Қайда жатыр мәселе — иә өмiр, иә өлiм,
Десе де,
Лайық па көндiгу тәлкегiне тағдырдың,
Қарсы тұрып немесе, ұшан-теңiз нәубаттың,
Көзiн жойған дұрыс па
Жан алысып, жан берiскен ұрыста?!
Содан кейiн бақилыққа көз жұму, түнек қылып жарықты, бар дүниеден безiнiп,
Жан мен тәндi күйзелдiрген сан мың ауыртпалықты
Жалғастырған, байластырған шынжырларды осылай,
Үзгенiңдi жүрегiңмен сезiнiп.Уильям Шекспир. (Гамлеттiң монологы)
Сен жақсылықты жамандықтан жасауың керек, үйткенi оны жасайтын басқа ештеңе жоқ.
Роберт Пенн Уоренн
Мен бұл күнделiктi таныс дәрiгерден алғанмын. Ең ғажабы — күнделiк иесiн мен бiлетiн болып шықтым. Дүние қанша кең болса да, адам жолының қиылысында да шек жоқ.
Жас кезде өмiр қайнаған базар секiлдi. Дос та көп, жолдас та көп. Достың досы саған да дос болып жүретiн кез. Сондай бiр сапырылысқан тұста аз-кем күн аралас-құраластау болғанымыз бар. Түрi де есiмде: ұзын бойлы, арық, ақсары жiгiт. Жүйкесi жұқалау ма — әзiл сөзге қызарып кететiн. Оған бөтен елдiң адамына қарағандай, көңiлiн аулай сөйлеп, аяңқырап жүретiнбiз.
Көбiне жиын-тойларда, қонағасыларда кездесемiз. Сөйлеген сөзiнен, жүрiс-тұрысынан зиялы от басынан шыққаны, кiтаби тәрбиенi көбiрек көргенi байқалады. Мiнезi жұмсақ. Онысы өзгелерге жағымды көрiнгенмен, өзiне әлде бiр шарасыздық әкелетiн секiлдi. Арнайы сөзге тартпасаң, қасыңда бәленбай сағат үнсiз отыра беруге бар.
Сондықтан онымен аса бiр емен-жарқын сырласа кеткен күн болған жоқ. Бiр кемедегi жолаушылардай ғана таныстық қалды. Кейiн көрмей кеттiм...
Ендi мiне бiрнеше дәптерден тұратын жазбаларын оқып шыққанда, оның мен бiлетiн ақсары жiгiтке түк қатысы жоқ секiлдi көрiндi.
Күнделiк бойынша өмiрбаянды қалпына келтiрiп, құрастыру мүмкiн емес. Көбiне өзiнiң iшкi сезiмдерi мен ой-пiкiрлерiн жазған. Тек соңғы дәптерде ғана оның тағдырының ұлы жобасы байқалғандай болады. Мұндағы оқиғалардың рет-ретiмен жан-жақты баяндалып, жазысқан хаттарға дейiн күнделiкке мұқият көшiрiлуiне қарағанда, автор бұл жазбаларды түбiнде өзге де бiреулердiң оқуы мүмкiн екенiн жоққа шығармаған секiлдi. Оқырман назарына күнделiктiң осы соңғы бөлiгiн ұсынып отырмын. Екi ұдай сезiм құшағында — үмiт пен күдiктiң, шындық пен жалғанның арасында сергелдең болған жандарға бәлкiм пайдасы тиер.
Күнделiк иесiнiң аты-жөнiн жария қылу әбестiк болар деп ойладым. Көп бейтаныс замандастың бiрi деп қабылдаңыз.
1
13 наурыз
Менiң өмiрiмде үлкен бiр өзгерiс болған секiлдi. Не өзгерiс екенiн өзiм де анық бiлмеймiн. Бәлкiм, Ол баяғыда болып, Оны өзiм тек қазiр ғана байқап отырған шығармын. Бәрi де мүмкiн... Бiлетiнiм — жүйкем бiршама тозған. Сол себептi бұрынғыдай емес, ойлаған ойларымды тез ұмытамын. Мәселен, күнделiгiмде 3 наурыз күнгi жазбаларым бар да, 4,5,6 наурыз мүлде жоқ, одан кейiн 7 наурыздан бастап жазбаларым әрi қарай жалғасады. Ал жазылмаған күндерде не iстедiм, қайда болдым — есiмде жоқ. Адамның жадынан өшiп қалатын сәттердiң болатынын бұрында да естiгенмiн. Бiрақ, ол неге байланысты — ол жағы маған беймәлiм.
Рас, ғұмыр ұзаған сайын жадыңнан шығатын заттардың саны да көбейедi. Кезiнде өмiрiңнен орын алған оқиғалар ұмытылып, қайсыбiр мәнсiз көрiнген сәттер есiңде қалуы әбден мүмкiн. Бiрге оқыған, бiрге жүрген адамдардың аты-жөнiн есiңе түсiре алмайсың, шырамытсаң да, жыға танымайсың. Ескi достықтан, кездескен күндерден iз де қалмайды. Өмiрiң әлде бiр құрдымға құйып жатқан өзен секiлдi. Адам жадының өз заңы бар.
Оның себебiн дәрiгерден сұрасаң, шаршағаннан дейдi. Рас шығар. Жарық дүниеге келген адамның көрмейтiнi бар ма? Оны ойласаң, ойдан ой бөлiнiп, сан тарам жолдың қайсысына түсерiн бiлмей, дал болған жолаушыға ұқсайсың. Дүние сыры беймәлiм. Не құдайды, не адамды кiнәларың белгiсiз. Бiр қарасаң, құдайдiкi дұрыс секiлдi — адам қылып жаратты, өсiп-өн, рақымды бол, iзгiлiкке сен дедi. Одан артық не керек? Әйтсе де, құдайдың әмiрiмен iс қылып, жаманатын жалғыз өзi көтеретiн адам байғұсты тағы аяйсың.
Жақсыға да, жаманға да дәлел көп. Бiреудiң көзiн бiрдеңеге жеткiзу мүмкiн емес. Сондықтан әр кiм өзiне үй iшiнен күрке жасап, сол күркенiң заңымен ғана өмiр сүрiп, өз тiлегiн өзi қанағаттандырғаннан басқаға лаж жоқ.
Күркеде өмiр сүрген адамның еңсесi қайдан көтерiлсiн. Өзiмнен өзiм әлде бiр атын атап, түсiн түстеуге келмейтiн қорлық пен зорлықтың қыспағында жүргендеймiн.
Төңiректе болып жатқан оқиғалардың әсерi жоқ — күннiң нұрын, табиғат көркiн, көктемнiң жұпар самалын бұрынғыдай сезбейтiн секiлдiмiн. Бәлкiм, өзiмнi" iшкi әлемiме көп үңiлгеннен болар.
"Сұм өмiр абақты ғой саналыға..."
2
15 наурыз
"Үш күннен кейiн адам тозаққа да үйренедi" дейдi. Қиындыққа, тауқыметке төзу, қалыптасу, бәлкiм, тiршiлiк үшiн қажет те шығар, бiрақ адамның күнә мен қылмысқа, арсыздық пен әдiлетсiздiкке етi үйренуi — ең зиянды, ең қатерлi дағды.
Баспасөз беттерiнде жарияланып жүрген неше түрлi хабарлардан әлдебiр жан түршiгерлiк рухани күйреудiң нышандары сезiледi. Ал солардың бәрiне адамдардың еттерi үйренiп, тiтiркенбеуi, шiмiрiкпеуi, ештеңе болмағандай, жайбарақат жүруi одан бетер зәремдi алады. Маған олар адам өлiгiн селт етпей қолымен түртiп, қызықтап жүрген жарымес жасөспiрiмдер секiлдi елестейдi.
Газет оқудан қалдым. Бетiн ашсаң болды, не бiр сұмдық оқиғалар тасқыны сенi жаңқа ғұрлы көрмей ала жөнеледi:
Өзiнiң анасын зорлаған немесе өлтiрген...
Өзiнiң балиғаға толмаған қызын зорлаған не өлтiрген...
Сәбиiн өлтiрiп, қоқысқа тастаған келiншек...
Өз ұлына тұрмысқа шыққан миллионер әйел...
Адам етiн жеген маньяктар...
Еркекке үйленген еркектер...
Өлiкпен жыныстық қарым-қатынас жасағандар...тағы сол сияқты сорақылықтар туралы шар тараптан жеткен хабарлар.
Мен бұзылған бiрдеңе жеп қойған адамдай лоқсудамын. Жиiркенiштен қан-тамырларым тас боп қатып, шек-қарыным сiресе, ышқына лоқсимын. Былғаныштан құтылар амал жоқ. Дәретхананың түбiне құлаған адамдаймын. Бәрi былғанған...
Жанымдағылар жайбарахат. Осынау жан төзгiсiз былғанышты сабырмен "түсiнгiлерi" келетiн секiлдi. Заңдастырғылары келетiн секiлдi...
Көне ертегi — аңыздарда адамдарға қатер төндiрiп, мезгiл-мезгiл құрбандық тiлеп тұратын айдаһар болады. Адамдар басқа лажы болмаған соң, iштерiнен бiр сұлу қызды жемге берiп, қалған амандыққа риза болар едi. Осындай бiр лажы жоқ мейрiмсiз күш бүкiл әлемдi тұқыртып, еңсесiн көтертпей, көзiн аштырмай, күндi көлегейлеп, әлсiн-әлсiн соғыс аштырып, қанға бөктiрiп, дауыл тұрғызып, жер сiлкiндiрiп, ауру таратып, әлгi айдаһар секiлдi өзiне керек құрбандығын алып отырғанаға ұқсайды. Ол аз болғандай әлгi айдаһар ендi сенен бүкiл адами қасиеттерiңдi құрбандыққа сұрайды.
Бальзак айтқандай: "Жер бетiнде бақытсыздықтан басқа толық жүзеге асатын ештеңе жоқ".
Газет-журнал беттерiнде адам зәресiн ұшыратын хабарлардың бұдан басқа да түрлерi бар: ядролық, экологиялық катаклизмдер, метеорит жаңбыры секiлдi космостық апаттар, әлемдiк топан су т.б. Және бұлардың бәрi әшейiн жайдақ болжам түрiнде емес, болу мүмкiндiгi ғылыми-теориялық тұрғыдан делелденген қисынды тұжырымдар. Әрине, оның қашан, қалай боларын дәл бүгiн ешкiм анықтап бере алмас, бiрақ қай ғасырда болса да, әйтеуiр, болуы мүмкiн деген қатерлi ойдың құрығына бiр iлiксең, одан босануың оңай шаруа емес.
Миллиондаған, миллиардтаған жылдармен өлшенетiн космостық дәуiрдiң бiр тұсында жарқыраған күннiң де әйтеуiр бiр сөнетiнiн, адамзат ғұмырының да мәңгi емес екенiн ақылмен түсiнуге болатын секiлдi. Бiрақ бүгiнгi бүкiл жүйке-тамырыңмен сезiп тұрған анық тiршiлiк, рухани әлем: адам баласының жарық дүниеге келгеннен бергi бастан кешкен тарихы, қызығы мен қасiретi, үмiтi мен өкiнiшi, сан мың жылдар бойына сананы сарғайтып келген парасат биiгi — рақымшылдық, жанашырлық, аяушылық, жақсы көрушiлiк, iзгiлiк жолындағы жанпидашылдық тағы басқа тiршiлiктiң мәнiне айналған әулие қасиеттер — осының бәрi мәңгiлiк түнекке сiңiп жоқ болады дегенге көңiл шiркiн көнгiсi келмейдi.
Әрине, оны ойлап бас қатырғанмен, ештеңе өзгермейдi.
Адамзаттың ажалының қайдан боларын бiр құдайдың өзi бiлер. Бәлкiм, баяғы Нұх пайғамбардың тарихы қайта оралар. Бәлкiм, ештеңе де оралмас, бәрi де мәңгi түнекке кетiп, тiршiлiк әу басынан — микробтар мен бактериялардан қайта басталып, келесi адам баласының дүниеге келуiне тағы да миллиардтаған жылдар қажет болар. Оны ешкiм де анық болжап бере алмайды.
Әйтседе, осы апаттардың болу-болмасына менiң келсiмiмдi сұраса, адамзаттың iштей iрiп-шiрiп,адамгершiлiктен азғындап, тiршiлiк әлемiне қажетi жоқ немесе қатерлi құбылыс ретiнде рухани апаттан мерт болғанынан гөрi, әйтеуiр тiршiлiктен бiр кету қажет болса — өзектi жанға бiр өлiм — осындай жойқын табиғат апатынан кетiп, ең болмаса, өзiнiң ары мен ұятын, өзiне деген болмашы бiр құрмет сезiмiн жүрегiнде сақтай кеткенi жөн секiлдi.
3
25 наурыз
Тәннiң ауруы астан дейдi. Ал кермек ойдан жаның аурады. Мiнеки соның нәтижесi — жан-жағы тас дуалмен қоршалған ауруханада жатқаныма жетiншi күн. Талай ауруға пана болған бiр адамдық шағын палата әркiмнен қалған ескi киiмдей жүдеу, көңiлсiз. Көшеге қараған терезенi қарсы беттегi биiк үй көлегейлеп тұр. Тек оң жақта екi үйдiң арасынан тау шыңының кiп-кiшкентай бөлiгi қылтиып көрiнедi. Менi сыртқы әлеммен байланыстырып тұрған содан басқа ештеңе жоқ.
Мұнда келгелi аяқ астынан жоқ болып кететiн күндердi ойлап, өзiмдi өзiм үрейлендiрмес үшiн, анда-санда, айрықша оқиғалар тұсында ғана болмаса, қолға қалам алмасқа бекiнген едiм. Ақыры күнделiкке қайта оралдым. Үйткенi менi таң қалдырған бiр түсiнiксiз оқиға болды.
Таңертеңгi астың алдында дәрi iшуге бас жақтағы стаканға қолымды соза бергем, кенет (бұған дейiн байқамаппын) шкаф үстiнде бүктеулi жатқан хатқа көзiм түстi.
Бұл сәттi мен ешқашанда ұмыта алмаймын. Сарғыштау қағазды төрт бүктеп, сыртына айбақ-сайбақ қолын қойыпты. Жазылуында маған таныс бiрдеңе бар. Бiрақ не екенiн өзiм де бiлмеймiн. Жарылғыш зат ұстаған адамдай әлденеге сақтанып қағазды ашып, iшiндегi жазуды оқыдым:
"Бейтаныс құрбым! — деп бастапты. — Мен сiздiңкүнделiгiңiздi оқып, үлкен ойға қалдым. Сұраусыз оқығаныма, әрине, кешiрiм сұраймын. Тiршiлiктң" мағынасын iздеу деген бiр қиын iске бел буған екенсiз. Мұның өзi, шындап келгенде, рух деп аталатын ұлы әлемге сапар шегу ғой. Бұл iс, тегiнде, соншалықты қауiпсiз де бола қоймас. Сондықтан сапарыңыз оң болғай деп тiлеймiн.
Менiң ойымша, адам өмiрi — жақсылық пен жамандықтыңмәңгiлiк қақтығысы деген қалыптасқан тұжырым әлi де ойлануды қажет етедi. Себебi жаңағы Жамандық пен Жақсылықты жеке-жеке бұғалықтап, екi жаққа бөлiп қоя алмайсың. Көшеден кез келген бiр адамды ұстап алып, оныңжақсы-жаманын айыру мүмкiн емес. Үйткенi, ол бiреуге жақсы болса, бiреуге — жаман; жауларына — жексұрын, жарына — аяулы, достарына — сүйкiмдi т.с.с. Адамның жақсы көру, жек көру сезiмдерi де әлгi екi ұғымға тiкелей қатысты емес. Яғни адам үнемi жақсыны жақсы көрiп, жаманды жек көре бермейдi. Жақсы мен жаманныңдостығы немесе жақсыныңекiншi жақсыны жек көруi өмiрде аз ба? Сондықтан өмiр — iзгiлiк пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың қақтығысы ғана емес, iзгiлiк пен iзгiлiктiңде, жамандық пен жамандықтыңда қақтығысы. Жақсы мен жақсы да бiр бiрiмен айтысады, бiрiн бiрi құрта алады. Ендеше Жақсы-Жаман деген ұғымдар — шартты ұғымдар. Оны тек жағдайға қарап қана жобалауға болады. Бiрақ бұл да мәселенiң бiр-ақ жағы.
Ең қызығы — Жақсылық пен Жамандық қанша кереғар болғанмен, бiрiмен бiрi өзектес, сабақтас, бiр бiрiнсiз күндерi жоқ егiз құбылыс.
Мәселен, қытай философиясында қайырымды күш — "Ян" өзiне қарама-қарсы қайырымсыз күш — "Инь"-мен алмасу заңы бойынша өз ара тығыз байланыста болады. Анығырақ айтсақ, "Инь" белгiлi бiр уақытта бiрте-бiрте "Ян"-ға айналса, ендi бiр мезгiлде "Ян" өзiнiң шырқау шегiне жетiп, "Инь" күшiне айналады. Жер бетiндегi тiршiлiк ымырашыл осы екi күштiң тепе-теңдiгiнiңтұрақтылығына байланысты. Бұл философияны өмiрлiк фактiлерге әкелсек, былай болып шығар едi.
Айталық, өзен суы — тiршiлiк көзi. Бақша өсiрiп, жайлым жасап, егiстiктi суару үшiн, адамдар тоған жасап, бөгет тұрғызып, су жинайды. Игiлiкке жұмысалатын бұл су — ырыс немесе қайырымды күш — "Ян."
Бiрақ осы су көктемде өзен қатты тасығанда үйлердi ағызып, малдарды мамыта қылып, тоғандар мен бөгеттердi бұзып яғни өзiнiңшырқау шыңынан асып кетiп, апатқа — қайырымсыз күш — Инь"-ге ауысады.
Одан кейiн бiрте-бiрте сабасына түсiп, қайтадан адам игiлiгiне қызмет ететiн қайырымды күшке айналады. Бiрақ оның да өмiрi ұзақ емес. Келесi көктемде қайырымды "Ян" тағы да қайырымсыз "Инь"-ге ауысады. Осылай кете бередi. Негiзi — су. Бiр-ақ нәрсе.
Бұдан туатын қорытынды — бiздің Жақсы, Жаман деп жүргенiмiз әр түрлi жағдайда әр түрлi сипатқа ие бола алатын бiр-ақ құбылыс.
Ендеше iзгiлiк пен қиянатты осынша алалап, бiр бiрiнен бөлудiң қажетi болар ма екен. Осыны бiр ойланып көрiңiзшi.
Бейтаныс құрбым, байқаймын, бұл әлi әңгiменiң басы ғана. Екеумiздiң ортаға салар ойларымыз аз болмайтын секiлдi. Қарсы болмасаңыз, жақынырақ танысайық. Сырласайық. Хат жазсаңыз, коридордағы столдың астыңғы қабатына қалдырыңыз.
Бейтаныс құрбыңыз."
Аң-таң болып, неге екенiн бiлмеймiн, құпия хатты басынан бастап қайта оқып шықтым. Кенет жүрегiм су ете қалды. Бұл қалай келген хат? Палатада жалғызбын. Кiм кiруi мүмкiн? Неге мен жоқта келедi? Неге менiң күнделiгiмдi сұраусыз оқиды? Қажет болса, хатсыз-ақ неге таныспайды?
Әлде бiр үрей дедектетiп аяғымды жерге тигiзбейдi. Бiраздан кейiн өзiмдi өзiм сабырға шақырдым. Жарайды, осылай болған шығар. Бұл заманда iстеген iсi мен мiнезiне ешкiм түсiнiп болмайтын жандар аз ба? Оның үстiне жүйкесi ауратындардың iшiнде кiм жоқ дейсiң?
Мен өзiмдi өзiм осылай жұбатып, бұл оқиғаға ендi мән бермеуге тырыстым. Сағат 11-де аутотренинг сеансына бардым. Сеансты мен көрмеген бiр аққұба жас қыз жүргiздi. Сөйлегенде жұқа ерiндерi сәл-пәл түрiлiп, маржандай аппақ тiстерiн көрсете, күлiмсiреп тұрады екен. Жанары жанарыңа түйiскенде жүзiңдi нұрымен шарпып, әлдебiр жылы ағынға бойың балқып, жаныңмен шомылғандай боласың. Соны сезiп тұрғандай:
— Сiз балбырап, рахат сезiмiне бөленудесiз, — дейдi әлгi ерiндер санаңды баураған жұмсақ үнмен. — Сiз маужырап, ұйқы құшағына батып бара жатырсыз, батып бара жатырсыз...
Алыстан талып музыка үнi естiледi. Күйсандықтан төгiлген таңғажайып бiр әуен! Жер бетiндегi тiршiлiк сазына ұқсамайды. Сәбидi әлдилегендей бiр ырғақпен ұлы кеңiстiкке — о дүниелiк шексiздiкке бойлап барады. Жүректен шыққан сағыныш сезiмi пенделiк бұғаудан босанып, азаттық әлемi — мәңгiлiкке көтерiлiп, адами мақсат-тiлек жетпейтiн бақи биiкте қалқып тұрған секiлдi. Шексiздiк...
Әлде қалай күннiң нұры жарқырап, көктiң иiсi мұрынды жарып, айдын көлдiң жағасында самалдап отырғандай бiр әсер билейдi... Жасыл жайлау...
Көз ұшында бiреу қол бұлғап шақыратын секiлдi.
Кенет:
— Ендi ояныңыз! — деген үндi анық естiдiм. — Сiздiң көңiл күйiңiз сергек, денеңiз жеңiл, бойыңызға күш, жаныңызға жiгер қосылды. Ояныңыз!
Маужырап көзiмдi ашқанда, сәбиге қарағандай жымиып тұрған дәрiгер қызды көрдiм.
— Өте жақсы! — дедi ол бiзге, әлде өзiне — кiмге риза болғаны белгiсiз.
Мен алғашқыда әлде бiр құпиясы ашылып қалған адамдай болмашы абдырап, жан-жағыма қарадым да, өзiм секiлдi бей-жай болып оянып жатқан өзгелердi көрiп, көңiлiм орынына түстi.
4
26 наурыз..
Тегінде мені бір қырсық айналдырып жүр. Түнде өте жәйсіз түс көрдім. Қараңғы дәлізбен келе жатыр екенмін деймін. Жолда жатқан — зат я тіреу екені белгісіз — әлдебір кедергілерді айналып өтіп, құлап қалмау үшін, әлсін-әлсін сипалап, қолымды қабырғаға тіреймін. Шамасы бірдеңеге асығып келемін. Бір кезде әлдеқандай өткір зат — қабырғаға қадаулы тұрған қанжар болуы мүмкін — мойнымды орып өтті. Еш жерім ауырмаған соң, ілгері жүре бергем, кенет басымның бұлғақтап кеткенін сезіп, қолыммен ұстай алдым. Басым боп-бос — бір теріге ғана ілігіп тұр. Бір қолыммен қабырғаны сипалап, бір қолыммен басымды ұстап, ілгері жылжимын. Жүруге ыңғайсыз, сәл сүрінсем, басымды түсіріп алатын секілдімін. Қараңғы дәліздің таусылатын түрі жоқ. Осынау жанды қинаған азапты жүріс енді ешқашанда бітпейтіндей көрінді... Бір уақытта қонақ үй секілді ғимараттың ішіне кірдім. Фойедегі орындыққа отырып, басымды ілігіп тұрған жерінен біржола жұлып алып, келесі орындыққа қойдым. Өтіп бара жатқандар маған бұрылып қарайтын секілді. Ыңғайсызданып басымды газетпен жаба саламын. "Мынау ұят болды-ау,- деймін ішімнен. — Мұны қайтіп жасырамын?"
Қайда барарым да белгісіз. Газеттің шетін ептеп көтеремін де, басымның сол күйі жатқанын көріп, қайтадан жаба саламын. Әлгіден қалай құтыларымды білмей отырған адам секілдімін... Өстіп жатып оянып кеттім.
Өзіме-өзім келе алмай, жүрегім тарсылдап біраз жаттым. Мені таңқалдырған нәрсе — басымды өзімнен бөлек қойып, қайтып ойлап, қайтып көріп отырғаным. Қисыны келмесе де, анық нәрседей әсер етеді.
Ұзақ уақыт ұйықтай алмадым. Терезеден құлаған әлжуаз жарық бөлме ішіндегі қараңғылықпен астасып, іріген бірдеңедей, не жарық емес, не түнек емес, көзперде қаракөлеңкеге айналған. Әлдеқайдан болмашы жел келіп тұр.
Көрген түсім қусаң кетпейтін шыбын секілді. Көзімді жұмсам болды, кесілген жерінен қызыл еті көрініп, орындық үстінде шалқалап жатқан өз басымды қайта-қайта көремін.
5
27 наурыз...
Дүниедегі ең жаман нәрсе — адамның өзінен-өзі қорқуы. Ондайда ішкі әлемің қатері көп қалың орманға ұқсайды. Бір адассаң, қайтып шығуың неғайбыл. Адасқан сайын қорқынышың ұлғайып, қорқынышың ұлғайған сайын, өзіңді-өзің бөтен адамдай сезінесің.
Ақыры өз інінен өзі шошыған тышқандай мен де өзімнің жан сарайымнан сыртқы әлемге қашып шығамын. Анық тіршілік қанша қатыгез болса да, қарасыны көп, алданышы бар: қаптаған адам, күннің нұры, тоқтаусыз қимыл, толассыз үн. Сыртқы ортамен өзіңді байланыстырып тұрған бір тамырды өз бойыңнан сезген кезде ау бастағы табиғи түйсік-таным қайта оралып, онымен бірге үмітшіл тілек, мақсат та қайта ұялайды. Мендегі қазіргі бірінші мақсат — өзіме хат жазған құпия кісіні тауып алып, жасырынбақ ойынын тоқтаттыру. Жау тылында жүрген барлаушыдай аяғымды аңдап басып, ауладағы адамдардың әрқайсысының жүзіне зер сала қараймын. Бетіме бір қараса-ақ болды, жазбай танитын секілдімін.
Бейтаныс құрбымды іздеп жүріп, бір байқағаным — біз шын мәнінде өмірге тым атүсті қарайды екенбіз. Атүсті қарайтынымыз сонша, тіпті қасымызда жүрген адамдардың кім екенін біле бермейміз. Мен мән бермей жүрген кезде аулада жүрген адамдардың бір-бірінен айырмашылығы шамалы болып көрінетін. Сүйтсем, олар бір-біріне мүлде ұқсамайтын жандар екен.
Сыртынан қарағанда сөзге сараң, сабырлы көрінетін сирек шашты ақсары кісі нағыз мылжыңның өзі болып шықты — өзін таныстыру үшін алыстан ата-бабаларын таратып, әрқайсысының ерлігін баяндап, бір атасының патшаға барғанын, бір атасының ғұлама ғалым болғанын айтып, жеңімнен ұстап жібермей, әбден зықымды шығарды.
Қасқа басын самай шашымен жапқан толықша жігіт: "Әй, бауырым, қазақта мені білмейтін жан жоқ, өзің қайда жүрген адамсың?" — деп өзіме дүрсе қоя берді.
Енді біреуі тіпті науқас екен: "Мен Айса пайғамбармын, көктен түстім, менен қорқып бәрі жабылып, осында тығып қойды. Оны ұйымдастырып жүрген — Біріккен Ұлттар Ұйымы," — деп ақылға сыймайтын бірдеңені айтады.
Күн көзі жылына бастады. Бірақ көлеңкенің ызғары әлі басылмаған. Ылғалды көктем лебі науқас адамның деміндей сезіліп, әлдеқайдан сыздықтаған шаншу жел анда-санда ұйытқып өткенде, тәнің түгілі жаның да түршіккендей болады.
Түске тақағанда аулада төбелес болды. Еңгезердей сақалды біреу шәші жалбыраған жас жігітті сабап, жұрт әрең дегенде айырып алды. Төбелестің себебін әркім әртүрлі айтады. Медбикенің айтуынша, әлдебір себеппен аулаға шыққан бас дәрігер жас жігітпен амандасқан екен, соған ыза болған сақалды дау "менімен сәлемдеспей, сенімен неге сәлемдеседі" деп бас салып сабаған секілді.
Қарап отырсаң, аурухананың ауласындағы тіршілік пен сыртқы тіршіліктің арасында үлкен айырма жоқтың қасы.
Түстен кейін мені дәрігер қабылдады. Орындыққа шаншылып тік отыратын шағын ғана көзілдірікті жігіт. Бір жері ауырып отырғандай адамға әлдебір қиналысты жүзбен қарайды. Сөйлеген сөзінен тәжірибелі, білімді маман екені байқалып тұр. Менің қан қысымымды өлшеп, жүрегімді, өкпемді тыңдағаннан кейін, көңіл күйімді, жалпы жағдайымды, өткен өмірімді сұрап әңгімеге тартумен болды. Жабырқаған көңілін көтеру үшін сөйлесетін адам іздеп отырған секілді. Ақыры ауа райы, өткен түнде тоқтап қалған ыстық су тағы сол сияқты ұсақ-түйекті сөз қылып, артынан медицина туралы әңгімеге көшті. Психика патологиясы туралы ұзақ лекция оқыды. Әсіресе, тұлғаның екіге жарылуы... Яғни бір адам бойында екінші тұлғаның пайда болуы. Мәселен, біреу — жақсы отағасы, ұқыпты қызметкер, ал түнгі сағат 12-ден әрі қауіпті қылмыскер: әйел зорлап, кісі өлтіруі мүмкін. Жақында бір ұшқыш жас қыздарды зорлап, қайсыбірін мерт қылғаны үшін ұсталған. Және мұндай қылмыспен бірнеше жылдар бойы шұғылданған екен. Жұртқа сыйлы, зиялы қызметкердің қылмысқа толы тағы бір жасырын өмірі кешіп жүргенін ешкім де білмеген. Мұндай мысалдар аз емес. Яғни адам ішінде мінезі бөлек, дүниеге көзқарасы бөлек екінші тұлғаның пайда болуы — бұл адам психикасындағы патология.
Ал, мен ойлаймын: мына заманда, қалыпты жағдай мен шектен тыс құбылыстың мидай араласып кеткен тұсында, дерт пен денсаулықтың ортасына шекара қою мүмкін емес. Айталық, бір тісің аузыңа сыймай кетсе — патология, ал кеше ғана күйіп-жанған ғашықтар мен қанды көйлек достар аяқ астынан бір-біріне опасыздық жасап жатса — патология емес, бұл — тіршілікке тән қалыпты жағдай. Және осындай ұғымға да, қағидаға да етіміз үйренген. Әйтпесе, адамгершілік мұратыңды сатудан артық қандай патология болуы мүмкін?
Бүгінгі әлеуметтік мінез-құлық: өзінен басқаның бәрін иттің етінен жек көретін өлермен өзімшілдік, жексұрын мақтаншақтық, жаны ашымас қатыгездік, мейірімсіздік, іштарлық — патология емес пе?
Бойдағы міні шашынан көп болса да, өзімен күресіп жүрген бір адамды көрмейсің. Көшеден жүз адамды ұстап алып, сырлассаң, жүзі де әлдекімнен қиянат көрушілер болып шығады. Сонда қиянат жасаушылар қай жақта жүр?
6
31 наурыз...
Бүгін тағы хат алдым. Өз сорыма өзім жетіп тынатын шығармын. Коридордағы столдың қуысына қарамауға ант берсем де, әлдебір соқыр сезім жетегінен шыға алмадым. Күні бойы өзімді-өзім тежеп жүргенмін. Бесін кезінде столға келіп, астыңғы қуысына қолымды созғанда, саусағыма іліккен хатты көріп, қылша мойнынан тұзаққа іліккен аңдай сілейдім де қалдым. Мені бір нартәуекел сезімнің иектегені рас еді. Егер осы жолы хат жоқ болып шықса, іштей арбасқан жекпе-жекте сәл-пәл тыныстап, күш жиғандай болар едім. Менің көзге көрінбейтін қарсыласым алдымды орап кетті.
"Бейтаныс құрбым, — дейді баяғыша, — сізден жауап алмаған соң, екінші рет хат жазып отырмын. Сіздің күнделігіңізді оқығаныма тағы да кешірім сұраймын.
Менің ұққаным — сіз ізгілікке сенесіз де, зұлымдыққа сенбейді екенсіз. Меніңше, екеуіне де сену керек. Дүниені ұстап тұрған осы екі күш қой. Өмір атты арбаның екі жетегі болса, біреуі — зұлымдық. Бірақ ол, сіз ойлағандай, адамға тек жамандық әкелетін зиянды нәрсе емес. Айталық, мойындалған қағида бойынша, зұлымдықтың бір өкілі — ажал. Бірақ ажал болмаса, жер бетінде қандай тіршілік болар еді? Ауру өлмесе, кәрі өлмесе, қарақшылар, адамзатқа қасірет әкелген тирандар өлмесе, не болар еді? Тозақ қана болар еді. Өлімнің арқасында ғана өмір мәңгілік тоқтаусыз үрдіске айналып отыр. Екіншіден, бойымызда кісі өлтіре алатын қатыгездік болмаса, қанішерлерден өзімізді қайтіп қорғар едік? Немесе, жыланның өзінен де, уынан да зәреміз ұшады, ал одан адам өмірін сақтап қалатын қанша дәрі жасалады? Ендеше, ешбір күшке "жақсы", "жаман" деп алдын ала айдар тағуға болмайды. Тек біз ол күштермен тоғысқан кездерде бізге олардың пайдасы тие ме, әлде зияны тие ме — жақсы я жаман деп жүргеніміз осы жағы.
Енді өтірік пен жалған туралы. Өтірікті жек көреміз. Ал сол өтірік адамдармен айтысатын болса: "Ау, ағайын!- дер еді. — Бәріңнің күн көріп отырғандарың менің арқам емес пе? Ыңғай шындықты айтамын десеңдер, баяғыда тоз-тоз болып құрып кететін едіңдер. Менің арқамда қанша рет жан сақтадыңдар, әлі де қанша жан сақтап жүрсіңдер. Өтірік айтпай бір күн өмір сүре алмас едіңдер." Өтірік осылай десе, ешқайсымыз да аузымызды аша алмас едік. Өйткені өтіріктің айтып отырғаны — шындық.
Сен күнделігіңде тазалық туралы көп жазасың. Мен осындағы бір адамнан естіген әңгімемді айтайын.
Зиялы қауымнан шыққан бір әйел еркегінің көзіне шөп салған. Қайтіп, қалай деп бас қатырмай-ақ қояйық. Күнде көріп, естіп жүрген нәрселер. Бірақ ең өкініштісі — әлгі әйел жыныс ауруына ұшырап қалған. Бәлкім ақылға салса, сабырға жүгінсе, емделіп, жазылып та шығуға болар еді. Алайда, қатты күйзелген бейшара енді өзін күйеуіне лайықсызбын деп ойлап, қайғыға шыдамай, асылып өлген. Ері баласымен артында қалды. Күйеуі қатты қайғырыпты. Оған ең қатты батқаны — өзін керемет таза көріп, соған лайық бола алмағаны үшін, өзін-өзі өлтірген әйелінің сұмдық өкінішті қателігі. Күйеуі әйелін ешқашан өлімге қимайтын, кешіруге әзір еді. Өйткені ондай тазалық оның өзінде де болған емес. Ғажайып таза болмай-ақ, пенделік кемшілікпен-ақ бақытты болып тұра беруге болатын еді. Енді ол бақытты қайтару мүмкін емес. Не деген қате ұғым?! Дүниені бүлдіретін осындай қате ұғымдар. Қиялда ғана бар, ал өмірде орындалмайтын тазалықпен өз санамызды өзіміз улағанда, не бітіреміз? Не деген ақымақтық?! Күйеуінің қайғысында шек жоқ. Оқиғаның бас-аяғы осы.
Адамзат бақытты болу үшін, ең алдымен, өзінің кім екенін анық білуі керек. Яғни өзінің әулие емес, күнәкар пенде екенін мойындауы керек. Оны мойындамайынша, ешкім мәңгі рухани азаптан арыла алмайды.
Осыны ойлағанда, маған бақыт құсы қол созым-ақ жерде тұрғандай көрінеді. Сол бақыт құсының сізге де қонуын тілеймін.
Мен сізден күдерімді үзбеймін. Әлі де хат күтемін.
Бейтаныс құрбыңыз".
Қолым дірілдеп хаттың соңғы жолдарын әрең оқыдым. "Сабыр, сабыр!" — деймін өзімді-өзім басуға тырысып. Бірақ үрей қысқан сезімдер, ойлар бет-бетімен тым-тырақай қашқан аңдар секілді, менің ырқыма бағынбайды. Ақыры "аңдардың" бетін қайырып, ішкі дүниемді бір жүйеге түсіргендей болдым. Бірақ қорқыныш бұлты тарайтын емес. Апыр-ау, бұл не нәрсе? Мені мазақ қылып жүрген біреу ме? Әлде басқа сыры бар ма?
Сабырымды шақырып, сабама түскеннен кейін, хаттың мазмұнына ой жібердім. Менің бойымдағы алғашқы соқыр үрей енді ішкі азапқа, рухани мазасыздыққа айналды. Себебі хаттағы кесепат ой-пікірлерде шындықтың белгілері жоқ емес еді. Қауіптілігінің өзі де осында. Дүниедегі ең жаман нәрсе — бірыңғай жалғандық емес, шындық араласқан жартылай жалғандық. Ең қатерлі адам — бірыңғай жексұрын емес, бойында аздап та болса жақсы қасиеттері бар жексұрын. Ондай "жақсы" жексұрындармен күресу он есе қиын.
Алайда мен оның негізгі бағытының дұрыс емес екенін жақсы білемін. Егер барар жер, айталық, шығыста болса, батысқа қарай жүрген адам қанша тапқырлық, қажырлылық, айлакерлік көрсеткенімен, ол жерді ешқашанда таба алмайды. Ал табу үшін алған бағыттан бас тарту керек.
Бір адамның әрі жаман, әрі жақсы болуы дүниеде ізгілік пен қиянат деп аталатын кереғар екі күштің бар екенін жоққа шығара алмайды.
Егер бір аттың түсі әрі ақ, әрі қара болса, оны ала деп атайды. Бірақ ол ақ пен қара деп аталатын екі түстің бар екенін жоққа шығара алма ма? Жоқ. Тек екі түс бір аттың бойына сыйысып тұр. Ендеше ізгілік пен қиянатты бір бойына сыйдырған қанша құбылыс болса да, ол екеуі бір ұғымға айнала алмайды.
Хаттың ішінде адамды ойландыратын басқа да қызық ойлар бар. Бірақ қызық ой қызықтауға ғана жақсы. Шын мәнінде, ақиқаттан ауылы алыс жатыр.
Өмірдің жүрекжарды мәні мен мағынасы туралы қырқысқан күресте қызық пен көркемдікке орын жоқ. Бізге керегі — тек ақиқат, қатал да сұрқай, анық ақиқат. Ақиқатттың бір жауы — сұлулық. Ақылсыз сұлу адам, опасыз сұлу әйел, алдамшы сұлу сөз... Жалғандық көбіне сұлулықты жамылып жеңіске жетеді. Қаншама әдемі айтылған, қиыннан қиыстырылған жалған ойлар жеңілтек жолбасшыдай адамдарды адастырып жүр.
Р.S. Готфрид Бенн: "Гегель, Дарвин, Ницше — мінеки, миллиондаған адамдардың өліміне себеп болған кім десеңдер, осылар. Сөз қылмысы кісі өлтіргеннен де ауыр, айтылған ойдың зардабын ерлер мен тобырлар көтереді."
7
1 көкек
Көңiлдегi күдiк күн сайын күшейiп келедi. Күшейген сайын, әлдебiр ылажсыздық, дәрменсiздiк билейдi.
Менiң «бейтаныс құрбым» өте зымиян адам. Менi сырттан қалт жiбермей бақылап жүр. Тiптi мен хат оқып жатқанда да, бiр тесiктен сығалап қарап тұрғандай көремiн. Үйткенi жазғандарына қарасам, менiң жазбаларымды былай қойғанда, ойлаған ойларыма дейiн оған таныс секiлдi.
Мен оны өз бетiммен iздеп табамын деген ойдан бiрте-бiрте қайта бастадым. Өзiңнен қу адамнан қулық асырам деу — әшейiн далбаса. Қазiр де ол осы төңiректе жүр. Бөлмеге келiп-кетiп жүретiн медбикемен де, палатаны жуып-сүртетiн әйелдермен де, тiптi дәрiгердiң өзiмен де тығыз байланыста болуы ғажап емес. Оның бiлмейтiнi жер астында.
Мен ендi ол туралы күнi-түнi ойлайтын болдым. Өткен түнде оны түсiмде көрдiм. Үстiнде менiң үстiмдегiдей сұр халаты бар, аяқ киiмi де тура менiкiндей, терiс қарап тұрып:
— Мiнеки, ақыры кездестiк қой, — дейдi маған.
— Иә, кездестiк, деймiн мен кекесiн үнмен.
Түрiн көре алмаймын. Бiрақ оны бұрыннан бiлетiн адам болып көрiнгiм келедi. Сондықтан айналып алдына барғаннан гөрi, оның маған бұрылып қарағанын қалап, сабыр сақтап үнсiз тұрмын. Неғұрлым көбiрек үндемесем, ол шыдамай бұрылып қарайтын секiлдi. Бiрақ оның бұрылып қарайтын түрi жоқ, қатып қалған тас мүсiндей қыбыр етпейдi.
Ақыры шыдай алмай:
— Ендiгi жасырынбақтың ретi келмес, деп иығынан тартпақ болып, қолымды созсам, қолым қимылдамайды. Бiреу тас қылып байлап қойғандай. Бар күшiммен қолымды қозғамақ боламын. Қанша талпынсам да, дәрменiм жетпейдi. Қатты зорланып, ыңыранған күйiмде оянып кеттiм. Бастырылығып жатыр екенмiн. Жан терiм шықты.
Көзiмдi жұмып, көрген түсiмдi қайта елестетiп, «бейтаныс құрбымның» бiр белгiсiн аңғарып қалғым келетiн секiлдi. Бiрақ еш белгiсiн ұстай алмаймын. Тiптi ұстағанда да не пайда? Түсiмде көрдiм екем деп, бiреуге қалай жармасасың?
8
2 көкек
Әлдебiр аңның iзiне түсем деп адасып, құла түзден бiр-ақ шыққан адамдаймын. Не iстеу керек екенiне миым жетпей, түндер бойы кiрпiк iлмей шығамын. Таңертең тұрғанда басым мең-зең болып, әлiм құрып, бойымнан беймарал көнгiштiк, жеңiлiске деген құштарлық бас көтергендей болады.
Жоқ, мен жүйке күресiне шыдамайды екенмiн. Ақыры оған хат жазуға мәжбүр болдым.
«Бейтаныс құрбым, деп бастадым мен де хатымды. Бiрден жауап қайтармағаныма кешiрiм сұраймын. Өйткенi сiз қозғаған кейбiр мәселелердiң маған анықтығы сонша, оған бола қызыл кеңiрдек болып таласудың қажетi жоқ деп ойладым. Бiрақ, байқаймын, олай емес секiлдi. Сiз шын мәнiнде басқа бағыт, басқа түсiнiктегi адам болып шықтыңыз. Әрине, жер бетiндегi барлық адам бiр-ақ бағытта ойласа екен деу шындыққа сыймайтын да шығар. Бiрақ солай екен деп, сенiмiңе, сезiмiңе жасалған қиянатқа қол қусырып қарап отыру мүмкiн емес.
Өмiр — күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күресетiн болды. Одан кейiн неше түрлi қару-жарақ ойлап тауып, соғыс ашып, халықтарды жаппай қырғынға ұшыратты. Ендi, қатерi одан кем емес ақыл-парасат майданы шықты. Егер бұл майданда iзгiлiк жеңiске жетпесе, адамзаттың рухани күйреу дәуiрi басталады. Одан құтқаратын күш жоқ.
Сiз сол екеуара шағын майданды (әзiрге) бастадыңыз. Амалсыз қабылдадым... Ендi мәселенiң өзiне көшейiк.
Сiз маған iзгiлiкке қалай сенсеңiз, зұлымдыққа да солай сенiңiз депсiз. Құрбым-ау, олардың өмiрде бар екенiн мойындау сенiм емес қой. Сенiм деген сол екеуiнiң бiреуiнiң адам үшiн қымбат екенiн, артық екенiн мойындау. Достоевский: «Сенiм жоқ жерде — iзгiлiк те жоқ», — дейдi. Сонда бұл қандай сенiм? Iзгiлiктiң болмыста бар екенiне ғана сену ме? Жоқ, бұл — iзгiлiктiң жеңiсiне деген сенiм. Iзгiлiкке сенiм артпаған адам ешқашан да жақсылық жасай алмайды.
Сiз тағы да ештеңеге «жақсы», «жаман» деп айдар тағуға болмайды депсiз. Адам баласының хайуандар әлемiнен жоғары тұруы әлгi «жақсы» мен «жаманды» айыра алатын парасатының арқасында ғана емес пе. Егер бiз осы екi ұғымға лайықты айдар таға алмасақ, адамгершiлiк деп аталатын ұлы шариғат та тумаған болар едi.
Адамгершiлiк — адами қарым-қатынастың қағидасы. Онсыз адам өмiр сүре алмайды. (Рас, адамгершiлiк пен ардың заңын жиi-жиi бұзатындар жеткiлiктi-ақ шығар, бiрақ оған қарап, адамзаттың бүкiл болмысын жоққа шығару мүмкiн емес.)
Сiздiң өлiм жайлы философияңызды үлкен жаңалық деп айта алмас едiм. Бiрiншiден, өлiмнiң бәрi бiрдей емес. Егер адам тәңiрi сыйлаған тiршiлiгiн өз қадарынша өткерiп, кейiнгi ұрпаққа орын беру рәсiмiнде келген борышты өлiм болса, адамзат ондай «қиянатқа» шүкiршiлiк етудi баяғыда үйренген. Бiрақ әдiлетсiз өлiм деген бар ғой. Бiреудiң жеткiзбей желкесiн қиған, бiреудi жалғызынан айырған, жауызға жеңiс әперген, қанiшер қарақшының , қараниет күншiлдiң қолымен жасалған, тирандардың үкiмiмен жазықсыз жандарды жаппай қырғынға ұшыратқан өлiмге мен сiз секiлдi бiрыңғай философиялық тұрғыдан қарай алмаймын. Бұлар жер бетiндегi тiршiлiктi мәңгiлiкке айналдыру үшiн емес, жер бетiндегi iзгiлiкке қарсы бағытталған өлiм. Сондықтан, мүмкiндiгiнше, мұндай өлiмдi болдырмау үшiн күресу керек.
Өтiрiк туралы да құлаққа тосын естiлетiн пiкiрлер айтыпсыз. Рас, өтiрiкпен күн көрген заман көп болды. Қазiр де сонымен күн көрiп жүргендер аз емес шығар. Бiрақ ол өтiрiктiң өз басының жақсылығынан емес, өтiрiкке негiзделген қоғамның кiнәсынан ғой. Егер оның орынында шындыққа негiзделген әдiл қоғам болса, өтiрiк сол сәтте-ақ әшкере болып, сiз айтқандай, бiзге кекiрейiп, жоғарыдан қарап сөйлей алмас едi.
Хатыңыздың соң ында күйеуiн өзiне адал деп қателесiп, асылып өлген әйелдiң тарихын мысалға келтiрiпсiз. Мұның бәрi, айналып келгенде, әшейiн құйтұрқы пiкiр таласының айла-тәсiлi ғана. Зерденiң ойыны. Дәл осындай әйелi көзiне шөп салғаннан, керiсiнше, күйеуi асылып өлген талай мысалды келтiруге болар едi. Сондықтан оған қарап, дүниенi құртып жүрген дүниеде жоқ тазалық деп қорытынды жасауыңыз ешқандай қисынға келмейтiн нәрсе.
Жалпы, iзгiлiк пен зұлымдықтың табиғаттағы арасалмағы бiрдей, тек сол тепе-теңдiктi сақтай бiлу қажет деген пiкiр, менiңше, жаңсақ пiкiр. Iзгiлiктiң көлемi зұлымдықпен ешқашанда тең болған емес. Себебi iзгiлiктiң жолы жiңiшке. «Қиянат жасаудың мың түрi бар, ал қиянат жасамаудың түрi бiреу-ақ, ол — тек қиянат жасамау» деген бiреудiң сөзi бар. Сондықтан қолыңнан келсе, жасайтыныңды iзгiлiкке жаса. Ал зұлымдық сенiң әлпештеуiңдi қажет те қылмайды.
Мұның бәрiн мен айтысқа араласып қалған соң , амалсыздан айтып отырмын, әйтпесе, сiздiң көзiңiздi шындыққа жетiзем деген ой менде жоқ. Сiздiң дүниетанымыңызда менiң жанымды, сезiмдерiмдi қорлайтын нәрселер көп. Сiзбен араласпақ түгiлi, ой бөлiсудiң өзi маған тым ауыр тиiп отыр. Сондықтан өзiңiзбен пiкiрлес, бағыттас адам тапқаныңыз жөн болар едi.
Бейтаныс.»
9
3 көкек
Бейтаныс құрбым өзiме дәл осылай бәле болып жабысар деп ойламаған едiм. Тура бiр ғашығым секiлдi — күндiз-түнi ойымнан кетпейдi. Оның өзiмдi төңiректеп жүргенiн қатар тұрған адамның демiн сезгендей, жүрек лүпiлiн естiгендей бiр түйсiкпен аңғаратын тәрiздiмiн.
Аулада жүргендердiң қайсiбiрi күдiктi көрiнiп, тағы да соларды аңдумен бүкiл уақытым зая кеттi. Күн сайын ұйқым қанбай, таңертең қалжырап әрең оянамын.
Түнде әлдебiр дыбыстан оянып кеттiм. Тың тыңдап бiраз жатқан соң, қараңғы дәлізге шықтым. Көше жақтан бiреулердiң жүрген дыбысын естiп, терезеден қарадым. Ешкiм көрiнбейдi. Бiр ғажабы, мен терезе алдынан кеткенде аяқ дыбысы қайта естiледi. Анда-санда машина гүрiлiнен аяқ тықылын жоғалтып алып, бiраздан кейiн қайта естiп, кейде сол дыбысты естiп тұрғанымды, әлде естiмей тұрғанымды өзiм айыра алмай, беймәлiм күйде жүрегiм атқақтап ұзақ тұрамын. Сыртқа шығып қарамақ болып едiм — бөлiмшенiң есiгi жабық екен.
Қайтып келiп, төсегiме жаттым. Бiрақ, таң атқанша көз iлмедiм. Көзiм iлiне бергенде жақындап келе жатқан аяқ дыбысын естiп, оянып кетемiн.
10
7 көкек
Таңертең әлденеге елегiзiп, үлкен бiр шаруадан кеш қалғандай, немесе пойыздан ия ұшақтан қалып қойған жолаушыдай абыржыған күйде ояндым.
Басымды көтергенде бiрiншi көргенiм — тумбочка үстiнде жатқан хат болды. Жүрегiм зырқ ете қалды. Үрей оты тамыр-тамырымды қуалап, лезде жан дүниемдi шарпыды. Апыл-ғұпыл бүктеулi жатқан қағазды аштым — соның өзi. Хатты оқи бастағанда үрейдiң сыртында «не жазды екен» деген әлдебiр қызығушылық сезiмiнен де құралақан емес екенiмдi байқап тұрмын.
«Бейтаныс құрбым! Жауап жазғаныңызға рақмет. Бәрi де мен күткендей болды. Сiз қалыптасқан тұрақты көзқарастың адамы екенсiз.
Болмыс ұшы-қиыры жоқ базар секiлдi. Әркiм сол базардан өзiне керегiн ғана алады. Қалыптасқан көзқарас бойынша, керек емес заттың керегi жоқ. Бiрақ сiз керек емес затты да бiр алып көрiңiзшi. Барлық қызық содан басталады. Бұл — қалыптасқан дағдыны бұзу, жаңалыққа құштарлық. Тiршiлiк жаңашыл танымның арқасында ғана дамитынына дауыңыз жоқ шығар.
Арғы-бергi тарихқа көз жiберген кiсi адамзатты бақытты болды деп айта алмас. Жер бетiндегi қырғын соғыстар, аштық, апат, iндет, адам баласының бойынан арылмаған қиянат, қайыршылық, ол аз болса, бүгiнгi табиғат дертi: бұзылған ауа, уланған су мен топырақ — соның дәлелi.
Мұның бәрiн былай қойғанда, жеке адамның тағдырын — тiптi мына екеумiздiң тағдырымызды — алайықшы. Бақыттымыз ба? Өз басым бақыттымын деп айта алмаймын. Өмiрдегi осынша қиянат пен әдiлетсiздiктi көре тұрып, және одан құтыла алмасыңды бiле тұрып, қайтып бақытты боласың ? Сан ғасыр бойына iзгiлiк пен адалдыққа үмiтiңдi артсаң да, сол үмiт өмiр шындығымен бетпе-бет келгенде баланың ойыншығындай быт-шыт болатынын тарих қанша рет дәлелдесе де, ештеңе ұқпайтын нақұрыстай алған бетiмiзден қайтпаймыз. Соқыр ұстағанынан жазбайды дейдi. Бәлкiм, бұл — рухани соқырлық болар.
Бәрiне сенумен келемiз. Отқа да сендiк, суға да сендiк, табынбаған затымыз қалмады. Құдайға да, пайғамбарға да сендiк. Көсемге де, шешенге де сендiк. Бiрақ адамзаттың қасiретi содан жеңiлдедi ме? Адамзат қанша ғасыр өмiр сүрсе, сонша ғасыр алданып келедi. «Iзгiлiктiң жеңiсiне сенiңдер», — дейдi ақын-жазушылар. Ол жеңiс қашан болады? Iзгiлiк қай ғасырда жеңiске жетпек? Анық дәлел бар ма? Жоқ. Тек солай болса екен деген тiлек қана.
Сонда осынша бақытсыздықтың себебi не деген заңды сұрақ туады. Негiзгi себебi — ақыл-ой кеңiстiгiнде адамзаттың осы уақытқа дейiн адасып келгенi; оның рухани әлемiндегi жақсылық пен жамандық немесе iзгiлiк пен қиянат деп аталатын ұлы ғибадатханалардың қате салынуы.
Олай болса, ар-ұят, адамгершiлiк, әдiлет туралы түсiнiктерiмiздi қайта жасауымыз керек.
«Жаман деп жүргенiмiздi жақсы деуге батылымыз жеткен күнi бiздiң өмiрiмiзде ұлы кезеңдер басталады», — дейдi Ф.Ницше.
Ескi ұғым, ескi қағида, ескi дағды бiздiң ақыл-ойымызды буып, шындық пен ақиқаттың жүзiн дұрыс көрсетпейдi.
Қаншама тарихи тұлғалар кезiнде әйкәпiр атанып, отқа өртелiп, дарға асылып, елден аласталды — кейiн пайғамбарлар қатарына қосылды. Әдебиет пен өнер саласында қаншама көркем туындылар ең өркениеттi елдердiң өзiнде қоғамдық моральға үйлеспейтiн «ұятсыз» шығармалар деп танылып, оларға тиым салынып, жаңа заман, жаңа ұрпақ келгенде ең озық туындылар қатарынан орын алды. Осының бәрi ескi ұғымның салдары. Одан босанған сәтте-ақ санамызға нұр бiтiп, алдымыздан анық та, айқын басқа өмiр басталады. Ендеше бiздiң санамызға бостандық керек. Ақыл-ойдың азаттығы керек. Оны тоқтатар ешқандай кедергi болуға тиiстi емес. Тек рухани шексiз бостандық қана адамзатты бақытты ете алады.
Сәлеммен, Бейтаныс құрбыңыз.»
Жақсылық та, жамандық та алдымен дүниеге идея күйiнде келедi. Сосын iске асады, сенiмге айналады. Ал мына хаттағы идеяларды рухани әлемге тасталған атом бомбасы деп қана қарауға болады. Оның зардабын болжау мүмкiн емес...
Бұдан әрi ойлауға шамам жетпедi. Жүйке тамырымның тартылған сымдай сiресiп, үзiлудiң аз-ақ алдында тұрғанын сезiп, соны босату үшiн айқайлап коридорға шықтым:
— Бұл не деген сұрқиялық?! Не қылған адам өзi? Неге менiң бөлеме сұраусыз кiредi?
Жүгiрiп медбике келдi. Жұмысқа жақында тұрған әйел едi.
— Сiз не бiтiрiп жүрсiз? — деп бажылдаймын оған өзiмдi-өзiм тоқтата алмай. — Бөтен адамды неге кiргiзесiз менiң бөлмеме?
Медбике менi әрең дегенде сабырға шақырып, не болғанын сұрады. Мен оған жөппелдемеде ештеңе түсiндiрiп бере алмадым. Тек хатты көрсетiп: «Мiнеки, мiнеки, бұдан артық қандай дәлел керек?» — дегендi қайталай беремiн.
Ақыры медбике не болғанына түсiндi.
— Мен барда сiздiң бөлмеңiзге ешкiм де кiрген жоқ,- дедi маған таңырқай қарап.
— Қалайша кiрген жоқ? Мiне, мiне, — деймiн тағы да хатты көрсетiп.
— Жақсы, — дедi ол әлден соң бiр құпияның бар екенiн сезгендей болып. — Сiз қазiр жатып демалыңыз, сабырға келiңiз. Сосын көремiз.
Медбике менi бөлмеге кiргiзiп, тыныштандыратын дәрi бердi де:
— Бүгiн далаға шықпай-ақ қойыңыз. Егер кешке қарай мазаңыз болмаса, кезекшi дәрiгерден жатарға укол сұраңыз, — деп ақыл қосты.
— Сiз ғафу етiңiз, — дедiм мен бейбiт үнмен медбикенiң қолынан ұстап. — Ыза болған соң, даусым шығып кеттi. Мен сандырақтап отырған жоқпын. Сенесiз бе? Мен бiр тығырыққа тiрелгендей жағдайда жүрмiн. Осында келгелi бiр адамнан хат аламын. Соңғысы — мынау. Бiрақ кiм екенiн бiлмеймiн. Мазақ қылғандай кейде бөлмеме тастап кетедi. — Қолымдағы хатты тағы көрсеттiм. — Аңдығаныма бiраз болды. Жүйкеме тиiп жүрген нәрсе — осы.
Медбике шын ойланып:
— Хатты қашан көрдiңiз? — дедi.
— Осы жаңа ғана.
— Жаңа ғана? — деп қайталады ол шошығандай бiр үнмен. — Жарайды,-дедi сосын шығуға бет алып. — Мен жақында келген адаммын, көбiн әлi тани қоймаймын... Бiрақ, байқап жүрейiн. Ал сiз дем алып жата тұрыңыз, — деп есiктi сыртынан жапты.
Мен байыз тауып жата алмадым. Сағат 11-де аутотренингке бардым. Бiрақ iшiмдегi жайсыз ойлардың мазамды алғаны сонша дәрiгер қыздың әдемi ерiнi мен маржандай тiстерi, жұмсақ үнi, жан рахатына шақырған сиқырлы сөздерi, қиял тербеген музыка — бәрi де әсер етпедi.
Ақыры кешке хат жазуға отырдым.
«Құрметтi бейтаныс! Сiз бен бiздiң тығылмақ ойнап, айтысқанымызға бiраз болды. Олай болатын себебi — екеумiз де бiрдi айтып, бiрге кетемiз. Әрқайсымыз өзiмiздiкiн дәлелдеу үшiн, бүкiл жиған-тергенiмiздi ортаға салып, өзiмiзге тиiмдi дәлелдер мен қисындарға ғана жүгiнемiз. Егер айтар ойымыз бен жүгiнер шындығымызды нақты алғышарттарға негiздемесек, сiз екеумiз өмiр бойы айтысып өтуiмiз мүмкiн.
Сонымен, сiздiң айтуыңызша, адамзаттың осы кезге дейiнгi жүрiп өткен рухани жолы — жалған, өйткенi адам баласының әу бастағы бетке алған темiрқазығы — адамгершiлiк мұраты дұрыс емес. Iзгiлiк, қиянат, махаббат, адалдық, арамдық деген ұғымдар қате қалыптасқан. Сондықтан ең алдымен мұраттың өзiнен бас тарту керек. Бәлкiм, «бас тарту» деген сөз жоқ та шығар, бiрақ түптеп келгенде айтар ойдың тоқ етерi — осы.
Ал, менiңше, адамдар осы кезге дейiн қалыптасқан адамгершiлiк қағидаттарын орындағаннан емес, керiсiнше, орындамағаннан рухани тоқырауға ұшырап отыр. Рухани ғибадатханаларды қате салғаннан емес, керiсiнше, қасиеттi орындарды қадiрлемегеннен, құндамағаннан, ластағаннан бақытсыз болып отыр.
Рас, дүниеге келген жан иесiнiң бәрi де бостандыққа ұмтылады. Бостандық, сiздiң ойыңызша, қолбайлаудан босану. Шынында да бостандық «босану»(құтылу) деген сөзден пайда болған. Бiрақ, қолды тек жамандық қана байлай ма екен? Парыз, обал,сауап, ар-ұят деген ұғымдар бар емес пе? Сонда ар-ұяттың қолбайлауынан босанған кездi де бостандық деймiз бе? Олай қарасақ, бүкiл тежеусiз iстiң бәрi — имансыздық, қылмыс, алдау-арбау, жезөкшелiк — қысқасы, ойға не келсе, соның бәрiн iстеу (ал ойға не келмейдi) — бостандық болып шықпай ма? Ойларына не келсе, соны iстеген Рим цезарлары — Нерон, Калигула және басқалар шын мәнiнде, нағыз бостан жандар болар едi. Өйткенi олар белгiлi бiр қалыптасқан қағидаға бағынған жоқ, бәрiн бұзды; өз шешелерiмен ашына болды, мiнiп жүрген аттарын сенатқа мүше қылды т.с.с. Бiрақ, иттiң иесi болса, бөрiнiң тәңiрiсi бар. Оларға тарихтың бағасы да, үкiмi де берiлдi.
Бәлкiм, адамзатты осынау жын-ойнақтан сақтап қалған дiн болар. Соның арқасында есiрген iбiлiс ауыздықталмаса да, жазғырылатын болды. Адам санасына бiр құдайдың келуi ендi оның ешқашанда хайуан бола алмайтынын, сол себептi хайуани бостандықпен өмiр сүруге хақысы жоқ екенiн бiлдiрдi. Соның арқасында өз қыздарына өздерi үйленiп жүрген «бостан» жандар ойларына келгендi iстей алмай, шариғатпен шектелiп қалды.
Бiрақ сiз ойлағандай, бостандықты өзге өмiрден бөлiп алып, оған пұтқа табынғандай табынатын болсақ, әлгi жын-ойнаққа қайтып келуiмiз әбден мүмкiн.
Адам адам болғаннан бастап, оның жан дүниесiнiң түкпiрiндегi зынданға салынған: қатерлi нәпсi, хайуани түйсiктер, ұятсыздық пен ынсапсыздық, қатыгездiк пен қараулық, рақымсыздық пен тоңмойындық сенiң бiр сәттiк шарасыздығыңды пайдаланып, бiздi босат, сыртқа шығамыз деп зiркiлдейдi. Ал сен оны бостандық деп ойлайсың. Оны босату түрмедегi қауiптi қылмыскердi босатқанмен бiрдей екенiн түсiнгiң келмейдi.
Көшеде кетiп бара жатқан әдемi келiншектi көрсең , пенделiк жеңiлтек сезiмге берiлiп, оған қызығасың. Бiрақ, сәл сабырға жүгiн. Ол келiншек өзiң секiлдi бiреудiң жары, қарындасы... Сенiң сәбиiң секiлдi бiр сәбидiң анасы. Мiне, осы жерде сен үлкен қатыгездiк пен табандылық көрсетiп, өзiңе «Тоқта!» — дей бiлуге тиiстiсiң. Өйткенi бостандық бiреуге залалың тимейтiн жерге дейiн ғана бостандық, одан әрi — қиянат. Егер тоқтай алмасаң, хайуани сезiмнiң құлына айналасың.
«Сенiң патшалардан айырмашылығың не?» деген сұраққа данышпан Сократ: «Олар өз бойларындағы құмарлықтың құлдары, ал мен сол сезiмдердiң патшасымын,» деп жауап берген. Сократ сол құл-патшалардан жүз есе бостан.
Өмiрдiң мәнi мен мағынасы қарапайым ақиқаттан тұрады. Бiздiң сорымыз — сол оп-оңай ақиқатты түсiнуге және оны орындауға құлқымыздың жоқтығы. Бiз өз еркiмiзбен ең қиын, ең бұралаң жолды таңдап алып, өзiмiз қолдан жасаған қиындықпен жан аямай күресiп, ешкiмге керегi жоқ ерлiктер жасаймыз. Мәселен, темекiнiң адам ағзасына тигiзер зиянын жұрттың бәрi бiледi. Осы бiр жұрттың бәрi бiлетiн ақиқатқа мойынсұнып, одан өзiңдi сақтау үшiн үлкен қайраткерлiктiң , жанпида ерлiктiң , тiптi ештеңенiң де керегi жоқ секiлдi, тек темекiнi тартпасаң болғаны. Бiрақ жер бетiнде қанша миллион адам осыған шамалары жетпей, қасiретке душар болып жүр. Мыңдаған адам темекiден өкпе рагiне т.б. ауруларға ұшырайды. Оларды емдеу үшiн қымбат дәрiлер жасалып, мемлекет қазыналарынан қыруар қаржылар бөлiнедi. Алайда қолдан жасалған осы дертпен күресте адамзат бiрыңғай жең iлiске ұшыраумен келедi. Статистикаға жүгiнсек, жер бетiндегi жер сiлкiну, өрт, тасқын тағы басқа табиғат, жол апаттарынан, iндеттен, қылмысты әрекеттерден — бүкiл көлденең ажалдан мерт болғандардың 41,4%-i темекi құрбандары. Яғни жер шарындағы бүкiл қасiреттiң тең жартысына жуығы темекi зардабынан болып отыр.
Бiр қарағанда оп-оңай көрiнген заттың миллион есе қиындап, осындай әлемдiк проблемаға айналуы кiп-кiшкентай бейкүна жәндiктiң аяқ астынан аждаһаға айналғаны секiлдi, шынында да, сұмдық емес пе? («Адамдар ең көп азапты қарапайым ақиқатты елемегеннен шегедi» — дейдi сiздiң сүйiктi философыңыз Ф.Ницше). Ал сiз осы бәледен құтылудың жолы — темекiнiң бойынан бiр жақсы қасиет тауып, темекi шегудi заңдастыру деп ойлайсыз. Бұл өз бойыңдағы кеселдi дағдыға қол көтерiп берiлу, ештеңеге қарсы тұра алмайтын, күресе алмайтын, табансыз, әлсiз жанға — құлға айналу деген сөз.
Бостандық адамның өзiнiң iшiнде, санасында. Тумысында қорқақ, жағымпаз жанға қанша хұқықтық бостандық бергенмен, ол бостан бола алмайды. Шектен тыс өзiмшiл, шенқұмар, нәпсiқұмар, ашқарақ адамдар ешқашан да бостан бола алмайды. Өйткенi олар өздерiнiң әлгi ниеттерi мен пиғылдарының құлақкестi құлдары.
«Бостандық деген не? — Ар-ұяттың тазалығы», — деген бiздiң дәуiрiмiзден жетi ғасырдай бұрын жер бетiндегi жетi дананың бiрi — Периандр Коринфский.
Ғажап емес пе! Яғни шын бостандыққа рухани кемелдену арқылы ғана жетуге болады. Мiнеки, мұндай бостандықтың алдында бас киiмiңдi алып, басың жерге жеткенше иiлу керек.
«Iзгiлiк қай ғасырда жеңiске жетедi? Анық дәлел бар ма?» — депсiз. Iзгiлiктiң жеңiсiн жер бетiнен зұлымдықтың түп-тамырымен жойылып кетуi деп түсiнсек, тым қарабайырлық болар едi, әрине. Iзгiлiктiң жеңiсi — iзгiлiк туралы идеяның адамзат санасына берiк орнауы.
Дегенмен, бұл мәселенiң бiр-ақ жағы. Жеңіс пен жеңiлiстiң ара-қатынасын сiз бен бiз әлi анықтаған жоқпыз. Қазiргi ұғымда жеңiс бiзге рингте қарсылысын ұрып жыққан боксердiң немесе арзанқол кинофильмдерде өз жауын атып құлатқан боевиктiң еншiсiндей ғана елестейдi. Яғни қаза тапқанның бәрi — жеңiлгендер. Алайда, адам төзгiсiз қаталдықпен жау қолынан қаза тапқан Иса пайғамбардың жеңiлiсi ақыры адамзат үшiн нағыз ұлы жеңiс болып шыққан жоқ па?! Өмiрде осындай жеңiске бергiсiз жеңiлiстер бар. Немесе ұядағы балапанын қорғап, жыланның аузына өзi құлап өлген торғайдың ерлiгiнен артық қандай ерлiк болуы мүмкiн?! Бұл да жеңiске бергiсiз жеңiлiс емес пе? Таң қалсақ, осыған неге таң қалмаймыз?
Жалпы ерлiк дегеннiң өзi не нәрсе? «Кеселдi кiсiнiң ер келетұғыны несi?» — дейдi Абай. Қарап отырсаңыз, бiздiң көбiне ер дейтiнiмiз кеселдi iске жүрек жұтқандар. Қаннан қорықпау, кiсi өлтiруден, тонаудан, қанаудан қорықпау. Қысқасы, қарақшылар мен жендеттер ер деген атқа ең лайық жандар болып шығады. Ал рухани ерлiктi қайтемiз? Мәселен, өз мiнiңмен қателiгiңдi мойындаудан қорықпау, өзгеге қаталдық емес (одан оңай не бар), өзiңе қаталдық көрсете бiлу, өзiңдi жазалай бiлу, қысқасы, ең алдымен өзiңдi өзiң жеңе бiлу — мұның бәрi ерлiкке жатпай ма? Өзiнен әлеқайда күштi жаудың аузына өз еркiмен түсуге жүрегiн дауалата бiлген жаңағы торғайдың ерлiгiн арыстанның қайталай алмауы әбден мүмкiн. Бәлкiм, осы тұрғыдан кейбiр ұғымдарды қайта қарауға тура келетiн шығар.
Сiздiң бүкiл идеяңыз «iзгiлiк мұраттары жер бетiндегi адамдардың кемелденбеген өмiрiне сәйкес келмейдi» деген тұжырымға негiзделген. Рас, анық өмiрде кемелiне келген мүлтiксiз ештеңе жоқ. Бар болса, ол әрi қарай дамымас та едi. Жер бетiндегi тiршiлiктiң мәңгiлiгiнiң өзi мәңгi дамуға негiзделген. Сондықтан кемелiне жеткен мүлтiксiз ештеңе болуға тиiстi емес. Бiрақ суретшi иә мүсiншi өз туындысын жасағанда мiндеттi түрде жаңағы өмiрде жоқ кемелдiкке ұмытылады. Оған ешқашанда жете алмасын өзi де бiледi. Алайда соның арқасында талай тамаша өнер туындыларының дүниеге келетiнi белгiлi.
Емделмейтiн ауруларды емдеу арқылы, алынбайтын қамалдарға жасалған шабуылдар арқылы, сол жолдағы жеңiске бергiсiз жеңiлiстер арқылы адамдар ғажайып рухани биiктерге көтерiледi, адами мүмкiндiктiң көкжиегiн кеңейтедi.
Ендеше мұраттың қарабайыр тiршiлiкке сәйкес келмеуi оның кемшiлiгi емес, керiсiнше, артықшылығы болмақ.
Өмiрдi жақсартуға болатын iзгi сезiмдер мен iзгi шарттарды құдай бәрiмiздiң бойымызға берген. Ендi сол шарттар мен ойға алған ниеттердiң iске аспағанын өзiмiздiң табансыздығымыз бен жiгерсiздiгiмiзден көрудiң орынына, ар-ұяттың құдiретiмен жасалған қасиеттi ұғымдарды тәрк етiп, бүкiл адамзаттың парасатын жоққа шығарғымыз келедi.
Адами өмiрдiң заңын адам жасайды. Ол заңның iске асуы өзiмiздiң құлқымызға байланысты. Рас, табиғаттың iрге тасында бiздiң қасиеттi сезiмдерiмiздi қорлайтын қатал заңдар көп. Бiрақ,табиғаттың ол заңдарымен өмiр сүретiндей, оны өзiмiзге тiршiлiк шарты етiп алатындай — бiз хайуан емеспiз ғой.
Айталық, тәңiрi үшiн, махаббат үшiн, ұлы мақсат-мұрат үшiн өзiн-өзi құрбандыққа шалу немесе өмiрдiң рахат-қызығынан өз еркiмен бас тарту, қасiретпен тазару тағы сол сияқты әулие қасиеттер табиғат заңында (дәлiрек айтсақ, хайуанат заңында) бар ма? Жоқ. Әулиелiкке адамнан басқа жан иесi түсiнбейдi. Олай болса, хайуандар әлемiнiң заңдарын табиғат заңы деп желеу етiп, өз күнәмізді ақтау үшiн санамызды сарсаңға салып, небiр қисынды қиыннан қиыстырып, құдай берген қабiлетiмiздi босқа сарыққанша, кiсiлiк парасатқа лайықты шарттармен өмiр сүргенiмiз дұрыс емес пе? Ал оған шамамыз жетпесе — мейлi жетпесiн, бiрақ алған бетiмiзден неге қайтамыз? Алған беттен қайттық екен, онда бойымыздағы парасат сезiмдерi желге ұшып, оның орынына хайуани сезiмдер бас көтередi. Өзiмiздiң хайуан екенiмiздi сезген сәтте-ақ бүкiл адами мiндеттердi жеңiлдетiп, күнә мен қылмыстарымызды ақтап, өзiмiздi емес, ар мен ұяттың қағидаларын «жөндеуге» кiрiсемiз. Бұрыстың бәрiн дұрыс қылып заңдастыру әрекетiн бастаймыз. Яғни кiсi өлтiрсек те, «бұл табиғатта бар нәрсе, солай болған, болып келедi, бола бермек».
Осыдан кейiн бостандық. Не iстеймiн десең де, өз еркiң. Күнәға бат, арыңды сат, жарыңды сат, алда-арба — өйткенi адам мақсатты түрде күнәһар болып жаратылған. Табиғат заңы осындай. Қандай рахат! Бостандыққа шыққан баскесердей ойыңа не келсе, соны iстейсiң. (Сiздiң «қол созым жерде тұрған бақыт құсыңыз« осы болар).
Жоқ, бейтаныс замандас! Өмiр деген ұлы Ойынның ережесi баяғыда жасалған. Әдетте ереженi төменгi дәрежедегi ойыншылардың жиi бұзатынын және олар үшiн ереже қашан да ауыр жүк екенiн есiңiзге салғым келедi.
Қош болыңыз!
Бейтаныс.
Айтпақшы! Кезiнде әйкәпiр атанып, отқа өртелген, дарға асылған, елден аласталған пайғамбарлар, тиым салынған әйгiлi шығармалар қиянатты қарапайым халықтан емес, билiк жүйесiнен көрдi. Ал халық өзiнiң есте сақтау қабiлетi арқылы оларды тарих ажалынан аман алып қалды.»
Мен хатты каридордағы келiсiлген жерге апарып тықтым да, бөлмеге келiп, өзiм жазған хаттың әсерiмен ойланып ұзақ жаттым.
Менiң мазамды алған ең алғашқы хатта келтiрiлген қытай философиясындағы «Ян» мен «Инь»-нiң арақатынасы. Бiр заттың мезгiл-мезгiл кереғар екi күшке айналып тұратынын мойындайын. Бiрақ осы кереғар екi күш қалайша өздерiнiң мән-мағыналарынан айрылуға тиiстi? Неге ақ пен қара, адал мен арам, iзгiлiк пен қиянат iштей былығып, бiр-бiрiмен мидай араласуы керек? Толып жатқан шырғалаң ойлармен көз байламай, анық ақылмен, сезiммен пайымдасақ, тамақ пiсiрiп жатқан қазан түбiндегi от пен адамдардың жиған-тергенiн күлге айналдырып жатқан сұрапыл өрттi түбi бiр деп бiр құбылысқа айналдыруға бола ма? Жоқ. Екеуi бiр табаққа сыймайтын құбылыс. Алайда екеуiнiң бiр табақта жатқаны кiмге керек болуы мүмкiн?
Осының бәрi, менiңше, адалға да, арамға да, iзгiлiкке де, қиянатқа да жататын рухани қосмекендiлердiң көбеюiнен. Рухани гермофродиттердiң көбеюiнен. Кембағалдар қашан да өмiрге өшпендiлiкпен қарайды.
Мен бейтаныс құрбымның бойынан террористiк бiр қасиет байқаймын. Ол адам баласының ғасырлар бойы ақыл-парасаты мен жiгерiн жұмсап тұрғызған рухани ғимаратын тас-талқан етiп жарғысы келедi де тұрады. Егер ол пиғыл орындалса, адамзаттың сан мың жылдық еңбегiнiң зая кеткенi. Бұдан кейiн қаласаң да, қаламасаң да — хайуанаттар әлемiне қайтып баруға тура келедi.
Рухани терроризмге қарсы күрес керек.
11
8 көкек
Жалғыздық жайында көп ойландым. Қиындыққа да, қиянатқа да, зорлық-зомбылыққа да, жала мен бәлеге де төзуге болатын секiлдi. Төзуге қиын жалғыз нәрсе — жалғыздық.
Адам өмiрi құнсызданған кедей елдерден гөрi төрт құбыласы түгел дәулеттi елдерде адамдардың өзiне-өзi қол салу әрекеттерi көп дейдi. Себептерi әртүрлi: айықпас дерт, алданған махаббат, адасқан арман, түзелмес тұрмыс т.с.с. Бұлардың бәрiн де бiр ғана жалғыздық деген ұғымға сыйдыруға болады. Дауасыз дертке шалдыққандардың бәрi өздерiн өздерi өлтiре бермейтiндерi белгiлi. Төңiрегiңде қасiретiңдi бөлiсетiн, тiршiлiктегi әр сәтiңе қуанатын қалың қауым қаумалап тұрғанда ешқашанда өзiңе-өзiң қол жұмысай алмас едiң. Тағдырдың толып жатқан басқа да соққылары, бөлiсетiн жан болса, сенi есеңгiрете алмайды. Адамның жұлын-жүйкесiнiң қайғы-қасiретке төтеп бере алмауы жан азабын бөлiсетiн жақын жанның жоқтығынан. Ондай кезде жалғыз әмiршiң — Жалғыздық. Ғашығыңдай жабысқан, түнде түсiңде, күндiз iсiңде серiк болған, жатырлас сыңарың Жалғыздық — ендi сенiң тағдырың. Етегiнен ұста да, о дүниенiң ызғарлы да тұманды кеңiстiгiне сүңги бер.
Ғалымдардың айтуынша ғалам кеңiстiгiндегi ой жетпес алыс галактикаларда «қара тесiктер» («черные дыры») болады екен. Осынау космостық құрдымға жұтылмайтын ештеңе жоқ, бүкiл масса атаулы, тiптi оған тап болған сәуле де одан қайтып шыға алмайды.
Жалғыздық та осындай космостық қара тесiк секiлдi. Бойыңдағы сәулеңдi, күш-қуатыңды, жiгерiңдi, үмiтiңдi, сенiмiңдi қайтып шықпастай етiп сорып алады. Жалғыздыққа кеткен қайратыңның жүзден бiрiне қыруар ерлiк жасауға болар едi. Жалғыздықтан құр сүлдерi қалып қажыған қанша адам ерлiк жасамақ түгiлi қарақан басын әрең алып жүр.
Жалғыздықтың өзiме тым жақын келiп қалғанын денеммен, сыздаған жүрегiммен сезiп тұрмын.
Аласұрып серiк iздеймiн. Коридормен өтiп жатқан әркiмдерге, бөлме тазалаушы мен медбикелерге де жабысып жағдайларын сұрап, олардың өзiммен әңгiмелескенiн тiлеймiн. Олар маған таңырқай қарап, әлде мазақ, әлде сандырақ деп ұғып, жауап бермей өте бередi.
Аутотренингке бардым. Дәрiгер қыздың үнемi бiрдеңе айтқысы келiп тұрғандай сәл-пәл түрiлiп тұратын сәби ерiндерiн көргенде көңiлiм аздап та болса жайланғандай болды. Бiрақ iшкi беймаза сезiм әлi толастамаған едi. Сеанстың өн бойында өтiрiк ұйықтаған болып, тiптi жұрт тарап кеткеннен кейiн де қимылдамай жата бердiм. Ақыры көзiмдi ашып қалған кезде тура қарсы алдымда айрықша бiр жылы шыраймен өзiмдi үнiз барлап тұрған дәрiгер қызды көрдiм. Оның жанарынан тараған жылы ағынға жаным да, тәнiм де балқи түскен секiлдi. Апырмай, адамнан жұмбақ не бар екен жер бетiнде! Жалт еткен жалғыз жанар жаныңа осынша қуат бередi деп кiм ойлаған?
Алайда оның: — Сiз ұйықтамадыңыз ғой, — деген сөзi әзiл үнмен айтылса да, менi сәл-пәл абдыратып тастағандай болды.
Мен өзiмнiң «тәттi» ұйқыммен жұртты алаңсыз сендiрдiм деп ойлағам... Бiрақ қыздың жұмсақ жүзi бәрiн жуып-шайғандай болды. «Адамға көп ештеңенiң керегi жоқ, иә, тiптi ештеңенiң де, тек дәл осылай жылы шыраймен бiр қараса жетiп жатыр» деп ойладым iшiмнен. — Сiз өзiңiздi қинаған мазасыз ойларды маған бере аласыз ба? — дедi кенет ол менiң қолымнан ұстап.
Абдырау сезiмi маған қайта оралды. «Қайтiп? Қалай?» Алақаным терлегендей болды. Қолымды босатып алдым. Ол маған «мұныңыз не, көңiлге келетiн ештеңе деген жоқ едiм ғой» дегендей, ренiшсiз наздана қарады. Тұңғиық жанары тұтас бiр әлем секiлдi. Ондағы мейiрiм, инабат, әдемiлiк жаныңды баурап, жаураған жүрегiңдi беймағұлым рахатқа бөлейдi. Әлгi жанар менi үнсiз жұбатқандай болады:
«Көңiлiңiзге ауыр тиетiндей оспадар қылық жасасам, ғафу өтiнемiн! Жаныңыз сонша нәзiк пе едi?! Сiздiң iшкi ой азабыңызға дауа болсам деп едiм. Жанға жаннан басқа шипа жоқ. Қараңыз менiң жанарыма. Жанар ешқашанда өтiрiк айтпайды.»
«Сiздiң жақтан жанға жайлы бiр жылы ағынның есiп тұрғанын бiрiншi көргенде сезiп едiм, — деймiн мен де үнсiз. — Бiрақ оның кiмге бағытталғанын айыра алмағанмын. Мазасыз ойлар менде тым көп қой. Оның бәрiн берсем, Сiзге обал жасаймын ба деп қорқамын.»
«Сiздi ой азабынан құтқара алсам, ол — маған да бақыт.»
Мен селк ете қалдым. Өйткенi әлгi сөз iшкi әңгiмеге ұқсаңқырамайды. Құлағыма анық естiлгендей. — Не? — дедiм даусымды шығарып, естiген-естiмегенiмдi анықтау үшiн. — Сiздi ой азабынан құтқара алсам, ол — маған да бақыт, — дедi ол айтқан сөзiн қайталап.
Iшкi диалог сыртқы диалогқа ауысты. Маған жанармен сөйлескен әлдеқайда шынайы да түсiнiктi көрiнiп едi. Сөз — көп жағдайда буалдыр, екiұшты... Мен үндегем жоқ. Өйткенi әңгiменi үнсiз жалғастырғым келдi. «Сiзге азапты ойларымды бергенiм — бүкiл тағдырымды бергенiм», — деймiн iштей ғана. Әрине, өмiрде бiр-ақ рет айтылатын мұндай шешушi ойларды естiртiп айту мен үшiн қиын болар едi.
«Қабыл алдым бәрiн де», — дейдi оның жанары әлде бiр нартәуекелге бел байлағандай түрмен. Менiң жүрегiм лүпiлдеп қоя бердi.
— Рас па? — дедiм қалай сөйлеп қоя бергенiмдi өзiм байқамай.
— Рас, — дедi ол сабырлы үнмен.
Тоғанды бұзған дария суындай әлдебiр қуатты сезiм тасқыны менiң жан дүниеме лап бердi. Құлазыған көңiлiмнiң шөл даласы лезде құлпырған көк-жасыл өлкеге айналды. Адам жанына қуат беретiн құдiреттi күш бұл өмiрде бар екен. Тек кезiгуге құдай жазса...
Мен алақанымның құп-құрғақ екенiн сезiп, оның қолынан ұстадым. Ол өзгенiң пәрменiне мойынсұнған адамдай мұңайған шарасыз күйде жанарын төмен түсiрдi. Қолын босатпақ болып, болмашы қимыл жасап едi, мен жiбермедiм. Өйткенi менiң бойымды билеген қуат пен сенiм тым зор едi. Мен өз бойымнан әлде бiр жеңiс салтанатын сезгендей бодым. Мұным, әрине, пенделiк. Өйткенi осының алдында ғана жалғыздық қаһарынан қалтыраған бейшара жанға бұл қуатты оның өзi бердi. Ендi сол қуатты арқаланып бұл өзiнiң жарылқаушысына өзi күш көрсетiп тұрған секiлдi.
Мен оны қолынан тартып өзiме жақындаттым. Жанға жайлы қоңыржай жұпар иiстi сездiм. Оның дымқыл тартқан қолынан болмашы дiрiл байқалады. О, тоба, оның бойындағы дiрiл күшейген сайын, мендегi әлдебiр астамшыл, тентек сезiм қан иiсiн сезген акуладай ойқастап, айбаттана түскендей болады. Мен өзiме-өзiм түсiнбей, бейтаныс бiреудi көргендей аңырып қалдым. Ақыры әлгi бейтаныс бiреудi танығандай болдым. Ол — менiң бiр сәттiк пенделiгiмдi пайдаланып, көңiл түбiндегi зынданнан бас көтерген хайуани сезiмдер екен. — Жоқ! — дедiм ышқына сыбырлап. — Жоқ! Ешқашанда! — Мен хайуани сезiмдердi зындан iшiне қайта қуып, әрең дегенде аузын бекiтiп, уһ деп демiмдi алып, басымды көтердiм. Ол әлденеден қысылған сәбидей бетiнiң ұшы қызырып, маған үрке қарап, абдырап тұр екен. — Сiзге емес. Сiзге айтып отырғам жоқ. Өзiме, өзiме, — деймiн өзiмдi қолыммен көрсетiп.
Ол сәл-пәл жымиғандай болды. Адам жүзiндегi алқызыл арай тазалық пен нәзiктiктiң белгiсi iспеттi. Қызара бiлетiн жаны жұқа жандардың өн бойынан теңдесi жоқ сұлулықтың, имангершiлiк пен шыншылдықтың лебi еседi.
Ол қатардағы орындыққа отырып, бiрдеңе айтуға оқтала берген едi, мен ақырын ғана қолыммен оның аузын жаба қойдым. Оның жұп-жұмысақ ерiндерi алақанымды қытықтағандай болды. — Керегi жоқ, — дедiм сыбырлап. — Мынандай ғажайып үнсiз әңгiмеден кейiн, қалғанның бәрi артық. Ештеңе айтпаңыз.
Ол сыңғырлап күлiп жiбердi де, үнсiз әңгiменiң соңғы нүктесiн қойғысы келгендей, маған күн шұғыласындай шуақты жанарымен мейрiмiн төге қарап, төңiрегiмдi аппақ нұрға бөледi. Мен тағы да ертегi әлемiне сүңгiдiм де кеттiм.
Нағыз ертегi — анық өмiр.
12
9 көкек
Мен ұзақ уақыт күңгiрт те қапырық ғимараттың iшiнде болып, ендi сыртқа шығып, табиғатты, қоғамды, адамдарды көрiп, өзiнен-өзi мәз болып жүрген бiреудей күй кешiп жүрмiн.
Өзiмдi мазақ қылып жүрген зымиян құрбымды ауруханадағы аурулардың арасынан табам деген ойдан бiрте-бiрте қайта бастаған секiлдi едiм. Әлдебiр шашы көзiне түскен арық жiгiттiң менi көргенде сасқалақтап бөлмесiне кiрiп кете беретiнi болмаса, қалғандарының жүрiс-тұрысынан күдiктi ештеңе бiлiне қоймаған. Арық жiгiт, тек мен емес, бетiне тура қараған адамды көрсе болды, бөлмесiне тығылатын үрей дертiне шалдыққан бiреу екен.
Бiрақ ойым тағы өзгердi. Бойыма қуат жиналған кезде Бейтаныс құрбымен текетiрес iшiмде қайта басталады. Оны қолға түсiрудiң жаңа айла-тәсiлдерiн ойластыра бастаймын.
Кiм бiледi, бәлкiм, кездесiп қалар деген оймен сыртқа шыққанмын. Ауладағы адамдар өзгерiптi. Төбелескiш дәу жiгiт те, таяқ жеген жалбыр шаш та, аузы сөзден босамайтын ақсары кiсi де жоқ. Өзiн «Айса пайғамбармын» деп таныстыратын қараторы жiгiт аула түкпiрiндегi ең шеткi орындықта өзiмен-өзi сөйлесiп отыр. Жаңа келгендердiң көбiсi кiсi киiктенiп ешкiмге жоламайды. Сондықтан менiң жұртты сөзге тартпақ болған әрекетiмнен ештеңе шықпады. Әркiмнiң жүзiне күдiкпен сұқтана қараған осы жүрiсiмнiң ерсi екенiн өзiм де түсiне бастаған секiлдiмiн.
Ақыры күдерiмдi үзiп, әбден қалжырап шаршаған күйiмде түннiң бiр уағында төсегiме қисайдым.
13
13 көкек
Көңiлiм бей-жай. Бiрнеше күннен берi басым аурып, күнделiк жазуға құлқым болмады.
Бейтаныс құрбымның қарасы батқан секiлдi. Хабар жоқ. Бiрақ оның кесапат ойлары менiң көкiрегiмде сайрап тұр. Оның өзiнiң бар, жоғы ендi маған бәрiбiр секiлдi, мен әлгi кесапат ойлармен iштей арпалысудамын.
Табиғат аясында көгалды жерлердi бiрте-бiрте құм басып, шөлейтке айналдырып жатқаны секiлдi, мұрат тазалығы мен имангершiлiк деп аталатын рухани көгалды сайқал әлемнiң бiрте-бiрте тарылтып келе жатқанын аңғармау, әрине, мүмкiн емес.
Көркем әдебиет, музыка, театр, кино неғұрлым дөрекi сезiмдерге толы болған сайын, неғұрлым шектен тыс ұятсыз болған сайын, соғұрлым өтiмдi. Бетховендi тыңдамайтындар ең төменгi санаға арналған тұрпайы музыкаға құмырсқаша қаптайды. Шынайы да мағыналы көркем фильм жасаған режиссер бағасын ала алмай, бағы жанбай, қайыршылықта жүруi мүмкiн, ал таза порнографиядан добалдап фильм жасаған шалағай бiреу ақшаның астында қалып жатады. Яғни арсыздық әлемiне сұраныс мол.
Өркениеттi елдерде аты шулы актриса иә әншi тыр жалаңаш күйiнде журналға жарияланып, журналистерге өз бойында күнiне неше рет оргазм болатыны туралы сұқбат берiп, ең жоғарғы заң жүйесi Парламенттер әйелдiң әйелге, еркектiң еркекке үйленуiне рұхсат беретiн заң шығарып жатса, және бiз оны бүгiнгi демократияның жеңiсi деп қабылдап жатсақ — оны iзгiлiктiң жеңiлiсi демегенде не деймiз?
Бiрақ бұл құлдырау дәуiрiнiң болмыс заңдарымен үндескен дәйектi анықтамасы жоқ. Кез келген рухани құбылыс өмiр сүруге хақылы болу үшiн, математикалық теңдiкке бағынатын табиғат жаратылысы секiлдi, белгiлi бiр жүйелi қисынға бағынуға тиiстi. Ал жаппай рухани күйреуде универсальды қисын жоқ. Тұйыққа тiрелу ғана бар. Арақтан жеңiлген маскүнем немесе есiрткiге уланған нашақор өзiнiң түзелуден кеткенiн сезген кезде өзiне-өзi қол жұмсайтыны секiлдi, адамзат та бұдан өзiн-өзi мерт қылу арқылы ғана құтыла алады. Парасат майданында iзгiлiк жеңiлiске ұшыраса, оның ақыры немен тынатыны жөнiнде басқаша болжам айту мүмкiн емес.
Иә, иә, ғылым мен техниканың ең жоғарғы жетiстiктерiмен қаруланған бүгiнгi адамды әлдебiр сыртқы алапат күш құртып жiбере алмайды. Ядролық қатер немесе космос апаты әшейiн аңыз ғана. Адам құрыса шегiне жеткен рухани азғындықтан ғана құриды.
Ал сонда рухани күйреудiң басты себебi не? Менiңше, әуелде жан иесiнiң тiршiлiгiне тұтқа болып басталған, одан шегiне шыға шарықтап, ендi парасатты өмiр тұсында аяққа тұсау болып отырған Өзiмшiлдiк ауруы. Оның ұраны — «Мен». Бiрақ анық өмiрде осы «Мендi» құтыртпай, ауыздықтап отыратын күш адам бойында бар ма? Тiптi оны былай қойғанда, адам өз «Менiн» ауыздықтау қажет деп есептей ме?
Биологтар ұзақ уақыт қабыландардың өз күшiктерiнiң аузынан тамақты тартып алып жейтiн әдеттерiн хайуани тағылық деп бағалап келген. Бiрақ кейiн мүлде басқа нәрсе анықталған. Қабыландардың балалары қомағай болғандықтан, сырттан бiреу тоқтатпаса, тойғандарын бiлмей, күптi болып өлiп қалады екен. Қабыланның өзi болса, генетикалық жад арқылы мұны жақсы бiледi. Сол себептi артығын жегiзбейдi.
Өмiрдiң барлық саласында — iшетiн тамақтан бастап, басқа қонған бақ-дәулетте де, бәсеке-тартыста да, нәпсiде де қомағайлық пен ынсапсыздыққа бой алдырып, қабыланның күшiгiндей қатерде тұрмыз. Қабыланның күшiгiн құтқаратын күштi табиғат күнi бұрын ойластырған. Ал адамды құтқаратын өзiнен басқа күш жоқ.
Тiршiлiкке қажеттi соқыр сезiмдер қаншалықты құдiреттi болғанымен, жоғары сапалы парасат әлемiнде билеушi күш бола алмайды, ең бастысы, болуға тиiстi емес. Бiрақ адам баласы әлi де өз «Менiн» өзi қызықтап, сол соқыр сезiм патшалығынан шыға алмай жүрген сияқты. Егер бүкiл «Мендер» қосылып парасатты «Бiзге» айналса, адамгершiлiк қағидаларын iске асыру, әрине, әлеқайда жеңiлдер едi.
Адамның рухани түлеп, жаңаруына, жаңа биiкке көтерiлуiне кедергi болып отырған қатыгездiк, күншiлдiк, қызғаншақтық, менмендiк, астамшылдық, сараңдық, ақшақұмарлық, араққұмарлық, әйелқұмарлық, атаққұмарлық секiлдi кесапат қасиеттердiң қай-қайсысының да түп-тамырында «өзiм, өзiм ғана« деп емiнген «Меннiң» жатқаны ешкiмге де құпия емес.
Тарихта iргелi мемлекеттердiң құлауына негiзiнен басқарушылар арасындағы алауыздық себеп болған. Ал алауыздықты бас басына би болған, бiрiгуге жандары қас «Мендердiң» өзiмшiлдiгi тудырады.
От басынан бақ тайып, ерлi-зайыптылар ажырасып жатса, оған да бiреуiнiң иә екеуiнiң бойындағы өзiнен басқаны ойламайтын өзiмшiлдiк кiнәлi.
Ағайынды екi адам немесе қанды көйлек достар араздасып жатса, ол да өңмендеген өзiмшiлдiктiң кесiрi екенi даусыз. «Меннiң» өлермендiгi тұрған жерде жарасымды махаббат та, риясыз достық та, береке-бiрлiк те болуы мүмкiн емес. «Мен» қашан да тойымсыз — бәрiнен артық, бәрiнен биiк, бәрiнен ықпалды болғысы келедi де тұрады. Оның бас сұқпайтын, бүлдiрмейтiн жерi жоқ.
Рас, арсыздау «Меннiң» арқасында өзiнiң ғана емес, өзгенiң де несiбесiне ие болып жүрген олжабайлар жетерлiк. Алайда «Мен» жүйесi қауым талабын орындауға жарамсыз.
«Өмiр дегенiң қашан да — кеменiң апаты», — дейдi Х.Ортеге-и-Гассет.
1912 жылы 14 сәуiрдiң түнiнде Ұлыбританияда жасалған «Титаник» кемесiнiң Нью-Иоркқа бет алған сапарда Атлант мұхитында апатқа ұшырағаны мәлiм. Өз заманындағы ең алып, ең көрнектi бұл кемеде негiзiнен зиялы қауым өкiлдерi, аса дәулеттi адамдар орналасқан едi. Айсбергке соғылып, қираған кеме мұхитқа батып барады. Ажал құрсауында қалып, үрейлерi ұшқан екi мыңнан астам адам ессiз жанталас үстiнде. Әркiмнiң санасында — жалғыз «Мен». «Қайтып аман қаламын? Қалай құтыламын?» Басқаша ойлауға уақыт та, мүмкiндiк те жоқ. Бұл табиғи құбылыс. Бiрақ парасатты адам қашан да рухани әлемнiң биiк қағидаларымен өмiр сүргiсi келедi. Ол қағида бойынша сен ең алдымен өзiңдi емес өзгелердi ойлауың керек (бұл өз бойыңдағы «Менге» қарсы соғыс ашу деген сөз).
Кеме капитаны төтенше жағдай негiзiнде құтқарушы қайықтарға ең алдымен балалар мен әйелдердi отырғыза бастады. Құтқарушы қайықтардың саны өте аз едi. Қайыққа отыруға ұмтылған ессiз топтың тасқынына, қисапсыз ақша берiп, қайыққа отырғыз деп жалбарынған миллионерлердiң арызына төтеп беру, бәлкiм, оңай да болмаған шығар. Бiрақ шарттың бәрi орындалды. Құтқаруға мүмкiн адамның бәрiн құтқарып, бақытсыз 1500 адаммен бiрге экипаж батып бара жатқан кемеде қалды. Көзi көргендердiң айтуына қарағанда, теңiз суы кемедегi музыканттардың тiзелерiнен асқан кезде де оркестр тоқтаусыз ойнап тұрған. Оркестр осылайша рух мәңгiлiгiнiң гимнiн ойнаған күйiнде ажал құшағына енген. Кеменiң капитаны мен оның экипажы өз мiндеттерiн орындап болғаннан кейiн, кемедегi қалған жолаушымен бiрге қаза болады.
Осылайша «Мен» емес, «Бiз» деп аталатын жүйенiң арқасында кеме басшылығы ажал алдында адамгершiлiктiң биiк қағидаларын (мейлi, толық күйiнде болмаса да) iске асыру арқылы адам баласының парасат мүмкiншiлiгiнiң мол екенiн көрсеттi. Егер сол сәтте адамдардың бәрi тек қара бастарын ғана ойлап, «Меннiң» жетегiнде кетсе, кемедегiлердiң бәрi о дүниеге хайуан күйiнде аттанған болар едi.
14
19 көкек
Айдың күні аманында өзім тап болған мынау беймағұлым жағдайға мен де үйрене бастаған секілдімін. Дәліздегі үстелдің астынан кезекті хатты алғанда бұрынғылай қорыққан да, үріккен де жоқпын. Ежелгі танысымнан келген әшейін бір сәлем хаттай жәйбарақат ашып, оқи бастадым:
"Құрметті Құрбым! Біраз уақыт хат жазуға жағдайым болмады. Ауырып қалдым. (Осы сәтте еріксіз мырс еттім:"Менімен кіндігің бір емес пе, мен ауырғанда қосыла бірге ауыратын", — деген кекесін ой келді). Соңғы хатыңды ризашылықпен оқып шықтым. Әрине, бәріне келісу мүмкін емес. Бірақ қисынды дәлелдер баршылық. Ал келіспейтін жерім — сен үнемі ізгілік мұратын абсолюттік дәрежеге көтересің. Біріншіден, абсолюттік өлшем тәңіріден басқаға лайық болуы мүмкін емес. Екіншіден, кез келген заң шындыққа сәйкес келмесе, орындалмайды. Сенің ізгілік туралы идеяң ешқашан да орындалмайтын, сол себепті қоғамда үнемі қайшылықтар тудыратын өлі заң секілді. Осыдан барып адамдар арасында — қол жетпеген арман, іске аспаған мақсат, мағынасыз текетірес, өмірге наразылық, уайым-қайғы түрінде — сан түрлі берекесіздіктер туады. Ал өмірде көптеген қайшылықтарды шешуге мүмкіндік беретін нәрсе — мәміле, компромисс. Ол үшін ең алдымен дүниетанымдық компромисс керек. Iзгілік пен зұлымдық деп аталатын философиялық категориялар көне заманғы адамдардың қарабайыр әсері мен ой-өрісінен туындаған атаулар болғандықтан, бүгінгі дүниетанымның талабына жауап бере алмайды. Тіршіліктің дамуын қамтамасыз ететін екі күшті оң және теріс күштер деп атау керек. (мәселен, электр зарядтарын + және — деп атаған секілді.) Сонда әлемді екі лагерьге бөліп алып, ғасырлар бойы егескен мағынасыз күрес те саябырланар еді. Зұлымдықтың ішкі мазмұнын бізден гөрі ертерек түсінген адамдар да бар. Француз ақыны Ш.Бодлер өзінің "Зұлымдық гүлдері" атты кітабында зұлымдықты махаббатты жырлағандай жырға қосады. Қазір мен осы кітапты құныға оқудамын. Жапондық ұлы жазушы Акутагава Рюнеско: "Адам өмірі Бодлердің бір жолына да татымайды", — депті. Егер біз рухани әлемде осындай бір батыл қадамдар жасасақ, жалпы гуманизм деген түсінікке көптеген кеңшілікті өзгерістер енер еді.
Есіңде бар ма, Пикассоның Минотавр сериясынан "Арена" деп аталатын суреті. Аренада ауыр жараланған минотавр ұлыған қасқырдай тұмсығын көке көтеріп, жантәсілім қиналуда. Басы — бұқа, қалған денесі — адам осы бір түрінен жан шошырлық мақұлыққа қоршаудың аржағынан әлдекім — шамасы, зұлымдық деген ұғымнан әлі үрейі ұшып үлгірмеген жас болу керек — қолын созып, маңдайынан сипап, аяушылық білдіруде. Жаниесіне жанашырлық деген осы. Тіршіліктің ақырғы сәтінде ышқынған минатаврдың азапты сәтіне куә болып отырып, міз бақпай, кірпігін де қақпай, сап-салқын болып отырған бүкіл қатыгез тобырмен салыстырғанда әлгі адам өзінің табиғи мейірімімен имангершілікке бір табан жақын тұрғанын айыру қиын емес.
Осыдан келіп, яғни екі лагерьге бөлмеудің арқасында, жалпы жан иесіне жанашу деген идея туады. Сен жек көретін гомосексуолистер де осындай жан иелері. Оларға байланысты заңға өзгеріс енгізіп отырған — парламенттер емес, өмірдің өзі. (Сенің күнделігіңе көз жүгірткенімді осы тұста сезіп отырған шығарсың. Көптен бері тығып, көрсетпей жүрушы едің. Осы жолы ашық жатыр екен, оқи салғаным рас. Ғафу ет. Iшінде менің де жазған хаттарым жүргендіктен, екеуміздің ортақ күнделігіміз десе де болғандай емес пе?!) Жалпы адам баласынан жиіркенбегенің жөн.
Дәрігерге аурудан жиіркенуге болмайтыны секілді, өзін ізгілік жағындамын дейтіндер де рухани жиіркеншектік көрсетуге тиісті емес.
Адамзат өміріне ықпал жасаған данышпандардың ішінде де гомосексуалистер болғанын ұмытпайық.
Ех, шіркін-ай, сізбен кездесетін жағдай болса ғой!..
Хат күтемін.
Бейтаныс құрбың"
Осы байғұстың маған неменеге құштар болып қалғанын бір құдайдың өзі білсін.
Мен палатама келіп, аз-кем отырып, ойларымды жинақтап алғаннан кейін, кідірмей хат жазуға кірістім:
"Құрметті Бейтаныс құрбым! Кіршіксіз тазалықты талап ететін ұғымдар бар. Мәселен: махаббат, ар-ұждан, мұрат, әділдік, адалдық т.с. Сәл-пәл арамдық араласқан адалдық, сәл-пәл әділетсіздік араласқан әділдік, сәл-пәл алаяқтау махаббат болмайды. Олар я бар, я жоқ. Мұны абсолют десең де, демесең де, негізгі мағынасы осы. Ал ізгілік мұратының табиғаты туралы өткен хатта өз дәлелдерімді толық келтірген болатынмын. Оны қайталап жатпаймын. Айтарым, ізгілік мұраты күн сайын өзінің орындалуын талап етіп отыратын заң емес, ол заң секілді жағдайға қарай өзгеріп, кезең сайын толықтырылып отырмайды. Мұрат — баратын жерді емес, жүретін бағытты көрсетуші темір қазық іспетті рухани жұлдыз. Сондықтан адамның өзінің кемшілігінен туындайтын жердегі берекесіздікті көктегі жұлдыздан көрудің реті жоқ.
Жердегі өмірді жақсарту үшін мұратты емес, адамды жөндеу керек, адамды.
Екіншіден, ізгілік пен зұлымдық атауын өзгерту тек күнәһарлар мен қылмыскерлерге ғана тиімді болуы мүмкін. Өйткені бұл оларды маңдайларына басылған қара таңбадан бір-ақ сәтте құтқарар еді. "Мейлі, ақтай беріңдер, мейлі, жазаламай-ақ қойыңдар, бірақ зұлымдықты зұлымдық деп өзінің атымен атаңдаршы," — дейді Федор Достоевский. Осы кісінің айтқаны дұрыс секілді.
Ал, адам баласын алаламай жақсы көру, шын мәнінде, жақсы идея. Алайда, өзің айтқан минотавр зұлымдықтың символы бола ала ма? Өлім аузындағы минотаврды басынан сипау зұлымдықты басынан сипау ма, әлде зұлымдықтың тырнағына ілігіп, осындай тағдырға тап болған жан иесіне аяушылық па? Тәрізі әлгі суреттің негізгі мәні осы соңғысында болар. Жан иесіне аяушылық осы мағынасында көңілге қона алады. Ал сенің пайымдауыңа келсек, сен үшін ең негізгісі — зұлымдық пен ізгіліктің шекарасының жойылып, минотаврдың емес, зұлымдықтың маңдайынан сипаса екен деген тілекте жатыр. Жіңішке аурумен ауырған адамды басынан сипау — жіңішке аурудың басынан сипау емес. Жіңішке аурудың тұтқыны болған жан иесін аяу.
"Күнәһәрмен емес, күнәнің өзімен күресу керек", —деген әулие М.Ганди. Күнәдан жиіркенбейтіндер күнәмен ешқашанда күреспейді.
Адамның ар-ұятына байланысты ұғымдардың мойындалмай, тіпті мүлде керісінше сипат алуы мені ұзақ ойландырды. Ақыры бір тоқтамға келгендей болдым...
Мәселен, ұрлық жасау барлық елдің ұғымында масқара болып есептеледі. Бірақ ұрлықтан дәм татып дәніккен адамға ол ешқандай да масқара емес. Ерінің көзіне шөп салып үйренген әйелге зинақорлық ұят емес, қолға түсуі ғана ұят. Күнәһарлық ғимаратына бір кірген соң, саған тыйым салатын ешқандай ереже жоқ. Яғни белгілі бір табалдырықтан аттағаннан кейін, саған әлдебір хайуани бостандық келеді, жиіркенуден арыласың. Бәрі де бой үйренуден басталады: темекі де, маскүнемдік те, нашақорлық та. Әлдебір қылмысқа (қара күш пе, рухани ма — бәрібір) батыл қадам жасасаң болды, әрі қарай өзінен-өзі майға түскен пышақтай жылжып кете береді екен. Өйткені ар табалдырығынан аттағаннан кейін-ақ, жамандыққа бой үйренеді. Табалдырықтың ар жағында тұрған адамға ештеңе де ұят емес. Ештеңеден де қысылмайды. Өйткені басқа территорияда тұр. Ол тек осыны неге ертерек жасамадым деп өкінуі мүмкін.
Алайда, бір затты естен шығармаған жөн. Табалдырықтан аттау-аттамағаннан жүз есе жеңіл. Аттау үшін үлкен күш жұмсаудың қажеті жоқ. Iшкі жеңілтек (хайуани) сезімдеріңе ерік берсең болды. Ал аттамау үшін үлкен қайрат керек. Маскүнемнің арақты, нашақордың есірткіні қою үшін жұмсайтын жігеріндей жігер керек. Ондай жігерің болмаса, "табалдырықтан аттай салғанда тұрған ештеңе жоқ" деп өзіңді-өзің алдап, жұбатқаннан басқаға шамаң келмейді.
Олай болса, адамгершілік деген қалаған кезде кіре салатын есігі ашық тұрған иесіз үй емес, үлкен рухани жігерді, төзімді қажет ететін, шарты қатал, кіруі қиын сәулетті ғибадатхана. Ал қиындыққа төздіретін, жігеріңді құм қылудан сақтайтын жалғыз нәрсе — өмірге рухани мән-мағынаны ізгілік қана бере алатынын арыңмен, жаныңмен сезінуің ғана.
Жиіркенбеу керек депсің, құрбым. Жиіркеніш сезіміңді жұртқа сездіру, сездірмеу — этика мәселесі, бірақ оның дәрігердің де, дәрігер еместің де бойында бар екені даусыз. Ар мен ұяттың тазалығы барда, дүниедегі лас нәрселерден жиіркенбеу мүмкін емес. Сол сезімнен сенің де айырылып қалмауыңды тілеймін.
Бейтаныс құрбың".
Мен хатымды жазып болған соң, өзімнің дұрыс жауап қайтарған-қайтармағанымды тексеру үшін, бейтаныс құрбымның хатын қайта бір көз жүгіртіп оқып шықтым.
Байқағаным — хаттың негізгі түйінін, шынында да, аңғармаған секілдімін. Оның ойынша, гомосексуализм өмір сүруге хақылы қоғамдық құбылыс, сондықтан одан жиренуге болмайды. "ех, сізбен..." осы кезде ғайыптан пайда болған бір күдікті ой маған ток соққандай әсер етті. Астапыралла! Мынауыңның өзі, мен білсем, гомосексуалист! Неге меңзеп отырғаны белгілі. Бұған дейінгі қисық-қыңыр ой-пікірлерінің бәрі де осының ақтауы емей немене? Арам мен адалды бір ыдысқа құйып, сапырған қойыртпағын неге маған өткізе алмай жүр десем...
Бұрынғы хаттардағы көңілге секем алдыратын құйтұрқы сөздердің бәрі анталап көз алдыма келгендей. Ойлаған сайын, өткенді пайымдаған сайын, ашқан "жаңалығымның" ақиқат екені анықтала түседі. Осынша күш-жігерді, ақыл-ойды сарп етіп, жүректі жаралап, жан алысып-жан беріскен арадағы айтыстың аяғы осыған келіп тірелер деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмес еді. Бұл тіпті мен күтпеген оқиға болды.
Бейтаныс құрбымның мына пиғылы менің жанымды қорлады. Әлдебір жиіркеніш сезімінен жүрегім айнып, лоқсығым келетін секілді...
Барған сайын найсаптанып, озбырланып келе жатқан бейтаныс құрбым ақыры менің намысымды оятқан секілді. "Кездесуді қалап тұрса, неге кездеспеске, — деймін өзімді-өзім үгіттеп. — Мен қорқатын ештеңе жоқ. Мақсаты күмәнді, пиғылы жат жандар жүрексінсін, жүрексінсе."
Мен бейтанысқа жазған хатымның соңына мынандай сөздерді қостым: "Ертең кешкі сағат 8.30-да подвалдың шаруашылық бөлімшесі жағынан күтемін."
Хатты келісімді жерге апарып тықтым.
Ертеңгі кездесер сәтті асыға күтетін секілдімін. "Көруім керек" — деймін әлденеге тағатсызданып.
Көрмеген жаудан қауіпті жау жоқ.
15
20 көкек
Дәрігер маған әлдеқандай ыстық укол тағайындады. Медбике мазасыздау жан болатын, укол салғанша маған қайта-қайта:
— Қорықпаңыз, қазір денеңізде ыстық толқын пайда болады. Тек қорықпаңыз, міне, міне, қазір, қазір,- деп, менің үрейімді ұшырып, ақыры — қысымым көтеріліп кетті ме — тынысым тарылып, жанымды қоярға жер таппадым.
— Өліп барамын, — дегенді әрең айттым.
Медбике зәресі ұшып, жүгіріп барып, бір әйелді шақырып келді. Екеулеп жүріп маған тағы екі укол салып, тақтай орындыққа шалқамнан жатқызып қойды.
Жарты сағат шамасында қалпыма келгендей болдым. Тіпті біршама көңілім көтеріліп, есімнен қалай танғанымды өсіріңкіреп айтып, өзімді-өзім мазақ қылып, медбикелерді күлдіре бастадым. Бірақ олар менің біржола айыққаныма толық сене қоймаған тәрізді. Мені палатаға апарып жатқызып, бүгінше төсектен тұрмауымды өтінді.
Түске қарай дәрігер келді. Оқтау жұтып алғандай кекірейіп тұрып, менің тамырымды ұстады, содан кейін сәл ойланып, "жарайды көре салайыншы" дегендей, дымқыл алақанын маңдайыма салып, қызуымды байқағандай болды да, "бәрін де білем, осылай болуға тиісті және осылай бола береді" деген адамша ештеңе сұрамастан, айтпастан шығып кетті.
Түскі астан кейін көзім ілініп кеткен екен, түс көріппін. Ішінде халық ығы-жығы үлкен бір ғимараттың ішінде тұрмын. Жұрттың бәрі әлдеқандай бір кезекте тұрған секілді. Мен де тұрғым келіп кезектің соңын іздеймін. Соңы жеткізер емес. Сыртқа шықсам, кезекте тұрғандардың тізбегі қаланың сыртынан әрі асып кетіпті. Қалайда соңын көргім келіп, үйдың төбесіне шығамын. Шығамын да, айран-асыр болып тұрып қалам. Кезекте тұрған қара-құрым халықтың легінде тіпті шек жоқ, көздің нұры жетпейтін көкжиектен әрі асып, әлдебір тұманды кеңістікке сіңіп кеткен. Зәрем ұшып жерге түсемін. "Мына кезекке қалай тұруға болады?" — деймін әлдекімнен. "Ой, бұл кезектің соңына ешкім жеткен емес. Көбісі кезектерін баласының баласына қалдырып кетеді", — дейді әлгі әлдекім. Не істерімді білмей, ғимараттың ішіне қайта кіремін. Кенет: "Әй, бауырым!" — деген бір жұмсақ үнді естимін. Жалт қарасам, көзі күлімдеген еңкіштеу егде кісі. "Сен мұны таста, бұдан ештеңе өнбейді. Бері жүр," — дейді. Түрі таныс секілді, бірақ тани алмаймын. Тұрған жұрттың ара-арасымен өтіп, қабылдау бөлмесінің ішіне кірдік. Шамасы, ішке кіргеннен кейін, кезек әртүрлі кабинеттерге бөлінетін секілді. "Менің кезегім осы жерде. Осында отырып күт", — деп әлгі кісі шығып кетеді. Күтпеген бақыттан қуанышым қойныма сыяр емес. Осы кезде: "Ал, жақсы, кірдім, сонда не айтуым керек", — деген ой келеді басыма. Шынында да не айтарым белгісіз, тіпті кезекке не үшін тұрғанымды өзім білмейтін секілдімін. "Қап, ұят болатын болды-ау," — деймін іштей ыңғайсызданып. Осы арада не болғаны есімде жоқ. Әлден уақытта қарасам, кіретін есікте жазулы тұрған өзімнің аты-жөнімді көремін. Түкке түсінбей: "Мынау менмін ғой, шырағым-ау," — деймін хатшы қызға жазуды көрсетіп. "Сіз болсаңыз қайтейін, кіріңіз онда өзіңізге," — дейді қыз безбүйректеніп. Мен жүрексіне орнымнан тұрамын. Кім болуы мүмкін аржағында? Артымда тұрған көп халықтың ішінен:"Не де болса, тәуекел, кір," — деген сыбырды естимін. Іле-шала: "Қой, бірдеңені бүлдіріп аларсың, байқа, ойбай, байқа,"- деген сыбыр тағы естіледі. Тәуекел деп есікті ашып, ішке кіріп келгенде... Астапыралла, екі көзін менен алмай, өзіме қарай ақырын жақындап келе жатқан өзімді көремін. Біртүрлі түрі суық. Денем тітіркеніп, шегіне беремін. Ол онан сайын жақындай түседі. Бетіме демі тиеді... Қолыма қолы тиіп еді, өліктің қолындай мұп-мұздай екен. Айғайлаған өз даусымнан шошып ояндым.
Бірінші көргенім — қарсы алдымда тұрған медбике. Мені оятпақ болып қолымнан ұстапты. Қолын мұздай суға жуған ба — сұп-суық.
— Кешіріңіз, — дейді қысылып, — сізді шошытып алармын деп ойламаппын. Шайды бөлмеңізге әкеліп едім. Суып қалмай тұрғанда ішіп алыңыз.
— Рақмет, — деймін медбикенің мұздай қолын жібермейи.
Мынандай жайсыз түстен кейін оянып, қайтып оралатын анық өмірдің барлығы, онда сені медбикенің шай әкеліп күтіп отыратыны қандай жақсы деп ойлайтын секілдімін.
Кешке қарай ауа райы бұзылып, аздап жаңбыр жауды. Одан кейін жел тұрып, ауланың ішін астан-кестең қылды. Кешкі кездесуді ойлаған менің де жан сарайым ұйқы-тұйқы. Уақыт жақындаған сайын тағатым қашып, мазасыздана түсемін.
Кешкі асты ауыз тиіп қана қайтардым. Қанша зорлансам да, батпады. Бөлменің ішін әрлі-берлі кезіп, дәлізге шықтым. Одан сыртқа қайта шығып, шаңы бұрқыраған аула ішінде жалғыз өзім ұзақ жүрдім. Өзімді-өзім арбап: "Күшіңді жи! Жігерлен! Басыңды көтер!" — деп арасында сыбырлап қоямын.
Осылай қанша жүргенім есімде жоқ. Әлде үрейге бойым үйренді, әлде өз ішімнен бір қуат таптым, әйтеуір, беймәлім бағытқа алып қашқан көліктің басын тартып тоқтатып, есімді жиғандай болдым. Өзімнің кездесуге дайын екенімді сездім.
Сағат сегіз жарымда подвалға түстім. Мына қырсықты қарашы. Киім-кешек, төсек-орын, шаруашылық жабдықтары сақталатын бөлмелер жағы жайшылықта жарқырып тұратын. Шамасы, шамдары жанып кеткен — дәліз қап-қараңғы. Мына жағдай мені тіпті абыржытып тастады. Отыратын орындығы да бар секілді еді, оның қай жерде екенін бір құдай білсін. Мұны білгенде, бұл жерге келуге уәде байласпайтын едім. Әдейі істеп жүрген өзі емес пе екен деп іштей бейтаныс құрбымнан қауіптеніп қоямын. Кенет әлдебір тықырды естігендей болдым. Жүрегім су ете қалды. Соның өзі! Қабырғаға арқамды тіреп, тың тыңдадым. Дыбыс шыққан жаққа ақырын жылжып келемін. Дәліздің кей тұстары алакөлеңке, бірдеңелерді аңғаруға болады. Шамасы, сырттан жарық келетін шағын терезелер болу керек. Кенет тықыр мүлде басқа жақтан шыққандай болды. Бейтаныс құрбым мені әбден мазақ қылып жүрген секілді. Тықырдың әр жерден естілуі тыйылмады.
Ақыры шыдай алмай, өз даусымнан өзім қорқып тұрсам да, барынша сабырлы болуға тырысып:
— Мен бәрін де біліп тұрмын. Сен осындасың, — дедім даусымды көтеріп. Дәліз ішінде даусым күңгірлеп, онан жаман қорқынышты естілді. — Кездесетін күн болса деп тілеп едің, міне... — одан әрі "келдім" деген сөзді айтып едім — демім бітіп, үнім шықпай қалды. Бар қуатымды жиып:
— Келдім! — дедім.
Даусым тым қатты шығар деп ойлаған жоқ едім, өз айғайымнан өзі шошып кеттім. Ешкім үн қатқан жоқ.
Қабырғаны сипалап ақырын жылжып келемін. Тықыр естілмей кетті. Тас қараңғы бұрыштан сәл-пәл қара көбеңдеу тұсқа шықтым. Кенет дәл қасымнан әлдекімнің беинесі көлбең ете қалды. Тұла бойым түршігіп, айғайлап жібердім. Одан кейін қалай құлаштап ұрғанымды өзім де сезбей қалдым. Сезгенім — қолымның әлдебір қатты затқа тиып, іле-шала салдыр-гүлдір етіп сынған әйнектің жерге шашылғаны.
Қараңғы дәліздің ішінде жүремнен отырып, есімді жинадым. Ұрғаным қабырғадағы айнаға түскен өз бейнем болып шықты. "О, тәңірім, осынша азапқа салғандай, не жаздым?" — дедім қинала күбірлеп. Көзіме жас келді...
Қолымының жарақаты жанға батып, орнымнан тұрдым. Қираған айнаның сынықтары аяқ астында шақыр-шұқыр етеді.
Мең-зең күйде қабырғаға қайта-қайта соғылып, келген ізіммен жоғары көтерілдім. Палатама кірген кезде, мені күтіп тұрғандай, іле-шала медбике де кірді. Мені көріп:
— Ойбай, не болды?! — деді шошынып.
— Есік алдында сүрініп құлап қалдым, — дедім ішімнен басқа біреу сөйлеп жатқандай бөтен үнмен.
— Түріңіз боп-боз ғой. Қазір дәрігер шақырайын.
— Жоқ, — дедім әрең дегенде үн қатып. — Өйткені осы кезде әбден қалжырап шаршағаным сонша, бойымдағы әл-қуат ең соңғы бір талшыққа ілігіп тұрғандай көрінді. — Шақырмай-ақ қой... — терең дем алып, келесі сөзді айтуға күш жинадым. — Қолымды байлап беріңіз...
Медбике жүгіріп шығып кеткен. Ақыры кезекші дәрігерді ертіп қайтып келді. Дәрігер қан қысымымды өлшеп, жүрегімді тыңдап, әлдебірдеңелерді менен сұрайтын секілді, медбике жанталасып дәкемен қолымды орап байлап жатыр, бірақ мен олардың ешқайсысына да мән берген жоқпын, өйткені мұның бәрі менің жан дүниемде болып жатқан оқиғаларға түк қатысы жоқ мағынасыз бірдеңелер еді. Дәрігердің маған укол тағайындағаны, берген ақыл-кеңестері, медбикенің құйрығымнан шапалақпен ұрғандай сарт еткізіп ине шанышқаны — осының бәрі маған басқа біреудің басында болып жатқан оқиғадай көрінді
Шаршағаным соншалық дәрігер мен медбике кетісімен, өзімнің қалай ұйықтап кеткенімді сезбей қалдым.
Оянсам — сағат түнгі 11-ден кетіп барады екен. Қатты ұйықтағаным сонша, қайдан келіп, қайда тұрғанымды есіме әрең түсірдім. Манағы болған оқиғалар, күйзелістер сәл-пәл алыстап, сабырмен ақылға салып ойлануға мүмкіндік бергендей.
"Не себепті кездесуге келмеді екен?" — деген ой бірінші келді. Әлде... Осы кезде: "Өзі соңғы хатты алды ма екен?" — деген бір күдік сумаң етті. Орнымнан атып тұрып дәлізге шықтым. Дәлізде ешкім жоқ. Столға келіп, астына қол жүгіртіп едім, қолыма қағаз ілікті. Жүрегім тарсылдап, қағазды жұлып алғанда өзімнің хатым екенін көрдім. Әлдеқалай тағы да әлсіреп, хатымды орынына қайта қойдым да, сылқ етіп орындыққа отыра кеттім. Басым ұйып: "Алмапты ғой", — деймін күбірлеп өзіммен-өзім сөйлесіп. Я, бәрі де түсінікті болды. Жел диірменмен соғысқан әумесердей өзімді-өзім қарадай азапқа салған сорлы басым!..
16
21 көкек
Бүгiн кешегi оқиғаларды қайтадан еске түсiрiп, екшеп, зерделеген кезде өз iсiмнiң қайсы бiр келеңсiз жақтарын байқағандай болдым. Бiрiншiден, кездеспек болған адамыңнан "жарайды" деген бiр ауыз сөздi естiмей жатып, келер-келмесiн бiлмей тұрып, тұра жүгiру қисынға жата ма? Шамасы, өзiмнiң сол кездесуге асыққаным сонша, оның келiсiмiне көңiл аударуға уақытым болмаған секiлдi.
Екiншiден, бейтаныс құрбының қай жақтан екенi белгiсiз — сырттан ба, әлде, осы ауруханадан ба — егер сырттан болса, оны түнге қарай подвалға кездесуге шақырудың жөнi дұрыс бола қоя ма? Тегiнде менiң күнделiгiмдi сұраусыз оқып, жазған хатын палатама әкеп тастап, менi мазақ қылатын, кiрмейтiн есiгi жоқ, көзге көрiнбейтiн, қолға түспейтiн, астыңғы коридордағы орындықтар қойылған оңаша қуысты менен артық бiлуге тиiстi ерекше қу бейтанысты қайда, қалай шақырсаң да артықтығы жоқ деп ойлаған болуым керек.
Үшiншiден, осы кездесу жалпы не үшiн қажет болды? Дүниетанымдық жекпе-жекке тiкелей қатысы бар ма? Кiм бiледi... Жекпе-жектiң психологиялық жағы тағы бар. Бұған дейiн ойын ережесiн ол жасап, мен соған мойынсұнумен келдiм. Хат жазысу, хатты коридордағы столдың астына қалдыру, менiң рухани әлемiме тәртiп орнатпақ болған әрекеттер, өзi туралы күнi-түнi ойлатып, түсiме кiрiп, маза бермеу, жанымды жарақаттап, қорлануға мәжбүр ету — осының бәрi соның бастамасы. Ендеше менiң де бас көтерiп, өз шарттарымды ұсынып, оның сол шарттарды орындауына амал табуым керек қой...
Сағат 12 шамасында дәрiгер қабылдады. Ештеңе айтып та, сұрап та жарытпайтын оған мен де ештеңе айтқан жоқпын. Екеумiз үнсiз отырмыз. Әлден уақытта:
— Көңiл күйiңiз қалай? — дедi жол-жөнекей "саламатсыз ба" дегендей бiр үнмен. Турасы, "саламатсыз ба" — адамға қойылатын анық сұрақ: "амансыз ба, денiңiз сау ма" деген ұғымды бiлдiредi. Бiрақ осы сөздiң әшейiн рәсiмге айналып кеткенi соншалық, оған ешкiм "иә, саламатпын" деп жауап берiп жатпайды, керiсiнше, екiншi жақ та "саламатсыз ба" деп керi сұрақ қойып, оған жауап та күтпестен, өтiп кете бередi. Қысқасы, дәрiгердiң әлгi сұрағы осыған ұқсас бiрдеңе болғаннан кейiн, мен де жауап берген жоқпын.
Бiраз отырғаннан кейiн ол маған:
— Барып дем алыңыз, — дедi.
Мен шығып кеттiм. Палатаға келiп, бейтаныс құрбымның хаттарын асықпай қайта бiр оқып шықтым.
Ойлап отырсам, оның алғашқы хатын алғаннан бергi арада тұтас бiр ғұмыр өткен секiлдi. Өз бойымнан әлдебiр өзгерiстердi байқаймын. Әрине, мен өз мұратымнан ешқашанда бас тартқан емеспiн. Тек iзгiлiкке қарсы күштiң тамыры мен шамалағаннан әлдеқайда терең болар деп ойламаған екенмiн.
Рухани әлемде екi бағыт бар: бiрi — пенделiк мүдде, екiншiсi — биiк парасат пен iзгiлiк құдiретi.
Пенделiк мүдде, негiзiнен, тобырға жақын, ал биiк парасат — сирек тұлғалардың еншiсi. Бiз қазiр пенделiктi қоғамдық дәрежеде ашық насихаттауға кiрiстiк, тобырдан жеңiлгенге ұқсаймыз.
Пенделiк мүдденiң iшкi мазмұны негiзiнен өмiрдiң ләззатына, рахат-қызығына негiзделген. Ләззат — шарап секiлдi. Жоғарғы сапалы жұпар иiстi, дәмдi шарапты көпшiлiк бағалайды; оны iшкенде көңiлiң көтерiлiп, жаныңа әлдебiр шуақты нұр құйылғандай болады. Бiр-ақ рет берiлетiн қысқа ғұмырда бұдан артық не керек деп ойлауға болатын секiлдi. Бiрақ дәмдi шараптың қатерi де аз емес. Шарапқа құнығып, ақыр аяғында азғындыққа ұшырау — өмiрде ең көп кездесетiн оқиғалардың бiрi. Тәттi өмiрге тым елiгу, өзiңдi шектемеу, үнемi мейiрiң қанғанша iшуге тырысу, түптiң түбiнде рухани маскүнемдiкке, адамгершiлiк азғындыққа әкелерi сөзсiз. Жолдағының бәрiн жайпап, өлген тiрiлгенiне қарамай байлыққа ұмтылу, өлiктердiң үстiмен жүрiп, билiкке ұмтылу, ар-ұятты белге байлап, зинақорлыққа ұмтылу, "жұмыртқа пiсiрiп алу үшiн көршiнiң үйiн өртеу" тағы сол сияқты асқынған пенделiк өзiмшiлдiктер азғындықтан басқа түк те емес. Осы қатердi жұрттың көбi сезгiлерi келмейдi. Оған қарсы күреспек түгiлi, күресу туралы ниет жоқ. Қатерлi жаудың аты аталып, түсi түстелмеген.
Адами ынсапты аяққа таптап, тамақ пен ұйқыда да, нәпсi мен қызғанышта да, өгiз қара күшi бар өзiмшiлдiкте де ат басын тежеп көрмеген қанағатсыз есiрiк өмiр. Иә, есiрiк өмiр! Басқаша айту мүмкiн емес.
Менiң бейтаныс құрбым мен күткен межелердiң бәрiнен де асып түстi. Iзгiлiкке сенбеушiлiк, ол үшiн күреспеушiлiк, немқұрайлылық, — бұл жақсылыққа қарсы күштiң жеңiлдеу түрi; онымен жан қысылғанда тiл табысуға да болады. Зұлымдыққа қолдау көрсету, онымен сыбайлас болу — бұл жауластықтың әлгiден гөрi ауырлау түрi; онымен тiл табысу жоқтың қасы. Ал бейтаныстың ұстап отырған бағыты — зұлымдықты қолдап қана қоймай, оны дәрiптеу, мұратқа айналдыру. Бұдан үлкен қатер болуы мүмкiн емес.
Зұлымдықты, өлiмдi, қара түнектi мадақтап жырға қосқан Бодлердi оқып жатырмын деп тамсанады. "Адам өмiрi Бодлердiң бiр жолына да тұрмайды" деген сөзге, қай данышпан айтса да, келiсу мүмкiн емес. Алайда, өз басым Бодлер туралы әр түрлi пiкiрлердi кездестiрсем де, өлеңдерiн оқымаған секiлдiмiн.
Бесiн кезiнде сыртқа шығып бара жатып кiтапханаға соқтым. Кiтап сөрелерi тұрған ұзынша бөлменiң терезелерi күн жаққа қараған, iшi қапырық. Бояу мен лактың иiсi мұрынға келедi. Бәлкiм, көршi бөлмелердiң бiрiнде жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр. Кiтапханашы адамға қарамай сөйлейтiн, әлгiнде ғана бiреумен ұрсысып қалғандай тырсиып, кiсi киiктенiп отырған кәрiс әйел екен. Жұрттың қойған сұрақтарына қысқа ғана, әлде бiр наразылау үнмен жауап бередi.
Мен стол үстiндегi газеттердi оқымай, суреттерiне ғана қарап аударыстырып отырмын. Не жазатыны белгiлi: мемлекеттiң гүлденуi, әр салада қол жеткен табыстар, болмашы проблемалар, шетелдiк хабарлар т.с.с. Адам жанын түршiктiретiн ұятсыз оқиғалардың ақпаратыннан ғана қорқамын. Өйткенi одан кейiн ұзақ уақыт жиiркенiш сезiмiнен арыла алмай жүресiң.
Әлден соң:
— Сiздерде Бодлердiң өлеңдер жинағы бар ма? — дедiм басымды көтерiп.
Кiтапханашы өзiнiң iшкi механизмiн iске қосқан роботша бiр сәт үнсiз тұрды да:
— Бар, бiрақ қолда, — дедi маған қарамай өз жұмысымен шұғылданып отырып. Содан кейiн әлдебiр карточкаларды аударыстырды да:— Тапсыратын уақыты өтiп кетiптi, — дедi өзiмен-өзi сөйлескен адамдай. — Кiтап 10-палатада.
Мен селк ете қалдым:
— Нешiншi? — дедiм кекештенiп.
— Оныншы, — дедi ол маған таңырқай қарап.
Әлдебiр үрейден демiм тарылып тұншыққандай болдым.
— Қалайша? — дедiм бiр заманда ештеңеге түсiне алмай. — 10-плата — менiң палатам ғой. Мен ондай кiтапты алған да, көрген де емеспiн.
— Мiне, — дедi кiтапханашы карточканы көрсетiп өкпелегендей бiр үнмен. — Көрiңiз, сенбесеңiз.
Мен орнымнан түрып, кiтапханашының қасына барып, карточкаға үңiлетiн секiлдiмiн. Бiрақ түк көрмеймiн. "Мүмкiн емес! Мүмкiн емес!" — дей беремiн бей-берекет күбiрлеп. Үлкен бiр қатердi сезiп тұрмын. Бiрақ оның не екенiн айыруға шамам жетпейдi.
— Сiзге не болды? — деген үрейлi дауысты естiдiм. — Бiр жерiңiз ауырып тұр ма? Қазiр... дәрiгер шақыртайық. Отырыңыз... отырыңыз, қозғалмаңыз...
"Неге қозғалмауым керек? — деймiн iштей таң қалып. — Қозғалса, не болады?"
Төңiрегiме адамдар жиналғанын сеземiн. Әлден уақытта медбике келдi. "Басыңыз айнала ма? Жүрегiңiз шанша ма?" деген секiлдi сұрақтарды естимiн. Бәрiне "жоқ" деп жауап берудемiн. Ал шындығында қандай күйде тұрғанымды өзiм бiлмеймiн.
Медбике менi жетелiп палатама алып келiп, төсегiме жатқызды. Одан кейiн кезекшi дәрiгер келдi. Менен не болғанын сұрады. Қайта-қайта кекештенiп, тұттығып, ауа жетпей демiгiп, болған оқиғаны шатастырумен болдым.
— Мен ол кiтапты алған емеспiн, — деймiн ентiгiп. Сенбей қоя ма деп қорқып, — Тiптi көрген кiтабым емес, — деймiн кiтапты алмағанымды дәлелдесем, бәрi орынына келетiндей.
Дәрiгер менiң жағдайымды түсiнген секiлдi. Медбикеге әлдебiр тапсырмалар берiп кетiп қалды.
Дәрi iшiп, сәл-пәл тынығып, есiмдi жиғандай болсам да, бiр дiрiл бойымнан кетпей қойды. Тек кешкi астан кейiн укол алып, iле ес-түстен айырылғандай, түк сезбейтiн терең ұйқыға кеттiм.
17
22 көкек
Түс кезiнде бiр-ақ ояндым. Менi әдейi оятпаған секiлдi. Тамақты палатама әкеп тастапты. Қатты ұйқыдан есiмдi жия алмай, мең-зең болып жүрiп, жуынып, киiнiп, тамақтан ауыз тидiм. Кешегi оқиғалар есiме түстi. Адам санасы ұқпайтын бiр беймәлiм құпия жағдайдың уысында отырғандаймын. Өзiмдi-өзiм қанша сабырға шақырсам да, көңiлiм тыншымады.
Медбике менi дәрiгерге алып барды. Дәрiгер басқа шаруасының бәрi бiтiп, тек менiмен кездесудi ғана күтiп отырғандай, столында бостан-бос отыр екен. Мен келiп жайғасқаннан кейiн, саусақтарымен столды тықылдатып, тағы бiраз отырды. Ақыры:
— Мен сiзбен ашық сөйлескелi отырмын, егер сiз осы әңгiмеге дайын болсаңыз, — дедi жақын адамның қазасын естiрткелi отырғандай түнере сөйлеп.
— Дайын болу үшiн мен не iстеуiм керек, — дедiм айтқанына толық түсiнбей.
Ол менен мұндай сұрақ күтпеген адамдай төмен қарап ойланып, отырып қалды. Әлден соң:
— Онда әңгiменi сiз бастаңыз, — дедi маған көзiлдiрiгiнiң үстiнен сүзiле қарап. — Маған қоятын қандай сұрағыңыз бар?
— Бар, — дедiм өз сөзiмнен өзiм үрейленгендей, ентiге сөйлеп. — Ауруханаға түскелi берi әлдекiмнен хат алып жүрмiн... — демiм бiтiп, сөзiмдi әрең аяқтадым.
— Асықпаңыз, — дедi ол маған әлдеқалай тұңғыш рет күлiмсiрей қарап. — Темекi шеккiңiз келмей ме? — Алдындағы сигарет қорабын маған қарай жылжытты.
Мен басымды шайқадым.
— Жоқ рақмет. Темекi шекпеймiн. Айтайын дегенiм, хат иесiн қанша аңдысам да, таба алмай қойдым. Кейде, басынғаны сонша, хатын бөлмеме әкелiп тастайды. Бiрақ ең бастысы бұл емес, ең бастысы — ол бүкiл денесiн жарылғыш заттармен орап алған террорист секiлдi ең қатерлi идеялармен қаруланған кесапат адам. Ондай идеялар iндет секiлдi тез тарайды. Өйткенi адами жауапкершiлiктен гөрi хайуани еркiндiкке көбiрек негiзделген өмiр шарты қалың тобырдың сұранысына сәйкес келiп тұр. Миллиондардың өмiрiн жалмайтын iндет те алдымен бiр адамның ауруынан басталады. Әзiрге бiр адамның басында жүрген мына идея ертең адамзаттың қасiретiне айналмасына ешкiм кепiл бола алмайды. Мен бұл адамммен қалайда кездесуiм керек едi. Оған қарсы қоятын менiң де дәлелдерiм жеткiлiктi. Бiрақ өзi кездесуден жалтарып жүр. Ең сұмдығы, бiр хатында зұлымдық жыршысы атанған француз ақыны Бодлердiң өлеңдер жинағын оқып жатырмын деп жазған болатын... Кеше кiтапханаға барсам, кiтап 10-палатада дейдi. 10-палата — менiң палатам... Ол кiтапты мен алған емеспiн... Шынымды айтсам, ақыл-естен айырылудың аз-ақ алдында жүрмiн... — Тағы да жүрегiм көтерiлiп, демiм бiтiп, сөйлей алмай қалдым. — Әйтсе де, — дедiм әлден соң демiмдi басып, — басқа бiреудiң көмегiнсiз бiр адамның осынша ойына келгенiн iстеуi мүмкiн емес секiлдi. - Содан кейiн басымды көтерiп, дәрiгердiң жүзiне тура қарадым. — Айтыңызшы, ол кiсiнiң сiзбен байланысы бар ма?
Арамызда ауыр үнсiздiк орнады. Дәрiгер не айтарын бiлмегендей, саусағымен столды баяу тықылдатып, төмен қарап, ойланып отырды да, кенет:
— Бар, — дедi.
Орынымнан қалай атып тұрғанымды өзiм бiлмеймiн. Тiлiм байланғандай сөйлей алмаймын. Бiрнеше сөз бiр-бiрiмен қабаттасып, көмейiмде кептелiп қалған секiлдi.
Дәрiгер тағы да маған жылы жүзбен күлiмсiрей қарап, қолымен отыр дегендей ишара жасады. Мен екi көзiмдi дәрiгерден алмай, ақырын отыра бастадым.
— Мен сiздiң басыңыздан өткен жағдайдың бәрiн бiлемiн, — дедi ол айрықша сабырлы үнмен. — Ол жағдайды дұрыс түсiну үшiн сiз менi мұқият тыңдаңыз. Мен әңгiменi әрiден бастайын.
Адам псхикасы медицина әлемiндегi ең бiр күрделi, сыры терең, жұмбағы көп айрықша сала. Сол себептi бұл салада ғылымнан гөрi мистика басымырақ деуге болады. Мәселен, адам тұлғасының екiге бөлiнуi деген құбылыс бар. Мен өткенде де бiр рет сiзге шет жағасын айтқан болатынмын. Бұл әлi де толық ғылыми анықтамасын таба қоймаған нәрсе. Бiр адамның бойында кезектесiп бiр-бiрiне ұқсамайтын екi тұлға пайда болады. — Дәрiгер түсiнiп отырсың ба дегендей маған қарап қояды. — Ал кейде екi тұлға кезектесiп ауысып отырады. Бұл ешқандай ертегi емес, психика әлемiнде кездесiп жүрген құбылыс. Мен сiзге әлдеқашан тарихқа енген белгiлi деректердi ғана айтайын. 1887 жылдың қаңтар айының аяқ кезiнде әлдебiр орта жастағы ер адам Американың Норристаун деп аталатын шағын қаласына келедi. Өзiн Браун деп таныстырған бұл адам келе салып, кеңсе тауарларын сату iсiмен шұғылданады. Өз тамағын өзi iстеп, сатып алған магазинiнiң түпкi бөлмесiнде тұрып жатады. Шiркеуден қалмайды. Тауар әкелу үшiн бiрнеше рет Филадельфияға барып келген. Ақкөңiл, жайдары осы адаммен қала халқы тез табысып кетедi. Алайда наурыз айының 14-i күнi ол күтпеген мiнез көрсетедi. Көшедегi көрiнген адамға жалынып, қай қалада тұрғанын сұрап, өзiнiң мистер Браун емес, мистер Берн екенiн, ешқандай сатушы емес, Грин қаласының дiн уағыздаушысы екенiн айтып, елдi айран-асыр қылады. Ақыры Грин қаласынан әйелi келiп, 17 қаңтарда аяқ астынан жоғалып кеткен күйеуiн танып, алып кетедi. Бұл оқиғаның тағы да жалғасы бар. Бiрақ мәселе онда емес, мәселе адам бойында осындай беймәлiм құпия жағдайлардың болатындығында. — Дәрiгер сигарет алып тұтатып, креслоға шалқайып отырды да, өзiнiң кез келген адамға айта бермейтiн маңызды пiкiрiн ортаға салғандай әр сөзiн ойлана сөйлеп, әңгiмесiн жалғады. — Жалпы осы мәселенiң әлеуметтiк астары тым тереңде болуы мүмкiн. Өйткенi мұндай құбылыс медицинада негiзiнен паталогия саласына жатқанымен, сау адамның жан дүниесiнде де осыған ұқсас жағдайлар аз емес. Өзiнiң табиғатына, мiнез-құлқына жат әрекет жасап, қателескен адам "менi шайтан түрттi" немесе "шайтан азғырды", "қара басты" деп өкiнер едi, ал бұл шын мәнiнде адам бойындағы екiншi қосарлас тұлғаның билiктi сенен уақытша тартып алуы. Ал, ашығын айтсақ, бiз бәрiмiз де екiге бөлiнген тұлғалармыз. Iшiмiзден "жоқ" деп отырып, сыртқа "иә" деп келiсе салатын болсақ, жек көрiп отырып, жақсы көрем деуге үйренсек, өзiң сенбей отырған жалған iстi сыртқа шындық ретiнде қолпаштап, қолдап отыратын болсақ, осының бәрi бәрiмiздiң қос тұлғаға айналғанымыздың белгiсi емей не? Немесе кiшiпейiл, iзеттi адамның не байығанда, не үлкен билiкке қол жеткiзгенде өркөкiрек, дөрекi мүлде басқа адамға айналуы және сол адамның өзiнен жоғары бастықтың алдында қайтадан кiшiпейiл, iзеттi адамға айналуы да әлгi айтылған құбылыстың бiр түрi. Мұны екi жүздiлiк дейсiз бе, әлде тұлғаның екiге бөлiнуi дейсiз бе — одан ештеңе өзгермейдi. — Дәрiгердiң жүзiнен әлдекiмге деген жек көрiнiш сезiмi байқалғандай болды. Кiржиiп отырып, темекiсiнiң күлiн түсiрдi де, кiммен сөйлесiп отырғаны есiне түскендей, маған қарап, әңгiмесiн жалғады. — Лев Толстойдың "Тойдан кейiн " деп аталатын әйгiлi әңгiмесi есiңiзде шығар. Той үстiнде бишiлiгiмен, бекзаттық қалпымен, зиялы мәдениетiмен көзге түскен егде полковник дәл сол күнi таң алдында қатыгез, найсап жендет күйiнде тағы да көзге түседi. Бiр адам iшiндегi екi адам дегенiң осы емес пе?
Мен шыдай алмай дәрiгердiң сөзiн бөлдiм:
— Жақсы, айтқаныңыздың бәрiмен келiсейiн. Бiрақ осының бәрiнiң мен қойған сұраққа қатысы қанша?
— Қатысы тiкелей, — дедi ол бұрынғыша бойын тiк ұстап, маған қадала қарап. — Мен адам бойындағы қостұлғалылықты бекер айтып отырған жоқпын. Сiзбен бiр айға жуық хат жазысқан бейтаныс адам ешқайдан келген жоқ, ол өзiңiздiң iшiңiзде.
— Не деп тұрсыз? — деймiн дәрiгердiң сөзiне толық түсiнбей.
— Сiз әр үш күн сайын, кейде төрт күн салып, таңертең басқа бiр адам болып... яғни бейтаныс құрбы болып оянасыз. Құрбыңыз мына сiзге қарағанда ашық, жайдары, бейiмделгiштеу екен. Бұл жағдайды ол сiзден бұрын бiлдi. Сiзбен хат жазысып, танысу жөнiнде шешiм қабылдаған өзi. Бiз сiздi шошытып аламыз ба деп қорықтық. Сол себептi айта алмадық. Ендi шегiнетiн жер қалмады. Сондықтан сабыр сақтап, өзiңiздi ұстай бiлгенiңiз жөн. Алайда...
Жан дүниемдi қалтыратқан үрей тасқыны тағы да басталды. Үлкен апаттың жақындап қалғанын сезiп, өзiмдi қанша жiгерлендiрмек болсам да, "осынау кесапат идеялар менiң өзiмнiң iшiмде екен ғой" деген ой келгенде, одан әрiге шыдауға менiң сорлы жүйкем шыдамады. Есiмнен танғанымды есiмдi жиған кезде бiр-ақ бiлдiм. Қолқамды күйдiрген ащы иiстен басымды шайқап, қашқан боламын. Әлдекiм мүсәтiр спиртiн танауыма тықпалайды.
— Терезенi ашыңдар, — деп айғайлайды дәрiгер бiреулерге. Өзi анда-санда шапалқапен бетiмнен ұрып қояды.
Ақыры есiмдi жидым. Менi медбике палатама әкеп салды. Бұдан кейiнгi оқиғалардың бәрi маған буалдыр түс секiлдi. Көп ұзамай дәрiгер келiп, оның мына жағдайды естiрту өзiне де қиын болғаны, бiрақ қатерлi сәттiң ендi артта екенi, өзiнiң гипноз терапиясын ойластырып жүргенi туралы айтқандарын мен басқа бiреуге айтылған әңгiмедей тыңдап отырдым. Тек менiмен айтысып жүрген бейтаныстың мiндеттi түрде таңертеңгi ұйқыдан оянған кезде ғана пайда болатын ерекшелiгiн айтқан кезде үрей дауылы қайта көтерiлiп, тынысымды тарылтқандай болды.
— Ол ендi қашан пайда болады? — дедiм соңғы сөзге демiм әрең жетiп.
— Бүгiн төртiншi күн бе? — дедi дәрiгер төбеге қарап ойланып. Содан кейiн әлдеқайдан растаған хабар алғандай: — Онда ертең таңертең... — дедi онсыз да белгiлi ғой дегендей соңғы сөзiн айтпастан маған қарап.
Мен шошынғандай әрi таңырқағандай "А-а" деген бiр дыбыс шығаруым керек едi, бiрақ қатты ентiккеннен демiм таусылып, үнiм шықпады. Таңертең мүлде басқа адам болып қалай оянатынымды ақылға сыйдыра алатын емеспiн.
Кешкi тамақтың бетiне қарауға зауқым болмады. Түннiң бiр уағында палатама аутетренинг жүргiзушi дәрiгер қыз келдi. Кезекшi екен. Басқа уақытта келсе, шын қуанған болар едiм. Бiрақ ондай қуанышқа менде қауқар қалмады. Бiр байқағаным, ол бұрынғы мен көрген нәзiк, сезiмтал, қылықты қызға ұқсамайды, басқа бiр адам секiлдi. Өмiрдiң ыстық-суығын тегiс көрген егде әйелдей маған мүсiркей қарайды.
— Бiз бәрiмiз де бұл жағдайдан хабардар болатынбыз... Сiздiң жүйкеңiздi толық зерттеу үшiн дәрiгер есебiнде күнделiгiңiздi де оқуға тура келдi... — дейдi әлдебiр кiнәлi үнмен.
— Бәрi болғанда кiмдер? — деймiн, "бәрiмiз" деген сөзге толық түсiнбей.
— Осындағы бәрiмiз, бас дәрiгерден бастап. Медбикелер де бiледi... — Менiң жүзiмнен әлдебiр жайсыздау рең байқағандай, — ендi мұндай жағдайды бәрi бiлмеуі мүмкiн емес қой, — дедi ақтала сөйлеп.
Мен өзiмнiң тәжірибе жасалған көжек секiлдi осындағы көрiнгеннiң ермегiне айналғанымды сездiм.
— Сiздiң бойыңыздағы қасiрет, әрине, ауыр жағдай, — дедi ол қамыққандай үнмен. — Бiрақ... мен өз басым сiздiң күнделiгiңiзбен танысқан кезiмдi өмiрiмдегi ең үлкен оқиғаның бiрi деп бiлемiн. Шынайы тазалық бұл өмiрде онсыз да құлағалы тұрғандай көрiнедi. Бәлкiм, оны құлатпай тұрған сiз секiлдi санаулы адамдар шығар, егер мүлде жалғыз қалмаған болсаңыз... Мен сiзге де, әулие қасиеттердiң бар екенiне де сенемiн. Тiптi әулиелiк аномалия-ақ болсын, бiрақ жер бетiнде миллиондардың iшiнен екi бас, бiр денелi кембағалдар да туып жатады ғой. Ең болмаса, сол табиғат заңына қайшы кембағалдар ғұрлы дүниеге келуге хақысы жоқ па?
Мен оның айтқан сөздерiне аса үлкен мән бере қойған жоқпын. Өйткенi ойыма онымен үнсiз сырласқан сәттер орала бердi.
— Маған қазiргi сiз емес, менi азапты ойлардан құтқармақ болған, менiмен үнсiз сырласқан Сiз ұнайсыз, — дедiм әңгiменi басқа арнаға бұрып.-Сiз қазiр тым ақылды, тым пысық, тым бiлiмдiсiз. Мен сiздерге зерттеу объектiсi ғанамын. Бәрiңiз де менi қорлап отырсыздар... Менiмен сырласқан Сiз жоқ...Сондықтан...
— Ол кiсi менiң жан сарайымда, — дедi ол көкiрек тұсын қолымен нұсқап.
Мен онымен өткендегiдей үнсiз сөйлескiм келiп, "Оны қашан көруге болады?" дегендi жанарыммен бiлдiрген болдым.
Ол менiң "сұрағыма" түсiнбедi.
"Мен оны сағынатын боламын," — дедiм тағы да үнсiз.
Ол "естiмедi".
Мен торығып, жерге қарап, үнсiз қалдым.
— Бiз бәрiмiз де басқа адамға айналдық, — дедi ол бiр кезде даусы қарлығып. — Сәбилiк перiште күйiн сақтап қалған ешкiм жоқ. Шайтанға жанын сатқан Фауст секiлдi өмiрдiң пендешiл қағидасына арын сатқан миллиондаған жандардың бiрiмiз. Рас, әрегiдiк бiр кездегi кiршiксiз сәби көңiл шырылдап, бой көрсетедi. Оны тiптi сағынатын кездерiмiз бар. Бiрақ оған бұл дүниеде орын жоқ екенiн қынжыла отырып мойындауға тура келедi.
— Апыр-ау...
— Солай... әулием... — Оның қалтыраған үнiнен селк етiп, басымды көтергенде, көзiндегi жасты көрдiм.
— Апыр-ау... — Төңiрегiм бұлдырап көрiнбей кеттi.
Ол орынынан көтерiлiп, әрi-сәрi тұрды да, сөзiнiң соңын кейiн айтпақ болғандай, үн-түнсiз шығып кеттi.
Ол кетiсiмен ауыр минуттар басталды. Бөлме iшiнде сенделiп жүрмiн. Есiктiң қасындағы айнадан өзiмдi көрдiм. Көптен түрiмдi көрмеген екенiмiн, көзiм алды күлтiлдеп, қабағымның арасына тiк сызық әжiм түсiптi. Кенет әлдеқалай денем дiр ете қалды. Өз көзiме қадалып қараған сайын, аржағынан басқа бiреудi көретiн секiлдiмiн. Жүрегiм атқақтап айнаны аудара салдым. Шамды сөндiруге қорықтым. Сөндiрсем болды, бөлме iшiнде жүрген тағы бiреу "ендi менiң кезегiм келдi, орынды босат" дейтiн секiлдi.
Дәрiгердiң: "... таңертең басқа адам болып оянасыз," — деген даусы құлағыма естiлгендей болды. Менiң арым мен жанымды қорлаған зұлымдық ертең менiң бойымнан оянбақшы...
"Жоқ! — дедiм ышқынып. — Жоқ! Жоқ! Ешқашан да...Ешқашан да..."
Сәл тыныстап, ентiгiмдi бастым. Арқа ысатын жөке, орамал, сабынымды алып, коридор түпкiрiндегi ваннаға бардым. Түнге қарай ванна бос тұрады. Денемдi жөкемен ысқылап, жуынып, тәнiмдi тазарттым. Жуынып болған соң, ваннаны шайып, ыстығын басымдау қылып, су ағыздым.
Палатаға келiп, сақал алатын алмастың бiреуiн жалаңаштап, қасыма қойдым. Көңiлiмде өкiнiш те, ренiш те жоқ. Тек ойға алған мақсатты тезiрек орындасам деген жалғыз тiлек. Қазiр ваннаға түсiп, бiлек тұстағы күре тамырды алмас жүзбен ақырын ғана қиып жiберемiн. Аржағы қиын шаруа емес. Су ыстығырақ болса, қиылған тамырдың ауырғаны аса қатты сезiлмейдi. Бiрте-бiрте маужырап, бiрте-бiрте әлсiреп, жарық дүниеден алыстай бересiң. Тек қанды көрiп, жүрегiм көтерiлмес үшiн, көзiмдi жұмып алуым керек. Содан кейiн боқ дүниенi боққа былғай түспек болған кесапат бейтаныс, сен де қайтып оянбайтын мәңгi ұйқыға кетесiң... Амал жоқ, сенiң арам өлiмiңе ортақ болдым. Тағдырдан ешкiм қашып құтылмайды...
"Ойым бар менiң,
Ойым бар менiң ерекше,
Жақсылық жауып,
Дүниенi мынау сел етсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем керексе.
Адамның бүкiл айыбын
Арқалап алып,
Азабын өзiм көрер ем.
Жамандық басқан денемен
Жандырып жатқан,
Тоңдырып жатқан тамұққа
Жамандығыммен төнер ем.
Бүкiл дүние жамандықтарын
Артыңдар маған көтерем!
Қарызым болсын өтеген,
Жауыздық бiткен менiмен ғана бiрге өлсе,
Бүгiн-ақ өлiп кетер ем.
Армансыз барып,
Көрiмнiң аузын жапқасын,
Дүниедегi тiрiлер
Жамандық iздеп бақпасын!
Жауыздық жатқан,
Арамдық жатқан көрiмнiң
Қақпасын келiп қақпасын!"
***
Күнделiк осылай ақын М.Мақатаевтың ең ауыр өлеңдерiнiң бiрiмен аяқталады.
... Тазалықты тәңiрi тұтқан қорғансыз жанның одан арғы тағдыры маған беймәлiм. Ғайыптан-ғайып тiрi жүрген болса, бағы жансын, iзгiлiкке деген сенiмiнен айырыла көрмесiн. Адам баласының жетiм сәуледей сығырайған үмiтiн жақсылықпен жалғап әуре болған әулие жан қайда жүрсе де аман жүрсiн. Ал егер ол бұл дүниеде жоқ болса, онда... амал қанша, иманы саламат болғай. Әумин!
Соңы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі