Өлең, жыр, ақындар

«Тұсау кесу» салт-дәстүріне байланысты қойылым

ШҚО Өскемен қаласы
Өскемен қаласы әкімдігінің «Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын № 38 гимназиясы» КММ
қазақ тілі және әдебиет мұғалімі Козыбаева Айнаш Урынбаевна

4 сынып оқушылары арасында өткізілетін Наурыз мерекесіне арналған қазақ халқының «Тұсау кесу» салт-дәстүрлеріне байланысты қойылымның сценариі

Білімділік: қазақ халқының атадан балаға мұра етіп қалдырған салт-дәстүрін, наурыз мейрамының мәнін түсіндіру, ұлттық тәрбие туралы түсінік беру;

Дамытушылық: тілдесім, ол яғни  рөлдік ойындар арқылы тілдік қорларын дамыту. Өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру;

Тәрбиелік: ата-ана, оқушы, ұстаз жұртшылық өкілдерін тарту. Қазақ халқының салт-дәстүрін, тілін, әдет-ғұрпын сақтауға, қастерлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілік құралдар: қазақтың киіз үйі, жабдықтары, ұлттық киімдер, ұлттық тәрбие жөнінде нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, сандық, ыдыс –аяқтар т.б.

Автор: Арада бір жыл өтті. Кеше гана дүние есігін ашқан батырымыз Нұрәділ, міне бүгін жасқа толады. Бүгінгі Астанадағы құда мен құдағидың шаңырағында ұлан ғасыр той. Нұрәділдің «Тұсау кесер» тойы.

Музыка ойналып тұрады

Автор: Ақан құда мен Жамал құдағи, ұлдары Сулейман мен келіндері Сұлушаштың тойына қонақтар келе бастайды.

Ақан құда (Бектемир): Амансыздар ма!  қонақтар, бүгінгі Нұраәділ немереміздің «Тұсау кесер» тойына қош келдіңіздер!

Жамал құдағи (Жасмина): Сәлеметсіздер ме!  қонақтар, бүгінгі Нұраәділ немереміздің «Тұсау кесер» тойына қош келдіңіздер! Төрлетіңіздер!

Автор: тойға келген қонақтар төрге шығып, жайғаса бастайды.

Арина Кузнецова: той құтты болсын! Немереңіз үлкен азамат боп өссін!

Дарья Цыбулина: Тұсау кесер тойы құтты болсын!

Арина Цыбулина: қуаныштарыңызға ортақпыз! Нұрәділ үлкен азамат болсын!

Антон: Ақан ата, Жамал апа немерелеріңіздің жасқа толуы құтты болсын!

Марагарита: Той тойға ұлассын! Нұраәділ батыр ата-әжесінің мақтанышы, ата-анасының қуанышы болсын!

Томирис: Той құтты болсын! Нұрәділ елінің беделді азаматы болсын! Дені сау болсын! Бақытты болсын!

Шолпан апа (Мерей): Ал, енді Ақан, Жамал  немерелеріңнің қуанышы құтты, қайырлы болсын! Отанын қорғайтын батыры болсын! Еліміздің мақтанышы болсын!

Ақан құда мен Жамал құдағи (бірге): Әумин, айтқандарыңыз келсін!

Музыка (дастархандағы дыбыс)

Автор: Нұрәділдің қуанышына жиналған қонақтардың жылы лебіздері төгіліп жатыр.

Ақан құда (Бектемир): Ал, енді тойға жиналған қауым, қуанышымызды бөлісуге келгендеріңізге көп рахмет! Осы жерде отырған Шолпан  апамызға Нұрәділдің тұсауын кестіртсек деп едік.

Жамал құдағи (Жасмина): Шолпан апа еліне сыйлы, талай шәкіртті мектеп ұясынан ұшырған беделді, ұлағатты ұстаз!  Бүгінгі тұсау кесуді сізге тартып отырмыз! Ай Сұлушаш келін Нұрәділді ортаға әкеліңдер!

Сұлушаш (Айя): иә, апа, қазір әкелейін. Нұрәділ жүре ғой балапаным, тұсауыңды кесеміз!

Сулейман: Ал, батырым, қазір тұсауың кесіледі. Жүр, батырым.

Автор: ортаға Сулейман мен Сұлушаш келін   Тұсау кесердің ақ жолын жаяды.

Автор: Тұсау кесер дәстүрі  – бұл да үлкен той, оның да өзіндік салтымызға сай ерекшеліктері бар. Ортаға ақ жол жайылған соң, баланың  аяғына ала жіпті байлайды, ол біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма, дегенді білдіреді. Ақ  жолдың  екінші жағында 3 зат жатады, олар кітап, домбыра, қалам. Осының бірін бала алуы керек. Кітап алса, ғалым, ақын болады, домбыра алса, әнші, күйші болады, қалам алса, жазушы, ұстаз болады деген ұғымды білдіреді.

Автор: Шолпан апа ақ жолдың басында тұрған Нұрәділдің аяғына ала жіпті байлайды. Қолынан әкесі мен анасы ұстап тұрады. Шолпан  апа сөйтіп Нұрәділдің тұсауын кеседі.

Шолпан апа (Мерей): Пісіміллә,

Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам.
Ала жіпті байлайын,
Тұсауыңды кесейін, (тұсауы кесіледі)

Ал, енді, батырым!
Жолың ақ болсын!
Денің сау болсын!
Үлкеен азамат бол!
Елінің мақтанышы бол!
Ата-анаңның қуанышы бол!

Ата-әжеңнің жұбанышы бол! (өлең қосылады) музыка тоқтатылады

Шолпан апа (Мерей): Ал, енді өзіне ұнайтын затты таңдасын!

Сұлушаш: Ой, Нұрәділ ................... алды!

Шапалақтау

Ақан құда (Бектемир): Ой, балам үлкен азамат бол!

Жамал құдағи (Жасмина): Ой, балапаным, жүйрік бол!

Сулейман: Тез, шауып кет!

Автор: тойға келген қонақтарда өз тілектерін айтып, сыйлықтарын береді.

Арина Кузнецова: Өркенің өссін!

Дарья Цыбулина: Қадамың құтты болсын!

Арина Цыбулина: Жүйрік бол!

Антон: Жолың ақ болсын!

Марагарита: Өмір жолы ақ, түзу болсын!

Томирис: Кішкентайдың қадам басқаны құтты, өмір жолы жарқын болсын!

Жамал құдағи (Жасмина): Әй, келінжен Шолпан  апаға кәдең қайда?

Сұлушаш: иә,  апа, қазір  әкелемін!

Автор: Кәде тарту – баланың тұсауын кескен құдайы қонаққа арнайы тартылған сыйлық. Оны баланың ата-анасы арнайды. Баланың ата-анасы тұсау кескен Шолпан  апаға сыйды тартады.

Шолпан апа (Мерей): балаларым, үлкен рахмет! Бақытты болыңдар! Маған осындай ілтипат көрсеткендеріңе, алғысым шексіз!

Барлығы бірін-бірі  құшақтап, сахнадан шыға бастайды.

Музыка қосылады «Қазақтың дәстүрлері»


Пікірлер (2)

Ұлжан

Пайдама жарады, рахмет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз