Жер бетінде, бәлкім, әлемде аптаның ақырғы екі күнін ұнатпайтын тірі жан табылар ма екен, а?! Әй, сірә табылмас. Сондықтан әлгі ойын сыртқа шашау шығармайды. Балалықпен көңілденген сәтінде әлдекімдерге айтып қоймайыншы деп те, өзімен өзі тұйықталып, өзімен өзі тістесіп, бөлектеу жүрегенді жақсы көреді. Ешкімге қосылғысы келмейді. Қосылғанда да артық ауыз әңгімеге жоламайды. Жәудіреген көзіңе қарап па, әлде қас-қабағыңнан ба... әйтеуір, адамның ішкі ойын жазбай оқып қоятындар да кездеседі деседі ғой. Бәли, ондайлардың қолдарына түсіре көрмесін, түсе қалса Елубайды «Балалар үйінің» бар баласы тұс-тұстан жабылып, жүндей түтер. Көзге шыққан сүйелдей боп, содан соң жұртпен араласуың да қиынға соғар. Ал не істейсің, көптің аты — көп; сені көргенде сырттай тыжырынып, кірпідей жиырлатындарын қойшы, ұзын дәліз бойымен тып-тыныш өз жөніңмен кетіп бара жатқаныңда олай өткен мен былай өткеннің байқағансып, иығымен қағып өтетінін қойшы. Оның бәріне шыдайды, әрине.
Шыдамайтыны — ертең балалар екі жақ боп футбол ойнағанда мұны ешкім командаға қоспай қойса, масқараның көкесі, әне сонда! Футбол десе ішкен асын жерге қоятынның нағыз өзі — Елубай. Дүние жүзіндегі аяқ доп шеберлерінің аты-жөндерін, қарсыластар қақпасына қайсысының қанша доп соққанын, атақ-дәрежелерін, керек десеңіз, жылдық жалақы мөлшерін де Елубайдан артық білетіндер сирек. Жылтырақ журналдардың бірінші бетіне басылған әйгілі футболшылардың суреттерін ерінбей-жалықпай жинап жүреді. Осы ыждағаттылығының арқасында өзгелерге қарағанда шоқтығы биік. Және доп қуалағанда да бір орында тұрып қалмай, арлы-берлі зыр қағып, үнемі алдыңғы шептен табылады. Әдіс-айланы орнымен қолданады. Терлейді. Жан-дүниесі жадырап, көңілі көтеріліп, әлде қандай жұмақ әлемді шарлап кете барады бір уақ. Міне, сондайлық рақаттан көзбе-көз айырылып қалса, төңірегін лезде қайғының қара бұлты тұмшалап алмай ма?! Сенбесеңіз, мына сылағы түскен ескі ғимараттың атшаптырым сүреңсіз бөлмесінде жападан-жалғыз түнеп шығыңыз! Шыдай алмайсыз. Жұмыр басыңа науалап құйылып жататын кәкүр-шүкір керексіз ойлардың қайдан пайда болатындығын және түсінбейсің. Түбі жоқ тұңғиық бір пәле. Қанша қайсарлаңсаң да түртінектеп жүріп, бір осал тұсыңды тауып ала қояды. Үйдің төбесінен аққан күзгі жауынның суық тамшысы тас тесер. Әлгі тосын ойлар да сол тас тесетін суық тамшылардан аусайшы. Миыңды бұрғылай береді, бұрғылай береді. Тіпті кейде жүрегің аузыңа тығылып, тоқтап та қала жаздайды. Сондайда жалаң аяқ, жалаң бас ай далаға тұра қашқың келетіні бар. Бірақ тұра қашқанда қайда барасың? Түнгі қаланың ыңырсыған жыртыкеш әуені Елубайдың жалғызсырағанын қайтсін, үйреншікті даңғырасын қағып, жынойнағын одан әрі жалғастыра береді. Сызды ауа тұла бойыңды құрсаулап, тоңазыған соң ылғалды топырақ үстінде қашанғы тұрасың бүрсеңдеп, қара көлеңкелі қуысқа қарай зып бересің ақыры.
Ал соның бәрінен аман-есен құтқаратын жалғыз амал — футбол. Елубай оның құпиясын жақсы түсінген. Ағыл-тегіл терлеп, әбден сілесі қатып, қолды-аяққа тұрмай есі шығып, кірпігі әлең-әрең қимылдайтындай боп шаршаса, есесіне түнге қарай тұяқ серіппей қатып ұйықтайды. Ертеңінде сәскеге таман сергек оянады... Не істейсің, жоғары сыныпта оқитын команда капитаны Елубайдың әлгі жан түршігерлік жаман ойын сезіп қояды да, алаңға жуытпайды. Сынып жетекшісі Гүлдария апайдың қолынан не келеді? Бергі жағымен, онда да ұстаздық парызым ғой деп немкеттілеу рай танытқанымен түптің-түбінде Елубайдың бұл «шпиондық әрекетін» құптай қоймас. Сұмдық қой мұнысы! Тірі жан ара түсе алмайды мұндайға. Елубайдың мәселесі мейлі, ООН-ның мінберінен қаралсын, халықаралық ұйымдардың талқысына салынсын, бәрібір Елубайдікі адамзат өркениетіне жасалған қарсылық боп есептеледі. Ақылға сыймайтын әрекет. Мұндай пікірмен қалайша ұялмай-қызармай жер басып жүреді десеңші, қалайша мемлекеттің әкелік қамқорлығының арқасында қысылып-қымтырылмай, балалар үйінде тәрбиеленеді десеңші?! Міне өстіп, әлгі ойлары ақырында аяусыз қыспаққа алады Елубайды. Бір қарағанда мұнда тұрған еш сөкеттік те сезілмеуі мүмкін... Ай, қайдам, адам өз-өзін арашалауға келгенде тиімді әдісті тауып алуға шебер ғой. Ақылға салыңыз, қала орталығындағы осы бір сыртқы сылағы түскен сүреңсіз үйді мекендейтін тірі жан иелері, Елубаймен бірге тұратын балалар, тәрбиешілер қауымы, оны айтасыз зәулім шаһардың кәрі-жасы, ізгі ниетті күллі әлем халқы аптаның ақырғы екі күнін іштерінен тынып асыға күтеді емес пе?! Со күндерден үміттенеді, жеке бастың шаруасын да сенбі мен жексенбінің иығына жүктейді. Ең болмаса, алаңсыз тынығатын болдық-ау деп, апта аяқталғанша шыдамдары түгесіледі. Сөйтіп бәрі-бәрінің ниеті бір нүктеге тоқайласады: «Армысың, аптаның қырғы күндері!» Осы бір жазылмаған ұран әркімнің кеудесінде күй секілді күмбірлейді. Ал ағысқа қарсы жүзген қиқар балықтай жалғыз Елубай ғана аптаның қырғы күндерін көргісі келмейді! Мұнысы қалай? Ай, Елубай, Елубай!..
ХХХ
Бөлмелесі әрі жібектей мінезін жақсы көретін мына Күнділдәні де ара-тұра ұнатпай қалатыны бар. Неге ұнатпайтындығын өзі де тап басып айта алмайды. Сірә, бір жерінен кемшілік көретін болар. Сонда немене, Елубайдың өзі мінсіз, титімдей кінәраты жоқ, тура таза алтыннан құйыла салған адам ба?!
Мінекей, сенбідегі сабақтан соң кішкене бой жылытып алайыншы деп темір кереуетті сықырлатып, көрпенің арасына кіріп кеткен Елубай Күнділдәнің әрбір қимыл-әрекетінен көз алмай, тым-тырыс бұйығып жатыр. Қозғалғысы келмейді. Арлы-берлі аунақшып, оны-мұнысын жинастырып, кей-кейде өзімен-өзі сөйлесіп, арасында ыңылдап әндете ме немене, әйтеуір терезенің алдына бір барып, одан оқыс бұрылып сөмкесіне дүйсенбінің кітаптарын салып, тыпыршып жүрген Күнділдәдан бірнәрсе сұрауға да батылы жетпейді. Батылы жетпей ме, әлде өзіне жайсыз тиетін ызбай жараны тырнап алармын деп қауіптене ме, одан да өстіп Күнділдәнің тақтай еденді өкшесімен тесіп жіберетіндей дүңкілдетіп, арлы-берлі жүргенін естіп, үн-түнсіз жата бергені жақсы. Әйтпесе, жанашырлықпен айтылатын бірді-екілі ескертпе тіл ұшын түріп-ақ тұр.
—Күнділдә?!
—Ау...
—Үйіңе барған соң бәрін ұмытып, дүйсенбідегі бірінші сабақтан кешігіп қалма!
—Не, не дейсің?!
—Не деуші ем, сабақтан кешікпе деймін.
Әне, көрпенің астынан басын шығармайтыны сол ғой, мұның үлкен кісілерше қамқорсығанын келемеждеп, енді қайтіп сыртқы сылағы түскен балалар үйінің табалдырығынан аттамайтындай, керек десеңіз, екеуінің түннің бір уағына дейін ұйықтамай, дұрысы — ұйықтай алмай, ананы-мынаны айтып, ертеңінде шаршап-шалдығып әрең оянатындығын да еске алмауға тырысып, бірер сағаттан соң жұмақтың ортасына топ етіп түсе қалатындай жүрегі алып-ұшып, аузы-басын қисаңдатып, Елубайды сыртынан мазақ қып тұрасына кім кепіл. Одан Елубайдың несі кетеді, тек әйтеуір, әлгі шын жанашырлығын дұрыс түсінсе жарады да. Жасырып-жасқаудың керегі не, Күнділдә математикадан нөл! Тасбақа жүріске де ілесе алмайды. Ал бірінші тоқсанның қортындысы шығар күн таяу. Егер бақылау есептен Елубай көмектеспесе, жағдайының мүлдем тұйыққа тірелетін түрі бар. Көптің алдына шығарып, «Қожанов, амал есепті, алып-қосуды қашан үйренесің?» деп мұғалім екі бүйірін таянып алып ұрысып жатса, артқы партада отырған Елубай да қарадай-қарап қиналып бітер еді. Жон арқасы шымырлап, әлгі қорлыққа әзер шыдар еді. Бірақ бұл тұрғанда оның есіне амал есеп жайын қайтіп түсірерсің. Өзін әкетуге келген ескі мәшине қақпадан бері бұрылғанша тыпыршып, бір орында тыныш тұра алмайды.
— Кешікпе, кешікпе!.. Көкем де сенің сортыңнан. Дүйсенбінің таңы атар-атпаста мәшинесін даярлап күтіп тұрады есік алдында.
— Ол кісіні көке деймісің... Көке. Аты кім?.. Е, ендеше Мейрам аға десең жараспай ма?
Осы тұсқа келгенде Елубай еріксіз тілін тістейді. Өз басына титімдей пайдасы жоқ, көди-сөдиді сонша қазбалап не жыны бар еді! Өгей әкесін қалай атса олай атасын! Ойпыр-ай, адамдар қалай өзгереді-ай, а?! Көрпенің астынан басын шығармастан Күнділдәні де, Күнділдә секілділерді де жақтырмайтын себебі сол ғой, әнекей, сенбі күнгі сабақтан соң бөлмелестерінің аяқ астынан өзгеріп шыға келетіндерін айтам да. Пойыз күткен жолаушылардан бетер. Күбір-күбір, жыбыр-жыбыр. Терезенің алдына кезектесін күзет қоятындарын қайтерсің. Күзетшіңіз шекарадағы қолдан үйретілген иісшіл иттерді жолда қалдырады. Жә, оның несін ежіктейді. Балалар үйінің сықырлауық қақпасы, шекара -- сол, содан ішке кіргендердің кімге келгені, кімнің жұлдызы жанып, артына қарайламастан, егер байқаусыз қарап қалса біреу ұстап алатындай, әлгі үлкен кісіні асықтырып, кімдердің сол қақпадан талтаңдап шығып бара жататыны — Елубайдың көкірегінде қолмен қойғандай сайрап тұр.
— Есжанов, қайдасың, сенің апаң, жаңылмасам мына кісі тура сенің апаң! — «Күзетшінің» дауысы құлағыңды жарып жіберетіндей, жаңғырып естіледі. Өмірде аса сирек кездесетін жақсылықты ақы-пұлсыз Есжановтың үстіне үйе салғандай, содан соң кекірейе қалатынын қайтерсің әлгінің.
Сенбі, сенбі күні дегенмен тірі адамның тіршілігі түгесіле ме. Балалар үйіндегі «жетімегін» жетектеп үйіне әкеліп, жуындырып-шайындырып, ішкі киімдерін ауыстырып, тамақтың ең тәттісін де соның аузына тосуға тырмысқанымен, кейбір ата-ананың ойламаған тұстан шаруасы шығып қалады. Балаларды уақытша үйлеріне әкету шарасының көзбе-көз кестесі бұзылады. Ондайда меңгерушінің атына арыз жазып, шала бүлініп жатқаның. Онысы қиямет тұрғанымен. Мұндағылардың жағдайлары белгілі ғой; бірінің әкесі, не бірінің шешесі жоқ, болғандары да болымсыз біреулер. Немесе балаларын баға алмай, ата-ана құқығынан айырылғандар. Сөйтіп көздері жәутеңдеген мына секілді жүгірмектер амалсыз балалар үйіне тоғытылады. Дегенмен қолдарынан анау айтқандай түбірлі жанашырлық келмесе де, балалар үйінде тәрбиеленгендердің де ертең зіңгіттей-зіңгіттей азаматтар боп, санатқа ілігіп кететіндерін естен шығаруға бола ма?! Бұлардың алыстан қосылатын ағайындары болса да бұл маңайға аракідік ат ізін салып тұратындар жетерлік. Біреу әке жағынан, біреу шеше жағынан туыс. Бірақ ата-тектері өзгеше. Меңгерушінің де жүрегі тас емес, жібиді. Үй-ішілік ахуалды, екі тәулік болса да балалардың кәдімгідей тыңайып қайтатындығын жақсы түсінеді. Қолхат пен қоса құжат тастап кетесіз амалсыз...
Бейтаныс, қайдағы бейтаныс, кімнің артынан кімнің келгендігі бұларға бес саусақтай белгілі.
— Жүнісов, барсың ба, дәуде болса мына кісі саған келген.
Тыпырлап Елубайдан басқалары терезеге лап қояды. Себебі, «күзетшіңіз» күмәнді. Жүнісовке емес, ол басқа біреулерге келсе ше. Күн кешіккен сайын балалардың кейбірі күллі дүниеден күдер үзгендей мұңая бастайды. Зәудегі ыбыр-жыбыр әңгімелер де сап тиылады. Елубай ондай оқиғалардан әзірге бойын аулақ ұстаса да, сол күбір-күбірді ынтызарлықпен тыңдағысы, тыңдай бергісі келеді. Аузынан сілекейі шұбырып, ашқарақтана жұтынады.
... — Сен білесің бе, менің апам шебер аспазшы ғой, үлкен мейірамханада жұмыс істейді. Түркияда оқыған. Өзінің отбасылық клиенттері бар. Кейде солардың үйлеріне барып та тамақ пісіреді. Бірақ бізді де ұмытпайды... Эх, қазір барамын да бірден тамаққа кірісемін. Бүгін асхананың түстігін әдейі ішпедім. Сондай тәттілер тосып тұрғанда, асқазанды сылдыр сумен толтырып не бар.
— О-хо, айтасың-ау, менің әжем пісірген бауырсақты жесең ғой.
— Ал біздің үйдегілер тамақты қандай ыдысқа пісіретіндігін білесіңдер ме?
— Қайдан білейік...
— Во! Алтын жалатқан кастүрөлге.
Сұңқылдап тұрған бұл кім-ей, Сейілхан-ау шамасы. Алтыншы «а»-ның класкомы. Аздап мақтаншақтығы болмаса дұрыс бала. Үсті-басын күтіп ұстайды. Елубай ұшып тұра жаздап барып, өз-өзін әзер тежеді: «Сенің алтын жалатқан кастүрөлің өзіңе! Бәлкім, оның астына от жағудың да қажеті болмас. Ет салсаң бітті, бұрқ етіп өзі қайнайды. Сейілхан есіңде болсын, ендігі жерде алтын астау туралы ертегіні тіліңнің астына жасыра тұр. Оны үйіңе барған соң айтарсың. Ал бізге қазақтың қара қазанына пісірілген астан асқан дәм жоқ. От так, түсін осыны!»— Елубайдың айтпағы осы еді. Өзін өзгелерден салмақты ұстағанына да іші қып етіп, ұялғансиды. Бірақ онысын сыртқа шығармайды. Әр сөзін, нығарлап, шегелеп айтады. Құдды бөлмеге қарт меңгерушінің көшірмесі кіріп келгендей. Балалар да Елубайдың кейде өстіп, ересек кісілерше ақыл айта жөнелетіндігіне таңғалады. Бәлкім кейбірі ұнатпас, шешенсігенді көпшілік ұната қоя ма?! Жә, Елубай олармен есептесіп жатпайды. Десе де мынадай қара көлеңке тұмшалаған кешкі уақытта бір үміт сәулесі оң бүйірі жақтан жылт еткен секілді болады. Тым бет шарпитын аса қызулы болмаса да.
Міне, бірер сағаттан соң бөлмелестері сырттағы темір қақпаның суық тұтқасын ұстамастан, алқын-жұлқын жүгіріп, жан-жақтарына қарауға да үлгермей, тұс-тұсқа тұра қашады. Бөлмеде, тіпті дағырадай балалар үйінде Елубайдың жалғыз қалатыны кімнің есіне түссін. Жылы үйге кіргендерді буы бұрқыраған ыстық тамақ күтіп тұратын болар, ыстық тамақтан бұрын ағайын-туғанның айналып-толғанғанына жететін не бар! Елубай бұл ықылас-пейілден ешкімді қызғанбайды. «Мен не, солардан сорлымын ба, мені үйіне апарып, айында-жылында бір түнетіп шығатын иман жүзді пенденің табылмағаны қалай?» деп те тағдырына өкпелемейді. Әу бастан соған көндіккен. Бала емес пе, жалғыз қалғанда ептеп көңіл босайтыны рас. Ондайда қайдан тап болатын қайсарлық десеңші: кірпігіне ілінген мөлдір тамшыны жейдесінің жеңімен сүртіп тастайды да тілін тістеп, жұдырығын тастай түйіп, темір кереует үстінде шалқасынан түсіп, әлгі бір әлсіздік толқыны бойынан түгел тарағанша тыпыр етпестен жатады да қояды. Он, не он ес минут. Сол уақыт аралығында талай оқиғалар да еске түседі. Бөлмелестері шетінен мешкей емес шығар, ет желініп, шай ішіліп болған соң, диванға жайғасып, үй ішіндегілермен әңгіме-дүкен құратын болар. Балалар үйінде қалай тұрып, қалай оқып жатқандары да біраз «тақырыптың» өзегіне айналар. Арлы-берлі тұзы татымсыз сұрақтарға да жауап берілер. Тәртіп, тәрбие мәселесі... Кенет, бұл ненің құдіреті шырағым-ау, әлде көзге көрінбейтін космостық биотоктың әсері ме, ту-у-у, темір қақпаның ар жағында жатқан Елубайдың тұла бойы күйіп-жанып, бір рақат күйге түсіп кетеді-ай! Екеуара диалогтың ұзын-ырғасы Елубайдың құлағына да айна- қатесіз естіледі. Сөйлеп жатқан бұл кімдер-ей! Есжанов па, Қожанов па? Жә, кім болса о болсын, маңыздысы ол емес, маңыздысы...
— Бізбен бірге Елубай деген бала тұрады ше.
— Қайдан келген, әке-шешесі кімдер?
— Әке-шешесінің кімдер екенін қайдан білейік, ал өзі сұмдық алғыр. Сабақты да жақсы оқиды. Футбол ойнағанда да алдына жан салмайды. Қайдағы жоқ әдеби кітаптарды да тауып алғыш. Бәріміз бір жылдың төліміз ғой, бірақ оның ой-өрісі, өмірге деген көзқарасы бәріміздікінен биік, бәріміздікінен жоғары. Біздің сөздік қорымыз жұтаң ғой, ал Елубай қай тақырыпқа болмасын желдей еседі.
— Аты кім?
— Елубай.
— Әке-шешесі ақыл тоқтатқан шақта дүниеге келген бала болды-ау шамасы.
— О жағын білмедік.
— Неге білмейсіңдер. Бірге тұрасыңдар, ретін тауып оның өмірбаянын білуге неге тырыспайсыңдар?
— Бір-екі рет сұрастырып көргенбіз, әке-шешесі туралы жарытып ешнәрсе айтпады.
— Бәлкім... артынан ешкім келмей ме сонда?
— Іздеп келгендерді де көре алмадық. Одан өзі де үміттейбейтін секілді. Себебі, біз сенбідегі сабақтан соң кезектесіп күзетте тұрамыз ғой. Кімге кім келгенін дауыстап хабарлаймыз. Ал Елубай ол кезекшіліктен мүлдем бас тартқан. Одан әрі біз де қинамадық.
— Қап-ай, а?! Дегенмен болайын деп тұрған бала. Әлден сендерге ақыл үйретсе. Елдің ертеңі соларға байланысты әсілі. Ондайларды өмір ерте есейтеді. Енді оншақты жылдан соң көрерсіңдер... Атын кім дедің... Елубай! Сол Елубай сендерге қамқоршы болады түптің түбінде. Бәріңе бірдей жұмсақ кресло табыла бере ме?! Қызмет таба алмасаңдар қайда барасыңдар, салып ұрып Елубайды іздейсіңдер. Баяғыда бір бөлмеде тұрып, бір тілім нанды бөліп жеп едік қой деп, жағдай айтасыңдар. Аумалы-төкпелі дүние ғой.
— Шын айтамысыз?
— Шыным. Ол баланың ертең кім болатындығы қазірден белгілі. Ертең Елубайдың алдына барғанда «сендер баяғыда мені жалғыз тастап кетуші едіңдер ғой» деп осы сатқындықтарыңды беттеріңе басып жүрмесе...
— Елубайға сатқындық жасаған кім бар?! Өзі ғой...
— Не өзі ғой. Мәселенки, мына сен «менің осы қалада ағам тұрады, бірге жүр, бір қазан тамақ бәрімізге жетеді ғой» деп үйге шақырдың ба?
— Жоқ.
— Әнекей, ел тірегі болатын баланы жападан жалғыз бөлмеге тастап кетесіңдер. Ұят бұларың.
— Ол бәрібір шақырсаң да келмес еді.
— Алдымен шақырсаңшы, келмесе өзінен көрсін.
— ?
Елубайдың тұла бойы балбырап, рақат күй кешеді. Ояу ма, ұйқыда ма — белгісіз. Бір жұмақ әлемнің қойнына біртіндеп кіріп бара жатады, кіріп бара жатады. Жан-жағы жап-жарық, жымыңдаған жұлдыздар...
ХХХ
Сенбіні әупірімдеп өткіздім бе дегенде, жер бауырлап жексенбісі жетіп келеді. Жексенбіде жұрт ұлан-асыр той қамына кіріседі. Балалар үйі маңынан да қызылды-жасылды лентаға байлаған ұп-ұзын мәшинелер сырнайлатып, кернейлетіп арлы-берлі жүйкіп өтеді. Қолы бос адам не істемейді, алғашында ермек үшін қызықтайыншы дегенмен, келе-келе Елубайдың көз алдында өтіп жатқан әлгі көріністер бір түрлі жүрегін сұққылап, шымырлатып ауырта бастайды. Ай, осынша сезімтал боларсың ба, Елубай?! Сол ұзыннан-ұзақ шұбатылған кортедждегілер қызды-қыздымен мәшине төбесіндегі терезені ашып тастайды да, кеуделерін сыртқа шығарып, жұрттың бәріне «міне, бізді көрдіңдер ме?» дегендей көзсіз мақтанышпен жөн-жозықсыз айқайлап, бірін-бірі итермелеп, даурығады да жатады. Турасына көшкенде той қызығына берілген бір қауым ел сенбіні дағырадай бөлмеде жападан жалғыз өткізіп, беті-қолын жуып, төсегін тап-тұйнақтай жинап, енді төменнен, бірінші қабаттағы асханадан естілетін шақыруды тағатсыздана күтіп отырған Елубай деген бала барын, оның өздері секілді аста-төк тойға қатыспақ түгілі, ертеңгілік асты тәпелтек бойлы, жұмаланған кексе қатын қалай берер екен деп, аз-маз уәйім жейтінін қаперлеріне алса жақсы-ау! Қайдағы, қайдағыны көкігені несі ит жегір! Со жағын бес саусақтай біле тұра Елубайдың қабырғасы сөгіліп, үрен-сүренін танымайтын біреулердің амандығын тілейтінін айтам да! Есептің адамы болса Елубай сөйте ме, тойлары шекеқызбай төбелессіз, тартыссыз, айқай-сүреңсіз тыныштықпен өтсе, көптің тілегі періштенің құлағына шалынып, жас жұбайлар тәту-тәтті өмір сүріп, кешікпей іңгәлаған нәрестенің дауысы естілсе — Елубайдың арман-мақсаты мүлтіксіз орындалар еді. Былай қарасаңыз, мұныкі де сау адамның тірлігі емес, дәл осы араға арман-мақсатты тықпалаудың қажеті қанша?! Елубайдың осыдан басқа арман-мақсаты жүзге аса қалып па еді? Тым боркемік, тым жалпақшешей. Көңілшек. Мәшиненің төбесіндегі терезеден кеуделерін шығарып, зікір салғандар той өтетін мейірамханаға бір пәлеге ұрынып қалмай, жетіп алса — Елубай да ертеңгі асты, мейлі мың жерден суып қалса да шабыттана ішер еді-ау.
— Оу, барсың ба? Шақырусыз-ақ жүкіріп келсең бір нәрсең кете ме?! «Тағыңнан түсемісіңді!» амалсыз кері жұтады. — Аспазшының жаздай жадыраған күлкісін кім көріпті. Сол баяғы үйреншікті қатқыл қабақ. Бәлкім, Елубай біреулерге ілесіп, екі күн демалысты сыртта өткізсе — таң бозынан тұрып, бүйтіп шала бүлінбес-ті. Тәртіп. Бір бала қалса да тамақ пісіруге мендеттісің. Аспазшы да адам ғой, оның да кеңірдектен алатын мың-сан шаруасы бар. Сол шаруалардың дені демалыс күндеріне дөп келеді. Елубай да осы кісіні бекер қинадым-ау деп іштей қапаланады. Мына заманда біреуге кесіріңді тигізу, көлеңкеңді түсіру — қандай жаман! Бірақ «апай, маған бола әуреге түспеңізші, қалған-құтқанды өзім-ақ жылытып жеймін ғой» деп айтуын айтқан, алдынан өткен. Тыңдамады. Екі көзі шатынап, аяқ-табақты сатыр-сұтыр лақтырып, шала піскен ботқаны Елубайдың алдына кәдімгі доп домалатқандай итере салады. Келмеуге шыдамы жетпейді. Балалар үйінің меңгерушісі қапыда сарт ете қалса, тілге келместен жұмыстан босап қалуы да ғажап емес. Ал оның Елубай үшін айлықтан қағылғысы жоқ. Жерден алып, жерге салып, қарғап-сілесе де ішінде. Қанжылым сорпа, сары май жағылған екі-үш тілім қара нан, екі түйір жұмыртқа, қалайы шәйнектегі қара шай — Елубайдың түскі, кешкі тамағы.
«Маған не дейсіз, апатай. Осы қалада ет-жақын туысым болса сізді сандалтып нем бар. Анамды да сырттай сойып салатын шығарсыз. «Бауыр ет — баласынан безген безбүйрек!» Ол өз шаруаңыз. Маған салса анамды да жазғырғым келмейді. Әкем жол апатынан қайтыс болған. Кінә кімнен болғанын қайдан білейін. Анам байғұстың: «әкең кісі қолынан мерт болды» деп қолды-аяққа тұрмай шырылдағаны әлі есімде. Есімде, біраз нәрсе сол күйі түсіме енеді. Әкемнің мүрдесін жер қойнына бермес бұрын «соңғы рет қоштасып қал, бірақ жылама, мықты бол, жыласаң көрмейсің» деп бір кісінің әкем жатқан суық сарайға жалғыз өзімді ертіп апарғаны да есімде. «Сен жігіт болдың, бәріне шыдауға тиістісің» деп жұбатқанын да ұмытқаным жоқ. Әкемнің қан жуған жүзін көргенде қанша жерден қасарыссам да шыдамадым, бәтеңкеме ыстық тамшылар тырс-тырс тамып жатты. Сол, сол-ақ екен, анамның қалың қауым арасынан қалайша сытылып шығып, жаныма қалай жетіп келгендігіне қайранмын. Жұрт «Қаншайымды ұстаңдар, ұстаңдар!» деп даурығып жатты. Ол алқын-жұлқын келді де өлік үстіндегі ақ жайманы жұлып алды. Әкемнің дене мүшелері бөлек-салақ шашылып жатыр. «Көр, анықтап көріп ал, жауыздықтың қалай жасалғандығын біліп жүр» деп түк айыбым болмаса да желкемнен нұқып-нұқып жіберді. Кейін... біздің үйге қызыл жағалылар келгіштеп жүрді. Анам «әкеңді қастандықпен өлтірген мыналар» деп, мен танымайтын біреулердің аты-жөндерін атап, тұс-тұсқа арыз жөнелтумен болды. Бірақ одан еш нәтиже шығара алмады. Нәтижеден бұрын «шешең жынданған» деп, екі-үш мәрте «жедел жәрдем» мәшинесімен ауруханаға әкетіп жүрді. Онда айлап, апталап жататын. Ақыры сол науқастан түзелмеді. Кейін ішімдікке салынды... Қазір өлі ме, тірі ме білмеймін. Қарындасым Клараны шетелдіктер асырап алған...
Жұртты мезі қылатын жарапазан. Бәрі ішімде, бұл туралы тірі жанға тіс жаған емеспін. Сүйінші сұрайсың ба?! Сырттай ғана аяушылық білдіріп, мүсіркегеннен басқа олар саған не істейді. Кімді кінәлайсың, маңдайға жазған тағдыр. Әне, көрдіңіз бе, үлкен кісілерше толғанып кететіндігімді өзім де аңғармаймын. Ал аспазшы апай ботқа пісіргендігін бұлдап, мені әлі де балаға санайды...»
— Ішіп болсаң тәрелкелерді жина!
Ұзақ ойдың сонарына түскен Елубай ащы дауыстан селк ете қалады. Артынша ес жинап үлгереді де, жексенбіде жалғыз өзі үшін сонау жерден сандалып келіп, тамақ пісіретін апайын іштей соншалық ұнатпаса да бетіне қарап жымиып күледі: — Алаңдамаңыз, ыдыс-аяқ деген не тәйірі, асхананың еденін де жуамын, ауланы тазалаймын, тамақ қалдықтарын аулаққа апарып төгемін. — Елубай робот секілді тақ-тақ етеді,— ішкен-жегенімді ақтауым керек қой өстіп.
Апайы манағыдай емес, көзәйнегінің үстінен «айтып тұрғаның рас па, өтірік пе?» дегендей, бір есептен Елубайды да әлгі сөзі үшін жақсы көріп қалғандай таңданыспен қарайды: — Саған сенемін, — дейді сәлден соң, — бірақ кім біледі, меңгеруші жетіп келсе. «Елубайды екі күн қара жұмысқа жегеді екенсің ғой» деп төбеме әңгір таяқ ойнатып жүрсе. Аш құлақтан — тыныш құлақ.
— Өйтпес, әрі-беріден соң ол кісінің бізден басқа да тірлігі бар шығар. Әрі бүгін жексенбі.
— Ендеше... Сен түбі жаман бала емессің. Жаман болу да қолыңнан келмес. Бәріңді сырттарыңнан қарап, бақылап жүремін ғой.
Асхананың тақтай еденін Елубай әдемілеп жуады. Асықпайды. Асығып қайда барады. Бөлмеге кірудің өзі бір азап. Жаныңда тілдесетін тірі жан жоқ. Терезе жақтауына қонақтайтын кептерлерге не айтасың?! Қатқан нанның қиқымын шашып, таласа-тармаса, бірінің үстіне бірі мінген қимыл-әрекеттерін қашанғы қызықтайсың. Сосын біреу күтіп тұрғандай далаға атып шығасың. Төңірек тым-тырыс әрі қорқынышты. Тақтай басқышпен алқына жүгіріп, екінші қабатқа қайта көтерілесің... Әйтеуір, осы жексенбіден аман құтылса, ертең мұның бәрі көрген түстей ұмытылады. Тағдырластары екі күнгі тамашалаған қызықтарын, ішкен тамақтарын... құдды Елубайдың алдында есеп бергендей бірінен-бірі асырып, тоқтаусыз айта береді, айта береді. Елубай бәрін аса құштарлықпен, тыпыр етпестен тыңдайды. Біреулердің балалықпен бөсіңкіреп жібергендерін де аңғара қояды. Кешіреді. «Неге олай, неге бұлай?» деп те қарсы сұрақ бермейді. Ертең көреғал, Күнділдә өгей әкесінің адамгершілігін, дүйсенбідегі сабақтан қалмасын деп таң азаннан тұрып, мәшинесімен осында әкеп салатындығын, ол кісінің атын атамай, ылғи «көке» дейтінін, отбасында тату-тәтті береке барлығын тілі жеткенше таусыла «жырлауға» тырысар.
«Көкең тамаша адам болса, сені неге балалар үйіне жібереді, а?!» дегенді айта жаздайды да ішінен тынады Елубай. Әркімнің маңдайына жазылған тағдыры солай, ендеше кімді кінәлайсың?!..
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі