Өлең, жыр, ақындар

Ұстаз болу жүректің батырлығы

 Дүниедегі мамандық атаулының анасы–ұстаздық. Себебі ұлы тұлғаларымыздың барлығы ұстаздан тəлім алған, ұстаздың салып берген сара жолынан өткен. Өлең сөзді өрнектеген ақын да, қаламы қарышталған жазушы да, ғылым жолында түрлі жаңалықтар ашып жүрген ғалым да ұстаздан білім алған. Сондықтан да жас ұрпақтың жолын айқындап беретін ұстаздар қауымына үлкен құрметпен қарау–адамдық борышымыз.

Бүгінгі қоғамда адамды адам ететін, адамтану мəдениетін қалыптастыратын маман ол – ұстаз. Яки адам тəніне жауапты дәрігер болса, адам жанын қалыптастырушы – ұстаз дер едім. 

Ал мұғалім мəртебесі туралы айтылар дүние де, жазылар ойлар да бөлек. Ұстаздық–барлық мамандықтың асқар шыңы. Ол шыңға шығу да мəртебелі іс, кез келгеннің қолынан келе бермес дүние. Ұстаздар қауымының мəртебесін ешқашан төмендетпеуіміз керек.

Қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынов "Мұғалім–мектептің жаны" десе, Ыбырай Алтынсарин "Мұғалім–мектептің жүрегі" деп баға берген екен. Осындай мың жылдық тұлғалардың сөзінен -ақ ұстаздардың мəртебесі биік болғанын, болатынын да көре аламыз.

Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген өз сөзінде үлкен астарлы ой жатыр.

Өскелең ұрпақты оқытатын  да, болашақ жастардың тағылым тəрбиесіне де негіз болатын да ұлағатты ұстаздарымыз. Баланың бағбаны бола білген ұстаздарымыз туралы құдіреті күшті сөздерді айта берсек даналық сөздермен тізбектеліп, шексіздікке ұласады. 

Иə, ұлағатты ұстаз десе ет жүрегіміз елжіреп тұрады. Біздің де университетімізде теңізден терең білімін сарп етіп, ұрпақ тəрбиесі жолында қызмет етіп келе жатқан ұстаздарымыз бар. Ол кісілердің ерен еңбектері мен өз саласына қосқан өлшеусіз үлестерін мақтана айта аламыз. Біздей жастарды ұлт жанашыры болуға тəрбиелеп, мықты маман болуымызға септігін тигізіп, білім нұрын жүрегімізге ұялатып жүрген Филология факультеті, "Қазақ тілі мен əдебиеті" кафедрасының ұстаздар қауымын кəсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Мерейлеріңіз үстем болып, шығармашылық табыстарға жете беріңіздер! Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілейміз!

М.Əуезов атындағы ОҚМУ, Филология факультетінің студенті Бошан Несібелі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер