Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін талғампаздығымен көрінген Тәкен Әлімқұлов соңғы жылдары әдеби баспасөзде тым сирек көрініп жүрді. Көркем творчестводағы талғампаздық ештеңе ұнамайтын, ештеңеге көңілі құламайтын, нені оқып, нені көрсе де ауызынан жылы сөз шықпайтын марғау кінәмшылдықтан атымен аулақ. Суреткерге тән талғампаздық — өзі өмірін арнаған өнер жолын өліп-өшіп сүю, қауымның назарына ұсынылатын әрбір сөздің құны төмендеп, қадірі түспеуіне қам жасау, өз жаның мен өз көкірегіңді аямай таптап, оқушыңды рахатқа бөлеу — қысқасы, оқушы қауым алдындағы үлкен жауапкершілік. Тәкен Әлімқұлов соңғы жылдары аз көрінсе де саз көрінді. Оған жазушының жаңа кітабы «Сейтек» айқын айғақ.
«Сейтек» талантты жазушымыздың тағы бір жақсы табысы болғандығымен ғана емес, әдебиетте өз жол, өз соқпағын, өз өрісін ұзақ жылдар сарыла іздеген салихалы прозашының дегеніне жеткенін, өз өрісін сөкті тауып, өз өресін дәл мөлшерлегенін көрсете алғандығымен қуантады.
Әдетте тапшы талант талғампаз болмайды; ондайлардың жатса-тұрса ойлайтыны — барымен базар қылып, қатардан қалмаудың, кеуделеп болса да ілгеріден көрінудің қамы. Тәкен таланты тапшы болмаған соң да талғампаз. Оның еңбекшілдігі — бұрқыратып кеп жазатындығы емес, не жазса да көп толғап, көп тебіренетіндігі.
Осынау кішкене кітап та — лапылдаған шабыт пен шын шебердің екі шұқып бір қараған ыждаһатты еңбегін телі емген туынды.
Тәкен Әлімқұлов осы бір жапырақ кітапта соншалықты таусылып таңдай қағатындай не тауып, не ашып жүр?«Сейтектегі» Әлімқұлов — прозашының «Ақбоз аттағы» Әлімқұлов — прозашыдан иесі озық, несі артық?
Әлімқұлов — прозашының басындағы эволюциялық өсуді айқынырақ тану үшін алдымен «Ақбоз атқа» тоқталуға тура келеді. «Ақбоз атта» Т. Әлімқұлов қоғамдық болмысты, әлеуметтік ортаны сыртқары алып суреттемей, сол болмыс, сол ортаның өкілінің психологиясына, рухани дүниесіне бойлау, әлеуметтік-тарихи шындықтың адам тағдыры мен адам санасындағы кескінін бейнелеу талабына бой ұрғанын танытып еді. Бұл жаңғыз Т. Әлімқұловқа ғана тән мінез емес, соңғы жылдардағы прозамызға түгел ортақ мінезді. Бірақ, бұл талапқа бой ұрғандардың бәр-бәрі ойлаған жерден шығып жатпайтын. «Ақбоз атты» да кемеліне келіп, шаршысына толған шығарма деуге аузымыз бармайды. Т.Әлімқұловтың алғашқы романында ізденіс үстіндегі, өмірдің өрелі-өрелі мәселелеріне жаны ауыратын жас адамның жан-дүниесіндегі рухани процесс көрсетілетін. Оның геройы өзінің тағатсыздығымен, маңайындағы болмыстың ең бір майда құбылысына дейін елеңдеп қарайтын елгезектігімен ұнайтын. Кейіпкердің мұндай елгезек сезімтал мінезі авторға қазіргі қазақ ауылының өткені мен бүгіні, өскені мен өшкені, лирикасы мен драмасын молынан қамтуға қолайлы жағдай жасаған-ды. Бірақ, «Ақбоз атта» көп құбылыс қамтылғанмен, соның бәрі жеріңе жете терең қамтылды деу әбестік болар еді. «Ақбоз атта» айтылатын этикалық, әлеуметтік эстетикалық проблемалар сала-сала сараланып көрінгенмен, соның бәрі бір үлкен арнаға тоғысып, гармониялық үйлесім жасай алмап еді. Өйткені, сол құбылыстарды көріп, толғанатын кейіпкердің өзі ондай кемел биікке көтеріле қоймағанды. Роман қаһарманының төңірегін түйсінуі, ізденіс-толғанысы әлі де болса енжарлау кейіп танытатын. Оның естіген, білген, көрген құбылыстарындағы драматизм, қаһарманның сол құбылыстарға түйсінген реакциясындағы драматизмнен әлдеқайда басым жатады. Сөйтіп, кейіпкер көріп жүрген көп құбылыс, көп драма, көп проблема оның көкірегіне қызық шежіре боп орныққанмен, жүрегіне шер-шемен қиян-кескі арпалыс, азап болып дарымап еді. Бұның өзі қаһарман басындағы ізденісті жүйелі зерттеу, ақиқатты танып-білу жолындағы белсенді күрестен гөрі енжар бақылауға, самарқау фиксацияға, ал ізденіс үстіндегі қаһарманды өмірдің көзі көргеннің бәрін жіпке тізіп жүрген әншейін сырт көз бақылаушыға айналдырып жібергенді.
Әдетте әдебиетте көрінетін жаңа проблема жаңа характер, жаңа адам арқылы көрінбесе, өмірлік соны шындық, соны характер шындығына айналмаса, көтеріліп отырған проблема, көрсетіп отырған құбылыс мың жерден жаңа болса да, үйреншікті схемалардың орнына келген жаңа схема болып шығады.
Өмір құбылыстарына психологтің көзімен қарайтын суреткер ең алдымен сол құбылыстың барша озғыны мен тозғынын, кемелдігі мен келеңсіздігін көре білетін кейіпкерді табуы, тануы қажет.
«Ақбоз аттың» сыншылары Т. Әлімқұловқа оның бұл елеулі кемшілігін атап көрсете алмады. Т. Әлімқұлов оны өзі байқап, өзі таныды.
«Сейтектегі» повесть пен әңгімелердің көтерген проблемалары, бояу әлемі, өмірлік құбылысқа суреткерлік көзқарасы жағынан «Ақбоз аттан» атымен кереғар кетпеген; жазушы романда жеріне жеткізе алмаған жағдаяттарын әңгімелерінде дамытып, романда тек сұлбасы, бұлдыр жобасы көрінген көп мәселені жаңа кітабында басын аша, бояуын қанықтыра суреттеді.
Автор бұл жинағына да романындағы адам және қоғамдық болмыс, адам өмірінің мән-мақсаты, шын азаматтық бақыт пен шын азаматтық қасірет проблемаларын өзек еткен. Жазушы бұндай әлеуметтік мәселелердің өмірлік шешімін көз келген жұмыр басты пенденің басынан емес, көкірегінде азаматтық дерті мол, үлкен арман, үлкен мақсат жолында өмір кешетін суреткерлер тағдырынан іздейді.
Т. Әлімқұлов қаламына ілігетін адамдар қашанда кем қанағат, кем тағат жандар. Әлімқұлов геройлары көбіне-көп өмірден опа таппай жәбір-жапа көрген жаралы жандар көрінуі де мүмкін, бірақ ол тек ұшқары көзге ғана солай. Егер Т. Әлімқұлов геройларының жан-дүниесіне тереңірек үңілсек атымен басқа қасиетті, басқа сипатты танимыз. Олар жеке басының бақыты мен бақ дәулетіне ашқарақтанған тоғышарлық эгоизмнен атымен аулақ. Адам және қоғам проблемасын тек қоғамдық ортаның адамға жасайтын, әлеуметтік моральдық ықпалынан ғана іздесек, онда мұндай өрелі проблеманы тым үстірт, тым бір жақты қарастырған болар едік. Адамзат қоғамын сан жылдар бойы толғантып келе жатқан бұл проблема қоғамдық орта жасайтын қолайлы, қолайсыз ықпал мен адам бойындағы азаматтық инициативаның гармониялық үйлесім жасай білуіне тікелей байланысты. Бұл үлкен әлеуметтік проблеманың жемісті шешілуінде әрбір адамның азаматтық өресі де аз қызмет атқармайды. Әр адамның өзінің азаматтық орнын, азаматтық парызын, өз өмірінің мән-маңызын түсіне білуі, үлкен азаматтық өреге көтерілуі оп-оңай жүзеге аса қоймайтын күрделі де шытырман процесс. Шын азаматтық бақыт пен шын азаматтық қасірет ең алдымен осы өмірлік проблеманың қалай шешілгеніне, байланысты. Көп ретте адам басындағы ең үлкен, ең мәнді, ең өзекті драматизм де осы арнада туындайды. Т. Әлімқұлов осынау өмірлік проблеманың драмалық, тіпті трагедиялық кескінін көрсетуден де тайсақтамайды. Ол бұл драманың қоғамға байланысты жерін де, адамға байланысты жерін де үлкен жітілікпен ашады.
Т. Әлімқұлов қаһарманы — пенде емес, адам. Пенде — қоғамдық ортаның қалыбында соғылып, қоғамдық ортаның ықпалында кетіп, ығына жығыла беретін, өз ырқы, өз еркі жоқ жан иесі. Адам қоғамдық ортаның құлқын тану үстінде оны жақсартып, жаңғыртуды көксейтін күрескер рухтың иесі, қоғамдық болмыстың бірден-бір саналы өзгертуші күші. Пенде не істесе де дәуірге, уақытқа арқа сүйейді; қылмыс екеш қылмысын да уақытқа, дәуірге артып ақталады. Олар еш уақытта өзінің азаматтық орнын, өз өмірінің азаматтық мән-маңызын ойлап басы қатпайды. Ал, адам үшін өмірдің мән-маңызы — азаматтық жауапкершілік. Азаматтық жауапкершілік адамнан қандай қиын жағдайда да, қандай қиын кезеңде де әділеттің басынан аттамауды, қиянаттың аяғына жығылмауды талап етеді. Т. Әлімқұлов тарихты адамдардың осындай қаһармандық күресінің шежіресі деп біледі. Ол шын адамдардың қашан да күрескер, қашан да азамат болғанын жырлайды. Сондықтан да ол бағзыдағы оқиғалардан бүгінгі күннің де өзек күйдірер дертін таниды.
Сейтек сарыны. Әлдеқашан өмір сүріп кеткен атақты күйшінің көкірегін жарып шыққан әуен оның бүгінгі ұрпағының да көңіліндегі көп жайды қозғайды. Баяғы күйші мен бүгінгі ақынның өмірі бір-біріне атымен ұқсамайды, ал рухани жан-дүниесі туыстас. Бүгінгі ақын өз көңіліндегі толғаныс-тебіреністі, өз көңіліндегі мүддені кешегі күйшінің сарынымен тексереді. Ол өз басындағы бақыт пен қасіретті соған қарап таниды. Ол бүгіннің жетістігін оның кешегінің көксеген жерінен қаншалықты ұға алғанымен өлшейді. Автордың мұндай азаматтық, суреткерлік позициясына қосыла отыра «Сейтек сарыны» повесінің әлі де болса бір қайнауы ішіндегі шығарма екенін жасыра алмаймыз. Бұл повесте де «Ақбоз аттағыдай кейіпкердің жан дүниесіндегі толғаныс-тебіреністің драмалық кернеуі, оған әсер етуші өмірлік құбылысқа сай келмеуі байқалады. Повесть геройы тым бұлыңғыр; оның басындағы күйзеліс көп ретте объективтік жағдайлар мен ортадан гөрі оның өз басының өсіре шамшылдығынан сияқты боп көрінеді.
Біздіңше, Т. Әлімқұловтың жаңа кітаптағы үлкен табысы — «Сар жайлау», «Көк қаршыға», «Қара жаяу» сияқты көлемді әңгімелері. Бұл үш әңгіменің үшеуінде де сұлулыққа, өнерге деген құштарлық, сол жолдағы адал махаббат, аяусыз күрес сөз болады. Бір қарағанда Тәттімбет те, Ақан да, Біркімбай да өрелі күрестен аулақ, өнер қуып, ат баптап, құс баптап жүрген салқам сері жандар сияқты. Бірақ, автор осынау өнерге, сұлулыққа деген өліп-өшкен махаббаттан күресті кәріп, табанды күрескер сезімді тап басып ашады. Т. Әлімқұловтың көрсетуінше, ылғи халықтың көңілінде, тоғышар тобырдың көз қырында жүретін өнер де — адамдардың үлкен әлеуметтік адамгершілік мұраттар жолындағы күресінің бір көрінісі; өнерпаз өмірінің ылғи шатқалаңға шарпылып жүретінінің де бір сыры сонда.
Т. Әлімқұловтың «Сар жайлауы» мен «Көк қаршығасында» Тәттімбет пен Ақанның өмірлері егжей-тегжейлі толық қамтылмайды, бірақ екеуі де бұл әңгімелерден бар тұлға, бар сымбатымен көрінеді. Автор ұлы адамдар өмірінің оның бүкіл ұлылық сипаты түгел танылатындай ұрымтал тұсын жіті таба білген.
«Сар жайлау»— Тәттімбет басынан кешкен рухани өмірдің жиынтық қорытындысы. Мұнда творчество үстіндегі күйшіні көреміз. Творчество — Тәттімбет үшін көңіл көтеріп, ашу тарататын арзан машық емес. Творчество — азамат Тәттімбеттің өзі мен өмірі жайлы, елі мен заманы жайлы толғаныстарын сарапқа салатын таразы іспеттес. Тәттімбет басындағы творчестволық процесті көрсету үстінде автор ұлы күйшінің өмірін, ортасын, дәуірін де ұтымды бейнелейді. «Сар жайлау» күйі — атақты күйшінің өзіне-өзі қойған «Нені таптым, нені аштым?» деген сауалына қайтарған жауабы сияқты. Күйшінің бұл күйі қартайған жасын, тозған мекенін көріп,басынан өткен жастық пен қолынан кеткен қонысына деген жоқтауы ғана емес, өзі сүрген өмір жайлы, өзі туған өлке, өзі сүйген халық жайлы ойы да. Сондықтан да бұл күйден ет-жүрегіңді елжіретер эллегиямен қоса ойыңды сан тарапқа сабылтар кемеңгер әуезді де танимыз. Т. Әлімқұлов осындай күй туған сәттегі Тәттімбет басындағы күдік пен үміт, арман мен аза, нала мен жігер сияқты шарпысқан сан қилы сезімдердің уытты драматизмін де шебер жеткізе білген. Тәттімбет бұл әңгімеде бір-ақ күй шығарады. Алайда, күйшінің тұлғасы оқушының көз алдында өсіп, көз алдында сомдалады. Жазушы күйшінің басындағы қат-қабат сезімдер мен ойларды көрсету арқылы оның тұңғиық жан-дүниесін тереңдеп ашады. Тәттімбет сері де болған, сергелдеңді де көрген. Сондықтан да оның ойы байыпты, сезімі байсалды. Оның күйзелісінде де өткен-кеткенді жоқтап күңіренуден гөрі өткен-кеткенді ойлап тебірену басым.
«Көк қаршығадағы» Ақанның Тәттімбетпен тағдыры бірдей болғанмен, тартатын тауқыметі бөлекше. Бұл әңгімеде де творчество тақырыбы, творчество адамы. Екі әңгімеде де бір заман, бір тақырып, бір қоғамдық шындық. Тәттімбет жайлы әңгімеде күйдің туу шежіресі айтылса, Ақан жайлы әңгімеде атақты «Көк жендет» әнінің туу тарихы сөз болады. Бірақ, тақырыбы да, композициялық құрылымы да ұқсас осы екі әңгіме әр қайсысы әр тұрпатты дара сипат танытады. Өйткені, жазушы бір өмір шындығының әр қилы характердегі кескінін суреттейді. Сондықтан да Мұнда әсіре ұқсастық, штамп, схема жоқ. Характер шындығының даралануы бір тақырып, бір өмірлік шындықтың әлденеше қабаты, әлденеше астары барын жарқыратып аша алыпты. Ақан да өнерпаз. Ақан да сері. Ақан да өз дәуір, өз ортасына риза емес. Бірақ, Тәттімбет махаббаты мен Тәттімбет күйінішінде көрегендік жітілік басым болса, Ақан махаббаты мен Ақан күйінішінде лапылдаған құштарлық басым. Сондықтан да Тәттімбет басындағы драма Ақан тағдырында трагедияға айналады. Тәттімбет өз тұсының қатыгез шындығына тебірене-толғана қайғырса, Ақан әбден көңілі қалып, суынып, шығынып шеттеп кетеді. Ол ескі ауылдағы пәтуасыз тірлікке, өнбес өмірге қолын бір сілтеп, өзімен-өзі оңаша болғанды қалайды. Ақанның бұл қылығы да қарсылық. Өз ортасымен бұлай ат құйрығын үзісіп кету, бүкіл қоғамға байкот жасау көз келген кісінің қолынан келер іс емес. Бірақ, өнер адамы қашанда көптің адамы. Адам қашанда адамдар ортасын аңсайды. Ақан да елсіз тауда елін аңсап елегізеді. Қара іздейді. Қоғамға сыртын беріп кеткенмен адамдармен сөйлесуге, сырласуға әлі де құштар; олармен әлі де байланысын үзгісі жоқ. Ақанның жанындай жақсы керетін Көкжендетін жат біреуге қалатуы да адамның сол қара аңсаған психологиясынан. Бірақ, Ақан аңсаған мұрат, Ақан көкейі тоғышар тобырмен ешқашан тіл сабыспақ емес. Ақанның аяулысы Көкжендет те сол онжар тобырдың қолынан опат болады. Ақан енді қара көрмей кетсе де мынау кесел тобырмен жуыспауға біржола бел буады.
Т. Әлімқұлов Ақанның басындағы адамға тән қарашыл, көпшіл қасиет пен әділетсіздік атаулыға, тоғышарлық атаулыға атымен қас азаматтық мүдденің арасындағы драманы ашу үстінде Ақан трагедиясын да ашады. Ақан бәрібір ымыраға келмейді, бәрібір бас имейді. Ақан басындағы осынау шатқалаң трагедия оның рухани ұлылығын, ол істеген үлкен азаматтық ерлікті де жарқыратып жайып береді.
Т. Әлімқұлов Тәттімбет пен Ақан басындағы арпалысты суреттеуде сол дәуір, сол уақыттың шындығына қиянат жасамайды. Тәттімбет пен Ақан арпалысы таптық сипаттан туындап жатқан жоқ. Ақан жұрттан тек бай болған соң, дәулетті болған соң шығысып жүрген жоқ, ең алдымен олардың қара түнек тоғышарлығын көріп шығысып жүр.
Т. Әлімқұлов аталмыш әңгімелерінде сол тоғышар тобырдың түнек дүниесінің де көп шындығын аша білген. Тоғышар орта қашан да күрестің, батыл ой, батыл пікірдің, азат көңілдің жауы. Олар Ақанға сол үшін де жауығады. Олардың қолында ешкімге, ештеңеге көңілі құламайтын, жаны ашымайтын енжарлық та, көрмей кесіп-пішіп, білмей билік айтып отыратын ұшқарылық та, тобық шыламас таяздық та, өзіне дегенде өліп-тірілетін пысықайлық та, қалған жұрт үшін қабағын да қақпайтын қараулық та қатерлі қару. Олар күлегеш, олар үрегей. Тарихтағы талай заңсыздықтар да осындай тоғышар ортаға арқа сүйеу арқылы жүзеге асып келеді. Сондықтан да, әрбір азаматтық үлкен мүдденің ең бірінші жауы — тоғышарлық. Әрбір үлкен азаматқа ең алдымен тоғышарлықтың жауығатыны да сол себептен. Тоғышарлар Ақан сияқты асқақ жандарға неге өшігеді? Олардың көңілі қайткенде көншиді?
Бұл сауалдардың жауабын «Қара жаяудан» табамыз. Елден асқан атағы да, байлығы да жоқ кедей Біркімбай кенет көзге ілігеді, жұрттың бәрі соңына түседі. Сөйтсе, Біркімбайдың астында, бүкіл бір өңірді ауызына қаратқан ат бар екен. Ауыл пысықайлары сол атты тақымға басу үшін қолынан келген айла-амалдарын аямайды. Қатыгез қапас тоғышарлықтың ең алдымен жүгірер қаруы — қудалау, қорқыту, зорлық-зомбылық. Олар Біркімбайды байлармен байланысы бар, әйтепесе, әйгілі жүйрікке қайдан ие боп жүр деген зобалаң көтереді. Қалайда жүйрік аттан айырылғысы келмеген Біркімбай жүйрікті мініп қашып елден безіп тау-тасты сағалап кетеді. Жүйрік ат ындындарын құртқан белсенділер бәрібір соңынан қалмайды. Ақыры, атыста оқ тиеді. Пәлен ай қуғында жүрген Біркімбай ер-тоқымын арқа-лап елге қайтады. Енді оны ешкім қудаламайды. Өйткені, енді ол елден ерек көзге түсер ештеңесі жоқ көп қара жаяудың бірі. Тоғышар қауымға керегі де сол.
«Қара жаяуда» жазушы тоғышардың өліп-өшер махаббаты — әншейін, нәсіпқорлық, барша жақсылық бәрі менде болсын деген дүниеқоңыздық та, құштарлығы — көрсеқызарлық, бербасарлық екенін ұтымды ашқан.
Әдетте, әңгіме жанрының лирикалануын, оның адам басынан кешірген шырғалаң оқиғаларға емес, адам жанындағы үлкен рухани күйзеліс, тебіреніске құрылуын оның драмасыздануы, тартыссыздануы деп түсіну бар. Біздіңше, бұрын әңгіменің композициялық жүйесін оған өзек болған құбылыстың, оқиғаның хронологиялық логикасы айқындаса, енді сол оқиға, сол құбылыстың адам жанындағы психологиялық реакциясының логикасы айқындайтын болды. Бұның өзі әңгіменің тартыссыздануы емес, қайта оның сырт тартыс, сыртқы драмадан, ішкі тартыс, ішкі драмаға — адам жүрегіндегі драмаға бет бұруы деп түсіну керек.
Т. Әлімқұлов та адамның көңіл-күйін — оның дүние-танымының азаматтық серпінінің рухани өресінің айқын айнасы деп түсінеді. Біз «Ақбоз атта» көбіне-көп қаһарманның өмірдегі көп құбылыс, көп драманы көру, түйсіну процесін керсек мына жаңа кітапта сол көп құбылыс, көп драманың, көп проблеманың қаһарманның өз проблемасы, өз драмасына айналғанын танимыз. Ол енді қаһарманның рухани өресін өмірдегі қанша құбылысты көріп, қанша құбылысты түйсінгенінен емес, өмірлік болмыстағы құбылыстардың қаһарман жанын қаншалықты толғандыра алғанымен, оның жан-дүниесіндегі рухани реакциясының драмалық кернеуімен өлшейтіні көрінді. Қазақ прозасында психологиялық жітіліктің тереңдей түсуінде Т. Әлімқұловтың соңғы әңгімелері елеусіз қалдыруға болмайтын сындарлы құбылыс.
Т. Әлімқұлов — лирик. Оның бояу әлемі аса жұмсақ, аса нұрлы. Бірақ, лиризм Т. Әлімқұлов әңгімелеріндегі драмалық кернеуді еш әлсіретпейді, қайта ол адам жанындағы шарпысқан шартарап сезімдер мен ойлар қақтығысын — рухани драманы терең түсініп, нәзік жеткізуге, шығарманың гуманистік сипаты мен оптимистік үнін айқындай түсуге көп әсер еткен.
Т. Әлімқұловтың жаңа кітабы оның әлеуметтік өмірді, адам жанын жетік біліп, жіті зерттейтін азаматтық көрегендігі мен өмірдің күрделі құбылыстарын, адам жанының қат-қабат шындықтарын жеріне жеткізе тереңдеп көрсете алатын суреткерлік тегеурінін айқын таныта алған туынды. Талантты жазушымыз бұдан былай да ләйім осы өрелі биіктен көрінгей.
1964 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі