Өлең, жыр, ақындар

Бала – әр ата-ананың болашағы, өмірдің жалғасы

Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы
"Алқатерек орта мектебі" КММ
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі және психолог
Салыкова Асель Кенесовна

Тақырыбы: «Бала – әр ата-ананың болашағы, өмірдің жалғасы»

Міндеті: ата-аналар мен балаларды сайысқа қатыстыра отырып баланың ата-ана өміріндегі маңызын, ата-аналардың балаларға деген тәлім-тәрбиесін көрсету;

Мақсаты:

білімділік – балаларға ата-баба дәстүрін терең меңгерту, ән, би, қолөнер сияқты ұлттық нақыштарымызды үйрету;

тәрбиелеу – салт-дәстүрімізді құрметтеуге, ынтымақ пен бірлікке, ата-ананы сыйлауға, қадірлеуге, татулыққа тәрбиелеу;

дамытушылық – алғырлық қасиеттерін дамыту, сөздерін жатқа айту қабілеттерін дамыта отырып қалыптастыру.

Барысы:

(Сахнада сазды әуен, «Сарыарқа» күйі ойналады.)

(Отбасылық сайыс)

Мұғалім: Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,

Үлкен-кіші, жасымыз, кәріміз де.

Төрлетіңдер, қадірменді қонақтарым,

Гүл-гүл жайнап мына біздің төрімізге.

Жаңарғанын сананың

Ұмытады мұны кім?

Ата салтын бабамның

Алып келді осы күн.

Қадірменді қонақтар, ата-аналар, ұстаздар, «Бала – әр ата-ананың болашағы, өмірдің жалғасы» тақырыбы бойынша шаңырақ сыны сайысын бастауға рұқсат етіңіздер!

         Бәйгенің аттарындай шабыстары,

         Білімнің ұшқыр болсын табыстары.

         Қол соғып қошеметтеп отырайық,

         Отбасылар міне бүгін сайысады.

         Атаң болса анаңмен – алтыннан соққан қорғаның,

         Ағаң болса ақылды – ешкімнен кем болмадың.

         Інің болса жан ашыр – семсер, қылыш білегің,

         Ақылды қыз, ақылды ұл – өкпе-бауыр, жүрегің.

(Ортаға отбасылар шақырылады. Әр отбасы өз орындарына барып жайғасып отырғаннан кейін қазылар алқасы таныстырылады.)

         Ақты ақ деп, аққа жақ боп баға берер

         Алқасы әділқазы – кемеңгерлер.

         Беріңіздер әділ бидей әділ баға,

         Шындықты ұрпақтарың сонда көрер.

(Содан кейін осы сайыстың басталу салтанатына қарт әжелер тілегін айтып, батасын беріп, шашу шашылады. Шашу шашылып жатқанда әдемі бір әуен ойналады. Әуеннің ырғағымен жүргізуші тойдың ашылуына байланысты жыр жолдарын оқиды)

         Мұғалім: Той деп бүгін көңіл шіркін тасады,

         Той деп бүгін халқым шашу шашады.

         Арамызда бүгін болар сайысты

         Сөзден жүйрік жыршы бетін ашады.

(Мұғалім бүгінгі сайысымыздың әр кезеңімен таныстырып өтеді.)

І кезең. «Сұрасаң менің тегім...»

(Әр отбасы өзін-өзі таныстырады, осы кезеңді не өлеңмен, не қара сөзбен таныстыру керек.)

ІІ кезең «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман,

Атадан тағылым алмаған ұл жаман»

(Отбасының ісмерлік шеберліктері: қолөнерлерін қазыларға апарып беріп, оның не мақсатпен жасағандығы айтылады)ІІІ кезең. «Эрудиттер байқауы»

(Ұлттық киімдегі екі қыз бала табақшамен сандық және конвертті алып шығады. Әр отбасынан балалар ортаға шақырылады. Сандық ішіндегі нөмерленген асықтарды алу арқылы тапсырмаларын анықтайды. Тапсырмалардағы сұрақтарға отбасы ақылдасып, бірігіп жауап береді. Балалар асықтағы сан бойынша ұлағатты ұғымдарды айтып өтеді.)

Сандар қасиетіне тапсырма

А) Бес қаруды атаңыз.

Ж/ы: Мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта.

Ә) Жеті жетімге не жатады?

Ж/ы:1) Тыңдаусыз қалған сөз – жетім.

  1. Киюсіз қалған бөз – жетім.
  2. Иесіз қалған жер – жетім.
  3. Басшысы жоқ ел – жетім.
  4. Аққу-қазсыз көл – жетім.
  5. Елінен айрылған ер – жетім.
  6. Замандасы қалмаса бәрінен де сол -жетім

Б) Үш арсыз, үш жамандықты атап беріңіз.

Ж/ы: 1) Ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз

1. Нақақ қан төгу, кісі малын нақақ алу, ата-бабадан қалған жұртты бұзу.

В) Ұлтымыз қандай сандарды киелі деп есептейді? Неліктен?

Ж/ы: 3,5,7,9,12,30,40 т.б.

(Ата-анаға тапсырма мен сұрақ-жауап түрлері беріледі.)

1. «Байғазы» және «Көрімдік» салт-дәстүрлерінің мазмұнын түсіндіріңіз, айырмашылығы неде?

Ж/ы: 1) «Байғазы» - балалардың, жастардың жаңа киімі, заты үшін беріледі. Мысалы, қамшы, шана, ертоқым т.б.

2) «Көрімдік» - жаңа туған балаға, жас келінге, құдасына, күйеуге береді. Мұның маңызы алып беруде ғана емес, жақын-жуықтың адамгершілігін, ниетін, ашық қолдығын танытудың белгісі ретінде қаралады.

Айырмашылығы көрімдік адамға, жандыға беріледі, байғазы көбінесе жансыз дүниелерге байланысты.

2. «Жасау» және «Енші» салттарының мағынасын түсіндіріңіз, айырмашылығын атаңыз.

Ж/ы: 1) «Жасау» - ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік. Халық қыздың жасауына жақсы бұйым, кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім-кешек, әсем әшекейлі заттар берген. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасау қыздың еншісі десе де болады.

«Енші» -  балалары ер жетіп жеке үй болғанда ата-анасы оған отау тігіп, дүние-мүлік, мал береді. Мұны енші деп атайды.

Қыздарға берілетін дүние-мүлік «жасау» деп аталады, ал балаларды үй қылып шығарса (яғни ата-анасынан бөлек отау) оны енші дейді.

3. «Иткөйлек» («Итжейде») және «Қырқынан шығару» салт-ғұрыптарының мағынасын түсіндіріңіз. «Қырқынан» және «қырқы» сөздерінің мағынасын ажыратыңыз.

Ж/ы: 1) Ырымшыл халқымыз бала (туғанына қырық күн) «қырқынан» шығарылғаннан кейін оның көйлегіне (жейдесіне) тәтті түйіп иттің мойнына байлап жіберетін дәстүр бар. Итті балалар қуып жетіп, мойнындағыны шешіп алып, тәттісін бөліп жейді. Көйлекті (жейдені) баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады немесе адамдар алыс жолға шыққанда жол амандығын тілеу барысында апаттың болмауын ырым етіп бойларында сақтаған.

Ит мойнына байланғандығы оны жеті қазынаның бірі деп әрі баламыз көп болсын деген ырыммен астасып жатыр.

2) Әдетте бала туғанына қырық күн толған соң ыдысқа 40 қасық су құйып шомылдырады. Бұған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастархан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып, оны сәбидің өзінің киіміне, матаға орап тігіп қоятын болған.

«Қырқынан» деген, баланы туғанына қырық күн толған соң суға шомылдырады, тырнағын, шашын алады, соны айтады.

Қайтыс болған адамның қырық күннен кейін «қырқы» беріледі. Мұны шатастыруға болмайды.

4. «Тәбәрік» және «Ерулік» салт-ғұрыптарының мағынасын түсіндіріңіз. «Тәбәрік» түрлеріне тоқталыңыз.

Ж/ы: 1) «Ерулік»- ауылға жаңа үй көшіп келсе, қоныстанса сол ауылдың бұрынғы адамдары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіріп, табақ тартады. Бұл жаңа адамдарды бөтенсіретпей, өз ортасына тартудың, сыйласудың үлкен белгісі.

2) «Тәбәрік» - біреу ойын-тойда бәйге, жүлде алса немесе құдалық салт-дәстүрге кәде алса, одан жанындағыларға үлес беруі керек. Мұндайда жұрт «тәбәрік бер» деп  сұрап алады. Олжалы адам әдеп бойынша тәбәрік беруге міндетті, бермесе сараң болғаны.

ІҮ кезең. «Өнерлі отбасы»

(Отбасылар өз өнерлерін көрсетеді. Сайыста ән, жыр, өлең, би, мәнерлеп оқу, сықақ оқу т.б,)

Ү кезең. «Мақал- мәтел, ырым, тыйым сөздер»

(Бұл кезең бойынша әр отбасы жасырулы әріптерді таңдап, сол әріп бойынша ғана мақал-мәтелдер теріп жазады.)

ҮІ кезең. «Әке жолы – ұлшына мақтаныш,

Ананың аялы алақаны – қызына сағыныш»

(Ата-ананың балаға айтар ақылы: қай ортада қалай жүріп тұру керек, тілегі.)

1-оқушы: Анам маған «Үлкенді сыйла» деген,

Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.

Үлкендерден ауысқан кішілікті

Үлкендердің өзіне сыйға берем.

Атамнан қалған мұра-ізеттілік,

Арамды соған қойған күзеттіріп,

Адалдық – менің сәби Айбарым ғой,

Маңдайынан жүргені жүз өптіріп.            Мұқағали Мақатаев

2-оқушы: Ана үшін аянба – ант ұрады,

Бала үшін аянба – бетің күйеді.

Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,

Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.          Бауыржан Момышұлы.

3-оқушы: Ғабиден Мұстафин : «Ата-ананы ұмытқан жас – опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы».

4-оқушы: А.Пушкин : «Ата-бабасын сыйламау – азғындықтың белгісі».

5-оқушы: В.Сухамлинский: «Баланың  жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, азап-соры».

ҮІІ кезең.

Жағдаят (Ұлттық киімдегі екі қыз бала табақшамен киіз үй парақшасына жазылған сұрақтарды таңдап алады.)       Ән орындалады.

(Ата-аналарға жағдаяттар беріледі.)

1. Алақай, мен бес алдым! Мұғалім бізге не айтқанын білесің бе? - деп

сынып оқушысы өзінің алғашқы жетістіктері жайында қуанышы қойнына сыймай анасына айтып жатыр. Үй іші бұған онша мән бермеді. Бірақ күндер өте береді. «Алақай, бес алдым» деген баланың қуанышты сөздері сирек естілетін болады. Сіздің ойыңыз қандай?

2. Көрші келіншектердің әңгімесі.

-Менің қызым – озат оқушы, үй шаруашылығымен айналысқаннан гөрі бос отырғанды жақсы көреді, ештеңе істегісі келмейді.

-Озат оқушыболғаны жөн-ау, бірақ үй  шаруасына араласқаны дұрыс болар еді.

- Оның жақсы оқығанның керегі не үйдің тірлігі бітпеген соң.

         Осы үш ата-ананың өзара әңгімесі сіздің ойыңызша қалай?

3. Қызы мектептен келіп анасына: «Сізге маңызды бір нәрсе айтайыншы»   десе, анасы: «Сенсіз де басым қатып отыр, мазамды алма» деді.

Сіз осы кездегі өз ойыңыз?

4. Сіз балаңызға дүкенге барып келуін өтіндіңіз. Ол «Ән тыңдап отырмын, қолым бос емес» деп барудан бас тартты. Не істер едіңіз?

5. Ұлы «Бұл қазіргі мода» деп шашын өсіріп желкесіне түсіріп жүруді қалады. Сіз «Ол дұрыс емес, оқушыға сай жүруің керек» десеңіз де      түсінбеді. Сіздің осы кездегі әрекетіңіз?

(Балаларға жағдаят сұрақтар)

1. Саған анаң өзі жұмыстан келгенше үйді жинастырып қоюды тапсырды. Сен достарыңмен ойнап жүріп бұл істі ұмытып кеттің. Анаң жұмыстан келіп, өзі жинап, сыпырып қойды. Сен келгенде анаң ренжулі. Сенің әрекетің.

2. Сен өте асығыссың, себебі сабаққа үлгеруің керек. Кеше сынып жетекшіңе «Енді кешікпеймін» деп уәде бергенсің. Көшеде жүгіріп келе жатып байқаусызда бала жетектеген қарияны қағып кеттің. Ол кісі құлап түсті, немересі қорыққаннан жылап жіберді. Сен не істер едің

Қорытынды. Мұғалім: Кең даланың ежелгі

Қазақ деген халқымыз.

Өзге ұлттай біздің де

Сақталды міне дәстүр-салтымыз.

(Қазылар алқасы бүгінгі сайысты қорытындылайды, марапаттайды.)


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз