Өлең, жыр, ақындар

Неғылайын

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 2279
Сен мені жатырқама, жарық Айым,
Бұлттан шық, ақ нұрыңды жамылайын.
Аққудай бір қыз бар ед, ақ маңдайлы,
Алысқа ұшып кетті-ау неғылайын?!
Аққудың ақ киесін білмес пе едім,
Лашындай лапылдап кеп ілмес пе едім!
Дүние-ай, найзағай боп жаралғанда,
Кеудесін анау бұлттың тілмес пе едім?!
Сен мені жатырқама, арман Айым,
Үзілген үмітіммен жалғанайын.
Мәңгілік махаббаттың мекеніне
Қағайын қанатымды, қарманайын.
Сағынсам, тек өзіңді сағынайын,
Зарығайын (О, менің жарық Айым!)
Бір жұлдыз ағып түсті жанарымнан,
Жүрегім сыздап кетті-ау, неғылайын!
Дос іздедім тірліктен, табылмады,
Ақылды, қайраты мол — қабырғалы.
"Жалғандықтан жасалған көңіл екен" —
Кешегі доспын деген жанның бәрі.
Көзім жетпей ғұмырым кеміс бітті,
Көңіліммен кеміріп кеңістікті.
Өзімді өзім мәңгі ұқпай,
мәңгүрт жандай
Кетіп барам бетке алып терістікті.
Күндер қалды артымда күлкімді еміп,
Бермеді ғой басыма бір күн ерік.
Бір кітапты мен дағы жазбас па едім
Кеткен елге арларын құлқып көміп.
Өмірім, өлмеген соң, үміт теріп,
Әйтеуір ас ішеді, сідік төгіп.
Ұққан жан махаббаттың баянсызын,
Жүр енді достыққа да күдіктеніп.
Көне алмай есалаңдар ермегіне,
Есімді ессіз сумен емдедім де.
Иман атсын саудагер заманды деп,
Базардан қайтып барам Мен де, міне.

Өмір дейтін зымыран нұр ағында,
Құс жастықты құшақтай құладың ба?
Сен де мендей оңаша анаңды ойлап,
Сағыныштан сарғайып, жыладың ба?
Сен де мендей мұнды ма ең, балапаным,
Көкейіне сыйдырған дала таңын?
Сен де мендей жұрсің-ау аңсап бүгін,
Аялаған ананың алақанын.
Сен де мендей, бауырым, тарықтың ба,
Тіршіліктен кей-кейде жалықтың ба?
Күрсінгенде шерменде шерің шықпай,
Анасы жоқ Әлемнен зар ұқтың ба?
Сен де мендей мейірімге шолдедің бе,
Көз жасыңмен көңіліңді демдедің бе?
Сен де мендей, қайтқанда асыл анаң,
Көмдірмеймін дедің бе, көнбедің бе?
Сен де мендей іздедің, таба алмадың,
Сағыныш қой, сагыныш — Ана, ардағым.
Бастарына бір барып қайтайықшы,
Тарқар ма екен, дариға-ай, жанардан мұң?!
Көк жүзінде Ай жүзеді дөңгелеп,
Жүлдыз өңі өп-өтірік жымиды.
Тіршіліктің тауқыметін термелеп,
Көкке қарап көкбөрілер үлиды.
О, ол жақта үғылмаған үндер бар,
Жадыңызды жамыратар ертеңмен.
Соны сезіп, түпсіз терең түндерге,
Сіз түсінбес шерлерімді шертем мен.
Бір Алланың шапағаты тисін деп,
Қүран сүйдім (шарап та іштім қарқылдап).
Бал мен уды әрбір таңдай түйсінбек,
Кімге керек жалған сөздер жарқылдақ.
Не демейді нәмәрт жандар күні үшін,
Көки берсін, қүдайсызға сенбеші.
О дүниеде де бұ дүниедей тылсым,
Есті санам, есерлікті емдеші.
Күңгірт ойды қорек етіп көңілге,
Жазған бала-ай, нең бар еді ғарышта!
Кегің кетсе қайырарсың өмірге,
Неге тілсіз телміресің алысқа?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кентавр

  • 0
  • 0

Тұлпарға мінген Ұлы даланың,
Тарпаң мінезді ұлы боламын.
Жауларым семсер сілтеген сәтте,
Киылған талай гүлім, қарағым.

Толық

Қобыз

  • 0
  • 0

Ақ ғаламды қара, қоңыр..жоқ!
Қызыл Бояуменен бұзып өтті туп-түзу.
Кетсін деп те мына өмірдің соры үдеп,
Осы оның отқа оранар жолы деп.

Толық

Райы күннің бұзылды-ақ

  • 0
  • 0

Райы күннің бұзылды-ақ,
Құстарын ертіп күз кетті.
Қыл-қобыз дүние ызылдап,
О нені маған іздетті.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар