Қар секілді бола алсақ қой, кінәсіз?! – Толқын Қабылша

Бұл бетте «Қар секілді бола алсақ қой, кінәсіз?!» атты Толқын Қабылша жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 27.04.2020
  • 0
  • 0
  • 1576
Мынау ғалам арылсын деп күнәдан,
Аспанға ұқсап,
Ағыл-тегіл жылаған.
Арашалап алғаусыздау үмітін,
Қара жерге қыламық боп құлаған,
Қар секілді бола алсақ қой кінәсіз.

Ұлпасында мөлтілдеген мейірім,
Ұғынсам деп жан біткеннің пейілін,
Зеңгір көктің ғаламаты секілді,
Кіршіксіз қар,
Аймалайды бетімді,
Адалдыққа сенгісі кеп шүбәсіз.

Ең аяулы сезіміндей аспанның,
Мынау қардың пәктігінен жасқандым.
Жанды баурап,
ақ ұлпасы мамықтай,
Ақша бұлтқа
ұшқым келді қалықтай,
Жанарымнан жалқы тамшы жас тамды.

Мен де сендей,
ізгілікке құштар ем,
Естимісің?
Ақ ұлпа қар, қысқы әлем?!
Адалдыққа сеніп келем әлі де.

Ақұлпа қар, жанарымен аймалап,
Қара жерді құшты сосын, тайғанақ,
Бар шындығың осы болса, аяулы,
Тағдырыңның айтшы, кәне, мәні не?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері