Баянауыл әуендері
1. Суретін түсірейін өлеңіме
Таулар көп тамашасын баяндауға,
Дәтім жоқ тау біткенге аялдауға.
Көп тыңдап ана жырын жөргегімде,
Жасымнан тартты мені Баянаула.
Бесік қой ұрпағына ата мекен,
Осы тау аталарға отау екен.
Жетім қыз — шешем сыңсып
Сабындыда,
Тұсынан жігіт жырын айтқан әкем.
Өзі де ақын тау ғой баяғыдан,
Шертілген шежіресі аян жырдан.
Күй беріп сандық тастар, сырнай көлдер,
Бұлбұл көп сайрап ұшқан Баянымнан.
Жасында жыршы Бұхар тебіренген,
Зар шыққан атамыздан зәбір көрген.
Шорманды шенеп әнмен Жаяу Мұса,
Алысқан ақын Мақмұт жебірлермен.
Сүйікті солар шыққан қия маған,
Құс өлең сонда көп қой ұялаған.
Жазықта желдеп жүрген жырларымды
Баян тау сондықтан да бұйдалаған.
Бұл бір тау жонға біткен сыры ғажап,
Түйе құм төңірегі, қожыр алап.
Болсын деп ән сарайы айдалаға
Қойғандай бір шебердің қолы қалап.
Отанның кең аспандай көлемінде
Баян бір бүйрегіндей бөлегі де.
Қыз тау ғой қызықтырған мені жастан,
Суретін түсірейін өлеңіме.
2. Шорман қойшысының шөбересі
Көрсем де көлді талай, жасырмаймын,
Көліндей мөлдір жоқ қой Жасыбайдың.
Сипатын кектен тартып алды ма тау,
Төсіне жаутаңдаған жасыл айдын.
Жұмбақ сыр мөлдір көзден танылмай ма,
Жасыбай секілді бір жарық айна.
Аспан да, аршалар да, тау да сүңгіп,
Қонғандай көшіп бәрі жалтыр сайға.
Қара сен тұңғиықтың әлеміне,
Аспанға, шыңға қарап керегі не?
Балықтай қыз шомп етсе, көз жанарын
Көресің көлдің сонау тереңінде.
Бірақ мен тұрамын ба жағада жай,
Жаутаң көз Жасыбайды жағаламай.
Үстінде торғын көлдің топырлаған,
Ұландар қиқу салып шағаладай.
Барсаң бір жаның лебін сүйер едің
Бақытты тау мен көлдің иелерін.
Несіне айтпай соны тартынамыз,
Разымыз Баян таудың даңқына біз.
Шертілсе қарағайы домбыра боп,
Еседі көлдерінен шалқып аңыз.
Төгілсе күміс бұлақ тау құзынан,
Жыр толқыр қойшысының ауызынан.
Сайраса жыршы құстар аршасында,
Жылқышы түсер шыңнан ағызып ән.
Қалқыған қаз бен үйрек көл бетінде
Ұқсайды ұл-қызының келбетіне.
Жүзіп жүр жайнап жастар сән көлінде,
Көлбеген Баян таудың кең шетінде.
Талайғы куә таулар өткеніне,
Бұлт басып мұң нөсерін төкпеді ме?
Қайтадан жаралды ма әлде Баян,
Сап тізіп сұлулықты беткейіне.
Сол сұлу бүгінгімен сырласуға,
Жырымды ұшырайын шың басына.
Биігін Ақбет тау ғой, қалдым қарап,
Қаныштың теңеймін деп тұлғасына.
Сарай ма, көшкен тау ма адырларға
Жетейін, той жасаған ауыл бар ма?
Ағылды машиналар жасау тиеп,
Асығыс көшіргендей тауын алға.
Тау өзі жырлады ма, ән еседі,
Тыңдадым, әнге жаным әуес еді.
Жұпарын жатыр жұтып кең саяда
Қыз-жігіт үйелмелі-сүйелмелі.
Табиғат тау соғуға шебер осы,
Мәрмәрдай мөлдір көлдің кенересі.
«Осылар менікі», — деп шалқияды,
Шорманның қойшысының шөбересі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі