Өлең, жыр, ақындар

Жайын ілерде

Мен томпаңдап папамнан қалмай келем. Папам аршындап аяңдайды. Соңында мен барын ұмытып кеткен шығар. Балық жұмысы асығыс жұмыс және ала көбеңнен жиналатын бір қауырт кәсіп қой. Байқаймын: андағы-мұндағы көзге шалынғанша су басына жету керек, сондықтан да бүгін папам сақардан тұрды. Борсаңдап терлей бастадым. Аяқта киіз байпақты етік, баста құлақшын, үстімде күпі. Жылы киінбесе де болмайды. Мұз үсті суық.

Ақырын жүрсе-етті деймін ішімнен. Бірақ папама жәй жүр деуге батылым бармайды. «Жүре алмасаң неге ердің» дей ме деп жасқанам. Әрине неге ердің деп айтпайды папам. Өйткені, мені ертіп жүруді іші жақсы көреді, тек атамнан қорқады. Өйткені мен атам баласымын ғой — өзінің тізесінен басқа жерге отыртпай, папама да сүйгізбей өсірген баласымын ғой. Сондықтан атам мен әжем алдында балам деу түгіл, бетімнен де сүйіп көрген емес. Оңашада ғана сүйеді. Онда да жан-жағына қарап алып өбеді бетімнен.

Жатарда:

— Мен де балыққа барамын, әже,— деп қыңқылдай бастадым.

Папам маған қарап жымың етті де үндеген жоқ. Ал, менің тілегімді екі етпейтін әжем:

— Атаңнан сұра,— айналайын. Атаң жіберсе бара ғой,— деген.

Атам алдымен тамағын бір кенеп алып, ұзынша ақ сақалын салалай түсті. Сөйтті де қыңқылдай бастаған менің маңдайымнан бір сипап өтті; тағы да тамағын кенеді. Ал папам жымың-жымың етеді, бірақ теріс айнала береді.

— Тоңып қаласың ғой,— деді атам, біраздан кейін.

— Ата, тоңбаймын,— деймін еркелеп, сүйкене түсіп.

— Жылымға түсіп кетерсің, қарағым.

— Жоқ, ата, түспеймін — деймін, енді атамның санын құшақтай түсіп.

— Сабағыңнан қалып қоясың.

Оған да жауап таптым:

— Ата, шайға дейін қайтып келемін.

Басымнан бір сипап, маңдайымнан бір сүйіп ақырында атам көнген болатын.

— Жарайды,— деген ол ақырын ғана.

Міне, сол ертіп шығуға өзі де құмар папам соңындағы маған бір қарамайды. Жыларман болып келемін, аяғымды жүгіре басамын, жете алмаймын. Киім қалың: күпінің ішінде бешпент бар, бешпенттің ішінде түбіт шұлығым. Әжем тоңып қаласың деп шұлықты бешпент ішінен орап және оның ұшын қайырып әкеліп белімді тас қылып байлап тастаған. Өзен де алыстап кеткен сияқты. Бұрын жұрт бір шақырым жер деуші еді... Не керек терлеп-тепшіп, жыларман боп булығып, бір кез жағаға да жеттік.

Мен «уһ» деп отыра кеттім.

— Шаршап қалдың ба, балашка,— деді папам маған енді ғана мойын бұрып.— Дем ал.

Бір жағы терлеп булығып, бір жағы ақырын жүрмегеніне іштен түтеп, мен папама жауап бермедім. Ол да маған енді қайтып мойын бұра қоймады — өз жұмысы өзіне жеткілікті емес пе! Дала жарығайып қалды — біз үйден шыққанда айнала қап-қараңғы, алдымда келе жатқан папамнан ғана көз жазбай отырғанмын.

Мұз үсті айнадай, көкпеңбек. Жалтырап жатыр. Өзеннің екі жағасында сылдыраған қамыс бар. Жаздыгүні көк мақпалмен көмкеріп қойғандай еді. Қазір селдіреп, ақселеу тартып тұр және құрлыққа шығып қалған. Папам мұзды оймай-ақ үстінен үңіліп қарап, қамыстың арғы көбесін жағалап кетті.

Балық көздің құрты, дейтін әжем,— әуейі қылады. Әуейі қылса да қызық қой. Қармақпен алғаның да қызық, ырғақпен ілгенің де қызық. Әрине мен қармақ сала біліп, алабұға мен шорағайды жаздыгүні жағаға торс еткізіп лақтырып отырсам да, ырғақпен сазан ілуді үйренгенім жоқ, іліп көргенім жоқ. Бұл үлкендердің кәсібі, бізге әлі ертерек. Сонда да су астына үңіліп ақырын сызып келе жатқан сары сазанды көріп қалғанға не жетсін! Көрген балығыңды өзің іле алмасаң, әкеңе айтасың міне-міне,— деп сыбырлап, қолынан жетелейсің ғой.

Шыдамадым: белбеуімді шешіп жіберіп, құлақшынымды түріңкіреп алып, мен де мұзға үңілдім. Папам қарап кеткен жерде не бола қойсын, сонда да су астын көзбен тінтіп, тамашалай бастадым. Көз тоқтатып қараңқырасаң айнала жарқырап жатыр: бір жері балдырлы. Бір жері ашық. Асты тұп-тұнық, кей жердің көк сазы да көрініп жатыр. Мұздың қалыңдағы еліден артық болмас — терезенің әйнегі сияқты — арғы жағындағының бәрі қасыңда тұр. Бір жердің қопасы көтеріліп келіп, төбеге тиіп кетерліктей мұзға өте таяу тұр — қопаның ит садағы мен айыл қоғасы мұз бетіне шығып кетуге жанталасады. Осындай бір су астының сиқырлы әлемін үстінен үңіліп қарап, тұңғиық түбін тамашалап, жағаның ұйысқан балдырын қолыммен жазғандай тоңқайып жатқанда, папамның кішкене балтасы мұзға тық-тық ете қалды. Мен басымды көтеріп алдым; ең қызығы осы ғой: мұзды тесіп жылым ойды дегенше — сары сазанды су астынан салаң еткізді дей бер. Іңірдегі қыңқыл, түнгі шала ұйқы, ертеңгі жылы төсекті тастай жүгіру, әкеме ере алмай қорбаңдау — осы қызықтың лаңы емес пе?

...Папам шекпеннің етегін қайырып бүркене салып, жылымға үңіле қалған. Мен қасына жетіп келгенде ырғағы суға зулап еніп те бара жатты. Жауырыны қиғашталып, папамның қолы ебдейлене бастады. Ал, шанышқысы қасында мұз үстінде жатыр. Ұға қойдым: самарқау сазан жоғарыда тұр, болмаса ақырын жылжып қозғалып барады. Мұндайда ырғақ керек. Шанышуға болмайды. Жерде жер бауырлап жатқан сазанды ғана шаншады. Бұл да тамаша қызық қой, жатқан сазанға қарағай сапты үш тармақты шанышқыны сол қолдың уысынан өткізе айнытпай сырғытып, оң қолмен төмен жібере береді. Сазанға шанышқы төніп бір қарыс — екі қарыс қалды-ау деген кезде оң қолды құлаштап көтеріп алып, белдемеден «кірш» еткізеді. Сазға тыққан сазан бұлқынып шанышқының сабын бұлаң құйрыққа сала бастайды. Сол сәтте шанышқы сабына сүйей су түбіне сырғытқан ырғақ түйрелген сазанды қапсыра іліп, жоғары мұз бетіне шығады... Ал, қазір папам сазанды шанышпай, ілгелі жатыр. Мен келіп:

— Папа!—дегенде, ол сазанды іліп алып, ұшып түрегелді. Көзді ашып-жұмғанша жылымынан суырып алып балығымен қоса ырғақты мұз үстіне сілкіп қалды. Қоңыр жонды жұмыр сазан шығыршық атып сырғанап кетті, мен де ұмтылып барып оның үстіне қондым. Қапелімде ұстатпай, қолға тұрмай сусып кетті. Екінші ұмтылғанда ол ашуланған адамша, мұзды құйрығымен шапалақтай бастады. Менің дәрменсіздігімді көріп папам сазанды желкесінен бір-ақ қысып алды да, желбезегінен тізбекті өткізе салды.

— Мә, сүйре. Сақ бол жылымға түсіп кетпе,— деді маған сыбырлап.

Сөйтті де екі аттам жер жүрмей папам мұзға қайтадан үңілді, балтамен тағы да тықылдата қалды. Мен «Я, сәт!» деймін ішімнен. Бұл жер сазанның жүріп келіп жатқан жері де,— жә жатуға бет алған қонақтар орны болса керек. Папам ырғағын жаңа жылымға тағы зулатты — тағы бір тоқ жонды балық судан сопаң ете қалды. Торсиған қос қоңырды мұз үстімен сүйрей жөнелдім. Бұл жолы оны тізбекке өзім тіздім желбезегінен.

Ұзамай тізбегім қоңданып қалды. Бесеуін ілгенше қомсынып, тізбегім олқы тұрғандай көрініп еді. «Тағы бір екеуін ілсе игі еді» деп папамды өкшелей түсіп едім, ал сазан саны онға қарай барып қалғанда оны сүйреудің өзі күшке түсе бастады. Өзенге келе жатқанда папама ере алмай терлесем, енді сары сазанды сүйрей алмай састым. Бір-біреуін қос қолдап көтеретін сары қасқа балық зілдей, қарды талдырып барады. Оның үстіне судан жаңа шыққандары тізбекті жұлқып тулап, талған қарыңды онан әрі талдырады. Кейбіреуі құйрығымен мұз сабалағанда оған қалғандары қосыла кетеді — тізбектің тиегін сындырып, өзін үзіп кетерлік.

Кешікпей берекем қаша бастады. Жүрісім өнбей қойды, арқам да су болып кетті. Және ертеңгі аяз қолды да қарып барады — судан шыққан балықты тіземін деп қолым, жеңім су болып, бармақ біткен үсіп кетті, шыдатарлық емес ауызға салып үргілеп алсаң — удай ашып жаныңды шығарады.

Папамнан қалып қойдым. Ол түбекті айналып бара жатты. Енді қайтем деп қысылған кезде, тағы да ілген екі сазанын шанышқының тармағына түйреп маған қолын көтерді: «Жүр-жүр!»— деп ымдайды. Жүрмейін деген ой жоқ — әттең дәрменің аз. Менің адымым өнбей келе жатқанын көріп ол қарсы жүрді.

— Иә, балашка, ауырлап келесің бе? Қазір,— деп шанышқыдағы сазанды тізбектегіге қосты да,— мына жерге тастап кетелік. Әйтпесе қолың үсіп кетер,— деді.

Сөйтті де, жалма-жан бір шоғыр қамысты уыстап алып, тізбекті соған байлады. Үстін айыл қоға жұлып бүркеп, көзден таса етті. Содан кейін менің белбеуімді дұрыстап буындырды, қолымды уқалап жылытты, беліне қыстырған тері биялайын берді.

— Ана қырмен жүгіріп жылынып ал!— деп бетімнен өбіп, өзі түбекке қарай кетті.

Маған жылынудың керегі жоқ еді. Шыдатпаған қол болса — оған енді тері биялай бар. Тері биялай қандай жылы!

Қорбаңдап қыр басына шықтым да, папам әрілеген соң ойға қалдым. Папамның бет алған түбегі нағыз түбек: өзен тік бұрылып арқаға қарай аға түседі де әудем жерге бармай-ақ шығысқа қарай оралып кетеді. Мұзбен жүрген кісі біраз жер айналып кетпекші де, ал құрлықпен кесіп түскен адам төтесінен тез жетіп мұздағыға қарсы шықпақ. Мен де папамның қарсы алдынан шығайын деп түйдім. Өйткені, папамды қуып отыру қиын, ол жеткізбейді және мен тағы да терлеп-тепшіп кетем ғой. Түбектің өкпе тұсын оңай-ақ тез кесіп түстім. Папам әлденеге айналып кешеуілдеп қалды. Ойлаймын: «Тағы да сазан ілген шығар»,— деп. Ілсе ілсін. Маған керегі де сол сазанның ілінгені. Үйге қайтқан соң: «біздің баланың жолы болды», «өзінің қанжығасы қанды», «бұл шықса құр қол қайтпайды»,— деп мақтамай ма! Және балық көп ілініп, қар түскеннен кейін оны бір шана етіп тиеп базарға апарса — қойын-қонышың кәмпитке толмай ма! Папам маған қалаға барған сайын базарлық әкелмеген сапары жоқ. Балық сатқан жолы қарық болып қаламыз!

Тура жүріп мұзға қайта түскеннен кейін, тағы да суға үңілдім. Бұл жолы мұзды папамның биялайымен үйкеп-үйкеп бетін жалтыратып жібердім. Кәдімгі айнаның бетін сүртіп жібергендей жарқырап кетті, Астындағы әлем де шайдай ашық, бірақ қамыстан арғы айдын беті жар қабақ шаппа екен — қарауға дәтің шыдарлық емес, құдық түбіндей, шыңырау...

Тастай беріп қамысқа қарай еңбектедім — тайызым жақсы, түбіне қол жеткендей, қауіпсіз. Сазан да осындай жерде жатады ғой. Аздан кейін жүрек тоқтатып, папам сияқты етегімді түріп басыма бүркеніп — тоңқайып қарап жатырмын. Бір кез...

...Әуелі өз кезіме өзім сенбедім: мүмкін емес! Соншама үлкен балық құйрығы бола ма! Қозғалып тұр! Балық құйрығы тап астымда тұр! Басымды тез көтеріп алдым. Әлденеге жүрегім су ете қалды. Жан жоқ қасымда. Енді не істеймін? Папам қашан келеді, әлде жүгірсем бе екен?..

«Егер балық болмай шықса»... деген күдік туды. Папам айтқаны бар: балық көрсең саспа анықтап қара,— деп. Су астында жатқан жапырақпен көк балдыр аз ба! Оның бәрі де жанды нәрсе сияқтанып қыбырлап, қозғалып, теңселіп тұрады ғой.

Мұзға қайта үңілдім. Балық! Сөз жоқ балық! Балық болғанда — нағыз жайын. Жайынның құйрығы. Жұп-жұмыр, кіндіктен кейінгі қара қошқылданған күдіс дене жіңішкеріп барып тарақ құйрыққа айналған. Ал кіндік, кеуде, бас, қос айдар қайда?! Ол қандай? Мына құйрық жақтың өзі кішігірім өрмектей, қырланып, жалданып жатыр. Түрегелдім де оң қолымдағы биялайды мұздың үстіне қоя салдым. Екіншісін екі адым ілгері жүріп, осы қос кіндік тұсы-ау деген жерге қойдым. Сөйттім де еңбектеп жағаға шықтым. Шықтым да папама қарай жүгірдім. Мен жүгірмесем де болады екен, шанышқыға тұмсығынан ілген дәу сазанын салақтатып, оң жақтағы айналмадан папамның өзі де шыға келді. Мені көріп ол да қуанып кетті — езу тартып келеді. Кейінде қалып қоймағаныма мәз, Мен аптығып-үптігіп:

— Папа, жайын!.. дәу жайын... тарақ құйрығы етектей,— деп сөзіме шашалып жатырмын.

— Иә, қай жерде?

— Міне, мына жерде... Белгіге биялайымды тастап кеттім...

Папам асығар емес.

— Жайын дейсің бе? Тізбектегі сазандарың қайда, біреу сүйреп кеткен жоқ па?– деді.

 

— Сазан орнында, папа. Мына жайынды ілсең...

— Саспа. Бұйырса ілерміз оны да.

— Үлкен! Сұмдық үлкен, пaпa...

— Қарайын, жайын дегенің бақа болып жүрмесін, су астынан ол да көзге дардай көрінеді.

— Ойпырым-ау, дәу дедім ғой. Мұндай жайынды ешкім ілмеген шығар...

— Жарайды, айналайын. Бірақ, жайын сақ келеді, үркіп кетпесін.

— Мен еңбектеп жағаға шығып кеттім. Дыбыс бергенім жоқ... Папамды жетектегендей ілгері ұмтыла түстім. «Құдай бір жөнін беріп, іліп алсаң жұрт аузын ашар» деймін ішімнен.

— Ақырын, балашка, ақырын. Жайын сақ келеді, мен өзім қарайын.

Биялай жатқан жерге бір үңілді де папам менің бетіме қарады. Жүзі жымың еткені өз алдына, басын да шайқап қалды. Бұл әрине таң қалғанның белгісі. Екінші биялай жатқан жерге тағы үңілді, ептеп орнынан тұрып ілгері жүрді, екі аттам жерге қайта үңілді. Бұл жерге сәл тоқтап, шекпен етегін бүркей түсті басына. Сөйтті де, балтасын мұз үстіне қоя салып, ақырын жылжып өзі кері жағаға шықты, Аяғымды ұшынан басып, мен де ере шықтым.

— Осы маңда Есекең болуы керек, жүгір. Жайын ырғағын берсін!.. Өзін де шақыр. Дабырлама, ақырын айт!

Жүгіре жөнелдім. Терлеу-тепшу дегенді ұмытып та кеттім-ау, деймін — домаланып келемін. Үлкен көкемді қалай тапқанымды, оған қалай жеткенімді білмеймін.

— Үлкен көке, жайын... папам шақырады үлкен ырғақ керек...

Үлкен көкем ә дегенде еш нәрсеге түсінбей қалды-ау деймін.

— Жай ма, балам, жай ма?— деп бетіме қарап тұрды да,— су басына жалғыз келіп пе едің?— деп сұрады.

— Үлкен көке-ау, жайын деймін. Мен көрдім, папам үлкен ырғақ керек деді...

Аздан кейін барып:

— Ә, папаң екеуің келдіңдер ме. Жайын дейсің бе? Жайын болады бұл жерде,— деп біраз тұрды.

 

Не керек, үлкен көкемді де жеңінен сүйрегендей жетектей бердім. Екеуміздің төбеміз көрінгеннен-ақ папам ақырындап биялай жатқан жердің мұзын тесті. Тесті де, тағы да бір көріп алайын дегендей, жылымға бір үңіліп алып, жақындап келген үлкен көкеме:

— Есеке, ырғағыңызды беріңіз... Әлде сіз ілесіз бе?— деп созған қолын кері тартып алды.

— Ілсейші, кетіп қалып жүрер.

Папам екінші рет тіл қатпай ырғаққа қолын соза берді. Ырғақтың сабы да жуан екен, басы да доғалдай көрінді. Кәдімгі бәгөр. Папам өзі суға үңіліп, кеудесін көтеріңкіреп тұрып бәгөрді зулатқан жоқ, ақырындап тұтамдап, оң қолын құлаштаған күйі жоғары ұстап тұрып төмен жібере бастады, үлкен көкем екінші кішкене ырғағын әзірлеп, папама жақындай түсті. Екеуінде де үн жоқ. Бірі бәгөрді ептеп темен сырғытып, әлденеге дөптеп жатыр да, екіншісі соның қолын аңдып көз алмай қарап тұр, ырғақ қалай толқыса — бұ да солай иығын қозғап қалады. Кәдімгі ін аузында тышқан аңдыған мысық сияқты қылп етпестен тесіле қалған. Мен де тесілемін. Тесілу көпке барған жоқ...

— Ап!— деп қалды да папам орнынан ұшып түрегелді. Менің екінші көргенім: папамның екі тізесі бүгіліп кетіп отыра қалды, бірақ қос қолдап ырғақты шірей тартып, қайтадан тұра бастаған жоқ — сіресіп, асаудың мойнына тастаған құрықты тартқандай, шіреніп тартады. Тізе қайта бүгіліп, қайта жазылып өзі жылым ауызынан алшақтай бастады. Менің үрейім ұшып кетті. Сасқанымнан: «Папа» деп қалдым.

Папамды суға жығып кетеді екен дедім.

— Есеке, Есеке!..— деді бір кез папам.

Үлкен көкем қолындағы кішкене ырғақты екі-үш рет жылымға сумаңдатып алды, бірақ еш нәрсе ілікпеді.

— Сағасы жетпейді бар болғырдың. Омыртқадан ілікпесе жырыла береді ғой...

Бір кез үлкен көкем де шірене қалды, бірақ кішкене ырғағының сабы майысып-майысып кетті.

— Жүгір, бала... Шақыр, кім бар...

Мен тағы да жүгіре жөнелдім. Бірақ қайдан шығып қалғанын білмеймін, Тойекең емпеңдей басып ұмтылып келе жатыр екен. Мені көріп жүгіре түсті, жүгірмесе де адымы — бір саржан, жетіп-ақ қалды. Екеуміз келіп жеткенде папам мен үлкен көкем сүйреп тартып, тарақ құйрықты жылымның аузынан бір кездей жоғары шығарып қойыпты, бірақ, екеуі де шіреніп-майысып, әлек болып жатыр. Жүгіріңкіреп келген Тойекең қолындағы сүйменмен жайынның судан шығып қалған бір кез құйрығын көктей түйреп жылымға тиектей салды. Мен: «уһ!» дедім. Енді кетпес бәлем!

— Батыр, енді ешқайда бармайсың!— деп Тойекең де өзінің ырғағын салды. Не керек үшеулеп жайынды сүйреп, үш жерден ілген күйі шығара берді.

Бір кезде жайынның басы кептеліп қалып, Тойекең жылымды кеңіте түсті.

— Екі құлаш жарым бар екен батырың!— деді Тойекең шытырлаған мұздың үстімен жайынды шетке сүйреп бара жатып.

— Басты қара! Бақыр қазандай!— деп қойды ақырын ғана үлкен көкем де. Папам жайын жөнінде еш нәрсе айтқан жоқ. Ол тек демін алып, бөркінің желке жағын көтеріңкіреп қойып, күнге қарады. Күн көзі буалдыр тартқан күңгірт аспанда көріне қоймағанмен, көп уақыт болып қалған екен.

— Жүгір үйге, кешігіп қалдың — деді маған.

— Ат арба әкелсін бе? Атама айтайын ба? Үлкен жайын ілдің дейін бе?

— Жүгір-жүгір, не ілетінін атаң айтады ғой,— деп папам жымия түсті.

Жүгіре жөнелдім. Өкпемді қолыма алып жүгірдім. Екі езуім екі құлақта. Жайын ілдік. Үлкен екі құлаш жарым жайын — демекпін атама. Ол арба жегіп келеді ғой.

Атам сыртта тұр. Асасын таянып тұр. Алыстан-ақ көрдім. Үй жанында тұр.

— Ата, ата! Жайын ілдік. Үлкен! Арба керек!.. Атам жүзінде қуаныштың нышаны да жоқ. Сұп-сұр, сұсты күйі асасына сүйеніп тұр.

— Ата, жайын ілдік...

— Ұстазың айтар не ілетініңді, бар!

Атам асасы мектепті меңзеді. Зәрем ұшып кетті. Үйге қалай кіріп, сумкамды мойныма қалай ілгенімді де білмеймін. Мектепке қалай жетіп, класқа қалай кіргенімді де білмеймін. Есімде қалғаны: балалар маған жамырай қарады. Мұғалім жай үнмен:

— Қайда болдың?— деді.

— Жайын ілдік...

— Ім.„ енді білім ілуді үйрен!

Ол бұрышты көрсетті, Мен екі көзімді жабыққа тiрeп тұрып қалдым...

Қазір атам мен әжем жоқ. Папам да жоқ. «Не ілетініңді ұстазың айтар» деген сөзді кейін түсіндім: білім ілу. Мен оны ілдім де. Бірақ менің ілген жайынымды олар көре алмады. Тілектері мені ұстаз ету еді.

Көктөбел, 1966 ж.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз