына келмейді. Торышаны ылди жаққа тартып, оны ерге салмақ болады. Әлі келмей әлек болады. Байдың аты қанша семіз болса да, соншалықты жуас екен. Қақсал, жасамыс жылқы мыңқиып тұра береді. Бір заматта иығындағы Еспердің кеудесін өлгенде әрең ерге шығарады да, енді жоғары қарай итере бастайды. Түннің бір шамасы болып қалады. Еспердің екі қолын буып, буған жіпті аттың бауырынан өткізіп, мінер жақтан әкеліп ер басына байлайды. Сонан соң өзі атқа мінеді. Енді барып бұл үсіп кетті ме деген ой келіп, тымақтың бауын қатты тартып байлап, өңгеріп келе жатып, еңкейіп Еспердің екі қолын кезек-кезек уқалайды. Сөйтіп келе жатып аттың тоқтай қалғанын бір-ақ біледі. Сөйтсе ат басын бай үйіне тіреген екен. Одан өз үйіне барады. Таң қылаң бере салаңдатып Есперді өңгерген Күніш үйге түсіріп, жұрт аяқ-қолын, денесін қармен ысқылап тірілтіп алады...

Ал бүгін Еспер, сөйтіп өзін о дүниеден әкелген Күнішті жаңа көргендей, тіпті оның көркемдігіне шынымен тәнті болып тұрады.

— Шын сен тіпті әдемісің ғой,— дейді Еспер тағы да алдыңғы сөзін қайталап.

Нақ осы бір сәтте сырттан көп аттың шапқан тасыры естіледі. Алмалы-Долаңқара тастақтылау дала. Оның үстіне жоталы жерде ат шабылғанда дүбірге дүбір қосылып, дүңкілдеп кетер еді. Бұл жолғы дыбыс ерекше болды.

— Не бұл, жау келгендей? — деп Күніш есікке қарайды. Шауып келе жатқандардың түрі ерекше жаман, бәрі түнеріңкі, қанына қарайып алған адамдар сияқты. Алда келе жатқан он шақты аттының ішінен Күніш өзінің туған қайнағасы Байекені көріп көңілі орынына түскендей болады. Артқы топтан басында қара бұйра, елтірі, қара мәліскеймен тысталған бөркі, тізесіне жетер-жетпес қысқа, жосамен бояған тоны бар Тойбайды танып, шошып кетеді.

— Құрыдық, құрыдық, Оралдан қашып келген қызыл қайнаға келеді. Тығыл, тығыл. Тез жөнел. Мыналардың қалпы жаман! — деп Есперді құшақтап жылап жібереді. Еспер де түсі бұзылыңқырап, бірақ ақыл тоқтатып, енді бәрібір құтыла алмасын біліп, тәуекелге бел байлайды. Бел байламағанда не істемек, жаяу адам аттылардан құтыла ала ма. Қанына қарайып әбден өшігіп алған топ cay етіп түсе қалды. Ат үстінде шіреніп, тек бұйрық беріп Тойбай, Сыбанқұл қожа, Иманқұл тұр.

— Шығарыңдар бері, жалаңаш к... балшайбекті. Көрейік бір әуселесін. Қалай-қалай сөйлесер екен бізбен. Ақ көкірек болғанды көрсетейік біз оған. Қызылды жақсы көретін немені қып-қызыл қан қылайық.— Жарқынбай деген Тойбайдың ең жақын бай туысқаны екен. Жандайшап екеу аттан түсіп, үйге кіріп, Есперді сүйрелеп шығарды. Еспер көп қарсыласпады. Бәрі бір олардың сүйреп-байлап шығарары хақ еді. Күніштің бір байқағаны күнде Еспермен бірге белсенді болып жүретін Жаманбай, Ғизат, Қасабек те бұлармен бірге.

— Тұрғыз мына ортаға, шеш киімін,— деді. Тағы Жарқымбай молда. Еспердің киіп тұрған шапанын еңгезердей екі жігіт Алданыш, Мақсұт шешіп лақтырып тастады. Тойбай мен Жарқымбайдың жақындары, екеуі де қара табан қойшылар. Ауызы жарып ас ішіп, иығы жылтырап киім кимеген, құйқалақ жеп құрсағын тығындаған сорлылар.

— Міне, бізді билейтін балшайбегің жалаңаш етіне шапанын киіп тұр, жарымаған, атасы жарымаған малшы,— деді ат үстіндегі деп Тойбай.

— Қане, айт, бізді сатқаныңды қоясың ба, қоймайсың ба? — деді Жарқымбай.— Сенің әкеңді біз өлтірген жоқ едік қой.— Еспер үндемей тұра берді. Кеудесі жалаңаш, аяғы жалаң аяқ. Көксоқта қардың үстінде.

— Отырғыз, тізерлет. Тойекемнің алдында тізерлеп отырып жауап берсін, итаршы неме. Сен қағынғалы біраз болды ғой, бәрін көтердік. Напақаңды бізден-ақ теріп жемедің бе, біз-ақ сенің ындыныңды тойғызатын едік қой.

Алданыш пен Мақсұт желкелеп Есперді тізерлеп отырғызды. Ол тұрмақ болды. Алпамсадай екі жігіттің қарулы қолдары оның қозғалуға мұршасын келтірмеді. Екеуі иығынан басып тұрды. Бағанадан бері шыдап тұрған Күніш осы жерде тұра жүгіріп келіп араша түсті.

— Өлтіресіңдер ме, тізесімен көксоқтаға отырғызып...— Ол келе екі қойшының қолына жармасты. Арттан екеу келіп Күнішті сүйреп бара жатты. Бірі Далабай екен.

— Сазасын беріңдер, Көксуға сыймай келген сайқалдың. Көксоққанды көксоқта түгіл жалаңаштап қарға көміп қою керек еді.— Тағы бір бейтаныс байдың бірі болса керек. Сүйретіліп бара жатқан Күніш дауысы жарықшақтанып тағы дабыстады:

— Есперден садаға кетіңдер, есіріктер. Еспер! Мен мәңгі сенімен біргемін.

Күнішті жігіттердің бірі іштен теуіп, үйге итеріп тастады. Күніш талып кетті. Нақ осы жерде Еспер өзі сөйледі:

— Не істесеңдер де өзіме істеңдер. Алған бетімнен таймаймын. Мен көзім жұмылғанша Совет өкіметінің отын жағамын.— Байлар күйіп кетті білем.

— Міне жағасың! — деп Жарқымбай Есперді қамшымен салып қалып еді, бөрі қамшыны жаудырып берді. Тигені оны ұрды, тимегені жерді ұрды. Екі қолымен басын қорғалаған Еспер басы-көзін қан жауып жығылып қалды. Басын көтере беріп қайта сөз қатты:

— Ей, Жарқымбай, сенің күнің біткен. Мықтағанда мені өлтірерсіңдер. Тыққан малдарыңның қай тұғылда, қай қорада, қай бағдарда жатқанының бәрін Совет өкіметі біледі. Қай кедейге қанша мал қосқаныңның да есебін алғанмын. Совет өкіметі сендерге қатты келмеп еді, ши шығарған өздерің. Сорлы кедейлерді айдап салып тұрсың. Бәрі бір жауапты сен бересің,

— Ей, Тойғанбай, сен неге қамшы салмай тұрсың. Колхозға бірінші етіп сені жазбап па еді. О, шығымсыз сорлы. Сал қамшыны! — Тойғанбай қамшы салудың орнына теріс қарап кетті. Тойғанбай Еспермен байларда бірнеше жыл бірге жалға жүрген, бала-шағасы жоқ, ыңыршағы айналған, бауыры тақыр кедей еді. Әлі де Тойбайдың отыншысы болатын.

— Бұл бұйықтан туған қиық. Түзелмес нарқы пәс парықсыздың өзі. Мұнымен сөйлесіп болмайсың, Жарқымбай,— деді бағанадан ат үстінде үнсіз тұрған Тойбай.

— Бұл жүгермектің саған мал не керек, қу басыңа не жетпейді дегені өтіп кетті ғой. Қубас деді ғой мені,— деп Еспердің туған ағасы Байеке оның үстіне төне түсті. Байеке оған жақындағанда Жарқымбай былай тұр дегендей Еспер жанындағы екі жігітке ым қақты. Осыны пайдаланған Еспер қатты бар жігерін жинап сөйлеп кетті. Байеке қамшы салмады. Нақ осы сәтте Еспердің мойнына қыл шылбырды өз туысқаны әңгүдік дәлдүңгір Далабай салды. Есперге жаны ашып кеткен Тойғанбай бері бұрылып:

— Байқұс-ау, ең болмаса қасықтай қаныңды қисын, Тойекеме жалынсаңшы,— деді. Еспер міз бақпады. Тілін де тартпай сөйлеп кетті. Еспердің он жасар жалғызы шыр-шыр қақты.

— Тойекең тойып болды ғой, енді жарылар кезі келді. Мені өлтірерсіңдер, екі миллион большевикті қалай өлтіресіңдер. Ей, Тойғанбай, Алданыш, Мақсұт,— дейді Еспер айғайлап,— бұл менің мойныма салған шылбыр сеңдердің де мойындарыңа түскен бұғалық. Мені өлтіргені кедейлер сені өлтіргені. Мен сендердің теңдіктерің үшін, табан ақы, маңдай терлерің үшін күрестім. Сендердің ақыларыңды алып беруге тырыстым. Тойбай емессің сен, сен тоймайтын жалмауызсың. Мауыздың бәрі құриды, кедейлер үстемдігі жасайды. Байдың күні қараң. Совет...— Бұл сөздер тұрғандарға инеше қадалды.

— Құрт көзін, қақсатпай, жағын қарыстыр! — деді ат үстіндегі Тойбай. Аттылар Есперді сүйрей жөнелді. Тасырлаған ат тұяғының дыбысы келді Күніштің құлағына. Басын көтере алмады. Басының қолы тиген жерінің бәрі желімдей, ұйып қалған қан. Он жасар Ұлан шешесінің басын құшақтап жылап отыр.

— Қан ішерлер, Есперімнен садаға кет! — Күніштің бұл сөзін өзінен басқа ешкім естімеді.

— Інім, Күнішке Еспердің үйленуі кездейсоқ нәрсе емес-ті. Жаңа оның Күнішке қалай қосылғанын айттым. Оны ұзақ әңгімелегенім — оның кім екенін, кейінгі ерлігін айту еді.

Еспер өлтірілген күнінің ертеңіне таңға жуық өзіне өзі келген Күніш белін буынып, жеңін сұғынып, еркекше киініп жалғыз ұлының жалынғанына қарамай Тойбай ауылына келеді. Еспердің өлімін Совет өкіметі тегін қалдырмайтынын білген қашқын Тойбай ауылынан із-тозсыз жоғалады. Оның ауылы төңірегінде жүретін кешегі екі жігіттің бірі Алданышты үйінен табады:

— Есперді қайда жібердіңдер, тауып беріңдер,— дейді. Алданыш түсінен адам шошитын Күніштен іш жиғанымен, бірдеме істей қояды деп ойламайды. Еркексіп ыңыранып сөйлей қоймайды. Күнішке жауап бергісі келмейді. Күніш от басында отырып қайта жауап сұрайды:

— Еспердің, ең болмаса, өлігін тауып беріңдер.— Ол тағы үндемейді. От басында жатқан темір көсеудің қысқаш жағын жымырып қолына ұстай беріп Күніш Алданышты қақ бастан салып жібереді. Алданыш отырған жерінде сылқ түседі. Күнде Күнішпен бірге тезек теретін қара қатын Қарашолақ ойбайды салып, Алданыштың үстіне түседі. Ауыл үй жиналып қалады. Мұнда еркектер де келе бастайды. Қара барқыт жағалы түйе жүн шекпенін желең жамылған, басында дағарадай бастары бар Жарқымбай молда да келеді. Оны көргенде пәленің көбі осыдан келгенін білетін, оның кешегі дауысы құлағынан кетпеген Күніш ода именгенсіп , басындағы Еспердің бөркін милығына түсіре киіп бетін көлегейлейді. Жылмақытай Жарқымбай молда бұл мүдәйлікті айқын түсінеді. Ол:

— Байлаңдар жұрттан шыққан аяр мыстанды! — деп ақырады. Нақ осы сәтте оның шекесіне де көсеудің доға басы шақ ете түседі. Бойы ұзын, еркексіген Жарқымбай етпетінен кетеді. Шекесінен қан атқиды-ай келіп. Дастары босағада қалады.

— Ой, мына салдақы бәрімізді қыра ма, ұстаңдар, зәндемі немені, ойбай! — деп Жарқымбайдың бәйбішесі бақырады. Бұл жерге келіп қалған үш-төрт еркек, ішінде кешегі Мақсұт та бар екен. Олар далаға жүгіре шыққан Күнішті ұстамақ болып қамажаулайды. Осы кезде әлдене есіне түсіп кеткендей Күніш қолын қойнына тығады. Ол қойнынан қысқа қара пышақ алып шығады:

— Қане, қайсысың келесің? Қайсысың Есперді құртқан. Келіңдер, ажалдарыңа асыққандарың. Маған енді Есперден кейінгі тірліктің керегі жоқ. Адыра қалсын ол тірлік. Мен де Еспердің артыиан барамын. Бірақ Есперді қайсысың өлтірдің, соны айтыңдар, соны өлтіріп өлемін. Мені тегін өледі екен деп ойламаңдар. Қане, кел ажалыңа асыққаның. Қазір анау Жарқымбайыңды жайраттым, енді қайсыңның кезегің? Кел, қане, еркек болып туғандарың!

— Астапыралла! — деді әйелдің бірі.— Сәуле қайынағаның атын шімірікпей атайды-ей!

— Ей, Күміс,— деді Күніш Мақсұт деген қойшының қатынына.— «Түйесі жоғалмағанның ақылы түгел». Көрер едім, сені, анау маңқа байың бірдеме болса. Байың өліп бағы күйді деген мен. Менің аянар түгім жоқ. Өңкей итаршы сендерді де өлтіремін!

Тұрған еркектердің ешқайсысы қара пышаққа қарсы бара алмады. Үйден:

— Ойбай, киіз күйдіріп әкеліңдер! — деген Жарқымбайдың жантақ бәйбішесінің отарынан бөлек байланған тентек қойдың дауысындай дабысы барылдап естілді. Шамасы Жарқымбайдың басының қаны тыйылмай жатса керек. Егер ауылға Бабажанов бастаған бес-алты атты келіп түспегенде, бұл көрініс әлі қаншаға созылары белгісіз еді.

Бабажанов Еспер өліміне байланысты жиырма бір адамды қамауға алды. Олардың бәрін түстен кейін ауданға алып бара жатты. Олардың бел ортасында басын шүберекпен шымқып орап тастаған, ескі ауылдың тілімен айтқанда «қатыннан таяқ жеген» Жарқымбай мен Алданыш та бар еді.

— Сен журналиссің ғой,— деді Шұнақ шал.— Бүкіл советтік шығыстан Ұлы Отан соғысында неге екі қазақ қызы батыр болды. Бұл тіпті де кездейсоқ жағдай емес болатын. Құқы, көзелдігі кемітілмей, еркекпен бірдей бағаланған қазақ қыздары баяғыдан-ақ шашын төбесіне түйіп, еркекше, ықшам киініп, қарындасымен жауға бірге шапқан. Барлық майданда ағасына сүйеу, үкесіне медеу-демеу болған. Бірақ сондай ерлік жасап, батырлармен бастас, ерлермен егес жасаған, ерге ер, серіге сері қазақ қызы жау жоқ жерде ақ көбелі, айдар төбелі айдарлы ерге лайқатты, «белі нәзік жіңішке, үзіліп кетпей неғып тұр» дейтіндей, мың бұралған, пейілді де, бернелі де, жібектей мүнәйім, мақтадай жұмсақ, майдай есілген қалыңдық, жар бола білді. Соның бірі Күніш еді.

Суыт жүріп Қарақыстаққа келген соң, прокурор Калмагоровты алып екінші күні таңертең Ботпай еліне мен де келдім.

Ботпай елі абыржулы екен, інім. Оның себебін сен кешегі әңгімеден білсең керек-ті. Патшаның отаршылдық саясатын жүзеге асырушы жер шенеуші инженерді он алтыншы жылы өлтіріп, артынан көп адам сотталғанын білесің. Енді Совет болысын өлтірген де жақсы болмайтынын ел түсінген. Нақақ біреуіміз ілініп кетеміз бе деген қауіп ауылды жайлап алған сияқты. Совет өкіметінің сойылын соғып, оны барынша дәріптеген Ботпай болыстық атқару комитеті төрағасының өлтірілу лақабы ауданға тегіс тарап, арты не болар екен деп дос та, дұшпан да құлағын түріп, көзін тігуде еді...

Совет өкіметі Есперді — «Ботпай болысындағы Совет өкіметінің оң көзін» жоқтады. Оның өлігі көпке дейін табылмады. Қанға қолын матырысып, Есперді өлтіруге келіскен жиырма бір адамды тегіс қамауға алдық. Ақыры Тойғанбайды таптық намыс шыдатпады. Ол тергеушіге қалай өлтірілгенін, өлігінің қайда екенін қолмен қойғандай етіп айтып берді. Тоғыз адамды соттадық. Тойбай қолға түспей, қашып жүрді.

Еспер денесін арқан салып сүйреткен күйі алып барып Далақорадағы жер ошаққа көміп тастаған екен. Оның өлігін әкеліп Күрті өзенінің жағасына, Ұзынағаш станциясының аяғына қойдық. Басына шабыра тұрғыздық. Сырланған шабыра алыстан киізі сыпырылған қазақ үйдің сүйегі еді. Балалар оны «жалаңаш үй» деп жүрді. Келесі жылы Ботпай елінен екі колхоз ұйымдастырылғанда, оның бірінің атын Есперге бердік. Кейін Ақсеңгірден Асанжан деген біреу көтеріліс жасап, біраз үй колхоздан қашып, адам азайып, екі ауылдан «Ақсеңгір» атты бір-ақ колхоз құрылды. Кейін отыз төртінші жылы ол колхоз бірінші ауылға қосылды. Сөйтіп Еспер аты ұмыт қалды. Егер біздің ендігі аудан басшыларымыздың оған мәдениеті жетсе, қапаста қапыл кеткен есіл көзелдің атын қалпына келтірген жөн болар еді, большевик Еспер мәңгі жасауға тиіс, інім.

Шұнақ шал тағы мұңайып қалды. Тағы үнсіз. Тағы да өзімен өзі. Мен оған қарамауға тырыстым. Өткен өмірінің сәтті шағын, мүлт кеткен кезеңін тағы да кезіп кетті білем. Көзімді Шұнақ шалдан бұрып алып кеттім. Көзім Аңырақай тауларына түсті. Қазақ та қызық. Аңырақайды өлтіріп, сол жерді Аңырақай атандырды. Долаңқара, Шамалхан, Қаскелең, Боралдай бәрі де басқыншылар. Қазақ жерін қанға бояған қасаласқан жаулар. Мүмкін қазақтар ол жерлерді олай атай қояйық демеген де шығар. «Қаскелең өлген жер», «Боралдай өлген жер» деп жүріп, солардың аттарын мәңгі есте қалдырғанын өздері де аңдамай қалған болар. Дегенмен, халқы үшін қанын төккен Наурызбай, Бөлек, Қасқары аттары қалмай, қанішер, басқыншы аттарының жариялылығы жаныңды жеп-ақ тұрады.

Шал іші толып бара жатқандай тағы күрсініп салды. Көкірегі қарс айырылғандай еді. Бәлкім, осы ойларын ішінен шығара алмағанына құстана болып, құсаланатын-ды. Мен үнсіз отырдым.

— Сен қорқақсың,— деді Шұнақ,— бүкіл сен қатарлылардың бәрі қорқақ, су жүрек. Олары заңды да. Сондықтан ауызыңды баққан, «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп үйренген, ойыңдағысын ірікпей айта алмайтын сені сөкпеймін де, айыптамаймын да.— Шал тағы да үнсіз қалды. Алыста, Қордай сілеміне барып қалған күн көзіне бір қарап қойып, тездете сөйледі.

— Біз байларға қатты тиістік,— деді Шұнақ шал.— Енді оларға оң келмейтін болдық. Оның басты себебі олардың бізге теріс, кері келуінен, ілгері басқан аяғымызды кейін кетірмек болып, арбамыздың дөңгелегіне ағаш қоюында еді. Шырағым, мен өзімді қатып қалған, суы қатты адам едім деп есептемеймін. Жеке өз басым большевик дегенді ең алдымен адамшылық, адамға қамқорлық, адамға сену деп нобайлаймын да, солай ұғынамын. Елірген, есірік бастық бола алмадым. Заманында ондай «үр да жық» әпербақан бастықтар болды. Тіпті ондай алақұйын өкіректер кейбір мардымды мансаптыларға ұнады да. Олар қазірде де бар Ондайлардың болғанын, бар екенін несіне жасырамыз. Әрине, мәселеге таптық тұрғыдан қарауға тырыстық. Сол көзқарасымыздан талай ағаттық та, ақымақтық та жіберген болармын. Қитықтан ситық тауып, күйедей жұққан, аңғыртқа шапқан, домбайдың әңгісіндей ұрынған жерім болған емес. Көбіне-ақ ісімді байыппен жүргізуге, ашуымды ақылға жеңгізуге тырыстым. Бірақ адаммын ғой, бірде болмаса бірде өз мінезіңді өзің билей алмайтын кез болмай тұрмайды ғой. Дегенмен адамға ол бай болса да, кедей болса да адам деп қарадым. Ал бұл жерде аяушылықтың арты опындыратынын айқын сездім. Сонда да кейде біле тұрып оған да баруға тура келді.

Шынын айту керек, інім, Еспердің өлтірілуі талайымыздың-ақ намысымызды қоздырды. Оны өлтірушілер заң жүзімен сазайын тартты, сотталды. Бірақ Тойбай сияқты тоңмойындар қызыл қасқырша ауыл торып жүргенде, жекеменшіктік пиғыл жасынан билеп, илеп алған шаруалар оған елірмей, еліктемей тұрмады.

Осыны бізге партия да айқын сездірді, ауыл шаруашылығын коллективтендіру алдында елге мұрындық болар шаруаларды баса көктеп, билеп үйреніп қалғандарды біраз ауыздықтап алмауға болмайтын-ды. Кім қалай десе олай десін, егер кулактар, байлар таптық тұрғыдан ноқталанбаса, олар бұл іске көш-қон бермес еді. Партия көрсеткен бұл істі біз өзіміз дұрыс жүргіздік деп есептедік. Олардың малын, шаруашылығын қаттап, қатты есепке алдық. Соған лайқатты салық салдық. Көтерсең де көтересің, көтермесең де көтересің дегендей зілмауыр салмақты оларға тастадық. Ауылшаруашылық салғыртын дұрыс төлегендерді көп айналдырмаған да едік. Кейін оларға көзқарас өзгерді, оларды қыспаққа алу жөн деп табылды. Олардың салғыртты төлей алмайтындықтарын білдіріп, арызданып-шағымданғандары да жетерлік болды. Кейбірі большевиктерге жұғысып, жақындасуға бет қойды. Қай жолмен болса да оларға жағынып, тіпті жекжат бола қалуды, қыздарын беріп белсенділерді күйеу етіп, кіріптар етуді қарастырды. Әрине, байлармен ілік-шатыс, құдандалы, күйеу бала болып жұғысып қалғандар да жеткілікті еді.

Ірі байларды конфискелегенде, Жетісуда оған қойы мыңнан асқандары ілінді. Оған ілінбеген, әлі де Совет өкіметі құласа, үстіне қонжия түсеміз деп іш құса болып жүргендер, кісі еңбегін қанап үйренгендер де, малын құрттап, айранын ұрттап, саясат, қоғамыңмен жұмысы жоқ момын, қой аузынан шөп алмас байлар да баршылық болатын. Конфискеге ілінбегендердің де біразы екі жылда-ақ байып, алғашқылардың деңгейіне жетіп еді. Отызыншы жылдың январынан кейін байларды жер бетінен біржола құртып жіберу ұраны басталды. Бұған дейін де оларды қысып жатқанбыз. Енді тіпті азғана дәулеті барларды да қыспаққа алу науқаны туды.

Қастек ауданында орысы, қазағы бар жүз қаралы байға салық салдық. Олардың малы-жаны тегіс есепке алынған. Бірақ қашанда да ешкім тегін жан бере ме, өлерінде тауық екеш тауық та аяғын шалғылап өледі емес пе. Сол сияқты төстегі бірсыпыра байлар өз малын кедей ағайын-туғанының атына жаздыртып қойып, ауызын қу шөппен сүртіп жүрді. Ал Күрті, Ботпай елдері кедейлерінің азды-көпті қорасы құры болмағандықтан, олар бай малын сыйғыза алмады. Сонда да олар есебін тауып, жыра-жырадағы, қолат-қойнаудағы өздері ғана білетін қораларға мал тықты. Еспердің өлтірілуі де сондай малдардың ашылып қалуында еді.

Інім, ел ағадан тозады, тон жағадан тозады. Халық өзіне лайықты ел қамын жейтін еңіреген ерден басшы таңдап ала білмесе, онда ит көзі түтін танымас, белден соры бар ғұмыр кешеді, құнжын болады. Қайыңның үйіліндей бүйрегінен бірдеме шыға қалса, аттандап, жау мұндалап тұрса, жылы-жылы сөйлеп жыланды іннен шығаратындай мәміле-бәйпегі болмаса, ондай ел тозады. Басшысы бастың орнында, кеудесі күмбірлеген күй болмағанымен сан-алуан сыр шертетін, жұртының барысын-қонысын, есеп-қисабын біліп сөйлеп, қара қылды қақ жарып шешіп отырса, ондай басшылы елдің асығы алшысынан да, оңқасынан да тұрады. Төңкерістен кейінгі біздің еліміз кебене киген ебене, кедей-кепшіктен ғана құралды десек онымыз артық болмайды, інім. «Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп, елдің байын кетірген жау мұндалап» деп Абай айтқандай бізде «жау мұндалап» жүріп елдің байын, елдің байлығын да кетіріп алған жайымыз бар. Бірақ жалпы еңбегін қанамаған, өз еңбегімен байыған адамдар да бар еді. Кейде солардың бай аталса бітті, бәрін құрту керек деген кезіміз болды ғой. Ол мына отырған шұнақ шалдың да басынан өткен болар, тіпті сыңар құлағын да кесіп алатындай жай болған шығар. Өйткені, інім, қарап отырғанымыз жоқ, жұмыс істедік қой. Істе қате болмай тұра ма? Кейде сондай қолдан жасалған қиянат арыңды қинап, абылыққан асау көңіліңді бұғалықтап, матап тастайды.

Байларға салық салғанымызды айттым, інім. Солардың біразынан-ақ шағым түсті. Әрине, шағымында малым, егінім аз еді, маған салғыртты шамадан көп салды, мен төлей алмаймын дейді дағы. Соны тексеруге шығатын болдық. Бірақ негізгі қазылық айтушы адам Алматыдан келді. Арыз берушілердің бесеуі мынау,— деді Шұнақ шал аяқ астындағы «Прудки» селосындағы «Новая жизнь» колхозын көрсетіп.— Сүйіндік ауылынан екі орыс, бір қазақ. Білмейтін адамдарым. Біреуі Жылқыбай — белгілі бай. Оны сыртынан көргенмін.

Қарақыстақтан «Прудки» жақын. Арасы алты-жеті километр. Келген комиссияның торағасы Андрей Малыгин деген орыс жігіті. Мойыны жақсылап айтсақ аққудың сұңғағындай, жамандап айтсақ құтанның құлқынындай сорайған, ішін алған тораңғыдай қарынсыз, екі бүктелуге жаралғандай тура бөксесінен жоғарғы жері алға имиіп тұратын, жұқа өңді отыздың аржақ-бержағындағы адам. Байқауымша, мінезі сынықтау сияқты. Құтпан жалды құла айғырдың үстінде аяғы сүйретіле жаздап келді. Үзеңгі-таралғысының ең соңғы тесігіне салып бауды ұзатқанда да, тізесі сорайып, аттың жалында тұрды. Пәмлеп сөйлеуді білмейтін, діліндегісі тілінде жігіт екен. Онымен бірге келген қазақ жігіт те жарыса өскен қос теректей Малыгин сияқты ұзын, Көмек Түйтебаев. Мұның да сөзі аз, бірақ дүңктеу мінезді сияқты. Тәрізі екеуінің де алған нұсқауы қатты болса керек-ті, арыз жазушыларды бармай жатып сыбайды. Екеуінің сыңайын байқап, бара көрерміз деген болдым. Бірақ, інім, менің сөзім сөз бола қояр ма екен деген ділімде тұрған күдік-күмәнім да жоқ емес.

Біздің келетінімізден хабардар болса керек, есік алдында адам көп. Болыстық атқару комитетінің төр ағасы Федор Неизвигин мені қағыта сөйледі:

— Сенбейтінің бар, мені несіне ауылға төраға қоясың,— дейді ол.

— Кім біледі,— деп қалжыңдаймын мен,— Рихард сынды ағаларыңның бірін қолдап күнәйі де, күмәні де жоқ, жұмыртқадай аппақ еді деп жүрерсің. Оқта-санда тексеріп қоймасам болмайды.

— Саған ділгер болып тұрмаған едім,— дейді ол жымиып. Әрине, облыстан келгендерді айтқаны. Федордың кім екенін айтқанмын. Басмашыға қарсы, ақтарға қарсы бірге соғысқанбыз. Көңілімізде қаяу жоқ дос едік. Өзі де таланды ер еді. Ол әлі де бар ғой, інім. Анау Қастек МТС-інде директор. Ауыл аткомының аядай кеңсесіне кірген соң, арызшыларды біртіндеп шақырттық.

Төрдегі ауыл аткомы төрағасының жалғыз суырмалы қара столына Малыгин отырып алды. Кабинет иесі тұр-ау деген жоқ. Оған мінгесе Түйтебаев отырды. Федор екеуміз біреуміз ауыл ағасы, біреуміз аудан ағасы — шақырылған адамдай арқалықсыз төртбақ орындықтарға жайғастық. Ол кезде ауылдық Советте орындаушы деген қызмет бар. Орындаушы жұқа қара бала жігіт Жантаев босағаға сүйеніп тұр.

— Жарбай Шардақов кірсін,— деді Малыгин. Шардақов үстінде салаба-салаба қоңыр шұбар шыттан тігілген шапаны бар, белін буынған, артық еті жоқ, епсекті кісі екен.

— Бір сұмырай,— деді Федор.— Киген шапанын қарашы. Бәрін тығып қойып, қайыршыға ұқсап жүреді.

— Үйретіп қойғансың да,— деймін қалжыңдап.

— Шын айтам, Абақ, қазіргі ең бай осы, зайыры.

Малыгин сөзді қойыңдар дегендей біз жаққа шүңірек көзін тастады. Біз үнсіз қалдық. Малыгин байдың сәлемін алмады.

— Қанша малың бар? — «Малыңыз» демеді. Менің үмітім зая кетті.

— Екі жүз елудей қой, жеті жылқы, үш түйе.

— Басқасын қайда жібердің?

— Бары, құдайдың бұйыртқаны сол.

— Басқасын құдай қайда тықтырды? Астығың қайда?

— Құдай алдында айтарым осы.— Сөз осыған келгенде кабинетке аудандық прокурор Колмогоров, милиция бастығы Пономорев кірді.

— Басқасы қайда дейсің? Жүз пұт бидайды неге төлемейсің.

— Басқа жоқ. Маған салған салық артық. Екі жүз елу қой, он жылқыны мен қайдан табамын, барын алыңдар.

— Малшың бар ма?

— Жоқ, айналайын, өзім бағамын.

— Өтірік айтпаңыз. Ержанов сіздің малшыңыз. Жүз он қой, бес жылқы, екі түйені соған жаздыртқансыз. Miнe түсінігі,— деп Колмогоров бір бет араб әрпімен жазылған қағазды жан-жағына қаранған Малыгиннің алдына тастады. Малыгин менің рұқсатымсыз неге әңгімеге кірісесің дегендей сыңай танытып, бірақ ештеме дей алмады. Колмогоров өзі орынсыз сөйлемейтін, ондайлардың өрескелдігін көтере алмайтын кескір қылыштай, жалған-қалпы жоқ мәрт жігіт болатын. Малыгин тағы да байға қарап сөйледі:

— Неизвигин, қанша малы бар мына Шардақовтың?

— Салық дұрыс салынған. 311 қойы, 12 жылқы, 5 түйесі бар. Салықты төлегісі келмейді. Және Романовқа да арыз жазайық деп үгіттейтін осы. Ержанов та осында, одан да сұрауға болады.

— Шақырыңдар, кедейді! — деді Малыгин барлық денесі қолдың үстінде отырғандай болып. Ержанов астыңғы еріні жырық, елуді алқымдап қалған ділуарлау кісі екен. Ол бөркін алып, қолтығына қысып тұрды. Өзі қарап тұрып терлеп тұр. Сүдініне қарап бұл не жауап беріп жетістірер дейсің дегендей Малыгин менсінбей сұрады:

— Не айтасың?

— Не айт десең, соны айтамын.

— Малың бар ма?

— Бар, жиырма қойым, бір бием бар.

— 110 қой, 5 жылқы, екі түйең бар ғой, тағы да.

— Оны Колмогоровқа айтып едім ғой. Мынау Жаркең сенікі болып тұрсын деді. Тұрсын дедім. Тұрмасын десе тұрмасын. Зайыры, менің жаңа айтқаным Зады Жаркеңнің малы өзінікі ғой. Ертең сіздер кеткен соң, өзі алады ғой. Оның несін менікі деймін.

— Ой, тегені жоқ ит! Онысы несі ей! Өз малын біреудікі деп,— деді Жарбай оясы орта түскен жылқыдай ашқарақтанып.

— Жарайды,— деді қисық Ержанов,— ол менікі болса, бәрін өкіметке бердім. Алыңдар.

— Не дейді мына көксоққан, пәтуасыз мұндар,— Жарбай күйіп кетті білем, орнынан атып тұрып, қайта отырды. Бай керленіп қанаға сыймады. Байдың іспетінен ештеме сезіп болмайтындай, нақақ отқа түсіп, жалаға күйіп бара жатқандай.

— Шынымен-ақ Ержановтікі дұрыс па? — деп сұрадым Федордан. — Көңілі жошып-ақ келіп еді, болмай қалды-ау!

— Сіздерді көріп Совет өкіметі өлтірмейді, шындыққа жетеді деп көңілім жошып келіп едім. Үмітімді ақтамадыңдар. Тағы жоғарыға арызданам. Неизвигин, сені құртпай қойман.

— Малыңды аламыз. Өзіңді қамаймыз. Бара бер. Колмогоров ала бер.— Колмогоров Пономаревқа емеурін білдірді. Шығып бара жатып Жарбай сөйлей кетті:

— Ей, ауызын буған екі өгіз. Сендерді де қазақ дейді-ау. Бір ауыз лебіз білдіруге шамаларың келмеген соң несін адаммын деп жүрсің ей, сен Шұнақ.— Ол жөңше нарша аузынан жынын шашып бара жатты.

Жарбай қамауға алынды. Қамайтын жеріміз белгілі, оңаша тігілген киіз үй. Онда Жарбайдан басқа да байлар бар. Олар азық-түлік салығын төлемегендер. Ондай жарбайлардың барлығы осы кереге көзінен сыртқа қарап отырып-ақ, ағайын-туғанының бет жүзін қаласа сағат сайын көріп отырып-ақ «қамалды» деген аты жаман сөзге мұқап, мұқырап, жасып қалады. Әлі Қарақыстақтағы қазақ үй түрмеге жібермедік. Өйткені арыз-шағымдар әлі тексеріліп бітпеп еді.

Кезектегі Мериновты шақырттық. Бөлмеге киімі бүтін, аяғында былғары етігі, үстінде шалбарланып алған ақ жейдесі бар, қара шалбарлы, сақал-мұрты басылған сыпа орыс кірді. Ұйпалақтанған сары шашы өсіңкіреген. Жалаң бас. Мүйіз күнқағары бар қара фуражкасын қолына ұстай кірді.

— Здравствуйте! — деді босағадан аттай беріп. Малыгин де, Түйтебаев та егер амандық білдірсе, сәлем алса ауызы қайта жабылмайтындай, әлде баймен туысқан бола қалатындай көрді білем, амандаспады. Біз сәлемдестік.

— Отырыңыз! — дедім мен. Өйткені ортаға келушілер үшін орындық қойылса да, Малыгин мен Түйтебаев түрегелтіп қойып жауап алғанды ұнатады. Иван Меринов оңсыз да отырмады.

— Менің сөзім қысқа. Арызымда бәрін жазғанмын. Мен өткен күзде екі жүз пұттай астық алғанмын,— деді Меринов шашын оң қолымен бір сыйпап қойып, ешкім сөйле демесе де өзі сөз бастап.— Содан елу пұттайын өзіміз жұмсадық. Жүз пұт астық салып еді, оны төлегенмін. Енді жүз пұт астық төлейсің дейді мына Неизвигин, мен оны қайдан аламын? — Меринов қатты терлеп кетті.

— Ол Неизвигин нұсқауы емес, облыстан берілген нұсқау,— деді Малыгин. Ол бұл жерде Неизвигинді қорғау үшін емес, облыстың, яғни облыстан келген өздерінің мықтылығын танытпақ еді. Неизвигин орнынан бір қозғалып отырды.

— Үйде қырық пұттай астық бар еді. Соның отыз пұтын бердім, ал қалғаны күзге дейін бізге напақа болсын. Колхозға кіруге де бейілмін. Оны Неизвигинге айтқанмын.

— Жоқ, жүз пұтты төлейсің! — Малыгин қысқа қайырды.

— Жоқ болса не беремін, жалғыз сиырымды сатсам да төлей алмаймын ғой,— дейді Иван мөлиіп. Бағанадан бері үнсіз отырған Түйтебаевқа жан бітті:

— Сиырыңды, бұзауыңды астыққа айырбаста. Жүз пұтты төлейсің. Төлемесең сотталасың.

— Төлеймін. Бірақ менде жоқ қой. Тіпті қалған он пұтты да алыңдар. Бірақ балалар аш қалады ғой.

— Сиырын астыққа бағалап алыңдар! — деді Малыгин.

— Балалар қирай аш қалады ғой! — Бірақ Мериновтың сөзі облыс өкілдерінің өкіліне түспеді, ақылына қонбады.

— Тыққан астығыңды ашып алады! — деді Малыгин. Иван Меринов аузын ашып қалды.

— Ол қандай астық? — деп сұрады ол Малыгиннен.

— Сенің өкіметтен, Совет өкіметінен жасырған астығың,— деді Түйтебаев, сезді ол нығарлап айтты.

— Мериновты алу керек, бұл астық төлейтін адам емес.— Осыны айтып Малыгин Колмогоровқа қарады. Иван Меринов мойыны салбырап шығып бара жатты.

— Обал болып бара жатқан жоқ па, Федор? — деп сұрадым мен Неизвигиннен. Ол ашып айтпағанымен маған:

— Дұрыс байқап отырсың,— деді. Қабағы шытылып кетті.— Бұлар әддінен асып кетті-ау деп мені де мәлөлдік билеп алды. Өйткені, інім, теңізден қазған керіз емес, малдың мүліктің шегі бар ғой. Жоқты адам жонып таба ма. Дәрпі шашылған, аты белгілі Рихард, Жаубай сияқты жұрттың бәрі бай бола бере ме. Бәрібір Мериновты да Пономорев адамдары ұстап қалды. Олардың ұстамасына болмайтын еді, інім, өйткені правоның бәрі облыстан келгендерде еді. Осы бір кезеңде олар ерекше уәділдікпен келіп жүрді.

Үшінші арыз осы өңірдегі ендігі шіріп жатқан бай делінетін Жылқыбайдікі еді. Қабағы қырысқан, қатпарланған, айыр сақалды, басында жаңа мұрақ, үстінде биқасамнан тігілген шапаны, оның ішінде, қызыл кәріспен астарланған мәуіті бешпенті, аяғында қызыл қоңыр былғарыдан етігі бар, ат жақтылы, қып-қызыл нұрлы кісі кірді. Киім үлгісі ноғайшалау, көнте белбеуді мойнына бос сала салыпты. Бұл құдайдан тілек тілеп, әруақтарға, әулие-әмбиелерге жалбарынып келген порымы. Белбеудің неге мойнында тұрғанын менен басқа ешкім түсінбеді. Үйге кіргенде, сол жақ тізесін сипап тастап кірді.

«Иіліп ақбоз үйге кіріп келді,

Сол жағының тізесін сипап тастап»

— деген жырдың бір-екі жолы тіліме орала кетті. Шамасы қазақ дәстүрін, әдет-ғұрпын жетік білетін, қатты ұстанатын адам болса керек-ті. Бұл алғашқы байдан ерекшелеу, киімі де таза, өзі амандаса келді.

— Ассалаумағаләйкөм! — Дауысын соза айтты. Малыгин мен Түйтебаев бұрынғысынша түйтиіп амандаспады, үнсіз. Колмогоров пен Пономарев басын изеді. Федор екеуміз сәлемдестік. Ол бізге бұрылып, қайта басын игендей болды.

— Арызыңа қоса не айтасың? — деді Малыгин. Бай Малыгиннің «сен» деп сөйлегенін ауырлап қалды. Қабағы шытылып кетті.

— Арызыма қоса айтарым — мен тыныш болуым үшін не істеуім керек? Төрт жүз пұт астық салдыңыздар, екі жүз қойды сатып, оны теледім. Тағы жүз елу пұт астық салдыңыздар, тағы жүзден аса қой, үш-төрт қара сатып оны теледім. Менің егін салмайтынымды осы Шапырашты — Дулат тегіс біледі. Енді екі жүз пұт астық салып отырсыздар. Оны да бірдеме етіп бірер күнде төлермін. Тек бұдан кейін тыныштық берсеңіздер екен!

— Саған тыныштық болмайды,— деп өрескел айтты Түйтебаев.

— Түйтебаев дұрыс айтады, сен жиырма сегізінші жылы конфискеленуің керек еді. Қате болып, одан қалып қойғансың.— Жылқыбай шыдамай кетті білем, шақ ете түсті.

— Мен ешкімге пара берген жоқпын. Бар малымды алыңдар, тек тыныштық беріңдер. Қазір жалшы менде жоқ. Бар малын Шөжеғұл өзі бағатын еді, енді ол мал бітті. Малдан бейдама болды. Совет өкіметі тек біздің кедейленуімізді керек етіп отырса, үстіміздегі үйіміз бен киімімізден басқа ештеме қалмады. Маған тыныштық керек. Бәрін алыңыздар, тыныштық беріңіздер.

Жылқыбай сөзді серлетіп еркін, шешен сөйлейді екен. Ол қамайды, малым кетеді деп тұрған жаңағы Жарбай емес. Осында да сәнін бұзбай сыпа киініп, Жарбай сынды салдаман киіп келген жоқ. Тек белбеуін мойнына бос салғаннан басқасы орнынша.

— Арлаған атыңыз бар емес пе? Сол да екі жүз қой болады ғой,— дедім мен жартылай шындықты айтып, күлген болып.

— Рас, шырағым, Абақ. Ол да екі жүз қой болады. Совет өкіметіне ондай бір желқабыз, жез тағалы еңіреу, сайгүлік те керек шығар. Жас келгенде жаяу қалдырып Салкүреңді алам десеңіздер, оған да мақұл. Керек болса өзімді де аласыздар ғой.

— Ия, өзіңді де аламыз,— деді әдебі аз Малыгин.

— Маған осы шал ұнайды,— деді Федор, сыбырлап.

— Саған соңғы кезде, шамасы, байлар ұнайтын болған ғой,— деп мен оны бір шымшып қалдым.

— Шын айтам, Абақ. Шын сөйлеп тұр ғой.

— Мен де шын айтамын,— дедім. Өйткені ауданда бір кездесе кеткенімізде Федор маған:

— Орталықта шаруаларға тиіспеу керек деген соз шығып жатыр ғой, Абақ. Біз тым қатты кетіп жатқан сияқтымыз. Жалшы ұстамай, өз егінін өзі салған, өз малын өзі баққандарға тиіспесек те болмай ма! Алымын алар едік қой,— деген-ді. Мен оған сонда да қалжың-шыны аралас сөйлегенмін:

— Бухаринге ауытқып жүрмін десеңші, оданда.

— Ой, құдай ұрсын сені, Абақ, саған сөйлеп болмайды,— деп мені қойып қалған-ды. Федор бұл жерде де соны айтып отыр.

Малыгин Жылқыбаймен сөзді «аламызбен» бітірді. Жылқыбай ашу да шақырмады, сасқан да жоқ, аяғын абайлап басқан күйде шықты. Жылқыбайдың қиянаттылығы отырғандарды ойға қалдырғандай еді, інім. Өйткені ол Жарбай сияқты тек мал иесі емес еді, ақыл иесі де еді. Пардамен сөйлеп-ақ біздің негізгі ойымыз неде екенін анық түсініп, алапасын арттырып кетті. Ал иті, шама-шарқын шамалай алмаған Жарбайлар арызданып одан қайыр-қайырым болмаса, арсыздықпен малды өзімде сақтап қалғам деп отыр. Онысынан қайран болмайтынын да біледі Жарбайлар. Алайда бір қарманып қалсам, қамқа тон болмаса да, шыт жейде қолыма ілініп қалса дейді. Ол да болса қайда тұр деген далбай, оныкі. Ал оясы толымды сұлу торы аттай болып кеткен Жылқыбай бәріне көзі жетіп тұрған сұңғыла адам еді.

Төртінші болып кірген екі көзінің алды іріңдеген, екі кезі көп ішуден домбығып ісіп кеткен, беті де жалқаяқтай көлкілдеген егделеу, Жылқыбай қатарлы адам — Николай Романов.

— Патшаның өзі келді,— деді тұрпайы қалжыңдап Малыгин рабайсыздықпен қарқылдай күлді. Бұл оның күні бойы бірінші рет езу тартқаны еді.

— Біз патшаны да сұраққа алатын болғанбыз,— деп қоса күлген болды Түйтебаев.

— Патшаны сұраққа алмай-ақ бала-шағасымен атып тастағанбыз,— деп тағы да Малыгин әддінен асып кетті. Романов Жарбайша үндемей тұра берді. Қолындағы құлақшынын уыстап, екі самайында ғана қалған сирек сары шашын сипалап қойды.

— Қанша астығың бар, Романов? — деп сұрады Малыгин.

— Бәрін алдыңдар ғой.— Бұл да «ыз» деп ызылмай, Малыгин кенже ұлынша «сенмен» кетті.

— Қаншасын бердің?

— Төрт жүз пұт төледім. Тағы екі жүз пұт астық салды. Сонда Қастек ауданындағы барлық киргиздің салығын маған төлетесіздер ме?

— Жоқ, өз салығыңды төлейсің. Қазақтар өз салығын өздері төлеп жатыр.

— Киргиздардың салығын орыстарға салып жатыр, мына Неизвигин. Өзі киргиздармен тамыр. Киргиздар өздері айтты ғой маған. Менің енді берерім жоқ. Төрт жүз пұт төледім. Жетеді ол.

— Былтыр қанша астық алдың? Қанша адам жалдадың?

— Азғантай, төрт жүз қырық пұт.

— Екі есе көбейт, Матвеевич,— деді Федор.

— Сен немене, киргиздің астығын маған саласың! — деп Романов Федорға таскенеше жармаса кетті. Тойтармаған шегедей ілінді. Шамасы осыған жабыссам, істің беті менен аулақтар деп дәмеленетін көрінеді.— Олсыз да мен төрт жүз пұт бердім. Тағы екі жүз... Тағы екі жүз...— Ол танауының астынан міңгірледі.— Сақи адамды айналдыра бересіңдер. Қалпы айтып көргем жоқ, барымды бердім.

Шынымен басқалардан бұған көп салған екен-ау дегендей Малыгин үндемей қалды. Мен осыдан екі күн бұрын Романов мәселесімен айналысқан едім. Өйткені Дегерестен осында келген Андрей Пархоменко мен Тимофей Ивановтың арызын алған едім. Ол екеуі де өткен жылдан бері осы Романовқа жалданған, ақысын алмаған. Былтыр қанша астық алғанын, бұрнағы жылдан қалған астығын, көмген астығын бәрін олар көрсеткен еді. Малыгин де, Түйтебаев та үнсіз қалған соң, маған араласуға тура келді.

— Романов, сіз өткен жылы жеті жүз алпыс пұт астық алдыңыз. Арғы жылдан ашылмай қалған екі ұраңызда жүз жиырма пұт астығыңыз бар. Барлығы тоғыз жүз сексен пұт болады. Рас, сіз содан төрт жүз пұт тапсырдыңыз. Сізге соңғы салықты салғанда, біз көмулі астығыңыздан бейхабар едік. Енді сізге ол екі жүзді төрт жүз пұт етіп қайта саламыз. Пономарев, астықты таптыңдар ма? Тапсаң комиссияға сөзіңді естіртші,— дедім мен. Семенге қарадым.

Малыгин сен айтшы дегендей Пономаревке қарады. Пономарев:

— Әбеке, екі ұраны да таптық. Тура арызда көрсетілген жерде екен. Қазір астық сыртқа шығарылып жатыр.

— Қалай, менің астығымды менің ұрұқсатымыз алдыңдар ма?!

— Жаңа астығым жоқ дедің ғой өзің,— деп Малыгин қарқылдап күлді.

— Оның үстіне Пархоменко, Иванов деген екі азаматты жалдап алған. Ақысын төлемеген,— дедім мен. Нақ осы жерде Түйтебаев та, Малыгин де шарт кетті.

— Соттау керек Николай ІІ-ні,— деді Түйтебаев.

— Соттау керек. Астықтың бәрін алу керек. Тез! — деп Малыгин Колмогоровқа бұрылды.— Жалданған екі азаматтың ақысын тез өндіріп беру керек. Совет өкіметі кезіңде малай ұстайды, ақысын төлемейді...

— Мен астығымды бермеймін, бермеймін деген соң бермеймін,— деп Романов есіктен шыға берді де, қолтығынан ұстаған милиционерді байқап,— бер,— деді де, «менмінін» айта алмай тұтығып қалды. Орындаушы бала Жантаев қатты күліп:

— Романов кешегі мені боқтаған арының қайда? — деді. Романов та алғашқы үшеуге қосылды...

Інім, дүниенің ылди-өрін, қырын-қырқасын тегіс біліп болармысың. Тонын айналдырып киген кейбір шынжыр балақ, шұбар і ін' Таубайлар партияға мүше болып жатса, кеше ғана сіңірі шыққан, бүгін болар болмас иінінен иі түспеген киім жаңа көріне қалған біреулер сотталып кетіп жатты. Оның бәрі, шырағым, тап жауларының көзге шұқып көрсеткісі келгеніндей, Совет өкіметінің немесе социалистік системаның туғызған мәлөлі, кез келген адамның ақты-қарасына жетпей көрсетпек болған тепенегі емес, мен сияқты сауаты аздардың, шаш ал десе бас алған, Голощекиннің асыра сілтеуінің құлы болғандардың, кейбірі өз құлқынының құрғамауы үшін, астындағы жұмсақ, күмпілдек креслодан айырылып қалмай, жақтауына жармасып отыратын сатқын, бит ішіне қан құйған зымияндардың ісі еді. Жеп үйренген ауыздары көлімденген, биік беделі жер болған, келешегі көр болған біреудің қасалас-қысастығының көп адам құрбаны да болды. Сондай бір кедей байлар шақырылатын жерге кіріп келе жатты және қымсынбай еркін кірді.

Түсі таныс бұл жігітті қайда көрдім деп қалдым. Ақыры таныдым. Тәшен байдың жалшысы, Қарашада орыстың шошқасын бағып жүріп сауатын ашқан. Қазір жасы бұрынғыдан байсал тартып, салауатты жігіт болыпты. Үстіндегі киімі де басқалардан өзгеше, жаңаша. Бұл неғып арыз жазды екен деп даққа қалдым. Өйткені жиырма сегізінші жылы Жаубайды конфискелегенде, омы бай малынан ұйымдастырылған фермаға есепші етіп орналастырған едік қой. Әрқашан-ақ содан бері оны сыртынан сұрастырып қоятынмын. Ол бұрынғысынша совхоз жұмысшысы болып жүрген. Тіпті арызданушының бірі бұл Құлболды Кеңесбеков деген үш ұйықтасам да өкіліме түспейтін еді. Ал салықтың бәрі менің қолымнан өтті ғой, бұл қалай қосылып кеткен? Қалай менсіз шешілген? Мен таңданып қалғанымды жасыра алмай Федорға қарадым.

— Бұл қалай салық төлемек?

— Маған, ең болмаса, бір ауыз ақылдаспай салық салған өзің ғой.— Федор менің өзіме жабыса кетті.

— Здравствуйте,— деп Құлболды орысша амандасты. Малыгин бұрынғысынша жақ ашпады.

— Ой, азамат! Сен қайдан жүрсің мұнда? — деп сұрадым мен Құлболдыдан.

— Астық салған өзіңіз ғой, аға! Енді мына Федекең күнде тыныштық бермейді. Сонан соң енді арыз бермей қарап өлейін бе?! Сауатымды сондай керегіме де жаратуым керек шығар.

— Ауданға неге хабарласпадың?

— Салық төлейтін тізімде сіздің қолыңыз бар ғой, аға.

— Япыр-ай, ә?! — дедім мен таңданғанымды жасыра алмай. Малыгин Құлболды екеуміздің сөзімізден бір туысқандық, бауырмалдық бірдеме іздегендей тыныш отыра қалыпты. Құлболдыны көрген Семен Пономарев, тіпті ренішін жасыра алмады:

— Бұл не сұмдық? Совхоздың жұмысшысына да бидай салғанбыз ба? — Семен Пономарев Колмогоровқа қарады. Прокурор ештеме білмеймін дегендей иығын қиқаң еткізді.

— Сен «Дегерестен» кетіп қалып па едің? — деп сұрадым мен.

— Жоқ, аға. Жандосов орналастырған фермада істеймін әлі. Ол жерден өздеріңіз алмасаңыздар, кетпек емеспін.— Мен әңгімені созғым келмеді. Малыгиндерді отырғызып қойып менің сөйлесіп кеткенім әдемі болмайтын еді, інім. Ал Семен тіпті күйіп кетті:

— Тап жауының айтқанын істей берсек, барлық кедейді соттармыз.

Ешкім үндемей қалды. Сөз енді Малыгинге тиді.

— Сенің қанша жерің бар?

— Совхоздың жұмысшысымын. Жер мемлекеттікі,— деп жауап берді Құлболды.— Екі сиырым бар. Жалақы аламын.

— Жүз пұт бидайды төлейсің,— деді Малыгин шімірікпестен.

— Олай болмайды, заңсыз болады,— деді Колмогоров байыппен.

— Болады, төлейсің! — деп Малыгин нығарлай айтты.

— Жарайды,— деді Құлболды,— екі сиырым жүз пұт астық болса, сатып төлейін. Мал бітпеске немене, жігіт жанын бұласа. Бітер тағы.

— Жоқ, болмайды,— деді Колмогоров кәдімгідей қызарақтап.

— Жоқ болады, болдырамыз. Тізімдегі адамдар салықты тегіс төлеуі керек. Нұсқау солай. Ал осыған дейін төлемегені үшін оны тұтқындайсың. Ол қамалуға тиіс. Қамайсың!

— Сөз таластырудың қажеті жоқ,— дедім мен Колмогоровқа. Есіктен шыға берген Құлболдыны да милиция қызметкері ұстап қалды.

Құлболды шығып бара жатқанда, бөркінен жүні шыққан, бегімсал бешпенті бар тағы бір кедей кіріп келе жатты. Оның кедей екендігі тіпті жүріс-тұрысынан айқын көрініп тұр еді. Жаңағылардың бәрінен жас. Байқаңқырап қарасам, Қойыртпақтың баласы Құтпан. Мен таңданып қалдым.

— Бұл не? — дедім шыдамай,— сап кедейді қамай береміз бе? Бұған кім салық салды?

— Аға,— деп аузы кемсеңдеп Құтпан жылап жіберді.— Бір құлынды бие, бес қойым бар, маған 70 қой, 3 сиыр төлейсің дейді. Абақ аға, қайдан аламын оны!?

— Кедей салық төлемейді, бара бер,— дедім мен күйіп кетіп.

— Жоқ, салған салықты төлейді,— деп дүрсе қоя берді Малыгин.— Салған екен төлейді.

— Мен оның әке-шешесін де білемін, сіңірі шыққан кедейлер. Жиырма сегізінші жылы бір құлынды бие, жиырма қой бергенбіз Жаубай қойынан.

— Бросьте панибратство! — деді Малыгин көтеріліп. Мен ол көтерілер деп ойламаған едім, абдырап қалдым.

— Қойыңыз, Малыгин, ауданға сіз емес, Үйсінбаев жауап береді. Малы жоқ қара қасқа кедей ол жоқты қайдан табады? — деді Колмогоров. Малыгин одырайып оған қарады, қайта үндемеді.

— Кете бер, төлемейсің,— дедім мен Құтпанға. Ол шығып кетті.

— Қамау керек! — деді Малыгин.

— Қамалмайды! — деді Колмогоров,— Тиюші болмаңдар оған! — Бұл сөзді ол милиция қызметкеріне айтты.

— Міне, інім, сонымен төлемеймін дегенді де, төлеймін дегенді де, төлемеуге тиістіні де, төлегенді де қамауға алдық. Семеннің адамдары үш байды, бір шаруаны, бір жұмысшыны Қарақыстаққа айдап келіп, қазақ үй-түрмеге қамады. Әрине, Советтік шараларға қарсы шыққан Жарбай Шардақовты, Николай Романовты қамағанымыз дұрыс деп ойлаймын, інім. Ал бәрін, қолында барындай құйған Жылқыбайды қамағанымыз томпақтау. Ал қолында барын берген Мериновты, әйтеуір аты аталды деп жұмысшы Кеңесбековті отырғызғанымыз зорлық еді. Шынын айтсақ, сол нұсқаулар бізге жоғарыдан келіп жатты.

Жердің жарығын көктегендей Малыгин мен Түйтебаев далаға шығып бара жатты.

— Мизантроп! — деді Колмогоров Малыгинді нұсқап. Мен ол сөзді түсіне алмадым.

— Мен бұл сөзіңді түсіне алмадым,— деді Федор Неизвигин Колмогоровқа қарап. Семен Пономорев те түсіне алмаса керек, маған иығын қиқаң еткізді. Оны Колмогоров бізге өзі түсіндірді:

— Латын сөзі, жалпы адам атаулыны жек көретін адамды ғылымда мизантроп дейді.

— Оны қазақ сарамас дейді,— деді қазақ тілін білетін Федор Неизвигин. Бәріміз қосылып бір күліп алдық.

Біз ол кезде оны Малыгин сияқты өкілдердің асыра сілтеуі деп ұқтық. Ал, зайыры, оған Малыгин мен Түйтебаев та кінәлі деу қиын. Әрине, іске нақты келу керек еді. Ал олар өз жанынан қорықты. Өйткені оларды да бақылап, «бол, бол!» деп отырғандар бар. Қашанда шала піскен тамақтың, мейлі ол жеміс-жидек болсын, мейлі қауын-қарбыз болсын іш ауыртатыны сияқты асыра сілтеуді көпе-көрінеу істеген мына шала піскен белсенді — біз едік. Мүмкіндігі болғанша әділ болуға, істің байыбына баруға тырыстым, інім. Бірақ жоғарыдан келген нұсқауды қалай орындамай отыра аларсың. Шардақовты, Романовты, Таубай Жаубаевты, Рихард Егоровты Совет өкіметіне қарсы деп жойдық, Жылқыбай сияқтыларды бай едің, біреудің еңбегін қазір қанамасаң, бұрын қанадың деп отырғыздық, ал Мериновты, сол сияқты ауылшаруашылық байлығын жасаушыларды не деп құртқанымызды түсіну қиын еді.

Қарақыстаққа келе атқару комитеттің секретарь! Нұртасты шақырып, Құлболдының тізімге қалай кіргенін білдім. Атқару комитетте істейтін, Құлболды жалға жүрген Тәшен байдың ағайыны, Қармыс деген жігіт «Әбекең айтты» деп болмай кіргіздіріпті. Оны шақырсам:

— Тізімнің аяғында сіздің қолыңыз бар! — дейді. Табан аузында Қармысты қызметтен қудым, Нұртасқа сөгіс жарияладым, Құлболдыны абақтыдан шығардым. Салықты төлемейтінін де ескерттім. Мериновты да босаттырдым. Бірақ олар үшін өзім облыстан ұрыс естідім. Міне, інім, бит ішіне қан құйған қанқұйлы, зымиян тап жаулары да іштен ірітуді ойлап, барлық жолды, барлық өткелек-өтімдіні пайдаланып жатты. Қарға тамырлы қазақтың қай туысқанын, қай жекжатын білерсің. Сонан соң біздің большевиктердің міндеті жұртты сен пәленнің нағашысының қайынының жиеншары екенсің деп ыдырату емес, бірінші кезек қайтсек те халықтың басын қосу, ұйымдастыру болатын, тәрбиелеу бірінші кезекке қойылатын. Барлық адамға сен тап жауының жақыны екенсің деп оларға жақындата бермей, социалистік ұлы іске тарту алғашқы мұрат еді. Қателессек те, асыра сілтесек те, асығып-аптығып ағат кетсек те, білместіктен бұра тартсақ та, інім, көш жүріп келе жатқан сайрақтан алыс кетпеген едік, мұратымыз да, мақсатымыз да, бет-бағдарымыз да дұрыс еді. Ілгері жылжып бара жаттық.

* * *

Айта берсе екен, тек айта түссе екен.

Ақтасты үстіндегі хан жайлауда, Дегересте Шұнақ шал екеуміз әлі отырмыз. Күн еңкейіп, кіші бесін болып қалды. Әңгіме тығыны ағытылды. Сөйлеуші Шұнақ, тыңдаушы мен. Ол айтудан жалықпаса, мен тыңдаудан жалығар емеспін. Жасынан кемпір-шал арасында кәріқұлақ болып, тынуар тартып өскен менің әңгіме жанымның жәдісін қуалайды, түйінді сөз түйдек-түйдегімен көкейімнен тың орын тауып, мәлөл көңілдің тың да таң пердесін ашып, арай таратқандай. Шұнақ шалдың сөзін ындынымды салып тыңдауым оның алдынан әлдеқандай бір жақсылықтың жаршысын күткендей эсер берсе, құлақсыз шалдың құлықты, хошуақты лепесі маған да бір қараңғы қапасты түріп, рауандап сәуле түсетіндей болып барамын. Айта берсе екен, тек айта түссе екен, күн кешеу тартқанмен адал көңіл аласұрып шал әңгімесін тілей түседі.

Шұнақ шал түрегеліп, ат көрпесін төрт бүктеп төсеп, шарта жүгініп, маған тіке, қадала сөйледі:

— Шырағым,— деді ол,— әңгіме тыңдау үшін үлкен шыдам керек, айту үшін ақылдылық керек. Мен шері шеменге айналған шал кісі ұзақ мыжып кеттім білем. Күн болса екіндіге таянып қалды. Шегіртке шырылын тоқтатты. Бұл кеш нышанын білдіргені. Баратын жеріңе күн жарықта жеткенің жөн. Егер топырақтан тысқары болып, тағы бір алапатқа ілініп, бүлініп кетіп жүрмесем, аман жүрсек, әңгіменің аяғын сонда жалғастырармыз. Ал аттанайық.

— Жо-жоқ, ағатай,— деп жалындым мен.— Осы көрнелдес көкте отырып күн шыққанша кірпік қақпай тыңдайын. Тек сіз кете көрмеңіз. Мың болыңыз! Айта беріңізші! — Шұнақ шалдың көзіне жас іркілді. Жасын селдетіп, сақалына алты тарам етіп ағызып:

— Құдай сені маған қайдан айдап келді, айналайын,— деп мені бас салып сүйді. Жасы көпке дейін тыйылмады. Әлден уақыттан кейін барып қайта сөйледі:

— Ұлылықтың сын-сипатын сөз тындырмас, іс тындырар, інім,— деді Шұнақ шал,— біз әдемі сөйледік, соған сәйкес ісіміз тым мінсіз, қаяусыз қияпатты болмады. Большевик болған осы деп тіпті аңғыртқа шауып, адас, әбес кеткен жеріміз көп болды. Оны қазақ большевиктері біліп істеді деу ағаттық болар еді. Өйткені Октябрьге келген большевиктердің көбі көңілі түзу, көкірегі ақ болғанымен, көргені-білгені, оқығаны-тоқығаны аздау, шала түсініктілеу, мен сияқты еді. Оқыған, революцияға саналы түрде келген Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов сияқты көзі ашық азаматтар аз еді. Ал шынын айту керек, оқығандардың көбі үстем таптың өкілі болғандықтан, олар үнемі-ақ бізден ат құйрығын алыс салып, кездесе қалса шәлкем-шалыс келетін. Тіпті жел шығарып қойса, біз «жәрәкімалла» дейтін облыстың кейбір басшылары да нақ өзіміздей, білігінің бір қайнауы ішінде, шикілеу кісілер екенін ол кезде біле бердік пе? Солардың айтқанын екі етпейміз деп етпетімізден түсіп, мұрнымыздан қан кеткенін білмей жүріппіз.

Отыз бірінші жылдың көктемі болатын. Облыстан Қамысбаев деген өкіл келді. Қамысбаев шашын дудардай қылып қойған, сақал-мұрты жоқ, жылмағай, екі беті қып-қызыл, сопақ астаудай шоң мұрын қырықтан асқан кісі болатын. Ол кезде сауаты аз қазақтардың шашты кісіден де сескенетін кезі. Қазір көптің ішінде шашын ұстарамен қырғызған бір тоқыр бас қандай ерекше көрінсе, шашты кісі де солай оғаштау, өрескелдеу шалынатын. Қамысбаев та сол шашына әдейі жұртты қаратқысы келе ме, ішінде қағаздан гөрі шүберегі көп, шамасы іш киімдері болса керек, жуан қара боқшадан көбіне тарақ іздейді. Бірақ қара боқша қара тарақты бірден бере қоймайды. Таңертең үй жинаушы су сеуіп сыпырамын деп едені тақтайланбаған ауатком төрағасының кабинетінің кейбір шұқырлау жеріне қақ тұрып қалады. Сабырланып жататын үй табанына өкшесі тиген қара портфельдің біраз жері-ақ балшықтанып қалады. Қамысбаев түбі балшықты портфельді алдына алып кілтін тартқылай бастайды. Ол ашылмайды. Сонан соң қабағы қатпарланып, самардай қызыл беті қызарып, ол дозданады. Оны сыртына шығара алмай, шеттікті төге қадаған кимешекті әйел жағындай, бетінде моншақ-моншақ тер тұрады. Шықылдатып-тықылдатып жатып, елгенде әрең боқшаны ашып, ішінен тарақты іздейді. Тарақ, әрине, түбінде. Сондықтан салпылдаған, алақандап тоқылған сала құлаш бауы бар көлкілдек көкала домбалын, неге екені белгісіз бадырайған қара түймелер тағылған ақ жейдесін былай шығарып қояды. Сонан соң сылдырлатып тарақты (боқша түбінде одан басқа да ұсақ-түйек бұйым бар болса керек) алады. Неге екенін қайдам, бір жағы еркек, бір жағы ұрғашы жүзі бар делінетін қара тарақты кәдімгі насыбай шақшасынша етігінің өкше сірісіне қағып-қағып жіберіп, бір-екі үрлеп шашына салады. Оның бас киіммен басылып, жылмиып қалған қою қара шашы тараған соң дудырап, түрегеп кетеді. Сонан соң Қамысбаев тарақты қайта боқша түбіне тастап, бағанадан бері мені көрдің бе деп жатқан ақ жейде мен көкала дамбалды да тығады. Сонан соң кемеліне келіп, кері-торысына мінген адамдай сөз бастайды:

— Қамысбаев деген қасқаң біз боламыз. Мен — облатком төрағасының орынын басатын кісі. Менің айтқаным екі болмауға тиіс. Ботпай болысындағыларды қалқозға ұйымдастырамыз. Маран Үйсінбаев көмекші болады. Кеттік. Контрларды ауыздықтаймыз.

Кеттік. Кетпегенде қайтеміз. Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады. Ауатком алдында ерттеулі екі ат тұр. Қара мәліскейден тіккен жұқа сымының екі тізелігі балшық-балшық болып Қамысбаев атқа жақындады. Шынымен оған сес беріп тұрған шашы екен, жаңағыдай емес, басына сегіз шабулы, төбесінде түймесі бар қоңырала кепка киген соң жымырайып, бізбен бірге Ботпай болысына аттанғалы тұрған біздің ауаткомның жауапты хатшысынан айнымай қалыпты. Далаға шыққанда қабағын қатты түйіп алыпты. Айбынды көрінбек болғаны шығар. Ұры тамақтанып, қомпылдап қатты сөйледі:

— Қайсысына мінеміз?

Ауатком хатшысы шәпеті ғана акті, тоқтам жазарлық қана сауаты бар, жиырма бестердегі, қоңырқай түсті, қағілез Нұртас деген жігіт еді. Қамысбаев қолындағы боқшаны көрген Нұртас:

— Ағатай, боқшаңызды беріңіз. Қоржынға салайын,— деді.

— Жоқ, болмайды. Ішінде документ бар,— Қамысбаев қабағы ашылмаған күйі түксиіп, келте қайырды. Мен «үндеме» деген ишаратпен басымды шайқадым. Сырдескі Нұртас менің ымымды түсіне қойды. Енді портфель туралы сөйлемейтін болды.

— Мына атқа мінесіз,— деп Нұртас томаға көз торыны Қамысбаевқа көлденең тартты. Нұртас торының шаужайынан ұстап өкілді аттандырмақ еді, ол тізгінді өзі алып, қолтығына барған қосшының қолын итеріп тастап, жәрдемсіз мінбек болды. Танауының астынан бұрқ етті:

— Ескі әдетті қоятын уақыт жетті ғой.— Нұртас кейін шегіне берді. Оның «итке сый жараспас» деп тұрғаны аян еді. Өйткені жауға аттанып бара жатқан жоқ, қолтығынан демеп, атқа мінуден, сый көрсетуден де саясат шығарады. Ата-баба салтының бәрінен безбек. О ата-бабадан садаға кеткір деп тұрдым ішімнен, айтуға ауыз бар, айтқызуға дәрмен жоқ, сөйлесуге тіл бар, сөйлетуге діл жоқ. Діл мен дақ тілді байлап, екі елі аузыңа төрт елі қақпақ қой деп тұр.

— Ағай, боқшаңызды мен ұстай тұрайын,— деді Нұртас. Қамысбаев аяғын үзеңгіге сала беріп, артына бұрылып, алая бір қарады. Нұртаста жазық жоқ, анау атқа мініп алсын деп тұр. Ал осы сәтте Қамысбаев үзеңгіден аяғын алып, Нұртасқа біржола бұрылды:

— Ағай, ағай! Немене қашан бір туып едік?! — Нұртас не дерін білмей бұйығып барып, ол да танауының астынан мыңқ етті:

— Атыңызды білмеген соң...

— Атым не керек! Фамилиям бар менің, фамилиям! Қамысбаев! Жолдас Қамысбаев дегенді неге үйренбейсіңдер! — Нұртас түтігіп кетті. Мынаумен бірге жүріп оңбаспыз деп тұрғаны белгілі еді. Мүмкін ішінен «фамилияңмен қосып» деп, жеті ата, жеті пұстысынан жіберіп тұрған да шығар. Нұртас қолындағы қоржынды апарып өз атына салды да, Қамысбаевтың мінуін күтіп тұрды. Қазақ қой, Қамысбаев сыйды ұнатпаса да, Нұртас үлкен кісі атқа мінбей, өз атына бармады. Томсарып, өкпелеген баладай. Қамысбаев портфельді сол қолымен аттың жалына қойып, аяғын үзеңгіге апара бергенде, торы құлағын жымырып, басын солға Сұрып май құйрықтан ернімен бір қымқып қалды. Салқ етіп қара портфель торының арғы жағына түсті. Бағана ауатком кеңсесінде ашылмаған кілт сарт етіп ашылып, ішіндегі ақ жейде, көкала дамбал, қара тарақ, ұстара, бір сарғыш тартқан блокнот ақтарылып қалды. Қара боқшаның ішінде не қалғанын Қамысбаевтың өзі білер, әзірге біз көрген жаңалық ұстара мен блокнот қана. Нұртас бұл жолы орнынан тапжылмай, бұздай кілшиіп қалды. Енді қайтпек.

— Бұл елдің малы да контр,— деді Қамысбаев.

— Контрды ауыздықтау керек,— деді Нұртас. Еңкеңдеп-тоңқаңдап, еңкейгенде қарыны салпайып, дүниесін боқшасына жинап салып жатқан Қамысбаев жамандатып бүйіріне қараған жылқыша тағы да бұрылып Нұртасқа алая көз тастады. Нұртас теріс қарап кетті. Қамысбаев боқжамасын жинап болып, енді боқшаны жерге қалдырып, атқа мінбек еді. Ол аяғын үзеңгіге апарғанда, торы тағы құлағын жымырды.

— Оң жақ тізгінін тарта ұстаңыз,— деді Нұртас. Қамысбаев оны түсіне алмады. Сонан соң мен түсіндірдім. Ол әйтеуір зорға мініп, жерде қалған қара боқшаға көз қиығын тастады. Нұртасқа «алып берші» деп енді айта алмады.

— Боқшаны алып бер,— дедім мен Нұртасқа. Ол жүгіріп портфельді ұстай беріп:

— Ішінде документ бар ғой,— деді. Мен қатал қараған соң, Нұртас портфельді Қамысбаевқа өңгертті. Лып етіп Нұртас та атына мінді. Аттың басын терістікке бұрып, жолға сала бергеніміз сол еді, Қамысбаев торыны одыраңдатып, Қарақыстақтың ортасымен шаба жөнелді. Бірақ онысы ұзаққа бармады. Оны Нұртас екеуміз білдік те. Өйткені қолындағы портфель оған шабуға мұрша бермейтін еді. Ол текіректеткен күйі көшенің аяғына жетті де, бар ышқысы сонымен шығып кетті ме, іші ауырып кеткен адамдай аяңға көшті. Желе аяңдатып оған біз де жеттік. Оның көшеде шапқанын да түсініп тұрдық. «Мынау баса жаздап, ауыл үстінде шауып жүр» дегізу еді оныкі. Сес көрсетемін деп ойлады Қамысбаев. Ал оныкі сес емес, тентектің текірегі екенін түсініп тұрдық.

Былай шыға бере-ақ Қамысбаев боқшаны қайда тығарын білмеді. Ақыры ол Нұртас бөктерген қызыл қоржынға түсіп тыныш тапты.

— Алмалы — Долаңқара,— деді Шұнақ, — ақау қарайып көрінген жер, інім. Соған түнде жеттік.— Шұнақ шарта жүгінген күйі мойнын терістікке сәл бұрып, маған аталмыш өлкені тағы нұсқады. Тау үстінде дала ойыншы алдындағы шатыраш тақтасындай ап-айқын көрініп тұр. Ал сол кездері аудан орталығы болған Қарақыстақ тіпті аяқ астында жатыр. Шұнақ ресмилікті азайтып, маған інісінше, сеніммен, ет-бауыр жақынымен сөйлескендей ішіне тарта әңгімелесті. «Қымыз ішіп, ет жеп отыршыны» да бағанағыдан көбейтті. Шұнақ ішіне тартқан соң, журналистік дәсерлікті қойып, бетегеден биік, жусаннан аласа болып, әйнектей шытырламай, бәйектей жапырылып мен отырдым. Өйткені ендігі әңгімені өзім қалап алдым ғой. Шал шұнақ құлағының түбін бір тырнап қойып, әңгімеге қайта ойысты.

— Арпа, сеуіп, алма алмас болар. «Не ексең, соны орасың». Досыңа досша қарамасаң, қас аяқ астынан табылады. «Жылы-жылы сөйлесең жылан іннен шығады». Біз колхоздастыру кезінде осының бірін де істемедік. Көнсең де көнесің, көнбесең де кетесің. Бұны пролетариат диктатурасы деп есептедік. Онымыз дұрыс деп есептемегенмен, кейде адамшылықтың жазылмаған заңынан шығып кеткен жерде жанымыз шығып кетсе де, жанасып қалдық. Қызылымыздың барында қиялай басқан боламыз. Қысталаң жағдайда қисусан ақыл-айла тапқан шағымыз да болды. Қарекет қылмағанмен қам жасадық. Інім, жанымның күйзелген, күйінген, бірақ амалдың жоғынан жоғарыдан келген нұсқауды жанымды жеп отырып орындағанымды айтып берейін саған. Бүгін әңгімені өзің қаладың ғой.

Алмалы — Долаңқарадағы Ботпай ауылының итін шулата кетіп, бір үйге хабарластық. Болыстық атқару комитеті дегенге жұрт әлі үйрене қоймаған. Ол қызметті атқарушыны ол кезде де болыс десетін.

— Тайшықұлының үйі қайсы? — деп хабарластық, желмен есігіне қарай итіне біткен уыққаптай төртқанат үйдегілерге. Үйден шыққан жастау адамның дауысы гүрілдеп, зор естілді. Кеш түсіп, ымырт жабыла бастағандықтан, оның саданы байқалмады.

— Артыңызда қалды,— деді жас жігіт. Ат басын қайта бұрдық.

Тайшықов қалыс болыс. Ол — тау етегінде туып өскен жігіт. Мұнда өткен сайлауда келген. Ауданға жұртқа жайсыздау деген сөз жетіп жататын.

Ауыл үсті қараң-құраң. Үш-төрттен байлаған, матастырылған ат, шөгеріп тіздеп тастаған түйе. Үштен-төрттен, кей жерде қораланып отырған адам. Бәрі де қарайып көрінеді. Ақжаулықты, төмен етектілерден ешкім жоқ. Күн бата туған айдың әлі толысы толмаған. Ай толық кезінде, отырып туады. Дегенмен айдың сүт жарығы жабылып бара жатқан түн шымылдығына сәуле шашып, бозамықтандырып тұр. Шөлейт, үстірт даланың майлы майсасын жасынын еркін төсеніп жатқандар да бар сияқты. Ауыл үсті дүбірлі де, күбірлі де. Мал аяғымен дүбірлейді, адам аузымен күбірлейді. Осының бәрі жазғы көңілді көктемге үн қосып тұрғандай жайбарақат. Жайбарақаттықты да, күйлі-дилылықты да біз шалаң-топалаң қылдық. Қалай дейсің бе, інім. Қалайы сол, бізді көрген біреу «келіп қалды» деп дабыстады. Үлкен боз үйден біраз адам дүрліге шықты. Облыстық милиция бастығы Шемишев, оның екі-үш қызметкері, аудандық милиция бастығының орынбасары Бабажанов, оның да екі-үш қызметкері, аудандық жер бөлімінің екі-үш адамы, жазғытұры түлкі тымақ киген Таймықовтың өзі, бәрі аттан түскен бізді қоршап алды. Біз үйге беттедік...

Інім, біз өзіміз ымыртта келдік. Одан үйге кіріп, тамақтанып шыққанша, «жапсардағы жарты күлше» біраз жерге барып қалды. Біздің халқымыз ерекше тәртіпті ғой. Сонда да қабырғасы сөгілмей, түн болды деп тарқамай әлі күтіп отыр. Түн болса да орталанып қалды, бәрібір бүгін іс бітпейді, жиналысты ертеңге қалдырайық дегенге Қамысбаевты көндіре алмадым. Бізге сабағат салмады.

Долаңқараның етегіне, беткейге жұрт қисайып жатты. Адам қанша қалың болғанмен, ың-жың жоқ. Бәрі де жоғарыдан келген аудан, облыс өкілдерінің аузын бағып қалған. Тек тізделіп жатқан түйенің пысылы-ыңқылы, байлаулы аттардың топылдап аяқ салмағын ауыстырып тұрғаны ғана естіледі. Біз жиналған жұрттың еңіс жағынан өрлеп келдік. Еңкерісте болғандықтан, ылдидағы бізді бұлар анық көре алмайды, беткей-биіктегі көпті біз айқын байқап тұрдық.

Жиналысты Тайшықов ашып, Қамысбаевқа сөз берді. Қамысбаев қолынан тастамай келген боқшасына тағы жармасып, қара тарақты іздер ме екен деп қорқып тұр едім, нақ солай болып шықты. Жүресінен отыра қалып портфельдің аузына жармасты. Оның кілті тістесуге көптен ұялғандай әйтеуір күндегісінен жылдамырақ ашылды. Ол көкала дамбалды (әрине оның түсі байқалып тұрған жоқ, оны мен оймен біліп тұрмын), қара түймелі ақ жейдені алып қойып, қара тарақты тапты. Сонан соң отырған күйі оны басына апарып, жабысып жатқан шашын дудыратып тарады. Сонан соң тарақты орнына салып, портфельдің аузын жапты-ау. «Уһ» дедім мен. Содан соң жүрелеп түрегеле бере-ақ сөйлей жөнелді.

— Қамысбаев деген қасқаң мен боламын. Мен облыстық атқару комитеті төрағасының орнын басатын кісімін. Менің айтқаным екі болмауға тиіс. Менің көмекшім Үйсінбаев. Ертең қалқоз болып ұйысасыңдар. Малды аламыз. Ертең ертемен Ақсеңгірге көшесіңдер. Алмалы — Долаңқараңмен біржола қоштасасыңдар. Малдан бейдама боласыңдар. Мал орталыққа кетеді.— Қамысбаев сөзі қысқа болды. Мен бұлай тез бітірер деп ойламап едім.

— Бәрі түсінікті ғой? Ендеше, қазірден іске кірісіңдер,— деп аяқтады сабазың сөзін. Тіпті жұртты еңсеріп, есеңгіретіп кетті. Жұрт жиналыс тез бітер, және бір кісі сөйлеп, тоқтамды бір кісі айтар деп ойламаған. Дегенмен көптің аты көп, арасынан бір адам суырылып шығып, орнынан тұрды. Серейген ұзын адам екен, мүмкін түнде солай көрінді ме, әйтеуір үстіндегі боз шекпені сүйретіліп тұрды да:

— Өкіл-еке, бір ауыз сөзім бар еді,— деп сөзін сабақтады.

— Жолдас Қамысбаев де. Мынау бір контр шығар,— деді Қамысбаев Тайшықовқа қарап. Бәріміз үнсізбіз.

— Қамысеке, мен көнтек емеспін. Маған, ең болмаса, кентек тоқты да біткен адам емеспін. Көнтек болсам қотырымды сіз қасып бермей-ақ қойыңыз. Бірақ мына отырған кедейлер сұрап отыр. Қалқоз деген не? Оған бару-бармау біздің құқымызда деп еді, сіз ертемен көшесіз дейсіз. Шәңгі жұрт мәңгіріп, сіздің сөзіңізден пәсті-пәлен ештеме ұға алмай отыр. Сөзіңіздің пайыз-бағдарынан мақұрым тұрмыз. Несібеміз сол жақтан болса, нәсіп айдаса барармыз. Бірақ қосы арбамызды жегіп, қосымызды қозғалтпай, қосығымызды тартпай тұрып, қосынның бет-бернесін, сүдінін білсек деп едік. Долаңқара ата қоныс-кіртіміз. Қыстауымыз, көктеу-күздеуіміз осында, неге кетеміз өтенімізден?

Қамысбаев жігітке жауап бермеді. Артына Шемишевке бұрылып, «мына адамды ұстап қал, ол контр» деді. Шемишев иығын күнжің еткізді де, тұра берді. Жаңағы жігіт қайта сөйлемек болды:

— Қамысеке!

— Жолдас Қамысбаев де, контр.— Араға Тайшықов түсті. Ол милығына түсіп кеткен түлкі тұмағын кежегесіне қарай ысырып қойып:

— Құрманбай, қойсаңшы, сен не, елден ерек,— деді.

— Әбеке, бұл не, жұрт сұрақ та қоя алмай ма? — деді Әбдіқадыр Бабажанов маған қарап. Бәрін біліп тұрмын, бірақ жоғарыдан келген бұйрық тығыз. Колхоздастыруды тез бітіру керек деген. Тығылып қалдым.

— Мынау білетін, нұсқа көрген адамның ісі емес қой,— дегенге қарасам, ауаткомның хатшысы Нұртас екен. Қамысбаев шүйіле Әбдіқадыр Бабажановқа да, Нұртасқа да қарады. Бірақ Бабажанов одан ығыса қоймады.

— Сұрауға құқы бар ғой,— деп қайталады ол. Қамысбаев оған тағы бұрылды. Түн іші оның алара қарағанын, әлде ежірейе-бажырая қарағанын кім білмек. Ал Құрманбайды милиция қызметкерлері қамажаулап шетке алып шығып бара жатты.

— Немене дозымды айтуыма болмай ма? — деп ол қасқарған күйі кетті. Жұрт ың-жың. Ешкім енді бас көтере алмады. Алдыңғы сөйлеген адамды қызыл жағалылар ұстаған соң басқалардың аузы жабылды, ешкім белсеніп шықпады, бәрі де сиыршылап қалды. Тәуір сайлап бір адам шығып еді, оған қиғылықты қылып жатқаны анау. Мен артын күттім.

— Інім, іс осылай бітер деп мен үш ұйықтасам ойлаған емен Жиналыс ашып, жұрттың сөзін тыңдап, сырын түйіп, шынын ұғып, жайымен бәрін байыз тапқызармыз дегенмін. Бүйтіп қағырлап-қақпайлап жібереміз демеп едім. Құрманбай ала күдек адам емес еді, ол ұя бұзбайтын, кедей жігіт еді, қызылбұт болатын: Ол кезде бойдақ, бір үйдің сабағында жүретіндерді қызыл бұт дейтін. Егер әйел болса, құйын жығар үйі жоқ, қуалап соғар байы жоқ дер еді қазекем. Құрманбай осы бір жерде пайда бақыр таба қоямын дейтін кез томақ жігіт емес-ті. Қайта, әр нәрсенің жөнін білетін, топта торай бермейтін көсілген көсем, суырылған шешен, самыржақ болмағанымен, сөзден ешкімге есесін жібермейтін жігіт еді. Сонау төңкерістің отты жылдарында Ұзынағаштағы орыс байы Сигитовтың сиырын баққаннан білетінмін. Енді, міне, сол үрерге иті жоқ, киерге киті жоқ, бауыры тақыр кедейді контрға шығарып тұрмыз. Ішімде алау ойнап, өртеніп от болып кеттім. Әттең ауданның бастығымын. Әйтпесе деп кіжініп, тістеніп, тікенек атып тұрдым...

Түн тынышсыз өтті. Әйтеуір ауыл төңірегі ың-жың. Бұл Долаңқараны мекендеген ел көбі-ақ ауқатты еді. Әр үйден алдынан мыңдап, артынан жүздеп мал өретін. Малы көбіне қазақы кер-қызыл қойды. Әр үйдің өз көлігі өзінде бірден-екіден ойсыл қара — айыр түйесі, кісі басына мінер қылқұйрығы бар еді. Сиыр атаулы бұл елде некен-саяқты. Өйткені қазақ елінің экономикасында оның үлес салмағы жоқты, інім. Сонда да сол бір көктемнің әдемі түнінде сиыр мөңіреп, ит ұлып, ауыл төңірегі жау тигендей жайрасып, тынышы кетті. Менің қошым келмей, кірпік қақпай, көз ілмей шықтым.

Күн шыға бозторғайдың шырылымен ояндым. Тайшықов үйінің қонған жері Еспе өзенінен алыс емес, жан-жағы қырқалы қойнау екен. Боз жусанның иісі мұрынды жарып тұр. Ыраң бас тартып, арпа масағы сияқты мысық мұрты шығып, ұша бастапты. Оның орынына боз жусан тебіндеп, үлпілдеп өсіпті. Түстік жақта асқақ Алатау алыстан сәлем жолдап, бәрін көріп, біліп басу айтып тұрғандай. Мен не көрмеп едім! Құба қалмақ шабуылын да көзден атқарғанмын. Қоқандықтардың қоқаңын да білем. Колпаковскийдің қазақтардың шұрайлы, сулы жерін тартып алып, өздерін қаңғытып жібергенінің де куәсі болғанмын дегендей. Мына ақ бас не көрмеді. Басым сонымен ағарып, уақыт өтіп, обыр қонып, орда көшкен заманның бәрі де ұмыт болып, мына Октябрь таңын қарсы алып едім. Үмітім әлі де осы! Май жентексіз, ел тентексіз болмайды. Сол тентектің бірі келіп, мазаларыңды алып тұрған шығар. Ел әулетсіз болмайды, ұлы іс нәубетсіз болмайды. Оның бәрі өтер, артын күт, Абақ, деп тұрғандай болады. Артын күттік, інім. Артын күтпегенде не істей алар едім. Өзіміз қанымызды төгіп, жанымызды жалдап орнатқан Совет өкіметі осындай жарлық беріп отырса, оған қарсы тұрып оңамыз ба? Тіпті ол қарсы болатын нәрсе деген біздің, інім, басымызға келген емес. Тек Қамысбаевтың қысқа шешімі жанымды жеп барады.

Қазақ ауылдары ол кездері он-он бес түтіннен бір ауыл болып отыратын да, сол ауылдың бар малы бірігіп бағылатын. Оны өздері көбіне кезектесіп бағатын. «Қой кезегі» деген сөз қазақта осыдан қалған. Ал ірі қараны айдап тастайтын, жер кең болғандықтан, оны ешкім бақпайтын. Мал көптіктен ол ұрланып кетеді деп те ешкім абыржи қоймайтын. Сондықтан әр ауылға бір-бір адамнан бөліп, малын ауылы жанында ұстаттық.

Таңертең Қамысбаев, Шемишев, Бабажанов, Тайшықов бесеуміз аттанып бидас Тойбай ауылына келдік. Байдың өзіне қараған алты-жеті түтін алғау судай бөлініп, түнделетіп көше қашып құмға түсіп кетіпті. Оларды орынынан баса алмай, Совет өкіметінен бар жақсылықты күтіп отырған он жеті түтін кедейлерге келдік.

Жотаның етегін ала қонған он жеті түтіннің малы ауылдың көз алдында ойда жатыр. Таң ата өрген қой әжептәуір тойып алған ба, қозғалар емес. Қойдың арғы жағында екі үйір жылқы, екі келе түйе, бес-алты сиыр көрінеді. Оны қайырып жүрген бірді-екілі ғана малшы. Ауылдың жанында беткейде шідерлеулі қызыл ат тұр. Бір жақ бұты қан. Шамасы ақтатып қойған болса керек-ті. Ауыл ортасында құйрығы керсендей үлкен қызыл қошқар екі артқы аяғымен кезек-кезек ішін соққылайды. Үпегі құрттаған болар. Шеткі үйдің жанында кескек байлаған бір қара қой күн қызбай-ақ көлеңкелеп тұр. Ауыл үрейлі ме қалай, біздің қарамыз көрінісімен ауыл ортасында ойнаған балалар тым-тырағай қашып, үйлеріне қойып кетіп жоқ болды.

Қарасы бар, ағы бар, бір-екі жаңа көтерілген отауы бар, он жеті үй қораланып тігіліпті. Жаңа көтерілген отау бесенеден белгілі. Өйткені ол өзге үйлерден кішірек, төрт қанат, киізі аппақ, басқаларынан гөрі тікшелеу, бау-шуының да жаңа екені алыстан-ақ танылып тұр. Ауылға жақындай бере Қамысбаев торыны шаужайлап, текіректете жонелді. Оның артынан Шемишев шапты. Шапқан аттарға елеңдеп ала қашпақ болған аттарымыздың біз тізгінін тежеп қалдық. Ауылға қарай тұра шапқан екеуге әлдеқайдан бір сұр төбет қосыла кетіп, Шемишев атының басына не бола алмай, бір езулеген ат ауыл сыртына шығып кетті. Өзі аттан түсіп қала жаздап қопақтап барады. Бізден ауылға бір-екі минут бұрын барған Қамысбаев пен Шемишевке ешкім шығып шаужайына оралмады. Ауыл әйелдері, әрине, жабықтан, есіктен сығалап оларды бақылап тұрғаны күмәнсіз еді. Өйткені қазақта көнді, есі дұрыс кісі ауылға қарай шаппайды. Тай үйретіп, құнан жарыстырып жүрген бірер ерке шора, итқуар тетір-тентектер болмаса, немесе ауылда кісі өлімі болып ат қойып келгендер болмаса, әдетте, ондай оспадарсыздар қызыл тақия киіп қайтады.

Қамысбаев пен Шемишев ауыл ортасында ат ойнатып тұрды. Біз ауылға жетуге асықпадық. Қамысбаев ат үстінде тыныш тұрмады, екі өкшесін торының бауырына қадап, тебініп қояды. Желі бойындай жерге танау көтерген томаға көз торы да, Шемишев астындағы қолтыраудай танаулы жирен де көтеріліп, делеңдеп, тыпыршып тұр: Қамысбаевтың тебініп тұрғанын байқаған Бабажанов шыдамады білем:

— Мынаның есі дұрыс па? Облыс басқаратын адам осындай есерсоқ болғанда, басқаларды жын ұрып кетпей ме?! — деп жіберді.

Ауыл шетіне түсіп аттарымызды матастырғанымызды көрген Қамысбаевтар қайтып біздің жанымызға оралды.

— Неге шаппай қалдыңдар,— деді Қамысбаев делеңдеп.

— Әзір есімізден адасқанымыз жоқ,— деді Бабажанов. Әбдіқадыр бұл сөзді қатуланып айтты. Қамысбаев үндей алмай қызараңдап қалды. Шемишев қазақша шала түсінетін кісі еді, дегенмен ол мұны сезді. Көк көзі шегірейіп, қып-қызыл болды. Бұдан әрі мұны ешкім тереңдетпеді.

Ортадағы үйдің бірінен Нұртас, екі милиционер, жер бөлімінің өкілі, тағы бір қартаңдау кісі шықты. Сәлден кейін-ақ бұл ауылдың барлық тайлы-таяғына дейін қалмай бізді қоршап алды. Мұнда ақсақалды шал да, бет аузы айғыз-айғыз, айдаған жердей кемпірлер де, кестелі жағы бар, биік маңдайлы кимешекті, қасабалы қатын, бірер қарқаралы қыз да бар. Көбі қалама көйлекті қатын, қаудырлақ тонды еркек. Қындай бойлы, қынадай көрікті бияқтар да бар болар. Бірақ ондайлар үйден ұзап шыға қоймаған. Еш нәрсені сезбеген, ертеңгі күніміз не болады деумен ісі жоқ, кетік, сетік, бір балағы түрулі, бір балағы жалпылдап бос жатқан қызыл сирақ балалар да айнала шауып жүр. Жұрттың жерден, ата қонысынан аууы оңай ма? Көбі үрейлі.

— Малды жиыстырып санап, тізімін алдыңдар ма? — деп сұрадым мен Нұртастан. Ол тез жауап берді:

— Жеті жүз он төрт қой, жетпіс үш жылқы, жиырма бес түйе, жеті сиыр. Бәрі мына ойда жатыр.— Ол әр үйдің отағасының атын атап, қайсысынан қанша мал алынғанын оқи жөнелді.— Ардақ Әлімжан баласынан 47 қой, бес жылқы, 2 түйе, Сәрсентай Жетер баласынан 25 қой, бір ат, бір түйе, Тоқтам Терібай баласынан 71 қой, 4 жылқы, 2 түйе...

— Беткейде ат тұр, ауылда екі қой жүр. Оны неге алмағансыңдар,— деп дүрсе қоя берді Қамысбаев.

— Қанды бұт, жаңа піштірілген, ал екі қой да құрттап кеткен,— деп жауап қайырды Нұртас.

— Тез апарып малға қосыңдар!

— Екі қойды айдауға болады, ал атты қозғауға болмайды ғой,— деді Нұртас тағы да.

— Айтылғанды істеу керек.— Қамысбаев ақырып айтты. Шемишев милиционерді жұмсады.

— Атқа тиюші болмаңдар, ол жүрмейді,— дедім мен өңкей малдаққа. Бәрі тыбыр етпей қалды.

Інім, біздің халқымыз тым көнбіс пе, әлде тым момын ба, әлде жаман ба, «мұны неге бәрін аласыздар, біз енді немен күн көреміз» деген бірі болмады. Бәрі үнсіз. Қабағы ашылып, колхоз боламыз деп қуанып тұр десем, оным, інім, қып-қызыл өтірік болар еді. Тіпті олардың қабағымен есептесіп жатқан біз жоқ. Нақ осы бір сәтте, інім, булар енді не істемек, қалай жан сақтайды, тамағына талшық етіп отырған бар күнкөрісінің кезін бітеп с кеттік-ау деген менің де есіме келмепті. Ойымыз жоғарыдан келген нұсқауды мүлт жібермей орындау. Шынын айтсам, ертең не боларын ол шақта мен білмейтін едім. Маған берілген нұсқау малды жер бөлімінің адамына түгендеп өткізу, елді жоғары қарай Ақсеңгірге көшіру. Көшіру, әрине, менсіз шешілген жоқ. Халықты сулы жерге қоныстандыру жөнінде қатар жатқан Күрті, Ботпай болыстарын кешіру туралы сөз болғанда мен бұл мәселеге қарсы болдым. Өйткені, оларды ата-қонысынан көшірелік, бірақ қайда орналастырамыз деген күдігімді айтқанмын. Бірақ көп ауыз бірігіп бір ауызды жоқ қылған. «Ертеңін ертең көреміз, бүгінгі нұсқауды бүгін орындау керек» деп басы аупартком хатшысы Түзелбаев болып болмаған. Енді, міне, малын сыпырып алып, соқа бастарын сопайтып қойдық. Қазақ өте шыдамды халық, інім. Білгізбей сыртқа жауырды, атан тартар ауырды. Сол ауырды тартқан атан — қазақ. Біздің халқымыз ішінен қан жылап, қайғы мен қанды жұтып тұрып соны сыртқа білгізбеуге тырысады. Осы жерде де сол атан түйеге біткен зілмауыр салмақтылықты байқап тұрдым. Сонша ұстамды-байсалдылыққа сүйсінбеу мүмкін емес еді, інім.

Нақ осы бір сәтте екі көзінің алды іріңдеген, ұзын теке сақалы Сыр, бегімсал киімі бар Қонысбай қарт бір сөз деді:

— Балаларым, малымызды ортаға ұйыстырамыз деп бәрін алдырдыңдар. Барын бердік. Бірақ маған бір сойыс керек еді. Кемпірім қадақ болып, аурудың беті жаңа қайтып еді. Соған қалжа керек болып тұр. Бір байлап жүрген қунан қойым бар еді, соны сойып алсам.

Жұрттан бұрын Қамысбаев шақ ете түсті. Ал шынына келсек шал мұны бізден сұрамай-ақ сойып алуы керек еді, бірақ момын ел өз малын бізден сұрап тұр және езіліп, екшеліп тұр. Мен не дерімді білмедім. Ал Қамысбаев тіке:

— Ей, шал, мал енді мемлекеттікі. Сандалмай жайыңа қарап тұр — демесі бар ма. Шал шарт кетер ме екен деп қыпылдап-ақ қалып едім, жоқ ол:

— Шырағым, жарайды, жай айтсаң да болады ғой,— деп теріс айналып кетті. Әрине, көз жасын сүрте кетті. Өксіген, қапылатпен өткізген өмірін жаманды-жақсыны бір кешкен адал «ары, өлім аузынан қалып, енді бір ұрттам сорпаға зар болып жатқанда да, шал шыдамдылық көрсетіп тұр. Інім, шыдамдылық па әлде біздікі жамандық па, ездік пе деп қаламын. «Сорлы» деймін ішімнен. «Жаман адам өз сыбағасына құлдық асады» деген осы дағы. Өз малын бізден сұрап, енді бізге тәуелді болып қалды. Әрине, шал ештеме демеді. Бірақ ішінен не деп тұрғаны белгілі еді. Енді деп ойладым мен, бұл Қонысбай қарт Совет өкіметі туралы не ойламақ? Қашанда мал өкпесімен ұшықтап, мал сорпасымен емделіп жазылатын қазақ еді ғой бұл. Денінің емі жас сорпа, жанының емі жақсы сөз. Сондықтан да «жақсы сөз жарым ырыс» деген еді ғой. Қалжа дегенде қарасын тегін беретін, бүгін бір тоятын, ертеңгіні ертең көретін, «таңғы нәсіпті тәңірден» күтетін ел емес пе еді ол. «Ал да, сой» деп айтқым да келді. Оным, әрине, адамшылық жағынан да, тектілік жағынан да дұрыс болмас еді. Қайыңның безі қатты, жаманның сөзі қатты. Сол жаманның қатты сөзі Совет өкіметін мына шалға құбыжық қылып көрсететін болды-ау деп қыпылдап қалдым.

Бабажанов шалды білетін болса керек-ті. Ол қабағын шытып шалға қарап сөйледі, тұрғандардан ықпай-ығыспай ашық кетті:

— Әнеугі күннен бері неге сойып алмадың. Қартайғанда біреу сенің тері-тарамысыңды тартар деп қорықтың ба?! — Шал қоңыр шибарқыттан тігілген жұқа бешпентінің қалтасынан көлдей ақ орамалды алып көзінің алдын сүртті. Енді оған әл біткендей қатқылдау келді.

— Қайдан білейін, шырағым, мына Тайшықтың баласы малға тиюші болмаңдар деп күнара санатып қойған жоқ па. Малды алатындар да адам шығар деп шыдап едім.— Сөздің түп-төркіні түсінікті. Кім болып шыққанымыз да белгілі. Шалдың сөзі өңменімнен өтіп кетті. Бабажанов Қамысбаевқа қарап сөйледі:

— Он сегізінші жылы бір жұртта азамат болған тоғыз ұлын ақтар бір-ақ өлтіріп, кемпірі екеуі ғана қалған еді. Бір қойды қиялық, мына өлмелі шал-кемпірге. Тіпті болмайды десеңіздер оның ақысын мен өз жалақымнан төлейін.— Қамысбаев қылимады. Ол ашу шақырып:

— Сендер маған болысудың орнына бөгет жасайсыңдар. Бәрің де ескіліктен арылмаған, ескілік етектеріңнен тартқан оңбағансыңдар, ұйыстырудың орнына малды таратқыларың келеді,— деді бұртаңдап, сопақ астаудай қызыл беті қызара түсіп, көзінің алды жыбырлап, оң жақ езуі бір жағына қисайып, көтеріліп кетті.

— Сіз кімді оңбаған деп тұрсыз? — деп Бабажанов қап-қара әдемі мұрты тікірейіп Қамысбаевтың жанына жетіп-ақ барсын, Әңгімеге Шемишев араласты:

— Бабажанов, спокойно! — деп жымиып қойды. Бұл бағана ауылға қарай адыраңдап шапқанынан ұялып үндемей тұрған-ды. Бабажанов көбіне тәуекелге иек артатын, онысы көбінесе-ақ шамадан бұрыс кетпейтін батыр да, байыпты да кісі еді. Бір алған бетінен таймайтын да. Және ол адамды қызметімен емес, адамшылығымен өлшеп үйренген. Сондықтан жанама бастығы болса да, ол Шемишев сөзіне тынши қоймады.

— Сіз, Қамысбаев жолдас, бізді кімге санап тұрсыз. Біз Совет өкіметін орнатқанда, сіз Сарытауқұмда жекеменшік қойыңызды бағып жүргенсіз. Байқап-байқап сөйлеңіз!

Қамысбаевты Бабажанов жақсы біледі екен. Ол Сарытауқұмдағы орта шаруадан шыққан, сауаты жоқ, әйтеуір қатардағы адамнан қызметке жоғарылату керек болғанда өскен кісі болса керек-ті. Оның үстіне Алматыдағылар мұны Жұбаныш сүйреп әкелді деген өсекті де жапсыра жүреді екен. Мың тоғыз жүз жиырма бірінші жылы Талдықорғанға жер аударылған қазақ Феодалы сарыүйсін Қали Ордабаев тапсырыпты оған деседі екен.

Әбдіқадыр көріне көзге Қамысбаевпен байланыспақ болды. Meн араласқан соң барып, ол сабасына түсті. Бабажанов басылған соң, Қамысбаев атқа қайта қамшы басты. Ол қабағын көтерместен бақа тамақтанып бар жігерін иегінің астына жинап алды. Енді ол барлық бұйрықты маған бере бастады. Ол менің облыстағы тікелей бастығымның бірі. Оның үстінде облаткомның төрағасы, облыстық партия комитеті бар ғой дейін десең, ол бұл жолы төтенше уәкілдікпен келген адам. «Колхоздастыру жөніндегі барлық шараларды жүргізуге оған төтенше уәкілдік беріледі. Қастек ауданында колхоздастыруды жүргізуде оның бұйрығы екі қылмауға тиіс»,— деген дастанадай қағазы бар қолында. Бұдан кейін оған қыңқ етіп көр. Бір қызығы ол сөйлейін деп келе жатқанда тамағымен қоса ұрты да кебеді. Кәдімгідей аузына ыстық толтырып алған аламан тышқандай бола қалады:

— Үйдің бәрін жыққызу керек. Қазір алдымен үйлерді тегіс аралап шығамыз. Мүмкін үйге жасырып қалған мал бар шығар.— Мен осы жерде бір сөз айттым:

— Малды үйыстыру ерікті іс қой.

— Ерік, ерік. Ерік деген мына біз. Біз не істе десек, сол болады. Бізде Филипп Исаевичтің айрықша нұсқауы бар.

Біз қоралана қондырылған он жеті қазақ үйді шетінен араламақ болып, Тайшықовқа ердік. Алда ол, сонан соң Қамысбаев, Шемишев, мен. Осылай Тайшықов артынан сүмеңдеп еріп келеміз. Алғашқы Өренбай Шоғанов дегеннің үйі екен. Алдымен бастаушы кірді. Сегіз, алты қанат үй бұл ауылда атымен жоқ. Кішкентай сықырлауықсыз, шиден тоқылып, сырты киізбен қапталған есікті түріп қойған. Есіктен күн түскен жерге бөстек төсеп алып бір кемпір ұршық иіріп отыр. Сыртта болып жатқан әңгімеден бұл адам бейхабар сияқты. Үйге кіргенде Қамысбаев амандаспай кірді іс, тура өрешені ашты. Өреше шиден тоқылған екен. Тоғыз қарыс шағын қазанға сүт пісіріп қойыпты. Жүкте екі-үш көрпе, ескі екі м)Н, тысын көрсетіп көрпеше жинаған шыт шапан. Сүрелеп, тайлап жинаған тең көрінбейді. Төр алдында құрым киіз. Мүмкін "СЫ кедей үйдің бұрынғы үзігі. Бай үйіндегідей шетін жиектеген, оюлаған от киіз жоқ. Күлі жоқ от орыны ой түсіп, төбел таздың төбесіндей тақырайып жатыр. Бетіне әр түрлі қаңылтырдан өрнек салған ескі сандық оң жақта тұр. Басқа көзге ілінер, керегенің сағанағын жауып тұрған ілім тон, бас тон, тіпті қоңыр шолақ тон да көрінбейді.

— Тыққан мал жоқ па? — деп сұрады Қамысбаев кемпірден. Кемпір кимешегінің самайынан бір құлағын шығарып тыңдаймын дегенше, Нұртас:

— Он қозды қойын алдық. Алды төртте, арты бірде төрт баласы бар екен. Енді немен күн көрер екен,— деді.

— Мен сенен сұраған жоқпын! — деп оқыс айтты Қамысбаев.— Нұртас ғапу өтінбеді. Сұлық. Ауыл адамдары үйлерінің сыртында үшеу-төртеуден тұр. Сұрсыз, сұрықсыз. Бұлар енді немен күн көреді деп біз ойламағанмен, бұлардың тілінде де, ділінде де осы бір сөз тұрғаны күмәнсіз еді. Бірақ налығанын ешкім білгізбейді.

— Көріп тұрсыз ғой,— деген дыбыс арттан келді. Үй иесінің дауысы.

— Үйді жығыңдар, көшіңдер қазір,— деді Қамысбаев. Ол әлдеқандай Шемишевке ым жасады. Сақау баланың тілін шешесі біледі демекші бастығының сөзін ол емеурінінен түсінеді.

— Тоқаев,— деді Шемишев,— бұйрықты орындауға кіріс.— Артта тұрған қаладан келген милиционер жігіт үй иесіне бірдемені мыңқ етті. Шоғанов екі-ақ аттап Қамысбаев пен менің жаныма жетті.

— Бәрі дұрыс. Біз бәріне қайылмыз. Қазір үйді жығамыз. Көшуге әзірміз. Наруанға артып, кілем жауып, бұрау салып ырғалар біз емес. Бірақ, жолдас Қамысбаев, балалар ертең не ішеді. Осы үйде шайнам азық жоқ.

Бұған ешкім жауап бермеді. Бәріміздің де аузымызға құм құйылды. Ол көңіліндегісін айтып тынды.

— Балалары шиеттей екен, «жоқты» білмейді-ау! — деп Нұртас Бабажановқа қарады.

— Елге жоқшы болатын сен емессің! — Тағы да Қамысбаев.

Осылай тоғыз үйге кірдік. Бәрі де қоңторғай, жасауы-жабдығы толып тұрмаған, тулақ төсеніп, тон жастанған, жабы мініп, ер бастанған, шідері жоқ, тұсамысы бұршақтан, үзеңгі бауы, айылы құршақтан кедейлер. Енді малый алып қойған соң, мүсәпір, кембағал десең де болады.

Оныншы үйге келдік, інім. Он, жақ босағада сыртта төрт-бес жасар қуыршақтай киінген, екі көзі мойылдай, қап-қара, торы өңді қыз бала отыр. Оның қызыл құлпы киімінің екі иығына екі уыс үкі, омырауына екі сөлкебайды тесіп тағып қойыпты. Қолында түйе көзіндей дөңгелек бұлғар айнасы, ісек қойдың жіліншігінен істелген шақылдағы бар. Белдеуге әлдене қыстырып қойып, соған қарап отыр. Оң жағында екі бақайшықтан байластырған, екі жағында тартпалы жібі бар гуілдек. Төңірегінде кішкентай қара лак, секектеп жүр. Лақтың екі құлағына қызыл шашақ тағып қойыпты. Қыздың төңірегінде қара лақ секең-секең егіп, ойнақ салады. Кішкентай қыз лақты ұстап алып, мойнынан құшақтап, лақтың жағын бетіне басып-басып қойып қайта жібереді. Лақ екі-үш секең-секең етіп, ойнақ салып тағы қыздың жанына келеді. Ол қайта құшып, қайта жібереді. Лақ ойнағын тағы салады. Тағы айта келеді. Осы бір әдемі көріністі Қамысбаевтың түйеден түскендей сөзі бұзды:

— Міне, тыққан мал! Шемишев, мынаны есепке ал! — Алаңсыз ойнап отырған қыз бала атып түрегеліп өрге қарай жүгіре жонелді. Екі құлағындағы қызыл жіптен таққан шашақ селпілдеп қара лақ та ойнақ салып қыз артынан кетті.

— Ұстаңдар ешкіні,— деді Қамысбаев.— Осылай әр үйде бір малдан қала берсе, не болмақ? Шемишев! Аша тұяқ қалмасын! — Шемишев те өз адамдарына бұйрық берді:

— Тоқаев! — Милиционер қара лақты қуып берді. Лақ қашқан бойы үй артындағы түйе бойы қара тасқа ойнақтап шығып кетті. Қолапайсыздау Тоқаев дардаңдап тасты айнала жүгірді. Осы кезде кішкентай қыздың шырылдап жылаған дауысы шықты.

— Тиме лағыма! — Қыз тағы бірдемелерді айтып бажылдады. Оны тыңдаған милиционер жоқ, ол тасқа шыға алмай тырмысуда. Ақыры ол тасқа шықты. Ол тасқа шығып лаққа ұмтылғанда, лақ бір-ақ секіріп түсіп, қыз жанына келді. Лақты қыз көтеріп алып тұра қашты. Осы кезде аяқ-қолы арбаңдап тастан домалай түскен Тоқаев аттап-бұттап қызды қуып берді. Бес жасар қыздың адымы қанша, Тоқаев ұзатпай-ақ қуып жетіп, қара лаққа көршеңгелін салатын еді.

Ауыл адамдарының бәрінің көзі осы бір көріністе. Тұра жүгірген Тоқаевты екі-үш ит қуып берді. Қашқан адамға қосыла кететін иттің қашаннан әдеті. Бұрын жеткен ала ит милиционерді май құйрықтан бір тартып кетті. Милиционер қызды қоя салып, тапаншасын алып итті қуып берді. Ол арада анау екі ит те жетіп, «балап келген шақта тарс еткен дабыс таулы-тасты жерді жаңғырықтырып жіберді. Ала төбет қаңқ етіп, қыңсылады да кетті. Анау екі ит те құйрығын бұтына қысып ауылдан шығып жөнелді. Үні итті үш жаққа қуып, ісініп-кебініп алған Тоқаев ерлік көрсетіп, енді қара лаққа қайта ұмтылды. Егескен соң алмай қоймаспын дегендей Тоқаев бара-ақ баланың шарылдап жылағанына к арамай лақты тартып алмақ болды. Лақ тартысқа түскендіктен бе, әлде бейсауат адамның сойдиған зардапты саусақтары батты ма, бақырып мазаны алды. Бұлан-талан жылаған баланың даусынан бүкіл Алмалы — Долаңқара күңіреніп кеткендей болды. Тіпті олай болмағанның өзінде ауылдың бала-шағасы, шал-кемпірі, қатын-қалашы тегіс жас төгіп тұр еді. Жылап жүріп жеті жылда зорға көрген, «қыз түгіл, қызыл жүнге зар болып жүр емеспін бе» деген Мәриза тіпті еңіреп дауысы шығып кетті. Мұндайда әйелдердің көз жасы қалай дайын тұрады десеңізші, кемпірлер кемсеңдеп, қатындар қарғап: «бала көрмегір, баланы жылатқаны несі» десіп жамырасып, жыласып-сықтасып жатты. Оқ бүйірінен тиген ала төбет қыңсылап-үріп, өз бүйірін өзі тістелеп, не еле алмай, не жараға көне алмай, ойбайға аттан қосып, есті алды. Ала төбетті қоршай тұрған көп баланың ішінен де бір дауыс бақырып, барылдап дүниені көшірді. Ауыл ызың-шу, қым-қуыт болды. Алғашқы біз кірген үйлер жығылып, шөгерілген қалбағай түйелер бақырып, қарбаласта енесінен ажырап қалған құлындар шіңгір-шіңгір кісінеп, оның енелері желіні дерткен мама биелер оқыранып, ұлы сәскеде ауыл үсті ың-жың дыбыс, ығы-жығы жүріс-тұрыс, сабылыс еді. Бұған жаңағы мылтық дауысын ұмыта алмаған иттердің үргені, құйрығын бұтына қысып өздерінен өздері қыңсылағаны қосылды. Көз томақ тартып, құлақ естуден қалды.

Тоқаев кідірместен қызға барып қара лақты тартып алмақ болды. Лақ қасқыр аузында кеткендей бақырып, оған баланың жылағаны қосылды. Бұған шыдай алмаған жалғыз қыздың шешесі Мәриза, әкесі Оңабай қосылып, дау ұлғайып, ауыл әбігерленді.

— Айналайын, өзіміз алып берейік,— дегенді Тоқаев тыңдай қоймады. Ит сүйекті біледі, қошқар күйекті біледі, інім. Милиционер Тоқаевтың білетіні — Шемишевтің бұйрығы, қара лақты тартып алу. Ал өлгенде көрген жалғызының жылаған дауысы жарғақ құлағын жарып бара жатқан Оңабай да жетті енді. Лақтан қыздың қолын ажыратамын деген Тоқаев батырып жіберді де, қыз қолын ұстап жылап отырып қалды. Қыздың дауысы қатты шыққанда, жаны бірге шыққандай болған Мәриза көк желкесінен алып, милиционерді қойып-қойып жіберді. Милиционер қара лақты қоя бере салып, Мәризаны теуіп-теуіп қалды. Оңабайдың арашаға түспеуге лажы болмады. Ол Тоқаевты ұстай алғанда, Шемишев аспанға мылтық атты. Бәрі қайта тына қалды. Бірақ Тоқаев қара лақты алуға қыздың жанына қайта барып жармасып еді, нақ осы сәтте Бабажанов милиционерді жағасынан алып лақтырып жіберді.

— Хайуан!

Милиционер тұра сала қайта ұмтылмақ еді, Бабажанов екенін білген соң, мойнына су кетіп тоқтап қалды. Сонда да мен облыстан келдім деген көкірегі болса керек:

— Сіздің не шаруаңыз бар? — деген болды.

— Шаруам сол әйел мен баланы сабағаның үшін, қаруыңды тартып алып, қаматып қоямын.— Милиционнер қайта бас көтермеді.

— Лаққа тиюші болмаңдар! — дедім мен Қамысбаевқа қарап. Қамысбаев реңі бұзылып, бұрқылдамақ еді, дегенмен қарсы тұрудың жөні-жоғын ұқты. Өйткені осы бір кішкентай оқиға қазір істелгелі отырған үлкен әлеуметтік шараны бүлдіріп жіберетін еді. Халық мүнәйім қалпын өзгертіп, азғантай, қас қағым уақытта-ақ толқып қасаң тартып қалды. Оны Қамысбаев, сол сияқтылар көре ала ма, ал бізге коллективтендіру шарасын жүргізуіміз керек. Сондықтан Қамысбаев қара лақты қара пәле етіп жапса да, көтеріп алмақ болдым.

— Лақты баланың өзіне қалдырыңдар! — деп қатты, бар даусыммен айттым. Камшат «шөре-шөрелеп» лағын шақырып жатты.

— Рақмет, аға! — деп Мәриза жылап жіберді. Бірақ сол бір сәтте оның шын жылайтыны алда екенін ол да, мен де білмеген едік. Інім, мәселе тіпті де қара лақта емес. Қара лақ түгіл қарасын біреуге жетектетіп жіберетін қазақ емес пе едік біз. Жарайды, тым үлкен әлеуметтік іс кезінде қара лақ та есепке алынсын делік. Ал мәселеге жалпы келелікші, інім. Мен білетін Коммунист саясат адамзат баласының барлық игілікті дәстүрін, ғұрпын, ісін пайдалануға тиіс. Тіпті оны біз Коммунист партияның Уставына да жаздық. Дүние жүзі ғылымының игілігімен білімімізді байытамыз дедік. Демек дүние жүзіндегі барлық игі дәстүр Коммунистік құрылысымызда пайдаланылуы, қолданылуы тиіс. Ендеше, неліктен қасықты қарасуды сатып беретін жарымаған әдет, жаман ырым барлық халыққа үстемдік етпек. Айталық сонау астанадан Твардовский сияқты ақын, Шолохов, Фадеев сияқты жазушы маған қонаққа келсін. Неліктен мен соларға есік алдында қорам толған қойым тұрып, ауызға бір-ақ тығатын, ауыз жарымайтын котлет беруім керек. Жоқ болса бір сәрі, неге мен бар бола тұрып қазақ дәстүрімен бір жылқымды жарып тастамаймын. Қазақ атам айтпап па еді: «бір мінсең де жорға мін бүлкілдесін бүйрегің, бір жесең де май шайна кілкілдесін жүрегің» деп. Алыстан ат арытып, тон тоздырып ақынның қызыл желі Сүйінбай Арқаға барғанда бір үйір жылқы айдатып қайтармап па еді, і ондағы туғандар. Әулиеатада жұтап қалған Кемпірбай Алатаудан Арқаға барғанда алдына мал салып бермеп пе еді, туғандар. Арқадан «қалтасының түбі тесік, байымайтын Шашубай келгенде жетісулықтар бір үйір жылқыны айғырымен айдатқан еді ғой. Ендеше малымды, дүние-мүлкімді неліктен бірге туған адамға ғана сыйлай алатын заңға мен бағынуға тиіспін. Өзім де, өзгені іс жарытпайтын заң, жоба-жоралғы маған қалай үлгі болады. Мен өзімнің бір жылқымды (заңда) немере ағама бере алмайды өткенмін. Сонда менің кім болғаным. Неге мен өзімнің табан ақы, Маңдай теріммен тапқан еңбегімнің жемісіне өзім қожалық жасай алмаймын? Сонда біз жұртқа тегін тамақ қонақ асы, тегін жамбас ақысыз жатар орын бере алмай хайуаннан дайрағымыз басқа ғана жан болатын болдық қой. Солай ете отырып қалай біз өткен қайыршы заман, тар заман, зар замандарда ғұмыр кешкен жеті ата, жеті пұстыларымыздан артылып кеттік дейміз, қайта көш төмен болдық қой. Онда біз оқыдық, жоғары білім алдық, жетілдік, мәдениетіміз өсті, ілгері бастық, қарыштадық, адамшылығымыз артты, интернационалистпіз, аршындадық деп жүргеніміз қайда? Әлде, інім, менікі дұрыс емес пе? Егер дұрыс емес болса маған дәлелдеші. Сонда біздің жетілгеніміз, жетіскеніміз біреуге қол ұшын бере алмау, кембағалға қараспау, басына іс түсіп, іштей іріп, ішкені ірің, жегені желім болып жүрген бір байқұс-пәңгіге теріс қарау болса, онда ондай жетістікке түкіру керек болар. Шыны інім, коммунизм адамын тәрбиелеу тек бір халықтың әдет-ғүрыбына сайып, соның негізінде дамитын болса, ол коммунизмдік, жалпыхалықтық бола алмайды. Мұны құй оң құлағыңмен есті, құй сол құлағыңмен есті, ондай тәрбиеден коммунист, интернационалистік шығады деп дәмеленбей-ақ қой. Дүние жүзінде қандай жақсы дәстүр, жоралғы-жосық бар, соның бәрі біздің социалистік қоғамымыздың төрінен орын алуын құптау керек.

Шырағым, қазақтың да толып жатқан опық жегізер, одағай, оғаш әдеттері, оқыс қылықтары, қате көзқарастары, ағат ғұрыптары бар. Ол ыбырсық, ыбылыстық, әбілеттік әбес әрекеттерінен безейік, ал жақсы дәстүріміз жалғасуы абзал. Көрдің бе, інім, тағы да тақырыптан алыстап кеттім білем. Айтпағым колхоздастыру жайы еді ғой. Сонда да сөзге сөз келгенде айтпаса атасы өледі дейді халық. Ендеше тағы бір білетін фактімді айтайын. Қазақ жерін, елін көп зерттеген ғалым Румянцев қазақ семьясының орташа табысының сексен проценті қонағына жұмсалады деп көрсеткен. Егер менің сөзіме сенбесең Алматыға барған соң оның Жетісу жөнінде жүргізген зерттеулерін қарарсың. Бір нашар адамға қол ұшын бере алмағанды, яғни еңбегінің бар жақсылығын өзі ғана көрген адамға қазақ «жалғыз басы бұралқы ит те күнін көреді» деген. Ал осындай кең жаны, жылы жүрегі, еріген бауыры бар елдің басқа халыққа балдай батып, судай сіңер дәстүрі, әдеті, әдебі адамзаттың бар ұрпағына ортақ болса артық бола ма, інім.

Мен осы аз өмірімде дарқандықтың талай үлгісін, сараңдықтың талай тағылымын көрдім. Сонау он алтыншы жылы Ұлтарақ екеуміз кірерге көр таппай, отырарға төр таппай жүргенімізде Қараадырдан шығып жоғары Ақадырға беттеп келе жаттық. Жолда біз осы ауылдың бір қазағы Жолсейіт баласы Оспанға жолықтық. Ол да жолаушылап, әлдеқайдан ауылына беттеп келе жатқаны екен. Күз болған, жер құрғақ.

Сонау төбе басында екі адам отыр. Бауырында қой жайылып жатыр. Төбе басындағы обада отырған екеудің бірі бізді көріп н.аяу бізге қарай жүгірді-ай келіп. Еңіске қарай түсіп келе жатып:

— Сүйінші, Осеке, сүйінші! — деп айғайлап келеді. Жұлым бөрікті, қоңыр шолақ тонды жаяу бізге жақындады:

— Сүйінші, Осеке, сүйінші! — дейді ентігіп.

— Ал қалағаныңды! — деді Оспан деген сары кісі желпілдеп. Екі езуі екі құлағына жетіп, ыржиды.

— Еркебала ұл туды. Ұлды болдыңыз! — деді жұлым бәрікті.

Оспан «А құдай, ақсары бас!» деп аттан қарғып түсті. Дереу беліндегі кемер белдігін шешіп мойнына салды да:

— Мә, сүйіншің, мына торы атқа мін де, осыған риза бол, Үйніс,— деді. Үйніс кедей адам. Кейін колхоз ұйымдасқан кезде белсенді болып жүрді. Бұл да Еспер сияқты ақ көкірек кісі болатын. Үйніс Оспан түсіп берген торы атқа мінер-мінбесін білмей состиып қалды.

— Мә, ал сүйіншіңді, риза бол! — деп Оспан екі көзінен аққан жасы сақалын жуып кетті. Ат бергеніне сене қоймаған Үйністі Оспан өзі әкеліп мінгізіп:

— Риза бол! — деді. Үйніс шыбын-құйын болып ауылына шаба жөнелді. Оспан екі әйелі бар адам екен. Екі әйелінен жеті-сегіз қыз көріп, ұлды болмаған екен. «Ұл туды» дегенді естігенде Оспанның жүрегі жарылып кете жаздады. Жаяу қалған Оспанға мен Ұлтараққа мінгесіп, атымды беріп едім, ол мінбей, белдігін мойнына салған қалпымен үйіне жаяу келді. Міне, інім. Жақсы лепес шығарып, жақсылықты жеткізген адамға астындағы атын түсіп беріп кеткен қазақты бүгін қасықты қара суды сатып беруге үйреткіміз келеді. Сонда бұл біздің жақсы дәстүрді ардақтағанымыз дей алармысың? Мұндай дарқандық қолынан келген қазақ басқаға жамандық жасамақ емес, ол жақсылық, жарқындық үшін жаратылғандай көремін, мен. Бәлкім, інім, сен Оспанды бір шіріп жатқан бай шығар деп отырған боларсың. Үш жүздей қойы, бec-алты қарасы бар адам болатын. Бай болмағандықтан да ол кейін колхозға кірді. Міне, інім, қазақ дарқандығы, жомарттық-шүленгерлігі осындай еді.

Інім, жігіттің әншейінде бәрі жігіт, басына іс түскенде сонда қиын. Оның жігіттігі де, адамшылығы да ашылады, жігерлілігі көрінеді. Ақылы ақтарылған теңіздей, қайраты қара өгіздей немесе ом пәңгі, ақылы шәңгі делінетін жігіт атаулының бәрі басқа біреудің басына іс түсіп, іргесі сөгіліп, жасы төгіліп жүргенде до сыналады. Басыңа іс түсіп, жаңбырсыз су болып, жазықсыз, төңірегің шу болып, қайратыңды қарыз басып, жаныңнан жолдасың қашып жүргенде кешегі өзің қолыңмен қоқайтып, адам қатарына қосқандардың өзі «сені қай жерде көріп едім» дейді. Тіпті сені жазықсыз жәбірлеп жатқанда кеше еке дескен, саңдақпын деп жүргендер тұңғиыққа түсіп, құрдым кеткендей жоқ болатынын қайтерсің. Нақ сондай бірінсіз-бірі тәтті асын ішпейтін, ішшай деспейтін жолдастар еді Тайшықов пен Оңабай. Бірақ оның баласын, әйелін Тоқаев сабап жатқанда үндемей қарап тұрғанда, інім, ондай достығың құрысын деп тұрдым. Әрине Тайшықовтың ол жерде араласуы жөнсіз болар еді, бірақ Бабажановтың арашасындай арашаны оның жасауына ешкім қой демес еді, оны тентектік те көрмес еді. Әйтеуір Тайшықов мысықтың мияуындай үн шығармады.

Долаңқараны мекендеген Ботпай ауылдары үйлерін тегіс жығып, жүктерін түйеге, атқа арта бастады. Көздерінен сорасы аққан әйелдер, қабағы түскен еркектер. Бірақ ешкім көшпейміз, колхоз болмаймыз демеді. Колхозға ұйысуға қарсы болса, Тойбай туысқандарынша қашып кетер еді, оларды нақ осы бір қарбалас та, қатқыл да шақта ешкім іздеп, құм кешіп, құрдым түсіп, құрық сала қоймас еді.

Бұл ауыл қозғала бастаған соң Берікқорадағы жиырма шақты үйге бармақ болдық. Атқа бұрыла беріп Қамысбаев есіне әлдене түсіп кеткендей Шемишевке бұрылды. Ол:

— Жаңағы Оңабайды, түндегі Құрманбайды, Қонысбай шалды қамауға алу керек! — деп бұйырды. Шемишев үндеместен Тоқаев пен Алматыдан келген қазақшаға жылмайтын милиционер Котовқа қарады. Котов бұрын осы ауданда туып өскен екен, бұл жолы бұрын болған жерлерді көрейінші деп сұранып келіпті. Қой көзді, істік мұрынды жұқа жігіт Котовты білетін адамдар болмады. Кейбіреулерді бұл өзі таныды. Ол енді келгеніне ренжіді. Шемишев екі милиционерге қысқа-қысқа бұйрық берді. Бабажанов түтігіп кетті. Мен де ішім түтін, сыртым бүтін болып, қайнап тұрдым. Тіпті не істерімізді білмедік. Әлі біз бармаған ауыл көп. Соның әрқайсысынан үш-төрт адамнан қамауға ала берсек, қит еткенді ұстасақ олар түрме түгіл Алматының тұғыл-тұғылына сыймас. Қайтпек керек? Қамысбаевқа жауаптассақ сөзді келте қайырады:

— Филип Исаевичтен келген төтенше нұсқау бар. Филипп Исаевич (Шая Ицкович) Голощекин. Голощекиннің аты естілгенде құйқам құрысып-ақ кетеді. Бірақ бүгін соның сөзі сөз. Бабажановқа қарасам, екі көзін сонау Суықтөбеге қадап алып, ешкімге тіл қатпайды. Жүйкелеп тұрғаны белгілі. Қолындағы бауырдақты, елік сапты қамшысымен етігінің қонышын сарт-сарт ұрады. Қап-қара мойылдай көзін алысқа жіберіп, қасы қиылып, шып-шып терлеп тұр. Әдемі қыр мұрынының үсті моншақ-моншақ. Бір көзім түсіп кетіп еді, Нұртас жерден көзін алмай, жусанның сынығымен жер шұқып отыр. Облыстық, аудандық жер бөлімінен келгендер де бірі қолын уқалап, екіншісі етігінің өкшесімен жерді теуіп тұр. Бұдан да қара жер неге жарылып кетпейді, біз неге жер жарығына түсіп, бұл дүниеден ада болмаймыз дейтіндей. Мұндай жосықсыздықты, жолсыздықты көрмей-ақ қояйын дегендей Алматыдан келген екі жігіт — милиция қызметкерлері көзін жұмып алыпты. Қамысбаев жалғыз өзі адам да, басқамыз әруей болғандаймыз, Совет өкіметінің жоқтаушысы жалғыз сол да, басқамыз тименнен туған баладай, шет қақпаймыз. Нe болғаны бұл, сонда? Шамасы біз өзіміз көкірегімізді соғып, большевикпіз, Ленин құрған Коммунистік партияның мүшесіміз деп жүргеніміз бекер болды. Әрқайсымыз өзіміздің коммунистімізге, большевиктігімізге күмәнданып қалдық. Шемишев Қамысбаев бұйрығын орындамайтын шығар деп дәмелендім. Оным есекдәме болды.

Асығыс атқа мінген Тоқаев пен Котов Құрманбайды, Оңалбайды, Қонысбай шалды екі қолдарын артына ұстатып, өздері атты, бұлар жаяу алдарына салып айдап келді. Екі атты милиционердің артында кішкентай қарақат көзді қызын жетектеп зар еңіреп Мәриза келеді. Олардың артында екі құлағындағы қызыл шашақ селкілдеп, күшікше еріп қара лақ жүр.

— Құдай-ау, көрсетпегенің осы ма еді! Оңабай-ау, бізді тастап қайда барасың? Зарлап жүріп, зарығып көрген Камшатты кайтып көзің қиып тастайсың! — Осы сияқты сөзбен сай сүйегіңді сырқыратып, бірде дауыстап, бірде сөйлеп Мәриза зар еңірейді. Ол келе-ақ Тайшықовқа қарап сөйледі:

— Бореке-ау, бұл қалай болғаны? Қара аспан бір-ақ сәтте жауып, қара жамылып қалғаным ба! Құдай-ау, құдай, о қу шұнақ құдай, бұлай құртатының бар, басында неге жараттың?! — Басынан қорыққан Тайшықов көре тұра көрмеген болып теріс айналды. Мәриза қайта зарлады: — Қара лақ құрысын, ол қара пәлені алыңдар да, Оңабайымды босатып беріңдер. О сорлы қылған құдай! Тілеуім бұлай емес еді ғой!..

Інім, осы бір тұста нақ осы көрініске қайғыра да, қызғана да қарадым. Қайғырғаным — осындай адал жары, қаршадай баласы қалады-ау, Оңабайдың десем, қызғанғаным — тұңғиық, терең ділінен тебіреніп айтып келе жатқан, артында қайда кетсе де, тіпті марғау кетсе де осындай шығарда жаны басқа жары қалған идамның арманы бар ма екен деген еді. Егер Ұлтуған өлмей, мен өліп, артымда ол осылай зарлап, екі баламен қалса деген бір қиял мені соғып өтті. Әркімнің өз арманы бар дағы. Ошақ ауыс, қатын күйіс болған сол бір өмірімнің қысталаң да, қапыл да шағы көкірегімді жарып тұрады, қашанда. Көңілімді мәлөлдік басты. Бір сәт Тарлашсөкке мініп, ауданға бір-ақ тартқым да келді, тарығып та, тарынып та кеттім. Денем дел-сал болып, жер тартып барады.

Құрманбайдың қызылбұт екенін жаңа айтқанмын. Ал Қонысбай шалдың ауру кемпірі не халде екен. Үйінде оған қарайтын шалдан басқа адам жоқ екен, сонда бұл қара жүректігімізді жұрт қалай ұғынар екен? Бір Қамысбаев Совет өкіметіне, барлық большевик атаулыға деген елдің сенімін біржола құртты-ау деген күдік көңілімді билеп алды, ол ел басына әңгір таяқ ойнатып барады.

Берікқорадағы ауылға жүріп кеттік. Алдымызға салып үш контрды айдап алдық. Олжамыз мол. Жауды аяқ астынан таптық. Сөздің жөнін айтқандарды осылай тұтқындай берсек, көп ұзамай осы ауылдың тең жартысын шынымен жау етіп, ауданға шағын бір ауыл боп барарымыз күмәнсыз.

Бұл ауылға ауданнан бөлінген өкіл — екі мұғалім Қасымалы Нұрпейісов пен Нығымет Қасқарауов екен. Бұлар бірге ере келген милиционерлерге қарсы тұрып, ауылдың өз еркімен қозғалуына жағдай жасамақ болыпты. Мұндай жайбарақаттықты Қамысбаевтың да, Шемишевтің де жаны көтере алмады. Енді Қамысбаевқа Шемишев қосылып, милиционерлерге зікінеп-зіркілдеп, зәресін алды. Облыстық милиция бастығының жанындағыларға да жан бітті. Олар да шаш алу орнына бас алғандай мінез көрсетті. Олардың өйтпесіне болмады. Өйткені ортасы тай шаптырым екі ауылдың арасында Шемишев пен Қамысбаев солардың жер-жебіріне жеткен-ді. Сондықтан да олар «қап енді, алдағы ауылға барғанда болсын» деген болса керек-ті, аяқ астынан мінез көрсетіп, қатын-баланың есін алды. Сұсты қызыл жағалы адамдарды көрген соң ауыл алғашқы жайбасарлығын қойып, дүрлігіп, дүрмекке ілесіп шалт қимылдады. Түйені тез әкеліп, шомдап-қомдай қоймадың деп Алматыдан келген милиционердің бірі Құранбек деген жігітке бір-екі жұдырық салып жіберді. Маңдайынан дірдектеп қан ақты.

Нақ осы бір сәтте мұны да бір қырыма алып, аяғының ұшынан бастырып қояйын деді ме, Шемишев Бабажановқа ауыз салды:

— Егер сен жұмысты осылай баяу атқарсаң, орныңнан аламын, сен менің көңілімнен шықпайсың,— деді. Бабажанов «сізді» ұмытып, бірден «сенге» көшті және кекете-күле сөйледі:

— Мен сені тыңдамаймын. Менің бастығым жанымда. Қастек аудандық Совет атқару комитеті. Сен мені орнымнан ала алмайсың. Және осы істеп жатқан бассыздықтарың жетеді. Аяқ тарынды тарта басыңдар! — Бабажанов мойыл көзі тікірейіп, мұрты едірейіп қатты қалшылдап кетті. Ол мәрт, өте ала жігіт болатын. Егер шынымен ол қимылдар болса, он кісіге бой бермейтін, жойқын қара күштің иесі еді. Мен басу айттым.

— Әбеке,— деді ол,— ашынып кеттім ғой. Істеп жатқандары зорлық қой. Қарсы болып тұрған адам жоқ, бәрі де колхоз болуға қайылмыз десті. Енді жұртты неге осынша желкелейді, неге қорлайды? — Ол жыларманға келіп тұр. Менен медет тілейді. Мен дес бермедім.

— Құй ашын, Әбдіқадыр, құй ашынба, енді осылай болады! — деп мен оны басқа ауылға жұмсап жібердім.

Бұл берікқоралықтардан да бір-екі контр таптық. Әбдіқадыр сөзіне ашуланып алған Шемишев енді ауыл адамдарын жәбірлей тұрып іске өзі кірісті.

— Тез, тез. Тез қимылдаңдар шешең...,— деп өз адамдарын бірнеше қабаттап боқтап шықты. Сарымағын алдырған өлекшіндей ыңыранып, екі бетінен қаны сыртқа теуіп Қамысбаев тұрды. Мүмкін деп ойладым, інім, бұлардікі де дұрыс шығар. Тығыз тапсырма алған болар деймін. Бірақ Ақсеңгірде суып қалған сыбаға жоқ, істелінбей жатқан, адам қолын, күш-көлік керек етіп тұрған жұмыс та жоқ. Керіш, шер, жалаң қия, жартастан бір і үйде елу-алпыс километр жерге бір болыс елдің жартысын көшіріп бару оңай-оспақ іс пе? Арада батпағы қызыл-асықтан келіп, келе боталанып Қопа жатыр. Оның сорлы батпағынан өтудің өзі мына жаңбырлы, жылауық көктемде бір қиямет, құмыр болған түйеге сілікпе салудай қиын іс. Оның үстіне Алмалы — Молаңқараның жыра-жырасында, қоқты-қолатында ұрат-ұрат рулы ел отыр. Оның бәрін жиып, басын қосып, бір таңда бір сәтте түп көтере үдере көшіру асығып-аптығып бітіруге болатын шаруа емес-ті. Қалай-ақ Қазақстанның бастықтары осы бір жұртты қонысынан қозғау сияқты құшырлы қаракетті елдің талқысына салмай-ақ қызыл бет қазақтың қапыл қимылымен, жұдырығының күшімен, қамшысының ұшымен бітіре салар берекет деп ұқты екен. Дегенмен, інім, партияның игілікті ісіне шәк келтірмей, шек болмау үшін домбыққалы тұрған ел әрекетін ісікке айналдырмауды, дүңкітпеуді, асқындырмауды қарастырдым. Қамысбаевқа душар қылған тағдырға амал нешік, иманыма қамшы басып өтірік айтпағаныммен, ілдалдалап әлеуметтік істі сәтіне келтіруді коммунистік парызым деп санадым. Сондықтан да сөзге баққан адамға жай көзге бадырайып көрінген заңсыздықтың тігісін жатқызып түсіндіруге тырыстым.

Осылай даққа кетіп тұрғанымда жанымызға басында сусар бөркі, үстінде жеңіл қара дұқабадан тігілген бешпенті бар, көзіне көзілдірік киген орта жастан асып кеткен, сақал-мұртын ұқыппен шыққан, мешіттің қалпесіндей бір ер адам келді. Аяғындағы қара етігі де жылтырап тұр. Ол бәрімізбен жалпы амандасты да, арамызда орыстар болғандықтан ба орысша сөйлей бастады:

— Мен медициналық фельдшер едім. Мына қатар жатқан Күрті болысынанмын. Осында бір әйел босана алмай жатқан соң мені шақырған екен. Әйел мен жеткенше дүние салыпты. Мына елдің азаматтары маған сіздерге бір сөзімізді жеткізіп беріңіз деп қолқа салып тұр. Соны айтқалы, аңлатайын деп келдім.— Ол қалтасынан төрт бүктелген беторамалын алып, көзілдірігін сүртті. Сонан соң оны киіп қайта сөйлей жөнелді. Мен оны таныдым. Он алтыншы жылы патшадан қашып жүргенде кездестірген едім. Қожагелді Қилыбаев деген адам. Саясатпен мұқым ісі жоқ, адамгершілік үшін жанын жалдайтын, жаны таза пакиза кісі сияқты еді. Енді, міне, сол фельдшер не айтқалы тұр екен. Ол мені танымады. Бәлкім тосырқамаса да білгізгісі келмеді. Әлде сонысы да дұрыс шығар деп мен тұрдым. Фельдшер неге екенін кім білсін қалтасынан қалам, қағаз алды. Зәуімен әдейі сөйлеуге дайындалып, айтысқа түсуге келген адамдай. Ол сөзін бастап кетті, әлдеқалай Қамысбаев үндемей қалды:

— Бұл Алмалы — Долаңқараны Ботпай болысының жарты елі мекендейді. Таудың қолтық-қойнауында, сонау Айдарке тауына дейін осы ел жатыр. Осы төңіректе, туғанының кіндігінің қаны тамған, өлгенінің моласы бар өлкеде олардың барлығының да азды-көпті, жақсылы-жаманды қора-қопсысы, қыстау-рабаты бар екен. Тіпті қыстауларындағы Домбаев, Дилыбаев, Сәрсенбаев тағы басқа он бес адамның алдының екі-үш десятина, артының он бес — жиырма түп алма ағашы бар екен. Көп адамның қыстауларындағы бұлақ басында, егін салатын тоспа-тоқтауына еккен, бүгінде үй салуға жарайтын ағаштары, тігулі тұрған киіз үйі, дүние-жиһаздары, жазға жарамайтын, қысқа керекті үбі-жүгі, мүліктері қалыпты. Егер жиналыста сөйлеуге мүмкіндік болғанда колхозды осы жерден ұйымдастырса демек екен. Ал сіздер оларды сөйлетпепсіздер. Жарайды деседі олар, біз колхоз болуға бейілміз, бірақ жаңағы дүние-мүлкімізді жинап-теріп, буып-шуып алуға екі-үш күн мұрсат берсеңіздер дейді. Бүгін-ертең көші-қон жайымызды қаузап, Ақсеңгірге өлу үшін емес, өмір сүру үшін баратын шығармыз, сондықтан ол жаққа барғанда да біреу бізге алтын аяқпен сары қымызды сапырып бере қоймас, осы бастан қамалқа жасайық деседі. Міне, осы.

Фельдшер сөзін аяқтады. Шемишев аузын ашып қалыпты. Мен де Қожагелдінің осынша орысшаға жетік екеніне мән-маңыз бермеген екенмін, енді ұқтым, мектеп көргеннің аты мектеп көрген. Бәрін қолымен қойғандай етіп, кімнің киіз үйі, кімнің жазға көшуге жеңілдеп шыққанынан қалған текемет-сырмағы, бірді-екілі арба-шанасы, ауылшаруашылық саймандары қалғанын тізімдеп тұрып айтты. Қожагелді сөйлеп болған соң барып Қамысбаевқа жан бітті:

— Мұны кім айтқызып тұр? — деп сұрады. Орысшасы өте нашар екен, орыс сөздерінің басын жарып, көзін шығарып сөйледі.— Сені уәкіл етіп сайлаған кім. Кімнің атынан сайрап тұрсың? — Қожагелді Қамысбаевтан ығыспады да, айылын да жимады, қайымды сөйлеп, қасқайып тұрды.

— Алдымен «сен» дегеніңізді қойыңыз. Дұрыстап сөйлеңіз.

Әрі-беріден соң менің жасым үлкен. Екіншіден айтқызып тұрған жамағат, айт деп тұрған бір адам емес. Мына артымда тұрғанның әмбесі. Ал айтқаным үшін кінәлі болсам, мені жазалай қойыңыз. Менсіз де үш-төрт адамды қосақтап алыпсыздар ғой,— Мұны Кожагелді тағы да орысша айтты. Арттағы көп ішінде орысша сезетіндер болуы керек, Қамысбаев сөзіне шулап кетті де, үш адам қатарынан:

— Мен айтып беріңіз дедім,— деді бегімсал лыпасы бар, жабырқан жастау жігіт.

— Мен айт дедім,— деді ақсақалды шал. Тіп-тік, сұңғақ бойлы, сақалы күректей, киімі бегімсал, бірақ үсті таза кісі.

— Мен де өтініш жасадым, айтпағанда қарап тұрып өлеміз бe? Ойыңдағыны жасырмай айт деген Совет өкіметінің өзі,— деді киімі нашарлау, жаз болса да қара сеңсең бөркі басынан түспеген адам. Бұл Тайшықовтың сән үшін киіп алған түлкі тымағы емес екенін түсініп тұрдым.

Қамысбаев елді тыңдаудың орнына еліріп, ерегісіп жүріп берді. Бір кезек майлы сірне жеп, енді сол жүрегін айнытып, құсқысы келгендей шытынып, лоблып тұрды. Көзі жұмылып барады. Сонан соң бақжаң еткізіп ежір көзін ашып алып жаңағы соңғы кедеймен егесіп, салғыласып кетті:

— Сен өзің осылардың қолтығына су бүркіп жүрген контр шығарсың, аты-жөнің кім? — деді Қамысбаев.

— Мен су бүркетін етікші емеспін. Онда мынадай етікпен жүpep ме едім. Ал құда түсетін болсаңыз аты-жөнім Темір Бүркітбаев.— Бүркітбаев та қиямпұрыстау қазақ болса керек, Қамысбаевпен дәреті теріс келе кетті. Шамасы «мені отырғызып береке табарсың» деп тұрса керек.

— Қиқағыңды қой, Бүркітбаев, мен сенің қылжақтайтын адамың емес. Әйтпесе алдыма түсесің.

— Сіздің алдыңызда жүрсем болды дағы. Артымнан демеп отырарсыз,— дейді Бүркітбаев. Шамасы байларда көп жалға жүріп байдың кертақыс тоқалдарымен сөз жарыстырып, тақасып үйренген батырсың ғой деп мен тұрдым. Бүркітбаев тағы егесе берер ме еді, қайтер еді, сөзге ақсақал араласты:

— Менің атым Қасым Еренов, Қожагелді біздің өтінішімізді дұрыс жеткізді. Біз контр болатын колхозға қарсы болғанымыз жоқ. Екі күн мұрсат сұрап тұрмыз.— Шалдың сөзі пысық, өзі қунақ екен. Ол антқор кейбіреудей ұзартқан жоқ, тұжырымды, нұсқалы сөз айтты.

— Шал малтаңды езбе. Көш деген соң көшесің! — демесі бар ма Қамысбаевтың. Нақ осы жерде алғашқы жас жігіт шарт кетті:

— Қалай-қалай сөйлейсіз. Тіліңізді тартыңыз, әкеңдей адамға тигізесің.— Ол ұмтылып Қамысбаевқа жақындай берді. Көріне шатақ шығатын болды, жиналған топтың шуы көбейіп кетті.

— Мынаның өзі контр шығар.

— Ой, саппас ай! Нағыз сарамас екен ғой.

— Мұндай большевикті көрмеп едік қой.

— Жұртқа ұрса сөйлеп үйренген бай баласы шығар, бұл. Саданынан бәрі көрініп тұр.

— Бітімінен байқап тұрмын, бір жынды желбе шығар.

Жиналған самарқау жұрт ала қашып жатты. Қамысбаев тізгіннен айрылып, Шемишевті жұмсады. Ол Тоқаевтың құлағына сыбырлады. Қожагелдімен қоса бұл төртеу болып тұтқынға алынды.

Сөйтіп, інім, түске таман зорлықпен жұртты тегіс жолға салдық. Көште бір аттық екі шағын арба бар. Басқасының бәрі түйелі, атты көш. Жаяу-жалпылап келе жатқандар да көп. Жермен қоштасып бір-екі әйел дауыс салды. Біле келсек жақында ғана олардың біреуінің азамат болған баласы — боздағы өліп боздап қалған да, екіншісінің күйеуі қайтқан екен. Ал жұрттың көпшілігі-ақ «көппен көрген ұлы той», өлмесек басқа түскенді көрерміз деп үндей қоймайды, дүрмекке ілесе берді. Қозы көш жерге созылған көштің бастаушысы да, қуғыны да милиционерлер, өкілдер. Ауыл белсенділері аздау, бұл жолы оларға сенім аз болды. Өйткені олардың бірсыпырасы Еспердің өліміне ортақ еді. Көш көңілсіз, інім. Әрине, жұрт колхоз болатын болдық деп қуанулы еді деп, менің саған өтірік айтуыма да болады. Шынында, оның не екенінең бейхабар болса да ешкім ұя бұзған жоқ. Шатақты сұрап алған біз шолақ белсенділер өзіміз. Жерден желкек тапқандай жиырма үш адамның қолын артына қайырып байлап, контрды қолдан жасап алдық. Ең болмаса солардың біреуі. колхоз болуға қарсымыз десе екен. Ондай сыңаржақ адамды мен өз басым кездестірмедім. Ондайлар күні ілгері-ақ колхоздан іргесін аулақ салып, көз көрмес, құлақ естімес жерге, қу медиен құмға құлаған. Олардың біз ешқайда кете алмайтынын білдік, бірақ дәп қазір солардың артына түсіп қуа жөнелу нақ сол бір шақта еренді, құлаққа ілер әрекет болғанмен, шешімін таба қояр, шеруен атар іс емес-ті.

Сен, інім, өйтіп ауданға бастық болып нең бар еді, тек столды күзетіп отырғансың ғой деп отырғаныңды білемін. Інім, біліп отырып істей алмайтын нәрселер өмірде көп. Мен де осы Ботпай болысын колхозға ұйымдастырғанда қан жылап қайттым. Әсіресе жиырма үш адамды қамап, олардың артынан қоржын асынған зайыптарын, бала-шағасын зарлатқанда тірі жүрді ғой деп ойлайсың ба? Әр қайсысын көрген сайын бір өлдім.

Әлі, інім, мен саған ең сұмдығын айтқан жоқпын. Түнделетіп көшіп келеміз. Түннің жарымынан ауған кезде көштегі жұрт дүрлігіп, абыр-сабыр болды да кетті. Қопаға еңкейіп қалғанбыз. Сөйтсек Қонысбай шалдың кемпірі жан тәсілім қылыпты. Болар-болмасқа контр атанып қорқып қалған жұрт оны бізге айта алмай көп ұйлығыпты. Көштің шеруін бақылап келе жатқан Әбдіқадыр Бабажанов бір бөлек көштің тоқтап, абдырап-абыржып алғанын көріпті. Жанына келсе жұрттың қабағы түсін, әйелдер еріндерін тістеп, кимешегінің етегімен көзін сүртіп, үн шығара алмай тұрады. Біле келсе Қонысбайдың кемпірі кеш-жөнекей дүние салыпты. «Тоқтат түйені» деуге ғана шамасы келіпті. Өзі де іші морып, кеуектеніп қалған кәрі тораңғыдай зорға ілініп келе жатқан кемпір шалының қамалуы бар, жол ауырлығы бар үзіліп кетіпті. Көп ауырған адам елді дейік, қарайтын басқа адамы жоқ кісінің жанындағы жалғыз шалын алдық. Бұл кімнің қолында қалады, оған кім қарайды дегенді, тіпті Қамысбаев тыңдағысы келмеді. Өлмесе ома қапсын дейді. Ең болмаса шал бір үлкен қылмыс істеген, қоғамға қауіпті адам болса екен.

Ай жарық, бірақ жартыкеш. Көштің алдына таман бара жатқан бізге шауып Бабажанов келді.

— Қонысбай шалды босату керек, кемпірі қайтыс болды,— деді ол Қамысбаевқа қарап. Қамысбаев адам өлімін шыбын өліміндей көрмеді, үндемеген күйі жүре берді. Шемишев сасыңқырап оған қарады.

— Қатыны өлді деп түрмеден адам босатқанды қайсысың көріп едің. Шал босатылмайды.— Бабажанов та, мен де күйіп кеттік. Екеуміз қосамжарлай сөйледік:

— Ойбай-ау, адам өліп отыр ғой,— дедім мен.

— Тіпті шалдың қылмысы жоқ қой,— деп Бабажанов Қамысбаев жанына төніп барды. Егер, інім, мен енді «Бабажановтікі дұрыс» деген бір ауыз сөз айтсам, онда дүние бүлінеді. Қазір-ақ Бабажанов, Қамысбаев пен Шемишевтің өздерін қамауға алып «шатастыра салады. Оның қанының қайнағаны сонша:

— Әбеке-ау, бір ауыз сөз айтыңызшы! — дейді. Оның не айтып тұрғаны белгілі. Бабажанов мүдәйілік-аярлықты білмейтін, әділетсіздікке шыдай алмайтын, билігі дауға сай, ерлігі жауға сай большевик болатын. Осыған дейін оның революция жолындағы ісінде бір мүкіс-нұқыс болып көрмеген-ді. Шыдам керек, інім, мұндайда, шыдам. Бірақ шыдамы құрғырдың да шегі бар ғой. Сол шыдам менде де таусылып бара жатқандай еді. Қамысбаев:

— Немене, Әбеке, Әбеке дейсің. Мұнда қожа біреу. Қонысбаев қоғамға қауіпті адам. Ол колхоздастыру ісіне қарсы болды, ол сотталуға тиіс,— деді. Бұл сөз ауыр болса да менің намысыма тиген жоқ. Өйткені біз істеп жатқан зор партиялық-мемлекеттік шара бір кісінің басындағы намысқа қарап шешілсе, онда ол бар маңызынан айырылады. Оның үстіне, інім, әр қайсысымыз өз намысымызды ойлап, бір күндік жағдаймен өмір сүрсек, онда коммунизм үшін күресімізде не мағына қалмақ. Әрине, Қамысбаевтың ісінің көбі заңға да, адамшылыққа да томпақ екенін біліп тұрдым. Егер ол ісік-лоқыны осы жерде жарар болсақ, ол оташы-дәрігері жоқ жерде жарылған мандамдай бүкіл Ботпай болысын, Қастек ауданын былғап кетер еді. Өсетін елдің баласы ерге жүзіп ту алар, енбейтін даудың ізінен өспейтін жігіт қуалар. Бұл жерде ондай ши шығару әлеуметтік шараны бүлдірмегенімен біздің пайдамызға шешілмес еді. Осыларды ойладым да Бабажановқа ақыл бердім. Кемпір Қопадан өткенше түйеге артылған күйінде келіп, Жиренайғыр өзенін кесіп өрге тартқан беткейдегі Ақмолаға таң қылаң бере, сахарда жамбасы жерге тиді. Сөйтіп кемпірінің өлігінен арқан бойы жерде тұрып Қонысбай шал моласына бір уыс топырақ сала алмады. Інім, бұл адамзат баласының қай жердегі, қай елдегі заңына салсаң да ешбір статьяға сыймайтын, адамшылықпен қоңсы қона алмайтын жағдай еді. Өмірімде орынына келтіре алмаған шаруам көп шығар, інім. Қанша жердей от оттап, су ішерімізді кім біледі, бірақ осы кемпірдің өлімі коммунистік көкірегіме қадалды да тұрды. Бәлкім, інім, Қонысбайдың кемпірі көшпей отырған еру жұртында да өлер. Қайырға біткен шынар, бітсе күні сынар. Дегенмен адам өлігін көмдірмейтін коммунизмді кім қоштай қойсын. Қамысбаев осындай нәмәрттік жасады.

Көкдаланың желкесінде аппақ таң атты. Сахарда атты бұрып көштің алдынан артына көз жібердім. Жиренайғырдың желкесінде Ақмола деген биік бар, одан көз тастағанда алды домалап Көкдалаға көтеріліп қалған көштің арты әлі қиыр-шиыр болып Қопадан жаңа шығып келеді екен. Бұл коммунизмге қарай шеру тартқан көрім көш еді десем, әрине, саған ұнарын білемін. Бұл көш бартал тарттырған қазақтың көшінен гөрі салабалау, қоңыр төбел, жарқылы-жарқыны жоқ, шұбырынды көшпе-долылардың жүргініне ұқсар еді. Еру кезде ел жақсы, шеру кезде көлік жақсы. Көлікті көш, көрікті көш. Малсыз ел шолпы тартып қалып еді. Өйткені бұрын қазақ көшінде жаяу-жалпылы адамды кездестірмейтінсің. Ал мына біз жау тигендей үйді сыпыра жығып, үйелменін алғызбай сыдыра көшірген көшіміз «көш көлікті болсын!» көші емес, ақтабан шұбырындыны еске салып тұрғандай еді. Оны кім көріпті дерсің, інім. Оны ақылмен білу керек. Өйткені мен ес біліп, етек жапқалы қазақ көшінде жаяу адам кездестірген емен. Оның екі себебі бар. Ол тіпті де қазақтың бәрі жетегінде аты, көңілінде шаты бар еді деген сөз емес. Ең алдымен бұрын елде мал көп, өзінде болмаса көшке көліктің майын сұрап мінеді. «Атыңның майын берші!» дер еді қазақ. Майы — мінгенде мықтағанда аттың аритыны. Мүмкін бұл біздің халқымыздың артықшылығы шығар, әлде жерінің кеңістігінен, елінің ниетінің кеңдігінен, бәлкім жазылмаған заңынан, жөргегінен-таңынан шығар, ешбір үйді жұртта қалдырмайтын. Сұлыбынан қайырымдылығы дер едім, мен. Әдейілеп жатақ жатып, егінін күтіп қалатындар болмаса, жаз-жайлау пейіл-береке көремін дегенді көптеп-көлемдеп алып кететін. Сондықтан да көште жаяу адам кездеспейтін, сондықтан да мына көш шұбырынды сияқты еді. Табаныңнан сапқыр деген осы болды.

Қазақ «бидайды қуырған тауысады, жылқыны шұбырған тауысады» демей ме. Сондағысы басынан пішіліп, кесілмеген, алдын ала ойластырмағанда аяғы құт болмай, жұт болатынын айтқаны. Егер інім сол Ботпай елін отырған жерінде мейілі колхоз, мейлі совхоз ұйымдастырсақ, ең болмаса жау тигендей жұла қашпай, үдере үркітпей, еркімен кешіп, шеруін ерулеп тартса да халқы кейін соншалық қысылып, соншалық нәубетке ұрынбас еді. Ал біз еру елге сүрен салдық қой.

Күн шыға көштің алды Ақсеңгірге жетті. Түске таман Күрті өзенінің сол жақ беті — жонсауға, асқа тіккендей, жапырлаған қазақ үй болды. Қатарланған қазақ үй — бес жүз түтін, Еспер атындағы колхоз не алдында малы жоқ, не салған егіні жоқ, кәсібі тағы жоқ қаздай тізіліп қалып бара жатты. Біз сарамас Қамысбаевтың қара жүректігін арқалап ауданға тарттық. «Жаз жазыл». Ал қыста бұларды қайтер екенбіз деген күмәнды ауданға арқалай кеттім.

* * *

Егер біз сол кездері істегендеріміздің бәрін айтар болсақ, інім, сенің кәрің келер. Көзі Дағыстанның нәркесіндей болып тұрып-ақ өзі шыққан қара қазаққа қаттық жасап, қатты сөйлегендерді, олардың діліндегісін де, тіліндегісін де ойына қондырып, өкіліне түсіріп тұрып-ақ, адамша айтып түсіндірудің орнына өгізше өңкілдетіп қуып жөнелгеннің талайын кердік. Соның бірі қызтәлақ Қамысбаев еді. Ол Ботпай еліне қатты нәмәрттық жасады. Өзен, г ала бойына қыста қайнасып мұз қатар еді. Алдын мұз байлаған і ала суы бір жерден сыртқа шығып, қызылсу мұз үстін қаптайды. Ол кейде өткел үстіндегі ойдым мұзға дере болып жатады. Өткел үстіндегі дере жолаушының жолын байлайды. Егер біздің игілікті, үлкен, социалистік-әлеуметтік шараларымызға кейбіреулердің зияны тиді десек, жолымыздағы сол дере жаны ұсақ, адымын иршындап, алшаңдап баспай, мимырттаған, адамсыған адамсымақтардың пиғылынан туған қылықтар еді.

Қызылсудан тұрған дереге байқамай аяғын тығып алған адам сасып-салбырап жүріп, тайып, сақылдаған сары аязда құзғындап жатқан қабыспай қалған қауызға қойып кетіп, жылымға жымып жөнелетіні болады. Тексіз йен адамдардың сондай әдейі жасалған дересінен су түбіне кетіп, қайта бұл дүниенің жарығын көрмейтіндер қаншама. Олардың кейбірі ол дерелерді өзінің күн көрісі үшін, сопа басын күйттеп, көре-біле тұрып жасаса, енді біреулері осы жерден социалистік қоғамның алып денесіне бір жарықшақ түсірсем, сол жарықшақ үлкейіп оған бір ойсырау туғызбас па екен, сөйтіп бұрынғы жеке меншіктік заманға қайта айналып соғып қалмас па екенбіз, деген есекдәмемен, арам пиғылмен жасады. Осының қайсысы болса да біздің көшімізге көлденең тұра алмады, тегеурінімізге шыдамады, тегенімізге төтеп бере алмады. Өйткені жалпы халық Совет өкіметін қолдады, бұл жаңа заманда біреуге біреу кіріптар болмайтынын, біреуді біреу қанамайтынын, біреудің еңбегін біреу жемейтінін, енді бір ауылда, бір шаруашылықта, бір ауданда бір-ақ адам қожа болмайтынын сезіп, аздап болса да біліп, көзі жете бастап еді.

Сонымен бұрын Ботпай болысы аталып келген елді тегіс Күрті өзенінің екі жағына кешіріп келдік. Алмалы — Долаңқарадан келген бес жүздей түтін өзеннің батыс жағында жонсауда шыжандай болып отыр. Елдің көптігі сонша көшіп келіп еруленгендер жомарт, береген үйдің дастарқанына төккен бауырсақтай қаптап жатыр. Інім, ауданның тау бауырын, төскейін, сағада жатқан елін колхоздастыру осынау екі болыс ел — Күрті, Ботпайды колхоздастырудан әлдеқайда жеңіл болды. Егер Күрті болысын қонысынан тұтас қозғап, көшіргенімізді айтар болсам оған тағы екі тәулік керек болар еді. Сондықтан жартылай көшірілген ботпайлықтардың бір-екі есте қалған елестерін әңгімелеп берейін. Егер, інім, менің әңгімем іш пыстыратындай, мылжыңдау болып кетсе, онда ұятты қойып, бұныңыз маған ұнамайды деп ашып айт.

Анау көгеріп жатқан Ұзынағаштың аяғында он алты шақырым жерде атақты Байсейіт батырдың бейіті бар. Мен оны кеше саған айтқанмын. Інжірді алып қашып, елден шығып бара жатқанымызда Ұлтарақ үшеуміз оның басына түскенбіз. Сол бейіттен саланың ағысына қарай, төмендете сонау Ақсеңгірдің аяғындағы Қаракөлге дейін Күртінің екі беті, қолат-қойнау, жыра-жыра тегіс қыстау болатын. Тіпті өзеннің шығыс бетінде Сиыршы сіләні атанатын, кәдімгідей көше қылып салған қыстақ, кедейлердің-ақ бау-бағы, егін-төгіні, арық-тоғаны, боғатты албары, еккен талдары бар-ды. Төмендеген сайын ол қыстаулар сиреп барып, жалпы жайылым, еріс-қоныс болып жарамықталатын. Өзеннің сол қанаты Байсейіт бейіті бар, ақ тұмсықтан бастап үлкен бір қойнау Дода иіні аталады, Дода аталатын бұл ауылдың атасы Жәнібек деген кісі бөркінің төбесінен жүні шығып додаланып тұратын кедей екен. Содан барып Дода атанып кетіпті. Сол кедейлік ұрпағына да мұра болып қалып, бар тұқымы көбіне жатақ жататын, азғантайдан болса да егін салатын, күш-көлігіне жететін жоңышқа-бедесі, қонақжай кәдесі болатын, шетінен ақын, ойымпаз-сауықшылдау келетін. Егер қазақ «ер жігіт мал табады жаяу жатып» десе, тура осы ауылдың адамдарын айтқандай еді.

Олар қыс бойы шілге тұзақ, күзенге қақпан құрып ермек қылатын. Қуатын түлкісі де, тыйылмайтын күлкісі де бар еді. Егер Маркс күлкі де бір революциялық жай десе, ол да осы ауылға келер еді. Бірақ сол күлкіні біз пышақ кескендей тыйдық. Тұғырда тұрған жаяу салар қиғағын да, аспандағы аққуға қоспағанмен, баяулатып-жаяулатып айтатын әнінің ырғағын да біз құрттық, үш-төрт жылға ұмыттырдық. Өйткені жерге егін салуға тыйым салдық, малын тартып алдық, қолдарында тігерге тұяқ қалмады.

Ауданда болып жатқан жағдайға, әрине, аудан басшысы жауап береді. Бірақ екі жүз-үш жүз шаршы километр жерде болып жатқан жайдың бәрін біліп болармысың. Оның үстіне бар мәселені мен ғана біліп, мен ғана шешем деп отыру мүмкін бе? Совет мекемесіндегі адамдардың әрқайсысына бөлінген участок, берілген тапсырма бар, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, олардың бәрі өз ісін өздері білгенінше шешіп жатады. Ол кездегі істің әмбесін мүлтіксіз біткердік десек, тіпті де орынсыз болар еді. Қыбайда қияуы бар, жырақта қыстауы бар ағайын қанша. Соның қабасын шама-шарқымыз келгенше Советтер ісіне тарттық. Бұрынғы елдің қоры, бастан шоры делінетін кейбір сорсопақтарды Совет өкіметі қолға алып, қолпаштап, қошамет көрсеткен соң әжептәуір жанданып, жалпы ісіне араласып, белсенділік танытып жүрді. Ондайларды кейде бай таптан шыққан ақын-сүрейлер іліп-қағып, қағытып өлеңге де қосты. Мысалға мына бір-екі ауыз өлеңді айтып берсем де болады:

Оралбай омырайған өзі дардай

Күзеген көнтек-қотыр қара нардай,

Жасы келіп қалғанын ойламайды,

Комсомол жас өспірім балалардай.

Арба майлап, қи құйған Оралбайды,

Өкімет қосып қойды қалың шаңға-ай.

Отыз бес жыл қой баққан Сатыпалды,

Бұл дағы жетік бопты закон-заңға-ай.

Киіз етік, жаман тонды кедейіңнің,

Енді үстінде наржүн шекпен, болды сандай.—

— Міне, інім, бұл өлеңге түсінік беру артық та. Бұрынғы адам қатарына қосылмағандардың наржүн шекпен киюге жеткенін, заңнан хабардар болғанын айтып тұр. Тіпті Оралбай жасы келіп қалғанына қарамай жастарша құлшынатынын, өмірінің көбін қой соңында өткізген Сатыпалдының енді заңды білгенін, белсенділігін аша түсіп тұр. Расында Совет өкіметі болмаса Сатыпалдылар сол бір күйінде, қосағасының босағасында мықтағанда қосшы болар еді.

Сатыпалды жоғарыда аталған Дода ауылындағы Бітен дейтін байдың қойын бес жасынан отыз бес жыл бағыпты. Оның момындығын ауыл былай әңгімелер еді: Бір күні бай таңертең жұқана жеп болған соң, тісін тазаламақ болып аршасын іздейді. Аршасы табыла қоймайды. Есік алдында көзге түсе кеткен Сатыпалдыға:

— Тісімді шұқиын бір жусан әкелші,— дейді. Сатыпалды кетеді. Бай күтіп отырады. Сатыпалды жоқ. Содан кешке бір-ақ қайтыпты. Сөйтсе бай тісін шұқитын жусан таза болуы керек, ондай жусан ауылдан, мал өрісінен аулақ, жел жортпаса, жан жортпаған жерден ғана алынса керек деп ұзап сала беріпті. Бұл тіпті нақ солай болмаған да шығар, Сатыпалдының қой аузынан шөп алмайтын момындығын көрсеткісі келгеннен айтылса керек-ті. Оның үстіне кедей деп кекетіп те отыр. Дегенмен шындығы бар. Міне, сондай момындарды Совет өкіметі оятты, көзін ашты, көкірегіне сәуле салды. Бұл Совет өкіметі жеткізген, белсенділігін көтерген, желпіндірген, жетістірген бір Еспер Қожақов қана емес, ондай оқиға бұқаралық сипат алғанын, талай құрдымды, «жарымаған-жалшымаған, жерді мініп жыланды қамшылаған» талайды жеткізгенін, олардың кеудесіне нұр құйғанын паш етеді. Сол тіс шұқитын жусанды бір күн іздеген Сатыпалды кейін колхоз ісіне белсене араласа жүріп, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. Артында бала-шағасы қалмады. Осы екі кедей де жоғарыда айтылған кедей ауылдікі еді.

Өлеңдегі Оралбайды көргенім бар. Ол шынымен-ақ күзеген нардай, мойыны сорайған, тамағындағы бұдырмағы сөйлегенде жоғары-төмен жүгіріп тұратын жасы сол кездерде елуден асып қалған кісі болатын. Інім, «елу ердің жасы» атанғаны қазір. Тұрмыс біршама жақсы-жарасты болғанда адамның жасы да ұзарды. Сондықтан елу қазір онша көп жас емес сияқты. Әйтпесе ескі ауылда қырықтан асқан адамды қырқылжың тартты деп есептейтін. Сонау үркіншілік жылы қашып жүріп Әжіке ауылына келгенімізде Сұлтан деген бір жігіт қырық тоғыз жасында, мүшелінде қайтқанында біреулердің «жақсы жасады, арманы жоқ» деп жатқанын естігенім бар-ды. Енді өзіміз алпысқа келгенде сол қырық тоғызға көзім түссе, оны қылшылдаған жігіт екен-ау дейтін болдым. «Отызда жанып тұрған шырақтайсың, қырықта атқа салған құрақтайсың» дегендікі дұрыс шығар деймін. Сол Оралбай елуден асып қалса да Совет өкіметіне көп көмек жасады, белсенділік танытты.

.

..Ол кезде мен ірі байларды конфискелейтін комиссияның мүшесі едім. Осы Ботпай болысында жүргенбіз.

Сахарда Федор Неизвигин екеуміз жатқан үйдің есігін біреу ашты. Біз әлі төсектен тұрғанымыз жоқ. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендейін біз аса сақ жүретін кезіміз. Қазақ үйдің есігі ашылысымен-ақ тор алдында жерде қатар жатқан екеуміз де басымызды көтеріп алдық. Өңкиген, тіпті шынын әдемілемей айтсам құлқиған бегімсал киімді біреу кіріп келді. Ол:

— Ассалау...— деп тілі жаңа шыққан балаша сәлемінің жартысын айтты да — мырзалар әлі ұйықтап жатыр екен ғой,— деп тоқтап қалды. Басымызды көтеріп алған бізге ол бір қарады да, ұрыларша үйдің ішіне тегіс көз жүгіртіп шықты. Іле кететін ештеме бар ма екен дегендей. Мүліксіз, қаңыраған бос үйде бұлар неге жатыр дегендей таңданып тұрып қалды. Неизвигин мұны сөйлетпек болды:

— Бізде шаруаңыз бар ме еді?

— Иә бар. Мына кісі де естісін,— деді ол, біреуіне айтсам жасырып қояды ма деген кісіше.

— Ия, айтыңыз,— деді Федор,— отырыңыз. Босағаға сүйеніп, ол тақыр жерге отыра кетті. Қоңыр сабалақ теріден тіккен құлақшынын қолына алды. Шашын ұстарамен қырғызған екен, бұл күнде өсіңкіреп кетіпті. Мұрты да, сақалы да қаудиған. Ол бас киімін алып оң қолымен басын бір сипап өтті. Қолы көсеудей қап-қара. Өзі солай ма, әлде күзгі суықтан ба саусақтарының көбесі сөгіліп, өсіп кеткен тырнақтың әрқайсысының асты көкпеңбек болып көрінді. Кедей және жалшы деп шамаладым. Ол ешкімді жамандамады, көргенін ғана айтты:

— Жалғыз бием жоғалып соны екі күннен бері жаяу іздеп жүр едім, мына Ақсеңгірдің Жыңғылдыға қараған бетінде, екі белдің астында иесіз, бағусыз төрт қора қой көрдім. Шамасы «қасқырдан қалғаны менікі» деп айдап тастаған болуы керек. Басқа айтарым жоқ.

Мәселені біз сол жерде-ақ шешіп, оны осы ауылдың байларын конфискелеу ісіндегі өзіміздің көмекшіміз етіп алғанбыз. Есік алдынан милиция қызметкерін, тағы екі жігітті шақырып, Оралбайды қосып жіберсек, шынымен төрт қора қой — екі мың жиырма үш тұяқ. Қойдың ені біз конфискелеуге тиіс Ботпай болысы байларының малының еніне келмеді. Сонда оны Еспер қарап жіберіп, сол құлағы ойық, оң құлағы тілік, бұл Айқым Таңабай ауылынікі деп табанда анықтап берді. Бірақ қойға ие шықпады. Сондықтан Сартжан Сұраншиевті шақырып алып, (сол кездегі Ботпай болысы) акт жасатып қазынаға кірістегенбіз. Осыдан кейін-ақ осы елдегі біздің көз-құлағымыз болған...

«Өткір қырғыш қазанның түбін теседі». Осындай кедейлерден алған кеңесшілеріміздің кейбірі сарымақтай азулы бола жүріп, қасқырдай қорқаулық жасағанын қайтерсің. Алдымен ірі байларды конфискелегенде бізге ере жүріп, жұрттан пара жеп байып кетіп, коллективтендірудің кезінде олардың кейбірі жылп етіп, үстем тап жағына шығып алды. Ондай қып-қызыл белсенділердің Есперді өлтіруге қатысқанын айттым. Біздің ішімізге кіре жүріп түпкі бүйенінде құрты быжынап қайнап жатқандарды тауып алып, қыт-қыттап, «сен-ақ елдің серкесілеп» бізге айдап салды.

Сондай аңғыртқа ұшып, қолтығына су бүріккен тап жауының сөзіне еріп Совет өкіметіне қол көтергендердің бірі Асанжан болды. Асанжанды да көргенім бар. Сонау жылдары Алматыға қашып барғанымызда, мен Тарланкөкті алдырып іздеп жүргенімізде ұрылар арасынан көрген едім. Жылмақтай, көз еті ісіктеу, екі жағына пышақ жанығандай, иегіне бір тал қыл шықпаған көсе, сіріңке қара жігіт болатын. Ол кездері жас еді, біз құралпы. Алмалы — Долаңқарадан осы ауылды көшіргенде де ұшырасқанмын. Е, шамасы ұрлығын қойып адал еңбегімен күн көрмек болған ғой деп қойғанмын. Ол көре тұрып, мені танымаған садан көрсетті. Бәлкім ұрлығымды бетіме басар деп қаймықты ма екен деп мен де түк байқамаған әлпет таныттым.

— Малын алған соң бұл ел қалай күн көреді,— деген еді сонда ол төңірегіндегілерге қарап.

— Сен күн көресің ғой. Аспанда көкшулан, жерде Асанжан аштан өлуші ме еді,— деген көзі алақандай, уыздай бозбала жігіт.

— Қойсаңшы бала,— деген сонда Асанжан, ашусыз,— сендердің ала жіптеріңді аттаған жоқ едім ғой. Әкең Совет өкіметінің оң кезі болды деп сен де мені иықтағың келеді, ә!

— Осы елде екі тайдан озған құнанның адымын аштырмай құртқан сен едің ғой, енді моп-момақан бола қалыпсың.

— Қой, Бейсенбай,— деген Тайшықов жас жігітке бұрылып.— Бұрын болса болған шығар. Енді ол райынан қайтты. Ескі жараның аузын тырнаудың не қажеті бар. — Е, бұл ұрлықтан бейдама болған екен ғой деп менің Асанжанға ішім жылып қалған. Енді, міне, сол Асанжан колхоз ұйымдаса салып, бүлік шығарып жатыр дегенде тітіркеніп кеттім.

— Қалай болды деп еді, әлгі Нұрқалық,— деп Шұнақ сәл көзін жұмып отырып қалды. Әлденені есіне түсіріп отыр. Мен шал ойын түгендеп, өкіліне түсіріп алсын деп оған қарамадым. Шұнақ көзін сонау Ақсеңгір тұмсықтарына тастады. Асанжан көтерілісті сонда қазір жасап, бұл бір төбеден соның аңысын аңдып отырғандай. Ол шүңіректеу көздерін даладан алмай, сол жақтан көтеріліс айқасын шолғандай, кәдімгі футбол алаңынан репортаж жүргізіп тұрған журналистей оқиғаны тізіп айта бастады.

Көзі сонда, далада.

— Июнь айының ортасы, даланың майдай есіліп тұрған балауса шағы еді,— деді Шұнақ.— Көктемнен-ақ жаңбыр жиі себелеп, әсіресе түнде жауып, күндіз ашылып, жер ындыны бір қанып, жусан бүрлеп, раң, қасқалдақ тегіс ұшқан. Даланың әрі кіріп, әр жерден шытыр екі-үш жапырақ тастап, бірлі-жарымды қызғалдақ бас жарып, дала қырмызы тартқан. Алғашқы ебелек киіздей қаптап келе жатқан еді. Жонсауда жиі отырған қаптаған қазақ үйлі ауылға бірі ұзын, бірі тапалтақ екі кісі бінә бола кеткен де, Асанжан үйінен көріне бастаған.

Бұрын Асанжан үйіне мұндай бейтаныс кісілер пайда болғанда ауыл ашық айтпаса да, біріне бірі сыбырлай, жыбырлай жүріп, бәрі де Асанжан үйіне келгендерден құлақтанатын. Сонан соң-ақ олар «өзіңе өзің мықты бол, қоңсыңды ұры тұтпа» деп малын байлап-жайлап, арқандап-кісендеп дегендей көз алдына ұстауға тырысатын. Бірақ ол кезде ондай Асанжан сыбайлары жалпы мал — қапелімшіл, желқуық байталды менсінбейді, бәйгеден озған еңіреу-жүйрікті, желқабыз, таспадай талан, су төгілмес жорғаны, шаңы ілеспес жармажалды алар еді. Және олардың алғаны бұл Асанжан ауылынан алыстау, пәлен ауылдың бәйге торысы, жорға күреңі болып шығады. «Алып кетіпті» деп дақпырты ғана естіліп жататын. Қашанда қазақта ұрының бәрі қауымда, бірі ауылда. Бұрын Асанжан үйіне келгендерден ауыл-үй іш жиып отырар еді. Енді не? Ауылда тышқақ лақ та жоқ. Секектеп, екі құлағындағы қызыл шашағы селпілдеп Камшаттың қара шікірәсі ғана жүгіріп жүруші еді, ішетін сүті болмаған соң ба, әлде Камшатты үйіне тастап, апта сайын Мәриза ауданға кететін болғандықтан күтімі болмады ма, қара лақ та екі-үш бақырып өліп қалды. Өлген лақты мойнынан құшақтап Камшат бие сауым уақыт жылап отырыпты... Ауыл адамдары бұл жолы Асанжан сыбайлары қай бір малымызды алып, басымызға азар берер деп қысылсын, олардың келген кеткеніне де көңіл аудармапты. Тек екеудің бірі — тапал қараның бір ауыл сыртына шыққанда жанындағыларға «Ақкөлде, Созақта, Таласта колхоз болмаймыз дегендер көтеріліс жасады, сендер неге қарап отырсыңдар» дегенін Бейсенбай естіп, Нұрқалыққа ертеңіне айтыпты. Нұрқалық оған үндемепті. Қазіргі колхоздастыру жағдайында кім не демейді, сандырап жүрген біреу шығар дейді де, жөніне кете барады. Өйткені інім ол бір шақта әлі екі елі ауызға төрт елі қақпақ қою, сен сияқты тумай жатып аузын бағатын адамның аз кезі. Біреу Совет өкіметін мақтап, енді біреу іске алғысыз қылып шенеп жататын. Мысалы сол кездері өмір сүрген Күрті болысының азаматы Байғазы ақын, кеше оны айтып едім ғой, колхоз туралы былай деп өлең шығарыпты:

Қайтемін мұндай болса қалқозыңды,

Қағазсыз жібермейді салт өзіңді.

Белгілі белсендіге жақпай қалсаң,

Бес тиынға сатады малша өзіңді.

Олсыз да жүргенімде далбасалап

Шарт бұзып кетер ме екен, шалт төзімді.

Інім, байқап қараған кісіге осының арғы жағында көп мән жатыр еді. Бір Байғазы емес, жұрттың бәрі далбасалап қалған-ды. Далада істейін десе жұмыс, кәсіп жоқ, үйіне келсе бала-шаға аш, өңмендеп отыр. Және осы қу далаға елді қамап қойдық та, анықтамасыз бір адам аттатпадық. Әрбір колхозға колхоздан қашып көшіп кетпесін деп екіден, үштен атты қарауыл сайладық.

Олар түнде көше қашқандарды ұстап, кеңселерге әкеледі. Қашпақ болғандарды белсенділер ұрсып-ұрсып қайтарады.

Ұзынды-қысқалы екеудің Күрті өзенінің батыс жағындағы Еспер атындағы колхозға келуін көп ешкім байқамайды. Сол күні кеште ауыл арасы сыпсыңдаған сөзге құлақ түріп, ауданнан өкіл келіпті, олар колхоз болмаймын дегендерге рұқсат беретін көрінеді дегенді естіп, олар түскен Асанжан үйіне жүгіріп келіп жатты. «Ел құлағы елу». Сымсыз телефон-ақ бұл сөзді сонау Байсейітте, Дода иінінде жатқандарға дейін хабарлады.

Жотаны жағалап, иінді кемерлей жүрген «Алтын арықты» жағалай отырған ауыл адамдары қас қарая Асанжан ауылына жиналып-ақ қалды. Айсыз, дала түні, айдың кешесі. Біреуді біреу дауысынан, сөзінен танымаса түстеп, түгендеп болмайды. Екі-үш өгіз мінген адам бар. Әлдеқайдан келген аттылар да қаптап жүр. Оларды танып, біліп жатқандар да шамалы. Аттылар аттарынан түспеді, ал өгізді үшеу танауын тесіп өткізген шүрекке байланған бұйданы ұстап, қара жерде жатыр.

— Ей, ауыл үстіне ат ойнатып жүрген бұл қай тентектіктерің,— деп еді қисайып жатқан біреу, оған ат үстінен біреу қатты кетті:

— Тентегің не, ей! Тіліңді кесейін бе!? — Жерде қисайып жатқанның жүйкесі жұқармаған, кешілдей көнтерілі біреу болуы керек, оған онша шамданбады.

— Ойбой, мынауың бір кесір ғой,— деді де тына қалды. Одан әрі сөзді көбейтпеді. Бірақ ат үстіндегінің бірі қайта сөйледі.

— Қасаласып жүргенде қан төгуге дайынмын. Қаныма қарайып жүргенде шалулы сөзіңді қой, бауырым. Ал өңдігімді солдырып, астымдағы ардакүреңді болдыртып ойнап келіп тұр деп пе едің.— Артта отырған екеудің сыбыры естілді: «Ойбай Тойекемнің адамдары екен ғой». «Ойпырмай, жер түбінен, сонау Текеліктің Қара адырынан келген ғой». Шамасы бұл сыбырдың иелері Тойбай байдың қай жерде жүріп, қай өзеннен — саладан су ішіп жүргенін анық білетін, іштен іріңдеп жүргендер болса керек.

— Бастамаймыз ба? Жұртты тегіс жинаймыз деп тұрып, күлкімізді тыя алмай қалып жүрмейік.

— Тойекең сөйлемей-ақ қойсын.

— Жоқ, Тойекең сөйлемесе бізді кім тыңдамақ.

— Оның шекпенін ауырлатып қайтеміз. Әлгі. Алматыдан келгендерге айтқызайық. Оларды ешкім біліп жатқан жоқ.

— Жарайды! — Бұл сөздерді айтушылар ат үстіндегілер. Сәлден соң үйден бір топ адам шықты. Кешегі келген бір ұзын, бір қысқа алға тартты. Тапалы ілгері таман тұрып сөз бастады.

— Ағайын, аттан май кетті, елден бай кетті, басымызға тілеп алған пәлекетіміз жетті. Ертеңіміз ерлікке емес, шерлікке толы болмақ, бәріңнің бір тесікке көз тігіп, бір қазанға қарайтып күнің алыс емес. Аша тұяқтан ажырап, болдыңдар, ертең қатын-балаңа не болмайсың. Бәрі ортақтасады. Кеше Оңабайдың қызының қара лағын бермедің деп оны қамаса, қарыс жерде тұрған Қонысбайға қатыны өліп, қалмені бұзылғанда бір уыс топырақ бұйыртпаса, сөздің жөнін айтқан Қожагелдіні, Құрманбайды қамаса, мұндай қалқозың қатыгездіктің қара ордасы емес пе? Қалқоз болу өз еркіміз екен, ертеңнен бастап қыбайда қалған қыстау-қияуымызға қайтайық. Азар көріп, азат болғанша, басымыз байлауда болғанмен малымыз айдауда болғаны жөн емес пе. Менің айтып тұрғаным сендердің қамың, бәрі қара қазан, сары баланың қамы. Менің тілімді алатын болсаңдар айтатыным сол.

Өгіздінің бірі өгізін «өк-өктеп» итіңдеп ілгері келді де, түсіп жерге жамбастай жата кетті:

— Ой, сен кім едің, бізге ақыл айтатын? — деп сұрады өгізді колхоздың азғантай егінінің сушысы Төлентай. Мұның сұрағы аттыларға ұнамады, біреудің дауысы қатты шықты:

— Жатқан жерінде жайратшы, қызтәлақты.— Өгізді орнынан көтеріле берді. Бірақ оған ешкім ұмтылмады. Тапал қара түнді түріп қайта сөйледі, көп ауырлықты мойнына ала сөйледі:

— Мен облыстан келген өкілмін.— Көп ішінен бірнеше адамның сөзі қоса естілді, біраз адам даурығып кетті:

— Облыстан жаяу келдің бе?

— Қалқозды тарату үшін облыс жіберді ме?

— Қалқозды тарат деді ме?

— Ой жаның шықсын! — деп біреу ілгері итіне түсіп отырды.

— Мынау бір залым шығар, бізді бірдемеге ұрындырмақ.

— Сөйлетсеңдерші-ей, естиік! — деді тағы біреу. Қобырап, даурығып кеткендер сабыр суын жинап, саябырсыды. Облыстан келген жаяу өкіл сасып, салбырамады, қайта кергіп, тамағын кенеп-қырнап, жөткерініп, дауысын бекемірек шығарды.

— Біз Алматыда көп сөйлестік. Бұл елі үшін еңіреген ерлердің келісімі-нарадуы. Мен осы істі біткермей сендердің араларыңнан кетпек емеспін. Сендердің қайтадан ел болғандарыңды көргім келеді. Қалқоз деген кері кеткеннің ұйымы і кен. Ендігісін өздерің біліңдер! — Оның бағанадан бергі сөзінен «Ендігісін өздерің біліңдер» дегені өтімді болды. Өйткені кейбір көркөкіректер:

— Е, сөйтіп жөніңе көшсеңші — десе, енді өгіздінің бірі:

— Біз әлі қалқоздың не екенін білгеніміз жоқ. Оның жамандығына көзіміз жеткен жоқ, жақсылығын да көрген жоқпыз. Көреміз әлі, қалай болар екен, қазір қалқозға өзіміз ұйыстық,— деді.

— Мына бір өгізділер сөзге көлденең тұра берді ғой,— деді аттының бірі.

Жатқан жерінде жалпайтсам ба екен?!

— Қой, жұртты ашындырып алармыз. Қалқоздың жаман екенін «жаман» деп тұрған өзіміз де білмейміз ғой,— деді екінші атты.

— Онда атыңды тапсыр да, қалқозға кір,— деді алдыңғы атты.

— Кірсем несі бар, кіремін. Анау Төлентай сияқты қашпай-пыспай, қасықты қара су ішсем де қорықпай-үрікпей отырып ішпеймін бе! — Алдыңғы атты күйіп кетті білем:

— Мына жаманға жан бітті-ей, ауызыңды қариын ба, осы!

— Мынауымды қарисың! — деп анау да көкайылдау шықты. Алдыңғы аттағы бұрылып арттағыны қамшының астына алсын-ай келіп. Анау да қарап тұрмады, ат үстінде сабаласып кетті. Өгізді үшеу тыныш жатқан жерінен түрегеліп араша түсті. Қамшыны бұрын салған, тезқатар жігітті өгіздінің бірі аттан атдорбаша жұлып алып, шөпшек теріп келіп отбасына тастаған адамша итере салды. Ол аттан түнгі ұшқан қалбағайша аударылғанда колхоз болғысы келгенмен екінші бір атты сабаласып кетті. Айқай-уйқай көбейіп, жердегі ошарылған жаяулардың кейбірі аттыларға жармасып, аударып түсіріп, жұдырық салысып, қып-қызыл төбелес басталды. Аттылар дегенмен ат үстінде екенін пайдаланып, омыраулатып, ауылдағы бірлі-жарымды араға түскен әйелдерді, топты тамашалап келген қаратабан, қызылжұдырық балаларды бақыртып, ат ойнатып жұртты шу-шұрқан қылды. Байлардың балалары қашып жүрсе де барлығын, байлығын жасап, жердегілерді самсатып кетті. Шуланнан туған бөлтірік шу қылмай қоймас қораңды. Нақ солай болып шықты. Біреуді біреу біліп болмайды. Әр жерде соққыға жығылып сулап жатқандар, отырған, басын, қолын ұстағандар. Біреудің әкесінен, біреудің шешесінен, жеті ата, жеті пұстысынан жіберіп жатқандар да бар. «Өлтірді, елтірді» деп айғайға аттан қосқан әйел одан да көп. Не болып, не қойғанын ешкім білмей қалды. Әлдекімнің:

— Қайт! — деген, шаңқ еткен дауысы шықты. Аттағылар тасырлатып шаба жөнелді де, әп-сәтте жым-жырт. қалғандай еді. Жоқ, енді бағанадан бергі сарт-сұрт төбелес, сайыстан естілмей қалған ыңыранған, ыңқылдаған дыбыстар құлаққа жетті. Шәңгі жұрт не істерін білмей мәңгіріп қалды. Садаптан байқаған адам еш нәрсеге ақыл-ой тоқтатып, байыбына бармайтын шәлекей болды.

Жиналған тобыр бір тоқтамға келе алмай үш өгіздіні айналдырды.

— Сен айтшы! Төлентай, мына қалқозың не береді? — Сушы Төлентай не дерін де білмеді.— Беретіні кейін шығар, әзір маған бергені жоқ. Егін суғар дейді, егінді суғарамын, жоңышқа суар десе, соған барамын.

Інім, Төлентай ғана ма, осы сұрақты сол кездегі сол Ботпай болысындағы ең мен тәуірмін, мұрқымнан есек құрты түсіп тұр деген белсенділер — Сартжан, Нұрлан, Нұрқалыққа берші, олар да жарытып ештеме айтпас еді. Бар айтары:

— Сілән саламыз, отырықшы боламыз! — Осыдан басқа ешкім жарытып, ауыз тұшитын бірдеме айтпайды. Сонда Төлентай не біледі? Колхоз боласың, енді егін салма деп екі-үш сала жерге тары егуші еді, оны еккізбеді. Екі бұзаулы сиырын, он шақты қозды қойын бәрін де алды. Бұрын үйінде қарап отырмай жер сүмесін еміп, тұқшыңдап, шаруа жайлап үйренген диқан үйде отыра алмай колхоз кеңсесіне барған. Колхоз кеңсесі саланың сағасындағы Мүтбай деген кедейдің жалғыз бөлмелі тамы. Оны да Мүтбай нақ осы жерден — Жайсаннан осыдан бес жыл бұрын і алынған мектепке қарауыл болған соң су балшықтан дуал соғып тұрғызған. Жиырма бесінші жылы Ботпай елінің діңгегі және кеудеге жақындау деп елдің ортасындағы мидай, жазық дала Жайсаңға осы мектеп тұрғызылған. Шынын айтсақ інім, ол мектептер қарағайдан қиып істелген, төбесі қызыл қаңылтырмен жабылған, сапалы салынған үй еді, төрт бөлме болатын. Сол бір сауаттылыққа алғаш бас қойған кезде басқа жерді қайдам, біздің ауданда осындай мектеп барлық болыста-ақ салынған еді. Енді колхоз жаңа ұйымдастырылған кезде осы мектеп тұрған жерден колхозды-ауылдың сіләні тұрғызылатын болды, ел осыған қоныс тебеді делінді. Оны жұрт қоныстандыру атап кеткен. Енді колхоз кеңсесі деп оған Төлентай келген шақта да, мұнда басқа құрылыс, ғимарат жоқ. Колхоз болғандар мұнда әр жерді ойып, балшық айдап, қамкірпіш басып, кепкендерін суындап жинап қойған болатын. Одан басқа бұл ел қоныс тебеді деген ми далада жусан мен шиден басқа ештеме көрінбейтін. Төлентайға, сіңірі шыққан кедейге ешкім «жолың болсын!» демеген. Ақыры кеңсеге келгендер ада-күде кетіп болғанда да ол мелиіп отырып алған. Сонда барып одан төраға сұрапты:

— Төлентай, неғып жүрсің?

— Мен не істеймін?

— Мен қайдан білейін? — дейді Еспер колхозының төрағасы Байзақ Рахыметбаев.

— Ендеше мен білемін,— дейді Төлентай.— Дода иінінде елу гектар сулы жерде бидай себілген еді ғой, соны суарайын.

— Е, ендеше, сөйте ғой,— дейді Рахыметбаев. Сонда інім, колхоз басқарады деген адамның сөзі анау болғанда, басқасын өзің шамалай берерсің. Ал орталық — Москва біздің республикамызда мал бар екенін және оны Голощекиннің жеткізгеніндей көп екенін (жиырма бесінші жылы ол өлкелік комитеттің хатшысы болып сайланғанда Қазақстанда қырық жеті миллион қой, алты миллионға жуық жылқы болған ғой) қазақтың әрқайсысы «помещик» екенін білгенмен, біздің көшпелі, сарай-рабат салмаған, көше, үй тұрғызбаған, күнінің көбін қазақ үйде өткізетін ел екенін дәл білмеген деп топшылаймын. Өйткені логика оны ойлауға, даққа қалуға мұрсат бермейді. Егер әрбір қазақ феодал болса, оның қыстауы-қияуы, рабаты-рақаты болмаушы ма еді, дастарқанында қазысы-қартасы, мейізі-женті болған елдің абатты кенті болмаушы ма еді. Қазақ отбасының мол дастарқанын, кең пейілін ғана көрген адам, онда басқасы жоқ деп ойлар ма? Төрт құбыласы түгел, дәулетіне сәулеті сай деп ойлайды ғой.

Міне, інім, тағы да лағып кеттім білем. Төлентайдан колхоз жөнінде ештеме біле алмай, бітеу жара болып тұрғандар енді тарамақ болғанда еңкілдеп жылаған біреу келіп қалың көптің ортасына отыра кетеді. Өксігін баса алмай еңірейді.

— Өй мынау Тоқаш қой, кім тиген бұған? — дейді қараңғыда біреу. Бәрі де жылап-еңіреп келгенге үңіліп:

— Не болды? — деседі.

— Ағамды қамады, милиция ауданға альт кетті.

— Неге?

— Не болып қалды? — деген сұраулар жауып кетеді.

Біз Алмалы — Долаңқарадан осы Ботпай елінің жартысын көшіріп келерден бір күн бұрын бір айтақаларлық оқиға болады. Тайшықов бұл жақтағы ауылдардың да малының есеп-қисабын алып, бәріне де малға тиюге тыйым салады.

Жаңа әңгімелеген Дода ауылында Оспан деген екі кісі бар еді. Оның бірі кейін Қазақстанның халық ақыны болатын Оспан Тұяқбаев, колхоздағы қызметін темір ұстасы болып бастаған. Екіншісі шаруа адам, бірсыпыра бала-шағасы да бар екен. Өзі жасы анау Оспаннан үлкен, одырлау-содырлау мінезі бар адам болса керек-ті. Ауыл оны «большой» Оспан атандырған екен.

Колхоз ұйысады деген сөз дүңк-дүңк естіледі. Малды-жанды бәрін ортаға салады екен деп жұрт әңгіме, өсекке құлағын тігіп, кейбірі «көппен көрген — ұлы той», көрерміз жалпы жұртпен деседі. Күн де бір түрлі сөз естіледі: Малды ортаға жиып алып, шетінен сойып беріп отырады екен, жоқ, бәрін алған соң оның шенінен шен-бақа жолатпайды екен десіп, гуілдесіп жатады. Сол күні сырттан тоғыз саққа жүгірген әңгімеге құлағын сарсытқан «большой» Оспан үйіне келе шұбар қайрағын іздейді.

— Байқұс-ау, оны қайтесің? — дейді әйелі.

— Көк сиырды сойып аламын.

— Ойбай, сығыр-ау, малды хаттап кетіп еді ғой.

— Тайшықов айтты деп өлемін бе, бала-шағам қырқұлақ болатын болды. Бәрінің тісі босап кетті.

— Ойбай, жәукен алсын сені, сотталып кетесің,— деп әйелі көршісі Қашаған деген ағайындарына барады.— Басу айтыңдар, Большойға, сотталып тынады ғой. «Большой» әйелінің жылағанымен жұмысы болмайды, қара құжантысын алып, шұбар қайраққа жақындай береді...

Әр жерде отырған ауыл құлақтанып, әркімнің өз тірлік-тіршілігі бар, малын байлап-жайғап «Большойға» ақыл айтуға жиналып келгенше, ол көк сиырды бауыздап тастапты.

— Жалғыз өзің сиырды қалай жықтың? — дейді доп-домалақ Қасымхан деген туысқаны күліп,— қуырдаққа бір тоятын болдық.

— Тоясың, құдай бұйыртса — дейді Оспан. Сөйтсе ағайындар келсе, сойғызбай қояды деп Оспан асығады. Сиырдың алдыңғы екі аяғын да, артқы екі аяғын да тұсайды. Сонан қыл арқанды алдыңғы аяқтағы тұсаудан байлап, оны артқы аяқтағы тұсаудан еткізіп алып алға қарай тартса, көк сиыр тоңқалаң асады. Сонан соң сиырдың мүйізінен шалып алып, оны апарып талға байлап қойып, тұсауын алмаған күйі біріктіріп байлап, кескір қылыштай құжантымен шалып-ақ тастайды. Ағайындары жиналып келгенде кірленде сиырдың бауыздау қаны ұйып та қалып еді. Сонымен тентектеу ағасының арқасында ағайындарының ұрты да, мұрты да майланып, майлы, ащы қуырдаққа тойып, әңгімені соғып, гуілдесіп, күліп-күліп тарқайды. Сөйтіп біз Қонысбай қарттың қатынына бір тоқты қалжа береміз бе, бермейміз бе деп Қамысбаевпен қажасып жатқанда Осекең көк сиырдың аяғын көктен келтіріп, жайратып тастапты. Ертеңіне малдың бәрі орталыққа алынып, енді аурудан тұрған адамға ауыл қалжа да таппай қалады. Алдымен мал ұйыстырғанда керегінде сұрап алармыз деп дәмегей болғандар енді малдан аспандағы бұлт жуық екенін сезеді. Қыс болып қысылмай, жұт болып жұтамай ақсирақ-қарақора болғанына жұрт таңданып та, ашынып та кетеді. Бұрынғы түкті пұшпағы барларда енді түк қалмай, енді бауыры тақыр, тіпті тап-тақыр болды. Бұрынғы пақыр деп жүргендер енді тақыр болғанда бұл шыдамның ең шегі еді, пышақтан мал кетпесе, қазан оттан түспесе, адам сапырылысып келіп жатса, келгендер ықылық атып тойып кетіп жатса дейтін қазақ, қанша қайнатсаң қойылмайтын қара суға қарап қалғанда, дерттіге қалжа табу қасқалдақтың қанынан да қиындағанда қалай саспасын. Осы бір кезде Оспанның сиырын сойып алғаны жөнінде Ботпай болысына бір ауыз өлең де тарап үлгеріп еді:

«Кешегі ауқаттылар пақыр болды,

Ол кезде пақыр адам тақыр болды.

Сойып ап көк сиырын ауқат қылып,

Бәрінен «Большойдікі» ақыл болды».

Інім, бұл ащы сөз. Бірақ шындық. Ащы шындық. Мен мұны айтуға тіпті қорықпаймын. Енді алпысқа келгенде шындықты айттың деп қалған сыңар құлағымды кесіп алсын. Құдайдан да қорықпаймын. Бұл дүниеде көрсетпеген қырмызы қызыл тұрмысын о дүниеде бермей-ақ қойсын. Пейіште көгерген көсегені көрмей-ақ қояйын. Ауқаттылардың тақыр болғаны да рас, пақырлардың тақыр болғаны да рас. Осы бір өлең құлағына тиген Қоңқаш деген кісінің де мал союға көңілі бұзылады. Он шақты баласы бар адам кешке қарай даладан келгенде, ұядағы қарлығаштың балапанындай, олар тамақ сұрап шулап бергенде құйқа тамыры шымырлап кетеді. Не істерін білмей сасады. Сасып жүріп далаға шықса, үйінің есігі алдына өзінің колхозға ұйыстырған үш жылқысының бірі — қасқа құнан енді иесін иіскелеп, танып, айдаса да кетпей қояды. Сонан соң қасқа құнанды сойып алсам ба екен деп көңілі бұзылып, іші ұйытқып, алай-түлей болып бір кетеді. Өзін иіскелеп, жем сұрап тұрған қасқа құнанды союға қимайды да, ноқталап, үлкен ұлы Өргенді шақырып:

— Мына қасқа құнанды жетектеп, ауылдан ұзатып бар да, өріске, жылқыға қарай айдап жібер,— дейді. Өрген қасқа құнанға міне салып, ауылдан шығып, жылқы осы тұста жатыр-ау деген нобаймен құнанның ноқтасын сыпырып алып:

— Бар жануар, барған жерің от болсын, пәлекеті жоқ болсын! — деп шылбырының ұшымен қасқа құнанның жалпақ сауырынан салып қалады. Қасқа құнан секең етіп, сауырына тиген шылбырдан шошып қалып, арқан бойы жерге желіп барып, оттап тұра береді. Бала үйге қайтып келеді. Бір шамадан кейін, іңір қараңғысында есік алдынан қасқа құнанның оқыранған дыбысы шығады. Баласына ұрыса үйден шыққан Қоңқаш енді қасқа құнанды өзі өріске алып жөнеледі. Ол құнанды ауылдан ұзатып, Көкдала бетке қарай айдап жібереді. Үйге қайтып келген Қоңқаш шиеттей балаларымен отырып, жаңа әйелі далбай қылып, қаптың түбін қағып алған қос уыс ақтаған тарыдан жасаған аталаны алдына ала бергені сол еді, қасқа құнан қайта оқыранды. Ол Өргенді қайта жұмсады.

— Үйден жыраққа қуып тасташы! — деді. Өзі ағаш аяққа құйылған тары көжені қасықпен араластыра бастады. Аты көже, қасыққа ілінер қоюы жоқ. Мейілің сапыр, мейілің араластыр одан қойылатын түрі көрінбейді. Қоңқаш бір сәт аталаны араластыра отырып даққа кетті. «Қаптың түбі қағылды, қатын саған нағылды» деген бүгін осы үйде болды. Ішінде жетім қоюы жоқ, бұл атала балаларына қалай тамақ болмақ? Ең болмаса ауызды бір толтырар төбі болса екен-ау. Төп неңді алған, тіске тұрар кебегі жоқ. Ал ертең қалай болады? Ол ертеңгі күнді ойлағанда төбе шашы тік тұрды. Ертең балалар шулағанда не айтады? Құйқа тамыры шымырлап кетті. Аталаның бетіне қарап отырып осындай қоюынан сұйығы көп көжеге сырттан мүздап келіп кездескен біреудің бір ауыз өлеңі түсті:

Көже көже көлкілдек,

Көженің суы мөлтілдек,

Осы көже болмаса,

Кетіп едім селкілдеп.

Ол көлденеңінен сапталған қазақы қасықты ауызына апара берді. Қасқа құнан тағы оқыранды. Қоңқаш көжені жұта алмады, тамағына кептеліп қалды. Бұл неге қайта-қайта келе береді. Қоңқаш аталаны тастай беріп далаға шықты. Сәлден кейін оның:

— Тоқаш, ей, Тоқаш! — деген дауысы шықты.— Бері шықшы.— Қоңқаш екі ағайынды еді. Інісі Тоқаш екеуінің жасы тым алшақ болатын. Баяғыда Тоқаш Бокиннің атағы қатты шыққан, он сегізінші жылы туып еді. «Тоқаштай болар ма екен» деп әке-шешесінің қойғаны. Қоңқаштың үлкен баласынан бір-ақ жасы үлкен. Қоңқаш інісімен сыртта бірдеме деп күңкілдесті. Тоқаш қайта кірді де, пышақ, білеу, жіп алып шығып кетті. Енді бие сауымнан кейін қасқа құнанның еті жілік-жілік болып үйге кіргізілді. Қазы шықпады, жегілікті ғана еті болды.

Тоқаштың жылап келгені қасқа құнан сойылғанының ертеңіне еді. Өзі де дүрлігіп, не істерін білмей, шыдам шегінен шығып тұрғандарға Тоқаштың еңірегені қатты эсер етті:

— Немене сонша, өз малын сойып жегенге соттай бере ме?

— Өзінің ақ-адал малы еді ғой. Бәріміз білеміз ғой. Жиналған тобыр тіпті қобырап, Қоңқаштың айдалғанын көтере алмай, қатты дүрлікті. Нақ осы бір сәтте Алматыдан келген екеуге қайта жан бітті. Тапалы бір кескен тайдың шұжығындай болып қайта көптің ішіне араласты:

— Бұл, бұл ма? Әлі бәрің сорлайсың. Көрдің бе, өз малдарыңды өздеріңе бұйыртпайды. Мұндай қалқоз неме керек? Құрсын, бұл, қалқоз, құрысын! Будан да бет-бетімізбен кеткеніміз жақсы... Е, қалайық, бұл әлі жылағаныңның басы. Жылайтын күнің әлі алда.

Бірінің ұнжырғасы түсіп, бірінің ашуы басына шығып тұрғандарға тапал қараның сөзі енді жетті, ойына қонып өкіліне түсе кетті. Бәрі де оны ұйып тыңдап қалды.

— Әлі бұл жылағаныңның басы. Одан да жөнімізді тапқанымыз жақсы.— Тапал қара осы ауылдың адамдарынша сөйледі:

— Бұдан да тарағанымыз жақсы!

— Сонда не істеуіміз керек, біздің? — деді біреу. — Малдарыңды бөліп алып, тарқап кету керек.

Түн күтіп, түсі қашқан жұрт әлі де ұйлығып тұра берер ме еді, осы бір сәтте бүйірден біреу сөйлей, ойбайлай, есті ала келді.

— Ойбай, мынау кеңесің қыратын болды ғой, бәрімізді айдап, қамап, соттай бере ме? Сұмдық қой, бұл, сұмдық қой, ойбай!

— Бәрменқұл ғой,— деді тұрғандардың бірі.

— О не боп қалды, тағы?

— Нұрланды боқтадың деп Дәуренқұлды айдап кетті! Түн жарымда жиналғандар бағанағыдан әлдеқайда көбейіп еді. Енді бүкіл ауыл жиналып, дыбыр-дыбыр, сыбыр-сыбыр орнап қалды. Жиналған жұрт «Дәуренқұлды айдап әкетті» дегенді естіп, тіпті түңіліп, қиналып, қапаланды. Тапал қара жаңағыдан да жандана түсті.

— Айттым ғой, бұлар осылай құрта береді! — Сұрап біле келсе Қоңқашты ұстап әкетіп бара жатқанда Дәуренқұл Нұрланға.

— Өй, тумай туа шок! Мына туысқаныңды қолыңмен айдатып жатырсың ба?! — депті. Сөйтсе Нұрлан бұған «контр» деп дүрсе қоя беріпті. Сонда Дәуренқұл әкенің аузынан жібереді ғой, келіп. Қазаққа оңай баяғы әкенің ауызы бар емес пе?1 Сол жерде белсенді топ «партияны боқтады, партия мүшесі Нұрланды тілдеді» деп актыны салып, Қоңқаштан кейін төрт-бес сағаттан соң оны да милицияға тапсырыпты.

Қане, бұдан кейін, көзі соқыр, көкірегі бітеу адамдарға Совет өкіметінің жақсылығын айтып түсіндіріп көр, ер болсаң. «Қашқалы тұрған қоянға тәйт деген соң не сорым». Қолынан малын алғызып, ерінен әйелінің көңілін қалғызып, не қорасында жоқ, не қабында жоқ, не қарнында жоқ қазаққа бұдан кейін қай үгітің өтсін, қай насихатың жетсін. Көкте бұлт сөгілсе көктеп қоя алармысың. Ауыл адамдарын Асанжан үйіне келген екеу қот-қоттап, ел бүгінгі ұйқыны ұмытты, бәрі бала-шағасына дейін көздеріне тіреуіш қойғандай, тыншы кетті. Бәрменқұлдың жеткізген сөзінен кейін ауылдың ерулік берекесі қашты.

— Сәмен! Сәмен! — деп өңештеп, үсті-үстіне айғайлаған он шақты жігіт Асанжан үйінен шығып, Көкдала бетке қарай жаяу жүгірісіп бара жатты. Олардың артынан Шағатай ауылының еркек кіндіктісінің бәрі кетіп еді...

Көзге түртсе көргісіз, қара қаптан қараңғы. Жұрт жилықты, ұйлықты. Қараңғыда баспайтын немене баспақ пе едің, әлде бұзау ма едің деген қазақ емес пе. Ақыры қараңғыда-ақ әркім өз жайын күйттеп, күйбеңдеп жөнелді. Бықылдаған түйе, пысылдаған өгіз, пысқырынған жылқы тіпті осы жиі отырған үйдің әрқайсысының есігінің алдында тұрды. Ауыл ұйқысыз. Кімнің не істеп жатқанын тірі жан біліп болатын емес. Бұл кезде өзеннің арғы бетіндегі ұйым ел — «Ақсеңгір» колхозы бұл жайдан бейхабар, қатты ұйқы құшағында еді.

Жазғы таңның тез қылаң ететін, күннің ең ұзарған, түннің ең қысқарған шағы. Рауланған алтындай құлан иектеніп таң атты. Түрлі-түсті палас жайғандай жер ашылып берді. Бірақ таңмен тұрған елдің қабағы қатулы, кірпігі қатқан, көзі томақ тартқан. Әлде алдағы белгісіз сайрақтан, әлде сахардан тұрудан бәрі көңілсіз, медет қылар сүйеніш жоқ. Тек «ел күлгенге күлемін ыржиямын» дегендей қараға қарадай ілесіп бара жатқандар. Ертеңінің не болары белгісіз. Сонда да жұрттан әйтеуір қалмау. Құрым киізі қапылы қамқадай алеңдік жаққан өтетін тастап желкенсіз қайықпен желді күні қиянға бет алғандай. Алмалы — Долаңқарадан келген Ботпай ауылы көтерілді. Жыпырлай отырған бес жүздей үйдің таңертең азғанасы қалыпты. Оларды қайда кетті дерің бар ма, әйтеуір жиі қонған ауыл жазғы таң алдындағы жұлдыздай тозып, әр жерде біреуі тұр. Тіпті көшін қазір жолға салып жатқандар да бар. Аттылы, түйелі, өгізді көш бір бағытқа қарай емес, сан бағытпен кетіп бара жатыр. Талыққан, налыққан ел босып барады. Тіпті әйтеуір осы жерден көшу керек дегендей екі-үш үй өзеннің шығыс бетіне көшіп, үйін тігіп те жатыр Шамасы бұлар колхоз боламыз, бірақ мына Еспер колхозындағылармен болмаймыз дейтіндер болса керек-ті. Бұлар колхозбен мақсат-мәддүғымы жарасқандар.

Киіз үй сиреп қалған ауылдың шығыс бетінде көп атты тұр. Шаршы алдында ақбоз атқа мінген Асанжан ойқастатып жүр. Інім ұрылардың да неше түрлі қияпаттылары болады. Ауыздыға сөз бермейтін шешендері, аяқтыға жол бермейтін жүйріктері кездеседі. Ал Асанжан дегдар адам емес-ті, не ақыл-парасатымен, не құлпы киімімен ерекше тұратын, не ақыл иесі адам емес болатын. Қолына алған істі біткеріп қайтатын кейпаты көрінбейтін. Көбіне үлкен ауылдың мама ағашы жанында тұратын ат ұстар, не аяқшы балалар сияқты еді. Зарпынан ақыл иесі болып тумаған кісі, шарқы-шалғайдан шаршап келгендей болып діңкелеп жүретін. Сонысына қарамай асы бола, артық, есіріп сөйлейтін. Ұрылардың көбі-ақ март болады, ал Асанжан уәдеде тұрмайтын номәрттау. Кейде адам киімімен де жақсы керіне береді. Оның інісі Құрманжан да салғырт кісі еді, енді міне, ат үстінде, қолында ақ жалау. Бұлар өзі бір атадан көп болатын. Асанжан, Құрманжан, Тұрманжан, Тұрғанжан, тағы талай «жаны» бар еді. Солардың бәрі ат үстінде. Басына дулыға орнына мұрақ киген, үстінде ақкөбе, жылан қат байланған Асанжан қалмақ көзі сығырайып, жылтыр қара қайыстай, әжімсіз, сақалсыз беті түтеп тұрғаны ап-анық байқалады. Мойнында бес атар мылтығы бар, қолында сүңгі. Астындағы тақымын қысса ытырылып тұрған, шығыршық ойнаған ақ боз бұрнағы жылы конфискеленген Әбдіғали ауылының арлаған аты еді. Аққоян дейтін оны. Аққоян десе, аққоян. Сауырлы бұлт, күпшек сан, омырауы есіктей, ойынды еті бесіктей сұлу жылқы еді. Ол ауыздықты басып, аузын арандай ашады. Ұзап шаппағанымен ә дегенде ұшқан дуадақты қағып алып кететін ұшқыр жылқы десетін. «Атыңнан айрылсаң да ер-тоқымыңнан айырылма» деген қазақ малдан ажырағанымен ер-тұрманын ұстап қалған екен. Бәрі де атқа сай. Аққоянмен әрі-бері ойқастатқан Асанжанды садаптан көрген кісі қолындағы сүңгісі, байланған қылышы жөн, басындағы мұрағы несі деп күлер еді. Ол анда-санда «Сәмен, Сәмен!» деп айғайлап қояды, Ол осылай айғайлаған сайын оған екі-үш атты кісі келіп қосылады. Тіпті тойға, топқа баратындай көгілдірікті өмілдірік салып, ат-жабу жауып алғандары бар. Соның бірі Тұрманжан екен, Астындағы жорға торыға өмілдірік салып, атын бәрікөз бөзбен жабулапты, өз үстінде қаражамшы, қолында қайқы.

— Тұрманжан! Өмілдірігіңді алып таста! Жабуыңды бөктеріп ал! — деп айғайлады Асанжан.— Бәрің де өмілдірікті алыңдар, аттың шабуына бөгет жасайды. Сәмен, Сәмен! — Даусы киеңкінің дауысындай ащы екен.

— Ой, атаға тартып туған қаракөгім-ай! — деді інісі Құрманжан лағына мекіренген ешкіше.

Күн шығардың алдында шапқылап жоғары жақтан тағы да он шақты атты келді. Дода ауылына сіңбе Бектесбай екен. Ішінде Қали деген інісі бар. Бәрі де мылтық асынған, бәрі сұсты көрінеді. Екпіндері үй жыққандай, Совет өкіметін құлатпасқа немене дейтін сияқты. Шамасы олар Совет өкіметін жұлып алып тастай салатын, байдан қалған қойшының ескі жалбақ тұмағындай көретін болса керек-ті. Тобыншақ мінген Бектесбай тобы келген соң, Асанжан кіндіктегі, Жайсаңда отырған ауылға қарай ат қойды, әлемет жасамақ, талайын сынамақ.

— Сәмен, Сәмен! — Екі жүздей атты адам қиқулаған қызғыштай ұран салып, патырлатып шаба жөнелді. Әрине осының бәрі бірдей бірдеме біліп, Совет өкіметіне саналы түрде қарсы шықты деу зайғы еді. Түндегі екі жаяу өкіл таңертең аттылар арасында да, ауылда да болмай шықты. Мүмкін десті кейбіреулер олар түнде қаша көшкен Асанжан ауылымен бірге кеткен болар. Әйтеуір жөнелдемеге келгенде ұзынды-қысқалы екеу құмға сіңген. судай қарасын көрсетпей жоғалды.

Жайсаңдағы кіндік ауыл бұлардан мол хабардар болып шықты. Ұйқыдағы ауылды, колхоз басшыларын байлап аламыз деген атты тобырды әскер мылтық атып қарсы алды. Бізге қарсы тұрар күш жоқ деп келе жатқан Асанжан тобыры қатты сасып қалды. Абылыққан, ұрма көңіл әп-сәтте су сепкендей басылды. Тобырдың алды қайта айтатырға қашты. Он шақты адам аттарының басына ие бола алмай, ауылға қойып кетті. Қалшан түкті қара айғырға мінген біреу атының басын тура мектептен бір-ақ тартты. Қара айғыр бір езу жылқы екен, бет алдына шауып, шаужайлап, иментіп алуға көнбейді. Ат тұмсығын мектепке тірегекде, ол жерде тұрғандар өзінен-өзі тұра қалған қара айғырдағы сылаң қара мұртты, мылтық асынған салдауыр жігітті аттан аударып алды. Қасабек? Кәдімгі Совет өкіметі орнағанда белсенді болып, бірақ артынан Есперді өлтіруге қатысып, сотталып кеткен Қасабек. Ол жөнінде «түрмеден қашып кетіпті» деген сөз жүретін. Енді жылан арбаған торғайдай өзі келіп қолға түсіп тұрғаны мынау. Ол асты аяғымен, шанақты шанағымен ішетін мешкей кісі болатын. Қараңғы қорадағы ақырға байлаған аттай семіз, қомақты кісі еді, енді жалқау қатынның ұршығындағы шүйкедей мұштиып қалыпты. Сасқаны әлде діңкелегені екені белгісіз, ыржыңдап күлген болады. «Ит болдырса үреді, адам болдырса күледі» деген, шамасы, осы болса керек.

— Е, Қасеке, бізді әуре қылмай өзің келгенің жақсы болды,— деп күліп жібереді Әбдіқадыр Бабажанов.

— Адамның бақыты ұшқанда, құты қашқанда қашанда осылай ісі қырын кетеді білем, енді біттік қой, қолға түсуге еркім бар дүр,— деп пұшайман болып отыра кетті Қасабек.

Асанжан адамдары ат басын іркіп кейін қарай атыса қашады. Колхоздағы өңкей қаса тұлпар, сайгүлікті түнімен таңдап мінген олар әдепкідей құйғыта шауып, әскерлер атына мінгенше Көкдалаға жетеді. Ауылда тұрып атқанда ұңғыдан ұшқан оқ үш адамға тиді. Біреуі атқа сүйретіліп кетеді де, екеуі аттың жалын құшқан қалпымен жөней берді. Біле келсек бұлар таң атып кетіп, қыл құйрық деп кез келген тобышақты ұстап мінген Бектесбай адамдары екен.

Әскерлер аңқытып Жиренайғырға еңкейгенше көтерілісшілерді қуады. Ақмолаға жеткенде алдында он шақты атты ғана қалады. Қасқалары қайда кеткенін білмей, көз жазады. Тек аттың жалын құшқан Бектесбайдан басқа ешкім қолға түспейді. Оқ қара санынан тиген екен, қансырап атқа жүруге мұршасы келмей, жаралы оң аяғының санын қолымен басып, ілбіп қалған жерінде ұсталды. Қасаласқанымды оңдырман деп жүрген Асанжан қашып, әйтеуір қолға түспей, Алмалы-Долаңқара қайдасың деп шыңайтқа тартып, жымып кетті.

Сол күні кешке Алмалы-Долаңқарадан келген ауылдың тоқсан бес түтінінен басқасы қайда кеткені белгісіз, зым-зия жоқ болды. Еспер колхозы көпе-көрінеу колхоз болудан қалып, оның үстіне Асанжан көтерілісі «Ақсеңгір» колхозындағыларға да әсер етіп, екі колхоздағы мыңнан аса түтіннен бес жүздейі ғана қалған соң бір-ақ колхозға біріктіруге тура келді.

Ертеңіне әскерлер ерттеулі он жеті атты айдап қайтты. Бір қызығы он жеті аттың бәрінің ауыздығы алулы, тізгіндерін басына түйіп қойған. Аттың әрқайсысын әр сайдан алған. Әскерлер олардың үстіндегілердің бәрі өлді деп есептеген. Тіпті де олай болмапты, інім. Ол кезде сай-сайдың, қобы-қобының бәрі шырыштай қалың, ит мұрыны өтпейтін қорыс, шоқ-шоқпыт, бұта-сая, түйетікен, шоңайна. Көтерілісші қазақтар біртіндеп аттарынан түскен де, аттың тартпасын мықтап тартып, ауыздықтарын алып, тізгінін түйіп, қамшымен сауырынан салып-салып қалып жіберген. Ат ет қызуымен біраз жерге шауып барып, жайылып тұра берген. Көрдің бе, інім, өлім артынан қуып келе жатқанда да қазақ мал өлмесін, оттасын деп ауыздығын алып жіберген. Осы жерде халықта айтылатын бір аңыз ойыңа орала береді. Қай заманда, қай дәуірде екенін кім білсін, шамасы құл ұстайтын заман болса керек. Бір құл қашып бара жатыпты. Ол жылқы бағатын құл екен. Кетіп бара жатып қалып бара жатқандарға айтыпты: «жаңбыр жауып тұр деп жылқыны жаңбырлы күні де суғармай қоймасын». Көрдің бе, інім, атадан қалған сол мұра-малсақтық бұл жерде де орнын тауып отыр. Кейде соны ойлағанда малдың жайын өлерінде де ойлап жатқан қазаққа қалай ғана мал бітпесін деп ойлайсың. Ал өздері кез келген су орған оқпанға, шұңқырға, бұта-бұтаға шоқпыт-шоққа, шидің арасына жермен жексен болып жатып қалған.

Ертеңіне екі топ аттарымен ауылдарына қайтып келген «Қайда, қалай жасырындыңдар?» дегенге олар аттарымызды жығып, аяғын байлап тастап, өзіміз сол төңіректе жасырынып жаттық дескен. Әскерлер ұзаған соң екітүгей аттарына мініп ауылға қайтқан да, колхозға жақындай бере аттың ер-тоқымын сыпырып алып қоя берген де, өздері ер-тұрманды арқалап ауылға келген...

Асанжан көтерілісі басылған соң, Бабажановты шақырып алып сұрасам ол жоғарыдағы әңгімелерді айтады да:

— Бірде бір адам өлген жоқ. Тек Бектесбай қара санынан жараланып қолға түсті,— дейді. Інім, бұрынғы, жиырма сегізінші жылы Оралға айдалып, ол жақтан қашып-пысып келіп, енді малды ауылды торыған қасқырдай осы төңіректе қашып жүргендерге тағы біраз адам қосылды. Асанжанмен бірге отыздай адам кетті. Мұның бәрі кәсіп етпей, колхоз малын талаушылар болды. Сөйтіп, інім, жоқшылықты бірінен бірін өзіміз туындатып, көбейтіп алып жаттық. Колхоздарымыздың берекесі қашып, әйтеуір барына ие болып отырдық.

Мына бір жайға қараңыз. Колхоз басшылары көтерілісшілер атты қайдан алды, қалай алды демес болар ма? Жоқ, колхоз малын жоқтау ешкімнің қаперіне келмейді. Үш күннен кейін колхоз кеңсесіне ілбіп зорға кірген Құмарбайды көргенде ғана малды еске алады.

Қашанда бір бөрі ұйыққан кез болмаса, қазақ жылқы күзетпейді. Тек бір шуланның артына он арлан түсіп, әуегіленіп жүргенде қасқыр қауіпті. Мұны мал баққан ел атам заманнан біледі. Егер жылқышы түнде жылқыға келсе, жаз болса кебентайын, қыс болса кебенегін киіп, мінер атының шылбырын білегіне байлап ұйықтайды. Әрине үйдегілер мұны күзетте деп ұғады. Құмарбай да жылқы өрістете кеткен.

Құмарбай ол кезде жас жігіт еді, інім. Өзі сорайған ұзын, арық болатын. Ол кезде де, қазір де сонау Киров колхозында әлі жылқы бағады. Салдырлаған, көп сыр сақтамайтын, әңгүдіктеу, дәлдүңгір адам Құмарбай іңірдегі ызыңдаған маса кетіп, жел тұрған шақта керіскей кебентайын төсей салып, бешпентімен көз шырымын алуға кіріседі. Бір уақытта жылқы шұрқыраған соң көзін ашып алса, қолына байлаған атының шылбыры сол қалпында байлаулы, аты жоқ. Шылбырдың екінші ұшы құрық бойы жерде жатыр. Жанындағы құрығы да құрыпты. Ол қарбаң-құрбаң түрегеліп, көзін уқалап, жан-жағына қараса, жетіқарақшы әлі жамбастамапты. Жылқы жатқан беткейге көз салса, жылқының пысқырынғаны, дүркіреп қашқаны естіледі. Тіпті қара қаптан түн болса да көзі қараңғылыққа үйренген Құмарбай жылқының ішінде «дам жүргенін байқайды. Ақбоз атпен сыпыртқан біреу асқан сақауаттықпен «Сен Сартжан, көкті мін», «Жомарт, сен Қараманның шұбарын ұста» деп жұртқа ат үлестіріп, шүлен тарқатып жатыр. Құмарбай байқаңқырап қараса, жылқының арасында адам толып жүр. Не болса да деп Құмарбай:

— Аттан, аттан! Ұры келді, ұры! Аттан, аттан! — деп айғайын алады. Қу даладағы медиен қырқа ішінде менің дауысымды кім естиді деп ойламайды да. Сөйтіп өзін-өзі әшкерелейді. Ұрылар аттандаған жылқышының қасына жетіп келеді де:

— Ей, айғайлағанша ат ұстап бер! — дейді.

— Сен кім едің, мен ат ұстап беретін, ұры неме! — дейді Құмарбай тұра жүгіріп. Құмарбайды екі-үш жігіт бас салып, ұстап алады да, қолындағы қыл шылбырмен қол-аяғын байлап, тұрған жеріне тастай салады...

Құмарбайдың аяқ-қолын байласқан Құрақбай деген жігіт үшінші күні ауылда ол көрінбеген соң, өздерінің оны қырқаға байлап тастап кеткені есіне түсіп, екі сағаттай жүріп жылқы алған қырқаға жетеді. Құрақбай барғанда Құмарбай:

— Ой, ағатай, адам баласын көретін күн болады екен-ау!—деп жылап жібереді. Құрақбай Құмарбайдың аяқ-қолын шешіп, ауылға ертіп келеді. Екі күн тамақ ішпеген, бүрісіп бұғаулы жатқан Құмарбай аяғына шөптің түбірі тиіп кетсе құлап, колхоз кеңсесіне зорға жетеді.

— Ия, малың аман ба? — дейді колхоз бастығы Байзақ Рахметбаев.

— Қайдағы мал? Мені байлап тастап жылқыны Асанжан әкеткен. Қалғанының қайда екенін білмеймін...

Құмарбайдан бар жайды білген соң ғана адам жіберіп, таланды малдан жылқыны, сиырды жинайды. Бақташы екі жігіт — Көркем мен Сәрсен де жоқ. Сөйтсе олар көше қашқан жұрт әрқайсысы өздерінің колхозға ұйыстырған малын алған соң, өздерінің сиырларын ұстап алып, қалғанын өзенге айдап тастап, кетіп қалған. Сонымен жылқының тең жартысынан көбі жоқ, сиырдан жиырма шақты тана-торпақ қалыпты. Інім, тағы да жиналыс өткізу кезегі маған келіп, Ақсеңгірге бардым. Адамы қашып, малы талауға түскен екі колхоздың басшыларын іздесем ауыл белсенділерін Орымбек деген ауқатты адамның үйінен таптым.

Сәске түс. Күн ысып, әуе айналып жерге түскендей. Күн таңертең шағырмақтанады да, түске таман шарбы бұлттар ыдырап, аспан ашылады. Сонан соң күн батқанша қайнайды.

Шөп шабылып жатқан екі жерде де не бригадир, не колхоз басшыларынан адам жоқ. Кеңсе сып-сипалама. Қайда кетті деп, екі колхоздың сулы жеріне салған егінін де аралап шықтым. Басшылар онда да болмады.

Түске дейін арасына сала ғана сына болып тұрған екі колхоздың да барлық егісін, шөбін аралап болдым. Ешкімді таба алмай колхоз кеңсесінің жанына келіп, аттан түсіп тұрдым. Әдеттегідей атымның ауыздығын алып, бос қоя бердім. Атым осы жердегі ескі жоңышқаның орынынан бір-екі үзді де, бүгелектеп, оттамай қасыма қайтып келді. Сонан соң Тарланкөкті колхоз кеңсесінің жанындағы лапасқа апарып қойдым. Енді қайтып келіп, кеңсенің көлеңкесіне жүрелеп отырдым. Қайда кетті екен, бұлар. Япыр-ай, науқанның қызған шағы. Шеп шабуды аяқтап, енді егін жинауға кірісетін уақыт болды. Ең болмаса кеңседе колхоз есепшісі де жоқ. Әлден уақытта екі-үш жасар қыз баланы арқалап, басын ұстарамен тап-тақыр етіп алғызған бес жасар ұл баланы қолынан жетектеп бір кемпір қасымнан өте берді.

— Шеше, ауылдың белсенділерінің қайда екенін білмейсіз бе? — Кемпір кір-кір кимешегінің етегімен көзін сүртіп, сол қолымен арқасындағы қызды ұстап тұрып, оң қолын маңдайына көлегейлеп маған қарады.

— Е, қай баласың?

— Ауданнан келіп едім.

— Е, келсең қайтейін. Келгіш-ақ бұлар. Сідігін ішіп, мас болып қалғып-шүлғып қайтады. Отыр анау Орымбектің үйінде. Бастықсың-ау, шамасы. Аналардың дымы шықпай қалды ғой, гуілдеп жатыр еді.

— Орымбектің үйі қайсы, шеше?

— Анау шеттегі көк есікті үй.

— Рақмет, шеше!

— Е, қой, әрі. Рақметшіл екен, бұлар. Анау жынды суыңды ішкен соң рақметіңді қойып, боқтауға, сабауға дайын тұрасың ғой.— Кемпір қисықтау, турашылдау кісі болуы керек. Бұрын, інім, қазақтың кемпірінің көбі ақ осындай ағынан жарылатын, барын ауызыңа ұстап, ішіндегісін ақтарып салып отыратын. Барлық жай-жапсарды осы ауызы омырайған кемпірлер жасырмай жосытып, айтып отырушы еді.

Кемпір өтіп барып қайта бұрылды. Маған ақия қарады.

— Немене бір құлағың жоқ па, өзі? Андағылар шұнақ келді деп жатыр еді. Е, шынымен бір құлағың жоқ екен ғой. Алда қарағым-ай, бір құлағың түп орынымен жоқ қой. Оны қайныңа қалыңмалға беріп пе едің? — Мені танып тұрған, әлде мен туралы жайдың бәрін естіп алып, әукейсіп, мүдәйіленіп тұр ма екен деп қалдым. Бірақ пішіні ондай кекеткіш, кері адам сияқты емес.

— Ия, шеше, шұнақпын. Құдай бір басқа бір құлақ жетеді депті ғой.

— Халықтың сүйгені шұнақ болады дағы.

— Кім біледі, шеше. Жұрттың қалай дейтінін.

— Ой, балам-ай, далада сұңқар түлесе, жүніне қарға жоламас. Кейпіңнен жұрт қорқып отырған жоқ па! Андағылар сөйтіп қыбыр етпей отыр ғой. Күнде отырыс, күнде мас. Бұл елдің қамын кім ойлар. «Белсенді, белсенді, жүрген жерің өртенді» деп Байғазының айтқаны дұрыс болды-ау деймін, балам.— Кемпір маған ой салдым, миы болса қалғанын өзі жалғастырар дегендей одан әрі сөзді көбейтпеді. Жиырма шақты қадам жүрген соң қайта бурылды.— Іздегеніңнің бәрі сонда отыр.

Үйге жақындағанымда әлдеқандай бір егес, керілдес естілді: «Кеп қалды, қойыңдар!», «Қойдық қой, болмайды!» деген дауыс шығады. Оған қарайтын адамдар емес сияқты, аналар. Табаны қызып алған тыз етпе жылқыдай жұлқынады екеуі.

— Сен әдейі істедің,— дейді бірі.

— Жоқ, өзі солай келді,— дейді екіншісі.

— Жоқ, сен әдейі маған келтірдің,— дейді шамасы алғашқысы.

— Ал ендеше кесіп ал, әдейі істедім,— дейді соңғысы.

— Қойыңдар, ойбай, қойыңдар! Келіп қалды,— дейді тағы бірі. Дәп осы бір сәтте амандасып мен кіріп бардым.

Орымбектің үйі едәуір үпті екен. Алты қанат үйдің төріне жүкаяқ үстіне жиналған жүк уықтың қарына тіреліп тұр. Үйдің бау-шуы да әдемі. Көзіме айрықша түскені оң босағадағы адалбақан. Таныс сияқты. Қайда көрдім екен. Ту, қазақ даласында адалбақан жалғыз жасалды дейсің бе? Мықтағанда бір дүр шіленгер-зергердің қолынан шыққан болар. Даңғайыр ұста аз ба, бұл елде. Бетіндегі іреусіз күмістің нақысы қандай әсем, қандай таныс. Ағашқа сапталған жердегі сәкинегін байқайыншы. Шапқан пақысы да сондай. Отырған соң қарайын деп енді адалбақанға қадалғанымды біреу сезіп қала ма деп көзімді аударып әкеттім. Төрден төселген откиіз үйдің табанын тегіс алып жатыр. Тек төрде отырған белсенділерге төселген ыдырыс көрпе оның біраз жерін қымтап, жауып қалған. Менің бұл үйге келмеуіме, белсенділерді кеңсеге шақыруыма да болатын еді. Олай етсем кейбіреулері «жоқ деп айт» деп келмей қалуы кәдік еді. Сонан соң мына отырған үйдің кімдікі екенін, қандай тұрмысы бар екенін де көзіммен көргім келді.

Менің бұл үйге бұрылғанымды бұлар жабықтан, керегенің көгінен сығалап көріп отырса керек-ті. Бірақ мен осылай кіріп келеді деп ешкім ойламайды білем. Шамасы даладан хабарласады десе керек. Ол кезде қазіргідей ресмилік жоқ. Інім, танымайтын үйге үйдің іші тегіс ұйқыда жатқанда да сәлемдесіп кіре беруге болады. Сол дәстүрді мықтап ұстанған мен де кіріп бардым. Бұлай рұқсатсыз кіру қазақ ауылында сөкет емес. Қайта, керісінше, үлкен кісілер отырған үйге сырттан дабыстаған ұят. Кісімсінгенің кім, бұл кімнің шікірәсі деген қың сонда естіледі. Төрде Тайшықов пен Байзақ Рахыметбаев екеуі қатар отыр. Оған жалғас Нұрлан Тоққұлов. Бұл жақында Дәуренқұл боқтап, оны соттатып жіберетін белсенді. Сонан соң танығаным тайқы маңдай, бүйрек бет, селдір мұртты қайрақтай қара жігіт Әбілахат Әбдірахимов. Оны сонау он алтыншы жылғы көтерілістен білетінмін. Патша жер шенеушісіне Бейсенбай мойнына арқан салғанда үйден далаға сүйреп шығысқанның бірі. Ол кезде он алты-он жетідегі Әбілахат та патша түрмесін бір сүзіп шыққан. Сонан соңғы отырған Есперді өлтірушінің бірі Жарқымбай молданың баласы Әубәкір. Әкесі қамалғанда алдыма талай келген. Тапалтақ сары жігіт — Мақа Мұқаев. Соңғы екеуі мен кірісімен қарғып тұрды да, Мақа шала амандасып, есікке көбелеп барып, ата жөнелді. Шамасы төрдегі екі қошқардың басы бір қазанға сыймай жатса керек. Мен кіргенде төрдегі екеуінің қолы айқасып, жағаларына жармасып қалған екен. Сол қалпымен ол екеуі қатып қалды. Кәдімгі қапылыста токқа тиіп тартып алынбай қалған қол сияқты. Бала қораздай біріне бірі қожаңдаған екеуі тұруға ыңғайланып, тізерлепті. Тұрмақ болса керек. Енді аз болса жұдырық салысатындай. Не істерін білмей қалғандар сәлден кейін күлген болып отыра кетті.

Үйден арақтың иісі мүңкіп тұр. Арақ ауылға отызыншы жылдары келді. Тіпті алғаш арақ ішуді біреулер дәреже көргендей де болған. Отырғандардың көбі-ақ бұлғарыдай бұлқыған мырза, масаң. Әсіресе төрдегі екі бастық шамадан тыс борлаттай қып-қызыл. Төмен отырғандардың да қисаңдап, езуі жиылмай қалғандары көрінеді. Ал үй иесі Орымбек бұл ауылға Самсыдан жаңа қоныс аударған деп еститінмін. Колхозға кірмей қойған, жеке-меншік. Өткен күзде «салған астықты төлей алмаймын, мен кедеймін, Ақсеңгірге құрымсақ-кірмемін» деп келген болатын. Ақыры ол астықты төлеген. Ол ішпеген сияқты. Сұп-сұр өңінен ештеме байқалмады, қағанағы қарқ. Әбдесте шалып, ақбүркеншек жамылған мұнда ешкім жоқ.

— Әбеке,— деді Әбілахат,— біздің күнде көрген күніміз осы. Таңертең бас жазуға келеміз. Содан түнімен ішеміз де, ертеңіне тағы бас жазамыз. Сол бас жазумен жаз өтіп барады. Әбілахат жалпы арақ ішкенмен бұл үйде ішпеген. Ол тура Нұрланға жармасты. Және сол кезден «Әбілахат қара книжка» атанған, үнемі арыз жазатын адам еді. Жазғандарының көбі расталатын да. Бұл жолы ашық кетті:

— Арақты бастаушы мына Нұрлан. Мас болып алады да, жұртқа тиіседі, сонан соң мені — партияны боқтады деп жұртқа жала жабады.

— Ей,— деді Нұрлан, беті қызарып.— Ұры бауырыңды ұстатқанға өліп бара жатырсың ба, әлде Асанжаныңның көтерілісі тұншығып қалды деп ішің удай ашып бара ма?

— Сен Маман қашаннан бері жетіліп қалып едің, ей. Ит жарыстыратын Маман едің ғой, кешегі. Көп ит жүйрік, көп иттен көк ит жүйрік. Жоқ, ақ ит жүйрік, ақ иттен қара ит жүйрік дейтін итін мақтаған белгілі желкөтен емес пе едің!..

Meн дастарқаннан ауыз тиіп колхоз кеңсесіне кеттім. Бірі жел шайқағандай қаңғалақтап, енді бірі су ішіндегі қоғадай жапырылып белсенділер еріп жүріл берді. Колхоздың бар шаруасы иесіз қалған. Асанжан көтерілісі де мұнда емес, әлдебір басқа жақта болғандай. Колхозға ұйымдасқан бес жүз түтіннен төрт жүзден асасы үш-төрт күннің ішінде-ақ тарап кеткен. Кімнің колхозда Малын, кімнің қашқанын да, олардың қайда кеткенін де бұлар білмейді, жұмысы жоқ сияқты. Талауға түскен мал анау. Қалған малдың есебі де алынбаған. Асанжан көтерілісінің салдарынан толқыған жұрт жұмысты қойған. Соңғы төрт-бес күнде колхозда жалғыз Төлентайдан басқа ешкім жұмысқа шықпаған. Көк шолақ атын борбайлап Төленбай бригадир басын тауға да, тасқа да ұрып ешкімді жұмысқа шығара алмаған. Ал жұртты ұйымдастыруға тиісті екі бастық — ауылдық Совет төрағасы Тайшықов, колхоз бастығы Рахметбаев ауылға жаңа жұға бастаған ермек — арақты қызықтап, артына түсіп күнде бас жазып кеткен.

Інім, колхоздың өзінде бұларға шара көруіме, сол жерде-ақ оларды орнынан алуыма болатын еді. Ол кезде ондай жағдай бола беретін. Мүмкін ол сол кездегі ұр да жық, Голощекиндік басшылықтың ұшқын-әсері болар. Бірақ мен әлі біраз нәрселерді анықтап алмай тұрып, оларды қозғағым келмеді. Менің артымнан қызын алып, сол күні-ақ Әбілахат та жетті. Мұндай мәселені ұзатып жіберуге де болмайтын еді, өйткені өзі де үліңгірдей үлпілдеп ұшқалы, әлде үзілгелі тұрған колхоз құрылысын дереу қолға алып, шара көрмесе болмайтын еді. Сондықтан ауданнан үш идам жіберіп, үш күн ішінде мәселені тексеріп алып, Тайшықовты да, Рахыметбаевты да орнынан алдық. Екі колхоздан бір колхоз жасадық.

Біле келсек Асанжанның Совет өкіметіне наразылығы, көтеріліс жасайтындығы он шақты күн бұрын-ақ мәлім болған. Колхоз бастығының орынбасары Нұрқалық Әлімбаев оны Тайшықовқа да, Рахыметбаевқа да айтқан. Олардың басынан асып кете алмаған. Ал анау екеуі шөлмектің түбіне таласып жүріп оған мән бермеген, бұл шиі шыққалы тұрған істі ескерусіз қалдырған. Тіпті бұрсанған ұрының ілә таппай, әркімге тиісіп жүргені де күні ілгері белгілі болған. Ол үнемі Орымбектің үйіне келіп жүрген. Бұл жерде тап. жауларының да қолы бар болар. Бірақ інім, шамадан тыс заңды бұзу, озбырлық, зорлық шаруалардың ашық көтерілісін, наразылығын туғызды. Сондықтан да болар бір жиырма тоғызыншы жылдың өзінде елімізде мың үш жүздей «кулактар» бүліншілігі болған еді.

Шөлмектің түбіне таласып демекші, інім, жаңа ауылға жаңалық сияқты, жігітке көрік, ерік беретіндей болып кірген арақты ішудің де өз жоралғысы қоса кірген. Мысалы Тайшықов пен Рахыметбаевтың егесін айтайыншы. Тайшықов Ботпай ауылына қалыстан келген-ді. Соны пайдаланған Рахыметбаев қораланып арақ ішуге жиналғанда арақ құятын жігіттерге (бәрі өз туысқаны ғой) шөлмектің түбін ылғи Тайшықовқа келтіруді айтып қояды. Өйткені шөлмектегі арақтың түбі кімге құйылса, келесі арақты алу соның еншісіне тиеді. Міне, сөйтіп ботпайлықтар арақ ішкенде де Тайшықовты жалғыздап, басқалар бір шөлмектен арақ алғанда ол екеуін, кейде үшеуіне шығындар болуға тұс болады. Мен көргендегі бұлардың даулары да сол шөлмек түбінен туып, жағаға жармасып жатқаны екен...

Үш күннен кейін екі жылдан бері таба алмай жүрген ұрымызды да ұстадық. Ол жекеменшік, Ақсеңгірдің кірмесі Орымбек болып шықты. Жиырма сегізінші жылдың күзінде Жаубайды конфискелеп, мүлкін хаттап, кедейлерге баққызып қойғанда, Ұлбай бәйбіше үйіне ұры түсіп, үптеп кеткен-ді. Сол мүліктің бәрі бір-ақ жерден, самсыдан көше қашқан Орымбек үйінен табылды. Күміс адал бақан, Ұлбай бәйбішенің төсегінің басынан алынған мылтық, елік сапты, жиырма төрт таспа сақ өрімді қамшы, он шақты кітап, ою түкті кілем, тағы басқа Ұлбай бәйбіше үйінің үйелмені алынды. Қоныс аударудың себебі белгілі болды...

Қазақ «бүлінгеннен - бүлдірге алма» деген ғой, інім. Дүние деген көздің құрты. Оған адам тоймайды, тек ақылы асқан адам ғана барына қанағат қылады, көз құртынан жоғары тұрады. Ал мынау Орымбек «ұры иттің артын сұқ ит жалайды» дегендей Жаубайға бұйырмаған дүниені иемденбек болып, ұрлап, сол үпті сақтау үшін ата қонысын тастап қашты. «Ұрлық, ұрлық түбі қорлық». Міне, енді сол қомағай, қорқаулықтың азарын тартып, түрменің түбін көздеп кетті. Халық «нысап сайын береке» дейді, інім. Бар уақытта адам нысапты болуы тиіс. Нысапсыздық, қанағатсыздық қашанда пәлеге ұрындырмай қоймақ емес. Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады. Мұны бұрынғылар да білген. Олар ұрпағын одан сақтандырған. Есіңде бар шығар, інім. «Мұңлық — Зарлық деген дастанды оқығаның бар ма? Ия, сен оны оқымаған шығарсың. Сенің оқитын кезіңде ол дастанды шығармай қойды ғой. Сол дастанда Қаншайым менің қалыңыма осы қалтаны толтырып алтын ал деп әкесіне екі елі қалта береді ғой. Шаншархан алдымен Жаудыр шалды келеке қылады, қызына сұраған қалыңының сияғын дейді. Ақыры оны толтыра алмайды. Сонда мыстан келіп ханның бүкіл қазынасын қырнап, түк қоймай салғанда толмаған екі елі дорбаға бір шым-шым топырақ салады. Нақ сол сәтте дорба толып, асып төгіледі. Сөйтсе дорба көз терісінен жасалған екен. Демек, інім, адамның көзі еш нәрсеге тоймайды, өлгенде топыраққа ғана тояды деп тұр ғой, қисса. Адамға ақыл берер, адамның тойымсыздығын айтқан осындай ғибратты шығарманы да қазір оқытпай қойдық қой. Оны оқуға тыйым салғандар одан діни бірдеме тапқанға ұқсайды. Сорлылық емес не, өзің айтшы, інім. Әйтпесе бұл қиссаны оқыған адам көзқалтаны неге айтты деп даққа қалмас па, адамның көзінің тұңғиық тойымсыздығы оқығанның ділінде мәңгі ұмытылмай қалып қоймас па. Солай інім. Сол тоймас көз, толмас құлқын, қомағай пиғыл Орымбекке Жаубай дүниесін ұрлатты. Өз малын сыйғыза алмай жүріп, құйрығына дарбитып қалжуыр байлап алды. Енді ол тойымсыздықтың сазасын да, жазасын да тартатын болды.

Сонымен, інім, колхоз болдық. Азғантай егін салдық. Малсыз, егінсіз ел әлі қарекетсіз жүріп жатты. Жоғын бары асырап жатты. Қарға тамырлы қазақ. Бүтінін бөліп жеді, жартысын жарып жеді. Қазір, інім, басқа ұлттың адамдарымен араласымыз көп қой. Олар жұмыссыз, қызмет істемей жүрген қазаққа «қалай қан сақтайды?» деп таңданады. Өйткені олар бәрін өздерінің әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен есептейді. Шырағым, мына сен журналиссің, мен мына бүгінгі қызметім атшы. Шынын айтсақ сен де, мен де жұмыс істемей-ақ бірер жыл елді-күнді жан сақтай алар едік. Оны сен жақсы түсінесің. Сенің нағашың бар, ж.иенің бар, құда-жекжатың бар, біреуге әкеңнің өткізгені бар, өзіңнің біреумен үзірің бар. Осылардан сұрасаң әрқайсысынан бір-бір қара аласың, тіпті жүдеп жүргеніңді көргенде саған сұрамай-ақ бір-бір атын өздері мінгізеді. Егер олардың басына күн туса, ондай жақсылықты оларға сен де жасайсың, қол ұшын бересің. Ал құда-жекжаты емес, немере-шөбере туысқанымен емес, өзінің бірге туған ағасымен, апасымен қатыспай, жылына не бір көрісіп, не көріспей жүретін, келе қалса бірінен бірі тамақ ақысын, жамбас ақысын алатын адамдар «жұмыс істемей қалай күн көреді?» дегенде таңданасың ба, таңданбайсың ба! Тіпті, інім, мен теріме сыймай құрсанып, ыза боламын. Әрине, жұмыссыз жүрмеу керек, қарекет қылу керек. Ал адам болған соң, басына сондай бір іс түспей тұра ма? Сондайда қазақты бірер жыл ағайын-туғаны асырай береді. Оны қазақ елді-күнді күн көреді дейді. Отызыншы, отыз бірінші жылы қазақтың бәрі сол елді-күнді күн көріп жатты. Алда сайрақ жатты. Ол сайрап жатпады. Оның байраққа апарарын, әлде дайраққа апарарын білмей мен өз басым дүмгандау болып, сенімсіздеу жүрдім. Шерменделігімді сыртыма шығара алмадым. Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады!

* * *

Шұнақ шал өзінен-өзі қарқылдап күліп жіберді. Мұным рабайсыздау болды ма дегендей езуін тез жиып, көзінің дымын сүртіп, түнере қалды. Сонан соң алдындағы төңкерулі жатқан тостағандарға қайта шүпілдете қымыз құйды. Қымыз таусыла бастады дегендей месті сілкіп-сілкіп қойып, шылдыр-шылдыр еткізіп, маған қымыздың аз қалғанын аңғартты.

— Мейілі, кешке дейін іштік қой, таусылатын уақыты да болды ғой,— дедім мен. Шал бір қулығы бардай езуінен жымиып, шұнақ құлағының орнын оң қолымен бір сипап қойды. Сонан соң сол қолымен оң жақ шынтағын, қолының қарын бір сәт уқалап отырды. Аспанды тегіс қайта шолды. Еш жерде бұлт жоқ, Суықтөбе басында ғана бір шөкім ақ бұлт ілініп тұр. Күн жауады ма дегені болуы керек, басын шайқап-шайқап жіберді, әлде сүйегі сырқырап кетті. Жаста көрген азаптың тебіні қартайғанда азар береді. Ол енді жазылмайды, сүйекпен кетеді, көбіне қартайған адамдарға жолап кетсең ауруын айтып жүріп береді. Ал Шұнақ ол жөнінде әзір қыңқ деген жоқ. Ол әңгімені жалғауға ыңғайланып отырды.

— Сұлыбынан текті жаралған адамдар болады. Сен бүгінгі коммуниссің ғой. Оны ұнатпайтын боларсың,— деді ол маған көз қиығын бір тастап.— Ұнат, ұнатпа, тұқым қуалаушылықтың болатыны ақиқат. Тіпті мына фермадан-ақ мысал алалық. Егер тұқым қуалаушылық жоқ болса, неге шәнтік қошқарды күйек алуға жібермейміз. Неліктен Европа елдерінен әр түрлі асыл тұқымды бұқалар тасимыз. Кейде істеп жатқан ісімізге сөзіміз сай емес, кейде керісінше. Тіпті әлімсақтан атадан балаға мирас болып келе жатқан сонау Майқыдан, Асаннан қалған сөзге шәк келтіретін болдық қой. Әр сөзден саясат іздейміз. Алашордашылар пионинаны күйсандық деп айтыпты, сондықтан ол сөзді айтпауымыз керек екен. Па, шіркін! Саясатымыздың сияғын! Немене сонда басқа қазақ күйсандық деп айтпап па? Ал соны да бізге Москва айтқызбай отыр ма? Сен журналиссің ғой, айтшы, қане! Күйсандықтан қандай жаулық, қандай ұлтшылдық тауып отырсың? «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас». Міне, бұл мақалды да орыстар айтпа деді ме? Мәтелді марксизм бойынша жасау керек пе. Қап, әттегене-ай, біздің ата-бабаларымыз сөз жасағанда, мақалдап-мәтелдеп сөйлегенде оған таптық көзқараспен қарай алмапты! Олары ұят болған екен. Сендердің газеттерің «қазір» демей «кәзір» деп жазатын болды. Бір оқыған таныстан сұрап білсем әлігі «Тасбақа торының» істеп жүргені екен. Сонда түбінде коммунизмге жақындағанда «қ» дан безіп, «к» ге жақындай беруіміз керек көрінеді. Өйткені «Қ» қазаққа тән әріп екен, шамасы «к» ден гөрі ұлтшылдау болса керек-ті. Ал соны да Москвадан көреміз бе?

— Сен өзіңше ойға кеттің ғой. Әңгімем ұнамай бара ма? Айтып едім ғой, ендігі әңгіме саған жақпайтын болуы мүмкін деп. Міне, бірді айтып тағы бірге кетіп қалдым. Адамның сұлыбын, зарпын әңгімелеп кеткенім әлгі Қамысбаевты айтпақ едім, інім. Сол Қамысбаев тексіз иен адам екен, жұртты текке қан қақсатты ғой.

Ботпай болысының жартысын Алмалы-Долаңқарадан көшіріп келіп, колхоз ұйыстырған болып, Қамысбаевтың қара жүректігін арқалап ауданға қайттық деген жоқпын ба. Ботпай болысын екі колхоз етіп ұйымдастырған соң облаткомге, обкомге істелген іс жайында, оның барысы туралы анықтама жаздым. Онда жасыратын не бар деп болған істі болғандай баяндадым. Қамысбаев пен Шемишевті адамшылықпен, коммунистік идеямен қоңсысы бай қона алмайтын адамдар деп көрсеттім.

Сол күндері біз Ақсеңгірден жеткенше-ақ Алматыдан облыстық прокурордан телеграмма келіпті: «Фельдшер Қожагелді Қилыбаев тез тұтқыннан босатылсын» делініпті. Білсем облыстық денсаулық сақтау бөлімі мәселені бүйірден қойып, Қожагелді мәселесін тез шешіпті.

— Ал басқаларын ше? — деймін мен Колмогоровқа қарал.— Басқаларының да кінәсі жоқ қой.

— Ондай жауаптылықты мойныма ала алмаймын. Босат десеңіз қағаз жазып беріңіз.— Оныкі де дұрыс. Басы екеу емес. Аяқ астынан контр болып шығу кімге қолайлы.— Дегенмен,— деді Колмогоров,— кішкене уақыт өтсін, мәселе ескірсін. Сонан соң көрейік.

— Сонда қалай, айыбы жоқ адамның бәрін лабаққа қамап, соттай береміз бе?

— Мен не істей алмақпын, Абақ Үйсінбаевич, менің үстімде де бақылап отырған адам көп. Аудан басшысы Сіз дірмәнсіз болып отырған жоқсыз ба? Жүрегімді жыртып қамап отырған жоқпын ба!? — Не дей аларсың оған, енді. Сонымен әр болыстан-ақ осылай адамдар топылдап түрмеге түсіп, теперіш көріп жатты, жұртқа сабыт-ауыртпалық түсті.

Осы арада мен жазған анықтама облаткомде қаралды. Мені мұнда тыңдаған адам болмады. Қамысбаевтікі дұрыс болып шықты. Облатком мәжілісіне қатысып отырған облыстық соттың председателі Серғазы Күшіков бірдеме дер ме екен деп дәмеленіп едім, одан да қайыр жоқ. Ол үксіз қалды. Қамысбаев маған қандікеден ырғыған жебедей қадалды. Үйсінбаев «колхоз құрылысына қарсы болғандарға ымырашылдық жасады, большевиктік танытпады. Ал Бабажанов ашық жақтап шықты. Екеуін де орнынан алу керек» деп мәселені тіке қойды. Бірақ мәселе осылай қатты қойылса да, бұл да жаңбырлы күнгі өрттей өрістемей, жайына қалды. Бабажановтың аты аталғанда Шемишев өзеуреп көріп еді, облатком председателі «ауатком өзі көрер» деп қолын сілтей салды. Мен қатты налып шықтым. Артымнан үндемей шыққан Серғазы:

— Абақ, іренжіме. Уақыт осылай болып тұр ғой. Бәрін де босатамыз. Қылмысы жоқ адамды соттамаймыз. Одан да балаларыңды алып кешке біздің үйге кел,— деді. Менің көңілім тоғайып қалды. «Жақсы сөз жарым ырыс», жан жадыратады. Оның сөзі көңіліме медеу болды, әжептәуір көтеріліп қалдым. Бірақ, інім сол кезде Совет Одағындағы (отызыншы-отыз екінші жылғы) коллективтендіру Тундраға он миллион адамды айдап әкетті деген сөз жүрді. Солар Оңабай, Қонысбайлармен толтырылған болса керек-ті.

Інім, сұлыбынан тексіз адам екен Қамысбаев. Облаткомде қарағанда да, қарап жатқанда да мен бұл іске Қамысбаевты көп айыптамап едім. Бірақ қазақ «жергегінде ұрған» демей ме, бұл нақ сондай кісі екен. Ол енді менің артыма жарық алып түсті. Мен жөнінде обкомға жазба түсіріпті. Зады ол жақта да Шұнақ байқұсты шүнтитқалы жатыр дегенді естідім. Бірақ зайыры оған онша жүлгелене қоймадым. Әділет үшін күресуді өзімнің коммунист борышым деп санадым.

Қазақта «шығасыға иесі басшы болады» деген мәтел бар, інім. Қамысбаев сөзінің ілгері өрбуіне ең алдымен өзімнің ауа жайылғандығым себеп болды. Ауажайылғандық емей не, бай қызымен байланысып қалдым.

Қыз деген қырмызы гүлмен бірдей. Неғұрлым ол құлпырып, мың құбылған сайын әдемі көрінеді. Қалай ғана үзіп алмассың оны, қалай ғана иіскегің келмес. Гүлдің солғынынан шолғыны, көрнектісі жақсы. Ал менің тапқан көрікті гүлім бай қызы болды.

Оның да түрлі себептері бар еді, інім. Гүл күтіміне қарай өседі. Гүл күнде суарсаң гүл болады, уақытында суармасаң қурап күл болады. Ал күтімді гүл көбіне-ақ байларда еді. Кедей қызына қарағанда олар бой түзеп, күтініп үйренген. Бет әлпеттері де тәуір, киімдері де асылдан, қонымды да. Адам көркі шүберек демекші жігіт адам сөйлескенше, әбден біліскенше әйелдің сыртқы бейнесіне, пішініне, порым-бернесіне қарап ой түйеді. Бай қыздарының пішіні де, дене бітімі де көбіне-ақ әдемі еді. Мен мұны айтуға қорықпаймын. Бұл сөзімнің дұрыстығына шүбәланбаймын. Сен кешеден бері жамандағаны байлар еді, енді неге бай қыздарын мақтап-мадақтап барады деп отырған шығарсың. Дұрысы солай. Байлар үнемі малының барлығын істеп қолы жетер жердегі ең сұлуларды құшуға ұмтылды. Әрине, оған еркек адамның бәрі де жетуге тырмысты. Кім әйелім жаман болсын десін. Дүрбелжін, ойқы-шойқыны, не сойқыны кім ұната қойсын. Бірақ таңдағанына, бірін-бірі қитықсыз сүйсе де кедейдің қолы жете берді ме. Ал малы бар қазаққа қатын арзан болды, дегеніне жетті. Тіпті керек десең кедейдің сұлу әйелдерін де солар тартып алды. Әрине сұлудан сумұрын туатыны да болады, дегенмен көбі тегіне, тұқымына тартып көркем, келбетті-тұрпатты туатынына күмән келтірмесең керек. Ал сұлудан туған қыз сұлулық дегеннің не екенін жасынан байқап, бажайлайды. Бет қызартар еңлікті, қастауышты, сүрмені, далапты алғаш мен солардан көрдім. Сүдінін сылауды, шашын сүзуді, қолын бұлауды, тырнағына қына қондыруды да кезінде солардан аңладым. Не ішем, не кием дейтін, ертеңгі күннің қамын армандайтын да олар емес. Ішкені алдында, ішпегені артында. Сондықтан бойын күткен, сыланған-таранған бай қызы жігітті өзіне тартпай қояр ма еді. Оның үстіне махаббат кедейлікке, байлыққа қарата ма. Бетінен нұры тамып тұрған сұлуды көрген соң ер жігіт төніп түспей тұра алар ма?! Бұл бір жағы. Екінші жағы кедей қыздарында бойын күтіп, тотыдайын таранып отыруға мұрша бар ма? Өз басында билігі жоқ, байдың есігіндегі ебей емес пе еді, ол. Ал киімі туралы тіпті сөз айтудың керегі жоқ. Жыртық бешпент, жырым етек көйлек ішіндегі қыздың данышпандығы сыртынан көріне қояр ма. Сондықтан да большевиктердің ішінде махаббаттан тыс жылтыраған бетке қызығып, ұрынып қалушылық болмай қалмады. Мен де соның бір құрбаны болдым.

Бір күні қызметте отырғанымда есіктен бір әйел көрінді де, кіруге рұқсат сұрады. Ықтиярлық алған соң кіріп келе жатты. Көзіме ол Ұлтуған сияқтанып кетті. Мойыны аққудың сұңғағындай жұп-жұмыр. Бірақ өзі Ұлтуғаннан гөрі торылау. Сүдіні сынды да, денесі сымбатты. Күлімдеген мойыл көздер жайнаңдап мені ішіп-жеп барады. Тік сандалдың терегіндей бойы қандай. Қызыр келіп нұрына қор құйғандай. Үстіндегі киімі қалаша. Тек екі бұрымын өріп арқасына тастаған да, оның желке тұсында кішкене өрнекті шарқаты жалбырап, гүлге қонған көбелектей ілініп тұр. Бұрымының әрқайсысы жеңді білектей десең бар. Аяғында ол кездері қазақ әйелдеріне әлі тегіс жете қоймаған ұзын қонышты біз өкше бәтеңке-штиблет. Кіріп келе жатқанда байқадым, ол кез үшін тым қысқалау көрінетін қызыл жібек көйлек тізесінен болар-болмас төменірек түсіп тұр, екі жіліншігі түп-түзу. Қара дұқабадан қамзолы жапсыра тігілген. Оны алдына жалғыз қапсырмамен қауыштырып қойыпты. Қамзолдың қынай тігілгені соншалық, құмырсқа белі бөлектеніп, үзіліп кете жаздап тұр. «Белі қылдан жіңішке, үзіліп кетпей нағып тұр» деген Қыз Жібек бейнесі көзіме елестеп кетті. Бетін жеңіл опалаған. Інім, еркекті тартатын көбіне әйелдің көзі. Жалпы қай адамның болса да нұры көзінде. Оның қайнаңдаған қара көзін көріп, қылаңдауы жаман, қырымпоз пәле болып жүрмесін дер едің. Жоқ, көзді көмкерген ұзын, сояу кірпіктері оның сырын іркіп қалуға әдейі жаралғандай, найзадай қадалып етіп барады. Алғаш Ұлтуғанға ұқсатқаныммен көзінен сескеніп, тіксініп қалдым. Көзін қалай қайнаңдатқанмен, жүзінде сәл ызғар бар сияқты. Екі самайында әдейі қырқып қойған ба дейтіндей тұлымдай шаш қап-қара болып, оралып, орақ сияқтанып орай жасап тұр. Орайдың ұшы бетінің шығытына жақындап, есіліп қалыпты. Бұл оралған шаш та оған айрықша көрік беріп, оралын асыра түскендей. Ол күлімсірей сөйледі:

— Сәламатсыз ба, ағай! — «Жылуы жоқ бойының, жылмиғаны неткені» деген ойыма орала кетіп, тағы да тіксініп қалдым.

— Сәламат, саумысыз, келіңіз! — Ол именіп қалғандай түр көрсетті.

— Отыруға рұқсат беріңіз,— деді ол қымсынған болып. Бірақ неге екені белгісіз, маған ол ишара жасанды, мүдәйі-аярлық болып көрінді. Сөзімді пәмлеп айтып тұрмын дейтін болуы керек. Сөзін қалай мақтадай ұлпалап, ұлпандай мүнәйімдеп сөйлесе де, түрпідей болмаса да іріген қымыз түбіндегі ерпідей екені білініп, іртіктеніп тұр.

— Отырыңыз,— дедім мен салқындау. Алғашқы көрінгеніндей емес, енді ол Ұлтуғаннан алыстап, бөдейіленіп бара жатқандай еді. Ол орындықтың шетіне ғана ілініп отырды. Маған мұнысы да жасанды көрінді.

— Менің атым Мақпыр Шойқара қызымын. Қызмет сұрап келдім. Алты айлық медицина фельдшерін даярлайтын курс бітіріп едім. Сізден бір жәрдем болар ма екен деп келдім,— деді. «Жәрдем болар ма екен деп келдім» дегені де маған өтірік

Көрінді. Өйткені ауданда жәрдемді ауатком төрағасы көрсетпесе, онда басқа кім қол ұшын бере алмақ. Шамадан тыс мәймөңке, пәмлеп сөйлеу, әлде аярлық, мүдәйілік.

— Қандай жұмыс істей аласыз? — деп сұрадым Мақпырдан.

— Сеніп тапсырғаныңыздың бәрін де.

— Ағарту бөліміне тексерушілік қызметке барсаңыз қайтеді.

— Жарайды, сонда жасайын.— Сөз осымен тәмам болды. Сол кездегі аудандық ағарту бөлімінің бастығы Ыбырайым Ізбасаровқа Мақпырды ауызба-ауыз тапсырдым. Бұл бикештің жұмысы сонымен бітті дедім. Жоқ, ертеңіне ол қайта келіп отыр. Киімі кешегіден өзге, тіпті құлпырып кеткен. Ал қара қаттаудан көйлек, бұл өңірде әзірге кездесе қоймаған қызыл тоқымадан қамзол киіпті. Бір сәт тесіліп қалғанымды өзім де байқап, сұғымды тыйып, сұқ көзімді оның алаулаған келбетінен аударып кеттім. Порымы қандай тамаша еді, бернесі қандай керемет Түлкінің жаутаңынша көзін жайтаңдатып, қырғиландырып, аударып төңкереді. Алөңдігі құлжа алмадай албырап тұр. Еңіл езіп жаққан ба дегендейсің. Бойымды жинап, өзіме өзім тыйым салдым.

— Шаруаңызды айтыңыз,— деймін мен.

— Шаруам жоқ, тек сізді көріп кетуге келдім,— дейді ол. Орган ән салып тұрғандай дауысы күміс толқынданып, күмбірлеп кеудесінен шығады. Нем келіспей тұр дейтіндей-ақ.

— Онда, міне, көрдіңіз. Аман-есенмін. Бір құлақтан басқасы түгел. Қош болыңыз!

Мақпыр кібіртіктеп, маймаңдай басып, бұраң-бұраң етіп зорға шықты. Бұл маған күнде қадалатын шаншудай бір пәле болды, ор нәрсені желеу етіп маған күнде бір жолығып кетеді. Мен оны бойыма дарытпауға тырыстым. Масаты-мәулім киіп, малынып күнде келеді де тұрады. Ұрсып, дөрекі, тұрпайы сөздер айтып қайтып келмес қылып жібергім де келді. Бірақ оған коммунистік арым жібермеді, қызмет бабым барғызбады. Шойқара қызымын дейді. Қайдан естіп едім, бұл атты? Әлде тым қапелімшіл, күдікшіл болып барамын ба. Шойқара, Шойқара! Ей мейлі, Шойқара тұрмақ шойдай қара, шоң қара болсын деп оны ойымнан шығаруға тырыстым. Бірақ... қайдан естіп едім, ә?..

Аупарткомның жаңа келген хатшысы Абат Мырзалин менімен тезегі теріс келе беретін болды. Ондағысы алдымен «Ақсеңгір» колхозына Кермекбаевты төрағалыққа ұсынып, екеуміз келіспей қалғанбыз. Кермекбаев кедейден шыққан-ақ жігіт еді, бірақ біз отырғызған, бар бола тұрып, салығын төлемегендердің бірсыпырасы-ақ осымен ілік-шатыстығы болып шықты. Әсіресе төртінші ауылдан қамалған байларға Кермекбаев қазы-қарта, жал-жая асып жеткізді деп хабарлаған Пономорев. Жиырмасыншы жылдары басмашыға қарсы соғысқа барғанда Үшкенттен қашып партиядан шығып қалып, Ленин шақыруы кезінде кіріп алыпты деген өсегі де бар еді. Оның үстіне аудандық жер бөліміндегі қызметі де мені қанағаттандыра қоймайтын, бастықтарға жағынатын жаман әдеті соншалықты жиренішті. Осының кандидатурам жөнінде Мырзалин екеуміздің пікіріміз кереғар келіп қалған. Екінші бір сылтауы Мақпырды ол білетін болса керек-ті, және оны ұнатпайтын көрінеді. Іштегі ашу тепкіні жай айтыла салмаған. Сентябрь туып, оқу басталған шақта аудан мектептерінде үш күн сабақ өтпей қалады. Біле келсе аудандық ағарту бөлімінің бастығы Ізбасаров Алматыдан келмей кешігіп қалады да, бұйрық жоқ дегенді сылтауратып Мақпыр ол келмей сабақ басталмайды дейді. Нұсқау ауызша беріледі. Әр қап астықты аш адамдай аңдып, науқанмен, жоспар бидаймен жүрген мен оны білмеппін. Әрине ол менің жіберген кенереге сыймайтын қатем еді. Сабақ неге болмай қалғанын мұғалімдерден сұрасам олар айтпа-айтпа деп біреу көк желкесінен қойғылап тұрғандай бүгежектеп, кегежектей береді. Кейін уақыт өтіп, қар жауып, із басылған соң сұрастырғанда мұғалімдер мені Мақпыр істеткен нәрсені бұл білмеуші ме еді, әншейін айтқызып, сырымызды біліп алып, бізді жер жастандырғалы отыр деседі екен. Танауларының астынан ғана міңгірлеп, ашық сөйлемейтіні сол екен. Мырзалин де мұны Абақтың білмеуі неғайбіл деп мені кінәлайды екен. Оның үстіне Мақпыр мен мені жұрт өсектегендіктен ол да ашық кете алмай: «Абақ пролетарлық сезімін жоғалтты» дейтін көрінеді.

— Ал мен шынымен ондай нәрселерден бейхабар едім. Мақпыр маған күнде келеді, мен суық қабылдап, сұлық шығарып саламын. Мен жылы қабақ бермеймін, ол келгіштеуін қоймайды. Арамызда аз да болса сөз болған емес-ті. Егер ондай бірдеме болса, ол кеңсеге неге келеді деп ойламас болар ма, бұл жұрт. Қанын шығарып, тұрпайы сөйлеуге хақым жоқ, мен ауданның ағасымын.

Бұл кезде барлық колхоздың байтағы болады деген жердің бәріне қам кірпіш басып, қоныстандыру сала бастағанбыз. Онымыздың он екі де бір нұсқасы жоқ. Әр колхозда он шақты үйдің қалқайтып қабырғасын тұрғызған болдық, мықтағанында төрт-бес үйдің төбесін шине салып, оның үстіне қамыс, немесе шыбық-бұтақ тастап, оның сыртына бір күрек бойы топырақ тастап, үстіне сылақ салдық. Шатыр жасау атымен жоқ. Есік тапсақ терезе кәсегін, жақтауын, оны тапсақ шине, белағаш таба алмай жігеріміз құм болып жүрдік. Сондықтан да «Атқа сатып, атанға қатын алсам, есек кетті маңына жақындатпай» деп Омарқұлдың айтқанындай бәрін түгендей алмай жүргенімізде отыз бірінші жылдан отыз екінші жылға қараған қыс та келіп қалды. Елді киіз үйде бір мекенде ұстап тұра алмадық. Колхозшылар қыстау іздеп жан-жаққа тарап кетті. Шама-шарқымызша салған егіннен алған өнімді мемлекетке тапсырған болдық. Мықтады дегенде колхозымыз екі жүз гектар егін салады. Мүмкін егін сол кезде де қазіргідей бітік шыққаны бар болар. Бірақ ору, тасу, бастыру кезінде көбі ысырап, рәсуа болатын. Аңызда масақ бықып жататын. Оны жұртқа келдектеп тергізетінбіз. Көбіне оған балаларды салатынбыз. Қырманға егінді арбамен тасимыз. Оның жабақысына ол кезде елдің үйінің үзік-туырлығын әкеліп төсей саламыз. Онымыз дән жерге түспесін дегеніміз. Ал құдайға шүкір киіз жетеді. Өйткені колхоздан қашқандардың үйлері тігулі қалпымен, бау-шуымен самсап тұрады. Үйімнің киізін неге аласың, неге бүлдіресің дейді-ау деген біздің таназарымызға кірмейді. Бізге барлығын істей беруімізге болады. Керегесін қақыратып отқа жағу, уығынан қол тырмаға тіс жасау, бау-шуымен арбаға тиелген егінді байлау, белдеуінен — жетек, уық баудан — қамыт бау, бас жіп, делбе жасау біздің келіп ала салатын, әкеміздің еншілеп берген отауының дүниесіндей көреміз.

Қырманға бауланған егінді түсіріп, суынын қиып, шашып тастап бастыруға кірісеміз. Бастырық тас бізде бола бермейді. Оны атпен бастырамыз. Аттың тұяғы қайбір барлық масақты шайнап үлгіретін комбайн. Әйтеуір бастырдым, егін салдым ат. Одан әрбір масақты қолмен жеке үгіп, дәнді ауызыңмен үрлеп тазартып алған әлдеқайда жақсы еді. Шығарып тастаған сабан-топанда қауызды, таза дән саулап жүретін. Шыны атпен бастыру жоқтың күні болатын. Егіннің гектарынан орта есеппен төрт-бес центнер түсім алсақ, оны көп астық деп есептейтінбіз. Егер түсім жеті-сегіз центнерге жетсе, ақ түйенің қарыны жарылды дейтінбіз. Оның інім күлкісі жоқ, өмірінің азапты, азарлы шағын жер сүмесін емес, мал сүмесін емуге, соның ыстық-суығына шыдап үйренуге арнағандарды пәсті-пәлен дегеніне қарамай, байыбына бармай, «берсең де бер бес теңге, бермесең де бер бес теңге» деп таздарға салық салып, бірақ жинауын таз бен саудан бірдей алған ханның қатыгез уәзірінше білсең де саласың егінді, білмесең де саласың егінді дедік қой. Әрине, інім, біз оларды түсіндік те, білдік те. Бірақ бізде айтуға ауыз табылғанмен жоғарыдағы теке сақалда, оған жағынушыларда оны тыңдайтын құлақ болмады. Біз, інім, үйретілген ит тәріздес, айт десе өрекпи жөнеліп, тәйт десе құйрығымызды бұтымызға қысып жата қалғандай жағдайда едік. Е, інім, не дүние өтті ғой, бұл сыңар құлақты бастан.— Шұнақ шал тағы да мұңайып, жаны күйзеліп кетті. Иегі кемсеңдеңкірел барып қайта түзелді. Ол әңгімесін қайта айтты:

— Ал төстегі бұрыннан диқаншылықпен айналысқан Екей, Еміл, Айқым колхоздары егіннен әжептәуір өнім алды... Отыз бірінші жылдың егіні мол болмаса да, тәуір делінді. Аз да болса егін салдық. Мемлекетке де астық өткіздік. Жекешелер әлі бар еді, салмақ соларға көбірек түсті. Колхоз, ауылдық Совет басшылары, белсенділер бір-бір екі метрлік ұшы үшкір темір таяқпен қаруланды, ура іздейтін болды. Колхоздың астығын ұрлаушылар да аз болмады. Соның біразы ұралардан алынды.

— Інім, мен сол кездегі бір нәрсеге қайран болатынмын. Қазіргі мың кісінің қолымен істейтін жұмысын бір машина яғни жалғыз адам біткеретін арынды техниканың заманында қазылмаған арықтардың бұрын болғанына таңданбай тұра алмайтынмын. Сөйтсем, інім, менікі білместік, тіпті әбестік екен. Қазір егін салуды білмеді деп мен айыптап отырған елдің төбе-төбені бауырлатып, жыра-жырадан жер жағдайына қарай тартқан, қазған тоғанын, арығын көрсең. Олар тоған қазған, тоғам басқан. Бірақ кез келген жерге бізге ұқсап аққан суды бөгеп, төменгі құрдымына жібермей қоймаған. Алғау сулар жаңбыр суынан тосылған. Ал егінге пайдаланылған ақаба суды құлақ ашып жайып жіберіп отырған. Біздің еліміз ежелден егінші-диқан болған екен. Жетісуды жете зерттеген орыс оқымыстысы Румянцев тек бұрынғы Верный уезінде ғана екі жүзден астам арық болғанын жазады. Олардың алды отыз километрге, арты бес километрге созылған. Мен көріп таңырқайтын орлар суару жүйесінің — бұрынғы тоғандардың, бас арық, оқ арық, тік арық, қарық, салма аталатын арық-атыздардың ізбіні екен. Шыным, інім, егін салу бізге орыстардың келуімен басталған, ал Совет өкіметі жылдарында өрістеген деп ойлайтынмын. Рас, Совет өкіметі жылдарында егіншіліктің өрістегені рас. Ал Бартольдтің жазғанындай орыстардың келуімен Орта Азиядағы суару жүйелері бұзылған. Өйткені олар өздері суарудың жайынан бейхабар бола отырып, жергілікті халықтың суару жүйелерін нашарлатқан. Інім, сен бұл ұлтшылдық деп қарама. Тіпті десең дей бер. Бұл шындық. Өйткені орыс жері суды көп керек етпейтін, жауын-шашынды жер, көк майса. Әрине, олар да егін суарған шығар, бірақ Орта Азиядағыдай оларда суландыру жүйесі қатты өрістемеген. Егер менің сөзіме сенбесең Алматыға барған соң Румянцевтің төрт томдығын, Бартольд еңбектерін қарарсың. Бірақ зайыры осы. Соңғы үш жүз жылы монгол, құба қалмақ шапқыншылығымен, кейінгі жүз жылы орыс отаршылдығымен еткен қазақтар соғыс бола қалса, үйін, үбін көлігіне артып, малын алдына салып қуып кетуге бейімделген. Сондықтан мыңдаған жылғы ата-баба кәсібі — егіншілік азайып қалған да, тіпті қыратты орталық Қазақстанда ол ұмыт бола бастаған. Кейбір көркөкірек, өкірек-кеудемсоқтардың бізді егіншілікке үйреттік дейтініндей емес, керісінше Совет елі аймағында егіншілік, суландыру жүйесі Орта Азия мен Қазақстан жерінде қатты дамыған болса керек-ті.

— Айтайын дегенім, інім, ол емес еді. Менің қалай «жаулық» жасағаным болатын. Жазда қоныстанатын жерге жинап алынған ел суық күз болған соң, қазақ үйде отырып қысыла бастады. Не алдында малы жоқ, азғантай егін алынған, қыстыгүні жасар кәсіп — жұмыс жоқ, не қыстау жоқ. Сасқан ауыл басшылары жан-жақтан ауданға шапты. Не істейміз деседі, бала-шаға мұздап барады. Бұрынғы қыстаулардың бәрі бос тұр. Оның қолайсыздығы сол — әр үй әр жерде, әр төбенің бауырында, әр жыра — жықпылда, қолат-қойнауда. Қарақыстақ, Сиыршы, Балпық сіләні сияқты қазіргі селолық үлгіде салынған ауылдар некен-саяқ. Қатты толғандым. Балалар бүрсеңдеп қазақ үйде үсіп барады. Тік көйлек киіп шығанағы көрінген қатындар, жалаң аяқ, қызыл жұдырық балалар ақыраптың қауылдырық қары түскенде дірдек қақты. Қара қоңыр қойдың етіне тойып алып, құртты езгізіп ішіп, денесі қызып, ішіне алау түсіп бара жатқан олар емес. Енді не істеу жөн болмақ? — Сол бұрынғы қаңырап бос қалған, бұл кезде иесіз дүние — ескі қыстауларға жұрттың қыстап шығуына мұрсат беру керек деп ойладым. Амал жоқ. Басқа ілдабайлайтын ештеме болмады. Шынын айтсақ біздің оларға бешкеш қылар, тілге тиек етер ештемеміз жоқ. Қолдарында көнтек тоқты, қотыр лақ жоқ. Нені міндет қыламыз оларға. Жұмыс істеп жүрген кезде килолап астық беріп тұрушы едік, оның бәрінен ада болдық. Ел бәрінен бейдама, ескі жын тоғымен, елді-күнді күн көріп жатты. Осындай қысылтаяң кезде жұрттың бала-шағасы ең болмаса жылы отыруы керек еді. Сондықтан ескі қыстауларды паналап шығуға рұқсат бердім. Және мұны өзім ғана істедім. Ол кезде қазіргідей қит етсе аупарткомге қарай шаппайтынбыз. Советтер атқаруға тиісті істі өзіміз өткеретінбіз. Жауаптылықты бөлісу үшін, не одан жалтару үшін бәрін аупарткомге айту әрине қолайлы-ақ. Бірақ оның зияны да жеткілікті. Қазір істейтін ісіңді, бір күн істеуің мүмкін. Тіпті оны шешіп аламын деп аупарткомге қарап ауызыңды ашып жүргенде уақыт сені күтіп тұрмайды. Кеш қаласың. Сонан соң бәрін аупартком шешетін болса, онда Советтердің керегі не? Міне сондықтан бар жауаптылықты өз мойныма алдым. Өйткені декабрь қатты қысып барады. «Қыс қысыл, жаз жазыл». Қысылып, қымтырылып жекжат-жұратын, құдандасын сағалап, жұрт амалдап қыстап шықса, көктемде қоныстандыруға көшіріп алу қиын болмайды деп шамаладым. Қарға тамырлы қазақты осы жылы аш еді деп айтуға болмайтын. Бірақ тоя тамақ ішу де қиындап кеткен. Оралы барлар да азайған. Ал «Дегерес», «Қастек» совхоздарындағы малшылардың колхоздардағыдай емес, қарындары тоқ болатын. Мемлекеттік шаруашылықтың артықшылығы нақ осы жылдары білген кісіге көрініп-ақ тұрды. Бірақ сауаты ашылмаған, кеше ғана жекеменшік иесі болған шаруаны көндіру Қырғыз асумен бірдей еді. «Қырғыз асу» дегенді ұқпай отырған жоқсың ба? Қазақстан мен Қырғызстан арасында осы өзің отырған заңғар тау жатқан жоқ па? Соны асып, арғы жағындағы қырғызға барудан қиын нәрсе бұрын болмаған. Сондықтан осы елде «Қырғыз асудан да қиын» деген тіркес пайда болған. Бірақ жұрттың қыстау-қияуды сағалап кетуін біреулер жоғарыға колхоз тарап кетті, оған аудан төрағасы өзі жол берді деп жеткізді: Aл шынында ел тарап қайда барады. Ата мекенінен алыстай ала ма, олар?! Өтенім-өтенім деп к... түскенін білмей қалған қазақ емес пе, бұл. Кір жуып, кіндік кескен жерім деп тауы тұрып құмында, көлі тұрып шөлінде қалған қазақ емес пе, бұл. Балдырғаны білектей, бүлдіргені жүректей, ат басындай алмасы, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған көлді, сылдыраған бұлақты, сарқыраған өзенді, Алатаудың, Алтайдың, Қаратаудың, Көкшетаудың, Баянтаудың, Саянтаудың бал емізген балаусалы баурайы тұрғанда Қызылқұмға, Қарақұмға, Нарынқұмға, Сартауға, Бетпақтың бет қаратпас шөліне жайылған қазақ емес пе, бұл. Қашанда жер жады қазақ емес пе, бұл! Ал түсінгісі келмегендер мұны түсіне қоя ма?

Көктем келісімен-ақ елді тез жинап алу оңай болатын. Оған ел көндігіп те қалған. Бірақ жұрттың қыстау қуалап кетуі қиындық та туғызды. Совет өкіметі жүргізетін шараларды ұйымдастыру қиындады, жұрттың басын қосу ауырлады. Көптеген мектеп көрген балалар оқудан қалды. Оның үстінде мектеп жанында тұрып-ақ оның есігінен сығалап көрмегендер де жеткілікті еді. Міне, осы бір адамшылықтан туған шара мені айыптауға жетерлік жүк болды. Елді неге таратасың деген сұрақ бар да, бірақ оларды енді қайда қыстатар едік деген нәрсе еленбей, керенау күйінде, «онда біздің жұмысымыз жоқ» дегендей қала берді. Марксизмді творчестволықпен пайдалану керек, ол догма емес деген қағида да бұл жерде жүзеге аспады. Елің суықтан өле ме, қырыла ма, онда ешкімнің жұмысы жоқ, бір жерге ұйысу керек деген нұсқау бұрмаланбауы керек. Сондықтан сенің басыңның керегі де жоқ, өйткені жоғарыда ойлап шешкен адам бар, енді сен нұсқауды соқыр орындаушы, адам бейнесіндегі механизм болуың керек. Әрине, осының бәрін партия біліп отырды дей алмаймын. Бұл өз қарақан бастарының ғана қамын ойлайтын бергілердің ісі болуы да ықтимал. Мені олардың аямайтынын білдім, інім. Сонда да басымды бәйгеге тіктім. Ішінде арқауы жоқтар мүздап марғау кеткенше, бәрі өлгенше мен өлейін дедім. Қарыны аш байқұстар ең болмаса жылы отырсын, жұрттың бәрі жылағанша бар ауырмалықты-сабытты мойныма алып, ташаланды да, тасырлықты да мен-ақ көрейін дедім. Партия елді суыққа қамап қыр демейтінін білдім, бірақ менің айтқанымды тыңдайтын құлақ таппадым.

Бұл аз болғандай тағы пәле тап бола кетті. Біз большевиктер тыңнан жол салып келе жатқандықтан болса да, не аңғырт соғып қалсақ та, әйтеуір аяқты агат басып, мүлт кеткен жерлеріміз де аз болмады. Қанша сақ, қанша ұтқыр болсаң да зымияндықтың бит ішіне қан құйған неше түрі бар екенін біле берермісің. Мақпырмен — бай қызымен байланысты, колхозды таратты деген айып-тағылып жатқан күндерде Байхановтың қалған туысқандары да маған келгіштеп, жан-жақтан шабуылын көбейтті.

Үнемі Түзелбаевтың, кейін Байхановтың үйінен шықпайтын, Қарақыстақтағылар біз тұмсық атандырып жіберген Көбеғалиев деген бір күні кабинетке кіріп келді. Тұмсығы біздей, екі көзі туздай бұл адамның көзі бір жерде тұрмайды. Жылтың-жылтың етіп, ойнақшыған ұры көз адамға тура қарамайды, ылғи тайқып кете береді. Шығыңқы сүйір иегі де біз тұмсығына лайықтап соққандай кәрі мысықтың жағындай пістиіп тұрады. Және ол мекте бір тал қыл жоқ, кесе. «Көсені үйге кіргізбе, к... жерге тигізбе» деген қазақ мәтелі есімде тұрса да бұрын алдыма келмеген кісіге сыпайылық көрсетіп «отырыңыз» дедім. Байқаймын, әлгінің айтар сөзі жоқ, аман-түгел айтысқан соң сөзі жуыспай, қожырап бет-бетіне кетті. «Ал басқа айтарыңыз жоқ болса» дей бергенімде есіктен ішкі істер қызметкері Припоров кіріп қалды. Сол сәтте Көбеғалиев шарап шөлмегінің тығынынша атылып орнынан тұрды да:

— Әбден дұрыс болды, осылай жүргізе беріңіз,— деп есіктен жылыстап шыға берді. Және бұл сөздерді орысша айтты. Мен «нені?» деп сұрауға үлгірмей қалдым. Сол күні әлгі бізтұмсықты жер-көктен іздеп таба алсамшы, қане. Бұл бұл ма, одан да сорақы бір жағдай және болды.

Келесі күні кеш алдында Мырзалинге кірдім. Ол аппақ, шашы қап-қара өте сынды-пішінді жігіт еді. Кабинетте жалғыз екен. Мені суық қабылдады. Бірақ талай адаммен жұмыс істесіп, көпті көрген, сыннан өткен партия қызметкері ішіндегі өліп жатқан итін білгізгісі келмейді. Дегенмен саясатпен көзін ашқан, жасынан адам қабағын аңдып өскен адамға оның маған деген кірбіңді пішінін, қойнындағы тартылғалы тұрған адырнаны, атылғалы тұрған салақпанды аңғару қиын емес еді. Мен отырып үлгерместен үстімізге бұза-жара сауда төңірегінде жүретін, бір жақтан конфискеленіп келген бай баласы Бақас кірді. Мырзалин оған «тоқтай тұр» деп айтпады. Ол кезде, інім, «тоқтай тұр» деу де, «рұқсат па?» деу де сирек айтылатын. Ондай ресмилік кейінірек келді ғой. Басы бақырдай Бақас аты-жөні жоқ келе мені құшақтады да: «Айтқаныңыздың, Әбеке, бәрін жасадым. Енді маған риза шығарсыз, тағы тапсырманы тағы жасауға әзірмін»,— деді де, шыға жөнелді. Мен бұл жолы ашуланып қалдым. Өйткені енді ұға бастағандаймын, бір өрмекші торын құрып, мені шыбындай быжылдатқысы келгенін айқын ұқтым. Жалма-жан тырыс дегізіп, тапанша кісесін ашып қалыппын. Қолымның тапаншаға қалай барып қалғанын қайдам, Мырзалиннен қысылып кеттім. Байсалды деп санаған адамым мынадай болды ма дей ме деп, ұшқалақтық жасағаныма қынжылып отырдым.

— Бұл не, Әбеке, сізді өңкей контрлар қоршап, буып алған ба, қалай,— деді. Ол сызданып айтты. Беті күреңітіп, сөзін ызалы күлкімен көмді.— Тіпті ашық кеткенсіздер ме!? — Мен көріне көзге жасалған арандатушылықты ол көріп отыр деп, қолымды тапаншаға апарғаныма қысылып қалсам, ол мені арам тұтады, мені тап жауларымен қосақтап қояды.

— Қалай? Қалай дедің? Не деп барасың, сен! — деп қайта тапаншаға қолым барып қалғанына өзіме-өзім таң қалдым. Мұндай қызбалық, ұшқалақтық менде бұрын атымен болмайтын. Жүйкем жұқарғанын анық байқадым. Отырғаным аупартком екені есіме түсіп, қысылып та қалдым. Отырғаным аупартком ғой. Онда Мырзалин отыр ма, әлде басқа біреу ме, қасиетті орын ғой, ол. Суық тер бұрқ ете түсті. «Іші өткеннің арты білер» дегендей ішкі киімдерімнің сығып алғандай су болғанын сезіп отырдым. Кетіп қалу жеңілтектік болар еді. Қалшылдап, дірілдеп, ашуланып, буырқанып кеттім. Жоқ құлағымның орынын бірнеше рет ысып-ысып жіберіппін. Ақыры отыра алмадым. Жарылар шиқандай сыздап отырған Мырзалинді көргім келмей кетті. Оның аппақ маңдайы маған қара тақтадай, қап-қара шашы бурылданып Голощекиннің шашына ұқсап бара жатқандай, көгеріп көрінді. Хатшымен енді сөйлескім келмеді. Оның маған деген беті белгілі болды. Ол өзі сөзге шақырмады, тырс етпеді. Маған енді мұнда отырудың жөні жоқ екенін айқын түсіндім. Орнымнан тұрып, пұшайман боп шығып кеттім. Тымырайған күйінде Мырзалин қалды. Сол қалпымен кеңсеге барып арпа шай дайындаттым. Ашуым басылар емес. Арпа шайды білуші ме едің, інім. Кәдімгі арпаны күйдіре қуырып, оны қол диірменге тартып ұндайды да, бір кесе суға бір шай қасығын тастап, үстіне қант салсаң қалуы осы заманғы кофе дайын болады. Содан толтыра бір кесесін ішіп, терімді кеңіттім. Қап деп ойладым, осы бір ашу үстінде әдепкі келе беретін сайқал келер ме еді, қаз болып көрінген қарабайды порым-пошымына қарамай жөнде киіп, ақиланған дуанадай басына әңгір таяқ ойнатар едім. Бір мүскінді шауып тастай жаздайтын, жылан қат қылышын лоқылдатқан одыраң, әңгүдік батырша тапаншаға қолым барып-барып қалғанын тағы байқадым. «Менің мұным не, осынша?» деп өзіме-өзім басу айттым. Сонда да көңілім ғамкүн. Бал ашатын календардай селкілдедім, ыза билеп алды. Жалғыздық басыма түсіп, қапаланып, күлпет тар қылды. Не шүйетін құсым жоқ, не сүйетін қызым жоқ, Тарланкөктен өзге жанымда тіршілік иесі жоқ. Бар өмірімді Совет өкіметінің отын түтетіп, алендігін алаулатып, егізін екі қылу жолында күн кешіп келемін. Әддіден асқан жерім жоқ, еңсітіп біреудің жесірін алмадым, қара жорға мінбедім, қара торқа кимедім, әзірге аспандағы мисақтай жалғыз тартып барамын. Қалай-ақ құмайтта өскен кеуректей желге ұшып жоқ боламын.

Хауыздан кәусар ішкендей дәуренімнің мәулеті аз болды, мәуреті өтті. Алтынды алжассыз айыратын қардар-зергердей-ақпын деп жүретін едім. Сонда да ісім оңға баспады. Шарболаттай мықтымын деуші едім, шатқаяқтап, тас тиген әйнектей шытынадым. Осыларды ойлап күйініп, күйзеліп біраз отырдым. Менің мұным не, сонша қапаланып дедім бір кезде. Жаубайдың есігінде де жүріп күн көріп едім ғой, «бұдан жаманымда да тойға барғамын» демей ме қазақ. Шіркін аталарымыз қандай оптимист. Ашықса: «қазан ауызы жоғары», «таңғы нәсіп тәңірден», «біз де қатын болармыз, қапқа тары салармыз», «біздің де қолымызға қарға...»; жат жерлік, жат елдіктер басып алып, құлданса: «бізге де күн туар», «біз де тауға шығармыз» деп үмітін ертеңге артты. Баласын қай жолмен болса да болашағына, алдағы алар асуына үндеп, «үмітсіз сайтан», «қамшы салсаң жаманға, қамығып қалар сан жылға» деп шықпады. Қыңбады. Осындай қаяусыз тәрбие берген аға үкесін үлгімен баулыды. Ыстанының ышқырын ұстауға шамасы келгені ат жалын тартып мінуге тырысты. Дұшпанына ағынбады, досына әбілет дегізбеді. Ендеше менікі не? Керімсал кімнің басына келмес, парша жамылып, бүркеншекпен туған адам аз. Жайрап қайтам ба деп күманданатын сайраққа жиналған мен емес, екі қолға бір бейнет, күрекке малақ табылады дағы. Осылай өзімді өзім жанып көтеріліп отырдым.

Есіме Әбдіқадыр түсіп оны шақырттым. Ол көп күттірмей жетті. Жел ұсатқан қарт көк сеңдей уатылып барып ес жиып отырғанда ол менің көңілімді аулай кірді:

— Әбеке, күн кешкіріп қалды. Сыртқы босағаны иіскелеп Тарланкөгіңіз тұр. Атқа мініп Саршыбырға көтеріліп қайталық. Әлгі Ермекбай «біздің үйден бір шай ішіңіз» деп еді.

Ермекбай «Бұрған» колхозының азаматы. Қарақыстақ өзенінің бойында диірмен ұстайтын кісі. Жасы қырықтың үстіне шығып қалған адам. Үстінде үйі бар дегенің болмаса мен сияқты жалғыз басты жігіт. Қарақыстақ саласынан бір құлақ суды жырып алып диірмен салған ұста кісі еді. Диірмен тұрған жерде бірер гектар алма бағы да болатын. Ол колхоз ұйымдасарда «менің колхозға берер малым жоқ, атсыз арбам бар, алма ағашым, диірменім бар, осыны алыңдар» деген-ді, сөйтіп «Бұрған» колхозына мүше болған. Мен аз да болса басыма айналған бұлтты сейілтпесем де, ойды ыдыратпақ болдым. Тарланкөкке мініп, Әбдіқадырмен бірге Саршыбырға тарттым. Баратын жеріміз онша алыс болмағандықтан күн шыту болса да аяңдап келе жаттық. Бағанадан бері қатар келе жатқан Әбдіқадыр желі бойы кейін қалып қойды да, сонан соң жанымнан желіп өте шығып, ілгері барып маған қарап тұрды. Жақындағанда байқасам ол маған емес, атқа — Тарланкөкке қарап тұр екен.

— Жануар бәйгеге бір түспей-ақ кетті-ау,— деді де қадепкі атпазылардай сөйлеп кетті.— Осы мисыз жүйрік болса керек-ті, және өте алысқа шабатын ат болған. Бірақ енді жасы кетіп қалды ғой. Алды аяңдап, арты желіп отырған осындай бота тірсек, шыт бұттан шығады ғой, шын жүйрік.

— Немене? Енді менің пешенеме біткен жалғыз атыма көз тіктіңдер ме? Өзің Тұрапбайға шығарып бергелі жүрген жоқсың ба? Тарланкөкті жаңа көргендей болдың ғой.— Екеуміз Саршыбыр алқабын жаңғырта күліп алдық. Бұл менің өткен көктемнен бері бірінші езу тартуым еді, інім. Кейде жұрт бастықтардікі рахат қой, оларға бәрі әзір, жағдайлары да бар деп ойлайды. Рас, інім. Бастық болған адамның жағдайы болады, бәрін жасап алу қолынан келеді, «ләппай» деп от айнала жүгірген ала күшіктер қанша. Бірақ, шырағым, шын ел басқарған адамның ішкені ірің, жегені желім. Ауданда, облыста, республикада, Одақта болып жатқан кемшіліктің бәрі басқарған аймағына қарай соны табады, ауылда лақтың аяғы сынып қалса, оған да ренжитін кез болады. Өйткені өзі бастықтығын өткеретін аймақтың бар ауырмалығы соған түседі, бір қарағанда төңірегінде нөкер, дүбірлері толып жүрген бастықтың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс сияқты. Ол солайы солай. Бірақ, інім, жауаптылықты сезінген бастықтың айтар болсақ жаны тырнағының ұшында жүреді. Бір ауданның адамы, малы-мүлкі түгіл, бір қора қой бағудың өзі қандай. Бір тоқтым өлмесе екен деп ыстықта пысынап, суықта дірдектеп шопан еңбектеніп, бар ыдын-ықыласын төгіп жүрмей ме? Ендеше сол бір қора қой баққан адамның жауаптылығын бір колхоздың, небір кәсіпорынның, ауданның, облыстың көлеміне қарай ұлғайта ойлап көрші, онда төбе шашың тік тұрады, арқаңа қоңыз кіріп кеткендей абыржисың. Інім, бастық болу оңай нәрсе емес, ол айтуға оңай, не садаптан қарағанға оңай болып көрінеді. Өзің аңлап қарашы, не өзің танитын бастықтың бірін ойыңа түсірші. Бір-екі жылдың ішінде самайын қырау шалып, үш-төрт жылда басы тұз түйген келсаптай әлде ұнға аунаған қара мысықтай болып шыға бермей ме. Ол қызметтің, бастықтықтың оңай болмағаны, ондай шаш ағаруы бастықтардың әйтеуір бастық болу үшін жүрмегенінің нышаны. Әрине, адам болған соң олардың арасында неше түрлісі кездеседі. Осы жұмсақ креслода уақытша отырып, қалтамды толтырып, қаражатымды көбейтіп қайтайын дейтін алғал адамдар да болады, олар жұмыс істеген болып көрінеді, ал шын мәнінде тек өзінің жеке басының мүддесі үшін күн кешеді. Оның бетіне әжім де түспейді, самайына ақ та кірмейді, жылтырайды да тұрады. Ондай адамның досы көп, дұшпаны жоқ. Дұшпаны жоқтығы оның кісілігі, жақсылығы молдығынан, сұлыбынан адамгершілікті болып жаратылуынан емес өзі басқарып отырған мекеменің ісіне жаны ашымағандығынан сондықтан өгіз өлмес, арба сынбас күн кешуінен, еш адамға қатты сөйлемей, досша жылатып айтпағандығынан болады. Ал адамның атқарған жұмысының кемшілігін қазып, жеткізіп айту «жылатып» айту ол біле білген кісіге дұшпандық емес, ол достық. Ол оның алдағы өміріне сабақ, істеген ісінің өнімді болуына кепіл. Көбіміз оны. дер кезінде түсіне аламыз ба, оны адамшылық тұрғысынан ұғамыз ба. Көбіне-ақ біз өзімізге сөйлемесе, жұмысымыздағы кемшілікке төзе беретін болса, сондай бастықты көбірек ұнатамыз. Ал нағыз дұшпаның да, жауың да сол саған қалай болсаң, олай бол, яғни бұл болмасаң күл бол деп қараған бастық. Шынын ойлап қарасаң, ол сенің бүгініңе жақсы кезбен қараған болып отырып, ертеңгі күніңнің бәрін қара қаптан түнекке айналдырып, бүкіл болашағыңды қайғы қылып отыр. Кемшілігінді досша түсіндіріп жайлап ұғындырған бастығың — әкең, ұрсып айтқан бастығың — ағаң, оған ренжіме, мәлөл болма. Ал ұрыспаған, үндемеген бастығың ол сенің — жауың. Әрі-беріден соң ол саған ескертпе жасамай-ақ, ақыл айтпай-ақ, «оған мен үйретуге тиіс емеспін, оның маман деген дипломы бар, қолынан жұмыс келмеді» деп үндемеген күйінде қызметтен шығара салады. Ал көбіне ескертпе жасамайтын, ұрыспайтын бастық не ол өзі бұл жерде уақытша қалтасын қампайту үшін жүрген адам, не сені ертең кызметтен шығармақ. Ал барлық жауаптылықты мойнына алған бастық шын жұмысына жаны ашыса, оның күлкісінен мәлелі көп, сөзінен үндемеуі көп. Інім, мен сондай жұмысқа жаны ашығыш, жанымдағыларға жанымды беретін бастық болдым деп айтқым келіп отырған жоқ, төңірегімде болып жатқан толып жатқан жігеріңді құм қылған, сұмдықты көре отырып өзіңді сұм қылған жағдайдан көріксіз де, көңілсіз де тартқандығымды айту еді. Аяғың, қолың бос, бірақ діліңде зәнжір, мойнында күнде, аяғыңда кісен. Басыңа кезге көрінбейтін бұғау түскен. Ол сенің күлкіңді де, қартамыс ақылыңды да алған. Сондықтан, інім, мәлел, көңілсіздік билеп көптен күле алмай жүр едім, ол көңілсіздіктен ұзақ-ұзақ даққа қалар едім, одан бойыма дімкәстік түсер еді, күндік тартар едім.

— Шын айтамын, Әбеке. Жақсы аттың жөні басқа ғой. Жылқыбайдың салкүреңі де жақсы жылқы,— дейді Әбдіқадыр. Оны неге айтып келе жатыр десемші бір.

— Жаман болса арламас еді ғой,— деймін мен.

— Салкүреңді мінгіңіз келе ме? Датыңызға атыңыз сай болсын!

— Жаяу жүрген жоқпын ғой. Астымда атым бар ғой. Талайыма мінсем де, талауыма байласаң да бір ат маған жетер.

— Ендеше неге оны бізтұмсықты жіберіп ұрлатып аласыз? Сол Салкүрең сіздің шығытыңыз болыпты,— деп қарқылдап күледі Әбдіқадыр. Енді бірдеңе түсінгендей болдым.

— Не оны қара көтеріп білдің бе, не деп келе жатырсың, сен? — деп мен Әбдіқадырға қарадым.

— Е, баяғыда болыстардың бәрі ұры ұстаған,— деп Әбдіқадыр тағы қарқылдап күлді.— Сол сияқты сіз де ұры ұстапсыз ғой.

— Ия, шығыт ат жасайын деп едім, біліп қойдыңдар ма? — деп мен де күлдім.— Көбеғалиевты таба алмай жүрмін, иттің күшігін.

— Сіздің «ұрыңызды» отырғызып қойдық қой,— дейді Әбдіқадыр. Сөйтсе, інім, менен шыққан күні бізтұмсық түнделетіп Майтөбе бауырындағы Қарасайда отырған Жылқыбай бай ауылына барады. Бар малын салынған бидай салығына төлеп, екі-үш қара, жиырма шақты уақ жанмен қалған Жылқыбай үйінің төңірегінде адам аяғының саябырсуын аңдып жатады. Олардың да ендігі үміті — Салкүрең. Күнде кекілін тарап, құйрығын сүзіп бар ермегі жалғыз аты болған бай өзі атының ат-дорбасын алып, желі бойы жерге жетектеп барып екі алдыңғы аяғына кісен салып, оған қоса ағаш тиекті, күдері баулы, тірсектігі қызыл былғарыдан жасалған шідерді салып қайтады. Жылқыбайдың үйге кіргені де сол еді, сыртта айғай-ұйғай естіліп, біреулер шаңқылдасып жатады. Шыдамаған шал далаға шықса баласы Шөжеғұл және бір ағайыны екеуі біреуді желкесінен алып, май құйрығынан тепкілеп, үйге айдап келеді. Мал жайлайтын, біреуді біреу біліп болмайтын, апақ-сапақта бұл не шу екенін Жылқыбай түсіне алмай тұрады. Айғайлап сөйлеген Шөжеғұл әкесіне:

— Әке, ұры ұстадым,— дейді.

— Не дейді, мына бәтшағар? — деп Жылқыбайдың есі шығып кетеді. Ұсталған ұрыны үйге кіргізеді. Аспалы отызыншы шамнан үйдің іші жап-жарық. Тұмсығы біздиген, бұл өңірде бұлар көрмеген біреу:

— Мен ұры емеспін,— деп безілдеп қоя берді.

— Енді нағып жүрсің? Ұры болмасаң кісенді қалай аштың? — деді Шөжеғұл бізтұмсықтың желкесінен алып.

— Әкел деді, әкетейін дедім,— дейді бізтұмсық.

— Кім әкел деді. Не малтаңды езіп тұрсың? — деп сөзге байдың өзі араласады.

— Үйсінбаев сіздің атыңызды алып кел, ұрлап әкел деді,—- бізтұмсық кірпігін қақпады да, шімірікпеді де.

— Ей қой, Абақ ұры ұстайтын адам емес,— дейді Жылқыбай.

— Е оның байларға қамқоршы екенін білемін, сендердің үш жүз қойға бермейтін аттарыңды орталыққа алмай отырғаны да сол, сендермен жақын екен ғой,— деп шатады бізтұмсық.

Содан кейінгісін Бабажанов былай суреттеді. Әлдеқалай бай баласы Шөжеғұл бір туысқанымен келе жатса, Салкүреңнің жанында біреудің тұқшыңдап жатқанын көреді де, әкем атты кісендегелі жатыр екен ғой, шалды әурелемей кісенді өзім салайын деп атқа бұрылады. Сөйтсе шілпиген біреу, киімі, қомағы әкесіне ұқсамайды. Салып жетіп екі атты Салкүреңнің жанына келсе, ұры кісенді ашыпты, енді шідерді алмақ екен.

— Ей, ұры шешіп алмайды, кесіп алады, ақымақ,— дейді Шөжеғұл. Кісеннің салдырымен екі аттының жанына келгенін білмей қалған ұры:

— А, а, мен әншейін, көрейін деп...— деп сасып-салбырап қалады. Олар түнделетіп ұрыны Қарақыстаққа жеткізеді. Одан кейін Әбдіқадыр жүргізген тергеуге бізтұмсық жауапты былай береді:

— Көбеғалиев, Жылқыбайдың атын неге алдың?

— Үйсінбаев әкел деген соң алдым.

— Онда неге иесіне айтпадыңыз?

— Иесіне Үйсінбаев айтқан ғой дедім.

— Кісенге кілтті қайдан алдыңыз?

— Өзімде бұрыннан жүрген еді.

— Демек, кісендеулі атты алуға бұрыннан қамданғансыз ғой.

— Ия, ия. Жо-жоқ. Абаққа сыйға тартайын деп едім. Үйсінбаев өзі әкел деген. Припоров естіген.

Припоров: — Үйсінбаевқа «солай істей беріңіз» деп тапсырманы сіз бердіңіз ғой.

Көбеғалиев: — Жоқ ол берді,— жо-жоқ мен бердім айтқандай. Жылқыбай байдың атын алып бер дедім. Ол байлармен жақсы ғой...

Мен, інім, бізтұмсықтың қамалғанына қуанған жоқпын, атымның атала бергеніне ренжідім. Амал не? Бұлар маған осынша неліктен жабысты деп себебін таба алмадым...

Сонымен диірменші Ермекбайдың үйіне түсе бергенімізде Саршыбырдап шыбып-құйын болып бір атты шауып келді. Әбдіқадыр да, мен де тесіліп қарап қалдық. Оның ауылға қарай шабуы тегін емес екенін білдік, далада қарсы алдық. Аттың да, оның да үсті ақ қырау.

— Сейдахметті бандиттар атып кетті.

— Қайда, қайда? Кімді атып кетті? — деп Әбдіқадыр қайталап сұрады.

— Сейдахмет Ысқақовты атып кетті. Қансырап жатыр. Есі кіресілі-шығасылы.— Інім, іс теріс бағарында қашанда қисыны кетіп, болар-болмас нәрседен басыңа пәле бінә бола береді. Кейде істеген жақсылығың өзіңе пәле болып жабысады. Сонымен Ермекбай үйіндегі шай жайына қалды, «байтал түгіл бас қайғы» демекші, енді қайткенде де жылқышыны аман алып қалу шарасы басқаның бәрін ысырып кетті. Хабарға келген жылқышыны Қарақыстаққа дәрігер әкелуге, милицияға хабарлауға шаптырдық та, өзіміз тура Саршыбырға тарттық.

Қанай биігінің астына жылқыны салып қойып, екі жылқышыны сайдан су әкелуге жұмсаған Сейдахмет біраз белімді жазайын деп кебенегін төсеп, соның үстіне тонымен қисайып жатады. Күн кешкіріп батқалы барады. Өзі де тоқты тоймас, шөміш кеппес уақыт. Кезеңнен жалғыз атты қылт ете түседі де, тура жылқыға қарай ұмтылады. Жылқышы оқы ұры деп ойламайды. Жылқыға тигенде барып іш жияды. Кебенегін жинауға шамасы келмеген Сейдахмет жер шамасын шенейді де, құрығын алып, атына мініп тұра шабады. Ұры жылқышы жоқ деп ойласа керек, Сейдахметті көрген соң Саршыбырды бөктерлеп, Саржазыққа қарай шаба жөнеледі. Сейдахмет қуып береді. Жылқышы жаман ат міне ме, ә дегенше топыраш мінген оған жетіп қалады. Екі кештің арасында қашқынды тану қиын. Дегенмен қуғыншы жақындап қалғанда артына қараған ұрыны ол таныған сияқты. Үңірейген, аш көзді сары кісі. Қайдан көріп едім мұны деп ойлады Сейдахмет. Ия, есіне түсірді. Жиырма сегізінші жылы Шалтабай қажының үйінен көрген еді-ау. Бұл ол кезде Дәуітқұлдың қойын бағатын еді. Сонда ірі байларды конфескелейді деген сөз шыққанда бірдеме білсе осы Шалтабай білетін болар дей ме, соның үйіне жан-жақтан талай қамқа тон, күзен ішікті алпауыттар келуші еді. Соның арасында осы да болатын. Ақназар!

— Ақназар! Тоқта, бәрібір құтылмайсың,— дейді Сейдахмет. Ақназар мұның танып қойғанынан қауіптенді ме, әлде жетіп ұстап алады деді ме, мойнындағы мылтығын алып басып салды. Оқ кеудеден тиді. Қыстың суық, таза ауалы кешінде, есіз тау бауырында мылтық даусы тау күңірентіп жіберді. Мұны естіген суат басындағы екі жылқышы тура шапты. Олар келгенде Сейдахметтің аты оттап тұр да, өзі ат жалын құшып қалыпты. Еш нәрсе айта алмайды, былқ-сылқ етеді...

Айнала аппақ қар. Біз шауып жеткенде жылқышының бірі ақ киізден жасаған көнтиген кебенегін төсеп, оның үстіне өзінің тұлыбын салып Сейдахметті жатқызып қойыпты. Ол әр нәрсені түрткілеп бірдеме іздеп жүргенге ұқсады. Біз асығыс аттан түстік.

— Не іздеп жүрсің? — деп сұрады Әбдіқадыр.

— Пышақ.

— Мә! — Әбдіқадыр қалтасынан сүйемдей екі басты жасыл бәкі суырып берді. Жылқышы кебенектің етегінен алақандай киізді кесіп алып, қар үстінде жанып жатқан отқа ұстай бастады. Бұл бізге таныс ем. Ол емді құлағымды кескізгенде өзім де алғанмын.

Жылқышы өз ісіне әбден машықтанған адам болса керек. «Қалауын тапса қар жанар» дегендей қар үстінде тобылғы маздап жанып тұр. От астына қарасам қарды етігімен ысырып-ысырып тастап, тақырланған жерге тобылғының ірілерін төсеп тастапты да, үстіне шипаясын, қыршынын, басқа отынды қалапты. Асты құрғақ тобылғы болған соң от тиген үстіңгі отын маздап жанып тұр.

— Шеш киімін,— деді киіз күйдірген жылқышы. Жастау жігіт, шамасы бақыршы бала, алып Сейдахметті тұрғыза алмады. Сейдахметтің арқасына тонын ұстап тұрып, киімін шешіп, жейдесін айырып алдық. Оқ сол жақ емшектің астынан, қабырғаны сөте тиіпті. Біраз қан кеткенге ұқсайды. Жейденің ішіне де қан ұйып қалыпты. Жарадан шыққан қанды жейдесімен сүртіп, тазалаған болып, күйдірген киізді жараның аузына бастық. Сәлден кейін қан тыйылғандай болды. Оқтың кірген орыны бар, шыққан ізі жоқ. Науқастың арқасы да бүтін. Демек, оқ іште қалған. Мұндайда қазақтар оқ түседі деп еркектен бейдама әйелді — қызды оның үстінен аттатады екен. Әзір қазақ даласында одан түсіп қалған оқты жан баласы көрген жоқ, сонда да әдет солай. Жаралы жігіт ес-түссіз сұлқ жатыр, әйтеуір дем тартады. Енді не істеу керек?

Сейдахметтің есі кірмеді. Шамасы жара ауыр болуы керек. Мына жағдайда қозғауға болмайтын сияқты. Бабажановқа тез Ермекбайдың қазақ үйін жеткізуді тапсырдым. Сол арада Қарақыстақтан да адамдар келді. Бірақ дәрігер жоқ, ол Алматыға кетіпті, бір медицина бибісі келді. Ол біздің білгенімізден артық ештеме білмеді.

— Бұрғанда Москвадан келген бір дәрігер бар деген,— деді Бабажанов.

— Жоқ, онда келгендер мал мамандары еді,— дедім мен.

— Не де болса, себі тиер соны алғызып көрелік,— деді Бабажанов. Оған Бабажановтың өзін жібердім. Әйтпесе ол келмеуі мүмкін.

Ермекбайдың үйі де тез әкелінді. Үйді Сейдахметтің үстіне көшіріп тіктік. Қарын күреп, сыпырып, төсекті қайта салу үшін он бес-жиырма сантиметр жердің тоңын алуға тура келді. Онымен іргені сыртынан жаптық. Сонан соң киізді қалыңдап төсеп, артық екі туырлықты іргеден керегенің ішінен айналдыра ұстадық. Жігіттер әп-сәтте жерді талқандап, іргені көміп тастады. Алты қанат үйді төрт қанат қылып тіккен соң көп киіз артылды. Олармен үйді жылыладық. Ортада от та маздап жана бастады. Қазақ үйге үйренген жігіттер бұл үйдің ішін қыз-қыз қайнап тұр деп есептеді. Бұл менің атақты Құртқа ғұламаның тәжірибесінен алғаным еді. Ол баяғыда Тойшыбек баласы Байсейіт батырдың омыртқасынан оқ тиіп, сүйегінде қалып қойғанда құлаған жеріне, үстіне үй тіккізіп, оташылық жасап, оқты алған екен. Сонда ғұлама: «Оқ тиген адамды аман алып қалудың алғы шарты жатқан орнынан қозғамау» депті. Сол құлағымда қалған мен де Сейдахметті қозғамауға тырыстым. Ол кезде зыр ете түсетін машина жоқ. Таулы жердің тасты жолында шоқалақтатып арбамен жеткізгенше, науқас үзіліп кетер деп қорықтым.

Екі жорғамен Бұрғанда жатқан дәрігерді алғыздық. Бірақ Москвадан келген адам Сальников Николай Николаевич мал дәрігері болып шықты. Орта жастан асқан, толық қысқа қылып қырыққан сақалды сары кісі. Олар бірнеше адам «Дегерес» совхозының жағдайын білуге келген болатын. Енді, міне, біздің зорлығымызбен адамды дарымдамақ.

— Мен малдәрігерімін. Ондай жауаптылықты мойныма ала алмаймын. Оны заң да көтермейді,— дейді Сальников.

— Ең болмаса көмек көрсетіңіз,— деп қиылады Бабажанов. Шамасы оның өзінің де көргісі келсе керек, көп ағындырмапты. Сейдахметтің жарасын көрген соң, ол қатты толқып тұрды.

— Япыр-ай, өлетін болды-ау, оқ жүректі жаралапты,— дейді Сальников.

— Енді не істеу керек, Николай Николаевич,— деймін мен.

— Операция жасап, оқты алу керек. Оқ шықпаған.

— Оны қалай алу керек,— дейді шамалы орысшасы бар жылқышы.

— Сою керек! — дейді Сальников,— Тәкбір құрып отырар кез емес.

— Астапыралла! — десті тұрғандар. Байқаймын бәрінің де төбе шашы тік тұрды. Қазір, інім, оташылық, операция жасау деген күнделікті, үйреншікті әдетке айналған. Ол заманда адамға пышақ тигізу «өлді» дегенмен бірдей естілер еді.

— Николай Николаевич! Бір тәуекел деп көрсеңіз қайтеді. Бәрібір оқ алынбаса өледі ғой. Уақыт өткізуге болмас дедім.— Николай Николаевич екі қолымен басын ұстап сәл отырды. Әрине жүрексініп отыр. Істемеймін деп кетіп қалуға адамгершілігі жібермейді. Жайсаң мінезді адам екені көрініп-ақ тұр. Амал не, басты бәйгеге тігетін қиын жағдай, әйтпесе аянар ма еді? Баршаның тіліне еріп, еһе десе, жақсылығы жыраққа кетіп кебенек киген адамды кебін киер етсе... Дәрігер шамырқанып кетті. Ресми түрде бұл малдәрігері. Бірақ ағзаның бәрі шамалас. Бұл тек адам болған соң жауаптылығы артық. Әйтпесе... Сальников өзінен-өзі шошып кетті.

— Қой, қой, мен малдәрігерімін ғой,— деп естіртіп айтты. Науқастың жағдайы сағат сайын нашарлап бара жатты. Ыстығы көтеріліп, дем алысы жиілеп, ентіге бастады. Екі иығынан алған демнің ысылы үйдің ішіне тегіс естіліп тұр. Адам демінің ұзақтығы екі-ақ минут. Екі минуттан соң, жан тәсілім қылады. «Кірген лебіз шықса жоқ» деп қазақ әбден біліп айтқан болса керек-ті.

Сейдахметтің жағдайы ауырлап бара жатты. Көзін ашып мен қайда жатырмын дегендей үйдің ішінің бәріне қарады. Сонам соң Бабажанозқа қарап бір ауыз тіл қатты:

— Ақназар! — Бұл ұры емес, Совет өкіметінен қашып жүрген бандит. Оның аты бәрімізге тегіс таныс. Сейдахметтің қайта сөйлеуге шамасы келмеді. Көзі қайта жұмылып кетті. Екі жылқышы жылап жіберді, бақыршы бала да пысыңдады. Сальников орнынан тұрып от басында қайнап тұрған шәугімдегі суды томыртқалатты. Жылқышының бірі оны ортайтып үстіне қар салды. Су енді қол жууға келді.

— Ия, сәт! — деді Бабажанов, Сальников кішкентай қолсандығын ашып қойды. Ішінде әр түрлі бізге түсініксіз зат. Қолына жылқышы су құйды. Бибі қарап тұрмады:

— Қалай, сіз, операция жасамақсыз ба?

— Ия! — Сальников қолын сүлгіге сүрткен соң, кішкентай шишадағы спиртпен қолын тағы жуды. Сейдахметтің екі қолын екі жігіт, екі аяғын екі жігіт басып отырды.

— Тырп деуге мұрша бермейсіңдер! — Жігіттер үнсіз.

— Мен сізге операция жасауға рұқсат ете алмаймын,— демесі бар ма, бибінің. Сальников кәдімгідей бөгеліп қалды. Бабажанов «сенен кім сұрап тұр» дегендей бибінің қолынан алып далаға шығарып жіберді. Ермекбай үйінің аспалы оныншы шамы жерге түсірілді. Сальников қандауырын қолына алды. Тобылғы маздап жанып жатыр. Онда шәугім ысылдап, шетінде тұр. Дәрігер пысылдап, еңкеңдеп жыбырлап жатыр. Бибіні шақырды. Бибі енді көмекші болды. Ауық-ауық дәрігердің бетін сүртіп, керек еткен аспаптарын тез алып беріп тұрды. Арада біршама уақыт өтті. Бибі де, Әбдіқадыр да жараны таңуға көмектесті. Денесі дірілдеп, аяқ-қолы әлсізденген Сальниковтың қолын жуып, спирттеуге ғана шамасы келді. Қара бақайына дейін терледі. Бетінен, самайынан тер құйылып ақты. Ол киіз үстіне қулай кетті. Дәрігерді Ермекбайдың қасқыр ішігіне орап тастадық. Екі милиционерден басқа ешкім Қарақыстаққа қайтқан жоқ. Әмбесі осында киіз үйдің ішіндегі киізге құлай-құлай кеттік. Жылқышының біріне науқасты күзеттірдік. Таңға жуық Сейдахмет біркелкі дем алып, тыншығып мызғып кетті. Ертеңіне күн ашық, шыңылтырлау екен. Сахардан тұрған жігіттер есік алдына тобылғыны, ырғайды, шетенді, ұяғаржанды, шеттеуікті, баялышты, тасжарғанды, талдың берегін, теректің бостанын үйіп тастапты. Есік алдына үйге орнатуға кернейімен темір пеш те әкелініп қойылыпты. Күн шыққанша докторда да, Сейдахметте де дыбыс жоқ. Сейдахметтің жанында бір жылқышы кірпік қақпастан отыр.

Қысқы күн құлақтанып шықты. Батыс жақтан — Суықтөбеден ызғырық соқты. Күн сәске болғанда Сейдахмет жыбырлап, дыбыс шығарды. Нақ осы сәтте доктор да оянды. Науқас болар болмас:

— Су! — деді. Доктор шай қасықпен ғана ауызына су тамызуға рұқсат етті. Өзі бір стакан шай ішіп барып сөйледі:

— Құс мылтықтан атқан болса керек-ті. Оқ әлсіреп жеткен, жүректің сол жағын жырып, дардаң қабырғаның арасында қалыпты. Қайда, ол оқ? — Бабажанов төс қалтасына қолын салып, қағазға, оның ішінен мақтаға оралған оқты алып көрсетті.

— Тіпті оқ науқас пен менен де ардақты болыпты ғой,— деп күлді дәрігер. Отырғандардың бәрі де езу тартты. Түс әлетінде Сейдахмет әжептәуір көзін ашып зорға бір сөз айтты:

— Шөлдедім! — Жұрт қуанысып қалды.

— Сіз екі-үш күн осында боласыз, басқа жұмысыңызға біз жауап береміз,— деді дәрігерге Бабажанов. Түстен кейін көңілім мекемденіп раушан болды. Мен кеткенде науқас қайта ұйықтап еді...

Е, інім, бұл дүниенің теріс ауналуы қиын емес екен. Екі айдан соң мені Алматыға шақырды. Обкомда мені орнымнан алды. Маған талай айып тағылды. Колхозды таратты, конфискеленіп келген қасқырдың бөлтірігімен, тағы басқа революцияға қарсы жау құйыршықтарымен байланыс жасады, сөйтіп колхоз құрылысына зиянкестік жасады, колхоз ұйымдастыру кезінде оған қарсы болған адамдарды жақтады, Үйсінбаев өкіл болған Ботпай болысында көтеріліс жасалды, колхоз малы талауға түсті делінді. Ең батып кеткені, інім, колхоз құрылысына зиянкестік жасады дегені. Ауданды тастап Үйсінбаев саятшылық жасады, шәулі салды, құс шүйді, жанына милиция бастығының орынбасары Бабажановты ертіп алды. Екеуі саятта жүріп жанындағы Сейдахмет Ысқақовты атып алған. Оған малдәрігеріне зорлап операция жасатқан. Осыларды жасыру үшін жараланған адамды аудандық ауруханаға әкелмей, тауда емдетемін деп, ол өлген.

— Өлген жоқ, тірі, бәрі өтірік,— деп айғайлап жіберді Бабажанов. Обкомның жауапты хатшысы Тоболов Шемишевке ала көзімен қарап қойды. Мен шыдай алмай қарғып тұрдым:

— Онда мені ату керек! — деп қатты кеттім.

— Жалпы қамау керек Үйсінбаевты,— дегенге қарасам Қамысбаев екен. Артынан білсем бар мәселені дайындауға сол қатысқан екен.— Как вы думаешь? — деді ол Тоболовқа қарап. Ол үндемеген күйі төмен қарап әлдебірдемелерді жаза берді.

Сонымен мені орнымнан алды. Егер жоғарыдағының бәрі рас болса, онда, інім, мені шынында да ату керек қой. Бірақ қалайда мәселе қатты қойылды да, қиямпұрыс шешім тапты. Революция алдындағы, Совет өкіметін орнату және оны нығайту жолындағы еңбегі ескеріліп, Үйсінбаев партияда қалдырылсын делінді. Мен енді «Ақсеңгір» колхозына төрағалыққа жіберілдім. Ол мәселе де сол жерде шешілді. Мырзалиннен сұрамады да, ол өзінше түрегеліп қарсылық білдірмеді де. Өйткені оның ойы белгілі еді.

— Бабажановты да орнынан алу керек,— деген біреудің қайта даусы шықты. Шемишев екен. Ол тіпті ақиланып алыпты.— Бабажановтікі жетерлік болды. Енді шыдауға болмайды. Обком хатшысы оған қолын бір сілтеді де:

— Оны аупартком шешсін,— дей салды. Сонымен, інім, енді мен колхоз бастығы болатын болдым. Ол кезде бізде «бармаймын» деген сөз жоқ. Қызмет таңдау да болмайды. Күні ілгері ешкімге кіріп ағынып-жалынбадым да. Ол жалпы менің мінезімде жоқ еді, інім. Өлсем де тіке тұрып өліп кетейін дейтінмін. Оным да қате болса керек. Біреуге кіріп ағынбағанмен жөнін айтып, жай-жапсарын түсіндіріп шықсам, бәлкім, кім біледі, мәселе мұндай шешім таппас та еді. Ол сөзді Мырзалин айтуға тиіс еді, ол үнсіз қалды. Шамасы менің большевиктігіме ол да күмәнданатын шығар. Онда мені колхозға бастық етуге де болмайды ғой.

— Інім, жолдастық та, достық та басыңа іс түскенде білінеді. Бюрода біздің мәселеміз соңынан қаралған. Есік алдына шықсам артымнан Серғазы Күшіков өкшелеп келеді екен.

— Абақ, ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Әлі-ақ бәрі ұмыт болады. Одан да екі ұлыңды алып кешке бізге қонақ бол! — деді.

Таңертең үйінен аттанғалы жатқанымда Серғазы:

— Абақ, сен түстен кейін жүрерсің, маған түсте кеңсеге бір соғып кетші,— деді. Түске дейін балаларымның интернатына барып, мұғалімдерге жолығып, магазиндерге кіріп, киім-кешек алып Серғазыға кірдім. Ол кеңседе жалғыз екен, орындық ұсынды.

— Жеген-ішкенің жоқ, партбилетің таза. Сен Қамысбаев емессің. Ол жаңа қамалды. Сартауқұмның бір байынан бес жылқы пара алғаны мойнына қойылды. Сен соны ести кетсін деп едім. Кеше айта алмадым, онда ол бюроның мүшесі еді ғой. Кеше біз кеткен соң жабық бюро болыпты.

— Өмір деген осылай болады екен, інім, Менің бүлдіріп қойғаным жоқ, ал Қамысбаевтар өзінен басқа большевик жоқтай болатын, іші толған пара екен ғой. «Өзі, ұры, ұры дейді, өзі...» деген осы.

— Інім, сол күні ұйықтай алмадым. Ойыма көп нәрсе түсті. Отызыншы жылдың көктеміндегі Асанжан көтерілісінен кейін мен саясатымыздағы, Қазақстандағы жүргізген ісіміздің ақауы да, ағаттығы да бар ма деп көп уақыт даққа қалдым. Ділімде болғанымен тісімнен оны шығара алмай жүргенде «Правдада» июнь айының аяғында Жетісу облыстық партия комитетінің хатшысы Коста Тоболовтың «Революция және ұлттар» деген мақаласы шықты. Ол партияның Орталык Комитетінің ұлттар жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі еді. Облысымыздың басшысы не айтты екен деп оқимыз дағы, баяғы. Автор Авторханов деген біреуді қатты сынапты. «Бір тасты бір тас қозғайды» дегендей, сонан соң Авторхановтың мақаласын іздейін. Ол одан төрт-бес күн бұрын «Правдада» шыққан екен. Ол қазіргі жағдайдың барысына қарағанда партияның Х-ХІІ съездерінің шешімдері орындалмайды, сондықтан ұлттық аймақтарда шараларды үдете түсу пайда бермейді, ұлт аймақтарында бұл шараны жүргізу үшін оларды Россия аймақтарына теңгеріп барып қолға алу керек. Серіктікке де, колхозға да көшуді (ұлт республикаларында) жерге орналастырудан бастау керек депті. Ал біздің бастығымыз Авторхановтың қатесі ең артта қалған чечендердің мысалын барлық түкпірге тән деуі дұрыс емес дей келіп, Х-ХІІ съездің шешімдері қазірдің өзінде толық орындалды деп көрсетіпті. Әрине, інім, біз ол кезде оның қалай орындалғанына көз жібердік, қатені көріп отырдық десем оным артық болар еді. Біз партияның айтқанын орындап жатырмыз деп ойладық. Ал шынына келсек Қазақстанның жағдайы чечендердің жағдайынан артып тұр еді деу қиын. Қайта чечендер бізден әлдеқайда отырықшы ел болатын. Отыз бірінші жылдың аяғында колхоздастырған адамдарды қайда қыстатарымызды білмей сасқанда біз тым асығыстық жасадық па деп қалып жүрдім. Тіліме тыйым салып, екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойып, тісімнен шығармаған ойымның дұрыстығын алдағы екі жыл тайға таңба басқандай десем ол аз болады, ақ шаңқан шымылдыққа балшитып батпақ ұрғандай қылып көзіме көрсетті.

* * *

Таланды туған ердің талайы тайқы келгенін талай көрдім, інім. Сондай талайына тасы ауыр түскен кісінің бірі мен. Ердің қосы оңалмай ісі оңалмайды деп қазақ жақсы айтқан. Бұл жерде қосы деп отырғаным қоса ағаратын алғаны. Өйткені қос деген үй десең, ақ жаулықтысы болмаған үйдің ісі оңалуы қиын. Ал бір салдақының кесір-кесепатынан салы суға кетіп, ыңыршағы айналып, ұнжырғасы түсіп, табанынан тайрылған ер-азамат қанша! Қындай мүсінді бияқтың нашына, шашына қарап, сымбат-сияғына қарап, көз тұндырған бұйрықтың бұлқына алмас бұғаулы құлы болғанның бірі тағы мен. Еркекке шоры боламын деп келіп, соры болған бір хикаяны тәкбірлеп берейін, інім.

Сонымен, інім, үй де жоқ, күй де жоқ, қонарын сай, ұшарын жел білетін қаңбақтай Шұнақ байқұс Тарланкөкке мініп Ақсеңгірге тартып кетті. Бар дүние де, мал да, жан да жалғыз ат, жалғыз қоржын. Бұл шақта Тарланкөк он жетіге келген. Қазақ ұғымында ол кәрі ат. Бірақ «аттың сыры иесіне мәлім», әлі құлын мүшесін сақтап қалған, құланның қодығынша ширақ басады, домбай тұяқ сөгілмеген, дымағы шақ болып тұрмағанын өзім байқаймын, қырыншыл. Мініп алып жосытып кетсем барар жеріме дер шағында жеткізеді. Маңқақолқадан аман. Ат та жалғыз, өзім де жалғыз, құлағым да жалғыз, Күрті өзенінің бойындағы «Ақсеңгір» колхозына келдім.

Күрті Ілеге құятын өзен. Басы Шолақ Қарғалы, Ұзынағаш, Қарасу, Құтырған, Төңірекқұршын болып басталып, Ақсеңгірден өтерде үш су құятын Күртінің негізгі арнасын құрайды. Өлкенің кең аңғарының екі жағы қырқа, адыр. Оң жақ қырқа жоталары өзеннен алыстап кетіп барып, далалық жасап, қайтып иіліп биік тұмсығын арнаға тірейді де, қайта ұзай салып кетеді. Осындай сеңгір үш-төртеу. Олардың түстікке бейім, күнге қақталған тұмсығына шөп шықпайды да, қысы-жазы бірдей топырағы көрініп, ағарып тұрады. Жердің Ақсеңгір аталуы да осыдан болса керек. Бұл — өзеннің күн шығыс жағы. Ал күн батыс жағындағы аңғар алыстап, ащы сулы Төрегелді шалшығын қосып алады. Оны Ботпайлардың Дода деген тармағы қоныстанғандықтан Дода иіні деп аталады. Мен осы кең аңғардың, өзеннің екі жағы қалың қамыс, қарасора, қоға, андыз, желкен, тағы басқа жүз түрлі шөп өскендіктен бұрын мың түтін болса да қырғауыл, қоян қаптап жүретін. Төмені шалулығы белден қоғалы қол, қом сулар. Екі жағындағы қырқа толған күзен, борсық, түлкі, қарсақ еді. Абаданы бастаған бөрі әуегі де, бөлтірігін шұбатқан жеке-жеке арлан-шуланы да қобы-қойнаудағы апандарында сапаңдап кездесетін. Ауылдағы саятқа шыға алмай тентіреп қалған тазылар борсық-борақты, ор қоянды таңынан тартып әкеле беретін. Не оларды алған жерінде-ақ жәукемдеп ауылға ауыздары қан-қан болып қайтатын. Отызыншы жылға дейін қазақ даласынан жиырма тоғыз миллион дана ұлпан тапсырылып келсе, онда осы Ботпай ауылының да мол үлесі, үзірі бар еді.

Атам заманнан жартысынан көбі жатақ бұл ел егіншілікті біршама жақсы білетін. Білгендігі емес пе, Байсейіт бейіті тұрған тұмсықтан Күрті өзенінен тартылған «алтын арық» тура он бес километрге созылар еді. Аяғы Көкдала аталатын екі мың гектарлық жазықтағы, сол кезде тек тары егетін алқапты суландыратын. Бір қиын жері бұл егіншілікпен күн көрген жатақтар ауылында ұйымдастырылған мал көршілес он алтыншы ауылдан әлдеқайда аз болатын. Сондықтан күш көлік те тапшылау еді. Мұның біраз тақсіретін де тарттық.

Інім, біз бірсыпыра қате жібердік. Әсіресе Қазақстанда асыра сілтеушіліктен орыны толмас қате кетті. Мысалы сол «Ақсеңгір» колхозына үш жүз гектар егін салу белгіленді. Мұндай шешімдер көбіне көзжұмбаймен пішіліп берілді де, жергілікті жердің нақты жағдайын ешкім зерттемей, болған істі зерттемей, көз жетпегенге бой алдырды. Мүмкін бұл сол кездегі мен тәріздес аудан басшыларының сауатсыздығынан, шала оқығандығынан, көркөкіректігінен болған шығар. Өйткені Голощекиннің Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануына байланысты бұрынғы ел жағдайын, жер жағдайын жетік білетін, Қазақстанда революция жасаған басшы коммунистердің көбі ел басқару ісінен шеттетіліп жіберілді. Ондағысы олардың пәлендей бір сорайып, соқыр көзге көрініп тұрған қателігінен емес, ел алдында беделі бар, айтқанын еткізе алатындығынан, Голощекинге қатесін бадырайтып, бетіне айтып бере алатындығынан еді. Оларды басшылықтан ысырып жіберген соң, Голощекин Қазақстан көлемінде жалғыз көсем болып отырғысы келді. Жасыратын несі бар, шырағым, Жандосов, Сейфуллин, Нұрмақов, Ысмағұл Садуақасов сияқты сауатты қазақтарды есебін тауып ығыстырды. Бұл барлық буында жүргізілгендіктен революция жасаған саналы азаматтардың орнына енді халқын креслоға айырбастағандар, жағымпаздар, не құры дәңкеуде қуыстар отырып алды. Олар басқа-көзге қарамай, мәселенің байыбына бармай, жоғарыдан келген нұсқауды саналылықпен өкіліне түсіріп, салмақтап-жобалап алып, нақты жағдайға қарай жүзеге асырмай, қара дүрсін, немкеттілікпен «жаса да жаса, сөйт те сөйт» деумен үстірт, ұр да жық басшылық жасады. Соның бірін жоғарыда айттым.

Мен «Ақсеңгірге» көк шығып, егіс айдала бастаған шақта келдім. Ол кезде бастықтар жиі ауысатын болғандықтан ел де ығыр болып кеткен, «келгендер келер, келер де кетер» деп .отыратын. Және олардың көбі айқайлай, қырамын да жоямын деп келер еді. Мәселен отыз төртінші жылы «Ақсеңгірге» келген бастықтың аты Құрпан еді. Соның атынан жұрт мынандай бір сөз шығарып алды: «Менің атым Құрпан, «Ақсеңгірді» құртам». Халықты құрту мүмкін емес, інім. Оны құртам дегендер қашан да өзі құриды.

Мені «Ақсеңгірге» Мырзалин алып келді. Менің алдымда болған бастық жоғарылатылып Сарқант ауданына ауатком төрағасы етіп жіберілмек. Мені сайлайтын жиналыс егіс басында өткізілетін болды.

Жалпақ дала төңкеріліп, көкпеңбек болып жатыр. Жыртатын былтырғы егіндік болғандықтан көк көктей қоймаған, алатаздау, жасыл ала. Дүниенің ең уыз шағы — апрель. Дала бозторғайдың үніне бөленіп тұр. Жыртылған жер қоңыр барқыттай, оның үстіне араласа түскен күнмен кепкен үстіңгі ақ топырақ бір түрлі әдемі жерге шым-шұбар кескін береді. Айдау үсті қара-қорымдай қара қарға, ұзақ. Тірі жанға қашанда тіршілік керек, олар да айдалған жерден өз напахасын теріп жеп күн көріп жүр. Анда-санда егістіктегі былтыр қалған атжалдардан көбіне шыбалшаң шығады, ал бос топырақтан есек құрт өзі аппақ, басы сап-сары болып, бүйенше иріліп жатыр. Оларды теріп жеп қарқ болған қарақарға мен ұзақ қарқылдап, шықылдап азан-қазан. Ол үнге бозторғай әуені қосылып, бүкіл дала бойында бір нәзік әуезді оркестр ойнап, береке маршын тартып тұрғандай. Далада көп кездесетін бытпылдықтаған бөдене үні естілмейді. Ол өзінің оркестрін жазға қарай жасақтайды.

Айдалып жатқан жер он гектардай алаңқы. Аяғы да жазық, оған түрен түспепті. Өйткені айтатыр екен. Егістік алаңқының шеттері әжептәуір жыртылыпты. Біраз адам оны қатар тұрып күрекпен де аударып жатыр. Еркектер көбірек, басы ағараңдағандар да бар. Жетісуда әйелдер ақ орамал салады, ол әрі әйел екенінің, яғни некеде тұратындығының да белгісі болады. Қызыл орамалды ол кезде тек қыздар салатын. Ол да босаға аттамағанның белгісіндей. Айдаудың ортасына көзім түскенде көзім ағып түскендей болдым. Сұмдық! Бірінен кейін бірі салынған екі аттық төрт соқа. Алдыңғы соқада бір ат, кейінгі соқаларда бір-бір өгізден. Екі аттық соқаның екінші ат тұратын орынында алты адам, кәдімгі шыжымдап ескен, қыл арқанды үш-үштен жетекке байлап, ілмектеп мойындарына киіп, қолтығының астынан өткізіп, жегіліп, ителіп сүйреп барады. Алты адамның күші біркелкі бірікпегендіктен бір аттың дымағына тең болмай, жығылып-сүрініп тартып барады. Егер қызыл мияның түбірі, тағы басқа әлді бұтаның тамыры кездессе, ат ілгері жұлқа тартқан кезде мына алтауы оның тегеурініне тең келе алмай шегіншектеп, еркінен тыс артқа кетіп, барып соқаға ұрынады. Сонан соң жалғыз аттың шамасы келмей тоқтап қалады. Біреуі мойнына асынып алған тарақ балтамен, не темір күрекпен өздеріне бөгет болып тұрған тамырды шауып жіберіп, қайта жегіледі. Бұрын шала жыртылған ескі аңызда қурай тамыры жиі ұшырасқандықтан жаңағы көрініс тағы қайталайды. Өгіздің жанындағы жағдай да солай. Мен мынаны көргенде қатты күйініп кеттім.

— Тоқтатыңдар мына масқараны! — деп айғайладым аттан түсе беріп.— Сұмдық қой, бұл!

— Сұмдығы жоқ, осылай-ақ егінді бітіріп келеміз,— деді Сарқантқа ауатком торағасы болып бекітілген Кермекбаев. Тіпті соқаға мал орнына адам жегіп тұрмын-ау деген оның таназарына кіретін емес.

— Адам жегіп бітірген жұмысың құрысын,— дедім мен. Мырзалин тіс жарып үндемеді.

— Қане, қойыңдар бұл әлекті. О заманнан бұ заман адам соқаға жегілді деген не сұмдық! — Алты-алтыдан соқаның бір жағына ат, өгіз болып жегілгендер терлерін сүртіп, бір жақсылық естігендей қабақтарын ашпаған күйі түнеріп тұрды. Бір-екі әйелдің көңілі босап шәлісінің, кимешегінің етегімен көздерін сүртті. Шырағым, көз жас адам жанының, тәнінің ең айқын айғағы, ол қуанышты да, ренішті де көзге ұрып көрсететін белгі іспетті. Қатты қапа болдым.

— Ағатай, соңғы кезде, теңдік алу не екен десек мал орнына қамыт кию екен ғой деп күйзеліп жүр едік. Бұл Совет өкіметінің ісі емес, Кермекбаевтың кесепаты екен ғой,— деді ұзын бойлы, көзінің арты шалыс, ыдырыс қарайтын, көзі қызарыңқы, жиырманың ар жақ бер жағындағы сидаң қара торы жігіт. Киімі ескі болғанымен тап-таза, аяғында былғары етігі бар. Ол тіпті қапылатты жүрген болса керек, аттап-бұттап жанымызға жетіп келді. Кермекбаевқа жақындап барды да, қатты кетті. Мен тіпті ұрып жіберер ме екен деп қыпылдап қалдым.

— Совет өкіметіне сен сияқты кермек татитындар дос емес, сен оны жұртқа әдейі құбыжық етіп көрсеткің келеді. Саған жұрттың азар көріп, күндік тартып жүргені керек. Бәрі бір қазақ еңбекшілерін Совет өкіметінен бездіре алмайсың. Білуімше сіз аупартком хатшысы болсаңыз керек,— деді ол Мырзалинге қарап.— Олай болса мына Кермек татитыныңды ал да, бізге адамша, кедеймен кедейше сөйлесе білетін бастық жіберіңдер. Шыдамымыз таусылды. Азар болса мені соттарсыңдар. Сотталғанда көретінім осыдан қиын болмас.— Жігіттің танауы кебіңкіреп, кеудесі көтеріліп сөзін тоқтатты. Кермекбаевтың көзі шадырайып кетті. Салған сүрені аз болғандай бірдеме демек еді, Мырзалин зекіп, тыйып тастады:

— Доғар! — Кермекбаев танауының астынан бірдеңе мыңқылдады, бірақ онысын басқалар түгіл қасындағы мен де естімедім.

Eгiс басындағы, ашық аспан астындағы жиналыста да Кермекбаевтың өлмегені қара жер болды. Ақсеңгірліктердің бет-аузын көргеннен соң, үке болып үкідей үлпілдеп тұрмаған соң, Мырзалин ағаларың арлап, ірілеп ауатком төрағасы болып бара жатыр демеді. Жоғарыға ұсыныс енгізген өзі болғандықтан оны жамандай да алмады. «Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Кермекбаев колхоз басқармасынан босатылды» дегенде жұрт қол соқты. Е, қарағым, бастыққа қадірің болмаса да жұртқа қадірің кетпесін. Дүниенің қиыны осы екен.

Ертеңіне оны көшірісуге ауыл үйден ешкім аттап баспады. Жүгін арбаға жалғыз өзі салды. Арба айдап баруға ешкім келіспей Төлешбай деген бригадир көкшолағымен бірнеше рет жоғары-төмен шапты. Адамды мал орнына соқаға жеккен қаныпезер, тасжүрек, сарамас немеге мен де ешкімді бар дей қоймадым,— деп Шұнақ шал бір көтеріліп отырды. Кермекбаевтың көшірі етіп, тіл алғыш, көнбіс қазақ Талғарды отырғызды. Өйткені колхоздың көлігін кім де болса біреу алып қайтуы керек қой. Екі ат жегілген жабақылы, радуан арба жолға түсті. Осыдан тез құтылайын дегендей Талғар да атты желдіріп, арбаны шықырлатып тартып берді. Тоғыз-он жасар екі-үш бала итті айтақтап, иттер үріп, құйрығын қайқайтып ұзатып салып қайтты. Үйлерінің ішінде есігі алдында тұрып балаларын жұмсап тұрған-жасамыс адамдарды байқадым. «Ауылына ит қосып қуды» деген осы екен-ау деп ойладым, сонда. Жиырма сегізінші жылы Жаубай үйі көшінің артынан бір кемпірдің «қу пәлекет, арман кет!» деп топырақ шашқанын көріп едім. Енді жек көрудің қазақта мұндай да шығарып салу түрі бар екен-ау деп түйдім ішіме.

Сол күні кешке қарай басмашыға қарсы соғыста болғанда Ташкентте кездескен Талғар Шакиевтің үйіне келдім. Егер ол Кермекбаевтың үйін көшіруге келмесе мен оны тағы бірнеше күн көрмеуім де мүмкін еді. Оның бірге туған інісі Нұрқалық колхоздың төраға орынбасары екен. Талғар оқымай қалған кісі. Колхозда бригадир қай жұмысқа жұмсаса сол жұмысқа бара беретін, тіл қайырмайтын, мың болғыр кісі. Өзінен көп кіші келіншегі Сейілхан танауы келтелеу, еркек пішіндес, аса қайратты адам. Ол да тиген жұмыс иесі. Ол кезде қалыстан келген басшыны кімнің үйіне түсер екен деп жұрт аңдып тұрады. Сондықтан белсенділіктен енші тимеген, бірақ Совет өкіметін орнатысуға қатысқан партияда жоқ большевиктің үйіне түстім. Салт басты, сабау қамшылы болғанмен колхоз бастығының қызметі бірде ерте, бірде кеш, ергемен, күннің шығысымен жұмысқа кетіп, күн батып, ымырт жабылған соң ғана қайтатын олардың үйінде тұруға обалсындым. Солардың көршілерінен бір бөлме үй босаттырдым. Шине үстіне салған қамысы салбырап тұрған, бірақ табаны саңдай қылып сыланған бір терезелі бөлмеге кірдім. Кірдім дегенде менде дүние бар ма, күйме бар ма, жалғыз қызыл қоржын. Текемет, сырмақ менде болса-болмаса жоқ. Ойымда ештеме жоқ, «ең болмаса шырыш болып тұнып тұрған Қаракөлдің бір бау қамысы да бұйырмаған» екен дедім, үйдің төбесіне қарап. Африкалық болмаса да Азиядағы ең қара кісінің бірі Талғар шиыршықтап оралған бір бойра көтеріп келіп еденге төседі. Қамыс отқа жақсаң пайра болар, тоқысаң бойра болар. Еденнің көркі кіріп қалды. Аздан соң ол екі басы қайқайған, бетіне ойып өрнек нақыштаған қазақы ағаш төсек әкеліп салды. Сейілхан оның үстіне бір салар ақ сырмақ әкеліп төседі. Төсектің аяқ жағын ала сойдитып бір сүйем қалпақ бас шеге қағып шинелімді іліп қойдым. Үй жасауы осымен бітті. Тамақты кез келген жерден ішіп, тек жатар орында ғана сол тоқал тамды тауып жүрдім. Ерте кетемін, кеш келемін.

Ерім мойныма кетіп, есім екеу, түсім төртеу болып жүйкем жұқарып жүрген сол бір кезде де Совет өкіметін нығайту ісіндегі жұмысымды мүлт жібермей атқардым деп жүрдім. Олай бос көмей айтатын себебім мен ауатком төрағасы болып тұрғанда да мықтадым деп жүрдім ғой. Бірақ мықтай алмағанымды, қайта колхоз құрылысына кесел келтіргенімді көзіме шұқып көрсетті емес пе? Дегенмен өзім орнатысқан Совет өкіметіне қолдан келген қызметті барынша аямадым, аянбадым.

Ертеңіне ертемен кешегі қос басына келдім. Біраз адам жерді темір күрекпен аударып жатыр. Соқаға жегілгендер не істерін білмесе керек, ошарылып тұр. Маған ешкім тіл қата алмады. Шамасы сөйлейміз деп бүлдіріп аламыз ба деп жүрексінеді, әлдекім біледі, «бір Кермекбаев кетіп, екінші Кермекбаев келді, қойшы соны» деп тұрғандар да бар болар.

Таңертең колхоз бастығының мінетін атын маған әкелген. Мен оны «егіс басына апарыңдар, менің атым бар» деп жіберген едім. Ол жирен төбел байлаулы тұр. Соқаға салуға ешкім батпаса керек. Сәлемдесіп болғаннан соң өздеріне ақыл сала сөйледім:

— Не істейміз, жігіттер.— Кедейдің бір де бірі жақ ашпады. Былай істейік деп кеңес бермеді.

— Контр болып қаламыз ба деп қорқып тұрмыз.— Кешегі сидаң қара жігіт.— Байдан қалған шайлыққан жүректі Голощекиннің бақырған белсенділеріне бердік. Қит етсек байдың құйыршығы дейді. Не де болса, тұштаңдаған құйыршық болғанша, май құйрықтың өзі-ақ болғанымыз жөн еді.— Жігіттің мысқылы күлдірмей қоймады. Сөз білетіндігі көрініп тұр. Мен қатты күлдім және әдейі күлдім. Колхозшылармен етене араласудың жолын іздегенім еді ол. Шынында менімен бірге отыздай адам бәрі де қарқылдап күлді.

— Екі құлаққа жетпеген сөзді сыңар құлақ қалай қабылдар екен,— деді қып-қызыл екі бетінен қаны тамған келіншек. Тұрғандар тағы күлді.

— Ол жалғыз болса да большевиктің құлағы,— дедім мен күлген болып. Әңгіме осылай жалғаса берді.

— Кім біледі, қамқа тонын айналдырып киіп большевик болып келеді де, контр болып шығады. Сенім азайып барады,— деді сөзге қайта араласып алдыңғы әңгіме бастаған жігіт. Сөзге тым ширақсың, іске қалайсың деп мен тұрдым. Әлде сенікі тақылдаған тіл ме екен. Байлауы жоқ шешеннен үндемеген есті артық. Кім біледі осы ауылда мақалдап-мәтелдеп өте шешен сөйлейтін Деңгелбайдың Әмірі дейтін кісі болатын. Оны жұрт кейде бақсыз шешен дейтін. Әлде сондайдың бірімісің?

— Сынап көріңіздер, ендеше,— деп мен не істеулері керек екені жөнінде қысқа бұйрық бердім. Колхоз бастық мінген жирен төбелді кешегі жалғыз аттың жанына жектік. Соқаларға өгізді екіден салдық. Өгіздің басын жетелеуге бір кісі, соқаны ұстауға бір кісі, бәрі екі кісі жеткілікті болды. Осыдан кейін күндегі бес соқа жырта алмайтын жерді үш соқа талқан қылды. Жұмыста қарқын туып, ғамкүн көңілдер серпілгендей болды. Он шақты күнде егісті сеуіп бітірдік. Бірақ менің көңілімде бір нәрсе түйткілденіп тұрды да қойды.

Колхоз үш жүз гектар егін егеді. Мың адам соған қарап отырады. Жұмысшы қолы бастан асып жатыр. Егінге тиісті адамды шақтап алып, артығын мал бағуға пайдалануға болар еді. Бірақ ол кездегі көзқарас біз қайтып малмен айналыспайтындай, мал өсірмейтіндей едік. Тек жер жырту, қоныстану ғана Совет өкіметінің жұмысы, ал мал бағу байлардың ісі сияқты көрінетін. Оны айтқан кісінің тіліне шиқан шығатындай еді де, қатені түзетуге ұмтылған орта буында басшы болмады. Ал оны сөз еткен адамның аты Голощекинге жетсе, ол темір тордың арғы жағынан бір-ақ көрінетін. Сондықтан білгендердің көбі іштен тынып, малды ауызына алмайтын. Ал ұйыстырылған малға келсек, ол қай жолмен болса да құрып кете жаздап тұр еді. Нақ осы «Ақсеңгір» колхозынан мың үйден ұйымдасқан алты мың қойдан сол жазға мыңы ғана жеткен екен. Қайда кеткенін, қалай құрығанын ешкім білмейді. Әйтеуір жоқ. Шамасы бұған да күртіліктердің тайлақ сойғанындай әлемет келген болса керек-ті.

Май айының ортасы. Шөптің шығымы нашар. Өйткені жаңбыр күн ара ерлетіп, не сіркіреп, себелеп тұрғанымен күн жылымағандықтан шоп бұғып өспей, аласа қалпымен бас тартты. Раң жердің бетіне шықты да, өшті. Колхозға келген қадамым сәтті болмады деген бір жаман ой мені билеп алды. Көкірегім дүмгән. Тағы да қапаланыңқырап, жалғызсырап, балаларымды сағынып жүр едім. Колхоз кеңсесіне еңсем түсіңкіреп кірсем бір әйел отыр. Байқаңқырап қарасам баяғы ағарту бөліміне өзім орналастырған Мақпыр. Алғаш оның келуіне тіксініп қалғаныммен, жалғызсырап, көңілім жүдеп жүргенде мұның келгенін бұл жолы теріс көрмедім. Біраздан бері көрмегендіктен бе, әлде бұрын көңіл аудармай бүгін үңіле қарағандықтан ба Мақпыр тым әдемі сияқты, құлпы киіп, тауыстай құлпырып тұр. Тіпті адам ләпсінен жаңылайын десе қиын емес екен, оны барып құшақтай алғым да, алқалағым да, аймалағым да келді. Бұл осалдығымды ол сезіп қалды ма деп қысылып та кеттім. Дегенмен мен сүлесоқтау амандастым. Ол жайдарыланып, жайраңдап тұр. Көптен көрмеген досын кездестіргендей. Қысқа амандықтан кейін шаруасын тура айтты:

— Сізді көрмеген екі ай екі жылдай сезілді. Егер маған осында әлдеқандай қызмет тауып берсеңіз, сізді күнде бір көргенімді өзіме медеу етіп жүрер едім.— «Бойдақтың түске дейін есі бар, түстен кейін есі жоқ». Тіпті мұның маған нағып жан жүрегі жарылып, үміті үйіріліп қалды деп бір ойласамшы. Сонан соң жөндем қазақ әйелінің бұлай ашыла бермейтінін қалай есімнен шығарып алғанмын. Мақпырдың айтқан сөзінің бәрі жаныма нұр болып құйылып, жылы қымталған айрандай ұйытып тастағанын айтсаңшы! Сорлы болғанда «Сізді көргенімді өзіме медеу етіп жүрер едім» деген сөз де жаныма жағып кеткенін қайтерсің.

Мақпырды өз өтініші бойынша балалар бақшасына меңгерушілікке орналастырдым. Ол үш-төрт күн істеп жатты. «Қайда тұрасыз?» демеген екенмін, бір келгенде оны да сұрап көңілін аулаған болдым. Өйткені осыған үйлене салсам ба екен деген ой да жылт беріп кетті. Бірақ өлгеніне он жыл болса да Ұлтуғанды ұмыта алмай жүрдім. Ұмыту мүмкін бе ондай нәзік жанды. Оның әр қылығы күндіз де, түнде де ділімде тұрады да қояды. Мені танитындар арасында «Абақ басмашыларға қарсы соғыста жүргенінде оқ тиіп, әтек болып қалыпты», «Алматыда алайын деп жүрген әйелі бар екен, онысы ауылға келгісі келмейтін болса керек-ті» деген сияқты сөздер артымнан еріп жүріпті. Ол кезде мен оларды естіппін бе!?

Май айының аяғында күн қатты ысып кетті. Кеш алдында дамылдап қайтуға атыма мініп өзенге бардым. Күн еңкейіп барып қалса да ыстығы қайтпай шақырайып тұр. Ми қайнататын шілде-тамыз болмаса да күн тірідей шыжғырып барады. Мен жасымнан қалың ет бітіп көрмеген жанмын. Арық болсам да ыстыққа тым шыдамсызбын. Өлке бойынан бір оңашалау жерді тауып алып, Тарланкөкті ауыздығын алып, жүгенін басына түріп жібердім де, арнаға жақындадым. Мен келген жер көп адам жүре бермейтін шырыш-қорыс. Айнала қамыс, қоға. Нақ арнаның жағасына жалбыз өсіпті. Иісі мұрынымды жарып кетті. Шайшөптің, қалугі қой жуаның, татымықтың иісі шығады. Шамасы оның бәрі арғы бетте болса керек. Шешіне бастадым. Суға түспей ішкі киіммен ағысқа қарап біраз тұрдым. Су шымырлап ағып барып, арна керіліп кеткенде су тасымықтанып, тайыздап қалады. Сонан соң тырдай жалаңаштанып ақырындап суға түстім. Күмп беретін су терең емес. Су жылы екен. Екі қолтығыма су жағып, шомыла бастадым. Ағынға қарсы басымды қақшитып ұзақ жаттым. Жалғыз адамның тұңғиыққа түспей, даққа бойламай жүретін кезі өте сирек, шырағым. Су ішінде де балаларымды, өткен-кеткенді ойлап отырып, ділімде жүрген, күпті-күмәнды қылып жүрген бірсыпыра істеген жұмысымды сарапқа салдым, ой елегінен қайта өткізіп, жіберген қателерімді де қарастыра кеттім. Ағаттығым, оқастығым болса да қателігім жоқ сияқты. Адам қашанда өзінікін жөн дейді. Ондай түзілістен де ісімді қайта өткізіп шықтым. Не керек, тағдыр осылай шығар деп ұзақ отырып қалған екем, бір кездері ылди жақта судың емескі шалпылы естілді. Кәдімгі ит су ішіп жатқандай шалпыл. Дыбысы нәренжу. Көз тастасам бір топ ешкіталдың арғы жағындағы қызылқыршын арасынан жалаңаш тән көрдім. Біреу шомылып жүр. Байқаңқырап қарасам әйел адам. Екі бұрымының жуандығына қарап Мақпырды бірден айырдым. Маңдай жақ шашын қара насармен бастырып қойыпты. Мақпыр! Қандай қызық кездесу.

Май, июнь айларында ол кезде «Ақсеңгір» тұсында өзенде су тым азайып, бір-ақ құлақ су қалатын. Өйткені арна бойының он-он екі шақырым бойынан жеті тоған су алғанда өзен табаны кейде құрғап, кейде там-тұмдап, ауанынан айырылып, тоқтап, кейде тіпті алғауланып та қала беретін. Сондықтан иірімдерде болмаса әншейін жерде су тобықтан аспайды. Адам денесін жасыра алмайды. Содан әбден егін піскен соң барып өзен қайта кенересіне келетін, жаз бойы шөліркеп қалған саздың өлеңі, саланың сынымық-жұмсақ шөбі ындыны қанып, көгеріп қайта шиендеп, қайта құлақтанып, тіпті шешек те ататын. Мақпыр да тырдай, анадан туғандай жалаңаш. Шамасы ол да елсіз жерді іздеп келген ғой деймін. Отырғанда өрістікті ғана иектеген ағыннан оның бар денесі көрінеді. Мен алдымен сасыңқырап қалдым. Соның арасында Мақпыр денесін жазып түрегелді. Аппақ сазандай денені көріп, ол киініп кетіп қалуға түрегелген шығар деп жүрегім дүпілдеп соғып жүріп берді. Менен он жастан аса кіші әйелдің сүйегі әлі жарылмаған болуы керек, дірілдеген кеудесінің баулығы үзілмеген қалпы, тырсылдап тұр. Бұзылмаған денесіне қарап әлі бала тумаған шығарсың деген ой келді. Не істесем екен деп жүрегім аттай тулады. Бары-жоғы желі бойындай жерде қаса сұлу шомылып жатса, жігіт адамның оны көріп шыдап отыруы оңай ма?! «Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл, ұқсайды қаса сұлу шомылғанға». Шіркін Абай ағаң да сол бір суретті дәп басқан-ау! Сол қаса сұлу «қоянды көр де жоным көр» деп өзі тыр жалаңаш шешініп жаныңа келіп тұр. Қалай? Ұят деген де бар. Қызбалық, қызығушылық сұғанақтыққа ұласып кетсе, ол жігіт басына лайық па?! Үстінде лыпасы жоқ тырдай адамға бетінің шым етер ұяты бар кісі жақындар ма? Ұяттан аттап өту оңай ма? «Ұятыңыз қайда, не деген тебір едіңіз» десе, бозбала емес, жігіт ағасы болған адамға одан асқан өлім бар ма?! Ол көрмеген болар. Мен не де болса көргенімді сездіруім керек шығар. Қалай? Жөтеліп, жөткірініп пе? Мен естіген судың шалпылын ол неге естімеуге тиіс? «Киініңіз судан шығайық» десем, не дер еді. Әлде түк көрмеген, сезбеген қалпыммен зым-зия жоқ болсам ба екен? Ол көрген болса бойын жазып неге түрегеледі? Әлде әдейі... Мүдәйілік, аярлық. Бәлкім жала жапқысы келетін шығар. Не деп болмайды. Қой ондай алғал, арам ойды қоя тұрайын. Көрмеген болып кетіп тынайын. Неге ол ауылдан жыраққа атты кісі адымына ілесе келеді? Әлде бір жақтан жолсоқты болып шаршап жетіп, сергіп алмақ болды ма екен. Мені көрмесе де ол жайылып тұрған ерттеулі атты көрмей ме? Міне бірер минуттың ішінде осынша сауал бірінен кейін бірі лек-легімен келіп тыным бермеді. Бойдақтық арсыздықты адамдық ар жеңді, мен түк білдірмей кетпек болдым. Дымымды шығармай, жөтеліп-жөткерінбей киіндім де, Тарланкөкті ауыздықтамастан, тізгінін ұстамастан бұтымды арта салып, жөнеп бердім. Ол әрине мені қайда апаруды біледі. Бірақ су жағасындағы сурет көзімде кете барды...

Талғар үйінің жанындағы жалғыз бөлмеме келіп біраз тыныстамақ болдым. Бірақ ешқашан ешкім, ешбір сүңгуір, малтымақ түбіне жете алмаған және жете алмақ емес тұңғиыққа — ойға түсіп, ойды ой қуып тынышым кетті. Аппақ жұмыр дене көз алдымнан кетпей сылаңдап тұрып алды. Салдақы мені көріп әдейі келген шығар дегім де келді. Олай деуге ауызым бармай-ақ қойды. Тағы да қырымпоз неме әдейі қылаңдайтын шығар деймін. Соған ақылым жетіп тұрса да теріс айналдырып тастауға шамам келмей барады. Ақтай бергім келеді, оны. Тырсылдаған кеуде, құмырысқа бел, түп-түзу қабығы түскен қайыңдай балтыр, ер жігітті елтітетін епсекті дене. Біресе Мақпырдың шомылып отырғаны, біресе тіке түрегелгені елестейді. Адамның сезімі қызық. Тыншымай әйтеуір алабұртып барамын. Тұрып киініп, көршіден шай ішіп, кеңсеге кеттім.

Кеңседе колхоз шаруаларын реттеп, қағаздарға қол қойып, кеш алдында үйіме келсем есік алдында тотыдай таранған Мақпыр тұр. Басы жалаң бас, маңдай жағы екі жарылған қолаң қара шашын бағанағы қара насармен бастырып қойыпты. Желке тұсында, екі бұрымының арасында кішкене ғана шарқатты түйреуішпен іліп қойған. Мүнәйім қара дұқабадан тігілген қамзолдың сыртынан қара кемер буыныпты. Оның қапсырмасына шапқан күміс нақыстары жарқ-жұрқ етеді. Тіпті айқыш-ұйқыш нақыстар мені соққан шіленгер-зергер ерекше деп айғайлап тұрғандай. Кемерді белінің жіңішкелігін әдейі байқату үшін буынғандай. Қытайы қызыл көйлектің етегі тарлау да, қысқалау да сияқты. Албыраған екі беті жазғы батар күннің қызылымен нарттай шырайланып тұр. Көйлектің өндіршекке тие келген омырау қақпағында құйысқанға, өмілдірікке орнатылған көгілдіріктей көксауыр тана бақырайып мен мұндалайды. Інім, нақ осы жерде саған «менің Ұлтуғаным осыларсыз-ақ жақсы еді-ау» деп ойладым десем саған ұнарын білемін. Нақ сол сәтте Ұлтуғанды ойламаппын. Мұны, інім, мен өзіме ешқашан кеше алмаймын. Інім, орыста «әйел алғашқы күйеуімен, еркек соңғы әйелімен тұрады» деген мәтел бар. Рас та шығар. Бірақ Ұлтуған есіме түскенде бүкіл дүниені әлі де тәрік етемін. Үнемі оны ойлап күндік тартып, қайғыланып жүремін. Ұлтуған есіме түскенде қай жерде жүрсем де өзімді өзім құмырсақ көріп, өгей санаймын. Жасыратын несі бар, інім, кейде осы дүниенің маған тіпті керегі жоқтай түгесіліп кетемін.

— Міне, керек кісіңіз келді,— дейді көршінің әйелі. Амандықтан соң «менің қошым келмейді сеніменен» дегім де келіп тұрды. Дей алмадым. Бірдеме айтқызбай кежегемнен кейін кетіп, көк желкемнен бірдеме тартты да қалды. Айта алмадым. Ауызым бармады.

— Үйге кіріңіз,— деппін бұйымтайын сұрап қайтарып жіберудің орнына. Қалай ол сөз ауызымнан шығып кеткенін де білмеймін. Шамасы мені билеп алған күндізгі көрініс болса керек.

Жалғыз бөлмелі үйде перде атаулыны салынғалы білмеген әңгередей терезеден жарық түсіп тұр. Кеш батып бара жатқандықтан бәрі бір бөлме іші қоңырқай. Еркек тұрған, әйелсіз үйде не береке болушы еді, не жерде төсеніш жоқ, не орындық жоқ. Шамдалды іздемедім, сіріңке шақпадым, жарыққа қам жасамадым.

— Төсекке отыра беріңіз,— дедім Мақпырға. Енді қайда отырғызбақпын қонақты. Әлі де әддіден аспадым.

— Күн ысып кетті ғой, қамзолымды шешіп қойсам бола ма?

— Шешінуге жалпы рұқсат! — Пәлегінен жаңа үзілетін күләба емес екенін білдім. Мен оның қасына келіп отырдым...

Мақпыр сол түні ол үйден шыққан жоқ. Осылай бірге тұра бердік. «Менің мұным не?» демеді ол, мен де «қалай болды» дегем жоқ.

Жаз ыстық. Әуе айналып жерге түскендей. Арада екі-үш күн өткенде әлгі бір бөлменің жанына біреудің тастап қашып кеткен сыртын дөдегелеп, көкаяқтаған алты қанат қазақ үйін әкеліп тіктіріп, сонда тұрдық. Өзімізде төсеніш жоқ болғанымен елді-күнді күн көру қиын болмады. Талғардың келіншегі үйіндегі оюлап жасаған откиізін әкеліп, жаман салабасы шыққан алашаның үстінен салды. Қазақ үйдің түрі өзгеріп жүріп берді. Бір жолдас қайқы қазақы төсектің тұсына бізбен іліп тіккен кестесі, екі-үш жерінде емшектеніп тұратын әсем салпыншағы бар, қара дұқабамен көмкерілген тұскиіз ілді. Отауларыңа қосқанымыз деді. Шыны-шәйнек, аяқ-табақ осы жолмен біздің босағадан орын тепті. Мен оны алмаймын демедім. Ол ата-бабадан қалған жол, отауды жасау жолы. Қаскелең ауданындағы Ораз атындағы колхозда есепші болып жүретін бір туысқаным — Әміржан Ноғайбеков келіп маған күләлі бір биқасап шапан, Макпырға батсайы көйлек кигізді. Бір-екі көрпе-жастық та осылай жиналды. Қашанда қазақ отауды осылай жасақтайды. Халық дәстүрін сыйлап өскен мен мұны әкелгендерге қарсылық білдірген емен. Өйткені әкелген нәрселер ескі, тіпті көнелері де бар. Ыдыс-аяқ та, мүлік те ұсталған дүниелер. Өздерінде жоқ жаңаны олар қайдан тауып әкелсін. Жаңа нәрсе жалғыз Мақпырға сыйланған батсайы көйлек.

Осылай күн көріп жаттым. Колхоз шаруашылығы да күннен күнге жөнделіп келе жатты. Көкдалаға салған тары жайқалып өсті. Енді шыбын көтеріп кетпесе деп диқандар зыр қағады. Шынын айтсам, інім, «шыбын тары жеуші ме еді» деп қойып жүре бердім. Бір күні оны маған өзімнің орынбасарым, ата-бабасынан жатақ жатып, қара сирақ, қарамойын атанып егін салған адамдар тұқымы Нұрқалық әбден түсіндірді. Тары бас тартып, дән сала бастаған кезде бұл дақылдың да өз жауы жетеді екен. Тарыға түсер құртты ол кезде ұстап алған қазақ жоқ, сонда да біте тәріздес бірдеме түседі екен де, айналдырған төрт-бес күнде басын көтере алмай салбырап тұрған тарының дәнінен түк қалмай, қауызы, сабағын басар салмақ болмаған соң қаудиып аспанға қарап қалады екен. Осыны қазақ «шыбын көтеріп кетті» дейді. Мұны, інім, білмегенім жақсы еді, естіп алған соң жаным тырнағымның ұшына келіп жүрдім. Басқа шаруашылық өз кезегімен жүріп жатты.

Осы жаз күні ауданға шұғыл шақырылдым. Тура Мырзалинге келсін депті. Ол кезде зу ете түсетін машина жоқ. Тарланкөкке мініп Төңірекқұршын өзенін бойлап, Көкөзек арқылы төтелей тартып, суыт жүріп, түсте Қарақыстаққа жеттім. «Сізді тосып отыр» десті мені көрген аупартком қызметкерлері. Бұл ауданға келгелі бір дұрыс сөйлесіп көрмеген, мені көбеген таздай жек көретін Мырзалин жақсы амандасты. Колхоз жағдайын әбден сұрап болған соң:

— Мына бір қағазбен таныс,— деп араб әрпімен, қара қарындашпен жазылған екі бет қағазды алдыма тастады. Ол менің үстімнен жазылған арыз болып шықты. Арызды «бұл колхозды таратқалы жүр» деп бастапты да, тұскиіз, откиіз, көрпе-жастық, шыны-шәйнек пара алды делініпті. Оларды кім бергені, аты-жөндері қолмен қойғандай дәл тізіліпті. Бұл ауданда тұрмайтын және ешкім танымайтын Әміржанның аты да жазылыпты. Ол әкелген күләлі биқасап шапан мен батсайы көйлекті Мақпыр екеумізден басқа жан білмейтін де. Оқып шыққан соң арызды Мырзалиннің өзіне қайтардым. Шамасы өңім қатты түтігіп, күйініп кетсем керек, хатшы алдыма тостағанмен су құйып қойып:

— Іш, солығыңызды басыңыз,— деді. Мен суды бір-ақ тарттым. Өйткені ішім күйіп тұр еді. Сол үнсіздіктен кейін ол әңгімені өзі бастап кетті. Мен не дерімді де білмедім. Бәрі рас. Батып кеткені «колхозды таратқалы жүр» дегені. Шынымен, інім, мен ондай тәрбие алмаған адаммын. Колхоздың, оны ұйымдастырып отырған Совет өкіметінің табанына кірген тікен, менің маңдайыма шөңге болып қадалсын деп жүргенде бұл жаққан күйеге қалай жаның шыдасын.— Біз бұл арызды тексердік. Сен оны білген де жоқсың,— деді Мырзалин.— Ол ауылда арыз жазатын және шындық жазатын екі-үш адам бар екенін өзіңіз де білесіз. Тексергенде олар болмай шықты. Мақтанып кетпессіз, расын айтсам олар сіздің жұмысыңызға риза. Кеше шауып Қарақыстаққа өздері келіп қайтты. Мұндай көпе-көрнеу жалаға қатты қынжылғанын білдірді.

— Абақ бізге мәлім большевик,— деді Нұрлан Тоққұлов.— Біз, біздің ауылдағы коммуннистер оны Ленин ісіне берілген адам ретінде ғана біледі. Сондықтан да ауыл адамдары ондай арыз жазған жоқ және жазбақ та емес. Әйтеуір бұл біздің ауылдың ісі емес. Қалай тексерсеңіз де солай болып шығады,— деп ашып айтты деді Мырзалин. Шыны-шәйнек берген, тұскиіз, откиіз берген адамдар да «бергеніміз рас, жолдасымыз жерде жатқан соң жанымыз ашыды» десіпті. Ал биқасап шапан мен батсайы көйлекті қанша адамнан сұраса да ешкім білмеген. Осыны өзіңе айтайын дедім және өте сақ болуыңды ескертейін деп едім. Арыз иесін өз төңірегіңізден іздегеніңіз дұрыс,— деді Мырзалин қоштасарда.

Қарақыстаққа екі сағатта барып, қайтарда Тарланкөкті ілбітіп төрт сағат жолда жүрдім. «Ақсеңгірдегілерді» тегіс сарапқа салып, арыз жазған адамды таба алмадым.

Кеш бата ауылға жеттім. Менің есігімнің алды толған адам. Шамасы осы үйлерде той-томалақ, не кісі өлімі болар ма деп тіксініп қалдым. Тіпті бүкіл ауыл-аймағымен, бота-тайлағымен дегендей жиналған десе де болады. Совет өкіметі бұл кезде жұртты киіндіріп үлгірмеген. Келген адамның киімі ала-құла, оны он түрлі болса, олардың іші де нақ солай. Қазіргі сыртқы көрінісі адамдардың ішкі жан дүниесіне ұқсас еді. Бірақ негізгі халық Совет өкіметі жағында екені көпке аян болатын. Колхоз ұрат-ұрат рулардан құралса да, жыртық киімді, тамағы аш болса да мінез-құлықтан, сөйлеген сөзден Совет өкіметіне деген бірлігін білу қиын болмайтын. Көбі ауызын ашса көмекейі көрінетін аңқылдақ іші таза, ісі сара жандар еді.

Мен Тарланкөкті байлап көрген адам емеспін. Сайраққа — алыс жолға шығып келгенде суыту керек болса, тізгінін ердің басына іліп, қаңтарып, тартпасын, шап айылын босатып қоя салатынмын. Тіпті оның үстіне менен басқа шыбын жорғаламаса, тірі жан шыққан емес десем де болады. Баяғыда Тұрапбай ұрлап кеткеннен қайтіп ол менен басқа адам баласын үстіне шығармайды. Зәу-шайтан біреу міне қалса, мөңкіп-мөңкіп, не аспанға шапшып, тіпті кенеше жабысатын біреу болса, жата қалып аунап тастап кететін. Суатқа да тізгінін түйіп, ауыздығын алып өзін қоя бере салатынмын. Сөйтіп бұл жолы да тарланды қаңтара салып көптің қоюлау ортасына қарсы жүрдім. Олар да топ-тобымен бері беттерін бұрды. Ауылдың мен тәуірмін деген, сорпа бетіне шығарының бәрі осында. Шеттегі топ ішінен баяғыда он алтыншы жылы көтеріліске бірге аттанған Нұрлан Тоққұловты, Әбілахат Әбдірахимовты, түнеугі күнгі пысық жас жігіт Исахан Телтаевты, үнемі үлкен березент қапшығын қошқардың күйегіндей салпылдатып мойынынан тастамайтын, орындаушы болып жүретін Өнербай Оңғарбаевты, өзімнің орынбасарым, жылтыр қара өңінде аппақ тістері сақсиып көрініп тұратын Нұрқалық Әлімбаевты көрдім. Бәрінің де қабақтары қату, түстері түнеріңкі. Он алтыншы жылы июнь жарлығы шығып, он тоғыз бен отыздың арасын оқпанға алатында халықтың осылай қанына қарайғанын, салыңқы қабағын көрген едім. Бүгін де нақ солай. Не болып, бәрі қантүленіп қалды екен деп ойладым.

— Тарағалы жатырмыз, таратқалы жатқан көрінесің,— деді Нұрлан Тоққұлов жасы мен құралпы адам еді. Сүйексіз қызыл найзасын тіке салды.

— Қайда тарамақсыңдар, қайда таратқалы жатыр екенмін?

— Оны сен білесің де. Елтайдан бұйрық алған көрінесің ғой.

— Жөнімен айтыңдаршы, ештеме түсіне алмай тұрмын.

Қоп-қоңыр бетінде аппақ тістері жарқырап алға Нұрқалық шықты. Нұрлан, Нұрқалық бәрі туысқан адамдар. Шамасы сол сөйлемек.

— Сен жай-жапсарын айтшы, Нұрқалық,— деп Нұрлан сәл басылайын деді. Арттан біреу: «бәсе, бұл білмейді» деді. Қалың адам ортасынан шыққан ол дауысты естігенде мойнымды басып, титықтап тұрған батпандай ауырлық түсіп қалғандай сезіндім.

— Таңертең екеуміз айырылысқан соң жұмыс басына барып қайтып келсем,— деді Нұрқалық,— кеңсе жаны шу-шұрқан. Мына жұрт содан бері әлі тараған жоқ. Кеңсеге сіздің әйеліңіз келіпті де, есепшіге қысқа жарлық беріпті:

— Абақ ауданға кетті. Енді колхоз болмаймыз, облыстан солай хабар келді деп айтты, орталықтағы қойдың бәрін таратып, үлесіп алсын деді, өзі бұдан кейінгі жағдайдың не болатынын білуге кетті депті. Содан бірінен-бірі естіген жұрт жұмысты қойып, егер колхоз тараса қолымыздан колхозға қосқан тоқты-торымымызды, шыбыш-тушамызды ала алмай қалармыз,— деп тарамай тұрғаны дейді Нұрқалық. Не дерімді білмедім. Сенерімді де, сенбесімді де біле алмай таңданып тұрдым. «Арызды. өз төңірегіңнен ізде» деген еді Мырзалин. «Өз төңірегіңнен ізде!» Мен кешке дейін оны мына Нұрлан, Нұрқалық, Мақалардың қайсысы екен деп бас қатырып едім. Мәселенің беті қалай қисайып бара жатыр. «Өз төңірегіңнен ізде!» Өз төңірегімдегі таныстарым Талғар мен Сейілхан екеуі, қанды көйлек жолдас, Жаубай малын бір бағысқан Қойлыбай, Дәмет. Қойлыбай демекші, мен келместен бұрын аупартком Қойлыбайды осы ауылға қой фермасының меңгерушісі етіп жіберген еді. Бір қызығы Қойлыбай да, Дәмет те үйге бас сұғуды қойды. Алғаш үйленген күндері келгіш еді, кейін пышақ кескендей тыйылды. Неге? Кейде жасымнан бірге өсіп, біте қайнасқан досым Қойлыбай үйін өзім іздеп барып та жүрдім. Өйткені өткен-кеткенді айтып, еске түсіріп, шын шүйіркелескің келеді, сағынасың. Сонда да олар біздің босағаны аттамайды. Неге келмейсіңдер дегенге:

— Қол тимейді,— дейді де қояды. Ал осында келгеннен кейінгі тапқан дос-жаранға неге келмейсіңдер десең «әйеліңнен сұра» деседі. Мақпыр деп атын да атамайды. Бір күні үсті-үстіне тақақтап жанын қоймаған соң, әлгі Дәмет ашық айтпағанмен біраз нәрседен мәлімет бергендей жауап айтты:

— Әйеліңіздің ойы тұңғиық, қабағы қатқыл. Қашанда «кедей байқұстар» деп бізді кемітіп отырады. Кедей жаман болса, ол нағып кедей өкіметінің сойылын соққан адамға тиеді. Әйеліңіз қабағын бір ашпайды, тұнжырайды да жүреді. Үндемеуі жаман, үндемегеннен үйдей пәле шығады демей ме қазақ.— Әрине Дәметтің сөзі көңілімнің бір бұрышына қара тастай қатқан қара пәле болып орнап алды. Дәметті жасымнан білсем де, маған деген ақ көңіл, ақ жүрегін анық байқасам да енді оны көргім келмей кетті. Қойныңдағы қатыныңды жаман деуді есту оңай емес. Ал Мақпыр мені көргенде күлмеңдеп, жағасы жайлау, етегі қыстау, жаны жаз болып, өзі мәз болып кетеді. Менің жанымда ол көңілді болса болады дағы. Немене мен жоқта да әлдекімнің әйеліне ұқсап, ыржыңдай, ыржақтаса беруі керек пе? Рас, әдетте әйелің жөніндегі жақсы ленесті де, жаныңа жай түсірер, бәлкім мөңгіге жарықшақ түсірер алғал сөзді де ағайындарыңнан естисің. Олардың кейбірі от басының кикілжіңіне бола әйеліңді жамандағанымен, көбі-ақ сені отқа итермейді, сенің жайраңдап жақсы жүргеніңді қалайды, шыбышың лақтап, тоқтың қоздасын дейді, бірің екі, екеуің көп болсын дейді. Ағайындарды тыңдау керек, дегенмен от басы, ошақ қасындағы абысын-ажын келіспеуінен шығатын сөзді тыңдағанмен байқау керек. «Сүйреңдеген жаман тіл, сүйгеніңнен айырар». Осылай жүріп жатқанбыз. Ал мына оқша күтпеген, тосын жай болды. Жай болды деп жайбағыстайтын ештемесі жоқ, жай түскендей болды.

Мен даққа кетіп шамасы ұзақ тұрып қалсам керек.

— Олай емес деші,— деп Қойлыбай қатты күйзеліп айтты. Қойлыбайдың шынымен маған жаны ашып, шырылдап тұрғаны, мені большевик қылып шығарғысы келіп тұрғаны айдан айқын еді. -- Нұрқалық,— дедім мен орынбасарыма қарап,— мына тұрған көпшілік бытырамай қаз қалпында кеңсеге жүрсін. Әңгіменің аяғын жерге тигізбесек, өсектен өрт шығады.

Сәлден кейін колхоз кеңсесінің алдында жиналыс басталды. Ол кезде екі жүз-үш жүз адам сиятын үй жоқ, сондықтан жиналысты далаға өткізбеуге амал жоқ. Жиналыста колхоз құрылысының барысын не істеуіміз керектігі туралы, әлі де тап жаулары ескі қоғамнан үмітін үзбей, аяғын соңғы рет шалғылап жатқандығы жөнінде баяндама жасадым. Сөз кімнен шықса да ол отар ішінде қой терісін жамылып жүрген қасқыр, таптың жауы екенін ашып айттым. Жұрт ішінде өзара күңкілдескендер болды, бірақ «әңгіме сіздің әйеліңізден шықты ғой» дегенді ешкім бетіме баспады. Жиналыс бітіп, жұрт тым-тырағай тарағаннан кейін партия тобымен әңгіме өткіздім. Колхозшылар көңілдері жайласып үйлеріне тараған соң, мен Нұрқалықты жеке алып қалып арыз жайын, несін жасырайын, шырағым, Мақпыр екеумізден басқа ешкім білмейтін биқасап шапан мен батсайы көйлекті, тіпті шапанның береннен тігілген бөлек күләсі барын да жазғанын айттым.

— Әбеке,— деді Нұрқалық аппақ тістері жарқырап,— сіздің ондай биқасап шапан кигеніңізді осы ауылдағылар естіген емес. Егер олар білсе, маған жетеді. Кесенің, аяқ-табақтың сапы кімге керек. Елдің сіз жөніндегі пікірін жаңа жиында өзіңіз көрдіңіз ғой. Әсіресе әйелдер қатты жақтады ғой, сізді. Нұрқалық екеуміз отырып Мақа деген есепші жігітті шақырдық. Бойы тапалдау, сары кісі, ақындықты қойып, аздаған оқуы болғандықтан колхоздың есеп-қисабын жүргізетін. Ол кездегі есептің әмбесі көбіне ауданға кетер бескүндік ақпарға тірелетін. Оған пәлендей көп сауаттылық керек емес, төрт амалды, жаза-оқи білгеннің бәрі де оңай атқарып кететін іс болатын. Әлі ел латын әрпіне көшіп үлгірмегендіктен оған шамасы жететін кісі көп табылатын. Шырағым, бұрынғыны жамандағанда да жөнімен жамандау керек, егер өтірік айтсақ, оның ешкінің құйрығындай шолтиған пішімі артынан-ақ көрінеді. Айтайын дегенім революцияға дейін халықтың екі проценті ғана сауатты болды деген пікір жөнінде еді. Егер шындықты көзге ұрып айтар болсақ Шикі өтірік осы. Қара танымайтын, әптиек оқымаған адам бір үйде біреуден артпайтын. Мақа Мұқаев ұялып кеңсеге зорға кірді.

— Мен оны айтайын деген ниетім жоқ еді, өзіңізге ғана бөлектеп білдірермін деп едім. Туысқаным болған соң әлгі Исаханға ғана айтып едім. Ол жайып жіберіпті. Жағдай былай болды,— деді Мақа қысыла тұрып.— Сіз осыдан шыға сала Мақпыр жеңгей кірді. Өңінен адам шошырлық. Қанын ішіне тартып алған. Қадіпкі сіз ауылдан шыға беріп, аттан жығылып, соған қатты күйінген адамдай. Көзі шүңірейіп ішіне кіріп кеткен. Жеңгейдің таңертеңгі саданын айтып жеткізу үшін жазушы болу керек, Ораз молда керек.— Мақа сөйлегенде оқыған кітаптарынан мысал ала отыратын кісі болатын. Мұнда да байқап отырмысың, інім, Ораз молданы бекер алып отырған жоқ, ол әйел мекерлігін көп жазған адам. Ол оның ғана әдеті емес, осы ауылда жеті-сегіз ақын бар еді. Олар өздері домбыра алып еленді бастағанда айтатынындай «Ақынның ең үлкені Оспан еді, жүйріктің талай жолын тосқан еді». Сонан соң Таңсық, Қасымхан, Исахан болып кете баратын. Ең кіші ақын Әсімхан екі көзі алақандай, екі құлағы бет-ауызына қарағанда үлкендеу,- мұрты жаңа тебіндеп, иегі түбіттеніп келе жатқан бозбала еді. Осылардың қай-қайсысы да ақындықты кәсіп етпеген, мысалы Оспан ақын колхозда темір ұстасы болып қызмет атқаратын. Бұлардың үлкенінен кішісіне дейін астарлап, тұспалдап, мақалдап-мәтелдеп сөйлегенде ауызына қарап отырғандай еді. Мақа да солай суреттей сөйлеп отыр.

— Жеңгеміз Абақ тез жұртты жинап, орталыққа ұйымдасқан қойды бөліп берсін деп кетті деді,— деп Мақа маған бір қарап қойды.— Түтін сайын бір қой шалып құдайы берсін деп кетті. Ол қазір ғана осы жерден шықты ғой, ондай сөз айтқан жоқ дедім мен. Жеңгеміз қатты кетті. «Ой өңкей, қыраспас, тоғышар кедей. Жақсылықты білмейтін жарыместер. Алматыдағы Елтай ағаңның өзінен келіп отыр, бұл жарлық. Орындамасандар атыласыңдар дейді. Әбеке, мен оны жан адамға тісімнен шығармақ емес едім, үстімізге Исахан кіріп қалып шет жағалап алғал сөзді естіп қойыпты. Сонан соң оған шынын айтып едім. Егінді бүгін суармай-ақ қойсын, жұрт тасаттық беріп, өзен жағасында тынықсын дегенін де айту керек шығар. Бір сөз қосқан жоқпын, Әбеке.— Нұрқалық әңгімеге араласпады, тыңдаушы ғана болды. Өңінде түңіліп, таңданудың ғана емескі белгісі бар. Мұнымен жеңгей не істегісі келді екен дегендей, әңгіме өкіліне түспей отыр. Расында адам сенетін сөз емес, бірақ шындық. Ойға шомған Нұрқалық әлден уақытта:

— Айтар атқа ұят болды-ау! — деп қиналды.

Түннің біршамасы болып қалды. Айдың кешесі болғандықтан дала шырттай қараңғы, көзге түртсе көргісіз. Далада әлдекім дабырлағандай. Құлақ түрдік. Біреу мамаға ат байлап жатқандай, аттың ауыздығын шайнап тұрған дыбысы келеді. Шамасы қатты жүріс көрген жылқы болса керек. Мен ешқандай байлам айтпадым. Өйткені тағы бір сұмдық нәрсені анықтаудың кезегі келіп тұр еді, ол да мені көптен күпті қылып жүрген.

Мен үйге баруға асықпадым. Шынын айтсам барғым да келмейді. Үйде әлдеқандай бір ілбісін жатқандай көрінеді. Дегенмен кетпек болып орнымыздан тұрдық. Тағы отыратын едік, омдық шамдал ішінде майы таусылғандықтан қарауытып, білтесін көтере-көтере шынысы жартылай күйеленіп кетіп еді. Кеңсе іші қара көлеңке, мемің ішімді көрсетіп тұрғандай бар дүние қараң тартып, ләпсім қуырылып, күлпет тарықтырды.

Кеңсеге бір еркек, бір әйел кірді. Біз түрегеп тұрмыз. Қысқа амандықтан соң екеуі куәліктерін көрсетті, ауатком төрағасы, аупартком хатшысы қол қойған екеуінің екі бөлек қатынас қағазы бар. Жігітті шамалап шырамыттым. Бірақ есіме түсіре алмадым. Көзі қап-қара, қияқтай сұлу мұрты бар, торылау жігіт. Жасы бізден кішілеу сияқты. Ырысбек Сәрсенов деп таныстырды өзін.

— Мен де бөтен емеспін. Мен мына Жандосов колхозының қазағымын. Бұрын Алматыда істеуші едім, енді әкемнің жағдайына байланысты ауданға ауысуға тура келді. Аупартком осында жіберді.

— Нина Андреевна Андреева, мамандығым жоқ. Бірақ аупартком мені балалар бақшасында, не мектепте істерсіз деп еді. Содан осында келгеніміз.— Әйел орыс, отызға жетіңкіремеген. Қазақша білмейтіндігін баса ескертті. Бірақ аз күн ішінде түсініп кететінін білдірді. «Колхозға кеңсе хатшылығына пайдаланған жон болар» деген Сәрсенов жөніндегі қатынаста. Ертеңіне солай істелді де. Андрееваны балалар бақшасына жібердік, бірақ ондағылардың Мақпырдан басқасы бір ауыз орысша білмейді. Жалпы бұл үлкен колхозда бір үй орыс жоқ. Андрееваға қалай болар екен деп ойладым. Бірақ оған басымды ауыртып жатпадым. Болбол тары сияқты тез пісіп, тез жетіліп, тез өзгеріп жататын пелде-пелде өмірде мұндай талай алакүдек нәрсе кездесіп тұрады.

Кеңседен шыққаннан кейін тұңғиық ойға шомдым. Дүние маған бір тары қауызы сияқты тар қыспақ, жеркепе болып көрініп кетті. Ол қалугі бір үлкен өзеннің қапшағайындай қысталаң тартып, екі өкпемнен қысып бара жатқандай. Дүние меңіреу тас үңгірдей қараңғы-қапас бірдеме сияқты. Мен соның ішіне еркіммен еніп кеткендеймін. Не болып барады бұл дүние?! Қандай әсем басталып еді жігіттігім, қандай қызық еді, бұл дүние. Октябрь төңкерісін өткіздік. Барлық ісім ілгерілеп кетті. Байларды конфискеледік. Жағдай мүлдем өзгерді. Кедейдің таңы атты. Елді колхоздастырдық. Оның да өз қызығы болды. Қудай жайқап, дарияда шолан ұрып жүргенімде Ұлтуған өлді. Одан соң он жыл қу тіземді құшақтап жүрдім. Еңсемей саумал ішпедім, екшемей тары жемедім. Ыдырыс көрпе жамылып, қалы кілем төсеніп көрмедім. Әддімнен асып, асылық жасаған, асыра сілтеген жерім де жоқ. Мақпырға қосылдым. Төңірегімдегілер көре сала безді, ағайын-туған ұнатпады. Сонда мен солардың айтуынша үйленуім керек пе? Кеше кеңсе сыпырушы әйел далада жүрген біреуге не деп еді. Иығы тимеген есік қалмаған, еріні тимеген қасық қалмаған, етегі тимеген ер қалмаған, аяғы тимеген жер қалмаған біреу демеді ме. Сұмдық қой, бұл. Қайдан біледі екен, сол әйел. Әлде өзі нобайлай ма екен, киінісіне қарап айта ма екен. Әлде Мақпырды білетін, сырдаңның сырын сырлы аяқтың бедеріндей танитын басқа біреулер де бұл төңіректе бар ма екен? Неге олар біледі, мен неге одан мақұрыммын. Міне, осыларды ойлап үйіме тірелгенімді бір-ақ білдім. Мақпыр ондық шамды жағып қойып, сұлқ отыр. Мені тосып отырған жайы бар. Отырысы қандай жаман еді. Оң қолы неге омырауына тығулы. Жүрегі ауырып тұр ма екен? Қалай түрі түнектей. Не істеуім керек? Түк білмеуім керек пе, оныма ол сене қоя ма. Онда ол менен ойын, ісін жасырды деп қалуы мүмкін. Сондықтан «мұның не?» деген бір-екі ауыз сөз айтуым керек болар. Менің білгенімді біліп отыр. Енді тұруға болмайды. Мен бес-алты қадам басқандай болдым.

Мен есікті аша бергенімді біліп отырып селк ете түсті. Сұрыма бір қарады да, көкірегіндегі қолын ары тығып жіберіп, қайта суырып алды да, ата тұра келді. Маған қарсы жүрді де, жаз күні, шешіп алатын сырт киім жоқ, соқиып тұрып қалды. Бет-жүзімді қайта шолып өтті де, оң жақ қолтығына тыға қойған қолын суырды. Ұра ма, ұрса ма деп қорыққан әйелдей бәйпек қағып, қабағымды бағып тұр. Бәрі көлгір, аяр-мүдәйілік.

— Өлтірдің ғой, мұның қалай? — дедім мен. Сөзіме сендіру үшін «өлтірдің ғой» дегенді әдейі қыстырдым.

— Жазығым жоқ! — деп еңіреп жіберді. Мақпыр мойнымнан құшақтап. Қолын өкпелеген адамша қағып тастаған болдым. Қолын қаққан болып, шынтағымды сол жақ кеудесіне тигіздім, шынтағым қатты нәрсеге тиді. Өтірік теріс қараған болдым. Ол артымнан қайта құшақтамақ, қолын шынтағыммен тағы қақтым. Қарулы. Бәлкім... Әуелгіде солай көрінген болар. Ол бажалақтап жылап отыра кетті, еңіреп, ағыл-тегіл көз жасты саланың суындай жібере отырып:

— Бәрі осылай деп, ceн айтты деп құртқызамыз, саған сене ме, көпке сене ме көреміз дейді. Жазығым жоқ, ауыл болып өшігетіндей не істеппін оларға. Онда мен өзім-ақ өлейін! — деп от басында жатқан шолақ қара пышақты кеңірдегіне ала жүгірді. Қолынан пышақты қағып түсірдім. Алдыңғы сөзбен тұрғанда бәлкім сенуге болар ма еді, өлейін деп пышаққа жармасқаны күдігімді арттыра түсті. Сонда бұл маған неге келген десемші бір, ақ көңіл мүскін басым. Сырын бір жола біліп, соның жағына шыққан кісі болып көріну үшін «колхозды ондай жолмен құртуға болмайды, одан жіңішкерек тәсіл ойлау керек» дегім келді. Оған большевиктік басым бұрылмай-ақ қойды. Тіке кет дейді. Оны кейін де ойладым, ондай мүдәйілік қолымнан келмеді. Не деуім керек екенін сәл бөгеліп ойладым. Іштегі қыжылды, күдікті білгізбей тұра тұрмақ болдым. Жұртты тым қатты жамандап жіберсем де ол зымиян іш жиып қалуы мүмкін. Сондықтан сеніп, қайыл болатындай бірдеме деуім керек. Бірақ, інім, оны зорға айттым.

— Сөйтіп құртады ғой, бұлар,— дедім.

Кеш жатқандықтан ба қатты ұйықтаппын. Бірақ кешегі, алдыңғы күні көрген түсімді тағы көрдім. Күнде бір-ақ түрлі түс көремін. Ол, міне, соңғы үш-төрт күн бойы қайталана береді. Алдымен біреу ішіме найза сұғып алады. Ол тоқал найза екен, өтпейді. Бірақ ішім ауырып қалады. Найза күнде кіндігімнің үстінен тиеді. Бірақ дарымайды. Сонан соң ішіме біреу операция жасамақ болып пышақпен тілгілейді келіп, тілгілейді. Сонан соң әлдеқандай керосин шам күйеленіп барып, өшіп қалады. Дәрігер шам өшкен соң маған операция жасай алмай қалады. Інім, адам әр түрлі түс көре береді. Мысалы түнде аяғың жаурап жатса түсіңде су кешіп жүресің. Арқаң ашық қалса қар жауып кетеді. Бірақ бір түстің күнде қайталана беруі екі талай. Не болды екен деп, тіпті күндіз оны ойлауға қорқатын болдым. Алғашқы күні оны Мақпырға айтып қоя жаздап «түнде» деп барып тоқтап қалдым.

— Түнде немене? — деп ол да кенедей сұраққа жабыса кетті.

— Түнде төсек қатты болды ма, жамбасым ауырып қалыпты,— дей салдым. Енді екі-үш күннен кейін бойымды әлдеқандай бір үрей билеп алды. Көзім жұмсам болды, ішімді біреу пышақпен тілгілейтіндей көремін де тұрамын.

Бір күні ауыл дүрлігіп кетті. Шатақ бала бақшадан шықты. Бала бақшаға барған балалардың бәрі мезгілден тыс ұйқыға кетіп, ешбірі оянбай, көзін аша алмай жатады. Балаларды алуға келген колхозшылардың бәрі есік алдында жаңбыр жауып ашылардағы кемпірқосаққа қараған адамдай ошарылып тұрады. Балалар оянбайды. Тәрбиеші қазақ әйелдің бірі балалардың түскі тамақтан кейін-ақ отырған жерлерінде қылжия бастағанын айтады. Ішілген тамақты, ыдыс-аяқты тексерейін десе, бәрін бүгін бала бақша бастығы жанында тұрып тез жуғызып, өзі де жуысып, тіпті күлдетіп жуғызғанын айтады. Сол күні Нина Андреевна Ұзынағашқа сұранып кеткен екен, «түскі тамақ істеген кезде ас үйде тіпті бала бақша бастығы да болған, тамақты қалай істегенімізді көрген» деп аспаз әйел зар қағады. Балалар оянбай жұрттың тыншы кетіп, шыдамы таусыла бастаған кезде бір жақтан Мақпыр келеді де, балалардың ауызына сүт құйғызып, өлейін деп жатқан балаларды тірілтіп алады. Енді ел бала бақшаң құрысын дегенді шығарды.

— Ойбой, Мақпыр болмағанда баламыз өліп қалатын екен.

— Ой, оқыған әйел оқығандығын істеді ғой.

— Әйтпесе барлық бала жойқан тебе болатын еді,— деген ала-қашпа сөз ауыздан-ауызға, үйден-үйге көшіп жүрді.

— Ойбай, анау орыс қатыннан келді-ау деймін пәле!

— Ол да мүмкін.

— Ұзынағаш кеткен екен ол, сол күні!,— деген сөздер де күпілдеп, дүпілдеп бірге жүреді. Әйтеуір жұрт бала бақшадан түңіліп қалды. Ұзынағаштан келген комиссия да ештеме болмағандай қайтып кетіпті.

Сам жамырап, ымырт үйіріле Нұрқалық екеуміз үйге келсек сыртта кездескен біреулер «үйіңізде қонақ бар деп естідік» деседі. Үйге сәлем бере кірдік. Көзінде әйнегі бар, қалаша киінген ботқа бет қара шал. Шойыннан құйған будданың суретін көзге елестетеді. Төрдің алдында шанжиып жатыр екен. Кеудесі кетпендей шалдың екі бұты кеуде жағының жартысындай. Өзі де қысқа бақайға тылтиған шалбар киген екен, онысы одан сайын ұсқынын кетіріп сирағы көрініп жатыр. Егер басқа бір жерде сыртынан «мынау сенің әйеліңнің әкесі десе, тіпті де сене алмайтындай. Тал бойы тік сандалдың терегіндей, әлде Кавказдың сәруіндей болып тұрған мақпал Мақпыр мынадай маймыл пішіндес адамнан қалай туды екен деп ойлар едіңіз. Біз кірген соң атам басын көтеріп, малдас құрып отырды. Ең алдымен маған келген ой Шойқара десе шойдай қара екен ғой болды. Неге екенін қайдам «ит мініп ирек қамшылаған сұмырайсың-ау» деген ой бірге келді. Қашан да, інім, күйеу балалар енемен жаман бола береді де, атасына онша теріс келмейді. Мен ол екеуінің де қызық-шыжығын көрмеген бейбақпын ғой. Сонда осы шалдың өңі маған неге таныс көрінеді, әлде бір жерде көрдім бе екен. Інім, менің жалпы көзім өте қырағы, бір көрген адамды жазбай тани беретін әдетім бар. Бұл шойдай қараны да бір жерде көрдім-ау, шамасы. Отырған соң анықтап қарармын дедім. Бәрінен де таңданғаным колхоздың хатшысы Сәрсенов мұрты қияқтай болып, менің жалдамалы малайымдай, отпен кіріп, күлмен шығып жүр. Тіпті сырттағы ошаққа асылған қазанның астына ағаш отын жарып, жағып жатыр.

— Атаңыз келді! — деген еді ол алдымыздан шығып.

— Күйеу балаңыз, осы, әке! — деді Мақпыр менімен ілесе кіріп. А там тым ақ көңілді сияқты, Мақпыр да жайнап кетіпті. Амандығымыз қысқалау болды. Шұбыртатын менде толып жатқан ешкім жоқ, қызын көріп отыр, ал одан сұрайтын мен несін білермін, оның. Сонымен түмтиісіп қалғандай жайымыз бар еді, әйтеуір Нұрқалық әңгімелескен болып отырды.

Қазақ үйге іші кең болып тұруы үшін әдейі ағаш төсекті төмен орналастырғанбыз да төрге киіз төсеп, көрпе салып қойғанбыз. Аспаннан жаңа көрпе түскен жоқ, кәдімгі мені ауданға шақыртатын жолдастар әкеліп берген бегімсал көрпелер дағы, баяғы. Жастан қанға сіңген көрініс, дағды болғандықтан соны аңсай беретінмін. Інім, жалпы жерге отыруды мәдениетсіз деу мәдениетсіздік қой деймін. Өйткені қонақ көп келетін және оны құдайдай күтетін қазақ үшін осыдан қолайлы жағдай жоқ. Келген адам тез демалады, өйткені ол отырғаны сияқты, шаршап келгенде жата да алады. Қодастың бұқасындай кеуделі атам да шойдиып, қос жастықты сол жақ шынтағына алып, жантайып жатыр. Қазақ дәстүрімен келген қонаққа бірінші кезекте шай да берілген екен. Мен одан соң келіппін. Мен келген соң шай да қайта әкелінді. Дәстүр осылай. Менімен екі кесе шай ішті де, итам шайды доғарып, әңгімеге көшті:

— Балам, көп жұмысым жоқ, таңертең қайтамын. Баламның барған жерін көре кетейін деп келіп едім. Ешкімге өтініш айтып, ағынып-жалынатындай емес көрінеді. Қандай жерде жүр, қандай халде деп тыншымаушы едім. Көңілім орнына түсті. Қыз құтты жерге қоныпты.

Атамның көргені көп, білетіні де аз емес, оқыған адам болса керек-ті. Ойдағы-қырдағыны, патша өкіметін, уақытша өкіметті, Алаш партиясын, оның жеке бір басшыларын олардың әңгімелерін сапырып отырды. Ал менің онымен жұмысым жоқ, осыны қайда көрдім екен деп есім екеу, түсім төртеу болып отырдым. Япыр-ай, әлде әйтеуір біреуге ұқсатып отырмын ба? Өз кезіме өзім қатты сенетін едім. Қалай-ақ біле алмас екем. Қайда көргенімді, атамның өзі есіме салды. Ал Алаш партиясын әңгімелеп отырып былай деді:

— Қолдарына өкімет тимей кетті ғой, ол байқұстардың. Бәлкім қазақ отын солар жандырар ма еді. Кедейлер үстемдік алып кетті ғой, болашағының қандай боларын кім білсін. — Әне, бұл сұмырай шал мені улағысы келеді. «Әттең, Алаш партиясы ның қолына ештеме тимей кетті ғой». Ия, ия, ой сұмырай! Баяғыда он алтыншы жылы мен де қазақ болғансып Алматыдағы Сауда көшесіндегі Сейдалиевтің үйіне барғанмын. Сонда «сен, бала, қайдансың?» дегенге «заводтанмын» дегенімде Жайнақов ала көзімен ата қарап еді. Белгілі болатын. Бұл ит қайдан кіріп кетті дегені еді. Сонда осы шойқара желке жағымда отырып: енді дымыңды шығарма, к... қысып отыр» деп еді-ау. Онымен қоймай, шығып бара жатқанда «мына Шұнақ итті кім шақырған» деген болатын. Пешінің мұржасына тыққан (он сегізінші жылы) алтын-күмісін, асыл тастарын алғанымда Құддыс Ғабдуәлиев мені бар білетін сөзімен тілдей келіп»: «...Сен Шұнақ, тұра тұр, бәлем. Көрсетермін әлі» деп еді. Сонда осы шойқара есіктен шыға бергенімде «иттің баласы екенсің» деген. Енді маған он бес жылдан кейін ата болып төрімде сайрап отыр. Өз үйім болған соң әрең шыдап отырдым. «Үйіңе келгенде үйдей дауыңды айтпа!» деген қазақ. Қазақтың ойлайтыны баяғы қонағының жайы дағы. Қашанда қонақ сыйлап өткен ел ғой ол. Келген отаршылдарды да, басқыншылардың жансызын да қонақ деп қабылдаған ақ көңіл, кеңпейіл байқұс. Үйге келген адамның бар тетір-тентектігін көтеруің керек. Ол жақсы дәстүрді сыйламауға, құрметтемеуге бола ма? Ішімде ит өліп жатса да білгізбеуге тырыстым. Бір таңданып отырғаным колхоздың хатшысының біздің үйдің ыдыс-аяғына дейін тасып, қолбаладай лыпылдауы. «малай ұстайтын мен бай емеспін, жөніңді тап» дегім де келді. Кісі келгенде үйде біреуге ұрысу сол сыйлы қонаққа ұрысу болатыны тағы бар. Әйтеуір қазақ байқұстікі әманда шамасы келсе келген қонақтың басынан құс ұшырмау. Қалай да қонақ еркіндігін сақтау: Ата-баба дәстүрі осы.

Шойқара әңгіме үстінде қалайда еркін кете берді. Өйтпегенде ше? Бұл ауылда Шұнақтан жоғары бастық жоқ. Ал ол бастық өзінің күйеуі. Сондықтан бейпіл сөйлеуге де, артық кетуге де болады десе керек:

— Кедей байқұстар өкіметті басқарып кете алса жарады. Қиын ғой, ел басқару. Шөре-шөре қылып жүрмесе жарар еді.— Шыдамай кеттім:

— Әзір ақыл сұрауға байларға барған жоқпыз.

Шойқара сәл тосылып қалды. Қызын алакөзімен атып жіберді. Қызы маған қабақ көрсете алмай, әкесінің көзқарасынан қаймыққандықтан жерге кіріп кете жаздады. Кішкене арбасудан кейін Шойқара бәрін қойып жөнге көшті. Енді әңгіме жараспағанда айтылатын «жоқтан өзгеге» жол тиді. Ет келердің алдында атам далаға шығып, іші ауырған адамша ұзап ши ішіне кіріп қырық минуттай жоқ болып кетті. Қонақты жоғалтып алған Нұрқалық екеуміз жұмсамақ болып Сәрсеновты іздедік. Ол да болмай шықты. Ол бір тығыз шаруамен кеңсеге кетіпті. Мақпырға айтыпты: «Столымның суырмасын ашық қалдырып кетіппін, мөр сонда еді» деп. Шал келгенде кеңседен ол да жетті.

Ет келгенде шалдың қабағы қайта түсті. Тұңғыш рет зәуімен босағасын аттап отырғанда мына күйеу бала шынымен бір бас бере алмады дейтін болуы керек. Әрине, беру керек еді. Расында өзімде мал жоқ, ағам келді екен деп колхоздың қойын жарып тастай алмадым. Сонымен табаққа Сәрсенов турап әкеліп қойған етке бәріміз қол қойдық. Ет желініп болған кезде үйге Нұрқалық кірді. Неге екенін қайдам ол қазақ дәстүрімен дастарқанға келмеді. «Тойып отырмын» деп босағадағы бір кескен шөркенің үстінде отырып, құйрығын қоқайтып сүйкене келген күл түстенген көк мысықты алдына алып сипалай бастады. Мысық оған тұрақтамай, табақтағы еттен дәметкендей үй иесі — маған келіп сүйеніп, жүресінен отырды. Шойқара ет жерге келгенде қабағын шытынғанымен бұлты тез тараған тау күніндей көңіл ашып еді. Ат үстінде қозғалақтап тыныш та таппады, әңгімеден аузы да тынбады. Сапылдап, сапырып сөйлеп отыр. Осы ауылдың адамдарынан да хабардар екенін аузынан шығарып алып, қипақтап алған да жері болды. Сөйлегенде теке сақалы салпылдап, мұрнының ұшы қимылдап, даладан біреудің келуін тосып отырғандай жан-жағына қарана берді, қысқа жуан мойынын созбақ болды. Бір омыртқасы о бастан кем жаратылған мыртық мойын бұруға келмей, семірген өгізше бар денесімен бұрылады. Ол солай оң жағына бұрылып қалтасынан әлдеқандай дәрі алып: «Ауырып жүр едім» деп ауызына салды. Алдына күні бұрын қойылған сорпадан қорп еткізіп бір ұрттап жұтты. Жетісуда, інім, жасы келген кісілердің алдына сорпаны бұрын құйып қоя береді. Кәрі кісі етке түйіліп-қабынып қалғандай бола ма, ұрттап отырсын дейді. Мен атамның келгеніне қуанудың орынына денем бір түрлі бейжайланып, көңілімнің қошы болмай, арық тоқтыша тырысып отырдым Оны білгізбейін деп шалға қарамадым.

— Балам,— деді шал бір кезде,— мен ертемен кетермін, шайға қарамаспын. Кетерімде қолыммен бір ет асатайын, кел ауызыңды аш.— Шал қолындағы етті маған ұсынды. Мен баяғы Жаубай үйіндегіден кейін ауызыммен ет асаған емес едім. Сондықтан қолыммен алуға ұмтылдым. Неге екені белгісіз Сәрсенов отырған жерінен ұмтылып тура беріп менің қолымдағы бір шөкім етті қағып түсірді. От басында құйрығын қоқайтып, тамақ сұрап әрқайсымызға бір сүйкеніп жүрген көк мысық гүрілдеп-сарылдап етке ауыз салды. Сәрсенов менің оң қолыма жармаса кетті. Оң қолымның білегінен тас қылып ұстап алып:

— Қолыңызды аузыңызға апармаңыз! — Ол бұйыра сөйледі. Мен дәнемеге түсінбей қалдым. Не болып қалғанына ділім де жетпеді.— Көтер қолыңды, жауыз.— Ол даусын көтеріп, қатты айтты. Байқасам сол қолымен менің оң қолымды ұстап алған, оң қолында тапанша, атама кезеніп тұр.— Нұреке, оң жақ қалтасында тапаншасы бар, алыңыз! Қолын байлаңыз, шалдың! — Нұрқалық ебедейсіздікпен шалдың қалтасына қолын салып, тапаншасын алып, ол қолында тұрса қолын жазым қылатындай Сәрсеновке берді. Нұрқалық сасып жіп таба алмады.

— Желбаумен байлай тұрыңыз! — Нұрқалық желбаудың біреуін керегенің басынан жұлып алды да, Шойқараның қолын артына байлады.

— Балалық қылмаңдар, келген қонақты байлап,— деді Шойқара.— Мен не істедім сондай-ақ.

— Сөзді қойыңыз! — деген бөгде дауыс естілген соң қарасам, есік алдында тапаншасын төрге қарай кезеніп тағы бір адам тұр. Жұпыны киімді адам кеш алдында келген, «почтаның адамы едім» деген-ді.

— Ауылға келген қонақтың бәрін қамайтын ба едіңдер, бұларың адамшылық емес қой, мен не қылдым, бәрібір ештеме дәлелдей алмайсыңдар,— деп Шойқараның ауызы тыныш таппады.

— Мысыққа қараңдар. Байқұс, жазықсыз мақұлық, обалың мына жауызға болсын! — деді Сәрсенов. Енді ғана байқадым, көк мысық тырп етуге шамасы келмей, қатып қалыпты. Жұрт мысыққа қарағанда Мақпырға көзім түсіп еді, оң қолын сол жақ қолтығынан тартып алды.

— Әбеке, ыстық сумен қолыңызды сабындап жуыңыз! — деді Сәрсенов. Қол жууға бара жатқанда ғана көк мысықтың орнында өзім жататынымды аңғарып, атама көз тастап едім, ол жанына барған «почта адамына»: «Менің жазығым не?», «Бұларың қылмыс қой!» — деген сөздерін естідім. Көзім көк мысыққа қайта түсті.

Көк мысық жау сарқытының құрбаны болды. Ертесіне көміп тастадық. О тоба, сөйтіп бір ажалдан қалдым. Енді Мақпыр менің бетіме қалай қарар екен деп тұр едім, осыны сезгендей Сәрсенов:

— Сіздің әйеліңіз бұл іске кінәлі емес, ата қылмысына бала жауап бермек емес,— деді. Мұны Сәрсенов жұрттың бәріне өстірте айтты. Таңертең кетпек атам, батқан күнмен алыс сапарға аттанды.

— Жаңағыны қалай еттіңдер? — деп Сәрсенов «почта адамына» тіл қатып еді, ол:

— Ұстай алмай қалдық. Сізді атып алармыз деп қорықтық, мынадан білерміз!..— деді. Кейін білсем шал ет алдында атын •і|)ы қалдырып, ши арасымен жаяу келген Асанжанға жолыққан екен. Кетіп бара жатып, бір қаға берісте Сәрсенов:

— Сақ болыңыз! — деді. Мен басымды изедім. Сонымен Сәрсеновтың біздің кеңседегі жұмысы біткендей болды...

Енді Мақпыр қойнына жату жылан жанына жатумен бірдей еді. Амал не, сол жыланмен арбаса тұруға тура келді. Дүние деген осы, інім, көргеніңнен көп екен көрмегенің, тірі жүрсең көресің өлмегенің. Бірақ, шыны керек, менің өлмегенім қара жер. Атам күдіс желкесін көрсетіп аттанғанда Мақпыр бет-жүзінен шушылық байқалмады. Әкесі оған көзімен болса да бірдеме ымдамақ еді, оған қарамады да, қоштасуға бармады. Не деп барады. «менің күйеуімді өлтіруге келген екенсің, оның болмай қалды-ау» дей ме? Ымырт жабылып, қас қарайып кеткенмен көңілім бір түрлі көтеріңкі, жеті қат көкте еді, інім. Ертең гу ете түсетін, күзгі қауға тиген оттай өршитін өсек те ойымда тұрды. Сонда да ішімнен мені сыртымнан бақылатып қойған мемлекетке мың да бір алғысымды жаудырдым. Қараңғы болса да түннің бір шамасына дейін жатпай, әсілі ұйықтамайтын адамдай есік алдында жүрдім. Өтешек өмірдің мұндай бір барқадар тарттырған шағы да болатынына көңілім раушан. Бірақ айпарадай ақ жүзі алаулап тұратын Мақпырды ойлап, бір сәтте-ақ бұзыла салдым. Әйткенмен әддіден аспай, жанасалай сұлудың қасына келіп тізе бүгіп, қисайдым...

Қатты ұйқыдан шошып ояндым. Өйткені Тарланкөктің кісінеген дауысы жарғақ құлағымды жарып кетті. Атты ұры алады деп қауіптенбейтінмін. Өйткені бұл ауылға келгелі оған мініп, байқап көрмеген адам аз. Бәрі де оны тамашалаған. Тек біреу к.астық қылуы мүмкін. Атына қылбұрау салғанда шыдай алмай «дұшпан не істесең де өзіме істе» деп түрменің босағасын мойнына іле шыққан Қобыландыша ішкі киіммен сыртқа тұра жүгірдім. Есік алдында атқора бар, жоңышқа орып әкеліп Тарланды соған қоятынмын. Басы қашанда бос. Тұсамыс, шідер, арқан дегенді ол ешқашан көрген емес. Мен бар жерден оның алыстап кетпейтіні өзіме белгілі. Алты жасында ақтатқанмын. Одан басқа жерінде азулы айғырдың тісі де тимеген. Өйткені ол жылқыға қосылмайды. Менің жүрген, жатқан жерімнің төңірегінде болады. Үнемі ер-тоқымсыз, жүген-ноқтасыз бос тұрады.

Мұны мейлі тұлпар десеңіз де, мейлі пырақ десеңіз де сияды, нағыз желқабыз, жез тағалы еңіреудің өзі еді. Қорадан Мақпыр шығып келеді. Таң атып, жерге жарық тартып, кісі танитын уақыт болып қалыпты. Шашы жалбырап, ұлы суретшілердің судан шыққан су перісінің қызындай, омырауы ашық, ақ ішкөйлекпен келеді.

— Ат емес қой, бұл. Ит. Адамға тұра шабады.— Шырағым, бұрыннан қалып жүрген көңіл жаман болады екен, Мақпыр өзімді «ит» дегендей естілді, бұл сөз.

— Беймезгіл, сахарда қораға неге барасың,— деймін мен.

— Енді дәретке де рұқсат сұрап шығамыз ба? — деді де ол, дәретхананың қорада емес екені есіне түсіп: — Мен осы үйдің әйелімін бе, жоқ па? Алдындағы шөбін ысырып салайын, сағырлап-кәшектеп тастады ма деп едім,— деді өз сөзінің аяғын түзетіп. Мен әңгімені көбейтпедім. «Ә, солай ма еді» деп қоя салдым. Мақпыр мені иландырдым деп ойлады. Дуакөй адамдаймын-ау деп те ойлаған шығар ол. Және ол емескі нәрселерге қасам ішуге дайын тұрады. Шамасы антты қалай ішіп, көкірегіне құран ұрса да одан пәле келмейтінін әбден біліп алғандай. Ол айдындағы аққудың көгілдіріндей қобалжи басып үйге кетті. Жаздың қысқа таңы шолтаң етті. Түзге шығуға қораны айнала берсем, бұрын біздің үйде жоқ ұзын, екі жүзді қара пышақ дуалдың жанында жатыр. Ұстап көрсем сабы жып-жылы. Даңғайыр ұстаның-ақ қолынан шыққан дүние. Енді алғал-арам іске жұмсалмақ. Орнына тастай салдым. Күн шыға шай ішіп кеңсеге кеттім. Аппақ көңілім қап-қара болды, жақсы ниетім зайғы, шіркін ешкімнен көрудің керегі жоқ, маңдайым тайқы. Пұшайман боп жүрдім...

Арада апта өтті. Апта айдай. Әрине ол тек үй жағдайына келгенде, әйтпесе жұмыс ретімен жүріп жатты. Тағы бір күні кешке біраз күн арасы үзіліп қалған қорқынышты түсті тағы көрдім. Оянып кеттім. Мақпыр от жақта ұйықтап жатыр. Үйден керосин шамның өшкен иісі шығады. Әншейінде жаға салатын үштік шамның білтесі шоқтанып, қызарып тұр. Мақпырға сезіктеніп қалды ма дегізбеу үшін ұйықтап кеткен болдым және солай болды да. Сол түсті көрер ме екенмін деп келесі күні де жатып, тура сол түсті көріп, шошып ояндым. Бұл не де болса тегін болмады деген жорамал жасадым.

Келесі кешке ұйықтамауға тырыстым. Осы маған не болды, үнемі бір түсті көре беруім қалай? Әлде миым шатасып бара ма деп өзіме өзім күмандана қарап жаттым. Бірақ «аңдушыны алушы жеңіпті» деген мәтелдей ұйықтап кеткенімді білмеппін. Қорқынышты түсті тағы көрдім. Ояна кетсем шамның білтесі тағы шоқтанып тұр. Әдейі білмеген болып жата бердім. Қайта ұйықтап кеткен екем, тағы сол түс. Енді ол-түстің бір түнде екеуін көретін болдым ғой. Ертеңіне денем дімкәс тартып, ұрып тастағандай ауырады.

Күдік тартып, бұл не деп ақылым жетпеді, даққа қалдым. Сол күні оңашаға кетіп, түстен кейін Тарланды қоя беріп, жаңа тұрғызылған бір маяның түбіне, шөп төсеп тұрып, күн ұясына отырғанша ұйқымды әбден қандырдым. Тұрсам ымырт үйіріліп, бөдене «бытпылдығын», шегіртке шырылын аяқтап, кезек шілдеқоңызға тиіпті. Тарланкөк оттауын қойып, келіп аяғымды иіскелеп тұр. Күртіге келіп бір сүңгіп, атқа мініп күндегідей кеңсеге барып ұзақ отырдым. Біреуге осыларды білдірсем бе екен деп те ойладым. Күндіз ойлағанда жүрегім зырқ ете түседі, ал кеш батқанда ол қорқыныш одан да ұлғаяды. Шынын айтсам алты қанат үй мені жұтатын аждаһадай. Бірақ бармауға бола ма, кеңседе жан қалмады. Аяғымды санап басып, қорқынышты түн болғандықтан сақтанып келдім. Сирек, маң басып үйге жақындағанда Мақпырдың сыртта менің жолыма қарап тұрғанын көрдім. Қараңғыда бәрін танып үйренген малшының көзі ондайдан көп мүлт жібермейді. Сонан соң алғашқыдан гөрі жүрісімді жылдамдатып, жөткеріндім. Мақпыр менің қарамды көрген соң қолын қусырып, екі аяқтап тұрып, адам жақындағанда ініне қойып кеткен суырша үйге зып берді. Жайдарыланып, лепіре сөйлеп отыр. Шын көңілденіп көрінген болады. Көңілінде иненің жасуындай ештеме жоқ дегізбек.

Мақпыр қазаннан тамақ құйды. Кеспе екен. Ол кеспе кесе білмейтін. Бүгін әдейі менің қыбымды тапқан болып көріну үшін кеспені көршілерге жасатып алған. «Бетін сылағанша кеспе кесуді үйренбей ме» дегенді де талай естіген. Сонда да бетінің кірін бес төгіп отырып жасатып алған сыңайы бар. Міне, мұның ішінде у жоқ дегенді аңлатқалы маған тамақ құйған табақтан қасықпен бір ұрттады да, қазаннан ожаумен «қыз аларымды» құйып маған ұсынды. Бәрібір тамақтың алдын оған ішкізетінімді біліп отыр. Қисусан пәлені тоқыған бітінә. Тамақ ішіп, тоқ басып болған соң, төсекке жатуым қиын болды. Төсек бүгін күндегіден де қорқынышты, түн күндегіден түнек, тылсымданып кеткендей. Сыртым жалындап көрінгеніммен ішім он мың жылдық мұзарт, шіжырланып, қайнасып қатып қалған. Оның енді ерімек түгіл жібімейтіні өзіме мәлім. Бір сәт есік алдында жүрдім. Осының өзі де үрейлі, таңертеңгі қара пышақты қарыс ұзартатындай.

— Кірсеңізші үйге,— деп қиылды Мақпыр. Мен шешініп, төсекке сұлық жаттым. Ол келіп асыла құлады. Сәл кеудеме басын қойып жатты да, мойныма қолын орап алды. Нақ осы жолы, інім, мойнымды ақ білек емес, қара жылан бунап тұрғандай сезіндім. Мақпыр тамағыма, ерініме жабысып сүйе берді. Оған селт етпедім. Көңілім тастай қараңғы, ойым зымыстан борандай түнек. Шегендеулі шыңырау құдық түбінде қатқан мұздай жаз шілдесі түгіл мартен пешіне салсаң да жылымайтын бірдеме жатыр. Жіби қоятын емеспін. Мақпыр тек бір мен деп ындыны құрып бара жатқаны белгілі. Мені қалайда шаршатып қатты ұйықтату. Енді ол қолын арқама, әр жеріме жүгіртіп, етімді сипалай бастады.

— Маған көңіл аудармай кеттің ғой,— деді ерніме жабысып. Мен көңілім баяғыдай деуім керек. Оны ісіммен көрсетуім жөн. Солай... Солай болғанмен оның діліндегісі білініп тұрғандай. Ол мені жалап-жұқтап ұзақ сипалады. Бұл енді ұйықтатудың емі. Аздан соң мен қорылға бастым.

— Абақ, Абақ жаным! — деп қайта құшты ол. Сынау үшін болу керек.— Абақ, Абақ! Жан...— Менде дыбыс жоқ.— Ұйықтап қалдың ба, жаным! — Ол қаттырақ иығымен итеріп қалды. Қарынымды сипалаған боп бір уыстап мытып жіберді. Егер шала ұйықтаса оянып кетсін дегені. Сонан соң жарты сағаттай сұлық, үнсіз, тыбыр етпей жатты. Ол мені өлімен тең болсын деп жатқаны еді. Мен алғашқы қорылдан гөрі бәсеңдеп бір қалыпты дем алып, қалың ұйқыға кеткенімді білдірдім. Осы сәтті күткен екен, Мақпыр мені иығымен тағы қатты соғып қалды. Сәл тынышталды. Сыртқа құлақ тікті деп ойладым мен. Сонан соң басын көтеріп, ұйқысыраған кісідей тып-тыныш отырды. Көрпені еппен ашып, суырылып төсектен шықты. Түрегеп есік жаққа таман барды. Қараңғыда осындай жүріс қандай суық, қандай қорқынышты, көз көріп тұрған жоқ, тыпың-тыпың етпейді де. Жыландай жылыс, жылжып жүрген сияқты. Көзіме таңертеңгі Тарланкөкке салмақ болған екі жүзді қара пышақ елестеп кетті. Соны қолына қарымдай ұстап, ішіме салғалы келе жатыр ма екен деп денем мүздап, суық тер жауып кетті. Жүрегімнің соғысы жиілеп, көкірегім қысылып бара жатқандай. Шыдамның да шегі бар. Бірақ шыдамауға бола ма!? Шыда, Абақ, шыда деп қоямын іштей. Құлағыңды құнтитып Жаубай кескенде де шыдаған жаның еді ғой. Азар болса, тағы бір қиналарсың. Шыда, Абақ, шыда. Ол қолын жабыққа сұғып бірдеме алғандай болды. Қайта келе жатыр. Міне, келіп тұрды. Тағы тыныштала қалды. Менің демалысымды тыңдап тұрғанға ұқсайды. Қағаз сыбдыры естілді, бір нәрсені тышқан кеміріп жатқандай қытырлайды. Қағаз. Әрине қағаз. Жерге қойды. Сіріңке шақты. Ол да қолында дайын екен. Үштік май шамға от қойды. Ол түтінденіп барып зорға жанды. Сығырайса да бәрін көрсетіп тұрды. Төсектің жанына еппен лып отырды да, көрпені ашты. Көрпені жылан ашқандай болдым. Ішімді бір сыйпады да, қолын тартып ала қойды. Ұйқылы адамнан суық тер шықпауға тиіс. Содан секем алды ма, мелшиіп отырды. Сарапдал тәуіптердей бәрін біледі, пәле. Енді уағдасын қылап қып қайтсін, неде болса деді білем, пыран киіп жатқан мен емес жейдемді түрді. Көзімді бір сығырайтып едім, түрі жауға шабатын кісідей түнеріп, қан түленіп алыпты. Адам баласы түсіне тіке көз тіге алмайтындай. Қолын киіздің астына тығып жіберіп кішкентай қара кездік алды. Тіпті бұл үйдің ішінің бәрі маған қарап анталап тұрған қорқау қасқырдай қара пышақтар болып кеткен бе қалай, атып тұрғым келді. Оны оң қолына мықтап ұстап, ерні күбірлеп, бет-ауызы әлем тапырақтанып, күлбеттеніп кетті. Япыр-ай, адам баласы қандай сұм, қандай зымиян, ал мынау қандай зәндемі еді. Жаңа ғана еді ғой, екеуміздің ерлі-зайыпты жатқанымыз, жаңа ғана еді ғой, бет-аузымды сипап, денемде қолы тимеген жер қалдырмағаны. Расы, інім, зорға шыдап жатырмын. Не болса да ақырын күтпек болдым. Орнынан атып тұрды да, пышақты өз өндіршегіне апарды. Әлгісі келіп тұр ма, әлде менің өндіршегімнен осылай осып жіберсем деп тұр ма екен. Ол екі қолымен екі шекесін басып, көзін жұмып алды. Сонан соң кездікті оң қолына қысқан күйі, көзін ашып, маған үңіле қарады. Оң қолын аспанға көтеріп, маған ұмтыла берді де, әлденеден тып-тыныш бола қалды. Тағы сәл мелшиіп отырды. Тың тыңдады. Тыбыр еткен тышқан жоқ. Сонан соң кездікті алған жеріне тыға салды. Ол жейдені түріп, жалаңаштап қойған қарынды уалап-уалап жіберді де, сұқ саусағын екі-үш дүркін қадап-қадап алды. Мені оянар ма екен деп сынағаны болуы керек. Сонан соң сыбдырлатып-қытырлатып қағазды ашты. Одан қолы қайта менің қарныма тиді. Дұрысы қолы емес, қап-қатты бірдеме, ағаш сияқты. Сұп-суық бірдемені жақты. Қолындағы нәрсемен ішімді айғыздап, жаңағы суық пәлені сіңіру үшін болу керек, осып-осып өтті. Нақ осы кезде екі қолынан шап бердім. Қолын бұрап жіберіп едім, ыңқ етіп жаныма құлап түсті. Шам жалп етіп өшіп қалды. Білтенің ұшы күндегі мен көретіндей шоқтанып тұрды.

— Ағатай, қолым сынып кетті, біреуін босатшы!

Қазақ үйдің сықырлауығы осы сәтте сарт етіп екі жағына ашылып кетті. Үйге біреулер кірді. Өлген жерім осы болар деп ойладым. Шіркін өмір, қолымды бір жылы суға матыртпай-ақ, бір күп еркін күлгізбей-ақ біткенің бе? Марленім қалай күн көрер екен.

— Қозғалма! — деген Ырысбек Сәрсенов дауысы қатты естілді. Мен Мақпырдың екінші қолын да бұрап жібердім. Ол сылқ түсті.— Қолын жібермеңіз! — Тағы Ырысбек. Сіріңке пыр етті. Құлап жанымда жатқан Мақпырдың ішкөйлегі түріліп, бөксесін жаба алмай қалыпты, жарқ етті. Аспалы ондық шамның шынысы алынды да, алеңдік лап етті. Шам отынан қара түтін шықты. Иісі де мүңкіп кетті. Шыны киілген соң барып үй іші көріне бастады, Шам жаққан Нина Андреева екен. Ырысбек қолында тапанша. бізге қарай кезеніп тұр. Іш көйлегі кеудесіне жиналып кеткен Мақпыр тыртиып бір жамбастап жатыр. Сәрсеновтың артында біреу тұр. Нұрқалық екен.

— Нұреке, от жақтағы жастықтың бергі астында қару бар, алыңыз! — деді Ырысбек Сәрсенов. Нұрқалық жалаңаш әйелдің жанына баруға именді.— Именбеңіз, ол әйел емес.— Менен суық тер бұрқ ете түсті. Бұл тура маған тиген оқтай болды. Нұрқалық қолы қолына жуыспай жастықтың астынан тапанша алды. Алақанға сиятын қара тапанша. Сәрсенов қайта сөйледі:

— Төсектің бергі жанына, көрпе астына қол тығып қараңызшы! — Бұл Нұрқалыққа тіпті ауыр болды. Тіпті бұл әйелге қол жүгіртумен бірдей еді.— Көрпенің астында болмаса, киіздің астын ашыңыз! — Нұрқалық қолы дірілдеп жаңағы менің өндіршегіме салмақ болған қара кездікті алып, Нина Андрееваға берді. Өзі жаураған адамдай қалт-қалт етеді.

— Әбеке, енді қолын жіберіңіз! — Мен Мақпырдың қолын босатып, жейдемді түсіріп киіне бастадым.

— Ішкі киімдеріңізді отырған күйіңізде киініңіз! — деп бұйырды Мақпырға Сәрсенов. Төр алдындағы қағаз ішіндегі шыны сауытты алған Андреева:

— Нақ өзі,— деді.— Алмас! — Мен қылмыс істегендей Мақпырдың өңіне қарай алмадым. Ол үнсіз, сазарып қалған. Тіл аузын қойған адам сияқтанып, бедірейіп, қанын ішіне тартып алған.

— Қалғаны қайда? — деді Нина Андреева Мақпырға қарап.

— Бала бақшада.

— Оны алғанбыз. Одан басқасы ше? — Мақпыр сәл кешігіп жауап берді. Ол орнынан тұрып:

— Алып берейін, мына чемоданда еді,— деді.

— Жоқ, орныңнан қозғалма, өзіміз аламыз,— деді Сәрсенов, ілгері ұмтылып.

— Әйелдің туалетіне араласасыз ба? Ұятыңыз қайда? — Ол әлі Сәрсеновті ұялтпақ. Ол әйел емес деп айтпады ма Сәрсенов жаңа ғана.

Сәрсенов Андрееваға ым қақты. Ол төрдегі чемоданды ашып ішінен тағы бір тапанша алды. Әрине Мақпырдың алмағы осы еді. Чемоданнан тағы тапанша алынғанда «бір ажалдан құтылдым» деп тұрған менің денем мұздап кетті. Егер Мақпырдың қолы чемоданға жеткенде жер жастанатын екем. Іздеген дәрінің қалғанын да содан тапты.

Таң сызат берді. Шығыс жақ құланиектеніп, рауандап келе жатты. Мақпырдың қолы артына байланды. Нұрқалық бір аттық арба жеткізіп алып келді. Арбаға отырғызылған зымиянның қолы шешілді де, оң қолына кісеннің бір басы салынып, кілті сырт етті. Одан төмен отырған Нина Андрееваға оның екінші басы кигізілді. Енді ол Нина Андреева мен Ырысбек Сәрсеновтың ортасында арбада мөлиіп отырды. Елең-алаңда оның жүзін кім көріпті, ала көлеңкеде жау сарқыты арба үстінде түнек ішінде кете барды. Сәлден соң түнек түріліп, жаздың шолақ таңы аппақ боп атты. Ертеңіне Абақтың әйелінің түнде жоқ болғанын жұрт әр түрлі саққа жүгіртіп айтып жүрді. Ешкім мұны менің бетіме басқан жоқ. Тек көрші кемпір:

— Шырағым, құтылғаның жақсы болыпты. Әйтпесе ол бүкіл елге кесірі тиетін адам еді. Қойдың басын жарып асты ғой. Жалғыз басты жарып асқанды кім көріпті,— деді. Жолда Мақпыр Андрееваға бір ауыз сөз айтыпты:

— Көрген қызығым да, қорқынышым да Абақпен өмір сүрген кез. Бәріне әкем кінәлі, өміріме өшпес із салды, оны ауданда-ақ атып тастайтын едім,— депті.

* * *

Інім, қойныңнан жылан шықты ма? — деген осы болды. Шынымен менің қойнымнан жылан шықты. Жасымнан жаратылысқа көп әуестігім бар еді. Сонау бір жылдары Украинаның бір жаудан босаған селосынан қолыма түскен бір кітапты оқығаным бар. Дүниеде планария аталатын бір жәндік болады екен. Ол ешқашанда өлмейтін болса керек. Әлгі жәндік өзіне жау жақындап шабуыл жасай бергенде жиырмаға бөлініп кетеді екен. Оған шабуыл жасамақ, оған қасаласқан жәндік жаңағы жиырма бөліктің қайсысына шабарын білмей, быт-шыт болған планарияға қарап таң болып тұрып қалса керек-ті. Әлгі жәндік аз-ақ уақытта өсіп бұрынғы қалпына келеді екен. Егер ол өзіне тамақ таппай қалса өзін-өзі мүжіп, яғни миына тимейді екен де, бұлшық еттерін жұлып жеп күн көреді екен. Мына менің артыма түскендер де сол планария сияқты таусылмайтын пәле болып кеткендей. Денені қуалап шыққан құлғанадай біресе ол жерден, біресе бұл жерден шыға берді. Көзімді ашқалы бері жамандық арғыма түсіп наруанға мініп қуып келеді, мен жер танабын қусырған тұлпарға мініп, қаша ұрыс салып бара жатқандаймын. Қатынымды өлтірді, атыма, балаларыма, өзіме бір-бір рет қастандық-шабуыл жасап, бәрінен де ештеме шығара алмады. Енді қай жерден жұлып шығар екен деп қорқа бастадым. Қорықпадым деп өтірік айтқым келмейді, інім. Қорықпау үшін адам болмай, мақұлық болу керек. Төтендеп келіп қалғанда мақұлық та қорқады. Ал қорқу тым жаман нәрсе емес. Ол сақтықпен де, жауаптылықпен де ұштасып жатады. Осы жұлып шыққан құлғанадай қуалаған пәлелердің қылығынан көпке дейін ел бетіне қарай алмай, бетім күйіп жүрдім. Қалай ұялмайын. Абақ революциялық қырағылығын жоғалтты деп маған айып тақса, ол жөн болар еді. Соның артынша мені Мырзалин шақырып алып көп нәрсе айтты. Әсіресе тайлақ етімен қоса ұры есебінде қаматқан адамдарымыздың екеуі мемлекеттік қылмыскер екен. Шойқара да, оның қызы Мақпыр да кісі өлтіруге қолы қалт етпейтін, революция жауларының одақтастары екен. Олар Совет өкіметіне осылай зиянкестік жасауды, колхоз құрылысына кесел келтіруді, сөйтіп колхоздардың тарап кетуіне жетуді өздеріне мақсат етіп қойған екен. Алғаш мені орнымнан алғанмен артынан мен туралы басқа нұсқау келген болса керек-ті. Мені өлтіруге жасалған қастандық-бітім білініп қалып, мен тұрған жерлерге әдейі арнаулы адамдар жіберіліп отырған. Шырағым, ол маған, менің мемлекет алдындағы қызметім үшін жасалған жақсылық емес, жалпы ол қоғамдық меншікке негізделген біздің мемлекетіміздің адамға деген қамқорлығынан туындаған шешім болса керек-ті. Егер жазықсыз бір адамның басына қауіп төнсе, оған да нақ осындай қызмет көрсетілетініне менің шүбәм болған емес, болмақ емес. Бірақ, інім, тыңнан жол салу оңай іс емес. Социализм орнатуда осындай келелі істермен қабат келеңсіз жайлардың да болғанын жасыруға болар ма? Мысалы отызыншы жылдардың ішінде адамды апарып қамай салу, оны бес-алты айдан кейін шығара салу, тіпті көп болды десем өтірікші болмаймын. Оған жүздеп мысал келтіруге болар еді.

Қолайсыз бір жайды білуші едім, інім. Жиырма сегізінші жылы Жетісу байларын Оралға айдағанын айтқанмын. Оралдан қайтадан қашып келіп, Еспер Қожақовты өлтіруді ұйымдастырған Тойбай байды отыз бірінші жылдың күзінде жергілікті халық өздері ұстап алды. Қашып жүрсе де ағы ақ, қызылы қызыл қалпында түйе жүн шекпен, түлкі тымақ киген Тойбайды колхоз кеңсесіне алып кірген. Күнде болмаса да азығы таусылғанда колхоз малына шабуыл жасап, тыныштық бермей жүрген Тойбайға бұрынғы кезде қамшысы, тілі етсе де ешкім беттемейді, бетін жыртып тастамайды. Сол кездері ауылдық Советтің төрағасы болған Сартжан Сұраншиев тыныштық бермей, ауыл жағалап жүрген, Асанжан көтерілісіне де дем берген Тойбайға қатты азуын басып жүреді екен. Жортулы абаданның қақпанға түскенін көрген Сартжан ызалығын баса алмай:

— Ә, әкеңнің аузын... қақпастың басын кесіп алыңдаршы,— депті. Оған жұлып алғандай Тойбай да жауап берген:

— Ә, айналайын Сартжан, кессең өзің кесші, осы бастан өзім де қатты қорлық көріп жүрмін.— Бұл ештеме емес, інім. Батпан құйрық артында жатыр. Сол жылдың қысында аяқ астынан Сартжан да қамалды. Оның үстінен берілген арызда «біздің жалғыз сиырымызды тартып алып, ұйыстырды» делініпті. Сартжанның бұл жердегі жазығы жоғарыдан келген нұсқауды бұлжытпай орындауы еді. Ол әдейі істелінгендей тура Тойбай отырған камераға кіргізілген. Сонда Тойбай:

— Ә, шырағым Сартжан, келіп қалдың ба, төрге шық! — деген. «Сонда өлмегенім қара жер болды» дейтін Сартжан. Көрдің бе, қарағым, өмір деген қашқан түлкінің құйрығындай қалай бұлғаңдайды. Сол Сартжан алты ай отырғанда Шойқараның үстіне де кірген.

Камераның құлпысын шылдырлатып түрме қызметкері есікті ашқанда есікке отырған жұрттың қарай қалатын әдеті. Түрмеде де талай таланды, талантты, талапты ерлердің отырғаны толып жатыр. Оның бірі ескі көз қарасы үшін, енді Шойқара сияқтылар мемлекет алдындағы қылмысы үшін, енді біреулер тіпті әншейін жаламен де ұсталады. Олардың барлығының қылмысын дәлелдеп алып отырғызу қайда ол кезде, кейде қылдан тайған сорлының біреу қыр соңынан қалмайды да, дәм-тұзы түрмеден болады. Шылдырлаған есікке қарай қалғанда киім-лыпасы дұрыстау адамға Шойқараның көзі бұрын түседі. Отырғандардың ішінде қазақтар көбірек екен. Түрмеге үйреніп, енді ойын-қалжыңын да қалдырмаған біреу:

— Е, жоғары шық, Совет өкіметінің оң көзі,— дейді. Шынымен төрге таман, бір орын бос екен, Сартжан сәумеңдеп түзға-кенге қарай бәйпеңдей басқан пұшық түйедей ұмтылып бара жатады. Бара жатып етпетінен кетеді. Сөйтсе біреу аяғынан шалып қалған екен. Енді басын көтеріп, тұра берейін десе, отырғандардың бірі екі сирағынан ұстап, артына тартып қалып тағы ұзынынан кетіреді. Өстіп бос орынға барғанша жарты сағаттай уақыт кетеді. Жоғарыдағы бос орынға жете алмайтынын білген соң ол енді төртінші, бесінші құлаған жерінде отырады. Енді жатқан біреу «ей, төсегіне отырып қойған баладай жалпимай бар анау жаққа» деп тағы бір теуіп жібереді. Қозғалайын десе шапанының етегін біреу басып отырып алып, қозғала алмайды. Енді не істерін білмеген Сартжан қорланып, «е, бүйтіп қор болғанымша өлгенім-ақ жақсы еді-ау» деп жыларманға келеді. Сол кезде төрдегі біреу: «Оу, мынау кедейіңнің түсі таныс, бері жіберіңдерші» дейді. Енді жаңағы тепенектен құтылдым ба дегендей жаңағылар тие қоймаған соң қуанып қалады. Шалжиып үлкен үйдің иесіндей төрде жатқан бұқа мойын, теке сақал, қодас кеуделіге Сартжан жақындайды.

— Е, кедейім, қайдан келдің?

— «Ақсеңгірден».

— «Ақсеңгірден?» Е, мені осында жібергеннің бірі екенсің ғой.

— Мен сізді білмеймін.

— Білмесең мен білгізейін, сенің атың Сартжан, әкең Сұраншы, битті кедейді өлтірдің деп елдің байының бәрін құртқан итсің. Тойбайды да әкеліп, ұстап берген сен. Насыбай атқызыңдар, мына большевикке.— Есік жақтан жұқа сары орыс жігіті Сартжанның жанына келеді. «На возьми» дегенге Сартжан бұрыла беріп, мұрнына сарт еткен жұдырықтан қан саулап жүріп берді. Жұқа сары жұмысым осымен бітті деп барып отырды. — Жорка, шай әкел, қонаққа! — деді шоң қара. Желкесінен келіп біреу тұр еді, сол Сартжанның мойынына жібере бастады.— Жетеді! — деді Шойқара жекіп. Анау да өз жұмысын бітіріп, орнына жонелді. Өстіп отырғанда түскі тамақ келді. Сартжандікін жұқа сары алды да, Шойқараның табағына салып берді.

— Ал сен,— деді жұқа сары Сартжанға,— әзірге мынаны жей тұр. Ол екі саусағының арасынан басбармағын иіскетіп кетеді. Түрмеде де түрлі жазылмаған заң бар екен-ау деп тамақсыз, үш бүктеліп Сартжан қалады. Мысалы кісі өлтірген, немесе соған ұқсас қылмыстың статьясын түрмедегілер тәуір біледі. Түрме ішіндегі құрметті орын да соларға тиеді, әкімдік жүргізетін де солар болады. Түрменің ішіндегі, яғни соттылардың арасындағы құрметке қалай ие болғанын кім білсін, әйтеуір Шойқара Сартжан барған камерада сөзін тыңдататын бірінші адам болса керек. Сартжан сол камерада отырып, мойыны ырғайдай болып азады, аузына тамақ тимейді, басынан таяқ кетпейді.

Бір күні дейтін Сартжан көзім ашылды. Қалай дейміз, біз тыңдаушылар. Түннің бір мезгілінде үстінде судай жаңа киімі, басында түлкі бөркі бар, кеудесі аяққаптай, екі иығына екі кісі мінгендей, екі беті қып-қызыл нарттай біреуді кіргізіп жіберіп, есікші шылдырлатып құлыпты салды. Сол сол-ақ екен, төрде ең «құрметті» орында жатқан Шойқара басын көтеріп алды да, «ей, бастарыңды көтеріңдер!» дейді. Мен дейді Сартжан бүк түсіп есік жақтағы бұрышта жатыр едім, Шойқара түрмедегінің бәрін өзіне қаратты да, есіктен кірген келімсекке тіке тіл қатты:

— Ей, бері кел, киімің жақсы екен! — дейді. Түрмені өзінің үйі санап алған Шойқара әбден еркінсіп кеткен.

— Немене? Құда түсетін бе едің? — дейді жаңа кірген.

— Ей, мынауың ер ғой. Бері кел, есеп бер, маған,— деп кергіп кекетті Шойқара.

— Есепті саған көрсетермін.— Келімсектің ығыса қоймағанын білген Шойқара келушінің желке жағына шығып алған жұқа сарыға ым қағады. Сырттан келгенді көк желкеден берді-ай келіп, ол. Келуші оның ұрғанын бит шаққандай көрмеді. Бұрылып әлгіні шап беріп ұстап алып, тік көтеріп төрде жатқан Шойқараның үстіне лақтырып ұрды. Онымен қоймады, жатқан Шойқараны бір қолымен жерден жұлып түрегелтіп, шықшытынан бір қойып құлатты, тұра келе бергенде теуіп түсірді. Шамасы осылай боларын күні бұрын біліп келген. Енді тор жақта жатқан жұқа сары, орнынан тұра беріп:

— Теперь он мой батя! — деді. Келуші ортада екі бүйірін таянып тұрып «қане, тағы қайсысың барсың?» дейді. Мынаның қимылына сүйсініп жатқан Сартжан анықтап қараса, кәдімгі мен әңгіменің бас жағында айтқан, белгілі ұры Тұрапбай екен. Шатасып қалмайын деп Сартжан анықтап қарап алады. Дәл өзі. Тұрапбай.

— Мен бармын! — дейді Сартжан. «Бұл қандай батыр» деп түрмедегілер демдерін іштеріне тартып дым болады. Сөйтсе қадепкі күнде тамағын Шойқара тартып ішіп, төбесінен әңгір таяқ кетпейтін Сартжан болып шығады. Сартжан дәудің жанына барғанда анау:

— Ой, тәңір алғыр, сен де осында ма едің? — деп құшақтап көріседі. Сонан соң ашығу кезегі, әрине, менің қайран атама келгенге ұқсайды. Сартжан ақталып шыққан соң күліп: «Ұры туысқанның да пайдасын көрдім» деп айтушы еді. Сол Тұрапбай әлі бар, әлі түзелген жоқ. Патша өкіметі кезінде бастаған ұрлығын әлі істеп келеді. Түрме оның екінші үйі. Сотталады, шығады, қайта түрмеге түседі, қайта босанады. Қартайса да ұрлығын қоймайды. Міне, тағдыр деген осылай.

Бірақ адамның бәрі бірдей емес. Кеше Кер Шерметті ұстауға қатысқан өзбек командирдің атын құйрығынан ұстап, жығып берген Омарқұл, Жалбық деген екі жігіт туралы айтқанмын. Оларды ілгеріде айтамын ғой деп едім, міне, ыңғайы келген соң соларды айтпасқа болмас.

Басмашыларға қарсы соғысқа барған сол екі жігіт те баукеспе ұры еді. Кетіп бара жатқанның кетпенін алатын, жатқанның жамбасын кесетін сол екеуіне алғаш Тарланкөкті жоғалтқанда кездескенмін. Түйе қарап жүріп тойға жолығып, жоқ қарап жүріп, қалың ұрының ішіне кіргенім бар еді. Ол да бір біле жүретін әңгіме. Журналиске әңгіме артық болмайды.

Ол кезде Мисауытовтың жүн жуатын заводында істейтін кезім. Тарланымды алдырып, талайыма тас түсіп, таланып бүлініп, қабағым қарыс жабылып, ішкенім ірің, жегенім желім болып жүрген шағым еді. Заводта істейтін Құрбан дейтін ұйғыр жігіті менің атым жоғалып, қиналып жүргенімді білген соң бір оңашасын тауып маған:

— Егер еш жанға білгізбеуге қасам ішсең дағдылы ұрылар тобына жолықтырамын, мүмкін олардың білетіндері бар болар,— деген еді.

— Жарайды ант іш десең ант ішейін!

— Қасам ішпесең де сенемін.

— Ендеше жолықтыр соларыңа,— дедім Құрбанға жалынып-ағынып.

— Кешке кеш бата Лепсі көшесі мен Ташкен көшесінің бұрышында кездесейік,— деді ол. Мен басымды изедім.

Кеш батқан соң уағдаласқан жерге бардым. Құрбан мені күтіп тұр екен. Жанында сидиған алакөз қара жігіт бар. Шашы өсіп кеткен. Лапасы жұпыны. Амандық та, саулық та жоқ, қара жігіт найзасын тіке салды:

— Егер сенен пәле шықса, мына жолдасыңның кәлласын кесеміз, шаруаңды айт! — деді. Мен де жоғымды тағатсыздықпен айттым.

— Мен бұл мәшбітке қылап қыла алмаймын,— деді ол.— Қазір тұра тұр. Мен біліп келейін.— Ол Құрбан екеуі албарға кіріп зым-зия жоқ болды. Мен шоқ басқан тайлақтай шыдамсыздықпен күттім. Жаңбыр себезгілей бастады. Мен үйдің ығына тұрдым. Әлден уақытта жаңағы сұңғыт шықты.

— Кір үйге,— деді сидаң қара.

Екі бөлмелі қоржын үйдің бір жағына кірдім. Ішінде көзге ілінер еш нәрсе жоқ. Жерде атам заманда тоқылып, өмірінде қағу-сілку дегеннің не екенін білмей тозып бара жатқан, әр жерінен тігісі сөтілген, үзіліп жібі селкеуленген, бір кездері әр түрлі түсті жіптен тоқылып, бұл күнде үйдің иелері білмесе басқа адам түсін айырып болмайтын алаша топыраққа батып жатыр. Үйдің екі терезесі бар, ол сыртынан тақтаймен шегелеулі екенін даладан байқағанмын. Бір қабырғада үстінде ескі құрым төселген жалғыз кісілік кереует. Балшық үйге ұқыпсыз қағылған ұзын-ұзын үш шегеде үш қазақ шекпені ілулі тұр. Босағадағы бір арқалықсыз, баттауықтай қалың орындықта жаман, жүні шыққан екі шыт шапан айқасып жатыр. Төбесі мұнарадай биік ескі түлкі тымақ шапандарды баса құлапты. Үлгісіне қарағанда біздің елде жасалған киімге ұқсамайды. Мұндайды бізде кайман тымақ деседі. Бізде тымақтың екі құлағы екі жағына делдиіп, артқы салпыншағы-желкелігі кішілеу болады. Ал желкелігі үлкенін, жауырынын жауып тұратынды малшыларға тігеді.

Көрші үйден бір жігіт кірді. Алпамсадай. Сары. Шегір көзді. Киімі сыпайы. Бойы да бар сияқты. Артынан тағы бірі келді. Бұл да алдыңғыдан айнымайды. Тіпті әлпеттері де, реңі де бір-біріне келіп тұр. Білмеген екеуін ағайынды деп айтар еді. Алғаш мен де екеуі бір туған екен, әттеген-ай, екеуі бірдей ұры болғаны-ай деп қалып едім. Соңғысы мені бұрын көрген кісідей:

— О, шұнағым, қайдан жүрсің? — демесі бар ма. Мені танитын шығар деп қалдым. «О, шіркін-ай, шұнағым, қайда кеткен құлағың? Айрылғанда құлақтан, бір күн, бір түн жыладың» деп шұбатып, елеңдетіп кетті. Мен аңқайып отырып қалайын. Ол тағы өлеңдетті: «О, шіркін-ай, бір құлақ, шұнақ құдақ, Құл қылған-ау өзіңді қанға бұлап. Бастан құлақ садаға демеуші ме еді, Жоқ қылсаң құлағыңды құздан құлап». Ол осылай айта берер түрі бар. Мен сәл қозғалақтап кеттім. Мені таниды деп ойладым. Жоқ, сөйтсем ол белгілі ұрылардың танысу тәсілі екен. Мен оңтайлы жерге отырын жағдайымды айттым.

— Жарлының жалғыз атын біз алмаймыз. Тұлпар болса да арымызға сыймайды,— деді соңғысы. Ұрыға ар не керек деп мен отырмын.— Біздің адамдар алған жоқ. Ол жалғыздардың қолы.

— Жалғыздарыңыз кім?

— Сен ыдыз деп ызылдама, жасымыз қатар, менің атым Жалбық. Мына ақынның аты Омарқұл, сен деп сөйлей бер. Одан ішегіміз түсіп кетпейді... Жалғыз дейтініміз ешбір ұрымен ақылдаспай ұрлайтындар бар. Соларды айтамын. Біздің жігіттер бізге айтпай қимыл жасамайды.— Сонан соң атымның басқаны мінгізгенмен жүрмейтін, ұстатпайтын қыямпұрыс мінезін айттым.

— Я, ондай жылқы болады,— деді Жалбық, тіпті ұрлығын жасырмайды.— Сонау жылы Қордайдан бір жылқы алдық. Ноғайбай ауылынікі еді. Әлгіні жүргізе алмадық. Мінсек тулайды. Сонан соң, ал ендеше деп шанаға басып кеттік. Алдыңғы екі аяғын тұсап, артқы екі аяғын тірсектеп, қысқасы төрт аяғын тегіс матап қойып, бір жарым ай ақырға қараңғы азбарға байладық. Үстін шұбарлап, адам танымас еттік.

— Қалай? — деппін мен.

— Ұрының сырын бір-ақ күнде білгің келеді, ә?!

— Жоқ, жарайды айтпай-ақ қой.

— Саған айтайын, сен маған ұнап тұрсың. Жоғалып кетпейтін белгің де бар екен. Біз ұры, сен шұнақ, бәрібір емес пе?! Бекер шұнақ болмаған шығарсың. Саған біреу әдейілеп белгі салған ғой.— Біліп тұрған пәле ғой деп тұрдым. Сөйтсем ұрының әдеттегі нобайлап соғуы екен ғой. Оны кейін әбден танысқан соң білдім.— Алыстан атты аламыз да, үстіне қайнап тұрған шәугімнен суды тамызып-тамызып күйдіреміз. Бір жарым айдан соң күйген жерге ақ жүн шығады. К,ара ат болса, қара шұбар болады. Бір жарым айдан соң, әлігі Қордай жылқысын далаға шығарып ер салдық,. Тыныш тұрды. Омарқұл мінді, пәле басталды. Мөңкіді-ай келіп. Ұрының атқа мықты болатынын білесің. Сол бізді тастап кетті. Әйтеуір ер-тұрманымызды алып қалдық. Кейін білсек қара шұбар ат болып еліне барыпты. Ондай жылқыны тек сою керек. Ал бір асым ет үшін ондай екі түгел, сауырлы бұлт жылқыны қор қылудың қажеті жоқ. Біз білсек, Тарланыңды Тұрапбай алған ғой. Кісен ашу, кесу соның тәсілі, өнері. Онда Шұнағым атың екі-үш күнде келеді.

«Шұнағым, жасыңнаң-ақ шұнақ болдың,

Жігітсің бір де жоқсың, бір де толдың.

Ер атқа емес, ат ерге бітед деген,

Дүние деген солай-ды, кірі — қолдың»,—

деп Омарқұл тағы біраз жерге апарып тастады. Інім, бұл Омарқұл мына Еңбекші колхозының азаматы еді, атақты Омарқұл мен Тәбия деген философиялық айтысты оқыған шығарсың. Соның авторы. Омарқұл мен Тәбия он алтыншы жылы айтысқан. Ұзатылмақ Тәбияға аужар айту рәсімімен тұсына Омарқұлды отырғызған. Тәбияның да, Омарқұлдың да ақындығы бұл төңіректегі елге бала кезінен белгілі екен. Бұл өте мәнді, ақындық тұңғиығы түбінен қайнап шыққан асыл сөз Жетісуға әп-сәтте жайылған. Бірақ ол кезде оны жазып қағазға түсіріп ала қоятын адам қайда, сол қалпымен қалған. Олардың айтысынан құлақта қалғанын жұрт айтып жүрді. Содан отыз алтыншы жылы белгілі ақын Саяділ Керімбеков екеуін қайтадан айтыстырып, оны жазып алып, Қазақ ССР Ғылым Академиясына тапсырған. Омарқұл Ұлы Отан соғысында қайтыс болды, ал Тәбия Қаскелең ауданының бұрынғы Ораз атындағы, қазіргі Ворошилов колхозында тұрады, інім. Әлі бар, қартайып қалды. Баласы жоқ адам, орыстан асырап алған бір баласы бар деп еститінмін, ол облыста сауда жағында істейтін болса керек-ті. Жоқ қарап жүріп ақын Омарқұлмен, ұрылармен таныс болдым. Басмашыларға соғысқа бірге барғанымды айтқанмын. Отыз бесінші жылы колхозшылардың республикалық съезіне делегат болып барғанымда Омарқұл мен Жалбықты көрдім. Қаскелең ауданының бір колхозында тұрады екен. Амандықтан соң: — Қалай, шұбар ат жасап жүрсің бе? — деп қалжыңдадым.

— Ой, құдай ұрсын, қу шұнақ, шұнаңдаған,

Бұл айтқаның қалжың да, шының маған.

Колхоз болып Жалбықпен ұйысқанбыз,

Оңа ма осы кезде ұрлық қылған,—

деп жауап берген. Шыны екен. Басмашыға қарсы соғыстан келген соң екеуі де колхозға кіріп, адал еңбек етіп, Омарқұл колхозға председатель, Жалбық орынбасар болыпты. Мен сияқты бұрыннан білетіндер: «бұлар бәрін орындайды, толмағанын ұрлап толтырады»,— деп қалжыңдайды екен. Айтпағым ол емес еді, інім. Айтқым келгені екеуінің де соғыстан оралмағаны еді. Ал олармен бірге ұрлық қылған алакөз қара Оразақ Алматыда әлі күнге сол кәсіппен айналысады екен. Міне, інім, адамның тағдырының қалай қалыптасқанын көрдің бе!?

— Ал енді,— деді шұнақ шал,— өкінішті жерін қара, інім.— Ұрлығын қоймаған Тұрапбай мен Оразақ әлі тірі, әлі ұры. Адал қызмет қылған Омарқұл мен Жалбық қайтыс болды. Ал шынында елдің малын ұрлап, қан қақсатқан, жылатқан мына екі ұры құруы керек еді ғой. Өмір деген осындай. Бұдан шығатын қорытынды дүниеде алғал-арамдар да өмір сүреді, бірақ түбінде олар итқорлықпен өледі. Ит қорлықпен... Бірақ ондайлар өлгенше табан ет, маңдай терімен күн көрген адал адамдарды өлтіріп барады-ау. Бататыны — осы! Осындайды тарынбай ойлау мүмкін бе, інім? «Ұрыға құдай жоқ» деп қазақ бекер айтпаған. Оның арғы жағында терең философия жатыр. Мен мұндай жаманнан жақсы болған, арамнан адам болғандарды көп көрдім. Бірақ бит ішіне қан құйған сұмдардың судан құрғақ, оттан күймей шығатынын да кездестірдім. Кейде солардың дегені болып кететін жағдай да көп. Бірақ адалдың, ақтың беті қашанда жарық, екіншілері ше? Олар да бір, жарқанат та бір. Жарқанат жарық дүниеге керексіз жәндік. Оның дүниеде болмағанын ешкім жоқтамайды. Ұрылар бүгін сәт-сәттің арасымен ғұмыр кешер, ертеңі, болашағы өкіндірмей қоймас. «Диқан түбі — кеніш, саудагер түбі — борыш» деген қазақ «ұрлық түбі қорлық» деп мыңдаған жылдың тәжірибесінен алған. Ұрлықпен байығанды әлі ешкім көрген жоқ, көрмек емес. Бүгін уақытша шекесі шылқыған ондайлар ертең сұрықсыз күн кешері ақиқат, оған бөркіңді баса ки!

Шұнақ шал мың құбылады. Жаңа ғана сазарып барып, бет-ауызы жыбырлап кетіп еді, демнің арасында көңілі тау күніндей көтерілді. Әсіресе жүзеге асырған істерін ділінен тіліне оралтқанда шал тым құлшынып, құнжындап қалады. Қымызды тостағандарға толтырып, менің тойып отырмын дегеніме қарамай, зорлап ішкізді. Орнынан тұра салып, дедектеп, балаша басып екі атқа кетті. Күн еңкейсе де қызуы басылған жоқ. Қалайда тау самалы оны байқата қоймайды. Мен салуалы ордада отырғандаймын. Бұлттан биікпін, көңілім де жоғары. Етекте жатқан бұлттар көтеріліп, бізден төмен-төбенің ұшар басына шықты. Ақ мақтадай үлпілдеп аяқ астында жатыр. Қолмен ұстап көргің келеді. Үстіне қарғып түссем дейсің. Кеудені көбелеп барып, жоғарылады. Бірнеше минут күннің бетін бүркеді. Қайта ашылды. «Бұлттан шыққан күн ащы, жаман қатынның тілі ащы». Шіркін десеңші! Жаман еркектің тілі тәп-тәтті! Ашуы келсе, кәрін шақырса, намысына тисең кімнің сөзі ащы естілмес. Әйелдермен салысып тұрып ұрсысып жатқан еркекті талай көрдім, сонда «айналайын» деп жатқанын көрмедім. Жақсы сөзбен, жанын ауыртпай, иландырып жатқанына куә болмадым. Ұрсысу — ол қалайда қарсы жақты мұқату. Мұқату үшін тілдеу керек.

Шұнақ шал аттан қайтып келгенде өзгеріп, қабағы қайта құрысып, маған тіке сөйледі:

— Сен осы мен айтқан адамның біразын білетін сияқтысың. Несін жасырасың. Жарайды, сен Жандосовты білетініңді айтпа, ал мен көп адамның атын атадым ғой, соларды сен білетіндей көрінесің. Менің көңілім мені алдамайды.— Мен тақыс шалдың сауалына үндемей құтылуды ойладым.

— Үндемей құтылғың келеді, ә. Жарайды үндемегеніңмен менің ішіме шемен болып қатқан әңгімемді зейін сала, ұйып тыңдағаның да мені бір көтеріп тастады. Әңгімені айтқанда тыңдаған құлақ жақсы, ал ұғып тыңдаған одан да жоғары. Сен бар ықыласыңмен тыңдап отырсың.

Отыз екінші жылдың егінін аяқтадық. Мемлекетке астық өткіздік.Қызыл керуен жүргіздік. Ауданның астық жоспарын орындауы екі талай еді. Егін жинау басталған соң облыстан да, Қазақстан өлкелік партия комитетінен де өкілдер қаптап кетті, оларды Өлкелік Комитетте таптап жібергені соншалық, астық тартқан әрбір көліктің артынан екі елі қалмайды. Қызыл керуеннің артында да солар, қырманда да солар. Інім, сол бір кезеңнің қазақ халқы үшін, оны көріп отырып, ішінен қан жылап, лаждың жоғынан адамшылықпен сыйыспайтын нәрселерді жасатқан біз үшін сол бір кезенді, қатыгездік дәуірді еске түсірудің өзі ауыр. Егер көрмесең, білмесең бір жөн, бәрін сезіп, аяғының неге соғарын біліп істегенің жаныңды жеп, жүйкеңді құртып кетер еді. Інім, отыз үшінші жылдың басталуының қазақстандықтарға, әсіресе қазақтарға нәубет әкелетіні белгілі еді. Бірақ біздің ойымыз жеткен жерден ол он есе сұмдық селебе апат болды. Ол кезде ауданда да, ауылда да бастықтар өзгере беретін. Сондай өзгерістердің бірінде, отыз екінші жылдың жиын-теріні кезінде мен «Ақсеңгір» колхозын өткізіп, ауаткомге қайта председатель болдым. «Өткіздім» деп отырғаным, інім, колхоздың әрбір қойын, әрбір дәнін, қамыт-доғасын, суыртпақты жібіне дейін біртіндеп басқа ұрып санап жаңа председательге өткізгенбіз. Қазір колхоз председателі бір жаққа кетсе, ол материалдық жауапты адам болмағандықтан моральдық жағынан ғана қуаныш, іренішке ортақ. болады. Қазіргі жаппай сауатты заманда бұл дұрыс та. Шаруашылықтарды жаңа ұйымдастырып жатқан сол бір шақта колхоз қамбасынан он кило бидай жетпесе, оған колхоздың бастығы жауапты. Сөйтіп талай байқұс ішпей-жемей,, қолы ұстап, көзі көрмей сотталады, не орнынан алынды. «Ақсеңгірден» де он екі қасық, екі ожау, үш шелек жоқ болып шықты. Қазір ол күлкі сияқты болса да, мен олардың бағасын қалтамнан төледім. Оған тікелей жауапты қамбашы, бір бригадир орнынан алынды.

Ол кезде егін оратын машинаның екі түрі бар. Бірі өзі тастағыш, екіншісі лобагрейка деп аталады. Өзі тастағыш машинаның алымы тар, шабылған астықты кезектесіп келіп, өзі жерге десте қылып түсіріп кететін тарағы болады. Оған екі ат жегіледі, айдаушысы да, қараушысы да бір-ақ адам. Ал екінші машина — лобагрейканың қазіргі комбайндардікіндей егін қағары бар.алымы өзі тастағыштан әлдеқайда кең. Сондықтан екі ат оны сүйрей алмайды. Екі атты қатар, бір атты көсем жегеді. Көсем жегілген аттың үстіне бала мінеді. Машина үстінде екі орындық бар. Оның бірі соңғы екі атты айдаушы да, біреуі шабылған егін шөмеле болмағанымен, соның төрттен біріндей болып машина табанына жиналған кезде қолындағы айырмен оны сырғытып аңызға түсіреді. Сол кездегі ең ауыр жұмыстың бірі, інім, осы айырмен жұмыс істеу. Онда отырған кісі ең таңдаулы, күші мол адам болушы еді. Ол жұмысқа адам шыдай бермейтін. Сондықтан айыршы мезгіл-мезгіл алмасып тұратын. Ал одан да қиын іс бар еді. Атпен айналдыратын қызыл барабан болатын. Оның егін шайнайтын жемсауына шабылған егінді беріп тұру еш адамды шақ келтірмейтін. Жұмыстың бұл екі түрі де қаншалықты игілікті болғанмен бейнеті ауырды. Бұл машиналар қазақ жеріндегі ауыл шаруашылығын механикаландырудың алғашқы қарлығашы болатын. Сонымен қабат бір атқа жегілетін, қырманға қалың төселген егінді бастыратын сегіз қырлы бастырық тас бар-ды. Бұл ата-бабадан қалған егіншілік мұрасы -— жәдігер. Оның атына мінетін бала бір сағаттан соң басы айналып құлайтын. Ата мұраның екінші түрі — аттарды матап, көсемдеп, олардың аяғымен егін бастыру. Бұл екі тәсіл де отыз төртінші жылға дейін қабаттасып қалмаған-ды. Екі-үш жыл жоғалып кетті де, жаманшылықта, яғни соғыс басталғанда қайта шықты. Сен әлде білерсің, інім, бидайды қуырып жеу қазақта ылғи жаманшылықта бінә бола кетеді. Ол уыстап алған азғантай бидайды диірменге салып жұғын қылмау, диірменшіге қалда бермеуден шығады. Көп астықтан қашанда ондай шығын білінбес еді. Бұл машина түрлерін, бастырық тасты, қызыл барабанның жемсауына жем беруді неге айтып кетті деп отырған шығарсың. Сол «Ақсеңгір» колхозында ерлі-зайыпты Талғар, Сейілхан, Қасымхан, Жаңыл деген адамдар колхоздың ең жүйелі де, күйелі де жұмысынан жаздың аптапты, көктемнің лайсаңды, күздің қара суығында бір күн қалып көрмеп еді. Сол осынша қиын жұмыста, колхоздың керегесін керіп, уығын шаншыған, колхозды егізекі жасамақ болғандар балпиып байып кетпегенімен шілпиіп шидамшек қалмауы да керек қой, інім. Жаңа мен жоғарыдағы айтқан лобагрейкадан шабылған егінді аңызға ысыру сияқты ауыр жұмысты Қасымхан атқарды. Міне, осындай қиын жұмыстың төлеуі отыз екінші жылдың жазында қырман басында ішкен бидай талқаннан істелген қара көжемен тәмәмдалып жатты. Балалар бала бақшадан ішті. Нан жылдың басынан-ақ ауылда көзге түскен емес. Ал ертең егін бастырылып болып, жиын-терін аяқталғанда тамақты қайдан ішеміз, немен жан сақтаймыз деген колхозшылардың ділінде болса да, тілінен естілмеді. Шынында немен күн көретінін ешкім ойластырмады. Жер сумесінен гөрі мал кіндігіне жақын қазақ халқында надандықтың басымдығы ма, әмбе жұрт ертеңінен бейхабар, «таңғы нәсіп тәңірден» деп жүре береді. Құдай ертең шаңырағынан кісі басы бір күлше тастайтындай көреді. Күзгі жиын-терінде де үйіне қос уыс астық кірмеді.

Август айының ортасында Қастек ауданына Голощекин келді. Екі кезінің шарасы кең, теке сақалы сөйлегенде бірге сөйлегендей тұштаңдаңқырап тұратын шағын денелі кісіні Қазақстан Өлкелік партия комитетін басқаруға алғаш сайлағанда, Николай II патшаны өлтіргені үшін даңқын қазақ арасында асырып марапаттағанымызбен, кейін Өлкелік Комитеттің жиырма бесінші жылғы май Пленумының өзінде сөйлеген сөзінен соң-ақ, іш жиып қалғанбыз. Енді бізге келгенде барлық қоршаған ортаға, адамдарға жақтырмай қарағаны соншалық, оның бетіне, көк бурыл басына, сақалына қырау тұрып, содан бүкіл қазақ атаулыға суық соғып тұрғандай болды. Басқа ортада өзін қалай ұстағаны маған беймәлім, бізге келгендегі кейпі Ленинді көрген, Ленинмен істес болған деуге ауыз бармайтын еді.

Ол бұл кабинеттің иесі бар-ау демей, аупартком хатшысының орнына отырып алды да, әркімнен жеке-жеке жауап алды. Ешкімге отыр деген жоқ, келгендер өздігінен отырмады да. Сөйлегенде бір адамның бетіне қарамады, егер зәушайтан көзі түсе кетсе, тура қазақтарға ұқсап, азият болып қаламын ба деп қорыққандай. Оның аузынан сөз шықты, сақалы бірге сөйледі:

— Астығымды түгел бересіңдер,— деді ол. Бұған бір сөз қосып, алғаным жоқ, інім. Ол аузы-басы қисаймай тура осылай деді.— Совет өкіметін аяқтан шалуды қою керек. Онда бәріңді құртамын. Бәрің оңбағансың, бәрің Совет өкіметіне қарсысыңдар. Бәріңді де отырғызу керек.

— Тұқымдық та қалдырмаймыз ба? — деп сұрады Мырзалин. Ол тұқым туралы сауалды естімегендей аяқсыз қалдырды да:

— Астығымды тегіс құйып бересіңдер! — дегенді қайталады. Бұрышқа қарап айтты. «Астығымды» дейді, тасыған ол. Кәдімгі әкесі салып, жинап берген астығын біз қарыз алғандай. Осындай түрпідей сөзді, ежірейген ешкі көзді қалай ғана Ленин тәрбиесін көрді деп айтарсың, садаға кетсін, ол Ленин атынан.

— Бәрін береміз!

— Орындаймыз! — Бәріміздің де сөзіміз осы болды. Енді не демекпіз. Бірімізге жылы сөз жоқ, басымыз Мырзалин қылып бәрімізді байлардың құйыршығы, ертең түрмеге отыруға тиісті адамдар етіп шығарды. Зікінеп-зікінеп, бәрімізге кенже ұлынша ұрсып, жөнеп кетті. Одан көргенін облыс басшылары бізге, біз ауыл басшыларына істейміз, осылай кете береді дағы. Сонымен Голощекин астығын тегіс беруге қызыл танау болып, күнді күнге, түнді түнге ұрып жаттық. Қастек ауданы ол кезде астығын Шамалған станциясына тасиды. Көлігі жеткіліксіз елге қиралаң, алыс жолдың өзі бір бейнет. Нақ осы жылы егін орағы кезінде 7 август заңы шықты. Бұл Голощекин сияқты ұр да жық адамның қолына ұстатқан жанды жерден де, жансыз жерден де соғып түсіре алатын босмойын шоқпардай еді. Сөйтіп жанымыз қылыштың қырында, ұстараның жүзінде тұрды. Қыл үстінде жүріп жұмыс істедік. Ертеңіміз не болады деп ойлауға мұршамыз да келмеді. «Түстік өмірің болса, кештік мал жи» деген біржола естен шықты. «Бүгін бармыз» ұранымен өмір сүрдік. Кеусен-құлақ та, басқа бір үйден шай ішу де, бас қосу да, бәрі де жер сілкіністегі зүлжалалдай тымырайып зым-зия жоқ болды. Белгілі ақын, композитор Кенен Әзербаевтың екі баласы — Базар, Назардың өліп, зарлап қалатыны да осы отыз екінші жылы еді ғой. Ол жоспарды орындаймыз деп, күндіз-түні үй көрмей, түн қатып, түсі қашып, төсектен безініп, ұлы төсекке ұрына алмай, қу толағай бастанып жүргенде екі ұлы көк шешектен өлген. Сондықтан да оның әнінің бір жерінде сол кезде «ойхой дүние-ай, жоспар бидай, салдым күйге-ай!» деп айтылатын. Өлім халінде жатқан балаларының жанына отыруға мұршасы болмаған, өзі далада жүргенде егіз ұл омыраудан үзіліп түскен • түймедей жұлынып кеткен. Міне, інім, Қонысбай қарыс жерде тұрып кемпірінің өліміне топырақ сала алмаса, Кенен екі баласының көз жұмғанын көре алмай қалған.

Августың аяғында ауданда астық жиналып болып қалды. Колхоздардың ақылды бастықтары «елді қайтеміз?» деп қыңқылдай бастады. Барлық колхоздарда адамдар күнделікті екі-үш кило бидай жазғызып алумен тынып жүрді. Шамасы жұрт колхоздан там-тұмдап, уыстап-дорбалап алып турармыз десе керек. Өстіп жүргенде колхоздарда тұқым да қалдырмай, қамбаны таза ұстау науқаны басталды. Енді есеп білмейтін бастығы бар жерлерде «ақ үй, айраны жоқ қақ үй» дегендей қамбалар қаңырап бос қалды. Оған ақ түйенің қарыны жарылған, ақ сабан, қызыл қырман кезде де бір дән құйылған жоқ. Қамбалар ескі сыпыртқы, кетпен-күрек, мұжық тесе, майрық шелектердің сауытына айналды. Тұқымды мемлекет өзі береді деген қағазсыз нұсқаумен сынық дәнді ұшығына дейін қалдырмай Шамалған қайдасың деп «қызыл керуендетіп» тартып жаттық. Дегенмен ақылы бар жігіттерді бұл жай ойландырмай қоймады. Мырзалин екеуміз састық.

Жоғарыдан келген нұсқаулар ішінде тілге тиек етерлік бір нәрсе болды. Колхоз мемлекетке өткізген астықтың он бес-жиырма проценті көлемінде колхозшыларға аванс бере алады делінген еді онда. Кейін отыз алтыншы жылы ауылшаруашылық артелінің үлгі Уставы қабылданғанда сол он бес процент заң болып қалды. Маған тыныштық бермей, «елді қайтеміз?» дей беретіннің бірі бірінші ауылдың — Шолақ Қарғалы колхозының бастығы Шарымбайдың Әміресі аталып кеткен жігіт еді. Бір апта ойланып жүрдім де: «тұқым құйыңдар» деген бұйрық бердім. Ал нұсқаудағы он бес процентке де рұқсат бермек болдым. Жанымды жеп бара жатқан осы ойымды Мырзалинге айтып едім, ол бұл істе бақтиярлық көрсете алмады, істеме деген рай да көрсетпеді. Әрине, бұл жерде Мырзалинді ағынан жарылмады деп айыптауға болмайды. Голощекиннің күшінде, найзаның ұшында тұрған шыбын жанымызды шиық дегізіп, торғайдың мойнындай бұрап, үзіп тастай салу тук емес еді. «Жарайды» деуге өз тағдыры, партиялығы, болашағы толғандырады, «қой» дейін десе, менің нұсқауға сүйене отырып, қисайта тартатын бірмойындығымды да біледі. Оның үстіне қолында тышқақ лағы :жоқ халықтың тағдырын тебірене ойланбайтын жігіт емес еді. Облысқа айтса, онда Голощекиншілер аттана шауып, қазір ауданға милициямен жететінін біледі. Сондықтан ол не «ия», не «жоқ» демеген күйі қалды. Мен ауатком председателі ретінде колхоздарға жазба түрде жарлық бердім. Жарлықта қандай документке сүйенгенімді де ашып көрсеттім. Несін жасырайын, інім, қорықтым да. Өйткені ақырының абыройсыз қалдыратынын да білдім. Пыран киіп, пырақ мінген батырдай-ақ әдейі басымды бәйгеге тіктім. Өйтпегенде не істейін. Бірақ не керек, оны колхоздардың бәрі жүзеге асырып үлгірмей қалды. Бұрыннан еңбеккүнге тізім жасап, дайын жүрген Шолақ Қарғалы, «Жаңа құрылыс» колхоздары астықты үлестіріп үлгірді.

...Сол бір күні аспанды бұлт бүркеп, бұлыңғыр тартып тұрады. Таңертеңмен бірінші ауылдың қырманына келген облыстық партия комитетінің өкілі Итқараев шұбап жүрген колхозшыларды көріп таңданып қалады. Әрқайсысы-ақ қап арқалап, қабағы ашылып қырманға жеткенін көреді. Енді қырмандағы қызылдың жанына келсе, жұрт астық қаптап жатыр. Кейбірі тіпті арба, көлік іздемей-ақ белі қайысып, қапты жаяу арқалап барады. Итқараев қазақылау, бірақ мінезі тіке, тезқатар, әр нәрсеге көзі түскіш, мазасыздау адам болатын. Ол жұқа өңді қара сұр кісі еді. Түтігіп, қанын ішіне тартқан облыс өкілі қатулана айғайлайды:

— Тоқтат, астықты талауды! — деп біресе анаған, біресе мынаған жүгіреді. Оған колхозшылар күле қарайды. Содан қырман басындағы қамбашыға келсе, ол колхоз басқармасының бұйрығын, қол қойылған, мөр басылған тізімді көрсетеді. Ол енді астықты бергізбеу үшін тізімді қалтасына салып алып, колхоз бастығын іздеуге аттанбақ болады. Осы бір сәтте өте шамдағай, барлық істі шамадан тыс тез шешіп, тез істейтін Шарымбайдың Әміресі де қырманға келе қалады. Түтігіп, бетінің түгі сыртына шығып, ашуланып алған Итқараев ойбайын салады:

— Ойбай-ау, Әміре, мынауың не? Талатып жатқаның! — дейді Итқараев. Ол түк болмағандай, жайбағыстап майдалау келеді:

— Жолдас, дұрыстап сөйлеңіз, талап жатқаның не, ит емес қой олар, бәрі адам, колхозшылар, Совет адамы.

— Мынауың не? — дейді Итқараев күйіп, председательді қорқытпақ болып, оның көз алдына астық алушылар тізімін ұстап.

— Не ол? — дейді председатель тізімді алып қойғанын біліп, оны әдейі қолына түсіріп алғысы келіп. Өкілдің қолындағы тізімді жұлып алып, председатель қамбашыға қатты зекіп, әкесінен боқтап жіберіп:

— Неге айырылып қаласың, тоғышар неме. Тездетіңдер, жұртқа тез хабарлаңдар! — дейді.— Ал, сіз, колхоздың ішкі ісіне неге араласасыз? Байлаңдар, мына тәртіпсіз өкілді!

Төрт жігіт Итқараевты тырп дегізбей байлап, сусындатып, қызылдың үстіне жатқызып қояды.

— Дем алыңыз! — дейді Шарымбайдың Әміресі енді күліп.

— Құрисың ғой,— дейді Итқараев, қызылдың үстінде байлаулы жатып.

— Бірге құримыз ғой,— дейді председатель.

— Байлап тастағаныңа ризамын,— дейді Итқараев.— Осының дұрыс болды, бәрі де дұрыс деп ойлаймын.

— Ендеше неге бағана шырылдадыңыз?

— Қол-аяғымды босатсаң, тағы ойбайлаймын. Ауданға шабамын.

— Бізде ауданның рұқсаты бар.

— Мүмкін емес,— дейді Итқараев.

— Мінеки,— деп мен қол қойған қатынасты Әміре Итқараевтың көз алдына тосады. Итқараев көзімен қағазды сүзіп шығады да:

Жігіт екен ғой, мынау Абақ, мен-ақ өлейін деген ғой,— дейді. Кейін әңгімелескенде Әміре айтатын: Итқараевтың бала-шағасы көп адам екен, мен-ақ Голощекиннің құрбаны болайын дедім. Оның үстіне оны жіберсем, ол облысқа жетсе, жұрт астық ала алмай қалады ғой, сондықтан байлатып тастадым дейтін. Ал «Жаңа Құрылыстың» бастығы олай істей алмапты. Біраз ел астық алып қойғанда жеткен облыс өкілі тізімді қалтасына салып ауданға шауыпты. Олар тізімді қайта жасап үлгіргенше Қастек ауданындағы «бассыздық» туралы облыс, республика басшылары тегіс құлақтанып, астық үлестіруге тыйым салынды. Ал ауданнан рұқсат келді деп жай басқан тоғышар председательдер жағасы жайлауына кетіп жүргенде, жұртты тотитқанын өздері де білмей қалыпты.

Колхоз осы қалпымен колхоз бола салған жоқ. Ол да талай толды, талай ортайды. Ал біздің санақ басқармамыздың есебіне қарасақ, олар үнемі осу жолында, кемшілігіміз де жоқ, жып-жылмиған. Тек өрге қарай қарыштап бара жатқандаймыз. Кемшілігімізді көлегейлеп көрсетпейміз де, ылғи жетістігімізді, бірімізді екі қылып көрсетіп, өзімізді өзіміз алдап келе жатырмыз. Колхоз толды дейтінім алғаш колхоз ұйымдасқанда қана-арнаға сыймаған толқынды өзен суындай ел де, мал да көп болса, кейін шыдай алмай, колхоздан жұрт қашып ол арна ортайды. Оған мысалға Жандосов колхозын айтсам да болады. Төрт жүз үй Құмтоғанға, үш жүз түтін шартпен темір жолға кеткенде, қалғанының өзі бес жүз отыз түтін болған-ды. Содан отыз үшінші жылдың көктемінде отыз үш-ақ түтін қалды. Ондағы адамдарды әзір айтпай-ақ қояйын. Мал да солай орталыққа ұйымдастырылған, сегіз мыңдай қой, мың үш жүз жылқы, мың екі жүз түйеден, екі жүз отыз үш қой, бес жылқы, екі түйе қалды. Міне, бұл колхоздың ортайғаны емей немене? Оны да ортайтқан, құртқан өзіміз. Қит еткенді қамаймыз. Колхоздың председателі де, ауылдық Советтің председателі де, ауданнан, облыстан келген өкілдер де көңіліне жақтағандарды қамай салады. Ал қолында заң тұрған ОГПУ, прокуратура, сот, милиция туралы тіпті айтпаса да болады. Бір күні мұрты қияқтай, көзі мойылдай болып кабинетке Бабажанов кірді. Түтігіп, қап-қара болып кетіпті, әлдебіреумен жүз шайысып қалған ба деп, бетіне тесіле қарап қалыппын. Амандықтан кейін ол:

— Әбеке, елге кім қожа? — деді. Мен тіпті не дерімді білмедім. Ол шынымен сұрап тұрғанға ұқсайды.— Жұртты осылай сыпыра қамай береміз бе? Сонда тіпті ауылда адам қала ма? — Не болды, сонша? — дедім мен. Ол қолындағы портфелінен екі келдек бидай масағын шығарды. Шамасы мықтағанда екеуінен екі уыс бидай түседі. Әр келдектің түбін екі-үш бидай сабағымен байлап қойыпты. — Міне, осы үшін екі адамды қамап отырмыз. Не сұмдық болып барады, бұл, Әбеке? — деп ол іренішін жасыра алмай күйініп отырды.

— Шығарып жібермейсің бе?

— Қайтіп шығарамын? Итқараев айдатып әкеліпті де, прокурордың санкциясынсыз-ақ қаматып тастапты. Итқараев облыс өкілі. Сөйтсе өкіл егіс басынан келе жатса, егіні жиналған аңызда екі жігіт масақ теріп жүреді. Екеуі жаңа ғана келсе керек, бар тергені бір-бір келдек. Итқараев екеуін апарып колхоз қамбасына қаматыпты да, бүгін Қарақыстаққа жеткізіпті. Бар болғаны осы.

— Фамилиясы кім?—деп "сұрадым мен Бабажановтан.— Қай колхоздан?

— Жиренбаев, Сарбасов, «Жаңа құрылыс» колхозынан.— Жалма-жан прокурорға телефон соғып колхозшыларды босаттырдым. Екі-үш күннен кейін колхоз председателі Айтбаевтан әлгі екі колхозшыны сұрасам, тігулі үйін тастап, бала-шағасын алып колхоздан тайып отырыпты. Жерде жатқан, ұзамай қар астында қалатын масақтан бір келдек тергені үшін соттайтын колхозда кім тұрмақ? Міне, колхоз осылай ортайды.

...Науқан аяқталып келе жатқан кез еді. Жандосов колхозына облатком орынбасары Қалдыбаев келеді. Қырманға келіп аттан түскен өкіл екі-үш адамның қап түбіне астық салып әкеліп, таразыға қойып жатқанын көреді.

— Бұл не? — дейді Қалдыбаев шіреніп.

— Төрт кило бидай жаздырып алып едім,— дейді бір колхозшы. Екіншісі де, үшіншісі де осы сөздерді қайталайды. Олардың колхоз кеңсесінен жаздырып алған астығын дереу қырманға төккізеді де, үшеуін де қамбаға қаматады. Жазғы астығы жоқ бос қамбада үшеуі жата береді.

Қалдыбаев енді колхоздың председателім іздейді. Оны да қиналмай-ақ тауып алады. Колхоз председателі Ырысменде Қожаев көзі аларған, сөйлегенде мақтанған адамдай ұрты кебіңкіреп тұратын, жай сөйлейтін кісі еді. Қалдыбаев оны көрісімен дүрсе қоя береді:

— Сен сабатажник неге астықты үлестіресің?

— Үлестірген жоқпын,— дейді жайымен сөйлеп Ырысменде. Оның жайымен сөйлегені Қалдыбаевты күлпетпендіре түседі.

— Сен кіммен сөйлесіп тұрсың?

— Адаммен,— дейді Ырысменде.

— Адаммен сөйлесетін сен адам ба едің? — деп жәбірлейді Қалдыбаев.Оған жүйкесі жұқармаған, ұрыс тілемейтін қыр қазағы ашу шақыра қоймайды. Бірақ үндемей қала алмайды:

— Адамбыз деп жүрміз ғой.

Қалдыбаев осы жерде өзімен бірге келгендерге тапсырма берді.

Тез қамаңдар. Орынбасарын да тауып қамаңдар. Бұлар колхоз астығын талан-таражға салып жатыр. Бұл Сталин жолдастың астық туралы нұсқауын бұзды...

Сонымен сол түні Ырысменде Қожаев, оның орынбасары Ыбый Мүсірепов, партия ячейкасының хатшысы Әлімқұл Төлеңгүтов, колхоз бригадирі Байғабатов төртеуі, заңды түрде үш колхозшыға төрт килодан он екі килограмм бидай босатуға жарлық бергені үшін қамалып, ауданға айдалып кетеді.

Қамбада қамалып жатқан үш адамды ешкім жоқтамайды. Сөйтсе олар сол күні кешке таман-ақ бірін-бірі көтеріп, қамбаның терезесінен біреуін шығарып, іште қалған екеуін үйлерінен арқан әкеліп босатып алады. Сол түнде-ақ олар да үйі-жайын тастап, әйтеуір киім кешегін алып колхоздан қашып кетеді. Жасыратын несі бар, інім, басқа колхоздарда да тура осы жағдай болды. Колхозды өзіміз осылай бытыратып алдық... Ал қайта тола бастағаны отыз сегізінші жылдан соң, ауылшаруашылық артельдері экономикалық жағынан нығайып, еңбеккүнге астық, ақша ала бастағанда бір кезде сыртқа қашып кеткендер, қайта ағайындарын сағалап-көбелеп келіп, арыз беріп колхозға кіре бастады.

Ең алдымен, інім, колхозға кірген тәртіпті тебіз адамдарды (ол кезде жұрттың бәрі тәртіпті десем де болады) колхоз қалыбына, тәртібіне, қоғам мүлкіне қол сұқпауға үйрету оңай болған жоқ. Өйткені піскен тамақ, жатын орын ортақ қой. Колхоз тәртібіне түсіне алмай, білместіктен ұрынып қалып, талай мүскін-сорлы сотталып кетіп, сол кезде жаңа ашылып жатқан Қарағандыға жөнелтілді. Інім, қазақ дүниедегі ең тебіз халықтың бірі, тәртіпке бойсынбау біздің халқымыздың табиғатында жоқ нәрсе. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Халқымның қасиетін айтқаннан ұлтшыл бола қоймаспын деп ойлаймын. Бірақ білмегендіктен, бұрын қақаң-сұқаңды көрмегендіктен, елінен, жерінен ауып көзтүрткі болмағандықтан, басқа халық арасына барса келімсек-қумырсақ атанудан қорқып, басқа бір халықтың ішіне кіріп кимелеп-шалқалап, баса көктеп үйренбегендіктен кей қазақ, тіпті талай қазақ біраз таяқ жеді.

Отыз екінші жылдың аяғында, отыз үштің басында, аласапыран кезде аудан орталығы Ұзынағашқа көшіріліп, бір-екі ай Ұзынағаш ауданы аталып та жүрді. Орталықтың көшу себебі бар тіршілік иесіне бірдей қамқор асқақ Алатаудың Қарақыстаққа тым тие тұрғандығы еді. Өйткені колхоз құрылысының жаулары, ірі байлар таудың шат-шатқалына, қуыс үңгіріне кіріп алып, түнде ауданға, колхоздарға шабуыл жасап, қайта таудың жықпыл-жықпылына кіріп таптырмай кетіп жүрді. Сондықтан күнде дүрлігіп, қай жағымыздан соғып, талап кетеді деп отырғанша аудан орталығын әдейі қозғадық.

Ұзынағащ сазды-сулы жер. Түртіп қалсаң су шығады. Кеңселікке үй табу да, оны босату да оңай болмады. Оның қара батпағын тізеден кешіп жүріп аудан мекемелерін енді орналастырып болдық па деп отырғанда Қарақыстақтан хабар жетті. «Бұрған» колхозының қамбасы өртеніп кетіпті. Міне, пәле керек болса! Бұл маған жығылған үстіне жұдырық болатыны белгілі еді. Шырағым, адамның басынан бақыты бір таймасын, егер олай болса, басқа қара күйенің бәрі «қасқырдың ауызы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей жұға береді. Жиырма километрлік екі ортаның ол кездегі ирек-ирек, ойқы-шойқы жолымен атпен жету оңай болған жоқ. Заң қызметкерлерін атқа қондырған біз Мырзалин екеуміз соңыра шықтық. Мырзалин атқа мінуге шорқақтау қазақ еді. Оның ауанына да қарау керек. Ал маған салса Ұзынағаштан жіберген аттың тізгінін Қарақыстақтан бірақ тартар едім. Мырзалин екеуміз бұл кезде ұғысқан, сыйласқан партиялық жолдастар едік. Дегенмен ол екеуміз келіспейтін жерде келіспей де қала беретінбіз. Мысалы совхоздастыру жөніндегі мәселе төңірегінде келісе алмай керілдесіп қалатынбыз. Ол толық орта білімі бар, оқыған жігіт маған «сен Феликс Эдмундовичтің қатесін қайталағың келеді. Ол да Совет өкіметі орнаған жерлерге совхоз ұйымдастырған» дейді. «Совхозға колхоз арқылы өткеніміз жөн болады. Кешегі жеке шаруалар бүгін коллективтік шаруашылыққа үйренсе, одан мемлекеттік шаруашылық құру ауырға түспейді». Мен, әрине, оған түсінгендей боламын. Дегенмен совхоз құруға жұртты зорлап жібергім келіп тұрады. Шамасы әлгі асыра сілтеушілік, сөйтіп ушықтыру осы мен сияқты шала сауаттылардан болатын шығар.

Сен, інім, журналиссің. Қазір партия орындары шаруашылықпен көбірек айналысады. Оны байқайтын шығарсың. Қалай сол дұрыс па? Үндемейсің ә! Мейілің. Партиялық жұмыс қашанда бақылау арқылы басшылық беруге тиіс. Егер партия орындары шаруашылықты басқарумен тікелей айналысатын болса, онда бізге Совет орындарының не керегі бар. Ленин Совет өкіметі орнағаннан кейін партия органдарын партияның атқару комитеті етіп құруды білмеді дейсің бе? Совет өкіметін орнатқан адам оны жете ойластырмады деп ойлау тіпті де шындықпен қоңсы қонбас еді. Бірі істеген жұмысты екіншісі бақылап отыру үшін ол әдейі жасалған. Сондықтан да барлық істі Совет өкіметінің алғашқы жылдарында Советтер атқаратын. Мүлт кетіп бара жатқанымыз болса, түзетіп, партия дұрыс жолға бағыттап отыратын. Ал менің практикалық жұмыста анық бір көзім жеткен нәрсе, пікір таласы болмаған жерде шындық болмайды, оның бетіне шіркеу түседі. Бір колхозда бір кісі ақылды саналса, ол қызмет орнына қарай белгіленсе не болмақ? Ауданда бір кісі, облыста бір кісі ғана ақылды саналса, онда шындықтың мойынына су құйылады. Ол демократиялық басшылықтан алыстап, диктаторлыққа ұрындырмай қоймайды. Жеке бір адамға табынушылықтың о бастағы қайнары осы болмақ. Мен басшылықтан қол үзіп кеткеніме біраз кил болды. Бәлкім мен қателесіп отырған шығармын. Бірақ біздегі қатенің көбі жалғыз кісінің ауызына қарағандықтан болар деймін, Міне, осындай іш ауыртатын мәселелерді Мырзалин екеуміз ашық сөйлесетінбіз. Сенің адамың, менің адамым деген бізде болған емес. Кім болса да Совет өкіметі тапсырған жұмысты адал атқарса, сол екеуміздің де адамымыз болатын. Кадр партияның үлесі дегенмен онымен жұмыс біткеретін совет орындары болғандықтан атқару жұмыстарының бәрі соған келіп тірелетіндіктен Мырзалин қызметке баратындарды менсіз шешкен емес, үнемі ақылдасып отыратын. Кадрлар туралы пікірімізді ашық айтқандықтан оның ұсынған адамы да, менің ұсынған адамым да өтпей қалатын жағдайлар бола беретін. Інім, сенің қай туған екеніңді мен білмеймін. Оның маған керегі жоқ. Оны айтып отырғаным қазір ауданға бір бастық келсе, Мирзояншылап артынан пәлен адамды сүйрей келетін әдет болып барады. Егер бұл жақта жоқ маманды шақырса, ол туралы сөз қозғаған адамның аузына құм құйылсын, әйтпесе елуінші жылдардың колхоздарына бригадирді басқа бір облыстан әкелуді не деп ұғуға болады. Мұндайлармен күресу ең алдымен мына журналистер сендердің міндеттерің. Мына жалғыз құлақ мені үйретейін деп отыр ма дейтін шығарсың. «Сөзге сөз келгенде айтпасаң атасы өледі» деген бар емес пе, сондықтан жолай соғып кетіп жатқаным ғой.

Ал тіпті үйретсем несі бар, сен жассың, мен қартпын, ағасы інісіне ақыл айтса, оның несі айып. Астында креслосы бар адамдардың бәрі бірдей ақылды емес. Бұл жалпы сөз, сені айтып отырған жоқпын. Сен жаяу журналиссің, бірақ әлеумет пікірінің нартысың. Творчество адамының қандайы болса да креслосы бар адамдардан жоғары тұрады. Өйткені олар терең ойлауға, пайымдауға бейім. Креслода отырғандар да ойлайды, бірақ көбіне олар ағымдағыны, ең мықтағанда он жылғыны діттейді. Сондықтан олар мәңгі аты жазылып қалатын, адамзатты ойландыруға, ой салуға жаралған творчество адамдарымен қатар тұра алмақ емес. Рас, қызмет адамдары ақымақ болса да, кейде ақылдыны тұншықтырып тастайтын фактілері толып жатыр. Ал күндердің күнінде жұмсақ, айналмалы орындық сынып түскенде, үстіндегі қолдан жасалған ақылды адам өмірден орын таппай қалады. Бұл өмірдің шындығы. Қарасуды қанша қайнатқанмен қойылмайды. Кездейсоқ келгендер кездейсоқ кетеді, өйткені қойылу оның табиғатында жоқ, атала, сұйық күйінде қалады. Бір табақ суға бір уыс дән салып қайнат, су қайнап таусылғанда, дән төп болып қалады. Өйткені оның ішінде дән болатын. Ол абсолюттік шындық қой деп отырған шығарсың. Дегенмен оны ауылдағы атшы аузынан әредік есту де бір ғанибет емес пе!?

Сөз Мырзалиннен шығып ұзап кетті, білем. Шал кісінің көргені көп, мысалы да көп болады, сондықтан алыстан орағытып жатырмын, інім.

Сонымен Мырзалинмен Қарақыстаққа бет алдық. Мен атқа мықтымын. Мырзалиннің ауанына қарау керек. Тарланкөктің қатты аяңына желіп отырған торы Мырзалиннің бар ішек-қарнын ауызына тыққан болса керек-ті. Ол орта жолға жетпей-ақ:

— Ойбай, ішек-қарным үзіліп барады,— дейді. Тарланкөктің өзімнен басқаны мінгізбейтін мінезінен осы жерде қорлық көрдім.

— Мынаған мін де, атыңды маған берші,— дейді ол, торының торсылдақ желісімен екі етегіне де ие болмай жаурап та кеткен жайы бар.

— Ол мінгеніңмен жығып кетеді,— деймін мен. Мырзалин оған сене қоймады. Мен жүрісі жақсы атымды қимай келе жатқандай көрді. Ақыры көңілі қалыспаған жолдастың қабағында кірбің болмасын деп Тарланкөктен түстім. Жерде қар бар. Суық та бір шама. Мырзалинді Тарланкөкке мінгіздім. Өзім оның астындағы «жүйрік торы» дейтінге міндім. Тарланкөктің жүрмейтінін білсем де ішімнен жүріп-ақ кетсе екен деп тілеп тұрмын. «Ал жүрелік» деп тебінгенде Тарланкөк аспанға екі шапшыды да, ақырындап құлай кетті. Онысына да рақмет. Әйтеуір Мырзалиннің еш жері ауырмай, аман тұра келді. Тұрғанымыз беткейлеу жер екен, қары жіпсігендіктен Мырзалиннің жамбасы балшық, үсті қар болып қалды. Тарланкөк түрегеліп сілкінді де, жерден ең болмаса шөп үзбей, тып-тыныш тұр. Мені күтіп тұр.

— Қой,— деді Мырзалин,— өлсем де торыға мінейін. Атың бар болсын, мұндай!

— Қайтеміз, басқаны ұнатпайтын мінезіміз бар,— деп күлдім мен. Сонан соң іш ауыртпау үшін шауып кеттік. Жер қар. Қатты шабуға қорықтық. Шаппаған кезде торының аяңымен жүрдік. Жол қысқару үшін мен Мырзалинге Тұрапбайдың Тарланкөкті ұрлап сыйғыза алмағанын айттым...

Итшілеп Қаракөтермеге шыққанда тау бауырындағы колхоздың бергі шетіне салынған қамба жанындағы қаптаған халықты көрдік. Қаракөтерме демекші, інім, бұл бір заманда қолдан жасалған жота. Ол Қарақыстаққа барар жолда, шығыс жағында үш-төрт шақырым жер. Бір кездері диқандар таудан келген суды арықпен төмен өткізу үшін бұл биіктің су өтер, яғни арық жүргізілетін біраз кезең жерін қолдан көтерген. Сөйтіп суды егінге жеткізген. Сондықтан да ол Қаракөтерме атанған. Оған жеткенде арғы жағында Қарақыстақ алақандағыдай сайрап жатады. «Бұрғанға» тура баратын кемер жолмен тіке тартып қамбаға да жеттік. Мырзалин ауырсынып аттан зорға түсті.

«Бұрған» колхозы Қарақыстақтың өзенінен бұрып су алған үлкен тоғанның атымен аталған. Бұл ауыл атам заманнан диқандықпен айналысады. Жастайынан егін салып, суарумен айналысқандықтан бұларды қара сирақ Қосай атаған. Ол енді күні туған кедейлер заманында бұрынғы кемсітушілікке керісінше диқандығын көрсететін мақтанышқа айналып еді. Ақынның қызыл желі атанған атақты Сүйімбай ақынның бейіті осы Қарақыстақ саласының оң жағында тұрушы еді. «Бұрған» деген мынау жатқан ауыл деді Шұнақ шал тура біз отырған дегерестің оң жақ бауырын нұсқап. Мен де үңілген болдым. Өзім талай үстін басып өткен «Бұрғанды» онда халық ақыны Әбдіғали тұратыны көңілімде «Бозжорға» сайрағындай сайрап жатты. Менің мұны біліп отырғанымды да барлап, шұнақ шал менің жүзіме көзін бір жүгіртіп өтті.

Келсек жұрт ұйлығып, жилығып тұр,— деп сөзін қайта жалғап кетті Шұнақ.— Қамба өртенген. Ол кездегі салынған үйдің бәрінің құны сіріңкенің бір тал шырпысы еді. Өйткені, төбесіне шине үстінен не қамыс, не ағаш бұтақтары — теректің бостаны, талдың берегі, немесе балқашты алаңның қоға-құрағы, шілігі, ешкі талы салынады. Ол әбден қурап тек от тілеп тұрады. Оған бір тал сіріңке жалынсын. Сол бар мәшпітін бітіреді. Іші бұлың-бұлың қам кірпішпен бөлінген қамбаның ішінде тұқымға арналған астық та көп емес. «Тұқым құйып алыңдар» деп кешірек келген нұсқаудан кейін екі жүз центнердей ғана дән құйылған екен. Үстіне өртеніп түскен берек пен бостан шоқтарынан қамба ішіндегі дән де өртеніп, күйіп, бықсып жатыр. Қоңырсық иіс бүкіл «Бұрған» төңірегін алып кеткен. Не істеуді білмеген халық тез жиналғанымен аңтарылып қалған. Дүниедегі қиын өрт дәннің, оның ішінде бидайдың өртенуі. Өйткені ол қой құмалағының жалындамай, шоқтанып, қоздап жанғанындай, арасын қуалап, қуыстап шоқтана береді. Астықтың сабан топаны да осылай, сыртынан лаулап жанбай, ішінен түтейді. Оған от бір тисе болды, ақырындап ішін кеулеп, алманың өзегіне түсіп, ішінен шіріткен белек құрттай кеулеп кетеді. Оны өшіру мүмкін емес.

— Үстінен су құйдық. Біраздан соң басқа жерінен тұтанады,— дейді сол кездегі колхоз бастығы Жиренбаев. Бидайды шыламаса су бидай қызылының ішіне өтпейтінін ол білмейтін болса керек. Шырағым, білуші ме едің, қырмандағы қызылдап, майқандап қойған бидайдан су өтпейді. Ол мықтағанда екі-үш елі жерге барады да, тоқтайды. Диқандар қырманды ылғи биік, дөң жерден қыршиды. Ондағысы астықтың астына су кетпесін дегені. Бидайдың астына су кетсе, қызып жатқан дән тез өніп, көктеп, астықты бүлдіреді. Мырзалин ешбір ақыл бере алмады. Өйткені, ол диқандықтан аулақ, мал ғана өсіретін, мықтағанда құмнан құмаршық жинайтын Нарын құмының қазағы болатын.

— Әбеке, бір шара жасаңыз, Әбеке! — дей береді.

— Астықты далаға тасып шығару керек,— дедім мен. Бірақ жер қар. Асты тоң. Біздің халқымыз дарқан ғой, інім. Үш-төрт адам қазақ үйін жалаңаштап туырлық, үзік, түңлік атаулыны әкеліп қамба алдына төседі. Ешкім қыңқ деген жоқ. Бидай пұттап-сандап, дорбалап-қаптап, шелектеп, қысқасы кімнің неге шамасы келсе, сонымен далаға киіз үстіне тасылды. Әрине мұндайда өртенгенін өшіру де, өртен шалғанын бөлектеу де оңай. Енді күйген бидай тұқымға жарамайды. Екі жүз центнер бидай¬дан жартылайы қалды. Бірақ ол тамаққа ғана жаратылмаса, енді тұқым болмайды. Өрт неден кеткенін ешкім білмейді. Дағдарысып бір сәт үнсіз қалдық. Әлдебір жақтан ыңырсыған, күшіктеген қаншықтың қыңсылындай дауыс шығады. Алыстан естілетіндей.

— Тұра тұрыңдаршы,— дедім мен.— Бір қың естіледі. Мылқау, тұншыққан үн. Қайдан шығады? — Жұрт тегіс құлақ салды. Ия, шынымен қамбаның артынан шығады.

— Қарауыл қайда? Қарауыл қойып па едіңдер? — деп сұрадым мен Жиренбаевтан.

— Шынымен ыңырсыған дыбыс шығады. Қамбаның артынан,— дейді бір жастау, бала жігіт.

— Қарауыл қойғанбыз, қайда кетті екен, ол? — деп Жиренбаев адамын енді ғана іздей бастады. Жұрт дыбыс шыққан жаққа жүгіріп кетіп, қамбаның артындағы қам кірпіш құйған кезде балшық басылған шұқырдан қарауылды тауып алды. Басы-көзі қан, аяқ-қолы байлаулы қарауылды көтеріп әкеліп, шала күйген бидайдың үстіне жатқызды. Енді екі-үш сағат жатса, үсіп-ақ өлетін екен. Аяқ-қолы шешілген қарауылдың ауызы сөйлеуге келмейді. Есі әлі шала. Дереу қарыс жердегі Қарақыстақтан дәрігер, спирт алғыздық. Ең жақын үйге кіргізіп бар киімін шешіп, үстін тегіс спиртпен ысқыладық. Ауызы дорбадай ісік. Сөздің нобайын ғана айтады. Бір жақсы жері оң қолы сау екен. Ескіше жаза білетін Мақан деген кісі екен.

Кеш алдында қара қасқа атқа мініп бейтаныс бір адам келген. Қырғызстаннан жоқ қарап жүрген адам едім деген. Әр нәрсені сұраған, қамбаның есігіне көз салған. Аудан орталығының тегіс көшкен, көшпегенін сұраған. Милицияға баратын едім, олар Осында ма, әлде көшіп кетті ме деген. Мақан ол кете салысымен жүгіріп Жиренбаевқа барып жағдайды айтып, қарауылдың сыртынан қарауыл қоюды өтінген.

— Ей, қойшы сақсынбай, көрінген көлденең көк аттыдан қорқамыз ба? — деп жекіп тастаған бастық. Амалы таусылған Мақан өзінде мылтық жоқ болғандықтан жалынып-жалпайып жергілікті саятшылардың бірінен он бес пестон, бір уыс мылтық дәрісін сұрап алған. Сөйтіп қамбаның бір бұрышында сыртта тұрған диірмен тасының үстіне дәріні бір жерге үйіп, пестондарды соған қойып, салмағы он килодай жұмыр дуал ұратын соқпа тасты боғаттың үстіне шығарып қойған. Оның ортан белінен сол кезде өте көп шуда жіпті екі-үш қабаттап есіп байлаған-ды, бір ұшын өзінің аяғынан шалып қойған. Егер кішкентай қоналса-ақ тас пестон, дәрі үстіне құлайды да, одан дәрі от алып гүрс еткен дауыс шығарады деп жобалаған. Сөйтіп енді көңілі жайланып көп нәрсе бітіріп тастағандай болып, бірсыпыра уақыт аспандағы жұлдызды түгендеп, Мүсіреп есепшіше қыс барысын нобайлаған. Қыстың аты қыс, киімі қанша қалың болғанымен мұрнының үстін ызғырық жалап барады. Сонан соң тұмсығын ішігінің жағасына тыға қойған. Сөйтіп қамбаның есігінің сыртынан бастыра салған жалпақ темірге телміріп отырып таң алдында қалғып кеткен екен, екі-үш адам бас салған. Сөз жоқ, тас пестон үстіне құлап түскен. Оның он шақтысы пырс еткен дыбыс берген. Қалған төрт-бесін жұмыр тас жаба алмаған. Ал дәрі пышырлап қана жанып қоя салған. Пырс еткен дыбыстан алғаш қорқып қалып, оған жүгіріп барған бандиттер Мақанның істеген айласын көріп одан сайын өшіге түскен.

— Айласын иттің күшігінің,— деген дауыстан осы төңіректегі бандиттер бастығы Омарбектің дауысын анық таныған.— Есінен тандырып байлап тастаңдар! — Ауызына орамал тығып, тепкілегеннен кейін не болғанын бұл білмейді. Тағы біреу таң алдында астық тиеген екі аттық арбаның Қызылауызға кіріп бара жатқанын көрген. Не керек, ізіне түсіп сол күні милиция қызметкерлері ұрланған астықты тапты. Оның жанында отырған бір адам оққа ұшқан, бір адам тірі ұсталды. Жаралы. Өлген мен қолға түскен екеуі де Қастек ауданының адамы емес екен. Барлығы он жеті кісі екен, ол басқаларының қайда екенін білмеді. «Тұқымыңды құртайын» деген осы екен, інім. Тұқымымызды құртты. Бір колхоз тұқымсыз қалды. Тұқым! Барлық жан-жануар, адамзат, бүкіл өсімдік атаулы сол тұқымнан өніп-өседі. Дүниенің бастауы сол тұқымда. Дүниенің ақыры да сол тұқымда. Өйткені көз жұмған адам артында ұрпағы қалғанына риза. Құмырсқа екеш құмырсқа да артында тұқымын қалдыру үшін күн кешеді, тұқым қалдыру үшін адам тіршілік етеді, сол тұқымы аман болуы үшін жануар да жәндік те жауымен таласып, қан майдан ашады. Міне, жауларымыз сол тұқымды құртып отырғанда бұған күйінбегенде неге күйзелерсің!?

Нақ осы отыз екінші жылдың көктемінде бір оқиғаның куәсі болған едім. Жандосов колхозының бір мүшесі Қыдыкей Ұзын Қарғалының аяғында темір жолға тақау бір бос тамды қыстаған. Мен бір жұмыс бабымен сол жаққа барып, түсте әлгі үйден шай іштім. Шай ішіп бола бергенде үйге жетпістің үстіне шыққан ұзын бойлы, өңкиген қара кемпір кіріп келіп, үй иесі әйелге дүрсе қоя берді:

— Сен менің қурайымды неге орасың. Өзен бойындағы қурайдың бәрі менікі екенін білмеймісің?

— Әпкетай,— дейді әлгі үйдің әйелі,— бұдан былай сұрамай ормайын, өтіп-кетіңіз.— Кемпір кеткен соң білсем ол осы дау салып тұрған ауылдың қызы, келген жері бай тұқым екен. Баласы сол кездері қырықтың мол ішіндегі Есім өздерінің туысқаны Омар Қыстықбай баласы екеуі бандит болып, қашып жүрген. Ол екеуі де колхоз құрылысына үлкен жаулық істеген адамдар болатын. Ал оның бірінің шешесі бос жатқан, бүкіл бір өзеннің қурайын алғызбаймын деп, қорып жүр екен. Мен шай ішкен соң аттанып кеттім. Ал Қыдыкей де арба әкеліп, сол күні түстен кейін колхозына көшіпті. Ертеңіне өзеннің қурайын қорыған кемпір колхозға, сол үйге қайыр сұрап келген. Сөйтсе ішкі істер қызметкерлері қолға түспей жүрген, қыс бойы колхоз малына аш бөріше тиген екі бандит — Есім мен Омарды көптен аңдиды екен. Бір сайда жалғыз тұрған үйін тастап, колхозға көшуге кеңес берген. Қағаз да жазып, ескертпе тастап кеткен. Бірақ олар колхоздарды талап, колхоздасудан қашқан бірлі-жарымды адамдарды ұйымдастырып, жардан жасырынып тұрып оқ атқан. Жан сауғалап жүріп жаулық қылған. Мен шешесін көрген күні кешке бандиттер үйіне келеді. Бұл олардың ата қонысы-кірті, отенім деп ол жерді қимайтын болса керек-ті. Бандиттар біздің адамдармен атысып, қашып құтылады. Бұлардың албарында дүние қоңыздықпен жинаған (егер сайдағы тік тұрған қурайды қызғанса, қорасына не жинамады дейсіз) бірнеше жылғы ескі шөп болады. Өзен аңғарындағы қурап тұрған ескі қыстауға оқтан от кетеді де, бандиттар өтені-ұясы түп-түгел өртенеді. Осыны естігенде сыртыма шығармағаныммен іштей, «қап бала-шағасына обал болған екен» деген едім. Ал енді бандиттар тұқымды өртегенде тұқымын тып-типыл құртпаған екен деп өкіндім және сол бір шақта «обал болған екен» деп ойлағаныма өзімді өзім жазғырдым. Бұл жай шынымен бандиттарды құрту міндетін біздің алдымызға қойды. Бұлардан болған тауқымет, күн асқан сайын иелі дерттей дендеп бара жатты. Енді олардың салған «лаңының тақсіретін тартатын кезі алыс емес еді.

Інім, жаңа сөздің басында жаңа тәртіпке халықты бойсындыру оңай болмады дедім. Бір өте қызық, бір жағынан қатты іреніш-қапылатты, әрі қайғылы-қапалы, жанашырлық іс болды. Мұны ойлағанда көпке дейін жаныңды жүлгелеп, өз жүйкеңді өзің құртар едің...

Жандосов колхозының қамбасындағы жүз елу центнер тұқымнан жыл қорытындысында түк жоқ болып шықты. Колхоздың председателі мінезі өте нашар Бекболат деген қанын ішіне тартқан, қазанның түн күйесіндей қара кісі болатын. Ол онда сол күзде барған-ды. Бастықтарының алдына келгенде болмаса бағыныштылар көзінше күлмейтін де, жібімейтін де жігіт еді. Ақырын-жекіру, ұрсу-боқтау, жұдырық жұмсау да оған жат емес болатын. Совет өкіметі ондайларға қалай жол берді деп отырған шығарсың. Әрине ондайға жол болған жоқ. Бірақ қайткенде де бастық болу біреуге ұрсу, тілдеу, жәбірлеу деп ұғатын тебір, тоғышар басшылар да болатын. Байқалғанын партия, Совет өкіметі дер кезінде тәрбиелеп, көнбегендерін басшылықтан аластап отырды. Дегенмен халықтың әлі сауаты ашыла қоймағандықтан, басшының міндеті ұрысу, ұру деп түсінетін бағыныштылар да бар еді. Олардың көпшілігі байлардан әбден тепкі көріп, иі болып кеткен, өздерін тек құл болуға жаралған, бұларға басқалар қожалық етуге тиісті, ал бұлар ол шонжарлардың ұрысын естіп, қорлығына шыдауға тиісті деп ойлайтындар еді. Ондайлар колхоз бригадирінің алдында мөңді-мөңді деп иіні түсіп, мойыны салбырап, салпылдап жүруді ғана білді. Сондықтан Бекболат Ботбаев сияқты «үр да жық» бастықтар да әлі сәт-сәттің арасымен өмір сүріп жатты. Дегенмен «көзіңді аша қара, Совет өкіметі бар екенін ұмытпа» дейтіндер де көбейіп келе жатты. Міне, сол қаһарлы бастыққа ыза болу бар, ырыққа көнбеу бар, тәртіп дегеннің не екенін білмеу бар, «көрген астан бермеген көргенсіздің баласы» деген қазақтық бар, әйтеуір колхоздағы тұқым атаулы қамбада ада болып шықты. Колхоздың бастығы Бекболат «мен қалыс болғандықтан мына жандосовтықтар мені құрту үшін әдейі істеді» деп басын алып қашты. Ол бұл ауылға келгеніне екі-үш ай болғандықтан аупартком оны қызметте қалдыра тұруды жөн деп тапты. Ал колхоздың қамбашысы Құдайберген Қожаев қамалды.

Құдайберген Қожаев сол ауылдың адамы, өте әдепті, инабатты, қайырымды, сақы кісі болатын. Бір адамға оның жаман сөйлегенін қалқан құлақ та, салпаң құлақ та естіген емес. Оның есесіне оның әйелі Торғын аты соншалықты әдемі, жібек болғанымен жаңбырлы күнгі кендір түйініндей, шиеленіп қатып қалған, бір көрмеге сыр бермейтін, жалтылдап жақсы көрінетін солай ақ жарқын көріну үшін сампылдап қатты сөйлейтін жұқалау, ақ құба, қаймақ ерін, шыту қабақ кісі болатын. Өзі бала тумаған адам, қайнысы Ырысменденің Мәлике деген қызын асырап жүретін. Қазақ не тым дарқан, не тым дарақы халық. Мал емес, дүниелік емес, адам беру, бала тағдырын басқаға сеніп беру басқа халықта сирек ұшырасатын құбылыс. Құбылыс деп әдейі айтып отырмын.

Нақ осы бір жерде мен тіпті бұл шұнақ шалдың оқығанын және жақсы оқығанын, оқығанын зейінімен ұққанын әбден түсіндім. Міне қараңыз, енді ол философияға барды. Айтқан сөзінің бәрі орынды, теңіздің тұңғиығына терең бойлап, маржан терген, керіз қазған адамдай барған сайын сыңар құлақ шал ірепдел тартып барады. Шынымен-ақ ол ірепдел де, сарапдал да адам екен деген қорытынды жасадым. Әлі де үнсізбін. Құбылыс! Философиялық термин. Өте орынды қолданып отыр. Ия, шынында қазақ пен қырғыздан басқа бір халық бала бере алушы ма еді. Оны әлі тарих білген емес.

— Ия, шырағым, қазақ туралы ойың дұрыс. Осы жердегісін ғана айтып отырмын, яғни біріне бірінің бала бергенін. Бірақ қазақ та басқа халық сияқты жақсылығымен бірдей соры да, сорлылығы да бар халық. Сен оның жақсылығын ғана көріп, жамандығын байқамасаң, мына алдыңда отырған сыңар құлақ шалға ұқсап, Жандосов алдында оның ұялғанындай, жерге қарап қалатын боласың. Ал менің философияны білуім туралы ойладың. Рас, ол терминді сөз ретінде білгенмен екінің бірі термин ретінде қолданбайды. Бірақ ол менің ілімнен хабарым барын білгізгенімен, менің саяси бағытымды, адамшылық бетімді айыра алмайды. Айтпағымыз бала беру туралы еді ғой. Сол Құдайберген інісі Ырысменде ол да басқа жарыған адам емес болатын. Бүбісара деген әйелі сол кездері аздаған кесірі бар, менмендеу, жалпы табиғаты тәуір кісі болатын. Айналдырған Қапарбек, Мәлике деген бір қыз, бір ұлының бірін ағасының пұшпағы қанамаған бедеу, қатыбас әйеліне беруі қазақ, қырғыз өмірінің ғана ерекшелігі. Ал дүние жүзілік ортада ол шынымен құбылыс, інім. Мен мұны әдейі айтып отырмын. Өйткені қазақ пен қырғыздың осы адамгершілігі кейде заңды түсінбестігінен, мемлекет болып әбден қалыптасып, бағынып үйренбегендігінен, тіпті олардың тұрмыс-салт, санасының бір шеті анархистікпен шектесіп жатқандығынан. Қазақ социалистік мемлекеттілігінің алғаш қалыптасуы кезеңінде осы бір жанының кеңдігінен, өзі туып, өскен даласындай пейілінің дарқандығынан қорлық та көрді. Сол қайырымдылық, тым ақ көңіл аңқылдақтық өзіне пәле болып жабысып, жағасына жармасты.

Бір колхоздың тұқымсыз қалуы, әрине, мемлекеттік қылмыс болатын. Сондықтан оның тергеуіне күнделікті көңіл аудармауға, бақылап отырмауға болмайтын еді. Өйткені ондай оқиға облысқа да, республикаға да белгілі болған-ды. Әрине колхоз тұқымсыз қалмайды. Менің негізгі айтпағым сол тұқымның құруына қандай мінез-құлық эсер еткені, салдарын тигізгені туралы еді. Қамбашы Құдайберген Қожаевқа тергеу жүріп жатқанда бұрын кездеспеген істің беті ашылды.

Жүз елу центнер тұқым шынымен Бекболат председатель болып келгенде де қамбада бар екен. Тұқым жалпы керек екенін жұрт білгенмен оған тиюге тыйым салынғанын білмейді. Аштан өліп бара жатса, оған қалай қарамақ. «Ораза-намаз тоқтықта, иман кетер жоқтықта». Қыстың басына дейін өйтіп-бүйтіп жан сақтап келген елдің енді жағын ашып, тіске басуға ештеме таппай қалғаны байқалды. Бірінде жарты уыс болса, жарып жейтін байқұс қазақтардың бәрі аңырай қарап қалғанда көздегені колхоз қамбасы болды. Қамбаның бәріне ортақ екенін біледі. Астық сұрап, ең болмаса талшық етер бірдеме сұрап Құдайбергенге қарады. Одан арғысы сотта былай баяндалады. Сот жүргізу тәретуіндегі әдепкі сұрақтарын бітірген соң, енді қылмысқа байланысты сауалдарын қоя бастайды:

— Азамат Құдайберген Қожаев, жүз елу центнер астықты қайда, қалай құртып жібердіңіз?

— Құртқаным жоқ. Осы ел жел обады ғой деп ойлайсыз ба, соларға бердім.

— Кімнің руқсатымен бердіңіз?

— Кімнің рұқсатын күтпекпін? Кім рұқсат бермек. Ортақ остықты бөліп жемегенде, енді қалай? Өзім бердім.

— Рұқсат керек екенін білетін бе едіңіз?.

— Білгенде не істемекпін. Жұрт аш отырса...

— Колхоз құрылысының жауларына, байларға арттырдыңыз ба?

— Мен астық бергендердің тізімі ішінде бай бар болса, мына көпшілік айтсын. Ондайлар маған келген емес.

— Сонша астықты қалай тез құрттыңыз?

— Құртқаным жоқ. Сонау сентябрьден бері бес жүз түтінге ол көп пе?

Сот колхоздың орталығында болған еді. Ашық сот жасағанына сот өзі риза болмайды. Соттан ешқандай түйін-түйсігі жоқ колхозшылар қаптап кетеді де, шу-шу етіп отырып алады. Жұрт:

— Тізім оқылсын! Тізімде бай жоқ, бәріміз колхозшымыз.

— Аталғанның бәрі осында отыр. Бәрі колхоз мүшесі.

— Өзіміз жинаған астығымыз, өзіміз жедік.

— Құдайберген сұрағанда бермесе, тартып жейтін едік.

Сот председателі халықты тәртіпке шақырады. Оны ешкім тыңдамайды. Ақыры колхозда сотты өткізе алмайтын болған соң, сот мәжілісін Ұзынағашқа көшірді. Тізімде жеті жүз он бес адам болады. Олардың ішінде тіпті балалардың аттары да бар. Көршіге балаларды жүгіртіп жіберіп, шайға қататын сүтті тегін алғыза беретін қазақ емес пе? Бұл жерде де тұп-тура солай істеген. Дорба көтеріп Рагүл деген қыз келген, жиырма килограмм көтере алады екен. Соны әкеткен. Күлжанат деген қыз келген ол да дорба толтырып жөнелген. Несіпбай деген бала келген ол еркек бала, көбірек 34 кило алған. Міне, осылай кете берген. Астық алған жеті жүз он бес адамның бәрінен жауап сұралған. Барлығы екі-үш қайтара астық алғанын, қуырып, талқандап, қатықсыз қара көже істеп ішкенін айтқан. Сот соңғы сұрақтарына мынадай жауап алған:

— Азамат Қожаев, колхоз астығын бермеу керек екенін білдіңіз бе? — Айыпкер керісінше сот председателінің өзіне сұрақ берген:

— Неге бермеймін? Жоқ болса бір сәрі, бар бола тұрып бермеу — атам қазақта жоқ нәрсе. «Көрген астан бермеген — көргенсіздің баласы» деген емес пе?

— Неге бересің? Колхоз астығы ғой,— дейді түсіндіре алмаған сот председателі әбден қажып, титықтап.

— Ей шырағым, Қонақов! Әкеңнің аты қонақ екен. Соны неге қойғанын білесің бе? Ендеше мен айтайын. Әкеңнің әкесі баласының атын Қонақ деп қонағы көп, сақы кісі болсын деп қойған. Сенің әкең үйіне қонақ келген күні туған болуы керек. Сол ұрпаққа береміз бе, бермейміз бе деп біреуден сұрады дейсің бе? Бір қамба астық тұрса, біреудің бала-шағасы шулап аш отырса, үйінде бір түйір дән, бір шайнам нан жоқ болса, сонда сонша астықтан екі пұт астық бермей мені кім деп отырсың. Барды бермесем, мені Асыл-Шыбылдың әруағы атпай ма!? — Қонақов та әбден таусылып кетсе керек:

— Сізді колхоздың тұқымдық астығын құртқан, колхоз құрылысының жауы Қожаев деп отырмын.

— Мен қалай жау боламын. Мен жұрттікін тартып алған жоқпын. Мен қолымдағы барды аш екенін көрдім де, елге бердім. Көздерін жаудыратып қалай оларды аштан өлтірмекпін. Өлтіруге құмар болсаңдар, өліп жатыр, әне, бәрі, анау Ноғайбайдың үйі тегіс қырылып қалды, жеті адам еді, бәрі өлді. Енді неғыл дейсіңдер.— Құдайберген көзінен жасы ағып, сақалын жауып кетті. Кемсеңдеңкіреп барып қайта сөйледі.— Кеше Әйнеш әйелімен өлді, бүгін Демесін өлді. Тоғыз ұлымен, әйелімен Омар өлді, есік алдына шықшы, бәрі өліп жатыр. Қырдық қой, бәрін...

Сот председателі еңсегей, төртбақ, зор жігіт болатын. Ол да жетісіп отырмаған болса керек, теріс қарап, беторамалымен көзін сүртіп алады. Сонда да сот қой, тағы бір ілгіш тапқысы келеді:

— Сізге колхоздың бұрынғы бастығы, ініңіз Ырысменде Қожаев астықты құрт деп айтты ғой.

— Жоқ, құрт деп айтқан жоқ. Бірнеше адамға, аш адамға ІІСТЫҚ бер деп айтқан болатын. Ол айтпаса да, берме десе де беретін едім. Өйткені сырты қандай қара болса, іші сондай қара, анау отырған колхоз бастық Бекболат астық сұрағанды боқтап, қуып шығады, аш кісіге жұдырық салады, сабайды. Өзі үзілгелі тұрған аш адамды ұрады.

— Жарайды, солай болсын. Ал жеті жүз он бес адамға берген астығыңыздан жүз елу центнерге 117 кило жетпей тұр ғой. Оны кімге бердіңіз?

Ешкімге берген жоқпын, мені, менің үй ішімді бітеу деп пе едің? - Қонақов үзіліс жариялап, сот үкімін шығармас бұрын бізге келді, інім. Сен қандай шешім шығарар едің. Қиын мәселе емес пе, бұл. Құдайберген Қожақовтың ісі заңсыз, қылмыс. Бірақ өзі жеген жоқ қой. Ол бір аласапыранда бола беретіндей, басқа жерлердегідей байларға арттырған жоқ, жекжат-жұраттарына үлестірмеген де. Астық алғандардың бәрі растап мойындап отыр. Соттамауға болмайды. Ал соттасаң жұрт үшін күйіп барады. Інім, нақ сол күні біз колхоздастырудағы жіберген зор қатемізді айқын байқадық. Елдің малын түгел алдық, ұйыстырдық. Сонда олар енді немен күн көреді, қалай жан сақтайды демедік. Салған егініміз жұртты асырауға жете ме, бұл жағы атаусыз қалыпты. Бірақ ол бір маған, немесе бір Мырзалинге байланысты ма еді? Өтіп кеткен жайға не істей алар едік. Бір жерде, жалғыз ауылда емес, бүкіл Қазақстанда солай істелді. Көз жұмып, Голощекин не айтса, соған ләппай дей беріппіз. Ал орталықтағы малдың өнімін пайдалану дегенді білмей, оны талатып бітірдік. Ең дұрыс болмағаны енді мал өсірмейтіндей болдық қой. Жасыратын не бар, інім, Мырзалин екеуміз кеңестік те сот председателі Қонақовқа қолқа салдық. «Сотталды ат жаса» дестік. Қонақов өзі де бізден батпай, не істерін білмей сасып отыр екен, қуанып кетті. Ал соттатпауға болмайтын еді, інім. Өйткені Голощекин онда бізді қоса соттатар еді. Сондықтан оның бала-шағасы, біздің бала-шағамыз (менің, Мырзалиннің, облыстық, аудандық соттардың, прокурорлардың) бәрі жыламас үшін Қожаев ісінің статьясын өзгерттірдік. Өз қызметіне салақ қарағаны үшін деген Қылмыс кодексінің жүз он бірінші статьясы болатын, ол бойынша екі жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырады. Соның алғашқысын беріп, Құдайберген Қожаевты соттады. Өтірік айтып не керек, босқа кеткенін біліп отырдық, бұдан өзге жақсылық жасау мүмкін емес еді. Әрине, Қожаев жүз елу центнер астықты қыс басына дейін үлестіріп бергенде онымен Жандосов колхозының адамдары қабырғасын жапқан жоқ, ашаршылықтан аман қалған жоқ. Оны қыс қысқанға дейін-ақ жеп қойған. Дегенмен Қожаевтың істегені елді қоғалы қол, қом суға шығармағанымен аз күн болса да олардың көбін кимей кебенек киіп, жер басып жүруіне жағдай жасады. Мұны біреу бүгін дұрыс дер, біреу бұрыс дер, біздің ымырашылдығымыз коммунистікке жата ма, жатпай ма, ол жағын айту қиын, деген¬мен дұрыс істедік деп есептедік. Өйткені Қожаевты соттатпау үшін, оның дұрыстығын дәлелдеу үшін істі бүкілодақтық мәселе дәрежесіне көтеру керек еді. Ол Мырзалин екеуміздің қолымыздан келмеді. Бәрі бір кейін Ізмұқан Құрамысов Мырзалинді шақырып алып, өз ойын ашық айтқаны үшін Голощекинге қарсы Қожанов, Жандосов, Сейфуллин, Нұрмақов, Ысмағүл Садуақасов, Рысқұловтар ұйымдастырған топтың жетегінде, ыңғайында кетіп жүрсің деп жер-жебіріне жетті. Әйтеуір Мырзалин оның жерлесі болғандықтан ғана қызметте қалды. Міне, інім, бір үйден тамақ сатып ішіп көрмеген, ас та, жатын орын да тегін болған қазаққа бар тұрып бермеу, тәртіп деген болады, оның арғы жағында заң бар дегенді түсіндірудің оңай болмағанын көрдің бе? Мұндай мәселе болады деген орыс жолдастардың есінде болмайды, өйткені қазынанікі, біреудікі дегенді атам заманнан олар біледі, заңсыз алса сотталатыны да естерінде. Ал қазақтарға қызыл қырман кезінде келгендерге колхоз қырманынан болса да кеусен-құлақ бермеу де тексіздің, беріп көрмегеннің ісі, сараңдық болып көрінді. Колхоз қырманы екенін былай қоя салып, кеусен деп бірер қап бидай арттырып жіберіп, өздері де, өзгені де ұрындырғандар қаншама!

Інім, ешбір жасырыны жоқ, алғаш сүт сатқанды көргенде қазақтардың аза бойы қаза тұрған ғой. «Ұят-ай, әлгі Алматыдағы Сәрсембай көршісі Бейсембайдың үйіне шайға қатық сүтті ақша алып береді екен» дегенді естігенде, екіншілері таңданғаннан жағасын ұстаған қазақтар емес пе, бұл. Тамақты сатып беру, қазақтан тамақты сатып ішу деген олар үшін жабайылықпен бірдей көрінетін. Мүмкін сатып ішуді жабайылық көргеніміз европалықтарға жабайылық көрінетін болар. Ал қазаққа тамақты сатып берудің қасында енеден тумай жалаңаш жүру әлдеқайда сыпайы сияқты болатын. Осындай жағдайлардан кейін халық арасында түсінік жұмысын жүргізуге тура келді. Оған Мырзалин екеуміз де қатыстық.

* * *

— Қолым көтере алмайтын шоқпарды,— деді шал,— беліме қыстырғанымды өзім де білдім. Қолыммен істегенімді мойыныммен көтермек болдым. Өлкелік Комитетте менің мәселем қаралатын болды. Мүмкін Қожаев екеуміздің үлестірген астығымыз ешкімнің жанын алып қалмаған да шығар, дегенмен өлмегенге себепші болғаны сөзсіз еді. Ең болмаса сол өлген үш-төрт колхоздағы адамдардың өмірін екі-үш айға созсақ та, соның өзі маған дәтке қуат еді. Егер мен аванс беруге рұқсат еткенде оны ауылдағы Шарымбаевша пайдаланғанда жұрт көктемге жетіп те қалар ма еді. Бірақ салбөксе, танауынан арғыны көрмейтін көрлаттар қолына берілген напақаны тамағынан өткізе алмай қалды. Сонымен, інім, аванс бергенге рұқсат беруім бар, «Бұрған» колхозындағы тұқымның өртенуі бар, Жандосов колхозындағы тұқымның там-тұмдап жүріп-ақ үлесіп кетуі бар, бәрі жамалды. Менің берген бұйрығымнан астық алғандар тірі қалмаған да шығар, ол азғантай дән ештемеге тұлдырық болмаған да болар, сонда да соны істегеніме өкінбедім. Бәрін өз мойныма алып, партиядан шықсам да, сотталсам да өзім тауқыметін арқаламақ болдым. Менің жаным сотталып кеткен Қожаевтан, көшеде аштан өлген, сыпыра қырылып жатқандардан артық па. Өлкелік Комитетке осы оймен кірдім. Мені Құрамысов қабылдамақ десті. Ол Өлкелік Комитеттің екінші хатшысы. Құрамысовты бұрын жиналыстарда алыстан көргенім болмаса, алдында болмаған кісім. Партияға кейін кірген адам. Болары болды, бәрібір мені партиядан шығарады деп ойладым. Мені жобамен таныстырмады. Мен оны сұрамадым да. Енді несіне қысылып-қымтырылайын, ешкімге ағынып-жалынбақ емеспін, ойымдағыны тегіс ақтарып тастамақпын. Беті барының бетін тырнайын, сақалы барының сақалына жармасайын. Осылай Құрамысов кабинетінің алдында ділімдегіні діттеп, тіліме жинап, даққа қалып, әлденелерді өкіліме түсіріп отырдым. Қоңырау шылдыр етті. Көмекші жігіт ішке кіріп кетті:

— Сізді шақырады,— деді ол шыға беріп.

Кабинетке кіргенімде Құрамысов өзінің орнында ін түбіне қарап жатқан аңша теріс қарап түрегеп тұр екен. Бойы менен әлдеқайда аласа, екі бүйірі шығып жалпая бастағандығын үстіндегі қалың қара сырт жейдесінің белінен тартқан шап айылдай жалпақ белдігінен аңғардым. Қарағысы, сөйлескісі келмесе несіне шақырған деп тұрдым. Шынын айтсам, інім, Құрамысовыңнан ығысқаным да, қысылғаным да жоқ. Сөйтсем ол графиннен су құйып ішіп тұр екен. Әрине аш отырған ол емес, жегені күш болуы керек. Сүрі ет жемеген қазақ қысты күні су іше бермейді ғой. Ол қалтасынан беторамалын алып аузын сүртіп, бері бұрылды. Қабағы қатулы. Екі беті бүйректеніп, жылтырап тұр. Қою қап-қара шашы қатындардың шашынша тура қасқа маңдайдан екіге жарылып кетіпті. Ала көздеу қара кісі екен. Ол менің амандығыма жауап бермеді. Бұл менің біржола қытығыма тиді. Өлтірейін деп тұрса да амандасуы керек еді, тебірлігін көрсетіп алды. Аспаныңды тастап жібер деп мен тұрдым.

— Отыр,— деді ол тұрпайылау. «Ыңыз» демеді. Сонан соң барынша салмақ салып нығарлап сөйледі: — Саботажник! — Мен бірден қатты кеттім:

— Тіліңді тарта сөйле, әкеңнің үйінде отырған жоқсың.

— Тартпасам не істей алар едің?

— Дәулік көрсетіп тұрған әзірге сен ғой. Бірақ шаңыраққа қара, бұл үй екеумізге бірдей, ортақ.

— Жоқ, саған ортақ емес, сен партиядан шықтың.

— Сен партияға алған жоқсың, сен партиядан шығара алмайсың.— Інім, ол кезде партияға ертелеу кіргендеріміз оны бешкеш қыла сөйлеу әдетімізде болатын. Сондықтан тартынбадым. Болары болды. Құрамысов екеуміз салғыласып біраз жерге бардық. Сонан соң екеуміз де шаршадық білем, үндемей қалдық. Әлден уақытта Құрамысов үнсіздікті үзді:

— Кімнің нұсқауы бұл? Мырзалин қалай қарайды, бұған?

— СССР Жер Халық Комиссариатының нұсқауына сәйкес өзім істедім. Мырзалиннің бұған қатысы жоқ.— Бұл сөз, соңғы сөз, Құрамысовтың көңілінен шықты білем, беті жылып сала берді. Ол Мырзалин аман болатын болды дегені екенін мен түсініп тұрдым. Құрамысов қалай қараса олай қарасын, көңіліміз қалыспай бірге большевиктерше қызмет істескен жолдасты, адал коммунисті сақтағым келді. Шынында да ол маған осылай істе деген жоқ қой. Тас түссе талайыма, өзім қолыммен істегенімді мойныммен көтерейін дедім. Пендешіліктен аулақ болдым.

— Мырзалиннің білмейтінін бюрода да айтасың ба?

— ВКП(Б) Орталық Комитетінде де айтамын.

— Дұрыс ендеше,— деді Құрамысов жайнап.— Бара бер, партияда қаласың, орыныңнан аламыз.

— Сенің шығара алмайтыныңды білемін.— Есікті тарс жаптым. Амандаспағанымыздай қоштасқанымыз жоқ. Қап-қара болып түтігіп шықсам керек, есік алдында қабылдау күтіп тұрғандар мен құлап түсетіндей көріп, графиннен су құйып, маған ала жүгірді:

— Құрамысовқа берерсіз,— дедім де, оларға рақмет айтып дәлізге шығып кеттім.

«Жетісу» қонақ үйіне түстім. Өйткені ол кезде біреуді біреудің көтеріп алардай шамасы жоқ еді. Қанша жақын жолдасың болса да берері жоқ болған соң, қара суды құры қайнатып жерге қарап отырғанда оның үйіне барып мөлию жігіт адамның басына лайық емес еді. «Барғанша қопақ ұялады, барған соң үй иесі ұялады» десек те, енді сол жай екі жағына да жеңіл тимей тұр еді. «Жетісу» қонақ үйінің жанында ат, атарба, қыста шана қоятын да жері болатын. Тарланды ат қорасына бос қойып, атшыға арнайы тапсырдым.

Таңертең күн шытулау екен, ашық. Заңғар Алатау төбеден қарап тұр. Ұшар бастары ғана қоңырайып көрінген шыңдар болмаса, басқа жердің бәрі ақ көрпесін бүркей жамылып алыпты. Таң ертеңмен балаларыма барып келдім де, сағат он екіде шығып, жоғарылап, Үкімет үйіне қарай жүрдім. «Жетісу» қонақ үйі егіз. Екеуі бірдей етіп салынған екі үй Пушкин көшесінің Гоголь көшесімен түйіскен жерінде. Мейманхана — екі үй, Пушкин көшесінің екі жағында. Сол кезде жаңа салынғандықтан сыры, бояуы кетпегендіктен болса да тым әдемі көрінер еді. Есіктің алды қаптаған адам, бәрі қазақ десем өтірікші болмаймын. Мұнда неше түрлі киімді адамдар, жастары да солай. Бәрі жұмыс сұрайды, бөрі қайыр-садақа тілейді. Дегенмен бұл шақта әлі жаппай қырылу басталмаған болар. Бірақ іскен-кепкен, беті-қолдары үсіп қап-қара болып кеткендер толып жүр. Федерация паркін аралап тік шыққанымша бірнеше жерде қисайып жатқан, отырған адамдарды көрдім. Көшеге қарап күйігіп Үкімет үйіне де жеттім.

Үкімет үйінің алды да толған қазақ. Әйтеуір қаңғып жүр. Осылай қарай ағылып келеді, бәрі де мен сияқты бюроға шақырылғандай. Сеңдей соғысады. Бірінен-бірі нан сұрайды, тамақ тілейді. Бали жетектеген адам тіпті көп. Жаным күйзелген қалпымен Өлкелік Комитетке кірдім.

Өлкелік Комитет пен Халық Комиссарлар Советіне бір-ақ есіктен кіретін. Екінші қабатқа көтерілгеннен кейін барып бір жағы Өлкелік Комитет (батыс жағы), екінші жағы Халық Комиссарлар Советі болып бөлінетін. Осы екінші қабатта әжептәуір үлкен дәліз бар. Дәліз сонша жарық болмағанымен кең еді. Бюро сағат екіде басталады. Көтеріліп келе жатып Жандосовты байқап қалдым. Жанында Сәкен Сейфуллин. Қолдарын арттарына ұстап әрі-бері жүр. Сәкең маған дүрдиіңкіреп қабағын шытып қарады да, күлімсіреп, мұртын бір сипап қойды. Менің бұрыннан білетінімдей, әсте бұл екі большевиктің басы көп қосыла бермейтін. Соған қарап бірін бірі ұнатпай ма екен деп ойлайтынмын. Қызылордада бір сөйлескенімде Сәкең маған: — Партия қызметкері Жандосов сияқты адам болуы керек. Әдебиетті, мәдениетті жетік білмей, оған әділ төреші, өз дәрежесіндегі жетекші бола алмақ емес, Төреқұлов, Исаевтар да әдебиетті білемін деседі, бірақ олар оның қасында жіп есе алмайды,— деген еді. Кейін сол пікірін Сәкең баспасөз бетінде де айтты. Менің білуімше Жандосов пен Төреқұловтар дос адамдар болатын, оларды неге бөледі екен дегенмін де қойғанмын. Мен әдебиеттен аулақтау адаммын. Бірақ әдебиетке барлық адамның қатысы болуы керек қой. Менің де білуге ғана құмартқан қатысым бар. Сонымен ол ойды әрі апармағанмын. Енді, міне, қазақтың екі ардақты ұлын бір көргенде шын мәз болып қалдым. Жандосов бұл кезде Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтында директор еді. Екеуі де маған жылы амандасты.

— Қасымызда тұрмай-ақ өтіп кете бер,— деді Сәкең. Олардың айтқанын екі етпедім, партиялық істе ит жейдесін бұрын тоздырған адамдардың маған жамандық ойламайтынын білдім. Және менің жағдайымнан мол хабардар екенін аңғардым. Қолдарын қысқан күйде ілгері кетіп қалдым.

Түстен кейін бюрода мәселеміз қаралды. Төрде басы көкпеңбек болып, көзі шүңірейіп Голощекин жалғыз отыр. Бюро мүшелері алға таман отырады екен. Залдың артқы жағында қалың мұртының ұшы сүйірленіп, әжімсіз қабағы қасқиып Сәкен Сейфуллин отыр. Сәкең қара кісі болатын. Қасы, мұрты, шашы ерекше мойылдай қара және қою болғандықтан оның жүзі үнемі аппақ болып көрінетін. Жандосов оның жанында болмай, залдың екінші бір жағында отырды. Бұлар бюроға неге шақырылды екен деп ойладым. Сөйтсем олар екеуі де Өлкелік Комитеттің мүшесі ретінде аудандарда егін жинау және астық тапсыру жөніндегі өкіл болған екен. Бюроға әдейі шақырылған болса керек-ті. Біздің мәселеміз бірінші болып қаралды. Мен алдыңғы орынға келіп отырдым. Мырзалин де осында. Голощекин сөз бастады:

— Қастек ауданында астықты талан-таражға салу жөнінде. Сөз аудандық Совет атқару комитетінің председатель Абақ Усунбаев,-— Ол менің Үйсінбаев деген фамилиямды бұрмалап айтты.— Баяндасын.— Мен мінбеге келе жатырмын. Екі көзім бюро мүшелерінде. Голощекин мінбеге емес, екінші жаққа қарап отыр. Маған қарағысы келмейді. Мен оның әкесін өлтіріп, әлде бір жақынын жәбірлеп, сондықтан мені жек көріп, тыжырынып отырған адам сияқты. Мен мінбеге келдім. Ол кезде қазіргідей қағазбен баяндау жоқ. Сөзімді бастай бердім:

— Қастек ауданында биыл егін нашар болды,— дей беруім мұң екен, көзің жамандық көрмегір Голощекин мені сөйлетпей, бәйге аттарына жолдан қосыла шапқан бұзауша ала қашты да кетті. Бір езулеп бұра тартты:

— Жұмыс істемеген өңкей оңбағандар отырған жерде егін шыға ма? Бар шыққанын бөліп алған соң не айтпақсың. Астығымды бересіңдер ме, жоқ па? Саған кім нұсқау берді. Нұсқау бергендер де Совет өкіметінің жауы.— Нақ осы жерге келгенде жағаласып мен де бір ауыз сөз айтып қалдым:

— Ешкім нұсқау берген жоқ, өзім істедім.— Ол қайта іліп әкетті:

— Өзі істеген!? Қашаннан бері сендер өз бастарыңмен істеп қалып едіңдер. Қанша болды жетілгендеріңе?! — деп алқынып тоқтады. Бұл көпе-көрінеу маған ғана емес, мына бюрода отырған қазақтардың барлығына, бүкіл қазақ халқына жасалған масқаралау еді. Бюрода ауызды бағып сөйлеу керек, інім. Оның екі иығынан демін әрең алғанын тағы бір пайдаланып қалдым:

— 1917 жылдан бері. Он алты жыл болды,— дедім. Голощекин жым бола қалды. Өзінің мүлт кеткенін білді ме, әлде залдың алған әсерін байқайын деді ме, сәл үнсіз отырды. Залдағылардың біразының күлкісі келіп төмен қарасты. Жымыңдасып отырғандар да бар. Көпшілігі маған екені, әлде Голощекинге екені белгісіз сазарып қалған. Бұның мені әдейі сөйлетпей отырғаны шығар деген қорытындыға келдім. Соңғы бір сөзді сақтап тұрып айтпай кетпейін деп ойладым. Голощекин даурығуынан бір басыла бергенде мен:

Ауылшаруашылық артельдеріне жазылған нұсқау біреу ғана. Мен соны орындағым келді. Әттегене, орындап үлгіре алмай қалдым. Ол нұсқауды кім жіберетінін сіздер білсеңіздер керек-ті. Ал ол нұсқауды жергілікті жерде, яғни Қастек ауданында жүзеге асыруға жарлық берген мен. Колхоздар менсіз-ақ оны өздері жүзеге асыруға тиіс еді. Ондағы басшылар тебірлік, тоғышарлық жасады.— Мен мұны тәртіпсіздік жасап Голощекинмен қабаттаса, дауысымды асыра сөйледім десем де болады. Ол менің бұл қылығыма маңыз бермеген болды. Егер ол менің бұл жердегі тәртіп бұ пайымды айтса, өз беделіне нұқсан келетінін әбден білді.

Абат Мырзалин,— деді Голощекин,— аупартком хатшысы. Баяндаңыз.— Голощекин маған «отыр» деген жоқ. Мырзалин шақырылғанда мен мінбеден өзім түсіп кеттім. Отырдым. Мен жаңағы бүкіл қазақты масқаралаудан ісейін залды тастап, шығып кетуге бар едім. Мырзалин бастап келе жатқанда оған да маған кигізген таз кепті қаптады.

— Үйсінбаев жолдастың сөзіне қосарым жоқ,— дей берген еді Мырзалин, көкпарға көлденең шапқан аттыдай Голощекин оны да киіп кетті:

— Аупартком ауаткомның қызметіне бақылау жасамаған. Усунбаевтың айтқаны бола берген. Бұл ауданда Коммунистік партия қызметін тоқтатқан...— Ол тағы бір тыныстағанда Мырзалин іліп әкетті:

— Меніңше біз нұсқауға сәйкес жұмысты дұрыс бастап едік деп ойлаймын.

— Қалай? — деді Голощекин.— Сіз мұны білмей қалған деді ғой, Құрамысов.

— Жоқ, жақсы білемін. Үйсінбаев маған айтқан, мен нұсқауды орындаудың жөн екенін аңғартқанмын.— Шамасы Абақтан артықпын ба деген болса керек-ті Мырзалин де. Бюрода артық сөз болмайды, інім. Мені орнымнан алып, сөгіс беруге, Мырзалинге сөгіс беріп орнында қалдыруға деп қаулы жобасы жазылған екен. Голощекин мұны естірткенде арттан бір қол көтерілді:

— Кім бұл, не айтқысы келеді. Сейфуллин.— Сәкең асықпай, Голощекин күтіп отыр-ау демей, бір-бір басып мінбеге келді де, қою қара мұртын бір сылап әріден бастап, біраз айтып келіп, тіке кетті:

— Өлкелік партия комитетінің астық тапсыру жөніндегі нұсқауын бұлжытпай орындамағаны үшін Үйсінбаев, Мырзалин жолдастарды орындарынан алып, екеуін де партиядан шығару керек,— деп тоқтады. Жаңа ғана маған қас-қабағы дұрыс жазушының тіке найза салуы мені қатты таңдандырды және қатты ренжіп қалдым. Менікі шолақтық екен, інім. Сәкең әріден ойлаған екен. Егер Мырзалин екеумізді орынымыздан алса, онда іс осымен бітеді. Ал екеумізді партиядан шығарса, партияға революцияның от-жалынды жылдарында кірген адамдар мәселесі Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясының Орталық Комитетінде қаралады. Сонда мәселенің шындық беті ашылатынын білген Сәкен Сейфуллин бізді партиядан шығаруға әдейі ұсыныс жасаған болып шықты. Голощекин сөз таластырмады.

— Менімше жобаны қабылдау керек. Бірақ Мырзалинді де орнынан алу керек деген өзгеріс енгізу керек.— Ешкім үн шығарған жоқ. Біз Мырзалин екеуміз шығып кеттік. Әрине Сейфуллиндер ойын Голощекин де біліп отыр. Екі бірдей революциялық партиялық стажы бар адамды партиядан шығарудың оңай емес екенін, онда істің насырға шабатынын, Қазақстан тарихының сол кездегі қаралы беті ашылып қалатынын ол жақсы білді. Оның үстіне неге сонша Сейфуллин осы мәселеге көңіл аудара қалды деген күдігі де болмай қалмады. Әншейінде шаруашылық мәселесінде осылай белсенділік көрсетсе оның көзі көрмей қалып па, демес пе. Одан да жауырды жаба тоқып отырудың өзі артық. Голощекин түшкіріп қойса «жәрәкімалла» деп отырған Құрамысовтармен осылай көгілдірдей қобалжи басып жүре тұрған жақсы емес пе. Осылай әйтеуір біз аман қалдық. Мүмкін менің жанымда Мырзалиннің болуының әсері де болған шығар. Шынын айтсам, інім, егер бізді партиядан шығарса қамар еді, онда біз 7 август заңымен он жыл алып кете баратын едік.

Мен, інім, Мырзалинге таң қалмадым. Өйткені оның партия Уставындағыдай коммунист екеніне шүбәм қалмаған еді. Бұл жерде ол менің ішімдегіні тауып тұр. Бұл Құрамысовқа жақын туысқан болса да, менімен бірге кетті. Мен оның атын бір жерде атағаным жоқ. Сөйтсе де халық үшін өлсем өлейін, жұрттан жаным ардақты ма деді, өз басын күйттеген жоқ. Ол шанамен, мен атпен бірге қайттық. Мойымай, кеудеміз көтеріңкі кеттік. Енді қандай дұшпанымыз болса да бізге «бетіңе бес қазанның, жүзіңе жүз қазанның күйесі» дей алмайды. Біз жұрт бетіне ұялмай тура қарай алатын болдық. Көңіліміз сарық болса да, жүзіміз жарық. Бірақ сол отыз үшінші жылдың басында бізге кейбіреулер собатажник деп қарайтын, бұл біздің Голощекиннен, Голощекиншілерден алған лақабымыз. Партияға, партия жолына қарсы іс істемегенімізді сауатты жігіттер жақсы білді. Біздің ұрыс естіген, қызмет бабында бізден бірлі-жарымды азар көргендер, шолақ белсенділер бізге үдірейе, желке жүнін дүрдите қарады және кейбіреуі пышы-пышылап, кейбір жеңілтектер собатажник деп ашық күліп жүрді. Бірақ көп ұзамай арада ай өтпей біздің кім екенімізге жұрттың көбінің көзі жетті деп шамалауға болады.

Абатқа обал болды-ау, менің бір езулігім оған да кесірін тигізіп, кесел келтірді-ау деп кейде қысылып та қоямын.

Абат Мырзалин ұзын бойлы, екі танауынан күн көрінгендей, кең маңдайы жарқырап тұратын, аппақ жігіт болатын. Оған қап-қара қою шашы ерекше көрік беретін. Шашын артына тік қайыратын.. Дөп-дөңгелек көзі, ұзын кірпіктері өңіне ерекше нұр беріп тұратын. Мен, інім, адамды сирек мақтайтын қазақпын. Ал ОСЫ Мырзалин қазақ қайсы десең «мынау» деп көрсетуге тұратын ерекше бітімді жан еді. Алғаш екеуміз шәлкем-шалыс келе бергенімізбен кейін қатты достасып, ұғысып кеттік. Махамбет жырларын жатқа айтатын:

«Ей қызғыш құс, қызғыш құс,

Көл қорыған сен едің,

Сен де айрылдың көліңнен.

Ел қорыған мен едім,

Мен де айрылдым елімнен...»

деп бір кеткенде оны ешкім де партия қызметкері демейтін. Халық көбіне оны мұғалім деп ұғушы еді. Үнемі кір баспайтын ақ саусақтары салаланып, сымға тартқан күмістей болып, тырнағының сөгілмеген көбесі оның зиялылығын паш етіп тұрса, сөйлеген сөзі зияпаттығынан мол хабар беретін. Ол кезде қазіргідей емес, интеллигент дегенде есте тұратындар мұғалімдер болатын. Жұртта қалыптасып кеткеніндей мұғалім ең зиялылықтың бейнесі еді. Сондықтан білімді-ілімділігімен, сыртқы сүрепетімен ерекшеленетін адам да мұғалім болып көрінетін. Татар әйелі тілді бұзып, шүлдірлеңкіреп сөйлегенімен қазақтарға деген құрметі, сыйы ерекше еді.

Ол:

— Қойшы, Абат, бас аман болсын! — деді де қоя салды. Бәлкім басқасы ішінде шығар. Әйтеуір садаптан қараған маған ол мінез көрсетпегендей. Семьясында келіп-кетіп, сапырылысып жататын ешкім болмағандықтан ба, үй іші тыныш болатын. Әлде Мырзалинді сақтап қалғысы келген, әлде оны осындай содырлы сойқанға ұрындырған маған ештеме білдіргісі келмес. Әйтеуір Сәлима бұрынғы қалпын өзгертпеді, мен де олардың үйіне барғыш қазақ емес едім.

Облыстық партия комитеті бес-алты күннен кейін екеумізді шақырып алып, «Ақсеңгір» колхозына бірің председатель, бірің партия ячейкасының хатшысы болып барасың деді. Енді атам жау, қойнымдағы қатыным жау болып шыққан «Ақсеңгірге» қайта баруға тура келді. Несі бар деп ойладым, ауданда ағалалы ордам, қара орманым қалып бара ма, салт басты, сабау қамшылы адамға қайда қызмет істегеннің бәрібір емес пе, шешемнен аудан ағасы болып туған мен емес, оның үстіне мен ол ауылдан абыроймен жоғарылап кеткен болатынмын. Ұрыспай ажырасқан ұялмай қосылатын болса, (адам болған соң ел ішінде бірді-екілі ренжігендер бар болар) негізгі бұқара халық кетерімде жыласып-сықтасып қош айтысқан. Ендеше неге бармасқа? Ал бармағанда маған кім қызмет дайындап, таңдауыңды ал деп тұр. Екі қолға бір бейнет. Бәрібір жұмыс істеу керек. Есектің артын жуып мал тап деген аталарымыз. Сондықтан қарайламай тарта бердім. Мырзалин менен бір айдан соң келді.

Колхозда ол кездері қыста жұмыс жоқ. Жұмыс соқа-сайман жөндеу, қайыс-әбзелдерді қалпына келтіру, арбаның шенін тарту. Жөндеу болғанда соқа жүзін таптап, шыңдау, жер тырмасының әрбір тісін шығарып алып, қолдан соғып үшкірлеу, қамыт, доға, жетек сияқты ұсақ-түйек мүліктің кеткен жерлерін жамап-жасқау. Бұларға ұста немесе ұсталықтан мол хабардар адам болмаса екінің бірі оларды істей алмайды. Ал бұл істер колхоздағы Оспан Тұяқбаев, Алмабай Деңгелбаев деген екі ұстадан артылмайды. Ал партия ұйымының хатшысы Мырзалиннің істейтін ісі де шамалы.

Мен колхозға келгенде халық аштықтан ісіне бастаған екен. Жылдың басында әрбір үйге ауданнан екі пұттан тары берілді. Оны әркім өзі барып алуы керек еді. Ауданның мекемелерінен басқасы әлі де Қарақыстақтан көшіп үлгермеген-ді. Қыс көзі қырауда әлім келеді-ау дегендер солай қарай шұбады. «Ақсеңгір» колхозындағыларға тиістісін біз тасып әкеліп, осыннан бермек едік, оған ауданның жаңа бастықтары рұқсат етпеді. Шамасы колхоз белсенділері бөліп жеп қояды дегеннен болса керек-ті. Жұрт ашыққан, жүруге шамасы жоқ. Сонан соң Мырзалин екеуміз бірдей ауданға шаптық.

Күн қақап тұр. Күрті өзені қатып, кейбір жерінің мұзы ілініп, ары-бері өтуге де мол мүмкіндік болып қалған. Бірақ мұз үстіне түскен қардан саланың қай жерінің мұзы көтеретіні белгісіз еді. Екі атқа мінген Мырзалин екеуміз ауданға жөнеп бердік. Әр түтінге екі пұт астық беріледі дегенді естіген ел енді тоқтар болмады. Ауылға бірер күнде өзіміз жеткізіп берейік дегенге ешкім қарамады. «Ораза намаз тоқтықта, иман кетер жоқтықта», мұндай адам баласы басына ташалаң түскенде кімді кім тыңдай қойсын. Олардың тыңдамағанына ренжуге болмайтын еді, інім. Олар өзіміз әкеп берейік дегенге сенбеуі де дұрыс. Оны да айыптауға болмайды. Жылға нәпақа қылар, қауызынан ажырамаған айналдырған екі пұт тары. Түйіп ақтай келгенде одан несі қалады. Әкеліп береміз деп үстінен бір уысын алып қоймайтынына кімнің көзі жетіпті. Міне, сондықтан да «менікі деген басын ұстайды» дегендей, тарының құлаққабынан өзі ұстап тұрғанға ие жетсін. Сол күні таңертеңмен кеңсеге түрі кетіп, түсі қашып Нұрлан кірді. Артынан Нұрқалық келді. Екеуінің де жылап-сықтағаны көзінен көрініп тұр.

— Он бір үйдің есігі жабылды,— деді Нұрлан.— Қалай көмерімізді қайдам.

— Қанша? Не болды, оларға? — деп Мырзалин шошып кетті. Ол ашаршылықты білгенімен нақ осылай болар деп ойламаса керек.

— Аштан қырылып қалды. Екі-үш түтіннің иелері алдыңғы күні маған келген. Не істейміз? — деп еді. Енді міне...— Нұрлан сөйлей алмай қалды.

— Сіздер тездетіп Қарақыстақтан беретін екі пұтты алуға қам жасамасаңыздар болмайды,— деді Нұрлан Тоққұлов.

— Болмады, деді Нұрқалық. Үнемі аппақ тісі сақсиып күліп жүретін жігіттің қабағы күзден бері ашылуды қойған.— Қарақыстаққа бардым. Әркім өзі қол қойып алмаса болмайды дейді. Нұсқау солай.

Осындай әңгімеден кейін біз отыра алмадық. Екеулеп айтпақ болдық. Жолға шыққанымыз да осы.

Желе шоқырақтатып Байсейітке жеткенімізше мола қазуға бара жатқан, қазып жатқан, өлікті қол шанаға салып сүйреп бара жатқан адамдарды көрдік. Жол бойы шұбаған адам. Олардың бәрінің беті Қарақыстақ, бәлкім одан ары...

Байсейіт қорғанының астыңғы жағында үлкен «Алтын арықтын» жағасында күзде қырман болған. Соған қарай ойысқан көп халық. Оның басы да толып жүрген ілбіген адам. Мұның бәріне қарауға қазір мұрса жоқ, әрі қарай жөней бердік...

Ауатком председателі Сағатовты іздеп, оны аупартком хатшысы Саттаровтан таптық. Бұл екеуі де біздің орнымызға келген жаңа бастықтар. Мырзалин екеуміз баса-көктеп кірдік. Олай етпегенде қайтпекпіз. «Өліп бара жатырсыңдар ма?» деген осы. Әрі-беріден соң одан да жаман, өліп бара жатқан жоқпыз, қырылып барамыз, құрып барамыз. Барлыққаннан, барлықтан рұқсатсыз кіргеніміз жоқ, бұрлыққаннан, жоқтықтан, амал жоқтықтан істеп тұрмыз.

— Ей, қазақтар, жау қуды ма? — дейді тілі ащы жігіт Саттаров.

— Жоқ, жау емес, жаудан жаман ашаршылық қуды,— деді Мырзалин түтеп. Мырзалин көп артық сөйлемейтін жігіт еді, жол бойы көргендері жанын күйдіріп жіберді білем.— Сенің күлкің түзу екен, біз күле алмаймыз!

— Сендердің күлкілеріңді мен алған жоқпын ғой,— деп шеке тамыры білініп, терісі тар Саттаров қызараңдап к,алды.

— Елдің Қарақыстаққа барар шамасы жоқ, колхозшыларға тиісті астыққа көлік жіберелік, соған рұқсат етіңіздер,— деді Мырзалин өзінен жасы үлкен жігіттерге «сіз» дей сөйлеп.

— Жоқ, болмайды. Жоғарыдан берілген нұсқау солай,— деді Саттаров тырысып.

— Ойбай-ау, оған жете алмайды ғой, ол сорлылар,— дейді Мырзалин.

— Жете алмаса алмайды да,— дейді Саттаров жайбағыс. Оған жұрттың қырылып бара жатқаны бәрібір сияқты. Ауатком төрағасы Сағатовта үн жоқ, шала піскен бүйректей болып, тымырайып отыр. Мен қатты күйініп кеттім:

— Сендерге немене, жұрттың қырылып жатқаны шыбынның өлгеніндей көрінбей ме? Ең болмаса мемлекет берген екі пұт қауызды тарыны өлмей тұрғанда ауыздарына тигізейік те, мүскіндердің,— дедім.

— Жоқ, Филип Исаевичтің нұсқауы солай, өздері алуы керек.

— Өздері барамын деп-ақ, өледі ғой.

— Бармаса алмайды.— Аупартком хатшысы енді Сағатовқа қарап зікіней сөйледі.— Көлікпен келген бір адамға астық берілмесін. Сағатов жолдас, қатты бақылаңыз. Астықты орталық қоймадан әркім өзі алады.— Сағатов Саттаровқа кіріптар адамдай, оған тура қарай алмай танауының астынан:

— Жарайды, жарайды. Солай етеміз — дейді.

— Сонда онда тізім бола ма? — деп сұрады Мырзалин.

— Жоқ,— деп жан бітті Сағатовқа.— Алдымен менен бұйрық алуы керек.

— Ей, жігіттер,— деймін мен,— егер олардың Ұзынағашқа, одан Қарақыстаққа бара алатын шамасы болса, онда оларға екі пұт қауызды тары керек болар ма еді.

— Керек болмаса алмай-ақ қойсын!—деп кергіді Саттаров.— Ток, болса алмай-ақ қояды да. Сөз бітті. Бара беріңдер — Бұған енді күйерсің бе, күймессің бе!» «Кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» деп, қазақ жеріне аяқ басқанына елу жыл жаңа болған мынаның қорлығы-ай деп күйіп тұрмын, інім. Өтірік айтып не керек, бұл жерде коммунистікті былай жинап қойып, қазақ болып кеттім. Егер Коммунистік партияның басындағы адам сенің халқыңның өліміне күле қараса, ондай коммунистік маған керек пе, інім. Әрине, бұл сөз саған ұнамас. Менің халқым сыпыра қырылып жатқанда мен тірі қалып кімге тұлдырық болмақпын. Халқым ертең тұтас қырылатын болса, мен бүгін неге өлмеймін. Халқымнан қалған өмір маған неме керек. Қалшылдап, жөңше нардай бұрқылдап Саттаров жанына жетіп барыппын. Мырзалин шамасы мен Саттаровты ұрып жібереді деп ойласа керек, ол да түрегеліп араға түсе кетті. Басу айтты:

— Әбеке, бұлар нұсқауға сәйкес істеп отырған болар.

— Немене олардың басы жоқ па? Сен Саттаров осы сөздеріңді ұмытпа. Жауап бересің, әлі. Қырылып жатқан қазақпен ісің жоқ қой, сенің. Үйіңде тандыр наның болған соң солай кергисің,— деп жібердім, інім. Қайтейін, айтпайтын-ақ сөз еді, айтып тындым. Шынын айтуым керек, інім, қазақ көшеде қырылып жатқанда маған енді тіршілік не керек, «өз бетін аямаған кісі бетін дал-дал қылады» деген емес пе!?

Амал таусылды, мойнымызға су кетті. Шапқан күйімізбен «Ақсеңгірге» келдік. Болған жағдайды партия ячейкасында хабарлап, не істеу керектігімізді ақылдастық. Астыққа баратын адамды жалғыз жібермейік, топтап жіберелік дедік. Сол күні екі темір ұстасы Алмабай Деңгелбаев пен Оспан Тұяқбаевты шақырып алып, табаны темірден он шақты қолшана соғуды тапсырдым. Таңертеңге дейін ең болмаса үшеуі дайын болсын дедім. Нұрқалықты ұста дүкенінің басына қақитып қойдым.

Таңертең алғашқы партияны жөнелтпек болдық. Бару әркімнің қалауынша болды. Бармағанда не істемек? Үйде отырса да өледі. Адамды топтап жібермек болғанымыз ең болмаса біріне бірі демеу-сүйеу болсын дедік. Оның ішінен әлдірек бір-екі жігітті басшы етіп белгіледік. Бұл жолы баратын адам жиырма жеті болды. Оған аздаған сауаты, әр нәрседен түйсік-хабары бар Исахан Телтаевты басшы етіп белгіледік. Бұдан кейін кететін топтарға қолшана соқтырып, басшысын белгілеп, Нұрқалық айналысып жатты.

Енді жиырма жетінің бұдан кейінгі жайын Исаханнан естіңіз. Ыдырыстау көзі үнемі қанталап тұратын Исахан қатты күрсініп алып, ол сапарды былай әңгімелейтін:

— Таңертең «Ақсеңгірдегі» қоныстандырудан шұбап жиырма жеті адам жолға шыққан соң, ішіндегі денсаулығы да, әлі де мықтырақ Қасымхан жолаушыларды шұбатып тұрғызды да, қабынан ұзын ала арқанды шығарып, созып бәріне ұстатты. Ондағысы әлсіздеріне әлдірегі сеп-медеу болсын дейді. Үш қолшананы Қасымхан, Жорахан үшеуміз сүйредік. Табаны ғана темір қолшана сырғанап тұр, адам қолына бірер килограмм ғана салмақ түсіреді. Басқалары өз бастарын еркін көтеріп жүрсе сол олжа.

Күн құлақтанып шықты да, солтүстіктен қызыл тұрды. Әйтеуір ол арттан болған соң жаяуларға көп эсер етпеді. Жиырма жетісінің де киімдері тәуір еді. Жоқ дегенінің қоңыр шолақ тоны болатын. Мұндайда нарпостаған қылқара бешпент, шапаның не керек, «тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық». Бастарында қой терісінен, елтіріден, ұлпаннан жасалған тымақ, бөрік, құлақшын. Тек аяқ киім әр түрлі, бірінде етік, енді біреулерінде қалың қылып киізбен ұлтарған киіз етік. Бәрінің белінде белдігі де бар, сонымен бірге қап арқалай қалсақ деп, шылбыр, жіңішке арқандар буынған, оған екі пұт астық сиятын екенше, қапты қыстырып алған. Пысығырақтары етектерінің шалғайын белдіктеріне қыстырып алған. Қасымхан жетегіндегі қолшана үстінде қабына қоса бір шотты да ұңғысынан таңа салыпты. «Арық атқа қамшы ауыр». Ол не үшін керек дегендер де болды.

Жүргіншілер шұбап Күртінің сол қанатындағы жолмен өрге тартып келеді. Қарт Алатау көлбеп сонау алыста жатыр. Қар қалың, күн суық. Қар ұшқындап барып басылды. Күннің көзі бұлыңғырланып көрінеді. Арада үш шақырым жүргенде-ақ Бидас Ботқаев деген жиырмалардағы жігіттің басы бұлғалақтап, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, шамасы бітті. Ол тұра қалды да, сылқ құлап түсті, құлаған қалпында тіл тартпады. Нәрігіп кетті. Шамасы ер жігіт соңғы деміне дейін жүрсе керек. Жүргіндер жолдан шығып, ұйлығып қалды. Оның туысқаны Жаркен інісінің шын өлгенін білген соң «Бауырым-ай, бауырым-ай!» деп екі айтты да, тұншығып құлап түсті. Ол да үзіліп кетіпті. Рас, сұмдық осы болды.

— Қайтайық ауылға,— дескендер болды.

— Жоқ, осы жерге қоямыз,— деді Исахан.

— Күрек жоқ, кетпен жоқ, қалай көмеміз? — деп екі көзі шадырлау сары Бәрменқұл шатынады.

— Жоқ, анау дуалдың түбіне бетін жасырайық. Үйіне апарғанмен оларды көмуге кімнің шамасы келмек?

Екі адамның өлігін шанаға салып, дуалдың қасына жеткіздік.

— Ал қалай қазамыз? — деді Бәрменқұл. Жұрт дағдарыңқырап тұрды. Нақ осы сәтте негрдей қап-қара жігіт Аманбай алға жақындады да, інісі Есенді шақырды:

— Есен көрсетші мыналарға қалай қазуды.— Қаралығы ағасы Аманбайдан айнымайтын Есен аппақ тістері қасқиып, жаңа өсіп келе жатқан сирек мұрты селдіреп ілгері шықты.

— Шотыңды бере тұр. Оған күш жұмсаудың керегі жоқ,— деп ол Қасымхан қолынан шотты алып, от орнындай жердің қарын киіз етігімен теуіп ысырып, тазартты да, жүресінен отыра қалып, тостағандай жердің тоңын ойып алып тастады. Жігіттердің көзі Есенде. Есен басқа жерді қазбады, жаңағы тостағандай ойылған жерді шотпен әрі қарай үңгіді де, тостағандай тесікті аяқтай етіп, мұзын, тоңын түсіріп кеңейтті. Басқалар қарап тұр. Шыдамсыз Қасымхан:

— Ей, бір кісіге қарап басқамыз қарекетсіз тұрамыз ба? — деп быжылдап жүр. Есен енді қоңыр тонының екі етегін тізесіне төсеп, тізерлеп, жаңағы аяқтай жердің ішкі екі жағын шотпен осқылап жатты. Ол әлден уақытта орнынан тұрды да, келеңсіз тұрғандарды «әрі тұрыңдаршы» деп қолымен кейін ысырды. Тонының жеңімен маңдайын сүртті. Керік маңдайы әжімсіз қап-қара болып, тершіп кетіпті: Ол:

— Нұрым ағам осылай істейтін,— деп жаңағы аяқтай жердің төңірегін теуіп-теуіп қалды. Тоң құрт-құрт түсіп кетті.— Ал енді тоңды шығарыңдар да, шотпен қаза беріңдер. Жиырма бес адам әп-сәтте-ақ адам сияр жерді қазып, екі жігіттің өлігін қатар салып көмді. Өздері қайбір ішін қара-қоңыр қойдың еті тесіп, шекесі қызып тұрған адамдар, әйтеуір «көмдік» деп көңілдерін жұбатып, ала арқанға тізіліп әрі қарай жылжыды. Олар көп жүре алмады. Арада бір жарым, екі километрдей жүріп, Байсейіт батырдың бейіті тұрған тұмсыққа келгенше үшеуі тағы бұл дүниемен қоштасты. Керімқұл деген өткен күзде ғана үйленген жігіттің жан тапсыруы қиын болды. Бұл дүниені қимай қиналып жатты:

— Исахан,— деді ол,— құрбы едік қой, Шәрипаға сәлем айт, артық кеткен жерім болса кешірсін, егер ішіндегісін аман тапса, мені ұмытпас. Шіркін кең дүние, осынша тар, осынша қатыгез екеніңді біліппін бе? Егер үйленген соң, үш айдан кейін өлерімді білсем үйленер ме едім. Шарипаға сәл...— Ол аяғын айта алмай үзілді. Бұл үшеуін көму қиындыққа түспеді. Үшеуін Күртінің батыс бетіндегі жардың астындағы дайын қуысқа салып, бетіне жардың үгілмелі топырағын түсірген болдық. Мазасыз Қасымхан моланың жас топырағының үстіне қарды аяғымен ысырып жинап, беліне байлаған сапты аяқпен он шақты рет су әкеліп тапталған қар үстіне септі. Күннің қатты суықтығы сонша, қар үстіне тиген су әп-сәтте анжырланып, көксауырланып қатып қалды. Тағы жиырма шақты сапты аяқ су әкелінді. Енді мола үсті анжырлады. Ең болмаса жыртқыш тісінен тысқары болсын дегендері.

Жігіттерге жаңа үйленген жігіттің өлімі қатты батып кетті. Бәрі малөлденіп, түнеріп, үндеспей қалды. Арқанға тізіліп қалған жиырма екісі кетіп бара жатты.

Арғы бетте Жандосов колхозы, саланың батыс жағындағы жол қырқаны бауырлап жүргендіктен биік еді. 16-ауыл алақандағыдай көрінеді. Бұл жерді Қарасаз деп атайды. Қарасаздан өте Тақырсаз басталады. Биіктен келген жол шуама жардан өткен соң сазға түседі де, өзенді жағалап жүреді. Кейде жолдың осы бір бөлегін қызыл су қаптап, мұз үстіндегі ойдымға дере тұрып, жолды бөгеуші еді. Бұл жолы күн суық болғандықтан өзен қатып қалған, жылымық жоқтықтан қызыл су жүрмепті. Өзен жағалаған жолда су аяқ астында. Қашанда аш кісі шөлдеуік. Қараман су ішпек болып жылымға жақындады.

— Қараман, су ішпе, әлің кетеді,— деп Қасымхан зар қақты. Қараман өзімшілдеу, басқаны жүре тыңдайтын жігіт еді. Ол ала арқанды тастай салып киімімен мұз үстіне жата қалып, бауырын тосты, арғы жақпен ілінуге аз қалған жерге, суға бас қойды. Нақ осы кезде кеудесі жатқан жердің мұзы күрт ойылып түсті де, Қараман мұз астына жылымға басымен жылжып барып, жоқ болды. Қараманның аталары сегіз жүз тоқсан жетінші жылы Шағатай — Маман ауылына Тобықтыдан келіп сіңген болатын. Келген бес үй өсіп, өніп, осы кезде он шақтыға жетіп еді, бірге есіп, біте қайнасып кеткен. Олардың кірмелігін ешкім айтпайтын да, қарттар айтқызбайтын. Егер ондай соз бола қалса ауыл ақсақалдары тетірлерді «кірме» атанып жәбірленушінің аяғына жығатын. Солардан да төрт жігіт бұл қосынға қосылған. Соның бірі Қараман көпе-көрінеу суға кетті. «Ой, бауырым» салған оның жақын інісі Жүкен Қараманды құтқарамын деп жүгірген бойымен екпінін тоқтата алмай жылымға түсіп кетті. Аш адамның өз тегенін тоқтатуға шамасы болмады. Қарап тұрып екі жігіттен айырылған жиырма ұйлығып біраз тұрып қайта жылжыды.

Шаңқай түс болды. Күннің көзі бір көрініп қайта бұлт басып алды. Тас жолға да жақын қалды. Ол жолда жүргінші көп, енді шығындар болса, бетін жасыру қиын болмас десті келе жатқандар. Енді өлімді бәрі де ашық мойындағандай еді. Жиренбай деген жігіттің ауызы тынбай сөйлейді. Ол Исаханның да, Қасымханның да: «Көп сөйлеме күшің кетеді»,— дегеніне қарамады.

— Егер,— деді ол жүріп келе жатып,— мен өліп кетсем менің кәрі әке-шешем қалай күн көрер екен. Біреуінің көзі жоқ, біреуінің аяғы жоқ. Мен жалғыз ұлы едім. Алмалы-Долаңқарада тігулі үйіміз, ішінде бес қап бидай, бір қамба арпасымен қалып еді. Егер осыдан аман қайтар болсам екі кәрімді сол жерге қайта жеткізсем. Тамның төріндегі ұрада да үш-төрт қап бидай қалып еді. Енді бір дәнге зар болып келе жатқанымыз мынау. Есік алдында он бес түп алма ағаш, екі жүз түп тал, қара ағаш кесусіз тіке қалып еді. Талдың берегінен осы жаққа көшер көктемде өзім жүз қазық қағып едім.

— Қазық қаққаның қалай? — деді жылымға кетіп өлген Қараманның туысқаны Қалтай. Жиренбай соны білмейтін неткен жансың дегендей оған алая бір қарап алып, оған байыппен түсіндірді:

— Үш құлаш талдың берегін алсаң онда он — он бес бүртік болады. Сол беректі әр бүртік сайын бөліп кесу керек. Әрине қаламдап кесесің. Сонан соң жаңағы бүртікті жер бетіне қалдырып оны ойлауыт, су жиналар ойдымға қазық қылып қағасың. Бір бүршігі қалса болды, ол жер бетіне ағаш болып көктейді. Теректің бостаны, талдың берегі тамырсыз-ақ өсе береді, жерде аздап ылғал болса жетеді. Ағаш өсірудің одан басқа да тәсілі бар. Мысалы он құлаштай жерге арық-атыз қазып, үш-төрт құлаштық теректің берегін көміп тастасаң ол да көктей береді. Егер қаласаң өніп шыққан соң арасын қиып-қиып жіберіп, басқа жерге көшет етіп отырғызуға болады. Түсіндің бе?

— Түсіндім,— деді анау. Аш адам түсіне беруші ме еді. Бір күн тамақ ішпегеннен қырық күн ақыл сұрама!

— Осыдан тірі қайтсам үйленіп бас қусыруды да ойлар едім. Әке-шешем де мазамды алып жүр.

— Жиренбай, сөзді қой шаршап қаласың,— деді Қасымхан.

— Қасымхан аға, өлсем де сөйлеп өлейін де. Құдай тілді сөйлесін деп берді ғой. Ойласын деп діл берді, сөйлесін деп тіл берді. Көрер қызығың, жасар уақытың біткен соң қылтылдаған қызыл тіл де пышақ кескендей тыйылады екен ғой.

Жаралы аюдай қар үстінде ілбіген жиырма тас жолға тие тұрған Балпық сіләніне келгенде азырақ дем алып, тізе бүкпек болды.

Азырақ дем алсақ, мына үйлер қарасу қайнатып берер ме екен? деп Исахан артта доп-домалақ болып қолшананы сүйретіп келе жатқан қортиған Қасымханға қарады.

— Не болса да кірелік,— деді Қасымхан.

Үй есік алды дуалмен қоршалған, үйге кірер сыртқы есігіне жылы болсын деп киіз жамаған, әжептәуір шаруаның үйі болса керек-ті. Сыртқы есік ашық екен.

— Ассалаумагалойкөм! — деп амандаса алдымен Қасымхан кірді. Үйден жауап болмады. Ауыз үйде балшықтан жасаған қазан пеш бар екен. Оның үстінде кәдімгі он екі қарыс тайқазан орнатулы тұр. Есік алдында жиюлы отын да жатыр. Әрине, үйдегі отын құрғақ. Жағуға оңай болсын деп үйге кіргізіп қойған. Тіпті күз басында кесіп дайындаған болуы керек, келтелеп, арамен бірдей аралап жинаған шөркелер де бір шама. Иелері түпкі үйде болар десті, бұлар. Үй иелерін әурелемей-ақ осы ауыз үйден су қайнатып ішіп кетейік деп келісті Исахан мен Қасымхан.

Исахан темекі тартады да, Қасымхан шылым түтінін көтере алмайтын. Мұндай ит көзі түтін танымас заманда сіріңке қайда, Исахан кестелі темекі дорбасын алып, газет қағазына махорка орай бастайды. Тұрған шелекпен даладан қазанға бірнеше шелек қар салып үлгірген Қасымхан Исаханның темекі тұтатуын күтеді.

Жиырма адам ауыз үйге кіре қисая кетеді. Исахан бір дорбадағы қудан алып, үстіне шақпақ шаға бастайды. Шақпақ тас осы Күрті өзенінің кез келген жерінен табылады. Тасқа шағар темір кәдімгі шоп шабатын машина шалғысының жарты жүзі. Қу кәдімгі сиырқұйрық қоңыр қурайдың бүрі, соны қуырып, кептіріп дорбаға салып алады. Исахан қуды дорба үстіне жайып, тасты темірмен ұрғыштап біршамада от алдырып, темекісін тұтатты. Сонан соң темекіні жалпылдақ отынға тигізіп от тұтатты. Қасымхан отты дүркіретіп жағып, суды қайната бастады. Ауыз үйімізге кірген кім деп түпкі бөлмеден ешкім шықпады. Су қайнаған кезде осы қазан пештің үстіндегі екі тостаған, екі-үш кесе, бір-екі табақ пайдаланылды. Жұрт су құйғызып ала бергенде:

— Қане, кімнің қандай тамағы бар, ортаға салыңдар! — деді Исахан. Жуғарақпанда ешкім үндей қоймады деп Шұнақ әңгімені өз атынан баяндап кетті:

— Miнe, менде бір күлше нан бар,— деді Қасымхан.— Жігіттердің аш көздері күлшені тесіп кетті.

— Менде бір шілдің піскен еті бар,— деді Исахан. Ол үнемі тұзақ құрып шіл ұстайтынын жігіттер білуші еді.

— Есен екеумізде екі кесе талқан бар,— деді Аманбай. Ол да талқанды алып, жердегі Қасымханның белбеуінің үстіне қойды. Әркім өзінде бар тістеуге келетін, тамақтан өтетін нәрсесінің бәрін ортаға салды. Он кісіден ештеме шықпады. Оның біреуі бағана ауызы тынбан сөйлеп келе жатқан Жиренбай еді.

— Қасымхан аға, тілімді тістеп қалғалы үш күн болды. Нәр татқан жоқпын. Қырман суырып алған қос уыс бидайды әке-шешеме тастап кеттім.— Әрине, мұны отырғандардың көбі-ақ ұнатпай қалды. Бірақ дымдары ішінде. Лөкиген Оман деген жігіт бірдемесі бар екенін білдірді, бірақ қипақтап отырды. Сәлден кейін маңдайы тершіп:

— Менде бір құйқа бар еді. Шығаруға ұялып отырмын,— деді.

— Ол не құйқа? Шығар, ұялатын немене қайныңа ұрын келіп отыр ма едің,— деп Қасымхан жанын қоймады. Шынымен қос алақандай піскен құйқа. Оны көргендердің бәрі де бұдан неге ұялады екен деп қалысты. Өтен деген жігіт ешкімге түсі таныс емес тамақ шығарды. Кәдімгі жаңа иленген, пайдаланбаған қайыс, отқа көміп пісірген. Шет-шеті сарғайып, күйіңкіреп қалған, піспеген екі құлаштай тізгіндік қайысты да шығарды. Оны да Қасымхан белбеуінің үстіне қойды.

— Менде де бірдеме бар еді, басқаларың жемейсіңдер ғой,— деп Бәрменқұл көзі шақшиып әркімге қарады.

— Шығар бері, не болса да, бүгін тамақтан өткеннің бәрі тамақ,— деп Исахан болмады. Бәрменқұл дорбадан көкпеңбек, жартылай қоңырқай уақ шөп шығарды. Бұл жоңышқаның ұрығы екен. Қуырғандықтан азырақ қоңырқай тартқан.

Алдымен желінген Қасымхан әкелген күлше еді. Күлше арпа ұнынан істелген екен. Сындыруға, бәкімен кесуге келмеді. Шотпен шауып жиырма бөлек жасалды. Оның бөліктері жан-жаққа ұшып кетпесін деп үстіне, жан-жағына белбеу ұсталып қойды. Сонан соң Исахан оны теңдей етіп, теңгерді. Бірінен сындырып, біріне қосты. Исахан тағы бір өнер шығарды. Есік жақта отырған Есенге:

— Есен, теріс қара! — деді. Есен есікке қарап кеңкейіп қалды. Ол жиырма бөлек қатқан күлшенің бір бөлегін ұстап:

— Мынау кімге? — деді. — Аманбайға,— деді Есен ағасы аузына бұрын түсіп. Исахан қолындағы кішкентай нан сынығын Аманбайға ұсынды, ол басқалардан бұрын алуға ұялды.

— Мен бәрінің атасы ма едім, бұрын жейтін,— деді.

— Ал, бол! — деп зекіді жасы кіші болса да Исахан. Басқалар Аманбайға қызғана да, қызыға да қарап қалып еді.

— Мынау кімге? — деген Исахан дауысы олардың көңілін тағы бөліп жіберді. Дегенмен қолына алған нан сынығын тісіне салып, түнде бірдемені кемірген тышқанша тықырлатқан Аманбайға бәрі тағы көзін сатып қалды.

— Жиренбайға! — деді теріс қарап отырған Есен. Есік жаққа таман отырған Жиренбай нанның бір үзімі (үзімі деуге келмейді, өйткені шотпен шауып бөлді ғой) тие ме, жоқ па дегендей көзі алақ-жұлақ етіп, Исаханға қарай ұмтыла түсті. Исахан өзі қатарлы жігіттің сонша ашкөзденуінен сескеніңкіреп барып, бетіне тесіле қарап, қолын созды. Күлшенің жиырмадан бір бөлігі тиген Жиренбай бес жасар баланың алақанындай нанды одан қайтадан біреу тартып қоятындай, екі алақанын бүрістіріп, ортасына тығып алды. Қарыш дегізіп күрек тісті салып жіберіп еді, қатып қалған арпа нан оған бой берер болмады. Ол осыған жеткенім рас ма, өтірік ме дегендей, нанды уысына тығып, екі көзі орнында і ұрмай, телмеңдеп кетті. Қырт дегізді. Шамасы шетінен титімдей тістемін бөліп алған болуы керек. Япыр-ай деп ойлады Қасымхан жаңа ғана мынау тіпті ішкені алдында, ішпегені артында, ішіп мас, жеп тоқ адамдардай-ақ байыппен сөйлеп келе жатыр еді ғой, неге байқұс баланың осынша дегбірі кетті деп ойлады. Ол амыл-құпыл шайнады, қашырлатып тұрып қажады, тісі нанды бірде сындырып, бірде сындыра алмай әлек болып отырды.

— Кімге? — деген Исахан дауысы қайта-қайта естіліп жатты. Есен қара креммен майлап, тазалағышпен ысып, барқытпен сипап қойғандай жалтырап, тісі ақсиып жауап айтып отырды. Нан, қатып-семіп қалған арпа нан үлестіріліп болды. Бәрі де қытырлатып, алдарындағы ыстық суға матырып, нанды тістелеп жатты. Арпа ұнынан пісірілген бұл нан тұрып қалған нан емес-ті. Оны бүгін пісіріп қойсаң да үш-төрт сағатта-ақ ағаштай қатып қалады. Керісінше жүгері наны басы зорға бірігіп піседі де, бас бармақ тырнағындай болып, торғай бастанып бөлініп, сынып түседі. Ал тары нанын айтпаңыз. Ол уатылып талқан болып кетуге даяр тұрады, өзі ащы болады. Бірақ ащы болса да жер еді, оны кім беріп жатыр деп ойлады, Исахан.— Енді Шұнақ біресе өз атынан, біресе әңгімені Исахан атынан араластырып айтты.

Ендігі кезек жұдырықтай шілдікі еді. Шілдің жұдырықтай еті де теңдей етіп жиырмаға бөлінді. Екі саны екіге, қанаты екіге, төс еті төртке... Осылай жиырма бөлек. Оған ауыз жарыған жоқ, әйтеуір епшіге тигенін тісіне басып, ауыздарының дәмін алды. Шіл семіз екен. Бірақ не керек, таңдайлар тақылдап, бармақтар сорылып қалды.

Кезек екі кесе талқанға келіп бұл да жиырма адамға бір уыстан бөлінді. Оны Жиренбай қақалып-шашалып, сумен ұрттап тез жұтты.

Қасымхан қос алақандай құйқаны алып, қандай құйқа дегендей айналдырып қарай бастады. Дорбаларынан ештеме шықпаған он адам Қасымханға қатты көзін сатып, осы бізге бермей қоя ма дегендей үңіреңдеп кетті. Ақыры Қасымхан тіл қатты:

— Оман мынау құйқаңның не екенін біле алмай отырмын? Бұл неден, қалай піскен құйқа? Не қайнатқан емес, не қуырған емес.— Арғы жағына нәр барған жігіттер басын көтергендей болды. Оман ішіп отырған ыстық суын жерге қоя салып құйқа тарихын айта бастады. Ол жұтқынып, тамағындағы бұдырмағын адыраң еткізді. Тамағындағы бұдырмақ тамақ сұрап тұрғандай бұл сөйлеген сайын жоғары-төмен жүгіре түсті.

— Бір күні даладан келсем,— деді Оман,— балаларым шу-шу етіп, бірдемеге таласа-тармаса бас қойып жатыр. Бұлардың қаужаңдап отырғаны не екенін біле алмай таңданып тұрдым. Аш балалар үстінде менің тұрғаныма қарайтын емес, әрқайсысы етектей бірдеменің шетінен кесіп алып, малжаңдап шайнайды. Кәдімгідей ауыздарының дәмін алғанын байқадым. Аңлап қарасам әлгі Желдіаяқ деген итіміз суық күзде бір орқоянды қағып, үйге тістеп келген болатын. Сонан соң қоянның терісін сыпырып, тұздап қоя салғанмын да, әлігі қоянның аппақ етін қосуыс тары салып бөкпен қылып жеген едік.

— Ту, мынау адамның іші шұрылдап тамақ сұрап тұрғанда өткен жылы желінген тары бөкпенді айтып ауызымның суын құртты-ау,— деп қашаннан қалжыңбас Қасымхан отырғандарды бір езу тартқызды. Тамақ тоқта қарқылдап тұрып дауыс қосып күлетін сөзге жігіттер езу тартқан болды, әлде күлуге шамасы келмей ыржиды. Жылымшы ғана ыржию.

— Сонымен,— деді өліп жатқанды күлдіретін Қасымхан.

— Сонымен,— деді сөзге сараң Оман,— әлгі қоянның терісі екен. Кенже ұлыма құлақшын істемек қоян ұлпаның үлкен ұлым байқамай ортада қазақ үйде маздап жанып жатқан от үстіне түсіріп алыпты. Жүні үйтілген теріден май шығып тұрғанын байқай қойыпты. Ақыры жүнінің біразы үйтіліп кетті ғой дейді де, қоян терісін қақтап, пісіреді. Отқа қақталған теріден кәдімгі төстік пісіргендей иіс шығады. Кәуап иісі бұрқырайды. Терінің отқа жақындаған, піскен жерінен май тамып кетіп, пыш ете түсіп, лап етеді. Бала теріде нәр бар екенін аңғарады. Сөйтіп әбден пісіріп балаларға кесіп беріп отырғанда мен келіппін. Мен де кесіп алып жегі көрсем, түз сіңген тері, кәдімгі төстік тәріздес. Сонан соң тері іздей бастадық. Күзден бергі қорегіміз осындай терілер. Ал мынау күзде бір құдамыз бір жақтан бір қара қой сатып алып, біздің үйге сойып, терісін тастап, етін алып кетіп еді. Соның терісі. Бұл семіз қойдың терісі жақсы төстік болды. Мен мұны үйтіп, суға қайнатқанша деп, кәдімгі төстік етіп пісіріп едім. Дәмді болды. Екі күннен бері балаларым осымен күн көріп жатыр.

Тері-төстікті Қасымхан тағы жиырмаға бөлді. Құйқа әркімге үш елідейден тиді. Бұл көп болса дәмсіз болар ма еді, тіпті жаңағы шілдің бір шайнам етінен артық болмаса кем болмады, дейді Исахан,— деп Шұнақ енді өз жанынан сөз қоса сөйледі. — Інім дүние жүзінде тамақты ең дәмді жасайтын елдің бірі Қытай. Олар он жыл жатқан өгіз тулағынан тамақ жасап бергенде ешкім оны байқамай, оның дәмділігіне таң қалады екен. «Жоқшылықта жеген құйқаның баршылықта ауыздан дәмі кетпес» деп қазақ тәжірибесінен, осындай бір таршылық-тақыршылықта көрген-түйгенінен болар. Сөйтіп бұлар да құйқаны пышақ ұшынан үлескен.

— Арманды жері деді Исахан, деп Шұнақ шал бір күрсініп алды. — Төстіктері Жиренбайға бұйырмады. Мынау кімге дегенде деп Неон айтқанда одан дыбыс шықпай қалды.

— Жиренбай, Жиренбай!—деп Қасымхан дабыстады. Жиренбай жүріп кетіпті. Аш өзегіне түсіп кетті депті ол тағы да. Жиренбайды көмуге дайындалғанда оған қоса тағы үш жігіт дыбыс бермеді. Бәрі де ыңқ етпей кетті. Қайран ерлер соңғы деміне дейін түк білгізбеді. Олардың бетін жасыру қиын болмады. Еру елдің кетпен-күрегін, балта-шотын алып, әлгі су қайнатып ішкен үйіміздің түстік жақтағы дуалының күнгей бетіне төрт жігітті көмдік.

Үйге сырт киімдерімізді алуға қайта кірдім деді Исахан. Басымды сұға кетейінші деп төргі үйдің есігін аштым. Үйдің іші жайнап тұр десе де болады. Бәрі бар. Адамы жоқ, қаңғып кеткен. Үй қақырап бос қалған. Тіршілікте таласа-тармаса жинаған дүние тұл болып, көрге бірге түспей әлде иесімен еріп кетпей жайнаған күйінше қалған.

Ең сұмдығы тас жолға шыққанда болды деді Исахан. Айнала аппақ қар. Қарлы жолдың үстінде ісініп-қабынған, ыңырсыған, құлап, жылап жатқан, көздері аларған, қу сүйегі қалған, көздерінің оты өшкен адамдар. Жол үстінде бір жас әйел өліп жатыр, оның кеудесіне жармасқан сәби қатып қалған. Баланың ауызы қан... Балажанды Қасымхан бөбекті көтеріп алып, өліп қалғанын көрген соң жылап «көрмесем еді, мұны» деп жерге қоя салды. Бәріміз де қан жыладық, қатты күңірендік. Жансыз қысқы қатыгез далада баланы қалдыру тіпті қиын болды... Өзіміз де екі-үш жігітті жол жағасына қармен ғана бетін бүркей алдық. Бізде де шама қалмады. Ұзынағашқа кіре берісте үшеуі тағы қалды. Күн батып кеткендіктен шанаға салып сүйреп, өліп жатқан өліктерге қостық. Ұзынағаштағылардың айтуынша оларды біраздан соң жинап алып кетеді.

Ауаткомға он біріміз жеттік, деді Исахан. Он бірдің бірі нақ Сағатовтың алдында қайтты. Тіпті Сағатовтың алдына кірерде салдырлап сөйлеп кірген еді, отыра беріп құлап түсті. Оған бір тостаған көже, бір үзім нан беріліп еді, іше де, жей де алмады, мәлінен өтіп кетіпті. «Қош жалғызым, Мұрат!» деді Екі ағайынды жігіт еді. Інісін айтты. Сөйтіп Жұрат дүние салды. Осы жерде тағы бірі қисайды. Берім деген төменгі қамаудағы елден сіңген жігіт еді. Оны біздің көзімізше көшеден тиелген көп өліктің үстіне салды.

Екі пұт қауызды тарының қағазын әрқайсысымызды тергеп-тексеріп жатып зорға берді, қағазды көз байланғанда алдық. Бірақ қағаз қолына бұрын тиген бесеу бізге қарамай Қарақыстаққа түнделетіп тартыпты. Оларды есік алдынан таба алмай қалдық.

Қалғанымыз ертеңіне таң қараңғысымен тұрып жолға шықтық. Бір тәуірі әйтеуір жол тақ-тақ, таптаурын болған. Ол кезде машина жүрмегендіктен жол тайғақ та емес, жүруге жеңіл. Бесеуміз келе жатырмыз. Үшеуміздің жетегімізде шана. Шықпаған жаннан үміткерміз. Анау түнгі кеткен бесеуді де астығын осы қолшаналарға тиеп аламыз деп ойлаймыз Бірақ олай болмады.

Жол бойы өлік. Көзіміз үйреніп болдық, етіміз де өліп кетті десек те болады. Далалық жердегі қар үрлеген жолды қарайып бірде жотасы, бірде басы, немесе денесінің он екі мүшесінің бірі көрініп жатқан өліктермен айырып, бағытымызды айқындап отырдық. Бір кезде артта келе жатқан Қасымхан алдағыларға:

— Ей, тоқтаңдар. Анау жатқан Қарбас қой,— деді. Бәріміз де кідіріп, Қасымхан нұсқаған өлікке қарадық. Қаракөтермеге жақындап қалғанбыз. Оның шығыс жағындағы беткейде Қарбастың денесі жатыр. Соншалықты қолайсыз болса да айтайын, денесінде сау тамтық жоқ. Үстіндегі қоңыр дұқаба барқытпен қысталған суыр ішігінен, сондаймен тысталған дөңгелек әдемі суыр бөркінен таныдық. Суыр бөрік домалап жол үстінде қалыпты. Ішік шұрық тесік, берен бешпенттің сау жері қалмаған. Дүниенің кең кезінде бір атқа бермейтін суыр ішік бір тілім нан болмағандықтан далада сутегін қалды.

— Бөркін алып балаларына берелік,— деп едім дейді Исахан, Қасымхан алдырмады. Өз басыңды жеткізіп алсаңшы деп болмады. Оның денесінің тамтық-тозын жинап көметін бізде қауқар болмады. Одан өте беріп тағы екеуінің өлігін таныдық. Оларды да киімінен. Несін жасырайын денесінің несі бар, несі жоқ дейтін емес. Өйткені дал-дал киім, қар үсті қып-қызыл қан, бірінің жеңі жұлынып бөлек жатыр, ішінде қол жоқ, қол денесінде де болмады, быт-шыт. Есіл ерлер көмусіз қалды. Біз аштықтан аяғымызды зорға көтеріп келе жаттық. Ілбіп, қалжырап Қарақыстаққа зорға жеттік.

Түс әлеті. Түскейде аспан көздеген Қанай биігінің ұшы жебенің масағындай шаншылады. Алатау қашанда асқақ, қай кезде де заңғар, тәкәппар. Қойнымдағы бар ырысым-суымды беріп сендерді миллиондаған жылдар бойы асырап келе жатыр емеспін бе, адам баласы өздерің ала болып, кереге басы сайын пәле болып, жастарың жетпей қыршындарыңнан қиылып жатқан өздерің емеспісіңдер дегендей шекесінен қарайды.

Қойма есігі алдында кеше кеткен бесеудің екеуі қалғып отыр. Оларды көріп аз да болса шүкіршілік еттік.

Қойманың кілтшісі Николаев екі көзі тұздай, сап-сары майда шашы құлақшынынан шығып кеткен, істік мұрын орыс жігіті екен. Ауатком төрағасы Сағатовқа кіруден Николаевқа жолығу әлдеқайда қиын болды. Әлгі біздің екі жігіт, оған сөзін өткізе алмай шаршап отырғаны екен. Николаев мұрнынан есекқұрт түсіп, бізбен жүре сөйлесіп, мойнын толғап қойып, паңданып жауап бермейді. Біз жанына барып едік, ол әрі қарай кете бастады. Қасымхан оны иығынан ұстай алды. Өзінің емшегінен ғана келген Қасымханды ол қағып жібермек еді, тастай қатты, домаланған ол сорайып тұрған Николаевты тырп деуге шамасын келтірмеді.

— Оқы мына қағазды,— деді Қасымхан.

— Қағазын болса кайтед, ондай кагазд жуз киси әкелед,— деп қисайып болмады. Бәріміз жалынып, ағынып жатырмыз. Барлығымыз «батырекелеп» тұрмыз. Мұнда бізден басқа ауылдардан келгендер де көп. Сенделіп отыр. Жасы жетпісті еңсеріп қалған кәрі кісілер де жалбарды. Тіпті бірінің сақалынан алты тарам болып жасы ағып тұр. Николаев тіпті болар емес, міз бақпайды.

— Ей, әкеңнің егіп алған астығын бергелі тұрған жоқсың ғой, өкіметтікі ғой,— деп байланыса кетті Қасымхан шалыс сөйлеп. Николаев күнде ағылып келіп жатқан момын, әрі-беріден соң ағынып-жалыпатын, не «қой болмас» деп, қудың жағы болды деп құдайын айыптап кетіп қалатын момындарды әбден басынып алса керек-ті.

— Ей,— деді Қасымхан,— жиырма жеті адам едік, содан он тоғызымыз өліп, сегізіміз ғана аман келіп тұрмыз. Үйімізге қаншамыздың тірі жететінімізді бір құдай ғана біледі. Қой қиқақты. Босат, астықты! — Өзі Николаевтың жағасынан алып, жіберер емес. Анау тыртысып көріп еді, Қасымханды қозғалта алмады.

— Өлсең өл, онда менің жұмысым не,— деді Николаев.

— Ендеше, мә, сен де ол! — деп Қасымхан Николаевты құлақ-шекеден қойып-ақ жібергені. Еркінсіп, тіл білмейтін қазақтарды басынып алған Николаев ұрады деген ойда жоқ, бос тұрады ғой, ұшып түсті. Қап, бәрін мына Қасымхан бүлдірді-ау, енді шын өлетін болдық-ау деп мен тұрдым. Николаев тұра бергенде Қасымхан тағы ұрмақ болып жұдырық ала жүгірді. Алғашқы жұдырықтан беті қайтып, жүні жығылып қалған Николаев орнынан тұрып қамбаның ауызын ашты, астық алуға мұрсат берді. Қасымханды біз ұстап қалдық. Сөйтіп бәріміз астықты қаптап алдық. Қаптағандағымыз екі пұт қой. Қасымхан басқа ауылдықтарға да олжа салды.

Қасымхан Қосбасаров аздаған ақындығы бар, аласа бойлы, доп-домалақ, шымыр жаралған қазақ болатын, інім,— деді Шұнақ шал. Ол қазір анау Ұзынағашта тұрады. Бір аяғына жара түсіп, қағынып кетіп, соны кескізіп ақсақ болып қалды. Өте көңілді, расы-өтірігі бар, мақтан-дардаңы бар жұртты күлкіге бөлейтін, тамашасы мол, қонақжай, ұрма-берме жігіт еді. Соның салған бір жұдырығы біраз адамға олжа салып, аз да болса нәпақа қылар тары арқалап қайтады. Міне, көрдің бе, інім, егер Қасымхан сол күні Николаевтың шекесінен жұдырықты қондырып жібермегенде, оның тетірлігі болмағанда Қарақыстаққа барған бар қазақ бос қайтатын еді, не қаңғып өледі, Николаев бастаған дау бұлай оңай бітпейтін де еді. Әйтпесе, інім, Сағатов, Саттаровтың ауызына қарап отырғанша осындай қиын-қыстау кезде қамбашыны бақылайтын адам қоймас болар ма? Ол кездегі қазақтардың бәрі істің жөнін біле беретін адам емес, одан қашып, бұдан қашып, жаманшылықпен көзін ашып, қуғын-сүргін көріп, ішіне пәле тоқып үйренген адамдар емес еді. Көбі-ақ не айтсаң соған сенетін, басын кесіп алам десең өздері бір ауыз өтірік айтпайтын, марғауға жұмсасаң сен отқа итереді деп ойламай жүре беретін қарашылар болатын. Айналайын десең өзіңнен пәруана болар аңқылдаған, ақ көкірек, жаны жадыра, дық-кек сақтамайтын, жібек орамал кепкенше көңіліндегі мәлөлдік тегіс ада болар адамдар еді.

— Сонан соң Исахан былай дер еді,— деп Шұнақ қалған сегізді әңгімелеп кетті. — Ірепдел сегізіміз екі пұттан тарыны өлшетіп алып, қауызды тарыны шикідей бір-бір уыстап ауызымызға құйдық. Кебекті шикі тары түгіл, ақтаған шикі тарыны жемейтін есіл көзелдер енді ауызына қауызды тары тигенде топан жеген танадай пысылдап, төбелері көкке тигендей болды. Бәрі де томпаңдап, қомпаңдап қалды.

— Обан көп бебге бомады,— дейді Қасымхан ауызы толған тарыдан «одан көп жеуге болмайды» дегенді бұзып айтып.— Ітеріңді адап кетеді.— Іштеріңді айдап кетеді дегені. Лайсаңдық, баршылықта қолына ұстағанмен ауызына қауызды тарыны салып көрмеген жігіттер бір-екі уыс тарыдан бір мытым қуат алып қайта жолға шықты. Енді Ұзынағаш айналып жүрмей қыс та, қар да болса Көкөзектетіп, Төңірекқұршындатып Ақсеңгірге тура тарттық.

Екі пұт тары төрт еннен тігілген қаптың түбінде ғана жатты. Екенше екеу-ақ екен. Үш қол шанаға бөліп барлық қап артылып, іжелген арқанмен, жіппен әбден шандып тасталды. Жігіттер әжептәуір күш алып, жанданып қалды. Шамасы іштеріне мәз ештеме түспегенімен «бар ғой» деп, қаптың түбіндегі қауызды тарыны дәтке қуат қылып, содан күш алғандай.

Жол Көкөзектегі Каганович, Төңірекқұршындағы қазіргі Куйбышев колхозын басып өтеді. Куйбышев колхозы ол кезде Рыков атында еді. Сол Рыков колхозына жеткенше жол тақ-тақ жақсы болды да, одан өткен соң жалғыз аяқтап барып, төмен Құтырғанға таялғанда қалдық. Әрине, қолшанадағы астық соншалықты ауыр емес, екеуінде тоқсан алты килограммнан да, бір шанада қырық сегіз килограмм. Бұл зуылдап тұрған қолшана адамға пәлендей салмақ түсірмейді, сонда да ішінде тамақ жоқ, аш-арыққа «арық атқа қамшы ауыр» болып келеді. Құтырғанға еңкейген соң жол бітеліп, жалпақ тізеден қар кешіп, малтығып қалдық. Өзіміз көнімізді зорға сүйреп келе жатсақ Қасымхан сөйлемес жерде сөйлеп, болдырған бізді күлкіге көмді. Ол бәрімізден мықты. Біздің тіземізден келген қар оның қара санынан болады. Сонда да ол сөйлеп келеді.

— Ей,— дейді ол,— кешегілердің өлген өлімі жақсы-ей. Бәрі киімімен көмілді ғой. Егер ел тоғайып, біз сонан соң өлсек киім қайда, әлгі дәке кигізіп құртады-ау, бізді. Исламның құлы боламыз ғой. Сөйтіп қара жерге тастай салады-ау! — Ал енді бұған күлмеуге бола ма. Болдырып, қалжырап келе жатқан бізге бұл күлкі ауыр жүк. Дегенмен кешегіден көңіліміз көтеріңкі. Төңірекқұршынның бір құлақ суы жып-жылмағай қатып қалыпты. Әр жерден көрінген су көздерінен шыққан сызашық он шақты қадам өтпей-ақ қатып қалыпты. Ол бізге көп қиындық туғызбады, қайта шана табаны жеңіліп қалды.

Сегізіміз жолсызбен қарға малтығып келіп, Күрті жағалаған жолға түскенімізде шанадағы жүк түсіп қалғандай сезіндік. Жол Құтырған саласының Күрті өзеніне құйған жеріне тоғысқанда жолаушылар қар үстіне отырып, тізе бүгіп, дем алдық. Қыстың тоқты тоймас, шөміш кеппес күні еңкейіп, Қызылсоқ қырқаларына таялып барып та қалды. Бет алдымыз — терістік. Одан соққан ызгырық-қызыл жалап барады. Бірақ қаптағы екі пұт тары оны бізге сездірер емес. Бәріміз санатқа қосылып қалғандаймыз.

Солтүстіктен соққан сары аяз жалап тұр. Оның үстіне екі өзеннің арасында, құйылыста суық ерекше. Киіміміз жылы борақтай.— Борақтай демекші, інім, борақты білетін бе едің? — деп Шұнақ Исаханның әңгімесін доғара салып сөз төркінін қуалап кетті. Ол сол ойланып отырды.— Мына сендер қазақ тілін ұмытып барасыңдар. Сен істейтін газеттің тілі сіресіп тұрады. Көңіліңе келсе де айтайын, інім, газеттеріңнің тілін аударма мақалалар жүдетіп барады. Борақты білмейтініңді де білемін. Борақ деп борсықтың төбетін айтады. Борсық ұрғашысы. Ұра берсең семіре береді дейтін борсық ұрғашысы болғанда еркегінің қалыңдығы қандай болатыны белгілі емес пе? Қаяусыз түкті тонды қазақ бұрын борақ терісінен тіккен. Қасқыр ішік жасағанда да қазақ шулан терісін алмайды, бір өңкей арлан терісінен сұрыптайды. Ал шулан, бөлтірік терісін келін-кепшік төсенетін бөстек жасайды. Міне, борақтай тон дегені — «қалың» мағынасын береді. Қой, күн кешкіріп барады. Исахан әңгімесін тауысайын.

Сонымен дейді Исахан екі өзеннің құйылысында, яғни Құтырғанның Күртіге құйған жерінде дем, алып енді түрегелгенімізде, бәрімізден пысық Қасымхан дыбыс бермейді. Әрі-бері тербетіп, жұлқылаймыз дыбыс жоқ. Менің есім кетті. Бақырып қоя бердім:

— Ойбой, қайран бауырым Қасымхан. Сені жолға көміп Жаңылға не бетімді айтып барамын. Қайран салқамым-ай! Тантық басым бағанадан бері сенің өлетініңді қалай білмей қара басқан, мені! Алда қайраным-ай! Көрпілдес, көңілшегім-ай, жүзім жарық болмай, сарық болып баратын болдым-ау. Ұшанда қаласың-ау! Сен барда төрт құбылам мүкаммал, түгел еді-ау! Серлеп жүріп, жерлеп қайтатын болдым-ау, жер болып қайтатын болдым-ау! Лайсаңдық, баршылықта өлмей таршылықта өлдің-ау. Бұл дүниеден жамшылап ұштың-ау. Өстіп мен жылап жүрсем екінші жақтан Бәрменқұл ойбайын салсын. Екеуміз Күрті мен Құтырған арасын азан-қазан қылдық. Басқа жігіттер жар жағалап Қасымханды көметін қуыс іздеп кетті. Бәрменқұл да өз ойын айтып жүр.

— Ой, асылдан ұшқан қаяудай қарағым-ай, жебедей кірістен шығып кеттің-ау. Ойбай-ай!.. Қайран бауырым-ай! — Дегенмен Қасымханды өлді дегім келмей жылағанымды қоя салып тағы да басын көтермек болдым. Былқ-сылқ. Оң қолының саусағынан ұстап көтере беріп түсіріп алдым. Салқ ете түсті. Шынымен кетті ме деп тағы деміне құлақ тіктім. Түк естілмейді. Қайдан естисің мына жақта Бәрменқұл: «қарланбай арланған, қарағым-ай, жанымдағы жарағым-ай, қарағым-ай!» деп жер көшіріп жүр. Қойнына қолымды салсам жып-жылы сияқты, денесі суымаған.

— Қасымхан, Қасымхан, ау деші,— деп аузымнан сөз бен жалын бірдей шыққанын өзім де байқамай қалдым. Енді шын жыладым. Біржола бұл дүниемен қош айтысқан екен-ау деп қоямын. Бәрменқұл жылағанын қоя салып:

— Көмбейміз, мен өзім шанаға салып сүйреп ауылға апарып қоямын,— деп көзі тағы шақшиды. Ішімнен көбе киген батырдай, бұздай кілшейтіп, серейтіп, қатырып апаратын болдық-ау деп қоямын.

Қасымхан өледі деген ешкімнің есіне келмеген. Қайта тығылып, бір нәрсеге тұмсығы тіреліп қалған шаналарды осы Қасымхан шығарысып, ара-арасында күлдіріп, тілін екі күрек тісіне тірей салып ысқырады, ол кезде оң қолының сұқ саусағымен оң жақ ұртын қағып, ысқырық даусын не қилы қылып шығарар еді.

— Өстіп тоқтуалақтың балапанын шақырып, ұстап алатын едік, — деп қоятын. Кейде мақтаныңқырап, артығырақ кетіп, әдейі ұрттың күлуі үшін масқарапазша неше түрлі кейіпке түсетін. Сонан соң "ш" әрпімен ежелеп сөйлеп кететін. Оны көбінесе екеумізден басқа адам түсіне алмай қалатын. Бұл Қасымхан екеуміздің бала күннен әптиек оқып, сауат ашқаннан бергі әдетіміз еді. Енді міне сол ойнақы мінез Қасымхан ағам, бірге өсіп, біте қайнасқан ағам арыстай болып жол үстінде, арманда кетіп отырса, оған жыламаған көзімді шығарып жібермес болар ма!

Көп сөз білмейтін, момын Аманбай да:

— Япыр-ай, өледі деген ойда жоқ. Салқам жігіт еді-ау! Жүрген жері күлкі, тамаша еді, жеткен жері осы болғаны ғой. Иманды болсын. Бұл болмағанда мына екі пұт тарыны да ала алмайтын едік-ау. Жігітім-ақ еді. Сұм қара жер біртіндеп жұтып жақсыны қоймайтын болды,— деп кемсеңдеңкіреп тоқтады.

— Ей, бұл Қасекең кешеден бері өлгендерді киімімен көміп келеміз, осылай өлген жөн-ау деп еді,— дейді Оман.— Әншейінде өлсең өз киімің өзіңе бұйырмай, ислам дінінің үшкіл көйлегін дәкеден киеміз-ау деп қиналып еді, япыр-ай енді...— Жігіттер оның кешеден бергі көрсеткен еңбегін айтып та жатыр. Көбінің әңгімесі бағанағы қоймадағы тары үшін болған төбелес. Кебегі алынбаған, ауызына бір-бір құйғанда осынша жерге келген тарының топыраққа аралас дәмі шамасы таңдайларынан кетпей тұрса керек-ті. Есен енді Қасымхан шанасынан шотты шешіп алып, көр қазуға дайындалды. Айнала аппақ қар. Күрті өзенінің қыста күркіреп жататын әдеті. Үстіне мұз қатып, бірнеше рет қызыл су жүрген соң мұз асты қуыстана ма, әйтеуір қыста өзеннің дауысы қатты естіледі. Қазір де солай. Есен келіп шотты шешіп ала бергенде Қасымхан басқаларға түсініксіз маған түсінікті тілмен ежелей сөйлеп қоя берді:

— Мешкенешкен тішкірішкілешкейін дешкеешкеп жашқатышқырмышқын,— дейді. Мен тірілейін деп жатырмын дегені. Не дерімді білмедім. Ұрсайын десем жасы үлкен, ұрыспайын десем дап-дардай болып, осындай қиын-қыстау жолда істеп отырғаны мынау. Күйіп кеттім. Осы ойынның орны ма? Жанына барып жерден жұлып алмақ болып «тур былай» деп омырауынан алып көтерейін десем қара тас, зілдей. Көтере алмадым. Анау жар жағалап, Қасымханға көр іздеп жүргендерді дабыстап шақырдым.

— Ой, келіңдер бері, көмбей-ақ кетеміз! — дедім, айғайлап. Жігіттер оны шын деп түсінсе керек, бәрі жиналды. Орнынан түрегеліп келе жатқан Қасымханға қарап Аманбайдың бар айтқаны:

— Ой, жолың болғыр, балаға ұсағаның не? Өлімді аз көріп келе жатыр ма едік.— Қасымхан ыржыңдап күле береді.

— Сендер мені Көрүғылыдан кем жоқтаған жоқсыңдар! Қаракөз әйім де осындай-ақ, сендердей-ақ айтқан,— дейді. Көрүғылы да өтірік өліп қатындарының жоқтауын тыңдаған ғой.

— Ой, жолың болғыр, мұның қалай? — деуден ешкім әріге бармады. Осыдан кейін ешкім Ақсеңгірге дейін Қасымханмен сөйлеспей қойды.

Мен бұған әбден сенемін,— деп Шұнақ Исахан сөзін қоя салып, өзі сөйлеп кетті.— Отыз екінші жылдың Октябрь мейрамында «Ақсеңгір» мен Жандосов колхозына жиналысты бір ашып, екі ауылдың ортасында жиын болды. Мен соған баяндама жасауға бардым. Сонда осы Қасымхан мен Исахан байдың тоқал алуы деген бір ойын көрсеткен болатын. Сонда булар ислам дінін, тоқал алуды сұқпатына кіргізе көрсетіп, зияпатып асырып, жұрттың алғысына бөленген еді. Енді қыс кезі қырауда, бір жағынан ел өліп, жылап жатқанда да көңілді, ойнақылығын қоймай жүргені дағы. Міне, інім. ертеңіне таңертеңмен кеңсеге Исахан келіп, жиырма жетіден сегізі қалғанын айтты. Ғайыбына қайғырдым. Шымбайыма батып кетті. Қайтейін. Булардың артынан отыздан үш кезек адам жібердік. Олар будан да аз болып қайтты. Исахандардан кейінгі отыздан жеті, одан кейінгі отыздан бес, соңғы отыздан үш-ақ адам үйірге қосылды. Міне, інім, Мырзалин екеуміздің «Ақсеңгірде» өткізген күндеріміз осылай өлім мен өмірдің, тірі мен өлінің арасында күн сайын еңіреп-егілгендердің, тозғын-босқындардың, аш-арықтардың арасында тірі тозақта өтіп жатты.

* * *

— Мен кісі өлтірдім, інім,— деді Шұнақ шал. Мен шошып кеттім. Оның түксиіп кеткен қабағына, таңертеңнен бері өсіп қалған сақалына, шұнақ құлағына тағы бір қайта қарап шықтым. — Қарамай-ақ қой, менің бет-аузымда өзгеріс жоқ. Ол ұмыт болған нәрсе еді, енді, міне, есіме түсіп отыр. Мүмкін сол кісінің қаны менің мойнымнан түсіп те қалар. Бірақ Ақсеңгірде өлген мың кісінің қанын қайтесің, оған кім жауапты. Бәлкім оған мен де ортақ шығармын. Дегенмен оған біреу жауап беруі керек еді, ол аяқсыз сұраусыз кетті ғой. Қазақстанда ашаршылықтан өлген адам үшін сотталған, атылған, асылған адам жоқ. Мыңның, миллионның қаны сұраусыз кетті. Ой, інім, ол күндерді енді көзіме көрсететінін білсем, осы мына Алтынқазғанның құзынан құлап өлуге дайынмын. Бізді тірі адам деп отырсың ғой, шырағым. Біз әлдеқашан өліп қалған адамбыз. Біздің құры сүлдеріміз жүреді. Өлейін десең өз жаныңды қия алмайсың. Өз жаныңды кию, өзіңді өзің өлтіру — доңыз өлімі. Қазақ осылай дейді. Дұрысы да сол. Оны қай кезде де адамзат баласы құптамаған. Тіпті ислам діні де, қазақ жорық-жосығы да, қазіргі Коммунистік киім де ешбірі өзін өзі өлтіруді жөнге шығармайды, жөнге шығармақ та емес. Дүниеге шыр етіп, етпеттеп келген ер бала, шалқалап келген қыз бала бәрі жарық көріп, жарық дүниеде өмір үшін келеді, өмір сүруге тиіс. Сен білмейтін шығарсың, інім, етпеттеп келген ер бала, шалқалап келген қыз бала» дегенді қызыл сөз үшін айтып отырғаным жоқ. Нәресте дүниеге келгенде еркек бала етпетіен, қыз бала шалқасынан туады. Мен соны айтып отырмын. Демек, туған екенсің ағзаң тозып, аңқаң суалып, қаңқаң қурағанша, соңғы демің қалғанша өмір үшін күресу керек. Мүмкін менікі қате шығар. Жаман өмір сүргенше өлген жақсы дейтіндер де бар. Бірақ итқорлықпен өмір сүрсең де жарық дүниеде жүргенге не жетсін. Қазақ оптимист және атеист халық, інім. Сондықтан да ол ислам насихатшыларының о дүниеде ұжмақ бар, адам сол шын дүниеде өмір сүреді дегеніне «мың күнгі ұжмақтан бір күнгі жарық» деген. Қандай керемет. Қазақтың бұл сөзінен артық атеистікті кім айтып бере алады? Ал қазақтың Ошақтыдан шыққан ақын қызы Ұлбике Күдері қожамен айтысында: «Бұл дүниеден о дүние жақсы болса, адамға айтпай қожалар кетер еді» деген болатын. Сондықтан да, інім, ит көзі түтін танымас өмір сүріп жүрсек те жарық дүниені қимай жүрміз дағы. Әйтпесе біз көргенді ит те көрмесін.

Айтқандай айтпағым, әлгі кісіні қалай өлтіргенім еді ғой. Аяз жалап, аштық жайлап алған шақ. Қақаған қаңтардың суығы ішінде арқауы жоқ аш адамды бір жағынан шыдатпай барады. Біздің де жейтініміз таусылып, тілімізді тістеп, тұғыраяқтап қалдық. Мырзалиннің үш жасар Әмина деген үкідей сары қызы бар. Ол қарыны аштықтан жылағанда адам шыдап тұра алмайды. Жоқ дегеніңді бала білмейді. Амал таусылып не істерімізді білмей қатты састық. Мырзалинде құс мылтық менде тапанша бар. Екеуміз саятқа шықтық. Қазақта саятқа шығу — саяхатқа шығу, сайраққа аттану сияқты еріккеннің, көңіл көтеріп, уақыт өткізу шарасы еді. Бұл кездегі біздің саятшылығымыз серілік-салқамдықтан емес, кәдімгі аштықтан, қажеттіліктен шықты. Екеуміз жаяулап қоныстандыру аяғындағы қалың шиге кіреміз де қоян атамыз. Қоян сорлының да жауы көп. Оған қожа мылтық ұстаған Мырзалин мен Шұнақ болса бірсәрі, түлкі де, қасқыр да оған мәтіби. Бір қоян атып алу бізге бір жылқыны соғымға жығып алумен бірдей. «Қоянның бойын көріп қалжасынан түңіл» дегенмен ол әжептәуір тамақ. Жалпы сирек те болса ет жеп, сорпа ішкен кісі өле ме? Кейде қоянның екеуі қолға түссе, онда біреуін кездескендерге байлап кетеміз. Әрине, бұл жерде «байлап» кетеміз деген қызыл сөз. Ол кәдімгі еріккеннен саятқа шыққан адамның істейтіні. Ол алғашқы кездескен адамға олжа салады, олжасын байлайды. Ал біздікі олжа салу емес, қажеттіліктен, қарынына қоян еті болса да барсын дегеннен. Бәлкім неге жаяу, неге аш, тым аш болса Тарланкөкті сойып алмай ма деп отырған шығарсың. Осының алдында мен жаяу қалдым.

...Таңертең Тарланкөктің қатты кісінегенінен шошып оянып, жейде-дамбалшаң далаға ата шықтым. Таң атыпты. Айнала аппақ. Тарланкөктің үсті де аппақ қырау. Байқасам атымды бес қасқыр қамап тұр. Үстінің қырауының мұз бола бастағанына қарағанда бір-екі сағат қуған болуы керек. Мені көріп атым кісінеп-кісінеп жіберді. Оның даусы шыққанда өзімнің жаным шыққандай болдым. Жануарды сол жақ жұқа шаптан тартқан екен, ішегі сүйретілген қалпында үйге жеткені екен. Көзі құнығып кеткен аш бөрілер тіпті менен қаймықпады. «Аш бөрідей жалақтап» деген осы екен. Тарланды есік алдында да қамап тұр. Үйдің жанында да көкжал шыңғыртып бір тартып кетті. Бірақ қатты серіпкен артқы аяқтан көкжал сеспей қатты. Ауызы екі құлағына жеткен бөрілердің абаданы Тарланкөктің иегінің астында жүр. Тарланкөк қайта-қайта кісінеп, айналып, артқы аяқты серпеді. Абадан айналып тағы алдына келеді. Олардың адамды басынғаны сонша, мен үйден тапанша алып шыққанша кетпеді. Тіпті Тар¬ланды біржола жәукемдемей кетер түрі жоқ. Көзі тұнып кеткен болса керек. Атты бәрі қаумалап тұр. Тарлан ішегін шұбатып, алдына келген абаданға ауызды бір салды. Тарланның аузы шонданайдан ғана тиді. Абаданға аттың тісі дарымады білем. Артындағыларға айналып тұрып, қайта-қайта аяқ серпеді. Бөрілер қашып аяқ жетпейтін жерге барады да, қайта жақындайды. Мен үйден қайта шыққанда Тарланкөк абаданды алдыңғы оң аяғымен тартып жіберді. Абадан кирелеңдеп аттың артына барды. Үйінен Мырзалин де шықты. Атым жанұшырып қайта кісінегенде арқам шымырлап, жаным мұрнымның ұшына келді. Бар ашу-ызамен тапаншаны көздемей, қасқырларды тартып-тартып жібердім. Үш оқ кетті. Екеуі бажылдап-арылдап, өзін өзі тістелеп, айналып-айналып құлап түсті. Қалған екеуі тұра қашты да, енді мылтық жетпейді-ау дегендей әрі қарай бүлкектеп сүмеңдей жөнелді. Мырзалин де қос ауызын басып-басып қалды. Құс мылтық жетпеді. Тек қорқытты. Тепкі тиген арланның басы мыж-мыж болып кетіпті. Адамды басынған жыртқыштың үшеуі қаны шашылып есік алдында қалды.

Тарланкөк бөрілер ары салғанда-ақ жығылды. Сәл басын құшақтап отырдым. Көзі аларып, басын көтеріп, маған адамша қарады. Қарай алмай шімірігіп кеттім. Абатқа ымдап пышақ әкел дедім. Тіпті шыным, інім, тілім келмей қалды. Тарланым пышаққа ілінді. Мен бір-ақ сөз айттым: «мен жемеймін, халыққа үлестіріп бер» дедім. Үйге кіріп кеттім.

Аштық, ашаршылық не істетпейді. Аштық не жегізбейді, тоқшылық не дегізбейді. Мырзалин менің көзімше айғайлап Нұрлан мен Нұрқалықты шақыртты, қамбадан қол таразыны алғызыпты. Тарланкөкті осы менің есігімнің алдына сойғызып, сүйек-саяғына дейін, сирақ-терісіне дейін, тіпті бауыздау қанына дейін жұртқа теңдей етіп бөліп беріпті. Ауыл жарты килодан ет үлесіп дәмін алыпты. Қанша алып болса да бір жылқының еті бір ауылға тұлдыр бола ма, жұғын бола ма. Баяғыда бір сараң әйел ит басына іркіт төгіліп жатқанда үйінің жанына келген балалардың ауызына айран жағып: «Үйлеріңе айран іштім деп барыңдар» дейді екен. Тарланкөктің еті де бес жүз үйлік Ақсеңгірге ауызына айран жаққандай ғана болғаны белгілі. Мен он сегіз жылғы жолдасымды — Тарланкөктің етін жей алмадым. Маған оның етін жеу — ең жақынымның етін жеумен бірдей еді. Тарланымның өлігі де үш қасқыр болды. Оның бірін Мырзалинге байладым. Қазақ салған жол солай. Жау оғынан, жау сарқытының қолынан аман қалған Тарлан осылай өлді. Енді інім, жалғыз ат та бітті, сыңар құлақ қана қалды.

«Аштық не жегізбейді» демекші, інім, сол күні түннің бір мезгілінде біреулер қатты дабырлаған соң терезеге келсем, терезенің қырауынан ештеме көре алмадым. Терезе қырауын кетірем бе деп үрлеп көріп едім, үй шамасы тым суық болуы керек, қырау қалың тұрыпты, кетпей қойды. Ол кезде үйдің суықтығы сонша үйде тұрған шелектегі су қатып қала беретін. Сол үйлерде-ақ біз жатып-тұрып, ауырмай-сырқамай кете беретін едік. Сонан соң жүгіріп есікке бардым. Қолыма тапаншамды ұстап тұрып есікті аштым. Үйден жүз метрдей жерде үш адам дауласып тұр. Шамасы бағана терісін алып, қасқыр етін тастаған жерде. Біреуі айтады. «Бұл ойды естеріңе салған мен ғой, сондықтан сен екеуің біреуін аласың, мен екеуін аламын» дейді. Бұл ауылға осы күзде бінә болған Арқадан келген жалғыз басты жігіт Томақбайдың дауысы. Енді бірі «Ей, кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқандар» деп мұның қалай, бұл менің жерімнің қасқыры, алдымен таңдау менікі болады» дейді. Бұл Берікқұл деген осы Алатаудың бауырында туған жігіттің даусы. «Жоқ,— дейді үшіншісі,— сонау алыстағы Атыраудан келіп мен неге екеуін алмай, жартысын алып сорлы боламын. Мұның жатқан жерін осы түнде мен болмасам екеуің қалай табар едің?» Бұл осы төңірекке жиырма сегізінші жылы келіп, содан осы Ақсеңгірге тұрақтап қалған Тонауғалидың сөзі. Байқап тұрсам үшеуінің таласы Тарланкөк соққан үш қасқырдың еті. Інім пендешілік деген бар емес пе? Мен де ойға кеттім. Тарланымды бұл қасқырлар өлтірді. Екеуін өзім аттым, біреуі Тарланкөк тұяғынан сеспей қатты. Сонда бұл қасқыр даусыз менікі ғой. Егер бөрінің еті жеуге келсе, онда оны неге мен май қуырдақ жасамаймын. Онда мыналарға неге беріп қоюым керек...

Дауласқан үшеу қар үстінде ұзақ тұрды. Менің де денем тоңази бастады. Қой деп ойладым, осылардан қасқырдың етін қызғанбай-ай қояйын. Қасқыр түгіл қолдан бауыздаған Тарланкөктің етінен де ауыз тиген жоқпын ғой. Ендеше неге арамға ауыз салмақпын. Қараңғыда есік алдында тұрып жаңағы ойлаған ойымнан өзім ұялдым. Жылқының етін жемей, енді қасқырдың етін жемекпін. Бұл қалай сонда? Осы жерде екі нәрсе бар. Оның бірі қасқырдың етін анау аш үшеуден қызғанған пендешілік, екіншісі — дұрысы қасқырға қасқырдай өштік. Енді адам болып ол ойдан, райымнан қайтып тұрсам, онда әлі дұрыс жолда екенмін деген қорытындыға келдім де, «қой бұлай тұрмайын» деп үйге кіріп төсегіме қисайдым. Інім, сол күні несін айтасың, қай-қайдағым қозып, Ұлтуған ойыма көзімді жұмған сайын оралып, революцияның отты жылдары менің махаббатымның да отты жылы болғаны тарпыма түсіп, одан орнымнан алынғаным, сөгіс арқалағаным, енді жалғыз атымнан айырылып жаяу қалғаным, мынау нақ қазіргі мылқау дүниеде жаман үйде жалғыз жатқаным бәрі есіме оралып, жаным жүдеп, төсегімде таң атқанша дөңбекшіп шықтым.

Қысқы таң жылдай ұзақ. Әсіресе ұйқың қашып сүзекі тартып жатқаныңда оның атпай қоятын әдеті. Әрине ол күндегісінен ұзарып кеткен жоқ. Менің таңды тосып, асығуым оның раулауын ұзартып тур. Үйге алакөлеңке түсе бастағанда-ақ төсектен тұра киіндім. Аяғыма былғары етік, үстіме келте тон, басыма құлақшын киіп қысқы таңды қарсы алдым. Таң рауанымен ақ қар көкшіл тартып жатыр. Ауыл тып-тыныш. Бұл кезде ауылда үретін ит те жоқ. Иттің көп болатыны да тоқшылықта екен. Әншейінде таңға жақын қыс ауғанда жылаған балаша бақыратын, мауыққан мысықты арсылдап қуатын ит те, одан қашып, желке жүнін дүрдитіп, ағашқа, үйдің төбесіне тармасып шығатын мысық та ауылда ада. Олардың да әупілдеп, мияулап жүретіні лайсаң — баршылықта екен. Мысық демекші түндегі үшеу қасқыр етін алды ма екен деген ой сап ете түсті. Жайсаң жігіттер еді, шіркін. Енді қасқыр етіне таласып қор болуын қарашы. Ac адамның арқауы, ішінен арқау кеткен марғау кетеді. Үшеуі де жұбы жазылмай жаз бойы жалықпай, талықпай еңбектеніп еді. «Ақсеңгірдің» көсегесін көгертер, көрпесін ұзартар осылар болар деуші едім. Япыр-ай, солардан өлген бөрінің етін қызғанғаным қай хайуандығым? Түнгі түнек ойымнан өзімнен өзім ұялдым. Шіркін, жаздағы жардай жігіттердің енді қужауырын болған тайдай құнжиуын қарашы. «Ат арыса тулақ, ер арыса әруақ». Япыр-ай, алдыңғы күні түндегі жұбы жазылмайтын үшеудің бірі Тонауғалиды көріп едім, көзі шүңірейіп ішіне кіріп, әдемі қыр мұрыны қоңқиып, киімінің бәрі қылыштың кең қынабындай лоқылдап-қолпылдап неген қалыпты. Ақырын жүріп қасқырлар тасталған өзекшеге бардым. Ішек-қарны ақтарылып жатыр, денесі жоқ. Япырым-ай шынымен-ақ әкетті ме екен. Қасқыр етінің қандай болатынын кім біліпті, ал түлкі етін асып бермесең ит жемейді. Саятшылардың түлкінің етін жүгіртетін тазыларына асып беріп жатқанын талай көрдім. Әнеугі күні Томақбайдың өлген тарақ құйрық тышқанның етін әкеле жатқанын көріп атып алған қоянымды беріп онысын тастатып едім. Бір айналып тышқан денесі жатқан жеріне барып едім, тышқан тастаған жерде жоқ. Оны Томақбай айналып келіп өзі әкеткенін әлде мүскін болған байқұстың бірі жымқырғанын біле алмадым. Қайран бұлықсыған мырза, бақтиярларым-ай, марапатқа ғана лайық бауырларым-ай, қор болды-ау. Ішінен ірепдел ойып таңдап алып тасқа салсаң, тауды бұзып беретін ақиықтарым-ай, кәссіз, ессіз қалды-ау, шөре-шөре болды-ау. Осыларды ойлап сүкіт-сүлесоқ тұрып қалыппын. Денем тоңази бастағанын сезініп қалың шиге қарай, қарды кешіп тартып кеттім. Бірақ әр нәрсе өкіліме қонып, діліме орнап, ілгері басқан аяғым кейін кетіп жүйкелеп келемін. Тарпымнан аң аулайтыным шығып кетіп, пар етіп алдымнан қырғауылдың шұбар мекиені ұша жөнелгенде селк ете түстім. Тысқарда бостап келе жатқаным сонда барып ойыма оралды. Жауланып, айбаттанып сүкіт-сүлесоқ денемді жинап ала қойдым. Мекиенді атпадым. Өйткені тапанша әлі кіседен алынған жоқ еді.

Таңғы суық әлі сынған жоқ. Әсіресе Көкдалаға, терістікке бет алып келе жатқан мені ызғырық желіп тұр. Құлағымды уқалап жылытып, құлақшынның құлағын түсірдім. Өзен бойындағы шырыш-қорысқа бармадым. Ши аралап келемін. Қоян жымын іздегім келді. Бірақ түнгі ысырма қар бетін тегістеп кеткен. Әйтеуір бұл келе жатқан далада ошақтай да шұқыр жоқ. Оны бұрыннан білемін. Қырқаға таман жақындап Алтынарық бойына жақын өскен қалың теріскенге бармақпын. Бірақ көбіне қоян теріскен түбінен гөрі ши түбін көбірек жайқайды. Жауланып, кеудемді көтергенім ұзаққа бармады. Қайта мәлөл басып, сүріне бердім. Келеңсіз байқұс басым ұшанда келе жатқанымды ұмытып, алыстан мылтық даусы дүңк естілгенде ғана қайта бойымды жинап алдым. Бадамды баса киіп келе жатқан мен емес, бір жағымнан ит-құс шықса қайтер едім, менің бұным не, осынша салбырағаным деп өзімді өзім қолға алып, алдымда үлкен күзгі тұрып, соған қарап бойымды түзеткендей, тіктеліп киімімді жөндеп, қолыма тапаншаны алып, шүріппесін қайырдым.

Тағы біраз жер жүрдім. Бойымды сақыт ұстап сүтін-бағдарым дұрыс па деп төңіректі бір шолып шықтым. Таң аппақ болып атты. Мылқау дала мені қалай бассаң олай бас, оған менің нем кетеді дегендей далиып, мейірімсіздікпен сіресіп, қар құрсанып жатыр. Түстікке қараған беткейлерде жусан түбі ашылып қалған. Жалпы қар аттың тізесінен. Кей жерде үрлеген қардың қатып қалғандығы сонша, менің басқан ізім зорға түседі. Кейде қар түсіп кетіп, омбылап қаламын. Сондықтан енді қырқаға бұдан ары жақындамауға тырыстым.

Мылтық атқан кім болды екен деп ойладым. Тысқардан шыққан мылтық дауысы есіз, мазалы далада қатты естіледі. Мырзалин шығар дедім. Төмендеп Қаракөлдің төңірегіне барсам қырғауылды ендігі атып та алар ма едім. Бірақ колхоз жұмысы бар емес пе? Уақтысымен қайту керек. Ата қоятын бірдеме кездесе қалмады деп маңдайым шытыр етіп, құрсант болдым. Жүріп келемін.

Сонандай жерде жусанды далада жалғыз ши тұр. Жанына таман жақындадым. Шиді бір сәт айналдырып қарадым. Адамда да бір қызық, өзі білмейтін керекдар нәрсеңнің бар екенін сездіретін бір жүйке талшығы болса керек-ті. Осы жерде маған да ши түбінде бірдеме бар екенін біреу құлағыма сыбырлағандай. Шиді тағы бір айналып шықтым. Менің көкейімді тесіп тұрған қоян ғой, баяғы. Тапаншаны қолыма ұстап, атуға әзірлеп, шидің түбін теуіп-теуіп қалдым. Ондайда қоян болса атып кетеді. Жоқ ештеме болмады. Шидің шығыс жақ түбінде емескі бірдеме сарғаяды. Жақындап үңіліп қарадым. Кәдімгі қаптың ауызы. Қазақтың алаша қабы емес, мемлекет тоқыған кендір қап. Тозық-тұлдыр шығар дедім. Тапаншаны кісеге сала салып, көңілім алабұртып, әлгіні қолымның ұшымен ала салмақ болсам арғы жағы жердің астына қарай кетіп жатыр. Ұшанда жын шақырып, зікір салған пұрқыдай қолға ілінген қап аузынан күшеніп тартайын кеп. Бар пәрменіммен шегіншектеп жұлып алмақ болып, жұлқа беріп, қолымнан жазылы шығып кетіп, Қожанәсірдің керімі келіп шалқамнан түстім. Шалқамнан жатып шиге қарасам түбі жердің үстінде тұр. Түрегеліп, шиді айналдырып, уыстап тартсам, ол неген тұрған сияқты. Түбімен қозғалады. Қайта мол уыстап, қос қолдап, сүйрей жұлқып едім, ол орнынан жылжып кетті. Шиді тағы сүйреп бір қадым жылжыттым. Ши түбімен басқа жақтан әкелінген екен, орны теп-тегіс. Қаптың аузы енді анық көрінді. Қалтамнан ауыр ақ бәкімді алып, қаптың шеті шыққан жерді түткілеп қаздым. Ақыры аяқтай жерді ойып, қайта жұлмалап жазылыдан ұстап тарттым. Көңілге болмаса босап қалды. Әлден уақытта әлгіні жұлып алдым. Қаптың түбінде астық болар деп шамаладым. Бір пұттай ғана. Байлауын шешіп, қолымды салып бір уысын алға қарасам ақтаған тары-соқ. Әлгіні шалқайып тұрып аузыма құйып, көңілім хошуақтанып, шаттанып, ши үстіне отырып оразамды аштым. Сөктен үш-төрт рет аузыма құйып, шайнап, арғы жағыма ел қондырып алған соң, шиді сүйреп қаптың орнын бастырып, тарыны иығыма салдым.

Қалың шидің ішімен келемін. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген осы екен-ау деп қоямын. Ауыл төбесі көрінгенде бір шиге аяғымның басы тіреліп қалып етпетімнен кеттім. Өтірік шыққан кісіге қары ұнымы қойдай ақ қоян атып кетті де, қаша жонелді. Қоян байқұстың сонадай жерге барып состиып «артымдағы не екен?» дейтіндей қарайтыны бар. Бұл да екі құлағы серейіп, екі көзі бадырайып, екі алдыңғы аяғын көтеріп тұра қалды. Қолымда дайын келе жатқан тапаншамен жатқан күйімде шүріппені басып қалдым. Тапанша тарс етті, ақ қоян ақ қар үстіне жалпаң ете түсті. Дереу атып тұрып, қоянға қарай жүгіріп едім, екінші шиден тағы бірі атып кетті. Атып жібердім. Тағы құлады. Секектеп тағы екі қоян шықты да, көсіліп жөнелді. Оларды атуға қолым бармады. Осы да аз олжа емес, бір пұттай ақтаған тары, екі қоянды бауыздап, белдігіме байлап, тарыны көтеріп келе жатсам, өзен жақтан Мырзалин келеді. Байланған бір үйрегі бар, үйіне кіріп кетті. Мен аяңдап ауыл шетіне кірдім.

Ауылдың күн батыс жақ шетінде колхоз ұстасы, кейін Қазақстанның халық ақыны атанған Оспан Тұяқбаев тұратын. Ол селдірлеу сақал-мұртты, бозқұба, орта бойлыдан жоғарырақ бойы бар, сылыңғыр кісі болатын. Жұрт оны күндіз есігін бекітіп отырады, ешкімді кіргізбейді деп өсек қылатын. Соның есігі алдында біреу тұр. Нұржан деген жұмысты беріліп, жанын салып істейтін жігіт. Анау жылы бұларды Алмалы-Долаңқарадан көшіргенде жолда Қонысбай шалдың кемпірі өлген түнде көргенмін.

Онда басқа да жігіттер бар еді. Түнде ұйқының кезі, жол жүріп әбден қажыған жігіттер басы былғалақтап жер қаза алмаған. Сонда осы Нұржан сыбанып тастап, кемпірдің ақымын түнде жалғыз өзі қазып шығарған. Басқалар сияқты «қыбайда қияу-қыстауым қалды-ау» деп қиналғанын да білдірмеген, ер көңілді жігіт еді. Енді, міне, Оспан есігінде телміріп, қайыр сұрап, күлбар acынып, сүкіт-сүлесоқ тұр. Шіркін тепсе темір үзетін жігіттің құны бір тілім пан екен-ау. Жаным қатты ашып кетті.

Мен көргенде Оспан ақын үш ағайынды кісі еді. Ағасы Ыбырайым жарбиған, сақал-мұрты сап-сары, өзі де сары, көзі көкшілдеу, мұрыны батыңқы тырысқақтау кісі еді. Былай садаптан қараған кісі бұл аласа бойлы адамды мінезі жаман шығар дер еді. Бірақ шамалап ескі оқығаны бар бұл адамның аузынан жаман сөз шықпайтын, боқтау дегенді күнә деп қана есептейтін, артық сөз айтпайтын адам болатын. Бұл да, Оспанның Биғайша деген көрікті апасы да бірге тұратын. Інім, мен бір нәрсеге қайранмын. Ұста, ақын адамдар табиғат дарынды аямай берген адамдар ғой. Бала кезімде мен соларды дарқан, сақы адамдар шығар деп ойлайтынмын. Бері келе көзім жеткен бір нәрсе — осы өнердің адамдары бүріскен, үйінен тамақты таңдап қана беретін, сараң деуге ауызым бармай отыр, әйтпесе солай дер едім, кішкене үйіне кіріп-шыққан адамдарға қытымырлау болады. Оспанның Биғайша деген апасы да өнерлі кісі еді. Ақсеңгірде қанша түлкі тұмақ тігілсе, бәрін сол жасар еді. Сайлап, бидайлап, тұмаштап, тұрғылап дегендей бар өнерін салып, кісі басының көркін келтіретіндей етіп тігетін. Киім пішіп тігетін Биғайшаға да, ұста, ақын Оспанға да жұрттың бәрінің ісі түседі. Сондықтан да олар басқалардан қорлы, ішіп-жемі бар кісілер болады. «Қайырсыз жерге қақ тұрар, қайырлы ерге бақ тұрар» десе қазақ, соның осылар алдыңғысына жататындай еді. Міне, солардың есігінде Нұржан мөлиіп кетпей тұр.

— Бар енді, байқұс, бар,— деп тұр екен Биғайша. Оны үйіне кіргізбей тұрған Биғайшаға көзім түспеді, бар ындын-ықыласым Нұржанда болды. Оның адам кейпінен шыққандығы сонша, адам танып болмастай екен. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпей» кең кеуде, керме иық қалған. Ет кетіп, епсектілік жайына қалып, ері мойнына кетіп тұр. «Жыласа кімнің аузы қисаймайды». Нұржанның сүдіні қара қожалақ, екі көздің алды көлкілдеп, беті жаңа сойылған сиырдың талағындай, денесінің бәрі ісік. Көзі бір түрлі тағыланып, өзі сөз түсінуден қалған. Ашкөзденген деген осы екен. Ол маған қарамайды, екі көзі Биғайшаның қолында, ішіп-жеп барады. Әйтеуір бірдеме бар болса, осы үйде болар дегендей өңмеңдеп, өңіреңдеп кеткен. Кеше де осы төңіректе жүргенін көріп едім, бүгін тағы тұр. Қолына бір уыс бидай салса да кеткісі келмейді. Ол Биғайша үлкен пышақ болып ұялғанынан өтіп тұрғанымен ісі жоқ, есінен айрылғандай кеңірейіп, ілгері ұмтыла береді. Биғайшадан басқа біреу болса:

— Кет, айда! — деп итеріп тастап, есігін жауып алар еді. Мен тіпті Нұржанға жаным ашығандықтан жылап жібере жаздадым. Сасып қалып, белдігімдегі қоянның бірін Нұржанға ұстата бердім. Қоян қолына тиісімен ол тұра жүгіріп кеткен болды. Бұл қашпақ болғандағысы. Шамасы мен айнып қалып, қоянды қайта алып қояды деп ойлайды.

— Байқұс-ай, қайтемін енді, байқұс ай! Әкесі бала көрмей сақалынан жасы алты тарам болып ағып жүріп көріп еді,— деді Биғайша. Ол екі иығы түсіп, үстіндегі бір кездегі шақ киімі бұл күнде қолқылдап, бақшаға қойған қарақшыға кигізген киімдей бос қалған, қасқыр бүлкекке салып кетіп бара жатты.

— Қояныңды бекер-ақ бердің-ау, өледі-ау, сорлы,— деді Биғайша маған қарамай, соның соңынан көз алмай.— Бірақ бәрі бір өлер еді ғой.

Керсендей ақ қоянды, бір пұттай ақтаған тарыны көтеріп кіртіме келдім. Қарағым, қатыны жоқ үйдің берекесі бола ма, екі терезеге қонған қырау далаға шідерлеп қойған аттың түгіне тұрғандай. Есіктен соққан жел аңырап төрді қаптайды. Ортадағы бітеу, бесік пешке мен жоқта Талғар мен Сейілхан от жағып қойған болады. Ашық-тесігі көп, қам кірпіштен тұрғызылған үйге жалпы отын түгіл, тас көмір жақсаң да мұрныңның ұшы жылынбайды. Біз, інім, біреуге ақыл үйретеміз, оған құмармыз. Meн бұл үйге қыста келдім. Жаздан бері отырған Нұрланның, Нұрқалықтың үйі де осындай, азынап тұр.

Ауыз үйге жиналған қурайды әкеліп, темір пешке тығып, от жақтым. Темір пеш үйді тез жылытады. Бірақ тез жылытқанындай тез суиды. От жаққан соң Талғар мен Сейілханды шақырып мықтап тамақ істеп қоюды тапсырып жұмысқа кеттім.

Қыс күпі. Таң атса, күн батады. Түс ауа үйге келсем от жағылып, тамақ істелген соң үйдің берекесі кіріп қалыпты. Үйден еттің, тары ботқаның иісі шығады. Абатты үй ішімен шақырдым. Олар үш адам. Талғарлармен қосылып қоян еті салынған тары бөкпенді бәріміз тойып жедік. Ғайыптан пайда болғандай тарыны үшке теңдей етіп бөліп, екі бөлігін Абаттың, Талғардың үйіне бердім. Өле жегенше бөле жеуді жон көрдім.

Таңертең ойбайлаған дауыстан оянып кеттім. Тез киініп далаға шықтым. Сөйтсем Жорахан деген жасы жиырмаға жаңа келген жігіт. Бұл да Алмалы-Долаңқарадан қоныс аударғандардың бірі еді. Далада екі-үш үйден кейін үш-төрт адам жиналып тұр. Үйдің есігі алдында далада етпетінен түсіп Нұржан өліп жатыр. Биғайшаның айтқаны келді. Жорахан пысықшалау, еті тірі жігіт еді.

— Кеше,— деді ол,— үлкен ақ қоян әкелді. Оның ішін жара салып отқа терісімен қақтады. Сонан соң шала піскен қоянның етін күлді-күйесімен іспелеп жей бастады. «Өлесің ғой. Ертеңге қалдыр қалғанын» дедім мен. Ол мені айғайлап қуып шықты. Қоянды қайдан алғанын да білмеймін. Қоян етін түк қоймай жеп қойғанын бүгін біліп отырмын. Үйінде бір түйірі де қалмаған.

Міне, інім, сөйтіп Нұржанды мен өлтірдім. Мен өлтірмей, кім? Сорлы болған байқұс, қоян етін бір-ақ жепті де өліпті. Көптен аш адамға тамақты аздан беріп, ішін де, өзін де қанағатқа қалыптастыру керек екен ғой. Бірден тоя жеген тамақ өлтіріп жібереді екен. Оны қазақ «аш өзегіне түсіп кетті» дейді екен. Ол кезде мен оны біліппін бе, інім. Мен оған жақсылық жасамақ болдым ғой. Жақсылығым оны жайратып кетіпті. Сөйтіп Голощекинге қосылып бір кісіні мен өлтірдім. Бірақ мен пақыр оған қоянды өлтіру үшін емес, тірі қалсын, өмір сүрсін деп беріп едім ғой.

Нұржанды көмдік. Жорахан моласын өзі қазыпты. Мола қазуға әлі жететін адам да санаулы. Ешкім моланы кетпенмен, күрекпен қазбайды. Күректі, кетпенді, балтаны көтеруге шама керек. Ондай шарқымыз өзімізге белгілі. Сондықтан да көрді шотпен қазады да, топырағын уыстап шығарады. Сөйтіп-ақ кейбіреулерді көміп жүрдік. Нұржанды көміп қайтып келе жатқанда Нұрқалық:

— Қоңқаштың үйінен үш күннен бері түтін шықпай қалды дейді Жомарт,— деді. Жомарт сары шұбар, ешқашан басынан киімін тастамайтын жігіт еді. Жасы бізден әлдеқайда кіші. Осы Нұрқалықтарға қабырға ағайын.

Қоңқаш! Қай Қоңқаш! Мен есіме түсіре алмай барып, артынан білдім. Балалары көп адам екен, Асанжан көтерілісі алдында колхозға ұйыстырған қасқа құнанын сойып жеймін деп сотталып кеткен. Інім, ол сотталды ғой. Бірақ ол кезде ауданның бір бастығы болсам да мен оның сотты болғанын құптамадым. Бірақ жалғыз менің қолымнан не келеді. Шулап артында жеті баласы қалды дегенде төбе шашым тік тұрды. Міне, інім, қазір екеуміз де тоқпыз. Таңертеңнен бері бір мес қымыз іштік, ет жедік. Екеуміз тоқ отырып аш адам болып ойлайықшы. Сол Қоңқаштың орнында сен болсаң, мен болсам не істер едік. Шиеттей жеті бала бар. Олар шулап аш отыр. Бір құлынды биесі мен қасқа құнанын, отыз шақты қойын, түйесін колхозға ұйыстырасың деп алды. Қолда мал да, астық та жоқ. Сонда не істеу керек? Сен әрине жұмыс істеу керек деп отырсың. Ол жұмыстан қашқан жоқ. «Есектің артын жуып мал тап» деген қазақтың баласы. Бірақ ол кезде жұмыс та жоқ. Істеген жұмысқа ақы да жоқ. Жоқ, жоқ, жоқ. Қаптаған жоқ. Ал енді бір-ақ жол қалады. Бардан ұрлау керек. Міне, сондай өзі шыға алмай тұрған көз, қасқа құнан үйге келіп тұрса, бір емес, екі мәртем айдап тастаса, ол тағы қайта келсе, оған аш кісінің көзі тұнбас па? Інім, мейлі сен қалай десең олай де, онда басқа амал жоқ болатын. «Жарлы болсаң арлы болма, қарап тұрып сорлы болма» дейді қазақ. Ол арын сақтап қасқа құнанды екі рет айдап тастады. Ал аш отырған, көз алдында үзіліп бара жатқан көген көздерді көрді де, «қарап отырып сорлы болмайын» деді. Бірақ ол сорлы болмау арамдық, яки ұрлық жолымен істелді. Ал ұрлықтың түбі қорлық еді, сол қорлық Қоңқашқа тап бола салды. Miнe, інім, сорлылық, қорлық бұл жерде еріктен тыс жасалып отыр ғой. Ал басқа жол бар ма? Бар. Ыр жол бар. Ол — өлу. Әйтпесе өлмеу үшін ұрлық істеу керек еді. Ендеше Қоңқаштың сотталғанын мен аудан бастығы болып отырсам да қалай қоштай алмақпын. Қоштай алмадым. Бірақ сотталып кетті, шулап көп бала қала«берген еді. Енді сол үйден түтін шықпай қалғанына үш күн болған. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болдым. Түтіні шықпай қалса, бәрі қырылған ғой. Оның жанында Нұржан өлімі әлдеқайда жеңіл-ау. Анау жеті баланың бәрі өндір ғой. Балалар ойыма түскенде суық су құйғандай болмай қайтейін. Өзімнің де жалғыз ұлым бар, соның имандығын ойлағанда жаным тырнағымның ұшында тұрады. Қолымның көбесі тызылдап кетеді. Қоңқаштың да сондай балалары ғой...

— Қоңқаштың үйінен түтін шықпай қалыпты дейді,— деді Нұрқалық мен үндей қоймаған соң қайталап. «Дейді» дейтін себебі бар. Колхозға ұйысқан ауыл бірақ жерде емес. Қоныстандыру әлі салынып бітпеген, сондықтан ел төңіректегі бос қыстауларды кіртілеп, қыстау аралары жырақ болғандықтан өзара жиі қатысып тұра алмайды. Әйтеуір «Ел құлағы елу», бірінен-бірі естіп, жаңалыққа құлақтанып қалады.

— Кіріп шығайық дедім мен Мырзалинге қарап. Қоныстандыруға қарсы арғы беттегі үйлерде екен. Өзеннің мұзы ілініп, үстінен жаяу адам жүре береді. Күн шығыс беттегі ескі қыстаудың бірі. Бұрын әжептәуір абатты албар болса керек. Қазір оны қоршаған дуал мүжіліп, құлап, үстіне салған боғаттары түсіп қалған. Қораның ішіне жалғыз аяқ қана жол кіріп жатыр, басқа жеріндегі қар күрелу түгіл үстінен тірі тышқан жорғаламаған. Қашанда қыстау-қияуларда төбе-төбе болып үйіліп жататын күресін де, қоралардан аударылып кірелеп жинап қоятын қызыл қи да ескі көң де жоқ. Тура есіктің көзінде екі арқадай түйе тікен, шоңайна, қарасора жатыр. Албарға тігілген бес қанат үйдің түңлігі түсірулі, есігі жабулы. Киізі де онша ескі емес, жұлдыз көрінетін, Қарашаш сұлу айтатын қырық найзалы үй бұл емес. Ол үйдің есігі алдына да соңғы қар жауғалы із түспепті. Тамның киіз жамаған есігінің арғы жағында не бар екен деп жүрегімнің соғуы жиілеп, бір түрлі бей-жай, әлемтапырық кейіпке түстім. Оны жанындағы Абатқа, Нұрқалыққа білдірмеуге тырыстым.

Сыртқы есік ішінен жабық екен. Алдымен Нұрқалық есікті қағып көрді. «Кім бар хабарласқалы» деп дабыстады. «Хабарласатын» демеді: Бұл мұның ескі кітаптарды көбірек оқығандығының айғағы еді. Ешқандай дыбыс жоқ. Қора да, төңірек те тып-тыныш. Қайта-қайта қаққандықтан есіктің сыртындағы киізге жабысқан қардың бәрі есік алдына бұрқырап түсті. Нұрқалық қалтасынан бәкісін суырып есіктің саңлауына жүгіртіп, жүзімен егеп-егеп бәкіні жоғары тартты. Жоғары тартқаны дұрыс, ал егегені несі деп тұрмын. Сөйтсем Нұрқалық білген екен. Есігін бекітіп көрмеген қазақтың тамының есігінде де ілгек болмайды. Егер есік жабық болса, онда іштен байлап қойғаны болады. Шынында бұлар да есігін іштен байлап қойған екен.

— Кестім,— деді Нұрқалық. Есік ашылды. Ішке кіріп-кіріп бардық. Үйдің ішінің суықтығы даламен бірдей, азынап тұр. Сығырайған, жерге жақын салынған жалғыз терезені қырау басып қалыпты. Үйдің іші ала көлеңкелеу. Төрдің алдындағы киіз үстінен салынған әдемі оюлы қызыл текеметтің үстінде әйел көлденең жатыр. Қойнында екі жасар қыз бала тұлымшағы салбырап, қатты ұйықтап кеткендей, бір қолы шешесінің омырауында, қол басы көйлектің ішінде. Үстерінде күндіз киетін киімдері бар, көрпе төсеніп, жастық жастанып, немесе көрпе жамылып жатпаған. Соған қарағанда азғантай көсіліп жатып, түрегеле қояйын дегендей. Әйелдің басында кимешегі, оның жағында кере қарыс кестесі бар. Екі жағына үш-үштен алты шеттік қадаған. Шамасы келіншек таза, сәнді жүретін адам болғанға ұқсайды. Үстіндегі қызыл кәрістен тігілген қосетек көйлек мәсі киген аяғының тобығына түсіп жатыр. Бегімсалдау қара көк дұқабадан тігілген бешпенті тізесіне жетеқабыл. Әйел балаға, бала анасына қарап жатыр. Екеуінің де көзі ашық қалған, бақшиып, қараған адамның өңменінен өтіп барады. Бұлардан басқа алты бала бәрі де ұл. Ортада кернейі үш шынтақты бітеу, дөңгелек пеш. Қазанды да осыған асатын болса керек, қақпағы алмалы-салмалы. Жаңағы алтауы да пешке жақын. Кішірек үшеуі пешке жылынып, қолын қақтаған күйі жан берген. Арқасын тамға тірей отырған біреуі мүлде тірі, тек қалғып қана кеткендей. Екеуі төрге таман текемет үстіндегі жаңа жуырқан (түйе жүнін салған көрпе) үстінде судан шығарып тастаған балықтай қалай болса солай құлаған. Үлкенірек біреуі пештің алдында, екі аяғы тізесінен бүгілген қалпында, шалқалап жығылған. Бір қолында бір уыс қураған жусан. Екінші қолында оттар, оған тие күлқалақ жатыр. Баланың үлкені басқаларына қамқорлық жасап, от жағып інілерін жылытып жүрген болса керек-ті.

— Мүмкін бұларға ыс тиген шығар,— дейді Абат Мырзалин.

Нұрқалық далаға жүгіріп шығып, мұржаның ашық екенін көріп қайтты. Кернейде де кедергі жоқ, терезенің бір көзі де ашық. Жаққандары көң-қи емес, көмір емес, жалпылдақ отын яғни қурай. Одан ешқашан ыс тиіп қазақ өлген емес. Оның үстіне кернейлі темір пештен ыс тимейтіні тағы бар. Ол иіс-қоңыстың бәрін сыртқа тартып кетеді. Үй ішін қарастырғанымызда тамақтан басқаның бәрі бар. Ыдырыс, маңлық көрпенің өзі он бес шақты, күмпілдек құс жастықтар да сонша. Үш-төрт екі салар (екі шилі киіз) текемет, оймышты сырмақ. Есік жақта екі-үш бумалы киіз тұр. Есіктің көзіне дейін төсеніш. Бірнеше қара сеңсең — бөстек. Осылардың бәрі кіреленіп жинаулы тұр. Екі-үш елтірі ішік те көрінеді. Олардың астына қаз қатар қойылған жүкаяқта үш әдемі сыңғыр кілтті, өрнекті-нақышты сандық. Оның іші де толған адамға керекті дүние-мүлік екені аян. Босаға жақта қазақ үйдің бау-шуы, басқұр, тегеріші, түрлі түсті құр-таңғыш, уықбау, желбау, түрлі әсемдік дегері, додегесі.

— Шіркін боқтық-дүние-ай, қояр да қоймай жүріп әлгі Қоңқаш үш-төрт күнге сұранып барып Алмалы-Долаңқарадағы қалған үйін басқа бір жақтан көлік тауып, алып келіп еді. Енді, міне, бәрі қалды. Қайран бауырларым-ай, әр қайсысы ертең бір-бір отаудың иесі болып, қазақтың бір-бір шаңырағын көтеретін еді. О, жалған, опасыз, сұм дүние! — деп Нұрқалық егіліп кетті. Мырзалинде ее-түс жоқ, сазарып қалған. Мен нақ осындай болмағанмен мұндай өлімді баяғыда, он сегізінші жылы Алматы түбінде көрген едім. Бірақ қолында малы бар, күш көлігі, ескі қоры бар, қыс басында азды-көпті, арық-семізді соғым сойған ел нақ мұндай сыпыра қырылысты ешқашан да көрмеп еді. Мен де жетісіп тұрғам жоқ, қан жылап тұрдым. Дегенмен Абат пен Нұрқалықтан гөрі мықтырақ екенмін. Miнe, дүние-дүние деп безек қағып, жаныңды жалдап тісіңді қайрап жинаған дүние. Қоңқаштың келіншегі кедей демей келген еді оған дейді Нұрқалық. Ол оны былай айтатын еді:

Совет өкіметі орнап, кедейлерге дес тиіп жатқанда Күрті болысындағы Асыл-Төлеміс Хасен байдың бәйбішесінен туған ерке ескен, осы жалғыз қыз — Бикен әкесінен рұқсат алып тұрып, осы қара қасқа кедейге кеткен. Жұрт біраз Бикенді келеке де еткен. Көлден шелге келдім демей Бикен Қоңқашпен бірігіп, адам қатарына қосылып, балалы-шағалы болып келе жатыр еді. Енді аяғы мұндай болды.

Балалар өлімін көріп тітіркеніп кеттім. Жанымдағы екеуге білгізбеуге тырыстым. Алматыдағы екі ұлымды есіме алдым. Қалай дегенде де олар әйтеуір мемлекет қамқорлығында ғой деп өзімді өзім жұбаттым.

Үйден құры сүлдеріміз шықты. Мұнда бәрі де бар. Тек тамақ жоқ. «Арпа бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деген осы. Боқтық та тоқтықта керек. «Ойхой дүние, көп едің, төсек тартып жатқанда, қайдасың Төле демедің» деп қазақтың басын құрап ел қылған үштің бірі, атақты Төле би ауырып жатып айтқан екен. Сол айтқандай мынау аштан қырылып қалған үйде де аз ба, көп пе, дүние бар, одан не пайда!? Күні жетіп, талқаны таусылған соң, бәрі көз жұмған. Әндірлер өліп жатыр. Талқаны таусылды! Осылай дейді қазақ. Бұларды көмуге қам жасауға кеңсеге бару керек еді. Дегенмен мына үйлерге де кіре кетпек болдық.

— Мынау Томақбайдың үйі,— деді Нұрқалық.— Екі ұлы мен әйелі әнеугүні өліп қалған. Өзін қайдам.— Менің ойыма өлген қасқырлардың етіне үшеудің таласы түсе кетті. Не болды екен. Мүмкін қасқыр еті өлмегенге себепші болды ма екен. Қандай көрік маңдай, керме иық еді-ау, не болды екен. Ол көргенімді Абат пен Нұрқалыққа айтпадым. Айтып не, сүйінші сұрайтын нәрсе емес қой, ол.

Тоқал тамның түстікке қараған жағында екі есік, екі терезе Бұдан мұның екі үй екенін білу қиын. Кәдімгідей көше етіп салынған бұл сіләннің барлық үйінің де қорасы бар. Көше жақтағы үйдің есігін аштық. Дыбыс жоқ. Есік ашылғанда жаман иіс бұрқ ете түсті. Ішінде адам жоқ сияқты. Жоқ, бар екен. Өлі екен. Қазан асылған балшық пештің түбінде екі-үш жілік жатыр. Томақбайдың өзі пешке бір қолын сүйеген қалпымен жүріп кетіпті. Нұрқалық жіліктерді аяғымен түртіп көріп:

— Қасқырдың жілігі,— деді.

— Қайдан білдің? — деймін мен.

— Мынау асық жіліктен біліп тұрмын.

— Оның асық жілік екенін қайдан білдің?

— Мынау асығынан. Мынау мұжық,— деді Нұрқалық,— қасқырдың асығы. Оның асығының төрттен бір бөлегі жоқ болады. Сондықтан да қазақ «қасқырдың асығындай мұжық» дейді. Шынында да кейін талай көрдім, кәдімгі қой асығын — оңқайын бүгесінен қойып, соның оң жақ артын сындырып тастасаң қасқырдың шұқмайтына ұқсап қалады. Бұл үйде көп дүние де жоқ. «Бидайды қуырған тауысады, жылқыны шұбырған тауысады». Басқа жерден қоныс аударып келген адамда не дүние болсын. Екі-үш кісіге жетерлік бір-екі көрпе, киім дағы. Томақбай байқұс шалқалап қалыпты. Үй суық. Соған қарағанда мұнда ешбір иіс болмауға тиіс еді. Мен жаман иісті қасқыр етінен қалған болар деген қорытындыға келдім.

Көршісіне де кірдік. Бұл қасқыр етіне таласқан Берікқұлдың үйі. Ол жалғыз басты жігіт еді. Ол да төрі алдында жатыр. Жансыз. Жаңағы иіс осы Берікқұл үйінде де бар. Шамасы менің жобам дұрыс. Осылай тоғыз үйге кірдік. Бір де бірінде тірі адам жоқ. Төрт-бес үйден кейін Тонауғалидің үйі. Он екі жасар қыз бұрышта бүрісіп отыр. Зорға сөйлейді. Қазанда бірдеме қайнап жатыр. Балшық пештің астында от маздап жанып тұр. Түйетікеннің бірнешеуінің өзегі отта жатыр. Үйдің іші мұнда да суық. Бала бізден қорқыңқырап қалып, Нұрқалықты көріп соған жыламсырап ұшырасты.

— Нұрқалық аға! Әкем кеше өлді. Қасқырдың етін жеді. Жеме десем болмады. Одан да мына жоңышқаны жеу керек еді,— дейді.— Көме алмай отырмын.— Не істеу керек? Басқа түссе баспақшыл деген осы. Кәмелетке жетпеген бала өлікпен бір үйде жатқан. Қалай ғана шыдарсың мұндай сұмдыққа! Қара жер қалай қарс айрылмай, осындай пәлені бізге көрсетіп тұр. Бала жыламсырады. Жылай алмады. Кемсеңдеді де қойды. Аузы да икемге келмейді. Бұл кіргеніміз он төртінші үй. Он төрт үйде жалғыз он екі жасар қыз қалыпты. Ал үш үйдің адамының тірі қалған төрт адамы босып кетіпті. Байқаймын Мырзалинде пұсты қалмады.

Осыдан үш күн бұрын да бір сұмдық оқиға болды. Көп адам сандалып колхоз кеңсесіне келді. Бізде берер ештеме жоқ екенін білгендердің бәрі кеткен соң, есік қайта тырылдап-сықырлап зорға ашылды. Есіктің төмен жағынан кішкентай қолдың төрт саусағы көріпді де, саңлаудан басында түрмелі қара бөркі бар, үстінде өзіне шақ жасалған қоңыр тоны бар бала пысылдап кірді де, есікті жаппаққа тұтқаға қайта жармасты. Қолы зорға жетті ме, әлде икемге зорға келді ме тұтқаға болар-болмас ілінді. Ол есікті тартқан болды. Шамасы есік жабуға келмеді. Мырзалин жүгіріп барып есікті жауын, орнына отырды. Сүйегіне ілініп тұрған баланың көзі аларып кеткен, бірдеме сұрауға да мұршасы жоқтай. Жалбырап, жалдырап бізге телмірді де тұрды. Мойыны ырғайдай. Ол қылдырықтай мойын анау қара бұйра бөрікті басты қалай көтеріп тұр екен. Әйтеуір дене, аяқ-қол киім ішінде болғандықтан жүдеулігі көрінбейді. Суықтан болса да, аштықтан болса да баланың ауызы сөйлеуге келмейді.

— Ағ,— деді бала, аяғындағы «а» ны айта алмады.— На..

Мырзалин орнынан үш тұрып, үш отырды. Шыдамай кетті.

Қолын артына ұстап түк көрінбей тұрған қыраулы терезеден тысқа қараған болады. Тыста не бар оған, мына баланың жағдайын көріп шыдай алмай тұр. Бала бір кезде бар күшін жинап бір сөз айтты:

— Аға-тай-лар! Ағ...

Мырзалиннің аяғы тыпырлап, едені жоқ, топырақ табанды тесіп жібере жаздады. Жерді теуіп-теуіп қалды. Немізді береміз. Өзімізде екі-үш күн аш едік. Мұндайда қалтаңа қолыңды салып жіберіп, ең болмаса бір тілім нан алып, «мә, байқұсым, жей қойшы!» десең. Ой, шіркін-ай, ондай күнде болар ма екен. Осыларды ойлап жаным шыдамай, не істерімді білмей, өз маңдайыма өзімнің қойып қалғанымды бір-ақ білдім. Жұдырығым жұмылып столға соғылды. Бала қайта бірдеме демек еді, ауызы келмей кеңсеге құлап-ақ түсті.

— Мұны көргенше, Әбеке, өлген жақсы еді ғой,— деп Мырзалин отыра қалып, екі қолын біріне-бірін қапсырған қалпымен столға қойып қалды да, кәдімгідей балаларша кеңкілдеп жылап жіберді. Шынын айтсам, інім, жетімдікті көп көрген менің халім Мырзалиннен әлдеқайда нашар еді... Мен екі-үш жас үлкен болғандықтан, ит жейдені бұрын тоздырғандықтан зорға шыдап тұр едім. Көзімнен жасым атып кетті.

— Айналайын, Абат! — деп оны құшақтай алдым. Менің де екі көзімнен жасым ағып, омырауымды жауып кетіп еді.

Кеш батып бара жатқан. Ала көлеңке кеңседе, інім, Абат екеуміз шынымен жыладық, даусымыз да шығып кетті. Өксігімізді баса алмай, солықтап, солқылдап тұрдық. Інім, шынын айтсам, осы жылағанымыз жақсы болды, аз да болса содан кейін қатайып қалдым. Бір шамада қарасам Мырзалин талықсып кетіпті. Оның қолын уқалап, зорға есін жиғыздым. Аш көзді, арық қара баланы жерден көтеріп, ұзын отырғышқа шалқасынан салып қойдым. Бала кеңсеге соңғы күшін жинап, ақырғы демін тартып, ақтық сөзін айта, көзін сата келген екен ғой. Қайтеміз, көмектесе алмадық. Арықтың жағасын жарып шығып, жаңа бас көтерген жас шыбық қыршын үзіліп кетті, бырт сынып мерт болды. Ой, шіркін, қатыгез дүние десеңші!

Шұнақ шалдың көзінен жасы ағып, екі қолының сыртымен көзінің жасын ықтырды. Іштей солықтап қалды, сыртына шығара алмады. Булығып отыр, шамасы. Адамзат баласы қашанда өмірінің қапылатты шағын осылай қамыға еске алады. Ділінде сақтағанын өкіліне түсіре отырып өкінеді, әлде бекінеді. Өкінсе сары уәйімге түсіп, оның арты созылмалы ауруға айналады, егер бекінсе шыныға, ширыға түседі. Шал осылай бір сәт күндік тартқанымен, артынан тез ашылған тау күніндей жадырай қалып, мамыражай қалыпқа келеді. Әрине, осы жастағы адамдарды күлпет тар қылды деп ренжуге болмас еді. Өйткені осы бір ашаршылық атты халық басына түскен нәубеттің шет жағасын ғана еміс-еміс есте сақтай алған біздің өзіміз ойласақ көкірегіміз қарс айырылады. «Жұртқа келген селебе, селебені елеме» деген біздің оптимист халқымыз, бірақ сол бір жылдарғы бұл көрініс болатты босатып, құрышты құртып, жермен жексен етіп кетпеді ме. Оны қалай ғана қапаланбай еске аларсың, қалай ғана қан жыламассың. Шал әлден уақытта барып әңгімеге оралды. Оған дейін мен де үндемей отырдым.

Сонымен баланы көмуге қам жасауға есік алдына шықтық. Жаңағы келген адамдардың екеуі есік алдына он қадам барып құлапты. Не істеу керек? Осылай жатса жаманшылықта жағаласа жүрген итқұс жеп кетеді, сондықтан ол екеуін Мырзалин екеуміз көтеріп кеңсеге кіргіздік те, ертеңіне үшеуін бір жерге бетін жасырдық. Содан Абат ертеңіне де түзеле алмай жүрді. Қабағын ашпайтын болып алған еді. Енді бүгінгі жағдай мынау. Мырзалинде түр жоқ.

Сонымен он үш үйден кәрілеу кемпір адам, он екі жасар қызды ғана кездестірдік. Қыз бен кемпірді бір үйге ұстау керек деп ойладым. Сіләннің ең аяғындағы үйге келгенде төбе шашымыз тік тұрды.

Жаманшылықта бәрі тұс бола беретін қашанғы жай, соңғы үйге келгенде көргеніміз күні бүгінге дейін түсіме кіреді. Ауыз үйі жоқ, сырттан кіретін есік тура төрге қарама-қарсы екен. Бұл үйдің де есігі сырттан жабық екен. Үйге кіре беріп Нұрқалық «ойбай!» деп айқайлап жіберді. Айқасып жатып өлген ерлі-зайыпты егде адамдардың екеуінің де киімдері дал-дал, еркектің де, әйелдің де құйрығы, саны қан-қан, ойылып қалған. Алдымен бұлардың етін адам кесіп әкетті ме екен деген жаман ой маған ду етіп басыма келе қалып еді. Жоқ, тамның терістік жағынан тесік көрінді. Дуалдың астын қазып, кеулеп шүйебөрі кіріпті... Үйдің артына шыққанда бұл анықтала түсті. Түнде қазған жаңа топырақ төрт-бес метр жерге шашылып жатыр. Өлген адамдардың жамбас сүйектері, ортан жіліктері етсіз, саудырап бос қалыпты.

— Шүйебөрі кірген,— деді Нұрқалық. Оны мен де айтпақ едім. Өйткені мен де мал баққан елдің баласымын, өзім де малшы болғанмын. Шүйебөрі осылай жейді. Ол тірі қозының құйрығын түк қоймай сорып жеп кеткенінің куәсі болғанмын. Қойдың етін жегенде де саудыратып сүйегін қалдырады да, етін сорып қояды. Ол кезде тіпті қойдың тірі жататындары болады.

— Бұл кешке қайта келеді,— деді Нұрқалық.— Сондықтан осы үйді күзету керек. Мырзалин бұған ақыл қоса алмады.

Алдымен осы сіләндағы өлген адамдарды бір үйге жинадық. Жиырма сегіз адам болды. Сонан соң ол үйдің есік-терезесін шегеледік. Қолымыздан келгенінше үйдің түбіне қарды үйдік те, қарға арықтан бірнеше шелек су құйдық. Қар анжырланып, сонан соң тас болып, көк мұзданып қатып қалды. Енді шүйебөрі тұрмақ арлан-абадан ала алмас болды. Ауылда тірі қалған екі-үш адамды арғы беттегі қоныстандыруға алып кеттік. Осыларды істеп болғанша күн де батып кетті. Енді төменгі, ең шеткі үйді аңдымақ болдық. Бұл іске Мырзалинді араластырмадық. Ол біз сияқты жоқшылықты, ыстық-суықты басынан кешірген адам емес-ті. Көргені мектеп, одан семинария. Сондықтан оның тағы да жүрегін жаралағымыз келмеді, оны өзеннің арғы жағындағы ауылға жібердік.

Нұрқалық екеуміз есіз, қаңырап қалған үйдің біріне су қайнатып ішіп, әбден ел орынға отыра соңғы, он төртінші үйге келдік.

— Енді сөйлемейміз,— дедім Нұрқалыққа.

— Жарайды,— деді Нұрқалық.

Үйдің іші қараңғы. Тесік үй қабырғасының терістік жағында. Тура соған қарама-қарсы жаққа келіп, үнсіз кіріп, Нұрқалық екеуміз дүмімізді төсеп отырдық. Үйдің іші ық дегенің болмаса, суықтығы даламен бірдей. Төрде екі адамның өлігі жатыр. Оны әдейі бағана алмағанбыз.

Үйдің іші түнек. Тылсымданып тұр. Сәл отырғаннан кейін қай-қайдағы еске түсіп, даққа батып, малтып, арғы жағына шыға алмай кеттім...

...Отыз екінші жылғы июльдің басында Алматыға барып, обком секретарының кабинетінен шығып келе жатқанымда сылыңғырлау өткір қара көзді жігіт:

— Аға, сізді Жандосов іздеп жатыр, жолыға кетсін деді,— дейді.

Жандосов ол кезде Ауылшаруашылық институтының директоры. Ол әлдеқалай маған дәлізде кездесті де, амандықтан соң аудан жағдайын сұрап алып маған тіке сөйледі:

— Алатау көшесіндегі Мамандар үйінде Ғатауллин деген жігіт тұрады. Сонда Ғабит Мүсірепов отыр, соған жолыға кетіңізші,— деп қиылды Жандосов. Ол қиылмаса да айтқаны екі болмас еді.

— Жарайды,— дедім мен.

Астымда атым бар, онда Алматының көшесінің бәрінде атпен жүруге болады. Салып ұрып Алатау көшесіне де келдім. Есікті жас ноғай әйел ашты. Бұл шамасы үй иесінің келіншегі. Түрі жылы, жұмсақ сөйледі.

— Кіріңіз! — Мен сәлемдесе үйге кірдім. Үйде бес жігіт отыр.

— Е, кел, Шұнақ,— деді біреуі. Тани кеттім. Жиырма тоғызыншы жылы Қызылордада көрген жігітім Емберген Алтынбеков Ол жиырма алтыншы жылы Қызылордаға жиналысқа Шымкенттен барған еді. Басқаларын танымадым. Төрде отырған, шашын бір жағына қарай тараған жұқалау жігіт басын қараған қағазынан әрең алып, мойнын зорға бұрып ыңырана сөйледі:

— Қолсаңшы Емберген,— деді жайлап созып. Шамасы Ембергеннің менің шұнақтығымды айтқанына риза болмай қалды. Байқаймын Емберген сөзіне анау үш жігіт те қысылыңқырап отырған жайы бар.

— Қысылмай-ақ қойыңдар, оны шұнақ қылған құдай мен емес, өзінің Жаубай деген атасы. Өзі ғой, кедей басымен бай қызына қол салған. Сонан соң құлағын кесіп, ен салып бала қылып алған.

— Мен неде болса күндіз ұсталып құлақтан айырылдым, бай қызына түнде барамын деп аяғын сындырып ақсақ болғандар да жүр ғой, астанада,— дедім.

— Ей, ей, аяққа барыспа. Әйел десең әжем де кетеді. Үкіметтен абайла,— деді Емберген. Ол Ораз Исаевты айтып отырғаны. Енді жігіттердің бәрінің сарық жүзі жылып сала берді. Мен қайта:

— Е, өзің ғой, құлағымды құтыртқан. Менің құлағым жоқ, сенің аяғың жоқ, бәрі бір емес пе! — дедім. Шынында Емберген сылтып басатын, ол қатты жүргенде ғана білінетін. Сондықтан «ақсақ» дегенге ол да арланбайтын. Төрдегі танаулы, жұқалау шашын бір жағына қайырған жігіт қайта ыңырана сөйледі:

— Е, шұнағым, өзіңде де бар екен ғой, мен Ембергенді айыптап отырсам,— деп болар болмас езу тартты. Күлгенде сирек өскен екі қасының қияғы аспанды көздеп кетті. Ол тіпті зорға қимылдап, әрең сөйлейді. Сөйлеуге ерінетіндей. Жанындағы адамға бұрылып қарауы үшін оған бір бес минут керек сияқты. «Кер маралдай керіліп, бір басарға ерініп»,...» деп Қыз Жібекті айтушы еді. Жігіттің осынша керілгенін кім көріпті. Менің іздеп келгенім де осы болып шықты.

— Жүр, Абақ, екеуміз есік алдына шығалық,— деді. Тағы да зорға айтты. Екеуміз көшеге шықтық. Ол қалтасынан мүштек алып, оған папиростың жазылысын тықты. Сонан соң қимылдағанда бешпентім жыртылып кете ме деген кісіше зорға қозғалып, қалтасынан сіріңкені әрең алып шықты. Темекісін тұтатты. Қимылы ішімді пыстырып жіберді. Темекісін бұрқ дегізіп сорып, иегін көтере түтінін шығарып аяңдап жүрді. Жүргені де баяу. Тіпті бір аяғын сылти басатын сияқты көрінді маған. Сөйлегенімен аяғының басысында айырма жоқ. Сөзі де, жүрісі де, отырысы да маңғаз. Асығу-аптығу деген бұған жат болса керек-ті. Күлген күлкісі де шамадан тыс мазалы. Өтірік күлгендей болып көрінеді. Ол темекінің өзін де жай анда-санда сорады. Бір шама уақыт өткен соң барып маған қарай сөйледі:

— Ал айта бер, Абақ,— деді тағы жайлап, баз-сазданып, созып.

— Не айтамын?

Әлден уақытта барып сөйледі:

— Жандосов айтпады ма? — деді ол. Маған оның Жандосов дегені ұнамай қалды. Ораз әлде Ореке демеді. Шамасы аралары онша емес шығар деп ойлаған едім. Жоқ, қателескен екенмін. Керісінше жазушы атаулының ішінде Жандосовпен ең жақын осы екен. Сонан соң ол оған не керек екенін айтып, ауданның жағдайын тәптештеп сұрады. Мен бар жағдайды баз қалпында, таз қалпында жеткіздім. Сонымен мен ол жағдайды ұмытып та кеткенмін. Сөйтсем басы осы Ғабит болып, Мансұр Ғатауллин, Емберген Алтынбеков, экономист ғалымдар Қадыр Қуанышев, Мұташ Дәулетқалиев бесеуі Өлкелік Комитетке Қазақстанның жағдайын айтып хат жазады. Онда Ф. И. Голощекиннің партия тұрмысының лениндік қалпын бұзуы, партияның ішкі демократияны бұзуға апарғанын, жергілікті ерекшелік талаптарын ескермеу, оны айтқан жеке адал коммунистерді қудалауға ұшыратып, жергілікті ұлтшылдық деген айдар тағып, оны оппортунизм деп көрсететінін, мал шаруашылығы саласында терең олқылық орын алғанын, сөйтіп Қазақстан Одақтың негізгі мал шаруашылықты базасынан кейінге ығысып кеткенін айтып, оның өзі тек байлардың үгітінен ғана болып отырмағанын, сонымен қабат, ең бастысы, мал шаруашылығын өркендетуге бағытталған Орталық Комитеттің шешімдерін жүзеге асыруды «солшылдардың» қисайта тартқанынан болып отырғанын ашып жазыпты. Ауылдың және ауданның партия ұйымдары бұл асыра сілтеуден қорытынды шығармағанын да, бұл асыра сілтеудің және әкімгершіліктің бүгінге дейін болып отырғанын да айтыпты. Голощекин бұл ауылда жіберілген қатені, бұрмалаушылықты білдірген хат қолына тиісімен осының төңірегінде қатты шу шығарды. Ол оңшыл оппортунистік топ табылды, олар Өлкелік Комитеттің және оның басшылығының беделін түсіргісі келеді деп соқты. Өлкелік Комитет хат авторлары буржуазиялық ұлтшылдық жолына түсіп отыр деген арнаулы шешім алды: Сондықтан авторлар өз хаттарынан бас тартуға мәжбүр болды. Осылай біз жалтақ болдық, түзелмес қорқақтығымыз осылай басталды. Енді, міне, қазақ қырылып, тесіктен адам етін жеуге келетін шүйе бөріні аңдып отырмыз деп ойлап, тесік қалтаның түбіне жетемін деп отырып, қасқырды ұмытып кеткенім ойыма оралып жүрегім су ете түсті. Бойымды жинаңқырап тесікке тесіліп қалдым.

Үйдің іші шырттай қараңғы. Маған әлдеқалай өлген екеуі үйдің ішінде түрегеп жүргендей эсер етеді. Қолымдағы тапаншаны қыса ұстап қайта қатып қалдым. Осындайда мұрныңның ұшы, тамағың жыбырлап, арқаң қышып, бүйіріңе де бірдеме қадалып, тыныштықты бұзғың келетін жаман әдет болады. Менің де екі аяғым сыздап, шүйебөрі келіп қалғандай, тықыр білінгендей болады. Әлі түк жоқ.

Бір кезде тесік осы жерде деп қарап отырған бағытымыздан бір тықыр естілді. Жоқ бола қалды. Шамасы шүйебөрі біздің яғни тірі адамның иісін сезді. Бірақ бәрібір ол келсе кете алмайды. Өйткені біздің иісімізден өліктің иісі оның мұрнына бұрын жетеді. Тағы тықырлады. Жүрегім соғып кетті. Дүк-дүк етіп соққаны өзіме естіліп тұр. Ал Нұрқалық бұл дүниеде жоқтай, тіпті демалғаны да білінбейді. Тықыр естілгенде өліктер тұрып кеткендей әсер алдым. Үйді аралап келіп, бізді бас салатындай. Қанша батыр болсаң да айдалада, иесіз тамда қара түнек-тылсым ішінде, жаныңда адам өліп жатқанда, (ол өліп жатыр ма, оның бір жағын бірдеме жеп қойған) қалай жүрексінбессің. Тағы осы жерде бір сұмдық есіме түсіп иманым зәр түбіне кетті, біреу төбемнен суық су құйғандай бірдеме болып, басым дың етті. Осылардың етін жеп жүрген адам емес пе екен деген сұмдық бойымды жайлап алды. Ішек-бауырым мүздап, дірілдеп кеттім. Екі тізем қалтылдап, арқам жыбырлап барады, сол жақ иығым қолымның қарына қарай ұйып, шымырлап жүріп берді. Оң жағымда біреу мұрнын тартқандай болады, пысылдайды. Қой құлағым шатасып тұрған болар. Нұрқалық сол жағымда отыр. Әншейін елес шығар... Үйде біреу бар сияқты... Япыр-ай, онда неге есік ашылғанын білмей қалдық. Ол қалай? Ұйықтаған жоқпыз ғой.

Ойыммен алысып отырғанда оң жағымнан пысыл тағы естілгендей. Қалай-ақ құлағым шатасып тұр. Енді шынымен қорқайын дедім. Егер кісі жейтін біреу болса, бізді де осындағы өліктерді жеп жатыр деп ойлайтын болар. Бірақ адам қайдан кірмек мұнда? Әлде біз су қайнатып ішіп отырғанда кірді ме? Адам жегіштің қараңғыда қасыңда тұруы қалай болар еді. Денем тағы мүздап кетті. Адам жегіш... Аты қандай жаман. Жоқ ондайлар бар дейсің бе. Бірақ... «Жоқтық не жегізбейді...» дегенді қазақ неге шығарды. Оны неген айтпаған ғой. Шынымен осында адам жегіш тұрмасын... Жаным мұрнымның ұшына келді. Әне тағы пысыл. Шынымен-ақ біреу тұр ма?.. Жүрегім дүрсілдеп, атша шауып кетті. Тесік жақ тықырлайды. Тағы тым-тырыс.

Енді тықыр тесік жақтан естілді. Тыпыр-тыпыр етті. Тура жаңағы өліктер тіріліп түрегеліп жатқандай. Екі жасыл от жылтырады. Қайта жоқ болды. Енді біреуі көрінді, қайта жоғалды. Тесік жақ та, есік жақ та тықырлады. Қайта тыныштық орнады. Қайта тыпырлады. Екі жасыл от маған қарай жақындап келе жатыр. Тапаншаны екі оттың ортасы осысың ғой деп басып қалдым. Қаңқ етіп, қыңсылап қалған дауыспен қабат оң жағымнан тапыр-тұпыр біреудің есікке қарай ұра жөнелгенін байқадым. Мен Нұрқалық қашты деп ойладым. Жасыл от шыққан жерді тағы аттым. Менің сол жағымдағы Нұрқалық айғай салды. Үйден ата шықтық.

— Тоқта иттің баласы, атамын! — Нұрқалықта мылтық жоқ. Біреу ақ қардың үстінде қарбаң-құрбаң жүгіріп барады. Өліктер, өлік жатқан үй, шүйебөрі жөніне қалды. Екеуміз қашқынды қуа жөнелдік. Нұрқалық жете беріп көкжелкеден бірді отырғызды. Анау етпетінен кетті де, тұруға қарманды. Нұрқалық үстіне міне түсті. Тағы да әлін кетіру үшін болар, оның басын желкесінен көтеріп, жерге соғып-соғып жіберді. Мен де жүгіріп олардың жанына жеттім.

— Бұл иттің баласын бес-алты күннен бері аңдып ұстай алмай жүр едім. Дода сіләнінде өлгендердің сан етін кесіп әкетті. Сіздерге. айтпап едім, әдейі.— Нұрқалық алқынып отырып айтты, бұларды. Сөйтсек осындай біреудің пайда болғанына бірнеше күн болған екен. Еті көп арымай өлгендердің күнде сан еті кесіліп қалып жүреді. Абұйыр сақтап, өлген адамға жаман атақ келтірмеу үшін жергілікті адамдар мұны тіпті бәрі көріп тұрып, біріне-бірі айта алмай ішінен тынады. Мұның кім екенін де білмейді, алдымен мысық ойып жеп қойды деп жүреді жұрт. Бірақ адам еті пышақпен кесілгендігі белгілі болады. Содан кімнен көрерін білмейді. Сөйтсе осыдан екі күн бұрын Дода сіләнінде өлген Көмекбай үйінен таңға жуық біреудің өзенге қарай жүгіріп бара жатқанын көреді, тұрғындар. Оның да сан еті кесіліп қалады.

Нұрқалық ең жақын үйден жіп алып шықты, мұның екі қолын артына тас қылып байлап, алдымызға салып айдап алдық. Қайтадан жаңағы үйге кірдік. Шүйебөрі сүйретіліп қуыстан шыға беріп өліпті. Түн ішінде топырақпен тесікті бекітіп, есік алдындағы Теріс арықтан су әкеліп оның үстіне құйып, кілең жасадық. Таңертеңге дейін деп есікті сыртынан бекіттік. Сөйтіп жауызды алдымызға салып, айдап арғы беттегі қоныстандыруға кеттік.

Тұтқынды кеңсеге әкелдік те, аяғын да байлап, бүк түсіріп шырмап тастадық. Өзіміз әбден қалжырадық. Түннің бір шамасы болған. Сонан соң үйді-үйімізге тарадық.

Таңертең кеңсеге келгенде қалған тірі жан осында екен. Әркім бір ұрып түнгі тұтқынды жұрт өлтіріп тастапты. Мұны ешкім танымады.Тіпті оның ұлтын да ешкім ажырата алмады. Мырзалин көріп тұрып оған ара түспепті.

— Киімін шешіп, жалаңаштап, далаға лақтырып тасталық, қасқыр жесін өлігін,— деп шуласты жұрт. Халық ашынып кеткен. Дегенмен адамзатты олай қорлай алмадық. Бір дуалдың түбінен оған да орын табылды.

Біз колхозға келгенде-ақ халықтан ісік шыға бастаған екен. Қайта содан бері ілініп-салынып жұрт келе жатыр. Февраль, март айлары жұрттың бықпырт тигендей қырылған кезеңі болды. Інім, ол бір көріністі адам баласы көрмей-ақ қойсын. Жылдың басында әрбір үйге ауданнан екі пұттан тары берілгенін бағана айттым. Жаяу барып көтеріп қайтамын деп біржола қайтпайтын сапарға аттанғандар қанша! Екі пұт тарыдан бар түсетіні бір пұттай ақтаған сок. Оны қос уыстап қайнаған суға салып көже, дұрысы көже емес, сол кезде дұрыс атағанындай атала істеп, адамдар күніне бір қабат өздерін өздері алдайды. Шайнауға қоюы жоқ, атала да қыс ортасында біржола ада болды. Қаптың түбі бүкіл ауылда қағылды. Ел тентіреп қайың сауып кетті. Біреу жекжат-жұратын жағалап, біреу қалаларды сағалап қаңғыды. Жолда жан тапсырған адамдар қар үстінде қатып қалған. Қолдан келгенше оларды жолдан шығарып қоюға тырыстық. Оларды көмуге кетпен, күрек ұстауға шамасы келетін адам ада, болса оларда әлдірман жоқ. Бәрі әруей, ер арып әруақ болып қалған. Баяғыда естуші едік: қыста өлген адамды күн жылып, жер жібігенше тамның үстіне шығарып қояды екен, ал киіз үйде өлгендерді көшкендей жағдай болса, өлігін атқа мінгізіп, екі аяғының астынан таңып, ердің басына екі аша ағаш орнатып, қатқан адамды иегінен соған асып, алып жүре береді екен. Міне, ол кезде жер қазуға неге шамалары келмегенін кім білсін, мүмкін ол да осындай бір қатыгез, қара күн заман ба екен, кім біледі, ал біздің шынымен өлгендерді көмуге шамамыз келмеді. Шырағым, «түтінің шықпай қалғыр» деген қарғысты естіген шығарсың. Біз сол түтіні шықпай қалғанды көзбен көрдік. Күрті өзенінің екі жағындағы қыстаулар қаңырап бос қалды. Ішінде өлік жатқандары қаншама. Есік-терезелерін тақтаймен шегелеп тастап жүрдік. Өйткені «Ақсеңгір» судың аяғындағы колхоз еді. Оның қоныстандыру салған «Жайсаң» аталатын жердің төмен жағы қаптаған қалың ши еді де, өзеннің іші ит мұрыны өтпейтін шырыш-қорыс болатын. Әсіресе төмендеп Қаракөлге жақындағанда қамыс-құрақ қаптап тұрады да, арасында қырғауыл, жабайы шошқа, ши арасында қоян жыртылып айырылады. Құр қол, жаяу адамға одан не пайда? Осы жылы қасқыр да қаптап кетті. Ол адамға ашаршылықпен бірге шабуыл жасады. Қақпан басып, солтүстіктен соққан сары аязға бой бермейтін ішік жасап киіп алатын қайран қазақ енді бөрі алдында мүсәпір сорлы болды да қалды. Бөрі тіпті күндіз екі үйдің арасында жүретін болды. Ә, шіркін-ай, құлағыңа жеткен қара ауызыңды қарс айырып, ыржыңдатып, ырылдатып, ырситып ұрып

алатын күн қашан туар екен деп армандаумен қала береміз...

* * *

— Бұл бас не көрмеді. Мына қолмен бір күнде қырық — елу адамды көмдім,— деді Шұнақ шал сырты шыт-шыт болып, терісі жұқара бастаған оң қолының саусақтарын салалап көрсетіп. Сол өліктердің таңбасы әлі алақанында тұрғандай қолына қарадым. Шалдың қолы жаман емес. Әжім басқан ұзын-ұзын сойдиған саусақтарының әрқайсысы жас баланың білегіндей. Тарланкөкті үйретіп, Ұлтуған сияқты тауық тамақ, құралайдай сұлуды қызықтырған саусақтар ғой, бұл деп ойладым.— Соның бәрін әдемілеп, арулап қойдық деп өтірік айтсам, інім, бұл жерде ешкім де сенбес еді. Әйтеуір бетін жасырдық. Оларды көтеріп көрге салуға күші келер адамның өзі аз. Көктемде жұрттың қалғанының бәрі қаңқу-саңқу, үрген қарынды жүк көретін шамада еді.

Көктем келгенде қыста есік-терезелері шегеленген үйлердің бәрін аштық. Солардан иіс шыққан үй болған жоқ. Торы еттен ажырап, әбден арығы жетіп, сүйегіне құры терісі ілініп қалған адамдарда иіс те болмайды екен. Біз жол үстіндегі өлікті ғана біледі екенбіз, қар кетіп, жер ашылған соң, өлік тіпті көбейді. Оларды енді көмбеуге болмайтын еді. Қатып, қар басып қалғандарын қасқыр да жей алмапты. Бөрі де ақымақ емес болса керек-ті, ол көбіне қаңғып бара жатқан қазақты тірідей, қаны, денесі қатпай тұрғанда жеген. Өзі әлсіз, күш, дәрменнен айырылған адамның алдынан қасқыр қарды боратып шашады екен де, анау әлсіреп қалғанда бас салады екен. Сонан соң адамды аяқ-қолын сереңдетіп, тоқты басқандай, жәукемдей береді екен. Сөйтіп үрендеге үнем болған қазақтың өлімін теріп жүріп, өткен жылдың қырмандары жанынан оларды тіпті көп алдық. Оның да өзіндік себебі бар еді. «Қарны ашқан қараша үйге шабар» дегендей бірдеме болса, осы жерде болар деп қырманға келушілер көп болған. Қырман ол кезде қайбір елді-күнді жерде. Қырман суырып, сабанды қайта табандарына басып, топанды ұшырып, қауызды уысымен уқалап, талшық етер бірдеме тауып жүргендер де болды. Ал соған барып-келіп жүріп, ит-құсқа жем болғандары да жетерлік еді.

Ал шынына келсек, сол кезде қырмандардан біраз адам шын жан сақтап қалды. Атпен, таспен басқан егін өз алдына, күзгі дымқылға ұрынған жасық масақтың дәнін сол кезде ауылға жаңа жеткен, атпен айналдыратын қызыл барабан да тегіс ала алмайтын. Сабан-топанның астын үңгіп бірдеме алғандар оны шикі жеп те күн көрді. Қанша айтқанмен дәннің аты дән. Тамағынан дән өткендер өлмеді, ал қар басып, ат құлағы көрінбейтін, ақтүтек зымыстан тұрған кезде оған қолы жетпей, не жылы үйге жетпей көп адам сол төңіректе қаза болды. «Екі тесік бір келсе әбиіріңнің кеткені, екі ауру бір келсе, ажалыңның жеткені». Ашаршылыққа суық қосылған соң ірепдел жігіт сүкіт тартады да, сүрініп кетеді... Көкдаладағы бір қырманнан отыз жеті адамның өлігін таптық. Соның бәрін тәретулеп отыруға күш қайда, дуал соғылған жерлердің орына, оқпанды, апанды жерлерге өлікті сүйреп салып, бетін жасырған болдық. Кейін ол өліктердің сүйектері шығып қалып, бас сүйектерімен балалардың ойнап жүргенін талай көрдік.

Көктем келіп, қар кетуі ашаршылықты ала кетті деуге болады. Тірі қалып өлмегенге жаз болды. Көтерем ат болды, көлденең шоп ас болды дейтін көктемде тірілер кеудесін сүйреп, былтырғы қырмандарға жетті. Ал бала-шаға өткен жылдың жыртылмаған аңыздарына қайта жайылды. Кейбіреулер масақтан күніне бір-екі килограммға дейін бидай үгітіп алып жүрді. Жаңа түйілген, ат теріне тимеген қайыс ноқта, жүгенді отқа пісіріп жеп жан сақтағандар енді сай бойлап, жуа теріп, өзен бойындағы талдағы құс ұяларын қуалап кетті. Дүние жүзілік аспаздар тәжірибесінде он жылғы өгіз терісінен котлет жасағанда адам ештеме сезбей, бар ындынын салып, ықыласпен жейтін тамақ істейтін енер иелері бар. Оған қарағанда жаңа илеген қайыс арпа нан қасындағы бидай ұнынан пісірілген шелпектей емес пе.

Осы ашаршылық жылдары, інім, мен ислам дінінің пайғамбары Мұхамедке қатты ренжідім. Оның діні бізге майы сере қарыс, ұшасы ұшандай жайылып жатқан шошқаны жегізбей қойды. Ал бұл жағынан алғанда Будда діні барлық діннен артық па деп қаламын. Оларда тамақтан өткеннің бәрін жеу керек. Ғажап емес пе! Егер жасынан орыстарға ұқсап тасбақа, француздарға ұқсап көлбақа, қытайларға ұқсап жылан жесе, біздің қазағымыз қырылар ма еді. «Ораза, намаз тоқтықта, иман кетер жоқтықта!» Қандай дұрыс айтылған сөз. Ас адамның арқауы болса онда жоқшылықта бәрін де жеуге болады ғой деп ойлаймын. Өйткені ішінен ас кеткен соң кісі кеңкиіп, адам кейпінен шығып қалады екен ғой, інім. Адам «миы өсіп жетілген жоғары сатыдағы хайуан» екеніне ашықтырып көрсең көзің әбден жетеді. Ашықса ол да хайуан болады да қалады. Біздің халқымызда «Бір күн тамақ ішпегеннен қырық күн ақыл сұрама» деген мақал бар. Мен бұдан артық дүниеде данышпандық сөз бар дегенге сенбеймін, сене алмаймын. Дүниенің арқауы тамақ екенін маған отыз екінші, отыз үшінші жыл айқын дәлелдеп берді. Ашыққанда мұсылмандығың жолбарыс көрген қасқырдай құйрығын бұтына қысып жымып кетеді екен.

Мен тасбақа жеген қазақтарды көрдім. Өліп бара жатқан соң жемегенде қайтеді. Көктемде төбе-төбеге жайылып кеткен қазақтардың ішінен ондайларды кездестірдім. Дұрыс істеді деп ойлаймын, інім. «Оны жегенше аштан адам қалпыммен өлгенім жақсы» деп отырсың, ә, інім. Оның дұрыс емес және ол кебеже қарын, кең құрсақ кездегі сөз. Өлгеннен тасбақаны қайзаған артық. Европадағы мәдениетті елдерге тасбақа сорпасын ең әуес, таңсық ас ретінде береді. Сонда қалай деп ойлайсың, олар адамшылықтан шығып кетті ме? Жерінде тарбаңдап тасбақа қос-қостан еркін жайылып жүрсе, ол ең мәдениетті елдерде татымды ас болса, сен оны жемей аштан өлесің, адам-ақ екенсің! Ең болмаса оны ұстауға әлдеқандай бір күш жұмсайтын болсаң екен-ау, жерден еңкейіп ал да дорбаңа сала бер. Еңбек етпей, тер төкпей жейтін астан, жеңсік астан қарап жүріп құры қалған елге не айтарсың. Тіпті өмір сүру дегеннің не екенін қазақ қалай ғана тар шеңберде түсінген, інім. Жылқының жал-жаясы, қазы-қартасы, қойдың сүбесі ғана өмір сүру азығы болыпты, оларға. Жөн бе, осы, інім? «Ақсеңгірден» ат шаптырым жерде жататын Төрегелді деген ащы сулы өзен бар. Жазда көбіне құрғап қалады, не шалшық болып жатады. Осы аңғарда саршұнақ та бар еді, екі алдыңғы аяғын айқастырып, құлдық ұрған кісіше ін аузында шақылдап тұрар еді. Әрине, ол кезде ол сиректеу болатын. Қазір егіннің көптігіне байланысты ол бүкіл Ақсеңгір өңіріне жайылып кетіпті. Оны қазір қазақтар аулап, ұлпанын алады да, етін лақтырып тастай салады. Ал ашыққанға ол май қуырдақ болмас па? Ел аман, жұрт тынышта, жан тоқшылықта оның ұлпанын да алып, етін де қуырып жеп жүргендер өлген жоқ қой. Өлгенің не? Өлетін адамдарға ем болады екен. Оның майын шыжғырып көкірек ауруға ем қылады деседі. Ал суыр ше? «Жоны қашқан итке дайрақ табылмас» деген ғой, әрине, ол кезде қақпан арқалауға, не оны басуға адамның шамасы келмеген де болар еді. Осы жерде, інім, халық арасындағы бір әңгіме еске түседі.

Нарынқол төңірегіндегі бір бай, саудагер қазақ Нүсіпбек бір қалмақпен дос болыпты. Қалмақтың аты Серен екен. Бір күні қазақ бай қалмақ досын қонаққа шақырыпты. Қалмақ досы қартайыңқыраған, аузынан азу тісін аршыған, шалдау кісі екен. Нүсіпбек нағып бұл кәсіппен айналысқанын кім білсін, үйіне тауық та асырайды екен. Қазақта еттен бұрын шай әкелетін ежелгі әдет. Шай келтіріліпті. Қазақ тауықтың жұмыртқасын қуыртып, досының тісіне жұмсақ болсын деп, алдына қойыпты. Серен шайды ішіпті де, жұмыртқаны жемепті. Нүсіпбек майға қуырған жұмыртқаны өзі соғып алыпты. Артынан ет келген соң Серен етті жеп, қымызды ішіп кетіпті. Содан бір күні қалмақ Серен қазақ досын қонаққа шақырыпты. Қазақ, япыр-ай, бұлар доңыздың да етін жеуші еді, қалай болар екен, біліңдерші деп бармай тұрып жансыз жіберіпті. Барған жансыз «қой сойып, бас бергелі жатыр» деп келсе керек-ті.

Нүсекең қалмақ досының үйіне барып отырыпты. Қалмақ дастарқанына ұсақ майда тұраған суыр етінен әдемі қуырдақ әкеліпті. Нүсекең бұл әлдененің еті деп жемепті. Сонан соң Серен сұрапты:

— Нүсеке, неге жемей отырсың?

— Ненің еті екенін біле алмай отырмын,— депті Нүсіпбек.

— Же, тарбағанның еті,— депті Серен.

— Онда жемеймін, адамның етін жей алмаймын,— дейді ғой Нүсіпбек. Сонда қалмақ айтыпты:

— Ей, қазақ, бұл қалай болды. Боқ жейтін тауықтың жұмыртқасын жейсің де, шөптен басқару татпайтын тарбағанның етін жемейсің. Тауығыңа қарағанда тарбағанның еті қазақтың қара-қоңыр қойының етіндей емес пе? — Міне, інім, дін ісінде осындай кереғар нәрсе көп екен. Сол қалмақ айтқандай, қазақ мұсылман болғансып суыр етін жемейді. Ал мұсылмандардың бәрі жемейтін жылқы етін жеп, сүтін ішіп алады.

Өлмеудің сан жолы бар екен ғой, інім. Қазақтар Голощекиннің қолдан жасаған селебесіне қарсы осының бәрін қолдануы керек еді. Пысықтау қазақтардың шілге тұзақ құрып жүргенін көрдім. Бірақ ол елдің бәрінің қолынан келе ме. Қолына өзі келіп түсіп тұрған тасбақаны жемеген қазаққа кейде өлмесең өме қап дегің де келеді. Қап, шіркін-ай, десеңші!

Інім, соғыста өлгеннің жөні басқа екен. Алдымен қайда бара жатқаныңды білесің. Не үшін соғысқаныңды, Отаның үшін, ата-баба жері үшін жан қиятыныңды білесің. Бұл қасиетті өлім деп ойлаймын. Елің үшін өлсең — шейітсің! Ал қарекетсіз, қарап отырып өлгенді көруден азап бұл дүниеде жоқ екен. Қарыны аш, қара баланың қолын жайып, мүсәпір болып, өлежіп тұрғанын, кінәсіз, бар күнәдан пәк сәбидің жарық дүниеге келе салып, түк көрмей, сұм дүниеден еншісін ала алмай, қыршынынан қиылғанын көру — міне, азап осы.

Мен, інім, қазақтардың осынша аштыққа ұрынғанын, болмаса олардың қолында малы, астығы жоқ, түбінде ашығатынын Москва дер кезінде білді деп ойламаймын. Голощекин, оның жанында құдай осы жұмсақ креслодан айыра көрме, алатын болсаң былқылдақ креслоның үстінде ал деп отырған Исаев, Құрамысов шындықты айтпады, бұл, інім, жауырды жаба тоқыды деуден ауырлау. Лоқы-мандам үстіне ерді ішкіліксіз-тоқымсыз салу деп түсіну керек, мұны. Ал Исаев Голощекинге тықыр таялғанда ғана қулықпен қозғалды. Голощекин жел шығарса «жәрәкімалла» деп жәреукеленіп отырған осылар — қазақ өліміне кінәлілер. Інім, мен қазақтың қырылғанын айтуға қорықпаймын. Біреу екі миллион, бірігу үш миллион адам қырылды деседі. Олардың айтқанының да жаны бар. Жиырма бірінші жылы жас революционер большевик ақын Баймағамбет Ізтөлин өлгенде газеттер «жеті жарым миллион қазақ халқы саған басын иеді» деп жазды. Ал ресми цифрдың өзі бұл шындықты маған ашық сөйлеуге право береді. Өзің бұрын шыққан Кіші Совет энциклопедиясын алып қарарсың. Онда Совет Одағында тұратын қазақтың саны мың тоғыз жүз жиырма алтыншы жылғы қарахат бойынша төрт миллион алпыс сегіз мың деп берілген. Ал елуінші жылдары шыққан Үлкен Совет энциклопедиясында Совет Одағында тұратын қазақ саны отыз тоғызыншы жылғы есеп бойынша үш миллион бір жүз мың делінген. Қарахат жүргізілген жылдардың арасындағы он төрт жылғы есімді есептемегеннің өзінде бір миллион адам жоқ болып шығады. Сонда ол қазақ қайда кетті? Әлде Голощекиннің қазақтан тартып алған қырық үш миллион қойын Израильге айдап кетті ме? — Бұған әрбір хат танитын адамның-ақ ақылы жетеді. Оған саясатты білудің, математикалық факультетті бітірудің қажеті жоқ. Ал жиырма алтыншы жылғы есептің өзінің дұрыстығы да күмән келтіреді. Баласын он алтыншы жылы оқпанға қызметке алғанда су жүрек болып қалған қазақ екі ұлының бірін хатқа салғызбағаны өзімізге мәлім. Ендеше мұны айтуға қорқудың керегі бар ма? Бұл біздің социалистік системамызға көлеңке түсіре алмайды. Ол системаның кемшілігі емес, Голощекин және оның төңірегіндегі оның жағымпаздарының қылмысы. Өйткені дұрыс қоғамдық құрылыс бар, оны көрсетіп берген жолды бұрмалап, дұрыс бастап кете алмаушылық бар. Ол екеуін шатастырмау керек. Сондай бастай алмаушылық, өтірік мәлімет, жалған мақтан Голощекиннің ауруы болды. Ал ол науқастың аяғы дендеп кетіп, Қазақстанға, қазаққа індет болып жолықты. Селебе құртын таратушы сол Голощекин болатын. Тіпті ол малдың құруы және жұрттың шұбырындыға ұрынуы байлардың ғана кесепаты деп қарап, әрі-беріден соң малдың азаюын жартылай феодалдық қоғамнан .социалистік қоғамға өтудегі заңды құбылыс деп түсіндірмек болды. Олардың пікірінше Қазақстан сияқты артта қалған республиканы сілкілеусіз социализмге жеткізу мүмкін емес деп қарады. Көшпелі және жартылай көшпелі елдің отырықшылыққа көшуі апатсыз болмақ емес деп көрсетті Голощекин. Қысқасын айтқанда оның ойынша социализм орнату үшін ойсырап қырылуымыз керек екен.

Москва Қазақстандағы жағдайды дұрыс білгеннен кейін шұғыл шаралар қолданды. Мемлекет ауыл тұрғындарына 5,6 миллион пұт астық берді. «Продпомощь» деген орыс сөзі сол күндері әр қазақтың кеудесінен орын алып, бүгінге дейін жатталып қалды. Бірақ не керек, кешірек келді. Азық-түлік көмегі көктемде ғана беріле бастады. Ол бидайдай жіберілді. Жұртты бір орталықтан тамақтандыру міндеті қойылды. Келген астықты елге бөліп беруге тыйым салынды. Бұл ең бір дұрыс шешім еді. Өйткені ашаршылықтан шыққан адам оны келістіріп, жеткізіп, ойдағыдай пайдалануы қиын еді. Оның үстіне үйдегі дәнді екінші біреулердің ұрлап әкетуі де бейім болатын. Сондықтан әлсізді дірманды таптамасы, таламасы үшін ауылда тірі қалған адамның дәл есебі алынды да, балалары бала бақшадан, басқалары үлкендер асханасынан тамақтандырылды. Адамдар бірнеше топқа бөлінді. Халі тәуірлер, шамалылар, ісік жайлағандар. Осы бөлініске орай тамақ берілетін болды.

Жұрт қаз қатар отырады. Әр қайсысы үйінен аяқ-табағын көтеріп келеді. Әрине көбі-ақ бидай талқаннан істелген қара көжені құйғызып алу үшін ыдыстың үлкенірегін, бүйірлісін әкеледі. Бірақ алғашында тәжірибесіздіктен олардың ыдысына қарай құйылған көже екінші күні-ақ әділетке көшіп, жәнен кесемен өлшеніп берілетін болды. Адамның адамшылық психологиясы тіпті осы ашыққан жағдайда да анық көріне түсіп отырды.

Құрбангүл деген әйел екі жәнен қара көжені бір шетінде отырын ішіп алып, енді аяғына барып қайта құйғызып алды. Оның аспаздарды бірер рет алдағанын жұрт көріп, әйелдер беттерін шымшысты. Құрбангүл үшін ұялып жүрді. Біздің халқымыз парасатты, текті халық, інім. Осындай қиын-қысталаң заманда да бірлі-жарымдысы ғана болмаса, бұзып-жарып тәртіп бұзған тебірді өз сопа басым көрген емен. Тектілігі сол емес пе, тіпті Құрбангүлдің істеген әбестігін, «аш болған соң істеді ғой» деп бетіне де баспады. Солардың көбі астың құлы болмай, ардың ұлы болуды армандауын сол күндері де қойған жоқ. Олар ас, аштық алдында әлсіз болса да, арықтығын білгізбей, сыртқа жүнін қампайтты. құлқын алдында әлсіздігін білгізбей, бүгілмей, иілмей, тіке тұрған күйі дүние салды. Ерлігінен ездігі басым кейбіреулерді көргенде, адамдықтың үлгісін қатты ұстанатындар қара жерден саңлау іздеді.

Адамды, адам ағзасын ширату үшін тұзын басым салған қара көже-ақ құлқынның ашқарақтығына тұзақ салды. Моншамен емес, сорпамен емделетін қазақ ағзасына осы жолы қатықсыз қара көже қара қоңыр қойдың етінен кем болмады. Өйткені қара көженің анасы дән еді. Басқа шаралар да қолданылды. Орталықта қалған азғантай қойдан көжеқатық берілді. Тірілердің өзі де тіршілік жасады. Мысалы жер жыртылып жатқан жерлерде қарғалар ұзақ, құзғын соқаны өкшелеп есекқұрт теріп жеп жүріп отырады. Соқаны ұстаушы қолындағы шыбыртқысымен артындағы қарғаны салып қалып, ұрып түсіру әдісін пайдаланды. Ол қарғалар да жеуге жарамды болды. Енді осы әжептәуір арқау боларлық асқа қанағаттанбағандар талға салған қарға ұяларынан жұмыртқа алып, отқа пісіріп, күлді-көмеш қалпымен жеп жүрді. Қалай да тірілер тірлік істей бастады. Олар аз күнде-ақ түзеліп келе жатты, нәрігіп қалғандар қалғандар ес жиды.

Қазақстанда қазақтың, малдың ең аз болған жылы соңғы жүз жылда отыз үшінші жылдың көктемі болар. 1897 жылғы есеп бойынша қазақтың саны үш миллион тоғыз жүз сексен төрт мың болған екен. Сонда қырық екі жылдан кейін жүргізілген есепте одан әлдеқайда кем болып үш миллион бір жүз мың болып қалуы жаныңды жейді, тіпті іштей қан жыламасқа амал жоқ. Ал біз төрт миллион болған кезімізде өзбектер жеті жүз мың ғана халық екен. Мал да солай, Голощекин келердің алдында бізде қырық жеті миллион мал бар екен. Ал жүдеген отыз үшінші жылы содан бары-жоғы бес-ақ миллион қалыпты. Ал он жетінші жылдың өзінде тек есепке алынған жылқы ғана төрт миллион екі жүз отыз үш мың екен. Тек бір Көкшетау уезінде ғана төрт жүз жетпіс алты мың жылқы болған. Міне, бұдан кейін Голощекинді не деп айтсаң да болмас па!? Бұрын қазақтар: адам жұтамай мал жұтамайды дейді екен. Отыз үште «Ақсеңгір» колхозында үш жүз елу ғана қой, отыз бірінші жылғы мың түтіннен асқан елден алпыс үш түтін қалды. Қазақ халқы үшін қарланып келіп, қаралы болған сол бір отыз үштің қысы мен көктемі біздің тарихымыздың ең бір сорлы болған, бұрынғы «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламамен» бірдей мүскін беттері деп айту керек. Бұл отыз үшінші жылдың жүзжылдығын қазақ халқы қара күн жариялап, қаралы жалау іліп қарсы алса да болар еді. Мысалы: інім, ұлы Отан соғысына Қазақстаннан әрбір төрт қазақтың бірі қатысты. Өлгені де аз емес. Халықтың он екі процентіне жетіпті. Бірақ олар соғысып, ерлік көрсетіп, Отаны үшін мерт болды ғой. Ел шетінде, жау бетінде өлсе де отыз үшінші жылмен салыстырғанда оны қой түнеткендей деу керек.

Адамзат баласының тарихындағы ең асыл, еңіреген ерлер аталатынның, фольклор қаһармандарының бәрі елі, жері, Отаны, өтені үшін жанын пида еткендер. Ендеше тіпті олардың өлімінің өкініші жоқ десек керек. Елінде, жерінде, көшпей, аумай отырып қырылған қазақтар өлімі — шын арманды қаза осы! Жалпы елі, ата-жұрты, баба кірті, саф халқы, салуалы ордасы үшін шейіт болған ердің арманы жоқ деу артық болар, өйткені олар о дүниеге елін, жерін аңсап аттанды ғой, дегенмен қалайда олардың қазасы қасиетті' де, қадірлі де.

Қазақта «қайың сауып кетті», «табанынан сауып отыр» деген тіркес, ұғым бар. Інім, сен журналиссің ғой, оны білетін де шығарсың. Қайың сауу қалың қазақ алғаш мың жеті жүз жиырма үшінші жылы қалмақтар шабуыл жасап, сүрен аттап, шұрқан салып, тұлымдыны тұл, айдарлыны құл етіп, қазақ шығарға өр, кірерге көр таппай, бет-бетіне тентіреп кеткенде болды. Елінен, ерінен айырылған, қанатынан қайырылған халық шұбырындыға ұшырады. Сұлудың шашы жайылды, алөңдігі сойылды, күн көріс қиылды, күлкі біржола тыйылды. Тамақтан өтер талшық табу, қарға адым жер жүру мұң болған сол бір сор қайнаған заманда, пыран киіп, пырақ мінген бұлықсыған мырзаның басынан бағы тайған заманда, кимешегінің жағы меруерт-маржанмен шеттіктелген, кер маралдай керілген сұлудың шытырма көйлек етінен, нұр сәулесі бетінен кеткен заманда, сор дария, қан өзен болып аққан заманда не істерін білмей сасқан, етегін басқан халық тентіреп, қаңғып, біреуі жекжат-жұрат қуалап күн кешсе, енді бірі кәдімгі сыңсыған орманға кіріп, қайыңды тесіп, оның сөлін ағызып, не сорып күн көрді. Ел еңіреген, табаны тілініп тентіреген, не істеп, не қойғанын білмей сенделген сол жағдайлар кейін «қайың сауып кетті» деген ұғымды қалыптастырды. Ал екінші ұғым «табанынан сауып отыр» деген де осы ақ жүзі сары, жас басы кәрі болған, күндік тартып кімдік-науқас болған заманда қалыптасқан. Сол бақыт ұшқан, сор құшқан заманды қазақтар «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деседі. Алдымен «ақтабан» туралы. «Ақтабан» жаңа айтқанымдай «табанынан сауып отыр» екеуі бір ұғым. Жүре-жүре шұбырындыға ұрынған, діңке-дірманы құрыған байқұстың табаны тиеді де, көгілдірдей қобалжи басатын болады. Табан ішінен дүңкіп іріңдейді. Ірің-жалқық кеулеген табан ақ сары тартады. Сонан соң ол емшектеніп әр жерінен тесіледі. Әрине, оны сауып тастау, ағызып жіберу керек болады. Табаны жара адам жүре алмайтыны түсінікті. Міне, осы жерден келіп «табанынан сауып отыр» ұғымы шығады. «Табаныңнан сапқыр!» деген қарғыс та осыдан алынған, яғни «табаныңнан сауғыр» деген сөз ғой, ол.

«Алқакөл сұлама» дегенді, інім, біреулер Алқакөл деген жерде ел қырылыпты деп көрсетпек болады. Тіпті сондай бір көлді Қазақстанның оңтүстігінде болған екен деп те соғады. Мүмкін, інім, ондай атты көл бар да шығар. Бұл жерде қоғалы көлді, қом суды кірістірудің ешбір логикасы жоқ. Егер сонша зор аймақты алып жатқан салуалы ордалы, байтақ Отанды қазақ бір-ақ жерде қырылған болса, ол сөз болар ма еді? Бұлай айдай әлемді, аяқтай жерге тіреудің орыны жоқ. Қазақ бұл мәтелге айналған тіркесте бастан кешкен жағдайды жалпы баяндап отыр. Ол бір шоқ теректі, шоқпытты даланы ғана көрсетуі мүмкін емес. Өйткені қазақ шекпенінің етегі сияқты далиып жатқан кең де, сайқын да жерінің бәрін-ақ басқыншылар билеп-төстеп, алтын айдар ұлды кесік құлақ құл қылды, ай десе аузы, күн десе көзі бар қызды шүйке басты күң қылды. Елімізге шұрқан салды. Зығырданы қайнаған ерге зәнжір кигізді, таландыны табанынан тайрылтты. Бұл бip қазақтың емес, бар қазақтың басына түскен нәубет, ауырмалық еді. Ендеше қазақ бір Алқакөл туралы айтпайды. Оны өйтіп қиындатудың қажеті жоқ. Ақтабан болды, яғни табаны көлдіреңдеп іріңдеді, шұбырынды болды, жылады, алқасы көл болды, сұлады айтып — өлді деп өзі анық айтып тұрған жоқ па?! Яғни алқасы омырауы көл болып жылады. Халық жасаған ұғымды өзгертуге болмайды. Өйткені ол мыңдаған жылдардың ісі, істелген істің жемісі. Оның артығын жонып алып тастаған, кемін қосып толтырған. Ұлы теңіздің жағасындағы еңсегеннен малтаға айналған тастай әбден білеуленген, құрттай езген, малтадай жондаған. Оны өзгертемін деу бос әурешілік.

Айтайын дегенім, інім, қайың сауып кеткендіктің бір ұшқыны еді. Әуелі біз ашаршылық осы Жетісуда ғана болып жатқандай сезіндік. Сөйтсек Голощекиннің құрты бүкіл қазақ елін жайлап алған екен. Олай дейтінім Қырғыз елі ашаршылық көрмеді десек те болады. Өзбектер де солай. Өйткені біздің елден Алатау асып қырғыз барғандардың көбі-ақ ашаршылықтан қалыс қалып елге қосылды. Егер Қырғызстанда қазақ бар деп есептесең сол қазақтың бәрі тау асып, тас басып, тентіреп, тамақ іздеп барып қалғандар. Інім, жамандығыңды жасырсаң жақсылығың көмескіленеді. Жасыратыны жоқ, қызын қырғызға ұзатып, тіпті қатын үстіне беріп, жекжат-жұрат болып күн көрген қазақтар көп болды. Қыз алысып, қыз берісіп, қан араласқан соң өрмекшінің торына шатылған шыбындай елге қайта алмай жүргендері әлі де толып жатыр. Ал өзбектердің ашаршылықты көрмеуі отырықшылығының арқасы еді. Өзбектер жер сүмесін емген ел.

Інім, бірді айтып бірге кете берді деме, осы жерде «қайың сауғанның» бір ұшығы — көптен көңіліме сыймай жүрген бір арманды әңгімені айтайын.

Соғыстың әлі қайнап тұрған кезінде, қырық үшінші жылдың декабрінде Украинаның «Колос» деген кішкене селосында дамылдап отыр едік, «қайран бауырым-ай, сені де көретін күн болады екен-ау» деген күңіренген дауысты естіп, қайдағы қазақтар, кім де болса қан майданда бірін-бірі көрген бақытты адамдар екен деп орнымнан тұрдым. Сөйтсем жасы мен қатарлы Жуалы ауданының Сәрсенбай деген қазағы бар еді, сол біреумен құшақтасып көрісіп жатыр. Екеуі де көз жастарын төгіп жүр, пора-пора. Біріне-бірі қарайды, қарайды да жылайды. «Не болды» деп сұрағандарға ауыздары кемсеңдеп, айтуға келмейді. Әлден уақытта екеуі де жылауын саябырсытты. Өксіктерін басып, солықтап барып, темекі тартысты. Саясы мол, беректі бір ғасырлық талдың көлеңкесіне отырдық. Төңірек тып-тыныш. Дүңкілдеген соғыстың жаңғырығы әлдеқандай бір тына қалған сәт еді. Сәрсенбайдың көріскені де екінші бір Сәрсенбай. Тіпті егіздер де мұндай біріне-бірі ұқсай бермес, екеуінің де қияқтай мұртының жебесі салбырап, қасы-көздері қиылып тұр. Дөң мұрындары да бір қалыптан шыққандай, қоңқаштау. Қап-қара отты тұнжыр көздер егіздің сыңарындай.

— Не болды, Сәрсенбай? — деймін мен. Сәрсенбай қайтадан кемсеңдеп, айта алмай, өксіп-өксіп жіберді. Арманды бір жағдайы бары білініп тұрды.

— Ей, еркек болып жөніңді айтсаңшы, езілмей,— дедім мен қаттырақ сөйлеп. Мені аға санайтын Сәрсенбай жасын тыйып, кемсеңдей отырып айта бастады.

— Мынау отырған менің туған інім Бейсенбай,— деді ол,— сонау отыз екінші жылдан отыз үшінші жылға қарағанда екеуміз Жуалыдан Шымкент барғанбыз. Баяғы тамақ іздеп, құлқынымызды бітемекпіз да. Екеуміз Шымкенттегі бір сарттың үйінде жалшылыққа тұрдық. Әлгі саудагер екен да. Ол ертеден кешке дейін екеумізге отын әкелдіріп, оған тандырға нан пісіреді. Екі қатынымен үшеуі оны сатады. Бізге күніне бір күлшеден нан береді. Біз соған риза боламыз. Кейде күйеуі базарда кешіге қалса, кіші қатын мені жағалап, қойныма жарты күлше тығып кетеді. Бірақ өзбектер әйелін қатты ұстайды. Қатты ұстайтыны сол емес пе, ол жоқта маған жарты күлше беріп кететін Гүлсім, ол келсе аузын буғандай тіл аузын қояды. Үлкен қатынның да әлденеден үміті бар. Ол да жылы ұшырамақ болады. Бірақ ол күшігінен таланған иттей, тіпті аяғын абай басады. Ол кезде Бейсенбай жастау, сондықтан егер ретін тапса екі қатын да мені айналдырмақ. Байы жоқта екеуі де жылпыңдап тұрады. Әсіресе кішісі де. Ал күнін көре алмай жүрген біз сорлы қазақтар, ол көңілді аулайтындай шақуатты емеспіз. Осы күніміз көп болып қалмасын деп, аяғымыздың ұшынан басамыз да.

Бір күні Бейсенбай ауырып, ауруханаға түсті. Артынан барып, өзіме тиетін бір күлшенің жартысын тасып жүрдім. Сарттың ішкері үйінің бірі толған ұн. Ол үйге үнемі бір қара мысықты қамап қояды да, тек тамақ ішерінде шығарып алады. Бізден қара мысық та бақытты. Ол дастарқанның басына еркін бара алады, біз жағалай да, тіпті жанасалай да алмаймыз. Сөйтіп жүргенде мен Гүлсіммен жақындасып қалдым. Енді не керек, тамақ көп, жырғап жүрдім. Бейсенбайға да енді бүтін күлше апаратын болдым. Сөзді көп созып не керек, бір күні сарт мені үйінен қуып шықты. Оның басты себебі бір оңашасын тауып үлкен қатын да мені қолына түсірмек болды. Мен оған көнбедім. Сондай жағдай екі-үш рет қайталанды. Мен міз бақпадым. Ақыры Рахымжан ака маған «кетуің керек» дегенді ескертті. Мен сол күні-ақ кетпек едім, Бейсенбайдың өлгенін біліп бір күн аялдадым. Ауруханадан көмуге алып кетіпті. Өлігін таба алмадым. Сөйтсек мұны есінен шығып кеткен кезінде өлді деп молаға алып кетіп, бетін топырақпен жаба салып кеткен. Бір кезде біреу қара санынан қойып қалғанда басын жұлып алады. Сөйтсе айдалада, шұқырда көп өліктің ішінде жатады. Қаптаған өлік, қазулы мола. Көміп жатқандар бет-бетіне тұра қашады. Бейсенбай қалғанын өзің айтшы — деді Сәрсенбай інісіне қарап. Бейсенбай сөйлей бастағанда-ақ, біз Алматы қазақтары түк түсіне алмай қалдық. Ол өзбекшелеп кетті.

— Ей мынауың қазақ емес қой, інім, дейсің! — деді алматылық қазақ Рахымбай.— Сөзіне түсіне алмадым.— Енді бәріміз Бейсенбайды қоя салып Сәрсенбайдың өзіне жабыстық.

— Сен өзің айт, мына сартыңның сөзін түсінбедік,— деді Рахымбай деген жігіт мұрты едірейіп. Жігіт деп қоямыз-ау, бәріміз қатар едік, біз сол кездің өзінде елуді алқымдап қалғанбыз. Біз соғысқа ең соңғы алынған адамдар едік. Россияда, Украинада қалай болғанын білмеймін, Қазақстанда тоқсан алтыншы жылғы адамдарды сол жылы соғысқа алған болатын. Оған «сен сарт дейсің» деп ағайынды екеу Рахымбаймен біраз керілдесіп алды. Сонан соң «қой, қой» көбейген соң әңгімені Сәрсенбай өзі айтты:

— Бұл басын көтеріп,— деді Сәрсенбай.— Төсегіне отырып қойған балаға ұқсап, топыраққа белшесінен батып отырыпты.

Көміп жатқандар қашып біраз жерге барған соң діңкесі құрып тоқтайды да, сабасына түсіп, екі-үшеу екен, қайтып келеді. Таң атып келеді екен. Бейсенбай ағынып: «Ей, ағатайлар, тастап кетпеңдерші!»деген болады. Олар мұның сөзін түсінбейді. Сүдіндері адам айтқысыз, сақал-мұрты қаудиған, басқа тілде сөйлейтін адамдар. Тілдері өзбекше де емес. Әсіресе шеткерірек тұрған тапалтақ, бадырақ көз қараның айшықты белгісі бар, оң жақ беті көлденеңінен тілінген де, сол көзінің асты тыртық, күйіп жазылған тәрізді. Бұлар үш адам қайта келіп, өздерінше сөйлесіп тұрады. Нақ осы бір сәтте, ертемен екі аттан жеккен үш арба салдырлатып келе жатады. Жаңағы үшеу быт-шыт болып үш жаққа қаша жөнеледі. Түк түсінбей Бейсенбай отырады. Арбадағы біреу қазақша әлгілердің әке-шешесінен жіберіп, арбасын тоқтата салып тұра қуады да, бастарынан асыра екі-үш рет мылтық атып, арбасына келеді. Басын көтеріп, орнынан тұра алмай отырғанды да, жаңағылардың бірі екен деп үстіне төне түсіп, көзі бақырайып тұрып қалады. Есі шығып кетеді.

— Қарағым-ай, сені тірі көмген екенбіз-ау. Бәсе, мына бір мұртты, әдемі жігіт өлімге қимайтын адам екен деп әңгіме қылып едік. Осы тірі шығар деп еді, әлгі Әлім.— Сөйтіп Бейсенбайды орнынан көтеріп, көрден шығарып алып, ауруханаға қайтып алып келеді. Содан бұл ауруханада құяңы, сарбуыны, сарыбы бар сары тап болып алты ай жатып, суық күзде бірақ шығады. Ауруханадан шыққан соң, баяғы екеуміз жалданған саудагер сарттың үйіне келеді. Інім, өзбек үйінің есігі көшеге қарамайды. Өзбек үйіне кіру үшін алдымен албарына кіру керек. Ал албардың дарбиған дарбазасы болады. Соны қағады. Дарбазадағы шағын есікті саудагердің кіші әйелі ашады да: «уайдайт, уайдайт»,— деп есікті тастай салып, тұра келіп қашады. Есік алдында күліп Бейсенбай тұрады. Әйеліне біреу қол салып жатыр деп ұққан саудагер балтасын ала салып есікке тап береді. Өліп қалған Бейсенбай тіріліп келіп тұрған соң, балтасын тастай салып, есікті тарс ұрып қаша жөнеледі. Сөйтіп ағасының қайда екенін біле алмай шерменде болған Бейсенбай жылыстап кетеді. Қаңғып жүріп Ташкент барып жан сақтайды. Содан соғыс алдында ғана Жуалыға келіп Сәрсенбайды табады. Бұл жолы ол кәдімгідей адам болған. Бірақ тілі де, паспорты да өзбек, тіпті үстінде белін бір буған ала шапан, басында ала тақия. Сонымен,— деді Шұнақ шал,— арсыз күлкі, үстімізден бомба түседі, соғысқа бара жатырмыз деген ділімізден шығып әлгінің әскери документін көрелік. Қусирақов Бейсенбай, ұлты өзбек деп жазулы тұр. Біздің жолдасымыздың да Қусирақов екенін бұрыннан білеміз. Бейсенбайдың командирінен оны сол күні жалынып-жалпайып сұрап алдық. Ол ағасымен қойындасып жатты. Түнімен далада болдық. Командирдің ұрысқанына қарамай әңгімені соқтық. Бейсенбай бірін өзбекше, бірін қазақша баяғы өзін моладан қазып алғандардың бірін әңгімеледі.

— Ол моладағы өлікті тонағандар менің өлімнен құтқарушыларым ғой,— деді Бейсенбай.— Егер моладағы өлікті тонауға сол күні олар келмесе мен онда о дүниеге аттанатын едім. Сол жылдың қысында Ташкенттің Алай базарында нанды кірелеп жинап қойып сатып тұрған кісі бір жерде көрген адамым сияқтанды. Оң жақ беті көлденең тілінген, сол жақ көзінің асты күйіп қалғандай тырысып-бырысып тұр. «Қайдан көріп едім, мұны» деп бетіне тесіле қараймын. Ол теріс айнала береді. Аузы-аузына жұқпай өзбекше сөйлеп, нанын саудалай береді. Бұл маған неге қарағысы келмейді? Қайда көрдім? Ақыры таныдым.

— Өй, кер қазғыш, неге қарамайсың? — дедім.

— Ей, ағатай,— деп ол ауызымды баса қалды. Қазақша сөйледі.— Ағатай, ауызыңнан шығармашы. Мына әйелім естіп қалмасын.

— Жарайды,— дедім мен. Ол мені тура жұмысқа тұрғанша бір ай асырады. Ол бұқарлық еврей екен, тілдері бүгінде өзбекше сөйлегенмен өздерінше әңгімелессе ұға алмайсың, тәжікше сөйледі. Бір күні ол күн бата базар шетінде тұрса:

Мал тапқың келе ме,— депті, оның бетіндегі тыртығынан әлде бірдеме оқып білгендей болған екеудің бірі. Есектің құйрығын жууды қайдан табамын деп аңырып тұрған бұл мүскін келісе кетіпті,

Жүр, ендеше! — Бұлар кеш батқанша бір көгалда жатады да кешке тура тартып молаға келеді. Бір арыққа жасырып қойған кетпен-күрегін алып моланың жаңа жабылған топырағын қаза бастайды. Сөйтсе олар өлгендердің жарамды киімдерін алып сататын қорқаулар екен.

— Кетпенмен сен жатқан жердің топырағын ысыра бергенде сен басыңды жұлып алдың. Одан арғысын өзің білесің,— дейді тыртық бет. Сөйтіп ол әлгі екі сұңғыттан зорға қашып құтылыпты. Mолa қазып тапқан малың құрсын деп Ташкентке қашыпты. Бір өзбекке жалданып, ол оған жалғыз қызын қосып, күйеу бала етіпті. Сөйтіп ол да тілі де, паспорты да өзбек болып шыға беріпті. Ала шапан мен ала тақияны ол бұрыннан-ақ киетін болса керек-ті. Мен-ақ емес өзбек болып кеткен,— деді Бейсенбай,— басқа тілдегілер де сіңіп кетті. Оған қарағанда менің тілімнің айырмасы түк емес қой.

Ағайынды екеу таң қылаң бере-ақ тұрып алды. Айырылысуы қиын болды. Қу бауырын қия алмай, екеуі еңіреп тұрып қоштасты:

— Егер тірі қайтсаңыз менің бала-шағамды жинап алыңыз,— деп зар еңіреді Бейсенбай.— Еліме барып ұлтан болайын, көке! — Екеуі қайта құшақтасып көрісті. Сөйтіп бір әке, бір шешеден туған екі қазақ-бірі қазақ, бірі өзбек болып соғысқа кірді. Көрдің бе, інім, егер Голощекин лаңы болмаса сол Қусирақовтар бала-шағасымен қу сирақ болса да, май сирақ болса да қазақ болып жүрмес пе еді. Қайың сауып кеткеннің жайы осы. Әуелі қайың сауып жүріп туысқанын тапқандарды айтпақ едім, қайың сауып басқа ұлт болып шыққандарға түсіп кеткенімді көрдің бе? Бәрі ашаршылықтың кесірі. Голощекиннің лаңы.

Лаң. Лаң демекші інім, ол адам баласының басына түскен індет, сүзек құрты, әлде малдың топалаңы, адамға келген оба сияқты сыпырып, түк қоймай кететін бықпырт — селебе. Бірақ отыз екі-отыз үш селебесін адам баласы өзі қолдан жасады. Өзін өзі қыруды да өзі жасады. Оған бәлкім ақылы жетпеді. Бірақ ақылы жетіп тұрып та осы заманда өзін қыратын қаруды, өз тажалын өзі жасап жатқан жоқ па, адам баласы?!

Көктем келісімен соқа шықты. Жұмысқа жарамды адамдар «асханадан атала ішті. Балалар бақшаға барды. Әйтеуір қалайда ауырмалық көтеріліп, адам адам қатарына қосылып келе жатты. Бірақ оның зардабы отыз төртінші жылға дейін жетті.

Отыз үшінші жылдың май айында мені Жандосов шақырды. Қазақ ауылшаруашылық институтының іргетасын қалаған ол сонда директор еді. Бір күн жүріп жеткен мен ертеңіне Гоголь көшесіндегі Жандосов кабинетіне кірдім. Ол кең кабинет ішінде екі қолын артына ұстап жүр екен. Үстінде төс қалталары сыртынан салынған қалың сырт жейдесі бар. Оның белін жалпақ белдікпен буған. Аяғында көнетоз етігі бар. Үнемі тік түрегеп тұратын қою қара шашы өсіңкірегендіктен екі жағына жарылыңқырап кеткен. Бір топ шаш маңдайына салбырап, өңін аша түскен. Қабағы көтеріңкілеу. Соңғы көргенімде онсыз да тез сөйлей қоймайтын мінезі қоюланып, маңдайы түйіліңкі жүретін. Қабағына қарап көңілінің сергектігін, біразын жабыңқы маңдайдың қырыс-тырысының азайғанын байқадым. Ол өзінің үш інісінен басқаға «сен» деп сөйлемейтін. Өзі сызылып тұрған, қызметі жас кезінен үлкен болған адамға «сен» деп өзімсініп болса да сөйлегендерді көргенім жоқ. Оның ашусыз, көңілді кезінде де бетіне бажырайып қарау бізге орынсыз көрінетін. Соларды ескере, неге шақырғанын ойлай тұрып:

— Сәламатсыз ба!? — дедім.

— Сәламат-саумысыз, Әбеке, төрлетіңіз! — деді ол. Төрдегі түрлі нақышты, өрнекті емен столдың алдындағы күмпілдек, былғары қапты креслоға отырдым. Ол кездегі кеңселердегі жасау-жабдықтың көбі-ақ революция кезіндегі байлардан, капиталистерден алынған мүлік болатын. Жандосов орнына отырған жоқ, қарсыдағы креслоға жайғасты. Менің де бойым, денем бар, інім, бірақ Жандосов жанында мен өзімді бүркіт жанындағы торғайдай сезіндім. Ол әңгімені жеке басымның саулығынан, екі ұлымның амандығынан бастады. Сонан соң елдің жайын, колхоз құрылысын, өзі білетін ескі большевиктерді, бандиттер шабуылын, халықтың тұрмысын, малдың, жанның есебін сұрастырды және соның барлығын, менің айтқандарымды шығар, тегіс дәптерге жазып отырды. Кейбір нәрселерді қайталап сұрады. Ұйымдастыру ісіндегі өрескелдікті, жетістікті де жазып алды. Мен, інім, түртіп алды деп әдейі айтпай отырмын. Ол мұндай нәрселерді өзінің маржандай тізілген әдемі жазуымен қорытып жазып алатын. Әңгіме бүгінгі күнге ойысқанда өзінің жанынан да бірер сөз айтты.

— Енді,— деді ол шашын саусақтарымен бір салалап қойып,— колхоз құрылысы нығая беретін кезеңге жетті. Келесі жылдары ауыл шаруашылығы көп жаңа құрал-сайман алады. Ұзамай ат соқамен қош айтысатын боласыздар. Олардың орнын техника-трактор, комбайн басады. Енді оқыған маман адамдар көбірек керек болады. Ауылшаруашылық артельдері күрделене түседі. Күрделі, механикаландырылған шаруашылықты басқару үшін күрделі білімді, тегеурінді адамдар керек. Сіздің де біліміңізді көтеруді ойлайтын кез келді. Оны бүгін бастауыңыз керек демеймін. Мүмкін бірер жылдан соң оқу керек болар.

Жандосов мәселе мұндай жеке бастың мүддесіне келгенде кеңес қана беретін. Былай істе демейтін. Бірақ оның кеңесінен біз мәселенің беті қайда ауып бара жатқанын, Жандосов нені көздеп, неге мезгеп отырғанын түсінетінбіз. Ол бізді отқа итермейтінін, дүниенің жарығына сүйрейтінін білетінбіз. Сондықтан мен өз тарапымнан солай істеуім жон болар дегенді аңғарттым.

Жандосов сырт жейдесінің түймесін ағытып, тамағын кенеді. Ол ешқашан жөтелмейтін. Бір ұзақ әңгіме айтқысы келіп отырғанын ұқтым. Оңаша отырған екеуміздің әңгімемізге бөгде ешкім кес-кес тұрған жоқ.

— Әбеке жасыңыздан басқа елдің арасында өстіңіз. Ағайын-туғаныңызды да адам болып, ат жалын тартып мініп, жігіт санатына жеткен соң тани бастадыңыз. Сондықтан ағайындар арасындағы жырдан, сырдан жырақ, қыбайда қалдыңыз.—Ол, інім, сіз білмейтін сыр да, жыр да көп деп айтуды білмей отырған жоқ. Көрдің бе, «сіз білмейтін» демейді, жырақта жүргендіктен білмедіңіз деп отыр. Міне, інім, әңгімені қашанда қазақтар жан ауыртпай осылай алыстан орағытып, елшілерше сабақтар еді. Ал біз болсақ «сіз білмейтін сыр көп» дей салар едік.— Шал бұдан кейін қайтадан Жандосов сөзіне ойысты.— Оның біреуі құлағыңызға тигенмен, бірін естімеген боларсыз. Көздің құртын жейтін байлықты, дүние-мүлікті қазақ ауылының бәрінен кездестіруге болады. Ал құлақтың құрышын қандыратын әңгімені екі ауылдың бірінен ести алмайсыз. «Тоқсан атқа бір белбеу сатып алып, не қыласың дегенге шұлғау депті» деген Қарабай сияқтылар аз ба еді, бізде. Ондайларды өзіңіз де көрдіңіз. Айранын ұрттап, қойын құрттап, мал өрісін, жұрт-қонысын ғана білетін малдан дайрағы басқа адам киімін кигендер қаншама. Солардың бәрі келіскен кеңес беріп, тәкбір айтып, жұртты тебіздікке баулыса, баулымаса да сөз ұғар құлаққа білгенін, көргенін жеткізіп отырса, біздің халқымыз қазіргіден әлдеқайда ілгері болар еді.

Қазақта әңгіме айтатын, әңгіме тыңдайтын дәстүрлі ауылдар болады. Олардың адамдарының сол дәстүрге үйренгені сонша «сен кімсің, нағып жүрсің» демей, етке, қымызға тойғызып, әңгіме-тәкбіріне араластыра береді. Егер сіз өз жаныңыздан бір әңгіме айтар болсаңыз, ол ортада бағаңыз арта түседі. «Сен әңгімеге неге кірісесің» демейді. Сондай ауылдың бірі біздің Күрті елі еді.

Сиыршы деген атамыз жүз бір жасқа келіп жиырма екінші жылы қайтыс болды. Жүзге келген адамға қайда тұрдың, қайда жүрдің дерің бар ма. Көргені де, көкейіне тоқығаны да көп. Сиыршы атамның төңірегінен ылғи әңгіме өріп, тарап жатар еді. Ол сонау ақындардың қызыл желі Сүйінбайды, оның қамқоры Тайбағар мырзаны, өзі Іленің арғы жағына өткенде белбеуінің ұшы Іленің бергі жағында сүйретіліп жатады екен дейтін Дәурен салды, қазақта сұлулықтың құдайындай болып туған Көркем салды, екі көзі біріне-бірі атысып атасы Шапыраштыға ұқсап туған, қара қабыландай Сұраншыны, жауын айғайымен қорқытқан атаң Саурықты, қара шешекпен ауырған баланы буаз қойдың қанына бөлеп жазған, мың тоғыз жүз алтыншы жылы жүз отыз алты жасында қайтыс болған көкемді — Құртқа тәуіпті көріп бірге жүрген, жосықты жорықтың жоқшысы, ит мұрыны өтпейтін, жолбарыс жортқан қорықтың садақ тартқан саятшы-саяхатшысы болған кісі еді. Ол әңгіме айтқанда ұшқан шыбынның ызыңы естілетін. «Құбылтып жүз күй тартқан» Шанышқылы ішінде Тарханнан тараған Әл Фарабиді, желдей есіп, қазақты желмаямен аралаған Асанқайғыны, түгел сөзді түгендеп кеткен Майқы биді, ауыздыға сөз бермеген Сырым сүлейді, өлгенше жұбын жазбаған, өзі болған жігіттің арғы атасын қазбаған Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды қазақ қамқорларын, Абылай атқа мінгенде, ата жауын қуғанда отыз мың әскерін үшке бөліп басқартқан түмен басылар Қаракерей Қабанбайды, Қанжығалы Бөгембайды, Шапырашты Наурызбайды, адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, айтқан сөзі бар қазаққа жеткен, ел қорыған мінкен ер Исатай, Махамбетті, сандалтып Орта жүзді әнмен қырған Біржан салды сапырып әңгімелегенде, қазақ шежіресін таратқанда аузымызды ашып, көзімізді жұматын едік.

Сиыршы атам айтатын әңгіме Кенесары — Наурызбайға да соқпай өтпейтін. Кене хан Жетісу елінен қолдау таппаған да одан Қордай асып Шуға бет алған. Сонда Алатау өңірінен оның сойылын соққан жалғыз Бұғыбай батыр болған. Бұл кәдімгі Мысамбай ақын: «Шұбыртпалы Ағыбай, Шапырашты Бұғыбай...» деп жырлайтын Бұғыбай. О баста Бұғыбай батыр саудамен айналысады екен.— Бұл Жандосов әңгімесін неге айтып кетті деме, бұл да жаңағы Голощекин құртының құны болғандарға байланысты әңгіме — деді Шұнақ. Сонымен Жандосов өте алыстан орағытып Бұғыбай батырды әңгімелеп кетті. Бұғыбай батыр Кенесарыға қосылып, орысқа қарсы шыққаны тіпті де саналылықтан тумаған, кездейсоқ оқиғадан болып еді. Әуел баста ол оған ашумен барған,— деді Жандосов.

Ол кездері бұрынғы Қапал уезіне қарайтын Құрымбелді мекендеген көп қазақтың бірі Бұғыбай батыр жеміспен сауда жасайды екен. Аягөз маңына сауда қыла барған оның үш бірдей улы — Айдархан, Жайдархан, Хайдарханды отаршылар — Колпаковский әскерлері ұрып өлтірген.

...Кіресін тартып, тау бөктерлей жүріп отырып үш ұл түс ауа Аягөзге жетеді. Үлкен ұл Айдархан он түйеден өрік-мейізін өзен бойына түсіріп, түйе белін көтеріп алмақ болады. Түйелерді шөккен қалпында суыту үшін тіздеп тастап, енді көрпе төсеп көк үстіне демалуға жатса, екі орыс солдаты келеді. Олар жүктің о жер, бұ жерін шұқып көріп жүреді де, алма, өрігін алып жей бастайды. Екі адам қанша жейді дейсің деген пікірмен Айдархан жайбарақат жата береді. Сөйтсе бір кезде әлгі екеуі әбден тойып алған соң, екі қап өрік-мейізді көтере бастайды. Айдархан екеуі көтеріп алған жемісті үндемей олардың арқасынан түсіреді. Сөйтсе біреуі қол жұмсап Айдарханға жұдырық салады. Өйткені осыған дейін олар қапақтың бары өзімдікі деп, тартып алып үйренгендер, дәнденгендер болса керек-тi. Бірсыпыраға дейін Айдархан оның ұрғанына жауап бере қоймайды. Шамадан тыс дәу жігіт екен. Қазақты әбден басынып алған солдаттың енді екеуі де қол жұмсайды. Сонан соң бұл ыза болады да, екеуін екі қойып ұрып жығып екеуінің қолын артына байлап, екеуінің құйрығына екі і. ми қоя береді. Сәлден кейін бұл жерге он солдат келіп, енді келген Жайдархан мен Хайдарханға да тиісіп, жабылып үшеуін ұра бастайды. Сөйтіп жүргенде кіші ұл сайыпқыран Хайдархан солдаттың біреуінің тамағын езіп жіберген екен, ол табанда жан тәсілім қылады. Сонан соң он солдат қаша жөнеледі де, жүздей солдат келіп, бұлардың үшеуін де өлтіріп, мал-мүлкін талап алып кетеді. Қазақта күшімен де, ісімен де көзге түскен Бұғыбай батыр бұл қорлыққа шыдамай, құсалықпен патшаға қарсы болып жүргенінде Кенесарыға түс болады. Miнe, Бұғыбай батырдың Кенесары әскеріне қосылу себебі осылай болады.

Кенесары жеңіліп, қолға түсіп қалған соң қырғыздар қайта шатақ шығарады. Өйткені Алатаудың суын қатар ішіп, төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыздар Бұғыбайдың бұл кездері мына Қараш асуының арғы жағындағы Шапырашты-Шыбылдың Жәдік ауылынан екенін білетін. Оның үстіне Кенесарыға еріп кеткендіктен елінің Бұғыбайға теріс айналғанынан да хабардар еді. Алатауды бірге мекендеп, көкпарды бірге тартып, той-думанды бірге өткізіп, жауласпау үшін қыз алысып, қыз берісіп, құда-құдандалы болып жатқан қырғыздың сорпа бетіне шығарлары сәлем айтып, «Бұғыбайды ұстап берсін, одан еріміз кекті болды, қызымыз жүкті болды, балаға бауыздатып, қасықтап қанын ұрттаймыз. Бұғыбай батыр күллі қырғызға бүйідей тиді, егер ол болмаса Кенесары — Наурызбай қырғызға жол тауып келе алмас еді» дейді. «Сондықтан қазақтар Бұғыбай 'батырды ұстап бересіңдер, әйтпесе ел болмаймыз, соғысамыз» деседі. Әбеке, «балаға бауыздатамыз» дегенін түсініп отырған шығарсыз, жанын қинап өлтіреміз дегені ғой. Бұған қазақ жағы — жаңа ғана тыныс алған ел басу айтады: «Қатар жатқан ел едік, егес болған шығар, егерлікпен, есерлікпен пендешілік еткен болармыз, қой көнтексіз, ел тентексіз болмайды, жауласпайық, ел болалық» десе, қырғыздар көнбейді. Нақ осы жерде Шапырашты екі жарылған. Бұғыбай батыр туысқандары Асыл, Шыбылдар өзара ұнатпай жүрсе де, бауырын ұстап беруге қимайды, «шабысса, шабысамыз» дейді. Үш-төрт жыл осылай өтеді. Ақыры ойластыра келіп қатар жатқан қазақ пен қырғыз арасы ащы болмасын, «мен кетейін» деп Бұғыбай өзі ақыл ұсынған. Тайбағар мырза қырғыздың Әтекесіне кісі салады: «Бұғыбайдың басын малға бағаласын да, қанша мал керек болса алсын, ел болайық» деп араға туысқаны Қилыбай байды салады. Өйткені Қилыбайдың шешесі Әтекенің немере апасы екен. Ол кезде Әтеке қартайып баласы Бәйтіктің атқа мінген кезі болса керек-ті. «Жоқ, мен білмеймін, мұны Жантай біледі, Бәйтік менің балам ғой, ол менің айтқаныма көнер, ал Жантай көнбес» дейді. Бірақ Жантай да көнеді. Қазақ үш жүз жылқы берсін, құлын-тайымен үш жүз жылқы берсе, Бұғыбайдың тентектігін кештік» дейді. Тайбағар мырза өзінен жасы үлкен ағасы Бұғыбай батырды шақыртып алып, «менің малым сіздің малыңыз, қырғызға үш жүз жылқы айдап берем, Арқаға кетемін дегеніңізді қойыңыз» дейді. Оған Бұғыбай қасарысып көнбейді.

— Сонан соң Ескелді сияқты бір қырғыздың шықпасын кім біліпті? — деп болмайды. Мұнысының да жөні бар еді.

Өзі Іленің арғы жағына өтіп кеткенде белбеуінің ұшы Іленің бергі жағында жатады дейтін атақты Дәурен сал отыз жасына дейін үйленбей салдық құрып, сәукім салып жүре беріпті де, содан бір жылы аржақтағы Жалайыр Күшіктің Төрінбегінің Нұрқа атты қызына ғашық болып, көңіл қосыпты. Нұрқа сол жылы он алтыдан он жетіге шыққан кезі екен. Қысқа ұласуға жақын қалған қара күздің бір сәтсіз күнінде Дәурен сал байласқан уағдасын қылап қылмай, екі түгей ат мініп, қара қаптан болып, көз байлағанда Күшік ауылына бінә бола кетіпті. Масаты-мәулімге малынған, переннен шекпен, камшат бөрік киіп, көксауыр етігімен Нұрқа уәделі жерге жетіп келіпті. Екеуі атқа мінген кезде жалайыр сезіп қалып қуып беріпті. Анталап қуған, дозды, күлпетті төркін өкшелеп келе жатыр. Алда Іле, артта қуғыншылар. Не істеу керек? Іле қанасына симай тасып, қыстың басы, сең жүріп жатыр. Тосылып біраз тұрыпты. Жын шақырған шайқы-пұрқыдай бақырып-шақырып қалың топтың алды екшеліп келіп-ақ қалыпты. Шолпы тартқан көңіл қанша бойды сақыт ұстамақ болса да қараңға бастай беріпті. Жігіт жанын қыз жанып «бет алған жолдан ат басын ерлер бұрар болар ма, түстік суға» деп Нұрқа атына қамшы басыпты. Амал жоқ Дәурен де түсіп, арғы бетке Нұрқаны алып кете барыпты. Қуғын дозды-өкпелі, ашулы топ, ұйлығып арна шетінде шоғылыпты. Не болар екен деп қарап тұрса керек-ті. Екі атты сең соғып, Нұрқа мінген ат сыр бере бастапты. Ол кезде суы мол, ағысы қатты Іледе қақпақтай мұз сал мінген атты соғып құлатады. Дәурен сал атқа жармасып: «Нұрқа жағалауға тарта бер, маған қарама, мен шығамын» дейді. Бірақ күші қашқан қыз астындағы ат та құлап, Нұрқа суға кетеді. Оның алдын кескестеген Дәурен сал оған жетуге ұмтылады. Бірақ аттарды да, қызды да сең ұрып, Дәурен салдың сопа басы арғы бетке зорға шығады. Мұның бәрін ар жақта көріп, біліп тұрған қуғын топ, Нұрқаға бет сипап, бара құн даулайды. Жұрт тентектік жасаған салды ұстап беріп «құртсаң осының өзін құрт» депті. Күшіктер құныкер басына бәйге жариялап, оны не мың тоқты, не жүз байтал бергенге сатпақ болыпты. Дәурен сал ұсталғанда елде болмаған Тайбағар мырза бұл құныкерлік әңгіме құлағына тиген соң өз жылқысынан жүз байталды айдап беріп салды босатып алды. Біраз уақыт өткен соң Жалайыр биі Ескелді «қап арзан айтып қойған екенбіз екі жүз байтал десек те беретін екен» деп қайта дау даулайды. Бірақ Ескелді ел ішінен қостаушы таппайды, бітіп кеткен істі енді жаңғыртуды Жалайырдың игі жақсылары қош алмайды. Сөйтіп олар өз тентектерін өздері басады. Осыны білетін Бұғыбай батыр: «Бір туған Ақсақал-Жансақалдың баласы даулы болғанда Жансақалдар (Жалайырды айтқаны) қайта дау шығарғанда, Алатаудың арғы жағында жатқан Қырғыз, бөтен ел дау бітті» деп қоя саларын қайдан білдің. Тайбағар қарағым, алдыма екі үйір жылқы салып бер, мен Арқаға кетейін» дейді. Сонан соң Шапыраштының игі жақсылары, оның ішінде егіз туған Асыл-Шыбыл балалары келісіп, мырза малынан екі айғырымен елу бие салып беріп батырды Арқаға аттандырыпты, ол да Қарасай бабамыздың жатқан жері емес пе еді, десіпті аттанғандар.

Бұғыбай батырды жалғыз жібермейміз деп төрт ата Шыбылдың Жәдік деген атасынан тарайтын сен түр, мен айтайын, сайыпқыран жүз жігіт бөлініп шығып, Бұғыбаймен тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұқырда боламыз деседі. Сонымен олар Көкшетау уезіне барып Атығай-Қарауылға елу-елуден бөлініп сіңіп кеткен. Ал неге Көкшетауға кетті деген сұрақ осындайда туа қалмас па? Кейін Верный уезі кезінде Күрті болысы атанған Асыл-Шыбыл ауылдары бұрын былай көшіп жүреді екен. Олар осыдан Талас барып, ондағы ағайын-туғандарының амандығын біліп, одан Ақмола-Көкшетау кешіп, сол жақты жайлап, күзге қарай Қарқаралыға қарай тартып, содан не Аягөздетіп, кейде Тарбағатайлатып Көксу төңірегіне (бұрынғы Қапал уезі), Іле-Шу бойына оралады екен. Сондай көші-қон кезінде бұрын да Ақмолада, Көкшетауда қалған туысқандары бар екен. Сондықтан Бұғыбай қырғыздардың аяғы жете бермейтін Ақмола-Көкшетауға тартыпты.

Үш жылдан соң Бұғыбай туысқандары намыстанып, сол Жәдіктерді қайтарып әкелуді ойластырған. Жәдікпен бірге туған Байыс деген атадан жүз атығай-сайдауыт жігітті Арқаға аттандырмақ болып жатқанда Асылдар шатақ шығарады. «Екі көзіңнің бірі, егізіңнің сыңары деген мына біз. Бұларың қалай? Егіз туғанымыз өтірік пе еді, бізге неге айтпайсыңдар? Егер Шыбылды шыбыл ғана жоқтаса, оның намысын сол ғана жыртса, біздің егіз туғанымыз, қағанағымыз бірге жарылғаны, туысқан болғанымыз қайсы? Біз де іздесеміз»,— деседі;. Ол кезде «ат сатсаң ағайыныңмен, у жесең руыңмен» деген заман. Сондықтан төрт ата Асылдың бір тармағы Әжікелерден жүз жігіт таңдап алған. Таңдау былай жасалыпты: құнан өгізді айдатып, құйрығынан ұстап жыққандарынан арлап-баптаған аттай, палуан білекті, жолбарыс жүректі жүз жігітті іріктепті. Өйткені бұл адамдарды бір атадан ғана жіберуді былай сипаттайды екен. Қаны өте жақын адамдар бірі жау қолында қалғанда екіншісі шыдап тұра алмайды, туысқанын жау қолына тастап кетпейді деп есептеледі. «Тірі болса бір төбеде, өлсе бір шұқырда» дегенде осы соғыстағы құрыштай бірлік болуынан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудан туса керек. Сол мақсатпен тағы жүз жігіт жолға шығады. Бәріне пыран кигізіп, пырақ мінгізіп, бір ереуіл ат, бір ерулі ат беріледі. Лайсаңдық-баршылықта жабдықталғандықтан ер қаруы — бес қаруы да түгел болады, ішінен нартын белгілейді. Жігіттің бәрі нартынан басқасы артымда бала-шағам жылап қалды-ау, ағалалы ордам, алалы жылқым, ақтылы қойым бар еді-ау деп қарайламайтын, сүтінін-түтінін жақсы айыратын, қар жастанып, мұз төсенгендей жай болса, қыңқ деп жөтелмейтін ірепдел бойдақтардан жасақталыпты. Бұл жүзді Мыңаралға дейін бес жүз адам шығарып салыпты. Сөйтіп Бұғыбай бастатқан туысқанын тауып қайтатын жүз Бетпақта екі-үшеуі өліп, Қараөткелдегі Арғын ішінде Қуандық тұқымы Темештерге жеткенде сыпыра іш ауру болады. Одан әрі Көкшеге құлай алмай, олар Қорғалжын төңірегінде қоныстанып, қалып қояды, Қоғалы көл, қом сулы жерден кірті тауып, қыстау-қияу салып, үйленіп, селбесіп тұрақтайды. Сиыршы атамның айтуынша алдыңғы Көкшеге кеткендер, кейінгі Қорғалжында қалғандар біршама ел болады. Бұл сегіз жүз елу тоғызыншы жылы болса керек-ті.

Кейін де бұл Күрті елі ол жаққа көшіп барып қайтуын қоймаған. Олармен кейбіреулері кері келіп, қайта кетіп жүрген. Сөйтіп туған-туысқандарының ақ дидарын көріп, алөңдігін өбіп, алеңдік жаққан жерлерін біліп қайтып тұрған. Жетісуды патша өкіметі отарлап басып алғанша, тіпті жетпісінші, сексенінші жылдарға дейін солай сәлем-сауқаттасып келген. Басқа облысқа, Арқаға көшіп барып қайту тоғыз жүз он бірінші жылғы жер-суды қаттау, зерттеуден кейін пышақ кескендей тыйылған.

Жандосовтың айтуынша — деді Шұнақ шал.— Қарасай бабамның моласы да Көкшетау төңірегінде болса керек. Інім, оны Румянцев те жазған деді Жандосов. Оны Алматыға барған соң қарарсың.— Шынында да қалаға келген соң, Румянцев еңбектерін бір сүзіп өттім. Онда былай депті: «Бір замандарда Қарасай руы Ақмола облысы төңірегінде тұрған екен; аңызға қарағанда, Қарасайдың моласы Көкшетау уезіндегі Айыртау маңында екен. Қарасайлар осыдан Қапал уезіне көшіпті... Осы соңғы қоныстан Верный уезіне көшкен».

Жандосов жайлап отырып, әңгімесін асықпай айтты. Байқаймын,— деді Шұнақ,— бұл жерде де өзі сонша ұната бермейтін ру жағына үстірт тоқтап, тек тарихи деректі, керекті жерлерін ғана алды. Бірақ осынша әңгімені неге айтып кеткенін мен діліме сақтағанмен өкіліме түсіре алмай отырдым. Ол менің бет құбылысымды аңғарды. Ақырын ғана салалы саусақтарымен тікендей, қайратты қара шашын салалап ақырын жымиып қойды да, қайта сөйледі дей беріп, Шұнақ шал маған көңіл аударды.

Сен қу бала, бұл әңгімені де білетін сияқтысың. Бәрін де жасырғың келеді. Оны жүзің, бет құбылысың айтып тұр,— деді. Шұнақ көңілденіп, құнжыңдап, екі иығын көтеріп, жауырындарын қимылдатты. Шытыныңқырап, бір жері ауырып тұрғандай ыңғай көрсетті. Қайта қабағын көтеріп, Жандосов айтқан әңгімеге ойысты...

— Бұл әңгімені неге айтып отыр деп отырсыз ғой, Әбеке. Бұғыбай батыр келмегенімен Ақмола, Көкшетаудан үш мәрте туғандар көшіп келген. Мен туғаннан он жыл бұрын Қорғалжыннан Арқарбай бастаған он бес үй, Көкшетаудан Бектұр, Шәлімбет бастаған он алты үй көшіп келген. Бәрі де жанды-жақты, үйлі-баранды, дәулетті, үнемі қарланып-жауланып жүретін адамдар болған. Олардың алтауы ақын-сері, әнші болады. Осы жерде,— деді Жандосов,— олардың Арқадан көп ән арқалап жеткенін, өздерінің де жандарынан ән шығаратын өнерлілігіне қатысты бір әңгімені айта кеткен жөн.

Бір күні Дулат — Шапырашты бас қосқан үлкен топқа Шыбыл ауылының нарты, өз туыстарын ойдан-қырдан жинап ел қылған Тәжі шақырылды. Ойында ештеме жоқ Тәжі даудың астында қалады. Арқадан көшіп келген Арқарбайлардың екі түйесі жоғалған екен, соны тауып бересің, айып төлейсің дейді елдің билері.

— Неге оны мен төлеуім керек, оны қалай мойыныма қоясың? — дейді Тәжі. Сөйтсе жағдай былай екен. Күн сайын олар түнге қарай малына күзет қояды. Күзетте ауылдың қыз-келіншектері ән салады. Сол кезде Шыбыл ауылынан шыққан екі ұры мықты болып, жан-жақты қан қақсатады. «Шоқпардан Шоқаш шықты, Мәжегі бой бермейді тіпті мықты» деген лақап Алатау бауырына кең жайылып кеткен. Мен өзім,— деді Шұнақ шал.— Шоқаш деген кісіні көрдім. Отыз төртінші жылға дейін Жандосов колхозында тұрды. Отырғанда обадай болып көрінетін, екі көзі түйенің көзіндей тұнжыр, тым үлкен қазақ болатын. Мен Ақсеңгірде председатель болып жүргенде оның Қасабек деген бухгалтер баласының үйінен талай шай ішкенмін. Сол екі ұры түн жамылып Шамалған өзені бойында отырған елге келеді. Ұрының бірі бел астында ат ұстап тұрып қалады да. Мәжек жаяулап ауылға кетеді. Қораны айнала бірнеше түйені тіздеп тастаған екен. Он шақты үйден құралған ауыл ортасында екі қора қой қатар салыныпты. Бір қыз, бір келіншек қой күзетіп жүр. Екеуінің жағы бір тынбайды, ән салады. Құлағын әсем ән тұндырған, өзі де әннен қара жаяу емес Мәжек тізделген түйелердің арасында жатып әнді ұйып тыңдап қалады. Қыз бен келіншек «Ауып келдік Арқадан, енді неден қорқалы» деп қайырады әннің аяғын. Мәжек әнді әбден құлағыма сіңірдім-ау дегенде абайлап жатып, тізделген түйелердің екеуінің арқанын қияды. Тіздеуі қиылған түйенің бірі орнынан атып тұрады. Түйе тез тұрады деп ойламаған Мәжек сасып қалып, мойнағының астына тұра қалады.

— Ей, тұлымдым, анау сары атан нағып тұрып кетті,— дейді келіншек.

— Жата-жата шаршаған да,— дейді тұлымдысы. Әйел адамдардың түйені тіздеп қойып еді-ау, ол қалай шешіліп кетті деген ойларына келмейді. Құланды да жыландай кісі атады деген, бір қаға берісте екі түйені де шемшірліктеп Мәжек зып еткізіп, алып жөнеледі... Жоқ іздеушілер Күртідегі ағайындарына түйесін іздеп сұрау салады да, бірер апта өткен соң Шыбыл ішіндегі Өмір балаларының ауылына барып сусындайды. Жоқ қарап жүрмін деп ешкімге ештеме білдірмейді. Сусындап, біраз ыстықтан дамылдап-сабаттап отырған жоқшы ауыл балаларының қыңқылдап «Ауып келдік Арқадан, енді неден қорқалы» деп әндетіп жүргенін естиді, түйе ұрланған күнгі ән. Ұры осы ауыл болып шығады. Сөйтсе Арқадан келген әжікелер күнде бір ғана ән салады екен, оны «өзіңе өзің мықты бол, қоңсынды ұры тұтпа» деген мақсатпен айтқызады екен. Сөйтіп ән ұққан құлақ ұрлығын сіңіре алмай, әннен ұсталып, жаңа келген ағайынға жәбір-жапа көрсеткені үшін екі түйесіне қоса айыбын төлеп, Мәжек пен Шоқаш Тәжіні жерге қаратып кетіпті. Біржан сал мен Ақан серінің әнін Жетісуға көбірек жайған да осылар болса керек-ті.

Ол кезде кеткендеріне жиырма жылдай ғана болғандықтан оларды білетін адам әлі көп еді. Келгендер «Арқадан келген алты ақын» аталады. Біреуінің өзі, біреуінің көзі келіп Алатаудың атырабын шаң қылып көкпар тартып, даңғаза той болады. Ел болып жасаған тойда алғашқы ат бәйгесіне, жауырыны жерге тимеген палуанға түйе тіккен екен.

Елден жырақ-қыбай жүргендіктен бе, сағыныштан ба, әлгі келгендер бұл жақтағы туысқандарын бірге өскендей сапырып айтып отырады. Мұндағылар біреудің атын атаса, оның әкесінің кім екенін сұрап алады да, арғы жағын кәріқұлақ шежірешіше таратып жүріп береді. Арқаға кеткенде жиырма бес жастағы Арқарбай қырықтың сегізіне келіп, кемел шағында қайтқан. Оның аға-інілері Құттыбай, Шектібай, Мықтыбай, Тұңғат, Таңат алты ағайындының қазір бәрінің тұқымы бар. Олар еліне қырықтың ішінде жетті.

Екінші толқын одан жиырма жылдан кейін, менің он бір жасымда келді,— деді Жандосов.— Енді олардың ішінде алпысқа келген үшеуі ғана болды. Олар да бұрын өздері кетпей тұрғандағы тірі қалған, көнекөз қарияларды, өздерінің тұрғыластарын көріп, шынымен елге жеткендерін біліп қуанысты. Артында қырық жыл тұрған Қараөткел Қорғалжын, әсіресе емшектес, тай-құлындай тебіскен үш күн көрмесе өбіскен туысқандары қалғандығын енді оларға кездеспейміз-ау деген арман-тілегін айтып қабаржыды, күндік тартты. Бастап келген Алакөз деген кісінің үш ұлы бар. Олар да мұндағы туысқандарына қосылып, бала кезінде торқай ұясын бұзған, түлкі інін қазған, асық ойнап атысқан, тай мініп жарысқан жерлерін есіне түсіріп қайта туғандай болып, ал олардың балалары бірер жылда-ақ сіңіп кетті. Мұның бәрін неге осынша ұзақ әңгімеледі деп отырсыз ғой, Әбеке,— деді Жандосов маған қарап.— Үш күн болды, тағы он шақты үй бала-шағасымен көшіп келді. Аталарын айтады. Елінен, жерінен ауып келген адамды мыжып отыра алармысың. Аш, жалаңаш қаңғып келгендердің білетіні мен, Арқарбай, Алакөз. Жолда өлім-жітімге де ұшыраған. Олар да шамасы ашаршылық тек Ақмола төңірегінде ғана болып тұр, Алатауға — Жетісуға барсақ тойынамыз, онда лайсаңдық, тоқшылық деген үмітте болса керек. Ол жақтағы ел жағдайын сұрап едім, «жұтта қырылған қойдай қылжиып жатқан адам» деп иектері кемсеңдеп, көздерінен жас та шықпайды. Біле келсем олар Қорғалжында «Жұмай», «Коммуна» деген екі колхоз болып тұрған екен. «Ендігі онда туысқандар қалмаған да шығар» деседі. Сонымен, Әбеке, сол туысқандарың осында. Қайда, қалай орналастырасыз? Шамалауымша, Бекарыстан балалары болуы керек. Әбеке, олар кім болса да, әйтеуір енді оларды тірі алып қалу керек. Бар мәселе осында.

Мен Жандосовтың тына қалған сәтін пайдаланып:

— Ал Жәдіктерден не хабар? — деймін ішім удай ашып. Шын, інім, ішім бүлкілдеп, туысқан тілеп тұрды. Оған Жандосов жайбарақат жауап береді:

— Шекара өтіп шет жайлап кеткен жоқ қой, Әбеке. Мына тұрған Көкшетауда жүрген шығар. Көкшеде жүрген туысқаныңыз қазақ болмай кетеді, деп қорықпай-ақ қойыңыз. Аман-есен, өсіп-өніп жатса болды да. Бірақ халықтың тең жартысы қырылды-ау,— деп өзі көп ұната бермейтін руды жіктегісі келмеді. Қашанда оған көп бара бермеу тәсілімен қозғап отырған әңгімесіне қайта ойысты.— Одан да мына келген адамдардың өлмеуі үшін қам жасау керек.— Жандосовқа ләм дей алмадым. Бірақ ішім қайнап тұрды. Бұл менің ол кезде алдымен коммунист бола алмай, бірінші кезекке туысқандықты қойғандығым, коммунист ретінде шикілігім болса керек-ті. Несін жасырайын, інім, жүз үй Көкшетауда, жүз үй Ақмолада елге жете алмай қалды-ау, деген бір шемен ішіме байланып, көпке дейін көкейімнен кетпей қойды. Тіпті олардың кеткенінен бергі өсімі немесе бүгінгі ашаршылықта қырылып қалғаны деген есіме келмейді. Бірақ шынымды айтсам, інім, мұны сыртыма бүгін ғана шығарып отырмын. Дүниеде сыртыңа шығара алмай бітеу жарадай іштен дүңкіп, тынып жүргеннен жаман не бар. Мен пәлен жыл ішке қатқан жалқаяқты жаңа шығарып жеңілейіп қалдым.

Сонымен, інім, ішім бүлкілдеп туысқан тартқан менің иемді алған десеңші, мен алыстан Арқадан шұбырып келген туысқандарға жақсылық жасай алмадым. Бұл жерде нағыз тоғышарлық көрсеттім. Іш қазандай қайнағанмен, жүрек судан шыққан сазандай тулағанмен Жандосов алдында желі кеткен қарындай солып, мыжылып, мәлөлдік билеп, тойтарылған шегедей тұқиып қалдым. Мың сыйласқа бір ықылас білдіру қолдан келмеді. Бұзаудың бас жібіндей үзік-үзік құрдан жасаған бауым күрмеу түгіл қазықбау шалуға да келмеді. Қарыз, сойыс сұрап барған кедейге түк бермейтін қатыбас байдай, тұқырайып жерге қарап кеткенімді өзім де артынан білдім. Осы институттың кабинетінде стол астына кіріп кетуге жалғыз құлағым ілініп қалып, бөгет жасап тұрғандай оны да артық көрдім. Бүйтіп тіршілік құрып, бүйтіп жер басып жүргенім құрысын. Қарсы алдымда отырған, күніне алдынан жүз адамды өткізіп жатқан сұңғыла адам менің мүшкіл, мүскін халімді айқын сезді. Ол мені бұдан артық қинап, буынсыз жерге пышақ ұрғаным қиянат болар дегендей әңгіменің қанасын басқа бір арнаға салып, суды басқа бір арыққа-қашыртқыға бұрып жіберді..

— Оларды Қыр-Балтабайға орналастыратын болдым. Сіз таныссын деп қана шақырып едім. Ішінде Адырбек деген жігерлі жігіт бар. Нардың жүгін көтерер, тауды мойнына тесіп ілсең қыңқ етпеуге бар. Бақытын еңбегінен күтетін, шолпы тартқан көңілдерін бар қадарынша сергек, жоғары ұстағысы келетін тебіз жігіт. Оның әлі айтулы адам болып кеткенін көресіз. Жасы әлі жиырманың ішінде.

Әрине, Қыр-Балтабай қырдай өтірік. Мені қиналтпайын, өзім бірдеме етермін дегені болса керек. Сөйтіп жандай жақсы көретін достымның өмірінде білдірген жалғыз сабағатын желге ұшырдым, «тозақтағы ағзасы шыжып жатқан жанға аузымен су сепкен қарлығаш» құрлы бола алмадым. Адам жанының жарықшақтануын жүзінен, жүрімінен танитын сұңғыла ер менің бөтен елге келген құрымсақтай қорғалап зәһар жұтып, ғамкүн болып отырғанымды бірден аңғарды.

— Әбеке, күндік тартамын деп кімдік тартарсыз, қабаржымаңыз. Жоқ жомарттың қолын байлайды демеп пе еді, аталарыңыз. Қабақтан аңғарылған мәлөл, кірбің қашанда қабынып, қайнасып біткен әйнектей тұнық достыққа шым-шытырық із қалдырады. Мен сіздің қаяусыз, ағынан ақтарылған көңіліңізді көріп отырмын. Ырықсыз нәрсенің болмайтынын айтудан жалтармау керек. Отқа итере тастағанымды көрмеген едіңіз ғой. Ендеше неге сонша төменшіктей бересіз. Сізге оларды таныстырайын. Сонан соң бірдеме бөліп бермегенмен көңіл бөліп беруді ұмытпайық. Өз еңбегімен күн көрер. Бейнеттен қашатын адамдар емес.

Жандосов қоңырауды басып көмекшісін шақырды. Есіктен көзі алақандай және өңменіңнен өтіп кететін өткір, қара көзді, ұзын бойлы, артық еті жоқ, сылыңғыр жігіт кірді. Жасы жиырмадан жаңа ғана асқан болар. Ол тез-тез басып Жандосовтың жанына жақындап келіп, маған бас изеп амандасып үнсіз тұрды.

— Бауыржан, Ақмоладан келген қазақтарды шақыршы.— Жігіт үнсіз, шалт бұрылып, шығып кетті. Жігіттің ізіне қарап қалдым. Қайда көргенімді есіме түсіре алмай отырдым. Осыны сезген Жандосов оның кім екенін айта бастады:

— Бауыржан Момышұлы деген бала. Өте сауатты, айтқанды екі етпей, тап-тұйнақтай орындайтын жігіт. Жанымды тындырады. Институттағылар жас жігітті «кіші Жандосов» деп күлетін көрінеді.

— Бір жерде көрген сияқтымын.

— Ия, көргенсіз. Сізді шақырып келу үшін оны обкомға жұмсағанмын,— деді ол. Кейін Ұлы Отан соғысы кезінде Бауыржанның аты шыққанда Жандосов кабинетінде көргенім есіме сап ете түсті.

Бауыржан Адырбек деген екі құлағынан күн көрінетіндей арық, аппақ жігіт бастаған топты кабинетке ертіп кірді. Бірсыпырасы менімен қолдасып амандасты. Аздап өздерінің жүрісінен қорынатын болса керек. Інім, «ағайынның азары болса да, безері болмайды». Жолдасты тауып аларсың, әйелге де үйленуге болады, екіншісін аларсың. Ағайынның жаманын да жасай алмайсың. Ол министр ме, қойшы ма, бәрібір сенің туысқаның. «Қанды қалпақ кисе де қиыспайтындар» осылар. Бәрін де құшақтап сүйгім келді. Мемлекет босағасында оны істей алмадым. Оның үстіне үнсіз отырған Жандосовтан батпадым. Қарыны ашқан қараша үйге шабар дегенмен, тамақ іздеп келді десек те, олар екі желеу, бір сылтаумен көкірегінің түкпірінде жатқан тұнық та, тұщы да арманын жүзеге асырды. «Қысылғанды қымыз шығарады» десең де, ол арман ашаршылық айдамаса да, бәрібір түбінде қаймақ-кілегейін бетіне шығармай қоймайтын сүттей асылын аяқ астында қалдырмайтыны белгілі еді.

Бауыржанның екі көзі бізді тесіп, өтіп барады. Бар ықыласы, ділі-ойы Жандосовта. Аузын бағып тұр. Қысқалау қырықтырған шашы әдейі бастығына ұқсатып қойғандай тікірейген көзіне сәйкес.

— Бұл кісілер тамақ ішті ме? — деп сұрады Жандосов.

— Ия, ішті. Сізден он үш сом жиырма тиын,— деді Бауыр¬жан. Е, деп ойладым мен, Жандосов бұларды өз ақшасына тамақтандырып жатыр екен ғой. Жандосов шашын екі-үш рет салалап қойып қалың сырт жейдесінің сол жақ төс қалтасының түймесін ағытты да: — Жатын орынды да есептеді ме? — деп сұрады Бауыржаннан.

— Жоқ, оны кетерінде бірақ айтамыз,— деді. Бұларды институт жатақханасына орналастырған деп ұқтым. Жандосов қалтасынан ақша шығарып Бауыржанға ұсынды. Ол ақшаны алып, тез-тез басып шығып кетті...

Сәлден кейін мен де кеттім. Жандосов алдынан көнімді зорға сүйреп шықтым. Өлмегенім қара жер. Мұндайда басын қара шұбар жыландай қайқайтып шыға беретін, шімірікпейтін адамдар да болады. Ұяты мен арын алға ұстап өскен адам олай ете алмақ емес. Сол бір күнді кейін ойыма алғанда да жүрегім зырқ ете түсер еді, бетім де дуылдап жүріп беретін. «Малдының беті жарық, малсыздың беті көншарық» деген қазақ осындайды айтса керек. Егер менде күш, мал болса, ашығып келген ағайынды алып кетпес пе едім. Онда менің бетім жарық, Жандосовқа да, Адырбекке де ұялмай қарап, жарқ-жұрқ етіп жүрмес пе едім. Ал «малсыздың беті көншарық» дегеннің жөні басқа. Мұны түсіну де оңай емес. Қазақ бұл жерде малы жоқтың беті жоқ деп кедейлігін айтып, кемітіп отырған жоқ. Қайта оны қорғап отыр. Малы жоқтың амалы жоқ, сол амалсыздықтан ұялса да сүдіні шойыннан жаралғандай, көннен жасалған шарықтай ештеме өтпейді, өйткені ол ұялғанмен не істей алар еді, ұялмаған немесе ұят-арын жоғалтқан жандай безірейіп қала береді деп отыр. Мен де «өлімнен ұят күшті» екенін біле тұрып, бетім көн болып құрысқандай, сезбегендей кеттім. Кейін білсем, інім, ақмолалықтарды Жандосов Қыр-Балтабайға орналастырыпты. Бірлі-жарымы болмаса, көбі-ақ тірі қалып, нәсібесін теріп жеп, күнелтіп кетіпті.

* * *

Түс ауып барады. Аспанда шөкімдей бұлт қалған жоқ. Шұнақ шал әңгімесін соза тусті. Тіпті кейде айдалада, тау үстінде отырғанын, бет алдындағы мені ұмытып, сапырған әңгімесі басынан жаңадан өтіп жатқандай кейіпке келеді. Әредікте көзіне жас толып, тамағының күре тамырлары адырайып, жұтынып, кірпігін үсті-үстіне қағады. Онысы көз жасын іркіп, көзіне қайта сіңіру үшін істеп отырған қарекеті. Жоқ құлақтың орнын бір сипап қойып, қабағы көтеріліп, маңдайы бірнеше рет жыбырлап, сөзге қайта ойысты.

— Қазақстан басшылығында өзгеріс болды! — деп Шұнақтың дауысы ерекше қатты шықты.— Қу жақ кетті.— Түсіне кеттім. Голощекинді айтқаны. Оның орнына Левон Исаевич Мирзоян келді. Шыны керек, інім, партия тарапынан болса да, оның басшылығындағы адамдар тарапынан болса да, біз қазақтар әлі сенімге ие бола алмағанымызды сездік. Қазақтан да бірінші хатшы қоятын уақыт болғандай көрінеді, бізге. Оны сыртымызға шығара алмаймыз. Іштен тынамыз. Арамызда сөз таситындар да жеткілікті. Көбіне сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарай бастадық. Өйтпеуге болмады, екі көзіңнің бірі, егізіңнің сыңары сенің жаныңдағы бақылаушың. Мирзоян орта бойлыдан жоғарылау, мойыны шамадан тыс сорайыңқыраған, танауының астына ғана қоятын екі елі қырбық мұрты бар, қалың шашты, көзінің қарасынан аласы көп, жылтыр қоңыр кісі болатын. (Сталинше үстіне көбіне китель киеді). Өтірік айтып не керек, інім, мен онымен тілдескен қазақ емеспін. Алдында да болғаным жоқ. Алыстан, алыстан болғанда бір үйдің ішінен, мысалы қазіргі филармонияның залынан талай көрдім. Әйтеуір екі шекесі шығыңқы, иегінің бәрі қап-қара сақалдың орны, ат жақтылау кісіні мен басқалар сияқты Мырзажан дегім де келмейді, сол кездегі қазақтардың бәрінің үстінен қарап, төбесінде тұрса да олардан ақылды еді деп айту артық болар еді. Шырағым, Мирзоянға балайтын, одан тәжірибесі, білімі жағынан артық болмаса кем емес қазақтар сол кездің өзінде де бар, жетерлік те болатын. Інім, басындағы бағына, астындағы тағына қарап адамды бағалауды біз кеңірдегін үзіп келмеске жібердік десек те, ол жағаласып бүгінге дейін қалмай келеді. Біз садаптан қарағанда мансапқор, атаққұмар халықпыз ба деп те қаламын. Неге? Өйткені қызметіне қарай сыйлауды әлі де қоймаймыз-ау деп қорқамын. Сен бүгін «Социалист Қазақстанның» тілшісі болып келіп отырсың, ертең осы қызметіңнен басқа жаққа кетші, басқаны қойғанда көптен сырдескі болған жолдастарың да жүре сөйлесетін болады. Қазір бағыныштылығымыз да, сыйластығымыз да өзгерген сияқты. Адам адамшылығымен емес, істеген қызметімен өлшенетін ауруға тап болдық. Ауылда бір адам, яғни колхоздың председателі, әлде совхоздың директоры, ауданда бір адам, облыста бір адам ақылды, яғни кім ауданның, облыстың бірінші басшылығында отырса, сол осындағы ең ақылды адам болып барады. Соның басы Қазақстанда осы Мирзояннан басталды десем артық айтқандық болмайды.

Голощекиннен әбден қорлық көріп, көп сабылудан, орынсыз күндіз-түні бірдей шабылып-шаншылудан буыны құрып, дірілдеп жүрген көптеген қазақ қызметкерлер Мирзоянның келуімен тұспа-тұс болған азғантай кеңшілікті соның жақсылығы, жарқын жандылығы деп ұқты. Тіпті Голощекин кезінде кеткен асыра сілтеуді, бәрін адыра қалдырған ұр да жықтықты Коммунистік партия түзетіп жатқанымен ісі болмай, сол жақсылық лебі, тек Мирзояннан есіп тұр деп есептелді. Қашаннан жағымпаздық жанына жайлы тиген, оның барлық тәсіл-тәжірибесін бес саусағындай жаттап алған, бағынудан гөрі жағынуды, жарамсақтануды, жәреукеленуді қолына құрал қылып үйренгендер бұл кезде де үлесін ала бастады. Мақтағанды кім жек көрсін, ебін тауып еңсесін көтергендер Мирзоян болмағанмен оның әйелі Тевосянға жаққандар еді. Жалпы барлық адам баласына тән кемшілік басында болғанмен Мирзоян Қазақстанға жайлы бастық болды, жұмысы негізінен жақсы бағаланды. Ауданда жүргендіктен «ел күлгенге күлемін ыржиямын» деп, біз де республиканың жаңа басшылығын мақтап, ала қашып жүрдік.

Жетіліп те, желкілдеп те келе жатқан Қазақстан ауыл шаруашылығында зор өзгеріс бола бастады. Соның бәрін халық жасамай Мирзоян жасағандай көрдік. Шамасы біз тым аңғыртқа ұшатын, даңғазалау, алақашпа аттай мінезіміз мол халықпыз. Біреудің бір істеген жақсылығын, ол әсіресе қазақ болмаса, дабылдатып-алаулатып жібереміз. Ал айталық, отыз үшінші жылдың басына таман келген Мирзоян төрт жылдың ішінде бізге Алатауды сол өсіріп шығарғандай, Көкшені сол көгерткендей, Атырауды сол ағызғандай даңғазаланып кеттік. Демнің арасында жансақтаудың жолын жақсы біліп алған жағымпаздар Әулиеатаны Мирзоян атандыра салды. Мұны қане, даңғой, алакөкектік, дарақылық демей не дерсің, әйтпесе нені сонша сұқпатына келтіріп жіберіпті?

Сөйтіп сол даңғаза, кеукөкірек қазақтың бірі мен Алматыдан «ой, Мирзоян келді, Мирзоян дегенше, Мырзажан десеңші» деп қайттым. Арбамен ара қонып, түс әлетінде «Ақсеңгірге» жеттім. Жан-жағыма көз тастап, даланы барлап келемін. Шіркін, лайсандық-баршылықтың шеті қашан көрінер екен деп даққа қаламын. Қазір жан-жануардың тегіс жанданып, жалауланып, жердің еміп тұрар шағы. Осы бір бақылдақтан бал сорар мезетте де шөптің сиректігінен түбі көрініп жатыр. Әдетте ондай шөп түбінен топырақ күнгей бетте ғана көрінуші еді. Япыр-ай деп ойладым, жердің танабы биыл да тартық екен-ау. Шөп шабудың нағыз қызған бұл шағында мал жібермей қорыған бәйектің үш мая тұратын жерінен бір-ақ мая шөп жиналыпты. Міне ауылға да келіп қалдым. Әне, анау кеңсе. Кеңсе жаны тағы толып жүрген адам. Менің келуімді аңдып жүргендей. Бәрі тағы неге дүрлікті екен деп ойладым. Бір пәленің болғанын білдім. Бірақ бұл жолы дүрмек менің қойнымнан шыққан жыланға байланысты емес екені көңілімде сайрап тұрды. Сол өмірімнің сұрқай түстенген күндері есіме түсіп денем мұздап кетті. Күн әжептәуір-ақ ыстық болатын. Шекемнен де күн өтіп-ақ тұр. Сонда да қойнымнан шыққан сұр жылан есіммен кетер емес. Бір түрлі түршігіп кеттім. Мен қайбір шымылдығы желпілдеп тұрған, әлде үйде бала-шағасы күтіп отырған адам, кеңсеге түстім. Жиналған жұрттың жүзіне қарап ашулы екенін аңғардым. Мен арбадан түсіп жатқанда-ақ Нұрқалық жетті. Өңі өзі де қара адам түтігіп кеткен. Жұрт жапа-тармағай маған келді. Қысқа амандықтан соң:

— Не болды? — деп сұрадым.

— Не болғаны сол, бандиттер бес мая шөпті өртеп, ауылға шабуыл жасады. Біраз жылқыны айдап әкетті. Мырзалинді байлап әкетіп бара жатқанынан жұрт ажыратып алып қалған. Қазір жараланып үйінде жатыр. Екі жылқышыны Жортақ пен Құрымбайды атып кеткен. Мына ел соған қарланып, ызаланып түп көтеріле келіп тұр. Барлығы да жауды қууға әзір. Қандарына қарайып алған. Қолға түскен Қартабай деген қордайлық қазақты «бер, өлтіреміз, екі жылқышының қанын қанмен жуамыз» деп болмай тұр. Қолға түскен бандитті түтіп жейтін болған соң, кеңсеге қаматып, қасына Нұрлан бастатқан бес адамды қарауыл қойдым. Көпшіліктің ашу-ызасы кернеп, арна-қанадан асып кеткені сонша қайта-қайта жігіттерді мазалайды. Тіпті менің өзімді «жауды қорғайсың, сен де контрсың» деп ұруға дайын жүр. Ауданға Өнербайды шаптырғанбыз, әлі хабар жоқ. Жұртты «так-так» деп зорға ұстап тұрмыз. Мырзалиннің сөз сөйлеуге шамасы келмеді. Мына жұртқа басу айтпасаңыз болатын емес. Қару-жарақсыз, жалаң төс батырлар бір-бір атқа мініп бандыларды қумақ. Кәдімгі оларды белдесіп күресетіндей көреді. Негеннен-неген атылып қаласыңдар десем «көпке топырақ шашпақ па» деп болмайды, түсіндіре алмадым.

Meн кеңсеге кіріп отырып болмай-ақ бірнеше аттының келіп түсіп жатқаны белгілі болды. Жанында үш милиция қызметкері бар Өнербай екен. Үлкен, аяққаптай, тозығы жетіп жұқарған, осы кезде бекер берсең алғысыз баулықты брезент қапшықты салпылдатып мойнынан тастамайтын Өнербай бары-жоғы ауылдық Советтің орындаушысы болатын. Жаңағы тозған қапшықпен ол кезде бір буда ғана болатын газет, ауданның ауылға жіберетін қатынас қағаздары немесе ауылдың ауданға жөнелтетін бескүндік ақпары, анда-санда ғана болатын бірлі-жарымды хат тасылатын. Бірлі-жарымды дейтінім қазақтың бәрі тек өз ауылында тұрғандықтан көп хат келмейді, бірді-екілі туысқаны басқа жерде тұрса хат жазумен ісі жоқ, не ескермейді, еренсіз. Сондықтан Сәрсенбайға хат келіпті дегеннің өзі де бір елең еткізетін жағдай еді. Егер оқта-санда ондай бір жақын-жуығынан хат алғандар болса, «хат алып көзәйім болдың ба?» дей барып, ағайын-туған алыстағы жолаушының келуіне тоқымқақты жасатып, ет жеп, шай ішіп қайтуға желеу еді. Міне, Өнербайдың орындаушылық қызметі шын мәнінде почташы сияқты ғана іс еді. Сирек сарғыш мұртты, бетінде байқалар-байқалмас секпілі, аздаған қорасан дағы бар, өңкиген сары кісі Өнербай Совет өкіметін өзі тіреп тұрғандай, ұрты кебіңкіреп мақтанып та қоятын. Әйтеуір ат үстінде далбақтап жүргенге мәз еді. Өзін өзі әжептәуір өкімет санайтын. Міне, осы жерде де желпіне кірді.

— Міне, милицияңды алдыма салып қуып келдім,— деді ол танауы да, ұрты да кебіңкіреп. Оның сөзін екі орыс жігіті түсінбеді де, қазақ милиционер шамданыңқырап қалды.

— Сіз, немене жорықсыз сөйлейсіз! — деді милиционер.

— Е, мен болмасам келер ме едіңдер!? — деді Өнербай. Мұнымен сөз таластыруды артық көрген милиция қызметкері біреуін осында қалдырды да, екеуі қордайлық бандитті екі қолын артына байлап айдап әкетті. Қазақ жігіті маған қарап:

— Бүгін олар қайта айналып соғады, сақ болыңыздар,— деді.

— Кім? — деді Өнербай шала естіп, жалтаң ете түсті. Милиция қызметкері оған жауап қатпады. Милиция қызметкерлері аттанды. Біз колхоздың бітіп болмайтын шаруасына кірісіп кеттік...

Күн тал түс. Дүние мамыражай жағдайдан мазасыздау, шеке қыздырып, жан-жануарға көлеңке іздеткендей еді. Кеңседе биылғы егін жинау мәселесін әңгімелесіп отырғанбыз. Әлде қайдан бір дабыс естілді. Алдымен біреу өліп, соған біреулер «ой, бауырымдап» ат қойып келе ме деп бәріміз де құлағымызды тосып едік. Жоқ, дауыс басқаша.

— Аттан, аттан! — Бәріміз де дүрліге далаға жүгіре шықтық. Қоныстандырудың солтүстік шығысынан біреу далбаңдап, аттандап шауып келеді. Қазақ қашанда алыстан келе жатқанның адамынан бұрын атын таниды. Шабдар ат. Кәдімгі бір салып қалсаң екі артқы аяғын көтеріп шоқаң ете түсетін шабдар. Онда Өнербай болды ғой. Өнербай! Ескі сарғыш шекпенінің екі етегі екі жаққа кеткен. Аттың шабысымен кеулеген жел омырауын екі жаққа әкетіп, жағасы жайлауына кетіп, күнге тотыққан көкірегі тандырдан піскен нан алып жатқан сарттың көкірегінше ашық қалған. Ішінде ештеме жоқ ескі брезент қапшық салпылдап Өнербайдың біресе алдына, біресе артына барады.

— Аттан, аттан! — Ол шабдардан домалай түсті. Түсе бергенде жанымды қинап едің, құтылдым ба, кет әрман дегендей шабдар артқы сол аяғын шолтаң еткізді.

— О, не болды? — дейді Нұрқалық түсі қашып.

— Ойбай, мын-а-... өзен ішінде...— ол айта алмай тұтықты.

— Ей, жау келсе де дұрыстап айтсаңшы! — деді Нұрқалық зекіп.

— Өзен ішінде мені екі бандит тұра қуды. Ұстатпай кеттім. Шабдардың жылдамдығынан қашып құтылдым.— Бәріміз дүрлігіп қалдық. Япыр-ай, мына бандиттер талайдың тал түсінде тыныштық бермей бізді басынып бара ма, қалай деп көңілім дүмгән болды. Жебелей ат дайындап, қару-сайман дегендей, қолда бар екі құс мылтықты алып, он бес атты кісі төмен қарай лап бердік.

— Жаңа ғана осы жақтан келіп едім ғой,— деді Нұрқалық.

— Ойбай олар қайта айналып соққан ғой,—дейді Өнербай, шеке тамыры білеуленіп, қан қысымы артқандай қызара бөртіп тұр. Өзеуреп болмайды. Кетпеннің ұңғысындай кеңірдегі бүлк-бүлк етеді.— Менен басқа біреу болғанда ұсталып қалып, ендігі о дүниеде мүңкір-нәңкірдің алдында сұрақта отыратын еді.

Япыр-ай, құдай сені біз үшін бір сақтаған екен,— дейді Нұрқалық. Мен Нұрқалыққа таңданып келемін. Әлде ол жүрген бандиттерді Нұрқалық қорғағысы келе ме екен?

— Ал көрсетші, қайда? — дейді Нұрқалық. Ауылдың аяқ жағында Танабай орының маңында қос ат жеккен өзі тастағыш екі

Машинамен екі жігіт жоңышқа шауып жүр. Олар қаннен-қаперсіз. Қоныстандырудан Таңабай оры да біраз жер. Дабыр-дұбырмен талай жерге кетіп қалғанымызды енді ғана байқадым.

— Міне, мына сайда! — деді Өнербай. Өзеннің екі жағасындағы жарға байқап түсіп, барлық талды, бұта-бұтаны тінте бастадық. Жігіттер қобы-қобыны, сай-саланы қуалап, Көкдалаға дейін шауып барып қайтты. Он-он бес километрдегі жер тегіс көрінетін көріп тастаған өгіз терісіндей Көкдала ши, изен түбінде жатқан қоянның көжегіне дейін көрсетіп, барын алдымызға жайып салды. Ол кезде жыртылып айырылатын сұр қоян әр бұтаның түбінен тұра қашып, зытып барады.

Сол ошарылып ойланып қалдық. Тіпті осы төңіректе бандиттердің жүруін өкілімізге түсіре алмадық. Олар әддінен асып, жоғары Жандосов колхозына кетпейтіні белгілі. Өлкенің шығыс беті шыжандай ел. Ат басын олай бұрып, тастай алмай жүрген жаны бар ма?! Төменгі терістік жақ темір жол. Кетуі мүмкін деген терістікке өзенді бойлатып алты-жеті кісі жөнелттік. «Абай болыңдар!» дегенді де ұмытпадық. Біз сол төңіректегі егістікті аралап болғанша аттарының ақ көбігін шығарып олар да қайтып келді. Бандыларды жер жұтып қойғандай зым-зия. Айналып шоп шауып жатқан екі жігітке келдік. Олар ат басын ірікті.

— Бандыларды көрдіңдер ме? — деп сұрады Нұрқалық.

— Жоқ, қайда?! — деп жігіттердің үрейі ұшып кетті.

— Жаңа осы жерден Өнербайды қуыпты ғой.

— Ойбай-ау, ол кісінің көргені біз ғой...

— Ей, аттарына мініп мені тұра қуды ғой.— Жігіттердің түрі өзгеріп, жүздері жылып сала берді. Бірақ әдеп сақтап, ашық күле алмады. «Ой, айғайға аттан қосқан жынды!» дегісі келіп, күлкі қысып тұрғандары белгілі еді. Сөйтсе бұлар сәл дамылдамақ болып, екі атпен өзенге түседі. Нақ осы бір сәтте Өнербайдың жақындап қалғанын көреді. Жұмыс уақытысында «бұларың не» ден айта ма деп аттарына тұра жүгіреді. Олар атына мінген кезде Өнекеңнің бірдеңені айғайлап, шыбын-құйын болып шауып бара жатқанын көреді. Екі жігіт бізді көріп өздерінше қысылады. Сөйтіп Өнербай ауылды қудың саһарынша дүрліктірді. Жүрісіміз неген болды, аттанысымыз зайғы еді. Күлкілісі Өнербайдың өтірігіне аңғыртқа ұшып аттана шапқанымыз еді. Мұны айтып отырғаным, інім, бұл бір Өнербай басындағы ғана үрей емес еді, ол кезде «қорыққанға қос көрініп», ауданға шапқандар да жиі болатын. Оның бәрі негізсіз де емес, тап жаулары салған ташалаңнан туып жатар еді. Олар ойсыратып, опырып түсірмегенімен күндіз ұйықтаған адамның мазасын кетірген шыбындай о жер, бұ жерден қара көрсетіп, шаң беріп қалып жүрді.

Інім, небір дүние бастан кешті ғой. Адам баласының жауы — қашанда тілі. Тіліңе тыйым сала алмасаң, екі елі ауызыңа төрт елі қақпақ қоя алмасаң, онда судың түбіне кеттім дей бер. Бұл қақпақ, әсіресе осы біздің заманымызда керек болып отыр. Өз аузыңды өзіңе пәле етіп жабыстыру, қазақтың «ауызыңнан шығып жағаңа тармасқыр» деген қарғысындай, жабыса түсуі көбейіп кетті ғой. Жанында жігіт отырғанына, әлде жылан жатқанына сену қиын болып барады. Әрине, інім, коммунист адам адамға сенуі керек, бірақ біздікі бірімізге-біріміздің сенуімізден гөрі бірімізді-біріміз аңду болып шығып жатқан жоқ па? Көргеніңді адал айту керек, партияға сенуің керек. Ал оған шыныңды айтамын деп кейде шықшытың шығады. Бізде мынадай пиғылдың бар екенін жасыра алармысың? Мысалы фермада бір лақ өлсе, ол лақтың сұрауы бар, ол неге өлді, оған акт салынды ма, мал-дәрігері көрді ме, оның жанында еңбекшілер депутаты болды ма, ол лақтың өлімін көзімен көрді ме, көрмесе ең болмаса актіде қолы бар ма? Лақ қандай аурудан өлді? Міне, осының бәрін анықтау керек. Дұрыс-ақ. Бір-ақ кісінің малы емес, қоғамның малын осылай жоқтау артық емес. Ал адамды ше? Осы үш жылда Қазақстанда өлген адамды адамға айтудың өзі ауыр. Ал солар жоқтаусыз кетті ғой. Мен осы бір саясатты ойлап-ойлап, өкіліме түсіре, көкейіме қондыра алмадым. Адам өлімінің сұраусыз кетуі қандай адамшылық статьясына сиятынын білмедім. Қасаласқандар болса, қарғыс атсын. Олардың обалы жоқ, құрту керек болар. «Егер жау берілмесе, оны құртар болар». Дұрыс! Егер берілмесе солай болсын. Ал берілсе ше? Ол берілдім, жаздым, жаңылдым десе, оның сөзіне сенбейміз. Оның берілгеніне сенуіміз үшін ол өлуі керек. Бұл не, інім? Үндемейсің ә? Мейлің үндемесең үндеме.

Нақ осы отыз үшінші жылдың жазында июнь айының ішінде ерекше бір тапсырма алдым да, үш күн колхозда болмадым. Қайда кеткенімді адам баласы сезбеді. Оны аупартком де, Мырзалин де білмеді. Колхоздың председателінің үш күн бойы не ресми түрде бір жаққа кету емес, не үйінде ауырып жату емес, жерде де, көкте де болмауы жұртты таңдандырды. Қайтып келгеннен кейін оны ешкім әңгіме қылмады, сұрамады.

...«Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас». Құрөзектің ішімен келген жалғыз жаяуды өзім ғана білдім. Жаяу адамды қазақ біреу келе жатыр деп елеп көрмеген кез. Ол апақ-сапақта үйіме кірді де, ілмекті сала салды. Іңір қараңғысында үйден шығып кеткенімізді де тірі тышқан сезген жоқ. Қоныстандырудың батыс жағында тұратын мен жаяумен еріп, батыс бетке шықтық та, жұрт көзінен сақат болғанда сіләннің аяғындағы қалың ши арасымен Күртінің арнасына түсіп, суды етігімізбен кешіп өттік. Тұсардан ғана келетін өткелден кешу кешкен соң шығыс бетке шығып, Құрөзектің ауызында үш атты матастырып қойып, малдас құрып отырған адамға жақындадым. Ол орнынан тұрды. Таныдым және жақсы білдім.

Ол тапсырманы қысқа берді де:

— Ал жолың болсын, мына торы жорғаға мін. Қоржында үш күнге жететін аттың жемі бар. Өзіңе «ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген қазақ мақалын ғана дайындадық. Тапаншаң бар, оғы ердің шеттігіндегі кішкентай байлаулы қапшықта. Әдейі құранды ер ерттеттім. Үзеңгі бауыңның ұзын-қысқасын өзің теңгерерсің.

Ал жөнел! Таң қылаң бергенше темір жолдан өтіп кетуге тырыс. Қош!

«Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» дегендей Тарланкөк өлгелі бері тақымыма бір ат толған емес, сырдескі емес атқа міндім. Мінгелі жатып қазақ жоралғысымен тартпасының беріктігін байқап, қайта тарттым. Шынын айтайын, інім, мінгелі тұрып талайыма мінем бе, әлде талауыма мінем бе деп жүрексіндім. Сайраққа тартып барамын, ажал күтіп тұр ма, азап күтіп тұр ма, жол ауыр. Бармауға, бас тартуға болмайды. Партия, мемлекет тапсырмасы. Атым омырауы есіктей, ойынды еті бесіктей, қақсал жылқы екен. Қақсалдығы ғой маған мінейін деп тұрған сенсің-ау дегендей торы сол жаққа мойнын бұрып, мені бір иіскеп, иіс алды. Жаман ат болмады деп түйдім ішімнен. Сайраққа жол тартқанымды ескеріп, ат үстінен үзеңгі бауымды сәл ұзарттым. Үзеңгі бау қысқа болса, екі тізе шыдамай кетеді. Салмақ тізе мен белге бірдей түсуі тиіс. Сайрақты сонда ғана көтересің.

Торы жорғаға тола мініп, басын батыс-терістікке бұрып тебінгенімде жануар «пысқырып-пысқырып» жіберді. Қазақ мұны ердің жолы болады, ат қиналады, ер қиналмайды деп есептейді. Күртіні ауылдан төменіректен кесіп өтіп, Жиренайғырдың желкесіне қарай тарттым. Түнге жаңа-жаңа көзім үйреніп, Көк далаға әне-міне дегенше-ақ келіп қалдым. Жануар торы жорға су төгілмес қой жорға екен, қамшы салдырмай келеді. Тіпті кейде арындап, шүрегейге түсетін тұйғындай құнтитып, ауыздықты баса береді. Қу далада майданда шолан ұрған батырдай жалғыз жосылтып келемін. Міне, Жиренайғыр өзені. Өткелдің өте қалған жерінде тұщы бастау бар. Өзен суы ащы, жер сор, табиғат қызық, өзен жағасында қашанда осындай ащы сулармен қатар тұщы қайнар тұмалар болады. Өте қалған жерде үстінде тұрып ауыздығын алып суарып көріп едім, жануар ернін малды да, қойды. Шөлдемеген екен. Өйткені енді темір жолды кесіп, елсізбен кетпекпін. Тұщы су сонау Үшшоқыға дейін кездеспейді. Әрі қарай тартып кеттім. Таң атқанда Үшшоқыдан өтіп бара жаттым. Бурылға келген соң, ат белін көтергім келді. Аттан түсіп, ауыздығын алып, шылбырынан ұстап отырдым. Торы желкілдеп өсіп қалған жусан ұлпасын күртілдетіп ұрып жіберді.

Енді жалғыз отырып қалай жүруге жоспар құрдым. Қия жайлап, шет қонған Бидастар жерін шолғым келді. Ұрат-ұрат рулардың қыбайдағы қыстау-қияуларын, кіртілерін көріп, шолып шыққаным жөн болар деп шамаладым. Онда неде болса Алмалы — Долаңқараға тартайын. Тәуекел, өлсем Совет өкіметі жоқтайды.

Торыға қонып сетілген танаудай Бурылдан, оған мұнасып жатқан қалың қырқадан жалғыз аяқ жол тауып, бөктерлеп батысқа қарай тарттым. Күн сонша ыстық емес, жер іреңді екен, барлық жерде әндетіп, менің келе жатқаныма қуанғандай бозторғай шырылдайды. Басқа құс көрінбейді. Бұл жақта тіршілік атаулы бітіп, барлық байлық-бақыт, дала, су бозторғайдың ғана еншісіне тигендей. Он алтыншы жылы осы жерлерді үш-төрт ай кезгенде бармаған жерін, баспаған тауын қалдырмағандай едік. Марқұм Ұлтарақ енді ойласам сол үш-төрт айда бір айтқан әңгімесін қайталамаған еді. Япыр-ай, соның бәрін ішіне қалай сыйғызып, қалай тоқи берді екен. Одан қалған, жақсыдан қалған жәдігер Совет қандай жігіт болар екен. Екі бірдей көркем адамнан туған балаға сұқтанбай қарау мүмкін емес. Тіл-көзден аман болсын, әйтеуір. Бірақ еркек әдемі болса, әрине, ол да бір ғанибет, бірақ бернесінен пейілі көрініп тұратын әйел адам емес, еркектің қандай болғанының бәрібір де. Нақ осы жерде Ұлтуғанның шешесінің Марленнің бет-жүзіне риза болмағандығы есіме түсті. «Ең болмаса Ұлтуғанға бір жерің тартса етті» деді-ау, байқұс. Қызын тірі көргендей болғысы келгендігі ғой, марқұмның. Бірақ табиғат шебер, қасы мәтті, еріні нұнды, танадай көзі жалтылдап Ұлтуғанға-ақ тартса, мен де оны көргендей болып жүрмес пе едім Әттең... Осы әттеңмен өтеді екен ғой, өмір шіркін. Күпшек санды торы есектей қайқалап өрге салып келе жатып, қорс етіп үркіп кетті. Сөйтсем бір сайда толып қарақұйрық жайылып жүр. Кеше ел жүретін жерде бүгін аң жүр, елсіздің жануары. О дүние, десеңші. Кеше осы жерде аттылы қазақ осы кезде жайлауға шығуға қам жасап жортып жүруші еді. Енді, міне, бұл адам кірті аң мекеніне айналған. Адам қайдан келіп қалды дегендей үркіп, бір-бір атырылып кетті де, тұра қалып, құлақтары қалқайып бірер сәт қарап, сомам соң дүркіреп қаша жөнелді. «Атып алсам ба екен, біреуін», кешке не ішуімді ойладым. Қарным аша бастағанын сездім. Алғашқы кездескен жануарларға тимедім. Аттың басын іркіп, алты атарды мойнымнан алып, көздеп көрдім де, шүріппені баспадым. Соның арасында-ақ үйірлі қарақұйрық белден асып көзден ғайып болды. Жым-жылас. Қайта далада тыныштық ормады, тек бозторғайдың ғана дамылсыз әні құлақ тұндырады. Белден аса беріп алдымнан далалық кішкентай ғана айна көл көрдім. Шынында да айнадай. Өйткені үп еткен жел жоқ. Бұл қоғалы көл емес, көктемгі қарғыннан қалған алғау су. Көлдің арғы бетінде жағада екі сарала қаз таранып отыр екен, мені көріп ұша жөнелді. Қанатымен ән салып барады. Атайын деп ойлап, оның бірін түсірермін, сыңары қалады, Шұнақ. Сен сияқты біреуі жесір қалады, бір жерге салған жұмыртқасы әлде, тіпті шығарған балапаны бар шығар, қазір көктемнің аяғы, жан-жануардың балалап, балапан шығарып, жұмыртқа салып, уылдырық төгіп, қозықалап, қодығалап, қодықтап болған шағы. Осы мүсәпір жолда, сайраққа бара жатып қиянат қылмасаң да болмай ма деп өзімді өзім тыйдым.

Торыдан түсіп, екі алдыңғы аяғын тұсап қойсам ба дедім де, сырдескі болмаған атқа сенбедім. Баяғы әке мен баланың жолдағы әңгімесі есіме түсті.

Әке мен бала ара қонып жетерлік сайраққа шығыпты дейді. Осындай бір елсізге келіп екеуі қонбақ болыпты. Жол жүріп келген аттар күн таласа суыған соң, екеуі аттарын отқа қоймақ болыпты. Әкесі атына шідер салыпты да баласына:

— Балам, атыңды бекітіп қой,— депті.

— Ой, әке, осынша көк жайлаудан қайда кетеді дейсің. Бұдан шүйгінді қайдан таппақ. Еркін жайылып, тоғайсын,— дейді баласы.

— Балам, атыңды бекітіп қой,— дейді тағы да.

— Ой, әке, қоймадыңыз ғой, ешқайда кетпейді, атым тоймай қалады,— дейді баласы өзінікін қайталап.

— Балам, атыңды бекітіп қой,— дейді әкесі үшінші рет. Соны айтады да, тоқымын төсеніп, ерін жастанып тегілдірігі мен терлігін жайып тастап, шекпенін басына бүркей жамылып жатып қалыпты. Баласы ерте тұрып аттарды әкелейін десе, баланың аты жоқ. Жүгіріп ана жотаға, мына жотаға шығады. Баланың аты жоқ. Шал шідерлеулі, тай шаптырым жерге ғана барған атын әкеліп кете барыпты. Әкесінің кетіп бара жатқанын көрген бала жан ұшырып жүгіріп келіп:

— Атыңызды беріңіз, атымды тауып алайын,— депті. Сонда шал:

— Аш атым — бар атым, тоқ атым — жоқ атым,— деп жүріп кетіпті. Жаяу қалған бала ер-тоқымын арқалап келе жатып:

— Өзінде жоқ болса егер әкең де жат, енді қу бас көрінсе арқандап жат! — деп есі кіріпті деседі. Сондай-ақ елсізде еңіреп, жоқ қарап, дала қарап қалармын дегенмен атым бір үзсе де пайда, бірақ бар болғаны олжа деп қанжығадағы байлаулы қайыс шідерді шешіп алып, атымды шідерлеп қойдым.

Көзімді ашып алсам күн еңкейіп қалыпты. Сағым әлі жүріп тұр. Демек, күн ыстық. Жорға торы тойған ба, жусап тұр. Жата қалып жерге құлағымды төседім, ешбір дыбыс білінбейді. Атты әкеліп, ат дорбамен қос уыс сұлы жегіздім. Торы әжептәуір тынығып қалғанға ұқсайды. Ердің оқпанына қарадым, ердің асты көрініп тұр. Желдігі де қалың, былғарымен қаптапты. Өмілдірігі, құйысқаны, жүгені бәрі көгілдірікті. Тегілдірігі қалың былғары екен, салбырап тоқым етегіне түсіп, тартпадан өткізген пыстаны аткөрпені тегіс басып тұр". Жақсы ер-тоқым екен деп ойладым. Атқа қонып, басын қайта Алмалы — Долаңқара қайдасың деп жолға салдым. Торы жорғасын төгіп, шайқап басып жөнелді. Тағы ойда жайылған екі сарала қаз көрдім. Атпадым. Өстіп жүріп аш қалар ма екенмін деп те қойдым ішімнен. Қоралы қыстаулар кездесе бастады. Бәрі иесіз. Тағы бір белге шыға келсем бір топ дуадақ жайылып жатыр. Енді осының бірін азық қылғым келді. Өйткені үш кездескен аңға, құсқа тимедім. Бұйырса жалғыз оқпен ғана осының бірін атып алуды ойладым. Кім біледі, қол үйренбеген мылтық тигізе алмай аш қалар ма екем деп те қоямын. Өйткені «құланды да жыландай кісі атады», ол үшін мылтығына қолы үйренген болуы керек. Ескі жолдас тапаншаны алып көріп едім, оның оғы, әрине, жетпейді. Неде болса деп алты атарды қолыма алдым. Тапанша жететін жерге барамын дегенше ол ұшып та кетеді. Рас, дуадақтың көтерілуі қиын. Ол ұшып үлгіргенше ұшқыр ат мінген жылқышылардың құрықпен дуадақты ұрып алғанын өзім талай көрдім. Бірақ торының жүгірісінің қанша екенін кім біліпті. Нәсіп болса кете қоймас. Мылтықты қолыма алып, тағы бір қойдым. Жақсы жайылып жатыр. Бірақ мен ашпын ғой. «Болыссаң жанға болыс». Қазақтар қой сойғанда «жануар, сенің жазығың жоқ, менің азығым жоқ» деуші еді, жарайды менде де азық жоқ. Үлкен біреуі қанатын қомдады. Саһары шығар. Шамасы мені сезген болар. Жарайды, тура сол үлкенін. Міне, қарауылға ілінді, топшысынан.— Мұның мойыны қудың сұңғағындай, құтанның құлқынындай емес, қысқа. Ал...

Тарс! — Елсіз дала жаңғырығып кетті.

Көздегенім домалап қалды. Басқасы жүгіре барып, ауыр денелерін зорға көтеріп ұшты. Салып ұрып жетіп бардым. Дуадақтың қоразы екен, өліпті. Торы, үркіп жоламады. Оны шылбырмен бір аяғынан байлай салып, дуадаққа келіп қолыма алайын десем, тіпті ауыр. Жеті-сегіз килограмдай. Оқ тиген құсты бауыздамаса да болады. Дегенмен бауыздап, қанын әбден ағызып жібердім. Сонан соң торыны қорсылдатып жатып, қанжығама зорға байладым. Сабылып жүріп кеттім.

Әдемі шағын тас қораның жанына келдім. Тігулі үй тұр. Мал жайымен жүргендер шығар дедім. Нұрқалықша:

— Кім бар екен, хабарласқалы? — дедім. Жауап болмады. Сонан соң қораны аттан түспеген күйімде айналып шықтым. Аттан түсіп, анау жердегі тас мамаға шылбырынан қазықбау шалып байладым. Өйткені маматас аласалау, бір жарым метр шамасында екен. Күн ұясына еңкейіп қалды. Бірақ әлі жылы. Күн жақта көрінбей тұрғандар жоқ па деп ол жақты да абайладым. Дыбыс жоқ. Мылтықты кезене ұстап саманнан салынған там үйге жақындадым. Сығырайған терезесі бар, одан қарап іштен ештеме көре алмадым. Үйдің төңірегінде тірі жанның жүрген-тұрған ізі, ізбіні білінбейді. Терезе бүтін. Есікке келдім. Онда екі шығыршық бар екен, арасын шуда жіппен байлапты. Шуда жіпті шешпек едім, ол морып кетіпті, бөлек-бөлек болып, біте жеген келеп жіптей түсіп қалды. Тірі жанның жоқ екенін білсем де үйге кіруге жүрексініп, тың-тыңдап сәл тұрдым. Күн кешкіргендіктен бозторғай әнін тыйыпты. Әлдеқайда ескі қияулардың бірінен байғыздың сызылғаны естіледі. Елсізде байғыздың даусы да адамға жаман эсер етеді. Дегенмен есікті аштым. Есіктің көзінде жез леген жатыр. Оны аяғыммен шетке ысырдым. Екі үй екен. Ауыз үйде балшық пеш тұр. Онда үлкен он екі қарыс қазан асулы. Қазан пеш төңірегінде төселген ескі құрым киіз. Қазанның жабулы жан-жағын от шалып күйелештенген қақпақтың үстінде төңкерулі шелек. Бұрышта ағаштан жонылған адал бақан, мойын ағаш. Қазір ғана онымен біреу екі шелек су әкеліп, сүйей салғандай. Түпкі үйдің есігін аштым. Төрде кәдімгідей ақ киіз салулы жатыр. Жүкаяқтың үстінде буулы тең. Қарала алашаға буған. Оны ашып көруге тағатым бармады. Бір ағаш қобди беті жабық. Суырмалы қақпақты ысырып едім, іші толған асық. Түрлі түске бояған. Асық бояу есіме түсе кетті. Қатындар текемет, сырмақ жасарда жүн бояр еді. Балалар шешелеріне жалынып-ағынып, жүн ішіне асықтарын тастар еді. Сонда жаңа сойылған қойдың асығының бояуы қанық, ескі ақ асықтың бояуы солғын, баршын тартып шығар еді. Шешеме менің де асық боятқаным есіме түсіп кетті. Басқа үйде көз тоқтатар ештеме болмады. Сыртқа шықтым.

Енді қазақ үйге келдім. Оның сықырлауығының шығыршығына көлденең шыбық өткізіпті. Ол да әбден қурап тұр екен. Оны алып сынып қалмас үшін жерге ақырындап қойдым. Атыма да бір қарап қойдым. Суып үйренген қазақы жылқы тып-тыныш тұр. Бүгін осы төңірекке қонармын деп атымның тізгінін ердің басына іліп, қаңтардым. Тартпасын босаттым. Торы мені бір иіскеп қойды. Қайтадан киіз үйдің жанына келдім. Тағы да құн бар да төңірекке көз салдым. Үйдің жанындағы жотада оба бар екен. Жүгіріп соған шықтым. Қойнау, қолаттардың бәрінен қыстау, тігулі үйлер көрінеді. Онда тірі жан жоқ, бәрі қаңырап бос қалған. Егер осы қыстауларында, ата қоныс-кіртісінде отырса, қазақ сорлылар осынша қырылмас еді-ау. Бейқұтшылық заманда-ақ аузымыз аппақ болып шалқалап қалдық-ау, алқамыз көл, дастарқанымыз шел тартты-ау! Осы жерден Ботпайларды көшіргеннің ішінде мен де бар едім ғой. Бәрімізге кәр қылған Қамысбаевқа қарсы шыға алмай мөнді-мөңді деп көнгеннің бірі мен емес пе едім. Бабажанов сияқты адал ұл дауыс көтергенде соған медеу болудың орнына, басу айтып, істі шарға жібермеуді ойлаған осы сұмырай Шұнақ сен емес пе едің. Қопаға еңкейгенде жаңбыр шелектегі құйып, нөсер болып, сел жүргенде жұрттың су болмаған жері қалмап еді. Жердің ыза-ызғары кетпегенде ашық-тесік келе жатқан бір бала қыңқ етіп жөтелмеп еді, ауырмай-ақ Ақсеңгірге жетіп еді. Өгіздей саулығы, темірдей тепкіні, үй жыққандай екпіні бар іребдел, сайдауыл жігіттер бір тілім нанға зар болып о дүниеге аттанды-ау. О, Шұнақ, қу Шұнақ, сол жерде Қамысбаевтың қолында неге өлмедің. Қазақтың өліміне кінәлінің бірі сен Шұнақ. Адам болмай, ада болғыр Шұнақ, жерге кір, жерге кіргір. Осы обада отырып, ап босап жылайын. Көз жасымды тыя алмадым.— Шұнақ — кәдімгідей жылап жіберді. Сәл үнсіз қалды. Сонан соң көз жасын сүртіп әңгімеге қайта кірісті.— Осылай сағым сынып, өзімді өзім аямай жазалап ұзақ отйярыппын. Күн батуға таялып қалыпты. Орнымнан тұрдым. Ерте жарықта тамақ істеп ішудің жөнін қарастыруым керек. Қазан-ошақ дайын, үй бар, тіпті кім біледі, жаңағы теңде көрпе-жастық, кілемге дейін бар болар. Тек су табу керек болар.

Төмендегі көгерген жыраға бардым. Судың көзі бар. Ызашық көрінеді. Көзі бекіп қалған. Қазатын ештеме табылар ма екен. Қораға қайта кірдім. Сабы қысқа мұжық тесе тауып алдым. Онымен барып судың көзін тырнап көрдім. Көп күттірген жоқ, су жылап ағып жүріп берді. Оның қайнарын сәл аршып едім, су тіпті жаңағыдан әлдеқайда ағындай бастады. Маған бір сіміретін су болса жетеді. Қазан асып отыратын заман ба! Судың алдын ағызып жіберіп, ұрттап дәмін таттым. Сәл кермектеу, кәдімгі адырлы жердің ауыз суы. Су жиналатындай етіп бастау жасадым. Алдын сәл бөгедім де, енді киіз үйдің ішін көруге кеттім.

Киіз үйдің есігін аштым. Жетпіс басты үй екен. Түңлігі түсірулі. Үйдің төрінде біріне-бірі жалғас екі жүкаяқ. Беті ұлттық өрмекпен нақышталған. Нақыш ойылып салынған. Оның үстінде жүк жоқ. Үйде киіз де көрінбейді. Тақырайып оттың орыны жатыр, Басқа жеріне аздап шөп шыға бастаған. Керегені, уықты, үзікті, туырлықты, жоғарыдан түсіп тұрған желбауды бәрін ұстап көрдім. Бәрі әлі қалпында, шірімепті. Бір кезек осының ішіне отырып, тамақты осында ішсем бе екем деп саңым ауды. Әлдеқалай қазақ үйдің төрінде отырып сораптап ішкен қымызды аңсап кеттім. Қазір қымыздың уақтысы, ең көп болар кезі. Бірақ мұнда отыруға да, жатуға да болмайды. Онда келгендер болса білмей қаламын ғой. Сондықтан ашық далаға демалу керек.

Төменірек өсіп тұрған екі-үш талдың қасына барып аз ғана сабаттадым. Селбілерін алмақ едім. Жерде де қу бұтақ толып жатыр. Оны жинап киіз үйдің жанына әкелдім. Мұнда мосы да, ошақ та бар. Бірақ ол маған керек пе? Қораның ауызына таман ыққа қу бұтақтарды жағуға ыңғайлап қаладым. Тіпті керек десең бірнеше жылғы ойып жиналған қызыл қи да тұр. Ол көң болып, кеуіп қалған. Тіпті шеті ойылмапты. Бұл байқұс үй иесінің келесі қысқа дайындаған отыны ғой. Келесі қыс түгіл үш қыс өтті, тұл қалды. Бұл қораның иесі тірі қалмаған да шығар. Торының жанына барып жерде жатқан қоржын-мен дуадақты алып келдім. Торы тыбыр етпей, мойынын салбыратып тұр. Суыта үйренген мал екеніне көзім жетті. Мосыны темір ошақтың үстіне қойдым да, отты тұтатып, дуадақтың жүнін жұла бастадым. Оның жүнін, қанатын, құйрығын отқа жағып жібердім. Отырған жерімді ыбыр-сытқым келмеді. Дуадақты қазақша жотасынан жарып ішек-қарнын алып тастадым. Бөтекесін тазаладым. Бірақ жуылмаған бөтекені пісіріп жеуге қорықтым. Маған басқасы да жетеді ғой. Басқа денесін отқа қақтай бастадым. Керегенің басында дорба көріп едім, сонда тұз бар ма десем, болмады. Жарты құрт таптым. Сағырдан болып қалыпты. Дәмін татып көрдім. Жемедім. Дуадақты пісірдім. Қанша семіз дәмді ет, тұзы болмаған соң су татитындай. Су татыса да жеп тоғайып алдым. Енді бір тәулік тамақ ішпеуге шыдай аламын. Інім, біз, қазақтар, уақтысымен тамақ ішпеуге шыдай беретін халық едік қой. Бұл мүмкін біздің зор кемшілігіміз шығар. Мына Европа бетке қараған елдер сонша оңаза болады. Олар тамақ ішетін уақыты өтіп кетсе жылап жібереді. Тамақты уақтысымен ішпеуге шыдамдылық парасаттылық емес. Өйткені ол денсаулыққа зиян ғой. Ішек-қарын бос тұрмауы керек. Ол үнемі жұмыс істеп тұрмақ.

Жатуды ойластырғаным жоқ. Бөктергіде бір тайжақы бар екен, соны алып кидім. Отырған жерімде қисайдым. Ұйықтап кетіппін. Біршама көзімді ашып алсам, сонау жерде екі шам жылтырайды. Екі жасыл от. Қыстыгүні аштан өлгендердің етін жеуге келген шүйебөрінің көзі, айнымайды. Атып тастасам ба екен деп ойладым. Оның сойып ұлпаның алмаған соң қайтемін. Әрине ол дуадақтың ақтарып тастаған ішек-қарынының иісіне келіп жүр. Түнде атыма зиян жасап жүрмес пе екен. Бірақ ол не екен? Бұл өңірде қасқыр болмасқа керек. Өйткені бөрі ел жағалап, мал жағалап жүреді. Ол көшкен қазақпен бірге тау жайлауына шығады, далаға да бірге түседі. Сондықтан бұл қасқыр емес. Түрегелдім. Шұбалаңдап кетіп барады. Түлкі екен Торы ат оқыранды суыған екен. Енді отқа қоюға болады. Бағанағы бастауға бардым. Су жиналып, аяғы сыздықтап ағып жатыр. Қос уыстап сімірдім. Шөлдеп қалған екенмін. Қайта келіп, тағы да дуадақ етінен аузымды толтыра бір қарпып шайнадым. Торыға бардым. Оқыранып тұр. Түн орталанып-ақ қалса керек. Дуадақтың қалған етін май қағазға орап қоржынға салдым. Қоржынды қолыма алып, осы жерот-ау деген қалың шөптің ортасына бардым. Атты қалай қойсам екен. Ер-тоқымын алдым. Арқасы кебу. Әбден суыған екен. Ертең жарап турады деп ойладым. Қазақы ерді жастап, тоқымды төсеп қойдым. Ішкілікті тер-шуаш сасытып жайып тастадым. Атты шідерлемедім. «Тоқ атым — жоқ атым» болып жүргенше «аш атым, бар атым» болсын дедім. Сондықтан атты бақайламай, тұсап, оған арқанды, арқанға сексеуілдің жігеріндей қатты, шыжым шылбырымды жалғап, аяғыма байлап ұйықтадым. Шыны ұйықтаған болдым. Өйткені минут сайын аяғыңды ат тартқылап тұрса, қандай ұйқы, ол? Қасқырдан қорықпадым, адам қорқауынан қорықтым.

Таң қылаң берген соң орнымнан тұрып, арқанды жинап, торыны шідерлеп қойып, енді шын ұйықтадым.

Оянғанымда күн көтеріліп қалыпты. Торыны әкеліп ерттеп, қомдығын көтеріп, төсайылын тартып, қоржынды бөктеріп, ауыздығын салмай бастауға келдім. Торыны суғардым. Шалдырып, аузын шайғыздым. Сонан соң атдорбаға қос уыс сұлы салып, жемге қойдым. Өзім түнде дуадақ пісірген жерге келіп, ошақты, мосыны бұрынғы орындарына апардым. Дуадақтың ішек-қарыны, бөтекесі, басы, аяқтары жоқ, шамасы түлкі қу жеп кеткен. Сәлден соң атқа қондым.

Құн шығыста азғантай бұлт бар.

Күн көтеріліп, даланың кәусарға бергісіз таза ауасы көкіректі ашып жіберді. Ашқылтым жусан иісі мұрынды жарады. Торы тағы пысқырынды. Енді қатты жүргенді қойдым. Көп қоралардың тағы біріне түстім.

Қора қара тастан қаланған. Еш жері кетпеген, бір ұқыпты адамның қорасы болса керек-ті. Қораның оң жақ босағасына қаланған қора тасының үстін ала қарабура жинаған. Оның үстінде әлдеқандай күмбез сияқты бірдеме жалтырайды. Бұл не екен деп жақындасам, төрт құлақты мыс қазан. Қазанды күйесін кетіріп, құммен әбден ысқылап жалтыратып төңкеріп қойыпты. «Қазаны төңкеріліп қалыпты» деген осы екен-ау деп ойладым. Қазақ қазаны үнемі отта болуы керек қой. Қораның оң бүйірінде екі терезелі там тұр. Шамасы бірінен-біріне өтетін екі үй. Есік алдында кешегі үйден киізі жаңа, әжептәуір тоқсан басты үй тігулі қалпымен. Тек идам жоқ, басқасы әзір. Кәдімгі қудай жайпаң жеңгелер бұрала басып, былқылдап жүріп тіккен үй. Есігін ашып қарадым. Үйдің бау-шуы түгел және әдемі екен, бірақ іші бос. Тамға кірдім. Төрдегі жүкаяқ үстінде ұзын, бетіне өрнектеп қаңылтыр шегелеген екі бұралмалы, бұрағанда кілті сыңғырлайтын сандық. Ауызы жабық. Екі тең. Ішінде не бар екенін иесі ғана біледі. Үйдің төрі жалаңаш. Бір-екі қораны араға салып тағы бір үйге кірдім. Еңсесі биік, әжептеуір албары бар. Киіз үйі кішкентай. Бірақ бұларда да азды-көпті мүлік бар.

Есік алдына шыға беріп өз көзіме өзім сенбей қалдым. Анау жерде бір қартаң адам бүгежектеп қашып барады. Адымы да қысқа. Киімі жүдеу.

— Тоқтаңыз! — дедім айғайлап. Одан жауап жоқ. Қашып барады. Әжептәуір жерге кетіп қалды. Торыға міне салып, тайпалтып қуып жеттім. Кісі тоқтамайды. Бүгежектеп, екі шынтағы бүгіліп, басы тұқиып, шегелеп ешкі қуған адамша кетіп барады.

— Тоқта, әйтпесе атам! — дедім. Ол тоқтамады. Құнжыңдап әлі жүгірген болады. Адымы өнбейді.— Тоқта, атам! — Атып, оған оғымды шығындап қайтемін. Жанына жақындап:

— Ассалаумәлейком! — дедім. Ол бетіме қарамайды. Жауап бермейді. Кісі киік болып кеткен бе деген ой келді маған. Адам жоқ сияқты еді, бұл маңда. Әлде анау елеусіз сағананы мекендей ме екен? Амандықты тағы қайталадым: — Ассалаумәлейкөм! Ол бетіме қарамаған күйі «әлейкісалам!» деп естілер-естілмес міңгір етті.

— Қорықпаңыз, тимеймін. Ант ішейін, алғалдық жасаман,— ден жібітпек болдым. Ол ажырайып бетіме қарады. Қою мұртты, айыр сақалды сары кісі. Екі көзінен жасы парлап тұр. Қорқып, әлде менің тимеймін дегеніме қуанып жылап тұрса, білмеймін. Үстіндегі киімі бегімсал. Екі бетінің ұшы шығыңқы, бүйрек беттеу кісі маған сенбегендей жалт-жалт қарайды. Мен аттан түстім. Ол иығымдағы мылтығыма қарап қояды. Жай сөзіме көнбейтін болған соң дауыс көтере:

— Былай жүріңіз! — дедім жаңағы үйлерге қарай бұрылып. Ол үнсіз алдыма түсіп жүріп берді де, аяғы бірдемеге тиіп құлап түсті. Мен оны орнынан тұрғызып, көк шөпке жайғастырып, жанына отырдым.

— Неге қорықтыңыз, адам көрмеп пе едіңіз?

— М-м-м...

— Сізден басқа адам бар ма, мұнда? — Ол сәл үндемей отырып жауап берді:

— Жоқ.

— Қайдан жүрсіз, мұнда?

— Су қайнатып ішетін жер бар ма, мұнда?

— Бар,— деді қарт.

— Бастаңыз, онда,— дедім мен. Шал алдыма түсіп жүріп келеді. Мен артында. Ол сонау бір қойнаудағы төңірегіне ағаш тігілген қыстауға әкелді. Тура үйдің есігі алдында екі терек. Екеуі де зәулім биік өскен, сабатты. Әр жерінен ақ өзегі көрініп, қабығы түскен селбісі ақсөңке. Бостаны да, жапырағы да қалың теректің селбісі түсіп, талқан болып жатыр. Бірақ отынға жарамды. Үйдің кішкене, оңтүстікке қараған екі терезесі де бүтін. Маған шалды сендіру керек еді, оның нақ үстінен түстім.

— Қамбадағы арпа таусылды ма, бар ма? — дедім.

— Сол қалпымен жатыр. Жақында бір сапырып, ұшырып қайта құйдым, біте түсейін деген екен. Күнге жайдым.

— Бес қап бидайды ішіп тауыстыңыз ба?

— Жоқ, әлі екі қабы бар.— Енді мен үндемей қалдым. Шалдың ойлауына, тарпындағысын тіліне жинақтауына, өзінің өмірін өкіліне түсіруіне мұрсат бердім. Онда да оны әдейі істемедім. Сорлы бала Жиренбай «тігулі үйіміз, ішінде бес қап бидай, бір қамба арпасымен қалып еді» деген ғой, өлерінде. Егер осынша дәннен бір уысы ауызына уақтысымен тисе, әке-шешесі де, өзі де аман жүрер еді-ау». «Тамның төріндегі ұрада да үш-төрт қап бидай қалып еді» деген ғой. Байқұс бала десеңші. Көк шыбықтай қиылып, қыршын кетті-ау». «О дүние!» деп жібергенімді өзім де білмей қалдым. Шал маған қарап қалды. Тұнжырап отыр. Ол бұл үйдің иесі емес екенімді бәлкім білетін де шығар. Егер осы жердің қазағы болса, бұл үйдің кімдікі екенін білмеуі неғайбіл. Егер «бұл үй менікі еді» десем, «өтірік айтпа» деуі әбден ықтимал. Осы жерде Жиренбайдың әкесінің атын есіме түсіре алсам ше, қане! Ыржақбай — жоқ. Қалжыңбай, жо-жоқ. Тырқы... ол да емес. Қалай еді? Күлкі... Ә, ия, Күлембай! Міне, таптым.

— Інім, бұл сенің үйің бе еді? — деп сұрады шал. Сынап отыр. Өзі ештеме айтпайды. Менің өтірігімді шығарғысы келеді.

— Жоқ, ақсақал, менің нағашымның үйі еді.

— Нағашымның деп айта салуға болады ғой.— Көрдің бе, шал пәле!

— Нағашым Күлембайдың үйі. Енді сендіңіз бе? — Шалдың жүзі жылып, беті бері қарағандай болды.

Е, шырағым, Советіңнің жұртты қан сигізіп көшіргендегісі қыру екен ғой. Одан да оларды осы жерде-ақ атып тастауға болатын еді ғой. Міне, Күлембайдың тігулі үйі тігулі қалпымен қалыпты. Қамбасындағы қап-қап астығы анау!..— Шал мұңайып төмен қарады. Расын айтсам, інім, шалдың қанын шығарып айтқан ащы шындығына тәнті болдым. Не дей аларсың. Кеше ғана обаның басында осылардың бәрін қайта есіме түсіріп жалғыз өзім еңіреп алған жоқпын ба!?

— Ия солай болды ғой, ақсақал.— Бірге қосыла жамандаспадым. Өйткені онда мынау әдейі келген поле деп іш жиып қалуы мүмкін. Мұндайда аузыңнан шыққан әр сөз есептеулі болуы керек. Шал басындағы тоза бастаған қара елтірі бөрікті алды да, оның ішіндегі тері телпекті киіп, бөрікті көк жусан үстіне қойды. Үстіндегі шибарқыт көнетоз бешпентінің түймесін ағытты. Енді шал ағытылар деп ойладым. Бешпенттің ішінде жейде жоқ па екен деп отыр едім, бар екен. Ақ қансұрып жейде. Сарғайыңқыраған. Нe кірден, не терден. Бәлкім екеуінен де. Аяғындағы етін әжептәуір, әлі тұмсығы ақ жоңқа болмапты. Байқұс шал елсізде көмусіз қаласың-ау, нағып қана елден қалдың екен деп отырдым.

— Ел көшкенде мұнда жоқ па едіңіз?

— Жоқ едім. Бар болғанда не істей алар едім? — Шал мұңайып, сарғыш тартып, алдын ет басқан көзі жыртиыңқырап, жасаурап қалды. Енді хал-жайын өзі айтар деп шамаладым. Ол маған тағы сынай қарады. Сенуге болатын адам ба, жоқ па дегендей тесіліп қалды.

— Айта беріңіз. Менің сізге зияным жоқ,— дедім. Шал көз алдының іріңін қолымен сүртіп, қалтасынан шақшасын алды. Керіп отырмын, қолдан жасаған насыбай. Кәдімгі қылшаның күлінен осы төңіректің қазақтары жасайды да, оны «қара бұйра» делінетін насыбайыңа айырбастамайды. Өйткені «қара бұйраның» күші аз деп есептейді. Арақ бола тұрып самогон салып ішетіндердікі сияқты. Шал шақшасын етігіне соғып насыбайды сол қолының алақанына түсірді де, астыңғы ерініне қағып салды.

— Жоқ едім, шырағым. Ол кезде Оралда қаңғып жүр едім.— Ә белгілі болды. Жиырма сегізінші жылғы 696 байдың бірі болдың ғой деп отырдым.

— Онда неге барып едіңіз?

— Ей, шырағым, енді әукейсімей-ақ қой. Сендер айдап жіберген жоқ па едіңдер, елді бүлдіресің деп,— деді шал.— Менің атым Құбанбай. Жұрт Құбаш дей салады. Біліп отырсың ғой, енді. Мен сияқтылар көп емес. Шыным, інім. Мен сияқтылар көп емес.

— Неге олай дейсіз? — Менікі тіпті орынсыз сұрақ. Не айтар екен дедім.

— Сенің атың Абақ. Әкең Үйсінбай. Анау Беріктастағы Қасқарау ішінде өскенсің. Мұны әулиелікпен біліп отырғаным жоқ. Сенің атаң Жаубаймен Оралға бірге айдалғанмын. Оны құлағыңнан танып отырмын. Мен қолыңа түстім. Атып тастасаң мылтығың бар, қашсам астыңда атың бар, өзің тепсең темір үзгендей жігітсің, алыссаң маған әлің жетеді. Дымағың шақ болып тұрған жоқ. Дер шағың сияқты, мәулетің өтпеген, қардар да, қаһарлы да кезің. Бірақ тұрмағын тістеп қалған шал сенің де теңің.— Құбанбай шал маңдайы тершіп, қабағын шытты.— Саған шынын айтайын деп келе жатқанмын. Абақ қарағым, айдасаң айдап кетерсің. Анау Күлембайдың қазақ үйін мирас тұтып, сонда жатып тұрамын. Қыста соның тамына кіремін де, қыстай қысылып жан сақтаймын. Жүр соған барып отырып әңгімелесейік.

— Жарайды, ақсақал! — дедім мен, жөні келген жерге түйе де шөгеді.

Бағанадан бері ауыздықпен оттап тұрған торының ауыздығын алып, жетектедім. Құбанбай екеуміз қатарласып келеміз. Шал әлі еңкейе қоймапты. Бірақ жүргенде аздап алқынады, әңгімені сағыздай созады. Торы жусанды тырыс-тырыс үзіп келеді.

— Абақ шырағым, әлгі қайуаннан дайрағы ғана басқа, көрлат Жаубаймен Қандыағашта ажырастым. Оның одан кейінгісін білмеймін. Баласы Таубай Оралдан қашып келіпті дегенді былтыр Тойбайдан естігенмін. Жаяу, елсіздегі жалғыз не естіп не білмек.

— Қазақ үйдің жанына келдік. Қазақ жоралғысымен шал торыны маматасқа байлады. Жалғыз адамның жүргенінен шөп жапырылушы ма еді, үйге кіріп шыққан ізінен басқа жердің шөбі сол қалпымен. Киіз үйдің іргесіне дейін өскен шөп. Қазақ қарғыстың жаманы — «Шалғының жапырылмасын» деседі. Өйткені бала-шағасы жоқ үйдің ғана төңірегіндегі шөбі сол қалпымен тұрады. Міне, бұл үйдің де шалғыны жапырылмапты. Шіркін, қазақ та айтқыш.— Үйге кір, сусында. Қашып келген соң осы маңды сағаладым.

Үйдің түңлігі ашық екен. Іші жарық. Киізі әлі ескірмепті. Өйткені шаңырақтан басқа жерден сәуле түсіп тұрған жоқ. Байқұс Жиренбай, не әкесі Күлембай бұл үлкен үйін қыстауында қалдырып, кішкене жолым үйімен кеткен екен-ау. Керегенің басында тұз салатын баспаққа дейін тұр. Төрде жүкаяқ үстінде екі тең. Ортада мосы, мосыда екі мыс шәугім асулы. Бұл әрине Құбанбайдың істегені. Шалдың отыны да әзір екен. Дереу шақпақ шағып от тұтатты. Мен әдейі сіріңке шығармап едім. Қуды жусанның бүрінен жасаған сияқты. Айырып сұрамадым. От тез тұтанды. Қалаулы тұрған қара көңнің ішіне бір-екі уыс жалпы отын — қурайды сындырып-сындырып салды. Қурай жалпылдап жанып, көңді де шоқтандыра бастады... Шал енді от басында отырып әңгімесін жалғастырды:

— Мен үй ішіммен Үйшік деген қалаға бардым. Мал сойып садаға берер мен емес, түкті пұшпақ жоқ. Кембағалға ұсақ садақа үлестірумен қанағат таптым. Қала Жайықтың екі жағына салынған екен. Оның басқа орысша аты бар. Қысы тым қатал емес. Біз қысқа қарай бардық қой. Жетісуда бермеген ұлды құдай сонда беріп атын Сақдолла қойдым. Көрген күніміз иттің күніндей болды. Жаз шыға жақсарамыз ғой дедік. Көктем шығысымен терілген сары масасы сары атанды шыдатпай ма дедім... Ішкендері түйенің сүті, жегендері балық. Бір қызығы, інім, олардың балығы ерекше. Балық етінде сүйек болмайды екен. Оны асып та, қуырып та жеуге болады. Басқа түскен соң балығыңды қара қоңыр қойдың етіндей жейтін болдық. Жалпы, шырағым, қазақтың бәрі бір қазақ қой, олар да қонақжай, барын бөлісіп ішіп-жегенді жақсы көреді. Ал шынын айтсам, інім, елі біздің елден кедейлеу ғой деп қалдым. Мысалы мені конфискеледіңдер, үш мың қойың бар дедіңдер, ал оларда конфискеленген қалыпсыз деген байлардың қойы оның жартысына жетпейді. Жерді жамандауға болмайды, шырағым. Бірақ Алатауға жететін жер көрмедім. Әрине, қоғалы көл, қом сулы жерлері бар. Негізі құм, құмдауыт, шағыл. Даласында маса жоқ, тек Жайық бойында шығар деп жүрсем, жоқ қырында да, қыбайда да маса қара бұлттай қаптап жүр. Халық болған соң неше түрлі болады, біреулері елінен-жерінен айырылған мүсәпір ғой немесе өз елінде қасқасы мен жайсаңы болғандар ғой десе, енді бірі кірме, келімсек атандырады. Әсіресе жастар жағы контр деп көзімізге шұқып кетеді. Інім, «өзен жағалағанның өзегі талмас» деген. Балық болса да аш болмадық. Дегенмен мен шыдай алмадым. Сөйтіп жүргенде әлдеқандай бір қуырған балықтың етінен үйдің іші, әйелімнен басқа ересектері қырылып қалды. Жылап-сықтап қойған болдым. Әйелім мен емшектегі балам бір түнде жоқ болды. Кеш жатып, қатты ұйықтап қалған екенмін. Шошып ояндым. Қасымдағы қатын-балам жоқ. Ұшып тұрып іздедім. Таппадым. Әйелім «елге кетейік» деп қыңқылдап жүруші еді, «Жетісу мына жақ» дегенге қарап қаңғып кетті ме деп те күмәндандым. Дүдәмал көңілден ештеме шықпады. Сол Үйшік төңірегін үш ай іздедім. Таппадым. Сайдақ ұстаған сайдауыл жігіттерді түгендедім. Мен білетіндері түгел. Ақыры жалғыз қалдым. Жалғыз басты ит те күн көреді демей ме қазақ, мен де ит құрлы күн көрермін, шулап жылап жатқан бала жоқ, «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деп сәйгел тиген сиырдай елге қаштым. Ол жақта, әрине, еркінше жүрдік. Бізді есепке алып, «қайда тұрдың, қайда жүрсің, қайда барасың» деген ешкім жоқ, сонда да туған жердің топырағын жастанып жатқалы келдім. Енді пенденің ілігіне жарамаймын.

Бұрнағы жылы көктемде Отардан поездан түстім де, бір өзім сияқты шалмен сөйлестім. Алмалы — Долаңқараның қаңырап бос қалғанын естідім. Былтыр осы уақытта тағы біреулерді көріп, елдің қырылып жатқанын білдім. Салдауыр жүгім жоқ осылай тартып кеттім. Салтаң жүріп бір күнде жеттім. Екі жылдан бері осы есіз қалған үйлерді жайлап, қыстап, көрінген қояннан қорқып жүріп жатқан жайым бар. Естуімше қайтып келген байларды, бай болмай қалсын олар, қаңғырып қалғандарды әлі ұстайтын көрінесіңдер, інім, ұстасаң мен дайын. Мына ыстық, суды ішелік, сонан соң алдыңа салып, мүскін болған шалды қу да жөнел.

Жаңа, інім, мен сияқтылар аз дедім. Мен Совет өкіметін құлатқалы жүрген жан емен. Мен қалқозыңның малын талағаным жоқ, бір адамның ала жібін аттағаным жоқ, зияным да жоқ, тигізетін пайдам да болмайды, өйткені жасым, міне, жетпіс екіге келді. Келесі жылы мүшелім, содан қала қоймаспын. Егер өкіметіңнің тегін тамағын ішіп түрмеде жат десең, міне, мен алдыңда. Сенімен тіресер қауқар жоқ. Баяғы жасырақ кезім болса, әлі де қалқозыңа кіріп, сыбанып көрер едім. Ол енді қолдан келмейді. Мен бұл жерге Тойбайшылап, Шалтабайшылап келгем жоқ, өлу үшін келдім. Осы кіндігімнің қаны тамған, ата-бабам жатқан жерде сүйегім қалсын деп едім. Ендігісі сенің қолыңда. Бір заманда елдің қардар-қадірлісі едік, асылық айтып, артық кеткен жеріміз де болған шығар, бірақ Жәлменденің Пышаны сияқты жалғыз атты жарлыға жабырқау жасаған жерім жоқ еді, жасаған жамандықты басқа салса, баспақшылдықпен көтермеске не, амал бар ма. Переннен бешпент, ләмпіктен шапан, мәутіден шекпен, сусардан бөрік киіп жүрдік, екі түгей еңіреуді таңдап міндік, мүйіз шыққан жоқ. Жетпіске келіп жер тістеп отырмыз. Інім, қазақ өлшемей сөз айтпаған: «Адам жақсылыққа жарылмайды, жамандыққа өлмейді» деген, тағдырдың салғанын көрерміз. Бадакөзді баса киген батырды көрдік, батырға бергісіз қатынды көрдік. Ерке бұла болдық, шүленгер мырза болдық, сексеуілдің жігеріндей мықты болдық. Алатаудай ықты болдық. Соның бәрі бүгін көрген түстей. Күнделеп күң, бұғаулап құл ұстаған емеспін. Мені конфискелегенде маған ондай еді деп тірі пенде пердемді бұза алмады. Рас, малшыларымыз, қосшыларымыз болды. Сөзіміз тиген шығар, сөзіміз болмаса көзіміз тиген шығар. Тірі адам тіршілігінде не істемейді. Енді, жетпіске келгенде жеріңнен ауып Үйшік бар дедіңдер оған бардық, тағы дәм бұйырып тұрған жер болса, құдай осы Алмалы — Долаңқарада сүйегімнің қалуын маңдайыма жазбаған болса, оны маған көп көріп тұрса, оны да көрейін, інім. Міне, осылай. Ал бір-екі кесе ыстық су ұрттайық.— Шал ділуарланды, қамықпады, қайта қайсарлана түскендей. Үре сапты аяққа маған ыстық су құйып берді. Мен торы аттағы қоржыннан дуадақтың етін алып келдім. Оны Құбанбай екеуміз отырып жедік. Дуадақтың жарты еті тағы қалды. Мен оны шалдың дастарқанынан қайта алмадым.

— Екі жылдан бері осы жерден тірі пенде көрмедіңіз бе, бандиттер өлтіріп кетеді деп қорықпайсыз ба?

— Ой, шырағым-ай, жетпіске келген адамды өліммен туға бола ма. Осы жерде біреу өлтіріп, сүйегім осы төңіректе қалса маған болды емес пе?

— Дегенмен де жалғыздықтың аты жалғыздық қой. Мына есіз қалған дүниені аралап көрсек қайтеді.

— Жарайды шырағым, деді Құбанбай. Сәске болып қалды. Бозторғайдың даусынан басқа далада ештеме естілмейді. Қыстау жанында тұрған киіз үй, тіпті жиі десем де болады. Бәрі де әлі бүліне қоймапты, бау-шуының бояуына дейін оңбапты. Он шақты үйге кіріп көргім келді. Жерден әжептәуір көтеріп, қам кірпіштен қалап шығарған үйге жақындадық. Қорада күржиіп қара мысық жатыр. Адамды әлі ұмытпаған болуы керек. Қашпады. Үй екі бөлмелі. Төбесін тақтаймен жапқан екен. Басқа үйлердікіндей емес, терезесі де үлкен. Ішінде екі жүкаяқ, екі басы қайқы өрнекті қазақы төсек салулы тұр. Осылай үш-төрт үйден кейін есігі алдында тігулі қазақ үйі бар, тоқал тамға келдік. Шалда үн жоқ, тұрамасаң ештеме айтпайды. Жетпіс басты қазақ үйдің ішіне кіргенімде бірінші көзіме түскені төрде ілулі тұрған қыл қобыз болды. Оған таяу шың. Үйдің төріндегі жүкаяқ үстінде бір үлкен сандық. Беті аймышталып, түрлі түсті қаңылтырмен өрнектелген. Оң жақта үлкен үш бұрышты қырғыз ошақ. Үстінде үлкен тай қазан, қақпағы жабулы: Қақпақ шаң басып, уақыттың ескірткені болмаса бір жерін от шалмаған, күйесіз. Киізден қос қолға арналған тұтқыш кереге басында, өрешеге тақау ілінген. Үсті лағыл-жақұттан көрінбейтін қыз баланың тақиясы жерде жатыр. Қолыма алып көрдім. Уықтың қарына қыстырдым. Япыр-ай, деп ойладым, тіпті жау тигендей жасаған екенбіз-ау. Мен ауылдың шығыс жағында ғана болған едім-ау, онда. Есіме түсірдім. Үйдің ішін қайта шолдым. Үйдің уықтың қарынан жоғары жері, үзіктің астының бәрі тегеріш үлгісімен шаңыраққа дейін оймышталған, кәдімгі қошқар мүйіз етіп, қызыл, көк киізден ойылып, сырылған. Шаңырақтың күлдіреуіштері бітеу ағаштан қиылған, төрт бұрышты өрнекті тиекпен әшекейленген. Уықбау, желбаудың бәріне шоқ, шашақ байлап тігіп тастаған. Олардың бояуының қанықтығы сонша көздің жауын алады, бәрі термелеп тоқылған. Керегенің сағанағына көзім түсіп кетіп еді, құрлы таңғышпен орапты, керегенің екі көзіне дейін көк аяқталыпты. Төрге шығып қобызды қолыма алып көрдім. Мен көрген қобыз екі ішекті болушы еді, бұл бес ішекті. Ең үстіңгі қылы үзік, қобыздың бір құлағы сынық. Қияғының да бір-екі қылы салбырап тұр. Қандай қол ұстады екен? Сары жезден жасалған шыңдауылы екі табақ екен, біріне-бірін беттестіріп, сыртын таспамен шандып байлап тастапты. Шандыған таспамен кереге басына іліпті. Нақ төрдің алдында бас-мойын шоқпар жатыр. Інім, босмойын шоқпарды көргенің бар ма? Бір ағашты қос жұдырықтай етіп домалақтап жонады да, әр жерінен ыстық жіңішке темірдің қожағайымен теседі. Тесіктердің бәріне қорғасын құяды. Сонан соң оған қайыс шегелеп, оны жазылыға, яғни сапқа шегелейді. Сөйтіп босмойын шоқпар дайын болады. Шоқпардың сабы еменнің берегінен. Алақан қайысы тозған, бір жағы жырымдалып қалыпты. Әлде тышқан қажады ма екен деп ойладым. Шоқпарды жерден алып жазылын керегенің басқы көзіне сұқтым. Енді шоқпар сағағынан үзілер құлжа алмадай салбырап тұрды. Шіркін қандай жанның мүлкі болды екен?

— Көп қарадың ғой, шырағым. Бұл Қалдыбек бақсының үйі ғой,— деді шал.— Әлгі Байзақ, Тайшық деген өңкей өртең шалған ағаштай, өрепкі немелер, жұрттың үйін-мүлкін алғызбай, алдына салып қуыпты ғой. Сонда тастап кеткен мүлік қой.— Е, оның ішінде мына қу шұнақ өзің де бар едің ғой деп даққа кетіп тұрдым. Асылықты асырып жіберген екенбіз-ау. Бірақ мажал болды ма, онда, менде. Соңыратын осы елдің сөзін сөйледің деп сөгіс бермеп пе еді, маған. Байқұс, шаруалар-ай! Е, мына шал айтып тұрған бидас Қалдыбек бақсыны талай естігенмін. Бұл жөнінде колхозда көңіл аударатын әңгіме де жүрген. Белсенділер «көпжөштің» астына алғанда Қалдыбектің әйелі қорасының желкесіндегі ұрадан бір буда он тоғыз қарыстық уық шығарып, қаламына уыққап кигізіпті, сонан соң тамының ауыз үйінен буулы киізді, екі көрпе, бір текемет алыпты да:

— Сері, көзіңнің тірісіндегідей бәрін тікесінен өзіңе қалдырдым. Үйіңе келіп жүрерсің. Өзің барыңдағыңнан бұзбаған едім, бұзбай кеттім,— деп он екі жасар қызын жетектеп, жылап шығып кетіпті. Үйінен сабақты жіп алмапты, «бәрі серінің өзі барындағыдай тұрсын» депті десер еді, ауылдағылар. Сол босағаға бұрыла беріп, екі қанжығаны байластырып бау жасап ілген, басын қызыл былғарымен қаптаған құранды ер, оның жанында екеуінің де көгілдірігі жайнаған құйысқан, өмілдірік көрдім. Өрілген ноқта, тартпа. Керегенің үшінші көгінде темір кісен. Көз ала алмай, бір музейге кіргендей тұрып қалдым. Қалдыбек бақсының үйі деген соң әбден қарадым. Қоңыр, ақ киізден ойылған откиіз үстінде төрт қабат салынған көрпе, бірінің үстіне бірі қойылған екі жастық. Шамасы сүлейдің өзі осы жерге шынтақтап жататын болуы керек. Бір қызығы ағашқа сапталған адал бақан от орнынан тура шаңыраққа тіреліп қойылыпты. Жастықтың, көрпенің үсті әрине топырақ. Бірақ әлі бәрі қалпында сақтаулы.

Қазақ үйден ішім бүлкілдеп зорға шықтым. Байлығы жоқ бақсы әдемілікті, өнерді қалай бағалаған. Тамына кірдім. Кіре бергенде Құбанбай шал бір ауыз сөз айтты:

— Қалдыбек өз басы қыста да қазақ үйде жататын.— Қоралары қойнауда, батыс жағында биік тебе бар екен. Мүмкін үйді, қораны желдің өтінен сол төбе қағатын болар. «Жалғыз қурай жел жарар», ал бұл үлкен төбе ғой.

Ауыз үйде басқа ауылдағы сияқты балшықтан істелген қазан пеш. Үстінде кішірек қазан. Мұнда кетпен, күрек, балта, шот бір бұрышта жиюлы тұр. Ағашын әлі кір баспаған талқы жатыр. Талқының не екенін білуші ме едің, інім. Иленген қайысты жұмсартып, иін қандыру үшін талқыға салады. Ол тіс-тіс, тісі емшектенген ағаш. Оны кәдімгі станок сияқты етіп жасайды.

Кереметті түпкі үйден көрдім. Үйдің едені жалаңаш. Төрде жүкаяқ үстінде екі тең жүк. Не бар екенін біле алмадым. Босаға жақта қолдан қиюлап тұрып істеген үлкен абажа. Оның іші толған ыдыс-аяқ. Кәдімгі фаянс және фарфордан жасалған неше түрлі табақ. Інім, шынын айтсам бұл Қалдыбек кедейдің үйіндегі ыдысты сол кездегі ең бай ауылдан кездестірмеп едім. Таң қалмасқа шара жоқ. Есік жақтағы бұрышқа таман жасалған әңгеренің беткі сылағы түсіп, қуысынан он шақты кітап көрінеді. Ескі әптиек, мәнбай баспалы құран, Шаһмаран әңгімелері. Менің тағы көзім түскені бұл кездегі біздің өнерімізде аты да қалмаған бір шылдырман, бір қалған, бір нуғара. Шылдырман аты айтып тұрғандай жеті ұсақ қоңыраудан тұрады. Қолыма алып көріп едім, ар қоңыраудың дауысы бөлек-бөлек. Бабында. Ал қалғаны ескірген екен, әр жері майысыпты, кернейінің етегі, ернеуі жапырылыпты: Нуғарасы тегенедей төңкерулі, ілулі. Осыларды көрген соң көңілім бей-жай тартып, мені мәлөлдік билеп алды. Енді кетуге айналғанымда оң жақтан екі-үш нәрсеге көзім тусті. Біреуін анық білдім, аққу терісінен жасалған күлә. Қасына күлбар ілініпті. Қызыл-қызыл жібек жіптен кенере салынған, үлек жүнінен құмдай етіп тоқылған шекпен иыққа ілінбей қалған болуы керек.

Енді үсті жүз түрлі десем болар, түрлі-түсті алабажақ-алақшын киім, ұзын, екі жеңі қысқа. Құбанбай қарттан не екенін ұялмай сұрадым:

— Мынау не киім?

— Жеңде деген осы болады. Атқа мінгенде басына күлә, үстіне женде киетін,— деді шал.— Марқұмға менен топырақ бұйырмады, бітіргенім осындағы мүрдесіне барып құран оқып қайтамын. Өлім ақ қой, шырағым, бәріміз өлеміз, бірақ қалай өлу де бар. Аталарымыз «азғантай ауру бер, асанты өлім бер» деп сұраған екен. Маған соның екеуінің де керегі жоқ, тек осы Алмалы-Долаңқарада сүйегім қалса болады.

Шіркін, Қалдыбек осы заманға жеткенде өнердің майталман қайраткері болар ма еді деп ойладым. Осынша нәрсенің бәрі тұл қалды-ау, бір музейді жабдықтауға жететін жәдігер.

Інім, осы кезге дейін екі ішекті аспап біздің дәуіріміздің басында шыққан делініп келеді. Мен оған сене алмаймын. Біздің домбырамыз одан әлдеқайда бұрын жасалған деп ойлаймын. Сонымен бірге біреулер қазақта би болмаған деп те соғады. Би болмаса «би» сөзі қайдан шығады. Мен мұны бекер айтып отырғаным жоқ. Қойшы, жылқышы болып жүріп осы төңіректің тау-тасын, адам аяқ баспады дейтін қожыр тас, құди құздарды көп аралап, көп тамашалаған қазақпын. Сол кезде көргендерімді бүгін ойласам біздің халқымыз да, музыкалық аспаптарымыз да ғылым айтқанынан әлдеқайда көне екеніне көз жетеді. Сонау он алтыншы жылы түнделетіп көтеріліс жайын білуге Майтөбе аттанып, қайтарда адасып, сол тау ішінде таң атқыздым. Үлкен қаратастан керемет сурет көріп таң-тамаша қалдым. Ол кезде оған мән бере қойыппын ба, мен сауатсыз байқұс. Ондай суреттерді Адырдағы Жалпақтастан да, Сарыжазық төңірегіндегі тастардан көп кездестірген едім. Сол Майтөбедегі сурет ешқашан көз алдымнан кеткен емес. Онда билеп жүрген төрт (бәлкім бес) адам суреттелген, жерде басына үкі тағылған тұмар домбыра жатыр Олар соны айналып билесе керек. Адам әлде төрт, әлде бес дейтінім, адамның біреуінің бойы шамадан тыс ұзын. Оның иығында екінші адам отыр деп жобаладым мен. Ал төмендегі адамның қолы көрінбейді, оның орнында таста шала көрінетін ізбін қалған. Мүмкін деп ойлаймын мен, тас дәуірінде қашалған суретке суретшінің қиялы, өнері жеткенмен қолындағы құралының күші жетпеген, әлде заманалар созылмалығы, табиғаттың дүлей күші төменгі адамның суреттегі қолын өшіріп жібермегенін кім біліпті. Тіпті екінші адамды басына көтерген биші тез айналғандықтан оның қолын суретші шала көрінеді деп шамалауы мүмкін. Інім, бүгіндері мен сол суретті ойлап, біріншіден біздің пұстыларымыз би билеген және біздің екі ішекті домбырамыз көненің көзі — көп қалықтардың шертпелі аспаптарының атасы дегім келеді. Сол мыңдаған жылдар бұрын тасқа тамға сурет — би, домбыра салған ата-бабаларымыз жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғына дейін жасаған, үйін өлерінде де елге ұмыт болып бара жатқан музыкалық аспапқа толтырып кеткен Қалдыбектің пұстысы-құяны емес еді дей аламыз ба? Сондай он мыңдаған жылдар бұрын, тас дәуірінде тасқа сурет салып соңғы заманға өнерін паш еткен елдің ұрпағының бала-шағасы аштан өлгенін, өзінің тірнектеп жинаған өнер аспаптарының тұл қалғанын көргенде қалай қан жыламассың! Әуезді аспаптан тағы не бар екен деп қарадым. Басқа нәрсе көрмедім. Желғабыз, кепшік деген аспап болды деседі, оны мен көрген емен. Тіпті Қалдыбектің әйелі де ерекше адам болар. Ойындағысы болмаған соң «адыра қалған дүние» деген ғой. Ендігі үйлердің бәрінен де осындай жайды көретінімді білдім, азды-көпті еңбектеніп-тырбанып жинаған мүлік алыстағы адыр ішінде тұл қалған. Басқа үйге кіруге зауқым соқпады. Зайғы болған еңбек десеңші. Біреу мойынымнан су құйғандай үйден көңімді зорға сүйреп шықтым. Екі иығымнан екі кісі төмен қарай басып тұрғандай денем жер тартып, ауырлап кеттім.

— Бұған ешкім тимейді, інім. Өткен жылы күзде осында Шалтабай, онымен бірге келгендердің біреуі Қалдыбек үйін көргенмен бір мүлкіне қол ұшын тигізген жоқ. «Тұл дүниеге тимес болар» десті.

— Қай кезде келіп еді, олар? — деп сұрадым.

—Былтыр күз түсе келген. Биыл білмеймін. Маған астыңа ат береміз, бізбен жүр деді. Мен Жетісуға өлу үшін келгенмін. Бармадым. Жүрмедің деп жігіттері мені қинамақ болып еді, Шалтабай:

— Жетісуға мен де өлу үшін келгенмін, тимеңдер,— деп тигізбеді. Сонымен, інім, өлім күтіп жүрмін.— Шал көзінің астымен маған қарап қойды.

— Былтыр олар осы Алмалыны қыстады ма?

— Жоқ, төмен құмға, Қамаудағы елдің жеріне кетті.

Күн ұлы сәске болды. Енді уақыт өткізуге болмайды. Әлі бару-қайту екі күндік жол бар. Жолды білуім, байқауым керек.

— Ал мен жүремін. Мені көрген жоқсыз. Күлембайдың түпкі үйінің төрінде ұра бар. Онда да үш-төрт қап бидай бар. Жаныңызды сақтай беріңіз. Қош аман болыңыз! — дегенімде шал:

— Қарағым-ай, бала-шағаңның игілігін көр! — деп еңіреп жіберді. Мен торыға тола мініп, Қызылқұм, Жайпақ, Шансуат, Шутоғай, Мыңшұрат, Жаршаған, Көкжиде.

Түсте Қарадырға жетіп, одан ыра төмен қу медиен даладан өтіп, құмның шетінде сексеуілге екі сағаттай сабаттап-дамылдап, ат шалдырдым, жем бердім. Бұлдырық атып алып, қақтап, қауап жедім. Тағы төмендедім. Сайқын далаға шықтым. Аттың жүрісі қиындады, бұйрат-бұйрат құм, әр жерде ойдым-ойдым көл. Алғау су. Ауан су табу қиындап кетті. Ат та, мен де салықтым. Он алтыншы жылы күзде осы төңіректегі Сопы ауылдарын аралағаным бар-ды. Ұмытпасам осы тұста Шансуат деген елді мекен болған еді. Адасып кеттім бе деп сол жерді бағдарлап сүтін деп тұрдым. Жоқ, бетім дұрыс. Күн қатты ысып кетті. Тау етегіндегі июль — августың ортасындағыдай. Торыны тебініп бір құм төбеге шыға келсем отыз шақты қазақ үй тізіліп, салқалау көрінді. Садаптан қараған адамға ауыл ыстықтан тептегіс сабаттап-да-мылдағандай. Торыны салдырып жетіп келдім. Есік алдына із жоқ, бұйырғын, құмшық, сабыршөп, үртек өсіп тұр. Ауыл алдындағы шеті саяз қоғалы көлдің ортасы айнадай жарқырап жатыр. Торыдан түсіп сүлесоқ-сүкіт тұрдым. Парылдап құстың бірі ұшып, бірі қонып жатыр. Шалулығы, оты бар, байрақты-балқашты, малын өсіріп барлатқан, кейде жұтатып сорлатқан жер екен. Тірлік-тіршіліктен аулақ, тіл-аузын қойған, салқын тиген адамдай мелшиіп қалған мына үйлердің біріне кіріп тұрып сабаттасам ба екен деп ойладым. Ең соңғы ноқат осы. Егер іздегендерім осында болмаса, онда болмағаны. Күн батып барады. Сексеуілдің үлкен томарын сүйреп келіп, торыны шеткі үйдің есігі алдына байладым, тізгінін қаңтардым, тартпасын босаттым. Ол енді жүрмейтінін сезгендей, басын жерге салып, көзі тұнып қалды.

Үйдің шеткісіне кірдім. Он тоғыз қарысты уықты жүз он басты, алты қанат үй. Оң босағада шоқ байлаған бір қарағай сапты найза сүйеулі. Әлдеқалай адам терінің иісі шығады. Қорқып қалдым. Бірақ үйдің сұрына қарап адам бар деп айтуға болмайды. Төрде буулы киіздерге қоса бір тон, бір ішік, ішік болғанда ауыр тұлып болуы керек, жинаулы тұр. Мылтықты жаныма қойып, төрдегі киізге сүйеніп, көрпелдеске отырдым. Үйдің іші қараңғы тартты. Сыртқа құлағымды тостым, көлдегі құстың қаңқылы мен шаңқылынан басқа ештеме естілмейді. Тыныштықтан құлақ тынып та, тұнып та қалған. Сартылдап ұшқан қанаттың дауысы, судың шылпылы. Тыныштық дүниесі, күндізгі жаныңды қоярға жер тапқызбаған ыстық қайтып, кешкі салқын денені сүйсіндіріп, рақатқа бөлеп барады.

...Әлде той, әлде жиын. Жұрт сапырылысып жүріп жатыр. Топылдап біреулер көлге қарай жүгіріп барады. Қудың саңқыған, қаздың қаңқылдаған, байғыздың сұңқылдаған дауысы естіледі. Әлдебіреу айғай салады. Бұлтты құн екен. Жарқ етіп бұлттан құн шықты. Көзімді ашып алсам киіз үйдің есігін біреу түріп қойған екен. Атсоқты болған мен сол төрдегі киізге сүйенген күйі қатып қалыппын. Күн шығып кетіпті. Түрген есіктен менің бетіме күн түсіп тұр. Мен сол жақ иығымды баса ұйықтаппын. Қолтығыма қолымды салып қарасам тапанша орнында екен. Оң жағымдағы алтыатар жоқ. «Мылтығын алып қойдық, тындырдық» деп жүрген болулары керек. Қап атым аш қалды-ау деп ойладым. Есіктен айыр сақалды, жаз күнінде аяғына саптама етік киген, ақ жейдесін шалбарланып алған егде кісі көрінді:

— Е, батыр, ұйқың қанды ма? Бізді торығанның бәрі осылай өзі торға түседі.— Доқ көрсетті, доз шақырмады.

— Ассалаумағаләйкөм! — дедім өтірік көзімді уқалап. Шал сәлемімді алмады. Мен оны дық алмаған болып қайта сөйледім.— Япыр-ай, қатты ұйықтап қалыппын. Түк білмеймін. Атым ош қалды-ау.

— Атың жайылып тұр. Уақтысында отқа қойғанбыз. Сені жеткізген мал байқұстың жазығы бар ма? Ал бұл ашаршылыққа үйренген болшайбек қой, тамақ бермесек те болады. Атын әкеліңдер, болшайбектің. Сыртқа шық, атамын.— Сайыпқыран, сайдауыт жігіттер жүгіріп қызмет көрсетуде. Арасында сақа, жасамас адамдар да бар. Жүрегім сазғанын да сезіндім, қарным ашқан болар.

— Ата алмайсыз ғой, мен атқыза қоятын осал жау емеспін.

— Ой, мына болшайбетің әлі күш көрсетеді. Атың да, мылтығың да бізде. Біз көппіз. Сен жалғызсың. Сені Үшшоқыдан шыққаныңнан бері-ақ аңдып келеміз. Әдейі қайда барар екен деп сыртыңнан торыдық. Енді сенен күш кетті. Бұл Балқаш бойында қожа екеу-ақ, бірі жалғыз жолбарыстар, екіншісі мына біз — қашып жүрген байлар. Әрі-беріден соң жолбарысың да біздің қолда, керек емес десек атып тастаймыз. Сонда қожа біз ғана. Ал сен енді міңгі тұтқынсың. Өңкей көпектер, адам бола қалыпты.

— Жоқ, мен тұтқын емеспін. Мен сіздерді өзім іздеп келдім.

— Ия, бізбен құдандалы болмақ па едің? — деді шал жебелей.— Өтінішіңді айт!

— Кекетпеңіз, мен кекті болып келген жанмын.

— Сене қойдық, оныңа,— деп кежікті шал.

— Сенбесеңіз өзіңіз біліңіз. Мықтағанда өлтіресіз. Онымен не бітеді?

— Атын әкеліңдер болшайбектің.— Есік алдына торы көлденең тартылды. Мен домбай тұяқ торыма міндім. Қоржыным бөктерулі тұр. Қамшым қолымда.

— Ал анау белге қарай жүр. Сол белге шығарып атамын.— Мен қарсыласпай торыны тайпалтып жүре бердім.— Қашсаң мына өз мылтығыңмен атамын.— Ол менің мылтығымды мойнына салып алыпты. Аңқаулықтан ба, әлде мылтықсыз патронмен не істейді деді ме, жақы ішінен буынған патронтажды белімнен алмапты. Оның ішінде енді бес оқ бар. Кеше біреуімен дуадақ атқанмын. Шал артымда. Белге жеттік.

— Тоқта,— деп бұйырды шал.— Алдыңа қара.— Ойда тағы да жаңағы жердегідей әдемі ойдым көл. Көл жағалап тігілген ауыл, бағаналы, байсалы ордалар.— Міне, жаңағы үйлердегідей мынау да қаңырап бос қалған үйлер. Тура он тоғыз үй. Қаскелеңге көшіріп апарған осы он тоғыз үйден бір тірі жан қалмапты. Енді атыңнан тұс, анау үшінші үйге кір.— Мен аттан түсіп, торының шылбырынан ұстап үйге кірдім. Үйдің іші жайнап тұр. Тек уақыт, жел-топырақ өзінікін істеп үйді шаң басқан. Үйге қарап тұрғандай. Сырттан шалдың «төрдегі абдыраны аш» деген даусы естілді. Оны ашып жіберсем үлкен, ұзын, екі метр абдырада не жоқ десеңші. «Асықпай көр» деді. Дүрия бешпент, шәйі, жібек көйлектер. «Жағланды аш» деді шал. Жеті қабат маржан, күміс шашбау, шолпы, алқа бәрі жатыр. «Енді кебежені аш» деді тыстан шал. Онда да толған дүние — бес шәйі көрпе, екі жібек жуырқан (түйе жүнді көрпе), тағы тағылар. Япыр-ай, деп ойла¬дым мен, мұнда келген өкіл Алмалы — Долаңқарадағы елді көшірген бізден де қатал, қатыгез болған екен-ау. «Көріп болсаң шық, бері!» деді шал. Шықтым. «Мін, атыңа!» Міндім. Бұр, атыңның басын. Былай шығысқа. Анау белге тарт. Жосытып оған да келдік. Бірақ шал төрт бес қадамдай артта жүреді. Байқұс шал мықтадым деп келеді. Белге шыққан соң тағы да әмір берді:

— Тоқта. Қара алдыңа. Мынау ауыл отыз бір үй. Осы ауылды Шамалғанға Көлащыға көшіргенсіңдер. Үйлері, міне, тігулі күйінде қалды. Анау арғы шетінен екінші үйдің осында қалған сандығында жаңа бес шәйі көрпе жатыр. Осы ауылдың адамдарынан отыз үш адам қалыпты. Сонда ағалалы ордасын, дүние-мүлкін, киім-кешегін алғызбай үдере көшіргенде не көрсеттіңдер, ол елге. Сені атып тастау қиын ба, онымен не бітеді. Шіркін, бәрін қолыма түссең, Советіңді тірі шайнап жұтар едім. Әй, сонда да кегім қайтпайды-ау! Бұр, аттың басын! Сол жаққа. Анау Құмтөбеге тарт! — Оған да келдік.

— Көр, мынау, менің ауылым.— Сопы ауылы еді. Осы он үш үйден менен басқа тірі жан қалмады. Ал енді Совет өкіметіне мені қалай дос бол дейсің?

Шал жылап жіберді. Сақалынан алты тарам болып жасы ақты. Мен үнсіз тұрдым. Бірақ бұл шал ұзақ жасымады. Тез қайтадан қалпына келді.

— Мен Совет өкіметінің жауымын. Қасық қаным қалғанша күресемін. Әрине, мен Совет өкіметін құлатуға шамам келмейді, әйткенмен қолымнан келгенінше жаулығымды істеп бағамын.—; Менің ойым басқа жақта. Жаңағы ауылдағы көп тобырдан қанша жер кеттік екен деп шамаладым. Біраз жер. Екі сағаттан, уақыт болыпты. Аз болса он бес километрдей кеткен екенбіз. Шал артымда он қадамдай тұр. Дереу қойнымдағы тапаншаны алып, ат басын бұрдым да:

— Ал кезек менікі. Қане, таста мылтықты,— деп тапаншаны шалға кезеніп тұра қалдым. Шалдың сұры қашып кетті.— Таста мылтықты.— Шал сасып-салбырамады. Мылтықты жерге тастады. Сонан соң тағы не бұйырасың дегендей қасқайып қарап тұрды.

— Енді қозғалма, қозғалсаң атамын! — Мен торыдан түсіп, мылтығымды мойныма салдым.— Енді аттан тұс.

Шал аттан тусті. Қарқын судай бастым білем.

— Аттың тізгінін басына түй! — Шал тізгінді сағалдырыққа іле бергенде қайта әмір бердім.— Тізгінді ал қолыңа! Мін атыңа!

Шал атына үнсіз мінді. Мен бір сәт үндемей тұрдым. Сонан соң:

— Міне, көрдіңіз бе? Сіздің тағдырыңыз осы жерде де менің қолымда. Мен сіздерге қол ұшын беруге, байланысуға келіп едім. Сіздер мені жау санадыңыздар.— Осы жерде шалға тағы бір сес көрсеткім келді. Жоғары-төмен сымпылдап ұшып жатқан үйректің бірін атып түсірмек болдым. Оны шалға білдірмей, мылтықтың жазылын қайырдым. Шал мені атады деп ойлады. Мылтықтың ұңғысын көтердім.

Тарс! — Шал шошып қалды. Сымпылдап бара жатқан үйректің бірі екеуміздің арамызға түсті. Үйректі бауыздап қанын ағыздым. Әйтеуір бүгін тамақ ішуім керек қой. Мен әңгімеге қайта кірістім. — Мен осыдан барған соң сіздерге біржола қосыламын. Мен сіздерге дос адаммын. Сонан соң күресті бірге саламыз. Қазір қалдарыңызды білмек едім. Міне, келген шаруам осы. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы. Енді боссыз. Жүре беріңіз!

Шал сенерін де, сенбесін де білмей ақырын аяңдап, басы салбырап кете барды. Мен өз жөніме тарттым...

...Ит аулақта доңыз төбеге шығады» деген, інім Ол кезде қасқыр ауылдың жанында қойдай өріп жүреді. Ауылда ит атымен жоқ. «Ораза намаз тоқтықта, иман кетер жоқтықта» дегендей өздері ішуге тамақ таппай жүрген адам ит асырамас болар Қазақтың «есігінің алдында иті де жоқ» дейтін тіркесі әбден дұрыс екенін осы бір екі-үш жылда көрдік. Ит жақсы заманның, тоқшылық орнаған лайсаң-баршылық шақтың, «ит басына іркіт төгілген» кездің өкілі. Егер қазақ «ит жеті қазынаның бірі» деген болса, оны арысы Майқы, бергісі Төле, Қазыбек, Әйтеке қайсысы айтса да дұрыс, дәп келтіріп, дәл айтқан. Қазақ айтты деген сөздің қайсысын алсаң да жаңсақтығы жоқ, замана қазанының қайнаған көзінен құйып, өзінен құйып, алғандығы көрініп-ақ тұрады. Тіпті іңір қараңғысында екі үйдің арасында қасқырдың жүргенін көру бүгін айтсаң шіп-шикі өтірік сияқты көрінеді.

Отыз үшінші жылдан отыз төртінші жылға қараған қыс қатты болмады. Бірақ жұрт былтырғыдай нырай дым сызбай қалған жоқ, тақ-тұқ болса да, аздан нормалап-дорбалап болса да тіске сыздық етер дән беріліп тұрды. Тамақтың бір-ақ түрі болды. Ол — бидай талқаннан істелген қара көже, не сол бидай талқанды құрғақ өзін ортаға қойып, қасықпен шалқалап ауызға құйып, оны шай ұрттап жұту. Бидай талқан деммен тартуға келмейді, деммен тартсаң өңешіңе кетіп, қақалып-шашаласың. Сондықтан шалқайып ауызға құю керек. Талқанды жұрттың «алакөз шалқайма» атандыруы, міне, содан. Колхоз председателінің үйінде де, басқа үйде де бәрі осы. Ауылда нан жоқ. Бірақ бір қызығы зәу-шайтан шайдың, не қара көженің үстінен шығып қалсаң, қазақтар ертеңге өзіме керек болады демейді, әлгі бір уыс талқанның жартысын бөліп алақаныңа салады. Мұны қазақтың қанына сіңген, әлде сүтпен бірге енген қайырымдылығы, дарқандығы демей басқаша қалай демексің. Жомарттық, сақылық, мәрттік де, бірақ қалайда ол дарақылық емес. Інім, біз талай халықты көрдік. Өздері тамақ ішіп отырса, «кел батырды» былай қойғанда, ең болмаса сыпайылық үшін болса да ішкен тамағын былай қоя тұрмай, ауызы толған тамақпен «неменеге келдің?» дейтіндерді көп кездестірдік. Қазақ байқұс болса, көзі жәудіреп қарап отырғанда қалай жалғыз ішерсің дер еді. Социалистік қоғамда барлық жақсы дәстүр сақталуы керек, інім. «Өле жегенше, бөле жейік» деген қазақтың осы дәстүрі қоғамдық меншікке негізделген біздің қоғамымыздың еншісі болып қалса деп талай армандадым. Бірақ қашанда жаман әдет жұққыш келеді ғой. Қымбаттан арзан бұрын өтеді. Дегенмен идеалист Гегельдің диалектикалық әдісінің екшеп ең нәрлі дәнін алған Марксше біз де ескінің бәріне отызыншы жылдардағыдай көз жұмып қарамай, халықтың ғасырлар бойғы қазынасынан лағылын, ақығын таңдап, қоғамымыздың кетігіне кірпіш етіп қалауымыз керек.

Інім, кәрі кісінің ақылы да көп киген жейдесіндей шұрқ тесік, әңгімені қасқырдан бастап қайда алып кетті деме, оны ұмытқаным жоқ, ескі жейде жамауға келгенімен жаңартуға келмейді, ал адамның ақылы әлденеше ескіріп, әлденеше жаңарып, марқайып, жаңа мазмұн алып жетіліп тұрады. Көрдің бе, шырағым, тағы лағып барамын. Айтпағым әлгі қасқыр еді ғой. Мырзалин біздің ауданнан басқа қызметке ауысып кетпек болып жатқан. Оның кішкентай сары қызына үйде тұрған қансұрып дорбадағы талқанды беріп жіберуді ойлап, оны алып, іңір қараңғысында далаға шықтым. Нақ менің есігімнің алдында аппақ қар үстінде алыс-жұлыс болып жатыр. Қар ақтүтектеніп борап кеткен. Ырылдаған, ырсылдаған, ыңқылдап-күрсінген дыбыс шығады. Бір сәт не болып жатқанын аңғара алмай аңырып қалдым. Байқаңқырап қарасам бір адам бірдемені қойғылап жатыр. Дорбаны жолға қоя салып, төбелескен екеуді арашалауға жанына жетіп бардым. Сөйтсем адамның астында бір ит ырылдап-қырылдап жатыр. Маған көзі түскен адам:

— Мынаның қорлығы-ай, қасқыр ғой,— дейді. Жан дауысы шығып, арпалыса берді. Буын-буыным дірілдеп, әлдірманым құрып кетіп барып, есімді жинап, адамға болысуым керек екенін ойыма зорға түсірдім.

— Кісемде кездік бар, ал тез! — деді әлгі адам. Сасып-салбырап жүріп белдігіндегі кездікті зорға суырдым. Өзі де сабы бір тұтам ғана бірдеме екен. Астымда қасқыр екі артқы аяғымен үстімізді тырнап, киімді, қарды тырылдатып жатыр.

— Ішін осып жібер! — деді кісі. Дауысынан енді таныдым, үнемі саятшылықпен айналысатын еңгезердей кісі Нұрым. Ол адам келбетіне қарап отырғандай нұрлы кісі еді. Оның үстіне пішіні де келісімді, әдемі қыр мұрынының танауынан күн көрінгендей. Әрқашан оны көргенде осы Нұрымды туған адам неткен бернелі сұлу адам болды екен деп таңданушы едім. Күнде өзімізбен бірге жүретін басқарма мүшесі Нұрланның ағасы.

Кездікті қолыма қыса ұстап, төстіктің басы осының ғой деп шамамен қасқырға салып жіберіп, бар күшіммен төмен тартып қалдым. Арланның ырылдаған, ыңыранып-ышқынған дауысы шықты. Артқы екі аяғын серпігенде мен шалқамнан түстім. Тепкіні мұндай қатты болар ма! Қайта тұрдым, кездік қолымда екен.

— Бітті! — деді Нұрым.— Қолымды жаз, қарысып қалыпты. — Жаңағы жұлқыныс жоқ, бір ышқынып қасқыр сұлық түсті. Нұрымның сол қолы қасқырдың тамағында қатып қалыпты. Білекті, қолдың сыртын уқалап, әр саусақты жеке ысқылап жатып қолды зорға жазып алдым.

— Кәрі иттің мықтысын,— деді Нұрым түрегеліп, оң қолының жеңімен терін сүртіп.— Мырзалин сені шақырып келе ғой, шай ішелік деген соң, ойымда ештеме жоқ келе жатсам ар-р етіп ала түскені. Ит жоқ екенін білгендіктен қасқыр ғой дедім, бірден. Аузында тісі жоқ, қызыл иегімен қауып жүр. Қасқырдың тамағын тұтқанша біраз уақыт кетті. Сен оның тамағын езіп әлін кетіргенде келдің.

— Ал қойғылап жатқаныңыз қалай?

— Сасқанда адам не істемеуші еді. Кездік ойыма түспей, бос оң қолыммен ішінен ұрып жатқандағым ғой,— деп күледі Нұрым.— Күнде ауыл торып жүргенін көретін едім. Аяқ астынан, қапелімде кездесер деп кім ойлапты. Алғаш ауыз салғанда-ақ тістен түк жоқ, қояниек екені белгілі болды.

Көкжалды сүйреп Мырзалин үйінің жанына әкелдік. Олар қаннен қаперсіз, буынып-түйініп жатыр. Осы кезде күлкі болса да бір дорба талқанды ат мінгізгендей етіп Мырзалиннің кішкентай Әминасының қолына ұстаттым. Бұл шақта өте сирек, көретін нанды аңсауды қойып, Әмина да талқан жеудің тәсілін біліп алған. Ол дорбаға кіп-кішкентай былтық қолын сұғып жіберіп, бидай талқанды бір уыстап алып, шалқайып тұрып, төгіп-шашып ауызына құйып жіберді. Аппақ талқаннан бет-ауызы шаңытып, топан жеген танадай сөйлей алмай, тек мұрнынан дыбыс шығарып қалды. Ол Дорбаны шешесіне бермей біразға дейін құшақтап жүрді. Мен де құры қол келгем жоқ,— деді Нұрым күлімдеп Мырзалинге қарап. Жаңа ғана осы үйден шығып едің ғой, қас пен көздің арасында не таба қойып едің дегендей Сәлима да оған қой көзін қадай қалды.— Қасқыр ұрып әкеліп қойдым. Есік алдында. Қасқыр ұрып алдым. Соны сізге байладым.— Мырзалин бұл не айтып тұр дегендей, сенерін де, сенбесін де білмей аңырып тұрды. Жағдайды айтқан соң барып қана ол есік алдына шығып көзі жетіп қайтты.

Шығарып салуды ілә етіп, түнімен гуілдесіп ет жеп, қымыз ішер заман емес, (әрине, бар болса одан жерір ме едік), қоян етін қосып бөктірген талқанмен ішкен шай тез бітті. Жүк қос ат жеккен арбаға тез салынды. Көкжалдың жаңа сойылып алынған ұлпаны да бүктеліп, арбаның бір бұрышынан орын алды. Жұрт Мырзалинмен қимастықпен қоштасты. Қысқы арба шиқылдап қатқан қармен ілгері жылжи берді. Жұрт арбаның артынан Мырзалин атына лепес айтып тұрғанда, «аттандап» жаяу жүгіріп келе жатқандар көрінді. Біреу далбаңдап елсізге қарай ауылдан шыға қашып барады. Үш-төрт адам озан салып, «ұста-ұсталап» қуып барады. «Бандит-бандит!» деген айқай тұрғандардың бәрінің-ақ бойын мұздатып жіберді. Мен қорабынан тапаншамды жұлып алып, «тоқта атамын!» деп айғай салдым. Көп ұзамаған ол одан сайын зытты. Қашқынды тартып салдым. Тапанша тарс еткенде, анау жалп етіп құлады. Аппақ қар үстінде бәрі де анық көрініп тұр.

— Ойбай, сорлы Асанжан, өлді-ау! — деп баж етті әйелдердің бірі. Қуған үшеу де, мен де жеттім. Анау қозғалар емес.

— Тұрғызыңдар! — дедім мен.

— Өліп қалыпты! — дейді қуғандардың бірі.

— Өлген жоқ. Тұр! — дедім мен зікінеп. Қуғанның бірі Нұрқалық екен.

— Тұр! — деді ол да. Шолақ қоңыр тоны бар бандит тұра беріп, қашуға ұмтылып еді, жігіттердің бірі бақайынан қағып түсірді. Енді ол жатқан жерінде бас салынып байланып, кеңсеге айдап апарылды.

Білте шам жағылған соң қарасам тапалтақ, секпіл қара беті жүдеген, қайратты қалың шашы, сирек сақалы өсіп кеткен, бақа басы жап-жалпақ, мұрыны бетіне батыңқырап кеткен қалмақ пішіндес кісі екен. Мен оны он алтыншы жылы да, колхоз ұйыстырарда да көргенмін. Бірақ сүдіні ойымда қалмаған. Екі-үш жыл бұрын бірталай адамды ертіп, көтеріліп, одан ұстатпай кетіп, әрқашан колхозға шабуыл жасап жүрген банды бұл күнде жалғыз да, жаяу да қалған. Бұрынырақ ұры болып жұртты қан қақсатса, енді Совет өкіметіне қарсылық көрсетіп, ақыры дүбірлері-нөкерлерінен айырылып, сүмсік жаяу ұрлыққа көшкен. Бұл «туған жерімде өлейін» деген Құбанбай емес, шыбындай ғана шақса да Совет өкіметінің, қоғамдық меншіктің жауы болатын.

— Совет өкіметін құлататын батырдың сұрын, сұрқын қара,— деп күлді Мақа. Колхозшылар бандиттардың бес маяны өртеп, біраз жылқы қуып кеткен жазғы шабуылын әлі ұмыта алмай жүрген.

— Жаяу жүріп жау түсірмек!

— Ой, соры қайнаған сорлы. Одан да Совет өкіметінен кешірім сұрап, ұлыңның тілеуін тілесең етті,— деді Нұрлан. Түнделетіп оны да ауданға аттандырдық. Дірманынан, дүбірлерінен айырылған жалғыз да, жаяу да қалған банды мен тісінен де, күшінен де айырылған кәрі қасқырдың арасында аз да болса ұқсастық бар еді, інім. Совет өкіметінің жаулары осылай титықтап, жалғыз-жарымдап қалғандай көрінді маған. Совет өкіметінің қарулы, ашық жаулары шынымен құрып, шілдің саңғырығынша тозып бара жатыр еді.

Ол жатты. Ол күшті ауылға техника ала келді десек те болады. Бірақ колхозшылар әлі де Төлешбай бригадир көкшолағын сабалап әр үйдің есігінің алдына келіп:

— Жұмысқа шығыңдар-ей! — демейінше қозғалмайтын. Оған бір жағынан алғанда колхозшылар да, Төлешбай бригадир де кінәлі емес еді. Шамасы жұмысты дұрыс жоспарлай білмейтін оған мен ортақ шығармын. Егер жұмысты күні бұрын жоспарлап, ертең мынадай жұмыстар істеледі десек, онда бригадир «ертең мына жұмысқа барасың» деп айтып қоймас па еді. Дегенмен осылай-ақ колхоздың жұмысы бітіп жатты. Бірақ колхозшылардың санасында орын теуіп қалған жекеменшіктік пиғыл әлі де бар еді. Өйткені олар істеген жұмысына әлдеқандай төлем, ақы алмағаннан кейін босқа-неген істейтіндей пиғылда болатын. Бұл бір жағы болса, екіншіден, оны қоздырушылар болмай қалмайтын. Жекеменшік пиғылдың енді лаулап жана алмайтын отын-еңдігін ең болмаса бықсып жатсын деп үрлей түсетіндер бар болатын. Олар бұрынғы байлардың былқылдаған балалары, не қашып жүрген өздері еді. Түнді жамылып келіп қораға түсіп қой алып, қамбаға түсіп тышқанша астық таситын олар әлі де тілін өткізетін көркөкірек туысқандарын біртіндеп болса да үгіттеп жүрді. Ондайлар кейде аңғыртқа қашып, ағаларының тіліне еріп, екі-үш күн бойы жұмысқа шықпай жатып алатын. Сондайлардың бірі Молдағазы деген отыздың ішіне кірген қаймақ ерін, қысық көз, қалмақ бет қазақ еді. Әсіресе туысқаны Асанжан ұсталып кеткелі бері оның ұнжырғасы түсіп, қырдай желкесінен қайратты қысқа шашы селтиіп шығып, ұсқынын кетіріп тұратын. Жұқалау қоңырқай өңі садаптан қараған адамға ақын ба екен деген ой қалдырар еді. Шынымен-ақ ол той-томалақта әйелдермен айтысқа түсетін, өлеңді жанынан қиып айтар өнері болатын. Асанжан тұтқындалып, айдалып кеткелі үш күн бойы ол тақыстанып жатып алды деген сөз ауылға тарап кетті. Ол кезде колхоз бригадирі күн сайын таң қылаң бере әр үйдің алдына келіп, үй иесін оятып, қай жұмысқа баратынын хабарлайтынын жаңа айттым. Бригадир кейде дігерлеп, адамды желкелегендей қылып алып кететін. Бір жағынан жұмысқа үйрене алмай, еріншектік етегінен, жалқаулық жағасынан тартып туратын. Қалыпсыз қазаққа мәмілемен айту жете де бермейтін. Әйтеуір белсенділер жаман еді десек, ол шындыққа жатпас еді. Жұрт күнде жұмыс істеуге үйрене алмай жатқан. Егер Төлешбай бригадирдің дауысы шықпаса, өздігінен жұмысқа барайықшы дейтін адам әлі аз болатын. Ол кездегі бригадир қайбір жұмыстың көзін тауып жіберетін адам. Бұрын арық қазып, кетпен шауып, егіншілікпен айналысқандар болса бірсәрі, ал малды өріске, йен далаға айдап тастап, «қасқырдан қалғаны өзімдікі» деп жүрген көбіне ат үстінде ауыл қыдырып, әңгіме соғатын жалқау қазаққа, бүгінде тамағы тоймаған қазаққа күнделікті жұмыс ауырлау тиіп, титықтатып та жүрсе керек-ті. Дегенмен Молдағазының үйінде жатып алуы колхозшылардың көбінің-ақ қанын қайнатты.

— Ол байлармен тілдес, өлтіру керек. Мойнына арқан салып өлтіреміз,— деп өлген жылқышы Жортақтың інісі Орынбай міз бақпай тұрып алды. Оны Жұрымбайдың ағайындары да қоштап, бандиттардың ауылға салған ылаңы үшін көріне көзге Молдағазыны өлтірмек болды. Бәрі қанына қарайып алған.

— Асанжанның туысқаны ғой, ол біздің арамыздағы байлардың жансызы,— деп Мақа көтеріліп алды. Сонымен мен қорқайын дедім. Екі ортада сотсыз үйінде жалқаулық кежегесінен кейін тартып жатқан сорлы Молдағазыны ашумен мерт қыла ма деп қыпылдап барамын. Сонан соң көптің сөзін тыңдамауға болмады; «көп қорқытады, терең батырады» дегендей ауырып жатырмын деген Молдағазыны кеңсеге шақырттық. Ауырып жатқан адамды шақырудың орынсыз екенін білгенмен, желпініп алған көпшілік оны өлтіріп қоймауы үшін оны әдейі істедім. Белсендінің бірі Толешбай бригадир жалақ ернін бір жалап алып, оны зорлап алдына салып келді. Молдағазы көзі кіртиіп, өзі де бұрын оңып тұрмаған қысық көзі жыртиып, тырнап ашқандай ғана жылтырайды. Демін екі иығынан алады. Ауырғаны өтірік емес сияқты. Ол кезде кеңседе орындық та жоқ. Кірген бетте ышқынып, ауырсынып, шаңы шығып жатқан жерге отыра беріп, бір-екі жөтеліп қалды. Ентігін баса алмай, қайнатып даладан жаңа кіргізген самауырдай демігіп отыр.

— Ауырғаны өтірік,— деді Төлешбай.— Бандит ағасы тұтқындалғанына жаны күйіп барады.

— Оның бұл жолы шынымен жазығы жоқ еді,— деді Молдағазы демін зорға алып. Ағайындары өлген колхозшылар тірідей шайнап жұтуға дайын еді, Молдағазыға тап-тап береді.

— Көрдің бе, сығырайған иттің бандитті ақтауын,— деп Орынбай оған тұра ұмтылды.— Олардың кісі өлтіргенін бұл ақтағысы келеді, жаудың інісі, іннің түбіне қарап жатыр ғой — Іннің түбіне қарап жатыр ғой дегенін айқын түсіндім. Ол арам дегені. Барлық қайуан — адам жемейтіндері түлкі, қарсақ, борсық, суыр іннің түбіне қарап жатады, ол арамдығы делінеді.

— Оның бұл жолы жазығы жоқ,— деді ыңқылдап Молдағазы.

— Қоя тұрыңыз, оны,— дедім мен бандитті ашық ақтағанын шынымен ұнатпадым.— Алдымен неге жұмысқа шықпағаныңызды айтыңыз. Үш күннен бері жатырсыз, бұл не?

Көрмей отырсыз ба дегендей Молдағазы ұзақ жөтеліп, ентігіп, екі иінінен демін әрең алып, сол қабырғасын қолымен басты. Тағы жөтеліп, сол қолын қабырғасынан алмай, ұзақ күркілдеді. Ол кезде ауылда дәрігер бар ма, жанына барып қолымды маңдайына тигізіп көрсем, денесі қолымды қарып кетті, күйіп тұр. Бұл жай менің жүгімді әжептәуір жеңілдетті.

— Қазір арбаға қос ат жеккізіп әкел,— деп бұйрық бердім Төлешбайға.

— Есік алдында даяр арба тұр, оны қайтесіз? — дейді Төлешбай.

— Жүріңіз,— дедім Молдағазыға. Жерден қолтығынан сүйеп тұрғыздым. Ол әрең көтерілді. Оны тездетіп Ұзынағашқа ауруханаға жөнелттім. Арба айдаушы Талғар екен.

— Еш жерге тоқтамай, тура ауруханаға апар,— деп бұйырдым оған.

— Жарайды,— деп сақсиды Талғар, аппақ тістері жарқырап. Арба қозғалып жүріп кетті. «Өтірік ауырып жатыр» дегендердің ауызы аңқайып қалды. Ел әлі ескі күйбең мен күйкіліктен арылмаған, халық жоқ дәрігерден гөрі бар бақсы-балгерге үйір кез еді. Ыстығы көтерілгендер, жеңіл-желпі аурумен ұшынғандар, шікірттенгендер үйінде жатып, ауырып-ауырып тұрып кететін. Қазақтың көнбіс халық екенін кешеден бері әлденеше рет айттым ғой, аздаған дімкәстік-кімдігін олар айта бермейді. Жанынан өтіп кеткенде болмаса шайқы-пұрқыны іздемейді де. Тұра алмай қалғанша ілініп-салынып жүре береді. Ал, інім, Молдағазыны әдейі қашырып жібердім. Көзден таса бола тұрса, көңілден де ұмыт боларына шүбәм болмады. «Қап қысық көз иттің тері-тарамысын тартайын деп едім» деп Орынбай кіжініп қалды. Басқалар да енді не істерін білмей, одан әріге бара алмай бармақтарын шайнап, кеңсе алдында ұзақ тұрып тарқады.

Халықтың ашу-ызасын басу қиындап кетті. Өйткені әне жерде колхоздың шөбін өртеп кетіпті, міне жерде атын ұрлап кетті деген бұрынғы жағдай өзгеріп, енді белсенділерді, колхоз, ауылдық Совет басшыларын бауыздап кету сияқты оқиға о жер, бұ жерден естіле берді. Жұрт сабыт тартты. Тарғапта Ақпанбетов деген колхоз председателінің орынбасарын, сол Тайторылар ауылынан Боқкотов деген бригадирді өлтіріп кетті деген сөздерді телеграфтан кем істемейтін ұзынқұлақтан қазақтың бәрі заматта біліп отырды. Бұл тегін емес-ті. Жиырма сегізінші жылы мал-мүлкі конфискеленіп, өздері Оралға айдалған байлардың біразы қашып келіп, ауылды төңіректеп жүрді. Олар енді елге ашық араласа алмай жол торып, ұрлық, бандиттік жасап, жалғыз аттының атын аударып тастап мініп кету сияқты ұсақ-жаяу ұрлықпен айналысты да, бірер жылда одан-бұдан құралып, енді колхозға шабуылды үдете бастады. Бейқұтшылықтағы ел жүрексініп, үрей жайлап алды. Түнде далаға шығудан қалды. Арамыздағы байлардың туған-туысқандарына да күмәндана қарау, оларды көріне көзге көзтүрткі жасау да көбейіп бара жатты. Бұл да түсінікті еді. Өйткені «қарға тамырлы қазақ», өлгендер біреудің нағашысы, біреудің жиені, біреудің құдасы болып ілік-шатыс жатады. Сондықтан да біразының зығырданы қайнады. Отағасы өліп, оты өшіп, өтені өртеніп, үйелмені үңірейіп қалғандардың жекжат-жұраты бар, ағайын-туғаны бар бәрі де қыж-қыж қайнап, салулы төсек, салқын үйдің шырқын бұзып, елге шұрқан салғандарға деген кекесіні қанадан асып, шіпілдеп, төгілуге жақын еді, қарап жатқан халықты қанға бұлғағандарды кебінге шұлғар ма еді десті. Бұлшықтай ел ширығып, тас түйін болып, бандылар қолына түссе түтіп жегендей еді.

Қастек ауданында бандиттардың екі-үш үясы болды. Бұл баскесерлер ұясын талқандамай, бандиттардың нартын тұтқындап, қақпанның қанды аузына қаптырмай, не соттамай жұрт тыныштанбайтын еді. Осылардың бәрін сарыла ойлап, түннің бір уағына дейін кірпік іле алмадым. Оның тағы бір ақсеңгірліктер білмейтін сыры да бар болатын. «Ақсеңгір» төменгі, таудан алыстау колхоздың бірі еді. Халқы да аз қалды, өзі егіні бір жыл шығып, бір жыл шықпайды, сондықтан мұндағы елді жоғарғы, төстегі колхоздардың біріне қосу жөнінде аудан басшылары шешім қабылдапты да, оны облысқа бекіттіріп алыпты. Оны мен білмеймін. Менің алдымда осы колхозда болған председательдердің бірі «Менің атым Құрпан, «Ақсеңгірді құртам» деп жүріп өзінің құрып кеткенін білмей қалған екен. Елге елеулі болып жүріп-ақ «Ақсеңгірді» мен құртатын болдым-ау деп қатты қысылып, төсекте жалғыз жатып, терлеп сала бердім. Менің қарсылығымнан ештеме шықпады. Бәрін менсіз шешіп, кесіп-пішіп қойыпты. «Жер жаман емес, жерді ұқсата алмай отырған біз жаман, көмек көрсетіңіздер біз колхозды көтереміз» деп ауданда, облыста ешкімді сендіре алмадым. Менің сөзімді «қодар тантықтық» деп ұқты, олар. Қоныстандыруды бітіріп, ауыспалы eгic жасауды жоспарлап, «тістікке су шығаратын бес тоғанның бәрін тереңдетіп, қайта қазын, малды-жанды енді жөнге салдық па деп отырғанда мұндай шешім болғаны колхоз коммунистеріне қатты батты. Тізеден балшық айдап, қам кірпіш құйып, енді көше түзейміз бе деп жүргенде мынадай шешім болды. Жарайды, маған қызмет табылар, сонау Алмалы — Долаңқарадан бір көшіріп, енді тағы жоғары Шолақ Қарғалыға көшірсек бұл ауыл бізді кім дейді дегенді ойлап, бұл шешімді көкейіме қондыра, өкіліме түсіре алмай қысылдым. Тағы маған қай жерден дәм бұйырып тұр екен, қай жерден от оттап, су ішер екенмін дегенді де ойламай қоймадым. Салт басты, сабау қамшылы адамға бәрі бір сияқты, бірақ Ақсеңгірге де, оның адамдарына да бауыр басып қалып едім. Ақыры кететін болсам ертерек кетсем екен, Алматыға жақындап, балаларыма таман барсам екен деп армандап жатып ұйықтап кетіппін. Мен ешқашан осы өмірімде қатты қатып ұйықтап көрген адам емеспін. Терезені ақырын біреудің шерткенінен оянып кеттім. Қорқып та, шошып та қалдым. Неде болса бандиттар бұғалығы маған түскен екен деген ой сап ете түсті. Жалма-жан тапаншамды қасыма қоя отырып, тез шалбарымды кидім. Ол кезде етік ішінен шұлғау шұлғанатын шақ. Оны орай алмай, ол етіктің кежегесінен өтпей біраз әуре болдым. Дегенмен екі етікті де киіп үлгірдім. Терезе ақырын ғана еппен шертіледі. Үстіме китель кидім. Сонан соң тапаншаны қолыма алып терезеге жақындадым. Сыртта біреудің қараңдаған бейнесі елестейді. Денем тітіреңкіреп, қаңтарда суықта қалған адамдай іші-бауырым қалтырап барады. Терезеге үңіле түстім.

— Кім? — дедім бар даусыммен.

— Мен,— дейді тыстан естілген дауыс. Нәренжу естіледі. Кім екенін ай қараңғы, көзге түртсе көргісіз түнде айыра алма¬дым. Болса да бандиттар үйді қоршап алған екен деген тұжырымға келдім. Тапаншаның құлағын қайырып, кезей ұстап есікке жақындадым. Неде болса атысып өлуге бел байладым. Есікке жақындағанда оның ашық екені есіме оралды. Бандиттар неге кіріп келіп, ұйықтап жатқанда бас салмады екен деп те қоямын. Қараңғы бұрышқа тұрып алып, есікті пәрмендеп тұрып теуіп жібердім. Өзі де шегесі шығып, саңлау-саңлау болып қаңсып тұрған салқы есік салдыр-салдыр етіп, үйдің босаға дуалына соғылды.

— Мен ғой, Ырысбекпін! — дейді Сәрсенов. Дауысын тани кеттім.— Тез киіне қойыңыз. Кеңсеге барамыз.— Жазда не киінуші еді, бешпентімді кигенмін, былғары фуражканы қолыма ұстап шықтым. Ырысбек анадай жерде күтіп тұр. Кеңсе желі бойындай ғана жерде еді, Ырысбек кеңсеге бұрын кірді. Шам жоқ.

— Нұреке! Қайда отырсыз? — дейді қараңғы кеңсеге кіре беріп Сәрсенов.

— Мұнда! — Нұрқалықтың дауысын таныдым.— Ат дайын! —

Мен бандиттар шабуыл жасаған, енді соларды қуамыз ғой деп ойладым.

— Әбеке,— дейді Нұрқалық,— Сіз түнделетіп мына Сәрсеновпен ауданға жетуіңіз керек. Аупартком секретары Колмогоровтың тапсырмасы солай. Сәрсеновты әдейі жіберген.

— Шам жағып сөйлесейік те,— деймін мен.

— Болмайды, сіздің қайда кеткеніңізді ешкім білмеуге тиіс,— дейді Сәрсенов сыбырлай сөйлеп.— Колхозға енді қайтпасаңыз керек.— Мен өзімді қамауға алынған екенмін деп жорамалдадым. Қас қағымда өмірімді түгел шолып, Совет өкіметіне иненің жасуындай қиянат жасамағанымды есіме алдым. Не де болса жала шығар дедім. Үйге жаяу келіп портфелімді алдым. Киімдерімді жағланға салып қойып кеттім. Атқа мініп, Күртінің күн батысындағы елсіздеу жолмен тарттық. Жолда Сәрсеновқа тіл қатпадым. Ол да бұл жолы үнсіз. Жолдағы екі сағатта бір ауыз сөз айтты:

— Шамасы маған бастық боласыз-ау! — дейді. Жақ ашпадым. Кебежеге түскірдің кекетуін деп қоямын, ішімнен. Ең болмаса Марленімді бір иіскемей кеттім-ау деген ой ішімді бір осып өтті. Шынын айтуым керек, жеме-жемге келгенде Ұлтарақтың ұлы Советті ойлағаным жоқ. Түн тымық. Кеш батып, көз байланған соң жолдың ұзарып кететін әдеті. Әйтеуір түннің бір шамасында аупарткомға жеттік.

Аупарткомге келген соң көңілім орнына түскендей болды. Жалғыз Колмогоров кабинетінде ғана шам бар. Түнгі сағат екі болыпты. Аупартком секретарының кабинетінің есігін ашқанда-ақ неге келгенім белгілі болды. Өйткені алдымен көзім төрде отырған кісіге тусті. Колмогоров жанында белгілі чекист Серікқали Жақыпов отыр екен. Алдымен сол ма, сол емес пе деп анықтап қайта қарадым. Серікқали. Кәдімгі Серікқали. Көзі сүзілген, қоңқақ мұрын, қалың қасты, шашын қысқа қырыққызатын, жұқа мұрт қоятын кісі. Басына қарағанда құлағы үлкендеу, екі жағына пышақ жанығандай арық, бетінде де, денесінде де артық еті жоқ, үнемі ойда жүретін еді. Ораз Жандосовпен жақсы дос болатын, үнемі соның жанынан көретінмін. Сүзіліңкіреген көзі денінде кімдік-кінәраты, әлде созылмалы науқасы барын анық байқатып тұратын. Соған қарамай еркін, ашық сөйлейтін, көңілді болуға тырысатын. Оған саулығы мүмкіндік бермейтіндей шытынып қалып отыратын Гурьев жағында туған бұл жігіт үнемі Жандосовтың, Сейфуллиннің жанынан көрінетін. Есіктен сәлемдесе кірдім.

— Ұйқыңды бұздық па, Абақ! Аман-есен жүрмісің? — деп қос қолдап амандасты. Неге екенін қайдам Колмогоров оның менімен жалпылдап амандасқанына таңданып қалғандай.— Бұрынғы тапсырманы жақсы орындап қайтқансың. Енді соны жалғастырған жөн. Жау саябырсымады, соның аяғын жерге тигізу керек. «Ақсеңгір» колхозы бәрібір енді болмайды, сондықтан басқа қызметке баруың керек. Ол қызметің бізде болатын болды. Республикада бұл қызметті мен басқаратынымды білесің, ал аудандағыны сен басқарасың.— Мен Колмогоровқа қарадым. Ол да маған басын изеді. Мен сәл үндемей отырдым. — Неге үндемейсің? Әлде көңілің жоқ па? — деді Серікқали көзі сүзіліп. Көзі сүзіліп демекші, сонау жиырмасыншы жылдары алғаш көргенімде обком секретары Жұбаныш Бәрібаевтың көзі неге сүзіліп тұрады дейтінмін. Сөйтсем оның өкпесі ауырады екен. Ал Серікқалидың да осындай дімкәстігі-кінәраты бар еді.

— Жоқ, партия солай ұйғарса барамыз ғой. Балаларымды көрмегелі ме біраз болып еді.

— Балаларың аман. Осылай шығарда арнаулы адам жіберіп халдарын білгенмін. Он шақты күнде оларды әкеліп көрсетіп кетерміз. Әзірге сен қамауда деп жариялаймыз. Таңертең Ақсеңгір, Тарғап, Самсы, Үлгілі, Ырғайты, Мәтібұлақ сенің қамалғаныңды тегіс білетін болады. Әзірге бар жұмысың бір қораның ішінде, жоспарыңды жасайсың. Бандиттар арасына өзің барасың ба, басқа біреуді жібересің бе, оны өзің білесің. Керекті адамыңның бәрін береміз.

— Жарайды! — Жарайды демегенде не демекпін. Партия тап жауларының қалған құйыршықтарын жоюды маған сеніп тапсырып отырса, онда сенімді ақтау керек. Ол менің сұлыбымнан, жаратылысымнан, большевиктік болмысымнан әдетім.

Енді мен қылмыстыларды іздеушілер бөлімінің бастығымын, шынымен Ырысбек Сәрсеновке бастық болдым. Тұрағым милиция албарындағы үлкен үйдің бір бөлмесі. Одан шықпаймын. Осында тамақ ішіп, осында ұйықтаймын. Міндетім белгілі — бандиттар ұясын талқандау.

Інім, партия сеніп тапсырған бұл мемлекеттік құпия іс оңай емес еді. Егер осы аудандағы ғана бандиттарды тұту, жою болса, ол онша үлкен жұмыс болмайтын. Мәселе тек осындағы бүлікшілерді алу емес, оның түп-тамырын, басқа жерлердегі байланыстарын, тіпті басқа қалаларда жасырынып, оларға садаптан, жырақтан басшылық жасап жатқандардың бет пернесін ашу еді. Оның бір жағы Шу, Балқаш ауданымен, Қырғызстанмен, екінші жіптің ұшы Қытайға, Ауғанстанға шығатын еді. Сонымен, інім, бандиттардың басына бір жола су құю, қақпанның қанды ауызына қаптыру үшін маған революцияның тарихына, шекара жайлап, шет кеткен ақгвардияшыларға қолданылған тәсілдерге біраз үңілуге, терең бойлап үйренуге, оны сарапқа салып,' көкейіме қондыруыма тура келді. Өйткені мұндай оқиғалар аз емес болатын. Жаудың қалған сарқытын сарқуға Дутовтың апанын талқандаудың тәсілінен үйренсем де болар еді. Бір айдай бөлмеден шықпай отырып бандиттардың қалғанын құрту үшін жан-жақты ойланған жоспар жасадым. Өйткені маған бұл іс кездейсоқ тапсырылған жоқ-ты. Облыста бұл шытырман да, шырғалаң да істі коммунист Үйсінбаевқа жүктегенде ең алдымен оның қазақ екені ескерілсе керек-ті. Әйтпесе егер орыстардан адам жіберу керек болғанда неше қилы сыннан өткен жансызды тауып алуға болар еді. Қазақ байларынан шыққан бандиттардың да өзіндік қулық-сұмдығы, бит ішіне қан құйған зымияндары бар болатын. Жаманның жаманы бар, адам таппас амалы бар. Олардың ішінде де не түрлі пәле-кәрденді ойлап табу, беті күліп тұрып, беріш болып жатқан іштегі-ішектегі мерезін жасыру, күліп, біліп тұрып көлгірсу қолынан келетіндері бар-ды. Әрине, олар өздерінің қатарының сиреп, шілдің саңғырығынша тозып бара жатқанын сезіп те жүрді, өздерінің өмірінің көпке бармайтынын да білді. Сонда да өлетін ешкі де соңғы рет аяғын шалғылайды, сол ғұрлы жоқпыз ба дейтін еді.

Інім, Дутовты өз апанында талқандаудың ұйымдастырушысы да, адамдарын іріктеген де Ораз Жандосов болатын. Шанышевті де, Қожамияровты да, Жүнісовті де, Жігітековті де тауып, басына қауіп төндіретін, өлім мен өмірдің арасында тұрған отты ортаға жұмсаған да сол болатын. Ол кезде ол Жетісудағы революциялық барлық істі басқаратын және оған бір іс ұсағына дейін соқпай өтпейтін. Мысалы қазір біреулер айтып жүргеніндей Қасымхан Шанышев Сүйдінге барған жоқ болатын. Ол Дутов апанынан елу километр қашықтықта тұрған. Барғандар соңғы аталған үшеуі еді. Олар бәрі атаман албарына он екі адам кірген. Бірақ қиын да, жауапты да істі басқарған сол Қасымхан Шанышев еді. Осы аты аталған төртеудің бәрімен де жақсы таныс, табақтас, сырлас, жолдас болдым. Чекистердің Дутовты талқандау тәсілі отызыншы жылдары қазақ даласына әбден әйгілі емес еді. Сондықтан да ол тәсілден менің үйренерім де, аларым да мол болды.

Мен жоспарды бір ай жасадым дедім. Бірақ сол уақыттың көбі бандиттардың әрқайсысының өмірін, туған-туысқандарын жақсы білуге, олардың жекжат-жұраттарын зерттеуге кетті. Бұл да оңай и емес-ті. Бұл бөлімге қазақ бастық қоюдың бір себебі де осы болатын.

Өзім келіп отырған соң мен жөніндегі қауесеттің қанша жерге жеткенін білін отырдым. Ойбай ол Шұнағың баяғы байдың қызын алғалы-ақ ескі дүние, байлар бір бүйрегінде жатады екен, Советке жүргені олардың сырын біліп, бандиттарға, Совет өкіметінің жауларына жеткізіп отыру мақсаты екен. Енді Алматыдағы оқудағы балаларын да оқудан шығарып жіберіпті. Сондықтан оны қамапты деген өсек күзгі өрттей өрбіп кетті. Өзім жөніндегі өсек сонау Аңырақай, Іле-Топардан шыққан соң басқа шараларға кірістім.

Алдымен осы төңіректегі бірсыпыра бандылар бастығының бірі Омарбектің ауылда жүрген інісі Сәтті алғызып қамадым. Онымен күндіз-түні жарты айдай жұмыс жүргіздім. Қаскелеңнен колхоз председателінің орынбасары болып жүрген, бұл кезде ысылып қалған, бұрын патша өкіметі кезінде ұрлықпен айналысқан Жалбықты шақырттым. Онымен Тарланкөкті Тұрапбайға ұрлатқанда жоқ қарап жүріп танысқанымды айтқанмын. Мұндай ебдейлі, ебін табатындарды есепке ала жүрдім.

...Сәт түрменің түстік жақ көшеге шығатын бетін тесіп шығып қашып кетті. Ол ұсталған жерінде атылады екен, ағам Омарбектің жолынан тайсам тәңірім тапсын, атам арысы Шапыраштының, берісі Еміл, Есқожаның әруағы атсын деп ант етіпті. Тіпті онысын чекалықтарға да айтыпты. Сәттің үй-ішін, бала-шағасын чека қамауға алыпты... Міне, бұл қауесет сол кездегі Қастек ауданының түпкір-түпкіріне тарап, гу-гу әңгіме көп еді. Оның үстіне мұндайда әңгімеге жанынан сөз қосуға қазақ қандай құмар, ойнатып-ойнақтатып, құтыртып әкетеді емес пе! Сәттің бір жақыны орыстың үйінен бір бөлке нан сатып алып, ішіне асыл кездік тығып жіберген екен, сонымен ол түрмеңді тесіп шығыпты. Ол кездікті баяғыда Омарбек Әндіжан барғанда әкелген екен. Темірді кескенде әлгі кездік оны қамыр-іңкәл кескендей көрмейді екен... Мұндай жердегі желкекті желпілдетіп аспанға ұшырып алып кеткен қауесетті естіген бай тұқымның, әлде тұтқындалған бандылар жұрағаттарының арманы осындай қап түбінде жатпайтын бір-бір асыл кездік болды десек те болады.

Біз түрмені тесілген, адам сиятындай үңгірі үңірейген қалпымен бірнеше күн бекітпей қойдық. Талайлар-ақ әр нәрсені сылтауратып Ұзынағаш келіп, түрменің түстік жағынан өтіп, Сәтке бостандық алып берген қайырымды? сақауат үңгірге көз салып жүрді. Бір қызығы олар оны тұрып қарай алмайды. Өтіп кетіп, қайта өтіп, әншейін өз шаруасымен жүрген адам болып, бізге түк білгізбеген болады. Көбі-ақ ішін өсек құрты жыбырлатып тесіп жүргендер еді. Бірдеме бітірмек болып жүргендері де шамалы.

Сәт өзі бұл оқиғаны Омарбекке былай жеткізеді.

— Шырт ұйқыда жатыр екенмін, біреу есікті сындыра жаздап ұрды. Ол әлгі сізге тамақ апарып бергеннен бес күн кейін. Сол күні кешке қарай аспанды бұлт торлады да, жаңбыр нөсер болып жауған-ды. Бір пәленің келгенін білдім. Не істеу керек? Есік, терезе аңдулы. Терезені сындырып шығайын десем одан шыққаным не, есіктен шыққаным не? Сонан соң қазан пештің түтіндікке жалғасқан кернейін жұлып алдым. Керней түбіндегі сылаған балшық бос тұр екен, саудырап жерге түсті. Оның артынан қатқан кесектер сауылдап түсіп-түсіп, қазан пештің үсті үлкен үйінді болып қалды. Сөйтсем сырттағы мұржаның бәрі іштегісімен бірге құлапты. Мұржаның орыны үңірейіп бос қалды. Аяқ қоюға текпішек дайын. Өліп-талып жатып үйдің үстіне шықтым. Жаңбыр сорғалап тұр. Енді мен есікті ашпаған соң олар есікті бұзып ішке кіреді деп нобайладым. Үйдің төбесінде тыбыр етпей етпетімнен жаттым. Шыдамы таусылған сұмырайлар бір уақытта есікті сындыра-мындыра үйге лап қойды. Даусынан байқағаным ішінде Бабажанов бар. Сол ит-ақ құртты ғой, бізді. Үйде мен жоқ болған соң олар дүркіреп далаға шықты. Мен ол кезде сайдағы қалың ерменнің ішінде едім.

— Ол алысқа ұзаған жоқ. Өйткені үйінен шыққан жоқ болатын, ол қазір ғана шыққан болуы керек,— деді біреу. Дауысын танымадым. Бірақ шырамыттым. Әлгі мені ылғи сұраққа шақыратын Шыбылдың аты кім еді, сол, әлгі Ырысбек Сәрсенов-ау деген. Шамасы ол мені күндізден аңдыған болуы керек. Мен ақырындап отырған күйімде бір адым да болса деп өзенге қарай жылжи бердім.

— Қап таптырмай кетті-ау, ит! — деп бәрі аттарына мініп кетіп бара жатыр еді, жаңағы шырамытқан дауысым тағы шықты:

— Мына ерменнің ішін қарай кетейікші.— Енді он шақты қадам жүргенде құтылатын едім. Болмай қалды. Бес атты кісі ермен ішін ары-бері кезіп, енді сайға түсе бергенімде ұстап алды. Содан әкеліп Ұзынағаш түрмесіне қамады. Алғашқы күні үш адам болдық. Бірі орыс. Ол ертеңіне-ақ жоқ болды. Алып кетті. Содан қайтпады. Екіншісі бір құлағы жоқ Шұнақ қазақ.

— Шұнақ деймісің?

— Ия, сол құлағы түбінен жоқ, орнында бүртік-бүртік бір демесі бар, өзі көп сөйлемейтін адам екен, әр нәрсені сұрап едім, көп білсең тез қартайып кетесің, деп қайта жауап қатпай қойды

— Япыр-ай, ә! Сол құлағы түбінен жоқ дейсің бе? Ол әлгі осы ауданға конфиске жүргізетін, мына Дегересте болыс болатын ше? Сол емес пе?

— Мен қайдан білейін. Әйтеуір күнде таяқ жеп қайтады. Аузы-басы қан-қан болып, «көнін зорға сүйреп келеді де, үш-төрт сағаттан кейін есін жинайды. Тағы үндемейді. «Қап, осыдан құтылар болсам әуселесін көрер едім, бұлардың!» дейді. Қайта сөйлемейді. Мұңаймайды. Ер-ay деп қалдым.

— Шұнақ қамалды деп еді, рас екен ғой! — деді Омарбек бір қозғалып.

Білмеймін, аға, кім екенін, әйтеуір оны қатты ұстайды. Порымына, орысша сөйлегенше қарағанда бір мықты ма деп қалдым. Әйтеуір күнде де, түнде де ол таяқ жеп қайтады.

— Япыр ай, ә! Омарбек қозғалақтап таңданып отырды.

— Бір күйі түнде оған аяғына кісен, қолына зәнжір салып әкеліп итеріп тастады. Тұрғызайын деп ойлап батпадым.

— Тұрғызуың керек еді, әлде...— Омарбек енді үнсіз қалды да, әлден уақытта барып сөз қатты.— Аяғында кісен деймісің.

— Ия, аяғында кісен, қолында зәнжір. Қозғалғанда саддыр-салдыр етеді. Түнімен ұйқы бермей, денесін ауырсынып, қиналып, уһлеп шығады.

— Япыр-ай, ә! — Бұдан әрі Сәт Шұнақ туралы сөзді тереңдетпейді, солай ғана жай мәлімет бергендей, екіұшты қылып қоя салады да өз сөзіне кіріседі:

— Сонымен бес-алты күннен кейін мен камерада жалғыз қалдым. Қараңғы түрмеде күн де бір, түн де бір, уақыт өтпейді. Бір мезгіл түнде мені сұраққа шақырады. Сұрайтындары баяғы сіз. Қандай жерде жүр. Сен тамақ апарып беріп тұрыпсың, қайда екенін білесің, жанында кімдер бар, қанша адам деп күнде мыжиды. Мен де қайсарланып, қарланып, жалауланып-жауланып сіресіп отырып аламын. Тук өндіре алмаған соң қорқытады. Қорықпаған соң алдайды. Сені шығарамыз, тек Омарбектің қай жерлерде жүретінін, ауылда кіммен байланыс жасайтынын айтсаң болды. Өздері өсілі ауылдағы белсенділерге де сенбейді білем, зәу-шайтан олардың бірінің ныспысын атап қалсаң қуанып, саған жабыса кетін, сол төңіректе әңгімені өрбітіп, күбітіп әкеткісі келеді. Оған бой беретін мен бе, мізбақпай, оқтау жұтқандай қайқаямын да қаламын. Кейде бір мен өмір-бақи атын естімеген Сыматай деген біреуді сұрайды. Шалтабаймен Омарбек бірге жүре ме дейді. Мен баяғы «білмейміннен» танбаймын. Сонан соң тергеуші жалығады да, жалынады. Айта салсаң нең кетеді, біз сізге жағдай жасайық, бала-шағаңды да жақсылап орналастырайық дегенді айтады. Мен қасаласқан адамға, аға, өмірімді қапылатпен өткізсем де қасарысып қаламын. Өзіңіз солай үйретіп едіңіз ғой. Бұл ағасы Омарбектен айнымай қалған, тарпындағысын тарапқа таратпайтын сұмырай деседі. Сіздің атыңызды естігенде, аға, мен қамауда жатып-ақ шын көтеріліп қалып жүрдім. Өйткені жұрттың бәрінің ағасы Омарбек болып Совет өкіметін қалтыратса көзі көрмей ме, әлде жасына жетпей жүр ме? Елдің бәрі Омарбек емес, оған мақтанбағанда қайда мақтанамын.

Омарбек қозғалақтап, мұртының оң жақ жебесі жыбырлап, ұрты кебіңкіреп, өлең айтуға дайындалған кісідей тамағын бірер рет кенеп, жаңағы сүкіт, сүлесоқтықтан сейілгендей райланып, жауланып, кеудесін көтеріп, осы бір үй-үйелменінен, ата қоныс етенінен безіп жүрген қашқын, күлемдік өмірінен барқадар шегіп жүргендей, көңілі мәлөлдіктен абылығып, сестеніп-қодыраңдап отырды. Садаптан қараған адам мұны бір келеңсіз, тантық біреу шығар, мәулеті өтіп, мәуреті жеткен шағында мынау қай қасиетсіздігі дері анық еді. Заты, Омарбек сұлыбынан әңгүдіктеу жаралған жан ба демеу мүмкін емес еді. Жар басына жарты лашық тіге алмай жүріп, салуалы ордадағы салдарлы, санатты жандай шіренеді.

Аға, тергеуші сізді қашқын, бандит деп отырса да сіздің батырлығыңызды, заманы туса пыран киіп, пырақ мінер, көк сүңгіні көлденең ұстап, қайқысы әлде турасы белінде, түн қатып, түсі қашып жүріп, қу толағай бастанатын-ақ ер екеніңізді жоққа шығара алмады. Осы жерде мен де тергеушіні қостадым. Ағам, ағалалы ордасын, қойлы қора-қордасын, жылқылы өрісін, кірті-қонысын тастап жүргенде бір басы үшін емес, елі үшін еңіреп жүр емес пе, осындай қысылтаяң заманда, ел егер болғанда ері екшеліп шықпас па, мұндайда сөздің шартын елдің нарты ғана айта алады емес пе дедім. Оным рас қой, аға, қай қазақ сіз сияқты жауын тітіретіп жатыр. Сондықтан сізді марапаттамағанда кімді мадақтайын. Менің ағам мәйпарас емес, шараптың күшімен жүрген жоқ, найзаның ұшымен жүр. Жал-құйрығы күлтеленген, күпшек санды күрең мінсе, елі үшін мінді, қарланса, қаһарланса сол елінің қамы еді, бауар-олжа табайын деп жүрген ол емес дедім, Бірақ қайда екенін білмеймін деп, сазарып кірпік қақпай қалдым. Бірнеше күнім осылай нараду таппаған құр егеспен өтіп жатты. Ол шақырады, мен барамын. Ол сұрайды, менікі баяғы «білмеймін», міз бақпаймын. Ол құрсанса, мен құрыстым, ол боқтаса, мен ұрыстым. Тілімді тартпадым, айтқан сөзімнен қайтпадым. Жауын тәрік еткен ағасына бір інісі тартса ол айып па деп ойладым. Сонан соң тергеуші менімен тәжікелесуден жалығады. Мен түрмеге келіп мамық төсетіп қойғандай жата кетемін.

Біраз жібіген Омарбек әлде не есіне түскендей есін жиып, қайта қарланып, қабағын қарыс түйіп, еңкерістен жау көргендей шытынып алды.

— Кім екенін білмеймін, аға, біздің орыспен жақын туысқандарымыздың біреуі болуы керек, дәу, иір бөлке нан жіберіпті. Ол да сіздің мерейіңіз, сіздің арқаңыз ғой, әйтпесе қу жауырын болған тайдай Сәт кімге дәрі. Оны қай туысқан керек етсін, қай орыс кезегіне ем қылсын. Имандай сырым, ойымда түк жоқ. Орыс нешіне көмпиіп піскен ақ бөлкенің үсті күйіңкіреп кеткен екен. Нанды кешкі тұры алып едім, шетінен, қатырлақ жерінен бір сындырып алып жеп, қалғанын қоя салғанмын. Ертеңіне түске таман, «бұйырған малға тіс тисін» деп нанды опыра берсем, қолым шым ете түскені. Алақанымның ортасынан қан шығып қалыпты. Не болды деп үңіле қарап жіберсем сіздің үйдің қара көздігі. Нанның арасында тұр. Жүрегім тарпаңдай тулап, қара көздікті біреу көріп қоятындай қолтығыма тыға қойыппын. Сонан соң түрменің бұл ит жатағындай қараңғы қуысында жалғыз екенім есіме түсе кетті. Көздікті қолыма алғанда, аға, Сіз соны қолым өзіңіз ұстатқандай болып, денем шымырлап, көзімнен жас парлап кетті. Қуанышымда шек жоқ. Көңілім абылығып, мәлөлдік әбсәтте жоқ болды. Сол бір қас қағым сәтте түйіле-қабына нанды көмейлеп асай беріппін. Тіпті раушандығым шектен шығып кетсе керек, бір кезде байқасам қара кездік қарыстай болып оң қолымда қысулы, нанды кеудеме қойып алып, шалқамнан жатып қарпытып жеп жатыр екенмін. Осы жерде барып, кездік өкіліме оралып, «ойпыр-ау кездікті неге жіберген» деген ой сап ете түсті. Ойыма әлгі заманның түзу шағында қыстыгүні ерігіп жатып, сіз молда ағама оқытқан Бекет батыр дастаны есіме түсе кеткені. Сонда да Бекет батыр, қазының ішінен шыққан қанжармен түрмені тесіп шыққаны ойыма түсті. Япыр-ай, ә деп ойладым мен де мына кездікпен деп... жүрегім дүрсілдеп қоя берсін. Тіпті енді бостандыққа шықпаған не қалды дегендей көңілім жошып, шар тарапқа кетіп, алабұрттым.

Біраз ой тұңғиығына түсіп шыға алмай жүзіп кетіппін. Сіз хан болсаңыз, Ақтастыға — Ханжайлауға, оның Көкқапталына он екі қанат үйдің керегесін жайғызып, шаңырағын атпен өзін көтерсем. Дөдегелеген, манат бастырған ағалалы орданы тіккізіп, екі жағына бес-бестен он үй қондырып, үйлердің арасына ала арқаннан көрме тартып, бәйге аттарын тізіп тастасам. Үйден екі-үш жігіт жабылып емізіктеген бес емшекті сабаны зорға көтеріп шығып, алқақотан отырған қасқа мен жайсаңға саба езуінен қап-қара ноқаттанып майы түскен сары қымызды құя бастаса, сонда азуымен құс тістеген Шалтабай:

— Хан нем, дат, Мырзабек — Қашкенің де бір арызын тыңдасаңызшы,— деп екі қолын қусырып, қос тізерлеп қолын жайып, медет тілеп жалбарынып-ағынып отырғанын көрсем, бұл фәни дүниеден армансыз болар едім деп талай жерге кетіп қалыппын.

— Оһ, шіркін-ай,— деді ағасы көкірегі қарс айырылып,— ондай күн туар болса, Өтеп атамның баласының сүлейін де, сүрейін де бір-бір бұлықсыған мырза қылып шығармаспын ба!? Бәрі-ақ бай болып балпиып кетер еді-ау!

— Аға-ау, ондай күнде туар. Хан болып таққа да отырарсыз, баққа да белшеңізден ораларсыз. Қатты жерге қақ тұрар, қайырымды ерге бақ тұрар. Сонда бірге туған Көшек, Түрікпенге қандай орын бересіз?

— Кешегің не? — деп ағасы Сәтке жаман көзімен қарады.

— Аға-ау! Мен сонау Емілден алған он шақты үй жетім көшекті айтып отыр дейсіз бе, Қарасай батырдан қағанағы бірге жарылған екеуді айтып отырмын да. Омарбектің түсі жылыды да

— Одан да әңгімеңді айта бер,— деді. Зады қолына бірдеме тисе бірге туған екеуіне де таң атыратын түрі көрінбейді.

Жоға, аға-ау, Ханжайлауда Әшеке хан қоныпты дейтін Көкқапталдағы жайлы жұрттан сіздің салуалы орданы, кіріп-шығып жатқан сан саңлақты көрсем-ау деген арманым ғой.

— О, дүние! — деп Омарбектің көкірегі тағы толып кетті. Енді ол өзі армандап, алысқа кетіп қайта тарта алмай, Сәт отырған түрмені не қылсын, көкейінде Көкқаптал, оған тігілетін, түңлігіне мәулімнен, үзігіне масатыдан ою бастырған, дөдегелен ген, көкаяқталған, баулы-шулы салуалы ақ орда орнап алып еді Ол тіпті қазір-ақ қан болып қалғандай құрсанып, күпсініп, алдында торғайдай топылдап жүгіріп қызмет қылып жүрген, доқсыз-дозсыз, ләппайлаған Шапырашты — Дулатты көз алдынан өткізіп жатты. Бәрі де: «Хан ием, ләппай, не бұйырасыз?» деп иіліп-бүгіліп, тізерлеп-ызылып тұрғандар. Олар кім еді, сонша? Ханға қызмет қылмағанда қарашыға қызмет қылмақ па! Омарбектің көзі жұмылып, ұзақ отырып қалды. Мен оның бұйрығын күттім. Бір әлетте барып ол ой тізгінін тартып, аттың басын тежеді. Есін жиғандай

— Ия, әлгі түрмеден қашқаныңды айтшы! — деді. Бұл шақта Сәт те өз ойымен болып еді — деді Шұнақ. Бүгін ол өлтіре қоймас, ертең Шалтабай сияқты жердің астындағыны білетін зымияндар айнытып қойып жүрмесе, кім білсін. Шалтабайды көргенде Омарбек түлкі көрген кірпідей тыжырынып, тікенегін сыртына шығарып, кежігіп, күжірейе қалушы еді. Енді тек осы екеуі тіл тауы қалмаса екен. Шалтабай сияқты өткен-кеткеннен тәжірибесі-тәлімі мол, жәреуке, жарамсақты ұнатпайтын, бәріне көзі жетіп, біліп тұратын білімді жаудың Омарбек сияқты тебіздіктен тебірлікті, сыпайылықтан тұрпайы-дөрекілікті, қызнақтықтан обырлықты артық көретін дөкірлеу қазақтан жырақ, қыбай тұрғаны абзал. Кім біледі, ит өзі ала болса да қасқыр көргенде бірігер дегендей, Совет өкіметіне қарсы шыққанда бәрінің мүддесі бір болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жүрсе, Сәттің жаман-жәутік мәміле-бәйпегін ашып тастауы әбден мүмкін. Сондықтан да Сәт Шалтабайды осы жерде әдейі Омарбек алдына тартып, кес-кес қоя сөйлеп еді. Шалулы сөз салулы төсек емес, шатақ «былжырамадан» шығатын болса, анда-санда болса да, үсту-үсту Деп үшындырып, Шалтабайдың атын атап отырғаны жөн. Өйткені Омарбек Шалтабай тұрғанда өзінің жіп есе алмайтынын айдан анық білетін, сондықтан да оны көргенде су тиген қарақұрттай жиырылатын.

— Ия, әлгі түрмеден қашқаныңды айтшы! — деді қайталап Омарбек. Өз ойымен болып кеткен Сәт Омарбек сөзінен шошып қалып, өп-өтірік байлаулы қолын арқан қиып бара жатқандай ауырсынған кейіп көрсетеді. Сонан соң сөзінің неге тоқтағанын есіне түсіріп алып қайта әңгімеге кіріседі.

— Кездікті қолыма алып, баяғы бал дәуренім басыма қайта қонғандай болып, рухтанып қалдым,— дейді Сәт. Бұған Омарбек те көтеріліп, тамағын кенеп кеудесін көтеріңкіреп отырды. «Міне мен кіммін?! Менің қара кездігімнің өзі қолына тигенде адамның рухын көтеріп, әруақтандырып, сестендіріп жіберетін болса, онда менің төңірегімде шамды айналған көбелекше қалбалақтап жүрген сендер әйтеуір аспанға ұшып кетпей жүрсіңдер-ау!» дегендей жан-жағына жауланып-жалауланып қарап қойды. Сәт әңгімесін жалғастырып жөнеді.

— Сіздің қара кездік қолыма қара орманымды, керегелі кіртімді қайта оралтқандай, қоғалы көл, қом сулы, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, жігіті оттай дулаған, дастарқаны шумаған Жетісуды, ата қонысымды өзіме түгел қайырғандай көрдім. Өзім Ханай биігінің басына шыққан ақиық-шәулідей сезіндім, мәлөлдіктен ажырап көңілім асып-тасып барамын.— Омарбек Сәтке тіктеп қарайды. Мына Сәттің осынша шешендігін бұрын қалай байқамағанмын, «қолдан өскен тайлақтың буыршын болғаны байқалмас» деген осы екен-ау деп отырады.

Бұндай көзқарасты Сәт өзінше түсініп тым артық кетіп қалмадым ба деп қуыстанып, қипақтап қалады. Сөйтіп әрі қарай қайта әңгімені қаракөкке мініп жылыстағандай тігісін жатқыза, бәйпектете сөйлейді.

— Қара кездік қынаптан жаңа шыққан қайқы қылыштай қылпып тұр екен. Нақ осы сәтте Бекет батырдың оқиғасы есіме түсіп, мен де түрменің түбін қазсам қайтеді деген даққа қалдым. Омекеңнің рухы осы жерде қысылып жатқан інісін қалай-ақ бір қолдамас екен деп ойладым.— Бұл сөз Омарбектің құлағына ерекше тиеді.

— Сәтті қолдамағанда кімді қолдамақ! — деп жібереді ол. Ондай болса деп ойлайды Сәт қыл арқанды қырмызы жібек деп отыр ма, неге қолымды шешкізбейді? — Айта бер! Сәт қайта әңгімесін желдіртіп жөнеледі.

— Ал түрменің түбін қаздым-ақ, қара кездікпен керегімше кескілеп тастадым, сонда топырақты қайда тастаймын? Түрменің іші түмегей, қара көлеңкеден топырақ көріне қояды дейсің бе? Тәуекел дариясына бет түзесем қалай болады? Ой, аға, құдай абұйыр берейін десе қиын емес екен, түрме деген аузы-мұрны жоқ, бітеу құйматастай пәле шығар десек, ол әншейін балшықтан қалыпқа құйылған қам кесектен тұрғызылғын үй болып шықты. Басқасын қайдам, көретін жарығым бар шығар, мен жатқан қуыс балшықтан құйылған екен. Қарап жатқанша деп қара кездіктің ұшын сүңгіше қадап көріп едім, пышақ кіріш етіп кіріп-ақ кеткені. Ары таман, пышақтың сәкинегіне дейін салып, толғап көрсем, кездіктің қылауы тиген жер пышырап жүріп берді. Қам кесекке сабап-топанды шамадан тым көп қосқан ба, пышырлап-шытырлап үгітіліп барады. Нақ оңтүстік ірге осысың ғой деп кездікті салдым-ай келіп. Әп-сәтте бас сиятындай жерді ойып тастаппын. Қызып кеттім бе, әлде түрме іргесінің іріп тұрғанына қызығып кеттім бе, тіпті қатты кетіп қалғанымды абайламаппын. Түскен топырақ үйіліп жатыр. Оған көзім түсіп еді, зәрем зәр түбіне кетті. Сасқанымнан үйіндіні қос қолыммен баса қалыппын. Ешкімнің жоқ екені ойыма орала кетіп өз осалдығымнан өзім ұялып, бегім ду ете түсті. Сонан соң аға, өзіңізге ұқсап біраз ойланып алдым. «Өзіңізге ұқсап» деген сөз Омарбекке жағып кетті:

— Ойлап алу керек! — деп қойды аузын дорбаландырып, құм кіріп кететіндей екі көзін шарт жұмып алған Омарбек. Содан көпке дейін көзін ашпады.

— Мен бірсыпыра уақыт ойланып отырдым. Не істеуім керек, қалай істеуім керек, қайткенде осы қараңғы қапастан құтылып, үйіріме қосыламын?! Ал қаздым, топырақты қайтем. Сонан соң ойластырған жоба бойынша «Қарасайлап» іске кірісіп, қара кездікті қаршылдатып дуалға ұрдым. Түскен топырақты жарық аз түсетін бұрышқа қос уыстап тасып төктім де, үстіме әзірге бөркімді қойдым.

— Ия,— дейді Омарбек,— жаң^ топырақ көрініп қалмауы керек қой.

— Ия,— дейді Сәт те,— істі түстен кейін бастауды ойладым. Бір нәрсені тосып отырғанда уақыт тасбақаның аяңындай өтпей қоятын әдеті емес пе? Жарық жүзімді сарық етіп, сарғайып, сарыла түсті күттім. Уақыт өтпейді. Күн күндегіден ұзарып кеткендей. Енді ағам қайда жүр екен, қарыны ашып қалған жоқ па екен деп те қиналдым. Сонан соң «ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген, тамағын тауып іше алмайтын менің ағам кім сонша, ондай мүскін емес, бәрі болғанда арлан-абаданы емес пе, абаданың не,'арыстан болғанда сырттаны емес тіс деп өзімді өзім жұбаттым. Ағаны шыға қалсам қайдан табамын деген де ділімде орнап, бір сәт көкейімнен шықпай қойды.

Бір кездері әйтеуір есіктің құлпы, шынжыры сылдырлап ашылды. Есіктен қарауыл кіріп келе жатты. Көңілім бұзылды. Қара кездікті қарақұстан бір салып, мұны жер қаптырып, осының киімін киіп тартып тұрсам ба екен? Әлде есік алдында ұсталып қалам ба? Ең болмаса кеш емес-ау. Егер апақ-сапақта, түнде болса бір сәрі. Қой, оны түстен кейін кешке қарай көрейін. Әзірге алғашқы жобаммен тұра тұрайын деп қорыттым. Қарауыл қаңылтыр шөңкемен шай, үре табақпен атала әкеліп берді. Шай деген аты, әйтпесе түсі өзгерген жылы су. Жанында бір жапырақ қара наны бар. Оны тез алдым. Шөңкедегі суды тауысып іштім. Қарауыл көңілінде күдік қалдырмау үшін қара нанды да алып қалдым. Он минуттан кейін қарауыл есікті сылдырлатып қайта ашты. Мен ыдысты қайтардым. Ойым бұрышта. Қара кездік сонда қадаулы тұр. Кездікті қолыма ұстап, іске кірісе бергенімде есік шылдырлап ашылды да, сұраққа алып барды. Тергеуден сол құлағы жоқ, әнеугі күнгі шұнақ қазақты шығарып келеді. Ол аяғын әрең басып теңселіп барады.

— Ол иттің балатын соңғы кезде, айтқандай, қалқоз бастық болатын. Жоғалып кетті деп еді, шынымен қамалған екен ғой. Мен оны әлгі Қасымхан сияқты етіп қамады ма деп едім.— Қасымхан Шанышевті айтқаны.

— Білмеймін, аға, әйтеуір ауызынан қан ағып барады,— Омарбек ойланып қалды. Ол ойын естірте айтып кетті:

— Балқаш бойына барған мақсаты рас болды ғой, тәкбір жасап, нараду-келісім тауып қайтам ба деп барған екен ғой, біздің адамдар шолақтық жасаған екен ау...— Ол үнсіз отырып қалды. Тағы бірдемелерді ойлап тұңғиыққа түсіп кетті. Жадау тартып отырған саданы жылып, көзі қайта жұмылды.

— Аға, неге ойланып кеттіңіз? — дейді Сәт Омарбекке. Ол ұйқысынан оянғандай селт етіп: — Бұл бір жағынан жақсы, бір жағынан жаман. Жақсысы Советтің көрнекті адамының біздің жағымызға шығуы. Бұл ел арасында біздің беделімізді арттыра түседі, Шіркін, оны қосып алар ма еді. Жаманы енді өздері ішінен бүлініп жатса, бізге бұдан былай бұрынғыдан дөмбейілді көбірек қазады, қырқа сайын қақпан құрады, енді бізге шабуылды үдетеді.— Ағасының ойын біліп алған соң Сәт әңгімесін жалғайды:

— Кешке дейін тереңдігі де, ені де екі қарыстай қабырғаны үңгіп, топырағын қоңырқай бұрышқа үйдім. Енді ол мол топырақты бөркім жаба алмады. Сондықтан үстіне, құдай берген етек-жеңі кең, қазақтың өзіндей жалпайған шекпенімді екі бүктеп тастадым. Шекпенімді тастағаным оған топырақ жұқпайды, жұққан топырақ көрінбейді.. Кешкі тамақты берген соң-ақ мені қайта тергеуге шақырды. Сәті түсті деп ойладым. Өйткені ерте шақырған соң ерте жібереді. Ертерек шығып кетсем, ұзап кетемін ғой деген қуанышым ішімде, тергеуге ішімнен жымың-жымың етіп күліп бардым. Омарбек тергеуге көп мән бере қоймады. Сондықтан енді оны Сәттің айтқысы келмейді. Оған бір жағынан қуанады да. Өйткені тергеуді ежіктеп сұрай берсе, бір жері болмаса, бір жерінен шиі шығып қалып, өтірігі ұсталып қалуы ықтимал.

— Қайта келген соң «бісмілла, менің қолым емес Омекемнің қолы» деп қара кездікті алып, кірпішті кеулеп жібердім. Сәлден кейін-ақ тышқан інінің аузындай тесіктен тыстағы таза салқын ауаның иісі келе бастады. Әлі қызыл іңір. Сондықтан сыртқа шығар жағына тимей, ішкі қабырғаны екі иығым сиятындай етіп оя бердім. Ел аяғы басылды-ау деген кезде дыбыс-дыбырын шығармай індей тесікті үлкейтіп, топырағын ішке көртышқанша тасып кеттім. Қабырғаның өзім де сыртқы сылағын ғана қалдырған екенмін. Ол көп күш керек етпеді. Итеріп-итеріп түсіре салып, топырағын тартып алдым. Енді тастай қараңғы дала анық көрінді. Өзім сиятындай тесік болған соң алдымен шекпенімді сыртқа ытырып жібердім. Бөркімді де лақтырдым. Өзім үңгірді тәп-тәуір үңгіген екенмін. Алдымен құлағымды салып тың-тыңдадым. Көшеде жүрген адам естілмейді. Сонан соң басымды тесікке тығып сыртқа қарадым. Келе жатқан аяқ дыбыры жоқ. Тәуекел! Ия, аруақ, қолдай көр! — деп зып бердім. Жыми, мысықша басып бірден көшенің қарсы бетіне шығып кеттім. Көшеде кім жүрмеуші еді. Ұзынағашта не көп, ағаш көп, бір ешкіталдың тасасына тұрып үстімді қақтым. Сонан соң тез басып барып шекпенімді, бөркімді алдым. Енді оны киген соң көшедегі көп қазақтың бірі болдым да қалдым. О жарық, дүние! Бостандық, құтылдым ба, құтылмадым ба деп кете беріп ойыма бір нәрсе сап ете түсті. Аға мен Омарбектің інісімін ғой, осы жерде чеканың да шекесін шеруен аттырып кетейін деп, түрменің батыс бет, көше жағына шықтым. Аспанмен таласқан зәулім ақ теректің тасасында тұрып, милиция қорасының алдына көз тастадым. Екі үлкен діңгектің үстіне бір бөренені көлденең қойып, оны темірмен бүкпелеп тастаған ағашқа милиция қызметкерлері ат байлайтын. Бір адам мына менің астымдағы торсылдақ торымен түсіп жатыр. Түнде милиция қызметкері екенін бас киімінен таныдым. Ол қораға кіріп кетсін деп тырп етпедім. Сәлден кейін ол сарт еткізіп қашаны жапты. Баспалап, аяғымды еппен бір-бір басып аттың жанына келдім. Шамасы мынау торы үнемі бір-ақ адам мінетін ат болуы керек, мен жанына барғанда шошқаша қорс-қорс етіп, үріккендей болады. Тізгінді шешіп әуре болмадым. Қара кездікті алып шорт кесіп, атқа қарғып мініп, ақырын ғана үйді айналдым. Шырағым, ұрылар атты шешіп алмайтынын айтқанмын,—,деп Шұнақ шал ұрылар дәстүрін еске салды.— Екі көше өтіп, Қарасуды атты батпақтата басып өттім де, орыс моласының үстіне шығып кеттім. Төбеде тұрып азырақ тың тыңдадым. Мұным да бекершілік екенін ойыма алып, тағы қысылып кеттім. Өйткені милиция қызметкерінің, әсіресе милиция албарынан атты ұры алады деген ешкімнің де есіне келмейді. Олар өздеріне ешкім батпайды деп есептейді. Сондықтан да олар атты көшеден, мықтағанда өзен жағасынан ғана іздеп қайтады. Қуғын жоқ па деп арт жаққа құлақ тіккенімді артық санадым. Әр жерде иттің үргенінен басқа дыбыс жоқ. Қазір иттің өзі де көп емес қой. Қырды жалдап отырып Тікендіге бірақ тарттым да, кәдімгі атам заманнан келе жатқан Жібек жолына түсіп, тауды бауырлап, құн батысқа бет алдым. Кейде желіп, кейде қасқыр бүлкекке салып түннің бір шамасында Шірікбай бұлақты басып өтіп, Қызылауызда сиыр бағып отырған Шүкірей соқырдың үйіне келіп түстім. Олар шырт ұйқыда екен. Мені қараңғыда танымаған Шүкірей соқыр, атымды айтқанда «а, аһ, а» деп шошып, есі шығып қорықты. Оның үйінен сиырдың іртік-іртік айранынан басқа ішуге ештеме табылмады. Сол арада-ақ оның үйінің бір дорба сүзбеген алып, Алатаудың қойнына кірдім де кеттім. Таң атқан соң барламасам ештеме біліп болатын емеспін, сондықтан аттың ауыздығын алдым да, шылбырын қолыма байлап қисая кеттім. Денем мүздап ояндым. Таң сызат беріп келеді. Күн ашық. Қарашаның ұзақ таңын ұйқымен өткізіп, раң жеген малдай көбеңсіп, көтеріліп қалыппын. Ат мені айнала жайылып, төңірегімдегі шөпті түк қоймапты. Бұта-шоқпытты сайдың ішімен екінші бір жерге жиырма шақты қадым салып қайта жантайдым. Ұйқым қаныпты. Көзім де, көкірегім де оянып, не істеуім, қалай жүруім керектігін ойластырдым.

Таң атты. Мінгенім торы ат екен, арқа-басы бүтін, атқа жайлы болғанымен адамға жайсыз былғары ер-тоқымы бар. Қоңы да әжептәуір, бұлт етті. Шылбырынан қазақ мінген ат деп жорамалдадым. Өйткені шылбыры қылдан, шыжымдап есілген, пысық. Оны шешіп алып, торыны қуысқа мықтап шідерлеп, бір тобылғының түбіне жатып ал ойла! Түрмеден құтылдым, олардың түре іздейтіні хақ, Омарбектің інісі болса, ол түрмені тесіп қашса, оны іздемей чекаң кімді іздемек? Қой дедім өзіме өзім, бұлай жатпайын, алдымен қай жерде, қандай тұғылда жатқанымды сүтіндейін, бағдарлайын. Қойнымда наным болмағанмен астымда қыл-құйрығым бар, өзі тоғынды. Мені кірмембес-қалың қол қуып кірмес-ті. Бір сойдыға бой беретін Омарбектің інісі ме, бірме-бірге берісе қоймаспын. Қуғынның сақ етері саныма тиіп, ал қанымды ағызғанша, ал иіндігімді жаралағанша қарманып қалайын дедім. Шөже көз сауыт киген мен емес, ажалым жетсе сазамды жалғыз сайгез оқ береді. Жер шарасын тегіс тентісең де өтешек өмір өтеді, ажалың жетсе үйде де өлесің. Зәрураттық көрермін, бірақ ағамды табармын, Алатауға арқамды тірегендей соның арқасында күнімді көрермін. Мамық жастанып, жуырқан тосатын жатар күн ағаның арқасында ғана болмақ. Ертерек ағамды табайын дедім де, торыға қарғып мініп, тау бөктерлеп Бұрған үстімен, Саршыбыр астымен Қараршаға қарай тарттым Сақсырым толып қаныма, зығырданым қайнап кете бардым Үнемі жолсызбен, елсізбен жүріп түнделетіп Дегереске келдім Үмітті жерде аға жоқ. Дал болдым Содан неде болса Шұбарбайтал болар бір тұрағы деп, торыны болдыртып, қарным ашып, кәдірім қашып келе жатқан бетім еді Ойым онға, санам санға бөлініп, мұнда болмаса енді қайдан іздейін, неде болса, Топар. түсіп, Іле бойлап, ит мініп, ирек қамшыланып кетейін деп едім. Өздеріңіз ұстап алдыңыздар. Ханды көрген өлмейді, күнді көрген тоңбайды, өзіңіздің нұрлы жүзіңізді аман көрдім. Енді арман жоқ. Бауыздасаң қолыңмен бауызда, міне, кездігің! — деп сәкинегін топырақ қапқан қара кездікті Омарбектің алдына тастайды. Кездікті қолына алып Омарбек бір кез ойға кетіп отырыпты. Шамасы сол бір Әндіжан барып, қашпай-пұспай еркін, еру жүрген, еңсесі биік ағалалы ордаға еңкейе кірген, сары қымызды сапыртпай ішпеген, сарықпай ішкен күндерін есіне алған болар Қабағы қатып, аңқасы құрып көзін жұмып алды. Бір кездері барып күлікке шығар мисыз жүйріктей көзі жайнап, екі қолы байлаулы Сәтті босаттырды. Сәт орнынан тұрып, ағасына жете беріп жығылып, аяғын құшты...

Інім, Алматы мен Фрунзенің арасына талай жүрген боларсың. Ол жол сонау қарайып тұрған Дегерестің арғы астында. Мына өзің үстінде отырған Алатаудың Іле — Шу тармағы анау көрінген иір тау Бұғымүйіз, Бесмойнаққа жеткен соң аласарыңқырап Ырғайты, Атжайлау, Балажан, Шұбарбайтал, Шетбұлақ, Сұлутөр болып Қордайға мұнасып, одан терістікке бұрылып Аңырақай, Айдарке делініп, ақыры адырға, ит шайнаған орамалдай қоңыр қырқаға айналады. Осыларды аралас жайлап, алас-күдес қыстайтын Дулат Шапырашты отызыншы жылдары адырдағы далалық қыстауларын Голощекиннің бодауына қалдырып, кеудеге көшірілгенін бағана айтқанмын. Енді онда ел қалмайды, адам қоныс, ата қоныс — аң апаны, қайуан қияуы, жабайы шиыры болып қала берді. Білетін боларсың, інім, Фрунзеге баратын жолдың бір бөлегі сонау Тарғаптан бастап атқан оқтай жүріп отырып, Кеуде Отарға тіреледі. Содан әрі түстік батысқа бұрылып, Қордай асады, Қарақоңыз, Қарабалта, Қайыңды кетеді. Сол тартқан сымдай түзу жолды бұрын қазақтар «Бозжорға» дейтін. Оның себебі ілгері кезде Қасқарау Қоңырбай байға ас бергенде сол жердің, шамасы Сырымбет ауылының, боз жорғасы жорға сүрісте жерге таспадай жабысып озып келген екен. Бұл кәдімгі ақынның қызыл желі атанған Сүйімбай мен қырғыздың жезтаңдай, осы «Қоңырбайдың асында бес жүз жылқы матаған» ақыны Қатағанның айтысын туғызған асанты ас. Сол асқа сауын айтқанда аржақтағы Жалайыр Ақбұйымның бір ұрысы сол бүкіл қазақ, қырғыз тайпалмасынан озған бозды жұрт жаппай асқа отырған Қызыл іңірде жытырып кеткен деседі. Қазақ желғабыз, жез тағалы еңіреуді мақтағанда «мисыз жүйрік» деп те мақтап, марапаттайды. Ал сол «мисызы» нағыз милы, адамша болмаса да, хайуанат атаулыдан жоғары тұрып сезіп-білетін мал болады. Боз жорға да сондай жершіл, өреннен ерек, зерек туған жылқы екен. Бір босанғанда қыстың көзі қырауда жеріне қашқан сол Боз жорға Кеуде тардағы Сырымбет ауылына осы жолмен қыстағы сіреу қарды тура сызып тартқан екен. Боз жорғаны өкшелей қос атпен қуа келген Ақбұйым ұрысы атқа риза болғандықтан иесінен ғафу өтініп, атынып-жалынып, ат-шапан айыбын тартып қайтқан екен дейді, Мүмкін, інім, бұл аңыз шығар, нақ осындай оқиға болмаған да шығар. Дегенмен осыған ұқсас оқиға болуы әбден ықтимал. Қалай болғанда да жазықпен Шөлқопаны басып, оны таспадай тіліп өтетін түзу жолды қазекем тез жететін, өте төте, өте тура, жайлы жол болғандықтан «Боз жорға» атандырған. Әйтеуір сол Боз жорға жолы да сен тентек, сен тетірсін демей, жақсыға да, жаманға да қамқор болып, бәрін бауырына басып, бұлағын емізген Алатаудай жолаушының бәріне бірдей қызмет етсе керек-ті. Бұл «Боз жорғаны» әңгімелеп кеткенім, інім, ендігі бандылар өмірінің біразы осы жол төңірегінде өтеді. Өйткені бірнеше жыл биік тауларды, тарғыл тастарды, қарағайлы кедікті мекендеген баскесерлер бір оқиғадан кейін осылай ойысқан болатын. Оның өзіндік сыры бар еді.

Конфискеленген соң Жетісу байлары Оралға айдалғанын айтқанмын. Солар біртіндеп қашып келіп, отыз бірінші — отыз үшінші жылдары бірталай топ құрды. Оларға өгізге туған күн бұзауға да туады деп, түбінде Совет өкіметінің мүддесі — қоғамдық меншікке негізделгенін, ол булардың пиғылына қайшы келетінін білген, конфисқелеуге ілінбеген байлар, бұрын халықты сүліктей сорып әдеттенген, енді құмның жиналып тас болатынын, құлдың жиналып бас болатынын көрген, ол арқасына аяздай батып ауырсынған, бұл кезде сіркесі су көтермей жүрген үстем тап өкілдері, олардың оқығандары қосылып, қашқындармен астасып, Совет өкіметін құлатпасқа не деп әр жерге бірікті. Ал бұлар Совет өкіметіне оншалықты хауіп төнгізбегенімен, тиіп-қашып тыныштық таптырмады. Одан-бұдан құралып, қарасы көбейген кезде енді оларды бұлай қодаңдатып-шабуылдатып, жұрттың үрейін алдырып, берекесін қашырып қоюға болмайтын еді. Сондықтан да партия-совет активистерінен біраз адамды оларға қарсы аттандырған еді. Сол тізімге мен де іліккен екенмін.

Қастек ауданы көлемінде олардың үш үясы болды. Оның ең күштірегі Емілдің бір баласы Қойшыманның Есқожа деген ұлынан тарайтын Өтеп деген атадан шыққан Омарбек болатын. Ол көбіне сен тұр, мен атайын, өңкей баскесерді жинап алып, Алатаудың Қарақыстақ, Қастек, Қарарша, Қызылауыз деген өзен-сайларына тығылып, ауданға, жеке ауылдарға шабуыл жасап жүрді. Оның екі бірдей қойшысы Байдалы мен Ұлтарақ Совет өкіметін қолдап, большевик болып, кешегі қожасын тыңдамай кетуі оны жөңше нарша құтыртып, дозын арттыра түсті. Дегенмен ол алғаш бандыларға бастық болуға қызыға қоймады. Суықтөбе бауырындағы Кеңсайда бандылар басшысын сайлағанда олардың көбі өзін қалағанын көре отырса да, еһе деп, нарттыққа ұмтылып кеңірдек кермеді. Бұл оның әкімдікке қазықпағандығынан, мәнсапты ұнатпағандығынан емес-ті, ол Сыматай, Ағыбай бастаған Қасқараулар тобы бұларды мансұқ етеді, күш ыдырайды деп қорыққаны болатын. Егер артында біраз дүбірі-нөкері бар Сматай кетсе, қалған қоянтөбел аз топ шілдің саңғырығындай тозатынын ол анық білді. Сондықтан бандылар тобына Сматайдың басшылық етуіне ындынын салып, ынта-шынтасымен кірісті.

Бандылардың екінші ұясы Қасқараулар тобы еді. Олардың. атқа қонған жері де Дегерес, Беріктас, Ақтерек төңірегі болатын. Бастаушысы Сматай, қаныпезер, бір айтар, айтқан сөзінде табандап қатып қалатын көкайыл кісі болатын. Оның соңына ергендерінің ішіне көрші отырған Тайторылар да кіріп кеткен. Бұлар Алматыдан алысырақ жатқандықтан Совет өкіметінің күшін әлі ұға алмаған, оны құлатудан әжептәуір дәмелі еді. Сондықтан олар төске қарай жылжып жеткен-ді. Ондағы көкейіндегі есек дәмесі. большевиктердің ұясы да, ұйытқысы да болып келген Қарақыстақты басың алмақ еді. Бірақ Қарақыстақты басып ала қойғанда одан әрі не істейтінін Сматай өзі де, оның көмекшісі Ағыбай да айтып бере алмайтын. Олардың пәлендей бір басшысы бар еді, ол түгенмен байланысты болып еді деп қалпы айтқым келмейді, інім. Олар ондай ұйымшылдыққа жеткен, бір орталыққа бағынған адамдар емес-ті. Оған Сматайдың да, Омарбектің де ақылы жеткен жоқ, көркөкірек, сезімшіл болатын. Әрқайсысы Совет өкіметіне өзінше қарсылық көрсеткен болады. Бірақ бір жақтан келіп қалатындай бір күшке сенетіндей еді. Ол да бітеу-көкіректердің долбар-далбасасы ғана. Сөйтін Қасқараулар тобы жоғарылап келді де, Алматыдан бандаларды талқандайтын әскер шықты деген қауесеттен кейін Ақтасты, Қарақыстақ, Суықтөбе маңын біржола тастап кетті, әрі қатары ыдыраңқырап, біразы бұл жосықсыз лайсаңның батпағына белден батып, ол ұйық түбіне тартып бара жатқандықтан, олардан безіп, көз көрмес, құлақ естімес, елден жырақ, қыбайға тартты. Оның себебі мынау еді.

Отыз бірінші жылдың жазында Сматай мен Омарбек арасында керіс болды. Омарбек бұл өңір біздің күн көрісімізге қиындап барады, төмендеп, қиырлап Аңырақай түсіп, арқар-құлжадай алыстап кетелі дейді. Бұған Сматай мен Ағыбай қарсы шығады: «Сен өз елің болған соң жаның ашып тұр ғой. Сол елің-ақ етегіңді кесіп қуып шықпап па еді» деседі. Сөйтіп итіс-тартыс жүргенде бұлар жетінші ауылға шабуыл жасап, түнде ауылдық Совет председателі Нұрғали Қыдыровты, оның үйі:не қонып жатқан өкіл Шәлін Байсаловты өлтірді. Ауылдың басына ол күндері қандай ауырмалық түскенін бағана айтқанмын, інім. Қаралы ауыл адамдары ауданға хабарлауын хабарлайды да, бандылар артынан төрт адам қуғын жібереді. Бандылар кәдімгі ел біз кінәліміз, бізді байлап алып барыңдар» дейтіндей төрт адамды жолға салады. Оларды жиырма бірінші жылдан партия мүшесі, қосшы одағының бастығы болған Құрамыс Тастанов бастап шығады. Көзі ашық Құрамыс олардың өліспей беріспейтінін біледі. Дегенмен жаудың жатқан жерінен хабардар болайық, шолайық деседі. Тауда тасқа бекінген бандылар ойда келе жатқандарды алдындағы шахматтың тасындай анық көріп отырады. Аттағы төртеу де қауіпсіз болмайды, бірақ тасада тұрғандар бұл қуғын төртеуді оп-оңай-ақ сұлатып салады. Өлген төртеудің — Құрамыс Тастановтың, Шауқар Сәмбетовтің, Шаяхмет Ақтанбердиевтің, Найман Шарғыновтың денесі Суықтөбе бауырында қала береді. Ардақтысынан айырылған ашынған халық тайлы-тайлағы қалмай бандыларға қарсы тегіс аттанғанда, олар тоз-тоз болып, біразы төмендеп екі жылдан соң Шұбарбайталдан табылады. Сәттің түрмені тесіп шығып келіп, әңгімесін шертіп отырғаны нақ осы бір кезең еді.

Інім, осы бір жерде ішіме сыймай жүрген бір сөзімді де айта кетейін. Сол Суықтөбе бауырында өлген, Совет өкіметі жолында құрбан болғандар басында осы күнге дейін таудың көп тасынан бір тас, бұйырмай, жер томпайтып қала берді. Енді олардың көмілген жерін табу да қиын шығар.

Үшінші ұя ұшарын жел, қонарын сай білген ебелектей Шалтабай Құдайбергенұлының тобы еді. Інім, Жамбыл атаңның атақты Құлмамбетпеи айтысын оқыған шығарсың. Інім ол кездері Құлмамбет ақын Тар тапта тұрады екен. Өмірінің ақырын да осы анау Тарғаптың Беріктасқа қараған бетінде өткізіпті. Содан Түргенде қызына барғанда аяқ астынан ауырып өлген екен. Моласы Түргенде. Мұны айтып кеткенім сол Құлмамбет бейітінің басы да қарайтылмай жатыр ғой. Жәкең Құлмамбетті жеңдім деп масайрап кетпеген, өмірбақи оны сыйлап, ардақтап өткен. Ол айтыс Құдайберген қажының үйінде болған ғой. Сол Құдайберген қажы қайырымды, өте бір ғалисан адам болғанға ұқсайды. «Жаманнан жақсы туар адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туар, бекер берсе алғысыз» демей ме, қазақ. Сол жақсыдан жаман туған адам Шалтабай еді. Інім, сен Шалтабайды тап жауы, бандит болған соң жамандап отыр деп ойлама. Шапырашты, Дулатта адам баласының қара тілі атанған Шалтабай өте шешен, ақыл иесі кісі болған. Ол сөйлегенде жұрт айрандай ұйып қалады екен. Жамандады деме, інім, оны мен айтқан жоқпын осы қалың ел «Дәуітқұлдың үйіне барсаң етке тоясың, Шалтабайдың үйіне барсаң көпке тоясың» деген мәтел шығарған. Бұл мәтелді тіпті түсіндіріп жатудың өзі артық. Шалтабай үйіне барған кісіге қазан көтеріп, ас қылмайтын қара қазан кісі екен. «Мынадай бір көп болды» деп қонағына тілін емізіп, құры кеңеспен келгеннің ішін кептіріп, қызыл созбен шығарып салатын болса керек-ті. Сондықтан да байларды көбіне сөзіне емес, ісіне, оның басқа қайырымдылығына қарап бағалаған халық «дастарқаны жиналмайтын», «ит басына іркіт төгіліп жатқанды» ғана басына көтереді емес пе. «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық», яғни сіз, біз десіп құры ауыз, құрғақ сыйласқаннан бір қуырдақ жеген артық деген, қарын қамын жақсы білетін қазақ жоғарғы мәтелді шығарған. Ағайынды екі кісіге осындай сипаттама берген елді әділ емес деп айтып көрші. «Халық айтса қалпы айтпайды», яғни өтірік айтпайды, Оның еккізген бау-бағы соңғы кезге дейін келді. Бай жиырма сегізінші жылы конфискеленіп, Оралға айдалған. Содан қашып келіп, бандылық жасап жүрген. Мұның төңірегінде де біраз адам болатын. Совет болысы, яғни ревком председателі болған менің туысқаным Қашабай Жарқынбаевтың баю жолына түсуіне де ол себепші болған. Өйткені Шалтабайдың Шарымхан деген бір қызы Қашабайдың әйелі еді. Қашабай барлық жағынан атасына ұқсаған, келін қайын ененің топырағынан делінсе, Қашабай атасының топырағынан жаратылған деп замандастары күлетін. Егер Шалтабай бағынан бір өрік үзіп жегеннен айып алса, Қашабай үйіне келген кісіге «аяғыңды тазалап кел» деп отырады екен.

Інім, Шалтабай сияқты оқыған адамды «Совет өкіметін құлатамын» деді, оған ақылы жетпейді деу қиын. Осы Совет өкіметі орнап қала қоймас, мүмкін басқа жақтан ондай бір тегеурін болады деп шамаласа, өл ішінде болған болса керек-ті. Оның бар арманы кәрі қойдың жасындай өмірі қалғанда, егде тартып, етек басқан шағында түрме қорлығын көрмей, осы ата-баба, туып-өскен Алатаудың төңірегінде көз жұму болған. Егер нақ осылай болса, оны қудаламауға да болар еді. Бұл жерде Шалтабай Совет өкіметіне, Совет өкіметі Шалтабайға сене алмады. Өйткені бірлі-жарымды біз тілін таба алмаған әлді шаруалар сырғып Шалтабай тобына қаша берді. Менің өзімнің көзім жеткеніндей, «Бұл Шалтабай ғой» деп ергісі келген басқа бандыларды да ол «жаман топ көбейтеді, алма боп, көбейтеді» деп бойына дарытпаған, қарауына алмаған. Дегенмен осы үш топ та бізді ілгері бастырмай қоймағанымен аяққа кірген шөңгедей жүру-тұруымызды қиындатты. Менің алдымда осы бандылар тобын Жетісудан біржола аластау міндеті тұрды. Мен білек сыбанып осы бір Чеке кірістім. Егер осылардың көбі Құбанбай сияқты болса, онда оларға тигендер де оңбас еді, бірақ олардың нарттарының ниеті басқа болатын.

Бір күні бандылардың үш тобының басы қосылды.

Інім, «Боз жорға» жолымен кетіп бара жатып түстікке көз қиығыңды салсаң Дегерес, одан биіктеу Бесмойнақ, Атжайлау, Балажан биіктері дөңкиіп-дөңкиіп жатады. Оның үстіңгі жағынан ағып келіп, далаға — терістікке қарайтын ауызы бірдеме қатты жырып кетіп, қара қотырланып жазылып келе жатқан жара сияқтанған Жаманты, Ақтерек, Шұбарбайтал өзендерінің сағасы көрінеді. Сол «Боз жорғамен» кетіп бара жатып, биік нәрсеге сүйеп қойған тақтайдай түзу беткейге қызықпау мүмкін емес.

Шұбарбайтал өзенінің таудан жарып шығар аузында ұзын сырық тұр. Оның басында әйелдердің дір тартар орамалындай ақ шүберек байлаулы,— деді Құрамыс. Інім, бір Құрамыс өліп еді ғой деме. Бұл Суықтөбеде өлген Құрамыстан басқа.— Шөлқопаның еңісінен көрінген шаң жиырма шақты атты кісінікі еді. Олар құйындатқан күйінде жаңағы шүберек байлаған сырық түбіне түсіп жатты. Бұл қопалатып, кеудеге қарай шапқандар Шалтабай тобы екен.

Шалтабай таза киінетін, бұл күндері қашып-пұсып жүрсе де үстіне кір жуытпаған, қаба сақалдау, сары сүр кісі екен. Садаптан бажайламай қараған кісі өзбек пе, әлде тәжік пе деп қалатындай. Астында ақбоз аты бар, ер-тұрманының бәрі күмістелген. Өмілдірігі, құйысқан, жүген, ноқтасы бір-ақ қолдан шыққан болса керек, бәрі қайыс таспадан өрілген. Тоқымы былғарымен қапталған болса да, үстінде тегілдірігі салпылдап жүр, ұзындау. Бұл да балағым, әлде етігім ат теріне былғанбасын деген тазалықтан болса керек-ті. Қанжығасы да, шеттігі де бос. Ақбоз қолтыраудай танаулы жылқы екен, күнде мінілгендіктен бе, жарау, екі бүйірі тартылып кеткен. Еті тым ояз емес, екі құлағының түбінен ғана тер шығыпты. Шабысының қанша екенін, әрине, Шалтабай ғана білсе керек-ті. Қайткенде де оның күші де, жүрісі де, мікіске беріктігі де оның дүбірлерінің атынан артық екені сөзсіз. Өйткені бандылардың нарты тобыршақ мінбейтіні белгілі. Шалтабайдың сыртынан киген түйе жүн шекпенінің оң жақ жамбас тұсын іштен байланған тапанша түртіп тұр. Оның артынан өкшелей келген қарагерлі қырықты алқымдап қалған жігіт айқұш-ұйқыш екі мылтық асынған. Оның бірі Шалтабайдікі екені сөзсіз. Басқа салттылардың бәрі де тегіс мылтықты. Ат құйрығы тістесе келген қарагердегі Шалтабайды түсіріп алды. Анау боз атты әрі таман жетектеп барып, өзінің қарагерімен матастырып қойды. Басқалар жерге түсіп, аттарын шылбырынан ұстап, мойындарындағы мылтықтарын атуға ыңғайлағандай алдарына көлденең қойып отырды. Атты тұсап, шідерлеп, өрелеп жіберген ешкім болған жоқ. Бұл олардың сауысқандай сақтығы еді.

Басқалардың бәрі, яғни біз,— дейтін Құрамыс, Шұбарбайталдың аузынан, жырадан, Омарбек бастағандары оң жағалауынан, Саматай бастағандары сол жағалауынан ұлыққан итше шұбап шықтық. Екі жағын қосқанда жүз қаралы адам болады. Сай дан шыққан топ беткейге жақындағанда жаңа Шалтабайды аттан түсіріп алған сидаң қара орнынан атып түрегелді. Шалтабай қозғалмаған күйі зеки сөйледі:

— Сәкебай, отыр, тырп етпе! — Орнынан тұруға кейбірі тізесін жинап, кейбірі жер таянып, енді біреулері тізерлей бастап еді, Шалтабай сөзінен кейін бәрі тасқұдайдай әлде балбалтастай орындарында қатып қалды. Сматай тобының аяғы жерге аналардан бұрын тиді, олардың бес-алтауы жүгіре барып Омарбекті аттан түсіріп алды. Қамажаулап, алқалап оны екі қолтығынан сүйегені сонша, Омарбектің аяғының ұшы әр жерге бір тиді. Омарбек беткейдің ең жоғары жағына апарылып отырғызылды. Бұл қошаметті көріп отырған Шалтабай қажы бедірейіп оларға амандаспады да. Шалтабай қошығын қоштағандар да түк естімеген кереңдей, түк сезбеген мылқаудай мылқиып отыра берді. Бәрі де қазақ даласындағы әр жерде кездесе беретін балбалдай, жансыз. Еріккен қойшылар төбе басына адам бейнесіне келтіріп тас қалап қоюшы еді, Шалтабай адамдары да обадай, сүлесоқ. Менің артымда мұнша адам жүр, менің жанымда сен кімсің дегендей Омарбек жасы үлкен Шалтабай қажыға жұрттың жөнін жасамады, сәлемдеспеді. Сөйлесе ауызы қисайып қалатындай бұдырайып қалды. Оның шашбауын көтерген көп тобырдың біразы үнсіз, тек Сматай ғана алыстан «Салаумәлейкім» дей салды.

Егер ол шын амандасса, алыстан болса да аузын толтырып «ассалаумзғаләйкөөөм!» деп созар еді. Мұны сезген Шалтабай оған да жауап қатпады. Бағанағы кілшиген қалпында. Мүмкін Шалтабайдың ойында жасының үлкендігінен басқасы да тұрған шығар. Мынау көп тобырдың ішінде оқығаны осы Шалтабай. Шіркін баяғыда Мекеге барып, Байтолла босағасына тауап етіп Жетісуға қайта келгенде Дулат, Шапыраштының сорпа бетіне шығарының бәрі келіп, жас қажының қолын құдай қолын ұстағандай ұстап, қос алақанын бетіне сыйпаған еді. Енді дүние өзгеріп мына томартебер,. ақылдан ада, қуыс кеуде Омарбек бұған сәлемдеспей отыр. Шалтабай әжептәуір қорланып, ішінен құса, рамкүн болып отырды. Келгенім зайғы болды ма деп те қояды. Осы өңшең көркөкірек, әліп пен: биді білмейтін, екі әріптің басын қоса алмайтын немелермен неге ғана байланысып,. неге ғана көріндім екен. Тоқтышақ табатын ақылы жоқ. боқтышақтарға бұдан былай моламды жақындатпауға тырысармын.. Жарайды Омарбек келмей-ақ қойсын, мына осындағы Дулат — Шапыраштының бұрынғы шөпке отырар, мен тәуірмін дегендерінің ақылы кеткен, олар неге келіп қажының қолын алмайды, қалай-ақ осынша тобырдың ішінде Шалтабайдың Омарбектен өлсе өлігі артық болатынын білегін бір адам қалмады екен?

Шалтабай өз ойымен болып, ұзап кетіп еді. Екі жақтың біріне-бірі жауыға қарауы сиреп, дабыр-дұбыр, сыбыр-күбірден кейін Омарбек жағындағы да, Сматай жағындағылардан да сөз шығып қалды:

— Қажыға сәлемдеспейміз бе?

— Ей, ол Шапырашты — Дулаттың Шалтабайы еді ғой, басынан бағы тайса да ол адам ғой.

— Қой, Омекем ұнатпайды.

Осындай сөздер әр екі-үш жігіттің арасында болды, бірақ Омарбек пен Сматайдан батып ешкім келіп Шалтабайға сәлем бере алмады. Арада бір дем өткенде барып жырадан шыққан топтан бір адам орнынан тұрып:

— О, халайық, жарандар! — деп дабыстап еді, осы сәтте:

— Шаң көрінеді, ек.і атты шауып келеді! — деп біреудің айтуы мұң екен, отырған бандылардың берекесі қашып кетті. Шалтабай адамдары аттарына қарғып-қарғып мініп, ақбоздағы Шалтабайды ортасына алып қоршай қалды. Қажы да ат үстінде.

Тау бауыры теп-тегіс беткей. Беткейде көкпеңбек көкемарал мен бәрпі өскен. Көк жалаған етік табаны сырғанап тұрмайтын беткейде жатып қырық-елу шақыр.ым жердегінің бәрін көруге болады. Сонау төменде Қопаны таспадай тіліп темір жол жатыр. Онымен түтінін будақтатып өз сүтінімен поезд кетіп барады. Поезд өткен сайын мына отырғандардың бәрінің көкірегін темір тілгендей еңселері түсіп кетеді. Бұл жақта да жол кесіліп қалды-ау деген діліне оралғанда бандылардың құйқа тамыры шымырлап, арқасын белгісіз бірдеме тілгілеп жатқандай болады. Бағанадан бері жамбастап жатып, қарағын сонау алыстағы Алмалы — Долаңқараға қадап алған. Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе, көктің жүзін, жердің бетін бір шарлап кетсе, ол ойды біразға дейін тоқтата алармысың. Бұл «Боз жорға» жолымен қарулы мемлекеттік почта тартқандар болмаса, бандылар осы төңіректі жайлап алғаннан бері ешкім жүрмейді. Некен-саяқ шыққан мал, жалғыз жарым жолаушы бәрі қарақшылардың олжасы. Сондықтан да Шөлқопа үсті тып-тыныш. Мұндағы ну қамыс, жыңғыл арасын мекендеген мәлін, дегелек сияқты қопалы, далалы жердің жануар-жәндігі, аңы-құсы болмаса көзге ілінер жерде ештеме көрінбеп еді. Міне, бір шаң ғана бәрінің үрейін алып жіберді. Кірмембес қол болса қайтер еді. Шаң тез-ақ жақындап қалды. Екі атты емес, жетегінде аты бар біреу. Шапқан күйі келеді. Қызарып Қордай үстіне батуға таяп барып қалған күнді қуып жетуге асыққандай, жүрісі қатты. Қазақ қашан да кешке қарай елге, ауылға қарай шапқан адамнан көбіне жаман хабар күтер еді. Мынау да күн таласа келіп, ол ұясына отырмай айтатынымды айтып үлгерейін дегендей. Омарбек, Сматайлар жағы жалғыз аттыдан қорқып біз Шалтабай болып кетіппіз бе дегендей тыбыр еткен жоқпыз. Оның кім екені маған ғана белгілі еді. Екі ат та, өзі де қара тер.

— Ей, мынау қайдан жүр? Жалбық деген ұры ғой,— деді Сөкебай Боранбаев. Ұры дегеніңіз Шалтабай отырған топты айналып, тура Омарбектің алдына барды:

— Алдияр! — деді әлгі аттап түсе қамшысын екі бүктеп жерге тастап. Інім, біліп отырсың ба, бұл баяғыда Ферганада Сейітходжаев деген өзбек командирінің атын жығып ұстап беретін Жалбық.— Совет болайын деп едім қолымнан келетін емес. Мені осы отырған жігіттердің біразы біледі, кеткеннің кетпенін алатын, жатқанның жамбасын кесетін, Іле мен Шу арасын шу-шуркан қылатын Жалбық деген баукеспе ұрымын. Мынау қарагер сізге тартуым, мені қасыңызға алыңыз. Атыңыз Алатаудай шығып, әлемге естіліп жатыр. Пұл десеңіз пұл болып, құл десеңіз құл болып қызметіңізді-қиярыңызды қыламын. Сіздің құзырыңызға келдім. Құлдық.— Жалбық екі тізерлеп отыра қалып, екі қолын айқастырып құлдық етті.

— Ойпыр-ай, мынау ұрыдан гөрі масқарапаз болуға лайық екен, мынанікі, көпе-көрнеу өтірік! — деді жай ғана Шалтабай Сәкебайға. Мұны мен естіп қалып, иманым зәр түбіне кетті. Мына бит ішіне қан құйған сұмырай қажы мына күдігін Омарбекке айтып қойса, дүние бүлінеді-ау деп отырдым. Омарбек Шалтабай емес, ол әңгүдік «Алдияр, алдияр десе дандияр» дегендей, «алдияр» дегенге мен хан болып таққа отырып қалған екем деді.

— Тұр, саған мың ерлік! деді Омарбек Жаңағы сөз сөйлеуге дайындалған, қолтоқпақтай қазақ Жалбықты қолтығынан сүйеп орнынан тұрғызып, топқа қосты. Көселеу, құмырсқа ініне біткен бір түп жусандай он тал ұзын сақалы бар, алакөз кісі тамағын кенеп бірдеме демек еді, Омарбек тұра тұр деген ишара білдірді Шоқша сақал тосылып қалды Ағыбай деген осы екен Бұл мына Омарбек бастаған топтағы үшінші кісі Мұның айт қанын осындағы жігіттің ешбірі қалі жібермейді, дегені мүлтіксіз орындалады. Омарбек оң қолын көтерді де, басындағы құндыз жекейін түзей киіп, бір сөз деді

Сен қалқоз болды деп естіп едім ғой, Омарбек кежігіп керіліп, ыңыранып мұны зорға айтты «Қалқоз» деп отырғаны колхоз председателі дегені. Мұны Жалбыққа арнады Бұрын жылдам сөйлейтін бандылар нартының бұл жолы нағып кергіп шолжыңдап қалғанын ешкім түсіне алмай біріне-бірі қарады Кейбірінің күлкісі де келді Күле алмады Күліп көрсін күмірем қаптырсын

Қалқоз? Қалқоз түгіл Совет болайын деп едім «Қожаның көңілі құртты сүйер, көжесінің қатығы жоқ» Маған оны кім берсін. Бола алмадым, қалқозыңа көне алмадым. Жүрсең-тұрсаң бәріне қағаз керек. Мен еркін ұшып, еркін қонған даланың дуадағы емеспін бе? Еркін жортып үйренген абаданға, сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап отыру ұнамады. Шыдай алмадым. Одан ен далада ұрлық істегенім жақсы екен. Жалбық кірпік қақпай, міз бақпай, қасқарып осыларды айтып шықты. Сөзді дақ осылай сықпырту, әй, ұрыдан басқаның қолынан келе қоймас

— Нe келеді қолыңнан? — деді Омарбек.

— Ұрлық келеді. Менің кәсім сол. Әлі-ақ әуселемді көресіз Тек, қуа көрмеңіз, алдияр, деп ағынып қалды Жалбық. Тіпті ибалы, жібектен де мүнәйім.

Шалтабай Сәкебайға тағы күбірлеп жатты «Ойпырым-ай, мынау да нағыз су жұқпас сұмырай екен, қарашы өтірік айтқанда кірпігін қақпайды. Қалай үйретіп тастаған. Омарбектің түбіне жететін осы болады. О, соры қайнаған сорлы Омарбек. Алдияр дегенге әлдеқандай болады».

Омарбек мойнын зорға бұрып жаңағы ұрыға — Жалбыққа жәреуке көрсетті:

— Жарайды, ұры деген де керек. Қала берсін! — деп Омарбек сөзінің аяғын жұтып қойды. Сөздің соңын жанындағы дүбірлері зорға естіді. Омарбек ерінген кейіп көрсетті. Бандыларға нарты ашқан ауызын әрең жапқандай елестеді. Ол «бастай бер» дегендей қолын сілтеді. Енді шоқша сақалға сөз кезеп тиді.

Қарашы қарақшылар сілтідей тынды. Бәрі де Ағыбайдың ауызын бақты. Біріне-бірі «тыныш, Ақаң сөйлейін деп жатыр» десіп, сап басыла қалды. Енді күбір-күбір бітіп, аттардың пысқырғаны, тапыр-тұпыр бүгелектегені, жер тарпығаны анық естілді. Ызыңдап, кең дыбыссыз даланы гуілдетіп ары-бері ұшқан бүгелектің, күзге қарай тауға беттеген сонаның дыбысы жарып тұр Ертеңге дейін біраз уақыт бар, күн батып қалды, кеш түскенше жылқының қанын сорып үлгірейік дегендей матастырылған жылқыға олар тыныштық бермейді.

Ұзын, сирек сақал Ағыбай бір жөтеліп алып, сөйледі:

— О, халайық! Дулат, Шапыраштының сайыпқыран батырлары! Атам Бәйдібектің тұқымы үш Алатаудың бауырын тегіс алып жатса да, біз аттың төбеліндейміз. Төбелдей болғанмен арамызда арқа сүйер төбедей ығай мен сығайымыз бар, сонау Алматы мен Піспектің арасының ел сыйлаған ерлері осында отыр. Кешегі бастығымыз Сматай арамыздан хан сайлайық, ел болайық дейді. Әбсін басымыз қосыла бермейді, хан сайлап, соның жанынан сайғақ табайық. Төбелдей азшылықты түктей көпке айналдыру үшін ақылы асқан аға, хан керек екен бізге дейді.— Ханға менің атым аталып қалмас па екен дегендей Шалтабай көзін сүзіңкіреп қарап, аққудың саһарынша мойынын созып, жауланып, арланып, көтеріліп отырды. Бет-аузынан «бұл несі?» деген таңданғандық та білінді. Бұдырайып отырған Сәкебайға күбір етті:

— Бұл не деген алакөкөктік? — Сәкебай түсіне алмады. Үнсіз қалды. Ағыбай сөз білмейтін, суырылып кете алмайтын, аяғынан қолтаулаған тайша кібіртіктеп қалған кісі екен. Ол Сматайдың сөзін жеткізген болды, бірақ тамтығын айтты.

— Біз хан сайладық. Жо-жоқ, сайлайық деп отырмыз. Омарбек хан болуға лайық. Осыған пәтуаласайық!

— Қалай пәтуаласамыз? — деді отырған орнынан қозғалмаған күйі Шалтабай.— Сөйлеспей, пікірлеспей жатып.

— Немене?! — Біреу ақиланып, жын шақырған бақсыдай жан-жағына қаранды.— Сен Омарбекті танымайсың ба? Танытайын! — Ақназар орнынан атып тұрды. Ол орнынан тұрғанда Шалтабай жағындағы жігіттердің жиырма мылтығының ұңғысы үңірейіп Омарбектер жақты көздеп қалып еді. Омарбек жағындағылардың қимылдауға мұршасы келмеді. Түрт шайтан, түрт деп мен отырдым. Мылтықтың ауызы үңірейіп бізге қарап тұрғанда қозғалу қиын екен, мұндай үрейді тұңғыш рет сездім,— дейді Құрамыс.— Ақиланып түрегелген Ақназар аяқ астынан жалп етіп құлап түсті. Мылтық атылған жоқ, не де болса Омарбек адамдарының бірінен келген сияқты.

— Ақымақ,— деді бір көзі шапыраштанған қара,— ол Дулат, Шапырашты аузына қараған Шалтабай емес пе, кіммен кімді салыстырып тұрсың. Сенің қолпаштаған, қошаметтеген Омарбегің, сипаланған Сматайың қашан Шалтабайдың алдына түсіп еді. Құлан мен Домбайды салыстырасың. Шалтабай құландай құрық тимес екі түгей жүйрік болғанда, Омарбек домбай-жабайы есек емес пе? Қаршыға мен құладынды салыстырмас болар, ақымақ! — Шалтабай селт етпеді. Менің сөзімді сөйлеп жатыр-ау деп бұған көтерілмеді,. қабағы да қатыңқы қалпымен қалды. Ал жаңағы соңғы сезді айтқан дәу қара қарауында отырмын-ау деп Омарбектен айылын жимады. Омарбек шытынды, бірақ тіс жарып үндемеді. Қайткенде де оның көп ішіндегі бағасы айқындалып қалып еді.

— Ей, қойсаңшы, кыли,— деп Ағыбай қыли қараға бірдеме демек еді, оны анау таназарына да ілмеді. Қайта жауланып, қарланып, қамшысын екі бүктеп, бөркін алшысынан киіп, «мықтымын» дегендей талтайып тұрды. Ақназар жығылған орнынан тұрып, маған болысар кім бар дегендей шүңірек көк көзін әркімге тастап еді, оған Сәттен басқа ешкім қабақ көрсетпеді. Бәрі де ақымақтың сыбағасы сол деп отырған тәрізді. Сәт Ақназардың үстін қаққан болып, қолтығынан демеді. Ақназар тұра салып, жүгіріп барып қыли қараның жағасына жармасты:

— Сен қашаннан бері жетісіп қалып едің. Мені бақайдан қағатын кім едің? Әкеңнің...— деп тереңнен бастап еді, кыли қара оның жағадағы қолын қағып жібергенде Ақназар етпетінен кетті. Ақназар да бойы сұңғақ, үңірейген аш көзді, бірме-бірге болмастын дейтін, кеудесін бермейтін кісі еді, қыли қараның жанында адам болмай әруей болып қалды. «Жығылған күреске тоймайды» домен ме қазақ, Ақназар әлі жетпейтініне көзі жете тұрып тағы жүгірді. енді ол үшінші рет жалп түскенде, соған жақын біреулер болуы керек, екі үш адам қыли қараға жабыла кетті. Төртеуі қыли қараны қоймас болып жығып салып тепкілей бастағанда оның да миаттары, медет берерлері, медеу боларлары табылды. Бұрынғылармен олар да жағаласып, жұдырық, қамшы салысты. Орнынан тұрған қыли қара қасаласқан қарсыларының әрқайсысын әр жаққа лақтырды. Жеке келгенін шыдатпады. Ауыздары қан жалап, әр жерде құлап жатты. Енді көріне көзге екі жақ Дулат, Шапырашты болып төбелес салмақ болғанда араға Ағыбай келіп түсіп еді. Оның ұзын, бірақ сирек, он тал сақалын біреу сұқ саусағына екі, орап пәрмендеп тартып қалды. Сақал қылиды жақтағанның қолында кетті. Жаңағы епті қол құтсыз, жабайы қамыс мысығының мұртындай жебені жұлмақ еді, ол қолға жұғарақпанда іліне қоймады. Енді Ағыбайдың он тал сақалы орнынан шып-шып қан шықты. Жағы аласарып, кемпіриектеніп қалды. Диқандар жаңбыр аз жылдары аласа өскен тарыны оруға келмегендіктен жұлып алушы еді, енді Ағыбайдың иегі тарысы паясымен жұлынған айдаудай болып тұрды. Ағыбай ағасы сақалынан айырылып, қызыл иек қалған соң қасқараулар намысқа шапты. Біреу «Бұқар, Бұқар» деп айғай салып еді, Омарбек жанынан «Қарасайлаған» біраз адам төбелеске тұра жүгірісті. Сөйтіп қып-қызыл төбелес, сай-сары жағалас болып кетті. «Қарасайлағап» дауыс шыққанда Шалтабай жағындағылардың бәрі орындарынан атып-атып тұрып еді, жанындағы Сәкебайды нарты етегінен басып отырғызып қойды. Шалтабай жігіттері қайта дым бола қалды. Ел болып, қазан көтеріп, хан сайламақ болып отырғандардың бұл ұрыс-керісі Шалтабайдың ызалы күлкісін келтірді. «Ел болатындардың сұрын» деп күбір етті. Егер осы бір сәтте мылтық атылмаса, бұл сабалас кешке дейін созылар ма еді, қайтер еді. Мылтық дауысы шыққанда алысып-жұлысып, сабаласып-карбаласып жүргеннің бәрі жата қалысты. Жан керек екен. Көпке дейін ешкімнен үн шықпады. Сәлден кейін естері кіріп, абайлап біртіндеп орындарынан тұрып, қайта керілдесіп келе жатыр еді.

— Қойыңдар, енді! Қайсың қимылдасаң атып тастаймын,— деген қатқыл дауыс естілді. Мылтық атқан да, «қойыңдар!» деген де Сматай екен. Қара барқыт жағалы түйе жүн шекпені, басында бай баласының жаңа тұрғызған, дөдегелеген отауындай ақ киізден тышқан із салған қалпағы бар, қара сүр кісі екен. Жаңағы бір алас-күлес жағдайға қапылатты ма, әлде өзі де осылай түнеріңкі ме, әйтеуір түтігіп кетіпті.

— «Итті күшігім десең аузыңды жалайды» деген. Еркінсіп барады ғой, бассыз иттер. Немене бастарың екеу ме еді? — Ол сөзін шамасы Ақназар мен Қылиға арнап тұрса керек-ті. Бірақ Қылиға қатты кетіп:

--- Күш Қодарда да болған, қыли неме! — деді. Қыли одан да айылың жимады, қайта оны тағы қауып тастады.

— Қодарды көрсетермін сендерге! — Сматай сөйлеген соң тыйылды ма, әлде жаңағы жұлқыста іштерінен ышқысы шығып, арыны басылып қалған ба, әйтеуір енді ешкім желігіп, желпеңдемеді, бәрі аузын буған өгіздей үнсіз қалды. Бірақ біріне-бірі жат ауылдың бұқасынша қарап, алакөзденіп отырғаны хақ еді.

— Бастай бер, Ағыбай! — деп бұйырды Сматай. Омарбекте үн. жоқ. Шіреніп, сызданып, жамбастап жатыр.

Ортаға Ағыбай қайта шықты. Енді бұл бағанағы ұзын, он тал сақалы бар, иман жүзді Ағыбай емес, құмырсқа илеуіндегі бір түп жусанды біреу жұлып әкетіп, илеу үстіне бір шелек құм төгіп кеткендей қан жалаған иекті, алакөз кісі еді. Төбелеске араласпағандар Ағыбайдың ендігі сақалсыз сұрын көріп жымың-жымың етісті. Қылиды жақтағандардың да жаны кіріп отырғаны сөзсіз болатын. Садаптан осының бәрін көріп куә болып отырған Шалтабай тобы тыбыр етпеді, мылтықтары, аттарының шылбыры қолдарында.

— Ағайын,— деді Ағыбай,— Омарбекті хан сайлайық, осыған пәтуаласайық.— Омарбектің төңірегіндегілер:

— Болсын, болсын! — десті. Бола салды. Оп-оңай.

— Ал ендеше, ханға уәзір сайлау керек. Бас уәзір Сматай болсын! Бұрын бәрімізді басқарып келді. Тағы да «болсын, болсын» көбейді. Бола салды. Оны нақты кім айтқаны белгісіз. Осы бір сәтте беткейдің жоғарғы жағында жантайып жатқан Омарбекке жан бітті. Ол басын көтеріп отырды. Сматай орнынан тұрып Омарбектің басындағы құндыз жекейін алып тастады. Бір қоржыннан қызарған бірдеме алды. Төбесі мұнарадай, екі жағындағы құлақ үстіне келер етегі делдиген мұрақ алып, оны сілкіп, Омарбектің басына кигізді. Шамасы хандар киер тәж таппаған болса керек-ті. Жаңағы қоржыннан тағы да қызарған бірдеме шығарды. Шапан екен. Көнетоз қызыл шапан. Бірақ үстіне кигізгенде байқадық, белі қынамалы, екі жеңінің ұшы бүріскен әйел киімі. Дұрыс-ақ, кіреуке тон, басқа киер тәж, қолға ұстар мусей болмаған соң, әйтеуір хан тұқымы қызыл киюші еді ғой десе керек, Омарбек хан қынамалы әйел бешпентін, басына мұрақты киіп, қып-қызыл хан болды.

— Ей, Құрамыс, хан болу оңай екен ғой, үйде біздің қатынның былтыр тіктірген қызыл борлат көйлегі бар еді, әкеліп берейін, киіп алып, сен де хан бола салсаңшы,— дейді Жалбық маған. Біреу естіп қоя ма деп жаным шығып барады. Сөйтсем Жалбақ оны көбейте түседі:

— Құдай ақы, мына хан бешпентінен ескі емес Үйде леген де бар.

— Легенің не?

— Кәдімгі ет жерде қол жуатын жез леген. Мына ханың таппаған тәжді анау Жандосов колхозында Әбдіқасым деген зергер, даңғарар ұста бар. Ой, сен күлме. Ол кәдімгі өзіне-өзі сұқтанған Шыбыл Боқтыбай ұстаның немересі. Соған жез легенмен тәжіңді ойғызып беремін. Ол жезіңді сом алтыннан айырғысыз етіп жалтыратып жібереді. Ал анау Алмалы — Долаңқараға бір барып келсем, мусейің де әзір болады. Онда атақты Қалдыбек бақсының асатаяғы. бар деседі. Е, оның асасы не, мүсесі не, бәрібір біраз ұстаған соң екі қолың тотыяйындағандай болып көкпеңбек болып шығасың. Сонан соң хан болмағанда нең қалды.

— Ей, қойсаңшы, Жалбық,— деймін мен аналар естіп қоя ма деп қорқып. Жалбықтың сөзін Шалтабай естіп отыр екен, күлімсіреп барып, езуін жиып ала қойды.

— Ей, шын айтам, Құрамыс, қызыл шапан табу деген не, ұрыға. Кез келген қатынның үстінен сыпырып алмаймын ба, сен де хан бола сал!

Жұрт хан басындағы екі құлағын үстіне қарай иритіп жасаған, төбесі биік қалпақты, үстіндегі қатын бешпентті тамашалап қалғанда, бір жігіт шеттен ораулы бірдемені көтеріп әкеліп ортаға жайды. Бұл қалугі «жабу астында жал қалады, жал қалмаса жан қалады» деп жасалған тозған, бір кезде әдемі болған атжабу. Аттың құндыздығына келер жер сүйірленіп тұр, екі құлағының орыны алақандай тесік. Аттың сауырына лайықталып, кесіп-пішілген жері жерден көтеріліп, әкелген жігіт тегістейін деп алақандап қанша сипаса да болмай, астында тасбақа жатқандай томпайып, о баста неге арналғанын жасыра алмай жатты. Атжабу сүзіліп, жұқарған екен, өзі де арлаған атқа көп жабылған, сарғыш тартқан. Жабу шамасы қысқы жабу емес, бәйге атына арналған жазғы жабынды. Мұны жабу демей жамшы десең де болатындай, жұқа.

Сматай мен Ағыбай Омарбекті сүйеп орнынан тұрғызды. Енді әйел бешпент анық байқалды. Бешпенттің қынтиған белі жуан қарынға жуыспай кейін қаша береді. Тоза бастаған, өзі қоржынға салынып мыжылған мұрақтың екі мүйізі де шаршаған есектің қайшылаған құлағындай салпылдап тікейіп тұрмай-ақ қойды. Омарбек құяңы ұстаған адамдай орнынан әрең түрегелді. Бұрыннан дайындап, қалай көтеруді үйретіп қойса керек-ті, төрт жігіт екі қолдарын ұстасып, Омарбекті көтерді. Екі жігіт артынан сүйеді. Сөйтіп оны енді екі қолтығынан Сматай мен Ағыбай демеп, атжабу үстінде түрегеп тұрды. Он шақты жігіт атжабуды тік көтерді. Жігіттер киізді көтерерде отыру керек екенін Омар¬бек «ілмеді. Сонымен үлдіреген киіздің хан аяғы тұрған жерлері ыдырап тесіліп бара жатты. Он жігіт ханды көптің алдынан көтеріп өткенше тесілген жерден оның екі аяғы жерге салақтап, киізге құйрығы тиіп тұрды. Жерге тимеген екі аяқ үрлеп, кепсін деп байлап қойған бүйендей қалтылдайды. Аяғында бастама көрпілдек былғары етігі бар екен, бірақ жез күнінде не үшін керек болғанын кім білсін, етік ішінен киген киіз байпақтың қонышы тізесін жауып тұрды. Ол көргендерге мені киген кісі хан емес, жай ғана ауыл арасындағы қибасар, көп тентектің бірі деп Омарбектің кім екенін көпке жариялағандай. Жігіттер хан көтерген ақ киізді «атжабуды». жерге қоймақ болғанда жабудан бұрын Омарбектің екі аяғы жерге тиді. Атжабу жерге түсірілген соң, хан екі көрпілдек етігін тесілген киізден зорға шығарып алды. Көрпілдек бастама етік дегенді көргенің бар ма, інім? Бұл заманға оның бірлі-жарымдысы ғана жетті. Қазір етіктің әдемі болуы үшін басы бір бөлек, кейде сірісі бір бөлек, қонышы үшінші бөлек былғарыдан жасалады. Ертеректе етіктің қонышы, басы бітеу бір-ақ былғарыдан қалыпқа ұрылатын. Сондықтан ол қазіргідей алқымы аяққа жабысып тұрмай бос тұратын. Бастама көрпілдек етік деп соны айтатын.

Шіркін бақыт дегенің қонайын десе қиын емес екен, Омарбек бандылардың «болсын, болсын» дегенімен-ақ хан болып, қоқиланып, айбарланып, жалауланып шыға салды. Тіпті аяғын бір басарға ерініп, киіз үстіне отырудың өзі қиын-қыстау болды. Енді анау отырған аузымен құс ұстаған жүйрік, ауыздыға сөз бермеген шешен, бұрын Қастек жеріндегі құдайыңыздың өкілі, дәретсіз кер баспайтын мүлгіген қажы Шалтабай қазір жүгіріп келіп, мына Сматай мен Ағыбайша алдиярлап, қос тізерлеп, құлдық ұрып тұрады деп ойлады. Осыларды ойлағанда мына мың ат шауып өтсе, мыңқ етпейтін Шолқопаға сыймай, қатынның, қызыл бешпентін жарып жібере жаздап тұрды.

Ол отырған кезде Шалтабай орнынан қарғып тұрды. Оның адамдарының бәрі орындарынан қымыз құйған шыны ыдыстың тығынындай атып-атып кетті. Бәрі сол қолымен атының тізгінін қайырды. Шалтабай ортаға қарай жүрді. Осы кезде Омарбектің жүзі албырап барып, бір қуарып, бір қызарды. Ол шынымен Шалтабай өзіме бас қойып, құлдық ұрады деп ойлап, қуаныштан жанын қоярға жер таппады. Жұрттың бәрінің көзі Шалтабайда. Қалай-ақ қажы дәңкеуде Омарбектің аяғына бас ұрмақ деп, шыдамсызданып тұрғандар да бар. Сөйлегенде төңірегін жеміріп, бәрін жеріне жеткізіп жіберетін қаусырма жақтың бұл кезде жүдеп, пышақ жанығандай болып қалғанын жұрт байқады. Тұрмыс адамды билейді. Сол тұрмыс, жағдай енді Шалтабайды Омарбектің аяғына жығады. Ал жалпы, інім,— деді Шұнақ шал, — тұрмысты адам билеуге тиіс. Өзін-өзі қор қылатын адамның өзі. Тұрмыс ешқашан адамды билеп көрген жоқ. Тұрмысты жасайтын адамның өзі, оның екі қолға бір бейнеті, оны билейтін қолындағы күрегі, таза, пәк жүрегі. Сол жүрек әмірін дәл басқан кісі, жалқаулықтан асқан кісі ешқашан тұрмысқа билетпейді Тұрмыс билеуге жаралмаған, ол адамға қызмет қылуға жаралған. Көрдің бе, інім, Құрамыстың сөзін бұзып, өзімдікін соғып кеткенімді Сонымен деді Құрамыс,— Шалтабай ілгері тағы екі-үш қадым салды. Жұрт сілтідей тынды. Не болар екен деген жаудыраған көздер. Шалтабайдың әрбір қимылын бағдарлап, сүтіндеп қалып еді. Омарбек те дәмегөйленіп қажының аяғына жығылғанын көрмекке, егер ол аяғына жығылып, тізерлегендей болса, оны ұшып түрегеліп, өзі орнынан тұрғызуға әзір отырды. Жоқ, олай болмады. Шалтабай тағы бір-екі қадым салды да, сәрудей сыптиып тұрды. Сәлден кейін сөйлеп кетті:

— Ей, Омарбек, мен сендер тәкбірлесейік, кеңесейік деді деген соң келіп едім. Сен әлі кеңес дәрежесіне жетпепсің. Мен сені бұрынғы дөкір Омарбек емес, қуғыннан-сүргіннен ақылы кірген, ақылының кем-кемтігі жетілген, елге аға да, пана да болатын Омарбек деп келіп едім. Сен баланың ойыны, әлде бақсының жыны екені белгісіз, есі бар түгіл, есалаң адам істемейтін тебірлік-тоғышарлық бірдеме жасап жатырсың.— Нақ осы .«.ерде еріксіз күліп жібердім деді Құрамыс, өйткені әлгі құдай соққан, сайқымазақ Жалбық маған қарап қатындарша бетін шымшиды. Теріс қарап күлкімді зорға басып, бетімді қайта Шалтабайға бұрдым. Ол бұрынғы әдемі сарынына, дауыс ырғағына жаңа түсе бастады. Сен бүгін,— деді Шалтабай таққа отырып хан болудан гөрі, қып-қызыл қан болмасыңды ойлауың керек еді, бас боламын деуден гөрі, басыңды сақтауыңды ойлауың керек еді. Әне, ажал босағаңды қағып тұр. Төрде отырып тере боламын деуден гөрі шөре-шөре болып, қата ешкідей қатып қалмасыңды ойлауың керек еді.— Осы жерде тағы күліп жібердім. Әлгі Жалбық Шалтабай «әне, ажал босағаңды қағып тұр» дегенде етігінің табанын екі бүктелген қамшысымен қағып-қағып жіберді. Сонан соң Жалбықтан жүзімді бұрып теріс қарап кеттім. Шалтабай жерді жеміріп сөйлеп тұр.— Қазір бізге төре болу, тор не керек. Қазір бізге төрден көр жақын емес пе!? Сен ертеңгі күннен гөрі ендігі сағатты, ендігі минутыңды ойлауың керек емес пе? Әр минутың ажал әкелуге, аждаһадай жұтуға әзір тұр емес пе. Сен соны ойладың ба? Үйдің іші ала болса, кереге бас сайын пәле болады дегенді білсең етті. Тілге келмей тітіреніп, бір күн үшін дос болып, бір сөз үшін жау болатын, ақыл-парасаттан ада, күнкөріс үшін күнелткендермен, өңкей өңез төлімен қанша алысқа барасың. Адымыңды алысқа салудың орнына сен тізгініңді қысқа ұстайсың. Ең болмаса төңірегіңдегі тобырдың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанын көре алмай отырып хан болмақсың. Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын заман болды, екі көзіңнің бірі, егізіңнің сыңары қазір сені сатып кетуі әбден ықтимал. Рас, қасыңа іребдел, сайдауыл жігіттер жинапсың. Бірақ «бай бір жұттық, батыр бір оқтық» қой. Сайгез оқты сырқыратып, кірістен жебе жіберетін атамның заманы атам заманда өткен. Қазір адам соғыспайды, темір соғысады. Қазір қол көтеретін шоқпарды ғана беліңе қыстырсаң да оныңнан түк шықпайды. Қазір қол соғыспайды, қазір ми соғысады. Сен Совет өкіметі дегенінің кім екенін білемісің. Ол сенің нақ жаныңнан шығуы мүмкін.

Омарбек қатты қопақтап қалды. Шамасы Шалтабай сөзінен қорқып арқасы шымырлап кетті деп отырдым. Сматай жер шұқып, төмен қарап тұқия түсті. Топырақтың арасындағы шөре-шөренің ұясынан «шөре-шөре май берем» деп шөптің сынығымен ұя ішіндегі құртын іздеген балаша шұқиып отыр. Шамасы Шалтабай сөзі өңбенінен өтіп, сүйегін қауып тұрғандай. Ағыбайдың екі қолы иегінде, жұлынған сақалы орнында, қайта-қайта сыйпай береді. Шалтабайдың тілдемей-ақ тіліп түсіп жатқан сөзі мұны да жегідей жеп жатса керек.

Шалтабай сөзін соза түсті. Сендер Совет өкіметін білмейсідер. Ол сенің жаныңнан шығады,— деп қайталады ол, менің жаным мұрнымның ұшына келгендей. Сұмырай Шалтабай не мені, не Жалбықты біліп алып соғып тұрмасын деп қуыстанып барамын.— Қазір қасыңдағы қатының қара танымай тұрып-ақ жыланша жорғалап Совет өкіметі жағына шығады. Өйткені оның адамдары жәдігөй, сөзі жағымды, ағаңды, ініңді өзіңе айдап салады. Сен жалған дүниеде жалпақ басып жүрмін деп ойлайсың. Аяғыңның асты жаңағы өзіңді көтерген ақ киіздей ыдырап, морып тұрғанын байқамапсың. Табаныңның асты тұңғиық теңіз Қия бассаң жылымға кетесің. Тантықтық ісіңді жауға үйрет, ақымақтық сөзіңді қарға жаз. Сенімен нараду, келісім табамын деп адасып, алжасып келіппін, сенімен қарарға келе алман. Сен Совет өкіметін әлі білмепсің. Сен оны бөрікпен ұрып алатындай көресің. Біз Совет өкіметін құлату үшін емес, бір күн жарық дүниеде жүру ішін, басымызды күйттеп қашып жүрміз. Ал сен әлі дәмелі екенсің. Оның есек дәме. Совет өкіметі сен ойлағандай Қастек ауданында ғана тұрған жоқ. Оның ауаны да, ауқымы да кең, үлкен. Ол осы уақытқа дейін сені мен мені құртып жібере алмады деп ойлайсың. Жоқ, олардың екеумізден гөрі ауқымды, орасан зор ісі бар. Енді кезек бізге келеді. Күліміз көкке ұшады. Енді оның құрығынан құтылу қиын болады. Сен жаның мұрныңның ұшында тұрғанын сезбейді екенсің. Ал мен кеттім. Сен нарт боламысың, мәрт боламысың, жоқ мерт боламысың мен сенімен бір бола алмаймын. Екеуміз бірігіп жүре алмақ емеспіз. Мен Совет өкіметіне көп қиянат жасадым, қалқозының малын таладым, адамдарын үгіттеп ертіп кеттім. Қылмыс істедім. Мен сол қылмысымнан қашамын, жарық дүниеде жүргім келеді. Сендермен бір болмаймын, маған дуыңның да, туыңның да керегі жоқ. Қош!

Шалтабай соңғы сөзін айтқанда адамдары ат үстіне қонып болған еді. Боз ат көлденең тартылған кезде олардан бес атты бөлініп ұзаңқырап барып, ат үстінде мылтықтарын Омарбектерге қарай кезеніп тұрды. Сонан соң қалғандары оларға жеткенде бәрі қосылып, шыбын-құйын болып, ыра төмен, тура темір жолға бет қойып шаба жөнелді. Алысты көздеп үйренген қазақтың жіті көзі олар сонау жиырма шақты шақырым келетін темір жолдан өтіп кеткенше керіп отырдық.

Інім, мен Шалтабай сөзін естігенде япыр-ай, мына байқұс шал басында шатасып қалып, енді қайта тарта алмай жүр екен ғой, Совет өкіметін мойындаған екен ғой деп ойлап қалдым. Өйткені Құрамыс оның әрбір сөзін дәл ұғып, басыма ұстап, сізге жеткізу үшін ындынымды салып тыңдадым деді. Бірақ Шалтабай ол әккі, бірішек түлкі еді. Ол Омарбек сияқты дәңкеуде адамның жиған адамының арасында Совет жансыздары бар болар деп, сөздің біразы шындық болса да, еліктіріп те айтатыны сөз жоқ еді. Ол айта да, бағдарлай да білетін. «Мынау байқұс Совет өкіметін түсінген екен, кеш түсінген екен» деп айтқызбақ, ойлатпақ еді. Шынында да Совет үкіметімен, Ленин идеясымен көз аштым дейтін менің өзім де иланып қалып едім. Оның үстіне бандылар абаданының басқа бір есебі де болуға тиіс. Ол бұдан былай ел шауып, жұрт тонағанда «жоқ, Шалтабай оны істемейді, ол солай деген» дегізгісі келген. Ол қай жолмен болса да бізге ол әңгіменің жететінін білген еді. Сондықтан да айтқан сөзінде шындық бола тұрып, түлкі бұлаңын да ұмытпаған еді.

Омарбек пен Сматай тобы,— деді Құрамыс, одан әрі қарай сөзін жалғап,— естерінен танып, есеңгіреп қалды десем де болады. Олар сең соққандай, көпке дейін есін жинай алмай, сүлесоқ отырды. Тізе бүгіп аяғыма жығылады деп отырған Шалтабайдың қашып, қашқын атанып, көрінген аттыдан қорқып, ел тонап, жер шолып жүргенде де есі екеу, түсі төртеу болмағанына, әлі де Омарбектердің ақылы жетпеген жерді шолып қайтып жүргеніне таңданбай қала алмады. Тіпті бір шамаға дейін біреу біреуге тіл қатпады. Шалтабай сөзі бәрінің-ақ жүйе-жүйесіне түсіп, бәрі де алдағы күніміз не болады деп даққа кетті. Өкілдеріне әр нәрсе қонып, өз жүрістерінен өздері шошыды. Мен, деді Құрамыс,— деп шұнақ шал құнжыңдап, оң иығын ілгері бір қозғап қойып әңгімені жалғастырды,— бандылардың араларына қалай от тастап, алалық туғыза алмай отырғанымда Шалтабай сөзі әжептәуір қамшы болды. Бәрі ұйлығып отырған жерлерінде біреу етектерін әлі келмейтін батпанмен бастырып қойғандай қозғала алмады. Ханымыздың бағанағы әр сөзінің арасын бір минут созған, кергіген әуірі жоқ, ішінен желі кеткен қарындай солып, ұнжырғасы түсіп кетті.

— Ханымыздың әуселесі белгілі болды,— деп сыбырлады Жалбық Құрамысқа.

— Шұрқ етпе, бүрсігүні осы уақытта көресің.— Көптің үнсіздігін тағы да қыли қара бұзды:

— Ол бәрін біліп тұрған, бәрін сезіп тұрған Шалтабай ғой. Аңғыртқа-ұшқан сорлы біз ғой. Босқа сорлап, елден безіп жүрміз. Қыли-соқыр көзім ашылып қалды ғой, «палуанмен күреспе, күштімен тіреспе». Бастарыңа қыстау түседі, күлемге соз боласың, масқарапазға мазақ боласың деп кетті ғой Шалтабай.— Омарбек қыли қараға басын көтермеген күйі көзінің астымен қарады, жеп қоя жаздап жаман қарады.

Қыли сөзінен кейін Омарбек орнынан зорға тұрды. Бағанағы арыны жоқ. Танауының астынан ғана Сматайға бірдемені міңгір етті. Сматай дауыстап:

— Атқа қоныңдар! — деп бұйырды. Бәріміз аттанып, кешке қарай салқындай бастаған Шұбарбайталға шұбап кірдік. Ханды қайғы басты, әлде қара басты, енді желпініп, не кергіп сөйлеуді қойды. Шұбарбайталды өрлеп, Кеңсайға жеткенде күн де ұясына барып қалып еді. Көнсынулар көгеріп жайқалған қойнауға жайғастық.

Ұштағанның үстіндегі тайқазанда кешке дейін пісіп, былқып тұрған ет күндегідей жақсы желінбеді. Етті жақсы жеген Жалбық екеуміз-ақ болдық. Кесек-кесек ет дорбалардың түбін көздеп жатты. Ет желініп болды-ау делінгенде екі кештің ортасында үш атқа ер-тоқым салынды. Жігіттердің арасында сыбыр-күбір көбейіп кетті. «Омарбек қызын бір жаққа жібермек көрінеді» деген сөз сыпсыңдап сыбырмен-ақ бандылардың бәріне жетіп еді. Мұның өзі де Омарбек төңірегіндегі жұртты аққудың көгілдіріндей қобалжытты...

Ерттелген үш ат қара тастың үстінде отырған Омарбектің жанына жетектеп апарылды. Омарбек аттарға қарамауға тырысқандай жерден көзін алмай отыр. Бұл аттар екі кештің арасында неге ерттелгеніне жігіттердің бәрінің де көңілі ауды. Не болар екен деп, біріне-бірі айтпай, бәрінің де бір көзі, бір құлағы осы ерттеулі үш ат жақта еді. Тоқымы ұзын, тіпті салпылдаған, артына қызыл шұбар қоржын бөктерілген атқа Омарбектің қызы Зәбира мінгізілді, жанындағы аттарға Омарбектің кебісін салып, шапанын кигізіп жүрген, жиырманың ішіндегі қылшылдаған жас жігіт мінді. Омарбек қара тастың үстінен ауыр көтеріліп тұрды да, қызының жанына келді. Ол сұрланып, қаны қашып сәл үнсіз қалды да, ақыры жылап жіберді.

Балам, қыз болсаң да ұлдай қылып өсіріп едім. Өзің де маған ұлдан кем қызмет қылған жоқсың. Біздің күніміз бүгін бар, ертең жоқ. Құдай бет алдыңнан жарылқасын! —Омарбек бүк түсіп, қара сылқ отыра кетті. Әрине, нартының қызымен қоштасуы қашқындарға ауыр болды. Бәрі де әр жерде көзтүрткі болып қаңғып жүрген бала-шағасын ойлап, мұңайысты. Кейбірі көзіне жас та алды. Әркім өз жарасын сипайды, әркім өз қышыған жерін қасиды. Біреудің қайғысы қашанда екінші біреудің күндігін қозғайды. Өзің жаралы болмай біреудің жарасының ауырғанын сезбейсің. Омарбектің қызының аттануы осылай жүргендердің талайына-ақ ой салды. Мұны көрген соң бір сөздің ұшығын шығардым және қанын шығара, қайғылана естірттім:

— Менің шырақтарым қандай халде жүр екен? — Әрине, күрсініп, торығып айттым.

— Ой, шіркін-ай, замана-ай, десеңші,— деп екі-үш жігіт қатарынан дыбыс шығарып, күрсініп-күрсініп жіберді.— Бұдан да, бүйтіп қашып жүріп май қапқанша бала-шағаммен атала ішіп, бірге болғаным абзал еді ғой.— Мен бұдан әрі тереңдетпедім. Бәрінің ішін бұлан-талан ету үшін бала-шағаны естеріне салдым да қоя қойдым. Жігіттердің көбі-ақ мұңайып, тұқшыңдап бірдеме істеген болып, теріс айналып, көздерін сүртті. Маған бұдан арғысының керегі жоқ, тек ой салып қою керек.

Үш атты күн батысқа бет түзеп, аттарын қамшылап, ылдиға түсіп жөнеді. Нақ осы бір сәтте Жалбық жайдақ атқа қарғып мініп өрге қарай аттанды. Бұл қайда барады деп таңданып қалдым. Таудың, сайдың бәрі алақанындағыдай белгілі, жол алған ұры бір төбені айналып, Шұбарбайталдың аузына шығар жотаға жетсе, үш аты кеуделетіп, жүріжолға түспей Қордай асуына төтелей бет түзепті. Ә, бетің Қырғыз екен ғой деп қайтып келіп, маған айтты да, ұйқыға кетті.

...— Ойбай бауырым, қайран бауырым! — деген күңіренген дауыстан бандылар дүрліге түрегелсек, арыстай болып кешегі Ақназармен қағысатын, көзінің шапыраштануынан өзінің Қали аты ұмытылып, Қыли атанып кеткен дәу қара жігіт арыстай болып өліп жатыр. Он шақты жігіт төңірегінде бетіне қарап қойып ойбайлап тұр. Күн көтеріліп, арқан бойы барып қалыпты. Жерге түскен шық та кеуіп кетіпті. Мұндайда жұрттың бәрі де жиналып қалуы керек еді, көп ешкім жоламайды.

— Не болды? — деп барып Жалбық ұстап көрді. Денесі сұп-суық. Түннің бір шамасында өлген. Жаябық Қылидың жейдесінің түймесін ағытып жіберіп қараса, тамақта қолдың ізі қалыпты, көкпеңбек. Буындырып өлтірген. Сөйтсе Жалбық оны бүгін түннен тірі шығармайтынын шамалаған екен. Бірақ ескертуге болмайды, онда өзі ұсталады. Жалбық Қылидың жейдесін жыртып жіберіп жігіттерге әдейі қолдың табын қайта көрсетті. Іштен біреу өлтіруі мүмкін деген басына келмеген жігіттер бұған түсіне қоймады. Алысырақ, отырған Омарбектер естімесін деп Жалбық буындырып өлтірген дегенді ымдап көрсетті. Содан кейін жігіттер жылауын пышақ кескендей тыйып, түнеріп, іштеріне қандары қатып қалды.

— Бірдеме шағып өлтірген ғой,—- дейді Омарбек бүлк етпестен.

— Бәріміз де өлеміз ғой,— дей салды Сматай.

Таудың үсті тас, жігіттер үшкір таспен жерошақтай жерді зорға қазып, қолмен тазалады да, Қалидың бетін жасырды. Қылидың дүниеден кетуі менің жұмысымды әжептәуір жеңілдетті деді Құрамыс маған. Шырағым,— деді шұнақ шал,— қымызың тұнып қалды. Араластырып берейін ішіп қой. Мен қымызды ішіп, тұшырқанып, аузымды сүрттім. Сонан соң бетін жауып қойған дастарқанды ашып, жапырақталған еттен бір кесегін алып, қарпыта шайнадым. Менің ет шайнауымнан да Шұнақ саясат жасады: — Сен ашуланып отырсың ғой, құшырлана шайнауыңнан біліп отырмын.

— Ия,— дедім мен бұл жолы ішкі сырымды жасырмай.

— Солай болуға тиіс, сенің қай жағына ауып отырғаныңды шамаладым. Партия саясатын жүргізетін адам солай болуға тиіс.— Шұнақ қайтадан Құрамыс әңгімесіне ойысты.

Түске дейін Қылидың өлімімен айналысқан жігіттер түстен кейін қос басында болды. Күн бата қоймады. Дегенмен күн еңкейгенше де талай сөздің басын шалдық. Кеш басталып, ымырт жабылды. Айдың кешесі, көзге түртсе көргісіз. Мен де, Жалбық та кезіміз қараңғыға үйренген қазақтармыз. Тіпті осы отырғанның бәрі де біз сияқты айсыз түнде жолды оймен, жұлдызбен сүтінетін мал баққандар. Кеш алдында Жалбық екеуміз кешке жігіттермен сөз жүргізуге келістік.

Жігіттер іңір қараңғысында-ақ қисаяды да, бозала таңнан тұрып алады. Бүгін де ерте жатты. Жылы жату үшін біріне бірі жамбас тиістіре жантайды. Тас жастанып, мұз төсеніп дегендей бұларға кез келген жер төсек. Әңгіме нақ осыдан басталды:

— Қазір жаздың аяғы. Жазда кез-келген жер төсек. Ертең қылышын сүйретіп қыс келгенде қайтеміз. Біреу емес, екеу емес, осынша кірмембес қайда сиямыз. Сендер осыны ойладыңдар ма? Қысты ойласам басыма қыстау түсіп қазірден жаураймын,— деді Жалбық. Шетте жатқан Құрамыс сөз қосты:

— Шалтабайдың артық адам алмайтыны осы шығар.

— Ей жігіттер, Шалтабайың терең бе деп қалдым. Ол біздің абаданымызды жермен жексен етті ғой,— деді Жалбық. Бұл жолы Жалбық ханды абадан деді, ендігіде төбет дері хақ еді. Ол басын өп-өтірік көтеріп,— ойбой, құрысын інге кіре алмай жүріп құйрығыма қалжуыр байлап, Қыли мүскіннің керін киіп жүрмейін.

Осы жерде мен не болса ол болсын деп қойып қалдым.

— Бәріміз де Қылидың бір күні кебін де, кебінін де киеміз ғой. Бір сөз айттың деп қыра берсе, одан азар болса соттар, тірі болатын түрмемнің өзі жақсы емес пе? Оның сабататын Омарбегі, сабайтын, өлтіретін Ақназары жоқ.

— Ей, ағатайлар, мен кеше ғана келдім ғой. Кеше келіп, бүгін кетуге ұялып отырмын. Мен мына ханыңнан да, қан сасығандарыңнан да қорқайын дедім. Мен өзім аузым жеңіл сорлы едім, бір сөз айтып қалып, ертеңіне тамағым көкала қойдай, көк шымшықтай болып өліп жатсам, онда қайда өлудің бәрі бір емес пе? Мен мұнда өлмеу үшін, жан сақтау үшін келіп едім, енді әр минут сайын өміріме қауіп төніп тұрса, сонда мен не таптым?!

Жалбық осы сөздерді айтып, сәл аялдады. Жігіттердің ау-жайын байқайын дегені. Менде де үн жоқ. Сәлден соң жігіттердің бірі:

— Ей, байқаңдар, жігіттер. Жидіп қалып жүрмейік,— деді.

— Жидімеу үшін кетемін. Қыли байқұс бір жұдырық сала алмай боқ басында, арманда кетті-ау. Сендер өздерің білесіңдер, жігіттер, мен өзім енді ауылыма кетемін,— деді Жалбық.— Ит болып бекер-ақ келген екенмін.

— Мен де кетем, ағатай. Мені тастай көрме дедім мен жалбарынған болып Жалбыққа. Жігіттердің егделеу бірі басын көтеріп алды. Жан-жаққа көз тіге қарады.Сәл басын көтеріп отырды. Тың тыңдады. Сонан соң қайта жатты да үн қатты:

— Балалар,— деді ол өзінің Кекселеу жасын ескере сөйлеп.— Сен екеуің де зерделі жігіт екенсіңдер. Біздің көрген күнімізді итке берсін. Біз жетісулықтар басқаны ұмытсақ та қысты ұмытатын жөніміз жоқ, өйткені анау асқар Алатаудың басынан қар кетіп көрген жоқ. Соңғы күндері алда күніміз не болады деп ішкенім ірің болып жүрмін. Бір күні тұрмығымызды тістеп қалып жүрмейік.

— Қалай кетесіңдер? — деп тағы біреу елең етті.

— Ағатай мені тастамаңдаршы,— деді тағы біреу.— Біреу буындырып өлтіргенше ажалымнан өлейін.— Жігіттердің әр жерден-ақ басы қамыс арасынан көрінген құтан құлқынындай қылтыңдап көтеріліп, жиырма шақтысы қашпақ болды. Біз осылай тәкбірлесіп, кеңес құрып жатқанда, кеше хан сайланып, мейманасы тасып, алтын тақты басып отыратын Омарбек қызын аттандырып, қырғыз асырып жібергеннен бүк түскенінен қайта жазылмай, тұрмай жатты.

Тұн түнек. Ешкім ештеңе біліп болмайды. Бастаған Жалбық. Ең алдымен тұрған да сол. «Мен кеттім» деп сыбырлап, ер-тоқымын ала жөнелді. Осыдан соң-ақ кешікпей жігіттер біртіндеп түрегеліп, ер-тоқымын көтеріп, арқандап қойған аттарына барып ерттей бастады. Жылыстап, біртіндеп тұрып кеткендерге ешкім күдік келтірмеді. Түн ортасы болғанда жиырма шақты жігіт таудың тасын күтірлетіп, шабықтан от шығара шауын, қаша жөнелді. Тау үсті дүсірлеп, қатты ұйқыға кеткен Омарбек, Сматай, Ағыбайлар шошып оянды. Қашқанның бірсыпырасы олардың атұстарлары-қосшылары еді. Әрине арттан қуғын болмайтынын біз Жалбық екеуміз жақсы білдік. Шошып оянған нарттар не болғанын білмей көздерін уқалай берді. Олар мылтығын алып кезенем дегенше қашқындар ұзап кетті. Атқанда да оқ түнге тимесе, мыңға тимес еді. Өйткені аспан бұлтты, түн тым қараңғы болатын. Қашқындардың артын ала шапқан мен әдейі мүдәйілік жасап, айғайға аттан қостым. «Тоқта, атамын, әкеңнің... Аттан, аттан!» — деген дауыстан қашқындар бұрынғыдан жаман зытты. «Аттандаған» дауыс олардан гөрі жатқандарға қатты естілді, қашқындар ұзап кетті. Гүрс-гүрс атылған мылтық даусы біразға дейін тынбады. Өйткені адалардың есін алу үшін оқты аспанға жіберіп тұрдым. Арада бие сауымдай уақыт өткенде ойбай салып қайтып келдім. «Қап әкеңнің... қолыма түскенде етін тірідей жейтін едім», «Қап иттің күшіктері-ай!», «Бәрі Шалтабайдың сөзіне елікті-ау!» деп жібердім. Бұл бандылардың басы бірікпеуіне жасаған айлам болатын. Одан әрі бармадым, сақындым.

— Жиырма-отыз атты қашты. Колхоз боламыз деп жатқанын естіп қалып тұра қудым. Жете алмадым, әттең! Әйтпесе жер жастандыратын едім деп күйіп-пістім. Алдағыларды бездіре түсу үшін, арттағыларға қайтып келу үшін мылтықты үстін-үстін әдейі аттым,— деп күлетін Құрамыс. Арттан мылтық даусын естігендер шынымен зытады. Бәрі сол күні-ақ әрқайсысы елінің ішіне барып сіңіп кетеді. Ол кездері кім қайда жүр дерің бар ма, оларды ешкім тексермеді де.

Бозала таңнан тұрып алған Омарбек пен Сматай кім бар, кім жоғын түгендеді. Екеуінің де қабағы түксиіп түсіп кеткен. Жігіттерді аралап жүрген Омарбек түнере сұрады:

— Әлгі ұры да қашқан ба?

— Солай шығар,— дей салдым мен. Бірақ Жалбықтың қазір келетінін біліп тұрдым. Айтқандай-ақ сәске түс болмай Жалбық жетіп келді. Жетегінде шемшірліктеп алған жуан торы аты бар. Шемшірліктегенді білуші ме едің, інім,— деді Шұнақ,— сен қазақ тілінің маманысың — журналиссің. Дегенмен ауылдан кеткеніңе көп болған, тіл айналысқан кәсіпке байланысты өрістейді, көзден ғайып нәрселер әбсін көріп жүрмеген соң есіңе түсе бермейді. Бұл сен қазақ тілін білмейді деп жатқаным емес, сөз қолданылмағанда тіл ұмытылады. Сондықтан саған шемшірлікті айтып жатырмын. Қазақ, өрістен атты кездейсоқ ұстаса, күні бұрын ат ұстауға әзірленіп бармаса, жүген, ноқтасы болмай қалмай ма? Осындайда шылбырынан уақытша ноқта түйеді, соны шемшірлік дейді. Сөйтіп Омарбек оны түгі сыртына жеки қарсы алды:

— Нағып қайтып келдің, жұқсыз ұры! — Жалбық оған айылын жыя қоймады:

— Алдияр, енді қайда бармақпын?! — деді қасқарып.

— Түнде қашып кетіп едің ғой.

— Қашан? Қайда қашпақпын. Іңірде сойыс әкелуге кеткенімді көріп едіңіздер ғой, деп мойындарына Жалбық қиып сала салды. Хан иемнің қарыны ашпасын деп жүрмін дағы. Хан тоқ болса, қарашысы да тоқ. Жалбық бұларды айтқанда міз бақпайды. Мен бір жерінен шиі шығып қала ма деп қылпылдап отырамын.

— Інім, Жалбық сияқты адамдарды да пайдалану керек болды, ол кезде,— деді Шұнақ. Кейін ол колхоз басқарды. Жандосов Махмут Қожамияровты да осындай жолдан алған. Кейін қандай сырбаз қызметкер болып еді, ол. МТС директоры болды.

...Біз ол күні Жамантының аузында едік, інім. Түнделетіп жеткен Жалбық болған жайды, қай сайда екенін жеткізді. Бірақ түндегі оқиғадан кейін Омарбектер қонысын өзгертуі заңды еді. Біз оларды түске жеткізбей орнында баспақ болдық. Бірақ салт атты, сабау қамшылы адамды қайда жүр, қайда тұр дерің бар ма, қазір атқа мінсе, оясы толы жылқымен екі сағаттан кейін қырғыз асып кетуі мүмкін. Түнделетіп әскерді Шұбарбайталдың ауызына жеткіздік. Мақсат белгілі Омарбек пен Сматайды қолға тірі түсіру. Шалтабайдың Шұбарбайталда жоқ екенін білдік. Ол ыра төмен құлдилап Топар түсіп кетсе керек-ті. Біз таң белгі бергенде Шұбарбайталдың ішіне кіргенде Жалбық бізден қарасын үзген еді.

Біз адамдарымызды төртке бөлдік. Шұбарбайталдың желке жағынан шабуыл жасауға Ырысбек Сәрсенов бастаған жиырма адамды аттандырдық. Оның ішіне бұл маңның ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін, Сарықамыстың көшегі ағайынды Дүйсебай, Қали Тоқановтарды қостық. Ал Қордай жағына Әбдіқадыр Бабажанов бастаған жиырма адам бөлдік. Оларға да тапсырма батыстан тиісуге, сөйтіп қайткенде де бандылардың бетін терістік-шығысқа беттету еді. Ал терістік мидай дала, ол жақта қамыс арасында адам бар. Шығыс жағы біз,— деді Шұнақ, қазір жаумен бетпе-бет келетін адамдай қатуланып.— Менің жанымда Омарбектің бұрынғы қойшысы Ұлтарақ Байботанов бар. Біз осылай адамдарымызды тегіс реттеп, бандыларды құланды дөмбейілге айдағандай қыспаққа алмақ болған кезде Омарбектерге жеткен Жалбық бандылар ханымен болған жоғарғы әңгімеден кейін әкелген жуан торысының алдыңғы екі аяғын тұсай бастайды. Сонан соң артқы сол жақ аяғының бақайынан арқанды іліп алып, тұсаудан бір өткізіп, жуан торыны жерге гүрс еткізеді. «Мұның не?» дегендерге «түнде ұстатпай қорлығы әбден өтіп еді» дейді.

— Ханға шеке ұстатамын. Хан сайлап алып енді оған бір бас бермегеніміз жөн бе, өзіміз де етке бір тоймағанымыз келісе ме? — дейді. Ішінен, әрине, «жерсің шекесін» деп тұрғанын Құрамыс түсінеді. Шынында ет жолсоқты болып келе жатқан, қазір бандылармен соғысатындарға дайындалмақ еді. Сонымен қашқындар ішек-қарын, қазан-ошақ қамымен болып бір-екі сағат уақыт өтіп те кетеді. Қазанға жілік-жілігімен салынған ет бір қайнаған кезде-ақ жаңа сойылған семіз жылқының сырбаз еті былқып, иісі даланы алып жатыр. Жігіттер үлкен кәкбірді қолына алып, сорпа бетінің көбігін сүзіп ала бастағаны жаңа еді.

— Бауырды тұздықтап әкеліңдерші! — деген Ағыбай дауысымен желкеден, оңтүстік жақтан атылған мылтықтың даусы бірге шықты,— деді Құрамыс.— Мылтық даусының қайдан шыққанын білмей аңырған бандылар әйтеуір атқа міну керек екені ойларына түсіп, мылтықтарын алып аттарына жүгірді. Бауыр жеп, аузының дәмін алып, кекірігін майдан аздырып отырмақ нарт та, дүбір де бәрі байтал түгіл бас қайғы болып, сасып-салбырап етегін басты. Соның арасында енді мылтық дауысы батыстан да шықты, екі жақтан бірдей оқ қардай борады. Ет жеп, ермек құрып отыру түгіл, сопа басыңды тығарға жер болмады. Атқа мінген бірлі-жарымдылар артына қарай оқ шығарып, терістік шығысқа қарай қаша ұрыс салмақ болды. Арада азғантай уақыт өткенде-ақ сатырлатып мылтық атып, дүбірлетіп шауып қызыл әскерлер жетіп қалды. Сонан соң мен атымның жанына барып күйбеңдеп қалдым. Жалбық оқ тиген болып «жайрап» қалды. Одан кейін Омарбектер атына мініп тұра қашқанда бірге аттандым. Омарбек басында ыра төмен жұртпен бірге ат қойды да, тізгінін тарта шапты. Бір тұғылға келгенде атты шорт бұрып, сайды өрлеп оңтүстік шығысқа беттеді. Мен олардың артында едім. Омарбек пен Сматай, Ағыбай, Сәт бірге кетті. Омарбек маған бұрылып «бөлек кет» деді. Мен «сіз өлген жерде өлемін» дедім. Ол қайта соз қатпады артына бұрыла беріп мылтығын маған кезеп басып салды. Мен ұшып түстім. Өлді деген осы ғой деп Қожанәсіршілеп жатсам тірі сияқтымын. Байқасам денемнің бәрі сау. Есімді жинап қарағанымша төрт атты жыраның басына шығып қалыпты. Мылтықты алып тартып қалдым. Арттағысы ат-матымен омақа асты. Байқасам Ағыбай екен. Шамдағай Сматай қайта айналып келіп, Ағыбайды міңгестіріп жөнелді. Тағы басып қалдым. Болмады. Үш атты төртеу белді асып кетті. Жүгіріп атыма келсем оң жақ шекесінен тиген оқ бассүйекті талқандап кетіпті. Атты бауыздап, қанын ағызып, бүйіріне пышақты бір тығып пыш еткізіп кеуіп бара жатқан іштен желін шығарып, мылтығымды асынып, аяңдап қазан асулы тұрған жерге жаяулап жарты сағатта жеттім. Қазан сол қалпында бүлкілдеп қайнап жатыр. Мен қазанның астындағы отты қағыстырып, қайтадан ошаққа отын салдым. Еңдік жаңағыдан гөрі маздап, жанданды. Үлкен кәкбірді қолыма алып сорпасының бетіне шыққан қанды көбікті сүзіп алып-алып тастадым. Алысырақтан ыңырсыған дауыс естіледі. Қайдан шыққанын білуге құлағымды тіктім. Бұл жерде адам өлді деген ойым тұрмақ таназарыма кірмепті. Байқасам тіпті менен он қадым жерде екі адам өліп жатыр. Екеуі де қызыл әскер. Одан әрі бір дүңкиген біреу етпетінен құлапты. Аты белгісіз, жұрт әйтеуір оны Қарасарт атандырып жіберген, бандит. Ыңырсыған дыбыс қайдан шығады. Қара қақпатастың астына үңілдім. Осы жерде жатып Жалбық Омарбектердің сөзін тыңдайтын. Біреу жатыр. Жылжып, ыңырсып, бері тастың үстіне шықпақ болады. Шамасы келмейді. Ағантай. Жүгіріп жанына бардым. Сылқ түсті. Бұл нағып қалды екен! Сматайдың атқосшысы еді.

— Ағам атып кетті,— дейді Ағантай. Есін жинапты. Оқ сол жіліншіктен тиіпті. Жанында аты да жатыр. Оқ аттың сол жақ құлақ шекесін талқандапты.

— Алда сорлы бала-ай! Сматай десе жанын беруші еді,— дедім өзіме өзім сөйлеп.

— Аға, ит болған екенбіз ғой. Олар бізді уақытша пайдаланған екен. Ол атына міне беріп-ақ, бірге кетпек болған мені бірінші атты. Онда қызыл әскерлер жоқ болатын. Тек мылтық даусын ғана естіген едік,— дейді Ағантай. Өрімдей жас жігіт. Жейдесін айырып алып, аяғының сүйектерін шықырлатып тұрып салдым. Ол қайта есінен танып кетті. Бір-бір қарыс үш-төрт ағашты алып жіліншікке бойымен бой етіп салып, жейдесімен қатты таңып тастадым. Ол көзін ашты. Мен жанымызда ағып жатқан бұлақтан бір жұтым су бердім. Ол қайта көзін жұмып ұйықтап кетті.

Сайдың табанында өлген екі солдатты, екі қашқынды бері сүйреп жеткіздім. Осы жерден тағы екі қызыл әскердің өлігін алдым. Олар жеті адам болды. Бандиттардан өлгені он бір. Бәрі қалай болса солай жайрап қалған. Өлген адамға өшікпес болар. Олар да енді бандит емес, өлген адам ғана Сондықтан оларды да жинадым Тарс еткен мылтық даусынан басымдағы бөркім ұшып түсті. Жата кеттім. Желке жағымдағы қорымтастың үстінде болар болмас бірдеме жыбырлайды. Бір қызыл әскер Сүйретіліп жатып мені атыпты. Бұл да жаралы болса керек. Тағы атты. Оқ тасқа тиді. Менен желі бойы жер. Айғай салдым.

— Атпа, ақымақ! Мен Құрамыспын!

— Мә, Құрамыс болсаң! Тарс! — Оқ тағы тасқа тиді. Байқаймын, ол берісетін пәле емес. Не істеу керек! Мен ет пісіруім керек, ал бұл мені тұрғызбайды. Мен көтеріле беріп едім, ол тағы атты. Оқ қазан үстінде тұрған бақырға тиіп, ол салдыр-күлдір құлады. Қап мынаның қорлығы-ай. Оны атып тастай салу маған түкке де тұрмайды. Және оғымды босқа шығындап көрмеген адаммын. Ол өледі де қалады. Жап-жас қазақ екен. Тастың жырмыш басынан көріп жатырмын. Ол мылтықты солақай ұстап отыр. Солақай ма екен дедім Жоқ, оң қолы жаралы болса керек Аяғы сау болса неге келмейді, неге қашпайды. Екеуміз ұзақ аңдыстық. Ошақта еңдік жылтылдап қана қалды. Етпеттеп үш тағанға жеттім. Жатқан күйімде қазан астына екі-үш ағаш тастадым Сәлден кейін от маздай бастады

Күн батуға таялғанша қызыл әскер мені әбден аңдыды Жыбыр етсем мылтық тарс етеді Қимылдаудан қалдым.

— Мен Құрамыспын, қызылмын! деп айғайладым. Ол мылтық атып жауап береді. Мен енді тыбыр етпей жаттым.

Күн батар алдында екі қызыл әскермен ошақ басына Жалбық келіп тусті Қорым тас арасындағы қызыл әскерге қайта жан бітті

— Ей, Жанбай, жандарыңда тірі бандит бар, деп айғайлады, қорым таста жатқан қызыл әскер. Жалбықтың жанындағы Қызыл әскердің бірі шошып кетті. Жан-жағына алақ-жұлақ қарады.

— Ей, Жалбық, анау итке атуды тоқтат деші. Ет піспей қалатын болды.— Жалбықтың жанындағы екі қызыл әскер, екеуі де қазақ, олар тағы шошып кетті.

— Қайдасың Құрамыс? — дейді Жалбық.

— Қазанның жанында.— Жалбық та, екі қызыл әскер де аттарының тізгінін сүйретіп тастай салып, қазан жанындағы маған келді.

— Тұр,— деді Жалбық.

— Тұрмаймын, анау мені аңдып жатыр, атып жібереді.

— Ей, сен кімсің? — деп айғайлады қызыл әскердің бірі,— Атуды қой!

— Мен Көкенмін,— деді қорым тастан шыққан дауыс.

— Ой Көкен болғаныңды... Сенің Көкен болғаның не, к... болғаның не, ақымақ,— дедім мен. Екі қызыл әскер жүгіріп оған кетті де, көтеріп келді. Бұл да жиырмалар шамасындағы жігіт екен, оң қолының білегінен, сол жақ жіліншігінен жараланыпты. Енді тағы оған мен ем жасамақ болдым. Бір-бір қарыс тағы да оншақты бұтақты алып, тағы да аяқ-қолды сықырлатып, сынығын орнына салдым. Бұл есінен танбады. Сөйлеп жатыр:

— Егер жаңа сізді атып тастасам, жарамды таңатын адам табылар, сынығымды кім салар еді,— дейді.

— Аттың ғой, бөркімді түсірдің.

— Ағатай,— деді жігіт,— қайдан білейін, ағатай. Егер оң қолыммен атсам, сұлап қалатын едіңіз-ау, ажалыңыз жоқ екен, ағатай, кешіңіз!

— Жарайды, жарайды! — деді Жалбық,— болды енді. Құрамыс түсінді.

Мен ет пісіруге кірістім. Тірі бесеуге «біреуі ақ, төртеуі қызыл» бауырды алып, тұздықтап бердім. Олар әп-сәтте-ақ бауырды сап соққандай қылды. Бір кезде бауыр жеп отырған Жалбық:

— Ананы қара, ах-ха-ха-ха!—деп қарқылдап күледі. Мен қарасам одан сайын күледі. Етегіңе қара, етегіңе! — Сөйтсем оң жақ етегім, дала-дала, тіпті түстен бері байқамаппын. Аттың шекесіне тиген оқ, менің стегімді де талқандап кеткен екен.

— Біз келгенде Жалбык пен Құрамыс осы төңіректегі өліктің бәрін жинастырыпты. Кеш алдында бәрін көмдік,—деді Шұнақ.

Үш атпен бөліне шапқан төртеу өрге қарай беттеп бара жатқанда алдынан атылған мылтықтан енді тура бізге қарай қашады. Бандыларды қуып үйренген Ырысбек Сәрсенов біраз адамды олардың артына салғанмен, өзі үш-төрт жігітпен атын бұрып, тауды бөктерлеп кетеді де, олардың кес-кестеп алдында тұрады. Ылди төмен құлдилай шапқан үш аттыға біздің оғымыз алыстан дари қоймады. Тура екіндіде таудың етегінде Ырысбектермен біріктік. Бандиттардың көбі жаяу қалды, қолға түсті. Өлгені де көп. Үш атты төртеу Шөлқопаның қамысына кіргенде күн де батып еді. Ағыбайды мінгестірген Сматай қамысқа кіре-ақ жоқ болды. Одан көз жазып қалдық. Ымырт жабылған кезде Сәт те, Омарбек те көз ұшында кетіп бара жатты. Ол кезде Шөлқопада қамыс ну. Ит мұрыны өтпейтін қорыс-шырыш. Қамысты жердің бәрі шалшық, кей жері үйық, кей жері батпақ. Егер ұйыққа тура түссең ат-матыңмен жоқ боласың. Атта қалған екеуді қуып, көз байлана бастағанда екеуінің де атын атып түсірдік. Екі жаяу жүгіріп қамысқа кіріп жоқ болды. Көз жазып қалдық. Бірақ осы Шетбұлақта екенін анық білеміз. Сондықтан біраз адамды осы төңіректе қалдырдық. Міндетіміз Омарбекті де, Шалтабайды да, Сматайды да тірі ұстау. Сол күні тау қойнауында түнедік. Арада екі күн өтіп кетті.

— Інім, бандылардың әккісі де, қуы да, ақылдысы да Шалтабай еді, бірақ Омарбекті ұстауды бірінші кезекке қойдық. Өйткені Совет өкіметінен қашқан-пұсқанның бәрі Омарбек қосынан қолдау тапты. Сондықтан да ол үлкейіп бара жатты. Ал Шалтабай қашқанның бәрін қабылдамады. Сондықтан да оның тобы аз еді, көбінде төмендеп, кеудеге жақындамады. Ол да қауіпті жау, бірақ Омарбектің халыққа зәбірі көп еді. Сондықтан мұны індетпей еш жаққа кетпеуді ұйғардым. Шалтабайды да, Сматайды да қоя тұрдым.

Таң қылаң бере-ақ Шетбұлақты қамап алдық. Өзіміз әбден ызалы едік. Жиырма жеті адамымыздан айырылдық. Бандылардың өлімі, әрине, әлдеқайда көп. Екі күнде олардың бәрін дерлік ұстадық.

Таң атқанда Омарбек пен Сәт жатқан жерден біз өлген, жараланған адамдарды жинап жүрдік. Омарбек те, Сәт те бізді көреді. Омарбек дереу мылтықтың жазылысын қайырып кезеп мені атпақ болады. Сәт мылтықты баса қалады. Омарбек інісінің қолын қағып жіберіп, мылтықты қайта кезенгенде Сәт.

— Ұсталамыз қой,— дейді. Омарбек өзінің жаяу екені есіне түсіп:

— Сені берген құдайдан айналайын,— деп сабасына түседі. Мен тұтқындарды, жараланғандарды «Боз жорғаға» салып, Алматы жөнелтіп, енді бандылар нартын іздеуге қайтқанмын. Жиырма шақты ғана шағын топ қалдық та, басқаларды қайтардық.

«Боз жорғамен» шұбап келеміз. Күн шашырап шығып келе жатты. Терісбұтақтан келе жатқан жалғыз жаяу көрінді. Біз қайдан болса да Сәтті күткен едік. Жақындаған соң Сәт екенін таныдық. Ол жүгіріп келеді. Жақындады. Түсі әлем-тапырық. Бірнеше күн жуынбаған, көптен тамақ ішпеген, әлпеті адам көргісіз. Жан-жағына алақтап қарай береді. Шамасы тым үрейлі. Бір пәленің болғанын аңғардым. Өйткені ол жалғыз жүруге тиіс емес еді. Шыдамай сұрақ бердім:

— Омарбек қайда?

— Өлтірдім,— дейді Сәт. Байқасам үсті қан. Түсінен адам шошырлық. Екі қолы да қып-қызыл.

— Ей, есің дұрыс па? — дедім күйіп кетіп.

— Есімнің дұрыс-бұрысын қайдам, ағамды өлтірдім,— деп ыржиып күлген болады.

Түйе көрінбес ну қамыстың іші екен. Ит мұрыны өтпейтін қорыс. Қайда қарасаң да аспаннан басқа түк көрінбейді. Жылап аққан, аяғы көлкіп жатқан тұма-бастау. Бастаудың батыс жағасында Омарбектің денесі бір бөлек, басы бір бөлек жатыр. Інім, адам өлімінің ауыр-жеңілдігі қандай жағдайда өлуіне байланысты екенін осы жерде бірінші рет аңғардым. Кеше ғана бандиттармен атыста талай адам өліп, көмгенде өлім осынша ауыр тимеген еді. Енді, міне, жалғыз адамның өлімі бәрімізді састырды. Бұл ресми соғыс емес, бандиттармен атыс емес. Жеке адамның өлімі. Адамды адам өлтірген. Ендеше мұны терең тексеру керек, зерттеу керек. Ешкім Сәтке Омарбекті өлтіру жөнінде нұсқау берген жоқ. Сондықтан Сәтті сұраққа алмасқа болмайтын еді. Бабажановқа нұсқау бердім:

— Сәттен жауап ал, Әбдіқадыр!

— Қойыңызшы Әбеке, бандылардың бастығын өлтірді, болды,— дейді Әбдіқадыр бұған маңыз бермей.

— Жоқ, болмайды, Әбдіқадыр. Бұл ресми іс. Омарбек екінің бірі емес, оның мойнында көп адамның қаны бар, Совет мемлекетіне көп зиянкестік жасады. Совет адамдарын жәбірледі, зәбір-жапа шектірді. Ол, сөз жоқ, ауыр жазалануға тиіс еді, бірақ ол заң жүзімен болуы тиіс. Сондықтан Сәтті сұраққа алу қажет. Және өте қатал сұралуы керек,— Әбдіқадыр ақылды жігіт, оның артын да ойлау керек екені оның өкіліне түсе кетті.

— Жарайды, Әбеке!

Бабажанов боқшасын алып, қағазын жайып, ну қамыстың ішіндегі бұлақ басында Омарбектің өлімі туралы сұрақты бастады. Сәт жаңағыдай емес, енді заң қызметкері ресми түрде жауап алатын болғандықтан жаңағы есі шыққанынан тартылып, жинақыланып қалды. Тіпті сұраққа алғанымыз оның есін жиғызу үшін пайдалы болды:

— Азамат Сәт... Омарбекті қандай жағдайда өлтірдіңіз. Басынан бастап дұрыстап баяндаңыз.— Сәт қысылып, қыпылдап қалды.

— Ең болмаса қолымды, бет-аузымды жуайыншы.

— Жоқ. Болмайды. Бұлталақтамай сұраққа тура жауап беріңіз. Сәт енді шынымен терлеп, басынан бастап оқиғаны ойына түсіре бастады:

— Ту сыртымыздан мылтық даусы естілгенде бандиттар сияқты мен де қатты састым. Олар мен сияқты емес күнде мылтық атып, күнде мылтық даусын естіп жүргендер, сонда да сасып қалды. Мен қорықтым. Олардың сасқан себебі мылтық атылады деген ойында жоқ болатын. Хан жаңа ғана Жалбық әкеліп жарқыратып сойып тастаған жуан торының бауырын әкеледі деп күтіп отырған. Желкемізден мылтық атылғанда ең алдымен хан қарғып тұрды. Жұрт атына жаппай мінгенде, хан көріне көзге атына мінбей тұрып алды. Ол кезде теңбіл көк көлденең тартылған болатын. Құрамыс та еңкеңдеп-тоңқаңдап атының жалына асылмады. Мен Құрамыстың бізге қызмет істейтін адам екенін білмейтінмін. Ал Жалбықты жалпы сезбедім. Бірақ екеуінің де жүрісі тым бөлекше. Әсіресе Жалбық еркін, ал керісінше Құрамыс құрдай жорғалайды. Сондықтан бұл ханмен бірге қашпақ деп ойладым. Хан атына мінгенде мен де атта едім. Ол тізгінін тарта шапқанда-ақ іш жидым. Сматай атына міне беріп-ақ інісін атып тастады. Мен іш жиып қалдым. Ендігі кезек менікі деп ойладым. Әспеттеп жүрген ағасы алдынан қия өтпеген інісін атып кеткенде-ақ қатты шошыдым. Жәреукелілік, берілгендік Ағантайдай-ақ болар. Олардың сүтіні бөлектеніп тауға беттегенде артымызда Құрамыстан басқа ұшқан құс жоқ болатын. Омарбек Құрамысқа «бөлек кет» дегенде ішім бүлк ете түсті Маған да айтатын шығар дедім. Онда сөз жоқ сотты болсам да артынан ататын едім.

— Сіздің міндетіңіз оны тірі сақтау еді ғой,— деді Әбдіқадыр.

— Ия,— деді Сәт,— тапсырма солай болатын.

— Айта беріңіз,— деді Әбдіқадыр мұртын бір сылап қойып.

— Сонан соң артымыздағы Құрамысты хан тартып қалды. Ол қалпақтай түсті. Бірақ артымыздан мылтық атылып Ағыбайдың атына тигенде Құрамыстың тірі қалғанын білдім. Өйткені артымызда одан басқа жан жоқ еді. Мен басқалардан бөліне шабатынымызды алдын-ала білгенмін. Өйткені Омарбек, Сматай, Ағыбай үшеуінің төрт жақтан келетін жауды да бағдарлап, ондай болса, қалай құтылуды жобалағанын естіген едім. Алдымыздан енді жау шығады деп банды — бастықтар ойламады. Енді олар ыра төмен құлдилағанда да қайда бұрылатыны белгілі болатын.

Ондай жағдайда Сматай мен Ағыбай бөлек, өз ауылы жағына кететіні шешілген. Сонан соң олар Сұлутөрден табыспақ еді

— Демек, Сматай мен Ағыбай Кеуде Отарға кетті ғой.

— Ия, олар Сұлутөрден, не ауылы төңірегінен табылады.— Сәт үндемей қалып еді. Тағы сұрақ бола ма десе керек. Бабажанов:

— Айта беріңіз,— деді.

— Біз Шетбұлаққа тартпақпыз. Шетбұлаққа тұрақтай алмадық. Менімше хан маған сенбеді. Сматайра солай дегенмен жаяулап екеуміз Терісбұтаққа келдік. Мұнда үш күн жаттық Қарын аш. Ат үстінде күн көрген сорлы қазақтар аяқтау болмаған соң көріп болып қалдық.

— Тұра тұр, тамақ ішпегенше қанша болды? — деді Бабажанов.

— Нәр татпағалы үш күн болды. Ішім шұрқырап тұр.— Сәт тағы үнсіз. Бабажанов оған қолымен тұра тұр деген белгі берді де, қолын жуғызды, бір кесек майлы ет, нан бергізді. Сәттің қолы тамаққа барғанда көзі жайнап кетті. Қарпытып тез жеп, бір сапты аяқ су ішті.

— Ал енді әңгімеңді айта бер, екеулеріңнің араларыңда болған әңгімені де айт,— деді Бабажанов.— Ештеме қалдырма.

— Жоқ, ештеме қалдырған жоқпын,— деді Сәт.— Бұлай жатқанымыз болмайды, ат табу керек, деді Омарбек.— «Шіркін Байботановтың шұбары қолға тиер ме еді» Онда қарап жатып өлеміз бе, мен барайын, дедім мен өзім де қалай хабар берудің есебін таба алмай отыр едім. Бірақ қателескенімді бірден сездім. Mен Омарбектен айырылып қалмауым керек қой. Ол қалай да менен құтылудың жолын іздестіретін сияқты.

— Барсаң бар, Шұбараттан басқанын керегі жоқ.— Сөзді көрдің бе, інім, ханның сөзі емес пе!? — Сонымен бір мылтықты алым Сот жолға шықты. Жалғыз адам ойшыл,— деп Шұнақ түсінік бере кетті. Осы үшін-ақ өлетін болдым ғой дейді ол.

— Осы жерде бояудай бұзылдым. Бала-шағаны көрмей жүр генім мынау Осыны бітіре салайын да одан да. Сөйтіп Омарбек қалған жерге қайтып келсем ол қатты қорылға кеткен екен. Атып тастасам ба екен деп бір тұрдым. Қой мылтық даусын біреу естіп қояр. Бұл үшін оның бәрібір еді, әрине.

Шұнақ аспанды бір шолып өтті де, өз жанынан сөйлеп кетті.— Адам өлтіру түгіл торғай өлтіру оңай емес. Оның үстіне туысқаны. Бірақ бұл аяйтын туысқан ба еді дейді Сәт өзіне-өзі Талай жазықсыз туысқанды өлтірді, талайдың қанын жүктеді. Бұл аға емес, апан түбіндегі қасқыр және әншейін көп қасқырдың бірі емес, өз күшігін өзі жеген қорқау.

— Осыдан кейін не болғанымды білмей кеттім,— деді Сәт

Омарбектің өз құжантысын алады да, өндіршектен пәрменімен періп қалады. Сонан соң орып жібереді. Сол кезде тамағынан қан саулағын Омарбек атып тұрып, мұны жағадан ала түседі. Бірақ құлап түседі де, қорылдап жатады. Сонан соң бұл жанын қинамайын дейді де, басын кесіп тастайды. Біраздан кейін барып оны өлтіргенінің бұрыстығын, оның өліміне жауап беретіні есіне түседі. Қатты сасады да, алыстан көрінген бізге жүгіреді.

Бабажанов сұрақты бітіріп, Сәтке қол қойғызды. Оны тұтқынға алып Ұзынағашқа жібердік. Әрине оны қамау үшін емес, оны басқалардан қорғау үшін тұтқынға алдық. Әйтпесе ашумен мұны да біреу өлтіріп қояр еді.

Ұзынағаш станциясынан Отарға дейінгі жүз километрді сор таң қопа басып жатыр Бұдан мыңдаған жылдар бұрын көлтабан болған бұл аймақ жан-жағынан ойпаңда жатқаны көрініп тұрады Самсыдан талай өткен боларсың, інім. Сол өзеннің аяғы Сарқа мысқа құяды. Сарқамыстың Жиренайғыр өзеніне құяр желкесін Теріскенді дейді. Шалтабай тобын осы төңіректен кездестірдік Қажы бұл жерде де бір ішек түлкідей әккілік жасады. Біздің қарамыз көрінген соң-ақ қаша атыс салды. Жартастыға жеткенде Малай деген біреуін қуып ұстадық. Сөйтсек Малай бандының бала-шағасының атын әкеп жүруге тастап кеткен адамы екен Өздері қашыпты. Төмендеп оларды іздеп бара жатсақ егінде көп ат жайылып жүр. Бандылар намаз оқып жатыр. Бір бала жігіт жаңсақ мылтық атып еді, олар орындарынан тұрмады. Барсаң әйелдері мен балаларын әдейі көз алдау үшін, өздері ұзай салуға бізді алдарқатып отырғызып кеткен. Өздері әлдеқашан зытқан Тасқа желіндеп, мұзға бұзаулаған қатыгез бандылар жеме-жемге келгенде бала-шағасын тастап кетті. ...Әрине, біздің ұстамағымыз Шалтабай, Атагелді, Әбдібай еді, олар бұл өңірге қайта айналып соқпады.

Ендігі кезек Сматайға келді. Боз жорға жолының үстіндегі Кеуде Отарға келдік. Сматай інісі үй салып жатыр. Бізге жеткен мәлімет бойынша соңғы күндері Сматай таудан түсіп келіп, тамақ ішіп кетіп тұрады. Інім, бандылардың туған-туысқандары да олардан безер-ығыр болса керек Інісі ол туралы сұрағанымызда ұстап алсын, тыныш болайық дегендей қай уақытта, қалай келетінін тәптіштеп айтып берді. Ұстар кезде оның айтқанынан бір шикілік шыққан жоқ.

Кеш бата салысымен-ақ тез келді, ол. Шамасы күн кешкіргенде-ақ етекке келіп, ауылға көзін сатып тұратын болса керек

Аттарымызды көрші үйлердің қорасына қалдырдық та, үшеуміз далаға бекіндік. Сәрсенов пен Бабажанов қора ішінде қалды Сматай астында күрең жорғасы бар, тайпалтып жалғыз келді Салдырған бойы қораға атпен бір-ақ кірді Мылтығы бүктемелі екен. Қойнында екені аттан түскенде байқалды

— Ешкім бар ма? — деді інісіне түксиген күйі. Інісі жауап қатқанша ұрлық қылатын кісіше жан-жағына қаранып алды да, үйге қойып кетті. Дайын тұрған кеспе көжені үйге алып кіргенде Сәрсенов бірге кетті. Ол тамаққа бас қойды-ау деген кезде Сәрсенов сәлем беріп кіріп барды. Сыртта Жалбықты ғана қалдырып, біз де есік-терезеде тұрдық.

— Шырағым-ау, адам дайындап қойып па едіңдер? — дейді келініне. Келіні үн шығармайды. Бұл істе тәжірибесі бар Сәрсенов:

— Тамағыңызды іше беріңіз, асықпаңыз. Үй қоршаулы, қарсылық көрсетсеңіз атыласыз — дейді. Қайдан ішеді, тамақ жайына қалады. Бабажанов кіргенде селк ете түседі. Мен кірмедім. Өйткені байлар салған, бұл өңірге таныс белгім бар. Ол түнере отырып:

— Бір ғана тілегім бар, соны орындар ма екенсіздер? — дейді.

— Айтыңыз,— дейді Әбдіқадыр.

— Нақ осы үйде атылып өлуге мұрсат беріңіздер. Туған жердің топырағында қалайын.— Ешкім жауап бере алмайды. Ол жүгіріп далаға шықты.

— Осы жерде өлуге мұрсат сұрайды,— деді Әбдіқадыр. Оның өмірі үшін біз Совет өкіметі алдында жауап береміз. Ол сотталуға тиіс.

Ол болмайды,— дейді қайта кірген Әбдіқадыр,— сіздің тағдырыңызды біз шеше алмаймыз. Әділ сот қана біледі, оны.— Бандиттің мойыны салбырап түсіп кетеді. Оның жүйкесі жұқарып, қайратының мұқалғандығы айқын көрініп тұрады. Пұшайман болып отырады. Ол екі қолы артына байланып, жорғасына мінгізілді. Атты жолға салғанда «Қош, туған жер, кір жуып, кіндігімді кескен жер!» деп өкіріп жіберді. Сонымен хан жайрап қалды, бас уәзір қолға түсті. Басқаларының да қақпанға түсер күні алыс емес еді.

қосындағы тұтқынның бәрі де ат үстінде. Олардың бәрінің қолы артында байлаулы. Ал Сматай сияқтылардың аяғы ат бауырына байланған. Жалбық пен Құрамыс та осында. Олар да байлауда.

Miнe, олар таяп та қалды Күн батты. Қас қарайып, ымырт жабылып барады. Күн қысқарып қалған. Әп-сәтте-ақ төңірек қараңғы тартып, көз байлануға жақын. Кезеңнен бінә бола кеткен он шақты атты тұтқындарды алып бара жатқан қосынға лап қойдық. Мылтықты тарсылдатып, Ырысбек Сәрсенов екеуміз алға шықтық. Бабажанов пен Неизвигин екеуі де бізге оқ атты Шапқылап жеткен біз бесінші, алтыншы аттағы екі тұтқынға жармастық. Үш қызыл әскер мылтықтарын шық-шық еткізеді. Айқай-шу. Әп-сәтте-ақ Жалбық пен Құрамысты, тағы бір тұтқын бандит — Шоманды босатып алып, айдап жөнелдік. Артымыздан оқ атылып жатыр, оған қараған біз жоқ. Арттан айғайлаған Неизвигиннің даусы естілді:

— Иттің баласы, Абақ, қалған бір құлағыңды жұлармын әлі, тұра-тұр қолға түсерсің! — Оған қараған біз жоқ, патырлатып шауып, ылди төмен құлдилап, жолсызбен кеттік. Арттан әлі тарсылдатып мылтық атып жатыр. Сол түні-ақ біз Қарадырдан өтіп, құмға түсіп кеттік. Бетіміз Сарүйсіннің Сартауқұмы.

Таң алдында әлсіз далаға, бір-екі сағаттай ат белін босатып, өзіміз көз шырымын алдық. Күн шыға қайта атқа қонып, Шансуатты, Шутоғайды басып өтіп, Мыңшұратқа жетіп-ақ қалдық.

Мыңшұрат! Мыңшұрат десе, мың шұрат Әр жерде ойдым-ойдым көгал, байрақты, балқашты орта. Бұлағы да бар және бұлағының суы тұщы. Сексеуілдің шабыры. Арасы толған қоян, қырғауыл. Мұнда құр қол жүрген адамның өзі аштан өлмейді. Өйткені кез келген бұтаның түбінде бүйірі солқылдап жатқан қоянның көжегі, епті кісі қоянды қолымен ұстайтындай, төңірек толған жым. Жалғыз аяқ жол, жәндік ізбіні, қырқылдаған қырғауылдың қанат көтермеген балапаны, көл-көлмек, алғау суда да, ауан суда да шоршыған, шолпыған балық. Кірмембес-ауыр қол бізде жоқ, сайдың тасындай іріктелген ірендел, атығай жігіттер әп-сәтте-ақ екі қоянды атып әкеліп қақтап пісірді. Аттардың иесі Жалбық пен Құрамыс. Олар жан-жақты шолады. Бұл жерде ешкім жоғына көзіміз жеткен соң барақаттанып отырып қоян кауабын жедік. Қашып жүрген адамда нан бола ма, қолға түскен тағаммен қанағаттандық. Барқадар табамыз, барлығамыз деп келген жоқпыз ғой, аштықтан бұрлығып, арық-шеру тартсақ та жүзіміз сарық, бетіміз көншарық болмай, абыройлы қайтсақ жарар еді.

Қоян еті қой еті емес, он шақты жігіт әп-сәтте-ақ жайпап тастады. Шамасы көбі-ақ түлкі құрсақ қалды.

— Тойсаңдар қатты ұйықтап қаласыңдар! — деп қалжыңдайды жігіттерге Ырысбек Сәрсенов.

— Ұйықтасақ та тойсақ-ақ болар еді,— дейді Құрамыс. Жігіттердің бәрі де көңілді. Тек Сматай қолынан тұтқынға түсіп, кеше біз босатып алған Шоман ғана қабағын ашпайды. Оның ойы екі ұдай еді. Бізді түсіне алмай жүрген жайы бар-ды. «Мені босатып алды, өзім сияқты Совет өкіметінен қашқан адамдар ғой» дейін десе, тым көңілді, қашып-пұсып, сасып-салбырап, етегін басып жүрген бұлар емес, еркіндеу сияқты. Ал бандиттарды ұстауға жүрген жандар дейін десе, онда тұтқындалған Жалбықты, Құрамысты, мені неге босатып алады дейді дағы. Жарайды, тіпті Жалбық пен Құрамыс бұларға қызмет істейтін адам болсын, ал бұған, яғни Сматайдың ең сенімді адамының бірі Шоманды босатып қайтеді. Бірақ мына Шұнақ қамалды деп бандиттардың жаз бойғы әңгімесі осы болып еді ғой. Сонда бұл да Сәтке ұқсап түрмені тесіп шықпағанымен қашып шыққан болар. Бұлардың бәрі де әр нәрседен хабардар, көзі ашық адам сияқты, бұлар басына қаншеңгел түсейін деп тұрғанда хан сайланамын деп қағынатын тантық Омарбек емес. Айтқандай Омарбек қайда кетті екен. Қалай қашып құтылды екен, оның інісі Сәт те ұсталыпты, сонда жалғыз кеткен-ау, сұмырай. Соны да нарт деп, мәрт деп жүрдік-ау. Сопа басын күйттеген күйкентай. Алп басып, алшаңдап жүрген нарт мәрттік жасап, қарашысы өлген жерде өліп, тірі болса бір төбеде болмас па. Тіпті артына ерген Құрамысты атып кеткенін көрмеймісің, қаныпезердің. Шоман көңілі шолпы тартып, ғамкүн болып жүрді.

Ол осындай ойда отыр-ау деп, өкіліме алып, мен де біраз жерге кетіп қалып едім. Япыр-ай,— деп ойладым, сонау алыста, құм ішінде жатып, бандылар да бітер, қалғандарын да ұстап алармыз, енді Шалтабай мен Жатқұлақтан басқаларын бітірген сияқтымыз. Сонан соңғы өмірім не болады. Өмір болса өтіп барады, шешеден қайта туа алармысың? Қайуан шарап ішпегенмен адам болмайды, үйлі-баранды адам күйсіз болса да жаман болмайды. Ал мен кіріп кіртім жоқ, қорымға туған қодығадай жалғыз жүрмін. Мен де бір, нуғара соғып, шылдырман ұрған пұрқы да бір. Менің тебізділігім, санаттылығым кімге дәрі. Зәрураттықпен өтіп өмір барады. Көңілімнің мөләл болмай, раушан болғанын ойласам, ондай күндерім аз екен. Тарпымда талай нәрсе бар, бірақ талабыңды жүзеге асыру үшін қарекет жасадың ба? Совет өкіметін нығайту жолында талайдың зарарын көтердің. Сонда не таптың. Әлі сол жолда жүрсің. Рас, бұл коммунистік борышың, оны ақтағаның азаматтық. Ал азаматтығың, адамшылығың тек коммунистік борышыңды ғана ақтаумен біте ме? Кеше Омарбекті, Сматайды қолға түсірдік. Мәйпарас болған адамдай бір пәс көңіл шалқып, социализм мұратын жүзеге асырғаныңа марапаттандың. Тек сондайға ғана риза болып, сонымен ғана келе жатырсың-ау, Шұнақ. Өмірде мат болмай шат ғана болып өткен жан бар ма? Рас, сүтінің дұрыс. Жарайды бақтиярлық тұрмыс кешпей-ақ қой, бірақ жезайыр оқтай жарып өтетін ажал деген бар емес пе? Ағаш бесікке түскен адам жер бесікке түспей қоя ма? Өміріңнің түсі ауып бара жатқан жоқ па? Күлбар асынып, күлә киіп күпшек сан күрең мінген дуанадан сенің айырмаң шамалы. Жүпті болатын уақыт жеткен сияқты. Тіпті жұрттың бәрі елден шыққан Мақпыр деп ұққан дұрыс бола ма. Өмірің Тундрадағыдай кілең болып өтіп жатыр ғой. Жарайды, ол магмадағыдай күрең болмай-ақ қойсын, бірақ қазіргідей тым сүрең болмауы керек қой. Ал өңдігі реңді болмағанмен, ал иіндігі жылы адам өмірде аз емес болар. Ерен үй тіктіріп, салуалы орда жасамағаныңмен салулы төсегің болғаны абзал ғой. Мәулетің өтіп барады, Шұнақ. Мүскіннен мүсін, мәстектен тұлпар шығатын уақыт болған болса керек-ті. Әлі төріңе төрт кісі, есігіңе екі кісі отырып көрген жоқ. Қазақ «бекерден отырғанша дабыр жақсы, үйлерден кісі кірмес қабір жақсы» деген болса, сенде ең болмаса қабір сияқты үй де жоқ. Салт ат, сабау қамшы. Бір күні дүние қарғын судай басып етсе, сақа тиген кенейдей ұшып түсесің...

Мылтық дүрс етті. Отырған бәріміз түгелміз. Оқ ешкімге дарымады. Он шақты мылтықтың ұңғысы бізге қарап тұр. Шамасы біз түк сезбегеннен кейін мылтығын аспанға атса керек. Ортаға айырсақал шықты. Тани кеттім. Түнеугі күні өзім қайтарған қарашылары «жәкелеп» тұратын кісі. Аты Жатқұлақ екенін кейін, Алматыда айтқан болатын. Сол қалпы, тіпті әлі сол жаз күніндегідей киімімен, ақ жейде, қара шолақ жең.

— Ассалаумәлейкө-өм, Жәке! — дедім. Ол түнеугі күнгідей тағы да сәлемімді алмады. Тұқырая, түксие қарады. Көзі ішіне кіріп кетіпті. Кәдімгі іш ауру болған адамдай.

— Ә, батыр, енді қолға мықтап түстің. Енді құтыла алмайсың.

— Жоқ, қолға түскен жоқпын. Өзім іздеп келдім.

— Сене қоярмын, сенің сөзіңе.— Ол менің жаныма келіп дүмін басты.

— Неге сенбейсіз? Түрмеден "қашып шыққанда бұтаға қорғалаған торғайдай ат аяғы жетпейтін жерге келдім десем, бұта құрлы болғыңыз келмейді.

Жатқұлақ сөз жарыстырмады, қарланып ашу шақырмады, тіпті бұл өңірдегі қожа өзім ғана дегендей айылын жимайды.

— Қане, қаруларыңды тапсырыңдар. Сөз сонымен бітеді.

— Бітпейді. Қару тапсырылмайды. Соғыссаңыз соғысамыз.

— Қайдан соғысасың, қоршауда отырсың.

— Жоқ, сіз жанымдасыз ғой, маған қазір ешкім мылтық ата алмайды. Мен онша осал жау емеспін. Және мынау жігіттеріңнің ішінде адам ататын ешқайсысын көрмей тұрмын. Бұлар қоян ата алады, адам ата алмайды. Бұл жігіттердің ішінде ондай оңбаған бар деп ойламаймын.

— Үгітіңді қой, бұлардың барлығы да сенің үгітіңе көнетін адамның баласы емес, бәрі де байдың бұласы, серкесан сайгүлік.

— Байдың бұласы шығар, баскесер емес шығар.

— Қой дедім ғой үгітіңді.

— Неге менің аузымды тиясыз. Әзірге қолға түскен мен емес, сіз. Мына сіз тұтқынсыз. Сенбесеңіз тұрып көріңіз, қазір атып тастаймын.

— Сен жынды шығарсың,— деп кеңкілдеп күлді, жатқұлақ. Жатқұлақтың кім екенін білгенмін. Бүкіл осы Сары үйсіндегі Сопы ауылы тегіс соның аузына қараған адам. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Бір кездері қажы болуға жиналып Алматыдан аттанып, Қожа Ахмет күмбезіне — Әзіреті сұлтанға барып құран оқып, әрі қарай жүргісі келмей қайтқан көрінеді. Аман-есен осы Мыңшұратқа қайта жеткен соң бір боз биені құдайға айтып сойып, құдай жолына бармай, жарты жолдан қайтқанына кешірім сұрап, мінәжат етіпті. Етке тойған қазақтар алақандарын, құлаштарын кең аша жайып, нарадулап батасын берген соң Жатқұлақтың Байтолла босағасын құшпаған күнәйін құдай кешіре салыпты, етке тойсаңдар бопты, онда кешіре салдым деген көрінеді. Содан бері Жатқұлақ шәждені бір жола ұмытып, сәлдені лақтырып ұрып, тек баю жолына түскен екен. Құдай бір алдағаныңды боз бие сойған соң кеше салып едім, енді баю жолына түсіп, жарлы-жақпайды қышағаныңды кешіре алмаспын деп малын конфискслетіпті. Мұны құдай енді біржола өліп қалар, одан да жұрттың, колхоздың малын талап күн көрсін деп қойыпты. Сөйтіп сексеуіл шабырының ішін билеп алған соң бүкіл қазақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында көретін болса керек-ті. Әйтеуір аяғын алысқа салады.

— Сізге қайтып келемін деп едім ғой, міне, келдім, уәдемде тұрдым.

Келдің, бір топ болып мені қорқыта келдің ғой,— деді ол тыржиып.

— Сіз қорықпайсыз ғой, осында екі-ақ мықты бар емес пе, бірі жолбарыс, бірі сіз. Сонан соңғы мықты мен болам. Айырмамыз сол сіздердің екі құлақтарыңыз бар, менің құлағым сыңар.

— Құлағым сыңар? Шұнақпысың? Әлгі қалқоз бастық болып жүріп қамалып қалған, қалқозды таратпақ болды деген шұнақ сенбісің!?

— Құлағы жоқ кісі керек болса, міне,— деп мен жоқ құлағымды шал жаққа бұрдым. Ол үңіліп тұрып қарады. Ол тұнжырап, төмен қарап кетті. Не ойлап кеткенін кім біліпті. Айырсақал шал өзі сөйлегенше мен үндемедім. Ол үнсіз. Жан-жағымдағы бізге ажал төндіріп тұрған он-он бес жігітке қарадым. Бәрі де өрімдей, ішінде кәрі-құртаң ешкім жоқ, бір өңкей сыла мұрт қойған, көп өсірмей қырқып, жебесін де доғап тастаған. Тепсе темір үзетін жігіттер, егер осылардың бәрі Совет өкіметі үшін жұмыс істер болса, колхоз ісінің бір жағын жапырып жіберер еді. Түнеугі күні мына айырсақалға көрсеткендей бұларға бір сес жасағым келді. Шал төмен қарап отыр. Күн екіндіге барып қалды. Маған уақыт ұту керек, әңгімені неғұрлым соза түссем, ол маған сол ғұрлы көмектесер еді. Мен үйректің ұшқанын аңдып отырмын. Шал әлі үнсіз. Міне, бір топ сам, бұл үйректер араласып барады. Жігіттерге азырақ ой салып қоймақ болдым. Өйтпеске болмайды. Мен қолтығыма қолымды тықтым. Қолтығымда мылтық болады деп мына байқұс жігіттер — алданған жігіттер ойламайды да. Тапаншаны суырып алып отырған күйімде үйректің бірін тартып қалдым. Үйрек құлап жиырма-отыз қадымдай жердегі шабырдың үстіне түсті де, бір бұтаққа ілініп қалды. Мойыны жап-жасыл, қоңыр үйрек. Оң қанатынан ілініп салбырап тұр. Шал шошып оянғандай селк ете түсті. Менің қолымдағы тапаншаны көріп түсі қашып кетті. Түнеугі күні де осы тапанша аяқ астынан пайда болып, шалдың аузын аңқайтып кетіп еді, міне, тағы солай болып тұр. Шалдың жаны мұрнының ұшына келіп отырғаны белгілі. Егер аналар бірдеме дер болса, мынау мені атып тастайды деп отыр. Дегенмен, інім, шалдың жаны менің қолымда болғанымен аналар бізді атар еді. Әрине, олар біз өре тұра келсек, біреуі тигізіп, біреуі тигізе алмай қалары сөзсіз. Бірақ екі жақтан да адам шығын болар еді. Бірақ әзірге күш олар жағында. Өйткені он бес мылтықтың ұңғысы бізді қалт жібермей көздеп тұр. Тек, айырсақалдың бір ауыз сөзі болсын, онда олар басып-басып салады. Мен мықтағанда шалды өлтірем, сонда жігіттердің бәрінен айырылмағанмен біразы шығындайды. Ойымды осылай пайымдадым да, тапаншаны қойныма тықтым. Айырсақал бұған таңданғандай қарап қойды. Сонан соң барып басын көтерді. Шабырға ілінген үйрекке қарады. Өз жігіттерінің біріне, шамасы ебесіне иегін изеді. Әкеліп беріңдер дегені. Жастау жігіт үйректі алып келді. Қоразы екен. Шалдың жігіттері менің үйректі қалай болса солай атып түсіргеніме таңырқап, біріне-бірі «көрдің бе» дегендей көздерінің астымен қарасты. Мен түк сезбегендей, маңыз бермей отырған болдым. Денем тітіркеніп, түршіккендей болған соң үстімдегі қазақша күпіме шымқанып алдым. Айырсақал үндемейді. Неге? Білмедім. Мен үндемесем уақыт ұту үшін, сөзді соза түсу үшін, күнді кешкірту үшін отырмын. Шал не күтіп отыр? Әлде ол да сырттан күш тосып отыр ма?

Айырсақал енді малдасын құрып отырды. Шал аңқасы құрып, кенезесі кепкен адамдай тамсанып, жұтқынып қояды. Ол жұтқынған кезде тамағындағы бұдырмақ жоғары, төмен бұлт-бұлт етіп жүгіріп кетеді. Әлі үнсіз. Басы төмен салбырап кетті, ине түсіріп алып іздеген адамдай. Мен де, жігіттер де тырс етпеді.

Тек айырсақалдың чипттері қозғалақтап, қолдары талғандай жыбырлаңқырап, тыбырлап тұрды. Әлден уақытта шал.

— Сенің әкеңнің аты Үйсінбай ма?

— Ия, оны осы өңірге жайғанмын,'Әкем — Үйсінбай.— Шал тағы үнсіз қалды. Тағы бір шамадан кейін барып:

— Шешеңнің аты Дәметкен бе еді? — деді. Мен ойланып қалдым. Фамилиямнан әкемнің атын әркім-ақ шамалауы мүмкін. Бірақ менің шешемді білетін адам бұл Балқаш бойы түгіл өзім өскен ауылда да қалмады.

— Ия,— дедім таңданғанымды жасыра алмай.

— Ендеше сені өтірік қамаған. Сен менің нағыз жауымсың. Сен бізді алдамақ боласың. Оныңнан ештеме шықпайды. Мен Совет өкіметін жек көремін. Неге жек көретінімді түнеугі күні келгеніңде көрсеткенмін. Енді сені тірідей шайнап жұтамын.

— Мен тамағыңызға тұрып қаламын. Қақалып өлесіз.

— Сен тәжікелеспе, одан да Үйсінбайдың әкесі Ағынай ма?

— Ия, оның әкесін де білетін шығарсыз,— деп кекеттім мен.

— Сен мені кекетпе және кежікпе де, кергіме де. Ағынайдың әкесі Жамансарт, оның әкесі Қазыбек. Рас па? — Шал үңірейіп менің бетіме қарады. Екі көзінің түбі шүңірейіп, бағанағы алғашқы көргеннен әлдеқайда жүдеп кетті. Іші ауырған адамдай шал тағы үнсіз қалды. Және ұзақ үнсіз. Мен де даққа қалдым. Бұл шал немене менің жеті ата, жеті пұстымды қуалап сұрайды. Не сыр бар бұл Совет өкіметінің ашық жауында? Бәлкім түнеу күні мені қамады деген өсек тарағаннан кейін әдейі ата-бабамды сұрастырған шығар. Ел құлағы елу, біреу болмаса біреу білгенін ортаға салған дағы. Енді мен бұған онша маңыз бергім келмеді. Шал тағы бет жүзі тыржиыңкырады да, қайта сөйледі:

— Осыдан түстік жерде Өтеген, Қазыбек деген екі өзен бар. Сол жерде Қазыбек аталатын тау бар. Сол тау сенің пұстың Қазыбектің моласы да. Сүйегі сонда, бірақ қай жерінде екенін білмеймін. Өзім көрген емеспін. Бұл сенің жүзге келіп өлген атаң Сиыршының әңгімесі. Менің бала кезімде ол кісі осында Мыңшұратқа келген. Екі-үш күн қонақ болған. Сонда өз аузынан естігенмін. Міне, қызық деп ойладым. Қазақ «сұраса келсең қойныңдағы қатының қарын-бөде шығады» деген. Дәл келіп тұр-ау. Япыр-ай, бұл Совет өкіметінің жауы, менің жауым, әлі менімен қарын-бөле шығып жүрмесін. Сөйтіп жаумен жақын болып жүрме, Абақ.

— Анау жігіттеріңізге отыруға рұқсат беріңіз. Мылтығын мейлі кезеніп қала берсін. Қалаған уақытыңызда әмір бере аласыз ғой.— Жігіттерге шынымен жаным ашыды. Біздің ыңыранып-ойланып сөйлеген әңгімеміз әзірге екі сағатқа созылды Олар тікесінен тік тұр. Қолдарында бізге кезенген мылтығы. Айырсақалдың көзі жұмылып кетті. Бір сәт үнсіздіктен кейін көзін ашты:

— Отырыңдар. Мылтық кезенулі тұрсын,— деді шал. Жігіттердің өзі де зорға тұр екен, бәрі малдастарын құрып, кілемге отырғандай құмға дүмін төсеп отыра-отыра кетті. Осы бір сәтте біздің арамыздағы тұтқыннан босатып алған Шоманға жан бітті:

— Жәке, мен Сматайдың туған жиенімін. Мені, тағы екі жігітті бұлар қызылдар ұстап, айдап бара жатқан жерімізден босатып алды. Бірақ, аға, мені осылар тұтқыннан босатса да, мен буларға сенбеймін. Өйткені Шетбұлақта бізге қызылдар шабуыл жасағанда желкемізден келгендердің бастаушысын танып қалып едім. Сол арамызда. Мен сондықтан бұларға сене алмаймын.— Шал сергіп ұйқысынан оянғандай, әлде құманды болып, дұмғандыққа ұрындырып отырған мәселесінің енді бетпердесі ашыла бастағанына қуанғандай жинақыланып, қутыңдап қалды.

— Е, бәсе, осылай болса керек еді. Ол қайсысың едің?

— Мен,— деді Ырысбек.— Советтердің ішінде Совет өкіметінің жауының жансызы болса жаман бола ма? — Шал қайта тұңғиыққа түскендей, түнеріп кетті. Тағы да алғашқыдай жерге қарап тесіліп, біздің жау екенімізді, әлде дос екенімізді өкіліне түсіре алмай отырды. Қанына сақсыры толғандай қызарып, доз шақыратындай тас түйін болып басын жерден жұлып алды. Ол маған қарап сөйледі:

— Мен түнеугі күні келгеніңде сенің құлағыңды байқамаппын. Мен сонда-ақ, сенімен білісетін едім. Артынан балалар айтқанда өкініп қалдым.

— Әлі де кеш емес, күн ерте, кеш батқанша шай қайнайтындай уақыт бар, үлгіресіз.

— Кеш батқан соң не болады?

— Сөзіміз нараду — келісім таппаса кешпен бірге батамыз.

— Кім батады? Сендер ме, біз бе? Ей, қайсысың едің, әлгі Сматайдың жиені. Мынаның қайсысы балшайбек?

— Білмеймін, аға, бұлардың екі адамы аң аулап кетті. Әлгі менімен бірге тұтқыннан босағандар. Мені жібермей ол екеуін неге жібереді? Аға, мені қарауыңызға алыңызшы.

— Алдым, тұр орныңнан. Біздің жігіттердің қатарына бар.— Шоман апыл-құпыл орнынан тұрып, біз берген мылтығын алып, Жатқұлақ жігіттерінің ортасына кетті. Бізге оның керегі де осы үшін ғана еді, біздің тұтқындарға шабуыл жасауымызды айтқызу болатын.

— Адамдарың біртіндеп осылай бізге қосыла береді,— деді шал ыржиып.

— Бәріміз де қосылуға келгенбіз, мен мажардан солаймын,— дедім мен. Шал тағы бірдеме ойлап кетті. Сәлден кейін орнынан тік тұрды да, сұңғағын созған аққудың саһарынша мойнын созып біреуді іздеді:

— Ей, Жөкен, мына балшайбектерді тамақтандырайық. Тез қой сойыңдар да етін қуырып жеткізіңдер! Мен сенің түп нағашыңмын. Сенің әкең Үйсінбайдың шешесі менің әкемнің бірге туған үлкен апасы. Бірақ сен жасырсаң да білемін, сен балшайбексің, мен балшайбектің жауымын. Сен енді менің тұтқынымсың, екеуміз туысқанбыз, бірақ бітіспес жаумыз.— Шал осыны айтып сылқ құлап түсті. Отырған жігіттері де, біз де сасып қалдық. Мен шалдың басын көтердім, Ырысбек аузына су тамызды. Қайта жерге салдық. Жатқұлақ жігіттері абыржып, абдырап не істерін білмеді. Ырысбек айырсақалдың кеудесін ашып, су бүрікті. Шал сәлден кейін көзін ашты. Қайта сөйледі:

— Сен менің жақынымсың, туған жиенімнің баласысың Байларға жасыңнан қаның қас, жібімейтініңді білемін Өйткені анаң нан жалғыз едің Жалғыздың мейірі қатты болады Соңғы айтайын дегенім сендер көп адамды жазықсыз қырдыңдар, сен дерді жек көремін. Сен менің жауымсың. Ал менің жалғыз ұлым бар, Талғарда кірпіш заводында жұмыс істейді. Ол сенің бөтенің емес. Соны сен тәрбиеле, балшайбек жасап ал. Аты Дәуітқұл. Әй балалар балшайбектерге қонақасы бе...

Шалдың шарпу жаны тынып қалды. Мен кезін жаптым Жігіттер көрбалалау болса керек, не істерін білмей ұйлығып қалды. Әлден уақытта барып жігіттердің бірі:

— Қайран бауырым-ай! Медетім-ай, айтатыныңды айта ал май арманда кеттің-ау! — деп дауыс салды. Айырсақал түп нағашымды — жау нағашымды сол төңірекке қойдық. Бұл бандыларда бәрі де бар екен, күрек, кетпен әзір. Күн бата Жатқұлақтың жамбасы жерге тиді.

Не істеу керек? Жігіттер мылтықтарын тастай салып бәрі топырақ салып жатыр. Бәрінің мылтығын жинап алып, мола басынан айдасақ сонда бізді кім дейді. Ырысбек екеуміз ақылдасып тұрдық. Қалай істегеніміз жөн. Және елу-алпыс адамның қайсысын ұстарсыз. Не де болса шалдың қонақасын күтелік дедік

Біз Жатқұлақты көміп болмай-ақ Жалбық жетіп келді. Демек біздің тосып отырған адамдарымыз жетіпті. Жұрт жапырлап қонақасыға отырғанда әскерді жеткізбек болдық Үн-түнсіз айыр сақалды жерледік. Тамақ әзір екен Бандылар қосыны біз түскен жерден алыс емес-ті. Бір шақырымдай. Біз бандылармен барма дық, орнымызда қала бердік. Олардың бағатыны біз ғана. Сондықтан күзет қойып, әскермен таң алдында олардың қосын қоршамақ болдық.

Нартын көміп болған соң бандылар тәкбірлесіп ұзақ отырды Шоман бірден-ақ бізден іргесін аулақ салып, солардың жағына шығып алды. Бізге оларға енді бастық болады-ау дейтіндерді сөзін басқаларға тыңдата алатын адамдарын білу керек. Қары ұнымы елу-алпыс адамдай бандылардың басшысы Барақбай деген бақырбастау жігіт тағайындалған. Бұл осыған дейін де Жатқұлақтың ең сенімді серігі болып келген. Біз олардың іңірде басталған кеңес-тәкбіріне Құрамысты жібердік те, Жалбықты қосқа қарауылға қойып, жігіттерді түн жарымына дейін демалуға бұйырдық. - Олар жата салып пырылдады. Мен де қалғып кетіп көзімді ашсам Ырысбек, Жалбық, Құрамыс үшеуі салдырлатып бірдемені жерге қойып жатыр. Сөйтсек күнде еркін, қызыл іңірден ұйықтап үйренген бандылар түн жарымына дейін бастықтыққа таласып, ақыры Барақбайды бастық қойған соң басқасы ұйқыға бас қояды. Бәрінің қатты ұйқыға кеткен хошуақ шағын білген Жалбық пен Құрамыс Ырысбекті оятып, олардың мылтығын тегіс жинап алуды ойлайды. Алпыстай адамда отыз бір мылтық бар екен. Тапаншаның бары-жоғын кім біліпті, Жалбық пен Құрамыс бандылардың мылтығын сыпырып алыпты. Шіркін екеуі де атығай жігіт еді ғой.

Таңсәріден тұрып, еркін, қалай болса солай құлаған бандылардың қосынын қоршап алдық. Бұларда қарауыл да жоқ. Ағалалы ордада ақ төсекте жатқандай. Біз шың ұрып, қалған тартып «тұрыңдар» деген белгі бердік. Біздің кернейіміздің даусынан шошыған бандылар шолан ұрып ортаға шықпақ болса да, шолпы тартып тұрып-тұрып қалды. Мылтықсыз бәрінің қарақан бастары қалған. Қалғанның кернейлеткен әуезі бандылардың миын шаққандай. Кейбірі екі қолымен екі шекесін басып, жүресінен отырып қалды. Қызыл әскерлер кешегі бізді қамаған бұлардың өздерінше тұр Бірақ бәрі атты Олар жаяу болатын Менің көзім бір шалғанда Шоман Барақбайдың жанында тұр еді, енді жанын қоярға жер таппай әркімді бір сағалайды. Құдайдың ұрғаны-ай, дейтін болса керек.

Мен Ырысбекті ертіп ортаға шықтым. Бандылар қаз қатар тұр. Барлығы елу үш адам екен. Оның мылтық ұстағаны отыз бір Демек, жиырма екі адам аңғыртқа ұшып жүрген сорлылар, анау ру басылардың қошығын қошықтап, табағын тасысып, айылын тартысқан байқұстар.

Мылтықтарың жоқтарың, мылтық ұстамағандарың алға шығыңдар, қане! дедім дауыстап. Біразы ілгері шықты Санап едік, жиырма алты адам болды.

Бұл қалай? Қайсысың өтірікшісің? Төрт адам өтірік айтып тұр. Мылтығы жоқ жиырма екі адам ғана болуы керек.

— Жоқ, ағай, жиырма үш адам болуы керек,— деді жастау жігіт. Сіздер алған мылтықтың бірі өлген жәкемдікі еді ғой.

— Ал сонда да үш адам артық. Қайсысың. Бәрібір тауып аламын, одан да өздерің мойындаңдар. Ал мылтық ұстағандарың орындарыңа қайта барыңдар. Екі жігіт қайтты. Шыдай алмады білем. Біреу мылтықсыздар ішінде қалып қойды.

— Мынаның ішінде бірі мылтық ұстаған. Тапқан соң атып тастаймыз,— дедім Ырысбекке қарап. — Барақбай деген қайсысың?

Ешкім дыбыс щығармады. Мынау деп ешкім көрсетпеді.

— Мынау,— деді Құрамыс, мылтықсыздар ішіндегі жуан сарыны нұсқап.— Түнде нарт болып белгіленген осы.

— Алыңдар, Барақбайды! — Ырысбек оның жанына екі Қызыл әскермен барды да, қолына кісен салып, біздің адамдардың ішіне жөнелтті.

— Ал қалған мылтықсыздар! Сендер аңғыртқа ұшып, босқа сабылып, босқа бала-шағаларыңнан безіп жүрсіңдер. Қазірден бастап боссыңдар, әрқайсысың қатын-балаңды тауып алып, адал еңбек етіңдер. Ал қазір аттарыңа мініңдер де жөнеліңдер. Енді бұл жаққа келсеңдер кешірім болмайды.— Ырысбек олардың тізімін алған соң тарқатып жіберді. Аттарына мінген олар тым-тырақай, әлде асқа келіп тарқап бара жатқан, әлде көкпардан қайтқан адамдай жөнеп бара жатты. Құтылдық па, құтылмадық па дейтіндей.

Қалғандарының бәрін сұраққа алдық. Отыз адамның, Шоманмен отыз бірдің бәрін айдап, қамағымыз келмеді. Мүмкіндігі бар, райынан тез қайтатындарын қолынан қағаз алып қайтармақпыз. Ол біздің өз қолымыздағы нәрсе.

Інім отыздың бәрі бірдей Совет өкіметінің жауы емес екен. Тіпті арасындағы бір салдама киімді жігіт аса сауатты адамдардың сөзін айтты. Орта жастағы кісі. Аты Асан. Онымен Ырысбек екеуміз ұзақ әңгімелестік. Ол алдымен жауап бергісі де келмеді, біраз сұрақтан кейін барып шынын айтты:

Мен бай емеспін, бай баласы да емеспін. Менің қатын-балам жоқ. Жалғыз басты жігітпін. Сондықтан нақ қазіргі мезетте маған қайда жүріп, қайда тұрудың бәрібір. Мен Совет өкіметін дұрыс қарсы алдым деуіме болады. Бұл тіпті де оның жүргізер өкімдігін, берер бағыт-бағдарын, сүтінін-түтінін ұққандықтан емес, мен оған былай қарадым. Кеше бізді — қазақтарды Патша өкіметі қаратып алды. Ол бізді жерімізден қуып, бар шұрайлы жерімізді келімсектерге тартып алып берді. Мен сіздерге бәрін жасырмай айтайын. Ең алдымен, Әбеке, адам ашық пікірі үшін жазаланбауы тиіс. Ал, сіздер, ашық пікір айтқан Байтұрсыновты, Дулатовты, Аймауытовты соттап жібердіңіздер. Мен сауатсыз адаммын. Сөзіме қарап бұл оқыған адам екен деп ойламай-ақ. қойыңыздар. Тек өзімше қара танып, газет оқи алатын ғана шамам бар. Менің бар оқығаным «Еңбекші Қазақ» қазіргі «Социалды Қазақстан». Осыны оқып-ақ мен көп нәрсені аңғара алдым. Оқуды оқу үшін оқымау керек, Әбеке, сіз оны менен гөрі жақсы түсінесіз. Оқудан нәр алу керек, сол оқуыңнан бір қорытынды шығара білуің керек. Сіздер он тоғызыншы жылы кешірім берілген «Алаш» партиясын қайта-қайта айта бердіңіздер де, жұртты ашық, пікір айтқаны үшін соттадыңыздар.- Сіздер оны жұртқа жау деп түсіндірдіңіздер. Ал жұрттың ішінде олардың барлығы бірдей жау еместігін, тек пікірі барлығын, олардың сіздердің істеп жатқан істеріңізді сарапқа сала алғандығы үшін жауапқа тартылғанын білетіндер көп екенін ойламадыңыздар. Олар ешкімді сіздерге қарсы үгіттемесе де жазалағандарыңызды газет жазған мақалалардан-ақ түсіне, арғы жағын көре-біле алатын адам бар-ау деп ұқпағандарыңызды айтқым келеді. Міне, мысалы қазір, сіздер, осындай ашық пікір айтқаным үшін, Алашты жақтады деп акт жазып, мені. де соттай салатындарыңызды білемін. Егер олар қолына қару алып, жұртты Совет өкіметін құлатуға бастап, көтеріліс-ұйымдастырса, яғни қылмыс үстінде ұстасаңыздар, әрине, атуға да, асуға да болады деп ойлаймын. Өйткені олар онда ашық жаулық істеген болып шығады. Бірақ сіздер болмаған нәрсе үшін, өздеріңіз болуы мүмкін, түбінде осылардан бірдеме шығып кетуі мүмкін деген күдікпен оларды соттадыңыздар. Бұны, мен де, мен сияқты газет қана оқи алған талай адам білді, көзі жетті деп ойлаймын.

Мысалы, Әбеке, мен Совет өкіметін жақтағанда алғаш сіздердің жолдарыңыздың кереметтігіне көзім жеткендіктен жақтағаным жоқ. Мен жерінен айырылған қазақпын. Мен сонау Белшандырдың қазағымын. Ал Балқаш бойына үш қайнасам сорпам қосылмайды. Алдымен Колпаковский Іленің арғы жағындағы жерінен менің атамды Іленің батыс жағына бір қуды. Біздің жеріміз Көксу, Құрымбел, Алтынемел, Матай — Бақай тауы екен. Ал енді Верный уезін қаратып алған соң, аталарымыз туысқандарынан жалынып-жалпайып, ақтарылып-ағынып жүріп Белшандырды сұрап алыпты. Тоғызыншы жылы Белшандырды патша өкіметі тағы тартып алып, біз тағы жерсіз қаңғып қалдық. Әйтеуір енді қалай болғанда да патша отаршылдығынан құтыла алмайтын болдық. Сондықтан мен сияқты жерінен айырылып, өз елінде, өз жерінде шығарға ер таппай, кірерге көр таппай бұратана атанып, көрінгенге көзін сатып қалған қазаққа қай орысқа, тіпті басқа бір ұлттың қайсысына бағынғанның бәрі бір емес пе? Қане, осым дұрыс емес деңізші! — Белшандырдың қазағымын дейді ә? — деп ойладым мен. Бұл жерінен айырылған Орымбеттердің өкілі екен ғой. Олар қазір Қаскелең маңында, Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақта турады ғой. Айтып отырғанының бәрі рас. Менің аталарым да сол Іленің арғы жағындағы Құрымбел, Алтынемел, Шаңқанай, Матай-Бақайда тұрған.

— Совет өкіметі қазақтарды қайтадан жеріне орналастырды ғой, оларға шұрайлы жер берілді ғой,— дедім мен.

— Мені алдарқатпай-ақ қойыңыз. Қалай орналастырғаны белгілі. Орналастырмақ болған Жандосовты Жетісудан орынынан алып, қуғынға түсірдіңіздер емес пе? Тіпті жиырма бірінші жылы болған мәселені сіздер қайта жаңғыртып, арада сегіз-тоғыз жыл өткенде Жандосовты «Қазақтарды жерге бірінші орналастырғаны үшін» сөгіс беріп, одан Өлкелік Комитеттен кетірдіңіздер емес пе? Мен мұның бәрін тек газет хабарларынан алған мағлұматтарымнан ақылға салып қорытынды шығарамын. Шынымен саясатты аңлаған кісіге не болып, не қойып жатқанына газеттің берген, большевиктердің пайдасына айтылған сөздің өзінен-ақ пайым шығаруға әбден болады.

Мен бастан бандит емеспін. Өйткені тап күресі дегендеріңізге де мен еліге қоймадым. Ал шынымен колхоздастырудан мен үлкен үміт күткенмін. Бірақ оным желге кетті. Мен бір атадан тараған он үйден жалғыз қалдым. Бәрі аштан қырылды. Тігерге тұяғын қоймай, бар малын тартып алдыңыздар. Оларға екі жыл бойы не жұмыс тауып бере алмадыңыздар. Ақыры қазақтың тең жартысынан көбін қырдыңыздар. Міне, осыдан кейін сіздер мені қалай Совет өкіметіне дос бол дей аласыздар. Сіздер мені қамайсыздар, мен үшін қайда жүргеннің бәрібір. Мен сіздердің түрмеңізден де, итжеккеніңізден де қорықпаймын. Ашық пікір айтқаным үшін айыпты жасайсыздар. Ата алмайтындарыңызды білемін. Өйткені ол сот арқылы ғана істелуі мүмкін. Мені бұл жерде ату қолдарыңыздан келмейді.

— Ал біз сізді босатып жіберсек не істер едіңіз? — дедім мен.

— Онда енді күн көрістің көзін іздеймін дағы.

— Мылтықты қайдан алдыңыз, мұнда қалай келдіңіз?

— Мұнда балық аулай келгендерге жалданғанмын. Сонан соң мына жігіттердің еркін өмірі ұнады. Мылтықты кешегі өлген Жатқұлақ берді.

— Онымен қанша кісіні аттыңыз?

— Екі қоян аттым,— деді Асан, адам ату ойыма келген жоқ, және ол менің қолымнан келмейтін шара ғой деймін.

— Онда неге бандиттарға қосылдыңыз?

— Еркін далада жүргім келді,— деді Асан. Ырысбек екеуміз ақылдастық. Асанды босатуды жөн көрдік

.

— Сіз енді боссыз. Енді бұл өңірге соқпаңыз, теріс жолға түспеңіз, жоғарылап, кәсіп қылыңыз.— Асан біразға дейін біздің босатқанымызға сене алмай ұйлықты.

— Тез аттаныңыз да, жөнеліңіз,— деді Ырысбек. Сәлден кейін Асан қайта айналып келді.

— Бір сөзім бар еді,— дейді ол.

— Айтыңыз!

— Осында бір ауылдан келген үш жігіт едік, олардың да жазығы жоқ, тек маған еріп келіп еді.

— Бала-шағасы бар ма еді?

— Жоқ, мен сияқты үйсіз-үйелменсіз, қонарын сай, ұшарын жел білетін жалғыз бастылар.

Асанның атаған жігіттері де өзі сияқты, әр нәрседен хабардар, бірақ бұзықтығы жоқ, жандар болып шықты. Оларды да босатып қоя бердік.

Ортаға кебеже қарын кең құрсақ, бойы аласа балшық сары жігіт Барақбай шақырылды. Екі беті ботқадай, бір қараған адам қазақтан гөрі сақа ма деп қалар ма еді. Екі көзі не көк емес не қоңыр емес, кілегейленіңкіреген. Қалың сары шашы әр талы көптеп жуылмағандықтан салабаланып, сапандана түскен. Өтірік күлін үйренген адамға ұқсайды. Садаптан қараған адам «жылуы жоқ бойының жылмиғаны неткені» дейтіндей, бізге қарап ыржияды. Кейде осындай танымайтын адамдарға қарап та күлкісі келіп тұратын адам болады. Әсілі ондайлардың көбінің көңілі жайсаң жандар еді. Мынау кім біледі, сондай бір жағасы жайлау, етегі қыстау адам шығар. Жасы қырықты алқымдап қалған, тепсе темір үзер кезі екен. Ол бізге ә дегеннен-ақ теріс келді.

— Енді бізді орыстың өзі қойып малайлары сұрайтын болды ғой,— деп бастады ол сөзін.— Өз бастарында билік жоқ, сорлы-мүскіндер, өмірде орыстың алдында ләппайлап өтетін болдыңдар ғой.

— Ал айтпағыңыз болса, армансыз айтып алыңызшы, мен сұраққа кіріспес бұрын. Арманда қаларсыз. Айтпағыңыз көп сияқты ғой,— деді бәрінен жауап алып отырған Ырысбек. Ол мұны ашу шақырмай жайбағыстап отырып айтты. Балшық сары түнере түсіп, қабағын қайта көтеріп, өп-өтірік ыржиды. «Жаңағым қалжың» дегендей. Бұл бер жағындағы бізге көрсеткен қулығы еді. Бізді иландырамын деп ойлайды. Өзін әлде қу, әлде ақылды санайтын адамдарда көбіне осындай қылық болады.

— Жай, менікі әзіл ғой. Қолға түскен тұтқын қалай сіздерге тіл тигізе алсын, онда тілімізді кесерсіңдер. Орыс қожаларың солай істе деп үйретіп жіберсе, істемеске амалдарың қайсы? — Мен ойланып қалдым. Бұрнағы күні біз бөлінерде Федор «мен де барайын» деп көңіл білдіріп еді. Бара жатқанымыз тым төмен болғандықтан оны әдейі алмаған едік. Енді соның дұрыс болғанын көріп отырмын.— Мен мына Сопы ауылының қазағымын. Бізді бұрынғыша Сарыүйсін ішінде Қалша дейді. Әлгі сонау жылы өлген шошқа баққыштың баласы бастық болған соң-ақ Советіңнен шошынғанмын.

Кімді айтып отыр деп мен таңданып қалдым. Менің есіме түсіре алмай отырғанымды білген Ырысбек:

— Бәрібаевты айтып отыр,— деп сыбыр етті. Енді есіме түсе кетті. Жиырма екінші жылы Ташкенттен Рысқұлов ұшып келіп, сонда Ұзынағашта көрме болған. «Өстепкеде» деген Жәкеңнің өлеңі бар, сол көрмелерге барғанда айтқан. Көрменің қызығы, ат шапқаны, көкпары, күрес-сайысы аяқталып болған соң, түстен кейін жұрт тамақ ішуге отырады. Жамбыл атаң жағалап үйлерді тамашалап, домбырасы қолында келе жатады. Ол әр үйдің есігінен қарап, үйлердің жасау-жабдығын, жайып тастаған себін көреді. Бір боз үйдің жанына келгенде есік алдындағы адамдар Жәкеңді бұл үйдің есігіне жақындатқысы келмейді. Жәкең сұлыбынан еркіндікке жаратылған адам жаңағы үйге жақындап бармаққа ерегісе кетеді. Сөйтіп біреу оны жасқамақ болып «бұл үйде Жандосов, Бәрібаев отыр, аулақ жүр» дейді. Сонда Жәкең «әкеңнің... утас жаққан, шошқа баққан, әділет керек болса мені тапқан, екеуің де боқмұрын бала едің, қалайша енді маған құрдың қақпан» деп өлеңдетіп жібереді ғой Сөйтсе Жандосов пен Бәрібаев үйден жүгіре шығып, қартты екі қолтығынан алып кіргізіп кетеді Сөйтсе «утас жаққан дегені Жандосовтың әкесі Қиқым екен де, шошқа баққаны Жұбаныш Бәрібаевтың әкесі Бәрібай екен. Бәрібай, Бөрібай екі ағайынды еді, інім. Бөрібайдың баласы Бекұзақ анау Шамалғанның аяғындағы Көлащы деген жердегі бұрын Тұрар колхозы, қазір Киров атанған колхозда тұрады. Ал Бөрібайдың баласы Жұбаныш жиырма жетінші жылы Жетісу облыстық партия комитетінің жауапты хатшысы болып тұрғанда құрт аурудан қайтты Ол кезде бірінші хатшы демейтін, інім, жауапты хатшы дейтін. Баласын ер балалар гимназиясының бірінші класына берерде Бәрібай бір жыл орыстың шошқасын баққан екен. Бәрібаев оқуға келгенде онымен жасты Жандосов гимназияның төртінші класында оқып жүрген. Мына балшық сарының айтып отырғаны сол Кедей деп бізді кемітіп отырғаны да баяғы Інім, қазақ қызық халық Ол біреудің айыбын, кемдігін айтады. Мысалы біреудің таздығын, әлде біреудің ақсақтығын бетіне баспайды. Ондай адамды тебір, тексіз деп есептейді, тіпті қазақ біреудің кедейлігін де айтқызған емес. «Құрдасын кедей деп кемітеді оңбаған» деп ондай сөкет, анайы сөйлегенді зарпынан ұнатпайды. Бір кездегі біздің большевиктік нартымызды «шошқа баққыштың баласы» дегені өңменімізден өтіп кетсе де, оны Ырысбек екеуміз әдейі елемеген болдық. Біз өзіміз қай бір бұлықсыған мырзадан шығып едік, мен кешегі қойшы, Ырысбек те солай. Сөйтіп балшық сарыны тыңдап қалдық. Оның бетіне қараған сайын маған таныс сияқты болып барады Ия, ия ескі «дос» Сонау он сегізінші жылы «Алаш» казармасынан Шепров екеуін қамауға алған едік. Осы жерде Махамбеттің бір ауыз елеңі ойыма оралып дауыстап айтып жібердім

«Ежелгі дұшпан ел болмас

Етектен кесіп жең болмас»

— Е, батыр, баяғыда Алматыда Алаш казармасында қолыма түсіп едің, әлі оңбай жүр екенсің ғой!

— Ағатайлар, жанымды қалдыра көріңдер! — деп зарлап қоя берді балшық сары. Тура баяғы сөзі, сарыүйсін Сарының немересі. Белгілі феодал тұқымынан, Совет өкіметінің қас жауы, әлі сөзі бұзық. Енді тағы да «жанымды қалдыра көріңдер» деп жалынады. Балшық сары азырақ жалынып-ағынып, жалбыштанып отырды да, тағы күшейіп шыға келді:

— Орыс қожаларың мені ұстап әкеліңдер деп пе еді, онда ұстадыңдар. Орыссыз күндерің бар ма, құл-құтандар...

— Сөзді көрдің бе, інім, «құл-құтандар» дейді. Өлгелі жатқан шошқа да қорс еткенін қоймайды. Бандылардың бұл төңіректегі ақырғы апанынан ұсталғандардан он бір адамды қалдырдық та, басқасын босатып қоя бердік. Бұл бандылардың ерекшелігі сол — кейбіреулері әйел, бала-шағасымен қашып жүр еді. Олар, әрине, ірілері болатын. Сонымен ақырғы апан талқандалды, бірақ бұлар ақырғы бандылар емес-ті Шалтабай, Ағыбай, тағы біразы жеке-жеке кеткен еді..

..Шалтабай Ошта жүр екен.

Бұл сөз Қастек ауданындағыларға тегіс жайылып кетіп еді. Бірақ ол кетерінде тағы да жұртты шулыған жасады. Ең шеттегі Бұғымүйіз — Бесмойнақтағы Қасқарау ауылының жылқышысын соққыға жығып, он шақты атын алдына салып айдап Қырғыз асыпты. Жалғыз емес, жанында Атагелді, Әбдібай деген бірге туған бауырлары бар. Бұл кездері Жалбықты да, Құрамысты да ауылдарына қайтарған болатынбыз. Енді оларды қайта іздеуге тура келді. Қаскелеңнен қайта алғызған Жалбықты атқа мінгізіп Әбдіқадыр екеуміз Құрамысты іздейік.

Құрамыс Ақшап баласы. Оны көбіне елде Тайторы Құрамыс дейтін. Ол ірі байларды конфискелеуге, колхоз ұйымдастыруға белсене қатысқан, «Қоғамшыл» колхозын ұйымдастырып, оның председателі де болды. Енді, міне, Шалтабайды іздеуге аттанғанда ол бізге тағы керек еді. Өйткені ол да, Жалбық та тым епті, әрнәрсеге епсекті, жүзіктің көзінен өткендей пысық жігіттер. Құрамысты кеш алдында бір қойшы үйінде шай ішіп отырған жерінен таптық. Оны атына мінгізіп алып ауылдан ұзап шыққанда «Мынаны жібере салайын» дейді Құрамыс. «Нені?» деймін мен. Сөйтсем Құрамыс қорада жатқан қойдың бірін ат үстінен іліп әкетіп, сереңдетіп, екі алдыңғы аяғынан ұстап алып келе жатыр. Төрт-бес атты кісі қатарласып келе жатып, соны білмеппіз. Көрдің бе, інім, «құланды да жыландай кісі атады» деген қазақ. Біз осындай жігіттерді де пайдаландық. Олар шын мәніндегі өнерлі жігіттер болатын.

Сол екі жігітпен, он шақты солдатпен мен Қырғызстан кеттім. Ол Қырғыздың Өзбектің Ферғана аңғарымен шектес жатқан қаласы. Қалаға біз Қызылқиялатын жеттік. Қала халқының көбі өзбек. Бізге жеткен мәлімет дәл екен. Солдат киімін киген Құрамыс Ош базарын аралап жөнелді. Сәлден кейін-ақ басына ала тақия киіп, жылқы етін сатып тұрған жерінен Шалтабайды ұстап алып келді. Ол тіпті бұл жерге іздеп келе қояды демесе керек, мені көріп түсі бұзылып кетті. Шалтабайдың өзі айтқандай-ақ біз оған Совет өкіметінің құрығының ұзын екенін көрсеттік... Ал қаныпезер Ақназар Бекназаровты ұстау мүмкін болмады. Ол біз қуғаннан екі күннен кейін-ақ Қытай өтіп кетіпті.

Енді мен Алматылық болдым. Мұның өзі бір жағынан жаман да болмады. Қолым тиіп, қалт еткенде Совет пен Марленге барып тұруға мүмкіндік туды. Алматыға, әрине, қызмет бабымен келдім. Міндетіміз енді Алматыға келіп көп ішіне сіңіп кеткен, көп адамды өлтіріп, көп малды ұрлаған Ағыбайды ұстау.

Алматы ол кездері кішкене қала. Аяғынан басына қарасаң сайрап жататын көшелерде машина аз, ат арба, ат та, түйе де көп. Жан-жақтан алма, қауын-қарбыз сататын колхоздардың бәрі көлікпен келеді. Алматының көкбазарының бір шетінен кірген кісі ол шақта екінші жағына шыққанша тойып қалады. Інім, адам сауатты болған сайын сараң, көзі ашылған сайын қытымыр, қатыгез бола ма деп те қаламын. Әрине, теориялық жағынан алсақ Бұл дұрыс болмайтынын білемін. Өйткені теория қашанда адам ойын жақсылыққа сүтіндеуі тиіс. Сондықтан сұлыбынан жаман нәрсе жоқ, ол Жүре келе жаман болады, бірақ ақырында ол жақсылыққа барады деуіміз керек. Бірақ, інім, теория, яғни қисын жасалады, ол өзгермеуі тиіс. Бірақ өмірде солай ма? Мен де Коммунистік партия мүшесі боламын. Өзгермейтін қисын тек шындықтан қыбайы болмақ. Шындыққа негізделген қисын өзгермей тұра алмақ емес. Әрине, оны біз мойындағымыз келмейді. Сомдықтан теорияға догмалықпен қарамау керек, оны жасампаздықпен пайдалану керек деп сүйей салды жасаймыз. Ал менімше, керсінше қисын өзгере береді, ол тіпті жағдайға қарай құбыла түседі. Ал саясат қайта көбіне тұрақтырақ. Мысалы алайықшы, ұлт саясатын алайық. Ол қай қоғамдық құрылыста болса да көп ұлттың аз ұлтқа үстемдігі тұрғысында жүргізіледі. Қазақ оны көп теоретиктен «қисыншылдан» бұрын білген. Мысалы айталық. Қазақ «көп қорқытады, терең батырады» деген. Өтірік дей аласың ба, осыны, інім. Әрине, сен марксизмді жетік білетін баласың. Мен, інім, бүгін атшы-қосшы болып отырсам да, оны сенен аз білемін дегім келмейді. Менің осы айтып отырғаным ленинизмге қайшы емес. Тек соны бүгін жүзеге асырушыларға, теорияны теріс жүргізушілерге қарсы. Әйтпесе, інім, айта ғой, неге біздегі саясат бір ғана ұлы халықтың психологиясына сәйкес жүргізіледі? Үндемейсің ә? Мейлі үндемей-ақ қой. Неліктен ұсақ ұлттардың мүддесі ескеріле бермейді. Өйткені теорияның айтқанын саясат жеңіп кете береді. Ал дұрысында саясаттың емес, теорияның дегені болуы керек. Бұл да тек теориялық жағынан ғана дұрыс. Іс жүзінде олай болмайды. Мен ісіміз теориямызға сәйкес болсын дейтін адаммын, бірақ теорияның емес, саясаттың айтқаны болып жатады ғой. Айтайын дегенім әлгі адамның сараң тартқандығы еді ғой. Сол кездері, әлі еліміздің тегіс сауаты ашылмаған кезінде көкбазардағы алма сатушылар, «дәмін көр» деп қолыңа алманы қалай болса солай ұстата салушы еді, сонда қарны ашып қалған адам базардың екінші шетіне шыққанша бірде өрік, бірде алма, бірде алмұрт, бірде нәк, алқоры, інжір, нарт, анар жеп ішін теңдеп алушы еді. Енді сауаттанған заманда біреудің бір өрігін алып аузыңа салып көр, саған қызыл тақия кигізбегенімен жеті ата, жеті пұстыңа жетсін. Міне, сондықтан да мен адам сауаттанған сайын сараң, қытымыр бола ма деймін. Әрине, сен оны маған «жоқ, олай емес, қазір сауаттанған сайын адам да еңбегінің қадірін, қиындығын білген, сондықтан еңбекпен тапқан нәрсесін — затын, өнімін саған неген бергісі келмейді» дейсің. Әрине, мұның да жаны бар, бірақ бұл жерде молшылық пен жоқшылықтың алатын орыны да ерекше. Неге? Сол кездері Алматыда жеміс көп қой деймін. Мүмкін базардағы мырзалық содан келіп тұрған болар. Ол кезде алманы арбамен әкеліп базарға төгетін де, сатқанынша сатып, қалғанын кілттеп, бекітіп кету дегенді атымен білмейтін, сол жерге үстін киізбен, әлде сабанмен жауып тастап кете баратын да, ертеңіне қайта сатуға келетін. Ал қазір тастап кетіп көрші, ертеңіне не қалар екен?! Ең алдымен базардағы қарауылдың өзі оны түнімен үйіне тасып шықсын. Біз капиталистік-жекеменшіктікке негізделген қоғамнан қоғамдық меншікке негізделген социалистік қоғамға өттік. Ал біздің психологиямыз қалай өзгеріп кетті. Бұрынғыдан ұрлық неге көбейіп кетті? Мысалы қырқыншы жылға дейін қазақ ауылдары құлып, кілт дегеніңді біле бермейтін. Есігі ашық болар еді. Қазір керісінше, социалистік қоғамда ұрлық болмауы керек қой. Теориялық жағынан алғанда солай болуға тиіс. Ал біз бір жамандық көрсек ескі капиталистік қоғамның сарқыншағы, қалдығы дейміз. Ал Қазақстанда капиталистік қоғам кезінде барымта-сырымта ретінде жылқы алу болмаса, үй тонау, кісі тонау, біреудің бірдемесін іле кету жоқ еді ғой. Сонда бұл қайдан қалай пайда болды!? Осындайды білеміз, айтамыз. Біз енді осы шындықты білгеніміз үшін кінәлі болатын болдық қой. Бұл қалай, інім? Сол білгеніңді айтсаң, социалистік қоғамға қарсы болып шығасың. Ал қазақ «ауруын жасырған өледі» деген. Ал Осындай социализм кезінде етек алып кеткен тебірлік-тәртіпсіздікті айтпағандықтан, әрқайсысымыз өзімізге «ұлтшылдық» әлде «қоғамға қарсы» деген айдар тағылмауы үшін, от басымызда аман жүруіміз үшін аузымызды бағатын болдық, ал кемшілікті айтпадық, айтқызбады оны, оны айтқан кісі жау болады, сонда ол кемшілік қалай жойылады, қате қалай түзеледі? Оны үндемей отырып, екі елі аузыңа төрт елі қақпақ қойып отырып, былай жою керек, былай түзеу қажет деген адам көрмей тұрмыз ғой.

Інім, міне, тағы лағып кеттім. Сол Көкбазарды, сауда көшесіндегі көп магазинді Жалбық, Құрамыс үшеуміз кешке дейін кеземіз. Алматы көшелерін сандаламыз. Іздейтініміз Ағыбай. Оның осы Алматыда екеніне құманымыз жоқ. Мәліметім сенімді болатын. Қашқында жатып-тұратын үй де бола бермейді. Өйткені оған қазақ үйінің бәрі кірті, бәрі қоныс. Қазақтың кең пейілі Совет өкіметінің жауын ұстауға кедергі жасады. Неліктен дейсің ғой. Ол кезде біздің жерімізге ресмилік әлі әбден кіріп болмаған. Кез келген қазақтың үйіне барып «қонақпын, құдайы қонақпын» десе, қолын қусырып, текеметін төсеп, сырмағын салып, бар тәтті-дәмдісін, жылы-жұмсағын аузына ұстап, құшақ жайып қарсы алады. Ыр келген қонақпен бір күн дидарласып, сұқпаттасу оған бір ғанибет. Пыран киіп, пырақ мінген батырды, соғым байлап, бордақылаған қараңғы азбар, ақырды, желі тартып, құлын байлаған тақырды айтып, өткен-кеткенді еске түсіріп отыруды бір жасап қалдық деп есептейді. Тіпті кейде есім-ныспысын ғана сұрап, әңгімесі жарасса, кім екенін де білмей, құдайы қонақ деп қала береді. Ол бір аңқаулықтан, алжасқандықтан емес, еренсіздіктен де болмайды, мықтағанда басына іс түсіп жүрген қазақтың ер-азаматы, кебенек киген көбеңі дей салады. Міне, сондықтан біз Ағыбайды үйден іздемейміз, оны олай табу мүмкін емес, жұрт жиналған, құрттай қайнаған қан базардан іздейміз. Сол көп сандалыстың бір күнінде ойламаған жерден қызық оқиғаға кез болдым.

Көкбазарды аралап, шаршап бір түйелі арбаның үстіне шығып отырдым. Тіршілік істеген тірі адамдар құрттай қайнап жатыр. Қаршылдатып алма шайнаған балалар, дауласқан саудагерлер, араға түскен делдалдар, алыпсатар-қызылқұлақтар. Кәдімгі қоңыр күздің шуақты күні нұрын төгіп тұр. Кейбіреулер арқасын күнге төсеп мүлгіп отыр. Біреудің біреумен ісі жоқ. Әркім өз шаруамен. Күні өтіп бара жатқан, қураған шөптен сорар шырын таппаған жабайы аралар ұшып-қонып, алмадан алмаға, өріктен өрікке қонып тызылдап жүр. Анда-санда ақырған есектерге қосылған базардың басқа бұрышындағы әңгінің дауысы озан салады. Көкбазар төңірегіндегі жалғыз қабатты үйлердің тауықтары да нәпахасын осы базардан келіп теріп жейді. Олардың жалбағы жалпыштанған қораздары да көзін қырғиландырып, тың-тыңдағандай қоқиланып барып шақырып қояды. Әр жерден «манту алың» деген ұйғыр әйелдерінің дабысы естіледі. Біреулердің күліскен, біреулердің дауласып ұрысқаны да құлақты тұндырады. Шарт-шұрт ұрысып саудаласқан алақандар. Он бес-жиырма минут сайын Жалбық пен Құрамыс бір жолығып кетіп тұрады. Түйелі арба иесіз сияқты. Үстінде қарала қаптары, арқандары жатыр. Әкелген жемісін жапқан, немесе әдейі-ақ үйінен төсенуге алып шыққан шұрық-тесік құрым киіз. Әжептәуір қара шапан, қара елтіріден тігілген төрт сайлы бөрік жатыр. Мұнымды біреу алар-ау деген ойда жоқ, түйелі арбаның иесі бұл дүниеден кешкендей. Базардың үстін ала қойған арбада отырып сонау бала күнімді шолып, сол жоқшылық билеген, жалаң аяқ, жалаң бас Беріктас төңірегін шарлаған шағым есіме түссін. Ұлбай бәйбіше, Ұлтуған бәрін бір-бір шолып шықтым. Құлағымды кестіріп шұнақ болған кездерім, біраз уақыт ұялып, жоқ құлақтың орнын қолыммен басып жүрген шағымды да еске алып, сол ұялғаныма жымиып қойдым. Қойыртпақ байқұстың қылықтары қандай еді. Құтпаны да, бәрі де ашаршылықта қырылып қалыпты. Одан Жаубайға, Таубайға түстім. Таубай қайда ж.үр екен? Таубай былтыр Оралдан қашып келіпті деп Тойбай айтты деп еді-ау, әлгі Алмалы — Долаңқарада кездескен Құбанбай деген шал. Мүмкін ол да осы төңіректе... Нақ осы бір сәтте күйсеп, шөгіп жатқан түйе алдынан бір адам өтіп барады. Желкесі таныс сияқты көрінеді. Мүмкін Таубай шығар. Тіпті-ақ! Шұнақтың ойына Таубай түсе кеткен екен, ол алдына келе қойыпты. Әбден-ақ. Күжірейген желке, жаңбырдан тірілген жаужапырақтай қалқиған құлақ, биік дене біреуді аңғартатын сияқты. Қалқан құлақ кете берген шақта сол түйенің алдынан бір шаң-шұң пайда бола кетті. Әуелде мен оған бой салыңқырамай отырдым. Шаң-шұңға елігіп жаңағы қалқан құлақты да ұмыттым. Шаң-шұң ұлғайып бара жатты. Мұндайда Алматы халқы қандай, демнің арасында шу-шұрқанға жиналып, ол жерді қоршап алыпты. Жұрттың үстінен үңіле, мойнымды созып көз салдым. Не болғанын көрмекпін. Бір әйел бір еркектің етегінен мықтап ұстап алыпты. Әйел ойбайлап, бажылдап, бірдемелерді айтып, екі көзінен жасы парлап ағып жүр. Құлақ салсам әйелдің сөзі сұмдық, естіген құлақ сенетін нәрсе емес:

— Мынау кісі өлтіргіш, дүзқара, банды, менің күйеуімді, қайнымды өлтірді. Өкімет, бармысың? Ұстаңдар мына баскесерді! — дейді. Бажайлап еркектің бетіне қарасам кәдімгі Таубай. Шау тартып қалыпты. Жаңағы қалқан құлақ та осынікі екен. Інім, біз ескілікті жамандағанның жайы осылай екен деп бұрынғының бәрін жоққа шығардық. Адамда болжағыш әлде білгізгіш бірідеме бар болар, біз оны байқамайтын шығармыз. Бұрынғы құмалақшы, бақсы-балгер — біз бәрінікі өтірік дедік қой. Рас, олардың ара¬сында аңқау елге арамза молда болып жүргендер де бар шығар, тіпті көп шығар. Ал кейде болжамның растығы да бар ма деп қаламын. Міне, менің ойыма аты-жөні жоқ Таубай түсті. Енді, міне, нақ сол сәтте ол бінә бола кетті. Неліктен? Демек, бір адамда аз, бір адамда көп болжам мүмкіндіктері бар болар деп шамалаймын. Әйтпесе Таубай менің ойыма түседі, сол кезде ол қалай пайда бола салады. Таубай! Кәдімгі өзіміз қолымызбен Оралға айдап, аластап жіберетін Жаубай баласы Таубай. Қайдан жүр екен, бұл? Құбанбайға Тойбайдың айтқаны рас болды ғой. Қашып келген. Бұл қалай-ақ бандиттарға қосылмады екен? Көп өзгермеген сияқты. Ата жауым ғой, дірілдеп, ашу буып барады. Сап, сап, сап деймін өзіме. Әйел түп етектен мықтап ұстап алған, айғай салады.

— Ағайын, аттан, аттан! Мынау кісі өлтіргіш, баскесер! — Анау етегін тартқылап жұлып алмақ болды. Тістей қатып әйел жіберер емес. Үстінде қоңыр бобриктен пәлтесі бар екен, ол етегін әйел қолынан ала алмайтынын білген соң оны иығынан сырғытып, жылыстай жөнелмек болды. Жанасалай оның алдына Жалбық пен Құрамыс шықты. Жаңағы әйел енді бүкіл Көкбазарды көмекке шақырды:

— Көпшілік, мынау кісі өлтіргіш, екі кісіні өлтірді.— Мен бізге қызмет істеп жүрген милиционерді жұмсадым. Бұл кезде Жалбық пен Құрамыс Таубайды құрметтеп аттан түсіріп алғандай екі қолтығынан демеп те қалып еді. Таубайдан да тақыстық табылды:

Көпшілік бұл әйелді танымаймын, бір жәдігөй, мекер қатын болу керек. Танымаймын, ойбай, танымаймын.— Дап-дардай адам айғайлап тұрған соң жұрт ошарылып қалды. Кәдімгідей оның сөзін сөйлегісі келгендер де табылып, көп ішінен Таубай намысын жыртушылар да кездесті.

— Немене, көшеде қатын көп, сол кісі өлтірді деп жармасса, кісі өлтіргіш бола береміз бе? —деген бір-екі адам да табылды.

— Қоя беріңдер!

— Жіберіңдер, жігіттер!—деп Жалбық пен Құрамысқа жабысқандар да бар. Жұрттың сөзін естіген милиционер босаңси бастады. Мен қатты кеттім:

— Алыңыз. — Менің даусымды естіген Таубай алаң етіп маған қарады да, төмен қарап тұқиып кетті...

...Әйелдің күйеуі Сартауқұмдағы сарыүйсін Сыдық деген ауқатты адам екен. Онда бірнеше бөлме үйі бар, сол ата қонысын қимайды да, колхоз болуға құлқы соқпай сонда қала береді. Оны әйел былай айтып жеткізді:

— Менің күйеуім ауқатты адам еді.

— Аты кім?

— Атын атамаушы едім.

— Енді оның атын қалай білеміз? — Нақ осы кезде Таубайға жан бітті:

— Өтірік айтқан кісі кімді атамақ!? — деді.

— Өтірік емес, әлгінің аты... япырай, атамаушы едім. М-м-м Сыдық — Ол тіпті мұны сыбырлап айтты.— Сарытауқұмда бірнеше бөлме тамымыз болатын. Әлгі (күйеуінің атын атамау үшін алған сөзі) ата қонысымызды қимады. Колхозға біріккісі келмей, жоғары көшпей қойды. Жекеменшік болып қала бердік. Біз Сарытауқұмда жалғыз үй қалдық. Бір күні тоспаға салған егінімізді суарып болып, әлгі екеуміз бір атқа мінгесіп қайтып келе жатыр едік, мынау отырған бай, аты Таубай, астында шабдар жорғасы бар алдымыздан көлденең шыға келді. Ұрыша алдымыздан кезеңнен кездесе қалған соң әлгі жалма-жан ат үстінде мылтығын кезеніп тұра қалды:

— Елмісің, жаумысың?

— Елмін, ағатай, мылтығыңды тартшы,— деді мына бай. Сонан соң әлгі жібіп «жөніңді айт» деді. Бұл мына Бұғымүйіз — Бесмойнақтағы бір байдың баласы екенін, ол конфискеге жатпауы керек екенін, бірақ бір жалшысы «кедей өкімет» шығып, соның кесірінен аласталғанын айтты. Сонан соң біз мал сойып қонақ еттік. Әлгінің оқудағы інісі келіп жатқан болатын. Сонымен бұл біздің үйде тұра берді. Біздің қияуымыз бір түпте, қыбай-жырақта болғандықтан көзден тым таса болатын. Ол сарыүйсін жерінің Балқаш бетіндегі ең шеті-шығаны еді. Сондықтан біреу ат арытып, тон тоздырып әдейі іздеп келмесе, жұрттың жолы түсе бермейтін де, тасадағы біздің кіртіні қыбайдан көз шалмайтын да. Біздің қыстаудан әрі елсіз-қиыр еді. Туған-туысқандарымыз «Көлащыға» барып колхоз болып кеткен. Менің қайныммен мынау сұм екеуі түпкі үйге ұйықтайтын. Біз әлгі екеуміз далада жататын едік. Бір күні, бір күні болғанда осыдан он үш күн бұрын мынау сұм орнынан ұрланып тұрып, ұйықтап жатқан біздің төсегіміздің жанына келіп, мылтықты алған. Тарс еткен мылтық даусынан оянып кетсем, таң атып қалған екен, мылтық ұстап мынау сұмпайты тұр. Күйеуімнің кеудесінен қан ағып жатыр. Үйден далаға «не болды, ағатай?» деп жейде-дамбалшаң қайным шығып еді, оны да мынау атып салды. Енді кезек маған келген шығар, мені біткеретін болар деп едім, жоқ, маған тимеді. «Енді мені ат» деп жалындым, ағындым. Болмады. Екеуін үйдің артына көмді. Сонан соң мынау бай мені алды.— Осы бір кезде Таубай қозғалақтап шыдамай кеткендей, доз шақырып, дөңайбат жасады.

— Ей, қатын, өлгің келіп отыр ма? — деді.

— Бұл не деген сөз? — деді сұрақ алып отырған Ырысбек Сәрсенов.

— Енді мен шын өлтіремін, мынау өтірікші қатынды.

— Кім өтірікші? — деп шабалана жабысты әйел.

— Сен өтірікші. Мынау не деген аяр, жәдігөй қатын, қалай өтірікті судай сіміреді,— деп еді Таубай, әйел жаңағыдан бетер өршелене түсіп, Таубайдың жағасына жармаспақ болды. Ырысбек екеуін екі жаққа бірінен бірін алыстау отырғызды.

— Мен өтірікшімін бе? Өйтіп иманыңа қамшы баспа, сен бетсіз. Ей, алғаш маған артылғаныңда көптен әйел көрмеп едім дегенің, қане, ашқарақтанып.

— Өтірік, мекерлік-мүдәйілік жасап отыр,— деп Таубай бет бақтырмақ еді, әйел ашынып кетті.

— Ей, кім мүдәйі? Екі кісіні жазықсыз өлтірген сен мүдәйі-аяр болмай мен мекер боламын ба? Антқор! — Таубай тағы бірдеме деп келе жатыр еді, оны тергеуші Ырысбек тыйып тастады да, әйелге қарап сөйледі:

— Жеңгей, оны қалай дәлелдейсіз? — Әйел бажылдап жылап жіберді:

— Мен дәлел-пәлеліңді білмеймін. Шансуаттағы біздің қыстауымызға барыңыз. Үйдің артында екі арыс көмулі жатыр.— Әйел осы жерге келгенде булығып, көзі бұлаудай болып, жас құйылып омырауын жауып кетті. Өзі солқылдап, өкпесін баса алмай өксіп-өксіп жіберді. Дем ала алмай қалды. Ырысбек әйелге стаканмен су ұрттатты. Әйел сәл есін жинағандай қайта сөйледі.— Мен дәлел-пәлеліңді білмеймін. Анау бай сымын шешсін,— Інім, «сым» демекші, осы жерде бір нәрсе есіме түсіп отыр. Арқа қазақтары Жетісу, Оңтүстік Қазақстан қазақтары шалбарды «сым» дейді деп, Алатау төңірегіндегі елді, әлде өзбекшілейді, әлде ұйғыршылайды демек болады. Олар шалбарды мақұлдайды. Дұрыс «шалбар» дейік. Мен оған қарсы емен. Бірақ «шалбар» қазақ түгіл, түркі сөзі емес, оның өзі парсылардан сіңген кірме сөз. Дұрысы парсыша «шалуар». Егер қазақтың оңтүстік батысындағы өзбек «ішім» десе, шығысындағы ұйғыр «ісім» десе, көне түркі сөзінен шыққан сөзді жетісулықтар өгейсітпей «сым» десе оның несі айып. Демек «сымның» парсы сөзі «шалуардан» қазақ тіліне бұрын кіруге қақы бар емес пе? Әйелдің айтып отырғаны сол бұтқа киетін сым еді.

— Ішінде көк гүлі бар,— деді әйел жылауын қоя салып,— еркек қол шыттан тігілген дамбалы бар. Мына қолыммен өзім тіккенмін. Бауы көк шуда жіптен таңдайланып тоқылған. Менің күйеуімнің дамбалы.— Әйел үнсіз тығылып отырып қалды. Ырысбек Таубайды көрші бөлмеге алып кетіп, шешіндіріп көрді. Дұп-дұрыс. Әйелдікі дұрыс. Бұл жерде, інім, шалбарын шешіндірмесе де болар еді деп отырсың, білем. Олай істемеуге болмайды. Таубайды қамауға алу үшін ең болмаса бір дәлел керек қой. Оны сонау Сартаукқұмға Шансуатқа апарғанша бос жіберіп көр, ол тескен тау өтіп кетсін, не Ақназарша Қытайдан бір-ақ шықсын. Ырысбек Таубайды қайта әкеліп әйелдің бет алдына отырғызды да:

— Айта беріңіз, жеңгей,— деді.

— Айтсам былай,— деді әйел,— Жеті күн бұған қатын болдым. Кетудің ыңғайын таба алмай жүрдім. Сегізінші күні кешке жел соғып, алай-түлей күн бұзылды. Төпеп, серлетіп-селдетіп тұрып жаңбыр құйды-ай десеңші. Осы іңірде мына бай мызғып кеткенде мен де қараңғыға сүңгіп кеттім. Содан қашып, тобылғылы сайға күндіз шөпшек тере барғанда тығып қойған. нанымды алып бездім десеңші. Қатты жүргенім сонша екі күнде құр аттың жүрісін жүріп темір жолға жетіп, үшінші күні Алматыға келдім...

Ол мойнында бірнеше кісінің қаны бар Таубай түнде өзің үйіне қонып шыққан ферманың меңгерушісі. Ол он жыл алған болатын. Содан соғыс кезінде қайтып келіп, ерлердің аздығы ма, қалай болғанын кім білсін, көп шалдардың соғыс кезінде ферма меңгерушісі, бригадир болып алғанындай бұл да колхоз малының бір сирағын ұстап қалыпты, інім. «...Ит жоқта шошқа үреді қорағаның» кері келген болар деп шамалаймын.

Таубай әкетіле бергенде Жалбық кіріп келді. Әбден терлеп, қара суға түскен, сылқ етіп орындыққа отыра кетті.

— Айырылып қалдым, Ағыбайдаң,— дейді.

— Қай жерден?

— Көзбазардан. Таубаймен бір жүр екен. Қалың көпке кіріп таптырмай кетті.

Тағы бірнеше күн Алматы көшесін таптадық. Көзбазарды торыдық. Ағыбай табылмады. Күздің қысқа күні тағы ұясына барып қалды. Кешкі базар тарқағалы абыр-сабыр. Жалбық, Құрамыс үшеуміз базарды тағы бір айналып шықпақ болдық. Базардың шығыс жағын жағалап келе жатсақ, бір қазақ әйел бізге қарсы келе жатты да, шалт бұрылып, бізге жауырынын көрсетті.

— Мынау не деген биік әйел? — деді Құрамыс.

— Жүрісі қандай сөлекет,— дейді Жалбық.

— Жүрісі дейсің, ә? — дедім мен.— Ол неге бізге қарай келе жатып шалт бұрылды, а?

Қандай биік әйел деп ойладым тағы да. Бір соры бар еркектің әйелі шығар. «Кедейдің қатынының биігі жаман, бидай көженің сұйығы жаман» деп біраз күлісіп алдық. Бидай көженің сұйығы жаманы белгілі, дұрыс-ақ. Ал кедейдің қатынының неге биігі жаман?

— Өйткені,— дейді Жалбық,— төрт метр матаның орнына бес метр көздеме алатын болса, жаман болмағанда не болады. Кедейге көйлек табу оп-оңай ғой дейсіңдер ме? Бір метр мата бес жасар бір баласына жейде шығар еді ғой.— Тағы күлдік. Жаңағы ұзын әйел қиқалаңдап алдымызда кетіп барады. Үстінде қосетек көк тауар көйлегі, қаттаудан тігілген солғын қызыл бешпенті, кәдімгі жағы кере қарыс кестелі кимешегі бар. Жүрісі тым сөлекеттеу.

— Мынау дәу де болса әйел емес, мынау еркек,— деді бәрін білгіш Жалбық — аңдиықшы.

— Ей, қойшы, сен де сақалыңды бояп барасың ғой,— деді Құрамыс.

— Жо-жоқ, мынау әйел емес,— дейді Жалбық.

Сауда көшесімен батысқа қарай кетіп барамыз. Әйел тезірек жүрді. Біз де қадамды тезірек салдық. Бір қызығы көше толған көрме. Әйел біріне де бұрылмайды.

— Әйел болса,— деді Жалбық,— мына көрменің біріне бұрылмас па, оның неге мына жайнап тұрған дүниеге көзі түспейді.

— Байдың әйелі шығар,— дейді Құрамыс.

— Жоқ,— деді Жалбық.— Қандай әйел болса да, алмаса да мұндай дүниенің біріне бұрылмай өтпейді.— Әйел енді кәдімгі еркектерше аттап-бұттап бізден құтылғысы келгендей тездете жүрді. Тез жүрген сайын оның жүрісі бұзыла берді. Жол-жөнекей көрменің біріне тоқтамады. Жалбық жүгіріп көшенің арғы бетіне өтті де, жүгіріп бірсыпыра жерге барды да, көшенің астына қайта түсті. Сонан соң тура бізге қарсы келе жатты. Ол тура әйелдің алдына тұра қалды. Әйел оңға бұрылмақ еді, ол да сол жаққа бұрылды. Енді оң жаққа шықпақ еді, тағы алдына шықты.

— Ақа, сәламатсыз ба? — деді Жалбық. Әйел үндемеген күйі оңға бұрыла берді. Жеделдетіп біз де жеттік.— Ақа, ұсталдыңыз! — Ағыбай артына жалт бұрылып еді, тапанша ұстаған бізді көріп, түрі қашып кетті.

— Нақ алдына келгенімде сақал орнына қарадым. Иегі әлі қара қотыр екен, тани кеттім, — деп күлетін Жалбық.

Сонымен, інім, бандылардың апандары тегіс талқандалды, індеріне су құйылды. Қастек ауданындағы бандылардың бастығы Омарбекті құртуға көмектескен Сәтті селолық тұтынушылар одағына бастық қойдық. Бірақ қасқырдың бөлтірігі қора күзете алмады, орманға қарап ұлыды, ол екі жылдай әжептәуір қызмет істеген сиқты болды. Біз «енді адам болған шығар» десек бір арбакешті тонап, тұтқындалып, сотталып кетті. Көн құрысып қалпына барды. Жазуға, жазылуға зауқы соқпады, іннің түбіне қарап кетті. Кейін Шалтабай жанында жүретін Сәкебай Боранбаев екеуі тундрада кездесіп қалыпты. Сонда Сәт:

— Көзімді жұмсам өндіршегінен қан атылған Омарбек жағама жармасады. Әбсін шошып оянамын да ұйықтай алмаймын,— депті.

Арада біраз күн өткенде Ырысбек, Жалбық, Құрамыс алғыс алды. Бәрі де өз жұмыстарына қайта жіберілді. Ырысбек Сәрсенов үлкейіп, қызметі Алматыға ауысты. Мен Омарбекті өлтіртіп қойғаным үшін әкімшілік жолмен жазаландым. Сөгіс алдым. Омарбек жау еді, інім. Ол Совет өкіметінің бітіспес жауы болатын. Әрине, тірі жүруге құқы жоқ болатын. Ол солай болуға тиіс еді. Бірақ жауды да сот қана жазалап, қылмысын мойнына қойып барып, істеген ылаңының тауқыметін тартуы жөн еді. Әркім қылмысты адамды өзінше жазалай берсе, онда мемлекет, мемлекеттік заң не үшін жасалмақ. Ондай істе әділет болуы мүмкін емес. Мүмкін әбден жүйкесі құрып, жұлыны жұқарған, жілік майы үзілуге қалған Сәтті де ұғуға болар. Басқаларға үлгі болуы үшін менің жазалануым да әділ еді.

Міне, інім, Совет өкіметін орнату, оны нығайту ісінде осындай жұмыстар жүргіздік. Мен туған атамды конфискеледім, ол менің ғана жауым емес еді, таптың жауы болатын. Қайын ағамды қосшы одағынан, партиядан шығарттым, көп ішінде аластадым. Түп нағашым Жатқұлақты да ұстап, тұтқындайтын едім, ол өзі өліп кетті. Оның өлімі де, әрине, маған байланысты. Біреуміз ұлдың баласымыз, біреуміз қыздың баласымыз, қазақша айтқанда ол ақ дамбал да, мен көк дамбал. Екеуміз туысқан адамбыз. Ал идеямыз екі басқа. Ол ескілікті көксейді. Менімен келісе алмайды. Ол нараду тапқысы келеді, бірақ менің көнбейтініме көзі жеткен, менің өз идеяма берік екеніме шүбәсы қалмаған. Ал мені өлтіруге көзі қимайды, өйткені мен қандаспын, одан жаспын. Әйтпесе ол мені алғаш ұстағанда-ақ жоқ қыла алар еді, ол оны істемеді. Ол Совет өкіметіне жау екенін ашып айта тұрып, менің большевиктігіме шәк келтірмесе де, өлтірмеді. Өйткені оған оның туыстық қаны жібермеді. Екі ортада дал болып, даққа кетіп тұрды. Мені өлтірейін десе, ет жақынымын. Өлтірмейін десе, менің жібімейтінімді біледі. Сөйтіп екі оттың ортасында тұрып ол бұл дүниеден жүріп кетті, жүрегі жарылды. Міне, сөйтіп біз таптың-мүддесі үшін бәрін де қия алдық. Өз идеямыз үшін, маркстік-лениндік идеяны жүзеге асыру үшін жеке басымыздың мүддесін жинап тастап, бірінші кезекке қоғамдық меншікке негізделген социалистік мақсатты қойдық. Өйткені таптың мүддесін бәрінен жоғары санадық. Соңыратын бәлкім біздің бұл ісіміз біреулерге томпақтау да көрінер, бірақ ұлы істің мүддесі бізге осыны істетті. Егер Ленин дүниедегі ұлы нәрсе езілген елдердің революциясы десе, біз сол революциядан туындаған мақсат жолында басымызды бәйгеге тіктік. Заман өтер, тарих беті сарғаяр, сонда біздің осы жүргізген істеріміздің кейбір кеткен кемшілігіне болашақ ұрпақ күле қарай отырып, теңдік заман — социализм орнатудағы істерімізді, бақтиярлыққа бастаған хошуақ жұмысымызды қошаметтеп марапаттайтын да болар.

Сөгіс алсам да сол күні жақсы ұйықтадым. Інім, сен бүгінгі өмірді көрдің. Біз екі дүние өттік. Өткен заманды, әрине, сен де білесің. Бірақ сен оны оқып қана білесің. Біз феодалдық қоғамды көзбен көріп, бастан кештік. Hay тартып гүл ашылады, мау тартып жетіледі, шау тартып ол қартайып, қурап солады. Жаңа туады, ескі өледі. Туды — қуанды, өлді — жылады. Міне, өмірдің айнымас заңы осылай. Адам жақсыға жарылмайды, жаманшылыққа өлмейді. Екеуін де көтере алады. Бәлкім, інім, адамның өмірі басқа тіршілік иелерінің жасынан қысқа да, қызықты да болғандықтан да артық шығар. Дүниедегі көп өмір сүретін жәндіктің бірі тасбақа екен. Ол төрт жүз жыл жасаса керек. Көпті көретін, сағырдан тартып жасайтын құс құмай — тазғара екен. Ол өлексе жеп, жалқаяқ жұтып өтеді, бұл дүниеден. Бес жүз жыл аузын араммен аптап өткізетін көрінеді. Сор мен зордан сүрген өмір не өмір?! Өлексе аңдып, өлмес күн көріп бес жүз жыл жер бетін былғағанша жалт етіп өте шыққан құйрықты жұлдыздай қас қағым ғұмыр кешкен артық-ақ қой. Дүниеде адамның ақылы жетпес ғажайыптар болады. Анаконда деген бес-алты метрлік жылан екі жыл тамақ жемей жүре алады. Үнді мұхитындағы бір аралда сокатра деген ағаш өседі. Оны сол маңдағы ел айдаһар ағаш деседі екен. Өйткені оның төңірегіндегі мал-жан, өсімдік, тіршілік атаулының бәрі өліп, өртеніп жоқ болып, қайта өсіп, жаңарып, жетіліп жатқанда, жаңағы ағаш бес алты мың жыл өсіп, жапырақ жайып тұра береді екен. Сөйлеп тілі жоқ, ішіп-жеп тамағы жоқ қатқан ағаштың дүниеде бары не, жоғы не!? Меңірейіп, серейіп алты мың жыл тұрғанша мөңіреп бес күн кешкен өмір артық емес пе одан. Інім, қазақ оны жақсы айтқан: «дүркін-дүркін дүркінде, дүниең өтер бір күнде. Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура болып зіркілде!» Дұрыс-ақ емес не!? Қазақ халқы, жалпы қай халық болса да халық айтқан сөз өлшемей, пішпей айтылмаған. «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады», яғни мың күнгі өмірің түк болмай, бір-ақ күнде мүрдем кетесің. Жер томпайтасың, өлесің деген хабар болмайды, бір-ақ күнде жоқ бола саласың, сондықтан әбсін сүкіт-сүлесоқ жүре бермей белде-белде өмірде анда-санда болса да, яғни дүркін-дүркін сілкініп, желпініп, дүркіндеп-дүркіндеп қой деп отыр ғой, қазақ. Ал осында артық нәрсе бар ма? Өзің той-томалаққа, топқа-топырға араласпай, торқалы той, топырақты өлімнің біріне төбеңді көрсетпей үйелменіңе үйелеп отыра-омала берші, өзіңнен өзің басылып, көңілің түнеріңкі, ләпсің қарар тартып, еңкерістен жау көргендей еңсең түсіп, бұл кең де, керік те дүниеде өзіңнің бар екеніңді ұмытасың, жүнжисің. Қазақ «алпыс күн атан болғанша, алты күн бура болып зіркілде» дегенде, бастық бол да біреуді сабап ал деп отырған жоқ, мейлі мәулетті, мейлі сәулетті, мейлі нәубетті ғұмыр кешсең де, сол тоқты тоймас, шөміш кеппес қысқы күндей қысқа өмірді барқадар қуып өткіз, нәмәрттікпен емес, мәрттікпен өткер деп отыр ғой. "Алпыс күн атан болғанша» яғни тасбақаша төрт жүз жыл мимырт өмір сүргенше, қаңтарда жараған бурадай өміріңді бұрқ-сарқ қайнатып өткіз, бір күні бұл дүниеден қолыңнан суға кеткен сабындай жылп ете түсетініңді естен шығарма деп отыр, қазақ.

Мен де өлетінімді білемін. Мен бурадай зіркілдеп өмір сүрдім дей алмаймын. Бірақ қай кезде де әдептен аттап кетпей, әддімнен аспай, Коммунистік партияның дегенін қолымнан келгенше жүзеге асыруға тырыстым. Бұл өзім қалап алған жолымда ешнәрседен қаймыққан да, қысылған да жоқпын. Дүние қуалап, дүниеқоңызданған да мен емен.

Дүние жинауда жігіттің үш түрі болады дейді, қазақ. Оның бірі дастарқанына жинайтын жігіт болса керек-ті, яғни бірінші кезекке ішетін тамағын қояды. Ондай жігіттің кіртіне келімді-кетімді кісісі көп болады. Шырағым, «қонақ таңдап қонады» дегенді естіген боларсың. Әрине, таңдап қонғанда қазақ ең алдымен тамағы тойып, ішек-қарны шұрылдамай жататын жерге түскісі келеді. Таңдап қону мәселесі осы. Мұндайда жұрттың көбінің-ақ жағалайтыны жаңағы дастарқанына жинаған жігіт болады. Әрине, жамбасы да жұмсақ, сүлгісі де таза, иіс-қоңыс болмағаны да жақсы. Бірақ тамағы тоймаған жерде төсегінің жұмсағы, сабынының құмсағы керек бола қоя ма? Сондықтан да қашанда дастарқаны ағып-төгіліп жатқан үй ғана қазақ арасында бағалы да, ардақты да. Ал дастарқан деген көбіне әйелге байланысты. Менде әйел о баста болғанмен, кейін құтаймағандықтан дастарқанымда не сән болсын. Жалпы әйел жоқ үйде береке бола ма!? Демек, мен жігіттің алғашқы түріне жатпадым.

Екінші жігіт үйіне жинайтын жігіт деседі. Өзі иығы жылтырап киім киіп, аузы жарып ас ішпегенімен үйі бұрыштай болып, дүниесі тіреліп тұрса керек-ті. Шамасы мұндай еркектің әйелі қатты, «үйдегім үйде бітпейді, түздегім түзде бітпейді, құдай саған қарғыс өтпейді» дейтін, осындай қатыбас қатындар екен. Інім, жүрісі салбыр, ісі болбыр әйелдер қозы қарнын майға толтыра алмай жатқанда, үйге жиятын жігіттің епсекті, алақаны бүріскен шық бермес әйелі тана қарын түйрейді дейді. «Қатты жерге қақ тұрар» деген де шамасы осыдан алынған. Мұндай үйлер көбіне жұрттың сұғының ғана иесі, ел сүқтанады, «ой үйі жайнап тұр екен» деседі. Содан барып «ақ үй, айраны жоқ қақ үй» туады. Ал менде үй де, үйге ондай дүние жиятын әйел де сипалама болғандықтан мен жігіттің бұл түріне де жатпадым.

Жігіттің үшінші түрі үстіне жинайды деседі. Бұл әйелі салдыбалақ, малы саржамбас, көрпе-жастығы сары ала адам. Төсегінің мамығы жоқ, шайының бояуының қанығы жоқ. Нағыз еңбегі еш, тұзы сор, тапқаны құралмайтын сормаңдай. Егер қазақ «мал таппас еркек болмас құрарын айт» деген болса, сол тапқанды басын біріктіріп үйелмен жасайтын, яғни бит терісін биялай жасайтын әйел. Ұсынақты, ұқыпты әйел ғана дүниені сәтіне келтіре алады. Талай, күніне жүзді беріп, мыңды алатын таланды жігітті көрдім, інім. Үйіндегі әйелі ештеменің басын қоса алмаған соң, егізің екі болмайды, мейлі масаты, мейлі мәулім әкел ол үйге, құрымдай құны болмай топыраққа былғанып жатады. «Жүнді жүнге қосатын жаман қатын» болғанша «құртты құртқа қосатын» сараң қатыным болсашы деп армандаған жігіттерді талай көрдім. Басында жастық желікпен ұрынып қалып, соңыратын балалы-шағалы болған соң, көзі жылтырап көрінген тірі тұяқты көрген соң, оларды қимайды да, өгіз өлмес, арба сынбас немесе ит көзі түтін танымас өмірге бейімделіп алып жүре береді. Әйелінің сыры өзіне мәлім болған соң, әйелінің ештемені ұқсата, жөніне келтіре алмайтынын білген соң ондай жігіттер тапқанына өзіне киім алады да, ең болмаса иығым жылтырап жүрсін дейді. Міне, үстіне жиған жігіт осыдан шығады. Кейде ондай өткенінде ішіп асы жоқ, жамылып көрпесі жоқ, төсеніп текеметі жоқ жігіт бір көрмеге сыпайы аталуы да мүмкін. Үйінен бір шәугім шай бере алмайтын, сырты жылтырап жүретін кісіні қазақ тек сыртта көретін жігіт, үйінен ит жаланып шықпайды атандырады. Мен бұған да жатпаймын. Өйткені үйімде әйелім жоқ, киімім қашанда құбатөбел.

Мен дүние жинап жарытқан адам емеспін. Осы құбатөбел өмірге-ақ қанағат тұтып, барды мүсе санап жүрдім. Оны да маған көпсінетін адамдар табылады, осының екі құлағы бірдей неге құрымаған, сыңар құлағы нағып қалып қойды екен дейтіндер бар. Олар менің жауым — таптың жауы. Егер ондайларды таптың жауы демей менің жауым деп қарасам, онда оларды құрта салуыма болады. «Батыр бір оқтық» дегендей бата тимесе, қата тиген жұдырықпен Таубайды жайрата салу қиын емес. Онда мен әншейін ауыл арасындағы көп тентектің бірі болып шығар едім. Ол жалғыз өштескен өрепкі тебірдің бір дұшпанына деген кегі ғана болар еді. Ал менің жауым — саяси жау. Сондықтан таптың саяси жауы заң жолымен ғана, мемлекеттің араласуымен ғана жазалануға тиіс. Ол әділетке мен әлі жете алмай жүрмін. Бірақ мен үмітсіз шайтан болғым келмейді, мен болашаққа, маркстік-лениндік шындыққа сенетін, оны ақыры жеңеді деп білетін большевикпін. Сондықтан мен ешқашан үмітімді жоғалтпақ емеспін. Саптан шығып, санатқа ілінбей қалған қазіргі мүскіл шағымда да мен кектілікті тектілікке, тебірлікті тебіздікке бағындырамын. Қынау киіп қынтиып, лау мініп лықиып жүрмесем де әлі де таптың жауына жанымды, арымды бергенім жоқ, бермеймін де. Менің арым коммунистік ар, ол өмірде біреудің біреуге жасар сәттілігіне сатылмақ емес. Үмітім үзілмейді, ол бұдан қиын жерде де үзілген жоқ. Алдымда ол үнемі сәуле шашып, сәуе беріп тұрады.

Біздің маркстік идеямыздың бастауында сол үміт тұр емес пе!? Оқыған жігітсің ғой «Коммунистік манифестің» қалай басталатыны есіңде болар. «Европаны бір елес кезіп жүр» демейтін бе еді. Сол елес шындыққа айналып бүкіл дүние жүзі пролетариатына бірігуге үн тастаған еді ғой. Оның нәтижесі не болғанын көріп отырсың. Елімізде қоғамдық меншікке негізделген қоғам орнады, социалистік лагерь жылдан жылға кеңейіп келеді. Ал сондай жағдайда социализмнің, Совет өкіметінің жауы болғандардың алшаңдауы қалай? Оған кеудесінде жаны бар, өзін коммуниспін деп санайтын адам қалай шыдамақ. Сондықтан, інім, жауыммен өмірімнің ақырына дейін, кірсе лебіз шықса жоқ, соңғы деміме дейін күресермін және қашан да болса жеңіс иесі мен боларыма құманым жоқ. Бірақ нақ қазір мажал жоқ, ол түбінде қара қаптан бұлт ашылып, қазіргі шолпы тартып, күндік ұрған көңілім шолан ұрып ілгері шығары сөзсіз. Менің алдағы үмітім осы. Көңілімде бұған дұмғандық, құмаң жоқ. Сенімен кеше, бүгін жолдас қылған да сол большевиктік үміт. Әрине, сокатра ағашы сияқты бес-алты мың жыл жасамайтынымды білемін. Дегенмен ақтық демім біткенше күресіп өтермін, ал күрес жеңіске жеткізбей қоймақ емес.

Інім, көргені көп шал кісі ілгерінді-кейінді сөйлеп кетеді. Мен әлгі жұрт айта беретін шалдың үш шағына «мақтаншақ, ашуланшақ, қызғаншақ» шағына іліне қойған жоқпын. Жас, әрине, өз орынын адамнан алмай қоймайды. Дегенмен мен әлі берісе қоймаспын деп ойлаймын. Сонымен, інім, сол күні жақсы ұйықтап, тынығып түрегелдім. Ояна кетсем күн түс болыпты. Соңғы кездердегі тұрағым «Сауда» көшесіндегі «Диқандар үйі» болатын. Ол бір қабатты, әлденеше бөлмелі, сауда көшесін бойлай салынған, Карл Маркс көшесінен басталатын, ағаштан салынған жай еді. Неге екенін қайдам, көбіне ол үйдің сырты қызыл сырмен боялатын. Сол бояуы әлі де өзгерген жоқ-ау, деймін. Терезелері ерекше әшекейлі, қиып-қымтап салған. Түрегелген соң іш киіммен тау жаққа қараған терезеден әдеттегідей Алатауға көз тастадым. Алматы, Саржалақ, Аюлы, Найзақара, Қыземшек, Қатынтөс, Көкшоқы, Сұршанақ бәріне бір-бір қарап өттім. Бәрінің де басы ашық, бұлт бауырында болмаса, төбесінде жоқ екен. Аспан атар жебедей шаншылып Найзақара тұр. Басына қар ілініп қалыпты, таз таулардың жырмыш бастарының бәрі алақшын, белдеуі көкпеңбек — қарағайлы көдік қабат, етегі жасыл сары тартып далалық төбелермен мұнасып-жалғасып, қалаға тіреліп жатыр. Ағаш жапырақтары сарғыш тартып, жерге жапырлап түсіпті... Әр жерде жап-жасыл қарағай көрінеді. Аспанмен тілдескен эәулім теректер әлі жапырағын тастамаған. Өрік ағаштарының, алманың жапырақ, беректері қызғылтсары, қызғылтқоңырланып, қалаға ерекше көрік береді. Қараағаштың кейбірі тіпті қазірден, күз басынан-ақ жалаңаштанып, сидиып қалыпты.

«Диқандар үйінің» ауласы кең. Оңтүстік батыс бұрышта бірнеше ат байлаулы тұр, арбалар көрінеді. Албар ішінде бірнеше самауыр қайнап тұрған сияқты. Өйткені оттығына кигізілген бүгіл кернейлерден будақтап жеңіл түтін шығып жатыр. Албардың ішіндегі лапастардың астында, ағаштың түбінде бірнеше жерде үштен-төрттен адамдар шай ішіп отыр. Бәрі де ауылдан келгендер. Ортадағы лапаста шай ішіп отырғандар таныс сияқты. Көлеңке қысқарып ағаштардың оңтүстік жақ астында қалыпты. Шамасы шаң түс. Ол кезде қоңырауы сыңғырлап әдемі соғатын, «Киров» қалта сағаты тарай бастаған еді. Сол ақ сағаттың бірі менде де бар болатын. Қарасам он екі жарым болыпты. Албардағылардікі түскі шай болды. Арғы жағына үш-төрт атты қазақтар келіп түсіп жатыр. Ол кездері киім қазіргідей бір ыңғай емес, ала-құла киіне беретін. Мен оның түсін айтып отырған жоқпын. Дүние жүзілік киімнің үлгісі жаңа кіре бастаған. Мұнда тышқан із салып тіккен жетісулық ақ қалпақты да, күнқағары ақын жаралған адамның иегіндей сүйриген кепкаларды да, алды кәкірейген, желке жағы аласара барып біткен фуражкалар да, қолдан жұқалап сырылған дегелек қара қалпақтар да бар. Бұл шақта қонышсыз аяқ киім сіңе қоймаған, жайылмаған да. Еркек те, әйел де қазақы үлгімен былғары етік киеді. Бұл ата-баба, түпті құяннан келе жатқан киім. Өйткені ат үстінде күн көрген қазаққа одан өзгенің киім лайық емес. Тобығын үзеңгі қақпайтын, кейде болып, кейде болмайтын тегілдірікті жоқтатпайтын, аттың тері қоныштың сыртында қалатын етікке не жетсін. Сондықтан да келушілердің аяғында етік. Әйел мен еркектің етігінің айырмасы жоқ, тұрқы, тұрпы тура келсе болды, ауыс-күйіс кие беруге болады. Той-томалаққа киетін бізөкше, қызөкше, қызылөкше, көксал, көксауыр, жезбақай етіктер бұл бір жоқшылықтан жаңа шыққан қазақ әйелдерінде әлі жоқ. Көкетікті іздеп жатқандар аз. Көнетікке-ақ көне салған. Оны әзірге ұмыттырып тұрған Совет өкіметі берген бостандық қуанышы. Кішкене ғана көзі ашылғандары, жалпы бәрі десек те болады. «Совет өкіметі тұрса әлі бәрі болады» деседі. Оны бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай қайталайды. Бәрі болашаққа сенімді «қазан аузы жоғары». деседі. Шұбалаңдаған кең етекті, етіктің қоншын жауып кететін әйел көйлектері ат үстінде тізе жалтырап көрінбеуі үшін лайықталып тігілген. Қынама бешпент, кемер белдіктер аз. Әйелдер тигенін кигенге ұқсайды.

Аттан түсіп жатқандарға байқаңқырап қарасам Омарқұл мен Жалбық. Олар да жалтылдап, жарқылдап киініп тұрған жоқ, киімдері құбатөбел. Екеуінің де аяғында қонышы тізесін соғып тұрған қара былғары етік, екеуінің де басында ақ киіз қалпақ. Сырттарында боз шекпендері бар. Белдерінде жалпақ белдік. Әдетте, қазақта жалпақ белдік, діңмент, кемер баршылықтың-лайсаңдықтың белгісі іспетті. Қазақтың «би болмас белін жалпақ оуғанменен» дейтіні де содан. Екеуі бұрынғының биіндей болмағанымен әйтеуір жалпақ белдік буыныпты, тапқаны шығар. Жалбық әдеттегісіндей атынан түсе салып-ақ оң етегін беліне қыстыра салды. Бұл әлі жігітпін әр нәрсеге-ақ әзірмін деп тұрғаны. Екі жеңін де түріңкіреп, қамшысын да беліне қыстырды. Бұл отырғысы келмегені. Аттан түсе салып бұл қайда барғысы келіп тұр екен деп ойладым. Алматыда колхозшылар съезі өтпек еді. Бұлар соған келген болса керек-ті. Ауылдары қалаға жақын болғандықтан салт келген деп мажалдадым. Енді мен оларға жетуге асықтым. Мен тездетіп жуынып, қырынып аулаға шықтым. Бұлар тобымен маған қарсы жүрді. Ішінде Жалбық жоқ. Мен оларды отырған жерінен ұзатпай қарсы алдым. Менің артымнан Жалбық жетті. Ол мені іздеп барған екен. Бәріміз, ескі достар, қауқылдасып, аман-түгел айтысып, жамырасқан қозыдай шулап, тойда кездескен бозбаладай дуылдасып, ауладағы дастарқан басына қайта келіп отырдық. Тамақты қайта, молырақ келтіруге жөн сілтеніп, жай сұрасып, бас құрасып жатырмыз. Інім, жасың алпысқа келсе де қатар-құрбыңды көргенде бір жасарып, жасап қаласың. Өткен-кеткен есіңе түседі, жастық шақтағы адыр бұдырлық, тетір-тентектік бәрі сорайып шығып, бұл еңіске беттеп, жасың еңкейе бастаған шақта күлкі шақырып тұрады, жасында көре алмаған кемшіліктерің бақырайып, кейбірінен өзің ұялып та отырасың, ақымақтығыңа күлкің де келеді. Бірақ қалайда да сол жасыңнан бірге өскен, құлын-тайдай тебіскен, көріспесе өбіскен жолдас-жораңа жететін адам аз болады. Есейіп, еңкейе бастағандағы тапқан жолдас-жораңның қартайғанда бірі есте қалса да, бірі қалмайды. Ал жасындағының бәрі жайнап, көз алдыңда сайрап тұрады. Омарқұл мені көре салып өлеңдетіп қоя берді:

— Жігіт едің жасыңнан сен бір епті,

Содан бері мінеки заман өтті,

Шұнақтың жоқ құлағы сол қалпында

Басқаның бәрі дағы өсті, жетті,—

дейді. Жігіттердің бірі бұған күліп, енді біразы мен белгілі бастықтың бірі болғандықтан бұған ыза болып, шытынып көтере алмай қалама деп үндемей ұялып, қысылады. Арамыздағы әйелдер бетін шымшысты. Ұят-ай, бекер айтты дегені дағы.

— Құлақтың құны бір шұбар ат көрінеді. Жандай жолдас бір атты қияр маған,— деймін мен. Жаңағы қысылып, үндемей қалғандарға жан бітіп, сөйлей бастайды.

— Бір шұбар ат жасаудан он қара арғымақ табу оңай,— дейді Омарқұл күліп. Байқап отырған шығарсың бұл ұрлықты ұмытқанын айтып отыр.

— Үйлендің бе? — деп сұрады Омарқұл. Бұл кезде ол Қаскелең ауданындағы «Еңбекші» колхозының председатель Кәдімгі Омарқұл мен Тәбияның айтысы аталатын айтыстың авторы.

— Жоқ, әзір ол болмай тұр,— дедім. Енді не деймін. Үйленуге қолым тиді ме, оның үстіне аузым күйіп қалып, бұл күнде әлі асты үрлеп ішіп жүрген жайым бар еді.— Тамақты үрлеп ішіп жүрмін. — Ей, Шұнақ-ау, ол тамақтың суитын уақыты болды ғой. Бас екеу болмай, мал екеу болмайды демей ме қазақ.

— Оның рас. Бірақ ыңғайы келмей жүр. Бір жерден қымқырып әкеліп беретін ойларың болса айтыңдар, үйлене салайын.

— Оны мына Жалбыққа айтсаңшы, менен гөрі мұның ыңғайы көбірек екенін өзің көрдің ғой. Жұмсап, қиынға салып үйреніп те қалдың.

— Ол шынымен жаужүрек азамат, оның қолынан келетін іс қоңқалаған жамандардың қолынан бәһірә келмейді. Совет өкіметін нығайту жолында талай өлімге жұмсадық, бәрін мін шығармай, жіптіктей қылып, тігісін білдірмей, атқарып та, біткеріп те берді. Ол Совет өкіметінің алғысына лайық. Өзің қалай үй-ішің бала-шағаң аман ба, балаларың бар ма?

Омарқұл үнсіз қалды. Әлден уақытта барып:

— Әйел бар ғой, бала жоқ,— деді. Ол қайта мұңайып төмен қарап кетті. Оның ең шаншулы жеріне тигенімді сездім. Оны сұрағаныма өзім де қатты ренжіп қалдым. Бала! Мал, жан-жануар, ұшқан құс, жүгірген аң бәрі ұрпағы үшін өмір сүреді, артына ұрпағын қалдырғысы келеді, ол жолда аянбай тіршілік етеді, адам баласы тапқан-таянғанын баласына қалдырғысы келеді. Қазақ шынын айтқанда «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» дейді. Бұдан өткір, бұдан жеткізіп айту мүмкін емес деп ойлаймын інім. Бала болмаса бұл дүниеге келгенің не? Қаншалықты данышпан, қандайлық арыстан болсаң да, аузыңмен құс ұстаған шешен, елді қаптатып соңынан ерткен көсем болсаң да, әлемге атың әйгілі нарт, жүз жасаған қарт болсаң да, артыңда аңырап жылап балаң қалмаса, бұл өмірде болғаның, алтын ұстағаның, күмбірлетіп күй тартқаның, ақиық ақын болғаның, жомарт, шүленгер мырза сақын, шіленгер зергер болғаның не керек! Мүмкін менікі қата шығар, інім. Әрине, жігіт адамның жағдайы басқа. Оның болашағы алда. Оны қазақ «бала белде, қатын жолда» деген. Мұны жеңілдетіп, бастағы қара тұман, шырматылған қайғының қара жыланын айыру үшін ер-азаматқа айтқан. Жұбату үшін баланы да, әйелді де оңайлату әрқашан-ақ әдебиетімізден де, ақын аузынан да орын алған. Мысалы Тезекке көңіл айтқанда ақынның қызыл желі Сүйімбай «бала өлсе бір түнгі ұйқы емес пе, қатын өлсе бір үйір жылқы емес пе» деген. Онысы қайғының бұлтын ыдырату үшін айтқаны. Мұны халық жақсы түсінген. Адам баласы оңай нәрсені қаламаған. Мысалы балалы адамнан баласыз адамның өмірі әлдеқайда жеңіл, өз басы үшін әлдеқайда пайдалы. Ал адамзат, оның ішінде, қазақ «жалғыз басы ит те күн көреді» деп қарайды ғой оған. «Баласыздікі бір қайғы, балалынікі мың қайғы». Міне, қиындық осы. Баласыз балам жоқ деп бір қайғырады. Ал балалы ше? Балам қайда кетті, қашан келеді, аман келе ме, ол бақытты бола ма, бұл өмірден Орнын тауып кірпіш болып қалана ала ма, әлде пәлегінен жұлынған қауындай қалыпты өмірдің сыртында қала ма, міне, осының бәрі ата-ананың мойнына түсер сегіз бен тоғыз. Бірақ осының бәрі қаншалықты қолға салар зәнжірдей аяққа салар шынжырдай, мойынға салар күндедей бүкшірейтіп бүрістіріп тастаса да, бәрібір «балам бар» деген көңілдегі бір медеу оның бар өмірінің демеуі, медеті. Ал сол демеу мен медеу Омарқұлда болмай отыр. Сондықтан да оның бір қайғысы, балалы адам басындағы мың қайғыдан мың есе ауыр. Мен сол қала ішіне келіп, жұртты көріп, аман-сәлем айтысып, бір сәт ұмыта қалған Омарқұл қайғысын, кезек болған жараның аузын тырнағандай қанатып, қан жылатып қойдым білем. Өмірде қашанда осылай. Адам баласы көбіне өзін-өзі сорлы қылады, өзінің батылсыздығынан, өзінің еркін өзі пайымдап, өзі билей алмайтындығынан, өз ынжықтығынан қор болады. Әйтпесе сұлыбынан кем жаратылған адам болмаса, өзінің табиғи кемшілігінің жоғына көзі жетіп тұрса, онда қарап тұрып сорлы болуға болмайды, құмырсқа екеш құмырсқа да артына ұрпағын қалдыру үшін жұмыртқа салады. Егер өзі кең де келісті дүниеден құмырсқа құрлы орнын таба алмаса, ол кімге өкпелейді. Өзіне ғана өкпелеуге тиіс. Інім, біз көп еркекті партия атымен қорқытып келдік. Бала үшін талай қасқа мен жайсаң бедеу, мекер қатынның арызымен партиядан шығып қалды. Ал өзі қалап кірген партиядан шығып қалмауы үшін талай таланды ер мүйізгек, термешелі інгендей әйелмен қосақтаулы қалды, бұл дүниеден бала Сүймей, еріні жібімей өтті. Дұрыс дей аласың ба, мұны. Құптамаймын Мұндай басыбайлылықты. Егер біз еркін, демократиялық өмірді қалайды екенбіз, сонда ерлі-зайыпты адамның жараса алмағанын көре отырып, оны неге біріне-бірін матастырып қоямыз? Үндемейсің ә, інім. Мұның онша дұрыс емес екенін біліп отырсың, бірақ үндей алмайсың. Өйткені бізді аузымызды бағуға бағындырған, сондықтан тірі отырып тірінің ісін істемейміз, біріміз жанымыздан қорқып, біріміз қызметімізден қорқып аузын буған өгіздей үнсіз қала береміз. Сонда біздің он жетінші жылы алған еркіндігіміз қайда? Сен мұны ойладың ба, інім. Міне, тағы да біраз жерге кетіп қалдым, білем. Еркін кеткеніме кешірім өтінемін, інім. Кешіре алмасаң оған да мейлің. Менің енді алпысқа келгенде қорқар жайым жоқ. Қасқыр тартқан таңымды иттен несін аяйын!

Менің ойланып қалғанымды көрген Омарқұл тыныштықты өзі бұзды, ол мені қайта сөзге тартты.

— Сен бақытты жігітсің,— деді ол,— өз кіндігіңнен ұлың бар, «өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген қазақ...— Ол тағы үнсіз қалды. Бұл жолғы сөзін кейін Жалбық түсіндірді. Өзінде бала жоқ Омарқұл бір ағайындарынан бала асырап алған екен, бала бергендер де, бала да Омарқұлдың көңіліне қарамай туған босағаға тарта берсе керек-ті. Сондықтан да Омарқұл белгілі мақалды әдейі айтқан екен. Ол біразға дейін колхозының жағдайын айтып, менің балаларымның жайын сұрады.

Шырағым, азға қанағат қылып үйренген адам көпке үйрене алмайтын да жағдайы болады екен. Омарқұл өз ауылындағы бір жағдайды шынымен күлкілі етіп айтты. «Еңбекші» колхозы еңбеккүнге үш килодан бидай, бір сомнан ақша берген екен. Колхоздың маңдай алды майталман озаты астығын алуға колхоз қамбасына келіпті. Көрпеш келіп шынымен астық беріле ме, әлде әншейін сөз бе деп состиып тұрады. Көрпешке қамбашы:

— Көрпеш, астығыңды қапта,— дейді. Сөйтсе оның қолында екі қабы ғана бар екен, оған ақ бидайды қаптап, біреумен қолдасып таразыға қояды. Сонан соң қамбашы:

— Қалғанын қашан аласың? — дейді.

— Осы жетеді,— дейді Көрпеш.

— Енді осындай шамамен он бес қап астығың бар, тез ал! десе қамбашы, Көрпеш:

— Сен мені неге келеке қыласың! — деп қырманнан тұра қашыпты. Мұны не деп ойлайсың. Менімше біз жұртты жақсы тұрмыстан молшылық-берекеден бездіріп жібергенбіз ғой деп ойлаймын.

— Шырағым, Абақ,— деді оңашалау отырған мосқалдау кісі. Мені танымадың білем. Сонау жылан жылы Ұлтарақ екеуің келіп түстеніп кететін Домбай деген ағаң емеспін бе? — Ол баяғысындай әңгімеге еркін араласып, өз жөнін шертіп кетті. Өзгеріп, егде тартып қалыпты.— Өздерің қыстыгүні келіп кеткен соң, үйдегі бар қаражатты жинап, ұл мен қызды оқуға жібердім. Қаладан бір үй жалдап алып екі баланы оқыттым. Қазір екеуі де сауатты, оң мен солын танитын, үйлі-баранды, жанды-жақты адамдар болды. Екеуі де мұғалім. Өзіміз сол жыланда қара қора, ақсирақ болып, таяғымды ұстап жұтап қалдық. Қарманған, жанын аямаған, жалқаулықтан іргесін аулақ салған адамға мал көп екен, шырағым. Көктем шығысымен қайта мал құрап, екі-ақ жылда ауқаттанып, қалпыма келдім. Екі баламның адам болуы үшін жанымды отқа да, суға да салдым, тыныштық таппадым. Он тоғызыншы жылы Жандосовқа барып, екі баламды «Үлгілі тоғыз жылдық» деген мектепке өткіздім. Олар әжептәуір хат танығанда қуанышымда шек болған жоқ. Көзімді ашқан, көңілімді оятқан Совет өкіметіне алғысымды жаудыра жүріп, жаздыгүні балаларым демалысқа келгенде кітап оқытып естігенде төбем көкке жеткендей болып жүрдім,— деді Домбай. Одан кейінгі әңгімесі былай болыпты:

— Жиырмасыншы жылдың қысына әжептәуір малмен жеттім,— деді Домбай ағай,— Содан жиырма тоғызыншы жылға дейін малдың өсімін екі баламның оқуда еркін жүріп-тұруы үшін аямадым. Баю жолына түспедім. Бірақ малымды өзім бағамын да шығындар да болмаймын, тіпті тышқақ лағым өлмейтін болды. Мен енді әжептәуір бай болдым. Малымды өзім баққанымды кейбіреулер өсек қылды. «Жылына беретін бір қарасын қимай малын өзі бағады, Қарабай» десті. Оған мен көңіл аудармадым, және сол жолымнан айныған да жоқпын. Мен қатарлы екі-үш жүз тұяғы, бес-алты қарасы барлар колхозға кірмей жекеменшік болып малын қимай жүргенде мен қатынның қарсылығына қарамай бәрін айдап бердім. «Өжет» деген колхоз ұйымдасты, соған ұйыстым. Мені орта шаруаға жатқызғысы келгендердің ауызына сөйтіп құм құйып, жағын қарыстырдым. Оны жасамақ болған Күзбай деген бір бай ағайынның өтірік Совет өкіметін жақтап, бірақ жеме-жемге келгенде аяқтан шалып қалып немесе қапылыста төсайылды тіліп жіберіп, құйысқанды үзіп жіберіп, аттан аударып тастап отыратын бөлтірігі болатын. Өздері малын колхоздастыруға қимады да, мені қосағына ала кеткісі келді. Ондағысы «анау Домбай да мен қатарлы шаруа ғой» деп мені көз қылып, алға салып отыру еді. Шырағым, ағайын-туған арасындағы бақастық-тақастық, тақыстық қалушы ма еді. Ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды. Мен түкті пұшпақтан түк қалдырмай колхозға ұйымдастырғанымда Күзбай шамасы шалбарын дымдап қойған шығар. Ал мен колхозға кіріп, жұртпен араласып, колхозды-ауылға көшіп қонған соң олар маған бұрынғыдан да өшіге түсті. Тек ит қосып қуған жоқ, одан басқаның бәрін істеді. Бірақ ит қосты десем де болады. Өйткені бұрын есігінде жүретін екі жалшыны маған Ылғи айдап салып, жиналыс болса сол екеуі мені жамандап сөйлейді де тұрады. Көп уақыт шыдап үндемей жүрдім. Ақыры қуа берсең қорқақты батыр болып шынығар дегендей бір үлкен жұрт тегіс жиналған жиналыста ызалана тұрып бәрін ақтарып салдым.

...Жұрт шыжандай. Қыс қақап тұрған. «Өжеттің» кеңсесіне мықтағанда елу адам сиятын. Үлкен, жабық, жылқы қамайтын сарай болатын. Жиналыс сонда өтті. Жұрт тонымен, ішігімен жерде отырды. Ешкім атқорада отырмыз-ау, мұнымыз болмады демеді, одан жиіркенбеді де. Қораның төбесіне талшыбық, теректің бостаны, алма, өрік ағашының берегі, қайыңның тозы тасталып, оның үстіне шөп үйілген. Шөп күз басында оған мая болып үйіледі де, жазға қарай ол таусылып, қораның үсті арса-арса болып ашылып, шөпті ұстап тұрған ағаштар, бұтақтар, шинелер далада өліп қалған малдың қаңқасындай күнге тосқау бола алмай қалады. Сонан соң күзде жаңағы қораның үстіне салған ағаштарды қайта жаңалайды да, қысқа қарай қайта шөп үйеді. Жылдағы әдет осы. Кейде жазда үстінде шөбі жоқ қораның шығып тұрған ағаштарын жұрт самауырынға салуға біртіндеп тартып-тасып кетіп, оның әр жерге қазып орнатқан жуан-жуан тіреулері-діңгектері ғана қалады. Сонан соң оның бәрін күзде қайта жаңалайды. Міне, сол төбесіне шөп жаңа үйілген қорада жұрт жапырлап, жыбырлап отыр.

Қораның түкпір жағына ұзын-ұзын үш-төрт тақтайдан президиума стол жасалған. Жиналыс есеп-беру сайлау еді. Оған «Қошмамбетов келіпті» деген сыбыс та ауылды тез қыдырып өткен. Менің сөйлейін деген таназарымда жоқ еді. Бір шошақ, не бір күде шөпті екінші бір қораға арқалап жеткізіп беру маған жиналыста сөз сөйлеуден гөрі оңай еді. Жұртпен бірге суыр ішігімді сүйретіп мен де келіп, қалың колхозшының арасынан орындастым. Жазы-қысы бірдей арыстағаным колхозшылардың арасы. Сондықтан оларға ығыспай-қағыспай келіп жанастым. Мені бұл кезде ешкім жатсынбайтын, көбімен-ақ істес, бастас болғанмын. Тек жасым көбінен ілгерілеу, жасамыстаумын.

Жиналыстың президиумына екі-ақ адам шықты. Бірі колхоз бастығы Несіпбай. Ол кезде жастау, қазымырлау сары жігіт. Кейде жоқтан өзгені қажып жұртты сонысымен мезі етіп жіберетін. Жаны да ұсақтау кісі еді. Кіріспес нәрсеге кірісіп қадірін кетіріп алатын. Колхозшылар оған риза емес-ті. Екіншісі Қарынбай Қошмәмбетов Іле аудандық партия комитетінің хатшысы. Ол жүзі жылы көп сөйлей бермейтін, Әулиеаталық қазақ, бұрын Тұрар Рысқұловпен, Қабылбек Сармолдаевпен он алтыншы жылы Меркі көтерілісіне араласқан кісі деп, ол жөнінде көбіне жақсы деп еститінмін. Екеуі президиум столына орналасты. Бес-алты адамды президиумға сайлады. Председатель баяндамасын қағазсыз сөзбен айтып шықты да, цифрдың бәрін колхоздың есепшісі оқыды. Сөйтсем Несіпбай да мен сияқты сауатсыз жігіт екен. Екі кісіден кейін Көсебай қол көтерді. Ол ылғи менімен шәлкем-шалыс келе беретін жігіт еді. Бұрын Күзбайдың жалшысы болған. ('от т өкіметі орнағанда жиырмаға жете қоймаған еді, одан кейін он екі жыл Күзбайдың есігінде жүріп, қиярын қылған. Байлықтың бәрі бұрынғы байларда кетті дейтін сорлының бірі болатын. Ол орнынан тұрды да, тіке кетті: — Мен Домбайды колхоздан шығару керек деймін. Ол бай болатын. Қазірде де байиын деп барады. Менің сөзім осымен бітті,— деп отыра кетті. Колхозшылар дүрлігіп, кейбірі оған дүрсе қоя берісті:

— Оңбаған!

— Күзбайдың итаршысы!

— Домбайда нең бар, кержалқау! — Президиумда жиналысты басқарып отырған колхоз председателі Несіпбай қозғалақтап Көсебай сөзін қоштағандай тур көрсетті. Колхозшылар тыныштала қоймады. Оны ешкім тыңдамады. Айқайлап жатып колхозшыларды Несіпбай тыныштандырып екі адам тағы сөйледі. Сонан соң, жаным Абақ, маған жан бітті. Ақылдасам мен де сөйлей алатын сияқтымын. Мен де қол көтердім. Сөз алып, колхоздасқаннан бергі алты жылда істеген жұмысымды, Күзбайдың, оның баласының, колхоз бастық Несіпбайдың, жаңа мені жамандап сөйлеген Көсебайдың бар қылығын ақтарып айттым. Орныма отырған соң байқадым, Қошмамбетов әр түрлі қағаздар, кітаптар алғызып жатты.

Жиналыстың артын ала Қошмамбетов сөйледі. Ол колхоз жұмысының біраз жетістігін, одан кемшілігін айтып келіп Көсебай сөзіне тоқтады. Қошмамбетов оған сауал қойды.

— Көсебай, айтшы,— деді ол,— сонда Домбай колхозда жұмыс істей ме?

— Істейді. Бірақ дұрыс істемейді,— деді Көсебай.

— Сонда қалай дұрыс істемейді? Тапсырмасын орындамай

ма?

— Тапсырмасын екі есе орындайды. Мен жүз метр арықтың өлексесін алғанша ол екі жүз метрді тап-тұйнақтай тазалап қояды.

— Ендеше оның несі жаман?

— Ол өзі бай болған соң көзге түсу үшін артық істейді.— Қошмамбетов колхоз председателіне әлденені сыбырлады. Есепші бірнеше кітапты Қошмамбетовтың алдына қойды. Мен Қошмамбетовтың бет-жүзін, құбылысын бақылап отырдым. Кітаптың тағы бірін ашып көрді де, оның жүзі жылып сала берді. Сөйтсем ол беттік есебімді ашып көрген екен. Қошмамбетов қайта сөйлеп менің де, басқалардың да көзін ашты:

— Егер Домбай жұмысты жаман істесе айтайық, ашып айтайық. Онда жамандасақ, колхоздан шығару мәселесін қойсақ әбден болады. Қалай Домбай, сізден, яғни Көсебайдан жұмысты жақсы істегені үшін кінәлі бола ма? Бес жыл бойы Домбай сіздей екі есе еңбек еткен. Сіз тап жауларының сөзін, алдарқатуын тыңдап алаңдап жүргеніңізде ол тындырымдылықпен жұмысын ұқыпты, тыңғылықты атқарған. Сіз шұқыңдап істегенсіз де, колхоздан шөмшектеп алғансыз, ал ол толымды істеген де колхоздан талыстап алған. Ол колхозға да пайда келтірген, өзін де қамтамасыз еткен. Бір ай емес, бір жыл емес, бес жыл бойы басқаларыңыздан тәбияға жаралған күпшек санды күреңдей мойны озып келе жатса, мұндай адамды нағыз социализмді орнатушы деу керек. Егер бірер ай тұқшыңдап істеген болып ілгерілік танытып, тамыр-таныстық қуыт, қызметте жоғарылап кете қалса, онда бірсәрі. Соңғы бес жылда әбсін жұмысты сізбен бірге істепті және сізден үнемі озып отырыпты. Ал сіз Домбайдан әлдеқайда жассыз, тепсе темір үзетін қауқарың, қарманың бар, сөйте т.ұрып мүшел жасы үлкен адамнан қалып тұрсыз. Демек, Домбай нағыз еңбектің ері, оны колхозшылардың қазақстандық съезіне делегат етіп ұсыну керек.-. Көрдіңіз бе, жыл қорытындысында сіз жеті жүз елу кило астық алғансыз, ол мың жарым кило астық алған. Бізде әркім еңбегіне қарай бағаланады. Ал Домбайдың еңбегі бар, табысы мол. Ол нағыз социализм орнатушы,— деді. Сөйтіп көзім ашылды, Абақ. Көзің жамандық көрмегір адам екен, Қошмамбетовың!

— Астық демекші,— деді сөзге араласып Еңбекшіқазақ ауданынан келген Тоқымбек,— біз астықты сыйғыза алмадық. Баяғыда өзіңіз Тоқаш Бокинмен барғандағы жаман інім, малдақ атанатын Малмақ ше, Абақ, есіңізде бар ма, сол екеуміз де трактор айдаймыз. Есіңізде болар, мен Тоқаш Бокинге Совет өкіметі кезінде де жұмыс болар демедім бе, сол уәдемде тұрып, колхозыңда белсеніп тұрып еңбек еттім. «Қызыл алмас жан қияр, Қызыл талға қынаса, мал бітпеске немене жігіт жанды бұласа» демеп пе еді аталарымыз. Жанымды күйттеп, қорғайлағаным жоқ. Халық қоныстанған жонсауға көшіп барып, колхозға мүше болдым да, алдымен жұрт қатарлы қоныстандыруға кіріп, содан белсеніп іске кірістім. Кермеге ат байлап, құлпы киіп құлпырмағанмен желкендей сусылдап өсіп-өнген жайымыз бар. Ақбытпаланып жұрттан әдейі асуға талпынған да жоқпын. Бірақ аянбадым. Қазір қидасын кәріжілікті екі түгей ат та бітті, ораздының ұлы, жиырлының қызы өсіп, ілгері ұмтылып жатқанда көптен бөлек жүрген көмусіз қалады дегенді ойлап, жұртпен қатты, қитықсыз араласып кеттім. Әлгі Малмақ жұмысқа мыңтөкім адам болды, еріну, екшелу дегеніңді білмейді, бригадир күндіз жұмсаса күндіз, түнде жұмсаса түнде кете береді. Оны жұрт осы кезде «өзі бір мың болғыр жігіт» деседі.

Сонау жылдары Абақ Тоқаш Бокинге айтқан сөзімді естіген едің. Мен бүгінде сол сөзімнің үдесінен шықтым. Алдыңғы қатарлы колхозшы болдым. Oн-он бес уақ жан бітті, екі-үш қара бар. Өзің де білетін шығарсың, алдымен колхоз меншікке мал ұстатуды бәйге ретінде бастады. Онда мен екі ешкі алдым. Келесі жылы екі қой берді. Бұл да бәйге ретінде берілді. Сонан соң колхозшылар мал малдансын деген нұсқауға байланысты барлық колхозшыға алдымен екіден уақ жан, келесі жылы сиыр берілді. Өткен күзде астыққа бір бие сатып алдым. Жұрт осылай ауқаттанып келеді, Абақ. Енді келген қонағымызға қой сойып беретін шақта алыс емес. Былтырғы көп астықтың бір жарым тоннасын мемлекетке сатып, көп пұл алып, мұздай кілшиіп киіндік. Сонымен ерінбей істеген еңбек тіленбей жеуге жеткізді. Енді, міне, колхозшылардың съезіне де келіп отырмын. Балалардың екеуі ер жетіп, тракторшы болды. Машинаға қызыға ма, қайдам, бір Қызым да тракторшы боламын деп қоймай жүр. Кеше «Темір тонды тасбақа, келді ауылға трактор» деп Бейімбет жырласа, бүгін Бүргенбайдың, Түргенбайдың балаларының көзін қызартып бір-біреуін біздің балалар тақымына басып мініп алды.— Көрдің бе, інім,— деді Шұнақ.

Тоқымбек әңгімесін бітіргенде Жалбық аспазға қалжыңдап жатты.

— Тоқаңның есебінен болады дағы, Тоқаңның есебінен.— Бұл ішілген тамақтың есебін айырысудан туған әңгіме. Бірақ тағамның бар құнын өзі төлеп қойды.

— Әрине, әрине, осында менен көп табыс алған адам аз болса керек-ті,— деді Тоқымбек.— Сондықтан мен төлейін. Тағы қымыз әкелдіріңдер.— Қазақша ізет сақтап бағанадан бері ағаларының алдына шықпай отырған Адырбек қозғалақтап қалды. Оның да бірдеме айтқысы келгендей. Бұл сонау елді ашаршылық жайлаған отыз үшінші жылы Ақмоладан келген жігіт. Оны Жандосовтың «Қыр Балтабайға орналастыратын болдым» дегені есіңде шығар. Бұл екі жылдай колхоздың қойын бағыпты да, содан тракторшылар даярлайтын курсқа барыпты. Қазір тракторыңды қойып, енді комбайнға ойысты. Өзі бұрынғыдан толысып, шәпеті қалпынан өзгеріпті. Үстіндегі киімі де жинақы, басқалардікіндей өңіріне өгіз өріп, етегіне егін салынып жатқан жоқ.

— Аға,— деді ол маған қарап,— бір күн бос күнім болған соң, кеше сізді іздеп Ұзынағаш барып едім, Алматыда деді. Содан түнделетіп қайтып келдім. Ол үй ішінің амандығын қысқа айтып, жұмысын шолып кетті:

— Отыз үшінші жылдың ақырында таланымды сынамақ болдым. Тракторшы болуға талаптандым,— деді Адырбек,— ол талабымды орындау маған онша қиынға түспеді. Қыста үш айлық оқуына бардым да, отыз төртінші жылдың көктемінде МТС-тен трактор айдап қайттым. Трактор келе жатыр дегенді ұзынқұлақтан хабарланған ауыл адамдары тайлы-тайлағы қалмай алдымыздан шықты. Жұрттың арасында кимешегі ағараңдап кемпірлер, сақалы желбіреп шалдар да жүр. Қасқия соғып, өздеріне қарай тура тартып жер күңірентіп, ыңыранып, гүрілдеп-сарылдап келе жатқан бір шөмеле шөптей темірді көрген ауыл адамдары оған тура қарай алмай, бір жағына қарай дүрліге ығысты. Сталинград, Харьков трактор заводтарынан келген бұл тракторлар СТЗ, ХТЗ аталатын. Соның бірінің рулінде отырған мені нұсқап келіншегім шешеме:

— Апа, балаңды қара, тракторыңды ауыздықтап мініп алыпты,— десе, шешем оған сенбей:

— Айтпа ондайыңды, менің балам ондай пәледен не алады,— деп баласына тракторды жолатқысы келмейді. Екі-үш айдан бері үй ішімді көрмегенмен шешемді көрген соң, тракторды тоқтата салып, жүгіре басып жанына жақындап келсем, үстім, бет-аузым қап-қара май, сауыс, екі көзімнен басқа түк көрінбейтін менен шешем тұра қашты.

— Апа-ау, бұл мен ғой! — дегенде даусымнан ғана танып, сол кідіріп:

— Апыр-ау, шынымен бұл менің Адырбегім бе, шынымен анау темір сауытты тасбақадан түстің бе?! — деп айран-асыр, таң-тамаша болды. Тек шешем ғана емес, кеше өзіммен Ақмоладан бірге қаңғып келген туысқандарымның кейбірі қуаныштан жас шығарып, сенер-сенбестерін білмей, бір қолатқа трактор түренін салғанша артымнан шұбап, еріп барды. Соқаны түсіріп, қара жердің қыртысын аударып, жыртылуға тиісті қолатты екі-үш айналып тоқтағанымда, аударылып түскен мақпалдай мүнәйім топырақты бәрі таңдана қарап жатты.

— Жердің астындағы асылын шығарып кетіпті,— дейді бірі өлі кебе қоймаған жердің балшықтау топырағының соқа қанатына тиіп тегістеліп жылтырап қалғанын көріп.

— Тереңдігін қара, тереңдігін. Тіпті тізеден келеді-ау! — дейді екіншісі. Ал үшіншісі:

— Бұған егін шықпаса өзі де оңбас,— дейді.

Бұл күні кешке дейін бала-шаға кезек-кезек тракторға мініп, шулап, төңірегімде жүрді. Қазір бәрі трактормен, комбайнмен бірге туысқандай болып кетті ғой деп әңгімесін аяқтады. Шынымен, інім, солай еді. Ауылға қаптап техника келген соң, шаруаның ақсақ аяғы теңелді, шолақ қолы ұзарды, етегі жер сызды, бөркі қара қазандай болды. Шырағым, «бөркі қара қазандай болды» дегенді түсіне алмай отырмысың. Мүмкін бұл бір сөз тіркесі Жетісуда ғана бар шығар. Дүние жүзіндегі мың түрлі халықта дәстүр де мың қырлы. Мысалы тау мекендеген халықтарда бір қызық дәстүр бар. Оларда кімнің дәрежесі жоғары болса, соның бөркі биік болады. Дәрежесі жоғарылаған сайын, бөріктің төбесі де биіктей түседі. Дәл осындай болмаса да қазақта да шамасы осы тұрғылас бір рәсім болса керек-ті. Мысалы хан, хан уәзірі киер мұрақты — делбе қалпақты шонжар балалары, шоралар, мырзалар киеді. Шора киер қалпақты шоры кимеген тіпті оның тозын да бермеген. «Бөркі қара қазандай болды» яғни бөркін үлкейтіп тіктіріп киді, әйтпесе мақтанды, қуанды. Мысалы қазақта «қуанғаннан бөркін аспанға лақтырды» деген тіркес бар Ал қуанғанда бөркін аспанға лақтыру көп халықта-ақ бар. «Мынау шұнақ шал дүниедегі кітаптың ілкім жақсыларының бетін тегіс аударған маған тіл үйретпек пе» деп отырған шығарсың. Тіпті де олай емес, інім. Жай ыңғайы келген соң сөздің атасы өлмесін деп жатқаным ғой. Сен ондай тіркестерді білмеуің мүмкін. Бірақ білмеуге құқың жоқ, өйткені сен сөз қуған, сонымен нан тауып жеп жүрген адамсың. Ал ұмытып қалуың әбден ықтимал. Сен жазып отырғанда бәрі бірдей есіңе түсе бере ме? Сен ондай тіркесті күнделікті өмірде қолданбайсың. Мысалы жылқышыны алшы, ол жылқыға байланысты сөзді сенен он есе артық та, жақсы да біледі. Ол таңертең оразасын сол жылқыға байланысты сөзбен ашады. Әне, жаңа мен айтқан қазақтың атының бірі Домбай. Домбай деген жабайы есек екенін екі журналистің бірі біледі деп айта аласың ба? Сол тілді де, малды да, мал туралы ескі сөздерді де білетін адамдар сиреді. Сондықтан сендер ендігі тілді ұмытып бара жатқандарға жабайы есек — домбайды құлан деп үйретесіңдер. Мал маманымыз, әлде зоотехникалық ғылымды терең зерттеген ғалымбыз дегендер шатасып, қазақ, қырғыз жеріндегі жабайы жылқы-құланға Прежевальский жылқысы деп ат қоя салады да, жабайы есекті қулан деп түсіндіреді. Інім, баяғыда күйеуі көңілінен шықпай отырған бір қыз күйеуінің қабағынан өзін жақамаған тетірлікті байқапты. Шамасы жаңа ұзатылып келіп отырса керек. Сонда күйіп кетіп: «Жақтырсаң жақтыр, жақтырмасаң төркінімнен қалдырма!» деген екен. Сен менің айтқанымды жақтырсаң да, жақтырмасаң да шындық солай. Немене сонда қазақ, қырғыз жеріндегі жабайы жылқыны Прежевальскийден бұрын адам көрмеп пе? Не деп ұғуға болады, мұны? Тіпті естір құлаққа ұят, бұдан өткен даңғойлық бола ма? Мысалы өкпе ауруынан табылған құртты Кохтың құрты дейміз. Бұл жөн сияқты. Өйткені ондай құртты одан бұрын ешкім таба алған жоқ. Енді оны тапқан ғалымның атынан атау әбден-ақ ыңғайлы, орынды. Ал қырғыз бен қазақ күнде көріп, күзде қуып келіп, үй басына біреуін сойып, жығып, қазы-қартасын жеп, жырғап отыратынын былай жиып қоя салып, енді оның құлан атын есекке таңып, ат берген боламыз. Інім, анау Қаскелең мен Шамалғанның арасында жатқан жыра — құр өзекті қазақтар баяғыда қолдан тереңдетіп қазып, Құланөтпес атандырған емес пе! Сол Құланөтпестен сен зуылдап машинамен ары-бері талай өтесің, енді оның атын да ұмытып барамыз. Өзің арнайы тоқтап қарашы, соған. Оның тереңдігі қазір он-он бес метр, қазылған дөмбейілдің көлденеңі де соншалық. Бір кезде ол, әрине, терең болса керек-ті. Қазақтар күзге қарай ханы бар, қарашысы бар, қарасы бар тайлы-тайлағына дейін қалмай бұтын атқа артып, қолдарына шыңын, нуғарасын, қалғанды ұстап қағып-даңғырлатып, сонау жалпақ даладан құланды үркітіп жоғары қарай қуады екен. Қатты ағынымен келген құлан алдындағы жан-жағында бұдыры-сыдыры байқалмайтын дөмбейіл-орға омақасады екен. Семіз, тығыршындай күзгі, қоңды құланды жығып алған қазақтар ұрты да, мұрты да май болып жатады екен. «Далада қулан, домбай шұбырса, о дағы бір егеулі оққа жолығар» демеп пе еді Шалкиіз жырау. Кешегі тарп ұрған құлан бүгін азайса, зырқыраған сайгез оқтың, ұңғыдан ұшқан темір жұмыртқаның тегеуріні дағы. Кеше ғана поезбен Семейден Алматыға келе жатқан кісі күнде көретін Сарыөзек, Жоламан төңірегіндегі Іле ойпатында қора-қора болып жортып жүрген қарақұйрық қазір жоқтың қасы. Енді бірнеше жылда әлдеқайдан келген біреу соның бір-екеуін көріп, оны да өзінің атына қойып алар. Кешегі бұздай кілшиіп жатқан табиғатты қолдан бұздық, көп жан-жануар, жәндік, құс өксісе де, жерінен көксіп кетті, енді оның кейбірінің сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ. Жазымда басы қалатын болған соң жазығын қимаса да көксіді, шығандады. Қиянға, қиырға ауды. Амал не? Бұған, інім, илансаң да, иланбасаң да солай. Алабілек оқ пәйкесіне тиген соң, майсасына безіп кетпеске не? Мажардан сүйесін болған жерін тастап, құлатыға қол артпасқа, аяқ баспасқа не? Жануарлар жанын қорттап, арту-артуды асып кетеді дағы. Айтпағымыз сөздің ұмытылуы еді ғой. Жаңағы мен әңгімелеп отырған Домбай деген кісіге «ой, есек!» деші. Сенімен шешініп тастап төбелессін. Ал оның баласы жіті қарасаң есек емес, есектің қодығы-күрәсі болып шығады. Оған күнде айтылып, құлағы үйреніп кеткендіктен Домбай дегенің басқаға «доңыз» де¬гендей естілгенімен бұған жібектей есіліп, мақтадай мүнәйім болып жетеді. Е, інім, қазақ та, басқа халық та ондай аттарды қоя берген ғой. Орыс халқында да Медведев, Борсуков, Свинин дегендер толып жатыр. Ал төтесінен барып сол фамилиясын «Ей, медведь» деп көр, ер болсаң. Ашылмас тұманға қалар едің. Баршындамағанмен мау тартып жетілген баласың, өзің ақылдашы, менің айтқанымды теріс дей аламысың. Қазақтың өзіне жегер мол тілі бар, соны ұмытып қаламыз да бұл біздің ауылда айтылмайды деп отырамыз. Інім, саған тіл білетіндігімді көрсетіп алапамды арттырайын деп отырған жоқпын, сен маған ой келмей мүдіретін, тіл келмей мүлтігетін кезімде тұс болып отырсың. Ол менің сұлыбымнан емес, мүмкін құлығымнан, тіпті көрген теперіш қорлығымнан болар. Құладынды қайырып қуға салатын кезіміз кетті, енді ептеп басып, еңкеңдеп жүретін кезге келдік. Ол табиғаттың заңы, мойымаймын да, күндік те тартпаймын. Менің мысымды құртып отырған жайларды жоғарыда жағалатып айттым. Дегенмен саған ойымды айтқан соң арпа жеген аттай қунап қалдым. Пұстыларымыз жас жүрсе қунайды, қарт жатса қунайды дейді ғой. Ал мен сенімен сөйлескенге-ақ қунап, қарға аунаған түлкідей жайнап қалдым.

Осылай лапас астында әңгіме соғып гулеп отырғанымызда Жалбық мейманханаға қарай тұра жүгірді. Ол бірдемесін ұмытып кеткендей. Сәлден кейін одан қайта шықты да, Адырбекті шақырып әкетті. Арада бір дем өткенде Жалбық пен Адырбек екі табақ ет көтеріп келді. Лақтың басы бар табақты ол Домбай екеуміздің алдымызға қойды. Екінші табақтағы ет — жаубүйрек екен. Шырағым, Жетісу елі август айы басталған соң, көбіне лақ сояды. Бұл сыйлы қонақ үшін емес, кәдімгі күнделікті тамақ ретінде ұсынылады. Өйткені лақтың еті жеңіл және майы қатпайтын осындай қоңыр күзге дейін тәуір саналады. Қазір жұртқа ұмыта басталған жаубүйректі жеп көргенің бар ма? Жаубүйрек семіз лақты сойғанда бүйрегінің майын сылымай, арқа омыртқаға жабысып тұрған қалпында, омыртқаларды да опырмай бөліп алып пісіріледі.Кейбір тоғышарлар оның жаубүйрек аталуы жауға шабарда бітеу пісіріліп әкетілетіндігінен деседі. Тіпті де олай емес, інім. Саған тағы да тіл үйретейін.— Шұнақ сәл ыржиып мұртынан күліп алды. Жаубүйректі мен шынымен сондай бір кезеңді жағдайға о баста арналып пісірілген тамақ деп ойлайтынмын. Шұнақ шалдың мына сөзі мені енді елең еткізді. Шынымен сыңар құлақты шалға ұйымау енді мүмкін емес еді. Намазға тұрғандар ұзын бойлы адамнан бір намаздық имам сайлап алып, соған жалпысының ұйитынын естіген боларсың, мен де енді соларша Шұнақтың аузына біржола бас қойдым. Шал маған сынай бір қарап қойды. Ол әңгімесіне қайта ойыса берді:

— Жаубүйрек — майбүйрек деген сөз. Семіз лақтың бүйрегінің сырты маймен жабулы тұрады. Соны сол қалпында пісіреді. Жау деген көне түркі тілінде, балқар, қарашай тілдерінде де май екен. Демек, бір кезде майды біз де жау деген болсақ керек. Көрдің бе, інім, өзіміз майды жау дегенімізді ұмытып қалғанбыз. Егер жаубүйрек деген тамағымызда оның аты қалмаса, жаубүйректің — майбүйрек екенін білмес едік.

Мен алдымдағы лақтың басын Домбайға қойдым. Домбай жасым үлкен еді деп басты ала салмады. Ол маған қарай қайта жылжытты. Бас — ауызы ырсиып екі мүйізі шікірейіп «қайсың жесең де мейлің» деп тұрғандай.

— Шырағым, Абақ,— деді Домбай,— алдына келген басты жасым үлкен еді деп бас салатын оңаза, қомағай шалың мен емес. Басты бас болатын адам жеуі керек. Қасында ел басқарған, жұрт көрген, басқадан ақылы асқан адам отырғанда бас жеу — қорқаулықтың, не көрлаттықтың ісі. Бұрын басты шалдар жеген болса, ол кезде ел басқарғанның бәрі ақсақалдар еді. Сондықтан бұл бастың иесі сен.— Мен басты алмадым. Домбайға ұсындым. Ол алмаған соң барып екі мүйізі сұқ саусақтай болып өскен лақтың басын қолыма алып, езуінен, құйқадан бір кесіп жеп, басты Домбай алдына қайта қойдым. Домбай:

— Е, енді жөні болды, енді менің жеуіме болады,— деп бастың құйқасын сыпырып отырғандарға үлестірді де, екі мүйізінен қысып басты қақ бөлді. Лақтың басының екі көзі, миы бас сүйектен арылған соң судағы көлбақаның сыртқа шығып тұратын көзін елестетіп, бақырайып қалды. Домбай оны менің алдыма қайта қойды. Әрине, миды бәріміз бөліп дәм таттық. Қазақ одан да саясат шығарған, інім. Бастың миынан отырғандар жеткенінше дәм татуға тиіс. Ондағысы ми ортақ, оның ойы, ісі ортақ, ми барлық қауымға қызмет істеуге тиіс делінген.Осы лақтың басынан шығарып Домбай маған тағы бір ғибратты әңгіме айтты. Ет желініп болып, қайта шай келгенше тізе жаздық.

— Атаң Құртқаның жүз отыз алты жасқа келіп, мың тоғыз жүз алтыншы жылы дүниеден қайтқанын білесің. Сол бүкіл қазақ қауымы «көкелеп» өткен Құртқа тәуіп өзіне арналып сойылған малдың ғана басын жейді екен. Бір күні тәуіп қасқарау Ноғайбаймен табақтас болып қалыпты. Ноқаң да ақылды адам, білімі-ілімімен қазақтың жанына арашашы болып жүрген Құртқаның асты-үстіне түсіп жаны қалмай жатады. Бір кездері ет келіп, бас тартылады. Ноғайбай:

— Көкеме тарт, Көке, басты алыңыз! — дейді. Осылай боларын білген Құртқа қатты кетіпті:

— Ұста басыңды, басын ұста жұрттың! — деп зекіп тастапты. Үй ішіндегілер көкең қатты дауыс шығарып, дозданғандай болған соң, әлде бірдемеге разы болмай қалды, біз көңілінен шыға алмадық деп қысылып, сасып-салбырап қалады. «Лай аумин» деп қолын жайып, Тілеміс қу тұр. Ноғайбай мен Тілеміс аталас та, ағайындас. Тілеміс жастау, бірақ бәрі үзеңгілес. Көбіне Ноғайбай қайда жүрсе, Тілеміс сонда жүрсе керек-ті. Үй Тілемістікі. Ноғайбай көкеңе сәлем бере келген екен. Жұрт сілтідей тынып ешкім үн шығара алмапты. Мал Құртқа а сойылған. Нақ сол сәтте жайды ақылдап болған Ноғайбай қол көтеріпті:

— Е құдай алдымда атамды қой, артымда ботамды қой, ата тұрып бас жеген қатамды жой, ата ақылгөй, мен бастық! Аллау-акбар. Ноғайбай басты мұжып, бола беріп:

— Тілеміс — дейді. Бірақ Тілемістің «ау» дегенін естіген соң қайта дыбыс шығармайды. Сонымен сөз тамам болады. Ол арада Құртқа сол ауылдың науқас адамдарын қарайды. Есік алдында жұрттың ішінде шалқалап жатқан жігіттің қасына жақындап тамырын ұстайды. Тәуіп ойланып отырады. Жиырма бірге келген жігіт, жеті жылдан бері сал болып жатқан көрінеді. Көзі жаутаңдап тәуіп не ем айтар екен дегендей одан көзін алмайды. Көкең бір шамадан кейін жігіттің қолын жібереді де, езуіне күлкі орнайды. Мұны жұрт қалай түсінерін білмей қайран болады:

— Мына жатқанның ауылы қанша жер? — деп сұрайды т

— Мына белдің астында,— деп жауап береді, Тілеміс.

— Бір шара қымыз әкеліңдер! — деп бұйырады тәуіп. Бір шара меймілдеген қымызды бір жігіт көкеңе ұсынса:

— Анау жатқан батырға ішкізіңдер,— дейді тәуіп. Қымызды қолына алған мешел іше бастайды.

— Бір тамшысын қалдырмай іш! — деп бұйырады тәуіп. Қымызды сарқып ішіп болғанда тәуіп зембілде жатқан жігітті қамшымен салып-салып жібереді де:

— Тұр, иттің күшігі! — дейді. Жұрт дүрлігіп, тәуіптің мынасы несі дей алмай, іштей ұнатпай тұрады.— Тұрғызыңдар, жалқау күшікті. Тұр шапшаң! — Жүгіріп барып екі жігіт жеті жыл жатқан мешелді екі қолтығынан демейді.

— Япыр-ай, мына тәуіптің не деген дәті қатты кісі еді,— деп бала шешесіне жылап жібереді. Орнынан жігіт тұрғызылған соң тәуіп қайта бұйрық берді:

— Алыңдар қолдарыңды! Жөндеріңе кетіңдер! — Жеті жыл жатқан сал екі тізесі дірілдеп, қалт-қалт етеді. Науқас қимылын қалт жібермеген көп көзі енді оның не шалқасынан, не етпетінен кететінін күтіп отырады. Науқас сәл дірілдеп тұрады. Осы сәтте тәуіптің құдіретті, айбынды даусы қайта қатты естіледі:

— Кет үйіңе. Артыңа қарама? Жоғал! Көзімнен құры! — Жиналған ауыл адамдары жеті жыл жатқан мешелдің аяғынан қаз тұрғанына бірі қуанып, бірі қорыққаннан тұр-ау деп аяп, жылап, енді бірі:

— Бас, бас аяғыңды, бас! — деп демеу беріп жатты. Науқас бір адым басып, екі қолы селтең етті. Шамасы жығыламын ба деп қалды. Жығылмаған соң қалтылдап екінші аяғының өкшесін көтерді.Сөйтіп ілбіп, одан әрі дірілдеп кете берді. Ол он шақты қадым салған соң тәуіп:

— Аурудан айыққанына үш жыл болған. Қорқақ, жан аяр. Ертең қара қой сойып, жас сорпа беріңдер,— деді.

Ауыл адамдарының науқастарын қарап болып, енді қымызға келіп отырған Құртқаға.

— Лай аумин? — дегенге қараса Ноғайбай, қолында табақ, табақта шеке. Сөйтсе бұл Ноғайбай мен Тілеміс бүкіл қазақ қадірлеген ағасына бас жегізбей жібермеу үшін демнің арасында құлын сойып тастаған екен. Құртқа тәуіп бата беріп, құлынның шекесін мұжыған соң, Ноғайбай мен Тілеміске қарап бір сөз депті:

— Ноғайбай балам, дүниеде көп жасағандар да, көп жасайтындар да көп. Қазақ егер көп жасағанға бас берсе, онда мың жыл жасайтын құзғын қарғаға тартар еді. Бастың қадірін көп жасағанға беріп қадірін кетіруге болмайды. Қазақта менен көп жасаған да адам болған. Сыпыра жырау қария жүз алпыс сегіз жас жасап, жеті ханның қасына отырып, ақыл қосып, мінін, айыбын бадырайтып бетіне басып отырған. Қазақ біреудің айыбын бетіне басқанды ұнатпайды. Ол үлкен хан жиында, ерегісте, содырлы-сойқанды жерлерде ғана айтылған. Бұл олардың айта алмаған жалтақтық-қорқақтығынан немесе жағымпаз-жарамсақтығынан болмаған. Бұл тек қана адамгершілік тұрғыдан еді. Оны айтқысы келгендерге тыйым сала отырып, айтып жіберген аузы жылдамдарға азды-көпті жаза да қолданған. Оның себебі оны аяушылықтан, өзі сабасына түссін, намысына тимелік, жүрегін жараламалық дегеннен болған. Сол Сыпыра жырау — кәрі жырау кәпір жырау да атанған. Кәпір сөзі қазақта ислам дінін мойындамағандарға ғана айтылмаған. Ол суы-дәті қатты, аяушылығы аз деген мағынада да қолданылған. Сондықтан да кімнің кемшілігі, кемістігі болса да бетіне айтқан Сыпыра атаң кәпір жырау болып бет қаратпай, қылышынан қан, найзасынан зәр тамған хандарыңды ығыстыра отырғанда хан қасында отырып бас жемеген, бастың иесі бастық, елге ие болатын, жығылып бара жатқанға сүйеу, панасызға медеу, әлсізге демеу болатын адам деп білген. Халық жасаған данышпандық дәстүрді, мамырасып санатқа ілген игі ғұрыпты барлату ғана бағаналы, байсалды ордаға жеткізер болар. Ұстаныңдар, ата дәстүрін, жақсы дәстүрін! — деп бітірген екен сөзін Құртқа көкең. Інім, міне, бас жеудің де өз дәстүрі, тәрбиелік мәні болғаны ғой. Мен содан бері жасым үлкен деп басты бас салатын адамдарды ұнатпаймын. Қанағаттықты қадір тұтқан Құртқа атамның ескертпесін есіме бәһірә алып отырамын.

Қанағат демекші, інім, жаңағы әңгімелеп отырғандардың бәрі барға қанағат қылып, бірақ онымен қалмай ілгеріге қол созып, құрық салып үйренген адамдар. Көрдің бе, бәрі де өз ауылдарындағы жағдайды қанағаттанғандықпен айтып, тіпті мадақтауға жақын отыр. Шырағым біздің халқымыз қанағатшыл, көнбіс, шыдамды халық. Оңазалық, ашқарақтық оған төн емес. Екі-үш күн тамақ ішпей аш келген қазаққа қос уыс қуырған бидай беріп, жанына бір табақ піскен тамақ қойып, «мынаған тиюші болма, бұл кісіге арналған» деші. Ол ертеңіне сол орнынан да, табақтағы тағамға тимеген уәдесінен де табылады. Міне, інім, бұны қазақ қана істей алады.

Інім, халық болған соң оның арасында жақсысы да, жаманы да болады ғой. Бірақ біздің халқымыз адал халық. Ол барға қанағат қылып үйренген. Сондықтан да ол «қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады» деген. Бірақ қанағат қылу енді еш нәрсеге ұмтылма, осымен қал деген сөз емес. С.'онымен бірге ол «түстік өмірің болса, кештік мал жи» деген де халық. Қанағаттылықты қазақ тойымсыз, сұғанақ, барға мүсе тұтпай әр нәрсеге ұрынған мінез-құлыққа қарсы қойған. Ондай тым дүниеқоңыздық, қанағат сезімінен айырылғандық түбінде қадіріңнен айырмай қоймайды. Інім, қазақ «көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген. Көп көріп, көп қызмет қылып, көп жасаған соң адам ойына тоқып, өкіліне түсірген нәрселерін кейде ішінен шығарып қойғысы да келеді. Сондай бір көрген қанағатсыздықтың мысалын саған әңгімелегім келіп отыр.

Жиырма сегізінші жылы аудан ұйымдастырылғаннан кейін ел ішінен сауаты бар, еті тірі адамдар іздестіріле бастады. Үстем тап ішінен санатқа ілінетін еті де тірі, сауаты да барлар табылды, ал бізге керегі кедейлер. Кедейлер ішінде еті тірі, пысықтары, сөз білетін шешендері табылғанмен баршасының-ақ сауаты болмады. Оларды тауып іріктеген де, екшеген де болдық. Жазу-сызу қолынан келмеген соң, олар әмсе бай балаларынан сөзден де, істен де ұтылып қала берді. Ісірібі тоқтастан соғылған адамдарды әбсіп іздеумен болатын едік. Сондай дарияға қармақ салып жайын аламыз дегенде ілмегімізге балаңқы, бірақ қадалған жеріне қал-жуырдай шаншылған бір жігіт еді, ол. Пейісов орта бойлыдан аласа, екі иығы тіктеу, сондықтан мойны қысқа болып көрінетін сары жігіт. Бетінде білінер, білінбес қорасан дағы күлгенде анық байқалатын. Бірақ ол басқалар сияқты қарқылдап, немесе қауқылдап дарақыланып қатты күлмейтін. Көбіне ыржиятын. Оны көп жұрт ұстамды деп есептейтін де, сырдескі достары ішмерез, бір беткей, безбүйрек Еспембет десетін. Еспембеттің кім екенін білсең керек-ті, шырағым. Ол Еңлік — Кебектегі Еспембет би ғой. Не сары емес, не қоңыр емес майда шашы кейде екі жағына жарылып тұратын. Тапқанының қайда кететінін қайдам, ол жарқырап киінбейтін де. Егер зәу-шайтан жаңа костюм кисе, онысының жағасы қыртық мойнына тиіп, екі иығы көтеріліп тұрар еді. Сөйлегенде бір көрмеге мазалы, жай, түсіндіріп анық сөйлейтін. Мойыны бір бұрылған жақтан оны қайтарып алу қиын еді. Егер бүгін жамандаған адамын өзі ғана мақтамаса басқаның дегеніне көнбейтін. Оны тапқан да, таңдаған да сол кездегі аупартком хатшысы Түзелбаев болатын. Дауысын көтермей, біркелкі сөйлейтін, ақбытпадан аулақ жігітті Түзелбаев жерден желкек тапқандай желкілдетіп, желпілдетіп ұстады. Екпетті жігіттің баршындап-байыздап айтқан сөзі де, Үңгіртас ауылдық Советіндегі ісі де көңілден шығып, шернеуішінде хаты бар адамдай көрінетін еді. Ондайды халық талағының биті бар дейді. Бірақ біздің қазақы дарақылығымыз, аңғырттығымыз ұстап кетіп, арамызды арыстап, еркін жайлап жүрген оның бұл жүрісін азырқандық. Ол дегенде бәріміз де шүленгір тартып қолымыздағымызды аямадық. Пейісовке шыр бітіп келе жатты. Оған қуанбасақ ренжімедік. Әсіресе Түзелбаев оның басынан құс ұшырмай аспалап жүк артқан атандай ардақтап, тәбияға берік тұлпардай күтті. Жұмысы да біршама жақсы болып, алдыңғылар санатында жүрді. Барлық ауылдық Советтерге оны мысал қылып, көлденең тарттық. Оның байсасы-жалы тудай болды. Көргені, түйгені болғанымен сауаты шамадан төмен жатқан соң Түзелбаев оны алты айлық партия-совет қызметкерлерінің курсына жібертіп оқытты. Ол үйленіп бұл кезде балалы-шағалы да болған еді. Зар деген секпіл бетті, жай сөйлейтін әйелі бар. Жалақ емес, бірақ үнемі ернін жалап жүретін, мәдениетті болып көрінгісі келіп, жұрт сыпыра киетін киімдерді алдымен алатын. Бірақ қай киімді кисе де жарасымдылығы болмайтын. Бұл жағынан қарағанда «ұрының қатыны өзіне лайық» дегендей Пейісовтың өзіне ұқсайтын еді. Ал Пейісов көбіне-ақ алқа-салқа жүретін. Оның тамағының түймесін салып жүргенін ешқашан көрген емес едім. Оның үстіне жақын-жуық жолдастары «үйіне қуалаған шошқа кірмейді» деп ажуалайтын. Тіпті Шалтай деген бір қу тілді, сықаққой жолдасы «Пейісовтың үйіндегі тарақан тегіс аштан қырылып қалыпты» депті деген әңгіме Қастек ауданына жайылып та кетіп еді.

Оқудан келгеннен кейін де Түзелбаев Пейісовті тәп-тәуір қызметке қойды. Аупарткомның төрағасының орынбасары болып сайланды. Жұрт қатарлы жалақы алатын Пейісовтың үйіне барғанын оның Кермек деген жолдасы былай әңгімелер еді:

— Бір күні Пейісовтың үйіне барсам өзі үйінде жоқ екен, дер еді ол,— Зар ерінін жалап ас үйінен шығып келеді екен. Ақырын ғана ол жайбағыстап амандасты.

— Қалай Күмісжан аман-есен бе? Кермек он-он бес сом ақшаң бар ма, қалтаңда, бере тұршы.— Ойында ештеме жоқ Кермек қалтасындағы он бес сомын суырып береді. Сәл отырып кетіп қалады. Тағы бір күпі Кермектің Пейісов үйіне жолы түседі. Бұл жолы отағасы үйінде екен. Астыңғы ернін жалаған Зар алдынан шыға келеді де, Кермекке мәймөңкелей сөйлейді:

— Кермек он шақты сом ақшаң болса бере тұршы. Үйде майдамыз болмай қалыпты, нан алдырайын деп едім.— Бұл жолы да ойына арамдық келмеген Кермек қалтасындағы бары он төрт сомын алып береді. Кермек үшінші мәрте барғанда күн жексенбі екен. Пейісов те үйінде отыр екен. Зар тағы да Кермекке келеді:

— Кермек, он үш-он төрт сом ақшаң бар ма? Бүгін күн жексенбі ғой. Жинақ кассасы жабылып қалыпты.

— Ия, амин алуды ұмытып кетіппіз,— деп міңгірлейді Пейісов. Тағы да он бес сом ақша берген Кермек бұл үйден шыға беріп даққа қалады. «Қалай-ақ мен келгенде бұлардың ақшасы таусыл тұрады». Келесі барғанда Кермек қалтасына қырық бес тиын салып барыпты.

— Кермек он шақты сомың бар ма? — дей бастағанда Зар, іліп алғандай бермек:

— Қырық бес-ақ тиыным бар,— дейді.

— Қырық бес тиын? Мейлі болады сол да. Жарты кило нан келеді ғой,— дейді Зар. Ол отызыншы жылдары қоңыр нанның килосы тоқсан тиын ғой. Сонымен қырық бес тиынды беріп Кермек ол үйге үнемі құр жан баратын болыпты. Бұл Пейісов үйінің бір қыры еді. Ал ол оқудан келген соң тура Түзелбаевтің өзіне жабысып, жиналыс болса, соны сынайтынды шығарды. Аупартком хатшысы болса, өзі асырап өсірген текешіктің қайда аяқ басып, кімге ауыз салғанына қайран қалды. Бұған басқалар да таңданды. Ол аупартком мүшесі, аудандық Советтің мүшесі болғанды місе тұтпады, оны азырқанды. Бірақ көп ұзамай Түзелбаев кетіп, оның орнына отырған Байхановпен де шайқасты. Одан соң Саттаровпен, одан Колмогоровпен алысты. Ақыры Жұмағұлов деген хатшы келгенде оны да бірнеше рет сынады. Айтатыны бір сөз: «Сен бұл орынға лайық емессің». Содан отыз бесінші жылы аудандық партия конференциясында ол әдемілеп бастап, тағы да Жұмағұловқа түсе беріп еді, жұрт шатырлатып қолды соғып келіп берсін. Алғаш «менің сөзімді жұрт қатты ұнатып отыр екен деп қалған ол даусын жарқын-жарқын шығарып, жандана бастап еді, ақыры жұрт қол соғуын қоймады. Президиум председателі жұртты баспақ болып, «сөзін айтсын» деп еді, көпшілік «жоқ берілмесін!» деп айғайлайды. Ол мінбеден кетуге мәжбүр болды.

Осыдан кейінгі тағы бір пленумда ол баяғы әуеніне сала беріп еді, жұрт оны тағы мінбеден қуып түсірді. Үшінші бір жиналыста ол мінбеге бара бергенде бүкіл зал орнынан тұрып далаға шығып кетіп қалды. Інім, бұл ұяты аз адамдарға мен қызғаныш білдірдім. Таңданып отырмысың? Егер оның орнында мен болсам, інім, шыным, мен сол жерде өліп кетер ме едім, қайтер едім. Мен Пейісов ең болмаса бірнеше күн ауырып жатар деп дәмеленіп, қос арысы сынған арбадай қирап қалған шығар деп едім, жоқ ондай осалдықтан аман болып шықты. Қалай қызғанбассың, ойланбассың?! Енді осыдан кейін қалай ондай адамның денсаулығына таңданбассың. Бірақ, інім, өлмегені қара жер, бұдан кейін ол жиынға, жиналысқа келуді қойды. Орыс қорасының шәуілдек қандек итіндей екі-үш жігітті тауып алып, енді соларды жиналыста басшылыққа айдап салатын болды. Өзі. келейін десе бет жоқ. Сөйтіп жүргенде отыз жетінші жыл келіп, оның көктен іздегені жерден табылып, құдайы берді. Сыпыра жұрттың үстінен арызды айдап бәрін қаматты. Ақыры «көп асқанға бір тосқан». Оны да біреу көрсетіп келмес марғау сапарға жол шекті... Егер, інім, сол кезде ол Пейісов аз да болса қанағат қылса, сол көздеген бірінші бастықтыққа жететін де еді. Амал нешік қанағатсыздық оны ел бетіне қарағысыз етті, бұл ұлы бар, қызы бар адамның басына бермейтін-ақ әреке-пәле, бір ауданның елі бетіне қарап отырған ерді ланаттаймын деп, бүкіл елден лағынет алды. Бұған намысты, өзім адаммын, ермін, мені де шешем ұл деп тауып, қалжа жеген деп, өзін бағалай білетін адам шыдай ала ма? Бірақ мәнсапқа жету үшін ұятты да, намысты да жинап қойып, беттің арын бес төгіп кірісетіндер бар екен, ондайлар жем үшін емес, жем үшін өмір сүреді екен. Бірақ асыл білес сутасты гауһар деп қателесетін әдетіміз әрқашан-ақ алдымыздан шығып жатпай ма?! Жаңбырдың іріткісін көлмек деп, көлмекті көл деп көрсететін дарақылық-тебірлігіміз, даңғойлығымыз ғой, баяғы. Біреу «үлкен рақмет!» деген екі сөзді бұзып қазақша айтса, мәз болатын сорлымыз. Ол сол екі сөзді ықыласымен айтты ма, әлде мүләйім, аярлық па, ол жағына көз жібере бермейміз. Сол дарақылық, даңғойлығымыз бізді тілімізден де, ділімізден де айырып барады емес пе? Ойладық па, осыны бір?! Мәзіреті жасаудың орнына мәз боламыз, сол әулекілігіміз бізді көзден айырып, көрге сүйреп барады. Тіліміз шау тартып, өз баламыз жау тартып бара жатқанын аңлай алмаймыз, өкілімізге түсіре алмаймыз. Міне, көрдің бе, шырағым, әр нәрсеге-ақ қанағат керек, бәрі маған болсын, мен ғана адаммын, басқаларың былай тұрыңдар, менен қалса ішесіңдер, аласыңдар, менен қалмаса, ештемеге иектерің қышымасын деу бұл қай адамшылыққа сыймақ.

Отыз бесінші жылы стахановшылар қозғалысының өріс алғанын тарихтан білесің. ВКП(б) Орталық Комитеті ол қозғалыстың күші бұқаралығында деп көрсеткен еді. Бұл қозғалыс ауыл шаруашылығын да кең қамтыды. Екінші бесжылдықта сексен мың тракторшы, он үш мың комбайншы даярланған. Соның ішінде отыз мыңнан астамы қазақтар еді. Міне, бұл съезге келген Домбай, Жалбық, Омарқұл, Адырбек, Тоқымбек бәрі де сол отыз мыңның өкілі болатын. Сол сырдескі жолдастармен екі-үш күн Алматыда колхозшылар съезінде бірге болып, бір жасап қалдым. Қазір шырағым, олардың Домбайдан басқа бір де бірі жоқ. Бәрі Ұлы Отан соғысында болды, ерлікпен қаза тапты. Егер қулықпен, жылдамдықпен шешілетін соғыс болса, одан Омарқұл мен Жалбық сияқты атығайлар аман қайтар еді. Екеуі де тұяқсыз кетті. Амал нешік. Өмір. Оның мақтаны да, кейісі де, өрі де, ойысы да көп. Оның тіресі де, күресі де жеткілікті. Тіреуін тірестім, күресуін күрестім, бірақ әлі жығу түгіл, итжығыс та түсе алмай жүрмін.

* * *

Таудың үсті қоңыр салқын тартты. Шұнақтың да қабағы түсіп, соғыстан қайтпай қалған қатар-құрбысын есіне алып, қабаржыды. Күн еңкейіп Қордайдың үстіне барып қалды. Күннің ұясына еңкеюі жасы алпысқа келген сыңар құлақ шалдың қалған өмірін елестеткендей. Шұнақ шалдың әңгімесі әлі түгесілетін емес, ұзақ сияқты. Мен аспанға, күн көзіне, жалпы батыс жаққа қарамауға тырыстым. Ондағы ойым шұнақ шал әңгімесін доғарып қоя ма деп қорыққаным еді. Кім біледі, жасы келген кісі ойынан шықпай қалсаң, қамшыдан ығыр болған қырсау жылқыша теріс айналып кетпесін кім біліпті. Бұл күнде әңгімені бұл сияқты майын тамызып айтатын кісі де аз. Ауылдағы бір үлкен кісімен сөйлесе кетсең не кешегісін, не бүгінгісін айтып бере алмайды. Әсіресе шопандармен сөйлесіп көрші. «Жүз саулықтан жүз жиырма кен алдым» дегеннен басқаны айта алмайды, әңгімені өрістетіп кетпейді. Қазір тыңдауға құлақ та, тапжылмай отыруға құлық табу оңай емес. Ал көпті көрген, көргенін тоқыған, тоқығанын, оқығанын тіпті қызыл сөзбен болса да қыздырып айтып бере алатын, оған тағат, байыз табатын кісіні кездестіру одан қиын. Сондықтан да бұл әңгімені екі күн отырып тыңдауға бар едім. Шалдың бетіне көзім түсіп, осы кісі неге балаларын, өз жағдайын айтпайды екен деп ойладым. Баласы қандай адам болып, қалай өсті екен, әңгіме болып отырған кезде Ұлтарақтың Советі жігіт те болған шағы ғой. Оның болашағы, өмірге жанасымдылығы қалай болды екен деп ойладым. Шұнақ менің ойымды аңғарды. Өйткені шүңіректеу көзі маған қатты қадалып қалған екен. Жоқ құлағының орны, сол жақ бетінің ұшы жыбырлап, әлдебір терең ғылымды барлауға кеткен адамдай көзі төңкеріліп барып түзелді. Шалдың шұқшия қадалған көзі өңменімнен өтіп кетті. Мен мойнымды бұрып далаға, алыстағы адырға қарадым. Сонау аппақ болып жатқан Сорбұлақты шолып, төмендеп кеттім. Шұнақ менен көзін алмай қайта сөйледі. Мен тыңдап қалдым.

— Сен қазір менің балаларым қайда жүр екен деп ойладың ғой, осы жолы шыныңды айтшы, шырағым. Ия деші!

— Ия, сіздің балаларыңыздың болашағы не болды екен деп ойлап едім.

— Мені тасқа желіндеп, мұзға бұзаулаған, безбүйрек екен деп ойлама, шырағым. Мен де қуана білемін, ашулана, ренжи аламын. Туғаныма деген ыстық ықыласым, туған халқыма деген асыл сезімім бар. Ол менің жаратылысым, сұлыбым. Оны жер зыңыранып, астын-үстін болып, қырық жыл қырғын тұрса да өзгерте алмаймын. Досына қоң етін кесіп беретін, жанпоз жігіт деп қазақтың мәрт, сақи-жомарт жігіттерді мақтағанын талай естіген боларсың. Қоң ет деген не, ол? Оны қазір біздің елімізде өртке күйіп, отқа түсіп қалған адамға жамауға алдыңғы қатарлы жұмысшылар кесіп бере береді. Менімше ол онша қиын нәрсе емес. Бәлкім бұл саған күлкі көрінер, не шал атаулының мақтаны дерсің, мен қоң етім емес, досыма жанымды қия аламын. Жан қиюды одан артық ешбір әдемі сөзбен жеткізу мүмкін емес, әйтпесе сол маржандай тізілген, күмістей сыңғыраған, аққудай саңқыған дауыспен, сөзбен жан қиюды жеткізген болар едім, Бұл қызыл сөз емес, қызынғанда айтатын мақтан да емес. Оны осы екі күнгі әңгіме барысында өзің аңғарарсың. Сен зерделі бала сияқтысың, бірақ шамадан тыс сақтық жасайсың, бәрінен бойыңды сақтап ұстамақ боласың. Осы сапты аяққа ас құйып сабынан қарауыл қараған, екі көзіңнің бірі, егізіңнің сыңары өз жанынан қорыққандықтан сені сатып жіберіп жатқан заманда бұның дұрыс та шығар. Бірақ, інім, арымас ат болмас, қарымас жан болмас, сонда, сол бір есіктің сықырынан, аяқтың тықырынан қорыққан кезіңді соңыратын еске алғанда өкінбейтін болуды да өкіліңе түсіргейсің. Дүние екі айналып келмейді, дүниеге екі келер жай жоқ, сол бір сүретін өмірді шын күліп, шын сөйлеп өткізбеу де дерт болмасын кім біліпті. Ең болмаса есіз тауда, басқа куә жоқ, екеуміз отырған жерде ғана өзіңді еркін ұстамауың жігіттік жүйкеңнің байсасының жығылғаны ма деп қорқамын. Өйткені тым балаңқы емессің, бидайықтай қиып түсетін шағыңда ешкінің шікірәсіндей де кеудеңді көтере алмауың мен басқан қақпаңды баспағаныңмен, тұтылмағаныңмен қанды ауызды көріп, көңілің күпті болған ба деп отырмын. Ол оқа емес, бірақ бұл кепиеттен арылғаның жөн.

Сонымен, шырағым, колхозшылар съезі өткен соң Алматы облыстық партия комитетіне келдім. Маған бір ай демалыс берілгенін білдім. Ол біткен соң коммунистік жоғары оқу орнына барасың тыңдаушы боласың дегенді айтты. Енді көптен іште жүріп арманға қол жеткендей болды. Бұған қатты қуандым. Ең алдымен бұған балаларым алақайлайтын еді. Әжептәуір қызмет істейтін әкесінің сауатының аздығы оларға да қатты бататын. Бірақ, екеуі де оны сыртына шығарып айтпайтын, ішінен тынатын.

Ол шақта «құйын жығар үйі жоқ, қуалап соғар байы жоқ» дейтін бойдақ қатыннан менің де айырмам бөтен емес. Ақыры енді алматылық болсам деп үй жалдап алуды ойладым. Ондай үйді Серғазы Күшіков қиналмай-ақ тауып берді. Қазіргі теміржол вокзалының жанында «Төңкеріс» дейтін Ташкент көшесіне жарыса жататын көше болушы еді. Сондағы Серғазы туысқанының бір бөлмесін жалдап алдым.

Көше көкпеңбек, шаңы да, топырағы да жоқ. Күн кешкіріп қалған. Көше тұрғындарының көбі қазақтар, бақтың көлеңкесіне кеп, текемет төсеп алып, соның үстінде екіден, үштен әңгіме соғып отыр. Кейбіреулері көше демей-ақ сол жерге дастарқан жайып, палауын, мантысын қойып, қызыл бауырсақты төгіп тастап, екі иығынан демалған сары самауырдан айнала отырып шай тартып жатыр. Көшеден өткендерін «шай іше кет», «кел шайға» деп шақырысады. Таныған, танымағаны есеп емес. Әйтеуір біріне бірі дәм татқызса болды, кім екенінде, қайдан келе жатқанында, қайда баратынында жұмысы жоқ. Қазақтың байырғы әдет-ғұрпы. Інім, қазақта «дәмдес, тұздас болғанбыз» деген тіркес бар ғой. Сол дәмдес болу, немесе дәм татқызу бекер-неген жасалған нәрсе емес. Дәм татқызу достықтың, жақындықтың басы, сондықтан да қазақ келген адамның жөнін сұрап үлгірмей-ақ тамақ, сусын ұсынады. Ол егер ертең қастық қылар, дұшпандық етер болса, «ой, дәміміз ұрғыр-ай, дәм атсын» деп жатады. Жалғыз аттық арба жалдап келген мен Серғазы берген адресті іздеп шай үстінен түстім.

— Шамасы осы жер болар,— деді көшір-арбакеш. Ол атын бұрып, арбасын шиқылдатып кетіп бара жатты.

— Ей, ей, Шабдарбай, шай іше кет. Немене мына жігітті түсірдің де қаштың,— деді текемет үстінде жастыққа шынтақтап жатқан қазақ. Мені әкелген кісінің аты Шабдарбай екен. Мен үйдің номерін қарай бастадым. Жатқан адам енді маған қарап сөйледі:

— Ей, шырағым, не қарап жүрсің?

— Он бесінші үйді қарап жүрмін,— дедім мен.

— Е, он бесінші үй осы, кел шайға. Қолыңды жу,— деді жамбастаған кісі басын көтеріп. Шай құйып отырған ақ құба орта жастағы әйел еріне сүзіле, көзінің астымен бір қарап қойды. Ері күлімсіреді. Жүгіріп есік алдына шыққан он екі — он үш жасар қыздың иығында сүлгі, қолында шойын құмған. «Қалай мені тосып отырған» деп ойладым. Қолымды жуып мен шайға отырдым. Болашақ көршінің үйінің тамағын тартынбай тойып іштім. Үй иесі жөн сұраған жоқ. Мен кесенің бетін басқаннан кейін отағасы жөткерініп маған қарады да:

— Ия, бала, жөніңді айта отыр,— деді. Мен таңданып қалдым. «Япыр-ай, Серғазы бәрін айтып түсіндіріп қойдым дегені қане? Енді мына отағасының «жөніңді айта отыр» несі. Мен үй иесі қалжыңдап отыр ма деп бетіне қарадым. Шал енді күлімсіреді де:

— Іздегенің он бесінші үй болса, ол Отарбектің үйі ғой. Ол көшенің арғы бетінде. Анау қызыл төңкелі үй. Не шаруаң бар еді, шырағым?

— Бөлме жалдап алып едім.

— Е, ендеше күнде көрісіп тұрады екенбіз ғой. Шырағым-ау, ақыр үй жалдап алған соң кеудеден неге алмадың. Мына Қарасаз жаңбырлы күні тізеден батпақ болады ғой.— Шалдың онысы, рас. Ол кезде вокзалдың төңірегінің кез келген жерінен су шығып шылқылдап, жаңбырдың іріткісіндей болып жататын. Ал вокзалдың астыңғы жағы күні бүгінге дейін қызыл асықтан келетін саз ғой. Інім, сен он алтыншы жылы біз қашып барғандағы Алматыны көрсең етті. Онда қазіргі қаланың Гоголь көшесінен төменгі жерінің бәрінен сызашық боздап жататын. Сондықтан да қала төңірегі тартып тастаған желі, желіде тулап жатқан құлын, оған иегін артып, құйрығымен шылпылдап, шыбындап тұрған, желіні дерткен мама биелер болатын. Бірақ шыны керек, інім, ешкім қымыз сатпайтын, «ақ сатқанның арты оңалмас» дегенді ел қатты ұстанатын шағы еді ғой. Қай үйге түссең де айранды, қымызды тегін ішетін едік, жалпы қазақ ол кезде тамақ сатқан дегенге арланатын. Енді ол жақсы дәстүрдің басына біз су құйдық қой, шырағым. Кейбір нәрселерді артық істейміз деп тыртық істегенімізді енді анық біле бастадық. Тағы адасып б арамын ба, сонымен әлгі шал маған бұрылып:

— Егер Отарбектің үйі жамбас ақы алар болса, онда біздің үйге келіп-ақ тұрарсың, шырағым, бос бөлме бар,— деді. Мен рақмет айтып Отарбек үйіне кеттім. Көрдің бе, інім, маған тамақ ішкізу үшін «он бесінші үй осы» деген. Қазақтың бөлінбеген епшісі дағы баяғы.

Отарбек үйіне келсем есік алдынан мені Серғазы қарсы алды. Жанында мен бұрын бірер рет көрген домалақ, шегір көз сары жігіт Бекей Байқанаев бар. Көшенің ортасында артқы түтіндігінен будақ-будақ түтін жіберіп үсті кенеппен жабылған жеңіл машина тұр. Бұл, әрине, Байқанаевтың көлігі еді. Ол сол кездері Кеген жағында саяси бөлімнің бастығы болатын. Өмірде талай кертақыс істер болды ғой, шырағым. Мысалы отызыншы жылдарда ауатком хатшысында да болмайтын машина МТС-тегі, совхоздағы саяси бөлім бастығында бар еді. Бұл да сол кездегі іркіс-тіркіс шешілген мәселенің бірі болса керек-ті. Партияның Орталық Комитеті Қазақстанға МТС-тердің саяси бөлімдеріне алты жүз елу адам жіберген болатын. Өлкелік партия комитеті МТС-терге жетпіс бес коммунист аттандырған. Бекей соның бірі еді.

— Мына Бекейдің машинасына мін де, Ұзынағаштан үйіңді көшіріп кел, — деп күлді. Оның күлкісі «көшіріп келі». Өйткені, менде үй де күй де жоқ екенін білетін Серғазы оны әдейі айтып тұр. Қашықтағы алпыс километрлік Алматы мен Ұзынағаш арасына ара қонып жететінбіз. Қазіргідей ағылып жататын машина жоқ. Ал жеңіл машинаның өзі жолдың жамандығынан оған үш сағаттай жүретін. Мен қатты қуанып кеттім. Сол күні-ақ кешке қарай көрпе-жастығымды Отарбектің үйіне кіргіздім. Біз әрқайсысымыз жалпы кемшілікті қазір айтпайтын мылқау, көрмейтін соқыр, естімейтін керең болдық. Адамдар десек, бүкіл ішігі' адамына тиеді дедік. Сөйттік те адамшылықты, оған бастайтын ағымды жоғалтып алдық. Мысалы қарашы, қарағым, мен Серғазыдан көлік сұрағаным жоқ. Ол маған қамқорлықты айтқызбай жасап отыр. Ал жасыратыны жоқ, біз мұндай адамға деген қамқорлықтан да ада болып барамыз. Өтірік дей алармысың мұны. Айтқызбай жасату түгіл, жақсылықты жалынып жасата алмайтын болдық.

Сол күні түс ауа Ташкент көшесінің бойындағы Балалар к.алашығына, балаларымның байтағына бардым. Балаларымды қуантпақ болдым. Білетін шығарсың Ташкент көшесі бұрынғы жібек жолының орнына салынған. Оның ирек-ирек болатыны да сондықтан. Өйткені ол кезде Алматының шығысынан басталған сазды, түрткен жеріңнен су шығатын көк майса Қаскелеңнен ары созылып, Құланөтпеске барып шектелсе керек-ті. Сол саздың батпақсыз, ат тұяғы батпайтын, түйе табаны таймайтын жерін қуалап жүргенде жол да лақтырып тастаған арқандай бұралаңдап жатқан ғой. Сол жолдың екі жағы қаптаған мола болатын. Оның ұзындығы екі-үш шақырымға созылатын.

Жібек жолының Қарамолаға шектескен жерінен жол үстінен салынған Балалар қалашығының ішіне кірсең шыққысыз. Осы жерден өтетін жолдың үстіңгі өр жақ бойы аспанмен таласқан зәулім ақ терек. Жолдың екі жағы қаптаған бүлдіргеннің желісі. Ол суық күзге дейін жап-жасыл қалпымен түрін бермей жатыр. Қалашықтың ауызы Ташкент көшесінің үстінде, бірақ жолдан алысырақ екен. Кіреберістен басталған екі жағы қышпен қып-қызыл қылыш қаланған да, ортасын әбден таптап, оның үстіне майда құмды жұқалап төгіп қойған. Жолының екі жағы бай қатынының кимешегінің жағына сере қарыс қылып тігілген кестедей гүлзар. Оның әр жеріне сиректеу өсірілген құлқайыр кимешек жағы кестесінің үстін бастыра тізіп тастаған күміс шет тіктей. Қалашықтың төрін ала сол жылы салынып біткен отыз төртінші дейтін қазақша-орысша аралас мектеп бар. Менің екі ұлым осында оқиды. Осындағы балалар үйінде үш жүздей бала тәрбиеленетін. Отыз төртінші мектепте орыс, қазақ балалары аралас оқығаны өзінше, оның үстіне жан-жақтағы қала тұрғындарының балалары да осында келетін. Екі ұлымның жас айырмашылығы екі жас болғанмен оқу айырмашылығы бір-ақ класс еді. Өткен жылы осы мектепті бітірген Совет күзіне жаңа ашылған Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түссе де, екеуі бірге тұруы үшін Ағарту Халық Комиссариатына барып жүріп, бір жылға інісінің жанында қалған.

Балалар үйінің есігінен кірген бетте жазбай таныған күзетші қартаңдау орыс әйел мені балалар үйінің оқу бөлімінің меңгерушісіне баруымды өтінді. Мұнда мені бәрі де білетін, өйткені бір құлағы жоқ адам бүкіл қалада мен-ақ болсам керек-ті. Кейде Ұлтарақтың «сен Жаубайға рақмет айт, жұртқа осынша танымал жасады. Жауға шаппай қызға шауып-ақ белгілі адам болдың. Бір қолы, не бір аяғы жоқ әрқайда бар, ал бір құлағы жоқ дәл қайда бар?» — дегені есіме түсіп, жынды кісіше оңашада жымиып күліп қоятын едім. Шынымен, інім, Ұлы Отан соғысына дейін он екі мүшесінің бірі кем адамды кездестірмейтін едік. Егер не қолы, не аяғы жоқ бір адам көрінсе, балалар қорқып, ересектері соны таң көріп, ондайлардың артынан еріп, бірі тамашалап, бірі таңданып ұзатып салар еді. Ал құлағы жоқ дегенді жұрт Қамбар батыр жырынан Алшораз екі құлағын кесіп құнтитқан Келмембетті ғана оқып білуші еді. Сонымен бүкіл Алматыға мәлім шұнақ балалар үйіне қойып кетті.

— Оқу ісінің меңгерушісінің керегі жоқ қой, маған тәрбиешісі болса да жетер еді,— дедім мен күзетшіге қарап.

— Жоқ, оқу ісінің меңгерушісіне баруыңыз керек. Ол кісі сізді көргісі келеді,— дейді күзетші. Мен азырақ тіксініп қалдым: Неліктен олай? Әлде Марленнің сабақ үлгірімі нашарлап кетті ме екен. Әлде... деп өз ойымнан өзім шошып кеттім. Мұндай бір болар-болмас ілгіште адам арам ойға қандай жүйрік десеңші. Жүрегім дүрсілдеп қағып, аузыма тығылып байыз таппай тықыршып кеттім. Шамасы қаным қашып, саданым да өзгеріп, сұрым кетіп қалса керек-ті. Мұны аңғара қалған күзетші әйел:

— Сіздің түріңіз өзгеріп кетті ғой. Ештеме де жоқ. Балаларыңыз аман, тек оқу ісінің меңгерушісіне жолығыңыз,— деді. Інім, өтірік айтып не керек, ойымда тұрғаны өзімнің жалғызым ғой. Совет әкесі сияқты басалқалы, көп ештемеге еліге, ұрына қоймайды. Ал Марленнің мінезінде көңіл шиткітетін әлеке жоқ болса да, әбсін көкейімде сол тұрады да қояды. Бұл жолы да солай. Күзетші сөзінен кейін кеуілім кеңіп, жайбағыстана қалдым. Онда неге керек екенмін деген ой ділімде қалжуырдай шаншылып тұрды.

Оқу ісінің меңгерушісі аппақ сазандай, орта бойлыдан ұзынырақ артық еті жоқ, тығыз денелі орыс әйелі еді. Үнемі жеңді білектей екі бұрымын өріп артына тастайтын. Бекітілмеген бұрымның бұйраланыңқырап, дудырап тұратын. Қоңырлау шаштың екі-үш қысқа талы маңдайына түсіп, жүзін аша түсетіндей еді. Көзі де шашы сияқты қоңыр, қой.көз. Бұрын да талай көргенмін үйі қаланың шығыс жақ шетінде тұрғанда да ол осында істейтін, тілдескенмін де. Екі рет Тарланкөкпен келгенде ат үстіндегі менімен еріп, біраз жерге шығарып салған да болатын. Ольга Александровна десетін оны.

Далада еркін басып үйренген қазақ, аяғым шамадан тыс дүңкілдеп кеткендей көрдім. Қысылыңқырап дәлізге ендім. Күзетші маған бір шеттегі есікті нұсқады. Екі жарылып ашылатын ақшыл көкпен боялған есікті оның үйі деген ойыма келсеші. Есігін қағып артқы жақтан кіруіме құптау-мұрсат алған соң, батыл басып еніп кетсем, кәдімгі тұрғын бөлме. Қысылыңқырап қалдым. Бірақ болары болды. Бітеу қабырғада жалғыз темір төсек, үстіндегі жүкте не бар екенін кім біледі, ақ жамылғының үстінде үлкен екі ақ жастық, бірінің үстіне бірін жинап қойыпты. Еденге әлдеқандай басқұрдан құрастырылған қазақы алаша. Бір столдың үстінде ішінде шаласы бар, шұбала, жұлындай түтін шығып тұрған өтекпен кішілеу еркек баланың жейдесін өтектеп,оқу ісінің меңгерушісі Ольга Александровна тұр. Үйге кіріп кеткеніме сасып қалып:

— Балаларымды іздеп жүр едім,— деппін. Кіргеннен көз алмай қарап қадалып тұрған әйел:

— Амансыз ба?! Балалар керек те, олардың шешесі керек емес пе?! — деді. Амандаспай мүлт кеткенім есіме түсіп маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Ұялғаннан еденге қарап едім, темір төсектің аяқ жағындағы екі жағлан көзіме оттай басылды. Менің екі ұлымның жағланы сияқты. Бірақ дедім ішімнен байтақ еліміздегі жүздеген фабрика қалай-ақ менің екі балама сүтіндеп екі жағлан шығарыпты. Ал анау жейде ше деймін. Марлендікі емес пе. Бәлкім өз баласынікі шығар. Отызды алқымдап қалған әйелдің баласы болмаушы ма еді. Ол қай сандырағың, Шұнақ деп қоямын ішімнен. Тіпті баласы біреу емес, бірнешеу болуы да мүмкін ғой. Мен ағаттығымды түзетіп амандасқан болдым:

— Сәламат, саумысыз? Олардың шешесі...— Күмілжіп қалдым. «Жоқ еді» дей алмадым. Оны ол әлдеқашан-ақ естіген болар. Интернатта тұратын балалардың жайын мұғалімдер бес саусағындай біледі ғой.

— Олардың шешесі алдыңызда тұр,— деді Ольга Александровна бір қызарып, бір қуарып. Езуінде жымиған ғана күлкісі бар. Бәлкім ұялғаннан болар. Қызыл жағалы жейдеге өтекті бір жүргізіп өтті.

— Ия,— дедім мен,— олардың он шақты шешесі бар ғой.— Жаңа-жаңа жөнге келе бастадым. Бойымды жинап алдым.

— Жоқ,— деді Ольга Александровна,— мен көп шешенің бірі болуға келісім бере алмаймын. Бәйбіше-тоқалдың заманы өткен. Және екі ұлымды біреуге иемдендіріп қойып тірі отыра алмаймын. Асырауын мен асырап, қызығын біреу көрмек пе? Оған көнетін салп етек шеше мен емес.— Бұл жолы Ольга Александровна таза қазақша сөйледі. Орысша сөйлеп тұрып, тілі аз да болса бұрмаланбай, күрмелмей ағып барады. Сәл ғана әддіден аспай, рабайлықпен ғана жеңіл күлген болды. Менің таңданғанымды байқап қалды білем, сәл әлпетімді бажайлап барып:

— Қазақша сөйлеген орыс көргеніңіз жаңа ма еді? — деп ұяң ғана айтты да, тағы да құлағына дейін қызарып кетті. Енді ол біржола қазақша сөйлеуге көшіп алды.

— Неге көрмейік,— дедім жаңа-жаңа еркін сөйлей бастап,— күйеуі өлгенде қазақша дауыс салып жылаған орыс әйелін де, қазақ сөзінің орысша баламасын қазақтардан сұрап алатын орысты да білетін едім. Әрине, ойымда Марта, Федор тұрған болатын. Әңгіме осымен бітіп қала жаздады. Мен артық сөз таппай қалдым. Шырағым, қырыққа келген еркектің әйел алдында сөз таппай, суда қалып, күн шығып кеткен соң бодырап тарқатылған кендір жіптей мүдіріп, бейшара болып қалғанын көрсең етті. Оның бәрі баламның мұғалімімен сөйлесіп тұрғандығымнан болса керек.

— Сізбен сөйлескенде ылғи балалар жанымызда тұратын еді ғой. Сондықтан қазақша сөйлемейтінмін. Өйткені ол кезде олардың тілі орысшаға әбден жаттықпаған, орыс сөзіне тояттамаған болатын. Егер ол кезде мен сізбен қазақша сөйлескенімді аңғарып қалса, олар менімен орысша сөйлеспес еді. Енді олар орысша суырылып сөйлейтін дәрежеге жетті.— Осыдан кейін Ольга Александровна да тіл-ауыздан қалғандай бет-жүзі албырап, маңдайы тершіп кетті. Бетіне қайта қан жүгірді де, батар күннің қызылындай шырайланып шыға келді. Екеумізді біраз үнсіздік билеп алды. Менің көңілімде әлі де күдік, дүмган болып тұрмын:

— Балалар аман ба, өзі? Оқулары жақсы ма? Маған қоятын кінәларыңыз бар ма? Тыныштық па, әйтеуір?

— Сізді Мария апай қорқытып жіберді ме? Ондай ештеме жоқ, қапылатқан көңіліңізді басыңыз, бәрі орнынша. Жай, мен сізбен сөйлесейін деп...

Ольга Александровна осыны айтты да, қайтадан қызарып кетті. Енді біржола үнсіз қалды. Әлден уақытта мен үнсіздікті үздім.

— Мен балаларымды қайдан табар екенмін,— дедім. Ол маған қарап жымиды. Маған бұл дүниеде одан сүйкімді адам жоқтай сезіндім. Алдыма түсіп кеткен сол жақ бұрымын артына лықсытты да, маған тіктеп қарады, оның келген сайын көретін қой көзі қарақаттай болып көрініп кетті. Япыр-ай, мойылдай екен-ау,— деп ойладым. Ол сәл күлімдеді де:

— Неге ортақ балаларды жалғыз иемдене бергіңіз келеді,— деді. Бұл жолы ол менің балаларымды өзімнен қызғанатындай көрімді. Мен ойланып барып әлдененің ұшқынын сезгендей болдым. Бірақ сөзді көбейте алмадым, «балаларымның мұғалімі ғой» деген бір қамал алдымнан тұрып алып ілгері аттатпай қойды. Мамырасып, еркін сөйлесіп кете алмадым, бүгежектей бердім.

Ольга Александровна балаларыңыздың келетін уақыты болган жоқ па? — Мен қалай болар екен деп өз қатемді түзетердей сөйледім. Ол езуінен ғана жымиды да:

— Е, міне, жаңа түзедіңіз. Совет кеш келеді, Марлен келіп қалар. Ол балалармен паркке кетіп еді. Ойбуй, мен сізге орын да ұсынбаппын ғой. Ұят-ай, бағанадан бері сізді тұрғызып қойып сөйлесіппін-ау. Отырыңыз. Ол маған орындық ұсынды. Мен балалар мекемесінде тұрғаным ойыма оралып, мұнда ұзақ тұру, тізе бүгу жөн болмайтынын есіме алдым.— Отырыңыз. Сізді осында ұзақ отыруға жазсын.— Мұндай сөзді қазақтардың өзі тауып айтуы да қиын еді. Мен тағы ойланып қалдым. Бұл тұспалдаған, буалдыр әрі үміт отына толы сөзді не деп түсінерімді білмедім. Бұрыштағы арқа тірері жоқ, қалың тақтайдан жасалған тікше орындыққа отырдым. Отырмауым керек дей тұра отырып алдым. Бұл тіпті менің еркімнен тыс, екі иінімнен біреу, етегімнен екеу басып зорлап отырғызғандай. Енді не айтарымды ойладым. Амандаспай кіргенімдей тағы ұмытып барады екенмін дауысымды зорға шығарып «рақмет» дедім.

— Рақметіңіз қалай көп? Оныңыз қазақша емес қой.— Енді ол еркін сөйледі. Онысы рас. Қазақ көрінген нәрсеге рақмет айта бермейді. Үйге келген екенсің отыруға тиіссің, тіпті демалып қисайып жатуыңа да болады. Оны мен де білемін. Бірақ мен ресми жерге келіп тұрмын ғой, сондықтан рәсім сақтауым керек. Егер ауылдағы қазақтың үйіне барайыншы, төрден бір-ақ шығайын. Олар «төрге шығыңыз», «төрлетіңізді» айтып үлгіргенше мен жайғасып та алармын.

— Ольга Александровна...— Ол неде болса бір батылдық жасайын деген кісідей киіп кетті. Оның үстіне оның өз үйі ғой, ол қысылуға тиісті емес қой.

— Сіз тым ресмилікті қойыңыз. Мен Сіздің балаларыңыздың шешесі болсам, онда маған неге Ольга Алесандровна дей бересіз.— Ол тағы да сәл күлген болды, бірақ екі бетінің ұшы еңлік жаққандай қып-қызыл болып шыға келді. Сонан соң кішкентай бөлмені қайта үнсіздік билеп алды. Ол да, мен де тымырайып қалдық. Екеуміздің де сөзіміз ада болғандай. Дегенмен мен өзімнің еркектігімді ойлап, сөз тауып сөйлеу менің міндетім екенін білдім. Не айтуым керек. Әншейінде ағылып келіп жататын сөз ауызға түспейді. «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» деген осы болды. Ольга да үнсіз. Жалбырап түскен, бұрымына ілінбей қалған бір сүлебе сары-қоңыр шашын сол жақ қолымен қайта-қайта самайына, құлағының үстіне ысырып қояды. Маңдайы тершіп өтектеліп болған жейдені шамадан тыс айналдырып, ақыры өтекті далаға алып шығып кетті. Ол кеткен соң жерім де, терім де кеңіп, енді кішкентай бөлменің ішіне көз жүгірте бастадым.

Үйде артық еш нәрсе жоқ. Тор алдында менің екі ұлымның суреті жақтауға салынып қойылыпты. Бұл не сонда деп ойладым. Менің рұқсатымсыз-ақ менің екі баламды өзіне бала қылып жаздырып алғаннан сау ма? Мұнда Совет пен Марлен сияқты үш жүз бала бар емес пе? Онда неге менің ұлдарымның суреті оның бөлмесінде тұрады. Бәлкім бұл менің балаларымның бөлмесі болар. Онда неге ол мұнда тұрмақ, неге олардың бөлмесін жайлап-арыстап алған. Бірақ онда төсек екеу болуы керек қой. Ол ойдың ұшығына шыға алмай, Ольга Александровнаның мұнда болуын көкейіме қондыра алмай үй ішіне тағы көз тастадым. Екі ұлдың суретінен жоғарырақ ұсқынсыздау бір қазақтың суреті ілінген. Жалғыз. Бір жерде көрген адамым сияқты. Әлгі келбетсіз қазақтың суретке бір құлағы түспей қалыпты. Үстінде қызыл әскер киімі, басында буденовка. Шалқайып-ақ отырған екен, бірақ құлағы жоқ, сол жағы қуарыңқы тартып, басты сымпитып, суреттің ұсқынын кетіріп тұрған құлақтың жоқтығы екен. Әй, сурет басушылар да соншалықты ұқыпсыз-ақ екен, адамның суретте бір құлағы шықпай қалғаннан кейін оны қайта жасауы керек қой, әйтпесе мүлдем жасамауы жон ғой. Кім болды екен, бұл? Мүмкін күйеуі шығар. Күйеуі қазақ болар. Менің балаларыма іш тартатыны сондықтан дағы. Бірақ мұнда көбі-ақ қазақ баласы ғой. Дал болып отырдым, ақылымды жинақтай алмай бытыратып жібердім.

Бір кезде жағландарға көзім түсіп еді, шынымен-ақ мынау менің балаларымның мүлкі болып шықты. Жағланның ашылар жағында жапсырылып түсірілген қасқырдың басының суреті. Ауылда шал-кемпірден естігелі, әсіресе аталарымыз Қазыбек, Қастек, Наурызбай, Қасқары, Қарасай, Сұраншы, Саурық қазақ елінің қасаласқан қас дұшпанына бөрілі байрақ ұстап аттанған, жау түсірген дегенді білгелі балалар қасқыр басының бейнесіне қатты көңіл бөлетін болған. Кім біледі, бұл үйде де шапыраштылар бар шығар. Тіпті менің ойымдағыдай емес, жай балалықтың ермегі болар. Тұра тұр, Шұнақ, аптықпа, ақбытпа. Алматы облысының жеті ауданын алып жатқан Шапырашты бар екенін ұмытпа. Сол жеті ауданнан неге ғана бұл интернатта сенің ғана балаң оқымақ? Оны ойладың ба? Іленің арғы жағындағы Матай, Бақай тауларының сағасындағы, Шаңқанай, Алтынемел, Көксу, Құрымбел, Қапал, Баянжүрек төңірегіндегі ата қонысын қимай, Колпаковский бұйрығынан қорықса да тауға, тасқа тығылып қалып қойғандарды қайтесің. Олардан оқуға бала келмеді деп кім айта алады. Жетпіс жыл Арқада тұрып, Шапырашты болып барып, Шалақазақ атанып қайтқан анау Талғар етегіндегі, Пішпек етегіндегі туысқандарыңның балалары бар емес пе? Ендеше ол жағыландарға жабысатын қандай құқың бар деп отырдым. Інім, осы жерде тарихтағы, білместіктен туған бір қиянатты айта кетейінші. Шырағым шежірені білу рушылдық емес, ол тарихшылдық, оның шын аты білімділік. Қазақ руды әңгімелегенде үш басты жыландай бөліну, Алатауға, Арқаға, Атырауға тарту үшін айтпайды. Шыққан тегін, елін, кім екенін білу үшін айтады. Европаның мәдениетті елдерінде, мысалы Францияда шежірелер әлденеше том болып шығып, бірнеше рет басылған. Кімнің кімнен тарағанын олар миі қиналмай-ақ тауып алады. Тек бізде ғана ру, тайпа сөз бола қалса шолақ білгіштер ондай сөз болған жерден ат-тонын ала қашады. Ал шынына келсек, нағыз рушыл пасықтар «анау рушыл» дейтіндер. Олар өйткені басқаларды өзі сияқты рушыл көреді. Осындайдан барып қазақтың «өзі ұры дейді, өзі...» дейтін мәтелі шығады. Ұлтсыз, ұлыссыз, тайпасыз, русыз адамның өмірі қу медиен құмда жүрген кесерткемен тең. Егер оның ата-бабасы, туған жері, Отаны, өтені, кірті, қонысы болмаса ол да бір, жабайы да бір. Інім, біздің үгіт-насихатымыз кейде біріне бірі кереғар шығады. Егер бізді ата-баба, жеті пұсты дәстүрі, тарту-таралғысы, әдеті-ғұрпы керек болмаса, ол рушылдықты қоздыратын болса, онда бізге Отанның да керегі болмағаны ғой. Сонда біздің Америкада тұрғанымыз не, Мадагаскарда тұрғанымыз не, бәрібір болмай ма? Онда біз отаншыл, ер жүрек, елі үшін жан пида дейтін ер болмай, тамағы тойған жерде жүретін ез, отансыз космополит болмаймыз ба? Ал ондайды қазақ әдемі айтқан: «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген. Бұдан өткір, бұдан сұрыптап тауып айту мүмкін емес, ол қазақ баласының мыңдаған жылдар бойғы тәжірибесінің, тебіз-тектілігінің, уытты ойының, ділінің түбінен, тереңнен тартқан маржаны, халық жасаған данышпандықты бүгінгі күнкөріс үшін өмір сүретін қоңқалаған қоңырсықтар ешқашан жоққа шығара алмақ емес. Данышпан Пушкин: «Ата-бабаны қадірлемеу тағылық пен мауыздықтың елесі болады» деген. Сондықтан, інім, сен екеуміз жақтырамыз ба, жақтырмаймыз ба, мажардан, ежелден келе жатқан жәдігер жер зыңыранып, зүлжалал болғанша өмір сүреді. Оны немен дәлелдер едің дер едің, сен. Әрине, оны айтуға батпай отырсың. Ол — оп-оңай. Батыс пен Шығыстың жиһанкез саяхатшыларының қалдырған жазба мұраларын, Рашид ад-диннің, Бұқардан шыққан Хафиз баласы Тыныштың, Әбілғазы Баһадұрдың, Дулат Мұхамед Хайдардың, Жалайыр Қадырғали Қосынбекұлының қалдырған шежіре еңбектерін жоққа шығара алдық па, шығара аламыз ба? Жоқ. Ол бүкіл адамзат баласына ортақ мұра, ондай арманшылдықтан туған ұлылық істер Голощекиннің шолақ белсенділері құртып жіберетін қазақтың қорасындағы қойы емес, ысқырса желдікі, айдаса жаудікі болатын Алатау, Арқа, Атырау, Алтай арасын алып жатқан қазақтың қидасын кәрі жілікті жылқысы емес, алдыңа салып қуа берсең, мөнді-мөнді деп көне беретін, етінен өтіп сүйегіне жеткенше ұн шығармайтын қазақтың өзі де емес. Ол замандар, дәуірлер туғызған ұлы құбылыс. Оны құрту мүмкін емес. Оны құртамын дегендер өзі құрып, бұл дүниеден жексұрын болып өтеді.

Шұнақ шал осы жерге келгенде азырақ қызынып кетті Алдындағы тостағандағы қымызды басына бір-ақ көтере салды Беті газетпен жабулы жатқан тамақты ашып, кесекілеген еттің бірін екі саусағымен алып аузына тығып жіберіп, қарпыта шайнады. Екі көзі сонау табанымызда жатқан жазғы шілдедегі шаңытқан далаға түсті. Етті шайнап, түйіле-қабына жұта салып маған үздіге қарады. Менің әлпетімнен бірдеме аңғарғысы келді. Бұл әңгімені қалай қабылдап отыр екен дегені. Мен де қолымнан келгенше оның әуеніне төңкеріліп, райына қарай бейімделдім. Жадында жатталып қалған сөз, оқиға қандай көп. Сонша адамдардың, жердің, судың атын қалай ділінде сақтаған. Әлде басымыздан өткізген жағдайды заманында біз де осылай тізіп айта¬тын болар ма екенбіз. Кім біледі, жасындағы кездескен оқиға адам жадысында жақсы сақталады деседі ғой. Шұнақ қайта маған қарап әңгімесін жалғай берді:

— Айтпағым әлгі қасқырдың басынан туған әңгіме еді ғой Тарихты білмей тұрып жазғанда дүниедегі үлкен қиянаттың бірі сол болмақ. Мысалы Румянцев те, басқа тарихшылар да қазақ елін зерттегенде және білмегендіктен, не тілді әбден түсінбегендіктен, Измаилов сияқты қазақ өмірін шала білетін адамдар арқылы сөйлескендіктен көп нәрсені шатастырған. Жаңа жетпіс жыл Арқада тұрған Шапыраштының бір бұтағы қайта Жетісуға келгенде Шалақазақ атанып қайтыпты дедім. Інім, Шапыраштының бір ұрпағы Ыстық деген кісінің Малды, Қалды, Желді деген үш ұрпағы болған екен. Кіші баланың Асыл, Шыбыл деген екі баласы егіз туыпты. Жаугершілік, ел егер болған заманда Асылдың Байбағыс деген баласының алты ұлынан төрт ұлы Үргенішке мал айдап кетіп, сол жақта мал малданып, жан жанданып қалып қойыпты. Олар бүгін өзбек пе, түрікпен бе кім болып жүргенін кім біледі. Ал мұнда қалған екі бала — Батыр, Түнқатар біраз ел болған. Мың жеті жүз алпысыншы жылдары құба қалмақ басқыншылығынан арқасы кеңіген Жетісу елі бұрынғы ата-баба салтымен шолғындап Арқа көшіп, сол жақты біраз арыстап, жайлап қайтпақ болады. Олар Ақмола барып одан Қарқаралы үстіне келгенде ағайынды екі кісінің тұқымы — екі ауыл Асыл балалары — Батыр, Түнқатар көш жөніне келісе алмапты. Батыр балалары «Тарбағатайлатып көшеміз» десе, түнқатарлар «жоқ осы Қарқаралы жерін жайлаймыз да, күз болса Балқаш өрлеп, алғаш қатқан мұздан кешіп өтеміз» деп қалыпты. Батыр тұқымы Тарбағатай өтіп Жетісуға ат басын тірегенде Қарқаралы төңірегіне тағы жау тигені ұзынқұлақтан жедел жетіпті. Жау тиген ел оңушы ма еді, содан Түнқатар балалары Жетісуға жетпіс жыл бойы жете алмапты. Олар eciн жинап, «есің барда елің тап» деп көшіп келген кезде «Жетісуды Колпаковский басып алған еді. Содан олар Талгар етегіне қоныстаныпты. Ал Асыл — Түнқатарлардың біразы патша отаршыларынан қорқып Мыңарал айналып, Балқаштың батысымен Қордай асуы арқылы қайтпақ еді. Олар Алматы төңірегіне келуге отаршылардан жүрексініп Пішпек етегін мекендепті. Міне, көрдің бе, шырағым, шалақазақтың қалай жай алғанын. Тарихта оларды Семей, Павлодар жағынан көшіп келген дейді де, олар «неге ол жақтан Жетісуға ауды?» деген сұрақты ашық қалдыра салады. Әрине, Түнқатар балалары Қарқаралы маңынан тегіс көтеріле алмаған да. Онда да бірсыпырасы арыстады да, шалақазақ аталып қала берді. Ал Пішпекті қоныстанған Асыл — Түнқатарлар руы шалақазақ делініп, Қырғыз болып жазылып кете барды. Қарқаралыда Асыл — Түнқатар қызы айтты деген бір ауыз өлең осы күнге дейін жұрттың аузында келеді:

«Үш — Алматы албыраған алмасы

Алатауға көшем десе қалмашы,

Көзімізден бұлбұл ұшты-ау бұл күнде,

Шашпа палау, шұбатылған салмасы».

Сөйтіп Алматысын сағына, сарғая келген туғанның балалары бұл интернатта жоқ дей алмадым. Сөйтіп неше түрлі ойға түсіп, сайраққа жортып кетіп, қиялға беріліп отырғанда Ольга Александровна кірді. Неге екені белгісіз қоңырлау қой көздері шыланып тұр, жылаған сияқты. Қазір ғана жадырап тұрғандай еді ғой деп отырдым. Тіл қатуым керек екенін ұқтым. Ұната ма, ұнатпай ма, тарпаңдау болып тарпып тастаса деймін, іштей Дегенмен сурет жайын сұрай салдым:

— Мынау сурет сіздің күйеуіңіз бе?

— Лайым күйеуім болғай! — Ольга Александровна теріс қарап кетті. Осы жолы шарасы кең қоңыр көздерін сүртіп тұрғаны анық еді. Мен сырттан бір нәрсеге ренжіп келді деп ойладым. Өмір болған соң ондай жағдай болмай тұра ма. Біреудің ренішіне ортақтасып нем бар, неген отырмауға бекіндім. Бәрібір әңгімеміз қиысып жатқан жоқ, оны қиюластырайын деген мен де жоқ. Оның үстіне «сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген Егер күйеуі келіп қалса, бір құлағы жоқ шұнақ қазақтың омалып отырғанын қай бір қадір тұта қояды дейсің. «Балаңды іздесең интернатқа бармаймысың» десе, мен өліп қалмаймын ба. Балаңды біреудің үйінен іздемекпісің дер, сонда не бетімді айтамын. Бұл жерден тез кетуге бекініп орнымнан асығыс тұрдым

— Ғафу етіңіз, Ольга Александровна, менің балаларым келсе мына адреске жібере салсаңыз екен. Мүмкін олардың ертең жүгін де алармын.— Мен осында оқитын болдым, демалысқа шықтым деп сыр шашып нем бар, оның оған керегі де жоқ қой. Өзі ренжіп тұрған адамның жанынан тез кете бердім. Адрес жазған қағазды бердім.

— Сізге дауа жоқ екен,— деді шығып бара жатқанымда Ольга Александровна.— Қайтсеңіз де балаларға мен ортақпын. Ресми бола берсеңіз балаларымды жібермей қоямын.— Мен артын естімеуге тырыстым.

— Қош болыңыз — Бұл жолы Ольга Александровна теріс қарап, үнсіз қалды. Несін жасырайын, інім, бұдан ары қалуға болмайды, жас, әдемі әйелге қызығып та кеттім. Бірақ «аузы күйген үріп ішеді», қолымды орынсыз сермеп, орға жығылып жүрсем... Оңбай бір қателестім, оны жұрт кешті. Ал ата сақалы аузына біткен, елге ақыл айтатын Абақ сияқты ардакүрең азаматтың қайта-қайта сүрініп, кешірім күтуі орынды болар ма? Басынан, зарпынан арсы-күрсі алакүдік адам болса бірсәрі Орынсыз ұрынып, от кешпей жүргенім жөн болар. Табаны жұқа сорлы шұнақтан ол өтіп кетер деген тоқтамға тұрдым. Екінші барғанда сақынған жен тұрар, тағы біреудің үйіне кіріп кетіп жүрмейін деп іштей уәде еттім. Сондықтан да қаусырма жақ қарысып, қызыл тіл байланып жалдап алған үйіме кеттім.

Үйге келген соң да Ольга Александровнаны есіме түсіріп, сонау жиырма бесінші жылдан бері түс таныс қызды ойлап жатқан жерімде киіміммен ұйықтап таңертең бір-ақ ояндым. Онда да Ұлтуғанға «Марленді сағынамын ғой» деген өз дауысымнан шошып ояндым. Қайда, қалай жатқанымды, қай уақыт екенін есіме түсіре алмай біраз дал болып жаттым. Ақыры сабама түстім. Кеше балаларымды тосып кіші бесінде төсекке киіміммен қисайғанмын. Әбден қатты бұрап тастаған жүйке босап кеткен болса керек, он алты сағат ұйықтап ертеңіне сағат онда бір-ақ ояныппын. Қас батырдың ұйқысы. Бұл көп жылдан бергі болмаған ұйқы. Шырағым, тұс деген де қызық. Сонау бір жылдары Жандосов бір әңгімені айтқан еді, сол әлі есімнен шыққан жоқ. Жандосов жазуға сондай бейім адам болатын. Ол бірде ұзақ түс көргенін, сол түсіп қаз қалпында қағазға түсіргенде өте айта қаларлық қысқа әңгіме болып шыққанын айтқан еді. Ол қазақша мақала жазатын, өйткені «Еңбекші қазақта» редактор болды ғой. Бірақ әңгіме, көркем нәрселерді орысша түсіретін. Өйткені екі елді де жақсы білгенімен орыс тілі оның ана тіліндей еді. Бар болса мүмкін соның бәрі оның архивінде жатқан да шығар. Мен Жандосов жамандалған қалпында қалады дегенге сенбеймін, қарайған, кірлеген ақты жусаң ағаратынына сенемін, өйткені шындық қап түбінде жатпайтын асыл кездік сияқты, бүгін болмаса бір сәтті күні тесіп шығары сөзсіз. Ол шындық қой, шындық. Шындық жеңуге тиіс! — Шұнақтың дауысы қатты шықты. Айқайлап шықты. Ол екеу-екеу отырған маған шындықтың өзіндей көрініп кетті.

Мен де түс көріппін, інім. Шамасы ұйқым әбден қанған болса керек. Түсіме Ұлтуған кіріпті. Екі ұлмен төртеуміз үлкен көлді жағалап келе жатыр екенбіз. Ұлтуғанның қолында бір буда гүл. Алдымен бір көк гүлді маған береді. Мен оны алып иіскеп, төсіме басып тұрмын. Советке де бір гүл ұсынады. Қызыл гүл. Қызыл гүл демнің арасында сабалақтанып жырым-жырым болып, басқа бір адамның қолына көшіп кетеді. Мені Ұлтуған көлді айналып келуге жұмсайды. Мен «бармаймын, Марленді сағынамын ғой» деп өз даусымнан оянып кеттім.

Оянып, дал болып біраз отырдым. Балаларымның қалай келмегенін ойладым. Шамасы Ольга Александровна айтпаған болды. Әйтпесе олар өкпесін қолына алып әлдеқашан жетер еді. Тағы да арам ой ойладым. Шынымен-ақ балаларымның бетіне шіркеу боларлық бірдеме, сәл болса да оқастық болған ғой. Неге ғана оларды байыз тауып тосып отырмадым. Тіпті интернаттың ішінде болмаса дарбаза алдында күтуге болар еді ғой. Түске дейін балаларды күттім, келмеді. Түстен кейін салбырап Балалар қалашығына көңілсіздеу жеттім.

Интернат алдында мені тағы да Мария апай қарсы алды. Амандықтан соң:

— Кіре беріңіз,— деді ол.

— Кірмей-ақ қояйын, балаларымды шақырып жіберсеңіз — деймін мен. Ол маған таңданғандай, тіпті жаңа көргендей тесіле қарады.

— Жоқ кіріңіз, әйтпесе бала берілмейді,— деп күледі ол.— Шынымен бұйрық солай. Кіруіңіз керек.

— Директор бар ма?

— Ол кісі демалысқа кетті ғой. Он! » орнында Ольга Александровна. Сол кісіге барыңыз.— Мен тіпті не дерімді білмедім Мария апайдың сапылдап сөйлеп жатқанын естіген болуы керек, дәлізде Ольга Александровна көрінді.

— Сәламатсыз ба? — дедім. Шынын айтсам салқын амандастым.

— Сәламатпысыз,— деп сызылды Ольга Александровна, шамасы балаларды жібермей мені келтіргеніне насаттанып тұрған болса керек. Ол жақындап келіп қолын созды. Ұсынған қолды алуға тура келді.— Міне, балаларды жібермей қойғаным жақсы болды, әйтпесе бүгін сіз келмей қояр едіңіз. Қане, ішке кіріп сөйлеселі,— Сөйлесейік демейді. Жетісуда осылай айта салады.

Аяғымды ықылассыз бастым. Бүгін директор кабинетінде сөйлесермін деп үміттеніп едім, ол кешегі өз тұрағына қарай тура тартты. Мен мәмілемен ғана ойымды жұқалап жеткіздім.

— Мен интернатқа келдім ғой.

— Жоқ, сіз бүгін біздің үйге шай ішуге келдіңіз. Балаларыңыздың шешесімен бір сағат отыруға уақыт табарсыз.— Кешегі екі жарылып ашылған есік, темір төсек. Суреттер де орнында. Бүгін неде болса суреттерге қарамауға бекіндім. Ортадағы кеше киім өтектелген столда шай жабдығы дайын тұр. Есік алдында самауыр да әзір.

— Жоғары шығыңыз, отырыңыз. Кеше құры ауыз кеттіңіз. «Қуыс үйден құры шықпа» деген ғой. Кеше шай іш дей алмай...— Ол зияпатын асырды.

— Оқасы жоқ,— дедім мен, енді не дейін, ия кеше шай іш демегенің дұрыс болмады демекпін бе. Нақ кешегі орындыққа төрге шығып отырдым. Не айтар екен, не айтсам екен. Қой кешегідей тымыраймай мұның жауабына тартынбай жауап берейін, қалжыңдасып та көрейін дедім. Дегенмен ізетті де ұмытпауым керек екені есімде тұрды. Сөзді мен өзім бастадым.

— Балаларыңызға жақынырақ жүргеніңізді көрсеттіңіз. Енді шамасы балаларды тіліме бағындыруым үшін шешесіне ағынуым керек болды.— Ол қалжыңмен жауап қайырды:

— Сөйтіп кішкене жібісеңізші,— ол қылымсымады, көзін төңкеріп бір күліп қойды. Маған кешегідей ол тағы сүйкімді көрінді.— Әйтпесе баласы керек болады да, шешесі керек болмайды, ол қалай. Олардың шешелері көп те емес.

— Олардың шешесін көбейтудің ыңғайы келіп жатыр ма?

— Жоқ,— деп күлді Ольга Александровна,— мен үстіне әйел алғызатын салпы етек, жаман қатын емеспін.

— Дегенмен «көсеу ұзын болса қол күймейді» ғой.

— Жо-жоқ, мен ондайға көне алмаймын.— Ол күлген болды, бірақ түрі құбылып, күрең тартып барып, қайта бозарды. Бір түрлі қолы дірілдеп, сүт құйғышты кесеге соғып алып, кеседегі шайды төгіп қойды. Оған қайта қысылып, маңдайынан тер шықты. Маңдай жағасындағы шашының түбі моншақтап тұрды. Ол енді сөзді біржола қойды. Қараптан қарап отырып, бір қуарып, бір қызарды. Сөйлейін-ақ дегені де білініп тұрды. Бұғағы бүлкілдеп бірдеме дегісі келді, айта алмады.

— Қазір келемін,— деп есікке шығып кетті. Әлден уақытта қайта кірді. Бетін жуғаны байқалды. Мен енді бұдан көп отырудың жөнін таппадым. Адам жанының құпиясы көп, бір қытығына тиіп кетіп, жанының жарасын тырнап алып жүрермін деп қорықтым. Және маған керегі балаларым ғой, бір жақтағы орыс әйелде нем бар. Қазақша сөйлеген орыс әйел осы Ольга Александровна ғана емес, оған немене сонша үйірсектенбекпін. Мен кетпек болып:

— Ольга Александровна,— дей беріп едім, ол жұлып алғандай:

— Менің әкемнің атын сіз ғана білетін болдыңыз ғой,— деді. Мен түсіне алмадым. Енді ол ашуланып, доз шақырмай тұрғанда кеткенім орынды болар дедім:

— Балалар келсе, жіберерсіз. Қош болыңыз!

— Мен сізбен қоштаспаймын! — Онысын да түсінбедім. Жаман сөйлеген жоқпын, әддінен асатын Абақ емес. Мен көбіне-ақ ондай да жеткізбей қоюым мүмкін, артық, ағат кетпен.

Ташкент көшесін бойлап үйіме жаяу кеттім. Әдейі жаяу жүрдім. Көше сапырылысып жатыр. Өгіз арба да, ат арба да, түйелісі де, есегі де, жаяуы да бәрі бар. Жаңағы отырысты ойлауға көше қозғалысы мұрша бермейді. Сталин проспектінен төмен қарай бір көше өтіп «Төңкеріс» көшесіндегі пәтеріме келдім. Шешініп жуынып, сәл дамылдадым. Кешегі он алты сағат ұйқыдан соң бой сергек, ой да шартарапты шарлап кетті.

Сонау жиырма бесінші жылғы шыбықтай жіңішке, бұралған он сегіз — он тоғыз жасар Оляны есіме түсірдім. Сәмбі талдай еді-ау ол кезде. Оймақ аузы, қан шиедей еріні, кеше маған қарақаттай болып көрініп кеткен қой көзі бір түрлі сүйкімді көрінетін. Бірақ осы ресмилік жап-жас Ольганы ол шақта да Оля дегізбей Ольга Александровна дейтінбіз. Алғаш оны көргенде әлі Ұлтуған қайғысы басылмаған, мен қай әйелге қарағандай едім. Қайтіп қана, қандай халде жүргенде қосылған Ұлтуған еді, ол. Шолпып өсіп, бай ауылда шолан ұрған, айдындағы ақ балықтай, торғынға оранып, тотыдай таранған Ұлтуған шоқпыт шапан, жұлым бөрік, киіз етік ішіндегі, есігінде иті жоқ, кірерге кірті жоқ Абақты қаламап па еді. Сол соры ажырамаған, мүскін үшін өскен ортасын талақ етпеп пе еді. Етпетті адамның епсекті келетінін де, көзі ашық адамның көңілі ашық екенін де осы Ұлтуғаннан көрген едім ғой. Қайткенде ұмыта алармын оны. Мәңгі ұмытпасын, ұмытылмайын деп жібектен де мүнәйім мінезін сыйлап еді ол, әкесінің фамилиясын мәңгі арқалап жүрсін деп Марленін қалдырып еді ол. Бетіме ажырая бір қарамаған, не бір «болмайды» демеген Ұлтуғанды ұмыту мүмкін бе еді!..

Ал Ольга Александровна... Балаларымды приюттан интернат қа алып келгенде де осы Ольга қарсы алып еді. Көзі жасты, көңілі пәсті осы екі ұлға алғаш «айналайынды» айтқанның бірі осы еді. Қаланың оқу бөлімінен барлық жағдайды байыздап ұққан Ольга Александровна езілген жаның ширап, еріген жүрегің еміренгендей бой шымырлата, шыжымдап көңіл айтып еді. Япыр-ай, ойлап отырсам сол күні де ол көңіл айту орыс тілінде айтылғанмен қазақ логикасымен, қазақ көңіл айтуының ізімен түзілген екен-ау. Қайғымен қан жұтып, қара түндей қапалы жапа шегіп жүргенде оған көп көңіл жұбатудың бірі деп қарағанымды енді білдім. «Япыр-ай, сол бір жиырмасыншы жылдары-ақ қазақша жақсы біледі екен-ау! — дегенімді сездім. Жынды кісідей ойымды сыртқа шығарып айтқанымнан шошып қалдым. Ия, ия, бір жылы қоңырайыңқы жүргені де болды. Не деп еді, сонда? «Қызығыңызбен жүріп балаларды ұмытып кетпеңіз» демеді ме. Ия, сонда не? Мені қызғанғаны ма, әлде сөз ыңғайымен айта салды ма? Одан бұрын да, соңыратын да мен келген сайын екі ұлымның жағдайын өзі баяндап, оларға жасалып жатқан мемлекеттік қамқорлықты, сабақтарын, үлгерімін әбден тәтпіштеп, сүттеп түсіндіріп, мені екі баламен бірге қақпадан ұзатып салатын еді. Сол бір кездері де:

— Совет пен Марлен өз баламдай болып кетті,— дегенін есіме түсірдім. Сонда не айтқысы келді екен. Бірақ ондай сөзді тәрбиешінің бәрі де айтады ғой. Жарым көңіл, сорлы шұнақ мен оған балаларымның мұғалімі деп қарадым ғой. Ой көзің шықсын, қу шұнақ деп түбі жоқ ойдың тұңғиығына сүңгіп кетіппін. Бірақ.. Анау жылдары қол артсам бір жөн, жас қырыққа келді. Жылан құшып, жарға деген құшағымды мұздай суытып, арқама аяз батқандай, ашылмас тұманға ұрындым. Ендігім жөн бола қояр ма екен? Тұра тұр, шұнақ, шұнаңдамай, оның өзінің от басы болуы тиіс емес пе? Нақ осы жерге келгенде ішім әлем-жәлем болып кетті. Тіпті болмаған күнде ше? Ол сені ұнатады деуге қандай құқығың бар? Бірақ неге қайта-қайта: «Балалар керек те, олардың шешесі керек емес пе?» дей береді. Кешегі сөзді де біраз сарапқа салайын. Мүмкін, ол тіпті кеше еш нәрсеге ренжімеген де болар. Әйел адам ойын ашық айта алмағанына, оны мына сорлы болған шұнақ түсіне алмағанына шыдамай кеткен шығар. «Жоқ, мен көп шешенің бірі болуға келісім бере алмаймын», «рақметіңіз қалай кеп?» А? Неге бөтенси бересіз дегені ғой. Ал күйеуінің суреті ше? Ия, ия «Менің әкемнің атын сіз ғана білетін болдыңыз ғой». Ол не дегені. Неге Ольга демейсің дей ме? Қой шатаспай-ақ қояйын...

Ал менің балаларымның суреті неге тұрады, онда? Көптің ішінен мұғалімдердің жақсы көретіндері болады. «Сүйгенін шұнағым дейді» дағы. Шұнақ... Шұнақ? Ия, әлгі буденовка киген сұрықсыз қызыл әскердің де бір құлағы жоқ қой. Өй, құдай ұрсын, қу шұнақ. Ура! О, көзің шықсын шұнақ! Өз суретіңді өзің танымағаның ба, сонда. Бірақ бөлме менің үлкен ұлымдікі шығар...

Айталық сурет менікі. Бөлме Ольга Александровнанікі. Онда сөз басқа. Ал солай болсын делік. Сол жерде, інім, тағы даққа кеттім. Нақ осы жерде, інім, бір сөздің басын ашып алайық. Біз тегінде «сарт» деген сөзді айтқымыз келмейді. «Әйел десе әжем де кетеді» дегендей біз ол сөзді айтуға қорқатын болдық. Оны айтсақ өзбекке тиеді, өзбекті жәбірлеу болады дейміз. Бұл тарихтан хабары жоқ адамдардың ісі. «Сарт» деген «саудагер» деген сөз, ол индия пакистаннан келген. Алғаш индиялықтар Орта Азияға оның сарттарын жіберген ғой. Олар біраз сауда жасап қайтқан. Бірақ сауда жасаудың тәсілін Орта Азиялықтар олардан әлдеқайда арттырып жібергендіктен бұлар да «сарт» атанған. Ал Семенов-Тяньшанский сартты, тіпті бір бөлек ұлт ретінде қарайды. Біздің қорқақтап, өзбек бауырлардың көңіліне келеді деген сөз түк емес екен. Тіпті қазақтағы «сарт санасымен байиды» деген мәтел де ол туралы әңгіме де саудаға байланысты ғой. Міне, шырағым шындық солай. Сонымен, шырағым, мен де Ольганың келісімін алып, ертең қосылатын адамдай даққа кеттім, санаммен байыдым.

Мен — қазақ, ол — орыс, орайласа аламыз ба деймін өзіме-өзім. Жастықта жақсы, ахахаумен жүріп бүкпелі пелде-пелде өмірдің көп қыры біліне қоймайды. Ал қартайғанда қалай болады? Сол бір, әлі қазіргідей ұлттармен ақылалғы, сырдескі болмаған отызыншы жылдарда мұндай ой тұңғиыққа тартпай тұра алар ма еді?! Қазіргідей екінің бірі орыс қызына үйленіп жатқан кез емес, ал қазақ қыздарының орыспен от жаққаны шанжағай, жүз мыңнан не табылып, не табылмас, дариядан керіз келтіргендей еді ғой. Інім, мен саған: «Ой Ольга Александровнаның орыс екендігі ойыма келген жоқ»,— деп өтірік айта салуыма да болар еді. Сен қанша жерден большевик, қанша жерден коммунист болсаң да бұл ойландырмай, толғандырмай, айнытпай қоймайтын жағдай. Ұлт мәселесі, тіпті бұл екі адамның некелесуіне келгенде де ойнайтын нәрсе емес. Ол онлайтын, ойландырмай қоймайтын, таудан үлкен, қылдан жіңішке, қиын іс. Отыз жыл отасқан әйеліңе әкең әлде шешең жаман еді деп көр. Ал ұлт дегенің тарихи категория деп қаралғанымен сенің ұлтың — әкең, шешең. Менің ұлтымды жамандаған, жек көрген адам ол менің ата жауым, бітіспес дұшпаным. Ұлт дегенің де, Отан, Ел дегенің де мен үшін бір ұғым. Менің тілім — менің өмірім, көрер жарығым. Сондықтан да, ұлт жағынан кімге болса соған үйлене салуға бейтарап қарай алмаймын. Ол мәселе бәрібір деп қарауға келмейді. Өйткені әр ұлттың өзінше ерекшелігі болады. Оны бір қана — бір арнаға ерлі-зайыпты адам түсіре алса жарар, әйтпесе екеуі екі басты жыландай, айыр тілін жалаңдатып екі жаққа тартса, ертең екеуінен туған бала бірі әкем, бірі шешем, қайсысының сөзін сөйлеймін деп дал болып, еңірегенде етегі толып, жігері құм болып, болаттай асыл саздың өлең шөбіндей жасық тартып отырса, мұны ойламауға бола ма?! Біз болашақ ұрпақты туғызатын, оған тебізді тәрбие беретін совет семьясын жасауымыз керек. Ал ол семья болашақ балаларын тәрбиелемек түгіл өзіне тәрбиеші, не сот, не прокурор керек етіп отырса, ондай семьядан қандай тәрбие шықсын! От басында, ошақ қасында көргені ұрыс, маңдайда көргені құрыс баланың өмірінен жақсылық күту — Бетпақтан қазған құдықтан су күтумен бірдей. Ондай балалар өмірден өзі өксіп өтеді, басқаларға да салдарын тигізеді. Сондықтан, інім, ол жағын да ойладым.

Егер, шырағым, әрекет басына түспесе ешкім оны біле бермейді. Екі ұлттан қосылу түгіл, бір ұлттан-ақ өмір жолы тоғысып, екеуі тоқайласып, екеуің екі облыстан болшы, соның өзінде біріңнен бірің әжептәуір айырмашылықты аңғарасың. Әрине, соның бәрі жайбасар, шамықпас ақыл жылжып жетіп, бәрін жарастырғанша тезқатар, желбуаз ашу суыт келіп, мұз үстінен жүрген қызыл судай сызып-жарып өтпес пе!? Міне, сондықтан осы ойланатын нәрсе ме, жоқ па дегенде ең өмірлік маңызы бар, бүгін ұлттар аралас, қойы қоралас отырған шақта, орта толып, таулы өзендей бұрқ-сарқ тасыған шақта бұл жеті өлшеп бір кесетін емес, жүз өлшеп бір кесетін шешім болуға тиіс. Өйткені тұрмыстың жақсылығы да кейде әр нәрсені асқындырып, асқақтатып жібереді. Шырағым, бізде қазіргі өмірге, тұрмысқа риза болмайтын адамдар толып жатыр, олардың көбі жастар. Өйткені дүние жүзінен алатын хабар, мағлұмат жеткілікті. Сондықтан ілгеріден өркендеп келе жатқан елдердің жағдайымен өзінің жағдайын салыстырғанда, әрине, өзінікі қоңторғайлау, қанағаттанғысыздау, сүреңсіздеу болып шығады. Оларға біз көргенімізді айтар болсақ, «сіздің замандарыңыз басқа» демек болады. Ал шынына келсек, осының бәрі де тойып секіргендіктен, семіздікті көтере алмаудан болып жатады. Кейде ол қанағатсыздықтың аяғы Пушкиннің жарық астауына апарып соғады... Інім, менікі дұрыс па, әлде лағып кеттім бе? Үндемейсің. Жарайды. Мен жауап күтпей-ақ қойдым. Сен кіммен көңілің жарасса, кімді сүйсең оған қосыл деп отырсың. Оның дұрыс. Бірақ ол сен ойлағандай жеңіл шешімін табар мәселе емес.

Бір уақыт сусып басқа бір жаман ойға кеттім. Менің осым өзімнің ғана болжамым болып, алакөкектеніп қалсам қайттім деймін. Ольга Александровнанікі жай қалжың болуы да мүмкін ғой. Ертең некелесе қояйық деп отырғандай болғаным қай есек-дәмем деп өзімді тағы бір жазғырып алдым. Мұны ойлағанда денем мүздап сала берді. Маңдайымнан сұп-суық тер бұрқ ете түсті, пұшайман болып қамығып қалдым. Ол жалтыр мұздың үстінде менен жырақтап, қыбайға кетіп бара жатқандай, мен сол мұзбен оны жалаңаяқ қуып бара жатқан сияқтымын. Жаңағы алас ұрған көңілім су сепкендей басылып, шып мұздап, тұңғиыққа батып бара жатқандай едім. Адам темір емес, темір де күні жеткенде сынады. Мен осы бір ұл ер жетіп, жас марқайған шақта жалғыздық әбден қалжыратып, қажытып, ерқашты болған жылқыдай әбден шыңыма жетіп жүр едім.

Сонымен балаларымды күтіп отырдым. Күз күні. Бірақ әлі Алматы алқындаған жоқ. Үйден дала жылы. Есікті аңқайтып ашып тастадым. Даланың жылы ауасы кірсін дедім. Ол кездегі түнімен таудан аңырап соғатын ескек желден тез тазаратын Алматы ауасы жанымды жай таптырып, балбыратып жіберді. Жақсы ой да жаныңа маза туғызады. Жағымды оң қолыммен тіреп отырған күйімде мызғып кетіппін. Дабырласқан дыбыстан көзімді ашып алсам екі ұлым жаныма жақындап қалыпты, олардың артында Ольга Александровна есік алдында тікесінен тік қақшиып тұр. Оның көз қарасынан өзімнің мүшкіл халімді, білдім, менің мүскін болған басымды аяп, мүсіркегенін аңғардым. Келе мойнымнан құшақтап, «көкелеген» екі ұлымның еркелеуі, жарқын-жарқын шыққан дауыстары, шалт қимылдары бағанадан бері арыла алмай отырған тұңғиық дақтан таққа шығарғандай, тәуекел қайығындай тез әкетіп, қоршаған қара тұманды серпілтіп жіберді, ортамның бәрі толып, төрт құбылам түгенделіп кетті. Қапаста қалып енді еркін ауаға шыққан жандай сергіп те, сейіліп те барамын. Балаларымды сүйіп, мауқымды басып, есікке көзім түскенде Ольга Александровнаның әлі түрегеліп тұрғанын байқадым. Ол бірі университетте оқитын, екіншісі орта мектепті бітіріп, жаңа ғана студент қатарына ілігіп отырған балаларымның жігіт болып қалғандығына қарамай аймалап жатқанымды жақсы түсінгендей, көзін сулап тұр. Шынында да менің бұл шұрқырасып көрісуім жалғыздығымды жұртқа жария еткендей еді, жаным жазды күнгі жаңбырдан кейінгі жердей жадырап еді.

— Көке, Ольга апайға отыр демейсіз бе! — деді әке-шешесін бірдей еске салатын көркем де тұрпатты ұл Совет. Шынымен бір қараған кісі көзін қайта тартып ала алмай, сұғын қадап қалатындай ерекше көрікті де, нұрлы да еді, ол. Мінезінің жатық мәміле-мәймөңкесі де аумаған әкесі.

— Ғафу етіңіз, жоғары шығыңыз!

— Ғафу етіңіз дегеніңіз не, көке. Ол бөтен адам емес. Менің мамам ғой,— дейді Марлен.— Солай емес пе, апа!? Ия деңізші, апа! Енді біз Совет екеуміз апаммен бірге тұратын боламыз. Бізді интернаттан шығарды ғой. «КазГУ-дің жатақханасына бармай-ақ менімен бірге тұра беріңдер» деді ғой апам.— Ольга Александровна жымиып езу тартты, бірақ «ия» демеді. Ол сәл қысылғандай да жайы бар, төсекке, нұсқаған орынға тізе бүкті.

— Сонда екеуің апаңмен тұрып мұнда мені жалғыз қалдырмақсыңдар ма? Енді мен де студент болдым ғой. Қалада тұратын болдым.

Бұл сөз екі баланың да, Ольга Александровнаның да күтпеген бауар-олжасы еді. Бәрі де маған бұрылып таңырқап қалды.

— Қалай, қалай? — деп Марлен мойныма асыла кетті.

— Мен енді Коммунистік жоғары оқу орнында оқитын болдым.

— Көке, кешеден бері бұл ішіңізге қалай сыйып тұрды? — дейді Совет.

— Балам-ау, сендерді көргенім қазір ғой.

— Апама айтпадыңыз ба, көке, ол бізге айтатын еді ғой,— дейді Марлен тағат таппай. Не деп айтпақпын оған және айтқанда кімім деп айтамын. Ол менің қуанышымды не қылмақ? Менің қуанышым екі балама шаттық әкелер, ол басқаға не керек? Әрине, мұны сыртыма шығармадым.

— Марлен,— деді Ольга Александровна менің ойымды оқып білгендей-ақ.— Көкең мені кім деп айтпақ. Міне, сендерге айтты, енді мен де естідім. Балаларынан естір деген ғой.

— Болды, қалас. Біз енді өз үйімізде тұратын болдық! — деп қуанды Совет. Бұған Марленнің даурыққан, азан-қазан дауысы қосылды:

— Ура, ура, ура! — Ол кішкентай бөлмені айнала жүгірді. Арасында секіріп-секіріп қояды. Балаларымның зорға, амалсыздан шыдап жүргенін сонда анық байқадым. Інім, шынын айтсам жылап жібере жаздадым. Азамат болған, сомадай жігіттер әкесінің жанында тұратын болғанына сонша қуанғанда балалар үйіндегілердің жанын оймен ұқшы, інім, шықпаған жаны жүреді дағы. Әке-шеше құшағы олардың мәңгі аңсаған арманы ғой. Ондай жылу табыда-ма басқа жерден. Жыртық-тесік жүрсе де ене-көкірек қой, интернаттың май бергені — әке-шешенің су бергені.

Екі ұлдың қабағындағы кірбің әп-сәтте жоқ болып, жаңбырдан соңғы Алматы күніндей ашылды. Әсіресе Марлен Советтен екі ғана жас кіші болса да соны көрсетіп, әндетіп-өлеңдетіп, уралап жібереді.

Сонау бір жылы қыста интернатқа бардым. Сонда мен әкелген тамаққа Совет бір баланы қатты іздеді.

— Ешкімі жоқ еді, көке. Мен іздеп келейін,— деді. Интернат қорасының іші толған адам, біреудің ағасы, біреудің туысқаны, әйтеуір бәрінің де біреулері келіп жатыр. Совет іздеген Азат деген бала бұл жерде болмады, жатақхана ішінде де жоқ. Екі баламның көңілі үшін мен Азатты қоса іздестім. Ақыры Кіші Алматы өзенін жағалап кеттік. Құн болса суық, аздаған ызғырық бар.

— Осындай суықта далада жүрмес,— деймін мен. Кіші Алматының басы шоқы-шоқы үй тастар, дөңкиіп жатқан қой тастар тас болып қатып қалған мұздан арнаның дәл қай жерде екенін аңғару қиын. Судың тура жағасында тұрған ақ гранит үстінде бір таңқы танау қара бала отыр. Қолында шыбығы бар. Шолақ қара жақының жағасын көтеріп алған баланың екі көзі мұзы қатпаған, бүлкілдеп аққан суда. Тесіліп қалған. Анда-санда шыбықпен алдыңғы жағын бір салып қалады. Жылап отыр ма деп едім, тек бедірейіп қалған. Біз сол күні оны бірге тамақтандырдық та, қаланы қыдыртуға, күндіз қойылатын «Айман — Шолпанға» алып кеттік. Азаттың қабағы ашылмайды, ол бізден ажырағанда үлкен адамдарша «рақмет» айтты. Совет:

Көке, Азаттың артынан адам келмейді. Демалыс күні балалардың артынан адамдар келе бастағанда ол жалғыз өзі су жағалап, айдалаға кетіп қалады,— деді. Жетімдіктің қорлығын көп көрген мен Азаттың бар болмысын көзіме елестете қойдым. Мына менің балаларым да зорға шыдап жүрген ғой деп шамалаймын. Байқаймын Марлен Ольга Александровнаға тым еркін деу, тіпті өзінің шешесіндей санайтындай, ал Ұлтарақтың ұлы Совет әкесі сияқты ұстамды, салмақпен ғана сөйлейді, сөзін өлшеп-пішіп айтады.

Совет пен Марлен примусты алып шай қоюға есік алдына шығып кетті. Мен әңгімені қалай бастаудың ретін таба алмай қипақтап отырдым. Ольга Александровна бірдеме айтуға ыңғайланғандай кейіп білдірді де, тына қалды. Мұным орынсыз бола ма дегендік екенін аңғардым. Еркекпін ғой, сөзді тәуекел деп өзім бастамақ болдым. Япыр-ау деп ойладым, ең болмаса балалардан күйеуі бары жоғын да білмеген екем. Қазақша қазақтай сөйлейтін әйелге сөз айтуды жөн көрдім. Ұнатпаса «қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді» дегеннің кері болар, онымды айыпқа санай да қоймас. Бәлкім әңгіменің барысында семья жайын да аңғарып қалармын. Тәуекел.

— Әйелдің жасын сұрау онша орынды емес, дегенмен шамасын білуге болар ма екен?

— Менің жасым бірдемеге бөгет болып тұр ма? — деп Ольга Александровна езу тартып күлді.— Үш күн болды, жиырма тоғызға шықтым.— Менен бақандай он бір жасы кіші екен. Арамыз алшақтау ғой деп жүреме деп жүрексініп үндемей қалдым. Бұл үнсіздікті үйге кіріп келген Совет бұзды:

— Көке, шай әзір, шайнамы бар ма еді? — Мен есікке таман тұрған кебежені нұсқадым:

— Бары мынаның ішінде.— Совет пен Марлен бәрін кішкентай столдың үстіне қойып, көршіден шыны аяқ сұрап әкеліп, төртеуміз шай іштік.

— Ольга Александровна, шайға отырыңыз,— дедім мен. Ол балаларға қарап:

— Совет, көкелерің менің әкемнің атын жақсы біледі,— деп күлген болды. Оған ұстамды Совет үнсіз қалды да, Марлен:

— Оныңыз не, көке, бөтен адамға ұсатып, апамның атын ғана айтпайсыз ба — деді. Менің Ольга деуге аузым бармай-ақ қойды.

Шайдан кейін балалар жағландарын әкелуге кетті де, Ольга Александровна олар келгенше отыра тұрмақ болды.

— Суреттерді алмай-ақ қойыңдар,— деді ол балаларға.

— Суреттерді? — дедім мен таңданып.

— Өзіңіз танымаған сурет сізге керек бола қоймас,— деп күлді Ольга Александровна. Апыр-ау, кешегі сыңар құлақты сурет менікі болғаны ғой. «Лайым күйеуім болғай» деп еді-ау, ә. О қу шұнақ, өз суретіңді өзің танымағаның да, шынымен-ақ.

— Шынымен-ақ танымап едім. Оны мен сіздің күйеуіңіз шығар деп едім.

— Сол әлі күйеуіміз болмай тұр ғой.— Ал ұғып көр бұл сөзді. Бұл әлі күйеуім жоқ дегені ме, әлде сол суреттегі кісі күйеуім бола алмай жүр дегені ме? Мұнша екі ұдай сөзді қазақтың өзі де дәп басып айтпайды. Ольга Александровна енді менен жауап күтпей-ақ өзі сөйлеп кетті.

— Құлақтың жайы да, одан кейінгілері де, сіздің өміріңіз маған бес саусағымдай мәлім. Менің өмірім де сіздің өмір жолыңызға ұқсас. Сіз маған өз жай-жағдайыңызды айтпасаңыз да болады. Мен орыстың қазақуар қызымын.— Мен қазақуар деген сөзді тауып айтқанына, тіпті қайран қалдым.— Менің қазақша жақсы білуіме таңданбай-ақ қойыңыз. Менің әкем көп қазақтың ішінде туып, ер жетіп, кедейліктен отызға келгенде зорға үйленіпті. Шешем Шилікемердегі бір орыс шаруасының қызы екен. Қосылған соң шешем қазақ ауылындағы жалғыз үйлі орыс болып тұруға көне алмапты. Бірде жылап, бірде күліп, бірде жалынып айтып әкемді Шилікемердегі төркініне көшуге көндіріпті. Әкем қайнына барған соң, өзі өскен ауылын аңсап, қолы босаса-ақ солай қарай жүгіре беріпті. Ақыры әкемнің ауылым деп сол жаққа аңсары ауған ыңғайын білген, мұнда бір үйден кіріп, бір үйден шығатын өмірге қамаудағы қасқырдай көне алмағанына көзі жеткен шешем қайта көшуге келісіпті. Сонымен біздің үйіміз Сұлтанның (Бірінші Алматыны қазақтар солай атайтын) аяғындағы Жайнақтың байламасында болатын. Қазіргі қаладағы балалардың тілінің орысша шыққаны сияқты менің тілім қазақша шығыпты. Менің әкем қазақтарға өте сүйкімді, ақ көңіл кісі болатын. Оны қазақтар Әлкен дейтін. Ешбір үйдің соғымы менің әкемсіз сойылмайтын, тарысы менің әкемсіз түйілмейтін. Қуырымды келіге салып қос келсап тартқанда әкемнің тегеурініне қыздар түгіл жігіттер шыдамайтын. Ол қай қазақтың үйіне де еркін кіріп, шығып жүретін. Бір сәтті күні әкем екеуміз Сұлтанға базар базарлауға бара жаттық. Жолда әкеме шөлдегенімді білдірдім. Әкем бір үйге кірді. Үйде адам жоқ, есік ашық. Күбіде ашыған тары көже бір аяққа құйып әкем маған берді, сонан соң дәспен аяқ көжені өзі ішті. Әкем күбінің қақпағын мықтап жапты, далаға шықтық. Далаға шыққан соң әкемнен «иесіз үйге кіріп рұқсатсыз тамақ ішкеніміз қалай?» деп сұрадым. Балам қазақ жаны кең ел, егер жаңа ол үйдің иесі екеумізді көрсе, өздері шақырып сусын ішкізер еді, қазақта үйге кіріп тамақ ішу тәртіпсіздік саналмайды» деді.

Мен он бірге келгенімде біз байламаның басында жалғыз ұй отыратын едік. Бір күні шешем даладан жан ұшырып келді де Қаш, қамыстың ішіне қаш! — деді. Мен жүгіре жөнелдім Неге деуге шамам да келмеді. Апрельдің аяғы болатын. Әбден жаурші қалжыраған соң түннің бір шамасында ептеп, баспалап үйге келсем шешем шалажансар, кіресілі-шығасылы есі бар, бір қолы кесіліп қалған, бөлек жатыр. Ыңырсып жанталасады. Қимылдауға шамасы жоқ, маған бірдеме демек болады, қайта есінен шығып кетеді. Аузына қасықпен су тамызып едім, көзін ашты. Сөйтіп жатып бір есі кіргенде.

— Әкеңді ақтар байлап әкетті. Менің қолымды қылышпен шапты, енді өз күніңді көр, балам,— деді. Таңертең шешем өлді. Көрші қазақтар келіп шешемді көмді. Екі күннен соң атып кеткен жерінен, өзен жағасынан әкемнің өлігін тауып алдық,— деп Ольга көзінің жасын іркіп алды. Сәл үндемей отырды.— Оны да қазақтар үйге әкеліп, тәретулеп көмді. Бұл он сегізінші жылы еді Сонан соң мен қалаға кеттім,— деп Ольга Александровна тығылыңқырап қалып дем алып отырды. Оның шарасы кең қой көздерін жас басып, мөлтілдеді. Сонан соң көзінің жасын сығып, қапшығынан бір жапырақ орамалын алып, бетін сүртті. Ол әңгімесінің арғы жағын ойластырғандай аз-кем үнсіз отырды.— Одан интернатта жеті жыл оқыдым, одан соң бір жыл мұғалімдік курс оқып өз мектебіме қайтып оралдым. Сол келген күні сіз де балаларыңызды әкелгенсіз. Содан бері сізден көз жазған емен... Мен де өзіңіз сияқты Коммунистік партияның мүшесімін.— Ол қайта қабағын сәл шытыңқырап, босаған бұрымының ұшын өрді де, арқасына тастады. Екеуміз де өз ойымызбен болып кеттік. Мен бұл күйеуі бары жоғын неге айтпайды деп отырмын. Күйеуі бар адам оңаша үйде сыралғы болмаған еркектің жанында неге отырмақ деймін де, сонда да көңілім дүмган бола береді. Ол оңаша отырғанымызды да елемейтіндей. Сонан соң балалар қайтып келіп қалама деп асыққандай сөзін жалғай берді:

— Совет пен Марлен интернатқа мен келген соң маған тым жақындап кетті. Оларды айтып нетейін. Сізден өтінішім мені осы екі баладан айырмаңыз. Менің жаным солардың қолында тұр. Олардың табанына кірген тікен менің маңдайыма шөңге болып қадалайын. Әрине, бала сіздікі. Бірақ он жыл бойы осы екі ұлдың күнін күйттедім. Олардың да менен ажырауы қиын болар. Мен Марлен мен Советсіз өмір сүре алмақ емеспін. Әрине, «ол болмас» десеңіз жөніме кетермін, сыртынан тілектес болып жүрермін. Бірақ Марленнің менсіз тұруы оңай болмас. Ол кішілеу болған соң ба, маған тым етене жақын еді. Әрине, түбінде бір үйленерсіз, бірақ ол әйел кішкентай Марленнің бабын таба ала ма? — деп бір тоқтады. Марлен қайдан кішкентай болсын. Орта мектеп бітірді. Тек жасынан қолында өскен соң кіші көрінеді дағы. Қазақ оны да «Қолдан өскен тайлақтың буыршын болғаны білінбес» деп айтып қойыпты ғой. Енді қалай жауап берудің есебін таппай басымды тауға да, тасқа да ұрып отырдым. Бағанағы қабырғада ілулі тұрған, бір құлағы жоқ шұнақ қазақтың кәдімгі Абақ Үйсінбаев екенін енді біліп, өзіме өзім күліп алдым. Тіпті неғып шұнақ адам көбейіп кетіпті деген ойыма келсеші бір. Сөйтсем сонау жылы Ташкентте түскен суретім екен.

Інім, адам деген қиын тұлға. Оның сырын, қырын, жырын мұқым тауысып білу мүмкін болмайды. Міне, мына Ольга біреудің балалары үшін үздігіп отыр. Ал кейбіреулер балаларынан безіп жүр. Енді бір ақылын ашуға жеңгізіп алған сорлының өмір бақи өкініп өтетін іс қылғанының куәсі боласың. Мен, інім, биыл Алматы бардым. Линияда тұратын Жапар деген інілеріміздің үйіне түсіп, үй иесі екеуміз әңгімелесіп отырсақ төрт-бес жасар қыз бала ойнап есік алдына келді. Лена деген сап-сары сары шашты баланың оң қолы асулы екен. Қолының бас жағы дәкемен шырмап орап тасталыпты.

— Лека қолың жазылды ма,— деді Жапар кішкентайдың көңілін сұрап.

— Жазылды,— деді Лена.

— Әкесі қолын шауып тастап,— деді Жапар,— кем болып қалды,— Сөйтсе Ленаның әкесі жүз сомдық заемға бес мың сом ұтады. Оны стол үстіне қоя салады. Бір нәрсеге айналып кетіп заемды іздесе жоқ, сөйтсе кішкентай Лена оны турап тастапты. Ыза болған, ашулы әке балтаны ала салып кішкентайдың қолын шауып тастапты. Ленаның ауруханадан шыққаны сол екен, әкесін қамапты. Жақында сот болған екен, әкесін көрген кішкентай Лена:

— Әке, менің қолымды әкелдің бе? — депті. Қалай, інім, анау әке тірі отыр ғой, дейсің бе? Өлмегені қара жер ғой. Оны үш жылға соттапты. Егер оны соттамаса, ол бәлкім жынданып кетер еді. Жаза тартуы оның есендігіне кепіл, әйтпесе ашумен істеген ісіне құса болып-ақ жазым болар еді. Ол тірі жүр деудің өзі артық. Ол күнде өліп жүр ғой. Ал менің туысқаным Жапар:

Шіркін-ай, менің сондай бір шолақ қызым да болмады ay,— дегенде көкірегі қарс айырылады. Міне, негізгі әңгімеден тағы ауытқып кеттім. Ал Ольга «екі ұлдан ажырата көрме» деп қатты ағынады. Ольга бірдеме айтпақ болды да, төмен қараған күйі сөйледі:

— Несін жасырайын сіз екі балаға келіп кеткен сайын бір артық сөз айтпай ең болмаса бір ауыз қалжың айтпай аттанғанда екі күн тамақ іше алмай жүретін едім. Енді, міне, сізге бәрін айттым. Сөксеңіз де қайтейін осы. Өйткені қазақ қызының ойын ашық білдірмейтін, шамадан тыс ұяңдығы, әлде ізеттілігі барын білемін. Нақ осы жерде мені орыс қызы болған соң, ойын ашық айтып отыр деп ұғыңыз. Бұны әдепсіздік деп ұқпаңыз, орыстығыма сындыра-таға салыңыз. Бірақ қалай да мені осы екі ұлдан бөлмеңіз. Мен айтып болдым. — Ол солқылдап жылап жіберді. Несін жасырайын, інім, менің өз көңілім де босады. Оны жуатуға қасына бардым. Денемнің бәрі шымырлап, орамалымды алып оның бетін сүртіп, құшақтап жуаттым. Ол құшағыма ене берді, мен де дегбірім кетіп оны сүйе беріппін. Бетімді жас жуып кетті. Айқаскан қол, сүйіскен еріндер есіктен дыбыр білінгенде барып бір-ақ жазылды...

Ольга ертеңіне ауруханаға түсіп қалды. Тынышсыз Марлен:

— Көке, ауруханаға апама бармайсыз ба?! — деп мазасы кетті. Бұл қазақ мектебіне орыс тілінен сабақ беретін Ольга апай деген сөз емес, «мама» деген сөздің қазақша баламы, кәдімгі шеше — апа еді. Інім, құшақтасу, сүйісу ол некелесу емес, ол көңіл қосу ғана. Сондықтан маған енді шын ойлану керек болды.

Екі ұлдың ойы белгілі. Он жыл деген де біраз уақыт. Олардың Ольгаға бауыр басып қалғаны да, рас. Менің ойлануым да заңды. Қашанғы қу тіземді құшақтап жүре беремін дегенмен, қара шұбар жыланға қарылып қалған басым бүгежектей бердім. Ойымды сарапқа салдым. Бір ұлттан екінші ұлт адамдарына қосылатындар көбіне сол ұлттың таты деген әңгіме сол кезде қаланы кезіп жүретін. Оның жаны да бар еді. Өйткені өз ұлтынан көксігендердің біразы-ақ ісірібі тоқтастан, байсасы тікірейген адамдар болмайтыны да шындық еді. Кейде тіпті ондайлар жанасалап келіп, аңқасы құрығандай жармасып алады да, артынан қалжуырын байлап алғанын көрсетеді, немесе термешелі, мүйізгек інгендей бедеулер, не иығы тимеген есік қалмағандар болушы еді, әлде бір маймылдан адамға жаңа айналып келе жатқандай кейіпсіз жұрттан шыққандар болады. Бұл жағынан қарағанда Ольга олардың ешқайсысына жатпайтын еді. Тайлы биеге жолама тайы тебеді дейтін де ол емес. Иығы тимеген есік қалдырмаған, ерні тимеген қасық қалдырмаған деуге келмейді, көргені мектеп, интернат. Оқуы да, қызметі де бір ортада өткен. «Ой, сүдіні бар болсын» деп ешкім айта алмайды, ұялмай ертіп жүруге болатын көркі бар. Ал мен өзім қай оңып тұрған адаммын, екі қатын алған, оның бірінен өлі, бірінен тірі айырылғанмын, ел аман, жұрт тынышта құлағын құнтиттырған қазақтағы Келмембетпін. Сонда ендігі қалғаны — орыстығы. Ал бұл жағына келгенде де мен жалғыз емеспін. Дүйсенге ғашық болған Мариям анау, оның «Дудар-ай» әні бүкіл қазақ даласын күңірентті. Басқасын қойғанда сонау заман өткен Пожарскийдің, Кутузовтың шешелері қазақ қызы болғанда, мажардан қыз алысып, қыз беріскен салтымыз болса, онда менің балаларымның шешесі неге орыс қызы — Ольга болмасқа. Міне, інім, үш-төрт күн толғанып, бесінші күні Ольга ауруханадан шыққанда мен Марленнің апасына жүпті болмақ болдым. Оны аурухана есігінен ат-арбамен некелі жарымдай қарсы алдым...

Ертеңіне-ақ жалдап алған бөлменің отағасынан кешірім сұрап, мектеп жанындағы Ольгаға бөлінген үйге көштім. Совет пен Марлен университетте, мен Коммунистік жоғары оқу орнында, бір үйде үш бірдей студентті Ольга асырап жатты.

Отыз алтыншы жылдың авгусында Марлен қарындасты болды. Атын ойланып-ойланып Владилена қойдық. Үйге келіп-кетіп жүретін қазақтардың тілі келмей де жүрді. Артынан бәрі де үйреніп кетті. Сейсенкүл, Бейсенкүл, Жұмакүлге үйреніп қалғандар ұнатпаған да болар, бірақ біз атымызға дейін өзіміздің алған бағдар-сүтінімізге қарай бейімдей бердік. Сол күзде Совет армия қатарына шақырылды. Қиыр Шығыста қызметін атқарып жатты Марлен тарихшы болу үшін Пушкин атындағы кітапханадағы ең сарғайған көне кітаптарды ақтарып, аударып, теңіз түбінен маржан іздеген адамдай алапатын асырды.

Халық ауқаттанып, жаппай сауаттылыққа бас қойды. Республиканың егін даласында трактор, комбайн өріп жүрді. Жол қатынасы да жолға қойылып, аудандарға жолаушы таситын автобустар жіберіліп тұрды. Осыған дейінгі саналы өмірімді ауылда социализм орнатуға бағыштаған екенмін, енді қаланың да өз қызығы, өз жаңғырығы өзіне жетерлік екенін аңғардым. Көп жылғы белсенділіктен кейінгі студенттік өмір маған инемен болмаса да тебенмен әлде жуалдызбен құдық-құй қазғаннан оңай болмады. Бірақ қалада өзімді көлінен көксіген сам үйректей сезінетін едім. Соңыратын қудай саңқып, қаздай қалқымағанмен малтығып болса да ілгері беттеп бара жаттым.

— Інім,— деді Шұнақ,— сөздің басын ашып алалық. Ендігі сөз менің және басқалардың халық жауы болғандығы туралы болады. Бұл ешкімнің құлағына жақпайтын, өкіліне түспейтін кесепатты сөз. Мен оны қаншалықты пасылдап, қарқуардай шешендікпен айтсам да, сен қайыспайтын қатепті қара нардай шыдамды болсаң да, қаржалған тұлпардай қалжыраңқы тартасың. Сондықтан бас изеп құптамағаныңмен қорықпай-қоңқаламай, үрікпей-үрейленбей тыңдаймын десең ғана айтамын. Мені аузымнан шыққан сөзге тоқымдығы жұқа ердің қапталының ат арқасына батқанындай қипақтар болсаң оныңды ашып айт. Сен олсыз да мені екі күн тыңдадың, мен разымын, мың бол, шырағым. Енді қалғанын тыңдамай-ақ, сескенсең ақтігер алдына жусаған арғымақтай мөлиіп отырмай ақ қой.

Сыңар құлақ шал шынын айтып отыр. Енді отыз жетінші жылға жақындап қалғаны әңгіменің барыс-тұрғысынан білініп тұр. Алты миллион қазақтың тең жартысы қырылып қалған отыз екінші - отыз үшінші жыл оқиғасын тегіс тыңдап алған соң, Қазақстаннан 100971 адамды алған отыз жетінші жыл оқиғасын тыңдауға несіне бас тартпақпын. Қазақтың бар сүт бетіне шығар қаймағын сыпырып кеткені өтірік пе?

Шұнақ менің кескінімнен бір құбылыс байқамақ. Садаптан сынай қарап қалыпты. Мен көп ойланған жоқпын. Шалдың әңгімені жанданып, көтеріңкі көңілмен айтуы үшін келісімді тез бердім.

— Айта беріңіз. Аббар-асығыс айтпаңыз, баппен тарта беріңіз. Мен сізді түнімен тыңдауға қайылмын.— Шал көңілденіп кетті білем, малдас құрған аяғын жазып, шарта жүгініп маған қарап отырды. Әңгімені неден бастаймын дегендей ойланып барып, бір жөткерініп сөйлеп кетті:

— Отыз жетінші жылдың қысы жұмсақтау болды,— деді ол.— Біз алматылық болып алдық. Әжептәуір ілгерілеп кеткен қазақ өнерін — Қазақ драма театрын, опера театрын күн сайын тамашалап жүрдік. Қазақ филармониясын да өкпелеткеніміз жоқ. Сахнада Құрманбек Жандарбековтің жалт-жұлт етіп шыққанын бір көру маған бірнеше күнге рухани азық болғандай еді.

Түстігімізде айбарлы, асқар Алатау бар болмысымен тегіс көрініп, әлемге ұлылығын паш еткендей асқақ тұрады. Осы қыста ашық күндер көп болды. Ондай кезде тауға қарамау мүмкін емес.

Ол бар сұлулығын алдыңа жайып салады, суретіне көңіл раушан болып бір көтеріліп қалады. Әсіресе түскен қар қаудырқұлақ тартып, жол тапталып қалғаннан соң, бірер градусты аяздарда күн ашық болса, таудың сұлу, такаппарлығына, ұлылығына сұқтанбай қарау мүмкін емес еді. Қаптан қатық жалаған баланың ауызындай, әлде көк нілге матырып жайған ақ сейсептей тау көлбеп жатады. Осындай май тоңғысыз аталатын күндері Ольга екеуміздің көшеге шығып серуендейтініміз болатын. Қолтықтасып қыдыра жүріп дүкеннен газет алатынбыз да кейде жолда, кейде үйге келіп қарайтынбыз. Ольга бұл кезде салиқалы, салдарлы, қазақ әйелі болған. Оның жұртпен сөзі жарасып, мәмілесі арта түскен. Кейде біз, саясатқа да барып қоятынбыз. Менің өзім таңданатын бір жай болар еді. Егер ауылдан біреу-міреу келер болса, Ольга қарға аунаған түлкідей жайнап кететін. Оның денесі қалада, жаны ауылда екенін ұғып болғанмын. Тіпті өзінің ауылды сағынатынын жасырмай бүгін де маған:

— Кешке дейін ішкен тамағым бір тостаған қой қатығына тұрмайды. «Қожаның көңілі құртты сүйер, көжесінің қатығы жоқ» дегендей. Кейде, шіркін, жоқты аңсаймын. Ірімшіктің сарсуын бір жалап ауыздың дәмін алар ма еді деп те қоямын,— деді. Мұны айтқанда маған Ольга тіпті сүйкімді көрініп кетеді. Ол әлде не ойлап, тұнжырап біршама отырып қалады. Мен бұл тағы да құрсақтануға дәмелі ме екен деп қаламын. Сонан соң қайта газетке үңіле түсемін. Газеттер ол кездері бухариншіл-троцскийшілдердің қылмысын әшкерелеген мақалаларды көбірек беретін болған. Олардың он сегізінші жылы Брест келісімін бұзуға тырысқанын, «солшыл» эсерлердің Ленинге қастандық жасамақ болғанын, сол жылы Ленинді жаралағанын, солшыл эсерлердің он сегізінші жылдың жазында бүліншілік жасағанын, отыз төртінші жылдың бірінші декабрінде Кировтың өлтірілгенін есіме алып, Троцскийге, Бухаринге кегім арта түседі, тіпті іштей кіжініп те қоямын. Не жетпейді соларға деймін дағы, баяғы. Сол жылғы февральдың аяғында Орталық Комитеттің Пленумы болды. Онда Жданов СССР Жоғарғы Советінің сайлауына партия ұйымдарының әзірлігі жөніндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Пленум партия ұйымдарындағы демократиялық централизмнің бұзылуы, тізім мен дауыс беру, жабық дауыс берудің орнына ашық сайлау сияқты біраз кемшіліктің бетін ашқандығын газеттен оқыдым. Бұл кездері оқу орнының тыңдаушысы болғандықтан бұл қаулының жүзеге асуына белсеніп араластым дей алмаймын Менің үлесіме тигені дұрыстап теориялық білім алу, марксизм-ленинизм іліміне жетіле түсу. Газет-журналды жібермеймін, бұрын жұрт ішінде қайнап үйреніп қалған басым, бүкіл республикада, елімізде болған жағдайдың бәрінен хабардар болып отыруды әбсін бірінші кезекке қоямын. Сондықтан да Ольга екеуміз көшеге шыққанда ең алдымен жергілікті газеттерді қарайтын едім.

Ол кезде бес күн өтіп алтыншы күні дем алатынбыз. Сондықтан бізге күннің сейсенбісі, бейсенбісі керек бола бермейтін. Әр айдың алтысы, он екісі, он сегізі, жиырма төрті, отызы күндерін жұрт асыға күтетін. Ал біз үшін түстен кейінгі уақыттың бәрі бос еркіміз еді. Марттың ортасы болып қалған. Күн ашық болса-ақ Алматы көшесі сылпылдап, қар еріп, тас-тастың арасын қарқын су басып, жылға-жылғадан жылтылдап, бүлкілдейді. Ол жылдары Алматыға асфальт жаңа жеткен, Ленин, Сталин проспектілерінде ғана болатын. Фурманов, Дзержинский көшелері асфальт төсеуге дайындалып жататын. Ал тас төселген көшелер бар болатын. Жаяу адамдарға арналған жанама жолдың көбі құм аралас қиыршық тас төгіліп тапталған еді. Біз дүкеннен газет сатып алып, «Коминтерн» алаңындағы бір орындыққа отырдық. Газет қарай бастаған Ольга:

— Мына сұмдықты қара! деп сыбыр етті маған, біреу естіп қоя ма деген кісідей. Ол қарап отырған «Правда» газетін алып жіберсем, Поспеловтың мақаласы бар екен.

— Міне, міне, мына жерді оқы дейді Ольга. Бухарин және бухариншілдер деп жазыпты ол «саяси ағым болудан қалды... халық жауының жалақтаған бандыларына айналды». Шыны керек, інім, нақ бұлай болар деп ойлай қоймаған едім, орнымыздан тұруымыз ауыр болды. Екеуміз де үнсіз қалдық. Расы қорқып кеттік. Бұрын партияның басында отырған адамның бірі, халық жауы делініп жатса, енді кімге сенерсің. Қорықпай көр.

— Буын-буыным дірілдеп, жан кеткендей,— дейді Ольга маған ақырын ғана. Оның шырайынан қан кетіп, қуқылданып барады. Мен де жетісіп тұрған жоқ едім, дегенмен Ольгаға сыр бермеуге тырыстым:

— Ол солай болуға тиісті еді ғой. Әнеугі күні Пленум оны партиядан шығарды ғой,— дедім мен.— Тартар сазайын.

Інім, бұл менің шын сөзім еді. Өйткені Бухарин төңірегінде сонау революцияның отты жылдарынан бері-ақ үнемі сөз көп жүретін-ді. Тіпті осының алдында ғана Қалдыбай Абдуллинді көргенмін. Ол бұл кезде эсер партиясын қойып, Коммунистік партияға кірген-ді. Шамасы бұрынғы достарынан ести ме, қайдам, әлдеқандай фамилиясы «Р» әрпімен басталатын біреу Сталинге қарсы хат жазып, оны Бухарин, Рыков, Радек, тағы басқалары редакторлап, сонан оны Орталық Комитеттің мүшелеріне таратыпты-мыс. Хатта Сталинді Бас секретарьлықтан алу керек, оның ұстаған саясаты теріс делінген болса керек-ті деген еді. Бірақ мен Қалдыбай сөзін тыңдаған да қойғанмын. Өйткені шыны; інім, мен оның қалтасында партиялық билеті болғанымен ене бермейтінмін. Ал енді Орталық Комитет Пленумда партиядан шығарып Отырса, партияға қарсы деген сөз он шақты жылдан бері қой бастайтын серкеге байлаған қоңыраудай сылдырлап артынан қалмай келе жатса, енді партияға қарсы, Совет өкіметіне қарсы қылмыс жасады деп партия оны әшкерелеп отырса, оның жаулығына қалай сенбессің. Дегенмен Ольга екеуміздің де кеуіліміз басылып, үйге қарай аяңдап үнсіз келе жаттық. Әркім өз ойымен. Біз Сталин проспектісімен Ташкент көшесіне жетіп, батысқа бұрыла бергеніміз сол еді, алдымыздан Серғазы Күшіков шыға келді. Ашық ақ көңіл Серғазы түнеріңкі. Басында құндыз бөрік, оң жақ көзіне қарай бастыра киіпті. Жеңіл қоңыр пальтосы тізесінен төмен түсіп тұр. Анау жерден сөйлей келетін Секең бұл жолы үнсіз. Мен тоқтап амандаспақ едім, ол басын изеп өте шықты. Мен таңданып қалдым.

— Ағайдың амандаспағаны несі? — деп сұрады Ольга. Мен оған жауап беріп үлгіргенше, көше ортасымен гүрілдеп өткен жүк машинасы бізді жанағанда желкемізден Серғазының:

— Кешке сағат тоғызға біздің үйге кел, келінсіз, өзің ғана,— деп жанымнан өте шықты. Ол қатты жүріп, адымдап озып ілгері кетті. Енді біршамадан кейін бізге қарсы келе жатты:

— Біз басқа үйге көшкенбіз, Фурманов көшесі, 19,— деді де тоқтамаған бойы жөнеле берді. Серғазының бұрын-соңды Мұндай мінезін байқаған емес едік. Ольга да, мен де айран-асырмыз. Артымызға бұрылып қарасақ, Серғазы Ташкент көшесін бойлап Қызыләскер көшесіне барып қалыпты.

Ташкент көшесі тізеден лай, батпақ. Онымен мойыны сорайған түйелі, адуынды қос ат жеккен, митыңдаған есекті, біріне-бірі сүйене, асықпай жылжыған өгізді арба, салт атты, есекті, өгізді адамдар, жеңіл, жүк машиналары бәрі жүреді. Түйе бақырып, жол сұраған машиналар өкіріп ың-жың, гүріл, тарсыл. Өгізін сабаймын деп қорқытқан арбакештің ұзын шыбыртқысының шарт-шарт еткен дыбысы, «әтшулеген» түйешінің айқайы. Көше күзге қарайғы құмырсқа илеуінің ізбініндей. Осы кездегі көзқараспен алсаң жол үсті тәртіпсіздікке толы дер едің, бірақ ұрсысқан, боқтасқан, біріне бірі дауыс көтерген ешкім көрінбейді, танымаса да біріне бірі сәлемдеседі, тұрып жөн сұрасады, сұраса кетіп, білісіп, таба нандарын бөліп жеседі, одан басқасы өзінде де жоқ, барына риза болысады, ақыры әрқайсысы жөніне кетіседі. Төтеңнен келген біреу:

— Ей, нандарыңнан әкелсеңдерші бері,— дейді. Оған да бір сындырып береді. «Көрген астан бермеген көргенсіздің баласы» болғысы келмейді. «Өй, сен кімім едің? деп сұрамайды. Анау да нанды кімнен жедім демейді, бағана саған беріп керегінде аламын деп қойғандай. Бәрі де өле жегенше, бөле жегенді ұнатады. Мына бір нан жесіскендер менің көңілімді бір көтеріп тастады, тұғылда жатқан бұлттай басып алған ойды әбсәтте ыдыратып жіберді. Өзіне бесенеден белгілі, қағырлап, қазаны төңкеріліп қалғанша береген қолын жұмбайтын қазақтың етене ақпейілдігін қаланың қайнаған ортасында да көрген Ольга да бір сәт көңілі көтерілгендей еді. Нақ осы жерде тағы бір қызық жайдың куәсі болдық.

Біз үйімізге жақындап қалғанбыз. Көше қозғалысқа лық толы, біреу шығысқа, біреу батысқа тартып барады. Жаяулар да көп. Балалар қалашығы алдында өскен аспанмен таласқан зәулім теректердің түбінде ұйғыр әйелдері, қыздары үлкен-үлкен керсен көтеріп тұрады. Оның сыртын жылылап, қалың орап, бір бүйіріне ұстап алады. Оның іші толған манты болады. Көктемнің лайсаң, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген, кішінің ұлымасы, үлкеннің сұламасы болатын, жылдай ұзақ күнінде ауыз жылытуға әркім ақ бейіл. Осында тоқтаған көлік иелері манты сатып алып кәрілері қаужаңдап, балаңқылары томпаңдап түрегелген күйі жеп жүр. Біз бұларға жақындап қалғанда тас жолдан жалғыз түйе жеккен арбалы осылай бұрылып тоқтады. Көшені жаңғыртып, бақырып келе жатқан жөңше жаны тынғандай жағы да тына қалды. Арба үстінде бір темір кеспек бар, шамасы, жермай тартатын болса керек-ті. Басында түрмелі көнелеу қара бұйра бөрік, үстінде қабулы қара шапан, сырмалы сымы бар, аяғында сырып, басын былғарымен қаптап, ұлтанмен ұлтарған киіз етігі бар жасы он алты-он жетілер шамасындағы жас жігіт манты сатып тұрған ұйғыр әйеліне жақындады.

— Екеуін берші, мантыңның,— деді ол екі қасының арасын осмамен біріктіріп боянған, төрткөзденіп тұрған ұйғыр әйелге. Әйел керсеннің қақпағын ашып жіберіп, буы бұрқыраған мантының екеуін алып берді. Бала жігіт екі мантыны екі қарпып жоқ қылып, арбасына беттеді.

— Ей, қазақ, пұлын бергін — деді ұйғыр әйел ышқынып біреу буындырғандай.

— Қандай пұл? — дейді жігіт.

— Екі мантының пұлын төле! — деп жігіт тұра қашатындай әйел оның жеңінен ұстап алды.

— Өй, менің ақшам жоқ,— деді жігіт,— сұқ саусақтай екі мантыға да ақша сұрай ма, ей! — Біз түсіне кеттік. Баяғыда Алматыға алғаш келгенде Серғазының әйелі көршісінен шайға қататын сүтті сатып әкелгенде, біз, Ұлтарақ екеуміз де қатты таңырқап, жағамызды ұстаған болатынбыз.

— Шамасы,— деді Ольга,— бұл бала қала көрмеген ғой. Тамақты сатып береді деген оның ұғымында жоқ қой.— Ольга қолына қапшығын алып оның ақшасын төлемек болды. Ұйғыр әйел ойбайлап, Ташкент көшесін басына көтерді.

— Оңбаған сүмелек, қазақ. Неген жегісі келеді, мантыны. Тапқан екенсің алдайтын кісіні:

— Алдағаның не? — дейді жас жігіт.— Екі манты әкеңнің құны ма еді, сонша.— Екі мантының ақшасын төлемек болған Ольгаға ұйғыр әйел, тіпті қарар емес. Ол анау қашып кететіндей түпетектеп ұстап тастай қатты.

— Жіберіңіз баланы,— деді Ольга,— ақшасын мен төлеймін.

— Тоқтай тұрыңыз, жеңгей,— деді шатаққа төтелеп кіріскен, отызға таяп қалған жаңа ғана келген, жұптап екі құла жеккен арбакеш еңгезердей жігіт.— Мен қазір оның бар мантысын сатып аламын, ол арзымайтын ақшаны төлей саламын.

— Ей, тараншы, бақырма, мынау мантың қаншау? Оның ақшасын мен төлеймін. Керсеніңді мына менің арбама қой.— Екі жағынан екі адам «мен төлеймін» «мен төлеймін» деп тұрған соң, ұйғыр әйел жас жігіттің етегін сенімсіздеу жіберді. Жігіт қабылмалы шапанының әйелдің жұла тартқанынан салбыраған етегін түзетіп, жіңішке қайыс белдігін қайта буынды. Ыржиып күлді.

— Жегенім саусақтай екі манты, ұялмай ақша сұрайды, ал менің ақшам жоқ еді, қарным ашып кеткен соң бұрылып едім,— дейді жігіт таңырқап. Екі құла жеккен, еңгезердей жігіт жас жігітке қарап күліп қойды. Мұрнын тылсырып жақамаған пішінмен әйелге бурылды.

— Қаншау мантың?

— Елу қалған шығар,— деді ұйғыр әйел, мантыны арба үстіндегі жаюлы газетке салып жатып.— Қырық бес екен, анау сараң жеген екеуімен қырық жеті.

— Жоқ, сараң ол емес, сен. Екі мантыға өле жаздадың ғой,— деді ол, ұйғырша сараң деген сөздің «жынды» екенін білмей, қалтасынан отыз сомдық қызыл қағаз суырып беріп. Ұйғыр әйел жалма-жан аузы жыбырлап елу тиыннан тұратын мантысының бағасын есептеп:

— Мә, алты сум елік тиының,— деді. Ол ақшаны күпісінің сыртқы қалтасына сұға салды.

— Ей, бала, кел бері мына мантыны жейміз,— деді де,— жеңгей,— деп Ольгаға бұрыла беріп орыс әйелді көріп аңырып қалды. Шамасы жаңағы ақша төлейін деп жатқан әйел қазақша сөйлеп еді ғой десе керек. Бірақ киімі сол ғой. Жасанды ұлпаннан тігілген сары қоңыр пальтосы, сондай дөңгелек бөркі бар. Бірақ жаңа сөйлеген қазақ әйел сияқты еді. Жігіт сәл аңырып қалды. Нақ осы жерде Ольганың бұрын өзім екі жылдан бері білмеген бір өнерін байқадым. Ол үй ішінде күйбеңдеп, әйелдің бітпейтін шаруасын жасап жүргенде үнемі қыңқылдап ән салып жүретін. Оны мен радиодан, мектептен естігендері деп мән бермейтінмін. Одырая таңырқап қарап тұрған жігітке Ольга:

— Орыс қой деп тұрсыз-ау ойыңызда,

Қазақтың бірі жатыр қойнымызда.

Орыс дағы сізге бір жеңге болады,

Жеңге сыйлау жөні бар мойныңызда,—

деп өлеңдетіп-ақ жібергені. Жігіт таңырқағанын қоя салып:

— Жеңешетай, кешіре гөр, тіліңнен айналайын,— деп Ольгаға оң қолын ұсына берді.— Келіңіз манты алыңыз.— Meн енді Ольга «рақмет» айтып, мантыға ұмсынбаспа екен деп қысылып т.ұр едім. Жоқ, Ольга мантының бірін алып маған берді де, екіншісін өзі алып дәм татты Жас жігіт таңырқап ол да мантыға қол салды. Жас арбакештің сөзімен айтқанда «сұқ саусақтай» мантыны біреуін бір-ақ асап, түпкі бүйенге жөнелтіп, екі жігіт әп-сәтте сап қылды. Қолдарын екеуі арба үстіндегі қапқа сүртіп болғанда еңсегей жігіт күпісінің қалтасындағы жаңағы ұйғыр саудагер қайтарған алты сомды алып жас жігітке берді де

— Мә, бұдан кейін қалаға ақшасыз келме деді. Жас жігіт қоштасып түйесін бақыртып бұрып жатып

— Қайдан білейін, біз тамақты сатып бермеуші едік,— деді де, қош айтысып арбасын жолға салды. Күпілі жігіт жас жігіттің ізіне ұзақ қарап тұрып:

Қаланы қазақ ауылындай көрген ғой, дастарқанға отыра қалатын, деп күлді де, әлде бірдеме ойына түскендей қабағы шытылып кетті. Көрдің бе мынау атын білмейтін қайбана қазаққа ақша берді, ол нағыз қазақ ақшаны алып қалтасына салды рахмет деген жоқ. Қос құланы жұптап жеккен күпілі ол рахметті жоқтамады да. Міне нағыз қазақтар осындай болу керек. Бәрі шыға беріп Ольга:

— Міне осы қайырымдылық басқа бір халықтың қолынан келеді деп айтыңызшы, Әбеке? Осындай пейіліне берекесі сай ел осы далада ғана болады, ал дүниеде өздерін ұлы халықпыз деп санайтын ешбір елдің адамы жомарттық, жанпоздық істей алмайды. Бұл пейіл, салқамдыққа жаныңды берсең де аз,— деді де көзіне келген жасын іркіп жіберіп қайта сөйлеп кетті.— Бұл, Әбеке менің сөзім емес, бұл менің әкемнің сөзі, ол маған қазақты жек көру мүмкін емес деген еді Сондықтан да мен сыңар құлақты қазақты таңдаған болатынмын Ал ол болса, Жібек пен Баянды тек қазақтарынан іздеп, көзін тұнжыр қара көзге, қолаң қара шашқа ғана сүзіп жүрді. Сөйтіп бір ығылым уақытты бекер өткізіп алды. Енді, міне, балаларының шешесіне бір жалайтын сарысу тауып бере алмай жүр. Ольга ірікпесіз, риясыз күлді. Мен тіпті екі жыл қойнымда жатқан әйелімді өзім танымай қалдым...

Сағат кешкі сегіз жарымда Ташкент көшесімен аяңдап Серғазының үйіне келе жатырмын. Күн батып, ымырт жабылып қалған. Күн кешке қарай шытынып, жер қатқақтанды. Күндізгі бусанған көшенің суы тартылып, жылғаланған қарқын су беті қаймыжықтанып жатты. Күнге бетін берген түйетайлы жерлер күндізгі батпақтанған келе ботадан суып, қатып шоқалаққа айналды. Мен Фурманов көшесіне жетіп, тауға қарай беттей бергенім сол еді, бір ғасырлық құшақ жетпес еменнің тасасынан шыға келген біреу қара жамшыны басыма жаба салды. Өзі де жамшының астында. Қатты шошып қалдым. «Қорықпа мен ғой, Серғазы, ойнап бара жатқан қыз бен жігіт екен десін» дейді.

— Мұныңыз не? — деймін мен даурығып.

— Дымыңды шығарма, заман осылай...— Екеуміз қара жамшы астында құшақтасқан, сағынысып көріскен іңкәр ғашық қыз бен жігіттей болып үйге кірдік. Марфуға да аңдып тұрса керек-ті есікті ашып, біз кірген соң тарс жапты да, шылдырлатып ілгекті салды. «Сәламатсыз ба?» деген менің амандығыма Марфуға аузы жыбырлап, сыбырлап қана жауап берді:

— Аман-есенсіз бе? Бала-шағаңыз аман ба?

— Шүкір,— дедім мен дауысымды көтермей, мыналардың ауанымен.

Серғазының тұрғаны Фурманов көшесінің батыс бойында, өңкей көп ағаш үйлердің бірі екен. Әуелі қораға кірдік те, одан айванға бұрылдық. Шағын екі бөлменің іші бұрынғыдан гөрі жасаулы. Марфуға мені жылы қарсы алды. Ол бұл кездері бұрынғыдан гөрі шар тартып, шаулана бастаған. Бетінде екі жағында да тікесінен тік тартылған әжім иегіне жетіп түр. Денесі толысып, жүрісі баяулағандай. Өзгермегені қарақаттай көзі ғана. Қасын әдеттегідей керіп қойған. Сырлы аяқтың сыры кеткенмен сыны кетпеген. Дене пішімі, бернесі бұрынғыша жадыраңқы. Бұрынғысынша Серғазының асты-үстіне түсіп, қас-қабағын қалт жібермейді. Інім, «бедеу қатын бойын сылайды» дегенді естіген боларсың. Қашанда бала тумаған әйелдер жәдігөйлеу келеді. Оларға күйеулері айранша ұйиды, ал әйелдер қатықша жұтады. Бедеудің пейілі тар, беті әжімсіз. Етектен тартқан бала жоқ, ертеден кешке дейін ойлайтыны қайткенде үйде алданышы жоқ еркекке жағыну, жарамсақтану, қылығымен ұнау. Қыз туарсың, қылығын тумассың десең, сол қылықтың бәрі осы тар құрсағы кеңімеген, сүйегі жарылмаған баладан ада әйелдерде болады. Бірақ ол туа біткен, жастан қалыптасқан табиғи тебіздік емес, қолдан жасалған, жүре пайда болған, жәдігөй, мүдәйі-аярлықтан туған тебір қылық. Ондай «бір көрме, бір көрмеге сыр берме» деген жасанды жұмсақтықтан Марфуға да құр алақан емес-ті.

— Жоғары шығыңыз! — деді ол сызылған болып. Мен екі бөлмелі үйдің түпкісіне өтіп, ортада тұрған стол айналасындағы бес-алты отырғыштың біріне жайғастым. Үйдегі үлкен жалғыз терезе шымқап тасталыныпты. Терезеге ұсталған шілтерлі перденің бір жағынан қара мәліскейден үлкен шымылдық тартып тастапты. Сырттағы адам іште отырған адам түгіл шам жарығын көруі де екі талай. Шай әзір екен. Мен отыра бере-ақ дастарқан жайылып, екі иінінен демін алып сары самауыр да столдың үстінен орын алды. Столдың бір жағына келіп отырған мені Серғазы тұрғызып төрге отырғызды. Өзі столдың бір жағына маған жақындау отырды. Шай үстінде бүгінгі қала өмірі, жеңіл-желпі ағайын-туған әңгімесі ғана айтылды. Шайдан кейін Марфуға ауызғы бөлмеге шығып кетті де, жоқ болды. Серғазы жақындап маған тақала отырды.

— Жағдай қиындады,— деді ол сыбырлай сөйлеп.— Москвада бірнеше адам қамалды. Халықтың жауы дейді. Осы пәле бізде де басталды-ау деймін, Абақ.— Серғазы үндемей қабағын шытып, түнеріп кетті. Қой көздері қабықтанып, қыртыс-қыртыс тері көз алдына жиналды. Енді байқадым. Серғазы әжептәуір егде тартып қалыпты. Екі самайындағы шаштары қырауланғанын да енді ғана байқадым. Майда, жұқалау қоңырқай шашы да сиреп қалғандай. Мен Серғазыға сен деп сөйлеп көрмеген адамым. Оны қай жағынан да аға тұтатынмын. Партияға өтуге ол маған кепілдеме берген, көп революциялық жұмысты Ұлтарақ екеуміз осы Секеңнің нұсқауымен атқардық. Тек жасы емес, осы от шайнап, мұз бүріккен жастық шақтың біразына ол менімен ортақ та, басшы деп еді. Сондықтан да ағаның қиналысы тегін емес екенін жаныммен ұқтым.

— Неге сонша қамықтыңыз?—деймін мен.

— Саяси ауанның сүтіні шырғалаң тартып барады. Жақында Серікқалиді көріп едім. «Секе, бұл дүние пе болып кетер екен» деді де жанымнан өте шықты. Онысы сөйлескенін білдірмеу еді.

— Сәке-ау, бізге не істейді, сонда? Өміріміздің бәрі Совет өкіметі деп өтіп келе жатқан жоқ па?

— Солайы солай ғой. Бірақ революцияға, Совет өкіметіне бізден әлдеқайда көп еңбек сіңірген, тіпті Совет өкіметін орнатқан адамдарға күмән туып отырған жоқ па?!

— Мен сөзіңізге сенбеймін, Секе!

— Ой, байқұс. бала,— деді ол, мені аяғандағысы.— Рысқұловқа, Сейфуллинге, Құлымбетовқа, олардың большевиктігіне күмән туып жатса, сонда дүниенің не болғаны деп ойлайсың?

— Құлымбетовтың алаш әскерінің полкін басқарғаны, қане. Оны Киселев айтпап па еді.

— Киселев қайдан біледі оны. Ол Қазақстанға кейін келді ғой.

— Жоқ, сіз Алматы обкомының секретары Киселевті айтып отырсыз ғой. Ол емес. Кәдімгі Ырғыз, Торғайда Совет өкіметін орнатысатын қазақстандық Иван Федорович Киселев. Анау жылы советтердің съезіне делегат ұсынғанда айтып еді ғой. Не деп еді? Ия, он тоғызыншы жылы Шалқар төңірегінде қызылдар ақтармен кездесіп, кескілескен соғыс болды. Бізге ақтармен қосылып алаштың атты әскерлері шабуыл жасады. Сонда кеш батып, қас қарайып кеткенде қолға түскендердің ішінде осы Ұзақбай Құлымбетов сияқты полк командирі бар сияқты еді. Осы Құлымбетов сияқты-ақ еді,— деген болатын. Сонда Құлымбетов орнынан тұрып:

— Ия, рас. Сол мен едім. Ол кезде апалаң-топалаң, біліміміз төмен, кімнің жолы қандай екенін білмейтін кезіміз еді. Содан кейін-ақ мен Совет өкіметі жағына шыққанмын, Коммунистік партияға мүше болдым. Бұл жолдан одан кейін ауытқыған емеспін — деді.

— Ол Кисилевің кім еді, қазір қайда еді? — деп сурады Серғазы.

— Иван Федорович Киселев белгілі большевик, Жангелдин отрядінде болған. Қазір баспасөз жөніндегі басқарманың бастығы еді ғой,— дедім мен.

Киселевті. мен жақсы білетін едім. Жиырма жетінші жылы Қызылордада оны маған Ораз Жандосов таныстырған-ды. Сонда ол екеуміз бір күн әңгімелескенбіз. Киселев ырғыздық большевик Баймен Алмановпен шығарда жаны басқа дос еді. Өте сауатты, жаны таза Баймен кейінгі кезде, қазіргі Қазақ педагогикалық институты ол кезде университет болып тұрғанда, Санжар Асфендияровтан кейін ректор болған. Киселев Баймен туралы айта келіп, «ол ақтардан он сегізінші жылы қашып жүргенде Ырғызда Алмановты Құлымбетовтың руласы Тел Жаманмұрынов ұстап алып, аяқ-қолын байлап, түйеге теріс қаратып мінгізіп, ауыл ауылды қыдыртып «большевик мынау» деп көрсеткен, ал ол кезде Құлымбетов бізге қарсы соғыста болатын» деген еді. Мен оны тыңдағамын да қойғанмын. Дегенмен, кім біледі, не деп болмайды...

— Е, Құлымбетов өзі оны дұрыс айтыпты ғой, ол кезде білместіктен шатасқандар көп болды. Халық Комиссарлар Советінің төрағасы болатын Нығымет Нұрмақов та он жетінші - он сегізінші жылдары алаш жағында болған ғой. Кейін Совет өкіметін орнату, нығайту ісінде көп еңбек сіңірді.

Дегенмен өз тұрғымды Серғазыға бермедім. Шынымен-ақ олардың бір пәлесі бар шығар деп отырдым.

— Ал онда айта ғой, Сейфуллин ше? Оның несі бар еді?

— «Үш жүз» партиясының тізімінде болмап па еді

— Оның идеясы большевиктерге жақын еді ғой.

— Жоқ, олар эсерлердің жолын ұстаған.

— Ал Рысқұлов ше?

— Кім біледі,— деп күмілжідім мен,— он алтыншы жылғы Меркедегі көтеріліске араласқанында бірдемесі...

— Несі, несі? Бірдемесі? Несі? — Серғазы дозданып, долданып, менің жаныма түрегеліп жетіп келді. Қой көзі шатынап, екі қасының арасы қосылып, шып-шып тер шығып кетті. Үстімде төніп тұр. Мен отырмын. Есіктен ауызғы үйден Марфуға қарады.

— Жап, есікті,— деп зекіді Серғазы Марфуғаға. Сонан соң орнына отырды,— Біреудің басынан тырнақтай тыртық көрсе таз екен дейтін сорлы қазақ. Өстіп біріңнің бірің бірдемеңді қоқытып шығарып жүрмесең оңамысың! Ал айтшы, онда осы күмән Ораз Жандосовқа келтірілсе ше?

Мен орнымнан атып тұрдым. Денем дірілдеп, бар бойымды ашу буып, долырқау кезегі маған келді. Түтеп кеттім:

— Қойыңыз Секе! Жандосовты атамаңыз!

— Ә, солай ма!? Ал маған кінәң бар ма? -— Ол ызалана күлді.

— Сіз туралы сөз жоқ қой.

— Қайдан білесің оны? Айтқандай,— деді Серғазы сабасына түсіп,— Киселев демекші, бұрнағы күні Киселевті қамады.

— Қай Киселевті?

— Алматы обкомының секретары.

— Ойбай-ау, Мирзоян отыр емес пе? Ол сонымен бірге келмеп пе еді!

Оны Мирзояннан кім сұрап жатыр,— деді Серғазы. Мен таңданып, ренжіп қалдым. «Ал маған кінәң бар ма?» дейді Серғазы. Алматыда Совет өкіметі орнамай тұрғанда, партияға жасырын ұйымда кірген адам. Өмірінің бәрін Совет өкіметі жолында өткізіп келеді. Ал сонда бұл кісі маған не айтпақ? Сонда бұған да, тіпті Жандосовқа да қауіп төніп тұрғаны ма? Япыр-ай, сонда бұл не болғаны? Әлде мен білмейтін бұлардың да бірдемесі... Қой, қой, Абақ, шатаспа, неге қара ниеттеніп кеттің! Егер Серғазы мен Оразға сенбесең кімге сенерсің?! Өзіңді партияға осылар жетектеп, байсаңды тікірейтіп тұрып өткізбек пе еді. Әлде сен осы екеуінен де қызыл ма едің? Сонда осы екеуінен мен тазамын дегеніңе кім сенеді? Тіпті Жандосовтың атына бір кішкентай, зәредей көлеңке түсіретін сөз айтып көрші, жетісулықтар сені не істер екен, бөтен ауылға барған бұралқы иттей таласып. Тек бір ауыз. Сонда Жандосовтың кім екенін көресің. Шұнақтікі рас. Осындай бір қолайсыз жайды өзім көзіммен көргенім де бар еді.

Қырық төртінші жылы Алматы облысының осы Жамбыл ауданы мал шаруашылығынан Қызыл ту алды. Соған Алатау үстінде Құлансазда үлкен, асанты жиын болды. Алатау үстін қақ жарып өтетін сайрақтың шығыс жақтан барып Қарақыстақ өзеніне түсе қалған жерін Қарақия дейді. Сол жерге өзен бойына жағалата ол кездегі жиырма сегіз колхоз, екі совхоздан отыз бес үй тігілді. Қарақияға сауын биелерді де айдап келіп, құлындарды тулатып желіге байлап тастады. Атшабыс, көкпар, сайыс Қарақия үстіндегі Құлансазда болды. Соғыс кезі ер азаматтың бәрі майданда. Сондықтан малшылар да, оны басқаратын ферма меңгерушілері де көбіне кәудіреген шалдар, майданнан жараланып не көзден, не қолдан, не аяқтан айырылып, майып болып, зағип болып келгендер еді. «Қарасу» колхозы қой фермасының меңгерушісі Нүсіп деген қып-қызыл нарттай шал көрші тігілген Таран атындағы колхоздың үйінде қымыз ішіп отырған. Нақ осы бір сәтте үйлерді аралап көріп жүрген аудан басшылары жағалап осында келіп қалып еді. Аупарткомның насихат жөніндегі хатшысы Нартбаев кіріп тор алдына отырды. Өзі де сиректеу, жұқалап алдыратын шашы тықырайған шекесін жасыра алмай тұрады. Шамасы мінезі шарт па шұрт, шадырлау, тіктеу адам шығарсың деп ойлайтынмын мен. Ол отырып, бір кесе қымыз ішкен соң:

— Осы ауыл бұрыннан Таран колхозы аталатын ба еді? — деп сұрады. Шамасы сырттан келген жігіт болса керек-ті.

— Жоқ, отыз жетінші жылдан бері осылай аталады,— деді орынсыз сөйлей бермейтін ферма меңгерушісі Ырысалды Молдабаев.

— Одан бұрын қалай еді? — деп сұрады Нартбаев.

— Бұрын Жандосов атындағы колхоз болатын.

— Жандосов — деп мұрнын тыржитты Нартбаев.— Халық жауы Жандосов? Е, солай де!

— Ей, мұрныңды неге тыржитасың? Сен өзің халықтың жауы? Жандосовтан садаға кеткір, мұрнын тыржитады ғой,— деп Нүсіп шал өзі де қып-қызыл адам, одан сайын шиқандай болып, көтеріліп кетті. Аупартком секретарь! өз өресінде бола алмады. Ол да дозданып, шалмен байланыса кетті:

— Мына шалды қара! Халық жауын мақтайды. Оңбаған!

— Кім оңбаған! Оңбаған мына сен. Қазір осы айтқаныңды мына елге білдірейінші, сені жабағы жүндей түтіп жіберсін.

— Сен неге халық жауын мақтайсың? — деді сипап қоя салудың орнына аупартком секретары. Шал енді жирен сақалы тұштаңдап тіпті ашуланып алды. «Қойыңыз, Нүсеке, қойыңыз!» — деп оң қолы жаралы Ырысалды ара түсіп, қартты тыныштандырмақ болып, сол қолымен арқасынан қақты. Нүсіп ашуланып:

— Сен Жандосовты жамандайтын кімсің? Ал мені Жандосовты мақтады деп соттата бер. Қорықтым мен сенің сотыңнан. Менің Жандосовтан жаным ардақты дейсің бе?! Соттасын мені! Сен Жандосов түгіл оның басқан ізінен садаға кет! — Үй иесі Ырысалды Молдабаев абыржып қалды. Шал тым көтеріліп кетті Есік алдында қалған ауатком председателінің орынбасары Нұрлан Бейсембаев кіріп, Нартбаевты зорлағандай жетектеп шығып кетті. Кейін Нүсіп шалды мемлекет қауіпсіздігі министрлігінің аудандық бөлімінің бастығы Шалаев көпке дейін шақырып тыныштық бермей жүрді... Шал қамалған жоқ. Өйткені Нартбаев сөзіне ешкім куәлік бермепті...

— Сен шырағым, ұзақ ойға кетіп қалдың ғой,— деді Шұнақ маған.

— Бір жай есіме түсіп кетіп,— деп міңгірледім мен. Бір жақсы жері ол «не ой?» демеді.

— Сонымен,— деді Шұнақ,— арам ойымнан тыйыла қалдым. Мен осы екі кісіні де білемін, олар жау болса, мен кім болмақпын деп ойладым.

— Бүгін обкомға секретарь болып Жанайдар Садуақасов келді,— деді Серғазы.— Қанша отырарын...— Ол сөзінің аяғын жұтып қойды. Мен енді оны жақсы түсіндім. «Қанша отырарын кім білсін» демек. Мен оған да қосыла алмадым. Неге отырмасын деймін дағы іштей. Ал отыра алмағандарыңыз... тағы күмәнданамын, қалай-ақ бәріне бірдей жала жабыла бермек. Тіпті сенгім келмейді де, нанбаймын.

— Мен сені жақсы түсініп отырмын. Жазықсыз адамды алмайды дегенге менің де нанғым келмейді. Бірақ Москвадағы жағдайға қарап жүрегің бейтап болмай, қобалжымай тұра алмайды. Кеше Қазақстан әскери комиссары Желябинді тұтқындады. Партияға революцияның от жалынды жылдарында өтіп еді. Осыларды естігеннен бері ішкенім ірің,— деп Серғазы түнеріп, бір қауырт та, қалың да ойға шомып, жанында мен отырғанымды ұмытып кетті. Мен томсарып қалдым. Ол әлден уақытта басын жұлып алып, күлімсірей маған қарады.

— Мұңаймайық, Абақ. Артын байқайық. Тек шіркін, сонау қоңыр қырқа Ақадырды, Қарадырды, Ащысу-Серектасты, Өтеген, Қазыбекті, сол кең даланы бір аралап келер ме едім, соның кең ауасын бір жұтып көкірегімді желге төсеп бір сағат тұрсам...

Серғазы сөзінің аяғын айтпады. Екі қарағы мөлтілдеп жаңа ғана жуып қойған жүзімдей тұнып қалды, қарап отырып терлеп, қалтасынан төрт бүктеулі бет орамалын алып, жазып, жалғыз қабатымен бетін, көзін сүртті. Ол ішінен бар арманын шығарғандай "уһлеп» қатты күрсінді. Маған оның көкірегі қарс айырылғандай болды. Пасы салбырап, төмен қарап кетті де, екі жауырына бүкірейіп, екі иығы құнжиып, басына нәубет қазір-ақ түскендей, інге кірер күзендей бүгілді. Сонан соң екі алақанымен жүзін басып отырған күйі сөйледі.

— Ораз да, сен де маған қарағанда қай жағынан болсаңдар армансыз сияқтысыңдар. Екеуіңнің артыңда да екі-үштен шикіөкпе қалып барады. Тірлік болса шикі өкпе піседі, жетіледі, дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кететін мына мені айтсаңшы.— Жалаңашы несі деп мен түсіне алмадым, сөйтсем баласыздығын айтып отыр екен ғой. Серғазының мұндай күйрегенін, мұңайып, пұшайман болғанын көрмеген едім, тіпті жаңағыны айтты да, бауырын жаза алмай, соқырішек болған адамдай бүрісе түсті. Шамасы бұл тартқан күндігі бүгін ғана болмаса керек, үлкен қызмет иесі, бүкіл Жетісуға белгілі адам, талайға ақыл айтып, мажардан жұртқа тәкбір-кеңес беріп, нараду таптырған адам, енді өзіне біреуге тоқтам шығартып, тоқтау айтқызғысы келмеген, ішінен күйініп, күстаналанып, күні қапалықпен өткен екен. Нақ осындай бір шақта ақылды болудан арсы-күрсі, ұрма-берме адам болудың да артықтығы бар ма деп мажалдауға болар еді. Жігіттің басын пұшайман еткен оқтаудай түзу денелі, оймақ ауызды, қыр мұрын, қыпша белден дүрбелжің балпиып отырып бала тапқан әйел-ақ артық екен. О, шіркін бала! Даладан ренжіп келсең сені күлдіретін бала, дозданып, долданып келсең ашуыңды тарқататын бала, шаршағаныңды білдірмей жаныңды отқа-суға салдыратын бала! Сол бала үшін, соның адам болуы үшін, әйтеуір артыңда қалуы үшін өмір сүресің. Бар қайғы-қараңды, жазылмас жараңды соған бір қарап ұмытасың. Мен де ойланып қалдым. Мына Серғазының сөзі ойландырмай қоятын емес, ертең-бүрсігүні-ақ бізге біреу құрық салайын деп тұрғандай сөйлейді. Әркім өз өмірін өзі біледі. Сонда менен не табады? Инанбадым, Серғазы сөзіне иланбадым. Жанын салып Совет өкіметін орнатысқан, сол жолда бар саналы өмірін сарп еткен адамға кім не істемек?..

— Япыр-ау, соншалықты сізге не болды. Тіпті тақалып тұрған ештеме жоқ қой,— дедім мен сөзге түспей.

— Ойбұй, Абақ, бағанадан бері мен саған не айтып отырмын Мен заң қызметкерімін ғой.

— Ал! деймін мен ол сөзге маңыз бермей.

— Шырағым-ау...— деді де, Серғазы тыйылып қалды. Нақ осы сәтте есіктен Марфуға көрінді.

Тамақ әзір, деді ол қиылып. Біз тұрып қол жуып кел¬генде буы бұрқырап, туралған ет столда, дастарқанда дайын тұрды. Жаңағыдан кейін ет бата ма, мен де, Серғазы да «ет жедім» ырымын жасадық. Марфуға да «алсаңызшы, Абақ» дегеннен артыққа бара алмады. Қазіргі аужайды ол да сезетін болса керек-ті. Мен кетерде Серғазы есікке шығарып сала тұрып.

Екеуміз сонар кездескен адам емеспіз, жасымыздан жолдасып келеміз, шерік-шеру тартқан қолда да, сайраққа тартқан жолда да бірге болған жеріміз көп Малын кізінеген, жанын күйттеген біз емес, кезі келгенде партия жолынан аянып, бұра тартып көрмедік. Елімізді барлатамыз-байытамыз деп қидасын кәрі жілікті тарландай-ақ ілгері тарттық. Қаба елді қаптай, сыпыра тұтқындаса, қосақ арасында кете береріміз хақ. Оның үстіне бір нұсқауды екеу ететін жаман әдетіміз де бар, Абақ. Қош, әзірге аман тұр. Тәуекел, көптен көрген улы той дейміз дағы! деп ол мені құшақтап тұрып көрісті. Ауыз үйдегі күңгірт ғана жарығы бар шамда оның екі шырағында мөлтілдеп жас тұрғанын байқадым. Шығып кеттім.

Көшеге түскеннен кейін ал ойла Серғазы күдігіне әлі де беріскім келмейді. «Не істейді, бізге?» деп қоямын. Бар өміріміз партияның көз алдында өтіп келеді емес пе Бұлтарыс, қалтарысымыз болған емес. Совет өкіметі жолында басқаның оғының жарқасы дарымайтын қалаң, тобылғының беретіндей-ақ болдық. Баяжан-бастауды көл жасауға, аталаны сөл жасауға тырыстық. Тобыршықты әндігенді толтыра тартқан күніміз болған емес, бірақ түбінде тоямыз, молығамыз, байлыққа барлығымыз деп үміттенеміз. Рас, жылдан-жыл ортамыз толып, шөліміз келіп, азымыз молығып, мәзіміз шаттанып келеміз, мезеті болғанда ормандағы бұландай еркіндерміз, буымыз бұрқырап бұрқар тартармыз десіп келдік қой. Енді ұлпанының әдемілігіне ғана жазған қармалжық қара түлкідей қай інге кірерімізді білмей сасамыз ба? Мен Серғазы сөзін бойыма дарытқым келмеді. Ақылымды қанша шайпап, қанша қайзасам да Серғазы сөзі өкіліме түспеді.

Арада үш ай өткенде жауапты қызметкерлерді қамау жиілеп кетті. Түнеугі күні обкомға секретарь болып келген Жанайдар Садуақасов қамалды деген сөз қалаға дүңкілдеп естілді. Ешкім ешкіммен сөйлеспейтін, көшеде бірімен-бірі амандаспайтын күнге жетті. Бұрынғы шығарда жаны басқа айырылмас достар біріне бірі көзінің астымен итше қарасып өтеді, қараса көзі шығатындай, сөйлесе тілі кесілетіндей. Біз де жазғы каникулды төрт қабырғасының арасында үйде өткіздік. Серғазының айтқаны келді. Оны қамапты.

Июнь айы орталанып, екінші жартысы басталып кеткен. Күн шыжып, ыси бастады. Мен «Социалистік Қазақстанды» қолыма ала беріп қатып қалдым. Бірінші бетте, тура газет фирмасының астында басы Рысқұлов қылып бес адамның суретін түлкі етіп алыпты да, «Қазақстан түлкі құйрықтары» деп тақырып беріпті. Енді қамсыз болмау керек екенін ұққандаймын. Бірақ... дей бергенімде көшеден Ольга кірді. Күнде қалып қураған шүберектей түсі қашып кетіпті.

— Жандосовты орнынан алып, қамапты,— деді Ольга. Жұрт оны көбіне Ораз деген атынан гөрі Жандосов деген фамилиясын көбірек атайтын.— Жандосовты,— деп қайталады Ольга.

— Нені шатастырып тұрсың? дедім мен.

— Шатастырған емен, «қайран қарағым-ай!» деп бір шал жылап барады, халық үшін туған ерім-ай! — дегенін естідім. Екінші бір қолында қамшысы бар шал: «кім?» — деп сұрап еді,— «Жандосовты қамады»,— деді алғашқы шал. Екінші шал: «Сонда кім қалады?» — деп толғамалы қамшысымен жерді салып-салып қалды,— деп Ольга состиып есік алдында тұрды. Енді «тәуекелден» басқа ештеме қалмады.

Түстен кейін жиналысқа барып кеш қайттым. Алматы обкомына Жанайдар Садуақасовтан кейін келген Шақпақ Артықбаев та ұсталыпты. Революционер ақын Сәкен Сейфуллин де қамалғалы екі ай болыпты. Жапырлап түрмеге бәрі түсіп жатыр, қырқай зиялылар-интеллигенттер, қияпатты ығай мен сығайлар.

Не болып барады, бұл дүние?! Осыларды ойлап үйге қалай келгенімді де білмей қалдым. Пәтеріміз мектеп жанында еді. Мектептің екі бөлмелі үйінде тұратынбыз. Үйде шам бар екен. Ольга әлі ұйықтамаған екен деп ойладым. Албардың іші қап-қараңғы. Жапырағы әлі түсе қоймаған теректің бостаны сыбдырлап, түнгі желмен тербеліп тұр. Албарда біреулердің қараңдап жүргенін сезіп қалдым. Жүрегім аттай тулап, қабынан шығып кете жаздап тарсылдап жүріп берді. Өзім де қауіпсіз емес едім. Сауатты, қызмет адамының бәрі-ақ, менің жағдайым да «қалай болар екен, аман-есен босанам ба, жоқ па» деген құрсақтанған, айы-күні жеткен әйелдің халінде еді. Жалма-жан тапаншамды қолыма алдым. Мектептің үлкен бес бөлмелі үйі албардың бір шетінде еді. Оның үш бөлмесінде екі көзі біріне-бірі атысқан, толық денелі, пішіні кескінсіз, қара шұбар Назарбаев дейтін кісі тұратын. Біз некелескеннен кейін Ольга қалалық оқу бөліміне барып, қояр да қоймай жүріп біз тұратын екі бөлменің есігін екінші жағынан шығартып алған. Алдында тақтайдан шағын дәліз де жасатып еді. Ат айналмас дәлізді сырттан соққан аяз бірден үйге кірмесін деп істеттік. Ольга әлі ұйықтамаған, өйткені терезеге келіп-кетіп жүргенін қараңғыда сырттан көрдім. Есікке жақындағанымда қараңдап біреу алдыма шығып, жолымды кесті.

— Тұр, былай жолымнан, атамын, әйтпесе! — дедім тапаншаны кезеніп.

— Қойыңыз, Үйсінбаев. Мен Сәрсеновпын,— дейді таныс дауыс.

— Сәрсенов болсаң нағып ұрыларша үй торып жүрсің?

— Сізді қашаннан күзетіп үйренген емес пе едік.

— Сәрсенов, қой артық сөзді,— деген гүжілдеген өктем дауыс желке жағымнан естілді. Орысша сөйледі. Тегін емес екенін ішім сезді.

— Кет жолымнан, үйге кірмей сөйлеспеймін. Жақындасаңдар атамын.— Дауысым қатты шығып кетті білем, Базарбаевтың үйінің терезесі сарт етіп ашылып кетті, қараңғыда тыңдап қалған болса керек-ті. Мысықтың миауындай үн шығармады. Сәрсенов жолымнан тайқып кетті. Байқаймын гүжілдеген дауысты адам соның жанына барды. Маған бата алмады. Екеуі де шегіншектеп тұрды. Нақ осы бір қысылтаяңда егер олар жармасар болса, жайратар едім, інім. Өйткені үйге кіріп, бала-шағаммен қоштасайын, «ең болмаса бір құшып сүйе алмадым-ау» деп арманда кетпейін дедім.

— Надо взять здесь,— деп гүжілдеді жаңағы жуан дауысты орысшалап.

— Он вооружен,— деді Сәрсенов. Оған болмай анау қайта жақындамақ болып бері бір-екі қадым салып еді, қатты кеттім:

— Атамын, тоқта, енді бір аттасаң өлесің, үйге кірмей берілмеймін.— Мен тапанша ұстаған қолымды соза түстім. Олар тосылып қалды. Есікте Ольга дайын тұр екен, тез ашты.

— Есікті ашық қалдыр,— дедім Ольгаға. Жаңағылар артымнан ере кірді. Үш адам екен. Бірі өзімнің қанды көйлек жолдасым Ырысбек, Кеген ауданында НКВД бөлімін басқарған Садықов деген өңкиген, дәу татар жігіті, тағы бір күжірейген орыс жігіті, шамасы бұл анау екеуіне бастық болуы керек. Оларға өктем сөйлейді.

— Маған жоламаңдар, бала-шағаммен қоштаспай беріспеймін, тыбыр етсеңдер біреуміз өлеміз,— деп қайталап, тапаншаны оларға кезендім. Ол кезде төртеу болатынбыз... Ерлі-зайыпты екеуміз, Марлен, оның кішкентай қарындасы Владилена. Екі бала түпкі шағын бөлмеде ұйықтайтын. Ауызғы бөлме кең еді, бір жағында бір жарым кісілік делінетін болыскей кереует бар да, ортада стол. Төрде түпкі үйге өтетін есік. Мен төргі бөлмеге өттім. Есікті ашық қалдырдым. Егер аналар төрге ұмтылса шынымен атпақпын. Жоқ олар енді бері баспады. Марлен оянып кетті. Ұйықтап жатқан қызымның бетінен сүйдім. Марлен түрегелді. Оны құшақтап сүйіп, арқасынан бір-екі қақтым.

Мен халық жауы емеспін, мен большевикпін, мен коммуниспін. Басқалардың айтқанына сенбе! — деп әдейі баламның құлағында қалсын деп айғайлап айттым. Марлен дір-дір еткен қалпымен кереует алдында қалтиып тұрды. Енді ауыз үйге шықтым. Ольга құп-қу, қан-сөл жоқ, әйтеуір кеудесінде жаны бар. Бірақ қорықса да ақылынан адаспапты. Адаспағаны сол емес пе, ортаға мен саятқа шыққанда киетін қалың былғарыдан тігілген, көнтиген әскери етікті, мақта салып сырыған сарғыштау сымымды, қабылмалы күпіні, қыстық құлақшынды әзірлеп қойыпты.

— Бол, тез,— деді гүжілдеген сары.

— Қозғалма,— дедім мен,— бұл менің үйім. Қозғалсаң...— Аяғымдағы ботинканы тастадым. Дайындалған киімді кие бастадым. Жуан сары енді осы болған шығар дегендей тікесінен етік тұрған күйі маған ордер ұсынды. Оны қолыма алмадым. Колыма кісен салар деп қауіптендім. Ольга жылай алмады. Ернін қатты тістеп алыпты. Мен үнсізбін. Есіктегі үшеу міз бақпай тұр. Қапсағай сары ордерді қайта ұсынды, алмадым. Қолыма тапаншаны ұстай отырып, Ольга шұлғауды ораған соң, сол қолыммен етіктің қонышын тартып кидім. Күпіні де, сымды да, құлақшынды да осындай жолмен үстіме ілдім. Бұл киініп болған соң қаша ма дегендей орыс жігіті есікке жақын орналасқан терезеге жақындады. Ондағысы есікте Сәрсенов пен Садықов тұр, терезе алды бос дегені. Ақымақ деп ойладым. Қашатын кісі сыртта қараңғыда үшеуін үш басып салмай ма, сонан соң кейінгісін көрермін деп беті ауған жаққа кетпей ме. Мен тапаншаны кезенген бойы шалбарын іле салып, қалш-қалш етіп ауызғы бөлмеге шығып тік тұрған Марленге барып қайта бетінен сүйіп:

— Жағдай ауырлайды. Апаңа көмекші бол! — дедім. Марленнің көзінен жасы төгіліп кетті. Марлен студент қой, жағдайды жақсы түсініп тұр. Ләм-мим демеді. Шіркін, деп ойладым, Марленім де Владиленадай кішкентай болмаған екен, қарашы әкесінің төбесінен жай түскенімен ісі жоқ, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Баламның ештеме сезбей, білмей қалғанына не жетеді. Енді, міне, әке-шеше қайғысына ортақтасып, пұшаймандықты бірге тартып тұр. Соры ажырамаған сорлы балам! Бесіктен белі шықпай, шешесі Совет өкіметі жаулары қолынан мерт болып, жетім қалды. Мемлекет босағасында күн көрді. Ол шешесінен жетім қалғанда Совет өкіметінің жауларымен соғысып, жетімегінің басынан сипай алмаған әкенің сиқы бүгін мынау. Сонда сорлы болған, мүскін баламның әкемен тұрған бар өмірі басмашылардан соғыстан қайтқаннан кейінгі үш жыл, соңғы екі жыл. Байқұс балама өмірі ата-ана қызығын көрмей, олардың аялы алақанын, ыстық ықыласын, кең құшағын көрмей өсуге жазған екен деп ішімнен қан жылап тұрдым. Ал анау әке мойнына түскен бұғалықтан, шеше мойнына оралған қайғының қара жыланынан бейхабар жатқан бейкүнә, пәледен пәк балапан тағдыры не болмақ?! Тағы да құрсақты қалып бара жатқан Ольганың түрі мынау Жүптісімен екі-ақ жыл отасты. О, дүние, неткен қатыгез, неткен қараң едің. Туғалы бір жақсылық көрмей өмірім осылай өтпек пе? Жетім қалдым, үстіме Жаубайдың, Даубайдың қамшысы ойнады, өрім-өрім, жеті елдің жебіріндей, ердің қорындай, қоянның орындай қорқып күн кештім, ауызым жарып ас ішпедім десем өтірік болар, иығым жылтырап киім кимедім, оған бір құлақты беріп, құлағы кесік құл атанып құтылдым. Ұлтуғанға қосылып енді жетеміз бе дегенде көзін ашпаған мысықтың соқырындай екі бірдей жетімді арқалап, өлерінде жарымның аузына су тамыза алмай арманда қалдым. Артыма Совет өкіметінің жаулары түсті. Әлденеше рет өлтірмек болды. Талай жазым бола жаздап қатерден аман қалдым. Хабараның пышағы, шойқараның тамағыма салған уы, қойныма салған жыланы. Тіпті менде бір сілкінетіндей, басымды көтеріп, кеудемді керетін мұрша болды ма? Тек соңғы екі жылда енді адамша күн кешеміз бе деп жүргенде тұңғиық түбіндегі айдаһардың түпкі бүйеніне кеткелі тұрғаным мынау. Қу дүние, қалай ғана маған сонша қатігез, қайырымсыз келді, мен дегенде бұлаң еткізіп құйрығын сыртқа салып, қайқаң еткізіп қылышын қынабынан суырып алады да тұрады. Бұдан да қой соңында көрген қоңыр төбел өмір артық екен-ау, Алатау атырабының кәусардай жұпарын еркін жұтып жүре бермес пе едім, онда.

Інім, бүкіл өмірімді екі-үш секундтың ішінде шолып шықтым. Совет өкіметіне істеген қылдай қиянатым жоқ екен. Қолымнан келгенше аянбай Совет өкіметінің отын жақтым, соның егізі екі болсын, шырағы сөнбесін дедім. Әрине, қызметте жүріп ұқсатып істей алмағаным бар шығар, бар хадарымша іс қылдым, жанымды Совет өкіметі жолынан аяп қалмадым. Осыларды ойлай келіп, апыр-ау Совет өкіметін орнатуға белсене қатысқан Жандосовты да алды ғой, содан жаным ардақты ма? Ол алынғалы бері-ақ іштей қапаланып, қайғыланып жүр едім. Ольга байқұс «Жандосов сияқты адамды қателіктен алған болар, босатар» деп үміттенуші еді. Ол үміт үзілді, зайғы кетті. Енді, міне, зобалаң менің басыма туып тұр. Тірі көрісеміз бе, жоқ, болған біткеніміз осы ма, тағдырдың маңдайыма не жазғанын кім біледі. Шіркін, Серғазы да көреген екен-ау, ОЛ бар болмысымен большевик еді ғой. Мен шерменде соның сөзіне шүбә келтірдім-ау, міне, енді қақпан өз аяғымды қауып, зәнжір өз қолыма түскенде ғана Серғазының сезімталдығын зорға аңғардым-ау. О, сорлы болған, Абақ. Ең болмаса сондай көкірегінің сәуесі мол адамдармен көбірек көрісіп, көбірек дастарқандас болу да қолыңнан келмеді-ау. Соры қайнаған сорлы! Күлікке мінер жалғыз күреңмін деп жүрдің-ау, байқұс. Ең болмаса соларға ұрты толатын ет жегізіп, аузы тұшитын бір шай бере алмадың-ау, сере қазы, семіз қой жегізбегенмен бір асым ет табатын едің ғой. Шіркін дүние, бөдененің құйрығындай шолтаң етіп өте шығарыңды кім біліпті. Көрісе алармын ба енді ондай ел үшін еңіреген мінкен ерлермен?! Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған екі баланың, алғыншының күні қалай болар екен. Есіктегілерге тапаншамды кезенген күйі Ольгамен көрісіп қоштастым.

— Жаным, Абағым. бұл өмірдегі бар тапқаным, асыл арманым, қош, бар тілегім сен боларсың, бар ғұмырым сен деп өтер! — Бұл жерде, інім, көз жас көл дария болды деу аз болар еді. Қоштасып болған соң, тапаншаны стол үстіне қойдым. Ольга да, мен де, Марлен де тікемізден тұрмыз.

— Еще по казахски прощается! — деді гүжілдек жуан сары, Ольганың қазақша қоштасқаны оған ұнамай кетті білем.

Екі-үш аттап үңіреңдеп Садықов жаныма келді. Тапаншаны алып жуан сарыға ұсынды. Қолыма зәнжір салар ма екен деп тұр едім, жоқ олай етпеді. Садықовты бұрыннан білетінмін. Ол Кеген ауданында НКВД-ның аудаидық бөлімінің бастығы болып тұрғанда біреудің от басын ойрандап, партиядан шығып қала жаздап, «қырғы сөгіспен «шықпа жаным шықпа» деп зорға қалып еді. Енді осындай партия жолына қырын жүргендер қазір күш алып, катепті қара нардай болып есептеліпті. Бұрын Кегеннен Алматыға ауысқанда көкжантық қояндай шоқалаңдап қалып еді, енді көңілі қалас, көралын көк баспастай екпіндеп тұр, деміне нан пісетіндей. Бұрын да садаптан маған қайырсыз адам көрінетін еді, енді тіпті жексұрындық танытты.

— Партиялық билетіңді берші, маған,— деді ол, алақанын жайып. Мен тіл-аузын буған адамдай міз бақпадым.

— Азамат Үйсінбаев, маған партиялық билетіңді бер,— дейді ол қайталап, нығарлап.

— Мен сенен партиялық билет алғаным жоқ. Билетті берген орын алады.

— Бер деймін, Үйсінбаев,— деді күшке мініп. Менде үн жоқ. Ол жаныма келіп қойныма қолын тығып, қалтамдағы қағаздарымды алды. Партиялық билетті алып, арасын парақтап өтті. Қағаздарды Сәрсеновке ұсынды. Енді қағаздың бәрін Сәрсенов қарай бастады.

— Есікке барып тұр,— деді жуан гүжілдек сары Садықовқа бұйырып. Садықов есікке барып тікесінен тік қатып қалды. Жуан сары Сәрсенов екеуі үйдің ішін ақтарып, тінте бастады. Көрпелердің бәрін ортаға түсіріп, олардың тігіс-тігісін қолдарымен ұстап, болыскей кереуетке үстін-үстін қайта лақтырып жатты. Төрт-бес жастықты да алып ұстап көріп, Марленнің басына жастайтын жастығын қалтасынан бәкі алып тіліп-тіліп жіберді. Үйдің ішіне құстың жүні қобырап ұшып, мамық ауада қалқып жүрді. Марлен үнемі түнде терлеп шығатын еді, сондықтан жастық ішіндегі мамық илектеніп қалған болса керек. Ол жуан сарының қолына қатты тиді білем, сонан соң мамықты илектеп, уыстап-уыстап көрді. Төрде жатқан сырмақтың бәрін қолымен сипап, умаждап ұстап шықты. Кітаптардың бәрін Сәрсенов парақтап, арасын қарады. Марленнің нағашы шешесі берген күміс құтыны ашты. Ішіндегі бармақтай бір кескен жұпарды алып қолына ұстап көріп, қайта салып, тығынын жапты. Орнына қойды. Үйдің ішін жұпардың қош иісі алып, тұрғандардың бәрінің мұрынын қытықтап өтті. Ыдыс-аяқ тұрған абажаны, киім тұрған абдыраны, кебежені қарады. Киімдердің қалталарының бәріне жуан сарының қолы бір-бір сүңгіп шықты. Мен орындықта отырдым. Ольга мен Марлен түрегеп тұрды. Екеуі де жуған шүберектей. Маған отырма демеді. Ольганың, менің, Марленнің қыстық пальтоларының бойын, өңірін, етегін тегіс көріп өтті. Абажа ішіндегі айырықша қатты суғарылып жасаған бастың қарақұсын ашып миын алатын қара пышақты жуан сары біраз айналдырды. Шамасы сол май-май пышақтан да бір саясат шығармақ болды. Бірақ сәл ойланып тұрып оны орнына қойды. Бұл үйде қарамаған ештеме қалмады.

Жуан сары Сәрсенов екеуі ат айланбас кішкентай бөлмеге өтті. Мен Ольгаға сен де бар деген белгі бердім. Ольга кірді. Жуан сары Владилена жатқан жастықты жұлып алды. Бала шар ете түсті де, қайта ұйықтап кетті. Ольга сарамастар үйді әбден қарасын деп Владиленаны қолына алды.

Жуан сары Марленнің қағазын өзі қарауға кірісті. Ол кітаптарды жалғыз парақтап тұрып қарап, түптеуіне дейін зерттеді. Ол Марлен столында тұрған Советтің әскерден жіберген суретін қолына алып ұзақ қарады. Түпкі үйді де жаңағы жолмен тексеріп болып Советтің суретін ұстаған күйі ауызғы үйге шықты. Ол суретке тағы ұзақ үңілді.

— Мынау кім? — деп сұрады ол менен.

— Менің асырап алған ұлым. Революционер жолдасымның баласы.

— Аты кім еді, оның, жолдасыңның? — Сарының беті жылығандай.

— Ұлтарақ!

— Ұлтарақ? Он сегізінші жылы өліп еді?

— Ия, Талғардағы соғыста. Теркиннің сатқындығынан. Жуан сары ойланып, тұрып қалды. Бұл неге бүйтті деген ой ол жерде маған келмеді. Басымен қайғы болып отырған адамның барлық ұсақ-түйектерді есіне алуы мүмкін бе? Мен оған маңыз бермедім. Жуан сары да маған енді қарамады, басқа сыр білдірмеді.

Үйдің ішінің әптер-тәптері шығып, әлегі аспаннан келді. Шашылған қағаз ұшып жүрген мамық. Көрпе-жастық шөмеле болып үйіліп қалды. Владиленаны орнына жатқызып, Ольга ауыз үйге шықты. Марлен қалш-қалш етеді, мұздаған адам сияқты. Садықов, азамат Үйсінбаевтың үстін тінт,— деді жуан сары. Есікте тұрған Садықов менің жаныма келді. Шалбарымның белдігін шығарып алып тастады. Түймелерінің бәрін ұстап көрді. Қалталарыма қол салып қарандаш ұстайтын екі басты бәкіні, Киров қол сағатын алып тастады. Жаңа ғана өздерінің көзінше киген етігімнің қонышын ұстап көрді. «Болды» дегендей жуан сарыға басын изеді.

Азамат Үйсінбаев, жүріңіз! — деді жуан сары. Алдымда біреуі, артымда екеуі.— Қолыңызды артыңызға ұстаңыз, басыңызды көтермеңіз!

Айдың кешесі. Дала шырттай қараңғы. Көзге түртсе көргісіз. Оның үстіне күн бұлттанып алыпты. Аспанда жұлдыз да көрінбейді. Албардың ішінде бұрыштарда тұрған екі-үш адамды байқадым. Алдымдағы Садықов, артымда жуан сары мен Сәрсенов. Аталарымыздың «жасауылмен жолдас болма» дегені осы екен-ау деп ойладым. Басқа, басқа, ал нақ осы Сәрсенов мені бақайшығымның арасына тұратын қапалағына дейін білетін еді-ау. Маған тап жауларының қалай қастандық жасағанын, тіпті одан құтқарушының бірі осы еді ғой. Енді, міне, сол өзі жаны қалмай қорғап жүрген Абақты алдына салып, өз қолымен түрмеге алып бара жатыр. О, астаң-кестең дүние десеңші! Қақпа алдында «қара қарға» тұр. Міне, оған да жақындадық. Машинаға сүңгіп кеттім. Артымнан үшеуі кірді. Алып келіп жөнелді. Қайда апарар екен? Машинада ешкім үн шығармады.

Машинадан түсірді. Қарағайлы парктың алды екенін білдім. Комендатураға әкеліп кіргізді де, біздің жұмысымыз осымен бітті дегендей жаңағы үшеуі жоқ болды. Мөлиіп мен отырмын. Жауапсыз, сөзсіз сол жерде тура төрт сағат отырдым. Тіпті мені бәрі ұмытып кеткендей.

Таңға жуықтағандай. Күздің сары таңы атып бола ма. Жылдай. Әсіресе қарекетсіз қарап отырған адамға уақыт қандай ұзақ. Бір мажалда әскери киім киген біреу келді. Қолында бос мойын ұстарасы бар.

— Ал бас киіміңді,— деді. Мен құлақшынды қолыма алдым. Ол отырған жерімде құрғақ шашымды тырылдатып ұстарамен қыра бастады. Бастан билік кеткені осы-ay деп көзімнен жас шығып кетті. Ұстараның ауыртқаны бар, жанымның күйзелгені бар мені шын жылатты. Әлден уақытта басым тап-тақыр болып шыға берді. Сипап көріп едім, қылайған қылпық қалмағанға ұқсайды. «Бастан билік кетті-ау!» дейді ішімнен біреу түрткілеп. «Басқа келген пәледен бастан құлақ садаға» деген, шаш кемтігі жетіледі, тірі адамның шашы түгіл өлген адамның шашы да біраз уақытқа дейін өседі, мұңайма! — дейді тағы бір ақылым. Сөйтіп отырғанда шаш алынып бітуі мұң екен, әскери киім киген екі жігіт жетіп келді де, мені қолтықтап ала жөнелді. Алдымен үйдің екінші қабатына шығарды. Одан кейін дәлізбен жүріп үшінші қабатқа шықтық. Қайта екінші қабатқа түстік. Одан қайта жүріп, сәлден соң үшінші қабатқа көтерілдік те, енді құлдилап төмен түстік. Бір үлкен құлыпты темір есікті ашып, итеріп жіберді де, шылдырлатып есікті жапты. Іші қап-қараңғы, көзге түртсе көргісіз. Кіргізерде дәлізден түскен жарықта камерада ешкім жоқ екенін байқағанмын. Төрт қабырға да тас, еден де тас. Терезе орнында болар болмас сәуле түсетін бірдеме бар. Түнде оны байқау мүмкін емес. Отыра кеттім. Отыра кетпегенде маған мамық жастық, құс төсекті кім береді?

Ұйқы болмады. Астымнан тастың суығы өтіп барады. Өткенде не істемекпін. Қазақпын ғой, жүремнен отырдым. Қазақтар бұрын топ болғанда ертеден кешке дейін жүресінен отырған күйі тәкбір құратын. Сонда олардың екі тізесі, тобығы неткен мықты .деп ойлайтын едім. Тіпті бұлтты, күзгі, көктемгі лайсаң, батпақты күндері төбе басында осылай отырып әңгіме соға беретін. Бірақ менің тізем оған шыдамады. Шай қайнатым уақыттан кейін түрегеліп тұрдым. Сөйтіп көрер таңды көзіммен атырдым. Терезе деген жерімнен бозамық сәуле түсті. Терезенің сыртынан тақтай шегелеп тастаған екен. Енді дүмімді басып отырып, мызғып кетіппін, есік шылдырынан ояндым. Тағы кешегі сияқты әскери киімді екеу. Қарулы, қатулы. Жылы қабақ атымен жоқ.

— Шық бері! — дейді бірі. «Ыңыз» деп ызылмайды. Дәретке апарды. Қайтып әкеліп жаңағы камераға кіргізді де, бір сапты аяқ ыстық су, екі жүз грамдай ғой деп мажалдадым, нан әкеліп берді. Ішпедім де, жемедім де. Кімді тындырып аламын дегенімді қайдам, әйтеуір су мен нанға қол созбадым. Сәлден кейін шалт қимылды екеуі сапты аяқты, суды алып кетіп қалды. Түскі ас келгенше аядай камераның ішінде ары-бері жүрген болдым. Көлденең жүрсем екі адым, ұзынынан жүрсем төрт адым. Шамасы індей қуыс болуы керек. Екі өкпемнен бірдеме қысып бара жатқандай дем алысым жиілеп, тынысым тарылды. Түнде оны білмегендіктен кең дем алып отыра беріппін. Енді отырған жерім тым қысыңқы екен деген ойыма келгенде ауа жетпей талып барамын. Жоқ, өлмедім, құладым. Басымды көтеріп отырдым. Алдағы күнімнің не болатынын ойладым. Шөлдей бастағанымды аңғардым. Қарным да ашқан сияқты. Ау, осы менің берген тамағын ішпегенім не? Онда кімді мұқатпақпын, оған біреудің бірдемесі кете ме? «Алыстан шабынған бураның күші кетеді». Маған тамақ ішпеген немді алған. Бұралып өзі аш қалдым. Әлі алдағы күніңнің не болатынын қайдан білдің, Абақ? Сорлы-ау тамақ таңдап отырсың ба? Мына бір құлағы жоқ шұнақ таңертеңгі суды ішпей, нанды жемей қойды деп

Ежовқа баяндайды ғой дейсің бе? Шыны керек, інім, осы жерде де Сталинге ештеме жолатқым келмейді. Бірақ дегенмен ақылым кірейін деген сияқты. Қанша жақсы көргенмен бұрын қамалғандарға іштей күдіктене қарайтынмын. Ал Жандосов алынған соң ойланып қалып едім, енді өзімді тұтқындаған соң көзім ашылғандай. Е, дедім, халық жауының бәрі мен сияқты болса, онда олар «қауіпті-ақ» екен!? Жоға таңертеңгі суды ішпей қойғаның қай бектігің, Абақ? Саған бір тай сойып, қазы-қарта тартады ғой деп пе едің. Сорлы, шұнақ-ау, қашаннан-ақ құлағы кесік құл емес пе едің, ендеше алдыңа берген тамақты ішпеген неңді алған. Әлде сенің тамақ жемегеніңнен НКВД қорқып, көтеріле қашады ғой дедің бе? Сорлы болғанда адам осылай істер болар. Әйтпесе қайткенде де күшті қашырмауды ойлауың керек еді ғой. Алдыңда не тұрғанына көзің жете ме, мүскінім-ау Әттегене! Оның бекер-ақ болған. Сөйтіп бұл жағын шештім. Енді әкелген тамақты не де болса тастамай ішіп алуға бекіндім. Бірінші күні, інім, мен әлі бостандықтан, жарық дүниеден үміткер едім, сондықтан неге қамады, не істеуім керек, олар маған не кінә қояды дегенді ойламадым. Өйткені қамалғанымның өзін сіңіре алмай отырдым. Ойыма ештеме түспеді.

Арсыз тамақты ғана ойлап, сол келелеңді шешіп тастадым.

Уақыт түс болған шығар дегенімде есік шылдырлап ашылды. Ұзыны бір жарым метрдей отырғыш кіргізді. Сонан соң бір дүңгіршекпен тамақ әкелді. Таңертеңгідей наны бар. Дүңгіршекті қолыма алып, үре қасықпен тамақты араластырдым. Ішінде анда-санда бір қоюы бар атала, берген нанымен қосып соғып алдым. Мен қайбір тамақ таңдайтын ішкені алдында, ішпегені артындағы ырысы ырғын үйде тәрбие көрген адам едім, Шұнаққа лайықтысын берген дағы. Және берген тамағын қанағат қылуға бекіндім. Інім, адамда қанағат болу керек, егер бергенді місе тұтпасаң, онда өңіреңдеп майлы қуырдақ берсе де тоймайсың. Бұл тамақ жағына келгенде де біздің халқымыз шыдамды, бергенді місе тұтып, оңазалық көрсетпейді. Неғұрлым адам оңаза болса, солғұрлым ол тойымсыз болады да, оның аяғы көнек ауруға ұшырайды. Ал көнек ауру тамақтан басқа ойлаған, күткені болмайды, тек ішсем, жесем деп тұрады. Бұл қырқарлық емес, інім, бұл мешкейлік те емес, бұл түйеде болатын құмыр ауруы сияқты науқас. Қазақ оны қойдың құйрығын шыжғырып, бір аяғын бір-ақ ішкізумен жазады. Қазақтардың айтуынша іште әлдеқандай шұбалаңқы құрт пайда болады да, сол тамаққа тойғызбайды-мыс, ішін жалап тұрады. Ал оның кекірігін майдан аздырмаса, көнек ауру қанша ішіп, қанша жеп отырып-ақ өледі. Міне, сондықтан да бар, алға келген тағамды қанағат тұтып үйрену керек. Мен де өзімді осыған баулыдым.

Кешке бір сапты аяқ қайнаған су, екі жүз грамм нан. Бұл берген тамағына шыдауға болады, одан өлмейтініме көзім жеткендей.

Екінші күні жан-жаққа құлақ тігіп, екі мезгіл кірген шыққанда көз салатын болдым. Маған мәлім болатыны тарпылдаған адам аяғының жүрісі естіледі де, ыңқылдаған, ыңыранған дауыстар шығады, қилы-қилы дыбыс білінеді. Әсіресе мұндай дыбыстар түннің бір шамасында көбейеді. Түнгі жауап-сұрақтан қайтқандар шығар деп шамалаймын. Күндіз бір кезек тыныштық орнағандай болады, әлдеқайда бір айқай шыққандай жаңғырығады. Үлкен қаланың у-шуы шығар деп қоя саламын. Мен осылай тура жиырма бір күн жаттым. Маған үш рет тамақ бергеннен басқа ешкім мазаламайды, тіпті мені ұмытып кеткендей.

Бір күні дәретке шығып бара жатқанда қарсы камерадан Сара Есованы көріп қалдым. Сараны сонау жиырмасыншы жылдан танитынмын. Ол кезде Сара — сауатты қазақ қызы Жетісуда шығатын «Тілші» газетінің редакторы еді. Ораз Жандосовпен жақсы жолдастар еді, үзеңгілес жүретін. Оның сол кездегі күйеуі Тайыров менің тәуір көретін жолдасым болатын. Мен Сараның отырғанына таңданып қалдым. Өйткені Халық Комиссарлар Советінің председателі Ораз Исаев оның қазіргі күйеуі, ол мен алынғанда үкіметтік құрып отырған. Сонда үкімет басшысы қойнындағы әйелін халық жауы етіп ұстатып жіберіп, өзі Қазақстанға әмірін жүргізіп жатқан болар ма. Әлде бәлкім Исаев пен Есованың арасы мені мен Мақпыр сияқты бір пәлесі болған дағы. Ал енді түсініп көр мұны. Тілдесе алмайсың, ол да, мен де бірімізге біріміз бір-бір қараумен шектелдік. Екі көзі бұлаудай, домбығып кеткен. Маған көңіліме ме, қайдам, бет-жүзі көлкілдеп кеткендей көрінді. Бүйрегі ауырған кісідей оң жағына қисайыңқырап, камераға кіріп бара жатты. Үстінде жеңіл көк ала көйлек, аяғында туфли, шамасы жазғы киімімен кете берген ғой деп ойладым. Ол да, мен де екінші айналып қарауға шамамыз келмеді. Пул қалай деп даққа қалдым. Ділімдегі күмәнімді айтар болсам, онда оны да Жандосовқа байланыстырды ма екен дер едім. Әлде Исаевты до тұтқындады ма екен. Егер дүние әділеттілікке сүтінделген қазақ халқының тең жартысының қырылуына себеп болған Голощекинді, Исаевты, Құрамысовты, Голюдовты қамау керек еді ғой. Бірақ ашаршылық өткелі төрт жыл, ол қырғынға ешкім жауап берген жоқ, қаба қазақтың топалаң келген қойдай, әлде бықпырт тигендей қырылуы жоқтаусыз кетті ғой.

Жиырма күн болғанда түнгі сағат он бір жарымда камераның темір есігінің құлпысы сылдырлады. Бойы бір жарым метр отырғышта шалқамнан жатқанмын. Бұл бұрынғы тас еденге қарағанда мамыққа жатқандай еді. Аяғым салбырап жерде қалғанмен арқамның таста болмағаны қой түнеткендей еді. Мезгілсіз ашылған есік жай болмайды. Басымды көтеріп алдым. Әскери киімді екеу тағы алып жөнелді. Күпімді қалдырып кеттім. Түймесінің бәрі қырқып алынған қалың сырт жейде алқа-салқа. Бұтымдағы сырымалы шалбардан күз күні болса да пысынамадым. Ол қайта тас еден үстінде өзіме қамзау болды.

Жер астындағы бір кабинетке әкелді. Кабинетте үш адам. Столда Ырысбек Сәрсенов, оның жанына міңгесе әнеугі жуан сары. Ыр шеттегі орындықта Садықов. Тергеуді Сәрсенов жүргізді. Ол туған жерімді, туған жылымды, қызмет орнымды, кімдермен қатысатынымды, соңғы жылы, соңғы айда қайда қонақта болғанымды сұрап жазды. Бірге оқитын жігіттерді де сұрады.

— Ешкіммен қатынасқан жоқпын,— дедім мен.

— Жандосовпен ше? — деді Сәрсенов.

— Қатынасым жоқ, қызмет бабында кергенім бар.

— Қане, айт, Үйсінбаев, Жандосовпен қандай жақындығың бар?

— Совет өкіметін бірге орнатыстық.

— Жандосов Совет өкіметінің, халықтың жауы.

— Садаға кет, сен, Жандосовтан,— деймін мен. Сәрсеновтің түсі бұзылып кетті.— Совет өкіметін орнатқан кісі қалай Совет өкіметіне жау болмақ!?

— Жандосов халықтың жауы.

— Онда мен де жаумын.

— Дұрыс сөйле Үйсінбаев, Жандосов жау.

— Онда мен де жаумын.— Осылай біраз тәжікелестік. Жуан сары сұрақ беруге әзірленгендей ыңғай көрсетті.

— Сіз Ұлтарақты қайдан білесіз?

— Он алтыншы жылғы көтеріліске бірге қатыстық. Алматыға бірге қашып келдік. Он сегізінші жылы Талғардағы ақ казактарға қарсы соғысқа бірге .бардық. Оқ оның жүрегіне тиді. Теркин деген сатқын бізге оқ шығартпай, ақтар бізді қырып салды. Ұлтарақты мен алдыма мінгізіп, Алматыға уездік ауруханаға әкелдім. Сол жерде қайтыс болды. Оны білетін Пономарев, Петров дейтін жігіттер бар еді. Пономарев тап жаулары қолынан қаза тапты. Петровты содан кейін көрген емен.— Сәрсенов жуан сарыға көзінің астымен қарап қойды. Жуан сарының түсі бұзылып, бір түрлі абыржығандай болып отырды. Енді Сәрсенов сұрақты қайта бастады.

— Жандосов сізге колхозды тарат деп нұсқау берді ме?

— Жоқ. Жандосов колхозды нығайт деді.

— Жандосов сізге колхозды тарат деп нұсқау бердім деп өзі мойындап отыр ғой.

— Ол ондай нұсқау бермейді.

— Жандосов жау, халық жауы.

— Онда мен де жаумын.

— Бұл есі дұрыс адамның жауабы емес.

— Жандосов жау болса, кім сау болмақ!? — Екі ай бойғы сауал да, жауап та осы. Тек сұрақ арасында жуан сары Советтің әскерден қашан қайтатынын сұрады. Мен енді бір жылы қалғанын айттым.

Бір күні мен сұраққа апарылмадым да, содан алты-жеті күн тыншығып қалдым. Арада апта өткенде түн ішінде камераның шоқпардай құлыбы салдырлады да, темір есік ашылды. Камераға бес адам кірді. Екеуі таныс — Сәрсенов пен жуан сары. Үшеуі ақ желеңі бар, шамасы дәрігер болуы керек. Сөзді жуан сары бастады:

— Айтыңыз Үйсінбаев, Жандосов жау ғой.

— Мен де жаумын.

— Қандай жаулық жасадыңыз?

— Жандосов қандай жаулық жасаса, сондай жаулық жасадым.

— Жандосов халық жауы.

— Мен де жаумын.

Жуан сары да, Сәрсенов та дәрігерлерге қарады. Дәрігерлер мені отырғызып қойып, басымды айналдырып көрді. Шүйдемді, екі самайымды, қабағымды басып-басып байқады. Мен енді ашулана бастадым:

— Несін қарайсыз, мен жаумын. Сіздерге жаудың өлгені керек.

Он күн бойы түнде екі тергеуші, үш дәрігер келеді де тұрады. Сіз жаумысыз? — деп сұрайды дәрігердің бірі.

— Жау десеңіз жаумын,— деймін мен.

— Жоқ, сіз жау емессіз, Жандосов жау.

— Онда мен де жаумын.

Он күннен кейін екі тергеуші де, дәрігерлер де келуін тоқтатты да, мен тары да ұмыт қалдым. Камера іші бұрынғыдан і алқын тартты. Енді жаурап, жүріп шығатын болдым. Ноябрьдің аяғында мені басқа бір орыс жігіті тергеді. Менің сөзім біреу «Жандосов жау болса, мен де жаумын». Декабрьдің басында д.ірігерлер мені түнде келіп қайта қарады. Сонымен үш күн тағы ұмыт қалдым. Декабрьдің он тоғызы күні таңертең салдырлап құлып ашылды. Мен күндегі әдет бойынша дәретке шықпақ едім, «Үйсінбаев барлық затыңды алып бері шық!» деді екі жазалаушы. Енді алысқа айдайтын шығар деген ой сап ете түсті. Бірақ неге екенін қайдам жүрегім қорқа қоймайды. Түнеугі күнгідей жоғары бірнеше көтеріліп, төмен бірнеше түсіп, айналып комендатураға әкелді. Менің паспортымды қолыма берді де, «жүріңіз» деді. Мен солдатқа еріп есікке келдім.

Ал сіз боссыз, жүре беріңіз! — деді ол. Мен аңырып сәл тұрып қалыппын. Сенерсің бе, сенбессің бе. Сеніңкіремей әскери адамның бетіне қарадым. Сенімсіздікпен көшеге беттедім.

Кәдімгі қыс болыпты. Жерде қар бар. Күн суық болса керек, оны мен байқадым. Асқақ Алатауға қарадым. Дзержинский көшесінің басынан тау етегіне дейін көрініп тұр. Аппақ. НКВД үйінің бет алдындағы балалар паркі — қарағайлы бақтың бәрі ақ көрпеге оранған. Бетімді терістікке түзеп жөнеп бердім. Қолымды қолыма алып, жүгіре басып үйіме келейін. Есікті бір қазақ әйел ашты.

— Сізге кім керек? — деді ол шытына сөйлеп.

— Үйіме келіп тұрмын ғой,— дедім мен.

— Мен сіздің семьяңыздың қайда екенін білмеймін,— деді аңырайған, қабағы қатыңқы әйел, есікті тарс жапты. Мен қайда барарымды білмей аңырып тұрып қалдым. Алматы мені қабылдамады...

Орманыңда, бұзылмаған қалменіңде екен. Салуалы ордаң болмағанмен мортық та болса, морып та тұрса, өз үйің, өлең төсегің болғанға не жетсін. Өстіп есеңгіреп тұрғанда ойыма Ырысбек Сәрсенов туссін. Соның үйіне кіріп ең болмаса жөн сілтеп жібер демек болдым. Қайтып Дзержинский көшесіне келу қиын болды. Қиын да болса, қиналсам да отызыншы жылдары асығыс салынған, қамыстан тұрғызылған Қашқар көшесінің бұрышындағы Ырысбек үйіне келдім. Есік ашқан оның әйелі Бәтіш мені бас салып жылап көрісті. Ағыл-тегіл жылаған Бәтіш жасын тыйып, Ырысбекті алып кеткеніне бір айдай болғанын айтты.

— Әкетерден бір күн бұрын Абақты жынды деп қорытынды бердің деп ұрысты деп келген еді. Сол күні Петровты да қамады,— деді Бәтіш.

— Петровыңыз кім?

— Сонау он сегізінші жылы сізбен соғыста бірге болыпты ғой Петров. Сізді ол таныпты, сіз танымапсыз. Екеуіне де қойылған айып сіз болсаңыз керек. Анна Николаевна да бес баласын шұбатып көшеде қалып, Семейге Үржарға төркініне көшіп кетті. Оны үйінен шығарып тастады ғой. Бізге де кезек келетін шығар деп отырмыз...

Бұдан кейін бұл жерде отырып көр. Байқұс, жуан сары деп жазғырып жүргенім он сегізінші жылы Ұлтарақпен бірге жараланған Петров екен. Оны білгенім маған мылтықтай тиді. Екі ортада кесірім екі үйдің от басын ойрандады-ау деп, іштей, бұдан да мен-ақ пәлені көргенім дұрыс еді-ау дегізді. Опынып қалдым. Опынғанда амал не, енді ол орнына келе ме. Бәтіш менің бала-шағамнан бейхабар болды. Сенделіп, қайда ұрынарымды білмей көшеге шықтым. Бір кезде тура тағы өз үйім тұрған албардың алдында тұрғанымды аңғардым. Сол жылдың көктемінде Райымбек атаның моласы жанынан екі көше түскен-ді. Оның бірі Диқан көшесі, екіншісі 1 көше аталған-ды. Сол жаңа Диқан көшесінің бірінші үйінде Жандосовтың жақын ағасы Әбу Жалбағаев тұратын. Екі кішкентай бөлмеден тұратын жатаған, шатырсыз тамның есігін ашсам екі беті қып-қызыл, көзі ылғи суланып тұратын, былтиған, аласалау жеңгеміз Айгерім жерде кір жуып отыр екен. Ол кірін тастай салып, қолының сабынды суын сорғалатып, мен үйге кіріп кетпесін деген кісіше есікке тұра жүгірді. Мен кірмедім. Ол да мені кіргізбеу үшін бір аяғы табалдырықтың сыртында, біреуі ішінде адымын кере тұрған қалпымен, оң қолымен есікті мықтап ұстап тұрып сөйлесті.

— Ойбай, мұнда неге келдің, қатының Қастек ауданы жаққа кеткен, сонда барғаның жөн,— дейді. Менен безе қашуға, әлде есікті тарс ілгегін іліп алуға бар. Осы бір сәтте дырылдап-шиқылдап, шықырлап түпкі үйдің есігі ашылды. Көзі көкшиіп, шегірейіп, иек жағы мәштиіп, сақал-шашы әппақ қудай болып Әбекең өзі шығып келеді.

— Кім ей, ол, Айгерім? Ә!? Абақпысың ей? Ей қатын, кет былай жолдан, кел төрлет. Мына қатын сенен қорқып тұр сой. Менің жаным Ораздан ардақты ма еді, енді аянған жанды ит жесін. Кел бері! — Ол мені құшақтап көрісті, көзінен аққан жасы сақалын жуып кетті. Шынын айтсам, інім, Айгерімнің қорлығы бәрінен асып түсіп, жанымды жеп жіберіп еді, көңілім босап кетті. Төрге шығып отыратын менде уақыт қайда, Әбекеңді осы мейілі де маған айға азық боларлық еді. Сол жылы жасы қырық сегіздегі Әбу бізге үлкен, ақсақалды шал көрінетін. Әбекең көзін сүртіп, мені құшақтаған бойы төрге шығарды. Ол жасуын ұзартып жіберетін кейбір шал-шауқан сияқты пысыңдамады, бойын да, ойын да тез жинап алды. Екеуміз киіз үстіндегі көрпеге бірімізге біріміз бетпе-бет қарап, малдас құрып отырдық.

Көп жүдемепсің. Шыққан соң бір күнгідей болмайды, бәрі ұмыт болады, — деп мені жұбатты.— Менің қорқатын ештемем жоқ. Қорқып жүрген апа қатын ғой, оныкін көңіліңе алма.— Әбекең жастыққа бір жамбастап қисайды да, сол аяғының табанын бүгілген тізесіне тіреп қойды. Сонан соң қайта сөйлеп кетті. — Жұрт қатты дүрлігіп кетті ғой. Көршідегі бір үйде қарызға берген ақшам бар еді, соны алайын деп кеше барсам, сол үйдің алғыншысы жаңағы Айгерімше «Үйге кірмей-ақ қойыңыз, қазір балалардан беріп жіберейін» деп безек қағады. Күйіп кеткенім соншалықты оған:

Ертең мені қамайды, сонда Зағипа досым еді деп айтамын, сонан соң басыңды арашалап көр,— дедім. Ондағысы мені Жандосовтың туысқаны, пәлесі жұғар деп тұрғаны. Бұрылып кетіп қалдым. Абақ, сен қорықпасаң мен қорықпаймын. Туысқанымнан қалай безем? Танымайтын едім деймін бе? Жандосовтың туысы екенімді бүкіл Алматы облысы біледі. Оларға не бетімді айтамын!?

Әбекең ақылды адам, көрген қорлығымды, зорлық-зомбылықты сұраған жоқ. Оны сұрасам жасып қалады деп ойлайды. Бәрін де біліп отыр, осымен бітті деп отырмағаны сөзінен сезіледі.

— Әлі де мықты бол, не деп болмайды. Заман желді күнгі қауға тиген өрттей ұйытқып тұр ғой,— деді, көзі шегірейіп, қараған жерін тесіп өтетіндей болып.— Ольганы көргенмін, сені қамаған соң партиядан да, мұғалімдіктен де, үйден де шығарыпты Марленді де университеттен, комсомолдан кетіріпті. Қастек ауданы жаққа баратын шығармыз деді.

Мен Әбекеңнің үйінен шай ішіп, отыз сом ақша алып, Ұзынағашқа тарттым. Аудандық оқу бөлімінен келіп білсем «ия, Кузнецова деген орыс әйел келген, оны «Прудкидің» жетіжылдық мектебіне орыс тілінен сабақ беруге жібердік» дейді бір әйел. Ол мынау тұрған ауыл,— деді Шұнақ етекте жатқан ауылды нұсқап, өзі екі-үш рет уһлеп алды. Қайта сөзге оралды,— Ұзынағашта майда сауда істейтін Күрті болысының Нүсіпбай деген бір елеусіз егделеу қазағы болатын. Соның жеке меншік жуан қарагер атын сұрап мініп «Прудкиге» жөнедім. Атты әкелуге он бес-он алтыға келген ұзын сирақ Көке деген баласын артыма мінгестіріп жіберді. Менің жүдеп-жадап, түрмеден шығып келе жатқаныммен шаруа адамның ісі де болмады. «Рақметті» жаудыра-жаудыра жолға түстім. «Рақметті» жаудырмай қайтем, сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған ол заманда кімге кім қарасқандай еді, «балапан басына, тұрымтай тұсына» болып кеткен-ді.

Бұралаң, қисық жолдың кезінде салт жүрген адамға «Прудки» селосы төрт сағаттық жол. Түс ауа селоға жақындадым да, Көкені ауылға кіргізбей шеттен қайтардым. Бұл өзімше істеген сақтығым. Кейін біреу-міреу қарагер атпен келді десе, қайырымды қартқа зияным тимесін дедім.

Анау Суықтөбе сонда да нақ осындай, дөңкиіп, арқасын күнге қақтап жатыр. Аппақ. Табиғат деген қызық, інім. Осы Қаскелеңнен бергі тауларда ағаш аз. Былай қарағанда жалаңаш көрінеді. Ал жанына барсаң шырыш-қорыс, жаяу жалғыз адам жүре алмайды. Бұл таудың бауыры күзде де көктемдегідей десем де болады. Шөбі көбе, күнде соны, күнде шиен, күнде жасын. Тау бауыры, сағасы қыста далалықтан жылы болады, жалтаңда жалап тұратын аяз мұнда мүнәйім, жұмсақ. Күнгей бет қардан. ашылып, құмсақ сабындай топырағы келеботаланып жатады. «Прудки» ауылы да Ұзынағаштан жылы көрінді. Менің отбасым тұрған үй есігі бірден сыртқа шығатын екі бөлмелі үйдің ортақ қабырғалы бірі. Мектептен көп алыс емес екен. Тез таптым. Есік алдында арбадан қурай түсіріп жатқан Марлен айғай салды:

— Апа, көкем келді! — Өзі арбадан қарғып түсіп келіп мойныма асылды. Мен кеткендегі екіқабат Ольга сыптай болып, Владиленаны көтеріп жүгіре шықты. Көз жас ағыл-тегіл. Ольгаға таңданып жүрген қазақтар көкірегіндегі сауалына жауапты көзбен алды. Нақ сол түні үшеуміз әңгімелесіп ұзақ ұйықтамай жаттық. Көптен сағынысқан жүрек тоқтамай, қауысқан қуаныштан ұйқы қашып кетті.

— Сізді алып кеткен соң Марлен екеуміз таң атқанша жата алмай, көрер таңды көзшізден сорамызды ағызып отырып қарсы алдық,— деді әлі де солығын баса алмай уһлеген Ольга.— Марленім біресе түрегеліп, біресе тарс етіп еденге отыра қалып жылайды. Жаңа ғана бас құрап, от жағып, түтін түтеттім бе деп жүргенде ошағымның басы жасыл түскендей ойран болды-ау деп мен солқылдаймын. Марлен мені, мен Марленді жұбатумен сағат жеті болды. Сегізде сабағым бар еді. Мектепке бірінші рет даярлықсыз бардым. Класқа кіре бергенде жүрегім бір жамандықты сезгендей дүрсілдеп қатты соғып кетті. Менің кіріп келе жатқанымды көрген балалар дүр етіп орындарынан тұрды.

— Отырыңдар, балалар! — дей бергенімде кластың есігі ашылды да, есіктен оқу бөлімінің меңгерушісі Шынықұлов қарады. Ол:

— Сіз, мұғалімдер бөлмесіне кіріп кетіңіз,— деді. Мен балаларға:

— Балалар, орындарыңнан қозғалмаңдар, қазір келемін,— деп шақырушының артынан ермек едім, ол

— Қағазыңызды жинап, киіміңізді киіп шығыңыз,— деді. Meн нақ осылай мәселе ертемен біткерілер демеп едім. Менің тағдырым дәлізде шешілді.

— Сіз, қызметтен босадыңыз, халық жауының әйелін ұстай алмаймыз, бір тәулік ішінде үйді босатыңыз,— деді мектеп директоры Базарбаев бір көзі бір көзімен атысып, быттиған бұжыр беті ботқаланып. Қабағын қарс жауып алыпты.

— Mен партия мүшесімін ғой, дедім оған.

— Оны қалалық комитетке айтыңыз,— деп сөзді қысқа қайырды Базарбаев. Состиып не істерімді білмей тұрып қалыппын. Әмина Сүлейменқызы Мәметова екінші сағатқа сабаққа келе жатыр екен.

— Не болды, Ольга Александровна, түсіңіз қашып кетіпті ғой, деді Әмина Мәметова деді Шұнақ Ольга сөзіне жанынан сөз қосып ол кездері сол Жамбыл атындағы № 18 қазақ орта мектебінде орыс әдебиетінен сабақ беретін. Сол кезде-ақ ол жазушылар одағының мүшесі, қазақ жазушыларының шығармаларын орысшаға тәржімалайтын. Бұл кәдімгі Совет Одағының батыры Мәншүктің шешесі ғой.— Шұнақ Ольга сөзін қайта сабақтады.

Мен болған жайды айтқан соң, Әмина мені көшеге шығарып салып: «Енді қайтесің, қазір жағдай осылай, енді қалалық комитетке бар» деп ақыл берді. Қалалық комитетте билетімді оп-оңай ала салды Мен үйді босатқым келмей прокуратураға бардым. Ол үйде тоғыз күн тұрдық. Сол тоғыз күн ішінде әділеттік іздеп Алматы кеңсесінің бәрін адақтап шықтым. Сіз алынғаннан бес күннен кейін Марленді де комсомолдан, университеттен шығарды. Менен Марлен де жақсы. Оның комсомол билетін жиналыс жасап, мәселесін қарап алыпты. Ең оңайы партиялық билет болды. Содан таныстарға көзтүрткі болғанша деп ұзай салғандағымыз осы Суықтөбе бауыры болды деп Ольга аузын жинап ала бергенде біреу есік қақты.

Қыстың ұзақ түні, жылдай. Әңгіме бітпей қалды. Түннің бір шамасы болды білем. Қояннан да қорқақ, су жүрек байқұспыз. Қақпанның қанды ауызын көрген суыр сияқты сыңар құлақ сорлыға неге қорқа бересің дерің бар ма. Ольга орнынан тұрып білте шамды жақты. Марлен де басын жұлып алды. Япыр-ай деп ойладым мен, ең болмаса бала-шағамның жанына бір қондырмады-ау. Мен күпімді, кен етігімді, құлақшынымды киіп дайындала бастадым. Абайлап есікті аштық. Есік алдында әскери адамдарға ұқсамайтын біреу тұр.

— Мен Қырбаймын,— деп сыбырлады ол.— Киін әңгімем бар,— Қырбайдың кім екенін кеше айтқанмын. Дауысы нәренжу зорға шығады. Қол алысып қана амандық белгісін жасадық. «Бала-шағаң, дені-қарның» деп шұбатып жататын еркіншілік заман жоқ, есендікті қысқа қайырыстық.

— Шық бері, жүр менімен,— деп ол үйдің көлеңкесіне барып тұрды. Мен де асығыс бастым. Күн бағанағы кеш алдындағы тымықтықты қойып, солтүстіктен жел тұрып, аласапыран болып, қар борап тұр. Алатаудың ең үлкен шоқысының бірі Суықтөбе ақтүтектен көрінбей қалыпты. Екі адым жердегі кісіні көру екі талай. Күн райы Қырбай екеуміздің ұрланып жүргенімізді ұнатпағандай ішін ышқына тартып дүлейленеді, қардың борағаны сонша, қыста қасқыр қамаған адамдай сезінесің. Ал қасқыр қамағанын бағана айтқанмын, жалғыз адамды қасқырлар қамап алады да, жан-жағынан қарды бората шашады. Адам көзін аша алмай әбден сілесі қатқанда абаданы бас салады, сонан соң арлан-шуланы, бөлтірігі жабылып кетеді. Қардың борауы түнде нақ сондай екен. Ат құлағы көрінбейтін зымыстан ішінде Қырбай екеуміз қимылдаймыз. Ол алда, мен артта.

Алатауға жарыса жатқан ауылда қазақ пен орыс бірдей. Ауылдың солтүстік шығысында адырлы бел бар. Белдің үстінде сүйіндіктердің бейіті. Моланың көбі жалаңаш. Кейбірі қорғанды. Қырбай тура тартып осы төрт құлақты қорғанның біріне кірдік. Төбесі ашық, іші тізеден қар. Ортада томпайып мүрде жатыр. Біз оның терістік жағына шығып қорған дуалына жабыса отырдық.

— Міне, бұл жер қауіпсіздеу,— деді Қырбай жүресінен отыра беріп.— Мен келгеніңді кешке жақын білген едім. Біреулер сені бұл өңірге аян белгіңнен таныпты.— Ол да, мен де бұған күлмедік. Әншейінде болса күлуге жақсы бұралқы сөз. Күлкің келер мұндай сор қайнап, бақыт ұшқан шақта! — Күндіз әдейі келмедім. Зиянымды тигізбейін дедім. Келін қазақша жақсы біледі дейді, бірақ, шыны керек, орыс болған соң ерулік же дей алмадық. Сырын білмеген аттың сыртынан жүргіміз келмеді. Осындағылар «ол орыс емес-ау деймін» деп жүрсе керек-ті. Зады сөйлеген сөзіне қарап айтса керек.— Мұндай жылы төсектен тұрып далаға шыққанда тісің-тісің тимей сақылдап, мұздап кететін едік, осы бір бет қаратпай осып тұрған дүлейде таудағы сала бұғыдай суықтың бар екпінін де, жаурағанымызды да білмедік.

— Абақ,— деді Қырбай сыбырлап. Оның сыбыры еңкерістен түскен қарулы қалың жаудан қорқынышты болды, зәре-құтым қалмады. Етегімнен үрей үрлей кіріп, бүкіл бойымды алып кетті.— Мен он күн болды сұрақта жүрмін. Күнде түнде шақырады. Үш күн әйтеуір тынышпын. Ертең күндіз Ұзынағашқа шақырды. Күнде сұраққа алады. Бүгін талып кетіппін. Байқамаппын. Сұрайтыны — Жандосов. Ол колхозды таратуға қандай нұсқау берді. Берген нұсқауын, кімге нұсқау бергенін айтсаң сені шақырмаймыз, жауаптан босатамыз дейді. Мажалы олардың білгісі келетіні мен емес, осы Қастек ауданында сорпа бетіне шығарар-ау деймін. Сені де сұрады. Оған Жандосов не деп еді, сен бірге болыпсың ғой деп мойныма өтірікті қиып салады.— Қырбай сөз арасында аһлап-уһлеп жібереді. Бір сәт аяқ жазып түрегеп тұрдық. Боран түтеп тұрса да аппақ қар үстінде қара киімді Қырбай сорайып көрінеді. Мен сырықтай болсам керек. Ол отырайық деп ымдады. Қырбай қорғанның дуалынан мойнын созып, ауыл жаққа, далаға бір қарап қойды да, қайта жүрелеп әңгімесін соза түсті. Жүйкесі жұқарып титықтағанын, әлде суықтан мұздап тұрғанын білмедім, дауысы осы жерге келгенде қалтырап шықты.

— Мені кім деп ұғатынын қайдам,— деді ол,— Жандосовтың жандай досы болғаныңды білеміз, қимайтыныңды да ұғамыз, онда да сен Совет өкіметіне шыныңды айтуың керек. Егер біздің дегенімізді істесең, мойныңа алсаң, тағы Жандосовпен жақындарды мойнынан тізіп берсең, сенің достығыңды да кешіре саламыз. Абақ, мен он күннен бері бір көз ілген жоқпын. Бар өмірін революцияға, Ленин ісіне бағыттап-сүтіндеген адамды, партия ісі жолында жанын пида етуге дайын ардагерді қалай ғана қаралай алармын. Тіпті ең болмаса ол сондай бір емеурін білдірген болса екен. Онда бірсәрі, соның төңірегінде бірдеме құрап айтуға болар еді. Ал сүттен ақ адамға қалай ғана қара күйе жағарсың. Совет өкіметін біз Жандосов арқылы білдік қой. Совет өкіметін орнатқан кісіні сол өкіметті құлат деп айтты деп қалай обалын, күнәсін көтерерсің. Сенің жағдайыңнан да хабардар едім, бірақ абақтыдан шыққаныңды естімеп едім. Шынын айтсам, Абақ, сенің босанып шығуың маған түсініксіз, саған сенерімді де, сенбесімді де білмеймін. Сенбейін десем жасымыздан бірімізді-біріміз білетін сияқты едік.— Қырбай сәл тыныстап жүресінен отырды. Мен де тізе бүктім. Егер осы түннің беймезгіл шағында мола сыртынан біреу-міреу өткендей болса «моладағы өліктер күңгірлеп сөйлеп жатыр» деп тұра қашар еді де, ертеңіне осы ауыл дүрлігер еді. Ол сәл ойланып отырған соң мен өз жағдайымды жасырмай бәрін айттым. Бұл әңгіменің Қырбайға қалай эсер еткенін білмеймін, түнек қараңғыда бет-жүзін бағдарлап-барлау мүмкін емес, бірақ сөз саптасына қарағанда маған сенген сияқты. Ол сөзді аузынан жалын атып, қиналып айтты:

— Байқұс Ырысбек, қайран жігіт. Ер еді. Ерлігін істеген екен. Саған жаны ашыған ғой, екі ортада өзі босқа кетті-ау, асқан тәжірибелі чекист еді ғой.

— Жоқ,— дедім мен. Қырбай состиып мені ұнатпай қалды білем. Үнсіз тұрды.— Өзі ғана емес, мен үшін екеуі кетті. Петров деген он сегізінші жылы менімен соғыста болған жігіт те кетті.— Қырбай жаңағыдан гөрі жібігендей әңгімесін жалғап жонелді.

— Мен өлмей шындықты бұрмалай алмаспын. Егер мен олардың дегенін істеп Жандосовты жау десем, бүкіл Жетісу халқының бетіне қалай қараймын, онда олар Қырбайдың қылтиып тірі жүруін көздеріне шыққан сүйелдей көрмес пе? Жандосовты жамандап қалай жұрт бетіне қарармын. Одан да жер томпайтқаным жақсы емес пе!? Осылар ішіме сыймай ішқұса болып жүр едім, міне, саған айтып әжептәуір жеңілейіп қалдым. Оның үстіне сенің келгеніңді естіген соң ахуалыңды білейін дегенім еді...

Екі күннен кейін мен колхоз кеңсесіне барып жұмыс сұрадым. Енді қалай қарекетсіз жүрмекпін. Әрине, партиялылығымды қуалармын, ол бір күнде індетер нәрсе емес. Коммунистік жоғары мектепке де барып келдім. Шығарып тастапты. Партиялығыңыз шешілмей біз қабылдай алмаймыз дегенді айтты ондағылар.

Колхоз председателі Гущин сонау жиырмасыншы жылдардан білетін жігітім, үзеңгілес келе жатқан адамбыз. Ол тым жақсы қарсы алды деу өтірік болар еді, бірақ туздай көзін маған қадай сөйледі:

— Мен сізге қандай кызмет берер екенмін? — деп қиналды ол,— Бұрын маған бастық болған адамсыз.

— Кәдімгі шоп таситын арба берсең болады,— дедім мен. Әрине, ол белсенділік қызмет беруге қорқып, арба айдатуға ұялып отырғанын білдім. Сонымен арбамен фермаға шоп таситын бол¬дым. Арада үш күн өткенде Қырбай дүние салды. Әйелі «таң ата зорға келіп кіріп еді, күн шыға қайтыс болды» деп еңіреді. Қайран ер күйіктен кетті. Күндіз-түні ойлаған ой, сары уәйім Қырбайды мұжып аз-ақ күнде алып тынды. Бірақ ол о дүниеге ешкімнің тұнығын лайламай, толысын төкпей, ортасын шайқамай, арына дақ түсірмей аттанды. Есіл ерді ауылы жылап-сықтап соңғы сапарға шығарып салды.

Шұнақ сазарып отырып қалды. Мен бұрынғымша үнсізбін. Күн Қордайға арқан бойы қалды. Жайлау үсті салқын тартты. Сонау дала әлі күйіп тұрғанына шүбә жоқ. Шұнақ месті әкеліп, ішінде қалған қымызды шайқап-шайқап екі тостағанға толтырды. Қымыз шылдырлап местің түбінде әлі де қалды. Бұл жолы Шұнақ месті апарып тастың түбіне тықпай ауызын өрге қаратып тастады да, үстін аткөрпенің шетімен бүркей салды. Өзі тостағандағы қымызды сіміріп, орталады. Бір кесек етті шайнап, сол қолының қарын уқалап отырды. Шытынған қабағынан кішкене ауырсынғаны белгілі еді.

— Іш, інім, досыңның тамағын дұшпаныңдікідей іш деген. Бүгін, інім, менің көңілім ерекше көтеріңкі. Соңғы он алты жылда осынша жадырап, осынша терім кеңіп көрген емес. Суға матырылып, артынан күнде қалған тулақтай қатырлап, құрысып көн болып жүретін көңілім бүгін май жағып жібіткендей. Оның қырыс-тырысы жаңа өтектелген жібек шәлідей жазылды. Бір жылылық, бір жақсылық жақындап жылжып келе жатқандай көремін. Ақпандағы қардай көксіреу, сүрі-қасаң көңілім жіби салып барады. Інім, бұл менің жәреукеленуім емес. Саған жәреукеленіп, жағымпазданғанымда қолыңнан не келеді? Әрине, қолыңда болса екі күнгі әңгімеме қарап менің төбемнен төмен қарай алтын құяр едің.

Отыз сегізінші жылдың февралінің ортасында мен қайта қамалдым. Қаннен-қаперсіз жатыр едім деп қалай өтірік айтамын, өзім де қауіпсіз емес едім. Есік алдына түннің бір уағында келіп тоқтай қалған машина дыбысынан оянып кеттім.

— Келді,— дедім мен.

— Кім? — деп шошын кетті Ольга. Соның арасында-ақ есік қағылды. Ольга түрегеліп шам жақты. Білте шам тұтанбай зорға жанды. Тағы да Марлен бірге оянды. Ол да сужүрек болып қалған. Сүлесоқ тұрды. Ольга есікке барып:

— Бұл кім? — деді.

— Ашыңыз, біз,— дейді дауыс.

— Аша бер, белгілі ғой,— дедім мен. Бұл жолы бұрынғыдай емес қатайып қалғанымды сездім. Үйге екі адам кірді. Бейтаныс. Ұзынағаштікі емес. Тәрізі Алматыдан болар.

— Үйсінбаев, сіз тұтқындалдыңыз. Міне, ордер,— деді орыс жігіті.

Үнсіз киіндім. Бәрі бұрынғыша. Қабулы шалбар, көн етік, сырымалы күпі. Тіземе түсетін белін бүрмелеп тіккен қара тонымды алдым. Үйді онша бұрынғыдай тінтпеді. Әр нәрселерді шұқылап көрді. Жүрерде:

— Ольга мықты бол, балаларыңа ие бол! — деп бір ауыз сөз айттым.

— Мықты болмасқа болар ма, қош, жаным Абағым! — деді

ол.

— Көке! — деп ұмтылған Марленді екеудің біреуі итеріп жіберіп жолатпады.

— Марлен! Мен жау емеспін, мен коммуниспін! — дедім есіктен шыға беріп. Есік алдына шыққанда ай жап-жарық екен, Суықтөбе көзіме түсіп, туған жерден кетемін-ау деген усойқылы ой ішімді осып өтті. Іші-бауырым езіліп кетті. Бұл жолы балаларыммен дұрыстап қоштаса да алмадым. Ішім оттай жанып барады.

— Қош, туған жер, сенің алдыңда арым таза еді,— деген сөз аузымнан шығып кеткенін өзім де байқамай қалдым.

Тары да комендатура. Ұстарасын жалаңдатып шаштараз кірді. Шашты жібітпей-ақ тырылдатып қырды. Он шақты минутта-ақ баяғыдай тап-тақыр болып шыға бердім. Қолыммен басымды сипап едім, алақаным қан болып қалды. Шамасы шаштараз аямай кессе керек-ті. Үш-төрт сағат мөлиіп отырдым. Түннің бір шамасында әскери киімді екеу келді де, ала жөнелді. Бұрынғыдай жоғары-төмен жүргізіп, тас табанды, жер астындағы камераға әкеліп итеріп жіберді.

Камерада адам көп екен, олардың бәрі де бастарын көтеріп отырды. Ішінен танығаным Қазақстан Әскери комиссары Желябин, Алматы облаткомы төрағасының бірінші орынбасары Варов еді. Олар кезек-кезек сұрақты жаудырды. Көбіне әңгімелескен Желябин болды.

— Алматы обкомында кім хатшы?

— Нұралы Юсупов.

— Ол қайдан шыққан?

— Мирзоянмен бірге келген. Қырым татары. Осыған дейін Шелекте аупарткомның екінші хатшысы болатын.

— Ол кімнің орнына келді. Киселевтің бе?

— Жоқ, Киселевтің орнына Жанайдар Садуақасов, одан кейін Шақпақ Артықбаев, енді Юсупов.

— Мирзоян бар ма?

— Бар.

— Жандосов ше?

— Ол еткен жылдың июль айында алынған,— дедім мен. Бұдан кейін ол маған еш нәрсені мойындамауымды, еркек болуым керек екенін айтты. Інім, шыны, мен оларға сеніңкіремей отырдым. Олар жау, мен өзім таза адам, қатеден ұсталдым, қайта шығып кетем деп ойлаймын.

Ертеңіне түнгі сағат он екіде әскери киімді екеу дедектетіп ала жөнелді. Бірінші қабаттағы үлкен кабинет екен. Үш-төрт адам отыр. Біреуі бұрыннан өзім білетін Садықов деген татар жігіті. Олар жадырап жақсы қабылдады. Әр нәрсені сұрады. Ежовтың суреті тұр. Бәрімізді отырғызып, құртып жатқан осы қортық қой деп ойладым. Сурет астындағы столда тергеуші. Алдымен туған жылым, жерім сұралды.

— Мен сені білемін ғой, Үйсінбаев,— деді Садықов.— Осында Сара Есова да жатыр көрдің бе? — деді.— Оның күйеуі Халық Комиссарлар Советінің Председателі, біз оны сонда да отырғыздық.— Күшімізді көрдің бе? — дегені екенін мен түсіндім. Сөйтті де ол сөзін қайта жалғап аяр қатынша алдай сөйледі. Біз адал адамдарды ұстамаймыз. Босатып қоя береміз. Бәрін өзің мойындасаң сені несін әурелейміз.— Мен, інім, шынымен бұлардың көзіне елігіп қалдым. Камерадағы Желябин сөзін есіме алып, Іштей «жаудың аты жау ғой» деп қоямын. Мені камераға қайырды. Ондағылар бәрі өре түрегелді.

— Қалай? — деді Желябин.

— Ештеңе жоқ,— дедім мен Желябин сөзін жақамай. Менің жақамағанымды ол білді де, қайта сауал қоймады. Мен олармен сөйлеспей жатып қалдым. Ия, жаулармен сөйлесіп қайтпекпін. (Иінде кінәсі жоқ адамға НКВД тимесе керек. Маған тіпті жақсы сөйледі ғой. Отырғандардың бәлкім әрқайсысының кінәсі де, күнәсі де мол болар. «Осалдық көрсетпе!» деп қояды мына Желябин. Мені дұрыс жауап бермеуге итермелейді. Мен неге оларға дұрыс жауап бермеуге тиіспін. Сауалының бәрі де орынды, теріс кетіп отырған, мені отқа итермелеген ешкімді көрген жоқпын.

Тақырайған тас еденге тонымды төседім. Басыма күпімді жастанып жатып қалдым. Менің сол жағымдағы екеудің сыбырласқанын естідім. Түнде кім екенін аңғара алмадым.

— Бұл байқұс,— деді сыбырласқанның бірі,— алғашқы алдаумен алданып жатыр ғой. Ертең кереді ғой сорлы.

— Ертең не болатынын біледі дейсің бе? — Есік сылдырлап ашылды. Жатқандардың бәрі басын жұлып-жұлып алды.

— Желябин шық бері!..

Желябин таң алдында әкелінді, итеріп жібергендіктен ол тура менің үстіме құлап түсті. Мен сырғып орын бердім. Ол таң атқанша тілге келмеді. Ертеңгісін оның кеудесін көтеруге шамасы келмеді. Екі қолымен жер тіреп көріп еді, оны қолы тірей алмады. Мен домен едім, ол «өзім көрейін» деді. Өзінің әлі келмеді.

— Абақ Үйсінбаевич,— деді ол,— кеше мен айтқан сөзді оларға айтып қойдың ба? Сен Үйсінбаевқа біреуге куәлік берме депсің деп мені тепкіледі ғой.

— Жоқ,— дедім мен,— ол туралы тіпті әңгіме болған жоқ.— Мен қатты қысылып қалдым. Ішімнен ұялып өліп барамын, шынымен менен көруге Желябиннің хақы бар еді. Бірақ сұраққа үш-төрт кісі барды ғой. Кім болды екен?

— Абақ, шыныңды айтшы! — деді Желябин.

— Шыным, мен сіз туралы тіс жарған жоқпын.

— Онда біздің арамызда бір тоқылдақ бар. Балалар,— деді ол,— тоқылдақ бар. Сақ болыңдар. Ауыздарыңа ие болыңдар! — Ол қайта талықсып кетті. Содан кешке дейін есін жия алмады. Түске таман Желябин сандырақтады. Қилы-қилы сөздер айтты. «Жоқ, білмеймін», «Естігенім жоқ», «Көргенім жоқ», жоқ», «ондай болған жоқ», «жоқ, ол өтірік», «жоқ, жоқ, жоқ!» Әйтеуір Желябиннің аузынан шыққан сөзінің бәрі «жоқ». Мажалы ол тергеушіге жауап беріп жатса керек. Ол қайтадан «жоқ, жоқ» деп жатты да, бір кездері бар даусымен айғай салды: «Жоқ!». Өз даусымен шошып кетіп, басын жұлып алды. Тақтаймен шегеленген қабырғаның төбемен жалғасар жеріндегі сығырайған терезеден түскен жарықтан оның бет-жүзі көрініп қалды Беті көлкілдеген ісік, құлағынан, езуінен қан шығып тұр Аузы көнтиіп ісіп кетіпті. Інім, бізде нақ мынадай сұмдық болады деп менің үш ұйықтасам ойымда болмайтын Көптен таныс қатар жүрген жолдас, оған осы жерде қатты жаным ашып, елжіреп кеттім. Бірінші рет осы Желябинді Балқаш бойында Жандосов жанында көріп едім. Отыз бесінші жылдың октябрі еді, онда Кешке жақын ортадағы маздақ жанында Жандосов екеуі Пушкин мен Лермонтовты кезек-кезек жатқа айтып, қалғандарымыздың құлақ құрышын қандырған еді. Сонда осы Желябин мен Жандосов әлдеқандай бір тілде Шая Ицкович жөнінде ұзақ сөйлесіп еді. Ертесіне бір қаға берісте Желябиннен:

— Қай тілде сөйлестіңіздер? деп сұрадым.

— Француз тілінде, деді осы Желябин. Шая Ицкович әңгіменің ішінде көп айтылғаннан кейін есімде қалды. Кейін біле келсем әңгіме қу жақ Голощекин туралы болған екен ғой

Кешке қарай Желябин есін жиды. Мен оның басын көтеріп, басына тонымды, күпімді жастап кеудесін көтердім.

— Қабырғам сынды, Абақ,— деді Желябин,— мен бәрібір жолдастарымды жау деп өтірік айта алмадым. Өлтірсе өлтірсін, қалай өтірік айтамын? Екі троцскийшіл бар бізде, соны айт деді. Абақ Жандосовтың оқыған інісі бар ма еді, мен інілерінің бар екенін білетін едім, бірақ оқығаны барын білмейтін едім. Соның інісінің бірін айтады, Сейфуллинді атайды. Екеуі де троцскийшіл, сен білесің дейді Мен Сейфуллинді көргенім болмаса сөйлескен емес едім. Ол Троцскийге арнап өлең жазып па еді? Менен соны сұрайды. Мен қазақша оқи алмаймын ғой. Желябин бұл сөздерді әр сөз сайын дем алып, зорға айтады.— Мен коммуниспін, Абақ. Мен әскери адаммын ғой, жау қолынан өлуім керек еді, онда арман да болмас еді. Әттең өз адамдарымыз «сен неге жаулық жасадым демейсің» деп қорлайды. Біз ит қорлықпен өлетін болдық қой. Мені өтірік айтпағаным үшін қабырғамды сындырды, Абақ! Сен тірі болсаң айта жүр, мен коммунистпін. Мен Коммунистік партияға сенемін, коммунизм мен үшін елес емес, мен оның болашағына қол қоямын. Бірақ, бірақ...— Желябин талықсып кетіп біразға дейін өзіне өзі келе алмады. Әлден уақытта есін жиып қайта сөйледі: — Неге бізден қолдан жау жасағысы келеді. Маған осы жері түсініксіз. Мен қалай жау боламын, мен... мен... коммунистпін!

Желябин түсте аузы нан шайнауға келмеген. Мен оның аталасына нанның ішіндегі жұмсағын салып, езіп аузына құйғанмын. Кешке де жағы нан шайнай алмады. Қолы бүркіп қалған, икемсіз. Кешке жақын нанды саптыаяқтағы суға матырып, аузына тықтым. Ол қылғынып, қақалып әрең жұтты Сөйтіп екі жүз грамм нанның бәрін езіп аузына салдым Күш жинасын дедім. Бірақ көкірегімде әлі де ұялап алған күдік кетер емес, мүмкін бұл... Әйтпесе маған неге... Кім біледі, әлі көретінім алдымда шығар.

Желябиннің сөзінен бе, әлде күнде-ақ осылай ма, камерадағылар бірімен-бірі сөйлесуін қойды. Ешкім үндемейді Кейде тек біреулері қабағымен ымдасады Кешкі ыстық судан кейін Варов менің жаныма жақындады Ымдап бірдеме айтып өзінің көкірегін шұқиды. Мен зорға түсіндім Мен туралы сұрады ма дегені

— Жоқ, сұраған жоқ,— дедім мен Варовпен екі жыл істес болғанбыз. Ол облаткомда бірінші орынбасар болатын Бірақ тым жақын болған адамым емес-ті. Ол жақындап аузын жалғыз құлағыма тақады:

— Мені сұраса білмеймін де. Жандосовпен қатысы жоқ де, дейді.

— Қалай оның бірінші орынбасары болдың ғой.

— Орынбасары болдым ғой Бірақ анау жағын..

— Қай жағын? Жау жағын ба? Оңбаған!..— Мен тұтығып қалдым. жаман көзімен қарады Бірақ сөйлеуге шамасы келмеді. Тіпті ызалықтан қалтылдап-дірілдеп кеттім. He дерімді де білмедім. Варовпен сөз осымен тамәм болды. Ол енді маған жолай алмады. Қабырғасы сынғандықтан болуы керек Жалябин жөтеле берді, жөтелін көтере алмай әлсіреп кетеді.

Камераның іші күңгірт тартты. Күн батқан болса керек. Кеш бата тұтқындардың қабағы түсіп, күндізгі бірлі-жарымды сөзден арылып әрқайсысы өз ойымен әуре. Ол маған әбден түсінікті. Қайсымызды шақырар екен, не сұрар екен, қалай қинар екен... Міне, осыларды кеш бата отырғандар уәйімдей бастайды. Үй іштерін, бала-шағасын ойлайды. Ой түбіне жеткен барма, бір ой бір ойды қуалап, тұңғиыққа түсіп, малтығып шыға алмай жатады. Желябиннің жағдайын көргеннен кейін менің де көңіл күйім төмендеп, зәрем зәр түбіне кетіп отырдым. Сөйтіп жатып қалғып кеткен екенмін, есік сылдырлап хабар берді. Ашылған темір қапталған есіктен:

— Үйсінбаев шық бері! — деген жазалаушының даусы естілді. Екі жазалаушы қадаң қаққызып алып келіп кешегі кабинеттен бір-ақ шығарды. Бүгін мұнда төрт адам отыр. Біреуі кәдімгі өзіме таныс Садықов, екі көзі көкшиіп, көкбауыр сияқты тарғыл беті талақтанып маған қарап бедірейіп қалыпты. Енді бірі төрде отыр, байқасам Шемишев, бұл басқаларына бастық болса керек. Екеуі орыс жігіттері — көрмеген адамдарым. Бүгін ортада орындық тұр, орқалығы жоқ, қалың тақтайдан жасалған. Үстінің бәрі қожалақ, кір сияқты, маған ол Садықовтың беті тәріздес болып көрінді. Сыртта гүрілдеп-гүжілдеген мотор даусы естіледі.

— Отыр! — деп зікінеді Шемишев.— Ескі дос. Колхоз ұйымдастыруға қарсы болған. Мен мұны отыз бірінші жылдан білемін. Ал айта бер. Колхозды қалай таратпақ болдыңдар?

— Ондайды білмеймін,— дедім. Енді не демекпін, өтірік айтамын ба?!

— Қойсаңшы, Үйсінбаев, Жандосовтың колхозды тарат дегенін айтсайшы,— деді Садықов жарылар шиқандай талаурап.

— Жоқ, ондайды естіген жоқпын. Жандосовты сен менен жақсы білесің, екеуің Кеген ауданында бірге істеген едіңдер ғой.

— Мынаны қара, тірілейін депті.

— Мен әлі өліп көрген жоқпын.

— Егер Жандосовтың колхозды тарат дегенін айтпасаң өлесің.

— Жандосов колхозды нығайт деген.

— Жандосов жау, Үйсінбаев, одан да жаулығыңды айт!

— Садаға кет, Жандосовтан! Жандосов большевик. Жандосовты жау дегеннің өзі жау.

— Ия, КомВУЗда отырғанда да сен солай дегенсің. Сонда сен кімді айтып отырсың? — Інім, мен Жандосовтың алынуын Ежовтан көретін едім. Өйткені партияның XIV съезіне делегат ұсынған кезде Қызылордада Ежов пен Жандосовтың бірталай сөзге барысқанын білетін едім. Ақыры сол жолы Жандосовтың сөзін сөйлеген көпшілік Ежовты кеңесші дауыспен ғана съезге делегат етіп ұсынған. Ежов онда Семей облыстық комитетінің хатшысы болатын. Талас Ежов пен Жетісу облыстық комитетінің хатшысы Жұбаныш Бәрібаев екеуінің XIV съезге қайсысы шешуші дауыспен делегат болуы туралы еді. Ақыры таластан кейін екеуі де кеңесші дауыспен делегат болған. Содан кейін-ақ Жандосов пен Ежов әбсін шәлкем-шалыс, қырғи қабақ келе беретін. Ал Голощекин болса көбіне Ежов жағынан табылатын. Сондықтан да мен Жандосовтың алынуының бар себебі Ежовтың қысастығы деп ұғатынмын.

— Кім Жандосовты жау десе, сол жау.— Садықов жаныма жақындап келді.

— Сен июнь айының аяғында Есіктіге Жандосовқа барғанда колхозды таратуды қай уақытқа белгіледіңдер,— деді Садықов тағы да.

— Жандосов ондай сөз айтқан жоқ, маған.

— Айтқан жоқ па? — деп қайталап сұрады Садықов.— Мә, саған айтқан жоқ! — Ол көк желкемнен періп кеп жіберді. Мен орындықтан жалп түстім. Басымды көтере бергенде құлақ шекемнен тағы бір жұдырықты қонжитты. Қайта құлап түстім. Екі тергеуші орнынан тұрып келіп мені сүйеп тұрғызып, орындыққа қайта отырғызды. Басым айналып, мең-зең болып кетті. Құлағым шуылдап тұрды. Жоқ, шұнақ құлағымның орны дуылдап, құлақ орнындағы тесік бітеліп қалғандай, күңгірлейді. Енді қай жағымнан ұрар екен деп қуыстанып отырдым. Терезеден естілген мотор үні гүрілдеп құлағымды жеп қойды. Бұл неге кетпейтін машина деп қоямын. Әйтеуір терезе жақта қатты гүріл. Тергеуші мені қадағалап отыр. Мен сырттағы мотор үнін тыңдауды қойдым.

— Жандосов колхозды тарат деді ме? — Садықов майдалап, күлген болып, жылмаңдай сұрады.

— Жоқ. Жандосов Сонет өкіметін нығайту керек, колхоз құрылысын өрістету керек деген.— Орнынан жастау тергеуші түрегелді. Ол оң жағымнан келіп:

— Мынау не?—деді. Мен жалт қарадым. Шықшытымнан періп қалды. Тағы құлап қалдым.— Ойлан, ойыңа түсір.— Мен үнсізбін. Шаршап кеттім. Даубайдан жеген жұдырығым түк емес екен ғой деп ойладым. Баяғыда отыз төрт қозыны қасқыр қырып кеткенде шекемнен тиген жұдырық басыма жабысып қалғандай еді, сол бүгін күштірек болып қайта тигендей. Маған жаңағы жұдырықтан көрден тіріліп келіп Даубай ұрғандай елестеді. Бірақ онда жанымда Даубайдан өшімді алып беретін Сарыапам бар еді-ау. Қайран Сары апа! Ол да өтті-ау, дүниеден. Енді нәубет бізге де жеткен шығар. Күнде осылай ұра берсе өлмегенде не қалады?

— Әкет! — деді Шемишев. Есіктен екі жазалаушы келді де, сүйреп ала жөнелді. Камераға итеріп жіберді. Мен шайқалақтап, өз денемді өзім билей алмай барып, қабырғаға сүйеніп зорға жығылмай қалдым. Сол босағада тұрып есімді жинап орныма беттедім.

— Демек, бұл емес, балалар! — деді Желябин. Әңгіме не туралы болғаны көкейіме қона кетті. Отырғандар «тоқылдақты» іздеп отырғаны белгілі еді. Таңертең құлақ шекем ісіп түрегелдім. Басым әңкі-тәңкі. Кешке дейінгі әңгімеміз қайсысымыздың «тоқылдақ» екенімізде болды.

Сол күні кешке тағы алып жөнелді. Тағы сұрақ. Мен тағы мойындамадым. Немді мойындаймын. Тіпті айтатын ештемем де жоқ. Бір күні сұрақта есімнен танып кетіппін. Көзімді ашсам екі кісілік камерада жатырмын. Бетіме үңіле қарап отырған адам тыныс сияқты. Максим Тиранов. Бұл мың тоғыз жүз он бірінші жылдан партия мүшесі, Алматы облыстық жер бөлімінің бастығы болатын. Ол да Желябин сияқты отыз жетінің мартынан отыр екен. Жасы егделеу, сақал, мұрт қоятын зиялы адам еді. Онымен де талай мәселе шешкенмін. Енді, міне, егін жиналмады деп, мал аштан қырылды деп қайғырмайтын «құлдың малы жұтамас, күңнің күлі шашылмас» жерде кездесіп отырмыз. Қырылатын мал

жоқ, салатын егіннен де аламыз, күйттейтініміз де, күңк дейтініміз де ез сопа басымыз. Інім, тергеуге ілінгеннен кейінгі жерде бір нәрсені армандау, өткен өмірді шолу, алдағы күнді болжау, жоспарлау, бірнәрсені мұнша болады деп болжалдау деген атымен болмайды, оның барлығы үстінде әуе, ойында сәуе барында екен. Еш нәрсемен ісің болмай көбіне кеңірейіп қалады екенсің. Дегенмен кейін лагерьде болғанда басқалармен әңгімелесе отырып білгенімдей мен мықтырақ, шыдамдырақ болған екем. Максим Тиранов тіпті маған таңданғанын жасырмады.

— Мен он бірінші жыл мен он жетінші жыл арасында төрт дүркін патша түрмесіне отырдым,—деді ол.— Сонда мен патшаның түрме жазалаушыларынан да мұндай теперіш көрмеп едім. Біздің тергеуіміз патша тергеушілерінен жүз есе асып түсті. Бұлар ешкімді тірі шығармайтын шығар. Мен осы жасымның ішінде тергеудің мұндай түрін естіп білген емеспін. Сен әлі ештеме көрмеген екенсің, Абақ. Сені күні бұрын айтып қорқытпай-ақ қояйын, бұлардың адам тергеу әдісі тіпті ешбір рабайға сыймайды.— Тиранов сөзі көп адам емес, оның үстіне жасы ілгері адам, тергеуді, сұрақты көтере алмайды білем. Кешке дейін ұйықтай береді. Бірдемені сұрасаң ғана жөнін айтады, көбіне көзін жұмып жатады да қояды. Газет, кітап бізге берілмейді. Радио атымен жоқ. Тас құлақ кереңбіз, тілсіз мылқаумыз. Әйтеуір әзір мені жалғыз отырғызған жоқ, онда мен сол жалғыздықты көтеруім бәрінен қиын-қыстау болар еді. Төрт қабырғаның бәрі тас, еден тас, терезенің жоғарыда орны бар. Одан ең болмаса аспанның бір шеті көрінер ме екен деп мойнымды талай создым, жылт жоқ. Күндіз де қара көлеңке. Біздің жердің астындағы көртышқаннан айырмамыз аз. Мүмкін осылай отыра берсек бізге көздің де, құлақтың да, тілдің де керегі болмай қалар. Максим Тиранов пырылдап, пеш үстіндегі мысықтай ұйықтайды. Мен ондай кезде сыңар құлақты қабырғаларға тосамын, тіпті тықыр білінбейді. Анда-санда дәлізде жазалаушылардың кілтті салдырлатып жүргені ғана естіледі. Түнгі сұраққа апармаған күндергі ұйқы да тыным болмайды. Бытықы-шытықы түс көремін. Әлдеқашан өліп қалған Ұлтуғанмен құшақтасып жүремін. Марленді күнде түсімде көремін, жаныма келмейді, ылғи қалтырап-дірілдеп тұрады. Өстіп жатып таңға пәлен дүркін оянамын. Тирановты марттан бері тергеп болған ба көп шақырмайды.

Түннің бір шамасында жазалаушылар мені еңкеңдетіп алып жонелді. Бұл жерде бірдеме ойладым деудің өзі артық, інім. Өйткені сенің басың ойлаудан қалады. Малдан айырмаң екі аяқтап жүргенің ғана. Басыма ештеме кірмеген күйі тергеуші кабинетіне кірдім. Төрт-бес адам отыр. Қатуланып отырған ешкімді байқамадым. Тағы да баяғы сұрақтар. Қарсыға тұрған ескі мектептің шәкіртінше бір бұрышқа тікемнен тік қойды. Ортадағы Садықовтың бетіне ұқсайтын баттиған, тарғақ орындық бүгіп жоқ. Сыртта тағы мотор үні, гүрілдеп тұр.

— Көтерілісті қай уақытқа белгілеп едіңдер? — деді бірі аты-жөні жоқ, қайдағы бірдемені айтып.

— Қандай көтерілісті?

— Қойсаңшы әукейсімей, Үйсінбаев. Әлгі Жандосов айтқан көтерілісті айтамыз,— деді Садықов, беті тарғылданып.

— Ондайды білмеймін,— дедім мен. Төрде маңдайы тайқылау, кеудесі шалқақтау, екі бетінің ұшы бүйректей шығыңқы, қара сұр жігіт отыр. Қазақ ондай түстілерді ор дейді. Және қазақ ор адамнан ешқашан жақсылық күтпейді. Түрегелгенде байқадым, екі жіліншігі қамыттау, екі тізесінің арасынан ат өтіп кеткендей арбиып көрінеді. Ол кездегі аяқтағы қара шегірен былғары етік, сыптай, екі санына жеткен жері аузын бидайға толтырған ат-жалманның екі ұртындай едірейген, сары жасыл сымы оның дене бітімінің кемшілігін бадырайтып жалғанға жария етіп тұр. Жүрісі кесір шалқақ-шалқақ етеді. Көзі сықсық, жыртиыңқырап біткен, мұрнының маңдаймен жалғасқан жері — кеңсірігі тым шөгіңкі де, есесіне кеуілжіреген ары ұшына қарай қобаған, қора төрінде шоңқайып отырған иттің бейнесін білдіретіндей. Маңдайы тайқы. Алдымен маңғаз жігіт екен-ау деп тұр едім, жоқ, сөйлегенде, жүргенде шалт қимылды жыпылдаңқыраған, артын байқап, абай адам екенін аңғардым. Ендігі сұрақтың біразын сол берді:

— Сендер қанша адамсыңдар?

— Отбасымыз төрт адам. Әйелім, екі балам.

— Ой, балаң балшыққа батсын, шұнтиған шұнақ. Советке қарсы ұйымдарыңда қанша адам бар? — деді жаңағы сықсық көз. Інім, күнде еститін, күнде жұрт жүз айтып, мың қалжыңдайтын «щұнақ» деген сөз өмірімде түңғыш рет соншалықты ауыр тиді, мұны бүгін өзімнің дене кемшілігім екенін алғаш сезіндім, «шұнақ» қос өкпемнен атқан оқтан кем тимеді.

— Сіз немене менің жеке басымның кемшілігіне тиесіз! — деп қарсыластым. Өйткені бұл кезде әлі тың едім, күшім де бар еді.

— Сенде жеке бас бар ма, сен Жандосов сияқты жаудың құлақкесті құлысың, соның жалдамалы, басыбайлы малайысың. Жандосов десе жан ұшыра жүгіретін жандайшабысың.

— Мен үнемі-ақ большевиктік жолға қызмет еткенмін. Одан айныған жерім жоқ. Жандосов большевик, большевиктің нұсқауымен өмір бақи жұмыс істедім.

— Жандосовтың нұсқауымен жұмыс істедің ғой?

— Большевик Жандосовтың большевиктік нұсқауымен жұмыс істедім, партиялық тапсырмасын орындадым.

— Демек, Жандосов бастығың болды ғой?

— Жандосов Қазақстанның, Түркістан республикасының бастықтарының бірі болды, Алматы, Жетісу облысының бастығы болды. Сіздің де бастығыңыз болды.

— Сен дұрыстап айтсаңшы, Жандосов бастығым болды десеңші.

— Мен дұрыс айтып тұрмын, Жандосов Өлкелік Комитеттің хатшысы болды, ВЦИК-тің мүшесі болды.— Нақ осы бір сәтте есіктен біреу көрінді де:

— Секенов жолдас, сізді жоғарыға шақырады.— Сықсық көз жылымшы бірдеме ұрттап алып жиіркенген адамдай тыжырынып, бет-аузын бірнеше бөлек қылып жіберіп есікке беттеді. Оның беті беске бөлініп кетті. Маңдайы бір бөлек, екі беті екі бөлек, мұрны, иегі екі бөлек. Осы кездері халық жауы деп неше түрлі сықақ суреттер салынушы еді, оны басқа жақтан іздеп әуре болмай-ақ, осы Секеновке қарап салса болар еді деп ойладым. Арада екі сағаттай уақыт өткенде екінші бір тергеуші келді. Осылай мені екі тәулік тік тұрғызып қойып сұрады. Мен шаршадым. Бірақ жығылмадым. Әрбір екі-үш сағат сайын тергеуші ауысады. Алдыңғы тергеушінің сұрағандарын, тағы басқа өздерінің ойларына келгенін мыжи береді. Екі күн бұл кабинеттің терезесінен даланы, күндізгі жарықты көріп тұрдым. Күндіз де, түнде де осындамын. Тамақ та жоқ, ішуге су да бермеді. Тікемнен тік тұрмын. Аяғым сыздағанын екінші тәулікте аңғардым. Екінші тәулікте кешке қарай аяғымның ісігі көбейіп етікке сыймай кетті. Ісік тіземе шапты. Әлі есімнен танбадым. Жауабымның бәрі қалпында, Жандосовқа да, басқа аты аталғандарға да ештеме жолатпадым. Түннің бір шамасында камераға апарып тастады. Кіргенімді білемін, жығылғанымды білемін, ертеңіне күндіз есімді жидым. Қарасам шиқылдақ темір төсекте екенмін. Күнде басыма жастаулы тоным аяғымның астында жатыр. Мен оған маңыз бермедім.

— Жігіт-ақ екенсің, денсаулығың да бар екен, елу сағаттан артыққа шыдапсың,— деді Максим Тиранов.

Үш күннен соң түннің бір мезгілінде мені тағы алып жөнелді. Әнеугі кабинет. Тағы да бірнеше адам. Кірісімен ортаға орындық қойды да, көн етігімді шештірді. Отырғандардың бірі үлкен ақ пышақты алып, етігімнің қонышын өкше сірісімен кесіп тастады. Екі етіктің басын шәркей жасап, аяғыма ілгізді. Оған шұлғау тұрмайды, сондықтан ішіндегі жұқа башайлықпен қалдым.

— Е, бұл шыныққан, көтеріліске әзірленген адам аяғы мұздамайды,— деді кешегі сықсық көз Секенов.

— Ия, Үйсінбаев,— деді көзі жымығып тексіз иен Секенов,— Жандосов бастығың екенін айттың, енді одақтарыңдағы басқаларын айт!

Мені қайтадан кешегі бұрышқа апарып қойды. Тікемнен тік тұрмын. Ішімнен «шыда Шұнақ, мықты бол!» деп өзімді өзім жаныдым. Дегенмен жанымды жеп тұрдым. Енді кешегі пәлені қайталайтынын білдім. Япырым-ай деп ойладым, мені әкелгенде сыртта Совет өкіметі бар сияқты еді ғой. Әлде Совет өкіметінің кезінде-ақ осындай сұмдық істеліп жатыр ма екен? Қалай-ақ өмірімнің басы бапан, аяғы сапан болып аяқталар екен, мен тағдырыма осынша не жазып едім. Адамға берілер азғантай өмірді де қорлықпен өткізетін болдым-ау деп күйініп те, күйзеліп те кеттім. Дегенмен бойымды жинап алып

сұраққа жауап бердім.

— Жандосов Алматы облыстық Советі атқару комитетінің төрағасы. Облыс соның басшылығымен жұмыс істеді,— дедім мен Сскеноске.

— Сен енді одақтарыңда кімдер болғанын айт.

— Мен ешқандай одақты білмеймін.

— Сұлтанғалиевті білесің бе?

— Білем. Кеген аудандық партия комитетінің хатшысы болса керек-ті.

— Онымен қандай байланысың бар?

— Ешқандай байланысым жоқ. Кеген ауданының хатшысы екенін білемін. Танымаймын.

— Сұлтанғалиев, Жандосов бәрімізге колхозды тарату керек деп айтты ғой. Оны Үйсінбаев та біледі деді.

— Білмеймін. Естігенім жоқ.

— Ал Байқанаев сенің қандай жақының? Туысқаның ба?

— Жоқ. Шелек ауданының хатшысы. Танимын. Білемін.

— Ол да сендердің ұйымдарыңның мүшесі ме?

— Ешқандай ұйымды білмеймін. Бір-ақ ұйымды білемін.

— Ол қандай ұйым? — деп тергеуші Секенов елең ете түсті.

Бүкілодақтық Коммунистік «большевиктер» партиясының ұйымы. Коммунистік партияның ұйымында Жандосов та, Байқанаев та, мен тұрамыз. Байқанаев Шелек аудандық коммунистерін басқарады.

— Айтқың келмейді, фашист! — деп қазантолмастан оң қолының жұдырығымен қойып жіберді. Құлап түстім. Талып кетіппін. Басыма бір шелек суды ақтара салды. Көзімді ашып алдым. Екі жазалаушы мені тұрғызып, аяғымнан бастырып қойды. Күшім қашқан жоқ, мықтымсынып тұрмын.

— Құдамановқа қандай қатысың бар?

— Құдаманов Шеген, Қаратал ауданының хатшысы. Соны ғана білем.

— Дәулетқалиев айтты ғой, ұйымның бастығының бірі Үйсінбаев деп.

— Қордай ауданында хатшы екенін ғана білемін.— Дәулетқалиевті алғаш Ғатауллиннің үйінде Ғабит Мүсірепов менен ауданның жағдайын білуге шақырғанда көргенмін. Онда онымен сөйлесе де алмағанмын. Онда ыңырана отырып Ғабит қана сөйлеген болатын. Одан кейін ол кезде Алматы облысына қарайтын Қордай ауданына хатшы болғанын ғана білетінмін. Мен «бесеудің хатына» материал беріпсің деп айтар ма екен деп тұр едім, жоқ, Секенов оны білмейтін болса керек. Содан кейін тергеуші Аягөз аудандық партия комитетінің хатшысы Рахымжан Хайруллинді, Алматы облыстық «Сталин жолы» газетінің редакторы Хасен Өзденбаевті, облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары Сырғабаевты да тімтініп, көп мыжып сұрады. Жауап алу әдісі бұрынғыша. Әрбір екі-үш сағатта тергеушілер. ауысады, мен орнымда, бұрышта, қақиған қалпыммен қала беремін. Әзір бұлардың тегеніне төтеп тұрмын.

Екі тәулік өткенде шөлдеп ындыным құрып, бір жұтым су сұрадым. Қайдан берсін. Тергеуші Садықов өзі суды графиннен лақылдатып стаканға құйып, менің алдыма әкелді де

— Ал көтерілісті қай кезге шамалап едіңдер? — деді.

— Көтеріліс дегенді естіген емен,— дедім мен. Ол стакандағы суды менің бетіме шашып кеп жіберді. Мен бетіме тиген суды оң қолымның сұқ саусағымен төмен ысырып-ысырып, ерніме тигізіп, тамсандым. Құрғап, аңқасы кеуіп, кендірі кесіліп тұрған адамға сол таңдайыма тиген судың шашындысынан барған бір-екі тамшы күн ыстықта мейір қандырар шербеттен артық болды. Жүгіріп барып графиндегі суды бермесіне, ұрғанына қарамай сімірсем бе екен деп те қоямын. Әлі өзімді өзім билей алатын дәрежедемін. Мен буларға осалдық көрсеткім келмеді. Артық етім жоқ, сонда да әлі денем шымыр, босаған жоқ, сыптығырдай болатынмын. Сұлыбымнан мықты жаралған болсам керек. Ісірібін тоқтастан соққан, жер сілкініске бой бермей қалған сарайдай әлі бекем тұрмын. Бірақ аяғым ісіп, екінші күні тіземе жетті. Неге екенін қайдам ісік төменнен басталады екен. Осы күні жүрегі ауырған адамдарды да дәрігерлер жіліншігін жалаңаштап, балтырын, басып көрмей ме? Сонда ажал да, ісік те, зақым да адамға аяқтан келетін болғаны да. Өйткені ұзақ ауырып, өлім халінде жатқан, ауызына су тамызып жатқан адамдардың қазақ та алдымен аяғын ұстап көреді. Ондағысы жансыздану да адамның аяғынан басталса керек-ті. А жал жақындағанда аяқ суи бастайды екен дағы. Күндіз-түні бірдей түрегеп тұрмын. Басым бас емес, оның орнына бір қазан төңкеріп қойғандай, зілмауыр тартып, ем құлағым шыңылдап, әлде бірдемелер бас ішінде зыңылдап, дүрілдеп барады. Үш тәулік бойы беріскен емен. Жауабымнан танбадым да, айнымадым да. Төртінші тәулікте екі балтырым ғана емес, қара саным да ісіп, шалбарыма сыймай кетті. Ісік кіндігіме келіп қалды. Ең соңғы білгенім бір орыс жігіті сұрады:

— Жандосов қандай жау?

— Жандосов большевик.

— Мә, саған, большевик! — Оң жақ құлағыма бірдеме сақ ете түсті. Немен ұрғанын білмеймін. Құлап түстім. Олар тепкілеп жатқанда көзім ілініп кетіпті. Үстіме құйылған судан көзімді ашып алғанымда сол жатқан көп болғанда бір минуттағы ұйқы мені тынықтырғаны сонша құр аттай сергіп, шаршауымды ұмытып түрегелдім. Тіпті тергеуге тыңнан келгендеймін. Осыдан кейін екі тергеуші ауысқанын білемін, есік жақтағы тұрған жазалаушы жаныма келіп, ішімнен жұдырығымен бірнеше ұрып құлатып, есімнен тандырды. Су құйып қайта тұрғызды. Міне, төртінші тәулік аяқталарда олардың не сұрағанын, өзімнің не айтып, не қойғанымды білмеймін...

Көзімді ашып алсам екі аяғым темір төсектің басына шығарылып, күпінің жеңімен байланып, асылып қойылыпты. Өзім төсектің ортасынан төмен жатырмын. Тура үш күн ұйықтаппын. Еш нәрсе сезбеппін де, білмеппін де.

— Сен өзің келген жоқсың, сені өлік сияқты көтеріп келді,— деді Максим Тиранов.— Сені семіртіп әкеліп тастады.

— Аяғымды нағып асып қойдыңыз?

— Әйтпесе өліп қалар едің,— дейді Тиранов.— Ісік қайтсын дедім.

Арада он шақты күн өтті. Тып-тынышпын. Маған да, Тирановқа да ешкім келмейді. Таңертең бір саптыаяқ ыстық су екі жүз грамм нан, түсте екі жүз грамм нан мен атала, кешке таңертеңгіні қайталайды.

Бір күні түстен кейін жазалаушылар тағы ала жөнелді.

— Абақ! — дегенге жалт қарасам Жандосов екен, оны есіктің артына итеріп тұрғыза қойды. Қарадың дегені болу керек, жазалаушының бірі көк желкемнен түйіп жіберді. Мен етпеттеп жығыла жаздап барып түзелдім.

Тағы да белгілі кабинетке әкелді. Үш-төрт тергеуші отыр. Ортадағы екі орындықтың біріне мені отырғызды.

— Сен бәрін мойындадың. Енді куәлармен беттестіреміз,— деді тергеуші Секенов. Есеңгіреп кеткенде не сандалдым екен, не деп, не қойғанымды білмегенім ғой. Інім, осы жерде бір нәрсе есіме түсе кетті. Баяғыда, революция алдында Дәуқара Бұғымүйіздің бір жалаң қия-жартасына шығып, бүркіттің балапанын аламын деп, ақыры ұяда балапан болмай тұзақ құрып қойса, үлкен бүркіттің өзі тұзаққа түсіп қалыпты. Балапандай емес, үлкен бүркітті қолға үйрету қиын болады екен. Оны үйрету үшін ауылға Қызылқамшы Сомбай бүркітші алғызылды. Бүркітші бүркітті тура бір ай жатып баулыды. Оның тәрбиесіне бүкіл ауыл болып қатыстық. Алдымен үлкен бүркітті есінен тандыру керек екен. Ол үшін оны ұйықтатпау керек делінді. Тамақ бермеу өз алдына. Он шақты күн бүркіт қасынан адам кетпеді. Мен де бір түн бүркіт күзеттім. Менің істейтін қызметім — бүркіт қалғып бара жатады, оны қолымдағы қамшының сабымен түртіп жіберемін. Ол көзін ашып алады. Бүркіт екі минут қалғыса, ол екі тәулік ұйықтамауға бар. Сондықтан оның көзін аңду керек. Көзін жұмғызуға болмайды. Ол үшін оны бүкіл ауыл болып күзетіп, он бір күн дегенде жығылып түсуге жақындаттық. Беретін тамағымыз суға салып қан-сөлін кетірген қаракесек ет, оның өзіне де тәулігіне бір-ақ татырады. Он бірінші күні бүркіт есеңгіреп, тұмсығынан тіреле жығылды. Осыдан кейін барып, аспан әлемін шарықтаған асау жануар, мешітте имамға ұйыған, намазға тұрғандардай мүлгіп, көнбіс болып, қолға үйренді. Мені де сол қолға түскен асау бүркіттей бұлар есеңгіретіп жықты ғой. Не айттым, не шаттым, екен? Япыр-ай, тура сол Бұғымүйізден алынған бүркіттің кебін кигенім ғой. Бір үкіні бір күн ұстау қырық кісіні қамағанмен бірдей деуші еді-ау, аталарымыз. Сонда мен де аспан адалдап, құзар қонған жазықсыз жануарды бір күн күзетіп, минут сайын түрткілеп шығып едім, басыма келді-ау! О, дүние деңіз! Үкіні бір күн тұтқындаған кісі қырық күндік күнә арқаласа, одан үлкен бүркітке теперіш көрсеткен менің күнәм, тіпті шамасыз үлкен болды ғой. О, сорлы шұнақ, тарт енді сазайыңды!

Төрдегі тергеушілер бастығы есіктегіге иек қақты.

Есіктен шүйкедей біреуді кіргізді. Шашы жоқ, жалаң бас, ешкі бастау, мойыны қылдырықтай, екі иығы қужауырын болған тайдай қолтаулағандай, бөксе жағы жұттан шыққан тайыншадай мүштиіп қалған, оның есесіне сақал-мұрты өсіп, жыраға шыққан жантақтай қаптап кеткен. Байқаңқырап қарасам таныс адам сияқты. Шақпақ Артықбаев. Шақпақ отыз жетінші жылдың ортасынан ауғандағы апалаң-топалаңда Жеңіл өнеркәсіп Халық Комиссары, Алматы обкомының бірінші хатшысы болған. Мен алғашқы қамалып шыққанда бар болатын, соңынан менен бұрын тұтқындалыпты. Менің онымен араласым болмаған адам, тек сыртынан танитынмын.«Бұрын да болсаң сорлы едің, ит қапқан «он не сорым» дегендей бұрын да кішкене адам, тіпті жұдырықтай болыпты, өзінде қырым ет қалмапты. Өзінен бойы сәл ұзындау орыс әйелі бар болатын. Е, бажа екенбіз ғой деп күлген •едім ішімнен сол кездері. Ауызба-ауыз сөйлесіп пікір алысқан, не дастарқан басында дәмдес болған адам емес-ті. Маған беттестіретін адамы бұл деп тіпті де ойламағанмын. Ортада тұрған арқалықсыз екі орындыққа бірімізге бірімізді қаратып отырғызды. Мен Артықбаевқа тік қарадым. Ол көзін төменшіктетіп, мойыны салбырап кетті, маған тіктеп қарамады.

— Танисың ба, мына алдыңдағы адамды? — деді төмен қарап отырған Артықбаевқа тергеуші.

— Танимын.

— Қалай танисың?

— Бұл Үйсінбаев. Осыны көтеріліс басшысына сайлағанбыз,— ол жүзі жанбайды және енді бетіме тік қарап тұрып соғып отыр. Мойныңа өтіріктен қиып салғанда не деріңді білмейді екенсің. Ой, сабаз-ай!

— Қандай көтерілістің? — дедім мен.

— Жап аузыңды! — деп мені жазалаушының бірі салып жіберді. Төрдегінің иегі қағылды. Артықбаевтың артық дәлелі керек болмады. Сөйтіп мен бір-ақ сәтте он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерілісін бастаған атам Бекболат Әшекеев сияқты көсем болып шыға кеттім. Артықбаевты алып жөнелді. Иегіме соққы тиген жерін уқалап ұстап мен қала бердім.

Есіктен тағы бірі кіргізілді. Орта бойлыдан жоғарылау, қасы қатты өсіп тікірейіп кеткен, онысы аңызда жалғыз қалған масақтың қылпығындай жан-жаққа тартып тұр. Қалың қас астынан құр құдықтың түбінде қалған бір ұрттам судай көзі жылтырайды, жылтыңдайды. Япыр-ай, осындай жылтыңдаған көздері бар адам қашанда тұрақсыз, сатқындар болушы еді деп ойладым. Қанша үңілсем де, зерделей қарасам да оны танымадым. Көрмеген адамым сияқты. Қоңырқай өңінде бір жылылық жоқ. Бәлкім бұл байқұстың жылылығын мына тергеушілер құртқан шығар. Ол маған да, тергеушілердің бәріне жалтақ-жалтақ қарап шықты. Сонау он алтыншы жылдың декабрінде Беріктастан Алматыға қашып келгенімізде көкбазарда маймыл жетектеген бір сұңқиған қара кісі жүретін. Сонда жетегіндегі маймыл бүкіл базардағы жанына өткен адамның бәріне жалтақ-жалтақ қарап, біреуі ұра ма әлде теуіп жібере ме дегендей жыбырлап тұратын. Мына қазақ маған тура сол он алтыншы жылғы маймылды есіме түсірді.

— Мына адамды танимысың? — деп сұрады тергеуші менен.

— Жоқ, танымаймын. Көрген адамым емес,— дедім мен.

— Егер ол сені көтерілісшілердің басшысына ұсынса қалай көрмейсің.

— Көрген де жоқпын, ұсынылған да жоқпын. Білмеймін.

— Мен білемін, көтерілісшілердің басшысына Үйсінбаевты өзім ұсынғанмын. Бір ауыздан сайлағанбыз. Қалай танымай қалдың? Мен Кеген аудандық партия комитетінің хатшысы болатын Сұлтанғалиевпын ғой.— Ой, азамат! Бұл да менің көтерілістің басшысы болып сайланғанымды мойныма қиып салды. Мен жауап беруге әзірленіп сөйлемек едім, желкемдегі жазалаушы мойнымды мытып-мытып жіберді. О дүние деңіз! Мен бүкіл Жетісу қазақтары аузына қарайтын, енді болмаса ертең бе, бүрсігүні ме көтеріліс бастайтын қасқырдың абаданы болып шықтым. Желкемде тұрған жуан жұдырық мені сөйлетпей, аузыма құм құйды. Ініне кіре алмай жүріп құйрығына қалжуыр байлаған балаңқы тышқан мен болдым.

Жандосовпен беттестірмеді. Беттестірсе ең болмаса бір көріп қалайын-ақ деп едім. Азар біткендей. Енді батпайтын күн атпайтын түндер басталды. Тек ертелі-кеш дәретке шыққанда кейбір жүзі танысты көріп қаласың. Сонда маған республиканың, облыстың барлық бастығы осы үйдің астында жатқандай көрініп кетеді, сырттағы дүниеден бәрі бейдама, азат. Сарылып, сарсылып күндіз-түні темір есікке телміру, аяқ басқан сыбдырға құлақ тігу. Осындайда бұрынғы өмірің елес береді. Бұрын өмірім өмір емес болды-ау дегеніңнің бекершілік екенін осында аңғарасың. «Мың күнгі ұжмақтан бір күнгі жарық» деп біздің аталарымыз қалай жақсы айтқан, қандай атеист болған. Шынымен-ақ бұл дүниеде көрмеген қызықты жоқ дүниеде көрем деп илану ең барып тұрған мүскіндік-мүсәпірлік қой. Бұл дүниеде рақат көрмеген соң дәмегөйленіп, е, әлі о дүние бар екен ғой деп есек дәмеленсін деген сөз ғой. Беретін жақсылығы болса ол құдай осы дүниеде-ақ бере салмай ма, ақыр түбінде бермей қоймайтын болса ол дүниеге қалдырып қайтеді, құдай өз мойнына қарыз қылып қайтеді, қарыздан жылдам құтылған абзал дүр. Ал береген құдай нағып әйтпесе бізден ақы-пұл сұрамайтын ақ жарықты аяйды. Бізге тіпті бақыты, тақыты керек емес, жарық дүние ғана керек болып тұр ғой. Тәбияға жаралған тарланды неге құрсауға салады, әйтпесе? Өстіп бір-бір уақыт құдай деген, бәрін көтере беретін қара өгіздің жауырынына да жармасамыз. Ал Марксизм ше? Біз сол Маркстің, Лениннің ілімін жақтап, қолымыздан келгенше тебіздеп жүзеге асырған жоқпыз ба!? Асыра алмағанымыз, келістіре алмағанымыз бар шығар, бірақ оған дегенде түтініміз түзу ұшушы еді ғой. Біздің сеніп, имандай ұйитын партиямыз қайда, ол бізді тірідей отқа салғаны несі? Егер партия бізді тірідей отқа, тозаққа салатын болса, онда өлгеннен кейін мұсылманшылық жасамадың, құдайға құлшылық етпедің, тағы сөйтпедің, бүйтпедің дейтін құдайымыз-ақ жақсы болды ғой. Өйткені өлгеннен кейін итке сүйреп салса да білермісің. Не болса да құдай тірімізде істемей, өлгеннен кейін шыжылдатып етімізді тозаққа күйдіретін көрінеді. Ал біз тірімізде-ақ көрдік қой, ол тозақты. Одан да өлгеннен кейін тозаққа күйдіру түгіл кәуап етіп қақтаса да, қуырып жесе де бәрібір емес пе еді!? Бірақ қалай-ақ осылай қала берер екен, ерте ме, кеш пе әділет атаулы, шындық атаулы жеңеді деп үйретпеп пе еді, марксизм-ленинизм ілімі. Ендеше үмітсіз болмау керек шығар. Үміт! Бірақ қашанғы үміттенерсің. Сол үмітпен тыбыр етпей отырғаныма алты ай болды. Әлде үміттің де Устав, Программасы, кестесі бар ма екен, үміттің де уақытын кесіп тастайтын соты бар ма екен. Амалы таусылып сандалған, үміті кесілген адам не ойламайды. Бұл менің ғана ойым емес, бар тұтқында отырғандардың әмбесінің тарпында ұялаған пікірі осындай еді. Сонымен отыз сегізінші жылдың авгусына дейін осылай күнді, түнді білмей бәрін көр деп өткіздік. Үміттің өзі күмәнға айналды. Жүрмегендіктен барт болып ісіп кеттім. Барт болу да ісіну, інім. Бірақ бұл жүрмегендіктен, қимыл болмағандықтан ісіну. Жүрсең, қимылдасаң ол тез-ақ таран кетеді, сыптиып шыға бересің. Кәдімгі семірген адамдай екі білезігім де жас баланың білегіндей етейіп, бунақталып қалды. Алғаш апыр-ай, қалай-ақ, қара су мен қара нанға семіріп бара жатырмын деп ойлап жүрдім. Барт болғаным ойыма кейін оралды.

Бір күні он бір адамға сот болды. Ол сотты, інім, саған айтпасам да болады. Ол аты сот, біздің тағдырымызды күні бұрын кесіп, пішіп қойған болса керек. Біздің сөзімізді тыңдап, оған құлақ қойған сот жоқ. Жаңа ғана саған айтқан, тергеушінің менен сұраған адамдары менімен бірге сотталды. Колхозды таратпақ болды, Совет өкіметіне қарсы көтеріліс ашпақ болды деген айын тағылды бізге. Үш адамға жиырма жылдан, одан он бес, он жылдан, артымызға екі адамға бес жылдан бәрімізді соттап, Алматының Өзбек көшесі мен Ташкент көшесінің бұрышындағы түрмеге апарып қойып қалды.

Інім, түрмеде адам лық толы. Бір камерада жетпіс адам жатамыз. Санап кіргізіп, санап шығарады. Түнде сыймаймыз. Бәріміз бірімізді біріміз қуалап бір жамбаспен жатамыз. Үш адам түнімен жата алмайды. Екеуі дәреттенетін нәжіс-кеспектің жанында турады да, бірі соны ашып-жабатын адам соның үстінде отырады. Кім түнде тұрып дәреттенер болса, соның орнына нәжіс-кеспек жанындағының бірі келіп жайғасады. Дәреттенген адам жаңа азапты-азарлы кеспектің иесіне айналады. Онда тұрған кісі жердегі екеудің бірі болып жататын орынға көзін сатып тұрады. Екінші жамбасыңа ауып түсуге құқың жоқ, оған мүмкіндік те жоқ, тізең бүгілмейді. Түрме арбиып-сарбиып еркін жатар сенің үйің емес. Жамбасың ауырмақ түгіл тесіліп кетсе де өмір берілмей екінші жамбасқа аударылмайсың. Екі сағаттан кейін өмір беріледі. Жатқандардың қуығының шыдамсыздығын шыдамсыздана күтіп нәжіс жанындағы үшеу тұрады. Дегенмен, інім, анау жер астындағы көртышқандық көресіден мына азапты жатыс әлдеқайда жақсы. Өйткені мұнда адаммен аралас, азды-көпті сырттан келер хабар бар. Кімдердің қамалғанын, қандай азап көргенін, азар берген тергеушінің,жазалаушының да аты жетіп жатады. «Түрмеге түсіпті» деген сөз бар да, «түрмеден шығыпты» деген атымен естілмейді.

Бір күні таңертең албарға шығарғанда көптің ішінен алпамсадай біреу бұзып-жарып маған қарай тұра жүгірді. Оның жанына келген жазалаушыны ол бірін бір, екісін екі лақтырып жіберді. Оған аналар беттеңкіремей, тек сөзімен ғана «Турака, Турака нельзя!» дегеннен басқаға бара алмады. Жақындағанда қарасам кәдімгі ұры Тұрапбай. Қып-қызыл нарттай, түрмедемін-ау деп жүдеп жүрген Тұрапбайды көрмедім. Ол жүгіре келіп мені құшақтай алды. «Абақ, бауырым, бармысың?» Япыр-ай, інім, бір таныс көргеніме, ұры да болса атымды білетін адамды көргеніме, оның менен қорықпай-үрікпей оңындағысын оң жағына, солындағысын сол жағына лақтырып жаныма жетіп құшақтағанына қатты қуандым. Інім, шыны, оны ұры еді деп ойламадым. Мен қай жетісіп тұрған адам, ол ұры болса, мен халық жауымын. Мен де құшақтадым, тіпті көзімнен жас шығып кетті. Түрме жазалаушылары үшеу-төртеу болып келгенше ол маған айтарын айтып тынды. «Амандығыңды жеткіземін, осында екеніңді айтамын, қамықпа, мықты бол!» деді. Маған бұдан басқаның керегі де жоқ. Түрмешілер оған тиісе де, желкелей де алмады. «Туракалап» төртеуі алып жөнелді. Шынын айтайын, інім, сызылған, маған жақын жүрген мың интеллигент істей алмайтын Тұрапбай жақсылығы менің өмірімнің ең жарқын бетіне жазылып қалды.

Бір күні таңертең Дәулетқалиев басқалардан бұрын орнынан тұрды да:

— Азаматтар, мен бүгін аштық жариялаймын,— деді. Көбіміз-ақ бұған күле қарадық. Дәулетқалиев арамыздағы сауатты жігіт еді. Әсіресе экономикалық мәселелерге келгенде өгіз жанында желген аттай болатын. Оның республиканың шаруашылығына талдау жасауы тым ерекше еді. Ал мына бір ісіне біз таңғалдық. Онымен кімді тындырып алады дестік. Сөйтсек қызметкерміз деп көбіміз көкірекке ұрып жүре берген екенбіз, саяси мәселеге келгенде әлі де көрсоқырлығымыз көп екен. Дәулетқалиев бізден жоғары тұр екен, жолды да біледі екен. Ол сөз сол сәтте-ақ түрме бастығына жеткізіліп, оған талабын айтуы үшін қалам, қағаз берілді. Оны бізден айырып алып кетпек екен, апаратын орын болмағандықтан осында қала берді. Ол түрме бастығына үш талап қойды. Әйелімді қызметке орналастырасыңдар, бала-шағамның күн көрісін қамтамасыз етесіңдер, әйеліммен көрістіресіңдер.

Дәулетқалиев сұлық жатты. Бәріміз оған жағдай жасауға тырыстық. Ол көзін сүзіңкіреп жүретін, жүдеу, көкірегінде кіндігі бар жігіт болатын. Сол дімкәсі енді, арта түсіп, жөтелі көбейіп кеткен-ді. Әсіресе соңғы күндері әбсін даққа қалып, оған жалғыз шомып кетуші еді. Ділінде не барын біліппіз бе, біз оның. Әркімнің өз қайғысы өзіне жүк. Бәрі де қабағын ашпай ғамкүн болады. Өзің мойныңды басқан батпаннан басыңды көтере алмай отырып кімнің қайғы-қасіретіне ортақтасқандайсың. Бәрі де қайғыға белшесінен батып, қабақтары қарс түсіп отырады. Дегенмен біз Дәулетқалиевті ардақтадық. Оны ашық терезенің жанына жатқыздық. Мүмкіндігінше оны оңашалауға тырыстық. Оның дімкәсті өкпесіне олсыз да ауа жетпей тұрады. Сонда да қолдан келгенін жасамақтық. Әкелген нан, су сол қалпымен оның жанында тұрды. Түскі атала әкелінгенде таңертеңгісін алып кетті.

Өлмесең ома қап дегендей оған түрме бастықтары алғашқы екі тәулік бойы жоламай қойды. Үшінші күні түрме бастығы келді.

— Кімнің несі кетеді, өзің аштан өлесің,— деді. Дәулетқалиевта үн жоқ. Оның еріні кеберзіп, көзінің аласы көбейіп кеткендей еді. Күн қызуы әлі басыла қоймаған, сентябрьдің іші. Оның үстіне жетпіс кісі жататын түрменің ішінде демалудың өзі азап. Жетпіс өкпенің шығарған көмір қышқыл газы ауаға көтеріліп үлгірмей, өкпелерге қайта жететіндей. Сырттан оттегін біреу әдейі бір белгісіз құралмен сорып алып, бұл жаққа лүп етер ештеме жібермей қойғандай. Не болар екен деп жүрдік. Үшінші күні Дәулетқалиевті біздің арамыздан алып кетті. Ертеңіне түрме бастығы бізге:

— Дәулетқалиев Сонетке қарсы шара жасады. Аштық жариялау ол Сонет өкіметіне екінші рет қарсылық көрсету болады,— деді. Барлығы еркек, бәрі де кемел шағындағы адамдар бұл сөзге желп етпеді де, сөз екен демеді де. Түрме бастығының сөзін жел шығарғанмен бірдей көрді. Өйткені бұл кезде бәріміз де босқа кетіп бара жатқанымызды, қамалғандардың әмбесі кінәсіз де, күнәсіз екеніне көзіміз жеткен. Сонда да жетпіс адамның ішіне кіріп шыққан ешкім жоқ, ішімізде «тоқылдақ» бар екенін сезетінбіз, аузымызды бағамыз, дымымыз ішімізде болатын. Анда-санда жігіттер «ұры туысқаның қайда, хабарсыз кетті ғой» дейтін. Мен үндемей құтыламын. Көбіміз жүрмеген соң барт бола бастадық.

Арада екі ай етіп кеткенде, таңертең түрме албарында басқаларды киіп-жарып, жүгірген түрме қызметкерлеріне бой бермей менің жаныма Тұрапбай жетті. «Турака, Турака» деп артынан түрме адамдары да келіп қалды. Байқаймын, Тұрапбай оларды адам екен деп тұрған жоқ, бірі қолын ұстамақ еді, оны итеріп жіберді. Анау шайқалақтап барып әрең құламай қалды. Екіншісі тіпті оған жоламай ай даладан «Туракалап» жүр. Алпамсадай, алып Тұрапбай кеудесі аяққаптай болып келе мені құшақтады. Шырағым мен де кішкентай адам емеспін, көріп отырсың, сонда да оның құшағында жоқ болып кеттім. Құшақтап тұрып сол қолымның алақанына сұп-суық бірдемені қыстыра қойды. Сонан соң жұртқа естірте:

— Қамықпа, мықты бол! — деді бұрыла беріп.— Аузыңа тыға сал!

Қолымдағы конфет екен десем, шыны. Шынашақтай шыны. Пәле қуалап үйренбеген мен сорлы оны біліппін бе, аңырып қалдым. Шынашақтай шыныны не істерімді білмей састым. Камераның есігіне қарақ беттеп келеміз. Артымдағы Желябин «аузыңа тық!» — деді. Сонда ғана кеңкелес басыма бірдеме кірді білем. Шынашақтай шыныны аузыма сала салдым. Аузым дорбаланып, енді ашуға келмей қалды. Өйткені шыны ыдыс тілім мен таңдайымның ортасында жатыр. Егер ұртыма шығарар болсам, онда ол тісі іскен адамдай қомпиып кетуі мүмкін, оның үстіне шыны тісіме тиіп шықырлап дыбыс шығуы да ықтимал. Бұл түрмеде үйренген алғашқы шарғым болды. Есікте тұрған түрме қызметкері кіргендерді тінтіп жатыр. Мен де жақындадым. Менің алдымда келе жатқан Желябин артыма шықты. Желябин бойы биік, еңсегей адам еді, бұл кезде еті қашып, аздап бүгіле бастаған. Байқайтынмын, ол есіктегі тұрғанның бірімен таныс сияқты еді, әрқашан осы жігіт кезекшілікке келгенде Желябиннің қабағы ашылып қалатын. Екі кезекші мені қарай бастады. Анау екеуі қалталарымды тінтіп жатыр. Аузын бұған өгіздей мен тұрмын. Артымда тұрған Желябин өз танысына қарап:

— Не өзгеріп қалды дейсің. Жүр, ей, бассаңшы аяғыңды! — деп мені итеріп жіберді. Кезекшілер мені ілгері жіберді. «Уһ» деп демімді бір-ақ алдым. Олар Желябинді қарай бастады. Ит жатағымызға келдік. Өп-өтірік жөтелген болып шынашақтай шишаны қолыма алу үшін аузымды сүрткен болдым. Сілекеймен суланған шишаны қалтама салдым. Көруге болмайды. Екі көзіңнің бірі жау. Біреу жеткізіп қояр деп қорықтым. Інім, сол күні күн батпай қойды. Күн батқан соң таң атпады. Тыпыршыл шықтым. Камераға сәуле түскенде-ақ ояу едім. Желябиннің желкесінде жатып шынашақтай шыныны қолыма алдым. Аузында кішкентай ағаш тығыны бар. Оны тісіммен әрең суырдым. Ішіндегі үлдірек, пияздың қабығындай қағазды шығардым. Желябиннің арқасына тығыла жаттым. Екі қолым екеуміздің арамызда. Дыбысын шығармай қағазды жаздым. Жазу арабша. Ольганың жазуы. «Абақ, сәләматсыз ба? Бәріміз аманбыз. Бәрін білемін. Қуып жатырмын. Ольга», депті. Бар болғаны осы-ақ. Адам дегенде қанағат бол¬майды, інім. Тоғыз ай құлаққа ұрған танадай хабарсыз жатқан адаммын ғой, мына екі ауыз лебізді оқып білген соң «неге сонша сөзін аяды екен» деп ренжідім. Ал ол келмесе, өлмегенге өлі балық болып жолығып, арамызда Тұрапбай жүрмесе қайтер едім. Осында үй іші, бала-шағасынан он жеті ай хабарсыз адамдар бар, олардың шықпаған жаны-ай, десеңші! Осыларды ойлап шүкіршілік еттім.

— Не депті? — деп сұрады Желябин естілер-естілмес сыбырлап.

— Екі ауыз сөз, аманбыз қуып жатырмын депті.

— Сен бақытты адамсың, Абақ,— деді Желябин.— Ал менің әйелім де отыр деседі. Балаларым қайда қаңғып жүр екен. Сенің ең болмаса әйелің балаларыңа ие болып отыр ғой.— Желябин жасымайтын мықты кісі еді, осы жерде көзінен моншақта.п жасы ағып кетті. Екеуміздің сыбырымыздан төңірегіміздегілер құлақтанып тыбырлай-жыбырлай бастады. Біз дым болдық. Дегенмен Желябин уһлегенде қарс айырылған, көкірегінен шыққан демі бұл камераға сәуле жаңа түскен таң сәріде талайдың-ақ қай-қайдағысын қозғап, әмбесіне ой салып, камера ішін күңірентіп жіберді. Бәрі сақырлаған, кеше әрқайсысы бір кісіден кеммін деп жүрмеген сайдың тасындай жігіттер. Бүгін мүсәпір болып отырғанда да іштен тынып сыртына қапа-күндігін шығармайды. Дымағы бітіп, әлі қашып, оты шала жанған көмбедегі нандай сары тап болып, дүмбілез жатыр. Дүмпіген мандам бір-ақ күнде ақтарылса, лоқының жалқаяғы жарылса деседі. Бірақ ондай күн қайда? Көңіл күдікті, ділі дүмган, ақылы алтау, есі төртеу. Қазақ «түйесі жоғалмағанның ақылы түгел» дейді. Басыңа түспей пақыршылықты түсінбейсің де, білмейсің де, Бір-бір елді басқарып, ақылы-парасаты басынан асып жататын есіл ерлер бүгін түрме қызметкерлерінің қас-қабағын аңдиды. Түрме қызметкерлерінің үні тимесін, үні тисе де мылтығының дүмі тимесін дейді. Мылтық дүмі тисе де дүрмекпен көрсем дейді. «Көппен көрген — ұлы той» Басқа ауырлық басқалармен бірдей түскен соң ғамкүн болудың өзі артық. Анау Желябиннен, сонау он бірінші жылдан партия мүшесі Тирановтан, кеше аштық жариялаған Дәулетқалиевтан артықпын ба деп өзіңді өзің жұбатасың. Өзіңді өзің жұбатпасаң, өз кеудеңді өзің көтермесең сары уәйім жайлап алады. Жігітті сары уәйім оңдыра ма? Ол сенің дымақ-күшінді іштен ірітіп, ілгері басқан аяғыңды кейін кетіріп, жегідей жеп, бітедей бітіреді. Сөйтіп өзіме өзім демеу-медеу бердім, басымды көтеріп, тәубама келдім.

Отыз сегізінші жылғы декабрьдің аяғы. Күніне мемлекеттің алты жүз грамм қоңыр нанын тегін жеп жатырмыз. Бұл кімге пайда, кімге зиян деген бір жан жоқ. Түрме толы адам, үлкен жолдағы көпір аузына жиналған малдай бық-бық, лық-лық етеді. Осының бәрі азды-көпті түрме қорлығын көреді ғой, бірақ мемлекетке келтірер бір тиын пайдасы жоқ, тегін нан жейді. Осынша адамды мемлекетке тегін асыратқан адам рас жау болса керек-ті, інім. Тіпті бізді соттап болғаннан кейін де осынша ұстауы түсініксіз. Мажалы солардың алдыңғысын жіберіп үлгіре алмай жатыр деймін мен.

Бір күні камера іші жыбырлаған қозғалыс, сыбырлаған сыбысқа толып кетті. Отырғандар абыржып, қабақтары қарс жабылып, күлпат болды. «Айдайды» деген сөз бір құлақтан бір құлаққа сыбырмен жетіп, күндегідей емес, көрші камераларда да дүркін-дүркін дүбір-дүбірі естіліп, кейде тіпті шаң-шұң шығып жатты. Таңертең ыстық су ішкен соң бәрімізге орнымыздан тұруға әмір берілді. Түрме албарына айдап шықты. Күн шыту екен, аяз бетті жалап тұр. Есік алдында әлденеше жүк машинасы. Ашық машина, қорабы жайдақ. Қалың киімімізді киіп, дорбамызды арқалап, қарулы адамдардың қақпайлауымен машинаға міндік. Мен отырарда машина қорабы лық толды, артынан екінші қатарға теріс қарап отырдым. Мойын бұруға рұқсат жоқ, машина қорабының алдында екі әскери адам, қолында мылтық. Қырық-елу адам отырған машина абақты қорасынан ыңырана-гурілдеп шықты. Жолдың екі жағы, түрме алды толған адам, көбі қатын-қалаш. «Үмітсіз сайтан», балаларым бар ма деп мен де жалғыз құлағымды дыбысқа тосып, алаңдап отырдым. Ызың-шу, жылаған, айғайлағандар көп. Біреуді біреу біліп болмайды. Жер тайғақ, машина сырғып Ташкент көшесіне түсе бергенде өкпе тұсымнан «Апа, көкемді қара!» деген Марлен даусы құлағыма сап ете түсті. Көшеде Ольга екі баласымен тұр. Олар да, мен де анық көрдік. Олар қолын еркін сілтеді, мен болар-болмас көтердім. Машина сырғып барады. Владиленаны Марлен алдына көтеріп тұр екен. Мені көрген соң, оны жоғары көтере түсті. Ольга ақ шүберекпен көзін сүртті. «Көке!» деп көше жаңғыртқан Марленнің жылаумен аралас жарықшақтанған, тарғылданған даусы құлағымды жарып тұрды. Түрме-вагонның жайдағына тонымды, дорбамды тастай беріп-ақ саңылау-саңылаудан сығалап бақтым. Ешкімді көре алмадым. Әмбеге аян, әлемге айқын асқақ та, асқар да Алатау көлбеп оңтүстікте жатты. Поезд қозғалғанда Талғар, Алматы, Саржалақ, Аюлы, Найзақара, Қыземшек, Қатынтөс бірінен кейін бірі тізіліп қалып бара жатты. Одан басқа түк көрінбесе де, бәріміз Алатаудың басын көргенімізді дәтке қуат қылып тұрдық. Арада үш сағат өткенде де Ұяғаржан, Көктөбе, Майтөбе, Суықтөбе қалмай поезбен жарысып, бізбен қоштасып келе жатқандай еді. Алатау біздің әкеміздей, қол сілтеп тұрғандай еді. Ділімде туған жер — Алатау, құлағымда Марленнің «Көке!» деп айғайлаған жарықшақтанған даусы кете барды...

* * *

«Жандосов жау болса, мен де жаумын» деп Свердловскіден бір-ақ шықтым. Бұл төңірекке түнде түстік. Әлдеқандай бір орманның іші. Көбіне аспан көрінеді, жан-жағың ағаш. Сол орманның ішінде он шақты гектардай жерді лагерь алып жатыр. Оның жан-жағы биік тақтайдан тұрғызылған қоршау. Тақтай қоршаудың биіктігі үш метрдей, оның әр он метріне биік қадалар орнатылып, үстіне темірден тікенді сымнан аран тартылған. Аранның арасы жиырма сантиметрдей де, бес қабат, сонда жалпы қоршаудың бойы төрт метрдей болады. Оның сегіз жерінде, яғни төрт бұрышында, сонан соң араларында күзет мұнаралары бар. Күзет мұнараларының сыртқа қараған екі жағы қоршаулы да, төбесі жабық. Жабық төбеден төмен қарай салбыратып іліп қойған әлдеқандай поезд вагонының тегені сияқты қалпақ темір. Оның жазылын жоғары ілген де. қалпағы төмен қарап тұрады. Жанында күндіз-түні көз жазбайтын, тізе бүкпейтін жасауыл.

Күндіз де, түнде де жасауыл даң еткізіп алып қалпақ тегенді бір соғып қояды. Оған екіншісі, үшіншісі, төртіншісі... сегізіншісі даңылдатып жауап береді. Қаңғыр еткен теген дауысы даңылдап бүкіл орманды алып кетеді де, сегізінің дауысы біріне бірі жалғасып, біршамаға дейін сембей тұрады. Алғаш мен оны белгілі уақытта соғатын уақыт өлшемі, әлде жұмысқа шығу, қайту, үзіліс, тынығудың бітуі, әлде бірдемеге шақыру деп ұғып жүрдім. Сөйтсем тіпті де олай емес. «Мен қарап, көріп тұрмын», «мен де...» «мен де...» деген абақтыдағы жазаланушыларды қорқыту үшін берілетін белгі болса керек-ті. Оның қанша уақытта, қай кезде берілетінін білген емен. Өйткені күндіз лагерьден тыс жерде жүресің, кешке сілең құрып келесің, ол түгіл жер ыңыранып, сілкініп, астын-үстін зүлжалал болса да білуге шамаң келмейді.

Сағат алтыда тұрып ыстық су ішкен соң, төрт-төрттен тұрғызып бізді ағаш кесуге орманға әкетеді. Аяғыңды қия бассаң болды, атып тастайды. Егер жаза тайым саптан бір адым ауытқысаң ол қашқанмен бірдей дейді де, тартып жібереді. Далада көмусіз ит-құсқа жем болып қала бересің. Ең арзан өлім адам өлімі, оны ешкім сұрамайды, неге аттың демейді. Сенен гөрі дұрыс кесілмеген, немесе жерге құлағанда сынып, бөлек-бөлек қалған қарағайдың сұрауы күш. Осылай азарлы-азапты өмір кешіп жүрдік. Жігіттің не бір бұланы, не бір құланы құлаған жерінде қалып жатты. Мойнымыз ырғайдай, битіміз торғайдай болып жүдедік. Мұнда адамның нояны да, қояны да қоян, қорқақ. Өйткені қорқытып тастаған. Таңертең орныңнан тұрғанда тірі қайтам ба, жоқ па деп тұрасың. Тұра алмай қалмасаң, ыстығыңның қандай болғаны есеп емес.

Інім, лагердегі көрген қорлықты, зорлық-зомбылықты айтып жүрегі еш нәрседен шайлықпаған сенің пәк көңіліңді кірлемей-ақ қояйын. Саған өзімнің қалай тірі қалғанымды айтып берейін.

Ит қорлықпен жаз өтіп күз келіп қалды. Бұл отыз тоғыздың күзі. Жүдеп жүргенмін. Ауырғандар қисайып өзі өлгенше жұмыста жүреді. Августың аяғы еді. Орманнан күн батпай қайттық. Дәрігерге көрінуге келе жаттым. Дәрігер де біз сияқты елу сегізді арқалаған, басы аппақ қудай, еңгезердей ірі адам. Жұрт оны профессор Петров десетін. Мен дәрігерлік пунктке келгенде профессор далада жүр. Және тімтініп ағаштан түскен қу жапырақтарды жинап, алақанына салып уатып, қағазға орады. Біле қойдым, темекі тартады екен. Мен осының алдында ғана үйден кездейсоқ сәлемдеме алдым. Алған сәлемдеменің алды да, арты да осы болды. Бұдан кейін сәлем-сауқат түгіл, дұғай сәлем, хат та жоқ. Бәрінен махрұм қалдым. Сауқат ішінен төрт папирос, екі махорка шыққан. Тамақты бөліп жеп, махорканы бір шылымнан түрмедегілер пышақ ұшынан үлесіп алды. Төрт папиросты өзімнің үнемі қалтамда ұстадым. Өйткені, інім, денсаулығымды сақтауым үшін темекі тартпауға бекіндім. Бірақ зәушайтан тым аңсап кетсем деп папиросты сақтадым. Қазақ «шай қорлығы жаман» демей ме, інім. Ал темекінің қорлығы одан он есе десем аз болар. Темекіні жігіттің жігіті ғана бір тастағаннан тартпай кетеді. Шылымды қойдым деген талай қасқа мен жайсаңның он қойып, он тартқанын кердім. Талай марқасқа нанын темекіге айырбастап жібереді.

— Маған келдіңіз бе? — деді доктор. Бұл бүкіл лагерьде «сіз» деп сөйлейтін жалғыз адам.

— Ия,— дедім,— ауырып жүрмін.— Ол дереу жаңағы ораған жапырақты қалтасына сұға салып ішке кірді. Отырғанда «осы темекі менің не теңім, елден жырақ, бала-шаға жоқ, қаңғып жүргенім мынау, көнімді елге аман сүйреп жеткізгенім олжа емес пе, одан да осы профессорға бере салсам қайтеді» деген бір ой мені соғып өтті. «Өзі қартаң адам, ешкімі жоқ көрінеді, дәрігерлік құрып үйде отырады дегені болмаса күні итке бергісіз ғой. Менің ең болмаса артымда балаларым, әйелім бар ғой» деймін. Мен қалтама қолымды салып папиростың төртеуін де алдына қойдым. Ол дереу біреуін алып тұтатып тартып, сорып-сорып жіберіп, кәдімгі алыстан шөлдеп, аңсап келіп қымыз ішкен кісідей сел-сел болып тұрып терлеп, жадырап, пора-пора болды. Қалтасынан беторамалын алып маңдайын сүртіп, маған қарап жымиды. Темекінің ашылғанын қалтасына салды да, үшеуін столының суырмасына тығып аузын кілттеді. Профессордың шылымды сорып сүйсініп, содан бір жан рақатын тапқанына, темекіні бергеніме мен өзіме өзім қатты риза болдым. Әрине, темекі жақсы нәрсе емес. Дегенмен дүниеде адамға жақсылық жасаудан артық не бар екен. Ол темекіден жанына жақсылық тапты ғой, мен соған қуандым.

Доктор мені шешіндіріп қарады. Әбден тыңдады. Сонан соң қалтасына қолын салып, жаңағы папиростың бірін алып тұтатып, қайта тартты. Тағы пора-пора болып терледі. Асықпай ұзақ сорып, еркін бұрқыратты. Бөлменің ішін көкпеңбек көкала түтін етті. Мен үнсіз отырмын. Ол темекі тартып болған соң да бірсыпыра уақыт үнсіз қалды. Әлденелерді есіне түсіргендей, оң қолын жазу столына қойып, үстінде жатқан кітаптың бетін шертті. Менің бір жаман науқасымды тапты ма деп мен қыпылықтай бастадым. Әлден уақытта ол маған бұрылды:

— Денсаулығыңыз темірдей-ақ екен. Бірақ жүдеп бітіпсіз. Сары аурудың белгісі бар. Ауруханаға саламыз.

— Ауыруым жоқ, тек шаршап жүрмін.

— Ауруды дәрігер біледі, сіз ауыруды біліңіз. Қазір ауруханаға саламыз.

Сонымен ауруханаға түстім. Қуыстағы бір төсектік індеті бөлмеде жалғыз жатамын. Күндіз-түні ұйықтаймын. Маған ешкім келмейді. Науқасым жұғады деп қорқады. Тек дәрігер күніне екі рет кіріп шығады. Бірақ кірген сайын мен ұйықтап жатқанымның үстінен түседі. Күледі де, шығып кетеді. Сөйтіп мен тура жарты ай жатып әжептәуір тынығып қалдым. Сонымен мен жиырма бір күн дегенде далаға жұрт қатарына қосылдым. Осылай мен үш-төрт дүркін ауруханаға түстім. Енді бұл жағдайдан өзім қысыла бастадым. Мен жиырма күн ауруханада жатқанда лагерьдегі бұрынғылардың бәрі қырылып та бітіпті. Енді адамның бәрі жаңарды. Мен қатарлы келгендерден қалғандары бірді-екілі адам. Енді мен дәрігерге көрінуден қашатын болдым.

Күннің бәрі бірдей, біреуіне біреуі ұқсас. Күнде бозала таңнан тұрамыз, кеш бата лагерьге келіп құлаймыз. Өлім көрмеген күніміз болмайды. Тәулік сайын бір жолдасымызды, кейде екеу-үшеуін көмеміз. Өлімді көре берген соң адам бұл дүниеде барын да ұмытады екен. Бізге хат жазғызбайды, хат келмейді. Жыбыр-сыбырдан ештемеге естіп жарымаймыз. Үш күннен кейін көрге де үйренеді демей ме халық, лагерь өміріне де үйрене бастадық. Бірақ қит етсек атылып қаламыз, бетегеден биік, жусаннан аласа, жыбырлап жүріп, сыбырлап сөйлеп күн көреміз.

Бір күні мені дәрігерлік пунктке шақырды. Профессор Петров мені дұрыстап қарсы алды да, әңгімені қысқа қайырды.

— Сіз мал баға аласыз ба? Сіздің ел мал бағатын ел ғой.

— Ия — дедім мен.— Баға аламын.

— Мен сіз жөнінде лагерь бастығымен сөйлесіп едім. Егер қаласа жылқы бағуға жіберейін деді.

Інім, шынын айтайын қуанып кеттім. Қуанбағанда ше? Ежелден ата-баба кәсібі, өзімнің де көзім мал бағумен шықты. Ал лагерьде он бес текшеметр ағаш дайындауың керек. Әйтпесе наның азаяды. Жеті жүз грамм нан алу үшін жаныңды жалдап, тісіңді қайрап күн кешесің. Егер норма орындалмаса, қарның тоймайды. Оның үстіне желкеңде жасауыл, қия басуға болмайды. Міне, сондықтан да жылқы бағуға қайыл болдым.

Алдымен жылқы аз еді, жиырма шақты ғана болатын. Кейін көбейіп отызға жетті. Ішінде екі құлынды бие, қысыр еметін екі тайлы бие бар. Бұрын көргенде шіркін мына биелерді сауып ішер ме еді деп іштей ойлап қоюшы едім. Енді, міне, сол қолға тиетін болды.

Апрель бола жинаған жемшөп таусылды. Сондықтан малды жайылымға жібермесе болмайды екен. Кешке дейін қарағай сүйрететін аттар көп шаршай да қоймайды. Айдап жіберіп, қасқыр мен желден қалғаны өзімдікі дейтін бұл қазақтың кең даласы емес. Сособа жері ит мұрыны өтпес орман. Арасында бос алаңқылар бар. Мен кеш бата жылқыны алдыма салып айдаймын да, орманның ортасындағы соны алаңқыны тауып, бәрін тұсаймын. Бұрынғыдай байлауда тұрмайтын болғандықтан жылқы тез қоңданып, кейбіріне жал бітіп, жаясы жалпайып, сауырланып келе жатты. Мұны көрген лагерь бастығы маған риза болғандығын ж.асыра алмады. Енді атшы болғандықтан еркін жүріп тұратын болдым. Осындай бір күнде лагерь ас үйіне кіріп эмальданған екі құлақты ескі керсен сұрап алдым. Оны өріске ала кеттім. Жас құлындаған екі биені жұмысқа салуға болмайтынын айттым. Екі биенің белі бекіді-ау дегенде көктем бола кендірден ноқта түйіп, кәдімгідей желі жасап, екі құлынды байладым. Екі биені алдымен күнделеп сауып жүрдім. Жуас биелердің үйренуі қиын болмады. Екі-үш-ақ күнде сауыны келгенде Абақ байдың желісіне келіп, құлынға иегін артып, құйрығы шылпылдап, шыбындап тұратын болды. Сөйтіп екі биені күніне екі-үш рет табаққа сауып, сүтті суыған соң керсенге құямын. Жас шыбықтан, қара талдың берегінен керсенге лайықтап себет тоқып, сүті бар керсенді соған салып, қарағайдың селбісіне іліп қоятын болдым. Ішіне қара нанның жұмсағын салдым. Алғашқы екі күнде ол ашымады. Түн суықтау. Төртінші күн дегенде әлгі сүт бұқырып, кәдімгі қымыз исі шыға берді. Қолым босаса-ақ талдың жас шыбығын піспек қылып, саумалданып келе жатқан сүтті араластырып тыныштық бермедім. Сүт саумалдана бастағандағы қуанышымды айтпа, інім. Сен оны ішетін болдым деп қуанды деп отырсың ғой. Жоқ, інім. Саумал маған бүкіл қазақ даласының иісін әкелгендей болды. Саумалдың жас қымыз иісі Оралдың бүкіл даласын алып тұрғандай еді.. Елді сағынғаным сонша, желі басындағы кебе бастаған жылқы тезегінің иісі менің мұрыныма жағып бара жатты. Ол да жанымды шымшылап, жас кезімдегі желі басын есіме салып тұрды. Менің бүгінгі медетім — Марленім. Ал сол Марленнің шешесі Ұлтуғанмен нақ осындай желі басында шірнеуішімдегіні айтып тынған жоқ па едім, алғашқы махаббатымды осы желі басынан тапқан едім ғой, түңғыш қызығым еді ғой ол. Шіркін өмір не деген қатыгез едің. Сол Марленді кетерімде бір иіскей де алмадым-ау. Қалай күн көріп жүр екен, олар? Ольга байқұс екі баланы асырай алмай ғамкүн болады деуге болмас. Өйткені ол көзі ашық мұғалім ғой. Ал ол қалай-ақ хат жазбайды екен. Дұрысы ол хаттарды мұнда жібермейтін болар. Владилена да тірі болса беске келіп қалды. Ол да енді шешесінің қолын байламайды. Ольга мен Марлен күндік тартса да кімдік тартпаса болды. Екі қолға бір күрек қой. Ол қайдан да табылады емес пе. Аббар көшіп шет қонып жүрмегенін кім біліпті. Бәлкім Алматыға тұрақтатпағандар Алматы облысынан да шеттетер. Анда-санда болса да мамырасып сөйлесіп, жамырасып көрісер ағайын-тумадан жырақ қыбайға кетсе бастарына қыстау сонда түсер. Ел іші алтын бесік. Бірі болмаса бірінің жаны ашиды, ең ақыр аяғы отын түсіріп алар көліктің майын берсе де қайда тұр. Бірақ қазіргі жағдайға қарағанда солар елде жоқ-ау, сірә. Пәлекерден, сарамастар аз ба бұл дүниеде. Ол ел ішінде жоқ деп айта алармысың. Шұнақ жаудың қатын-баласы деп көзге шұқитындар болуы да әбден ықтимал. Қатепті қара нардаймын дегенмен жүйкесі құрғырдың да жұқарар шағы бар ғой. Мұндайда кеуілің қалас болып жатуы қиын, дегенмен оқта-санда болса да жылы қабақ көрсетіп, жылы ұшырап жүрер адамның болғанына не жетсін. Көралын кесел баспаса Ольга да қарап өлетін адам емес, арту-арту өмірден өксісе де көксімейтіндей еді. Кім біледі, қалбағайдай қажуы ғажап емес қой. Қажытпай қояр ма, мына, бір көзіңді бір көзіңе атыстырып қойған жаман. Қаржалған да, қажыған да шығар байқұс Ольга. Қалжыраңқы тартса ол, сүйеу бола алар ма Марлен? Марлен де азамат болды, әлде оны әскерге алып кетті ме екен? Халық жауының баласын ала қойды ма екен?! Алса Ольгаға ауыр, армияға алмаса екеуіне де жал тимейді-ау, уәйім ішті жегідей жейді-ау.

Осылай інім біраз жерге кетіп қалыппын. Сонан соң керсенді шыбықпен пісіп-пісіп жіберін, үре саптыаяққа қымызды толтырып құйдым. Қымыз иісі мұрнымды жарып барады. Сонан соң ауыз тигізіп дәмін алсам кәдімгі қымыз, тартып-ақ жібердім. Денемнен суық тер бұрқ ете түсті. Екінші сапты аяқты тағы сылқыта жұттым. Екі самайымнан аққан тер бетімді жуып кетті. Нақ күзді күнгі темекі шегіп терлеген Петровтай болдым-ау деп, қарағайлы көдік ішінде айдалада жапа-жалғыз отырып күліп жібердім. Арсыз күлкі! Тамаққа, ұйқыға, күлкіге тоқтау жоқ деген кәриялар сөзі есіме түсті. Үшіншісін тағы тартып, құмарымнан шықтым. Қымыз месте әлде шанашта ашымады демесең кәдімгі-ақ қымыз. Ыдысы темір және екі-ақ биенің сүті болғандықтан болса керек, сол сұйықтау. Бәлкім пісуі жетпеген. Шыбықпен араластыру піспекпен күлдірлетіп саба пісу емес, әрине. Інім, шыным, бес-алты күнде-ақ қалыпқа келдім. Бір қалт еткенде профессор Петровқа көрініп, одан бір шыны шертпек (шыны кеспек) сұрап алдым. Оған қымыздың өзім ішкенінен артылғанын құйып Петропқа әкеліп бердім. Оның не екенін түсіндірдім. Ол бұрын Бурабайды тексеруге барғанда қымызды көрген екен, бірақ мұнша күшті тағам екенінен хабары аз болса керек-ті.

Профессор Петров та аз-ақ күнде түзелді. Бір күні тіпті мен кешке жылқы бағатын жерге ол лагерьдің бастығы екеуі келді. Маған тиген бес жүз грамм қара нанмен отырып екеуі қымызға әбден тойды. Қымыз бастықтың аяғына түсіп екі тізесін баса алмай, ақыры орманға менімен бірге ұйықтап шықты. Биді анда-санда болса да бұл екі азамат маған келіп тұратын болды.

...Кеш орман іші тып-тыныш. Аттар тұсаулы, анда-санда бастарын көтеріп, секең етіп тұсаулы екі аяғын бірдей көтеріп, ілгері басқан болады. Алысқа ұзай алмайды. Ұзағысы келгенмен жан-жақ сірескен, біріне-бірі иін тіресе өскен ағаш. Аспаннан басқа түк көрінбейді. Орманның алаңқыдан басқа жерінде, ағаш көлеңкесі түскен жеріндегі шөп малға азық болмайды. Аттарды тұсап, ал өте жүреген қызыл атты екі артқы аяғынан матап қойып, елді, бала-шағамды ойлап, шөпті күрт-күрт үзіп, емін-еркін жайылып тұрған жылқының аузына қарап отыр едім, әлде қайдан адам айқайы естіледі. Айқайға құлағымды тоссам тым алые емес жерден шығатындай. Япыр-ай, бұл елсіз-күнсіз жерге түн ішінде адам қайдан келмек? Тіпті бұл төңіректе адам көрінбейтін еді ғой деймін өзіме өзім. Құлағымды салсам әйел дауысы сияқты. Бұл ит мұрыны өтпейтін шырыш-қорыста адам қайдан болсын? Бала кезімізде көп естіген жын-шайтан есіме түсіп, денем мүздап кетті. Айғай тынбайды. Кейде барылдап, кейде қырылдап қарлығып естіледі. Шамасы айғайлай-айғайлай дауыс желініп бітсе керек. Құлағымды тігіп отырдым. Адам даусы. Анық естілді: «Көмектесіңіз!» дейді. Орнымнан тұрып, адамды іздемек болдым. Бірақ лагерь тәртібі аттан аулақ кетпеуім керек. Тұрған жерімде айғай салдым. «Ей!» Ол енді бар даусымен айғайлады. «Көмектесіңіздер!» Кім болды екен? Ол қандай көмек сұрайды? Мен тағы айғайладым. «Сіз қайдасыз?» Әйел даусы тағы шықты. Шыңғырып шықты. Мен дауыс шыққан жаққа қарай айқайлай жүгірдім. Алаңқының дауыс шыққан жақ шетіне барып тағы қатты айқайладым. Жүз метрдей орман ішіне ендім. Одан әрі баруға болмайды. Онда адасып кетуім мүмкін. Ол да, мен де айқайды қойғанымыз жоқ. Маған бұдан әрі аттап басу алғал. Онда аттарды таба алмай қаламын. Айғайлап тұрмын. Әйел айғайы жақындап келеді. Міне, бірдеме ағараңдады. Әйел сияқты. Жүрегім аттай тулап кетті. Елсізде түнде адам келуінен де адам қорқады. Ол маған ойбайлаған күйінде жақындай бере құлап түсті. Есі жоқ. Мен тіпті не істерімді білмей састым. Сәлден кейін ғана өзіме өзім келіп, жығылып, етпеттеп жатқан адамға жақындадым. Жаздың түні, әлі салқындай қойған жоқ. Байқұстан сыз өтіп кетер деп басын көтерсем еш нәрсе білмейді. Әлі есінен танып жатыр. Сонан соң әйел адамды қозғап шалқалаттым да, жерден көтеріп алып, өз жатағымның жанына әкелдім. Ол білмеді. Есін жиғызу үшін су бүрку керек. Ал менде ол жоқ. Әйел жас адам сияқты. Басын көтеріп, аузына қымыз апардым. Іше алмады. Қайта жатқызып, аузын зорлап ашып, бір ұрттам қымызды құйып жібердім. Ол шашала жұтты. Тағы құйдым. Тағы жұтты.

— Келіп, екеуміз де жұтып қоялықшы,— деді Шұнақ маған. Өзі тостағанды қолына алды. Мен де ағаш тостақты ұстадым. Екеуміз де сіміріп салып, аузымызды сүрттік. Шұнақ еңкейіп қалған күн көзіне қарады. Күн алыста Аңырақайға барып қалды.

Жайлау үсті салқын тартты. Мен түрегеліп аткөрпені жайып жіберіп, екі қолымды иегіме тіреп, етпеттеп шалға қарап жаттым. Қалған қымызды екі тостағанға шал сарқып құйды. Месте қымыз қалмады.

— Шаршадың ба, жалықтың ба? Онда қоялық, әңгімені,— деді шал.

— Жо-жоқ, айта беріңіз. Күн қайта шыққанша бітірсеңіз болды,— дедім мен. Шал көңілденіп қалды. Шұнақ әңгімесіне қайта кірісті.

— Енді әйелдің басын көтеріп, қымызды жұтқыздым. Ол жұтты. Әжептәуір, жарты саптыаяқ қымызды ішті. Сонан соң сұлық жатты. Мен әйелдің бетіне төніп отырмын. Арада біршама уақыт өткенде әйел көзін ашып тілге келді

Сіз адамбысыз? деді әйел кемсеңдеп жылап

— Ия, адаммын деп жүрмін.

— Онда мен бақытты екенмін, мен онда өлімнен құтылған екенмін,— ол сөзінің аяғын айта алмай, тамағына бірдеме кептеліп қалғандай, булығып, жас буып қалды. Ұйықтап кетті. Мен оның үстіне күпімді жауып қойдым.

Мен биені түнде сауатынмын. Өйткені күндіз мал жұмысқа түсетін болғандықтан ондай шаралар жасауға мүмкіндік болмайтын. Ал енесі жұмыстағы құлын күндіз жайылып, енесін еміп жүреді. Жаздың қысқа таңы мен биені үшінші сауғанда-ақ ағарып, сызылып келе жатты. Бүгін биені үш саудым. Өйткені артық ауыз қосылды ғой. Әйел де ерте оянды. Үстінде жалаң көйлек. Оның әр жерін бұта жыртып кетіпті. Одан біраз қысылды. Мен ине-жіп бердім. Ол көйлегінің кеткен, еті көрініп тұрған жерлерін бүріп тігіп алды. Әйел жас адам екен, он жеті он сегіздер шамасында. Қаладан үш қыз саңырауқұлақ тере шығыпты да, бұл адасып қалыпты. Содан үш күн бойы орманды кезіп жүріпті. Көзі көкпеңбек, екі беті қаны қашыңқыраған, аппақ аршыған жұмыртқадай адам екен. Маған оның өмірбаяны керек болмады, сондықтан:

— Ал жиналыңыз, кетеміз,— дедім.

— Қайда? — дейді Наталья.

— Мына аттарды лагерьге жұмысқа айдап алып барамын

— Одан қашан келесіз?

— Сіз әрі қарай үйіңізге кетесіз, мен кешке бір-ақ келемін.

— Сіз мұнда қайтып келесіз бе?

— Ия, кешке бір-ақ келемін.

— Онда кешке дейін мен бүгін осы жерде бола тұрайын

— Аштан өлесіз. Менде сізге беретін тамақ жоқ.

— Сіз мені бүгінше қумаңыз, осында қалдырыңыз. Жалынамын, маған бүгінге осында болуға мұрсат беріңіз.— Мен сәл таңданып тұрдым. Өйткені адасып кетіп, орманнан адамды жаңа тауып, енді тағы орманда бола тұрайын дейді. Қалай таңданбассың. Ал шынында менің онда жұмысым не, елсіз орманды аяймын ба, қала берсін деген ойға келдім. Тіпті оның қайда болғанында менің нем бар.

Мен керсендегі қымызды бір сіміріп, оны қарағайдың селбісіне ілдім де, аттарды екі-екіден қосарлап айдап кете бардым. Содан кеш бата өріске бір-ақ қайттым. Бұл күндегі әдет. Күндіз мен лагерьде демаламын да, жылқы жұмыстан босаған соң жайылымға айдап әкетемін.

Тіпті өрісте бүгін адам бар екені ойымнан шығып кетті. Наталья жөніне кеткен болар дегенмін. Жоқ олай болмады. Жылқы әлде неден үркіп, жалт берді. Сөйтсем Натальядан үріккен екен. Ол мені атам заманнан таныс адамындай жайраңдап қарсы алды.

Мен күндегі кәсібімді біткеріп, аттарды отқа қойып, екі құлынды байлап, тайлы биелерді сауып алып қыздың жанына келдім. Сен, інім, бие сүтін пісіріп ішіп көріп пе едің? Ішпесең пісіріп ішіп көр. Мен әзірге одан тәтті сүт көрген емен. Мен екі қысыр биені сауғанда қыз қарап тұрды. Тіл қатқан жоқ. Кейбір күні бір уақыт мен бие сүтін пісіріп те ішетінмін. Орманда үш таған жасауға тас жоқ. Сондықтан томар, әлде ағаш түбірін тауып келіп, ошақ жасап қойғанмын. Сол жартысы жанған ағаш ошаққа үре табақты қойып сүтті пісірдім. Сонан соң бір үзім нанмен бір сапты аяқ сүтті Натальяға ұсындым. Ол алғаш бие сүтін ішкенім қалай болар екен дегендей, батылы бармай, саптыаяқты ерніне тигізе алмай отырды. Мен үнсіз қараймын. Бірде профессор Петров мен осындай сүт пісіріп ішіп отырғанымда келгені бар. Мен оған да сүт бергенмін. Ол көп тартынған жоқ, оқыған адам ғой. Ұрттап көрді де:

— Қантты қайдан алдыңыз? — деп сұрады. Ол сүтке қант салған деп ойласа керек.

— Қант жоқ қой, оны қайдан алмақпын?

— Сүт тым тәтті ғой.

— Өзінікі ғой. Бие сүті сондай болады.— Доктор оған сене алмаған. Сонан соң бір келгенде биені көзінше сауып, көзінше пісіріп бердім. Сонда көзі жетіп, «мұның күші де осында екен ғой» деген. Енді мына Наталья не дер екен деп отырдым. Ол ернін саптыаяққа апара беріп тартып алды. Сонан тәуекел деді білем. Бір ұрттады. Бір ұрттауы мұң екен, сүтті тез ішіп бітірді.

Кеш батты. Түн болып аспанға жұлдыз қаптады. Күнде жұлдызға қарап, елді есіме алатын едім. Өйткені аспан әлемі әлдеқалай біздің елмен жалғасып жатқандай еді. Баяғы Жетіқарақшы, Темірқазық, Аққошқар, Көкқошқар, Үш арқар, Болпан, Шолпан. Тура елдегідей айырмасы жоқ. Түннің бір уағына дейін отырдық. Наталья қипақтап отырып сөз бастады:

— Сіз менің құтқарушымсыз, Абақ Үйсінбаевич. Сізге мен қандай сыйлық берерімді білмеймін. Қаласаңыз өзімді алыңыз. Мен енді бір-екі күнде өліп те қалар едім. Сізге жолықтырған құдайға мың шүкіршілік. Мен күйеуге шықпаған адаммын, мен сіздің әйеліңіз болайын.

Бұл мен күтпеген сөз еді. Тіпті бұлай болар деп ойламағанмын. Мен, інім, ат-тонымды ала қаштым. Әрине, бұл еркек адамның ісі де емес. Сонда да Натальяны маған біреу әдейі жіберіп тұрғандай есім шығып кетті. Оның үстіне осы бір сәтте кішкентай Владилена көзіме елестеп, оның соңғы балалық қылықтары есіме түсіп, көңілім бұзылып тұрды. Натальяны да айыптауға болмайды. Не десем екен, бұл қызға. Бұл байқұстың шын көңілі ғой, шынында да мен бұл өлмеген мүскінге өлі балық болып жолықтым. Егер мен осы орманның ішінде жылқы бақпаған болсам бұл сорлы тайгада қаңғып жүріп өліп, ит-құсқа жем болар еді. Мықтағанда енді екі-үш күн тұрар еді. Сонан соң аштан қатар еді. Өйткені нақ біз тұрған орман төңірегінде елу километр жерде тірі жан жоқ болатын. Не десем болар бұған. Егер байсасы тікірейіп, айдарынан желі есіп тұрған болса бұл маған жалынан ұстатар ма еді?! Нақ осы біз отырған жерден де ол жол тауып кете алмақ емес. Лагерьге шығар жолды да тек мен ғана білемін. Төрт құбыланың бәрі меңіреу орман, ит мұрыны өтпейтін тоғай. Егер мен бұған қазір жылы қабақ бермесем, аттарымды айдап, өзім білетін алаңқының біріне қоныс аударып кетер болсам, бұл соры қайнаған, айдынынан көксіген ақүйректей бұлғырған бейшара тайгадан ізбін таба алмас еді. Қараша торғайдай шоққа тығылғанда қолыма қапылыста түскен екенсің деп қорқаулық көрсетер болсам, сонда менің осы тайгада жүріп тайга жабайыларындай зұлым болғаным емес пе? Онда адам атты алып жүріп қайтемін. Бала-шағам бар, көңілімді қалдырмаған, қыздай алған әйелім бар, олардың көз жас, мұрын боғы бар емес пе. Ал тіпті бір күндік қызық көрдім дейін. Сонда бұл сорлы болған жанның бар өмірін бұзғаным былай тұрсын, бала-шағамның алдында ділімде арымды қалай тазартпақпын. Көңілімде топ болып, тамаққа тұрып қалған тағамдай кетпей қоймас па. Менің ұлым да, қызым да бар, олардың болашағының қандай боларын болжаппын ба, мен бейбақ. Осындай бір сойқанды соқпақ олардың алдынан шықпасына менің көзім жетіп пе. Не десем екен, бұл маған кіріптар, пенде,болған байқұсқа. Бұл менің тұтқыным, егер мен бұл орманнан оны құтқармасам ол жылт тауып бұл түнектен шыға алмақ емес. Рас, мен жасымнан бауырсақ та, малсақ та болып өстім. Бауырсақпын деп жауымды жасқамай тұра алмадым, малсақпын деп ет жемей қоймадым. Сөйте тұра бибауырмалдық, малдақтық менде атымен жоқ. Керек жерінде түйеше шөктім, атша адымдадым, адамша сүйе білдім, адамша жек көрдім. Бірақ қалай да жексұрындыққа ұрынбадым, оған хал-қадарымша жол бермедім. Енді мынау, елсіз орманда он екіде бір гүлі ашылмаған қыз маған өзі келіп тығылып, өзі еркімен беріліп отыр. Не істеуім керек. Ия, ең алдымен мен адам болуым керек, адамшылық көрсетуім керек. Осыларды ойлап жауабымды жиыстырдым, қайткенде де бір жауап беруім керек.

— Ең алдымен,— дедім мен Натальяға,— сізден менің жасым жырақ, екеуміздің арамызда жиырма жыл жатыр. Айталық, сүйген жүрекке, айқасқан құшаққа бұл онша көлденең тұрар кесел емес. Және жасы алшақ қосылған адамдар бұрын да, соң да толып жатыр. Біз алды да емеспіз, біз оның соңы да болмаспыз делік. Жас алшақтығы бөгет болмасқа керек. Бірақ қайткенде де ол да кезінде өз дегенін, дымақ кемдігін көрсетеді. Мен оның үстіне басым бос адам емеспін, алыста болса да әйелім, бала-шағам бар. Әйелімнен көңілім қалған адам емеспін. Айталық. әйелі.нің көзіне шоп салып, не одан айнып кеткен адамдар да толып жатыр, өмірдің ағымына қарай бейімделіп кеткендер көп делік. Ал менің балаларым бар ғой. Әйелім менің балаларымның шешесі. Сонда балаларым алдында қандай беделім қалмақ, қара бет болмаймын ба!? Ең бастысы — мен басыбайлы, аяқ-қолы жіпсіз байланған, көрінбес темір құрсау ішіндегі құлдыгөймін, саяси тұтқынмын. Мен жиырма жыл тұтқын болуға кесілген жанмын. Бұл жиырма жыл маған қатер. Әрине, құтылып, бір күн болмаса бір күні ақталып шығармын деген үмітім бар. Үмітімді жоғалтқан жоқпын. Дегенмен сіз жас адамсыз, жиырма жылдың әлі он жеті жылы бар. Сіз жас өміріңізді кәрі қылып, ақ жүзіңізді сары қылып мені күтіп отыруыңыз қиын. Ол өз жас өміріңізді өзіңіз байлағаныңыз болады. Оның үстіне менің елім бар, жерім бар. Осы орман арасында маған төбемнен төмен қарай алтын құямын десе де мен босансам бір минут тұра алмақ емеспін. Сіз біздің халқымызды білмейсіз. Оның қандай дәстүрі, қандай жетістігі, қандай кемшілігі барынан бейхабарсыз. Әзірге Совет елі қазақ халқы туралы олар көшпенді болған ел дегенді ғана біледі. Ол көшпенді ме, әлде көшпелі ме, оны мынадан біліңіз. Оның көшетін жерінің шегі бар, қыстау-қияуы бар, өзінің шаруашылық-экономикалық жағдайына байланысты ғана көлік қинар мәзіреті бар. Басына іс түсіп, малы-жаны күйзеліп, ері түйілгендей, әйелі күйінгендей жай болмаса, ол белгілі мал өрісінен, ата кірті-қонысынан қыбайға көшпек те, көтерілмек те емес. Мен де сол қазақ деген елдің бел баласымын. Мен өтенімді өмірдің ең ұшпаққа шығарар, осы дүниеде бейіш болса сол бейішті жеріне айырбастамақ емеспін. Біз дүниенің төрт бұрышының бәрібір, «қай жерде тұрмысың жақсы болса, сол сенің Отаның» дейтін елден емеспіз. Біздің елімізде «ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейтін мәтел бар. Мен де, мен сияқты еліме адалмын дейтін қазақ атына ол мәтелге қарсы тұрар қауқар, дымақ болу мүмкін емес. Біз туған ел, туған жер деп өлетін елдің баласымыз. Бізде екі Отан болмайды. Зәушайтан тағдырдың салғам шырғалаңымен ташалаң түсіп аббар көшіп, шет жайлап кеткендер бұрын да біздің халқымызда болған. Бірақ солар арада ғасырлар, дәуірлер өткен соң да қайта Отанына — өтеніне көшіп келген, ондай тарих тағылымын татқандар аз емес. Олар, көлінен көксіген бұл үйректей бүгін кеткенімен ертең болмаса бүрсігүні кірін жуып, кіндігін кескен, атасының бейіті бар жеріне, бетінде атасының кейіпі бар еліне қайта оралмай қоймайды. Бұл жеті ата, жеті пұсты, түптіқұян ғұрпы, дәстүрі. Осылай, қарындасым. Мен сіздің жақсы ниеттен туған жақсы пейіліңізді құптаймын, құптай отырып қабыл ала алмаймын. Етегін кескендей етіп елден шығып жүргенде менде бүгін бет те, от те жоқ. Елге қарауға бет жоқ, қайрат қылуға от жоқ, кеудеде жанып тұрған от жоқ. От денеден өшіп тұрған, бастан бақыт көшіп тұрған замат-мезетте сіз кез болып тұрсыз. Кешіріңіз, қарындасым, менің жағдайым-жапсарым осындай. Ендігісін өзіңіз өкіліңізге түсірерсіз. Дәуренім — мәулетім өтіп бара жатқанын білемін, құрымсақ болып құрдым келіп жүріп, бағаналы-байсалы ордадағы мырзадай булықсимын деу ағаттық, тіпті ағаттық емес, кешірілмес күнә болар еді. Осыларды айтып алдымызда жылтылдап жанып тұрған отқа бір-екі селбі — қу бұтақ тастадым. Ол қайта маздап жана бастады. От орнының тақыршық тартқан жерінде түнде де бірлі-жарымды шымалдың тыным таппай жыбырлап жүргенін байқадым. Шіркін, қу тіршілік десеңші деп ойладым. Еркін жүрген, мына көзге ілінер-ілінбес шымал екеш шымалдың өмірі де менікінен артық-ау, қайда барып, қайда тұратынын өзі біледі, өз тағдырының қожасы өзі.

