Жарқыратып шыққанда нұр маңдайын – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Жарқыратып шыққанда нұр маңдайын» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2676
Жарқыратып шыққанда нұр маңдайын,
Қызығына әр күннің бір қанбаймын.
Көрінеді көктемде
Көз алдыңда
Күллі дүние теңселіп тұрғандайын!
Баяғы су,
Әрине. баяғы нан
Туған күннің сиқырлы таяғынан.
Мынау шарап ауадан жұтып алып,
Бала жігіт әрең тұр аяғынан!
Бұл кездерде кәрің де,
Жасың да ояу.
Басталады кірпігін,
Қасын бояу.
Бұтақтардан,
Гүлдердің сабағынан
Жер атқылап жатады жасыл бояу.
Жайлау толған құлынға,
Жабағыға,
Жұлдыз қонған аспанның қабағына.
Бүтіндей бір оркестр сыйып кеткен
Бармақтай-ақ бұлбұлдың тамағына.
О, жеңеше!
Не дейді аңғал қайның?!
Жүгін тасып бітірген һамбалдаймын.
Адам түгіл,
Тасқа да қанат бітіп,
Ұшып жүрсе,
Мен қазір таң қалмаймын!
Терек түгіл,
Көктеген бағандары
Бұл көктемнің ауасы маған дәрі.
Тебірене қарайды
Теміржанды
Техникалық ғасырдың адамдары!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері