Түстегі есеп – Баянғали Әлімжанов

Бұл бетте «Түстегі есеп» атты Баянғали Әлімжанов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 04.05.2020
  • 0
  • 0
  • 1339
Мұғалімдерім,
Кіреді кейде түсіме,
Жайнаған тудай,
Баяғы жап-жас пішінде,
Бала боп жүрем,
Құрбыларыммен асыр сап,
Ұядай ыстық,
Мектептің ескі ішінде.
Есепті таппай,
Алдында тұрам тақтаның,
Қып-қызыл болып,
Шымырлап төбе қақпағым...
Оянып кетіп,
Ойланып қалам,
Ойпырмай,
Оқушы ем жақсы,
Шешуін қалай таппадым!?
Бұл неткен есеп,
Көлденең тартқан сұрағын,
Өмірлік сауал
Сияқты көріп тұрамын,
Дәл тауып мәнін,
Беретін жауап түрім жоқ,
Өзіңіз айтып,
Жібермесеңіз мұғалім!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері