Аманжол сұпы ата үні
Ел болама ақын жанын сезбеген,
Кел, кел балам өнер жолын іздеген.
Сыр шертейін, жыр төгейін жаныңа,
Кең Жылойдан ерлік толы іздерден.
Ақ ниетін жалау қылып көкке іліп,
Асыл халқым күмбезімді көтеріп.
Ата даңқын қастерлеген сәтінде,
Көктен Тәңір ақ нұр құйды селдетіп.
Өз ұлым-деп,бар маңайға ас тартып,
Өскен елім тебіренсе еске алып.
Өшпегенім , өлмегенім жалғанда,
Құлыным-ау, ұға білсең сол бақыт!
Туған жерге сүйей білген маңдайды,
Менің әкем Сарытайдың Маңдайы.
Пір Бекеттен ақ тілекпен бата алып,
Толғаныпты жастайымнан мен жайлы.
Қарашада Қарағайлы Мешіттен,
Нәр жұтқызып білім атты нәсіптен.
Қарылғашын ұшырыпты қияға,
Іздесін-деп, білім жолын өріс кең.
Кім бар сірә туған жерін қия алған,
Қуат алып оттай ыстық ұямнан.
Болашақтың ұлы жолын ұғынып
Дәріс алдым медреседе Хиуадан!
Сегіз қыспен,сегіз жазым, көктемім,
Есімде әлі сол шаһарда өткен күн.
Көз алдымда дәріс берген ұстаздар,
Имандықтың сыйға тартқан шекпенін.
Сусындаған тамырынан нәр алып,
Сағынышпен туған жерге оралып.
Шырақ жағып жас ұрпаққа біліммен,
Мешіт ұстап ата жолын жалғадық.
Бабалардың ерліктерін ту қылып,
Жау тиіссе белді бекем бір буып.
Ар ожданды биік ұстап өмірде,
Жаратушы бір Тәңірге сиындық!
Ақ берендей тілеп дауыл ағысты,
Қолдан бермей ұрпақ үшін намысты.
Қан майданда бір туғандай бірігіп,
Жауға салдық бүкіл Алшын бар күшті.
Қиянатпен қаралаған жанымды,
Өттік талай түнектерден зар мұңды.
Төздік ұлым бәріне де бас имей,
Аңсауменен еркін атар таңымды.
Біз қайда да жібін ұстап үміттің,
Кетпесін деп, шаңырақтан бақ құтың,
Өздеріңе жеткізуге асықтық,
Ата жұрттың ата дәстүр жақұтын!
Сенде ұрпақ біздің өршіл қанымыз,
Сенде ұрпақ біздің кие жанымыз.
Ғасырлардан ғасырларға жеткізіп,
Сыйға тарттық өздеріңе оны біз!
Қорғау үшін сенің азат таңыңды,
Жер бетінде қаншама қан ағылды.
Ұмытпа сен соның бәрін ұрпағым,
Ұмытпа сен қазақ атты әніңді!
Серпу үшін қара түнек түніңді,
Талай тағдыр жіп ұшына ілінді.
Елің аман болсын десең ұланым,
Мықтап ұста дінің менен тіліңді!
Тәңір берген иман бақыт күніңді.
Сұлулықтың самғататын аққуын,
Иман менен бірлік болсын ақ туың.
Жоғалтпаңдар бабалардың іздерін,
Қастерлеңдер сыйға тартқан тартуын.!
Келер ұрпақ өздеріңде бар үміт,
Ғылым ізде ата жолын жаңғыртып.
Туған елге ту болыңдар желбіреп,
От құшағын аппақ нұрға малдырып.
Сырымды айттым жеткізсін-деп, кейінге,
Риза бол ақын ұлым пейілге.
Шөлдепсің ғой құдығымнан мен қазған,
Сусындап ал әбден қанып мейірімге.
Заман айна мәңгі бақи жоғалмас,
Адал болсаң ізгілігің ұмтылмас.
Ұмытпа сен ұлы жолда ұланым,
Дүние байлық кісіліктен оза алмас!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі