Қарлығаш пен құзғын
Өртеніп жатты бір өзен,
Болмаса-дағы ұлы өзен,
Алайда, ауыл-аймақтың
Бақыты еді бұл өзен.
Тұрғындар одан су алды,
Егін мен малын суарды.
Осындай өзен барына
Баршама халық қуанды.
Азықтан кейде тарықса,
Аулады одан балық та.
Шомылып ләззат алатын,
Аптаптан жаны жанықса.
Бұл өзен елдің сәні еді,
Арайлап атқан таңы еді.
Бойында әрбір адамның
Тулаған ыстық қаны еді.
Бұл өзен өмір нәрі еді,
Бойдағы қуат-әлі еді.
Тартылып қалса кенеттен,
Көп болар еді әлегі.
Қуаныш болған талайға,
Өртенді өзен, алайда.
Алладан бұйрық келсе шын,
Дауасыз дертке қарай ма?
Тарылып көптің пейілі,
Байлыққа ауып зейіні,
Біреуді біреу тонаса,
Түсе ме Алла мейірі?
Түзеуге осы кезеңді,
Ойлантып Алла тез енді,
Пендеге сабақ болсын деп,
Өртеді жайлап өзенді.
Болар да болмас от жанып,
Жатты өзен бықсып, шоқтанып.
Үстінен сол кез біраз құс
Ұшып та өтті топтанып.
Тітіркендіріп әуені,
Құзғындар өтті әуелі.
Пейілі қандай тар еді,
Сүйкімсіз сонша әуені.
Өртенген көріп өзенді,
Сұмдыққа құзғын кезенді.
Тастады отқа бір тал шөп,
Лаулату үшін тез енді.
Бір тал шөп отқа не берсін?
Алауын қалай көрерсің?
Кеткен жоқ өзен күл болып,
Ниетке арам не дерсің?
Қарлығаш бір кез өтті ұшып,
Өртеніп жатқан от құшып,
Өзенді көріп, шырылдап,
Зәресі мүлдем кетті ұшып.
Кетпесін жанып жер үсті,
Деді де, Қарлығаш кері ұшты.
Бар еді бір көл маңайда,
Мөп-мөлдір суы, келісті.
Қарлығаш көлге ұмтылды,
Жүрегі тулап бұлқынды.
Сөндіріп өртті жалмауыз,
Қалам деп сақтап жұртымды.
Өртті тез басып, құртпақшы,
Ұрттап ап суды бір тамшы,
Өзенге келіп септі ол,
Не болар суы бір тамшы?
Алаулай берді өрт, сөнген жоқ,
Ешкімге ырық берген жоқ.
Қарлығаш пенен Құзғынның
Тірлігін пенде көрген жоқ.
Кім көріп, оны кім білді?
Қамығып, яки кім күлді?
Қарлығыш құс та,
Құзғын да
Өз пиғылдарын білдірді.
Көмірдей қара түрін-ой,
Сүйкімсіз құстың бірі ғой.
Адамға арам пиғылды,
Құзғынның ойы – зұлым ой.
* * *
Бәрін де Алла көріп тұр,
Бағасын әділ беріп тұр.
Қарлығаш құстың ақ тілек
Ниетіне шындап сеніп тұр.
Өзенге түскен көрікті
Кім сүйе қойсын өртті?
Жарлығыменен Алланың
Жалмауыз жалын сөніпті.
Қарлығыш құстың сол кезден
Достығын адам мол сезген.
Асыға күтіп әр көктем,
Қараған оған оң көзбен.
Болғын деп дәйім сен бізбен,
Үйіне еркін енгізген.
Өрнекті ұя салдыртып,
Балапандарын өргізген.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі