Бұрынғы өткен заманда бір бай болыпты, төрт түлік малы сай болыпты. Байдың қойын бағатын қойшылары да көп екен. Сол көп қойшының ішінде ақылды бір қойшы болыпты. Күндіз кешке шейін қойын жайып шаршап келіп жатқан әлгі қойшы жігіт түнде түс көріпті. Түсінде бір омырауында күн, бір омырауында ай көріпті. Ертеңінде тұрған соң түнде көрген түсіне ғажайыптаныпты. Сол маңдағылар жори алмаған соң, түсін жорыту үшін сапарға аттаныпты. Күн жүріпті, ай жүріпті. Түстің жоруын ешкім таппапты. Жүріп отырып күндердің бірінде бір қалаға кез болыпты. Түн ішінде қонуға үй іздеп келе жатса, бір үйдің жанында бір жігіт киім-кешектерін бөктеріп жүруге әзірленіп жатыр екен. «Бұл не қылған жан екен түн ішінде бүлінген» деп қасына барса, қыз екен.
— Келдің бе? — деп сұрапты әлгі қыз.
— Келдім, — депті ойында еш нәрсе жоқ жігіт.
— Онда жүрелік, — депті қыз.
«Бұл мені қайда апарар екен, байқап көрейін» деп ойлапты да:
— Болады, — депті. Екеуі жүріп кетіпті.
Қыз әсілінде бір байдың сиқырлық оқуын үйренген қыз екен. Күндердің бірінде бой жетіп күйеуге шығар мезгілі жеткенде, әкесі малға қызығып бір шалға зорлап бермек болыпты. Бұған ризалық білдірмеген қыз «не де болса өзім теңдес жаспен бірге болайын» деп, әкесінің үйінде істейтін бір жігітпен сөз байласып қашпақ болыпты. Сүйтіп, бағын сынату үшін бір білгіштің алдына барыпты. Білгіш ойланып отырып:
— Қызым, сен басқа елдің бір кедей жігітімен қосыларсың, сенің мына барайын деп жүрген жігітің уәдесінде тұрмас болар, — депті. Сонда қыз білгіштің айтқанына сенбепті. Былай шыға бере «Білгіштің бұл не дегені, мен ол жігітпен шындап уәделесейін де қашайын, сонда қосылмай не болар екен», деген ойға келіпті. Ертесі түнде қашпақ болыпты. Қашуға уәделескен түні әлгі жігіт ұйықтап қалыпты да, уәделі жерге келе алмапты. Қыз көп уақыт жігітті күтіпті. Келмепті. Әбден зарығып отырғанда қойшы жігіт кез болыпты. Мұны көрген қыз «уәделескен жігітім» деп, жалма-жан аттанып, суыт жүріп кетіпті. Жол-жөнекей қыз сөз қозғаса, жігіттің айтқан әңгімесі бұрынғы сөз байласқан жігіттің сөзіне ұқсаңқырамапты. Бұған қыз таңырқап, таң атып, жарық тусуін аңсапты. Бұлар түнімен жүріп, таң ата бір үлкен тау аңғарына еніпті. Екеуі бір-біріне қарап ғажаптаныпты. Жігіт қызды бұрын көрмеген, танымайды. Қыз байқап қараса, өзінің уәделескен жігіті емес. Тіпті бұл өңірден де көрмеген жігіт. Қыз қайран қалыпты. «Әлгі білгіштің айтқаны келетін болды-ау, мұнымен қалай да бірге қаштым. Не де болса бірге болайын. Әуелі сынап көрейін» деп, сынай бастапты. Сынау арқылы не кәсіпке бейім екенін аңғармақ болыпты.
Жолшыбай қалың шілікті жыныс тоғайға кезігіпті. Сонда қыз:
— Мынау тоғайға түйе бағар ма еді. Түйеге лайық жер екен, — депті. Жігіт тоғайға қарап қойыпты да, ештеме демепті. Бір кезде қалың қияқты бір түбекке кез болыпты. Сонда қыз:
— Мынау сиырға өте қолайлы жер екен. Сиыр бағар ма еді, — депті. Жігіт бұған да ауыз ашпапты. «Бұл жігіт түйе де, сиыр да бақпаған екен», — деп ойлапты қыз. Бетегесі мен тарлауы аралас біткен жазыққа келгенде:
— Мынау жазыққа жылқы бағар ма еді. Жылқыға лайық жер екен, — депті. Бұған да үндемепті жігіт. Одан изені мен жусаны, кекіресі мен ермені аралас біткен үлкен бір күнгейге келгенде қыз:
— Шіркін, мынау күнгейге қой қыстатар ма еді, қойға қолайлы жер екен, — дей бергенде, жігіт сәл езу тартып:
— Рас, өте қолайлы жер екен. Қойды қаптата салып, қарсыдан қарап отырсаң қандай тамаша, — депті. «Бұл жігіт қойды көп баққан көрінеді. Ақылы қалай екен, тағы да сынап көрейін. Сол сынақтан өтсе қосылармын», — деп ойлапты қыз.
Күндердің бірінде қаланың іргесіне келіп тынығуға түсіпті. Қыз жігітке:
— Жігітім, сен базарға барып, екеумізге үй сатып ал. Үйге басымыз сиса, аяғымыз симайтын, аяғымыз сиса басымыз симайтын болсын, екі аттық қорасы болсын, өзімізге тамақ, атымызға жем-су болатын азық дайында, дайын болғанда мені шақыр, — депті.
Жігіт жол-жөнекей кыздың айтқан тапсырмасын қалай орындаудың амалын ойланыпты. Ойлана келе алған үйге кісінің басы сиса аяғы симайтын болсын дегені — екі адамдық шағын ғана үй болсын, екі аттың шағын қорасы болсын дегені болар. Өзімізге тамақ, атымызға жем-шөп болатын азық дайында дегені — бұл жердің жағдайына қарағанда суы тапшы, жері шөлейт көрінеді. Адам мен малға сусын оңайға табылмайды екен. Бұл үшін мен дихандардың еккен қауын-қарбыздарын, жидектерін алып дайындайын, бұл өзімізге тамақ-сусын, әрі аттарымызға азық-сусын болады деген тұжырымға келіп, қыздың тапсырмасын осылайша орындапты. Орындап болған соң істеген істерін қызға келіп айтыпты. Қыз ойланып, «бұл жігіт ақылды екен, осыған қосылайын» деп, екеуі махаббат байлап некеленіп қосылыпты. Бұлардың негізгі тұрағы қаланың сыртындағы лашығында болып, аң аулап күнелтеді екен. Ара-тұра қаладағы алған үйіне келіп-кетіп жүреді екен. Күндердің бірінде бұлардың хабары сол қаланың ханына жетеді.
— Тақсыр хан, сіздің еліңізге бөтен елден бір жігіт пен бір сұлу әйел келіпті, — деген хабарды естіген хан оларды іздеп шығыпты. Барып көріпті. Хан жігіттің әйеліне ғашық болып қалыпты. Уәзірлерін шақырып алып:
— Мына жігіттің әйелін айырып алу керек. Бұл әйел менің ордама керек болып отыр, — депті. Сонда бір уәзірі тұрып:
— Әйелді айырып алу үшін жігітті өлтіріп, көзін жоғалту керек, — десе: «Өлтіру үшін амал қолдану керек, ол үшін, мәртебелі ханымыз, сіз өтіріктен ауырыңыз, сонда жігітті шақырып әкеліп, «ханымызға жолбарыстың сүті дәрі екен, соны тауып келсең» деп бұйыралық. Жолбарысты іздеп ол баратын жолда қалың жыныс тоғайлар бар. Онда аю, арыстан сияқты жыртқыш аңдар көп болады. Ол осы сапарында аю, арыстандарға жем болып қайтып келе алмайды, — депті жауыз ханның енді бір уәзірлері. Уәзірлерінің бұл ақылын ұнатқан хан жігітті табанда шақыртып әкеліп:
— Жігітім, сені шақыртудағы мақсатым, мен ұзақтан бері сырқат едім. Көп емделіп жазыла алмадым. Балгерлердің айтуына қарағанда, жолбарыстың сүтін ішсем жазылатын түрім бар. Маған жолбарыстың сүтін әкеліп бер. Мұны әкелуге сенен мықты жігіт іздеп таппадым, — депті. Жігіт:
— Болады, тауып әкелейін, — деп кетіпті.
Жігіт үйіне қайтып келген соң, барлық жайды әйеліне айтыпты. Әйелі ойланып отырып мынадай ақыл айтыпты:
— Ханның мақсаты сені бұл дүниеден жоғалтып, мені өзі алу ғой. Бұдан құтылудың амалы табылады. Айыр таудың ар жағында бір жыныс тоғай бар. Сол тоғайдың дәл ортасында орнынан қозғалмайтын бір жолбарыс отыр. Оның табанына сида кіріп жүре алмай жатқанына жеті жыл болды. Ол сол маңдағы аңдардың патшасы. Оны үнемі басқа жануарлар асырап келеді. Сен сол жолбарысты тауып, табанындағы сиданы алып тастасаң, ол саған жақсылық істейді. Айтқаныңды орындап сені мақсатыңа жеткізеді. Әр қандай жыртқыш аңдар кезіккенде: «Тыныш, қарақұлақ, қақай!» десең, олар саған тимейді.
Жігіт айыр таудың ар жағына сапар шегіп, жаралы жолбарысты іздеп шығыпты. Жолбарысқа жеткенше жол-жөнекей неше түрлі жыртқыштар кезігіпті. Сонда жігіт: «Тыныш, қарақұлақ, қақай!», — деп қойса, жыртқыштар жуасып, өз жөніне кете береді екен. Күндердің бірінде айыр таудың ар жағындағы жыныс тоғайдың ішінен жолбарыс патшаны тауыпты. Оның табанына кірген сиданы жұлып тастап, дәрілеп жазыпты. Сонда жолбарыс қуанғаннан:
— Сен маған көп жақсылық істеп, мені бейнеттен құтылдырдың. Бұныңа рақмет, ал бұл араға адамзат баласы келе алмаушы еді. Сен өзіңнің ерлігіңмен келіпсің, неге келдің, не мақсатың бар, айт, орындап берейін, — депті.
— Ханымыз ауру еді, ауруына жолбарыстың сүті ем екен, соны іздеп шығып едім. Бұдан басқа жұмысым жоқ, — депті жігіт.
— Жолбарыстарды жинап, сүтті тауып берейін, — деп жан-жаққа жар салған екен. Жолбарыс патшаның бақырған даусын естіген хайуанаттар түгел жиналыпты. Тек бір ғана жолбарыс келмей қалған екен. Сүйтсе, ол жолбарыс туып қалыпты. Жолбарыс патша барлық мақұлықтарды таратып жіберіпті. Ертесінде әлгі туған жолбарысты шақырып әкеліпті де, жігітке қосып беріпті. Бұлар жүрерінде:
— Жігітім, мына балалы жолбарысты саған қосып беріп отырмын, бұны жетектеген күйіңше ханыңа апарып бер. Сауып, сүтін ішсін, дереу жазылады. Жолда шаршасаң мінерсің, бірақ өзің де, басқалар да ұрып, жәбір көрсетіп жүрмеңдер. Ханың жазылған соң осы барған іздеріңмен қайтар. Мұртымнан бір тал берейін, қалтаңа салып ал, басыңа күн туғанда отқа тұтатсаң, мен әзір боламын да, сені сол ауыр халден құтқарамын, — депті. Жігіт балалы жолбарысты жетелеп жүріп отырыпты, Күндердің бірінде хан ордасына жетіп, жолбарысты ханға табыс етіпті. Мұны көрген уәзірлер мен хан зәресі ұшып әбден қорқыпты. Алдына келіп қалған соң хан амалсыздан балалы жолбарыстың сүтін саудырып ішіп, «жазылыпты». Хан «жазылған» соң жігіт «сенен енді құтылған шығармын-ау» деп, балалы жолбарысты жетелеген күйі сыртқа алып шығып, келген ізі бойынша жолға салып қойыпты да, өзі үйіне кетіпті.
Жігітті өлтірудің айласын таппай дағдарған хан мен оның уәзірлері тағы да ақылдасыпты. Сонда ханның бас уәзірі:
— Бұл жігітті аю-жолбарыстар жеп өлтірер, сонымен жоқ болар деп тоғайға жіберсек те өлмей келді. Енді мұны қисынын тауып орға түсіріп өлтіргеннен абзалы жоқ, — депті. Бас уәзірдін амалын жақтаған бір уәзірлер:
— Ханымыздың қалың әскерін «жау шапты» деп, соғысқа аттандырайық, бұл жігітті осы әскердің қолбасшысы етелік, сонда жігіт қалың қолдың ең алдында жүреді. Бұлардың алдына үлкен ор қаздырып қоялық та, соған түсіріп өлтірейік, — депті. Хан уәзірлерінің бұл амалын мақұл көріпті. Жігітті шақыртып алып:
— Менің қалың қолымның қолбасшысы жақсы емес, сені сол әскердің бас қолбасшылығына тағайындауға шақырттым, — депті.
— Алдияр тақсыр, сіз не жұмысқа бұйырсаңыз да атқаруға мен дайын, — деп жауап беріпті жігіт. Кеште үйіне барғанда хан қолбасшы етіп сайлағанын әйеліне жеткізіпті жігіт.
— Сені хан текке қолбасшы сайлап отырған жоқ. Мұның соңында сұмдық бар. Бірақ қорықпа, тапсырған жұмысын істей бер. Әлгі жолбарыс өзіңе берген мұрт пен мына шақпақты жаныңнан тастама. Бұларды салған кісең қашан да беліңде болсын. Басыңа ауыр күндер туа қалса, бұлар ес қатады, — деп күйеуінің көңілін жұбатып ақыл айтыпты келіншек.
Жігіт қолбасшы болып хан ордасында істей беріпті. Күндердің бірінде «жау келді» деп, барлық әскер дүрлігіп кетіпті. Сонда әлгі жігіт қалың қолмен бірге жау шапты деген жаққа қарай шаба жөнеліпті. Елден ерек шығандап озып шыққан жігіт бір жерге келгенде ат-матымен уәзірлер қаздырып қойған үлкен орға түсіп кетіпті. Бұны көрген ханның адамдары әскерін кайтарып алып кетіпті. Жігіт терең қазылған ордан қалай шығудың амалын таппай жатыпты. Бір кезде кісесіндегі жолбарыстың мұртын тұтатыпты. Сол сағатта жолбарыс дайын болып, жігітті ордан шығарып жіберіпті. Жігіт ордан аман-есен шыққан соң, үйіне келіпті. Сол күні хан жасауылдарын шақыртып алып:
— Осындай қолбасшы болып орға түсіп өлген жігіттің әйелін ордаға алып келіңдер, — деп бұйырыпты. Жасауылдар жігіттің үйіне келсе, жігіт үйінде отыр екен. Бұған ғажаптанған жасауылдар қайтып барып көргендерін ханға айтыпты. Бұл хабарды естіген хан ызаға булығып, уәзірлерін шақырып алыпты да:
— Жігітті үйге қамап өртеп өлтіру керек, — деп бұйырыпты. Ханның бұйрығы бойынша жасауылдар жігітті тағы шақырып барыпты. Жігіт жүрер алдында әйелімен ақылдасыпты. Сонда әйелі:
— Бастапқы екі реткі амалмен сені өлтіре алмаған хан осы жолы үйге қамап қойып өлтірмек оймен сені шақыртып отыр. Сақ болғайсың, сені хан жаңадан жасатқан үйіне кіргізуі мүмкін. Егер соған өрт қойса, сол үйдің ішінде арнаулы жасалған бір жер үй бар. Соның ішіне кіріп алсаң, өрт сені шарпи алмайды, — депті.
Жігіт шақыру бойынша ханның ордасына барыпты.
— Мен сені аман қалғаның үшін қонаққа шақырып отырмын, жаңадан бір сарай жасатып едім, соны көрсін, саяхат етсін деп шақырттым, — депті хан. Сонымен жігітті ертіп жасаулы жаңа үйге енгізіпті. Жігіт үйге кірген соң оны жалғыз қалдырыпты да, есіктерін тарс бекітіп, сыртынан қарағайды үйіп, өрт қоя беріпті. Сарайдың сырты өртеніп, ішіне өте бергенде жігіт жер үйге тығылып өрттен аман қалыпты. Жігіт түнімен сол үйде бұғып жатып ханнан қалай құтылудың айласын ойлапты. Залым ханды амалын тауып өлтіруге бел байлапты. Таңға жуық байқап қараса, хан таңғы намазға дәрет алғалы сыртқа шыққан екен. Осы орайда жігіт өртенген үйден шыға келіп, ханға сәлем беріпті. Хан шошығаннан талып қалыпты. Уәзірлері су бүркіп оны есіне келтіріпі. Осы кезде жігіт тұрып:
— Ханеке, мен өртеніп өлгеннен кейін сенің өлген әкеңнің қасына бардым, әкең өлгенде жаназасына бір қара серке байлаған екенсің, оны көрдім. Әкең «көзінің тірісінде маған балам келіп бір жолығып қайтсын» деп, саған сәлем айтты, — депті. Сонда ақымақ хан:
— Ондай болса, мен де әкемді көріп келейін. Мені кешегі өзіңдей қып өрте, — депті. Мұны естіген жігіт іштей қуанып ханның үйінің, айналасына ағаш-отындарды жинапты да, ханды үйге қамап, есік-терезелерін мықтап бекітіп өртеп жіберіпті.
Сүйтіп, залым хан өртеніп өледі. Оның орнына қарадан шыққан бір жігіт хан сайланады.
Жігіт үйіне қайтып келіпті. Келсе жүкті қалған әйелі босанып, егіз бала тауыпты. Баланың біреуі ұл, біреуі қыз екен. Күн өтіпті, ай өтіпті, балалары өсіп талпына бастапты. Еңбектеп жүрген екі баласын әкесі үйде еркелете ойнатып, қуаныш қылып отырыпты. Шалқасынан түсіп тынығып жатқан әкесінің омырауына екі бала келіп жабысып ойнағанда, жігіттің ойына баяғыда көрген түсі елестепті. «Түсімнің мен іздеп шыққан жоруы осы екен ғой» деп тұжырып, шаттық, қуанышқа бөленіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Эрнест Хемингуэй
- Эрнест Хемингуэй
- Эрнест Хемингуэй
- Эрнест Хемингуэй
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі