Өлең, жыр, ақындар

Арықтардан су ағады жосылып

  • 20.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1060
Арықтардан су ағады жосылып,
Көктем таяу... сүйеніш қой осы үміт.
Үкіметі көшіп кеткен Алматы,
Құлазиды меніменен қосылып.
Басым қатып толқын-толқын ойлардан,
Мезі болған у-шуы көп тойлардан.
Достарыңның бірі сатқын, бірі жау,
Бұл күндері бақталасқа айналған.
Олар талай нұрлы істерден сырт қалды,
Аң-таң болып қарақұрым жұрт қалды.
Ертең тағы алыс елге аттанам,
Еске алмаймын, ойламаймын қырттарды.
Бұл қала үшін келіп кетер жан қиғым,
Сосын оның қас-қабағын аңдимын.
Үкіметі көшіп кеткен Алматы,
Көшесінде жалғыз қалып қаңғимын.
Мынау дүкен сатады тек қарулар,
Бомба қойған... атыс-шабыс, жарулар.
Кептелісте тізіледі көліктер,
Жол сұрайды асыққан кей арулар.
Әр күн сайын не сұмдықты есітті ел,
Сіресіп тұр құлыпталған есіктер.
Жын ойнаққа айналғандай кафеге
Селт етпейді суық қарап мешіттер.
Осындай бір тіршілік бұл арбасқан,
Жас баласы жағаңа кеп жармасқан.
Менің нәзік көңілімдей мұңайып,
Құлазып тұр қысқы Алматы қар басқан.
Үзік елес сол бір сырлы шақтардан,
Құстар үні естілмейді бақтардан.
Түніменен құлазиды Алматы,
Көшелері аршылмаған ақ қардан.
Жастық шақта талайлармен достасқан,
Вокзал мынау қимай тұрып қоштасқан.
Кесіп-кесіп, бөліп алған барлығын,
Бұл шаһардан жер таппайсың бос жатқан.
Басым ауған жаққа тартып барамын,
Баласы едім кеше ғана даланың.
Тұрғынымыз бұл күндері, қарағым,
Үкіметі көшіп кеткен қаланың.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өткiзе алмай

  • 0
  • 0

Өткiзе алмай
қор ғып жүрген өмiрiн,
Бiреулерге жiбiмейдi көңiлiм.
Бес-алты ауыз сөз қалсын деп соңымда,

Толық

Ана жон жанушырып қаскыр қашқан

  • 0
  • 0

Ана жон жанушырып қаскыр қашқан,
Іздерін топ аттыға бастырмастан.
Жалт беріп сол бөрідей нуға сіңген,
Ол күндер көзден ұшты -ау таптырмастан.

Толық

Қай қырда қалдың

  • 0
  • 0

Қай қырда қалдың, қиылып туған ай сындым,
Қай жырым менің үзілді ұшына жетіп қай шыңның.
Жабылып бәрің, соңыма менің түсердей,
Жолыңды кестім қайсыңның?

Толық

Қарап көріңіз