Баспалдақ – Темірғали Көпбаев

Бұл бетте «Баспалдақ» атты Темірғали Көпбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1106
Жалғанға жылап келіп жас анадан,
Ажалдан аждаһадай қашады адам.
Қазған көр құтқармапты Қорқытты да,
Қобыздың қоңыр мұңын тасалаған.

Артында аңырар жұрт, досы қалып,
Адамның ақіреті осы ма анық.
Ажалың қуып сені жүрмейді екен,
Алдыңнан тұрады екен тосып алып.

Ей, Ажал, алыспысың, жақынбысың,
Бір белде мені күтіп жатырмысың.
Алланың өзі сүйіп өлең берген,
Сен мансұқ ете алмассың ақынды шын.

Білемін бұл өмірден өтерімді,
Табармын мәңгіліктен мекенімді.
Өлмейтін өлең жазған ақын көкке
Ажалды баспалдақ қып көтерілді.

Ажалым – аяулымсың сен де менің!
Өлім бар деген сөзге сенбеп едім.
Ғарышқа аттанарда мен өзіңді,
Өлеңнің тақымына өңгеремін.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері