Өлең, жыр, ақындар

Ата қаз

Осы бір ата қаз қызылкөз пәле болды. Өзінен Болат та, Жанат та, тіпті Қанаттың қабаған күшігі Ақтөс те қорқады. Шүпірлеген балапандарын ертіп, қоқиланып, ертеңді-кеш есік алдында жүреді де қояды. Өзінің мықтылығын мақтан ететін сияқты Қанатқа. Көшеге шығайын десе, осы ата қаздан қорқып, көбіне үйде жіпсіз байланады. Кірген-шыққан сайын әжесіне кіріптар. «Әже, ойнағым келді, ата қаздан шығаршы» деп, қыңқылдайды. Болмаса, «Әже, үйге кірем» деп, сырттан айқайлап тұрғаны. Ұят-ақ!

Қанат терезе алдында отыр. Көшеде батпырауық ұшырып ойнаған балаларға жаутаңдай қарайды. Жүгіре шығып, ол қосыла кетейін десе, ата қаз есіктің көзінде жүр. «Қыдығы-ғиқ-ғиқ-ғиқ!..» дейді. Сірә, балапандарына: «Қанат бала шықса, бас салу керек» дейтін сияқты. Дәл осындайда әжесі қайда кете қалады екен? Қанат жыларман болды. Ақыры шыдамы таусылған ол: «Мейлі, тістесе, тістесін...» деп, есікке беттеді. «Қыдығы-ғиқ-ғиқ-ғиқ!..» дейді ата қаз, басын көтеріп. «Ал жарайды, бара қойшы бір жолға» деп тұрған сияқты. Жер түртініп, есік артына беттеді. Осы сәтте Қанат есіктен атып шығып, жүгіре жөнелген. «Ыс-с!»

Ата қаз соңынан қуып берді. Жанұшырған Қанат дауыстап та жіберді. Бірақ ата қаз жете алмай қалды. Аман-сау құтылған Қанат ұзап шығып, бұрылып қарады. Ата қаз қанатын қағып-қағып, мойнын созып қойды. Балапандары да шиқылдасып, өзара: «Ой, қызық-ай, Қанаттың қорыққаны-ай!» — десіп, ішек-сілелері қата күлісіп жатқандай. Қанат енді батпырауық ұшырған балаларға қарай жүгірді. Бір жақсысы, мұның бақыра қашқанын олардың ешқайсысы байқамапты. Келе сала Қанат та ойынның қызығына кіріп кетті. Ата қаздың жаңағы жәбірі лездің арасында ұмыт болды.

Түс кезінде балалар үйді-үйіне тарай бастады, Қанат та үйге қайтқан. Ата қаз тағы да есік алдында жүр екен. Қанатты көргенде мойнын созып, күдірейе қалды. «Ыс-с!» деп қойды алыстан-ақ.

— Әже-е, үйге кірем, — деп дауыстады Қанат. Бірақ әжесі дыбыс бере қоймады. Тағы дауыстады. Әжесі шығар емес. Сірә, құлағы естімей отыр-ау. Қанат есік алдына таяп кеп, дауыстады. Дәл осы кезде ата қаз тұтқиылдан Қанатқа тап берді. Ысылдай ышқынып, ағып келеді.

Қапелімде қашар-қашпасын білмей Қанат тұрған орнында қатып қалды. Қорыққаннан дір-дір етіп, үні де шықпайды. Ата қаз аузын ашып, айбаттанып тұр. Енді Қанатты қарнынан тістеп тұрып, қанатымен сабалауға дайын. Кенет өзінің осынша қорыққанына намыстанған Қанат бойындағы бар күшін жинап, ата қазға ұмтылды. Қарнынан тістей берген ата қаздың қылша мойнына жабыса кетті. Екі қолымен бірдей қысып ұстап, мытып жіберді. Ата қаз көзі аларып, аузын ашқан күйде жер тырмалап тартына берді. Қанат оны жіберген жоқ. Қыса түсті.

Буынған ата қаз қиқылдап, жандәрмен болды. Бұралаңдап, әлсірейін деген сияқты. Енді өстіп біраз қылғынса, тұншығып өліп қалатын түрі бар. Есін жиған Қанат енді ата қазды аяп, жібере салды. Мойны босаған ата қаз балапандарға қарай қаша жөнелді. «Қыдығы-ғиқ-ғиқ-ғиқ!..» «Ендігәрі Қанат балаға тиіспеу керек» деп сыбырлайтын сияқты


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз