Өлең, жыр, ақындар

Тұман

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 2887
Қандай бақыт күн кешкен үйде тұрып,
Қобыз қосып кеудемде күйге тұнық
Қоналқыға бұйырған бір лифтіден,
Шығып келе жатамын сүйретіліп.
Күздің таңы. Күн тұман. Салқындаған,
Алмасымды тот жеді-ау жарқылдаған.
Жебем қисық, атуға адырнам бос,
Құзғындарды төбемде қарқылдаған.
Күздің таңы. Айналам ала тұман,
Ала тұман тағдыр боп жаратылғам.
Бүгін бүл үй көңілсіз, (той боп жатыр.)
Той біткенше Кеңсайға бара тұрам.
Үзілгендей үміттен күдер енді,
Тұманытып айналам түнереді.
Айдалада жатырмын ер жастанып,
(Қандай ессіз атын бос жібереді?)
Аш өзегім арман жеп бұратылған,
Ыза көшер санамда шұбатылған.
Той біткенше қазақтың қаласында,
Даласында мазар боп тұра тұрам.
Күндер-ай, қайтем сені келте-келте,
Домбырам да қарлықты-ау, шерте-шерте.
Аманатын Алланың қайтарам да,
Сейілмесе бұл тұман ертең ерте.

Ақшамда ару болып келеді де,
Түн мені тартып кетед тереңіне.
Жарыққа жаныңды үзіп жалтақтатқан,
О да бір өксік өмір өреліге.
Келе алмас тірілермен келісімге,
Туған ұл мен шығармын — көр ішінде.
Шарқ ұрып жетім жүрек аласұрар,
Бурадай өрт құлаған өрісіне.
Арына ақтық байлап, шыбық қадап,
Жалғанның жанарына суық қарап.
Ізіне ібілістің құл боп кеткен,
Мен сүйген көркем күндер күліп барад...
Нұрға ынтық көңілімнің тұсауы мың,
(Жол таппай жаратқанға құсалымын.)
Өзінің өзегіне балта шапқан,
Мен-дағы көп бейбақтың мысалымын.
Мінген соң ғапыл дүние кемесіне,
Иеңнің икеміне көнесің де.
Сайтандар қоршауында қалған ұлмен,
Я, Раббым, сіз қалайсыз кеңесуге!
Я, Раббым, сіз қалайсыз кеңесуге???



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Муза

  • 0
  • 0

Жүректі қайнар қанға толғызып сан,
Сен келсең түн қойнында өргізіп ән.
Сытылып шығып кетіп, сені құшам
Жанымда жатқан жүмақ хор қызынан.

Толық

Шешім

  • 0
  • 0

Жұлдыз ақты.
Жұлдыз ақпай тұра ма?!
Тағы бір жан нүкте қойып күнәға...
Аманатын сұрап келсе,

Толық

Түндегі ойлар

  • 0
  • 0

Түндегі ойлар тәтті болар бәрінен,
Жарық кезде жазған жырдың мәнінен.
Жүрегімде бүлкілдейсің бүр жарып,
Қанға түскен қызғалдақтың дәні ме ең?

Толық

Қарап көріңіз