Інім, пәлеге енді қалдым. Наталья кәдімгідей еңкілдеп тұрып жылап берсін. Қоймай жылады, ұзақ жылады. Мен де жалықпай отырып ұзақ жұбаттым. Өксіп-өксіп, бір кездері солығын басты. Бірақ жылауын тоқтатпады. Сөйте отырып сөйледі.

— Мен сізді дұрыс танып, дұрыс бағалаған екенмін, сіз менің жарым болуға тиісті едіңіз, жасыңыздың алшақтығы түк емес,— деп ол қайта солқылдап, ішін тартып жылады.— Іңкәрлігімді айттым, қайтейін, өйткені мені сізге бірдеме итермелеп тұрғандай еді. Тіпті сізге бейілімнің түскені сонша, сіздің ұлтыңыздың басқа екені де ойыма келмепті. Меңіреу орманда шіритін едім, тірі қалғандығым үшін сізге құтқарушым деп шынымен өзіме ер етуді ойлап едім. Сіз одан безе қашып отырсыз. Енді сіздің жақсылығыңызды немен өтеймін? Сіз маған өмір сыйладыңыз, бұдан артық не болу керек!? Амал нешік, сіздің жаныңыздан жылай-жылай кетемін дағы.— Ол ұзақ өксіп, ара-арасында бірлі-жарымды сөз тастап қойып отырды. Мен оған тағы да орман балаусасынан, кепкен шөптен төсек салып бердім. Ол тосын келген адамды бөтенсінген мысықтың соқырынша пырсылдап көпке дейін тынши алмай жатты.

Таңертең оны лагерьге жеткізуім қиын болды. Алдымен ол: «Мен осы орманда сіздің жаныңызда қала берейін»,— деп пәле салды. Содан оған жалынып-ағынып өзім жайдақ атқа мініп, ерттеулі атымды беріп лагерьге қарай жүрдім. Ол атқа мініп көрмеген екен. Оның ауанына төңкерілетін мен байқұс қайбір еркін Мұса, оның ойбайына қарамай біраз желіп жүруге тура келді. Аздан кейін аттан түсіп жаяу жүрді. Ат желісіне ілесіп жүгіріп отырды. Маған аттарды лагерьге уақтысымен жеткізуім керек. Ит әуремен әйтеуір лагерьге дер шағында жеттім. Оны қалаға апарады дейтін жолға шығарып салдым. Ол ажырарда мені құшақтап тұрып жылады:

— Мен сізді ешқашанда ұмытпаймын, қош болыңыз! — деп көз жасын сүрткен қалпымен лагерьден ұзай салды. Оны құтқарушы өлі балық қала берді...

Орманда өткізген, қымыз ішіп қызара бөрткен күн де бітті. Енді аттар байлауға тұрды. Мен баяғы таз кепті қайта кидім. Таңның атысы, күннің батысы жұмыс. Орманнан ағаш кесу. Төрт-төрттен тұрамыз, жаяулап орманға барамыз. Жағдай өзгерген жоқ, қит етсек атып тастайды. Жаза басқан аяғыңнан сазайыңды тартасың, жаза баспа, жаза бассаң қаза басасың. Мен күз күнінің суығына бой бере қоймадым. Жаздай ішкен қымыз денсаулығымды әжептәуір-ақ көтеріп тастапты. Күннің бірі біріне ұқсас. Лагерьде күндіз де, түнде де қаңғырлап қағылған темір-қоңырау дабысы құлағыңнан мәңгі орын алғандай. Даң етеді, сонан соң даң-даң, қаңғыр-күңгір біразға дейін кетеді.

Ноябрьдің ортасы болып қалған. Қырқыншы жыл. Түнімен жүрегім алапқып, көңілім абылығып-алабұртып ұйықтай алмадым. Көзімді жұмсам-ақ Владиленаны жетектеген Марлен көз алдымда тұрады да қояды. Ольга да елестеп кетеді. Қап, ертең жұмыс істей алмайтын, шаршап қайтатын болдым-ау деп қоямын. Әбден қалжырап, таң алдында көзім ілініп кеткен екен, «Көке!» деген Марлен даусынан оянып кеттім. Барақтың ішіне таң сәулесі түсіпті. Есік алдында біреу «Үйсінбаев» дегендей болады. Мен өзіме өзім осы мен жынданбасам жарар еді деп қоямын. Жо-жоқ, жынданбаппын. Есіктен қараған жасауыл «Үйсінбаев» деп менің фамилиямды дабыстады. «Мен» дедім орнымнан атып тұрып. Жүрегім лоблып ауызыма тығылды, тарс-тарс ұрады, тіпті өзіме естіліп тұрды.

— Үйсінбаев, шық бері, барлық мүлкіңді алып, біржола шық! — деді есіктен келіп тұрған дауыс. Шұрым-бұрымды жинап, «тағы қайда айдар екен?» деп есікке беттедім. Тоным, дорбам қолымда.— Түрме бастығына бар!

Түрме бастығы есік алдында кездесті. Бұрыннан таныс, қысыр биенің қымызын бірге ішіскенбіз, еңгезердей орыс жігіті еді.

— Сен босадың, той жаса! — деді ол. Өзі басқалардай емес, көбіне қамаудағы түрмені арыстаған сорлыларға жұмсақ сөйлейтін кісі еді. Шынын айтсам інім, бұл жолы алғашқы босанғанындай қуанғаным жоқ. Несін қуанамын? Барлық жолдастар қалып, сопа басым босанғаныма қуанбақпын ба?! Ол сорлылардың менен не айырмасы бар, бәрі де коммунист болған, бәрі де Совет өкіметінің отын Бейсебай ағам сияқты жалаң аяқ жаққан көзелдер. Кінәсіз отырған жалғыз мен бе екенмін?.. Дегенмен еркін, жарық дүниенің жөні басқа ғой. Жәнібек хан:

— Жиреншем, дүниенің байлығы не? —депті.

— Өтірігі ме, расы ма?—деп қайта сұрақ беріпті ханға -I- і-11іііс шешен.

— Екеуі де,— депті хан.

— Өтірігі арақ, расы бостандық! — депті ғой, Жиренше. Міне сол Жиренше көксеген бостандық маған да тиген сияқты. Қолыма поезға мінетін билет берді, Мынау семьяңыздың адресі деп бір тілдей қағаз ұстатты. Қорыққан мен қуанған-бірдей деген есім шығып, тіпті дегбір таппай кеттім. Екі күн кешке дейін орманнан құтыла алмады. Көз келген көлікке міндім. Жаяулап-жалпылап та жүрдім. Орманнан шыққан соң Оралдың қызыл сары топырағын кешіп тағы екі күн өткіздім. Қанша асыққанмен Свердлов қаласына төртінші тәулікте жеттім. Свердлов та ол кезде халқы шамалы Алматы сияқты шағын қала екен. Төтесінен тартып, еш нәрсеге көз тоқтатпастан вокзалға бір-ақ тарттым. Қаланы аралап, көшесін, ғимараттарын тамашалайтын мен қайбір қалтасы ақшаға, қарны тамаққа тойып тұрған адам. Алыстан үйдің ақдігерін көрген адамдай әсердемін. Қалтама қолымды салып, билетті растатып алу үшін кассаға ұсынайын. Билетті қолына алған кассир.

— Фрунзеге билет растамаймыз, тек Ташкентке ғана,—

дейді.

— Алматыға деңіз,— деп түзетемін мен кассирді.

— Алматыңыз не, Фрунзе деп тұр ғой билетіңізде.

— Жоқ, Алматыға,— деймін мен өзеуреп. Кассир билетті өзіме ұстата салды. Қолыма алып қарап жіберсем Фрунзе облысына деп тұр, онда. Қап мыналар шатастырды-ау, «ашқа тартқан, кешке тартады» деген'осы болды деп тарындым. Есіме лагерь бастығы берген адрес түсіп, қойныма қолымды тығып тілдей қағазды алып шықтым. Қойныма қолымды салғанда барып ойым орнына келе кетті. Е, бала-шағамды қоса қаңғытқан екен ғой деген ой сап ете қалды. Әйеліңнің адресі деген қағазға көз салсам «Қырғыз ССР-і, Фрунзе облысы, Қант селосы» делініпті.

Көңілім әп-сәтте су сепкендей басылып, қуаныш інге кіріп, іннен реніштің буалдыры басын көтеріп алды, қабаржып қалдым Асқар Алатаудың сөндесі көз алдыма елестеп, жүрегім лоблып, майды тоя жеген кісідей бейжайланып кеттім Алматының түп-түзу көшесі, екі жағын көмкерген, сапқа тұрған солдаттай сымдай теректері, көшенің екі жағындағы арықтардан сылдырап аққан тұнық сулары, албыраған алмасы көз алдымнан тізіліп өтіп жатты. Енді маған Жетісуды көру жазылмаған екен деп сең соққан кісідей әрі-бері теңселіп жүрдім Қамаудан босанып туған жерге бармау қалай деген ой мені есеңгіретіп жіберді Сәлден соң қатайып, не де болса Алматыға-ақ бір-ақ тартып кетсем қайтеді деген асау көңіл айдалаға ала қашып барады Онда кімге бар мақпын, бала-шаға Фрунзеде болса деген ой жеткенде бәрі жөніне келе кетті. Оның үстіне қаршадайынан ұя бұзып көрмеген тартыншақтық та тырыстырып оған жіберер емес Бұл көңілімнің тас қараңғы түбінде таскенедей жабысып жатқан сенімсіздікті ұлғайта түскендей босатқаны қалай, еліме жібермегені қалай дейді дағы күмән да, күдік те осындайда келе қалатын әдеті.

...Поезд Қазақстан шекарасына кіргенде, інім, не болғанымды білмеймін, көңілім дариядай толқып-толқып, жағаға соғылып арыны басылған судай босып жүріп берді. Станцияларда көрінген қазақтарды ұстап алып, құшақтап көріскім келді. Көрісермін-ақ. Сонан соң халық жауымен көріскен оларға көресіні көрсетпей ме, басына ташалаң салмай ма. Туғаны емес, туысқаны емес, қаңғып келе жатқан қайбана қазақты бір құшақтап, дәм-тұзы көтеріліп, маған ұсап не Тайгадан, не Тундрадан бір-ақ шығып жүрсе, ұяда енесінен жем сұраған торғайдың қызылшақа баласындай ауыздарын ашып бала-шағасы қалса, бұдан өткен сор бар ма?! Сондықтан олармен тіл қатыспай, жауап сормай жайыма жүрдім, кесір-кесепатымды тигізбей жүруді жөн көрдім Алдымен інге кіріп алайын, қалжуырды сонан соң байланайын дедім.

Міне, поезд сырғып Електі өтіп барады. «Електі өтсең, Есімбай, қыс қыстауға Борсық жай» деген Қобыланды жырының жолдары есіме орала кетті. Міне, ел деген осы емес пе деп ойладым, тіпті әрбір станцияның аты-ақ есіме әр нәрсені салып, етек-жеңімді далитып барады. Електіден кейін бір кішкентай станцияда поезд көп тұрды. Жер қара, күн әлі жылы екен. Алда поезд бар көрінеді, жол кестесі де осылай болса керек-ті. Жері қопалы, сортаңдау екен, алысырақта жыңғыл өсіп тұрғанын көрдім. Станцияның өзінен басқа барак сияқты салынған төрт-бес үй ғана бар екен. Олардың есіктері алдында уақ жан, бұзаулар өріп жүр. Алысырақта тұсаулы аттар тұр. Таныс табиғат. Қазақ жүрген жерде мал да жүреді. Станция үйінің бір жағында оның кезекшілері, стрелка қараушылар тұрса керек-ті. Далада киіз төсеп алып, жылы киінген төрт-бес ұл-қыз патефон тыңдап отыр. Жайлап басып солардың жанына келіп тізе бүкпей, тікемнен тік тұрдым. Балалар мені көрген соң жүннен созып өрнек салған текеметтен сыпыра түрегелді. «Аға, отырыңыз!» деді. «Тіліңнен айналайын!» деп тұрдым ішімнен. Бұрнағы күні ғана Свердловқа жетпей күн батып кетіп, ешкім үйіне қондырмай далаға түнегенімді есіме алдым. Қазақ ықыласын бесіктен белі шықпаған балаларынан көріп ішім жылып, елжіреп тұрдым. Мен рақмет айтып, балаларға «отыра беріңдер» дедім. Патефон жаңа екен. Шамасы ол кезде жаңа тарай бастаған әуез аспабының бұл ауылда да қызығы әлі басыла қоймаған болса керек. Патефон құлағын ұстаған қыз бала ғана отырды да, қалғаны мен кеткенше қайта тізе бүкпеді. Біздің балаларымыздың ізеттілігі, инабаттылығы, үлкенді сыйлауы елді сағынып келе жатқан, екі-үш жыл қазақ көрмеген менің ет жүрегімді бауырдай елжіретіп, майдай ерітіп жіберді. Патефонға бір табақ қойылып еді, «Сұржекей» әнін салған Жүсіпбек Елебековтің дауысы шықты. «Мінгенім дәйім менің Сұржекейім, бүлкілде әнге салсам о-о-оу, көмекейім...» Жүсіпбек үзілтіп, үздігіп бір кетті дерсің, әншінің өзі де нақ Сұржекейше бүлкілдеп құлақтан кіріп, бойды алып, денені белгісіз бір, суықта ішкен ыстық шайдай жылытып, ерітіп бара жатты. Үш жылдан бері қазақ дауысын, әуезін естімеген менің бұл ән қайдағы-жайдағымды қозғап кетті. Екі көзімнен аққан жасыма өзім ие бола алмай қалдым. Балалар менің көңіл-күйімді Тез ұқты. Содан балалардан ұялып, тағы біреулер келіп, адам жинала қалса ұят болар деп вагонға кірдім. Вагонға келген соң да жүйе-жүйем босап, көңілімнің жігі жарықшақтанып ашылып, қатая алсамшы қане. Көп жылдан бері бітеліп қалған тұманың көзін кетпенмен ашқанда судың саулағаны сияқты бұл үш жылғы сіресіп, қасаңданып, сіңірге айналған жүйкенің бор болып егіліп-сөгіліп, есіліп кеткені болса керек-ті. Орныма шалқамнан жатқанымда жас екі самайымды жауып, жастығымды сулады. Інім, адамзат баласының көңіл күйі о баста әуен, би арқылы сыртына шыққан ғой. Сол нар идіргендей күй болмағанмен Жүсіпбектің үзілте салған әні көкірегімді кеулеп, орнап алып еді.

Нақ поезд жүрерде бір мұрыны шолақтау, ақ құба бала жүгіріп вагонға кірді де, біреуді іздегендей жан-жағына алақтап қарап келе жатты. Ол маған көзі түсіп кетті де, әлі пора-пора болып, көңілі босап отырған менің жаныма келіп, үш таба нан, он шақты құрт, бір шөңкеге құйылған сүтті тез столға қоя салды да, қоштасып тұра жүгіріп түсіп кетті. Поезд жылжып жүре берді. Мен терезеге қарадым. Жаңағы балалардың бәрі телміріп терезе аңдып тұр екен, мен қолымды сілтедім, олар да жапа-тармағай қол бұлғасты. Поезд станциядан ұзап сала берді. Қаңғып келе жатқан жолаушыға түрегеліп орын беру, бейтаныс қазаққа үйіндегі тамағын ала жүгіріп, әкеліп тастау, Елебековтің жүректің нәзік қылын шертетін көркем, мың бұралған әні бәрі қосылып, көңілім одан сайын босасын. Менің туған халқымда ғана бар қасиеттерді ойлап, ел шетіне жеткенімді айқын сезініп, босаған күйі ұйықтап кетіппін. Ояна кетсем, түннің бір уағы, поезд бір екі-үш үйлі разьезге тоқтап тұр. Жатқан бойы тағы даққа баттым.

Шіркін үзілтіп-үздіктіріп, жаныңның жәдісін табатын, жүйкеңді-жүйеңді жібітетін Елебековтің әні десеңші! Дауысына лайық домбыра шертісін қайтерсің. Домбыраны құйрығынан алып сабаған иттей сабаламай, іліп-қағып қана дауысқа қосу, айнытпай, аптамай баптап қосу Жүсіпбек пен Манарбектің ғана үлесі-ау. Жаныңның қырын-сырын тегіс оятып, еліктіріп әкетіп, елітіп тастайды емес пе! Қай халықтың болса да қасиет-қадірін, сырын-сипатын, тұрқын-тұрпатын әнінен, әуенінен-әуезінен аңғарасың. Қазақтың әнінен көңілді сәтті аңғаратын ойнақылықты байқағанмен жеңілтектікті сезбейсің. Негізінен одан кең жанын, келелі ойын, ақ көңілін, дарқан пейілін білесің. Қазақтың әні мен күйінен түйелі көштің ырғағы, балаңқылардың тай мініп жарысқан, батырдың пырақ мініп, пыран киіп сайысқан дабылды-қалғанды дабысы, бәйгеге қосқан аттың, елге найзасын түйрей келген жаттың қимылы төгіліп тұрмай ма. Журналист бәрін білуі керек, дүниеде қанша үн, қанша әуез болса, қанша жаңалық, қанша ғылым болса соның бәрінен мағлұматы болғаны абзал. Інім, сен күй аңғара білесің бе? Мысалы Құрманғазының күйінен далада еркін дүркірей шапқан жылқының тұяғының дыбысы, кейде құйындатып, кейде текіректетіп шапқан аттының жүрісі, әсіресе күйшінің адуын, ер көңілді, кеуделі мінезі аңғарылады. Жел шайқаған боз жусан, сусыған, жел суырған құм, сәйгүліктің жер дүбірлете орғығаны, қойшы атының текіректегені көз алдыңа елестеп отырады. Ал Дәулеткерей Құрманғазыдан мүлдем бөлек адам. Ол ерте жатып, кеш тұратын, малым өрістемей, түйем күйістемей қалды-ау демейтін, көңілі жай, асықпайтын, аптықпайтын, біреуді ықтырмаса өзі басқадан ығыспайтын үстем таптың өкілі. Оның күйлерінен керілген сырбаз, не нәрсені болса да баппен ұстайтын, киімі, аты, ат-тұрманы қыз қарағандай сәнді, өзі маңғаз адам екені байқалады. Ән ұғудан күй аңғару әлдеқайда қиын. Оның тоқсан тарау буын-бунағын, сазын-сарынын айыру екінің бірінің қолынан келмейді. Ал Тәттімбет күйлерінің үні, әуезі бөлекше. Қазақ халқының ғасырлар бойғы арқалаған азабы, сол азабынан туған уәйімі, арманы, мұңы-шері, қуаныш-реніші тегіс қос ішекке сыйып тұр емес пе?! Бір сәт басыңыздан қас қағымда өте шыққан мәулет-дәуреніңізді еске түсірсе, одан сырғып гүлді көктем жасыл жаз өтіп, сарғайған, сары сайғақ тартқан, есейген, әлде еңіске қарай етпеттеген, белі бүгіліп, тырнағы сөгілген еңкейген, тарлан тартқан, баршын өмірден елес береді. Әлде қазақтың кең даласына қызыққан дүбірлеткен, жалаулатқан жау шабуылынан кейінгі қайғы-қапа, еңкілдеп-сұңқылдаған жоқтау, өксіп ішін тартқан жылау, елінен, жерінен босқан, тентіретіп, ақтабан-шұбырындыға ұрынған жалпақ елдің күйіс-күйзелісі, реніші-күйініші екі желі, үш қазыққа ырғалып, шайқалып сыйып тұрады. Адамның қуанғаны сияқты, інім, мұңаюы, ренжуі заңды құбылыс. Мұңаймау керек дейміз, біз.

Мұңаймау, қынжылмау үшін адам болмау керек. Мал екеш мал да қынжылады. Біз мал баққан, жілік шаққан елдің баласымыз. Малдың күйін, халін қабағынан аңғаратын қазақ кәрілерін, тәжірибені басына тоқыған қартамыстарын талай көрдім. Олар бәйгеге қосар аттың қанша жерге алдына жан салмай жететінін, қанша шапқан соң салғырт тартатынын тап басып айтатынының талай куәсі болдым. Бұл малдың реніш-күйініші емей немене? Өзің қарашы, інім, бір спектакль, әлде кино көрсең ондағы қаһарманның өмірі айнаның бетіндей тұнық, жазғы күнгі дала көлінің бетіндей жылтыр болса ұнатпай қаласың. Өйткені ол шындықтан жырақ. «Туу бәрі жақсы болып кетіпті ғой» деп те ашық айтып саласың. Өйткені адам болған соң оның басында қуаныш та, реніш те, шаттық та, қайғы да болуы керек. Оны жұрттың бәрі біледі. Біле отырып біз кітаптардағы қаһармандарымызды көзіне жас алмайтын, басына қайғы түссе де мойымайтындай етіп көрсетсек ғана мақтаймыз, кейде тіпті ондай бола қалса күйректікті уағыздады деп айыптаймыз. Ал сонда ол қаһарманымыз адам ба, әлде ағаш па, оған көз жібере бермейміз. Біздің жаманға ренжімейтін, қайғыға берілмейтін қаһарманнан үйренген, әлде үлгі алған оқушымыздың қандай адам болып шығатынын, қандай тәрбие алатынын ойлаймыз ба? Ондай кітаптан тәрбие алған бала көшеде құлағанды тұрғызбайтын, біреудің қайғысына ортақтаса алмайтын қара жүрек, темірі қатты біреу болып шығатыны неге біздің ойымызға оралмайды. Інім, сен журналиссің, менікі жай оқушы пікірі ғой. Бала тәрбиесі аспаннан түсетін жайдың шұбар тасы емес, ол осындай бүршіктен бөртіп, көктеп, бұтағын, бостанын, беретін шығарып, жапырағын жайып өседі де, улылықты да, кірпияздықты да, сыпайылықты да, түрпідей тұрпайылықты да, ұрыны да, ұсақтықты да жасай алады. Сондықтан адамға тән сақылық та, сақындық та, салдарлылық та бәрі де өнерде бейнеленуі жөн. Мен, інім, сол шындықты, яғни адамзат баласының басында болатын қайғы-қасіретті құйқа тамырыңды шымырлатып, шыпылдатып қос ішекке сыйғызып бергені үшін Тәттімбетті дүниеге тәнті-тәбәрік етер едім. Бармағына қырық түрлі күй айналған Тәттімбетті, әнінің бұрмасына көз жетпейтін, дауысына аспандағы құс қайрылған Біржанды, қайғысын, қапыдағы қапасын, шаттығын-шабытын әнге, күйге сыйғызған әр кезеңдеп қазақ ақын-серілерінің шығармаларын мен сияқты қапастан жаңа құтылған адамға егілмей-төгілмей тыңдау мүмкін бе? Тименнен туған балалардай құранды әуезді естігенде тұра қашқандай боласың. Басын Бразилиядан, ортасын Орта Азиядан, аяғын Австралиядан алған әндер құлағыңның құрышын қандырмайды, қайта жаныңды жейді. Шіркін, деп ойладым, інім, сол поезд үстінде жатып, осынша түптен тартып шығатын тебіренген ащы күйді, жан жадырататын әнді жасаған халықтың теңіздің тереңінен алған маржандай талай құш әуезі заман, уақыт буалдырына орана барып, өшіп, қаншасы ұмыт болды екен. Ән тарихы, ән ұмытылады, жаңа әуез дүниеге келеді. Бірақ халықтың көп мұрасы ел егер болған, еркегі жаралы, қатын басы қаралы болған, адамда сияқ, тігерге тұяқ қалмаған кешегі кері замандарда ұмыт болды ғой, көкіректі жарып шыққан талай асылды уақыт топырағы бетін жауып қалды ғой. Біржан салдан бұрын ән шығарған, Құрманғазыдан бұрын күй шерткен, еліктің лағындай билеген адам болмады дейсің бе? Тіпті кешегі Сүйінбай заманындағы Дәурен салды-ақ алшы. «Өзі Іленің арғы жағына өтіп кеткенде, белбеуінің ұшы бергі жақта жатады екен» дегеннен басқа не қалды, одан. Оның әндерін де біреу жылқышы әні, біреу қойшы әні деп бұрмалап пайдаланып жүр емес пе? Ал бір күні әуез-музыка зерттеуші зерделі азамат табылып, оның әндерін өзіне қайтарып бергенде олар қайтпек? Қалай ғана сол арзан табыс көзін іздеген адамдар ұялмай жер басып жүрмек!?

Інім, арын бір жоғалтқан адамдардың түзелуі қиын болады. Ондайлар бүгін ұрлығы ашылып қалса, «олда-білде, енді қойдым, жаздым-жаңылдым» деп тырнағын жалап-жалап алады да, ертеңіне былай шыға беріп тағы қарақшылық жасайды. Күйеуімен бір ұрсысқан әйел екіншісінде тіпті де тартынбайды. Әрі-беріден соң ұрыс-керіс, ұрлық-қарлық олардың ит-ырғылжың өмірінің қалыпты мөлшеріне айналып кетеді. Ұрсысып үйренген адамдарда ұят болады деп ойламай-ақ қой. Ондайлар тез ұрсысқаны сияқты тез табыса да салады. Жаңа табысып отырып-ақ бір болар болмас нәрсеге ерегісіп, қайта бет жыртыса береді. Оны өздері артық та санамайды, онысының томпақтығын сезбейді де. Ұрылар да сондайлармен ағайындас. Айтпағым әлгі әуез-музыка жайы еді ғой, інім. Тағы да станциялардағы қазақ дауысын естиін деп жатып ұйықтап кетіппін. Поезд да тербеп, ырғап ұйықтамасыма қоймады. Жалпы, інім, ұйқым аз. Ақты қара, сауды жара қылған сонау отыз жетінші жылдан бері бір түнді түгел ұйықтап көрген емен.

— Қазақ арасында,— деді Шұнақ сол қолының қарын ұстап бір шытынып қойып,— талай аңыз-әңгіме бар ғой. Соның бірі ән туралы. Дүниеге құдай ән үлестіргенде ән шүленін алдымен алған құс екен дейді. Қалған тіршілік иелері сол құстан немесе сол құстан үйренген басқа жан-жануарлардан әлде мақұлықтан-жәндіктен естігенін айтатын болса керек-ті. Қазақ та ән үлестірген жерге бара жатып жолда талдың берегінде, әлде теректің бостанында немесе сексеуілдің жігерінде ән салып отырған шынашақтай құсты ұзақ тыңдап қалыпты. Ол құстың аты — Тита, үлкендігі домбыраның құлағындай екен деседі. Шамасы өзінің кішкентайлығын пайдаланып, ән күткен тіршілік иелерінің арасынан инедей сырғып өтіп, әуез үлестірген қауыстың дәл аузына жетіп, әнді мол қамтыпты. Сондықтан да оның құбылтып құйқылжытып сайрағандағы дауысы-үні қозы көш жерге жетеді екен. Қазақ әлігі титаның әнін тыңдап, үзіліп, үздігіп тұрып, біразын үйреніп, оның есесіне әуез ұясына кеш барыпты.

— Мен де үлесімді алуға келдім,— депті қазақ.

— Өзің ешкімнен ән тыңдап көрдің бе? — депті ән құдіреті, шүленгер.

— Титаның әнін тыңдап едім,— депті қазақ. Сонда әуез иесі:

— Тита ән ұясына басқадан бұрын жетіп, мол қамтып, барлық құш әуездің тоқсан бөлегін әкетті. Қалған он бөлегін он сегіз мың ғаламға бөліп бердім. Енді әуез ұясы көл табан татырдай болып тақыршық тартып бос қалды,— депті ән құдіреті.

— Әннің ұраны — Тита, сенің одан үйренгенің бар ұрпағыңа жетер.

— Жоқ, мен оған риза болман,— депті қазақ. Қасарысып тұрып алыпты.

— Онда саған сөз құдіретін қоса бердім, өнеріңнің алды қызыл тіл болсын,— депті құдай тағала. Қазақ сөз құдіретін алыпты, бірақ оған қанағаттанбапты. Ол ән үйренуге Титаны қайта іздеп жөнеліпті. Оған келсе Тита тауға тұрақтай алмай, оған дауысы — үні сыймай, кең далаға кетіпті. Қазақ сағағы алманың сабағындай арғымағына міне салып, дауысы қудай саңқыған Титаны қуып жетіп, тоқсан бөлек әуездің тоғызын сұрап алып қайтыпты. Содан қазақ әнінің атасы Тита болыпты. Інім, өзің де «тита-тита-тита» деп әндетіп жүрген қазақты талай көрген боларсың. Тита әннің атасы болуымен қабат ол өте кішкентай, шынашақтай құс болғандықтан «титадай», «титімдай» делініп кішіліктің бейнесіндей де болып қалыпты. Титаның кішкентайлықтың кейпі ретінде айтылатын қазақта ұяттау тіркес те бар. Оны өзің қатар-құрбыларыңнан сұрап аларсың. Сол дала қазағының титадан тыңдаған әнін естігенде егіліп жүріп бергенім тегін емес. Онда ата-баба дауысы, дыбысы-үні, ұраны-ұрғаны, мұңы-шері, қуаныш-реніші бар еді.

— Қазақ «ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп дұрыс айтқан. Егер жасыңнан татардың әлде ұйғырдың әні құлағыңа сіңіп өссең, ұлғайғанда қазақ болсаң да соны оқта-текте аңсайсың. Бірақ өз халқымның әнінен оны жоғары қоямын десең ол менің құлағыма кірмейді, оны құптай алмаймын. Онда ол өз ұлтының өкілі бола алмайды. Өз ұлтының әнін, тілін, салтын сыйламаған, ардақтамағанның басқаны сыйлауы, жақсы көруі өтірік, әншейін қызыл сөз. Ондайлар кімнің тарысы піссе, соның тауығы. Осы тұрғыдан келгенде, інім, менің егілуім заңды ғой деп ойлаймын, сондықтан да мен жас шығарғаныма жасықтық, күйректік көрсеттім деп қысылмаймын. Менің жас шығаруым жасуым емес, сағынудың, сарғаюдың сарқыны, салқыны еді.

Інім, бірнеше поезға мініп итшілеп жарты айда Луговойға түстім. Енді Қырғызстанға барғым келмей, екі көзім телміріп Алматы бетіне жарыса кетіп жатқан қос темір таспаға қараумен болдым. Атқа да, арбаға да, жаяулап-жалпылап та жүріп Қантқа қырқыншы жылдың декабрінде жеттім. Фрунзе шаһарына тоқтамай жаяу кеттім. Қант кең аңғарға орналасқан, ойдым-ойдым суы, шұрат-шұрат көгі бар, балқашты-байрақты қамыс пен коғадан мал көрінбейтін жер екен. Қашанда сулы жер нулы жер. Жердің шырайын кіргізіп, шұрайландырып тұрған қанасынан асып-төгіліп жатқан Шу өзені. Жерде жұқалау, қауылдырық қар бар. Бұл күндіз беті еріп қабыршықтанғаннан болса керек-ті. Аспанмен астасқан Алатау біздің Алматы үстін еске салады. Терістік жағы қоңыр қырқа, шамасы ол біздің Қордайға мұнасады-ау деп ойладым. Жердің аты — Қант — яғни қала деген ескі түркі сөзі. Бәлкім, тәтті тамыр шырыны — тағам. Шамасы қызылша өңдейтін, қант шығаратын завод бар болар.

Фрунзеден Қантқа кіретін жол кәдімгі тасы да, құмы да жоқ, көмкерусіз, бір арба зорға сыятындай сүрлеу екен. Қаудырқулақ қар арба жолды жасыра алмапты. Жолдың екі жағы да ойдым-ойдым су, оның беті қаймыжықтанып қатыпты. Судың ортасында бірді-екілі барылдауық қоңыр үйректер жүр. Олар қаннен-қаперсіз. Шамасы оларға ешкім қол көтермейтін болса керек. Қамыс арасынан алысырақта қырғауылдың қиқырығы естіледі. Серігін шақырады білем. Жол жағасындағы жұқа қардың үсті әлде қоянның, әлде күзеннің, әлде түлкінің шиыры. Әйтеуір аймұш-ұймыш із, сөлекет, шұбырынды соқпақ. Жол белеске көтерілді. Ауыл төбесі алыстан көрінді. Жетісудың кәдімгі ақ терегі, кегейі, қызыл, қара талдары алыстан мойнын созып, жол қарайды. Сығырайған терезелі, сылақты тоқал тамдар да көзге түсе бастады. Ауылдан әлдеқайда бері бел жатыр. Оның жолға ұласар жері тұмсықтау болып биік біткен екен. Оның үстінде қарайған екі ноқат тұр. Бірі биік, бірі аласа. Бір шақырымдай қалғанда оның екі адам екенін аңғардым. Бір уақытта екі ноқат төбеден түсіп маған қарай тұра жүгірді. Кішісі ере алмаған соң үлкені оны көтеріп ала, бері ұмтылды. Жақындағанда бұлар менің балаларым екенін таныдым. Марленді құшақтап сүйіп мауқымды басып, кішісін қолыма алдым. Владилена беске шыққан. Әрине мені танымайтын Владилена кереметтей киінген, тап-таза, сымбатты адам — әкемді көремін дегенінде сөз бар ма? Мына бір құлағы жоқ, қайыршының дорбасындай арқасына қап таңған, бір иығына бүктеп салған тоны бар, киімі жүдеу, сүреңсіз, өзі ұсқынсыз қазақ қалай-ақ менің әкем бола салмақ дегендей Владилена маған сенімсіздікпен қарайды. Марлен мені қайта-қайта құшақтай берген соң ғана бұл да жақындығын біле бастады. Өз әкесі өзіне жат болған мұндай Владиленалар — тірі жетімдер ол кездері баршылық еді.

— Балам, қалай, апаң аман-сау бар ма? — дедім Марленге. Сөйтсем Марленім маған қалжың айтады:

Егер менің апам болмаса, Берия менің әкемді бір құлағы жоқ еді, байқұстың деп аяп жіберді дейсіз бе?! — Сөзімнен жазған сорлы басым қасқыр тартқан қойдай жан-жағыма сол айдалада-ақ алақтап қарап алдым. Оқ тимесе де дүмпуін естіп шошынған торғайдай сауатты ұл:

— Бұл жер қу дала ғой, көке,— деді. Осы жерде ел арасындағы бір әңгіме есіме түсіп жымиып қойдым. Баяғыда бір қарға балапанына өсиет айтып отырса керек:

Екі шоқып бір қара, екі шоқып бір қара! — Сөйтсе енесіне балапаны айтады дейді:

— Ой, сорлы анам басқа балаларыңды өстіп құртқан екенсің ғой. Бір шоқып, бір қара, бір шоқып бір қара демеймісің,— депті. Сол айтқандай менің ұлым мені үйретеді. Иығыма бос салған тонымды, арқамдағы дорбамды Марлен алды. Мен әке қызығын көрмеген Владиленаны көтеріп келе жаттым. Марлен жігіт болды, арқамдағы жүгімді түсірді. «Баласы қолынан бейнетін алды» деген осы дағы деп ойладым.

Аяңдап бала-шағам тұратын үйге келдім. Ольга саспады да, салбырамады да, келіп көрісіп, көзін сығып алды. Соңғы үш жыл оның әжімсіз өңіне өз мөрін аямай басыпты. Бұрынғы ұртындағы күлгенде айқын көрінетін шұңқырдың екі жағы созылып, бірі өрге көзге қарай, екіншісі иекке қарай кетіпті. Самай шашты да боз қырау шалыпты. Артық ет бітпегеніне қарағанда тұрмыстың тәтті болмағандығы көрініп тұр. Үстіндегі киімі бегімсал, айнымағаны, ол ермегені қоңырқай көзі, әлі де отты қалпында. Тамағын да бірер қыл көлденең буып алыпты. Ол жайымен байсалдылықпен жағдайымды, денсаулығымды сұрады:

— Қалай аман-есен жеттіңіз бе? Дені-қарныңыз сау ма? Денсаулығыңыз бұзылмай келсе, одан басқаның бәрі орнына келеді.

— Шүкір, жаман емеспін,— дедім. Шынында да денсаулығым қалпында болатын.

— Сізді күткелі он шақты күн болды. Екі балаңыз күннің суығына қарамай ертеден кешке дейін жол қарайды.

— Үлкен ұлың армиядан қайтты ма? Қайда? — деп сұрадым Советті.

— Қайтып келіп КазГУ-ді бітірді. Енді сонда сабақ береді. Жақында үйленді. Алматыда тұрып жатыр. Хат келіп тұрады.— Мен үйді шолып қарай бастадым. Үй кішкентай үш бөлме екен. Қоржын үй. Мен отырған бөлменің екі жағында екі есік. Қай жерге көзім түссе де кітап. Әсіресе қазақша кітаптар көбірек. «Батырлар жыры», «Жұмбақ жалау» деген жуан-жуан кітаптардың атын дауыстап оқыдым.

— Қазақша кітаптар ғой,— деді Ольга.— Балаларым қазақшаны ұмытып кете ме деп, Қордай ауданынан алып келіп едім. Қазір Марлен Владиленаға оқып береді. Ол тыбыр етпей отырып тыңдайды. Сәлден соң:

— Үйді Марлен өзі салды,— деді Ольга.— Жаз күні ұзақ. Кеші бос. Кірпішті қам кесектен құйып, өзі қалады.— Екі жағындағы бөлменің бірі үлкен, бірі кішірек екен. Кішісінде Марлен ұйықтайды екен де, үлкенінде Ольга Владиленамен жатады екен.

— Марленді әскерге шақырды ма?

— Шақырған жоқ қой,— деп Ольга сөзінің аяғын жұтып қоя салды. Маған бәрі де түсінікті болды. Сорлы Шұнақ дедім өзіме өзім ішімнен, кім екеніңді, кім болғаныңды қалай-ақ бір ай ішінде ұмытып қалдың. Көрінгенге көз түрткі болған бала-шағаңның ескі жарасының аузын тағы бір тырнап алғаның қалай? Сорлы-ау, олар сонау Алматыдан Қырғызстанға саяхат жасап келді ғой деп пе едің, әлде еріккеннен көшіп пе еді. Еріксе қазақтың кең даласы аздық қылды ғой деп пе едің. Өй сорлы Шұнақ. Байқұс-ау, бас бостандығың өзіңе тигеніне бір-ақ ай болды ғой. Ал ол тиді ме? Бірнеше күннен кейін тағы темір тордың арғы жағынан зоопарктегі хайуандай отырмасыңа көзің жетті ме? Бүйтіп шығып көріп едің ғой, бұрын да. Жылқы мінезді қоятын уақытың болып еді ғой. Аңырта ұшқан сорлы. «Арты жаман сауғаның, одан жаман ауғаның» деген қазақ сол сөзді де білмей, өлшемей айтпаған шығар. Басынан талай қысталаң, жалаң қия, жартасты жолдарды өткізгенде, құба қалмақтар басып басына әңгір таяқ ойнағанда, әлде көзі қысық, тісі қисық, иегіне он тал сақал не бітіп, не бітпегендер келгенде айтпағанын кім білсін, сол мәтелді. Әлде қатын-балаңның туған жерінен ауып, табанын сауып, өтенінен көкси қашқаны аз болып отыр ма? Осыны ойлай отырып бір нәрсе есіме түсіп күліп жібергенімді байқамай қалдым. Ольга мынау есі ауыса бастаған ба дегендей бұл жолы бетіме үңіле әрі түңіле қарады. Ойыма түскен жай мынау еді: Сонау отыз бесінші жылы Жандосов колхозының партия ұйымының секретарь! болып жүретін Әлімқұл Төлеңғұтов дейтін қазақ болды. Сол бір жаламен сотталады да, алты-жеті айдан кейін қамаудан босанды. Күйеуі үйіне келген соң Қалия деген әйелі «қоймай қуып жүріп шығарып алдым ғой» десе, анау отырып: «Табысқа мастанба деген Сталин жолдас» дейді. Жұрт сол кезде оны «қып-қызыл коммунист қой, жазықсыз қамалып келіп, жеті ай босқа жазаланып отырып та Сталин жолдас дейді» деп келекелеп жүрді. Бірақ, шырағым, келеке қылатын оның ештеңесі де жоқ еді, өйткені арғы жағында оның партияға деген адал көңілі, аппақ жүрегі көрініп тұр еді. Мен де Марленді ақ көңілділікпен айтып қалып, у жегендей өкініп, опынып отырдым. Ольганың көз қарасын аңғардым да, неге күлгенімді айттым. Ол қосыла күлді.

— Менімше,— деді ол,— нағыз коммунист солай ойлауға тиіс. Өйткені Совет өкіметін орнатысқан большевиктерге қысастық жасап жатқан партия емес, оның ішіне алма өзегіне түскен жегідей бүлдіру үшін кіріп кеткендер болса керек-ті. Бүгін болып жатқан қиқақ пен қинау бәрі уақытша, өткінші толағай болуы керек. Шын большевик бүгін басына түскен қиыншылыққа мойындауға, болашаққа сенуі абзал. Әрине, өзі еркіндік үшін орнатқан өкіметтен өзінің қорлық көруі өкпелерлік те, ренжітерлік те қарекет. Бірақ коммунист идеяның, саналылықтың, сенімнің адамы. Бізді,- деді Ольга сол үнсіз қалып барып,— партияға біреу зорлап кіргізген жоқ өзіміз осы жолды, марксизм-ленинизм жолын қалап алдық. Өйткені адамзат баласы бүгінге дейін ойлап тапқан идеясының ішінде біздің жанымызға жағатыны, жайлысы осы ғана. Оның дұрыстығына әбден көзіміз жеткен. Оған сенімдіміз. Сондықтан біз адамды адамның қанауынан құтқарған, адам баласының бәрін тең көретін Коммунистік партияны қалап алдық, осы жолда жанымызды пида етеміз. Егер бүгінгі саяси негізі. Советтер, экономикалық негізі өндіріс құрал-жабдықтарына қоғамдық меншік болып отырған, жұмысшылар мен шаруалардың одағын ту етіп берік ұстаған мемлекетте біреулер әлдеқандай басбұзарлық, заңсыздық жасаса, оған қоғамдық құрылыс кінәлі емес. Ол өткінші жағдай болса керек. Бүгін қалтамызда партиялық билетіміз жоқ болса да, біз өз-өзімізді партиядан тыс адамдармыз деп санамауымыз керек. Мен болашаққа сенемін, Әбеке, ерте ме, кеш пе партия бұл кеткен қатені түзетеді, кемшілікті жояды деген сенімдемін. Мен сіздің де, өзімнің де өткен жолымды мың тексердім, мың рет сарапқа салдым, ақтара тексеріп, аудара қарастырдым. Сонда екеуінен де не партияға, не мемлекетке істеген иненің жасуындай зиянымыз болмаған екен, бар саналы өмірімізді Совет өкіметінің қиярын қылуға, отынын жинап, отын тұтатуға, түтінін түзу шығаруға жұмсаппыз. Партия алдында да, мемлекет алдында да адал болыппыз. Алғаш сөйлеген, бұрыс істеген ісіміз болмапты. Әрине білмей қалғанымыз, шамамыз жетпегені, маркстік алған іліміміздің тайыздығынан жіберген ағаттығымыз, асығыстығымыз болған болар, бірақ ісіміздің бәрі партия алдындағы адалдыққа негізделіпті. Демек, жұрт не десе де, Әбеке, біз коммунистпіз.— Ольга көгеріп-сазарып ұзақ үнсіз отырып қалды. Мен әйелімнің көрген теперіші кезінде де шыныға, ширай түскенінің куәсі болдым, оған сүйсіндім, сүйіндім. Айтпасам да оған білдірмей күйініп, күйзелдім. Партияға осынша ағынан жарылып отырған адамдарға да алғалдық таңу, қара жалау байлау қараудың, қараниеттінің ісі демей тұра алмадым. Ольганы құшып тұрып, жаңа көргендей сүйдім. Ол да, мен де босаңқырап та кеттік. Бұл бүгінгі аман сау қауышқан көңілдің түкпірде жатқан, соның тұнығынан шыққан пәктік, пәкизалық болатын.

* * *

Шұнақ қайта күннің көзіне қарады. Таудың кешкі күні салқын тартты. Күн Қордайдан әрі Аңырақайға барып қалды. Енді Шұнақ менің көңіліме қарай бастады. Жасымды сыйлап, әңгімеге қызығып жұмысынан қалып қоя ма дейтіндей. Бәрібір бүгін бітетін жұмыс жоқ. Мен ат көрпе үстінде екі қолымды иегіме тіреп етпетімнен жатқан күйімді бұзбадым. Шұнақ маған қайта көз салды. Мені қайта барлап, сынап өтті. Мен тыбыр етпедім. Екі ат кешкі салқынмен бетегені қайта тырсылдатып үзе бастады. Дала шаңытып тұр. Бірақ қай ауыл болса да бәрі алақандағыдай көрінеді. Шал жаңағы сол қолының қарын уқалағандай сол жақ жіліншігін де ұстап, оны да мыжып-мыжып қойды. Дауысын кенеді, тамағын қырнады. Бұл әңгімені айта беремін дегені.

— Жата жастана келіп білсем Ольга әбден арызданған екен. Алматыда бармаған мекеме қалдырмапты. Әрине тамыр-таныстарға бармапты. Олардың өзі де қалмаған. Барған мекемелерде сауаттары аз, көлеңкесінен қорқатын қоян жүректер отыр, әңгімені шала тыңдайды, не қорқа тыңдайды да әлде бірдемені желеу қылып кеңсесінен шыға жөнеледі. Алматыдағы көркөкіректерден қайыр болмайды. Дұрысы ешкім сөйлескісі келмейді, ат-тонын ала қашады. Бұдан түк шықпаған соң биыл жазғы екі айлық каникулын пайдаланып Москваға барыпты.

— Су болар тоным су болды, халық жауының қатынымын. Жер аударды, елімізден босытып, қырғыз асырды. Енді осыдан жаман не болады. Марлен адам болды. Азар болса мені қамар, Владиленаны мықтағанда балалар үйіне берер. Ал Марлен азамат, ол үшін сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл. Оны қоса соттаса да ештемесі кетпейді, бір-екі жыл шетте жүріп қайтар. Мені соттаса да сол. Несін аянайын, Абақтан жаным ардақты ма дедім,— дейді Ольга. Москвада екі айдың ішінде ашпаған есік қалмапты. Ішкі істер Халық Комиссариатындағылар бұған есі ауысқан қатын деп күле қарапты. Сонан соң Ольга Сталиннің қабылдауына өтініп он-он бес хат, он шақты телеграмма беріпті. Әрине, хат, телеграмма аяғында уақытша жалдап алған пәтерінің тұрағын көрсетіп отырған. Бір күні мұның пәтеріне НКВД адамдары келіп, «енді арыздансаң қамаймыз, қаншық» деп короткая. Үй иелеріне де дүрсе қоя беріп, енді Ольганы пәтерден кетірмесең шатақ болатынын ескерткен. Сонымен тағы екі-үш пәтер ауыстырып, соның бәрінен қуыла берген соң, вокзалдарға түнеп жүріпті. Ақыры бір күні Қазан вокзалынан Ольганы біреу іздеп тауыпты да, машинасына салып бір үйге алып келіпті. Машина бірден албарға кіріп, үйдің артқы есігіне келгендіктен Ольга қайда келгенін де білмейді. «Азар болса қамап қояр» дейді де, кіре береді.

— Тіпті ашынғаным сонша,— дейді Ольга көзін сығып алып,— тіпті қамап тастамақ түгіл атып жіберсе де мейілі. Жөпелдемеге келгенде Марленді де Владиленаны да ойламадым. Бәрібір олардың көрінгенге көзтүрткі болып, азар көріп жүргенінен өлгені де жақсы ғой дедім.

Ол да рас, інім, деді шұнақ шал, сол қолының қарын уқалап, шытынып қойып. Мынау жаудың ұлы, әлде қызы деп көзтүрткі болудан біреудің есігінде жүріп малай болу көп артық. Онда әйтеуір қылған адамның адамыңның үй ішінен басқа ешкім қожаңдымайды ғой. Ал мына жағдайда көшедегі көңілі түспегеннің бәрі тілдейтін, көзге біткен күйік, табанға кірген тікенек боласың. Сонда тірі жүргенің не, әлде өлгенің не? Өлмегенің қара жер. Ит көзі түтін танымас болып, адамнан ары, иттен бері болып жүргенің.

Көп есіктен өткен соң апарған адам «осында сәл күтіңіз» дейді.. Өзі ішке кіріп кетеді. Әлден уақытта іштен басқа бір адам шығып жылы амандасады да, ішке кіргізіп, шешіндіріп отырғызады. «Сәл шыдап отыра тұрыңыз» деп одан арғы қызыл қоңыр қоңыр былғарымен қапталған есікке енеді. Ертіп келген кісі шығып кетеді. Ольга былғары есікке үмітпен қарайды. Қызыл қоңыр былғары да, оны ұстатқан жез қалпақты, шақыра шаптырған мық шегелер де бұған бір түрлі жылылық әкелгендей болады. Жүрегі M I тай тулап, лоблып та, бейжайланып та кетеді. Столда шамасы қатшы болса керек, орта жастағы еркек адам: «су ішіңіз, бәрі жақсы болады» деп жұбату айтады. Іштен жаңағы сыптай жігіт шығады да, есікті ашып Ольганы ілгері жібереді.

— Кіріп барсам,— дейді Ольга,— деді Шұнақ,— сіз қатарлы мұрнының ұшы сәл қайқайыңқыраған, көзінің қарасынан аласы көбірек, онша қалың емес сары қоңыр шашын сол жақ шекесінен оң жағына қарай жара тараған, жұқа мұртты, семіз емес, қоңырқай өңді кісі маған қарсы жүрді. Бір жерде көрген адамым сияқты. Қайда көрдім деп есіме түсіре алсамшы, қане. Жоқ өкіліме түспеді, көзімде тұрған сурет, көңіліме орнамай қойды. Әлгі адам қабағы қатулау болғанмен жылы сөйлесті. Ольга,— деді Шұнақ өз сөзімен сөйлеп менің өмірімді, өзінің баянын жарты сағатта қолмен қойғандай қылып айтып шығады. Неге олай екенін білесің бе, інім, өйткені жазылған хаттың бәрінің сөзі бір де, оны әлденеше көшіріп жазған соң көкейде қалған ғой. Оның үстіне басында Сталин жолдасқа барамын деп шыққан соң алты күн хат тексін әдейі күндіз-түні жаттаған екен. Абүйыр болғанда кабинет иесі Ольганың сөзін бөлмейді, сұрақ та бермейді. Байыппен байсалды отырып әбден тыңдайды. Ольга сөзін аяқтап, үндемей қалған кезде ғана:

— Сізге кейін хабарласады, қош болыңыз! — дейді де, алдындағы екі метрлік, үстін жасыл шұғамен жапқан стол үстінде тұрған қара ноқатты басып қалады. Қоңырау шар етеді. Ольга селк ете түседі. Ішке кірген орта жастағы жаңағы жұбату-басу айтқан адам:

— Андрей Андреевич, бәрі әзір! — дейді. Сонда да бұл қайдан естіген таныс атым деп ойлайды да қояды. Ауызғы бөлмеге шыққан соң хатшы:

— Мынау сізге Фрунзеге дейін ертеңгі поезға мінетін билетіңіз, мынау жолыңызға қаражат, қазір есік алдында машина тұр сізді «Балчук» қонақ үйіне апарып салады. Сізге ертең поезға отырғаныңызша жатып-тұратын номер дайын. Қош болыңыз! — дейді. Ауыздағы үлкен кіре беріс бөлменің сыртына, дәлізге шыққан соң қараса «А. А. Андреевтің қабылдау орыны» деп жазылыпты. Онда да ойыма түк түспепті дейді, Ольга. Әбден қонақ-үйге келіп, әдемі бөлмеге орналасқан соң «бұл мені құдайдай жарылқаған кім болды екен?» деп ойлайды да, санын бір-ақ соғып, ернін тістеп қалады. Оның кәдімгі ВКП(б) Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы Андрей Андреевич Андреев екенін біліп, жүрегі тулап, өзі азырақ толқып кетеді. Ол сондай үлкен адамның қабылдауында болған соң, енді үміті үлкейгенмен, сенімсіздік жайлап алған, барлығынан қалған көңіл Шұнақ шығады дегенді ұмыттыра береді. Қантқа келіп, мектептегі қызметіне кіріп, уақыт ұзап бара жатқан соң көңілі құрғыр қайта шиткіп жүреді. Содан мен келгеннен жарты айдай бұрын Фрунзеге шақырып, хабар берген соң үміттене бастайды. Сонымен, інім, тар қапастан кең дүниенің бетін көрдік.

Мына қуарған сыңар құлақты бас не көрмеді. Пәлен жыл тұрып күйеуінен екі-үш бала сүйген әйелдердің де ерінен безініп, оның үстінен келістіріп тұрып арыз жазып бергенін білдік. Осы өңірде Рахымалы Байжарасов дейтін, бізден жасы кіші жігерлі жігіт болды. Ол Қарағанды қалалық партия комитетінде хатшы болып тұрғанда алынды. Соның сауаты бар қазақ әйелі Рахила Сарсенова Рахымалыдан безіп, соның арқасында партияда қалып, осы кезде Ақтөбе облысында облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі, одан облатком председателінің орынбасары болып жүргенін білемін. Інім, менің білуімше ол әйелдің Рахымалыдан ұлы бар, ертең қазіргі «жаулар» ақталып, қатарға келер болса, ол екі жүзді аяр-мүдәйі қатын қалай жұрт бетіне қарар екен? Бірақ кім біледі, інім, ондайлар біздің су түбіне кеткенімізді мәңгі кілеңдей деп ұғатын болар. Енді сол Сәрсенова Рахымалыдан тапқан ұлын өз фамилиясына көшіріп, жұмыртқасын күлге аунап тапқан тауықша күн кешіп жатыр. Баласы есейгенде оған не бетін айтатынын кім біледі, әзірге беті былш етпей, міз бақпай Байжасаров «халық жауы деп келе жатса керек-ті». Е, шырағым, бір Сәрсенова ма, ондайлар Қазақстанның бұрынғы басшыларының семьясында да болды. Сауатты, көзі ашық, ескі партия мүшесі әйелдердің де сондай опасыздыққа барғандары бар. Ал еркектеріне? Әйелі камерада күнде таяқ жеп жатқанда үкімет креслосында отырғандар да болды ғой. Ал мен үйленгенде «орыс қой» деп сенімсіздікпен қарағандар Ольганың менен безбегені былай тұрсын. Москваға дейін қуалап, қорықпай-үрікпей мен үшін басын бәйгеге тігіп, өзін тұңғиықтың түбіне түсуге қиғанда ауыздарын жауып, көздерін жұмды. Ольга жалғыз емес еді, інім. Он тоғызыншы жылдан партия мүшесі Саймасай Тәтібеков деген қазақ Қырғызстанда Халық Комиссары болып жүрді. Оныңәйелі Мария Ильинична Васильеваны Жандосов Өлкелік комитеттің хатшысы болған кезде Қызылордада соның қарауында нұсқаушы болып істегенінен білетінмін. Ал Саймасаймен Мисауытов заводында оның қазақтан жиған арзан жүнін бірге жуысқанбыз, шуаш, шайыр сасып заводтан бірге шығатынбыз. Ол мен сияқты емес, Мария Ильиничнаға ерте, жиырма алтыншы жылы қосылған болатын. Ол да ВКП(б) Орталық Комитетіне дейін барып Саймасайды босатып алды. Қазір ол Қырғызстан жағында тұрады білем. Көрдің бе, інім, менің халқым ғана жақсы қасиетке не десең оны да менің Жандосов алдында қызарғанымдай ұятқа қаласың. Қазақ әйелдерінің күйеуімнен қалған жанымды құдай алсын деп асылып өлгендерін мына шүңірек көз көрді, шұнақ құлақ талай естіді. Бұл жерде күйеуіне опасыздық жасаған, жүрмін деп жүріп жеме-жемге келгенде жылан болып шаққандарды қай халықтан да кездесетін шіріген жұмыртқа деп қарасақ, қазақ әйелдерінің көбі қайрат қылмады, қаракет жасамады деп айыптауға болмайтын еді. Өйткені оған бұрынғы феодалдық қоғамның мешеулігі тұрғысынан қарау керек. Өйткені олардың көбі-ақ сауаты аз еді, сондықтан да көрбалалық көңіл арғы жағында не болатынына көзі жетпеді де, ескілік етегінен тартып тапжылтпаған еді. Оған дәлел болатын Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова. Совет мектебінде тәрбие алған қыздардың үлгісі емес пе, олар. Отаны үшін қан төгіп, ерліктің асқан үлгісін көрсетуі, бүкіл Советтік шығыста олардың мойыны озып шығуы қазақ әйелдерінің орыны бөлек екенін көрсетпей ме?! О баста адамның әмбесінің бірдей болып туатынын еске алсаң, оның қарапайым мысалы бірінің масаты-мәулім, екіншісінің құрым киізге әлде шұлғауға оранып тумай, жалаңаш туатыны десек, онда сол адамдардың әр түрлі, бірі батыр, бірі ез болатыны өскен ортасына, алған тебіз әлде тебір тәрбиесіне, ең дұрысы өмір сүрген қоғамына саяды екен.

— Барлық халықтың жақсы адамдары ұқсас болады,— деді Шұнақ.— Сол сияқты опасыз, сатқын, тебір-тоғышар адамдар да барлық халықта кездеседі. Ондайдың бірі өз босағамыздан да шықты.— Шұнақ әп-сәтте түйіліп, бет-ауызы қуарыңқырап, қаны кетіп, шытынды. Көкірегі қарс айырылғандай күрсінді. Сонан соң мұны неге айтып қалдым, осыны айтсам ба, айтпасам ба деген кісідей ойланып ойға қалып отырды. Сонан соң барып маған қарап күлімсіреді де, әңгімесін жалғап кетті.— Ольганың Советтің семьясына көп әңгімесін аялдатпай, «келіннің тарапынан мұрсат алса» деп сыпыртып өте шығып, аяғын күмілжітіп жібергенінен секем алып қалып едім, сол төңіректе бір жидіген, қоңырсық иіс шығатындай еді, көп ұзамай ол да белгілі болды. Үш күннен соң Совет келді. Жылап көрістік. Келгенде онша көңілі шат-шадыман емес екенін аңғарғандай едік, байқағанымыздай болып шықты. Ол кетерінде «келіншегіммен ажырасамын» дейді. «Келініңізбен» демеді. Мен ондай сөзге қатты маңыз беретін қазақпын. Ол Ұлтарақтан туған сұлыбынан тебіз жаралған, салуалы ордадай, салған төсектей мінезі бар, ісірібі оңайлықпен қозғалмайтын ұл ол сөзді әдейі пайдаланбай отыр. Қолдарына түсіріп, келін болып, қолынан бір кесе шай құйып бермеген адамды қалай «келініңіз» деп айтамын деп тұрғанын ұқтым. «Сақау баланың тілін шешесі білетіні» сияқты дариядай ақылы бар ұлдың сөзінің қай бастаудан шығып, қай қобыға құятынын сезетінімді бастан білгендігі.

— Келіншегіммен ажырасамын,— деді Совет.

— Неге? — деймін мен.

— Сен Фрунзе жаққа баруыңды қой дейді.

— Сол үшін-ақ ажыраса саламысыңдар?

— Тумаған адамдар неге керек, менің әке-шешем бар ғой дейді.

— Тумаған дейді?! — деп Марлен айғайлап жіберді. Түсі бұзылып, жуған шүберектей қуарып кетті. Оның шын ашу-ыза кернегенде екі қолын уқалай беретін әдеті бар еді. Сонысын істеп, саусақтарын жеке-жеке ысқылап, қолының сыртын уқалап, бас бармағын созғылай берді. Ольга баласының тым ашуланғанын басайын дегендей орнынан тұрып келіп, Марленнің шашын қолымен тарақтап, маңдайынан иіскеді.

Ольга екеуміз Советті жұбатып, әйелді тәрбиелеу керек екенін, еркек адам тек қана әйелінің күйеуі болу жеткіліксіз, соны¬мен бірге ол оның тәрбиешісі де болуы керек екенін түсіндіргендей болдық. Совет аттанып кетті, біз қатты ренжіп қалдық. Советтің көңілі үшін ренішімізді білдірмеуге тырыстық. Бірақ білмеуші ме еді... Бірақ, інім, ол-ақ емес екен. Келініміз «әке-шешеңмен қатысуыңды қой» деген болса, ол онша қиын да болмас еді. Олар Алматыда, біз Фрунзеде. Жылына бір қатысамыз ба, қатыспаймыз ба, бөлек тұратын адамдарға біздің қаншалықты бөгетіміз болмақ? Бірақ келініміздің о бастан-ақ ойы да, өрісі де бөтен, түнек екен. Әке-шеше баласының бақытынан басқа не тілейді, оның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын демес пе? Олардың жалақысына ортақ болып, қыбайда жатып қияуымызға жыра тартып жатқан жеріміз жоқ. Үшеуміз бірдей жұмыс істейміз, арамызда бес жасар Владилена ғана. Өзіміздікі өзімізге жетеді, «сонда бұларға не жетпейді» деп болмадым мен. Ольга менің көңіліме қарап олардың арасындағы кикілжіңнің қиынға айналып кеткенін маған көптен кейін білгізді. Алдымен келініміз үш-төрт айда Советтің бізге бір келіп кеткенін көтере алмай жүріпті. Кейін бұған біратола тыйым салғысы келіпті де, бұл халық жауы Үйсінбаевтың семьясымен араласады, ылғи Фрунзеге барып тұрады деп арыз беріпті. Інім ауызекі ұрыстың жөні бір басқа, ал арыз қағазға түскен соң ол бәріне қидым, ат кекілін-құйрығын кесістім деген сөз болады. Ат кекілін-құйрығын кесіскеңді білетін бе едің, інім. Бұрынырақта бірінен бірі көңілі қалған жекжаттар, не құдалықты бұзатындар екінші жақтың атының кекілін немесе құйрығын кесіп алатын болған. Шамасы бұл соншалықты үлкен болмағанымен кетісуге, араздасуға ілә, себеп болса керек-ті. Мысалы әлгі «болмас жекжат ердің артқы қасын сұрайды» деген сияқты ғой. Атқа салатын ердің бір қасын яғни артқы қапталын кесіп берген соң оның қалғанын атқа қалай ерттемек. Көрдің бе, інім, сондықтан да жекжат болғысы келмеген соң ердің артқы қасын бере алмайтынын біле тұрып сұрайды да. Сол сияқты, інім, біздің келін де баламызды тыйып аламын деп, оның ең ауыратын ескі шиін шығарып, бітеу жарасын жарып алған жайы бар. Інім, дүниеде жаныңда жатқан карың адал болмаса,бұдан өткен сұмдық адам басында бола қояр ма екен. Бұрын қазақ оған көп мән бермеген. Неге? Өйткені әйелі ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Ал бұл кезде өзіңмен бірдей оқып, бірдей білім алып, бірдей қызмет істейтін әйелдін ерікті одақ, ортақ түсіністік болмаса уысыңа сыя қоя ма? Дегенмен сол ертеде де, басқа атаның баласы десе де, не арты қалай болар екен, «атасы басқа аттан түс» деп жүргенде сырымызды төркініне, егер төркіні жауы болса, өйткені жаудан бауарға, Олжаға түсірген қыздарды да қазақтар көп алған ғой, сол бітіспес қасаласқан, қарысқан қасымызға айтып қоя ма десе де әйтеуір әйеліне де сенбеген жағдайлары болса керек-ті. сондай бір заманда болса керек, жантәсілім қылғалы жатқан әке өліп бара жатып баласына білген ақылын айтыпты деседі халық, деді Шұнақ сол қолының қарын уқалап қойып.— Балам, отыр жаныма, «атадан ақыл» деген қазақ. Менде ол көп те емес. Сонда да айтпағым, сақтағаным бар еді депті әкесі. Оңашада айтайын: әйеліңе сырыңды шашпа, саудагерден ақша қарыз алма, жасауылмен жолдас болма, осы айтар ақылым деп науқасы меңдеген әке о дүниеге сапар салыпты.

Әкесін қойған ақылды ұл, енді өзі тіршілік етіп тез-ақ дәулетін арттырыпты. Мал да, жан да бітіпті. «Мал бітпеске немене, жігіт жанын бұласа» деп бел шешпей, маңдай терін мың сыпырып қайрат қылыпты. Жұрт сыйлап, беделі-әтуері артып, атына елі қолтығынан сүйеп мінгізер дәрежеге жетіп, кісілікті болғанда әке сөзі — ақылы ойынан кетпей жүрген ораздының ұлы көпті көрген әкенің ақтық сөзін сынап көрмек болыпты.

Жігіт жасы өзі құралпы хан ордасын күзететін жасауылмен біраз жыл сыйласып, алыс-беріс жасап, шай ішісіп жүріпті. Сонан соң жаңа байып келе жатқан бір саудагермен де жақындасып азғантай ақша қарыз сұрап алыпты. Бір күні түнде үйіне кешірек келіпті де, үйінің тура ішкі босағасының жанынан шұқыр қаза бастапты. Мұны көрген әйелі:

— Байқұс-ау жер таппағандай үйдің ішін қазғаның не? — деп сұрайды.

— Ойбай, сорлы-ау, сорлап қалдық қой. Біреумен сөзге келіп қалып, ерегісте көкірегін қаздай шулатайын деп қойып келіп жіберсем, бата тиеді дегенім қате тиіп, әлгі өле алмай тұрған неме ме, қылжия кетіп жан тапсырғаны. Енді соны көмбесем болмайды ғой. Ба»қа жерге көмсем жұрт көріп қалады, сондықтан үйге көмбеске амалым қайсы. Құритын болдым ғой, қатын, құритын болдым. Жұртқа білгізбеудің жолы үйге көму ғана. Қатын, ауызыңа ие бол, тісіңнен шығарсаң құрыдық.— Сонымен киізге ораған серейген өлікті жігіт әкеліп, босағадағы шұқырға көміп тастайды. Жаңа топырақтың үстіне қорда төгіп, топырақты ескіртіп тегістейді.

Араға біраз уақыт салып жігіт қитықтан ситық тауып әйеліне қамшы салады. Әйелі ойбайлап, байбайлам салып, аузына ақ ит кіріп, қара ит шығып, анадағы өлтіріп босағаға көміп қойған кісіні жұртқа жария қылады.

— Бұл құныкер, кісі өлтіргіш. Мені де соның таз кебін кигізіп, мүрдем кетіргелі отыр. Анада біреуді ұрып өлтіріп қойып, оң босағаға көмген. Ойбой, бұл мені де өлтірмек. Бұл кісі өлтіргіш, ойбай, кісі өлтіргіш,— деп бозборандатып, сөзге қонақ бермей біраз жерге апарып тастайды. Оған күйеуі жалынып-ағынады:

— Ойбай, байқұс-ау, біраз дәмдес-тұздас болдық. Айтпайтын нәрсені айтқаның не! Қой райыңнан қайт. Жұртқа сырды шашпа! — Күйеуі әйелінің асты-үстіне түсіп, әбігер болады.

— Ойбай, айтамын, ойбай, айтпақ түгіл айтамын. Бұл кісі өлтіргіш, құныкер. Кісі өлтіріп отырып мені сабайсың! О, жұртым, мына кісі өлтіргішті қараңдар, енді мені өлтірмек.— Осының арасында-ақ ерлі-зайыпты екеудің ұрыс-керісі көрші-көлемге, қоңсы-қобайға, одан хан ордасына жетеді. Хан шатақтасқан екеуді тез ордаға жеткізуге бұйрық береді. Хан сарайынан келген жасауыл баяғыдан бері өзінің бір ішіп, бірге жесіп жүрген жандай досы болып шығады. Жігіт оны көрген соң, өлердегі сөзін айтып жалына бастайды.

— Батыр-ау, мені көптен білесің, арамызда алыс-берісіміз де, салып жүрген қолқамыз да бар еді. Бір жолға мені алмай-ақ кетсең нетеді, қайтесің ағатай! Ханға қашып кетіпті дей салмайсың ба. Екеуміздің арамыздағы пәлен жылғы достық-татулығымыз бір бажылдақ, ұрысқақ қатынның шайпаулығы құрлы болмағаны ма?! Дәмдес едік қой, ағатай!

— Жоқ, болмайды,— деп жасауыл қылимайды. Қайқы қылышын қылшылдатып-жарқылдатып жігітті алдына салып айдап алады. Жігіттің кісі өлтіргенінен, жасауыл айдап бара жатқанынан құлақтанған саудагер келе оны түп етектен алады, бақырып төңіректі азан-қазан қылады.

— Оңбаған, жауыз, қарызымды беріп кет!

— Ей, ағатай, мына бір пәлеге түс болып тұрмын ғой, осыдан құтылып алайын. Сонан соң азғантай пұлыңды берермін, кішкене мұрсат беріңіз! — дейді жігіт.

— Жоқ, қарызымды бересің, азғантай деп пұлымды жеп і етпексің ғой,— деп түп етектен ұстаған бойы хан ордасына ол бірге келіпті. Хан жігіттен жауап сорып, жайды білмек болыпты.

— Кісіні нағып өлтірдің?

— Кісі өлтірген жоқпын, тақсыр!

— Жоқ, өтірік айтады, өлтірген, оң босағаға көмген,— деп бажылдайды әбден долданып, өшігіп алған қатыны, киімі жаман кісіге үрген қаншықтай шабаланып қоймайды.

— Өлтіргені рас,— дейді жасауыл досы,— бұл мені ханға апармай-ақ қой деп ағатайлап жалынды.

— Ойбай тақсыр, басынан-ақ оңбаған адам. Елдің ақшасын-ақысын жегіш. Менен қарыз алған ақшасын бермей жүр. Мына пәледен құтылып алайын дейді. Сонда бұл зынданның түбін көздеп кеткенде мен ақшамды кімнен өндіріп алмақпын?— Саудагер тіпті күйініп кетеді. Жігіт мыналардың қалпын, бағыт-бағдарын әбден сүтіндеген соң барып ханға жай-жапсарды, әке өсиетін, оны сынап көрмек болғанын айтады да, аяғында келіп:— Тақсыр, өлтіргенім де, көмгенім де қара ешкі!— дейді. Хан дереу жігіт үйіне уәзірін қосып, жасауыл аттандырып, олар оң босағаны қазып жіберсе, киізге орап көмгені мүйізі қайқайған қара ешкі екен, серейтіп, өлген адамша көрге созып салған екен. Содан «әкемнің сөзі ақыл екен, әйелден ақыл жақын екен» деп қайтқан екен жігіт хан ордасынан. Менің балам Советке нақ сондай әйел тап келген болса керек. Ал мына сыңар құлақты пақырыңның басына пәле түскенде от басы, ошақ қасындағы, дос-жаран арасындағы жағдай жоғарыдағыдан мүлдем басқа болды. Заман да, адам да өзгереді, мінез де, құлық та соған қарай түрліше болады. Бес саусақ бірдей емес, адамның да тебірі бар, тебізі бар. Менің жолдасым Ырысбек Сәрсенов мені қорғап өзі қамалды, ал Ольганың «Абақтан жаным ардақты ма» деген опалылығын, өзін мен үшін құрбан қылуға барғанын айттым. Көрдің бе, інім, шын дос, қырық жыл қырғын болса да сатпайды да, алған оң бетінен қайтпайды да екен. Балапан басына, тұрымтай тұсына болған кезде Ырысбек өз басы үшін қам-қарекет жасаса, бәлкім ол артық та болмас еді. Ольганы да Ырысбекті де адалдық жолынан алғалдық жолға тайғызбаған адамгершілігі, коммунистік ары, намысы еді. Ырысбек Сәрсеновті былай қойғанда менің арым, менің жарым Ольга менен бездім, ол халықтың жауы деген болса, қамау-қапастағы мен не істей алар едім, бала-шағаның қамы үшін, жан сақтамақ үшін солай ұйғарған болар дей салар едім. Сөйте тұрсам да, тіпті расы солай болса да онда ішке он мың жылдық мұзарт қатып, жүз жылыған болып көрінгенімен іш жібімей, жетіаяз болып қатар еді.

Біз партиялығымызды қайтып алуға талай талап қылдық. Ол қылған қам-қарекетіміз тасқа тиген оқтай ештемеге дарымады. Алты алашқа салған айғайымыздың әмбесі Алатаудың заңғар-зауына тиіп, өзімізге қайта жеткен жаңғырықтай еді. Бәрі де зайғы кетті. Ол әлде заңғарды қуалап кеткен жаңғырықтай, әлде құрдымға сіңген судай жоғалды да жатты. Бірақ біз өзімізді партиядан тыс адамбыз деп есептегеніміз жоқ.

Мен де балам істейтін жаңа салынып жатқан шағын завод құрылысына жұмысқа орналастым. Ешкім маған жұмысты нашар істейсің деп ескертпе жасаған емес, бірақ қанша озық іс атқарсақ та артымызға байланған шала бықсып, ілгері басқан аяғымызды кейін кетіре берді. Нақ осы жерде, інім, кейбір сендер жазатын кітаптың қаһармандарындай оған мойымадық деп жіберу ойыма келіп-ақ тұр. Бірақ, амал нешік, өтірік айта алмаймын. Істеген ісің, қылған қайырың сел, еңбегің еш, тұзың сор болған соң ренжімей тұра алармысың. Бірақ мен де, Ольга да, Марлен де оны сыртқа шығармадық. Ішімізден күйіндік те, түйілдік те. Бірақ «бөрі арығын білгізбес, сыртқа жүнін қампайтардың» қарекетін жасадық.

Ілгері, іргелі ісімізге бәйге алмадық, ол еленбеді. Жұмысымызды екшеп сағын, іріктеп қағын шығарғандар көрді, білді. Біле тұрып, көре тұрып білмеген, көрмеген болды. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас». Бәйгені неге алмайтынымызды ұқтық. Бұдан да түрмеде отырғаным жақсы екен деген кездерім де бар. Қалай кейімейсің! Кею де, кіжіну де ішімізде. Іштен тынып үнсіздік, мылқаулық, соқырлық, керенаулық өмір өткіздік. Қайта Марлен екеумізден гөрі жұмысының нәтижесі көріне бермейтін, бірсыдырғы қалыпты сақтайтын, артық жонған болты, артық түсіретін жүгі болмайтын Ольганың жұмысы тыныш та, жанға жайлылау еді. Әйтеуір жалақымызды дұрыс алып тұрдық. Тұрмысымыз ел алдына түсіп кетпегенмен жаман болған жоқ. Кейбір шолақтардың істеген ісімізді екінші біреуге аударып жазып қоятынын да бастан өткіздік. Оны да мәдениетті түрде ғана, мәмлемен ғана ескертіп отырдық. Кейде біздің аппақ көңілімізді қап-қара, ақ-адал еңбегімізді арамдайтын адам киіміндегі азғындардың бізге істеген қысастығына шыдамай кететін жолдастар да болады. Олардың алал жанына риза болып сүйсінгенімізбен, жәдісін, ыңғайын тауып «шырағым, оған араласпай-ақ қой» деу де керек болды.

Қырық бірінші жылдың бірінші майы күні даладан ымырт жабылып, қас қарайғанда ғана келіп кірдім. Оның да себебі бар еді. Марлен төрдің алдындағы текеметте етпетінен түсіп жатыр. Басын көтермейді. Ольга ортадағы столға жақын тұрған шиқылдақ орындықта отыр. Екі шынтағы столда, екі алақаны екі бетінде, көзінен жас парлап столға тырс-тырс тамады. Сам жамыраса да үйге шам жағылмаған. Кішкентай Владилена екеуінен жауап ала алмай, екі көзі екеуіне телмендеп, жаутандап араларында жүр. Қара көлеңке болса да бәрі анық көрініп тұр. Владилена ағасының барып басын құшады, одан жауап болмаған соң шешесіне келеді. Менің кіргенімді білсе де екеуі де қозғалыссыз, үнсіз, тыбыр етпейді. Владилена жүгіріп маған келді. Мен оны жерден көтеріп алдым. Сол бойыммен Ольгаға жақындадым. Мұндай бір көңілсіздік туған кезде Ольгаға орысша сөйлеп қоятын әдетім болатын:

— Ольга Александровна, не болды қымбаттым, саған,— дедім. Ольга жауап берудің орнына еңіреп тұрып жылап жіберді.

— Әбеке, балаларымызды көзімізше кемсітіп, жәбірлегенін көргенімізше өлгеніміз жақсы еді ғой. Қалай шыдарсың бұл қорлыққа! — Ольганың мұнша мойып, осынша қорланғанын бұрын көрген емес едім.— Осы заводта Марленнің қолының ұшын бермеген адамы жоқ. Барлығының баяндамасын жазып, сырттай оқитын бас инжендердің есебін шығарып береді. Тіпті білімнің барлық саласынан бәріне кеңес, көмек береді. Соңда да еңбегі жанбады-ау, мұңдай қорлық көргенше неге біржола құрымаймыз.— Ольга қайта солқылдап, екі көзіне әлі жетті, уһлегенде көкірегі қарс айырылды. Ол қоймай-қоймай жылады.

...Күндіз завод алаңында әртүрлі тамаша болды. Сол көп жүзеге асырылған шараның бірі жұмысшы жігіттердің жаяу жарысы еді. Екі мың мертлік жаяу жарыста Марлен сөреге бірінші келген-ді. Оның басқалардан жүз метрдей алда келгенін көргенмін. Сөйтсе Марленнің артынан екінші келген қырғыз баласына бірінші бәйгені береді де, менің ұлыма ештеме ырымдамайды. Бірлі-жарымды қазақтар намысқа шауып шатақ шығарады. Төрт-бес орыс жігіті де мұндай әділетсіздікті көре тұрып үндемей қала алмайды. Сөйтсе төреші тура былай депті:

— Халық жауының баласына бәйге берілмейді.— Бірге істейтін жігіттер төрешіге жабысып шатақтаса бастаған соң, Марлен кетіп қалады. Келіп мұңын шешесіне шағады да, екеуі кешке дейін қосылып мұңдасып, жасиды. Бәйгеден екінші келген қырғыз баласы «мұндай әділетсіз бәйгенің маған керегі жоқ» деп төреші берген он сомын лақтырып кетеді. Түстен кейін бұл бір кейіпсіз қарекетті мен де естіген болатынмын. Үйге ашуымды басып, түк болмағандай болып барайын деп село сыртында ұзақ жүріп кеш келіп едім. Марлен орнынан қарғып тұрды да, еңіреп жіберді:

— Қазақстанға көшейікші, көке! Сонда қой бағайын, қойшы болайын!

Нақ осы жерде босаңдық көрсетуге болмайтын еді, інім. Бергі жағымнан «сол сөз бе екен, ақымақтық болған шығар» деп Марленге басу айтып, жұбатып қайрат бердім. Ольганың баласына қосыла жылағанына ұрысқан болдым. Бірақ, інім, ішімнен қан жылап отырдым. Баламның, әйелімнің «Қазақстанға көшейікші» дегені жүрегімді тіліп жіберді. Жүрегім сыздап, денем мүздап жүріп берді. Қазақстанның аты осындайда аталуы жүрегіңді жаныштамай, жаныңды жалаңаштамай тұра ма? Қазақстан ғой ол, қазақ елі ғой ол. Кейбір ақымақтар осы кезде «қазақ жері» деп айтқысы келмей «Қазақстан жері» дейді. Шерменде болған байқұстар. «Қазақстанның» «қазақ елі» деген сөз екенін де білмегені ғой, олардың. Әйтпесе «қазақ жері» деген не, «қазақ елінің жері» деген не, бәрібір емес пе?! Кейбіреулердің қазақ жері дегенді айтса тілі кесіліп қалатындай, аузына күйдіргі шығатындай болады, қазақ жерін иемденгісі келетін пиғыл байқатады. Қазақстан! Сағынып, сарғайып жүргенде ол сөзді естудің өзі жүректі жарып кетеді. Бірақ Қазақстанда да айдарымыздан жел есе қоя ма? Онда да керетіні осы болатыны ішімде сайрап тұрды. Оны Ольгаға айтқанымда ол:

— Құланның өз қағы өзіне адал емес пе!? Қазақтардың көрсеткен дозы тез ұмытылады ғой,— деді. Ол да рас еді, інім. Ал Қазақстанға көшіп-ақ кеттік. Бірақ онда ешкім көзге шұқымайды деп кім кепілдік бермек? Әрине, ондай есіріктер онда да табылады. Дегенмен онда бір адам ренжітсе, он адам жұбатушы болары хақ. Қайткенде де өз елің, өз жұртың. Бірі әкесінің жақыны, бірі шешесінің туысы, бірі жиені, бірі нағашысы. Осылай болып кете береді. Солардың бірі болмаса да бірі есіріктің есін кіргізуге көмектеседі, ашық болыса кетеді. Осыларды ойластыра келіп Ольга екеуміз Қазақстанға көшпек болдық. Оның үстіне бұл ойымызды тез жүзеге асыруға май мейрамы күнгі оқиғадан кейін Марлен жұртқа араласуды қойғаны бізге өтіп барады. Күндіз-түні оқитыны да, табынатыны да кітап. Жұмысын істеп келеді де, кітабын қолына алып, қарындасын ертіп, күн батқанша үйге келмей, село сыртында жүреді де қояды. Бұрынғы жолдас болып жүрген жігіттері келсе, «қолым тимейді» деп қысқа қайырады. Өйткені үшінші май күні Марленді парткомге шақырыпты. Барса әлде қандай милиция қызметкері мұны сұраққа ала бастайды. Сөйтсе бірінші май күнгі жарыс төрешісін жас жігіттер сабап жарақаттаған екен. Ол соның бастаушысы Марлен Үйсінбаев деп көрсетіпті. Бұл да, Марленнің ешкіммен араласпауы да бізді Қазақстанға көшуге итермеледі.

Бір күні Марлен қарындасы екеуі сөйлесіп отыр. Құлағымды салсам сөз басқа бір тілде. Сөйтсем Марлен қарындасына неміс тілін үйретеді екен. Ал орыс тілін екеуі де ана тіліндей білетін. Бір оңашасын тауып ағаң неміс тілінде саған не айтады деп сұрадым.

— Біздің туған жеріміз, Алматы туралы, қазақтар туралы,— дейді кішкентай Владилена.— Көке біздің туған жерміз әдемі, онда тұратын адамдардың бәрі көпшіл, мінезі жайдары дейді ғой ағам. Алматыға көшейік те.

Міне, қызық керек болса! Енді көшпеймін деп көр. Енді мен жалғыз қалдым. Егер шынын айтсам, олардың «көшейік» дегені жаныма жағып тұрады. Сонымен біз үйімізді сатып көшпек болдық. Бірақ үйді алушы болмай-ақ қойды. «Мен үй салып алам, сатпай-ақ тастап кетейік» дейді Марлен. Өстіп үйге алушы таба алмай дал болып, көш қамымен қопаңдап, дүміміз қоныс таппай жүргенде соғыс шығып кетті. Содан бес-алты күннен соң Советтен хат келді. Ол майданға сұранып арыз беріпті. Көзтүрткі болып жүргенше «кетейін» деген ой Марленде де болды. Бірақ алмай қойса, тағы да меселіміз қайтып қала ма деп жүрексінді. Июнь айының аяғында Совет әке-шешесімен қоштасуға келді. Ольга оны егіліп-төгіліп шығарып салды. Алматыға бара салысымен аттанғаны жөнінде хат та келді. Августа Марлен де шақырылды. Сөйтіп екі ұлды да соғысқа аттандырып, тілеуші болып қалдық.

...Қырық екінші жылдың қысы болатын. Ол кезде екі ұлдан да салмай хат келіп тұратын. Екі баланың хатын бірнеше қайталап оқып, өзімізге дәтке қуат қылатын едік. Екеуі де офицерлік оқуда болатын. Бір күні даладан келсем үйде Ольга жалғыз еді, аяқ-қолын бауырына алып бүк түсіп жатыр. Жанында жаюлы дәптер. Оның беті ашық қалыпты. Ортасынан екі жарылып ашық жатқан дәптердің көк сиямен жазған жазуы көзіме оттай басылды. Марленнің жазуы. Моншақтай тізіп, ол өте көркем де, әдемі де жазатын еді. Ольга бетіне көкшілдеу бірдеме басып алыпты. Басын көтермейді. Екі бүйірі солық-солық етеді. Владилена далада ойнап жүрген болса керек-ті, ол жоқ: Мен еңкейіп дәптерді қолыма алдым. Ашық тұрған жерге көзім түсіп кетті: «1938 жылғы 5 февраль. Апаммен келісіп, руқсатын алып Алматыға бардым. Ойым түрмедегі көкемді көру еді. Екі күн жүріп ештеме шығара алмадым. Мені НКВД адамдары келеке қылды. Көкемді сағындым. Интернатта жүргенде көкемді ұзақ, екі-үш ай көрмей жүре беретін едім. Онда ойыма түк те келмейтін. Сонда оқымай-ақ күнде көкемнің жанында жүре берсемші, сорлы басым. Енді, міне, басқан ізіне зар болып қалдым...»

Әрі қарай оқи алмадым. Көзіме жас толып кетті. «...1938 жығы 14 апрель. Бұл күн ескіше дүниедегі құрт-құмырсқаның, жануар-жәндіктің бәрінің тегіс ұясы, іні-үңгірі ашылатын күні. Тек ашылмайтын бір-ақ ұя бар. Ол менің көкем жатқан түрменің қақпасы. Қашан барсаң да бедірейіп, баттасып, тоттанып-ақ тұрғаны. Қашан ашылар екен, оның есігі. Қашан көрер екенмін, көкемді!» Тағы да арғы жағын оқи алмадым. Жүрегім аузыма тығылып, бір түрлі жаман болып кеттім.

«1938 жылғы 19 август. Апам байқұсты аяймын. Түнде бір түгел ұйықтағанын көре алмай жүрмін. Кейде көкемді ойлағанда Владилена екеумізді де ұмытып кетеді. Жар құлағы жастыққа тимей, бар тапқанын жолға беріп келеді. Алматы мен Суықтөбенің арасын әбден шиырлады. Қалт етсе Алматыға жөнеледі. Өзі де арықтап, жүдеп бітті...»

«1938 жылғы 17 сентябрь. Апам Алматы барып түрмеде ұрлық ісімен отырған Тұрапбай деген кісіні көріпті. Көкем оны жақсы білетін, ескі танысы еді. Сол түрмеде киіп-жарып көкеме жолығып, амандығыңды айтамын депті. Одан апама көкемнің есендігін жеткізіпті. Тұрапбайдың ұры болғаны маған не керек. Әкемнен хабар жеткізген кісі менің досым. НКВД-ның ұрлық қылмайтын, менің көкемді қамап отырған адамдарынан тозаққа аузымен су сепкен қарлығаштай ұры Тұрапбай ағам жақсы...» «1938 жылғы 5 октябрь. Апам жазған хатты — екі ауыз сөзді Тұрапбай аға көкеме қолма-қол беріпті. Апам қуанып келді. Апамның қуанышын көру маған қуаныш...»

«1938 жылғы 21 октябрь. Апаммен келісіп Алматы бардым. Көкемді бір көрсем деп едім. Көре алмадым. Оны түрмеден шығармайды. Соты біткелі де біраз болды. Сонда да түрмеде ұстайды. Ең болмаса жұмысқа жіберсе көрер едім-ау. Көкемді әбден сағындым. Үйге келіп, әкемнің ескі киімін алып, апама көрсетпей иіскеп жаттым. Апам көрсе, ол кісі қатты жылайды ғой. Көкемнің иісі тұрғандай мына жейдеде. Бүгін қойныма алып жаттым. Иіскелеп жаттым...» Дәптердің жаңағы ашық тұрған жері осы еді. Осыны Ольга байқұс оқыған екен де, ол да Марленнің көк жейдесін құшақтап, иіскелеп, жылап отыр екен.

«1938 жылғы 23 декабрь. Апам, Владилена үшеуміз Алматыға бардық. Көкемді басқа жаққа айдайды дегенді Тұрапбай аға . апама білдіріпті. Тұрапбай бұл Алматы өңіріне белгілі ұры. Маған осы ұрыдан жақсы адам жоқ сияқты көрінеді. Оның маған ұрлық қылғаны не керек, көкемнен хабар жеткізіп тұрғандықтан маған бақыт, бостандық әкелетін осы кісідей көрінеді...»

«1938 жылғы 25 декабрь. Тұрапбай ағайдың айтқаны рас болды. Бүгін көкемді ауыр жүк машинасымен алып кетті, Машина артында отырған көкемді анық көрдім. Ол да бізді көрді. Қолын сілтеді. Кішкентай Владилена түк білмейді. Ол көре алмады. Апам екеуміз анық көрдік. Көкем жүдемеген сияқты. Вокзал басына келдік. Поезға бізді жолатпады. Сонан соң ол поезды сексеуіл баздың жанынан өткенде көрдік. Поезды көріп-ақ көкемді көргендей болдық. Қайтеміз енді. Жылай-сықтай үйге келдік. Апам екі күн тұра алмай жатты. Шайды өзім қойып беріп жүрдім...» інім, Ольганың ішін ақтарып жіберген жазулар осы екен. Сен менің бұл күнделікті жатқа айтқаныма таңданба да, өтірік те деме. Өйткені біз Ольга екеуміз мұны жүз қайтара оқығанбыз десем аз болар.

Дәптерді жауып былай алып қойып, Ольгаға жақындадым. Ол басын көтерер емес. Ақыры Владилена екеуміз екі жақтап жалынын оны сол күні орнынан тұрғыза алмадық. Ол баласының көк жейдесін құшақтаған күйі жатып, таңертең көзі добалдай болып ісіп түрегелді. Мүмкін біраз Ольга жеңілденіп қалған болар, ішіндегі қайғы-қапасының бірсыпырасын шығарған болар, әйтеуір осыдан кейін мен оның оңашада тұнжырап отыратынын жиі ұшыраттым.

Қырық үшінші жылдың октябрінде мен де майданға аттандым. Фрунзеден бізді жаяулатып Луговой апарды. Одан поезға отырдық. Поезд үстінде Алматыдан алынған көп туысқандарды көрдім. Біз Воронежге поезбен жеттік те, сонда жарты айдай соғыс өнеріне жаттыққан болдық. Шынын айтар болсам, ауылдан келген көп сақалды қазақ одан ештеме түсінді деп айту қиын. Содан біз сапқа тұрғызылдық. Жаяу шеру тартып бара жаттық. Сумы деген шағын қаладан өттік. Бір шағын қарағайлы көдіктің арасына бір күн аялдадық. Бізге осы жерде біраз тексеру жүргізіліп, қару-жарақ қайта түгенделді. Біз Бірінші Украин майданында соғысатын болғанымызды полк саяси нарты подполковник айтып, одаң бізге сұрақ қойды:

— Конфескеленген кулактың балалары, жақындары бар ма? — деді. Ешкімнен үн шыққан жоқ. Шамасы бәрі де мен сияқты жалшы болса керек-ті. Сапта тұрғандарға көз жүгіртіп қарап едім, бәрі мен сияқты егде тартқан, елуді алқымдап қалғандар. Саяси командир қайта сұрақ берді:

— Халық жауы болып айыпталғандар, халық жауының туыстары бар ма?

— Мен,— дедім,— өзім халық жауы деп айыпталып, үш жыл отырдым, партиядан шықтым. Өте жақын досым Ораз Жандосов халық жауы деп ұсталған.— Інім, су болар тоным су болды, несіне жасырайын дедім. Командир алаң етіп маған қарады. Сәл ойланып қалғандай:

— Қай Жандосов, Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясында оқыған Жандосов па?

— Ия,— дедім мен. Бірақ командир одан арыға бармады, сонымен қоя салды. Мұндай сұрақ кейін де әлденеше жерде-ақ қойылды. Мен соның бәрінде де жоғарыдағы сөзді қайталап отырдым. Он бес-жиырма күн бір жерде қарекетсіз жатқан күндеріміз де болды. Соғыстың гуіліне, бомбаның шыңғыруына, түрлі гүрсіл-тарсылға құлақ үйренген. Декабрьдің аяғы болып қалған. Күн суық. Жерде қар бар, қалың. Бірақ кім жүргенін кім білсін, әйтеуір біз келе жатқан жол таптаурын. Екі жақта сиректе болса тырбық өскен ағаш бар. Жер адырлылау, ойлы-қырлы. Түс ауып, күн кешкіріп қалған. Бірақ аппақ қар барлық жерді жарқыратып, күннің ұясына тақағанын әлі білгізбей тұр. Тағы да сапқа тұрып кетіп бара жатқанымызда жау самолеттері бізді бомбаласын. Кірерге көр таппай шұқыр-шұқырды, ағаш түбін, қарайған шоқ-шоқпытты паналаған болдық. Бір кездері сол қолым шым ете түсті. Етпеттеп жатырмын. Сол қолымның қарынан оқ тисе керек, қан киімнің сыртына шыға бастады. Оң қолыммен оны басып ұстап алдым. Жанымда жатқан взвод командирі орыс жігіті Кочетов оң қолынан, сол аяғынан жараланды. Есім бар. Басымды көтерсем әлдеқандай ұзын бойлы біреу екі қолында да тапаншасы бар, жатқандарды сыпыра атып келеді. Мен оны алғаш түсіне алмай қалдым. Мен шұқырдан басымды ғана шығарып отырдым.

— Командир, мынау не істеп келеді? — Кочетовтың да есі бар. Ол да көріп отыр екен. Ол маған сыбырлады:

— Менің тапаншамды ал, ат ананы! — Соның арасында біреудің айғайы естілді.

— Фашиссің сен, неге тірі қалғандарды атып жүрсің!

— Мә, саған, көрсетермін саған фашисті, орыс шошқасы! Жаңағы ұзын тұра тағы атты. Ол бізге жақындап келе жатты. Жиырма шақты қадым қалды. Мен мылтығымды алмақ едім, Кочетов қайта сыбырлады:

— Ал менің тапаншамды, ат анау иттің баласын! — Мұндайда ойлап тұрудың өзі зиян. Дереу Кочетовтың тапаншасын кісесінен жұлып алдым. Шыны, інім, түрегеліп тұрған анау ұзынтұраны ату маған оңай болмады. Қолым дірілдеп-қалтылдап кетті.

— Келіп қалды ғой, енді бізді өлтіреді, ат! — деді Кочетов. Дауысы шығып кетті. Анау біз жаққа жалт қарады. Міне, бұрылды. Ажал дегенің адам екен. Ол ұрыс даласында жан алу үшін адам киімін киіп келеді екен. Басы салбыраңқы, жауырыны еңкіштеу ажал біз жаққа біржола бұрылды. «Өлгің келмей ме, өлтір немісті!» Бұл Баубек Бұлқышевтің сөзі болатын. Өлмеуім үшін өлтіруім керек. Оның үстіне командир бұйрық берді ғой. Міне, ажал бері қарай бір, екі, үш... адым салды. Ұзын бойлы, бетінде қырым еті жоқ шүңірек көзді, ішін алған тораңғыдай иілген жігіт екен. Ол бізге тапаншасын кезене берді. Мен тартып жібердім. Құлап тусті. Екі тапанша екі жаққа ұшып кетті. Мен орнымнан атып тұрдым. Басым айналып кетті. Құлап түстім. Қайта тұрдым. Оң жағымнан тағы біреудің дауысы шықты:

— Дұрыс істедің, фашисті! — Орнымнан енді жайлап тұрдым. Ұзынтұраның жанына бардым. Өліпті. Тапаншаның бірін қолыма алып оны тағы аттым. Ұзынтұраның аяқ жағында жатқан солдат тірі екен. «Дұрыс болды, он бір адамды өлтірді» деді. Жүгіре басып Кочетовтың жанына келдім. Дереу шинелімді шешіп, оң қолыммен сол жақ жеңімді түрдім. Қан саулап тұр. Оқ шынтағыма таман, қолымның сыртынан тиіпті. Сүйегі де сау емес. Сықыр-сықыр етеді. Жаным шығып барады. Дорбамнан дәке алып жарамды тас қылып орап тастадым. Әрине ол көңіліме солай. Әйтпесе жалғыз қолмен істеген іс қай бір оңушы еді. Дәкенің қалғанымен Кочетовтың оң қолының білезігін таңдым. Талқан болыпты. Оның жарасын зерттеуге уақыт бар ма? Добалдап орап тастадым. Оң аяғының етігін тіліп алдым. Оқ тобықтан тиіпті. Оны да қатты таңған болдым. Оң жағымдағы балаңқы жігіт Никонға бұрылдым. Оның оқ бұғанасын опырып кетіпті.

Көрген екі жігіттің жеңіл жарасын таңдым. Революцияның кезінде менің Никон дейтін жолдасым болып еді. Япырмай, мынау қалай содан айнымайды. Жап-жас балаң жігіт, он сегізге толғанына алты ай болыпты. Осы жерде де ойыма Марленім түсіп кетті. Сонан соң Кочетовты арқалап санбатқа тарттым. Бір кезде артыма қарасам Никон жоқ. Құры дыбыс шығады. Ұйыққа түсіп кетіпті. Кочетовты тастай салып оған ұмтылдым. Жалғыз қолыммен-ақ сопаң еткізіп батпақтан оны жұлып алдым. Оны тазалап отыруға уақыт жоқ. Менің ізіммен ғана жүруді тапсырдым да, Кочетовты арқалап ілгері жөнелдім...

Есімнен танған жоқпын. Жарамды таңып гипске салған соң-ақ ұйықтап кетіппін. Госпитальда үш ай жаттым. Менің аяғым сау, жүріп тыныш таппаймын. Үйден Ольгадан хат алып тұрдым.

Екі ұлдан да хат келіп тұрғанын жазады. Қырық төртінші жылдың марты болып, енді жеңіс болатынына үміттене бастаған кезіміз. Енді бір аптадан кейін госпитальдан шығатын болған соң хат жазып, почтаға салуға шығып бара жатсам біреу:

— Абақ! — дейді. Таңданып қалдым. Таңертегі шақ болатын. Бұл жақта мартта қардың мұрты бұзылмайды екен. Күн әлі шыту Сұр шинельдің ішінде жұрттың бәрі бірдей. Атымды атаған адамды тани алмай барып, зорға байқадым. Доп-домалақ қазақ, отыз сегізінші жылы бірге сотталған, өзім сияқты халық жауы болып айыпталып, жиырма жылды арқалаған Бекей Байғанаев. Сол ма, сол емес пе деп абайлап қарадым. Танымауымның себебі де бар еді. Өйткені оң жақ шекесі көзімен қоса байлап-матап тасталған. Кәдімгі Шелекте аупартком хатшысы болатын Бекей.

— Мен жалғыз көзіммен танығанда екі көзі бар сен неге танымайсың? — дейді ол маған. Шырағым, адамның бар нұры, өзгешелігі ең алдымен көзі арқылы айырылады. Егер екі шырағыңды жауып қойса онда адамды тануың мүлде қиындайды. Екеуміз шұрқырасып көрістік. Оның соғысқа қалай келгенін, қайда болғанын сұрайын.

— Түрме азабын, одан кейінгі азар-теперішті сен де аз көрмеген шығарсың,— деді ол.— Оның бәрі басыңнан өткен, оны айтып қайтемін. Алғаш Свердлов маңында, одан Магнитогорскіде заводта, одан Тайгада жүрдім. Көрмеген қорлық, естімеген сөз жоқ. Жігіт адамбыз ғой, оны қойшы. Басқа түскеннің бәрін көрдік. Өткен күзде соғысқа барғысы келетін адам бар ма деп сұрады, бізден. Мен барамын деп тілендім. Содан Волга бойында Қамышевода біраз күн соғыс өнерін үйреткен болды да, соғысқа әкелді. Соғысып мәз таптырмадым, үш-ақ күн майданда болдым. Міне, мына оң көзімнен оқ тиді де, осы госпитальға әкелді. Үй ішімнен, бала-шағадан бейхабармын. Соғыста да артымда адам жүргенін байқаймын. Соғысып қанымды төксем де бақылаудан құтылатын түрім жоқ. Хат жазайын десем қайда жазарымды білмеймін. Олар орнында жоқ. Бәрін қаңғыртып-тентіретіп жіберсе керек.

Бекей онша жасымады. Азамат-ақ еді. «Егер енді жіберсе де бала-шағаны, елді бір көріп өлсек армансыз болар едім»,— деді Бекей. Мен де өзімнің көзтүрткі, күйкі халімнен хабар бердім. Госпитальда көрісіп тұрармыз деп ойладық. Жоқ, Бекей ертесіне-ақ бұл төңіректе болмай шықты. Ол жатқан жердегі медицина бибілерінен білсем оны қайта ұстап, госпитальдан алып кетіпті...

Бекеймен сөйлескеннен кейінгі күні-ақ мені арнаулы бөлімге шақырды. Қайда жүрдің, қайда тұрдың, Байғанаевты қайдан танисың? Ол не деді, сен не айттың, әңгіме не туралы болды? Міне, содан кейінгі жеті күннің бәрі осылай өтті. Жасыратын несі бар еді, екеуміздің бірге сотталғанымызды Жандосовпен жақын болғанымыз үшін кеткенімізді, екеуміздің де халық жауы ретінде, колхоз құрылысын құртпақ «болғанымыз» үшін айыпталғанымызды айттым. Ақыры Отаны үшін қанын төккен, Сібір тайгасынан соғысқа еркімен сұранып келген Байғанаевпен сөйлескенім бұдан кейінгі өміріме қызыл жүндей, қыпқызыл пәле болып жабысты. Оның салдарын көп ұзамай-ақ көрдім.

Арада апта өткенде қырық төртінші жылдың апрелінде майданға кіретін болдық. Бірінші Украин майданы ол кезде соғысты Тернополь маңында жүргізіп жатқан. Қолым тыртық болып, бірақ ақаусыз жазылып, сүйегі де бітін кетті. Шамалы уақыт кейбір нәрселерді ауырсынып жүргенімен жасынан шынығып, қиындықпен жетілген адамға одан еш кемшілік келмеді. Түнде келіп, теріскей беткейлерде әлі де кете қоймаған тоңы бар жерлерді қашырлатып, ор қазып алып, шабуылға әзірлендік. Таңмен таласа Серет өзенінің арғы жағасына өтуіміз керек. Осыдан Сереттің басталар жері де алыс болмаса керек. Кеш алдында үш-төрт жігітпен бірге мен де партияға кіруге арыз бердім. Кескілескен ұрыстан бірнеше рет аман шықтым. Жолдастарым партияға қабылданыпты. Мен баяғы халық жауы қалпымда қала бердім. Сереттің арғы жағасына шыққан соң, Павел Брусков «бұл біздің селомыз еді, көріп келейін» деп командирден сұранды. Бұл кезде беті қайтқан жаудың жеке солдаттары әр жерде-ақ кездесе беретін. Сондықтан командир Павелға жалғыз жүруге рұқсат бермеді. Павел маған қиыла қарады. «Мен барайын» деп келісім бердім. Село орыны жер болып қалған. Кей жерлерде үйілген кірпіш, құлаған дуал, ұшып-ұшып түскен үйдің төбе тақтайлары. Павелдің үйі де жермен жексен болып қалған. Әке-шешесі, әйелі, бала-шағасы бәрі қырылған. Үйдің қыштан салған пеші, оның сорайып мұржасы қалыпты. Павел мұржаны құшақтап тұрып жылады. Елдегі бала-шағам менің де есіме түсіп кетті...

— Қой Павел, мықты бол. Жақында біз де фашистердің ордасын ойрандаймыз, шаңырағын ортасына түсіреміз,— деп жұбатпақ болдым.

— Сонда біз де біреулерді жетім-жесір қалдырамыз ғой,— деп Павел одан да қатты солқылдады. Павелді жуатқан соң селоның бір шетінде жаққан отқа жақындадық. Май туып, күн жылып кеткен. Ортада кішірек шелек, оны көлденең ағашқа асып, астына от жағып қойыпты. Қайнатып отырғандары құры су Оттың төңірегінде екі әйел, жеті бала. Бәрі де жас, тауықтың жаңа шыққан үрпек бас балапанындай үпір-шүпір етеді. Бізді көріп балалар екі әйелге тығыла түсті. Әйелдің орта жастағы бірі кеудесі жалаңаш, екі анары салпылдап екі қолымен оны баса қойды. Мен шинелімді шеше бастадым. Павел таңданып қалды. Мен сырт жейдемнің қалтасындағы қағаздарымды алып, жейдені шешіп әйелге бердім. Ол оны қолына үндемеген күйінде алып, үн-түнсіз тұрды. Көкірегіне басты. Сонан соң барып оны киюі керек екені есіне түскендей жейдеге басын сұқты. Балалардың бәрі де аш, көздері аларып, отыз екінші-отыз үшінші жылғы біздің ауылдың балаларын көзіме елестетті. Тек олардың үстінде киімдері бар еді, ал мыналардың көбі жалаңаш. Дорбамыздағы нан-панымызды, бірді-екілі консерв қалбырларын от басында қалдырдық. Павелда да, менде де үн жоқ. Мылқау кісіше осыларды істедік те жөнімізге кеттік. Нақ менің жейдемді шешіп беруіме қарап тұрғандай ертеңіне-ақ күн ысып берсін. Солдаттардың әмбесі шинельдерін бүктеп мойындарына асып алғанда мен екі етегім салпылдап, пысынап, сөлбірейіп жүрдім. Бір қаға берісте командир бәрімізді тұрғызып алып, менің «совет солдаты сияқты емес, жинақы жүрмейтінімді» сыбады-ай келіп. Сонан соң маған «шеш шинеліңді» деген әмір берді. Ішімде сырт жейде жоқ, жағасы жоқ, кір-кір, баттасқан ақ көйлектен мойным сорайып шығып тұрды. Жағасы жоқ жейде, одан шыққан қылдырықтай арық мойын, оның үстінде бір құлағы жоқ, бір жағы сымпиған шұнақ бас. Арсыз күлкіге тыйым бар ма? Менің ұсқынсыз көрінісім кейбір қуақы-сайқымазақ солдаттардың күлкісін де келтірді. Ха-ха-халаған, хи-хи-хилаған дыбыстар да естіліп қалды. Командир сібірлік орыс жігіті Тараков айқай салды:

— Күлкіні қойыңдар! Қайда сырт жейдең?-деп зікінеді ол. Мен үндей қоймадым. Павел айтайын деп «рұқсат етіңізші» деп еді, командир «сөйлеме» деп айқайды үдете түсті. Сөйтіп маған командир жаза беріп, мені кезектен тыс қарауылға жібермек болып, бір солдат мені ертіп бара жатқанда Павел да менің артымнан сүмеңдеп ере жөнелді. Командир:

— Брусов, қайт кейін! — деп зікінеп жатқанда батальон саяси жетекшісі келіп қалмасы барма. Ол болған жағдайды тәптіштеп сұрады. Жағдайды Павел тегіс баяндайды. Сөйтіп мен жаза орнына сол күні алғыс алдым. Бірақ құр алғысты қайтемін, одан кейін қанша соғысқа кірсем де партияға өткізбей-ақ қойды. Оның бар себебі Байғанаевпен госпитальда бір сағат сөйлескенім, арнаулы бөлімнің артыма түсіп алғандығы еді. Расын айтсам інім, бұл жерде оған мойымадым, өйткені ол күні бұрын осылай болуы мүмкін деп өзімді өзім әбден қатырған, дайындаған көнбіс жай болатын. Дегенмен інім, елге келген соң барып ол еске түсті.

Мысалы анау Қаскелең ауданының Ворошилои атындағы колхозда Ораз Жандосовтың туған, өзіне тете інісі Оразтай тұрады. Ол соғыста партияға қайтадан өтіп келді. Осындайда әділетсіздік ойға оралмай қоймайды...

Жаздың ортасы ауып бара жатты. Біз Украина жерінде едік. Таңертең тағы шабуылға шықпақпыз. Қазған орларымызда отырғанбыз. Кейбіріміз қалғып та кеткен едік. Нақ осы бір сәтте жаудың зеңбірегі зіркілдеп бізді бір ұрып берді дейсің. Олар тура бір жарым сағат төмпештеді. Кірерге көрімізді таппай қалғандай болдық. Не болып, не қойғанын білмеймін. Көзімді ашсам шатырдың астында жатырмын. Сол жағым ап-ауыр қозғалтпайды. Жараланғанымды сездім. Тірі қалдым деп қуанған да жоқпын, шамасы нақ сол бір сәтте есім де әлі кіресілі-шығасылы ғой деймін. Енді бір көзімді ашсам кәдімгі темір кереуетте жатырмын.

— Су! — дедім, таңдайым кеуіп жатыр екен. Медициналық бибі су жұтқызды.— Бүгін қай күн?

— 25 август,— деп үн қатты бибі. Менің есімді білетінім 16 август болатын.

— Қай жерде жатырмын?

— Киевте. Енді сөйлемеңіз. Тірі қалдыңыз, енді өмір сүресіз.— Есім кіре бастаған соң байқасам екі аяғым да ораулы, сөл аяғым аспанға асулы қозғалтпайды. Сол қолым шынтағымнан иығыма дейін шырмалып тасталыпты. Япыр-ай, бұл сол қолым жазылып кетіп еді ғой деймін. Қалай-ақ бір қолыма қайта-қайта оқ тие берген? Не болғанын білгім келеді. Бірақ әлсін-әлсін есімнен тана беремін. Жарты айдан кейін есімді жидым. Сол аяғымның жіліншігінен снарядтің жаңқасы тиіп, сүйектің күл-талқанын шығарыпты. Сол жақ санымның қалың, жұмсақ етін жұлып кетіпті. Оң аяғымды не үшін орағанын білмеймін. Сол қолымды ше?

Сол қолыңызға ештеме тимеген. Бірақ бұрынғы жара ашылып кеткен,— деді дәрігер.— Саныңыздың сүйегі аман. Жілішігіңізді...— Дәрігер айта алмай бүгежектейді...— Қан көп кеткен. Сізді жараланғаннан кейін үш күннен соң тауып алған. Қазған орда ес-түссіз қалыпсыз.— Мен ор ішінде қалып қойыппын. Мені ешкім көрмепті де, қуыста үш тәулік жатыппын. Содан қан кеткен соң есім кірмесе керек, дыбыс шығармаппын. Әр нәрсеге бір себепші дегендей, ілгері кеткен майданнан жаралыларды алып келе жатқан керуенді фашистер бомбылап, мен жатқан шұңқырға бір медициналық бибі құлап түсіпті. Әрине, оныкі бой жасыру мақсаты болса керек. Ол түскен қуыста ыңыранып мен жатыппын. Мен қайбір қолтыққа қысып кететін кішкентай адам. Бибі сүйресе арыстай болып жатқан маған шамасы жетпейді. Содан өтіп бара жатқан бір жеңіл машинадағы офицерлерден көмек сұрап, мені ордан зорға шығарыпты. Сөйтіп санбатқа әкеліпті. Аурудың асқынуы ұзақ уақыт көмек көрсетілмей, қанның көбірек кетуінен болыпты. Өкпем де қабыныпты, оң аяғымның жіліншігінің терісін бірдеме сыдырыпты. Сонымен Киевте сол аяғымды асып қойып екі жарым ай жаттым. Қолымның ашылған жарасы гипске салған соң тез бітті. Екі айдан аса өкпе желпілдеп, жөтел тыныштық бермей, ол жөтел аяқтың сынығын қозғап науқас ұзай салды.

Декабрьде Свердловқа жіберілдім. Жүре алмаймын. Ақыл-ес, ішек-қарын, тамақ сау. Соғыс бітіп келе жатқанынан күнделікті хабардармыз. Қырық төрттің қысының аяғы қиындау болды. Дегенмен жеңіс жақын делінгендіктен жұрттың көңілі көтеріле бастады. Декабрьде соғыс шет жерде жүріп жатты. Қырық бестің январы басталды. Бір күні таңертең палатада басымды көтеріп отырсам тура Ольга сияқты біреу палатаға кіріп келе жатыр. Шынымен Ольга. Шашы жартылай ағарған, бетінің әжімі де көбейген. Жаралы солдаттардың бәрінің көзі бізде. Ольга көрісіп, ұзақ солқылдады. Жаралылар екеуміз қазақша сөйлесе бастағанда аң-таң болды. Шамасы сөз орысша болады десе керек.

— Жаным, Абағым, сізді де тірі көрер күн болады екен ғой!

— Болды, болды. Енді елге қайтамын. Тіпті жақында,— деймін мен Ольганы жұбатып, Ольга қолыма, аяғыма қарайды да жылайды. Аяқ гипсте, төсектің басына асып қойған.

— Қол орнында,— дедім мен.— Тек мына сол аяқ. Жіліншік сынған.— Ольга елдің амандығын, ел болғанда жалғыз Владилена ғой. Одан басқа бізде кім бар? Менен октябрьде қара қағаз алған Ольга ноябрь жылаумен болады да, бір күні даққа кетеді: екі баладан хат келіп тұр. Жылап қалған, қара қағаз алған жалғыз мен емес. Қазір жылау кірмеген үй жоқ, қара байламаған қатын жоқ. Абақ Тайгада «халық жауы» болып жүргенде өліп қалса қайтер едім, менің қолымнан онда не келер еді. Халық жауы деген күйені өлгенімше жуып кетіре алар ма едім. Одан да екі баламның амандығын тілейін, Марленім мен Владилена екеуінің амандығы маған аз бақыт болмас. Жұрт сияқты жер сипап қалсам қайтер едім, халық жауы деген атты өмір бақи көтеріп, қөзтүрткі болып өтсем не амал-айла жасай алар едім, одан құтыла алар ма едім. Ендеше тәуба қылайын. Бұздай кілшиіп тұрған қазір кім бар? Барлық от басына жарықшақ түсті емес пе. Тарп ұрып ашу шақырғанда не, сары уайым салып қайғырғанда не? Одан келер не бар. Тек денсаулығымды құртып, енді Владиленаны асырауға да жарамай қалармын. Абақтың денсаулығы темірдей-ақ, ісірібін тоқтастан соққан қамалдай-ақ Қиындыққа беріспеуші еді, амал не, ажалына тура келген сайгез оқтан өмірі сарқылған болар, көрер жарығы, татар дәмі таусылған шығар. Баршындап өмір сүрсек те барлап көрмедік, толықсыған наһан, қамқа киіп бұлықсыған, бағаналы, байсалы ордада тұрған күніміз болмады. Егер қырғыз құлап, құлаты кетіп жүргенімізді де табиғат көп көрсе а мал бар ма? Кетқұда болып, келін түсіріп, қыз ұзатпадық. Ұлпанының әдемілігіне жазған қармалжақ қара, әлде алтайы қызыл түлкідей біз-ақ көзге түсе беретін болдық. Кіртімізді-қияуымызды қыбайда қалдырып қырғыз ассақ та, аббар көшіп шет қонсақ та көрген күніміз қудалау болды. Бәріне де тәбияға жаратылған жылқыдай-ақ шыдап бақтық. Біз үшін бәрі әзір қырын кетіп тұр ғой. Біздің көреріміз, жазмышта жауыру өмір сүру шығар. Жазмыштан озмыш жоқ демеуші ме еді қазақтар. Сүйесін болар кімім бар, одан да өзіме мықты болайын, белімді буынып, жеңімді сұғынып қызметімді қияусыз атқарып, мемлекеттің қиярын қылайын... Жексенбіге қараған бір кеште осыны ойлап жатып ұйықтап кеткен Ольга есікті тарсылдатып қатты ұрған дүңкілден жүрегі қатты соғып оянады. Есіктің арғы жағында даурыққан сөздер, айқай-ұйқай. Көзін жыртитып аша салып жүгірген Владилена есікке шешесінен бұрын жетіп ашып жібереді. Декабрьдің таңғы суығын ала кірген бір топ адамды көріп, күйеуінен қара қағаз алып су жүрек болып қалған Ольганың қорқыңқырап қалғанын байқаған егде қазақ әйел:

— Сүйінші, Оля, сүйінші! Абақтан хат келді! — дейді. Ольга қараса осындағы айналдырған бес-алты үй қазақтың қатын-қалашының бәрі түгел жиналып алыпты.

— Алыңыз, апа, алыңыз сүйіншіңізді! — дейді Ольга, Мекембай деген сұлутөрлік қазақтың әйелі Зағипаға.

— Шырағым, өшкенің жанып, өлгенің тірілді ғой, бәрімізге осы Абақтың жолын берсін деп, қуанышымызды білдіруге келдік.— Ольга сенерін де, сенбесін де білмей бір шама тұрып қалыпты. Сонан соң қолына хат тигенде барып түсі жылып, ашып оқи бастапты. Ауыл-аймақ жиналып Ольгаға «тоқымқақты» жасатып қайтыпты.

— Қуанған мен қорыққан бірдей деген рас екен, Әбеке. Сол күні кешке дейін жүрегім қайта-қайта дір-дір етіп, суылдап жүрді,— дейді Ольга. Хатты қолына алып таңқалады. Сенейін десе, қарақағаз алған, сенбейін десе кәдімгі шұнақ байының жазуы. Содан екі-үш рет хат қатарынан келген соң Владиленаны жалынып-жалпайып көршіге тастап, тірлігін көзіммен көрейін деп маған жетеді. Ол қасымда төрт-бес күн отырып, өлмегеніме, өлмейтініме көзін жеткізіп қайтып кетті.

Мен госпитальда ұзақ жаттым. Аяғымның жарасы жазылып келеді де, қайта іріндейді, сөйтіп қайта тесіледі. Дәрігерлер кеңесіп аяғымды кесуге еһе деседі. Мен келісім бермедім. «Аяғыңыз шіріп кетіп, сонан соң жоғарыдан, қара саннан кесуге тура келеді» дейді олар. «Шіріп түсіп қалса да мейлі, мен кескізбеймін» деп міз бақпадым. Кілеңдей қатып қалдым. Сонан олар басқа бір жерден профессор шақырды. Бір күні профессор көріп, ішінде оқ қалған деді. Оны сегізінші айда алды. Апрельдің ортасына таман ақсап, бірақ түрегеп жүрдім. Жіліншігімнің үстіңгі жағында бір сүйек шодырайып шығып тұрды. Жиырма мен отыздың ішіндегілердің мұндай жарасы тез айығады екен, жас елуге тақалып, өмірінің көбі кетіп азы қалған адамға бұл зор жүк, айықпас ауру болады екен.

Қырық бесінші жылдың апрелінің аяғында Қантқа қайттым. Сол аяғымнан ақсап шойнаңдап қайттым. Жіліншігімнің үстіндегі қыр сүйектің бір жері бұрынғыша қодастың шоқтығындай күжірейіп, етіктің қонышына сыймай. Сонда да етіктің қонышының артын сөгіңкіреп қойып киіп жүрдім. Енді қайтпекпін, жалаң аяқ жүрмекпін бе? Арнаулы етік тіккізіп алатын соғыс кезі, дүниенің бәрі жетімсіз, бар тапқаның тамаққа жетсе, соның өзі дәтке қуат. Ермегім Владилена, ертеден кешке дейін сонымен әңгімелесемін, ол ағасы туралы, екеуінің ауылдың сыртына шығып алып неміс тілінде әңгімелесетінін, өздерінің туған жері Алматысын, ондағы оқу орындарын, театрдағы ойындарды, Алатаудың үстінде Жасылкөл деген үш көл, Құмбел деген үш тау, Алматыны бұрын үш Алматы дегенін, бұрын Алматы үстіндегі тауды Үш Алматы дегенін, өзені де Үш Алматы болғанын, одан басқа да Үш Қараш, Үш Бақанас, Үш Қоңыр, Үш Қарқара деп аталатын жерлерді, оның өсімдігін, жан-жануарын әңгімелегендерін айтады. Бұл кезде үшінші класс оқитын, онға келіп қалған Владилена «ағамды бір көрсем, бүйтіп бір құшақтасам» деп кейде менің мойнымнан құшақтап, менің жанымның жарасын тырнап босатып қояды. Адамды жақын қылатын қоныс деген рас екен, інім. Владилена Марленді айтады да, Советті сөз қылмайды. Ал Советпен бірге өскен Марленнің екі сөзінің бірі Совет болушы еді. Советтен бөлек өскендіктен Владилена оны көп жоқтамайды.

Айтпақшы кетемін, міне кетемін деп жүргенде апрельдің ортасында құзғын сәріде бір бибі маған жүгіріп жетті. Ол асыға-аптыға сөйледі:

— Сіз қазақ едіңіз ғой? — дейді.

— Ия, қазақпын. Қазаққа берілер бәйге болса мен даяр!

— Жоқ, қалжың емес. Бір қазақ жаңа әкелінді. Өлім халінде жатыр. «Қазақ болса шақырып кел» дейді.

— Қайда? — деп тұра жүгірдім шойнаңдап, қолыма балдағымды ала. Ол кезде әлі балдақпен жүретінмін. Госпиталь бұрын мектеп болған екі қабат үйде еді. Үстінде деген соң өкпемді қолыма ала жеттім. Темір төсекте жатқан солдат өліммен арпалысып, барып келіп жатыр. Екі иығынан демін әрең алады. Өліммен күресіп жатыр. Екі жұдырығын қатты түйіп, екі көзін шарт жұмып тістеніп алған. Сандырақтап кетті білем, сөйлеп, сарнап жөнелді:

— Өлмеймін, өлмеймін мен, өлім аулақ!

Сөйлесін тілім аман, аман-сау жақ,

Зіл қара көкірегім басып қалды,

Қалай-ақ келіп қалды өлетін шақ.—

Таныс дауыс. Япыр-ай! Қалай-ақ? Зерделеп қарасам кәдімгі Омарқұл. Өлім мен өмір арасында да өлеңдетіп жатыр.

— Омарқұл!

— Әбеке, бауырым. Бүкіл Қазақстан көшіп келгендей болдым ғой.— Омарқұлмен жатқан жерінде құшақтасып көрістім. Кемсендеп еді, жылай алмады, шамасы келмеді. Жылауға да күш дымақ керек екен. Жүрегінен жараланыпты. Мұнда самолетпен жеткізіпті.

— Әбеке, жарық дүниемен қоштасатын болдым. Бір қазақ көріп өлсем деген соңғы тілегім еді. Ол тілегім орындалған сияқты. Ел шетінде, жау бетінде шейіт болдық. Елге сәлем айт! Мен үшін Үш Алматының тұнығынан мөлдіретіп бір кесе су жұт! Шіркін Алатау! Бұлағынан бір сімірер ме еді. Жалпақ елге сәлем айт! Әбеке, шалғыным жапырылмай қалды. Арманым сол... Қош, Абақ! Жапырылмай қалды, шалғыным! Алатауға мен үшін бір ауна!.. Сөйтті де, Омарқұл қайта сөйлеуге шамасы келмеді талықсып кетті. Сәлден соң қайта көзін ашты да: Алатауға... әттең... Шалғыным...— Қайта көзін жұмды. Бұл жолы ол көзін мәңгі жұмып еді. Бұрынғылар «шалғыны жапырылмаған» деп баласы жоқты айтады екен. Омарқұл байқұс баланы армандай-армандай о дүниеге аттанды. Інім, бұл баланы, Омарқұлды неге айтып кетті деп отырмысың? Оның да бір себебі бар.

Енді бізге елге — Қазақстанға қайтуға жол ашылды. Бір-ақ балаларымыз таппай қалар деп қоныс ауыстырмадық. Е, інім дүние дегенді қойсаңшы, бұл. Менің қайтқан қуанышым Ольгаға көн болып кетер дегендей апрельдің аяғында, мен келген соң бір апта ішінде-ақ Советтен қара қағаз алдық. Біз өлгеніміз жоқ. Өлген артынан өлу жоқ. Бізді өлтірген Советтің өлімі емес, оның келіншегінің қылығы болды. Біз қара қағаз алғаннан үш күннен соң Советтің келіншегі келді. Ұрықсатсыз нақ түс әлетінде үйге бала жетектеп жас әйел кіріп келгенде, інім, жүрегім су ете түсті. Адамның кейде жаманшылықты сезетіні болады. Жетектеген бес жасар баласы бар әйел отырмаған, түрегеп тұрған бойы екі ауыз сөз айтты:

— Мен Советтің әйелімін. (Советтің үйіндегі келіндеріңізбін демеді). Мынау Советтің ұлы. Аты—Кеңес. Мынау документтері. Мен енді бұл ұлды сіздерге бердім. Өзім күйеуге тидім. Жетім асырап үйренген екенсіздер, мұны да өсірерсіздер! — Ол баланы төрге қарай итеріп жіберді, сәби басы артына қарай қайқаң ете түсті де, етпетінен кете құлады. Біз есімізді жинап алғанша аузынан көбік атқан жас әйел көзден ғайып болды. Мен де, Ольга

да құлап қалған балаға тұра жүгірдік. Оны жерден тұрғызып бетіне қарадық. Бала Советтің аузынан түсіп қалғандай, айнымайды. Міне, шырағым, біз бір өлмедік, сөйтіп екі өлдік. Мұндай күйікті адам баласының басына бермесін. Жазған құлда шаршау жоқ», біз Кеңесті де бауырымызға салдық.— Міне, көрдің бе, інім. Омарқұл көз жұмып, соңғы сапарға аттанғалы жатып та: «Әттең, дүние, шалғыным жапырылмай қалды-ау» деп армандап, бала дегенде көкірегі қарс айырылып кетсе, Советтің келіншегі итеріп тастап кетті. Әрине, інім, егер ол жөнімен-ақ, бір шай ішіп отырып-ақ, «құдай ісі балаларыңызды тастап бара жатқан жоқпын, өлі айрылдым. Менің басым жас, бағымды байлап қайтесіздер, мына Советтен қалған көзді сіздер туған ата-анасы болмағанмен, туғандай болған әке-шешесісіздер, Советтің көргені де, білгені де сіздер екен, алып қалып, бір кезек бетіне қарап мауықтарыңызды басыңыздар» десе, біз ол баладан безер ме едік. Жылай-сықтай, Советтің туғанын, өскенін еске түсіре отырып Кеңесті алып қалмас па едік.

Інім, таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді. Ол бізді, бұдан да екеумізді жұдырықпен екі қойып қалып баланы тастап кетсе, бізге жеңілірек тиер ме еді, қайтер еді. Бес жасар ұлдың көкірегіне қаяу салғаны анау, тірі жетім болды. Томпиып ол тұрды. Шамасы кішкентай Кеңес бұл қарғыстың күнде көкесін еститін болу керек, шешесінің артынан жыламады да, ұмтылмады. Інім, қазақ арасынан «баланы асырай алмасын деп күңге береді, әбиірі ашылсын деп қызға береді» дегенді талай естіген боларсың. Соғыс кезінде дүниеге талай олжабайлар келді, талай тименнен туғандар талай босағада қабырғасы қатпай, бұғанасы бекімей маңдайы тер болып, көзі көр болып, қағытпа, кері сөзді естіген сайын жер болып, бәрібір тірі тұлға өсіп жетілді. Сұм соғыс талайдың боздағын алып боздатып кетті, олардың жесірі күйеуінің қарт әке-шешесін тастап, қолындағы ұлдан қалған баланы алып кетіп аңыратты. Күйеуінің орнын жоқтатпау үшін өмір бақи қара жамылып, дүниені тұл тұтып өткендер қаншама! Оңқай асықтың тәйкесіндей, сала бұғының пәйкесіндей қайран Ұлтарақтың немересін — Кеңесті құшақтап біз қалдық. Жанын қорыттап, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп көрген, қисыны осы деп қисайта басқан, жіліктің майлы басын иемдену үшін бұра тартқан біз емес едік. Сонда да ісіміз оңға баспай, әсіресе Советтің өлімі жүйкелетіп кетіп еді. Енді қотыр үстіне шыққан шиқандай, келіннің «жетім асырап үйренген екенсіздер» деген кетпендей сөзі көкірегімізге о дүниеге аттанғанша кетпестей, шер болып байланып қалды... Омарқұл байқұс тұяқсыз кетті. Әрине, Совет бұл дүниеден жас аттанды. Ондайлар көп болды ғой. Бірақ Омарқұлға қарағанда Советтің артында бір жапырақ шикі ет қалды, біз соған шүкіршілік еттік.

* * *

Жетісудағыдай Қантта да оңтүстігімізде Алатау көлбеп жатады. Бірақ бұл Қырғыз Алатауы. Қазақстанды, Алматыны сағынғанда Алатауға қараймын. Бұл қазақ пен қырғыздың туысқандық ұқсастығындай, Іле Алатауының егізінің сыңарындай. Мұның да басынан қысы-жазы қар кетпейді, мұның да сағасынан мың бұлақ қайнап шығып, бұрқырап ағып қазақ пен қырғыз жерінің шөлін қандырып жатады. Күнгей Алатауы мен Қырғыз Алатауының түйіскен жерін жарып өтетін Шу өзені бауырлас, қатар жатқан екі республиканың телі емер бұлағы, өмірінің нәрі. «Арыстанның жалындай бұйра толқын» Терекке емес, тура осы Шуға арналып жазылған десең қателеспейсің, айдаһардай бүктеліп, жүз толғанады. Көктем кездерінде тауды-тасты бұзып, буырқанып, долданып, сай-саланы алып кетеді, Ойдым-ойдымды суға толтырып, жазда олардың төңірегі шұрат-шұрат балқашты бағаналы құрғақ болып көлгеріп жатады. Қолыңды созсаң Қазақстанның мына Қордай ауданына жетеді. Қазақтарды да күнде көріп тұрамыз, сонда да бүйірімізде Алматы жатады да, бүйрегім солай қарай бұрып тұрады.

Апрельдің соңғы күндері еді. Соғыс аяқталуға жақын, Берлинде ұрыс болып жатыр. Бүгін-ертең Берлин алынады деп екі езуіміз құлағымызда. Марленнен әзір хат келіп тұрған. Соңғы хаты келгелі де он шақты-ақ күн болды. Құлақ түріп, атың өшкір соғыстың аты біржола өшсе екен дейміз. Жер жайнап кеткен, көкемнің балбыраған, майса да, байса да кезі, жерді раң басып, қай жағыңа қарасаң да жап-жасыл болды. Қыр да, ой да құлпырып, шешек атып, шеруендеп келе жатты.

Қантта бес-алты қазақ үйі тұрады. Олар біздей басына іс түскен, қысталаң-қиын кезде табан тіреген адамдар емес, бұрын келіп орналасып, қырғыздармен құда-құдандалы болып, шырмалып, енді сол жекжаттарын тастап Қазақстанға кете алмай қалған адамдар. Олардың туған-туыстары тым алыста емес, ертеңгісін асықпай үйінен шайын ішіп шығып, туысқанының үйінен түстеніп, аман-саулығын біліп, кешке жақын қайтып келетін жерде. Сонда да, олар да «Қазақстан-ай!» деп отырады. Соның бірі Мекембайдың үйі. Өздері ауқатты, жанды-жақты адамдар, Сұлутөрдің қазағы. Сол үй, Зағипа жеңгей сабын былғайын деп жатыр деп жүрді Ольга.

— Ойбай-ау, осындай көктемнің кезінде сақарды қайдан алмақ? Сабынды күзде шыламаушы ма еді? — деймін мен.

— Өткен жазда алабота, теріскен өртеп жүрген,— деді Ольга. Беймезгіл сабын былғамай-ақ қойса қайтеді екен деп ойладым. Оның өзі бір ырым-жырымы көп, шамшыл нәрсе еді дегім келді.

Бірақ мен айтқанда қоя салса жақсы, қоя салмай, ертең сабын шылап, онысы байланбай қалса, менен көріп жүрер деп үндемей қоя салдым. Бар қолымнан келгені Ольганы жібермей қойдым Ольга да сабын шылағанды көрейін деп едім деп қиқаңдайды. Сонан соң «әлгі орыс келін келіп еді, сонан соң сабын оралмай қалды» дегенге қаларсың дегенді ескерттім.

— Бұзаушық алайын деп едім,— дейді қазағуар Ольга.

— Артынан сұрарсың,— деп жібермедім. Ольганікі де жөн. Ең алдымен ол қазақтың қатыны, ол бұзаушық сұрап алуға тиіс Бұл да қазақтың жазылмаған заңы, дәстүрі. Өйткені бұзаушық сұрап алу, тазалану, кірін жуу сөгетін нәрсе емес, құптайтын іс. Сондықтан бұзаушықты қазақ базына қылып та, әдейілеп те сұрауға тиіс. Бұл да «ерулік» сияқты. Қазақ інім «ерулікті» де сұрап алады, «ерулігімді бермедің», «ерулігімді бермейсіңдер ме?» деп қазақ дауласады, оны базына қылады. Өйткені көшкен елге, көшіп келіп жатқанға «ерулік» беруге қазақ міндеткер, ол да қазақтың жазылмаған, бірақ жазылған заңына, бүгінгі указыңа бергісіз заңы. Ол орындалмай қалмақ емес. Бұл жағынан келгенде қазақ әйелі ретінде Ольганікінің жөні бар. Екіншіден соғыс кезі, сабын дегенің шынымен қат. Бұл кезде әскерден, майданнан қайтқандар сабын сияқты ұсақ-түйекті де ала келетін болған. Дегенмен әлі оның табылуы қиындау еді. Сонымен Ольга сабын шылаған үйге бармады.

Сабын былғау қазақта бар болашаққа жоралғы деп саналады. Оны білуші ме едің, шырағым? Сабын шылайтын жерге бала-шағаны, қыз-қырқынды, қылтың-сылтыңы бар келіншекті жібермейді. Алғалдықтан аулақ, адал жүріп, адал тұратын адам ғана сабын шылаған жерге дүмін басады. Сабын жасау үшін алдымен сақар жасалады. Алабота, теріскен, торғай оты деген бұталылау шөп болады. Албота тақырға да, сулы жерге де өсе береді, ал теріскен шөлдің, даланың өсімдігі. Соларды күзде шауып алып, әбден кептіріп, сонан соң өртейді. Оған сексеуіл күлі де жарамды. Күлдің бәрін қапқа салып, үстіне су құяды. Қаптан ағатын күл суының астына қазан қояды. Суды күл үстіне құя береді. Қаптан сүзіліп шыққан, сарқыған су бір қазандай болған соң оны енді ошаққа қойып қайнатады. Бұл інім, сабын алу емес, сабын шылауға керекті сақар алу жұмысы. Сақар қайнату деген осы. Күлдің суы әбден қайнап қойылғанда, түбінде қалған төпті енді қуыру дәрежесіне дейін жеткізеді. Ол аппақ болып ұнданған кезде оттан түсіріп алады. Енді сақар дайын болды. Болашақ сабынның ақ әлде қара болуы осы сақардың мәлімен қуырылуына, яғни оттан қай дәрежеде түсірілуіне байланысты. Яғни салақтау, сақардың қуырылу мәлін білмеген, күйдіріңкіреп жіберген әйелдің сақары қара, қоңыр, білгір, пысық, он саусағы он кісі әйелдердің сақары керегіндей ақ болады. Сайып келгенде әйелді ауылда салдыбалақ немесе пысық, таза атқа қондыратын істің бірі осы. Мұны сақтап қоюға да болады. Сабын былғау, міне, осыдан келіп басталады. Бұдан кейін қазанға от жағылады да, тоң май еріп, шымырлап қайнай бастағанда сақарды үстіне салады. Мұны араластыру яғни былғап-шылау ең тәжірибелі, ең ұсынақты, күнәдан пәк, пейілі кең адамдарға берілмек. Әргелермен айналысатын, жарсызға ашына, әйелі нашар, өзі мінкен, айтулы ерге әуейі болатын ұрғашыларға мұндайда есік жабық, оларды әуел бастан-ақ шеттетіп тастайды.

Мекембайдың әйелі Зағипа орнықты да, ұқыпты да адам болатын Сондықтан да болар, шылауға оның сақары да, майы да дайын еді. Төрт ұлын төрт отау қылып төңірегіне қондырған, ұлын ұяға, қызын қияға салған, құт-береке дарыған адамдар еді, Мекембайдың отбасы. Ырысқа лайықты дейтін Зағипа да көрші көлемге, ағайын-туғанына жағымды, қазақтардың көзқарасымен айтқанда қазаны оттан түспеген, өздері қонақтан күспеген, дастарқаны жиылмайтын мың болғыр әйел делінетін. Зағипаның өзі бұрын да талай сабын шылаған. Әсіресе, осы соғысы құрғыр бәрін жалмап жұтып, дүние қат бола бастағалы бері мұндай ұмытылған бұрынғы қолөнер, кәсіптер амалсыздан өрістегенде Зағипа да ондай өнерден құралақан болмағандықтан білгенін шығара қойған.

Зағипа өз сабынын өзі былғады. Май қайнағанда ол сақарды қазанға төге бастады. Сақар әлі де аз болғандықтан май кілкілдеп бетінде жүрді де, сабын орала қоймады. Ондайда бетіне су себілуші еді, Зағипа да су септі. Сабын оралып барды да, енді жүндене бастады. Мұндайда шеберлер қазанға қайта май тамызады. Нақ осы тұстағы шеберлік мәлімен дәл мөлшерде берілмесе, сабын бұзылады. Зағипа да май тамызады. Сабын былғау кезінде іске байланысты ғана сөз сөйленеді де, артық қылжақ, күлкі о бастан тыйылады. Бұл жерде де қатысқан қатындар аузына құм құйылғандай тып-тыныш. Тек Зағипа өзі ғана «ананы бер, мынаны әпер» дегендерді айтып тұр. Зағипаның сабыны орала қоймады. Әйелдердің бәрі қабағы жабық, түнеріңкі. Сабын біресе қойылып, бірісе сұйылып, тағы да жүнденіп, ақыры ірігендей бұзылды. «Сабындай бұзылды» деген тіркес осындайдан қалған-ды, шырағым. Аздан соң Мекембайдың үйіне жиналған қатын-қалаш мысықтың мияуындай үн шығармай, зытып кетісті. Зағипа «Құдай, сабыным бұзылатындай не жазып едім» деп тұрып дауыс салып жылады. Бұл жерде, шырағым, Зағипаның жылауы тіпті де сабын емес еді. Өйткені азар болса оған екі килограмм қойдың майы, күзде бір күн әуре болып жағып, сүзіп, қуырып алған сақары кеткен шығар. Көңілде тұрғаны соғыста жүрген төрт бірдей азамат-ұлдың келмей қалу қаупі еді. Абысын-ажын, көрші-көлемде жақтыратындар да, жақтырмайтындар да бола береді. Жақсы көретін Зағипаның жақындары: «Байқұстар-ай, ешкімге жамандығы жоқ, момын жандар еді, аман болғай еді» десе, енді жақамайтын кейбір желімауыз, жез таңдайлар: «Сабыны бұзылды, бұларға бір қара көрінеді», «соғым сойғанда біздің Төкенге бір шұжық ырымдамап еді, енді міне, сабыны бұзылды, бұл үйге бір пәле болмасын кім біліпті» десті. Сыпсыңдаған сөздер осы ауылдағы қырғыз-қазақтың бәрінің қалқан құлағына жетіп, жыпбикелер әңгімені жымдастырып, құрастырып үйден үйге өткізіп, жарамықтап жатты.

— Ойбай-ау, әлігі Зағипаның сабыны бұзылыпты ғой, обал-ай!

— Ойбай, төрт бірдей азаматы мүсәпір жолда жүргенде...

— Қой, ондайды айтпа!

— Е, әркімнің пейіліне қарай да...— Өстіп бірі жаны ашығансып, енді бірі табалап, тағы біреуі шынымен бірдеме болып кетпес пе екен деп тоқсан саққа жүгіртті. Байқұс Зағипаның өзі де жүдеп қалды. «Осы көктемде көк суымен араласып сабын шылап нем бар еді» деп жүрді. Бір күні таңертеңмен Зағипа біздің үйге от ала кірді. Інім, от ала келу бұл жерде шын мағынасында. Соғыс кезінде сіріңке жоқ, жұрт шақпақ шағады. Көбіне тезектің шоғын күл-қоламтаға көміп қояды. Кейде ол шоқ егер жел тигендей болса түнімен қоздап, ішінен шоқтанып-ақ жанып бітіп қалады. Мұндайда көбірек шыдайтыны, әрине, көңнің шоғы, тезектің шоғы ұзақ тұра алмайды. Көң мен тезектің айырмасын білерсің, інім. Тезек биылғысы, көң былтырғы қи, әлде бірнеше жыл бұрынғысы. Сондай бір оты өшіп қалған күні ертелетіп Зағипа біздің үйге келді. Ол салдырлап сөйлей кірді:

— Ойбұй, қайным әлі ұйықтап жатыр екен ғой...

«Отқа келген қатынның отыз ауыз сөзі бар». Соны бастап жүріп берді. Ольга күлқалақпен оған отты көсеп, алып берді. Бірақ оттан айтқан әңгіме қымбат.

— Әнеугі күні саған бұзаушық бере алмадым, Ольга. Сабыным бұзылып кетті. Қорқып жүрмін. Әлгі күндерім аман келсе деймін дағы, баяғы. Кеше әлгі екі қатын ұрысып, мазам кеткенін көрдің бе? Әлгі үлкен келініміз шайпаулау ғой. Ол анау үш келінге тыныштық бермейді. Анау кіші келін он алты жасында жас келіп еді ғой, міне, жиырма екіге шықты. Сол әлігі үлкен келін, ор қара неме Шүміт кіші келін Өрікке ұрсып, қарағым, Ольга-ау, әлігі кіші келіннің де тілі шықсын. Анау шайпау Шүміт еріні қаймақтай болып, сүйриіп күндегі ұрсып үйренген әдеті бойынша:

— Ей, Өрік, өрік емес, сен жеріксің. Әкеңнің көріне... деп жібермесі бар ма, ойбай, Ольга әлігі біздің үйдегі кісіден (өзінің шалын айтады) ұялып өлгенім-ай, әлгі үндемейтін келіннің тілі сала құлаш екен.

— Әкеден әке әулие емес, сенің әкеңнің көріне... деп жібермесі бар ма, ойбай-ай, ойбай-ай, ұят-ай!

— Өй, мына жаманға тіл бітіпті ғой, маған сөйлейді ғой, әкеңнің — деп келе жатыр еді, кіші келін бастырмалатып кеп бергені:

— Е, тіл бітпей нағыпты? Бес жылда кісі институт бітіреді. Сен маған бес жыл бойы ұрысып, ұрысты үйреттің ғой, мен ұрыстың институтын бітірдім ғой дегені! — Нақ осы жерде, інім, Ольга екеуміз күлкіні қойып кеп бердік. Бұл біздің көптен күлгеніміз еді. Зағипаның өзі де күлді. Бірақ күліп алып жылады, көз жасын сыға отырып бір сөз айтты, оны да шынымен сеніп айтты:

— Шырағым, Ольга. Бұл да жаман ырым. Сабыным бұзылды. Енді қой аузынан шоп алмайтын ең кіші келінім ұрыса бастаған соң, пәле болмай не болады. «Үй іші ала болса, кереге бас сайын пәле болады» демеп пе еді, бұрынғылар. Көрдің бе, Ольга, бұл заман қайда барады!? — Зағипа жеңгей әңгімесін бітіргенше ертеңгі шай да қайнап «ертеңгі асты тастамай» шай ішіп, отты алып үйіне кетті. Інім, қазақ та бәрін ырым етеді. Сабынның бұзылуы, екі келіннің нақ осы күндері ұрсысуы — Зағипа бәрінен қауіптенеді. Оның бәрі де әскерге аттанған төрт ұлдың шеше ділінен шықпай тұрып алуында еді. Әйтпесе қазақ «ұрыспайтын ұл болмас, керіспейтін келін болмас» демеп пе еді. Бәрі келіндердің ұрысына қарап тұр деймісің. Қоймай біреуі ұрыса берген соң екіншісінің тілі шыққан дағы. Қуа берген соң кіші келін енді батыр шыққан дағы. Осы жай халық арасындағы бір әңгімені еске түсіреді.

...Қызын қатты ұстап, өнегелі тебіз тәрбие берген бір шеше қызын ұзатып жатып, қызына жасау ретінде берген сандыққа қызына көрсетіп бір қара тас салыпты дейді.

— Осы қара тас жарылып қақ бөлінгенше сөйлеуші болма! — Жасынан шеше тыңдап, айтқанын екі қылмай өскен қыз келіншек болып барған жерінде де шеше сөзін жерге тастамапты. Сәукелесін тастап қамқа тон, қасаба киген соң да сөйлей қоймапты. Барлық істі орынымен біткереді, бірақ сөйлемейді, жағын ашпайды. Біреу жақсы айтып жатыр ма, жамандап қойды ма, оның бәріне іштей күле қарап, үндемей жүре беріпті. Енді абысын-ажын оны «мылқау» атандырып, одан күйеуі қатын үстіне қатын алмақ болыпты. Бір күні әкеліпті де. Жаңа түсіп келе жатқан келіншек үйге сөйлей кіріпті:

— Тілділер кірсін, тілсіздер шықсын! — Сол кезде бұрынғы әйел жүгіріп барып төрдегі қара сандықты ашып жіберсе, қара тас қақ бөлінген екен дейді. Сонда ол тұрып айтыпты:

— Келін, келін, келін бақ,

Келмей жатып сөзім бақ,

Мен келгелі бес жыл-ақ,

Сөйлегенім биыл-ақ! —

Әрине, інім, бұл тәрбие үшін айтылған әңгіме. Ей, жас келіншек, сен бұрын білмейтін, көрмеген елге келін болып ба расың. Барған жеріңде балдай батып, судай сіңуің керек. Олай болуы үшін ең алдымен ауызыңды бақ, тіліңе тыйым сал. Ол әкеңнің үйі емес, тайтаңдайтын. Қыз бала еркелеуі, ерке болуы мүмкін, бірақ әке үйінде де тайтаңдамас болар. Неғұрлым сызылып, неғұрлым ызылып тұрсаң, бойыңды сылағанмен бой бермей кетпесең, кішіні кішідей, үлкенді үлкендей сыйлап, үлкен алдынан көлденең өтпесең, көңіліңе ұнамағанның бәріне бірдей тіліңді жұмсап, олардың жеті пұстысына жетпесең солғұрлым жақсы атанасың, жаман аттан бейдама боласың деп тұрған жоқ па, бұл әңгіме. Шыдамды бол, басқа пәле тілден, әр нәрсеге байлаулы иттей арпылдай берме. Сонда еліңе елеулі, халқыңа қалаулы боласың дейді. Бірақ, інім, тайтаңдау да, қайқаңдау да қазір көбейді ғой. Ал соны ескі дүниеден келді деп айта аласың ба? Рас, әйелдердің бұрын правосы қысаң болған шығар. Бірақ әйелдерге право берілгенде орынсыз тайтаңдау үшін, өзінен үлкеннің, әлде білгеннің тілін алмай қайқаңдау үшін берілген жоқ қой. Керілсе де кердеңдемегені жақсы. Әйел қашанда әйел болу керек. Ол нәзік, үлбіреген гүл сияқты болғанда ұнасымды. Күзгі қурайдай борт кететін құр кеуек, әлде морт болуы қаншалықты өмірге жанасымды. Біз тәрбиені қолдан бұзып жібердік қой. Ерімен шатасқан әйелдің ісі қаралғанда дұрыс болса да әйелдікі дұрыс, бұрыс болса да әйелдікі дұрыс. Сонда бұл не болды. Енді осы кезде әрбір үйден бір-бірден не күйеуімен әлде әйелімен ажырасқан адам кездестіресің. Шырағым, мен діншіл адам емеспін, мен дінге ауылда бірінші қарсы шыққандардың бірімін. Бірақ дінді бұл жөнінде жамандай алармысың? Шынында нақ осы жерде діннің еркекті әйеліне, әйелін еріне байлау жөніндегі пікірін мен жоққа шығара алмаймын. Дін басындағы, оны ойлап тапқан адамдардың да басы болған. Тіпті болашақты ойлауға келгенде олардың басы жұмысты жақсырақ істеп кеткен бе деймін. Неге? Өйткені адам болашаққа қарау керек. Адамның болашағы — баласы. Дін осы балалардың өміріне сіз бен бізден гөрі тиянақты қамқорлық жасаған. Қосылма, қосылған екенсің ажырама деп тұрған жоқ па дін, ерлі-зайыптыларға. Дін басылары еріне қатын, қатынға бай табылатынын білген. Ал балаларға әке табылмайтынын қатты сезінген. Қаншалықты қайырымды өгей әке, қаншалықты жылы жүректі өгей шеше болса да, аты айтып тұрғандай ол өгей ғой. Айталық, інім, күйеуімен ажырасқан әйел екі-үш баласымен басқа күйеуге тиді немесе керісінше болды делік. Өгей шешенің өгейлік көрсеткен бажылдақ ұрысынан өгей әкенің түксиіп жетімге бір қарағаны әлдеқайда өткір, жерге қазық қылып қағып жіберердей болады. Оның себебі әйел адамның қайтымы тез, жүрегінің жылуы да жылдам. Ол жетімге ұрысқанымен от айналмай жатып-ақ балаға жылы қабақ көрсетуі ықтимал. Ал өгей әке бір түксигеннен соң, оның қабағының ашылуы поляр түнінің ұзақтығындай қиын, кілеңдей жібімей қояды. Ал біздің заманымыздағы әйелге жасалатын жақсылық оның тілін шығарды, оны еркектердей жуансіңір, томартебер, тұрпайы жасады. Сол тебірлік тәліміміз Мекембайдың үйінен де келіп шығып еді.

Шынымен Мекембайдың үйі біраз күннен кейін қара жамылды. Төрт ұлынан олар бірінен соң бірінен қарақағаз алды. «Ойпырай сабыны оралмағаны осы екен-ау» десіп жүрді жұрт. Әрине, жігіттердің өлімі сабынның шыланбауына байланысты емес еді, бірақ осындай бір нышанды қазақтар мажардан арқалап, ырымдап келеді. Сабын былғамай-ақ ол кездері түтін сайын қара қағаз алып жатты ғой.

Сабыны бұзылмай-ақ, біреудің ала жібін аттамай-ақ Ольга да Марленнен қара қағаз алды. Ала жіпті білетін бе едің? Қазақта арқанның бәрі ала. Жаңа қонған қой қоралайтын жерге қазақ айналдыра бірнеше қазық қағады да, қазықтардың бастарына арқанды қазықбау шала отырып, керіп тастайды немесе үйге жылан кірмеуі үшін де арқанды айналдыра тастайды. Шамасы арқанның тікендей қадалатын қылынан жылан өте алмайтын болса керек. Егер ұрлық қылатын кісі болса, керген арқанның үстінен аттап өтпегенде қайтеді. Міне, «ала жібін аттамау» — яғни біреудің бір сабақ жібін алмау болып шығады. Қара қағаз! Конвертті қолға ала бергенде-ақ белгілі еді. Менің қолым дірілдеп, дегбірім қашып кеттім. Ольга «Әбеке, сізге не болды?» дей беріп, хаттың сыртқы жазуларын, конверттің ресми штампыларын көріп-ақ отыра кетті. Әрине, осындай хаттар әскери бөлімдерден де келеді. Онда кейде жеке бір жауынгердің ерлігін көрсетіп, әке-шешесіне рақмет айтылады. Бірақ сондай алғыс айтқан хаттардың артынан бірер күннен кейін: «Сіздің ұлыңыз ерлікпен қайтыс болды» деген қағаз да қуа келетін. Менің қолым дірілдеп ашуға шамам келмей, хат сырғып жерге түсті. Ол хатты жерден алуға мен де, Ольга да батылымыз бармадық. Еденде жатқан хатты ұстау бізге қара шұбар жыланды түтумен бірдей болды. Екеуміз де қорқып тұрмыз, екеуміздің көзімізден де жас шыққан жоқ. Еңкейсек беліміз сынатындай, қолымыз хатқа тисе, саусағымыз күйетіндей, есеңгіреп тұрмыз. Тіпті Марленнің соңғы хаты келгеніне жарты ай да болған жоқ. Әкесін соғыста деп ойлайтын ол, хатты шешесіне жазады. Ол былай басталатын:

«...Апа, мен елден алабөтен, осы мен ерлік көрсетейінші деп соғысқан емен. Өзіме сеніп тапсырылған міндетті үнемі үйдегідей, абыроймен атқаруға ұмтылдым. Біреуден артық бірдеме істей қояйын деген ой менде болған жоқ. Тіпті ондай ой болса несі бар, мен соғысқа «халық жауының» баласы болып аттандым ғой. Ендеше жұрттан артық ерлік көрсетіп, ол жабысқан қара дақты жуып түсіруге ұмтылсам несі айып. Бірақ мен ерекшелікке, көзге түсуге ұмтылмадым. Өйткені бұрын алған сабағым бар ғой. Дегенмен, апа, мұнда көзге түскен, ерлік көрсеткен адамның еңбегі еш кетпейтініне жаңа көзім жете бастады. Мен әкем, шешем мүше болған Коммунистік партияның мүшесі болдым. Мен де сіздер сияқты марксизм-ленинизм жолына көзімді жеткізіп, партияға сеніммен кірдім. Бұл жолдан мені ешкім ешқашанда тайғыза алмақ емес. Өмірдің, табиғаттың алай-түлей, түнекті, дауылды-толағайлы кезі болатынындай қиын-қыстауы, тылсымды-жұмбақты шағы бола берер. Бірақ ол мені қалап алған, өзім сүтіндеп, өзім бағдарлаған бетімнен қайтара алмайды. Жарыста артымнан келген адамға алдымен келген бәйгемді бергізбейтіндей, өз сыбағам үшін таласа, керек десе тайталаса алатын дәрежеге жеттім-ау деп санаймын.

Сіздер менің хатыма қарамай-ақ Қазақстанға, мүмкін болса мен туған Алматыға, егер ыңғайы келмесе қалаған жерлеріңізге көшіңіздер. Өз республикамызда ұлтан болайық. Ұлтан болайық, ұл болайық, ұлы болайық, сонда болайық! Соғыстың аты соғыс. Былай қарағанда соңғы күндері соғыста бізге қарсы тұрарлық күш жоқ сияқты. Жау қашып, біз қуып барамыз. Сонда да жолдастарымыздың қазір бары, қазір жоқ. Қазақ атам дұрыс айтқан: кірсе бар лебіз шықса жоқ. Нақ осылай. Сөйлеп келе жатқан, жаныңда жатқан жолдасың бір секундта жоқ. Соғыстың аяқталуына санаулы күн қалды деп шамалаймын. Бүгін Берлин операциясы басталды. Біз фашистің ордасын қоршай бастадық. Енді айнала қоршау болатын сияқты. Енді ордалы жыланның ұясының шаңырағы шарт кетіп, ортасына түсер күні, күлі көкке ұшатын күні тіпті жақын. Дегенмен атың өшкір соғысты біткеріп қалдық білем. Адам өлтіруге қарсымын. Бірақ өзімнің өлмеуім, тірлігім үшін фашисті өлтіруім керек екенін білемін. Жастықсыз жатады екен деп ойламаңыз. Амандық болса көрісерміз. Қош, апа, Владиленаның бетінен сүйіңіз. Ұлыңыз Марлен. 20 апрель 1945 жыл, Берлин маңы». Кеше ғана еді ғой, осы хат келгені деп ойлаймын. Қалай-ақ...

Хат әлі жерде жатыр. Мен Ольгаға қараймын, Ольга маған қарайды. Хатты алуға екеуміздің де қолымыз бармайды. Конверт сыртындағы қара жазу қара жыланның ізіндей көрінеді. Сәлден кейін қолым дірілдеген күйі хатты жерден алып, ауызын жыртайын десем қане қолым жуысса ше, саусағым саусағыма тимейді. Әйтеуір ашып, екі бүктелген жарты жапырақ қағаздағы бесбұрышты штампты көрген соң-ақ Марленнің қайтпас сапарға аттанғанын білдім. Не болса да деп, өзіме өзім бекемдік беріп, қатайып қағаз бетіне көз салдым: «Сіздің ұлыңыз, Марлен Абақұлы Үйсінбаев Берлин түбінде болған кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тапты. Ұлыңыздың өліміне байланысты қайғыңызға ортақтасып көңіл айтамыз...» Мен тым күйрек адам емеспін. Дегенмен бала адамның бауыр еті, талып кетіппін. Көзімді ашсам Владилена басымды құшақтап отыр. Көкірегімді ашып қойыпты.

Шамасы су бүріккен болуы керек. Жейдем су болып қалыпты. Басымды көтеріп едім, Владилена құшақтап айырылмай жылады. Ольга маған қайта көрісіп, көпке дейін солығымызды баса алмадық. Ел ішінде болмағанның ең жаманы осындайда көрінеді. «Ағайын бір өліде, бір тіріде» дейді қазақ. Тіріде кездесетіні тойда өліде азада. «Сыйласуға жат жақсы, жыласуға көз жақсы». Міне, жыласуға ешкім болмады. Мекембай кемпірі Зағипа екеуі де төрт ұлынан бірдей қара қағаз алған соң орындарынан тұра алмай, жүрмей қалған. Оның төртеуі бірдей жесір қалған бақтықара келіндері бірі бау, бірі тау болып басы бірікпей, бытшыт болып жүрген. Сондықтан бұл төңіректе біздің қайғымызға ортақтасып, «байқұстарға обал болды ғой» деп бірге аза тұтысар, кештің біразын бірге отырысар ешкім болмады. Көр ойбай, жер ойбай салдық, бір-ақ Владиленаның ағалап-бауырымдап шырылдап жылағанында біздікі оның жанында түк болмай қалды. Оның құлындағы дауысы шығып, шыңғырғанда жан шыдап тұра аларлық емес еді. Қайтеміз жетпесті қума, демеп пе еді қазақ. Шыдадық. Өлген артынан өлмек жоқ. Бірақ қазақ «атамдатсаң атамдат, ботамдатпа!», «Өлім төтендеп келмесін, төрелеп келсін» деп тілеген екен, мен «ботамдап» қалдым, өлім төрелеп, жол осынікі деп мені алмай, төтендеп Марленді алды. Артымда «атамдап» Марлен қалса арман бар ма еді, бұл қазақ атаулының тілегі емес пе еді. Бірақ ол орнына келіп жатыр ма? Өмір шіркін өкінішсіз өткен бе?

Шұнақ үнсіз отырды. Бұл жолы жас шығармады да, күрсіне де алмады, тығылып қалды. Шынын айтсам, табиғат қандай күшті, бұл қандай қайнатты зауал, тіпті адам баласының дымағында шек жоқ екен-ау, осынша қорлықты, зорлық-зомбылықты, қайғы-қасіретті қалай көтере береді деп мен шыдамнан шығып, егіліп кете жаздап отырдым. Оны білгізбеуге тырыстым. Шал теріс айналып аттарға қараған болды, тостағаны енді ғана толы, ірі қарай беріп, қасын қағып, іркілген жасты домалатып жіберді. Онан соң екі көзінің жасын екі қолының сыртымен ысырды. Көкірегі толып, уһлеп жіберді де, қайта сөйлеп жөнелді:

— О, шіркін қатыгез дүние! Мені сөйтіп ботамдатып кетті. Шарқ ұрып, зар шегіп ерлі-зайыпты екеуміз бірнеше күн тамақтан қалып қойдық. Әрине «кім үшін енді өмір сүрмекпіз» дей алмадық. Өйткені Владиленамыз бар. Владиленаның жылағанына қосыла жылаған Советтің ұлы Кеңес бар. Інім, қазақ жұбату үшін де талай сөз айтқан. «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ», «ауыр жүкті нар көтерер, ауыр қайғыны ер көтерер». Дегенмен, інім, нар да ер де болмай-ақ еріні құрттаған, жалақ, қайғысыз жаман қазақ болғаным-ақ жақсы еді. Амал не! Япыр-ай деп ойладым, інім. Марлен өміріне қарағанда Советтің өмірі де жұбанарлық екен-ау, өйткені артында ұл қалды ғой, тірі тұлға, жақсыдан жәдігер қалды ғой. Інім, бала ғой деп жүрсем Владилена да ақыл тоқтатып, адам болып қалған екен, ол жуған шүберектей оңып, аз-ақ күнде сылынып түсті. Тіпті Марлен өлімі Ольга екеумізден гөрі соған қатты батты.

Ольга енді екі ұлымнан айырылдым, бұл құтсыз қоныс болды, Қазақстанға көшемін дегенді шығарды. Біз майдың үші күні Марленнен қарақағаз алдық, бес күннен кейін соғыс бітті деп жарияланды. Сол соңғы күндергі соғыс менің ұлымды қыршынынан қиды. Ұлымыз Берлин түбінде қайтыс болыпты. «Ұлы Отан соғысы» орденінің екі дәрежесімен де наградталыпты. Бұл соғыста талай боздақ қыршын кетті, соның бір нәубеті біздің басымызға да түсті. «Жұртқа келген селебе, селебені елеме» деген, шырағым. Елегенде де, елемегенде де не, орны толмас қаза оңай ұмытылар ма, мұндай боздақтың өлімі мен сияқты егде тартқан адамның сүйегімен бірге кетер болар.

Енді бұл Қантта естір дат болғанмен күтер хат жоқ. Соғыс толағайы өтті. Екі бірдей ұлымды алып, белімді сындырып, мертіктіріп кетті. «Енді мұнда бір күн тұрмаймын» деп Ольга өмірге өкпесіне Қант кіләлідей көрді. Кешуге мен де қарсы болмадым. Үйі-жайымызды сатып, өтпегенін таныстарға қалдырып Қазақстанға көшіп, қырық алтыншы жылдың жазында Ұзынағашқа орын тептік. Дегенмен өз еліңнің жөні басқа. Бірі амандасамыз деп, бірі көңіл айтамыз деп, тоқты-торымын сойып ағайын-туған күн сайын келіп жатты. Бірақ қайғымызды туған, кір жуып кіндік кескен жер де ұмыттыра алмады. Оны ең алдымен есімізге салып, өкілімізге түсіре беретін Валдилена еді. Ол күндіз де, түнде де қолы босаса болды ағасының қағазын ақтарып, оның суретін, күнделігін көріп егіліп-төгіліп жүрді. Біздің жұбануымыз да оңай емес еді. Қайғымен қан жұтып тағы төрт жылды өткіздік. Сөйтіп жүргенімізде елуінші жылдың июль айында таңғажайып телеграмма алдық. «Алматы облысы, Ұзынағаш селосы, Өзен жағалауы көшесі, 24 үй, Үйсінбаевтарға. Келініңіз қайтыс болды, немереңізді алып кетіңіз. Адрес Ленинград, Сурет академиясы, Селиванов». Мен Ольгаға қараймын, Ольга маған қарайды. Бұл не жаңылтпаш? Нақ осы бір сәтте қолымыздан телеграмманы алып оқыған Владилена айғай салып қуанып, әрі екі көзінен жасы парлап:

— Сүйінші, көке, сүйінші! Менің ағамның баласы бар екен, енді менің інім бар.— Мұның не екенін түсінбей жанына барған Кеңесті құшақтап,— енді сенің інің бар, біз енді үшеу болдық! Ура! деп айғайлады. Ольга да жылады. Бұл әрине қуаныш жылауы еді. Менің де көзімнен жас атып кетті. Менің көзімнен жас шығарған телеграмма емес, Владиленаның қуануы болатын. Советтің баласы Кеңес күндіз-түні бірдей жанында жүргенмен ол жалғызсырап жүр екен ғой. Енді қуанышын көрсең! Ольга екеуміз не істерімізді білмей қатты састық. Сөйтсек Владилена:

— Сіздер бармасаңыз мен барамын. Мен інімді жетім қалдырмаймын! — деп зар қағады. Мұның сөзі біздің жүрегімізді тіліп-тіліп кетеді. Ойлана келіп Ольга екеуміз бармақ болдық. "Қарайық деп жиналып жатырмыз» деп сол кеште телеграмма жібердік те, екі күннен соң поезбен шыққанымыз жөнінде тағы телеграмма жөнелттік.

Жүрдек поезд батыс бетке бізді алып жонелді. Поезға мінгенше Владиленаның асықтыруымен, соның мазасыздығымен күдікке орын болмаған екен, енді поезға отырған соң «осы бір жапырақ қағазға сеніп қайда қаңғып бара жатырмыз» деп ойла. Ешкімге сабағат салмай, ақылдаспай шыққанымыз енді поезға жайласқаннан кейін есімізге түсті. Көкейіміздің түбінде үміт сәулесі, ділімізде күмән да тұрып алды. Дегенмен салбұрынға шыққан бүркітшідей көңілім алып ұшты.

— Әнеубіреу қыз да жылап есімізді алып, ойлауға мұрша бермеді ғой,— дейді Ольга Владиленаның жанын қоярға жер таппағанын есіне алып.— Тіпті кеткенше жанымызды алды ғой.

— Мейлі енді, «жігітке сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл» деген. Көрмеген жеріміз ғой, көріп қайтармыз азар болса. Әйтпесе біздің адресімізді кім іздеп тауып алмақ. Ұзынағашқа келгеніміз де жаңа.

— Жоқ, алдымен хат жазу керек пе еді дегенім ғой.

— Екеуі қосылғалы бірігіп саяхат жасамаған екен, ләззат айын өткізбеген екен, соған бір саяхаттап қайтсын деп біреу телеграмма берген болар,— деймін мен. Ольга жымияды. Өйткені қатты күлуді біз Марлен өлгелі ұмытып қалдық қой. Әрине бұл біздің Алматыдан жаңа шыққандағы ойымыз еді. Енді Москвадан Ленинградқа жүретін поезға мінгенде үміт оты жылтылдап, көңіліміз көтеріле бастап еді. Ленинград біздің болмаған жеріміз. Оған жақындаған сайын жүрегіміз кеудемізге сыймай, тулап, бұлқынып жүріп берсін. Үміт те, күдік те көкіректен қатар орын теуіп тыпыршып келеміз.

Поезд тоқтағанда біздің вокзалды тамашалауға мұршамыз келмеді, шынын айтсақ оған қарауға тағат таппадық. Вокзал алаңынан бір жасыл көз машинаны жалдап, Ленинград Сурет академиясына тартып кеттік. Сурет академиясы кіреберісі өзенге қараған Нева жағалауына салынған, үш қабатты үлкен үй екен. Кіре беріс есігі сырттан қарағанда онша салтанатты емес. Машина тура есік алдына тоқтады. Ольганы қайдам менің жүрегім тоқтамай жиі соғып кетті. Ольгаға қарасам жуған шүберектей, алған телеграммамыз рас бола ма, әлде әуресарсаң болып қайтамыз ба дегендей. Есіктен кіре бере-ақ қарсы жолыққан әдемі әйелден:

— Селивановты қайдан табуға болады,— деп сұрадым. Әйел сәл таңданып қалды да:

— Селиванов алдыңызда тұр ғой, ол мына кісі,— демесі бар ма. Нақ алдымызда жасы жетпісті еңсерген сақал мұртын жіберген, жұп-жұқа қағаздай шал тұрды. Қасы өсіңкіреген, содан болар қабағы түксиіңкіреп көрінеді.

— Мен Селиванов, сіздерге не керек еді? -— Бұл сөз шыны керек, інім, біздің жүрегімізді зырқ еткізді. Өзі шақырған кісі «сіздерге не керек еді» деп айтушы ма еді.

— Сізден телеграмма алған едік. Біз Үйсінбаевтармыз.— Ол біздің бас-аяғымызға әбден қарап алды. Осылар ма, осылар емес пе деп тұрғандай.

— Мен сіздерді ертең келер деп күткен едім. Немереңіз біздің үйде. Ия, айтқандай, документтеріңіз бар ма? Екеуіңіз де паспорттарыңызды көрсетіңіздер.— Ол отыр, біз түрегеп тұрмыз. Ол біздің паспортымызды ала отырып, бірнеше қиқақ сұрақтар берді:

— Келініңіз кім? — Ол бізге сынай қарады.

— Білмейміз,— дедім мен. Енді не демекпін. Шынымен білмейміз ғой.

— Онда несіне келдіңіздер? — дейді ол. Өзі күлімсірейді. Паспортқа үңіле түсті.— Біріңіз орыс, біріңіз қазақ. Қалай сенемін? — Шамасы Селиванов біздің еш нәрседен хабарымыз жоқ екенін, білмейтінімізді де білетін болса керек.

— Шақырған өзіңіз ғой,— Ольга шыдамсызданып кетті. Тіпті байқаймын, жылауға әзір тұр.

— Балаңыз кім еді? — деді шал. Ежіктеуін қоймады. — Екі ұлымыз бар еді, екеуі де...— Ольга кемсеңдеңкіреп барып тоқтады. Шал сынағандай бетіне қарады. Бұдан әрі қинап, жарасының аузын тырнап қайтейін деді ме, шал «отыра тұрыңыздар» деп орындық ұсынып, өзі артқы жағындағы тұрған есікке кіріп кетті. Ол бірер минутта қайта шықты да:

— Ал жүріңіздер! — деді. Шал алда, біз артта. Неваны жағалап келеміз. Соғыс кезінде көл-көсір төгілген көз жастан құралғандай Нева шымырлап ағып жатты. Ол бізге басу айтқандай, баяу. Асықпаңыз-аптықпаңыз, бәрі орнына келеді дегендей Селиванов үйі алыс болмады. Жағалаудағы үйдің біріне кірдік Екі бөлмелі пәтер. Бір жағында біздің келініміз тұрыпты.

— Сіздер кемпірмен әңгімелесе тұрыңыздар. Мен сіздерге қайтар жолға билет алып, бақшадан немереңізді алып келейін,— деді Селиванов.

— Сізге ақша берейін,— деді Ольга қолын қапшығына жүгіртіп.

— Жо-жоқ,— деді шал,— барлығының ақшасы төленген. Сіздер тек баланы, документтерін, бір-екі чемоданды аласыз да қайтасыздар.— Шал шығып кетті. Кемпір көп сөзі жоқ, басалқалы адам екен. Әдетте мұндай жасы келген адамдардың аузына тыйым болмаушы ед, бұл осы әңгімеге кірісуге рұқсат берілмегендей, бұл тақырыпқа қадам салмады. Қала жайын, біздің немереміз баратын бақшаның, вокзалдың алыс-жақындығын ғана әңгімеледі. Шал жарты сағат ішінде қайта оралды. Қолынан жетектеп кірген бала қазақша «ата!» деп маған тұра жүгіріп мойнымнан құшақтады. Қашанда мұндайда қатындардың көз жасы дайын тұрады емес пе, Ольганың ағыл-тегіл болғанын көрсең. Екеуміз де баланы сүйіп, бетіне зер сала қарадық. Марленге тартқан бір жері жоқ.

— Марленге бір жері де тартпаған екен! — деді Ольга қазақша.

— Ольга, бұл кішкентай ұл Ұлтуғаннан айнымай қалыпты,— дедім мен тура соны көргендей қуанышымды жасыра алмай.

— Япыр-ай, рас екен, Әбеке. Сол суреттен аумай қалыпты.— Екеуміз қазақша сөйлеп кетіппіз. Үй иелері — шал мен кемпір бізге тесіліп қарап қалыпты. Шалдың қолында бір топ қағаз.

— Мынау немереңіздің тууы туралы куәлігі.— Мен куәлік жасыл қағазды қолыма алып қарадым. Тек аты, жөніне ғана көзім түсті. Басқасына көз тоқтата алмай оны Ольгаға ұсындым. «Үйсінбаев Ораз Марленұлы» депті куәлікте. Ораз?! Япыр-ай, ғажайып! — Мынау балаңыз бен келініңіздің некелескен куәлігі, олар балаңыз қайтыс болардан екі күн бұрын ғана актіге қол қойған екен. Ал мынау екеуі некелескен соң Берлин түбінде түскен суреті. Мынау ауызы сүргіштелген пакетті сіздің қолыңызға беру тапсырылған. Оны қазір ашуыңызға да болады деген. Бірақ... Нақ осындай пакет мына аузы бекітулі екі жағланның бірінде де болуға тиіс. Қайсысында екенін де айтқан еді, оны мен қазір шатастырып тұрмын. Дәл айта алмаймын. Атың өшкір соғыс есімізді алды ғой. Оның үстіне жас та келіп қалды. Міне, бүгінгі поезға билетіңіз, екі сағаттан кейін поезд келеді. Маған жүктелген міндеттер осылар. Мен барлық істелген, істейтін қызметімнің ақысын алғанмын,— деп шал езбей қысқа сөйледі.— Баланың бір айлық асырау ақысын да алғанмын. Егер баланы алғыңыз келмесе, одан безгендей болсаңыздар, оны он күн ішінде балалар үйіне орналастырамын. Олардың бәрін де келініңіз өзі келісіп, бітіріп кеткен. Мен білсем олар тез келіп баланы алуға тиіс деген келініңіз.

Суретті, пакетті қолыма алып, оны да Ольгаға ұсындым. Бұл жерде де Марленнен қалған жәдігерге Ольга өзі ие болсын дедім. Ол куәлікті алып оқыған соң маған қайта ұсынды: «Үйсінбаев Ораз Марленұлы, бір мың тоғыз жүз қырық бесінші жылдың он бесінші июлінде Ленинград қаласында туған. Әкесі: Үйсінбаев Марлен Абақұлы, шешесі: Сарымсақова Балқия Арыстанқызы...» делініпті. Келін мен Марленнің түскен суретін көріп Ольга ал тағы жыласын келіп... Жылауға бола ма, жылама деуге бола ма?! Баласынан айырылып, ботасынан айырылған боз інгендей боздап жүргенде, жақсыдан жәдігер қалу қуанышы жылатпай қоя ма! Өлгені тіріліп, өшкені жанды деген осы емес пе! Бұл қайғыдан емес, қуаныштан туған көз жас қой. Қуанышта шек жоқ, бір-ақ сағатта жасарып кеттік білем. Біз енді өзімізді сергек сезіндік. Мен тіпті бар самарқаулықтың қайда кеткенін білмей қалдым, саңлақтанып өзімді бір сайыпқырандай көрдім. Байқаймын көзінде жас болғанмен көңілінде қуаныш Ольга қунақы да, жинақы да сияқты.

— Пакетті кейін ашсаңыз да болады,— деді Селиванов шал. Бұл уақыт бітіп бара жатыр дегені екенін жақсы түсіндік. Орнымыздан тұруға қозғала бергенімізде бағанадан бері менің тіземде отырған кішкентай Ораз жүгіріп көрші бөлмеге кетті. Одан бір қағазды қолына ұстап қайта шықты. Қолында айдаудан қайтқаннан кейін Ольга, Марлен, Владилена төртеуміздің түскен суретіміз.

— Мынау менің атам,— деді кішкентай ұл ұсқынсыз Шұнақты қолымен түртіп көрсетіп, орысша. Ольга тағы көзін сығып, Ораздың бетінен сүйді, суретті қапшығына салды да, баланың қолынан жетелеп алды.

— Қош болыңыз, ата, әже! Бізге Қазақстанға қонаққа келіңіздер! — деді кішкентай Ораз үй иелеріне қолын сермеп. Біз де қош-қош айтыстық. Бір сағаттан соң біз балалы болып, басымызға бас қосылып, сонау отыз бесінші — отыз алтыншы жылғы бақытымыз қайтып оралғандай поезд үстінде кетіп бара жаттық. Екі езуіміз екі құлағымызда еді...

Қырық төртке келген Ольганың жұмысы ауырлай түсті. Совет пен Марленді өсіріп еді, енді олардың баласы Кеңес пен Оразды жетілдіруі керек болды. «Менің қартаюға правом жоқ» деп ол күліп қояды. Үйге келген соң дырду той-томалақпен жүріп па¬кета де, жағландарды да ашуды ұмытып кетіппіз.

Екі-үш күннен кейін бір кеште, балалар ұйықтаған соң сыртын сүргіштеген пакетті таңдана, жүрексіне отырып аштық. Ольга хат ішінен бір қағазды алып «мынаны қара» дейді. Аккредитив. Менің атыма жазылған. Бес мың сом. Жалма-жан екі бет дәптер қағазына маржандай әріптермен орыс тілінде жазылған хатты оқуға кірістік. Онда былай депті: «Папа, мама! Көрмей жатып папа, мама дегеніме ғапу өтінемін. Сіздермен мұндай жағдайда кездесемін деп ойлаған жоқ едім. Қайтейін ауру қор қылды. Енді бүгін өлім есік қағып тұр. Сонан соң асықпауға болмады. Жағдайдың қалай болғанын қызыл жағыланың түбінде жатқан көк пакеттен оқып білесіздер. Сіздердің келетіндеріңізге ешқандай күмәнім болған жоқ. Өйткені мен көрген, мен білген Марленді туған, оған тебіз тәрбие берген әке-шеше болса, олар ұрпағын далада қалдырмақ емес екеніне көзім жеткендей еді. Опалы жігіт опалы, мол адамшылығы бар отбасынан ғана шығады. Сондықтан да сіздердің келетіндеріңізге сендім. Оған шүбәм болған жоқ. Келмесеңіздер деп (ғапу өтінемін, папа, мама, мені айыпқа бұйырмаңыз, бүгін бар өмір ертең жоқ, адам баласының басында ондай болмай тұрмайды ғой), Оразды қабылдайтын балалар үйіне дейін дайындап, қолдарына қалалық Советтің Оразды орналастыруға тиісті адамдардың кім екенін де тапсырып кеттім. Мына бір азғантай ақшаны сіздер жолда қысылып қалмасын, жолға қажетке жаратсын деп сыртқы пакетке салдым. Қиылып алдыңызда қызмет көрсетуге, сәлем етуге тағдыр жазбапты. Немереңізге өмір берсін. Сіздердің тұрағыңызды бес ай іздеп зорға таптым. Өлерде ғана. Қош болыңыздар! Сіздерді құрметтеуші, сіздердің балаңыз — Балқия. Ленинград, 10 май, 1950 жыл».

Шай қайнатымдай уақыт Ольга екеуміз сең соққандай сұлқ отырдық. Бірімізге біріміз не дерімізді білмедік. Адамның іші-бауырына кіріп тұрған үшбу хатты жазған адамның Советтің келіншегінен мүлдем бөлек адам екені ойымда тұрды. Бірақ оны сыртыма шығармадым.

— Япыр-ай,— деді Ольга әлден уақытта тыныштықты бұзып,— есімізден танып қала жаздадық-ау. Не деген қайраткер адам еді!

Енді неде болса деп қызыл жағланды ашпақ болдық. Бізді қызықтырған оның ішінде не бар екендік деген емес еді, сандық түбінде жатқан, Балқия өзі айтқан көк пакетте не жазылғаны болатын. Қызыл чемоданды аштық. Алдымен ұл баланың жеті, тоғыз, он екі жасарлық үш костюмі шықты. Тағы да сол жастағы балаға лайықты жейде, ішкі киімдер. Екі әдемі күздік пальто. Баланың кәмелетке толғанға дейінгі киімі жеткілікті екен. Оларға қарамай біз пакетті іздедік. Таптық. Көк пакеттің де сырты, жағлан ішінде жатса да сүргіштеулі. Ол алғашқы қолымызға шал ұстатқан пакеттен қалың да, көлемді де. «Ораз Үйсінбаевтың атасы мен әжесінің ғана ашуына рұқсат етіледі», делініпті сыртында. Бұл сөз Ольганы толқытып жіберді. Оның қолы қайшы ұстай алмай дірілдеп, пакетті мен аштым. Пакет ішінен екі жинақ кітапшасы шықты. Оның бірі менің атыма салынған жиырма бес мың сом жинақ кітапшасы. Екіншісі кішкентай Ораздың атына, алатын мерзімі — бір мың тоғыз жүз алпыс төртінші жыл, яғни он сегізге толатын кезі көрсетіліп салынған. Жиырма бес мың сом. Мұнша көп ақшаны өмірінде қолына ұстау түгіл түсінде көрмеген Ольга қорқып, түсі қашып кетті. Ольга қолы дірілдеп, дауысы да қалтырап хатты да оқи алмады. Мен өзім дауыстап оқыдым:

«Қадірлі папа, мама! Екі кітапшадағы көп ақшаны көріп саспаңыздар. Менің ақшам бұдан әлдеқайда көбірек еді. Шешем — сіздің құдағиларыңыз өлгенде біраз шығындаған жайым бар. Мұндай кәріп болып жатамын, төсек тартамын, сабыт көтеремін деп ешқашан ойламап едім. Өлім деген ит есікті қағып, тыныштық бермей тұр. Адамзат баласы туған соң өлетіні белгілі ғой. Дегенмен өлім мені ерте айналдырды. Маған өлім қорқынышты емес. Мен өлімді, өлікті қолыммен сан рет ұстап көрдім. Тек ертерек, сіздердің немереңізді жеткізе алмай, салдауырдай ауырлықты сіздердің мойындарыңызға артып кетіп бара жатқаным өтіп барады. Менің барлық сырым, Марленнің жазған хаттары, мен жазған күнделік қара чемоданда. Оны жата-жастана жатып оқып көрерсіздер және бір оқымассыздар, әлденеше оқырсыздар. Өйткені көңілдің сағынышын, қара тұман қайғыны сөйтіп арылту керек болар. Сіздер көп қайғырмауға тиіссіздер. Өйткені балаңыздың орнында жас болса да бала қалды. Әзірге айтарым мынау: көрмей, білмей папа, мамалап жабысты деп сөкпеңіздер. Қазіргі сағатта, бұл шоп-шолақ дүниеде Ораздан кейінгі жақыным сіз екеуіңіз. Немереңіздің атын Ораз қойғанымның өзі-ақ сіздерге көп нәрсені аңғартып тұрған болар. Совет өкіметі жолындағы революционер-күрескерлерден Марленнің көбірек, сүйіспеншілікпен атайтын адамы Ораз Жандосов деген кісі еді. Мен ол кісіні білмеймін. Әйтеуір Марлен ол туралы үнемі жақсы сөз айтатын. Сондықтан ат қоюдың біздің семьядағы дәстүрін ұстай отырып, немереңіздің есімін осылай атадым. Сіздердің қайғы-қасіретіңіз менің ортақ болар еншім. Әттең, сіздермен бірге күйініп, бірге күйзеліп, бірге қуанып, бірге уанып отыра алмадым. Бұл күнді көрейін деп пе едім. Көрсетті ғой, фашист сұмырайлар. Жаздың самалалы жайдарысында, аспанның ашығында келін болып түсіп, кездеспек едім, сіздермен. Амал қанша, ақыры өкінішпен тынды. От болып жанған көңілімнің су сепкендей басыларын, асау өзендей тасыған бақытымның құрысқан көндей тартыларын біліппін бе, мен бейбақ. Бақыт, бақ деген соқыр кісі екен деуші еді, Марлен. Сол көзі көр кісі бұрылып адасып, бізге соқпайтын сайраққа түсіп кеткенге ұқсайды. Мүмкін папа, сіздің немереңіз өсіп жетілгенше ол адасқан бақтың да оралар уақыты, кездесер шағы болар. Солай деп кетсін дағы сіздің бақытсыз келініңіз. Сіздердің көзіңіз тірі тұрғанда Ораздың жетімдік көрмейтініне әбден сенемін...

...Менің әкем Лев Ысқақ Дүйсенбаев деген қазақтың заңсыз туған баласы екен. (Анайы сөзіме кешірім өтінемін). Ол кісі осы ғасырдың жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші жылдары Петербургте тұрыпты да, университеттің физика-математика факультетінде оқыпты. Ол мұнда Васильев аралының Кіші проспектінің 12 үйінде тұрып, революциялық қызметі үшін оқудан шығарылып, он бірінші жылдың март айында туған жері Жетісуға кетіпті. Әкемнің айтуына қарағанда ол Шапырашты болысының үшінші ауылының қазағы болса керек-ті. Оның ата-анасы Алматы қаласының өзінде Қырғыз көшесінде өмір сүріпті. Патшаға қарсы делінген, Алматы төңірегіндегі Шапырашты тайпасының бір жуан аталарынан шыққан менің атам қайтіп бұл төңіректі көре алмаған. Әкемнің шешесі осындағы бір белгілі адамның қызы екен. Сегізінші жылы үйінде жүкті болып әкесін, шыққан тегін масқаралағаны үшін, оның үстіне көңілі жарасқан адамы орыс емес, киргиз, өзі патша өкіметіне қауіпті адам болғандықтан қызын үйінен қуып жіберіпті. Менің әкем Лев (Арыстан деп Ораз куәлігіне қазақшалаған мен едім) шешесімен бұралқы иттің күнін көріп, қайыршылық, жалшылық тұрмыста өсіпті. Он екі-он үш жасқа келгенде өзінің тегін біліп Петроградтан Верныйға қашыпты. Қаңғып жүрген тіл білмейтін орыс бала Түркістан өтіп,Әулиеатаға барып біреуге бала болыпты. Сол жерде өзінің Лыков деген фамилиясын (нағашы атасы князь болса керек) өзгертіп, өзін асырап алған Сарымсақов фамилиясын алған екен. Оған бала болып жүріпті. Есін жинап, етегін жапқан соң он алтыға келгенде Алматы барып Приют алаңында тұратын әкесінің шешесін тауып, жылап көрісіпті. Қалып қоюға болмапты, өйткені менің шешем Наргүлге берген уәдесі бар екен. Алматыдан қайтып келе салып Сарымсақовтың он бес жасар Наргүл деген қызын алып қашып, Россияға кетіпті... Қойшы, әйтеуір мен есімді білгенде әкем әскери адам болатын. Шешем екеуінің менен басқа баласы болмады. Мен жиырма бесінші жылы Пензада туыппын. Өмір бақи әскери өмір сүрген адамдарға, бүгін Пензада, ертең Самарада, бүрсігүні Сібірде деген сияқты ақша керек болмаған, дүние жинамаған, сондықтан бәрін кассаға сала берген. Әкем соғысқа осы Ленинградтан подполковник болып кіріп, алғашқы күндері-ақ қайтыс болды. Шешем өмірінің бәрін Қазақстанды бір көруді армандап, былтыр дүниеден өтті. Қырық үшінші жылдың июлінде университеттің тарих факультетінің үшінші курсынан оқуды тастап, жас қазақ офицері Марленге еріп, майданға сұранып кеттім. Марленмен бірге жүрген жиырма ай менің өмірімнің бар мазмұн-мағынасы. Мен папа, мама, сол әдемі күндерді ол дүниеге өзіммен бірге алып кетіп барамын. Ол уақытымның бір күні бір жылға бергісіз. Папа, мама, кейде мүмкін мен онымен бірге соғысқа бармасам ол өлмес пе еді' деп, өзімді өзім айыптаған күндерім де болды. Шынын айтсам, бір күн болса да Марленнің жанында болайын деп едім. Бірақ, ұят та болса айтайын, содан бала сүйгенімді бүкіл ғұмырымның ең бақытты, бұл шоп-шолақ дүниеден барқадар тапқан шағым деп есептеймін.

Папа, мама! Сіздер бәлкім бес жылдан бері неге хабарласпаған дерсіздер. Заңды сұрақ. Ең болмаса шешем өле салысы мен-ақ кетуім керек еді, шешем де солай деп еді. Ол кезде сіздердің қайда тұратындарыңызды білмей аңырдым. Егер сол кезде кетсем де сіздерді тірі кезімде бір көріп, қолымнан бір кес шай құйып беретін едім. Ол кезде қайта түсіп оқыған университетті бітіру қамымен жүріп едім. Өйткені баласының орнындағы баласымын ғой, ең болмаса ата-енемді асырамағаныммен салмағымды, сабытымды салмайын, немерелеріңізді еш нәрседен кем болмай өсуі үшін жарасымды, жеткілікті тұрмыста болайын дегенім еді ғой. Оған жетіп отырмын ба!? Ауру мәшпітімді бітіріп отыр емес пе? Шынын айтсам, папа, мама, бір үлкен, кешірілме»- қате де жібердім. Сіздер баланы алып қойып, жалғыз қалам ба деп қорқып, ақымақтық жасадым. Адам болған соң әр түрлі ойға барады ғой. Менің бұл ақымақтығымды сіздер кешіреді деп ойлаймын, тым кешірілмес күнә да емес қой. Көрмеген соң, білмеген соң, сырларыңызды алмаған соң бәріне көзің жете бере ме? Енді оны айтып айтпай немене!? Бірақ осы арам ойым үшін Марлен алдында кінәлі болып қалдым ба деп ренжимін. Ол менің ұйитын имамым еді ғой, соған шәк келтірдім бе деп қорқамын. Немерелеріңізді сіздерге қолыммен табыс етуім керек еді, алдарыңызда қызмет көрсетіп, жарқын жүздеріңізді көруім керек еді. Оған жете алатын емеспін, дәм-тұзым, көретін жарығым таусылған болса керек.

Марленнің сүйегі Берлин түбінде. Апрельдің жиырма бесінде көз жұмды. Атыс үстінде қайтты. Өзім қолыммен көмдім. Жарты ай жүріп басына құлпытас қойдым. Астына өзімнің атымды жаздым. Сіздерден бұл үшін де ғапу өтінемін. Егер баласы тірі болса, ат жалын тартып мінген соң іздеп барар. Ақшаны әдейі екі кітапшаға салдым. Бұл сіздерге сенбегендіктен емес, өзін сеніп тапсырғанда ақша не тәйірі? Шешемнен де бірдеме қалыпты дегізу үшін істедім. Ол үшін мені айыптай көрмеңіздер. Кеудесі басқаның жаны басқа. Жаның басқа болған соң өлмей қалады екенсің. Сол күндері Баянша бірге өлгім де келді. Онымның әбес екенін ерте ұқтым. Сол ерте ұққаным да игі болды. Баланы туып, Марленнен тұяқ қалдырғаным орынды деп таптым. Онымның әбден дұрыс екеніне күн асқан сайын көзім жетіп, өзіме-өзім шын риза болдым. Бірақ Марленімнің (иемденгеніме кешірім сұраймын) өлімін көтере алмадым. Қайта баланы аман туғаныма таңданамын. Ауру болдым. Ауруым күйіктен болды. Неге ғана бірге, құшағым жазылмай қайтпадым екен деймін. Артынша Оразды ойлап, ол асылықтан қайта қоямын, әддімнен аспайын деймін. Бірақ ауру меңдеп кетті. Ораз үшін-ақ өмір сүруім керек еді, ол қолымнан келмеді. Бір апталық өмірім қалғанға ұқсайды. Ол уақытта сіздерге жете алар емеспін. Соңғы үш айымды сіздерді іздеумен өткіздім. Сіздердің тұрағыңызды тапқаныма бір апта ғана болды. Соңғы күндерімді Оразды сіздерге жөнелту қамымен, сіздер келе алмағандай болса деген іспен өткіздім. Қара чемодандағы пакетті есейген соң Оразға берерсіздер.

Ораз сіздің ұрпағыңыз, папа! Оны өзегіңізді жарып шыққан Марленнен кем көрмейтініңізді білемін. Бірақ Ораздың Марленге титімдей ұқсамағанына қатты өкіндім. Ол маған да, менің әке-шешеме де ұқсамаған. Мүмкін өздеріңіздің біріңізге тартқан болар. Бірақ ол кішкентай ұлды сіздерге қолыммен табыстай алмай арманда кетіп барамын. Оны «ата» дегізіп үйреткен болдым. Менің қазақшам қай бір көп адаммын, тілін өскен ортасы билеп кетті. Жастарыңыз келгенде сіздерді асыраудың орнына бастарыңызға бейнет салғаныма мың кешірім өтінемін. Қош, немерелеріңізді жеткізу үшін ұзақ өмір сүріңіздер! Сіздердің балаңыз — Балқия. 11 июль, 1950 жыл Ленинград қаласы».

Ольга екеуміз тағы да үнсіз отырмыз. Оның да, менің де ішіміз қайнап тұрғаны белгілі еді. Мына хат жүрегімізді суырып алып, есеңгіретіп кетті.

— Адам екен ғой, шіркін, маңдайға сыймаған екен. Бұл Советтің келіншегіне кері жаралған адам ғой,— деді Ольга, солқылдап ұзақ жылады. Сол күні көрер таңды көзбен атырдық.

Інім, біз социализм орнаттық дедік. Өндіріс құрал-жабдығын ұлт мүлкі деп жариялап, бұл қоғамдық меншік десек болады деп ойладық. Адам психологиясын тәрбиелеу таз қалпында қалып қойды. Керісінше бұрын гимназияларда оқылатын әдет-ғұрып сабақтарын жүргізбедік. Адам мінез-құлқы бұрынғысынан көп өзгере қоймады. Жұрттың бәрі Балқия болып туа бере ме. Ал адам қайуан дәрежесінде тұрса, дүниенің молдығы не керек, оны сиыр сияқты таптап өтпес пе? Інім сонау отызыншы жылдары Балқаш бойында Балтағұл, Қожағұл деген екі пысық жігіт болды. Екеуі екі ұрудан Балтағұл Ыстыдан еді де, Қожағұл Жалайыр болатын. Екеуі де ауданның білдей бастықтары. Бір күні 12-ауылға ауыл Совет председателін жібермек болады. Екеуі де әрқайсысы өз туысқанын өткізгісі келеді. Балтағұлдың адамын Қожағұл, Қожағұлдың адамын Балтағұл жібермейді. Бірде екеуі нараду тауып, ортақ бір адамға келіседі. Ол Бүкебай деген үстіңгі ерініне мерез түсіп, құрт жеп, жырық болып, қоян ерінденіп қалған кедей екен. Балтағұл туысқаны болса керек. Бірақ Қожағұлға да бір жекжаттық жақындығы бар екен. Балтағұл мен Қожағұл Бүкебай жырықты ауылдық Совет төрағалығына сайлап, үстіне алты қанат ақ үй көтеріп салыпты. Бір күні қысқа таман ауыл алты қанат ақ орданың шаңырағы ортасына түсіп қалғанына көріпті. Сөйтсе бәрін жұрт жасап береді, бастық болғанның жайы осылай деп екі жалқау — Бүкебай әйелі екеуі үйінде отыра беріпті. Жұрт отын әкеліп бермеген соң алдымен керегенің сағанақтарын жұлып алып отқа жағыпты. Сонан соң мына тұрған кішкене шаңыраққа жүз он уықтың керегі не деп, бір уықтан, бір шабықтан алып шетінен жаға беріпті. Ақыры шаңырақ ортасына түсіп, Бүкебай жырықты үй басып қалыпты. Көрдің бе, інім, адам психологиясына көңіл аудармағанның кесірін. Ал адамның бәрі Балқия сияқты санасы жегілген болса, шаңырақ ортасына түсер ме еді. Егер, інім, ең болмаса Бүкебайдың әйелінің шамалы ақылы болса жоғарыдағыдай жай болар ма еді. Әйел тауып алу оңай, таңдап алу қиын. Ал Марленім келінді келістіріп-ақ тапқан екен, амал не, ол біздің маңдайымызға сыймады. Бізде әйелге әйел деп қана қарайтын жаман әдет те кездеседі. Әрине, әйел әйел болуы керек. Бірақ оған тиісінше көңіл бөліп қамқорлық жасау керек. «Қарамасаң қатып кетеді, бақпасаң мал кетеді» деп аталарымыз жақсы айтқан. Әйел — бір шоқ гүл, оны уақтысымен суғарсаң, күтсең нау тартып ашылып, мау тартып жетіледі. Назар аудармасаң шау тартып қурап қалады. Біз, еркектер әр қайсысымыз батыр болып көрінгіміз келеді. Әйелді тыңдамаған боламыз, оның сөзін алмаймыз деп қампаямыз. Өтірік. Жанында жатқан әйелін тыңдамайтын, оның тіліне ермейтін адам кем де кем. Оның үстіне әйел тәрбиесін де қолдан бұздық. Оны жоғарыда айттым.

«Қатыннан хан да қорқады» дегенді естігенің бар ма? Жәнібек ханның кезінде ғұмыр кешкен Жиренше шешен Қарашаш сұлуға қызыққан ханды ақылмен қатырғанын талай естіген боларсың. Оған Қарашаш сұлудың сүтін ішкізіп құтылған ғой. Хан Жиреншеден жеңіліп қалған соң бір күні оны кемітпек болып: «Қатын тілін алған, одан қорыққан адам адам ба» депті. Жиренше ол күні үндемей хан сарайынан аттаныпты да, араға күн салып, хан сөзін ұмыттырып жіберіп бірде келіп:

— Хан ием, дат! — депті.

— Датың болса айт! — дейді хан.

— Сіздің дүбірлеріңіздің бәрі қатыннан қорқады екен.

— Жоқ. Менде ондай нөкер жоқ. Егер менде ондай дүбір болса, егер олардың қатынынан қорқатынын дәлелдесең бір-бір қой айып ал! — депті хан. Жиренше хан сөзін құп алып кетсе керек. Арада апта өткеннен кейін бір қора қой айдап Жиренше хан ордасына келіпті.

— Қалай екен? — депті хан.

— Міне, бір қора қой әкелдім. Бәрі де қатынынан қорқады екен. Бірақ оны қойыңызшы, хан нем,— депті Жиренше.— Мен ел аралап жүріп тура сізге лайықты бір қыз көрдім.

— Өй, ақырын, қатын естіп қоймасын!

— Хан ием, онда сізден де бір қой! — депті Жиренше. «Қатыннан хан да қорқады» деген осыдан қалыпты. Халық мұны әлде мысқылдап, әлде хан әтуерін кемітпек үшін шығарған болар. Бірақ бұл әңгіменің төркіні әйеліңмен есептесуің керек, тым әуектей, көкірегіңді көтере берме деп тұр ғой. Қазақ көп халыққа қарағанда әйелді еркін ұстаған. Мысалы әйелдің жүзін жасырмауы, еркекпен араласып отыруы, қыздардың айттырып, атастырған күйеуін шануы, тағы тағылар. Бұл қазақтардың мақтануына болатын жай да шығар. Бірақ қазақтың әйелінің жүзін жасырып, оңаша үйге ұстауына оған экономикалық-әлеуметтік жағдайы мұрсат да бермеген. Өйткені жаугершілік, шапқыншылық көріп, аббар көшіп, шет қонып жүргенде сол тәретудің бәрін ұстау мүмкін бе? Сондықтан да қазақ әйелі белін буынып, жеңін сұғынып, аяғына етік, басына күлә киіп, дауға да, жауға да бірге барған. Ол өлсе бір шұқырда, тірі болса бір төбеде болуға, мамырасып жүруге мүмкіндік те, еркіндік те берген. Қазақтың сол қызының бірі Балқия арымен, адамшылығымен біздің ғұмырымыздың ең ардақты жерінен орын алды. Ертеңіне қара чемоданды ашқанда ішіміз қоса ақтарылғандай еді. Одан да бір пакет шықты. Оны баласына арнаған. Сыртында «оразға мамасынан» делініпті. Інім, бір газеттен мақала оқыдым. Онда адам өз баласын кәмелетке жеткізіп, ол он сегізге толғанша жүз жетпіс мың — екі жүз елу мың сом жұмсайды депті. Менімше, інім, ата-ананың балаларына, керісінше балаларының ата-анаға жұмсаған шығыны ешбір өлшемге сыймауы тиіс, ол ақшамен мөлшерленбеуі керек. Өйткені ата-ананың балаға айтқан бір «айналайыны» миллион сом тұрады десең көп болмайды. Бір Америка жазушысы өзінің көкірегін жарып шыққан баласына шығарған шығынын жөргекте жатқан кезінен оның жаялығынан бастап, он сегізге толғанға дейінгі шығарған шығынын жаза беріпті. Сөйтіп баласы он сегізге толған соң «мынаны төлейсің» деп есепті қолына беріпті. Қалай, шырағым, осы да адамшылық па? Міне, біздің қазіргі алдымызға әтуер, бедел, үлгі қылып ұстайтын батыс елдерінің тәлімі! «Таздан жарғақбас туар, жаманнан малбақпас туар, соқырдан көрмес туар, сараңнан бермес туар» дейді қазақ. Егер осы мақал дұрыс болса, жоғарыдағы жазушыны көрген, одан туған бала не оңады, бала алдындағы әкенің құны қанша!? Ондай, баласына істеген жақсылығын ақшамен өлшейтін болса, онда ол баланы дүниеге несін келтірген!? Онда баланы туғызғанына да ақша алу керек шығар. Міне, жоғарыдағы әкені көрген бала не тебір, не жебір болмағанда тебіз бола ала ма!? Ал ержеткен соң кішкентай Ораз Балқияның хатын оқыса, ол оның өміріне азық болады. Оны дана түгіл шала туған бала ақшаға айырбастамас болар. Миллион сомға берер ме ол хатты! Әсіресе көрмеген шешенің хатын торғайдың миындай миы бар адам ақшаға бағалар ма. «Оразға мамасынан» деген Балқия жазуының өзі балаға не тұрады! Неткен көрегендік, неткен батырлық. Өлетінін білген, санаулы күні қалған адамның осынша батылдық, батырлық жасауы, әй, екінің бірінің қолынан келмес. О, шіркін дүние!

Шұнақ шал батар күннің бетіне қарап, телміріп бір сәт отырып қалды. Тағы да сол қолының қарын уқалады. Ал аяғының сүйегі шығып тұрғаны білінбейді. Сол жақ етігінің қонышына қарадым, тігісі сөгілмеген, ақсамайды да. Өзінің маған айтқан сөзіне қарағанда ол ақсап жүруге тиіс еді.

— Інім,— деді Шұнақ.— Ольга Ұзынағаш мектебінде мұғалім, екі немересі де мектепте оқиды. Владилена онжылдық бітіріп Алматыға оқуға түсуге кетті. Биыл, інім, жылдың басында сонау Қаскелең жанындағы «Интернационал» деген ауылға бардым. Сонда бір туысқанымның үйінде отырғанымда үстімізге үлкен ақсақалды кісі келді. Қапсағай, сақалы күректей, ірі адам екен. Кебісін шешіп мәсісімен төрге шығып отырды. Қанталаған үлкен көк көздері маған тесіле түсті.

— Шырағым, неге ақсап жүрсің? — деп сұрады.— Әлде сұлыбыңнан кем бе едің? Қатты ақсайсың ғой.

— Жоқ, соғыста аяғыма оқ тиген, сынған болатын. Сол шоқырайып бітті.

— Орнына түспеген шығар мен көрейінші.— Жасы жетпістен асып қалған адамға көрсетпеймін деуге ұялдым. Сол аяғымның етігін шешіп, сымымның балағын тіземе дейін түрдім. Шырағым, Қапал жолымен Ілеге қарай жүріп көріп пе едің? Егер жүрмесең жүрерсің. Сол Қапал жолында Ілеге жақындағанда сол жағыңдағы жазық далада жалғыз жота жатыр. Кішкене ғана аласа жота — Шошқалы керім далада жайылған жалғыз керіктей салқалау көрінеді. Менің жіліншігімнің үсті де жазыққа біткен Шошқалының жотасы сияқты шоқырайып тұр. Кейде аяғыма қарап, анау сынық сүйек терімді қалай тесіп кетпей тұр деп өзім де таңданатынмын. Басқанда жіліншігім сынып бара жатқандай жанымды көзіме көрсетеді.

— Қане, мына жерге келіп отыршы, анықтап көрейін,— деді ақсақал. Мен төрге оның сол жағына қатарласа-жанаса отырдым. Ол жіліншігімді сыйпап отырды, тобығыма дейін барды.

— Енді шалқаңнан жат,— деді. Ойымда түк жоқ, шалқалап жаттым. Шал аяғымды сыйпап отырып, аяғыма шақ дегізіп бірдемемен қойып қалды. Көзімнің оты жарқ ете түсті, «ойбай» деуге ғана шамам келді. Есім ауып кетті. Бірақ өзіме өзім тез келдім.

— Аяғыңды сындырдым, енді сынықты орнына саламын.

— Шыдап жат, еркек бол! — деп зікінеді. Бірдеме деуге ұялдым. «Оны қайта салуды сенен кім сұрады» деген сөз көкірегімде сайрап тұрды. Үйдің иесі Әбілқасым жаныма жақындап мен бірдеме деп қояды деді білем, үндеме дегендей ишара білдірді. Шал аяғымды әлі сыйпап отыр. Ол енді ештеме істемеді, сыйпай беретін сияқты. Қарауға шама жоқ. Шалқалап жатырмын. Шалдың қолында пышақ. Бірақ менің етімді оның сыртымен ысырып-сипап отырғанын байқадым. Әлден уақытта ол шүңірек көк көздерін маған қадады да:

— Енді ақсамайтын боласың,— деп жымиды. Ол үй иесіне қарап:

— Әбілқасым, алақандай екі тақтай тап, біздің үйден барып жеңгеңнен сұра, бір кесім қазы берсін,— деді. Қозғалуға шама келмеді, басымды көтерсем жаным шығып барады. Әбілқасым әкелген қазыны аяғымның сынық жеріне салды да, үстіне май қағаз, оның үстіне мақтаны қалың салып, дәкемен орады. Оның үстіне жіліншігімнің үстіне біреуін, астына қалың етке біреуін екі тақтайды салып, енді қалың нәрсемен тартып тастады.

— Қозғалма, осы жерде жат! — деді. Үй иесі үстіме тон жауып қойды. Шал орнынан тез көтерілді де, аттап-бұттап үйден шығып кетті.

— Сені құдай жарылқады,— деді үй иесі.— Бұл атақты Түймебай тәуіп қой. Сәті түсті, сенің аяғыңда енді ақау қалмайды.— Әбілқасымның сөзі қамшы болды, ұйықтап кетіппін. Сол ұйықтағаннан екі тәулік ұйықтаппын. Көзімді ашсам, сол орнымнан қозғалмаппын. Бұл биылғы апрель болатын. Үш күннен кейін мені Ольга келіп алып кетті. Бір айдан кейін аяғым жазылды. Жара да жоқ, шоқырайған сынық та жоқ, ақсақтық та жоқ. Енді сап-сау адаммын. Міне, інім, адамға деген қамқорлық. Оқыған пәлен дәрігер тоғыз айда істемегенін оқымаған оташы сыптитып бір айда қалпына келтірді.

— Інім,— деді Шұнақ, әңгімені бітіргісі келді білем, батар күн бетіне тағы қарады.— Аяқ жазылып қалыпқа келген соң ауаткомге барып, әдейі осы колхоздың фермасынан жұмыс сұрап алдым. Енді мені бұрынғыдай екінші топтағы емес, үшінші топтағы мүгедекпін. Жұмыс істеуіме болады. Бұл ферманы неге сұрап алғанымды шамалаған боларсың. Соғыс талай ішегінің қырындысы кетпегендердің бетін ашты. Талай тап жауы тіріліп, ер-азамат азайғанын пайдаланып басшы қызметке өтіп алды. Біздің қоғамымызда санатта қашанда адам тұруы тиіс. Бірақ соғыстан кейінгі кезде адам өлімінен гөрі мал өлімі тез жоқталатын сияқты.

Бұл сөзім, інім, саған ұнамаған шығар. Бірақ шындық солай. Мен осыдан жарты ай бұрын Алматыға барып бір жолдасыма топырақ салып қайттым. Ол кеше айтқан Рахманқұл Райымқұлов еді. Он жетінші жылдан партия мүшесі, он алтыншы жылғы қара жұмысқа алынып, билетті ішкі Россиядан алған. Сол көшеде қайыр сұрап тұрып өлді, жарымай қайтты дүниеден. Әрине, шындық, әділет жеңбей тұрмайды. Әлі қатенің бәрі түзетіледі, кемшілік жойылады. Егер мен Коммунистік партияның ұстаған жолын аздап қана сезсем, мәселе ақиқатына шешілуі керек. Сен өзі «халық жауы» болып сотталып, партиядан шығып жүріп те осыны айтып отыр, бұл шындыққа жанаспайды деп қарарсың. Жоқ, інім. Мен партияға сеніммен кірген кісімін. Мені бұл жолдан ешбір құдіретті күш тайдыра алмақ емес. Неге?

Қазақ топырағында, жалпы адамзат баласының тарихында адамды жарқын дүниеге шығарғысы келген қайраткерлер көп болды. Қазақты да өз шаңырағын көтеремін, ел қатарына қосамын, басына бейбіт күн туғызып, бейқұтшылықта ғұмыр кешкіземін, басқаның тоқпағын жегізбеймін деп, елім деп еңіреген ерлердің талайы арманына жете алмай кетті. Соның бір жарқын мысалын саған айтып берейін де, осы әңгімені бітірейін. Күн де кешкіріп барады. «Көш қатынын көжеге қаратты» дегендей. Әрине, сенің жұмысың жұрттың ойын, пікірін, тіршілігін білу, одан қоғамдық пікір туғызу. Менімен әңгіме де соған кіреді. Дегенмен басқа арнайы тапсырмаң да болуы мүмкін. Сондықтан әңгімені аяқтау жөн. Сонымен халық аузында бар, қағазда жоқ бұл бір әңгіме құлағыңа әлде тиіп, әлде тимеген шығар. Байқаймын сен де кәріқұлақты, кәртамыс бала сияқтысың. Айталық қазақтың қамшысының қанша таспадан тұруының да заңы бар. Соның өзі де жұрттың басын құрап, ел қылуға бағытталған. Қазақтың қамын жеген үш бірдей ұлы адамы Төле, Қазыбек, Әйтеке әрқайсысы өзіне қараған елінің басын құрау, жорғы ретінде қамшы жасатыпты. Бір күні қазақ халқының бесігі Қаратауда үшеуі бас қосып:

— Ал қалай болды? — дейді Төле Қазыбекке.

— Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ, Керей алты арыс болғандықтан алты таспа қамшы жасаттым,— депті ол.

— Дұрыс,— депті Төле,— аты қасқатіс болсын. Ал сен ше? — дейді Әйтеке биге қарап.

— Мен ыңғайын келтіре алмадым,— депті ол.— Байұлы, Әлімұлы, Жетіруды алайын десем үш-ақ таспа. Қатынның бұрымындай қамшы бола ма? Ал Байұлы он екі, Әлімұлы алты Әлім, төрт Шөмекей — он, Жетіру — жеті, бәрі жиырма тоғыз таңбаны қоссам, қамшы емес, дойыр болады. Сонан соң сіздермен ақылдаспақ едім.

— Өзің батыр елсің, саған дойыр лайықты,— деп қалжыңдапты қаз дауысты Қазыбек би.

— Қоя тұр, қалжыңды, ел болу ісі қалжыңды көтермейді. Жетірудың немесе Тама, Табын, Кердері, Керейт, Рамадан,

— Телеу Жағалбайлының басын қосатын жерің бар ма?

— Жоқ,— депті Әйтеке би.

— Ендеше болды ғой, жетеуі жетеу, Байұлы, Әлімұлы екеу, тоғыз таспа жаса! — депті Қазыбек.

— Олай етсем жетеуінің арасы алыстап кетеді,— дейді Әйтеке.

— Оның да жөн. Ойлан! — депті Теле би.

— Ойлан! — депті Қазыбек.— Ал сізде қалай болды? — деп Төле биге қарапты.

— Сегіз таспа!

— Неге алтау емес пе? — деп қосарлана айтыпты Қазыбек пен Әйтеке.

— Сегіз! — депті Төле би,— Төбейден тарайтын Қаңлы, Шанышқылы — екі, Ойсылдан тарайтын Сіргелі, Шақшам — екі, Үйсіннен тарайтын Ақсақал, Жансақал — екі. Бәрі алты.

— Болды ғой,— дейді Қазыбек.

— Жоқ, келіп үлкен үйден көже ішіп тұратын екі інісі — Ортаншы мен Кішіні есептеп екі таспа қостым,— дейді Төле.

— Төсекте басымды, төскейде малымды қосқан қайран бауырым! — деп Қазыбек би ағасын құшақтай алып жылап жіберіпті. Сонымен ұлы жүз ұстайтын сегіз таспа — бұзаутіс қамшы осылай шығыпты.

Көшпелі елдің билері бұдан әрі тәкбір жасап қазақтың басын қосады деп, Абылайға да қамшының таспасын санап ұстатпақ болыпты. Басқасы айқын болған соң Әйтекені шақырса, ол «жиырма тоғыздың бәрін қосамын» депті. Сонан соң Кіші жүз — жиырма тоғыз, Орта жүз — алты, Ұлы жүз — алты, бәрі қырық бір болыпты. Тәкбірлескен билер нараду тауып, қазақ біткен тегіс қосылуы керек деп төре, төленғұт, қожа, сунақ деп төрт таспа, аталарымыз үш тектен құралған — сақ, ғұн, түркі деп оған үш таспа, бәрі қырық сегіз таспаға келісіпті. Ол машина жібіндей етіп тілініп, өзегіне жіңішке қамысқа құйылған қорғасынды былғарыға орап салып, жыланбауыр етіп, жиырма төрт таспаның ізімен өріп Абылайға ұстатқан дейді. Көрдің бе, інім, сөйтіп қамшы салдауырлап ардақтаса да, Абылай қазақтың ел болуына ерен үлес қосқанымен басын тегіс құрай алмады. Сонау заманда өткен Тоқа, Тәттімбеттің күйлері күңіреніп халықтың мұң-зарын шерткенде ел бола алмай еңірегенін, егілген-күйзелгенін бүгінгі күнге жеткізген жоқ па!? Бұл да олардың қазақты ел болып, басын біріктіруге үндегендігі, ұйыстырғысы келгендігі емес пе? Сонау Атырауда туған Құрманғазы Жетісуға келіп «Алатау», Арканы кезіп «Сарыарқа» күйін шығарғаны еріккендіктің ермегі, серілік-салқамдықтың саяхаты емес болатын. Қазақтың сайқын кең даласында, Алатауда, Арқада елің, жерің бар, оларды да біле жүр, ол сенің емшектес бірге туған қарындасың, қандасың, соның бірлігін, соның тірлігін ойлай жүр, жалғыз басы ит те күн көреді, сопа басыңды ғана күйттеп, қорыттап кетпе деп тұр ғой. Соның бәрі өрісің бөлек болғанымен өренің, өндірің тату болсын, түтінің түзу шықсын деді ғой. Бірақ армандарына жете алмай өксіп-өкініп, күйініп-күйзеліп кетті. Інім, қазақ жігіттің жеті түрі болады деп есептейді. «Әуелгі жігіт арыстан, несібесі алыстан» дейді. Мен ондай пыран киіп, пырақ мініп, жау түсірген, жұрт айран-асыр болатын асқан ерлік көрсеткен адам емеспін. Азамат соғысына да, Ұлы Отан соғысына да қатыстым. Екі рет жараландым. Не үшін соғысқанымды білдім, оғым кімге тиіп жатқанынан бейхабар болдым. Соғыста сабаттағаным болса да самарқаулығым, салғырттығым болған жоқ. Мен немістің «тигрін» тіліп түстім дей алмаймын. Демек, мен арыстандықтан алыспын. «Екінші жігіт данышпан, хабар алар ғарыштан» десе, мен оқуға қолын мезгілінен кеш сермеген, талабым болғанмен табандап оқи алмаған, оған мұрсат да берілмеген сауаты аз адаммын. Әлемнен хабар алар, жердің, аспанның сырын ашар ғалым, инженер немесе астроном бола алмадым. Оқымаған кісіден ақылды адам шығуы мүмкін, данышпан шығуы екі талай. «Үшінші жігіт ғалисан, ғалисан деген сол болады, тілінің қызығы мол болады. Көрсетер көпті қызығы, ділінің болмас бұзығы» делінсе, бұл жерде діл деген көңілінде ешкімге деген қаяуы, кірбіңі жоқ, ақ жарқын, идеясы таза деген мағына атқарып тұр. Сөз жоқ, мен идеяма берік адаммын, ешкімге арамдық, алғалдық еткен емен, бірақ алдыңғы жағы менде жоқ. Ол бір қарқуардай асқан шешен, әлде жұртты уытты сөзімен, оңтайлы өнерімен ерітіп, елтітіп жіберетін жазушы, артист болса керек. Мен керісінше оған доғалдаумын, шешендік, ақындықтан марқұммын. Ендеше үшінші жігіт те болмағаным. «Төртінші жігіт түз жігіт». Дәлірек айтқанда несібесі салымы ылғи түзден болатын, үйде жүргенінен түзде, яғни ат үстінде жүргені көбірек, елдің еркесі болмаса да серкесіндей дейтін жігіт деген сөз болуы керек. Ал білесің, шырағым, бізде бүгін бәрі еңбекпен келуге тиіс. Серке санды ат мініп сергелдең жолына түспегенмен селтеңдеп белсенді болған едік. Бірақ оның арты өкінішпен, өксікпен мұнасып, мұңға батқызып кеткен жайы бар. Оны әңгіменің өнбойында айттым. Сондықтан мен бұл түз жігіт те бола алмаймын. «Бесінші жігіт қыз жігіт», яғни қыздай мінезді, биязы, сырбаз. Бұл майыстырып, марапаттап сөйлеп жүріп-ақ дегеніне жететін, мәмілелеп отырып мән-мәнісін табатын жігіт деген сөз болар. Мен оған оу баста табиғат-тағдырым кері жаралған-ау деймін. Өйткені жетім қалып, кек сақтап, дық ұстап, күн көрісі күнелтуден аспаған адам қыз жігіт болуы қиын. Егер ондай болсам екі құлағым бүтін болар еді. Қыз мінез байларға кырын келмес еді, «тек жүрсең тоқ жүресің, домаланып көп жүресің» дегендей Ұлы Оқтябрь революциясы болғанша бай ауылда малшы-жалшы қалпында қала берер еді. Содан соңғы екі жігіт — «Зорға туған бір жігіт, сорға туған бір жігіт». Мен зорға туған да жігіт болмаймын. Өйткені бұл қыздардың «ой, жігіт болмай жидіп қал!» дейтін адамдары, яғни қолынан түк келмейтін, өзінің басын зорға алып жүретін біреу. Екі күн шолған әңгімемді естіп менің кешкен ғұмырымнан хабардар болған адам бұл топқа мені жатқыза қоймас. Ал «сорға туған» — тумысында, тіпті зарпынан біреуге масыл шығар. Тіпті ол ең жақсы болғанда өз сыбағасына өзі құлдық асатын мүскін болса керек. Ондай сорлы болмағанымды да екі күнде бажайлаған боларсың. Ондай сорлының «Жандосов жау болса, мен де жаумын» деу қолынан келе қояр ма екен!? Ол кез келген тіршілік иесінің алдына түсіп, құрдай жорғалап, сол ақ десе ақ, қара десе қара деп митыңдап, есекше баса берсе керек-ті. Мен бұл қазақ көрсеткен жетеудің біріне де жатпаймын. Мен жүрерде сүтіні, беті бар, айтарда өті бар, арды-намысты қолдан бермеген, «ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген, ақиқат шындық жолында басы кетсе де бас тартпайтын большевик болдым. Коммунистік партия тапсырған істі екі айтқызған жоқпын, оны тек айтқандай ғана етіп тындыру-біткеру жеткіліксіз екенін де сүтіндеген, бағдарлаған, сезген адаммын. Сондықтан оны ақылмен, оймен, творчестволықпен, жасампаздықпен жүзеге асырып отырдым. Бар саналы өмірімді осыған бағыштадым. Неге?

Жоғарыда айттым, інім, адамзаттың, қазақтың игі жақсылары жүз ойланып, мың толғанып, ақылын таусып елін ел қыла алмады. Ісірібі тоқтастан іргелі ел болу дәуірлер, ғасырлар бойы шешілмей келгенде, ежелден еркіндік аңсаған, бостандық жолына жанын қиған қазақты Ұлы Октябрь социалистік революциясы ғана бағаналы-байсалы ордалы, терезесі басқалармен тең ел етті. Бұрынғылар сөзімен қара тасты бауырдай балқытқан, аузымен құс ұстаған шешен, елінің ебейін батырға балаған көсем болса да коммунистік идеяны, оны жүзеге асыратын пролетариаты, оны теориялық жағынан қаруландырып, жарқын жолға бастайтын жұмысшы табының авангарды — маркстік-лениндік партиясы болмаған еді. Міне, інім, еліңді ел, өзіңді ер, төбеңді тау, бастауыңды қол қылған, есіктегі басты төрге, халқыңды басқа жұртпен үзеңгі қағыстыруға жеткізген Коммунистік партияның идеясының жүзеге асуына соның бәрін біліп тұрып мен жанымды салмағанда кім салмақ!? Әрине, тыңнан салған жолда түйе тас, қой тас, шоқалақ болуы заңды, көп әділетсіздік, қиындық, сабыт болғаны да рас. Бірақ мен мәңгі осы жолдан ғана табылармын.— Шұнақ шал дүниені нұрға бөлеп, қызыл шұғыласын әлемге жайып тұрған күн бетіне қарады. Орнынан тұрды. Месті, дастарқанды жинап тастың қуысына тықты. Екі атты әкеліп ерттеді.

— Тартпасын мықтап тарттыңыз ба?

— Мен тартқан айыл босамақ емес! — Екі ат та тым ширақ, шұнақ шал да тым қунақ еді. Аттар ілгері аршындай басты. Алдымда ат үстінде отырған ағаның тұрпаты мен тұлғасы маған салбұрынға шығардағы тұғырдағы ақиық-мұзбалақ тау қыранындай елестейді. Ол бейненің ұлы Ленин типтес большевиктің бейнесі, Алатаудай мызғымас алып бей не екеніне күмәнім жоқ еді. Абақ ілгері тартып бара жатты...

ЭПИЛОГ

Сол елу үшінші жылдың күзінде Абақ Үйсінбаевтан хат келді. Ол дабыл бойынша «Көкөзек» колхозындағы ферма меңгерушісінің ауылшаруашылық Уставын бұзып жүргенін тексеріп мен «Тоқтыны қоздатады, торайды жейді» деген фельетон жаздым. Арада ай өткенде артель Уставын бұзушының орнынан алынып, жауапқа тартылғаны туралы жауап та келді...

Арада зымырап бес жыл өтіп кетті. Шұнақ шал да, тау үстіндегі әңгіме де ұмытылып кеткен болатын. Қоңыр күз еді, редакцияда отырғанмын. Есік тықылдап біреу кіруге рұқсат сұрады.

— Кіріңіз! — дедім мен. Мойылдай қара костюм, ақ жейде, қызыл-қоңыр галстук таққан, таныс адам кіріп келеді. Артық еті жоқ, сылыңғыр адам, екі езуі екі құлағында. Ғафу етіңіздер, құлағы біреу. Абақ Үйсінбаев.

— Мен сізді таныдым,— дедім мен.

— Мен де сені білдім,— деді ол сол қолының қарын бір уқалап қойып. Мен орындық ұсындым. Отырды.— Міне, енді мен сенімен, інім, тең отырып сөйлесетін партияның мүшесімін. Мені КПСС Орталық Комитеті шақырып, партиялық билетімді қайтарып берді, тура Москвадан алдым. Келе жатқан бетім осы...

Оның партиялығына, коммунистігіне менде зәредей шүбә жоқ еді, ол Алатаудай айқын да, мәртебелі де еді.

1968—1980 ж.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз