Өлең, жыр, ақындар

Ғажайып жаз

I

Ол кезде күнде қызық, күнде думан еді. Табалдырықтан аттап шығып, жолдың арғы бетіне өткен бойда-ақ олар шаттықтың теңізіне шым бататын және уақытты керемет көңілді өткізетіндері соншалық, үйге шаршап, аяғын әзер басып қайтып келе жатқан кездерінде, әсіресе кешкісін, әлдебір ғажайып шетін оқиға орын алар ма екен — өрт шығар ма екен, үйде нәресте дүниеге келер ме екен немесе, — шіркін-ай десеңші! — ойламаған жерден қайтадан таң атса, жұрттың бәрі қайтадан топырлап көшеге шығар еді ғой, сөйтіп тағы да тағы қыдырып, көкорай шалғын мен жоталарға баруға болар еді ғой деп дәмеленетіндер де табылатын. "Әрине, мұны түсінуге болады — дендерің сау, жассыңдар, не ішем, не кием демейсіңдер" десетін жұрт оларға. Тіпті Тина екеш Тинаның өзі де, ауруханадан ақсақ боп шыққанына да, шыққан кезде үйінде талғажау етерлік түк ештеңе табылмағанына да қарамай, басқалардан кем қуанып, кем шаттанып жүрген жоқ-ты; керек десең, бір жолы құрбыларының соңынан шоқаңдап келе жатып тұра қап еңіреп қоя бергені де бар, себебі үйге барып ұйқы соғу деген ақылға сыйымсыз нәрсе ғой — көңіл көтеруге аңсарың ауып тұрған кезде уақытты құр босқа жоғалту боп шығады ғой бұл.

Ал Джиния болса, мұндай көңіл-күй ауанына берілген шағында онысынан сыр аңдатпайтын, керісінше, әлдебір құрбысын үйіне дейін шығарып салатын да, жолай қашан өзі айтарын түгел айтып біткенше аузы аузына жұқпай сөйлей беретін, сөйлей беретін. Қоштасар сәт туғанда оларға бір-біріне айтар дәнеңе қалмайтын — бейне өз бетімен жүріп келе жатқан жандардай араларында меңіреу тыныштық орнайтын. Джина үйіне көңілі тыншу тауып оралатын, жалғыз қалғанына сірә да өкініш білдірмейтін. Әрине, өздері биге баратын сенбілік кештер ғой ең кереметі. Әлбетте, басқа күндер де ұнамды; таңертең жұмысқа шығып бара жатқан Джиния кейде тіпті көшемен жүріп өтетінінің өзіне қуанатын. Басқа қыздар: "Кеш келсем ұйқым қанбайды", "Кеш келсем, ұрыс естимін" деседі. Джиния болса, ешқашан шаршап көрген емес, ал оның түнгі кезекте жұмыс істейтін, күндіз ұйықтап демалатын ағасы оны тек кешкі астың үстінде ғана кезіктіреді. Түскі тамаққа үйге келгенінде Северино ұйқы құшағына енді-енді ғана еніп бара жатады. Қарыны ашып келген Джиния тамағын әзірлеп үстел басына келіп отырады да, баспалдақтар мен басқа пәтерлерден естілген дыбысқа елегізи құлақ түріп, аузындағы дәмін асықпай шайнауға кіріседі. Уақыт тіптен өтіп болмайды — шүйіркелесіп сөйлесетін ешкім жоқ кезде қашан да солай ғой; сол себепті Джиния қолжуғыш науасына жиналып қалған ыдыс-аяқты жуып тастауға, үй-ішінің оны-мұнысын жинастыруға, одан соң тахтаға қисая кетіп, қоңыраулы сағаттың басқа бөлмеден естіліп тұрған тықылын тыңдап жатып көз іліндіріп алуға үлгереді. Бөлме іші қараңғылыққа шомылып, өзінің мүлдем оңаша қалғанын сезіну үшін кейде терезе жақтауларын жауып алатыны да бар. Ұйықтап қалармын-ау деп қорықпайтын, өйткені сағат үште Роза баспалдақпен төмен түсіп, қашан Джинияның құлағы шалғанша есіктерін, Севериноны оятып алмас үшін, ақырын-ақырын тықырлатумен болатын. Екеуі көшеге бірге шығып, трамвай аялдамасына қарай бет алатын.

Джиния мен Розаны жақындастыратын нәрсе — тек осы аралықтағы жол мен шаштарындағы жасанды інжуден жасалған жұлдызша ғана. Бірақ, бір күні екеуі витрина жанынан өтіп бара жатқан кезде Розаның: "Екеуіміз апалы-сіңлілі сияқтымыз" дегенін естігеннен кейін мұндай жұлдызшаның аткөпір екендігіне, жұрт өзін де фабрикада істейтін қызметші деп ойлап қалмасын десе, жеңіл қалпақ киіп жүруі керектігіне көзі жетті; оның үстіне әліге дейін әке-шешесіне кіріптар боп отырғандықтан Розаның мұндай сәнді киімге таяу арада қолы жете қоймайтын.

Джинияны оятқаннан кейін, уақыт әлі ертелеу болса, Роза бұлардың үйіне бас сұғатын, сөйтіп Джиния оның көмегімен үй-ішін жиыстыратын әрі басқа да еркектер секілді Севериноның да үйді күтіп ұстау дегеннің не екенінен хабары жоқтығына ішінен мысқылдап күлумен болатын. Роза Джинияға қалжыңдап оны "сенің күйеуің" дейтін, ал Джиния болса кей-кейде қабағын шытып, үйдегі шаруаңның бастан асып жататыны, күйеуіңнің жоқтығы оншалықты мәз боларлық нәрсе емес деп жауап қататын. Әрине, мұны ол әншейін айтатын — өзін үйдің толыққанды иесі сезініп, оңаша тірлік кешу оған ұнайтын, алайда Роза өздерінің бәлекей қыз еместігін мезгіл-мезгіл еске сап қойғанды жөн санайтын.

Роза көшеде жүргенде де өзін дұрыс ұстай алмайтын, қылымсып, сықылықтай күліп, жүргіншілерге жалтақтап қарай беретін — сол үшін Джиния оны төмпештеп алуға да бар еді. Бірақ олар биге жиі бірге баратын; міне, Розаның пайдасы да оған тап осы жерде тиетін, себебі анау жұрттың бәрімен таныс-біліс еді, ал оның әумесерлігі Джинияның одан гөрі әлдеқайда әдепті екендігін ғана көрсетіп тұратын. Олар өз бетімен ғұмыр кеше бастаған осынау ғажайып жазда көп ұзамай-ақ Джиния өзінің басқалардан әжептәуір артықшылығы барын білді: үйінде де оның ықтияры өзінде — Северино жайын айтпай-ақ қойса да болады, сондай-ақ, он жетіге толған жасында ересек әйел сияқты өз білігімен жүріп-тұра да алады. Ал, әзірге Джиния шашына жұлдызша тағып жүрген және Розаға қасына еруге ерік берген, өйткені бұл оны күлдіріп көңілін көтеретін. Бүкіл орамнан көңілі шат кездегі Розадай шолжақтайтын басқа бір қызды іздеп табу қиын еді. Ол кез-келген адамның жер-жебіріне жетіп, оны келеке-мазаққа айналдыра алатын, сөйтіп ұзақты кештер бойында жұртқа күлкіден езу жиғызбайтын. Бала қораздай сұмдық қызба-тұғын. "Саған не болған, Роза?" деп сұрайтын жігіттердің бірі, жұрт оркестрдің ойнағанын күтіп жиылып тұрған кезде. "Жаманнан қатты қорқып тұрмын, — дейтін ол (соны айтқанда көзі шарасынан шығардай алайып кететін).

— Жаңа осында кіргенімде бір шал мені көзімен жеп жіберердей болды, сірә мені сыртта тосып тұрған болуы керек, қорқам содан". Жігіт бұған сенбейтін. "Бәлкім, ол сенің атаң шығар". — "Ақымақ". — "Жә, болар, жүр билейік". — "Жоқ, мен қорқып тұрмын". Билеп жүрген кезде Джиния әлгі жігіттің: "Малғұн! Мыстан! Құрып кет сен, құрып кеткір!

Қайқай фабрикаңа қарай!" деп айқайлап жатқанын еститін. Бұл сөздерге Роза мәз боп күлетін, басқалардың да ішек-сілесі қататын, ал билеп жүрген Джиния қыздарды осындай қылатын нақ сол фабрика ғой деп ойлайтын. Бұған таңғалатын да ештеңе жоқ-ты, мұны механиктердің түр-сықпытының өзі-ақ айтып тұрған-ды — сынықтан өзгенің бәрі жұғады деген ғой.

Олардың біреу-міреуі ортаға кіре қалса, онда күн қараңғы тартып үлгермей-ақ қыздардың бірі болмаса бірінің шала бүлініп шыға келетініне, ал ашуы қаттыларының еңіреп жылап жіберетініне күмән келтіруге болмайтын. Бұлар да жұртты Роза секілді кекетіп-мұқатып бітетін және сені шалғынға қарай оңаша алып шықпақ боп әлектенетін. Олармен адамша сөйлесу мүмкін емес еді, дер кезінде дереу тойтарыс беру үшін әрдайым абай болуыңа тура келетін. Есесіне, кейбір кештерде бұлар ән салатын және әнді әжептәуір жақсы айтатын, әсіресе гитарасын ала келетін ұзын бойлы, ақ-сары шашты жігіт Феруччоның дауысы әдемі еді; ол қашан да жұмыс таба алмай сарсылып жүретін, бірақ саусағы әліге дейін мүйізгек және теріге сіңген көмір тозаңынан қап-қара болатын. Осындай тұрпайы қолдың керемет сезімтал бола алатынына сенудің өзі қиын-ды, бір жолы соны өз қолтығы астынан сезінген Джиния ол гитара тартып отырғанда қолына көз тастаудан қашқақтап бағатын. Роза бұған Феруччоның өзі жайында екі-үш мәрте сұрастырғанын айтқан, Джиния оған: "Сәлем айта бар, әуелі тырнағын алсын", деп жауап қайырған. Келесі жолы кездескенде Феруччо бұған күліп қана қоятын шығар деген, бірақ анау Джинияға тіпті көз қиығын да салған жоқ.

Өстіп жүргенде бір күні басындағы қалпағын екі қолымен бірдей түзете киіп ательеден шығып келе жатқан Джиния кіре берістен Розаны кезіктірді; анау бұған қарай тұра жүгірді.

— Не болды?

— Фабрикадан қашып кеттім.

Олар трамвай аялдамасына дейін үнсіз барды: Роза басқа ештеңе айтқан жоқ, ал абдырап қалған Джиния не дерді білмеді. Тек олар трамвайдан түскеннен кейін ғана Роза күбірлеп, жүкті боп қалған жоқпын ба деп қорқып жүрмін, деді. Джиния оны "жарымес" деп сөкті, Роза жоқ жерден долданды да, екеуі тұра қап көшенің қақ бұрышында шартпа-шұрт ұстаса кетті. Әйтсе де арты шын мәніндегі шатаққа айналған жоқ, себебі бойын билеген үрейдің салдарынан ашуланған Роза тез суынды, бірақ Джиния оның өзінен де бетер тынышсызданып кеткен-ді, бейне басқалар қызық ойынға кірісіп жатқанда бөлмесінде отырған баладай, әлдекім өзін алдап соққандай, әлденеден құралақан қалдырғандай сезінген және құралақан қалдырған кім десейші — ар-намыс деген қаперіне кіріп те шықпайтын Роза ғой. "Мен ондай жеңілтек емеспін, — деді Джиния іштей, — он жеті жаста ондайға әлі тым ерте. Егер қуаныш-қызығын осы бастан талан-тараж қылғысы келсе, өз обалы өзіне". Ол осылай деген, әйткенмен бұл оқиға ойына оралғанда пайда болатын өзін-өзі қор тұту сезімінен құтыла алмай-ақ қойды: құрбыларының бәрі түгел, бұған ләм деп жақ ашпастан, жігіттермен көк шалғында ойнап-күлгені, ал мұның, өз білігімен жүрген қыздың, әліге дейін ер адамның қолы жанасқанның өзіне бола жүрегі дүрсілдеп қоя беретіні жайындағы ойдан тынысы тарылып кететін.

— Неге сен әлгіні айту үшін сол күні маған келдің? — деп сұрады ол Розадан бір жолы, екеуі түскі астан кейін үйден бірге шығып келе жатқан кезде.

— Саған айтпағанда кімге айтам оны? Біттім ғой деп ойлағам.

— Ал бұрын неге маған ештеңе айтқан жоқсың?

Қазіргі шақта көңілі тыныш, жағасы жайлау Роза күліп жіберді де, ойнақтай басып жүріп кетті.

— Мұндайды іште сақтаған жақсы. Әйтпесе көз тиюі мүмкін.

"Жарымес. Қазір ол мәз-мейрам, ал жаны мұрнының ұшына келіп аласұрғаны кеше ғана емес пе еді? Бұл ақылы әлі толыспаған қыз, бар-жоғы сол-ақ" деп ойлады Джиния. Бірақ жалғыз өзі жұмысқа бара жатқан немесе одан қайтып келе жатқан шақтарда ол: біз әлі жас емеспіз бе, өзіңді өзің қалай ұстау керегін білуің үшін жиырмаға толуың керек шығар деген ойға келетін.

Бір жолы Джиния кештің ұзына бойында Розаның ғашығы — қамытаяқ, тапалтақ Пиноны зер сала қадағалаумен болды; ол өзі тек бильярд ойнауды ғана білетін, басқа ештеңемен айналыспайтын, осының бәріне қоса мыңқылдап сөйлейтін. Қандай арамза екеніне көзі анық жеткеніне қарамай Розаның неліктен онымен бірге киноға баратынын Джиния түсіне алмай жүр. Бәрі қайыққа мініп серуендеген сол бір жексенбі ойынан шықпай-ақ қойды, сол күні ол Пиноның арқасын, бейне тат жеп қойғандай, түп-түгел секпіл басып кеткенін көрген еді. Енді қазір, екеуінің арасында не болғанын білген кезде, сол күні Розаның Пиномен бұтаның арасына кіріп кеткені есіне оралды. Мұның мәнісі неде екенін бұл ақымақ қалай түсінбеген десеңші сонда? Ал Роза болса, екібастан, жарыместің жарымесі және мұны оған екеуі киноға барған кезде тағы да қайталап айтты.

Апырай десеңші, олар бәрі талай рет компания болып қайықпен серуендеп, күлісіп, әзілдесіп, жараса қалған жұптарды келемежге айналдырып жүрген жоқ па еді? Басқаларды Джиния жіті бақылаумен болған, бірақ Роза мен Пинодан көз жазып қапты. Тапа тал түстегі шыжыған ыстықта қайықта тек өзі мен ақсақ Тина ғана қалған-ды. Өңгелері, арасында Роза да бар, жағаға шығып кеткен, олардың бір-бірімен айқайласа сөйлесіп жүргені де анық естіліп тұрған. Үстінде белдемшесі мен блузкасы бар Тина Джинияға: "Онда мен шешініп, күнге күйдірінем, тек біреу-міреу келіп қалмаса екен", деді. Джиния біреу келе жатса хабар беретінін айтты, ал өзі жағалаудан деміл-деміл естіліп тұрған дауыстарға құлақ тосумен болды. Ұзамай тымық судың үстінде тыныштық орнады. Бөксесін сүлгімен орап алған Тина жайғасып жатты да, күнге шыжғырыла бастады. Ал, Джиния жағаға секіріп түсіп, жалаң аяқ шөп басып бірнеше адым ілгері жүрді. Барлығын өзімен бірге ертіп әкеткен Амелияның дауысы енді қайтып естілген жоқ. Ашықауыздыққа салынған Джиния оларды жасырынбақ ойнап жүр деп ойлап, ешкімді іздеуге құлқы болмай, қайыққа қайтып оралды.

II

Басқаның болмаса да, әйтеуір, Амелияның өзгеше өмір-тіршілігі бары бұрыннан мәлім еді. Ағасы механик боп істейтін, бірақ сол жылғы жазда Амелия бұлардың кешкі бас қосуларында оқта-текте ғана бой көрсетіп жүрді, жұртпен бірге жадырай күлгенімен ешкіммен шешіліп сөйлескен емес, себебі ол он тоғыз ба, әлде тіпті жиырма ма, жасқа толған қыз-тұғын. Джиния бойым да соның бойындай болса, сирағым да соның сирағындай ұзын да түзу болса деп қызығатын — жұқа шұлықтар мұндай сираққа өзінен-өзі сұранып тұратын. Алайда суға шомылатын лыпа кигенде Амелияның бөкселері бұлтиып шыға келетін, жалпы оның мүсінінде әлденендей бір оғаштық бары байқалатын. "Мен жұмыссызбын, — деді ол Джинияға бір күні кешкісін, анау мұның көйлегіне таңырқай көз тігіп тұрғанда, — уақытымды қайда жіберерді білмеймін, сондықтан өзіме ұнайтын үлгіні күні бойы отырып асықпай таңдай алам. Сен сияқты мен де ательеде істедім ғой, киім пішуді сонда жүргенде үйренгем". Көйлектеріңді өзің тіккеннен гөрі тапсырыс беріп тіктіргенге не жетсін, деп ойлады Джиния, бірақ тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Сол күні кеште екеуі бірге қыдырған еді, сосын Джиния Амелияны үйіне дейін шығарып салды, себебі өзін сондай сергек сезініп тұрған, ұйқыға мүлдем зауқы жоқ-ты. Әлгінде жаңбыр сіркіреп өткен, асфальт пен ағаштар әлі дымқыл еді, қоңыр салқын леп есетін.

— Байқаймын, серуенді сондай ұнатады екенсің, — деп күлді Амелия. — Ал бұған ағаң Северино қалай қарайды?

— Северино қазір жұмыста ғой. Көше шамдарының бәрін сол жағады және оларды қадағалап тұрады.

— Ғашықтардың жолына жарық себелеп тұратын сол екен ғой? Ол қалай киініп жүр? Газшы секілді ме?

— Жоға, — деп күліп жіберді Джиния. — Ол электр стансасындағы ажыратқыштарды қадағалайды. Түні бойы пульт жанында кезекшілік етеді.

— Сонда екеуің ғана тұрып жатырсыңдар ма? Өйт-бүйт деп миыңды ашытпай ма?

Амелия аңқылдап, қысылып-қымтырылмай, өзімсіне сөйлеп келе жатқан, сондықтан Джиния оған көп қиналмай-ақ "сен" деуге көшті.

— Жұмыссыз жүргеніңе көп болды ма? — деп сұрады одан.

— Жалпы алғанда, менде жұмыс бар. Менің суретімді салады.

Сөзінің әуеніне қарап, оны қалжыңдап тұр ғой деп ойлап қалуға болатын, сол себепті Джиния оған сұраулы жүзбен көз тікті.

— Қалай салады сонда?

— Қарсы алдымнан да, қырымнан да, киімшең де, киімсіз де салады. Мұны натурашы болу деп атайды.

Әңгімесін жалғастыра түссін деген оймен Джиния оны таңырқанғандай кейіпте тыңдаумен болды, ал шын мәнінде Амелияның айтып тұрған жайынан тәп-тәуір хабардар-тұғын. Бірақ бұл тақырыпта оның өзі әңгіме қозғайды дегенге ешқашан сенбес еді, өйткені шұғылданып жүрген шаруасы жайында қыздардың ешқайсысына бір ауыз бірдеңе айтпаған болатын, тек есік аузында отыратын әйелдер арқылы ғана Роза оның құпиясына қаныққан-ды.

— Сонда сен шынымен-ақ суретшіге барып жүрсің бе?

— Барғам, — деп жауап қатты Амелия. — Бірақ жаз айларында оған суретті таза ауада салған арзанға түседі. Ал қыста тыр жалаңаш шешінуге тым салқын, нәтижесінде мүлдем дерлік жұмыс істемейсің деуге болады.

— Сен шешіндің бе?

— Әрине, — деді Амелия.

Соны айтып Джинияны қолтықтап алды да, қайтадан сөйлеп кетті.

— Бұл негізі жақсы жұмыс — ештеңе істемейсің, тек әңгіме тыңдайсың. Кірсе шыққысыз шеберханасы бар бір суретшіге барып жүрген кезім болды, кісілер келгенде онда шай берілетін. Міне, сол жерде не бір ақылды әңгіме айтылатын, оны тіпті киномен де салыстыруға болмайды.

— Сонда олар жалаңаш отырған шағыңда үстіңе кіретін бе еді?

— Рұқсат сұрайтын. Ең жақсысы — әйелдермен істес болу. Әйелдердің де картина салатынын білесің бе? Жалаңаш күйдегі суретін салу үшін олар қызға ақша төлейді. Өздері-ақ неге айна алдына барып тұрмайды екен? Егер еркектерді салса бір жөн.

— Бәлкім, олар еркектерді де салатын шығар.

— Мүмкін, — деді кіре берісінің алдына келіп тоқтаған Амелия. Сосын оған көзін қысып қойды. — Ал, кейбір натурашыны олар екі бағасына жалдайды. Өмірде не қилы нәрсе бола береді, сонысының өзі жақсы.

Амелиядан келіп тұруын өтінген Джиния көше шамдары мен витриналар жарығына шомылған, жылы ауада толықтай дерлік кеуіп те үлгерген асфальтпен жалғыз өзі үйіне қарай кетті. "Көпті көрген, бірақ айналысып жүрген істері жайында босқа ақтарылады, — деп ойлады естіген-білгеніне дән риза Джиния. — Ондай өмірді бастан өткеріп жүрсем, мен айлакерлеу болған болар ем". Арада екі-үш күн өткенімен Амелияның төбе көрсете қоймағанына Джиния азды-кем налып қалды. "Шамасы, сол күнгі кеште өзіммен достасу жайын ол тіпті қаперіне де алмаған ғой. Ондай жағдайда, — деп ойлады Джиния, — әлгіндей нәрселерді әркімге бір айта беретін болғаны ғой. Ендеше, ол шынымен-ақ ауыш біреу. Әлде мені жоқтан өзгеге сене беретін аңқау қызға балай ма екен?" Сөйтіп жүргенде бір күні кешкілік бір үлкен компанияда Джиния әлдебір дүкеннен картина көргенін, одан Амелияны тануға болатынын айтып салды. Оған бәрі сеніп қалды, бірақ Джиния мұнымен де шектелмей, оны мүсініне қарап танығанын айтты, себебі натурашы тырдай жалаңаш отырған кезде суретшілер оның бет-әлпетін әдейі өзгертіп жібереді деді.

— Иә деген-ай, олар аяушылық жасай қояр, — деді Роза. Соны айтып оның аңғалдығына күліп алды.

— Егер әлдебір суретші портретімді салса, оған қоса ақша төлесе, бұған тек қуанған болар ем, — деді Клара.

Сол арада бәрі Амелия сұлу ма, сұлу емес пе дегенді талқылай бастады. Клараның қайықта өздерімен бірге келе жатқан ағасы тұрып: тыр жалаңаш күйімде Амелиядан әлдеқайда әдемімін дегенді айтты. Бұған бәрі мәз боп күлді, ал Джиния өзін ешкім тыңдап жатпаса да:

— Мүсіні келісті болмаса суретші оның бейнесін салмас еді ғой, — дегенді айтты.

Сол күні кеште ол тағы да өзін жәбірленгендей сезініп, жыларманға келді. Әйткенмен, күндер өтіп жатты, сөйтіп бір күні трамвайдан түскен бойда Амелияны қайта жолықтырып қалды, олар әр нәрсе жайында әңгіме көйітіп, түк ештеңе болмағандай қыдырыстап жүрді. Қалпағын қолына ұстап алған, аппақ тісін жарқырата күлетін Амелиядан гөрі Джиния сүйкімдірек көрінетін.

Келесі күні түскі астың кезінде Амелия оның үйіне кіріп шықты. Күн ыстық болғандықтан есік айқара ашық тұрған, қараңғылау жерде отырған Джиния оны алдымен байқады. Олар бір-бірімен қайта көріскеніне қуанысып қалды. Джиния терезе жақтауларын ашқан соң Амелия қалпағымен желпініп тұрып жан-жағына қаранды.

— Есікті ашық қалдыру — тәуір ойлап табылған нәрсе екен, деді ол — Саған жақсы ғой, әрине. Менің үйімде өйтуге болмайды, өйткені біз бірінші қабатта тұрамыз.

Сосын ол Северино ұйықтап жатқан екінші бөлмеге көз жүгіртіп:

— Ал, бізде улыған да шулыған. Екі бөлмеде мысықтарды есептемегенде бес адам тұрамыз, — деді.

Жұмысқа баратын уақыт таяған кезде олар іштен бірге шықты, сол арада Джиния оған:

— Бірінші қабатыңнан ығыр болғанда біздің үйге кел, мұнда оңаша отырып әңгімелесе аламыз, — деді.

Оның ет жақын адамдары жөнінде жаман сөз айтқысы келмейтінін, жай ғана онымен жүздескеніне қуанышты екенін, себебі бір-бірін түсінетіндігін Амелияның іштей сезінгенін ғана қалаған. Иә деп те, жоқ деп те ештеңе айтпаған Амелия Джиния трамвайға отырар алдында оған бір шыны аяқ кофе әперіп сый көрсетті. Ертеңіне де, одан арғы күні де олар кездескен жоқ. Сосын Амелия бір күні кешкісін әлдеқалай келе қалды, бұл жолы басында қалпағы жоқ екен, тахтаға кеп отырды да, күле сөйлеп сигарет сұрады. Джиния ыдыс-аяқ жуып болып та қалған, ал Северино қырынып жатқан. Северино оған сигарет ұсынып, дымқыл саусақтарымен сіріңке шақты, одан соң үшеуі көше шамдары жайында әзілдесті. Северино жұмысқа асығыс жиналып жатқан, Джинияға тек түннің бір уағына дейін жүрме деп қана айтып үлгерді. Ол кетіп бара жатқанда Амелия оған күлімсірей қарап қалды.

— Биге сол баяғы жерге барып жүрсің бе? — деді ол Джинияға. — Ондағы балдар жаман емес, бірақ іш пыстырып жібереді. Құрбыларың да сондай.

Олар үйден шығып, даңғылдармен жүріп отырып орталыққа қарай бет алды, жанға жайлы кешкі салқында екеуі де қалпақсыз, жалаң бас келе жатты. Ең әуелі олар балмұздақ сатып алды, соны жалап жеп, өтіп бара жатқан жұртқа көз жіберіп, сықылықтай күлумен болды. Амелиямен бірге жүрген кезде Джинияға екі дүние бірдей көрінетін, бүл кеште не түрлі ғажайып оқиға орын алатындай сезімге бөленіп, шын пейілден шаттанатын. Жасы жиырмаға толған, жұрттың бәріне менсінбей қарап мұрын шүйіріп келе жатқан Амелияға арқа сүйеуге болатынын білетін. Күн ысып кеткендіктен Амелия тіпті шұлығын да киген жоқ-ты; сөйтіп олар оркестр ақырын ғана ойнап тұратын, үстелдерде абажурлы шам жанып тұратын би залының жанынан өтіп бара жатқанда Амелия өзін соған қарай сүйрелей ме деп Джиния жаман қорқып кетті. Ол мұндай орындарға ешқашан бас сұғып көрмеген, сондықтан үрейден тілі байланып қалғандай болды. Амелия оған:

— Мұнда кіргің кеп тұрғаннан саумысың? — деді.

— Ыстық, әрі дұрыс киініп те шыққан жоқпыз. Одан да қыдырайық, — деп жауап қатты Джиния.

— Менің де зауқым жоқ, — деді Амелия, — бірақ енді не істейміз сонда? Көшенің бұрышына барып, әрлі-берлі өткендерге қарап күліп тұрмақсың ба?

— Ал өзің не істегің келеді?

— Әйелдер қауымына жатпасақ қой, машинамыз болар еді, шомылып қайту үшін қазір көлдерге қарай тартып кетер едік.

— Жүр, одан да әрлі-берлі серуендеп, әңгімелесейік, — деді Джиния.

— Жотаға барып бір шөлмекті ортаға алып, ән салуға болады. Шарапты ұнатасың ба сен?

Джиния ұнатпайтынын айтты. Амелия би залына қарай бастайтын есікке назар салды.

— Бір-бір рөмкеден ішеміз бәрібір, — деді ол — Жүр, кеттік. Кімнің іші пысса, оған өзі кінәлі.

Олар алғаш кездескен кафеден бір-бір рөмкеден ішті, сөйтіп сыртқа шыққандарында Джиния ауада бұрын өзі байқамаған қоңыр салқын леп барын сезіп, жазда шараптың бойды сергітіп жіберетіні қандай жақсы деп ойлады. Ал бұл кезде Амелия күні бойы бос отырған адамның ең болмағанда кешкісін жан шақыруға қақы бар екені жайында айтып жатты, бірақ кей-кейде уақыттың сырғып өтіп бара жатқанын ойлағанда жүрегің мұздай боп кетеді де, алашапқын жүгіріске зауқың соқпай қалады деді.

— Мұндайды бастан кешіп көрдің бе?

— Мен тек жұмысқа асыққан кезде ғана жүгірем, — деді Джиния. — Өте аз қыдырам, сондықтан бұл жайында ойлануға уақытым болмайды.

— Сен жассың, — деді Амелия, — ал мен, тіпті жұмыс істеп жүрген кездің өзінде де, кейде отырарға орын таппай қалам.

— Суретшінің алдында тапжылмай тұратының қайда, — деді Джиния.

Амелия күліп жіберді.

— Әсте олай емес. Нағыз айлакер натурашылар — суретшінің басын айналдыра білетіндер. Ауық-ауық қозғалып тұрмасаң ол сенің натурашы екеніңді есінен шығарып алады да, саған өзінің қызметшісі секілді қарай бастайды. Қой болсаң қасқыр қашан да қасыңнан табыла кетеді.

Джиния жауап ретінде езу тартып қана қойды, бірақ Амелиядан әлдене жайында сұрауға аңсары сондай ауып тұрды және бұдан тартынып қалу бір рөмке ликерден бас тартудан әлдеқайда қиын болатын. Осы себепті ол салқындау жерге барып отырып, тағы бір-бір рөмкеден ішейік деген ұсыныс айтты.

— Мейлі, — деді Амелия. — Үлдірік жанында тұрып ішкен себебіміз ол жерде бұл арзанға түсетін.

Екінші рөмкеден кейін Джиния іштегі қызудың қалай шымырлап бойға жайыла бастағанын сезді, сөйтіп сыртқа шыққан кездерінде батылдығын жиып, Амелияға былай деді:

— Саған бір өтінішім бар. Суретшінің алдында отырғаныңды көргім келеді.

Бұл турасында олар жолай көп әңгімелесті. Натурашы, мейлі ол жалаңаш болсын не киімшең болсын, екінші бір қызды емес, тек еркектерді ғана қызықтыра алатынын айтып, Амелия мәз боп күлді. Натурашы тек әншейін отырады не түрегеп тұрады — оған қарай қалатындай не бар? Джиния суретшінің оны қалай бейнелейтінін бақылағысы келетінін, майлы бояумен қалай сурет салуға болатынын ешқашан көрмегенін, ал мұны өте қызықты нәрсе ғой деп ойлайтынын сөз етті.

— Бұған асығыс жоқ, өйткені қазір жұмыссыз жүрсің ғой, — деді ол. — Бірақ қайтадан әлдебір суретшіге бара бастайтын болсаң мені өзіңмен бірге ала кететініңе уәде бер.

Амелия тағы да күліп, бұдан асқан оңай шаруа жоқ екенін, суретші шеберханалары қайда орналасқанын білетінін, оны сонда алып бара алатынын айтты.

— Бірақ, барынша абай бол, олардың бәрі оңбаған.

Енді оған Джиния да қосыла күлді.

Сосын олар бірқыдыру уақыт сәкіде отырды. Ешкім өткен жоқ: бір жағынан тым кеш, екінші жағынан тым ерте секілді көрінетін мезгіл еді бұл. Екеуі кешті жотадағы би залында аяқтады.

III

Содан бастап Амелия оған жиі келгіштеп, екеуі бірге қыдырып, әңгімелесіп жүретін болды. Бөлмеге кірген Амелия қатты дауыстап сөйлеп, Севериноға ұйқы бермейтін. Түскі астан кейін Роза Джинияға келген кезде олар кетпекші боп жататын. Егер қолында сигареті болса, Амелия онысын тартып біткенше отыра тұратын және өзінің Пиносы жайында айтып үлгерген Розаға ақыл-кеңес беретін. Істейтін іс болмағандықтан Амелияның күні бойы төрт қабырғаға қамалып отыра бергісі келмейтіні түсінікті еді, сол себепті бұлармен бастас боп жүрген-ді. Амелия Розамен де әзілдесіп, оның айтқанын ойдан шығарған өтірікке балап, бетіне қарап сақ-сақ күлетін, ал оңаша қалған кездерінде Джиния екеуі оны келемеж қылатын.

Өткірлігіне қарамай Амелияның жоқ-жұқана жан екеніне көзі анық жеткен кезде Джиния оны өзіне жақын тарта бастады. Амелия шұлықсыз жүретін, себебі шұлығы жоқ еді; қайда барса да ана жолы Джинияға айрықша ұнаған әдемі көйлегін киетін, өйткені басқа көйлегі жоқ-ты. Ештеңеге қайғырмай қайқаң қағып жүретіні де, бәлкім, осы себептен шығар: қалпағын кимей шыққан шақтарында өзін еркінірек сезінетінін Джиния да байқаған. Роза да әбден жынына тиіп болды: кілтипан неде екенін ол бірден сезіп қойған-ды. "Көпті көрген қыз екенінде дауым жоқ, — дейтін Роза, — бірақ одан не пайда? Өйткені, көйлегін шешкен бойда төсекке жатуына тура келеді, себебі басқа киетін ештеңесі жоқ". Джиния әлденеше рет Амелиядан неге қайтадан натурашы боп жалданбайтынын сұраған, анау оған бір жерден жұмыс табу үшін өзіңнің тұрақты жұмысың болуы қажет деп жауап қайтарды.

Әрине, күні бойы түк ештеңе істемегенге, сосын, күннің ыстығы басылған шақта, екеу боп қыдырғанға, оған қоса, өздері витринаны тамашалап жатқан шақта жұрт бұлардың өзін тамашалап жататындай көз тартарлық көрікті болғанға не жетсін. "Мен сияқты өз еркі өзінде бос жүргеннің еш қызығы жоқ. Жынданып кете жаздаймын кейде" дейді Амелия. Шіркін, Амелия өзіме ұнайтын нәрселер жайында әңгіме айтса ғой деп қиялданады Джиния, өйткені шын мәніндегі жақындастық дегеннің өзі серігіңнің ой-арманы қандай екенін жақсы білуге саяды ғой, ал біреуіне ұнаған нәрсе екеуіне де ұнайтын болса, онда олар именшектік сезімінен арылар еді. Бірақ, кешке таман екеуі пассаж1 арқылы өтіп бара жатқан шақта өзі қызығушылық білдірген нәрсеге Амелияның да қызыға қарайтынына Джинияның көзі жете қойған жоқ. Джинияға ұнап қалған қалпақты не матаны Амелия да соншалықты ұната қояды деп ешқашан сеніммен айтуға болмайтын, оның үстіне Амелия өзін Розаны келеке еткеніндей келекелеп жүре ме деп те қорқа соқтайтын. Күні бойы біреумен бір ауыз тіл қатысып шүйіркелеспейтін болса да Амелия Джинияға ұнайтын, оны қызықтыратын нәрселер жайында ешқашан әңгіме қозғамайтын, қозғай қалса әзіл-қалжыңға айналдырып жіберетін. "Біреуді күтіп тұрған кезіңде байқағаның бар ма — шошқаның тұмсығынан аумайтын тұмсықтар мен тауықтың сирағындай сирақтар деген қисапсыз көп екен ғой. Сұмдық-ай десеңші!" дейтін Амелия. Бәлкім, ол қалжыңдайтын шығар, бәлкім, кім біледі, шынымен-ақ қайбірде ширек сағат бойы жүргіншілерге қадала көз тігіп, оларды іштей кекеп-мұқап тұрған да болар, дегенмен, неғылған күнде де, әйтеуір Джиния оған картинаны қалай салатынын көргім келетінін айтып ақымақтық жасап алдым-ау деп қорқа бастаған еді.

Енді қазір серуенге шыққанда қайда баратындарын Амелияның өзі шешетін, ал Джиния болса оның айтқанының бәрін сөзге келместен құп алатын. Сөйтіп, өздері алғашқы күнгі кеште болған би залына қайта келгендерінде, сол жолы ерекше көңілді болған Джинияға мұндағы шамның жарығы да, оркестр де — бәрі бейтаныс көрінді, оған тек балкон есіктерінің ашып қойылғаны және одан самал есіп тұрғаны ғана ұнады, ал мұның бәрінің жалғыз ғана себебі — үстелдер арасындағы алаңқайға биге шығуға болатындай тәуір киініп келмегенін сезіп қорынып тұрған-ды. Бірақ сол арада Амелия өзімен "сен" деп сөйлесетін бір жігітпен шүйіркелесе кетті, ал музыка тынған кезде екінші бір жігіт бұларға қолын бұлғады, соны көрген Амелия басын бұрып: "Анау сенімен сәлемдесіп жатыр ма?", — деп сұрады. Әлдебіреудің өзін танығанына Джиния қуанышты болатын, бірақ ол жігіт жылдам қарасын батырды, ал өткен жолы өзімен билеген сүйкімсіз бозбала бұған тіпті көз қиығын да салмастан жанынан асыға басып өтіп кетті. Джинияға алғашқы күнгі кеште өздерін биге шақырушылар тым көп болғандай көрінді — тыныс алу үшін үстел басына кеп жайғасып үлгерместен қайта шығып жататын, ал енді қазір әлдекім келіп өздерін шақырғанша терезе жанында отырып ұзақтан ұзақ тосуға мәжбүр. Сөйтіп, бірінші боп тізе бүккен Амелия қатты дауыстап: "Амал не, мұндай да көңіл көтеру болады", деді. Әрине, залдағы басқа қыздар да Амелиядан артық киінбеген еді, шұлықсыз келгендері де көп-ті, ал Джиния болса, негізінен даяшылардың ақ күртесіне көбірек назар аударып, "сірә, кіре берісте машина қаптап тұрған шығар" деп ойлап отырды. Одан соң ол бұл арадан Амелияның суретшісін жолықтырам деп үміттенудің есалаңдық боп шығатынын түсінді.

Күннің керемет ыстық боп тұрғаны сонша, кешкілік үйде қамалып отыру мүмкін болмай қалды, ал Джиния жаз айларының не екенін бұрын өзі тіптен түсінбегендей сезінді, өйткені күн сайын кешкісін бульварларды кезіп қыдырып жүру деген сондай жан сүйсінерлік нәрсе-тұғын. Кейде оған осынау жаз ешқашан аяқталмайтындай көрінетін, сонымен бірге мұның бір минутын да құр жібермей пайдаланып қалу қажет деген ой да ұшқындайтын, себебі күз келгенде әлденендей бір оқиға болатындай да тұратын. Осы себепті ол енді Розамен бірге ескі би залы мен жақын маңайдағы киноға бармайтын болған, кейде тіпті жалғыз өзі шығатын да, орталықтағы әлдебір киноға қарай дедектей жөнелетін: Амелиядан несі кем оның?

Бір күні кешкісін Амелия соқты оған, сосын екеуі баспалдақпен төмен түсіп келе жатқан кезде:

— Кеше жұмыс таптым, — деді.

Джиния бұған таңырқаған жоқ. Мұны көптен күтіп жүрген. Байсалды кейіпте Амелияның қашан кірісетінін сұрады.

— Таңертеңнен бастап кірісіп те кеттім, екі сағаттай болдым, — деп жауап қатты анау.

— Бәсе, сондай көңілді көрінгенсің, — деді Джиния.

Сосын суретшінің қандай картина салып жатқанын сұрады.

— Ешқандай да. Ол тек нобай жасау үстінде. Бетімді бейнелеп жатыр. Мен сөйлеп отырам, ол қырымнан қараған түрімді салады. Бұл жұмыс көп уақытты алмайды.

— Сонда сен поза көрсетпейтін болғансың ба? — деді Джиния.

— Поза көрсетуді — міндетті түрде шешіну және тыр жалаңаш тұру деп ойлайсың ба? — деп салды Амелия ашуланып.

— Ертең оған тағы барасың ба? — деп сұрады Джиния.

Амелия онда ертеңіне де барды, кейін де көп күн қатарынан барып жүрді. Кешкісін ол суретшінің орнында бір сәт тыным тауып тұра алмайтынын, Амелиядан біреу-міреу суретін шеберхананы өзі секілді осылай кезіп жүріп салған-салмағанын қайталап сұрап қоймайтынын күліп отырып айтып беретін.

— Бүгін таңертең ол маған қарап ню2 салды. Ол өзі адамның түр-кескінін абаймен зерделеп, не керегін алдын-ала аңдап алатын қулардың қатарынан. Сөйтеді де, үш-төрт сызық тарта қояды, бітті — сол қалпыңда қағазға қона кетесің, одан соң текке қажетің болмайды.

Джиния оның қандай адам екенін сұрады, Амелия: сұқтанарлық дәнеңесі жоқ, шапаты ғана біреу деді.

— Онымен қалай танысып жүрсің?

— Кездейсоқ. Ертең кел маған, — деді Амелия. Сөйтіп екеуі оған түс қайта бірге бармақ боп келісті.

Ертеңінде, сенбіде, күн ашық боп шағырмақтанып тұрды. Амелия Джинияны жол бойы күлдірумен болды.

Олар бұралаң баспалдақпен шеберханаға көтерілді. Бұл қара көлеңкеленіп қойылған кең бөлме болатын, тек түкпірдегі перделер саңылауынан ғана жарық себезелеп тұр. Жүрегі дүрсіл қаққан Джиния баспалдақтың соңғы тепкішектеріне жете бере тоқтап қалды. Амелия "қайырлы күн" деп айқайлады да, қара көлеңке бөлменің ортасына дейін жүріп өтті. Сол арада перде тасасынан толық денелі, сақалы аппақ қардай бір адам шығып, қолын жайып:

— Бүгін бір жаққа барушы едім, қыздар. Амал жоқ енді, — деді.

Ол үстіне бозғылтым кең блуза киіпті, жарық көбірек түссін деп бұрылып, пердені шамалы ысырған кезде байқалғанындай, блузасы бозаңы басым сарғыш түсті екен.

— Бүгін жұмыс істеудің қажеті жоқ, қыздар. Бүгін таза ауамен тыныстау керек.

Джиния сол бұрынғыша баспалдақта тұрған, ол жерден оған Амелияның аяғы бөлмеге түскен жарықтан нақпа-нақ мүсінделіп көрінетін. "Кетейікші жүр, Амелия" деп мұрын астынан міңгірлей берді Джиния.

— Менімен танысуға құштар құрбың осы ма? Ау, бұл өзі әлі тіптен жас қыз ғой. Қане, бермен келші, — деді анау Джинияға қарап, — қане, сені жарықта жөндеп көріп алайын.

Джиния лажсыздан табалдырықтан аттады: суретшінің сұрғылтым көзі қулана сығырайып, әлде, бәлкім, қартаң адамға тән ғадетпен әншейін сықсиып өзіне әуестікпен қарап қалғанын сезіп тұрды. Амелияның тіксіне сөйлеген, ашулы дауысы естілді:

— Біз келісіп едік қой!

— Амал қанша енді? — деді суретші. — Амал қанша? Сірә, өздерің де шаршаған шығарсыңдар. Жұмысты асықпай баппен істеу керек. Демалуыңа мұрса берген кезімде қуанып қалмаушы ма едің?

Сол арада Амелия перде көлеңкесіндегі орындыққа кеп тізе бүкті, ал Джиния болса, тұрған жеріне желімденіп қалғандай сезініп, суретші мен Амелияның өзіне қас қақпай қарағанынан ыңғайсызданып, өзін қалай ұстарды білмеді. Суретші қалжың айтып жатқандай, бірақ бұлармен емес, өзімен өзі қалжыңдасып тұрғандай көрінді оған; қайта-қайта қыстырылып отырған Амелияға ауық-ауық қысқа ғана тіл қатып: "Амал қанша енді?" деп қояды. Кенет ол артқа қарай ырғып түсті де, перделерді кеңірек ашып қойды. Қаңыраған бос бөлмеден жаңада ғана жағылған әктің иісі мен майлы бояу иісі аңқып тұр.

— Қара суға түсіп кеттік, — деді Амелия, — ең болмаса терімізді басуға мұрсат етіңіз. Дұрыс па, Джиния?

Бұл кезде бұларға арқасын бере бұрылған Сақал аспанға қарап аңқиған үлкен терезелерді ашып та жатқан. Амелия аяғын аяғына айқастырып, суретшіге қарап күліп отыр еді. Терезе алдында кенеп керілген мольберт3 тұрған, кенептің беті бояу дақтары мен қырып тасталған жағынды іздерінен шұбарланып көрінеді.

— Күн жарықта, дәл қазір жұмыс істемегенде қашан жұмыс істеуге болады, — деді Амелия. — Бәс тігуге бармын, менен айнып, басқа бір натурашы қызға бейіл бермек секілдісіз.

— Мен сенен әманда айни берем! — деп айқайлады еңкейіп мольберт астындағы жәшікті қопарыстырып, ондағы парақтарды, қорапшалар мен қыл қаламдарды сыртқа лақтырып жатқан суретші. — Немене, сен өзіңді ағаштан немесе аттан артықпын деп ойлайсың ба? Біле білсең, мен тіпті қыдырып жүрген кезімде де жұмыс істеймін.

Орындығынан атып тұрған Амелия қалпағын қолына алып, Джинияға көзін қысып қойды.

— Құрбымның нобай суретін салып көрсеңіз қайтер еді, — деді сосын күле сөйлеп. — Ол әлі ешкімге ешқашан поза көрсеткен жоқ.

Суретші басын бұрды.

— Өзім де тап солай істегелі жатырмын. Әлпетінде алабөтен сүйкім бар екен, — деді ол

Қолына қарындаш алып, басын сәл қисайтыңқырай ұстап, сақалын саумалаған күйі, көзін мысықша сығырайтып Джинияны орағыта айналып жүре бастады. Джиния бөлменің ортасында қыбыр етіп қозғалуға дәті жетпей мелшиіп тұрды да қойды. Сосын ол мұның жарыққа жақынырақ келуін сұрап, одан көзін аудармаған күйі мольбертке бір парақ қағаз қойып, сурет салуға кірісті. Терезеден үйлердің шатыры мен сарғыш бұлт көрініс беріп тұрған. Жүрегі дүрсіл қаққан Джиния осы бұлтқа қадала қарап қалды, Амелияның бірдеңе деп сөйлегенін, бөлмеде әрлі-берлі жүргенін, сіңбіргенін естіп тұрғанымен, оған бір рет те көз қиығын салған жоқ.

Амелия суретті көруге шақырғанда Джинияға қараңғыға көндігу үшін көзін қалқалауға тура келді. Сосын параққа жайменен еңкейіп өз қалпағын таныды, бірақ беті басқа біреудікі секілді көрінді — ұйқыдағы адамның бетіндей жансыз еді, ал аузы ашық қалыпты: бейне бір суреттегі қыз ұйқысырап сөйлеп жатқан секілді.

— Неғылсақ болады, — деді Сақал, — шынымен-ақ ешкім ешқашан суретіңді салған жоқ па?

Ол Джинияны қалпағын шешіп тастауға мәжбүр етті, сосын тізе бүгіп, Амелиямен әлдене жайында әңгімелесіп отыруы керегін айтты. Міне, енді екеуі күлкіден жарыла жаздап бір-біріне қарсы қарап отыр, ал суретші болса бір парақтан кейін екіншісін нобаймен толтырып жатыр. Амелия өзін еркін ұстап, қыбыр етіп қозғалудан қорқып отырған Джинияға позасы жайында дәнеңе ойламауы керегін айтумен болды.

— Неғылсақ болады, — деді тағы да Сақал, Джинияға көзінің қиығымен қарап тұрып, — пәк таза әлпет бұлдырлау көрінетін секілді ме қырынан қарағанда.

Джиния Амелиядан бүгін поза көрсетесің бе деп сұрап еді, анау дауыстай сөйлеп:

— Бүгін оның аңсары саған ауып кетті, енді ол сенен айрылмайды, — деді.

Олар оны-мұны жайында сөйлесіп отырды, сосын Джиния Амелиядан бұрынырақта салынған портреттеріңді көруге бола ма деп сұрады.

Орнынан тұрып бөлменің түкпіріне қарай өткен Амелия ол жақтан бір папкіні әкеліп Джинияның тізесіне қойды да, ашып:

— Міне, қара, — деді.

Джиния бірнеше парақты аударды, төртіншісін бе, әлде бесіншісін бе аударғанда маңдайынан мұздай тер бұрқ етті. Суретшінің сұрғылт көзі кірпік қақпай қадалып тұрғанын сезіп қалған оның өз ойын айтуға да батылы бармады. Бірдеңе дер ме екен деп Амелия да оған қарап қалған. Ақыры ол:

— Қалай, ұнады ма? — деп сұрады.

Джиния басын көтеріп, езу тартып күлмекке тырысты.

— Сені тіптен танымай қалдым, — деді.

Сосын парақтың бәрін бірінен соң бірін қарап шықты да, біртіндеп сабасына түсті. Өйткені, қалай дегенмен де, Амелия қарсы алдында киімшең қалпында және жымия күліп тұрған.

Джиния милау біреуше:

— Осының бәрін салған мына кісі ме? — деп сұрады.

Оның не айтпақ болғанын түсінбеген Амелия қатты дауыстап:

— Әрине, мен емес қой енді, — деді.

Сақал жұмысын аяқтаған кезде Джинияның, бейне көзі жарыққа әлі үйренбеген кісіше, тағы да көзін жұмып ап кішкене күтіп тұрғысы келді. Бірақ Амелия оны қасына шақырды да, оның жанына жақындаған Джиния үлкен парақтың алдында аңырып тұрып қалды. Онда мұның басының бәленбай түрлі бейнесі салыныпты, бірі тіптен қисық, өңгелерінде бет-аузын тыжырайтып қалған, ал ондайды бұл өмірі жасамаған еді, бірақ шашы, жағы, танауы өзінікі болатын.

Ол ыржия күліп тұрған Сақалға көз тастады, бұл жолы оның көзі бұған мүлдем басқа секілді боп көрінді.

Бұдан соң Амелия бұл арада бір сағаттай болғандарын, Джиния екеуінің көңіл көтеру үшін емес, күнелтіс үшін жұмыс істеп жүргенін айтып ақша сұрай бастады. Оны төмпештеп алуға да дайын Джиния мұнда оған кездейсоқ еріп келгенін, Амелияны жеп отырған нанынан әсте айырғысы келмейтінін айтты. Сақал болмашы езу тартты да, кететін уақыты болғанын мәлім етті.

— Жүріңдер, сендерге балмұздақ алып берейін, сосын жөнімді табайын.

IV

Келесі күні таңертең екеуі оған қайтадан бірге барды — бұл жолы Амелия поза көрсетуге тиіс болатын.

— Байқа, тағы да орнымды алып қойып жүрме, — деді ол Джинияға. — Сенен балмұздақпен ғана құтылуға болатынын ана залым біліп алды, ал сенің, өзі айтқандай, пәк таза екенің ол үшін іздегенге сұрағандай боп тұр.

Суретін салғанға Джиния кеше керемет мәз болғанымен, бүгін ондай қуана қоймады, оянған бойда-ақ әлгі Амелия бейнеленген ню арасында қалған портреттері мен жүрегінің кешегі атқақтап соққанын есіне алды. Басының бейнелерін суретшіден сыйлыққа сұрап алармын деген болымсыз үміт ұшқындады, өз қолында сақтау үшін емес, әрине, кім көрінген әуесқойлық танытып парақтай алатын әлгі папкіде қала бармауы үшін ғана қайтып алғысы келген. Басқа біреу болса бір сәрі, бірақ мына кәрі күзен — Сақалдың Амелияның аяғының, арқасының, қарынының, емшегінің суретін салып, кетіріп, көлеңке түсіріп жатқаны оның ақылына қонбады. Амелияның бетіне тіктеп қарауға да дәті бармады. Суретшінің сұрғылтым көзі мен қарындашының соған қарай оқталып, оны ойша өлшеп-пішіп, айнадан да бетер тіміскілеп жатқанын, ал Амелияның бұған былқ етпей шыдап, ол да аздай, бәлкім, тіпті шошаңдап, шатты-бұтты сөйлеп отырғанын көз алдыңа елестетудің өзі ақирет еді.

— Бүгін сіздерге бөгет болмаймын ба? — деп сұрады Джиния олар подъезге келіп кіргенде.

— Бермен қара, — деді Амелия, — қалай поза көрсететінімді көруге құштар болған өзің емес пе едің? Ендеше, не деп тұрсың? Түсініп көр бұдан соң шешесінің шалдуар қыздарын.

Шеберханада перделер кейін ысырылып, терезелер аңқита ашып қойылыпты, бұлар Сақалды күтіп отырған кезде екеуіне бас-көз бола тұрмақ боп баспалдақпен ішке күтуші кемпір келіп кірді. Джиния Амелияның поза көрсету үшін қай жерде тұратынын немесе отыратынын ойлап бас қатырумен болған, ал Амелия бұл екі арада кемпірмен керісіп қалған, ақыры оны терезелерді жауып қоюға мәжбүр етті, өйткені таңғы ауадан бөлме іші салқын тартып кеткен-ді. Кемпір әлдене деп күңкілдеді де қойды; бұл өзі әбден егде жасқа жетіп, еңкіш тартқан кәрі әйел еді, Амелия оны мазақ қып бетіне күлумен болды.

Блузасын жүре киіп келе жатқан Сақал да ақыры бой көрсетті, келген бойда тәртіп бере бастады; сөйтіп, мольберт шеберхананың диван-кереует тұрған түкпіріне апарып қойылды, тек осы бұрышқа ғана жарық түсуі үшін бір пердеден басқасының бәрі жауып тасталды. Осы абыр-сабырдың ортасында қалған Джиния өзін артық адамдай сезінді, тіпті кемпір екеш кемпір де өзіне жақтырмай қарайтындай көрінді.

Айналшықтап жүрген кемпір ақыры кеткеннен кейін Амелия диванның қасына барып шешіне бастады; ал мольберттің жанында тұрған Джиния көмір қарындашпен ақшылтым қағазға фон қарайтып жатқан Сақалдың жуан саусақтарына қарап қалды. Сақал қағаздан көзін аудармаған күйі Джиниядан отыруын сұрады, одан соң Амелия әлдене айтты. Бейне өзі кешегідей поза көрсетіп тұрғандай Джиния терезеден көрініс берген шатырларға қадала көз тікті, сосын мұным ерсі нәрсе ғой деп ойлады. Ақыры өзін-өзі күштеп басын бұрды.

Амелия, шамасы, тоңатын шығар деген ой келді бұған әуелі, сосын Сақалдың оған мүлдем дерлік көз салмайтыны жайында ой кешті, одан кейін мына арадағы нағыз қолайсыздықты осында әуестік білдіріп келіп қалған өзі, Джиния ғана сезініп тұрған шығар деп түйді. Терісі қоңырқайлау Амелияның денесі кір-қожалақ тәрізді әсер қалдыратын, оған қараудың өзі аянышты болатын. Ол диванда, орындық арқалығына қойған қолына бетін жасырған күйде отыр еді; бөксесінен өкшесіне дейінгі аралық, бір жақ бүйірі мен қолтығы түгел анық көрініп тұрған.

Ұзамай Джинияның іші пысты. Сақалдың салғанын қалай қайта өшіріп, қалай қайта салып жатқанына қарап тұрды, ойланып маңдайын тыржитқанын көрді, жымия күлген Амелияға езу тартты, бірақ бәрібір іші пысып кеткен-ді. Алайда Амелия орнынан тұрып, керіліп, диваннан түсіп кеткен трусигін көтеріп алған кезде Джинияның жүрегі тағы дүрсілдеп қоя берді, бірақ бұл өздері оңаша отырған күнде де пайда бола беретін дәнекүс дебдіреу еді және бұл "бәріміз бірдейміз ғой, Амелияны жалаңаш күйде көрген адам өзімді де сондай күйде көрген сияқты болады-ау" дейтін ойдан туындаған-ды. Содан мазасы кетіп қозғалақтай бастады.

Амелия басын көтермеген күйі оған:

— Чао, Джиния, — деді.

Көңілін көтеріп, тыныштандыруға осының өзі-ақ жеткілікті болды. Соның алдында бір минут бұрын Амелияның тобығында қызғылтым жіңішке жолақтар барын байқап қалған, сөйтіп, сол арада ол: "Шешінуіме тура келсе өзімнің де аяғымда туфлидің сондай ізі қалар ма екен", деп ойлады. "Терім оныкінен тәуірлеу әрі жас" деді Джиния іштей. Сосын:

— Ол сені майлы бояумен салып көрген жоқ па? — деп сұрады.

Оған Сақал жауап берді:

— Бояудың қасиетін ешкім оқып үйрене алмайды. Ол терезеден күн сәулесімен бірге өзі кіреді. Мұнда ешқандай бояу жоқ.

— Бұл түсінікті ғой, — деді Амелия, — өйткені, шамадан тыс сараң адамсыз. Бояудың бағасы қымбат.

— Жапшы аузыңды, құдай ақы, бірдеңе білетін кісіше сумаңдамай, — деп айқайлап жіберді суретші. — Сен тіпті рең дегеннің де не екенін білмейсің — мына шаруадан басқа, жалпы, ештеңеден хабарың жоқ. Мына ақсары қыз сенен әлдеқайда ақылды.

Амелия жауап орнына иығын қиқаң еткізді де қойды.

Сосын шатырлар жақтан гудок естілді. Джиния бөлмеде әрлі-берлі жүруге кірісті де, терезе алдынан өз портреттерін тауып алды, бірақ сұрауға батпады. Нобайларды парақтап тұрған ол Амелияның суреттерін қайта кезіктіріп, өзара салыстыра бастады, іштей: "Апырай, құдды гимнастика жасағандай мына позаларды Амелия қалай көрсеткен", деп ойлаумен болды. Сақал секілді мынадай қарт кісінің қыздардың суретін салып, олардың дене бітімі қандай болатынын зерттеумен айналысуы ақылға қона ма? Шамасы, ауыш шығар деп ойлады ол.

Олар шеберханадан түс ауа шықты, адамдар арасына қайта келген және киімшең күйде көшеде жүрген, қалай екені беймәлім болғанымен, әйтеуір, шын мәнінде де күн сәулесінен туындап жатқан, — түнде көрінбейтіні рас қой, — әдемі бояуларды тамашалаған сондай жанға жағымды еді. Амелияның да көңілі жай тауып, Джинияға аперитив алып берді, ал суретшілер жөнінде ешқайсысы әңгіме қозғаған жоқ.

Сол күні тахтасында жатып алып Джиния осының бәрін ұзақ уақыт ой елегінен өткізді, кейінгі күндерде де сөйтті. Амелияның қоңырқай түсті қарынын, енжарлау бет-әлпеті мен салбыраңқы төсін қараңғыда жатып ойша көз алдына келтірді. Киімшең әйелді салған қызықтырақ емес пе?

Суретшілер жалаңаш күйде поза көрсеткенді ұнататын болса, онда олардың ойында басқа нәрсе тұрғаны. Неге еркектерді салмайды екен олар? Анадай масқарашылыққа барған Амелияның өзі де басқа біреуге айналып шыға келді. Осыны ойлағанда Джиния жылап жіберуге шақ қалатын.

Бірақ Амелияға ештеңе айтқан жоқ, оның қазір табыс тауып жүргеніне және өзімен бірге киноға баруға қашан да ықылас білдіретініне қуанумен болды. Сосын Амелия өзіне шұлық сатып алды және сәнді етіп шаш қойды, сөйтіп онымен бірге қыдыру Джиния үшін қайтадан үлкен қуанышқа айналды, өйткені Амелия әжептәуір ажарлы қыз еді, енді бұларға қызыға қарап қалатындар да көбейді. Жаз осылай өте шықты да, бір күні Амелия оған:

— Сақалың этюд салуға және жүзім жеуге деревняға кеткелі жатыр. Сөйткені тіптен жақсы, әйтпесе жүйкемді жұқарта бастаған болатын, — деді.

Тап сол күні кеште Амелия жаңа қол сөмкемен келген, соны көріп Джиния одан:

— Мынаны қоштасарда сол кісі сыйлады ма саған? — деп сұрады.

— Кім, ана тас сараң ба? — деді Амелия. — Күлкімді келтірмеші. Ол ештеңе төлемеуге тырысып бақты, сенің қайтадан келгеніңе құштар болғаны да содан.

Сол арада екеуі шапылдасты да қалды, өйткені Амелия мұны одан жасырған еді, бір-біріне ауыр-ауыр сөздер айтып, ренжісіп тарасты.

"Амелия өзіне ашына тапқан ғой, ол бұған сыйлық беретін болғаны ғой" деп ойлады Джиния үйіне жалғыз қайтып келе жатып, сосын Амелияның өзі ыңғай білдірсе онымен татуласуды ұйғарды.

Онша ықыласы ауып тұрмаса да, тек әйтеуір көңіл көтеру үшін Джиния ескі құрбыларымен арадағы қатынасын қалпына келтіруге тырысты. Қалай дегенмен де, алдағы жазда он жетіге толғалы тұр ғой, осы себепті ол өзін Амелия секілді ысқаяқ біреудей сезіне бастаған болатын. Әсіресе, онымен жолығыспай жүрген дәл қазіргі кезде. Күздің осынау салқын кештерінде Розаның алдында өзін Амелия тәрізді ұстауға талпынды. Бетіне бақырая қарап сақ-сақ күліп, серуенге алып шығып, жоқтан өзге жайында мылжыңдасып жүрді. Пино төңірегінде қайта әңгіме қозғады. Бірақ жотаға биге апаруға тәуекел еткен жоқ.

Амелияның шынымен-ақ жүретін біреуі болғаны ғой, ескі компаниядағы ешкім оны одан қайтып көрген жоқ. "Иығына ілетін бірдеңесі бар әйел қашан да жақсы әсер қалдырады, — деп ойлады Джиния. — Тек сені тыр жалаңаш қалпыңда ешкім көрмеуі керек". Бірақ мұндай нәрсе жайында Розамен де, Кларамен де әңгімелесуге болмайтын, олардың ағаларына да айтудың қажеті жоқ еді, себебі олар жаман ойлап қалып, бұған бірден көзін сүзе бастар еді, ал Джинияға мұндайдың мүлдем керегі жоқ-ты, өйткені дүниеде Феруччо мен Пинодан да тәуірірек еркектер барын түсініп те үлгерген болатын. Бірге өткізген кештерінде ол бұлармен би билеп, әзіл айтысып, әңгіме-дүкен құрып жүрді, алайда Джиния мұның бәрі жай нәрсе екенін, күн шуағы мен шат әуендерден шала мас боп жексенбілерде қайықпен серуендеп жүрген кездердегідей, жігіттердің бірі әйелді бейнелемек боп бөксесін сүлгімен орай салса бітті, соған бәрі қыран-топан күлетін кездердегідей балалық бейкүнә көңіл көтеру екенін білетін. Ал енді қазір жексенбіде және жұмыстан кейінгі кештерде Джинияның іші пысып, немен айналысарды білмеді, сондықтан құрбылары қайда бастаса да бара беретін болды. Тек ательеде, қожайын әйел тапсырыс беруші келіншек киген көйлекті түйреуішпен ұстатуға шақырғанда ғана көңілі азды-кем жадырап қалатын. Кейбір милау клиент келіншектер айтатын хикаялардан ішегің түйіліп қала жаздайтын. Алайда қожайын әйелдің оған шынымен сенетіндей-ақ ықыласпен бас шұлғитынын, ал айнадан оны мазақ етіп күліп отыратынын көру одан да қызықтырақ еді. Бір жолы бір сары шашты әйел келді, кіре берісте өзін жеке машинасы күтіп тұрғанын айтты. Егер шынымен солай болса, бұдан гөрі сәнділеу ательеге бармас па еді деп ойлады Джиния. Тапсырыс беруші әйел жас әрі сұңғақ бойлы болатын. Оған қоса әдепсіз еді. Бірақ әдемі-тұғын. Джинияға ол әрі әдемі, әрі сымбатты көрінді, жалғыз тек түз киіммен және төс тартқышпен қалғанның өзінде де сүйкімді болатын. Егер бұл поза көрсетсе шынымен-ақ әдемі картина шығар еді: кім біледі, бәлкім, бұл расында да натурашы шығар, өйткені айна алдында әрлі-берлі жүрген кезінде өзін аумаған Амелия сияқты ұстаған. Арада бірнеше күн өткенде Джиния оның есеп-шотын көріп қалды, бірақ онда мұның әулет есімі ғана тұр еді, ол жайында бұдан өзге ештеңе біле алған жоқ. Ақ сары шашты бұл келіншек ол үшін натурашы боп қала берді.

Бір күні кешкісін бұлардың үйіне шам әкеп тастаған Севериноның жолдасы мұны өз дүкеніне шақырған, ертеңіне Джиния оған кіріп шықты. Массимо есімді бұл жігіт те Северино секілді бойдақ еді, оның алдында өзін еркін ұстайтын себебі ол қашан да комбинезон киіп жүретін, сондай-ақ, бар-жоғы бір жылға жетер-жетпес уақыт бұрын Джинияның құлақтарынан ұстап тұрып, Римді көргің келе ме деп сұрайтын. Енді қазір ол Джинияға аузынан сілекейі шұбыра қарайтын бопты. Джинияның оған барған себебі, бұл дүкеннен Амелия үйінің кіре берісі көрініп тұратын, бірақ Джинияның мылжыңдап, күліп, дүкенінде неліктен ұзақ идіргенінен, неліктен ертеңіне тағы келгенінен Массимо, әрине, мүлдем бейхабар еді.

Олар қызыл және көгілдір шамдарды қызықтады, Джиния әр нәрсені бір айтып, әумесерленумен болды. Витринадан әрлі-берлі өтіп жатқан жүргіншілер көрініс беріп тұрған, сол арада ол Массимодан Амелияның ақ көйлек киіп жүргені рас па, деп сұрады.

— Оны мен қайдан білейін? — деді анау. — Сендерде, қыздарда, қисап жоқ. Северинодан сұрасаңшы.

— Неге Северинодан сұра дейсің?

— Севериноға сондай байталдар ұнайды, — деді Массимо.

Ол әлгі шұлықсыз жүретін қыз ба?

— Мұны саған Севериноның өзі айтты ма? — деп сұрады Джиния.

— Қарындасы бола тұрып бұл жайында ештеңе білмейтінің қалай? — деп күлді Массимо. — Ендеше, Амелиядан сұра. Нұрын ол саған күн сайын дерлік барып тұрмаушы ма еді, өтірік деші осыны?

Мұндай нәрсе Джинияның ойына да келмепті. Севериноға Амелияның ұнап қалуы, Амелияға солай деп айтқаны, Амелияның ол да өзіне ұнайтынын айтып жауап қатқаны, сондай-ақ олардың жасырын жолығысуы да мүмкін екені жайындағы ойдан көңілі күні бойы құлазып жүрді. Осының бәрі рас болса, онда Амелияның өзіне деген достық пейілі жай әншейін түлкі қулық боп шықпақшы ғой. "Мен әлі бала екем ғой" деп ойлады Джиния ызадан жыларман болып, сосын, көңілін тыныштандыру үшін, тыр жалаңаш Амелия қандай жеркенішті әсер қалдырғанын есіне алды. "Өтірік нәрсе емес пе екен?" деп ойлады ол Севериноның әлденендей бір қызға ғашық болуы мүмкін-ау деген ой тіптен көңіліне қонбады, оның үстіне егер Амелияны поза көрсетіп отырған кезінде көрсе Севериноның бұл бейбақтан ат-тонын ала қашатынына кәміл сенімді болатын.

Кешке қарай көңілі едәуір тыныш тауып, Массимо мұны әншейін айта салған шығар деген байламға келді. Кешкісін Севериномен бірге тамақтанған кезде оның қолына, сынып қалған тырнақтарына қарап отырып: "Амелия мүлдем басқаға бой үйретіп алған қыз ғой" деп ойлады. Сосын, жалғыз қалған соң, қараңғы жерде отырып, Амелия өзіне келіп жүретін тамыздың сол бір тамаша кештерін еске ала бастады, дәл осы сәтте ойда жоқта есік алдынан Амелияның дауысы естілді.

V

— Саған кіріп-шыққалы келдім, — деді Амелия.

Джиния үн қатқан жоқ.

— Әлі ренжіп жүр екенсің ғой, — деді Амелия, — Жә, жетер. Ағатайың үйде ме?

— Жаңа ғана кетті.

Амелияның кигені сол бұрынғы көйлегі еді, бірақ әдемі етіп қойған шашы мен шашына таққан маржан моншағы бар-ды. Тахтаға келіп отырды да, салған жерден Джиниядан серуендеп қайтуға құлқы бар-жоғын сұрады. Дауысы бұрынғыдай еді, бірақ бәсеңдеу әрі тамағына салқын тигендей қырылдаңқырап шығатын.

— Саған кім керек, мен бе әлде Северино ма? — деді Джиния.

— Не дейсің өзің. Қой әрі. Жүр менімен бірге, кішкене бой жазғым келеді.

Джиния дереу аяғына басқа шұлық киді, сосын екеуі баспалдақпен жүгіре басып төмен түсті, жолай ол Амелияға бір айдың ішінде нендей оқиға болғанын егжей-тегжейлі баяндап берді.

— Ал, сен не істедің? — деп сұрады сосын.

— Не істеуім керек еді? — деді қайтадан күлкі буа бастаған Амелия. — Дымда істегем жоқ. Бүгін өзіме өзім: Джиния Сақалды әлі ұмытқан жоқ па екен, білейінші барып, дедім.

Бұдан артықты одан күтуге де болмайтын, бірақ Джиния оны қайта көргенінің өзіне қуанышты еді.

— Жүр, бір-бір рөмкеден ішейік, — деді ол.

Екеуі шарап ішіп отырған кезде Амелия одан неге өзіне бірде бір рет келмегенін сұрады.

— Қайда екеніңді білгем жоқ.

— Со да сөз бопты-ау. Мен күні бойы кафеден шықпаймын ғой.

— Ондайыңды маған ешқашан айтпағансың.

Келесі күні Джиния оның кафесіне барды. Бұл пассажда орналасқан жаңа кафе еді. Амелияны іздеп жан-жағына қаранды. Оны Амелияның өзі атын атап шақырды — өз үйінде отырғандай қатты дауыстады. Сол арада ол Амелияның әдемі сұр пальто, әлпетін мүлдем дерлік танымайтындай ғып бүркемелеп тұрған шілтері бар қалпақ киіп келгенін көрді. Бейне поза көрсетуге кіріскендей, аяғын аяғына айқастырып, жұдырығымен жағын тіреп отыр екен.

— Қарай гөр, шынымен-ақ келіп тұр, — деді ол күліп.

— Біреуді күтіп отырған жоқсың ба?

— Мен қашан да күтумен жүрем, — деді Амелия Джинияға орын беру үшін ығысып жатып. — Жұмысым сондай. Суретші алдында шешіну үшін де кезекке тұру керек.

Амелияның алдында, үстелде, газет пен бір қорап сигарет жатыр еді. Бұл оның азды-кем табыс тауып жүргенін аңғартатын.

— Қалпағың әдемі-ақ, бірақ сені егделеу ғып көрсетеді, — деді Джиния оған жалтақтай қарап.

— Мен онсыз да егде тартып қалдым, — деді Амелия. — Бұл сөзім саған онша ұнамай ма?

Амелия, бейне тахтаға жантая кеткен кісіше, айнаға арқасын сүйеп емін-еркін отырған. Қарсы алдына, қарсы қабырғадағы айнаға көз тігіп қалған; сол айнадан Джиния да өзін көріп отыр еді. Тек оның бойы әнтек аласа болатын, осы себепті Амелия екеуі сырт көзге шешесі мен қызы секілді көрінетін.

— Әрдайым осы арада отырасың ба? — деп сұрады Джиния. — Мұнда суретшілер келе ме?

— Келгісі келгендері келеді. Бүгін ешкім төбе көрсетпей жатыр ғой, неге екенін.

Люстра жанып тұр еді, витринадан жүргіншілер нөпірі көзге шалынатын. Кафенің іші темекі түтініне толы еді, бірақ жарқыраған тазалық пен мамыражай ахуалдың ен жайлап алғаны сонша, дыбыстар мен дауыстар алыстан, әлдебір жақтан естілетіндей әсер қалдыратын. Джиния түкпірге жайғасқан екі қыздың өзара сыпсыңдасып және даяшымен сөйлесіп отырғанын байқап қалды.

— Аналар да натурашылар ма?

— Оларды танымаймын, — деді Амелия. — Не ішесің: кофе ме әлде аперитив пе?

Кафеге қыздар еркекпен кездесу үшін ғана барады деп ойлайтын еді Джиния, сондықтан Амелияның мұнда неліктен сағаттар бойы жалғыз отыратынын түсіне алмады. Бірақ ательеден шыққан бойда пассажбен жүріп өту және қайда бара жатқаныңды білу сондай ұнамды болатын, сол себепті онда келесі күні тағы барды. Өзімен жүздескеніне Амелияның риза екеніне нық сенімді болса, ол бұдан шынымен-ақ зор қуаныш табар еді. Бұл жолы Амелия оны әйнектен көріп қалды да, күте тұр деген ишарат жасап, өзі сыртқа шықты. Екеуі бірге барып трамвайға отырды.

Бұл кеште Амелия сөзге тым сараң болды.

— Не қилы арсыздар бар ғой, — деп қалды ол.

— Біреуді күтіп отыр ма едің? — деп сұрады Джиния.

Екеуі азын-аулақ шүйіркелесті, сосын қоштасар алдында ертең кездесетін боп уағдаласты; Джиния осыған қарап Амелияның өзімен жүздесуге ықыласты екеніне, ал егер көңілі пәс болса, онда бұған кінәлі әсте өзі емес, әлдебір шаруасының орайы келмеуіне байланысты туындаған басқа бір себептер екеніне анық көз жеткізді.

— Қалай сонда? Суретші саған өзі келіп, поза көрсетуге қалайсың деген ұсыныс жасай ма? — деп сұрады ол күліп.

— Тіпті ешқандай ұсыныс жасамайтындары да бар, — деді Амелия. — Оларға натурашының қажеті жоқ.

— Сонда олар ненің суретін салады? — деді Джиния.

— Кім білсін. Мысалға, бір кеңкелес бар, сендер ерінді қалай боясаңдар, мен де суретті солай салам дейді. "Ерініңді бояғанда сен ненің суретін саласың? Міне, мен де тап соны салам".

— Далаппен сурет салмайды емес пе, оны ерінге жағады емес пе.

— Ол да кенепке бояу жағады. Әзірге, Джиния.

Амелия осылай күлмей қалжыңдаған кезде Джиния үрейленіп, торығып қалатын, бұл жолы да үйіне қайтып келе жатып жалғыздықтан жабырқап кетті. Бақытына қарай, үйінде қол қусырып қарап отыруға мұршасы болмады: Севериноға кешке келгенде қаужайтын бірдеңе әзірлеу керекті, ал одан кейін күн қараңғы тартып сала беретін, содан соң Розамен бірге, не жалғыз өзі серуенге шығатын уақыт жақындайтын. "Мен сияқты өмір кешетіндер бар ма екен. Таңның атысы, күннің батысы мігір жоқ" деп ойлайтын ол кейде. Бірақ мұндай өмір оған ұнайтын, себебі осындай мігірсіз тірліктің ара-арасында бір сағаттық бос уақыт тауып, түс мезгілінде немесе кешкісін, кафеге Амелияға барған кезде, рақаттана демалудың өзі қандай ғанибет десеңші. Егер Амелия болмаса ол кішкене еркінірек жүрер еді, бірақ дәл қазіргі күн райы бұзылып, тіпті көшеге шығуға да зауқың соқпайтын шақта, ондай еркіндіктің бұған не керегі бар? Егер осы қыста әлденендей бір оқиға орын алатын болса, — ал Джиния ондайдың болмай қоймасын сезіп жүр, — онда, әрине, бұл Роза мен Клара сынды шошақайлардың емес, Амелияның арқасында ғана іске аспақ.

Кафеден ол жаңа таныстар таба бастады. Онда Сақалды еске салатын бір мырза келіп тұратын, бұлар үйге қайтуға жиналып жатқанда Амелияға қолын бұлғап қалатын. Бұларға "сіз" деп сөйлейтін. Бірақ Амелия оның суретші емес екенін айтты. Кейде үлдірік жанынан бір жігіт бой көрсететін, ол мұнда қасына әдемі келіншек ертіп, машинамен келетін; Амелия оның кім екенін білмейтін, бірақ "бұл да суретші емес" дегені бар.

— Ойлап қалма, олар соншалықты көп емес, — деді ол Джинияға. — Шындап жұмыс істейтіндер кафеге жоламайды.

Түптеп келгенде Амелия кафеге келгіштеп жүретіндерден гөрі даяшылармен көбірек таныс-біліс еді, алайда Джиния Амелияның сол таныстарының әзіл-қалжыңына күлгенімен, олардың шамадан тыс еркінсіп кетуіне жол бермейтін.

Солардың біреуінің, ақ галстук таққан, шашы қою, көзі көмірдей қара жігіттің, есімі Родригес еді: ол ауық-ауық Амелияның жанына келіп жайғасатын және алғашқы жолы Джиниямен жүзін бұрып қарамай-ақ амандаса салған. Ол шынында да итальянға ұқсамайтын және сөйлегенде тамағын әлдене жыбырлатып тұрғандай боп сөйлейтін. Амелия болса, оған ақылы толыспаған баладай қарайтын: кафеге жұмсағанша күн сайын бірер лирадан жинай берсең, екі аптадан кейін натурашыға төлейтін ақша табар едің дегенді айтудан да ұялмайтын. Бұлайша ақылгөйсу Джинияның күлкісін келтіретін, бірақ Родригес бұған былқ етпейтін, жөткірініп қойып, Амелияны "әдемі әйел", "ерке қыз" деп атағанынан танбай, әңгімесін жалғастыра беретін. Амелия мәз боп күлетін, сосын анау әбден ығыр қылғанда қуып жіберетін. Ондайда Родригес басқа үстелге ауысып отыратын да, қарындашын алып, көзінің қиығымен қарап қойып олардың суретін сала бастайтын.

— Оған көңіл аударма, бәлсініп кетеді, — дейтін Амелия.

Біртіндеп Джиния да оған барың не, жоғың не деп қарауға дағдыланып алды.

Бір жолы кешкісін екеуі кафеден шығып, беті ауған бағыттарымен жайдан-жай жүре берді. Бұлар аз-кем қыдырыстағаннан кейін жаңбыр құйып берді де, екеуі қабырға ойығына тығылды. Күн суытып кеткен-ді, әсіресе бұл дәл қазір, суға малшынған шұлықпен бір орында қыбыр етпей тұрған кездерінде, анық сезілген.

— Егер үйінде болса Гвидоға кіріп шығуға қалайсың? — деді Амелия.

— Гвидо деген кім?

Амелия ойықтан басын шығарып, мойнын созып, қарсы беттегі үйдің терезелеріне көз жіберді.

— Шамы жанып тұр. Жүр, жаңбыр басылғанша сонда отыра тұрайық.

Олар жетінші қатарға, тіпті одан да жоғары болуы мүмкін, әйтеуір шатырдың астына дейін көтерілді. Ентіге тыныстап тұрған Амелия:

— Сен қорықпайсың ба? — деп сұрады.

— Неден қорқам? Ол сенің танысың емес пе? — деді Джиния.

Есік қағып тұрған олар бөлмеде әлдекімдердің күлісіп жатқанын естіді, осынау ақырын да аяр күлкі Родригесті Джинияның есіне оралтты. Бермен беттеген аяқ дыбысы естілді, есік ашылды, бірақ бұлардың алдынан шыққан ешкім болған жоқ.

— Рұқсат па екен, — деді табалдырықтан аттаған Амелия.

Бөлмеде шынында да Родригес бар екен — ол тахтада, шақырайған жарықтың астында, қабырғаға арқасын беріп жатыр еді. Онда тағы біреу бар боп шықты, бұл — әскери шалбар киген, күртесін шешіп қойған, бәтеңкесі балшыққа былғанған, ақшыл сары шашты солдат болатын, бұларға қарап жымия күліп тұр еді. Джинияның көзі жыпылықтап кетті — шақырайған ақ шаңқан мына жарық көз ауыртатын. Бөлменің үш қабырғасына түгел картина ілініпті, ал төртінші қабырғасы тұтастай терезе екен.

Амелия Родригеске қарап әзіл-шыны аралас:

— Жүрмейтін жеріңіз жоқ-ау сіздің де, — деді.

Анау оған қолын бұлғап сәлемдесу ишаратын жасады да:

— Екіншісінің есімі — Джиния, Гвидо, — деді.

Одан соң солдат бұған да қолын созып, күлмең-күлмең етіп оны именбестен көзімен ішіп-жей бастады.

Джиния қысылып-қымтырылмай өзін еркін ұстауы керегін түсінді, сөйтіп Амелия мен Гвидоның басынан асыра көз тастап, қабырғалардағы картиналарды зерделей бастады. Бұлардың басым көпшілігі ағаштар мен таулар бейнеленген пейзаж еді, ара-арасында портреттер де кездесіп қалатын. Салынып бітпеген үйлердегідей, төбеге абажурсыз ілінген шам жарық түсіргеннен гөрі көзді көбірек қарықтырып тұрған. Джиния мұнда Сақалдың бөлмесіндегідей көп перде жоқ екенін, бөлменің түкпір жағында бір қызыл шымылдық барын байқап үлгерді және оның басқа бөлме екенін аңғарды.

Гвидо олардан ішімдік ішкілерің келмей ме деп сұрады. Бөлменің ортасындағы үлкен үстелде бөтелке мен стақандар тұр еді.

— Жылынып шығайық деп келдік, — деді Амелия. — Аяғымызға су өткізіп алдық, керемет қатты тоңдық.

Гвидо бәріне шарап құйды — бұл қызыл шарап болатын, — сол арада Амелия төсегіне тұрып отырған Родригеске стақанға қол жалғап жіберді. Бәрі алып қойғаннан кейін Амелия оған:

— Гвидодан кешірім өтінем, бірақ енді қазір сіздің тұрып, маған орын босатуыңызға тура келеді — аяғымды жылытып алсам деймін. Жатын орыны — әйелдерге арналған орын. Сен де кел, Джиния.

Алайда Джиния шараптан бойы жылынғанын айтып бас тартты да, орындыққа тізе бүкті. Амелия болса, төплиін шешіп, кофтасын сыпырып тастап, көрпенің астына кіріп алды. Родригес оның жанында, тахтаның шетіне жайғасқан күйі отыра берді.

— Әңгімелесе беріңдер. Маған жарық қана бөгет боп тұр, — деді Амелия, соны айтып ажыратқышқа қолын созып, оны бұрап жіберді. — Енді оңды болды бәрі. Маған сигарет беріңдер.

Джинияның зәре-құтын алып, бөлме іші тастай қараңғы боп кетті. Бірақ ол Гвидоның тахтаға жақындап барғанын байқады, шырпының шырт етіп шағылған дыбысын естіді, титтей жалын жарық түсірген қос әлпет пен қабырғада ойнаған көлеңкелерді көрді. Одан соң қайтадан қараңғылық қамады, бір минут бойы ешкім үн қатпады. Жаңбырдың терезені дүбірлеткен дыбысы ғана естіліп тұрды.

Біреу бір ауыз бірдеңе айтты, бірақ Джиния әлі өзіне өзі келе алмағандықтан, оның мағынасын түсінбеді. Гвидоның бөлме ішінде асықпай адымдап, темекі тартып жүргенін аңғарды. Темекісінің шоғын көріп, басқан адымының дыбысын естіп тұрды. Одан соң ол Амелия мен Родригестің тағы да шекісіп қалғанын түйсінді. Бірте-бірте қараңғыға көзі үйреніп, басқалардың сұлбасын, үстелді, тіпті қабырғадағы кейбір картиналарды да ажырата бастады, тек сонда ғана жаны жай тауып, көңілі тыншу тапты. Амелия бірде, сырқаттанып қалған кезде, тап осы тахтада ұйықтағанын еске алып Гвидомен сөйлесіп жатты.

— Бірақ ол кезде сенде компаньон болмаған. Оның саған не керегі бар? Бәлкім, оны тыр жалаңаш шешіндіріп, поза көрсетуге мәжбүр ететін шығарсың?

Мұның бәрі әдеттен тыс нәрсе болғандықтан Джиния:

— Кино көріп отырған секілдімін, — деді.

— Бірақ мұнда билетке ақша төлеудің қажеті болмайды, — деді Родригес отырған жерінен үн қатып.

Ал Гвидо бір бөлмені бір өзі-ақ толтырғандай болып, сол баяғыша әрлі-берлі теңселумен жүрген; бәтеңкелерінің ауыр салмағынан аяғының астындағы еден дірілдеп тұрған. Бәрі жапатармағай сөйлеп жатты, бірақ бір мезет Джиния Амелияның үнсіз қалғанын — темекісінің қызыл шоғы ғана көрініп тұрған, сондай-ақ Родригестің де тіл қатпайтынын сезді. Бөлмеде әлденені түсіндіріп жатқан Гвидоның дауысы ғана естіліп тұр еді, ал оның нені түсіндіріп жатқанын Джиния қақпай қойды, себебі есіл-дерті тахта жақта болатын. Әйнектерден, құдды бір жаңбырдың электрлі бейнесі секілді боп түнгі жарық себезелеп тұр еді, шатырлар мен суағарлардан тамшылап, сылдырап, шүмектеп су ағып жатқан. Жаңбыр дыбысы мен Гвидо дауысы кездейсоқ түрде бір мезгілде тына қалған сәттерде денесі бұрынғыдан да бетер тоңазып сала бергендей көрінетін. Ондай кездерде Джиния қараңғыдан Амелия темекісінің шоғын іздеп таппақ боп сол тұсқа шұқшия қарап қалатын.

VI

Олар көшеде, кіре беріс жанында қоштасты. Жаңбыр тыйылған еді. Төбесінен су ағатын, көшедегі фонарь секілді абажурсыз шамы бар лас бөлме Джинияның әлі көз алдында тұрған. Шарап құю үшін немесе әлденені тауып алу үшін Гвидо бұл шамды бірнеше рет жаққан, тахтада жатқан Амелия көзін қалқалап, сөндіріңдер деп айқайлаған, ал Родригес болса, оның аяқ жағында қабырғаға сүйеніп құнжиып отырған.

— Немене, бөлмені сыпырып қоятын ешкімі жоқ па? — деп сұрады Джиния, екеуі үйлеріне қайтып келе жатқан кезде.

Гвидо Родригеске бекер сенеді, шеберханасының кілтін оған бекер қалдырады деді Амелия.

— Ана картиналарды салған Гвидо ма?

— Әлгі португал соларды сатып жіберіп жүрмесе етті. Гвидоның орнында болсам, оны үйіме кіргізуден бой тартқан болар ем, онымен жарнаға бөлме жалдап тұрмас ем.

— Сен Гвидоға поза көрсеттің бе?

Амелия жастау кезінде, әлдебіреуге поза көрсетіп жүрген шағында, Родригеспен қалай танысқанын жолай Джинияға айтып берді. Дәл қазіргідей сол кезде де Родригес ойда жоқ жерден тап бола кететін, сосын студияға кафеге келгендей жайғасып, бір түкпірде отырып алып сағаттар бойы біресе бұған, біресе суретшіге телміре қарайтын және ешқашан тіл қатып, тіс жармайтын. Сол кездің өзінде-ақ ақ галстук тағып жүретін. Амелияға таныс басқа бір натурашы қызға да осылай сұқтана қарайтын.

— Ал өзі сурет салмай ма?

— Оның алдында тыр жалаңаш поза көрсетуге келісетін пақырлар көп деп ойлайсың ба?

Гвидоның картиналарын тағы бір көргісі келді Джинияның бояулар күннің жарығында ғана жақсы көрінетінін ол білетін. Родригестің студияда жоқтығына көзі кәміл жетіп тұрса, бәлки, тәуекелге бел байлап онда жалғыз барған да болар еді. Джиния өзінің баспалдақпен жоғары көтеріліп бара жататынын, есік қағатынын, есікті солдат шалбарын киген әлгі Гвидоның ашатынын, арада пайда болар ыңғайсыздықтан арылу үшін сықылықтап күліп жіберетінін көз алдына елестетті. Бұл суретшінің өзіне ұнап қалған себебі, ол — суретшіге ұқсамайтын. Оның қол алысқан кездегі көңілге қуаныш ұялатар жымиысын, сосын қараңғыдан естілген дауысын, шам жаққан кездегі бет-әлпетін және өзіне бейне Родригес пен Амелия бір бөлек те, екеуі бір бөлек секілді кейіпте қарағанын есіне алды. Бірақ қазір Гвидо студияда жоқ-ты, сондықтан Родригеспен тілдесуге тура келетін.

Келесі күні кафеде ол Амелиядан әскери қызметінен Гвидо тым болмағанда жексенбі күндері бос бола ма екен деп сұрады.

— Бір реті келгенде одан сұрап білейін, бірақ онымен жүздеспей жүргеніме көп болды, — деді Амелия.

— Родригес маған студияға қашан көңілім соқса сонда келе беруіме болатынын айтты.

— Қарай гөр өзін, — деді Амелия.

Бірақ Родригес кафеде бірнеше күн бойы төбе көрсеткен жоқ.

— Бәс тігуге бармын, баспана тауып алғандықтан ол қазір өзіміздің сұранып барғанымызды күтіп отыр, өзін сол бөлменің қожайыны секілді көрсетіп, әлдеқандай болмақ. Бейшараның бары сол.

— Ендеше, ол қателеседі, — деп жауап қатты Джиния.

Азды-кем ойланғаннан кейін ол басқа адамдардың көзінше Амелияның көрпе астына кіріп жатуы мен шамды сөндіруі шамадан тыс шолжақайлық емес деп түйді — өйткені Гвидо мен Родригес бұған бәлендей мән берген жоқ қой. Әйтсе де бұрын, бөлмеге Гвидоның бір өзі иелік еткен кезде, Амелия бұл тахтада нендей іспен айналысты екен деген ой оны азапқа түсіріп жүрген.

— Гвидо нешеде? — деп сұрады ол одан.

— Менімен шамалас қой деймін.

Ал Родригес әлі қара көрсетпей жүр еді. Бірақ, бір күні таңертең тапсырма орындауға бара жатқан Джиния Амелия екеуі жаңбырдан бой тасалаған көшеге тап болды. Жоғары қарай көз жіберіп, нақ сол студия орналасқан үйдің фронтонын таныды. Көп ойланып жатпаған ол таусылып бітпестей болған баспалдақпен жоғары көтерілді, бірақ соңғы қабаттың дәлізіне кірген кезінде қарсы алдында бірнеше есік тұрғанын көріп, қайсысын қағарды білмей аңырып қалды. Ол Гвидоның атақты біреу еместігін түсінді, себебі есігінде тіпті аты-жөні жазылған жақтауша да жоқ-ты; баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанында абажурсыз шам ойына оралып, көңілі тіптен жүдеп кетті — суретші үшін, шамасы, бұдан асқан масқарашылық болмауға тиіс шығар. Кейін Амелиямен кездескенде оған осынау сәтсіз аяқталған сапары жайында жұмған аузын ашқан жоқ.

Бір жолы Амелиямен шүйіркелесіп отырған кезінде жұрттың кескіндеме өнерімен не себепті айналысатынын сұраған.

— Себебі, картина сатып алатын адамдар бар, — деп жауап қатты Амелия.

— Бірақ олар барлық картинаны бірдей алмайды ғой, — деді Джиния. — Сонда ешкім ештеңесін сатып алмайтын суретшілер қайтеді?

— Ондайлар мұны еріккеннен ермек етеді, — деді Амелия, — бірақ олар қашанда орта құрсақ жүреді.

— Менің ойымша, олардың картина салатын себебі — бұл істен жан рақатын табатын секілді, — деді Джиния.

— Айтасың-ау сен де. Кимейтініңді білсең өзіңе арнап көйлек тігер ме едің? Бәрінен айлакері Родригес: өзін суретшімін дейді, бірақ қолына қылқалам алғанын ешкім көрген емес.

Тап сол күні олар кафеден Родригесті жолықтырды, ол шұқшиып блокнотына әлдененің суретін салып жатыр екен.

— Не істеп жатырсыз? — деп сұрады Амелия, соны айтып оның блокнотын алды. Джиния да суретке әуестене көз тікті, бірақ олар адамның қолқасын еске салатын не қилы шимай-шатпақ сызықтарды ғана көрді.

— Бұл не сонда? Ассүттіген бе? — деді Амелия.

Родригес иә деп те, жоқ деп те жауап қатпады, одан соң бұлар блокнотты парақтай бастады. Онда сурет көп екен: кейбірі өсімдік сабағына ұқсайтын; арасында адамның бет-әлпеті де ұшырасып қалатын, бірақ көзі салынбапты — аңғалағын штрихтап қара дақ қып қойыпты; сондай-ақ, не портрет екені, не пейзаж екені белгісіз нәрселер де баршылық еді.

— Бұлар түнде, газбен жанатын шам жарығында көзге шалынған заттар, — деді Амелия.

Родригес күлумен болды, ал Джиния оған кейістік білдірудің орнына аяушылық білдіре қарады.

— Көз тартарлық ештеңе көріп тұрғам жоқ, — деді Амелия. — Егер мені осылай бейнелесеңіз, сізбен амандаспай қойған болар ем.

Родригес оған қараған күйі жауап қатпай үн-түнсіз тұра берді.

— Әдемі натурашының сізге қажеті жоқ, одан сізге келіп-кетер пайда аз, — деді Амелия. — Натурашыны қайдан тауып жүрсіз? Жерден қазып ап жатырсыз ба?

— Мен натурашы қызметін пайдаланбаймын. Қағазды босқа рәсуа еткім келмейді, — деді Родригес.

Сол арада Джиния Гвидоның картиналарына тағы бір көз жібергісі келетінін айтты. Родригес блокнотын қалтасына салды да:

— Мен дайынмын, — деді.

Ақыр соңында Амелия мен Джиния алдағы жексенбі күні студияға бармақ боп уағдаласты. Белгіленген уақытқа үлгеру үшін Джиния тіпті мессаны4 да аяғына дейін тыңдаған жоқ. Екеуі кіре берісте кездесуі керек-ті, бірақ Амелия ол жерде болмай шыққан соң Джиния жоғары көтерілді. Дәліздегі төрт есіктің қайсысын қағарын білмей тағы да абдырап тұрып қалды, сөйтіп азды-кем аңтарылып тұрғаннан кейін баспалдақпен төмен түсе бастады. Бірақ ортасына жете бергенде өзін-өзі миғұла деп сөкті де, қайтып оралды. Сөйтіп, соңғы есікке жақындап, кілт салатын тесікке құлағын тосып, тың тыңдады. Осы сәт басқа есіктен қолына шелек ұстаған, үстінде халаты бар, шашы ұйпа-тұйпа бір әйел шықты, бойын әзер тіктеп үлгерген Джиния суретші қайда тұратынын сұрады, бірақ анау бұған тіпті көз қиығын да салған жоқ, түк жауап қатпаған күйі дәліздің түкпіріне қарай өтіп көз таса болды. Ұяттан беті өртенген, тұла бойын діріл басқан Джиния тынысын ішке тартып, аяқ дыбысы өшкенше тосып тұрды да, баспалдақпен жүгіре басып төмен түсіп кетті.

Ол қайтадан кіре берісте тұрып тосуға кірісті; деміл-деміл біреу кіріп, біреу шығып жатты және бәрі бұған бақырайып қараумен болды. Джиния тротуармен ілгері-кейін жүре бастады, әбден берекесізденіп кеткен еді, өйткені көшенің арғы бетіндегі қасапшының қол баласы да есіктің жақтауына сүйеніп, бұған келемеждеген кейіпте көз тігіп тұрған. Сол арада есік аузында отыратын әйелден студияның қайда екенін сұрауға ойы кеткен, бірақ артынан ең дұрысы енді Амелияны күткен деп түйді. Сағат он екіге таяп қалған.

Бәрінен де жаманы: бұл жолы Амелия екеуі түс қайта қай жерден жолығысатындары жайында алдын-ала келісіп алмаған еді, осы себепті Джинияға күннің екінші жартысын да жалғыз өткізуге тура кеп тұрған. "Маған бәрі-бәрі тек осылай қырын келеді" деп ойлады ол торығып. Дәл осы кезде кіре берістен Родригес бой көрсетіп, ымдап өзіне шақырды.

— Амелия жоғарыда ғой, — деді ол түк ештеңе болмағандай. — Сізді шақырып жатыр.

Джиния онымен бірге үнсіз жоғары көтерілді. Шеберхана тап сол дым ешқандай дыбыс естілмеген соңғы есік екен. Тахтаға жайғасқан Амелия, бейне бір кафеге келгендей, темекісін баппен тартып отыр.

— Неге бірден жоғары көтерілмедің? — деп сұрады ол ұстамды қалыпта.

Джиния оны делқұлы деп тілдеді, бірақ Амелия мен Родригес екі жақтап бірден жоғарыға шығуың керек еді дегенді қайталап айтумен болды және мұны кәміл сенімді кейіппен дәлелдегендері сонша, олармен өжетсудің мәні қалмады. Өйткені, оларға есіктің жанында тұрып тың тыңдадым деп даурыға алмайтын, әйтсе одан бетер бүлдірер еді. Алайда екеуінің әлпетіне қарап-ақ олардың әлденені жасырып айтпай тұрғанын және бұдан тахта да тәп-тәуір хабардар екенін түсінуге болатын. "Олар мені миғұла санайды" деп ойлады, Амелияның шалдыққан-шалдықпағанын, Родригестің көзінен қандай сыр аңғаруға болатынын анықтамаққа тырысып тұрған Джиния.

Амелияның қалпағы — әлгі, шілтері бары, — үстел үстіне тастай салыныпты, терезеге арқасын беріп тұрған Родригес соған кекесінмен көз тігіп қапты.

— Джинияға шілтер үйлесер ме еді? — деді Амелия жоқ жерден.

Джиния мұрынын тыржитты да, Амелияның төбесінде ілулі тұрған картиналарға зер сала бастады. Бірақ бұл шағын этюдтер оны қазір мүлдем қызықтырып тұрған жоқ-ты. Бөлменің қолқаны қабатын жағымсыз иісінен Амелияның әтірін анық ажыратып тұрған. Алайда өткен жолы мұнда қандай иіс болғанын есіне түсіре алмады.

Сосын ол қабырғалардағы картиналарды қарап, бөлмеде әрлі-берлі жүре бастады. Пейзажға немесе натюрмортқа көз тікті; тоқтап тұрды; бірақ одан көзін аударуға тәуекел ете алмады; ешкім тіл қата қоймады. Мұнда әйелдердің де портреті бар еді, бірақ Джинияға олардың бет-әлпеті бейтаныс болатын. Бөлменің түкпір жағына барған ол бүкіл қабырғаны жауып тұрған, тозығы жеткен қалың перденің алдына кеп тоқтады. Рөмке алу үшін Гвидоның осы перденің ар жағына өткені есіне түсіп, жаймен ғана: "Бола ма?" деді, бірақ ана екеуі мұны естіген жоқ, себебі дәл осы сәтте Родригес бірдеңе айтып жатқан; содан соң Джиния пердені сәл ысырды да, саңылауға көз жіберді, әйтсе де жинаулы төсек пен қол жуғыш науасынан басқа ештеңені көре алған жоқ. Бұл арадан да Амелия әтірінің иісі сезіліп тұрған, Джиния соны байқап қалды, сосын мына қуыста жалғыз жатып ұйқы соғу, шамасы, жан рақаты шығар деп ойлады.

VII

— Поза көрсетсе деп Родригестің саған емешесі құрып жүр, — деді Джиния үйлеріне қайтып келе жатқан кезде.

— Құрыса ше?

— Шыр айналып қасыңнан шықпай, балтырыңа қарағыштай бергенін байқаған жоқсың ба?

— Мейлі қарай берсін.

— Сен Гвидоға ешқашан поза көрсеткен жоқсың ба?

— Ешқашан.

Алаңнан өтіп бара жатқан олар бір жігітпен құшақтасып келе жатқан Розаны көрді, бірақ бұл Пино емес, басқа біреу еді. Роза оған құдды бір аяқ асты ақсап қалғандай асылып алған-ды. Соны көріп Джиния:

— Анаң қара. Бір-бірімізден адасып қалармыз деп қорқады білем, — деді.

— Жексенбі күні бәрі жарасымды, — деді Амелия.

— Бірақ алаңда өйтуге болмайды ғой. Оларға қараудың өзі күлкілі.

— Әуейілік әй-шайға қаратпайды, — деп жауап қатты Амелия. — Аңсары ауғанда әумесер әйел одан да зорға барады.

Гвидоның кей күндері түс ауа рұқсат алып шығатынын, шеберханаға келіп жұмыс істейтінін Джиния Родригестен сұрап білген-ді.

— Мүмкіндігі болса ол суретті тіпті түнде де салар еді. Таза кенеп оған бұқаға қызыл матаны көрсеткендей әсер етеді, қашан оны майлап тастағанша тыншу таппайды, — деген Родригес күліп. Оның күлкісі жөтелден аумайтын.

Амелияға дәнеңе айтпаған Джиния әлгі Родригес кафеде болатын күнді күтіп жүрді де, студияға жалғыз тартып кетті. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқан оның жүрегі бұл жолы мүлдем басқа себептен атқақтай соққан еді. Алайда оған есік алдында екі ойлы боп тұрудың реті келмеді: ол ашық тұрған болатын.

— Кіріңіз, — деді Гвидо.

Абдырап қалған Джиния есікті сарт еткізіп жапты да, суретшінің алдына барып тоқтады. Батар күннің шапағынан туған әсер ме, әйтеуір күн сәулесіне шомылып тұрған барқыт перде бөлме ішін тұтас қызғылтым реңге шылаған еді. Басын бір жағына сәл қисайтыңқырай ұстаған Гвидо оның алдынан шығып:

— Жайшылық па? — деп сұрады.

— Мені танымадыңыз ба?

Өткен жолғыдай Гвидо бүгін де күртесіз болатын, үстінде көйлегі, бұтында жасыл-сұр шалбары бар-тын.

— Ана қыз да келді ме? — деп сұрады ол.

Джиния оған жалғыз келгенін, Амелияның кафеде отырғанын айтты.

— Родригес маған картиналарды көруіме рұқсат еткен. Біз бір рет таңертең келгенбіз, бірақ онда сіз болмадыңыз.

— Ендеше, отыр, — деді Гвидо. — Мына бір жұмысты бітіріп тастайын.

Ол терезе алдына қайта оралып, ағаш тақтайды пышақпен қыра бастады. Джиния тахтаға жайғасты, ол өте аласа екен, отырып жатқан кезінде құдды бір құлап бара жатқандай әсерде болды. Джиния әлгі "отыр" деген сөзден қолайсызданып қалған еді, бірақ суретшілердің де, механиктердің де қызға бірден "сен" деп сөйлей бастайтыны жайында ойлағанда күліп жібере жаздады. Әйтсе де осынау қызғылтым реңдегі көмескі жарықта көзін жұмып алып отыру оған өте ұнап тұрған.

Гвидо Амелия жайында әлдене деді.

— Ол менің құрбым, — деп жауап қатты Джиния, — бірақ мен ательеде жұмыс істеймін.

Күн сәулесі біртіндеп солғын тартып бара жатқан, Джиния орнынан көтерілді де, бір кішкене картинаны басын олай да, былай да бұрып қарап, тамашалап тұрды. Бұл — қауын тілімдері бейнеленген натюрморт еді, тілімдер әрі мөлдір, әрі дымқыл көрінді. Джиния картинада сәуле дағы барын, бірақ мұның шын мәніндегі сәуле емес, қолдан салынған сурет екенін және оның ішке кірген кезде өзі көңіл аударған қызғылтым реңге ұқсайтынын байқады. Сол арада ол сурет салу үшін мұндай нәрселердің мән-жайын жете білу керек екенін ұғынды, бірақ бұл жөнінде Гвидоға айтуға батылы жетпеді. Гвидо оған арт жағынан жақындап, картинаны онымен бірге көре бастады.

— Бұл ертеректе салынған дүние, — деп қайталап тұрды ол әлсін әлі.

— Бірақ әп-әдемі, — деді зәресі қалмай дебдіреп тұрған Джиния, себебі Гвидо енді-енді иығына қолын қояды-ау деп тосумен болған. — Әп-әдемі, — деп қайталады ол. Соны айтып былайырақ шықты.

Гвидо орнынан қозғалмай, картинаны қарап тұра берді.

Ол шылым шегуге кіріскенде Джиния, үстелге тіреніп тұрған қалпы, одан қабырғадағы кімдердің портреті екенін, Амелияның суретін бұрын-соңды салған-салмағанын сұрады.

— Амелия натурашы ғой, — деді ол.

Гвидо аң-таң боп аузын ашып қалды — бұдан мүлдем бейхабар екенін айтты.

— Поза көрсеткенін өз көзіммен көрдім, — деп нықтады Джиния.

— Мынау ғажап жаңалық екен. Қай суретшіге?

— Әулет есімін білмеймін, бірақ оған поза көрсеткені рас.

— Тыр жалаңаш күйде ме? — деп сұрады Гвидо.

— Иә.

Гвидо қарқылдап күліп жіберді.

— Өзіне лайық істі тапқан екен, балтырын көрсетуді сондай ұнатушы еді. Сен де натурашымысың?

— Мен — жоқ, мен жұмыс істеймін, — деді шамданып қалған Джиния, — ательеде жұмыс істеймін.

Гвидоның өз портретін салу жөнінде тілек білдірмегеніне ол аздап өкпелі болатын. Қырынан қарағандағы кескіні Сақалға ұнаған болса, Гвидоға неге ұнамайды екен?

— Амелия өтірікті соға береді, — деді Джиния, — не қилы адам сенгісіз нәрсені қиыстырып айтуға шебер. Қандай мақсат көздейтінін қайдам.

— Оның ойлап таппайтыны жоқ, — деді Гвидо күліп. — Бұл студия не көрмеді дейсің.

— Қазір де көріп жатыр, — деді Джиния. — Амелия мен Родригес уақытты босқа өткізіп жүрген жоқ.

Гвидо оған қарап қалды — кешкіріп келе жатқандықтан ойлы әлде ойнақы жүзбен қарағанын аңғару мүмкін болмады. Джиния ол бірдеңе айта ма деп күткен, бірақ жауап болмады. Ұзақ үнсіздіктен кейін Гвидо:

— Сен маған ұнайсың, Джиния. Сосын бар ғой, сенің темекі тартпайтының ұнайды маған. Шылым шегетін қыздардың қашан да әлденендей бір жан қайғысы болады, — деді.

— Мына жерден басқа суретшілердің үйіндегідей майлы бояудың иісі аңқып тұрған жоқ, — деді Джиния.

Гвидо күртесін кие бастады.

— Бұл жерден скипидардың иісі аңқиды. Бұл ұнамды иіс.

Қалай болғанын өзі де байқамады, бірақ Джиния кенет тура қарсы алдынан Гвидоның бет-әлпетін көріп, оның қолымен желкесін қармағанын сезді, жамбасымен үстелге барып соғылған ол жігітке есі кем біреу құсап бақырайып қарап қалды. Емпеңдеп, еміне түскен Гвидо оған:

— Сенің қолтығыңның иісі скипидар иісінен де сүйкімдірек, — деді.

Қып-қызыл боп кеткен Джиния оны итеріп жіберді де, есікке қарай тұра ұмтылып, жүгіріп сыртқа шығып кетті. Тек трамвай аялдамасына жеткенде ғана тоқтады. Студияда болған оқиға жайында ойламау үшін кешкі астан кейін киноға барды.

Алайда ол бәрібір бұл жөнінде ойланбай тұра алмады және неғұрлым көбірек ойланған сайын өзінің сонда қайтып баратынына көзі соғұрлым анық жете түсті. Міне, осы себептен де отырарға орын таппай аласұрумен болды: өзінің дұрыс жасамағанын, мұның жасындағы қыздардың енді ондай әрекетке бармауға тиіс екенін ол білетін еді. Жалғыз ғана дәмесі: Гвидо өзіне қатты ренжіген шығар, енді қайтып оны құшақтауға тырыспайтын болар деген үміт қана еді. Баспалдақпен төмен қарай жүгіріп бара жатып Гвидоның мұның соңынан не деп айқайлағанына құлақ салмағаны үшін, шақырған-шақырмағанын білмейтіні үшін өзіне-өзі сондай ренішті болатын. Қаракөлеңке залда отырған ол дәл қазір қандай шешім қабылдамасын мейлі, бәрібір оған қайта баратыны жайында жаны күйзеле отырып ой кешті. Әйтпесе оны тағы бір көруге деген, одан кешірім сұрауға деген, оған өзінің есі кем біреу секілді болғанын айтуға деген тілектен ауыш боп кетерін біліп отырған.

Ертеңіне Джиния студияға барған жоқ, есесіне қолтығын мұқият түрде жуып, үстіне әтірді аямай жақты. Гвидоның ынтызарлығын қоздырып жібергеніме өзім айыптымын деп түйді ол, бірақ болар істің болғанына ара-тұра қуанып та жүрді, өйткені енді ол еркекті қалай еліктірудің амалын тапқан еді. "Амелия мұндай нәрселерді жақсы біледі, бірақ білем деп жүріп көп қорлық көруіне тура келді" деп ойлады ол.

Кафеде ол Амелия мен Родригесті жолықтырды. Ішке кірген сәтте бұлар бәрін білетін шығар деп қорқып кетті, өйткені Амелия оған біртүрлі көзбен қараған-ды, алайда сәлден соң көңілі тыныш тауып, Родригестің әдеттегі мылжыңына құлақ сала отырып, шаршаған әрі іші пысқан секілді көрінуге тырысып бақты, ал өзі іштей Гвидоның дауысын еске алумен болды. Қазір ол көп нәрсені: бірдеңе айтқан кезде Родригестің неліктен Амелияға қарай еңкейетінін, неліктен мысық құсап көзін сығырайтатынын, Амелияның неліктен онымен аяқ асты татуласа қалғанын — бәрін түсінетін. "Амелияның талғамы еркектің талғамындай, ол Гвидодан да қауіптірек" деп ойлады Джиния, сосын соған іштей күліп қойды.

Ертеңіне ол студияға барды. Таңертең ательеде синьора Биче қыздарға мерекеге байланысты түстен кейін үйлерінде қалуға болатынын қысқа ғана ескерткен. Джиния келгенде Северино көйлегін ауыстырып жатыр екен: митингіге бармақшы көрінеді. Бұл патриоттық мереке еді, барлық жерде жалау желбіреп тұрған.

— Бүгін солдаттарға қыдыруға рұқсат беріле ме екен? — деді Джиния.

— Одан да маған ұйықтауға рұқсат берілгені жақсы болар еді, — деп жауап қатты Северино.

Джинияның көңілін қуаныш кернеп тұрған, сондықтан өзін іздеп келген Амелияға немесе Розаға ұсталып қалмас үшін кідірместен шығып кетті. Рас, кейін, студия орналасқан үйдің кіре берісінде, Амелиямен бірге келмегеніне өкініп қалды.

"Бір минутке кіріп шығайын, Амелия соқты ма екен, соны сұрайын" деді ол өзіне-өзі. Ал шын мәнінде ол студиядан Амелияны жолықтырам деп әсте ойламаған, бұл кезде оның кафеде отыратынын жақсы білетін. Алайда есікке жақындап, тыныс алу үшін тоқтаған кезінде іштен Родригестің дауысын естіді.

VIII

Есік ашық еді, одан ар жағынан көкпеңбек аспан күлімсіреген терезе көрініп тұрған. Родригес қатты дауыстап сөйлеп, әлдене жайында өжең-өжең етіп жатқан. Джиния бөлмеге бас сұғып, үстелге сүйенген күйі Родригеске құлақ тігіп тұрған Гвидоны көрді.

— Бола ма? — деп сұрады ол ақырын ғана, бірақ оны ешкім естіген жоқ. Сұрғылтым-жасыл көйлек киген Гвидо қарапайым жұмыскерге ұқсайтын. Бұған түк түсінбегендей тесірейе қарап қалды.

— Амелияны іздеп жүр едім, — деді Джиния нәзік үнмен.

Сол бойда Родригес те сөзден тыйылды, Джиния оның бір нүктеге қадала қарап, тахтада тізесін құшақтап отырғанын көрді.

— Амелия жоқ па мұнда?

— Бұл кафе емес қой, — деді Родригес.

Табалдырықта тұрған Джиния Гвидоға көз тікті. Ол қолын артына ұстап, бұған көзін сығырайта қарады.

— Мына қыздар бұрын мұнда келмеуші еді, — деді ол — Бұларды сен бе үйір қып жүрген?

Джиния басын төмен салды, бірақ оның дауысына қарап өзіне өкпелі еместігін сезді.

— Кірсеңші енді, неғып тұрсың нәгөй құсап, — деді біреуі оған.

Өзі өз болғалы Джиния тап бүгінгі күнгідей жан рақатына бөленіп көрмеген шығар. Ол тек Амелия келіп бәрін бүлдіреді-ау деп қауіптенумен болды, бірақ уақыт өтіп жатты, Амелия келе қоймады, ал Гвидо мен Родригестің таласы әлі толас таппаған, ара-тұра Гвидо күліп, бұған қарап: "Айтшы мынаған, милаусың деші" деп қояды. Олар кескіндеме жайында айтысып жатқан, Гвидо "бояудың аты бояу" дегенді қайталап айтып, шабыттана сөйлеп тұрған. Родригес сол баяғыша тізесін құшақтап отырған күйі оған өршелене қарсыласатын, ал кей-кейде үндемей қалатын немесе мысқылдап шиқылдай күлетін. Әңгіме ауаны Джинияға түсініксіз еді, алайда Гвидо сөйлеген кезде оны тыңдау сондай ұнамды болатын. Оның дауысынан қуат пен құштарлық сезілетін, ал көзіне көзі түскенде Джинияның тынысы тарылып кете жаздайтын.

Батар күннің шапағы үйлердің шатырларына қонақтай бастаған; терезе жанында отырған Джиния кешкі аспаннан суретшілерге қарай көзін аударып, студияның түкпіріндегі анардай қызыл пердені көрді, сөйтті де, жан баласына білдірмей соның тасасына барып тығылып, бөлмеде өзін жалғыз жүргендей көрген әлдебіреуді сырттай бақылап тұрған қандай ғажап болар еді деп ойлады. Дәл осы сәтте Гвидо:

— Салқын тартып кетті ғой. Бізде ішетін шай бар ма өзі? — деді.

— Шай да, спирт плиткасы да бар. Тек тістейтін жоқ.

— Бүгін шайды Джинетта әзірлейді, — деді Гвидо бұған қарай бұрылып. — Спирт плиткасы ана перденің артында.

— Одан да оның барып бізге печенье сатып әкелгені дұрыс болар еді, — деді Родригес.

— О не дегеніңіз, — деді Джиния. — Сіз ер адамсыз, сіз барыңыз.

Гвидо мен Родригес үзілген әңгімесін қайта жалғады, бұл екі арада Джиния перденің қалтарысынан спирт плиткасын, шыны аяқтар мен шай салынған қорапты тауып, суды қайнатуға қойды да, қол жуғыштан су ағызып шыны аяқтарды шайып алды. Арқа тұсынан суретшілердің дауысы естіліп тұрған, бірақ плитка жалыны болмашы ғана жарық себелеген мына қараңғы бұрышта ол өзін құдды бір мүлгіген тыныштық орнаған, оңаша ой кешуге оңтайлы, қаңырап бос қалған үйде отырғандай сезінді. Осынау жарытымсыз жарықтан қабырға мен перде арасындағы тар қуыста жинаусыз қалған төсек еміс-еміс қана көзге шалынатын. Джиния сол жерде Амелия жатқанын көз алдына елестетті.

Перденің тасасынан бері шыққан Джиния Гвидо мен Родригес екеуінің өзіне әуестік білдіре қарап қалғанын көрді. Қалпағын әлгінде шешіп қойған Джиния шашын кейін сілкіп жіберді де, терезе ернеуінен бояуға бейне бір палитра секілді былғанған үлкен тәрелкені алды. Оның таңырқанғанын көріп қалған Гвидо жәшіктерді ақтарыстырып, таза тәрелке алып берді. Джиния оған әлі кеуіп үлгермеген шыны аяқтарды қойды, сосын спирт плиткасына қайта оралып, шай шығарды.

Шай үстінде Гвидо бұл шыны аяқтарды оған өзі портретін салған бір қыздың сыйлағанын, оның да Джиния құралыптас екенін айтты.

— Ол портрет қайда? — деп сұрады Джиния.

— Ол қыз натурашы емес-ті, — деп күле жауап қатты Гвидо.

— Солдаттықта әлі ұзақ боласыз ба? — деді Джиния шайын ұрттап қойып.

— Родригестің өкінішіне қарай, бір айдан кейін босаймын, деп жауап қатты Гвидо. Сосын ойда жоқ жерден: — Сөйтіп, енді ренжімейсің ғой? — деді.

Джинияның езу тарта күліп, басын изеп үлгергені сол-ақ, Гвидо:

— Ендеше, "сен" деп сөйлесетін боламыз, — деп салды. Кешкі астан кейін Джиния тіптен көңілденіп кетті. Оны іздеп келген Амелия да өте көңілді болатын — себебі, жұрт ешқандай іспен айналыспайтын мереке күндері мен де өзімді бақытты сезінем деді ол Олар қыдырыстап, әзілдесіп, есі кем біреулердей сақылдап күлумен болды.

— Бүгін қайда болдың, не істедің? — деп сұрады Амелия.

— Айтарлықтай ештеңе жоқ, — деді Джиния. — Жотаға барып билеп қайтамыз ба?

— Ондағы жағдай қазір жаздағыдай емес, балшықтан аяқ алып жүре алмайсың.

Ғайыптан тайып олар студия орналасқан көшеден бір-ақ шықты.

— Онда бармаймын. Суретшілерің әбден мезі қылды, — деді Джиния.

— Сонда барамыз деп кім айтты саған? Бұл өзіміз өткізетін кеш, бізге ешкімнің керегі жоқ.

Олар жарықтың су бетіне шағылысқан әсем суретін тамашалап көпір үстінде аз-кем тұрды.

— Сақалды көрдім, сені сұрады, — деді Амелия.

— Суретіңді салудан әлі жалыққан жоқ па ол?

— Оны кафеден кездестіргем.

— Портреттерімді қайтарып бермес пе екен маған?

Амелиямен Сақал турасында әңгімелесіп тұрған Джиния мүлдем басқа нәрсе жайында ойлап кеткен-ді.

— Өткен жылы Гвидоға барып жүргеніңде екеуің немен айналыстыңдар?

— Сеніңше, немен айналысуымыз мүмкін? Ішек-сілеміз қата күліп, стақандарды сындырумен болдық.

— Сосын ұрсысып қалдыңдар ма?

— О не дегенің. Одан соң ол деревняға кетті — шеберханасына құлып салды да, жөніне кете барды.

— Онымен қалай танысып жүрсің?

— Есімде тұра ма ондай нәрсе. Ау, натурашы емеспін бе мен?

Джиния үндеген жоқ — бүгінгі кеште ұрыс шығарғысы келмеген. Көпірдің үсті салқын еді. Амелия тас кенереге сүйеніп шылым шегіп тұрған.

— Сен көшеде жүріп те тартасың ба? — деді Джиния.

— Көшеде тарттың не, кафеде тарттың не — бәрібір емес пе? — деп жауап қатты Амелия.

Бірақ олар кафеге барған жоқ, себебі Амелияның ол жерде отыра-отыра күндіздің өзінде әбден ығыры шыққан еді. Олар үйге қарай бұрылып, киноның жанына кеп тоқтады. Ішке кірудің мәні жоқ-ты — соңғы сеанс аяқталып қалған. Екеуі фотосуреттерді қарап тұрған кезде кинодан жауар бұлттай түнеріп Северино шықты — әлденеге ренжулі екені әлпетінен-ақ аңғарылып тұрған. Северино Амелияға бас изеді де, қастарынан өте берді, сосын қайтып оралып олармен сөйлесе бастады, Джиния оның мұншалықты сыпайы сөйлейтінін өмірі естіп көрмеген еді. Ол тіпті Амелияға шілтеріне қатысты қошемет те білдіріп қойды. Сосын бұларды күлдіру үшін фильмнің мазмұнын айтып берді, Амелия бұған күлді, бірақ кафеде даяшылар өзіне әлдене айтқан кездегідей емес, өз компаниясында жүрген қыздай, істерін ақситып сақылдап күлді, — мұндай қылықты ол көптен көрсетпеген. Дауысы тым қарлығыңқы шығатын, сірә бұл темекі тартатындығынан болар деп ойлады Джиния. Северино оларды барға апарып кофе әперді, ал Амелияға бір ыңғайын тауып жексенбіде кездессек қайтер еді дегенді айтты.

— Биге бару үшін бе?

— Әрине.

— Онда Джиния да бірге барсын.

Джиния күліп жібере жаздап шақ тұрды.

Олар Амелияны кіре берісіне дейін шығарып салды, ол ішке кіріп есікті жапқаннан кейін үйге бірге қайтты. "Гвидо жас жағынан Севериномен құралыптас, — деп ойлады Джиния, — оның өз ағайым боп шығуы да мүмкін еді ғой". Сосын тағы: "Өмірде не болмайды дейсің. Мен Гвидоның кім екенін тіптен білмеймін, бірақ қолтықтасып келе жататынымызды, бұрыш айналған сайын тоқтап, бір-бірімізден көз алмай қарап тұратынымызды көз алдыма елестетіп жүрмін. Ол үшін мен Джинеттамын. Біреуге ғашық болу үшін бір-біріңді жақсы білу шарт емес" деп ойлады. Осылар жайында ой кешкен ол әлі де сол баяғы жасөспірім қыз секілді сезіммен Севериноның жанында томпаңдап келе жатты. Аяқ астынан Джиния одан Амелия саған ұнай ма деп сұрады және сол бойда-ақ оның мұндай сұрақты күтпегенін түсіне қойды.

— Ол күндіз немен айналысады? — деп сұрады Северино жауап қатудың орнына.

— Ол — натурашы.

Северино, шамасы, натурашыны манекеншімен шатастырып алса керек, себебі "Амелияның киген көйлектері әманда иығына қона кетеді" дегенді айтты. Соны көрген Джиния әңгіме ауанын өзгертіп:

— Сағат он екі боп та қалды ма? — деп сұрады.

— Байқа, — деді Северино. — Амелияның ұпайы түгел, ал сен оның жанына ерген жалбақай сияқтысың.

Джиния оған екеуінің сирек жолығысатынын айтты, Северино үнсіз қалды, сосын жүріп келе жатып темекі тұтатты; олар үйдің кіре берісіне әрқайсысы өз алдына жеке-дара келгендей ахуалда жетті.

Бұл түні Джинияның ұйқысы қашты, жамылған көрпесі де зіл батпан ауыр сезілді. Басына не түрлі ой келіп, бірінің есалаңдығы екіншісінен асып түсіп жатты. Студиядағы бұрышта, ана жолғы төсекте, жалғыз өзі жайғасатынын, перденің ар жағынан Гвидоның әрлі-берлі жүрген аяқ дыбысын еститінін, онымен бірге тұратынын, оны сүйіп алатынын және оған ас әзірлеп жүретінін көз алдына елестетті. Солдаттыққа кетпес бұрын оның қай жерде тамақтанғанын құдай біледі. Одан соң солдатпен әуейі болармын деген ой ешқашан қаперіне кіріп-шықпағаны жайында, бірақ жай киім киінген Гвидоның ақсары шашты әрі қайратты, әдемі еркекке айналуға тиіс екендігі жөнінде ойланды, сосын оның дауысын еске түсіруге талпынды, Родригестің дауысы жадында тұрғанымен, Гвидоның дауысын ұмытып та қалған еді. Амелияның неліктен онымен емес, Родригеспен әуейі болу себебін қанша ойланса да түсіне алмады. Стақан сындырумен айналысқан кездерінде Амелия мен Гвидоның не істегенін білмей-ақ қойса, ол бұған тек қуанған болар еді.

Сағат қоңырауы шырылдағанда ол ояу болатын, төсекте рақаттана керіліп-созылып, жоқтан өзге жайында ой кешіп жатқан. Таң ағарып атқан еді, сол арада Джиния қыс түскеніне, енді күн сәулесінен туындайтын көркем бояуларды тамашалау мүмкін еместігіне өкініш білдірді. Бұл турасында Гвидо ойланды ма екен, соны білер ме еді шіркін, себебі оның "бояудың аты бояу" дегені бар еді ғой. "Неткен сұлулық" деді Джиния іштей, сосын төсегінен тұрды.

IX

Келесі күні түс мезгілінде Амелия Джинияның үйіне келді, бірақ ол үстел басында Северино отырғандықтан, екеуі тек анау-мынау әңгімемен ғана шектелді. Екеуі көшеге шыққан кезде Амелия бүгін таңертең бір суретші әйелде болғанын, ол өзін жалдамақшы екенін айтты. Джинияға да соған неге бармасқа? Әлгі ауыш қатын құшақтасып отырған екі әйелге қарап картина салмақшы екен, сол себепті мұның да өзімен бірге поза көрсетуіне болар еді.

— Ол неге айнаға қарап тұрып өзін-өзі салмайды екен? — деп жауап қатты Джиния.

— Сонда ол, сеніңше, суретті тыр жалаңаш тұрып салуы керек пе? — деп күлді Амелия.

Джиния ательеден қай кезде көңілі соқса сол кезде кете алмайтынын айтты.

— Бірақ, ол бізге ақша төлейді ғой, түсінемісің? — деді Амелия. — Мұндай картинаны салудың әуресі көп, сондықтан бұл ұзаққа созылатын жұмыс. Егер сен бармасаң, ол мені де алмайды.

— Немене, оған бір натурашы аздық етіп тұр ма?

— Түсінсеңші, оған күресіп жатқан екі әйелді салу керек. Сондықтан екі натурашы қажет. Бұл үлкен картина. Бізден тек билеп жүрген секілді позада тұруымыз талап етіледі.

— Менің поза көрсетуге зауқым жоқ, — деді Джиния.

— Неден қорқасың сонша? Ол әйел адам ғой.

— Зауқым жоқ дедім, болды.

Олар трамвай аялдамасына жеткенше салғыласты, Амелия ашулана бастады. Джинияға қырын қарап тұрған күйі: "Киімімнің астында көздің қарашығындай сақтайтын киелі бірдеңе бар деген ойдан амансың ба өзің?" деді. Джиния жауап қатқан жоқ. Бірақ Амелия: егер Сақал өтінсе, ол, Джиния, шешінуден бас тартпас еді дегенді айтқан кезде оның бетіне қарап сақылдап тұрып күлді. Олар өте салқын қоштасты және Амелияның мұны кешірмейтіні белгілі болды. Алғашта иығын қиқаң еткізген де қойған Джинияға кейін Амелия өзін Гвидо мен Родригестің алдында күлкі-мазақ ететін шығар, кім біледі, бұларға ілесіп Гвидо да өзін әжуалап күлетін болар деген тосын ой келіп, қорқып кетті. "Ал, Гвидоға поза көрсетер-ақ едім, егер тек өзі қаласа" деп түйді ол. Бірақ өзіне қарағанда Амелияның мүсіні сымбаттылау екенін, қай суретші де соны таңдайтынын ол жақсы білетін. Амелия кемел жастағы әйелге көбірек ұқсайтын.

Амелияның алдын орау үшін ол кешке қарай студияға соқты. Гвидо оған осы мезгілде қашан да сонда болатынын айтқан. Бірақ есік құлыптаулы тұр екен. Гвидо Амелиямен және Родригеспен бірге кафеде отырған шығар деген ой келді Джинияға. Ол сонда барды, бірақ витринадан қолымен иегін тіреп, шылым шегіп отырған Амелияны ғана көрді. "Сорқайнаған-ай", деп ойлады Джиния, үйіне қайтып келе жатып.

Кешкі астан кейін көшеде қыдырыстап жүрген ол студияның терезесінде жарық барын көріп қуанып, жоғарыға жүгіріп шықты. Есікті Родригес ашып, ішке кіруін өтініп, оның көзінше ауқаттанатынына кешірім өтінді — қарыны керемет ашып қалғанын айтты. Үстел жанына барған ол колбасаны қағазға ораулы тұрған күйі жеп жатты, ал бөлменің шамы Джиния мұнда алғаш келген кездегідей адамның жігерін құм қыла шақырайып тұрған болатын. Родригес бала құсап тұтас бөлкенің шетінен тістеп жеп тұрды, егер оның бет-әлпеті қоңырқай, көзі алдамшы болмаса Джиния, бәлкім, мұнысына әзіл айтқан да болар еді. Ол бұған да жүрек жалғауға ұсыныс білдірді, бірақ Джиния Гвидоның қайда екенін сұрады да қойды.

— Оның оралмай жатқаны — кезекшілікте екенін, казармада қалуға мәжбүр болғанын білдіреді, — деді Родригес.

"Олай болса, кетейін" деп ойлады Джиния, бірақ мұны дауыстап айтуға батпады, өйткені өзіне тесіле қарап тұрған Родригес мұның тек Гвидоны көріп қайту үшін ғана келгенін түсініп қоятын еді. Не істерін білмеген ол мынадай жарықта шектен тыс жадау көрініп тұрған бөлмені көзбен шолып өтті, еденде шашылып жатқан қағаздар мен темекі тұқылдарына көз кідіртті, сосын Родригестен біреуді күтіп тұрсың ба деп сұрады.

— Иә, күтіп тұрмын, — деді шайнаңдаудан тыйыла қалған Родригес.

Джиния кетіп қалуға тіпті тап осы жерде де тәуекел ете алмады. Одан Амелияны көрген-көрмегенін сұрады.

— Сендер тек бір-біріңді іздейсіңдер де жүресіңдер, — деді Родригес оған қадала қарап. — Бұларың қалай? Екеуің де әйел адам емессіңдер ме?

— Ол не деген сөз? — деп сұрады Джиния түсінбей.

— Ол ма? — деді Родригес күлімсіреп. — Басқа-басқа, мұны сендер жақсы білуге тиіс едіңдер. Ішкі түйсік арқылы сезулерің керек еді. Өйткені, ішкі түйсік әйелдерге етене тән қасиет емес пе?

Джиния азды-кем іркілді де:

— Амелия мені іздеді ме? — деп сұрады.

— Іздеу деген не, саған деген сағыныштан өле жаздап жүр, — деді Родригес.

Бөлме түкпіріндегі перде қақ жарылып, ар жағынан Амелия шықты. Ол Родригеске тап берді де, анау бөлкенің бір кесегін тісімен үзіп алған күйі үстелді айнала қашты. Екеуі құдды бір қуыспақ ойнағандай болды. Амелияның басында қалпағы жоқ-ты және қатты ашуланып тұрғандай көрінген, бірақ бөлменің ортасына жетіп тоқтады да, күле бастады. Алайда мұнысы онша үйлесімді шықпады.

— Сен екенсің ғой, оны біз қайдан білейік, — деді ол.

— Тамақ ішіп жатқан болдыңдар ғой, — деді Джиния салқын ғана.

— Біз оңаша сырласып отырып тамақтанып жатқанбыз, — деді Родригес. — Егер үшеу болсақ, сырласу одан да сәндірек бола түспек.

— Гвидоны іздеп жүр ме едің? — деп сұрады Амелия.

— Бір минутқа ғана кіріп шығайын деп келгем, мені Роза күтіп отыр. Күн кеш боп кетті.

— Тоқта, миғұла! — деп айқайлады Амелия оның соңынан.

Бірақ Джиния оған:

— Мен миғұла емеспін, — деп жауап қатты. Сосын баспалдақпен жүгіріп төмен түсіп кетті.

Бұрыштан айналып бара жатқан кезінде арт жағынан тырп-тырп басқан өкшенің дыбысы естілді: біреу соңынан жүгіріп келе жатыр еді. Бұл Амелия болатын, басында қалпағы жоқ-ты.

— Неге кетіп барасың? Родригестің сандырағына шынымен сеніп қалдың ба?

Джиния жүрісін үзбеген күйі оған:

— Басымды қатырма, — деді.

Осы оқиғаны еске алғанда өзін құдды бір әліге дейін студиядан қашып бара жатқандай көріп жүрегі көп күн бойы дүрсіл қағумен болды. Амелия мен Родригес жайында ойлағанда ыза боп жұдырығын түйіп алатын. Ал Гвидо туралы тіпті ойлауға да батылы жетпеді және онымен қалай жолығысуға болатынын да білмеді. Одан да айрылып қалғанына еш күмәні жоқ-ты.

Ақыры бір күні өзіне-өзі: "Есі кем біреумін ғой, неге кілең әлдекімнің соңынан жүгірем де жүрем? Жалғыздықта өмір сүруді әлі үйренгем жоқ. Керек еткен адам мені өзі-ақ іздеп таппай ма", деді.

Осыдан бастап көңілі тыныш тауып, Гвидо жайында жүрегі алып-ұшпай-ақ ой кешетін болды, сөйтіп Севериноға көбірек назар аудара бастады. Ол болса мұны кей-кейде таңырқатып қоятынды шығарды: оған біреу бірдеңе айтқан кезде жауап қайтармас бұрын төмен қарап тұрып қалатын, әлгі адамның айтқанын мақұлдап бас шұлғи қоймайтын, аз сөйлеп көп тыңдайтын. Жалпы алғанда, еркек болғанына қарамастан, ол онша ақылсыз да емес-ті. Ал, өзі осы күнге дейін Роза секілді қылық көрсетумен болды. Сондықтан жұрттың Розаға қалай қараса, бұған да солай қарап жүргеніне таңғалатын не бар.

Бұдан кейін ол ешкімді іздеген жоқ, кино мен би залына да барған жоқ, көшеде жалғыз сенделіп жүргенді, кей-кейде орталықта болып қайтқанды қанағат тұтты. Қазір қараша айы еді, күн салқын тартып кеткен, сондықтан кей күні кешкісін трамвайға отырып пассаждан түсіп қалатын да, азын-аулақ уақыт тентіреп жүріп үйіне қайтып оралатын. Гвидоны жолықтырып қалам ба деген үміті әлі үзілмеген еді, осы себепті солдат атаулының жүзіне кез салмай өтпейтін. Бір жолы ол Амелияны іздеп — әншейін көз тастау үшін, жүрегі лүп-лүп соғып, кафеге келді. Онда адам көп екен, бірақ Амелия жоқ боп шықты.

Уақыт өтіп болмады, бірақ күннің суытуына байланысты үйде отырудан тауқымет тарта қойған жоқ. Осынау сүреңсіз күндерде Джиния кешегідей көңілді жазды енді ешқашан көре алмайтын шығармын, — деп түйді. "Мен қазір тіптен басқа әйелмін, — деп ойлады ол, — сол кезде қандай шолжақай болғаныма қазір тіпті өзім де сене алмай жүрмін. Қалай ғана от баспай аман қалғанмын десеңші". Алдағы жылы тағы да жаз шығатыны оған мүлдем мүмкін еместей көрінді. Сөйтіп, ол жып-жылы кеште өзінің көп жылағаннан көзі бұлаудай боп бульвармен келе жататынын, құдды бір отыздағы кәрі қыз құсап, үйден жұмысқа, жұмыстан үйге, күндегісін күнде осылай жүретінін көз алдына елестетті. Бәрінен де жаманы қараңғылықта жарты сағат жата тұрудың ендігі жерде еш қызығы қалмағаны еді. Тіпті ас үйде күйбеңдеп жүрген кезінде де студия жайын ойдан шығармайтын, кейде бір нүктеге қадала қараған қалпы түк істемей ұзақ тұрып қалатын.

Одан соң ол осылай екі аптадай ғана уақыт өткізгенін ұқты. Ательеден шыққан шағында біреу өзін кіре берістен күтіп тұрады-ау деп әрдайым үміт ететін, ал ондай ешкімнің жоқтығын көргенде бұл күн босқа құрығандай, өзі тек ертеңгі, бүрсікүнгі үмітпен тірлік етіп, ешқашан орындалмайтын әлде бір нәрсені босқа күтіп жүргендей сезінетін. "Әлі он жетіге де толғам жоқ, алда көп уақытым бар" деп жұбатты ол өзін-өзі. Бірақ көшеде соңынан жалаң бас жүгірген Амелияның неге осы күнге дейін төбе көрсетпей жатқанын түсіне алмай-ақ қойды. Бәлкім, өзі жайында білетіндерін Джиния жұртқа жайып жүре ме деп қорыққан шығар.

Бір күні кешке таман синьора Биче оны телефонға шақырды. "Сені еркек дауысты бір әйел сұрайды" деді. Бұл Амелия еді.

— Бері қара, Джиния, ана жақтағыларға Северино сырқат деп өтірікті соқ та, бізге кел Гвидо да осында. Кешкі асты бірге отырып ішейік.

— Ал Севериноны қайтем?

— Үйіңе барып тамағын әзірле, сосын осында кел Сені күтіп отырмыз.

Джиния тап солай істеді: жүгіріп үйіне барып Севериноға кешкі асты Амелиямен бірге ішетінін айтты, одан соң шашын жөнге келтіріп алды да, үйден шықты. Жаңбыр жауып тұрған. "Амелияның дауысы өкпе ауруымен ауыратындардың дауысындай. Сорқайнаған-ай" деп ойлады ол.

Онда Гвидо болмаса бірден кетіп қалайын деп ұйғарған еді Джиния. Студиядан Амелия мен Родригесті кезіктірді, екеуі қаракөлеңкеде керосинканы жағып жатыр екен.

— Гвидо қайда? — деп сұрады ол.

Амелия бойын тіктеп, алақанының сыртымен маңдайын бір сипап өтті де, пердені нұсқады. Гвидо пердеден басын шығарып Джинияға: "Сәлем!" деп айқайлады. Джиния жымия күлді. Үстелдің үстінде қағаз тәрелкелер мен азық-түлік тау боп үйіліп жатыр еді. Төбеден керосинка жарығының сәулесі — сарғыш шеңбер көрініс берді.

— Шамды жағыңдар! — деп айқайлады Гвидо.

— Қажеті жоқ, осылай жақсы, — деді Амелия.

Бөлме іші салқындау болатын, бәрі пальтомен жүрген. Джиния қол жуғыш тұрған қуысқа барып, пердені былай ысырып, қатты дауыстап:

— Бұл кімнің құрметіне арналған отырмақ? — деп сұрады.

— Қаласаң, сенің құрметіңе, — деді қолын сүртіп тұрған Гвидо оған ақырын ғана. — Неге келмей кеттің?

— Ана жолы келгем, бірақ сіз болмадыңыз, — деді Джиния сыбырлап.

— Маған "сен" деп сөйле, — деді Гвидо, — бүгінгі кеште бәріміз де — "сенбіз".

— Сіз кезекшілікте болдыңыз ба? — деді Джиния.

— Сен кезекшілікте болды, — деді Гвидо оны шашынан сипап тұрып.

Осы сәт Джинияның арқа тұсынан шам жағылды да, пердені жібере қойған ол қауын бейнесі бар картинаға қадала қарап тұрып қалды.

Бөлменің жылынғанын күтіп, үстел басына ешкім отырған жоқ. Пальто киіп, қолын қалтасына салып алған олар бір бұрыштан екінші бұрышқа сенделіп жүрді де қойды: осыған қарап бұларды бейне кафеде жүр ме деп қалуға болатын. Родригес өзіне шарап құйып алды, сосын басқа үш стақанды толтырды. "Кішкене кідіре тұрыңдар" деді Амелия, ал Родригес: бастайтын уақыт болды деді. Одан соң олар үстіндегі шарабы төгіліп қалмас үшін абайлап көтеріп үстелді тахтаның жанына әкеп қойды. Сол арада Джиния ылдым-жылдым қимылдап Амелияның жанына барып отырып алды.

Колбаса, жемістер, тәттілер мен талдан тоқылған қабы бар екі үлкен шыны сауыт дастарқан мәзірін құрайтын. Амелия мен Гвидо бұрын да осындай отырыс жасаған-ау, шамасы, деп ойлады Джиния, сосын, шарап ішіп алған соң, олардан осы турасында сұрады, ал аналар бұл студияда қандай тентектік жасағандарын күліп отырып айтып берді. Мұны тыңдап отырған Джинияның қызғаныштан іші күйіп бітті, өзін дүниеге тым кеш келгендей көрді, сол үшін өзін-өзі есі кем деп сөкті. Суретшілермен тәлімсудің қажеті жоғын ол түсінетін, өйткені бұлардың өмірі басқалардың өміріне ұқсамайтын; бірде-бір картина салып көрмеген мына Родригесті алайық: міне ол қойдан жуас кейіпте тамақ жеп отыр, ал бірдеңе айтса, дәйім тек кекетіп-мұқатумен болады.

Ол бұған көзінің астымен қулана қарап қойып отырған; содан ба, Гвидоның Амелиямен қалай көңіл көтергені жайындағы әңгімеден туған ашу-ызасын Джиния Родригеске бағыштаумен болды.

— Мұны маған айтып отырғандарың дұрыс емес, — деді Джиния шағынғандай боп. — Ол кезде мұнда болмағаным сондай өкінтеді.

— Ал қазір енді осында емессің бе, көтере бер көңіліңді, — деді Амелия.

Сол арада Джинияның бойында Гвидомен оңаша қалуға деген керемет құштарлық пайда болды. Алайда қасында Амелия отырғандықтан ғана бойына осындай батылдық кіргенін де түсінетін. Әйтпесе, әлдеқашан қашып кетер еді.

"Өз ырқыма өзім ие болуды әлі үйренгем жоқ. Алабұртпауым керек" дегенді ол іштей сан қайталап айтумен болды.

Одан соң бәрі шылым шегуге кірісті, оған да сигарет берілді. Джинияның тартқысы келмеген, бірақ Гвидо қасына кеп отырып, темекісін тұтатып бермекке сіріңке шақты да, түтінді ішке жұтпауы керегін айтты. Амелия мен Родригес тахтаның шетінде әлденемен әуре боп жатқан.

Гвидоны былайырақ ығыстырған Джиния орнынан атып тұрды да, сигаретті қоя салып, бір ауыз тіл қатпастан студияның түкпіріне қарай кетті; сосын пердені серпіп, арғы бетіне өтіп, қараңғы жерде үн-түнсіз тұрып қалды. Арт жағында сөйлеп жатқандардың дауысы алыс қиырдан шыққандай тым бәсең естілетін.

— Гвидо, — деді ол теріс қарап тұрған қалпы күбірлеп, соны айтып кереуетке етпетінен құлай кетті.

X

Төртеуі үйден бірге шықты, ешқайсысы ләм деп жақ ашқан жоқ, Гвидо мен Родригес оларды трамвайға дейін шығарып салды. Беретін көзіне түсіре киген Гвидо мүлдем басқа адам тәрізді көрінді. Джинияның қолын екі қолымен қыса ұстап, оған: "Джинетта, сүйіктім", деді. Аяғының астындағы тротуар қозғалып бара жатқандай, Джиния тәлтіректеп кетті. Амелия оны қолтықтап алды.

Олар трамвайды тосып тұрғанда әңгіме велосипедтер жайына ойысты. Ал Гвидо Джинияның қасына жақындап, оған ақырын ғана:

— Байқа, айнып қап жүрме. Әйтпесе портретіңді салмаймын, — деді.

Джиния жымия езу тартып, оны қолынан ұстады.

Трамвайда ол жүргізушінің арқасынан көз аудармаған қалпы үнсіз отырды.

— Үйге барған бойда бірден төсегіңе жат, — деді Амелия. — Басқадан гөрі шараптан көбірек шалдығып қалғандайсың.

— Ойлама, мас емеспін, — деді Джиния.

— Бола тұрайын ба қасыңда? — деді Амелия.

— Жайыма қалдырғаның жақсы болар еді.

Одан соң Амелия өткен жолы әңгімелері жараспағаны жайында сөз қозғады, бірақ Джиния ештеңе естіген жоқ, ол трамвайдың тарсыл-гүрсілін тыңдап отырған болатын.

Үйіне кеп оңаша қалған кезде өзін әлдеқайда жақсырақ сезінді, себебі ешкім тесірейіп қарап тұрмаған. Кереуетке кеп тізе бүгіп, ұзақ уақыт бойы еденге қарап отырды да қойды. Сосын шұғыл шешінді де, көрпенің астына сүңгіп, жарықты өшірді.

Ертеңіне күн жаймашуақ боп тұрды, науқасынан құлан таза арылған жандай қутыңдаған Джиния киіне бастады. Гвидоның ұйқыдан тұрғанына үш сағаттай боп та қалды-ау, деп ойлады, сосын айнаға қарап тұрған күйі өзіне-өзі күлімсірей езу тартып, сүйдім деген ишарат жасады. Сөйтті де, жұмыстан оралатын Севериноны күтпестен, үйден шығып жүре берді.

Ол көшемен әдеттегідей жүріп келе жатқанына, тамақ ішуге аңсары ауып тұрғанына таңырқанды және тек бір ғана нәрсе турасында ой кешумен болды: ендігі жерде ол Гвидомен ана екеуінен оңаша кездесуге тиіс. Бірақ, Гвидоның оған бар айтқаны: студияға келіп тұр, деді; басқа бір жерде оңаша жүздесу жайында әңгіме болған жоқ. "Сірә, мен оны шын жүректен сүйетін шығармын, — деп ойлады ол, — әйтпесе менің кім болғаным". Оған ойда жоқ, түсте жоқ жерден жаз қайтып оралғандай, бетің ауған жаққа бара беруге, күлуге, әзіл-қалжың айтуға құштарлығың оянатын, дүниедегінің бәрі саған қуаныш сыйлайтын жаз шыққандай көрініп кетті. Болған оқиға оған шындыққа мүлдем дерлік жанаспайтын нәрсе секілді сезілді. Егер өзінің орнында Амелия жатқанда қараңғыда Гвидоның мұны байқамай да қалуы мүмкін екенін ойлағанда оны күлкі кернеп кетті. "Сірә, менің қалай сөйлейтінім, қалай көз қиығын салатыным, әлпетім мен сымбатым оған ұнайтын болса керек; ол мені құрбысы ретінде ұнатады, ол мені сүйеді. Он жетіге толғаныма ол сенбей қойды, мені көзімнен сүйді; мен нағыз әйелге айналдым".

Енді оған студия жайында ой кешіп, кештің түсуін күтіп күні бойы жұмыс істеу зор қуаныш әкелетін болды. "Мен Гвидо үшін әншейін натурашы емеспін, — деп ойлады ол, — біз екеуміз доспыз". Гвидо картиналарының артықшылығы неде екені қаперіне кіріп те шықпайтын Амелияны қатты аяп кетті. Бірақ сағат екіде Амелия үйіне іздеп келгенде Джиния дебдіреп қалды: Амелиядан әлдене жайында сұрамақ еді, бірақ әңгімені неден бастарды білмеді. Ал бұл жайында Гвидодан сұрауға жүрегі дауаламайтыны кәміл-ді.

— Біреу-міреулерді көрдің бе? — деп сұрады ол.

Амелия иығын қиқаң еткізді.

— Кеше сен жарықты өшіргенде менің басым айналып кетті, шамасы, айқайлап жібердім ғой деймін. Айқайлағанымды естідің бе?

Амелия оны барынша байсалды кейіпте тыңдап тұрған.

— Мен ештеңе де өшірген жоқпын, — деді ол жай ғана. — Бар білетінім, сен бір жаққа ғайып боп кеттің. Гвидо сені сойып жатыр екен деп ойлап қалуға болатын. Көңіл көтере алдыңдар ма, әйтеуір?

Джиния тура алдына қарап келе жатқан бойы мұрнын кіржитті. Олар келесі аялдамаға дейін жаяу кете барды.

— Родригесті сүйесің бе? — деп сұрады Джиния.

Амелия күрсініп алды да:

— Қорықпа. Маған сары шашты жігіттер ұнамайды. Шынымды айтсам, олардан гөрі маған сары шашты қыздар көбірек ұнайды, — деді.

Джиния езу тартты да қойды. Ол Амелиямен бірге келе жатқанына, екеуінің тату екеніне дән риза болатын.

Екеуі пассаждың жанында үнсіз ажырасты. Бұрышқа жеткен соң Джиния бұрылып, Амелия әлгі суретші әйелге бара жатыр ма екен деп, соңынан қарап тұрды.

Ал өзі сағат жетіде қайтадан студияға барды, сосын алқынып қалмайын деп асықпай басып алтыншы қабатқа көтерілді. Аяғын асықпай басқанымен екі тепкішектен бірден аттап келе жатқан-ды. Жол бойы ол тек: егер Гвидо бөлмеде болмаса, онда мұның айыбы жоқ деп ойлаумен ғана болды. Алайда есік ашық екен. Гвидо оның аяқ дыбысын естіп алдынан шықты. Қазір Джиния шын мәнінде де шексіз қуанышты болатын.

Джинияның онымен сөйлескісі, оған көп нәрсе жайында айтқысы келген, бірақ Гвидо есікті құлыптады да, оны құшақтай алды. Терезеден әлі жарық себелеп тұрған, Джиния оның иығына бетін басты. Көйлегінің сыртынан денесінің жылуын сезді. Екеуі тахтаға отырды, сол арада Джиния дәнеңе деместен жылап жіберді.

Жылап отырған ол: "Гвидо да қосыла жыласа етті", деп ойлады; жүрегінің сыздап қоя бергенін сезді, содан буыны босап, басы айналып бара жатқандай болды. Бірақ, ойламаған жерден таянышынан айрылып қалды; Гвидоның орнынан тұрғанын сезген ол көзін ашып алды. Гвидо оған таңырқай қарап жанында тұр еді. Сол кез Джиния да жылаудан тыйылды, себебі жұрттың көзінше жылап отырғандай болған. Айнала-төңірегінен ештеңе дерлік ажырата алмай қалған Джиния Гвидоның көз алдында жанары тағы да жасқа тола бастағанын аңғарды.

— Жә, болар енді, — деді Гвидо ойнақы үнмен, — өмір онсыз да қысқа, жылаудың қажеті жоқ.

— Мен қуаныштан жыладым, — деді Джиния.

— Онда ештеңе етпес, — деді Гвидо, — бірақ келесі жолы солай деп бірден ашып айт.

Сөйтіп арада жарты сағаттай өтті, бірақ одан Амелия жайында, өзі жайында, картиналары жөнінде, кешкілік немен айналысатыны хақында, өзін сүйетін-сүймейтіні турасында — осындай көптеген жайлар төңірегінде егжей-тегжейлі сұрап білгісі келген Джинияның бұған ақыры батылы жетпеді, бар-жоғы тек оны перденің тасасына баруға ғана көндіре алды, өйткені жарықта жұрт оларға қарап тұратындай сезімде болған. Сол жерде, екеуі сүйісіп жатқан кезде, Джиния оған ақырын ғана: "Кеше қатты ауыртқаның сонша, бақырып жіберуге шақ қалдым" дегенді айтты, бұдан кейін Гвидо екпінін сәл бәсеңдетіп, құлағына: "Көр де тұр, ол уақытша нәрсе, көр де тұр. Міне, қазір ауыртты ма?" деп сыбырлап, оны жұбатып, аймалауға кірісті. Кейін, екеуі бір-бірін денесінің қызуымен жылытып, жан рақатын тауып маужырап жатқан шақта, Гвидо оған көп нәрсені түсіндіріп берді, "сендей қызға жаманшылық жасамаймын, бұл жайында алаңдамауыңа болады" деді. Сол арада Джиния қараңғыда оның қолын қармап, сүйіп алды.

Гвидоның жақсы жігіт екенін білгеннен кейін Джинияның батылдығы арта түсті, осы себепті оның иығына басын қойып, өзіңмен әрдайым оңаша кездескім келеді, себебі өзіңмен бірге болған маған өте ұнайды, ал басқалармен олай емес деді.

— Кешкісін мұнда Родригес қонуға келеді, оны қалай далаға қуып салам, — деді Гвидо, — Бұл жер жұмыс істейтін орын ғой, түсінемісің?

Джиния оған өзіне тек бір сағат қана, бірнеше минут қана жететінін, өзінің де жұмыс істеп жүргенін, мұнда күнде кешкісін осы уақытта кіріп шығатынын, бірақ сол кезде тек жалғыз өзі ғана болғанын қалайтынын айтты.

— Родригес мұнда өзің әскери қызметтен босағаннан кейін де келіп жүре ме? — деп сұрады ол — Сенің суретті қалай салатыныңды сондай көргім келеді, бірақ басқа ешкім болмаса екен.

Сосын оған поза көрсетуге қарсы еместігін, бірақ тек жаңағы шарттың орындалуы керегін айтты. Олар қараңғы жерде жатқан, сондықтан Джиния қараңғылық қоюланып кеткенін байқамай қалды. Бұл күні Севериноға жұмысқа құрғақ тамақ ішіп кете баруына тура келді, бірақ мұндай жағдай алғаш рет жолығып тұрмағандықтан, ол бұған ешқандай реніш білдірмейтін. Джиния студиядан Родригес келген соң ғана кетті.

Әскери қызметтен босар алдындағы осынау соңғы күндерде Гвидо кешкілік кенептерге төсеме бояу жағып, оларды кептірді, мольбертті реттеді, өстіп бәрін жөнге келтірумен шұғылданды. Ешқайда шыққан жоқ. Родригестің бұдан былай да онымен бірге тұратыны шешілген мәселе екені байқалды. Бірақ Родригестің барлығын былықтыру мен Гвидоның сіңбіруге мұршасы болмай жатқан кезде бос сөзбен жолын бөгеуден басқа қолынан ештеңе келмейтін. Джиния студияны тазалап, тәртіпке келтіруге қуана-қуана қол ұшын берер де еді Гвидоға, бірақ Родригестің әр нәрсені айтып соқтығып, бұларға қол байлау болатынын жақсы білетін. Істерге іс жоқтықтан Джиния қайтадан Амелиямен қыдырыстай бастады. Көбіне-көп олар киноға баратын, себебі екеуі де бір-бірінен әлдене жасырып жүргендіктен, оларға кешті мылжыңдасумен өткізу ауыр соғатын. Амелияның ойында бірдеңе бары, соны айтудың амалын таппай әуреге түсіп жүргені белгілі еді — ақ сары шашты қыздар мен жігіттер жайында деміл-деміл әзілдеп қоятыны тегін емес-ті. Бірақ Джиния оған әбден бауыр басып қалған, сондықтан сезімін жасыруға шарасыз болатын. Бірде кешкісін, үйге қайтып келе жатқан кездерінде, Амелиядан әлгі суретші әйелмен бәтуаға келген-келмегенін сұрады. Амелия таңырқағандай түр көрсетті де, бұл жайында әңгіме етудің өзі артық екенін айтты.

— Неге олай дейсің, — деді Джиния. — Мен ешқашан поза көрсеткем жоқ, бірақ маған бола бұл жұмыстан айырылып қалсаң, өзімді өте ыңғайсыз сезінем ғой.

— Құдай ақы, қоя тұршы, — деді Амелия. — Сен өзіңе нақсүйер таптың, енді жұртқа түкіргенің бар. Оның дұрыс та шығар. Бірақ сенің орныңда болсам, сақтанған болар едім.

— Не себепті? — деп сұрады Джиния.

— Северино не дейді? Күйеу бала оған ұнай ма? — деді Амелия күліп.

— Не себепті сақтануға тиіспін? — деп сұрады Джиния.

— Тәуір суретшімді тартып аласың да, түк ештеңе білмегендей боласың, ә?

Джинияның жүрегі қылп ете түсті. Амелияның өзінен көз аудармай келе жатқанын сезген күйі бір минуттей үнсіз қалды, сосын:

— Сен Гвидоға поза көрсеттің бе? — деп сұрады.

Амелия оны қолтықтап алды да:

— Әншейін айтам, — дей салды.

Содан соң азды-кем үнсіздіктен кейін:

— Қыздардың қадыр-қасиетін түсінбейтін, алғаш кезіккен біреудің соңынан сүмеңдеп еріп кететін арсыздармен әуейі боп, сау басқа сақина тілегенше, сен де әйел, мен де әйел, екеу боп қыдырғанымыз жақсы емес пе? — деді.

— Бірақ сен Родригеспен көңіл қосып жүрсің ғой, — деді Джиния.

Амелия иығын қиқаң еткізді де, мырс етіп күлді. Сосын:

— Маған бір нәрсені айтшы. Гвидо қалай қылғанда да, тым қатты кетпей ме? — деп сұрады.

— Білмеймін, — деді Джиния.

Амелия оны тоқтатып, иегінен ұстап:

— Бетіме тура қарашы, — деді.

Джиния қарсыласқан жоқ, себебі әңгіме Гвидо жайында боп жатқан. Олар кіре берістің көлеңкесіне кеп тоқтады да, Амелия оны ә дегенше болмай ернінен сүйіп алды.

XI

Олар әрмен кетті, шошынып қалған Джиния ебедейсіз күлімсіреп, оған Амелия үнсіз көз тігіп келе жатты.

— Далапты сүртіп таста, — деді Амелия түк болмағандай.

Джиния жүріп келе жатқан күйі айнасын алып, келесі көше шамына жеткенше айнаға қадалумен болды: көзін қайта-қайта анықтап қарады, шашын түзетті.

— Мені қызыңқырап қалды деп ойладың ба? — деді Амелия, олар көше шамынан әрі асқаннан кейін.

Айнасын салып қойған Джиния түк жауап қатпай әрмен жүре берді. Өкшелерінің тротуарды тық-тық ұрған дыбысы құлақ шыңылдатып тұрған. Бұрышқа жеткенде Амелия тоқтамақшы болған, бірақ Джиния:

— Бізге былай жүру керек, — деді.

Олар бұрыштан айналып әрі кетті, кіре беріске жеткен соң Амелия:

— Жә, енді, әзірге, — деді.

— Әзірге, — деді Джиния, сосын әрмен қарай жалғыз кетті.

Келесі күні ол студияға кірген кезде Гвидо шам жақты, өйткені сыртта күн тұман болатын, терезенің аумақты әйнектерін тұмшалап тастаған тұман бұларды да тұмшалап тұрғандай әсер қалдыратын.

— Керосинканы неге жақпайсың? — деп сұрады Джиния.

— Керосинка жанып тұр, — деді Гвидо. Бұл жолы оның үстінде күрте бар еді. — Қорықпа, қыста камин жағатын боламыз.

Бөлмені аралап жүрген Джиния қабырғаға шегеленген мата кесіндісін көтеріп, тасасынан бума-бума кітап пен не қилы қоқыр-соқырға лық толы кішкене каминді көрді.

— Қандай жақсы. Сонда поза көрсететіндер осы арада тұра ма?

— Егер тыр жалаңаш көрсетсе, — деді Гвидо.

Сосын ол кереует астынан шамадан шығарды, оған жай киімі салынған екен.

— Саған натурашы қыздар поза көрсетті ме? — деп сұрады Джиния. — Сурет салынған папкілеріңді берші маған.

Гвидо оны қолынан шынтағынан жоғарылау жерден ұстады.

— Байқаймын, суретшілер жайында біраз нәрсе білетін сияқтысың. Айтшы, біздің ағайындардан кімдерді танисың?

Ойнақыланып, ерніне саусағын қойған Джиния босап шықпаққа тырысты.

— Одан да маған папкілеріңді көрсет. Амелия екеуің мұнда талай қыздың келгенін айтқансыңдар.

— Белгілі емес пе, — деді Гвидо, — мамандығымның өзі сондай ғой. — Сосын Джиния бұлқына бермес үшін оны сүйіп алды. — Сөйтіп, кімдерді білетініңді айтшы.

— Ешкімді де, — деді Джиния оны құшақтап. — Мен тек жалғыз сені ғана білсем деймін және мұнда енді ешкімнің келмегенін тілеймін.

— Онда ішіміз пысып кетер еді, — деді Гвидо.

Бұл кеште Джиния еден сыпырғысы келген, бірақ еден шөткесі жоқ боп шықты, бұдан соң ол ең болмаса перденің ар жағындағы жабайы аңның апанындай боп сасып кеткен төсекке жаңа ақ жайма жабайын деп шешті.

— Сен осы арада ұйықтайсың ба? — деп сұрады ол.

Гвидо түнде жұлдыздарға қарағанды ұнататынын, сондықтан тахтада жататынын айтты.

— Ендеше жаймасын ауыстырмаймын, — деді Джиния.

Келесі күні ол қол сөмкесіне кішкене түйіншек салып келді.

Бұл Гвидоға арналған галстук болатын. Гвидо қалжыңдап оны өзінің жасыл-сұр түсті гимнастеркасына шақтап көрді.

— Жай киім киген кезіңде бұл саған үйлесе кетеді, — деді Джиния.

Бұдан соң олар перденің ар жағына өтті де, бөлме салқын болғандықтан көрпе жамылып, жиналмаған төсекке жата кетіп құшақ айқастырды. Гвидо оған өзі сыйлық беруге тиіс екенін айтты, ал Джиния болса, мұрнын кіржитті де, студияға еден шөткесін алуын сұрады.

Екеуі осылай тиіп-қашып жолығысып жүрген бұл күндер керемет қызықты болатын, тек оларға оңаша отырып асықпай әңгімелесуге ешқашан уақыт табылмайтын, себебі Родригестің аяқ асты кіріп келуі мүмкін еді, ал Джиния анау өзін жалаңаш күйде көріп қала ма деп дегбірсізденумен болатын. Бірақ соңғы күндердің бірінде Гвидо оның алдында өзін қарыздар сезініп жүргенін айтты, сөйтіп олар кешкі астан кейін бір жаққа бармаққа уәделесті.

— Киноға барайық, — деді Гвидо.

— Не үшін? Одан да қыдырайық, екеуміз бірге серуендегенге ештеңе жетпейді.

— Күн салқын ғой, — деді Гвидо.

— Онда кафеге немесе би залына баруымызға болады.

— Би дегенді суқаным сүймейді, — деді Гвидо.

Олар кешкісін кездесті. Көшеде сержантпен бірге келе жатқаны Джинияға бір түрлі ақылға қонбайтын нәрсе секілді көрінді, бірақ мұның сол баяғы Гвидо екенін ол өзіне-өзі іштей қайталап айтумен болды. Әуелде Гвидо оны кішкентай қыз құсатып қолынан ұстап келе жатқан, алайда офицерлерге әлсін-әлі сәлем ишаратын жасауға мәжбүр болғандықтан, Джиния арғы жағына шықты да, оның қолына өзі жармаса кетті. Олар осылай келе жатты, ал Джинияға тіпті көшенің өзі басқа секілді боп көрінді.

"Амелияны кезіктіріп қалсақ қайтер едік?" деп ойлады ол сосын күлкіден әзер тежеліп, Гвидоға синьора Биче жайында айтып берді. Гвидо қалжыңға сайып:

— Үш күннен кейін мына маймылдарға сәлемдесуден құтылам. Қарашы кеспірлеріне — кірпішпен бір пергенді тілеп тұр емес пе, — деді.

— Амелия да жүргіншілерді мысқылдағанды ұнатады, — деді Джиния. — Тұра қалады да, беттеріне қарап сақ-сақ күледі.

— Амелия кейде шектен шығып кетеді. Оны көптен білетін бе ең?

— Біз көрші тұрамыз, — деді Джиния. — Ал өзің ше?

Сол жерде Гвидо әне бір жылы студияны жалға алғаны, өзіне студент достарының келіп тұрғаны, біреуінің кейін монах боп кеткені турасында айтып берді. Амелия ол кезде натурашы емес-ті, бірақ көңіл көтергенді керемет ұнататын, олар оған күндіз де, түнде де келіп, ырду-дырду жасап, шарап ішіп отыратын, ал бұл кезде ол жұмыс істемек боп әуреленіп жататын. Амелиямен қалай танысқаны Гвидоның есінде жоқ. Кейін достарының бірі армияға кетті, екіншісі емтихан тапсырды, үшіншісі үйленді, сөйтіп көңілді күндер де тәмам болды.

— Бұған өкініп жүрсің бе? — деді Джиния, Гвидоға жалтақтай қарап.

— Көбінесе монах жайында ғана өкінем, кейде ол маған хат жазады, қалай жұмыс істеп жатқанымды, ескі достардан кімдермен кездесіп тұратынымды сұрайды.

— Саған басқалары да жазса болмайтын ба еді?

— Оның маған керегі қанша, түрмеде отырғам жоқ қой, — деді Гвидо. — Картиналарым жалғыз тек әлгі монах боп кеткен жігітке ғана ұнайтын. Оны көрсең етті: өзім секілді ұзын бойлы, еңгезердей еркек, бірақ көзі қыз баланың көзіндей. Өкінішті-ақ, ол бәрін түсінетін.

— Ал өзіңнің монах боп кетуің мүмкін бе, Гвидо?

— Ондай қауіп жоқ.

— Родригеске картиналарың ұнамайды. Ал өзі шынымен-ақ священниктен аумайды.

Бірақ Гвидо Родригесті жақтап, ол керемет жақсы суретші, сурет салмас бұрын бәрін алдын-ала ойластырып алады, нендей іспен болсын кездейсоқ айналыспайды, жұмыстарына тек бояу ғана жетіспейді деді.

— Оның отаны бояуға ғаламат бай, — деді ол — Бала кезінде соған мелдектеп тойған, енді бояусыз салғысы келеді. Бірақ көзі қандай десеңші, қолы қандай!

— Бояумен салған кезіңде маған көріп тұруға рұқсат етесің бе? — деді Джиния оның қолын қыса түсіп.

— Егер тек әскери киімімді шешкеннен кейін сондай сурет салуға қабілетті болсам. Рас, бұрын кәдімгідей-ақ жұмыс істегем. Апта сайын бір картина салғам. Ол кезде қандай іс болсын әрі тез, әрі тәп-тәуір тындырылатын. Ол күндер өтіп кетті.

— Ал менің саған ешқандай септігім жоқ па? — деп сұрады Джиния.

Гвидо оның қолын кеудесіне басты.

— Күннің жүзі көрінбесе жаздың да қызығы жоқ, ал сен күн емессің ғой. Картина салу дегеннің не екенін сен білмейсің. Ақылым толығуы үшін саған ғашық болуым керек еді, бірақ онда уақытымды жоғалтар ем. Саған айтып қойғаным артық болмас, өзін түсінетін достары бар адам ғана өнімді жұмыс істей алады.

— Сонда сен ешқашан ғашық боп көрген жоқсың ба? — деп сұрады алдына қарап жүріп келе жатқан Джиния.

— Ғашық болдың ба деймісің? Ондайға уақытым жоқ.

Көше кезуден шаршаған олар өздерін ғашықтар іспетті көрсетпек боп кафеге тартты. Гвидо шылым шегіп, Джинияның кіріп-шығып жатқан келімсектерге көз тастап қойып айтып жатқан әңгімесін тыңдап отырды. Оның көңілін көтеру үшін мәрмәр үстелге қырынан қарағандағы суретін қарындашпен салып қойды. Маңайда ешкім жоқ кездің орайын тауып Джиния оған:

— Ешкімге ғашық болмағаныңа сондай қуаныштымын, — деді.

— Бұл саған ұнайтын болса, тіптен жақсы, — деді Гвидо.

Кеш көңілсіздеу аяқталды, себебі шешесінің амандық-саулығын білу үшін Гвидо әскери қызметтен босаған бойда туған жеріне барып-қайтуға тиіс екен. Джиния Гвидодан оның үйі, отбасы, балалық шағы, әкесінің айналысатын ісі жайында сұрап, қолынан келгенінше өзін жұбатып бақты. Луиза есімді қарындасы барын білді, оған қоса Гвидо, турасын айтқанда, қарапайым шаруа боп шықты — бұл оған ұнамай қалды. "Бала кезімде жалаңаяқ жүргем" деп шынын айтты ол күліп; оның қолы неліктен сонша әлеуетті, дауысы неліктен сонша зор екенін Джиния тек сонда ғана білді. Шаруадан суретші шығатынына оның сенгісі келмеді, ал Гвидо, таңқаларлығы, мұны мақтан тұтумен болды, сосын Джиния: "Бірақ сен осында тұрасың ғой" дегенді айтқанында, оған нағыз суретші деревняда тұруға тиіс деп жауап қатты.

— Бірақ сен осында тұрасың ғой — деп қайталады Джиния, сол кез Гвидо:

— Тек жотаның басында ғана жаным жай табады, — деді.

Содан бері Джиния, неге екені белгісіз, Гвидоның қарындасы болу бақытына қол жеткізген әлгі Луиза жөнінде ойлай беретін болды және оған қызғаныш білдіретінді шығарды, сондай-ақ бозбала шағында Гвидоның онымен не жайында сөйлескенін көз алдына елестетуге тырысып бақты. Амелияның неге оған ашкөздік білдірмегенін енді ғана түсінді. "Егер ол суретші болмаса, қарапайым мұжық боп қалар еді" деп ойлады Джиния, сосын оны наурыз айында солдатқа алынатын, мойынына орамал салып, аңыратып ән айтып жүретін деревня жігіттерінің бірі ретінде көз алдына елестетті. "Бірақ ол осында тұрады ғой, — деп ойлады Джиния, және білімді, студент болған, оған қоса шашымыздың да түсі бірдей. Қызық, Луиза да аққұба ма екен?" Сол күні кеште Джиния үйіне келген бойда есікті кілттеп тастады да, айна алдына барып шешініп, денесін зер сала қарап шықты. Сол алғашқы жолы Гвидо жанға бататындай әрекет жасағаннан кейін тәнінде әлгінің ешқандай ізі қалмағаны оған таңғаларлық көрінді. Өзін Гвидоның алдында поза көрсетіп отырған секілді елестетіп, Сақалдың студиясында Амелия орындыққа қалай жайғасса, өзі де солай жайғасты. Гвидоның қанша қызды тыр жалаңаш күйде көргенін кім біледі. Ал өзін әлі күнге дұрыстап көре алған жоқ. Осы турасындағы ойдың өзінен жүрегі атқақтап қоя берді. Ойламаған жерден Амелия құсап қараторы, сымбатты және самарқау боп шыға келсе ғой, шіркін. Ал былайынша, Гвидоға ол тыр жалаңаш көріне алмайды. Бұл үшін әуелі олар үйленуге тиіс.

Әйтсе де, қанша жерден ғашық болмасын, оның өзіне үйленбейтінін Джиния білетін. Мұны оған өз ықтиярымен берілген сол алғашқы түнде-ақ білген. Барған кезінде Гвидоның жұмысын тастай сап, онымен бірге әлі күнге перденің ар жағына өтіп жүргенінің өзіне де рақмет. Тек оған натурашы болғанда ғана онымен кездесуін одан әрі жалғастыра алатынын ол түсінетін. Әйтпесе сәті түскен бір күні басқа бір қызды ала қояды.

Айна алдында тыр жалаңаш отырған Джиния тоңа бастады, терісінің бүртіктеніп кеткенін сезіп, пальтосын жамыла салды. "Поза көрсетсем тап осындай болар едім" деді ол, қымсыну дегеннен бей мақұрым Амелияға іштей қызғаныш білдіріп.

XII

Гвидо жол жүрер алдындағы сол күнгі кеште оның құшағында жатқан Джиния жан рақатын табу үстінде жан тапсыру дегеннің не екенін аяқ асты ап-анық сезінді; әл-дәрменнен айырылып әлсіреп қалғаны сонша, оған не болғанын білу үшін Гвидо пердені түріп тастады, бірақ ол қолымен бетін баса қойды. Кейін Родригес келіп Гвидомен мылжыңдаса бастаған кезде Джиния некелі болмау мен күндіз-түні бірге жүре алмаудың нендей нәрсе екенін жақсы ұғынды. Баспалдақтан абыржып-абдыраған ахуалда төмен түсіп келе жатты, оған қоса өзінің өзгергеніне, бұрынғыға ұқсамайтынына және мұны жұрттың бәрі біліп тұрғанына нық сенімді болатын. "Махаббаттың әлденендей бір тыйым салынған нәрсе саналатынының себебі де осы екен ғой, әңгіме қайда" деп түйді ол Мұны Амелия да, Роза да бастан өткерді ме екен деп дал болды сосын. Витриналардан өзінің мас адам сияқты жүріп келе жатқанын көрді, осынау көлеңке секілді елбектеген буалдыр бейне де оның басқа біреуге айналғанын дәлелдеп тұрғандай еді. Актриса атаулының неліктен көзі кілмиіп нәуетектеніп жүретінін ол енді ғана түсінді. Бірақ жүкті болуға мұның сірә да қатысы жоқ шығар деп ойлады ол, өйткені, әдетте, актрисаларда бала болмайды ғой.

Северино шығып кеткен бойда Джиния есікті құлыптап алды да, айна алдына кеп тыр жалаңаш шешінді. Бірақ өзінің сол баяғы қалпында екенін байқады, бұл оған мүлдем ақылға сыйымсыз көрінді. Ол терісі тәнінен сылынып қалғандай сезімде болды, оған қоса салқыннан аздап шімірігіп те тұрды, бірақ ол өзгермеген еді, сол баяғыдай қуқылтым, әдеттегідей аппақ болатын. "Осы арада Гвидо болғанда, — деген ой қылаң берді, — оған өзіме көз салуға рұқсат етер ем. Енді өзімнің нағыз әйелге айналғанымды айтар ем".

Жексенбі де жетті, бірақ оны Гвидосыз өткізудің қызығы болған жоқ. Амелия келді, Джиния бұған қуанып қалды, себебі енді одан қорықпайтын және Гвидо жайындағы ойларымен отырып оның сөзіне мән бермеуіне болатын. Джиния оның бет алды мылжыңдауына бөгет жасамады, ал өзі бұл кезде өз құпиясы жайында ой кешумен болды. Бейшара Амелия жалғыздықтың зардабын өзінен де гөрі көбірек тартып жүрген-ді.

Амелия да қайда барарды білмейтін. Күн бұлыңғыр әрі салқын еді, даланы дымқыл тұман басып тұрған, тіпті футбол да қызықтырмайтын. Амелия бір шыны аяқ кофе сұрап ішті және үйде қалып, тахтада жатып әңгіме соғуға да кетәрі емес-ті. Бірақ Джиния қалпағын киіп алды да:

— Шығайық. Жотаға барғым кеп тұр, — деді.

Таңқаларлығы, Амелия қарсылық білдіре алмады: бұл күні ол біртүрлі болбыр еді. Асығарлық ештеңе жоғы өздеріне жақсы мәлім бола тұрса да, тезірек жету үшін олар трамвайға отырды. Джиния өзі билеп-төстеп, бейне айқын мақсаты бар адамша қай көшемен жүру керегін көрсетіп, Амелияны ертіп келе жатты. Олар тауға көтеріле бастағанда жаңбыр сіркіреп қоя берген, соны көрген Амелия малмандай су болатындары жайында қыңқылдауға кіріскен, бірақ, Джиния:

— Саспа, тұман ғой бұл шөгіп жатқан, — деді.

Осы тұста олар ағаштар аясына, бос жатқан тас жолға шыққан-ды; бұл арада өзіңді дүниенің қиыр шетіне тап болғандай сезінетінсің, тек арықтағы судың шолпылы мен әлде бір тұстан, арт жақтан, трамвайдың тарсыл-гүрсілі ғана талып естілетін. Ауа салқын әрі дымқыл еді; шіри бастаған жапырақ иісі сезіліп тұрған. Амелияға аз-аздап жан кіре бастады, сөйтіп қолтықтасып алған олар өздерінің ауыш боп кеткендерін, мұндай күнде жотаға тіпті ғашықтар да бармайтынын айтып күліп, асфальтпен жылдам басып жүріп бара жатты.

Оларды алабөтен әдемі машина қуып жетті, алға өтіңкіреп барып, жүрісін баяулатты.

— Бізде осындай машина болсашы, — деді Амелия.

Машинадан сұрғылт жеңді қол шығып, оларды шақырған ишарат жасады.

— Жеткізіп тастауға рұқсат етесіздер ме? — деді бір көзінде моноклі бар адам, олар жақындаған кезде.

— Серуендеп қайтамыз ба, Амелия? — деп сыбырлады Джиния күліп.

— Сорлап қап жүрмейік, — деді Амелия. — Қайдағы бір қиян түкпірге апарып түсіріп кетсе, кейін қарай қалай жаяу салпаңдайсың сосын.

Олар жүрісін жалғады, ал ана әумесер жоқтан өзгені шатып, сигнал беріп, соңдарынан еріп келе жатты.

— Жарайды, мен отырайын, туфли тоздырғаннан тәуір ғой әйтеуір, — деді Амелия.

— Ана ақсары қыз бармай ма? — деді машинадан ытқып шыққан қырықтардағы жаңқадай жұқа бейтаныс еркек.

Олар машинаға мінді: Амелия — ортасына, ал Джиния ең шетіне, есікке қарай сығылыса жайғасты. Жұқа синьор рөлге кеп отырып, Амелияны иығынан құшақтады. Оның сүйегі арбиған қоңырқай қолын құлағының нақ түбінен көрген Джиния: "Маған қолын тигізер болса, тістеп алам", деп түйді. Бірақ олар бірден жүріп кетті де, самайында үлкен тыртығы бар әлгі синьор барлық назарын жолға аударды, ал Джиния болса, бетін терезеге тақаған қалпы, Гвидо келгенше осы аптаны осылай машинаға мініп қыдырыстаумен өткізген қандай ғанибет болар еді деп ойлап отырды.

Бірақ бұл қызық осымен тәмам болды. Машина жүрісін бәсеңдетіп, алаңшаға келіп тоқтады. Енді айнала-маңда әдемі жасыл ағаштар жоқ-ты, тұман тұмшалаған, телеграф сымдары сызғылаған бос кеңістік қана жатқан. Жотаның беткейі тік жарғабақ тәрізді боп елестейді.

— Осы арадан түспек пе едіңіздер? — деп сұрады бұларға қарай бұрылған монокльді синьор. Онысын көзінен әліге де дейін алмай келе жатқан.

Сол арада Джиния оқыстан:

— Сіздер кафеге бара беріңіздер. Мен жаяу қайтам, — деді.

Амелия таңырқап қалғандай түр көрсетті.

— Бұл неғылған нақұрыстық, — деді еркек.

— Мен жаяу қайтам, — деді Джиния қайталап. — Сіздер екеусіздер, үшінші біреу артық болады.

— Жарымес, — деді Амелия оған сыбырлап, екеуі машинадан түсіп жатқан кезде, — мынаның құр сөзбен шығарып салмайтынын, ақша төлейтінін қалайша түсінбейсің?

Бірақ, Джиния пируэт5 жасады да:

— Көп рақмет сізге! Құрбымды үйіне апарып салыңыз! — деп айқайлады.

Жолға шыққан ол төңіректі жайлаған тыныштыққа құлақ тігіп тұрып қалды — тұман арасынан от алған мотор дыбысы естілмес пе екен деген. Сосын күліп жіберді де, етекке қарай түсе бастады. "Міне, көрдің бе, Гвидо, сенің алдыңда тазамын ғой" деп ойлады ол, соны айтып салқын ауа мен жаңбыр иісін құшырлана жұтып, беткейлерге көз жіберді. Гвидо да қазір жалаңаш жоталар арасында, туып-өскен өңірінде еді. Бәлкім, ол қазір үйінде, жанып жатқан от жанында шылым шегіп отырған шығар: жылыну үшін студияда шылым шегетіні бар емес пе еді. Осы сәт Джиния жүрісін үзіп тоқтай қалды, себебі перденің ар жағындағы жылы да қараңғы қуысты, бейнебір тап қазір сол арада тұрғандай, көз алдына ап-анық елестеткен еді. "Ой, Гвидо, оралшы тезірек" деді іштей, қолын пальтосының қалтасына салып алған ол жұдырығын түйе түсіп.

Джиния үйіне ерте келді, бірақ шаршап, шашын су қылып, шұлығын балшыққа былғап келді; өз ойымен өзі боп кеткендіктен жалғыздықтан жапа шегуге мұғдарлы болмады. Төплиін шешіп, тахтаға жатты, сосын, бойы жылынған соң, Гвидомен мылжыңдасты. Алабөтен әдемі машина жайында ой кешті, одан соң Амелияның қалай құшақ қызығына түсіп жатқанын көз алдына елестетті, әлгі синьорды оның бұрыннан білуі де әбден мүмкін-ау деп ойлады.

Северино келген кезде оған ательеде жұмыс істеуден әбден мезі болғанын айтты.

— Олай болса кет те қал, басқа бір орын тауып ал, — деді ол аспай-саспай. — Тек енді мені ас-сусыз қалдырма. Шаруаларыңды тындыратын басқа бір қолайлы уақыт тап.

— Онсыз да мұрнымнан шаншылып жүрмін.

— Үйде отырғаның дұрыс дегенді мамамыз саған қанша айтты. Ақшаны күреп тауып жүрген кісідей!

Джиния тахтадан ұшып тұрды:

— Биыл зиратқа барған жоқпыз.

— Мен бардым, — деді Северино. — Мүләйімсіме, мұны сен жақсы білетінсің.

Ателье жайында Джиния жай әншейін айта салған. Табысы қаншалықты аз болғанымен, мұндай ақша қалтасында жүрмесе киетін киімге де зар болар еді, ыдыс-аяқ жуғанда қолы жарылмас үшін резеңке қолғап та сатып ала алмас еді. Қалпаққа, әтірге, далапқа және Гвидоға беретін сыйлықтарға да ақша таппас еді, сөйтіп фабрикада істейтін Роза секілді қыздардан еш айырмашылығы болмас еді. Оған жетпейтіні тек уақыт болатын. Оған қажеті түс кезінде аяқталатын жұмыс еді.

Екінші жағынан, бірдеңемен айналысқанның өзіндік пайдасы да бар. Егер үйде отыратын болса, Гвидодан қол үзіп қалған бұл күндері немен шұғылданар еді? Бір бөлмеден екінші бөлмеге өтіп, ұзақты күн бойы әрлі-берлі теңселумен боп, әбден миы ашып, мәңгіріп қалғанша бір ғана нәрсе жайында қайта айналып ойлай берумен шұғылданар ма еді? Ал, айналысар ісі болған соң, Джиния келесі күні таңертең тұрды да ательеге кетті, сөйтіп күн де өте шықты. Жүгіріп үйіне барып Севериноға дәмді етіп кешкі ас әзірледі: осы күндер ішінде Джиния ағасының барынша бабын табуды ұйғарған, себебі кейін оның кей-кейде ыстық тамақсыз қалары анық-ты.

Амелия көрінбей қойды. Кей күні кешкісін Джиния кафеге баруға да құлшынған, бірақ Амелияны іздемеуге өзіне серт бергенін есіне алып, керек болсам өзі келер деп ойлап үйде отырып қалған. Тіктіргісі кеп жүрген көйлегінің үлгісін көрсетпек боп бір жолы Роза төбе көрсетті, Джиния болса, онымен тіпті не жайында сөйлесерін де білмеді. Олар Пино жөнінде әңгіме етісті, бірақ Роза қазір басқа біреумен қыдыратыны жөнінде жұмған аузын ашқан жоқ. Тек не істерді білмей іші пысып өлердей боп жүргенін айтып:

— Бірақ, амал қанша? Күйеуге шықсаң көрген күнің күн болмайды, — дегенді қайталай берді.

Гвидо жайындағы жабысқақ ой Джинияға ұйқы бермей қойды; ара-тұра тіпті: тезірек қайтып оралуы керегін Гвидо қалай түсінбейді екен деп ашуланып та жүрді. "Оның дүйсенбі күні келер-келмесін кім біледі, — деп ойлады ол, — бәлкім, келмейтін де шығар". Джинияның дүниедегі ең жек көретін адамы — Луиза болатын, себебі ол Гвидоның қарындасы еді және ағасымен күні бойы дидарласа алатын. Тынышы кеткені сонша, студияға барып Родригестен Гвидо сөзіне тұратын адам ба деп те сұрағысы келді.

Бірақ оның орнына Джиния Амелиямен жолығысу үшін кафеге барды.

— Қалай, жексенбіде жақсы көңіл көтердің бе? — деп сұрады ол.

Шылым шегіп отырған Амелия әдетінше езу тартып күлген жоқ, тек ақырын ғана:

— Жақсы, — дей салды.

— Сені үйіңе жеткізіп салды ма?

— Әрине, — деді Амелия. Сосын: — Неге қашып кеттің? — деп сұрады.

— Ана кісі ренжіп қалды ма?

— О не дегенің, — деп жауап қатты Амелия, оған тесіле қарап отырып. — Ол тек: "Ақылды қызалақ" деді де қойды. Неге қашып кеттің?

Джиния ұялғаннан беті ду ете қалғанын сезді.

— Шынымды айтсам, монокль таққан кеспірі кісінің күлкісін келтіреді.

— Жарымес, — деді Амелия.

— Родригес қалай?

— Ол жаңа ғана кетті.

Олар үйге бірге қайтты, сосын Амелия оған:

— Соңыра саған соғып шығам, — деді.

Бұл кеште бір жаққа бара қояйық деп ешқайсысы құлшынған жоқ. Ыдыс-аяқты жуып болған соң Джиния Амелия жатқан тахтаның шетіне кеп тізе бүкті.

Олар ұзақ уақыт бойы жақ ашпады, сосын Амелия өзінің қырылдаған дауысымен:

— Ақылды қызалақ, — деді.

Джиния отырған қалпы иығын қиқаң еткізді, Амелия қолын созып, оны шашынан сипады.

— Тиіспеші маған, — деді Джиния.

Ауыр күрсініп алған Амелия шынтағына көтерілді.

— Мен саған ғашықпын, — деді ол дауысы қырылдап. Селк ете түскен Джиния оған қадала қарап қалды. — Бірақ сені сүйе алмаймын. Мерезбен ауырам.

XIII

— Оның не екенін білетін бе ең?

Джиния үнсіз бас шұлғыды.

— Ал мен білген жоқпын.

— Ауыратыныңды саған кім айтты?

— Дауысымның қандай екенін естіп отырған жоқсың ба?

— Бұл темекіден ғой.

— Мен де солай деп ойлағам, — деді Амелия. — Бірақ бізді жексенбіде машинасына отырғызған мейірбан адам дәрігер болатын. Қарашы.

Ол блузкасының ілгегін ағытып, бір емшегін шығарды.

— Бұның мерез екеніне сенбеймін, — деді Джиния.

Амелия емшегін ұстап отырған күйі оған тікілене көз тастады.

— Ендеше сүйе ғой, — деді ол бәсең үнмен, — міне, мына ісініп тұрған жерден.

Олар бір минуттай бір-біріне қас қақпай қарап қалды; сосын Джиния көзін жұмды да, Амелияның кеудесіне қарай еңкейді.

— Жә, қоя тұр, қажеті жоқ, — деді Амелия, — онсыз да сені бір рет сүйіп алғам.

Джиния тұла бойын мұздай тер басқанын сезді, сосын беті қып-қызыл боп ебедейсіз езу тартты. Амелия оған үн-түнсіз қарап отырды.

— Қандай ақымақсың сен, — деді ол ақыры. — Гвидоға ғашық боп жүрген, сөйтіп мені мүлдем естен шығарған дәл қазіргі шағыңда мені сүйетініңді дәлелдегің келеді. — Ол блузкасының ілгегін сала бастады, сол арада Джиния оның қолының еті қашқанын көрді.

— Мені мүлдем естен шығарғаныңды мойында.

Джиния не айтарды білмеді, себебі әлгіндей іске қалайша тәуекел етпек болғанын өзі де түсіне алмай дал боп отыр еді. Бірақ ол Амелияға ренжіген жоқ, өйткені тыр жалаңаш қалпындағы суреті бейнеленген парақтардың, позалары мен айтқан әңгімелерінің астарында не жатқанын енді ғана түсінген болатын. Ол Амелияның шер тарқатуына ерік берді, алайда өзінің зықысы шығып отырған: мұндай күйді бала кезінде суға шомылу үшін пеш жанындағы орындыққа шешініп жатқан шақта бастан кешетін.

Бірақ Амелия ауруды қан арқылы анықтайтынын айтқанда Джиния шошып кетті.

— Қалайша сонда? — деп сұрады ол.

Амелия баяндап берген соң кішкене жеңілейіп қалды. Анау Джинияға инемен қолдан қан алатынын, өз қанының қап-қара боп кеткенін айтты. Сосын шешінуге мәжбүр ететінін, жарты сағаттан астам салқын жерде ұстайтынын, дәрігердің дәйім ашулы болатынын және ауруханаға аттандырам деп қорқытатынын мәлім қылды.

— Оның өйтуге қақы жоқ, — деді Джиния.

— Сен әлі сары ауыз балапансың, — деді Амелия. — Қаласа, ол мені тіпті түрмеге де отырғыза алады. Мерездің не екенін сен әлі білмейсің.

— Сонда оны қайдан жұқтырып жүрсің?

Амелия оған көзінің астымен қарап қойды.

— Мерезді төсектен жұқтырады.

— Бұл үшін екеудің бірі әуелден ауру болуға тиіс қой.

— Әлбетте, — деді Амелия.

Тахтада отырған Амелия төсін блузкасының сыртынан ұстаған күйі бір нүктеге қадала қарап қалған-ды; шілтер тақпаған, тығырыққа тірелгені түр-әлпетінен аңғарылып тұрған ол бөтен біреу секілді көрінетін. Ауық-ауық қызыл иегін көрсете тістеніп қояды.

— Родригестің түрін көрсең етті, — деді ол кенет сол баяғы қарлыққан дауыспен. — Мерезден адам соқыр боп қалады, тұла бойы жарадан қабыршақтанып кетеді деп оның өзі айтып отыратын. Оған ауру екенімді хабарлағанымда беті шүберектей бозарып кетті. — Амелия түкіргісі келгендей ернін шүйірді. — Қашан да солай. Ол құлан таза боп шықты.

Джиния асығып-үсігіп одан: бұған көзің анық жете ме, деп сұрады, Амелия сасып қалды.

— Абыржымай-ақ қой, одан да қан алды. Ондай сүмелектердің жаны сірі келеді. Не, сен Гвидоны ойлап қорқып отырсың ба?

Джиния езу тартпақ боп далбасалады, көзі жыпылықтап кетті. Амелия үнсіз қалды, — үнсіздігі тұтас бір жылға созылғандай көрінді, — сосын:

— Шын айтам, Гвидо маған ешқашан жолаған емес, — деді.

Джиния керемет қуанып кетті. Қатты қуанғаны сонша, қолын Амелияның иығына қойды.

— Маған жанасудан қорықпайсың ба? — деді анау.

— Мен төсектесің емеспін ғой, — деп дыбдырлады Джиния.

Амелия Гвидо жайында әңгімелеуге кірісті, бұдан соң Джиния жүрегінің атқақтағаны да біртіндеп басылды. Амелия оған: Гвидомен тіпті сүйісіп те көрген емеспін, өйткені көрінгеннің бәрімен ашына — жай бола беруге болмайды ғой, деді. Бірақ Гвидоның өзіне ұнайтынын, алайда оның неліктен Джинияға да ұнайтынын түсінбейтінін, себебі ол да, бұл да ақсары екенін айтты. Әлгінде ғана үрейден тұла бойы мұздап кеткен Джиния денесінің жылынып бара жатқанын сезді, содан жаны рақат таба бастады.

— Егер Родригесте ештеңе болмаса, сенде де ештеңе болмағаны, — деді ол — Дәрігерлер қателескен шығар.

Амелия оған қабағының астымен қарады.

— Маған ауру жұқтырған сол деп отырсың ба?

— Білмеймін, — деді Джиния.

— Саған айттым ғой, оның зәресі ұшып кетті деп, — деді Амелия. — Жоқ, ол емес. Бірақ құдайдың қарғысынан қашып құтыла алмайсың. Мұны маған сыйлаған ана сұрқия қатынның ауруы менікінен де асқынып кеткен. Ол мұнысын әлі білмейді, соқыр боп қалғанша солай жүре берсін.

— Сонда бұл саған әйелден жұққан ба? — деп сұрады Джиния бәсең дауыспен.

— Сырқатқа шалдыққаныма екі айдан асты. Сол қатынның сыйлығы бұл, — деді Амелия, төсіне қолын тигізіп.

Кештің өне бойында Джиния қолынан келгенінше оның көңілін көтермекке тырысты, сонымен қоса Амелияның өзіне жанаспауын да қадағалады және екеуінің тек қолтықтасып қана жүргенін еске алып өзін-өзі тыныштандырумен болды, оның үстіне Амелияның өзі оған әлденендей сызат-жарасы бар адам ғана ауруға шалдығатынын, өйткені кесел қанда болатынын айтқан-ды. Одан соң Джиния, жария қылуға тәуекелі жетпесе де, мұндай нәрселер нақ осы Амелия секілді күнәкарлардың ғана басына тап болатынына кәміл сенімді еді, ондай жағдайда, ойлап қарасақ, бәріміз де сырқат болуға тиіспіз ғой.

Екеуі баспалдақпен төмен түсіп келе жатқан кезде Джиния оған әлгі әйелден өш алғаның дұрыс емес, өйткені анау өзінің ауру екенін білмесе, оны кінәлауға болмайды дегенді айтты. Тепкішекте тұра қалған Амелия оны бөліп жіберді де:

— Онда, бәлкім, оған гүл шоғын жіберуім керек шығар? — деді.

Олар ертең кафеде кездесуге уәделесті, Джиния оның соңынан көңілі алабұртқан күйде қарап қалды.

Бірақ ертеңіне бейжай, сүлесоқ халде оянды. Үйден көше шамдары әлі жанып тұрған шақта, әдеттегіден бір сағат ерте шықты да, жүгіре басып студияға қарай тартты. Родригес әлі ұйықтап жатқан шығар деп ойлап, бірден жоғары көтерілуге батпады, сөйтіп төсекте олай-бұлай аунақшығанда қандай сезімді бастан кешетін болса, тап сондай сезіммен терезе түбінде суықтан бүрсең қағып әрлі-берлі теңселіп жүре бастады. Қалтырап тоңған ол ақыры жоғары көтеріліп, есік қақты.

Родригестің бұтында пижамасы бар екен. Бұған ұйқылы-ояу күйде меңірейе қарады да, баяғыша барынша бырығып жатқан әрі барынша жарық бөлмені секектей басып жүгіріп өтіп, кереуеттің шетіне барып отырды. Джиния әлдене жайында дыбдырлай бастады, ал Родригес анау өзінен дәрігерге бардың ба деп сұрағанша тобығын қасумен болды. Сол арада екеуі Амелияны жерден алып, жерге салуға кірісті. Родригестің жеркенішті аяғына қарағысы келмей, жүзін басқа жаққа бұрып тұрған Джинияның қатты толқығаннан тіпті даусы дірілдеп кетті.

Сосын Родригес:

— Төсекке жатам, тоңып қалдым, — деді де, көрпесін жамылып жата кетті.

Бүрсең қағып тұрған Джиния оған ана жолы Амелияның өзін сүйіп алғанын айтқанда анау шынтағына көтеріліп күліп жіберді.

— Ендеше, сен де маған мұңдас екенсің ғой, — деді ол, — Тек сүйді де қойды ма?

— Иә, — деді Джиния. — Бұл қауіпті ме?

— Қалай сүйді?

Джиния ұқпай қалды. Родригес оған не сұрағысы келгенін түсіндірген соң, Джиния Амелияның өзін басқадай бір пиғыл-ниетпен емес, бір қыз екінші қызды қалай сүйсе, ол да солай сүйгенін айтып ант-су ішті.

— Ендеше бұдан түк те болмайды, босқа абыржыма, — деді Родригес.

Джиния перденің жанында тұр еді; үстел үстінде көмескілеу жылтырап лас стақан тұрған, айналасында апельсин қабықтары шашылып жатқан.

— Гвидо қашан келеді? — деп сұрады Джиния.

— Дүйсенбіде, — деді Родригес, сосын стақанды нұсқап: — Көрдің бе? Оны натюрморт тосып тұр ғой, — деп қосып қойды.

Джиния езу тартып күлді де, есікке қарай бет алды.

— Отыра тұр, Джиния. Кел, мына араға, кереуетке отыр.

— Жұмысқа баруым керек, кешігіп қалам, — деді Джиния.

Родригес өзін оятып жібергенін, енді онымен тіпті бір минут бірге болғысы да келмейтінін айтып оған өкпе арта бастады.

— Жанап өткен қатердің құрметіне, — деді ол.

Джиния түріліп қойған перденің жанына, кереует шетіне тізе бүкті.

— Амелияға сондай жаным ашиды, — деді ол — Бейшара-ай. Қатты қайғырып жүр. Мерезден адам шынымен соқыр боп қала ма?

— Жоға, — деді Родригес, — сауығып кетеді. Оның сау жерін қалдырмай ине шаншады, кей жерлерінің терісін кесіп тастайды, сосын, көр де тұр, сол дәрігер әлі онымен төсекке де жатады. Өтірік айтсам оңбай кетейін.

Джиния күлкісін тежеуге тырысып бақты, ал әңгімесін әрмен жалғаған Родригес:

— Ол сендерді жотаға алып барды ма? — деп сұрады.

Осыны айтып отырып ол Джинияның қолын құдды бір мысықты арқасынан сипағандай сипалаумен болды.

— Қолың қатып қалыпты ғой, — деді ол — Жылыну үшін көрпеме кіре қойсаң қайтеді?

Джиния "керегі жоқ, керегі жоқ" деп дыбдырлаған күйі оған мойынынан сүйгізді, сосын қып-қызыл боп кетті де, ұшып тұрып сыртқа қарай жүгіре жөнелді.

XIV

Кешкісін Родригес те кафеге келіп, көрші үстелдің Джиния отырған жақ бетіне жайғасты.

— Дауыс қалай? — деп сұрады ол ойыны әлде шыны екені белгісіз.

Дәл осы кезде Джиния мерезден сауығып шығуға болатынын айтып Амелияны жұбатуға тырысып жатқан, енді аузын жаба тұруға тура келетініне өзі де қуанып қалды. Родригес екеуі бір-біріне көз қиығын тастап қана қойды.

Амелия да үнсіз отырған, Джиния уақыт қанша болғанын сұрауға енді оқталған кезде Родригес кекесінді үнмен сөйлеп қоя берді:

— Жетісіпсің, жас балаларды да жолдан тайдырып жүр екенсің ғой өзің, — деді.

Амелия мұның мәнін бірден ұға қойған жоқ, қорқып кеткен Джиния оның жауабын тосып көзін тарс жұмып алды. Көзін қайта ашқан кезде Амелияның зілдене сөйлеген даусын естіді:

— Мына жарымес қыз саған не шатып жүр?

Родригес, шамасы, аяушылық жасайын деген шығар, өйткені:

— Бұл маған бүгін таңертең кіріп шықты, ол кезде әлі төсекте жатқам. Өзің жайында сұрады, — деді.

— Еріккен неме, — деді Амелия.

Бұл күндері Джиния барынша инабатты болуға тырысты, сөйткенде Гвидо да шынымен келетініне сенімді еді. Ол тағы да Родригеспен жолығысуға барды. Бірақ өткен жолғыдай өзіне жармасып жүрер деп қорқып әрі сол бір маубасты ұйқысынан оятқысы келмей, таң алагеуімнен студияға тартқан жоқ, Родригес түстенетін және қайтып оралған кезде Гвидо да тамақтанатын тратторияға6 түс мезгілінде барды. Траттория трамвай аялдамасы бар көшеде орналасқан еді, әңгімелесіп, жаңалық білу үшін Джиния оған жолшыбай соға кетті. Ол өзін Амелия секілді ұстап, Родригесті қалжыңмен қағытумен болды, бірақ анау мұның жайын түсінген еді, сондықтан қол жүгіртуден біржола тыйылған. Джиния онымен жексенбі күні Гвидо келер алдында студияны аз-маз ретке келтіріп қоятын боп келісті.

— Біз, мерезбен ауыратындар, ештеңеден қорықпаймыз, — деді Родригес.

Ал Амелия енді онда бармайтын болған-ды. Джиния онымен сенбі күні түс ауа кездесіп, укол салып жүрген дәрігеріне шығарып салды. Олар кіре берісте екі ойлы боп іркіліп қалған, ақыры Амелия:

— Жоғары шықпай-ақ қой, әйтпесе ол сенен де әлденендей бір сырқат тауып алады, — деп салды, сосын баспалдақпен жүгіре басып бара жатып: — Әзірге, Джиния, — деді.

Осыған дейін көңілі сондай көтеріңкі Джинияның жүрегі мұздап қоя берді, сөйтіп үйге қатты жабырқап оралды. Тіпті бүрсігүні Гвидоның келетіні жайындағы ой да оны жұбата алмады.

Сөйтіп, міне жексенбі де көрген түстей өте шықты. Джиния күні бойы студияда болды — сыпырды, шаң сүртті, бәрін тәртіпке келтірді. Оған қырындау Родригестің қаперіне де кірген жоқ. Джинияға тау-төбе боп жиналған жарамсыз қағаздар мен қоқыр-соқырды қоқыс төгетін жерге шығаруға көмектесті. Сосын олар каминде жатқан кітаптарды шаңнан тазартып, жәшікке құдды бір кітап сөресіне қойғандай етіп жинады. Ал екеуі қылқаламдарды жуып жатқан кезде Джиния жадыланған жандай бір минутқа мәңгіріп тұрып қалды: скипидардың иісі Гвидоны еске түсіріп еді, ол бейне тап осы жерде, қасында тұрғандай боп көз алдына елестеген. Родригес оған аң-таң боп қарап қалды, Джиния езу тартты.

— Жұлмырдың жолы болды, — деді Родригес, бөлмені жинастырып болған Джиния қолына сүлгі ұстап пердеден бері шыққан кезде. — Бөлменің мынадай тап-таза боп тұратыны оның тіпті түсіне де кірмесі кәміл.

Сосын олар бұрышта, керосинка жанында отырып шай ішіп, Гвидоның кітаптар астынан табылған папкілерін қарай бастады, бірақ бұған Джинияның көңілі толмай қалды, өйткені онда тек пейзаждар мен шалдың басы бейнеленген сурет қана бар екен.

— Тұра тұр, тұра тұр, саған не керегін түсіндім, — деді Родригес.

Ұзамай әйелдер бейнесі ағындады. Бұлар сән үлгісін көрсететін суреттерді еске салатын: Джиния қызықтай қарап қалды, себебі бұлар бұдан екі жыл бұрынғы сән үлгісі еді. Одан соң жалаңаш әйелдер жөңкілді. Сосын жалаңаш еркектер пайда болды — қабырғаға арқасын сүйеп, ту сыртынан қарап отырған Родригестен ұялған Джиния бұл парақтардың тезірек бетін аударып жіберді. Ақыры тағы бір киімшең әйел кезікті — бұл белуарына дейін бейнеленген жалпақ бет деревня қызы болатын.

— Мынау кім? — деп сұрады Джиния.

— Қарындасы ғой деймін, — деді Родригес.

— Луиза ма?

— Онысын білмедім.

Джиния оның бақырайған үлкен көзі мен жұп-жұқа ерінін мұқият зерделеді. Бұл қыз ешкімге ұқсамайтын.

— Келісті-ақ, — деді Джиния. — Портреттің бәрі осындай болса ғой. Әйтпесе сендер, суретшілер, салған бейнеде адамдар дәйім ұйқылы-ояу күйде көрініс береді.

— Мұны сен оның өзіне айт, менің бұған түк қатысым жоқ, — деді Родригес.

Джинияның жүрегін қуаныш кернеп кеткен, егер Родригес мұны сезіп қалғанда оны міндетті түрде сүйіп алған болар еді. Ал ол, керісінше, әлденені ойлап қамығып кетті, егер терезе әйнегінен әлі де жарық себелеп тұрмағанда, тахтада отырған Гвидо екен деп ойлап қалған Джинияның оны құшақтап аймалай бастауы да ықтимал еді. Гвидо ойына оралған ол көзін жұмып алды.

— Қандай рақат, — деді Джиния дауыстап.

Сосын ол Родригестен ертең Гвидоның сағат нешелерде келетінін білмейсің бе деп тағы бір қайталап сұрады. Родригес дәл нешеде екенін білмейтінін, бірақ велосипедпен келуі мүмкін екенін айтты. Сол арада екеуі Гвидоның туып-өскен жері жайында әңгімелей бастады да, онда бұрын ешқашан болып көрмеген Родригес қалжың үшін Джинияға ол жақты қаптаған шошқа қора мен тауық қора түрінде суреттеп берді және ол арадан шығып кетудің өзі оңай емес, себебі жолдарының нашарлығы сонша, қазіргідей шақта қарға адым ұзаудың өзі ақирет деді. Джиния қабағын түйіп алды да, одан бос сөзді доғаруын сұрады.

Екеуі студиядан бірге шықты. Родригес енді темекі күлін кез-келген жерге тастай бермеуге уәде етті.

— Бүгін өзі бір жерден сәкі тауып, сонда түнегенім дұрыс па деймін. Қалай қарайсың?

Олар мәз бола күліп, сыртқа шықты. Сосын Джиния трамвайға отырды да, Амелия мен суреттерден көрген қыздары жайында ой кешіп, өзін олармен ойша салыстыра бастады. Амелия екеуінің жотада болғандары күні кеше ғана секілді еді, енді міне Гвидо да қайтып келе жатыр.

Ертеңіне ол ұйқыдан құты қашып, берекесізденіп тұрды. Түскі асқа дейінгі уақыт кірпік қағымда өте шықты. Родригеспен келіскеніндей, Гвидо келсе екеуі кафеде болуға тиісті. Тынысын ішке тартып кафеге жақындаған Джиния витринадан екеуінің үлдірік жанында тұрғанын көрді. Гвидо аяғын көлденең ағашқа қойыпты; плащ кигендіктен түрі көзге жүдеулеу көрінеді. Егер жалғыз тұрса, Джиния оны танымай да қалар еді. Плащының өңірін ашып тастапты, одан сұрғылтым түсті галстугы көрініп тұр — бірақ, бұл Джиния сыйлаған галстук емес еді. Жай киім киген Гвидоны қазір жас жігіт деп айтуға ауыз бармайтын.

Родригес пен екеуі әлдене жайында күле сөйлесіп тұр еді. "Осы арада Амелия отырғанда ғой. Соған жолықпақ болғансып бағар ем" деп ойлады Джиния. Бойкүйездіктен арылу үшін оған студияны тазалап, тәртіпке келтіргенін өзіне-өзі ескертіп қоюына тура келді.

Гвидо оны табалдырықтан аттай бергенде-ақ байқады, ал Джиния оған қарай мұнда кездейсоқ кіргендей кейіппен қадам басты. Оның алдында дәл қазіргі сәттегідей ешқашан қатты ыңғайсызданбаған шығар. Абыр-сабыр қарекет үстіндегі Гвидо бұған артына қарап Родригеске әлдене айтып жатқан қалпы қолын созды.

Екеуі бір-бірімен мүлдем дерлік тілдеспеді десе де болады. Гвидо өзінен де гөрі асығыс еді, өйткені оны әлдебіреу күтіп тұрған. Джинияға жылы ұшырай күлді де:

— Ал хәлің қалай? Дұрыс па бәрі? — деді.

Ал, есік алдына барғанда:

— Сау бол! — деп айқайлады.

Жарымес біреу секілді жымия күлген қалпы Джиния трамвайға отырмаққа бет алды. Кенет әлдекім қарынан ұстай алды, сосын өзіне жақсы таныс дауыс, Гвидоның дауысы, құлағына:

— Джинетта! — деп сыбырлады.

Олар тоқтай қалды, Джинияның көзіне жас үйірілді.

— Қайда бара жатыр едің? — деп сұрады Гвидо.

— Үйге.

— Маған бір ауыз жылы сөз айтпай кете бармақ па едің? — деді Гвидо, сосын оған сүйсіне көз тігіп, қолын қысып қойды.

— Ой, Гвидо, — деді Джиния, — сені сондай сағындым.

Олар үнсіз тротуарға қайтып оралды, сонан соң Гвидо:

— Енді үйіңе бара бер, ал маған келгенде жыламауыңды өтінем, — деді.

— Қашан, бүгін кешке ме?

— Бүгін кешке.

Кешкісін, үйден шығар алдында, Джиния Гвидо үшін арнайы суға шомылды. Алдағы жолығысудың жайын ойлағанда аяғынан әл кетіп, тәлтіректеп қап тұрды. Жүрегі зу-зу етіп баспалдақпен жоғары көтерілген Джиния есікке таяп кеп тың тыңдады. Студияда жарық бар еді, бірақ тым-тырыс болатын. Джиния жөткірінді, бұрын да бір рет сөйтіп көргені бар-ды, бірақ ар жақтан ешқандай дыбыс естілмеді, бұдан соң ол есік қағуды ұйғарды.

XV

Оған әлденеге мәз Гвидо есік ашты, осы кезде бөлменің түкпір жағынан бір қыздың:

— Ол кім? — деген дауысы естілді.

Гвидо Джинияға қолын созып:

— Кір ішке, — деді.

Күңгірттеу жарықта, перденің тап жанында, әлдебір қыз плащын киіп жатыр еді. Қалпақсыз келіпті. Бейне осы үйдің бибісі өзі тәрізді Джинияға мардымси қарайды.

— Бұл менің әріптесім, — деді Гвидо. — Ал мынау жай ғана Джиния.

Қыз ернін тістелеген күйі терезе жанына барып тұрды да, қараңғы әйнекке айнаға қарағандай қарап қалды. Жүрісі Амелияны еске салатын. Джиния біресе оған, біресе Гвидоға қарап жалтақтаумен болды.

— Міне, солай, Джиния, — деді Гвидо.

Ақыры қыз шығып кетті, бірақ табалдырықтан аттар алдында Джинияны тағы да оқты көзімен атты. Есік жабылып, алыстап бара жатқан аяқ дыбысы естілді.

— Натурашы қыз ғой, — деді Гвидо.

Бұл түні олар тахтада жатты, шамның шақырая жанып тұрғанына елең еткен ешқайсысы болмады. Джинияның үстіне бірдеңе жамылуға да зауқы соқпады. Олар керосинканы тахтаның жанына әкеп қойған, бірақ одан бұлар жылына қоймады. Гвидо өзіне бір минуттай тесіле қарап тұрғаннан кейін ғана Джиния қайтадан көрпе жамылуға мәжбүр болды. Гвидоға жабысып жатып алып, нағыз махаббат осы ғой деп ойлаудан артық ештеңе жоқ еді оған.

Гвидо тұрып, тыр жалаңаш қалпы шарап әкелуге кетті де, дірдек қаға тоңып қайтып оралды. Олар стақандарын керосинканың үстіне ұстап тұрып жылытты, сосын төсекте Гвидодан шарап иісі аңқып тұрды, бірақ Джинияға оның денесінің жылы иісі көбірек ұнайтын. Гвидоның кеудесінде бұйра жүн бар еді, кеудесі ашық қалған кезде Джиния оны өз денесіндегі дәл сондай сарғыш түкпен салыстыратын да, әрі ұялып, әрі біртүрлі қуанып қалатын. Гвидоның құлағына сыбырлап, оған қарауға қорқатынын айтты, ал Гвидо оған:

— Қорықсаң қарамай-ақ қой, — деп жауап қатты.

Құшақтасып жатқан олар Амелия жайында әңгімелей бастады, сол арада Джиния оның бір әйелдің қырсығынан бақытсыздыққа ұшырағанын жайып салды.

— Өзіне сол керек, — деді Гвидо. — Мұндаймен ойнауға бола ма?

— Сенен шарап иісі шығып тұр, — деді Джиния ақырын ғана.

— Төсекте бұдан басқа да иістер шығады, — деп жауап қатты Гвидо, бірақ Джиния оның аузын алақанымен жаба қойды.

Содан соң олар шамды сөндірді. Джиния төбеге қараған күйі әрқилы нәрсе жайында ойлап жатты, Гвидоның демі бетіне тиіп тұрды. Терезеден қиырға барып жұтылып жатқан быжынаған жарық көзге шалынатын. Шараптың иісі мен Гвидоның жылы демі Джинияны оның туып-өскен жері жайында ой кешуге итермеледі. Бұдан соң ол: бір ауыз тіл қатпастан сау жерімді қалдырмай сүйген Гвидо сондай арық болғаныма қарамастан тәнімді шынымен-ақ ұната ма екен әлде ол да қараторы әрі әдемі Амелияны артық көре ме екен деп ойлады.

Сосын ол Гвидоның ұйқтап кеткенін байқады; тап осылай құшақтасып жатып ұйықтау деген мүлдем қисынсыз нәрседей көрініп кетті де, жайменен жылжып әрменірек жатты, бірақ денелерінің қызуы жылытпаған жаңа орында өзін өте жайсыз сезінді — тыр жалаңаш әрі жалғыз жатқандай болды. Баяғы бала кезде жуынғандағыдай тағы да көңілі жабырқап, жүрегі сыздап сала берді. Сол арада өзіне: Гвидо менімен не үшін қойындасып жүр екен деген сауал қойды, ертеңгі күні не болатыны жайында ой кешті, оны осынша күн тағатсыздана тосқаны есіне түсті, сөйтіп көз жанары жасқа толып, Гвидо естіп қоймасын деп білдірмей жылап алды.

Олар тас қараңғыда киінді, осы тас қараңғыда Джиния аяқ асты одан әлгі натурашы қыздың кім екенін сұрады.

— Жай жүрген бейшара. Біреуден қайтып келгенім жайында естіпті, сосын кіріп шыққаны ғой.

— Ол сұлу ма? — деп сұрады Джиния.

— Өзің көрген жоқсың ба оны?

— Бірақ мынадай суықта қалай поза көрсетуге болады?

— Сендер, қыздар үшін, суық деген бұйым емес, — деді Гвидо. — Сендер тыр жалаңаш болу үшін жаратылғансыңдар.

— Мен өйте алмас едім, — деді Джиния.

— Ay, жаңа ғана тыр жалаңаш жаттың емес пе? Шам жағылған соң Гвидо оған күлімсірей көз тікті.

— Ырзасың ба? — деп сұрады ол.

Олар тахтаға кеп отырды, оның көзіне тіктеп қарамас үшін Джиния басын Гвидоның иығына қойды.

— Мені сүймейсің-ау деген ойдан жаман қорқам, — деді ол.

Сосын Джиния шай әзірлей бастады, ал Гвидо бұл кезде тахтада отырып темекі тартты.

— Не тілесең соның бәрін орындап жүрген секілдімін. Тіпті Родригесті де кешкісін үйде болмауға мәжбүр еттім.

— Ол қазір қайтып орала ма? — деп сұрады Джиния.

— Онда кіре берістің кілті жоқ. Оған өзім барып есік ашам. Екеуі кіре беріс жанында қоштасты, себебі Джинияның Родригесті көргісі келмеген. Үйіне трамваймен әлі құрып, титықтап оралды, әлдене жайында ой кешерлік ахуалы болған жоқ.

Оның жаңа өмірі осылай басталды, өйткені Гвидо екеуі бірін-бірі тыр жалаңаш күйде көргеннен кейін, ол үшін бәрі басқаша сипат алған еді. Қазір ол өзін шынымен-ақ күйеуге шыққандай сезінетін, тіпті оңаша отырған кезінің өзінде де Гвидоның көз жанары жайында ойланса болды, қайтіп қарағанын есіне түсірсе болды, жалғыздық сезімі сол бойда сейіліп жүре беретін. "Күйеуге шығу деген осы екен ғой". Гвидомен істеген нәрсемді мамам да істеді ме екен деп сұрады ол өзінен. Басқа біреулердің мұндайға батылы баруы оған тіптен мүмкін еместей көрінді. Бірде-бір әйелдің, бірде-бір қыздың жалаңаш еркекті өзі Гвидоны көргендегідей көріп алуы мүмкін емес. Мұндай нәрсе өмірде жалғыз-ақ рет болады.

Алайда ол есі кем біреу емес-ті, әйел атаулының бәрі осылай ойлайтынын түсінетін. Өзіне-өзі қол салмақшы болғанда Роза да осылай ойлаған. Айырмашылық — оның Пиномен шалғында болғанында, Гвидомен кездесіп, әңгімелесудің қандай ғанибет екенінен хабары жоқтығында ғана.

Әйтсе де Гвидомен шалғында болу да рақат шығар. Бұл Джинияның жатса-тұрса ойынан кетпей жүрді. Бәріне кедергі келтіріп тұрған қар мен суыққа қарғыс жаудырып, екеуі жотаға баратын, түнде серуендейтін, терезелерді ашып қоятын жаз айлары жайында жаны елжірей отырып ой кешті. Гвидо оған:

— Мені деревняда көрсең ғой. Суретті сол жерде ғана жақсы салам. Жоталармен бірде-бір қыз теңесе алмайды, — деген еді.

Гвидоның натурашы қызды жалға алмағанына, бүкіл бөлмені белдеулеп жататын, бейне бір қабырғадағы саңылаудан қарағандағыдай, жоталар мен бұлтсыз аспан жан-жақтан көрініс беріп тұратын картина салуға кіріскеніне Джиния сондай қуанып жүрді. Бұл картинасын ол солдат кезінде-ақ ойластыра бастаған, енді қазір, әзірге тек байқап көру үшін ғана, ұзақты күн бойы қағаз парақтарымен әуре боп, оларға бояу жағып жатқан. Бірде ол Джинияға:

— Портретіңді саларлықтай сені әлі жақсы білмеймін. Кейін көре жатармыз, — деді.

Родригес мүлдем дерлік көрінбей кетті: Джиния кешкісін студияға келгенде ол дәйім кафеде отыратын. Есесіне басқа таныстары келіп Гвидомен бірге көңіл көтеріп тұратын, олардың арасында әйелдер де болатын: бір жолы Джиния еденде далап жұққан тұқыл жатқанын көрді. Гвидоның көңілін таппаққа ниеттенген Джиния оны мазалай бергісі келмейтінін және әлгі адамдардан ұялатынын айтып, оған: өзің жалғыз отырған әрі менімен кездескің келген жағдайда ғана есікті ашық қалдыр деп, міне, тап осы тұста ұсыныс жасаған еді.

— Саған күнбе-күн келіп тұрар едім, Гвидо, — деді ол, — бірақ сенің өз өмірің бар екенін білем. Екеуіміз кездескенде оңаша болсақ деймін және саған ешқашан қол байлау болмасам деймін.

Джиния оған осындай сөздерді айтқанда екеуі құшақтасып жатқан кездегідей керемет ләззат алатын. Бірақ есіктің кілттеулі тұрғанын көрген алғашқы жолы-ақ оны тарсылдатып қаға бастады.

Кейде түс кезінде оған жағы суалып, көзінің асты көгеріс тартқан Амелия соғатын. Олар сол бойда сыртқа шығатын, себебі Джиния оның тахтаға барып отырып алуына жол бермеуге тырысатын, сөйтіп екеуі сағат үштерге дейін көшеде бос сенделіп жүретін. Амелия еш қысылып-қымтырылмай барға кіріп, кофе ішетін: шыны аяқтарда далап дағы қалып жататын — өңінің қуқылдығын білдірмес үшін ол бояуды баттастырып жағып жүрген. Джиния оған: кейін мына шыны аяқтардан кофе ішкен адамдар ауру жұқтыруы мүмкін ғой дегенді айтқанда Амелия иығын қиқаң еткізіп:

— Жусын, керек болса. Сен, не, білмейсің бе? Дүниеде мен сияқтылар қарақұрым. Арамыздағы айырмашылық — олардың бұдан бейхабар екендігінде, — деп жауап қатты.

— Байқауымша, тәуір боп келе жатқан сияқтысың, — деді Джиния. — Дауысың бұрынғыдай емес.

— Солай ма? — деді Амелия.

Олар тек осы төңіректе ғана әңгімелесті. Джиния Амелиядан көп нәрсе жайында сұрағысы келген, бірақ батылы жетпеді. Тек бір жолы Родригес турасында құлақ қағыс еткен кезінде Амелия мұрнын тыржитып:

— Қойшы, сол екеуін, — дей салды.

Бірақ бір күні кешкісін ол Джинияға келіп:

— Бүгін кешке Гвидоға барасың ба? — деп сұрады.

— Білмей тұрмын, — деді Джиния. — Сірә, онда адам көп болатын шығар.

— Сонда одан ұяласың ба, мазасын алғың келмей ме? Оны өзің жоқта көңіл көтеруге дағдыландырып жүрсің бе? Жарымес, өйтіп қысылып-қымтырыла бергеніңді қоймасаң ешқашан жолың болмайды.

Студияға бара жатқан жолда Джиния оған:

— Сені Родригеспен ұрсысып қалған екен деп ойлағам, — деді.

— Сүмелектің аты сүмелек қой, — деп жауап қатты Амелия. — Залалымды тигізбей аман сақтап қалдым емес пе оны. Не, саған біз ұрсысып қалдық деді ме ол?

— Жоқ. Тек әлгі дәрігермен ойнап-күлуге жақсы сылтау тауып алғаның жайында ғана айтып жүр.

Амелия ашуға булыға күлді. Кіре беріске жақындап, жоғарыдағы терезеде жарық барын көрген Джинияның ұнжырғасы түсіп кетті, себебі дәл сол сәтке дейін Гвидо үйде болмайтын шығар деп үміттеніп келген.

— Анда ешкім жоқ, — деді ол сонда да болса. — Жоғары көтерілмей-ақ қояйық.

Бірақ Амелия әй-шайға қарамай кіре беріске еніп кетті.

Олар студиядан каминге от жағып жатқан Гвидо мен Родригесті жолықтырды. Бірінші боп ішке Амелия кірді, сосын зорлана езу тартып Джиния қадам басты.

— Сені де көретін күн бар екен ғой! — деді Гвидо.

XVI

Біз бөгет жасамаймыз ба деп сұрады Джиния. Гвидо оған күлмеңдей қарап қойды, бұған Джиния әжептәуір ыңғайсызданып қалды. Камин жанында отын жинаулы түр еді. Бұл екі арада Амелия тахтаға қарай бет алып, сонда барып жайғасқан соң бүгін күн салқын боп тұрғанын айтты.

— Әңгіме кімнің қаны қандай екенінде, — деп күбір етті камин жанында күйбеңдеп жатқан Родригес.

Каминге от жағуы жай емес шығар, кімді күтіп отыр екен бұлар, деген сұрақ қойды өзіне өзі Джиния. Мына отын кеше болмаған. Бір сәтке бәрі үнсіз қалды, Амелияның бетсіздігіне Джиния қатты ұялды. От гүрілдеп жана бастаған кезде Гвидо теріс қарап тұрған күйі Родригеске:

— Тартымы тәуір екен әлі, — деді.

Амелия есалаң адам секілді тарқылдап күлді, Родригес те мәз бола тісін ақситты. Гвидо орнынан тұрып, жарықты өшіріп тастады. Көлеңке ойнақ сала бастаған бөлме мүлдем басқа түрге енді.

— Міне, бәріміз қайта бас қостық, — деді Амелия. — Қандай рақат.

— Каштан ғана жетіспей тұр, — деді Гвидо. — Шарап бар.

Өзін мырғамға батқандай сезінген Амелия қалпағын шешіп қойды да, бұрышта бір кемпірдің қуырылған каштан сатып тұрғанын айтты.

— Родригес барып келсін, — деді Амелия.

Олардың ара-қатынасында кірбің қалмағанына қуанған Джиния өзі жүгіріп баспалдақпен төмен түсіп кетті. Суықтан дірдек қағып, зыр жүгіріп талай жерге баруына тура келді, себебі бұрыштағы кемпір кетіп қалған-ды, сөйтіп каштан іздеп шыр айналып жүрген ол іштей: кім үшін болсын мейлі, Амелия бұлайша сабылмас еді деп ойлады. Джиния бөлмеге ентіге басып кірді. Мұндағы нәрсенің бәрі оған билеп тұрғандай көрінді. Ана жолғыдай Родригес тахтада жатқан Амелияның аяқ жағында отыр еді, ал Гвидо қызғылтым реңдегі қара көлеңкеде әлдене жайында айтып темекі тартып тұр еді.

Олар стақандарды толтырып та қойыпты, енді картиналар төңірегінде әңгімені көйітуге кірісіпті. Гвидо салмақ боп жүрген жотасы жайында, оны төсін күнге беріп жатқан әйел пошымында бейнелемек ойы бары жөнінде және бұл картинаға әйел денесіне тән жұмсақтық пен жылы шырай бергісі келетіні турасында айтып тұрған.

— Ондай нәрсе болған. Басқа бірдеңе ойлап тап. Ондай нәрсе болған, — деді Родригес.

Сол арада олар мұндай картина шын мәнінде салынды ма әлде салынған жоқ па дегеннің төңірегінде айтысып кетті, әрі каштан жеп қабығын каминге лақтырумен болды, ал Амелия оны еденге тастап жатты. Ақыр соңында Гвидо:

— Жоқ, ешкім ешқашан екеуін жымдастырып салған емес. Мен әйелді ашық аспан тұсындағы жота секілді боп көрінетіндей пошымда жатқызам, — деді.

— Ендеше, сен символдық картина салмақсың ғой. Ондай жағдайда әйел суретін ғана саласың, жотаның суретін сала алмайсың, — деді Родригес ыза болып.

Джиния мұның жайын біразға дейін ұға алмады, бірақ сол екі арада Амелия Гвидоға поза көрсетуге құлшынды, анау оған қарсылық білдіре қойған жоқ.

— Осындай суықта ма? — деп сұрады Джиния.

Оған жауап қатқан ешкім болмады, Гвидо мен Родригес каминнің жылуы мен жарықты үйлестіру үшін тахтаны қай жерге апарып қойса болатыны жайында ақылдаса бастады.

— Амелия сырқат емес пе, — деді Джиния.

— Болсам ше? — деп өре түрегелді Амелия. — Менің міндетім — қозғалмай тып-тыныш жату ғана.

— Бұл бойында аса жоғары адамгершілік қасиеті бар картина боп шығады, — деді Родригес, — әлемдегі ең адамгершілігі мол картина болады.

Олар осы төңіректе әр нәрсені айтып ыржақтасып, күлісіп жатты, ал әу баста сақтанып шараптан бас тартқан Амелия болса, ақыр соңында бір стақанын ішуге құлшынды, бірақ кейін стақанды сабындап жуу керегін ескертті. Өз үйінде де осылай істейтінін айтып, Гвидоға әлгі дәрігердің өзін қалай емдеп жатқаны жайында әңгімелеп берді. Одан соң олар уколдар төңірегінде әзілдесті. Амелия Гвидоға қорықпай-ақ қоюына болатынын, терісі таза екенін, одан ештеңе жұқпайтынын құлағдар етті. Өш алуға оқталған Джиния одан: төсіндегі ісігің кетті ме деп сұрады, бұған Амелия бұлқан-талқан болып, өзінің төсі Джинияның төсінен әлдеқайда әдемі екенін айтып жауап қатты.

— Көрейік, — деді Гвидо.

Бәрі күліп, бір-біріне көз тастап қойды. Амелия блузкасының өңірін ашты да, төс тартқышын ағытып, екі қолымен екі төсін ұстап көрсетті. Шам жағылды, Амелияға көзінің қиығын салған Джиния оның өзіне өшіге әрі масаттана қарап отырғанын байқап қалды.

— Енді сенікін көрейік, — деді Родригес.

Бірақ Джиния самарқау түрде бас шайқады, Гвидоның өзіне қарап қалғанын көріп, көзін төмен салды. Үнсіздік біразға созылды, алайда Гвидо дәнеңе деген жоқ.

— Болсаңшы, — деді Родригес, — төсің үшін тост көтереміз қазір.

Гвидо әлі үнсіз еді. Джиния дереу каминге қарай бұрылып отырды, арқа тұсынан біреудің: "Жарымес" дегені естілді.

Сөйтіп ертеңіне жұмысқа барған Джиния Гвидоның тыр жалаңаш Амелиямен оңаша отырғанын ойлаумен жүрді. Ауық-ауық жүрегі қарс айрыла күрсінеді. Амелияға тесіле қарап тұрған Гвидоның түрін ұдайы көз алдына елестетеді.

Родригес те сонда шығар деген үміт қана көңіліне медеу болатын.

Түскі үзілістен кейін оны есеп-шот алып баруға жұмсаған, соны пайдаланған ол студияға соға кетті. Есік кілттеулі тұр екен. Тың тыңдап көріп еді, ешқандай дыбыс естіле қоймады. Көңілі орнына түскендей болды.

Сағат жетіде олардың бәрін кафеден жолықтырды. Гвидо өзі сыйлаған галстукты тағып алып, әлдене жайында бөсіп отыр екен, ал Амелия шылым шегіп, оны мұқият тыңдап қалыпты. Олар Джинияға, бейне кішкентай қыз балаға айтқандай, "отыр" дей салды. Өткен күндер жайында сөз қозғалды да, Амелия таныс суретшілер жайында әңгімелей бастады.

— Ал, сен бізге не жөнінде айтар екенсің? — деді Родригес Джинияның құлағына аузын тақап.

— Қоя тұр, — деді Джиния оған бұрылып та қарамастан.

Бұдан соң бәрі бірге пассажбен жүріп өтті, сол арада Джиния Гвидодан кешкісін жолығыса аламыз ба деп сұрады.

— Родригесті қайда жібереміз? — деді Гвидо.

Джиния оған күйіне көз тікті, сосын олар кездесіп, аз уақыт серуен жасауға уәделесті.

Кешкісін қар жапалақтай бастаған, Гвидо кафеге кіріп пунш ішуге ұсыныс жасады. Екеуі пуншты үлдірік жанында тұрып ішті. Керемет қатты тоңып кеткен Джиния одан мынадай суықта Амелияның қалайша поза көрсететінін сұрады.

— Камин жылытады ғой, — деді Гвидо, — оған қоса, оның еті үйреніп кеткен.

— Мен шыдай алмас едім, — деді Джиния.

— Саған сөйт деп жатқан кім бар?

— Ой, Гвидо, — деді Джиния, — неге маған ондай ауыр сөз айтасың? Мен бұл жайында тек Амелия ауру болғандықтан ғана сөз етіп тұр емеспін бе?

Олар сыртқа шықты, Гвидо оны қолтықтап алды. Жапалақтап жауған қар ауызға, көзге кіріп, екеуінің үсті-басын аппақ қып жіберді.

— Былай істейік, — деді Гвидо. — Не айтпақ болғаныңды түсініп тұрмын. Тіпті нендей нәрсемен әуейленетіндеріңді де білем. Онда тұрған дәнеңе жоқ. Қыздардың бәрі де сүйіскенді жақсы көреді. Сондықтан бұл әңгімеңді қой.

— Ал, ана Родригес ше... — деді Джиния.

— Бір-біріңнен айырмаң аз. Қаласаң Родригеске өзің поза көрсетуіңе болады. Келе қал, ендеше, ертең. Күні бойы өзіңмен өзің жүргенде не істейтінің жайында сұрамаймын ғой сенен.

— Родригеске поза көрсетуге ешқандай құлқым жоқ.

Олар кіре беріс жанында қоштасты. Үсті-басын қар басқан, садақа сұрайтын, басқа ештеңе жайында ойламайтын қайыршыларға сондай қатты қызғаныш білдірумен болған Джиния үйіне оралды.

Келесі күні сағат онда ол студиядан табылды, есікті ашқан Гвидоға жұмыстан сұранып шыққанын айтты.

— Бұл Джиния екен, — деді Гвидо артына бұрылып қарап.

Терезеден қар жапқан шатырлар ағараңдап тұрған. От жағылған каминнің қарсы алдына қойылған тахтада отырған тыр жалаңаш Амелия суықтан бүрісіп, есікті жабуларын сұрап жалынды.

— Бізге қарап тұрғың келген екен ғой, — деді Гвидо мольбертке қайта оралып. — Қайсымызды қызғанасың сонда?

Ренжіп қалған Джиния каминнің жанына жүрелей кетті. Амелияға қараған да жоқ, Гвидоның да қасына жақындамады. Отын үстеу үшін Гвидо каминнің қасына келді, ал от болса, тіпті жалаңаш адамның өзі де тоңа қоймайтындай боп лаулап жанып жатыр еді.

Өтіп бара жатып Гвидо Джинияны желкесінен жаймен нұқып қалды, сосын Амелияны тізесінен сипады, бірақ құдды күйдіріп алғандай, қолын тез тартып алды. Отқа бүйірін беріп шалқасынан жатқан Амелия Гвидо терезе жанына қайтып оралғаннан кейін қырылдаған дауыспен:

— Маған қарап тұру үшін келдің бе? — сыбырлады.

— Родригес кетіп қалды ма? — деп сұрады Джиния.

Гвидо қатты дауыстап:

— Тізеңді кішкене жоғары көтер, — деді.

Осы арада Джиния бұрылып қарамаққа оқталды, ыстықтап кеткендіктен оттан әрменірек ысырылып отырған ол Амелияға қызғанышпен көз тікті. Гвидо оларға мольберттің ар жағынан ауық-ауық көз тастап, қайтадан параққа қарай еңкейіп тұрды.

Ақыры ол:

— Киін, мен болдым, — деді.

Амелия тұрып отырды да, пальтосын иығына жамылды.

— Іс тәмам, — деді ол күліп Джинияға.

Джиния жаймен басып мольбертке жақындады. Қағаздың ұзыншұбақ парағына Гвидо көмір қарындашпен Амелия денесінің нобайын түсіріпті. Бұлар мүлдем қарабайыр, кей-кейде бір-бірімен қиылысып қалатын сызықтар ғана еді. Амелия суға айналып, қағаз бетімен ағып жатқандай көрінетін.

— Ұнай ма саған? — деп сұрады Гвидо.

Амелияның тұрпатын анықтап көріп алуға тырысып тұрған Джиния басын изеді. Гвидо оған күле қарады. Сол жерде Джиния жүрегі дүрсіл қағып:

— Мені де салшы, — деді. Гвидо оған жүзін бұрды.

— Поза көрсеткің келе ме? Жалаңаш күйде ме? — деп сұрады ол.

Джиния Амелияға қарап қойып:

— Иә, — деді.

— Естідің бе? Джиния тыр жалаңаш поза көрсеткісі келеді, — деп дауыстай сөйледі Гвидо.

Амелия шиқ-шиқ күлді. Сосын орнынан атып тұрды да, пальтосын қымтанып алып пердеге қарай бет алды.

— Мына жерге, оттың жанына шешін. Мен киінем. Джиния қар басқан шатырларға соңғы рет көз тастады да:

— Міндетті түрде шешіну керек пе? — деп дыбдырлады.

— Шешін, шешін. Мұнда бөтен адам жоқ, — деді Гвидо. Жүрегі атқақтай соққан, қатты абыржығаннан бойын діріл билеген Джиния от жанында шешіне бастады, перденің тасасына кіріп кеткені үшін, өзін көрмейтіні үшін Амелияға іштей алғыс жаудырумен болды. Гвидо мольберттегі парақты алып тастап, орнына жаңасын бекітті. Джиния үстіндегі киімін бірінен соң бірін тахтаға қойып жатты. Гвидо отты көсеп жібермекке каминге келді.

— Тездет, әйтпесе отын шақ келмейтін түрі бар, — деді ол.

— Қорықпа! — деп айқайлады Амелия перденің тасасынан.

Джиния тыр жалаңаш шешінгеннен кейін Гвидо оны байыпты көзбен байсалды кейіпте шолып шықты. Сосын қолынан алды да, көрпенің бір шетін еденге түсіріп жіберіп:

— Мынаған шығып тұр да отқа қара. Сені түрегеліп тұрған қалпыңда салам, — деді.

Джиния отқа қадала қарап қалды, ал өзі Амелия қуыстан шықты ма екен деп ойлаумен болды. Оттың сәулесі терісіне алтын түсті рең беріп, қызуы денесін шарпып тұрғанын байқады. Сол арада ол басын бұрмаған қалпы шатырларда жатқан қарға көз қиығын тастады.

— Қолыңмен қалқалама. Бейне балконды тіреп тұрғандай қолыңды жоғары көтеріп ұста, — деген дауысы естілді Гвидоның.

XVII

Джиния езу тартқан қалпы отқа қарап тұрған. Бір кез жота-жоны шымыр ете қалды. Амелияның ақырын басқан аяқ дыбысы естілді; ол белдігін жүре жөндеп терезе жанына, Гвидоның қасына барып тұрған кезде Джиния оған басын бұрып қарамай-ақ жымия күлді.

Кенет ол тахтаның жанынан тағы бір аяқ дыбысын естіп, қолын төмен түсіріп жібере жаздады.

— Қозғалмай тұр, — деді Гвидо.

— Неге сонша құп-қу боп кеттің? — деді Амелия. — Көңіл аударма.

Осы сот Джиния мән-жайды бірден түсіне қойды, қатты шошынғаннан тіпті бұрылып қарауға да шақтысы болмады. Манадан бері Родригес перденің ар жағында отырған, енді қазір бөлменің ортасына шығып оған қарап тұрған. Джиния тіптен оның тыныс алғанын да сезінгендей болды. Тұла бойы дір-дір етіп, есі кем біреудей жалыннан көз аудармай тұра берді, ақыры бұрылып қараған жоқ.

Тыныштық ұзаққа созылды. Ешкім қыбыр етіп қозғалмады, тек Гвидо ғана қарындашпен қағазды сызбалап жатты.

— Тоңып барам, — деп дыбдырлады Джиния.

— Кофтаңды жамыл онда, — деді Гвидо.

— Қайтсін-ай, — деді Амелия.

Джиния сол бойда артына жалт қарап, өзін көзімен ішіп-жеп тұрған Родригесті көрді де, киімдерін құшақтай алып денесін қалқалады. Тахтаға тізесімен тіреніп, алға қарай ұмсыныңқырап тұрған Родригес балық құсап аузымен ауа қармап, оған қарап мұрнын кіржитті.

— Айтатыны жоқ, — деді ол түк ештеңе болмағандай.

Бәрі мәз бола күліп Джинияның көңілін аулай бастады, бірақ ол ешқандай сөзге құлақ аспастан жалаң аяқ қалпы жүгіріп перденің тасасына барды да, асығыс-үсігіс киініп алды. Ешкім соңынан келген жоқ. Асығам деп трусиінің резеңкесін де үзіп алды. Сосын ұйпа-тұйпасы шыққан төсекке қараңғы жерде тұрып жеркенішпен көз тікті. Бөлмедегілерде үн жоқ еді.

— Джиния, кіруге бола ма? — деді перде сыртынан Амелияның дауысы.

Пердені қолымен қармап алған Джиния түк үн қатқан жоқ.

— Неғыласың ол әумесерді, — деген Гвидоның дауысы естілді.

Мұны естіген Джиния пердеге жармасқан күйі үнсіз егіле жылады. Анада Гвидо ұйықтап қалған түні жылағанындай жаны шырқырап кетті. Гвидомен кездескелі бері тек еңіреуден басқа ештеңе бітірмегендей көрінді оған. "Олар неге кетпейді екен?" деп ойлады мезгіл-мезгіл Төплиі мен шұлығы тахтаның жанында қалған-ды.

Джиния солқылдап ұзақ жылады, ойламаған жерден перде ысырылып Родригес өзіне төплиін ұсынған кезде ол жылап-сықтаудан мәңгіріп қалғандай халде болатын. Джиния төплиін үн-түнсіз ала салды, әлгінің әлпеті мен студияның бір бұрышы ғана көзіне шалынды. Ақылсыздық жасағанын дәл осы қас қағымда ғана түсінді — шамадан тыс қатты толқып кеткендіктен басқалар да күлкіден пышақ кесті тыйылған-ды. Сосын Родригестің перде жанынан кетпей тұрғанын байқады.

Сол арада бойын: "Қазір Гвидо келіп өзімді аяусыз масқаралай бастайды-ау", деген керемет үрей биледі. "Гвидоның тегі — шаруа, — деп ойлады ол — ол маған жан ашырлық білдіріп жатпайды. Не істедім десеңші! Менің де басқаларға қосылып күлуім керек еді". Ол шұлығы мен төплиін киіп алды.

Перде тасасынан шыққан Джиния Родригеске қараған да жоқ, Ешкімге көз тоқтатқан жоқ. Тек мольберт жанында тұрған Гвидоның басы мен шатырларда жатқан қарды ғана көзі шалды. Амелия жымия күліп тахтадан тұрды.

Джиния тахтадан бір қолымен пальтосын, екінші қолымен қалпағын іліп алды да, жүгіре басып есіктен шығып кетті.

Қар басқан көшеге шыққан ол өзін әлі тыр жалаңаш тұрғандай сезінді. Көшелер қаңырап жатыр еді, Джиния қайда барарын білмеді. Жоғарыдағылардың бұған жөнді көңіл аудармағаны соншалық, тіпті осындай бейуақта неге келді екен деп таңырқаған да ешкім болмады. Өзі күтіп жүрген жаздың енді ешқашан шықпайтыны, өйткені енді жападан-жалғыз қалғаны, ешкіммен тілдеспейтіні, тек синьора Бичені мәз-мейрам ғып күні бойы алаңсыз жұмыс істейтіні жайындағы ойлармен өзін-өзі мүжгілей берді. Бір уақта ол мұнда Родригестің кінәсі тіптен аз екенін ұғынды, себебі ол дәйім сағат он екіге дейін ұйықтайтын, ал бұлар оны оятып жіберген болатын, сондықтан оның бұған сұқтана қарағаны да түсінікті еді. "Өзімді Амелия секілді ұстасам, бәрін қайран қалдырған болар ем. Ал мен ботадай боздадым". Осы жайында ойлағанның өзіне бола көзіне тағы жас тығылды.

Дегенмен, Джинияның шындап қасірет шегерлік шақтысы болмады. Бәріне кінәлі өзі екенін түсінетін. Сол күні таңертең ол өзіне-өзі қол салғаны немесе құрығанда өкпесіне салқын тигізіп алғаны қандай жақсы болар еді деп ойлаумен болды. Ондай жағдайда бұған аналар кінәлі боп шығар еді де, ар-ұятының алдында азап шегер еді. Бірақ өзіңді өлімге қиюдың қажеті жоқ. Кемеліне келген әйел секілді көрінгісі кеп әлектенген өзі ғой. Алайда бұдан ештеңе шықпады. Қалтаң көтермейтін қымбат дүниеге толы дүкенге кіргенің үшін өзіңді өзің өлтіру дұрыс бола ма. Ақылсыз екенсің, үйден аттап шықпа. "Бақытсыз бейбақпын ғой мен" деді Джиния үйлердің қабырғасына қарай тықсырыла түсіп.

Түскі үзілістен кейін ательеге келгенінде синьора Биче оны көрген бойда-ақ:

— Әй, қыздар, сендер нендей іспен айналысып жүрсіңдер осы! Түріңе қарап сені буаз әйел деп ойлап қалуға болады, — деп айқайлады.

Джиния ертеңгісін қызуы көтерілгенін айтты. Көңілі де өсіп қалды: қалай дегенмен де, түрінен қасірет шегіп жүргені көрініп тұр екен ғой. Бірақ үйіне қайтып оралған кезде баспалдақта кідіріп, бетіне опа жағып алды, себебі Северинодан ұялатын.

Сол күні кешкісін ол Роза келер не Амелия келер деп күтті, тіпті Родригес те кеп қалар деп үміттенді және кім келсе де, есікті ашқан бойда қайтадан сарт еткізіп жауып алмаққа бекінді. Бірақ ешкім келген жоқ. Бұл да аз болғандай, Северино өкшесі тесік шұлықтарын үстел үстіне лақтыра салды да, жалаң аяқ жүрсін деймісің мені, деді.

— Саған үйленетін миғұланың маңдайының соры бес елі, деді ол — Мамамыз тірі болғанда саған көрсететін еді.

Көзі қызарып кеткен, көңілі алай-түлей боп тұрған Джиния зорлана күліп, күйеуге шыққанша асылып өлгені жақсы екенін айтты. Бұл кеште ол ыдыс-аяқ жуған жоқ. Бірқыдыру уақыт тың тыңдап есік жанында тұрды, сосын ас үйде әрлі-берлі сенделіп жүрді, бірақ қар басып аппақ боп жатқан шатырларға қарамау үшін терезеге жақындамады. Северино бешпетінің қалтасынан сигарет тауып, шылым шегуге әрекеттенді. Бұған ебі барын көріп, үсті-үстіне сорғыштады да, ертеңнен бастап темекі тартуды ұйғарып, тахтаға құлай кетті.

Енді Джинияға шаруаны шапшаң реттеп жіберейін деп жанығудың қажеті болмай қалған, бірақ бұдан ол қуаныш тапқан жоқ, себебі үйдегі оны-мұны істі жедел тындырып тастауға машықтанып та алған еді, сондықтан ойлануына көп уақыт қалатын. Темекі тарту оған аздық етті — өзінің қалай темекі тартып жүргенін басқа біреу көрсе деп өлердей құмартты, бірақ оған тіпті Роза да төбе көрсетпеді. Кешкісін, Северино кеткеннен кейін, көңілі сондай жабырқап сала беретін; сөйтіп, оңаша қалған, сыртқа шығуға тәуекелі жетпеген Джиния әлдебіреу келер деп сарғая күтумен болатын. Бір жолы, төсекке жатайын деп шешініп жатқан кезінде, аялап-аймалаған кездегідей бойын тәтті діріл басты, сөйткен соң айнаның алдына барып тұрды да, денесін қымсынып-қымтырылмай байыппен шолып шықты, сосын қолын басынан асыра жоғары көтеріп, енді болмаса жылап жіберетінін сезініп, тұрған орнында бір айналды. "Тап қазір Гвидо кіріп келсе не дер еді?" деп сұрады ол өзінен, Гвидоның мұны әлдеқашан естен шығарғанын жақсы біліп тұрса да. "Біз тіпті қоштасқан да жоқпыз ғой" деп күбірледі, одан соң тыр жалаңаш тұрған күйде жыламас үшін тездетіп төсегіне жата қалды.

Кей-кейде Джиния көшеде келе жатып тосыннан-тосын тоқтай қалатын, өйткені жаз айындағы кештер тұтқиылдан көз алдына елес беріп кететін, тіпті жып-жылы ауаға тараған хош иістерді сезінгендей, дыбыстарды естіп, бояулар мен шынар ағаш көлеңкелерін көзбен көргендей болатын. Бұрыш-бұрыштарда кідірістеп, балшық пен қардың ортасында тұрған қалпы осының бәрі жайында сағынышпен арман ететін. "Жаз, әрине, шықпай қоймайды, басқаша болуы мүлде мүмкін емес" деді ол өзіне, алайда дәл қазір, жалғыз қалған шақта, жаздың шығатыны оған ақылға қонбайтын нәрсе секілді көрініп тұрған. "Мен кәрі кемпірмін, әңгіме сонда. Көрер қызығымды көріп болған жанмын".

Сөйтіп жүргенде бір күні кешкісін асыға басып үйіне оралған Джиния кіре берістен Амелияны кезіктіріп қалды. Абыржып кеткен олар тіпті амандасқан да жоқ, бірақ Джиния кідірді. Тәп-тәуір киінген, басында шілтерлі қалпағы бар Амелия әлдебіреуді күткендей әрлі-берлі теңселіп жүр екен.

— Бұл жерде не істеп жүрсің, — деп сұрады Джиния.

— Розаны күтіп жүрмін, — деді Амелия қарлығыңқы дауыспен. Сосын екеуі бір-біріне бағжия қарады.

Джиния ернін жымқырып алды да, баспалдақпен жүгіре басып жоғары көтеріліп кетті.

— Бүгін не болған саған? — деді Северино оған ас ішіп отырған кезде. — Жігітің кездесуге келмей қалғаннан сау ма?

Оңаша қалған Джиния шынымен қатты жабырқап кетті. Ол тіпті жылаған да жоқ. Есалаң біреу құсап бөлмеде олай-бұлай сенделіп жүрді де қойды. Содан соң тахтаға барып құлай кетті.

Алайда, сол күні кешкісін оған Амелия келді. Есікті ашқан Джиния өз көзіне өзі сенбеді. Амелия әдеттегіше ішке кірді, Северино үйде ме деп сұрады, сосын тахтаға барып отырды.

Джиния тіпті темекі тартуды да ұмытып кетті. Үнсіз отыра бермеу үшін оны-мұны жайында әншейін бірер ауыз тіл қатысты. Амелия қалпағын шешіп, аяғын аяғына айқастыра қойып отырды. Төменірек түсірілген шамның жанында үстелге қолын тіреп тұрған Джинияға оның жүзі көрінбей қалған. Күннің қайта суытып кеткені жайында әңгіме болды да, Амелия:

— Бүгін таңертең тоңғаным-ай, — деді.

— Әлі емделіп жүрсің бе? — деп сұрады Джиния.

— Не, өзгеріппін бе?

— Білмеймін, — деді Джиния.

Амелия темекі сұрады: үстел үстінде сигарет қорабы жатыр еді.

— Мен де тартып жүрмін, — деді Джиния.

Олар шылым тұтатып жатқан кезде Амелия:

— Қалай, ашуың тарқады ма? — деді.

Джиния қып-қызыл боп кетті, бірақ жауап қатқан жоқ. Амелия сигаретіне қарап отырған күйі:

— Өзім де солай ойлағам, — деді.

— Ана жақтан келдің бе? — деп дыбдырлады Джиния.

— Бәрібір емес пе, — деп жауап қатты Амелия. — Киноға баруға қалайсың?

Темекісін тартып бола берген Амелия күле сөйлеп:

— Родригес саған кетәрі емес сияқты. Менен өзіңді ұнататын-ұнатпайтынымды сұрады. Енді Гвидо сені одан қызғанып жүр, — деді.

Джиния езу тартқансыды, ал Амелия сөзін жалғап:

— Сәті түссе, көктемге қарай сауығып шығам. Дәрігер сені дер кезінде қолға алдым, — дейді. Бері қара, Джиния, кинода қызықты ештеңе көрсетіліп жатқан жоқ, — деді.

— Онда қалаған жағыңа барайық, — деді Джиния. — Бастай бер.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз