Өлең, жыр, ақындар

Шыңғыс хан

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 2700
О, Шыңғыс хан – ТҮРІК ұлы айбынды,
Қият нұрдан жарқыраған айдыны.
Толқынына толық түскен ай нұры,
Жан анаңның тас емшегін иітіп,
Сілкіп тастап басқа түскен қайғыны,
Эсугейдей хан әкеңнен бата алған,.
Темірше едің,тек ерлікке сай құнды.
Елің сайлап ұлы қаған билікке,
Сыйға тартты сенім атты бар үнді!
Тамыр тартып ұлы Ғұндар тегіңнен,
Жапырақ жайып Төлегетай төрінен,
Қызу қанды қазақ жаны тәліммен,
Ерліктерін өн бойыңа сіңіріп,
Қас жауыңның қабырғасын сөгілтіп.
Жаратқанның берген тылсым күшімен,
Қаныңда ойнап жалын атқан тектілік,
Жолбарыстай дала жортқан түн тіліп.
Жетімдіктің торын шайнап сындырып,
Сескенбестен ізіңді баққан жауыңнан,
Туған жерің Бурхан Қалдун тауынан.
Дем салғандай әруақтар киелі,
Патшалар жатқан сәуле шашқан қауымнан
Тәңірімнен тілек тілеп тік тұрып,
Бұлақ ойды зеректікпен тұндырып,
Ата жолдан іздеп ізгі құндылық.
Жанар таудай жарып шыққан теңізден,
Құшағына жалын отын өргізген,
Әуел бастан ерліктермен егіз ең!
Қоңыратқа жиен болып қан тартып,
«Қазғақ оғлы» деген атты ұнатып,
Кең даламнан бойға жинап жомарттық.
Ел намысын ақтау үшін жүк артып,
Қарашаның елдігімен бақ қонар,
Асау тектес мінезіңмен тәкапар,
Жастайыңнан даналыққа құмартып.
Ана сүтін ақтай біліп емізген,
Тәңір қолдап Түрік даңқын көтеріп,
Ар туына адалдықты көмкеріп.
Кең әлемге жүргізуді билікті,
Ұлы Түркі ұлдарына тән көріп.
Ақ бата алып әруақ толы еліңнен,
Cыр ұққандай Меркіттердің мөрінен,
Көрінуге Мөде көсем өрінен,
Желкен керіп кие толы төрінен,
Көк бөрілі желкілдеген ту алып,
Бабаларды тірілткендей өлімнен,
Ер Тұңға мен Аттил салған жолымен,
Күлтегіннің ерлік толы жырымен.
Құлбақ әулие ақыл салған сырымен,
Ақиқаттың заңын сақтап бұлжытпай,
Тәлім алып өткендердің өзінен.
Бар тайпаның басын қосып бірлікке,
Шақырумен баба жолы ерлікке,
Ғұмырыңды сәнді қылып жөнімен
Өзің құрған мәңгі қалың қолыңмен,
Күллі әлемге «мыңқол –тартар» атанып,
Қыпшақ тілде болашаққа хат жазып.
Бекіттіріп «қазақ» таңба мөріңмен,
Керей, Найман,Меркітіңе шаттанып,
Арғыныңның ұлылығына мақтанып,
Қалың Қыпшақ найзасымен тау жарып
Адайлармен көкте аунаған отты алып,
Ақсақалды аталардан бата алып,
Қызмет қылып аянбастан халқыңа,
Пейілі тар пенделерден сақтанып,
Қиятыңа жүрек сырын ақтарып.
Жұртқа жайып ерлік даңқын өткеннің,
Түркі елінің құшағынан бақ танып,
Ұлы көшін жаңартуға аттанып,
Көк сүңгіңмен алға бастап түнді ілген
Әскеріңмен қара бұлттай түнерген.
Қан майданда қан төгісіп жеңілген,
Ойран салып қас жауыңа бүгілген.
Атқан оғың сағымдарға ілініп,
Нажағайдай көкте ойнаған сөгіп бұлт,
Ақ алмасың жауға ажал боп көрініп.
Ақ желкендей кең далаға керілген,
Тәртіп заңың суарғандай темірден.
Әруақ толы қасиетіңді сездірген,
Тауды қозғап қара жерге жүздірген.
Кім көріпті көз тіріде мұндайды.
Ерік күші болаттай нық айбарлы,
Қуат алған Аллаға пәк сенімнен,
Жауынгерлік Рухы үндес көгіммен,
Орын іздеп қырғын майдан төрінен
Өзі болып құйынды шаң дауылдың,
Әскеріңмен жалын шашып өрілген.
Ұран тастап ұлы Түрік тіліммен,
Көк Ордадан Тынық мұхит жеттің сен,
Европаны таптап басып белінен!
Аялдадың шалқар айдын жаныңда,
Армансыз – ақ кәусар жұтып таңында.
Жатқаныңмен жусан исі ой салып,
Түрік әні тулап жатты қаныңда!
Бастан кешіп небір жорық салмағын,
Құшағына жетсең де бақ – арманның,
Алтын Сарай көк зеңгірмен ұштасқан,
Кең далаңды әсте ұмыта алмадың!
Туған елде Қоңыраттан нұр төккен,
Сүйе білген ұлы сезім жүрекпен.
Тәңір қосқан жан жарыңды сағындың,
Перзент сыйлап етегіне құт біткен.
Туған жер – деп, соғып алып ер жүрек,
Қанша қатал болсаңдағы елжіреп.
Тұмар қылған топырағын бір уыс,
Сүйетінсің ауық-ауық иіскелеп!
Күн қанатын қырандайын жайғанда,
Қайта кіріп ерлікпенен майданға.
Аттан, аттан!- деген алып дауыспен,
Бас иместен жаныңа қас жауларға,
Кешіп өтіп теңіздердің толқынын,
Таулар астың кезек беріп айбарға!
Садағыңның от жандырып ұшымен,
Жаудырғанда қалың жаудың үстімен.
Көк зеңгірден құлағандай жұлдыздар,
Ажал оқтың ысқырығы естілген.
Жарып шыққан саф болаттай қайнаудан,
Әскерлерің айбатымен жауды алған.
Сенің қатал тәртібіңе жүгініп,
Әмір берсең тауларды да аударған!
Қарылғаштай шапшаңдықпен шаншылып,
Сүйсіндіріп ерліктерін асырып.
Жібек жалды туын қолдан тастамай,
Есімдерін жаза білген тас тіліп.
Ешкім қарсы тұра алмады алдыңнан,
Басты сұқсаң қамытқа ел бағынған.
Салық төлеп Европа, Қытаймен,
Тізе бүгіп , бас алмауға жалынған!
Басыңды имей дегеніне тағдырдың,
Қауіп сезсең барлаушыңмен таңды ілдің.
Өз буына өзі піскен тұлданып,
Таян ханды өз қанына малдырдың.
Өкінішпен басын ұрып тау тасқа,
Қалың әскер ажал құшты айқаста.
Жеңіліспен ажал егіз бір ұғым,
Соғысқандар терең ұққан әу баста.
Ерлеріне қабір болып қазылған,
Сан қамалдар жатты алдыңда бұзылған.
Ашық жатты құлазыған даласы,
Омырауынан моншақтаған қызыл қан!
Сыннан өтіп жиһангерлік мақсатың,
Талай елді қан жылатып қақсаттың.
Жермен жексен болды небір қалалар,
Мәңгілікке жоғалтумен өз атын.
Сансыз әскер жауып дала жазығын,
Өзі болып көшкен алып шың құздың
Көрінгенде зәре құтын ұшырған,
Қарсыластың елін қорғар ұл-қызын.
Рухы асқақ мыңдық, жүздік тізілген,
Жандары бір жаралғандай өзіңмен,
Алға ұмтылса арландарша атылып,
Жауың жатты саз балшықтай езілген!
Жанарында көз жасынан қақ тұрып,
Бар жиғанын қия алмастан аптығып.
Жүгенсіз кетіп желік біткен көсемдер,
Найза ұшында кете барды аһ ұрып!
Төрт тірегің Жебе менен Құбылай,
Жүрек жұтқан Желме және Сүбітай.
Қолбасшылық қасиетіңнен нәр алып,
Тәңір қолдап ерлік үшін туғандай.
Тіредің де Европаға ат басын,
Теуіп ашып аяғыңмен қақпасын,
Жолыңдағын бәрін тегіс жапырып,
Нажағайдай көкте ойнаған атылып,
Дінсіздердің үйіп салдың қаңқасын.
Мүлдем бөлек әскер құру әдісің,
Жалғап жатты жеңісіңнің өрісін.
Басын қосқан шашыраған Түркінің,
Ұмытыларма ерлік толы ұлы ісің!
Шектен шықсаң талабы сол заманның,
Бәрі, бәрі бұйрығымен Алланың.
Сен шықпасаң олар тегіс бөлшектеп,
Соғар еді бодандықтың қамалын!
Сен жауладың Батысын да Шығысын,
Қор болмасқа барша Түркі туысың.
Аңыз толы ерлігіңмен ғажайып,
Тектіліктің көрсете алдың үлгісін.
Абыздары ғасырлардың көз тіккен,
Ерлігіңе басын иген қарлы шың.
Тұлпарлардың тұяғының ұшымен,
Ұлан байтақ кең әлемнің үстінен,
Келер ұрпақ жау тиіссе білсін-деп,
Құпиясын жазып кеттің соғыстың.
Өзің қалап «Алтын Орда» іргесін,
Кеңейтумен ата-жұрттың тынысын.
Төрт ұлыңа мұра қылып сыйладың,
Төрт діңгегін қасиетті ұлыстың.
Таңдандырып өзің байтақ ғаламның,
Жырға қосып ұлылығын даламның.
Сілкіндіріп дән сепкенсің әлемге,
Сыйға тартып қажет керек – жарағын.
Үйреткенсің жүйріктермен жүйткуді,
Қалай жолда жеңіл шатыр тігуді.
Төрлеріне шырақ қылып жаққансың,
Қастерлеуге дінім менен тілімді!
Биік ұстап Тәңір берген күнімді,
Бақыт шамы-аманатын бабамның,
Жоғалтпауға Түркі тектес үнімді,
Солдырмауға еркін өскен гүлімді.
Сақтау үшін мәңгілікке бірлігін,
Сыйға тартып өзің жазған ілімді.
Қыпшақ сөзін байтақ елге таратып,
Көнбегенін қылышпенен қаратып.
Сонда нұқсан келмейтіндей еліңе,
Жүрегіңе махаббатшыл нәр тауып.
Қажығанда бабаң әнін тыңдадың,
Бұлбұлдарын құшаққа алып сайратып.
Өжеттіктен өрге тартқан бақ тасы,
Өзі болдың қаһарлы соғыс патшасы.
Тәңір қолдап көгіңде жүрді ақша бұлт,
Тылсым күштің бізге жұмбақ достасы.
Ұлылығың айта берсе таусылмас,
Батырлықтың Тәңір сүйген ұстасы!
Сол ерлігің ғасырлардың көшінен,
Қан жүгірттіп отты толқын күшімен.
Ұрпағыңа намыс қайрап, ой салып,
Кеткен емес ұлы бабам есінен!
Өзіңде ғой тарихымның бастауы,
Ұран салған ғасырлардың төсінен!
Қырандардай көкте еркін көсілген,
Жоғалтпа-деп, ұлттық Рух киеңді,
Салем жолдап самал желмен есілген!
Ақиқаттың ақ жолында күресте,
Жеңіс күткен қол бастайтын естіден!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Данышпан Мұқтар әулием

  • 0
  • 0

Телегей ойдың теңізін,
Тереңнен бойлап інжуін.
Тергенде кесте тоқыған,
Тамсандырып жер жүзін.

Толық

Әжібай әулие баба үні

  • 0
  • 0

Кел, кел балам жақында бермен қарай,
Күтудемін өзіңді төзім қалмай.
От кеудеме ой салып сағынышпен,
Ақ босаға-Кең Жылыой алтын арай.

Толық

Тұманша би ата үні

  • 0
  • 0

Бұл өмірде екі байлық бар,балам,
Қуат қылған жер бетінде ойлы адам.
Біріншісі – тәннің аман, саулығы,
Екіншісі – салихалық ой – арман.

Толық

Қарап көріңіз