Өлең, жыр, ақындар

Ұлы дала тамыры

  • 22.03.2020
  • 0
  • 0
  • 2845
(поэма)

Аталар бар ұрпақ қамын ойлаған,
Тәлімі ізгі себетұғын ойға дән.
Ұрпақ қайда басын алмай кітаптан,
Ұлы Дала тарихына бойлаған.
Ата сөзі тәрбие ғой көшелі,
Ұлағаттың мектебі еді кешегі.
Жас ағашты қалай исең, өскенде,
Солай қарай бұтақ жайып өседі.

Атасы:
– Немерем сен, үмітімнің шырағы,
Қадірлей біл, ата дәстүр, мұраны –
Деп атасы шақырып ап Дәулетті,
Тарих жайлы білгендерін сұрады.

Немересі:
Таразы-уақыт тарих сырын аршыды,
Айтып берем Вавилон мен Парсыны.
Египетті, Грек, Рим, Үндіні,
Пирамида ашылмаған бар сыры.

Атасы:
– Жас ұрпаққа үлгі кім,
Нені өнеге қылды, ұлым.
Жатқа айтады тарихын,
Грек, Рим, Үндінің.
Торлады ғой жанымды,
Сарыуайым, мұң бүгін.
Тыңда балам, көбірек,
Домбыраның күмбірін,
Бабаң ашқан әлемге,
Даналық ой түңлігін.
Жұрт тарихын білгенмен,
Ұлт тарихын біл, күнім! –

Тәуелсіздік таңда атқан,
Ел ертеңін қамдатқан.
Желбірейді көк туым,
Қыран көкке самғатқан.
Ұлт тарихын біл, балам,
Тектілігіңді аңдатқан.
Жаһандану уақыты,
Анталап тұр жан-жақтан.
Тамырыңнан үзілсең,
Ауырлар жүк сан батпан.
Аумай онда қаласың,
Жел айдаған қаңбақтан.

Немересі:
Кешіріңіз, жан ата, сеніміңді ақтаймын,
Салт-дәстүрді сіңіріп, нақыл сөзді жаттаймын.
Тамырымды ешқашан суалтпаймын мен енді,
Ұлт тарихын санамда өшпестей ғып сақтаймын.

– Естіп мұны атасы шын шаттанған,
Шуақ тарап әжімденген қатпардан.
Ағытылды шежіресі тарихтың,
Абыз ата кеудесінде хатталған.

Атасы:
– Жүрегіңді Ұлт рухы тербесе,
Азамат бол, атқа қонар ел десе,
Тыңда балам, көкейіңе тоқып ал,
Баяндайын ел тарихын ендеше:
– Түп-тамырым Сақ болып,
Алтын сауыт киінген.
Тәңір қолдап, бақ қонып,
Алтын сақа иірген.
Ғұндар жорып Ай-күнін,
Мөде хан боп өрлеген.
Берсе де өз байлығын,
Ел байлығын бермеген.
Арғы тегім – Көк бөрі,
Бергі тегім – Көктүрік.
Тәңірге аян көктегі,
Тән оларға Тектілік.
Алты алаштан тамыр ап,
Қазақ атын алып ек.
Шу бойына шаңырақ
Тіккен Керей, Жәнібек.
Тақ талас пен бақ талас,
Ұмыт болған жау келсе.
Ала жіптен аттамас,
Билер шешкен дау көрсе.
Тұяғымен тұлпардың,
Мөрін басқан далама.
Қанатынан құстардың,
Қиял біткен санама.
Қанаты ердің қайырылып,
«Елім-ай» деп егілген.
Қарындастан айырылып,
Қабырғасы сөгілген.
Қаратаудың басынан,
Елдің көші қозғалған.
Кермек жұтып жасынан,
Аңырап жұрт боздаған.
Сертіменен қылыштың,
Ер парызы өтелген.
Басын қосып ұлыстың,
Абылай ту көтерген.
Ұрандаған ұрыс қып,
Жауды көрсе кеп тұрған.
Ар-намысын қылыш қып,
Батырларым шеп құрған.
Баһадүрлер күн-түнін,
Ат үстінде өткерген.
Жандырып ер үмітін,
Жырауларым от берген.
Дұшпандары ширатқан,
Бойда қаны тулаған.
Керегесін қиратқан,
Туырлығын тураған.
Ерлер ісін оңғарды,
Жеңіске елді бастады.
Ентелеген жоңғарды,
Тып-типыл ғып тастады.
Аспан түстес көздінің,
Құрты түсті жеріме.
Жат пиғылын сезді кім,
Дендеп кірді еліме.
Жерімді алып, сорлатып,
Шұрайлысын таңдады.
Бекінісін орнатып,
Алды-артын аңдады.
Ханы кеткен халықтың,
Бірлігінен әл кетті.
Күні орнап тамұқтың,
Тірлігінен сән кетті.
Күн шыққандай ел үшін,
Қызыл қаннан ту қадап.
Жұрт «Қазанның жеңісін»,
Қарсы алды «уралап».
Бір бұғауға тап болды,
Бір құрықтан құтылып.
Тапқа елді қақ бөлді,
Малын алды сыпырып.
Аңқау жұртты алдады,
Қуғындады байларды.
Аша тұяқ қалмады,
Аштық елді жайлады.
Төрт түлігін алғанда,
Босағадан құт кетті.
Қалмай азық талғарға,
Жалмаң қағып жұт жетті.
Қара бұлт төндіріп,
Ақ пен қызыл алмасты.
Жанын сақтап жөңкіліп,
Шекара асып, ел қашты.
Шығарам деп түнектен,
Қайта сорға батырды.
Алаш мұңын ту еткен,
Арыстарым атылды.
Көш бастаған көсемнің,
Сетінеді қатары.
Елім деген неше ерім,
«Халық жауы» атанды.
Соғыс бұлты торлады,
Қасіреті елге ауып.
Ұлы Отанын қорғады,
Қазақ дейтін ер халық.
Ертеңі үшін сәбидің,
Қан майданда талмады.
Азаматын әр үйдің,
Соғыс өрті жалмады.
Бастап алға әскерді,
Тек жеңіске ынтықты.
Қорғап қалды Мәскеуді,
Рейхстагқа ту тікті.
Біздің елге ықтырды.
Барлық ұлттың баласын.
Соқа салып жырттырды
Қазақтың тың даласын.
Төрге шығып жұрт бөтен,
Тіске тілім байланды.
Ұлылар жатқан құт мекен
Полигонға айналды.
Лаулап бойда бар ұшқын,
Рухым қайта сілкінді.
Алауын жағып намыстың,
Алаңға жастар ұмтылды.
Желтоқсанда ерліктің
Жасады ұрпақ жалғасын,
Азаттық пен елдіктің
Ашып берді арнасын.
Жол шығарды тұйықтан,
Көгімде арай күн күліп.
Тәуелсіздік бұйыртқан,
Ең қымбат сол құндылық.
Бірлік болмай қонбас бақ,
Шешуші сәт кеп тұрды.
Ерлеріміз жол бастап,
Тәуекелге бет бұрды.
Көк байрағым көгімде,
Желбіреді ғажап боп.
Елтаңбам тұр төрімде,
Ой мен санам азат боп.
Бейбітшілік бесігін,
Тербеп елім ән қылды.
Бабалардың есімін,
Ұрпақ танып жаңғырды.
Тағылым боп өткені,
Ел бақытқа сүйінді.
Қандастарым шеттегі,
Атажұртқа жиылды.
Қазақты әлем таныды,
Артта қиын жол қалып.
Бақ қонып, құт дарыды
Төл теңгені қолға алып.
Тәубе деп таң атырдым,
Межеледім алысты.
Қыран қанат батырым,
Шарлап келді ғарышты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мамандық

  • 0
  • 0

Теміржолшы атам да,
Шығады алыс сапарға.
Сәнді киім тігетін,
Тігінші ғой апам да.

Толық

Түркістан

  • 0
  • 2

Исі қазақ қастерлер кие қонған,
Түркістан,
Қақпасына ер түркінің ие болған,
Түркістан.

Толық

Мен ұқыпты баламын

  • 0
  • 0

Кітап, дәптер, қаламым,
Сөмкеме оны саламын.
Күтетін оқу құралын,
Мен ұқыпты баламын.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар