Қоштай жасырақ кезінде бір бай үлкен той жасайды. Сол маңдағы ауыл-аймақ ертелетіп тойға ағылады. Қоштай ғана жәй шығады. Өзі қыры мен сырына қанық бір ауылға таяй бергенде, бір жолаушы жігітке кездеседі. Аман-сәлемнен кейін жігіт өзінің мал іздеген жоқшы екенін, малын таба алмағанын айта келіп:
— Бұл жақтан ешкімді танымаймын, ыстық күнде шөлдеп-шаршағандықтан анау үйге түскен едім, дәм татырмады, — дейді ақбоздау үйді және одан шығып қасындағы қараша үйге кіріп бара жатқан, қолында ұршығы бар кемпірді көрсетіп. Бұл ауылдың әрбір үйінің жағдайы өзіне мәлім Қоштайдың ойына бір қулық келіп, орала кетеді де:
— Ол кісі менің шешем, мен жалғыз баласымын, шешеме бала тоқтамапты. Сондықтан көбінде қамкөңіл жүреді де, келген адамдарға сусын беруді ұмытып кетеді. Апам өзі қызық. Жә, жігітім, оған ренжіме, менімен ілесе үйге жүр, — дейді де, жігітті әлгі үйге қайта ертіп барады. Үйде ешкім жоқ екен, Қоштай:
— Япыр-ай, әйел тойға кеткен екен, қарның ашқан болар, апам келгенше дайын тамақ болса ішіп-жей отырайық, — деп қазан-аяқты ақтарыстырып жүріп тұлыптағы тарыны, қарындағы сары майды алып шығады. Тары мен сары майдан араластырып, дастарханды жайып, екеуі жей бастайды. Соңынан тегенеде тұрған айранды да әкеліп құяды. Қоштекең қарпына ішіп-жеп алғаннан кейін:
— Апыр-ай, а, апам әлі жоқ, көздеп жүрген малым бар еді, сен асықпай тамақтанып отыра бер, мен тез ораламын, — деп атына мініп зытып береді.
Шөлдеп, қарны ашқан жоқшы ақпейіл, қамқор жігіттің сыйлы дастарханындағы тамақты ішіп-жеп отыра береді.
Көрші үйде бір шай қайнатым уақыт отырған бәйбіше үйіне келсе, манағы жігіттің дастарханды жайып, қаннен қаперсіз ішіп-жеп отырғанын көреді де:
— «Жаман үйді қонағы билейді» деп, қайта айналып мен жоқта үптеп отырғанын қара, — деп жігіттің ес-ақылын шығара бажылдайды. Сасқалақтаған жігіт:
— Ойбай, апа, әлгінде үйіңізден аттанған соң ауылдың сыртында балаңызға жолықтым, ол мені қайта ертіп келіп, осы тамақтарды алдыға қойды да, малын көздеп кетті, — деп өзін ақтап, быжалақ қағады. Бұл сөзді естіп онан ары өршеленген бәйбіше:
— Қайдағы балам, өлген балам тіріліп келіп, саған дастархан жайып тамақ берді ме? Қиқақтама, өзіңнің ес-ақылың дұрыс па? — деп бұрқылдай береді. Шаң-шұңды естіп, көрші үйлердің әйелдері келіп, жігіттен мән-жайды ұғысады және өзін ертіп келген адамның киімін, түр-тұлғасын, мінген атын сұрап ұққан соң осы ауылдан аттанып бара жатқан Қоштайды естеріне келтіреді. Бұл Қоштайдың қылығы екенін әйелдер сонда ғана біледі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі