Жұмбақ қыз
Ұрлағанда қызығын күз кеп бақтың,
Мен сені іздеп таптым.
Соғып тұрды қатты емес жел де абайлап,
Аллеяда мұңдылау өрнек ойнап,
Жапырақтар қонады жерге жайлап.
Иығыңа төгіліп шашың әсем,
Жайлап келіп отырдың қасыма сен.
Көзім түсті көзіңе, дір еттім мен,
Атой салды тыпыршып жүрек бірден.
Кеудеме күндіз-түні жыр ектірген,
Жаралдың ба, жаным-ай, сірә ақ гүлден,
Көптен бері санамды сұрақ бүрген,
Жігіттерді көргенде жұбыменен
Әлемінде қиялдың жүзіп ерен
Ойлайтынмын қайда екен арманым деп,
Сол себепті жырымды ем көрмеген,
Жұмбақ қызға әйтеуір арнадым көп.
Арнадым көп, таба алмай алаңдағам
Көрінетін мұңды боп ғалам маған.
Күндіз-түні бейнесі кетпей естен,
Елестейтін сағым боп тек белестен.
Көрген кезде жұптарды қол ұстасқан,
Жан шығармын аяғын шалыс басқан,-
деп, ойлап мұңаятын,
Ішкі сырын ашуға ұялатын.
Ол тек қана мұңдылау тағдырымнан
«Жұмбақ қызға сыр» деген сый алатын.
Сол жас жігіт, ару қыз, мына мен ем,
Бақыт қашып жүр ғой деп сірә, менен
Кей кезде жылаған ем.
Мазам кетіп тіптен де сол ойлардан,
Болатұғын ән де арман, қайғы да арман.
Қос елікті көргенде тоғайлардан,
Аққуларды көргенде айдындардан
Бір сағыныш кеудемде түрегеліп,
Дейтұғын өлеңмен жүр, гүл өрелік.
Бота көз жанарлардан,
Таба алмай жүргенімде асыл жанды
Түрленіп мұңлы күйге оранған маң.
Көзінен ғажап шуақ шашылғанда,
Кіршіксіз пәк сезімім,
Деймін жаным, арманым тапты өзіңді
Мұңымды быт-шыт қылып шақ төзімім,
Әйтеуір өзің жаққа көп қадалдым,
Көп қадалдым, қып-қызыл отқа орандым.
Ал қазір қасымдасың,
Атың кім, аяулы қыз?
Жасырмай сырыңды айтшы іркілместен.
Сен менің гүлім болшы,
Кеудемде қауыз жарып бір күнде өскен.
Бірге ән салайықшы өмір бойы,
Бақыттың мәңгі қағар есігін мың
Атыңды жазайыншы көңілге ойып
Ару қыз, есімің кім?
Дауысың шығып кетті.
Дірілдеп мұңым жатты
Тұңғиқ жанарларың бүгіп көпті,
Денемді тағы менің шымырлатты
Дүние тынып қалды.
Демімді ішке тартып мен де отырдым,
Үнсіздік сені жаным, ырыққа алды.
Есімім Айгүл дедің,
Сыйлай салдың бір сәтке май гүлдерін.
Мені қатты қинаған қайғым ба едің?
Кіршіксіз айдын ба едің,
Таранған аққу ма едің,
Кеудеме алып кірдің ақ ту менің.
Сәулесі шығарсың сен, сірә асылдың
Мен шаттық теңізінде құлаш ұрдым
Сен мені бір көргеннен еттің ғашық
Сол күні кештеу қайттық көп сырласып
Сол күні махаббат әлеміне
Қол ұстаса қосылып кеттік басып.
Бақытпен өтті айларым,
Жыр болып тәтті ойларым,
Бір жүріп бал дәуреннің
Өткізіп көп тойларын.
Екумізді бақытты жайдары етіп,
Жыл толды содан кейін айлар өтіп,
Уақыт зеңбірегін атып тығыз
Тағы да келіп кетті бақытты күз.
Сол бақта бір түні мен
Алғаш сүйдім құшақтап ерініңнен
Күлкі төгіп жарық ай кірпігінен
Махаббат құдіретіне ерідім мен.
Өткен күн өте берсін,
Өткен күн өте берсін.
Сен мені бақыт болып жетелерсің
Берсе жолын мына өмір төте берсін.
Сезімнің пернесін шерткен едің
Мен саған серт беремін.
Сертімде тұра алмасам,
Мазасыздау тағдырым кесіп алсын
Жігіт атым бір күнде өшіп қалсын.
Мүмкін емес қалуы саям жетпей
Әніңді де шырқап айт жәй әндетпей,
Тек қана менің осы бақытымды
Мына өмір баянды етпей,
Адамдықтың күшін мен сездім қанша,
Кеудемізде болмасын ез мұң барша,
Бақыттымыз, ей өмір, сол бақытты
Баянды етсек екеуміз көз жұмғанша.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі