Өлең, жыр, ақындар

Обырлар

Соңғы жылдарда ғылымның күшімен талай-талай тамаша тәжірибелер істеліп жүр. Мысалы қойды жылына екі рет және өгіз деп төлдету, қолмен ұрықтандыру, бір себілген дәннен неше жыл бойы астық алу әдістері де табылды.

Міне, мұның бәрі ғылыми жолмен табылған әдістер, істеліп жатқан тәжірибелер. Бірақ, қошқарды қоздату, айғырды құлындату, бураны боталату, бұқаны бұзаулату әдісін ешбір ғылым тапқан жоқ-ты. Осы секілді бұрын, соңды болып көрмеген "жаңалықты" біздің кейбір колхоз, ферма бастықтары іске асыра бастапты.

Бұл "жаңалық" әдісті іске асырудың шарты: қошқар болса құйрығы жер сызғандай, айғыр болса жалы керегедей, бура болса қомы астаудай, бұқа болса құйымшақ майы жұмырықтай болу. Міне, осы шарттар түгелденіп болысымен бір түнде, әрі кеткенде 24 сағаттың ішінде, "төлдеп" шыға келеді. Сонымен қатар ең қиындау, ең негізгі бір шарты түңде ғана көзге көрінбей, ізі білінбей қорадан шығып жолға түседі де, жақын жерде қаласы болса түнейді де, базарын бір аралап шығады да төлдей береді, егіздей береді.

Бұл әдістің аянышты бір жері — қоздаған қошқар, құлындаған айғыр, боталаған буралар қайтып келеге қосылмайды. Төлдеп болып, егіздетіп, сегізде барып тіршілігімен қош айтысады. Кейде бұл жануарлар тол орнына дүрия көйлек, мақпал шапан, жібек шәлі, батсайы көрпе де туа салады. Бірақ тұяғына тұяқ, қаз орнына қарға қалдырмай кетпейді. Бұлай ету төлдетуші мен төлдеушінің басты бір шарты.

Әрине, бұл әлі жарыққа шықпаған, жасырын сыры ашылмаған, жаратылыстың я үкіметтің заңына жатпайтын, ғылым жолына сыймайтын әдіс. Тек мұның терең тамырлы сырын ақпейіл, адал шопанның аузынан ғана естуге болады.

Жақында бір өкіл колхозға барып мал санын, әсіресе қой санын алыпты. Ол бұрын да келген, талай рет көрген кісі екен. Оның үстіне бұл колхоздың малының семіз, қыстан күйлі шыққанын да біледі екен. Әсіресе құнан қошқар, жалды айғыр, қомды атандарды да түстей біледі екен. Бірақ олардың бірі де жоқ, санаса саны түгел, басы аман, тұяғы бүтін...

— Шопан жолдас, шөбің мол, қораң жылы, қойың түгел, неге бұлай малдарың азғын? Ылғи саудыраған садыра, тесік өкпе, ши бұт тоқты мен тұсақ боп, еткен жылдағыдан ұсақтап кетіпті ғой! — деді.

— Қошқардан туған қозы, айғырдан туған құлын, бұқадан туған бұзау оңа ма? Бұлардың бәрі жасырын тәжрибенің беріп жатқан төлдері... — деп, күлімсіреді шопан.

Оған өкіл түсіне алмады. Қайталап сұрады:

— Қалай, қайталап айтыңызшы.

— Қалайы да, қайталайтыны да жоқ, біздің бастықтарымыз малдың басын жемейді, майын жейді...

Жұмбақтаған сөз шешілген жоқ, тұйық күйінде қалып қойды, өкілдің ойы асықпай ашып, астарын білу болды да аттанып кетті. Қошқарлар қоздап, айғырлар құлындап, бұқалар бұзаулай берді.

Күндерден күн өткенде баяғы өкіл сол колхозға қайта келді. Күдікті оқиғаны ашудың әрекетіне кірісті. Баяғы шопанға қайта жолықты. Колхоз бен ферма бастығын сұрады. Шопан күлімсіреп тұрды да:

— Олар еркек малды төлдету әдісін бітіріп болып, енді өздері толғатып, туғалы жатыр, ұл туарын, қыз туарын кім білсін?.. Бірақ, толғақтары қатты көрінеді... деген жорамал бар, — деп еді. Сасып қалған өкіл:

— О заманда, бұ заман, еркек бала туған ба? Қайдағыны айтады екенсіз, — дегенде, оған тоқыраған шопан жоқ:

— О заманда, бұ заман, қошқардың қоздағанын, бұқаның бұзаулағанын, бураның боталағанын көріп пе ең?

— Жоқ.

— Ендеше соны біз өз көзімізбен көрген кісіміз. — Ол ақырында әңгіменің жасырын сырын, негізгі түйінін түсіндіріп берді. Әңгіме былай екен:

Бастықтар қойдың қошқары мен ісегін, жылқының айғырымен семіз - семіз аттарын, түйенің бурасы мен атанын, сиырдың бұқасы мен өгізін бір түнде апарып сатады екен де, орнына бір тұяқ алып қоса салады екен. Жылқы да, түйе де, сиыр да осы әдіспен "төлдей береді" екен. Үстіндегі артығын өз құлқынына тастай береді екен. Қошқар мен айғырдың, бұқа мен бураның төлдейтін әдісі осы екен.

Бұл әдістің тез ашыла қоймауы, тез жарыққа шықпауы — сырт барған кісі тек малдың басын ғана іздейді екен, бірақ, бас түгел, тұяқ бүтін... болған соң кете береді екен.

Тек мұның сырын ашатын ақпейіл, адал ниетті шопан ғана көрінеді. Бағымызға малымыздың басында осылардай ақпейіл, адал ниетті малшылар көп болғай - ақ та!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз