Бір ғұмырың жетсін мейлі, жетпесін – Ибрагим Иса

Бұл бетте «Бір ғұмырың жетсін мейлі, жетпесін» атты Ибрагим Иса жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.10.2020
  • 0
  • 0
  • 1524
Бір ғұмырың жетсін мейлі, жетпесін,
Өкінесің уақыт сырғып өткесін.
Маған дейін қоя алмаған ешкім де,
Мен де уақыттың қоя алмайын нүктесін.

Армандардың шарлай берсін көк тесін,
Өте алмасын сезді де арғы бетке шын.
Жарығының азайғанын сезгендер,
Өмірінің ерте қойды нүктесін.

Жүрсек дағы қиындықтан қорғанып,
Өмір бізді, біз өмірді алдадық.
Тіршілікке қанша нүкте қойсақ та,
Уақытқа ешбір нүкте қоя алмадық.

Бұл жалғанға болсын мейлі, өкпеңіз,
Үтір ғана біткен өмір, біткен іс.
Бақытқа да жеткізбейтін жылдамдық,
Уақыт қана өтіп жатыр нүктесіз.

Барлығын да кері қайырған күні,
Бұл адамзат әбден тойынған күні.
Тоқтайды өмір,
Өледі бар тіршілік,
Уақытқа нұкте қойылған күні.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері