Қорқыт күйі
Дастан емес, жыр емес,
Аспан емес, күн емес
Сөз етпегім сіздерге.
Табылар деп бір белгі,
Өтіп кеткен ілгергі
Көп үңілдім іздерге.
Апыл-ғұпыл аттаған,
Ащы-тұщы татпаған
Бала да өткен ол ізбен.
Берешегі мол заман –
Болашақты болжаған
Дана да өткен ол ізбен.
Тау күйсе де жаңғырып,
Тірі жүру мәңгілік –
Жалғыз ғана тілеуі;
Көп қашса да өлімнен,
Өткендердің өмірден
Қорқыт еді біреуі.
Ел аңыз қып келеді,
Ертеде өткен келелі
Сол Қорқыттың өмірін.
Жетіп арман-мұратқа,
Күйі қалса құлақта,
Ұмытады оны кім?
Қараңғы түн ішінде
Қорқыт бір күн түсінде
Қалың топқа келеді.
Сол жиналған мол адам,
Қазып жатқан моладан
Терең көрді көреді.
Қорқыттың кеп білгісі
Сұрап еді, Бір кісі:
– Көрі, – деді, –
Қорқыттың.
Содан Қорқыт безеді,
Кең дүниені кезеді
Көрген түстен қорқып тым.
Жалғыз серік желмая,
Жел табанын кең жая,
Желе берді күшінде.
Қайда қашып барса да,
Шығады алдан қарсы ала
Қазулы көр түсінде.
Тұрақтамай бір жерде
Кезіп жүріп күндерде
Сыр бойына келеді.
«Атамасаң өлімді,
Боласың, – деп, – өмірлі»,
Әулие аян береді.
Бой тазартып қауіптен,
Күнде ойын-сауықпен
Қала берді мекендеп.
Қуанышқа бөленді,
Ойламады ол енді
Мен өледі екем деп.
Қан сонарда бір күні
Қуып жүріп түлкіні
Алқынды әбден, амал жоқ.
Сумаңдаған сайтан-ай,
Айтып салды байқамай:
«Өлсем де ұрып алам» деп.
Қаймығып тез қалпынан,
Қатты өкінді артынап,
Қайта кезді әлемді.
Болғаны тек қалғыса,
Аш бөрідей аңдыса
Түсіне өлім тағы енді.
Қайда барса қазулы,
Қорқыт деген жазулы
Көз алдында тұрды көр.
Айдалада азынап,
Қуаныштың сазын ап,
Өлім күйін үрді жел.
Өлімнен көп қашса да,
Қанша қырдан асса да,
Құтылмасын білген соң,
Қолдан келген бір шоқ іс
Жасап алды қылқобыз
Әлденеше күннен соң.
Арманымды, мұңымды,
Барлық өткен жылымды
Қобызыма қосайын.
Босқа қаша бергенше,
Деп ойлады ерлерше
Енді өлімді тосайын.
Желмаясын сойдырып,
Терісінен ойдырып,
Қылқобызын қаптады.
Қабаттасып қайғы, үміт,
Сырға кілем жайдырып,
Өзі солай аттады.
Жарды толқын ұрса да,
Сыр үстінде тұрса да,
Қорқыт суға батпады.
Долы толқын басылып,
Күй алдында бас ұрып,
Тына қалды, ақпады.
Күні-түні көз ілмей,
Шаршау деген сезілмей,
Тартты Қорқыт тоқтамай.
Құлақ түріп аң-дағы,
Жағадағы мал-дағы
Тұра қалды оттамай.
Жортып жүрген құлан да,
Жорғалаған жылан да,
Сырға келді басқа аң да.
Шырылдаған бозторғай
Ноқат болып қозғалмай,
Қатып қалды аспанда.
Кеудесі кең көк-тағы,
Сыбдырлаған шөп-тағы
Балқып кетті күйменен.
Ызыңдаған жел-дағы,
Көбік шашқан көл-дағы,
Қалғып кетті күйменен.
Мың құбылып ырғағы,
Тынбады күй, тынбады.
Күлімдеген күн-дағы,
Тұнжыраған түн-дағы,
Мүлгіп тұрған шың-дағы
Барлық әлем тыңдады.
Шалқыды күй, шалқыды,
Тұла бойды шарпыды,
Қуат құйып көңілге.
Көрін қазып кеп тұрған,
Жан аламын деп тұрған
Қалғып кетті өлім де.
Баса түсіп бармақты,
Қорқыт күйін сарнатты,
Тартқан сайын құнықты.
Өмір көркем көрінді,
Аңдып жүрген өлімді
Біржолата ұмытты.
Тынбаған соң күн-түні,
Мүлгіп кетті бір күні,
Көңілінде күмән жоқ.
Сумаң етіп сұм өлім
Тіл тартқызбай күй ерін
Шағып алды жылан боп.
Мезгіл жетіп, тән тозып,
Жеті түнде жан шошып,
Ер өлсе де үй құлап,
Өрши түсіп күн-күндеп,
Оркестр боп күмбірлеп,
Үзілмеді күй бірақ.
Сарнады күй, сарнады,
Сан ғасырға самғады.
Аңыраған аң-дағы,
Маңыраған мал-дағы,
Үйренген сол таңдағы
Күйлерінен танбады.
Торғай ұшса бұлдырап,
Бұлақ ақса сылдырап,
Қорқыт күйін тартады.
Өткен адам қасынан
Күмбезінің басынан
Күйін естіп қайтады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі