(4 актылы, лирикалы либеретто)
ПРОЛОГ
Түн ортасы. Ауыл Маралды көлінің жағасында. Оңаша отауда Хорлан мен Ғұсни ұйықтап жатыр. Қой күзеткен Сейтен қойшы қоңырлатып ән салып келе жатыр.
Сейтен
Дауысым әуеніндей аққу қаздың,
Күй төккен көкірегімнен өнерпазбын,
Өмірден сый орнына соққы жедім,
Япыр-ау, сұм тағдырға мен не жаздым.
(Сахнадан өтіп бара жатып):
Ән салсам ақтарылар іштегі арман,
Аузымнан шығар жалын лапылдаған,
Зар заман зынданындай тұншықтырып
Тарылтты-ау тынысымды мына жалған.
Әннің тербетуімен маужырап оянған Хорлан елеңдеп құлақ салып, түрегеліп тыңдайды. Біраздан соң. Ғұсниді оятып:
Ғұсни, Ғұсни, түрегел,
Тұршы, ояншы, Ғұснижан.
Бар, Сейтенді ертіп кел,
Қандай сұлу мынау ән!
Ғұсни
Немене, түн ішінде
Ұйқы бермей мазалап,
Бұзып кетті-ау түсімді,
Мына албасты қап-қап-қап!
(Бүркене түсіп, теріс қарап жатып алады.)
Xорлан (сыртқа шығып).
Сейтен, Сейтен!
Сейтен
Ау! (Келеді).
Ұйқың қайда, қарағым,
Бозғыл тартқан таң мынау.
Xорлан
Сіз бе жаңа ән салған?
Сейтен
Я, мен ғой, Хорланжан.
Xорлан
Үйрендіңіз сіз қайдан?
Сейтен
Естіп едім Естайдан.
Xорлан
Естай деген қай әнші,
Білмедім мен қалайша?
Сейтен
Ол бір ұзақ хикая,
Айтармын бір оңаша.
Xорлан
Айтыңызшы тағы да,
Өте сұлу ән екен...
Сейтен
Ойбой, сорды қайнатар
Естіп қалса Сұлтекең!
Xорлан
(Сейтенді еркіне қоймай үйге алып келіп).
Ағам ұрыспас. Айтыңыз, мә домбыра
Сейтен
Қалдырмайын көңіліңді, болмас сірә. Былтырғы жылдың көктемінде, сонау қоңыр адыр бойында қой жусатып жүр едім. Сары қайқаңнан сау етіп бір топ атты шыға келді де, маған бұрылып келіп, жөн сұрасты. Басшысы бір сері жігіт екен. Қолында қаршығасы, мойнында асқан домбырасы бар. Бірақ, өзі сері сияқты емес, ете кішіпейілді, ибадатты адам екен. Атынан түсіп, менімен сырласа бастады. Мен, баяғы сұңқар Сұлтанның қойшысы екенімді айттым. Ол маған неше түрлі сарынды бір сөздер айтты. Мәнісіне онша түсіне алмадым. Бір сөзінде:
Қоңыр адыр бойында қой бағасың,
Қой соңында әлде не ойланасың?
Бетегедей қуарып сақал-шашын
Қой соңында өтер ме қыршын жасың.
— деді... Аттанарында маған бір кішкене орамал берді. «Қой бағып жүргенде жылай қалсаң, осы орамалмен көз жасыңды сүртерсің. Мені де еске аларсың» деді. Мен, «қарағым, домбыраң бар екен, бір ән айтып, сергітіп кетші» дедім. Сондағы оның айтқаны мынау еді:
Руым Қанжығалы, атым Естай,
Мен жүрмін Сарарқада сайрап құстай,
Жел мініп, сағым қуған жұмбақ жанмын,
Қиялдың қаршығасын қолыма ұстай.
(Бұл уақытта Хорлан ыңылдап қосылып, әнді үйренуге зейін салады)
Далада қой үркеді, иттер үріп, сиыр меңіреп, азан-қазан болады.
Сейтен. Күзетейін малымды. Шай-шай-шай.
Xорлан. Бұзып кетті-ау әнімді, пай-пай-пай.
Домбыраны алып шертіп, әнді есіне түсіріп ыңылдап қосылады. Бірте-бірте күшейе береді. Әнді үйренгеніне балаша қуанып:
Қандай шіркін әсерлі,
Тамылжыған ән екен,
Жиып алып қыздарды,
Үйретейін таңертең.
Шымылдық
І АКТ
I картина
Сұңқардың үйі. Төрде алпыстан асқан ақ бурыл шал таспық тартып отыр. Сұлтан, Сұңқардың әйелі Айғаным, Сұлтанның әйелі Бибиғайша бар.
Сұлтан
Адам емес, берер ме сайтанға мал.
О, антатқан Хорланнан садаға қал.
Сұңқар
Құда бол деп қыпшаққа жалынбаймын...
Айғаным
Пай-пай-пай-пай, орынсыз бұл не жанжал?
Бибиғайша
Не қыласын, кейітіп ақсақалды,
Оны алмаса, берерміз Ғұснижанды.
Айғаным
Не дегенің, келін-ау, біздің Хорлан,
Кем болып па соншама Ғұсниыңнан.
Сұңқар
Ұл орнына ұлым болған,
Қыз орнына қызым болған,
Бақытым да, байлығым да
Емес пе еді жалғыз Хорлан,
Еркелеттім, еркін өсті
Аққудай боп көлде қонған.
Өзін айтшы осы маңда,
Қыз өте ме Хорланжаннан.
Сұлтан
Ұзын сөздің қысқасын айтайын мен:
Жас бала емес, не керек еркелеген,
Бой түзесін, қыз болсын кәдімгідей,
Қайда кеткен өзінде ұят деген...
Күні ертең құдалар келген кезде
Бұл қалпында көрсетем не бетіммен,
Масқаралап жүрмесін бәрімізді,
Айтым, қойдым, құтылдым міндетімнен.
(Шығып кетеді)
Сұңқар да шығып кетеді.
Бір топ кемпір келеді. Кемпірлер Айғаным мен Бибиғайшаға хормен:
Құтты болсын, келіндер, құтты болсын,
Бақыт орнап басыңа ырыс қонсын,
Ошағыңның үш бұты күміс болып,
Әбдра мен кебежеңе алтын толсын,
Бибиғайша, Айғаным,
Малға толсын аймағың,
Шайқалмасын ырысың,
Бұзылмасын қаймағың.
Айғаным, Бибиғайша
Айтсын, айтсын уайымын, айтсын, айтсын,
Сіздерге де құдайдан алғыс, қайтсын.
Бәрі қосылып
Кішкентайдан қолда өскен Хорлығайын,
Құдай қосқан, құт қонған тапты қайның,
Ойын-тойын қызық қып ұзатармыз,
Жарылқасын жолынан бір құдайым.
Медет бергей уа алла,
Бақыт бергей Хорланға
Шапағаты тигей-ді.
Біздей мүскін жандарға.
(Бәрі бата қылады).
II картина
Маралды көлінің жағасындағы қалын. орманның іші. Хорлығайын бастаған бір топ қыз жеміс теріп жүр. Хорлығайын жалаңаяқ, балтырын сыбанып алып, суға қармақ салып, үңіліп қарап тұр. Жанында етігі мен домбырасы. Домбырасын ала салып «Жай қоңыр» әнін айтып отырады:
Көлі бар Маралдының, дөп-дөңгелек,
Көзіндей сұлу қыздың, тұр мөлдіреп,
Аспанмен араласқан айдынына
Қонады қиқу салып қаз бен үйрек.
Қыздар хоры
(Жеміс теріп жүріп айтады)
Біздер жеміс тереміз нулы орманда,
Қызыл жидек жинаймыз орамалға,
Маралдының сыланған ерке аққуы
Жеміс теріп береміз қыз Хорланға.
Бүлдірген, бүлдірген,
Қып-қызыл шиедей,
Қап-қара қарақат,
Тізілген түймедей.
Қызыл гүл, қызыл гүл,
Жайнашы, жайнашы,
Бұтақта жаз бұлбұл,
Сайрашы, сайрашы,
Жайқал гүлім,
Жазғы нұрым,
Жібек желмен желпиік шан, жуытпай,
Құлпыр орман,
Біздің Хорлан
Келіп тұрсын бұралып тал шыбықтай.
Сахнаға Сұлтан мен Бибиғайша шығады.
Сұлтан (Хорланды көріп)
Сайтанның тұрысын.
Биби
Қойшы, құрысын...
Сұлтан
Қоятыны жоқ,
Не былжырап тұрсың,
Биби
Пай-пай-пай,
Сабыр етші азғантай,
Іштен шыққан бала ғой,
Айтсақ ақыл,
Демес пе мақұл.
Сұлтан
Айтып па едіңдер өзіне істің жайын?
Биби
Жоқ. Бүгін бір адамға айтқызайын.
Сұлтан
Сәтті күн сәрсембіге құда келмек,
Тездетіңдер, той жабдық болсын дайын,
Осында ұят келіп, жүрді бар ғой...
Биби
Жүре берші жөніңе, қылма уайым.
(Сұлтан кетеді).
Биби
Хорланжан, ay, Хорлығайын,
Бері келші айналайын.
Хорлан жүгіріп келіп Бибиді еркелей құшақтайды, Қыздар да жинала бастайды.
Биби
Кім болғаның, қалқам-ау, қармақ салып
Хорлан
Апа-ау, көлде бар екен алтын балық,
Атам менен ағама көрсетейік,
Жүр, апатай, барайық ұстап алып...
Биби
Қойшы, қалқам, үйге жүр,
Қайтесің сол балықты.
Хорлан
Апа-ау! Жүзің солғын ғой,
Неге көңлін жабықты?
Кәне, қыздар, бастайық,
Апам үшін бір ойын,
Бір сергітіп тастайық,
Басынбасын уайым.
Қыздар қол ұстасып, Бибиғайша мен Хорланды ортаға алып, билеп жүріп ән айтады. Хорлан да қосылады.
Хор
Айтшы, айтшы, жан апа, Биби апа,
Неге ғана болдыңыз мұнша қапа?
Әлде біраз жүрсіз бе сырқаттанып
Қайғыңызды сергітейік ән шырқата,
Кәне, Хорлан, Ғұсни, Берші билеп бірер би.
(Хорлан жігіт боп, Ғұсни қыз боп билейді.)
Рай-рай-рай-рай,
Бұлбұлша сайрай,
Ойнаймыз, күлеміз,
Гүлдей, жайнай,
Ғұснн, Хорлан,
Бірің күн, бірің ай,
Айдынға қонған
Егіз аққудай,
Рай-рай-рай-рай,
Уа шіркін, аққудай...
Бұл уақытта сахнаға жалаңаяқ балалар, жас балаларын көтерген әйелдер, жүген, құрық ұстаған малшылар толып кетеді.
Бәрі қосылып
Маралдының еркесі Хорлығайын,
Жұбанышы көңілдің, айналайын,
Жүрген жерің жәрмеңке, ойын, сауық,
Көңілімізде қалдырмас еш уайым...
Балапандай баулынған Хорлығайын,
Маралдыдан сен ұшып аққудайын,
Көзімізді талдырып, кетсең алыс,
Бұлт басқандай болады-ау, көктің айын.
Хорлан (ойланып)
Әніңіздің аяғы тым жабырқау,
Тегі мұнда құпия бір сыр бар-ау...
Сейтен
Жай әншейін, қарағым, жай әншейін,
Көңіліңе ап қалма. Қой кетейін.
Сахнаға асығыс ауылдың бір жігіті шығады, қолында қамшы.
Жігіт
Хорлан, Хорлан, кел бері,
Хорлан
Не боп қалды, жарқыным?
Жігіт
Естай деген бір сері,
Әнеугі айтқан ақының,
Келе жатыр осында
Жанында топ нөкері...
(Жұрт ентелей жинала бастайды.)
Хорлан (топқа)
Айттым ғой, келе жатыр әнеугі әнші,
(Бибиге)
Апатай, үйге барып көрпе салшы,
Биби
Құп болады, қарағым. Қарсы алыңдар.
(Кетеді. Қатын-қалаштар да кете бастайды).
Жігіт
Әнеки, тыңдаңдаршы, соның даусы.
(Алыстан «Жай қоңыр» әні естіліп, жақындай түседі).
Бір қыз
Киінсеңші, Хорлан-ау.
Хорлан
Анда қапты етігім,
Алып келші, Ғұсни,
Екінші қыз
Киіне алмай қалдың-ау.
Хорлан
Ештеңе етпес, сөкпес,
Ғұсни
Мә етігің, тез ки.
(Хорлан етінін киіп жатады. Қыздар да жөнделе бастайды).
Хорлан
Барыңдар тез алдынан.
(Бірінше жігіт кетеді).
Бір қыз
«Жай қоңырды» шығарған
Осы әнші ғой, Хорлан?
Хорлан
Естірсіңдер соңынан.
(Бір топ жолдасымен Естай жарқ етіп шыға келгенде, Хорлан сасып қалғандай болады).
Естай (келе сала)
Еркесі Маралдының бар ма Хорлан?
Атағын келдік естіп алты қырдан.
Хорлан
Адасқан жоқ шығарсыз жөніңізден,
Естіп ек біз де сізді «Жай қоңырдан».
(Қыздар, жігіттер ду күліседі)
Естай
(Хорланның еркекше киінетінін естіп келсе де, қасақана қалжыңдап)
Сырттан біз естуші едік Хорлан қыз деп,
Келіп ек сол себепті әдейі іздеп,
Хорлан
Боларсыз қаталасқан, Естай аға,
Жүргейсіз мені сірә ініңіз деп.
(Ду күлкі)
Естай
Кәне, Хорлан, ініміз,
Танысайық. (Хорлан қолын ұсынады).
Қол алыссақ, мұнымыз
Болмас айып.
Хорлан
Аға, іні болған соң
Осы лайық.
Бір қыз
Бата жүрмес құр қолды
Не қылайық (ду күлкі).
Естайдың бір жолдасы
Олай болса аларсыз
Құшақ жайып (ду күлкі).
Қыздар (хормен)
Ат арытып келіпті өңшең сері,
Сынасармыз, бар екен не өнері... (Күлкі).
Естай жолдастары
Асықпаңыз сұлулар, сабырсыз боп,
Сіздерменен сынасар күн ілгері.
Қыздар
Оңай олжа шықпаушы еді біздің жақтан
Жарар еді ақталса аттың тері (ду күлкі).
Хорлан
Кәне, қыздар,
Бастаңыздар,
Қонақтарды үй жаққа.
Қыздар
Сый меймандар,
Ұялмаңдар
Келгеннен соң қонаққа,
Кәне үйге жүріңіз,
Ақ ордаға кіріңіз,
Күте білер қонағын,
Хорлан сынды ініңіз,
Жолыңызға гүліміз,
Жүріңіздер, жүріңіз.
Шымылдық
II АКТ
I картина
Тыс. Сахнаның бір жақ шетінен Сұңқардың үйі, екінші жағынан Хорланның отауы көрініп тұрады. Алыстан жастардың әні естіліп тұрады. Сұңқар үйіне қарай кетіп бара жатып, тоқтап:
Сегіз қырлы семсердей,
Жігіттің нағыз сұлтаны екен.
Шарықтап ұшқан шабытты
Сарарқаның сұңқары екен...
Жалғыз-ақ жарлы демесең,
Сабазда жоқ-ау еш айып,
Шіркін Естай ер екен,
Хорланыма ылайық. (Кетеді.)
Сахнаға Айғаным мен Бибиғайша шығады.
Бибиғайша
Жеңеше-ау, айтсаңызшы қайныңызға,
Не істесін өз бетімен кеткен қызға;
Көреді бәрін менен тентек қайның
Қайтпекпін, не бар біздің қолымызда.
Айғаным
Не боп қапты тағы да?
Биби
Баяғы сол бір сөзі...
Айғаным
Әйтеуір соған Хорланның
Жақпай-ақ қойды-ау мінезі...
Биби
«Мына әнші жігітпен
Бір шатағы бар» дейді...
Айғаным
Қой-қой, келін, ол бос сөз
Құлағыма енбейді...
Биби
Хорланда еш кінә жоқ
Десем дағы сенбейді.
Екі сөздің бірінде
«Бүлдірген бәрін сен» дейді.
Сұлтан
Нағып тұрсың, әй қатын?
Жүр үйге, жүр, малғұн!
Айғаным
Бір сезім бар айтатын,
Тұра тұршы, қайным?
Сұлтан
Кетті әне, сайтан сынды сайқалдарың,
Бір сәурік айғырға ерген байталдарың.
Айғаным, Биби
Масқара
Айта көрме басқаға!
Сұлтан
Масқара болса масқара,
Емес қой ол жас бала...
Құдалар келгелі жатыр,
Тойы болғалы жатыр,
Бұл не қылған орынсыз,
Опыр да топыр,
Жын ойнақ па бұл ауыл,
(Бибиге.)
Бар, қызды шақыр,
Осы бір сойқан болмаса,
Көрерміз ақыр. (Ашулы кетіп қалады.)
Биби (Сейтенге)
Шақырып келші Хорланды.
(Сейтен кетеді).
Айғаным
Не қыл дейді, япырмау,
Бостан-босқа бүлініп,
Басымды әбден қатырды-ау
(Хорлан келеді).
Айғаным
Аттанғалы жатыр ма,
Қарағым, ана қонағың?
Хорлан
Я, әже, қыздармен
Шығарып қазір саламын.
Айғаным
Ағаң тіпті ашулы,
Бармай-ақ қойшы, қарағым.
Хорлан
Қайда өзі ағам
Неге ашуланған,
О не ашу орынсыз?..
(Сұлтан келіп қалды).
Сұлтан
Бері келші, сайтан қыз.
(Хорлан барып, Сұлтанның мойнына асылады).
Сұлтан Хорланның қолын қағып)
Сұлтан
Басылды ма жындарын,
Біткен жоқ па той-топыр.
О, ант атқан сайтан қыз,
Тыбыр етпе, үйде отыр!
Хорлан
Қоя тұршы, ағатай, ашуланбай,
Не боп қалды соншама сұрланғандай,
Әлде апам қойды ма ашулантып,
Әлде тұрып па едіңіз ұйқы қанбай,
Сабыр етші, ағатай,
Жараспайды сізге ашу,
Салқындаса басылар,
Берші, апа, мұздай су.
(Сұлтанға тағы да еркелеп барады. Султан итеріп жібереді. Хорлан үрейленіп қарап тұрады да, тағы да жақындап)
Хорлан
Аттандырып келейін қонағымды (кетеді).
Сұлтан
Қонақ, қонақ, не қылған... өңшең жынды...
Айғаным
Жынды болып, дәл сізге ол не қылды...
Сұлтан
Әй, қатын, тоқтат ана малғұныңды.
(Сұлтан ашулы кетеді. Сахнаға Естай, Хорлан бастаған топ шығады. Ғұсни мен Хорлан Сұңқарды қолтықтап алып шығады).
Естай
Ауылдың ақсақалы, баба Сұңқар,
Жігіт ем жолбарыстай жонда жортар,
Ашулы арыстандай аласұрып,
Болғандай мына фәни дүние тар,
Өз ойым өз жаныма болған жұмбақ,
Қайнаған көкірегімде арманым бар,
Білмеймін, алдымнан не кездесерін,
Білмеймін жан құмарым қашан тарқар,
Тәуекел, тарттым тағы тың сонарға,
Бата бер, болғайды деп біздің сапар.
Хор
Сәуегей ата,
Естай жағы
Біздің бата
Аттанайық сапарға,
Аспандата
Ән шырқата
Біз соғармыз қайтарда.
Сұңқар (Естайға)
Еркесі Ертісімнің, ер Естайым,
Әрдайым адал батам саған дайын,
Қарағым, ең қадірлі қонағымсың,
Бар шығар қарттан сұрар бұйымтайың...
Хор
Не сұрайсыз, айтыңыз,
Бұйымтайға?
Қыздар, жігіттер
Бұйымтай ап қайтыңыз,
Естай аға;
Ат сұрасаң, берейік.
Жүйрік, жорға;
Тон сұрасаң, жабайық
Жібек торқа;
Айтыңыз, айтыңыз,
Бұйымтай ап қайтыңыз?
Естай
Аққуы Маралдының Хорлығайын,
Ардақтап әлпештеңдер бар ағайын,
Қор етіп қиянатқа жүрмеңіздер,
Тілегім, осы менің бұйымтайым.
(Кемпірлер көзіне жас алады. Қыздар үндемей тұрып қалады. Хорлан аң-таң)
Естай
Ән қосам аспандағы аққу кұсқа,
Жасымнан асыл сөзге болдым ұста,
Арманым — аспандағы айменен тең
Жетпейді-ау ұсынсам да қолым қысқа.
Сұңқар
Томағасыз таубүркіт
Тұғырынан талпынса
Талап қылған ер жігіт
Аспанда айға ұмтылса,
Арман деген ақтұйғын
Балдағыңа қонар да.
Оңнан айың, солдан күн
Туар, жолың болар да;
Қыр еркесі құландай,
Құрық салса, көнбейтін,
Ел тұлғасы ұландай
Ар-намысын бермейтін,
Жүлде алатын жүйріктей,
Өрге салса өрлейтін,
Кен асылы гәуһардай
Жоғалмайтын, өлмейтін
Өнерлі ұлым екенсің,
Мен батамды берейін
Үстем болсын мерейің,
Алды-артыңнан оңдасын
Әуелі патша құдайым,
Дұшпаның болса оңбасын
Тақсірет тартсын іләйім
Шадыман-шат бон өмір сүр,
Жаныңнан аулақ уайым,
Алла акбар.
Елдің бәрі бата қылады. Сұңқар Естайды құшақтап сүйеді. Қоштасады. Естай тобы кете бастайды. Естайды қимағандай топ елжіреп, қолдарын былғап, бірсыпыра қарап тұрады. Сахнаға долданған Сұлтан шығады.
Сұлтан
Бұл не шу, бұл не топыр айтыңдаршы,
Құтырып құл-құтандар, малшы-жалшы,
Соншама естеріңнен айрылғандай
Өмірі көрмеп пе еңдер сірә әнші,
(Малшыларға)
Көзіме көрінбеңдер, бар кетіңдер!
(Малшы-жалшылар кете бастайды).
(Кемпірлерге)
Сендерге не бар мұнда, әй кемпірлер?!
(Әйеліне)
Сен қатын, не ғып тұрсың! О-о, сайқал!
Бар, ана қызыңменен қоштасып қал!
(Сұңқарға)
Сақалды басыңменен сайтанға еріп,
Қаңғырған бір әншіні құдай көріп,
Бишара-ау, елден-жұрттан ұялсаңшы,
Артық қой бұдан дағы қалсаң өліп.
Сұңқар
Жынданған болар сірә мына шіркін..
Биби
Өстетін әдеті ғой дүркін-дүркін.
Сұлтан
Мінеки, ақырында келді айтқаным,
Белбеуге түйіп алып беттің арын,
Кетті әне қызың еріп қайыршыға,
Ой, пәле-ай, аларсыңдар қалыңмалын
Хор
Сұлтан, саған не болған?
Кемпір-шалдар
Бүлінгендей бостан-бос,
Қайт, шырағым, ырайдан
Ашу — дұспан, ақыл — дос.
Еш жазық жоқ Хорланда,
Жатқа босқа жорыма,
Өз қолыңнан берерсің
Құдай қосқан жарына;
Құдаларың келсін,
Қызымызды көрсін,
Торқа тонын жапсын,
Қалыңмалын берсін,
Жаса тойын,
Біздер дайын,
Қарсы болмас
Хорлығайын.
II картина
Бұлағы бұрқырап жатқан таудың, бауыры. Естайдың жолдастары, Хорланның жолдас қыздары сахнадан ойнап-билеп өтіп жатады. Ортада Ғұсни және Жомарт. Естай мен Хорлан таудан түсіп, бұлақ бойлап келе жатады.
Хорлан
Сіздің сөзіңізде сарын бар,
Әніңіз жатқан бір зар,
Сағындырған алыста
Жарыңыз бар шығар?
Естай
Әрине.
Хорлан
Аты кім?
Естай
Аты — Арман.
Хорлан
Арманға сәлем айт Хорланнан.
Естай
Ойнап айтам, қайтем мен ғашық жарды,
Жалғыз атпен ел кезген мен бір жарлы,
Жердегі қазақ қызы өте қымбат,
Қайдан тауып беремін қалыңмалды.
Хорлан
Бергізейін мен малды,
Аласыз ба Арманды?
Естай
Түспейді ғой қолға.
Хорлан
Ол қыз қайда?
Естай
Ол ма?...
Ол қыз... аспанда.
(Хорлан шек-сілесі қатып күледі).
Хорлан
Ол неғылған қыз
Әлде ай, әлде жұлдыз.
Естай
Ол қыз... мына сіз. (Сүйіп алады.)
(Хорлан қып-қызыл боп ұялып, бетін басып, аулақ кетіп, бір ағашқа сүйеніп, аң-таң болып тұрары).
Естай
Бір қыз бар Маралдыда Хорлығайын,
Мағұрып берген екен күн мен айын,
Аққуым айдыныма қонар ма екен,
Дариға, арманым көп не қылайын.
О, дүние — жалған,
Өтеді-ау арман,
(Жігіттер, қыздар жайлап жинала бастайды).
Шіркін Хорлан!
Сен дағы өтермісің
Пул жалғаннан.
Бір өзіңдей жан тумас,
Туса дағы артылмас.
Бағдат, Мысыр, Шын-машын,
Жер мен көктің арасын,
Іздесем Хорлан табылмас.
Кетер ме адастырып асау арман,
Шынымен жат бола ма шіркін Хорлан.
(Хорлан тұңғиық ойға батып, теріс қарап, тапжылмай тұра береді).
Қыздар (жаңағы әннің жалғасымен).
Хорланжан, Хорлан,
Саған не болған? (Хорлан үндемейді).
Айтшы, айтшы?
Хорланжан, сырқатпысың?
Қашқан түсің. Қайттік енді япырмай?
Не деп едіңіз, сіз Естай?
Бір тіл қатшы, Хорланжан,
Болсаң егер ауырған,
Тез жүрейік ауылға.
Хорлан (Сол әннің жалғасымен).
Қай жақтан пайда болды осынау ән,
Мұншама мұңды етіп кім шығарған?
(Бітпей қалған).
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі