Орақ – Ғафу Қайырбеков

Бұл бетте «Орақ» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1359
Мамбетовке

Қайың да сапты қаракөк
Болаттан соққан Орақ ед.
Менің момын әкемнің
Бар қаруы сол-ақ ед.
Шілденің күні туғанда-ақ
Шалғындар балқып пісерде,
Ой-хой, Орақ сумаңдап
Түсуші еді пішенге!
Шабытпен әкем бір жойқын
Жосылта кіріп соныға,
Сермеген сайын бір толқын
Жығылып қалып соңында,
Шыңылдап жан-жақ, дөңгелеп
Дүние билеп кететін,
Ұша алмай қалған көбелек
Қанатын қиып өтетін.
Жұмыскер еді сол орақ,
Тым іскер еді қарт қандай
Жыл сайын көктеп сан алап,
Сағына күтіп жатқандай.
Іздесем шабыт өзімнен,
Алдымда жайнап жыр алап.
Кетпейді ылғи көзімнен,
Жарқылдап сондай бір Орақ.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері