Теңізбен Қырым шаһарына сапар шегу үшін кеме тосып, Синоп шаһарында 40 күн жаттық. Ақыры бір рум кемешісін тауып жалдадық. Соның өзінде дауылдың бәсеңдеуін тосып, тағы он бір күн жаттық. Сөйтіп, әрең дегенде, бір күні кемеге мініп, сапарға шықтық. Үш күн жүзіп, теңіздің ортасына жеттік. Дәл сол кезде терістік жақтан дауыл шығып, бізге үлкен қауіп төндірді. Ажалымыз жеткен екен дестік. Мен кеменің астындағы құжырада едім. Жолсерігім мағриптік Әбубакір деген кісі еді. Мен оған: «Кеменің үстіне шығып, дауылдың мән-жайын байқа!» - деп бұйырдым. Әбубакір көріп келіп, жағдайдың қорқынышты екенін хабарлады. Алла сақтасын! Мен ғұмырымда мұндай қорқынышты дауылдың түрін көргенім жоқ еді. Қатты састық. Бағымызға орай, біраздан соң дауыл бәсеңдеп, өзінің бағытын өзгертті. Бірақ ол бізді кері қайырып, Синоп шаһарына жақын бір орынға ығыстырып әкеліп тастады. Кейбір саудагерлер құрлыққа шықпақшы болып еді, кемеші рұқсат бермеді. Дауыл басылған соң біз онан әрі жүріп кеттік. Теңіздің ортасына таман жеткен соң, тағы әуелдегідей дауыл шығып, бізді шошыта бастап еді, бірақ бұл жолы ұзаққа созылмай басылды да, біз сапарымызды онан ары жалғастыра бердік. Бір кезде құрлық таулар көріне бастады. Біз бір жерге келіп тоқтадық. Бұл жер «Керіш» деп аталады екен. Бірақ бұл жердің ададмдары тау төбелеріне жиналып шығып алып: «Біз сендерден қауіптенеміз, құрлыққа шықпаңдар!» — деген ишара (белгі) білдірді. Олар бізді дұшпан екен деп ойласа керек. Сол себепті біз шаһарға соқпастан кері қайтып, шаһар сыртындағы бір шетке барып түстік. Кемешіден құрлыққа шығуды өтіндім. Рұқсат етті. Құрлыққа шығып біраз жүрген соң, алдымнан бір шіркеу көрінді. Солай қарай жүрдім. Шіркеудің рабиһын тауып жолықтым. Шіркеудің бір бұрышындағы қабырғадан басында сәлдесі бар, беліне қылыш асынған, қолына найза ұстаған, алдында шамшырақ жанып тұрған бір араптың суретін көрдім. Рабиһтан:
— Бұл кімнің суреті? — деп сұрадым.
— Бұл Ғали нәбидің суреті, — деп жауап берді ол.
Мен оның бұл жауабына аң-таң қалдым...
Түнді сол шіркеудің маңында өткіздік. Жолға алған тауық еті және басқа жолазықтарымыз кемеде көп тұрғандықтан, теңіз иісі сіңіп, әбден бүлініп кетіпті, пісіруге, ішіп-жеуге жарамады.
Біздің бұл келіп түскен жеріміз түрікше «Дешті-Қыпшақ» деп аталатын сайын даланың бір шеті екен. Бұл жасыл өсімдіктер юасып жатқан, таулар мен ойпаттар кездеспейтін, орманы жоқ, сулы да жазық кең дала екен. Орманы болмағандықтан, отыны да болмайды екен. Жергілікті тұрғындар отынның орнына малдың қиын жағады екен. Малдың кепкен қиын қолымен ьеріп жүрген адамдарды көзім көрді. Олар мұны «тезек» деп атайды екен.
Дешті Қыпшақ даласында жол жүруші жолаушылар тек арбамен ғана жүреді екен.
Қыпшақ даласының ол шеті мен бұл шеті алты айлық жол болып, оның үш айлық жолы Сұлтан Мұхаммед Өзбек ханға қарайды екен де, қалған бөлігі басқа хандыққа қарайды екен.
Бұл жерден біз арба жалдап, Кефе шаһарына жол тарттық. Саудагер серіктеріміз де сол арбамен кері қайтты. Жалданған арбакештердің бәрі де христиан дінідегі қыпшақтар еді. Бұл шаһар теңіз жағасына ұзыннан-ұзақ созыла орналасқан үлкен де әдемі шаһарлардың бірі екен. Қала тұрғындарының көбі христиан дініндегі жануиундер еді. Шаһардың бастығы Демдир деген адам екен. Бұл жерде біз мұсылмандар мешітіне келіп түстік.
Біз мешітке келіп орналасқаннан кейін бірер сағаттан соң, әр тараптан шіркеу қоңырауының дауыстары естіле бастады. Мен мұндай дауысты ғұмырымда естімеген екем. Қорқайын дедім. Жолдастарыма: «Дереу жоғарыға шығып Құран оқыңдар, такбир айтыңдар, азан шақырыңдар!» — дедім. Олар айтқанымды орындады. Сол сәтте үстіне сауыт киген, қару асынған бір адам кіріп келді. Сәлем беріп, өзін таныстырды. Бұл адам сол жердегі тұрғылықты мұсылман қауымының қазысы екен. Ол біздің кім екенімізді сұрап білді. Біз мән-жайымызды айттық. «Мен сіздердің оқыған құрандарыңызды, шақырған азандарыңызды естіп, бұл не оқиға екен, білейін деп келіп едім», — деді де, шығып кетті. Біз ол адамның жақсылығынан басқасын көрмедік.
Ертеңіне шаһардың әмірі келіп жолығып, бізді жақсы қарсы алып, қонақ қылды. Бірге отырып ас іштік. Соңынан ол бізге шаһарды аралатып көрсетті. Көшелері кең, әдемі базарлары бар екен. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, қала тұрғандарының түгелге жуығы кәпірлер болып шықты. Сонымен бірге кеме тоқтайтын орынға бардық. Шаһардың айлағы тамаша бір жағада екен. Онда үлкенді-кішілі екі жүздей әскери және сауда кемесі тұрғанын көрдік. Бұл айлақ сол замандағы дүниедегі ең атақты айлақтың бірі екен.
Біз бұл жерден араб жалдап, Қырым шаһарына қарай жол тарттық. Қырым шаһары да үлкен шаһардың бірі, ұлы Сұлтан Мұхаммед Өзбек ханға қарайды екен. Мұнда Өзбеке хан тарапынан қойылған Түлүк Темур деген әмір шаһарды басқарып тұрады екен. Бұл әмірдің қызметкерлерінің біреуімен жолда бірге келе жатып танысқан едім. Ол біздің осы шаһарға келе жатқанымызды әмірге хабарлапты. Сол себепті әмір өзінің Сағдутдин деген имамы арқылы бізге бір ылау ат жіберіпті. Мұнда келіп, Задұл Хорасани деген бір шайхының такиасына келіп түстік. Бұл шайхы бізге аса зор құрмет көрсетті. Бұл кісі осы жердің үлкен беделді, абыройлы адамы екен де, жергілікті тұрғындардың бәрі оны өте құрметтейді екен. Бұл шайхыны зиярат ету үшін басқа жақтан да көп адам келіп тұратын көрінеді. Тіпті қазы, хатып, фақиһа сияқты ғұламалар да бұл кісіге жолығып тұрады екен. Ол маған былай деді: «Біздің шаһарымыздың сыртында бір христиан монастыры бар. Онда бір раһип тұрады екен. Ол өзі қырық күн ораза ұстайды, тек қана тақуалықпен шұғылданады. Егер де көргілеріңіз келсе, барайық, жолығайық», — деді. Мен баруға ықылас танытпадым. Барған болсам, ақиқатын білген болар едім деп, кейін қатты өкіндім.
Мен бұл шаһарда мына төмендегі адамдармен таныстым:
1) Ханифалардың үлкен қызы — Шамсуддин Саили.
2) Шафиғалардың қазысы — Хызир.
3) Фақиһ һәм мүдаррис — Ғалаутдин Ас.
4) Мүлки Насыр салдырған мешіттегі шафиғилардың хатибы — Әбубакір.
5) Қарт әкімдерден шайхы Мұзафауддин деген адаммен таныстым. Бұл адам әсілінде румдық екен. Кейіннен Исламды жақсы көріп, қабылдапты.
6) Жеке үлкен фатихтардан — Мұзахаруддинмен таныстым. Осы адаммен бірге Түлүк Темур құзырында қабылдауда болдым. Түлүк Темур өзі науқас болғанына қарамай, бізді зор құрметпен қабылдады. Ол сарай шаһарына Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан хазіреттің құзырына баруға әзірленіп отырыпты. Мен де онымен бірге сапарлас болатын болдым. Сол жердің рәсімі бойынша бірнеше арба сатып алдым.
Бұл жерде «арба» деген нәрсемен сапар шегу әдет екен. Арбалардың үлкен төрт дөңгелегі болады. Арбалардың үлкен-кішілігіне қарай кейбіреулеріне екі ат, кейбіреулеріне онан да көп ат жегіледі екен. Ат орнына өгіз немесе түйе жегілетіндері де бар. Арбаны айдаушы кісі жегілген аттардың біреуіне мініп алады. Астында ер-тоқым, қолында қамшы немесе ұзын таяғы болады екен. Аттар жолдан шығып кетсе, таяқпен жасқап қайта жолға түсіреді. Арбаның ішінде шыбықтан тоқып жасалған күймесі болады. Күйменің шыбықтары тарамыспен бір-біріне мықты қылып байланған болады. Күйме киіз немесе басқа бір түрлі сондай затпен қапталады. Сөйтіп, күйменің ішінде отырғандар сырттағыларды көріп отырады. Ал сырттағылар күйменің ішіндегілерді көрмейді. Ал күйменің ішінде қалай отырсаңыз да болады. Ұйықтауға да, тамақ ішуге де, қаласаңыз оқып, жазуға да болады. Арба жүріп бара жатқанда да, солай істеуге болады. Жолаушылардың жүктері мен азықтарын сақтау үшін арнайы жасалған арбалар да болады. Бұлар үй сияқты жасалып, есіктерін құлыптап қоюға болады.
Сапар уақыты таянған соң, өзіммен бірге жариям отыру үшін үсті киізбен қапталған бір арба және жолсерігім Ғафифуддин Турзи үшін кішірек бір арба, басқа жолдастарым үшін үлкен бір арба әзірледім. Бұл соңғысына үш түйе жегілетін болды. Түйенің біреуіне арбакеш мініп алатын болды.
Әмір Түлүк Темур және оның туысы Ғайса һәм әмірдің имамы Сағдуддин, хатибы Әбубакір, қазысы Шамсуддин және фақиһ Шарафуддин, сондай-ақ әмірдің жаршысы Ғалауддиндер болып — бәріміз бірге жолға шықтық.
Жаршының міндеті ылғи да әмірдің қасында болып, келген адамдардың кім екенін әмірге жеткізіп хабарлап отырады. Мәселен, әмірдің алдына қазы келетін болса, жаршы зор дауыспен: «Бісмиллаһи! Қазылардың қазысы және біздің қожамыз, шариғат хүкімдерін атқарушы келді!» - деп хабарлайды. Егерде келуші адам үлкен фақиһ немесе сондай бір мәртебелі адам болса, тағы солай етіп жар салып әмірге хабарлайды. Сөйтіп, мәжіліс болар алдында жаршының хабарлауы бойынша келушілердің мәртебесіне қарай қарсы алып, орын беруге, мәжілісті кеңейтуге және оларға сондай дәрежеде құрмет көрсетуге әзірленеді. Түркілердің тағы бір әдеті қажылар Хижаз сахараларында қандай тәртіппен жүрсе, түркілер де бұл сахарада сондай тәртіппен жүреді. Мәселен, жолға таң намазын оқығаннан кейін шығады. Бесін намазын оқып алып, тағы жүреді. Күн еңкейгенде тағы тоқтайды. Осылайша тоқтаған жерлерінде ат-көліктерін, түйе, өгіздерін түн болсын, күндіз болсын бос қоя береді. Мейлі ол сұлтанның көлігі болсын, мейлі басқанікі болсын мал кең далада еркін, күзетсіз бос жүріп тойынады. Бұл даланың бір қасиеті — от-шөбі шүйгін, малға жұғымды келеді. Сол себепті бұл жердің халқы малды көп ұстайды. Ұры-қарылар жоқтың қасы. Ұрылар туралы хүкім қатты болғандықтан, ұрылар жоқ десе де болады.
Ұрылар туралы хүкімдер
1) Егерде ұры ұсталса, ұрланған мал иесіне қайтарылады.
2) Ұрланған мал тоғыз есе қылып төленеді
3) Ұрының төлеуге шамасы келмесе, ұрының балалары төлейді
4) Егерде ұрының балалары болмаса, ұры қой сияқты бауыздалады.
Тағамдар туралы
Бұл түркілер нан және сол сияқты қатты тағамдарды жемейді екен. Бұлардың көп тұтынатын тағамдары сарғыш бір заттан жасалады. Олар бұл сарғыш затты «доқи» деп атайды екен.
Алдымен ыдысқа су құйып отқа қояды. Су қайнаған соң, әлгі доқи деген затты суға салады. Піскен соң әркімге арнап бөлек ыдыстарға құйып береді. Оған қатық қосып ішеді. Бұл халық сондай-ақ жылқы сүтін де ұнатып ішеді екен. Мұны олар «қымыз» деп атайды. Қымыз ішкендіктен, түркілер мықты әрі көркем сипатты болып келеді. Кейбір кезде түркілер «бурхани» деп аталатын тағам әзірлейді. Алдымен қамырды қаттылау етіп илейді, онан соң ортасы тесік шелпек тәрізді етіп жаяды да, суға салып қайнатады. Піскен соң қатық қосып жейді. Міне, осылай етіп әзірленген тағамды олар «бурхани» деп атайды. Бұлардың доқи ұрығынан жасалған ішімдіктері де болады. Бұл туралы алда тоқталамыз. Бір қызығы — бұл халық халуа жемейді екен. Халуа жеу бұларда айып саналады. Мен ораза кезінде бір күні ауызашар кеште Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан құзырында болдым. Сонда қонақасыға жылқы етінен әзірленген ас келтірілді. Бұлар жылқы еті мен қой етін сүйсініп жейді екен. Сонымен бірге «ариште» деп аталатын тағы бір тамақ әзірлепті. Оған сүт қосып ішеді екен. Мен осы кеште өз адамдарым тарапынан әзірленген бір табақ халуа алып барып едім. Оны Сұлтанның алдына қойдым. Ол бір алып ауыз тиді де қойды. Жемеді. Халуа туралы әмір Түлүк Темур мынадай бір оқиғаны әңгімелеп берді. Сұлтанның бір адал қарт құлы болыпты. Оның бала-шағалары, немерелерін қосқанда қырық шамалы адамы бар үлкен бір отбасы екен. Күндердің бірінде Сұлтан сол қарт құлына қалжыңдап:
— Халуа жесең, бәріңді азат етемін, — депті. Құл:
— Өлтірсеңіз разымын, бірақ халуа жемеймін, — депті.
Қырым шаһарынан келесі сапарға аттанған соң, «Сижжан» деген жердегі әмір Түлүк темур такиасына келіп түстік. Сол жерде әмір мені өз құзырына шақыртты. Мініп жүрген атыммен әмірдің алдына бардым. Әмір көп тағам әзірлепті, оның ішінде наны да бар екен. Кішкене кеселерге құйылған ақ сүт түсті ішімдіктер келтірілді. Дастарқан басында отырған қонақтардың бәрі ішті. Ішімдікті мен де татып көріп едім, ащы екен. Ішпедім. Қонақасыдан шыққан соң, жанымда бірге отырған шайхы Мұзафауддиннен: «Бұл қандай ішімдік?» - деп сұрап едім, ол әлгі доқи ұрығынан әзірленген ішімдік екенін айтты. Олар мұны «боза» деп атайды екен.
Бұл елдегі мұсылмандар ханафи мазһабында болғандықтан, мұндай ішімдіктерді іше береді екен, себебі ханафи мазхабында мұндай істерге кеңшілік берілген.
Қырым шаһарынан шығып он сегіз күн жүрген соң, үлкен дір дарияға кез болдық. Дариядан өту өте қиын болды. Сонда да бір күн дегенде әрең өттік. Көліктеріміз де әбден шаршады. Әмір Түлүк Темур өзі қалып, бірнеше қызметкері және имамымен бірге мені жолға салды. Азақ шаһарының әміріне хат жазып, менің патшамен жүздесуге ықыласымның бар екенін білдірді және мені құрметпен қарсы алу жайында ұсыныс жасады. Жүріп кеттік. Тағы да бір үлкен дариядан жарым күн дегенде әрең өтіп, үш күн жүрген соң, Азақ шаһарына жеттік.
Азақ шаһары теңіз жағасына орналасқан, ғимараттары әдемі шаһар болып, мұнда сауда жасау үшін жануиндер және басқа саудагерлер көп келеді екен. Бұл шаһарда «бажақшы» деп аталатын тағы бір қауым бар екен. Олар келген-кеткен жолаушылар мен қонақтарды қарсы алып, шығарып салушылар болғандықтан, шаһар халқы арасында мәртебелі қауым саналады екен.
Әмір Түлүк Темурдың хатын алған соң, Азақ шаһарының әмірі Мұхаммед Хожа Хорезми деген адам бізді қарсы алу үшін өзі шықты. Өзімен бірге қазысын, талабаларын ала шығыпты. Сәлемдесіп, амандастық. Таныстық. Әзірленген тағамдарымыз бар еді, бірге отырып тамақ жедік. Онан соң шаһарға қарай жүрдік. Шаһардың сыртындағы Хызыр Ілияс пайғамбардың намына салынған такиаға түстік. Бұл жерден бізді әсілі ирақтық, қазір осы Азақ шаһарының тұрғыны саналатын Режеп деген бір шайхы өз такиасына алып барып қонақ қылды. Осында екі күн тұрған соң, Әмір Түлүк Темур келді. Азақ шаһарының әмірі Мұхаммед оны өзінің қазылары және талабаларымен бірге келіп, сән-салтанатпен қарсы алды. Үлкен қонақасы әзірленді. Бір-біріне тұтастырылған үш шатыр тігілді. Шатырдың біреуі түрлі-түсті жібектен жасалған. Екеуі кендірден тоқылған. Шатырлардың іші «әфраж» деп аталатын шамшырақтармен, сырт жақтары жұлдызға ұқсаған шырақтармен безендірілген. Шатырдың ішінде әмір Тұлүк Темур жұмсақ жібек кілемдердің үстінде әрі-бері жүрді. Мақсаты — менің мәртебелі адамдардан екенімді әмір Мұхаммедке білдіру болса керек.
Бірінші шатыр әмір Түлүк Темур отыруға арналған. Шатырдың төрінде ағаштан жасалған сәнді күрсісі бар. Әмір мені мен шайхы Мұзаффаруддинді алға таман отырғызды да, өзі екеуміздің арамызға келіп жоғары шығып отырды. Әмір Түлүк Темурдің қазысы, хатибы және осы шаһардың қазысы мен талабалары күрсінің сол жағындағы мақталы кілемдердің үстіне барып отырды. Осылайша әмір Түлүк Темурдың екі ұлы мен туғандары, әмір Мұхаммед және оның ұлдары — бәрі жиылып қонақтарды күтіп алуға әзір тұрды. Бір кезде пісірілген жылқы еті және басқа заттардан әзірленген әр түрлі тағамдар келтірілді. Қымыз бен боза ішімдіктері де бар еді. Қонақасы беріліп болған соң, қарилар жақсы мақамдармен құран оқыды. Онан соң ортаға мінбер қойылып, оның үстіне уағызшы көтерілді де, әсем дауыспен жақсылап тұрып уағыз сөйледі. Уағыз сұлтан және әмірлер хақында болды. Мәжілісті әзірлеушілерге бағыштап дұғалар оқылды. Дұғалар арап тілінде оқылды, онан соң түркі тіліне тәржіма етілді. Мұның артынан арап, парсы, түркі халықтарының күйлері ойналып, жырлары жырланды. Арабы күйлер «қаул», түркі күйлері «мүләммағ» аталады екен. Мұнан соң кешкі ас келтірілді, кешке дейін отыруға тура келді. Мен қайтайын деп өтініп едім, әмір Түлүк Темур маған рұқсат етпеді. Біраздан соң әмірге, оның екі ұлына, әмірдің туғандарына, шайхы Мұзаффаруддин мен маған шапан жапты. Әмір Түлүк Темурге он екі ат, оның екі ұлы мен туғандарына алты аттан, бізге бір-бір аттан берілді.
Бұл елде жылқы малы өте көп, бағасы да арзан еді. Мәселен, ең жақсы деген аттар өз ақшаларымен елу, алпыс дархам тұрады. Бұл біздің динарымызға тура келеді. Ал Мысыр базарларындағы «акадиш» деп аталатын аттар осы мемлекеттен (қыпшақтардан) барады. Қысқасы, бұл елдегі түркі халықтарының тіршілігі тек осы жылқы малымен байланысты десек, артық айтқандық болмайды. Біздің елімізде қой малы қанша көп болса, бұл елде жылқы малы сондай көп екен. Бәлкім, мұндағы жылқы малы біздегі қой малынан да көбірек сияқты әрі пайдалы сияқты. Әрбір түркінің мыңға тарта жылқысы болады екен. Бұл елде жылқы малын өсіру түркілердің негізгі кәсіптерінің бірі саналады.
Түркілердің әйелдері отыратын арбаларына бір кездей ұзын шыбықтың ұшына бір қарыс шүберек байлап, оны арбаның бір шетіне қадап қояды екен. Мұндай шүберек байланған шыбықтардың әрбіреуі бір мың бас жылқының белгісі екен. Мен сондай шүберек байланған шыбықтардан бір арбада оннан артық шыбық қадалғанын көрдім. Осылайша бұл елде өсірілген жылқы малының бір бөлігі Үндістан еліне де кетеді.
Әр саудагер қыпшақ жылқыларын жүзден, екі жүзден, жинап, үлкен бір қос жасайды да, Үндістанға айдайды. Әр қоста алты мың бастан артығырақ жылқы болады. Әрбір елу бас жылқыға бір бақташы жалдайды. Олар жылқыны бағып алып барады. Мұндай жалданған кісілерді «илқиши» деп атайды. Жылқышылардың қолдарында ұзын сойыл таяқ болады. Сойылға байланған ұзын арқан болады. Керек жылқыны мойнына құрық салып ұстап мінеді.
Үндістанға барғанда ең алдымен «Синед» деген жерге тоқтап, жылқыларды жемдей бастайды. Себебі бұл жерде Дешті-Қыпшақ даласындағыдай қуатты от-шөп жоқ болғандықтан, жылқылардың көбі өле бастайды және ұрланады. Ол аз болғандай Синед үкіметі «Шинқар» деген жерде жылқы басына жеті динардан күміс ақша салық алады екен. Оған қоса Синед үкіметінің марказы Милтан қаласына келгенде, тағы да бажын салады екен. Осылайша Синед үкіметі келген малдың бір уақытта төрттен бірін алып тұрған. Сол себепті Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан Үндістан падишасымен сөйлесіп, мұсылман саудагерлерінен «зекет», кәпір саудагерлерінен «ғұшыр» алып тұруға келісіпті. Соның өзінде Үндістанға жылқы айдап барушы саудагерлер көп пайда тапқан. Дешті-Қыпшақтан өте төмен (арзан) бағада алынған жылқы Үндістанға барғанда, кемінде жүз динарға бағаланады. Бұл дегеніңіз, біздің мағриптық жиырма бес динарына тура келеді.
Үндістан халқы Дешті-Қыпшақ жылқыларын жүрісі жайлы, адымды, мықты, жалпақ төсті болғандықтан көп алады. Бұл аттар көбінесе әскери мақсатқа пайдаланылған. Соғыс кезінде бұл аттарға түгелдей сауыт кигізетін болған. Бейбіт кезде сән-салтанат үшін мінетін жорға, жүйрік аттарды үндістандықтар Иемен, Ғаман және Парсы елдерінен алып отырған. Мұндай аттардың бағасы біздің төрт мың динарымызға дейін бағаланған.
Әмір Түлүк Темур Азақ шаһарынан жүріп кеткен соң, мен онда қалып, тағы үш күн тұрдым. Әмір Мұхаммед менің сапар жабдықтарымды әзірлетіп болған соң, Мажар шаһарына қарай жол тарттық.
Бұл шаһар үлкен дарияның жағасына салынған түріктердің ең бір тамаша үлкен шаһарларының бірі болып саналады екен. Шаһардың бау-бақшасы көп, жемісі мол екен. Бұл жерде біз әсілі ирақтық шайхы Мұхаммед Батихидың такиасына түстік. Мұнда арап, парсы, түрік және рум халықтарынан құралған «мужауирлер» деп аталатын жетпістей адам тұрады екен. Бұлар тек қана ғибадатпен шұғылданатын тақуа адамдар екен. Олардың арасында үйлі-барандылары да, бойдақтары да бар екен. Бұлар нәзір-нияз, садақалардан түскен кірістің есебінен күн көретін көрінеді. Жергілікті тұғындар бұл мүжауирлерге өте ықыласпен қарап, оларға күн сайын жылқы, сиыр, қой малдарынан көп садақа береді екен. Тіпті сұлтанның өзі және оның әйелдері де шайхыны зиярат етіп келіп-кетіп тұрады екен. Әсіресе сұлтанның әйелдері садақаны мол береді.
Мажар шаһарында жұма намазын оқыдық. Намаздан соң көп талаба мен мүриді бар бұхарлық фақиһ Ғизаддин деген мінберге шығып уағыз сөйледі. Шаһардың әмірі және игі жақсыларының бәрі бар еді. Соңында шайхы Мұхаммед Батихи орнынан тұрып халайыққа қарап: «Фақиһ һәм уағиз Ғизаддин сапарға аттанбақшы. Сол себепті біз бұл адамға көмектесейік», - деп өзінің үстіндегі әдемі шапанын шешіп уағиздың үстіне жапты. Мұны көрген жұрт дүр сілкініп іске кірісті, қайсыбіреу киім берді, қайсыбіреу ат берді, қайсыбіреу ақша берді. Сөйтіп бір демнің ішінде көпшіліктен көп зат жиналды.
Мен бұл шаһарда және бір йаһудиді кездестірдім. Қайсарлық екен. Ол маған жолығып сәлем берді. Менімен арапша сөйлесті. Бұл йаһуди Андалас мемлекетінен келіпті. Бір ғажабы сол — ол теңізбен жүзбей, бұл жерге құрлық жолмен келіпті. Ол алдымен Константинаға келген, одан Рум, Черкес шаһарларын басып өтіп, Мажар шаһарынан келіп шыққан. Бұл йаһудидің Андалас мемлекетінен шыққанына төрт ай болыпты. Оны танитын саудагерлер йаһуди дұрыс айтады десті.
Бұл шаһарларда мен көріп ғажаптанған нәрселерімнің біреуі түрік халықтарының әйелдерін ерекше құрметтейтін әдеттері еді. Бұл елде әйелдер еркектерден жоғары тұрады. Мен әмірдің әйелдерін Қырым шаһарынан бастап шыққанда бұған көзім жетті. Мен әмірдің қатыны Салтияны арба үстінде көрдім. Салтияның арбасы әдемі көк матамен қапталған. Арбаның алды ашық. Салтия қатынның алдында өте сұлу, әдемі киінген төрт жариясы отыр. Салтия қатын әмір тұрған жерге келген соң, арбасынан түсті. Сол сәтте отыздай жария қыздар келіп, әрқайсысы өз орындарында тұрып әмір қатыны Салтияның көйлегінің етегін жерге сүйретпеу үшін көтеріп жүрді. Салтия аса бір әдемі қылықты жүріспен келіп әмірге жақындағанда, әмір орнынан тұрып ханымға сәлем берді де, жанына отырғызды. Қымыз келтірілді. Ханым қымызды өз қолымен ыдысқа құйды да, әмірдің алдына келіп, екі тізесімен тізерлеп отырып әмірге ұсынды. Әмір қымызды алып ауыз тиді де, ішті. Онан соң әмірдік туғандарына қымыз ұсынды. Енді әмір қымызды өзі құйып ханымына ұсынды. Осы кезде ас келтірілді. Ханым әмірмен бірге отырып ас ішті. Астан соң әмір ханымына шапан жапты. Ханым қайтып кетті. Бұл тәртіп күллі әмір қатындарына ортақ. Енді саудагерлер мен қарапайым шаруа адамдарының әйелдеріне келсек, олар да арбаларда жүреді. Саудагер әйелдерінің етектерін көтеріп жүру үшін олардың да үш-төрттен жариялары болады. Қатындардың бас киімдері гауһарлармен безендіріліп, төбелеріне тауыс құсының қауырсындары қадалады.
Түркі қатындарында бетперде тарту әдеті жоқ. Олардың үйлерінің, арбаларының алды ашық болады да, өздерін көріп отырады. Осы тәртіппен олар базарларға барып, қызметкерлерін немесе құлдарын жұмсап, малдарын, сүттерін сатқызып, керек заттарын алып қайтады. Кей кездерде қатындарының жанында еркектері де бірге жүреді. Бірақ олар қатындар сияқты әлем-жәлем киінбейді. Үстерінде және бастарында қой терісінен тігілген тондары мен бөріктері ғана болады. Сондықтан оларды әйелдердің күйеулері емес, қызметкері екен деп қаласың. Олар (еркектер) бас киімдерін «күла» деп атайды екен.
Мұхаммед Өзбек ханның ордасы Мажар шаһарынан төрт күндік жердегі Бешдағ деген жерде орналасқан. Біз Бешдағқа қарай сапарға шықтық. «Беш» - сан есім сөзі (бес деген мағынада), «дағ» сөзі тау деген мағынан білдіреді екен. «Бешдағ» - Бестау деген сөз. Бұл Бешдағта Арасан бұлағы бар. Түркілер арасанға түседі. Арасанға түсіп, жуынған адамдар түрлі науқасынан айығады. Олардың ойынша, арасанға түскен адамға ауру жұқпайды.
Біз сұлтанның ордасы тұрған жерге ораза айының бірінші күні келсек, орда орнынан көшіп кетіпті. Бірақ көп кешікпей орда өзінің бұрынғы орнына қайта көшіп келеді дегенді естіген соң, біз сол түскен жерімізде тұра бердік. Мен бір биіктеу жерге шатырымды тіктім. Шатырымның алдына жалау қадап, аттарды шатырдың арт жағына байладым. Тәртіп солай екен. Осы кезде біз орданың келгенін көрдік. Күллі бір шаһар көшіп келгендей болды. Мешіттері, базарлары, асханалары және одан шыққан түтіндерімен қоса көшіп келе жатқанын көріп тұрдық. Түркілер көшіп бара жатып та арбаларында тамақ пісіріп, астарын ішіп кете барады екен. Олардың қазан-ошақтары, дүкендері, мешіттері көшіп-қонуға лайықталып. Оңайланып жасалыпты.
Сұлтанның қатындарының көші біздің алдымыздан өтті. Сұлтанның қатындарының әрқайсысы өзінің қызметкер, нөкерлерімен бірге жеке-жеке жүреді екен.
Өзбек ханның төртінші қатыны әмір Ғайсаның қызы екен. Дөңесте тігілген менің бір ғаріп, мүсәпір екенімді естіп, өзінің жігіт-жарияларын маған жіберді. Бұл жерді салты бойынша шатырға жалау қадау мүсәпірліктің белгісі екен. Ханымның қызметкер-жариялары маған келіп сәлем берді һәм ханымның сәлемін жеткізді. Ханым жарияларының қайтып келуін күтіп отырыпты. Мен өз тарапымнан өз адамдарыма әмір Түлүк Темурдың жаршысын қосып ханымға сауға жібердім. Ханым менің сауғамды ықыласпен қабылдап, менің өзіне жақындау жайға келіп орналасуыма әмір етіпті. Сол сәтте сұлтан һәм өз адамдарымен келіп орнынан түсті.
Сұлтанның есімі — Мұхаммед Өзбек хан. Хан — бізше сұлтан деген сөз. Мұхаммед Өзбек хан аса қайратты әрі мәртебелі адам болып, оның мемлекеті ірі сұлтандықтардың бірі саналады. Ол үнемі Алланың дұшпаны болған константиниялықтармен соғыс жүргізіп, өзінің жеңімпаз екенін көрсетті. Бұл сұлтанның Кефе, Қырым, Мажар, Азақ, Судақ, Хорезм және өзі тұрған орталық қаласы Сарай сияқты бірнеше ірі шаһарлары бар. Сондай-ақ бұл сұлтан Мұхаммед Өзбек хан — қияметке дейін хақ жолынан қайтпайтын Мысыр, Шам сұлтандары, Ирақ сұлтаны, Түркістан-Мәуереннахр сұлтаны, Дешті-Қыпшақ сұлтаны, Үндістан сұлтаны, Шын сұлтандары сияқты әлемдегі ұлы жеті патшаның бірі саналады.
Егерде бұл сұлтан бір жаққа сапарға шықпақшы болса, ол өзінің күллі қызметкерлерін, үкімет қайраткерлерін және әйелдерін олардың өз адамдарымен қосып, айырым бір жамағат етіп, өзімен бірге алып шығады екен. Сұлтан әйелдерінің біреуінің жанына барғысы келсе, баратынын білдіріп хабар береді екен. Бұл кезде ол әйелі сұлтанды жақсы әзірленіп қарсы алады екен. Осы сияқты сұлтанның жүріс-тұрыстары, қылықтары, жеке басының істері өте қызық болады екен. Бұл сұлтанның тағы бір әдеті: ол әр жұма күні намаздан соң өзінің «Алтын күмбез» деп аталатын үйінде отырады. Бұл күмбез үй қымбат бағалы ағаштардан алтындалып жасалған. Аса ғажап түрде безендірілген. Күмбездің ортасында ағаштан жасалып, алтын, күміспен қапталған бір сарир бар. Бұл сарирдің сирақтары сап күмістен жасалып, жұмыр бастары гауһармен безендірілген. Мұхаммед Өзбек хан соның үстінде отырады.
Сарирдің оң жағында сұлтанның үлкен қатыны Тайтұғлы отырады. Оның оң жағына Кебек атты қатыны отырады. Ал сарирдің сол жағында Бейлун атты қатыны мен Ордаша атты қатыны отырады. Сарирдің алдыңғы оң жағында сұлтанның үлкен ұлы Тынысбек, сол жағында кіші ұлы Жәнібек отырады. Бұл екі ұлдың ортасында сұлтанның иткүшік атты қызы отырады.
Егерде әйелдерінің біреуі мәжіліске келе қалса, сұлтан өзі орнынан тұрып барып қарсы алып, әйелінің қолынан жетелеп келіп сарирге отырғызады. Мәселен үлкен әйелі Тайтұғлыны алсақ, ол мемлекеттің мәликесі саналады. Сол себепті де сұлтан ханышасын күмбез үйдің есігінің алдына өзі шығып қарсы алып, сәлем беріп, қолынан жетелеп келіп, арнайы орнына отырғызып болған соң, өз орнына барып отырады.
Осы салтанаттар күллі халайықтың алдында, елдің көзінше ашықтан-ашық өтіп жатты. Алдымен мемлекет қайраткерлері, әмірлер оң, сол тараптарға бөлініп күрсілерге отырысты. Осылайша сұлтанның мәжілісіне келген мәртебелі қонақтар үшін даярланған күрсілерді құл-қызметкерлер қолдарымен көтеріп әкеліп қойып жатыр. Сұлтанның құзырында бұдан басқа өз туғандары мен шаһзадалары да болды. Күмбез үйдің есігінің алдында үлкен әмірлердің балалары мен әскери қолбасылары оң, сол тарап болып екі жаққа қақ бөлініп отырысты. Осылайша диуан түзіліп тәмәм болған соң, мемлекеттің ірі мансапшылары үш-үштен қатар тізіліп сұлтанның құзырында болып, сәлем беріп шықты да, бір шетке барып отырды.
Намаздыгерден соң, сұлтанның әйелдері де өз жайларына қайтып кетті. Алдымен Мәлике қозғалды. Онан соң басқа әйелдері қозғалды. Бәрі жиналып мәликені өз жайына дейін ұзатады да, ол үйіне кіріп кеткеннен кейін барып басқа әйелдері өз жайларына қайтысады.
Әдетте сұлтан қатындары арбалармен жүреді. Әрбір әйелдің елуден жариялары болады. Бұлар атқа мініп жүреді. Абраның алдында арбалармен бірге күзетші-қарауыл жігіттер жүреді. Бұлардың ортасында қартаңдау келген тағы жиырма қатын атқа мініп жүреді. Бұлардың бірінің соңынан жүзге тарта бозбала құлдар ілесіп жүреді. Қарауыл жігіттердің алдында жүз сақа құлдар жүреді. Бұлар түгелдей атпен жүреді. Бұлардың соңында белдері кемер белдеулермен буылып қылыш асынған, қолдарына найза ұстаған жүздей жаяу әскер тобы жүреді. Сөйтіп, сұлтанның әрбір әйелі жұма сайын алтын күмбезге келіп, өздерінің сән-салтанаттарын осылайша көрсетіп тұрады екен. Ордада менің түскен орным шаһзада Жәнібектің тұрған жеріне жақын еді. Орналасқаннан кейінгі екінші күні намаздыгерден соң сұлтанның құзырында болдым. Оның қасында шайхылары, қазылары, фақиһлары, әшірептері және басқа меймандары болып, мәжілісі адамдарға лық толып отырыпты. Мол тағам әзірленіпті. Ауызашар уақыты болды. Біз сұлтанның құзырында отырып ауыз аштық. Әшірептердің ең үлкендерінің біреуі Саид ибн Ғабдулмажид және қазы Хамза деген адамдар мен туралы жақсы лебіз білдіріп, маған құрмет көрсету жөнінде сұлтанға ишара білдірді.
Бұл түркі халықтары мүсәпірлерге нәпақа белгілеу, тұруларына үй-жай көрсетіп беру сияқты әдеттерді білмейді екен. Бұлардың ең үлкен құрметі — соғым үшін қой, жылқы береді және жіберіп тұрады екен.
Сұлтан қатындарының әрқайсысының арбалары болады, олар сол арбалармен жүреді. Қатындардың әрбірінің үйлерінде алтын, күміспен безендірілген қымбат бағалы ағаштардан жасалған күмбездері болады. Бұл қатындарының арбаларына жегілетін аттардың бәріне алтынмен кестеленген жібек жабулар жабылады. Арба қызметкерлері аттардың біреуіне мініп отырады. Мұны олар «жылқышы» деп атайды.
Хан қатындары арбаға отырғанда екі жағында қартаңдау екі қатын, артында алты қыз, артында екі қыз отырады. Оң жақта отырған қатынды «ұлы қатын», сол жақта отырған қатынды «кіші қатын» деп атайды.
Хан қатындарының қасында отырған жариялар сұлулықтың ең жоғарғы дәрежесінде болып, хан әйелінің арт жағында отырған қыздарға сүйеніп отырады. Хан қатындарының басында тауыс құсының қауырсындары қадалып, қымбат тастармен әшекейленген «бұғтақ» болады. Бұғтақтың төбесіне гауһар тастар қадалған. Бұл - румдықтар киетін манотқа ұқсас жібектен тоқылған бас киім. Хан әйелінің оң және сол жақтарында отырған ұлы қатын мен кіші қатынның бастарында шеттері алтынмен кестеленген бүркеншік кимешек болады. Ал қыздар бастарында «күла» деп аталатын бөрік болады. Күланың төбесі асыл тастармен әшекейленіп, тауыс қауырсындары қадалған. Үстеріне киген киімдері алтын жіппен тоқылып, жібектен тігілген. Олар мұны «аннақ» деп атайды.
Сұлтан қатындар арбаларының алдында үстеріне алтын жіппен оқаланған жібек киім киген он, он бес румдық, үнділік жігіт жүреді. Бұл жігіттердің қолдарында сап алтыннан, күмістен немесе алтын жалатып, күміс шаптырған таяқтары болады. Арбалардың артында тағы жүздей арба болады. Олардың әрқайсысында жібек киім киген, бастарында күла бөріктері бар үш-төрттен қыз отырады. Бұл арбалардың артында тағы үш жүздей арба болады. Бұл арбаларды өгіздер тартады. Әрбір арбада арбаға қарайтын бір құл болады. Бұларда қатынсыз, бойдақ құлдардың жариялардың арасына қосып қою әдеті болмағандықтан, әрбір құлға жариялардың біреуін некелеп қоятын болған. Міне, сұлтанның әйелдері осындай тәртіппен жүреді екен.
Ханның бірінші қатыны —Мұхаммед Өзбек ханның үлкен қатыны және Тыныбек, Жәнібек атты ұлдарының анасы — Тайтұғлы атты қатыны. Алайда ханның Иткүшік атты қызының анасы бұл емес. Иткүшік Тайтұғлыдан бұрынғы қатынынан туған.
Тайтұғлы ханның ең сүйікті қатыны болып, хан көп түнін осы қатынының қасында өткізеді екен. Бұл қатын хан қатындарының арасындағы ең сараңы болса да, ханға қадірлі болғандықтан, елде оны аса құрметтейді екен. Бұл қатынды жақсы білетін, сенімді адамдардың біреуі мындай мағлұмат береді. Сұлтан бұл қатынның айрықша қасиеті бар болғаны үшін жақсы көреді-мыс. Мәселен, әр түн сайын бұл қатын пердесі бар қыз қалпында болады-мыс. Сондай-ақ бұл қатын туралы тағы мынадай аңыздар бар көрінеді. Бұл қатын (Тайтұғлы) Сүлеймен пайғамбардың қолынан дәулетінің кетуіне себеп болған қатынның нәсілінен-мыс. Сүлеймен пайғамбар тәубеге келіп, дәулеті қайтып оралған соң, ол қатынын иен далаға апарып тастауға әмір етіпті-мыс. Бұл дала Қыпшақ даласы-мыс. Бұл тастанды қатынның рухмиі тумысынан сақинадай тар болып жаралғандықтан, оның нәсілінен тараған қатындардың бәрінің рухмилері де сондай болып жаралған-мыс.
Мен қыпшақ даласында көп жүрдім. Бірақ Тайтұғлы қатындай ерекше бір түрлі қатынды көрмедім, естімедім. Мұның ақиқатын бір құдай өзі біледі. Мұндай аңыз қытай халқының ішінде де бар деседі. Қытайлардың айтуынша, кейбір қатындар ғұмыр бойы қыз қалпында болады-мыс. Бірақ қолмен ұстап, көзіммен көрмегендіктен, ақиқатын айта алмаймын.
Сұлтан құзырында қабылдауда болғанымның екінші күні мен Тайтұғлы ханымның құзырында болдым. Мен кіріп келгенде, ханымның қасында он қатын отыр екен. Олармен бірге елудей жас қыз жария отырыпты. Бұл қыздардың алдарында алтын-күміс табақшаларға толтырылған «үпілмәлік» деген өсімдік ұрықтары бар екен. Олар сол ұрықтарды тазалап отырыпты. Тайтұғлының алдында да қытай алтын табақшасына толтырылған осы өсімдіктің ұрықтары бар екен. Ол өзі де тазалап отырыпты.
Біз Тайтұғлы ханымға сәлем бердік. Жолдастарымыздың арасында мысыр мақамымен құран оқитын әсем дауысты қари бар еді. Құран оқыды. Ханым қымыз әкелуді бұйырды. Өте әсем ыдыстармен қымыз келтірілді. Тайтұғлы ханым өз қолымен маған қымыз құйып ұсынды. Бұл, олардың рәсімдері бойынша, ерекше құрмет белгісі екен. Осы күнге дейін қымызды ауызға алмаған едім, ханым өз қолымен бергендіктен, алмауға болмады. Ауыз тидім, ішпедім. Бұл әйел біздің саяхатымыз туралы көп нәрсе сұрады. Жауап бердік. Соңыра шығып кеттік. Ханның ең мәртебелі әрі бірінші әйелі болғандықтан, біз ең алдымен осы әйелді зиярат еттік.
Ханның екінші әйелінің есімі Кебек еді. Бұл әйел әмір Ноғти дегеннің қызы болады. Мен бұл әйелдің әкесін де көрдім. Аяқ ауруына душар болған кісі еді. Біз кіргенде бұл әйел биік орында құран оқып отыр екен. Қасында жиырма қарт әйел, жиырма жас қыз киім кестелеп отырыпты. Сәлем бердік. Сәлемімізді алды. Қариымыз құран оқыды. Әйел қатты ұнатты. Қымыз әкелуді бұйырды. Маған өз қолымен қымыз құйып берді. Ауыз тидім. Сонымен шығып кеттік.
Бұл әйелдің есімі Бейлун екен. Константинияның патшасы болған Никфур деген адамның қызы екен. Біз кіріп келгенде бұл әйел аяқтары күмістен жасалған сарирдің үстінде отыр екен. Қасында рум, түркі һәм нуба деген қауымнан жүздей жариясы бар екен. Кейбіреулері түрегелген күйде, кейбіреулері отырған күйде екен.
Бұлардан басқа жігіттері де бар, рум нәсілінен болған румдықтар да бар еді. Бұл әйел біздің ахуалымыды сұрады. Алыс жақтан келгенімізді біліп, бізді өте аяп жылады. Бетін қолорамалмен сүртті. Қатынның әмрімен ас әзірленді. Қатынның алдында отырып ас жедік. Ол қарап отырды. Орнымыздан тұрып, қозғалып шыға бастағанымызда, қатын бізге қарап: «Тағы да келіңіз, қажет нәрселеріңіз болса, бізге білдіріңіз», - деп үлкен құрмет көрсетті. Соңымыздан ас-ауқат, нан, май, қой, ақша және жақсы киімдер жіберіпті. Сонымен бірге үш жақсы ат, он қатардағы ат жіберді. Біз бұл әйелмен Константинияға бірге сапар шегетін болдық. Бұл туралы алда тоқталамыз.
Бұл қатынның есімі Ордаша болады. Ордада туылғандықтан, осы есім беріліпті. Бұл қатын ұлыс әмірі Ғайсабектің қызы. Ұлыс әмірі мансабы — әмірлердің үстінен қарайтын әмір мағынасында. Мен бұл кісіні тірі кезінде көрген едім. Сұлтанның қызы Иткүшікке некеленген еді.
Ордаша ханым мен қатындары арасында ең мүләйім, жуас әрі қамқоршы қатын еді. Осы қатынның маған көп ілтипат көрсеткенін жоғарыда айтып едім. Біз бұл әйелдің көп жақсылығын, құрметін көрдік. Мінезінің жайлы болуына аса риза болдым. Бұл қатын бізге ас келтірді, құзырында бірге отырып ас жедік. Қымыз келтірілді. Жолдастарым ішті. Біздің хал-жағдайымызды сұрады. Айтып бердік.
Ордаша ханымның туған әпкесі Ғали бин Азрақ Атлиқ деген әмірдің некесінде екен. Біз оның құзырына да барып шықтық.
Хан қызының аты — Иткүшік. Күшік ит мағынасында. Түркі халықтары да араптар сияқты тіл-көзден сақтану үшін балаларына осындай ат қою әдеті бар екен. Хан қызы Иткүшік осыдан алты милдей келетін бір шетте, айырым бір махаллада тұрады. Иткүшіктің құзырына кіріп сәлем бердік. Ол фақиһтерін, қазысы Саидибн Ғабдулхамидті, талабаларын, шайхыларын шақыртты. Сонда Өзбек ханға қайыната болған, Иткүшіктің күйеуі әмір Ғайсабек те болды. Бұл кісінің аяғы ауру болғандықтан, жаяу да, атқа мініп те жүре алмайды. Тек қана арбаға отырып сейілдейді екен. Сұлтанның қасына келгенде, қызметкерлері көтеріп алып кіреді екен. Сұлтанның екінші әйелінің әкесі болған әмір Ноғтиды да көтеріп жүргендерін көріп едім. Аяқ-қол сыздап ауыруы түріктерде көп таралған аурурдың бір түрі болса керек.
Сұлтан қызы болған бұл әйелдің үлкен ілтипаттарын, құрметтерін көрдік. Құдай табарака уа тағала қайырлы несіптерін бергей еді.
Біз жоғарыда Мұхаммед Өзбек ханның Тайтұғлы атты қатынынан екі ұлы бар, үлкенінің аты Тыныбек, кішісінің аты Жәнібек деп едік. Бұлардың әрқайсысының қора-жайлары бар. Тыныбек Алланың құдіретімен өте көркем жаратылған жан еді. Сұлтанның мұрагері әрі ең сенімді адамы еді. Бірақ Алла Тыныбектің сұлтанның тағына ие болуды маңдайын жазбапты. Өзбек хан өлгеннен кейі, ол жынды болып ауырады да, ақыры содан өледі. Таққа інісі Жәнібек ие болады. Жәнібектің тәрбиесі Тыныбекке қарағанда артық болады. Жәнібекті Саид ибн Ғабдулхамид тәрбиелеген еді. Мен осы мемлекетке келгенде, Саид ибн Ғабдулхамид, қазы Хамза, имам Бадаруддин Қауами, имам Мұқри, Хисаммуддин Бұхарилер менің Жәнібекке жақын жайға келіп орналасуыма мәслихат берген еді.
Бұлғар шаһарында жазды күні күн өте ұзақ болып, түн өте қысқа болады, ал қыстың күнінде мұның керісінше болады деп естіп едім. Мен дәл осы жағдайды өз көзіммен көрейін деп Бұлғар шаһарына сапар шекпекші болдым. Бұлғар шаһары мен Мұхаммед Өзбек ханның ордасының арасы он күндік жол деді. Міне, сол жерге алып барып, қайтып әкелетін бір адам беруін Мұхаммед Өзбек ханнан өтініп сұрадым. Ол маған бір адам берді. Ол адам мені Бұлғар шаһарына алып барып келді. Бұлғар шаһарына ораза айында барып жеттік. Сонда шам намазын оқып, ауыз аштық. Біз тамақ деп отырғанда құптан намазының азаны шақырылды. Құптан намазын сүннетімен, тарауық намазымен, үтір намазымен бірге оқыдық. Көп кешікпей таң да атты. Бұл жерде қыс күнінде, міне, осылайша күн қысқарады екен. Бұлғар шаһарында он күн тұрдық.
Бұл жерде қараңғы мемлекетке баруды ойладым. Бұлғар шаһарынан қараңғы мемлекетке дейін қырық күндік жол десті. Бұл жолдың жасапы көп, пайдасы аз болатынын ойлап, пікірімнен қайттым.
Қараңғы мемлекетке барушылар шаналарға үлкен иттерді жегіп барады екен. Өйткені ол жердегі далаларды қысы-жазы қалың қатқан қар басып жатқандықтан, онда иттен басқа хайуандардың тұяқтары таяды екен. Сол себепті ол жердегі адамдар басқа тұяқты хайуандармен жүре алмайды екен. Мұнда тек ит тұяқты хайуандар ғана таймайды екен. Сондай-ақ бұл жерге әлсіз, дімкәс адамдар да бара алмайды екен. Тек қару-жарақтары мықты, дендері сау саудагерлер ғана бара алады екен. Онда барған саудагерлер жүрдек шаналарымен бірге өздеріне толық жетерлік азық-түлік, ішімдік және жағар отындарын толық қамдап алады екен. Ол жақта жағатын отын жоқ. Рас құм болмайды екен.
Итшананы бұл жаққа бірнеше рет барып келген мықты үлкен иттер бастап жүреді екен. Мұндай иттердің бағасы мың динарға дейін барады. Мұз далада жүргенде шананы үлкен бір иттің мойнына іліп қойып, оның артынан және сондай үш итті қосып қояды. Үлкен ит бәрінің алдында жүріп отырады. Осы тәртіппен басқа шаналарға жегілген иттер де алдыңғы шананың артынан ілесіп жүре береді. Алдыңғы ит тоқтаса, артында келе жатқан иттердің бәрі де тоқтайды. Алдағы итті ешқашан ұрсып, зекуге болмайды. Әзірленген тағамдарды алдымен осы итке беріп, онан соң адамдар өздері жейді. Олай болмағанда, әлгі ит ерегісіп, ашуланып, шананы адамдарымен қоса мұз далаға тастап қашып кетеді екен.
Осындай жүріспен қырық бекет жол жүрген соң барып саудагерлер қараңғылыққа жетіп тоқтайды екен. Барған жерінде сатуға деп алып барған нәрселерін бір жерге қояды екен де, өздері біраз жерге дейін шегініп барып тұрақтайды екен. Ертесінде әлгі нәрселерін қойған жерге келіп қарайды. Сонда ол нәрселердің жанында тиін, сусар, ас сықылды хайуандардың асыл терілері қойылған болса, саудагерлер өз тауарларының құны осы терілердің құнына пара-пар келеді деп разы болса, онда бұл терілерді алып, өз заттарын қалдырып кетеді. Егер разы болмаса, сол қалпында тағы қалдырады. Ал алушылар саудагерлердің осы тауарларын алғылары келсе, кешегі қойған терілерінің үстіне тағы сонша теріні қояды екен. Алғылары келмесе, саудагерлердің заттарын қалдырып, өз терілерін алып кетеді екен. Міне, қараңғы мемлекеттегі сауда байланысы осындай тәртіппен жүреді екен. Ал мұндағы халықтардың өздері кімдер? Адам ба, әлде жын ба? Мұны көрген, білген адам жоқ.
Ас терісінен ең қымбат бағалы тондар тігіліп, Үндістан шаһарларында мың динарға дейін сатылады екен. Біздің ақшамыздың есебімен екі жүз елу алтын болады.
Ас — өзі бір қарыс, құйрығы ұзын, ақ түсті бір жануар екен. Тон қылып тіккенде, құйрығы сол қалпында қалдырылып тігіледі екен. Ал сусар терісінің құны ас терісінен сәл ғана кемірек болып, онан тігілген тондар төрт жүз динарға дейін сатылады екен. Ас пен сусар терілерінің қасиеті: ешқашан биттемейді, бит түспейді екен. Қытай, Ирақта жасаушы кейбір елдің үлкендері киім тіккізгенде жағаларына осы хайуандардың терілерін салдырады екен.
Сұлтан тарапынан жолбасшы етіп берілген әмір екуіміз Бұлғар шаһарынан қайтып шықтық. Мұнда оразаның жиырма сегізінде қайтып келдік. Сұлтанның ордасы Бешдағта еді. Сұлтанмен бірге айт намазында болдым. Намаз жұма күні оқылды.
Айтқа әзірлену былай болды. Айт күні ертемен Мұхаммед Өзбек хан өзінің негізгі әскерлерімен бірге ат үстінде, қатындары әрқайсысы өз кісілерімен өз арбаларында, ханның қызы Иткүшік басына анасынан қалған патшалық мирас-тәжді киген күйде, шаһзадалар өз әскерлерімен бірге — бәрі де түгел әзір болды. Сонда бас қазы — Шаһабуддин Саили және онымен бірге фақиһтер, шайхылар, қазы Хамзы, имам Бадаруддин Қауами, Шарип ибн Ғабдулхамид — бұлардың бәрі мұрагер Тыныбекпен бірге келді.
Бір кезде барабандар соғылып, тулар көтерілді. Сонда бас қазы Шаһабуддин имам болып айт намаз оқылды. Соңынан өте әдемі хұтпа оқыды. Мұнан соң сұлтан атына мініп, ағаш бағаналар отырғызып тігілген шатырға қарай жүрді. Бұл шатырды олар «көшік» деп атайды. Сұлтан көшікке барып отырды. Қатындары қасында еді. Көшіктің қасындағы екінші бір шатырда мұрагер (Тыныбек), мен, хан қызы Иткүшік, мұнан басқа оң, сол тараптарда құрылған екі шатырда патшаның ұлдары мен жақындары отырысты. Әмірлер, шаһзадалар үшін күрсілер әзірленген еді. Олардың әрқайсылары өздеріне арналған орындарда отырысты. Әрбір түмен әмірлерінің өздеріне тән барабандары бар еді. Түмен әмірі деп он мың атты әскер бастығы болған мансаптыларға айтылады. Сонда барлығы он жеті түмен әмірі бар еді. Демек, сол күні атты әскерлердің саны бір жүз жетпіс мың болады. Алайда әскерлер бұл саннан әлдеқайда көп еді.
Әрбір түмен әмірі үшін мінбер сияқты биік орындар дайындалыпты. Олар сонда отырады. Әмірлердің қоластындағы әскерлері түрлі ойындар көрсетті. Бір сағаттай уақыт осымен өтті. Онан соң түмен әмірлеріне қимхап-шапан кигізілді. Онан соң әрбір әмір ханның күрсісінің қасына келіп, оң аяқтарымен тізерленіп, сол аяқтарын сәл созыңқырап тұрады. Сол сәтте әмірлерге сауға ретінде ерттелген аттар сыйға тартылады. Әмірлер аттардың тұяғын көтеріп тұрып сүйеді. Сөйтіп, әмірлер бұл аттарды өздері отырған жерге дейін жетектеп барып мінеді де, өз әскерлерінің қасына барып тұрады.
Міне, осы тәртіппен барлық рәсімдер салтанатты түрде өтеліп болған соң, хан өзінің сарирінен көтеріліп атқа мінеді. Оң жағында мұрагер, оның оң жағында ханның қызы Иткүшік, ханның сол жағында екінші ұлы — Жәнібек — барлығы атқа мінген, бұлардың алдында өз арбаларында ханның төрт қатыны, олардың арбаларына жегілген аттарына алтынмен кестеленген жібек жабулар жабылған, осындай сән-салтанатпен ханның көші жүріп кетті. Сонда бұлардың артынан ерген үлкенді-кішілі әмірлер, шаһзадалар, уәзірлердің балалары, қарауылшылар. Үкімет төрелері бәрі болып Баргаһқа қарай жаяу жүріп келіп тоқтады.
Баргаһ деген — жоғарғы басы алтынмен апталып, күміспен күптелген төрт үлкен бағана отырғызып жасалған үлкен бір үй. Бағаналардың басында алтын, күміспен безендіріліп жасалған домалақ шарлары бар, бұлар анадайдан жарқырап, нұрланып көрінеді. Биігірек бір жеріне жібек кілемдер ілініп, торғын көрпелер жиналыпты. Баргаһтың ортасына таман бір үлкен сарир құрылыпты. Олар мұны «тақ» деп атайды. Бұл тақ ағаштан өрнектеліп жасалған. Ернеуі, тұтқалары, кереге тақтайлары алтын, күміспен қапталған. Сирақтары сап күмістен жасалған. Тақтың үстінде тербетіліп тұрған бір орын бар. Оған ханның өзі мен мәликесі отырады. Оң жағында ханның қызы Иткүшік пен ханның төртінші әйелі Ордаша, сол жағында ханның Бейлун мен Кебек атты әйелдері отырады. Енді тақтың оң жағындағы күрсіге мұрагер Тыныбек, сол жағындағы күрсіге ханзада Жәнібек, олардың айналасына қойылған күрсілерге шаһзада, ханзадалар және үлкен, кіші әмірлер тізерлеп отырысты. Бір кезде алтын, күміс табақтармен ас келтірілді. Табақтардың әрбіреуін төрт, бес жігіт көтеріп әкелді. Тағамдар сүрленген қой еті мен жылқы еті екен.
Ал әмірдің алдына бөлек табақтармен ас келтірілді. Табақ тартылып болған сәтте үстеріне жібек киім киген, белдерін жібек кемермен буынған «бауыршылар» келді. Бұлар қындарынан өткір пышақтарын шығарып, табақтағы етті турай бастады. Сол арада алтын, күміс кеселермен сорпа араластырған тұздық келді.
Бауыршылардың ет тураған шеберліктеріне таң қаласың. Олар етті өте шеберлікпен ұсақтап турайды. Бауыршылардың негізгі мамандығының өзі осы ет турау екен. Туралған ет сүйегімен аралас болады екен де, сүйегіне аздап ет қалдырады екен, онан соң барып жейді. Әрбір әмірге бірден бауыршы белгіленген. Соңында алтын, күміс тостағандармен ішімдіктер келтірілді. Ішімдіктердің көбі балдан жасалыпты. Бұл түркілер Әбу-Ханифа мазһабында болғандықтан, балды адал тағам деп есептеп, балдан жасалған ішімдіктерді іше береді екен. Алдымен ханның қызы орнынан тұрып, тостағанды алып, ханға ұсынды. Хан ішіп болған соң, өз тәртібімен ханның әйелдеріне берді. Онан соң ханның мұрагері (Тыныбек) орнынан тұрып осы тәртіпті қайталап, соңында Иткүшікке берді. Онан соң ханның екінші ұлы Жәнібек орнынан тұрып мұрагерге ұсынды. Онан соң үлкен, кіші әмірлер тұрып Жәнібекке ұсынды. Кіші әмірлер үлкен әмірлерге ұсынды. Осылайша көңілді-кәйіп жағдайда ән, күйлер басталды. Мешіт-Жамиға қасындағы үлкен күмбезді үйде қазылар, хатиптар, шерифтер, фақиһтер, шайхылар отырған еді. Мен де осылардың мәжілісінде едім. Бізге де үш-төрт жігіт көтерген алтын, күміс табақтармен ас келтірілді. Сонда мұнда отырған фақиһтердің кейбіреулері тақуалық көрсетіп, алтын, күміс ыдыстардағы тағамдарды жеуді мақұл көрмеді. Кейбіреулері жеді.
Оң жағымыз бен сол жағымызда қымыз әкелген арбалар тізіліп тұрған еді. Ханның әмірі бойынша бұл қымыздар халыққа таратылды. Маған да бір арба қымыз келтірілген еді, мен оны түркі көршілеріме бердім. Мұнан соң жұма намазын оқу үшін мешітке келдік. Хан жұма намазына кешікті. Сонда тұрғандардың кейбіреулері: «Хан жұма намазын қалдырмайтын, келіп қалар», - десе, кейбіреулері: «Хан бүгін кәйіп болған сияқты, келмеуі де мүмкін», - десті. Алайда біраздан соң хан алқын-жұлқын мешітке кіріп келді. Шәріфке қарап сәлем берді де, күлді. Хан шәріфке әрдайым «ата» деп ізет білдіретін. Жұма намазы оқылған соң, адамдар өз жайларына қарай тарқады. Хан да Баргаһқа қайтып кетті. Намаздыгерге дейін сонда болды. Соңынан Баргаһтағы адамдар да тарап кетті де, ханның қасында әйелдері мен қызы ғана қалды.
Айт өткен соң ханмен бірге Ордаға және Қажы-Тархан шаһарына бардық.
«Тархан» деп түркілерде әр түрлі алым-салықтардан босатылған адамдарды айтады.
Бұл шаһардың пайда бола бастауы былай болған деседі.
Түркілердің жақсы бір адамы (қажысы) ең алғаш осы шаһардың орнына келіп үй салып тұрыпты. Соңыра бұл қажыға хан тарапынан тархандық құқығы беріліпті. Сөйтіп бұл орын бір елді мекенге айналып, одан заман өте келе үлкейіп, кеңейіп, шаһарға айналыпты.
Қажы-Тархан шаһары ең әдемі шаһарлардың біреуі болып, Атил (Еділ) дариясының жағасына орналасқан. Бұл шаһардың базарлары өте үлкен. Еділ өзені де дүниедегі ең үлкен өзендердің бірі саналады.
Күн суық болғанға дейін хан осы шаһарда тұрады екен. Еділ және оған құятын басқа да өзендердің суы қатып, мұз болған кезде шаһар халқы мая-мая сабандарды мұз үстіне тасып әкеліп тастайды. Үндістандағы сияқты бұларда от-шөптің қадірі болмайды екен. Бұлар зиянды деп, малдарына сабан бермейді екен. Сабан төселген мұз үстінде шаналармен қатынайды. Қыс соңында кейбір жерлердегі мұз жарылып кетіп, адам шығыны да болып тұрады екен.
Қажы-Тархан шаһарына барған соң, ханның Бейлун атты әйелі рум патшасы болған әкесін зиярат ету үшін, екіншіден жүкті болып жүрген баласын сонда барып босану үшін, Константинияға баруға ханнан рұқсат сұрады. Ханның рұқсат беретінін естіген соң, мен де Коснтантиния шаһарын көруге қызығып, Бейлун ханымның керуенімен бірге Константинияға баруға ханнан рұқсат сұрадым. Бірақ менің ниетімді Бейлун ханым алғашында мақұл көрмеді. Түрлі өсек-аяңдар шығып, маған кесірі тиюі мүмкін екенін ескертті. «Сіздің қорғауыңызда болсам ешқандай қауіп-қатерсіз, алаңсыз жүрер едім», - деп ханымға қайтадан өтініш еттім. Ханым рұқсат етті және маған мың бес жүз динар, көптеген киім-кешек, бірнеше ат берді. Сонымен бірге ханның басқа әйелдері де маған соғылған күмістерін сауға қылды. Соғылған күмісті бұлар «сом» деп атайды екен. Ал ханның қызы Иткүшік бәрінен көп сыйлық берді. Сөйтіп, мен ат-көлік, киім-кешек жағынан тарықпадым. Сусар, тиін тондарым да көбейді.
Шауал айының 10-ы күні Бейлун ханымның керуенімен бірге, соның қорғауында Константинияға қарай сапар шектік.
Ханның өзі, әйелдер және мұрагері — бәрі болып Бейлун ханымды ұзатуға шықты. Бір бекет жер жүрген соң хан өзі және мұрагері Тыныбек — үшеуі қоштасып қайтып кетті. Қалған әйелдері екінші бекетке дейін ұзатып барды. Бұлармен бірге Бидара деген ханымның әмірі өзінің бес мың әскерімен Бейлун ханымды ұзатып барды. Бейлун ханымның бес жүз атты әскері болатын. Мұның екі жүз румдықтар, қалғандары түркілер еді. Көбі рум қыздарынан тұратын екі жүз жариясы, жүз арбасы және оған жегу үшін, міну үшін алған екі мың жылқысы, үш жүз сиыры, екі жүз түйесі, бұларға қарайтын румдық «үнділік» жиырма жігіті бар еді. Рум жігіттерінің бастығыны аты — Михайл еді. Барлық жігіттердің үлкен бастығы Сүнбүл-үнді деген кісі еді. Бұл Сүнбүл батыр адам болғандықтан, түркілер оған «Лу-лу» деп ат қойыпты.
Тек қана әкесін көріп, сонда барып босану мақсатымен жолға шыққандықтан, Бейлун ханым өзінің көп жариясын, мал-мүлік жиһаздарын Ордада қалдырып кеткен еді. Біз бұл арада Әкке деген шаһарға қарай жол тартып, сонда келдік. Бұл шаһардың ғимараттары әдемі екен. Орта дәрежелі шаһар болып, ауа райы салқындау екен. Бұл шаһар мен Сарай шаһарының арасы он күндік жол. Бұл арадан он күндік жерде орыс таулары көрініп тұр. Бұл жерде түстері шикіл сары христиандар тұрады. Бұлардың күміс кендерінен соғылған күмістері Дешті-Қыпшақ мемлекетінде де қолданылады. «Сом» сол күмістен құйылып соғылған.
Әккеден шығып, он күн жүрген соң, Дешті-Қыпшақ шаһарларының біреуі, Қара теңіз жағасына орналасқан Сырдақ шаһарына жеттік. Бұл шаһардың айлағы ең үлкен, һәм өте әдемі екен. Шаһардың маңы толған бау-бақшалы, ағын суы мол жерлер екен. Қала тұрғындары негізінен түркілер екен және олардың қорғауында бір махалла румдықтар бар екен. Бұл жердің халқы өнерлі болып, үйлерін ағаштан өріп, өрнектеп әдемілеп салады екен. Бұл шаһар алғашында өте үлкен болған деседі. Бірақ түркілер мен румдар арасында болған соғыста көптеген махалласы ойран болған.
Бұл жердің халықтары әр жерде Бейлун ханымның алдынан қарсы шығып, үлкен құрмет көрсетті. Ханымға ат, сиыр, қой, доқи, қымыз, сүт сияқты нәрселерін әкеліп тарту ғып тұрды. Жақсылап қонақ қылды. Әрбір әмір өз қарауындағы жерден өткенде өз әскерлерімен келіп, ханымды қарсы алып, ұзатып салып тұрды. Бұл істер қорыққандықтан емес, хан әйелінің құрметі үшін істелген еді. Бұл мемлекетте тыныштық болғандықтан, қорқу деген нәрсе жоқ екен.
Мұнан соң біздер Баба-Салтуқ деген шаһарға келдік. Бұл шаһар түркілердің ең шеткі шаһарларының біреуі екен. Бұл жерден рум мемлекеті он сегіз күндік жер болып, екі араны адам баласы тұрмайтын кең сахара — шөл дала айырып тұрады екен. Бұл сахараның өзі ғана сегіз күндік жол болатын, суы, жемшөбі жоқ, құлазыған дал. Сол себепті бұл арадан өткенде, суды жанторсыққа және сондай ыдыстарға толтырып, арбалармен алып жүреді. Біз күнсалқындаған мезгілде сапар шеккендіктен, суға мұқтаж болмадық. Түркілер суын көп қалтаға толтырып, арбалармен алып жүреді. Бұлар пісірілген доқиды суға қосып ішті. Сондықтан олар да шөлдемеді. Біз Баба-Салтұқ шаһарында тұрып, алдымыздағы осы сахара шөлден өтуге әзірленген едік. Мен әр күні ертелі-кеш Бейлун ханымға барып, сәлем беріп тұруға әдеттенген едім. Осы орайдан пайдаланып, сақтық үшін тағы бірнеше ат-көлік сатып алуға мұқтаж екенімді ханымға білдірдім. Ханым да мені ұмытпапты. Шеттен келген аттардан тағы он бес ат алуды бұйырды. Мұнан бұрын қолымда елу бас ат бар болатын. Мұның алдында ханым маған азық үшін әр уақыт екі-үш сойыс қойын беріп тұрған және союға алынған жылқылардан өзің барып таңдап ал деген еді. Мен өзім ет жемейтінмін. Жолсеріктеріме, түркілерге беретін едім, олар жейтін.
Зұлқағда айының ортасында сахара шөлге кірдік. Осылайша ханмен қоштасып айырылғаннан бері бұл жерге дейін тура он сегіз күн жүрген екенбіз. Баба-Салтұқта бес күн тұрдық. Үлкен шөлден он сегіз күн дегенде өттік. Ертесінде бір, кешінде бір тоқтап жүрдік. Құдайға шүкір, еш машақат көрмедік.
Ұзатып барып қайтқан түркілердің айтуынша, Бейлун ханымның әлі де өз ата-анасының дінінде екендігі және де хан қасына қайтып баруды қаламайтындығы мағлұм болды. Бейлун ханым туралы Ибн Баттута былай деп жазады: «Ханым өзінің мешітін жолда бір шаһарда қалдырды. Азан айтылмайтын болды, өзін қонақ етушілерге қымыз бен шошқа етін алдыратын. Соны жеп-ішеді деп естідім. Кейбір түркілердің айтуынша, ханымның қасында намаз оқитындар қалмапты. Түркілердің бәрі біздің қасымызға келіп намаз оқитын.
Ақырында түркілер өз ханының қасына қайту үшін ханымнан рұқсат сұрайды. Бейлун ханым бұларға рұқсат етті және көп сауға берді. Саруша деген әміріне бес жүз әскер қосып, бұларды ұзатып салуға бұйырды. Маған да «бәрбәра» деп аталатын алтын қорынан үш жүз динар және сандығынан мың дирхам алып берді. Сонымен бірге жібек, кендір, жүннен қыздар тоқыған киімдер берді. Мені құрмет қылу турасында Сарушаға әмір берді. Осылайша Бейлун ханыммен соңғы реет амандасып, қоштасып айрылыстық.
Константинияда бір ай, он күн тұрдым. Сарушамен бірге болдым. Ол да маған көп құрмет көрсетті. Мұнда қалдырып кеткен жолдастарымызға, арбаларымызға келіп жеттік. Арбаларымызға отырып, қайта шөл-сахарамызға кірдік. Саруша бізбен бірге Баба-Салтуқ шаһарына дейін барды. Ол осы жерде үш күн қонақ болған соң қайтып кетті.
Бұл уақытта күн қатты суық еді. Мен үш қабат тон, екі қабат шалбар кидім. Аяғымда жүн бабйпақ, оның үстінен кендірден тоқылған шетік, оның үстінен қасқыр терісімен қапталып, жылқы терісінен тігілген етік кидім. Отқа жақын тұрып жылы сумен дәрет алғанда судың тамшылары мұз болып қата қалатын. Мұрнымнан шыққан су да қатып қалатын, сілкінсем үстімнен қар құсап төгілетін. Қабат-қабат киген киімдеріммен арбаға міне алмайтын болған соң, жолдастарым көтеріп мінгізетін.
Қажы-Тархан шаһарына келіп жеттік. Өзбек хан бұл жерден өзінің астанасы Сарай шаһарына қайтып кеткен екен.
Біз Еділ дариясы және оған құятын басқа да бірнеше дариялармен жүзіп отырып, Сарай шаһарына жеттік. Дариялар мұз болып қатқан. Су керек болса, қазанға қар ерітіп алар едік. Қажы-Тарханнан шығып үш күн жүріп Сарайға келдік. Бұл шаһар Берке сарайы деген атпен мәшһүр еді. Өзбек ханның астанасы осы шаһарда, өзі осында тұрады. Ханның құзырына кірдік. Біздің сапарымыз жайлы және Рум патшалығының шаһарлары туралы сұрады. Айтып бердік. Соңыра бізге нәпақа белгілеу туралы әмір берді және тұратын үй-жайымызды әзірлетті.
Сарай шаһары жер жүзіндегі шаһарлардың ең әдемісі һәм ең үлкені, бейне адам дариясы деуге болатын шаһар екен. Көшелері кең, базарлар үлкен әрі көңілді. Күндердің бірінде шаһарды аралап көру үшін, кейбір үлкен адамдармен бірге атқа мініп шықтық. Біздің тұрған жайымыз шаһардың бір шетінде еді, ертемен жүріп отырып шаһардың екінші шетіне намаз бесінде жеттік. Сол жерде екінті намазын оқыдық. Тамақ жедік. Кейін қайтуға шығып, тұрған жерімізге ақшам намазының соңында әрең жеттік. Екінші күні шығып шаһардың қалған жақтарын аралап көрдік. Бұған жарым күн уақытымыз кетті.
Сарай шаһарында үйлер бір-бірімен тұтастырылып салынған, араларында бос жер, ешқандай бос орын жоқ. Бұзылған үйлерді көрмедік. Шаһарда бақтар жоқ екен.
Сарай шаһарында он үш мешіт-жамиғ бар екен. Бұл мешіттің біреуі шафиғилардікі екен. Ал бес уақыт намаз оқитын кіші мешіт өте көп екен. Сарай шаһарында түрлі тайпа, халықтар тұрады. Сонымен бірге мұнда мемлекет қожалары, үкімет төрелері, әскербасылар тұрады. Әскерлері моғолдар еді. Моғолдар арасында мұсылмандар да бар екен.
Сарай шаһарында «алаши» деген бір халық бар. Бұлар — мұсылмандар. Мұнда сонымен бірге қыпшақ, черкаш, рум халықтары да бар екен. Румдықтар христиан дінінде. Әр тайпа өздері жеке айырым махаллаларда тұрады. Әр халықтың өз базарлары, саудагерлері, мүсәпірлері бар.
Сарай шаһарына шет мемлекттерден келге халықтың көбірегі мысырлықтар, ирактық арабтар, ирактық ғажамдар, Шам және басқа шаһарлардан келгендер екен. Бұлардың бәрі де өздерінің айырым махаллаларында тұрады. Саудагерлердің малдарын жақсы сақтау үшін, олар тұрған махаллалардың айналасы ор қазып қоршалған.
Ханның сарайы «Алтын тас» деген атпен мәшһүр. Сарай шаһарының қазысы — Ақсақ Бадаруддин деген адам ең жақсы қазылардың бірінен саналады. Шафиғи мүдарристерінен (мұғалім, оқытушы) Садриддин Сулейман Лакзи, маликилерден Шамсуддин Мағаррилер бар еді. Такиасы бар Низаммуддин қажы деген адам бізді қонақ қылды. Нұғман Хорезми деген адамның да такиасы бар еді. Бұл көркем мінезді, сабырлы, адамдар үшін ғибратты, пайдалы бір игілік иесі адам еді. Өзбек ханның өзі әр жұма күні бұл адамға келіп зиярат етіп кетеді. Хан келеді екен деп, ол орнынан тұрмайды, қарсы алып шықпайды. Хан бұл адамның жанында отырып жұмсақ мінез көрсетіп сөйлейді, құрмет көрсетеді. Ал бұл шайхы ешқандай аптықпай, аспай-саспай, артық ілтипат көрсетпейді. Ал енді бұл шайхының бұқара халықтармен болған мұғамиласы ханмен болған мәмілесінің керісінше. Пақырларға кішіпейілділік көрсетеді, ашылып сөйлесіп оларға құрмет көрсетеді.
Алла риза болсын, бұл шайхы маған да құрмет көрсетті. Бір түркі құлды сыйға тартты. Сарайдан Хорезме сапар шегу ниетімді білдіріп, осы адамнан кеңес сұрағанымда, біраз күн аялдай тұр деп, сапарымнан тоқтатқан еді. Бірақ өзіме лайық жолсеріктер табылғандықтан, олардан қалғым келмеді. Әзірлігімді шайхыға білдірдім. Ол бұрынғысынша қалуға мәжбүрледі. Дәл сол кезде бір құлым қашып кетті. Үш күннен соң құлымды Қажы-Тархан шаһарынан тауып әкелді. Бұл оқиғаны шайһының кереметі деп есептедім.
Сарай шаһары мен Хорезм арасы қырық күндік жол десті. От-шөп болмағандықтан, бұл арада ат-көлікпен жүруге болмайды екен. Арбаларға тек түйе жегіп қана жүреді екен. Сарайдан шығып он күн жүрген соң, үлкен су бойына орналасқан Сарайшық шаһарына жеттік. Бағдад шаһарында сияқты мұнда суға салынған кемелер — кемелі көпірлер бар екен. Біздің ат-көліктермен келген сапарымыз осы шаһарда тәмам болды. Аттарымыз арықтап қалғандықтан, төрт динарға әрең саттық. Бұл жерде мұндай ат өте көп болғандықтан, бағалара да арзандап кеткен. Мұнан ары арбаларға түйе жалдадық. Бұл шаһардың қарттары мен қазылары да жақсы адамдар екен, бізді қарсы алып, қонақ қылды. Бізге арнап дұғалар оқыды.
Сарайшықтан шығып, отыз күн жүрдік. Ертесінде бір тоқтап, кешкісін бір тоқтап жүріп отырдық. Түскен жерлерімізде жуынамыз, доқи пісіреміз. Доқи бір қайнап піседі. Ішуге шамалап қана әзірлейміз. Доқиға пісірілген лоқ етті турап саламыз, оның үстіне сүт құйып ішеміз. Керуендегілер арбаларында отырып ішіп-жеп ұйықтап жүре береді. Менің арбамда үш жариям бар еді. Бұл сахара шөлде от-шөп болмағандықтан, жолаушылар бұл арадан тезірек өтіп кетуді ойлайды екен. Түйелердің көбі жолда өліп, қалғандары өте арықтап қалады екен. Мұндай түйелер бірер жыл жайылып, жал біткен соң ғана іске жарайды екен. Бұл шөлде су өте тапшы. Кей кезде екі, үш күн сусыз жермен жүруге тура келеді. Табылған су шүұңқырларда жиналып қалған жаңбыр суы екен.
Міне осы сахара шөлді басып өтіп ақырында Хорезм шаһарына да жеттік. Тәмәм.
Сөздік
Раһиб — монах, поп
Такиа — дәруіштер, жолаушылар қонатын үй, қонақүй
Хатиб — бас имам
Фақиһ — діни заңгер
Мүдаррис — оқытушы, мұғалім
Зекет — діни салық (қырықтан бір)
Ғұшыр — діни салық (оннан бір)
Жария — күң қыз
Кемер — белдік
Сарир — кереует-орындық
Әл-Кания — шіркеу
Нәби — пайғамбар
Мәжіліс — бас қосып отыру, дастарқан басында, қонақасыда сұхбаттас болу мағынасында
Хұкім — үкім, заң
Қатық — айран
Күрсі — ерекше жасалған сәнді орындық
Сойыл таяқ — бұл жерде жылқыларды бұғалықтап ұстайтын құрық мағынасында қолданып отыр
Марказ — орталық, астана
Константина, Константиния — қазіргі Стамбұл
Мәлике — ханның бірінші әйелі, ханыша
Мүсәпір — бұл жерде жолаушы мағынасында айтылады
Бұғтақ — хан әйелдері және мәртебелі ханымдар киетін аса бағалы бас киім
Рәсім — тәртіп-шара, жол-жоралғы
Тахт — тақ, тағы
Атил — Еділ дариясын араптар осылай атаған
Сырдақ — сол замандағы бір шаһардың аты. «Сарытау» мағынасында
Көнқалта — саба, торсық мағынасында
Машақат — қиын-қыстау, қиыншылық
Жамиғ — жұма намазын оқитын арнайы мешіт
«Саудагерлердің малдары» — тірі мал, жануар емес, заттар, тауарлар меңзеледі
Шайхы — ақсақал, қарт, абыз
Мұғамиласы — мәмілесі, байланысы, қарым-қатынасы
Синда — Синад деп те айтылады
Көшпелі мешіт — көшкенде алып жүруге ыңғайланып жасалған киіз үй тәріздес құлшылыққа арналған орын.
«Қазақ тарихы» кітабынан алынды
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Мағжан Жұмабаев
- Мағжан Жұмабаев
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі