БІРІНШІ ДӘПТЕР
1
— Еркін, сүйінші! Оқудан ағаң келді, әйел алып келіпті.
Мен бұл қуанышты хабарды Жабырда шөп орағында жүріп естідім. Ат тырмамен шөп жинаймын. Қашан жазғы демалысымыз біткенше, біз оқушы балалар, колхозда жұмыс істемейміз.
Әуесқой қыз-келіншектер бригадир Бекбосыннан:
— Кімді әкепті?
— Қандай әйел әкепті?
Әкелген әйелі сұлу ма екен? — десіп, жамырап сұрап жатыр,
Ал сөзді Бекбосын аузын бұртитып:
Miнe, мынау, — деп, басбармағын көрсетеді.
— Е, ол не дегенің?
— Сұлу десең, сұлу! Оқыған десең, оқыған...
Әңгіме менің Алматыдағы алты айлық бухгалтерлік курсқа оқуға кеткен Сәрсебек ағайым жайлы. Соңғы кезде жазған хатында ол: апa, ciзге келін алып барам, той қамын жасай беріңіз деп, жазған болатын. Бұл хабарды естіп, шешемде ес қалмаған. «Қарағым балам, мен болсам қартайдым. Оның үстіне денсаулығым нашар, дымкес адаммын. Екі күннің бірінде ауырып қалам. Сенің мені аяйтын күнің бола ма? Неге үйленбейсің? Өзің құралпы жігіттердің бәрі-ақ үйленіп жатыр. Солардан кембісің? Әңгімені қой да үйлен, үйге шүйке бас біреуді кіргізіп бер» деп, ағайымның құлағын дамылсыз қашай беретін оның өзі еді.
Келін түсіру шешемнің айықпас арманы болатын. Міне енді апатайымның сол арманы орындалған екен.
Жеңгелі болғаныма, сөз жоқ, мен де қуаныштымын. Бекбосынның мен әлі көрмеген жеңгемді мақтап айтқан сездері жаныма жағып барады. Үйге тез жетуге, мен үшін жер түбі саналатын ту сонау Алматыдан әкелінген нәркес көз, жас жеңгемді тезірек көріп, танысуға ынтықпын.
Мінекей, жұмыс соңынан астыма тоқым салған жайдақ атпен Тұйық қайдасың деп, құйғытып шауып келем.
Есік алды абыр-сабыр көп кісі. Әйелдер, балалар. қазан асылған, қой сойылған. Қатарынан қойылған қос самауырдың лапылдаған жалыны аспанға атады. Қора жақтан келіп, аттан топ етіп түсіп жатырмын.
Қазан басындағы әйелдер өзімнің көршілес жеңгелерім. Біреуісі мені көріп:
— Еркін келді! Сүйінші! Сүйінші аламыз! — деп жүгірді.
Соңынан және бір әйел жүгіріп келеді.
Екеулеп бас сап, қалта-қалтамды ақтарып, жұлмалап жүр. Нең бар, нең жоқ демейді. Өзім оқушы болсам, өзім жұмыс басынан келсем, нем болушы еді. Үстімдегі киімдерім жамаулы, ескі жұмыс киімдері. Шалбарымның бір қалтасы үңірейген тесік. Жеңгелерімнің біреуінің әумесерлене сұққан қолы сол тесіктен сумаң етіп ары өтіп кетті. Жалаңаш санымды бір-ақ барып қапты. Ойбай деп, қолын жылан шағып немесе әлдене тістеп алғандай бақырып, қайтадан суырып алды...
Мен мәзбін, күлкіге қарық болып жатырмын...
Бір жағымнан сап етіп шешем пайда бола кетті. Қозғалған сайып ойбай деп, ілмиіп қалған, күндегі қалпы жоқ. Қуанышын қоярға жер таппай қалбалақтап, ұшып жүр.
— О, шыбыным, келдің бе! — деп қолымнан жетелей жөнелді. Ауыз үйдегі көп адамдардың арасын жарып өтіп, бірден төр үйге әкелді. Мұнда да бірсыпыра кісі отыр.
Менің келуімде зор мән бардай-ақ:
— Мынау менің кіші балам Еркін, — деп әлдекімдерге дабыра сап, таныстырып жатыр.
Төр үйдің оң жағында шымылдық құрылған кереует — ағайымның кереуеті. Мен жаңа түскен жеңгемді ауыл дағдысы бойынша сол шымылдықтың ішінде, қыз-келіншектердің қоршауында, басына бөртпе шәлі жамылып, сызылып отырған болар деп ойлаған едім. Сөйтсем, шымылдық түрулі, төсек жинаулы.
Ол маңда ешкім де жоқ.
Төсекке қарсы, терезе жақта өз алдарына оқшау топ боп шүйіркелесіп бірнеше қыз-келіншектер отырған. Солардың арасынан мен бұрын көрмеген, үстіне қонымды су жаңа көкшіл костюм, аппақ ақ кофта киген, басына бір байлам үлбіреген жұп-жұқа орамал байлаған, тіп-тік сұңғақ бойлы, күлім көз, қара торы біреуісі орнынан өте сыпайы түрегеліп, маған қарай жүрді.
— Жаным, жеңгең осы бала, аты Қаныша, — деп, шешем бізді таныстырып жатыр.
Жеңгем маған бір көргеннен ұнады. Бекбосынның сұлу десең сұлу, оқыған десең оқыған деп, мақтауына тұрарлық адам тәрізді. Көркі де, киім киісі де әсем, осы биыл педучилище бітірген. Оны да мен бағана Бекбосыннан естігем. Қалада оқыған, мәдениет көрген жан екендігі былай да көрініп, білініп тұр. Қасындағы ауыл қыз-келіншектері бір төбе болғанда, ол өз алдына оқшау бір төбе.
Жас жеңгем орнына қайта барып отырды. Әдемі түзу аяқтарын біреуіне біреуін қатар жанастырып, еңсесін тіп-тік ұстап, мойнын жан-жағына аққуша сәнмен бұрып, көзін жұртқа қиғаштай тастап отырысы соншалық керім-ақ еді.
Meн ішімнен қуандым да сүйсіндім. Жарайды Сәрсебек ағайым! Бұл маңайдағы талай мынау деген қыздарды жаратпай, менсінбей жүруші еді. Өзіне нағыз серік асыл жар, өмірлік дос тапқан екен!
Бұл бөлмеде мен танымайтын жәке екі адам отыр. Екеуі де әйел жандар.
Бірі төрдің қақ төбесінде, ауыл совет председателі Нұралымен қатарлас, еркекше малдас құрып отырған жалпақ кеуделі, денелі, мосқал жасты қара әйел. Аты Балжан, Қаныша жеңгемнің бірге туған әпкесі.
Екіншісі, Балжанның төменгі жағында енесін жанамалаған құлынша оған еркелікпен сүйене түсіп отырған, қасы, көзі қап-қара, еліктің лағындай сүйкімді жас қыз. Көмірдей қара шашын желкесіне төгілдіре қырыққан. Бұл Балжанның Ғалия дейтін қызы екен. Жасы мен шамалас. Маған ол кез алмастан қарай береді.
Жас жеңгем Қанышада әке де, шеше де жоқ. Екеуінен бірдей жас айырылған. Жан ашыр жақын туыстан бары осы Балжан көрінеді.
Балжан бізбен көрші Бөген ауданында тұрады.
Сәрсебек пен Қаныша Алматыда мен сендік, сен мендік деп, қол алысып болған соң өзара кеңесе кеп, былай етеді. Мұнда біздің ауылға тіке тартып келмей, жолдан Балжандарға соғады. Қаныша әке орнына әке, шеше орнына шеше болған әпке-жезделерінің алдынан өтіп, бір ауыз ризашылық сөздерін алады. Содан осында келеді.
Балжан мен Ғалияны қолқалап өздерімен бірге ертіп келеді.
2
Біздің үйде той.
Үйлену тойы.
Бибісара шешемнің талайдан арман еткен тойы. Той десе, Тұйықтың халқы бір жырғайды. Шақырған-шақырмағаны есеп емес, шұбап келіп жатады. Кемпір-шалдар немере-шөберелеріне дейін тастамай, арқалап, немесе қолдарынан жетелеп, ертіп алады.
Ауылдың бар тұрғыны түгел бітпей, той тарқаған болып саналмайды. Бола береді. Құтты болсын айтып келген жұртқа қашан келсе-дағы есік ашық.
Дастарқан жаюлы.
Қазақ асықпай-саспай, бабымен тойлағанды ұнатады.
Осы кезде біздің үйдегі шаңырақ иесі үлкен адам — шешем Бибісара. Әкеміз Мамырбай бұдан үш жыл бұрын жылқы бағып жүріп, суық тиіп, қайтыс болған. Құтты болсын айтып келушілер бірінші сөзін әуелі үй қожасы шешеме бағыштайды.
— Құс құтты болсын, aнa!
— Шеше, келін құтты болсын!
— Жастар бақытты болсын, — дейді,
Үлкен, кіші бәріне бірдей қалбалақтап, апамның жаны қалмайды:
— Айтқандарың келсін!
— Үйге кіріңдер! Төрлетіңдер! — дейді. Өзі есік ашып, қызмет етіп, аяғының үшінен жорғалайды.
Бибісара шешем аумалы-төкпелі заманды көп көрген, қайғы-қасіретті басынан көп кешірген. Өмірдің өзге тауқыметін былай қойғанда, тоғыз құрсақ көтерген адам екен. Содан бары Сәрсебек екеуміз ғана. Қалғандарын өзі берген алла тағала өзі алған. Шешем байқұсты жылатып—сықтатпай, қапаландырмай, қайбір жайдан-жай ала салды ғой дейсің.
Әйтеуір қыбырлап тоқтамай, шала-жансар жүріп тұратын бір сағаттар болады ғой. Шешемнің денсаулығы сол тәрізді. Байқұстың ауырмайтын жері жоқ, тұла бойы толған ауру.
Басым дейді, белім дейді, аяғым дейді, тізем дейді... іші-сырты түгел ауырады. Ауылда дәрігер болмағандықтан, ол аурулардың бәріне де емші өзі.
Апамның сандығының бір бұрышы толған дәрі-дәрмек, Кейбірі қағазға оралған, кейбірі шүберекке түйілген, кейбірі былайша тастай салынған. Бір жері ауырса, содан кеңілі түскен біреуін алып, ішіп жатады. Кейде тәуір боп жазылады, ал кейде бұрынғысынан бетер ауырып қалады.
Көп дәрінің ішінде аптекадан алынғаны қанша болса,қолдан істелгені, жұрттың бергені және сонша. Біреу бірдеңені дәрі екен деп айтса, апам соны қалай Да таппай тынбайды. Көкемарал, бұғының мүйізі, адыраспан, жыланның басы, у қорғасын деген секілді не ғаламат дәрілері бар,
Бүгінгі мына тойдың үстінде шешемнің дымкестігінен түк қалмаған. Бүкіш белі түзеліп, арық бетінің үшінде қызғылт нұр пайда болған. Келін-кепшіктерімен қатар қимылдап, қонақтардың асты-үстіне түсіп, жан таппай жүр.
Сәрсебекте де мұрша жоқ. Той малын сойысып, арақ-шарапты дүкеннен өзі әкеліп, қара терге түсіп жүр. Бірақ жиырма үш жасар қаблан жігіт бұған мойымайды, шаршау дегенді білмейді. Не істесе де істеген ісін жапырып жібереді.
Ел іші ағайымды жақсы көреді: ешкіммен қақ-соғы жоқ, жұмысына тыңғылықты. Ешкімнің ала жібін аттамайды, мас боп арақ ішпейді. Үлкенді аға, кішіні іні деп тұрады.
Мен ағайыма қарағанда басымнан сөз асырмайтын қызба, шатақтаумын. Ал ағайымда ол мінездің жұрқасы да жоқ.
Сәрсебектің білімі, небәрі, төрт қана кластық. Бірақ ол әрмен қарай жалқауланып оқымай қойған емес. Ол кезде бұл маңайда одан жоғары мектеп болмаған.
Ағайым өздігінен көп оқиды, қолынан газет-журнал түспейді. Сондықтан көп біледі. Ағымдағы саясат, халықаралық жағдай жөнінде сөйлескенде, немесе өзінің бухгалтерлік жұмысына қатысты мәселені әңгіме еткенде, ол он класс бітіргендердің өзін қанжығасына байлап әкетеді.
Ауыл қыздарының біреуіне үйлене салмай, әйелді ту сонау Алматыдан әкелуі де ағайымның талғампаздығы күштілігінен болса керек. (Басқаларды қайдам, мен өзім солай ойлаймын).
Ағайымның үйлену тойында мен-дағы жанымды салып қызмет етіп жүрмін. Елгезек пысық баланың біреуімін. Қайда жұмсаса да ұшып тұрам. Ал қолым қалт етсе, қонақ қыз Ғалияның қасынан шығам.
Ғалия екеуміз теп-тез-ақ үйір бола кетістік. Ол менімен түйдей жасты — құрдас болып шықты. Оқуымыз және бірдей — Ғалия да биыл жетінші бітіріпті.
Ғалиямен әңгімелесе отырып, қиялдаймын: Оныншыны қатар бітіреді екенбіз. Содан соң институтқа бірге барып түссек. Оны да бірге бітіріп шықсақ. Сосын Қаныша мен Сәрсебекке ұқсап үйленіп, той жасасақ.
Ғалиядан кім болғысы келетінін сұраймын. Дәрігер болсам дейді. Ал менің арманым журналист болу. Ол аз болса, жазушы болу.
Оны-мұны шаруамен, үлкендердің о жақ, бұ жаққа жұмсауымен Ғалияның қасынан кетіп қала берем. Міне сол кездерде Ғалия жалғызсырап қалатын тәрізді. Үйге, шешесінің қасына бармай, көше жақтағы жалғыз түп нән бәйтеректік саясына орнатылған тақтай орындықтың үстінде жалғыз өзі отырған күйінде қалады. Әлсін-әлсін бұрылып қарап, менің келуімді күтіп отырады,
Мен келгенде сергіп, көңілденіп қалады.
Екеуміз жаңа таныс болғанға еш ұқсамаймыз. Бірін-бірі талайдан білетін, үйреніскен адамдар тәріздіміз. Ескі достар тәріздіміз.
Ертесінде кешке қарай Тұйыққа арбасын салдыратып көшпелі кино келе қалар ма! Анда-санда бір келеді. Сондықтан, әсіресе, балалар үшін бұл деген қуанышты оқиға «Кино!», «Кино кепті!» деп, азан-қазан шапқыласып жүр.
Ғалияны бір жаққа ертіп әкетуге сылтау таба алмай отыр едім. Бұл енді жақсы болды. Екеуміз киноға барып келуге үлкендерден рұқсат сұрадық.
Екі күнге созылған молшылық тойдың бұл кезде ауыр жұмысы аяқталған. Келім-кетім кісі азайған. Осы тойдың негізгі себепкері болғандар және біраз сыйлы адамдар отыр. Оларға біздің қажетіміз шамалы. Апам да, Балжан құдағи да:
— Барыңдар, барып келіңдер, — деді.
Міне, енді Ғалия екеуміз киноға келе жатырмыз.
Киноға жалғыз келу бір басқа да, қыз ертіп келу бір басқа екенін мен бірінші рет осы жолы сезінген тәріздімін. Кеше ғана бала едім, бүгін бозбаламын. Өзімді соған лайық сылқым да байсалдырақ ұстауға тырысамын. Аяғымды әлдекімдерге еліктеп ширата басам.
Осы келе жатқанымды көлденең жұрт, әсіресе балалар көрсе екен деп тілеймін.
Ол кезде Тұйықта клуб дейтін клуб жоқ, тек аты ғана. Бір кезде ішінде адам тұрған, қыстақтағы көп үйлердің біреуіндей аласа тоқал үй. Кино сонда болады. Есік алдына біраз бала-шаға жиналып қалған. Іштерінде менің кластас, мектептес достарым бар. Олар бізге едірейіп қарасады. Бірін-бірі түртпектеп бірдеңелер айтады. «Еркінді қарай гөр, жаман неме, қасына әп-әдемі қыз ертіп апты» дейтін тәрізді.
Ғалия екеумізді көздерімен ішіп-жеп барады.
Жайшылықта болса, қастарына жетіп барып, жамыраса кетер едім, ол заман өткен. Анадайдан бас изеп амандасып, Ғалиямен оқшауырақ тоқтадым.
Клубтың есігі аласа. Қисайта киген кепкасының астынан тоқпақтай боп шашы дудырап шыққан, ұзын мойын киномеханик жігіт тапал есікті тұла бойымен бүгіле тіреп, билет сатып тұр. Кассир де өзі, тексеруші де өзі,
Жұрт және біраз жиналғанша біз әлгі арада тосып тұрдық. Көп тұрсаң, орыннан құр қаласың. Киноны қақиып түрегеп тұрып көресің.
Немесе малдас құрып кір еденге отырасың.
Бүгін мен баймын, мырзамын. Он сомдық көкала қағазды қалтамнан жарқыратып суырамын.
— Два билет, — деймін орысшалаған боп.
Бір сомдықтан бір уыс ақша қайырып берді. Мен оны санап, әуреленіп жатпақшы емеспін, қалай болса солай умаждап, қалтама сала салдым. Артық немесе кем беріп жатуынан мен үшін келіп-кетері шамалы тәрізді.
Қыз алдында шұқшиып ақша санап, ұсақшыл болып көрінгім келмейді.
Менімен бірге оқитын балалар бұның бәрін байқап, жіпке тізіп қарап түр. Әдейі қасымдағы Ғалияға естіртіп:
— Мынау бүгін не боп кеткен?
— Өзі байыпты.
— Қайырып берген ақшаны тіпті санамайды, — десіп, сөзбен шабақтап қояды.
Мен естісем де, естімеген болам.
Тұйықтың киносы нағыз демократияшыл кино. Үлкен-кіші, бала-шаға деп, талғап, сорттап жатпайды. Кім ақша төлесе, сол кіре береді. Орын жоқ деп, кіргізбей қоюшылық болмайды. Әуелгі кіргендер орындыққа, соңғы кіргендер жерге отырады. Немесе тікелерінен тік түрегеп тұрады.
Киноның орта тұсынан келіп те кіре беруге, қалаған уақытта шығып кете беруге болады.
Әйелдер емшектегі балаларын ала келіп, жыласа, омырауларын жарқыратып ашып, емізіп отырғанын көресің. Екі жұмыс бірден бітіп жатады: анасы кино көрсе, баласы торсықтың рақатын көреді.
Картинаның әр бөлімінен кейін шам жанып, пленка ауыстырылады. Кино қайта басталғанда:
— Әй, беркінді ал!
— Мынау қодырайған кімнің басы?
— Әй, отыр!
— Басыңды ал! — деген секілді улап-шулаған дауыстар жамырап кетеді.
Кішкентай үйдің іші адамға лезде толды. Орта шеннен орын алған Ғалия екеумізді жұрт бірімізге бірімізді жапсырып қысып тастады. «Әй, әрменірек отырыңдар! Қысып жібердіңдер» деген болам. Бұл бер жағымнан. Ар жағым, қайта қыса түссе екен деймін. Ғалияның бүйіріне бүйірім жаншылуынан оның жүрегінің лүп-лүп соққан қимылын анық сезіп, содан өзіме тілмен айтып жеткізгісіз ләззат алып отырмын.
Кино бітті. Жұрт қапырық үйден таза ауаға шыққанша асық болып, тар есіктен таласып-тармасып, шыға бастады. Құдды моншадан шығып жатқан адамдар тәрізді — бастары бұрқыраған бу, тер. Біз де солаймыз.
Менімен бірге оқитын балалар кетпей, былайырақ барып, шоғырланып тосып тұр. Бізді тосып, пәле ойлап тұрмаса неғылсын. Біреуісі мені шақырды:
— Еркін, бері келші!
— Не?
— Келсеңші, немене, біз сені жеп қоямыз ба?
Бармаймын десем; шабақтап және бірдеңелер айтулары мүмкін. Ал барайын десем, Ғалияны жалғыз қалдыру ыңғайсыз. Ғалияның оларға жолағысы келмей тұр.
— Не, не айтасың? Осы арадан да естимін,
— Қасыңдағы періштеңнен айрылып қаламын деп, қорқамысың?
Мен не айтарымды білмей қысылып қалдым,
Ғалия жалт бұрылып:
— Ұятсыз! — деді.
4
Біз ауыл совет председателі Нұрәлінің үйінде бүкіл үй ішімізбен, Бөген ауданынан келген меймандарымызбен бәріміз қонақ болып отырмыз. Нұрәлі әдейі арнап қой сойғaн, арақ-шарапты мол алған, Аянбай, ағынан жарылып күтуде.
Тұйықта негізінен Айт, Құрман аталатын ағайындас екі атаның балалары тұрады. Біз Құрманбыз. Ал Нұрәлі болса, Айтқа да, Құрманға да жатпайды, сырттан келген кірме.
Нұрәлі баяғыда, колхоздасудың әуелгі жылдарында Бөген ауданында қызмет істепті. Біздің Балжан құдағимен ол сол кезде жақсы таныс екен. Оның үстіне Нұрәлінің әйелі Сәуле Балжандардың руынан, яғни Қызылбөріктің қызы.
Балжан мен Қаныша да Қызылбөріктің қызы.
Қарға тамырлы қазаққа бірімен бірі жақын бола кетуге, туыс бола кетуге осы да жеткілікті. Әйтпесе, Нұрәлі үйі бұған дейін бізбен онша көп араласпайтын. Сәрсебек ағайым Нұрәліні онша көп ұнатпайтын.
Қаныша Қызылбөріктің қызы екенін білген бетте-ақ Сәуле оны бас салады.
— Өзімнің сіңлім екенсің ғой, Жалғызсырап жүр едім, жақсы болды ғой! — деп қуанады. Содан ол үш күн бойы қашан той тарқағанша, біздің үйден шыққан жоқ, Аяғынан тік жүріп, кісі күтісті.
— Сәрсебек екеуміз бажа болдық енді, — деп бұрын онша көп араласпайтын Нұрәлі де бұл күндері біздің үйді жанамалап алған. Тойдың оны — мұнысына жәрдемдесіп, жаны қалмаған.
Осы жақындығымыз баянды болсын, бұдан былай екі үйіміз бір үй болып жүрейік деген ниетпен енді міне Нұрәлі бізді шала шабылып, қонақ етіп отыр.
Нұрәлі жалпы ішкі есебіне мықты жан. Мынадай сәті келген кілтіңді пайдаланып, тасы өрге домалаған жас жігіт Сәрсебекпен жақын боп ала қойса, ол одан зиян шеге ме? Шекпейді.
Сәрсебек қазірдің өзінде колхозды құлағынан ұстап отырған екі адамның біреуі, Ал ауылдық советтің председателі деген лауазымы дардай болғанмен колхозсыз Нұрәлінің күні жоқ.
Сәрсебексіз күні жоқ.
Апам болса ішімдікті татып алмайды.
Мен әлі баламын, ішпеймін. Ғалия да солай.
Қаныша жеңгем аздап қызыл ішеді.
Ақтан кетіп отырғандар Нұрәлі, Сәрсебек, Балжан құдағи үшеулері.
Нұрәлі жасының ұлғайып қалғанына қарамастан арақты тәуір ішеді. Етті де тәуір жейді. Балуан денелі, беттері былшиған, қара мұрт, қара сұр адам. Бір көзінің ағы бар. Рюмкадағы арақты қағып салғанда. бөренедей жуан мойны жыбыр етіп қоймайды. Бет-бейнесі ешқандай қиналған нышан білдірмейді. Арақ емес, жай су ішіп отырғандай. Ішіп-жеген сайын бусанып, беттері қызыл қошқылданып, қарқ-қарқ еткен қарға күлкісі одан бетер еркіндеп баптана түседі. Еттің қайдағы семізін, майлысын теріп асағанда, жемей қарап отырған менің жүрегіме кілк етіп май тигендей болады, —
Сәрсебек араққа құштар емес. Нұрәлінің әлсін-әлсін:
— Кел, бажа, алып қой, — деп, зорлауымен ғана ішіп отыр.
Балжан бірінші құйғанды еркектерден қалыспай қағып тастап еді. Одан кейінгісі жай демеу ғана: «Ал, мен де.алдым», — деп, рюмканы көтерген болады да, ернін тигізіп, қайта қояды.
Нұрәлінің әйелі Сәуле кішкентай ғана шүйкебас ақсұр адам. Қой аузынан шөп алмас момын. Күйеуінің бетіне тура қарап сөйлегенді білмейді. «Әке, менің кеселім бар, жақпайды» деп, ішімдікті алдына жолатпайды.
Сәуле, шынында да, науқасшаң.
Кеш бойына Сәуле бізбен қатар отырып, бір шыны шап ішкен жоқ. Тек құрдай жорғалап күтуді біледі.
Әйелдің өз үйінде дәл мұнша төмен етек болуы Қаныша жеңгеме оғаш көрінсе керек. Ол бірнеше рет өрі наразылық білдірген, өрі қатты өтінген дауыспен:
— Әпке, бері қатарға отырсаңшы.
— Тамақ алсаңызшы, — деп еді. Сәуле әр түрлі сылтаулар айтып, дастарқанға сонда да жоламай қойды.
— Жеңдер, әке. Тамақ қайда қашар дейсің. Өзім ұстап жүрмін ғой, — дейді.
Нұрәлі бір кезде:
— Әй, қатын, сорпа әкел, — деді.
Сәуленің атын атамай, әй қатын деп сөйлеу оның әдеті. Қаныша Нұрәліге тіксіне қарады:
— Жездеке, бұныңыз қалай? Ол кісінің тамаша аты бар емес пе? Атын неге атамайсыз? Мал қайырғандай «ей!» дейсіз.
Қысылатын Нұрәлі емес.
— Балдызжан, сен бізді түзей алмайсың. Үйреніп кеткен ауыз ғой, — дейді.
Ауыл дағдысы бойынша екі шай, бір етпен түн ортасын ауғызып, үйге қайттық. Нұрәлі бұл кезде қатты қызу. Есік алдына шыққасын ол ағайымды жіберсейші. Біз анадайда күтіп, қарап тұрмыз. Нұрәлі тілін шайнай сөйлеп:
— Сәрсебек, мен сені бұрын да өз інімнен кем көрмейтін едім. Енді міне бажа болдық. «Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бажа тату» деген мақал бар. Менікі, сенікі демей араласып тұрайық. Мақұл ма?
— Мақұл, Нұреке, — деп Сәрсебек бас изегенді біледі,
— Айналайын, келші сол үшін,
Нұрәлі Сәрсебекті мойнынан қапсыра құшақтап алып, сілемейлеп сүйіп жатыр.
Еркек пен еркектің сүйісуін сөлекет көрген Балжан құдағи:
— Кім білген, бажа деген немелер күшік тәрізді болады екен ғой, — деп, мысқылдап күліп қояды.
5
Төрт-бес күн қонақ болды да, Балжан мен Ғалия қайтамыз десті.
Бөген ауданынан келген құдағи көрген-түйгені мол, кісілікті, арналы адам көрінеді. Оқуы жоқ болса да, көптен ауылда басшылық қызметтер атқарып келеді. Бірнеше жыл ауылдық советке председатель болған. Осы кезде колхозда сиыр фермасының меңгерушісі. Балжан деп, атын айтса, бірсыпыра жұрт білетін беделді сыйлы адам көрінеді.
Біздің үйдің іші Балжаннан тағы біраз қонақ боп жата түсуін өтінді, Бірақ Балжан Қазір шаруа кезі екенін айтып илікпеді.
Оның жата түсуін тілеушінің бірі менмін. Ғалия кетпесе екен деймін...
Біздің үйдің іші шамалары келгенше, Балжан құдағиды сыйлап, риза етіп аттандыруға барын салды. Бұрынғының кәдесі деп, көйлек кигізіп, шапан жапты,
Ғалияға көйлек кигізді.
Балжан кейбіреулер тәрізді дүниеқоңыз адам емес екен. Ұсынған нәрселерді қиналып әзер алды. Аға, жеңгеме өте байсалдылықпен бірсыпыра өнеге, ақыл сөздер айтып аттанды.
Әне, олар мінген жүк машинасы артында шаңы шұбалып, ұзап кетіп барады, Мен көзімді алмай, қараумен тұрмын. — Кузовта кабинаға арқасын беріп отырған жалғыз қара — Ғалия, Балжан кабинада.
Менің көзім Ғалияда.
Жүрегімнің бір тал нәзік қыл тамырын ол өзімен бірге ауырта жұлып, суырып алып кетіп барады.
Ғалия екеуміз хат жазысып тұрмақ боп келіскенбіз. Ендігі жұбанышым сол ғана.
Хатты дәл қазір — Ғалияның қарасы көзден ғайып болысымен отырып жазар едім. Бірақ бұл тым тез. Арада, сыпайыгершілік үшін болса да, төрт-бес күн өтуі керек. Мен соған қалай да шыдауым керек.
Төрт-бес күн емес, төрт-бес жыл өткендей болды.
Он ойланып, жүз толғанып дегендей өнерімнің бәрін салып хат жаздым Ғалияға. Оны әдемілеп бүктеп, әдемі конвертке салып жөнелттім. Марка жапсыруымда, хаттың аузын желімдеуімде иненің жасуындай мін болмаған шығар-ау.
Енді жүрегім аттай тулап жауап күтудемін. Ғалия не жазар екен дегенді ойлағанда, төсекте жатып, ұйқым шайдай ашылып кетеді.
Бір күні кешке жұмыстан келсем, Қаныша жеңгем күлімсіреп:
— Ерка, биле, — дейді.
Бұның не ырым екенін қайдан білейін.
— Неге?, — дедім.
— Билесең, сеп қуанатын бір нәрсе берем.
«Биленің» сырын мен енді түсіндім.
Ішім бірдеңені сезгендей жылып қоя берді.
Жеңгем маған аузы ашылмаған бір хат берді. Ғалияның хаты еді.
Ой қуанғаным —ай!
Хатты оңашаға алып кетіп оқыдым, Іші толған басқа жұртқа сездіруге болмайтын құпия болып көрінді маған. Сөйтсем, жай ғана амандық, есендік.
Құпия түгі де жоқ.
Менің жазған хатымды алғанын, өздерінің қалыпты тіршіліктерін жазады.
Уақа емес, бұл тек бастамасы ғой, Жұртқа көрсетпей, жасырып оқитын хаттарды да жазысатын кез болар.
Сол күні Ғалияға тағы бір хат Жаздым, Оныма және жауап алдым.
Ғалиядан келген хаттарды бір емес, бірнеше қайтадан оқимын.
Оқи—оқи жалыққанда, жазуын тамашалап қараймын. Жазуы маржандай әдемі.
Анық.
Өзі тәрізді ап-айқын.
Ғалияның бір де хатын жыртпаймын, Өмірімнің ең асыл документтеріндей әдемілеп бүктеп сақтап жүрмін,
Оқу басталар кез болды,
Биыл аудан орталығы Қарасазға барып оқымақпын, Тұйықта енді мен оқитын класс жоқ. Мұндағы мектеп жетіжылдық. Мен болсам, сегізінші оқуға тиіспін.
Қарасазға Сәрсебек ағайым езі алып келіп аупарткомде нұсқаушы болып істейтін, өзінің жақын жолдасы Есіркеп деген адамның үйіне орналастырды. Семьясы шағын, тәуір адамдар көрінеді. Есіркеп өзі, әйелі, емшек жасында бір ер баласы ғана.
Менімен төртеу.
Оқып жүріп жаттым.
Бөтен ел, бөтен мектепке алғаш келген кезде езіңді кірмедей сезінетінің болады. Ауыл итінің құйрығы қайқы, мұндағы бұрыннан оқитын балалар шекелерінен қарап жүреді. Бірақ бұл уақытша ғана. Сабақты жақсы оқып, өзіңді таныта білсең, кірмелігің тез жойылады.
Мен Тұйық жетіжылдық мектебін мақтау грамотасымен бітіріп келгендердің бірімін. Мұнда да бір дегеннен тәуір оқып, кезге түсіп жүрмін. Сондықтан беделсіз де емеспін.
Біздің колхоздың мұнда бірталай баласы оқиды. Біразы, тұрмыстары нашар, жетімдері интернатта жатады. Біразы мен құсап әркім-әркімнің үйлеріне орналасқан. Сенбі сайын жаяу-жалпылы шұбап, он бес шақырым жердегі Тұйыққа — үйлерімізге келеміз. Адамның өз үй, өлең төсегі деген сиқыры бар нәрсе ғой, магниттей тартады да тұрады. Бір қонып, кір-қоңымызды жуғызып, аунап-қунап, Қарасазға көбенденіп қайта қайтып келеміз.
Жас жеңгем өзіміздің ауылда мұғалім. Орыс тілінен сабақ береді. Мектепте орыс тілін одан жақсы білетін адам жоқ.
Оқытатын сағаты көп болғандықтан жеңгемнің жалақысы да мол.
Бұрын біздің үйдегі табыс табатын адам тек ағайым еді. Енді екеу болды. Ақшаның күшті кезі. Тұрмысымыз кәдімгідей оңалып, аз уақыттың ішінде үйімізге дүкеннен бірсыпыра бағалы заттар кіріп үлгерді.
Киім-кешегім бүтінделіп, дастарқанымыз қорабаланып қалды.
Аға, жеңгем ғажап тату. Екеуі біреуінсіз біреуі тұра алмайды. Біздің үйде кітап, жаздырып алатын газет-журнал көбейген. Кәдімгі көзі ашық, мәдениетті семьяға айнала бастаған.
Жасынан қалада тәрбиеленіп өскендіктен жеңгем алғаш келген кезде ауыл тіршілігіне ептеп орашолақ еді. Сиыр саууды білмейтін, атқа мініп жүре алмайтын. Мінсе, он, теріс деп талғамай, кез келген жағынан мінетін.
Осы үшін жұрт оны күлкі, әжуа етіп жүрген кездер болған.
Қаныша қазір олай емес, көп нәрсені үйренген.
Қажет болса, сиыр да сауады.
Салт атпен ауданға да барып келеді.
Бұл жағынан ол ауыл әйелдерінен қалыспайды.
Ауыл әйелдеріне ұқсамайтын бөлектеу де жағы бар. Ол жеңгемнің киім киісі.
Қаныша киімді қаладағыша киеді. Көйлектерінің көпшілігі жағасыз, жеңсіз, етегі қысқа болып тігілген. Күн ыссыда киіп жүруге қолайлы.
Ал ауыл әйелдері мұндай көйлектер кимейді. Олардың көйлектерінің етек, жеңі ұзын, жағасы бітеу болып келеді. Құдай жаратқан дене мүшелерінің бет пен қолдан өзге еш жерін жарнамалап ашық қалдыруды олар қаламайды.
Мұны өздерінше, әдептіліктің нышаны деп ұғады.
Қанышаның аяғында үстіңгі жағын таспамен үш-төрт шандып қойған кәдімгі жеңіл босоножка. Жеңгемнен басқа мұнда сіз бір де бір әйелдің, не еркектің аяғынан ондай киім таппайсыз. Біздің ауылдың қыз-келіншегі бұл тәрізді киімді бекер берсеңіз киер ме екен? Тарт әрі. Киім болмай әдірам қалсын. О жағынан кірген шаң-топырақ бұ жағынан төгіліп, бұның киімге не сәндігі бар? Бұдан да жалаң аяғым артық емес пе дейді.
Ауылдағы кейбір ескілікті кісілер осы үшін — «тылтитып» қаладағыша киінетіні үшін жеңгемді әлі де сынап-мінейді. Жап-жақсы адамды киімнің қор етуі-ай дегендей сөздер айтады.
Жеңгем күледі де қояды, өзіне ұнағанын істейді.
Бір жақсысы, біздің үйде мынауың былай болса қайтеді деп, Қанышаны беттен қағар ешкім жоқ. Апам екеш апама дейін, балам, езің біл, өзіне ұнағанын істе, айтқан жұрт айта берсін дейді.
Сондықтан да біз татумыз. Жас жеңгемді біз қалай сүйсек, бізді ол да солай сүйіп, сыйлайды.
Біз бақытты едік.
6
Ғалия екеуміздің арамыздағы почта байланысы гүлденіп тұр. Бір хат онда кетсе, бір хат мұнда келеді. Ізі суымайды.
Хаттарымызда жазатынымыз, әзірше, кәдімгі белгілі жәйттар: үй ішінің амандығы, оқу жайы, мектеп жайы, т. т. Комсомолға қалай кірдім, райкомолдың бюросында қандай сұрақтар берді, БГТО-ға норманы қалай тапсырып жүрмін. Осыларды тізіп жазумен болам. Ғалияның жазатындары да сол тәрізді.
Бірақ бұл мені онша қанағаттандырмайды. Қызға жазатын, қыздан алатын хаттар басқашалау болуға тиіс қой. Сол «басқашаны» қалай бастап, қалай жасауға болады.
Кім бастауы керек?
Әрине, жігіт бастауы — мен бастауым керек.
Кім көрінгенге айтуға болмайтын, тек Ғалияға айтқым кеп ынтығатын сөздерім бар. Соларды хат бетіне түсіре алмай қор болып жүрмін. Жазбақ боп оқталсам, жүрегім дүрсілдеп, қолдарым дірілдеп кетеді. Дәл бір қылмыс істеуге әзірленген адамша ішімді үрей кернеп, өз-өзімнен берекем қашады.
Жарайды «басқаша» хатты жаздым-ақ дейін. Жөнелттім. Сомда ол хатым Ғалияның өз қолына тура барып тие ме?
Ғалиялар тұратын «Ақжол» колхозындағы мектеп те жетіжылдық. Ғалия қазір аудан орталығы Бөгенде орта мектепте оқып жүр. Meн тәрізді әлдекімнің үйінде пәтерде тұрады. Meн оған хатты мектепке жазып жүрмін. Ал мектепке жазылған хаттарды почташы қалай жеткізетіні ол маған мәлім дүние — мұғалімдер бөлмесіне әкеліп, стол үстіне шашып тастай салады. Кім көрінген талап әкетеді.
Менің бар тапқан айлам Ғалияға ескерткішке суретіңді жібер деп жаздым. Ғалия бұның мәнін түсінуге тиіс қой. Жігіт қыздан (мен өзімді жігіт қатарына қосамын) қараптан қарап ескерткішке сурет сұрай ма?
Miнe, Ғалиядан хат алдым.
Ерекше хат!
Конверттің оң жақ шекесінде астын үш қайтара сызып анықтап, ірі етіп жазған «осторожно, фото!» деген екі сөз.
Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады.
Конвертті ашып жіберіп, фотоны іздедім. Жарқ етіп хаттың арасынан шыға келді — документ үшін түскен, бір шеті ақ, кішкентай сурет.
Ғалияның дәл өзі.
Менің Ғалияшым!
Суретке ие болған соң-ақ енді менің солай деуге қақым бар тәрізді.
Ғалия тәрізді әсем қыздар кім көрінгенге сурет сыйлай ма?
Екі көзі күлімсіреп маған қарап қалған.
Суреттің сыртында сиямен «Еркінге ескерткіш» деп жазған жазуы, Ғалияның қойған қолы бар.
Мен бұл күні шексіз бақытты едім. Суретке әлсін-әлсін үңіліп қарай берем. Кешеде келе жатып та, үйде отырып та қараймын. Сабаққа әзірленген болып, кітаптың арасына салып қараймын.
Мен үшін бұл суреттен қымбат еш нәрсе жоқ еді.
Өзімнің жақын-жолдас балаларымнан мақтаныш көрсетпеген, әй, ешкім қалмаған болар. Бәріне көрсетіп шықтым. Және әр қайсысы оңашалап, құпия етіп көрсеткен болам. Хат жазып, сұрап едім, жіберіпті демеймін. Ғалия маған өзі жіберіпті деймін.
— Қалай ойлайсың, суретімді мен де жіберуім керек қой деймін? — деп, әр көрсеткен баладан ақыл сұраймын,
Ал өзім осы хатты алған заматта-ақ Ғалияға бір суретімді жіберіп те қойғам.
Күншілдік деген жаман нәрсе ғой. Жолдастарымның кейбірі қуанышымды қалай да жоққа шығаруға тырысады.
— Сен бұл суретті жазда келгенде Ғалиядан ұрлап, немесе тартып алған шығарсың, — дейді.
Мен ыза болам:
— Мына сыртындағы жазуын оқысаңшы, өзіңнің көзің бар ма?
— Жазуды өзің жазып алдың.
— Қарасаңшы мынау менің жазуым ба?
— Басқа біреуге жазғыздың.
Мен одан бетер ашуланып, күйіп-пісем...
7
Уақыт зымырап өтіп жатты.
Оқу жылы аяқталуға жақын қалды.
Бәрі бұрынғыдай.
Сыртқы кең дүниеде нендей оқиғалар болып жатыр? Нендей оқиғалар болуға ықтимал? Тұйық пен Қарасаздың халқы бұған бас қатырмайды. Олардың бас қатыратыны күнделікті күйбең тіршілік: мал бағу, егін салу, амалдап жан бағу.
Киімін бүтіндеу, қарнын тойғызу, баласына қатын алып беру...
Аға, жеңгем осы жаз Бөген ауданына Балжандарға бармаққа талайдан бері қам жасап жүр. Балжан хат жазған сайын шақырады. «Қаныша, демалысқа шыққан соң келіңдер, қонақ болып қайтыңдар. Келмесеңдер өкпелейміз» деп жазады.
Аға, жеңгеме ілесіп менің де барғым келеді-ау! Әрине, қонақ болу, демалу үшін емес. Біраз күн Ғалиямен бірге болу үшін.
Шынымды айтсам, мен Ғалияны ғажап сағынып жүрмін...
Бұл менің өзім ғана білетін жан сырым. Ешкімге, аға, жеңгеме де білгізбеуге тырысам. Мен оларға Ғалиямен хат жазысып тұратынымды да айтпаймын.
Оқу бітті, үйге келдім. Біздің үйдің есігінің алдында бір аттық бір, жаңалау арба тұр. Үстіне жас талдан иіп қабанжон етіп қаз-қатар уықшалар орнатып қойған. Сыртынан брезент жапса, әп-әдемі үйшік болып шығады.
Ағамнан:
— Бұл неғылған арба! — деп сұрадым.
— Аға, жеңгең Бөгенге осы арбамен жүреміз дейді. Сені ат айдауға ала кетеміз дейді.
Менің қуанышымда шек болған жоқ. Ішімнен: нағыз бақытты жан екенмін деп ойладым.
Сәрсебекте қызық-ау.
— Көшір боп ат айдап баруға намыстанбайсың ба? Намыстансаң басқа бір адам табайық, — дейді.
Көшір болмақ түгіл, арбаның артынан жаяу жүгіріп отырасың десе мен «ағатай, құлдық» демекпін ғой. Тек Ғалияға барсам, жетсем болды емес пе! Біраз күн Ғалияшыммен бірге болсам, Хат бетіне түсіре алмай қор болған сөздерімді ебін тауып айтсам. Ұғыныссам...
Жоқ, мен шынында да бақыттымын!
Сонымен біз жолға шықтық.
Бұл арадан Бөген ауданының орталығына дейін сексен шақырымдай. Одан әрі Балжандар тұратын «Ақжол» колхозы тағы он бес шақырым, үлкен жолдан бұрыс. Асықпай-саспай, араға бір қонып, жетіп барамыз деген есеппен шығып келеміз. Жаздың балбыраған әсем кезі. Жер-дүние көкпеңбек. Кез келген жерге тоқтауға, демалып, рақаттануға болады. Асығатын не бар?
Бұл аға, жеңгемнің ойы.
Менің ойым бұдан гөрі басқашалау: «Ғалияшыма бара жатып асықпағанда, қашан асықпақшымын?» Арбаға жегілген екі атты қосаяқтатып шаптырып отырғам, «Ақжол» колхозына дәл осы бүгін жетіп барғым келеді. Бірақ ерік менде емес.
— Күн ыссы, аттарды қуаламай, жай жүргіз, — деп, ағайым әлсін-әлсін ескерту жасай береді.
Даланың тас төселмеген жұмсақ қара жолы арбаға жайлы-ақ. Делбені сілкіп қойсам, күйлі аттар арындап алып жөнеледі, Дүние бүгін ерекше әсем, сыршыл. Арба дөңгелегінің салдырына дейін маған күмбірлеген күй болып естіледі.
Арбаның үсті ып-ықшам әдемі үй. Күн түспейді, жауын-шашын тимейді. Аға, жеңгем үйшік ойнаған балаларша астарына текемет, көрпе төсеп, кәдімгі үйде отырғандай жайғасып отыр. Екеуі біреуіне біреуі жарастықпен сүйеніп, өте көңілді, рақатқа батып келеді.
Жол азығымыз бапты, ет пісіріп, меске қымыз құйып алғанбыз. Қөңіліміз қалаған жерде, көгалды су бойларына тоқтап, тамақтанамыз. Шіркін, далада жеген тамақ қандай дәмді.
Қандай сіңімді.
Сарқыраған өзен бойында отырып, қара суға нан батырып жесең, таңдайыңа балдай татымай ма!
Ерлі-зайыпты болғандарына жылға жуық уақыт өтсе де, Қаныша мен Сәрсебек дәл кеше қосылғандай. Ыстық-суықтары әлі басылмаған. Кейін, үлкейгенде, Ғалияшыма үйленер заман болса, осылардай тату-тәтті тұруды арман етем.
Өмір бойы қабақ шытыспай өтетініме сенімім кәміл.
Ат айдаушының орны қай арада болатыны белгілі — жарты денем үйшіктің артында, жарты денем сыртында, екі аяғым салбырап түсіп кеткен.Көшір үшін бұл деген ең бір жайлы отырыс.
Мен өзім, жалпы, әнге жоқ адаммын. Солай да болса, осы келе жатқанда аспандата ән шырқағым, өлең айтқым келеді, Әттең шіркін, арбада бір өзім болар ма едім. Қасымдағы аға, жеңгемнен ұялам.
Әнді ішкі көмейімнен салып келемін.
8
Келесі күні қонаға Балжан ауылына соқтырып келіп те қалдық.
Қыстақтың тұрған орны тау баурайы, көгал, әдемі жер. Арық-арықта мөлдіреп мұздай салқын су ағып жатыр. Үйлері біздің Тұйықтың үйлеріне ұқсайды — жайпақ төбелі, бәкене там үйлер. Шатырлап жапқан бір-екі үй байқалады. Колхоздың кеңсесі, мектеп болуға керек.
Ауылдан шығар алдында аға, жеңгем Балжандарға телефон арқылы хабар берген. Олар біздің келе жатқанымызды біледі. Балалардан сыртта қарауыл қойып, күтініп, тосып отыр екен. Біздің қарамыз көрінісімен бірнеше кішкене бала үндің үстінен жау көргендей шапқыласып түсіп, хабар берісіп жатты.
Арба үйге жақындап қалған.
Жасы жеті-сегіз шамасында, қызғылт жүзді, жалақ ерін тығыншықтай бір бала қасындағы өзге балалардан жырылып шығып, бізге қарай салып келеді. Арбаның тоқтар -тоқтамасына қарамастан алдыңғы жақтан келді де жармасты, Мені қаға-соға ыршып мініп алды. «Әпке!» деп, Қанышаның мойнынан құшақтап, бас салды.
Бұл Балжанның ұлы екен, аты Қали. Былтыр біздікіне келе алмай, үйінде қалған, Қарауыл қарап, жол тосып жүргендердің атаманы осы көрінеді.
Үйден бізді қарсы алуға төрт-бес адам шықты, Әуелгі шашы желбең етіп, атып шыққан қыз бала Ғалия еді.
Соңындағылар Балжан және біреулер.
Ғалия кіммен қалай амандасарын білмей, сасқалақтап Қаныша. қалды, Сосын Қанышаның мойнына асылып, бетінен сүйіп
Мені де сөйтер ме еді.
Мынау дөңкиген ақ сары адам, сірә, Балжанның күйеуі болар. Бұрын көрмесем де, Қаныша жеңгемнің айтуынан білем. Аты Ысқақ, колхозда жылқы бағады. «Жездем еңбекқор, жақсы адам. Тек байқұстың құлағы мүкіс естиді» дейтін Қаныша.
Ысқақ бәрімізбен қол беріп амандасты. Екі қолын бірдей ұсынады, әр қолы күректің басындай.
Бұл адамның киім киісі де болбиған денесіне лайықты үстінде етегін шалбарланбай, сыртқа салып қоя берген, бір жеңіне бір адам сыйып кеткендей дабы жейде. Аяғында басы бұзаудың басындай ауыр жұмысшы етік. Омырау түймелері салынбаған, алпамсадай төсі жүн-жүн.
Ұстаған қолын мыжып, күйретіп алмайын дегендей. Ысқақ еппен алып амандасады.
Үйге кірдік. Есіктен төрге қызыл ала текемет төсеп тастаған. Қазақшалап биік жиналған жүк.
Тұрмыстары тәуір көрінеді.
Ғалия былтырғысынан өсіп толыса түскен. Кәдімгі бойжеткен салиқалы қыз бола бастаған. Денесінің көз тартар мүшелері айқындалып, көзінде біртүрлі құбылтып, төңкеріп қарайтын болған.
Шай ішілді, одан соң қымыз келді. Әдейі бізге бола сақталған қымыз. Әйтпесе, қазіргідей беймезгіл кезде қымыз тұра ма.
Екі кесе қымызды жеделдеп төңкеріп салып, бой жазған болып сыртқа шықтым. Ғалиямен екеуден-екеу шүйіркелесе кеткенше тақат қылмаймын. Өзге жұрт қымыздың желігімен кеукілдесіп, әлі бірқауым отырады.
Міне Ғалия да шықты. Бірден қасыма келді. Сағынысып табысқан ғашықтар тәріздіміз. Екеуден-екеу оңаша кездескенге іштей қуаныштымыз. Бірақ жөппелдемеде сөзді неден бастарға білмейміз.
Ғалия ауылдан қашан шыққанымызды, қай жолмен келгенімізді сұрайды. Кеше шықтық анау тауды асып келдік деймін. Осы кезде қасымызға әлденеден құр қалғандай арсалаңдап Қали жетіп келді. Өзі біртүрлі ашулы. Келді де, қаға-соға Ғалия екеуміздің арамызға кіріп алды,
— Әй, бұның не? — десем:
— Не? — дейді
— Біз сөйлесіп тұрмыз ғой.
— Сөйлеспе.
— Heгe?
— Сол.
— Мынау қызық қой өзі? — деп, Ғалияға қарадым,
— Сөйлеспе, сен жаман сөз айтасың.
— Қандай жаман сөз?
— Білем.
— Нені білесің?
— Білем, сол. Ары тұр, әйтпесе, апама айтам.
— Нені айтасың?
— Айтам.
— Нені?
— Сол, айтам...
Қалидың жауыз бала екенін мен бірден білдім. Қолымнан келсе, шайнап жеп қояр едім. «Қап, сені ме!»
Күрмелген тіл одан бетер күрмеліп, Ғалияға ештеңе айта алған жоқпын.
9
— Соғыс!
— Соғыс басталыпты!
Германия бізге соғыс ашыпты!
Жаманат хабар төбеден жай түскендей шатыр ете қалды.
Көпшілік шалғай колхоздар тәрізді мұнда да радио жоқ, газет бірнеше күн кешігіп келеді. Соғыстың дәл қалай, қайтып басталғанын әлі ешкім жөндеп біле қоймайды. Қазіргі келіп жеткені ауданнан телефонмен беріліп, мұндағы жаяу почта таратқан әлгіндей шолақ хабар.
Жұрттың жүзі суық, үрпиісіп қалды.
Ауданнан арнайы адам — өкіл келген екен, түстен кейін митинг болды. Соғыстың анық-қанық жайлары сонда айтылды.
— Жау талқандалады! Күлі көкке ұшады. Жауды неғұрлым тез талқандау үшін жұмысты жақсы істеуіміз керек! — деген тәрізді қызу сөздер сөйленіп жатыр.
Митинг жабылды. Жұрттың біреулерінің еңселері түсіп, енді біреулер қарқ-қарқ күліп, тарап барады.
Екі-үш күн өткенде бір құшақ боп бірнеше күннің газеті бір-ақ келіп жетті. Ішінде соғыс хабарын басқан газеттер бар. Жұрт шоғыр-шоғыр болып, дауыстап оқысып жатты.
Біреу оқып болған соң және біреу алып оқиды. Өз көзімен оқымаса, сенбейтін тәрізді.
Мен көресіні Қалидан көрдім. Жексұрын бала жыныма әбден тиіп бітті. Ғалия екеуміз ретін тауып, сәл оңашалана қалсақ қайдан жетіп келетінін білмейсің, жерден шыққандай боп, сопаң етіп, қасымызға жетіп келеді. Бір жаққа бармақ болсақ, күшік құсап қалмай, ілесіп алады. Қысқасы, не күндіз, не түнде біздің бір минут оңаша жырылып шығуымызға еш мүмкіндік бермейді.
Бәлем, өзіңді сабап алар ма еді деп, зығырданым қайнап-ақ жүрмін.
Бір күні біз ауыл балаларына ілесіп, тауға рауғаш теруге бармақ болдық. Мен де барам деп, Қали қоса ілесті. Мен оны қалай да тастап кетудің амалын қарайластырдым. Былай таман барған соң:
— Тау алыс, сен жете алмайсың. Одан да қал. Біз саған мол етіп қымыздық, рауғаш әкеп береміз, — дедім.
Қали «мм!» деп, кеудесін бұраң еткізді. Онысы қалмаймын дегені.
Алдарқатқанға көнбеген соң мен енді ашық саудаға көштім:
— Қалсаң, мына бәкімді берем.
— Керегі жоқ.
— Мына қарындашымды да қоса берейін.
— Керегі жоқ, соңынан өзің қайтып алып аласың.
— Алмаймын. Алсам, неғыл дейсің. Мә, екеуін де ал. Егер өйтіп қорықсаң апар да, мен білмейтін бір жерге тығып қой, Соңынан біз кеткен соң алып, иемденесің.
Бұл айтқаным Қалиға қисындылау көрінді білем, босаңси бастады. Менің кішкентай ақ бәкіме де, бір жағы көк, бір жағы қызыл алты қырлы бояу қарындашыма да ол қызығады. Бұдан бұрын аттай қалап, атандай сұрап, ала алмай қойған нәрселері.
Дүниесі құрғырдың жүзі ыстық қой. Ақыры Қали көнді, менің берген нәрселерімді алды да, үйге қайтты. Қызыл көз жабысқақ пәледен құтылғанымызға біз қуаныштымыз.
Басқа балаларды қойшы, олар өздерімен өздері. Керек болса, былай таман барған соң олардан жырылып, бөлек кетуімізге болады.
Қалидың қарасы өшті ме екен деп, бір кезде артыма бұрылып қарадым. Сөйтсем, қарасы өшкен былай тұрсын, ол бізге қарай салып ұрып, қайтадан жүгіріп келеді. «Не болды? дөп сұрасам, айнып қапты. Мә, нәрселеріңді өзің ал, қалмаймын дейді. Бала емес, балшыққа батқыр.
Қали тауға бізбен ілесіп барды.
Бұнымен тынса, жақсы ғой. Кешке үйге келген соң шешеciнe жұрттың көзінше көңірсітіп айта бастады:
— Апа, білесің бе, бағана тауға барарда Еркін маған бәкісін, қарындашын беріп, алдап тастап кетпек болды. Содан соң таудан келе жатып, анау Жағаталдағы судан өтерде, Ғалияны құшақтап, көтеріп алды...
Мен не дерімді білмей, ұялып, өліп барам.
Балжан Данышпан адам ғой.
— Жә, не болса соны сөйлемей отыр. Оларға ілесіп, саған не бар? Ана өзің теңдес балалармен неге ойнамайсың! — деп, Қалиға жазғырып, ұрсып тастады.
Балжан ауылында бір жетідей қонақтап, елге қайттық.
Риза болып қайттық.
Күніне бір үй қонаққа шақырады. Бір бағланның басы кесіледі. Балжан мен Ысқақтың туған-туысқандар арасында беделді адамдар екенін осыдан да білуге болатындай.
Бұл екеуі, шынында да, бейілдеріне құрық бойламайтын абзал жандар. Қонақ күтімдері керемет. Колхоз биені тауда байлайды екен. ЬІсқақ түнімен сол тауда жылқы бағады да, таңертең бізге арнап бір мес қымыз алып, жетіп келеді. Ет пен қымыз бұл үйде ағыл-тегіл.
Ысқақты тәңірім қара еңбекке барынша бейімдеп жаратқан. Долбиған зор денесінде өгіздің күшіндей күш бар. Ет жеп болғаннан кейін кәдімгі үлкен дөнен қойдың жілігін екі басынан екі қолымен ұстайды да, ағаш сындырғандай бырт еткізіп сындырады.
Ысқақтың күштілігі жайында мен бұл ауылда нелер қызық әңгімелер естідім. Жігіт кезінде ол біреумен бәстесіпті. Біреудің бір семіз өгізшесі бар екен. Соны Ысқақ соғым етіп соймақ болады да, сат дейді.
— Егер сен осы өгізшені иығыңа салып, үйіңе дейін көтеpiп әкетер болсаң, онда мен сатпай-ақ тегін берейін, — дейді мал иесі.
— Бересің бе?
— Берем.
Жұрт көзінше екеуі бәстеседі.
Ысқақ өгізшені лак тәріздендіріп иығына салып, көтеріп әкетеді. Үйіне апарады да, сойып алады.
Мал иесі үн-түнсіз қала береді.
Ысқақ жайында мұндай әңгімелер кеп.
Ысқақтың қымыз ішуі ғажап. Жұрт құсап ыдыстың шетінен сіміре жұтып ішпейді. Кесе толы қымызды қолына алады болды, өңешіне сылқ еткізіп, қотарып құя салады. Алақанымен ұйпалап аузын сүртіп жатқанын бір-ақ көресің.
Кетер-кеткенше мен Ысқақтың бұл енеріне таңырқап, ғажап қалумен болдым.
Құлағының сараң еститіндігінен қорына ма, қайдам, ол өздігінен тіпті аз сөйлейді. Жұртқа онша көп жоламайды. Тозған сыпырғы тәрізді азғантай шоқша сақалын тұтамдап ұстап, өзімен өзі болып, ойға шомып отырады.
Сонысына қарамастан Ысқақ керемет кәрі құлақ адам, естіген-түйгені көп. Дүниеде не болып, не қойып жатқанынан түгел хабардар.
Бір күні Ысқақтың көмекші жылқышысы ауырып қалған екен. Оның орнына жылқыға мен ілесіп бардым. Екеуміз оңаша тауда, қарағайдың түбінде қисайып, демалып жатып, әңгімелескеніміз бар. Ысқақтың кәрі құлақ сезімтал жан екенін сонда көргем.
Оның бойындағы және бір әдет біреумен сөйлескенде әріптесіне ылғи да екінші жақпен сенің анауың, сенін, мынауың деп сөйлейді.
— Еркін, әңгіме айт, кәзит-журналың не жазады? — деп бастады Ысқақ әңгімені.
— Газеттер соғысты жазып жатыр ғой.
— Сөйтіп, Керман итің соғысты бастап кетті, ә? Соғыспаймыз дегені, шарт жасауы бәрі алдау екен ғой.
Иә, солай болып шықты.
— Ал әлгі Жапоның не ойлайды? Керманның ол досы емес не? Досына болысар ма екен, жоқ әлде өзіме де жан керек дер ме екен?
— Жапонның қолынан не келуші еді. Хасан көлінің маңында біз оның әкесін танытпадық па!
Ысқақ «мм», деп менің сөзімді өзінше қортындылайды да, жаңадан тағы сұрақ береді:
— Әлгі бұрнағы жылы бізбен үш ай соғысатын кішкентайыңның аты кім еді? Пін бе еді?
— Финляндия.
— Ойпырмай, кішкентай болып алып, өзі бір шақар неме көрінеді ғой. Әйелдеріне дейін соғысыпты дейді сонда, рас па?
— Рас. Оларда арнаулы әйелдер батальоны дейтін болған.
ЬІсқақ әріптесінің сөзін ерекше ыждағатпен тыңдайды.
Құлағына құйып алатын, бір естігенін ұмытпайтын болуға керек.
10
Жол-жөнекей елдің бәрі әбігер. Барлығының аузында бір сөз — соғыс!
Үкімет жаппай мобилизация жариялаған. Армияға топырлатып ала бастаған.
Соғысқа жіберуді сұранып арыз берушілер қаншама! Тұйықта да әбігер, үрей.
Үрейленбейтін тек балалар болса керек. Олар үшін соғыстың жан түршігерлік сұмдықтарын бастан кешпегендіктен, соғыс жайындағы түсініктің біржақтылығынан болар.
Сол бір тұста, соғыстың алдындағы кезеңде, соғыс тақырыбына арналған кинофильмдер көбейген. Ондай фильмдерді біз құр жібермейміз. Тіпті бірнеше қайталап көреміз. Қызыл Армия ештеңеден сескенуді білмейтін батыр болып көрсетіледі.
Киноның соңын біз қарамай жатып білеміз: жаудың күлі көкке ұшып, талқандалады. Қызыл Армия жеңеді.
«Ура!» «Ура!» болып аяқталады.
Біз өмірдегі соғыс та сол кинодағы секілді оп-оңай, «ура мен!» біте қалады деп ойлаймыз.
Соғыс болса, жанадан батырлар, шығады, неше алуан ерлік істер дүниеге мәлім болады. Бізді, балаларды, көптен қызықтыратыны, міне, осы. Әттең, соғысқа бізді де алар ма еді деп, құлшынамыз.
Соғысқа барсақ, батыр болып қайтатынымызға сеніміміз кәміл.
Осы тәрізді арман менде де бар.
Бұрынғы еткен соғыстардың тұсында тумай қор болсам, ендігі соғыстардың тұсында өсе алмай қор болып жүрмін.
Жасым қазір он алтыға қарай кетіп барады. Армияға шақырылуға толмайды. Толса, бір күн де аялдамас едім. Мен де соғысқа өзім сұранып кетер едім.
Танытар едім өзімді!
Соғыста өлем-ау немесе жараланып, өмір бойы қор болып, кемтар болып қалам-ау деген ой онша күйзелтпейді. Өлетіндер өздерінің нашарлығымен, ебетейсіздігінен өліп жататын тәрізді.
Жалпы, бала кезде адам «мен де өлуім мүмкін-ау» деп, ойламайды ғой. Өлетіндер ылғи да басқалар секілденіп тұрады.
Ажал саған әбден қартайғанда бір-ақ келетін тәрізді. Оған дейін не істегің келсе, секем алмай істей бер. Соғыста атыңды шығару керек болса, шығара бер.
Қабағы салбырап күз келді. Мен Қарасазда тоғызыншы оқимын.
Сол әлгі былтыр жүрген үйімдемін.
Соғыс шындығы күннен күнге қатаңдап барады. Жігіттер топ-тобымен жүргізілуде. Немістер пәлен қаланы басып алды, түлен қаланы басып алды деген үрейлі хабар будақ-будақ жетеді. Газеттер уақытша қалдыра тұрдық, тактикалық мақсатпен тастадық деп, жазады.
Менің патриоттық сезімім бұған жәбірленеді, ыза болам. Тастамау керек еді, бір адым да шегінбеу керек еді. Мен командир болсам,сөйтер едім.
Жау тырнағы бірер айдын ішінде еліміздің көң етіне батып-ақ кетті. Белоруссияны түгелдей, Украинаны түгелге жуық басып алып қойды. Ленинград қоршауда. Қанды көз тажал бұл күнде жалақтап Москва мен Кавказға төніп келеді.
Жағдай қиын!
11
Бәрі майдан үшін!
Бәрі жауды жеңу үшін!
Қайда барсаң, оқитының да, еститінің де осы ұран.
Майдандағы армияға жылы киім жинау науқаны басталды. Жұрт аямайды, иықтарынан сыпырып беріп жатыр. Киім жинайтын пункттерде төбе-төбе болып үйілген: тон, пима, ішік, малақай, биялай, байпақ, бөкебай...
Халықтан алынатын алым-салықтың түрі де көбейді.
Соғыс аждаһада тойым жоқ, Бергеннің бәрін жалмап жұтып жатыр. Әлі қанша жұтары белгісіз.
Майданға алынған жігіттердің орнын әйелдер мен қарттар, жас балалар басуда, Калхоздың ендігі арқа сүйенері осылар.
Соғысты мен мұншалық ұзаққа созылар, халықтың қабырғасына аяздай бататын қиыншылыққа айналар деп еш ойлаған жоқ едім, Жау жеңіліп, біз жеңіп ура, урамен біте қалар деп ойлағам. Дүниеде бізден күшті ел, Қызыл Армиядан күшті армия жоқ деп білетінмін. Олай болса, жаудың біздің жерімізді басып алып келе жатуы, біздің шегініп келе жатуымыз қалай? Түсіну киын.
Өзім құралпы балалар жиналып, соғысты әңгіме етеміз, Әскерге алынуға жастарымыз толмауына өкінеміз. Соғыстары сәтсіздік біз бармағандықтан болып жатқан тәрізді. Әрқайсымыз мен барсам, өйтер едім, мен барсам бүйтер едім деп, жұдырық түйіп, тісімізді қайраймыз.
Шетімізден Наполеонбыз.
Шетімізден Суворовпыз.
Шетімізден Александр Македонскийміз.
Қазіргі ел басына қауіп төнген қиын кезде фашистерді талқандап майданда жүрмей, Қарасаздың көшесін таптап жүруіміз бір түрлі қылмыс тәрізді.
Ноябрь айы. Қар түскен. Бір күні Қарасазға Тұйықтан қашаба шанамен Сәрсебек ағайым, Қаныша жеңгем келіп тұр. Жүрістері біртүрлі суыт. Сөйтсем, ағайымды әскерге шақырған повестка шығыпты. Дәрігерлік комиссиядан өтуге келген екен.
Мен шынымды айтсам, қуандым.
Аға, әкелері армияға алынған балаларға бір түрлі қызғанышпен қарайтын едім. Олардан өзімді кем қалғандай сезінетінмін. Ағайым соғыста, отан қорғап жүр деп айтудың өзі де біртүрлі мақтаныш тәрізді,
Ал егер ерлік істер істеп, аты шықса, орден, медальдар алса ше? Онда менен бақытты адам бола ма?
Ағайымның жаман солдат болмайтынына сенімім кәміл, Төрт мүшесі сау, тепсе темір үзетін ағайыма комиссия иә деуі мүмкін? Арқасынан бір қағып «бар, жарайсың дегеннен өзге ештеңе айтпас» деп ойлаймын.
Дәл солай болды — ағайымды армияға жаратты. Ертесінде оларды жүргізетін күн. Военкомат кеңсесінің алды мұндайда хан базарға ұқсап кететін әдеті, Атты-жаяу сапырылысқан жұрт.
Әскерге шақырылған әр біреудің соңында төрт-бес туыстары еріп жүр. Қайтсін, енді қайтып тірі көреміз бе, көрмейміз бе дейді. Қимайды.
Менің Сәрсебек ағайымда қамығу жоқ, Көппен көрген ұлы той деп, қарайды. Ерте ме, кеш пе осылай болуы — армияға алынуы заңды екенін ол күні бұрын іштей құптап, өзін өзі соған дайындап жүрген.
Әйел заты еркектей емес, сезімтал ғой. Қанышаның жүзі күндегісінен жабырқаулы, терең бір ойға батқандай тұнжыраулы. Сәрсебек екеуінің қосылғанына жыл жарымдай ғана уақыт етті. Дос сүйініп, дұшпан күйінгендей тату-тәтті семья құрып еді. Дүлей соғыс оны есепке ала ма?
Жар қызығы, жастық өмір қызығы дегенді ұға ма! Өмірдің сәнін келтіріп, жарастықпен ұғысып табысқан екі аққу тәрізді біріне бірі жан қияр жұбайларды біреуінен біреуін зорлықпен ажыратып әкеткелі отыр.
Ағайым кете барды.
Шешем шешелігін істеді — дәл қоштасарда, жылап, азан-қазан қылды. Жыламаймын, неге жылаймын деп, пысық жүрген тәрізді еді. Сәрсебектің мойнынан құшақтап ап, дауыс сап, қойсашы. Жұрт әрең дегенде қойғызды.
Денсаулығы нашар адам емес пе, жылаймын деп, әлсіреп қалды.
Бұл ағайым Тұйықтан — үйден аттанарда болған іс.
12
Аудан орталығы Қарасазда ағайымды Қаныша екеуміз шығарып салып тұрмыз.
Күйеулерін қимай, жылап та жүрген әйелдер бар. Қаныша бірақ жыламайды. Тістеніп, қайғы-қапасының барлығын ішінің терең түкпіріне тығындап, тығып алған.
Жігіттерді армияға әйелдерімен қоса алмайтыны өкінішті. Қоса алса, құдай біледі, бір де бір әйел күйеуінен жырылып қалмас еді. Бірге кетер еді.
Амал қанша, бұндай заң жоқ.
Ағайым масаң. Өйткені, армияға кетіп бара жатқан азаматтарды ел-жұрт боп сыйлап аттандырады. Жолдас-жоралары шетінен қонақ етіп, ішкізіп-жегізеді. Арақ сасыған аузымен мені сілемейлей сүйіп, құшақтап, ағайым ақыл айтып тұр:
— Ерка, біздің үйдегі ендігі еркек кіндікті сенсің. Үй ішінің бар ауыртпалығы сенің мойнында. Ұқтың ба? Енді сен бала емессің, үй қожасы, дардай жігітсің. Ертең армиядан келгенде, барлығының жауабын сенен алам.
Арада бір жетідей уақыт өткенде, Қарасаздағы мен жүрген үйдің иесі Есіркепті де армияға алып кетті.
Есіркептің әйелі оқуы аз адам, еш жерде қызмет істемейді. Әрі жас баласы бар. Бар жан баққызып отырғаны күйеуі еді. Енді халдері мүшкілденіп қалды. Бірден-бір асыраушысын әкеткен соң, құрсақтары қабысып, күйлері нашарлай бастады.
Сәрсебек ағайым бар кездегідей емес, Тұйықтағы біздің үйдің халі де қоңыр төбел. Ақшада күш қалмай барады. Бұл күнде ақшаға ештеңе сатып ала алмайсың. Ал колхоздың беpiп отырғаны шамалы.
Үйдегілердің аузынан жырып, маған азық-түлік алып келу де қиындап кетті.
Дегенмен, демалыс сайын Тұйыққа үйге барсам, құр қайтпаймын. Бір таба нан, бір жілік ет болса да алып келуге тырысам. Бұл не болсын.
Жанбағыстың қамы адамға не істеткізбейді. Есіркептің үлбіреген әдемі жас келіншегі бір кеңсеге үй сыпырушы боп жұмысқа тұрды. Алатын жалақысы үшін емес. Ай сайын қызметкер, жұмысшыларға беріліп тұратын нормалы астық үшін, дән үшін.
Жағдай ауыр болғанмен, тырмысып оқып жүрмін.
Бірақ оқуда да маза қалмай барады. Еркек мұғалімдерді шетінен әскерге әкетіп жатыр. Олардың орындарына кім болса сол тағайындалады. Өздері сегізінші — тоғызыншы бітіріп, сегізінші, тоғызыншыға сабақ беріп жүргендер бар.
Жағдайлары келмей, оқуды тастап кетіп жатқан балалар аз емес.
Тұйыққа үйге келген сайын еркек қолын тілен, істелмей жатқан бір қора жұмыс алдымнан шығады: жалғыз сиырдың жем-шөбі таусыла бастаған, отын азайған, қора тазаланбаған, үн біткен, үйдің үстінің қары күрелмеген, т. т.
Келген бетте, бұрынғыдай демалып, аунап-қунаудың орнына, әлгідей көп жұмысқа басыммен күмп беріп, енем де кетем. Жалғыз күн демалыста үлгере алмай, сабақтан екі-үш күн қалып қоятын да кездерім болады.
Көктемге салым жағдай тіптен ауырлады. Мектепті тастағандардың қатарына менің де қинала-қинала қосылуыма тура келді.
Тастағым келмейді, бірақ амалым жоқ. Біріне тартсаң, біріне жетпейтін қиын кез.
Балалардың оқуды тастағанына ең алдымен колхоз қуанады. Бір бала оқу тастаса, колхозға бір жұмыскер қосылғаны. Екі бала оқу тастаса, екі жұмыскер қосылғаны.
Бригадир маған екі ат, бір арбаны қуана-қуана беріп қойды.
Бұл кезде Тұйықта колхоз председателі Омар дейтін жастау адам. Аз күнде оны да әскерге әкетті. Орнына Нұрәлі басқарма болды.
Біздің Нұрәлі.
Сәрсебек пен Нұрәлі «бажа» болып шыққалы екі үйіміз жақсымыз, тонның ішкі бауындаймыз. Жиі араласып, бірімізде жоғымызды бірімізден алып, ауыс-түйіс жасап тұрамыз. Талай рет Нұрәлінің үйінде қонақ болғанбыз. Талай рет қонаққа шақырғанбыз.
Қаныша болса, Сәулені өзінің туған әпкесіндей көреді.Нұрәліні жезде деп тұрады.
Сәрсебек армияға аттанарда Нұрәлі бізді үй ішімізбен шақырып қонақ еткен. Өзінің туған інісі кетіп бара жатқандай қамығып, қиналумен болған. Сәрсебекке:
— Мұндағы үй ішіңді ойлап, алаңдама. Бір дән болса бөліп жеп күн көреміз, — деген.
Басқа біреу председатель болмай Нұрәлі болғанына біз шын қуанышты едік. Заман қиындап барады. Тураушыда туғаның болсын дегендей Нұрәлі тізгін ұстап тұрса бізге жаман болмайтыны белгілі.
Нұрәлінің жасы елуді алқымдаған. Ақ түскен кезі нашар көреді, Оны армияға алмайды.
Біз енді Нұрәлінің үйіне бұрынғыдан да жиі қатынаймыз. Сәуленің денсаулығы онша мықты емес. Үйлеріне қонақ жиі келеді. (Ауданнан келгеннің бәрі колхоз председателінің үйіне түсетін әдеті.)
Қонақ күтіп алуға мұршасы болмай жатса, Сәуле жәрдем тілеп біздікіне жүгіреді.
Мейлі апам болсын, мейлі Қаныша болсын, Сәулеге қолғабыс етуден бас тартпайды.
Нұрәлі үйінің отын-суына болысуды мен-дағы өзіме ар санамаймын. Қолым боста тапсырған жұмысын тындырып істеп берем. Одан еш зиян таппаймын. Ең болмағанда тамаққа тойып қайтам.
Дәрежелі қонақтар келгенде Нұрәлі үйінде қой сойылады. Оз қойы емес, әрине. Колхоз қойы. Қонақ келген сайын өз қойын сойса несі қалады.
Нұрәлі үйінде қой сойылған күні біз үй ішімізбен дерлік сондамыз. Апам шек-қарын тазалайды, бас. үйітеді. Мен отын жарып, сирақ үйітем.
Жеңгем тамақ істеуге болысады.
Қойдың көтен-мойын, өкпе-бауыр сияқты біраз жылы -жұмсағы біздің үйге кіреді.
Дәреже дейтін кімді де азды-көпті мас қылатын нәрсе ғой. Колхозға председатель болғаннан кейін Нұрәлі өзгере бастады. Мінезінде паңдық, тәкаппарлық пайда болды. Жуантық қарны алты айлық баласы бар әйелдің қарнындай бұлтиып алға шығып барады. Нұрәлі бұны мақтаныш көріп, қуанатын тәрізді. Қарнын әзер көтеріп жүрген адам боп, кеудесін артқа жіберіп, алшаң басып жүреді. Бет алдынан келмесе, қапталындағы жұртты онша байқамауға тырысады. Тани тұрып, танымай қалады, сен кімсің, ей, дейді.
Соғыс біреуге соғыс болса, біреуге ырыс. Нұрәлі үшін ырыс. Басына беймезгіл келіп қонған көзі соқыр бақ.
Әйтпесе, кешегі ел аман, жұрт тыныш кез болса, оның қолы бұл қызметке жетер ме еді? Жетпес пе еді? Тұйықтың көшесінде менен мықты кімің бар деп, қоразсынып жүрер ме еді, жүрмес пе еді?
Бірақ, обалы нешік, Нұрәлі бізге сол бұрынғысынша. Басқаларға көрсеткен тәкаппарлық мінезін бізге көрсетпейді Күнара келіп, ат үстінен болса да хал-күйімізді сұрап, біліп тұрады. Не сұрасақ береді.
Нұрәлінің бізді көрген жерде бірінші айтар сөзі,
— Сәрсебектен хат бар ма? Не жазады!
13
Сәрсебек армияға алынған бетте Өскеменге барды. Атты әскерде болды. Одан соң майданға жөнелтілді. Марттың бас кезінде Харьков маңынан соғысқа енгелі тұрмыз деп жазған хаты келді. Содан бері хат жоқ.
Ағайымнан хат келуі тоқтағалы бізде үрей қалмады. Почташының төбесі көрінсе, елеңдеп тұрамыз. Тек әйтеуір жаманатын естімесек екен дейміз, жақсылық хабар күтеміз.
Күткен нәрсенің бәлсініп, кешіге түсетін әдеті.
Міне, бірнеше ай болды, хат та, хабар да жоқ.
Дымкес шешем сылынып, жүдеп барады.
Бір кезде ертегідей бұлдыр, алыс көрінген соғыстың ащы шындықтары жай түскендей ойрандап, мұнда да көріне бастап, майданнан қара қағаз келуі жиілеп, барады. Қайғының қара шоқпарына мертігіп, шұрқан болып жатқан үйлер.
Соғыстан жаралылар келе бастаған. Бірі қолын, бірі аяғын беріп келіп жатыр.
Нұрәлі құтырғанда жаман құтырды. Жұрт мезгілсіз жүдеп, мезгілсіз қартайып бара жатса, ол қайта жасарып барады. Киімді сәндеп киетінді шығарды. Қара-қоқыр ши барқыттан делдиген галифе шалбар, сырт жейде тіккізген. Аяғында сықыр-сықыр еткен жаңа хром етік. Баста шляпа.
Шляпаға тер сіңген қара тақияны қабаттап киюі жараспайды-ақ. Қара тақияның жарым бөлегі желке тұсынан баттиып көрініп тұрады.
Үйде отырғанда, шляпасын алып, тақиямен отырады. Тақияның қажеттігі осы үшін болса керек.
Қамыт аяқ Қыбырай шалды күнде таңертең Нұрәлі үйінен көресіз. Ұстарасын дізесіне сырт-сырт жанып, басқарманың мұртын басып, сақалын алып отырғаны. Нұрәлі бұрын төрт-бес күнде бір қырынса, енді күн құрғатпай қырынатын болған.
Қыбырайдың міндеті басқарманың сақал-мұртын қыру ғана емес. Ол және өрімші адам. Нұрәлінің қыбын тауып, жаңадан жүген, ноқта, қамшы тәрізді әбзел-саймандар еріп береді.
Нұрәлінің мініс атын күтімдейді. Таңертең ерттеп дайын етіп тұрады.
Бұл үшін Қыбырайға төленетін ақы жоқ. Басқарманың үнінде онымен дастарқандас отырып ас ішеді, колхоздан оны-мұны сұрап алады. Төленетін ақы сол.
Нұрәлінің кесір мінездері кеңседе, түзде ғана емес, өзінің үйінде де көп байқалады. Бір жақтан келсе болды, әй қатын, тарт деп, киімінің жеңін ұсынып тұрғаны. Дәл өзі киініп, шешіне алмайтын қолы жоқ адам тәрізді.
Аяқ киімін де Сәуле тартып шешеді.
Төр алдына төрт қабат етіліп көрпе төселеді. Қос жастық тасталады. Нұрәлі соған отырады. Қол жуу қажет болса, леген мен құман Нұрәлінің алдына әкелінеді.
Дуылдық советке председатель болып жүрген Нұрәліде мұншалық тәкаппар мінез жоқ тәрізді еді.
Кешкі тамақты жасап қояды да, Сәуле күйеуін күтумен болады. Ол келмей, ас ішілмейді. Мейлі Нұрәлі таңға жуық келсін, Сәуле төсегіне жатпайды. Киімшең күйі тер алдына қисайып, ұйқылы-ояу тосумен болады. Сыртта ат дүбірі естілгенде, шошығандай қарғып тұрады.
Нұрәлінің бастауыш кластарда оқитын үйелмелі-сүйелмелі екі жас қызы бар. Құдды шешелері тәрізді, екеуі де қой аузынан шөп алмас момын. Әкелері барда үй ішінде бала боп үндері шығып ойнамайды.
Сексеннен асып кеткен қарт әкесі бар Нұрәлінің. Қаусаған шал. Ac үйдегі ағаш төсектің үстінде жатқанды ғана біледі. Жаздыгүні күн жылыда кейде есік алдына шығып, күн шуақтап отырады. Құлағы мүкіс, сәлем берсең естімейді. Осы мені боқтап тұр ма дегендей бетіңе сезіктеніп бажырайып қарайды.
Соңғы уақытта Нұрәлі әкесін дастарқан басына келтірмейтін болған, шалдың сүйретіліп келе жатқанын көрсе:
— Саған мұнда не бар? Со бір үй жетпей ме? Бұ алжыған адамды қойсаңшы, — деп, жаратпай, тыжырынумен болады.
Нұрәліде білім дейтін білім жоқ, әйтеуір газет оқиды, жазады. Алу, қосудың төңірегінде ептеп есеп шығара біледі.
Өзімшілдігі басынан асып төгіліп жатқанымен Нұрәлі терең қулықтың адамы емес. Алыстан орағытар айладан гөрі шолақ есеп, дүмшелігі басым. Онысы кейде жадағай топастық боп. бадырайып көрініп тұрады, Алдарқатқаннан ақыруы, өкім зорлығы мол. Қолындағы билікті жұртқа қамшы етіп, шоқпар етіп жұмсайды.
Оның үйде отырып еріккенде қолға алатын, әр жер, ор жеріне көз жүгіртіп оқитын бір ғана кітабы бар. Ол Абай өлеңдерінің жинағы. Біраз өлеңдерді Нұрәлі оқи-оқи жаттап та алған. Кейде орынды-орынсыз жерлерде Абай былай деген деп, бірер шумақтан жатқа айтып та жүреді.
Бірақ оның Абайды ұғынуы тым таяз, үстірт ұғыну. Тереңде тұрып жатқан асылына жолай алмайды.
Жұрт көзінше қарғаша шоқыма боқ,
Білдірмей, еппен жесең залалы жоқ, —
деген Абайдың мысқыл сөзін Нұрәлі дәл мағынасында, өзі үшін айтылған ақыл-қағидаша қабылдап түсінеді. «Әй, Абай пәле-ау, білмейтіні жоқ» деп, басын шайқап, мәз боп күліп отырады.
Ұлы ақын Нұрәліге колхозды жесең білдірмей же деп, сол үшін айтып отырғандай көреді.
14
Нұрәлінің сәнденуі де, жасара бастауы да кездейсоқ тегін құбылыс емес-ті. Кәрі көңілін кеулеп, есірік-желік кіре бастаған.
Тұйықта Зейнекүл дейтін әдеміше бір қызыл келіншек бар. Күйеуі армияда. Өзі басқарма болған соң біраз уақыттан кейін Нұрәлі Зейиекүлді завхоз етіп қойды. Жұрт мм... десті.
Нұрәлі ауданға жиналысқа барса, немесе жайлау араласа, Зейнекүлді секеңдетіп ертіп алатынды шығарды...
Үйіне қонбауы жиіледі...
Ел білгенді Сәуле де біледі, ел көргенді Сәуле де көреді. Бірақ бомба болып жарылып, Нұрәлі мен Зейнекүлдің шамын қағатындай мінез одан шықпайды. Мықтағанда бырқылдап, бірдеңе-бірдеңе деп, күйеуінің құлағын қажайтын шығар. Нұрәлі оны тыңдай ма? Томырық, топас мінезінен бір-ақ түседі. «Оттама! Жап аузыңды» дейді. Сәуле сосын, амалсыз жабады.
Жаппаса тісі түсетінін жақсы біледі.
Бара-бара Нұрәлі жұрттан қысылып-қымтылуды мүлдем қойып алды. Зейнекүлмен некелескен әйелінше ашық жүретін болды. Сәуле үйде жатып, шапанын басына бүркеніп, пыш-пыш жылағанды ғана біледі. Бұрыннан басының сақинасы бар, дымкес адам. Екі күннің бірінде басым, ойбай басым дейді де, тырп етпей жатып қалады.
Бауырмал Қаныша жеңгем Сәулені кереметтей аяйды. Әлгіндей ол науқастанып қалғанда, көбінесе Нұрәлі үйінде болып, Сәулеге қолдан келген шапағатын істеп бағады.
Қалқиып, әрең жүрген Сәуле бейшараны Нұрәлі:
— Кет! Жоғалт көзіңді! — деп, ұратын мінез тапқан.
Жазғы уақыт. Бір жағынан шөп орылып бітпей, екінші жақтан егіннің иісуі таяп, мұрыннан су кетіп жатқан тығыз шақ. МТС-тен арбамен жанармай тасимын, ерте кетем, кеш келем.
Бір күні үйге ел орынға отыра келдім. Шешем жалғыз, қабағы біртүрлі қату.
— Азғын ит, бұл азғын Сәулені өлтіріп тыныш табады ғой, — дейді.
Кімді айтып отырғанын бірден білдім. Не болды деп сұрадым.
Сөйтсем, Сәулені ауданға ауруханаға әкетіпті. Күндегі бас ауруы емес көрінеді. Кәдімгі қояншық болған адамдай аузынан ақ көбігі ағып, талып жығылыпты.
— Бейшара, аман болса игі еді, — деп, шешем қатты қайғырып отырды.
— Жеңгем қайда, сол үйде ме?
— Сонда.
Біз шайымызды іштік те, Қаныша жеңгемді алаңсыз күтіп отырдық. Нұрәлінің үйіне қонып қалмасын білеміз. Әсіресе, бүгінгідей әйелі жоқ үйге қонып, жынданып па?
Жеңгем жуық маңда келмеді. Кешіге берді. Май шамды жылтыратып жағып, біз тосудамыз. Сыртта ит үрсе, елеңдеп, құлақ түреміз.
— Қонақ бірдеңе келіп қалды ма, неғып кешікті? — дейді шешем.
Жеңгем кешіге түскен сайын мазасызданып отырмын. Басқарма үйіне келетін қонақтардың сыры мәлім. Қайсыбір шітірейген әкімсымақтар жөні түзу қыз-келіншек көрсе, естерінен танатын әдеті.
Енді болмаса жеңгемді барып ертіп келмек едім.
Сырт есік салдыр етіп ашылды. Бұл жеңгем еді. Ауыз үйдегі бізге қарамай, бөгелмей бірден төр үйге өтіп барады. Ашулы ма, бұнысы несі?
Шешем жеңгемнің соңынан кірді. Сосын мен кірдім. Жеңгем төсегінде киімшең күйі етбетінен түсіп, солқылдап жылап жатыр. Апамның да, менің де зәреміз ұшып кетті. Сәрсебек жайлы жаманат хабар естіп, соған жылап жатыр екен деп, ойлап қалдық.
Басқадай ой жоқ.
Апам байқұс дір-дір етеді:
— Жаным Қанышжан, бұның не? Не болды?
Жеңгем жауап бермейді, бетін қолымен басып алған.
— Ойбай-ау, сырыр құдай, айтсаңшы, немене естіп келдің? Нендей сұмдық естідің?
— Жай, сіз қорқатындай ештеңе де жоқ.
— Енді немене? Аяқ астынан не боп қалды? Әлде аузына пәлен етейіндердің біреуі бірдеңе деп, көңіліңді қалдырды ма?
Айтпасына қоймаған соң:
— Мен оны әкемдей көріп жүрсем... азғындаған ит... шошқа... хайуан... — деп, жеңгем ызаланып, әлдекімді балағаттай бастады.
— Ол кім? Қай жауыз?
— Нұрәлі...
Бақсақ, оқиға былай болған екен: Нұрәлі ауырып отырмын дейді де, Қанышаға ет асқызады. Ет үстінде су қосып, спирт ішеді. Қамышаны да іш-іш деп зорлайды. Қаныша ішпейді. Содан бір кезде балдыз деп, қалжыңдаған болып, кездерінде пәленің ұшқыны ойнап, жеңгеме қол жүгірте бастайды. Жеңгем ашу білдіреді.
Еліріп алған Нұрәлі тыңдамайды, шамды үрлеп өшіреді де, қараңғы үйдің ішінде жеңгемді төсекке қарай сүйрейді.
Жеңгем оны шапалақпен беттен шарт еткізіп бірді тартады.
Сыбағасын алған Нұрәлі қала береді.
15
— Әкеңнің аузын... басынуын! Мен қазір барып, балтамен басын шауып тастайын!
Ыза болуымда шек жоқ, ауыз үйден қарбаласып балта іздеп жүрмін.
Шешем де, жеңгем де мінезімнің шатақ екенін біледі. Бір шұрқан шығаратыныма көздері анық жетті. Екеуі екі жағымнан келіп жармасып, қой-қойлап жүр.
— Құрысын, шу шығарып қайтесің. Басқа ешкім білмесін, қалсын осы күйде. Мастығы шығар. Бетің күйгірдің беті күйіп, енді өзі де жетіспес, — дейді шешем.
Менің қойғым келмейді, қаным қайнап барады. Жалғыз жеңгеме пана бола алмасам, жер басып жүргенім құрсын да!
...Алтыншы оқып жүрген кезім. Әкем жуырда қайтыс болған. Қысты күн. Топ бала жар қабақтан сырғанақ теуіп жүрміз.
Нүсіпбай дейтін менен екі-үш класс алда оқитын, сотқарлау жуан білек бір баламен жанжалдасып қалдым. Екеуміз боқтастық. Нүсіпбай:
— Әкеңнің аузын... жетім, — деді.
Жетім деген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме жетті.
Екеуміз жат та кеп төбелестік. Нүсіпбай менен әлді, күшім келмейді. Таяқты көбірек жеп қалдым.
Өшім кетіп бара жатыр.
Жетім деп қорлағаны тағы бар.
Сазарып үйге келдім. Нүсіпбайдан қалай да өш алуым керек. Қалай алам?
Ет кесетін мүйіз сап қара пышағымыз бар. Әлгіні жеңімнің ішіне тығып алдым да, сырғанақтың басына қайта бардым. Үн-түнсіз кеп, Нүсіпбайдың бетінен пышақпен көлденеңдей тартып жібердім...
Нүсіпбай баж етіп, бетін басып, тұрып қалды. Қара қан қолының сыртын жауып кетті.
Осы күні Нүсіпбайдың қабағының үсті ұп-ұзын тыртық сызық. Мен салған ескерткіш таңба.
Шешем мен жеңгем ерік бергенде, Нұрәлі азғынға да естен кетпес бір таңба салатын едім.
Таңертең есік алдында арба жегіп жатсам, Сәлімжан дейтін кішкене бала келіп:
— Аға, сізді кеңседе Нұрәлі шақырып жатыр, — дейді,
Түндегі ашуым әлі тарқамаған:
— Нұрәлі шақырса, айтып бар, әкесінің тап аузын... Осылай деп, мына мен айтты деп туралап айт. Мақұл ма.
Сәлімжан момындау бала.
— Мақұл, — деп, бұрылып кете барған.
Соңынан білдім, кеңседе бір топ адамдар отырады. Солардың көзінше Сәлімжан менің айтқан сөзімді Нұрәліге айнытпай сол қалпында жеткізеді.
Нұрәлі жаман сасады:
— Өй, мына ит не оттайды? Не тантып тұр — дейді де, Сәлімжанды кеңседен қуып шағады.
Нұрәлімен арамызда оңай сөнбес бір от тұтанған еді.
Арада бірнеше күн өтіп кетті. Нұрәлі үйіне баратын жолымыз мүлдем қырқылды. Ал Нұрәлі болса, тіпті біздің көшеден өтуді қойып алды. Атты болсын, жаяу болсын, тас мүсіндей бедірейіп біздің үй жаққа бұрылып та қарамастан, анау арғы көшемен кетіп бара жатады.
Не бетімен жоласын енді бізге.
Сәуле Қарасазда ауруханада. Басқарма үйінің сиырын біреу сауып береді, үй жұмысын біреу істейді. Оған қызметші табылмасын ба?
Бір күні біздікіне ауыл советтің атқарушысы келіп тұр.
— Еркін, сені кеңседе ЬІрысты шақырып жатыр, — дейді.
ЬІрысты дейтін момындау шалағат әйел. Нұрәлі басқарма боп ауысқанда, ол оның орнына ауыл совет председателі болған.
Келдім. Келсем, Ырысты хатшысымен екеуі ғана.
— Еркін, отыр, шырағым. Халдерің қалай? Сәрсебектен хат жоқ па әлі. Келіп қалар. Апаңның денсаулығы жақсы ма?...
Ырыстының сөзді тым мәймөңкелей бастауы маған ұнамай барады. Айтатынын тезірек айтса екен.
— Еркін...аудан осында...саған повестке жіберіпті: ФЗО-ның оқуына барасың, — деген сөзді Ырысты кебек жұтқандай қиналып әзер айтты.
Күзден бері ФЗО-ға бала алу дейтін шыққан. Бірақ бұл армияға алыну тәрізді міндетті нәрсе емес. Мұндағы тәртіп басқа. Аудан әр колхоз, әр ауыл советке ФЗО-ның оқуына пәлен бала бересің. Жас мөлшері пәлен болсын деп бөледі. Оған кімді беру керектігін жергілікті басшылар жұрттың жай-жағдайына қарап, өздері шешеді.
Қыс басында біздің колхоздан ФЗО-ға Әкпар дейтін бала алынған. Нұрәлі Әкпарды жек көретін. «Бұзық немені әдейі жібердім. Барсын, көзі жойылсын» деп, айызы қанып, айтып отыратын. (Нұрәлі ол кезде бізден сыр жасыра ма?)
Сонда Нұрәлі мен Ырысты Әкпарға да:
— Сені аудан шақыртып отырса, біз не істей аламыз? Біздің қолымыздан келері жоқ, — деп сылтау айтқан.
Әкпар қоржынын арқалап кете барған.
Енді мен Әкпар болғалы отырмын. Бұл Нұрәлінің ісі екенін бірден білдім. Нұрәлімен ақылдаспай Ырысты бұл ауылда ештеңе де шеше алмайды.
«Аудан саған повестке жіберіпті» деулері өздерін арашалап қалу үшін айта салған жадағай, арзан айласымақтары.
Қысқасы, бәрі айқын, бәрі түсінікті.
Не істеймін деген оймен кеңседен шықтым. Барып Нұрәліні алқымынан ала түскеннен ештеңе де шықпайды. Ал кешірім сұрап, аяғына жығылу — ол менің қолымнан келмейді.
«Кетсем кетейін ФЗО-сына. Тәуекел. Енді маған мұнда жүргенмен Нұрәлі күн көрсетпейді. Қыр соңыма осы түскеннен түсіп алады». Шешімім осы болды.
Шешем бұл хабарды тулап қарсы алды.
— Тұйықта сенен басқа бала құрып қалып па? Бармайсың, жібермеймін, — деп Ырыстыға кетті.
Ырысты менің қолымнан ештеңе келмейді, аудан біледі депті. Апам одан шығып, Нұрәліге барады. Бұрынғы Нүрәлі жоқ, сұрланып, қанын ішіне тартып алған. Шешеммен кейуана қазақтың біреуімен сөйлескендей сөйлеседі:
ФЗО — ға бала жіберу ол колхоз араласатын іс емес, сіз бұл мәселемен бізге келмеңіз, — депті.
Апамның жүгіргенінен түк шықпады.
Мен ауданға комиссияға келдім.
Шешем де, жеңгем де қақсап қалған: «Комиссияға жағдайыңды айт, ағайым армияда. Шешем аурушаң, менен басқа шаруаға қарар адам жоқ. Сол себептен мені қалдыруларыңызды өтінем» де деген.
Мүмкін сонда қалдырар деп үміттенген.
Бірақ мен комиссияға бұл сөздің біреуін де айтқан жоқпын. Қайта, бірдеңем тура келмей, жарамай қалмасам екен деймін. Осы өмірімнің ішінде ешқайда ұзап шыққан емеспін. Жұрт барып-келіп жататын Алматыны да көрген жоқпын. Темір жол, поезд дегендерді кітаптан ғана білем. ФЗО-ға алыну арқылы ел көріп, жер көрсем деген көңілімде құштарлық бар.
Қалаға өздігіңнен бармақ болсаң ол оңайға түспейді. Ендеше, былайғы кең дүниеге шығуыма, бұдан бұрын көрмеген, көрсем-ау деп арман еткен жерлерді көруіме бұл қайта сәті түскен іс тәрізді. Тым құрыса, мектепте оқып жүрсем екен. Оқуды тастап, ФЗО-ға кетуім ақымақшылық болар еді.
Қазір енді нем бар қарайлайтұғын? Айдап жүрген арбам ба? Екі қолға бір күрек қайдан да болса табылады.
ФЗО оқуының жай-жадағайымен газет арқылы азды-көпті таныспын, онда алты ай оқу керек, содан соң заводта немесе фабрикада жұмыс істейсің.
Маман жұмысшы болып шығасың. Колхозда жұмыс істегеннен жаман ба?
Басқасын былай қойғанда, ФЗО киім береді. Онысы әскери форма тәрізді әсем. Азды-көпті оған да қызығамын. Форманы киініп, суретке түссем. Ол суретті Ғалияға ескерткішке жіберсем. Ғалия төр алдына әйнектеп іліп қойса.
Комиссия:
— ФЗО-ға барғың келе ме? — деп сұрады,
Мен ойланбастан:
— Келеді,— дедім.
16
ФЗО-ға небәрі он бала алынған екенбіз. Алты қазақ, үш орыс, бір татар. Алматыға бізді машинамен жөнелтті.
Ол кездегі машиналар бұзылғыш, көксау болған адамдай қақалып-шашалып, оп-оңай тұрып қала береді. Трт-трт еткен ескі газик кеш түсе Бөген ауданының орталығына әзер жеткізді.
Енді осында қонбақшымыз.
Бөгеннен, небәрі он шақырымдай жерде «Ақжол» колхозында Ғалия бар. Біз жүретін үлкен жолдың үсті емес, бұрыс.
Ғалия менің ФЗО-ға кетіп бара жатқанымды да, дәл қазір Бөгенге қонып отырғанымды да білмейді. Хабар бергенім жоқ. Бөгенге тоқтамаспыз, зыр етіп өте шығармыз деп ойлағам.
Ғалиямен хат алысуым соңғы уақытта сиреп кеткен. Бұған кінәлі жұмысбастылық. Хат жазайын деп ойлағанмен, қол тимейді.
Мен өзім, жалпы, хат жазуға салақ та адаммын.
Менің оқу тастағанымды, колхозда жұмыс істеп жүргенімді Ғалия біледі.
Бөгенге қонатын болған соң мен қинала бастадым. Ғалияның тап іргесіне келіп жатып, онымен хабарласа алмай кетуім біртүрлі өкініш еді. Көрмегелі көп болды. Сағынып жүрмін, бұл жолы көріспесем, қашан көрем? Қайта айналып келгенше кім бар, кім жоқ.
Мынау жап-жақын, қол созым жерде тұрған аласа қара тауды Құлықтың тауы деп атайды. Соның анау қылта кезеңін асып түссе, ар жағы «Ақжол» колхозы. Ғалияның ауылы. Сол жап-жақын жерге жете алмай, қор болып тұрмын.
Әттең құс тәрізді канатым болар ма еді.
Бөгендегі біз қонғалы отырған үй шофердің танысы. Бұнда осы мандаты колхоздардан келген және үш жолаушы бар. Үшеуінің мініп келген бір-бір салт аттары бар. Ол аттар ауланың түкпір жағында аш қаңтарылып байлаулы тұр. Аудан басы қу тақыр, ат жайылар жер жоқ. Үш жолаушы да осында қонбақ. Әлгілер кешке аттарды қалай етеміз деп, уайым соға бастады.
— Маған беріңіздер. Мына арадағы «Ақжол» колхозына барып қонып, аттарыңызды тойындырып, таңертең ерте алып келіп берейін, — дедім.
— Онда кімің бар?
— Жеңгемнің туған әпке-жездесі бар,
— Кім дегендер?
— ЬІсқақ, Балжан дегендер.
— Ысқағың әлгі жылқышы керең. Ысқақ па?
— Балжаның ферма бастық Балжан ба? — деп, мал иелері шұр ете қалды. Бәрі осы ауданның адамдары, Балжан, Ысқақтарды жақсы біледі екен.
— Ысқаққа бізден сәлем айт, — деп, қуанысып қалды. Үш аттың үшеуін де менің билігіме берді.
Ой мұндай қуанбаспын. Көктен тілегенімді құдай жердей тап қасымнан бере салғандай болды.
Тағдырдың маған деген әжуасы әрқашан осылай — бір нәрсеге қолымды жеткізбей, зарықтырған болады да, сосын алдыма салаң еткізіп тастай салады.
Жүрісі тәуір деген бір атқа қарғып мініп, басқа екі атты қабаттап жетекке алдым да, «Ақжол» қандасың деп, тартып жөнелдім. Былтырғы өзім жүрген жолды жақсы білем. Жер жағдайы, бәрі таныс болып қалған.
Аш аттар аяқтарын ытырыла басады, cap желіп келе жатып, жердегі шөптен қарпып, үзіп қалуға тырысады. Ақшам жамыраған кезде, баяғы өзім көрген ауылға дүбірлетіп келіп те қалдым. Әне, анау көрінген Балжан үйі. Көктен түскендей болып жетіп барам. Мені көріп, көздері шарадай болады. Мұншама аттары несі жетектеп алған?.
Ғалия қайтер екен?
Міне қызық, Балжан үйінде бөтен біреулер, Сасыңқырап қалдым.
— Сізге кім керек еді? — дейді.
— Ысқақ, Балжан деген кісілер...
— Олар жоғарыда, фермада, сонда көшіп кеткен.
— Алыс па?
— Жоқ, онша алыс емес. Сайды өрлеп, жүре берсең, алып барады. Жаппалары, киіз үйлері бар малды ауыл алдыңнан шығады, — деп сілтеп жіберді.
Ауылдан тік жоғары созылған сай бар, сонымен келе жатырмын. Тарам-тарам соқпақ жол. Сай табанында азғантай су ағып жатыр, жол кейде суды жағалап, кейде олай-былай кесіп өтеді.
Бұл кезде көз байланайын деп қалған. Бет алдымнан қарауытып, оттары жылтылдап, малды ауыл көрінді. Иттер үріп шықты. Қараша мықыр жаппалардың арасында жалғыз ғана боз үй. Бұл, сөз жоқ, ферма меңгерушісінің үйі.
Қызметі биіктің үйі де биік.
Боз үйдің бет алдындағы мама ағашта ерттеулі ат байлаулы тұр. Ысқақтың құранды ерін мен бірден таныдым.
Сауыншы әйелдер қарбаласып, сиырларын сауып бола алмай жатыр. Үстіне бірнеше қалайы фляг тиелген екі аттық арба тұр. Сауылған сүтті ауылға маслопромға әкетеді.
Боз үйдің алдына кеп, аттан түсіп жатырмын. Жүрегім дүрс-дүрс. Аттарды мама ағашқа байлап жатып, екі көзім киіз үйдің есігінде.
Кенет киіз есік желпең етіп ашылды да, шашы дөңгелене тігілген Ғалияның басы көрінді. Мен оны бірден таныдым, ол таныған жоқ. Есікті қиғаштай ашып әлі қарап тұр. Miнe, мен ақсия күлімсіреп оған жақын келіп қалдым. Әбден қасына келгенімде, Ғалия бір-ақ таныды.
— Еркін! — деп дауыстап жіберді.
Қуанғаны, таңырқауы бәрі аралас.
— Еркін, қайдан жүрсің? Мынау үш атың не? Сонау Тұйықтан атпен келдің бе, — деп сұрақты жаудырып жатыр.
Төр алдында бір тізерлеп Ысқақ отыр, қасында Қали. Сәлем беріп кірдім. Мен дәл бір көктен түскендей Ысқақ та таң-тамаша. Қысқашалап жөнімді айттым.
Балжан үйде жоқ екен. Осы кеште колхоздың партия ұйымының жиналысы болмақ, соған кетіпті.
Шай іштік, былтырғы ағыл-тегіл молшылық байқалмайды. Соғыс бұларды да тұтамдап қысып тастаған. Шай соңынан қазан асылмады. Осы тамақпен жататын түріміз бар.
Ысқақ, жылқы бағуға баратынын айтып, дайын отыр. Үш атты ала кетіп, таңертең жеткізіп бермек. Шоқша сақалын сығымдап ұстай отырып:
— Соғысың жуық ар ада бітпейтін болды, апатқа айналды, — деп бір қойды.
Мен ішімнен мырс етіп күлдім. «Соғысын», Менің соғысым тәрізді. Сенің оның, сенің мұның деп екінші жақпен сөйлейтін әдетінен танбаған.
— Мына жақтағы Жапоның қалай, тыныш па? Оныңның Қытаймен соғысы не боп жатыр?
Мен білгенімді айтып, жауап қайырып отырмын.
Бір кезде Ысқақ жылқыға бармақ болып, киіне бастады. Баллон әлі келген жоқ. Жиналысы кеш бітсе, мүмкін келмес. Туысқандардың біреуінің үйіне қонып та қалар дейді.
Ауылда жиналыс болса ұзақ болатыны маған мәлім. Ысқақ кетті. Біз Ғалия, Қали — үшеуміз қалдық.
Әлі жататын кез емес.
Ін ауызын баққан мысықтай Қалидың баққаны Ғалия екеуіміз. Осы не айтып, не қояр екен деумен бетімізге жалтақ-жалтақ қарайды. Бір минутқа болса да тысқа шықпайды.
Қалидың жиып жүрген асығы бар екен, үшеуіміз біраз уақыт хан ойнадық. Балжан әлі жоқ.
Түн бүгін ерекше әсем, ай жарық. Шаңырақтан жұлдыздары самсаған көк аспан мөлдіреп көрінеді. Әсем түн желіктіріп сыртқа шақырады.
Ғалияға:
— Ақсүйек ойнасақ қайтеді? Бұл ауылда ақсүйек ойнайтындар бар ма? — дедім.
— Бар, ойнайық. Мен шақырып келейін, — деп Ғалия лып ете қалды.
— Мен де ойнаймын, — деді Қали.
Мен ағаштан жонып, ақсүйек жасауға кірістім. Ғалия бірнеше сауыншы қыз-келіншектер шақырып келді. Бес-алты адам болдық. Ауылдың бет алдындағы қырат жазықтың үстіне шықтық. Ай сүттей жарық, аяқ астына ине түссе табылғандай. Жанға жайлы майда қоңыр жел еседі. Жусанның ашқылтым иісіне жел жақтағы қотаннан малдың жас қиының иісі араласып,желмен бірге бұрқырап, желпіп өтеді.
Екі бөлініп одақ болып, ойнай бастадық.
Біреу ақсүйекті құлаштап тұрып лақтырды. Бәріміз дүркіреп, солай қарай жүгіріп келеміз. Ғалия менің қасымда. Екеуміз қатар жүгіріп келеміз. Ақсүйектің түскен жері осы ара.
Жұрт еңкейе қарап, қарбаласып іздеп жүр, Мен де іздеген болам. Бірақ аңдыған-баққаным Ғалия.
Біреу жырыла беріп, таптым деп, айқай салды да, сөреге қарай қаша жөнелді. Басқалар жапырлап қуып берді. Маған керегі де осы еді. Жүгіре берген Ғалияның білегінен шап беpiп ұстай алдым.
Ғалия іркіліп тоқтай қалды.
Екеуміз тым-тырыс тұрмыз.
Не деп, Ғалия айтпады. Не айтарымды мен білмеймін,
Ғалиямен оңаша болуды арман ететін едім. Сол арманыма жарты минутке болса да жетіп тұрмын. Бірақ пайдалана алмай тұрмын.
Басқалардың бізде шаруасы жоқ, ақсүйекті қуалап, жүгіріп барады. Қали араларында. Ол біздің қалып қойғанымызды байқаған жоқ.
Байқаса жүгірмес еді, бізбен бірге қалар еді. Мeнен үн шықпасын көрген Ғалия кенет:
— Аналар біліп қояды, ұят болады, — деді.
Осы сөз маған төбемнен суық су құйып жібергендей әсер етті. Есімді тез жиып алдым. Ғалиямен оңаша қалған уақытым минуттап та емес, секундтап саналатынын, соның бәрі текке өтіп жатқанын жана ұққандай болдым.
Тезірек қимылдауым керек.
Ғалияның тоңазыған бетінен шөп еткізіп сүйіп алдым...
Болды бітті. Әлі де сөреге жете коймай, үйдек-түйдек жүгірген жұрттың соңынан алды-артыма қарамай замғап келем.
Тілмен айтып жеткізгісіз бақытты едім.
17
Балжан келген жоқ, біз жатып қалдық.
Енді келмейтін болар.
Қали екеумізге төсек төр алдына катар салынған. Ғалия шешесінің екі кісілік темір кереуетінде жатыр. Түндік түсірілген, киіз үйдің іші көзге түртсе көргісіз қараңғы.
Ұйқы келу қайда. Әлгіндегі батырлық қылығыма масаттанып, риза болып жатырмын. Мұндай істе батылдық керек. Батыл болмасам Ғалияның бетінен сүйе алам ба? Әне, ол ашуланған жоқ қой. Яғни, ол да мені сүйеді. «Қап және бір сүймеген екем».
Төсегін сықырлатып Ғалия арлы-берлі аунай береді. Соған қарап оның да ұйықтай алмай жатқанын сезінем. Бірдеңе деп тіл қатуға қасымда жатқан Қалидан жасқанамын. Ол залым естіген — көргенін таңертең әке-шешесіне тақылдап сарнап беруден тайынбайды.
Тақауымды пыс-пыс тартып, ұйықтамай жатқанымды Ғалия да сезінеді.
Шіркін-ай, мына Қали да үйде болмаса, қандай жақсы болар еді. Ғалия екеуміз ғана болсақ!.. Бір кезде қасымдағы Қали пырылдап ұйықтап қалды.
Ғалияға не айтсам екен? Әлде барсам ба екен? Ұят-ау... қасыңа жата тұрайын десем...
Қой, масқара! Ғалия ашуланып жүрсе, ертең бетіне қалай қараймын?
Қиналып ұзақ жаттым.
Қалидың ұйықтап қалғанын Ғалия да білді.
«Батылдық керек. Ал мен болсам жасықпын, ынжықпын» деп, өзімді өзім қайрап, ұрсамын. Қайрағанмен өтпеймін. Мұндай түн енді қайтып оңай қайталанбасын өте жақсы түсінем. Үйдің іші біртін-біртін салқындап барады. Бір кезде Ғалия:
— Еркін, ұйықтаған жоқсың ба? — дегені,
— Жоқ, — дедім жұлып алғандай етіп.
Ғалиямен әлдене турасында уәделесіп, манадан бері сарғайып жауап күтіп жатқан адам тәріздімін.
— Тоңбайсың ба? Тоңсаң сыртыңнан киім жабайын, — деді Ғалия.
— Жап.
Ғалияның керуеттен түскен дыбысы естілді. Әне, ол мен жатқан жер төсектің шетін аяғымен барлап, байқап алып, дәл қасымнан жүкке қарай өтіп барады. Жүк жақты сипалап шапан ба, шекпен бе, салмақты бір зат тапты. Соны көрпемнің сыртынан ықтияттап жауып жатыр.
Аяғымды, жан-жағымды қымтап, мені тоңып қалмасын деп, барынша қамқор болып жатыр.
Мен шалқамнан жатыр едім. Екі бірдей қолымды көрпеден шығардым да, Ғалияның білегін тауып, ұстай алдым. Топ-толық әсем білегі ып- ыстық.
Өзіме қарай тарттым. Ғалия үнсіз бағынып, сылқ етіп, көрпе сыртына қисайып отыра кетті. Тоңазығандықтан ба, білмеймін дір-дір етеді. Мен енді батылданып кеттім. Ғалияны құшақтап, бауырыма басып, қаттым да қалдым. Көзімді тарс жұмып алғам. Маспын.
Ғалия тек іш көйлекшең. Лебі өрт болып, бетімді шарпиды. Бір сөз айтылмай-ақ баяғыдан бергінің бәрі түсінікті болғaндай.
Ғалия бір кезде дір-дір етіп, жалаңащ білегі тобарсып, шындап тоңа бастады.
— Ғалия, тоңдың ғой, бері көрпеге кіріп жатшы.
Ғалия үнсіз, тек басын шайқады, көрпеге кіргісі келмейді.
Құшағымыз айқасып және біраз жаттық. Мен енді біртіндеп саналы қимылға көше бастадым Көрпе шетін мүмкін болғанынша ашыңқырап, Ғалияны бауырыма тарттым.
— Ғалия, бері кіріп жатшы?
Ғалия тағы басын шайқады.
— ...Тоңасың ғой, қарашы, иықтарың сұп-суық;
— Тоңбаймын,
Ғалияны сүйіп-сүйіп алдым.
Ғалия басын шайқады.
Ғалияның астынан көрпе шетін күшпен жұлып ала бастадым. Ғалия шынтағымен нығарлап босатпауға тырысады. Көрпе шетінен айырылса, бәрінен айырылуы мүмкін екенін жақсы біледі...
Кенет, сыртта иттер шулап үріп қоя берді. Еңіс жақтан ат тұяғының дүбірі естілді.
— Апам келді! — Ғалия осыны айтты да, ұшып тұрып, төсегіне жөнелді. Мен болсам басыма бүркене жамылып, өтірік ұйықтаған болып, қаттым да қалдым.
Бұл келген, шынында да Балжан еді. Үзеңгісі шылдырап аттан түсіп жатты.
Таңертең оянғанда түндегінің бәрі есіме бірден келді. Арқа-басым шымырлап кеткендей болды. Қали сұм өтірік ұйықтаған боп, бәрін естіп, біліп жатқан жоқ па? Қазір тұрған соң, aпa, түнде Еркін бүйтті, бүйтті деп, Балжанға сарнап айта бастамай ма?
Балжан мен Ғалия сиыр саууға ерте тұрып кетіпті. Ысқақ әлі келмеген. Қали пырылдап ұйықтап жатыр. Ішіне не түйіп жатқанын құдайым білсін.
Аттар келсе, Қали оянбай, зып жөнелгім келеді.
Еш қылмысым болмаса да Ғалияға көрінуден және жүзім жанады.
Жоқ, сезікті ешнәрсе байқалмайды. Мен бұл үйден абиырым айрандай төгілмей аман аттандым.
Осының өзіне шексіз қуанышты едім.
18
Алматыға түнде келдік.
Қала атаулыны менің тұңғыш рет көруім. Бірақ астананың түнгі көрінісі пәлендей мықты әсер қалдырмады. Бізді әкелген кеңседе, облыстық атқару комитетінде, күзетшіден басқа адам жоқ екен.
Ол бізді кіргізбей, көп әлек жасады. Басқадай барар жер, басар тауымыз жоқ екенін айтып Жатып, әрең кірдік.
Бірінші этаждағы бір бос бөлменің есігін ашып:
— Осында дыбыр етпей, шуламай жатыңдар, — деді,
Үйдің едені паркет екен. Бұл біздің бұрын көрмеген нәрсеміз. «Ой, сұмдық-ай! Кішкентай-кішкентай жаңқадан ерінбей құрап салғаны-ай, ә? Одан да бүтін тақтайдан неге салмаған» дейміз.
Мынаны еріккеннің ермегі тәрізді көреміз.
Осы келе жатқанда менің бірге ішін, бірге жейтін екі досым бар. Олар: Ілияс, Нұрымбай деген балалар. Қарасазда үшеуіміз бір класта оқығанбыз. Әкеле жатқан азық-түлігіміз үшеумізге тең ортақ, сенікі, менікі демейміз.
Нұрымбай орта бойлы, қара торы, бет сүйегі шығыңқы, пысық. Ептеген жылпостығы бар.
Ілияс сұңғақ бойлы, танауы жалпиған, момындау сары бала. Бір сөзді. Нені де болса, төбесінен тоқ еткізіп тура айтады. Іш қатпары аз, пәлендей қулық-сұмдық бүкпесі болмайды.
Үшеуміз тірі болсақ, бір төбедеміз, өлсек бір шұңқырдамыз деп келе жатырмыз.
Ауылдан шығар-шықпастан Нұрымбайдың бір оғаш мiнeзi көзге түсіп қалды. Кеше Бөген ауданының орталығына келген бетте машина үстінде чемоданын дізесінің үстіне қойып, құнжаңдап бірдеңені сүйкетіп жазып жатыр. Ей, не жазып жатырсың деп, қарасақ, үйіне хат жазып отыр екен. Әкесі мен шешесін, туыстарын талайдан көрмей сағынып, зарыққан адам тәрізді. «Амандық хат. Қымбатты жәке, апа, қалай денсаулықтың арқасында жүрген боларсыздар. Біз де аманбыз. Міне Бөген ауданының орталығына келіп жеттік. Бүгін осымда қонбақшымыз» деп, сықпыртып барады. Әлгі арада Нұрымбайды әжуа етіп, күлді-ай, кеп! Хатты тым құрса, Алматыға кетіп алып жазсайшы. Үй іргесінен ұзаған да жоқпыз ғой.
Асылы, Нұрымбай бір жаққа жолаушы шығып, үйіне хат жазуды арман етіп жүрген тәрізді.
Сол күлкі еткеннен біз Нұрымбайды Алматыға жеткенше күлкі етіп, мазақтаумен болдық. Жол бойындағы жана бір поселкке келген кезде, қане, суыр қағаз-қарындашыңды. Осы арадан амандығыңды білдіріп, әке-шешеңе және бір хат жазып жібер дейміз. Нұрымбай ыза болады.
Біз бәріміз сырт киімдерімізді астыларымызға төсеп еденде тырайып-тырайып, демалып жатырмыз. Қай — қайсымыз да машина соғып, шаршағанбыз. Жатпай отырған тек Нұрымбай. Чемоданын алдына алып, бір жамбастап, үйіне хат жазып отыр.
Қазір енді мазақтамақ түгіл, мойнына мініп алсаң, тыңдайтын емес.
Дәптердің екі бетін толтыруға тақады. Соншама не жазатынына мен таңданамын.
19
Үштен-төрттен топ болып қаланы аралауға шықтық. Ауыл балаларына мұндағының бәрі соны, бәрі қызық. Біз Нұрымбай, Ілияс үшеуіміз. Жақын маңдағы көк базарға келдік. Құжынаған халық. Құмырсқаның илеуі, Осыншама халықтың бір араға үйіліп-төгілгенін өмірі көрген емеспіз, Арасына кіріп кетсек, бірімізден біріміз адасатын тәріздіміз.
Базар шетінде екі аяғы дізеден, екі қолы шынтақтан және домаланған біреу отыр. Әлгіге қараудың өзі соншалық аянышты. Домаланған құр кеуде. Ұйпаланған жирен шаштың арасы кір-кір.
Қол орнына шолтаң-шолтаң еткен, томырылып біткен ет жілік — қызыл ет.
Соғыстан мұншалық қор болып қайтқан адамды мен бұрын көрген жоқ едім. Құйқа терім шымырлап, бір түрлі болып кеттім. Әттең, барсам-ау деп құлшынатын соғысты енді тым жақын, әрі айқын танып тұрғандаймын. Ол тануым:
Соғыс деген ол сұмдық!
Соғыс ол апат!
Соғыс адамды қор ету!
Әлгі тәрізді адамның жаны түршігетін мүгедектер базарда біреу-екеу ғана емес екен. Әр жер, әр жерден ұшырасып қалады.
Трамваймен жүргенді қызық көріп, трамвайға отырдық. Таңырқайтын түгі де жоқ, салдырлаған темір арба.
Дүкендерге кірдік. Ақ нан, әр алуан бөлкешелерге дүкеннің сөрелері сықап, толып тұр. Алып жатқан адам аз. Алматыда азық-түлік тапшы деп еститін едік, бұнысы қалай деп, таңырқаймыз. Ақ бөлкешелерден сатып алмақшы болдық. Ақша берсек, бермейді, «карточки давайте» дейді. Біз бірімізге біріміз қараймыз, карточкасы несі дейміз. Карточка деген сөзді сурет деп ұғып, қалталарымыздан сурет іздестіріп жатырмыз.
Сөйтсек, нан карточкасы деген болады екен. Оны біз қайдан білейік, ауылдық жерде ол жоқ.
Бір жерде көшенің бұрышында бір әйел алма тәрізді, бірақ алмадан гөрі басқа қып-қызыл бірдеңелер сатып отыр. Бағасы онша қымбат емес.
— Бұл не?
— Помидор.
Біздің Қарасаз ауданы салқын, таулы аудан, жеміс атаулы өспейді. Овощтан картоп пен капуста ғана өседі. Помидор дегенді бұрын естігенмен жеп көрген емеспіз.
— Бұны қалай жейді? Осы күйде жей беруге бола ма, жоқ әлде пісіріп жей ме?
— Помидорды пісіріп жегенді қай ата-бабаларыңнан көріп едіңдер? Алыңдар да, жей беріңдер, — дейді сатушы.
Үйіп-үйіп қойған помидордың бір үймегін сатып алдық. Бір-бірден ұстап, қызықтап қарап келеміз. Саусағымызға алма тәрізді қатқыл емес, жұмсақтау болып сезіледі. Сыртын киіміме үйкеп сүрткен болдым да, алма тәріздендіріп тістеп кеп қалдым. Бырш ете қалды. Жылымшы сұйық бірдеңелері бетіме, омырауыма шашырап, жауып кетті. Дәмі де дән емес, жексұрын бірдеңе.
— Жеміс болмай, құрып қалсын, — деп жемей, арыққа бір-бір аттық.
Қалада солдат көп. Төрт-төрттен сапқа тізіліп, жейделерінің арқасына сортаң терлері шығып, аяқтарын сарт-сұрт басып, кетіп бара жатады.
Көшені жаңғырықтырып, өлең айтып өтеді:
Вставай, страна огромная,
Вставай на смертный бой!
Темір жолды тұңғыш рет көруім. Поездға тұңғыш отыруым. Керуендей шұбалған ұзын состав Сибирьді бетке алып, ұрып келеді. Барар жсріміз — Қарағанды.
Темір жол Новосибирск — Омск — Петропавл қалаларын басып, Сибирь айналып жүреді.
Қазақстанның оңтүстігін солтүстігіне жалғайтын төте жол ол кезде жоқ.
Жолаушы поезының үш вагоны толы ФЗО балалары. Он төрт-он жеті жастың арасындағылар. Әр ұлттан, бірақ негізгісі орыс пен қазақ. Бастап алып келе жатқан жетекшілеріміз, тәрбиешілеріміз бар. Күн сайын нормалап нан береді, үлкен қалаларға аялдағанда ыстық ас ішкізеді.
Жас адамда уайым-қайғы аз болады, ақылдан албырт сезім басым. Жер керіп, ел көргенге мәз болып келеміз.
Поезд үстінде келе жатып үйге бір рет, Ғалияға бір рет хат жаздым. Бізді оқуға Қарағандыға жөнелткенін хабарладым.
Қарағанды олар үшін жер түбі.
Әнеугі Ғалиямен бірге еткізген түнім есімнен мәңгі шықпақ емес. Мен бір нәрсеге қап деп, ете қатты өкінемін. Ол — Балжанның темен поселікте қонып қалмауы. Нағыз келмейтін кезде дүбірлетіп жетіп келуі. Тым құрса енді біраз кешіккенде, енді сәл ғана уақыт келмей, тұра тұрғанда...
Өзімнен де болды. Онша батыл болмадым, көп уақытымды текке өткізіп алдым.
Темір жол бойы, әсіресе, станциялардың басы мазасыз, у-шу. Арлы-берлі сапырылысып ағылған эшелондар, Әскери эшелондар кеп ұшырасады — майданға кетіп бара жатқан солдаттар. Қару-жарақ, оқ-дәрі тиеп, сыртынан брезентпен бүркеп, жауып алған, күзеті мықты составтар.
Соғыс жақтан жаралыларды, жау басып алған өлкелердің босқын адамдарын тасып әкеледі.
Әскерге шақырылушылар.
Біреуді біреу біліп болмайды.
ФЗО-ға бара жатқан балалардың арасында әр қилысы кездеседі. Біреулер бар — моп-момақан қозы тәрізді, ата-аналарының бауырынан ұзап шығып, әлі ештеңе кермеген, ысылмаған. Дүниедегінің бәріне аңқау сәби көзбен қарайды.
Енді біреулер бар — екі иығын жұлып жеп, ұрынарға қара таппай жүрген. Сөздерінше тұздықтап, боқтық араластырып сөйлейді. Онсыз сөздерінің сәні кірмейтін тәрізді. Жетекшілерімізден жасырып, бұл қулар арақ та ішеді. Шылымды тіпті жасырмай-ақ бұрқыратып тартады.
Ұрысса тыңдамайды.
— Мұрныңыз қаңсып барады, — деп әуелі келеке етеді.
Табиғатым солай ма, білмеймін, шылым мен араққа құмартқан жан емеспін.
Жаман әдет жұқпалы деген сөз рас. Алғашында сұмдық болып көрінетін боқауыз лас сөздерге біраздан соң құлағымыз үйір бола бастады. Ол түгіл, ана балаларға еліктеп, біз де «тұздықтап» сөйлейтінді шығардық. Онсыз ауылда өскендігіміз, ашық ауыздығымыз білініп, көрініп тұратын тәрізді.
20
Қарағандыға поезд бір жеті жүріп барады екен. Күндіз-түні вагонда қамалып отырған адамға бұл аз уақыт емес. Әрі-беріден соң кісіні бойкүйез етеді, жалықтырады:
Өзіңе өзің ықтиятты болудан да қаласың.
Бір күні Ілияс, Нұрымбай үшеуміздің нормалы бір бөлке нанымызды қас пен көздің арасында ұрлап әкетті. Вагонға сырттан бөтен адам кірмейді. Ішімізден ФЗО-ға кетіп бара жатқан балалардың біреуі ұрлады.
Үйден әкеле жатқан азық-түлігіміз әлі де жеткілікті, сондықтан пәлендей зардап шеге қойған жоқпыз. Бірақ ауылдағыдай алаң-ашық жүруге болмайтынын аңғардық.
Петропавлдың вокзалында шалбарымның қалтасынан менің әмиянымды ұрлап қойды. Буфеттен тамақ алған едім де, тамақ ұстаған қолдарымды төбемнен тік көтеріп, қалың жұрттың арасымен жарып өткем. Сол кезде лып еткізіп, алған да қойған. Вагонға кеп, алған тамақтарымды стол үстіне қойғаннан кейін бір-ақ жоқтадым.
Қалтам босап қалғанын көрдім. Буфетке ақша төлегеннен кейін әмиянымды ішкі төс қалтама салып жатуды әуре көріп, әншейінде салмайтын шалбарымның қалтасына сала салған едім.
Енді бұл да сабақ болды. Орыстың: «Алысқа тықсаң, жақыннан аласың» деген мақалы осындайдан шыққан.
Әмияным жаңа, әдемі еді. Ішінде жол-жөнекей ұстауға деп, бөлектеп салған азырақ ақшам бар. (Ұрланатынын білген тәріздімін.) Документтерім бар (паспортым мен комсомолдық билетім), Соның бәрі кетті.
Және бір қымбат нәрсем кетті, ол Ғалияның былтыр маған ескерткішке деп, хатпен жіберетін кішкентай суреті.
Ішім көптен-көп осы суретке ашитын тәрізді.
Meн өзімді ауылдың пысық балаларының бірінен санайтын едім. Сөйтсем, оным асылық екен. Өмірге бейімі жоқ, ашық ауыздың бірі болармын деген ойға келдім.
Шикілігім көп екен.
Қарағандыға кешке қарай келдік. Көмір қаласынын сырт көрінісі біз көріп келе жатқан басқа қалалардан өзгеше. Шахталар египет пирамидалары тәрізді шоқы-шоқы үйінділер. Мен бұл үйінділерді кемір екен десем, көмірдің шығарылып тасталған қоқыстары екен.
Мұнда аспан да, жер де көмір сасиды.
Айқайын салып, сықыр-сықыр қозғалған көмір тиелген составтар. Түтін, шаң...
Қара киімді шахтерлер.
Бізді алып келген эшелон бұдан әрі бармайды. Жолаушылар түсіп-түсіп, кетіп жатыр. ФЗО-ға әкелінген балалар ғана қалдық.
Басшыларымыз бір жерлерге барып, сөйлесіп, қайта кайтып келді.
— Бүгінше осында — вагонда түнейсіңдер, ертең сендерді қабылдайды, — деген сөзді айтты.
Біз мінген вагондарды темір жолдың шеткері бір тармағына сүйреп алып барып қойды.
Келер жерімізге келдік, енді ертеңге дейін істейтін іс жоқ. Зерігіп вокзалға барамыз, қайта қайтып келеміз. Қала аралаймыз.
Вокзалдың буфетінде шарап сатылады екен. Ішкіш қулар шарап сатып әкеп, іше бастады. Қызыл алған соң олардан көңілді, олардан батыр халық жоқ, шулап өлең айтады, би билейді, басқаларға тиісіп, басынғандық көрсетеді.
Олар енді жетекшілерімізді тыңдауды мүлдем қойып алды. Тілдерін шайнап, қолдарын былғаң еткізіп, бір-ақ сілтейді:
— Бәрібір соғыс, — дейді.
— Бәрібір соғыс!
Тоғышарлар мен ұстамсыздар үшін осындай бір топас сылтау табылған. Ойларына не келсе, соны істейді де, жаласын соғысқа жаппақ болады. Оларша, соғыс жүріп жатқан кезде адамша өмір сүріп қажеті жоқ.
Түнге қарай шарап ішушілер тіпті көбейіп кетті. Үш вагонның үшеуінің іші де айғай-шу! Жетекшілеріміз көрінбейді. Бір жеті бойына бізбен асаумен алысқандай алысып, сірә, шаршаған болар. Осы пәлелерден аулақ болайық, деп, бір жерге жан тыныштық іздеп, тайып отырған тәрізді.
Көп жындының ішінде сау отырған әрі жаман екен, әрі жараспайды екен. Біздің де жынданғымыз келді. Ақшамыз бар. Біз немене, мына шалқып жүргендерден кембіз бе? Жоқ әлде бұлардай бола алмаймыз ба? Іше алмаймыз ба?
Ілияс, Нұрымбай, мен үшеуміз бардық та, «Вермут» дейтін жазуы бар үлкен қара бөтелке сатып әкелдік. Әрине, бос бөтелке емес, ішінде қыл мойнына тақап құйылған шарабы бар. Тәуекел деп, үш стақанға бөліп құя бастадық. Бұдан бұрын арақ-шарап ішкен жандар емеспіз. Тек кейде қандай болады екен деп, оңашада бөтелкенің түбін аузымызға сарқып көретінбіз.
Ендігі жағдай басқа. Жасырынбай, ашық ішуге, дәмін ғана татып көрмей, сылқия тойып ішуге болады. Тізгін қолда, өзімізге өзіміз қожамыз. Әй дер әже, қой дер қожа жоқ.
Арақ ішу арқылы адам боп, есеюдің жаңа бір бел-белесіне көтерілетін тәріздіміз.
— Қане, кел!
— Кел! — десіп, көтерісіп қойыстық.
Жұрттан көргеніміз бойынша, басытқылап нан жеп жатырмыз.
Сиқыр су кімді арбап уысына түсірмеген, кімді жынды етпеген. Тамыр-тамырымызды қуалап, бусандырып, дүние — әмір әдемі болып барады. Тағы ішкіміз келеді. Бөтелкені тауысып және бірін алып келдік. Оны да іштік. Енді біз де батырмыз, біз де шат көңілдіміз. Сырдың суы сирағымыздан келмейді.
— Тағы ішеміз бе?
— Е, ішпей! Ішеміз. Мә, әкел мынаған.
— Менің өзімде де ақша бар,
— Бар болса, әкел.
Біреулер қасымыздан өтіп бара жатып:
— Мыналарды қара, бұлар да дөй дөйге басыпты, — дейді.
— Е, баспай! Біз немене, біз адам емеспіз бе?
— Мыңқылдатпай, өзін желкеден түйіп жіберші!
Ертесінде түске дейін басымды көтере алмай, ауырып жаттым. Өмірі басым мұндай қатты ауырып көрген емес. Енді арақты татып алмасқа өзіме өзім ант бердім.
Ауыздан шыққан анттың бәрі орындалса, адам адам емес, баяғыда-ақ періште болған болар еді.
21
№ 1 ФЗО мектебінде оқып жүрміз. Алты ай оқып, шахтаға жұмысшы болып барамыз. Жиырма-жиырма бес баладан топ-топқа (бригадаға) бөлген. Әр топтың басында жетекші мастер. Оқытатын да, тәрбиелейтін де міне сол.
Біз, Ілияс, Нұрымбай, мен үшеуміз тіреу қоюшылар тобындамыз,
Шынымды айтсам, ФЗО-ның оқуы бірінші күннен бастап-ақ менің көңіліме толмады. Оқытатын. үйрететін нәрсесі шамалы. Жуандығы телеграф бағанындай бөренені шахтаға тіреу етіп қоямыз. Бұның пәлендей бас қатырып, ақыл жұмсап үйренетін түк те қиындығы жоқ. Тек тер төгіп, еңбек ете біл.
ФЗО-ны бітірген соң шахтада ең кемі төрт жыл жұмыс істеу шарт, заң бар сондай. Төрт жыл толмай ешқайда жібермейді. Бұл өмір бойы шахтер бон қаласың дегенмен бірдей.
Ал менің арманым шахтер болу емес, басқа. Жазушы болу, немесе журналист болу.
Екеуінің арасы жер мен көктей.
Шахтерлерді армияға алмайды, брон береді.
Алса, қуана-қуана кетер едім.
Көңілім қаламайтын, сүймейтін іспен шұғылданғаннан да соғысқа бару маған мың есе артық көрініп тұрады. Онда не болса да тез болады, тез шешіледі.
Өлсең де, жаралансаң да, батыр атансаң да қолма-қол.
Біздің тіреу қоюшылар тобының мастері Ахметов дейтін жасы қырыққа кеп қалған адам. Орта бойлы, жауырынды, тығыз, мығым денелі. Жарау аттай сергек жүріп, сергек тұрады.
Ахметовтың үйі осы Қарағандыда. Күндіз бізбен бірге болады да, кешке қонуға үйіне кетеді.
Мастеріміз жайма-шуақ жақсы адам. Мені ол бірінші күннен ұнатып өзіне орынбасар етіп тағайындады.
Ахметов жоқта бригаданың қожасы менмін.
Қаладағы өмір қайнаған қазан тәріздес. Жұмысшы батальонына, ФЗО-ға, әртүрлі еңбек училищелеріне халықты әкеп төгіп жатыр. Жау басып алған Донбастан кешіріліп әкелген шахтерлер.
Олардың семьялары.
Осының бәрі жергілікті халықпен араласып, миқойыртпақ.
Сол кездегі қиыншылық жағдайды ескергенде біздің тұрмысымыз жаман емес. Екі этажды кірпіш үйде тұрамыз. Төсек-орнымыз таза, үш мезгіл тамақ береді.
Мені о баста бір қызықтырғаны ФЗО-ның форма киімі еді, оны әлі берген жоқ. Тек мұқтаж болғандарға іш киім, аяқ киім тиді. Форманы әне береді, міне береді деп созбаққа салып жүр.
Біреуінен біреуіне ететін шағын екі бөлмеде он екі бала тұрамыз. Он екі. темір кереует, алты тумбочка, Нұрымбай екеумізге бір тумбочка ортақ. Бірақ оны менен гөрі Нұрым-байдың пайдалануы көбірек. Күнде кешқұрым тумбочкаға жабысып, басын бір жағына қисайтып, хат жазып отырғаны.
Жазу жазып отырғанда, Нұрымбайдың бетіне қарап тұру біртүрлі қызық. Еріндері қисаң-қисаң етіп, жазған әріптерінің ыңғайына қарай қыбырлап, ылғи да қозғалумен болады.
Өзге дүниенің бәрін ұмытып, хатты ол соншалық беріліп, құмарланып жазатын еді.
Мен хат жазуға салақпын және сөз тауып жаза алмай көр болам. Аманмын, оқып жатырмын деген соң парақтың қалған жерін немен толтырарымды білмей қиналам.
— Тағы не жазам? — деп кейде Нұрымбайдан ақыл-кеңес сұраймын. Үйден үзбей хат алып тұрам. Жазатын жеңгем. Өздерінің халдерін, ел ішіндегі жаңалықтарды тізіп жазумен болады.
«Сәрсебектен хат-хабар әлі келмеген.
Ағайымның тағдыры мені ойға батырып күйзелтеді,
Жеңгем Нұрәлі үйімен қатыспайтынын жазады. Сәуле ауруханада бірғауым жатып келген. Бірақ оңалып кете алмаған көрінеді, Оқта-текте есі ауып жығылатын талма ауруына ұшыраған.
Нұрәлі азғынға тежеу жоқ, оның көңіл-хошы сол әлгі завхоз Зейнекүл. Екеулері ел-жұрттан қымсынуды мүлдем қойып алды деп жазады.
Сабақтан тыс уақытта балаларды масақ теруге алып барамын. Колхоз ештеңе бермейді, біз ештеңе сұрамаймыз да, өздігімізден амалдап күнімізді көріп жүрміз:» дейді.
Ғалиямен де хат алысып тұрам. Ол биыл оныншы оқиды. Бірақ оқулары әлі басталмаған. Колхоздың егін жинау науқанында жұмыс істеп жүрміз дейді.
Демалыс алып келер болсаң, жолдан бізге соң. Келмей, өтіп кетіп жүрме деп жазады.
Мен бұған қуанамын. Ғалия енді мәңгі-бақи мендік болғаны ғой, қараптан-қарап, бұлай деп жаза ма?
Ғалиямен жолығысқанда не қаласам сол болатынына ешқандай шәк келтірмеймін...
Бұрынғыша Ғалияның бірде-бір хатың жыртпай, жоғалтпай, сақтап жүрмін.
22
Үйден хат алдым.
Сұмдық хат!
Қаныша жеңгемді мұғалімдік кызметінен шығарып жіберіпті.
Бір күні аяқ астынан мектепке аудандық оқу бөлімінің инспекторы келеді. Екі-үш мұғалімнің сабағына кірген болады. Оның бірі менің Қаныша жеңгем.
Сосын, педсовет шақырылады.
Мектеп директоры Несіпбаев дейтін топас адам.
— Күн тәртібіндегі мәселе Қаныша Асылбекованың жеке бас ісі, — деп, қарап отыр дейді.
Қаныша үшін бұл төбесінен жай түскеңдей оқыста, күтпеген жағдай, «Менің қандай ісім болуы мүмкін?» деп, таң-тамаша қалады.
Сөз инспекторға беріледі.
— Аудандық оқу бөліміне Қаныша Асылбекова турасында бірнеше арыздар түсті, — деп бастайды ол сөзін. — Арызды жазғандар балалардың ата-аналары, мұғалімдер...
Жеңгемнің екі көзі шарадай болады.
Инспектор қызыл сөзді төпей береді. Асылбекова жолдас педучилище бітірген жас кадр бола тұрып, өкімет пен партияның сенімін ақтамаған. Мұғалімдік іс-қылыққа жатпайтын өрескел мінездер көрсеткен...
Пәлси баланы ұрып-соққан, пәлен оқушының дәптерін жыртқан, пәлен жерде мектеп директорының бетінен алған. Яғни, беделін түсірген.
— Бұның бәрін тексергенде, рас болып шықты.
Біз совет мектебін, совет мұғалімдерінің қатарын Асылбекова тәрізді жат адамдардан тазартуымыз керек! — дейді инспектор.
Қанышаның төбе шашы тік тұрады.
Өйткені, бәрі де адам жаны түршіккендей жала!
Бәрі өтірікші!
Мұншама жаланың қайдан шыққанын Қаныша бірден түсінеді.
Мектеп директоры Алыбайдан, Нұрәліден шыққан.
Екеуінің астасып бірігіп алып істеп отырғаны.
Нұрәлінің үлкен қызы Сара сабақты нашар оқиды. Қағаз-қаламына ұқыпсыз. Үйге берілген тапсырманы бір-екі рет дәптерім жоғалып қалды деген сылтаумен бір парақ, жарым парақ кездейсоқ қағаздарға жазып әкеледі,
Әрі лас, әрі қате жазып әкеледі.
Қаныша оған бұл үшін ұрсады, әрине.
Жаман қағаздарды төрт бүктеп, жыртып тастайды.
— Қызымның дәптерін жыртыпсың, ұрыпсың, соғыпсың. Мен саған көрсетем! — деп жекіреңдеп, Нұрәлі мектепке келеді.
Мұғалімдердің көзінше Қанышаны тілдеп, балағаттайды.
Miнe осындай бір оқиға болған.
Дәптер жыртты, оқушыны ұрып-соқты деген сөздердің төркіні сонда жатыр.
Директордың бетінен алды. Иә, бұл бір шама шындыққа жанасатын жай.
Тұйық жетіжылдық мектебінің осы күнгі директоры Несіпбаев Алыбай өңі апиыншының өңіндей сап-сары, өндіршегі сорайған көксау біреу. Қора толған қойы бар.
Тіршілік қалыбы бұрынғының пасық байларынан аумайтын, шалағат дүмше біреу.
Он жыл сырттан оқып, педучилищені әлі бітіре алмай жүр.
Оның мұғалім боп жүруі де, директор болуы да қора толы қойының арқасы екенін жұрттың бәрі біледі.
Сол Несіпбаевты Қаныша әуелден, Тұйыққа келген кезден жек көретін.
Несіпбаев ол кезде директор емес, қатардағы жай оқытушы.
— Осындай топас, дүмше адамның қалай мұғалім боп, бала оқытып жүргеніне таңым бар, — деген сөзді әр жерде-ақ ашық айтатын.
Соғыстың арқасында Несіпбаев мұғалім түгіл, директор болды. Тік мінез Қанышадан өш алатын кез келді.
Сұмдық хаттың мазмұны міне осындай.
Арада төрт-бес күн өткенде жеңгемнен және хат алдым. Он бес шақырым жердегі ауданға арызданып, итшілеп жаяу барған. (Нұрәлі оған ат бере ме?) Бірақ әділдік таба алмаған. Аудандық оқу бөлімі өзінің инспекторын қолдайды, мені тіпті тыңдағылары келмейді. Аудан басшыларына жолыға алмадым, арыз тастап кеттім. Бірақ одан да үмітім аз деп жазады.
Жеңгем оншалық күйреуік жан емес еді. Хатынан аса күйзелгені, көп нәрседен күдер үзе бастағаны байқалады.
Бұл соңғы хатта баяндалатын және бір масқара жай: жеңгемді ауыл совет шақырып: «Колхозға жұмысқа шығыңыз, болмаса жеке меншік ретінде салық саламыз» депті. Міне, мәселе қайда жатыр!
Нұрәлінің кездеген түп мақсаты да осы емес пе? Мұғалімдік қызметінен қуылған Қаныша жан бағу үшін енді колхозға келмегенде қайда барады?
Нұрәліге келмегенде қайда барады?
Жалына қол апартпайтын асауды Нұрәлі көзіне көк шыбынды үймелетіп жұмыска салмақ. Міне солай, күшпен жуасытпақ.
Ырысты Нұрәлі не айтса, соны орындайтыны белгілі.
«Жаным Ерка, ақылдасар бір жан жоқ. Не істерімді білмеймін. Сәрсебектің түтінін түтетіп, өлермен кемпірге қарайламасам, екі етегімді беліме түріп, Тұйықты желкемнің шұқыры көрсін деп кетер едім. Екі қолға бір жұмыс қайдан да табылады ғой. Қалаға барып, бір заводқа жүмысшы болып кірсем де өлмес едім».
Жеңгемнің торығу сөздері міне осындай.
Ашудан бомба болып жарылуға дайынмын.
Егер қол жетер жерде болса, Нұрәліні де, оған қолшоқпар болып жүрген көксау Несіпбаевты да барып, жарып тастар едім.
Ол үшін маған не істейді. Он жылға соттайды да, соғысқа жібереді. Жұрт соғысқа сотталмай да кетіп жатқан жоқ па?
ФЗО мектебінің оқу бөлімін басқаратын татар әйелге келдім.
— Мені босатыңыздар. Оқымаймын, үйге кетем, — дедім.
— Неге?
— Шешем ауру көрінеді, — деп сылтау айттым.
— Сен барғанда не істейсің? Емдеп, жазасын ба?
— Бәрібір кетем, оқымаймын,
— Балалық сөзді қой.
Жеңгемнің қудалауға ұшырау себебін бұларға қалай айтам? Біртүрлі ұят.
— Тағы да басқа себептер бар. Босатсаңыздар екен.
— Қазір соғыс кезі екенін білесің ғой. Біз ешкімді де босата алмаймыз. Семья жағдайың келіспесе, ауылыңнан келмеуің қажет еді.
Оқу бөлімінен одан бетер ызаланып шықтым. Тәуекел деп ауылға қашып кетпек болдым.
Оңбағандар, еркегі жоқ үйді, соғысқа кеткен азаматтың әйелін басынғандары ғой. Мен оларға көрсетемін әлі! Әділдік таппай қоймаймын!
Шынымды айтсам, қалай көрсететінімді, әділдікті қалай табарымды жөнді ойлаған да жоқпын. Әйтеуір ашуым алқымыма тығылып, шексіз ыза болуда едім. Ауылға мен барсам, бәpі орын-орынына түсе қалатын тәрізді.
ІІІешімім тым қызбалықпен жасалған шешім екенін соңынан білдім.
23
— Сен кетсең мен де кетем, қалмаймын, — деді Нұрымбай.
— Екеуіңнен қалып, мен жындымын ба? Мен де кетем, — деді Ілияс.
Сонымен үшеуміз де қашпақшы болдық.
Дайындық жасай бастадық.
Жолаушы поезына отырып, ашықтан-ашық кете алмайтынымыз белгілі. Жүк поезына жабысып, жасырын кетпекшіміз. Амалдап Алматыға жетсек, ар жағы уайым емес.
Алматыға құрығанда бір жеті жүріп барамыз. Олай болса ең кемі, бір жетіге жетерлік жол азық керек. Күнделікті беретін нанымыздың жарым- жартысын жемей, кептіріп, жинап жүрміз. Осылайша бір-бір дорбадан кепкен нан жинап алдық. Әрқайсымызда бірнеше жүз сомнан үйден әкелген ақшаларымыз бар.
Бүгін күн сенбі. Кешқұрым. Жатақханаға шахтадан әлгінде ғана келгенбіз.
Мастеріміз Ахметов арамызда.
Ол екі қолын плащының қалтасына салып, шешінбей, есік алдында тұр.
— Ал, балалар, ертең ғой демалыс, мен келмеймін. Сендер мына старосталарыңды тыңдап, жақсылап демалып, уақыт өткізіңдер. Қалаға киноға барғыларың келсе, төрттен-бестен бірігіп, топтанып барыңдар. Тек кеш қалмай, ерте қайтатын болыңдар.
Ахметов айтып тұрған староста — менмін.
Ол балалармен қош айтысып, кетіп бара жатып, мені есік алдына аулаға ертіп шықты.
— Еркін қалқам, мыналарға бас-көз бол. Қайда жіберсең де, ұйымдастырып, топтастырып жібер. Балалық істеп, біреу-міреуі қашып кетіп жүрмесін. Онда ертең сен екеуміз басымызбен жауап береміз, — дейді.
Ахметовты тыңдай түскен сайын ішім қыпың-қыпың етеді. Өйткені, дәл бүгін бірнеше балаға бас болып мен езім қашуға әзір тұрған адаммын да. Ахметов оны қайдан білсін.
Айсыз түн. Тас қараңғы. Ілияс екеуміз станция басына қарай жолсызбен келе жатырмыз. Арамызда Нұрымбай жоқ.
Жатақханадан сыртқа шығар есіктің алдында кірген-шыққандарды бақылайтын, балалардан қойылған күзет бар. Сол күзет сезік алмас үшін біз әлгінде бір-бірлеп шығуға келіскенбіз. Нан салған дорбаларымызды, біріміз сыртта тұрып, терезенің желдеткішінен тастағанбыз.
Сол маңға таяу тас көмір төгетін қойма бар. Бәріміз соның түбінде кездеспек болып, уәде байласқанбыз.
Бірінші боп Нұрымбай, одан Ілияс кеткен. Ең соңғы мен едім.
Қараңғыда қармана басып уәделі жерге келдім. Қалбиып жалғыз тұрған Ілиясты көрдім.
— Нұрымбай қайда? — деймін сыбырлап.
— Білмеймін, жоқ.
Біз кеп іздедік, көп тостық. Нұрымбай келмеді.
Белгі беріп, дауыстап шақырып та қарадық. Ешкім де үн қатпады. Біз кереметтей таң қалдық. Япыр-ау, бұны жер жұтты ма?
Жоқ әлде қашатынын сезіп қап, ұстап әкетті ме? Енді не істейміз?
Жатақханаға қайтып бару ыңғайсыз. Балалармен қоштасып біржолата шыққанбыз. Олар әлгінде кешкі тамақтың үстінде бізге жарты-жартыдан нандарын берген.
Нұрымбайдың табылмасына көзіміз жетті. Тәуекел, шешінген судан тайынбайды дедік те, Ілияс екеуміз станцияға қарай тартып жөнелдік.
Болған жағдай осы.
24
Көмір тиелген ауыр состав жүруге даяр тұр екен. Маңайда адам болмауын аңдып, бағып тұрдық та, құйрық жақтағы вагонның біреуінің үстіне өрмелеп мінін алдық, Біреу-міреу көріп қалмас үшін тас көмірді құшақтап жата-жата кеттік.
Қашқынның нағыз өзіміз.
Паровоз аспанға пыс-пыс етіп бу атқылап, оқта-текте өңешін созып, ақырып қояды. Даусы ащы-ақ, ышқынып, ақырып келіп қалғанда, бүкіл қала шошып, селк ете қалғандай болады. Құлақ тұнып кетеді.
Составты қараушылар жолға шығардағы ең соңғы дайындықтарын істеп жүр. Қолдарындағы шамдарын шырақ етін, пагонның ауыр шойын дөңгелектерін таңқ-таңқ ұрып көреді Бірдеңелерін бекітіп бұрағандай болады. Біз бәрін естіп, біліп жатырмыз,
Қазір түн ортасы шамасы.
Паровоз бір кезде өңешін жырта ақырып, ақырып алды да, жұлқып тартып кеп қалды. Бірінші вагон екіншіні, үшіншіні, сөйтіп-сөйтіп жұлқыған сыңғыр үн составтың өн бойымен жүгіріп құйрықтан бір-ақ барып шықты. Біз жайлап қозғалып бара жатқанымызды сездік. Үйлер мен телеграф бағаналары сырғып қалып барады.
— Қош, Қарағанды!
Поездың жүрісі үдей түсті. Қала артта қалып барады. Әлгінде қозғалмай тұрғанда, жел жоқ тынық еді. Енді поездың екпінімен алдымыздан үріп жел тұрды. Тас көмірдің жел суырған шаңы ұшқындап көзімізге, мойнымызға құйылады. Жағамызды көтере бүркеніп, мойнымызды ішімізге тығып алып жатырмыз. Оқта-текте қайда келе жатқанымызды байқау үшін басымызды көтеріп қараймыз, Жан-жағымыз меңіреу түнек, бес қадам басып кірсең, жұтып, жоқ ететіндей. Алдан әр-әр жерден семафордың жол ашық екенін білдірген көк жасыл көздері жылтырап көрінеді. Сонау артта электрі самсаған түнгі қала қалып барады. Күндіз-түні жүрек дүрсілі бір тоқтамайтын өмірлі қала.
Өзінің жуырда келіп қосылған, әлі стена боп үйреніспеген екі жаңатай тұрғыны келген ізімен безіп, қайта қашып бара жатқанында қаланың жұмысы жоқ. Іздеп әбігер боп жатқан түрі байқалмайды.
Қазір күз ортасы, түн салқын. Біраздан соң кәдімгідей жаурап, тоңа бастадық. Көмірдің артқы ықтасы жағын үңгіп, ұя жасап алып, соған тығыла түсіп жатырмыз.
Баста әр алуан ой.
Мен мастеріміз Ахметовты ойлап жатырмын. Мінезі біртоға, жақсы адам еді, маған өзіне сенгендей сенуші еді. Староста осы бала болсын деп, көп баланың ішінен мені таңдап қойған өзі болатын.
Жақсы адамның сол үмітін ақтамай, ыңғайсыз халде қалдырып бара жатқаныма қиналамын да, өзімді өзім әлдекімге опасыздық жасағандай сезінем.
Ертең, жоқ, ертең емес бүрсігүні, таңертең Ахметов күндегі әдеті бойынша біздің жатақханаға келеді. Демалысты жақсы еткізіп тыныққан, сергек. Қабағы жадыраңқы. Шәкірттерім қалай демалды екен, оны-мұны оқиға болып қалмады ма екен деген ептеген елегізу бар көңілінде.
Міне ол басқышпен екінші этажға көтерілді. Біздің бөлменің есігін қақты. Іштен бірнеше дауыс қатарынан:
— Да! — деді.
Ахметов үйге кірді.
— Балалар, саламатсыңдар ма! — деп, ойында ештеңе жоқ, самбырлап амандасып жатыр.
Әншейінде жамырап үн қататын біздің балаларға бірдеңе болған, міңгір-міңгір етіп, мастерге жүздері төменшектеп қарайды.
Ахметов аң-таң, әлдеңеден секем алғандай.
— Сендерге не болған? Староста қайда?
Біреулер тілдері күрмеліп, міңгір-міңгір етіп, апта бастайды:
— Еркін де, Ілияс та жоқ...
— Жоғы қалай?
— Сенбі күні біз бәріміз киноға кеткенбіз. Олар үйде қалған. Келсек, жоқ...
Ахметовтың өңі күлгін тартып, бұзылып кетеді. Бұзылмай қайтсін, ол енді бізге бола талай әурешілікті бастан кешеді. Мектеп дирекциясының алдында жауап береді.
— Қарауыңдағы шәкірттеріңе не болмай, не қарап жүрдің, ай қарап жүрдің бе? — дейді ғой директор оған.
Ахметов не айтсын?
Жастарға тәрбие бере алмадың деп, Ахметовты орнынан алып тастауы да мүмкін-ау. Алып тастамаған күнде, ескерту ме, сөгіс пе, бір жаза қалай да қолданады.
Ахметовты шындап аяғандықтан, қап,бекер қашқан екенбіз деп, өкініп те келем.
25
Нұрымбайдың уәделі жерге неліктен келмегені біз үшін тас-түйін жұмбақ.
Оның қолында кішкентай чемоданы бар-ды. Ғалияның өзім жиып жүрген бүкіл хаты, менің бірталай уақыттан бері жазып жүрген күнделік дәптерім бәрі сол чемоданда болатын. Өзімдегі нан салған дорбаға салсам тозып қалар деп, сонда салған едім. Нұрымбаймен бірге соның бәрі қалып қойды.
Бұлай болатынын мен қайдан білейін.
Нұрымбайдың қалып қойғанына емес, енді сол нәрселеріме ішім ашып келеді.
Осы келе жатқанда менде де, Ілияста да ешқандай документ атаулы жоқ. Менің документтерім ұрының қолында кеткенін оқушы біледі. Ал Ілиястың документтері ФЗО-ның сейфінде қалды. Қашан оқу бітіргенше, ФЗО оқушыларының документтерін қолдарына бермейді.
Егер жол-жөнекей біреу-міреу ұстап, жөн сұраса, Қарағандыға қолөнер училилщесіне оқуға барған едік, науқас болған себепті оқуға қабылдамады, үйімізге қайтарды демекшіміз. Документ сұраса, екеу ара бір чемоданымыз бар еді, барлық документіміз, поезға алған билетіміз сол чемоданда еді, вокзалда ұрлап кетті демекшіміз.
Сөзіміз аша шықпас үшін бұның бәрін егжей-тегжейіне дейін ойластырып жаттап алдық.
Поезд жүйткіп келеді.
Түн мұнша суық болар деп, ойламаған едік. Үстіміздегі күздік пальтоларымыз қауқар болмай барады. Желдің ызғары етімізден өтіп, сүйегімізге жетеді.
Поезд енді бір тоқтағанда, түсіп, вокзалға барып, жылынып алмасақ, болатын емес.
Эшелон шағындау бір станцияға тоқтады. Секіріп-секіріп жерге түстік. Станцияның аты Шоқай екен.
Таң бозғылданып атып келеді.
Шағын вокзалдың жолаушы бөлмесіне кірдік. Аяқ басар жер жоқ. Чемодандарын, жүктерін жастанып, біреуіне біреуі сүйеніп, бастары салбырап, әрқайсы әр түрлі тұрпатта қор-қор ұйықтап жатқан адамдар. Еден лас.
Бөлменің күлімсі жылы ауасы қалшылдап тоңып келген біздер үшін әуелде сүйкімді боп сезілді. Қор-қор еткен көп жұрттың арасынан орын қарастырып, біз де қисайдық. Поезда тоңын келе жатып, ұйықтай алмағанбыз. Жылы иіске тұмсығымыз іліккен соң тез-тез-ақ көзіміз жұмыла бастады.
Ұйықтап кетіппіз.
Жұртты дүрліктіріп тұр-тұрлаған дөрекі дауыстан оянып кеттік. Үйдің іші жап-жарық. Таң атпақ түгіл, күн шыққан, Ауыр кирзо етігін тарп-тарп басқан төртбақ қызыл сары кемпір үй сыпырғалы келіпті. Қотанда жусап жатқан сиырды айдап өргізгендей әркімді аяғымен бір теуіп, сыпырғымен ұрын, оятып жүр.
Оянып алып, бірімізге біріміз қараған кезде Ілияс екеуміздің көздеріміз атыздай болысты. Түсіміз адам шошырлық екенін жаңа байқадық. Беті-басымыздан, киімімізден тас көмір жұғып, былғанбаған жер қалмаған. Құдды батпаққа аунап тұрған немесе тұмсығымен жер қазған шошқалар тәріздіміз. Күлсек, тістеріміз бен көздеріміз жылтырап көрінеді.
Дереу сыртқа зытып жөнелдік. Үйдің артына аулағырақ барып, киімімізді шешіп қағып, қудықтан су алып жуынып, түр-түсімізді тәртіпке келтіріп жатырмыз,
Қарағанды жақтан ентіге келіп, жүк поезы тоқтады, Кейбір вагондары бос екен. Ебін тауып, бос вагондардың біреуіне кіріп алдық. Төбеміз ашық — көк аспан, жан-жағымыз бітеу. Ішіне кепкен нан, оны-мұны салған дорбашаларымызды басымызға жастанып, тырайып — тырайып, жатып алдық. Дәл бір нағашы атамыздың төрінде жатқандаймыз. Поезд сақылдап жүріп келеді.
Түндегі көмір тиелген вагонның үстінде, уілдеген зәрлі желдің өтінде жатқандай емес, мына жатысымыз рақат. Тек астымыздан тақтай ғана батады.
....Петропавлға күн батпай келдік. Вагонның сырғымалы есігін сызаттап қана ашып, сығалап қараймыз. Жұмыс киімін киген, әр қайсы өз жеңімен қарбаласып, аяқтарын тез-тез басып, кетіп бара жатқан адамдар. Сырты кірлеп кеткен, шаңға малынған кірпіш үйлер, ағаштар. Паровоз мен келдім дегендей өңешін созып, ақырып-ақырып қояды. Келсең, қайт дейсің, келе бер дегендей боп басқа паровоздар ақырады. Тарам-тарам жолдың ен бойы қаптаған жүк поездары. Кейі бос, кейінің үстінде тиелген әр алуан нәрселер. Қайсысы қайда бет алады, біліп боларлық емес.
Станция бас( ына жақындай түскен сайын эшелонның жүрісі бәсеңдей берді. Енді міне баяу ғана жылжып келеді. Есіктің сызатынан сығалап, біз бәрін көріп келеміз, бізді ешкім көрмейді.
Кенет, алдыңғы жақ төбемізден жарқ етіп, аспалы көпір шыға келді. Үсті толған арлы-берлі жүріп жатқан адам. Эшелон көпірдің астымен өтіп барады. Біз жаман састық, не істерімізді білмейміз. Қазір біз мінген вагон көпірдің дәл астына келгенде, ана жұрт бізді көреді. Саңғыраған бос вагонның ішінен жасырынар қуыс таппай, бірімізге біріміз ұйлығып, тыпыр-тыпыр етеміз.
Сөйткенше болмады, көпір біздің дәл төбемізге келіп те қалды. Жұрт көрді бізді. Аналарды қара, анау екеуін қара деп біреуіне біреуі айтып, нұсқап, көрсетіп жатыр. Біз оларға ыржия қарaп күлгенді ғана білеміз.
Абырой болғанда, эшелон әлі де тоқтамай, қозғалуда. Аспалы көпір де, соның үстіндегі төбемізден төне қарап, шу-шу еткен жұрт та сырғып арт жақта тасаланып, қалып қойды.
Петропавл бұл үш сала темір жолдың торабы. Бірі батысқа. екіншісі шығысқа қарай кетеді, Үшінші жолмен Қарағанды жақтан біз келіп тұрмыз,
Эшелон тоқтап тұр.
Ілияс екеуміз кеңесудеміз. Не істейміз? Мына поездан түсеміз бе, түспейміз бе? Бұл енді қалай қарай жүрер екен? Бізге керегі шығыс жақ — Новосибирь жақ. Олай қарай жүрсе, онда құба-құп, Ал егер олай қарай жүрмей, батысқа қарай жүрсе ше?
Түспей, токтай турайық, қалай қарай жүретінін байқайық. Батысқа қарай бет алса, онда келесі тоқтаған жерде түсіп қалармыз деп келістік.
Қазір түскенмен және бір поезға отыруымыз керек. Оның қалай қарай жүретінін біз қайдан білеміз, пәлен жаққа барады деген маңдайында жазуы жоқ.
Әрі үйреніп қалған жайлы вагонды қалдырғымыз келмейді. Бір поездан түсіп, басқа біреуісіне мінеміз деп жүргенде, ұсталып қалуымыз және мүмкін.
Тәуекел.
Эшелон көп бөгелген жоқ. Сықыр-сықыр етіп және қозғалды. Есіктің сызатына жабысып, бақылаудамыз. Бұл күн батып бара жатқан кез. Жат қаланың жер, көше жағдайы бізге таныс емес. Поездың қалай қарай бет алатынын күнге қарап ғaнa тұспал етеміз.
Е, құдай, айналайын ием, шығысқа қарай жүргізе гөр деп, ішімізден жалбарынып, тілек етеміз.
Қаладан шыға беріп, эшелон қабырғадай иіліп, маңдайын батып бара жатқан күнге қарай бұрып алды,
— Ойбүй!
— Қап, мына ит қатырды —а у, ә!
— Енді қайттік!
Қолдан келер қайрат жоқ, ызаланып, вагонның есігін тарс-тарс тепкілейміз. Қырсық поезд бізді мүлдем басқа жаққа әкетіп барады.
Бәлем, қайтер екенсіңдер деп, әдейі егесіп алған тәрізді, жуық маңда тоқтар да емес. Ызғытып ұрып келеді. Орман, тоғай, шабындықтар, егінін орып әкеткен аңыздар дөңгелене сырғып, артта қалып барады.
Күн батып кетті. Түн. Кешегідей айсыз қараңғы түн. Қырсық поезд әрең дегенде бір станцияға келіп тоқтады.
Әжептеуір үлкен станция.
Бізден бұрын келген бірнеше жүк поездары тұр екен, Біздің поезд солардың сырт жағынан қатарласып тоқтады. Есікті сырғытып ашып жібердік те, жерге секіріп-секіріп түстік, Күні бойғы қорегіміз құр нан, шөлдеп өліп барамыз, тіліміз аузымызға сыймайды. Әуелі вокзалға барып, асханасы болса, тамақтанып, сусындап ес жимақ-пыз. Содан соң ағылып жатқан көп эшелонның біреуімен келген ізімізбен кейін қарай қайтамыз.
Вокзалға төте тартып, қатар тұрған составтардың біреуінің астынан өттік. Міне енді екіншісінен өтпекшіміз. Бұл тұрғaн әскери эшелон екен. Жүктерінің үстін кенеппен бүркеп, жауып алған. Автомат ұстаған күзетшілері бар, Эшелонның астынан өтіп, әрмен шыға берген кезде кенет;
— Стой! — деген дауыс саңқ ете қалды,
Төбемізден жай түскендей болды.
Алдымызда және бір эшелон тұр.
Біз алға емес, артқа қарай қаштық. Составтардың астынан еңбектеп өтіп, зытып келеміз. Былайғы жақ беті ашық, қараңғы. Бірімізден біріміз кез жазбай, сол тұңғиық қараңғыға тезірек сіңіп жоғалғанша асықпыз.
Әлгі дауыстың иесі соңымыздан тасырлатып қуып келе жатқан тәрізді.
Мен алдамын, Ілияс менің соңымда.
Кенет, бір ылди жарқабақтан күмп етіп түстім де кеттім. Қараңғыда ештеңені де көрмеймін. Сөйтсем, әлгі арада көлшік су бар екен. Былш етін белшемнен кірдім де кеттім. Суық суды құшақтап жығылып барып, әзер тежелдім.
Артымдағы Ілияс суға жетпей тоқтады.
Судан малшына сүйретіліп қайта шықтым. Арт жақтан қуғыншының тысыры білінбейді. Әйтеуір сол абиыр болды. Енді аяқ басып жүруге халім жоқ. Әрі қалшылдап тоңып бара жатырмын.
Ауыстырып киетін құрғақ қиім менде жоқ. Енді қалай еттім? Үсіп өлемін-нау деген қорқынышты ой миымды шағып барады.
Әлгі арадан былай таман барып, су болған киімдерімді шешіп, сыға бастадым. Сырт киімім мақталы шолақ пальто, оның етек жағы, алдыңғы өңірі малшынған су. Ілияс құрғақ пальтосын маған берді. Менің пальтомды қолына ұстап алды. Енді не істейміз? Вокзал жаққа баруға жүрегіміз дауаламай-ды. Мына су-су болған түрімізді көріп, кім де болса сезік ойлауы ықтимал.
Темір жолдың бұл жақ беті елсіз, станция үйлері вокзалдың ар жағында. Бұл арадан бізге жарқыраған оттары көрінеді, иттердің әупілдеп үрген дауыстары естіледі.
Оңтүстік-шығыс жағымызда қарайған бір шоғыр ағаш байқалады, соған таман келдік. Ағаштың ірге шетінде сыртын тікенек сыммен қоршаған бір мая шөп түр. Біз қоршаудан оп-оңай секіріп, ішке түстік. Шөп құп-құрғақ, майда шеп екен, ой қуанғанымыз-ай. Өлмегенге елі балық жолығады деген осы да. Біз енді осы шөпке түнеп шықпақшы болдық.
Маяның күнгей жағын үңгіп, екі адамдық қуыс орын жасадық. Су болған киімдерімнің бәрін шешіп, жайып тастадым. Ілиястың құрғақ киімдерін екеу ара жамылып, оның сыртынан шеппен бастырып, қойындасып жатырмыз. Астымызда қалын шөп, әрі жылы, жұмсақ. Мөп-мөлдір желсіз әдемі түн, таза ауа. Әлгіндегі тіліміз аузымызға сыймай шөлдегеніміз, қарнымыздың ашқаны бәрі де ұмыт болған.
Қатып ұйықтап қалыппыз.
26
Оянсақ таң атып, күн шығып кетіпті. Төңірек жарқырап тұр. Жерге, үстіміздегі жамылған шөпке шықтанып қырау тұрған. Маңайымыз иен дала. Күн жылыныңқырасын деп, жылы төсекті қимай, біраз жата түстік. Менің жаюлы жатқан киімдерім аздап дегдігенмен әлі кеппеген.
Күннің шұғыласы бірден бірге молайып, қызуы өтімді болып барады. Шөпке қонған шық еріп, женіл ғана бу болып көкке көтеріледі. Станция жақтан паровоздың ақырған, қозғалған дыбыстары естіліп, жата бермей, тұруымыз керектігін, тіршілік қамын істеу қажет екенін еске салады.
Ашпыз, ішімізде түк қалмаған. Кепкен нанды қытырлата беруге тәбет соқпайды.
Тым құрса, ыстық су боп, батырып жеуді арман етеміз.
Тұрып, киініп жатырмыз.
Аяқ жаққа шөпке көміп қойған бәтіңкелерімнің біреуі бар да, біреуі жоқ. Міне жұмбақ. Әрі іздеп, бері іздеп, таба алсамшы. Қайда кетуі мүмкін? Біреу келіп алса, екеуін бірдей алар еді. Ашықтан ашық жаюлы жатқан киімдерімді қоса алар еді.
Ой тоба, жер жұтты ма, не болды?
Бәтіңке табылмады.
Бұл мен үшін өте бір киын жағдан. Жалан аяқ қалай жүрем? Магазиннен сатып ала қоюға осы кезде ешқандай киім атаулы табылмайды. Ал аяқ киім тіптен қат.
Менің бәтіңкем болса, ФЗО берген былғарысының қалыңдығы бір елі, аяққа да сондай жайлы, су жаңа мынау деген жұмыскер бәтіңке еді. Жарты жыл мойымай киіс беруге бар еді. Ол тәрізді аяқ киім бұл кезде өл, тіріл оңайлықпен табылмайды.
Бәтіңкем табылмасына көзім жеткеннен кейін еңсем түсіп кетті.
Ілияс жолдастыққа жақсы бала. Менімен бірдей қиналып, іздесіп жүр. Ақыры табылмаған соң:
— Мына станцияда базар бар шығар. Содан бір аяқ киім табылар сатып алуға, — деп мені жұбатқан болады.
Одан басқа жол жоқ.
Станцияға қарай келе жатырмыз. Масқара болғанда, мен жалаң аяқпын. Сыңар бәтіңкемен қалай жүрейін. Бір қажетке жарар деп тастауға кезім қимай, дорбама салып алғам.
Біздің келе жатқанымыз жалғыз аяқ көнелеу соқпақ жол. Кенет дәл алдымыздан жоғалған сыңар бәтіңкемнің кездесе кеткені! Жолдың үстінде жатыр мені тосып. Тап сол! Қуанып кетіп, алып қарасам, қонышын бір нәрсе мыжғылап шайнап тастаған.
Көп зиян келтірмеген,
Біз енді білдік, ит пе, түлкі ме, болмаса басқа бірдеңе ме, түнде біз ұйықтап жатқанда, бұны ұрлап әкеткен. Тамақ етпек болған. Бірақ жеп жарымаған.
Бәтіңкемнің табылғанына шешем ұл тапқандай қуандым.
27
Станцияға тура жүріп баруға батпай, арғы поселок жақтан айналып келдік. Вокзалдың асханасында бұршақтан істелген буы бұрқыраған, әрі ыстық, әрі қою көже бар екен. Екі-екі сыбағадан алып ішіп, несін айтасың бір жетістік. Өмірі мұндай дәмді тамақ ішіп көрмеген тәріздіміз.
Ілиястың ұнжырғасы түсе бастаған.
— Алматыға, бәрібір, жете алмаймыз. Одан да Қарағандыға қайтып барсақ, — деген сөзді айтады.
— Енді барғанымыз ұят емес пе?
— Несі ұят?
— Ұят түгіл, масқара емес пе? Шешінген судан тайынбайды. Не керсек те енді шыдаймыз.
Станция үлкен станция болғандықтан ба, перронда әскери патруль мен милиция қабаттасып жүр. Поезға мінетін жұртты билеттерін тексеріп шығарады. Бейсауат ешкімді темір жолға жолатпайды. Кеш түсіп, қас қараймай, поезға отыра алатын емеспіз.
Жолаушылар залында мелшиіп отыра беру және ыңғайсыз. Әлсін-әлсін милиция келіп, шолып қарап кетіп жүр. Не поезға мінбей, не кетпей, сарғайып не бағып отырсыңдар демей ме. Қашан түс ауғанша қалашықты аралап жүріп қайттық. Әбден шаршап, қарнымыз ашқан кезде, вокзалға кайта кайтып келдік. Манағы дәмді көжеден екі-екі сыбағадан және алдық. Уақытты соза түсу үшін асықпай-саспай ішіп отырмыз. Халық асханада онша көп емес, бір столда Ілияс екеуміз ғанамыз.
Қарны тойған адамның бей-жай келетіні белгілі. Тамақтан соң манаурап ұйқымыз келе бастағандай. Жатып ұйықтар жер болса, қисайып, қор ете қалу арманымыз.
Ондай рақат жағдай біз үшін қайда?
Маңдайымызды қолымызбен тіреніп, қалғып-мүлгіп отырмыз. Солай отырып Ілияс та, мен де кезіміз ілініп, ұйықтап кетіппіз.
Кенет асхананың іші топырлап, қаптап кірген адамнан дүр ете қалды. Біз шошып ояндық, Жолаушы поезы келіп тоқтаған болуы керек. Халық лақ етіп қаптап түскен.
Мен нан салған дорбамды артыма орындықтың арқалығы мен екі араға қойып, бөксеммен тірегендей болып отырғам. Сипап қарасам дорбам жоқ. Жүрегім су ете қалды. Ұшып тұрып, алақ-жұлақ қараймын, жоқ. Қара басып, ұйықтап отырғанымды көрген де, қақшып әкеткен.
— Дорба! Нан салған дорба көрдіңдер ме? — деп без-без еттім. Көрдік деп, кім айтсын.
Өмір бойы жинаған мүкәмал — дүниемді ұрлатсам, дәл мұндай өкінбеспін. Маңайымдағы топырлаған жұртты шетінен түтіп жеуге дайынмын.
Қазіргі кезде біз үшін тамақтан қымбат не бар?
— Өй, ит екенсің, арт жағына кісі дорба қоя ма! — деп Ілияс күйіп-пісулі. — Ал енді аштан аш жетіп кер ауылға, — деп табалағандай болады.
Ішім удай ашып, кімге ұрынарымды білмеймін. Кім алғанын титтей де болса сезсем, қолында өлер едім.
Нан салған дорбаның біреуісі Ілияста. Мендей емес, ол ақылдылық істеген. Дорбаны тамақ ішкен кезде де, қалғып отырғанда да алдына тізесінің үстіне қойып, қарнымен басып, екі қолымен құшақтап отырыпты.
— Бәлем, тоқтап тұрсын, мен де біреуді зар қақсатармын! — деп, ашынып, Ілиястың алдында ант беріп жатырмын.
Ұры итте ұят, нысап болмайтын көрінеді. Болса, осымен бір емес, бірнеше рет жәукемдеді. Қоймай ма?
28
Бір жеті уақыт өтті.
Бір жетіден бері біз қашқынбыз. Бетке алған нысанамызға қарай итшілеп жылжып келеміз. Омск, Томск, Новосибирск қалалары артта қалды. Қазір енді Алтай өлкесінде келе жатырмыз. Бір күн, жарым күнде Қазақстан шекарасына ілінуге тиіспіз. Әрмен қарайғы сапарымыз онша киын болмас.
Алматыға жетсек, Қарасазға жеткеніміз.
Үйге жеткеніміз.
Еркін Мамырбаевты тосып тұрған айқас бар. Қазандай қайнаған ашуым әлі сол қалыбында.
Тек жетейін Тұйыққа.
Біз көбінесе, жүк поездарына жабысып, түнде жүреміз.. Күндіз дем аламыз, немесе үлкен қалалардан жаяу етеміз. Реті келген жағдайда жолаушы поезына да жармасып, мініп аламыз.
Вагонның ішіне жоламаймыз. Біздің орнымыз тамбурда. Яки болмаса, ашылмайтын есіктің сыртындағы басқыштың үстінде. Қонақтаған торғайша жабысып алып, кете барамыз.
Вагонның төбесіне шығып алатын да кездеріміз болады. Бірақ бұл арада пана жоқ, әлем-жәлем тым суық. Ұзақ шыдау мүмкін емес.
Кейде, түнде, жұрт ұйықтап жатқан кезде, ақырындап вагонның ішіне де кіреміз. Ондайда біздің сағалайтынымыз дәретхана.
Соның есігі ашық болса, дереу кіреміз де, ішінен кілттеп аламыз. Қашан есікті тақылдатып, қуып шыққанша кетпейміз.
Поездан поезға жабысып, «қоян» болып келе жатқан Ілияс екеуміз ғана емеспіз. Ондайлар көп. Жол-жөнекей біз олардың біразымен жүз таныс болып алдық. Милицияның немесе поезд қараушылардың қарасы көрінгенде:
— Атанда! Атанда! Келіп қалды! — деп бірімізге біріміз хабар беріп, тым-тырақай қашамыз.
Жылжи жөнелген поездың өн бойынан бірімізді біріміз және байқап, барсың ба, бармын дегендей боп, бас изесіп, күлісіп, тас кенедей жабысып, тағы да келе жатамыз.
Жол азық нанымыз таусылған. Қалтада бар ақшамызға біраз нан сатып алдық. Соны үнем етіп келеміз.
Барнаулдан жаяу өттік. Алдағы разъезге дейін құм кешіп жаяу келдік. Қас қарайған кезде әлгі арадан үстіне кіл бөрене ағаш, әр алуан тақтай тиелген жүк поезына отырдық.
Адамша бел шешіп жатпағанымызға, адамша беті-қол жумағанымызға табаны күректей бір жеті.
Үстіміздегі киімдеріміз бұл уақыттың ішінде мейлінше ластанып, былғанған. Тас көмірдің күйесі бейне қара май жұққандай болады екен. Қағып сүрткенге кетпейді, одан әрмен айғыздалып былғана түседі.
Біздің қазіргі кездегі түріміз қайыршының түріндей.
Түн бүгін ерекше суық болды, қалшылдап жөнді ұйықтай алмай шықтық. Жуандығына құшақ жетпейтін нән бөренелер тиелген вагонда келе жатырмыз. Ең үске, екі бөрененің арасындағы қуыссымаққа бірімізге біріміз жалғасып тізбектеле жатқанбыз.
Төбеміз бен төбеміз түйісіп жатырмыз.
Таң атып, күн шыққанын білеміз. Қазақстан шекарасына жақын қалған болуға керек. Тағы біраз жата түскіміз келді.
Күн біртін-біртін биіктеп, жылуы молая түскен сайын бойымыз жадырап, сүйсінеміз. Содан екеуміз бірдей қатып ұйықтап қалған екенбіз.
— Ей, вставай! — деп біреу иығымнан жұлқығанға көзімді ашып алдым. Эшелон тоқтап тұр. Күн көтеріліп сәске болған. Станция басы. Перронда әрлі-берлі жүрген адамдар.
Плащ, кепке киген біреу Ілияс екеумізді жұлқып оятып тұр.
— Түсіңдер!
Ұйқы шайдай ашылды. Біріміздің соңымыздан біріміз салбырап түсіп келеміз. Перрондағы жұрт бізге сайтан көргендей таңырқап қарайды.
Станцияның аты Чепуново
Әлгі адам бізді вокзалдағы милиция бөлмесіне әкеп кіргізді.
— Отырыңдар.
Біз отырдық. Әкелуші сырт киімдерін шеше бастады. Біздің көздеріміз атыздай болды. Өйткені, ертіп әкелуші жай ғана біреу емес еді. Милиция формасындағы лейтенант. Кепка мен плащты сыртынан танытпас үшін әдейі киген.
Ол енді бізбен сөйлесуге асығатын емес. Шашын баптап тарап, белбеуін, жамбасындағы наганын түзеп, содан соң столдың ар жағындағы өз орнына жайымен барып отырды.
Қармағына ілінген балықты кете алмастай етіп жіпке тізіп, көңілі жай тауып, бипазданған балықшы тәрізді.
Біз желбезегінен ілініп, жіпке байланған балықтармыз.
— Ал, жігіттер, жөн білісе отырайық. Кімдер боласыңдар? Қайдан келесіңдер?
Жаттанды жауап дайын. Қарағандыдан келеміз. Қолөнер училищесіне оқуға барған едік, денсаулығымыз жарамай, қабылдамады. Документ пе? Документіміздің бәрін чемоданымызбен қоса ұрлатып алдық... Поезға алған билетімізге дейін сонда кетті...
— Жүк поезымен жүргені үшін соттайтын указ бар, сендер оны білесіңдер ме?
Біз иығымызды қомпаң еткіздік, білмейтінімізді айттық.
Темір жолдан шалғай жатқан ауылдың балалары болғандықтан темір жолға қатысты заң тәртіпке мүлдем сауатсызбыз.
— Білмесеңдер, енді білетін боласыңдар.
Лейтенант сыртқа шықты да, бір милиционерді соңынан ерте кірді. Бізді нұсқап:
— Міне, мыналар — деді.
Кәдімгі қылмысты адамды айдағандай, әлгі бізді алдына салып, айдап жөнелді.
Көше-көшенің арасымен әкеле жатыр. Қайда апарады, не істейді, біле қоймаймыз.
Сырт аумағы биік етіп тақтаймен қоршалған оқшау бір үнге әкелді. «Чепуново аудандық милиция бөлімшесі» деген жазуы бар. Істің насырға шауып бара жатқанын енді айқын сезініп, жүрегіміз зу ете қалысты.
Кезекші бөлмесіне кіргізді. Тінте бастады. Қалған-құтқан ақшаларымызды, белбеулерімізді, қағаз-қарындаштарымызды, бәтіңкелеріміздің бауларына дейін сыпырып алды. Менің .шалбарымның белі кең еді. Белбеуімді суырып алған кезде салқ етіп, аяғымның басына бір-ақ түсті. Сасқанымнан мықшың ете қалыппын.
— Енді қайтем? — десем;
— Ышқырыңнан қолыңмен ұстап ал, — деп күледі,
Қораның ішіне алып жүрді. Үйдің асты жерден қазылып істелген абақты екен, соған әкелді.
Темір есік, зор қара құлып. Саудырлаған кілттердің біреуімен аша бастады. Қамағалы жатқанына көзіміз жетіп, жанымыз түршігіп, зәреміз ұшып кетті.
Әуелгі кіргеніміз абақтының алдыңғы далан үйі. Кер секілді дымқыл да, ала көлеңке. Екі жақта екі есік байқалады: бірі дәл бет алдымызда, екіншісі оң қол жақта. Милиционер оң қол жақтағы есікті ашып қалғанда, ар жақтан телміре қараған, сақал-шаштары өсіп кеткен, қуқыл жүзді біреулер көрінді. Илеген терінін иісі тәрізді жыныққан қапырық иіс бұрқ ете қалды.
Камераға айдаһардың аузына кіріп бара жатқандай үреймен кірдік.
29
Тоқсан бес көрейін деген жасым ба еді,
Быламық ішейін деген асым ба еді...
Ес білгелі басыма неше алуан қиялдар, ойлар келгенмен түрмеге де түсермін-ау деп, ешқашан ойлаған емес едім. Дәм айдап, оны да көрдім.
Жақсылық пен жамандық ұстара жүзінің екі қапталы тәрізді нәрсе екен. Біреуінен аяғың тайып кетсе, екіншісінен бірақ барып шығасың.
Аты суық, түсі суық абақтының ішінде отырғаныма сенер-сенбесімді білмеймін.
Жамандық адамға ал сақтан, мен келе жатырмын деп, тісін ақситып келмейді екен.
КПЗ-да бір жетідей отырдық. Содан соң, сот болды. Ілияс екеумізді сотқа айдап барды.
Мынау міне аудандық, соттың кеңсесі.
Біздің алдымызда біреулердің ісін қараса керек. Сот кеңсесінің алды үйір-үйір адамдар. Көпшілігі қарттар, әйелдер. Сот мүшелері көрінбейді, сірә, тамақтануға кетсе керек.
Бізді бос залға кіргізіп, ең алдыңғы қылмыскер отыратын скамейкаға отырғызып қойды.
Бұл кезде Ілияс та, мен де әбден жүдеп-жадағанбыз. Көздеріміз шүңірейіп, мойындарымыз қылқиып, дәл бір сал аурудан тұрғандаймыз. Әл жоқ, қылжиып жата кеткіміз келеді. Өстіп қаздиып отырудың өзі ауыр. Тезірек соттап, камераға қайтып алып баруын тілеп отырмыз.
Әлсіздіктен басымыз айналып, көзіміз қарауытады.
Жұрт бізге аянышпен қарайды.
Ана жүрегіндей мейірбан жүрек дүниеде бар деймісің. Түр-түсі кедейлеу, қартаң орыс әйелдерінің біреуісі үйіне жүгіріп кетіп, жарты бөлке нан алып келіп:
— На, миленькие, кушайте, — деп, Ілияс екеумізге бөліп берді.
Қарпып жеп жатырмыз.
Бет жүзі әжім-әжім сол әйелді, оның жақсылық қылығын мен еш уақытта ұмытпаймын.
Сол көп сұрап, бас қатырып жатқан жоқ.
Жүк поезымен жолаушы жүргендерін рас қой?
— Рас.
Бұның қылмыс екенін мойындайсыңдар ғой?
— Біз білгеміз жоқ.
— Білген, білмегендерін қажет емес. Жүк поезымен жол жүру — ол қылмыс. Сендер сол қылмысты істеген адамсыңдар осыны мойындайсыңдар ма?
— Мойындаймыз...
Сот кеңесуге кетті. Қайтып келді. Бір-бір жылдан бас еріктерінен айырылсын, жазаны еңбек түзеу колониясында өтесін деп, үкім қабылдапты.
Болды, бітті. Заңның аты — заң. Статьяға тура келіп тұрған соң, кесті де салды.
ФЗО-дан қашқандығымыз жайлы бір ауыз да сөз жоқ.
Тағы да КПЗ.
Екі үш күн өткенде, Барнаулға жөнелтті. Мұнда алып келген күші кенет ыстығым көтеріліп, ауырып қалдым. Ауруханаға түстім. Бір жетідей жатып, сақайып, қайта қайтып келсем, Ілияс досым камерада жоқ боп шықты.
Оны этаппен колонияға жөнелтіп жіберіпті.
Содан қайтып мен Ілиясты көрген емеспін. Мейірімсіз тағдыр қасымдағы жалғыз серігімді де кеп көріп, бөліп әкетті.
30
Ғұмырымның бір жылын колонияға беріп, міне енді елге кайтып келе жатырмын. Қоңыраудан қонырауға дейін тұра он екі ай отырдым. Қапаста өткізген бір жыл мен үшін естен кетпес мектеп болды.
Құйрыққа жақын вагонның біреуінде, үстіңгі орында киімсымақ бірдеңелерімді астыма төсеп, кенеп дорбамды басыма жастап, шалқамнан түсіп жатырмын, Алматыға жеткенше бірнеше күн. Талайдан бері қанбай жүрген ұйқымды әбден қандыруыма, бұл бір жылдың ішінде бастан кешкендерімді қиялыммен көз алдымнан өткізіп, ақыл таразысына салуға енді толық мүмкіндік бар.
Қапастың аты қапас. Жұртты оған демалсын деп апармайды. Оның үстіне қиын кез — соғыс уақыты. Былайғы бостандық өмірдің өзінде де жан бағу оңай емес.
Бұл бір жылдың ішінде мен аш та болдым, жалаңаш та болдым. Қабырғам қайысқан неше түрлі ауыр жұмыстар атқардым. Бәріне де көніп шыдай білдім.
Қапасқа кіл оңбағандар түседі деп қарау жаңсақ ұғым. Мұнда да әр түрлі адамдар кездеседі. Біреуден жақсылық көрсең, біреуден жамандық көресің.
Колонияға келген күні алты жүз елу грамдық паек нанымды бір тістеп жеместен ұрлатып алдым. Күні бойы жаяу жүріп, өлермен болып келгенбіз. Кереметтей аш едім.
— Наным! Наным! Кім алды? — деп, құр орнын сипалап, зарладым да қалдым.
Ғұмырымның жартысы жоғалған нанмен бірге кетті.
Ішім удай ашып, жігерім құм боп, шешем өлгендей боздап жылап жібердім.
Бірде-бір адам неге жыладың демейді. Мына сорлы сорлап қалды-ау деп, жұбату айтпайды. Аянышпен қараған бір көз байқалмайды. Бәрі де: шоқ, шоқ! Сол керек өзіне, әкеңнің үйінде емес екеніңді білуің керек еді. Енді бұдан кейін ақылдырақ боларсың деп, табалайтын тәрізді.
Адам деп аталынатындардың қалың ішінде тұрып, біреуінен бір ауыз адамшылық сөз естімегеніме одан бетер зәр жұтып, боздаған үстіне боздадым.
Бір қолында сорпа құйған кружкасы, екінші қолында паек паны бар, шинель киген, менен гөрі ересектеу жігіт қасыма келді:
— Не болды? Неге жылайсың?
— Нанымды ұрлатып алдым, — дедім.
— Қалайша?
— Төсегімнің үстіне қойып, енді сорпа құйғызып алуға былай бұрылған едім...
— Ұлтың кім?
— Қазақпын.
— Не үшін түстің?
Айттым.
— Нанды қолдан шығаруға бола ма екен?
Жігіт осыны айтып, маған өз нанынан бір үзіп беріп жатыр.
Мен бұны еш уақытта күткен емеспін. Шыны ма, өтірігі ме деп ойлап, алар-алмасымды білмедім. Мені мазақтауы болар.
Жоқ шын екен. «Мә, же» деп, шындап ұсынады..
Тәуекел деп алып жеп жатырмын.
Мұндай да адамшылығы күшті қайырымды жан болады екен-ау!
Жігіт маған барақтағы жайғасқан орным жұрттың жолындағы аяқ асты нашар орын екенін айтты. Былай-былай өткендер үстінді басып өтеді бірдеңеңді қақшып кетпей тұра ма?
Жүр, менің қасымда бір кісілік орын бар, соған жат. Бірімізге біріміз серік боламыз деді.
Meн өзімнің туған ағайым табылғандай қуандым.
Осылайша екеуміз дос боп кеттік.
Адамшылық қасиеттері сом алтыннан құйылып жасалған бұл жігіттің аты-жөні Александр Заславский, ұлты украин. ЬІндыны өте жуас биязы ғажап адам. Соғыстан бұрын педагог екен. Армияға алынып, соғыста болған, немістерге қолға түскен. Тұтқыннан қашып, партизан болады, одан езімізге етеді. Мұнда келген соң әскери трибунал он жылға соттап жібереді.
Он жылды арқалаған арестант.
Саша керемет жаны нәзік, арманшыл, білім құмар жан еді. Менен қазақ халқы, оның өткен-кеткен өмірі турасында көп сұрайтын.
Қазақстанда болуға, қазақ даласын аралауға құмартатын. Менен қазақша сөздер үйренетін.
Мен болсам, Сашаның Украинасын көрмекке құштармын. Сашадан украин сөздерін, украин өлеңдерін үйренем. Горбыль тақтайдан істеліп, іші-сырты жай ғана сыланған үлкен барақтың іші азынап тұр. Терезенің қырауы бір қарыс. Саша екеуміз киімдерімізді ортақ төсеніп, ортақ жамылып, қойындасып жатамыз.
Тек тамақ ішуге ғана тұрамыз. Басқа уақыттың бәрінде бұйығып жатқанды білеміз. Шешініп жату деген болмайды. Аяғымызды бүгіп, бауырымызға тығып аламыз. Созсақ, жамылғыдан шығып кетеді де, тоңады.
Он жамбасымыз талғанда, сол жамбасқа, сол жамбасымыз талғанда, он жамбасқа бір мезетте аунап түсіп, біріміздің арқамызға біріміз жабысып аламыз.
Саша бірер айдын ішінде күрт жүдеп кетті. Тұрып тамақ алуға да халі келмейтін болды. Оның сорпа, нанын мен әкеліп берем.
Әлсіз адам сөзден де қала бастайды екен.
Бір күні баракқа бастығымыз келіп:
— Шұлық қолғап тоқуды кім біледі? — деп сұрады, Бұны еркектің кімі кәсіп етті дейсің. «Мен білем» деген адам бола қойған жоқ.
— Гражданин начальник, қайтеді? — деп сұрадық.
— Біз сендерге жұмыс тауып бергіміз келеді. Майдандағы әскерге жіберуге шұлық, қолғап тоқу керек.
— Үйретсе, тоқыр едік, — деп шу ете қалдық, Жұмыс істесек, нанымыз көбейеді.
— Мақұл, — деді.
Әйелдер барағынан бірнеше қартаң әйелдерді ертіп әкелді. Олар бізге, ынтасы барларға, ілмек бізбен шұлық, қолғап тоқуды үйрете бастады. Бір біз бен бір домалақ жіпке мен де иемін.
— Мынаның қолы тым епті екен, — деп, үйретуші әйел мені көтермелеп мақтап қойды.
Осылайша мен қолғап тоқуды үйрендім. Қолым қолыма жұқпайтын шебер болып алдым. Норма бойынша күніне бір пар қолғап тоқып тапсыру керек. Мен болсам, бір жарым, екі парға дейін тоқимын.
Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Енді менің алатын наным көбейді.
Паек нанының үстінде қалайда бір кесім қосымшасы болады. Оны:
— Мә, жей ғой, — деп, Саша досыма берем.
Сашаның қолғап тоқуға халі келмейді.
Қарлығаштың қанатымен су сепкені тәрізді әлсіз досыма
осылайша ептеп те болса сүйеу болып жүрдім.
Күн көрістің жолын тапқан, жылы-жұмсақ орындарды жайлап алған қулар мұнда да бар. Мәселен, Тончин мен Зенкевич.
Бұл аталған екі адам қоршаудың сыртындағы асханадан ертелі-кеш тамақ тасып әкеледі. Барақтың түкпір жағында есігі сыртқа қарай шығатын бөлек бөлмеде тұрады.
Тамақ таситын ыдыстарды жуып, таза ұстау, арестанттар ішетін суды қайнату ол да осы екеуінің міндеті.
Бірақ бұлар ол тәрізді былғаныш жұмыстарды өздері істемейді, басқаға істетеді.
Тончин мен Зенкевич тамақ таси жүріп, сорпаның қоюынан, ботқаның майлырағынан өздеріне мол етіп, жымқырып алып қалады.
Сондықтан да бұлар тоқ.
Зенкевич қартаңдау, ұлты поляк. Тончин қылшылдаған жас жігіт. Тамақты көп ішетіндіктен жұрт мешкей Тончин атап кеткен.
Тоқтықтан бұл екеуі кесір болып алған. Қолдарына балан біреуді қызметші етіп ұстайды. Әлгі айтқан от жағу, су ысыту, тамақ таситын ағаш бөшке, ағаш шелектерді жуу тәрізді лас жұмыстардың бәрін соған істетеді.
Арестант арестантты малай етеді.
Менің елгезек мінезіме қызықты ма, қайдам, бір күні Тончин:
— Бізге от жағушы боласың ба? — деді.
— Болам.
Барактан, Сашаның қасынан, енді кетуіме тура келді. Тончин мен Зенкевичтердің бөлмесіне ауыстым. Осында жатып, осында тұратын болдым. Қарын жағы тоғайды, мейлінше тоғайды. Бірақ оның есесіне жұмыс ауыр.
Тончин мен Зенкевичтің жасырып қойған ботқа, көжесінен олар жоқта каңылтыр кружкаға жымқырып салып, немесе, құйып алам. Барактағы Саша досыма апарып берем. Саша шинелін бүркеніп жатып, ешкімге көрсетпей соғып алады.
Бip құлдыраған адамның сергуі қиын болады екен. Сашаның осы күнгі, көктем таяп қалған кездегі, халі тіптен аянышты. Қармаққа шаншыр ет қалмаған. Бет жүзіне тіке қарау біртүрлі қорқынышты, көзі өлген малдың көзіндей нұрсыз. Адамға меңірейіп, шала таныған көзбен қарайды.
Бой жазып жүре алмайды. Маймыл тәрізді төрт тағандап еңбектеп қозғалады. Барақтың ырсиған еден тақтайының ара-арасынан күзде молшылық кезде түсіп, кептеліп қалған шикі арпа, шикі бидай дәндерін шұқып шығарып алып, жеп отырады.
Менің Сашаға жасырып тамақ тасып жүргенімді Тончин қу сезіп қалса керек. Бір күні кешқұрым дәретханаға баратын сылтаумен сыртқа шыққанымда, Тончин соңымнан қуа шығып:
— Тоқта! — деп, тоқтатып алды.
Тоқтамасқа лажым жоқ.
Тончин қалта-қалтамды, қойнымды тінтіп, қарай бастады. Менде зәре қалмады. Қолтығымның астына тығып алған қаңылтыр кружка бар, іші толы ботқа. Тончин әлгіні оп-оңай тауып алды.
— Мынау не? Кімге апара жатырсын? Менде үн жоқ.
— Ах ты, падло!
Тончиннің шоқпардан үлкен жұдырығы жарқ етіп, көтеріле берді. Мен көзімді сескене жұмып, жасқануды білдім. Көзімнен былш еткізіп, бір перді. Көзімнің оты жарқ етті. Және ұрды. Көзі етік киген добалдай ауыр аяғымен ішімнен де тепкілеп жатыр. Meн қирап жығылып қалдым. Жатқанды ұрмайды дейтін еді. Тончинге бәрібір. Кеудеме, арқама, жамбасыма, басыма мыжғылап тебе берді. Тепкен сайым өл, өл дейді. Қорғанбақ түгіл, мен енді сезінуден қалғам. Мылжа-мылжа болып, суық қардың үстінде жата бердім.
Тончин мені өлтіре алмай қойды. Мен ыңырсып тағы біраз жаттым да, сүйретіліп бараққа, Саша досымның қасына жеттім.
— Ой, Саша, өлдім, әрменірек жат, — деуге халім әрең келді.
...Көктемнің қызулы күндеріне Саша жете алмады. Мәңгілік ұйқыға батып көз жұмды. Кеудесі толы арман еді, ән еді — бәрін өзімен бірге әкетті.
31
Барақта төрт-бес адам жуан білек зорлықшыл топ бар. Атаманы Иван Гольц дейтін. Асханадан жеткізілген ыстық ас осылардың қолынан өтеді. Сорпаны да, ботқаны да Гольц өзі таратады.
Серіктері Гольцке «Арыстан» деп ат қойған. Арыстан десе арыстан. Ұзын бойлы, жауырынды, құс тұмсық, шүңгіт көздеу, кісіге шүйіліп, төне қарағанда түсінен адам қорыққандай. Сұп-суық көкшіл көздері өңменіңнен тесіп өтеді. Ортасы шодыр болып сынып біткен құс мұрыны бетінің оң жағына қарай жапырая қисайған. Асылы, тегін қисайыс болмаса керек, керемет бір күшті ауыр соққының жапырып, сүйкеп етуінен болған қисайыс тәрізді. Бет, шықшыт барлығы солай қарай ауытқып жапырылып біткен.
Ешкімге тиіспей, ашуланбай жай жүрген кездің езінде де Арыстанның бетіне тура қарау мүмкін емес. Жауырыны күдірейіп, күректей үлкен қолдарының саусақтары өз-өзінен тарбиып, жан-жағына сұқтанып, ылғи да әлдекімді бассалып, бүре түсуге әзірленіп жүргені.
Арыстан тамақтың бар дәмдісін өздеріне құйып алады. Біз телміріп, сілекейіміз шұбырып, қараймыз да тұрамыз. Ешкім қыңқ деп бір ауыз қарсылық сөз айта алмайды. Өздерінен қалғанын бізге таратады.
Арыстан күндіз пырылдап ұйықтағанды біледі, түнде жортуылға шығады. Қашан оянып қарасаң, оның кіріп-шығып, түрегеп жүргенін көресің. Біздің қоршауға қанаттас басқа бір қоршаудың ішінде әйелдер барағы бар. Екі орта биік тақтай дуалмен бөлінген. Дуалдың үстінен тікенек сым тартылған. Қалай өтетінін, Арыстан содан өтіп барып не бір сұлу әйелдерді ертіп әкеп жүреді.
Арыстанның мінезіндегі бір ерекшелік — ол сауықшыл. Өлең айтып, би билегенді сүйеді. Жата-жата жалыққанда, даусы жақсы жасөспірімдер мен жігіттерді маңайына жинап алады да, өзі бастап әр алуан өлеңдер айтады. Қолдарын шарт-шарт соғып, барақтың ішін дүрліктіріп жібереді.
Қапаста туған әр түрлі өлеңдер мен әндер бар. Арыстанның «ансамблі» көбіне соларды орындайды. Әндерінің сазы, әдетте, қайғылы болып келеді. Сөздері жүрек қылын шерткендей әсерлі. Тыңдаушының көзіне жас әкеледі.
Музыкасы да, сөзі де былапыт, адамшылық ар-ұятты белден басып қорлайтын да ән, өлеңдер бар.
«Ансамбльдің» әр мүшесіне Арыстан әртүрлі ат қойып, айдар тағып алған.
— Көкқұтан, сен жөндеп айтпай отырсың!
— Қисық ауыз, көңілдірек шырқа! Басың салбырап, немене, прокурордың алдында отырмысың?
— Әй, ешкібас, барқырама!
Ол осылай әркімге зекіп, ескерту жасаумен болады. Ескерту алғандар әнді жанын сала айтып бағады. Ілмиген арық көбі көтерем. Сырт қараған адам: өле алмай отырып ән айтқан несін алды дегендей.
Арыстан биле десе, билемейтін жан жоқ. «Цыганочка», «Лезгинка», «Гопак» секілді кілең құтырынған жылдам билер биленеді. Ілмиген арық денелер көрден тұрған әруақ тәрізденіп селкілдеп бұраң-бұраң етеді. «Музыканттар» құтырына қыздырмалатып:
— Уа! Уа!
— Ба, ба! — десіп жатады. Бишілер де есіріп жан таппайды. Бара-бара олар естерінен танады. «Музыка» тоқтамайды.
Әбден қалжыраған бишінің бірі бір кезде гүрс етіп құлайды. Құтырынып алған «музыка» сонда да тоқтамайды,.
— Ба! Ба!
— Уа! Уа!
32
Міне қазақ жері басталды. Қазақ ауасы. Станциялар басында қазақтар көбірек кездесетін болды.
Жүрегі құрғыр туған жердің ауасын өзгеше сезініп қабылдайды. Ақ жаулықты әйелдерді көрсем, өзімнің шешемді көргендей елеңдеймін.
Бір қызығы менің билетім Алматыға дейін емес. Алматының түбіндегі Іле станциясына дейін. Соғыс уақытының заң-тәртібі бойынша түрмеден босаған адамға астанаға кіруге рұқсат етілмейді екен. Маған Іле станциясынан түсесің деді. Мен көрісіп жатпас үшін, мақұл дей салдым. Іледе сүйреп түсірмесе, өздігімнен түспейтінім белгілі.
Іледе түсіп, жындымын ба? Қарасазға Іледен Алматы жақын, бұл бір. Екіншіден, Іледен біздің ауылға тура қатынайтын жол да жоқ.
Алматыға жетіп, бір-ақ түспекшімін.
Алматыны айнала әскер қоршап алып, сырттан келген жолаушыларды бір-бірлеп түстеп -түгендеп, тексеріп кіргізіп тұрса, онда амалым жоқ. Ал олай болмаған күнде, менің енді Алматыға жетуіме ешқандай заң да, тәртіп те бөгет бола алмайды.
Заң — тәртіптің қайнаған қазанынан шыңдалып, пісіп шыққан адамға, тәйірі, бұл бөгет болып па?
Басым толған ой-қиял.
Бip жыл болды, үй ішіммен байланысым үзілгелі. Ешқандай хабар-ошар білмеймін. Қайсысы қайда? Не істеп жүр? Аман ба, жаман ба?
Сәрсебектен хат, хабар келді ме? Келмеді ме?
Шешем қалай? Денсаулығы нашар, әрі уайымшыл еді. Сәрсебекке қоса мен де хабар-ошарсыз кеткен соң қайғыменен қан жұтып, қаусап қалмады ма?
Қаныша жеңгем не болды?
Бір жылдан бері менің қайда екенімді, не істеп жүргенімді олар да білмейді. Білсе Қарағандыда, ФЗО-да оқып жүрген біздің ауылдың балаларының жазған хаттарынан Ілияс екеуміздің қашып кеткенімізді білер. Ал одан кейінгі тағдырымыз не болды? Немен тынды? Оларға бұның бәрі тұңғиық.
Бір жылдың ішінде бір де бір хат жазған емеспін. Жазуға мүмкіндік жоқ. Бір парақ қағаз табу қиямет.
Жұрт кепкаларының күнқағарындағы кардон қағазды алып, жұқалап жыртып, темекі орап тартады.
Бір жыл бойы хабар-ошарсыз кеткен адамды олар бірдеңеге ұшырап, жазым болған шығар деп ойлаулары да әбден мүмкін.
Ғалия қайда? Ол не істеп жүр? Оныншыны бітірген болар.
Мен жөнінде Ғалия не ойлайды екен? Мына түріммен көрер болса талып жығылады ғой,
Бұдан да соғыста төрт мүшемнен бірдей айырылып, домаланған мүгедек болып оралсам, сол артық еді. Мына түр, мына сиқыммен ел-жұртқа қалай көрінем, Ғалияға қалай көрінем дегенді ойлағанда, жігерім құм болады.
Түрмеден келе жатырмын деп, арын-ашып сансырап қалай барам дегенде, жүзім ерт болып жанып кете жаздайды.
Бір заманда өзім теңдес балалардың алды едім. Ұстаздарым адам болатын бала деп, үміт күткеннің бірі едім. Сол үмітті ақтаған түрім осы ма?
Әлде тіпті ел бетіне көрінбей, қаңғырып жоғалсам ба екен? Бармасам ба екен?
Сонда қайда барам? Қалай күн көрем? Осы тәрізді ащы ойлар жанымды жегідей жеп маза таптырмайды.
Алматыға жақындаған сайын күйзеліп, қорлануым асқына түседі. Ерді намыс өлтіреді деген рас сөз. Ауыр тұрмыс адамның тауын шағып, мұқатады екен. Тіпті ез ете бастайды екен. Бұрынғыдай басымнан сөз асырмас өжеттігім, әділдік жолында құрбан боп, жанып кетуге дайын тұратындығым қазір жоқ. Айналамдағы өмірге, тым селқос-салқын қарайтын болғанмын.
Қорқақ болып тумасам да, қорқақ бола бастағандаймын. Жалтақ болып тумасам да жалтақ бола бастағандаймын. Жаза өтеп келе жатырмын деген бір ауыз сөздің өзі-ақ еңсемді көтертпейді.
33
Поезд Алматыға күндіз сәскелік кезде келді. Күздің аяқ кезі болса да күн жаздыгүнгідей маужырап тұр. Жұрт жеңіл киіммен жүр.
Вокзал алаңында қаптаған есек арбалар. Ат арбалар азырақ. Жүгі ауыр жолаушылар есек арбаларды жалдап кетіп жатыр.
Менде не жүк болсын. Қолтығыма қысып алған кенеп дорбам ғана. Көк базарға қалай баруға болатынын сұрап алдым да, жаяулап тартып жөнелдім.
Маған бес күнге деп жол азық берген. Баратын жерімнің алыстығын, қаладан шалғай екенін ескеріп, екі жүз сом ақша берген. Оның бәрі таусылды.
Базарға келе жату себебім біздің ауданнан қалаға сауда-саттық істеп, адамдар жиі келіп жатады. Олар, көбінесе, көк базарда болады. Солардың біреу міреуісі кездесіп қалар деген ой.
Мүмкін біздің ауылдан келгендер бар шығар. Мынау, міне, сол баяғы халық құмырсқадай құжынаған көк базар. Енді бұрынғыдай адасып кетермін деп жүрексінбеймін. Олай да, былай да кезіп өтіп, бірде-бір ел адамын кере алмадым. Жеміс атаулының піскен, базарға қаптап түскен кезі, Алма, ерік, жүзім, қауын-қарбыз, былтырғы әлгі бырш етіп, бетіме шашырайтын дәмі жаман помидор... т.т. көздің жауын алады. Айран, сүт, қымыз деген нәрселер және көп. Ақшам болса, сатып ап, ішкім келеді, жегім келеді. Оған бірақ ақша жоқ. Берген екі жүз сомның басына жолдағы станцияларда су құйғам.
Қалай етем? Ақшаны қайдан табам?
Ақша табудың мен үшін екі жолы бар. Бірі — қалтаға түсу, ұрлау.
Екіншісі — үстімдегі киімімнің жарамды біреусін сату.
Ұрлау ол менің қолымнан келмейді, оған кезім анық жеткен. Неше рет ұры-қарыға жем болып, өзім ұрландым. Ал бірақ біреудің бір сабақ жібін жымқырып, бойыма сіңіріп көрген емеспін.
Сонда, қалып отырғаны екінші жол.
Бірдеңемді сату.
Немді сатсам екен? Іске татыр, жұрт жаратып алар нем бар? Жағалы шолақ пальтомды сатар едім. Бірақ оны бекер берсем ешкім алар ма? Бір жылдың ішінде бүл пальто менің пе керегіме жарамады, киім де болды, жамылғы, төсеніш те болды. Бұл пальтоны киіп, аунамаған жерім қалды ма?
Тас көмірдің үстіне де аунадым.
Батпаққа да аунадым.
ІІІаңға да аунадым.
Қазіргі кезде бұл пальтоның пальто деген аты ғана. Бұны сатып алса, адамдар соғыс кезінде осындай да киімдер киіп еді деп, тарих үшін музей ғана сатып алуы мүмкін.
Басымда қара матадан тігілген сұрсыз малақай. Аяғымда ағаш табан ескі бәтіңке. Бұл екеуінің де құны шамалы.
Бұлардан басқа, іске татыр деген киімдерім сырт жейдем мен шалбарым, Сатсам екеуінің бірін сатуға тиіспін.
Шалбарды сатуға болмайды. Ұзын балақ кір-кір дамбалмен содан соң, қалай жүрем? Бала-шаға болсам екен, онда бір сәрі. Мұрт шыға бастаған соқталдай жігітпін.
Одан да жейдені сатқаным дұрыс. Ішінде жағасы үңірейген кір-кір іш жейдем бар, сонымен жүрермін.
Киім базары ол кезде қазіргі көк базармен жалғас. Екеуінің дәл шекарасында, әрлі-берлі шұбалған қалың елдің арасында тұрып, сырт жейдемді шешіп алдым. Сілкіп-сілкіп, саудалай бастадым. Бір жақсысы, әйтеуір битім жоқ. Қапаста бұл жағына қатал. Кір жумағанмен, айына екі рет міндетті түрде моншаға түсіріп, киім-кешекті дизенфекция жасайды.
Өзім тәрізді түр-түсі мүсәпір біреулер жейдемді қанша деп сұраған болады. Бірақ салтақ-салтақ кір екенін көреді де, алмайды.
Рубашка! Кому рубашка! Не дорого отдам! — деп айғайлап қоям.
Жұрт алдымнан да, артымнан да сапырылысып әрлі-берлі өтуде.
Бір кезде тап алдыма бір топ ауыл қазағы келіп қалғанын көрдім. Бір әйел, үш еркек. Әлгілер менің жейдемді саудалағысы келгендей бөгеліп, маған ошарылып қарап қалыпты. Тағы да:
—...не дорого — деп, айғайлай беріп, сөзімді аяқтамай қалт тоқтадым.
Төрт адамның төртеуі де маған таныс еді. Өз аулымның адамдары.
— Әкем-ау, мынау Еркін ғой! — деп, даусы жарқын шығып кеткен әйел Зейнекүл еді.
Басқалары Нұрәлі, Жүніс бухгалтер және Оқас дейтін қойшы.
Мұндай да масқара кездесу болады екен.
Жүрегім ұялып қорланудан алай-дүлей болып кетті. Бұдан да өлгенім, жеті қат жердің астына түсіп кеткенім артық еді: қолымдағы жейдені не істерімді, қайда тығарымды білмеймін, Зейнекүл мен Оқас:
— Еркін, қайдан жүрсің?
— Не боп кеткенсің? — деп, жөн сұрап жатыр. Қысқашалап жөнімді айттым.
Нұрәлі бедірейіп үнсіз тұр, Ақ түскен көзінің үстіндегі қабағы әрге қарай тартылып дір-дір етеді.
34
Базарда Нұрәлі кезігіп қалар деген ой үш ұйықтасам түсіме енген бе. Бұл да болса тағдырдың мені аямағаны, дұшпанымның алдында масқаралап, мерт етіп бергені шығар. Адам өлмеген соң, бәріне көнеді екен.
Енді міне күшік құсап ілесіп, Нұрәлі тобының соңында келе жатырмын. Нұрәлі маған бір ауыз сөз айтқан жоқ.
Ілеспеске лажым бар ма? Қалтамда бір тиын ақшам жоқ, бір түйір азығым жоқ. Аштан өлемін ғой.
Зейнекүл мен Оқас маған жандары ашығандық көрсетіп келеді. Екеуі де қарапайым қайырымды жандар.
Зейнекүлді Нұрәлі Алматыға тегін әкелмегенін, тегін ертіп жүрмегенін мен сеземін. Екеуі құдды ерлі-зайыпты адамдар тәрізді.
Әлде, мүмкін, қосылып та алған шығар?
Сәуле не болды екен?
Біздің үймен Нұрәлінің неге араз болғанын Зейнекүл біле ме?
Білгенде не істейді.
Нұрәлі қара күреңденіп тырсиып жаман қатты семіріпті. Кішкентай жыртық көздерін май басып, қарын дегенің сабадай болып кеткен.
Адамның аяғы да семіреді екен. Нұрәлінің балтырлары шелектей бопты. Хром етіктің қонышын кернеп, енді-енді жарып жібергелі тұр.
Нұреке, Нұреке деп бәйек қаққан Жүніс бухгалтер біздің ауылға басқа жақтан келген. Мен оны былай ғана танимын. Екі бетіне пышақ жанығандай сұп-сұр жылпос адам.
Нұрәлі тобы базарды ұзақ аралады. Көптеген киім-кешек, заттар сатып алды: самауыр, етік, пальто, үн елейтін елеуіш, қайыс белбеу т. т. Жуан да тәпелтек Оқас қойшыны бұлар әдейі жүкшілікке әкелген тәрізді. Сатып алған заттардың бәрін саудыратып соған артады.
Зейнекүлдің қолында оқушы балалар ұстайтын жуан қара портфель. Соның іші толған ақша екен. Кіл жүз сомдық, елу сомдықтар. Нұрәлі мен Жүніс не сатып алса да ақша сол портфельден төленуде.
Нұрәлі өзіне бір ғаламат былғары пальто сатып алды. Әдемілігіне тіл жетпейді. Алмалы-салмалы күзен астаршасы бар. Белбеуі бар. Сәніне қарасаң, қарап тұрғың келеді. Екі қатар етіп қадаған түймелерінің езі ғажап. Алтын ба, жақұт па, әйтеуір жарқылдап көз ұялтады.
Пальтоны сатушы адам балдақ ұстаған мүгедек екен.
Пальтоның бағасына шаш жетпейді. Қанша деп жұрт сұрап алады да, естерінен танып қала жаздайды.
— Нұреке, бұндай пальто ешуақытта табылмайды. Бұны қалай да аламыз, — деп, жылмақай Жүніс пальто сатушы адаммен бір сағаттай саудаласты. Нұрәліге бірнеше кигізіп, шешкізді. «Әкел қолыңды, тұрған жерім мынау! Осыдан бір тиын артық берсем шошқа болайын» деп, мал иесінің алақанына алақанын бірнеше рет соқты.
Кетіп қалып, қайта оралып келіп және саудаласты. Генерал пальто солай сатып алынды.
Қара портфельдің жуан қарны қабысып, босап қалды — бар ақшаны генерал пальто жұтты.
Жүніс, Зейнекүл, Оқас үшеулері Нұрәліні үш жақтан құттықтап жатыр:
— Игілігіңізге киіңіз!
— Құтты болсын! Ғажап пальто!
— Пальтоңыз тозғақ, жасыңыз ұзақ болсын!
Оқас пальтоның былғарысын уқалап көріп:
— Бір он жыл киіс берер-ау, — деп еді. Жүніс оған жәбірлене қарап:
— Мына он жылды айтамысың? Жиырма жылға қылау түспей бармаса, мен мұрнымды кесіп берейін, деген сөз айтты.
Біреумен бірдеңеге сәл егессе-ақ Жүніс антқа жүгінеді екен. Шошқа болайын, мұрнымды кесіп берейін, ит болайын деп жатқаны.
35
Көшкен цыгандар тәрізденіп артынып-тартынып, ұбап-шұбап Нұрәлілер жатқан пәтерге келе жатырмыз.
Бұл үй сол маңайдан онша қашық емес екен. Көк базармен қанаттас, Алматы көшесінде. Өз алдына оңаша қорасы бар, бір қабат ескі ағаш үй. Мен ауыл үйлерінің біреуіне келгендей эсер алдым. Қақпадан кірген жерден бастап шашылған шөп, қойдың құмалағы. Біздің бет алдымызда түкпірде он шақты қой байлаулы тұр. Кілең құйрықты, нән қойлар. Қала жұрты қой өсірмейді. Бұл қойлар Тұйықтан жолаушылап келген қойлар екенін мен бірден білдім.
Біз әйнектелген шағын верандаға кіріп келеміз. Елден әкелінген, еденде жайрап жатқам әр алуан пісілі-күйікті тағамдардан аяқ басар жер жоқ. Мес-мес қатық, қойдың кесілген бас-сирақтары, тегеш-тегеш іш май, құйрық май, әр қилы ыдыстарға салынған үйеме-үйеме бауырсақ, құрт, тандырдың тоқаш нандары...
Бірнеше қап ұн.
Бұның бәрі қазіргі кезде жұрт көзінен бұлбұл ұшқан қаны жерге тамбас дүниелер.
Түннің бір уақытына дейін ду-ду арақ ішіс болды, Бұл гeнерал пальтоны «жуу» еді.
36
Нұрәлілер қалаға кеше келген екен. Әлі біраз күн болатын түрлері бар. Қалта қалың, уайым-қайғы жоқ, болмағанда неге асығады.
Зейнекүл сылқым қасында.
Бұларға кездесудегі бір қуанышым Зейнекүлден үй-ішінің амандығын естідім. Шешем де, жеңгем де аман көрінеді. Сәрсебектен хат-хабар жоқ әлі.
— Қаныша колхозда істеп жүр, — денді Зейнекүл,
— Не істейді?
— Арба айдайды...
Мына хабарды естігенде қолқа жүрегім солқ етіп, үзіліп түскендей болды.
Таңертеңгі шайдан кейін мен Зейнекүлге кетем дедім.
— Тосып, бізбен бірге кетпейсің бе?
— Машина іздеп көрем. Табылса, кетем.
Басқалардан жасырып, оңашалап Зейнекүл маған біраз ақша берді — машинаға төлерсің деді. Дорбама екі-үш күнге жетерлік азық салып берді.
Мен тек Зейнекүлмен қоштасып, тайып отырдым.
Алматыдан Қарасазға дейін үш жүз елу шақырымдай. Тіке жүретін машина табылса, бір күнде жетіп барады. Ал, бірақ қазір машина оңайлықпен табылмайды.
Қала шетінде машина тосып сарғайған жұрт.
Күн жаздыгүнгідей маужырап тұр.
Менің машина тосқым келмеді.
Қайда асығамын? Неге асығамын? Үй-ішімнің амандығын естідім. Хал-тұрмыстары қандай екенін білдім. Мына албастыдай түріммен елге тезірек көрініп, мазақ болуға асығам ба?
Үлкен жолдың бойымен мен енді жаяу жүре бермекпін. Мынау жарқыраған әдемі дүниеде өзіммен өзім боп, ес жиып, сергіп жүре тұруды рақат көрдім. Ауыл енді ешқайда қашпас, барармын. Апа-жеңгемді көрермін. Жылап-сықтасармыз.
Ел-жұртқа көрінбей, бір жаққа қалғып жоғалғаным артық еді. Бірақ, оған енді кеш. Көретін жұрттың біразы көрді. Нұрәлі жауым менің бейшара болған халімді көріп, масайрады.
Осыдан елге бармай жоғалсам ол одан әрмен масайрап жетіседі. Қаңғып ит өліммен өлген болар демей ме?
Барсам да азап ауылға, бармасам және азап. Азап үшін туған бір жанмын.
Үлкен жолдың бойындағы соқпақ жолмен жаяу келе жатырмын. Жолшыбай кездескен машиналар тоқтап, кел отыр, үйіңе тегін жеткізейін десе де, отыруға құлқым жоқ.
Үйге баруға құлқым жоқ. Бармауға және болмайды. Сонымен әйтеуір мәңгіріп келе жатырмын. Тек уақыт өтсе болды деген бір жанмын.
Жолдың асты-үстінде қойшылардың қараша киіз үйлері мен жаппалары жиі ұшырайды. Қарным ашып, шаршай бастағанда соның біреуіне бұрылып келем. Жай-жағдайымды айтам.
Залалсыз бейшара жан екенімді түрімнің өзі-ақ айтып тұр.
Оның үстіне осы кезде ешкімнің ат-лауы аман емес, біреудің бірдеңесі әскерде, біреудікі жұмысшы батальонында. Жұрттың қай-қайсының да көңілдері жарым. Менің аянышты халіме жүректері елжіреп тұрады. Барларын беріп, сыйлап жібереді.
Бары дегенде, қойшының үйінде айран мен сүттен өзге не болсын. Дән жағы қайсысында да тапшы. Нан кей үйде бар, кей үйде жоқ. Әйтеуір аққа тойғызып жібереді.
Өзге сый маған қажет те емес.
Қонам десем, қондырады. Қонақпын деген пендеге казак айналайын ары жүр деп айтпайды.
Қонған үйімнен ұйқымды қандырып, тамаққа тойып алып бір-ақ қозғалам. Шаршағанда жол бойындағы күнес жердің біріне қылжиып жатып немесе отырып дем алам.
Күн кешке ауған кезде алдыңғы жақтан және бір малшының үйі шошайып көрінетінің білемін. Бері кел, қон. Айран-сүтке тоясың, тынығасың деп, қол бұлғап шақырып тұрғандай болады.
Сапарымның осы түрі өзіме ұнай бастағандай. Қарасазға асықпай бір ай жүріп барсам да, өкінетін емеспін.
Жүз жиырма бес шақырым жердегі Шелекке бір жеті жүріп жеттім.
Бұл кешкі уақыт, көз байланып қалған.
Шеткі кедейлеу, қараша там үйдің терезесін қақтым. (Тәуір үйлерге жоламаймын.) Орамалы селтиген қара әйел иықты, ұңғыр екен. Мен жай-жағдайымды айтып, қондыруын өтіндім.
Әйел біраз ойланып тұрды да:
— Мен сізден үй аямаймын. Бірақ беретін тамағым жоқ — деді.
— Тамақ өзімде де бар. Тек қондырсаңыз болды.
Әйел «кіріңіз» деді.
О баста екі бұлың естіліп соғылған үйдің алдыңғы бөлмесі жабылмаған. Кісі тұратыны тек төргі бір ғана бөлме. Жиһаз-мүлік дегеннен дым жоқ. Тіпті төсек те жоқ. Төр алдында ескі кебеже сандық. Соның үстіне біраз бәстек бірдеңелерді жинап қойған. Еденде құрым киіз.
Босағада ұйғыр дағдысы бойынша жерден қазып орнатқан қара қазан. Төнкерген келінің үстінде сығыранып жанған бөтелке шам.
Кебеженің бергі алдында көздері бақырайған, жіңішке арық мойындары менің мойным құсап қылқиған үш қара сирақ кішкене балалар отыр. Үшеуі де маған адам көрмегендей тесіліп қарап қалған. Бұл үйдегілер сірә, бөгде біреу келіп, есіктен қарауды баяғыда-ақ ұмытқан болулары керек.
Балалардың әкелері армияда екен. Әскерге алынардың алдында ол мына үйді азаптанып сала бастаған. Тер үйді жауып үлгірген, ауыз үйді жауып үлгермеген, Қу соғыс оған мұршасын келтірмеген.
Талайдан бері хат жоқ.
Өлі ме, тірі ме?
Тірі болса, келер. Алдыңғы үйді де жауып, жұрт қатарлы бірдеңе етіп күн көрер.
Ал өлсе ше? Онда, мына үш баланың күні не болады?
37
Шелектеп тағы да жаяу шығып келем. Аяғымдағы ағаш табан бәтіңкем жүруге қолайсыз, илікпейді. Тез шаршатады. Оның үстіне біреуінің табанының өкше тұсы тесіліп сынған, Содан қиыршық тас, құм кіріп, жүргенде табаныма батып, әлек қылады.
Елсіз жерде бәтіңкемді шешіп, иығыма салып аламын.
Бәйсейіттен ары қарай ел мекені сирейді. Бөген ауданының орталығына дейін, жүз шақырым шамасында, бірде-бір поселк кездеспейді. Үш тау кездеседі, үш таудың аралығында Сөгеті және Көртоғай деп аталатын ұзақ-ұзақ екі шөлейт жазық бар. Суы болмағандықтан егін егілмейді, ел мекен етпейді. Жан -жағын адыр-адыр тау қоршаған, ұзын тұрқы сонау көз ұшына созылатын теп-тегіс кер жазықтар жазы-қысы қаңырап бос жатады.
Бір кезде бұл жазықтарда қара құйрық көп болған. Қоралы қойдай мың-мыңдап өріп жүргем. Жердің тақтайдай жазықтығын пайдаланып кейбір елірме шоферлар машинамен қуатын болған. Сол көп қарақұйрықтың қалдығы әлі де кездеседі.
Бөген ауданының орталығына жеткенге дейін мен әлгі айтылған үш таудан асуым, екі жазықтан өтуім керек. Бәрі дерлік елсіз. Таудағы асуларда ғана аз үйлік жол қараушылар, бекетшілер болады, жалпы жұрт болмайды. Жолдың ендігі қалған бөлегі міне осындай — мен тәрізді арық әлсіз адамға жаяу жүріп өтуге әрі қиын, әрі қатерлі. Жолшыбай машина, көлік кездесіп, ала кетіп құтқармаса, бір жерде қаңырығым түтеп, тырайып, арам қатып жатуым әбден мүмкін.
Мал бағып отырғандар сусыз шөлде ұшыраспайды.
Бұл күні мен Бәйсейіттен өтіп барып, колхоздың тауық фермасына қондым. Жолдан оншалық қашық емес, әудем жер, Жалғыз там үй, маңайында кеп тауық жайылып жүргенін көріп келген едім. Шал мен кемпір ғана екен. Жұмыртқа асып беріп, жылы қабылдап сыйлады. Таңертең жүрерімде мынаны жолда же деп, дорбама кішкене кесемен бір кесе талқан және піскен үш жұмыртқа салып берді.
Күні бойы жүргенім төрт-бес шақырымдай, Қарға адым жер қозғалып, бір дем алам. Бұған жүріс өне ме? Екі етекті беліме түріп алып, аршындап тарта беруге әл жоқ.
Бір жүрем, бір отырам. Жол шетінде талықсьш жатқанды білем.
Жатсам, жата бергім келеді. Тұрғым келмейді.
Жату сондай тәтті.
Қазір күн кеш боп қалған. Жатырмын. Сонау биік көкте, менің дәл төбемде қыру-қыру ән салып, әдемі үшкілдене тізіліп тырналар ұшып барады. Miнe, рақат осылардікі, қанатын бір-бір толғаса, зу-зу етеді. Жетем деген жеріне қиналмай жетеді.
Тырналардай қанатым болуын арман етем.
Қарным аш, тамақты арман етем.
Әнеугі Алматыда Нұрәлілер түскен үйдің верандасында көрген мес-мес қатық, табақ-табақ бауырсақ, құрт, тандырдың аппақ ақ тоқаштары, қарын-қарын сары майлар көз алдыма келеді.
Иә, соғыс біреуге соғыс болса, біреуге ырыс. Жол шетінде талмаурап әлсіреп жатып, қойшылардың Шелек пен Алматының екі аралығында жол бойында жиі кездесетін жаппаларын киіз үйлерін арман етем. Енді соларға да зармын. Әлсіреген кезімде бұрылып, бара қоятын едім. Қойшы өз үйінде болсын, болмасын, әйелі болады. Қара сирақ балалары болады. Олар мені жатсынбайды. Айранға, сүтке тойғызады.
Қою айранға тойып алып, үйдің күнгей жақ босағасында тон төсеніп, ер жастанып жатып, пыр-пыр ұйықтайтын заман-ай.
Қойшыларға қонақтай жүріп менің бір байқағаным, көпшілік қойшылардың өздері кәрі болғанмен әйелдері жас. Беттерінен нұры тамып, уылжып тұр. Қаба сақал қойшының әйелі деуден гөрі бой жеткен қызы десең, сол лайық.
Бұл да соғыстың істегені. Шалдардың балаларын әкетіп, орнына алданыш етіп жас қатын берген.
Мен әлі жатырмын. Күн болса салқын тартып, батайын деп барады.
Қой, тұрайын, қозғалайын. Тым құрса, мына белге шығып, ар жақта не бар екенін көрейін.
Кенет арт жағымда арбаның салдырлаған дауысы естілді. Басымды көтеріп алып қарасам, екі ат жеккен жүксіз бос арба. Айдаушысы әйел. Тастақ жолды таңқылдатып соқтырып келе жатыр. Мен орнымнан түрегелдім де, арбаның алдын тосқауылдап, жолға қарай жүрдім. Арба кеп қалды. Қатарласа беріп, арбакеші тығыншықтай қызыл келіншек, аттардың делбесін шірене тартып тоқтатты. Көзінен от ұшқындап тұр, мінезі өжет, ымқуырлы жан екені бірден байқалғандай.
— Қайда барасың?
Былай қарай, — деп, мен алдыңғы жақты нұсқадым.
— Отыр. Қайдан келе жатырсың? Жас басыңнан қамалып ие көрінді? Иә, қанша отырдың? Е, бір жыл деген ештеңе емес. Үйін, қайда? Қарасаздың өзінде ме? М-м... естуім бар. Meн сені Көкпекке дейін жеткізіп тастайын, одан әрі бармаймын. Сол маңайдан қойшының үйін көшіруге бара жатырмын.
Көкпек алдымызда көрінген таудың аты. Бірақ жұрт «Көкпекке дейін» немесе «Көкпектен келе жатырмын» дегенде, тауды жалпы айтпайды. Таудың осы біз келе жатқан жол кесіп өтетін сайының арғы шыға беріс аузында үш-төрт үй бекетшілер — жол қараушылар бар. Соны меңзеп айтады.
Оған жетсем, біраз жерге жетіп қалатын болдым деген оймен ішінен қуанып қалдым.
Бұл кезде күн жарым-жартылап бата бастаған. Дәл бет алдымыздан салқын жел шығып, таудың ішін қалбиған қара көлеңке басып, кеш жақындап келеді. Бекетке, мүмкін болғанша, ертерек жетуге тырысып келіншек аттарға қамшыны баса түседі. Екі аттың екеуі де көн тулақ арық аттар, жазы-қысы мойындарынан қамыт түспейтін бейшаралар. Қарындары тоқ, болса, қашан болдырғанша жортып жүре беруге бұлар да көндіккен.
Арбаменен жүргенге, шіркін, даланың қара жолы болса. Cоның өз алдында күн себелеп өтіп, жолдың май тозаңын басып тастаса. Міне содан кейін аттарды көсілтіп айдап, зымыратып келе жатсаң. Бір түйір шаң-тозаңсыз таза ауа, артқа қарай дөңгелене сырғып қалып бара жатқан көгал дала, шөлдер, егістіктер. Құлағында тек жел ғана ызыңдайды.
Ал мына тас төселген жол ондай емес, арба үшін жайсыз-ақ. Неғұрлым қатты жүрсең, солғұрлым таңқылдап, зірк-зірк етіп, іші-бауыр, қолқа жүрегіңді үзіп жібере жаздайды.
Міне біз тау ішімен келе жатырмыз. Келіншек сөзқұмар адам, маған неше алуан қалжың сөздер айтады. Түп мінезім қалжыңға кет әрі болмағанмен тап қазір зауқым жоқ. Қалжыңдасар халім де, көңілім де жоқ. Аузын буған өгіз тәріздімін.
Біртін-біртін көз байланып келеді. Арбаның сыңғырлаған дауысы тау арасында одан бетер жаңғырығып, зорайып шығады. Бұл араның жолы тіптен нашар. Төсенді жолдың әр-әр жерін оңдырмай жауынның селі шайып, жайпап бұзып кеткен. Жайылып жатқан добалдай-добалдай шомбал тастар арба дөңгелегіне шақ-шақ соғылады.
Бір кезде кенет арбаның артқы дөңгелегінің біреуі қиралаң етіп, шоңқиды да қалды. Әлсіз аттар бірден кілт тоқтады. Не болғанын біле қойдық. Түсіп қарасақ, бір дөңгелектің. шабағы күл-талқан болған. Күлдіреуіші қирап түсіп жатыр.
Өзі бұрыннан да ескі, бірнеше жерінен құрсау салынып, әзер жүрген дөңгелек екен. Дүниені кезіп-кезіп келіпті де, дәл осы араға жеткенде, жан тапсырыпты.
Келіншек балғадай тегеуірінді аяғымен қираған дөңгелекті одан бетер қирата ызалана тебеді:
— Қап, қараң қалғырдың мүлкі. Не анда, не мұнда жоқ, жер ортасы көк төбеде қалдырды-ау.
Енді не істейміз?
Арба ол машина емес, артық дөңгелек алып жүрмейді.
Бізден басқа тырс еткен жан жоқ елсіз тау іші. Бекетке дейін әлі бірқауым жер.
Көз байланып қалған.
Келіншек те, мен де мелшиіп тұрмыз. Арбаның сынғанымен аттардың шаруасы жоқ. Сәл кідірісті пайдаланып олар өздерінің тіршілік қамымен әлек — бастарын жерден алмай, ауыздарына іліккен шөп болса, жалмап, өліп барады.
— Бала, жолың ауыр бала екенсің. Сен болмағанда, арбам сынбайтын еді. Әлгінде өзіңді бекер отырғызған екем, — деп, келіншек қалжыңбас мінезінен сонда да танатын емес.
— Түн боп кетті, арбаны тастап, қайда барамыз, қонамыз осы араға. Таңертең бір амалы болар, оған қалай қарайсың?
— Өзіңіз біліңіз.
— Менімен бірге қонудан қорықпайсың ба?
— Неге қорқам?
— Қорықпасаң бопты.
Арбаны жолдан бұрып, былай таман әкелдік. Қалбиған бір түп бұтаның ық жақ қалқасына доғарып жатырмыз. Аттарды тұсап қоя бердік. Аш аттар ешқайда да кетпейді, осы төңіректі шиырлап жайылады да жүреді.
Келіншек пысық-ақ осы жұмыстың бәрін дерлік өзі тындырды және тез тындырды. Жол азыққа алған наны бар екен, екеуміз содан жеп, әлденіп алдық. Маңайда су жоқ.
— Ал бала, енді не істейміз, жатамыз ба? Қалай жатып ұйықтаймыз? Жер сыз, тоңамыз. Арбаның үстіне жатамыз ғой деймін.
— Өзіңіз біліңіз.
Келіншек қираған дөңгелектің астына тас қойып, биіктеп, қыңырайған арбаны түзеді. Қамыт, оны-мұныны басымызға жастады. Киіз бірдеңелері бар екен, оларды астымызға төседі. Сонымен науа тәрізденген ып-ықшам төсек дайын болды.
Жамылғы жоқ, жамылғы әр қайсымыздың өзіміздің үстіміздегі киімдеріміз.
— Қойындасып жатамыз, әйтпесе, тоңамыз, — деді келіншек.
— Мейліңіз.
Сырт киімдерімізді ортақ жамылып, жаттық қойындасып.
Арбаның үсті екі адамға тарлау. Шалқамыздан жатып сыйыса алатын емеспіз.
— Ту, арығыңды-ай, қу сүйексің ғой, — деп қояды.
Оның тығыншықтай денесі жанып тұрған от.
Мен үндемеймін.
— Бұдан бұрын әйелдермен қойындасып жатып көріп пе едің? — дейді келіншек.
Мен әрең ғана:
— Жоқ, — деймін. Ғалиямен қойындасып жата жаздағаным есімс түседі.
— Еркек емес екенсің ғой, — дейді келіншек.
Еркек болсам керек деп ой лап жатырмын.
38
Түс ауғанша Көкпекте бекет басында болдым. Бөгенге қарай жүретін машина, арба тостым. Сөгетінің шөл дала жазығы дәл осы арадан басталады. Содан Көртоғайға жеткенше, қырық шақырым шамасында, ел де жоқ, су да жоқ.
Қырық шақырымға мен баяу жүріп, жете алмаймын.
Алматыға қарай екі машина өтті. Ал Бөгенге қарай жым-жылас.
Азығым біткен, ашпын.
Бекет басының тұрғындары қойшылардай кең пейіл халық емес. Ары-бері өткен жүргіншіден ығыр болып біткендіктен бе, ас беріп сыйламақ түгілі, есіктерінен қаратпайды. Өлгелі жатсаң аузыңа, сірә да су тамызбас. Олардың осы түрін көріп, мен бұл арадан кеткенше асықпын.
Сол араның бір тұрғыны тамақ бермегенмен ақыл берді:
— Сен бала, мына түріңмен Көртоғайға қарай жаяу жүрме. Машина кездессе жақсы, ал кездеспесе қайтесің? Бір жерде қаңырығың түтеп, арам өлесің ғой. Одан да былай ет. Ана бір жатқан соқпақ жолды көрдің бе? Сол жол мына тұрған Торы айғырдың тауына алып барады. Әне анау көрінген сайға барып кіреді. Бүл екі ара, мықтағанда, он шақырым. Сайдың бергі аузында қойшылар отыр. Бүгін соларға еркін жетіп қонасың да, ертең ары асасың. Арғы өңірдің бәрі малшы, бәрі ел. Күнде ертенді-кеш маслопромға сүт тасиды, солармен селбесіп, Жалаңашқа жетесің. Содан әрі Бөгенге, Бөгеннен әрі Қарасазға жетуің қиынға түспейді. Машина да, арба да табылады, үзбей қатынап жатыр.
Торыайғырдың тауы дейтін тау осы тұрғанда менің оңтүстік бет алдымда, шынында да жап-жақын боп көрінеді. Әлгі айтқан соқпақ жол үш-төрт тарам болып, тауға қарай қасқайып тартып жатыр. Жүрем десең жүр, мен сені қазір-ақ алып барам дегендей, еліктіріп шақырғандай болады.
Біраз ойлап тұрдым. Осы ақыл дұрыс ақыл тәрізді. Тәуекел деп, тартып жөнелдім.
Әлгінде жап-жақын болып көрінген тауға жете алсамшы. Тіпті жете алатын емеспін. Мен жақындай түскен сайын, тау ары қарай қашықтай түсе ме, қалай?
Бұл менің жүрісімнің өнімсіздігінен еді. Әрі ашпын, әрі көтереммін. Жүз-жүз елу метрдей жүрем де, дем алам.
Уақыт менің халіммен санаспайды, зымырап етіп барады. Тағы да күн батуға жақын қалды.
Денемде, әсіресе, екі аяғымда қозғаларға қуат жоқ. Бірақ ақыл-есім оларға зорлық жасайды, күштеп қозғалтады.
Бет алдымнан көзге ілігер қарайған бір нәрсені өзіме белгі етіп ұстаймын. Соған жетпей отырмауды мақсат етіп қоям. Ант байлаймын.
Өйтпесем тауға жете алатын түрім жоқ.
Өлдім-талдым дегенде, күн бата тау етегіне іліктім. Ешқандай малшы үйінің қарасы көрінбейді. Жуырда ғана көшіп кеткен бір-екі үйдің жас жұрты жатыр. Әлгі маған ақыл беруші адамның айтқаны, мүмкін, осы көшіп кеткен үйлер болар?
Сайды өрлеп тағы біраз жүрдім. Еш сыбыс білінбейді. Ел болса, тым құрса, үрген иттің дауысы естілер еді. Керең болған құлақтай тым-тырыс.
Әлсіздік пен аштыққа енді үрей араласты, малшылар кезектеспесе күнім не болмақ? Есіз тауда далада түнемекпін бе? Мұнда қасқыр болуы да әбден мүмкін.
Қорқыныш адамға әл беретін тәрізді. Әлгінде титықтап, ақыр-тақыр біттім деген адам, биікке қарай аяғымды аршындай басам.
Бір жерде алдымнан сыбдырап аққан бұлақ суы кезікті. Тілім аузыма сыймай, қаңсып, өліп келе жатыр едім. Жата қалып ішіп жатырмын.
Қара су шөл қандырғанмен тамақ болмасы белгілі.
Жас кезімде аштық жайы сөз болғанда естігенім бар еді — лай су адамды көз көрім жерге апарады дейтін. Сол есіме келді. Сіміріп ішіп жатқан бұлақтың бас жағынан қолыммен былғап-былғап; лайлап, жеркенішті болса да, содан ішіп жатырмын.
Қоймалжың лай су тамақтан жүрмейді екен.
Міне асудың қыр арқасында тұрмын. Көз байланып кеткен. Бет алдым ылди, жазық дала. Жақын маңда ешқандай ел қарасы байқалмайды. Құлазыған елсіздік. Сонау әріде тау бөктерінде қарауытқан поселк байқалады, Үйлердің оттары жылтылдап көрінеді. Ол, сірә Жалаңаш болуға керек. Бөген ауданының соғыстан бұрынғы орталығы.
Батыс жақтан ызғырық суық жел соғады, дәл бір қыстыгүнгі жел тәрізді, беті-қолымды қарып өңменімнен өтіп барады. Енді не істеймін? Малшы үйін табудан күдерімді біржолата үздім. Бүкіл жаным-тәнім осы араға қисайып жата кетуді, тынығуды қалайды. Одан әрі не боларын ойламайды. Қолайлы жер іздеп, төңірегіме қараймын. Жолдың дәл шеті жауын суы орудан пайда болған жыраша жар. Табаны құп-құрғақ қиыршық тас. Жырашаның ішіне түстім де, тіземді бауырыма алып, бір жамбастап, бүк түсіп жата кеттім. Үстімдегі пальтомның бір жақ өңірі төсеніш, бір жақ өңірі жамылғы. Ойдым-ойдым болып қырқылған жүн жағасының жарым шеті жастық, жарым шеті бетіме бүркеніш.
Қабырғама батқан тас болса, ырғап-ырғап жайлырақ етіп қоям.
Лезде қатып, ұйықтап кетіппін.
39
— Әй! Әй-һай!
— Әй!
— Тірі адамбысың, кімсің — деп, қатаң шыққан дауыстан оянып кеттім. Көзімді ашып алсам, жарқыраған күндізгі уақыт. Күн сәске болып көтеріліп қалыпты. Түсіне алмаймын, өңім бе, жоқ түсім бе? Осы араға әлгінде ғана жатқан секілдімін. Ол кезде түн болатын. Енді қазір күндіз, жарқырап күн шығып тұр. Бұл қалай?
Дауыстары қайталанды.
Басымды көтеріп алып қарадым. Анадай жерде жол үстінде астында төңкиген қоржыны бар, салт атты адам. Аты құлағын тікірейтіп, танауы пыс-пыс етіп, осқырынып қарайды. Сірә, үркіп, ілгері баспай тұрғанға ұқсайды.
Түрегеп, үстімді қаққан болып жатырмын. Ұйқым қанып, тыңайып қалған екем. Бірақ аштықтан өзегім талып, басым айналады. Жаңа білдім, кешегі құлағаннан бүкіл түнге өлі адамдай тұяқ серіппей ұйықтаған екем. Салт атты жолаушының дауыстауынан енді оянып отырмын.
Ол оятпаса, тағы қанша ұйықтарым белгісіз.
Салт аттыға жақынырақ келдім.
— Неғып далада жатқан адамсың? Кімсің? Қайдан келесің? — деп жөн сұрай бастады.
Мен қысқашалап жөнімді айттым. Әлсіздіктен теңселіп әзер тұрмын.
Салт атты адам ой жақтан келе жатыр. Ол артына бір қырындай бұрылып, қамшысымен нұсқап:
— Анау арада ойпатта малды ауыл отыр. Біраз жүрсек барасың. Тезірек соларға жет, — деді.
— Ағатай, жейтін бірдемеңіз бар ма?
— Қап, қарағым-ай, жейтін ештеңе де жоқ еді.
Ол нұсқаған ойпатқа келіп те қалдым.
Бұл өзі жолға көлденең жатқан кең аңғар өзек екен. Дәл жағасына келгенде болмаса, өзектің ішіндегі малшылардың үйлері алыстан көрінбейді. Кеше менің бұл үйлерді байқамауым содан екен.
Бер таман жолға жақынырақ, қатар қонған екі киіз үй. Мен өңмендеп соған қарай келе жатырмын. Жетсем де, жығылсам деймін. Бойымдағы әл-қуатым тек соған жетуге жарайды.
Бергі үйдің сыртында белдеуде ер-тоқымды ат байлаулы тұр.
Ит қауып ала ма деп, секем ойлап келем.
Осы кезде үйден жаулық киген, көйлектерінің етегі шұбалып аяқтарының басына түскен екі әйел шықты. Біреуінің қолында қамшы. Қамшысыз әйел қамшылы әйелді аттандыра шығыпты. Белдеудегі аттың тізгінін шешіп, қолтығынан сүйеп, мінгізіп жатыр. Мен аяғымды жеделдете бастым. Атқа мінген әйел жөнеліп кете барды. Ана әйел мені байқар емес, үйіне кіргелі барады. Әлімнің келгенінше дауыстап:
— Итіңіз қабады, — дедім.
Әйел естіп, жалт бұрылып қарады, мені жаңа көрді. Бұ кім дегендей тоқтап, күтіп тұр. Мен келген бойда, іс-міс жоқ, үйге қарай өтіп кете бардым. Табалдырықты аттап кірдім де босағаға, өзімнің малшыларға келгенде отыратын үйреншікті орныма, сылқ етіп, құлай кеттім.
Берілетін сұрақ белгілі:
— Кімсің, қайдан келесің?
Екі ауыз сөзбен жайымды айттым. Көп сөзге дәрменім жоқ.
Әйел өрешені ашты да үлкен кесеге жартылай айран құйды. Оған қазандағы пісіп, суып тұрған сүттен араластырып, шалап тәрізді сұйқылтым жасады. Сіміруге оңай болсын дегені тәрізді. Сосын маған ұсынды. Екі қолдап ұстаған кесені басыма бір-ақ көтердім.
Баяғы әлгі Ысқақтың өзімді таң қалдыртып қымыз ішісі бар емес пе? Сол құсатып, сімірмей, жұтпай, өңешіме сылқ еткізіп қотара. салдым.
Бұдан соң есімде қалғаны: кесені әйелге қайыра ұсынып жатырмын. Басым шырқ көбелек айналып барады. Бір кесе айран емес, бір кесе у сіміріп салғандаймын. Өзімді өзім ұстауға әлім келмей, жантайып, құлап барам.
Әйел маған бірдеңе айтып жатыр. Дауысын естимін, бірақ сөзін ұға алмаймын...
Оянсам, түн. Үй іші толған кісі. Қазандықтың астында лапылдап жанған от. Мен кісілердің арт жағында іргеде, бағанағы орнымнан жоғары таман жатырмын. Сірә, қылжия кеткен қалпымнан қозғап, жайғастырып жатқызса керек, астыма бірдеңелер төсепті. Басыма тері жағын сыртына қарайтын тон жастапты. Ашық тұрған шаңырақтан жылтылдап жұлдыздар көрінеді.
Бір кесе айран мені бір күн кешке дейін мас етіп ұйықтатыпты. Аш өзегіме түсіп кетті деген, сірә, осы болса керек.
Қалқиып басымды көтердім. Отырған жұрт менің оянғанымды көрген соң, айтып отырған әңгімелерін доғарып, бәрі түгел мойын бұрып қарап қапты. Араларын ашып, былай-былай сырғып, маған қастарынан орын босатысты. Жөн сұрай бастады.
Осы үйде қонып шықтым.
Малшылар Бөген ауданының малшылары. Қой бағады, қойды сауып, мемлекетке сүт тапсырады. Таңертең екі дөңгелекті арбамен Жалаңашқа сүт алып жүрді. Мен жарбиып бірге келе жатырмын.
Қазекем жөн сұрасқанда қазбалап түгел сұрайтыны белгілі. Кеше кеште мұндағылар менің кім екенімді біліп алған. Осы ауданның «Ақжол» колхозында тұратын Ысқақ, Балжандардың бізге жекжат екенін де айтқан едім. Ысқақты да, Балжанды да мұндағылар біледі екен. «Ақжол» колхозы Жалаңаштың ар жағында жап-жақын. жекжатыңа жетсең, өлмейсің деген сөздермен аттандырып салды.
Балжан сол бұрынғы кызметінде көрінеді — сиыр фермасының меңгерушісі. Ысқақты осы қыста еңбек армиясына әкетіпті. Ғалия колхозда кассир болып істейді дейді.
Мұндағылардың аузынан білгенім осылар.
Meн енді ойға қалып келемін. Жалаңаштан ар қарай Балжандарға барам ба? Жоқ па? Осыны шеше алмаймын. Барсам өз үйіме келгендей болар едім. Ендігі жол азабынан, аштықтан құтылар едім. Олар мені төбелеріне көтеріп алатыны даусыз.
Ең бастысы Ғалиямды көріп, біраз күн онымен бірге болам. Бұның бәрі жақсы-ау. Сонда енді баруыма ие бөгет деп сұрамақсыз ғой. Бөгет бар, мықты бөгет. Ол әлгі намысқойлығым.
Жерден шыққандай боп, жұрттың зәресін алып, қалай жетіп барам?
Міне мен Жалаңаштамын. Балжанның жақын туыстары табыла кетті. Солардың біреуінің үйінен шай іштім. Меніңкі екенім оларға мәлім болды.
Әлгі үйдегі жас келіншек даладан қуанып жүгіріп кірді:
— Бір машина «Ақжолға» барады екен. Мен тоқтаттым. Сонымен кетсең, Балжанның тура үйіне апарады.
Токта, ойланайын деп қалай айтайын. Дорбамды көтеріп, тысқа шықтым. Бензин таситын машина екен. Шофердың жалғыз өзі. Кабинаға отырдым да, тартып отырдым.
Оным ыю-қию, сезімім әңкі-тәңкі.
Мынау міне баяғы өзіме таныс, езім бір емес екі рет келген «Ақжол». Ғалияның ауылы. Машина колхоз қамбасының алдына тоқтады.
Мынау өзіме таныс Балжан үйі. Қазір Ғалиямен кездесем-ау дегенде, жүрегім толқып, бойым шымырлап келеді.
Тағы да бөтен адамдар.
Балжандар мұнда емес екен. Жоғары сайда фермада. Былтырғы орындарында дейді. Оны да өзім білемін. Былтыр ФЗО-ға кетіп бара жатып келіп қонбап па едім.
Сайды өрлеп жаяу тартып жөнелдім.
Ауылдан былай таман шыққан соң жолдан бұрылып, әлі де болса ойланып-толғануға әдейі елсізбен келе жатырмын. Жол үстінде біреу-міреу кездесуі, тіпті Балжан мен Ғалияның бірі кездесіп қалуы ықтимал.
Фермадағы ауылды сыртынан шолып, қарап алып, барар-бармасымды содан соң шешпекшімін.
Барсам, қалай барам?
Үркердей боп шоғырланған фермалы ауыл бір кезде табанымның астынан жарқ ете қалды. Сол ел алты-жеті мықыр жаппа, бір ғана киіз үй Балжанның үйі.
Жер шолып, ел торыған ұры тәріздімін. Биік дөңнің үстінен бұғыншақтап қараймын.
Қазір түс ауып қалған. Ферма басы тыныш. Жаппалардан кіріп-шыққан бірлі-жарым әйелдер, бала-шағалар байқалады. Бірақ дәл қарадан олардың кімдер екенін жыға тану қиын.
Менің көзім үйде, Балжан үйінде. Ешкім шықпайды, ешкім кірмейді, тым-тырыс.
Адам жоқ болуы ықтимал.
Ғалияны кассир деп еді ғой, мүмкін, кеңседе кызметінде шығар. Балжан да жалпиып қазан бағып отырған әйел емес, бір жаққа шаруа қамымен кеткен болар.
Кали қайда екен? Залым Қали..,
Қалиға деген өшпенділігім өлі де айықпаған.
Не істеймін? Барам ба Балжан үйіне, бармаймын ба?
Барам ба, бармаймын ба?
Ойлап-ойлап келдім де, кешке қараңғы түсе бармақ болдым. Күндіз жетіп баруға бетім шыдайтын емес, Қараңғыда барсам, тым құрса, былайғы жұрт байқамай қалады ғой.
Оған дейін осы кең далада, елсізде аунап-қунап, уақыт өткізбекпін.
...Соғыстың алдында, 1940 жылдың күзінде күн тұтылғаны есімде. Жер-дүние қап-қараңғы болды да кетті.
Міне, сондай болып дәл қазір аяқ астынан күн тұтылса. Айсыз қараңғы түнге айналса. Онда мен Балжан үйіне батыл жетіп барар едім.
— Амансыздар ма?
— Аманбыз. Бұл кім келген?
— Meн ғой, Еркінмін.
— Қай Еркін?
— Еркін Мамырбаев, Сәрсебектің інісі,
— Еркін!
— Ғалия
Түрімнің албастыдай екенін қараңғыда қайдан біледі...
Шіркін, жер бетінде тек түн ғана болса. Адамдар тас қараңғы түнекте өмір сүрсе. Біреудің арық, біреудің семіз екені, біреудің киімі бүтін, біреудің киімі жыртық екені сонда байқалмас еді ғой.
Біреу өзін артық санап, мақтанбас еді. Енді біреу кемдігіне қорланып, күйзелмес еді.
Түн қойнында, түн құшағында бар адам бірдей болып теңелер еді.
О, түн! Қара түн! Meн тәрізді түрінен адам шошитын сорлыларға неге бүркеніш болмайсың?!
Әлгі арадан сәл былайырақ арықта сыбдырап ағып жатқан мөлдір су бар екен. Соған беті-қолымды жуған болып жатырмын. Ғалияға, мүмкін болғанынша тазарып бармақшымын. Бірақ сабынсыз жуынғанға тазарғысы келетін қол байқалмайды.
Құммен ысып жуам деп, қолымның сыртын тырнатып қанатып алдым.
Құм ыдыс жууға жарағанмен, беті-қолды жууға жарамсыз екен деген қорытынды жасадым.
Шіркін, бір айна болып түр-түсіме бір шолып қарап өтсем күнә болмас еді. Мұндай жерде айна табылар ма. Айна орнына суға еңкейіп қараймын. Су түбінен өзімнің самай шашым өсіп, құлағын жауып кеткен ұсқынсыз арық бейнемді көрем.
Су — айна дір-дір етіп, онсыз да оңып тұрмаған түр-тұрпатымды одан бетер мазақтап, бұзып көрсетеді.
Парктерде болатын күлдіргі айнаның алдында тұрғандаймын.
Кеш те түсті, көз байланайын деп қалды. Мен бұл кезде дөңнің ең биік төбесінде, бір түп шиді паналап, етпетімнен түсіп жатырмын. Екі кезім табаным астындағы сиырлы ауылда. Екі кештің арасында қарбаласып сиыр сауып жатқан сауыншыларда.
Қас қарая түсуін тосып және біраз жаттым,
Miнe, ферманы төмен жағынан орағытып, дыбысымды білдірмей келе жатырмын. Ешкімнің кезіне, шалынбай, иттерді шулатпай, киіз үйге зып беріп кіріп кеткенше асықпын. Бұл кезде киіз үйдің ішінде жарық бар.
Малды ауылдың иттері сақ келетіні белгілі, көлеңкедей қозғалып, ешқандай дыбыс бермей жеткенім соншалық, солардың өзі сезбей қалды.
Жүрегім кеудеме сыймайды, апай-топай.
Есік түсірулі, бір шетінеп ұстап, тез аштым да, ұрыдай сумаң етіп кіріп келдім.
Қазандықтың, астында маздап жанған от, үйдің іші жап-жарық. Ғалия мен Қали бар екен.
Қали төрге таман, құрым киіздің үстінде отқа қыздырынып отыр да Ғалия өреше жақта түрегеп тұр. Сол бұрынғы мен білетін әсем Ғалия. Желкесінен келтіре дөңгелентіп қиып қоятын шашы ғана ұзарып өсіп, иығына түсетін бопты.
Ғалия да, Қали да маған бажырайып қарап қалыпты. Аузыма сөз түспей, мендағы сілейіп тұрмын.
Кенет Ғалия жалт бұрылды да, сыртқа атып шықты.
Сиыр сауып жатқандар үйдің дәл іргесінде. Ғалия солай қарай кетіп барады.
— Aпa, әй aпa? — деді.
— О не? — деп, жауап қатқан Балжанның үні естілді. Тыстағы сөйлеген сөз киіз үйдің ішіме бөгеліссіз жетеді.
Апа, үйге бір қайыршы бала кіріп кетті, — деді, Ғалия мемі танымаған екен.
Төбемнен бақанмен салып жібергендей болдым.
Бұл сөзді естігенше, жерге батып жоғалғаным артық еді. Не өлі, не тірі емеспін, қалшиып қаттым да қалдым.
О кім, түнделетіп қайыр тілеп жүрген қандай адам? — деп Балжанның келе жатқан дыбысы естіледі.
Үйге әуелі Балжан кірді, соңында Ғалия.
Амансыз ба, бұл мен ғой, — деп күлімсіреп, жөн айтқан болып жатырмын. Балжан да танымады. Сырттан өңін суыта келген қалпымен:
— Кімсің? — деді.
— Еркінмін ғой...
— Қай Еркін?
— Сәрсебектің інісі.
Шешесінің артына таман тұрған Ғалия аса бір жат дауыспен:
— Еркін! — деп шыңғырып жіберді.
41
«Үйге бір қайыршы бала кіріп кетті!»
Ғалияның аузымен айтылған бұл қорлық сөз — шемен боп жүрегімде байланды да қалды. Енді оны балталап алып тастау мүмкін емес. Ғалия менің қазіргі шын халімді туралап, көзге шұқып айтқандай еді.
Шоқ, шоқ! Өзіме де сол керек. Осында coл сөзді есту үшін келген екенмін ғой.
Таңертең Балжан маған біраз дені дұрыс киімдер берді. ЬІсқақтың киімдері, кең. Онысына қарауға, киім таңдауға — менде қазір шама бар ма. Рахмет .айтып, ;киіп алдым.
Ысқақтың бұзаубас ауыр жұмыскер етігінен .ғана бас тарттым. Аяғыма іліп, көтеріп жүре алатын емеспін. Және дұрыс келсін десем — әр аяғыма ең кемі, бес .метрдей шұлғау шұлғануым керек. Ағаш табан бәтіңкемнің .саудасы біткен болатын. Етіктен бас тартқан соң Балжан лайықты өзге нәрсе қарастырып, таба алмады. Қонышы балтырға жететін өзінің ескілеу әйел бәтіңкесі бар екен, түсі күрең. Жалаң аяқ қалай жүрмексің, мынаны да болса киесің бе деп, соны ұсынды.
Бітім-сәні әйелге арнап тігілген киімді еркектің киіп жүруі сөлекет. Сонда да болса, лажсыздықтың салдарынан әлгі бәтіңкені киіп көріп жатырмын. Аяғыма шап-шақ, жеп -жеңіл. Сұлуынан жылуы дедім де, тәуекел деп, киін алдым. Отырған кезде болмаса, әйел бәтіңкесі екені түрегеп жүргенде шалбардың балағының ішінен .онша байқалмайтын тәрізді.
Ғалияның. бетіне қарағым.келмейді.
Ол да маған біртүрлі селқос, үйір-шүйір, жарқын қабақ көрсетпейді. Менің мұндай нашар халде келуімнен шошынатын тәрізді.
Жоқ әлде мені танымай қап, кеше әлгі қорлап айтқан сөз үшін күйзеле ме?
Әйтеуір, қалай болғанда да, Ғалия маған бұрынғыдай емес. Өзгерген. Жат болған.
Бұрынғы достықты ұмытқан. Үйде екеуден екеу оңаша қалсақ Ғалия менен үркіп тұратын тәрізді. Бір ауыз тіл қатқысы келмейді. Бойын аулақ ұстайды.
Балжан үйіне кісі көп келеді Әр алуан адамдар келіп, кетіп жатады. Кім келсе де сал ауру тәрізденіп отырған маған бірден назар аударады.
Балжаннан мына бала кім, неге бұлай деп сұрай бастайды.
Маған бұл ұнамайды.
Сондықтан да мен үйде көп болмауға тырысамын. Сыртта жүрем. Ферма басынан аулаққа, жұрт көзінен тасаға қыдырып кетем.
Табиғат анам мынау неге бұлай деп сұрамайды, жатсынбайды. Қойнын ашып кел, кел деп, шақырып, тұрады.
Қыдырыстап жүре-жүре, тауға дейін барам. Сайдың бергі аузында итмұрын, қарақат, ұшқат тәрізді жемісті бұталар өседі. Бұл кезде жеміс қайдан болсын, баяғыда пісіп, ағып кеткен. Азын аулақ кепкендері ғана сақталған. Қақ болып кепкен жемістерді уысым толғанша теріп алып, жеймін.
Қапас маған. бір нәрсені мықтап үйретті. Ол жер бетінде адамға: азық болатын тамақтық заттың соншалық көп екендігі. Әр алуан нәрлі шөптер, шөптің тамырлары, жуалар, жеуге. жарайтын жапырақтар, бұталардың басында, ағашта өсетін әр қилы жемістер, саңырауқұлақтар,бүлдіргендер, — осының бәр-бәрі көл-көсір тамақ емес пе?
Судағы балықтар?
Ұшып жүрген алуан құстар?
Аңдармен жәндіктер?
Не деген мол дүние! Не деген ұшан-теңіз зор байлық. Мұншама дарқан байлықты белшеден кешіп жүріп, адамның неге аш болатынына мен қазір түсінбеймін.
Ал басы бос адамның аш болуы ақылға сыймайтын іс.
Маған осы кезде қолыма бір сүйем үшкір темір беріп, басқа ешқандай: қару-құрал бермей, орманға қуып жіберсе, өлмес едім, жанымды баққан болар едім деп ойлаймын.
Бір күні таңертеңгі шайдай кейін қыдырыстап тауға кеттім. Түс қайта үйге қайттым. Тағы да бір шай ішер кез болғанын асқазаным есіме салып келеді.
Meн дөңнің үстімен келе жатыр. едім. Қабақтан, сиырлы ауылдың дәл төбесінен қылт ете қалдым:
Тоқта! Өз үйлерінің есігінің алдында Ғалия салт атты біреумен қылжақтасып, ойнап тұр.
Мен оларға өзімді байқатпас үшін еңкейіп отыра қалдым. Тышқан аңдыған мысық тәріздімін. Иә, қайтер екен?
Екеуінің қылығы нағыз қылжақ.
Салт аттының үстінде шинель, басы жалаң бас. Еңкейіп, шалқайғанда, шашы желп-желп етеді.
Енді байқадым, оның кепкасы Ғалияның артқа ұстаған қолында екен, Ғалия бермей тұр. Анау еңкейіп алмақ болғанмен ала алмайды. Жігіт өтімдірек қимылдап бара жатса, Ғалия серпіле қашып, үйдің ашық тұрған есігіне кіріңкіреп кетеді, сосын қайта шығады.
Кепкасын бере салса, анау кетер еді, бірақ Ғалия бере салмайды, әдейі кетірмейді.
Жігітті қылжаққа өзі шақырады.
Е, Ғалияның өзгере қалу себебін мен енді білдім, енді түсіндім. Бәсе, бұл маған неге жат бауыр болады деп таңырқап едім. Мен азап шегіп жүрген бір жылдың ішінде ол рақат шегіп жүрген екен ғой.
Әскерден қайтқан жігіттермен қылжақтасуды білген екен ғой.
Кеудем отқа толып барады — қызғаныш. оты.
Балжан қазір, сірә, үйде жоқ-ау, Ол болса, мыналар есіктің дәл көзінде бүйтіп тұрмас еді.
Қали қайда? Оу, пәле бала, әпкеңді кім көрінгенмен жыртақтатып қойып, қайда қаңғып кетті екенсің! Мені Ғалияның қасына жолатпайтын едің? Мынауың не енді? Көзіңді шел басты ма, мыналарды кермей?
Анау ақ бақанды қолыңа неге алмайсың? Мынау жүгенсіз кеткен жігіттің атының басына құлаштап тұрып неге салмайсың! О, елік Қали!
Бұдан да өлсең етті!
Ат үстіндегі жігіт бір кезде шап беріп, Ғалияның білегінен ұстап алды. Ғалия торға түскен қояндай тыпырлап бұлқынып жүр, бірақ босана алмайды. Ана пәле тағы да жармасып, жіберетін емес. Талдырмаш денесі жыланша бұратылып, шиыршық атады, ат үстінен құлай жаздап созылып, пружинадай серпіліп, бұрынғы қалыбына кайта кайтып келеді.
Ғалиядан айырылмайды.
Бір кезде ол Ғалияны өзіне қарай күшпен тартып алды да, бетінен зорлап сүйе бастады. Тапайдың тал түсінде біреу-міреу көреді-ау деп именбейді. Ғалия басын олай-былай алып қашқан болады. Сықылықтап күле береді.
Анау Ғалияны сүйіп-сүйіп алды да, жібере салды. Ғалия сонда да кететін емес. Ұйпа-тұйпа болған шаштарын түзейді де, ойыны қанбаған балаша, ат үстіндегі жігітке кайта ұмтылады . Әттең, мылтығым болар ма еді. Ойланбастан, екеуін екі басып сулатар ем. Үшінші оқты өзіме жұмсар едім.
Сонымен бұл драма трагедияға айналып бітер еді.
42
Мен өлуге бел байладым.
Өмір сүрудің мен үшін ешқандай да қызығы қалмаған тәрізді.
Бір қорлықтан соң бір қорлық бір күйініштен соң және бір күйініш. Төзе алатын емеспін. Бүйтіп адам боп, жер басып жүргеннен де, өлген артық.
Ғалияның мендік емес екеніне көзім анық жетті. Менің оған түкке де қажетім жоқ. Жатпын, бөтенмін.
Ол енді мені сүймейді.
Керек десең, бір ауыз сөйлескісі келмейді.
Мен осының бәріне төзуім керек пе? Жоқ, төзе алмаймын, өлемін!
Өзімді жұрттың қоры санап жүре алмаймын!
Ауылға барғанмен де табатын қызығым шамалы ғой. Не қызық табам? Нұрәліге көз түрткі, тәуелді болармын, сол ма? Мен бір нәрсеге қатты өкінемін. Қап деп, бармағымды тістеймін.
Өмір бойы өкініп өтуімде дау жоқ.
Ол — былтыр ФЗО-ға кетіп бара жатқанда осында келіп қонуым, сол түннің оқиғасы.
Қали қорылдап ұйықтап қалған соң, Ғалия менің еркімде еді ғой. Мен сол мүмкіншілікті пайдалана алмадым.
Ит үрді, Балжан келіп қалды.
Енді ойласам, ит боппын. Ақымақ боппын. Балжан келгенге дейін де аз уақыт өткен жоқ еді.
Иә, өкініш! Орны толмас зор өкініш.
Сол түні Ғалияға өктемдік жасай білгенімде, ол бүгін менен теріс айналып, жат қабақ көрсетер ме еді?
Менің ұпайым түгел болмас па еді?
Шіркін-ай, сол түн тағы да қайталанса!
Қайталанар, бірақ мен үшін қайталанбас...
Маған өлгеннен басқа жол жоқ.
Үйге бармай, қайтадан тауға келе жатырмын, қалай өлсем екен?
Шіркін, жақын маңда ағып жатқан терең су болар ма еді. Мойныма ауыр бір затты, айталық, добалдай тасты байлап алып, қойсам да кетсем. Болды, бітті. Су беті шымыр-шымыр қайнайды да, жым болады. Мен де жым болам.
Су түгілі бұл маңайда құдық та жоқ.
Қарағайдың бұтағына белбеуімді байлап, асылын өлсем бе екен? Бұл ыңғайсыз, салбырап тұрған жерімнен жұрт оңай тауып алады. Масқара өлімім бүкіл елге әйгілі болады.
Жұрт ештеңе білмейтіндей, өлігіңді таба алмайтындай болып өлсең.
Тағы да тауға келдім. Жоғарырақ барып, биік жартастардың біреуінің басынан құлап өлмекшімін.
Қапталдағы соқпақ жолмен өрлеп келе жатырмын.
Әне, әне бір тастың басынан секірсем. Аяқ жағым шыңырау құз, түгім қалмайды. Ешкім биік құздан азаптанып түсіп, менің мылжа-мылжа өлігімді іздеп таппайды. Мықтаса, бір-екі күн осы арада аспанда шулап құзғын ұшып жүреді. Оңай азық табылғанға қуанып, той жасайды.
Көздеген жеріме жетіп, биік тастың басына шығып тұрмын. Астым үңірейген құз жар. Япырмай, мынадан құлау деген қандай қорқынышты. Анау дөңбектей қара тастардың біреуінің үстіне барып түседі екем. Түгім қалмайтыны даусыз.
Не істеймін, өлем бе? Жоқ әлде қоя тұрам ба? Ауылға барып, сағынған шешемді, жеңгемді көріп, содан соң өлсем?
Дәл төбемде, сонау заңғар биікте жападан-жалғыз түз қыраны қалықтап ұшады. Көк қожасы, көк тәңірісі бір өзім, менімен теңесер кім бар дегендей биіктің биігіне шырқап шығып алған. Қара кұстай қалбақтап канат қағу дегенді білмейді.
Бір шеңбердің бойымен жұлдыздай зулап ағады. Таудың өзі түстес қарасұр шоқы шыңдарымен деңгейлескен кезде сіңісіп көрінбей кетеді. Сосын екінші жақтан көк айдынның бетіне зу етіп және шыға келеді. О, шіркін, өмір деп, еркіндік деп міне осынікін айт.
Егер қанатым боп, құдіретім жетсе, мен де заңғар көкке шығып алар ем. Мынау азабы, былығы көп дүниемен біржолата хош айтысып, кетер ем. Неше түрлі елдердің үстінде қалықтап ұшып жүрер едім.
Кенет өр жағымнан бірдеңе тысыр еткендей болды. Селк етіп, мойнымды бұрып қарадым. Ат тұяғының тысыры. Қаптал жолмен біреулер келе жатыр. Әне, ат пысқырды.
Бұрылыстан әуелі екі аттың басы, одан соң басқа денелері көрінді. Ат жетелеген қартаң адам.
Мен жолдың шетінде тұрмын.
Міне ол жақын келіп қалды. Мінгені биік көк ат, жетегінде ерттеулі, құлынды қара кер бие. Ат жетелеуші маған жылы ұшырап барады — Дүйсекең? Біздің ауылдағы почта таситын Дүйсенбай қарт.
— Салаумалейком!
— Әлеки салам, о балам, қай ауылдың баласы боласың?
— Дүйсеке, мен Еркінмін ғой.
— Еркін!
Дүйсекең екеуміз мәре-сәре табысып жатырмыз.
Дүйсекеңнің сонау Тұйықтан маған ат алып келе жатқан беті екен. (Мен мұнда екенімді үйге телеграмма беріп, хабарлағам).
Өлім енді жайына қала тұрды.
— Балам-ау, жападан-жалғыз бұл арада неғып жүрсің? — дейді Дүйсекең. Өлгелі жүр едім деп қалай айтайын.
— Жай, бой жазып, қыдырып жүргенім ғой, — дей салдым.
Дүйсекең екеуміз фермаға Балжан үйіне келдік. Бүгін аттарды тынықтырып, осында боламыз. Ертең амандық болса, таңертең жолға шығамыз.
Үйде Ғалия ғана.
Ол бізге шай қойып берді. Үшеуміз шай ішіп отырмыз. Ғалияның сол бейқам салқын қалпы. Өзінше мені ештеңе көрген жоқ, ештеңе білмейді деп ойлайды.
Ғалияның қолынан мен шай емес, у ішіп отырмын.
Иә, таңертең кетем. Ғалия қалады. Енді кайтып Ғалияны көрмеймін, хат та жазыса алмаймын.
Бәрі бітті, сенді...
Манағы ат үстіндегі шашы желп-желп еткен жігіт қалады. Ол Ғалияға әлі талай келеді, талай қылжақтасады.
Шай соңынан Дүйсенбай сыртқа шығып кетті. Ғалия ыдыс-аяқ жинап, өрешенің маңында жүр.
Үйде екеуміз ғанамыз.
Ең соңғы бірме-бір оңаша сәт. Бірдеңе айтып қалуға, сөйлесуге болатын ең соңғы мүмкіндік осы. Бұдан соң мұндай мүмкіндік ешуақытта болмайды.
Мен орнымнан тұрып, есіктің алдына таман келдім. Сырт жақты бір көзіммен бақылай тұрып:
— Ғалия, — дедім.
Арт жағынан тарс етін мылтық атылғандай Ғалия селк ете қалды. Маған жалт бұрылып қарады. Әлі бір ғана сөзді айтуым мұң екен, неге екенін білмеймін, көңілім босап жүре бергені.
— Ғалия, сен неге...
Осыны айтуға шамам әрең келді, үнсіз егіліп, жылап жібердім.
Ғалияның жүзіне лықсып қаны теуіп, қып-қызыл болып кетті.
— Еркін, жыламашы, неге жылайсың? — деді.
Жыламашы деген сөз көңілімді одан бетер босатты.
— Еркін...
— Мен бағана бәрін де көріп тұрдым...
— Нені керіп тұрдың?
Осы кезде үй сыртынан Дүйсенбайдың:
— Ерке-ең аттарды отқа қояйық, — деп дауыстаған үні естілді. Көз жасымды жеңіме апыл-ғұпыл сүрттім де, сыртқа шықтым.
Ғалиямен бар тілдескенім әлгі болды.
43
Біз атқа ерте қондық.
Күн бүгін бұлыңғыр, көңілсіз. Аспанда беймаза шулап, қарқ-қарқ етіп, тобымен құйғытып ұшқан қарғалар. Тегіннен-тегін ұшып жүрген жоқ, ауа райы бұзылатынын хабарлап, белгі беріп жүр. Дүйсекең кәрі көзін сығырайтып, қарғаларға ұнатпаған қабақпен қарайды.
Дүйсекеңнің астындағы жалы шошқаның жалындай күжірейген күйлі қара көк ат оның жекеменшігі. Мем ес білгелі бері бұл адамды осы көк аттың үстінде көрем. Не қыста, не жазда бір түспейді.
Мен ес білгелі Дүйсекең осы өз атымен колхоздың почтасын тасиды.
Мен ес білген кезде Дүйсекең осындай шал еді, көк ат жалы күжірейген үлкен ат еді. Әлі де сол.
Мен атты да, Дүйсекеңді де ылғи бір қалыпта көрем.
Бір ғажабы, жылына он екі ай мініліп жүрсе-дағы көк аттың жалы қисаймайды, қоңы ортаймайды. Дүйсекең қандай тың, қунақ болса, көк ат та, әменде, сондай тың, қунақ.
Дүйсекең өзін қалай күтсе, көк атты солай күтеді.
Тіпті атын өзінен асырып күтеді. Өзі аш қалуға бар, ал көк аттың қарнын ешуақытта ортайтпайды.
Көк аттың қыстай жеп шығатыны көк жоңышқа, жем. Дүйсекең жонышқаны жазда егін-егіннің арасындағы арықтың жағасынан орып, жинап алады.
Жемді таппайтын жерден табады.
Ұнның кебегі, дастарқандағы тамақтың қалдығы, қазанның қырындысы, аршылған картоптың қабығы тәрізді нәрселердің Дүйсекең үйінде бір түйірі босқа тасталмайды. Арпаға, сұлыға қосылып, көк атқа жем боп жатады.
Ат иесінің жасы бұл күнде жетпісті алқымдаған, сонда да болса, тың. Тек үстіндегі киімі ғана бұрынғыдай емес, жүдеу. Бұл Дүйсекеңнің ұқыпсыздығынан емес, соғыс уақытының тапшылығынан. Әйтпесе, бұл кісі бір басын күте білетін жинақы адам.
Көк аттың қалып алған қатты аяқ жүрісі бар, біз соңымен келе жатырмыз. Қаракер бие аяңымен кейде ілесіп, кейде ілесе алмай, бүлкең-бүлкең желеді. Бірақ желісі түйгіштеп, шек-қарынды үзіп жібере жаздайтын қатты желіс емес, жағымды майда желіс.
Ұзақ жолдың үстінде Дүйсекең ауыл-аймақ жаңалықтарынан көп-көп әңгіме айтып, сусындатып тастады.
Араға бір қонып, ертесінде кешқұрым Тұйыққа келіп те қалдық.
44
О, туған жер! Сені де көретін күн болады екен-ау!
Тұйыққа көз байланған қараңғы кезде келдік. Жұрт байқай қоймайтын елеусіз кезде келгенімізге мен өте қуанышты едім. О, жұртым, армысыңдар! Мінекей, мен келдім деп, қасқайып жар салып келетіндей менде түр бар ма, абырой бар ма?
Мынау міне туған ауылдың көшесі. Қалбиған қараша там үйлер көзіме оттай басылады. Мынау алдымыздағы біздің үй. Әкем салған өз үйім, өз босағам. Төр үйдің терезесі қараңғы да, ауыз үйде солғын қызғылт жарық бар. Жүрек шіркін еріп, балқып, бірдеңе боп барады.
Есіктің дәл кезіне келіп, аттан түсіп жатырмыз. Сол уақытта есік ашылды. Жауырыны шодырайған ұсқынсыз арық кемпір көрінді. Менің шешеме әрі ұқсайды, әрі ұқсамайды.
— Апа!
— Еркін! Қоз-е-е-мм!..
Шешем ойбаймен кеп бассалды.
Сағынысқан құшақтар айқасып, қатты да қалды.
Анам, асыл анам! Сағындым-ау, аяулым!
Шешемді құшақтап тұрып байқағаным бойы бұрынғысынан кішірейіп, өзі сұмдық жүдеп кеткен. Бұрында ілбиген қу жаны еді, қазір енді сүйектерін бір-бірлеп киімінің сыртынан санап алғандай.
Бір кезде анамды құшағымнан босатайын десем, сылқ етіп құлап барады. Шап беріп, әрең ұстап қалдым. Сөйтсем, талықсып шала өлік боп, мені сүйеніш етіп әзер тұр.
Шешемді Дүйсекең екеуміз екеулеп сүйемелеп, үйге кіргіздік. Төсекке жатқызып қойдық.
Қайран ғана апатайым, жарықта түр-түсін анықтап байқап, шошып кеттім — түрмеден келген менен де жаман. Қараймын да егіліп, бассаламын. Қараймын да егіліп, бассаламын.
Құшақтасам, құшағыма толмайды — бір уыс.
Бұл кезде маңайдағы үйлерден жүгіріп бала-шаға, әйелдер келіп қалды. Біреулер шешемнің орамалын ағытып, бетіне суық су бүркіп жатыр.
Қаныша жеңгем көрінбейді.
— Жеңгем қайда?
Дәл осы кезде мойны-басын киіздей қалын қара орамалмен орап, байлап алған, бұтына еркектің галифе шалбарын киген бір қара әйел есіктен ентігіп кіріп келе жатты. Маған оның жүріс қимылы мен от шашқан жігерлі көздері ғана таныс.
Күлімсіреуі таныс .
Есіктен шат-шадыман жайнап кірген жеңгем ол дағы мені өкіріп жылап келіп бассалды...
О, алтын жеңгем, аяулым! Не боп кеткенсің сен-дағы!
Жыласып-сықтасып болып, жасқа шыланған көздерімізбен біреумізге біреуміз қараймыз. Мен оған, ол маған таңырқаулымыз. Құдай біледі, мына киім, мына түрмен жеңгемді басқа жерде кезіктірсем, танымай қалуым даусыз. Кешегі өзім білетін, қаладан келген, аршыған жауқазындай Қаныша сылқым бұл емес. Беті-қолы тілім-тілім жарылған, үстіне не болса, соны киген.
Бірімізді біріміз көрмеген бір жылдан аса уақыттың ішінде жеңгемнің басынан аз азап кешпегені бет-жүзінде сайрап, жазулы тұр.
Өңі ұсталған ақшадай көне тартып, маңдайына қатарынан екі әжім сызығы түсіп қапты.
Қаныша жеңгем көзінің жасын жеңіне, көйлегінің кір-кір етегіне сүртіп отыр. Маған бұл да жат. Кешегі мұғалима Қанышада мұңдай әдет болмайтын, оның қалтасынан тап-таза кішкентай қол орамалы түспейтін...
Жеңешетайым-ау, кім боп кеткенсің!
Түннің көп уақытына дейін біз ұйқыға жатпадық. Бірімізден біріміз адасып қап, әр қиырдан әрең келіп табысқан жандармыз. Кеудемізді кернеген мұң, зарымыз да, сағынышымыз да көп екен. Соны қанша ағытып ақтарғанмен тауыса алатын емеспіз.
Менің бастан кешкендерім шешем мен жеңгем үшін ғажайып ертегі тәрізді. Ауыздарын ашып, жандары керемет күйзеліп тыңдайды. Ал олардың бастан кешкендері мені күйзелтеді.
Киім-кешектері тозып біткен,. адал етті малдан бір сиырдан өзге ештеңе де қалмаған.
Жеңгем колхозда жұмыс істейді екен, істемеске шарасы жоқ.
— Екі етегімді беліме түріп алып, қалаға тартып отыруға талай.оқталдым. Бір заводқа жұмысшы болып кірсем де өлмес едім. Жанымды бұндағыдан жақсырақ. бағар едім. Бірақ жіпсіз тұсалып, кете алмадым, — дейді жеңгем.
Қандай тұсаулар, екені белгілі. Сәрсебектің отын өшіріп қалай кетсін? — Өлмелі кемпірді қайда тастап кетеді?
Қаныша жеңгем неге де болса шыдап, ақырын күтуге белді бекем байлаған, Ол осы кезде шарбақты өгіз арбамен базға шөп тасиды екен. Адам көнбейтін, адам,үйренбейтін не бар десеңізші.
45
Елдің халі жүдеу
Тым жүдеу.
Кешегі тыныштылық кезде қолдың саласындай болып, көшеге сыймай жүретін жігіт-бозбалалар қазір көрінбейді. Бәрі дерлік әскерде. Қайтқандары аз.
Cay кетіп, ақсақ-тоқсақ мүгедек болып қайтқандар.
Ауылда бұралқы иттер көбейген. Адам тұрмайтын жаман тамдарды мекендеген кісі көрсе безіп жөнелетін жабайыланған мысықтар пайда болған.
Есіктерінің алдына қазан асып, жалындатып арпа,бидай қуырып, келіп тулап жатқандар.
Майданнан қара қағаз алып, боздап қалған үйлер де аз? емес екен.
Колхоздағы жұмыстың бар ауыртпалығын әйелдер мен қарттар, жас балалар көтеретін болған.
Әсіресе; әйелдер Менің Қаныша жеңгем тәрізді жас келіншектер.
Әйел затын, жалпы, нәзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы; көнбісе әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын:
Еркектер зорығып өлетін ауыр жұмыстарды бұл күнде қынқ деместен әйелдер атқарып жүр. Оның сыртында, үй ішінің тіршілігін істейді, бала өсіреді, кәрі ата-енелерін күтеді.
Құдай біледі, еркек бұған төзбеген болар еді.
Соғыс бітуге соғыс болса біреуге ырыс.
Нұрәлі, Жүністер үшін ырыс:
Басқарма мен бас бухгалтер екеулері бұл күнде көкте құдай, жерде өкімет бар екенін мүлдем ұмытқан. Колхоздың қоң ет, майлы сүбесіне тұмсықтарын қадап қойып, сорып жатқан сүліктер. Екеуі де әбден байып алған, Дүние, мүлікті бірі мен бірі жарысып, бәсекелесіп жинайтын болған. Шаладан Нұрәлі кілем сатып әкелсе, Жүністе кілем сатып әкеледі. Нұрәлі кілем сатып әкелсе, Жүніс те соны әкетеді.
Нұрәлі генерал пальто алып кисе, Жүніс, тым құрығанда, генерал костюм алып киеді.
Екі қорқау сен көп жейсің бе, мен көп жеймін бе деп қомағай жарысқа түскен.
Жемқорлығы жағынан біреуінен біреуі қалыспаса да, көзге көбірек түсетіні Нұрәлі. Жүніс айламен бүркеңкіреп жейді де, Нұрәлі ашық асайды.
Нұрәліде бұл күнде атақ та, абырой да жетерлік. Аудан көлемінде ең мықты, ең азулы председательдердің бірі .болып саналады екен. Басшылардың алдында беделді. Пленум, конференцияларда ылғи мақталады, газет ылғи мақтап жазады.
Miнe сондықтан да ауылда Нұрәлінің бетіне тіке келер бір жан жоқ. Ар жақтарынан атарға оқтары болмай тұрса да, Құреке. Нұреке, деп, алдында құрдан жорғалайды.
Егер көкте құдай бары рас болса, Тұйықтың халқы үшін жол құдай Нұрәлі. Жерде өкімет бары рас болса, ол да Нұрәлі.
Нұрәлісіз Тұйықта таң атып, күн шықпайды.
Нұрәлі осы көктемде жүз мың сомның соғыс заемына жазылған. Жүніс елу мың сомға жазылған.
Бұл оларға атақ үшін қажет.
Бәрі бір өз қалталарынан төлемейді, колхоздың қойы мен майын сатып төлейді.
Өзге жұрт жан баға алмай отырған кезде Нұрәлі ауылдың бас жағынан оңаша дөңес жерден төрт бөлме етіп, шатырлап жаңа үй тұрғызып жатыр. Қалауы, ішкі-тысқы сылағы түгел біткен. :Пеш салу, еден төсеу, есік-терезе орнату ғана қалған. Ауылдағы ең биік, ең әдемі үй болмақ.
Ол үй бітіп, дайын болған кезде хозяйкасы кім болады?
Сәуле бола ма? Әй қайдам. Сәуленің талма ауруы соңғы уақытта асқынып кеткен. Кәдімгі жындыға айналған. Нұрәлі оны Шелекке бақсыға апарып тастапты. Сауығып келе ме, не болады?
Үйде бір жетідей тынықтым да, ауданға келдім. Милиция мен военкоматқа есепке отыруым, паспорт алуым қажет. Кешіктіре беруге болмайды, соғыс уақытының заң — тәртібі қатал.
Запы болып қалғандықтан да, Милиция кеңсесі жаққа жолағым келмейді. Барсам, ұстап алады да қамап қоятындай жүрегім дүрс-дүрс етеді.
Паспорт столының кішкентай ойық терезесінен жүрексіне сығалап қараймын. Қандай адам отырғанын байқамақпын. Сөйтсем, бір кезде осындағы мектепте өзіме орыс тілінен сабақ берген Нағима дейтін әйел бар еді, сол отыр.Көңілім жадырап, жылып қоя берді.
— Тәтей, амансыз ба?
Нағима мені танымай барып, әзер таныды.
— Қайдан жүрсің? Не боп кеткенсің? — деп, сұрап жатыр.
Meн қысқашалап жай-жағдайымды айттым. Енді паспорт алуым қажет, түрмеден босаған куәлігімді көрсеттім.
— Тоқта... тоқта... Сен бұрын осында жүргенде паспорт алған ба едің?
— Алғам.
— Ол паспортың қайда?
ФЗО-ға кетіп бара жатып, жолда, Петропавлда ұрлатып алғанымды айттым.
Нағима сол жағында қасында тұрған үлкен сейфтің астыңғы бөлегін ашты да, бір паспорт, бір комсомолдық билет алып шықты. Екеуін де әуелі өзі оқып, қарап алды. Содан соң маған ұсынды:
Мыналар емес пе?
О ғажап! Баяғы сол менің паспортым! Менің комсомолдық билетім! Еш жеріне дақ түспеген. Комсомолдық билеттің арасында Ғалияның маған сыйлаған кішкентай суретіне дейін жүр.
Бұлардың мұнда қайдан келіп қалғанына аң-таңмын.
Түсінсем , бұйырмасын.
Ұрлатқанда ақшаң да бар ма еді?
— Азырақ бар болатын.
— Ұрлаған адам ақшаңды алған да, документтеріңді паспорттағы адресің бойынша конвертке салып, бізге жіберген, — дейді Нағима.
Мұндай да болады екен.
Тағы да бір жетідей уақыт өтті, үйдемін. Таза арық, таза көтерем болсам керек, өзімді сергек сезінем. Ас болса, тәбетімде мін жоқ. Көз жанарым тіріліп, бетіме кәдімгідей қан жүгіріп, адам қатарына қосылайын деп қалдым.
Бір күні атқарушы келіп тұр:
— Еркін, сені ауыл совет шақырады, — дейді,
Сол баяғы Ырысты.
Келдім. Ырысты қинала отырып:
— Қарағым Еркін, сені әскерге шақырған повестка кепті, — дейді.
Міне мен Қарасазда военкоматтамын. Тырдай болып шешініп, әскери комиссияның алдында тұрмын. Арықтығыма комиссия мүшелері таңырқап қарасады.
— Аурусың ба?
— Саумын.
— Мұнша неге арықсын?
Жарамадым.
Жарамауым тек арықтығымнан емес. Екі тізем екеуі бірдей күдіс, аяқтарым толық түзеліп, жазылмайды.
Жарағанда, әскерге қуана-қуана кететін едім.
46
Мен жігерлі, күшті болып өсуді жасымнан арман етуші едім, Мектепте оқып жүргенде дене шынықтыру сабағын және спортты өте сүйетінмін. Қолыма түскен спорттың түрлерінен мен шұғылданбаған, мен қызықпаған біреуі жоқ. Шамам келсе, бәрін де игеруге құштар едім.
Волейболды жақсы ойнаймын, шаңғыны тәуір тебем. Суда тәуір жүзем. Жақынға жүгіруде алдыма жан салмас желаяқтың бірі едім.
Турникке де жаман ойнамаймын.
Жасымнан нәзік, арық бала болдым да, қара күшке онша жарымадым. Бірақ оның есесін әлгідей спортпен шұғылдану, өзімді шыңдап жетілдіру арқылы толықтыруға тырысатынмын.
Дене тұлғасы сымбатты, бұлшық еттері түйін-түйін ойнап тұратын, қыңқыл сыңқылды білмейтін, денсаулығы күшті адамдарға әрқашан тамсанып, қызығып қараймын. Қолымнан келсе, солардай болу асыл арманымның біреуі.
Әл-қуаты нашарлық ілмигендік, тағдырдың адам бойына жапсырған зор міні, кемшілігі деп қараймын. Өмірде ондайлардың талай жерде есесі кететінін өз көзіммен көрдім, басымнан да кешірдім. Қиын-қыспақ уақытта алдымен қаусайтындар және осындайлар. Әлжуаз нашар кісі ыстық-суыққа төзімсіз, дене енбегіне шалағай келетіні даусыз нәрсе.
Ең аяғы біреумен төбелесіп қалса да, таяқ жейді.
Meн өзімді осы кезде әлгідей арық та дәрменсіздігім үшін адамның қоры санаймын. Оған қоса екі тізем күдіс. Көзге қораш бейшара біреу болып қалғанымды, әсіресе, әскери комиссиядан өткен кезде тіпті анық байқадым.
Комиссиядан қорланып, ыза болып шықтым.
Жоқ мен қалай да, оңалуым керек!
Тіземнің күдістігін жоюым керек.
Осыны алдыма ең бірінші мақсат етіп қойдым.
Күнде таңертең керіліп, созылып, неше алуан дене шынықтыру жаттығуларын жасаймын. Шаңғы тебем (уықтан шаңғы жасап алғам). Коньки тебем.
Тізелерімнің күдісін жазу үшін тіземді бүкпей тұрып еңкейіп, қолымды жерге тигізуге тырысамын. Әуелгіде жетпек түгіл, жоламайтын. Сосын біртін-біртін жерге қолымның үші тиетін болды.
Мен бұл жаттығуды қашан талғанша, шаршағанша елу рет, қайталап жасаумен болам.
Апам ылғи да ренжиді:
— Балам-ау, өзін болсаң, көтеремсің. Бекерден бекер азаптанып, жаныңды мұнша неге қинайсың? — дейді.
Ауданнан қызмет тауып алмақшы болдым. Колхозда Нұрәлінің қол астында жұмыс істегім келмейді.
Қызметке орналассам, үйді көшіріп әкетпекшімін.
Мен тәрізді азды-көпті оқуы бар адамға бұл күнде қызмет оңай табылуы тиіс.
Қарасаздамын.
Танитын біреулерден госбанкке қызметкер керек. Инспекторлық орын бар. Жұмысы ауыр емес, оп-оңай үйреніп кетесің деген сөз естідім.
Келдім. Сөйлестім. Бастығы Мирошниченко дейтін тәпелтек жуан адам. Кадрлардың есебін алатын листок берді, «осыны толтыр. Өмірбаяның мен арызыңды жазып, қосып әкел» деді.
Листокта жүректі дір еткізетін бір жаман сұрақ бар екен.
Сотталдың ба? Не үшін сотталдың?» дейді.
Маңдайымнан терім бұрқ ете қалды.
Менің госбанкке кызметке алыну, алынбауым ғана емес, болашақ бүкіл өмірім осы сұраққа тіреліп тұрғандай еді. Не деп жазам. Өтірік жазуға болмайды. Ал сотталдым деп жазуға қолым бармайды.
Сен өзің совет мекемесіне қызметке алуға болатын дені дұрыс адамсың ба? Жоқ, қауіпті біреусің бе деп, сұрап отырғанмен бірдей еді. Кісінің өз кемшілігін, басқалардан жасырғысы келетін жан жарасын өзіне мойындатып айтқызғандай ар-намысқа тиетін дөкір сұрақ.
Қиын бір есеп шығарғандай немесе жұмбақ шешкендей ойланып көп отырдым. Содан соң листокты төрт қабаттан бүктедім де, ортасынан қақ бөліп және жырттым.
Екі бөлекті қабаттап салып және жырттым.
Осымен менің анкета толтыруым. бітті.
Көрмегенім кеңселер, мекемелер болсын дедім де, ауылға кайта қайтып келдім.
47
Дәл сол күні біздің үйде бір қонақ қонып отыр екен. Жасы қырықтар шамасында, жіңішке қияқ мұрты бар, маңдайы қасқалау сұрша жігіт, аты Мұса. Осыдан елу-алпыс шақырым Жарқұлақ деп аталынатын алтын кенінде жұмыс істейді. Шешем жағынан бізге жекжат шалыс. Өзі домбыра тартып, ән салады. Мінезі жұмсақ кісіге жұғымды тәуір адам көрінеді.
Осы Мұса өзі жұмыс істейтін алтын кенін кеш бойына мақтап сөйлеумен болды. Жұмысы ауыр болғанмен, табысы жақсы.
Әр айдың аяғында сол айда бүкіл алтын кені бойынша алынған алтынның мөлшеріне қарай енбек ақы төлейді. Енбек ақыны алтынның талоны түрінде береді. Бір сомның талоны жай ақшаның құнына шаққанда он сом боп бағаланады. Дүкенде кездеме, бітулі киім, қант-шай секілді осы кезде басқа дүкендерде құрып кеткен нәрселер сықап тұр. Талоның болса, не алам десең аласың, жай ақшаға сатпайды. Күніне нормалап нан береді дегенді айтты.
Қазіргі колхоздағы тұрмыспен салыстырғанда., Мұсаның айтып отырғандары коммунизм еді.
— Мен барсам, жұмысқа ала ма? — деп сұрадым.
— Алғанда қандай, әке дейді.
— Оған да өмірбаян жазып, анкета толтыру керек пе?
— Қаңдай анкета?
— Қайда тудың, қайда өстің, әкең кім, шешең кім деген тәрізді...
— Түктің керегі жоқ. Барасың да, істей бересің. Бітті.
Ертесінде таңертең Мұсаға міңгестім де, Жарқұлақ қайдасың деп, тартып жөнелдім.
Жолы әрі алыс, әрі ауыр екен. Тянь-Шаньның Қытайға қарай сұғынған ең бір шалғай түкпірі, көк жалтыр жалаңаш шыңдардың дәл түбі. Аттың мықтылығынан бір күнде әзер жеттік.
Екі жағы қысаң келген шұңғыл шатқал сай. Көбігін аспанға атқан асау өзен. Алтын кені өзеннің жағасына таяу төскей жүрекшеде. Бөренеден қиған үш-төрт ағаш үй, ағаш барактар және он шақты жер үй, жеркепелер. Бары осы.
Біз мұнда кешке қарай келгенбіз. Тау ішінде күн ерте батып, кеш ерте түседі. Мұса семьясымен жалпы барақта тұрады. Семьясы дегенде өзі, кәрі шешесі, қарындасы үшеуі ғана. Әйелі жоқ, әйелінен ажырасқан болған керек.
Барақтың есігінен:
— Кеш жарық! — деп, Мұса бастап, кіріп келдік.
Ұзын барақтың іші алакеугім. Тақтай сәкінің үстінде әр-әр жерде сықсиып жанған білте шам, әр шамды қоршап алып, кешкі шайға бас қойған жұмысшылар. Бәрі мойындарын «бұрып бізге қарасты.
— Ешкің арық!
— Уа, Мұса, ат-көлік аман ба?
— Қалай, төменгі ел-жұртың тыныштық па екен?
— Армиядан кімдер келіпті?
— Армияға кімдер алыныпты?
Осы секілді сұрақтар жауып кетті.
— Қасыңдағы бала кім? — деп сұрап жатыр.
— Біздің Тұйықтағы жекжат еді, осында жұмысқа келді.
— Е-е.
Тротуарша созылған ұзын сәкінің үстінен Мұса семьясына тиген орын барақтың кіре берісіне жақын екен. Біз сол арада тұрмын сырт киімдерімізді шешініп жатырмыз. Мұсаның шешесі мен қарындасы менің бұрын көрмеген адамдарым. Екеуі де маған бұнысы кім, масыл етіп, тағы кімді әкеліп отыр дегендей тосырқап қарасады.
Мінекей біз шай ішіп отырмыз. Ортамызда төңкерулі кесенің түбіне жаққан сығырайған білте шам. Шайды Мұсаның шешесі Қалампыр құйып отыр. Пісте мұрын, бетінде шешек табынан пайда болған бұжыр шұқыршалары бар қатпа қара кемпір, Маған ол әлсін-әлсін барлап көз тастап қарап қояды.
Мұсаның қарындасының аты Бәтима, жасы мен шамалас. Не шешесіне, не Мұсаға тартпаған, аяқ-қолы жуан, жуан бел, болбиған сары қыз. Шешесі мен Мұсаның екі аралығында менімен бетпе-бет отыр.
Неге екенін қайдам, осы қыз маған бір көргеннен ұнамады. Былайша алып қарағанда, түр-түсі таза, ықтиятты, киім киісінде де оғаш ешнәрсе жоқ. Аз сөйлейтін, мінезі салмақты жақсы ұқсайды.
Бірақ қараптан қарап отырып, әлгіні суқаным сүймейтінін сезінем. Күрең сарғыш шашына әлдеқандай жылтырауық май жағып, маңдайынан қақ жара жабыстырып тарапты. Бетіне қараған сайын шашының әр жерінен байқалатын қайызғақ пен әлгі майдан жүрегімді айнытып, күлімсі бір иіс келгендей болады.
Денем өз өзінен тітіркеніп, Бәтимаға қарамауға тырысамын.
Дастарқанға бөлке туралған, азырақ шақпақ қант шашып тасталған. Мұндағы өмірдің басқашалығы осыдан да байқалғандай бөлке нан мен қантты колхозда екінің бірі жемейді.
Барақ тұрғындарының жалпы саны жиырма бес-отыз адамдай. Семьялы, семьясыздары аралас. Барлығына үй ортақ, ауа ортақ, жататын ұзын сәкі ортақ.
Пысқырып, түшкірулері де ортақ.
Шай ішіліп болды. Әйелдер ыдыс-аяқ жуып, жинауға кіріскенде, еркектер өздерінің еркектік артықшылықтарын көрсетуге кірісті. Ол — бірі мен бірі жарысып, біреуінен біреуі темекі, газет сұрап алып барақтың ішін ащы көк түтінге толтырып, шылым шегу еді.
— Өмірәлі, қалайсың, ей?
— Жақсымын, Әбеке.
— Жақсы болсаң, бастамаймыз ба?
— Баста деп бұйрық берсеңіз, бастаймыз.
Бұл шылым тартылып болғаннан кейінгі әңгіме.
Әбекеңі барақтың арғы түкпір жағын мекендеген қара мұрт, қара сақал адам. Сірә, осындағы жұрттың жасы үлкен отағасы сол болар.
Ал Өмірәлі сәкінің орта тұсында, бізбен қанаттас отырған жастау, шілпі сары жігіт.
Барақтағылар Өмірәлінің айналасына сырғып, жинала бастады. Әр топ өз орталарындағы шамдарын ала келіп жатыр.
Өмірәлі жастығының астынан бір қалың кітап алып шықты. Мұқабасын газетпен қаптаған, парақтары жұлымданып тозып кеткен бұл кітап батырлар жыры екен.
— Нені бастаймыз?
— «Қыз Жібектен» баста.
— «Қыз Жібек» кеше оқылды ғой. Басқа біреуін.
— «Қозы Көрпешті» баста.
— «Қобыландыны» баста, — деген сөздер естілді.
Көпшіліктің қалағаны «Қозы Көрпеш» жыры болды.
Өмірәлі малдас құрып, жайғасып отырды. Білте шамның екеуін қатарынан алдына жақындата қойды да, кітап бетін жарыққа бұра ұстап, басын да солай қарай қисайтып ап, дағды болған мақаммен әуендетіп оқи жөнелді:
Кемел ақын келтірер сөздің түрік,
Оған да заман өткен бір ықылым.
Кешегі ол бір қатар заманында
Өтіпті екі байың бізден бұрын.
Мұндағы жұрттың қолы боста, әсіресе, осындай кешкі уақытта ермек етіп, көңіл көтеретін ойын-сауығы да, кинотеатры да осы кітап екен. Соның ішіндегі қиссаларды он, жиырма қайта оқытқанды, басқалар ұйып тыңдағанды біледі. Оқитын ылғи да Өмірәлі болса керек. Біртүрлі сыңсып әуендеткен тәрізді төселген мақамға салып, оқта-текте ернін жалап қойып, теңеп отыр. Тыңдаушы жұрт бәйге атына дем беріп, қоздыра түскендей әр кезде еліре үн қосып, мәз боп, жырғап қалады.
Қиссаны мен де жақсы оқимын. Өмірәліден әрі тәуір, әрі тез оқимын. Менің де төселген мақам-әуендерім бар. Соған салып, құбылтып, әсерлі етіп оқуға шебер-ақпын.
Он бір буынды қара өлең түріндегі қиссаны бір басқа, жыр түріндегі қиссаны және бір басқа әуез-нашпен, әлқисса деп басталатын қара сөзі болса, оны тағы да бөлекше дауыспен неше саққа жүгіртіп оқи алам.
Шіркін маған оқытар ма еді деп, аркам қозып, әзер отырмын. Өмірәлінің оқығаны көңіліме толмайды. Бір сарынмен сылбыр оқиды екен, сөз бен сөздің арасында ыңылдап созып тұрып алады.
Бір кезде Өмірәлі талып шаршағандай болды. Тамағы кеберсіп, үні шықпауға айналды. Соны пайдаланып:
— Беріңіз, мен оқиын, — дедім,
Берді.
Көрейік, қалай оқыр екенсің дегендей жұрт маған трасты. Араларынан орын босатысып, мені шамға жақынырақ жіберді. Көкпарға тыңнан қосылған жүйріктей ешқандай мүдіріссіз-заулай жөнелдім:
Тал шыбықтай бұралған өзі керім,
Мінекей, оны айтатын келді жерім.
Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян,
Сипаты жаннан асқан ол бір серім...
Өмірәліден асырып, құлшынған шабытпен оқып жөнелдім. Әр сөзім анық, айқын, әсерлі шығып жатқанын өзім де аңғарамын. Жұрт менен мұндай өнер күтпесе керек. Бәрі жым боп, бір сәтке тым-тырс тынды да қалды. Сосын, кітаптың бір беті таусылып, екінші бетке ауысарда, сол кездегі үзілгендікті пайдаланып:
— Ой, азаматым!
— Мынау бір өнерлі бала ғой!
Қатырып оқиды екен!
Тамаша оқиды екен — деп, жамырап, мақтай жөнелісті.
Төбем көкке жеткендей болды...
Мақтау сөздер шабытымды одан бетер тасытты. Жер танабын қуырған тарлан бозша бауырым еркін жазылып, нағыз бабыма түсе бастағандаймын. Маңдайымнан бусанған тер шықты. Жыр мазмұнының жұрттың жүрек қылыш шертіп өтеді-ау деген тұстарына келгенде, дауыс нашымды құбылтып, түрленте түсумен қабат, қас-қабақ, бет-бейнемді де бейімдеп, өзгерте қоям. Жырда айтылып жатқанның бәрінің тірі куәсі тәріздімін, өзім бірге араласып, басымнан бірге кешіп жүргендеймін.
Мінекей, жыр оқылып бітті. Тез оқылды. Жұрт қалай аяқталғанын сезбей қалған тәрізді.
— Ой, көп жаса!
— Бір жасың мың болсын!
— Жасың ұзақ болсын! — деген тәрізді мақтау сөздер.
Өнеріме сүйсінген жұрт:
— Қане, енді Қобыландыны оқы, — деп, өтініш жасай бастады.
«Кемеші келсе, қайықшы судан шығады» дегендей, Өмірәлі далада қалып қойды. Өзге жұрттың ішінен оны Өмірәлі атандырып, биіктетіп тұрған басындағы азғантай бақ-дәрежесін түтін қалдырмастан мен тартып алғандай болдым.
Жыр қиссаларының ішінде Қобыландыны ерекше сүйем. Өзім және түгел дерлік жатқа білем. Кей жерін кітапқа қарамай да заулатам. Тайбурылдың шабысын сыпаттайтын жерде жыны қозған бақсыдан өрепкіп өзімді-өзім ұмытып, қалыбымнан шығып кететін тәріздімін..
Қысқасы, ғажап оқыдым.
Жұрт бір ауыздан:
— Мына бала артист екен, — десті.
Осыдан былай күнде кешкілік қиcca оқу менің міндетіме айналды.
48
Үлкен барақтың бет алдында бағанға сыммен салбыратып байлап қойған рельс сынығы. Ертемен таң қараңғысынан соны біреу білектей сойыл темірмен бүкіл тау-құзды жаңғырықтырып даң-даң соғады. Бұл ұйқыларыңнан ояныңдар, тұрыңдар дегені. Ұзын сәкінің үстінде қаз-қатар тізіліп сұлаған адам денелері. дабыл үнін естіп, қауырт қозғалысқа келеді. Әр-әр жерден жылтырап, тағы да. білте шамдар жанады.
Шаштары ұйпа — тұйпа болып, есінен тұрып жатқан, әйелдер.
Тұрғысы келмей, қыңқыл-сыңқыл білдірген балалар.
«Әй, түр. Шай қайнат» деп, әйелдерін жұлқыған еркектер.
Алтын кендегі негізі қауырт жұмыс өзеннің арғы бетіндегі таудың сонау биік жал басынан қаппен кен арқалап түсу. Тіп-тік қия беттен иректеп қашап, жол жасаған. Жұрт тауға сонымен жаяу шұбап шығады, жаяу түседі.
Көлік шыға алмайды.
Төменде су бойыңызда бөренеден қиып жасаған шағын ағаш үй. Іші диірмен құсап күндіз-түні дүрсілдейді де жатады. Жұрттың тау басынан азаппен арқалап түскен кенін ұнтақтап, алтынын айыратын завод міне сол.
Оған кім болса, соны кіргізбейді.
Шатқалдық ішін жаңғырықтырып дабыл екінші рет соғылғанда, жұрт жұмысқа шығулары керек.
Қолтықтарына бір-бірден бос қап, мешок қысып алып, жаяу шұбырған халықтың арасында міне мен де келе жатырмын.
Қасымда Бәтима.
Ол маған бір семьяның адамдарында болатын үйірсек жылы көзбен қарайды. Егіз қозы тәрізденіп жанамалап бірге жүргісі келеді. Бәтиманың ол мінезі маған онша ұнамайды. Жолап кетсе, бірдеңесі жұғатындай бойым дір ете қалады.
Судан ары өткен соң-ақ жол тіке өрге тартады. Тауға өрмелеп шығу басталады. Үйренбесең адамға бұл нағыз азап болады екен. Жолдың бір ирегін жүрмей-ақ тізем салдырап талып кетті.
Ал үйреніл, дағдыланып алғандар бірін-бірі қуалай, басып-озып, тау ешкіше зырлайды...
Жұрттың ең соңында қалып қойдым..
— Алғашында жұрттың бәрі өстеді. Таудан тас алып түспек түгіл, шыға алмай қиналады. Әлі біраз күннен кейін үйреніп кетесің — дейді Бәтима.
Бүйткен біраз күні құрып қалсын.
Әлсін-әлсін тоқтап, дем алам.
Бәтима да аналардай шаршау білмес көнтерінің біреуі. Бірақ оның мені жалғыз тастап кеткісі келмейді. Маған қарайлап, мен тоқтасам, ол да тоқтайды.
Кейбір өте-мөте тік жерлерде қолтығымнан сүйемелеп, қамқор болады.
Бұнысы адамшылық екенін мен ішімнен жылы қабылдап, әйел заты ретінде ұнатпасам да, жолдас ретінде, жерік ретінде өзін тәуір көре бастадым.
Басқалар бізден ұзап кетті.
Маған тау басына шығудың өзі мұң болды. «О, бүйтіп тапқан табысы құрысын! Мынау жұмыс емес дозақ қой!» деген сөзді тоқтап, демалған сайын айтам.
Ирек-ирек болып, тіке кетіп жатқан жол тіпті таусылатын емес. Әр ирегін жүріп еткен сайын енді қанша қалды екен деген оймен жоғарыға кез салып қарап қоям. Әлі көп, әлі ұзақ.
Бір иректеп соң бір ирек.
Әнe, әуелгі озып кеткендер таудың ұшар басына жетіп те үлгерді. Ол арада кен қазатын шахта бар. Мұса тәрізденген әулетті жігіттер сол шахтада жұмыс істейді. Тасты бұрғымен ұрып теседі де, дәрі қойып жағады. Кенді солай қопсытады.
Түстен кейінгі сменаға баратын болғандықтан Мұса қазір үйде.
Біз таудың ортан беліне әзер деп жеткенде, алдыңғы озып кеткендер кен алып, кайтып та үлгерді.
Алтынның кені киыршық тасы аралас, дымқыл сарғыш құм болады екен. Ауырлығы керемет — тұзбен бірдей. Содан қаптарының түбіне зілдей етіп шылқытып салып алған әйелдер мен балалар ауыр жүктің салмағымен жаншылып екі бүктеліп, еңіске қарай дедектеп жүгіріп кетіп бара жатады. Арт жақтарында апат болып, содан қашып келе жатқан адамдар тәрізді, ештеңеге бас бұрып қарамайды. Біреуіне біреуі бір ауыз сез айтпайды, айтуға мұршалары да жоқ.
Әлгідей қатты жүріспен келе жатып, жазатайым сүрініп кетіп жығылса, не боларларын білмеймін. Бірақ, бір ғажабы, бірде-біреуі жығылмайды.
Әлдері бітіп, демалғылары келгенде, жолдың биік жар ернеуіне арқаларын сүйеп, тікелерінен —тік шалқайып, құлай кетеді.
Сосын тағы жүгіреді.
Өлдім-талдым дегенде таудың басына да шықтым-ау! Шахта дейтіндері міне мынау. Алтынның жылғасын қуалап, жақпар тастың өзегін үңгіп көлбей қазылған, іші ала көлеңке үңгір Әуесі себездеп жаңбыр жауып тұрғандай дымқыл, аяқ асты шылқыған су. Тас қабырғалардан жорғалап аққан мөлдір тамшылар.
Аяқтың дәл астында үйіліп жатқам кеп.
Бәтима екеуміз ғанамыз.
— Ұста қабынды, — деді Бәтима.
Мен қабымның аузын ашып тұрдым.
Алақаны шұқырайған мешкей күрекпен Бәтима төрт-бес күрек кен салып берді де:
— Осы жетеді, будан артық апара алмайсың, — деді,
Салынған кен қабымның түбінде ғана, маған тым аз көрініп тұр.
Әркімнің күнбе-күн алып барған кенін таразыға жекелеп өлшеп қабылдайды. Соған сай еңбек жазады. Еңбегі көптің табысы да көп. Еңбегі аздың табысы да аз.
Сондықтан кенді, мүмкін болғанынша, мол етіп апаруға әркім мүдделі.
Бәтима кенді өзіне менікінен екі еседей мол етігі салып алды.
— Қане, көтеріп көр.
Е, көтерсе несі бар деген оймен қабымды жерден жұлып алмақшы болдым. Сөйтсем, зіл батпан. Оңайшылықпен көтере алатын емеспін. Жерге жабысып қалған тәрізді. Бәтиманың жәрдемімен әзер деп арқама салдым.
Кен емес, қорғасын. Бөксемді жаншып сындырып барады. Осыны сезген Бәтима:
— Қалай екен? — дейді.
— Ауыр екен.
Мен алда келе жатырмын, Бәтима менің соңымда. Тізелерім қалтырап, мас адамдай тәлтірек-тәлтірек етем.
Шахтаның шығар аузындағы көлбеу жолмен келе жатқандағы халім осы.
Енді міне құлди еңіс жол басталды.
Ауыр жүкпен еңістен төмен түсу — бұл дозақтың дозағы екен. Жұрттың әлгінде дедек қағып жүгіріп бара жатуының сыры маған енді мәлім болды. Жүгірмеске лажым жоқ. Шаршағанға дейін жанталасып біраз жерге жетіп қалуың керек.
Мен жолдың бір ирегінің басынан аяғына дейін әзер жетем. Сосын, жұрттан көргенім бойынша, жол шетіне шоңқиып құлай кетем.
Мені тастап Бәтима тағы да кетпейді. Қасымда жүгін арқалаған қалпы күтіп, тосып тұрады.
Мен бес рет отырып демалғанда, ол бір рет отырып демалады.
Бәтиманың неге шаршамайтынына менің таңым бар.
Менде әл қалмады, отыруым жиілеп кетті.
— Қашан үйренгенше, жұрттың бәрі өстеді, Бұл бұл ма, ертең әлі беліңнен шойырылып, қозғала алмай қаласың, — дейді Бәтима.
Қап, бекер келген екенмін. Колхозда жұмыс істеуім бұдан мың есе артық еді ғой деп, ішімнен бас шайқап өкінудемін.
Бәтима бір кезде:
— Тым ауыр болса, азырақ төгіп таста, — деді.
Мұндай ақыл басыма неғып келмегеніне таңмын. Қуанып кеттім де, кенімнің біразын төгіп тастадым.
Сай табанына дейін енді аз қалғанда, менің халім мүлдем бітті. Кірпігім әрең қыбырлап, жол шетінде демалып отырмын. Менен төмен дәл қасымда Бәтима отыр.
Бәтима да шаршаңқыраған, бірақ мендей әлсіз емес.
Бізден басқалар заводқа баяғыда барған. Алды кендерін еткізіп үйді-үйлеріне тарап кетті де, арты өткізіп жатыр.
— Ал жүрмейміз бе? — дейді Бәтима.
— Бәтима, мен қатты шаршадым. Жүруге халім жоқ.
Кенімнен және біраз тегін тастайын десем, сонша жерден азаптанып көтеріп әкеп, енді төгуге обалсынам.
Ішім ашиды.
Бәтима мен күтпеген ғаламат бір ерлік шешім жасады. Менің қабымды өз қабының үстінен көтермек болды. Мен әуелде шошып қалдым. Екі адамның жүгін бір адам қалай көтереді?
Бұл мүмкін емес нәрсе!
Мінекей, Бәтима екі қапты бір өзі арқалап келе жатыр. Мен арт жағында бос келем. Бәтиманың күштілігіне әрі ғажаптанып, әрі оның не белі, не аяғының бір жері бырт етіп сынбас па екен деп, қауіп ойлаймын.
Сынбақ түгіл, қыңқ демейді. Үстінен және осындай жүк артсаң да, жүре беретіндей.
Күш деп міне осыны айт.
Еркек басыммен жүгімді қызға арқалатуым және оның өз жүгіне қосымша етіп көтеріп қойып, өзім бос келе жатуым көлденең жұрт көрсе, арыма таңба боларлықтай ұят іс. .Мен бұны жан-тәніммен шамырқанып терең сезінемін. Біреу-міреу байқамаса екен деймін.
Жолдасқа Бәтимадай қайырымды адам, әй сірә, дүниеде кездеспес!
Көпірдің қасына келгенде,Бәтима уһ деп, дем.алуға бірақ отырды. Енді қалған жол аз ғана. Мен өз қабымды өзім алдым.Өлдім-талдым дегенде, таразының басына жеттім.
Бұл кезде та разы басында адам қарасы жоқ еді. Қабылдаушыда біз жаққа кетіп қалған. Бәтима екеуміз.демалып, тосып отырмыз.
Қалай, қатты шаршадың ба?
— Құрысын, тауға енді шықпаймын. .Кетем ауылға.
Қой, кетемі несі елден ұят емес пе? Алғаш рет шыққанда жұрттың бәрі өстеді. Әлі үйренесің.
Менің кетемін — шын сөзім.
Басында қара былғарымен тысталған малақайы, үстінде су жаңа қара көк қыстық пальтосы бар, орта бойлы, толықша денелі, әдеміше қара сүр жігіт іші дүрс-дүрс еткен завод үйінен шығып, аяғын жайлан басып, бізге қарай келе жатыр. Екі қолы қалтада..
— Сен қызға бүгін не көрінді жұрттың ең соңында қалып? Бұрын ең алдымен келетін едің? Бұл Мырқымбай кім?
Бәтима менің кім екенімді айтып жатыр.
— Құдай біледі, колхоздан қашып келдің ғой...
— Мен колхозға мүше емеспін, — дедім.
— Колхозға мүше болмай, аспаннан түскен шығарсың.
Әуелі Бәтиманың.кенін өлшеді, елу килограмм шықты.
Менікі отыз сегіз ақ.
— Өзің жігіт:емес.екенсің ғой, қыз ғұрлы көтеріп әкелмепсің — деп қабылдаушы мені мазақ етіп жатыр.
Кітапшаға жазбақ боп:
— Фамилияң кім? — деп сұрады.
— Мамырбаев.
— Мамырбаев! — деп, қабылдаушы елең ете қалды. — Сен Сәрсебек Мамырбаевтың інісі емессің бе?
— Иә, інісімін.
— Туған інісімісің?
— Туған.
— Сәрсебек әскерде ғой?'
— Әскерде.
— Қашан алынып еді?
— Екі жылдай болды.
— Хат келіп тұра ма?! Қай жерде?
— Былтырғы март айынан бері хат жоқ
— Соғысқа барып па еді.
— Барған.
— Мм....
— Менің ағайымды сіз қайдан білесіз?:— деп сұрадым.
— Е, білмей. Сәрсебек екеуміз Алматыда бухгалтерлік курста бірге оқығанбыз. Бір бөлмеде жатқанбыз. Ағаңның әйелі Қанышаны да білем. Екеуінің қалай танысып қалай қосылғаны бәрі мына. менің алақанымда. Қаныша. қайда, сол өз ауылдарында мұғалім бе?
Бұл жігіттің аты Дүйсен, фамилиясы Дауылбаев екен. Жеңгем жайлы айтқандарымды өте ыждағатпен тыңдады. Оның әлдекімдердің қудалауымен қызметінен босап колхозда қара жұмыс істеп жүргенін білгенде, кереметтей күйзеліп, мынау. сұмдық екен дегендей басын бірнеше рет шайқап қойып тұрды.
Мұндағы алтын кенді артель деп атайды. Дүйсеннің қызмет лауазымы есепші-бухгалтер.
Басқарушылардың біреуі.
Бұл адамның менің Сәрсебек ағайыммен әлгідей жақын жолдас болып шыққанына, сол арқылы маған да сұхбат білдіріп, жылы сөйлескеніне ішімнен қуанышты едім. Жұмыстың ауырлығынан ауылға қайтып кетсем деген ойымнан енді айни бастағандаймын. Шыдап, тағы біраз істеп көрмекпін.
Дүйсен маған қолдан келген жақсылығын істеуге дайын тұрған адам. Сәрсебектің інісі екенімді білген соң ол менің әкелген кенімді отыз сегіз килоның орнына түзеп, қырық сегіз кило етіп жазды.
Өсіріп жазды.
Бір бүгін емес, күнде сөйтеді.
Таудан күнде дерлік мен жұрттың соңы болып келемін.
Таразының басында Дүйсеннен өзге ешкім қалмайды.
Бәтима болса, ол өз кісіміз. Он түгіл, жиырма кило қосып жазса да, қуанғаннан өзге бір ауыз сөз айтпайды.
Дүйсен бір күні:
— Әй, қара тәмпіш, реті келсе мен сені басқа бір жеңілірек жұмысқа ауыстырамын.
49
Нe жұмысқа ауыстырар екен деп, жаным тақат таппай күтіп жүрмін.
Дүйсен маған өз ағайымдай болды. Кезіккен жердің бәрінде тәптіштеп хал-жайымды сұрап жатады.
Басқалардың алдында менің төбем көкке жеткендей болды.
Тауға шығуға, таудан түсуге бұрынғыдай емес, аздап үйренген тәріздімін. Кенді де, намысыма тырысып, көбірек көтеріп әкелем. Бірақ азап екен, азап. Әр шығып түскенде, ғұмырымның жармысын жоғалтқандай болам.
Жанбағыс адамға не істеткізбейді! Ақша адамға не істеткізбейді. Таудан бір центнерге дейін тіпті одан асырып кен көтеріп әкелетіндер бар.
Күніне өлімтіктеніп екі шығып түсетіндер бар.
Бұндайлардың көпшілігі жас балалар. Әке-шешелері олардың табыс тапқанына құнығып алған. Біздің пәленше шаршау білмейді, тауға екі рет шығып түсу оған ойыншық деп, қолтығына су бүркіп, мақтап қояды.
Бала неме, шынында да сондаймын деп ойлайды.
Дүйсен аға, көп жаса! Бір жасың мың болсын!
Meн міне басқа жұмысқа ауысып отырмын.
Рақат жұмыс.
Алтын кені тұрған сайдың бойында, он шақырымдай төменде, қалың қарағайдың арасында пилорам бар. Содан екі адам атқа артып, сүйретіп әр түрлі тілінді ағаш, тақтай тасимыз.
Қасымдағым Әлім дейтін шал.
Жол бұл арада нашар, машина, арба жүре алмайды.
Қажет нәрсенің бәр-бәрін төмен жақтан атқа артып жеткізеді.
Әлімнің мінгені өзінің жеке меншік аты. Ақы өзіне және атына төленеді.
Менің астымда артельдің түйедей биік, күйлі қызыл аты. Ер-тұрманым былғарыдан істелген әдемі базар ер-тұрман.
Күніне бір ғана.рет барып әкелеміз. Қалған уақытта боспыз. Екі баруға біз шыдағанмен, ат шыдамайды.
Жазылатын енбегі тас тасушылардан кем емес,
Жекжатына жолаушы шеккен адамдай Әлім екеуміз таңертең шайдан кейін атқа қонамыз да, әңгімелесе отырып, аяңмен пилорамға келеміз. Аттың әр қапталына екіден-үштен тақтай теңдеп аламыз да, қайта қайтамыз. Қатар жүруге жол тар, біріміздің соңымыздан біріміз шұбап, жүріп отырамыз. Қыстыгүні орман іші. Мөлдіреген саф ауа. Тыныштық Қардан үкі тағынған ағаштар. Тағалы аттар жолдың шыны қарын сықыр-сықыр басып, оқта-текте пысқырып қойып, келе жатады, Бет-жүзіміз аяздан албырай түсіп, малақайды шекеге салып қойып, ерге бір жамбаспен отырып, ыңылдап өлең айтқанды ғана білеміз.
Рақат жұмыс емей, немене?
Әкелген ағаштарымызды өлшеп, қабылдайтын Дүйсен.
Дүйсен мұнда салт бас. Артель директорының орынбасары Әміржан дейтіннің үйінде пәтерде тұрады.
Бұл адамның бойындағы тамаша бір қасиеті — күлдіргі әзілқойлығы. Айналасын күлкіге тоғытып, басқалардың ойына келмейтін неше алуан қызықты әңгімелерді жанынан шығарып айтып жүреді.
Бір күн Дүйсен:
— Қара тәмпіш, мектепте жағырапия пәнін сүйетіп бе едің? — деп, сұрады, Мен «иә» дедім.
— Олай болса, айтшы, Американы ашқан кім?
— Колумб. Христофор Колумб, — дедім білгіштігімді көрсетіп.
— Дұрыс емес. Африканы ашқан кім?
— Африканы кім ашқаның білмеймін. Ал Американы...
— Тоқтай тұр. Жапонияны ашқан кім?
— Білмеймін.
— Сүйетіндігің осы ма, түк білмейсің. Мен саған айтып берейін, біліп ал, дүние жүзіндегі елдердің көпшілігін біздің қазақтар ашқан. Оған дәлел: көп ел, көп жердің аты қазақша. Мәселен, «Азия» деген атау қазақтың «әз ұя» деген сөзінен шыққан. Яғни, ата мекен деген сөз. Ұқсай ма?
Мен ұқсайды екен дедім.
Дүйсен әрмен қарай түсіндіре бастады:
«Африка» қазақтың «қапырық» деген сөзінен шыққан, яғни ыстық, деген сөз, «Жапон» халқы «жұпыны» халық дегеннен, «Бразилия» «мынауың біраз ел, ә» дегеннен шыққан. «Европа» ол да қазақ сөзі, «жауропа» дегеннен шыққан. Көрдің бе, бәрі де қазақ сөзі. «Пекин» қазақтың «бекін»деген сөзі. Жау келе жатыр, қаланың қақпасын жап, бекін дегеннен шыққан. Қазақта қызың Қырымға, ұлың Ұрымға кетсін» деген сөз бар. «Қырымы» кәдімгі өзіміздің Қырым, Қара теңіздің жағалауы. Ал «Ұрымы» Рим. Итальяның астанасы. Қазақтар Римге тілі келмеген соң «Ұрым» деген.
Дүйсен осы тәсілмен дәлелдеп, «Американы» да қазақ сөзі етіп шығарады. (Қағаз бетіне түсіруге ұяттау.)
Мен бұл әңгімені алғашында шын көріп тыңдасам, сосын біртіндеп қалжың екенін білем. Дүйсеннің өзі ойлап тапқан өте бір қисынды, тапқыр қалжың. Әдемі қалжың. Оқуы аз ада адамдар сеніп те қалатындай.
Дүйсеннің тапқырлығына мәз болып, рахаттанып күлемін.
— Қазақтар ашқан және қандай жерлер бар? — деймін.
— Көп, — дейді Дүйсен. Өзі күлмейді, шын сөйлегендей етіп айтады. Монғолияны да қазақтар ашқан. «Монғол» қазақша «мың қол» деген сөз. «Корея» қазақша «қария» деген сөз. «Чили» қазақтың «шилі» деген сөзі, жерінде ши көп өсетін болғандықтан солай атаған. Міне, тәмпіш бала түйеге, атқа мініп алып біздің ата-бабаларымыздың бармаған жері қалмаған. Мына шеті Жапония, мына шеті Америка бәрін аралаған.
50
Мұсаның шешесі Қалампыр дүниеге тек ақшаның көзімен қарап, бағалайды. Ақшаны көп тапса, ол жақсы, адам, аз тапса, жаман адам.
Мен таудан тас тасып жүргенімде Қалампыр күн сайын қанша әкелгенімді сұрайтын. Ең аз әкелушілердің қатарында екенімді естіп, қоңырайып қалатын. Айдың аяғында табысың аз болады, түк те алмайсың деп, жыныма тиіп қажап отырады.
Атпен ағаш таситын жаңа жұмысқа ауысқалы бері Қалампыр маған тәуір қарайды. Өйткені мұнда маған жазылатын еңбек мол, яғни табыс мол. Қалампыр оны жақсы біледі.
— Ағаш тасушылар ақшаны қырып алады. Айдың аяғында әлі қарық боласың, — дейді.
Бұрынғыдай емес, асты-үстіме түсіп, елпілдеп тұрады, шай ішкенде, нан, қантты алдыма сырып қойып отырады.
Осы жасымның ішінде өзім өз боп жалақылы жұмыс істеп, санап ақша алып көрген емеспін. Айдың аяғындағы еңбек ақы беретін күнді шыдамсыздана күтудемін. Қанша алуым мүмкін екенін күні бұрын есептеп шығарамын.
Жұмыстың соңынан қолым бостa күнде магазинге бір кіріп шығам. Колхоздағы дүкендерде баяғыда қарасы өшкендер қилы кездеме, бітулі киім, қант-шай мұнда сықап тұр. Соларға көзім қызығып қараймын. Ертең жалақы алған кезде не сатып алатынымды ойластырып, қиялыммен байимын. Ананы, ананы алсам деп, көңілімде тізім жасумен болам.
Ол тізімім дүкенге жада бұйымдар түскен сайын өзгереді.
Өзімнен гөрі Тұйықтағы шешем мен жеңгемнің қамын көбірек ойлаймын. Адам болып, мал тауып, әуелі соларды қуантуға асықпын. Шешеме жаңа мәсі, оның сыртынан киетін азия галошын сатып алуды, жеңгеме көйлек, әдемі салы орамал сатып алуды арман етем.
Өзіме жаңа кирзо етік, мақталы жылы шалбар, жылы фуфайка сатып алсам деймін. Бір жолғы жалақыда бұның бәрін сатып ала алмаспын. Жуырдағы екі-үш айға түзетін жоспарларым осындай.
Міне, ай аяғы болды. Жиырма екі сомның алтын талоны тиді. Бұл бірқауым ақша... Жарым-жартысына келесі жалақыға дейін күн көруіме, жарым-жартысына дүкеннен нәрсе алуыма болады.
Өмірде азап қана емес, рақат та бар екенін мұңдағы жұрт жалақы алған күні біледі Қолдарына талондары тиер-тиместен үй іштерімен магазинге жүгіреді.
Қазекем саудаға, есеппен, үнеммен күн керуге ебетейсіз халықтың біреуі ғой. Қейбіреулер ақшаларын сарп етіп бірден жұмсайды да, ертеңгі шай - нанына елден қарыз сұрап жүреді.
Немесе алсам деп, зәру болған затын алмай, көзіне бірінші іліккен бірдеңе сатып aп, қап деп, не істерге білмей, өкініп жүреді.
Қайтып берсе, магазинші алмайды.
— Мына.зат кімге қажет? — деп, базар жоқта базар ашып, айқай салып жүргені.
Үй-үйді, барақ-барақты қыдырып, алушы іздейді
Біреу алсам ба екен деп, алмай қойса, онымен табан астында жауығып бүйткен адамшылығыңды ұрайын деп, ренжісуге дейін барады.
Ақымақшылығы үшін өзін сабап алуға кісі жоқ.
Жылпос магазиншіге алданып қалғанын соңынан үйіне келіп, сатып алған нәрселерін жайып салын, саусақпен санап есептегенде бір-ақ біліп, дүкенге қайта жүгіріп кеп:
— Сен менің пәлен тиынымды жеп қойыпсың, қайтар, — деп, шу шығарып жүргендер және кездеседі.
Қазақ жұмысшыларына тән бір жақсы қасиет, әйтеуір, олар араққұмар емес.
Арақты мүлдем дерлік ішпейді.
Арақ ішушілерге жұрт жиренішпен қарайды.
Маған екінші айда тигені отыз бес сомның талоны.
Бұл тас таситын білдей жігіттердің табатын табысымен қарайлас. Қалампырдың «ағаш тасушылар ақшаны қырып аладысы» міне осы.
Үй ішіміз бен (Мұса семьясын және өзімді айтам) дүкенге сауда жасауға келіп тұрмыз. Бұл мұндағы жұрттың әдеті. Сауда жасарда, бүкіл семьяларымен түгел келеді. Ешқайсылары қалмайды. Біреуі саудаласушы болғанда, басқалары ақылшы.
Өткен айда шешеме деп мәсі, галош алғам. Олар қазір Қалампырдың сандығында сақтаулы. Және сол жолы өзіме кирзо етік алып кигем. Бұған дейін киіп жүргенім бәтіңке еді, атқа мінгелі бері тобығымды үзеңгі қажап, әуреге салған.
Бұл жолы жеңгеме деп көйлектік сатин, сары ала салы орамал, өзіме мақталы жылы шалбар алдым .
Біраз қант, шай алдым.
Қалампырға сыйлық ретінде орамал алып бердім. Қара кемпір бұл күнде маған жақсы қарайды. Қөңілін аулап, риза етіп қоюым өзіме пайдалы.
Ал бүгін менен қуанышты, менен бақытты жан жоқ, Өйткені ертең Тұйыққа жол жүрмекшімін. Үйге барып келуге үш күнге рұқсат сұрап алдым.
Артельдің басшылары мініп барып келуіме астымдағы атыма дейін беріп отыр.
Шешем мен жеңгеме алып баратын олжам қаншама!
Бейшара ғаріп жандарды қуантуға жарайтын кезім келген тәрізді.
Мен мұнда бас-аяғы екі-ақ ай еңбек еттім. Соның, өзінде әлгіндей табыс таптым. Басшыларға да, өзге жұртқа да жағымдымын.
Басшыларға жағатыным: жұмысты жақсы істеймін, адалмын. Қайда жұмсаса да, елгезектеніп ұшып тұрам.
Үлкен барақтағы жұмысшыларға бекітілген үгітшімін. Парторгтің тапсыруымен оларға газет, журнал оқып берем. Қабырға газетін шығарам. Майданда не боп жатқаны турасында әңгімелер өткізем.
Өзге жұртқа жағатыным тағы да осы мінезім. Бұған енді күнде кешқұрым тыңдаушы елдің құлақ құрышын қандырып, артисте мың құбылтып қисса оқитынымды қосыппыз. Қисса тыңдауға кейде Дүйсен де, артель директорының орынбасары Әміржан да келеді. Менің оқығыштық өнеріме олар да риза болады. Мақтасады.
Басшылардың мақтауы ол ете маңызды нәрсе.
Әйтпесе, қазіргідей қиыншылық кезде үш күнге жұмыстан мұрсатана алу, артелдің екі-үш атының бірін сұрап алу ол кім көрінгеннің қолынан келмейді. Бұл арада менің әлгіндей көзге түсіп жүруімнің себі тиіп отыр.
Таңертеңгі уақыт. Күн әлі шықпаған. Түйедей қызыл аттың үстінде Тұйық қайдасың деп, тау ішімен жалғыз соқтырып келе жатырмын. Жолға жақын тұрған қарағайлардың дәл төбемде қырау басып салбыраған бұтақтарын ойын үшін қамшымен тартып етем. Сап-салқын қылтанақты қыраулар басыма, атымның жалына сау етіп құйылады. Жалаңаш мойныма да кіріп кетеді.
Күн бүгін сәл ғана шытқыл, ауада білінер-білінбестей аяз бар. Бірақ мен оны елемеймін. Кеудеме толқын атқан қызулы қуанышым тұрғанда, омырауымды аңқитып ашып тастауға бармын.
Сіз менің осы келе жатқанда атқа отырысым қалай екенін көрсеңіз. Өзімді бейне бір парад қабылдауға шыққан биік қолбасыдай сезінем. Карсы беттегі анау самсаған қалың қарағай сап түзеп тізіле қалған солдаттарым.
— Смирно! Равнение на середину! — деп айқайлаймын.
Таңғы тұнық ауада дауысым жаңғырығып бүкіл орманды кезіп кетеді.
— Жолдас маршал! Гвардия полкының солдаттары парадқа шығуға даяр! — деп, өзіме өзім рапорт берем.
— Сәлемет боларсыңдар, солдат жолдастар!
— Сәлемет боларсыз, маршал жолдас!
Әне, Совет Одағы гимнінің құдіретті үні шалқып естілді, Менің қолым шекеде. Сап түзеген мың сан солдаттарым қыбыр етпейді...
Адам болу неткен бақыт!
Өмір сүру қандай көңілді!
Бір кезде мен өзімнен өзім тастан құлап, өлмекші де болдым-ау. Тфу, неткен ақымақпын! Нағыз дорақтың өзі екенмін ғой!
51
Қызыл атты тер-тер етіп, Тұйыққа қараңғы түспей, көз байланбай жетіп келдім. Анада келгендегідей құбыжық сорлы халде емеспін. Түйедей қызыл аттың үстінде бүгінде кім болып оралғанымды жұрт көрсін қайта!
Жауым Нұрәлі көріп, іші күйсін.
Ау, халайық! Үйлеріңнен неге шықпайсыңдар? Маған неге таңырқап қарамайсыңдар? Менің мынау арт жағымдағы қомақты бөктеріндімді көрдіңдер ме? Сендер оның ішінде не барын білсеңдер етті.
Маңдай тер, табан ақыммен тапқан, шешем мен жездеме желе жатқам бағалы, асыл бұйымдарым бар.
Жаңa мәсі, жаңа галошты «алтын кеннен балам әкеп берді» деп, ;әлі шешем жарқыратып киіп шыққан кезде, жеңгеме жаңа салы орамал, көйлек әкелгенімді, өзім де бірсыпыра жаңа киімдер алып кигенімді көргенде, сендер қайтер екенсіңдер!
Ау, балақайлар? Сәбилер! Жүгіріңдер, біздің үйге келіңдер! Менің сендерге беретін базарлығым — тәттілерім бар. Қолдарыңа бір - бір шақпақ қант ұстатам. Еркін ағам әкеп берді деп, қажалап жеп жүріңдер.
Шіркін-ай, менің осы келген түрімді Ғалия көрер ме. еді!
Ех, Ғалия мен үшін сен айықпас қайғыға айналдың, дертке айналдың. Жүрегімнен мәңгіге сызып тастайын десем де, дәрменсізбін. Неге. олай?. Не себептен сызып тастай: алмаймын?
Негe ұмыта алмаймын?
Ғалия, сен мені бір емес, екі өлтірдің. Екеуі де өле.өлгенше есімнен кетпес; сірә.
Біреуі — үйге бір қайыршы бала кіріп кетті деп, қорлап айтқан сөзің.
Екіншісі — мен тау жақтан сейілден қайтып келе жатқанда, есік алдында салт атты жігітпен ыржақтасып тұруың.
Сондағы іс мінезің...
Сонда мен «Ақжолға» не үшін бардым? Бір сен үшін еді ғой, Ғалия. Ал сен мені қалай қарсы алдың?
Қайыршыға теңедің...
Қас қылғандай, мен келгенде, Тұйықтың көшесінде бірде-бір адам қарасы көрінсеші. Бұл кім деп, біреу есігін ашып қарасашы.
Тым-тырс.
Мынау там үйлерде тірі адамдар тұратынын мұржалардан шығып жатқан түтіндерге қарап білмесең, бәрі түгел : қырылып қалған екен дерсің.
Біздің үйге төтелеп анау шет жақпен барса да болушы еді, Мен әдейі орталық көшені қақ жарып келе жатырмын. Бір кезде дәл алдымнан, үйдің қалқасынан қалың киінген, соқтауылдай екі еркек қарсы шыға келді.
Бұлар Нұрәлі мен бас бухгалтер Жүніс еді.
Екеуі де мені бір дегеннен танымай; тоқтап,. мойындарын бұра ошарыла қарап қапты; Meн дәл қатарынан үзеңгіммен қаға өтіп бара жатырмын. Биік аттың үстінде кеудемді, одан бетер биік ұстап, көзімді жоғарыдан қиғаштай тастап, әдейі амандаспадым.
— Өй, мынау Еркін ғой.
— Сәрсебектің інісі ғой, — десіп, артымнан күңкілдеп, айтып жатты.
Айтса, айта берсін. Еркінекең енді олардың сөзі түгіл өздерін елей қояр ма екен!
Біздің үйде мереке!
Біздің үйде шаттық!
Менің алтын кеннен қуанышты олжалы оралуым шешем мен жеңгемнің төбелерін көкке жеткізді. Бақыттың ауылы дәл мұндай қол созым_жақын болар деп, олар ойламаған да, күтпеген.
Кешегі Сәрсебек ағайым бар кездегі берекелі өмір бір кеште біздің үйде қайта орнады. Иісі мұрын жарған қызыл шай, мол, дастарқан. .Қазанда бүлк-бүлк қайнап, пісіп жатқан сурет.
Ертегілерде айтылатын ақ таяғын қолға ұстап, үйінен бақыт іздеп кетіп, талай қиыншылықтарды бастан кешіп, ақыры бай болып оралатын жетім балалар болушы еді ғой. Мен осы отырғанда дәл сол секілдімін.
Дүйсен Дауылбаевты Қаныша әйбат біледі екен. Иә, ол сондай, көңілді, жақсы жігіт деп, қосыла мақтап отырады.
Таңертең оянғанда мен шешемді төрдегі аузы өтсe сирек ашылатын қоңыр сандықтың қасында көрдім. Бұл сандықта Сәрсебектің бар киімі сақтаулы. Шешем үшін дүниеде ол киімдерден қымбат мүлік жоқ.
Қаншама таршылық кезді бастан кешіп, аш-жалаңаш болса да, ол ағайымның бір киімін сатып немесе азық-түлікке айырбастап, қажетке жаратқан емес.
Ондай ой шешем мен жеңгемнің басына кіріп те шықпаған.
Шешем Сәрсебектің қисық жағалы қара сатин жейдесін екі иығынан екі қолымен жазып ұстап, үнсіз кемсең-кемсең жылап тұр.
Менің оянғанымды көрді де, көз жасын сүртіп, тежеле қалды.
— Шыбыным, ағамның мына жейдесін сен ки. Тірі келсе, киім табылар.
Сәрсебектің қара былғары қолғабы бар-ды. Атқа мініп жүрсің, қолың тоңбасын деп, соны да маған берді.
Ауылда бір күн болып, оның ертеңінде алтын кенге қайтайын деп жатырмын.
Шешем мен жеңгем аттандырып салып тұр.
— Қош сау болыңдар.
— Қош, шыбыным. Қайда жүрсең, аман жүр.
— Ерка, қош.
Ат басын бұрып, енді жөней бергенімде, жеңгем:
— Ерка, тоқташы, — деп қалды. Тізгінді тежеп, кілт тоқтадым. Жеңгем қасыма келді. Мен әкеп берген әдемі салы орамалдан самай шашын түзей тұрып:
— Ерка, Ғалия күйеуге тигенін есіттің бе?
— Жоқ!
— Әнеу күні хат келген. Күйеуге шығыпты.
— Кімге?
— Сол өз ауылдарында, армиядан келген біреуге.
Аттың басын тез бұрып, жөнеле бердім. Көңілім босап, ішім у боп еріп барады.
52
Қалампыр мені өз баласы жолаушы кетіп оралғандай қуанышпен қарсы алды. Ұзақ жол шаршатқан болар, қарның ашқан болар деп, қалбақтап, жаны қалмайды.
Шешемнің, жеңгемнің амандығын тәптіштеп сұрап жатыр.
Шай үстінде қабағым кірбің екенін байқап қалды.
— Сен неге көңілсізсің?
— Жай.
— Бір жерің ауыра ма?
— Ат соғып, шаршағандық болар...
Қалампыр мені соңғы кезде ете сыйлағыш-ақ.
Жатар кез болды. Сыртқа шықтым да, бараққа қайта кірдім. Жатып қалдым.
Менің қасыма, әдетте Қалампыр жататын. Қалампырдың ар жағында Бәтима. Бәтиманың ар жағында Мұса.
Неге екенін білмеймін, ол тәртіп бүгін өзгеріпті. Бәтимаға төсек менімен қатар салыныпты.
Маған бұл ұнамады.
Ішім қып ете қалды.
Қалампыр соңғы кезде бір әңгіменің шетін шығаратын болған. Кейде екеуміз оңаша отырғанда, іс-міс жоқ, Бәтиманы мақтай жөнеледі. Қыз болса, менің қызымдай болсын, майлық-сулыққа бірдей. Ақшаны соқтауылдай жігіттеріңнен кем таппайды. Бұған серік болған адамның маңдайының бағы бар дейді.
Мен үндемеймін. Бұл әңгіменің маған қатысы жоқ дегендей қалып білдірем.
Бәтимадан кейін Қалампыр мені мақтайды:
— Сен де жаман бала емессің. Бәтиманы қалай көрсем, сені де солай көрем. Біреуіңнен біреуіңді алаламаймын, — дейді.
Кемпірдің түтіні қалай қисаятынын мен түсінем. Сіз ойлағандай бола қоймас деймін.
Мен Бәтиманы адамшылығы жағынан сыйлаймын. Ал бірақ сүймеймін. Сүймеген соң басыма ақыр заман төнсе де, мен оған үйленбекші емеспін.
Қара кемпір бұны білмейді.
Төсекке жатқан бетте әдейі кемпірге қарсылық мінез көрсетіп, Бәтимаға дөңкиген арқамды беріп, көрпемді басымнан асырып бүркеніп алдым.
Ал енді қайтер екен?
Мұса керемет жуас адам. Ештеңеде шаруасы болмайды. Мынау неге былай деп бір ауыз сөз айтпайды.жұмыс істеп, ақша тапқанды ғана біледі. Ол ақшаны ұстайтың да, жұмсай тын да Қалампыр.
Келіні қара кемпірдің өзім билеймін мінезіне төзбегендіктен кетіп қалды деген сөз бар.
Бұл әбден мүмкін нәрсе.
Бір күні екеуден екеу отырғанда:
— Еркім балам, мына жұрт өсек айтып жүр ғой, — деді қара кемпір.
— Не деп?
— Сен түн ішінде Бәтимаға қол салады деп...
Мен жаман ыза болдым:
— Кім? Кім оны айтқан?!
Қалампыр пәлен айтты деп, ешкімнің атын атамады.
— Сондай бір қаңқу сөз естідім. Өсек айтпай жүрсе, бұл жұрттың іші кеппей ме? — деді.
— Сіз Бәтимаға төсекті неге менімен қатар саласыз? Енді қатар салмаңыз.
Төсек қатар салына берді...
Әлгі сөз, шынында да, жұрт аузынан естілген өсек пе, жоқ әлде Қалампырдың өзі ойлап тапқаны ма, мен біле алмай, дал болдым.
53
Төсек қатар салына берді...
Шарапты сүйіп ішсең де мас етеді, сүймей ішсең де мас етеді. Әйел заты тап сол секілді — жолап кетсең қауіп.
Біріңе бірің тақалып қатар жату — ол енді шектен шыққандық.
Төсекке ұйқыға жатқан сайын мен Бәтимаға сол дөңкиген арқамды беріп, көрпемді бүркеніп алып жатамын. Қара кемпірге, барақтағы өзге де онымен тілеулес әйелдерге көрсеткен қиястығым. Таңертең және осы жамбасымнан, осы жатқан қалыбымнан түрегелем.
Ал түн ішінде... түн ішінде жатысымды аздап өзгертетін кездерім болады. Бір жамбаспен жата беріп кісі шыдай ма?
Бәтима көбінесе шалқасынан жатады. Маған ауыр денесімен тақалып алады. Онша көп қимылдамай, тым-тырыс жатады да қояды. Не ояу, не ұйқылы екенін білу қиын.
Міне мен ақырын, еппен аунап, бетімді Бәтима жаққа бұрып алдым. Ұйқым шайдай ашылып кеткен. Енді қыбыр етпей жатып тын тыңдаймын. Үй ішінде қорыл көп, бірі ана тұстан, бірі мына тұстан естіледі. Тыңдап жату қызық — қорылдың неше түрін естисің. Сенін қорылың қандай, менің қорылым қандай деп, жұрт жарысқа түскен секілді.
Қорылға қосыла және бір анайы дыбыстар да естіліп қалады.
Meн өтірік ұйықтаған болып, «пысынап», көрпемнің кеуде тұсын ашып тастаймын. «Ұйқысырап» қолдарымды бейберекет жайып жіберем. Жайылған қолым Бәтиманың жалаңаш иығына тиеді немесе оның кеудесінің үстіне барып құлайды.
Бәтима шошыған мінез көрсетпейді...
Бір күні түс көрдім. Түсімде Балжан үйіне барған екенмін. Түн. Қараңғы. Төр алдында жатырмын. Қасымда көрпенің сыртында менімен құшақтасып Ғалия жатыр.
— Ғалия, бері кіріп жат, тоңасың ғой, — деймін.
Ғалия үндемейді.
— Қарашы, иықтарың сұп-суық, — деймін де, көрпенің Ғалия жақ шетін ашып, оны өзіме қарай тартам. Ғалияда қарсылық жоқ, женіл жылжып келе жатыр. Міне ыстық бауырыма еніп, жабысып алды...
О, ғажап! Шынында да біреуді құшағыма қысып алыппын.
Сөйтсем, Бәтима...
54
— Еркін, хал қалай?
— Хал жақсы, Дүйсен ағай.
— Сол хал дегенің жақсы болмайын деп тұр-ау, Еркін шырақ. Колхоз сенің соңынан қуғын қағаз жіберіпті.
Арқам мұздай болып кетті.
— ...Осындай біздің бір колхозшымыз қашып кетіп, сіздерде жұмыс істеп жүрген көрінеді. Сол адамды жұмыстан шығарып, өзімізге қайтарсаңыздар екен депті.
Бұл қуанарлық хабар емес-ті.
Соңғы кезде алтын кенге колхоздардан жан бағыс іздеп келушілер көбейген. Соған байланысты аудан: колхоз мүшелері алтын кенге жұмысқа алынбасын деп қаулы етіпті деген сөз шыққан. Артынан қуғын келген бірнеше адам жұмыстан босатылған.
Бұның бәрі маған мәлім жай.
— Мен колхоз мүшесі емеспін ғой, — дедім.
— Бұл сеніңше. Ал олар әке-шешең колхоз мүшесі болғандықтан сені де колхоз мүшесі деп есептейді.
Ойламаған жерден басыма қара бұлт қайта үйірілді.
Бұл да Нұрәлінің ісі. Ана жолы менің ауылға шікірейіп барғанымды ол керді. Қандай олжамен оралғанымды естіді.
— Жарайды, алан, болмай, жұмысыңды істей бер. Мен директормен сөйлесіп керейін. Мүмкін, сені шығармас.
Он күндей құлағым тыныш болды, Содан соң кеңсеге шақырады.
Қуғын қағаз тағы кепті.
Артельдің директоры Иванов дейтін қазақшаға судай адам. — Сен жақсы жігітсің, бізге керексің. Қолымнан келсе, сені алып қалар едім. Бірақ ол қолымнан келмейді. Аудандық атқару комитетінің қаулысын бұза алмаймын, — дейді.
Артельмен қош айтысуыма тура келді.
Қара кемпір менен бетер қиналып, Нұрәліні сыртынан қарғап-сілеп жүр. Қарғамай ше! Ол мені өзіне күйеу бала етудің бар айласын істеп-ақ баққан еді. Еңбегі зая кеткелі отыр.
Бәтима түнде құлағыма сыбырлап:
— Еркін, мен сені сағынамын, — дейді.
Оның бетіме оқыс тиіп кеткен самай шашынан үркіп, басымды аулақ алып қашамын.
Нұрәлінің қол астына барғанша мен қаңғып кетуге әзірмін. Тұйыққа — үйге соқпастан, бірден Қарасазға военкоматқа келдім.
— Не айтасың?
— Мені соғысқа жіберсеңіздер екен.
Мен кірген кабинетте бір әйел, екі еркек — үш адам отырған. Барлықтары маған таңырқап қарасады. Дені сау ма, сау емес пе, шыны ма, тәлкегі ме дейтін тәрізді.
Саумын. Шын сөйлеп турмын. Бірдеңе сұраған адамша жалынамын. Өтінішім орындалмаса осы арадан кете қояр түрім жоқ.
Отырғандар:
— Әскери билетіңді көрсет, — деді.
Менің қалтамда әскерге жарамсыз деп, үш ай мерзімге берілген ақ билет. Ол мерзім өтіп кеткен. Комиссияға қайта түсетін кезім болған.
Денім де, сөзім де дұрыс екенін білген соң:
— Жақсы, пәлен уақытта комиссияға келесің, — деп қолыма повестка жазып берді.
Күздегідей түрінен адам шошырлық тірі әруақ емеспін. Кәдімгідей етейіп, оңалдым. Күн сайын ерінбей-жалықпай иіліп, созылып, жаттығудың арқасында дізелерімнің күдістеріне дейін жазып алдым. Енді әскерге қалайда жарауға тиіспін.
Колхозда Нұрәлінің тепкісінде жүргенше, майданға барып, не ерлік өліммен өлейін, немесе Отан алдындағы борышымды азаматша атқарып, еңсемді жоғары ұстап, арымды, анкетамды тазалап, қайтып келейін. Екінің бірі.
Әрі-сәрі болудан тойдым, қажыдым.
Міне, тағы да әскери комиссияның алдында тұрмын. Дені сау, сергек болып көрінуге тырысамын,
— Ауруың бар ма?
— Жоқ.
Шешім біреу:
— Годен к строевой службе! Ертесінде арбамен Алматыға жүргізді.
Нұрәліден айламды асырғаныма қуанып, кете бардым. Қош, туған ауылым!
— Қош, аяулы алтын анам! Қаныша жеңгем, қош!
Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын жаны сірі Еркіндерің есен-аман әлі-ақ қайтып келеді.
ЕКІНШІ ДӘПТЕР
1
Сонау соғыс жоқ бала кезде мен әскердің сурет боп, қатып тұратын киіміне, астындағы сәйгүлік атына, асынған мылтық-қылышына қызығатын едім .Қызыл әскер болуды арман ететінмін.
Сол кезде солдат болдым екен деп, бірден жаңа киім бермейді. Майданға жөнелтілгендердің иығынан сыпырылған көнетоз ескі киімдер береді. Оны киіп, сурет боп, қала қоймайсың.
2
Солдаттың да қолының қалт ететін кездері болады. Әркім оны әрқалай пайдаланады: біреу үзілген түймесін қадайды, біреу ел-жұртына хат жазып жатады. Енді біреу аяғына жайлы-жұмсақ болуға сірне-сірне шұлғауын уқалап әлек. Тірі жанның тіршілік әрекеті біткен бе?
Төс қалтамнан тастамай салып жүрген, қатқыл тысты дәптершем бар менің. Ұзындығы сом дәптершенің бойына лайықталған, дәптершемен жұбы жазылмайтын бір сүйем қара қарындашым бар, екеуі де бағалы мүліктерім. Әлгідей өз еркім өзіме тиген шақтарда, бетімді қасымдағы жолдастарымнан теріс бұрып, сүйкетіп жазып жатам.
Өлеңдерді, реті келсе, газет-журналға басқызу, сөйтіп, ақын атану үшін жазам.
Пилоткам он шекемде жыпырмалы,
Арқамда жүк қапшығым сыпырмалы,
Сары сым, сары жейде, кенеп белбеу,
Бәтеңкем аяқ бассам сықырлайды...
«Мен солдат» дейтін өлеңім міне осылай басталатын.
Бұл өлеңді мен өзіміздің ауылға, аудандық газетке жібердім. Газет қасқайтып бірінші бетіне жариялапты. Бір номерін хатпен маған жіберіпті. Содан бері қасымдағы қазақ жолдастарым да, орыс жолдастарым да мені «ақын», «біздің ақынымыз» дейтін болып жүр. «Жас Жамбыл», «Жамбылдың мұрагері» деп те атайды. Осынын бәрінде де: байқаймын олардың мақтауынан гөрі келемеж етулері көбірек.
Мейлі поэзия оларға келемеж болғанмен мен үшін тіпті де келемеж емес.
Құпия қалта өлеңдердің жайы бұдан өрі бөлегірек. Meн оны газет-журналға ұсыну үшін жазбаймын, тек өзім үшін жазам. Өзімнің ең жақын сырлас адамдарым үшін. Бұл өлеңдерді кім көрінгенге оқымаймын да.
Адам өзінің ішкі сырын кез келгенге ақтарып, жайып сала бере ме? Бұл да сондай. Бұл тәрізді өлеңдерде баяндалатындар өзімнің бастан кешкендерім, ішіме сыймай жүрген мұңым мен зарым. Әлі қолым жетіп үлгермеген армандарым. Ол тәрізді өлеңдерді газет-журнал жаратпайды.
* * *
Менің де өзімше қулық есептерім бар.
Құпия-қалта өлеңдерімнің тәуір-тәуір дегендерін көшіріп, хатпен үйге жіберем. Олар да оқысын. Екінің бірі, егіздің сыңары емес екенімді, біліп, ақындық талантым барын біле берсін ел-жұртым. Бүгін болмағанмен ертең соғысқа мен де баратын шығармын. Тағдырым қалай боларын кім білсін. Мүмкін, қаңғыған бір түйір қорғасынның кесірінен елге тірі оралмаспын. Ер атанып, даңқымды жайып үлгермеспін. Міне сонда артымда батырлық даңқым қалмаса да, әлгідей бес-алты ауыз сөзім — өлеңдерім қалады ғой. Менен барған өлең, хаттарды шешем дүние астын-үстін болса да жыртпай сақтайды. Қалтасына бой тұмардай салып жүріп оқытатын болады. Ел оны біреуінен біреуі естіп көшіріп алып, таратып әкетеді. Біреуден біреуге жаяды. Әлі, «Еркіннің әскерден жазған хаты» деп, жиын-тойда домбырамен әндетіп, айтып жүретіндер де табылады.
Осынын бәрі ел арасында менің атымды шығарады.
Әлгідей, соғыстан тірі оралмасам, ел-жұртым оқта-текте еске алып, айтып отырмай ма:
— Шіркін боздақ, арманда кетті ғой! Әйтпесе, адам болатын баланың бірі еді! — деп.
3
Бастауыш мектепте оқып жүріп-ақ редакциялардың біразымен хат алысып-берісуді кәсіп етіп үлгерген едім. Сол әдет солдат болғанда да қалмаған.
Қырсық тағдыр менің ақын атануымды сірә қаламайтын болса керек. Бір де бір өлеңім басылмайды. Ал басылғанын көруге құштар-ақпын.
(Аудандық газет мен үшін таң болудан қалған.)
Бүкіл ел болып, казак, халқы болын оқитын газет-журналдарға басылса деп, арман етем.
«О, құдай, жаратқан ием. Бұныңа да шүкір!» — деп елдегі шешем байғұс бір жасарым қалар еді.
Нұрәлінің іші у жұтқандай күйер еді.
Хат танитын қазақ атаулы түгел жапырлап оқып жатқан өлеңді, сөз жоқ Ғалия да оқыр еді-ау. Өлең соңында «Еркін Мамырбаев. И. бөлімшесінің курсант-жауынгері». Ғалияның көзіне менің аты-жөнім оттай басылуы сөзсіз.
Жүрегі кеудесіне сыймай, тулап қоя берер: сол... сол..« Еркін...
Өскенде жазушы болам дейтін еді. Бола бастағаны ғой...
Ех, Ғалия... Ғалияшым менің. Басқаға бұйырсаң да, Ғалияшым деуді қоймаймын-ау әлі де. Қайтейін, қимаймын ғой. Қимаймын. Сені есіме алсам, іші-бауырым өртеніп кеткендей болады. Миыма қан құйылғандай екі шекем зырқ ете қалады.
Өзіңді көретін күн болар ма екен, Ғалия? Ішімдегімді армансыз бір ақтарып, сөйлессем. Кінә кімнен болды? Менен бе, жоқ сенен бе? Білсем.
Менің кінәм бір жылға зым-зия жоғалып кетуім. Ал сенің кінәң одан гөрі көп те, басым. Сен мені ақырына дейін күтпедің. Табандылық көрсетпедің. Бірін бірі шынайы сүйетін адамдар, Ғалияжан, олай болмауы керек еді.
Зым-зия жоғалайын деп жоғалдым ба, мен бейбақ? Алапат соғыс шықты да, өмірдің астын үстіне келтірді, бірді бірге бытыстырды. Сеп болсаң, басыма іс түскен кезде ұмыттың мені. Жүрегіңнен өшіріп, сызып тастадың.
Мүмкін, бәріне соғыс кінәлі шығар?
Мен сені, бәрі бір қия алмаймын, Ғалия. Өзіңді бір көріп сыр шертуге құштармын.
Білгіштер қайда да болса бар. Әскерде де жетерлік. Менің газет-журналдарға өлеңдер жіберіп, басқыза алмай жүргеніме олар күледі:
— Шырақ, сен әлі бала екенсің, — дейді. — Бір жапырақ қағазға сүйкетіп, өлең жаза салдым да, қырық тиынның маркасын жапсырып, жібердім. Енді ол басылуға тиіс дейсің. Жо-о-қ, оған ол басылмайды.
— Қалай етсе басылады?
— Алматы деген міне мынау — үйдің қасы. Жарты күн мұрсатана сұрап ал да, редакцияға өзің бар. Өлеңіңді көзбе көз отыр.ып, көрсет. Құр қол және барма. Қалтаңда редакция қызметкерлерін сусындатқандай міне мынауың болсын...
Білгішім бұны айтқанда, үш саусағының басын уқалап көрсетеді. Мен бірден түсінем — ақшаң болсын дегені.
— Сосын мен көрейін өлеңің басылмағанын...
Мен ойланып қалам. Өмірде көп нәрсе әлгідей қиғаш жолмен жүзеге асатынын білетін тәріздімін. Бірақ, талант жүрген жерде де еп жүруі керек дегенге иланғым келмейді.
Дүниедегі ен әділ, ең турашыл нәрсе баспасөз және онда қызмет істейтін адамдар деп ұғатыным және бар.
Бұл үшін білгіш мені маубас санайды да, өз айтқанын дәлелдеп, өршелене түседі:
— Қазақта екінің бірі өлең жазатыны рас па?
— Рас.
— Егер соның бәрі басыла берсе, не болар еді?
Мен иығымды қомпаң еткіземін. Не болатынын қайдан білейін?
— Егер соның бәрі басыла берсе, — дейді білгіш тәптіштеп сөйлеп, — жұрт өзге кәсіпті түгел қойып, шетінен ақын, шетінен жазушы болып кетпей ме?
Мен тағы ойланам. Бұл сөзде қисын бар тәрізді.
— Әлгідей жолын тауып, ебін тапқандар ғана басылады, яғни, ақын-жазушы болады.
4
Аяқ астынан, ойламаған жерден, киноға түсу деген әуре табылды. Ол болмаса мен, мүмкін, ауырмас едім. Ауырмасам, Қызыл Армия жасақтарының сапынан мәңгі-бақи шығып қалмас едім. Біріне бірі себеп.
Соғыс кезінде «Мосфильм» Алматыға көшіп келген. Атақты «Броненосец», «Потемкиннің» авторы, кинорежиссер Сергей Эйзенштейнді сіздер білесіздер. Ал оның қызмет орны «Мосфильм» екенін, Алматыға ол да кешіп келгенін білмеулеріңіз айып емес.
Бір күні біздің батальонды киноға түсесіңдер деді де, сапқа тұрғызып, алды да жөнелді. Қаскелең ауданы, «Политотдел» дейтін шағын колхоздың қасына алып келді.
Жаз уақыты. Үлкен аңғар өзек. Шағын қара су. Қара судың бойына қатар-қатар шатыр тігіп, лагерь жасап алдық.
Біреу тоймен әлек, біреу қоймен әлек, Эйзенштейннің «Иван Грозный» атты кинофильм түсіріп жүрген кезі екен. Бізді, бір батальон атты әскер, бір батальон жаяу әскерді, патшаға жасақ болу үшін алып келген.
Күндіз. Ашық аспанның асты. Шөбі қалың теріскей беткей жерге солдаттар біреуіне біреуі тақала жайғасып отырысқан. Алда аппақ шашы жалбырап мойнына түскен, келбетті шалдау адам таныстыру ретінде болашақ фильмнің сценариінен бізге үзінді оқып тұр.
Ұлы кинорежиссер аталынатын Сергей ағамыз міне осы кісі.
Taп сол кезде мен оның әлгідей тарих үшін қажетті, құрметті адам екенін біліппін бе? Білсем, осы жүрген кино қызметкерлерінің біреуі ретінде мен оған селсоқ қарамас едім. Мүмкін болған сәттің бәрінде де қасынан екі елі шықпай қояр ем. Көрген-білгенімді бір түйірін қалдырмай, қағазға жазып отырар ем. Міне, қазіргідей сәті келіп қалғанда, куәлі сөздің өтірігі жоқ деп, ол туралы оқушыға майын тамызып, ұзақ әңгімелеп айтқан болар едім.
Бірақ амал қанша, ондай көрегендік ой ол кезде менің мынау ылғи кешігіп ойлайтын басыма кірмек түгіл, жақын жоламаған. Сол себептен, тек сол себептен, ұлы адамның көмескі түр-түсінен өзге ештеңе менің есімде қалмаған.
Бұл үшін, егер қажет болса, оқушыдан да, Сергей Эйзенштейннің мәңгі өлмес рухынан да, кешірім өтінуге мен дайын.
Ұлы суреткермен істес болып жүргенімді мен маубас, қара басын білмегенмін ол кезде.
Қалың солдаттың сонау шет жағында, орысша оқылған сценарийді шала ұғып, сонда да зейін сала ұйып тыңдап отырған, беті-басын шытынап күнге күйген кішкене қара солдат — болашақ дырдай қазақ жазушысы екенін сірә, Эйзенштейн де білмесе керек.
Анадай дөң үстінде тақтайдан, фанерадан Қазан қаласының үлкен макеті жасап қойылған. Біз, Иван Грозный патшаның атты жаяу жасақтары,
соған шабуылдар жасаймыз. Режиссер дауыс ұлғайтқышпен айқай салады:
— Стоп!
Шабуыл басынан бастап, қайтадан жасалады.
Иван Грозный ролінде артист Черкасов.
Халыққа аты кең тараған күлдіргі артист Жаров ол да осында. Ұлы Эйзенштейннен гөрі, біз қолымыз боста, ұлы емес осылардың қасынан шықпаймыз.
Бала кезімізде мұғалімдерден, үлкендерден сұрайтын ек:
— Кинодағының бәрі шын болған ба? Адамдар шын өле ме? Кеме суға шын бата ма? Үйлер шын өртеніп, шын қирай ма?
— Жоқ оның бәрі жасанды, жалған, десе, киноға деген ынтығымыз суып қалушы еді.
Ондай ұғым тамаша өнер — кинематографияның ерекшелігін бізге жеткізіп, түсіндіріп айта алмаудан туады екен.
5
Түс кезі. Күн ыссы. Қазанға шабуылды жасай-жасай титықтап, демалып отырмыз. Ыстық шекеден етіп, ми қайнатады.
Жымпиған солдат пилоткасындай жексұрын бас киімді мен өмірі көрген емеспін. Нe ыстықтан, не суықтан ғана боп жарытпайды.
Өзен бойы бұл арада жалаңаш, ағаш-бұта өспейді, демалған кезде бас сауғалар көлеңке табылмайды-ақ.
Қақтаған ыстықтан жан таппаған соң қасымдағы бір түп қызыл қурайды басыма пана етіп, көк шөпке бауырымды төсеп, жата кеткем. Жер сыз. Лезде көзім ілініп, ұйықтап кетіппін. Қанша жатқаным белгісіз.
Бip кезде сатырлаған көп дыбыстан оянып кеттім. Сөйтсем, киноға түсуге дайындалыңдар деген команда болған екен. Бой жазып тұрайын десем, тұра алмаймын. Кеудемнің іші толы инелер. Тікейіп, бойымды жазбақ болсам, әлгі инелер екпеме, қолқа-жүрегіме оңдырмай сұғып-сұғып алады. Кеудемді қолыммен басып, бүгіліп, тынысым тарылып:
— Ойбай... ойбай... — дедім де, қайта құладым.
Он солдаттың үстінде едіреңдеген бір текешік — отделние командирі. Әлгінің сене қойғысы келмейді.
— Не? Не боп қалды?
— Ішім ойбай.,.
— Хватит притворяться, вставай!
Менде тұратындай хал жоқ.
Мені қулық істеп жатыр деп ойласа керек. Өңезе неме, жаңағы сөзін қайталап, жаман аяқтарымен құйрығыма теппек болады. Ой, мұндай ыза болмаспын.
Орнымнан қалай атып тұрғанымды өзім де білмей қалдым. Отделение командирінің кеңірдегінен ала түсуге дайын едім. Дір-дір етем.
Шаң-шұңға жұрт елең етіп қарасты. Не, не боп қалды деп, взод командирі келді.
— Мынау өтірік ауырып тұрғысы келмейді.
— Әкеңнің басы!
Фельдшер келді сумкасын салақтатып. Ыстығымды өлшеді. Термометр айналайын денем от екенін көздеріне шұқып, көрсетіп берді.
Отделение командирінің үні өшті.
Жазықсыз жапа көргендіктен қаным қайнап, басылатын емеспін. Отделение командиріне азуымды шықырлатып:
— Тоқтап тұр! Мен саған көрсетемін! — дедім.
Қос ат жегілген салдырлақ көк арба ыңқ-ыңқ еткен мені Алматыға полкке жеткізді. Санчаста рентгенге салып көрді де, өкпеңе суық тиген деп тапты. Ыстық күнде тершіп, қызып тұрған денемен сыз жерге жабысып жата қалуым ақымақшылық болған екен. Өкпенің екеуі бірдей қабынып шыға келген.
Ленин көшесінің бойы, тау етегіндегі госпитальға әкеліп салды. Қалың бақтың іші, таза ауа.
Госпитальда күзге дейін жаттым. Адам әбден жүдеп-жадағанда денедегі бар ауру түгел бас көтеретін тәрізді. Өкпем түзелгенмен басқа кесел жамалды. Оң жақ мойнымның өндіршегінің безі қабынып, оңай жазылмайтын, түрі жаман жараға айналды. Жараның үңірейген аузы дәрігер не ем істесе де бітпей тұрып алды.
Күндер өтіп жатты. Жарада жазылатын ниет жоқ.
Ақыры болмаған соң, дәрігерлік комиссияға салды. Комиссия алты айға ескеріп кызметтен босатты. Берген кенесі ауылыңа таза ауаға бар. Күшті. тамақтар іш. Көп ұйықта. Таза ауада көп жүр, сөйтіп, оңал.
Жол азығымды бұлтитып арқама таңып алдым да, елге қайттым.
Қызыл Армияға фашизммен менсіз соғысуына тура келді.
6
Әскерден келе жатқанда ел бетіне жарқын жүзбен қарайсың. Жолшыбай кездескен машиналарға қолыңды айбаттана көтеріп, қонар үйдің есігін батыл-батыл қағасың.
Бұл кезде әскерде адамы жоқ жан жоқ. Біреудің ұлы, біреудің бауыры, енді біреудің сүйген жары саған ұқсап солдат киімін киіп, отан қорғау жолында қызмет атқарып жүр. Қар кешіп, соғысып жүр.
Әсіресе, майданнан жараланып қайтқандарға ел бейілі бөлек. Оларды сыйламайтын, құрмет етіп қарамайтын жан сирек. Қызыл оттың ішінен шыбын жанын шүберекке түйіп аман алып шыққан нағыз бақыттыдай көреді. Бар бейілдерімен қызмет етуге дайын тұрады.
Өте-мөте елжіреп, төнін түсетіндер жақсылық, жамандықты көп көрген қарттар:
— Қалқам, соғыстан келемісің? Майданның қай жерінде болдың? Госпитальда қайда жаттың? Қай жеріңнен жарадар болдың? — деп, сұрақты жаудыра жөнеледі.
— Жоқ, соғысқа барған жоқпын. Әскерден ауру болған себепті қайттым,. — деуге мұндайда тіл келмей қалады. Алғашқы бірінші сұраққа «иә» деп қап, сосын шегіне алмайық. Өтірікке белшемнен бата берем. «Қай жеріңнен жарадар болдың?» десе, міне деп, мойнымдағы аурудан болған жараны көрсетем.
Ешкім де шүбә келтірмейді, сенеді. Әскерден қайтқанның бәрі-ақ жараланып қайтқандар деп ойлайды.
Төсекті қалың етіп салып, ең тәуір деген тамақтарын беріп, сыйлап жібереді.
Бүкіл кеш бойына соғыс жайынан әңгіме сұрап, қадалып отырып алатындар бар. Анау қалай? Мынау қалай?.. Соғысқа бармақ түгіл, әлі бір оқ атып кермесем де,. майданда «басымнан кешкендерімді» майын тамызып айтып берем. Оның көбі әскерде соғысқа барып келген басқа жұрттың аузынан естігендерім. Ал кейбірі өзімнің соғысқа барсам өйтер едім, бүйтер едім деген, қиялымнан туған.
Майданнан келе жатқан жарадар солдат болып, аз күнде есен-аман еліме жеттім.
7
Miнe тағы да Тұйықтамын. Тұйық менің дүниенің қай бұрышына кетсем де, қайта айналып табатын алтын ұям. Былқ етпес түп қазығым. Мені оған арқандап байлап қойған, жай көзге көрінбейтін, үзілмес керемет берік жіп бар. Ол жіп үзілсе, мен мен емеспін, басқамын.
Ендігі міндет дәрігер айтқан кеңестерді мүлт жібермей орындау. Сөйтіп оңалу. Денсаулықты түзеп ап, даңқты Қызыл Армияның қатарына қайта оралу. Фашизмді талқандап, жоқ етуге халқымның азаматы ретінде өзімнің үлесімді қосу.
Ауылыңа таза ауаға бар деген еді дәрігер. Міне келдім. «Көп ұйықта» өзім де жасымнан ұйқышыл жанның бірімін. Ұйқының сазайын бере бастайтыныма дау жоқ.
Дәрігердің және бір айтқаны «күшті тамақтар іш» еді ғой. Бұны да ұмыта қойған мен жоқпын. Бірақ мүлтіксіз орындауға келгенде, ұқыпты болар түрім жоқ. Бар болса ішесің күшті тамақтарды, жоқ болса, неңді ішесің?
Дәрігердің кеңесін қазанға салып қайнатқанмен сорпа болып шықпайды. Қазанға тамақтан өтетіндей басқа бірдеңе салып қайнатқан жөн.
Ол оңайлықпен табылатын кез емес.
Ауызды ауыртып ет, майды айтпағанда, нан жеудің өзін Тұйықтың халқы баяғыда ұмытыпты. Соның бірі біздің үй. Сонау жылдары таршылық кезде қазанға жалындатып арпа қуырып, тоңқаңдап келі түйіп жатушы еді ғой. Осы күні сол кәсіпке кайта оралыпты.
Күнбе-күн ет, май, нан жейтіндер Нұрәлі, Жүніс, тәрізді бірлі-жарым қазан құлағын ұстағандар.
Мен келіп түскен күні шешем байғұс қалбалақтап ауылды кезе жөнеліп, әлдекімнен, әлде неге саудаласып, бір серке әкеп сойған болатын. Оның еті екі-үш күнде сап болды. Сап болмай кайтсын. Жейтін ауыз тек өзіміз ғана емеспіз. Маған амандаса келген ауыл адамдары қашан қазан оттан түсірілмейінше түкіріктерін жұтып, төр алдында жарбиып, отырып алатұғын әдеттері.
Көк серкенің еті түгіл үй сыртына күресінге лақтырылып тасталған сүйек-саяғынан да түк қалған жоқ. Ауылдың талайдан сүйек кемірмеген аш иттері бір бірімен ырылдасын, таласып, тиген-тигенінше талап әкетті.
Енді ет те жоқ. Қолда пышаққа ілігіп, ет болатын ұсақ мал да жоқ. Бүкіл бір үйді жан бақтырып отырған жалғыз қызыл сиыр бар. Есуас болмасаң оны жарын тастай алмайсың.
«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал барып сәлем береді». Менің әскерден оралғанымды естіп, біздің үйге бас сұғып шықпаған жан Тұйықта жоқ-ақ. Тек Нұрәлі келмеді. Біздің үймен, біздің тұқыммен бітіспес жау болып алғаным ол және бір рет осылайша айқын көрсетті.
Дүниенің қоры болып кетсем де, оның алдына төменшіктеп баруға мен де жоқпын. Колхоз председателі түгіл, маған десе, құдай болып кетсін.
8
Ал не істеймін енді? Алты ай бойы жамбастап жатып алам ба? Қой, болмас. Онсыз да жандарын әрең бағып отырған екі әйелге (шешем мен жеңгеме) масыл боп, жата беруім жарамас. Өзіме бір жұмыс тауып алайын.
Қайдан табам? Кім болам?
Нұрәліге жұмыс сұрап баратұғын мен жоқпын.
Менің ойым ауданда.
«Өмірбаян жаз». «Анкета толтыр» дегенді ойласам, тула бойым дір ете қалатын әдет пайда болған. Мекеменің бәрінде де сол тәртіп. Қолыңнан қандай жұмыс келетінін сұрамайды. Ен әуелі толтыр мынаны деп, алдыңа тоқымдай етіп, кадрлар есебінің листогін жайып тастайды.
Листок емес, сұрақшы. Ол сенен қадалып, сұрақ ала бастайды: сотталдың ба? Не үшін сотталдың?
Сотталмадым деп, өтірік айта алмаймын. Ал сотталдым деп жазсам, мекеме басшысының менен дәл бір оба ауруы бар адамдай ат-тонын ала қашатынын және білем.
Осыны осылай деп, түгел жазып беруді листок қаламайды. Тек бір ғана сөзбен не иә, не жоқ деп жазғаныңды қалайды.
Шіркін, не сотқа, не прокурорға хатшы болсам. Нұрәлінің көзі атыздай болар еді-ау! Өйткені, ол жүрген жер лас қой. Екі қолы, аяғы бәрі лас. Заң мекемелерінің аты аталса, лас кісі қалтырап тұрады. Сот, прокурорға хатшы болу маған міне осы үшін — жауым Нұрәліні азды-көпті қалтырату үшін керек.
Бірақ, мен тәрізді заңмен істес болған адамды заң мекемелеріне кызметке алмайтыны белгілі.
* * *
Ойлап-ойлап, мұғалім болайын дедім. Өзге қызметтердің ішінен көңілім қалайтыны мұғалімдік.
Аудандық оқу бөлімінің кеңсесінде тұрмын. Мұнда да сол бір тәртіп: өмірбаян жаз, анкета толтыр.
Жаздым. Толтырдым. Жүрегім қалтырап, бастықтық үкімін күтудемін. Мұғалім бола алмайсың демесе неғылсын.
Бастық алтын адам екен. Мен толтырған қағаздардың ол бетіне де қарамастан столының тартпасына тығып жатып:
— Ал, жігітім, қай мектепке барғың келеді? — дегені.
Мен қуанғаннан:
— Қайда жіберсеңіз де барам, — дедім.
— Сарыбелге барасың ба? Әрі мектеп меңгерушісі боласың. Әрі өзің бір класты оқытасың.
— Барайын.
* * *
Міне Сарыбелдемін.
Бұл араның көке аты Сарыбел болғанмен колхозының аты Карл Маркс.
Біздің Қарасаз ауданында аты құтаймайтын колхоздар бар, Соның бірі Сарыбелдегі осы артель. Әуелде, тұңғыш рет колхоз бен біріккенде, атып атам заманғы жер аты бойынша Сарыбел деп қойған. Бұл, әрине, табиғи дұрыс еді.
Кейінірек жұрт коммунизм идеясының түп атасы Карл Маркстің өз атына бір-ақ жармасады.
Бұндағы колхоз аты содан бері «Карл Маркс». Ал Сарыбел деп атауын жуық маңда қоятын емес,
Соған біз де еріп кетіп отырмыз.
* * *
Сарыбел аудандағы ірі поселктің бірі. Орыс, қазақ аралас. Мектеп үйі екі жерде: бірінде орыс кластары, екіншісінде қазақ кластары оқиды.
Менен бұрын мұнда үш мұғалім бар екен. Үшеуі де нәзік жыныстың өкілдері. Мен міне төртіншімін.
Әуелгі кездескен екі жас келіншек мұғалімдер ілтипатпен иіліп:
— Саламатсыз ба, жолдас директор. Келуіңізбен, — деп қолдарын сызыла ұсынып жатыр.
Мырс етіп, күліп жібере жаздадым. Неге «директор?» «Жолдас мектеп меңгерушісі» деп, дұрысын неге айтпайды? Әлде менің тым лас екенімді көріп, тәлкек еткендері ме? Болмаса, маған жағыну үшін қызмет-лауазымымды әдейі қампитып атағандары ма?»
«Мектеп меңгерушісі» дегеннен гөрі «директор» деу, шынында да, әрі ықшам, әрі дардай.
Екі мектеп үйінде үй сыпыратын екі әйел бар. Олар да күні бұрын ақылдасып қойғандай:
— Жолдас директор, амансыз ба? — дейді.
Әуелде оғаш боп естілген «директор» деген сөзге құлағым бара-бара үйренейін деді.
9
Осында, Сарыбелде, шешеме төркін боп келетін Құдайберді деген адам тұрады. Өзі кәзір әскерде. Әйелі Нұрила оқымаған, сауатсыз. Колхозда жай қара жұмыс істейді. Бала көтермеген, жалғыз бас. Мен осы Нұрила жеңгейдің үйіндемін. Мінезі жұмсақ, бауырмал жақсы кісі. Аудандық оқу бөлімі Сарыбелге барасың ба дегенде, менің ойламай, бірден келісім беруіме бұл да себеп болған. Пәтер іздеп әуре болмаймын, Нұрила жеңгейдің үйінде жүретін шығармын деп ойлағам.
Төр алдында Нұрила жеңгейдің қалшылдап салып берген жер төсегінде міне бір түнеп шықтым. Таңертеңгі уақыт. Ұйқым әбден жақсы қанып қалған. Ойым да, бойым да сергек. Адам бұндай кезде оянып aп, мынадай рақат халді қимай, керіліп, жата түсетін әдеті. Әр түрлі ойлар басқа келеді.
Кенет мойнымдағы жарам есіме түсті. Лағнет келгір, осы жара-ақ көңілімді кірбің етіп бітті-ау! Ел көзінше ұялып, көйлегімнің жағасын да ағыта алмаймын. Ыстықта да, суықта да қорынып, қымтап алып жүргенім.
О, ғажап! Сенем бе, сенбеймін бе? Саусағымның үшімен мойнымды сипап көрсем, жара жоқ. Жазылған. Желімдеп таңып қойған шүберегі түсіп қалыпты.
Жараның орны жым-жылас.
Ой, мұндай қуанбаспын! Орнымнан атып тұрып, айнаға жүгірдім. Жара жоқ. Жараның аузы қара қотырланып бітіп қалған. Жарадан құтылғанмын!
Ой, ғажап-ай Бұндай да ғажап уақиға болады екен-ау! Дәрігер не ем істесе де бой бермеген жара еді. Ешқандай ем-домсыз өзінен-өзі жазылған.
Госпитальдан шыққалы мен бұл жараға ешқандай да ем істеген жоқпын. Ем істеуге жағдай да болған емес. Тек екі-үш рет кірлеп кеткен шүберегін ауыстырдым.
Мен енді білдім: мойнымдағы жараның шипасы дәрі емес екен. Туған жердің ауасы екен. Жараны сол емдеп жазған. Тек сол.
Қасиетіңнен айналайын, туған жер!
10
Сабақ екі мектепте де екі сменамен оқытылады. Мен түстен кейін екінші, төртінші кластарды катар қосып оқытам. Мектеп үйінің екеуі де нашар. Осы үшін әдейі арнап салынбаған. Бір кезде адам тұрған, осындағы көп үйлердің біреуіндей бәкене, қораш там. Шатырсыз.
Әсіресе, қазақ кластары оқитын мектеп ұсқынсыз. Өз алдына оңаша жеке де емес. Әлде кімнің тәйпиған там үйінің жалғасы.
Бергі, көше жақтағы екі бөлме мектеп болғанда, арғы, қора жақтағы басқа екі бөлмеде Сегізбай дейтін, қас-қабағы түксиген, тұлғасы аю тәріздес шалдау адамның семьясы тұрады.
Мектеп пен Сегізбай үйінің есіктері бөлек.
Сегізбай живсырьеның осы төңіректегі бірнеше колхозды қамтитын агент қабылдаушысы. Киімді қатып киінеді. Үстінде жаңа фуфайка, шалбар, аяғында сықырлаған хром етік. Баста базар қалпақ. Алғашқыда мен бұл адамды онша ұнатпай жүрдім. Кісіге сүзетін бұқа тәрізденіп, иегін алқымына тығып алып, ежірейе қарап тұрғаны. Амандассаң жөнді амандаспайтын тәкаппар. Ернін болар-болмас жыбыр еткізеді де қояды. Соңғы кезде осы үшін мен де онымен жөнді амандаспайтын болғам.
Мектептің дәл қасында, бет алдында, Сегізбай қожалық ететін бір қора шаруашылық бар. Үлкен шарбақ қоршау. Ол қоршаудың ішінде жабық төбенің астында шоқы-шоқы үйілген жүн, тері-терсек. Есігіне шомбал қара құлыптар салынған әр түрлі қойма-складтар.Шикізат өткізген жұртпен Сегізбайдың сауда саттық жасайтын арнайы дүкені бар. Ол да осында.
Дүкен, дүкен деген соң мен бір жолы кіріп едім. Көзім атыздай болды. Сарыбелдің халқы Сегізбайды көргенде алдын қия кесіп өтпей, неге Секе, Секе деп, кішірейіп, құрмет етіп тұратынын, Сегізбайдың тәкаппар болуының сырын енді білдім. Сенсеңіз әлгі жаман дүкенде жоқ нәрсе жоқ.
Халық көп тұтынатын: әр түрлі іштік-тыстық кездеме, пима, галош, айна, сабын, былғары, шай қант бәрі тұр. Осының қай-қайсы да осы кезде қапы жерге тамбайтын зәру заттар.
Бұл неге булай екенін сұрастырсам, соғыстың кесірінен саудадағы тәртіп те өзгеріпті. Әлгі аталған халық көп тұтынатын қат бұйымдар живсырье арқылы да сатылатын бопты. Бірақ жай ақшаға сатылмайды. Жүн, қыл, тері-терсек өткізгендерге, онда да, сол өткізген шикі зат құнының белгілі бір процентіне ғана беріледі.
Жай ақшаға сатылса, бұның бәрі бүйтіп жарқырап тұрмайтыны белгілі.
* * *
Бір күні түске таман күндегі әдетім бойынша мектепке сабағыма келдім. Алғашқы қар жауып, күн кайта жарқырап ашылған. Әлі сабақ бастауға ертелеу. Класқа кірмей, биылғы тұңғыш қарды тамашалап, сыртта өзіммен өзім болып тұрмын.
Кенет, арт жағымнан:
— Бала, неғып тұрсың? — деген дауыс естілді. Жалт қарасам, Сегізбай. — Бері кел!
Сегізбай өз есігінің алдында тұр.
Ішімнен мырс еткендей болдым — «бала». Жұрт қампитып, «директор» десе, бұл «бала» дейді. Тым құрса, «мұғалім» деп те атамайды.
Ішімнен қырсауланып, бұл не айтар екен деп, қасына жақындап келдім .
— Жүр, шай ішейік.
Сегізбай осыны айтып, кетіп барады. Болды, ілес соңымнан дегені тәрізді. Мен әлгі арада бір сәтке қалшиып қалып қойдым.
Сегізбай артына бұрылып қарайтын да емес.
Менің жыным келді. Мына шал жынды ма ей? Жүр дегенге, мені соңынан томпаңдап жөнелетін күшік тәрізді көре ме? Адамша неге жөндеп шақырмайды? Қатарласып, бірге неге жүрмейді?
Сықырлауық кішкене есіктен үлкен денесімен екі бүктеліп, кіріп жатып, Сегізбай артына енді ғана бурылды. Жүрмей тұрып қалған мені көрді:
— Жүр, неғып тұрсың?
Тағы езі бұйырып сөйлейді.
Мен әрі қырсығып, әрі таңырқаймын: өзінің дөрекі мінезі осы ма? Болмаса, мені жөнді кісі деп, санамағаны ма?
Қалай да, Сегізбайдың нысы жеңді. Міне ол кірген аласа есіктен мен де кіріп келе жатырмын. Бұрын бұл үйге бас сұққан жан емеспін.
Шағын ауыз үй. Едені жер. Бірақ таза. Төр үйдің көкшіл сырмен сырланған есігі қақ жарылып, ашық тұр. Ар жақтан еденіне табалдырықтың түбіне дейін жеткізін, бірінің үстіне бірін қабаттап төсеп тастаған қызылды-жасылды алаша-текеметтер, екі кісілік ақ польский кереует, жібек шымылдық, қабырғаға ұстаған үлкен де, әсем кілем көрінеді. Салтанатқа малынған тап-таза көңілді бөлме. Есік алдына аяқ сүрту үшін тасталған шүберекке кайта оралып, аяғымды барынша ықтияттап сүртіп, сырт киімімді шешіп, содан кейін ғана тер үйге еппен басып кірдім. Сыртынан қарағанда тым қораш жаман тамның іші дәл мұндай жайнап тұруы мүмкін-ау деп, ешқашан ойлаған емес едім.
Сегізбайдың үйіне кіріп кермесем де, семьясын керіп жүрмін, білем. Жауықазын дейтін кемпір боп қалған қатпа қара әйелі, төртіншіде—менің класымда оқитын Жібек атты пысық та, өжет қызы бар. Міне солар бәріміз аласа дөңгелек столда шай ішіп отырмыз. Кесек-кесек опырып турай салған оппақ тапа пан, табақшаға шеңгелдеп үйіп салған қарынның сүр иісті сары майы, қант.
Сүт қатып, баптап құйған қызыл шай.
Бұндай дастарқан бүл күнде кім көрінгеннің үйінен табылмайды.
Ыстық шайды сыпайыгершілік сақтап еппен ұрттап отырмын, басым ой дегенге әңкі-тәңкі. Бұл қалай бай тұрады? Үйінің іші анау, ішіп-жемі мынау. Менің дәл арт Жағымдағы үлкен қабырға толы биік етіп жинаған сәнді жүк. Құрығанда он жастық, жиырма көрпе бар шығар-ау. Бұның бәрін бұл қайдан алды? Соғыстан бұрын жинағандары ма?
Біз ор қайсымыз әдейі адам отыруға арнап істеген бір-бір жұмсақ, дөңгелек құрақ көрпешенің үстінде отырмыз.
Дәл мұндай тұрмысы бар адам бұл кезде ел ішінде сирек. Сирек түгіл, кездеспейді. Тым құрыса, колхоз председателі немесе аупартком секретары болса екен-ау. Живсырьеның жай ғана агент-қабылдаушысы. Бұрын мұндайларды жұрт көзге ілетін бе еді!
Сегізбай сөзшең адам емес. Тек анда-санда маған «іш» деп қояды.
Бет аузын сай-сай әжім басқан, тарбиған сүйек қолдарының көк тамырлары бадырайып шығып кеткен Жауқазын тіптен жуас. Өздігінен жан ашым сөйлейтін түрі байқалмайды. Тек шай құйып бергенді ғана біледі.
Шай соңынан Сегізбай:
— Бала, карта ойнауды білуші ме ең? — деді.
— Ептеп білем.
— Білсең, кешке сабағың біткен соң кел, карта ойнаймыз. Жиырма бір дейтін ойынды білетін бе ең? Қалтаңа ақша сала кел, соны ойнаймыз.
Сегізбаймен менің жақындасуым, міне, осылай басталған.
Кейде күн ара, кейде екі күнде бір рет осында жиналып, карта ойнаймыз. Қартадан өзге көңіл көтеріп, ермек етер нәрсе мұнда шамалы. Кино келмейді, радио жоқ. Той-томалақ болмайды. Бола қалса, тым сирек.
Кәдімгі жиырма бірдің өзін ойнаймыз.
Бұл күнде ақшадан күш кеткен заман. Соғыс оны жай қағазға айналдырып жіберген. Уыс-уыс көкала қағаз кімнің де қалтасынан табылады. Базары жоқ ауылда ол бәтшағар карта ойнағаннан өзге түкке де жарамайды.
Басқа үйге жиналмай, Сегізбай үйіне жиналатын себебіміз мұнда көңілді отыруға толық жағдай бар. Үй жылы, әрі таза. Жарқыраған әйнекті ондық шам. Соғыс шамды да, оның әйнегін де жоқ еткен. Көп үй осы кезде сығырайған білте шаммен отыр.
Сырт көзге түксиіп, жұғымсыз көрінгенмен Сегізбай, жалпы, жаман адам емес. Әсіресе, жора-жолдасына бейілі кең.
Карта ойнауға жиналған серіктерін ол, тым құрығанда, шай беріп сыйламай жібермейді. Біз төр үйде дуылдасып, қарта ойнап отырғанда, ауыз үйде ақ самауыр қашан ішсеңдер мен дайын деп, екі иығынан демін алып, әндетіп дайын тұрады.
* * *
Секең бізді ылғи да құр шаймен қайтармайды. Кейде одан да гөрі мәндірек бірдеңелер сопақ ете қалады. Секең биыл соғымға семіз ту бие сойған. Соның еті ауыз үйде, плитаның үстінде, көк кастрюльде бүлк-бүлк етіп, дауысы бізге естіліп, қайнап жататын да кездер болады.
Ет түсіріліп, алдымызға келген кезде:
— Әй қатын, әлгіңнен бірдеңе бар ма? — дейді Секең.
Біз көздеріміз қуана жайнап, бірімізге біріміз қараймыз.
Жауқазын жоқ деп айтпайды. Лып етіп, ауыз үйге шығын кетеді де, жарты бөтелкедей спирт алып келеді. Су қосылмаған. Су қосқанда, бір бөтелке болады. Секең оны қырлы стақандарға өз қолымен бөліп, құя бастайды.
Отырыс бұдан кейін тіпті көңілді бола түседі.
Қайдан алатынын қайдам, әйтеуір, Сегізбай үйінен спирт үзілмеуші еді.
Жауқазын әрі момын, әрі көнбіс, жайлы адам. Таң атқанша отырып, карта ойнасақ та, қабақ шытып, быржиып-тыржиғанды білмейді. Аяғының ұшымен жүріп, кызмет етеді.
Кейде карта ойнауға Секең екеумізден басқа адам болмай қалады .Екі қол жиырма бірге аздық етеді. Сосын, отырып аламыз да, беті қалар ойнаймыз. Аңдысып, есептесіп ойнаса, бұл да қызық. Түп ортасы қалай ауып кеткенін байқамай да қаламыз.
Біздің үй көшенің басы, бірқауым жер.
— Енді жеті түнде қайда барасың? Нұриланы ұйқысынан оятып жүремісің? Осында-ақ жата кет,— дейді Секең.
Осылайша, мен әр кезде бұл үйге қонып қалатын да әдет таптым. Көрпе-жастық мұнда жеткілікті. Асты-үстім жаңа көрпелерге қопсып, өз үйімде жатқандай рақаттанып-ұйықтаймын.
* * *
Бір кезде Сегізбайды ұнатпайтын болсам, енді оның жақын достарының біріне айналдым.
— Иә, Секең өмір сүре білетін жан. Өзінің ішкі есебіне берік. Кім көрінгенге омырауын айқара ашып тұрмайды. Әуелі алыстан байқап, барлап алып, содан соң жақындасады,
Кейбіреулер қу дейді Сегізбайды. Мүмкін, қу да шығар, Бірақ ақылды қу.
Сарыбелде бұл күнде Сегізбайға ісі түспейтін жан кем де кем. Қап-қап жүн, сойған малдарының тері-терсегін арқалай жұрт, қашан көрсет, Сегізбайдың соңынан шұбап, ереді де жүреді. Секең біледі олармен қалай сөйлесуді. Әкелген шикі затты бірден қабылдап ала салмайды. Оны-мұны сылтаумен бір-екі рет қайтарып жібереді. Ұнатпаған кісілерін, сөйтіп, әуреге салып қояды.
Тері-терсек алып келетіндердің көпшілігі кемпір-шал, бала-шаға. Ештеңенің ығы-жөнін онша біле қоймайды. Сегізбай не айтса, соған көнеді. Тек әйтеуір қабылдап алғанына, тегін алмай, азды-көпті бірдеңе бергеніне мәз болады. Бірінші сорттың терісін екінші сортпен, екінші сорттікін үшіншімен қабылдап алып жатқанында шаруалары жоқ.
Көп түкірсе, кел деген. Бір басына жетерлік берекені Секен. міне осылай жасайтын тәрізді. Бірді екі, екіні үш ете біледі.
Мен мектепте сабақ оқытып тұрып, Сегізбайдың әлдекімдерді жазғырып, ұрсып жатқан даусын естимін. «Мынауың жүн емес, қиқым-сиқым бірдеңе ғой! Әкет ары. Алмаймын. Керек болса, жуып әкел!»
«Жеті атаң қазақ бола тұрып, мал союды білмейтін неғылған жансың? Өстіп те мал сойып, тері сыпыра ма екен?»
Бір де бір адам Сегізбайға қарсы сөйлеп, дауласпайды.
Сегізбайдың қолында қазынаның елден шикі зат жинау үшін берілген пілдей екі мықты аты, арба шанасы бар. Оның бәрін ол өзінің жеке меншігіндей емін-еркін пайдаланады. Барам деген жағына барады қалаған уақытында. Тындыратын ісі болса тындырады. Отын-судан, жем-шөптен тарыққанды білмейді.
Иә, соғыс біреуге соғыс болғанмен біреуге ырыс. Сегізбай үшін ол ырыс болып тұр.
11
Қыс түскелі қашан. Аяғыма галошсыз пима киіп жүрмін. Күн жылымық кезде көшедегі қар жіпсіп, еріп жатады да,табанымнан су өтіп кетеді. Былғаныш су аяқпен өзіңді жұрттың қоры сезініп бітесін.
Галош тек Сегізбайдан табылады. Онда да жүн, тері өткізсең.
Бір күні Секең менің аяғымдағы шекесіне дейін су жұтып, көксоқта болған пималарға көзін қиғаштай тастап, сәл тұрды да:
— Мөлшері нешінші галош киетін едің, — деп сұрады.
Айттым.
— Жүрші.
Осылай деп, Сегізбай бұрылып кете барды. Мен соңынан қуана еріп жөнелдім.
Секен, қоршаудың ішіндегі дүкеніне ертіп келді. Төргі қараңғы бөлмесіне кіріп кетіп, бір пар жаңа галош ұстап шықты.
— Киіп көрші.
— Шақ екен, — дедім галошты су пимаға нығарлап киіп алып.
— Шақ болса ки.
Рақметті өзінше бөлек жаудырып, сосын:
— Ал енді менің сізге еткізетін тері-терсегім жоқ. Қуанып ақшалай төлемесем? — дедім.
— Керегі жоқ.
Сөз осымен бітті.
Арада біраз күн өтіп кеткен.
Бір күні Секен, есігінің алдында екеуден екеу тұрып:
— Бала, — деді.
Мен оның бетіне қарадым.
— Сен біздің кемпірді мектебіңе үй сыпырушы етіп, қызметке алсаң қалай болады? Өзі сыпырар. Отын кесіп, жаруына Жібек көмектесер. Қарап отырғанда не бітіреді? Дән жағы осы күні қиындап кетті. Азын-аулақ тиесілі норма бидайы ішіп-жемге сеп болсын.
Аз мүдіріп, ойландым да:
— Жарайды, — дедім.
Үй сыпырушы екі әйелдің біреуі науқасшаң. Жұмысқа салақ. Орнына басқа адам алғым келіп жүргенін Сегізбай білетін.
Норма бидай деп отырғаны қызметкер, жұмысшыларға ай сайын сельпо арқылы нормамен бидай беріліп тұрады. Колхоз мүшелеріне, қызмет істемейтіндерге берілмейді.
Жауқазынды осылайша мектепке үй сыпырушы етіп қабылдадым. Мекеме бастығы болып, өмірімде тұңғыш рет қол қойып, бұйрық жаздым.
Секең екеуміздің арамыз бұдан кейін тіпті жақын болып кетті.
12
Әр айдың аяғында ауданға баруым керек. Мұғалімдердің жалақысын және оқытушылар мен мектеп қызметкерлеріне ай сайын осындағы сельпо арқылы беріліп туратын норма астықтың нарядын әкелуім керек. Жалақыны аудандық оқу бөлімі, нарядты аудандық тұтыну қоғамы береді.
Бұл үшін мектеп меңгерушісі өзі баруы шарт.
Мектептің өз көлігі жоқ. Жолшыбай әлдекімдермен селбесіп, онда барып, қайтарда Тұйыққа үйге соғып, бірер күн шешем мен жеңгемнің қасында болып, отын-суына жәрдемдесіп, одан Сарыбелге қайта оралып жеткенше, арада бір жетідей уақыт өтіп те кетті.
Miнe Сарыбелдемін. Күн аяз. Жұқалтаң солдат шинельмен жолдан қалтырап тоңып келіп, Нұрила жеңгейдің жеделдете қайнатқан ыстық шайына жаңа бас қойған бетім.
Бір кесе шайды қолыма ұстатып жатып, миығынан күлімсіреп:
— Сегізбай досың жас қатын әкеп, той жасап жатқан көрінеді. Барып құтты болсын айтпайсың ба? — дейді.
Бұл мен үшін күтпеген жаңалық еді. Жеңгейдің жүзіне ежірейе қарадым. Қалжыңы ма, жоқ шыны ма?
Нұрила жеңгей менімен қалжыңдаспайды.
— Сегізбайдың әйелі бар емес пе?
Нұрила жеңгейдің үстіңгі қасқа тісінің біреуі сыртқа қарай шығыңқырап біткен. Сәл жымиса-ақ, жарқырап шыға келеді. Сонысы ақсиып, мысқылмен күлімсірей отырып сөйледі:
— Шал дегендер бұл күнде құтырды емес пе? Әйелдерін ажырастым ат қылып, бөлек шығарып қояды да, бұрынғыша жас тоқал алады. Сегізбай досын, да сөйтсе керек. Жауқазынды қызымен бөлек шығарған көрінеді.
Менің таңырқауымда шек жоқ. Япырай ә, Секен бүйтеді деп, кім ойлаған? Аралас-құралас жүріп, оның мұндай ойы бар екенін бұған дейін мен қалайша сезбегенмін? Ол тек менің ауданға кетуімді күтіп қана тұрған ба?
Қалай тез алып үлгерген?
— Кімді алыпты? Осы Сарыбелдің адамы ма?
— Жоқ бұл аранікі емес, Көмірші жақтан әкелсе керек. Күйеуі соғыста өлген жас келіншек көрінеді.
Көмірші дейтін шағын қыстақ осы арадан көрініп тұр, жап-жақын. Секең шанасын жегіп алып, тері-терсек жинауға ал кеттім деп, ылғи да солай қарай тартып отыратын еді. Нені жинап жүргені енді белгілі болды.
Ой, қу-ай! Қашан қақшып түскенше, сездірмеуін қарашы!
Мұндағы негізгі кеше ұзыннан ұзақ созылған біреу. Мектеп пен Секең үйінің тұрған орны поселкенің орта тұсы. Нұрила жеңгей айтқан жаңалықты өз кезіммен көріп білгенше тақат қылмай, осылай қарай аяңдап келе жатырмын.
Анадайдан байқағаным: Секең үйінің есігінің алды әйел, бала-шағаға толып кеткен. Біреу кіріп, біреу шығып, абыр-сабыр. Енді менде ешқандай да күдік қалмады.
Ой, пәле-ай! Секең пәле екен. Оның бұндай ойы бар деп, кім ойлаған?
Бәсе, Жауқазын бейшараның қабағы бір ашылмайтын еді-ау. Күйеуінің көңіліне желік кіріп жүргенін сезеді екен ғой.
— Ассалоумағалейком! — деп, төр үйдегі шай ішіп отырған бір топ адамның үстіне кіріп келдім.
Ауыл дағдысы бойынша қақ төрде кәриялар. Олардан төменірек кәрия болуға дайындалып жүргендер. Одан да төмен жігіттер мен келіншектер аралас. Осы соңғы топ: «Кел! Кел, мұғалім», десіп, араларын ашып, орын босатысты.
Секең нардай болын, кеудесін тік ұстап төрде, кәриялардың қатарында отыр.
— Секе, ниет қабыл болсын, — дедім.
Секеңнің аузы жыбыр етті де, басылды.
Ыстық шай алдыма келіп те қалды.
Менің есіл-дертім шайда емес, Секен алып отырған жас тоқалда. Ол қайда? Қандай адам? Мына топтың ішінде не істеп, қалай отыр?
Әйелдер негізінен, самауырын маңынан орын тепкен. Екі жас келіншек қонақтарға шай құйып отыр. Соның бірі бұрын мен көрмеген бейтаныс, үріп ауызға салғандай, көздері жайқалғандай, толықша ақсары келіншек. Қасындағы басқа әйелдерден бөлекше, үлде мен бүлдеге бөленіп, салтанатты киінген. Басында шашағы омырауына төгілген аппақ жібек шәлі. Сүп-сүйкімді, қызғылттау нұрға толы жүзін төмен салып, өте бір иба сақтап, әлденеден қысылған тәрізденіп отыр. Ешкім айтып, таныстырмаса да, Секен, қондырған тотықұс осы екенін мен бірден білдім. Әдемі! Көркі де, сүйкімділігі де келіскен. Жас шамасы жиырманың бес-алтауында.
Шынымды айтсам, әлгіні Секеңе қиғым келмей барады...
Он, пәле-ай, торына қалай түсірді екен?
Жас тоқалдан көзімді ала алмайтын тәріздімін.
Аузының салымдысын қарай гөр деп, ішімде қызғаныштың оты тұтанғандай боп, төрдегі Секеңді де барлап қарап қоям. Ол бүгін ерекше ширақ, көңілді. Жемтігін бүріп түсіп, тояттаған қырандай бабында. Кішірек қоңыр көздерінде жалтылдаған от бар. Екі беті нұрлы, қасындағы мыжырайып-тыжырайған шал-шабырға қарағанда, әлі де жігіттей.
Жас тоқалдың сырға толы ап-айқын сиқыр көздері бірнеше рет менің көздеріммен тоқайласып қалған кездер болды.
* * *
Менің бір таң қалған нәрсем Жауқазын да осында. Сыртта от жағып, отын жарып, қызмет қылып жүргендердің біреуі сол. Бұнысы қалай? Байым жас қатын алды, төсек жаңғыртты деп, қуанғаны ма?
Қайдан қуансын. Басқадай амал-айласы болмаған соп, бейшара, лажсыз көнгені де.
Қайда барады көнбей? Құлынды бие тәрізденіп, соңынан қызын шұбалтып кеткенмен қайда барып сыяды?
Жауқазын мен Жібекті Сегізбай көшенің арғы бетінде басқа үйге шығарыпты. Бұнда жас тоқалы екеуі қалыпты. Бұл тек заңға томпақ келмес үшін сөз жүзінде бөлектену. Ал іс жүзінде олай емес. Сендер әлі де болса менің қанатымның астындасыңдар. Мен тұрғанда аштан өліп, көштен қалмайсыңдар. Мен сендерді назарымнан тыс тастамаймын дегені бұл шарасыз екі бишара жанға.
Сол үшін де Жауқазын оның айтқанына көніп, айдауына жүреді. Құтырған қақпас, алатын жас қатыныңды ала бер. Тек бізді көзімізді бозартып, айдалаға қуып жібермесең болғаны деп қарайды.
Дәрменсіздің қолынан басқа не келеді?
* * *
Секең сөйтіп, бір үй еді, екі үй болды. Осылайша заңға қайшы келтірмей, жолын тауып, екі үй болып жатқандар осы күні ел ішінде аз кездеспейді. Әсіресе, малшылардың арасында көп.
Соғыс жігіт атаулыны сыпырып әкетті. Аяқ-қолы балғадай жас келіншектерді байсыз қалдырды. Олар енді қу тізелерін құшақтап, қашанғы жалғыз сарғайып жатады? Күйеулерінен қара қағаз алып, үміті біржолата өшкендері шал да болса, жоғынан бары дейді де, көз жұмбайға басып, табылған еркек иістіге тиіп-тиіп алады. Соның бірі Алтын, Секеннің жас тоқалы.
Атын өзіне лайық тауып қойған.
Бәйбіше, тоқал бір бірімен араласып, бірінің үйіне бірі кіріп-шығып жүреді. Ол түгіл, тамақты көбінесе, Алтын отырған үйде бәрі бірге ішеді. Ек үйдің арасы көшенің арғы беті мен бергі беті, жап-жақын.
Жауқазын Алтын үйінің қызметшісі тәрізді. Отын жару, су әкелу секілді үйдің ішкі-тысқы жұмыстарын, көбіне-көп сол атқарады. Ол болмаса, Жібек атқарады. Ақ саусақ мырза тоқал Алтын, негізінен, бойын күтіп, үйде отырғанды біледі. Әлдекімше көстеңдеп, көшеге көп шықпайды да.
Бұл екеуінің ар жақтарынан қалай екенін кім білсін, ал бер жақтарынан тату әзірінше. Сегізбай барда да, жоқта да шайды шошайып, бірге ішіп отырады. Кішісі үлкенін әменде сыйлап, сіз деп сөйлейді. Білмейтін адамға бірі жеңге, біреуі келін тәрізді.
Күндес екі әйелдің арасында болатын бірін бірі азуға салып, шайнап тастасам дейтін кіжінген долы араздық бұл екеуінен, әзірінше, байқалмайды.
* * *
Алтынға үйленді де, Секеңнің мінезі күрт өзгерді. Арқандалған атша үй маңынан ұзап шықпайтын болды. Бұрын екі күннің бірінде арба-шанасын жегіп алатын да, тері-терсек жинауға ел аралап кететін. Кейде бір қонып, кейде екі-үш қонып, ауылға содан соң оралатын.
Кәзір ол ел аралауға тым сирек шығады. Қонып қалу дейтін енді болмайды. Екі атты тер-тер етіп, түнделетіп болса да Сарыбелге қайтып оралады. Сұлу тоқалды қолтығына қысып жатып ұйықтамаса, көңілі көншімейтін тәрізді.
Секеңнің үйіне жиналып, карта ойнауымыз да азайды. Оған картадан гөрі қызығырақ басқа ермек табылды.
Жұмыс соңынан бала, жүр, шай іш деуді де ол маған енді сирек айтатын болды. Менің ол үйде бұрынғыша қалаған уақытта еркіндеп. кіріп баруымды да оншалық жаратпай тұратын тәрізді.
Мен осының бәрін көре тұра, көрмеген, байқай тұра, байқамаған болам. Мен үшін Секең сол бұрынғы Секең. Оның үйі сол бұрынғы емін-еркін араласып, кіріп-шығып жүрген үйім. Сабаққа ертелеу келсем, сыртта тоңып тұрмаймын. Осында кіріп, уақыт өткіземін.
Бұндайда Алтын кейде жалғыз отырады. Күйеуі бар кездегіден өзгеше еркін де, жылы қабақпен қарсы алады. Екеуміз оны-мұны әзіл сөздер айтысып, жараса қалатындаймыз. Бұрын бұндайды басымнан көп кешпеген ұяңмын. Нағыз айтқым келген сөзімді айта алмай, уақытты текке өткізіп алғанымды соңынан бір-ақ біліп, қап деп, бармағымды тістеп, өкінумен болам.
13
Үш адам Секеңінің үйінде карта ойнап отырмыз: мен, Секең және осы «Карл Маркс» колхозының завхозы Әбдібақас шолақ Әбдібақас оң қолын соғысқа беріп қайтқан. Бары тек сол қолы. Жалғыз қолмен ол бәрін де істейді: өзі киініп, шешінеді, атты өзі ерттеп мінеді.
Жалғыз қол карта ойнауда да ешкімге есе жібермейді.
Соған қарағанда, бір қол кімге де болса жеткілікті тәрізді.
Алтын карта ойнамайды. Әкесіне еркелеген жас балаша ол менің тура бет алдымда, күйеуінің дөңбектей үлкен тізесіне бір жамбастап сүйеніп, карта ойнаушыларға мөлдіреп қараумен отыр.
Менің ой-зейінім ойыннан гөрі Алтында. Қолымдағы картаға қараған боп, картаның асты үстінен Алтын жаққа сығалап, көз тастаймын. Доп-домалақ бұлтиған, көйлекшең, әсем бөксе, сәл ғана бүгіп алған түзу толық аяқтар тамсанып, елтіп, кейде тіпті, өзімді өзім ұмытып қарамасыма қоймайды. Парталас әріптестерімнің өзіме арналып айтылған сөздерін естімей қап, дәл бір шошып оянған адамдай селк ете қалатын кездерім болады.
Алтынның да назары менде болуға керек. Ұрлана қарасқан көздер, кейде, бір бірімен тоқайласып қалады. О, көздер! Тіл айтын жеткізе алмайтынды жалт еткен бір ғана қараспен ақтарып, айтып салатұғын сыршыл да, сиқыр көздер! Еркек пен әйел арасының сан қилы құпия пәлекеті ең әуелі осы сендерден басталады. Өрт сендерден басталады. Үлкен өрттің шығуына көздердегі жалт еткен жалғыз ұшқын себепші.
* * *
Арада біраз күн өтіп кетті.
Бір күні мектепке сабағыма келсем, Секең есік алдында өзінің таңдаулы аты қара кер жорғаны көк қашабаға жеккелі жатыр. Онда екі ат, екі шана бар. Бәрі қазынанікі. Кәртаң жуан бақай жирен ат пен қанатты жайдақ шананы ол оны-мұны жұмыс үшін, айтайық, тері-терсек жинауға немесе отын-суға жегеді. Ал қара кер жорға мен көк қашабаны олай-былай бой жазып шыққанда, мырза жүрістерге жегіп, пайдаланады.
Әр аттың әр шананың қызметі бөлек-бөлек.
Жолаушы жүргелі жатқанын білдім де, қасына кеп, сәлем бердім:
Секе, бір жаққа барғалы жатырсыз ба?
Ауданға бармағалы талай болып еді... — деп Секең сөзін екі ұшты етіп тоқтады.
Менің ішім қуанғаннан қып ете қалды. Бірақ оны сездірмеуге тырысып, класқа кіріп кеттім.
Шаттық кернеген жүрегім апай-топай. Иә, ауданға Секең бармағалы, шынында да, көп болды. Енді ол аз шаруамен бармайды. Істеп жүрген жұмысының бір айлық па, екі айлық па есеп-қисабын апарады. Оны онда тапсырып, өткізеді. Банктен ақша алады. Живсырьеден жаңа товарлар алады. Бұның бәрі біздің мынау қағазбастылық заманда оп-оңай тез біте қалмайды. Құрығанда, бірнеше күнге созылады. Бұл уақыттың ішінде Алтын мұнда жалғыз өзі...
Енді қалай қуанбайын?
Класта сабақ оқытып тұрып, екі көзім терезеден сыртта, жол жүруге қамданып, үйге бір кіріп, бір шығып жүрген Сегізбайда. Тезірек кетсе екен! Кетсе екен деп тілеймін. Айнып қалмаса екен.
Қап, әлгінде қайда баратынын бекер сұрадым-ау. Ол пәле, сезік ойлап қалуы әбден мүмкін.
Ура! Сегізбай пальтосының сыртынан етегі жерге шұбалған қара сеңсең ішік киіп, қолына ұзын арба қамшы ұстап, шығып келеді. Бұл енді кетпек болғаны. Әне шылбырды мама ағаштан шешіп ала бастады. Аттың басын көшеге қарай бұрды. Менің қуанышымды сезгендей қара кер тыпыршып, шананы алып жөнелуге ол да асық. Аюдай қорбиып, бірі өзі шанаға әзер сыйып, отырып жатыр Сегізбай.
Ол енді айнымайды.
Ой, мен қандай бақытты едім.
* * *
Бір сабақ біткен. Үзіліс. Үйінде жалғыз отырған Алтынға жетіп барғым келеді. «Ұрының арты қуыс» деген рас-ау, Жан-жағыма сезіктене жалтақтап қарап, әзер батып кірдім.
Алтын ауызғы бөлмеде от жағатын плитаның түбінде астына кішкентай тапал орындық қойып, сымтемірмен шұлық па, қолғап па, бір нәрсе тоқып отыр. Тап кәзір менің келуімді күтпегендей таңырқап, бағжия қарап қалған. Неге келдің! Сенін жайдан жай келмегеніңді сеземін деп тұрғандай кез қарасы.
Өңінде таңырқау мен абыржу аралас.
Оның жалғыз екенін көріп, қуандым. Іздегенім табылғандай қасына арсалақтап, жетіп бардым. Бірақ жаттап келген сөздерімнің аузыма бірі түсетін емес.
— Неғып отырсың? — деп, дәл бір бұрыннан алысып ойнап жүрген жолдасымша иығынан екі қолдап басып, төне түстім.
Алтын тым жуас, өзімсінген дауыспен:
— Ары тұр, біреу-міреу кеп қалады, — деді.
Әдемі үлкен көздерінде балқыған жылы нұр бар.
Тап сол кезде сырт есік ашылып келіп кетсін. Жауқазын еді кіріп келе жатқан.
Жауқазын ол да жаман састы. Дәл мұндай әбес те,тосын жағдайдың үстінен түсермін деп, ол, әрине, ойламаған. Не үйден кайта шығып кетерін, не сол кіріп келген бойда бермен қарай жүрерін білмей, есік алдында бетін теріс бұрып, еңкейіп, өзімен өзі болып, құнжыңдады да қалды. Сосын, ақыры, бізге қарауға жүзі шыдамаса керек, үйден кайта шығып кетті.
14
Алтынға созған қолымды тағдырдың қағып тастап, жасаған ескертпесі еді бұл. Мен оны тыңдамадым.
Түн. Аяз. Сарыбелдің халқы отынды, шамға құятын жер майды үнемдеп, бұл кезде ерте жатады. Бір де бір үйдің терезесінен жылтыраған жарық байқалмайды.
Бос көшемен шыны карды сықыр-сықыр басып жалғыз өзім келе жатырмын.
Суықтан қорынған иттер де өздерінін, жылы ұяларынан шыққылары келмейді. Бейсауат көше кезген бұл кім-ей дегендей, жатқан орындарынан бастарын да көтерместен, әр жерден маңқ-маңқ етіп, жалқау үріп, тез басылады.
Мынау міне өзім сабақ беретін, қазақ кластары оқитын мектеп. Әуелі сырттай шолып, айнала қарап өттім. Біреу-міреу түнделетіп, мектептің отынын ұрлап, бірдеңесін бүлдіріп жүрген жоқ па? Тексеруге, қарауға толық қақым бар адаммын.
Мектеп аман. Терезелер бүтін.
Мектептің есігіне құлып салынбайды. Дыбырсыз еппен ашып, ішке кірдім. Класс іші ала көлеңке, жылы. Ең артқы парталардың біреуінде отырмын ойға батып. Не істеймін? Барам ба Алтынға? Қалай барам? Не айтам? Есігін ашпай қойса, қайтем?
Жоқ, ашпауы мүмкін емес.
Мүмкін, жалғыз емес шығар? Қорқам деп, Жібекті қойнына бірге алып жатқан болса ше?
Көп отырдым қиналып. Міне осындаймын. Батыл болатын жерде батыл бола алмаймын да, соңынан опық жеп, өкініп жүрем. Ертең де сөйтпесем неғылсын!
Дәл қазір Алтын екеуімізді бөліп тұрған бір ғана там қабырға. Ар жақта ол да, бер жақта мен. Қол созым жерде, өзінің жылы төсегінде, ештеңеден қаперсіз пыр-пыр ұйықтап жатыр. Менің мұнда мысым құрып, күйзеліп отырғанымды ол білмейді де.
Қабырғаны тықылдатып ұрсам ба екен? Мүмкін, мен екенімді біліп, есік ашар? Сыртқа шығар?
Түнделетіп Сегізбай келіп қалса ше? Жоқ, келмейді. Қырық шақырым жердей шаруасын бітірмей, неге келсін.
Қиял келеді басыма. Қабырғаны, әне, ана арадан, іргеден адам денесі сыятындай етіп, үңгіп тессем. Сол тесіктен Алтын жатқан бөлмеге зып етіп, кіріп барсам? Тесіктің арғы аузы Алтын төсегінің астында болса. Ол екеуімізден басқа ешбір жап білмесе бұл тесікті. Қалаған уақытта кіріп-шығып жүрсем. Дәл бір мың бір түн ертегісіндегі тәрізді. Шіркін, қандай рақат болар еді.
Өзімді өзім қайраумен желкеден бүріп ап. тұрғыздым да, сыртқа шықтым. Төңіректі жақсылап қарап алдым да, Алтын үйінің есігіне келдім. Терезе перделер түсірулі. Есік берік. Жүрегім кеудеме сыймай, дүрс-дүрс етеді.
Есікті қақпас бұрын қора жақты және бір айналып, қарап өттім. Иә, Секең келмеген. Келсе, қара кер жорға қорада шөпті бырт-бырт жеп тұрар еді. Қара кер де, көк қашаба шана да көрінбейді.
Тәуекелге бел байладым — есікті саусағымның сыртымен ақырын тық-тық қағып, ар жақтан не дыбыс естілер екен деп, құлақ тостым.
Сол-ақ екен, төр үйдің есігі ашылды:
— Бұ кім? — деген Алтынның сүйкімді дауысы естілді.
— Мен...
Сөз бітті осымен. Жүрісі білінер-білінбес болып, Алтын бері ауыз үйге шықты. Есіктің ілгешігін сықыр еткізіп, ашып жіберді. Мен келетінімді біліп, ұйықтамай тосып жатқандай еді.
Аласа, іш жағы шұңғыл есіктен үн түгел кіріп келе жатырмын. Істің басталуы әрі оңай, әрі сәтті болғанына қуаныштымын. Алтын да үнсіз. Менің соңымнан есіктің ілгешегін қайта іліп жатыр.
Алтын мені орағытып, төр үйге өтіп барады. Ләм-мим деп, бір ауыз сөз айтпайды. Мен оның соңынан ілесе кірдім.
Алтын төсегіне жатып жатыр.
Менің не істеуім керек екені өзінен өзі түсінікті болып қалды. Төр алдында, төсектің қасында тікемнен тік тұрып, шешіне бастадым. Алтын бұның не демейді. Менің шешініп болуымды күтіп қана жатқандай.
15
Түннің талай уақыты болған. Алтын екеуіміз жай тауып, сабасына түскен көңілмен құшағымыз айқасып, әңгімелесіп жатырмыз. Әйелдің еркі өз қолыма көшкен соң мен оны тергеуге ала бастағандаймын. Өзіңе тең емес, шал адамға неге тидің деп сұраймын. Алтынға бұл сұрақ ұнамайды. Балаша бұртиып, өй, қойшы, тигім келді, тие салдым. Колхозда кетпен арқалап жүрмекпін бе дейді.
«Тигім келді, тие салдым» Алтындай тартымды сұлу әйелдің аузынан мұндай сөз естігеніме қынжылатын тәріздімін.
— Сегізбай сені қалай көндірді?
— Өй, қойшы. Мен онымен сөйлесті ғой дейсің бе? Тері-терсек жинап, ауылға келіп-кетіп жүретін. Әйімхан дейтін жақын жеңгем бар еді. Шығаннан шыққан жылпос. Қайдан тапқанын, сопы тауып алыпты. Сол Әйімхан күндіз-түні басымды ұршықтай айналдырып, қалай тиіп қалғанымды өзім де білмеймін.
Бұл сөзден Алтынның жалпы өмір атаулыға, оның ішінде өз өміріне де, жеңілдеу қарайтындығы байқалатын еді. Бұл күнде ондайлар бір ол емес, көп. Соғыс жұрттың болашақ үмітіне дейін азайтты.
Алтын бір үйде бір өзі ерке болып өскен екен. Жеті кластан кейін оқымаған. Орта мектеп өз ауылдарында жоқ. Ал басқа колхозға қыз бала сыртқа шықса, бұзылып кетеді деп, ата-анасы жібермеген. «Бұзылмай тұрғанда» жасын өсіріп, күйеуге берген. Күйеуі сол ауылда өзін оқытқан мұғалім екен. Соғыста ол қаза тапқан.
Ендігі тағдыры мынау.
Таң атпай, ел аяғы қозғалмай, мен тайып отырдым. Бұл жолы өзіме өзім ризамын. Міне, осындай батыл болу керек деп,өзімді өзім арқаға қағып, мақтап келе жатырмын.
Күн артынан күн өтіп жатты.
Секең ана жолы ауданға бір қонып, қайтып келген. Содан бері ешқайда ұзап шыққан емес. Маған бұл ұнамайды. Секең бірдеңеден сезік алмас үшін мен енді ол үйге аяғымды тарта басуға тырысам. Осы күні Алтыңмен, көбінесе, алыстан, қас-қабақпен ұғынысам. Әнеугі түн — бақыт түні бір көрген түсім ғана тәрізді. Жатсам-тұрсам соның тағы да қайталануын арман етем.
Ол үшін Секең кету керек бір жаққа. Қонатын болып, ұзап кетуі керек.
Күндіз-түні Алтынды ғана ойлаймын.
Махаббат жоқ дейді кейбіреулер. Махаббат жоқ болса, бұл не енді? Алтынды көргім, онымен бірге болғым келіп, ынтығып тұруым неліктен?
Махаббат бір-ақ рет болады дейді. Бұл да жалған. Мен өзім талай қызға ғашық болдым. Соның бәріне де өліп-өшіп, шын ғашық болған едім. Ғалияны қалай сүйсем, Алтынды одан кем сүймейтін тәріздімін.
Мүмкін, қыздар да, әйел заты да солай шығар?
* * *
Әйел мен еркектің бастаңғысын бір күн туырлық жасырады, бір күн үзік жасырады. Үшінші күні, бәрі бір, жария болады дейді қазақ. Сол рас.
...Түн. Ел жатып қалған. Дәндеп алған әдіспен тағы да Алтынның есігін тық-тық қағып тұрмын.
— Бұ кім?
— Мен...
Есіктің ілгешегі ашылып жатыр.
Тағы да сол тер алдында, тікемнен тік тұрып, шешініп жатырмын. Бәрі сол ана жолғыдай.
Түннің бірталай уақыты болған. Алтын да мен де ояумыз. Өліп-өшіп, зарығып кездескенде, дені дұрыс адам ұйықтай ма?
— Таң атып қалды, бар енді. Біреу-міреу көріп қойса, ұят болады, — дейді Алтын.
Мен қазір кетем деймін де, жата түсем. Алтынның ыстық құшағын қимаймын. Бұдан соң қашан тағы да кездесудің сәті келгенге дейін және зарығып бітетінім сөзсіз.
Кенет, сыртта ат тұяғының қарды сықыр-сықыр басқаны, шана табанының сырғанаған дыбысы естілгендей болды. Алтын да, мен де елең ете қалдық. Дыбыс бірден бірге айқындалып, осы есіктің алдына қарай жақындап келеді. Қара кер жорғаның пысқырғаны ап-анық танылды,
— Келді! — деді Алтын үрейі ұшып...
Кім келгені былай да белгілі еді.
Атып тұрып, жалма-жан киініп жатырмын. Киімдерімді көрегендік жасап, бірінің үстіне бірін реттеп, үйіп қойғаным қандай жақсы болған.
Сырттағы шана бұл кезде терезенің дәл тұсына келіп тоқтады. Сегізбай екені даусыз. Ап-ауыр денесімен қашабаны сықырлатып, әне, жөңкіліп түсіп жатыр. Қарағайдай сірескен пима, оның сыртынан галош киген аяқтарын біреуіне біреуін торсылдатып соғып қояды. Шыны қарды шықыр-шықыр еткізіп, бері есікке қарай келе жатыр.
Есік қағылды. Алтын ұйқысынан жаңа оянған адам боп:
— Бұ кім? — деді.
— Мен.
Секеңнің күжіл жуан дауысы.
Алтын екеуміз тілсіз ұғынысып, біріміздің соңымыздан біріміз қабаттасып, ауыз үйге шықтық. Ол алда, мен арттамын. Алтын есіктің ілгешегін ашып жатыр. Мен оның қалқасында бұрышта байқалмастай болып, тығылып тұрмын.
Есік бері ішке қарай ашылатын. Сегізбай үнсіз жөңкіліп кіріп келе жатыр. Оны қасынан өткізіңкіреп жіберді де, Алтын ым жасап, мені шынтағымен қағып қалды. Ал жөнел дегені. Алтын мен есіктің арасынан зымп беріп, зытып жөнелдім. Сегізбай байқамай, сезбей қалған тәрізді. Артымнан Алтын есікті қайтадан жауып жатты.
Аман-сау құтылғаныма қуанып, көшенің басына дейін жүгірдім.
17
Ол кезде шылым шегем. Жігіт боп, өз тізгінімді өзім қолға алғанның белгісі деп, бұл кәсіпті армияда үйренгем. Папирос, сигарет табылатын кез емес. Сасытып, бұрқ-бұрқ соратынымыз қолдан туралған көк темекі, махорка.
Үйге кеп, жүрегім орныққан соң шалбарымның қалтасына қол салып, портсигарымды іздедім. О, сұмдық! Портсигарым жоқ! Мана Алтынға бара жатқанда бар болатын. Жолда шылым орап шеккем.
Жүрегім су етіп, бірден білдім — портсигар әлгінде қарбалас киініп жатқанымда, Алтынның үйіне түсіп қалған.
Енді оны Сегізбай тауып алмаса неғылсын?
Су ете қалған жүрегім мұзға айналып бүкіл арқа басым шымырлап бара жатыр.
Өйтпей ше? Сегізбай ол портсигарды жақсы біледі. Менікі екенін күншілік жерден керіп, таниды. Қарта ойнаған кезде мырзасынып, ылғи да столдың үстіне қойып қоятынмын. Секең одан сан рет шылым орап шегіп, қақпағаның сыртына бізбен шұқып, қиғаштап жазылған
«Кемелханнан Еркінге ескерткіш» деген жазуын талай оқыған.
Кемелхан әскерде бірде қызмет істеген жолдасым. Судағы малта тас тәрізді сырты жып-жылмағай осы бір қалайы портсигарды армиядан босап, елге кетігі бара жатқанымда ескерткішке сол сыйлаған болатын.
Құрыдым. Секең тауып алса, анық құрыдым. Бәтшағар, қалтамнан ылғи да түсіп қала беретін еді. Қап, осынын, осылай боларын алдын ала неге ойламадым екен? ішкі қалталарымның біреуіне ықтияттап, неге салып қоймадым?
Кемелханнан осыны аттай қалап, атандай сұрап алған, тіпті, өзім едім-ау. Сөйтсем, басыма пәле болу үшін алған екенмін ғой.
* * *
Менен кейін Сегізбай үйінде не болып, не қойғанын қиялыммен көріп білем: сырт есікті бекітіп болып, Алтын шам жақты. Төр алдында, төсекке таяу жерде көкала текеметтің үстінде аппақ боп, жарқырап жатқан портсигарды көрді Сегізбай. Портсигар емес, жылан, айдаһар көргендей болды.
— Мынау кімдікі?
Алтында үн жоқ. Өңі қашып, зәресі ұшып барады.
— Бұл мұнда қайдан жатыр?
— Білмеймін...
— Heгe білмейсің, бұзылған қаншық? Сен білмегенде, мен білем бе? Айт, мына үйде кім болды?
Бұдан кейінгіні қиялдаудың өзі қорқынышты.
18
Таңертең төсегімнен ауырып ояндым. Етім ысып, екі шекем лық-лық етеді. Басымның сақинасы ұстаған.
Осы ауру менде бала кезден бар. Күн өтсе, ұйқым қанбаса, бір нәрсеге қатты толқып күйзелсем, қайғылансам, алып ұратын әдеті.
Ауырып қалғаныма, сөйтіп, мектепке бара алмайтын болғаныма, дәл осы жолы қуандым.
Қазақ кластарын оқытатын екінші мұғалім Сақыш дейтін момындау, жөні түзу келіншек. Соған ауырып қалғанымды айтып, менің кластарымды сен оқыта тұр деп, қағаз жазып жібердім.
Міне енді басымды таңып алып, төр алдында ыңқ-ыңқ етіп жатырмын. Ойымда Сегізбай, Алтын, портсигар.
Бұдан да жазылатын шығармын-ау. Сосын, мектеп жаққа қалай барам? Сегізбайдың көзіне қалай көрінем?
— Бала, бері кел. Мынау сенікі ме?— дейді де, қалтасынан портсигарды жарқыратып суырып алады...
Одан да қара жерге кіріп кеткенім артық емес пе?
Нұрила жеңгей не білсін, түк те білмейді. Айланқастап, күлімдеп, қасымнан шықпайды.
— Суық тигізіп алғансың ғой. Сорпа қайнатып берейін, Терлеп іш, тәуір болып кетесің, — дейді.
Аңқаусың-ау, жеңеше. Суық тисе, дәл мұнша күйзелермін бе? Мынау сүттей ұйыған тыныш дүниені бүлдірді «директор» балаң. Өзіне оңай айықпастай ауруды қолдан жасап алды. Содан енді қалай құтылудың жолын іздеп жатыр.
Ой, дүние-ай! Баянсыз, сұм дүние. Кеше Алтынмен құшақтасып жатқанда менен бақытты жан жоқ еді. Бүгін енді менен сорлы, менен бақытсыз жан және жоқ. Тағдырды мен қырсық тағдыр дейтінім міне осыдан ғой, Уайымсыз, қайғысыз рақат өмірді ол маған ешқашан да баянды етіп көрген жоқ. Мені, қалай да, бірдеңеге ұрындырып жүрмесе, сүріндіріп жүрмесе, тағдырдың іші кебеді.
Жоқ, мен бара алмаймын мектеп жаққа. Ертең түгіл, бүрсігүні де, тіпті ешқашан да бара алмаймын, Өшіремін қарамды. Суға батқан тасша зым-зия жоғаламын.
* * *
Тағы да Қарасаздамын. Аудандық оқу бөлімінін кеңсесін сыртта торып, батып кіре алмай жүргеніме бір сағаттан асты. Не айтам? Мұғалім болғым келмейді деймін бе? Жоқ, әлде басқа мектепке сұранам ба?
Қандай себеп-сылтау ойлап табамын?
Қолына портфель ұстаған, шұбалған қара тон, қара малақай киген, бойы аласалау біреу көшемен маған қарама-қарсы келе жатыр. Танитын сияқтымын. Иә, иә, әлгі... сол... Қаратоғанда тұратын... Әлімғожа. Соғыстан бұрын ары өтіп, бері өткенде біздің үйге келіп-кетіп жүретін, Сәрсебек ағайымның тәуір жолдастарының бірі.
Әлімғожа да мені бірден таныды. Екеуміз шұқырасып амандастық. Хал-жай сұрасып жатырмыз.
— Әскерден қашан келдің? — дейді менің бас-аяғыма көз жүгіртіп.
— Екі айдай болды.
— Қайдасың кәзір? Нe істеп жүрсің? Сәрсебек қайда? Хат-хабар бар ма?
Мен бәрін айттым. Сәрсебек армияда. Талайдан бері хат жоқ. Өзім Сарыбелде мұғалім едім. Енді онан кеткім келіп жүр дедім.
— Неге? Сарыбел ұнамады ма?
— Үйден шалғай. Ауылға келіп-кетіп тұруым қиын... (Табан астында ойлап тапқан сылтауым өзіме ұнап қалды.)
Соғысқа Әлімғожа да барған екен. Бір қолының басынан жарадар бопты. Кәзір өз ауылында, жеті жылдық мектепте директормын дейді.
— Сарыбелден кеткің кеп жүрсе, онда бізге кел. Бізге военрук керек, — деді Әлімғожа. Қарманатын тал таппай тұрғанымда, мынау енді жақсы болды:
— Жарайды.
Екеуміз және біраз сөйлесіп, сөзімізді пісірдік те, аудандық оқу бөлімі меңгерушісінің кабинетіне кірдік. Әлімғожа мендей емес, еркін. Мекеменің шалдау бастығымен мәре-сәре ұзақ амандасты. Әлімғожаны көріп, анау да бір жетісіп қалғандай болды.
Мен анадайда ескі диванның шетінде тәйт десе, ұшып кететіндей боп, әзер ілініп отырмын. Әңгіменің тезірек маған ауысуын күтудемін.
Кенет Әлімғожа:
— Сүке, мен өзіме таптым военрукті,— деді.
— Кім ол?
— Міне, мына бала.
Сүкесі мені енді ғана көргендей сүзе қарады.
— Біз бұны Сарыбелге жібермеп пе едік?
— Сүке, мен сізге бұл баланың жағдайын айтайын, — деп Әлімғожа бастырмалата жөнелді, — бұл әлгі Тұйықтағы Мамырбай дегеннің баласы ғой. Әкесі момын, жақсы адам еді. Сәрсебек дейтін ағасы баяғыда мектепте менімен бірге оқыған. Кәзір армияда. әкесі соғыстан бұрын қайтыс болған. Кәзір үйінде аурушаң шешесі, жеңгесі ғана. Сарыбел бұл баланың жағдайына келмейді екен, шалғай. Демалыс — демалыста үйіне барып, отын-суға жәрдемдесіп тура алмайтын көрінеді. Бұны сіз военрук етіп, бізге жіберіңіз.
Әлсіз ғана бұлтақтап көрді де, Сүкең:
— Жарайды, — деді.
Мәселе көрген түстей тез шешілді.
Сөйтіп, Қаратоғанға военрук болып баратын болдым. Ойламаған жерден Әлімғожаны кез келтірген құдайға мың рақмет айтып жатырмын.
19
— Рас-два! Рас-два! Пірәм шәгім арш! Ыстой! Нәлеуі! Волна!
Солдаттың ботқа-көжесін үш ай бекер ішіп-жемеген тәріздімін. Орысша сөздерді белден басып, сындырып, әлдекімдерге еліктеген шақ-шақ еткен дауыспен балаларға команда беріп жүрмін.
Әскерде мықты командир — қатал командир деген ұғым бар. Мендағы өз әлімше соған ұқсауға тырысам.
Соғысқа дейін мектептерде әскери сабақ болмаған. Соғыс шыққан соң енгізілген. Оқулық бұл пәннен атымен жоқ программа және жоқ.
Мұғалім өзі не білсе, балаларға нені үйренгісі келсе, соны үйретеді.
Толық анархия.
Meн өзім физкультура мен әскери ойындарға жасымнан құштар жанның бірі едім. Жаңа кызметімді сүйемін. Сабақты шамам келгенінше, қылылықты етіп өткізуге барымды салам, Одан-бұдан іздестіріп, пәніме қатысы бар біраз кітап, брошюралар тауып алғам. Жатпай-тұрмай оқып, білмегенімді білуге тырысам,
Бірақ, әлгідей әдебиеттің бәрі дерлік орысша. Қиналып, әзер оқимын, жөнді түсінбеймін. Көп сөзін жобамен ұғам. Ал жобамен ұғылғанының бірі дұрыс болғанмен бірі теріс.
Іс жүзінде дұрысым да дұрыс, терісім де дұрыс. Өйткені, қатем болса көрсетіп, мынауың былай дейтін білімі өзімнен озық адам мектепте шамалы. Директор да, завуч та талай жыл қоржынын салақтатып, педучилищеге сырттан оқуға барып жүріп, азаппен әзер бітіргендер. Ол екеуінің орысшасы менен де төмен.
Менің жұмысымды тексеріп, жөн айтуға олар ниет те білдірмейді.
Мен мұнда мектеп директоры Әлімғожаның үйіндемін. Aнa жолы онымен бірге келіп түскеннен осындамын. Жамбас ақы, құрсақ ақы төле деп, қазақ айтпайды. Өзім біліп бірдеңе берсем, мүмкін, алар еді. Бірақ беретіндей менде не бар? Ac тегін, төсек-орын тегін. Директор жолдас, мені өзің алып келдік, өзің бак, деп, үн-түнсіз жүріп жатқан жайым бар.
Сарыбел, онда аз уақыт мұғалім болғанда басымнан кешкен уақиғалар ойымнан шыға қоймайды. Портсигар жайы әлі де болса мен үшін жұмбақ. Оның тап сол түні сол үйде — Сегізбай үйінде түсіп қалуы ақиқат. Ал бірақ, кім тауып алды? Сегізбай ма, Алтын ба? Мүмкін, Алтын тауып алып, күйеуіне көрсетпей, тығып қойған шығар? Секең ештеңе де білмейтін шығар? Онда менің күйзеліп, қайғы-қасірет шегуім бекершілік. Сарыбелден ат тонымды алып, артыма бұрылып та қарамай, безіп отыруым ол да бекершілік.
Осынын бәрін қалай білуге болар екен?
Сарыбел Қарасаз ауданының бір шеті, Қаратоған екінші шеті. Бұл арадан Алтынмен тілдесу, хабар білу мен үшін оңай шаруа емес.
Мүмкін, өмір бойы біле алмай, ішқұста болып өтермін?
20
Көктем. 1945 жылдың көктемі.
Фашизм бұл кезде бел омыртқасы мертіккен жыртқыш тәрізді, Өзінін ойран салып шыққан бастапқы апанына қарай бас сауғалап, шегіншектеп барады. Азаттық алған қалалар мен елдер саны күн санап көбеюде.
Даңқты Қызыл Армия езінің алты айға демалыс беріп босатқан ұлын — мені іздей қойған жоқ әлі. Соған қарағанда, жарадар жауды біржолата жоқ етуге енді оның күші мен араласпай да жететін тәрізді.
Тұйықтағы үйге көктем шыққалы барған жоқ едім. Қатынаған біреуден жеңгем хат жазып жіберіпті. Оқыдым да, ызадан қалшылдап кеттім.
Ауру шешем мен жеңгемді Нұрәлі сиыр саууға шығарыпты. Бұл осы кезде колхоздағы жұмыстың ең ауыры. «Ауру түгіл, сен кемпірдің түгің жоқ. Қақшаңдап өз жұмысыңды істегенде, тажалдайсың. Ауру болсаң төсек тартып жатар едің ғой» дейтін көрінеді. «Мен сорлы неге көнбегем? Бәріне де көнермін. Мына сырқат та, кәрі шешеңе обал болатындай түрі бар. Ерка кел де, көшіріп әкет» деп жазыпты жеңгем.
Атана нәлет Нұрәлі, қайтсем екен? Сенің-ақ ызаң өтіп бітті-ау.
Meн енді шешем мен жеңгемді осында, Қаратоғанға көшіріп әкелсем деген ойға келдім. Бұл ой басымда бұрын да бар болатын. Әлімғожаға айтып едім, бірден қостады.
— Е, несі бар. Көшіріп әкел. Бұнда да ел бар, жұрт бар. Бірдеңе етіп күн көрерсіңдер. Отын-суларыңа, мүмкіндігінше мектеп көмектесіп тұрады.
Директорым былай деген соң мен енді қозып кеттім. Шешем мен жеңгемді Қаратоғанға көшіріп әкелетін болдым. Мұнда келген соң кіретін үйде оп-оңай табыла кетті. Қаратоғанда малшылардың қаңырап бос тұрған үйлері көп.
Әлімғожа колхоздан бір күнге деп, екі атымен арба сұрап алып берді. «Бар, көшіріп әкел. Көңілін орнына түссін».
Екі аттық бос арбаны салдырлатып айдап, міне Тұйыққа келіп отырмын. Бұл сәскелік кез. Көше қаңырап бос. Кәзір көктем егісінің нағыз қарбаласқан қызу кезі. Жұрттың бәрі жұмыс басында.
Әдейі колхоз кеңсесінің алдынан өтпей, орағытып келіп, арбаны өзіміздің үйдің қалқасына тоқтаттым.
Есік берік. Терезе перделер түсірулі. Талайдан жөндеу көрмеген байғұс там үй сыртының әр-әр жерінің сылағы омырылып, жүдеп тұр. Көптен бері адам тұрмайтын, иесіз үйге ұқсайды.
Шешем мен жеңгем қайда екенін білмекке көрші Мақпал кемпірдің үйіне келдім. Сырт есік ашық. Табалдырықты аттап, кіре бергенімде, ар жақтан бүйірі қабысқан арық қара ит мені соға-моға алдымнан атып шықты. Сасып, қорқып қалдым. Үйде ешкім жоқ шығар деп едім. Сөйтсем, төрдің қақ төбесінде, бетін құбылаға беріп, Мақпал намаз оқып отыр.
Ит бұза алмаған намазды бұзуға батылым жетпей, сілейіп тұрып қалдым.
Әлден уақыттан кейіп бетін ең соңғы рет бір сипап, намазын аяқтаған Мақпал орнынан тулай түрегелді:
— Ауызыңа пәлен етейін! Қарашы-eй, тіпті адам екен демейді. Үйдің ішін айнала тіміскілеп, кезіп жүр.
Мен алғашында Мақпалдың кімді ұрысып жүргенін білмеп ем. Сөйтсем, сұғанақ итті ұрсып жүр екен.
— Ит кіріп келе жатқанда, кет деп, қуып жібермейсіз бе?
— Намаз бітпей, қалай қуамын. Намаз бұзылады ғой, — дейді Мақпал.
Мен күліп жатырмын. Бұл қараңғылық дегенді қойсаңшы, Дінге шын берілген адамдар намаз үшін жауынан жазым шегеді деп те еститін едім. Мақпалдың мына қылығына қарағанда, сол рас секілді.
— Шешең де, жеңгең де сиыр сауатын болған. Кеше бригадир арба әкеп, тауға фермаға көшіріп әкеткен. Нұрәлі дейтін құдай шықты бұл күнде. Ауру-сырқауыңа қарамайды. Бетіне тура қараған жан болса, төбесіне әңгір таяқ ойнатып бітеді. Шешең жарымжан екенін айтса, тыңдамапты, — деп, Мақпал өз мұңын шаққандай күрсініп тоқтады.
Өрге қарай жүру ауыр болса да, аттарды тырқыратып айдап, міне енді таудағы фермаға келе жатырмын. Нұрәліге деген ашу-ызамды екі аттан алатын тәріздімін. Тал түсте сиырды иіріп қойып, сауып жатқан үстілеріне келдім.
Бұ не? Күндіз сиыр сауылатын ба еді?
Қотанның тау жақ шетінде, осындағы жалғыз киіз үйдің қасында, қолындағы таяғына сүйеніп, қарауылдай қаздиған ферма бастық Ошақбайды анадайдан таныдым. Тік мінез, қатал адам. Өзін көп жұрттан жоғары ұстайды. Мен оны онша ұнатпаймын. Киіз үйден төмен қарай бұлақты жағалай қонған алты жеті қараша жаппа үйлер. Соның бірі шешем мен жеңгемдікі болар деп ойлап, арбаны сол тұсқа қалдырдым да, Ошақбайға жаяулап кеп сәлем бердім.
— Әй, Еркінбісің?! Қайдан жүрсің? Мына арбаң не? — деп, Ошақбай бір дегеннен тікірейе қарады.
Мен шешем мен жеңгемді көшіргелі келгенімді айттым.
Ошақбай одан бетер тікірейіп, бес тал шоқша сақалы шолтаңдап:
— Колхоз рұқсат етті ме? — деді.
— Колхоздың бізде не шаруасы бар?
— Е, колхоз рұқсат етпей, қалай көшпексіңдер? — деді Ошақбай. Бұл сөзді сиыр сауып жатқан әйелдер түгел естісін дегендей шаңқылдап, қатты айтты. Бір-бір сиырдың бауырына сүліктей жабысып алған, үстері кір-кір, өңшең қара әйелдер елең етіп, құлақ түре қалысты,
— Кәзір баяғының басы байлы шаруалары жоқ. Әркімнің өз еркі өзінде, — дедім мен.
— Әй, сен заң соқпа маған. Мен заң-паңыңды түсінбеймін. Одан да Нұрәліден рұқсат қағаз алып кел. Онсыз мен ешкімді ешқайда жібермеймін. Сол.
Ошақбай екеуіміздің әңгімеміз осымен бітіп қалды
* * *
Бұрын мұнда осындағы барлық колхоздар секілді сиыр күніне екі мезгіл сауылатын. Май жоспары орындалмай, колхоз басшыларының жандары мұрындарының ұшына тірелген кезде енді үш мезгіл сауылатын бопты. Сиыр саууға қосымша адамдар шығаруы да содан екен.
Мал арық. Итеріп қалса, құлағалы тұрған, ыңыршағы айналған, кілең дерлік көтерем. Қыстан қысылып, жүдеп шықса, әлі көкке тойып қоңаймаса, арық болмай, қайтеді?
Сауыншы әйелдердің түрлері сауып жатқан сиырларынан да аянышты. Бәрінің дерлік үстінде, қолдары қалт еткенде, жүннен өздері тоқып киген, баяғының батырларының оқ өтпес темір сауытына ұқсайтын, әрі қалың, әрі тұрпайы бір-бір қап көйлек. Жөнді жуылып, таралмаған дудыраған кір шаштар. Кір орамалдар.
Бір жаппаның алдында тақыр жерде қол-аяғы шидей жас сәби манадан бақырып жылап отыр. Үстінде ит көйлектен өзге лыпа жоқ. Әуелде астына тоқым төсеп, есіктің көзіне отырғызған. Сиыр сауып жатқан шешесіне бармақ боп, талпына-талпына сәби жерге түсіп кеткен. Кәзір енді тоқым бір жақта, өзі бір жақта. Оны жұбатып, мұрны-басын тазалауға шешесінде мұрша жоқ.
Және бір жаппадан сілелеп шыр-шыр етіп жылаған бесіктегі баланың даусы естіледі.
— Бол! Болыңдар? Күн кешкіріп барады. Сиыр жайылып үлгермейтін болды!— деп Ошақбай сауыншы әйелдерге дігір салып қояды.
Сиыр сауылып болысымен біз көш қамына кірістік. Қалқиған жаман жаппаны жыға бастадық. Аялдауға уақыт тар. Колхоз ат-арбасын бүгінде, бір ғана күнге деп берген.
Менің оны тыңдамасыма көзі жеткен Ошақбай:
— Нұрәлі рұқсат етсе, көшесін. Рұқсат етпесе, көшпейсің — деп атын ерттеп мінді де, әкесі өлгендей шабуылдап, Тұйыққа кетті.
— Нұрәлі түгіл, құдайыңа барып айт!
— Балам, шатақтаспа, шатақ құрсын. Дүниеде шатақтан жаман нәрсе жоқ. Иттермен ит болмай, жайлап, жөндеп сөйлес, — дейді шешем без-без етіп. Менің мінезімнің жаман екенін біледі ол.
Жүкті түгел тиеп болып, арбаға отырып, енді жөнелейік деген кезде, Ошақбай қайта жетті, Өңі бұрынғыдан бетер қату.
— Түсір жүкті! Көшпейсіңдер! Бастықтың бұйрығы солай.
Тыңдайтын мен емеспін, арбаны айдап кетпек болдым.
Ошақбай арбаның алдына ұмтылды. Екі аттың шаужайынан ұстап, көлденеңдеп жібермей тұрып алды.
— Жібер деймін!
— Жібермеймін.
— Жібер!
— Әй, шошқа! Тарт тіліңді Мен сені өліп кетсем де жібермеймін! Сені жіберіп, менің басым екеу емесі Күшті болсаң бар ана Нұрәліге!
— Мен оған бармаймын!
— Бармасаң бастықтың рұқсатынсыз мен жібермеймін. Ол маған солай деді, ел, бірақ жіберме деді. Мені өлтіріп, өлігімді таптап, содан кейін ғана кетесің!
Ошақбай бір бет, қаныпезер жаман адам. Өлуге бар, ал бастықтың бұйрығын орындамауға жоқ.
Ол екеуміздің керісуіміз шегіне әбден жетті. Енді тек қан-жоса төбелесуіміз ғана қалды. Бірақ бұған бір де біріміз бара алатын емеспіз. Кім үшін, не үшін деп барамыз? Айдаладағы Нұрәлі үшін бе?
Ферма басындағылар шатақтың ақыры немен тынатынына ынтығып, қарап қалған.
Керісумен бір талай уақыт өтіп кетті. Күн кешке таяп қалды. Ошақбайдың жібермесіне менің көзім әбден жетті.
Қап, не істеймін? Осы үшін бұнымен төбелесіп, қан жоса боп жүрем бе?
Жоқ, барайын Нұрәліге. Не айтар екен? Жібермесе, жауызды не өлтіріп, өзім өлейін. Аяйтын не жан қалды!
Екі аттың бірі арқасы бүтін, күйлі үлкен қызыл ат. Соны арадан шығарып, үстіне жайдақ қарғып мініп, әлгінде Ошақбай барып келген ізбен ауылға қарай құйғытып, шаба жөнелдім. Жүк арбаның үстінде қалды, Жүк үстінде үрейлері ұшып, үрпиіскен шешем мен жеңгем.
Қаныма әбден қарайып алғам.
Өртке шапқан адамша тасырлатып, бір дегеннен колхоз кеңсесіне келдім. Сөйтсем, Нұрәлі мұнда жоқ. Үйіне шай ішуге кетті дейді.
Көшедегі иттерді абалатып, ауылдың екінші шетіндегі Нұрәлінің жаңа үйіне келдім. Үш бөлмелі, шатырлы жаңа үйді ол былтыр тұрғызып кірген. Есіктің дәл көзінде шашылып жатқан леген, қысқаш тәрізді заттарды ат тұяғына қаңғырлата басқызып, тістеніп айқай салдым.
— Нұрәлі! Шық бері!
Қолымда қамшы орнына ұстап алған ұзындығы бір метрдей кеспелтек жуан ақ таяқ.
Ар жақтан:
— Бұ кім-ей! Бұ қай иті — деген Нұрәлінің ызбарлы даусы естілді.
— Сен бізді неге жібермейсің? Бізде не әкеңнің құны бар?
Өзімді өзім ұстай алмай, қалш-қалш етем.
Есік сықыр етіп ашылды да, Нұрәлі көрінді. Сопақ басы тершіп, кемзалын жейдесінің сыртынан желбегей жамыла салған. Ылғи да бас киімнің астында жүретін, жел тиіп, күн қақпаған шекелері аппақ. Осы жалтыраған шекелер маған таяқ тілегі шығын келе жатқандай көрініп кетті.
— Әй, ит, не оттап тұрғаның? Түс аттан!
— Сен бізді неге жіберме дейсің?
— Түс аттан! Түсіп сөйлес.
Менің мейлінше ашынған түрімді көріп, Нұрәлі қаймыққандай еді. Табалдырықтан бір ғана аяғымен аттап, бері қарай онша шықпай тұр. Бір қолымен босағадан ұстап алған.
— Ана итіңе жібер деп, қағаз жазып бер!
— Түс деймін аттан құриын демесең.
— Мә әкеңнің!..
Қолымдағы оңтайлап ұстап алған таяқпен аямастан періп келіп қалдым. Жалтыр шекені тура көздеп ұрдым. Оған деген талайдан бергі ыза-кегімнің бұрқ етіп жарылған жері осы еді.
Нұрәлі жасқанып, шегініп қалды. Таяқ есік пен шекеге қабаттаса шақ етіп қатты тиді. Сол жақ қабақтың үстінен бұрқ ете қалған қан көрдім. Нұрәлінің бақ еткен дауысы қоса шығып кетті.
Үйде және біреулер отыр екен.
— Өлтірді!
— Ойбай, өлтірді!
— Аттан! Аттан! — десіп, шуласып жатты. Әйел дауысы, еркек дауысы аралас.
Жарқышақ қырыл дауыс қамыт аяқ Қыбырай шалдың дауысы екенін таныдым.
Аттың басын бұрып ап, төмен өзім келген кеңсе жаққа қарай шаба жөнелдім.
21
Таяғы да аты суық, түсі суық КПЗ тұрғынымын. Жасым жиырмадан аспай жатып, бұл менің осы босағаны екінші рет аттауым. Оу, өмірдегі мен арман еткен жол, тіпті де, бұл емес еді ғой! Басқа еді ғой.
Кемем алға қарай жүзудің орнына артқа жүзіп бара жатқан жоқ па?
Оу, осы мен омақасып, неге сүріне берем? Аяғымды алып Күре алмайтын езім кінәлімін бе?
Даңғыраған түзу жолға шығатын күнім бола менің де, болмай ма?
Қамалып отырғандардың бәрі дерлік мен танитын жергілікті адамдар. Колхозшылар. Біреуі бір қап бидай ұрлаған. Біреуі бip шана шөп ұрлаған. Енді бірі колхоздың семіз сиырының орнына арық тана қосып, семіз сиырды жымқырып, соғымға сойып алған.
Қысқасы, қай-қайсының да дұрысырақ жан баққысы келген.
Соғыс уақытының заң — тәртібі қатал. Ол кімге де болса, мен айтқандай жүріп тұр, бәріне көн, белбеуді мейлінше қатты тартып буын дейді.
* * *
Тергеушім Казбек дейтін бет-жүзінен ешқандай сезім белгісі аңғарылмайтын, сазарған сұп-сұр біреу. Бұрын осында аудандық магазинде сатушы болатын. Милицияға содан ауысып келген.
Алдымда өзім тәрізді адам отыр-ау деп, Қазбек еш ойламайды. Адам боп, бір мезгіл езу тартып күлгенді, жадырағанды білмейді. Ол тек езіне тексеруге тапсырылған қылмыс істі біледі. Заңның соған тура келетін, кітапта тасқа басып жазылған статьясын біледі. Бірін біріне сәйкестіріп, сықпыртып жазғанды біледі.
— Сөйтіп, ұрғаныңды мойындайсың ғой?
— Мойындаймын. Ұрғаным рас.
— Немен ұрдың?
— Таяқпен.
— Ағаш таяқ қой?
— Таяқ ағаш болмағанда, — деймін мен күліп.
— Осының сенің ұрғаныңның нәтижесінде зәбірленушінің басы ауыр жарақаттануы мүмкін екенін алдын ала ойлап, білдің ғой?
— Мен ештеңені де ойлап жатқан жоқпын. Қаныма әбден қарайып, ашулы едім.
— Тоқта. Сен қан-панды қоя тұр. Егер таяқ есікке қабаттасып, қаға тимегенде, зәбірленушінің басын ауыр жарақаттауы мүмкін екенін алдын ала ойлап, білдің ғой? Маған осыны айт?
— Ал, білді десеңіз, білдім. Күн болса, кешкіріп барады. Ат та, арба да колхоздікі.
— Тоқта. Ат-арбаны сен қоя тұр. Бұл арада оның түкке де керегі жоқ.
Тергеуімнің түрі, міне, осы, «қол қой» дейді, қоям.
Шашын тікірейтіп, ежик етіп қырыққан, көздері өлген малдың көзіндей жылбысқы су көз Қазбек түннің пәлен уақытына дейін менен жауап алып отырып, бір ауыз да бөгде сөз сөйлемейді. Қалқам, сенің мұнша ашынуыңа, қылмыс жасауыңа шынайы себеп қандай деп сұрамайды. Бір ауыз әзіл қалжың айтып, не мені сергітпейді, не өзі сергімейді, Құдай оны о бастан жазалаушы етіп, мені жазаланушы етіп жаратып, бетпе-бет аңдыстырып қойғандай.
Адам емес, робот еді Казбек. Милиция формасын киген, тек сұрақ қойғанды, жазып алғанды білетін робот.
Тергеуім, қашаннан да, әуре-сарсаңсыз тез бітетін әдеті. Бұл жолы да солай болды. Айыптау қорытындым қолыма тиді. Қылмысымның заң тіліндегі атануы «біреудің дене мүшесін алдық ала ойлап, әдейі қастандықпен ауыр жарақаттау».
Қамалып отырғандардың ішінде бүкіл заң-кодексті судыратып жатқа соғатындар бар. «Бұл үшін екі жылдан сегіз жылға дейін бас бостандық еркінен айыру жазасы беріледі» дейді олар,
Екі жылдан сегіз жылға дейін!
Ең азы екі жыл. Маған осының өзі-ақ жарық дүниенің бетіне енді кайтып шықпайтын тұңғиық болып көрінеді.
Екі жыл ол ұшы-қиырсыз мәңгілік.
Ісімде дәрігердің анықтамасы тігілген екен. Онда Нұрәлінің шеке сүйегі шытынаған, миы шайқалған депті. Бала кезде күнде төбелесіп, шекені жарып келетін едік. Сонда ми шайқалмақ түгіл, түк те болмайтын еді. Киіз күйгізіп басып, қанын тыятынбыз да, оп-оңай жазып алатынбыз. Нұрәлінің бас сүйегі оп-оңай шытынайтын әйнек болғаны ма? Миы оп-оңай шайқатылатын торсыққа құйған айран тәрізді болғаны ма?
Әй, қайдам? Шүбәлімін. Менің көзімді жою үшін Нұрәлі бәрін де әдейі солай істеткізуі әбден мүмкін. Оның оған айласы да, құдіреті де жетеді.
Басқа түскен масқарашылықтың адам қандайына да көнеді.
Арбамен өз ауылыма сотқа алып келді. Туған-туысқанның бетіне кылмыскер боп қараудан жүзім күйеді.
Шешем, жеңгем осында. Қаратоғанға көшу оларға бұйырмаған. Тағдырым былай болған соң, қалай көшеді? Менсіз онда не бітіреді?
Сот мәжілісі басталғанға дейін ауыл советтің кеңсесіне қамап қойды. Бала-шаға қызықтап, терезеден сығалап, маза таптырмайды.
Сот мәжілісі колхоз кеңсесінде өтпекші. Адам көп жиналған. Шағын кеңсеге сыймайды. Көпшілік жұрт маған бүйректері бұрып, жандары ашып қарайтып тәрізді. Бірақ кібіртік, жасқаншақ болып қалған халық Нұрәліден қорқып, пікірлерін ашық айта алмайды.
Тек көздер ғана сөйлейді: «Еркін, жарайсың! Жігіт екенсің. Нұрәлі жауыздың басын жарып, өшімізді бір алып бердің. Жұрт айта жүретіндей іс істедің!»
Сот процесі басталды. Зақым шегуші ретінде Нұрәлі шақырылды. Ол кәзір баяғы бет-аузы тарамыс, қарабайыр Нұрәлі емес. Бордақы болған шошқадай сыздап, әбден қатты семірген.. Аяғына аяғы жуыспай талтақтап, ырс-ырс етіп басады. Салмағынан едендегі тақтай майысады. Шекесіне ағарған дәке жапсырып алған. Сірә, таяқтың тиген жері сол болуға керек. Әлі жазылмағаны ма? Жоқ елде, жазылса да әдейі істеп отыр ма? Залымнан бәрін күтуге болады.
Процесс адвокатсыз өтіп жатыр. Адвокат алған жоқпын, Алып неғылам? Оған бірдеңе төлеуім керек. Немді төлемекпін? Адвокат айтқан сөзді өзім де айта алатын тәріздімін.
Секиген әйел адвокат ауданнан бізге ере шыққан еді. Мұнда келген соң, не қылмыскер өзі, не оның туған-туысқандары өйте гөр, бүйте гөр деп, аяғына оралып, жалынбады. Оңай олжа боларлық ештеңенің қарасы көзіне көрінбеді. Сосын ол процеске катыспай, өз бетімен тайып тұрды.
Куәлер Қыбырай шал, Нұрәлінің әйелі...
Үкім жарияланды. Аяусыз қатаң үкім — үш жылға бас еркінен айырылсын!
Желке тұсымда таяу отырған қалың топтың арасынан шешемнің боздап, жылап жіберген үні естілді.
22
Тағы да КПЗ. Әлдеқайда жолаушылап, өз үйіне қайта оралған жандаймын. «Не болды?», «Қалай біттi?» деп, қасымдағылар бас сап сұрап жатыр. «Үш жыл!» «Көп!» «Көп берген» десіп жатыр. Нұрәлі емес, басқа біреуді дәл солай жарақаттасам, үш жыл бермейтіні анық.
Күтудемін енді. Бүгін ертең басқа да сотталғандармен қосып қалаға жөнелтеді. Сот кесілген адамды мұнда масыл етіп, ұзақ ұстамайды.
Одан әрі еңбек түзеу лагері. Бұның бәрі мен үшін өзім жүріп өткен таныс баспалдақтар. Ойлап кетсем, жүрегім зырқ ете қалатын азабы, соры көп, досың түгіл, қасыңа тілемейтін қиын баспалдақтар.
Өкінемін, әрине. Meн тәрізді жеңілтек, қызба жанның ақылы артынан кіріп жатады. Өкініші көп болады. Неге ұрдым? Ұрғанымнан не таптым?
Үш жыл ол қашан бітеді?
Тұңғиық, түпсіз сары уайымға өзімді өзім тастап келіп жіберем. Басымды қанша қатырып ойлағанмен басқа жол таба алмаймын.
* * *
Түн. Шырт ұйқыда жатқанбыз. Біреу КПЗ-ның есігін өрт шыққандай қатты-қатты тарсылдатып қағады. Шошып ояндық.
— Өй,тұрыңдар! Тұрыңдар-ей! Сүйінші! Соғыс бітті!
Дауыс күзетші милиционердікі. Ол өзінің постта тұрғанын ұмытқан. Құлағына жаңа келіп жеткен қуанышты хабарды ішіне сыйғыза алмай, бізді оятқан.
Камераның іші құйын кіріп кеткендей астаң-кестең болды. Соғыс өксіткен, соғыс титығына жетпеген жан жоқ шығар-ақ!
— Рас па? Ей, айналайын, рас айтасың ба?
— Рас. Әлгінде радиомен хабарлады.
Шам жанды. Таң атқанша ешкімде ұйқы болған жоқ.
Таңертең қораға сейілдеуге шыққанда қарасақ, Қарасаздың көшесі у-шу.. Халық қуанышты. Мейрам. Бір ғана күнде бұрқ ете қалған, алдын ала ешқандай әзірлік жасалмаған тосын да, еркін мейрам. Біреуді біреу қуанғаннан түйгіштеп жүр, сүйіп жүр, жылап жүр. Атқа мініп, соғыс біткенін жариялап, құйғытып, шауып жүрген жігіттер. Кейбірі таң атпастан сылқытып, ішіп те алған тәрізді.
Лағнет келгір, бұл соғыстың да бітетін күні бар екен-ау!
Тағы біраз күн өтіп кетті. Неге екенін, бізді қалаға түрмеге жөнелту кешіктіріле берді.
Бір күні камераға соңына бірнеше адам ертіп, милиция бастығының өзі кіріп келе жатыр. Бұл сирек болатын уақиға. Бәріміз орнымыздан дүркіреп тұрып, қарсы алдық. Милиция бастығының өңі әдеттен тыс жылы. Сендер не білесіңдер дегендей ішінен күлімсіреп тұрғандай.
— Сүйінші! Сүйінші беріңдер! Мен сендерге қуанышты хабар алып келдім.
— Ал, айналайын! Немізді алсаң, ал!
— ССРО Жоғарғы Советінің Указы шықты. Сотталған адамдардың бәріне дерлік кешірім болатын болды.
— Ура!
— Ура!
Камераның іші той болып жатқандай у-шу, опыр-топыр.
Мынау мелшиген қатал да, суық қабырғалар мұншама қуанышты дауысты, сірә, өмірі естімеген шығар.
Указ басылған газетті өз кезімізбен оқып көрмей, көңіл бір түрлі сенбейтін де тәрізді.
Міне, газет те келіп жетті. Жақсылықтың жаршысын дүниедегі ең қымбат, ең асыл жақынымыздай бас салыстық. Біреу оқып, басқамыз сілтідей тынып, тыңдаудамыз. Үш жылға дейін сотталғандар мүлдем босатылады дейді газет сөзі.
Басқасы маған қажет емес. Менікі үш жыл! Ой, қандай бақытты едім!
Соттың үш жылдан артық бермей, тура үш жыл бергені қандай жақсы болған!
Жоқ, тағдыр мені ешқашан аямайды дегенім асылық айтылған сөз екен. Дәл осы жолы аяп, оң көзімен қарады. Болашағым, әлі жүзеге асып үлгермеген армандарым бар екенін ескеріп, мейірбандық жасады. Тілмен айтып жеткізгісіз қуанышын төбемнен салаң еткізіп, тастай салды.
О, тағдыр, бұныңа ризамын. Мың да бір рақмет! Будан былай мен сені қырсық тағдыр, қатал тағдыр деп, сірә да атамаспын.
Айналайын Калинин атам. Указға қол қоюшы сенсін ғой. Саған мың рақмет! Көсегең көгерсін! Бір жасың мың болсын!
Даңқты Қызыл Армия! Мың жаса! Фашист айдаһарды жеңіп, мылжа-мылжа еткен сенсің ғой. Сенің жеңісің болмаса, бізге кешірім де болмас еді. Жақсылық төбемізден салаң ете қалмас еді.
Мың жаса, Совет өкіметі! Өз өкіметім! Кедей-көпшіктің өкіметі! Осының бәрі сенің арқаң. Ұлыңның азын-аулақ қиғаш басқан қадамдары болса, кешір! Кешіре гөр! Су түбіне мәңгілік кеттім-ақ қой деп едім. Сен мені аядың. Жарық дүниенің бетіне қайта алып шықтың. Осы үшін де мен саған мәңгілік борыштармын.
Қалам қайда? Қағаз қайда? Оу, әкеліңдер! Өлең жазам.
Ура!
Ура!
Енді тура.
Босанамын осынан.
Право алам,
Үйге барам,
Тең-құрбыма қосылам!
23
Өшіп қалған үмітім кайта жанды, өліп қалған арманым қайта тірілді. Енді менде бір ғана ой, бір ғана мақсат, ол — кету Алматыға. ҚазПИ мен ҚазГУ-дің біріне оқуға түсу. Сөйтiп, адам болу. Сонау сәби кезден бүйрегімнің бұрышында ең бір асылымдай ардақтап, сақтап келе жатқан ақын, жазушы болсам дейтін көкейтесті арманым бар емес пе? Соның соңына біржолата бел шешіп түсер кезім енді нақ келген секілді. Өзімді өзім қайрап, жыр шертемін:
Талпынасың талабым,
Қанатыңды қомдайсың,
Ұшып барып қалайық.
Неге үстінен қонбайсың.
Қалаға ұшып бару үшін маған ең бірінші қажет нәрсе оныншы бітірді деген аттестат. Ол. менде атымен жоқ. Оныншы түгіл, тоғызыншы бітірмесем, қайдан болады?
Қарасаз орта мектебінің директоры бір кезде өзіме тарихтан сабақ берген Мақсұт дейтін жақсы адам. Бір күні көшеде сол кездесіп қалды.
Хал сұрады. Алматыға оқуға кетейін десем, аттестат таба алмай жүрмін дедім.
— Мен саған аттестат бере алмаймын, — деді Мақсұт, — қажет десең, тоғызыншы бітірді деп, куәліктің көшірмесін жазып берейін.
— Ағатай, сөйтіңізші.
Өйткені, тоғызыншы бітірген де жерде қалмайды. Екі жылдық мұғалімдер институтына түсуіне әбден болады.
Августың ыстық күндерінің бірінде бір қап ұн, бір қойдың кепкен етін арқалап, аңсаған Алматыға да жеттім-ау! Кел, келе ғой дейтін, емеуіріні елжіреп, өзіне шақыратын менің мұнда ешқандай жақыным да, танысым да жоқ. Ешкімді білмеймін. Оқуға түссем, өлмеспін деген тәуекелмен ғана келіп отырмын.
Шофер Талғар көшесінде бір үйге тоқтаған. Үй иесі Қарақыз дейтін аяғын сылтып басатын жасамыс әйел. Қашан институтқа оқуға түсін, жатақханадан орын алын жайғасқанша осында тұра тұруға әлгімен оп-оңай тіл табыстым.
Менен басқа бұл үйде және бір ақсақ еркек турады. Қарақызға қарағанда жастау, соғыс мүгедегі. Бір қолына таяқ ұстап, бір қолтығына балдық сүйеніп жүреді.
Ақсақ та, Қарақыз да еш жерде жұмыс істемейді. Ұзақ күнге көкбазарды торуылдап, алыпсатарлық жасап, жандарын солай бағады. Ақсақ кейде, екі-үш күн жоғалып кетіп, қайта табылады. Семіз-семіз тірі қойлар алып келеді. Сойып, етін базарда қасап жасап сатады. Бас-сирақ шек-қарны өзімізге бұйырады.
Көршілердің кейбірі ақсақты Қарақыздың күйеуі дейді. Кейбірі пәтершісі дейді. Осының екеуі де дұрыс. па деп ойлаймын.
Тапқан ақшаларын бұл екеуі, негізінен араққа, сосын, тамаққа жұмсайтын еді. Балалары жоқ.
* * *
Екі жылдық мұғалімдер институты ҚазПИ мен бірге. Оқу іздеп келгендердің көпшілігі армиядан босаған, жастары марқайған, соқтауылдай-соқтауылдай жігіттер, Оныншы бітіре сап келгендер ол кезде аз. Мен документтерімді тарих-филология факультетіне тапсырдым. Екі ме, үш пе пәннен емтихан тапсырасың деді.
Мен бұған кәдімгідей жүрексіндім. Қолыма кітап ұстамағалы бірталай жыл. Шынымды айтсам, қарайып қалған едім.
Жүрексінуім бекер болып шықты. Емтиханның емтихан деген тек аты екен. Ал заты... Оны оқушы өзі атасын.
ССРО тарихынан емтихан тапсырмақ болып кірдім. Мұғалім жалғыз. Үстімдегі әскери киімдеріме қарап:
Армияда болдың ба?
— Болдым.
— Қай жерлерде болдың?
— Осы Алматыда, Тастақта.
Тақтаның бетінде ССРО-ның әкімшілік картасы ілулі тұр. Соны нұсқап:
— Көрсет Алматыны.
Алматыны көрсетпей қара басып па?
— Тастақ Алматының қай жағында?
— Батысында.
Болды, бітті. Емтихан тапсыратын қағазыма «үш» деген баға қойып берді.
«Үшке» көңілім толмағандай түр көрсетіп едім. «Қабылданасың, бара бер» деп, қолды бір ақ сілтеді.
Басқа пәндерден емтихан тапсыруым да осы тақылеттес.
Аяқтың дәл астында үйіліп жатқан кен.
Жұрттың бәрі дерлік «үшке» тапсырып, бәрі дерлік қабылданып жатыр.
Соғыс жаңа біткен. Оқуға түсем деушілер аз. Оқу бөліміндегі әйел емтихан листогімді қабылдап алып жатып:
Ауылдарыңнан қалаға оқу іздеп келген тағы да балалар болса, ертіп әкел, — деді.
Оның бұл тапсырмасын мен жігітше орындадым.
Көк базарға күніне бір соғатын әдетім. Өйткені, азық-түлік карточкасы әлі жойылмаған. Тамақтан өтетіннің бәрі тек көк базарда ғана еркін сатылады. Ұйғыр әйелдері сүт қосылған ыстық шай, тандырдың көздей кішкене тоқаштарын, ыстық манты сатып тұрады. Түсте бір мезгіл сол арадан әлденем де, Қарақыздың үйіне, негізінен, кешке түнеу үшін барам.
Көк базарсыз қалада ешкімнің де күні жоқ.
Сөйтіп, көк базарға келсем, біздің ауданның бір топ баласы кездесіп қалды. Шұрқырасып көрісіп, жөн сұрасып жатырмыз. Бәрі де оқу іздеп келген, менен гөрі жас балалар. Жетінші, сегізінші бітіргендер. Сауда техникумына түсеміз деп келіпті. Документтерін әлі тапсырмапты.
— Техникумды қойындар. Одан да мен түскен екі жылдық мұғалімдер институтына түсіңдер ,— дедім.
— Ойбай-ау, институтқа бізді ала ма? Алса, түсер едік қой.
Алғанда қандай.
Соңымнан бір топ баланы шұбыртып ертіп, институтқа келдім. Оқу бөліміндегі әйелге:
— Міне, айтқаныңызды орындадым, мына балаларды ертіп келдім, — дедім.
Оқуға әлгілердің бәрі қабылданды.
24
Иә, студент болу ол кезде оңай еді, ал шыдап оқу қиын еді. Өйткені жағдай ауыр.
Жатақхана берген жоқ. Институттың жатақханасына соғыс кезінде әскери заводтың жұмысшылары кірген. Олар енді босатуы керек. Бірақ босата алмай жатыр. Ол үшін оларға үй берілуі керек. Үй жоқ. Семьялы жандарды ешкім де көшеге сүйреп тастай алмайтыны белгілі. Бұл бір қиыншылық.
Екінші қиыншылық карточка системасы әлі жойылмаған. Нан да, басқа азық-түлік те өлшеніп, карточкамен беріледі. Киім-кешек, кір жаутын, қол жуатын сабынға дейін солай. Институт асханасында жүгерінің сұйқылтым дәмсіз көжесі мен дәмсіз ботқасынан өзге ештеңе еркін сатылмайды.
Уақыт өтіп жатыр. Әне-міне деп, уәде еткен жатақхананың әлі қарасы да көрінбейді. Әлі сол Қарақыздың үйіндемін. Күлшелі бала сүйменді. Бір қап ұн, бір қойдың етін арқалап келген әуелгі кезде Қарақыз маған басқаша қарайтын еді. Енді ол таусылған соң басқаша қарайтын болды. Түстен кейін оқимын. Лекция әбден ел орынға отыра кеш бітеді. Қараңғыда есік қағып тұрған мен екенімді білсе-дағы Қарақыз жекіріп:
— Бұл кім өзі?! — деп, сұрап алып ашады.
— Сүмпиіп, тағы келіп тұрсың ба? Сен осы біздің үйден қашан кетіп тынасың?
— Апай, бұл мен ғой, — деймін жалынған жұмсақ дауыспен. Ашыңыз, аша көріңіз. Өзге қонатын жерім болмаған соң амалсыз келіп тұрмын деп, жалынғандай болам.
Ауылдан артымнан дорба-дорба ет, май келіп жатса, Қарақыз, әрине, бүйтпес еді.
Ақсақ еркек күнде кешке қарай мас. Бір кісілік бөлек керуетте ол бұл кезде киімін де шешпестен пырылдап, арақ сасып, ұйықтап жатады. Стол үстінде ішімдіктен босаған бөтелке, бір неше тал пияз, қара нанның қиқымы. Менің жүрегім сазып, тамақ ішкім келеді. Қарнымда күшік қыңсылаған тәрізденеді.
Жағдайым ауыр екенін айтып, деканның қыр соңынан қалмай жүріп, ақыры, жатақханаға да қолым жетті-ау.
Институтқа кірген жерде дәліздегі тура есік актовый зал. Сол енді, уақытша, студенттер жататын жатақханаға айналдырылған. Аралас жатақхана.
Аралас болатын себебі: актовый залдың жоғарғы сахна жақ бөлегінде қыздар да, төменде ер балалар. Екі араны тек сарғыш шымылдық қана бөліп тұр.
Сахнаның сырт жағында институт ауласына шығатын кішкене бөлек есік бар. Қыздар өз «бөлмелеріне» сол арқылы кіріп шығады. Ер балалардың үстін басып, зал арқылы да өтулеріне болады. Қысқасы, айнала түгел есік.
Ал біз, ер балалар, төмендеміз. Қатар-қатар орындықтар тұрған кең залды енді сыйғанынша, бір кезде біреуіне біреуі тақалып, бір кісілік темір керуеттер қойылған. Жатақхана емес, казарма. Яки вокзалдың күту залы дерсіз. Әсіресе, кешке қарай мұндағы өмір өзінің бар бояуымен жанданады. Біреулер ашық-шашық тырайып, ұйықтап жатса, біреулер тамақ жеп, енді біреулер карта ойнап, кітап оқып отырады. Біреу кіріп, біреу шығып, араның ұясындай гу-гу, ызың түн ортасына дейін бір басылмайды.
Қыздар бізден гөрі азырақ, тәртіптірек. Сағат түнгі он бірден кейін жым болады. Бізден шуламауды, ұйқы беруді талап етеді.
Шымылдықтың ар жақ бер жағынан сөйленген сөздер бір бірімізге естіліп тұрады. Ар жақтан біреу түшкіріп қалса, бер жақ жәрекем алла айтады. Карпенко комендант орнатқан қатаң тәртіп бойынша ер балаларға шымылдықтан ары өтуге, яғни, шекара бұзуға болмайды.
Ал әзіл-қалжыңға жол бос.
Шымылдықтың ар жағынан қыздардың киініп-шешінгені, таранғаны, жүрген-тұрғаны бізге көлеңке боп, көрініп тұрады.
— Әсия, таранып, қайда барғалы жатырсың? Мені ала кет,— деп дауыстаймыз.
Және бір қыз киім өтектеп жатады. Ол пісте мұрын, бұйра шаш Шолпан.
— Шолпан, көп жасағыр, менің жейдемді де өтектеп бере қойшы, — дейміз.
Шолпан көңілшек:
— Әкел, — дейді.
Бүкіл кеш бойына шымылдықтың ар жақ, бер жағынан өстіп, айқайлап, сөйлесумен боламыз. Шекара да бұзылмайды, қыздармен қарым-қатынас та жүріп жатады.
Жарық ол кезде берекесіз. Кейде кешқұрым аяқ астынан жалп етіп, сөнеді де қалады. Жоғарыда қыздар, төменде біз у-шу боламыз. Бірімізден біріміз сіреңке, май шам сұраған бой, қараңғыда миласып, араласып кетеміз. Шымылдық шекара бұндайда, амалсыз, бұзылады. Қараңғыда қарманып, өз төсегім екен деп, басқа төсекке қойып кетушілер де табылады...
Дегенмен, әлдекімнің үйінде кірме боп қысылғаннан мұнда жүз есе көңілді еді. Ешқайда сандалып барып жатудың қажеті жоқ. Сабақ оқитын аудиториялар қасымызда. Оқу залы, кітапхана қасымызда. Көңілді алан етіп тұратын қыздар, олар да қасымызда.
* * *
Зар боп жүріп, қолым әрең жеткен жатақханадан да, оқудан да қуыла жаздадым.
Дәл бұл жолы тағдыр кінәлі деп айта алмаймын. Тікелей өзім кінәлі едім. Өзімнің тыныш жүре алмайтын мынау оңбаған жеңілтек мінезім кінәлі.
Менімен бірге Іргеш дейтін студент оқиды. Тоғызыншыны осы биыл бітірген, әлі ештеңе көріп, ысылмаған жуас, ауыл баласы. Дәл мұндай ұйқышыл жан дүниеде сирек шығар. Сағат кешкі он болмастан Iргеш төсегінде пыр-пыр ұйықтайды да жатады. Ұйқысы тіпті қатты. Басына тепкілесең жуық маңда оянбады.
* * *
Бір күні кешқұрым сырттан келсем, жатақхананың іші қараңғы екен. Ешкім жоқ тәрізді. Шамды жарқ еткізіп, жарып жіберіп қарасам, Іргеш жалғыз өзі пырылдап, ұйықтап жатыр. Көрпені аяқ жағына ысырып, теуіп тастаған. Тыр жалаңаш. Қап, бұған не істесем екен деп, ойлап тұрмын.
Сол кезде сырттан және бір бала кірігі келді. Филфактың орыс бөлімшесінде оқитын құшыкеш Әбен еді.
— Әбен,— дедім, — қызық болсын. Мынаны төсек-мөсегімен көтеріп, қыздардың ортасына алып барып қойсақ қайтеді?
(Қыздар жататын сахна жақ ол да қараңғы. Яғни, онда да ешкім жоқ болуға керек).
Әбен келіспек түгіл, қуанып кетті.
Бір кісілік жеп-жеңіл керуеттің біріміз басынан, біріміз аяғынан тік көтеріп, алдық та жөнелдік. Сахнаға көтерілетін басқышпен жоғарыға алып шықтық. Іргеш түк те сезбейді. Басы олай-былай ауытқыса, ыңыранып, қайтадан түзеліңкіреп қояды. Сірә, жер сілкініп жатыр деп ойлайтын болса керек.
Мынау міне қыздардың төсектері. Орта тұсы бос. Іргешті кереуетімен сол араға оқшауырақ етіп қойып қойдық. Аяқ жағындағы ұмар-жұмар болған жамылғысын алдық та, тайып тұрдық. Не болар екен?
Бір айналып, қайтып келсек, актовый залдың іші өрт шыққандай уда шу, бірсыпыра адам жиналып қалған. Қыздардың шаңқылдаған дауыстары. Біз Әбен екеуміз, түк білмеген боп: не, не боп қалды дейміз. Болған оқиға мынау: бір топ қыз улап-шулап кинодан келеді. Шамды жарқ еткізіп, жағып жібергенде, қалың төсектің орта тұсында пайда болған және бір бөтен төсекті, онда тырайып ұйықтап жатқан жалаңаш еркек денесін көреді. Шайтан көргендей улап-шулап қоршап алады.
Сөйтсе, ұйықтап жатқан еркек дене — Іргеш.
Шу-шу еткен дауыстан Іргеш әзер оянады. Әуелде не болғанын біле алмай, өнім бе, жоқ түсім бе деп жан-жағына есеңгіреп қарайды.
26
Бұл уақиғаның арты қызық болмай, шыжық бола жаздады. Қыздар дереу жатақхана комендантын ертіп келеді. Ер балалар бізді масқара жасады деп, акт жазады. Ол акт ертесінде институт директорына жетеді.
Институт директоры деканға тапсырады:
— Оны істеп жүрген кімдер, тап. Taп та тиісті жазасын бер. Басқалар үшін сабақ болсын, — дейді.
Сол кеште кім қайда болғанын тәптіштеп тексергенде, сезік Әбен екеумізге түседі.
Біздің факультеттің деканы Дәулетбаев дейтін адам. Жақсы қырықтар шамасында. Қазақ тілінен сабақ береді. Сылдыр сөзге су жұқпас шешен. Аудиторияға сарнап сөйлеп кіріп, сөйлеп шығады. Алғашқы кезде біз оны аузымыз аңқиып, сілекейіміз шұбырып тыңдайтын едік. Не деген шешен, ақылгөй. Болсаң, осындай бол деп, ойлайтынбыз.
Жүре-бара біз Дәулетбаевтың кім екенін әбден танып білдік. Оның ешқандай мәнсіз -мағынасыз сылдыр сөзін тыңдаудан жалығатын болдық. Арзан ақыл, құр ділмәрсу. Күндіз-түні бір пластинканы ойната берген тәрізді.
Міне, мойным салбырап, сол Дәулетбаевтың алдыңда тұрмын. Өтірік айта алмайтын жыным бар. Кінәлі мен екенімді бір айналымға келмей, мойындадым. Енді тек ағымнан жарылып кешірім өтінудемін. Бұдан былай қой аузынан шөп алмай, тыныш жүремін деп, шын жүректен тебіреніп, уәдемді берем.
Бір кезде, мектепте оқып жүргенде де, осы тәрізді шулыған уақиғалар менің басымда жиі кездесетін. Есейіп, жігіт болсам-дағы мені түлен неге түрте береді? Жұрт құсатып неге тыныш жүргізбейді деп ішімнен өзімді езім сынап, күйзелудемін.
Мені әбден тыңдап болды. Ендігі кезек Дәулетбаевтікі. Ол біреуге ақыл айтқанды, өсиет оқығанды сүйеді. Шошайған сұқ саусағын менің шекеме тақап қойды:
— Мен саған айтайын, — деді Дәулетбаев, — мисызсың. Санасыздың нақ өзісің. Ақымақсың. (Ол синоним сөздерді қабаттап айтқанды сүйеді). Ақымақ болмасаң, өкімет пен партияның өзіңе жасап отырған қамқорлығын неге көрмейсің? Неге бағаламайсың? Неге түсінбейсің?
— Түсінем, ағай, — деп қалдым.
— Өй, түсінгенің сол ма? Тыр жалаңаш еркекті қалың қыздың ортасына салып қойғаның ба? Бұдан өткен бассыздық, бұдан өткен жүгенсіздік, бұдан өткен бетімен кетушілік болмайды, жолдас! Жоқ әлде бола ма, өзің айтшы?
— Болмайды...
— Сен, мүмкін, әдейі өстіген шығарсың? Институттан әдейі қуылғың келген шығар? Институт саған қажет емес шығар? Олай болса, ашық айт? Сені мұнда ешкім де күшпен ұстап тұрмайды. Дүниедегі ғылым, білім атаулының бәрін сен институтсыз-ақ табатын шығарсың? А?
— Жоқ,— дедім басымды одан бетер салбыратып.
— Әй, қайдам, — деді де, Дәулетбаев мені өзінше кекетіп мұқатып тағы да сарнап жөнелді.
— Сен өзі қайдан келдің?—деді Дәулетбаев бір кезде.
— Қарасаз ауданынан.
— Қай Қарасаз? Өзіміздің Қарасаз ба?
— Осы Алматы облысы.
— Не дейді? Не айтады? Сен менің де Қарасаздан екенімді біліп, әдейі айтып тұрған жоқсың ба?
— Жоқ,— дедім мен басымды қуанғаннан көтеріп ап.
— Өй, Қарасаздан болсаң, ендігі біздің үйге келмей, неғып жүрсің? — деді Дәулетбаев. Әңгіменің сарыны мүлдем өзгеріп кетті.
— Қарасаздың дәл өзіненбісің?
— Тұйықтанмын.
— Білем, Тұйықты да білем. Ойбай-ау, сен менің өз інім екенсін ғой. Шынымды айтсам, мен сені мына қылығын үшін институттан қуып шықпақ едім. Енді қайтем? өз қолымды өзім қалай кесем?
Әрине, кесе алмайсыз дегендей тур таныттым,
Тағы да көп-көп ақыл айтып, ең соңында:
— Жарайды, бір жолға мен саған жерлес болғандықтан кешірім жасайын, — деді Дәулетбаев.— Ал, бірақ алдағы уақытта байқа. Ойыңа не келсе, соны істейтін бұл саған ауыл іші емес, қала. Жай қала емес, астана. Инстөт босағасы. Ұқтың ғой?
— Ұқтым.
Сол ма? Сол емес пе? Сол ма? Сол емес пе? Сол! Ғалия! Кездесу деп, міне осыны айт!
Пастер мен Карл Маркс көшелерінің бұрышында нан заводы. Нан заводының асты нан магазин!. Ақ нан, көбінесе, осынан табылады. Карточкамен жарты бөлке ақ нан алып, шығып келе жатқам. Трамвайдан жаңа ғана түскен сымбатты жас келіншек маған қарсы келе жатыр.
Таныс жүз, таныс көз қарас. Сол ма? Сол емес пе...
Ойпырмай, мұндай да кездесу болады екен!
Мәре-сәре амандасып жатырмыз.
— Ғалия, қайдан жүрсің?
Ғалия бүкіл өн-бойымен күлімсіреп
— Сен өзің қайдан жүрсін? — дейді.
— Мен бе? Мен осында оқып жүрмін.
— Қайда?
— ҚазПИ-де.
— Мен бе? Мен осында оқып жүрмін.
— Қайда?
— ЖенПИ-де.
Мәссаған керек болса!
Мен сені көрмеспін деп ойлаушы ем. Ал, бірақ көруге құштар едім.
Ғалия өте бір нәзік қиылып:
— Мен де, — деді.
Баяғы мен білетін Ғалия киіктің лағындай уылжып тұрушы еді. Кәзір енді қыры түскен киімдей өңі ескіріп қапты. Күлімдесе, маңдайына ұсақ бір әжім сызықтары жиналатын бопты. Түр-түсінен, тұлғасынан шаршап та жүргендігі сезілгендей.
Сол маңда, халық аз жүретін, оңаша көшенің бірінде әрлі-берлі қыдырыстап, бірқауым әңгімелестік. Ішімде талайдан жинақталған оған деген өкпе-назым да, орны толмас өкінішімде көп екен. Соның бәрін армансыз ақтарғандай болдым.
Біз көріспегелі есептесек, екі жылдан аса уақыт өтіпті, Бұл екі жылдың ішінде талай-талай су ақты. Талай-талай жел соқты. «Ой, Ғалия-ай, күйігің сонда да басылатын емес, Ойласам, жүрегім қайнап кетеді».
— Еркін, қойшы, бәрі өтті-кетті. Енді айта бермеші, — дейді Ғалия. Тыңдау оған да жеңіл тимейтін тәрізді.
Қыз кезінде Ғалия шашын иығына келтіре дөңгелентіп қиып қоятын. Бұрымы болмайтын. Басын оңға-солға оқыс бұрып қалғанда, желпең ете қалатын сол шаш кәзір жоқ. Оның орнында білектей екі бұрым.
Иә, адам өзгереді екен.
Көңілімді түйнеген жайтқа қайта ораламын:
— Күйеуің кім?
— Ғалияның екі беті, маңдайы қызарып кетті.
— Кім болушы еді, адам. Менің көз алдымда бұрнағы жылы алдында онымен ат үстінен алысып ойнайтын үйінің шашы желп — желп еткен, үстінде солдат киімі бар талдырмаш жігіт. Мен анадай дөң үстінен ішім қызғаныштан қыз — қыз қайнап, қарап тұрған едім. Ғалияның күйеуі міне сол жексұрын болуға керек.
Бақытымды тартып алған сүмелекті жексұрын демей не дейін?
Сенің күйеуге шыққаныңды Қаныша жеңгемнен алғаш естігенде, аттан құлап қала жаздадым ғой. Ауылдан былай төмен оңаша шығып алып, әке-шешем қабатына өлгендей боздап, жылағанымды көрсең!
— Ту, Еркін, тіпті бірін де ұмытпайды екенсің!
— Бұның бәрі мен өлгенде ғана ұмыт болады.
* * *
Ғалиядан естіген жаңалықтарым: Ысқақ әлі сол Қарағандыда: Енбек армиясынан қайтпаған. Балжан ферма бастықтығынан босаған.
Ғалия ЖенПИ-дің жатақханасында тұрады екен. Ал күйеуі мал дәрігерлік институтының жатақханасында. Екеуі екі бөлек. «Пәтер іздеп едік, ыңғайлы пәтер таба алмадық» — дейді.
Маған олардың осысы — бөлек тұрғандары ұнайды.
Бұрынғыдай емес, батылмын.
Ғалия, мен саған енді барып тұрам.
— Қой, Еркін, ұят емес пе?
— Несі ұят?
— Менің күйеуім бар екенін қыздардың бәрі біледі. Не деп келесің?
— Танысым, жерлесім еді деп келем.
— Қой, ұят болады. Өйтіп бала болма. Өткендегінің бәрін де ұмыт. Сені мен біз енді тек жекжат адамдармыз,
— Көресің, бәрібір барам.
29
Көне дерт қайта қозғалды. Жараның аузы қайта тырнап ашылды. Күндіз-түні Ғалия басымнан шықпайтын болды.
ЖенПИ — қаладағы атақты оқу орындарының бірі, Мен ол туралы буған дейін де талай қытықты сөздер естігем. Бірақ өзім барып көрген емеспін.
Қалада ЖенПИ-ді білмейтін, оны сөз етпейтін студент аз.
Сезімтал бір жас ақынның газетте ЖенПИ туралы жазған өлеңін оқыған едім. Онда ол оны «сұлулар галереясы» деп атаған.
Галереядағы кеп сұлудың бірі — Ғалия.
ЖенПИ — өзінше бөлек тәртібі бар оқу орны екенін білетін ем. Онда тек қыздар, келіншектер оқиды. Жатақханасына кім көрінгенді, әсіресе, жігіттерді кіргізбейді. Кешке қарай жатақхананың алды қыз, жігіттің базарына айналады деп, еститінмін.
Осындай атағы зор ЖенПИ-ге жолы түспей жүргеннің біреуі мен едім. Міне енді жүрегімнің жүр, жүр деп, маза таптырмай сүйрелеуімен мен де келіп тұрмын.
Келме, бала болма десе де Ғалияға келіп тұрмын.
Бала емес, соқтауылдай жігіт болғандықтан келіп тұрмын.
Екі қабат сары үй — жатақхана тақтай қоршаудың ішінде.Қолында кезей ұстаған қаруы болмаса да, ақырған дауысы анау-мынау қаруға, бергісіз, зор денелі әйел күзетші, Ол сені ішке кіргізбек түгіл, қақпадан қаратпайды.
Сұлу іздеп келгендер жатақханаға қарай өтіп бара жатқан қыздардан қажет еткен адамдарының аты-жөнін тұратын бөлмесін айтып, шақыртып алып жатыр.
Ана жолы менен бір қателік өткен. Ғалияның қай бөлмеде тұратынын сұрамаппын. Тек аты-жөнін, оқитын факультетін білем.
Ол кәзір кімнің фамилиясында? Өз фамилиясында ма? Жоқ, күйеуінің фамилиясына көшті ме?
Қақпаға онша жақын жоламай, шеткерек тұрмын. Бұрын базар базарлап көрмеген, базарға тұңғыш келген адам тәріздімін. Әуелі мұндағы жағдайды барлап, біліп алуым керек. Жанатай адам неге де болса қорыншақ. Бұл бір.
Екінші жүрексінетін себебім: мүмкін, мына тұрғандардың ішінде Ғалияның күйеуі де бар шығар? Мен оны танымаймын. Ойламаған жерден арандап қалып жүрсем ше?
Жуан қара теректі паналап, біраз тұрдым. Осы араны тақырлап, әккі болған қулар мендей емес, батыл. Көше жақтан келе жатқан қыз қарасы көрінсе-ақ алдын көлденеңдеп, тосып тұрады. Қарындас, бір минутке деп, жанасып, шоқайнаша жабыса кетеді. «Пәлен бөлмеден пәлен деген қызды шақырып жіберсеңіз».
Шақырылған сұлу иіс майы бұрқырап, іш жақтан жасанып шығып келе жатады. Анау оны қақпаның дәл көзінде тосып ап, басқалардың алдында бақыты жанған пендеше кеудесіне нан пісіп, қолтықтап тайып отырады.
Көз байлана бастады. Мен әлі тұрмын. Не істеймін? Шақыртам ба, жоқ па? Ғалияның келме деген сөзі есімнен ол да шықпайды.
Әлдекімнің әйеліне әлдекімнің сүмпиіп келіп тұруы, шынында да, әбес жағдай. Ғалияны, оның күйеуін білетін қыздар, сосын не ойлайды?
Қалың топқа жоламай, әлгі арада жападан жалғыз кеп тұрдым. Қылмыс істеуге келген адам тәріздімін. Өз өзімнен абдырап, берекем қаша берді.
Түк бітірмей, жатақханаға қайта қайтты.
* * *
Шіркін-ай, көзсіз батыр болып кететін де кездерім болады-ау менің. Ондайда ештеңеден тайсалуды білмеймін. Айтам деген сөзімді, кімге де болса, басы-көзің демей, айтып салам. Істеймін дегенімді істеймін. Жер қайысқан қалың қолға жалғыз өзім қарсы шабудан тайынбаймын.
Бұл үшін тек бөртіп ішіп алсам болғаны!
Бүгін міне сондаймын — батырмын. Ана жолы Ғалияға барып оны шақыртып ала алмағаным үшін өзімді өзім жеп қоюға дайынмын. Не деген жасықтық! Не деген су жүректік! Мені де жігіт дейді-ау. Жігіт болмай қалайын.
Не тұр онда? Шақыртып aп, сөйлескенде тұрған не бар? Күйеуі көрсе, көрсін. Ұрдым мен оны. Ғалия одан бұрын мені сүйген болатын.
Miнe, ЖенПИ-дің жатақханасына тағы да келіп тұрмын. Әлі күн батпаған ерте уақыт. Менен басқа жатақхана торыған ешкім жоқ. «Базар» әлі басталмаған.
Бұндағы тәртіпті қасақана білмеген боп, қақпадан ішке кіріп бара жатырмын.
— Куда? Куда? — дейді күзетші әйел жеп отырған тамағын тастай салып, асып-сасып.
— Как куда? Туда, — деймін ауланын ішін нұсқап.
— Онда өтуге болмайды.
— Неге?
— Азамат, тәртіп солай, шығыңыз. Қажет еткен адамыңызды сыртта тұрып, шақыртып алыңыз.
Тәртібі қызық екен дегендей басымды шайқап қоям.
Көше жақтан сұңқиған қара қыз келе жатыр.
— Қарындас... Сіз осында оқисыз ғой. Кешіріңіз. Маған Ғалия дейтін қыз қажет еді. Геофактың бірінші курсында оқиды.
— Ғалия? Ғалия кәзір мұнда тұрмайды. Күйеуі мен екеуі пәтер жалдап, шығып кеткен.
Мелшиіп тұрдым да қалдым. Қыз менің бас-аяғыма дүдамал көзбен шола қарап алды да, өз жөніне кете барды.
Бөксе деген бар-ақ. Аяқтары да түп-түзу. Толық, күшті аяқтар. Осының өзін айналдырсам ба екен?
Және бір қыз келе жатыр. Бойы маған лайық шағын, Е, осыны айналдырайын. Жатақханаға бостан-бос қайтпақпын ба? Алдын анадайдан бөгеп, тосып тұрдым.
— Қарындас.
Қыз қалт тоқтады.
— Сіз осында оқисыз ғой?
— Айта беріңіз?
— Сәл... қыдырып қайтпайсыз ба былай қарай?
— Рақмет.
Қыз менен қорыққандай орағыта етіп кетіп барады.
— Қарындас! А, қарындас!
Қарындас бұрылып та қарамастан аяғын жеделдете басады.
29
Бірінші семестрдің оқуы аяқталып та қалды. Аз күнде қысқы емтихан тапсыру науқаны басталады. Емтиханды мерзімінен бұрын тапсырып, ауылға барып келсем деймін. Тек стипендиямен күн көріп оқу қиын. Ет, май, үн тәрізді біраз азық-түлік қамдап әкеп, сүйеніш етпесем болатын емес. Бір ғана семестр оқығанда міне екі жағым суалып, көздерім бозарып, көтерем дейтіндей халге жеттім.
Ауылда біраз күп әлденіп, тамағымды тойғызып қайтсам да мен үшін үлкен олжа.
Емтиханды мерзімінен бұрын тапсыру үшін деканның рұқсаты қажет.
Дәулетбаев өтінішімді тыңдап болып:
— Сенің ауылың бай ауыл, — деді, — қой көп. Ет көп. Қазір соғым сойып болған кез. Барасың да, қалың еттің ішіне кіресін де кетесің. Солай ма?
Мен тек көңіл үшін:
— Солай, — дедім.
Декан рұқсат етті. Ол жазып берген рұқсат қағаздарды қалтама салып алып, енді кетпек болғанда:
— Мен саған бір қызық айтайын, — деді Дәулетбаев кенет есіне бірдеңе түсіп кеткендей. Не қызық екенін білмекке мен қалт тоқтап, құлақ тостым.
— Біздің үйдегі кәрия бар ғой, қызық адам. — Дәулетбаев өзінің дағдылы өтірік күлкісіне салып, кеңкілдеп күліп алды. — Магазиннен, базардан әкелінген етті жемейді. Маған қолдап coйған малдың етін асып беріңдер дейді. Ал қалада, өзің айтшы, ондай ет табыла бере ме?
Даулетбаев айтқан қызықтың түрі осы еді. Мен не дерімді, мына сөзді табан астында қалай түсінерімді білмедім. Былай шығып, ойға қалдым. Декан әлгі сөзді неге айтты? Менен, сірә, бірдеңе дәметкені емес пе?
* * *
Жиырма күндей елде болдым. Енді қалаға қайта қайтуға машина іздеп жүрмін. Олжасыз емеспін. Ағайын-туысқанның жәрдемімен бір қойдың еті, бір қап үн, бірер килодай тоң май дайындап алдым. Сарымай оңайлықпен табылмайды. Сарымайды Нұрәлі секілді қолы жеткендер жейді. Нұрәліге сарымай сұрап баратын мен емеспін.
Жолаушы таситын автобус қатынамайды қалаға. Мен тәрізді киімі жұқалтаң жанға қыс көзі қырауда ашық жүк машинасының үстіне отырып сапар шегу оңай шаруа емес,
Бірақ одан басқа шара жоқ.
Кузовына толтырып қой тиеген бір машина кезікті. Қаланың, қалың қойдың арасына отыр деді шофер. Ойланып тұратын, машинадан машина таңдайтын кез емес. Келістім. Арқамды кузовқа тіреп, астыма ет салған жәшікті қойып, отырып алдым.
Машина ызғытып келе жатады. Даланың ойқы-шойқы жабайы қара жолы. ІІІофер тормозды беріп келіп қалғанда, кузовтағы қалың қой үстіме опыр-топыр құлайды, Біреуіне біреуі соғылысқан, үстері шуаш, тер сасыған қойларды әлсін-әлсін кейін қарай тықсырып, итерумен болам.
Қой ол адам емес. Түзге шыққым келді деп, айтпайды, Қоюын да, сұйығын да тұрған-тұрған жерінде еркін жібереді. Түргенге жеткенше былғанып та, қиналып та біттім. Түргенге жеткенше шыдай алмай, түсіп қалдым. Қалаға дейін қалғаны, небәрі, жетпіс шақырымдай. Машина бұдан әрі жиі қатынайды. Бірдеңе етіп жетермін.
Күн кешкіріп барады. Машина жоқ. Шоферлар мұнда бір создай етпес-ау деп, аудандық шайхананың алдында тұрмын.
Үстіне биік етіп, текше-текше буған пішен тиеген әскери жүк машинасы келіп тоқтады. Кабинада солдат шофер мен капитан. Шайханаға тамақтануға кірді. Қалаға ала кетулерін өтініп ем:
— Шөптің үстінен құлап қалмайсың ба? — деді.
— Құламаймын.
Жол ақыма деп, мен төлеген ақшаға солдат пен капитан буфеттен бір-бір стаканнан арақ қағып салды.
Олар да көңілді, мен де көңілдімін. Көңілді адам басқарған машина ор қояндай зымырап келеді.
Алда үлкен құлди еңіс. Жол асфальт емес, төсеген бұжыр-бұжыр тас. Сайдың дәл табаны су жырған жыраша екен. Шофер оны алыстан байқамады ма, қайдам, машинаның жүрісін баяулатпады. Екпіндеген қалпында жырашаны соғып етті. Жардай боп жүк тиелген ауыр кузов бір жағына теңселіп, оқыс ауып келіп кетті. Мен шөп үстінде екі аяғымды қатарынан көсіп салып отырғам. Жантая тырмысып, шөпке жабыса түскеніме қарамастан, қалпақтай ұшырды да жіберді. Ет салған қалың тақтай жәшік қолтығымның астында еді. Сенен қалмаймын, өлсем, бірге өлем деп, әуеде менімен катар бірге ұшып келеді. Дәл астымдағы бұжыр-бұжыр тастарды көріп, қазір соған бырш ете қалатынымды, құритынымды ойлап үлгердім.
Бітті!
Дәл қасымнан бомба жарылғандай тарс еткен дауыс шықты. Бұл, сөйтсем, быт-шыт болған жәшік екен. Жол үстіне шашылып, жайрап түскен мүше-мүше ет көрдім. Жәшіктің сынықтары аралас.
Өзім саумын. Аяғымды көсіп салып отырған қалпымда тікемнен тік дік ете қалғам. Қирап, мертіккеннен аманмын. Тек оң қолыммен жерді тірей құлаған екем. Қолымның білезігі ғана ісіп, ауырып қалған.
Бұл деген шыбын жанның садақасы.
Аман екеніме қуаныштымын.
Машина анадай барып тоқтады. Шоферда да, капитанда да ес қалмаған. Маған қарай қалбалақтап жүгіріп келеді,
Аман екенімді көріп, көңілдері жай тапқандай.
* * *
Институтқа кіре берісте сыртта Дәулетбаев кездесіп қалды. Мені кергенге қуанғандай қалт тоқтады:
— Оу, ауылыңа барып, келіп те қалдың ба? Қалай, ел-жұртын аман ба екен? Әке-шешең, іні-қарындастарың... сенің осы кімің бар? Мен тіпті білмейді де екем ғой... Иә, тегіс аман ба екен? Аман болса, болды... Өзін былай аздап... оңалған тәріздісің. Ел іші кәзір жақсы шығар. Соғым сойған кез. Қалай, ет-майды көп әкелдің бе?
— Әкелдім...
— Дұрыс, енді оқы. Оқысаң, адам боласың. Мен саған мынадай бір қызық айтайын: ауылдағы көп жұрт оқуды азап деп түсінеді. Қалада көпескенің көк сорпасын ішіп, көзімді көгертіп, оқу оқығаннан да, ел ішінде ет, майға тойып жүрсем, сол рақат деп қарайды. Бұл деген нағыз артта қалған, кер тартпа, тоғышар адамның пікірі...
Жатақханаға келіп, және де ойға қалдым. Дәулетбаев менен шынында да, бірдеңе дәметеді екен. Әйтпесе, ет туралы неге айта береді? Ет-майды көп әкелдің бе деп, неге сұрайды? Әнеу күні әкесінің базар еті мен магазиннің етін жемейтінін, қолдан сойған малдың етін аңсап тұратынын ол маған тегіннен тегін айтқан жоқ. Әдейі құлақ қағыс етіп айтты.
Дәулетбаевтың үйі институтқа жақын көшенің арғы бетінде. Көне особняк үйдің жарым бөлегі. Есік алды көше жағын тақтаймен бітеу етігі қоршаған шағын аула. Күзде, біз оқуға жаңа келген кезде, сол ауланың ішінен жіп керіп, боршалап жайып қойған ет көретінбіз. Киімі жүдеу, ілмиген арық сұр шал еттің астына бықсытып түтін салып, қонған шыбындарды қуалап отыратын.
Кейін білсек, ол біздің деканымыздың әкесі екен. Ет жайында маған Дәулетбаевтың тегін айта бермейтінін міне сол да растағандай.
Мен де пендемін, алдағы уақытта деканға әлі талай ісім түсетіні даусыз. Ендеше, осындай сәті келіп, ол өзі емеуірін білдіріп тұрғанда, маған бұны неге пайдаланбасқа? Дәулетбаевтың көңілін тауып, қолтығының астына неге кіріп алмасқа? Одан мен пайдадан өзге қандай зиян шегуім мүмкін деген oйға келдім.
Жатақханадан орын алуым да Дәулетбаевтың арқасы емес пе?
Алдағы уақытта жатақхананың бұрынғы үйлері босай бастайды. Дәулетбаев оң көзімен қараса, алдыңғы топтың қатарында, тәуір деген бөлмелердің бірінен маған орын тиеді.
Жәшіктегі еттен қойдың бір қол, бір санын таңдап алдым. Жолға шашылып түсіп, былғанған жерлерін әбден жақсы тазаладым. Сосын газетке орап қолтығыма қысып алдым да, кешкі шам жаңа жанған уақытта Дәулетбаевтың үйіне келдім.
Өкінішке орай, деканым үйде жоқ екен. Әйелі де жоқ. Ac ішетін үйде төргі бұрышта, аласа диван керуеттің үстінде, ата-анасы жазғырып, үйге қамап кеткен кінәлі балаларға ұқсап тек кемпір, шалы ғана монтиып отыр.
— Ағай үйде жоқ па екен?
— Жоқ, — деді екеуі қабатынан.
Жүрегім лүпілдеп, өзім де әрең кіргем. Алып келген нәрсемді бере сап, қайта қайтқанша асық едім.
— Мынау біздің ауылдың дәмі еді...
Осы сөзді міңгірлеп зорға айттым да, ораулы етті ортадағы ас ішетін үлкен столдың шетіне қоя салып, тайып тұрдым.
Кемпір, шал ештеңе де айтқан жоқ. Менің бар қимылыма бағжиып қараған күйлерінде қала берді.
Сыртқа шығып, бойымды жинағаннан кейін өкінейін енді. Менің осым дұрыс болмады-ау, ә? Кемпір, шал ғой менің кім екенімді білмейді. Түстеп танымайды. Осындағы келіп-кетіп жүрген көп студенттің бірі деп қарайды, Мен пәлен деген баламын, пәлен ауылданмын деп, анықтап неге айтпадым? Дәулетбаев сонда басқа емес, мен әкелгенімді білер еді. Енді қайдан біледі?
Қап, еңбегім де, етім де зая кеткендей болды-ау.
Ертесінде Дәулетбаев мені көріп, жоқ бұрынғыдан да жылы амандасты. Хал-жайымды тәптіштеп сұрап, іші бауырыма кіріп барады. Көздерімен ет әкелген екенсің ғой, білдім деп тұрғандай.
Мен де қуаныштымын. Кешегі ет апарып берген өзге емес, мен екенімді көзіммен де, бет-бейнеммен де білдіріп, сездіріп жатырмын. Кемпір-шал аты-жөнімді айтпағанмен, түр -түсімді сыпаттап айтқан болар-ау. Дәулетбаев, сосын, бірден-ақ сезген болар.
«Ағай, кеше кеште сіздің үйге барып едім» деп айтуға да аузым бармады.
30
Біздің курста Дәулетбаевқа ең жақын деген студенттің біреуі менмін. Ол менің атымды да атамай, көбінесе, «шырақ» дейді. «Шырақ, хал қалай?» «Шырақ, ел-жұртың аман ба?» деп тұрғаны.
Институт қабырға газетінде менің «Достық» атты өлеңім жарияланған. Дәулетбаев әлгіні оқыпты. Мені көріп,
— Оу, сен ақын екенсің ғой. Молодец! Өлеңің маған ұнады, — деді.
Тағы бір күні институт пен жатақхананың екі аралығында кездесіп қалып:
— Қолың бос па сенің? — деді.
— Бос.
— Бос болса, жүр біздің үйге.
Дәулетбаев мені үйіне ертіп келді. Кабинетіне кіргізді. Екеуден екеу ғанамыз. Есікті қымтап, жауын қойды. Кітап шкафынан мектептерде болатын класс журналы тәрізді сырты қатқыл, үлкен дәптер алып:
— Мен саған өлеңдер оқып берейін, тыңдайсың ғой? — деді.
— Тыңдаймын.
Дәулетбаевтың да өлең жазатынын бұрын білмейтін ем. Баспасөз бетінен көрген емеспін. Ынтыға тыңдадым.
Ол жайлап өзіндік мәнерге салып, оқи бастады. Шынымды айтсам, бірінші өлеңнің бірінші шумағынан-ақ ұнамады маған. Жақсы өлең, ағып тұрған ақындық талант бірден белгілі. Ал мынау болса, қара Дүрсін бірдеңе. Көңілге қона кетер әдеміліктен жұрдай. Ұйқастары шалажансар. Не болса, соған арнап жазылған арзан өлеңдер.
Мынау «Ақбайға» дейтін өлең. Осыны тыңда, — дейді Дәулетбаев. Оқымас бұрын ол өлеңнің туу тарихын баяндайды. — Ақбай дейтін менің досым. Өзі тағы құрдас. Сенің бер жағыңда Бөген ауданында тұрады. Бұрнағы жылы демалысқа барған едім. Сонда Ақбай үйіне қонаққа шақырды, Қозы соймай. лақ сойыпты. Мына өлең соған шығарылған.
Сен Ақбай, қозы соймай, лақ сойдың,
Оның өзін қиналып, жылап сойдың.
Бір жылда ауылыңа бір келемін,
Қиналсаң, ол лақты несін сойдың?
Өлең ұзақ — он шумақтай.
Бір жолдасы ғылыми советте сынап сөйлесе, Дәулетбаев оған да өлең шығарған. Әйелі түскі тамаққа ет аспай, картоп қуырса, оған да өлең. Әкесі магазиннен сүт әкеле жатып, есік алдында тайып кетіп, сүтін төгіп алса, ол да өлең.
Әй, әке, аяғыңды жөндеп баспай,
Тәлтірек-тәлтірек етесің арақты ішкен мастай,
Колхоздың сен секілді кәрі шалы
Пып-пысық, жып-жинақы, мәрмәр тастай...
— Осы өлеңді кәрияға оқып беріп ем, жат та кеп ашуланды. Содан бері магазинге сүтке бар десең бармайды.
Дәулетбаев өлеңді, өзінше, Абайға еліктеп жазатын көрінеді. Бірақ онысы анау жаман, мынау жақсы, анадай болма, мынадай бол деген тәрізді жадағай құр ділмарсу. Терең ой, терең пікір кездесе қоймайды. Бала екеш бала білетін тым арзан қағидалар.
— Мынау міне сендерге, жастарға арнап жазылған өлең. Жөндеп тыңда, құлағыңа құйып ал:
Жас адамға әуелі талап керек,
Содан кейін тырмысып оқу керек
Халқыңа, отаныңа қызмет қыл,
Құр далада қалмайсың болсаң зирек.
Әр өлеңді оқып боп, менен пікір сұрайды.
— Қалай?
Мен, әрине, мақтаймын. Жақсы өлең, терең философияға құрылған өлең деймін. Өйткені, ол мені мақтасын деп ертіп келді.
Бір кезде қасақана:
— Ағай, сіз бұл өлеңдеріңізді неге бастырмайсыз? — дедім.
Дәулетбаев бұған көтеріліп қалды.
— Шырақ, мен бұны ақын болу үшін жазып жүр ғой деймісің? Өзім үшін жазам да, тастай берем. Қажет еткен адам бір кезде тауып алып, бастыра ма, зерттей ме, өзі білер, — деп бір қойды.
Яғни ол өзінің поэзиясымен тарихтан орын алуға дәнекер.
Сосын:
— Былтыр осы өлеңдерімді Сабитке оқып беріп ем. Ой, Әлеке, сіз ақын екенсіз ғой. Мықты ақын екенсіз деп, мақтады. Өлеңдеріңізді машинкаға екі дана етіп басқызып бізге беріңіз. Газет-журналға басқызайық жеке кітап етіп шығарайық деді. Жарайды берейін дедім. Бірақ, соңынан айнып қалдым. Ол оны ақау бер жағындағы бала-шағаға берер. Олар оны талқылаймыз дер. Соған сол табанымды тоздырып жүрем бе? — деді.
Иә, мықты ақындар табан тоздырып жүрмейді. Атақ-даңқтың, ақшаның соңынан жүгірмейді. Оның бәрі оған өздері іздеп келеді.
Ұстазымды бұдан бұрын азын-аулақ сыйлайтыным бар еді. Осы жолы оның және бір қырымен — ақындық өнерімен танысқаннан кейін соны да жоғалтып алған тәріздімін. «Ой ақымақ. Мұндай да ақымақ. болады екен-ау!» деп шықтым Дәулетбаевтың үйінен.
31
Өлетін бала молаға қарай қашады. Мен енді түлен түртіп, әр жерде ұстазымды келеке ететінді шығардым. Студенттердің алдына шығып алып Дәулетбаев болып, сарнап ақыл соғам. Ол болып өлең оқимын.
Үзіліс кезі. Дала тұман. Жер балшық көңілсіз. Студенттер дүр етіп сыртқа шығып жөнелмей, ұйлығып аудиторияда отыр. Кіре берісіп кітап шкафтарымен бөліп, факультет секретары отыратын шағын қуыс бөлімше жасап қойған, өзіміздің алтыншы аудитория. Meн еріккеннен алға шығып, мұғалімнің орнында Дәулетбаев болып, қолымды сермеп тастап, сарнап тұрмын:
— ...Сендер бірі қойшының, бірің сиыршының, енді бірің трактиршінің балаларысыңдар. Қалаға жоғары дәрежелі білім алу үшін, сөйтіп, халқыңа, отаныңа пайдалы азамат болып шығу үшін келіп отырсыңдар. Бұл әрине жақсы. Білім алма, халқыңа, тәрбиелеп өсірген еліңе пайда тигізбе деп, ешкім де айтпайды. Оны айтқан адам ол совет адамы емес. Ал бірақ сендер мынаны есте ұстаңдар: оқуды қанша жақсы оқығанмен инстөтті үздік! Тіпті ерен үздік бітіріп шыққанмен, одан соң аспирантураға түсіп, оны да үздік бітіріп, ғылым кандидаты, одан соң ғылым доктары, тіпті академик болып шыққанмен, ғылымда нелер ғаламат жаңалықтар белгілі бір мақсаттарың болмаса заманға, дәуірге сай сана-сезімдерін болмаса, түйсік, түсінігің болмаса, түкке де аспайсыңдар.
Оңбайын, осының бәрі әр кезде лекция басталар алдында Дәулетбаевтың пулеметтей боратып, бізге арнап айтатын ақыл-нұсқа сөздері. Мән жоқ, мағына жоқ, біріне бірі қайшы келетін құр сылдыр. Қарнымды жоқ та болса Дәулетбаевша шартитып, алға жіберіп, Дәулетбаевтың өз дауысына салып, бірден бірге екіленіп, бөсіп тұрмын. Студенттер рақатқа батып, күлісіп, тыңдап отыр.
Кенет, ойламаған жерден:
— Айт! Айта бер! Бөгелме! — деп, есік жақтағы қуыстан нағыз Дәулетбаевтың өзі шыға келсін.
Менің көзім бақырайып, тілім байланды да қалды. Кіріп кетуге жер тесік емес. Мен түгіл, бүкіл курс сасып қалды. Ешкім бұны күтпеген.
Дәулетбаев аудиторияға мана кірген екен. Есік жақтағы қуыста, кітап шкафтарының тасасында менің ол болып сарнаған бар сөзімді тыңдап, естіп тұрған.
— Айт! Тағы нең бар! Қалдырма! — деп, маған тақап кеп, қадала қарағанда, мен шыдай алмай, жерге қарадым. Деканның өң-түсі ашудан жаман бұзылып кеткен екен.
Сен өзің артист көрінесің ғой. Артистің оқуына түспей мұнда неғып жүрсің? Жоқ қателескенсің! Сен оқитын оқу бұл емес!
«Бітті. Құрыдым. Оқудан шықты деген осы»
Тапайдың тал түсінде ұрлығымен колға түскен адам есінен танып қалса керек. Менің халім дәл соған ұқсас. Тіпті бір ауыз кешірім өтінуге де тілім келетін емес. Не істесеңіз де көндім деген түр білдіріп, мелшиіп тұра бердім.
Осы уақиғадан кейін талай уақытқа дейін Дәулетбаевтың жүзіне қарай алмай жүрдім.
Әйтеуір мені келеке еттің деп, ол мені институттан қуып шыққан жоқ.
32
Сол жолғы кездескеннен кейін Ғалияны көрген жоқпын. Бірақ, ылғи да ойлаумен болам. Қайдағы пәтерге шықты? Күйеуі мен екеуі ғана ма? Жалғыз отырған кезінде салаң етіп жетіп барсам, қайтер еді?
Біз бұл кезде институттың ішіндегі актовый залда жатпайтын болғанбыз. Одан кеткенбіз. Институтқа жақын, Совет көшесіндегі жатақхананың үйлері босап, соған көшкенбіз. Бір бөлмеде небәрі алты студент, рақат.
Көктем шығып қалған. Көшедегі кар кеткен. Бірақ ағаштар әлі бүршік жарып үлгермеген. Күндіз кәдімгідей күншуақ, жылы, жеңіл киіммен жүруге болады. Ал кешке қарай салқын.
28 гвардияшылар атындағы парк жатақхананың бет алдында, көшенің арғы бетінде. Оның ішінде Алматы кинотеатры бар. Біз көбінесе, киноға осында келеміз. Осы кезде кинотеатрларда соғыста қолға түскен олжа фильмдер жүріп жатыр: «Тарзан», «Менің қиялымдағы қыз» т. б.
Киноға ертіп апаруға қыз деген аяқ астынан табылады. Ал бірақ ақша табыла бермейді.
Кешке қарай жалғыз өзім «Алматыға» кино көрейін деп келдім. Күн бүгін сенбі. Институттың оқу залында отыра-отыра жалыққан едім.
Касса жабық. «Барлық билет сатылып бітті» деген хабарландыру ілінген. Соған қарамастан, кассаның алдында он шақты адам иіріліп тұр.
— Билет жоқ па, немене? — деп, жақындай бердім.
— Сізге қанша билет керек еді?
Таныс дауысқа жалт бұрылып қарасам... Ғалия! Ана жолы көшеде бір рет кездестіріп, зым-зия жоғалтып алған Ғалияшым. Ой, мұндай қуанбаспын! Ол мені анадайдан көріп, қарап тұрған екен. Мәре-сәре амандасып жатырмыз.
Ғалияның қасында сұңғақ бойлы, талдырмаш, бетінде аздаған шешек дағы бар жүзі жылы сұрша жігіт. Ғалияның күйеуі екен.
Ғалия бізді дереу таныстырып жатыр:
— Мынау әлгі өзіңе айтып жүретін Еркін. Қаныша әпкемнің қайнысы. Ал мынау менің жолдасым. Танысып қойыңдар.
— Жексен, — деп, ақсұр жігіт қолын бірінші болып ұсынды.
— Еркін.
Сыртынан бір көрмекке ынтыққан ата жауыммен осылай кездесіп, таныстым.
Мен туралы Жексеннің не біліп, не қоятыны маған, әрине беймәлім. Бірақ көзқарасынан жаусынған түрі байқалмайды. Қайта, менімен кездесіп, танысқанына бір түрлі қуанышты тәрізді. Дәл бір өзінің ескі досын кездестіргендей өңінде жылы күлкі! Мінезі ашық-жарқын жігіт секілді. Екі сөзге келместен ағынан жарылып, достық құшағын айқара ашып:
— Ғалия бір рет көшеде кездестірдім деп келді. Екеуің де сонымен тым-тырс болдыңдар, Жекжат адамдар деген сөйте ме екен. Бірін бірі қайдан да болса іздеп тауып, араласып-құраласып тұрмайтын ба? Біз жуырда пәтерге шыққанбыз. Жатсынбай, келіп тұруыңа болады — деп жатыр.
Адрестеріне дейін айтты. Мен оны қуана дереу жазып алдым.
Жексеннің ашық-жарық мінезі мені өзіне жақын тартып айтып жатқан сөздері де ұнайды. Ұнамайтыны тек Ғалияны менен тартып алуы. Бірақ ол өзі солай деп, ойлай ма екен? Ғалия екеуміздің арамыздағы басталуы бар да, аяқталуы жоқ там-тұм махаббат уақиғасын біле ме екен? Сөзіне, маған деген бейіліне қарағанда, әй, білмейді-ау деймін. Ғалия оған ол жайында айта қойды деймісің. Әйел заты еркектей ашық ауыз емес. Олар өздерінің ішкі сырларына берік келеді.
Жексеннің ештеңе білгенінен де, әрине, білмегені жақсы.
Ғалия мен Жексен де киноға билет алуға келген екен. Билет жоқ. Сыртқа шықтық.
— Ал не істейміз? Киноға кірсек болатын еді, — деп, Жексен Ғалияға қарап, мұрнын уқалап, сәл тұрды. Сірә, тегін уқалау емес тәрізді. Әлде ненің иісін алыстан сезгендей құшырлану бар өңінде. Сосын: — мына арадан бір-бір кружкадан сыра ішсек қалай болады? — деді маған.
Мен қарсы емеспін дегенді түріммен білдірдім. Ал өзім мырзалық жасауға қалтам таяз, дәрменсіз едім.
Ашық эстраданың сырт жағында, сырахана бар. Үшеуміз соған келдік. Буфетші Миша ағай өз адамымыз. Стипендия алғанда, қалтамызға ғайыптан тиын-тебен түсіп қалғанда, біз мұнда бір соқпай кетпейміз.
Мені сыраханаға алдымен кіргізіп жіберді де, Жексен есік алдында Ғалиямен күбірлесіп, бөгеліп қалды. Ғалияның «сен байқа, бұдан басқа бермеймін» деген сөзі, қағаз ақшаның сыбдыры маған анық естілді.
Жексен заказ бере бастады:
— Екі кружка сыра тіркемесімен. Және бір кружка.
— Мен ішпеймін, — деді Ғалия басын тыжырына шайқап.
— Онда екі кружка тіркемесімен.
«Тіркеме» сырахананың бұралқы сөзі. Оны мұнда түсінбейтін жан жоқ. Екі стаканға жүз грамнан арақ, екі кружка сыра құйылып, сырғып алдымызға келді. Стаканның бірін Жексен қолына алды:
— Кәне, таныстығымыз үшін!
Мен әлі қолыма алып үлгермеген стаканның төбесімен Жексен тасты тасқа ұрғандай тарс еткізіп, қойып қалды.
— Жігітім, байқа, сындырасың. Онсыз да стакандар шақ келмейді, — деді буфетші.
— Қам жемеңіз, түк те болмайды.
Жексеннің арақты соғыстыруы ғана емес, ішуі де ерекше. Басын әнтек шалқайтты да, жүз грамм арақты ыдыстан ыдысқа қотарғандай өңешіне сылқ еткізіп, бірақ құя салды. Тіпті ашырқанып қоймайды. Кенезесі кеуіп келіп, мұздай суды тартып жіберген адамша рақаттанып, кекірініп қойып тұр.
Мен де кеттім. Бірақ Жексенше өнер көрсетіп іше алмаймын. Ғалияның біздің не істеп, не қойып жатқанымызда жұмысы жоқтай. Бір қолымен есіктің тұтқасынан ұстап, сыртқа қарап, осы арадан тезірек кетуге ынтық болып тұр.
Жексенде асығатын түр жоқ. Қалған-құтқан ақшасын есептеп және бір-бір кружкадан сыра алды. Сыртқа шықтық.
Жоқ жомарттың қолын байлайды. Қалтамда бірдеңем болса, мұндайда мен де тартынбас едім. Өзімді сыйлаған жанға борышты болып қалмас едім.
Парктен шығып, Карл Маркс көшесін өрлеп келе жатырмыз. Екі кеш аралығында дәл осы тұсқа, көше шетіндегі жүзжылдық зәулім биік ағаштардың басына, қайдан ұшып келгенін, қаптаған қара торғай жиналған. Бейне бір құс базарынша, өздерінің тілдерінде у-шу болып жатыр. Төменде тротуармен өткен жұрт жоғарыға бір қарамай өтпейді.
Дәу де болса, күн райы бұзылады. Жауын жауады, деді Жексен, Сосын бетін маған бұрып: — Бүгін сенбі, не бітіресің. Одан да жүр, біздің үйге барайық, — деді.
Мен бұған қуанышты едім. Ғалияның бетіне қарадым. He айтар екен ол?
— Жүр, біздің қаңдай тұрмыста тұрып жатқанымызды көресің.
Келістім.
Төртінші трамвай Комсомол көшесінің бойымен батысқа қарай салдырлап, алды да жөнелді. Адам әуелде көп еді. Сосын біртін-біртін азая берді. Трамвай қаладан шығып кетті.
— Оу, біз қайда кетіп барамыз?
— Тастаққа.
Өзім бір кезде армияда қызмет еткен Тастақ.
Трамвайдан түсіп, төмен қарай үш көшедей жүрдік. Шатырын шифермен жапқан шағын особняк үй. Көше жағын тақтаймен жымдай етіп қоршаған. Адам кіретін кішкене есікті Жексен тықылдатып қаға бастады. Ар жақтан әйелдің шаңқылдаған ұнамсыз дауысы естілді:
— Кто там?
— Бұл біз ғой, Маша апай.
Семіздігі ме, жоқ екі қабат па қарны шермиген, үстіне салтақ-салтақ ескі сұр фуфайка кие салған, өңі жап-жас, тіпті сұлуша деуге болатын сары әйел есік ашты.
33
Негізгі үйге тіркеп салған бір бөлме аласа нашар үй. Есігі өз алдына бөлек. Сығырайған жалғыз терезе. Жексен мен Ғалия осыны жалдап тұрады екен.
Бұл, сірә, әуел баста времянка болар. Негізгі үй біткен соң үй иелері оны бұзып, алып тастауға қимаған. Қалада пәтер тапшылығы сұмдық екенін көріп, тегін ақша табудың көзіне айналдырған.
Едені жермен жер, алакөлеңке тапал бөлмеге кіріп келген бетте погребтегі шіріген картоп иісі тәрізді ұнамсыз иіс мұрынға лап ете қалды. Ғалия шырт еткізіп шам жақты.
— Төрлет, жоғары шық, — деп, мені алдына сала кірген Жексен құрмет көрсетіп жатыр.
Оң жақта бір кісілік арзанқол темір кереует. Сол жақта шағын тақтай стол. Екі ескі ағаш орындық. Есік жақ босағадағы керогаз, ыдыс-аяқты айтпағанда, үйдегі көзге түсер мүлік-мүкәмалдар осылар. Жоғары өтпес бұрын әуелі сырт киімімді шеше бастадым.
Кереуеттің аяқ жағына қабырғаның дәл орта тұсына ат байлайтын қазықтай дәу қара шеге қағылған. Менің шинелім мен кепкамды Жексен соған іліп қойды. Екі орындықтың бірін Ғалия маған лайықтап, төрге таман сырғытып:
— Осы бір аядай қуыс үйде тұрған болып жатырмыз. Шынымызды айтсақ, біз мұнда тек түнеу үшін келеміз. Пәтер табу қалада пәле екен. Оңайлықпен табылмайды, — деп өздерінің мынадай жайсыз тұрмыстары үшін менен кешірім өтінгендей, орынсыз ақталғандай болып жатыр.
— Бір жақсысы әйтеуір трамвайға жақын, сол үшін кірдік. Әйтпесе, кірмейтін едік, — дейді Жексен. — Ал, Еркін, сен енді зерікпей, отыра тұр. Сені зеріктірмеуді мына құдашаңа тапсырам. Meн мына араға барып келе қояйын. Қаланын ортасындағыдай емес, бұл араның магазиндері ерте жабылады. Кемпір, сен от аса бер. Әлгі тор қайда? Мына қонақтан ұят болып қалмайтындай етіп, сараңдығын ұстамай және бірдеңелер бер. Тілеуіміз мұндай дұрыс болар ма, бүгін дәл сенбі күні кездесуімізді қарашы. Жақсылап бір демалайық. —
Мен тек сыпайыгершілік үшін:
— Жексен, осы әуре болудың қажеті не? — деп жатырмын.
— Несі әуре, әуре болатын түк те жоқ, — деп, Ғалия сумкасынан Жексенге ақша алып беріп жатыр.
Көкшіл жіп торды қалтасына умаждап салып алды да, Жексен тайып тұрды.
Міне енді Ғалия екеуміз ғанамыз. Әңгімені неден бастасам екен?
— Ғалия, білесін бе, мен сені ЖенПИ-ге іздеп бардым ғой?
— Қашан?
— Жана жылдың алдында. Сөйтсем, пәтерге шығып кетті дейді.
— Алдайсың.
— Оңбайын, рас.
— Meн саған келме дегенім қайда?
— Мен бәрібір келем демедім бе?
— Еркін, сен бала емессің ғой, түсінуің керек. Болар іс болды, бояуы сіңді дегендей... Мен сенен өтінемін: анау-мынау ойың болса, таста енді.
— Faлия, сен не деп тұрсың?
— Сол. Мен турасып бір-ақ айтам. Бекер ұят болады. Саған да, маған да абиыр әпермейді.
Meн қасақана ренжіген боп, орнымнан тұрдым:
— Кетем.
— Heгe?
Сол, кетем, деп қазықтағы шинеліме қарай жүрдім.
Ғалия күлімсіреп, алдымды бөгеді.
Қой, отыр. Сұр ет бар ауылдан келген, ет асам.
Ғалияны қапсыра құшақтадым да, бетімді мойнына құшырлана басып, қаттым да қалдым, Әрі наз, әрі өкпем.
— Еркін, не болған саған?
Ой, Ғалия-ай! Өлдім ғой сені ойлап.
Еркін, қой, жарамайды. Мен саған ұмыт дегенім қайда?
Ұмыта алмасам, қайтем?
Ұмыт ұят болады. Сенімен біз енді тек жекжат адамдармыз.
Бұл cөзi маған бетіме суық су шашып жібергендей әсер етті, есімді бірден жиғызды.
Miнe Жексен де жетті асып-сасып. Қолында торға сап, ұстап алған бір бөтелке арағы, бір банк камбала консервісі қағазға оралған және бірдеңелері бар. Басындағы қоңыр малақайды төсек үстіне қарай бірден атты, терлеп кетіпті. Оңға қарай жатқыза тараған сусылдаған қара қоңыр шашы маңдайына төгіліп, желпең, ете қалды.
Тоқта! Таныс бір сурет менің көз алдымнан елестеп өткендей болды ғой. Иә, иә, осы шаш! Бұрнағы жылы сиыр фермада дөң үстінде тұрып көретінім желпеңдеген осы шаш емес пе еді? Шаш иесі жас жігіт ат үстінен Ғалиямен алысып ойнап жатқан. Иә, иә, сол» Тап өзі.
Ойпырмай, сол жолы қызғаныштан не істерге білмеп едім-ау! Сол сурет, желп-желп еткен сол шаш содан бері менің көз алдымнан кетпейтін. Ғалияны алған, дәу де болса, сен шығарсың деп ойлаушы едім.
Жексен пальтосын төсегінің аяқ жағына артып тастай салды. «Стакандар қайда? Әкел, Нан әкел. Ет піскенше қаужаңдай тұрайық», деп пышақпен консервіні аша бастады.
Ғалия бұл кезде керогаз жағып, су жылытып, ет асудың қамын істеп жатқан. Үйдегі ұнамсыз сыз иісіне енді қоңырсыған жермай иісі араласып, тынысты мүлдем бітеп барады.
Терезеде желдеткіш жоқ. Сырттан ептен таза ayа кіріп тұру үшін Жексен есікті сызаттап ашып қойды.
Жексен екеуміз арақ ішіп отырмыз. Ғалия ішпек түгіл, жоламайды. Жексенге қарап, әлсін-әлсін: «Болды енді. Қалғанын ертең ішіңдер» деп, ескерту жасап қояды.
Ет піспей-ақ жартылық сап болды.
Жексен масаң. Тілін шайнап сөйлеп, Ғалиядан арақ әкелуге тағы да ақша сұрай бастады. Ғалия ақша жоқ дейді.
— Өй, әкел деймін-ей. Өлмейміз. Өлетін халден кеткенбіз. Немістің оғынан да құдай сақтаған. Әлі де сақтайды. Ертең стипендия аламыз. Ауылдан азық келеді. Бұл әйелің жылаңқы болатыны жаман екен ғой, — деп, Жексен сөзінің соңын қалжыңға айналдырып, күлген болады.
Ғалияда күйзеліс бар, өңінен беп-белгілі.
— Бұл енді өстеді, бір ішсе, тоқтамайды, — дейді маған шағынғандай боп.
Meн Ғалияны аяп:
— Жексен, бармай-ақ қой. Осы ішкеніміз де жетеді, — деймін. Бірақ бұл бер жағым. Ар жағым «бар» дейді. Оның үйден кетуі маған тек арақ ішу үшін емес, негізінен, басқа үшін — Ғалиямен оңаша қалу үшін қажет еді. Арақтың буы енді мені құтыртып, желіктіріп барады.
Жексен пальтосын киіп алған. Ғалияға қадалып: «мен білем. Сенде ақша бар. Көрсетші сөмкеңді» дейді.
Ғалия бір күліп, бір ашуланады. Күлгенде де көзінде қайғы тұнып тұрады.
Әнe, ол төсектің ірге жағына, матрастың астына тығып қойған сумкасын алып шықты. Ішінен бір уыс ақша алды да, санамай дәнеңе етпей, есік жаққа күйсуіне қарай лақтырып жіберді:
— Мә! Іш!
Он сомдық, бес сомдығы аралас бірнеше көкала қағаз Жексенге жетпей, екі ортаға шашылып түсті.
Бұл Ғалияның ашынуы. Менің одан бетер жаным ашып кетті.
Енді Жексенге шынайы жалбарындым:
— Жексен, бармай-ақ қойшы!
Сөз ұғатын Жексен көрінбейді. Жердегі ақшаларды қарбаласып, тез-тез жинап алып жатыр. Әйтпесе ақшалар торғай болып, пыр-пыр ұшып жөнелетіндей.
Жексен тайып тұрды. Кәзір кеш. Мұндағы магазиндер жабылған кез. Араққа ол сонау қаланың өзіне кетті.
Ғалия көзін сұлық төмен салып, ойға батып, тұрып қалған.
34
Мастықтың мен де о жақ бұ жағындамын. Көңілімде аранын ашқан жастық желік. Ғалияны тарпа бас салуыма тек оның көңілсіздігі бөгет боп тұр.
Әуелі оны жадыратып алуым керек.
— Ғалия, не ойлап отырсың?
— Жай, әншейін...
Ғалияның иығына қолымды салдым:
— Жаным менің...
— Meн ешкімнің де жаны емеспін.
— Мына менің жанымсың. Жаным бола да бересің.
— Еркін, мен ет түсірейін, — деп, Ғалия керогаз жаққа жүре берген кезде, мен босағадағы кнопканы сырт еткізіп басып қалдым. Көзге түртсе көргісіз қараңғы.
— Еркін, бұның не?
Үнсізбін. Шамды қайта жақпақ болған Ғалияны бет алдынан құшақтап, ұстап алдым.
— Еркін, қой деймін.
— Ғалия, жаным...
Ғалияны төсек жаққа тықсырып әкеле жатырмын.
— Еркін, өкпелеймін.
— Алтыным, Алтынтайым...
— Бәрі бір түк шықпайды,
Төсектің аяқ жағынан шап беріп, ұстап алған Ғалия айрылатын емес. Күшке салып, жұлып әкетейін десем, темір кереует салдырлап қоса қозғалады. Көршілер естіп, не боп жатыр, төбелесіп жатыр ма деп, келулері мүмкін.
— Ғалия!
— Еркін, әуре болма.
— Ғалия, ренжимін...
— Мейлі!
— Ендігәрі мен сені көрмеймін.
Ғалия үнсіз. Мен шамды жағып, киіндім де, хош та деместен өкпе мен ызаға қабат сыздап, тайып отырдым.
35
Уақыт зымырап өтіп жатыр. Институтта оқу дегенді бір кезде дүниенің қиыны шығар дейтін ем. Сөйтсем, қиын түгі де байқалмайды. Басқа факультеттерді қайдам, біздің тарих-филология факультетінде аузың қайсы дегенде, мұрнын көрсететін иіс алмастар оқып жүр.
Мұртына қарай іскегі деп, дүмшелер оқытушылардың ішінде де баршылық.
Он сегізінші, он тоғызыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінен ғылым кандидаты Беделбаев сабақ береді. Жасы қырықтар шамасында, әйелдерше қасын қырып, үстіне иіс су сеуіп әдеміленіп жүретін қызық адам. Мұқабасының сыртынан газетпен бірнеше қабат етіп, қаптап алған бір кітапты алдына бүркемелеп, жайып қойып, тек бас алмай оқығанды біледі. Біз оның аузынан шыққанның бәрін сықпыртып жазып алғанды білеміз. Лекцияның түрі осы.
Үзіліс кезінде Беделбаев кітапты портфеліне салып, портфельдің аузын ықтияттап бекітіп кетуді еш ұмытпайды.
Біз ынтық бола бастадық. Соншалық құпиялап ұстайтын ол қандай кітап? Heгe көрсетпейді? Heгe портфеліме тығып кетеді? Мүмкін, біз де тауып алар ек. Мұғалімнің аузынан шыққанның бәрін сықпыртып жазып, әуре болмас едік.
Бір мұны Беделбаев үзіліске сыртқа шығып кеткенде, біз білмекке құштарлықтың салдарынан портфельдің аузын ашып, өзіміз ынтыққан, біз үшін жұмбақ кітапты алып көрдік. Көрдік те, бірімізге біріміз бағжия қарап, бетімізді әйелдерше шымшып-шымшып алуға пәс қалдық. Өйтпей ше? Кітаптың құпия түгі де жоқ еді. Өзіміз баяғыда орта мектепте оқыған, тоғызыншы класқа арналған әдебиет оқулығы! Авторы атақты жазушымыз Мұхтар Әуезов.
Мәссаған керек болса!
Қазақ тілінен сабақ беретін декан Дәулетбаев та солай. Қалыңдығы екі елі, парақтары ескіріп, кірлеп кеткен, әлдекімнің қолымен баяғы бір заманда жазылған көне конспектіні алды па жайып қойып, оқығанды біледі. Ал ғылымға қатысы жоқ сылдыр сөзге, сарнап жайдақ ақыл айтуға келгенде автомат. Тек трибуна болсын ол үшін. Азды-көпті тыңдаушылар болсын. Үні бітіп бара жатса, бір ұрттап, тамағын жібітіп алуға графинге құйылған салқын су ғана болсын.
Дәулетбаев екеуміз бұл кезде тағы да жақсымыз. Ана жолғы ыңғайсыз уақиғаны ол да, мен де ұмытқан тәріздіміз. Мен енді сақ болуға тырысам. Декан жайлы бір ауыз сөз айтсам да аузымды бағып, байқап айтам.
36
Екі жылдық мұғалімдер институтының бір курсы шолтаң етіп бітіп те қалды. Оқудың тең жарымы аяқталды. Демалысқа елге келдім. Бұл кезде біздің ауданнан қалада жоғары оқу орындарында оқитындар аз. Кездескен ағайын-туысқандар, таныстар:
— Ненің оқуын оқып жүрсің? Бітіріп шыққан соң кім боласың? — деп сұрайды.
— Мұғалімнің оқуын оқып жүрмін.
— Е-е, — дейді әлгілер. Көңілдері толмай қалады.
Ел адамдарының мәртебе санайтыны сот, прокурор дайындайтын оқулар. Оқыған соң міне соны оқыса деп, арман етеді. Дүниеде сот, прокурордан өткен үлкен де, құдіретті кызмет бар деп, ойлай қоймайды. Ел ішінде сот, прокурордан ықпайтын жан жоқ.
Әйтеуір менің көңілімді аулап:
— Оқы, шырағым. Оқыған жақсы. Оқысаң адам боласың, — дейді...
Онысына да рақмет.
* * *
Мен келсем, Тұйық астан-кестең. Облыстан біздің ауданға комиссия шығып келген. Соның үш адамы Тұйықта. Колхозды тексеріп жатыр. Ешкімнің үйіне қонаққа бармайды. Ешкіммен ымы-жымы сөйлеспейді. Кеңседе жатып, кеңседе тұрады. Тамақты осында алдырып ішеді. Өрістегі мал, қамбадағы астық бәрі-бәрін жіпке тізіп, түгелдеп жатқан көрінеді. Ұзын құлақ бұндайда бәрін біле қояды. Олардың сыбыр-сыбыр сөзіне қарағанда Нұрәлі мен бас бухгалтер Жүністің шыбын жандары мұрындарының ұшында. Өйткені көп мал, астық кем. Колхоздың бұрын-соңды әлгі аталған екі қорқаудың өңешінен әрі кеткен қыруар қаржысының ізі де жоқ.
Тағы да сол ұзын құлақтың айтуынша, осы арада осындай түпсіз былықшылық бар-ау деп, комиссия Тұйыққа өздігінен көргендік іздеп келмеген.. Әлдекімнің осы ауылдан, дәл жоғарыға қарай домалатқан арызымын ізін қуалап келген.
Нұрәлі шынында да, бұрынғы жалы күдірейген Нұрәлі емес. Ері мойнына түсіп кеткен. Үй ішінде де береке шамалы тәрізді. Күзде қарт әкесі өлген. Сәуле соңғы уақытта сал ауруға ұшырап, төсек тартып жатып қалған. Бүкіл бір қапталы паралич болған. Қыздары көтеріп тұрғызып, көтеріп жатқызатын көрінеді.
Нұрәліні иттей жек көре отырып, жеңешем Сәулені ылғи да аяумен болады:
— Байғұс, қор болды ғой, — дейді шешем, — төрт аяғы Нұрәлінің төбесінде ойнар-ау. Сол иттің кесір-кесапаты ғой оны қор еткен. Әйтпесе, қандай еді бір кезде. Баяғы Зейнекүл бар емес пе? Нұрәлі завхоз етіп, қайда барса да қасына секитіп ертіп алатын Зейнекүл сұлу. «Түйені Жел шайқаса, ешкіні көктен көр» деп, зобалаң оның басына да туып жатқан көрінеді. Қамбадағы тұқым бидайды өлшегенде, кеп кем шығыпты деген сөзді осы күні Тұйықтың халқы біреуіне біреуі «әй, әйелің ұл тауыпты» дегендей қуана хабарлап айтады.
Зейнекүлдің күйеуі соғыстан оралмаған. Оралмағаны ол үшін онша теріс іс болмаған. Өйткені, құдіреті күшті ием ерігіп-зеріккенде ермек болсын, есе келе қолқанат, жәрдемші болсын деп, осы соңғы күйеуі жоқ үш жылдың ішінде Зейнекүлге балпанақтай етіп, екі қыз берген. Және бір ғажабы, айна-қатесіз Нұрәліге ұқсатып, оның көшірмесі етіп берген. Беттері табақтай, пысық екі қара қыз осы күні бірі мен бірі жарыса өсіп келеді.
Aз күнде комиссия өз жұмысын аяқтап, тайып отырды.
— Нe болар екен? Немен тынар екен? — деп, ел болып аудан жақтан хабар күтудеміз.
Бір күні біз күткен хабар да келіп жетті. Аупартком бюросында біздің колхоз туралы мәселе қаралған. Нұрәлі мен Жүністі кызметтерінен алып, істерін заң орындарына тексеруге берген.
— Шоқ-шоқ! Kөп асқанға, бір тосқан! — деп, ел іші айыздары қанып, қуанысып жатты.
Сол елдік қатарында мен де бар едім.
37
...Биыл міне үшінші курстамын. Мұғалімдер институтының бірінші курсын бітіріп, төрт жылдық пединститутқа ауысқам. Оқыған соң жөндеп оқиын, жоғары дәрежелі білімді қалтама бөлмей-жармай, толық салып алайын дедім.
Декан Дәулетбаев, обалы нешік, барынша жәрдем етті, қолдады. Бірнеше пәннен қосымша емтихан, зачет тапсыруыма тура келді.
Үшінші курста педпрактика басталады.
Қалада Мәншүк Маметова атында қыздар педучилищесі бар. ЖенПИ-дей атақты болмағанымен, өзінше, бұл-дағы «сұлулар галлереясы».
Училищеге негізінен жетінші бітіргендер түседі. Сондықтан, ЖеиПИ-ге қарағанда, бұндағы қыздар уылжыған жас келеді. Бұл оның ЖенПИ-ден артықшылығы.
Ара-тұра сақа боп қалған қыздар да кездеседі.
Біз мұнда айдан аса уақыт педпрактикада болдық. Талай мұғалімнің сабағына қатыстық. Өзіміз де сабақтар өткіздік. Қыздарға сабақ беру, қыздардың арасында болу көңілді. Қыздармен жұмыс істеу көңілді. Күлкіге, құдай жазса, махаббатқа да қарық боласың...
Жатпай-тұрмай бақылайсың, психологиялық мінездеме жазасың деп, әр қайсымызға бір-бір қыздан бекітіп беріп қойды. Сосын, қыздар жатақханасына қашан барсаң жол бос. Ешкім ештеңе демейді.
— Неғып жүрсін? Бұның не? — десе:
— Психологиялық мінездеме жазу үшін зерттеп жүрмін, — дейсің.
Маған бекітіліп берілген оқушы — үшінші курс студенткасы Зағипа.
Орта бойлы, ашаң жүзді қараторы қыз Зағипа оқу озаты. Әрі осындағы комсомол ұйымының секретарь!. Пәлендей сұлу деуге келмес. Бірақ бет-әлпетінде кісіні өзіне үйір етіп, тез тартып алатындай ойлы да, қарапайым жылылық бар. Өзі кедей семьядан шыққан. Өмір көріп ысылған, салауатты.
Мен алғаш көріп, танысқан кезден-ақ Зағипаға селқос бола алмадым. Бірақ әуелгіде өзімді өзім тежеп, салқын ұстауға тырыстым. Практикант болсам да, тәрбиеші деген атым бар. Оны ұмытуға, ұстаздық беделіме нұқсан келтіруге болмайды деп қарадым. Бір ауыз да қиғаш сөз, жеңіл мінез сездірген емеспін.
Айдан аса уақытқа созылған педпрактика аяқталды.
Бүгіп педучплищеде бізбен — практикант студенттермен, қоштасуға арналған сауық кеші. Бүгін енді, реті келсе, Зағипамен басқаша сөйлесуге болады. Ол үшiн ешкім де кінәламайды.
Әуелі кештің ресми бөлімі болды. Училище директоры біздің адресімізге жылы-жылы сөздер айтты.
Декан Дәулетбаев еркінше кесіліп жауап сөз сөйледі:
— Бұл өмір деген өзі қызық нәрсе. Қызық болатын себебі...— деп, біздің құлағамызды әбден сарсытып біткен; ал бірақ бірінші рет тыңдаған адамға су жұқпас шешендік тәрізденіп көрінетін, өзінін дағдылы сылдыр сөзін түйдек-түйдегімен ағытты..
Сосын ойын-сауық, би.
Менің бір кемтарлығым — би білмеймін. Сондықтан осындай сауық кештерінде, көңілді бас қосуларда би болғанын жаратпай тұрам. «Би» деген сөзді естісем, жүрегім мұздап қоя береді.
Институтта би үйірмесі жұмыс істемейді. Істесе, лекцияға барамасам да, соған барып, би үйреніп алар едім. Би білмеудің азабын, әсіресе, қалаға келіп абден тартып жүрмін. Қыздармен танысуға, жақындасуға биден артық, биден қолайлы не бар?
Жайшылықтa сенің қасыңда жіп есе алмайтын біреулер би білетіндігінің арқасында осындайда шырқап жүріп береді. Би музыкасының үні естілер естілместен арқасы қозып, қас-қабағы қылмаңдап, тіріліп шыға келеді. Жайшылық уақытта сен бар жерде шеніне жолай алмайтындар не бір қыпша бел, нәркес көздің белінен қымқыра қысып алып дөңгеленіп кете барады. Рақат! Одан өткен рақат не болсын. Би білмейтін сен сорлы ішің қызғаныштан қыж-қыж қайнап, көзіңді салып, тек анадайдан телміріп қарағанды білесің де. Басқаның қуанышын өз қуанышыңа санағандай арсыздықпен ыржиып, күліп те қоясын. Музыканың сиқыр үні тамыр-тамырды балқытып, түгел билейді. Қанатсызға қанат, тілсізге тіл бітіреді. Әуелде бойларын жинақы ұстап, аяқтарын әдеппен қозғауға тырысқан бишілерден бір кезде ерік кете бастайды. Жаратылғаннан бір туып, біте қайнаған өгіздерше біреуіне біреуі тақалып, жабысып алады. Төске төс, ауызға ауыз тиермен болып, күбір-күбір сөйлесіп, күле беретіндерін қайтерсің. Не айтып, неге күледі екен? Алпыс екі тамырдан ерік кеткенде айтылар соз белгілі ғой: махаббат, біреуіңе біреуі өліп-өшу...
Сен осының бәрінен де қаға беріс, аулақсың. Қотыры бар адамша ешкімге жолай алмайсың. Ешкімнің қыпша белінен құшақтап, төсіне төсіңді тақап махаббат тақырыбына сыр шертісе алмайсың. Соның бәрі тек би білмегендіктен.
Зағипа менің қасымда қатар отыр. Ол би біледі. Мен білмеймін. Әркім-әркім Зағипаны биге шақырады. Рұқсат етесіз бе дегендей ол сол кезде маған қиыла қарап алады.
— Бар, билей ғой, — деймін.
Біреуге жүрегімнің жарымын кесіп бергендей бұндай ерлікке әзер барам.
Зағипа бұны түсінеді. Би бітісімен дереу менің қасыма қайта келіп отырады.
Бүгін мен оған ұстаз ретінде келіп отырғанымды Зағипа және түсінеді. Педпрактика біткен, психологиялық мінездеме жазылып біткен. Енді менің ойымда басқа практикаға бастау бар. Ретін тауып, Зағипаның қолын қысыңқырап қоям. Зарина шошыған түр көрсетпейді. Күлімдеуі одан бетер сүйкімдене түседі.
Және бір ыңғайы келгенде сыбырлап: Сауық кештің соңынан азырақ қыдырайық, — дедім,
Зағипа кешіге берді. Қалайша шықпас екен ә?
Кеш біткен. Жұрт тарап кетіп жатыр. Бұл көктем кезі. Қалың киім үстімізден баяғыда түскен. Есік алдына шығып, онша ұзап кетпей, Зағипаны күтумен әрлі-берлі қыдырыстап жүрмін. Екі көзім қақпада шығар ма екен? Шықпас па екен?
Кешіккен сайын күдігім ұлғайғандай.
Шықпаса, бітті осымен. Онда ол мені сүймегені. Бұдан соң, мен мұнда келмек емеспін.
Зағипа кешіге берді. Қалайша шықпас екен, ә?
— Мен сізді кетіп қалған шығар десем.
О, тәңірім! Дауыс Зағипанікі. Meн күткен қақпа жақтан емес, басқа жақтан келіп тұр.
— Неге кешіктің?
— Тайбағарова апай шығарып сал деген соң сол кісіні үйіне шығарып салып, келе жатырмын, — дейді.
Тайбағарова педучилищенің директоры.
Зағышты қолтықтап алдым да, көшенің қараңғы жағына қарай тартып отырдым.
Оқу жылы аяқталуға жақын Зағипа биыл педучилищені бітіреді. Ал маған институт бітіруге әлі де болса бір жыл бар.
Ол екеуміздің достығымыз ермек үшін болмай шықты. Мен сендік, сен мендік деген пәтуалы сөздер әлдеқашан шынайы бейілмен шегеленін айтылды. Енді қалып отырғаны соны жүзеге асыру, яғни, семья құру.
Осы күні біздің алдымызда тұрған сұрақ — «не істейміз?» Зағипа оқуын бітірген соң, қосыламыз ба? Қосылсақ қалай күн көреміз?
Зағипа сонау қиырдағы Павлодар облысынан. Үйінде жесір шешесі, үйелмелі-сүйелмелі үш оқушы інісі бар. Күндерін әрең көріп отырған кедей жандар. (Шешесі кеңсе сыпырады.) Оларға алақан жайып, жәрдем күту біз үшін қиын болар еді.
Біздің үйдің халі және белгілі.
Қысқасы, Зағипада да, менде де сүйенер ешкім жоқ. Екеуміз де нағыз сіңірі шыққан кедей табынын өкілдеріміз.
Көп ойлап, көп толғандық. Жауапкершілігі күшті мұндай істе тәуекел мен көз жұмбай дұрыс ақылшы бола алмайтынын екеуміз де түсінетін тәріздіміз.
Ақыры: туғалы дара жүріп шыдадық қой. Осы сопа бас күйімізге және бір жыл мен оқу бітіргенше шыдайық деген мәмілеге келдік. Сосын, өз жанымызды өзіміз бағатындай халге жетіп, қосылатын болдық.
— Бір жыл да болса елге барып, қызмет істейін. Ақ сүтін беріп, азабыма көніп өсірген анама азды-көпті себімді тигізейін. Сенің де болса ел-жұртың бар. Айдаладан келген секілденбей, өсімді жиынқырап барайын, — деген сөздер айтты Зағипа. Бұл ақылсыз қыздың аузынан шығатын сөздер емес.
Келер жылы оқуым бітісімен Павлодарға күйеу кәде істеп, Зағипаны іздеп бармақпын да, үйленбекпін.
Ар жағы белгілі: екеуміз де қызмет істейміз. Тату-тәтті семья құрып, балалы-шағалы боламыз. Семьяда баланың көп болуын мен өзім қаламаймын. Бір ұл, бір қыз жетеді. Ұлым, сөз жоқ, өзіме тартады. Сөз жоқ, ақылды болады. Мектепте сабақты озат оқиды.
Қызым, мүмкін, өзіме тартар. Мүмкін, шешесіне тартар. Бірақ ол да ақылды болады, сабақты ол да озат оқиды. (Балаларым осал болатын шығар деп ойлайтын ата ана бар ма екен?)
Бір бөлмеде жататын студенттердің бір бірінен жасырар сырлары болмайды. Кім кімге қырындап жүр? Кім кіммен кездесіп жүр? Қандай оймен қырындап, қандай оймен кездесіп жүр? Кімге кім ғашық? Шын ғашық па, өтірік ғашық па? Олар бұның бәрін де біледі.
Менімен бірге Мұқан дейтін студент оқиды. Дербес стипендия, ақылды, тура сөзді тәуір жігіт. Өзінің күн көріс есебіне берік, тәртіпті. Бір кеште сырттан тасыр-тұсыр кіріп келсем, бөлмеде Мұқан жалғыз екен. Өз төсегінің үстінде жастығын арқасына жұмарлап тіреп, екі бүктеліп, еңсесі түсіп отыр. Осы бөлмедегі алты студенттің ішінде ең бір жабырқауды білмейтін өзің әрқашан сабасында ұстайтын бекем жанның біреуі осы еді. Бел ортасынан машина басып кеткендей қирап отырған түрі маған бір дегеннен оғаш көрінді:
— Мұқан, не болған саған?
Жауап беру орнына томпақтау үлкең көздерімен маған бағжия қарап, сәл отырды да:
— Сен осы биыл Зағипаға үйленетін болдың ба? — деп, өзіме қарсы сұрақ қойды.
— Жоқ, Оған жағдай келетін емес.
— Енді пе істемексіңдер?
— Зағипа оқуын бітіріп, ауылына барады. Бір жыл сонда қызмет істейді, Ендігі жылы институт бітірген соң мен іздеп барам да, үйленем.
Мұқанның көздері одан бетер мөлиіп кетті. Күдер үзген дауыспен:
— Қо-о-о-й! — деп, қолын бір-ақ сілтеді.
— Ендеше бітті!
Менің жүрегім су ете қалды:
— Неге бітеді?
— Ауылыңа кетті дегенше, Зағипа сенен мүлдем кетті дей бер.
Зағипа туралы Мұқан жаман бірдеңе естіп, білген екен деп, менде енді одан бетер зәре қалмады,
— Неге олай дейсің?
— Мә, оқы мына хатты.
Аузы ашылған конверттің ішінде кереге көз дәптердің екі парағына сықап тұрып жазылған төрт бет жазу. Мен оны бір емес, екі қайталап оқыдым. Өз көзіме өзім сенбегендей, міне, енді тағы да үңіле қарап отырмын. Не деген сұмдық! Маржан, мен білетін Маржан, бүйтеді деп, кім ойлаған?!
* * *
Менің көз алдымда сұңғақ бойлы, келбетті, мінезі ауыр қара қыз. Бойын тік ұстап, жан-жағыма аққуша паңдана қарап жүреді. Мұрнының сәл ғана картопқа ұқсайтындығы болмаса, өзге бет-әлпеті келісті. Ата-ана тәрбиесін, айрықша мәпелеу көріп өскен әдепті, нәзік мінез иесі. Бұл Маржан еді.
Мұғалімдер институтының бірінші курсында Маржан екеуміз бірге оқығанбыз. Біздің курстағы ең ақылды да, көрікті қыз осы болатын. Сабақты жақсы оқитын. Дәмелі жігіттерден Маржанның соңына шам алып түспегені кем де кем.
Бір ұмтылып, жолы болмай қалғандардың қатарында, шынымды айтсам, мен де бармын. Бұған бірақ қыздан гөрі өзім көбірек кінәлі тәріздімін. Батыл бола алмадым, жас-қаншақтық істедім.
Кім біледі, құдай бойды бұдан гөрі ұзынырақ етіп бергенде, жолым әлде болып та қалар ма еді? Бәрі осы бойдың шағындығының кесірі.
Мен бір рет Маржанды киноға шақырдым. Ол оп-оңай келісті. Маржан пәтерде тұрушы еді. Уәделі мерзімде, уәделі жерде сап ете қалды. Сұғанақ жігіттердің талайына пысқырып қарамайтын Маржанның бұл қылығы мені шексіз қуантқан еді.
Міне, Маржан екеуміз киноға келе жатырмыз. Қолтықтап ұстап алсам, қатып-ақ, кететіндей. Бірақ оған батылсызбын. Жоқ. Маржан қолымды сілкіп тастар деп, қорынғаннан емес. Оның бойының маған қарағанда аздап ұзындығынан...
Қап деп, ызаланам ішімнен. Тым құрса, бойымыздың тең болмағанын көрдің бе?
Ал кинода қатар отырғанда батылдаумын. Маржанның иығына иығымды тақай түсем. Жоқ, Маржан кет әрі емес.
Отырғанда бойдың ұзын-қысқалығы онша білінбейді. Ех, шіркін, бүкіл өміріміз естіп отырумен өтсе.
Менің Маржанға қырындауым бітті осы кешпен. Енесіне ілескен тайға ұқсап, елге күлкі болармын дедім де, енді қайтып жоламадым. Ішімнен оны қимай тұрсам да, екеуміздің арамызды жаңа жалғай бастаған махаббаттың нәзік жібін біржолата үздім өз қолыммен.
Осының бәрін-бәрін де Маржан түсінген тәрізді.
Келер жылы мен кеттім ол курстан, төрт жылдық пединститутқа ауыстым.
* * *
Өткен жылы бір күні Маржанды осы Мұқанның қасынан көрдім. Мұқан мендей емес, биік. Ішім қызғаныштан бұлқан-талқан болды. Сонда да ол екеуі біреуіне біреуі тек, екенін амалсыз мойындаған едім.
Құдай Мұқанға бойды да, мұрынды да аямай бере салған.
Содан кейін Маржан мен Мұқанның жұптары жазылмайтын болды. Жұрт оларды Қыз Жібек — Төлеген деп, атай бастап еді.
Өткен жыл Маржан екі жылдық мұғалімдер институтын озат бітіріп, өзінің Гурьевіне қызметке кеткен. Ал Мұқанның оқу бітіруіне әлі болса бір жыл бар.
Ақылды жігіт Мұқанның институт бітірмей үйленгісі келмейтін. «Институты бітірем. Сосын, Гурьевке Маржанды іздеп барам, үйленем» дейтін. Уәделері құдды біздің, Зағипа екеуміздің, уәделеріміз секілді болатын.
Содан бері Маржаннан Мұқанға хат үзбей келуші еді. «Менің Мұқанжаным..» деп басталатын хаттың сөзі. Ал мынау болса «менің Маржаным» деп бастайтын. Бірін бірі елжірей сүйіскен екі жүрек тек оқу жылының бітуін армандаумен болатын. Біз бұлардың уәдеге берік жандар екеніне шек келтірмей, сенетін едік.
Енді міне, адал деген қазаннан шошқаның басы шықты. Ойламаған жерден Маржаннан мынадай сұмдық хат келіп жетті...
* * *
«... Мұқанжан, кінәлі менмін. Тек мен ғанамын... Иә, иә, мен...мен...мен... сенің таза, ақ жүрегіне тіке қарар бетім болмай отыр...
...Ал мен кеттім... Мәңгі-бақи кайта шықпас болып кетіп барам...
Ата-апам зорлаған жоқ. Бұрынғының қызынша атқа мінгестіріп, қол-аяғымды таңып беріп отырған жоқ. Мен ынжық болдым. Өзімнің өмір жоспарым бар екенін дер кезінде оларға білдіре алмадым. Кеш қалдым...
Серт байлапты, бәрін де менсіз кесіп-пішіп қойыпты. Енді әке-шешемді жерге қаратып, бүкіл ел-жұртқа күлкі етіп, жаралмағыр қу жалғыз, неге жаралдың дегізіп, тізгінді қолыма жиып алу ерлігі менен шықпауға айналды...
Хош, Мұқанжан, бұл біздің ең соңғы хатымыз».
Маржан хатының сөздері міне осындай. Япыр-ау, сенем бе, сенбеймін бе? Сенбейін десем, таныс жазу. «С. Шортанбай, семилетняя школа »деген таныс адрес.
Жазу да, адрес те Маржандікі.
Хатты маған беріп қойып, Мұқан мойны салбырап, әлі отыр. Шаршаған. Түні бой ұйықтамаған адамша көздері қызара домбығып ісіп кеткен. (Кім біледі оңашада, мүмкін, боздап, жылап та алған болар!) Бүкіл өміріне тірек еткен махаббаты ойламаған жерден күл болып, қирап түскенін көріп, азаматым есінен біржолата танып қалған тәрізді. Түңілген секілді бәрінен. Өмірлік айнымас дос болатынынан да, бұзылмас серт болатынынан да күдер үзіп, тоқырап тынған тәрізді.
Мұқан ішіндегісін көп ақтара бермейтін ұстамды жігіт. Әлгінің бәрін өзі айтпайды, көзі айтады, тентек болған танадай меңірейген түр-түсі айтады. «Сен бұған қалай қарайсың?» деп, менен пікір сұрамайды. Оған енді пікірдің де, түктің де қажеті жоқ.
Мен Мұқанды ғажап аяп кеттім.
40
Қыс бойы жарым құрсақ жүргендіктен мен, әсте көктемге көтерем болып жетем. Күн жылып, жер аяғы кеңісімен қаладан кеткенше, елге жеткенше асық болып тұрам. Өйткені жазбен бірге ел ішіне береке келеді; айран-сүт молаяды, аш арыққа әрі ас, әрі шипа, өзім ғажап жақсы көретін, бар тамақтың төресі қымыз айналайын шығады.
Декан Дәулетбаев, баяғыда арамызда аздап құйын ұйтқып өткеніне қарамастан, өз адамым. Кезекті емтихандарды менің, қашан да, мерзімінен бұрын тапсыруыма ол әбден үйреніп алған. Титтей де қарсылық жасамайды. «Сенін. елің бай. Ет көп, қымыз көп. Барасың да, рақатқа батасың» дей отырып, емтиханды мерзімінен бұрын тапсырудың рұқсат қағаздарына дереу қол қойып береді.
Оның бұл жақсылығын мен әрқашан да ұмытпауға тырысам. Соңынан елден келген соң өзіне әдейілеп сәлем беріп, аман-есен келіп қалғанымды айтып:
— Мынау біздің елдің дәмі еді, — деп, газетке оралған бірдеңелерді ас ішетін столдың үстіне қойып кетуге мен де үйреніп алғам.
Биыл да елге жазғы демалысқа басқа студенттерден бір айдай бұрын келдім. Зағыш қалада. Мемлекеттік емтихан тапсырады.
Ел іші соғыс кезіндегідей емес, тәртіптеліп, түзеле бастаған. Машина, тарктор қайтадан көбейейін деген. Қол еңбегінің үлесі азаюға бет алған. Бұл соңғы екі жылдың ішінде біздің Тұйықта будан да басқа бірсыпыра айтулы өзгерістер болған.
Нұрәлі түрмеде. Бұрнағы жылғы комиссиядан кейін колхоз дәулетін талан-таражға салғаны үшін алты жылға сотталған. Қазір Іле бойында енбек түзеу лагерлерінің бірінде қой барады деп естимін.
Бас бухгалтер Жүніс сотталудан аман. Қазір басқа колхозда, жай бухгалтер.
— Әділдік ақыр түбі оңға басып, жақсылықтың ақ мамық қанаты біздің босағаны да шарпып өткен. Былтырғы оқу жылының басынан Қаныша жеңгем мұғалімдік қызметіне кайта тұрып. Осы күні өзіміздің ауылда жеті жылдық мектепте орыс тілінен сабақ береді.
Ауданға Ахметов дейтін жаңа секретарь келеді. Жұрт оны әділ, қарапайым, іскер адам ретінде жер-көкке сыйғызбай мақтай бастайды. Әділдігін көрейін дейді де, Қаныша жеңгем соған барады. Өзінің бір кезде Нұрәліден шеккен зәбір-жапасын, мұғалімдік қызметтен жазықсыз босағанын тәптіштеп түгел айтып береді.
Ахметов ұйып тұрып тыңдайды. Нұрәлі болса, әне, анадай болды, өзі қазған орға омақаса өзі құлады. Табан аузында аудандық оқу бөліміне телефон соғып:
— Асылбекова жолдасқа өзіне лайық қызмет тауып беріңдер, — деп, тапсырады секретарь.
Ахметовтың айтқаны мұндағы жұрт үшін бұлжымайтын заң.
Miнe, бір жыл болды Қаныша жеңгем езінің сүйетін жұмысында кайта істеп жүр.
Нұрәлі қамалған соң аз күннен кейін Сәуле де қайтыс болған. Екі қыздың екеуі осы күні Қарасазда интернатта. Бір кезде Тұйықтың халқына жарты патша көрінген Нұрәлі әулетінің топырағы осылайша тоз-тоз болған.
41
Демалысым демалыс болатындай түрі жоқ. Ойымнан әнеугі Мұқан көрсететін Маржан хаты шықпайды. Сол арқылы өзімнің қалада қалған, осы кезде мемлекеттік емтихан тапсырып жүрген Зағышым шықпайды. Аз күнде ол да оқуын бітіреді, өзінің Павлодарына жолдама алады.
Алматымен хош айтысып кетеді.
Маржанға ұқсап, сол кеткеннен мол кетіп жүрмей ме?
Бір жылға дейін кім бар, кім жоқ?
Төсегінің үстінде жастығын жұмарлап арқасына тіреп, еңсесі түсіп отырған Мұқан, оның сондағы аянышты түр-түсі кез алдымнан кетпейді...
Зағыш енді мен үшін айықпас уайымға айналды.
Иә, ел ішінің жайы өзіме белгілі. Алматыдан оқу бітіріп келген сереңдей бойжеткенді ондағы жұрт өз еркін өзіне беpiп, жайқандатып қоя ма? Тіпті де қоймайды. Үйден кадам аттап шығып көрсін, бұғалықты анаң да, мынан да лақтырушылар табылады. Соның бірі болмаса, бірі Зағыштың нәзік қылмойнына тұзаққа сап етіп ілігеді. Болды — бітті, тулағанмен енді ештеңе шықпайды. Маржанға ұқсап, Зағыш та сатып алған малша әлдекімнің жетегінде томпаңдап кете барады. Ең мықтағанда маған көз жасын сорағытып: «Ал, кеттім мен... Кеттім су түбіне. Мәңгі-бақи қайта шықпас болып кетіп барам...» деп, дәрменсіз хат қана жазып үлгереді.
Уәдеге берік қыз ана Маржандай-ақ болар. Әне, не келді соның қолынан? Түк те келген жоқ.
Бірін бірі шынайы сүйді деген жандар. Мұқан мен Маржандай-ақ болар.
Иә, бір жыл ол айтуға ғана оңай. Әйтпесе, аз уақыт емес.
Ойлай берсем, күдік үстіне күдік жамала береді. Және бәрі де қисынды. Мұқанға туған қайғылы күн ертең маған да туатыны сөзсіз тәрізді. Зағышты уысымнан шығарып, еліне жібермеуім керек секілді. Егер сүйетінім рас болса, осы биыл, қалай да, үйленуім керек. Әйтпесе, басымды бекерге қатырмай, ол жайлы мүлдем ұмытуым қажет.
* * *
Шешем мен жеңгемнен өзге кімім бар ақылдасар? Қысылып, қиналыңқырасам да Зағыштың жайын оларға айтпақ болдым. Не дер екен? Бір күні кешкі шайдың үстінде әзіл шыны аралас етіп:
— Апа, осы үйленсем қайтеді? — дедім.
— Үйлен, — деді шешем менен тек осы сөзді күтіп жүргендей іліп әкетіп.
— Жоқ шын айтам.
— Е, мен қалжың айтып отыр ғой деймісің? Үйлен. Үйленетін уақтың баяғыда болған. Сен құралпы балалар осы күні бәрі үйленді. Алды әке-шеше болып, бала сүйіп отыр. Сен солардан кембісің?
Баласының ер жетіп, үйленуін қазақ қуаныш көреді. Адам болғанның белгісі осы деп біледі. Сол мінез, сол түсінік менің шешемде де бар. Бір кезде Сәрсебек ағайыма да үйлен, үйге бір шүйкебас кіргізіп бер деп, құлағын қажап маза таптырмайтын.
Қаныша жеңгем шешемді қостады:
— Жақсы адам болса, біріңді бірің шынайы сүйсеңдер, бар да алып кел. Ендігі жылға қарататын түк те жоқ. Сен оқуыңды бітіргенше осында болар. Менімен бірге қызмет істер.
Қашайын деген қоянға тәйт деген себеп, мен енді үйленуге бел байладым. Зағышпен бұрынғы жасаған уәде-жоспар тас талқан бұзылды. Алматыға оған тығыз телеграмма жөнелтілді: «Күт мені. Келем!»
* * *
Тұйықтың халқы Нұрәліден құтылған. Колхоз председателі бұл кезде Ақжігітов дейтін ындыны жуас, адал, өте бір қарапайым, жақсы адам. Қарасаздан келген. Мен оны бұрыннан білем. Соғысқа дейін ауданда колхоздың бастығы болатын. Сол Ақжігітов менің үйленгім келетінін біліп, есімнен кетпейтіндей жақсылық жасады.
Бірнеше айдың жалақысын құрастырып, осы көктемде жеңгем біреуден бір ұрғашы тана сатып алған екен. Өссін, сауын болсын деген үміт тағы. Ақжігітовтың жәрдемімен соны енді колхозға өткіздік те, орнына мынау деген әрі үлкен, әрі семіз нілдей көк өгіз алдық. Оны Қарасазға апарып сойып, етін қасап етіп саттым. Еттің әрі зәру, әрі қымбат кезі. Жарты күнге жеткізбей талап әкетті. Түскен ақшаны қалтама салып алдым да, Алматыға Зағышқа тарттым.
Институттарда оқу жылы аяқтала қоймаған. Менімен бірге оқитын студенттер әлі демалысқа тарап үлгермеген.
Зағыш менің не оймен шұғыл келе жатуымды, әрине, түйсінеді.
Міне, ол екеуміз тағы да біргеміз.
— Неге келдің? — деп күледі.
— Сені алып кетуге келдім.
— Уәде қайда?
— Уәде бұзылды.
Ресторан жалдап, той жасап үйленуге шама келмейді. Ен жақын деген бес алты жолдастарыммен Зағипаны ортаға алып, парктегі ашық асханаға келдім. Манты, сыра, арақ алдық. Біздің ерлі-зайыпты болуымызды осылай атап өттік.
«Той» соңынан жолдастарым жатақханадағы бөлменің кілтін маған беріп, қолымды үнсіз қысып, таңертеңге дейін сау болыңдар деп, өздері басқа жақтан орын тауып түнемекке тайып отырысты.
Зағышты қолтықтап, жатақханаға алып келдім. Шам жақтым. Біреуіне біреуі тақала қойылған алты төсек. Соның терезе жақ бұрыштағы біреуісі менікі. Осындағы басқа төсектерден ешқандай да айырмасы жоқ.
Тап кәзір қолым жаңа жеткелі тұрған жар сүюдің қуанышын ойлап, жүрегім атша тулап, есікті ішінен кілттеп, бекітіп жатырмын.
Шам сөндірілді...
42
Сөйтіп, бас-аяғы бір түннің ішінде семьялы адам болып, шыға келдім.
Көк өгіздің біраз ақшасы қалтада. Зағыш екеуміз оған көк базардағы дүкендерді аралап, екі кісілік темір кереует, жамылғы-төсеніш тәрізді біраз заттар сатып алдық. Өзіміздің ауданның жолшыбай бір машинасы кездесіп, ешқандай әуре-сарсаңсыз Тұйыққа жеттік.
Есіктің дәл алдында дыр ете қалған машина дауысын естіп, үйден шешем атып шықты. Соңында көрші әйелдер. Келген біз екенімізді көріп, шулап үйге қайта кіріп кетті. Дайындаған шашулары бар екен. Машинадан түсіп те үлгермеген Зағыштың төбесінен қант, кәмпит, құрт аралас нөсер тасырлап жауды да кетті.
Шофердан бастап, талапайлап теріп жеп жүр.
...Күз. қалаға кайтып келдім. Әлі бір курс оқуым бар. Зағипа өзіміздің ауылдағы мектепке бастауыш кластардың біріне мұғалім болып орналасқан.
Тек шешем ауырып қала береді.
Көктем. Лекция баяғыда тоқтаған. Мемлекеттік емтиханға бас алмай дайындалу үстіндеміз. Қаныша жеңгемнің қолымен телеграмма алдым: «Ұлды болуыңмен құттықтаймын!»
Ура! Мен әкемін! Әке қандай қуаныш!
Ұл тапқызған әкемін. Бұл енді мақтануға тұрарлық жай.
Жатақханада өзіммен бірге тұратын жолдастарым түйгіштеп жүр:
— Ұлыңды жуасың, — дейді.
Е, жумай ше!
Сыраханада гу-гу етіп, менің ұлымды жуып отырмыз,
— Бейшара, бойдақтар, ішіңдер менің арқамда.
Мұқан да осында.
— Сен дұрыс істедің. Былтыр үйленбегенде, Зағипа саған жоқ еді, — дейді. Өзінің басқа біреуге, көлденең көк аттыға бұйырған Маржаны есіне түсіп, бір сәтке тұнжырап, сұлық отырып қалады.
— Оу сәбиге ат қою керек емес пе?
— Атты, мүмкін, қойып та қойған шығар?
— Жоқ, қоймайды. Әкесінің еркінсіз балаға ат қойылмайды.
— Онда ат табыңдар. Мынау деген әйдік ат болсын. Адам аттары қарша борап жауып кетті: Бақыт, Серік, Қуаныш, Мұрат, Арман... Біреу тізіп жазып отыр.
— Тағы қандай?
— Дарын, Мақсат, Жігер...
Әркім дүниедегі ең соны, ең әсем атты айтпаққа тырысады. Сәбидің алдағы уақытта кім болып шығатыны оған бүгін қойылмақшы атқа тікелей байланысты тәрізді.
— Соны, соны ат болсын.
Соны ат оңайлықпен табыла ма? Сау да емес, кілең ішіп алған мас бастар. Mac кезде адам ойлап жарыта ма? Тіліне бірінші оралған атты айта салады:
— Есіл болсын.
— Есіл ол өзен аты.
— «Есіл ер» дейтін де сөз бар емес пе?
— Есіл ер деп, өлген адамға айтады
— Тәйт, жағың қарыссын!
Өңешті жырта-жырта, ақыры, «Қуаныш» деген атқа тоқтадық. Ата-анасының тұңғыш қуанышы, кәзіргі нақ көңіл күйі.
— Идея!
— Айт!
— Осы отырған бәріміз де бір кезде үйленеміз. Бәріміз де ерлі-зайыпты боламыз.
— Мына мен үйленбеймін!
— Үйленбесең, өзіңмен кет! Тыныш отыр, мына менде мынадай бір ұсыныс бар: Тұңғыш туған балаларымыздың атын қай-қайсымыз да Қуаныш деп қояйық! Өйткені...
— Ура! Мен қолдаймын!
Өйткені, Қуаныш деген ат ұлға да, қызға да бірдей жарасымды.
— Табылған ақыл!
— Мынау тарихта қалатын нәрсе!
— Әй, осы өзі тегін емес. Осының басы бас-ақ!
Бәріміз серт байласып, қол алыстық.
Арада екі-үш жылдай уақыт өтеді. Осы отырғандардың бәрі семьялы болады. Дүниеге тұңғыш балаларын әкеледі. Бәрінің аты Қуаныш. Қазақстанның түкпір-түкпірінде кілең Қуаныш атты балалар мен қыздар томпаңдап жүгіріп жүреді.
— Қане, сол үшін!
Кілең Қуаныштар үшін!
Осы отырған бәріміз де сертімізде тұру үшін!
Қызмет десе Зағипа өзін-өзі ұмытатын әдеті.
Тірі ойыншық тәрізді тырбаңдаған, шала туған Қуанышты ендігі бағып-қағушы өзі аурушаң шешем. Түнде ол бесікті төсегінің қасына алып жатады. Сәбидің қыңқ еткен дауысы естілсе, тұрып тербетеді. Асты су болса, жаялығын ауыстырады. Күн ара темір пешке от жарып, легенге су ысытып шомылдырады.
— Өс! Өс! — деп, аяғынан, қолынан салбыратып ұстап созғылайды.
Маған сол кезде сәбидің әлі бекімеген нәзік аяқ-қолы үзіліп кететіндей көрінеді. Ол шыр-шыр етіп жыласа, жаным ашып:
— Апа, ауырттыңыз ғой, ақырын, — деймін.
— Тәйт! Маған ақыл айтпай, аулақ кет. Өзің қалай өскеніңді білемісің?
Үйде апам барда мен Қуанышқа онша көп жоламаймын. Анадай жерде столда бас алмай, емтиханға дайындалумен болам. Апам оны-мұны жұмыспен үйден шығып кетсе-ақ, бесіктегі сәбиге жетіп барам.
— Қуаныш! Әй, Қуаныш.
Бет-әлпеті әлі қалыптасып болмаса да, сәбидің аумаған өзім екені селтиген танауынан, жұп-жұқа қызғылт еріндерінен, қас-қабақ бітімінен бірден танылғандай. Соған біртүрлі ішім жылып, қызықтап қуанып қараймын.
Мектеп көшенің ең шетінде, дөң үстінде. Соған қарай аяғымды жайлап басып, келе жатырмын. Ең соңғы балаларға дейін қасымнан өтіп кетті. Ал Зағипаның қарасы көрінбейді.
Жүре-жүре мектепке де жеттім. Ішке бала көтеріп кіруді ыңғайсыз санап, сол арада сыртта тағы бірталай тұрып қалдым. Жер жұтқандай Зағипа әлі жоқ.
Сәби безілдеп, тағы жылай бастады.
Мен оны жұбатпақ боп орауымен секіртіп аспанға атам. Сәби жұбанбайды одан бетер шыр-шыр етеді. Тәжірибесіз қолмен алқам-салқам орала салған көрпеше әлсін-әлсін орауы жазылып, сәбидің жалаңаш тәні көрініп те қалады. Мен маубас бұған мән бермеймін. Уыздай нәзік нәрестеге суық тиюі мүмкін-ау деп, ойлап та қоймаймын.
Бір кезде, әрең дегенде, мектептен Зағипа шықты. Мұнша неге кешіктің десем, директор шақырып, отырып қалдым дейді.
Мектептен шыға суық жел азынаған төбешіктің үстінде отырып, ол шыр-шыр еткен Қуанышты емізе бастады. Сәбиді мүлдем өлтіруге ол маған солай көмектесті.
Үйге келісімен шешем баланың бетін ашып, қарап жіберді де:
— Тұқымдарың құрып кеткірлер-ай! Сендер мына баланы құртыпсыңдар ғой! Қырқынан шықпаған нәрестені қылтанақтай етіп көшеге желге алып шыққан кімді көріп едіңдер? Балаға суық тигізіпсіңдер ғой — деп жылап жіберді.
Екі өкпесі сыр-сыр етіп, еті күйіп-жанып жатты да, Қуаныш сол түні ел жатар кезде қайтыс болды.
Ең соңғы рет ышқына демалып, ап-айқын сәби көздерін кең етіп ашып, маған жәудірей қарағанын айтсаңыз. «Әкем, қайтейін, хош бол. Дүниеге келмей жатып кетуіме себепкер өзің болдың» дегендей адамның іші-бауыры елжірегендей күнәсіз ауыр мұң, наразылық бар еді көз қарасында.
Сәбидің сол кейпі есімнен өмір-бақи кетпек емес.
43
Мемлекеттік емтиханның болғанынан боладысы қорқыныш.
Осыншалық жауапты үлкен сыннан бір де бір студент сүрінгенін мен өзім көрген жоқпын. Тіпті, аузың қайсы десе, мұрнын көрсетіп, қасақана сүрінгісі келсе де, сүріндірмейтін тәрізді. Комиссия мүшелерінің бірі қолынан, бірі қолтығынан демеп дегендей, асудан қалай да, асырып әкетеді. Олар тек осы үшін — ешкімді емтиханнан құлатпау үшін отырғандай.
Шынтуайтқа келгенде мемлекеттік емтиханның маңын көруге жарамайтын маубастар біздің курста бар болатын.
Ондайларға комиссия мүшелерінің айтар сөзі. мынадай секілді:
— Шырақ, мемлекет сені төрт жыл бойы тегіннен тегін оқытты. Қоғам үшін қажетті білімді маман етіп шығару жолында қыруар қаржы жұмсады. Енді кеп, маман болмаймын, надан болам, институтты бітіргім келмейді дейсің. Жоқ шырақ, оныңнан түк шықпайды. Маман болсаң да боласың, болмасаң да боласың. Институтты бітірсең де бітіресің. Бітірмесең де бітіресің. Бұл үшін мына отырған комиссия мүшелері тиісті орындардың алдында бастарымызбен жауап береміз.
Дәл осылай дейтін тәрізді.
Онысы рас-ау деп те қаласың.
Ал білімсіз нашар маман даярлағаны үшін оқу орны жауап беріпті дегенді мен өзім естіген жоқпын.
...Ең соңғы мемлекеттік емтиханды «беске» тапсырып, арқамдағы ауыр жүктен біржолата құтылып, шығып келе жатырмын. Есік алдында дәлізде әлі емтихан тапсыруға кірмеген топырлаған өзімнің студент жолдастарым.
— Қалай тапсырдың?
— Қандай сұрақтар келді?
Мен жауап беру орнына әлгілердің қоршауынан шеткерірек сытылып шықтым. Сосын шекемнен ежірейе қарап:
— Ей, байғұс, студенттер-ай, жаным ашиды. Сендер де маған ұқсап институт бітіретін күндерін болар ма екені — дедім.
— Жолдастарым еріксіз күлісіп жатыр.
* * *
Мемлекеттік емтихан басталмас бұрын бізді, институт бітіретіндерді кызметке бөлу болған. Аспирантурада оқуға қалу, астанада кызметке қалу, басқа қалалардағы жоғары оқу орындарына, техникумдарға мұғалім болып бару секілді болашағы бар, мәнді қызметтер яғни жіліктің майлы басы күні ілгері әркім-әркімше меншіктеліп, атап-атап қойылған. Ол«әркім-әркім» оқуды озат оқитындармен катар жоғарыда сүйеніші барлар, тоқпағы мықтылар. Ал менде тоқпақ та, сүйеніш те жоқ. Бірақ оқуды мен де озат оқимын. Төрт жылдың ішінде бір ғана пәнді «төртке» тапсырдым. Қалғанының бәрі «бес». Мемлекеттік төрт емтиханның бірін «төртке», қалғанын «беске» тапсырдым. Соған қарамастан маған жіліктің майлы басы түгіл жай басы да бұйыратын емес. Қызметке бөлетін комиссияның алдында тұрмын. Тым құрыса, Алматы облысына қалдыруды өтінем. Біріншіден, осында туып-өстім. Өз облысым. Екіншіден, әдебиетпен әуестенуші жас ақынмын. Өлеңдерім газет-журнал беттерінде басылып жүр. Балаларға арналған тұңғыш өлеңдер жинағымды жуырда баспа қабылдап алды. Астанадан ұзап кетсем, бұндағы өзім жаңа үйір бола бастаған әдеби қауымнан қол үзіп алам ғой деймін. Мұның бәрін комиссия мүшелеріне әрі мақтан етіп, әрі бүйректері мен жаққа бұру үшін айтам.
Сөйтсем, менің өзіме де, талантыма да пысқыратын жан көрінбейді. Комиссия председателі Оқу министрлігінен келген, қамбала балық тәрізді қарны қампиған тапал сары шал:
— Мылжыңдамай бол, аталған мектептердің біреуін таңда, — деп, әуелі зекіп, ұрса бастады.
Ол атап, ұсынып отырған мектептер Қазақстанның қайдағы-жайдағы қиыр түкпір -түкпірінде.
Шырт етіп, қырсығым ұстап:
Мен ол аталған мектептерге бармаймын, — дедім.
Сары шал қасындағы институт директорына бұрылып: Осындайлар институтқа қалай түсіп кетіп жүр? Қуу керек қой! Институт есігіне бір шақырым жерден қуу керек бұндайларды! — деді.
Болар іс болғасын мен де тартынбадым. Енді мені Камчаткаға айдаса да бәрі бір еді:
— Сіздер қызметке дұрыс бөліп отырған жоқсыздар — дедім.
Сары шал шат-шәлекей болды:
Сен бізді тексергің келе ме? — деп, столды быртық жұдырығымен қойып келіп қалды. — Қара! Қара мұны! Анкетасының түрі болса мынадай сатпақ — сатпақ... сөйте тұрып тағы өзі...жіберген мектепке барғысы келмейді. Олай болса, біз саған мүлдем жұмыс бермейміз! Ал онда қайтер екенсің? Иди куда хочешь. Жалуйся кому хочешь. Ишь ты!..
Ашуы алқымына тығылған сары шал сөзінің соңын айта да алмай қалды. Бүкіл мойны-басы, үш этаж боп қатпарланған бұғағы піскен шаян тәрізді қып-қызыл болып кетті.
Meн оның сөзін үнсіз тұрып тыңдадым Ішімде бомба жарылуға дайын еді. Бірақ жарылмады. Ғажап ұстамдылық көрсеттім. Бәрінен де сары шалдың менің баяғыда екі рет сотты болғанымды есіме салып жатуы етім түгіл, сүйегімнен өтетін тілдеп, жәбірлеу еді.
Осы бір жексұрын атақ сөзден менің құтылатын күнім бола ма, жоқ па?
ҮШІНШІ ДӘПТЕР
1
Тулағанмем ештеңе тындыра алмадым. Менің тағдырым Оқу министрлігінің қолында еді. Оларсыз барар тау, басар жерім жоқ және де өмірдің осынау кең жолына қадам аттап шығар кезде артыма бірқыдыру бықсыған шала байланарын сезгендіктен, ақыры, әлгі аталған мекемеге сүмірейіп, қайта қайтып келдім. Сырт тұлғасы камбалаға ұқсайтын нені иттен жек көріп үлгерген быртық сары шалдан — министрліктің кадрлар бөлімі бастығының алдынан қайта шығуға мәжбүр болдым.
Алысқа ұзай қоймайтынымды ол білген. Мойнымдағы бұғалықтың бір ұшы шеңгелінде ененің оны үзіп жөнелуге дәрменім жоқтығын ол білген.
Көнбіс болған мәстекше ерте ме, кеш пе ноқтаға басымды өзім әкеп тығатын кезімді күтіп отырған.
Кеспелтек семізше денесін орындықтың арқалығына мығымдай тіреп, мен жеңілген, ол жеңген тәкаппар пішінде мысқылмен сөйледі:
— Кел, қол, бунтарь жігіт. Қалай, ақылын, кірейін деді ме? Алыс облыстардың біpіне қызметке баратын болдың ба? Жоқ әлде...
Жуасып келіп тұрғанымды түрімнен байқаған ол сөзінің соңым айтпады.
— Бармасқа лажым жоқ.
— Өкімет сендерге қыруар қаржы жұмсап отырады. Білім береді. Ал сендер мемлекет алдындағы борыштарыңды ұмытасыңдар... — деп, сары шал жаттанды сөздерімен тағы біраз қажай түсті.
Екі иығым салбырап, тілімді тістеп, тұра бердім. Бір ауыз қарсы сөйлесем, өзіне қарсы қол көтерген қабаған итше өшіктіріп алам. Ол маған тап қазір зиян. Өйткені, алыс облыстардың да күн көруге қолайлы дұрыстау, бұрыстауы бар. Соның дұрыстау біреуіне жіберсе екен деп, тәуелдімін.
Бағамды онша түсіргім келмей, кергіген болдым да, келістім, ақыры. Ендігі дәм маған кең байтақ Қазақстанның оңтүстік батысынан, өзім бұрын болмаған, көрмеген Н. облысынан бұйыратын болды. Бұрын тек сырт естумен білетін бейтаныс өлке. Бейтаныс адамдар.
Министрлік әйеліме де осы арадан жолдама беріп жіберетін болды.
— Шет облыстарға сендер бармағанда, кім барады? Білім мен мәдениеттің ұрығын ауылдық жерде сендер сеппегенде, кім себеді? Алыс облыстарда осы күнге дейін әлі де бір жоғары дәрежелі білімді мұғалімі жоқ орта мектептер бар. Қалай ойлайсың, осы жарай ма?
Сары шалдың бұл айтып жатқандары, әрине, қисынсыз емес еді.
Поезд үсті. Плацкарт вагон. Оңтүстік қайдасың деп, Зағыш екеуміз жолға шыққан бетіміз.
Бір айдан аса Тұйықта, елде болдым. Ол менің үлкен еңбек жолына аттанар алдында демалып, күш жиғаным іспетті еді.
Шешем мен Қаныша жеңгем бізге ілеспеді. Жылы орындарын әзірше, суытпауды, Тұйықта қала тұруды лайық көрді. Қандай ел, қандай жер кез келерін кім біліпті. Әуелі өздерің барып көріңдер. Жайғасыңдар. Жағдайларың келісіп, сол араны түпкілікті жерсінгендей болсаңдар, біздің баруымыз қашпас деген сөзді айтты шешем.
Мекенсіз, елсіз біреулерше бір-екі бөстек көрпе-жастығын арқалап, бір дегеннен біздің соңымыздан ұбап-шұбағанды жөн көрмеді.
Бұнысы жөн еді.
Поездың жүрісі біртін-біртін үдей түсті. Алматы бұлдырап арпа қалып барады. Өзіміз пәлен жыл оқу оқып, білім алған, туған аулымыздай етене болған бауырмал қала бізбен қош айтысып, артта қалып барады.
Қызығы, шыжығы мол ұмытылмас студенттік өмір артта қалып барады.
Алда буалдыр басқа өмір, басқа тірлік. Ыстық-суығы барабар қастерлі ұстаздық қызмет.
Терезенің ар жағы дала. Етек-жеңі далиған, көз тоқтар бұлдыры жоқ. Қазақтың жайдақ кең даласы. Жер танабын қуырған жүрдек поезд даланың осы кеңдігін жеңе алмағанына ыза болғандай оқтын-оқтын құлақ тұндырып ақырады.
* * *
Төменде бізге қарама қарсы орында, түр-түсі бір көргеннен есте қаларлықтай, басы өгіздің басындай үлкен, көз қарасы ойлы да байсалды, ақ бас орыс шалы келе жатыр. Бүкіл бетін, мойнын, мұрнының танау-танауына дейін айғыздап әжім басқан. Қызарған екі көздің, алды салбыраған екі ісік дорбаша. Қысқасы, талайды көрген, от пен суды талай кешкен адамның сыңайы.
Манадан Зағипа екеумізге барлап көз тастаумен отырған ол бір кезде сәл ыңыранып, біздің назарымызды өзіне аударып алып, қоспасы жоқ тап-таза қазақ тілінде:
— Балалар, жолдарың болсын. Қайда кетіп барасыңдар? — деді.
Мен Алматыда оқу бітіргенімізді, өзіміз бұрын болмаған оңтүстікке, Қорған дейтін ауданға, мұғалімдік қызметке кетіп бара жатқанымызды айттым.
Шал тағы да ыңыранып қойып:
— Өз еріктеріңмен бара жатырсыңдар ма? Болмаса, зорлап жіберді ме?
Мен мырс еттім;
— Е, неге зорлайды? Өз еркімізбен.
— Жақсы. Қорғанға да жоғары білімді адамдар баратын болған. Бұл енді өте жақсы.
2
Міне, облыс орталығындамыз. Күн күйіп тұр. Жеміс-көктің бәрі дерлік піскен.
Вокзалдың алды-арты түгел базар. Он адам бас қосқан жер базар. Қазағы өзбек, өзбегі қазақ болып кеткен. Бастарындағы ала тақияға қарап, ажырату қиын.
Шеттен келген адамды сонадайдан таниды. Жақындай бастасаң:
— Әке, ал, алың — деп, шоңайнаша жабысады.
Жүгімізді сақтық камерасына қалдырдық та, қалаға келдік. .
Облыстық оқу бөлімінің кеңсесін тауып алдық. Қорғанға бармас бұрын әуелі осынан бұйрық алуымыз қажет.
Бізге керегі кадрлар бөлімі. Дәу де болса анау қаңылтырмен қапталған қара есік. Иә, қателеспеппін.
Мекеме атаулының бар құпиясы, сірә, осы кадрлар бөлімінде сақтала ма деймін. Өйткені мен көріп жүрген кадрлар бөлімінің бәрі дерлік темір есіктің ар жағында болады. Бөгде адамды онда кіргізбейді. Темір есікке қатарлас немесе темір есіктің дәл орта тұсында адам басы сыяр-сыймас үңірейген тесікшесі болады. Сол арқылы сөйлесіп, тіл қатысады.
Бұнда да солай. Есікті тартып көрсем, мызғымайды. Сөйткенше болмады, есіктің орта тұсындағы төрт бұрышты тесікше әрмен қарай ойылып, ашылып кетті. Түр-түсі егде тартқан сары әйел отыр.
— Сізге не керек?
Ерлі-зайыпты екеуміз осы облысқа мұғалім болуға келген адамдар екенімізді айттым.
— Жолдамаларыңыз бар ма?
— Бар.
Тоқымдай екі жолдама тесіктен ары сүңгіді. Тесік сарт етіп, қайта жабылды. Күтудеміз. Шын жолдама ма, өтірік жолдама ма анализ алып, зерттеп жатқан тәрізді.
Тесік кайта ашылғанда, кадрлар есебінің терліктей екі листогі менің мұрнымның астында тұрды.
Мынаны толтырасыздар. Өмірбаян жазып, қосып, алып келесіздер. Таныс әуен.. Таныс сөз. Зағипа да, мен де бұған шеберміз. Сол арада отыра қалдық та, жаздық. Толтырдық.
Қағаздарды қайырып берін жатып, даусымды барынша биязылап:
— Біз сізден өтінеміз: мүмкін болса, сіз бізді қаладағы немесе қала маңындағы мектептердің біріне қалдырсаңыз екен, — дедім.
Сары әйел қарсылық айтуға болмайтын, кесіп-пішкен үнмен бірақ қайырды:
— Министрлік қайда жіберсе, сонда барасыздар.
Міне поезд келер уақыт тақады. Касса жабық. Жұрт енді мазасыздана бастады. Кассаның терезесін тоқпақтап ұру көбейді.
Касса ашылды. Ар жақтан: — Билет сатылмайды. Поезда орын жоқ деп хабарлады.
Мәссаған!
Жұрт у-шу, опыр-топыр болды. Күйініп, ұрсып, боқтап жатыр.
— Бұлар ылғи да өстеді.
— Адам емес...
— Әдейі өстеді!
— Жулики!
Манадан кассаның тесігін баққан халық ұбап-шұбап, буыншақ-түйіншектерін арқалап, сыртқа перронға қарай лап қойды. Біз де ілестік.
Ысылдап-пысылдап, салмағымен темір жолды майыстырып, Алматы жақтан поезд, келіп тоқтады. Жұрт вагон-вагонға ұмтылысты. Проводник билет сұрайды. Билет жоқ.
Байқасақ билеті жоқтар қайтып кетпей, вагон-вагонға тырмысып мініп жатыр. Проводникпен күбірнесіп сөйлеседі. Көз қысып, иек қағысады да, лып етіп, мініп алады.
Мен-дағы тез түсіндім. Жас жігіт проводниктің құлағына қайда баратынымызды айтып, сыбыр еттім. Ол маған сыбырлап, төлейтін ақшамыздың санын айтты.
Сонымен шаруа бітті.
Ішке кірген соң қарасақ вагонда бос орын көп.
Он екі-он үш жасар қыз ерткен қазақ кемпір кіріп келе жатыр. Иығына артып алған қоржыны бар. Басында кимешек, терлеп-тепшіп кеткен.
Әлгінде кассаның алдында өшіретте ол да тұрған.
Кемпір менің тұра қарсыма келіп отырды. Вагонда бос орынның көп екенін көріп, күйіп-пісіп жатыр:
— Қараң қалғыр неме, орын жоқ дейді. Енді қара, мынау-мынау орындар түгел бос. Одан да билет сатса, несі кетеді?
Кемпір басы-көзінің терін сүртіп, ентігіп басыңқыраған кезде:
— Шеше, билетсіз қалай міндіңіз? — дедім.
Пысық қу кемпір екен:
— Өзің қалай міндің?
— Біз прводникке көрінбей, зып етіп, кірдік те кеттік.
— Зып еткізіп кіргізер ол сені!
— Ал сіз қалай міндіңіз?
— Қалай мінуші ем. Ақша бердім.
— Қанша ақша бердіңіз?
— Әй, балам. Тексеруші құсамай жөніне отыр.
Поезд қозғалды. Жол жүрмек болғандардан перрон жым-жылас тазарды. Қалып қойған бір жан жоқ. Сатылған бір билет жоқ.
Ермек болсын дедім де, кемпірмен сөзді қайта жалғастырдым. Сыпайылап жөн сұрастым. Біз түсетін Шұбардан ол түседі екен. Осы өлкенің байырғы тұрғылықты адамы. Қаладағы ұзатқан қызына барып келе жатыр.
Кішкене шошақ иегімен Зағипаны нұсқап:
— Мына бала кім, зайыбын, ба? — деді.
Мен әзілмен жауап бердім:
— Есебі, солай десе де болады.
— Екеуің де барып, мұғалім болмақсыңдар?
Мұғалім етпей, директор етіп қойса да қарсылық жоқ.
Кемпір онша ұнатпаған түрмен:
— Әйтеуір, оқу бітіргеннің бәрі осы жаққа келеді, — деді.
— Еліңізге оқыған, білімді адамдар келуінен сіздерге не зиян бар?
— Е, зиян болмай. Өзіміздің балалар қызметке тұрайын десе, тұра алмайды.
Кемпірдің қызық кемпір екенін байқаған соң, Үлкен кісі, айтыңызшы. Осы жақта әлі. күнге қызына қалың мал шаруашылық бар дейді. Мүмкін, сіз де алған боларсыз. Осы рас па? — дедім.
— Е, алмай. Пәлен жыл асырап, азаптанып өсірген баласын кім бекер бере салмақ!
Еліңізде әлі күнге көн әйел алушылық бар дейді?
— Бұл енді өтірік. Көп әйелді неменесіне алады? Бұрынғыдай мал береді дейтін, мал жоқ. Көп алғанда екі-ақ әйел.
Кемпірдің мына сөзіне Зағипа да, мен де күліп жібердік. Жас қыз жымиып, ол да күлді. Бейқам отырған сөз иесінің өзі ғана.
Әй бірталайды көрген пәле кемпір боларсың-ау!
— Әлі күнге қыз алып қашу бар дейді еліңізде. Сол рас па?
— Қыз алып қашу деймісің? Ол енді бар. Балам, байқа. Әйелің тым жас көрінеді. Біреу-міреу қыз екен деп ойлап, алып қашып кетіп жүрмесін. Сақ бол. Қасыңнан екі елі шығарма.
Тауып айтылған әзілге біз тағы да жамырай күлдік.
3
Шұбарға түнде келіп түстік. Бізді қарсы алған ешкім жоқ. Біз танитын мұнда бір жан жоқ. Күндізгі қапырық ыстық қайтқан. Оңтүстіктің желең жүруге болатын жып-жылы қоңыр кеші.
Поезд сәл кідірді де, ал енді қош болыңдар дегенде өңешін жыра бір айқайлап, кетіп қалды.
Вокзалдың күту залына кірдік. Адам аз. Пәлендей қауіп-қатер төнетін орын емес. Сонда да болса сақпын-ақ. Осындай жол жүрген кезде бір шоқып, екі қарау қажеттігін Зағипаға да қайталап айта берем. Өйткені, аузы күйген үріп ішеді деп, аузым талай жидіген. Ауылда аңқау өскендіктің салдарынан жылмақай ұры-қарыға талай рет оңайдан олжа болғаным бар. Бірде қалтамдағы ақша салған салдарынан, енді бірде дорба толы кепкен нанымнан тағы бірде (түрмеде) аштықтан өліп-талып, әзер қолым жеткенде паек нанымнан айрылып, жігерім құм боп, зарлап қалып сормаңдай өзге емес, мен екенімді оқушы, сірә, ұмыта қоймаған да болар.
Менде әкесінің өші бардай ұрысқан, маған талай рет ауыз салған. Бүкіл өміріме ұмытылмастай мықты сабақтар берген.
Біріміз чемодан мен буманы бауырымызға басып жатып, көз шырымын алғанда, енді біріміз қарауыл қараймыз. Вокзал басындағы түнді осылай өткердік.
Күн шығысымен ауа тағы ыси бастады, Вокзалдың маңайындағы тас төселген жерден былайғының бәрі толарсақтан шаң. Қурай, шөп бұталардың бәріне сүмеленіп шаң қонған. Тиіп кетсең бұрқ ете қалады. Біздің Жетісу өлкесінің шаңы бозғылт-қоңыр болады ғой. Бұл араның шаңы үй ақтайтын әк тәрізді аппақ. Киімге жұқса, оңайлықпен кетпейді. Майлы бояу тәрізденіп жабысып ,сіңіп қалады.
Зағипаға тағы да дүние-жиһазды күзеттіріп қойып, Қорғанға қарай жүретін машина іздеуге кірістім.
Қудай оңдады. Қорғанның тура өзіне баратын жүк машинасы кезікті. Бірақ кабинада орын жоқ. Ал кузовына кілең арбиған шөп машина, шөп тырмалар тиелген.
Мейлі. Қайсы бір сәніміз келісіп жатқан жандармыз. Әйтеуір жетсек болды да. Арбиған қалың кек темірдің арасына жайғасып, отырып алдық.
Даланың жабайы жолымен зымырап келеді машина. Шан көкесі осында. Керуенше шұбалған қою бұйра шаң машинаны өкшелеп қуып келеді. Машина жеткізбеуге тырысып, безіп қашып келеді.
Алдан оқта-текте арық-арна кездеседі. Машина амалсыздан кілт бөгеледі. Өкшелеп қуып келе жатқан қою шақ сол кезде әп бәлем дегендей, үстімізден басып қалады.
Қорғанға кешке қарай жеттік. Аман-сау машинадан түсіп жатырмыз. Ерлі-зайыпты екеуміз бірімізге біріміз қарап, ыржиямыз. Мені қайдам, Зағипаның тұла бойынан жылтыраған көзі мен аппақ тістерінен өзге ештеңе көрінбейді.
Қонақ үй бар екенін біліп, қуанып қалдық. Осындағы кеп үйлердің біріндей соқпа там үй. Төңірегі көң-қоқыр. Бізге түнеп шықсақ болды емес пе?
Жалпақ жуан бөксе қара әйел жүк артқан өгізше пышылдап еден жуып жатыр. Бастық та, үй сыпырушы да бір езі көрінеді.
— Орын бар ма?
— Неше адам?
— Ерлі-зайыптымыз.
Еден жуған шүберегінің суын сорғалатып, сәл-пәл ойланып тұрды да:
— Мына төр бөлме қатындардікі. Әзірше, соған орналасыңыздар. Ал тағы да әйел қонақ кеп қалса сіз босатып, ауыз үйге шығасыз, — деді.
— Әйелдердің арасында жата берсем де болмай ма?
— Жатқызса, жата бер.
— Басқалар жатқызбағанмен өз әйелім жатқызар.
Сөйтін, тер бөлмеге жайғастық. Төрт төсек. Ауыз бөлмеде де төрт төсек. Бұнда да біреулер бар секілді. Бір-екі төсектің үстінде шашылып жатқан киімдер, заттар.
Үстіміздің шаңын қағып, жуынып-шайынып, асханадан тамақтанып келгенімізше, ел орынға отыратын кез болды. Енді жатып, тынығуға құштармыз. Машина мықтап соққан — діңкелеп қаппыз.
Ауыз үйдегілер де оралыпты. Мосқал тартқан екі еркек. Ауыл адамдары. Екеуі де масаң. Үйдің ішін кек түтінге толтырып, таяқтай өтіп қолдан ораған шылымдарын бұрқ-бұрқ торып, кереуеттерінің үстінде отыр.
Амандасып едім, жауап қайыру орнына алая қарасты.
Төр үйге өтіп, есікті қымтап жауып алдық. Мен шылым шекпеймін. Шылымды тастағаныма жарты жыл. Мемлекеттік емтиханға дайындалу кезінде шылым шексем, басым айналып, көзім қарауытып, жөтелетін болдым. Сосын, пәлендей қиналмай-ақ тастап кеттім.
Содан бері шылымды да, шылым шегушілерді де иттей жек көремін.
Егер тер үй оңаша болмай, маған орынды ауыз үйден, мына екі темекішінің қасынан бергенде, сорлайды екем.
Шылымның иісі мен түтіні тер үйге де еніп алған.
Терезелерді ашып, үй ішінің ауасын тазартып алмақ болдым.
Сөйтсем, бөлмедегі екі терезенің екеуі де тарс бітеу. Ашылмақ түгіл, желдеткіші де жоқ. Мен шошып кеттім. Мынадай ыстықта қапырық бітеу үйде қалай ұйықтап, қалай демалуға болады?
— Құдайдың нағыз азабы емес пе!
Ұйықтамақ түгіл, отырып та шыдамаймын. Жаздыгүні терезені ашып қойып ұйықтауға әдет алғам.
Және екі терезенің екеуі де бір емес, екі қабаттан. Сірә, қысқа бейімделіп орнатылған да, мызғымаған.
Бөлмедегі ауа енді маған өмірі тазармаған, үйдің бүкіл қабырға-төбелеріне әбден сіңіп алған қоңырсық болып сезіле бастады.
Сыртқа шықтым. Жиналып, үйіне кетпек болып жатқан жалпақ қара әйелді тауып алдым.
— Оу, жеңеше, терезелерде желдеткіш жоқ қой? Бұл қалай?
— Әуелде солай жасалыпты ғой. Сосын, бұл араның желі қатты болады. Үйге шаң толып кетеді. Ыстық болса, есіктерді ашып қойыңдар.
Ақылыңнан айналып кетейіннің әңгімесінің түсі осы.
Ауыз үйдегі мас көршілермен тіл табысып, екі есіктің екеуін де біраз aшқан болдық. Бөлмеге жанға жайлы таза ауа еніп, рақаттанып қалдық.
Қонақ күнде ауысқанмен төсек-орын күнде ауыспайтын секілді. Бір кездегі ақ жаймалар енді қоңыр жаймаға айналған. Көрпешенің сыртынан шешінбестен құлай-құлай кеттік.
Жастығы жастық емес. Ішіне құс жүнімнің орнына ұмар-жұмар жабағы тыққан бір пәле. Шекеге тасша батады. Жаймадан тегістеуге көнбейді.
Теңді шештік те, өзіміздің жастықтарды алып жастандық.
Ауыз үйдегі екеу бастары жастыққа тиер-тиместен қорылға басты. Бірі мен бірі жарысып кеп қорылдасады. Ұйықтағанда қорылға басатын талай сығайды көріп едім. Өзім де одан құралақан емеспін. Ал дәл мына екеуіндей қорылдағыштарды көрсем, көзім шықсын.
Біреуінен біреуі асып түспесе арам өлердей. Әсіресе, мынау, біздің есікке жақын босағада жатқандікі тым ерекше. Ән айтқандай әуелі жіңішкелеп, сызылтып бастайды да, сосын, біртін-біртін өрлей келіп, нағыз шыңғыруға айналады. Шыңғыру ұшар биігіне жеткен кезде, кенет, біреу өңешін орып жібергендей тыныс та, үн де күрт үзіледі. Тым-тырыс болады.
Уһ, біткен шығар деп, қуанасың.
Жоқ, бітпеген. Алдамшы тоқырау. Бауыздалған қойдай кеңсірік теуіп шығатын нағыз жуан қорылдаулар міне осыдан кейін басталады.
Екеуі қосылып, дуэт боп шыққан кезде, қонақ үйдің қабырғалары дірілдегендей болады.
Қапырық пен қорыл қабат қысқан үйде ұйықтау еш мүмкін емес.
Зағипа да дөңбекшіп, ұйықтай алмай жатыр. Оқта-текте күрсініп:
— Ту, үйдің іші ысып кетті-ау, — деп, қойды.
4
Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Әміров жастау жігіт екен. Сөзі де, мінезі де ұшқалақтау керінді маған. Астынан су шыққандай ұшып-қонып отыр. Сабалақ елтіріге ұқсайтын бұйра шашын әлсін-әлсін саусағымен тарағыштап, көзін жыпылық-жыпылық еткізіп қояды. Бір сөз айта бастасаң соңына дейін тыңдамай, өз сөзін өзі қызықтап, лағып кетеді.
Біз кызметке Әміров айтқан Көкөзекке баратын болдық.
Ауданның қай түкпіріне қуаласа да бізге енді бәрі бір еді.
Жолшыбай кездескен жүк машинасына отырып, тағы да шаңға иленіп жеттік.
Поселке жазық жерге орналасқан. Көше-көшеде селтиіп ескен ағаш та шамалы. Бұнда да шаң. Мектеп үйі кіре беріс шетте екен. Дәл есігінің алдына кеп, машинадан түсіп қалдық.
Мектепке жүгімізді арқалап кірдік. Екі-үш әйел қарқ-қарқ күлісіп, үй ақтап жатыр.
Мектеп директорын кабинетінен таптық. Орта бойлы, шашы мықтап сұйылған, шақша бас тарамыс қара сұр кісі жылан көзіндей кішкене суық көздерімен үңіле қарап қарсы алды.
Отыр да демеді.
— Әлібеков жолдас сіз боласыз ба?
— Иә, мен.
Meн жөнімді айттым.
Аудандық оқу бөлімі бұйрығының көшірмесін Әлібеков басып тұқырып алып, ұзақ қадалып оқиды. Сосын маған қарап:
— Шырақ қай рудан боласың?
Мен дәл мұндай сұрақ күтпеген едім. Қазақтың салған жерден ру сұрасып жатуын жаратпаймын. Сәл бөгелдім де, айта бастадым:
— Ұлы жүз боламыз. Ұлы жүз ішінде Албан...
Бетінде ешқандай сезім белгісі білінбей, сөзін тәптіштеп сөйлеп:
— Шырақ, Албанға да, басқаға да бұл мектепте орын жоқ. Келген іздеріңмен қайта берулеріңе болады.
Мен өз құлағыма өзім сенбегендеймін. Мелшиіп отырдым да қалдым. Қалжыңы ма, жоқ шыны ма?
Қалжыңдайтын түрі байқалмайды. Бұйрықтың шетіне жуан қызыл қарындашпен «отказать» деп жазып, шимайлап қол қойып жатыр.
Зағипа таңырқаулы жүзбен маған қарайды. Мен оған қараймын.
— Оу, ақсақал, бұл қалай? Орын болмаса, районо бізді неге жібереді?
— Оны сол жіберген адамның өзінен сұра.
— Қызық екен, — деді Зағипа.
Әлібеков столының тартпаларын бекітті де, орнынан тұрды:
— Ал, шырақ шығыңдар, есік жабам.
Жүгімізді арқалап, сыртқа есік алдына шығудан басқа бізде лаж қалмады. Сендермен мәңгі-бақи сөз бітті деген түр көрсетіп, Әлібеков үйді айналып, кетіп қалды.
— Мынау бір қызық адам ғой! — дейді Зағипа өңіндегі таңырқау әлі де басылмай.
— Қызықтың көкесі енді басталар.
— О, сұмдық! Мектеп директоры бола тұрып, әлгіндей сөз айтады.
— Жершіл талай қазақты көріп едім. Дәл мынадай сорақы жершілдікті көрсем, көзім шықсын.
— Ал енді не істейміз?
— Не істеуші ек. Қайтамыз ауданға. Барып, тиісті орындарға айтамыз.
Ойымыз түгіл, түсімізге кірмеген әуре-сарсаң басталды.
Поселкенің шетінде тұрып, енді Қорғанға қарай жүретін машина тосудамыз. Керегінде көлік табыла қоя ма.
Көкөзекке жетсек, өз үй — елең төсегімізге жеткендей бәрі болар деп, ойлап едік. Бар жағдайды жасайды деген Әлібековы былай қарсы алды. Елсіз-күнсіз айдалаға келгендейміз.
Бір де бірі есігінен қаратпайтын жат қабақ жау елге келгендейміз.
Бұл арадан тез кетуге асықпыз.
* * *
Қарын аша бастады. Асхана бар ма десек, жоқ дейді
— Дүкен бар ма?
— Бар.
Қыстақтың орта тұсындағы дүкенге келдім. Сатушы өң-түсі түзу жас келіншек.
— Тамақтан өтетіндей неңіз бар?
— Арақ бар.
— Арақтан басқа?
— Тұздаған балық бар.
— Және?
— Басқа ештеңе жоқ.
— Мынадай ыстық күнде арақ ішкен адам өлмей ме?
— Олай болған күнде біздің ауылдың адамдарынан адам қалмас еді.
— Нан сатылмай ма?
— Жоқ.
Бөшкедегі тұздалған балықты көріп, жүрегім дір ете қалды. Бітіспес ата жауымды көргендеймін. Аштан өліп бара жатсам, аузыма салмай кетермін.
Оған сойылдай мықты себеп бар.
Ана жылы, ФЗО-дан қашамын деп ұсталғанда, Сибирьде бізді аудандық КПЗ-дан Баянауылға поезбен жөнелткен болатын. Қамалғандарды таситын қапас вагон. Тәуліктен артық жол жүреміз. Жолда ыстық астың орнына сонда бізге тұздаған балық берген болатын. Аш адам неге қарайды. Тұз-мұзымен қарпып, сүйегіне дейін қалдырмастан, жеп алғанбыз.
Біраздан соң тіліміз аузымызға сыймай, қаталап-шөлдей бастайық. Вагонның тең жарымы әйел де, тең жарымы еркек. Адам көп. Күзеттен шу-шу етіп, су сұраймыз.
— Су!
— Су!
Су бермейді.
Аштықтан шөл жаман екенін мен сонда білдім. Аш болсаң ұйқылы-ояу маужырап, жата бересің, Ал шел қысқан адам жатпақ түгіл, өзін қоярға жер таппайды екен. «Су!» «Су!» Кәдімгі қара судан басқа арман жоқ.
Бір шелек суды сарқып бір-ақ сіміруден езге арман жоқ.
Жол шетінде жарқыраған өзендер, көлдер қалып барады. Шіркін-ай, ішер ме еді деп, тамсанасың.
Тұздаған балық маған езін солай танытқан.
5
Кеш боп қалды. Машина тосын әлі тұрмыз. Машина түгіл, аудан жаққа қарай тырс етіп қозғалған арба жоқ.
Шұбап, сырт-сырт еткен тұяқтарымен жолдың шаңын аспанға көтеріп, өрістен сиырлар кайтып келеді. Әлібековше олар да бізге жатсынған суық көзбен қарайтын тәрізді. Қайбірінің, тіпті, сүзгісі келетіндей.
Күн батып, қас қарайды. Машина тосып әлі тұрмыз.
Жүксіз болсақ екі етекті түріп алып, жаяу тартып жөнелуден де тайынбас едік. Жиырма бес шақырым сыбай-салтаң адамға бұйым ба, тәйірі. Бұдан әлсіз, бұдан өлермен кезімде Алматыдан Қарасазға, үш жүз елу шақырымға, сіңірімді сүйретіп, жаяу жеткен мен емес пе едім.
Мына екі аяқ не кермеген? Бәрін керген.
Жаным шындап қысылғанда, ақыл тапқыш болып алғам.
Біз тұрған әлгі арада, поселкенің шетінде, кешкі салқында жайылуға шыққан бір қора есек керінді. Апыр-ау, бұдан артық көлік бола ма?
Біздің Тұйықта есегі бар адамдар болатын. Бала кезде қызықтап есекке талай мінетінбіз. Атқа бергісіз керемет жүрдек есектер болады. Тайпалған жорға есектер де кездеседі.
Жалпы есек атаулының қандайының да жүрісі майда. Сауырына шолжия мініп алып, жұқа шаптан өкшеңмен тебініп қойып отырсаң есек ол митің-митің жорға жүрістен танбайды. Атқа ұқсап оңайлықпен болдырмайды да. Жер түбіне алып барады.
Көлік атаулының ішінде ең жуасы да, көнбісі де есек.
— Зағипа, машина күтудің енді бізге қажеті жоқ. Мына қалың есектің ішінен екі жүрдегін таңдап мініп, Қорғанға сонымен кетейік. Түнде бізді кім көріп, кім біліп жатыр? Таң атпай, ел ұйқыдан оянбай, жетіп барамыз.
Мені қалжың айтып түр ден ойлап. Зағыш күледі.
Қалжың емес екенін ұғындырдым. Жайылып жүрген есектің біреуін ұстап алып келдім. Тайдай көк есек.
— Қаке, мініп көрші.
Зағыш әуелі жүрексініңкіреп, тамға шықты, Сосын сол арадан көк есектің үстіне бірден қарғыды.
— Артқарақ отыр!
Зағыш тыңдамады. Есектің бел аркасындағы кішкене қара қотыр жауырдың тура үстіне қонжиды. Жауырын ауырсынған көк есек, кенет, біреу бүйіріне біз сұғып алғандай шошып, ыршып келіп кетті.
Мен есектің мойнынан бостау ұстап, қамсыз тұр едім. Қапелімде айрылып қалдым.
Екі аяғын көкке сермеп мөңкіп барады көк есек.
Әне, Зағыш есектен ауып, құлап барады. Еңді бір сәтте бақ етіп бір шыңғырды да, бұрқылдақ майда шаңның ортасына топ ете қалды.
Көкесек өз жөніне тартып отырды.
Шіркін-ай, күлерге жан жоқ. Адамның шек-сілесі қататын тегін комедия.
Мен күліп жүрсем, Зағыш бырқ-бырқ ашуланып жүр. Көк есекті мен әдейі мөңкіткендей көреді.
— Есегің де, өзін де құрып қал. Мінбеймін! — дейді.
— Қой, ашуланба. Бәрі өзіңнен болды. Мен саған артқарақ мін дедім ғой. Ылғи жүк артатын болғандықтан есек атаулының қай-қайсысының да арқасында қотыр, жауыры болады. Сондықтан есекке жайдақ мінген кезде артқарақ сауырына міну керек.
Зағыштың шаңға былғанған үсті-басын екеулеп қағып жүрміз.
* * *
Айлы түн. Көкөзек пен Қорғанның екі ортасындағы жазық дала. Екі есек, екі адам — бір шоғыр қара болып, аудан қайдасың деп, тартып келеміз.
Ен алда үстіне қара чемодан мен тең артылған қара есек. Оның соңында манағы тулағыш үлкен көк есекке екі аяғымды көсіп салып, қонжия мінген мен. Менің соңымда Зағыш. Жаяу.
Есекке мінбек түгіл, енді оның қарағысы да келмейді.
Айдалада ұзақ жолда тым-тырыс келе жатып, мен өзімнен өзім күліп келіп жіберем. Әлгіндегі тегін комедия көз алдыма елестеп кетеді: екі аяғын көкке сермеп, тулаған көк есек. Орамалы желпең-желпең езі қоқаң-қоқаң еткен Зағыш...
Зағыш ашуланады:
— Жының қысып келе ме? Неменеге күлесің?
— Сенен атты әскер шықпайды екен.
Біраз бұртиып үнсіз келе жатады да, Зағыш өзі де күледі:
— Қайдан білейін. Мөңкіп алды да жөнелді, лағнет келгір!
— Апа қара есектің жауыры жоқ, туламайды. Мініп ал.
— Мінбеймін.
— Шаршап, өлесің ғой.
— Өлсем, өлермін. Бұл қорлықты көргеннен де өлген артық.
Таң бозарып ата бастағанда, алдымыздан аудан қарасы көрінді.
6
Әміров. Оу, кеткендеріңнен келгендерін тез болды ғой. Бұл қалай?
Meн. Бардық Көкөзегіңізге. Әлібеков дейтін директорыңызды көрдік. Miнe былай деп, бұрыштама соқты. Сосын қайттық.
Әміров. Өй, жынды ма? Бұнысы несі.
Зағипа. Машина тоссақ, машина жоқ. Түнделетіп жаяу келеміз деп, өліп қала жаздадық.
Әміров. Қап, киын болған екен. Әлібеков ол сондай... Кейде қырсығып қалатыны бар.
Мен. Шырақ, қай рудан боласың деп, әуелі менің руымды сұрап алды. Сосын айтқаны: Албанға да, басқаға да біздің ауылда орын жоқ.
Зағипа. Мектеп директоры, коммунист бұндай сөзді қалай аузы барып айтады?
Әміров. Осында бөтен ешкім жоқ қой. Мен сіздерге шындықты айтайын. Жершілдік дейтін мұнда сұмдық. Сіздер әлі одан да сорақы сөздер естисіздер. Қап, қайтсем екен? Мектепте телефон да жоқ сөйлесетін. Әлібеков ол сондай, бір қисайса, оңайлықпен түзелмейді.
3ағипа. Құрысын. Біз енді Көкезекке бармаймыз. Жіберетін болсаңыз, басқа мектепке жіберіңіз.
Әміров. Басқа қайда жіберем? Бұндағы орта мектеп толық орын жоқ. Абайға жіберер ем, онда сізге нагрузка табылғанмен мына кісіге табылмайды. Бастауыш кластардың бәрінде де мұғалім толық.
Мен. Олай болса, бізге мұғалім кадрлары қажет емес деңіз де, жолдамамызға солай деп жазып, бізді Алматыға қайта қайтарыңыз. Далада қаңғырып қалмаспыз. Бізге де бірдеңе табылар.
Әміров (шошып). Жоқ, неге! Қайтпайсыздар. Неге қайтасыздар. Аупартком, ауатком бар, шешеміз. Әлібеков солардан үлкен ғой деймісің.
* * *
Аупарткомның үгіт және насихат бөлімі. Қос тумбалы үлкен стол. Стол иесі қара костюм киген, қара галстук таққан, шашын қисайтып, жылтыратып тараған кертпек мұрын жалпақ сары жігіт. Мынадай ыстық күнде мен ол құсап киінсем, пысынап терлеп өлем. Галстукті жаз түгіл қысқы суықта тақсам, қылғынып жүре алмаймын.
Ал жалақ сары былқ етпейді. Жас шамасы езінен кіші бола тұра Әміров оны Түке дей отырып, біздің жайымызды айтты.
— Ешекең деген кісіні, Түке, өзіңіз білесіз ғой. Бір қырсықса, қырсығып қалады. Бұл шаруаны енді өздеріңіз реттемесеңіздер болмас, — деді.
Жалақ сары тек тыңдай түсіп, ыңыранады. Ыңырануында не мағына жатқанын аңғару қиын. Қатар отырған Зағипа екеуміздің бас-аяғымызды шолып қарай береді. Әміровті әбден тыңдап болып:
— Көкөзекте орын бар ғой бұл адамдарға? — деді ол.
Әміров аузын желге толтыра сөйлеп:
— Бар-а-ар, — деді, — биыл тағы оныншы ашылғалы отыр. Нагрузка жетеді.
— Ммм... Ешекең езі де әдебиетші емес пе? Бұл кісі де сол пәннен көрінеді. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймас деп, қырсығып жатқаны да содан шығар.
Бұл сөздерді айтқан кезде жалақ сары мұрнын шұқылай отырып, танауының ішінен тары дәнінен гөрі үлкендеу бір түйір бірдеңе тауып алып шықты. Сосын оны көз алдына әкеп, шегірлеу көздерімен тесірейе қадалып қарады. Сірә, бағалы зат болмауға керек. Иығынан асырып, арт жаққа қарай шертіп жібереді. Оның бар қимылын бақылаумен отырған Әміров:
— Сөйтіп, Түке, не істейміз?
Жалақ сары бізге қарап:
— Сәл сыртқа шыға тұрыңыздар. Біз мұнда өзіміз ақылдасайық.
Бөлім бастығының мына мінезін ұнатпағанымды түр-түсіммен білдіріп, Зағипаны алдыма салып, сыртқа шықтым.
Осылайша тым сыпайы сөзімен сені қуып шығып, мұрнының дәл астына тарс жабылып қалатын есіктер болады. Соның ар жағында сен туралы сөз қозғап, мәселе шешеді. Өмірде жаным сүймейтіннің бірі осы.
Кешікпей Әміров те шықты:
— Былай болды. Әлібековті телефонограмма беріп, шақыртатын болдық. Сосын, осында көзбе-көз отырып шешеміз. деді
Ал енді қайда барасыздар, — деді Әміров.
Зағипа екеуміз қайда баратынымызды өзіміз де білмеген түрмен бірімізге біріміз жаутаңдасып қарап қалдық.
— Жүріңіздер.Біздің үйден шай ішейік. Кешке қарай Әлібеков те келер. Оған дейін біздің үйде боларсыздар.
Әміровтың үйі аудандық оқу бөлімі кеңсесімен қанаттас , жақын екен. Аула ортақ.Әлгінде нәрселеріміз осында қалған.Соларды алдық та, Әміровтың соңынан ілестік.
Есік алдында бір жамбасынан қиралаңдап Ақсап басқан, кимешек киген сұр кемпір ұшырасты. Кісі көрмегендей Зағипа екеумізге бажырая қарайды.
— Артынып — тартынып, жүк арқалаған бұл қай балалар?
— Алматыдан мұғалім болуға келген балалар, — деп Әмірбеков біздің жөнімізді айтты.
Сұр кемпір одан бетер елең етіп, бүкірейген белін одан бетер жазып алды.
— Е, соншалық жер түбінен келетін, немене өз ауылы қызмет бермей қойып па?
Кемпірдің адуын сөзі маған оқыста басыма таяқпен бір салғандай әсер берді.
Жөппелдемеде не деп жауап қайтарарымды білмей, білмей қалдым. Соны сезген Әміров:
— Сіз де айта береді екенсіз? Өкімет жіберген соң келеді де — деп жұмсартқан болып.
Сұр кемпір Әміровтың шешесі екен. Тынымсыз да тиюсыз. Жан-жағындағыларға бұйырмай дауыс көтермей бір сәтте тыныш отыра алмады.
Келін-баласын бір шыбық бір шыбықпен өргізіп, жусататын түрі бар. Шай үстінде ол бізді сұраққа ала бастады. Қай ру боласыздар? Елде жақын туыстардан кімдерің бар? Не істейді олар? Қанша малдарың бар?...
Кемпірдің әлгіндегі түйеден түсті жүрегі жүрегіме тас болып қадалып қалған. Әңгімелескенмен жек көріп отырмын. Ішім жылымайды.
Біздің Көкөзекке сандалып, егжей-тегжей барып қайтуымызды естіген ол еңсесін көтеріп алып, сұқ қолын менің алдыма жебеп сөйледі.!
— Әй,балам! Сендердің ол мектепке қалмағандарың жақсы болған. Әділбеков дейтін жаман адам. Бүкіл ел біледі. Оның аты аталған жерде жылаған бала қояды. Осы елдің мынау — мынау деген азаматтарының түбіне Әлібеков жеткен...
Әміров жаратпады:
— Ту апа-ай, не болса соны айтам, — деді кемпір өршелеленіп, — Әлібековтің қолдаушысы әне ана жақта! — Кемпір қолын тік созын, үйдің төбесін нұсқады, — Ақылдарың болса, онымен тақаспаңдар. Мойындарың үзіледі.
Кемпірдің сөзінен мен шындап секем ала бастадым.
— Сен шақырттық дейсің Әлібековті. Сонда оған не айтпақсың? — деп, шүйлікті кемпір баласына. — Мына екеуін мұғалім етіп ал демекпісің? Алмайды.
— Неге алмайды?
— Алмаймын деп, айтыпты ғой. Одан артық не керек?
— Мектеп ол Әлібековтің жеке меншігі емес. Алмаса, аупартком алғызады.
— Партком түгіл, құдайың айтсын мейлі. Сен Әлібековті білмейді екенсің.
— Ту, апа-ай! Қойыңызшы, бүл тіпті де сіз араласатын шаруа емес.
— Мақұл, парткомің алғызсын, Сосын не болады? Әлібеков отырса опақ, тұрса сопақ дейді де, бұл екеуіне күн көрсете ме? Көрсетпейді. Сен осыны неге ойламайсың? Одан да бұл екеуіне шындап жанын ашыса, басқа мектептің бірінен орын тауып бер. Ал саған айтарым; Әлібековтен аулақ жүр. Байланыспа онымен. Ол сені тобығыңнан бір қақса, ұшырып жібереді. Сен маған осы сөзді түбінде қашан айттың деп жүрме!
* * *
Телефонограмма бердік, шақырттық деген Әлібековтері ол күні түгіл, ертесінде де келмеді. Тіпті хабар жоқ. Қашан келері белгісіз.
Бұл күндері біз Әміровтің үйінде масыл қонақпыз. Әлібеков әне кеп қалар, міне кеп қалар деумен мәселенің бір жайлы шешілуін тосып, жатырмыз.
Жап-жас жігіт Әміров үйелмелі-сүйелмелі төрт кішкене балаға әке болып үлгерген. Әйелі бала бастылықтан салақсып кеткен салпы етек біреу. Осынша жанның үстіне иленіп біздің жатып алуымыз олар үшін де, біз үшін де ыңғайсыз-ақ.
Кетейік десек, бара қояр жер жоқ. Қонақ үйінің түрі анау.
Әміров үйде жоқ кезде сұр кемпір менің қасыма дереу келеді. Құлағымды қашай бастайды:
— Әй, балам. Құдай сені бұл араға қайдан айдап әкелді? Кесірін менің балама тимесе неғылсын. Ол ақымақ, өлер жерін білмейтін ақымақтың нақ өзі, — деп, қақсайды да отырады. Тыңдап тұрған ешкім жоқ па дегендей жан-жағына тінтіп қарап алады да, тағы да бір жақтағы Әлібековті жамандай бастайды. Оның Ташкентте жеке меншік үйі, құмда жасырып баққызатын кеп малы бар екенін айтады.
Әміров үйге күлімсіреп, көңілді келді:
Біз сіздерді осындағы, аудан орталығындағы орта мектептің өзінде қалдыратын болдық.
Бұл сөзді естіп, Зағипа екеуміздің қуанышымызда шек жоқ еді.
Ауданның аты аудан. Жанбағыс үшін де бұнда тәуір. Колхозда әне, не пан сатылмайды. Не асхана жоқ. Ал мұнда, тым құрыса бір мезгіл шайханадан жүрек жалғасақ та өлмейміз.
Әміровке алғысты жаудырып жатырмыз.
Бұндағы орта мектепке біздің Әміров өзі ертіп келді. Директоры Жақыбаев дейтін қартаң семіз сары адам. Мұрнының үшіне қондырылған кезәйнегі түшкірсе ұшып кетейін деп, әрең ілініп тұр. Ол бізді көзәйнектің үстінен ит көрген текеше сүзе қарап, қарсы алды. Мектебіне Алматыдан білімді жас кадр мұғалімдер келуіне қуанған түрі онша байқалмайды. Неге екенін, тым салқын.
— Жұмеке, қалай денсаулық мықты ма? Жеңгей қалай? Бала-шаға... Ремонт не боп жатыр? Жо-жо! Ремонт бітпей, демалыс деген сөзді аузыңызға алмаңыз... Айтпақшы, парта әкелуге машина тауып жібердіңіз бе?
Әміров осылайша әр нені бір сөз етіп кетті. Жұмекең үйіндегі жеңгейдің аяғының ревматизмі, оған не ем болатыны, күзгі сотым, барқыт пен үнді шайын қалада қайдан табуға болатыны — бәрі айтылып жатыр.
Сөз кезегі бізге де келді-ау!
— Жұмеке, манағы айтқан екі жолдас міне мына кісілер. Жас кадр екеуі де. Райкоммен келісіп, біз бұл адамдарды осында, сіздің мектебіңізде қалдыруды жөн деп таптық.
— Бұл жолдас әдебиетші көрінеді. Бізде әдебиеттен нагрузка жоқ қой, — деді Жұмекесі.
— Табылар. Әдебиет болмаса, басқа пәннен берер.
— Бұлар семьялы жандар көрінеді. Бұларға үй қажет. Мектепте үй жоқ бере қоятын.
— Қала емес, ауыл іші ғой. Үйді ездері бірдеңе етіп, сұрастырып табар.
— Былтырғы әлгі Саша, Машаларға ұқсап, соңынан сен бізге ананы істемедің, мынаны істемедің деп жүрмесе...
— Жоқ, өйтпейді. Бұлар өйтетін балалар емес.
Сөйтіп, осы мектепте қалатын болдық.
Жақыбаев айтқан былтырғы Саша, Машалардың уақиғасын мен соңынан естіп, күліп алдым.
Былтыр, дәл осы кезде, осында Ленинградта институт бітірген, ерлі-зайыпты екі жас мұғалім келеді.
Жоқ келмес бұрын әуелі олар мектеп директорының атына хат жолдайды. Онда былай деп жазады: «біз, пәлен-пәлен дейтін екі жас маман институт бітіріп, алыстағы сіздің мектебіңізге жолдама алғалы отырмыз. Сіз бізге, егер қиын болмаса, мына төмендегі жәйттарды сыпаттап жазып жіберсеңіз екен. Мектеп тұрған селоның табиғаты көркем бе? Жақын маңда тау немесе орман бар ма? Орман болса, қандай ағаштар, жеміс-жидектердің қандай түрлері өседі? Саңырауқұлақ бар ма? Қандай түрлері бар? Көл немесе өзен бар ма шомылатын? Балық аулауға бола ма? Балықтың қандай түрлері кездеседі? Бізге, ерлі-зайыпты екеумізге, неше бөлмелі пәтер бересіздер? Мектеп біз тұратын пәтерден қанша жер? Нан дүкені, азық-түлік дүкені жақын ба? Аптека жақын ба біз тұратын пәтерге? Әйелдер босанатын үй бар ма?».
Хат сөзі осындай. Жақыбаев оқиды да, көзәйнегі селкілдеп, мырс-мырс күледі. Жауап хат жазуды қажет деп таппайды.
Аз күнде хат иелерінің өздері салаң ете қалады.
Екеуі де уыздай жас. Институтты жаңа бітірген. Екеуі де Ленинград қаласының өзінде туып өскен. Ауылда тұрып көрмеген. Қорғанның шаң-шаң, көшесін, тоқал төбелі бәкене там үйлерін көріп, шошығандай болады. Селоның төңірегі күн қақтаған қу тақыр дала. Олар армандаған асқар биік тау да, сыңсыған қара орман да көрінбейді. Шомылып балық аулайтын мөлдір өзен-көл онсыз да жоқ.
Қол боста, демалыс күндері корзинкаларын толтырып теріп әкелмек болған жеміс-жидектің, саңырауқұлақтың иісі де сезілмейді.
Пәтерді осындағы мұғалімдердің көмегімен қыстақты аралап, іздеп жүріп, әзер табады. Біреудің бір бөлме аласа там үйі. Едені жер. Үй жылытатын батарея көрінбеген соң:
— Қысты күні бұл үй қалай жылынады? — деп сұрайды.
— Темір пеш қойып, от жағасыңдар.
— Отынды кім береді?
— Күні бұрын көң, тезек, қурай жинап дайындап аласыңдар.
Асхана мен азық-түлік дүкенінен ленинградтық екеу бастарын шайқап шығады.
— Ет, май дүкені қайда?
— Арнаулы ондай дүкен жоқ.
— Ет, май сатылмай ма сонда?
— Сирек сатылады.
— Жұрт не жейді?
Өздері жекеменшік мал, құс ұстайды. Соның етін жейді.
— Әйелдер босанатын үй қайда?
— Арнаулы ондай үй жоқ.
Қулау жігіттердің бірі:
— Бұл ауылдың әйелдері кемпірлердің көмегімен өз үйлерінде босанады. Әйелдер босанатын үйге бармайды, — дейді.
Бұны естіп, Ленинградтан келген кәнизактің көзі атыздай болады. Сөйтсе, байғұстың аяғы ауыр екен.
Мектеп директоры Жақыбаев әлгі екеуін үйіне шайға шақырады. Ып-ыстық жаңа піскен көмбе нанды олар рақаттанып, сүйсініп, мақтап жейді.
— Бұл нанды кім пісірген? — деп сұрайды қонақтар.
— Өзіміз, — дейді Жақыбаев. — Қалай пісірілетінін сыртқа шығып, көрулеріңе болады.
Қонақтар есік алдына шығады. Шойын табалардың асты-үстінен сиырдың тезегін қалап, от жағып, пісіріп жатқан нанды көреді. Әйел мұғалім тағы да шошып:
— Ужас! В навозе хлеб пекут! — дейді.
Әлгінде мақтап жегені осы нан екенін білгенде, жүрегі лоблып, ішкен-жегенін түгел құсып тастайды.
Ертесі аузы-басын ұшық қаптап, ауырып қалады.
Бұдан соң көмбе нанды жемек түгіл, қарамайтын болады.
Ленинградтық екеу, ақыры, мұнда көне алмайды, Бір-екі ай мектепте қызмет істейді де, келген іздерімен қайтадан тайып отырады.
Бұндағы жұрт олар туралы жырдан қызық етіп айтады.
9
Оқу жылы басталған. Meн жетінші, бесіншіге ана тілінен, тоғызыншыға психологиядан, оныншыға логикадан сабақ берем. Аннан құрап, мыннан құрап, жетісіне жиырма төрт сағат жүк тауып берді. Зағипа екі үшінші кластың бірін оқытады.
Жаңабай дейтін біреудің бір бөлме, едені жер там үйін жалдан, сонда тұрып жатырмыз. Мектепке қашық емес.
Егер шынымды айтсам, педагогтік жұмысқа деген ынта менде алғашында зор еді. Осы жолға барымды салып еңбек етуге дайын едім. Бірақ амал қанша, мектептегі жағдайды көріп-білгеннен кейін енді біртін-біртін қожырай бастадым.
Қожырамау, торықпау мүмкін емес.
Мектеп үлкен мектеп. Ал бірақ жоғары дәрежелі білімі бар мұғалімдер аз. Бірен-саран ғана. Оның өзінде де көпшілігі сырттан оқып бітіргендер.
Мектеп директоры Жақыбаев та, оқу ісін басқарушы Ілиясов та білімдері таяз, педагогтік қабілеті шамалы дүмше жандар көрінді. Ұстаздарға ұстаздық ету қолдарынан келмейді. Нендей мәселені болса да тамыр-таныстық, туысқандық жолмен шешеді.
Олардың бетіне қарсы келетін, қыңқ деп дауыс көтеретін адам мұнда шамалы.
Кәрілігімен қоса Жақыбаев әрі дымкес аурушаң. Болары болған, бояу сіңген адам. Азық етіп, нәр етері баяғы ескі жүгі. Бүгінгінің бәріне баяғы қоржынның түбінен қарайды. Бүгінгіні көнерген ескі өлшеммен өлшеп бағалайды. Онысы, көбіне-көп, кертартпалық болып шығады.
Қашан керсең Жақыбаевтың қолынан таяғы, аузынан ыңқылы түспейді. Алдына бір жұмыспен бара қалсаң айтатыны: кеше қандай тамақтар жеді? Оның әсері қалай болды? Түнде қалай ұйықтады?...
Егер шын айтса, оның ауырмайтын күні, он екі мүшесінде ауырмайтын жері жоқ. Бір басымда бес итім бар деп, кейде езі қуланып отырады. Олары: гастрит, полиатрит, радикулит және бірдеңе «иттер».
Осыншама иттерге талатып қойып, қалай тірі жүргеніне таң қаласың.
Жақыбаев, сірә, осы күнгі газет-журналдарды оқымайтын болса керек. Оқыса, өзінше оқиды. Өйткені, қайдағы ескі сөз, ескі терминдерді тілінен тастамайды. «Совет одағы» деудің орнына, «Қеңестер одағы», «Социалистік Қазақстан» деудің орнына «Социалды Қазақстан» дейді. Басқалар баяғыда ұмытқан көне сездерді ол ұмытпайды.
«Октябрь революциясын» «Октябрь төнкерісі», «жиылыс президиумы» деудің орнына «жиылыс төрағасы» дейді.
Оқу ісін басқаратын Ільясов — Жақыбаевтың көлеңкесі тәрізді. Өз сөзі, өз пікірі деген болмайды онда. Директор жөтелсе, ол да жөтеледі. Директор мұрнын шұқыса, ол да мұрнын шұқиды.
Директор есінесе, жағынып ол да есінейді. Аузын оған қарағанда кең ашып есінейді.
Осыны көрген мен шыдамадым. Бір күні мектеп директорына кірдім. Асқазаны нашар Жұмекең бір уыс тұз жұтқандай тыжырынып, дар еткізіп кекіріп қойып отыр екен.
— Жұмеке, осы қалай ойлайсыз? Жоғарғы кластарға қазақ әдебиетін Қасымова емес, мен оқытқаным жөн секілді, — дедім.
Неге?
— Біріншіден, менің Қасымоваға қарағанда білімім жоғары. Екіншіден, мен жазатын адаммын. Әдебиетке жаным жақын. Әдебиет менің төл ісім. Жейтін наным.
— Қасымованың әдебиетті оқытып келе жатқанына талай жыл болды. Тәжірибесі мол. Енді оны ауыстырып жатудың реті келмес, — деді Жұмекең.
Meн бұл сөзге қанағаттанбадым. Ренжіп:
— Бұныңыз әншейін шығарып салу ғой, — дедім.
Жақыбаев маған өте бір ұнатпаған көзбен қарады.
Әй, осы тура сөзділігім-ай! Ойымдағымды жасырмай, ашық айтып салатындығым. Өлсем, түбі, осы мінезімнен өлетін шығармын.
10
Қарап жүрем бе, мұнда да өзіме дұспандар тауып ала бастадым.
Әнеугі әңгімеден кейін Жақыбаев менімен салқын амандасады. Жоқ, ол өздігінен ешкімге ыңғай берген емес. Тек берген сәлемімді салқын қабылдайды.
Жақыбаев мені жек көргені үшін завуч Ільясов тіпті құтырып кетті. Өйткені, екеуінің ымы-жымы бір.
Әдебиет пәнінің оқытушысы Қасымовамен терте емес ем. Бұрын ол мені көрсе қылмаңдап, шүйіркелесе қалатын. Енді аяқ астынан ол да өзгерді. Амандаспай, тымсырайып өтеді. Соған қарағанда Жақыбаев оған әнеугі әңгіменің ұзынырғасын жеткізген.
Яғни, менімен Қасымова да жау.
Мектеп жанында интернат бар. Оның директоры Сейт дейтін тұрпайының маскүнемі, маскүнемнің тұрпайысы. Оның интернат балаларына істемейтін бассыздығы жоқ көрінеді: өз үй ішінің жұмысына пайдаланады, жеке меншік малын баққызады, отынға, шөпке жұмсайды. Тіл алмаған балаға қол жұмсайтын дөрекілігі және бар.
Бұның бәрін маған интернат балалары шағынып өздері айтатын еді. Олар менің баспасөзде өлеңдерім, әңгімелерім жарияланып тұратынын біледі. Мені жазушы санайды. Маскүнем Сейттің әлгі аталған оңбағандық іс-қылықтарын қатырып фельетон етіп жазуымды өтінеді.
Ағай, сөйтіңізші, Сейттің әкесін танытып, өшімізді бір алып беріңізші дейді.
Сейттің қандай адам екенін жүре-бара өзім де көрдім. Тізгін үздінің нағыз өзі екен. Кезекті бір педсоветте, әй шықпырттым-ау. Интернат директоры болуға лайық адам емес дедім.
Содан бері Сейт, ол да менің жауым.
Кейін білсем Сейт мектеп директоры Жақыбаевтың әйелінің жақын бауыры екен.
* * *
Бірінші тоқсан аяқталды. Тоқсандық қорытынды шығарылып жатыр. Мектепті жайлап алған шылық пен былықтың неше түрлі көкесі енді көріне бастады.
Оқу сапасыз болғандықтан қай класты алсаңыз да балалардың білім дәрежесі оқу программасына сай емес, темен.
Мәселен, мен сабақ оқытатын бесінші класс оқушылары грамматиканың үшінші, төртінші кластарда етілуге тиісті қағидаларын білмейді, оп-оңай сөздердің өзін қате жазады. Бұл оларға будан бұрынғы кластарда дұрыс білім берілмеуінің, кластан класқа атүсті кешіріліп келудің салдары.
Міне, қазір де солай. Балаларға шетінен өтірік бағалар қойылуда.
Мектепте әдетке айналған бұндай кез бояу жолға мен түспедім. Өзім сабақ беретін пәннен әр оқушы қалай үлгерсе, сол өзіне лайық бағасын қойып-қойып шықтым. Бұның нәтижесі өзім үшін де, мектеп басшылары үшін де оншалық қуанарлық болмады. Бүкіл мектеп бойынша оқушылары сабаққа ең нашар үлгеретін мұғалім мен болып шықтым.
Оқушылар ең нашар үлгеретін пән — мен оқытатын қазақ тілі болып шықты.
Мәселен, бесінші кластағы жиырма төрт оқушының жарымына жуығы үлгермейді.
Класс журналындағы мен қойған тоқсандық бағаларды көріп, завуч Ільясовтың көзі бақырайып кетті.
— Бұл... бұл... неге бұлай? — дейді.
— Бұл осылай. Оқушылар пәнді нашар біледі.
— Неге нашар біледі?
— Нашар білетін себебі: бұдан бұрынғы жылдары олар оқу программасына сай тыңғылықты дұрыс білім алмаған. Кластан класқа өтірік кешіріліп келген...
— Кім дұрыс білім бермеген? Кім өтірік кешіріп келген?
— Әрине, мен емес. Менің мұғалім болуым бірінші жыл.
— Жә, болмайды түзеу керек. Аудандық оқу бөлімі мынаны қабылдамайды.
— Нені түзеу керек?
Мынау «екі» алғандардың бағасын «үш» етіп түзеу керек. Бір кластан он бала үлгермейді деген сұмдық емес пе?., Бұл үшін районо бізді басымыздан сипамайды.
— Жоқ түзей алмаймын, — деймін. — Районо басымыздан сипамайды екен деп, өтірік баға қоя алмаймын. Бұған менің педагогтік ар-ұятым жібермейді.
...Директор шақырады дейді. Келдім. Мен тапсырған тоқсандық есеп алдында жаюлы жатыр. Қық... деп, тыржиып, кекіре жаздап:
— Мамырбаев жолдас, мынау не?
— Ол менің тоқсандық есебім болар.
— Мм... жиырма төрт оқушының қық... оны үлгермейді. Солай ғой?
— Бәрі сонда жазылған.
— Жазылғанын көріп тұрмын. Менің білгім келетіні сіз бір тоқсан бойына не бітірдіңіз? Бала оқыттыңыз ба, жоқ әлде өкіметтің ақшасын текке алып, сандалып бос жүрдіңіз бе? Мұнша бала сабақтан неге үлгермейді?
— Оны әуелі мына сіздерден сұрау керек. Мен бұл балаларды бір тоқсан ғана оқытсам, сіздер жылда оқытып келесіздер. Өкіметтің ақшасын текке алушы мен емес, сіздер болуларыңыз мүмкін. Өйткені, балалар шетінен сауатсыз.
Мына сөзді естіп, Жақыбаев санына шок түскендей болды. Кәдімгі қызыл өңеш көрісу басталды. Екеуміздің шаңқылдасқан дауысымыз дәлізге шығып кетті. Аяқ астынан бұнда не боп қалды дегендей әркім-әркім есікті ашып қарайды.
Айқаймен және алмасын білген ол үнін қайта бәсеңдетті:
— Қой, бала болмаңыз, түзеңіз.
— Жоқ түзей алмаймын.
— Онда біз сіздің өзіңізді түзеуге мәжбүр боламыз. Сіздіңше бір тоқсан бала оқытқан сіз ғана адал адамсыз. Басқалардың бәрі арам, жау. Өкіметтің кезін бояушы болғаны ғой. Жоқ, олай емес шығар. Сіз келмей тұрып та осы мектеп тәп-тәуір мектеп болатын. Қырық екі мұғалімнің қырық бірі оңбаған да, тек біреуі оңған дегенге сірә, ешкім нана қоймас.
11
Керіс енді біздің үйге — Зағипа екеуміздің арамызға кешті.
— Құрысын, тақаспашы солармен. Түзе дегенін түзей сал. Өтірік баға қойып жатқандар сен ғана емессің ғой, бәрі, — дейді жұбайым.
— Өй, сен қызық екенсің. Жұрттың бәрі ұры болды екен деп, мендағы ұры болмақпын ба?
Өмір құбылыстарына маған ұқсап ысып-суымай, байсалды қарап топшылайтын Зағыш:
— Боласын. Болмасаң, олар сенен одан жаманын жасайды, — дейді.— Кешегі Көкөзекті ұмытқан екенсің. Әлібековті ұмытқан екенсің. Адам жаны-төзбейтін топастық, сорақы рушылдық көріп келдің. Күйіп-пісіп айттың бәріне. Әне, содан не шықты? Түк те шыққан жоқ. Үріп-үріп қала берген күшік тәрізді болдың. Мақтасаң бұны да айтып жазарсың. Бірақ оныңнан да түк шықпайды. Ең соңында арызшыл, жікшіл атанып, өзің жаманатты боласың.
Бұның бәрі құлаққа кіретін сөздер еді.
Мен көп ойландым. Ақыры, қолымды бір-ақ сілтеп, ымыраға келуді жөн деп таптым. Қашанғы тақасайын. Темір екеш темір де тозып шаршайды. Ал мен адаммын ғой. Бұл болмаса, күл болсын. Түзет дегендерінің бәрін түзетіп берейін.
Тағы да Ільясовтың алдында отырмын. Көңілдімін. Ол қалай қисай десе, солай қисаямын.
Тіл табысып отырмын.
— Есебім енді қалай?
— Енді тамаша.
— Бұндай есеп үшін районо басымыздан сипайды ғой?
— Сипап қана қоймайды. Әлі дүйім жұрттың алдында үлгі етіп, мақтайтын болады. Суретіміз құрмет тақтасына ілінеді.
Мәселе міне қайда жатыр!
Жақыбаев, Ільясовтарға керегі міне осы — мақталу. Дүйім жұрттың алдында — мұғалімдердің аудандық жиын, конференцияларында жақсы аталу. Құрмет тақтасының бетінен әрі өткен, бері өткен жұртқа ұялмай жымиып, күле қарап тұру.
Қандай жолмен болса да осыған қолдары жету.
Әлгіндей, балаларға өтірік баға қою секілді, былықшылық мектепте көп-ақ. Онымен күресуші аз. Кейбірінің буған еті өліп кеткен. Байқаса да, байқамаған болады. Барлық жерде осылай деп қарайды. Ал енді бірі сен тимесең мен тимен бадырақ көз дейді. Өзінің қара басының қамын, тыныштығын ойлайды. Енді біреулер күрестің әуресінен, машақат қиыншылығынан қашады. Жалғыз өзім коммунизм орнатпаспын дейді.
Әйтпесе, білімді, ақылды мұғалімдер мұнда да жоқ емес, бар.
Әділдік үшін күресіп, дауыс көтергендерге арызқой жікшіл деп, ат қойып, айдар тағып алатындары және рас. Былайғы даурықпа жұрт не біледі.? Түк те білмейді. Біреуге әлгідей жаманат тағылса, ерт шыққандай еліріп, даңғаза қылып әкетеді. Көшеде жайыңа кетіп бара жатсаң: әне, анау арызқой. Әне, анау жікшіл деп, көзіңе шұқып көрсетіп, қанынды қарайтып, жүйке тамырыңды тоздыратын болады.
Осыдан соң сен не істесең де ең әуелі, жікшілдіп, арызқойдың ісі болып шығады.
Иә, күрес жолы қиын жол. Екінің бірі оған түсе бермейді. Тек жүрегінің түгі барлар түседі. Тоғышарлар өзі түспей, езге түссе екен дейді. Отты өз қолымен емес, басқаның қолымен көсеуді тәуір кереді.
Оқудың жарты жылы зымырап өте шықты.
Қысқы демалыс. Тағы да біраз жол азабын шексем де, Алматыға келдім. Баспаға жазда тапсырған өлеңдер жинағым бар, соның тағдырын білмекпін. Бұл бір шаруам.
Екінші, бұл жолы да құр қол емес едім. Балаларға арнап, спортшы өмірінен шағын повесть бітіріп әкелдім. Соны «Пионер» журналына ұсынбақпын.
Төрт жыл өмірім еткен астанамен әлі суысып үлгермегендіктен оны сағынғаным және бар.
Институтта өзіммен бірге оқыған Мұқамеди бұл күнде аспирант. Студенттер жатақханасының бір бөлмесінде тұрады. Былтыр, оқу бітер кезде, алған әйелінен ажырасып, екінші әйел алып үлгерген. Жора-жолдасқа бейілі кең жігіт. Қысылғам жоқ сонда келіп түстім. Мұқамеди де, оның бұралған жас әйелі до жылы қарсы алды.
Аспирант Мұқамедиде кешегі студент Мұқамедиге ұқсамайтын мінездер пайда бола бастапты. Тамақты талғап ішіп, талғап жейтін бопты. Арақты тастап, шарапқа көшіпті. Дастарқанға кезге оғаш қыпша бел, шілтиген нәзік рюмкалар әкеліп қойды.
Мен қырлы стаканның, өзін тәуір көріп отырмын.
Оймақтай нәзік рюмкаларға ауыз жарымады. Шыдамым жетпеді де, ашық кеттім:
— Осы үйде стакан бар ма? Маған стаканға құйып бер, — дедім.
Мұқамедидің мәдениетті бола қалуы әншейін екен. Қырлы стаканға ол да көшті.
Түннің бір уақытына дейін екеуміз кагор ішіп дуылдастық.
Баспаның директоры аты республикаға белгілі ақын еді. Ол мені студент кезімнен біледі. Бұрнағы жылы институттың мен басқаратын әдебиет үйірмесінде біз онымен мықтап тұрып дуылдасып, кездесу кешін өткізгенбіз. Бірге суретке түскенбіз. Соның бәрі ол кісінің есінде екен. Жастарға қамқоршыл мінезімен ол мені өте жылы қарсы алды. Баспаға қатысты шаруаларымды ешқандай әуре-сарсаңсыз тындырып берді.
Бүгін қаламақы төлейтін күн.
Бақандай тоғыз мың сом алады екем?
Қуаныштан жүрегім жарылып кетпесе неғылсын.
Бұрын-соңды біздің тұқымда осынша мол ақшаны қолына бірден ұстаған адам, сірә, болды ма екен.
Әй, қайдан болсын.
Жүрегім аттай тулап, қолдарым дір-дір етіп, мен әлгі аталған ақшаны әзер санап алдым. Жоқ, санап алдым дегенім өтірік. Кассаның алдындағы топырлаған жұртқа көз етіп, бұрын мұншама мол ақшаға қолым жетіп көрмеген бейбақ екенімді оларға сездірмеуге тырысын, әйтеуір санап алған болдым.
Бірақ, бұндай қулық маған оңайға түспеді. Төбеммен бақайыма дейін малшымын терлеп кеттім.
Уһ деп, сыртқа шықтым. Қалта-қалтамның бәрі ақша. Буын-буынымнан әл кетіп, аяғымды әзер басатын тәріздімін.
Бүгінгі күн мен үшін байитын күн екенін айтып, Мұқамедиді ерте келгем. Ол ішке кірмей, қолын артына ұстап, сол арада дәлізде жүр. «Алдың ба?» «Алдым».
Енді кете берсек те болады.
Жоқ, бірден тартып отыруға батылсызбын. Оным әбестік болатын тәрізді. Тегіннен тегін қыруар ақша қалтама өзі келіп түскен жоқ қой.
Немесе көшеде келе жатып, тауып та алған жоқпын. Өзіме тіл жеткісіз жақсылық, қайрымдылық жасаушы адамдардың арқасында алдым. Ендеше жақсылықты жақсылықпен қайтаруым қажет секілді. Турасын айтсам, ішкізіп, жегізуім керек.
Менің бұрын-соңды байқауымша, жұрттың бәрі солай етеді.
Бәрі болмағанмен көпшілігі.
Сонда кімге ішкізіп, жегізем?
Мен үшін ен бірінші қымбат адам — ол баспаның директоры.
Алған қаламақымның ол тең жарымын ішіп-жесе, өкінетін мен жоқпын.
Егер реті келсе, батылым жетсе, мен оны Алматының ең мынау деген ресторанына шақырмақпын.
Аяғымды қорына басып, баспа директорының кабинетіне кірдім. Біраз бөгде адамдар отыр. Олардың көзінше ештеңе айта алмасымды сезіп, одан бетер қысылдым.
Дегенмен отырып жатырмын.
Баспа директоры:
Ақшаңды алдың ба? — деді.
— Алдым. Рақмет.
Басқа түк айта алмадым. Біраз отырдым да, сыртқа шықтым. Тағы да айналсоқтап кете алмаймын. Осыншама мол ақшаны қалтама тығып aп, тайып отыруым тіпті де жөн емес тәрізді.
Және бір ой қинайды. Баспа директоры маған қарағанда жасы ересек адам. Әдебиетте аты, орны бар. Мен жүріңіз дегенмен ол жүре қоя ма? Мынау неткен жағымпаз, қу бала деп, жаман ойлап қалмай ма?
Ал шақырмасам, ниет білдірмесем, ол мен туралы сараң бала екен деп ойлап қалатын секілді.
Сонымен, екі оттың ортасындамын,
Ақыры, шақыра алмадым.
Баспаның көркем әдебиет бөлімінің бастығы жастау жігіт, Менің жинағымның тағдыры тікелей соның қолында. Алдағы уақытта да оған ісім талай түсуі даусыз. Енді, тым құрса, соны сыйлау, будан гөрі жақындасу ниетіндемін.
Бірақ қолыма белім бастығы да оңайлықпен түсетін емес. Менен гөрі ысылған, менен гөрі, арынды біреулер оның столын манадан қоршап алған. Үйірлі балық тәрізденіп, дүр етіп, бәрі сыртқа бірге шығып кетеді. Дүр етіп, бірге қайтып келеді. Кеткендегіден келгендегі түрлері көңілді, шат-шадыман. Сірә, сол маңдағы көк үйшік-сырахананы бір сүзіп оралатын тәрізді.
Келісімен желдей есіп, жаңа өлендерін оқысады. Желдей есіп, бірін-бірі арқаға қағып, мақтасады. Байқаймын, бүгінгі Пушкин, бүгінгі Абай осылар.
Кіл классиктер қоршап алған бөлім бастығынан да күдерімді тез үздім.
Мұқамеди екеуміз өзіміз тартып жөнелдік.
Үйге қарай емес, әрине. Бұндайда кел, кел деп, қол бұлғап жібермейтін ресторанға қарай.
12
«Пионер» журналы Алматыдағы газет-журнал редакцияларының ішінде маған ең жақыны. Олай болатын жөні бар. Институттың бірінші курсында оқып жүргенде, тұңғыш өлеңім осында басылған. Тиесілі азын-аулақ қаламақысын журнал қызметкерлерінің әлде кімдерден сәлем айтып, шақыртуымен ұялып, әзер барып алған едім. Ол менің тұңғыш қаламақым болатын. Сөз сатып тапқан ақшаға тұңғыш ауыздануым.
«Пионерді» менің біржола даулап алуым міне солай басталған. Содан бері өлең, әңгімелерім журнал бетінде үзбей басылатын болған.
Басқа редакциялардай емес, мен мұнда еркін кіріп, еркін шығам. Бұлардың өз адамы тәріздімін. Келген шаруамның жайын ешқандай қысылыссыз еркін отырып айтам.
Енді міне соқтауылдай повесть әкеп отырмын.
Журналдың көркем әдебиет бөлімін белгілі жазушы Мұқан Иманжанов басқарады. Адамшылыққа, мінезге бай тамаша мәдениетті жап. Бұдан бұрын да ол маған талай қамқор болған. Балаларға арнап повесть жазып әкелдім дегеніме ол менен бетер қуанды.Не жөнінде? Спортшы өмірінен деймісің? О, тамаша. Біздің қазақ балалары үшін нағыз қажет, тың тақырып екен деп, табанда редакция қызметкерлерін жинап, повесті дауыстап оқуды ұйымдастырды.
Журнал редакторы ол да мінезі ашық-жарқын адам. Мұқанмен дос. Екеуі бір-бірін бүкпесіз шын құрметтеп, сыйлайды. Менің алыстан келгенімді ескеріп, өзге жұмыстарын былай сырып қойды.
Өзіме осынша достық бейіл көрсетілуіне мен дән риза едім. Бас-аяғы жетпіс беттік шағып повесті ақ өлең оқығандай судыратып, шабыттанып тез-ақ оқып шықтым. Жұрт зерікпей, көңілді отырып тыңдаған секілді. Ара-тұра күлісіп қойып отырды. Мен, әсіресе, редактор мен Мұқанның қабағын бағам, Ол екеуі күліп, масайраса, ішімнен мен де күліп, масайрап, жетісе түсем.
Шығарманың тыңдаушыға жақсы, жаман жетуі, белгілі бір дәрежеде, оны оқуға да байланысты екенін сездім.
Үзіліс. Жұрт шылым шегіп, кеукілдесіп, басқа жайларды сез етісіп кетті. Ал менің ойымда повестің тағдыры тұр. Не болар екен? Қабылдана ма? Жоқ па?
Мұқан не айтса, сол болары даусыз. Оның өң-реңінен қауіп көлеңкесі сезілмейді.
Міне енді повесті талқылау басталды.
Отырған ат тәбеліндей шағын топты көзімен шолып алды да:
— Ал кім сөйлейді? — деді редактор. — Мұзафар, сөйледі.
Музафар тайқып шықты:
— Әуелі прозаиктер сөйлегені жөн ғой.
— Олай болса, мен айтайын, — деді Мұқан.
Бірінші боп өзге емес, Мұқан сөйлегеніне мен қуандым,
Бірқыдыру мақтады.
Түзеу үшін айтылған жеңіл-желпі сыны да бар.
Келесі сөйлегендердің бәрі дерлік осы ізбен кетті: Өйткені, бұл отырғандардың ішінде Мұқанды сыйламайтын, оның пікірін бедел тұтпайтын ешкім жоқ еді.
Повесть, журналда басылатын болды.
* * *
Кеудеме нан пісіп, жер мен көктің арасына сыймай жеттім Қорғанға. Алматының жарым бөлегін көшіріп әкелген адамдаймын. Үстімде келіскен қара драп пальто. Жағасына барқыт ұсталған. Дәл осындай пальто институтта оқып жүргенімде профессор Жұмалиевте болушы еді. Мен қызығатын едім. Енді міне мен де киіп үлгердім.
Қолыма су жана қызғылт чемодан ұстап келіп тұрмын. Құлыбы шіреп әрең жетіп жабылған. Іші толы әртүрлі буйым, шай-шамалақ, кәмпит... Мал сатып, базар базарлап оралған жолаушы тәріздімін.
Жинаққа алған ақшаның тоз-тозы шыққан. Біразын Тұйыққа шешеме жібердім. Байғұс анам, менің адам боп, ел қатарына қосыла бастағанымды біліп, қуанып, бір жасап қалсын. Іші тар туысқанның іші күйсін. Осы үшін әдейі жібердім.
Зағышқа біраз базарлық заттар алып келдім.
Ақшаның дені, шынын айтсам, Алматының ресторан, сыраханаларында қалды. Баспа менен журналдың бірінші басшыларына қолым жетпесе де, оларға сый-сыбаға көрсете алмағам да, оларды жоқтатпайтын зерделі азаматтар әлгі аталған мекемелердің төменгі қатардағы қызметкерлерінің арасынан, құдайға шүкір, мол табылды.
Тіпті, мен қажет еткеннен де артық табылып жүрді.
Ішіп, қызып алғанға дейін осы көңілділіктің себепшісі болғандықтан, әуелі, мені мақтасады кеп. Мен жазған азын-аулақ дүниелерді әдебиет аспанының сонау төріне алып барып қояды. Ал қызыңқырап алған соң әрқайсы өзді-өзін мақтайды.
Көңілді оралғанымды Зағыш түрімнен көріп
— Қалай, жақсы барып қайттың ба?
Мен бас бармағымды көрсетем:
— Мынау!
Желдей есіп айта бастаймын: Кітабым басылып шығатын болды. Баспамен шарт жасастым. Алпыс процент ақша алдым қаламақысына. Повесімді «Пионер» ұнатып, қабылдады. Келесі номерінен бастап томпылдатып баса бастайды. Ай сайын қыруар ақша домалап одан келіп жататын болады...
Бұны естіп, Зағыштың жүзі қуаныштан гүл жайнайды. О, тағдыр, бізді де жеткізейін дедің бе, бұныңа құлдық деген ризашылық сезімі көзінен ап-айқын көрінеді.
— Еркін, амансың ба? Ат-көлік аман, жақсы барып қайттың ба?
Бұл келген Жаңабай көрші, біз жалдап туратын мынау бір бөлме жаман там үйдің қожасы. Аудандық ақша бөлімінде агент болып істейді. Дүниеде ақшадан құдіретті, ақшадан күшті нәрсе бар деп, ойлай қоймайды.
Жаңабайдың соңында шұбаған қатын, балалары. Осындайдан қалмайтын, белі бүкшиіп жазылмаса да, сау адамға бергісіз зыр жүгіретін, ауылдағы айтулы желаяқ жаяу почтаның бірі — оның кәрі шешесі.
Бұлар жаңа есіктерінің алдында шаруаларын істеп жүріп, менің келгенімді көрген. Кеткен кездегіден өзгешелеу түрмен оралғанымды байқап қалған. Осынау күндері тек мені ойлап жүрген адамдарша бәрі жамырап жөн сұрап жатыр. Қайда болдың? Не бітірдің? Сапарың оңды болды ма?
Әлгінде Зағышқа айтқанымды бұларға одан да гөрі өсіріңкіреп айтам. Мол іс бітірдім, мол ақша тауып қайттым.
— Ол ақшаң қайда? — дейді Жаңабай жұлып алғандай.
Тәйірі, ақша тұратын ба еді? Оңды-солды шашып, жоқ еткенімді айтам. Шашпай ше? Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көр деп, нағыз кеп ақшаға қолым жетер кезі әлі алда деймін.
Жаңабай мен бүкіш кемпір ауыздарын ашып, іштері күйіп тыңдайды.
— Әкем-ау, сонша ақшаны сосын, не істемексің? — дейді бүкіш кемпір.
— Кәрия, аманшылық болса, үй салам. Осы көктемде үй салуға кірісем.
* * *
Бұл сөз менің аузымнан оқыс шығып кетіп отырған жоқ. Маған үй жалдаушы, дүние қоңыз Жаңабайға көрсеткен қырым да емес. Бұл менің талайдан көкейтесті боп жүрген, ең мықты арманымның бірі. Шіркін-ай, кең, қолайлы етіп, үй-жай салып алсам. Бау-бақша өсіріп, ат, сиыр ұстасам. Тұрмысымды түзеп алып, сосын, алаңсыз отырып жазсам!
Осы арман менің көкейімде талайдан, тіпті, студент кезімнен жүр.
Атақты жазушылардың бірталайы деревяда тұрғанын білем. Лев Толстой, Тургенев. Қазіргі кезі тірілерден Шолохов.
Абай да бар ғұмырын ауылда еткізбеді ме? Жүйрік ат, құмай тазы ұстады. Аңшылық, саятшылық жасады. Соның бәрін және дәріптеп жырлап кетті.
Неге екенін, мені де қала емес, дала қызықтырады. Даланың кеңдігі, табиғат, аң аулау, балық, аулау көңілімді өзіне көбірек құштар етеді. Мен даярға маяр боп өскен жан емеспін. Өмірде кездесетін қара жұмыс атаулының бәрін дерлік атқардым. Өзімнің рақатым үшін әлгідей үй маңындағы шаруа-кәсіппен шұғылдануды ешқашан да ар санамаймын. Қайта, бас-қаға үлгі болуға жарайтын абыройлы іс деп білем.
Сөйтіп, енді жатсам-тұрсам үй салуды ойлайтын болдым. Біреудің бір бөлме тар үйінде қашанғы қысылын отырмақпын.
Зағыштың болса аяғы ауыр. Ай-күні жақындап келеді. Ертең нәрестелі боламыз. Оны дұрыстап өсіру үшін де жағдай керек.
Өмірдегі ең жаман нәрсенің бірі өзімдікі дейтін баспанаңның болмауы. Біреуге кірме болу. Есіктен еркін кіріп, еркін шыға алмайсың. Жүрсең, тұрсаң қорынып, қор боп бітесің. Мына біз тұрған бір бөлме үйдің едені тақтай да емес, жер. Жуып алуға келмейді. Сыпырса бұрқырап шаң көтеріледі.
Өз үй, өлең төсегімнің болуы бір күн өмір сүрсем де рақат емес пе? Егер, оны-мұны жағдаймен, бұл арадан кетер болсам, сатам.
Өз үйім — ол кассаға салып қойған ақшамен тең.
Қаладағыдай мұнда ет, сүт сатылып тұрмайды. Өз үй, өз аулам болса, мал да, құс та ұстар едім.
Ең бір құштар нәрсем, шіркін, бір тәуір ат ұстау. Бұл енді бар арманымның ішіндегі биік шыңы. Қазақ емеспін бе, сылаң ұрған жақсы ат көрсем, көзімді ала алмаймын.
Жақсы, жүйрік атқа тақымым тигенде, бір жасаймын.
Қоғамдық жылқы малына деген көзқарас соңғы кезде күрт өзгерді. Оны жаппай қыру, етке өткізу жүріп жатыр. Жоғарыдағы бір мықты жылқы өнімді аз беретін мал десе керек. Оның бұлай деуі жекеменшік жұртқа онша теріс болмады. Колхоз, совхоздарда жылқы малының бағасы арзандап кетті. Жақсы ат, жақсы бие тауып алудың жолы жеңілдеді.
Әйтпесе, бұған дейін, бұл жақта атақты жақсы аттың бәсі жеңіл машинамен бара-бар еді.
— Ағай, қазақ әдебиетін бізге сіз неге оқытпайсыз? Сіздің оқытқаныңыз жақсы еді ғой.
Мен жұқашалап жауап берем:
— Бұл менің еркімдегі мәселе емес.
Түйсінгіш балалар қазбаламайды. Кімнің еркіндегі мәселе екенін олар сезбейді емес.
13
Жарқырап көктем келді. Поселкіде жаңа үй салушылар көбейді. Анда да, мұнда да тыраштанып, кесек құйып, үй қалап жатқан халық.
Бүл өлке ағашқа тапшы. Құрлысқа қажет ағаш мұнда өспейді. Жұрт үйді, негізінен, қам кесектен тұрғызады. Әдемілеп қалап тұрғызса, кесек үй де қатып шығады.
Үй салуға мен де кіріспекші болдым. Әрине, өзім салмаймын. Кісі жалдаймын. Оған мүмкіндік бар. Жалданып үй салатын чечендер көшеде жұмыс іздеп, шұбап жүр. Олар еңбек сүйгіш, қол күшіне берік халық. Келіссең болды, істе дегеніңді істеп береді. Чечендердің семьялары, әдетте, үлкен болады. Қатын-балаларымен жабыла түгел қимылдағанда, жапырып жібереді. Бірер жетінің ішінде бір үйді тұрғызып, іші-сыртын сылап, дайын етіп шығарады.
Әуелі үй салатын участок алуым керек. Оны кім береді?
Біреулер сельсовет береді деген сөз айтты.
Сельсоветке келдім.
— Біз бұл мәселемен шұғылданбайтын болғанбыз. Аудандық атқару комитетіне барыңыз. Сонда құрылыс бөлімі дейтін бар, егжей-тегжейін сол айтады, — деді.
Ішектей созылған ұзын коридордан мен бұл бөлімді әзер іздеп таптым. Өйткені, есігінің сыртына бір парақ қағазға жазған жазуын әбден кір басып, көрінбейтін болған. Үңіліп, әрең танып оқыдым. Оқығанмен не пайда. Есік қашан келсем жабық тұрады.
Бір күн, екі күн келейін. Ылғи жабық.
Және бір күн келіп, тұтқасынан тартып келіп қалғанымда, есік ашылып келіп кетсін. Мен бұны күтпеген едім. Әрі қуанып, әрі таңғалғандай болдым. Сопақша күңгірт бөлме ішіне толған темекі түтінінен одан бетер күңгірт тартқан. Төрде терезенің алдында бір тумбалы бір ғана стол. Шылымды бұрқыратып сорған біреу отыр. Мен аудандық ресми бір кеңсеге емес, оның жеке басынын ұйықтайтын бөлмесіне баса-көктеп кіріп келгендей ол маған бақырайып қарап қалған.
Төңірегімнен отыратын орындық іздеп, таба алмадым.
Бөлмедегі жарыққа сәл көзім үйренген соң байқасам сақал-мұрты тікенек боп, өсіп кеткен біреу екен. Үстіне кигені тік жаға көне сарғыш китель. Жас шамасын мөлшерлеу мүмкін емес. Мүмкін, жиырма бесте шығар. Мүмкін, елу бесте.
Отыратын орын болмаған соң, шаруамды түрегеп тұрып айттым:
— Мен осындағы орта мектепте мұғалім едім. Үй салсам деген ой бар. Соған участокті қалай алуға болады?
— Үйді неден салмақсыз? Қанша бөлме етіп салмақсыз? Қашан бастап салмақсыз? — деп, ежелегі сұрап алды да: — сіз бұл мәселемен колхозға барыңыз, — деді әлгі.
— Колхозға?
— Бұл жерде колхоз қожа. Колхоздың жері. Сіз арызды участок сұрап, колхозға жазыңыз. Олар қаулы шығарады. Сосын, сол қаулының көшірмесін және салатын үйіңіздің жобасын алып бізге келесіз.
Үй салу үшін де біраз машақатты бастан кешу қажет екенін енді білдім. Тәртіп солай болғасын амал нешік. Көнуге тура келеді.
Арыз алып, колхозға келдім.
— Арызыңызды тастап кетіңіз. Қазір науқан кезі, қарбалас. Бүгін-ертең қарай алмаспыз. Науқан біткен соң қарармыз. Әуелі колхоздың басқарма жиналысында қаралады. Сосын жалпы жиналыс қарап шешеді, — деген сөз айтты.
Қиын емес шаруаны осынша қиындатын қойғанға басымды таңырқай шайқап, сыртқа шықтым.
Күндер зымыран өтіп жатыр. Қаралған арыз жоқ.
Олардың науқаны біткенше, жаз да бітетін түрі бар. Мен асықты екен ден, асығатын колхоз көрінбейді.
Тіпті бара-бара председательді мезі етіп біттім. Соңғы бір барғанымда ол маған қатаңдау сөз айтты:
— Шырақ, сенің арызыңды қарамақ түгіл, өзіміздің басымыз қатып, мұрнымыздан су кетіп жатыр. Арызың қаралады. Айтамыз өзіміз, — деді.
Менен басқа үй салмақ болғандардың бәрі-ақ қимыл үстінде. Поселкенің ана шет, мына шеті бірі құр емес. Қаптап кесек құйып, үй қалап жатқан халық.
Мен таңмын. Олар рұқсатты қашан, қалай алып үлгерді? Әлде алдын ала қам істеп, қыста алып алды ма?
Жақынырақ маңдағы үй салып жатқан біреулердің қасына келдім. Сыпайы сәлемдесіп, сосын, жұқалап сұрастырып көрсем, үй салуға рұқсат қаулы, жоба дегеннен әлгі дым білмейді. Meн тап бір шүршітше сөйлеп тұрғандай бетіме бажырая қарап: Неғылған қаулы? Неғылған жоба? Ол кімге қажет? — дейді.
Маған ұқсап, үй салатын орын сұрап, ешкімнің алдына мөлиіп бармаған. Осы араны өзіне ұнатқан да, бірден үй салуға кіріскен. Жоба да өзінікі. Білетіні осы.
Және біреулерге барсам, ол да солай.
Үшінші, төртінші үй салушылардың бәрі солай. Әлгілердің көпшілігі, тіпті, ауданда құрылыс бөлімі дейтін мекеме барын білмейді. Естімеген. Естісе, осы қазір ғана менен естіп отыр.
Мен ақымақ болып жүргенімді емді білдім. Заңда, тәртіпте не шаруам бар еді? Қазіргі жылы кездің әр күнін пайдаланып, іс тындырудың орнына өзімнің мазам кетіп, өзгелерді қоса мазалап, кеңсе-кеңсенің табалдырығын тоздырып, уақытымды текке өлтіріп, сандалумен жүргенмін.
Колхоздың рұқсат қаулысымен, типтік жобамен үй салып жатқан бір жан көрсем, көзім шықсын.
Заңды бұзба, тиме оған, айналып өт деген сөз осындайдан айтылса керек.
Айналып етіп, енді мен де іске кірістім.
14
Поселкенің дәл орта тұсында, мектеп пен аудандық кітапхананың екі аралығында ешқандай пайдаға аспай, бос жатқан жер бар. Он сотықтап кем емес. Мен үйді поселкенің шетінен емес, осы арадан салуды лайық көрдім. Орталық Мектепке жақын. Шылдыр еткен қоңырау дауысын естіп үйден шықсам да, сабағыма дәл барамын.
Заңмен, тәртіппен жүріп үйренгендіктен әлі де қашасоқпын. Ешкім ештеңе демес пе екен деп, әуелі, бір демалыста, үй салар жерді қадалар қағып, иемденіп қоршаған болдым.
Жоқ, тыныш. Қол қағар ешкім көрінбейді.
Будан соң қоршалған жердің бір шетінен кесек күю үшім балшық жасайтын шұқыр қаза бастадым. Ауыз ашқан жан жоқ.
Батылдығым артып, үй салатын кісі жалдап, кесек құйғызуға кірістім. Ешкім ештеңе демейді.
Жұмыс қызып жүріп берді. Ахмет дейтін чеченді жалдап едім. Бір қора қатын-бала, қарындас-інілерін ертіп келеді. Таңның атуынан күннің батуына дейін істейді. Күн шуақ, жауын-шашын жоқ. Құйылған кесек тобарсып тез кебеді. Үйді қалап, іші-сыртын сылап, ақтап беруді Ахмет мойнына түгел алған.
Ахмет арақ ішпейді. Бес уақыт намаз оқып, тамақ ішкенде ғана жұмыстан қолы қалт етеді. Басқа кезде тыным алғанды білмейді.
Бас-аяғы бір жетінің ішінде үйге қажетті кесек түгел құйылып бітті. Және бір жетіде үй қаланды. Үшінші жетінің аяғында төбесі түйе тайлы боп жабылған, есік терезе орнатылып, іші-сырты сыланып, ақталған, екі бөлме алдында кіре беріс шағын кілеті бар жаңа үй даңғырап шыға келді.
Ағаштың тапшылдығынан шатырлы үй бұл жақта сирек. Және жауын да аз.
Ал еденін тақтайлау ол кейінгінің жұмысы. Taп қазір менің қалтам оны көтермейді.
...Біздің үйде той — жаңа қоныс тойы.
Өзім өз боп өмірімде тұңғыш рет баспана салып кірдім. Өзімдікі дейтін түңғыш шаңырағым. Қуанышым зор-ақ.
Қоңақтарымның бәрі дерлік мұғалімдер. Ішінде аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Әміров бар.
Көңілім қаламаса да, мектеп директоры Жақыбаевты да шақырдым. Тастап кетудің ретін таба алмадым. Келді. Тек сыпайыгершілік үшін шақырып отырғанымды ол, әрине, біледі.
Қой сойылған. Бір бөшке бал сыра. Арақ.
Шарап мұнда сән емес. Шараптың бұндағы аты қызыл арақ. Қызыл арақ десе, жұрт тыжырынып қарайды. Әйел де, еркек те ауыз былғап ішкен соң ақаңның қызылын емес, мөлдіреген тап-тазасын ішуді тәуір көреді.
Әуелі арақ жол салып береді. Сосын, сыра сорапталады.
Қонақты, мүмкін болғанынша, мас етіп, үйін таба алмайтын етіп жіберу — ол енді мақсат.
Бұл демалыс күні болатын. Ет жегеннің соңынан, екінші рет шай ішілердің алдында, бәріміз сыртқа есік алдына шығып, бой жазып, кеукілдесіп тұрмыз. Нағыз орталық кешеден бұл ара қаға беріс. Көшемен өтіп жатқан жұрт аз.
Бір кезде мектеп жақтағы көшенің мүйісінен аяғын тәлтіректеп басқан біреу көрінді. Аяғына етік, галифе шалбар, китель киген. Кителінің бар өңірін ағытып, ашып қоя берген. Көшенің кеңдігінен екі жақтағы үйлерге соғылмай, әрең жол тауып келе жатыр.
Ол анадайдан шоғырланған бізді көрді. Бізге қарай ойыса жүрді. Таныдым — сол әлгі ауаткомнің құрылыс бөлімін басқаратын жігіт, өзімнің ескі досым.
Біздің дәл қасымызға келіп тоқтады, Әркім-әркімге үңіліп қарап, амандасқан болады. Бір кезде қолын маған ұсынды. Көздерін жыпылық-жыпылық еткізіп, мені жөндеп тани алмай тұр. Таныса да, есіне түсіре алмай тұр.
15
«Анаң сырқат. Тез жет!»
Телеграмма сөзі қысқа. Қысқа да болса, айқын.
Қайтейін, қанатым жоқ. Қанатым болса ұшар едім. Апыл-ғұпыл жиналдым да, станцияға қарай жүретін машина іздеп, тартып жөнелдім.
Зағипа ай-күніне тақап отыр. Жол жүруге жарамайды.
Жолшыбай машина тауып, екі жүз шақырым жердегі Темір жол станциясына, одан поезбен Алматыға, Алматыдан және машина іздеп, Қарасазға, Қарасаздан Тұйыққа үйге жеткенімше бес күн өтіп кетті. Мүмкін болған жағдайдың бәрін пайдаланып, ақшаны бетіне қарамай шашып жұмсаумен құс болып, ұшып жеткен түрім осы. Анашым ауыр халде екенін естігенде, жан шыдасын ба? Одан қымбат, одан құрметті кімім бар? Бізді, Сәрсебек екеумізді, өсіріп, адам етуден басқа ол өмірде не ойлады? Осы жолда тартпаған азап-мехнаты қалды ма? Не қызық көрді бейшара жан?
Жас кезімде үлкендердің аузынан алдамшы өмір, опасыз ит өмір деген секілді сөздерді көп еститін ем. Бірақ қандай мағынада айтылады деп, маң беріп, ойлана қоймайтынмын. Енді осы жолы ойландым. Осы жолы бар жан-тәніммен шамырқана сезініп, ұққандай болдым. Иә, адам өмірі деген тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа-қамымен күйбеңдеп, басып қатып жүргенде, бір күні, сарқылып бітіп қалғанын білмей де, байқамай да қалады екенсің.
Алдамшы емей, немене? Опасыз емей, немене?
Тұйықтың да төбесі көрінді-ау. Ауыл сол баяғы орнында. Баяғы ел. Күйбең-күйбең баяғы күйпі тіршілік. Ештеңе де болмағандай. Ешкім өліп-жітілмегендей. Байқасаң, өмірлік алдамшылығының бұл да бір қыры.
Мені анамның ыстық құшағының орнына жаңа қазылып көмілген түсі суық, томпиған қабір қарсы алды. Бір ауыз тілдесіп, қоштасып та үлгермедім асыл жанмен. Өмірдің опасыздығы емей, немене бұл?
Қаныша жеңгем аңырап жалғыз отыр.
Анам көп ауырмапты. Кешқұрым ойбай басым, басым деп жығылған төсегіне. Ертесі дүние салған. Жарықтық: а, құдай! Алар болсаң, жанымды қинамай ал. Бала-шағаға масыл қылмай, қор қылмай ал деп, ылғи да жалбарынып, тілеп отырушы еді. Құдай оның дәл осы тілегін айнытпай беріпті. Бейшара жан, арманыңа бір жетіп өтші дүниеден деп, жанын қинамай алыпты.
* * *
Анамнан өлі айырылсам, Қаныша жеңгемнен тірі айырылып, қайғы үстіне қайғы арқалап қайттым.
Қаныша да менің анам еді. Кіші анам еді. Қиын-қыстау кездердің бәрінде бір дәнді бөліп жескен, ыстық-суықты бастан бірге кешкен қимасымның нақ езі еді ғой. Біз үшін, Сәрсебектің оты өшіп, шаңырағы құламау үшін, ол не керіп, неге көнбеді? Бәріне де көніп еді.
Енді сол аяулы жеңгем оқу жылы аяқталған соң келіп, қорғанға көшіріп әкетейін десем, бас шайқайды. Айтатыны:
— Ерка, сен мені көшіріп әкеткенде не істейсің, қалқам? Арбаның бесінші дөңгелегі секілденіп сендердің соңдарыңа жармасып алғаным жараспас. Жылы орнымды суытып, тағы да кімнің алдына барып, қызмет сұрап тұрмақпын? Одан да ол күнімді өзім көрейін. Тағдырдың маған деген де бір жазуы бар шығар. Сәрсебек кебін киіп кетпеп еді. Кебенек киіп кетіп еді. Үмітімнің шырағын, шамам келгенінше, әлі де өшірмеуге тырысармын... Еңкейген, етегіне сүрінген кәрі емеспін. Өз жанымды өзім баға алатын шығармын. Менің бұдан былайғы өміріме сен енді ерік бер, қалқам.
Жеңгемнің бұл айтқан сөздерінде қаншама терең мағына, астар жатыр.
Лебі қаңтардай қатал болғанымен қаншама бас бұрғызбас өмір шындығы жатыр. Кеше болып кетпесем, мен бәрін де түсінемін. Иә, ол жас әлі. Өмірімнің алды анау, арты анау деп, тоқыраған жан емес. Әлі де үміті бар болашақтан. Сондықтан да, өзі айтқандай, арбаның бесінші дөңгелегі болып, өмір-бақи бізге тіркеліп жүре алмайтыны белгілі.
Осынын осылай екенін іштей мойындасам да, сыртымнан бір ауыз, жеңгем, сөзін дұрыс деп айту мен үшін қиын. Мен тек еріксіз егіліп, жылағанды білдім. Әлім ә дегенде өзімнің екі көзіме ғана жетті. Екінші анамдай болған аяулы жеңгемнен ажырау бұл мен үшін тым қиын жағдай еді. Өзімнің төрт мүшемнің біреуін өз еркіммен кесіп тастағанмен тең еді.
Қайтейін, қиналып, күйзелсем де, көнбеске шара жоқ.
Ой, ит тағдыр-ай! Кейде пендеңді аяу дегенді білмейсің-ау!
16
Қорғанда екінші жыл мұғаліммін. Мектеп басшылары сол бұрынғылар. Мұғалімдердің ішінде бірлі-жарым кеткендері, келгендері бар.
Шынымды айтсам, беті ашылған келіндей, мен бұл кезде мектеп басшыларын онша сыйлай қоймаймын. Көбінесе, өзім мен өзім болып, жеке жүрем. Мектептегі сабағымды, өзіме тапсырылған қоғам жұмыстарын білем.
Өзі шақырғанда болмаса, директор кабинетінің есігін ашу дегенді қойғам.
Жақыбаев, Ільясовтар көшеде кездессе, байқамаған адам болып, шекемнен қарап өтем. Былық пенен шылыққа белшеден батқан, тоғышар арзан жандар екенін көріп, біліп отырып, қалай ғана сыйларсың? Қалай ғана бас иіп, амандасарсың?
Педсовет болса қаралып жатқан мәселеге менің қатысым жоқтай бір шетте кітап, немесе газет оқып отыру әдетіме айналған.
Институтты осы биыл бітіріп келген, көзі ашықтау, тауы шағыла қоймаған бірді-екілі жас мұғалім жігіттер бар. Олар маған үйір, мен жағында. Менің сөзімді сөйлеуге бейім.
Ал кәртамыш мұғалімдер Жақыбаев пен Ільясов жағында.
Осы жікшілдік, осы бөліну, әсіресе, педсовет болған кезде ашық байқалады. Meн жағындағылар өз алдымызға өкшелеп бөлек отырамыз да, мектеп басшыларының сойылын соғатындар ым-жымдары жарасып, бірін-бірі қас-қабақпен ұғысып, олар да бөлектеу отырады.
Кейде ымыраға келмей, екі жақ боп айтысып, тартысу әдетке айнала бастаған.
Жоғарғы кластарға қазақ әдебиетін, бұрынғыша биыл да Қасымова оқытады. Meн алтыншы, жетіншіге қазақ тілін оқытам. Жетісіне жиырма төрт сағаттан артық сабақ беріп көрген емеспін. Мектептегі жүгі ең аз мұғалімнің бірімін. Бұл мені мектеп басшыларының, өздерінше, шөміштен қысқан түрлері.
Бірақ мен қыңқ демеймін. Сабақ беретін сағатымды өсіруді өтініп, ешкімнің алдына мөлиіп барып тұрмаймын. Алматыда шығармаларым, кітабым басылып жатқанда, шөміштен оңайлықпен қысыла қоймайтыным белгілі.
Бұны Жақыбаев пен Ільясов та біледі.
* * *
Қорған орта мектебіндегі жағдай айтарлықтай емес. Мұғалімдер арасында жікшілдік бар. Соның кесірі бүкіл оқу-тәрбие жұмысына тиіп отыр деген қаңқу сөз биыл ұлғайған.
Содан ба, қайдам, бір күні мектепте өзгеше бір педсовет шақырылды. Аудандық партия комитетінің бірінші секретары Алдажаров, аудандық атқару комитетінің председателі Құсайнов келген. Әміров, болсын-болмасын, осында. Бірінші басшылардың алдында ол аяғын үшінен басып, құрдай жорғалайды. Өзі де бір мекеменің әміршісі екенін мүлдем ұмытқан.
Күн тәртібіндегі мәселе біреу: Мектептегі оқу-тәрбие жұмысының хал-жағдайы және оны жақсарту шаралары,
Осында келгелі бері көріп, білгендерім ішімді сақардай қайнатып, зорға жүрген адаммын. Бұндайда сайрамағанда, қашан сайрайын. Жарыс сөзде бірінші болып сөйледім. Жақыбаев пен Ільясовты аяусыз сынға алдым. Былық пен шылықтың неше түрі осы екеуінен өрбитінін бас бұрғызбас дәлелдер келтіре отырып, тілімнің жеткенінше дәлелдеп айттым.
Жұрт ұйып тыңдады. Кебінің қышуы қанып отырғаны белгілі еді. Директор мен завучтің мойындарынан су кеткен. Төмен қарап, мөлиіп тек тыңдаумен отыр.
Кейбір тым сорақы фактілерге тоқтаған кезімде Алдажаров сөзімді бөліп:
— Жақыбаев жолдас, осы рас па?
— Ільясов жолдас, осы шынында да осылай ма? — деген секілді киме сұрақтар беріп отырды.
Рас демеске ана екеуінің әдісі жоқ.
Мені жақтайтын жас жігіттер бұндайда үн берін, менің сөзімді қостап, масайрап қалады. Бірақ бір де бірі жарыс сөзге сұранбады. Әлгіндей орындарында отырып қоқаңдаудан әріге бара қоймады. Әлсіздік атаулыға атой сап, қарсы шапқан, сонда негізінен мен ғанамын.
Дон-Кихот мен ғанамын.
Жақыбаев та сөйледі бұл жиында. Бірақ маған қарсы келмеді. Менің бір де бір сөзімді теріске шығармады. Кәдімгі көпшілік жиындарда көп айтылып, мезі қылған жалпылама жауыр сөздер. Өйтейік, бүйтейік деген ұран-шақырулар. Тату болайық, біріміздің білмегенімізді біріміз айтып, көмектесейік. Мүмкін, кемшілігіміз де бар шығар. Кемшіліксіз адам болмайды деп, ұлы көсеміміз Ленин өзі айтқан. Кемшілігіміз болса түзейміз. Жолдастардың айтқанынан қорытынды шығару ол біздің борышымыз деген секілді құр сылдыр, жуып-шаю.
Ең соңынан аупартком секретары сөйледі. Ол не айтса заң бұнда. Секретарь күмпілі кеше ғана басылған апат соғысты еске салды. Халқымыздың өмірінде соғыс кеселдік келтірмеген сала жоқ. Соның бірі халық ағарту ісі. Бәрі соның зардабы. Біз ол зардапты жоюымыз керек. Осы кездегі жаңа талаптарға еңбек етуіміз керек деді. Коллективті бірлікке, татулықққа шақырды.
Біз Жақыбаевтарға қарсы жақ бұл педсоветтен сөзіміз өрге басқан жеңген боп, масайрасып тарастық.
Нағыз айқас әлі алда екенін нағыз жеңіп, жеңілу сондай айқындалатынын, сөйтсек, білмеппіз де болжай алмаппыз.
Ақыр түбі сойылға кім жығылатынын, кімнің мерейі үстем боп, мұртынан жымия қарап тұрарын болжай алмаппыз.
17
Мен әкемін. Жамал атты алты айлық өзіме тартқан тәмпіш мұрын қызым бар. Зағыш көктемде аман-есен босанған. Бұдан былайғы бір алданышың енді осы болсын деп, жас нәрестені маған сыйға тартқан.
Балажан әке болатынымды бұрын да сезетін едім. Енді одан асып түстім. Қызымды бір сағат керіп, иіскемесем, тұра алмаймын.
Шіркін, күн, ауа, жөргек иісі араласқан сәбидің жас иісінен асқан сүйкімді не бар екен!
Ұнатпайтыным сәбидің жылаған кезі. Әсіресе, түнде жылағаны. Тәтті ұйқымды бұзғанына зығырданым қайнайды.
Бірақ мен тұрып, жұбатпаймын. Жұбатып, емізетін Зағыш. Meн көрпемді одан бетер бүркеніп, екі құлағымды тығындап, бұдан былай ештеңе естімеуге тырысам.
Таңертең ұйқым қанып тұрған соң, енді, жыласа жылай берсін...
Өсе бастаған балаға ақ қажет болатыны белгілі. Ал сүт мұнда еш жерде сатылмайды. Колхоз сауған сүтін маслопромға өткізеді. Мал шаруашылығы ауданында, қалың малдың ортасында отырып ет, сүт сатып ала алмау бұл енді ақылға сыймайтын іс.
Сарымай да солай. Өздері мал ұстамайтын қызметкер, жұмысшылар ет, майды мүмкіндіктері болғанда, сонау алыстағы облыс орталығынан, темір жол станциясынан тасиды.
Сүмеңдеп, көршілерден сүт сұрап жүрмейін деп, біреудің бір жаңа туған құнажынын сатып алдым. Сөйтіп, біртіндеп малды бола бастадым.
Бір жақсы ат ұстау арманым еді. Ол да орындалды. Түр-тұлғасы келіскен, жүрісі де, жүйріктігі де бар бір денең шығар сары ат сатып алдым.
Бақпаса мал, қарамаса қатын кетеді деген мақал бар. Ол рас. Баға білсең ғана мал құтаяды. Малға жем-шөп, тұратын қора жай қажет. Мал-жан көбейген соң енді маған істер іс те, шаруа-тіршіліктің қамын ойлау да көбейді.
Бірнеше күн әуреленіп, үйдің бет алдынан ат пен сиырға арнап қора салдым.
Жем-шөп табылуы да оңай емес. Еш жерде ашық сатылмай діңкелетеді. Ашық сатылса, алар едің ақшаңа. Жұрт жем-шөпті малдарына әрқайсы әр түрлі қиғаш жолмен, әр түрлі амал-айламен, әлде кімдермен жең ұшынан жалғасып табады. Мүмкіндігі барлары ептеп-септеп өздері дайындайды.
Амалдауға ебім жоқ адаммын. Ондайды ойыма алсам, жиреніп, үркіп тұрам. Біреуден бір екі дөңгелекті көдек арба сатып алдым. Мектепке сабақ беріп келгеннен кейін, қолым боста, соны сары дөненге жегіп алам да, тартып жөнелемін. Колхоз егісінің ара-арасынан, арық-арықтың бойынан жекешеге рұқсат етілетін жерлерден малыма пішен орып әкелем.
Қысқасы, осындағы нағыз шаруақордың біреуіне айналдым. Қолымнан айыр, күрек, балта түспейді. Малымды уақтылы жемдеу, суару, қора тазалау. Ойлайтыным тек осы.
Майлыаяқ атты қарала күшік асырап жүрмін. Өзі сондай ақылды, құймақұлақ. Айтқаныңның бәрін түсінеді. Жамалжаным екеуі дос. Қолына кәмпит, нан ұстатсаң, Жамал күшігімен бөліп жеп отырғаны.
Жамалдың омырауына төгілген айран, сүтті Зағипадан бұрын байқап керсе, Майлыаяқ жалап тазартады.
Әрине, бұл да аз көмек емес.
Жаңа үйдің әлі бітіп болмаған жұмыстары толып жатыр. Оны да шетінен өзім бітіре жүрем. Қолымнан келсін-келмесін бірдеңе істеуге, тұрмысты жеңілдетуге себі тиетін бірдеңелер ойлап табуға құштармын-ақ, Үйімнің айнала сыртын шарбақтан, әп-әдемі етіп, қоршап алдым. Енді қақпа орнатуды ойлап жүрмін.
Тек бір жұмысым қозғалыссыз қалып қонды. Сонымен шұғылдануға ғана уақыт табылмайды. Ол — жазу. Творчество.
Жұмыстарымның ішіндегі ен, бастысы, құдіреттісі.
Үй салып, шаруа құрып алған соң алаңсыз отырып, жазармын-ау деп, ойлаушы едім. Сөйтсем, оным бекершілік екен. Өзің жалғызілік болып, шаруамен басың қатса, жазу жайына қалып қояды екен.
Шынымды айтсам, қызыл сиыр мен сары ат жазатын да кәсібім бар екенін маған ұмыттыра бастады.
Таңертең оянғанда бүгін бірдеңе оқу, жазу тұрмайды басымда. Үйдің отын-суы, сары ат пен қызыл сиыр, бұзаудың жем-шөбінің қамы тұрады.
Жоқ, бұл болмайды екен деген қорытындыға келдім. Жазушы болуды бала кезімнен армандайтын едім. Енді міне кім боп барам? Мына хал, мына тұрмыспен, байқасам, алдыңғы уақытта да жаза қояр түрім байқалмайды.
Қолым боста ұстайтыным қалам емес, айыр, күрек. Төр үйдің есігін тарс жауып, столға жабысып, отыра қалу орнына мал қорадан шықпаймын.
Шаруамен айналысқалы өзімді өзім күтуден де қала бастадым. Қара жұмысқа не ыңғайлы болса, соны кием. Ұзақ күнге үстімнен салтақ салтақ қара фуфайка, аяғымнан тарп-тарп еткен кирзо етік түспейді.
Қайта, студент кезімде ықтиятты, өзімді өзім күтінгіш едім.
«Екі кеме құйрығын ұста жетсе бұйрығын» деп, әрі шаруа, әрі творчество екеуін бірдей қабат алып жүру ол менің қолымнан келмейтін әрекет екеніне көзім анық жетті.
Сары ат, қызыл сиыр, қызыл бұзау маған жазу жазғызбайтынына көзім анық жетті.
Екеуінің бірін қалауым керек тәрізді.
Әдебиетті қаладым.
Ендігі жоспар мынау: оқу жылы аяқталысымен үй-жайды, малды сату. Сосын, Алматыға кету.
Сары ат, қызыл сиыр, қызыл бұзаудан сөйтіп құтылу.
Жақыбаев, Ільясовтардан құтылу.
Толстойға ұқсап деревняда тұрып көрдім. Бірақ Толстойша жаза алмадым. Мүмкін, қалаға барсам жазармын.
Алматыдан шеттеп, алыстауым — әдебиеттен шеттеп. алыстау болатыным бір кезде жөнді ескермеген тәріздімін. Ескерсем, нем бар мұнда келіп. Қалаға немесе қала маңына жабысып, жатып алар едім ғой.
Уақасы жоқ ештен де кеш жақсы.
Сөйтіп енді, орысша айтқанда, чемоданное настроениенің адамдарымыз. Зағыш менің еркімнен шықпайтыны белгілі.
Өзің біл. Тышқандай бір баламен қайда барсақ та жан бағатын шығармыз деп қарайды.
Көңіл күйім әлгідей болған соң мен енді тіптен еркінсіп кеттім. Мектеп басшыларын адам екен деп көзге ілмеймін. Қолдарыңнан келетіні болса, бір емес, екі істеңдер. Тіреп тұрған аспандарың болса, төбемнен тастап жіберіңдер деген сөзді керіс-талас туа қалса, ашық айтам.
Сөйтсем, бұным әрі асығыстық, әрі астамшылық екен. Пәлеқор дұшпандарымның қолынан әлі де талай нәрсе келетінін болжай білмеуім екен.
Ақыры, бір күні, ойламаған жерден қатырды олар мені. Мықтап қатырды. Мойнымды астыма қайырып, омақастырды десем де болғандай еді.
Ә десең мә деді де, аспанды төбемнен, шынында да, тастап келіп жіберді.
Шынымды айтсам, бұл жолы да бәріне өзім себепшімін. Бетегеден биік, жусаннан аласа болып, аяғымды үшінен басып, жайына жүре алмайтын ит мінезім себепші.
Ақжүрек партизандығым себепші.
Осы қыста мектепте Манабаев дейтін шәнтік, есерсоқ біреу пайда болған. Хим-биологиядан сабақ береді. Өзінің оқытатын пәнін де білмейтін дәрменсіз дәлдір біреу. Сабақ үстінде оқушылармен базардағы былапыт әйелдерше салғыласып ұрсатын көрінеді. Балаларды тілдеп, боқтауға дейін барады. Осы мектепке не сен тұрасың, не мен тұрамын. Басыңды кесіп алып, он жыл арқалап кетуге бармын деген секілді дөрекі сөздер айтады оқушыларға.
Манабаев туралы мәселе бірнеше рет педсоветте қаралған. Неге екенін мектеп басшылары оған тым ымырашыл. Педагогтік мінезге еш жараспайтын сорақы қылықтары атой сап, көзге ұрып тұрса да мәймөңкілеп қарайды. Көзін алартып, кеңірдегін сығып алудың орнына сауырынан сипап, ескерту, қатты ескерту сияқты жұмсақ шаралар қолданған болады. Одан әріге бармайды.
Бұны жаза екен деп сезінген, түзелуге бет алған Манабаев жоқ,
Егep Манабаевтан зәбір көрген жоғарғы класс оқушылары шағынып маған келеді. Ағай, осы туралы газеттердің біріне қатырып жазыңызшы деп, өтінеді.
Жаздым, Фельетон жаздым: «Манабаевтың масқара қылықтары» деген. Аудандық газеттің редакторы Мейрамов түзу жігіт. Өзі менімен достау. Фельетонымды соған оқып беріп ем, ұнатты.
Фельетон газетке жарияланды.
Қорғанда жер сілкіну, менің төбемнен аспан құлау міне осылай басталды.
Мен фельетонға герой етіп жазып отырған Манабаев, сөйтсем, бұнда жел айдап, қаңғып келген әлдекім емес екен. Аудандағы тфу десе түкірігі жерге түспейтін екі дөкей басшының бірі — ауатком председателі Құсайыновтың әйелінің жақын туысы болып шықты. Ол мұнда жайдан жай келе салмаған.. Құсайыновты сағалап, соны арқа тұтып келген.
Мен бұны қайдан білейін. Егер білсем, арты қалай болады деп, ойланам ғой.
Сөйтін, пәленге тағы да өзіме өзім тауып алдым. Бауырын күнге қақтап, манаурап тыныш жатқан қара шұбар жыланның құйрығын өзім барып бастым. Жылан басын бұрып алды да, тісінде қанша уы болса соның бәрін аямастан төгіп, мені шақты-ай кеп! Дұшпандарым жетісіп, шоқ, шоқ! Өзіңе де сол керек деп, табалап күледі. Ал достарым...
Бұндайда, басына іс түскенде, мен осының досы едім. Не көрсем де бірге көрейін деп, қасыңда кім қалады?
18
Фельетон жарияланғанына бір жетідей уақыт өткен.. Манабаев қалшылдан күйіп-пісуде. Бір күні, аяқ астынан мектептің бір топ мұғалімін ауаткомның мәжілісіне шақырады. Мен де бармын шақырушылардың ішінде. Тізімнің жуан ортасындамын. Аңқау басым ештеңеден сезік ала қоймадым. Бардым, Отырдым. Районо меңгерушісі Әміров, мектеп басшылары бәрі отыр.
Ауатком мәжілісінде қаралмақ мәселе тағы да Қорған орта мектебіндегі оқу-тәрбие жұмысының жайы туралы екен. Мен бұны жаңа естіп. білдім. Жұрттың қас-қабағын аңғарып, енді ғана ішімнен сезік ойлай бастадым.
Онымды білдірмеуге тырысып, жағамды жайлауынан салып отырмын.
Сөз әуелі мектеп директоры Жақыбаевқа берілді. Оның айтуынша: бұрынғы жылдар Қорған орта мектебі үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тамаша жылдар болған. Мектеп аудан бойынша ең алдыңғы қатардағы мектеп еді. Мұғалімдер коллективі сүттей ұйыған тату болатын. Біреуге біреу нағыз досша, нағыз большевикше көмектесіп, ауыз жаласып енбек ететін. Оқу-тәрбие жұмысының дәрежесі балалардың сабаққа үлгерімі қазіргі кездегіден пәленбай есе жоғары болған.
Ол заман, алтын заман, енді жоқ. Өтті-кетті. Мектеп бүліне бастады. Сүттей ұйыған мұғалімдер коллективінің арасына жік кірді. Бұған кінәлі кім? Кінәлі мектепке былтыр, биылдар келген жас мұғалімдер. Атап айтқанда Мамырбаев....
Төбемнен зу еткен суық сезім табанымнан бір-ақ барып шықты.
Мені қаралап, жамандауға Жақыбаев сөзді аяп қалмады.
Әбден дайындалып, мені тұқыртуға болады-ау деген көр-жер фактысымақтарды жіпке тізіп, алып келген. Астанада институт .бітірген жас кадр бола тұрып, өкімет пен партияның сенімін ақтамаймын. Мектеп басшыларының сенімін ақтамайды. Өзімді коллективтен жоғары бөлек ұстаймын. Коммунистік идеяға жат жекеменшік идеяны уағыздаушының бірімін. Өзге мұғалімдер бұған күш-жігерін мектептегі оқу-тәрбие ісіне жұмсап жүрген кезде мен тек өзімнің қара, басымның қамын ойлап, жекеменшік үй салумен, жекеменшік мал жинаумен болған.
Осы қыста соғымға бие сойған едім. Жақыбаев оны да маған пәле етіп жапты. Аналық малды жойды. Сол арқылы ауданымызда мал басының көбеймеуіне себепші болды деп, қаралады. (Биені колхоздан сатып алғаным есеп емес.)
Моральдық бейнем де айтарлықтай емес екен. Былтыр педагог Қасымованы айналдырғам. Ол көнбеген соң жау боп алғам. Бұны осында отырған Қасымова өзі растайды.
Оқушыларды мұғалімдерге қарсы айдап салам.
Пәлен-түлен деген оқушылардың дәптерлерін жыртқам.
Қысқасы, педагог болуға мүлдем лайықсыз, оңбаған біреу екем.
Ойпырмай, ақты — қара, қараны — ақ етіп сыпаттаудан оңай ештеңе жоқ екен-ау деп, ойлап қалдым.
Кімді де болса жамандауға сөз табыла береді екен.
Маған енді бәрі де түсінікті еді. Ауатком мәжілісі тек мен үшін шақырылған. Менің көзімді Қорған орта мектебінен жою үшін. Бәрін алдын ала тәптіштеп ойластырған. Бәрін келісіп алған.
Кімдер сөйлейді? Қандай ұсыныстар жасалынады? Оны кімдер қостап, кімдер қостамаған болады. Осының, бәрі-ақ алдын ала әзірленіп, кесіп-пішіп қойылған.
Ауатком председателі Құсайынов сөйледі. Осындағы совет өкіметін бір өзі сүйреп жүрген адамдай, мен оның жолына көлденең тұрғандай столды тоқпақтап, аузынан түкірігі шашырап, қалш-қалш етті. Бұл секілді жат мінез бұзақыны мектепке жақын жолатуға болмайды. Қуу керек деп, тоқтады?
Аупарткомнан үшінші секретарь Сырғажанова дейтін қызыл бет әйел катысып отырған. Байы жоқ. (Мен көріп жүрген әкім әйелдердің көпшілігі неге екенін, байсыз болады.) Оның сөзі Құсайыновтың сөзінің жаңғырығы тәрізді болды.
Газеттегі фельетон туралы бір ауыз сөз айтылмады.
Бұл да алдын ала ойластырылған нәрсе. Фельетон жайлы айтылса, онда сөз басқа жаққа ауады. Жұрттың назарына бірінші боп, Манабаев түседі.
Ауатком председателінің кімді қызғыштай қорғап, кім үшін күйіп-пісетіні белгілі болып қалады.
Ең соңынан маған сөз берілді. Ыза буып, жиреніп, кетіп қалғым келіп, әзер шыдап отыр едім. Орнымнан асықпай түрегелдім. Төрдегі Құсайыновқа қарап:
— Спектакльді жақсы әзірлеген екенсіздер. Өз рольдеріңізді бәрлеріңіз де тәуір атқарып шықтыңыздар. Өтірік пен жалақорлық әбден кәсіптеріңіз болып алған екен, — дедім.
Ешқандай толқымай, өрепкімей, жайымен айттым. Ар жағы таза, адал адам, қашан да, өзін мығым ұстайды.
Есікке таяу отыр едім. Шығып жүре бердім.
— Мамырбаев! Тоқта! Қайда!..
Мамырбаев тоқтаған жоқ. Неменеге тоқтасын? Сөз ұқпас қорқаулармен керісу үшін бе?
Маған енді бәрібір еді. Онсыз да құйысқаным көтеріліп, бұл арадан кетуге әзірленіп жүрген адаммын. Қашайын деген қоянға тәйт деген себеп деп, мыналар соны тек тездетті.
19
Соңынан естідім: мен кеткен соң Құсайынов одан бетер шат-шәлекей бопты. Ол, сірә, мені ұзақ сөйлеп, ақталар. Жалынып-жалбарынар деп ойласа керек. Мені Қорғаннан басқа мектепке ауыстырмақ ниеттері бар екен.
Мен әлгіндей мінез көрсеткен соң ауатком председателі табан астында басқадай шешімге келеді. Жергілікті өкіметті, оның мәжілісін сыйламайтын бұл кім өзі? Қайдан шыққан әулие? Оның көзін ертеңнен бастап жою керек! Мұғалімдік қызметтен мүлдем шығару керек. Қаңғып, кететін жағына кетсін біржолата! — депті.
Мәжіліс мені мұғалімдік кызметтен босату туралы қаулы қабылдапты.
Қырсыққанға кейде мен де қырсығатын жыным бар. Жоқ, олай болса, жайдан жай кете салмаспын. Арамзаның біразының мойнын астына қайырып, еш алып, содан кейін ғана кетермін деген ойға келдім. Өйткені, ісім де, арым да ақ адаммын. Неден қорқам?
Жайдан-жай кете салсам, жеңіліп кеткен болам. Яғни, кінәм бар. Көлденең жұрт солай ойлап, солай топшылайды.
Тоғышарлар пәлен өстіп бүлдірді мектепті. Сол үшін қызметінен қуылып кетті демей ме?
Мешкей деген жаман ат. Бұл сөз, сосын, Қорғаннан басқа жерге жайылады. Әлі Алматыға жетеді. Мені танитын танымайтындардың арасында жаман пікір тудырады.
Кетерде мұнан еңбек кітапшасын алуым керек. Оған бұлар өздігінен тәуір сөздер жазбайтыны белгілі.
Жоқ, үн-түнсіз кете салуым жарамайды. Жігіттік ар-намысым буған жіберетін түрі жоқ. Мен күресемін. Ісім мен арым адал екенін дәлелдеп, содан кейін ғана кетем. Әділдік, қашан да жеңуге тиіс.
Енді менің жауыздықпен күресуім басталды.
Оның жолы біреу ғана — жоғары орындарға арыздану.
* * *
Басына іс түспеген адамның заңда шаруасы бола қоймайды. Ал бірдеңеге ұшыраса, ең әуелі, заңға жүгінеді. Заң-еке, бұған сен не айтасың?
Ісіме қатысы бар заңның біразымен танысып қарасам, заң мен жақта көрінеді.
Жоғары дәрежелі білімі бар мұғалімді аудандық жер қызметінен босата алмайды. Тек облыс босата алады. Онда да республиканың оқу министрлігіне хабарлай отырып дейді заңның сөзі.
Оу, мыналардың істеп отырғаны, ендеше, барып тұрған заңсыздық қой!
Жүгіріп прокурорға барайын. Айналайын, сен мені мына заңсыздықтан қорға.
Кәне, қандай заңсыздық деп әлеп-жәлеген прокурор көрінбейді. Тыңдауы да, жауап беруі де самарқау:
— Болар іс болған екен. Біз оған ештеңе істей алмаймыз. Сотқа беріңіз. Сот қарап шешеді, — дейді.
Сот мұнда Қасымов. Сол әлгі сабақ, оқытуда өзіммен бақталас әдебиетші Қасымованың күйеуі. Әділдік іздеп, арыз айтып, соған баруым керек.
Жоқ, бара алмаспын мен оған.
Жоғарыға томпылдатып арыз айдағаннан өзге енді лаж жоқ.
Білгіштер қайда да болса бар. Ауылда да жетерлік. Менің тағдырым секілді тағдырды бастан кешіп, сауаты ашылғандар жан-жақтан ақыл бере бастады:
— Сен арыз жазар болсаң, жоғарғының жоғарғысына жаз. Аудан, облысқа жазып әуре болма. Оныңнан түк шықпайды. Әділдік тапсаң, жоғарыдан ғана табасың. Ал бергі, төменгі жақ, сенің сөзіңді ешуақытта да сөйлемейді. Құсайынов, Жақыбаевтардың сөзін сөйлейді. Өйткені сенен гөрі олардың қолы ұзын. Әділдік айтқысы келіп, ашыла бастаған ауыздарды олар сенен бұрын тығындап қояды.
Білгіштің бірі емес, бәрі осыны айтады.
Және бір білгіш:
— Құдайға шүкір, біздей емессің, азын-аулақ орысшаң бар. Сен арызды орыс газеттеріне жаз, — деген кеңес береді. — Орыс ол әділдігі мол жұрт. Қазақ газеттеріне жазғаныңнан пайда аз. Казак газеттерінен келетіндер мұнда кімнің үйіне түнеп шықса, ертеңінде соның сөзін сөйлейтін болады. Біз Оны көріп жүрміз, шырақ.
Шығарма жазу орнына арыз жазғыш, болып алдым. Таңертеңгі шайымды ішісімен, басымның тың кезінде, столға жабысып алам. Бір ғана жазып қоймаймын. Көшіремін.
Арыздың бірі емес, бірнешеуі жөнелтілді. Барсын, бара берейін. Артықтығы болмас. Бірнеше парақ қағаз бен конверт, маркалардан өзге менен не шығып жатыр. Қолым бос, уақыт деген жетеді.
Не арзан — қағаз, конверт арзан.
Қол арыздың бәрі бірдей аяқсыз қалмас. Бірі. болмағаны мен бірі тексерілер.
20
Е, Еркін шырақ, дүниеде жұмыссыздық дейтін пәле барын бұған дейін сен газеттерден, кітаптан оқып білетін едің. Енді өз басыңа келді.
Айтса, айтқандай азап екен ғой бұл. Төрт мүшең сау, ақыл-есің дұрыс. Тепсең темір үзетіндей күш-қуатың бар. Ал істейтін іс, баратын жұмыс жоқ. Мен бұның қандай азап екенін осы жолы басыма түскен соң анық білдім.
Мен тағдырдан денім сау, көзім қара кезінде қиыншылық бәрін бер деп, тілер едім. Тек жұмыссыз қалдыра көрме. Дүниеде бұдан өткен қорлық бар деп ойламаймын.
Зағипа таңертең ерте мектепке сабағына кетеді. Жамалды, бұрынғыша көрші орыс семьясы бағады. Meн үйде жалғызбын. Бұрынғыдай ермек етіп қарайтын мал да жоқ. Ақыр бұл арадан кететін болғандықтан, ретіне қарай атты да, сиырды да сатып үлгердім. Әзірше сатылмаған тек үй, Оны да саудалаушылар аз емес.
Енді міне екі қолым алдыма сыймайды. Істерге іс таппай, қамаудағы адамша төрт қабырғаның ортасында сенделіп, жүрем де қоям.
Көңілім орнында болса, тым құрыса, отырып бірдеңе жазар едім. Соны ермек етер едім. Көңілім орнында емес. Басым толы қайнаған ыза. Бұндайда кісі столға отыра ала ма?
Жазу үшін бап керек. Адам өзгенің бәрін ұмытуы керек. Дүниеде тек сен ғана барсың. Қолыңдағы қалам, алдыңдағы ақ қағаз, басындағы жазбақ ой ғана бар. Іске татыр бірдеңе сонда ғана жазылмақшы.
Сенсеңіз, көшеге шығудан да қорқатын болдым. Мектепті бүлдірген, қызметінен қуылған мұғалім, әне, анау деп, жұрт мені қолдарымен нұсқап, күлетін тәрізді. Әменде солай. Біреу сүрініп, қуласа, біреудің үйі өртенсе, басқалар үшін ермек, күлкі емес пе?
Күн соңынан күн өтіп жатыр. Ар.ыздардан жауап жоқ.
Мұғалімдердің ішінде бірлі-жарым менімен пікірлес, дос сымақтар бар еді. Осы күні солардың бірі жоламайды. Үйімде дуылдасып, талай бірге болып еді. Талай-талай бөтелкелерді бірге босатысып еді. Солардың бірі келіп, халің қалай демейді. Иә, мен оларды түсінемін. Өмір сүру керек оларға да. Мен болсам, ойыннан шығып қалғам адаммын. Менен енді оларға пайда аз.
Пайда келсе, Жақыбаев, Ільясовтардан келеді.
Достардан да, бәрінен де түңілетін кездерім болады. Адамды ой да қалжыратады. Сондай кезде жақын маңда азық-түлік дүкеніне барам. Жынды судың бір шөлмегін қойын қалтама салып, алып келем. Жалғыз өзім отырып, іше бастаймын. Осындай бір ермек «дос» таптым.
Босаған шөлмекті төсектің астына лақтырамын.
Енді міне, сырдың суы сирағымнан келмейтін балырмын. Жауларымды шетінен бураша тарпып тастамай, үйде неғып қамалып отырғаныма таң қаламын. Ақырын, столды қойып келіп қалам:
— Мен оларға көрсетем!
Адам, сірә, осылай жынданатын болса керек.
Мектептен Зағипа келеді. Торға жаңа қамалған арыстанша ұрынарға қара таппай, үй ішіне сыймай жүрген түрімді көрсе еді. Сыртқа шықсам біреумен, шынында да байланысуым мүмкін. Содан қауіп ойлаған ол жұп-жұмсақ алақанымен басымнан сипап, тыныштандырмақ болады:
— Еркін жаным, жатшы.. Жатып демалшы.
Мен бұған одан бетер құтырып кетем.:
— Айтшы, не істедім мен оларға! Не істедім? Жазығым қызметіме адал болғаным-ба? Жауыздарға мен әлі көрсетемін! Тектен тек кете салмаймын бұл арадан. Егер әділдік таппайтын болсам, шетінен үйін өртеп, өздерін бауыздап өлтіремін! Бұл менің қолымнан келеді.
Келмей қалсын.
Мастың сөзі құрсын. Ертесінде, есім қайта кірген кезде, кешегі бақырып айтқан сөзім, ісім үшін өзімнен өзім ұялам. Өзімді езім жерлеп басым салбырап, отырып қалам.
21
— Сізді аупартком шақырады.
— Кімі?
— Үгіт-насихат бөлімі.
Неге шақырады екен деген дүдамалмен келдім. Сол әлі кертпек мұрын сары жігіт. Бөлім бастығы. Сол әлгі денесімен дене боп сірескен қара костюм.. Мойнын қылғындырып байлаған қара галстук. Темекісін ең соңғы рет үстемелей сорды-сорды да, күлсалғышқа мыжып-мыжып өшіріп жатып:
— Отырыңыз, Мамырбаев жолдас.
Отырдым. Жігіттің өңі де, сөзіде жылы.
— Хал қалай?
— Шүкір.
— Үйдесіз бе?
— Әзірше үйдемін.
— Мына арызды сіз жаздыңыз ба?
Өзім жазған жазу көзіме жылы ұшырай кетті:
— Иә, мен.
— Арызыңыз бізге келіп түсті, — деп қағаздың ар жақ, бер жағын аударып қарап, ыңыранып сәл отырды. — Ал не істейміз? Тексереміз бе?
— Оны мен қайдан білейін. Өздеріңіз білесіздер де.
— Менің сізге мынадай бір замешание айтқым келіп отыр. Сіз деген оқыған азаматсыз. Такт дейтін болады, сіз оны білуге тиіссіз. Жергілікті партия, совет орындарының басынан асырып, арызды ту Москваға жазғансыз. Осыңыз жарай ма? Әлгі айтқан тактіге жата ма осы?
— Қайда жазсам да еркім емес пе?
— Әрине, еркіңіз! Москва түгіл одан әрі... Бірақ такт, такт болу керек. Ал ендігі әңгіме былай: мен арызыңызбен мұқият таныстым. Сіз, әрине, бәрін өз көзқарасыңыз тұрғысынан баяндайсыз... Арызыңыз тексеріледі, тексерілмей қалмайды. Бірақ, ол үшін біраз уақыт қажет. Мүмкін, сіз де кінәсіз емес шығарсыз. Сіз жолаушы жолдастардың да артық кеткені бар шығар. Оның бәрі сарапқа салынып, тиісті қорытынды шығарылады. Ал оған дейін біз ие істеуіміз керек? Сіз қазір қызметсіз жүрген секілдісіз. Бұл, әрине, жарамайды. Біз сізді әзірінше, басқа бір мектепке кызметке жіберуді дұрыс көріп отырмыз. Бұндағы мектептің басшыларымен енді бәрі бір, сыйысып қызмет істей алмайсыз. Солай ғой? Солай. Бір бет жыртысқаннан кейін... Сіз бұған қалай қарайсыз?
— Жоқ, мен ешқайда да бармаймын. Үй-жайымды сатып, Алматыға кетем.
— Алматыға?
— Иә.
— Онда өзіңіз біліңіз. Маған Алдажаров жолдастың берген тапсырмасы әлгідей — сізді қызметке орналастыру.
— Кетуін кетем. Оған белімді бекем бұған адаммын. Бірақ мынадай жаман атақпен кетпесем деп едім. Жауып отырғандары түгелдей жала.
— Сіз жас адамсыз, талантыңыз бар. Өлең жазасыз. Газет-журнал беттерінде жарияланған дүниелеріңізді мен оқып тұрам. Кітабым шығады деймісіз? Прекрасно! Сізге не керек бұдан артық? Шынымды айтсам, мен сіздің Алматыға кетем деген ойыңызды құптаймын. Мұнда, былық-шылықтық арасында, не бар сізге? Айтыс-тартыста не шаруаңыз бар?
Жалақ сары ақылсыз жігіт емес тәрізді. Екеуміз бірқауым әңгімелестік. Құлаққа кіретін, арналы сөздер айтады. Пікірінде әділдік, дұрыстық бар. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, екі арадан бітімнің тура жолын тапқысы келетін тәсілшеңдігі және байқалады.
Біз тіл табысып, келісіп тарастық. Оқу жылы аяқталуына аз ғана уақыт қалды. Meн енді қызметке тұрмаймын. Өйткені, Қорғаннан бәрібір кететін адаммын. Арызымның жуық арада тексеріліп, тексерілмеуі және шарт емес. Оның есесіне еңбек кітапшама «қызметінен өз еркімен босады» деген жазу жазылатын болды. Бұны жалақ сары өз мойнына алды.
Әңгіме осымен тынды.
Пәледен машайық қашыпты деген сөз бар, Сол жолды енді мен де қуайын дедім.
22
Үй де сатылды. Поезда алып жүруге болмайтыннан сатылмаған тек Майлыаяқ.
Ит сату қазақта болған кәсіп емес, Пәленше ит сатыпты деген сөзді естігеннен де өлгем артық.
Адамдай емес, иттің өсіп-жетілуі жедел болады екен. Майлыаяқты осы кезде күшік деп, айта алмайсың. Кәдімгі середей үлкен ит. Аяқтары сидам, үлкен жарғақ құлақтары салпиған, жүні тықыр. Төбет иттен гөрі тазы тұқымына көбірек ұқсас.
Байлау кермей, аула ішінде еркін шапқылап өскендіктен бе, Майлыаяқ ызақор, қабаған емес. Әрі баладай шолжаң ерке. Үйден біріміз шыға келсек, басымызға шапшып қарсы алады. Ұрсып, зекіп жатсаң тыңдамай, беті, қолымызды жалап, ыза етеді.
Сырттан келсең және сол.
Тек өзіміздің үйдің адамдарына ғана өтпейді. Біздің қақпаға қарай бөтен адам, бөтен мал келе жатса да, алдынан одыраңдап қарсы жүгіретін әдеті. Жоқ қаппайды. Балалық шолжаң мінезі ұстап тек қорқытып, үркіткісі келгендей басына шапшып секіреді. Немесе бірнеше рет айнала шауып өтеді. Бар бітіретіні осы.
Мұнын бұл мінезін, қылжақбас екенін, бөгде жұрт қайдан білсін. Майлыаяқ одыраңдап тұра-жүгірген кезде-ақ қабады екен деп ойлап, қорқып шал баж болып жатқаны.
Өзі де бала болғандықтан ба, әсіресе, бала-шағаны қорқытып үркітуге Майлыаяқ сондай құмар. Тіпті кейде біздің үйден аулақ сонау көшемен, өз бетінше кетіп бара жатқан балаларды да тырқыратып қуып беретін әдеті.
Сол ерке, еркін өскен Майлыаяқ біраз күннен бері өзінің бұрынғы бостандық өміріне зар. Байлаулы тұр. Біз оны шынжырлап байлап қоюға мәжбүр болдық. Өйткені, кешедегі біз ілген хабарландыруларды оқып, үй немесе басқа бірдеңе сатып алмақ болып келген жұртты оның шошытып, жолатпайтын, қуалап бітетін түрі бар.
* * *
Taп бүгін бір сұмдықтың болатынын Майлыаяқ анық сезді. Таңертең итаяққа құйған асты ішпей, легеннің шетінен тұмсығымен көтере қағып, төгіп тастады.
Сосын, үйшігінің алдыңда шоңқиып отырып алып, тұмсығын көкке созып, ұлуға кірісті. Бұдан бұрын болмаған әдет. Қиын-қыстау замандарда иесінен айрылып, жұртта қаңғып қалған иттер өстетін еді.
— Әй, Еркін, мына ит бүгін біздің кететінімізді біліп, соған ұлып отыр. Қандай аянышты! Өзін бірдеңе етіп, алып кетсек қайтеді. Жамалжаныммен қатар туған ит еді, — дейді Зағипа.
Майлыаяқтың зарлы дауысы менің де жүйкемді босатқандай. Бірақ жағдаймен санаспасқа лаж жоқ.
— Оу, қалай әкетеміз? Поезға бірдеңе етіп мінгенмен, Алматыға барған соң өз үйіміз жоқ, қайда ұстаймыз. Әзімізбен бірге кеңсе-кеңсеге жетелеп жүреміз бе? Әбекеңе тастаймыз. Әбекең бұл итті қор қылмайды.
Бұл айтып отырған адам осындағы қойшы. Біздің көрші, жақсы кісі. Аңқылдаған ақ көңіл. «Інішек, кешер болсаң, Майлыаяқты маған беріп кет» деп, қызығып сұрап жүр.
Қимасам да Майлыаяқты Әбекеңе қалдырдым.
23
Қорғанмен де, Майлыаяқпен де қош айтыстық.
Біріншісімен қуана қош айтыссақ, екіншісімен қоштасарда жүйкеміз кәдімгідей босағандай болды.
Тағы да Алматыдамыз. Қайда жүрсем де, Алматы мен үшін өз үйім, үлкен үйім секілді. Тап осы келгенде өзімді ұзатылып кетіп, жайы болмай, төркініне қайта қайтып келген, қыз секілді сезінемін.
Барған жерің оңбаса, астыңнан су шықса, қайта қайтып төркініңді таппағанда кімді таппақсың?
Мені ұзатқан қара шаңырақ ол — КазПИ. Төрт жыл оқып, тәрбие, білім алған бесігім болғандықтан ол маған әрқашан ыстық. Көзіме анадайдан жылы ұшырап тұрады.
Басқадай барар жер болмағандықтан КазПИ-дің Совет көшесіндегі студенттер жатақханасына келіп түстік. Өзім бірнеше жыл тұрған, өмір сүрген үй. Коменданты, есік баққан кемпірлері, бұлың-бұлыңы түгел таныс. Сен кімсің деп, жат көзбен қарамас, қуып тастай қоймас.
Оның үстіне қазір оқу жылының аяқталған кезі. Студенттер жазғы демалысқа тарап кеткен. Жатақхана бос. Қашап пәтер тауып жайғасқанша, мүмкін бір бөлмесін бере тұратын шығар.
Бірінші іздегенім комендант Карпенко болды, О, бұл деген тамаша адам. Студенттердің мынау деген досы. Майдангер ескі солдат. Мінез-құлқы кең пішілген, жақсы-жаман өмірді молынан көрген. Егер бар болса, басқа бір жаққа ауысып кетпесе, онымен тіл табысуға болады. Баяғыда талай рет бірге отырып стакан соғыстырып, тамақ жібітіскенбіз.
Қысқасы, өз адамым. Осында eң әуелі соған сенгендіктен келіп түсіп отырмын.
Есік баққан кемпірден:
— Карпенко бар ма?
— Бар.
— Дені-қарны сау, істеп жүр ме?
— Істеп жүр.
Болды, бітті. Маған керегі әзірше осы.
Комендантты өз орнынан таптым. Туысқан адамдарша мәре-сәреміз. Амандық, хал-жай, жөн сұрасып жатырмыз. Қысқашалап жағдайымды айттым. Өзіммен бірге ере келген әйеліммен, қызыммен таныстырдым. Пәтер тауып жайғасқанша тұра тұруға бізге бір бөлме баспана керек дедім.
Жақсылықты жақсылықпен қайтаратынымды ол көзімнен оқып, біліп тұр.
— Сол да сөз боп па? — деді Карпенко екі қолын қанатша жайып жіберіп. — Бір ай тұр. Тіпті, екі ай тұр. Бір бөлме аз болса, екі бөлме алып тұр.
— Бір бөлме жетеді.
Үйдің екінші қабатындағы үлкен бір бөлме еркімізге берілді. Төсек-орын, стол, орындықтар, бәрі жатақхананыкі. Дәл бір әкеміздің үйіне келгендей еркінсіп, жырғадық та қалдық.
24
Біріншіден, кызмет, екіншіден пәтер іздеп, сандалудамын. Күн ыстық. ЬІстық күнде терлеп-тепшіп, борсып қала кезу оңай шаруа емес.
Жалдайтын жекеменшік пәтер қала ортасынан табыла қоймайды. Трамвай, троллейбус жолынан қашық шеттен табылады. Бұл арадағы көшелер, әдетте асфальтталмаған. Толарсақтан шаң. Ыстықта бетіңе бір елі боп қонған шан мен терді сүрте жүріп, өр қақпаны бір қағып, итті абалатып, қаңғырып пәтер іздегеннен еткен азап жоқ-ақ.
Үй жалдайтындар:
— Жас балаларың бар ма?—деп сұрайды. Шынын айтсаң:
— Бар.
Болды, бітті. Үй жалдаушы сенімен будан әрі сөйлеспейді. Жас баланы олар тажал кереді:
Оларға керегі қыңқылдап жыламайтын, мазаларын алмайтын баласыз қу бас жандар. Келген-кеткені білінбесе, үндері шықпаса...
Кешқұрым шаршап шалдығып, өзімді өзім әзер сүйреп жеткен менен Зағипа:
— Не таптың? Ештеңе таптың ба? — деп сұрайды.
— Бірнеше пәтер табылып еді. Жас балаларың бар екен деп, келіспеді.
Зағипа көзі аларып, шошып қалады:
— Тілеуің құрғыр, тілеуі жаман неғылған жандар. Баласы жоқ үй бола ма екен?!
Институтта сабақ берген ұстаздарымның ішінде менің ерекше сыйлайтын адамымның бірі профессор Жұмалиев еді. Нағыз ғалым міне сол. Өз пәнін бес саусақтай біледі. Бұрынғы-соңғы ақын-жазушылардың шығармаларынан сала құлаш үзінділерді жатқа соғады.
Бір күні көшеде сол кездесе кетті. Қайдасың? Қайдан келдің? Демалысқа келдің бе деп, сұрап жатыр.
— Хажеке, мүлдем келдім. Үй ішіммен көшіп келдім, — деп жай-жағдайымды айттым.
Ол менің әңгімеме аса мән беріп, тағдырыма өзімнен бетер күйзеліп тыңдады.
— О баста кетпеуің керек еді. Қате істедің. Қызмет осы арадан да табылатын еді ғой, — деді.
— Менің де, өзімше, жоспарларым болып еді. Үйдегі ойды түздегі нарық бұзады деп, ойлағанның бәрі жүзеге аса бермейді екен.
— Сөйтіп енді кызмет таптың ба?
— Жоқ ыңғайлы кызмет таба алмай жүрмін.
— Оқу құралдары баспасына редактор боласың ба?
— Болайын.
Онда мен сені Әбуге ертіп барып, айтайын, — деді Хажекең.
— Айтқаныңыз артық болмас.
Сол әлгі өзімнің тұңғыш кітабым — өлеңдер жинағым. шығатын баспа. Директоры мені былай да жақсы таниды. Есіктен кірген бетте-ақ назар тігіп, жылы қарсы алды.
— Оу, қайдан, ауылдан келдің бе? Дұрыс кепсің. Міне, кітабың шыққан, — деп стол үстінде үйіліп жатқан бірнеше кітаптың арасынан жұқалтаң сарғыш кітапты тауып алып, маған ұсынды.
Мен, әрине, қуаныштымын. Өзімнің тұңғыш кітабымның қалай болып шығатынын ойлап, талай-талай тәтті қиялданғанмын. Сол енді міне қолымда тұр. Мұқабасының сыртына суретім басылған. Фамилиям өзімнің қол таңбам үлгісімен жазылған. Әдемі.
— Екі-үш күнде ақша болады. Қалған ақшаңды аласың, — деп директор одан бетер қуантты.
Хажекең баспа директорымен дос еді. Оған өзімсінген сыңаймен менің жайымды айта бастады. Еркінге қызмет тауып бер, редактор етіп қызметке ал, мынау деген редактор болады деді.
— Редакторлық орым әзір жоқ. Бірақ соған деңгей басқа кызмет тауып берейін.
Мәселе табанда шешілді. Оқу құралдары баспасынын қасынан айына бір рет «Халық мұғалімі» атты педагогикалық журнал шығып тұрады. Соған мені бөлім бастығы етті.
Осы ауланың ортасында белуардан жерге батқан, барақ тәріздес аласа оқшау үй тұр. Үзын дәліз, екі жақта қатар-қатар есіктер. Соның сол қол жақтағы біреуінің сыртына «Халық мұғалімі» журналының редакциясы» деген жазу қағылған. Шаршылау бір ғана бөлме. Төрт стол. Соның босаға жақтағы адам отырудан босына мен ие болдым.
Аты дағарадай журналда менен бұрын үш адам жұмыс істейді екен. Редактор, жауапты хатшы және бір жас келіншек — бөлім бастығы. Мен төртінші боп қосылдым.
Бөлмедегі бір ғана үлкен терезе батыс жаққа қараған. Әбден түс ауғанда болмаса, күн сәулесі мұнда жоламайды. Сыз иісі еденнің астынан бұрқырап соғады да тұрады. Таңертең қызметке сап-сау келген адамдар кешке қарай үйімізге мұрнымыз бітіп, түшкірініп, пысқырынып, ауырып қайтамыз.
Соған да қарамастан біз журнал қызметкерлері тату едік.
Редактор Баттал ақылды, жуас кісі. Талай жыл мектепте сабақ берген тәжірибелі педагог. Қатаң сөз, қатқыл мінез жат оған. Айтатынын жайымен сылап-сипап айтады. Мақтауын да, ренжуін де солай жеткізеді. Редакцияға келіп-кетуші жұртқа да, әз қызметкерлеріне де сондай жағымды. Жауапты хатшы Ғарекең Батталдан да жуас, әрі ғажап қарапайым. Кішіпейілдігінде шек жоқ. Жас шамасы қырықты мол орталаған бұл адам киімді тым қоңыр киінетін еді. Пальтосы ескі үлгімен сонау соғыстан бұрын тігілген ұзын. Екі иығына өркештей боп, екі кило мақта тығылған. Етек, жеңі, жағасы қырқылып, кірлеп біткен. Оның бір түймесі қашан да, үзілген болады, орнында жібі салбырап тұрады. Және бірі үзілуге тақау. Ғарекең киіп жүрген шалбардың өтектелгенін, оған қыр түскенін көрген емеспін. Ол ақ жейде кимейді. Кіл кір көтеретін қоңыр түсті жейделер киеді. Галстук тақпайды, шаш қоймайды. Шаш күтуді де, сірә артық әуре көретін болса керек.
Ғарекең бойшаң кісі. Сол бойшаңдығын да өзіме көпсінгендей ылғи еңкіштеніп, тізесін бүге басып қорғаштанып жүргені. Біреу-міреу оқыстан тәйт деп қалса, мықшиып шөге кетуге дайын.
Сырт бейне, жүріс-тұрысы осыншама жұпыны, елеусіз Ғарекеңнің бар асылы ішінде. Оқыған-тоқығаны мол, орысша, қазақша бірдей сауатты білімдар журналист. Мен одан көп үйрендім, көп тәлім алдым. Бойындағы толып жатқан адамшылық қасиеттерін өзіме үлгі тұтуға тырыстым.
Ғарекең неге де болса адал, әділ еді. Қиянат атаулыға өз-өзінен кейіп, күйзеліп отырғаны. Кітапты, әсіресе, классикалық әдебиет үлгілерін көп оқиды. Гогольді өлердей ұнататын. «Шіркін-ай, Гоголь тіріліп келіп осы қаланы бір аралап шықса! Данышпаным жазар еді ау! Оның қаламына ілінгісі келіп, тіленіп тұрған нәрселер көп қой, кеп!» деп армандап отыратын.
Жан дүниесі Ізгілікке толы осы абзал Ғарекеңде бір оғаш мінез де бар. Жалақы немесе қаламақы алса, ертеңгі күні қызметке келмейді. «Ауырып» қалады. Кейде екі-үш күн қабатынан ауыратын кездері болады.
Талай жыл қызметті бірге істескен Баттал оның бұл сырын жақсы біледі. Әлгідей Ғарекеңнің қолына қарға тышқан күндері ол алдын ала:
— Сен әлгі қолыңдағы материалдарды реттеп, беріп кет. Өйткені ертең ауыратын күнің, — деп әзілмен қағытып отырады.
Ғарекең бұған шамданып, ашуланбайды. Көзін төмен салып тыңдайды да, редактордың айтқанын бұлжытпай орындайды.
Әлгідей мезгілсіз «ауырып» қызметке келмей қалғаны үшін редактордың оған кейіп, ренжігенін көрген емеспін.
Ғарекеңнің денсаулығы қолдан бұзылуына бір күні мына мен себепші болдым.
25
Педагогикалық тақырыпқа мен бір мақала жаздым. Ғарекең оқып ұнатты. Өз қолымен біраз мұқият редакциялау жүргізді.
Ғарекең ұнатқан материалды Баттал қарамай да жібере береді. Ғарекеңе ол сенеді. Мақала журналда басылып шықты.
Бұл менің педагог-журналист ретінде тырнақ алды енбегім еді. Ғарекең мені ынталандыру ниетімен қаламақыны молдау етіп көтермелеп қойды. Жарайды, ақша алғанда жақсылығыңыздың бәрін ескерермін деген ойдамын.
Өзім қызмет істейтін журналдан тұңғыш тапқан қаламақыма ырым етіп, Батталды да сыйламақ ойым бар. Бірақ ол дымкес адам. Ішімдіктің ешқандайын татып алмайды. Тамақтың өзін шөкемдеп, талғап жейді.
Қызметтен Баттал ертерек кетіп қалды. Үндемедім. Ғарекеңнің орнынан тапжылмауын ұнатып, ісім Ғарекеңмен болсын деген ойдамын.
Ғарекең де бұны сезетін тәрізді.
Әбден қызметтің соңына қарай, бухгалтерия оңашаланған кезде барып қаламақымды алдым. Қайта кеп, жұмысымды істеген болып отырмын. Ендігі күткенім екінші бөлім бастығы Күләштің кетуі. Сосын Ғарекеңе ниет білдірмекпін,
Бір кезде Ғарекең.
— Ақшаңды алдың ба? — деді,
— Алдым.
— Алсаң бар. Ақшаңды шығын етпей, келінге апарып бер.
Ішіме күдік кірді: Бұл несі? Сен мені сыйлағың келіп отырғанын білем. Бірақ бармаймын дегені ме?
Осы кезде Күләш алдындағы қағаздарын жинастыра бастады.
— Ғареке, маған айтатыныңыз жоқ па? Мен кеттім. Күндегі әдетімен:
— Сағат қанша болды? — деп сұрап алды да: — барсаң бар, — деді оған Ғарекең.
Міне енді Ғарекең екеуміз ғанамыз. Сөзді неден бастарға білмей, қиналудамын. Бұдан бұрын дәмдес болған адамдар емеспіз. Бірінші рет:
— Ғареке, қайтпаймыз ба? — дедім бір кезде үнімді басқашалау мағынада шығарып.
Ол маған көзінің астымен қарап
— Қайтамыз ба?
— Қайтайық.
Бірімізді біріміз ұққан тәріздіміз. Кеңседен бірге шықтық.
— Ғареке, мына арадан сыра ішсек қалай болады?
— Ішсек, ішейік,— деп лып ете қалды.
Жасырынбақ ойнау осылайша аяқталды.
Тәйірі ақ түйенің қарны жарылған бүгінгідей күні құр сырамен кісі тежелетін бе еді? Сыра жүрген жерде, арақ та жүреді...
Ертесі Ғарекең кызметке келмеді. Сезінгіш Баттал бәрін сезіп, біліп отыр:
— Кеше сен қаламақы алған сияқты едің, Ғарекең содан ауырып қалған ғой, — деді.
Мен жымиып, күлгенді ғана білдім,
Қабілеті бар жанға нағыз жазатын кез — жас кез. Бұрынғы-соңғы аты мәлім жазушылардың көбі, негізінен, жасында жазып тастаған, Жас кезде істеген іс, әрқашан да өнімді.
Жазу үшін, әрине, азды-көпті жағдай керек. Жұмыс істер бөлмең, өзіңнің тиесілі оңаша столың болуы бірінші шарт.
Ал менде, әзірінше осынын бірі де жоқ.
Сонда да жазған болам. Жаза алмай тұра алмаймын. Бұл менің айықпас ауруым, дертім тәрізді.
Мен түнде ел ұйқыға жатқан кезде, жазамын. Күндіз үстіме ас әзірленіп, ас ішілетін жалғыз стол. Соны оңашалап, алдыма газет төсеп, жұмыс жағдайын жасаймын.
Айналамда пыш-пыш қор-қор етіп, балаларым, әйелім ұйықтап жатады. Бұл кезде қолымда енем де бар. Бір қора жанбыз. Зағипа Алматыға келісімен босанып, және бір қырық жеті тауып берген. Атын Жамалға ұйқастырып Жанар деп қойғанбыз. Күзден бастап КазПИ - ге оқуға түскен Зағипаға әрі оқу оқып, әрі екі жас баланы бағу қиын соғатын болғандықтан Павлодардан оның шешесін шақырып алғанбыз.
Кешегі педагог Зағипа — бүгін енді студентка.
Енем оншалық кәрі адам емес, елуді енді орталаған. Елде өзінің де үш ұл баласы бар. Ең үлкені үйленген. Қалған екеуі мектеп жасында. Соларды қалдырып Зағипаға жаны ашып, қимағандықтан ол мұнда біздің қолымызға зор қиналумен келіп отыр,
Бір жыл болам да кетем. Жанарды алып кетем. Ал Жамал есейіп қалды, қалай етіп бақсаңдар, бағыңдар өздерің. Балалар бақшасына бересіңдер ме, болмаса адам жалдайсыңдар ма, еріктерің. Осы бастап айтып қояйын, — дейді енем. Өйтпей қайтсын. Бауырмал ана жүрегі елдегі әлі есейіп үлгермеген өз балаларын ойлап, алаған бола береді.
Біз ол не айтса да мақұл дейміз. Оның да тап қазір, біз үшін ең қиын кезде келіп, қол үшін бергеніне де шексіз ризашылық білдіріп, сыйлаймыз.
Рас, магазиндерде, кейде, ет болмай қалады. Ет сөресінде құйқасының жарым-жартысы күйіп кеткен, тістері ақсиған кіл қой бастары тұрады. Сүйек мүжи білетін қазаққа бұл да тамақ. Енем әлгідей бастың екі-үшеуін бір-ақ алып келеді. Жақсылап, тазалап жуады. Бабымен былбыратып асады да, қамыр салады. Үй ішімізбен лықа тоюға жарайтын бір табақ ет боп шығады.
Құйқаның сорпасы қандай сіңімді. Қолдан сойған малды еске түсіреді.
Миы не тұрады.
Мен кейде таңырқайтын едім: бастары бар да, денесі жоқ, бұл неғылған қойлар? Тек бастарын кесіп әкеп, сатқаны ма?
26
Үйсіздіктің азабын, әй, бір кісідей-ақ тарттым - ау. Бас-аяғы бір ғана жылдың ішінде үш үй алмастырдым. Жақсы, тұруға қолайлы болғандықтан алмастырмайтының белгілі. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дейтін мақал да шығарып алдым.
Ал күйсіз пенде қаңғыбас. Әр түрлі солақай, сырап жүрістерге бейім.
Қызметтің соңынан бірден үйге қайту сирек. Өйткені автобус, трамвайда адам көп. Оңайлықпен отыра алмайсың. Отырсаң да итің шығып, зорға отырасың. Түймеңнен түйме, жүйкеңнен жүйке қалмайды.
Одан да азырақ сергіп, көңіл көтергенді, демалғанды тәуір көресің. Жападан жалғыз көңіл көтерілмейді. Жолдастар тауып аласың.
Жас адамға, ақшалы адамға жолдас көп.
Сен таппасаң олар сені іздеп табады. Үйсіздік-күйсіздігің бұдан соң ұмытылады...
— Шыным осы.
— Ендеше сол барған жеріңде неге қонып қалмадың? Неге келдің?
— Ойбай-ау, қондыра ма?
Зағипа бұны да шын сөз деп ойламайды. Ойдан шығарып айтып тұр деп, онша мән бере қоймайды. Мән бермегені маған жақсы.
Иә, бұным — бар шынымды айтып келуім дұрыс тәсіл екен деген ой келді маған осы кеште.
Осыдан осылай дәнігіп алдым. Ылғи өстем: солақай жүрістерім болып, кешігіп кетсем, әйеліме ешқандай қоспасыз, бар шынымды айтам. Өтірік айтып, бұлтақтамаймын. Әйелім, бәрібір, сенбейді, шын айтып тұр деп, ешуақытта да ойламайды. Әдейі менің қитығыма тие түсу үшін қиыстырып, ойдан шығарып айтып тұр. Қалжың айтып тұр деп ойлайды.
Онысы маған жақсы. Сенбегені, кінәмді жоққа шығарғаны маған жақсы.
* * *
Кешігіп, ішіп келсем де, ақшаны молдау етіп әкелсем, бұндайда әйелім тез жадырайды. Маған деген өкпе, күдігінен тезірек айығады. Бүгін де солай еді, қалтам тоқ.
Зағипа көңілденсін деп, іш қалтама қолымды салып келіп жіберейін. Жүрегім су eтe қалды. О, сұмдық! Қалтам бос. Ақшам жоқ.
Екінші қалтамды сипалаймын жаңылыстым ба деп. Онда да жоқ.
Бес сомдықтан екі бума ақша алғам. Мың сом. Соның ішкен, жегеннен қалғаны қалтамда түгел болатын. Жоқ! Дым да жоқ!
27
Алматыға келгеніме екінші жыл. Осы уақыттың ішінде бес үй алмастырып үлгердім. Ол үйлердің әрқайсысы туралы, олардың нелері туралы қайғы менен күлкіге лықа толы жеке-жеке повестер жазуға болар еді.
Баспана болмаудың азабы тек жалдайтын үй тауып кірумен бітпейді. Сосын, ол үйді жылытатын, ас әзірлейтін отын қажет. Оны да өзің тауып, дайындайсың. Қала ол тезек теріп, құрай орып әкелетін ауыл іші немесе қазақтың кең даласы емес.
Отын қалалық сексеуіл базасында сатылады. Кім болса соған еркін сатыла салмайды. Кызмет орның беретін талон бойынша ғана босатылады.
Тамаққа, киім-бұйымға карточка жойылғанмен отынға әлі жойылмаған.
Әлгі аталған сексеуіл базасына бір рет барып, отын алған адам енді оған екінші рет оңайлықпен жолай қоймайды. Өйткені, заңды жолмен сексеуіл, көмір алу деген — ол азаптың азабы. Мың түрлі қолдан жасалған тосқауылға, мың түрлі машақатқа душар боласың. Бір тонна сексеуілдің соңында қызметіңнен қалып, ең кемі, бір жеті сандаласың.
Отын алудың оңай да жолы бар. Әне, сайрап жатыр. «Coлақай» жол. Амалсыздан сен де енді сорап түсесің.
Базаға келгендерді жымысқы көздерімен атып, ұры итше тіміскілеген біреулер әлгі арада сумаң қағып жүр. ЬІңғай беpiп, оңашалана бастасаң, қасыңа жетіп келеді. Саған не керек? Сексеуіл керек пе? Жоқ, көмір керек пе?
Не керек, қанша керек айтасың. Болды, бітті. Машинаға тиеліп, дап-дайын боп, ешқандай әуре-сарсаңсыз, үйіңе өзі домалап келеді. Тек бәсін үш-төрт есе асырып төлесең, ақшаңды аямасаң болғаны.
— Қатын, бол! Жина жүкті. Көшеміз.
Тағы да танаурап, көшу үшін машина алып келіп тұрмын.
«Көшемізге» Зағипа үйреніп болған, Қайда, қандай үйге көшетінімізді жобалап сұрап алды да, жүкті жинастыра бастады. Бұл ноябрь айы. Қыс пен жаздың екі ортасы. Суық күз.
Жетісіп немесе ермек іздеп, көшейін деп отырған мен жоқпын. Дәл кәзіргі тұрған үйіміздің едені бір күні, ойламаған жердей, гүрс етіп, ойылып, түсті де кетті. Сөйтсек, сыз үйде саңырауқұлақ дейтін пәле болады екен. Еденнің тақтайын сол шірітіп, жеп қойыпты.
Бірнеше күн қызметімнен қалып, зыр қағып, табанымды тоздырып іздеумен және бір үй таптым. Бірінші және екінші Алматының аралығы. Бір жақсысы, трамвай жолына тақау. Дәл қасында орыс, қазақтың аралас моласы бар. Итшілеп жүріп, бір күні өле қалсаң, үй ішін машина немесе арба жалдап, алысқа тасып әуреленбейді. Сирағыңнан сүйреп апарады да, көме салады.
Кедей болсаң көшіп көр дейді казак. Рас сөз. Қанша түгім жоқ дегеніңмен көшкен кезде дүние ит көбейіп кетеді. Біз жүк тиеп болғанша, күздің қысқа күні түске айналды. Көшеде кез бола қалған машина еді. Шофер: қожайын, бол! Тездет. Уақытым аз деп, қылқылдап, олдағы тықыр салып қояды.
Сүйекті ауыр дейтін заттан бізде бары базарда қолдан сатып алынған айналы сарғыш гардероб. Және басы мен аяғында жылтырауық әшекей шариктері бар, екі кісілік зілдей шойын керует. Басқалары кіл ұсақ-түйек, Соның өзінде де машина кузовы зат, мүлікке лықа толды.
Күн бүгін таңертеңнен бұлыңғыр. Алатауды жарым беліне дейін көміп алған зілдей ауыр тұман бар. Сол тұман қалаға қарай біртіндеп жылжып келеді. Әне, ызбар лебі де білінді. Суық жел шықты. Сірә, жауын-шашын болмаса неғылсын.
Дүние көздің құрты. Анау қалып қоймасын, мынау қалып қоймасын деумен және біраз бөгелдік.
Әне, күдігіміз іске асты, тысырлап әуелі жаңбыр жауа бастады. Қап, гардеробтың сыры көшіп, бүлінетін болды-ау. Енді тез кету керек.
Енем осы кезде бұнда емес. Ол өзінің баяғы айтқанынан қайтпаған. Жаз шығысымен кіші қызым Жанарды алып, Павлодарға еліне кеткен. Кәзір мұнда мен, Зағипа, Жамал үшеуміз ғанамыз.
Зағипа мен Жамал кабинаға шофердің қасына отырды. Мен кузовтамын. Арқамды гардеробқа тіреп, қалың жүктің ортасына жайғасқам.
Тек осыны — біздің жолға шығуымызды — күтіп тұрғандай, жаңбыр одан бетер күшейіп, құйып кетті.
Шоферге адресті беріп қойғам. Қай жолмен, қалай алып баруды ол өзі біледі. Бірақ, қалай еткенде де, қаланың ортасымен өтуіміз керек.
Жаңбыр басылудың орнына егескендей, арты қарға айналып барады Қиыршық та қар емес, қыстыгүнгідей, жапалақ-жапалақ жабысқақ су кар. Жаңа пәтерімізге тез жетіп, жүкті тез түсіріп, жайғасқаннан басқа арман жоқ.
Отыз-қырық минуттың шамасында нысаналы жерге келіп те қалдық. Машина тас төселген негізгі көшеден бұрылып, жабайы тар кешеге түсті. Мен жалдаған жана пәтер, әне, анау арада. Екі-үш көше өтсек, қасына жетіп те барамыз.
Бірақ, бұл аранын жолы жол емес еді. Толарсақтан келетін езілген қара балшық. Әрлі-берлі күшеніп, әзер жүріп өткен машина дөңгелектерінің айғыз-айғыз сойылған іздері. Мына бүгінгі жаңбыр мен қар өзі жаман кешенің одан бетер миын шығарып жіберген.
Машинамыз тайғанақтап, оқтын-оқтын тұрып қала жаздап, әрең жүріп келеді. Су аралас қара балшық екі жаққа быт-быт шашырайды. Әй, қауіп! Жете алар ма екенбіз, жоқ...
Кенет машинаның арты оңға қарай қисаң ете қалды. Газ үстін-үстін берілуде. Жоқ, алға емес, артқа кетіп барады машина. Қомпаңдап, бар денеммен ұмсына қозғалақтап, оған мен де көмектескен болам. Жоқ, ештеңе шықпады. Машина бір жамбасына ауып тұрды да қалды. Әлгі ара беті көлшіктеніп байқалмайтын шұқыр екен.
Газ сөндірілді. Мотордың үні өшті. Шофер кабинаның есігін ашып, маған мойнын созып дауыстайды:
— Қожайын, белшемізден баттық!
Батқанымызды ол айтпаса да көріп тұрмын.
Баратын үйімізге бүл кезде тіпті аз ғана, таяқ тастам жер қалған еді. Діңкең құрғыр, соған жетіп те тығылмауын көрдің бе!
— Қожайын, ие істейміз?
— Қайдам? Сүйреп шығаратын машина іздеу керек болар?
— Студавеккерден басқа машина бұл араға келмейді. Келгенмен сүйреп шығара алмайды. Немесе трактор табу керек.
— Трактор қайдан табылады?
— Олай болса, қожайын, екеуміз жолға шығып, студавеккер тосайық. Бізді мына балшықтан сол ғана сүйреп шығарады.
Шофердің бұл сөзінің жаны бар. Америка одақтасымыз соғыс кезінде көмекке берген әлгі аталған машиналар, шіркін, машина-ақ қой. Жол талғамайды. Балшық демей, қар демей, кешіп -жарып жүре береді. Студент кезімде бір рет қыстыгүні өзіміздің ауданға студавеккерге отырып барған едім. Қайқы деп аталатын тау жотасын борам Сосын, қалың омбы қар басып қалған екен. Жол дегеннен дым жоқ. Ар жақ, бер жақтан келген машиналар өте алмай, аязда иіріліп тұр.
Мен отырған студавеккер әй-шайға қарамады. Өгізше өкіріп келіп, омбы карды тұмсығымен қойды да кетті. Мұз жарғыш кеме дерсің сойқанды. Тіліп-жарып, талқандап кетіп барады. Әбден сілелеп, күші келмей қалғанда ғана тоқтап, кейін шегінеді. Сосын бар күшімен өшіге екпіндеп келіп, тағы сүзеді. Осылайша жар болып бітелген омбы қарды қақ жарып, өтті де кетті. Екі жақта иіріліп тұрған өзге машиналарға жол ашылды. Студавеккердің ғажап машина екенін мен сонда көргем.
28
Қаланы аэропортпен жалғайтын үлкен тас көшенің бойында шофер екеуміз кеш батып, қас қарайғанша тұрдық. Арлы-берлі ағылып, машинаның түр-түрі өтіп жатыр. Бірақ бір де бір студавеккердің қарасы көрінбейді. Соғыс кезінде, соғыстан кейінгі жылдары көп болушы еді. Енді азайып, құри бастаса керек.
Жапалақ-жапалақ су қар әлі жауып тұр. Жер беті, үйлердің шатырлары кәдімгі қыс келгендей ақ көрпеге оранды.
Машина кузовындағы жүктің де бұл кезде болары болды. Сары гардеробтың болары болды. Енді аяйтын да, аянатын да ештеңе қалмады.
Шофер жуас жігіт көрінеді. Қаланікі емес. Қаскелеңнен осында зат алуға келіп едім дейді. Өзі плащсыз. Фуфайкасының иығы дір-дір етіп, тона бастағанын көріп, аяп кеттім.
— Осы маңнан бір жерден бірдеңе тауып ішіп, әлденіп, жылынып алсақ қайтеді? Сосын көрерміз.
— С удовольствием!
Шофердің даусы тым қуанышты шықты.
Машинаға қайтып келдік. Бәрі қаз қалпында. Зағыш, Жамалжаным екеуі екі көздері төрт болып, кабинада қамалып отыр. Бой жазып, сыртқа шыға да алмайды. Шықса, айналадағы қара балшықтан аяқ басып, жүре алмайды.
Бізге үй жалдамақ болғандар орыстың кемпір, шалы еді. Тұрмыстары жүдеу, кедей жандар. Жылы үйде отыра тұру үшін біз Зағыш пенен Жамалды сонда алып келдік. Олар біздің тап іргеге, жап-жақын жерге келгенде мүшкіл болған халімізді білгенде, қап деп, жандары шынайы ашып, қиналып өкінумен болды. Өзі қайғылы адам басқа біреудің қайғысып тез түсінеді және оған ортақтасқыш келеді.
Пештеріне от жағып, Зағыш пен Жамалға ыстық шай ұсынып, кемпірі де, шалы да жігі-жапар болды да қалды.
Әуелі бір жерден тамақ тауып ішіп әлденеміз. Сосын трактор немесе студавеккер тауып алып, тығылған машинаны, қалай да, шығарамыз деген сеніммен шофер екеуміз жөнеп отырдық.
Қарын аш, өзіміз мықтап тоңғанбыз. Енді күйленіп, жан шақырып алмасақ, оған дейін басқа дүние қараң.
Бірінші Алматының вокзалынан бір-ақ шықтық.
29
Жаз. Демалыстамын. Жылына жалғыз рет берілетін демалысты, мүмкін, болғанынша дұрыстап, пайдалы өткізу жөнінде көп ойлап, бас қатырып жататын кез емес. Жаспын, күш-қуатым азаймаған. Денсаулығым мықты.
Курорт, санаторий деген сөздерді жүре тыңдаймын.
Тұруға, азын-аулақ жұмыс істеуге қолайлы баспанам болса, курорт деген, мен үшін, міне сол.
Мезгілімен тойып тамақтансам, мезгілімен ұйықтасам, курорт деген мен үшін, міне сол.
Дені сау, жас адамға басқа не қажет?
* * *
Өстіп демалысымды, өзімше тамаша өткізген боп, шалқып жүрген кезімде, бір күні, жасы менімен тең-тұс, көңілдес Ақтақаш кездесіп қалды.
Ақтақаш әскерде атақты 28 гвардияшы-панфиловшылар дивизиясында қызмет еткен. Өмірдің ыстық-суығын бастан кешіп, ысылған алымды, өжет жігіт. Олдағы әдебиетші. Әдебиетті терең де, нәзік түсінеді. Сын-мақалалар жазады. Орыстың классик жазушыларының том-том кітаптарын бұрқыратып аударып, ақшаны қап-қап етіп табады. Жолдастыққа берік, мол қол, ақжарқын.
Амандықтан кейін:
— Не жаналық бар? — дедім..
— Жаңалық сол — дөй бастық болып кеттік, — дейді. Ақтақаш. Үлкен беттері жалпиып бір түрлі қуана күлімсірейді. Тегі, өзіне өзі риза секілді.
Meн ынтығып;
— Қандай бастық?
— Киностудияның сценария бөліміне бастық етіп қойды.
— Құттықтаймын!
Бастық болғам соң өзіне жақын адамдарға шапағатын тигізуі қажет.
— Әй, сен журналды қойып, келсеңші бізге, — деді Ақтақаш. — Маған бір редактор керек. Қазақшаға аударылатын фильмдердің текстін редакциялайсың. Жұмысы жеңіл. Жылына, не бәрі, он шақты фильм аударылады. Қаламақы дейтін бізде жетерлік. Өзің де аударасың. Сосын, киностудия қаланың шетінде өзінің қызметкер, жұмысшыларына арнап, финский үйлер салын жатыр. Содан үй алып берем.
Мейлінше ақкөңіл Ақтақашта бөсіңкіреп сөйлейтін мінез бар. Мен өйтем, мен бүйтем деуінен сол байқалады. Дегенмен істеймін дегенін істей алатын жігіт. Оның төбемнен үйіп-төккемн көп жақсылығының ішінен «үй әперем» деген сөзі өте ұнап кетті де, ойланбастан:
— Мақұл,— дедім.
Орыстың мақалы бар емес пе: «человек ищет где лучше, а рыба где глубже».
30
Сөйтін кино қызметкері болын шыға келдім.
Менің киноматографиямен істес болуым сонау соғыс кезінен, атақты кинорежиссер Сергей Эйзенштейн Алматы маңында «Иван Грозный» кинофильмім түсіріп жүрген уақыттан басталатынын оқушы ұмыта қоймаған шығар. Міне енді дәм айдап, Ақтақаш себеп болып, киномен және тоқайласып отырмын,
Арты немен тынатынын бір құдай өзі білсін.
Ақтақаш бастығым екеуміз бір кабинетте. отырамыз. Оның столы, әрине, төрде. Менікі босағада.
Оның столы, әрине, екі тумбалы. Менікі бір тумбалы. Бастық пен оған бағынышты қызметкерді бетпе-бет қатар отырғызып қою, немесе түр-түсі бірдей столға отырғызып. қою — ол әбестік болар еді. Жұрт, сосын, бастық кім? Бастық емес кім — қалай айырады?
Бастығым не жұмыс атқаратынында менің шаруам шамалы. Ал өз міндетім қазақшаға аударылған фильмдердің текстін қарау. Соны редакциялау.
Кино әр елде, әр тілде түсірілетіні белгілі. Кейіпкер басқа тілде сөйлейтін сөз қазақшаланғанда дәл сол көдемде болуы шарт. Қазақ актер айтқан кезде фильмдегі геройдың аузының қимыл-құбылысына, мүмкін болғанынша, сай келуі қажет. Маған қойылатын бар талап міне, осы. Ақтақаштың былай, былай ет деп көрсетуімен және режиссердің азды-көпті жәрдемімен мен бұл жұмысты аз уақыттың ішінде дөңгелетіп әкеттім.
Жазушылардың бірдей болмайтыны секілді аудармашылар да бірдей емес.
Жақсы аудармашы аударған текстін редакциялау, әрине, жеңіл, тіпті қызғылықты. Одан көп нәрсе үйренуге болады. Ал нашар аудармашы аударса, азап.
* * *
Киностудияда бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан бір қыңыр тәртіп, дұрысы тәртіпсіздік бар екен. Дубляж жасалынатын фильмнің текстін кез келген аудармашы аударуына болмайды, Кинематография министрлігі бекіткен, ешкім қол сұғуғa болмайтын тізім бар. Аудармашылар тізімі. Он шақты адам. Фильм текстін тек солар аударуға праволы.
Ол тізімдегілер кімдер? Кіл ығай мен сығай сұрыпталған таңдаулы аудармашылар болар? Жоқ, олай емес. Шетінен кездейсоқ жандар. Кейбіреулерінің мұрындарына көркем аударманың иісі барып та көрмегендер. Ондайлар фильм текстін аударуды творчестволық еңбек деп қарамайды. Оңай ақша табудың көзі ретінде қарайды.
Нантабар халтурщик кәдімгі.
Менің жүйкемді тоздыратындар міне солар. Олардың шатпырақ нашар аудармасын бастан-аяқ талқандап, қайта істеумен болам. Азабын мен тартам.
Нені де болса бұзып, қайта істеу, әрқашан, азап.
Егер билік менде болса, аударылатын текстін тек қолынан іс келетін жақсы аудармашыларға берер едім. Билік, бірақ, менде емес. Кейде, тіпті, Ақтақашта да емес. Аударылатын фильмнің текстісі біздің бөлімге дирекция арқылы келіп түсе-ді. Бастықтардың бірінің қолымен «осыны пәленге аударуға беріңіз» деген сәлем хат тіркеліп, қоса жетеді. Жүрегіңніц түгі болса, сен оны тыңдамай көр. Нашар аудармалар дүниеге міне осылай келеді.
Тас болып қалыптасқан, іске кесел әлгі тәртіпті мен бұздыра алмай әлекпін.
Уақыт та, еңбек те зая кететін, ақылға сыймайтын бұдан басқа да артық әуре-сарсаң дубляждың төңірегінде жетерлік.
Киностудияның директорына мен бірнеше рет кіріп, айттым осы жайды. Жоқ, көнбейді.
Ақтақашқа айтсам, ол да қолды бір-ақ сілтейді:
— Құрсын, мен де талай айтқам. Тыңдамайды, — дейді.
Қалыптасып, орын теуіп қалған. бір келеңсіздікті өзгерту үшін, кейде, он ақылды бастың әлі келмейтінін өз көзіммен көрдім.
31
Сол кезде жаңадан құрылған, аты дардай Казак ССР Кинематография министрлігі дейтін болған. Бірақ ол көп жасамады. Біраздан соң жойылды. Істейтін, тындыратын ісі болмаса, жойылмағанда қайтеді?
Министрлік болған соң дағарадай зор кеңсе, мол аппарат.
Министр Жақыпов.
Оның орынбасарлары...
Республикада жалғыз ғана көтерем киностудия бар. Ол — мен кызмет істеп жүрген «Казахфильм». Жылына не бір, не екі толық метражды фильмді күшеніп, әрең, жасап шығарады. Әлгі аталған дардай Казак ССР кинематография министрлігі міне-осы жалғыз студияны басқару үшін құрылғандай еді.
Өйткені, министр де, оның орынбасарлары да күні бойы киностудиядан шықпайды.
Айына бір рет «Советтік Қазақстан» атты киножурнал жасалынады. Омы министр өзі келіп қабылдайды. Орынбасарлары шұбап соңында.
Олардың соңында біздің өз басшыларымыз.
Хроникер — операторлар колхоз-совхоздардан, завод-фабрикалардан сюжеттер түсіріп алып келеді. Оны қарап, талқылауға да министр Жақыпов өзі катысады. Өзгелерді бас басына түгел сөйлетіп, ең соңынан шіреніп өзі сөйлеп, пікір айтады.
Түсіріліп жатқан көркем суретті кинофильмнің материалдарын министр күн ара өзі келіп көреді.
Дубляж жасалған фильмді өзі қабылдайды.
Бәрін де министр өзі... өзі... өзі...
Министрлікте бас редактор, жай редактор деп аталынатын творчестволық қызметкерлер жеткілікті. Солар атқаруға тиісті жұмыстың бәрі-бәріне Жақыпов өзі араласады.
Бұл оным, іскерлігінен туған нәрсе емес еді. Басқадай істейтін іс болмағандықтың салдары еді. Көзі қара дені сау адам ұзақ күнге кеңседе қол қусырып, қалай қарап отырсын?
* * *
Дубляж жасалынатын фильмнің қазақшаланған текстін әуелі министрліктің бас редакторы қарайды. Сосын министр өзі қарап, бекітеді.
Министр бекітпейінше текстің өндіріске жіберуге болмайды.
Жақыпов бұған ерекше мән беруші еді. Есігінен төріне ат шаптырым зор кабинетте екеуден-екеу ғана отырмыз. «Біз бітпейінше, ешкім кірмесін» деп, есік алдындағы хатшы қызға ескертіп қояды.
— Ал, оқы.
Мен қазақшаланған тексті жайлап оқи бастаймын. Жақыпов оның орысшасын қуалап, қарап отырады. Күдік алған тұста «Тоқта!» дейді. Тоқтаймын. «Осы өзі қалай? Дұрыс аударылған ба?» «Дұрыс». Қолындағы добалдай қызыл қарындашпен жаңағы күдікті сөзді министр дөңгелектеп қоршайды. Ал қоршауға келмейтін бүтін бір сөйлем болса, астын қалыңдап тұрып сызады да, ойланады.
Не ойлайтынын құдайым өзі білсін.
Әлден уақытта:
— Қара! Осы араны және бір рет дұрыстап қара — дейді.
Мен тек көңіл үшін:
— Мақұл! — деймін.
Әйтпесе қарайтын түгі де жоқ.
Жақыновтың жасы елуді орталаған. Бет-жүзі ысталған балық тәрізді caп сары, үлкен картоп мұрынды, шегір көзділеу адам. Мінезі бұйығы, жабық. Сөзді ыңыранып, бәсең дауыспен айтады. Өзгенің де сабырмен, бәсең сөйлегенін ұнатады. Біреу дабырап, қатты сөйлей бастаса, маңдай терісі қатпарланып жақтырмайды. «Жай, жай сөйле» деп, қолымен басып, ескерту жасап отырады.
Бip фильмнің текстін қарап шыққанша бір күн уақыт кетеді. Министрге есінеп зерікпеу үшін бір күндік жұмыс табылады.
Әбден соңынан:
— Қара! Және бір рет жақсылап қарап шық. Қате кетіп қалып жүрмесін, — деп, ескертеді министр.
Мен тез кетуге асық боп:
— Мақұл, — деймін.
* * *
Ақтақаштай бастығы бар адамда, шіркін, арман жоқ. Қызметке ерте келдің, кеш келдің демейді. Бір жерде шаруаң боп, кетіп қалсақ, неге кетіп қалдың деп, тексергенді білмейді.
Өйткені, Ақтақаш өзі солай.
Кеңседе қадалып отырып алу ол үшін жат. Жазылып, талқыланып жатқан сценарий, бірінен соң бірі түсірліп жатқан кинофильм болмаған соң, несіне отырады? Сағат ертеңгі он-он бірде кешегі ішкен арақтан басы мең-зең болып, көздері қызара ісіп, кеңсеге қызметке әйтеуір келген болады. Сосын, осындағы өзіне ұқсап, екі қолы алдына симай, не істерін білмей зеріккен режиссер, операторлардың бірімен кабинеттің есігін тарс жауып, отырып алады да, шахмат ойнайды.
Уақыт зымырап етіп жатады.
Жалақы тоқтамай, ол да жүріп жатады.
Сағат түскі бір болады. Үзіліс. Шахматтан жалыға бастаған Ақтақаш көзінің қиығымен маған қаранды. Редакторым, қалың қалай? Бас жазатын бірдеме-сірдемең бар ма дегені.
Мен бар, жоғын білдіремін. Ақтақаш өзі де құр қалта емес, әрине. Кеңседен былай таман оңаша шыққаннан кейін екеу ара бюджеттің нақтылы көлемі айқындалады. Тартып жөнелеміз. Сол маңға жақын көк базарды төңіректей қонған ресторан, сыраханалардың бірінен бір-ақ шығамыз.
Қазіргідей түс кезінде қалтаңдағы ақшаға тамақ тауып ішу азаптың азабы. Қайда барсаң қаптаған халық. Есіктен кіру кезек. Столға отыру кезек. Заказ беру кезек.
Киім шешу, киіну ол да кезек.
Бөтекені томпитып, әлденіп шыққанша, қызметтің соңы болады. Ақтақаш та, мен де кеңсе барып енді ұмытамыз. Әрқайсымыз өзімізге тиесілі автобус аялдамасына қарай, жүгіре басып, алды-артымызға қарамай, асығып кетіп бара жатамыз. Осындай адам аздау кезінде қала шетіндегі үйімізге аман-есен жетіп алуға тырысамыз.
Әйтпесе, енді аз кешіксек, жұрт жұмыстан жаппай шыға бастайды. Сіз сол кезде Алматының трамвай, автобусына отырады екем деп, ойламаңыз да, дәмеленбеңіз. Күшіне, шынтағының үшкірлігіне сенгендер ғана отырады. Пальтоларының түймелері тас болып, мықты қадалғандар ғана бұл кезде трамвай, автобусқа қорықпай міне алады.
32
Шынымды айтсам, кинодағы қызметім көңілімдегідей болмады. Бұдан, қайта, журналым тәуір еді. Бірақ, жан бағу, семьяны асырау қажет. Жұрттың бәрі-ақ сол үшін жұмыс істеп жүрген жоқ па?
Ақтақаштың «пәтер алып береміні» құр сөз болды.
Кииоға қызметке келгенде керген бір ғана жақсылығым — ол үлкен қызым Жамалды мекеменің балалар бақшасына орналастырдым. Соған да рақмет. Жанаржаным әлі сол Павлодарда әжесінің қолында. Біз, Зағипа екеуміз, Жанаржанды әбден сағынып біттік. Енем күшпен тартып алып кеткендей қайғыланып, әзер шыдап жүрміз. Ерте де, кеш те Жанарды әңгімелейміз. Шыбыным, не қып жүр? Науқастанып қалмады ма? Папасы мен мамасын ойлай ма екен? Әй, қайдан ойласын.
Осы жазда, демалыс алысымен, Зағипа екеумізде Павлодарға Жанарға тартып жөнелуден өзге арман да, жоспар да жоқ.
33
Көк пен жердің арасын жаңғырықтырған тын, және тыңайған жерлерді игеру дейтін ұран шықты. Жазушыға қатысы жоқ ұран болмайды. Жазушы білек түріп араласпайтын науқан болмайды.
— Ал, жазушылар, аттаныңдар! Қазақстанның тың игерілетін облыстарына барып, очерктер, өлеңдер, әңгіме-суреттемелер жазып әкеліңдер!
Жазушы партияның солдаты. Бұндайда қолды шекесіне алады да:
— Құп! — дейді.
Жүрексініңкіресем де, бұл кезде мен де өзімді жазушымын деп, айта бастағам. Жазушылық билетке қолым жеткен. Жұқалтаң да болса екі-үш кітаптың авторымын. Әдебиетке, әдебиетшілерге қатысы бар дүрмек іске өңмендеп, өзім тіленіп араласатын мінезім де жоқ емес.
Мен де барайын! Мен де жазып әкелейін!
Meн Павлодар облысына баратын болдым. Әдейі аттай қалап, сұрап алдым. Өйткені, онда Жанаржаным бар. Нағашыма да барайын, тайымды да үйретейін демекші мынадай сәті келіп қалғанда екі шаруаны бірден тындырып қайтпақшымын. Әрі Жазушылар одағының тапсырмасын орындаймын. Яғни, очерктер жазып әкелем. Әрі сағыныштан өле жаздап жүрген Жанаржанымды көріп, сүйіп-құшып, мауқымды басып қайтам.
* * *
Жиырма күн зымырап өте шықты. Тыңға келудегі Жазушылар одағы жүктеген міндет біршама орындалды. Жалпы атын «Тыңға сапар» деп атап, тарам-тарам келемді очерктер жазуға кірістім. Біткен бас жағы облыстық газетке басылып та шықты.
Алматыға «Қазақ әдебиетіне» және жібердім.
Ендігі беталыс Жанар.
Бір жарым жылдай көрмей, сағынған қызыма базарлықты үйіп-төгіп апармақшымын. Павлодарда араламаған дүкен қалдырмадым. Кәмпиттің түр-түрінен көтергенше алдым. Үлкендігі кішігірім баладай, кеуде тұсынан қысып қалса, аюша гүж ететін, көкжасыл мауытыдан істелген ойыншық аю сатып алдым.
Павлодардан ауданға почта таситын жүк машинасымен тартып келе жатырмын. Ой, қандай бақытты едім. Арада төрт-бес сағат өткенде, түс ауа, Жанаржанымның қасында болам.
Әне, ауыл қарасы да көрінді. Машина енемнің үйінің алдына тоқтады. Жанарға деп алған базарлық бір топ нәрселерімді артына-тартына құшақтап, кабинадан түсейін деп жатырмын. Бүкіл өн-бойыммен күлімсіреп, шексіз бақытты едім.
Алдымнан Жанарым жүгіріп шықпағанына таңырқағандаймын...
Есік алдына біраз ауыл адамдары жиналып қалған. Әйел, бала-шағалар. Meн бұған мән бермедім. Бұндағы жұрт әлі көріп, білмеген алматылық күйеу баланың, яғни, менің келе жатуымды естіп, әуестікке жиналған көрші-қолаң болар деп, ойладым.
Япыр-ау, енем мен Жанар неге көрінбейді? Үйге тығылып, отырып алғандары несі?
Көктем шығар кезде Жанарға посылкамен капюшонды қызыл мауыты пальто жіберген едік. Жан-жағыма алақтап қарап, қызыл пальтолы бала іздеп, таба алмаймын.
Miнe сырт есіктен кіруге тақадым. Маған жол беріп, босағаның екі жағына екі жарылып, үнсіз тұрған әйелдердің біреуі сол кезде алдымды орап, менің қолымдағы заттарға келіп жармасты. Әлгінің қарасам, өң-түсі суық. Көздерінде мөлтілдеп, жабыса қалған жас бар. Жүрегім су етті де, үйге тез адымдап, кіріп келдім.
Төр үй бос. Төр алдына қонақ келетінін біліп, текемет, көрпе төселген. Жан алғыш әзірейілден қашып тығылғандай босағадағы бір кісілік төсектің үстінде енем жалғыз өзі бір уыс боп, бүрісіп, үнсіз отыр.
Жанар көрінбейді...
Сорлағанымды жаңа білдім. Жанарды құшуға дайындап келген құшағыммен қара жерді құша өкіріп, төр алдына құлай кеттім...
Қызылша шығып ауырып, Жанар осы жуырда содан қайтыс болыпты. Суық хабар сумаңдап Алматыға жеткенде, мен мұнда тың аралап жүрмін.
34
Арада бірнеше ай өткен.
Бір күні кеңседе кызмет істеп отырсам, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, ақын Сарыбаев телефон соғып
— Әй, сен бізге келіп кетсең, қалай болады? — дейді.
— Барайын.
Келдім. Сәлемдестім. Отыр деп, бет алдынан орын ұсынды. Амандық сұрасты. Сосын, тегенедей үлкен бетіне жалпия қонғaн жұмсақ май мұрнының танау-танауын шұқып, созғылап алды да:
— Сенің осы оңтүстікпен қандай байланысың бар? — деп сұрады.
— Қай оңтүстік?
— Осы өзіміздің, Қазақстанның оңтүстігі.
— Ешқандай да байланысым жоқ.
Сен ел жақта болмап па едің?
— Болғам. Бұрнағы жылдың арғы жылы, институт бітіргеннің соңынан, бір жылдай барып, мұғалім болғам.
— Е! Қай жерде мұғалім болдың?
— Қорған дейтін ауылда.
— «Достарың» көп болды ма сонда?
— Адам болған соң досы да, қасы да болатын шығар.
— Ендеше сол Қорғаннан сені «жақсы көретін» бір топ мұғалім сенің балаларға арналған өлеңдер жинағыңа сын жазып жіберіпті. Мә, оқып көр.
Дәптердің төрт бетіне әдемі жазумен тасқа басқандай етіп жазылған, ұзақ хат. Ынтығып, көзімді жылдамдата жүгіртіп, оқи бастадым. Біз пәлен ауданның педагогтері, пәлен дейтін ақынның балаларға арнап басылған пәлен дейтін кітабын оқып таныстық. Kiтап бізді таң қалдарды. Балаларға ешқандай тәлім — тәрбие бермейтін зиянды кітап екеніне көзіміз айқын жетті. Қай өлеңін алсақ та идеялық қатеге толы. Біздің советтік өміріміздің, бақытты өміріміздің, бақытты оқушы-пионерлеріміздің образы көрінбейді...
Хат сөзінің сарыны міне осылай. Салған жерден-ақ менің кітабымды төлеп, жамандау болып барады. Азды-көпті қисындырып, дәлелдеп те жамандау емес. Тисе терекке, тимесе бұтаққа ден, қара күйе балшықты шеңгелдеп аң мен жаққа үстін-үстін атқылау. Шығармадан гөрі оны жазған авторға өшігіп, бәлем, сені ме деп, тістеніп, кіжінген біреулердің іс-қылығы.
Бұны кім жазды екен деп, хатты оқып бітірісімен, соңына қарадым. Сөйтсем, біреу емес, екеу емес, бақандай. жеті адам к,ол қойыпты. Жеті мұғалім. Катардағы жай мұғалімдер емес, кіл атақ-лауазымы бар «мықтылар». Мектеп директорлары, завучтар...
Ең бірінші фамилия «Ш. Әлібеков. Мектеп директоры. Республикаға еңбегі сіңген оқытушы».
Оу, тоқта! Әлібеков? Таныс фамилия ғой! Әлгі... әлгі Көкөзектегі Әлібеков емес пе? Басы жыланның басына. ұқсайтын? «Шырақ, Албанға да, басқаға да біздің ауылда орын жоқ», деп, Зағипа екеумізді қабылдамай қоятын Әлібеков емес пе?
Иә, сол. Соның тап өзі.
Хаттағы екінші фамилия «Ж. Жақыбаев. Мектеп директоры». Бұл да таныс.
«Р. Ільясов. Мектеп оқу ісін басқарушы». Бұл да таныс, Бәрін де білем. Бәрін де танимын. Өзімнің бір кездесі айтысып, тартысатын жауларым. Мені мұғалімдік қызметтен солар қуған.
— Мен мына адамдардың бәрін де білем, — дедім Сарыбаевқа.
— Қалай білесің?
Қалай білетінімді айтып бердім. Ақын-редактор қабағы салбырап, ерні дүрдиіп, соғыста жарқышақ тиіп, кемтар болып қалған қолымен иегін тіреніп, ұйып тыңдады. Сосын, таңдайын тілімен шық-шық қағып, басын қинала шайқап айтқаны:
— Бәсе. Тегін хат емес екенін мен бірден біліп едім. Енді бәрі де түсінікті болды. Әй, пәлеқорлар әлі де көп-ау!
35
Әлгі хат менің басымнан талайға дейін шықпады. Ойлап кетсем, не күлерімді, не ашуланарымды білмеймін. Ойпырай, қандай лас нәрсе! Кім ұйымдастырды екен? Әлібеков пе? Әй, сол шығар. Әдебиетші. Көркем шығармаға дөрекілеу болса да, азды көпті талдау жасау қолынан келеді.
Жақыбаев, Ільясовтардың қолынан келмей қалсын.
Сол Қорғандағы аудандық оқу бөлімінін меңгерушісі Әміровтың шешесінің маған: әй, балам, Әлібеков ол жаман адам. Оған жолама, аулақ жүр деп, зарлап, айтып отыратын сөздері есіме келеді.
Кемпір сөйтсем, бірдеңені біліп зарлайды екен ғой.
Әлібековтер жамандайтын жинақта бас-аяғы екі шумақ «Маса» дейтін әзіл өлең бар-тын.
Болаттың бетіне
Бір маса қонды.
Тырсиып, тойып,
Қып-қызыл болды.
Тістеніп тұрып,
Шертіп кеп қалдым.
Маса өлді,
Болатты
Жылатып алдым.
Пәлеқорлар осы өлеңді былай талдайды: Болат ол совет баласы. Ал оның, совет баласының, қанын сорушы кім? Кәдімгі жай маса ма? Жоқ, жай маса емес. Автордың маса деп, бүркеп айтып отырғаны қанаушы тап — капиталистер. Екі беті торсықтай совет баласының қанын ақын жауыз капиталистерге сорғыздырып қойған.
Өлең Болаттың жылауымен бітеді. Осында қандай тәрбиелік мән бар? Совет баласын жайнатып, күлдіріп көрсетудің орнына оның көзінен сорасын ағызып, ботадай боздатып қою авторға не үшін қажет болғанын біз. педагогтар түсіне алмадық.
36
Арада бір жыл өткен. Көктем. Май айы. Менің қызмет орным бұл кезде тағы өзгерген. Қазақстан Жазушылар одағының органы «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім бастығымын. Киностудиямен хош айтысқам. Қара! Тағы бір рет жақсылап қарап шық. Қате кетіп қалып жүрмесін деп, өзінің көлеңкесінен қорқып, пәле жоқта пәле күтіп отыратын Жақыпов министрмен қош айтысқам. Біз, жас талап әдебиетшілер, Қазақстан Жазушылар одағы аталатын мекемеге студент кезімізден әуес едік. Осы босағада өтетін әдебиетке қатысы бар жиналыс-талқылаулардың бірін құр жібермейміз. Іздеп, сұранып жүріп қатысамыз. Әлгі аталған, біз үшін беделі зор мекемеде қызмет істейтіндерді нағыз бақытты жандар санаймыз.
«Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Сарыбаев бізге қызметке келесің бе дегенде мен, шынымды айтсам, төбем көкке жетіп, қуандым. Өйтпей ше? Өзім арман ететін, әр келгенде табалдырығын жүрексіне аттайтын мекеменің төл қызметкері болудан артық мен үшін дәреже бар ма?
Газеттің бөлім бастығына шақырды. Ризамын. Одан үлкенді өзім де дәметпеймін.
Сөйтіп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет жасаймын.
Таңертеңгілік уақыт. Бөлмеде жалғыз өзім. Жайлап есік ашылды. Кепкасын шешіп, қолына ұстап алған, толықша, қызыл шырайлы балан жігіттің жүзі көрінді. Аяғын қорына батылсыздау басып кіріп келеді. Маған жақындап, күлімсірей түсті де:
— Аға, саламатсыз ба? — деді.
Редакцияға күніне талай адам келіп, кетеді. Соның біреуіне санадым да, мен онымен ресми амандастым.
Кең балақ шалбарын түріңкіреп, менің бел алдымдағы орындыққа жайлап отырып жатып:
— Аға, сіз мені танымадыңыз ба?
Мен елең етіп, жас жігіттің жүзіне қайта қарадым. Бірақ есіме түсіре алмадым.
— Мен Қалимын ғой...
— Қай Қали?
— Қаныша жеңгемнің тәтесінің баласы... Балжанның.
— Өй... ей... сен сол Қалимысың?
Жас жігіт одан бетер ыржиып күледі.
Менің көз алдымда соғыстан бұрынғы сонау жылдар: арбамен Сәрсебек ағайым, Қаныша жеңгем, мен үшеуміз Бөген ауданына, Қаныша жеңгемнің әпкесі Балжандарға қонаққа барғанымыз елестеп келді. Қалиды алғаш рет сонда көргем. Бес-алты жасар кішкене бала болатын. Бірақ пәле бала еді, Мені Ғалияға жолатпай, екеумізді сөйлестірмей, жынымды келтіруші еді. Енді міне, зіңгіттей жігіт.
— Ой, Қали-ай, ә! Қалай тез өскенсің?
— Өстік қой, аға.
Қалидың сол бала кездегі мінез-құлқын есіме алып, басымды еріксіз шайқап, күлемін.
— Әке-шешең аман ба?
— Аман.
— Не істейді?
— Не істесін. Екеуі де қартайды.
— Ғалия қайда?
— Ғалия тәтем мына Жамбыл ауданында мұғалім ғой...
Осыны айтып, Қали құнжаңдап, педжагінің ішкі қалтасына қол сала бастады. Конвертіне адрес жазылмаған хат алып, маған ұсынды:
— Мынаны Ғалия тәтем беріп еді.
Жүрегім шымыр ете қалды. Таныс жазу көзіме жылы ұшырай кетті.
«Еркін, амансың ба?
Мен сенің газетте қызмет істейтініңді білетін ем. Әңгіме, мақалаларыңды оқып тұрам. Мына бала менің інім, білетін шығарсың. КазПи-дің тіл-әдебиет факультетіне оқуға түскен. Өлең жазумен әуестенеді екен. Саған алып барып, көрсетейін десе, ұялатын тәрізді. Бірдеңеге жарайтындары болса, ақылыңды айтып көмектесерсің.
Ал мен жайлы білмек болсаң, мен осы маңда мұғаліммін. Жалғыз тұрам...
Басқа жаңалықтарды Қалидан естіп білерсің.
Ғалия»
Хат сөзі осы.
Жалғыз тұрамы қалай? Күйеуі қайда?
Калидан бірден сұрауға ыңғайсыз көрдім де, басқа жақтан орағыттым:
— Ғалияны ЖенПИ-де оқиды деп естіген ем. Ол оны бітірген екен ғой?
— Бітірген. Күйеуі мен екеуі қызметке бір жерге барған. Жуырда бір айдай болды, күйеуінен ажырасып кетті.
— Неге?
Кали қиналған түрмен айта бастады:
— Кінәлау екі жақтан да болса керек... Ғалия күйеуіне ішесің дейтін көрінеді... Ал анау бала таппайсың дейтін секілді...
Түсінікті. Енді қазбаламасам да болады. Бақытсыз семьяларда жиі кездесетін драманың бір түрі.
Ғалияның хатты тектен тек жазып отырмағаны белгілі еді. Қалидың ақындығына ақыл айт, көмектес деуі, әрине, сылтау. Маған өзінің қазіргі жай-жағдайынан хабар бергісі келген ғой. Жалғыз екенін, баяғы қыз кезіндегідей басы бос екенін білдірмек...
Мен оның күйеуінен ажырасқанына, шынымды айтсам, ренжігем жоқ.
— Ғалия кәзір қай жерде?
— Шілікті дейтін қыстақта.
— Сен барып тұрамысың?
— Демалыс сайын барам.
— Бұл арадан онда автобус қатынай ма?
— Ұзынағашқа қатынайды. Ал одан ары сол жердің өз автобусы жүріп тұрады.
— Тамаша. Сен алдағы демалыста барасың ба? Екеуміз бірге барсақ?
Кали қуанғаннан еңсесін көтеріп алды:
— Мақұл. Бірге барайық.
37
Кали екеуміз Ұзынағаштамыз. Осы араның Шіліктіні басып өтетін жалғыз есікті салдырлақ кене автобусына таласып-тармасып, әзер міндік. Бүгінгідей демалыс күні жол жүрушілер көп. Көпшілігі аудан орталығында базар базарлап, кайтып бара жатқан, кіл қоржын-кешек, буыншақ-түйіншек арқалағандар. Автобустың қарасы көрінген кезде қаңтарда пішен көрген аш қойларша жапа-тармағай лап қойысты. Кезек быт-шыт болды. Күші, ебі жеткендер мініп жатыр.
Әуелде сасқалақтасақ та, жағдайды тез барлап алдық та, біз де қарап қалмадық. Жас екенімізді, күш-қуатымыздың молдығын біз де көрсеттік. Автобустың арт жағынан болса да, қысылысып, орын алып үлгердік.
Дүние жүзіндегі ең көнбіс, ең демократияшыл автобус, сірә, осы болар. Бір де адам қалмастан түгел мінді. Кейбірі мүлдем жабылмайтын болған кемтар терезелерден шаң бұрқ-бұрқ кіріп, даланың бұралаң жабайы жолымен, міне енді, ор қояндай орғытып келе жатыр. Біреу түсем десе, кілт тоқтай қалады. Жол бойы адам кездессе, отырғызып алады.
У-шу нағыз базар автобустың ішінде.
Біз де құр қол емес едік. Ауылдық жердің сырын білетін мен мана жолға шығар алдында Алматының Калинин көшесінде жуырда ашылған, қаладағы ең мақтаулы гастрономға соққам. Ғалия біз барғанда аяқ астынан қонақ күтудің қамын істеп, асып-саспасын деп, бір қойдың санын, бірнеше бөтелке тәуір шараптар сатып алғам. Ішінде не барын, әзірше, тек өзім ғана білетін зілдей кішкене қара чемодан осы келе жатқанда Қалидың қолында.
Мынау міне Шілікті.
Автобусқа мінер кездегі азаптан түсер кездегі азап кем болған жоқ.
Ғалия совхоздың мұғалімдер үшін салған, әрқайсы екі пәтерлі, каркас үйлерінің бірінде тұрады екен. Қыстақтың шеті. Сыртта есік алдында балтамен тоңқаңдап, отын жарып жатқан үстіне келдік. Мені керіп, көздері жылтырай күлімсіреді:
— Е, сені мұнда кім шақырды?
— Шақырмаса, келмей ме екен? Саған қонаққа келдім.
— Біз бұл күнде қонақ қабылдамайтын болғанбыз.
Баяғыда, студент кезімде, Ғалияның үйінен сен менің еркіме көнбедің деп, ашуланып кеткенім есіме келді.
— Бұрын да қонақ қабылдап қарық қылғаныңды көрмеген тәріздімін, — дедім.
Қай мағынада айтылған сөз екенін Ғалия, әрине, түсінді.
Баяғы Еркін, баяғы Ғалия емеспіз. Қалидың көзінше ашық, еркін қалжыңдасамыз. Қали да: «Сен аулақ жүр. Әпкеме жаман сөздер айтасың» деп Ғалияны менен қызғыштай қоритын баяғы қызғаншақ бала емес. Есейген, енді өзі жігіт болған. Ғалия екеуміздің қалжыңымызды кайта құптап, қуанғандай өңін төмен салып, жымиып күліп қояды.
Ғалия бұрынғысынан көп өзгеріпті. Бойы аласарып, белі жуандап, салпы етек ауыл әйелдерінің біріне айналыпты. Үстіне киген киімдері де тым жұпыны. Ерні шыт-шыт жарылып, бет-жүзін ұсақ әжім баса бастаған.
Баяғы мен білетіннен өзгермеген оның ақылды көзқарасы мен әдемі күлкісі.
Маңайда бөгде ешкім болмаған соң:
— Сен өзің не боп кеткенсің? — деп, Ғалияның белінен қапсыра құшақтап, сілкіп-сілкіп қойдым. Оны сағынып, алып ұшып жеткенімді осылай білдірдім. Дегенмен, бұлшық еттері тығыз. Әлі қаны суымаған салмақты ыстық дене...
— Сен осы күйеуіңе сүйіп қосылдың ба? Тек шын айт?
— Жоқ, сүйген жоқпын.
— Сүймесең неге тидің?
— Оған тосын бір жағдай себеп болды.
— Қандай тосын жағдай?
— Жәй... ақымақшылық...
— Дәлірек?
— Дәл айтсам: оның армиядан жаңа келген кезі. Салт атқа мініп алатын да, ағасы жылқы ферманың бастығы, ауыл арасында шапқылаумен жүретін. Бір күні маған тауға рауғаш теруге барайық деді. Мен келістім. Екеуміз бір атқа міңгестік те, бардық. Елсіз тау. Белуардан шалғын. Маңайда жан адам жоқ. Біраздан соң ол маған көңіл білдіріп, жабыса бастады. Мен, әрине, көнбедім. Екеуміз сол арада әбден алысып-жұлыстық. Киімдеріміз дал-дұл болды. Оның әрекетінен, әрине, түк шықпады. Ауылға мен ашуланып, жаяу қайтып келдім. Ол келген соң, жігіттерге өтірік айтып, мақтаныпты. Мен Ғалияны тауға алып бардым, сөйттім-бүйттім депті. Жігіттер қандай: шетінен әумесер. Мені көрген жерде алдымды орап, күлетінді шығарды. Сенсең, міне сол себеп болды. Әлгі өсек елге жайылады екен, апам естиді екен дедім де, тие салдым.
— Тек сол ма?
— Сол.
— Дура!
* * *
Ертесі. Таңертеңгілік мезгіл. Осы арадан бірінші өтетін автобуспен Қали екеуміз Ұзынағашқа, одан Алматыға қайтпақшымыз. Селоның дәл орта тұсындағы автобус аялдамасында тұрмыз. Үстіне пальто ма, плащ па көне бірдеңе кие салған, ұйқысы онша қанбаған Ғалия кірбиіп, бізді шығарып салып тұр.
Мен оның бетін оңаша бұрып, сыбырлап:
— Келіп тұрам, — деймін.
Жауап беру орнына Ғалия таңертеңгі салқын ауадан тоңазыған түрмен, екі қолын жеңіне тыға түсіп, тітіркенеді.
Кешегі көңілді автобус келе қалды. Адам тағы да толы. Орын арт жақтан әзер табылды. Жайғасып отырып жатып, артыма бұрылып қарадым. Ғалия сол орнында әлі тұр. Көзі бізде — ұзап бара жатқан автобуста. Неге екенін қайдам, ол маған дәл осы сәт жапан дүзде немесе елсіз-күнсіз аралда жалғыз қалып бара жатқан панасыз жандай тым аянышты көрініп кетті.
Сара
осы жазушы ұнайды
Cagida
Маған ұнады
Сейітқали
Ең алғаш оқыған кітабым 2000 жылдарда ау бүгін тағы қайталап оқыдым 24 жылдан соң керемет кітап жүректе қалатын
Қобыланды
Керемет шығарма екен
Қайрат
Тамаша, сөз жоқ ,