Қазіргі Қарағандының Ескі қаласында Костенко атындағы бақшаның күншығысында 70-80 метрдей жерде қос қабат поликлиника үйі бар. Сол үйдің артында поликлиниканың бір бөлімшесі рентген кабинетіне айналған аласа үй тұр. Сол үй осы Қарағандының ескі қожаларының бірі, ағылшын байы — Хорбатель дейтіннің үйі. 12 бөлмелі үйде әйелі, өзі және қызы — үш-ақ адам тұратын еді.
Менің бала кезім. Кешке жақын мен қатарлы балаларды жинады. Кейде біріміз бен бірімізді күрестіреді. Кейде шашы ұстарамен қырылған жалтыр бас балаларды шақырып алады да бірімен бірін сүзістіреді. Күресте кім жықса, оған шет тиын (бір тиынның төрт бөлігінің бірі) береді.
Шегініп келіп қойысқан бастардың жарылғанын, болмаса кейбіреулерінің талықсып қалғандарын талай рет көргеміз. Дәл өзім сүзіскенде талайдың басын жарған едім, тіпті айта берсең, одан өліп те қалған балалар болды. Бір ретте Шегебай дейтін бала сондай сүзуден қаза болды. Бір баламен екеуі сүзісіп кеп берді. Күрс-күрс соғысады. Бір кезде Шегебай және онымен төбелесуші бала шегініп келіп ұрысқанда, Шегебай ұшып кетті. Құлаған бетте Шегебайдың басы жерде жатқан тасқа соғылды. Сөйтсе, тас самайдан тиген екен, тіл тартқан жоқ.
... Күрестіруді, сүзістіруді қойып енді жұлқыма деген ойын шығарды. Кішкентай табуретканың үстіне күміс тарелкеге ылғи шет тиындарды салып қояды. Кімде-кім өз құлағын Хорбательдің ұстаған қолынан жұлып әкетсе, шет тиынын алады. Өзіміз күнінде құлағымызды жұлдырып, кейде төрт шет тиын, кейде сегіз шет тиынын алып та кететінбіз... Көп балалар «құлағым-ай, құлағым-ай» деп жылап та жататын.
Кейде Хорбатель:
— Мұнікі құлақ та, бас та мықты, — деп құлақтан жоғары көтеріп-көтеріп қоятын.
Бір күні топ балалардың ішінен мені шақырып алды да, құлағымнан мықтап ұстады. «Егер жұлып кетсең, екі шет тиын беремін» деді. Бұрынғыдай емес, бұл жолы қолына ақ биялайы бар. Олай жұлқимын, бұлай жұлқимын, жоқ, бұрынғыдай емес, босатпайды. Анадай жерде балалар мазақтап күліп тұр. «Ал, ал, бәлем!» деп табалаушылардың да даусы естіледі. Не болса, ол болсын деп бар күшіммен жұлқа тартып жөнелдім. Босатпады... Жұлқып шығып кетсең, шет тиын береді, ал босана алмай қалсаң, ол өз білгенін істейді... Албарында төрт төбет иті болатын еді. Маңайласқан адам болса, алып тастайды. Сол иттер тұрған албарға мені кіргізіп жібермесі бар ма?! Бірақ иттердің аузы тұмшаланған екен. Кісіні тістей алмайды. Арсылдап келіп ұмтылады. Тұмсықтарымен нұқып қалады. Әй, зәрем кетті-ау!..
Кешке үйге келе-ақ ауырдым. Бас көтертпейді. Құлағым түбі шыңылдап, шекем дуылдайды. Құлағым содан зақым тауып, сол құлағым естімейтін болды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі