Бағзы баллада
...Ел ішіне тағы да бір дау кірді,
Қара тазы төбеге үрді, тауға үрді.
Түндіктерін ерте жауып бүгін ел,
Күндегіден малын ерте саудырды.
Көрсете алмай жүрген жігіт ерлігін,
"Берді құдай, — деді, — міне, келді күн.
Томарбастар — туған кеше тоқалдан,
Көрдіңдер ме қылған мынау қорлығын?!"
Қылыш қайрап, найза саптап, жең түріп,
Жігіт-желең шыға келді желпініп.
"Құдай өзі сәтін салып тұрғанда
Қойған дұрыс тәубесіне келтіріп?
Есені алып, қайту керек кек бүгін,
Кегімді алмай маған енді жоқ тыным.
Көпек итше күшіктеген нәлеттер,
Арқа таңып жүр мал-басы көптігін.
Қажет емес бітуәжәң, бітімің,
Осы болмақ бүгін менің үкімім"...
Пәтуасын бекітті ауыл ағасы:
"Тұздай құртпай тоқтамаңдар тұқымын!..
Қара бұлтқа от тастап қап жалт қашты...
Тақым қысып сабау қамшы, салт басты —
Бұрымдысын күң қылмаққа есікте,
Бас ұстасып, бата жасап, анттасты...
Басталды анық бітіп болмас бір бүлік.
Бишікеш шал мақалдады қылғынып.
Құлын қанын қосып ішіп қымызға,
Қарсы жақ та жатты осылай дүрлігіп.
Сол-ақ екен, кетті әлемет басталып.
Шыққан өртті жел алысқа қашты алып.
Талай сәби әкесінен жас қалып,
Талай боздақ қу толағай бастанып.
"Шақыраймай баршы, енеңді ұрайын!.." –
Қамшы білеп бұлтқа тықты ел Күн, Айын.
Біздің ауыл — қымыз ішіп, ат мінсе
Тарс ұмытып қалушы еді Құдайын...
Елдің үстін майдан қылды күллі есер,
Ойбай, озан — күнде жылау, күнде — шер.
Әр ауылда көбейді енді сәт санап,
Басы жарық, қолы сынық — кіл мешел.
Батыр шықты қолды бастап ақырып,
Қатын бұқты елді ластап аһ ұрып.
Түбіжіктеп жаза алмаспын, —
бұл өзі Маған дейін сан қаузалған тақырып...
Қалды ұйысып қан баттасқан кілем-қыр...
Шідерінен босағандай түлен-жын,
Бір-біріне ат қойғанда ұрандап;
Әруағын шақырысты бір Ердің.
Ал ол болса — Атасы еді бәрінің,
Атағы өшпей келе жатқан әлі күн.
Атын оның дәл сол күнге өлтірмей
Әкеліп ед Әруақ күткіш кәрі ұғым.
Шыдамады азғанына тегінің,
Шыдамады тозғанына елінің. —
Көрден ытқып шықты дейді сонда әлгі ер
Шала қымтап жидіп кеткен кебінін.
Көргенде оны — шөкті ұяттан тау-қырат,
Ай да бұлттан сығалады жаудырап.
Бір-біріне әрең тұрды ілініп,
Ақ сөңке боп қалған сүйек саудырап.
Үрей буған тосылды кіл есірік,
Дау түйіні жүре берді шешіліп. —
Бар болғаны:
Бір ауылдың қозысы
Біреуіне кетсе керек қосылып...
Бәрінің де жүректерін зіл қапты.
Міскіндерге әруақ жайы жұмбақ-ты.
Ала арқанды шорт кесті де мүрде-әруақ,
Үрпиіскен ұрпағына тіл қатты...
Көз орнында қос уыстай құм жатты.
"Ел қылмаққа ыққан жұртты малымен,
Мен өзімді құрбандыққа шалып ем.
Әттеген-ай! —
Дүр етем деп Сендерді
Неге ғана екі қатын алып ем!?
Енді амал жоқ!
Ей, ұрпағым, Зәузатым! —
Үйір болып кетіпсіңдер дауға тым.
Бір-біріңе итше ырылдап жүргенде,
Қанынды ертең ұрттап ішер жау жақын.
Ерің қорқау болса әрине, ел — жемтік.
Неге келдім кебінімді жел желпіп?! —
Жер бетіне сиыса алмай жүрсеңдер,
Бәріңді де әкетейін көрге ертіп!..." —
Ел шу етті,
Бір би шықты безілдеп:
"Әруақты ата! —
Сөзің бар да, көзің жоқ.
"Бір күн тірлік артық — мың күн жұмақтан",
Кетер болсаң ол жағыңа өзің кет!.."
"Олай болса, бастап оңбас ырымға,
Қыз — Қырымға,
ұл қашпасын — Ұрымға.
Болса үмітің ұрпақ өсер ертеңнен —
От басында, боқ қасында қырылма.
Дұшпаның көп тар қиядан тосатын,
Ендігәрі естілмесін өш атың.
Ар уызын сүйегіне сіңірген
Көсем ізде — бастарыңды қосатын.
Бірігіңдер, кірігіңдер қамал боп,
Қамал болсаң жауға алдырмас амал көп.
Қайта-қайта көрден шыға беруге,
Түсініңдер, менің де енді шамам жоқ.
Таға берме жақынға өкпе, жатқа мін,
Малың емес, арың үшін атқа мін.
Көрсем болды — екі ауылдың баласы
Бір тақырда асық ойнап жатқанын..."
Соны айтты да кетті көрге Ер кіріп,
Ер соңынан қара тазы ерді ұлып.
Татулыққа бата жасап жатты жұрт,
Мал сойдырып, ата асасын төрге іліп.
"Осынымыз болған екен ерсілік." —
Дүрлігіскен қалды дейді ел сұлық.
Кейбіреулер:
"Сонша жерден келгенде
Бар айтқаны осы-ақ па?.." — деп қомсынып.
Бір-біріне тіл қатқанда жұрт жібіп,
Қара тазы атып шықты сыртқа үріп.
Ауыл жаққа келе жатты "аттандап!" —
Бір жетпегір асықтарын ұттырып...
Р.S.
...Оқымайтын бүгінгінің қазағы
Ескі кептің несін езіп жазады? —
деп сөкпеңіз. —
Ойда жүрген талайдан
әңгіме еді —
бүгін жетті ажалы...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі