Көкшетауда «Қазақстан» деген совхозда тұратын Мейірбанұлы Ілияс ақсақал Біржан туралы әңгімесін былайша бастайды:
— Менің жиырмаға толмаған бала кезім еді. Бір күні біздің ағамыздың отауының алдына үш атты адам келіп сөйлес қылып түсе қалды. Жайланып қымыз ішіп алған соң қонағымыздың бірі төрде керегенің басында ілулі тұрған домбыраны алып безілдетіп тарта бастады. Бұрын ол домбыраның дыбысы ондай шығып көрмеген еді. Біз таңырқай тыңдап қалдық. Жөн сұрасақ Біржан екен. Отау кәрі-жас, ер-әйел демей лық толды да кетті. Біржанның бұрын естіп жүзін көрмеген жұрт бір-бірінен шүйінші сұрағандай болды. Көпшілік бір-екі ән салуын сұрады. Ол кісі басқаларша бөгелген, маңызданған жоқ. Орнынан қозғалып көтеріліп қойды да, «Бурылтай», тары басқа бірнеше әнге салып кетті. Отаудың манағы толғаны — толған ба, тамашалаған жұрт үйді көтеріп кететіндей болды. Бір кезде үлкен үйден біреу келіп қонақтарды сонда шақырды. Жастар жібергісі келмей, есікті босатпай тұрып алды. Өйткені үлкен үйге барса, өлең-ән болмайды ғой. Әрі-беріден кейін әкем келіп: «Ашыңдар есікті, кейін тұрыңдар»,—деп айғай салды да, үйге кіріп жас қонақтармен амандасты да: «Үлкен үйде алыстан келіп жатқа« қонақтар бар, сонда барып әңгімелесейік»,— деп Біржанды ертіп алып шықты. Жастарға:
— Әнші бүгін аттанбайды, осы ауылда өлең айтады, ән салады, тыңдаңдар, қапы қалмаңдар,— деді.
Біржан бір жұма қонақ болып ән салғанда, бір өлеңін, әнін қайталамады-ау десті елдегілер. Бір жұмадан кейін, біздің ел де, Әжібай елі де Біржанды жақсы сыйлап аттандырды. Ол кісі мал алмайды екен, алатыны үлкендерден киім, шапан, жастардан орамал, тана моншақ, күміс сақина-жүзік екен десті.
Біржандар бір күн бұрын аттанды. Артынан саз болғанда Ораз атамыз былай депті:
— Біржан, Ақандар өнерге, өлеңге, ән-күйге бола жаралған адамдар ғой, осы мына Біржанның бойында қызуы бар екен,— дегені есімде.
Содан кейін мен Біржанды екі-үш рет көрдім, соң да Ораз атамыздың Біржанның әншілігіне сүйсініп айтқаны күні бүгінгідей құлағымда тұр.
Біржан маған орта бойлы, аш өңді, ақ құба селдір шоқша сақалды, қара мұртты, қырғи қабақты, қара қасты, өңі күлімдей қарайтын адам көрінді. Ал үстіндегі киімі сол кездегі адамдардың кигендерінен тіпті өзгеше болатын. Кең жағалы ақ көйлек, дөңгелек етекті оқалы камзол, сыртында көк ала қаптал шапан, басында үкілі құндыз бөрік, үкісі бұлғақ-бұлғақ етеді. Қалтасында күрең шұға тақиясы бар екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі